The Old Testament of the Holy Bible
1 Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты. 2 Жер ретсіз, тіршіліксіз бос жатты; суға толы тұңғиықтың үстін қара түнек жауып тұрды. Ал Құдайдың Рухы су бетінде қалықтап ұшып жүрді. 3 Сонда Құдай: «Жарық пайда болсын!» — деп бұйырды. Осылай жарық пайда болды. 4 Құдай жарыққа қарап, оның жақсы екенін көрді. Ол жарықты қара түнектен бөліп, 5 жарықты күн, ал қара түнекті түн деп атады. Кеш түсіп, таң атты; бұл бірінші күн еді. 6 Содан кейін Құдай: «(Айнала тұманданып тұрған) суды ортасынан бөліп тұратын әуе кеңістігі пайда болсын!» — деп бұйырды. 7 Осылай Ол әуе кеңістігін жасап, соның астындағы суды үстіндегі судан бөлді. Солай болды да. 8 Құдай әуе кеңістігін аспан деп атады. Кеш түсіп, таң атты; бұл екінші күн еді. 9 Мұнан соң Құдай: «Аспан астындағы су бір жерге жиналып, құрлық көрініп тұратын болсын!» — деп бұйырды. Солай болды да. 10 Құдай құрлықты жер, ал жиналған суды теңіздер деп атады. Ол жасағанына қарап, жақсы екенін көрді. 11 Құдай енді: «Жер жасыл өсімдіктерді: тұқым шашатын өсімдіктерді және дәнегі бар алуан түрлі жеміс беретін ағаштарды өсіріп шығарсын!» — деп бұйырды. Солай болды да. 12 Жер жасыл өсімдіктерді: түрлеріне қарай тұқым шашатын өсімдіктерді әрі дәнегі бар жеміс беретін ағаштарды өсіріп шығарды. Құдай жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді. 13 Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл үшінші күн еді. 14 Сонан соң Құдай: «Аспан кеңістігінде шырақтар орнасын! Олар күндіз бен түнді бір-бірінен ажыратып, арнайы мезгілдерді, күндер мен жылдарды белгілеп, 15 жерге нұрын шашу үшін аспан кеңістігінде жарқырайтын болсын!» — деп бұйырды. Солай болды да. 16 Құдай үлкенірегі күндізге, кішірегі түнге билік жүргізетін жарқыраған екі үлкен аспан шырағын әрі жұлдыздарды жаратты. 17 Құдай оларды жерге жарық түсіріп, күндіз бен түнге билік жүргізіп, жарықты қараңғыдан ажырату үшін аспан әлеміне орналастырды. Құдай мұның да жақсы екенін көрді. 19 Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл төртінші күн еді. 20 Сонан соң Құдай: «Теңіздер, көлдер және өзендер су жәндіктеріне толсын, әрі аспандағы әуе кеңістігінде құстар ұшып жүрсін!» — деп бұйырды. 21 Осылай Құдай суды мекендейтін алып жануарларды, суда қаптап жүрген басқа да жануарлар мен жәндіктердің барлық түрін, сонымен бірге қанаттыларды да түр-түрімен жаратты. Құдай жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді. 22 Оларға оң батасын беріп: «Өсіп-өніп көбейіңдер, теңіздерді толтырыңдар, құстар да жер бетінде көбейсін!» — деп бұйырды. 23 Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл бесінші күн еді. 24 Содан кейін Құдай: «Жер әр қилы тіршілік иелерін: малдар, бауырымен жорғалаушылар және аңдарды түр-түрімен шығарсын!» — деп бұйырды. Солай болды да. 25 Құдай әр қилы аңдар мен малдарды және бауырымен жорғалаушыларды түр-түрімен жаратты. Ол жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді. 26 Құдай енді: «Біз (рухани жағынан) Өзімізге ұқсас әрі бейнелес етіп адамды жаратайық. Адамдар теңіздегі балықтар мен аспандағы құстарға, малдар мен аңдарға, бүкіл жер бетіне және онда жорғалап жүрген барлық жануарларға билік жүргізсін», — деді. 27 Осылайша Құдай адамды (рухани жағынан) Өзіне ұқсас әрі бейнелес етіп, бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты. 28 Құдай оларға оң батасын беріп: «Өсіп-өніп көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар! Оны өздеріңе бағындырып, теңіздегі балықтарға, аспандағы құстарға және жер бетіндегі барлық жануарларға билік жүргізіңдер!» — деді. 29 Құдай оларға тағы тіл қатып: «Мен сендерге жер бетіндегі тұқым шашатын өсімдіктерді және дәнегі бар жеміс беретін ағаштарды түр-түрімен бердім, бұлар сендерге тамақ болсын. 30 Жер бетіндегі барлық аңдарға, аспандағы күллі құстарға және бауырымен жорғалаушыларға — бойында тіршіліктің лебі бар жануарлардың бәріне Мен көк шөп атаулыны қорек етуге беремін», — деді. Солай болды да. 31 Құдай Өзінің жаратқандарының бәріне қарап, өте жақсы екенін көрді. Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл алтыншы күн еді.
1 Осылайша аспан мен жер және олардың рет-ретімен орналасқан барлық бөлшектері толықтай жаратылды. 2 Құдай жүргізген жарату жұмысының бәрін жетінші күні аяқтап, сол күні еңбек етпей демалды. 3 Жетінші күнге Құдай оң батасын беріп, оны қасиетті деп белгіледі. Себебі Ол бұл күні Өзінің жарату жұмысының бәрін бітірген соң тынықты. 4 Аспан мен жердің жаратылғаннан кейінгі тарихы мынау: Құдай Ие жер мен аспанды жаратқан кезде 5 жер бетінде әлі де даланың бұталары мен өсімдіктері көктеп, өспеген болатын. Себебі Құдай Ие жерге жаңбыр жауғызбаған еді; оны өңдейтін адам да жоқ болатын. 6 Ал жер бетінен бу көтеріліп шығып, бүкіл даланы суландырып тұрды. 7 Сонда Құдай Ие жердегі топырақтан адамды қалыптастырып жасап, оның мұрнына тіршілік лебін үрледі. Адам осылай тірі жан болып шыға келді. 8 Құдай Ие шығыс жақта, Едем деген жерге пейіш бағын орнатып, Өзі жаратқан адамды сонда орналастырды. 9 Құдай Ие көз тартарлық, жеуге жақсы жеміс беретін әр түрлі ағаштарды жерден өсіріп шығарды. Бақтың ортасында «мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаш» және «жақсылық пен жамандықты танытатын ағаш» та өсіп тұрды. 10 Бақты суландыратын өзен Едемнен ағып шығып жатты, ол әрі қарай төрт тармаққа бөлініп кететін. 11 Біріншісі Пишон деп аталады, ол алтын шығатын бүкіл Хауила өлкесін айналып ағады. 12 Сол елдің алтыны ерекше бағалы, онда хош иісті шайыр мен оникс атты асыл тас та бар. 13 Екінші өзенді Гихон деп атайды, ол бүкіл Құш өлкесін айналып ағады. 14 Үшінші өзеннің аты Тигр, ол Ассурдың шығыс жағынан өтеді. Төртінші өзен — Евфрат. 15 Құдай Ие пейіш бағын өңдеп, күтіп-бағу үшін адамды сонда орналастырды. 16 Құдай Ие адамға бұйрық беріп: «Саған бақтағы күллі ағаштардың жемістерін жеуге болады. 17 Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жеме! Себебі одан жесең, сол күні өлесің», — деді. 18 Содан кейін Құдай Ие: «Адамның жалғыз болғаны жақсы болмас. Мен оған өзіне сай көмекші жасап берейін», — деді. 19 Құдай Ие даладағы барлық жануарларды және аспандағы күллі құстарды топырақтан қалыптастырып жасаған еді. Енді адамның оларды қалай атайтынын білу үшін бәрін оған алып келді. Адам қандай ат қойса, олар солай аталатын болды. 20 Сонымен адам малдар мен аңдардың және аспандағы құстардың барлық түрлеріне де өз аттарын берді. Ал адамға өзіне сай көмекші табылмады. 21 Сонда Құдай Ие адамды терең ұйқыға батырып, ұйықтап жатқанда оның бір қабырғасын алып, соның орнын етімен жауып тастады. 22 Құдай Ие осы қабырғадан әйел жасап шығарып, оны адамға алып келді. 23 Риза болған адам былай деді: «Міне, бұл — сүйек, өз сүйегімнен шыққан, Әрі тән, өз тәнімнен шыққан! Ол әйел деп аталатын болсын, Себебі ол еркектен алынып жасалған». 24 Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне берік қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады. 25 Адам мен оның әйелі жалаңаш еді, ал олар бұған ұялған жоқ.
1 Құдай Ие жаратқан жабайы хайуанаттардың ішіндегі ең қуы жылан еді. Жылан әйелге сұрақ қойып: — Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма? — деді. 2 Әйел жыланға: — Жоқ, бізге бақтағы ағаштардың жемісін жеуге болады. 3 Бірақ Құдай бақтың ортасында тұрған ағаштың жемісі жайлы: «Одан жемеңдер, әрі оған тимеңдер, әйтпесе өлесіңдер!» деген, — деп жауап берді. 4 Сонда жылан әйелге: — Жоқ, тіпті де олай емес, өлмейсіңдер! 5 Қайта, Құдай сендер осы жемісті жеген кезде көздеріңнің ашылатынын жақсы біледі. Сонда сендер ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алып, Құдай сияқты боласыңдар! — деді. 6 Әйел ағаштың жемісіне қарап, оның жеуге жақсы әрі көз тартарлық әдемі екенін және өзін ақылды етуге қызықтырып тұрғанын көрді. Содан ол ағаштың жемісінен алып жеді. Әйел қасындағы күйеуіне де берді, ол да жеді. 7 Сол кезде екеуінің көздері ашылып, өздерінің жалаңаш екенін білді. Содан олар інжір ағашының жапырақтарын біріктіріп тігіп, алжапқыштар жасап алды. 8 Қоңыр салқын самал соққан кезде адам мен әйелі Құдай Иенің бақ ішінде жүрген дыбысын естіді. Олар Оның көзінен тасаланып, бақтағы ағаштардың арасына жасырынып қалды. 9 Ал Құдай Ие адамды дауыстап шақырып: — Сен қайдасың? — деді. 10 Сонда ол: — Сенің бақта жүргеніңді естіп, қорқып кеттім. Себебі мен жалаңашпын, сондықтан жасырынып қалдым, — деп жауап берді. 11 Құдай Ие адамнан: — Саған жалаңашсың деп кім айтты? Сен Мен жеуге тыйым салған ағаштың жемісінен жедің бе? — деп сұрады. 12 Адам: — Қасыма Өзің берген әйел маған сол ағаштың жемісінен берді, содан мен жедім, — деді. 13 Құдай Ие әйелден: — Сенің бұлай істегенің не? — деп сұрады. Әйел: — Мені жылан азғырды, содан мен жедім, — деді. 14 Сонда Құдай Ие жыланға үкім шығарып: «Осылай істегенің үшін барлық малдар мен аңдардың ішіндегі сені қарғыс атқан. Өмір бақи жер бауырлап, топырақ жеп өт! 15 Әйел екеуіңді, сенің ұрпағың мен оның ұрпағын өзара өштестіріп қоямын. Әйелдің ұрпағы басыңды мыжып, ал сен оның өкшесін шағатын боласың», — деді. 16 Ал әйелге Құдай мынаны айтты: «Құрсақ көтерген кезіңде көретін бейнетіңді ауырлатамын, балаларыңды қиналып босанатын боласың. Сен күйеуіңе құштар боласың, ал ол саған жетекшілік етеді». 17 Адамға Құдай Ие былай деді: «Әйеліңнің тілін алып, Мен тыйым салған ағаштың жемісінен жеген сенің кесіріңнен жердің топырағын қарғыс атты! Бұдан былай тамағыңды өмір бақи бейнет шегіп топырақтан өсіріп жейтін боласың. 18 Жердің топырағы саған тікенектер мен ошағандарды қаулатып, сен далада өсетін дәнді дақылдармен қоректенетін боласың. 19 Өзің жаратылған жердің қойнына қайтып кіргенше, жейтін наныңды маңдай теріңді төгіп жүріп табатын боласың. Сен топырақтан жаратылдың, қайтадан топыраққа айналасың!» 20 Адам әйеліне Хауа (яғни «Өмір сүруші») деген ат қойды. Себебі ол өмір сүруші адамзат атаулының түп анасы болатын болды. 21 Құдай Ие адамға және оның әйеліне хайуандардың терілерінен киім жасап, оларды киіндірді. 22 Сонан соң Құдай Ие былай деді: «Міне, адам ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп, Біз сияқты болды. Енді ол қолын созып, мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаштың жемісін алып жеп, мәңгі өмір сүріп жүрмесін». 23 Сонымен Құдай Ие адамды пейіш бағынан қуып шығып, оған өзі жаратылған жердің топырағын өңдетіп қойды. 24 Адамды қуып шыққаннан кейін, мәңгілік өмірді сыйлайтын ағашқа апаратын жолды күзету үшін пейіш бағының шығыс жағына керуб деген періштелерді және жүзінен от шашып, әрі-бері қозғалып жарқылдап тұрған бір семсерді қойды.
1 Адам әйелі Хауамен жақындасқан соң, әйелі жүкті болып, Қабылды туды. Сонда Хауа: «Жаратқан Иенің жарылқауымен бір ұл балаға ие болдым», — деді. 2 Хауа қайтадан жүкті болып, Қабылдың інісі Әбілді туды. Әбіл мал бағушы, ал Қабыл жерді өңдейтін егінші болды. 3 Біраз уақыт өткеннен кейін Қабыл Жаратқан Иеге арнап жерден жинап алған өнімінен тарту ұсынды. 4 Ал Әбіл малының алғашқы төлдерінен әкеліп, құрбандыққа шалып, олардың майлы бөліктерін де тарту етті. Жаратқан Ие Әбілге және оның құрбандығына ризашылықпен қарады, 5 бірақ Қабылға және оның ұсынған тартуына риза болмады. Бұған Қабыл қатты ашуланып, қабағын түйіп безеріп алды. 6 Сонда Жаратқан Ие Қабылға: — Сен неге ашуланасың? Неліктен қабағыңды түйіп безересің? 7 Егер істегенің дұрыс болса, онда сені қабылдар едім. Ал істегенің дұрыс болмаса, онда босағаңды күнәнің жағалағаны: күнә сені иемденуге құштар, бірақ сен оған жол бермеуің керек, — деп сөзін арнады. 8 Алайда Қабыл інісі Әбілге: «Далаға барайық», — деді. Олар далаға шыққан соң, Қабыл інісін бас салып, ұрып өлтірді. 9 Кейін Жаратқан Ие Қабылдан: — Інің Әбіл қайда? — деп сұрады. Ол: — Білмеймін, мен інімнің күзетшісі ме едім? — деп жауап қайырды. 10 Жаратқан Ие: — Сен не істедің? Ініңнің төгілген қаны Маған жерден үн қатып, кегін алуды сұрап тұр! 11 Сені қарғыс атқан! Енді өз қолыңмен өлтірген ініңнің қаны сіңген жердің топырағынан аулақ жүресің. 12 Сен оны өңдегенде, түк өнім ала алмайсың. Сондықтан жер бетінде тұрағы жоқ кезбеге айналасың, — деді. 13 Қабыл Жаратқан Иеге жауап беріп: — Менің тартатын жазам көтере алмастай ауыр. 14 Бүгін мені егіндік жерден қуып отырсың, Сенің көзіңнен таса жүретін боламын. Жер бетінде тұрағы жоқ кезбеге айналамын. Кім кездессе, сол мені өлтіретін болады, — деді. 15 Бірақ Жаратқан Ие: — Жоқ, Қабылды кім өлтірсе, содан жеті есе кек алынады, — деді. Сондықтан Ол кездескендер өлтіріп қоймау үшін Қабылға таңба салып берді. 16 Ал Қабыл Жаратқан Иенің көз алдынан кетіп, Едемнің шығысында орналасқан Нод (яғни «Кезбелік») деген жерге қоныстанды. 17 Қабыл әйелімен жақындасып, ол жүкті болып, Енохты туды. Кейін Қабыл қала салып, оған ұлының атын қойды. 18 Ал Енохтан Ирад, Ирадтан Мехуел, Мехуелден Метушаил, Метушаилдан Ләмех дүниеге келді. 19 Ләмех екі әйел алды, біреуінің есімі Ада, екіншісінікі Зилла еді. 20 Ададан Ябал туды. Ябалдан шатырларда тұрып, мал бағатындар тарады. 21 Оның інісінің аты Юбал еді. Ол ішекті аспаптар мен сыбызғыда ойнаушылардың түп атасы болды. 22 Зилланың да Тұбалқабыл есімді бір ұлы болатын. Ол мыс пен темірден әр түрлі құрал-жабдықтарды жасап шығарды. Тұбалқабылдың қарындасының аты Нағама еді. 23 Ләмех әйелдеріне тіл қатып: «Әй, Ада мен Зилла, Ләмехтің әйелдері, мені тыңдап, сөзіме құлақ түріңдер! Мені жаралағаны үшін бір еркекті, денемді көгерткені үшін бір жас жігітті өлтірдім. 24 Қабыл үшін жеті есе кек алынатын болса, Ләмех үшін жетпіс жеті есе кек алынатын болады», — деді. 25 Адам ата әйелімен тағы да жақындасқан соң, Хауа ұл туып, оның атын Сет (яғни «Сыйланған») деп қойды. Себебі ол: «Қабыл Әбілді өлтірген соң, Құдай маған оның орнына басқа бір ұрпақ сыйлады», — деді. 26 Сет те ұлды болып, атын Енос деп қойды. Сол кезден адамдар Жаратқан Иеге сиынып мінажат ете бастады.
1 Мынау Адам атаның ұрпақтарының тарихы: Құдай адамды жаратқанда, оны Өзіне (рухани жағынан) ұқсас етіп жаратқан болатын. 2 Құдай адамдарды бірін еркек, бірін әйел қылып жаратып, сол күні батасын беріп, оларға «адам» деген ат қойды. 3 Адам ата жүз отыз жасқа келгенде өзіне ұқсас бір ұлды болып, оған Сет деп ат қойды. 4 Сет туғаннан кейін, Адам ата сегіз жүз жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарға әке болды. 5 Адам ата барлығы тоғыз жүз отыз жыл өмір сүріп, қайтыс болды. 6 Сет жүз бес жасқа келгенде ұлы Енос туды. 7 Бұдан кейін Сет сегіз жүз жеті жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарға әке болды. 8 Сет барлығы тоғыз жүз он екі жыл өмір сүріп, дүниеден қайтты. 9 Енос тоқсан жасқа келгенде Қайнанды дүниеге келтірді. 10 Қайнан дүниеге келгеннен кейін Енос сегіз жүз он бес жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қызды болды. 11 Енос барлығы тоғыз жүз бес жыл өмір сүріп, дүниеден қайтты. 12 Қайнан жетпіс жасқа келгенде Мақалалел туды. 13 Бұдан соң Қайнан сегіз жүз қырық жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарды дүниеге келтірді. 14 Қайнан барлығы тоғыз жүз он жыл өмір сүріп, қайтыс болды. 15 Мақалалел алпыс бес жасқа келгенде Иәрет туды. 16 Иәрет туғаннан кейін Мақалалел сегіз жүз отыз жыл өмір сүріп, басқа ұл-қыздарға әке болды. 17 Мақалалел барлығы сегіз жүз тоқсан бес жыл өмір сүрген соң қайтыс болды. 18 Иәрет жүз алпыс екі жасқа келгенде Енохты дүниеге келтірді. 19 Бұдан соң Иәрет сегіз жүз жыл жасап, басқа да ұл-қызды болды. 20 Иәрет барлығы тоғыз жүз алпыс екі жыл өмір сүріп, дүниеден қайтты. 21 Енох алпыс беске келгенде Мәтусал туды. 22 Мәтусал дүниеге келген соң, Енох үш жүз жыл бойы Құдаймен тығыз байланыста жүріп, басқа да ұл-қыздарға әке болды. 23 Ол барлығы үш жүз алпыс бес жыл өмір сүрді. 24 Енох Құдаймен тығыз байланыста жүрді. Кейін ол жер бетінен ғайып болды, себебі Құдай оны Өзіне алып кеткен еді. 25 Мәтусал жүз сексен жеті жасқа келгенде Ләмех туды. 26 Ләмех туған соң, Мәтусал жеті жүз сексен екі жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қызды болды. 27 Мәтусал барлығы тоғыз жүз алпыс тоғыз жыл өмір сүріп, дүниеден өтті. 28 Ләмех жүз сексен екі жасқа келгенде ұлды болды. 29 Оған Нұх деп ат қойып: «Ол Жаратқан Иенің қарғысына іліккен жерде бейнетпен жұмыс істеп жүрген бізге жұбатушы болады», — деді. 30 Нұх туғаннан кейін, Ләмех бес жүз тоқсан бес жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарды дүниеге келтірді. 31 Ләмех барлығы жеті жүз жетпіс жеті жыл өмір сүріп, қайтыс болды. 32 Нұх бес жүз жасқа келген соң, Шам, Хам және Япші деген ұлдарды дүниеге келтірді.
1 Адамдар жер бетінде көбейе бастап, қыздары да көптеп туылғанда, 2 өздерін Құдайдың ұлдарымыз деп есептейтін билеушілер адамдардың қыздарының сұлу, бойшаң екенін көріп, таңдап алғандарына үйлене беретін. 3 Сонда Жаратқан Ие: «Енді Менің Рухым әрдайым адам үшін арпалысқа түспейді, себебі адам әбден бүлінген. Сондықтан ол бұдан былай жүз жиырма жыл ғана өмір сүрсін», — деді. 4 Сол кезде де, содан кейін де өздерін Құдайдың ұлдарымыз деп есептейтін билеушілер адамдардың қыздарымен жақындасып, олардан бұзақы алыптар туған болатын; бұлар өткен заманда ел танып білген батырлар еді. 5 Жаратқан Ие адамдардың жер бетінде әбден азғындыққа салынғанын көрді: олардың жүректеріндегі барлық ой-ниеттері әр уақытта зұлымдыққа бейім болды. 6 Сонда Жаратқан Ие жер бетінде жаратып шығарған адамдардың осындай күнәлі болып кеткеніне қайғырып, қасірет шекті. 7 Сондықтан Ол: «Мен Өзім жаратқан адамды да, онымен қоса малдарды, бауырымен жорғалаушыларды және аспандағы құстарды да жер бетінен құртып жібермекпін. Өзім жаратқандардың күнәкарға айналғандарына қайғырамын», — деді. 8 Жаратқан Иенің рақымына тек Нұх қана ие болды. 9 Мынау Нұхтың шежіресі: Нұх замандастарының арасында әділ де кінәратсыз, Құдаймен тығыз байланыста жүрген адам еді. 10 Нұхтың Шам, Хам және Япші деген үш ұлы болды. 11 Құдайдың көз алдында жер беті бүлінген үстіне бүліне беріп, зұлымдыққа толды. 12 Дүниенің әбден бұзылғанына Құдай көзін жеткізді, себебі жер бетіндегі барлық адамдар азғын өмір сүрді. 13 Сонда Ол Нұхқа үн қатып, былай деді: «Мен күллі тіршілік иелерінің өмір сүруін тоқтатамын. Жер беті солардың кесірінен зұлымдыққа толды, сол себепті оларды жермен қоса құртып жіберемін. 14 Сен мықты ағаштан сандық тәрізді кеме тұрғыз, оны бірнеше бөлімдерден тұратын етіп жасап, іші-сыртын қара шайырмен майла. 15 Оны былай жаса: ұзындығы үш жүз, ені елу, биіктігі отыз шынтақ болсын. 16 Кеменің үстіне шатыр тұрғыз. Ішін ойып, терезелер жаса, оларды ең жоғарғы жерінде бір шынтақ етіп айналдыра орналастыр. Ал есігін бүйірінен шығар. Кеменің төменгі, ортаңғы, жоғарғы қабаттары болсын. 17 Біліп ал: Мен аспан астындағы жанды мақұлықтардың бәрін құрту үшін жер бетіне топан су қаптатамын. Жер бетіндегінің барлығы құруға тиіс. 18 Алайда сенімен Келісімімді жасамақпын. Өзің де, ұлдарың, әйелің және келіндерің де кемеге кіресіңдер. 19 Тірі жануарлардың әрқайсысынан екі-екіден кемеге бірге ала баруың керек, біреуі еркек, біреуі ұрғашы болсын. 20 Тіршілікті жалғастыру үшін құстардың, малдардың және бауырымен жорғалаушылардың әр түрінен — барлығынан қос-қостан сенімен бірге ішке кірулері керек. 21 Ал сен өзіңді және оларды тамақтандыру үшін жеуге жарайтын тағамдардың бәрінен қор жасап ал». 22 Нұх бұларды мұқият орындады. Ол барлығын да Құдайдың өзіне бұйырғанындай істеді.
1 Сонан кейін Жаратқан Ие Нұхқа былай деді: «Үй ішіңмен бірге кемеге кір! Себебі Мен сенің замандастарыңның арасында әділ екеніңді көрдім. 2 Жер бетіндегі жануарлардың барлық түрлері өмірлерін жалғастыру үшін, адал жануарлардың әрқайсысынан жеті жұптан ал. 3 Арам жануарлардан екеуден ал, бір еркек, бір ұрғашы болсын және аспандағы құстардың әр түрінен де жеті жұптан ал. 4 Жеті күн өткен соң Мен жер бетіне қырық күн, қырық түн бойы жауын жауғызамын, жер бетіндегі Өзім жаратқан жаны барлардың бәрін жоқ қыламын». 5 Нұх барлығын да Жаратқан Иенің өзіне бұйырғанындай істеді. 6 Жер бетін топан су қаптаған кезде Нұх алты жүз жаста еді. 7 Ол өзінің ұлдары, әйелі және келіндерімен жерге топан су жайылмас бұрын кемеге кіріп алды. 8 Жұпталып алынған адал және арам жануарлар, құстар мен жер бетінде жорғалаушылардың барлығы бір еркек, бір ұрғашыдан 9 Құдай Нұхқа бұйырғандай оның қасына кемеге кірді. 10 Содан жеті күн өткеннен кейін жер бетіне топан су жайыла бастады. 11 Нұх алты жүз жасқа келгенде, екінші айдың он жетісінде — дәл сол күні терең тұңғиықтағы барлық қайнар көздерден су атқылап, әрі «аспан қақпалары айқара ашылып», 12 жерге қырық күн, қырық түн бойы жаңбыр құйып тұрды. 13 Ал Нұх, оның ұлдары Шам, Хам және Япші, Нұхтың әйелі мен келіндері сол күні кемеге кірген еді. 14 Солармен бірге аңдардың, малдардың, жер бетінде бауырымен жорғалаушылардың және құстардың, қос қанаттылардың барлық түрлерінен, 15 яғни жаны барлардың бәрінен де, жұптасып Нұхтың қасына кемеге енгендер болды. 16 Олар Құдай Нұхқа бұйрық еткендей, барлық аңдардан бір еркек, бір ұрғашы болып, ішке кірді. Содан кейін Жаратқан Ие есікті жауып тастады. 17 Сонымен жер бетін қырық күн бойы топан су қаптады, судың көтерілгені соншалықты, кеме қалқып жүрді. 18 Жер бетінде су тіптен көбейіп асып-тасып кетті, кеме судың үстінде жүзіп жүрді. 19 Су жер бетінде көбейіп, көтерілген үстіне көтеріле берді, тіпті аспан астындағы барлық биік таулар да судың астында қалды. 20 Осылай топан су таулардың шыңдарынан он бес шынтақ биіктікке көтерілді. 21 Сонда жер бетінде қыбырлап жүрген күллі тірі мақұлықтар: құстар, малдар, аңдар, жер бетінде қаптап жүрген жәндіктер түгелімен және барлық адамзат та суға батып кетті. 22 Осылайша құрғақ жердегі тіршілік атаулының иелері түгел опат болып, 23 жер бетіндегінің барлығы жойылды: адамнан бастап малға дейін, бауырымен жорғалаушылардан бастап аспандағы құстарға дейін бәрі де жер бетінен құрып кетті. Тек Нұхпен бірге кеменің ішінде болғандар ғана аман қалды. 24 Жүз елу күн бойы жер бетінде су үздіксіз көтерілумен болды.
1 Құдай Нұхты және онымен бірге кемедегі барлық аңдар мен малдарға мейірімділік көрсетіп, жер бетінде жел тұрғызды. Осылай су тартыла бастады. 2 Тұңғиықтағы қайнар көздер бітеліп, «аспан қақпалары жабылып», жаңбыр басылды. 3 Жер жүзіндегі судың беті қайтып, жүз елу күн бойы су біртіндеп тартыла берді. 4 Содан жетінші айдың он жетінші күні болғанда, кеме Арарат тауларының үстіне тоқтады. 5 Су оныншы айға дейін үздіксіз азайып, оныншы айдың бірінші күні тау шыңдары көріне бастады. 6 Қырық күн өткенде Нұх кемедегі өзі жасаған терезені ашып, 7 бір қара қарғаны сыртқа ұшырып жіберді. Қарға жер бетіндегі су кепкенше келіп-кетіп ұшып жүрді. 8 Содан кейін Нұх жер бетіндегі судың азайғанын тексеру үшін бір көгершінді сыртқа ұшырып жіберді. 9 Бірақ көгершін қонақтауға орын таппай, кемеге қайта оралды, себебі жер бетін әлі де су басып тұрған еді. Нұх қолын сыртқа созып, көгершінді қайтадан кемеге кіргізіп алды. 10 Ол жеті күн күте тұрып, тағы да сол көгершінді кемеден ұшырып жіберді. 11 Көгершін кешке қарай оған қайтып оралғанда, жаңа көктеген зәйтүн ағашының бір жапырағын тұмсығына қыстырып ала келді! Осылайша Нұх жер бетіндегі судың қайтқанын білді. 12 Дегенмен ол тағы жеті күн күтті, содан кейін қайтадан бір көгершінді сыртқа ұшырып жіберді. Бұл жолы көгершін қайта оралмады. 13 Нұхтың алты жүз бір жасқа толған жылының бірінші айының бірінші күні жер бетіндегі су тартылған еді. Нұх кеменің шатырын ашып қарағанда, жер кеуіпті! 14 Екінші айдың жиырма жетінші күні жер беті мүлдем құрғақ болды. 15 Сол кезде Құдай Нұхқа былай деді: 16 «Әйелің екеуің кемеден шығыңдар, ұлдарың мен келіндерің де шықсын. 17 Кемеде болған түрлі құстарды, малдарды және жер бетінде жорғалап жүргендерді сыртқа алып шық, олар жер бетін жайлап, өсіп-өніп көбейсін». 18 Сонда Нұх ұлдары, әйелі және келіндерімен бірге кемеден шықты. 19 Барлық аңдар мен малдар, құстар мен жер бетінде жорғалаушылар түр-түрімен, үйірімен түгел кемеден сыртқа шықты. 20 Нұх Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын жасады. Содан кейін ол малдың және құстың барлық адал түрлерінен біразын алып, оларды құрбандыққа шалып, өртеп жіберді. 21 Құрбандықтардың жағымды иісі Жаратқан Иеге жеткенде, Ол іштей былай деді: «Адамның жүрегіндегі ой-ниеті бала кезден-ақ зұлымдыққа бейім болса да, Мен бұдан былай еш уақытта жерді адамдарға бола қарғамаймын. Енді ешқашан да Өзім жасағандай барлық тіршілік атаулыны құртып жібермейтін боламын. 22 Бұдан былай, жер жер болып тұрған уақытта, тұқым себу мен егін ору, аяз бен ыстық, жаз бен қыс, күн мен түн үздіксіз бола бермек».
1 Құдай Нұх пен оның ұлдарына былай деп бата берді: «Өсіп-өніп, ұрпақтарың көбейіп, жерді толтырыңдар. 2 Сендерді көргенде, барлық жер бетіндегі аңдар мен аспандағы құстарды, жер үстінде қыбырлап жүргендер мен теңіздегі балықтарды үрей мен қорқыныш билесін. Себебі олар сендердің биліктеріңе берілді. 3 Қимылдап жүргендер мен кеудесінде жаны барлардың бәрі сендерге қорек болады. Өсімдіктерді бергенім сияқты, қазірден бастап сендерге бәрін де беремін. 4 Алайда қанын шығармай тұрып, олардың етін жеуші болмаңдар, жаны қанында ғой. 5 Ал егер сендердің қандарың төгілетін болса, Мен сол үшін есеп беруді талап ететін боламын. Кез келген аңнан және кісіден адамның өмірі үшін есеп беруді талап етемін. 6 Кімде-кім адамның қанын төксе, оның да қаны адам арқылы төгілетін болады, себебі Құдай адамды Өзіне (рухани жағынан) ұқсас етіп жаратты. 7 Ал сендер өсіп-өніп көбейіп, жер бетін жайлаңдар». 8 Құдай Нұхқа және оның ұлдарына тағы да үн қатып: 9 «Осылай Мен сендермен, келешек ұрпақтарыңмен 10 және сендердегі барлық тірі мақұлықтармен: құстармен, малдармен, аңдармен, сендермен бірге кемеден шыққан жер бетіндегі барлық жан-жануарлармен Келісім жасаймын. 11 Бұдан былай еш уақытта тіршілік атаулы топан судан құрымайды және жерді бүлдіретін топан су ешқашан қайтып болмайды деп, сендермен Келісім жасаймын», — деді. 12 Мұнан соң Құдай тағы былай деді: «Менің сендермен және қастарыңда жүрген бүкіл тіршілік иелерімен барлық болашақ ұрпақтар үшін де жасаған Келісімімнің белгісі мынау: 13 Мен садаққа ұқсас кемпірқосағымды бұлтқа орнатамын, бұл — Менімен жердің арасындағы Келісімнің белгісі. 14 Мен жерге жаңбырдың бұлттарын жібергенде, олардың арасынан кемпірқосақ көрінетін болады. 15 Сол кездерде Мен Өзімнің сендермен және барлық тіршілік иелерімен жасаған Келісімімді есіме түсіремін: су бұдан былай ешқашан да барлық тіршілік иелерін құртатын топан суға айналмайды. 16 Бұлттың арасында тұрған кемпірқосақты көрген сайын, Мен жер бетіндегі әр түрлі тіршілік иелерімен мәңгілікке жасасқан Келісімімді есіме аламын». 17 Сонымен Құдай Нұхқа: «Бұл — Менің жер бетіндегі барлық тіршілік атаулымен бекіткен Келісімімнің белгісі», — деді. 18 Кемеден шыққан Нұхтың ұлдарының есімдері: Шам, Хам, Япші. Хам Қанаханның әкесі еді. 19 Бұлар Нұхтың үш ұлы болатын, осылардан жер бетіндегі барлық халықтар тарады. 20 Нұх жер өңдеп, жер бетінде бірінші болып жүзім екті. 21 Бірде ол шарап ішіп, мас болып, шатырдың ішінде жалаңаш жатты. 22 Қанаханның әкесі Хам өз әкесінің жалаңаш денесін көріп, сыртқа шығып, оны екі бауырына хабарлады. 23 Ал Шам мен Япші бір жамылғыны иықтарына іле салып, теріс қарап ішке кіріп, әкелерінің денесін жапты. Жүздерін басқа жаққа бұрғандықтан, олар оның жалаңаш денесін көрген жоқ. 24 Нұх мастығынан айығып, оянғаннан кейін, кіші ұлының өзін келеке еткені туралы естіп, 25 былай деді: «Қанаханды қарғыс атсын! Ол ағайындарының ең бейшара құлына айналсын!» 26 Содан соң ол: «Шамның Құдай Иесі мадақталсын! Ал Қанахан Шамның құлы болсын! 27 Құдай Япшінің өрісін кеңейтсін, Ол Шамның шатырларында тұрсын! Ал Қанахан оның құлы болсын!» — деді. 28 Топан судан соң Нұх үш жүз елу жыл өмір сүрді. 29 Нұх барлығы тоғыз жүз елу жыл өмір сүріп, қайтыс болды.
1 Мынау Нұхтың ұлдары Шам, Хам және Япшінің үрім-бұтақтарының шежіресі: олардың ұлдары топан судан кейін дүниеге келді. 2 Япшінің ұрпақтары мыналар: Гомер, Магог, Мадай, Яуан, Тұбал, Мешех, Тирас. 3 Гомердің ұрпақтары: Ашкеназ, Рифат, Тоғарма. 4 Яуанның ұрпақтары: Елиша, Тарсис, Киттим, Доданим. 5 Бұлардан аралдар мен жағалауы бар жерлерде тұратын түрлі-түрлі халықтар тарады. Олар бір-бірінен өз тіл ерекшеліктері, рулары және ұлттарына қарай бөлінген еді. 6 Хамның ұрпақтары: Құш, Мысыр, Пұт, Қанахан. 7 Құштың ұрпақтары: Себа, Хауила, Сабта, Рахама, Саптеха. Рахаманың ұрпақтары: Сәба, Дедан. 8 Құш — Нымродтың әкесі. Нымрод жер бетіндегі күшті әміршіге айналып, 9 Жаратқан Иенің көзіне түскен мықты аңшы да болды. «Мынау Жаратқан Иенің көзіне түскен Нымрод сияқты мықты аңшы екен» деген сөз содан қалған. 10 Нымродтың патшалығы Шинар жеріндегі Бабыл, Ерех, Аққад, Қална деген қалалардан басталатын еді. 11 Нымрод осы жерден Ассурға барып, Ниневи, Рехобот-Ир, Қалах деген қалаларды 12 және Ниневи мен Қалахтың арасында орналасқан Ресен қаласын да тұрғызды. Ресен үлкен қала болатын. 13 Мысырдан луд, анам, лехап, нафтух, 14 патрус, қаслух, қаптор атты халықтар тарады. Осылардан філістірлер шықты. 15 Қанаханның тұңғыш ұлы Сидон еді. Содан кейін Қанаханның ұрпақтарынан хеттік, 16 ебустік, аморлық, гергестік, 17 хевтік, арқалық, синдік, 18 аруадтық, семарлық, хаматтық атты халықтар да шықты. Кейін қанахандықтардың рулары әрі қарай тарап кетті. 19 Олар орналасқан аймақ Сидоннан басталып Герар арқылы Газаға дейін, сонан соң Содом, Ғомора, Адма, Себоимды орап өтіп, Лашаға дейін созылып жататын. 20 Бұлар руларына, тіл ерекшеліктеріне, тұрған жерлеріне, халықтар болып бөлінуіне қарай орналасқан Хамнан тараған ұрпақтар еді. 21 Япшінің ағасы Шамнан да ұлдар туған. Шам Еберден тараған барлық ұрпақтардың түп атасы еді. 22 Шамның ұлдары: Елам, Ассур, Арпақсат, Луд, Арама. 23 Араманың ұлдары: Ус, Хұл, Гетер, Маш. 24 Арпақсаттан Шелах, Шелахтан Ебер туды. 25 Еберден екі ұл туды: тұңғышының есімі Пелек (яғни «Бөліну») болды, өйткені оның заманында жер беті бөлінді. Ал кенжесінің есімі Жоқтан еді. 26 Жоқтаннан Алмодат, Шалеф, Хасармаует, Жерах, 27 Хадорам, Узал, Диқла, 28 Обал, Әбімаил, Сәба, 29 Опыр, Хауила, Жобаб туды. Бұлардың бәрі — Жоқтанның ұлдары. 30 Олардың тұрған жерлері Мешадан бастап Сефар арқылы шығыста орналасқан таулы аймаққа дейін жететін. 31 Бұлар руларына, тіл ерекшеліктеріне, тұрған жерлеріне, халықтар болып бөлінуіне қарай орналасқан Шамның ұрпақтары еді. 32 Шығу тегіне, халықтар болып бөлінуіне қарай орналасқан Нұхтың ұлдарының ұрпақтары — осылар. Олардан топан судан кейін пайда болған халықтар жер бетіне тарап кетті.
1 Жер бетіндегі бүкіл адамзат бір тілді, бірдей сөздерді қолданды. 2 Адамдар шығыс жақта көшіп қонып жүргенде Шинар жерінде бір жазық алқапты тауып, соған қоныс тепті. 3 Олар бір-біріне: «Келіңдер, кірпіш құйып, отқа күйдірейік!» — деді. Сонымен олар тас орнына күйген кірпіш, әк орнына қарамай қолданды. 4 «Өзімізге қала және төбесі көкке жететін зәулім мұнара тұрғызып алайық. Осылайша өз атымызды шығарайық, сонда біз жердің түкпір-түкпіріне бытырап кетпейміз», — десті. 5 Ал Жаратқан Ие көктен түсіп, адамдар тұрғызып жатқан қала мен мұнараға көз салып, 6 былай деді: «Олар біртұтас халық болып, бірдей тілде сөйлеп, мынаны істей бастады. Бұдан былай олар ойындағыларын жүзеге асырмай қоймайтын болады. 7 Енді Біз жерге түсіп, бірін-бірі түсінбеулері үшін олардың тілін шатастырып жіберейік». 8 Осылайша Жаратқан Ие адамдарды сол жерден бүкіл жер бетіне бытыратып жіберіп, қала құрылысын тоқтатты. 9 Сондықтан қалаға Бабыл деген ат қойылды, өйткені Жаратқан Ие сол жерде бүкіл әлемдегі тілді шатастырып, адамдарды жер бетіне бытыратып жіберді. 10 Мынау Шамнан тараған ұрпақтардың шежіресі. Топан судан кейін екі жыл өткенде Шам жүзге толып, ұлы Арпақсат дүниеге келді. 11 Сонан соң ол тағы бес жүз жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздары болды. 12 Арпақсат отыз беске келгенде одан Шелах туды. 13 Шелах туған соң, Арпақсат төрт жүз үш жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарға әке болды. 14 Шелах отызға келгенде одан Ебер дүниеге келді. 15 Ебер туғаннан кейін де Шелах тағы төрт жүз үш жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарға әке болды. 16 Ебер отыз төрт жасқа келгенде одан Пелек туды. 17 Пелек туғаннан кейін де Ебер төрт жүз отыз жыл өмір сүріп, тағы да ұл-қызды болды. 18 Пелек отыз жасқа келгенде одан Рәгу туды. 19 Рәгу туған соң, Пелек екі жүз тоғыз жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарды дүниеге келтірді. 20 Рәгу отыз екі жасқа келгенде одан Серук туды. 21 Серук туған соң, Рәгу екі жүз жеті жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарға әке болды. 22 Серук отыз жасқа толғанда ұлы Нахор туды. 23 Нахор туған соң, Серук екі жүз жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздары дүниеге келді. 24 Нахор жиырма тоғыз жасқа келгенде одан Тарах туды. 25 Тарах туған соң, Нахор жүз он тоғыз жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарды дүниеге келтірді. 26 Тарах жетпіс жасқа толғаннан кейін, одан Ыбырам, Нахор, Харан дүниеге келді. 27 Мынау Тарахтан тараған ұрпақтардың шежіресі: Тарахтан Ыбырам, Нахор, Харан атты ұлдары дүниеге келді. Хараннан Лут туды. 28 Бірақ Харан Халдейлер елінде өзі туған Ур қаласында дүние салды. Сол кезде оның әкесі Тарах әлі де тірі болатын. 29 Ыбырам мен Нахор да үйленді. Ыбырамның әйелі Сарай, ал Нахордың әйелі Мылқа болды. Мылқа мен Ысқа Харанның қыздары еді. 30 Сарай құрсақ көтермегендіктен, Ыбырамның балалары болмады. 31 Тарах өз ұлы Ыбырамды, немересі Лутты және келіні Сарайды ертіп алып, бәрі бірігіп халдейлер еліндегі Ур қаласынан жолға шықты. Олар Қанахан жеріне бармақшы еді, алайда Харан аймағына жеткен соң, сол жерге қоныс теуіп, тұрып қалды. 32 Тарах екі жүз бес жыл өмір сүріп, Харанда қайтыс болды.
1 Жаратқан Ие Ыбырамға сөзін арнап былай деп бұйырған еді: «Сен еліңді, туған-туысқандарыңды және әкеңнің үйін тастап, Мен өзіңе көрсететін елге көш! 2 Мен сенен үлкен халықты өрбітіп таратамын, Сені жарылқаймын әрі атыңды шығарамын. Сен арқылы ақ батам басқаларға да жететін болады. 3 Саған ақ батасын бергендерді Мен жарылқаймын, Ал кім сені жамандап қарғаса, соны Мен қарғаймын. Сен арқылы жер бетіндегі бар ұлттар жарылқанады». 4 Сондықтан Ыбырам Жаратқан Иенің айтуымен жолға шықты. Оған Лут ілесті. Хараннан көшіп кеткен кезде Ыбырам жетпіс бес жаста еді. 5 Осылайша Ыбырам әйелі Сарайды және туған інісінің ұлы Лутты ертіп, бар жиған-тергендері мен Харанда өздері иемденген қызметшілерін де алып, сапарға шығып, Қанахан еліне барды. 6 Ыбырам сол жерді кезіп, Сихем қаласының маңайындағы алып емен ағашы өсіп тұрған Море деген жерге дейін жетті. Ол кезде бұл елді қанахандықтар мекендеуші еді. 7 Ал Жаратқан Ие Ыбырамға аян беріп: «Мен сенің ұрпақтарыңа осы жерді сыйлаймын», — деп уәде етті. Ыбырам сол жерде өзіне аян берген Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын тұрғызды. 8 Содан соң ол Бетелдің шығыс жағындағы тауға қарай бет алып, батыс жақтағы Бетел мен шығыс жақтағы Ай деген екі жердің ортасына шатырын тікті. Сол жерде де Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын тұрғызып, Оған сиынып ғибадат етті. 9 Сонан соң Ыбырам сапарын оңтүстіктегі Негев даласына қарай жалғастырды. 10 Бірақ Қанахан елін ашаршылық жайлап, Ыбырам біраз тұра тұру мақсатымен Мысырға көшіп барды. Себебі аштық үдеп тұрған еді. 11 Мысырға таяп қалғанда, Ыбырам әйелі Сарайға былай деді: — Сенің керемет сұлу әйел екеніңді жақсы білемін. 12 Мысырлықтар сені көргенде: «Мынау — оның әйелі» деп, саған бола мені өлтіріп, ал сені тірі қалдырып, иемденіп жүрер. 13 Маған да, саған да жақсы болсын, өз игілігің үшін де мені аман қалсын десең, өзіңді «Ыбырамның қарындасымын» деп айтарсың. 14 Солай болды да: Ыбырам Мысырға келген соң мысырлықтар Сарайдың өте сұлу әйел екенін байқады. 15 Мысыр патшасы перғауынның лауазымды қызметкерлері де әйелді көріп, перғауынға оның көркін мақтап жеткізді. Сонда перғауын оны өз сарайына алдыртты. 16 Әйел үшін Ыбырамға жақсылық жасап, оған молынан қой, сиыр, есек пен түйені, құлдар мен күңдерді сыйлады. 17 Бірақ Жаратқан Ие Ыбырамның әйелі Сарайға бола перғауынға және оның үй ішіне жаман індет жіберді. 18 Сонда перғауын Ыбырамды өзіне шақырып алып, оған: «Сен маған не істедің? Неге оның өз әйелің екенін айтпадың? 19 Не үшін оны қарындасым дедің? Сол себептен де оны әйелдікке алмақшы болдым. Әйелің өзіңе, ал да кет», — деді. 20 Перғауын адамдарына Ыбырам жайында бұйрық беріп, олар оны әйелімен және барлық иелігімен бірге жолға шығарып салды.
1 Сонымен Ыбырам әйелімен, барлық иелігімен және қасындағы немере інісі Лутпен бірге Мысырдан көшіп кетіп, Қанаханның оңтүстігіндегі Негев аймағына қарай өрлеп барды. 2 Ыбырам малға, күміс пен алтынға өте бай болатын. 3 Кейін Ыбырам оңтүстік аймақтан шығып, Бетелге бағыт алып, жер-жерді аралап көшіп-қонып жүрді. Осылайша ол Бетел мен Айдың ортасында орналасқан, өзі алғаш шатыр тігіп, 4 құрбандық беретін орын тұрғызған жерге жетті. Сол жерде Ыбырам Жаратқан Иеге қайтадан сиынып тағзым ететін болды. 5 Ыбыраммен бірге көшіп-қонып жүрген Луттың да ірілі-ұсақты малдары және шатырлары болды. 6 Екеуінің мал-мүліктері көбейіп кеткендіктен бір орынға қоныстануларына жер аздық жасап, олар енді бір жерде бірге тұра алмады. 7 Сол себепті Ыбырам мен Луттың малшыларының арасында дау-жанжал туа бастады. Бұның үстіне сол кезде қанахандық және перездік тайпалар да осы елді мекендейтін. 8 Сонда Ыбырам Лутқа: «Екеу ара, сондай-ақ малшыларымыздың арасында да дау-жанжал туғызбай-ақ қояйық, ағайынды адамдармыз ғой. 9 Бір-бірімізден бөлінейік. Қалаған жеріңді таңдап ал: сен сол жақты таңдасаң, мен оң жаққа, сен оң жақты қаласаң, мен сол жаққа кетейін», — деп ұсыныс жасады. 10 Лут айналасына көз тастап, бүкіл Иордан өзені аңғарының Сиғорға дейін сулы жер екенін көрді. Себебі бұрын сол жердің суы мол болып, Жаратқан Иенің пейіш бағына және Ніл бойындағы Мысыр еліне ұқсайтын. Бұл Жаратқан Ие Содом мен Ғомора қалаларын құртпай тұрғандағы кез еді. 11 Сонымен Лут өзіне шығыста орналасқан бүкіл Иордан алқабын таңдап алып, (үй іші, отар-табындарымен) сол жаққа қарай көшті. Осылайша екі туысқан бір-бірінен бөлініп кетті. 12 Ыбырам Қанахан жерінде қала берді. Ал Лут Иордан алқабындағы қалалар арасында Содомға жақын жерде шатыр тігіп, қоныстанды. 13 Бірақ Содомның тұрғындары Жаратқан Иенің көз алдында ауыр күнәға батқан зұлым адамдар еді. 14 Лут бөлініп кеткеннен кейін, Жаратқан Ие Ыбырамға тіл қатып былай деді: «Айналаңа көз тастап, тұрған жеріңнен бастап солтүстік пен оңтүстікке, шығыс пен батысқа қара: 15 Мен көрініп тұрған мына жердің бәрін саған және сенің ұрпағыңа мәңгілікке беремін. 16 Мен үрім-бұтағыңды сансыз көбейтемін. Кім жер бетіндегі құм түйіршіктерін санай алса, оның сенің үрім-бұтағыңды да санай алғаны. 17 Енді жолға жиналып, осы бүкіл елдің түкпір-түкпірін кезіп шық! Өйткені оны саған беремін». 18 Ыбырам шатырларын көліктеріне артып, Хеброн қаласының маңайына, Мамренің алып емен ағаштары өсіп тұрған тоғайына барып, қоныстанды. Сол жерде ол Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын тұрғызды.
1 Сол заманда (Месопотамиядағы) Шинар патшасы Амрафел, Елласар патшасы Ариох, Елам патшасы Кедор-Лаумер және Ғойым патшасы Тидал бірігіп, 2 (шығыс жақтан аттанып, Иордан алқабындағы бес қаланың патшаларына) қарсы соғысуға келді. Жаңағы бес патшаның аты-жөндері: Содом патшасы Бера, Ғомора патшасы Бырша, Адма патшасы Шынап, Себоим патшасы Шемебер және Беланың патшасы болатын. Бела қазір Сиғор деп аталады. 3 Сол бес патша өзара келісім жасасып, қазір Тұз теңізі (яғни Өлі теңіз) орналасқан Сідим жазығына жиналды. 4 Олар он екі жыл бойы Кедор-Лаумердің қол астында болып келіп, он үшінші жылы оған қарсы көтерілген еді. 5 Он төртінші жыл келгенде Кедор-Лаумер және оған ерген басқа патшалар жорыққа шығып, Аштарот-Қарнайымдағы рафалықтарды, Хамдағы зуздықтарды, Кириятаим жазығындағы емдіктерді 6 және Сейір тауларында, иен далаға таяу жердегі Ел-Паранға дейін орналасқан хорлықтарды жеңіп, талқандады. 7 Сонан соң олар оралып, Ен-Мышпатқа, яғни Қадешке, барып, амалектіктердің және Хасасон-Тамардағы аморлықтардың бүкіл жерін басып алды. 8 Сонда Сідим жазығында әлгі бес патша: Содомның, Ғомораның, Адманың, Себоимның және Беланың, яғни Сиғордың, патшалары жасақшыларын ұрысқа дайындап, 9 төрт патшаға: Кедор-Лаумер, Тидал, Амрафел және Ариохқа қарсы аттанды. 10 Ал Сідим жазығы жердің қарамайы шығатын шұңқырларға толы болатын. Сонда Содом мен Ғомораның патшалары шайқастан қашқанда, олар (және жасақшыларының көбі) сол шұңқырларға құлап түсіп, қалғандары тауға қарай безді. 11 Жеңімпаз төрт патша Содом мен Ғомора қалаларының бүкіл байлығын және барлық азық қорын талан-таражға салды. 12 Олар Ыбырамның немере інісі Лутты да бар мал-мүлкімен алып кетті. Өйткені ол Содомда тұратын. 13 Шайқастан қашып құтылған біреу осыны көшпенді Ыбырамға жеткізді. Сол кезде Ыбырам Ешқол мен Анердің ағасы аморлық Мамренің алып емен ағаштары өсіп тұрған тоғайының қасында тұратын. Бұлардың бәрі Ыбыраммен келісім жасасқан еді. 14 Інісінің тұтқынға түскенін естігенде, Ыбырам қол астындағы үш жүз он сегіз жаттыққан жасақшыларын жинап алып, жауды Дан қаласына дейін қуып кетті. 15 Түнде Ыбырам адамдарымен топ-топқа бөлініп алып, шабуылға шықты да, жауды жеңіп, оларды Дамаскінің солтүстігіндегі Хоба қаласына дейін қуды. 16 Осылай Ыбырам жау қолына түскен барлық мал-мүлікті, інісі Лутты да мал-мүлкімен және тұтқынға түскен әйелдер мен басқа да адамдарды қайтарып алды. 17 Ыбырам Кедор-Лаумер мен оған ерген патшаларды жеңіп, қайтып келе жатқанда, Содомның патшасы оны қарсы алу үшін «Патша аңғары» деп аталатын Шаве аңғарына жолға шықты. 18 Салим қаласының патшасы Мәліксадық та Ыбырамның алдынан шығып, оған нан мен шарап ұсынды. Ол Құдай Тағаланың діни қызметкері болатын. 19 Мәліксадық Ыбырамға ақ батасын беріп былай деді: «Лайым көк пен жерді жаратқан Алла Тағала Ыбырамды жарылқай көрсін! 20 Жауларыңды қолыңа тапсырған Құдай Тағала мадақтала берсін!» Ыбырам қолында барының оннан бір бөлігін Мәліксадыққа құдайы сый-тарту ретінде қалдырып кетті. 21 Бұдан кейін Содомның патшасы да Ыбырамға жетіп, одан: — Жаудан қайтарып алған адамдарды маған беріп, мал-мүлікті өзіңізге қалдыра көріңіз, — деп өтінді. 22 Бірақ Ыбырам: — Мен көк пен жерді жаратқан Тәңір Ие — Алла Тағала алдында қолымды көтеріп тұрып ант етемін: 23 сіз кейін «Ыбырамды мен байыттым» деп айтып жүрмеуіңіз үшін, мен барлық дүние-мүлкіңізден түк те алмаймын: бір сабақ жіп те, аяқкиімнің бір бауын да! 24 Тек адамдарымның ішіп-жеген тамағын ғана қайтармайын және менімен бірге жорыққа шыққан Анер, Ешқол және Мамре өздеріне тиісті үлестерін алатын болсын, — деп Содом патшасына жауап қайырды.
1 Осы оқиғалардан кейін Жаратқан Ие Ыбырамға аян беріп: — Ыбырам, қорықпа! Мен сені қалқандай қорғаймын. Саған берілер сыйлық аса зор болады, — деді. 2 Бірақ Ыбырам жауап беріп былай деді: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие, Сен маған қандай сыйлық бермексің? Мен әлі де ұрпақсыз келемін. Үйіме дамаскілік қызметшім Елиезер иелік етпек. — 3 Ыбырам тағы: — Сен маған бала сыйламадың, сондықтан мұрагерім үйімдегі бір қызметшім болады, — деп те мұңын шақты. 4 Ал Жаратқан Ие оған сөзін арнап: — Мұрагерің ол емес, сенен туатын ұл болады! — деді. 5 Содан оны сыртқа алып шығып: — Аспанға қарап жұлдыздарды санашы! Сен оларды санай алар ма екенсің? Сенің үрім-бұтағың да осындай сансыз көп болады! — деп уәде берді. 6 Ыбырам Жаратқан Иеге сенді, сондықтан Жаратқан Ие оны Өзінің алдында ақтады. 7 Тәңір Ие Ыбырамға тағы да тіл қатып: — Мен Жаратқан Иемін. Сені осы елді иемденсін деп халдейлік Ур қаласынан алып шыққан Менмін, — деді. 8 Ал Ыбырам: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие, оны иемденетінімді мен қалай нақты біле аламын? — деп сұрады. 9 Сонда Иеміз оған: — Маған бір-бірден үш жасар сиыр, ешкі, қошқарды әрі орман кептері мен жас көгершінді алып кел, — деп бұйырды. 10 Ыбырам соның барлығын әкеліп, оларды сойып, ортасынан қақ бөліп, бөліктерді бір-біріне қарсы қойды. Ол тек құстарды ғана бөлмеді. 11 Жыртқыш құстар сойылған малдардың етіне қонды, бірақ Ыбырам оларды қуып жіберді. 12 Күн батқанда Ыбырамды керемет ұйқы басты. Сол сәтте ол түсінде қара түнекті көріп, қатты қорқып кетті. 13 Ал Жаратқан Ие Ыбырамға тіл қатып: — Біліп ал: сенің ұрпақтарың бөтен елде жат жұрттық келімсектер ретінде тұратын болады. Сол жерде олар төрт жүз жыл бойы құлдықта болып жәбірленеді. 14 Бірақ оларды құл еткен халықты Мен жазалаймын. Бұдан кейін сенің ұрпақтарың сол елден мол дүние-мүлікпен көшіп шығады. 15 Ал сен болсаң, жасың ұлғайған шағыңда ақ өліммен бабаларыңның қасына аттанып, жер қойнына кіресің. 16 Сенің үрім-бұтағың осы елге төрт ұрпақтан кейін ғана қайтып келеді. Себебі аморлықтардың күнәлары әлі шегіне жеткен жоқ, — деді. 17 Күн батып, қараңғылық орнаған кезде, міне, пештен шыққан іспетті түтін мен лаулап жалындаған от бір-біріне қарсы жатқан мал бөліктерінің ортасынан өте шықты. 18 Сол кезде Жаратқан Ие Ыбыраммен Келісім жасап: — Мен сенің үрім-бұтағыңа Мысырдың шетіндегі өзеннен бастап үлкен өзен — Евфратқа дейін жайылған осы елді беремін. 19 Онда кендіктер, кеназдықтар, қадмондықтар, 20 хеттіктер, перездіктер, рафалықтар, 21 аморлықтар, қанахандықтар, гергестіктер және ебустіктер тұрып жатыр, — деді.
1 Ыбырамның әйелі Сарай бала көтермеген еді. Ал оның Ажар атты мысырлық күңі бар болатын. 2 Сонда Сарай күйеуіне: — Жаратқан Ие маған ана болуды сыйламаған екен. Ал енді бар, күңіммен жақындас. Мүмкін, соның арқасында балалы болармын, — деп ұсынды. Ыбырам бұған көніп, 3 Сарай оған мысырлық күңі Ажарды қосты. Бұл Ыбырамның Қанахан жерінде тұрғанына он жыл болған кезде еді. 4 Ыбырам Ажармен жақындасып, оның бойына бала бітті. Мұнысын білген күң қожайыны Сарайға менсінбей қарай бастады. 5 Сонда Сарай Ыбырамға: — Менің жәбір көруіме сен кінәлісің. Күңімді саған өзім қосқан едім. Ал енді ол бала көтергенін білгеннен бері мені менсінбей жүр. Сен екеуіміздің арамыздағы дауды Жаратқан Иенің Өзі шешсін, — деді. 6 Ыбырам: — Күңің өз қолыңда, не істеуді дұрыс десең, соны істе, — деп жауап берді. Содан Сарай Ажарға қысымшылық көрсете бастады. Сол себептен Ажар оның қасынан қашып кетті. 7 Жаратқан Иенің періштесі Ажарды иен даладағы бір су көзінің қасынан: Шурға баратын жолдағы құдық басынан тауып алды. 8 Періште оған тіл қатып: — Сарайдың күңі Ажар, қайдан келе жатырсың, қайда бет алдың? — деп сұрады. Ол: — Мен қожайыным Сарайдан қашып келе жатырмын, — деген жауап берді. 9 Жаратқан Иенің періштесі оған: — Сен қожайын әйеліңе қайтып бар, оның айтқанына көн! — деді. 10 Періште Ажарға Жаратқан Иенің мына сөзін де жеткізді: — Мен сенің үрім-бұтағыңды сансыз көбейтемін. — 11 Жаратқан Иенің періштесі сөзін әрі қарай жалғастырып оған былай деді: — Сен жүктісің, ұл туасың, оның атын Ысмағұл («Құдай құлақ асады») деп қоясың. Өйткені Жаратқан Ие сенің зарыңа құлақ асты. 12 Ысмағұл асау құландай еркін кезіп жүретін адам болады. Ол бәріне қарсы, бәрі де оған қарсы күреседі. Осылай ол барлық ағайындарымен жауласып өмір сүретін болады. 13 Ажар өзіне тіл қатқан Жаратқан Иені «Маған көз қырын салатын Құдайсың» деп атады. Себебі Ажар: «Мен өзіме көз қырын Салатынды осында көрдім», — деді. 14 Сондықтан бұл құдық «Қамқоршым — тірі Құдай» деп аталады. Ол Қадеш пен Бередтің арасында орналасқан. 15 Қайтып келгеннен кейін Ажар Ыбырамға ұл туып, Ыбырам оған Ысмағұл деп ат қойды. 16 Сол кезде Ыбырам сексен алтыда еді.
1 Ыбырам тоқсан тоғыз жасқа толған соң Жаратқан Ие оған аян беріп: — Мен құдіреті шексіз Құдаймын. Менің көз алдымда мінсіз жүр. 2 Мен екеуіміздің арамыздағы Келісімді бекітіп, сенің үрім-бұтағыңды сансыз көбейтемін, — деді. 3 Сонда Ыбырам Оған жерге бас ұрып ғибадат етті. Құдай сөзін әрі қарай былайша жалғастырды: 4 — Айтқаным айтқан: Менің сенімен жасаған Келісімім бойынша сен көп ұлттың түп атасы боласың. 5 Бұдан былай сен Ыбырам («Ұлық ата») емес, Ыбырайым («Көптің атасы») деп аталасың. Өйткені Мен сені көптеген халықтардың түп атасы етіп тағайындадым. 6 Сенің тұқымыңды сансыз көбейтіп, көптеген халықты өрбітемін, сенен патшалар да шығатын болады. 7 Мен бұл Келісімді Менімен сенің араңдағы және кейінгі үрім-бұтағыңның арасындағы мәңгілік Келісім ретінде бекітемін. Ол ұрпақтан ұрпаққа созылатын болады. Мен сенің және үрім-бұтағыңның Құдайы боламын. 8 Қазір өзің жат жұрттық ретінде тұрып жатқан бүкіл Қанахан елін саған және келер ұрпақтарыңа мәңгі иеленуге беремін. Мен ұрпақтарыңның да Құдайы боламын. 9 Бірақ сен де Менің Келісіміме адал бол! Оны өзің де, үрім-бұтағыңның барлық ұрпақтары да сақтауға тиіссіңдер! 10 Менің сенімен және келешек ұрпағыңмен бекіткен осы Келісімімнің ережелерін жүзеге асырып, еркек кіндіктің бәрін де сүндеттеңдер! 11 Сүндет рәсімін орындауларың Менің сендермен жасаған Келісімімнің белгісі болады. 12 Болашақ ұрпақтарыңның әрбір жаңа туған ер баласы туғанына сегіз күн толысымен сүндеттелсін. Бұған әулеттеріңе жатпайтын ер адамдар да кіреді, үйлеріңде дүниеге келген құл-қызметшілерің болсын, не сатып алынғандары болсын, бәрі де сүндеттелуге тиіс. 13 Сонымен үйде туды ма, жоқ әлде құл ретінде сатып алынды ма, барлық еркек атаулы міндетті түрде сүндеттелсін. Менің Келісімімнің сырт белгісі сендердің тәндеріңде мәңгі қалуға тиіс. 14 Әрбір сүндеттелмеген еркек кіндіктіні өз халқынан аластату керек, өйткені ол Менің Келісімімді бұзды. 15 Сен әйеліңді енді Сарай емес, Сара деп ата. 16 Мен оны жарылқап, саған Сарадан да бір ұл сыйлаймын. Сараға ұлттардың түп анасы болсын деп ақ батамды беремін. Халықтардың патшалары да Сарадан тарайтын болады. 17 Сонда Ыбырайым Құдайдың алдына жерге бас ұра тағзым етіп: «Жүзге келген адам ұлды болып, тоқсанға келген Сара да бала таба алар ма екен?» — деп іштей күлді. 18 Бұдан кейін Құдайдан: — Ысмағұл Сенің көз алдыңда тірі жүргей, — деп өтінді. 19 Ал Құдай: — Әйелің Сара саған ұл туып береді, оның атын Ысқақ деп қоясың. Мен Ысқақпен Келісім жасап, оны үрім-бұтағы үшін мәңгілікке бекітемін. 20 Ал сенің Ысмағұл туралы айтқаныңды да орындаймын. Оны жарылқап, үрім-бұтағын молынан көбейтемін. Ысмағұлдан он екі рубасы шығатын болады. Мен одан бір үлкен халықты өрбітіп таратамын. 21 Бірақ Мен Келісімімді Сара келесі жылы осы уақытта дүниеге келтіретін Ысқақпен бекітемін, — деп жауап берді. 22 Құдай Ыбырайыммен сөйлесіп болғаннан кейін қасынан ғайып болды. 23 Ыбырайым сол күні-ақ баласы Ысмағұлды және үйінде туған немесе сатып алынған еркек атаулыны түгел жинап алып, барлығын Құдай өзіне бұйырғандай сүндеттеді. 24 Сол кезде Ыбырайым тоқсан тоғыз жаста, 25 ал Ысмағұл он үш жаста болатын. 26 Сол күні-ақ Ыбырайым мен оның ұлы Ысмағұл, 27 олармен бірге үйінде туып немесе сатып алынған құл-қызметшілер, демек, Ыбырайымның қол астындағы бүкіл еркек атаулы түгелдей сүндеттелді.
1 Бұдан кейін Жаратқан Ие Ыбырайымға тағы да Мамренің алып емен ағаштары өсіп тұрған тоғайының қасында келіп кетті. Ыбырайым түске таман күн ысығанда шатыр аузында отырған еді. 2 Ол айналасына көз тастағанда өзінің алдында үш ер адамның тұрғанын көрді. Ыбырайым оларды көре сала, отырған жерінен ұшып түрегеліп, алдарынан шығып, жерге дейін иіліп сәлем берді. 3 Ыбырайым: — Мырза! Рақымыңыз маған түссе, мендей құлыңыздың қасынан өте шықпасаңыз екен. 4 Қазір-ақ аяқтарыңызды жуу үшін су әкелінеді. Ағаштың саясына жайғасыңыздар. 5 Құлдарыңыздың үйінен дәм татпай өтіп кетпеңіздер. Сіздерге тамақ әкелейін, әлденіп тынығып алыңыздар. Содан кейін әрі қарай жылжи берерсіздер, — деп өтінді. Олар: — Жарайды, айтқаның болсын, — деп келісті. 6 Ыбырайым дереу шатырдағы Сараға барып: — Тез үш табақ ең таңдаулы ұнды илетіп, күлше нан пісірт, — деді. 7 Өзі табынға жүгіріп барып, семіз баспақты таңдап алып, қызметшісіне берді. Қызметші баспақты тездетіп сойып, етін қазанға асты. 8 Бәрі дайын болғаннан кейін Ыбырайым айран, сүт және пісірілген баспақ етін алып, Қонақтардың алдына тартты. Олар ағаш саясында тамақтанып жатқан кезде Ыбырайым қастарында болып, өзі қызмет етті. 9 Қонақтар: — Әйелің Сара қайда? — деп сұрады. Ыбырайым: — Осында, шатырдың ішінде, — деді. 10 Иеміз: — Келесі жылы осы уақытта Мен саған тағы да келемін. Сонда әйелің Сараның ұлы болады! — деп уәде берді. Осы сөздерді Қонақтың артындағы шатырдың аузында тұрған Сара да естіді. 11 Ал Ыбырайым мен Сара қартайған адамдар еді, Сара бала туудан қалған жаста болатын. 12 Сол себепті ол: «Мен әбден қартайған шағымда осындай қуанышқа кенеле алар ма екенмін? Қожайыным да тым кәрі», — деп іштей күлді. 13 Ал Иеміз Ыбырайымға: — Сара неліктен күліп тұр? Ол неге «мен енді қартайған шағымда бала туа алар ма екенмін» деп сұрайды? 14 Жаратқан Ие істей алмайтын тым қиын іс бар ма? Мен белгілі кезде: келесі жылы осы уақытта саған тағы да келемін. Сол кезде Сараның ұлы болады! — деп уәдесін бекітті. 15 Сара сасып қалып: — Мен күлген жоқпын, — деп мойындамады. Бірақ Иеміз оған: — Жоқ, сен күлдің, — деді. 16 Қонақтар орындарынан тұрған соң, Содомға қарай бет алды. Оларды жолға шығарып салу үшін Ыбырайым бірге жүрді. 17 Жаратқан Ие: «Өзімнің не істейтінімді Ыбырайымнан қалай жасырмақпын? 18 Ыбырайымнан бір үлкен де күшті халық шығады. Менің ақ батам ол арқылы жер бетіндегі барлық халықтарға жетеді. 19 Мен Ыбырайымды өз балаларына және кейінгі үрім-бұтағына Менің жолыма түсуді, дұрыстық пен әділдікті істеуді үйрету үшін таңдап алдым. Ыбырайым осылай істегенде Менің оған берген уәдем орындалады», — деді. 20 Содан Иеміз Ыбырайымға тіл қатып: — Менің атыма Содом мен Ғомора қалаларының үстінен қатты дауыспен айтылған шағым түсіп жатыр. Сол жерде жасалған күнәлар тым ауыр. 21 Сондықтан Мен жерге түсіп, ондағы әділетсіздік Маған жеткен шағым туғызатындай дәрежеде ме, жоқ па, соған көз жеткізбекпін, — деді. 22 Содан кейін ер адамдар бұрылып алып, Содом жаққа беттеді. Бірақ Ыбырайым Иеміздің алдында тұра қалды. 23 Оған жақындап, былай деп өтінді: — Сонда Сен зұлыммен бірге әділді де құртпақсың ба? 24 Мүмкін, қалада елу әділ адам бар шығар, Сен оларды шынымен құртпақсың ба? Сол жерге ондағы елу әділ адам үшін рақым еткің келмей ме? 25 Сен осылай істеп, әділ жанды жауызбен бірге өлтіріп, оған арам кісіге қарағандай қараудан аулақсың ғой. Бүкіл әлемді Соттаушы әділетті шешім қабылдамаушы ма еді? — 26 Сонда Иеміз: — Егер Мен Содом қаласынан елу әділ адамды тапсам, соларға бола ол жерге рақым етемін, — деді. 27 Ыбырайым: — Мен күл мен топырақтан жаралған пенде болсам да, Иеммен сөйлесіп тұрмын. 28 Мүмкін, әділ адамдардың саны елу емес, одан бесеуі кем шығар, сонда бесеуіне бола бүкіл қаланы құртпақсың ба? — деп сұрады. Иеміз оған: — Егер Мен одан қырық бес әділ кісі тапсам, сол қаланы құртпаймын, — деді. 29 Ыбырайым сөзін әрі қарай жалғастырды: — Мүмкін, ол жерде тек қырық әділ кісі болатын шығар. — Иеміз: — Мен қырық әділ адам үшін де оларға тиіспеймін, — деп жауап берді. 30 Ыбырайым сонда: — Уа, Ием, мен тағы да айтқанда ашулана көрме. Мүмкін, ол жерде отыз ғана әділ адам бар болса ше? — деп сұрады. Иеміз оған: — Ол жерде отыз әділ адам болса да, Мен оған тиіспеймін, — деп жауап қатты. 31 Ыбырайым тағы былай деді: — Мен Иеме еркінсіп тіл қатып тұрмын. Мүмкін, ол жерде тек жиырма әділ кісі болатын шығар. — Иеміз: — Жиырма әділ кісі болғанда Мен қаланы қиратпаймын, — деді. 32 Ыбырайым Одан: — Уа, Ием, мен тағы бір рет қана айтсам, ашулана көрме. Егер ол жерден небәрі он-ақ табылса ше? — деп сұрады. Иеміз: — Мен ол жерді он әділ кісі үшін де құртпаймын, — деп уәде берді. 33 Иеміз Ыбырайыммен сөйлесіп болған соң, кетіп қалды. Ал Ыбырайым үйіне қайтты.
1 Кешке қарай Жаратқан Иенің екі хабаршысы Содом қаласына жетті. Лут сол кезде қала қақпасының алдында отырған еді. Ол хабаршыларды көргенде оларға сәлем беру үшін орнынан тұрып, жерге дейін басын иіп тағзым етті де: 2 — Мырзалар, құлдарыңыздың үйіне кіріп, жуынып-шайынып, қонып қонақ болыңыздар. Ертең ертемен тағы да жолға шығарсыздар, — деп үйіне шақырды. Хабаршылар оған: — Рақмет сізге, біз базар алаңында түнеп шықпақшымыз, — деп жауап берді. 3 Лут қиыла өтініп қоймаған соң, екеуі оған еріп, үйіне келді. Тамақ дайындалып, ашытқысыз қамырдан нан пісіріліп, хабаршылар тамақтанды. 4 Олардың бастары жастыққа тимей тұрып-ақ, жасы бар, кәрісі бар, қаланың түкпір-түкпірінен жиналып келген ер адамдарының бәрі үйдің сыртын айнала қоршап алды. 5 Лутты айқайлап шақырып: — Саған кешқұрым келген еркектер қайда? Бізге алып шық, олармен жақындасып көңіл көтерейік, — деді. 6 Лут кіреберіске, олардың алдарына шығып, есікті жауып: 7 — Оу, ағайындар, мұндай зұлымдық жасамаңдар! — деп өтінді. — 8 Тыңдаңдаршы, ермен жақындаспаған бойжеткен екі қызым бар. Сендерге соларды үйден шығарып берейінші, оларға білгендеріңді істей беріңдер. Бірақ бұл адамдарға тиіспеңдер, олар менің шаңырағымның астына түскен меймандарым ғой! — 9 Алайда қаланың ер адамдары оған: — Былай кет! Мынау кірме неме, бізге билік айтпақ па? Тоқтай тұр, сенің бізден алатын сыбағаң олардікінен бетер болмақ! — деп айғай салды. Сөйтті де, Лутқа тап беріп, есікті бұзуға айналды. 10 Сонда үй ішінде тұрған хабаршылар есікті сәл ашып, қолдарын созып, Лутты ішке қарай тартып кіргізіп алды. Хабаршылар есікті қайтадан бекітіп, 11 алдында тұрған үлкенді-кішілі адамдардың бәрін есікті таба алмастай соқыр етіп тастады. 12 Бұдан кейін олар Лутқа: — Сенің бұл жерде тағы қандай жақындарың бар? Күйеу балаларың, ұл-қыздарың әрі барлық басқа адамдарыңды осы қаладан алып кет! — деп бұйырды. 13 — Біз оны құртпақшымыз. Жаратқан Иеге бұл жер туралы қатты дауыспен айтылған шағым түсуде. Сондықтан Жаратқан Ие бізді осы қаланы құрту үшін жіберді. 14 Сонда Лут сыртқа шығып, қыздарына үйленбек күйеу балаларына барып: «Жиналып, бұл жерден кетіңдер! Жаратқан Ие қаланы құртпақшы!» — деп ескертті. Бірақ күйеу балалары оны қалжыңдап тұр деп ойлады. 15 Таң қызарып атып келе жатқанда хабаршылар Лутты асықтырып: «Жинал, күнәға батқан бұл қалада құрып кетпеу үшін әйеліңді, қолыңдағы екі қызыңды ал да, бұл жерден кет!» — деді. 16 Лут әлі де қобалжып тұрғанда, елшілер оны, әйелін, екі қызын қолдарынан ұстап далаға сүйрей жөнеліп, қаланың сыртына шыққанда ғана қоя берді. Себебі Жаратқан Иенің оларға рақымы түскен болатын. 17 Төртеуін қаладан алып шыққанда хабаршылардың біреуі: — Осы жазықтың еш жеріне аялдамастан, арттарыңа қарамай қашыңдар! Өліп қалмау үшін тауға барып, соны паналаңдар! — деп бұйырды. 18 Лут сонда былай деп өтінді: — Жоқ, Ием! 19 Сен құлыңа рақыммен қарап, мені аман сақтап қалып, үлкен мейірімділік жасадың. Бірақ мен тауға қашып құтыла алмаймын, әйтпесе апатқа ұшырап өліп қалармын. 20 Міне, алдымызда мына қала бар. Барып, паналау үшін ол жақын және кішкентай ғана қалашық қой. Соған қашып құтылайын. Ол кішкентай қалашық емес пе? Осылай жаным аман қалмақ. 21 Хабаршы оған: — Жарайды. Мен осы тілегіңді де орындап, сен айтып отырған қаланы құртпаймын. 22 Бірақ тезірек сол жерге қашып құтыл! Себебі сен жеткенше мен түк те істей алмаймын, — деді. Бұл қала осы оқиғадан кейін Сиғор (яғни «Кішкентай») деп аталатын болды. 23 Лут Сиғорға күн шыға жетті. 24 Сол кезде Жаратқан Ие Содом мен Ғомораның үстіне аспаннан от аралас күкірт жаудырып, 25 бұл қалаларды, төңірегіндегі бүкіл жазықты, барлық қала тұрғындарын және далада өсіп тұрғанның бәрін де күл-талқан етіп қиратты. 26 Ал Луттың әйелі артына қарамақ болып кері бұрылды. Сонда ол бірден тұз бағанасына айналды. 27 Ыбырайым таңертең ерте тұрып, кеше өзі Жаратқан Иенің алдында тұрған жерге қайтып барды. 28 Содом мен Ғомораға және төңірегіндегі бүкіл жазыққа көз тастағанда Ыбырайым сол жерден тек балқыту пешінен шыққандай будақтаған түтінді ғана көрді. 29 Алайда Құдай Лут тұрып жатқан жазықтағы қалалардың күл-талқанын шығарар кезде Ыбырайымды мейірімділікпен есіне түсіріп, Лутты апаттан аман алып шыққан еді. 30 Лут Сиғорға қоныстанудан қорқып, қаладан көшіп кетіп, тауды паналады. Сонда бір үңгірде екі қызымен тұрып жатты. 31 Бір күні үлкен қыз кішісіне: «Біздің әкеміз кәрі, ал бұл маңайда бүкіл әлемдегі әдет бойынша бізбен жақындасатын еркек жоқ. 32 Жүр, әкемізге шарап ішкізіп, ұрпағын жалғастыру үшін онымен бірге жатып шығайық», — деді. 33 Олар сол түні әкелеріне шарап ішкізді. Үлкен қызы оның қасына жатты, бірақ әкесі не істеп, не қойғанын білмей де қалды. 34 Таңертең үлкені кішісіне: «Кеше мен әкеммен болдым, бүгін түнде біз оған тағы да шарап ішкізейік, сен де онымен жатып шық, осылайша әкеміздің ұрпағын жалғастырамыз», — деді. 35 Сол түні де олар әкесіне шарап ішкізді. Кіші қызы әкесіне барып, қасына жатты, бірақ әкесі тағы да не істеп, не қойғанын білген жоқ. 36 Сөйтіп Луттың екі қызы да әкесінен жүкті болды. 37 Үлкен қызы ұл туып, оның атын Моаб («Әкеден») деп қойды. Одан осы күнгі моаб халқы тарады. 38 Кішісі де ұл тауып, оны Бен Амми («Халқымның ұлы») деп атады. Ол қазіргі аммон халқының түп атасы болды.
1 Сол кезде Ыбырайым тұрған жерінен Қанаханның оңтүстік аймағына көшіп, біраз уақыт Қадеш пен Шурдың арасында тұрды. Сол жерден ол Герар қаласының маңына көшіп барып, сонда жат жұрттық болып уақытша қоныстанды. 2 Ыбырайым (сол жерде кездескен адамдарға) әйелі Сара туралы: «Бұл — менің қарындасым», — деді. Содан Герардың патшасы Әбумәлік кісі жіберіп, Сараны алдыртты. 3 Бірақ түнде Құдай патшаға түсінде аян беріп: — Осы әйелдің кесірінен сен өлесің, себебі оның күйеуі бар, — деді. 4 Әбумәлік Сараға жақындаған жоқ болатын. Сондықтан ол: — Уа, Ием, Сен шынымен кінәсі жоқ халықты құртқың келе ме? 5 Күйеуінің өзі: «Бұл — менің қарындасым» деді емес пе? Әйелі де: «Ол — менің ағам» деген болатын. Мұны істегенде жүрегім адал, қолым да таза еді, — деп жауап берді. 6 Сонда Құдай оған түсінде былай деді: — Мен сенің мұны адал жүрекпен істегеніңді білемін. Сол себептен де сені Маған қарсы күнә жасаудан сақтап, оған жақындатпадым. 7 Енді әйелін күйеуіне қайтар. Ол — пайғамбар, сен үшін Маған сиынып сұрасын, сонда аман қаласың. Біліп қой, егер де әйелін қайтармасаң, өзің де, күллі адамдарың да өлетін боласыңдар. 8 Әбумәлік таңертең ерте тұрып, бүкіл нөкерлерін жинап алып, осы сөздерді түгелдей баяндап берді. Олар қатты қорқып кетті. 9 Әбумәлік Ыбырайымды өзіне шақыртып алып, оған жекіп: — Бұл не қылғаның? Мені және патшалығымды сондай үлкен күнәға батыратындай, мен саған қандай жамандық жасадым? Сен маған істемеуге тиістіні істедің, — деді. 10 Ол Ыбырайымнан: — Сен осыны қандай ниетпен жасадың? — деп те сұрады. 11 Сонда Ыбырайымның жауабы мынау болды: — Мен бұл жердегілер Құдайдан қорықпайды, сондықтан мені әйелім үшін өлтіріп тастар деп ойладым. 12 Ол — шынымен де менің қарындасым, өйткені — ол әкемнің қызы, бірақ шешемнің қызы емес, сондықтан да әйелім болды. 13 Құдай маған әкемнің үйін тастап, ел кезуді бұйырғанда, мен Сараға: «Маған істеген жақсылығың мынау болсын: біз баратын жерлердің бәрінде мені ағам деп айт» деген едім. 14 Әбумәлік ірілі-ұсақты малдар мен құл-күңдерді таңдап алып, Ыбырайымға сыйға тартты, сондай-ақ оған әйелі Сараны да қайтарып берді. 15 Патша Ыбырайымға: — Міне, менің елімде сен үшін есік айқара ашық, қалаған жеріңді мекенде, — деп ұсынды. 16 Сараға да тіл қатып: — Міне, мен сенің ағаңа мың мысқал күміс беріп отырмын. Бұл — қасыңдағы бүкіл жұрттың алдында арыңның тазалығының дәлелі. Осымен бәрі сенің ақталғаныңды білетін болады, — деді. 17 Ыбырайым Құдайға сиынып мінажат етті. Сонда Ол Әбумәлікті, оның әйелі мен күңдерін сауықтырып, бала туа алатын етті. 18 Себебі Жаратқан Ие Ыбырайымның әйеліне бола Әбумәліктің үй ішіндегі әрбір әйелді бала көтермейтін етіп тастаған еді.
1 Содан кейін Жаратқан Ие Өзі айтқандай, Сараға рақымын түсіріп, берген уәдесін орындады. 2 Сара жүкті болып, Ыбырайымға қартайған шағында ұл туып берді. Бұл Құдай алдын ала белгілеген мезгілде болды. 3 Ыбырайым Сара тапқан ұлдың атын Ысқақ («Күледі») деп қойды. 4 Өзіне Құдай бұйырғандай, оны сегіз күн өткен соң сүндеттеді. 5 Ысқақ дүниеге келгенде Ыбырайым жүзге толған еді. 6 Сара қуанып былай деді: «Құдай маған күлкі сыйлады. Мұны естіген әркім менімен бірге қуанып күледі. 7 Сара нәресте емізетін болады деп Ыбырайымға алдын ала кім айта алар еді? Бірақ екеуіміздің егде тартқанымызға қарамастан, мен оған ұл туып бердім». 8 Ысқақ біраз өскен соң, Сара оны емшектен шығарды. Сол күні Ыбырайым үлкен той жасады. 9 Бірде Сара мысырлық Ажардан туған Ысмағұлдың Ысқақты келекелеп, күлкі етіп жүргенін байқады. 10 Сонда ол Ыбырайымға: «Мына күңді баласымен бірге қуып жібер! Күңнің ұлы менің ұлым Ысқақпен бірдей мұраға ие болмасын», — деді. 11 Бұл әңгіме өзінің ұлы туралы болғандықтан, Ыбырайымға еш ұнамады. 12 Бірақ Құдай Оған: «Бала мен күңге бола қамықпа. Сараның айтқанының бәріне көн, себебі сенің ұрпағың Ысқақтан тарайтын болады. 13 Алайда күңнің ұлынан да халық таратамын, ол да сенің ұлың ғой», — деді. 14 Келесі күні Ыбырайым таңертең ерте тұрды. Нанды және су құйылған месті алып, оларды Ажардың иығына артып берді де, баласын оның қолына тапсырып, шығарып салды. Ажар жолға шыққан соң, Бер-Шеба маңайындағы айдалада адасып кетті. 15 Местегі су таусылғанда, Ажар ұлын бір бұтаның көлеңкесіне жатқызды да, 16 өзі кетіп қалды. Баласынан оқ жетер жерге барып, қарама-қарсы отырды. Өйткені ол: «Баланың өлгенін көруге шыдай алмаймын», — деді. Осылай оған қарама-қарсы отырып алып, дауыс шығарып, өксіп жылап жіберді. 17 Құдай баланың жылап жатқан даусына құлақ асты. Оның періштесі аспаннан Ажарға дауыстап: «Саған не болды, Ажар? Қорықпа, Құдай мына жерде жатқан баланың даусына құлақ асты. 18 Орныңнан тұр, балаңа қол ұшын беріп қамқорла. Мен одан бір үлкен халықты өрбітіп таратамын», — деп тіл қатты. 19 Содан Құдай Ажардың көзін ашып, оған сол маңдағы құдықты көрсетті. Ажар сонда барып, месті суға толтырып алып, баланың шөлін қандырды. 20 Құдай балаға жар болып, қамқорлығына алды. Ол өсіп, айдаланы мекендеп, мерген садақшы болды. 21 Сонымен Ысмағұл Синай түбегіндегі Паран атты елсіз далада тұрды. Анасы оған Мысыр елінен әйел алып берді. 22 Осы кезеңде (філістір патшасы) Әбумәлік қолбасшысы Пихолды ертіп келіп, Ыбырайымға: — Не істесеңіз де, барлық жағдайда Құдай сізге жар. 23 Сондықтан мені де, ұлдарым мен немерелерімді де алдамаймын деп Құдай алдында ант беріңіз. Мен сізге қалай жақсы қарасам, сіз маған да, өзіңіз жат жұрттық болып тұрып жатқан елге де жақсы қарайтын болыңыз, — деп ұсыныс жасады. 24 Ыбырайым: — Жарайды, ант беремін, — деп келісті. 25 Бұдан кейін ол Әбумәліктің құлдары күшпен тартып алған құдық туралы сөз қозғап, наразылығын білдірді. 26 Әбумәлік оған: — Мұны кім істегенін білмеймін. Бұл туралы сіз ешқашан айтпадыңыз. Бүгінге дейін мен ештеңе де естіген жоқпын, — деп жауап қайырды. 27 Ыбырайым бірқатар малдарын алып, оларды Әбумәлікке сыйға тартты. Содан олар бір-бірімен келісім жасасты. 28 Ыбырайым тағы да жеті ұрғашы қозыны бөлектеп қойды. 29 Сонда Әбумәлік Ыбырайымға: — Сіз бөлектеп қойған жеті қозы нені білдіреді? — деген сұрақ қойды. 30 Ол: — Жеті қозыны сіз менің қолымнан қабылдай ала көріңіз. Олар бұл құдықты өзімнің қазғандығымның айғағы болсын, — деп жауап берді. 31 Осылай бұл жер Бер-Шеба (яғни «Ант құдығы») деп аталды. Себебі осы екі адам сонда бір-біріне ант беріскен еді. 32 Бер-Шебада келісім жасалып біткен соң, Әбумәлік пен оның қолбасшысы Пихол філістір еліне қайтып кетті. 33 Ыбырайым Бер-Шебада жыңғыл ағашын екті. Сол жерде ол мәңгі тірі Құдай — Жаратқан Иеге сиынып ғибадат етті. 34 Бұдан кейін Ыбырайым філістірлердің мекендеген жерінде ұзақ уақыт бойы жат жұрттық ретінде көшіп-қонып жүрді.
1 Осы оқиғалардан соң Құдай Ыбырайымды сынамақ болып, оны: — Ыбырайым! — деп шақырды. Ол: — Тыңдап тұрмын, — деп жауап берді. 2 Сонда Құдай оған: — Сен өзіңнің жақсы көретін жалғыз ұлың Ысқақты ертіп алып, Мория жеріне бар. Оны сол жерде Мен саған көрсететін тауға апарып, құрбандыққа шалып, өртеп жібер! — деп бұйырды. 3 Ыбырайым таңертең ерте тұрып, есегін ерттеп, жастау екі қызметшісін және ұлы Ысқақты өзімен бірге ертіп алды. Ол құрбандық отына жеткілікті етіп отындық ағаш жарып алып, Құдай өзіне айтқан жерге қарай жолға шықты. 4 Үшінші күн дегенде, Ыбырайым айналасына көз жүгіртіп, сол жерді алыстан көрді. 5 Сонда ол қызметшілеріне: «Сендер есекпен осы жерде қалыңдар. Балам екеуіміз сол жерге өрлеп барып, Құдайға ғибадат етеміз, содан кейін сендерге қайтып келеміз», — деді. 6 Ыбырайым құрбандық отына арналған ағашты баласы Ысқаққа арқалатып, өзі шоқ салынған ыдыс пен пышақты қолына ұстап, екеуі бірге әрі қарай жүріп кетті. 7 Сонда Ысқақ әкесіне: — Әке! — деп тіл қатты. Ыбырайым: — Иә, ұлым, не айтайын деп едің, — деді. Ысқақ: — Бізде шоқ пен отын бар, ал құрбандыққа шалынып, өртелетін қой қайда? — деп сұрады. 8 Ыбырайым: — Ұлым, Құдай құрбандыққа шалынып, өртелуге қажетті қойды Өзі береді, — деді. Осылай екеуі бірге әрі қарай жүре берді. 9 Олар Құдай белгілеп берген жерге келгенде, Ыбырайым құрбандық өртейтін орын жасап, оның үстіне отындық ағаштарды қаластырды. Мұнан соң Ысқақты байлап, осы ағаштардың үстіне жатқызды. 10 Содан кейін Ыбырайым пышағын қолына алып, ұлын бауыздамақ болды. 11 Ал сол сәтте Жаратқан Иенің періштесі оған көктен дауыстап: — Ыбырайым! Ыбырайым! — деп тіл қатты. Ол: — Тыңдап тұрмын, — деп жауап берді. 12 Періште: — Балаңа қол көтерме, оған ештеңе істеме! (Құдай былай дейді:) енді сенің Өзімді терең қастерлейтініңе көзім жетті. Себебі Менен өзіңнің жалғыз ұлыңды да аямадың, — деді. 13 Ыбырайым төңірегіне көз тастағанда, қалың бұтаның ішінде мүйізінен шырмалып қалған қошқарды көрді. Ол барып, қошқарды әкелді де, оны ұлының орнына құрбандыққа шалып, өртеп жіберді. 14 Осы жерге Ыбырайым «Жаратқан Ие қажетіңді береді» деген ат қойды. Сондықтан да күні бүгінге дейін жұрт: «Жаратқан Ие қажетіңді өз тауында береді», — дейді. 15 Жаратқан Иенің періштесі Ыбырайымға екінші рет көктен дауыстап былай деді: 16 «Жаратқан Ие мынаны айтады: сен осылайша істеп, жалғыз ұлыңды Менен аямағаның үшін өз атыммен ант етемін: 17 саған ақ батамды шүбәсіз үйіп-төгіп бере отырып, аспандағы жұлдыздар мен теңіз жағалауындағы құм қиыршықтары қаншалықты көп болса, Мен сенің ұрпақтарыңды да соншалықты сансыз етіп көбейтемін. Олар жауларын жеңіп, қалаларын басып алатын болады. 18 Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады. Себебі сен Менің тілімді алып жүрдің». 19 Бұдан кейін Ыбырайым қызметшілерінің қасына қайта оралып, бәрі Бер-Шебаға қарай жол тартты. Содан Ыбырайым сол маңайда қоныстанып тұрып қалды. 20 Осы оқиғалардан соң Ыбырайымға: «Ініңіз Нахордың әйелі Мылқа да бірнеше ұлдың анасы болды» деген хабар келіп жетті. 21 Атап айтқанда, ол тұңғышы Усты, оның інісі Бузды, Араманың әкесі Кемуелді 22 және Кесетті, Хазоны, Пилдашты, Идлафты, Бетуелді дүниеге келтірді. 23 Осы Бетуелдің қызы Рабиға болды. Сол сегіз ұлды Мылқа Ыбырайымның інісі Нахорға туып берді. 24 Ал Нахордың Рехума есімді кәнизагы Тебах, Ғахам, Тахаш, Маха атты төрт ұл тапты.
1 Сара жүз жиырма жеті жыл өмір сүрді. 2 Ақырында ол Қанахан елінде, қазір Хеброн деп аталатын Кирият-Арба қаласының маңында дүниеден өтті. Ыбырайым Сараны жоқтап қайғырып, оның шатырына кірді. 3 Кейін ол мәйіттің қасынан шығып, сол жерде тұрған хеттік ақсақалдарға барып, олардан: 4 — Мен араларыңызда жүрген жат жұрттық кірмемін. Үйде жатқан марқұм әйелімді жерлеуге ешқандай меншікті жерім жоқ. Маған зират үшін бір жер танабын сатсаңыздар екен, — деп өтінді. 5 Хеттік ақсақалдардың жауабы мынау болды: 6 — Қымбатты мырза, бізге құлақ асыңыз. Сіз арамызда Құдайдың батасы қонған көсем болып тұрып жатырсыз. Марқұмды біздегі ең жақсы қабірге апарып қойыңыз. Ешқайсымыз да зиратқа арналған жерлерімізді сізге беруден бас тартпаймыз. — 7 Сонда Ыбырайым орнынан тұрып, хеттіктерге басын иіп былай деді: 8 — Егер марқұм әйелімді осы маңайда жерлесін десеңіздер, мына өтінішімді Сохар ұлы Ефронға жеткізсеңіздер екен. 9 Ол маған өзіне тиісті егістіктің шетіндегі Махпела үңгірін меншікті зират ретінде сатсын. Оған сіздердің көз алдарыңызда толық бағасын беремін. 10 Хеттік Ефрон да қала қақпасындағы алаңда жиналған жерлестерінің арасында отырған еді. Ол бәрінің алдында Ыбырайымға жауап беріп: 11 — Жоқ, мырзам, менің ұсынысымды тыңдаңыз. Мен сізге егістікті беремін. Мұндағы ұлттастарымның көзінше сізге егістікте орналасқан үңгірді де қоса беремін. Сонда марқұм әйеліңізді қоярсыз, — деді. 12 Ыбырайым елдің адамдарына тағы да басын иіп, 13 барлығының алдында Ефронға былай деді: — Тыңдаңыз, мен сізге егістік үшін тиісті құнын төлеймін, оны қолымнан қабыл алыңыз. Сонда бұл жер марқұм әйелімнің зираты болмақ. — 14 Ефрон оған ойын білдіріп: 15 — Мырзам, жарайды. Танаптың құны — төрт жүз мысқал күміс, бұл мен үшін де, сіз үшін де түк емес. Марқұмды сонда жерлей беріңіз, — деді. 16 Ыбырайым келісіп, хеттіктердің көзінше Ефрон атаған құнды — төрт жүз мысқал күмісті оған саудада қолданылатын өлшем бойынша таразыға салып өлшеп берді. 17 Осылай Мамренің шығысындағы Махпелада орналасқан Ефронның егістік жері, ондағы үңгір және сонда өсіп тұрған барлық ағаштар 18 Ыбырайымның меншігіне айналды. Қала қақпасындағы алаңда жиналған хеттік ақсақалдардың барлығы бұған куә болды. 19 Ыбырайым мұнан кейін Сараның мәйітін Махпела даласындағы сол үңгірге апарып қойды. Бұл жерді Хеброн деп те атайды. 20 Сонымен хеттіктерден алынған Қанахан еліндегі егістік жер мен ондағы үңгір зират ретінде Ыбырайымның тұрақты меншігіне айналды.
1 Ыбырайым жасы ұлғайып, қартайған еді. Жаратқан Ие оны қай жағдайда да жарылқап келді. 2 Бірде ол барлық мал-мүлкін басқаратын бас қызметшісін шақырып алып, оған: — Сен қолыңды менің жамбасымның астына қойып тұрып, 3 аспан мен жерді жаратқан Құдай Иеміздің алдында ант бер: сен ұлым Ысқаққа әйелді бірге тұрып жатқан қанахандықтардың қыздарынан алып бермейсің. 4 Қайта, менің туған жеріме, туысқандарыма барып, сол жақтан алып келесің, — деп бұйырды. 5 Қызметшісі одан: — Егер қалыңдық маған еріп осы елге келгісі келмейтін болса, онда не істейін? Ұлыңызды өзіңіз көшіп келген елге қайтарып апарайын ба? — деп сұрады. 6 Ыбырайым: — Сен ұлымды ол жерге қайтып апарудан сақ бол! 7 Себебі көктегі Құдай — Жаратқан Ие мені әкемнің үйінен, туған жерімнен алып шығып, «осы елді сенің ұрпақтарыңа беремін» деп маған ант берді. Жаратқан Ие ұлыма сол жерден әйел тауып алуың үшін сенен бұрын Өзінің періштесін жібереді. 8 Егер қалыңдық саған еріп келгісі келмесе, маған берген антыңнан босайсың. Бірақ қайткен күнде де ұлымды сол жаққа қайтып апарушы болма! — деп мықтап ескертті. 9 Қызметші Ыбырайымның жамбасының астына қолын қойып, барлығын ол бұйырғандай етіп орындауға ант берді. 10 Қожайынының ірі малдарынан он түйе және әр түрлі бағалы дүниелерді таңдап алып, жолға шықты да, Евфрат пен Тигр өзендерінің арасындағы Нахор қаласына қарай беттеді. 11 Сонда жеткенде түйелерді қала сыртындағы құдық басына шөгерді. Бұл қыз-келіншектер су алуға келетін кешкі мезгіл еді. 12 Қызметші Құдайға мінажат етіп: «Уа, Жаратқан Ие, қожайыным Ыбырайымның сиынатын Құдайы! Бүгін жолымды оңғарып, қожайыныма рақымыңды түсіре гөр! 13 Міне, мен осы жерде су көзінің қасында тұрмын. Қала тұрғындарының қыздары су алуға келе жатыр. 14 Мен араларындағы бір бойжеткенге: құмыраңызды еңкейтсеңіз екен, су ішіп алайын деп айтқанда, ол маған: ішіңіз, мен түйелеріңізді де суарып берейін десе, сонда құлың Ысқаққа Өзің бұйыртқан қалыңдық сол қыз болып шықса екен деп Сенен тілеймін. Қожайыныма жасаған рақымыңды осыдан білетін боламын», — деді. 15 Қызметші мінажатын аяқтамай тұрып-ақ, қала жақтан иығында құмырасы бар Рабиғаның келе жатқанын көрді. Ол Мылқаның ұлы Бетуелдің қызы болатын, ал Мылқа Ыбырайымның інісі Нахордың әйелі еді. 16 Рабиға өте сұлу, пәк таза бойжеткен қыз екен. Ол су көзіне қарай төмен түсіп, құмырасын суға толтырып алып, жоғары шықты. 17 Қызметші жылдам басып қыздың қасына келіп: — Құмыраңыздан кішкене су ішейінші, — деді. 18 Қыз: — Ішіңіз, мырзам, — деп, иығындағы құмыраны тез түсіріп, қызметшіге су берді. 19 Ол ішіп болған кезде қыз оған: — Мен түйелеріңізді де шөлдері қанғанша суарып берейін, — деп ұсынды. 20 Осыны айтып, бірден құмырадағы суын астауға құйды. Қыз құмырасын суға толтырып алу үшін қайтадан қайнарға қарай жүгіре жөнелді. Осылай ол барлық түйелерді суарып шықты. 21 Ал қызметші қызға үн-түнсіз қарап тұрып, Жаратқан Ие сапарымды оңғарды ма, жоқ па деген ойды саралады. 22 Қызметші алтын сырға мен екі үлкен алтын білезік алып келген еді. Түйелер су ішіп болған соң, ол сол сыйлықтарды бойжеткенге берді. 23 — Кімнің қызысыз? Бізге түнеп шығуға әкеңіздің үйінен орын табыла ма, соны айтсаңыз екен? — деп қыздан сұрады. 24 Ол: — Мен Нахордың Мылқадан туған ұлы Бетуелдің қызымын, — деді. 25 — Бізде сабан да, жем де жетеді, түнейтін орын да бар, — деп қосты. 26 Сонда қызметші Жаратқан Иенің алдында иіліп: 27 «Қожайыным Ыбырайым сиынатын Құдай дәріптелсін! Иә, Өзінің мейірімділігімен, адалдығымен қожайынымды жарылқаған Жаратқан Ие мадақталсын! Ол мені тура қожайынымның туысқандарының үйіне бастап алып келді», — деп ғибадат етті. 28 Бойжеткен шешесінің үйіне жүгіріп барып, осының бәрін айтып берді. 29 Рабиғаның Лабан деген ағасы бар еді. Лабан қарындасының жаңа сырғасы мен білезіктерін көріп, Рабиғадан бөтен адамның оған не айтқанын сұрап білді. Содан ол тездетіп су көзінде түйелердің жанында тұрған сол адамға қарай бет алды. 31 Оны: — Ей, Жаратқан Ие жарылқаған пенде, менімен бірге жүріңіз. Далада тұрып қалмаңыз. Мен үйді де, түйелерге орынды да даярлатып қойдым, — деп шақырып, 32 үйіне алып барды. Лабан түйелердің жүктерін түсіртіп, алдарына сабан мен жем салдырды да, қызметшіге және оған еріп келгендерге аяқтарын жууға су әкелдірді. 33 Қонаққа арналып дастарқан жайылып тамақ ұсынылды. Бірақ Ыбырайымның қызметшісі: — Мен келген шаруамды айтпай тұрып дәм татпаймын, — деді. Лабан: — Онда жұмысыңызды айтыңыз, — деп келісті. 34 Сонда қонақ былай деп сөйлеп кетті: — Мен Ыбырайымның қызметшісімін. 35 Жаратқан Ие қожайынымды молынан жарылқап, ол дәулетті де абыройлы адамға айналды. Жаратқан Ие оған көп қылып қой-ешкі мен ірі қара малын, алтын-күміс, құл-күңдерді, түйе мен есектерді сыйлаған. 36 Қожайынымның әйелі Сара оған қартайған шағында бір ұл сыйлады. Қожайыным өзіндегі бар мал-мүлкін соған атады. 37 Қожайыным маған: «Менің ұлыма әйелді бірге тұрып жатқан қанахандықтардың қыздарынан алып бермейсің. Қайта, менің әкемнің үйіне, өз туған-туысқандарыма барып, қалыңдықты сол жақтан алып келесің» деп бұйырып, осылай істеуге ант бергізді. 39 Мен: «Егер қалыңдық маған ергісі келмесе ше?» деп сұрағанда, қожайыным маған былай деп жауап берді: 40 «Мен көз алдында өмір сүріп келген Жаратқан Ие жолыңды болдыру үшін саған Өзінің періштесін ертіп жібереді. Осылай сен ұлыма әйелді өз туған-туысқандарымнан, менің әкемнің үйінен алып келе аласың. 41 Сен туысқандарыма барып, олар қызын ұзатуға келіспесе, онда берген антыңнан босайсың». 42 Содан мен бүгін су көзіне жеткенде былай дедім: «Уа, Жаратқан Ие, қожайыным Ыбырайымның сиынатын Құдайы! Жолымды оңғара гөр. 43 Міне, мен осы жерде су көзінің қасында тұрмын. Су алуға бір бойжеткен келгенде, оған: құмыраңыздан кішкене су ішкізсеңіз екен деп айтайын. 44 Егер ол маған: ішіңіз, мен түйелеріңізді де суарып берейін десе, сонда қожайынымның ұлына Өзің таңдаған қалыңдық сол қыз болып шықса екен деп Сенен тілеймін». 45 Мен осы мінажатымды іштей аяқтамай тұрып-ақ, қала жақтан иығында құмырасы бар Рабиға келді. Ол су көзіне қарай төмен түсіп, су тартып алды. Мен одан: «Маған ішуге су беріңізші», — деп сұрадым. 46 Ол тез иығындағы құмырасын түсіріп: «Ішіңіз, мен түйелеріңізді де суарып берейін» деді. Осылай су ішіп алдым, ол түйелерімді де суарып берді. 47 «Кімнің қызысыз?» деп сұрағанымда: «Мен Нахордың Мылқадан туған ұлы Бетуелдің қызымын» деп жауап берді. Сонда мен оған сырға тағып, қос білегіне білезік салдым. 48 Мұнан кейін өзіме жол көрсетіп, ұлына қожайынымның інісінің қызын таңдағаны үшін, қожайыным сиынатын Құдай — Жаратқан Иенің алдында иіліп ғибадат еттім. 49 Енді сіздер қожайыныма мейірімділік пен адалдық көрсеткілеріңіз келсе, оны маған білдіріңіздер. Ал олай болмаса, оны да айтыңыздар. Содан мен не істеу қажет екенін білетін боламын, — деп құда түсуші сөзін тамамдады. 50 Сонда Лабан мен Бетуел: — Бұл іс Жаратқан Иенің Өзінен шықты. Біз сізге не қарсы болып, не қостап түк айта алмаймыз. 51 Міне, Рабиға көз алдыңызда, оны алып жүре беріңіз. Жаратқан Ие шешіп қойғандай, қызымыз қожайыныңыздың баласының әйелі болсын, — деп жауап берді. 52 Қызметші осыны естігенде жерге дейін иіліп Жаратқан Иеге ғибадат етті. 53 Содан кейін әкелген киімдері мен алтын-күміс әшекейлерін шығарып, Рабиғаға сыйлады. Оның ағасы мен анасына да құнды сыйлықтар ұсынды. 54 Мұнан кейін қызметші және оған еріп келгендер ішіп-жеп, түнеп шықты. Таңертең тұрған соң, қызметші: — Маған қожайыныма оралуға рұқсат етіңіздер, — деп өтінді. 55 Бірақ бойжеткеннің ағасы мен шешесі: — Қыз біраз күн бізбен бірге тұра тұрсын, айталық, он күндей. Содан кейін жолға шығарсыздар, — деп ұсынды. 56 Алайда қызметші: — Жаратқан Ие сапарымды оңғарғандықтан, енді жолымнан қалдырмай, қожайыныма жіберіңіздер, — деп қоймады. 57 Сонда олар: — Бойжеткенді шақырып, біліп алайық: ол бұған қалай қарар екен, — десті. 58 Рабиғаны шақырып алып: — Мына кісіге еріп жолға шығуға дайынсың ба? — деп сұрады. Ол: — Иә, жолға шығуға дайынмын, — деп жауап берді. 59 Сонда олар Рабиғаны және күтуші әйелін Ыбырайымның қызметшісі мен оның адамдарына ертіп жіберуге келісті. 60 Туысқандары Рабиғаға бата беріп былай деді: «Қарындасымыз, сан мыңдаған Ұрпақтардың анасы болғын, Жауларының қалаларын Үрім-бұтағың басып алсын!» 61 Мұнан кейін Рабиға мен оның қызметші қыздары жолға жиналып, түйелеріне отырып, сол кісіге еріп кетті. Осылай Ыбырайымның бас қызметшісі Рабиғаны ертіп алып, келген еліне кері беттеді. 62 Сол кезде Ысқақ Қанаханның оңтүстік аймағында тұратын. Ол «Қамқоршым — тірі Құдай» деген құдыққа дейін көшіп-қонып барып, қайтып келген еді. 63 Бір күні кешке қарай ол далаға шығып, ойға батып отырғанда, айналасына көз тастап, келе жатқан керуенді байқады. 64 Рабиға да Ысқақты көрді. Бойжеткен лезде түйеден түсіп, айналасына көз жүгіртіп, 65 қызметшіден: — Далада бізге қарсы жүріп келе жатқан мына кісі кім? — деп сұрады. Ол: — Бұл — менің қожайыным, — деп жауап берді. Сонда Рабиға пердесімен бетін жауып алды. 66 Қызметші Ысқаққа сапарында не істегенін түгел айтып берді. 67 Ысқақ Рабиғаны өзінің марқұм анасы Сараның шатырына кіргізіп, оған үйленді. Қалыңдығы Ысқаққа қатты ұнады. Содан оның анасы қайтыс болғаннан кейінгі қайғысы сейілді.
1 Ыбырайым тағы да үйленіп, Кетура есімді әйел алған болатын. 2 Одан Ыбырайымның Зимран, Жоқшан, Медан, Мадиян, Ишбақ, Шуах деген ұлдары дүниеге келді. 3 Жоқшаннан Сәба мен Дедан туды. Деданнан кезінде ашурлықтар, летуштіктер және леумдіктер тарады. 4 Мадиянның ұлдарының аттары мыналар: Ефа, Ефер, Ханох, Абида, Елдаға. Бұлардың барлығы да Кетурадан тараған ұрпақтар болатын. 5 Алайда Ыбырайым жинаған бар дүние-мүлкін Сарадан туған Ысқаққа мұра етіп қалдырды. 6 Өзінің көзі тірісінде ол кәнизактарынан туған ұлдарына енші беріп, оларды шығыс жаққа, өз ұлы Ысқақтың маңынан алшақтау жерге, жіберді. 7 Ыбырайым барлығы жүз жетпіс бес жыл жасады. 8 Ол мағыналы өмір сүріп, жасы ұлғайған шағында о дүниеге, ата-бабаларының қасына аттанды. 9 Ысқақ пен Ысмағұл әкелерінің мәйітін Мамренің қасында, хеттік Сохар ұлы Ефронның егістігінде орналасқан Махпела үңгіріне апарып, марқұм әйелі Сараның қасына қойды. Бұл жер танабы мен үңгірді Ыбырайым кезінде хеттіктерден сатып алған болатын. 11 Ыбырайым өлгеннен кейін Құдай оның ұлы Ысқақты да жарылқап жүрді. Ол «Қамқоршым — тірі Құдай» деген құдықтың маңайында өмір сүріп жатты. 12 Ыбырайымның Сараның мысырлық күңі Ажардан туған ұлы Ысмағұлдың үрім-бұтағының шежіресі мынау: 13 Ысмағұлдың ұлдарынан тараған ұрпақтар рет-ретімен былай аталады: Ысмағұлдың тұңғышы Набайот, одан кейін Қидар, Адбел, Мипсам, 14 Мишма, Дума, Масса, 15 Хадад, Тема, Етур, Нафиш, Кедмах туды. 16 Бұлар Ысмағұлдың он екі ұлынан тарап, жартылай көшпенді, жартылай отырықшы болып, мекендеген жеріне қарай бөлінген рулардың он екі көсемі болды. 17 Ысмағұл барлығы жүз отыз жеті жыл өмір сүріп, ата-бабаларының қасына аттанды. 18 Оның ұрпақтары Мысырдың шығысындағы Шурдан Ассур еліндегі Хауилаға қарай созылған аралықты мекендеп, барлық бауырлас тайпалармен жауласып өмір сүрді. 19 Ыбырайымның ұлы Ысқақтың үрім-бұтағының шежіресі мынау: Ыбырайымнан Ысқақ туды. 20 Ысқақ қырық жасында солтүстік Месопотамияда тұратын арамалық Бетуелдің қызы, Лабанның қарындасы Рабиғаға үйленді. 21 Әйелі бала көтермегендіктен, Ысқақ ол үшін Жаратқан Иеге жалына сиынды. Оның тілегін Иеміз қабыл алып, күндердің күнінде Рабиға жүкті болды. 22 Оның құрсағындағы екі нәресте бір-бірімен тебісетін. Сонда ол: «Менде не үшін бұлай?» — деп ойлап, осыны білмекші болып Жаратқан Иеге жүгінді. 23 Иеміздің жауабы мынау болды: «Сенің ішіңде екі тайпа жатыр, Құрсағыңнан екі ұлт тарамақ. Біреуі екіншісінен күштірек болып, Ағасы інісінің қызметшісі болмақ». 24 Босанатын уақыты келіп, Рабиға егіз ұл тапты. 25 Бірінші туған баланың денесін киім іспетті қалың қызыл түк басып кеткендіктен, оған Есау (яғни «Түкті») деп ат қойды. 26 Одан соң оның сыңары көрінді, ол бір қолымен Есауды өкшесінен ұстап алыпты. Оны Жақып (яғни «Өкшеден ұстаушы, Алдамшы») деп атады. Егіз ұлды болғанда, Ысқақ алпыста еді. 27 Балалар ер жетті. Есау дала кезіп жүретін білікті аңшы болса, Жақып шатыр маңайында тыныш жүретін жігіт еді. 28 Ысқақ баласы аулаған аңның етін ұнатқандықтан, Есауды жақсы көретін. Ал Жақып Рабиғаның сүйікті ұлы болды. 29 Бір күні Жақып тамақ пісіріп жатқанда, Есау шаршап, қарны ашып даладан келді. 30 Ол Жақыпқа: — Маған тезірек мына бір қызғылт түсті көжеңнен берші, мен ашпын, — деді. Сондықтан ол кейін Едом (яғни «Қызыл») деп аталды. 31 Жақып: — Онда қазір маған өзіңнің тұңғыштық жолыңды сат, — деп қолқа салды. 32 Есау: — Аштықтан өлейін деп тұрғанымда, маған тұңғыш боп туғандығымның керегі қанша? — деді. 33 Жақып: — Алдымен маған ант бер, — деп талап етті. Есау ант беріп, өзінің тұңғыштық жолын Жақыпқа сатып жіберді. 34 Сонда Жақып оған нан және қызыл жасымықтан пісірген көжені ұсынды. Есау ішіп-жеп болған соң жөніне кетті. Осылайша ол тұңғыштық жолына немқұрайды қарап, одан бас тартты.
1 Бір кезде Ыбырайымның тұсында болғандай, елді тағы да аштық жайлады. Сонда Ысқақ філістірлердің патшасы Әбумәліктің еліндегі Герар қаласына қарай жол тартты. 2 Ал Жаратқан Ие Ысқаққа аян беріп: «Мысыр жаққа көшпей, Мен айтқан жерде қоныстанып, 3 сол елде жат жұрттық болып тұра бер! Саған жар болып, батамды қондырамын. Сенің ұрпақтарыңа осы жерлердің бәрін табыстап, әкең Ыбырайымға берген антымды жүзеге асырамын. 4 Мен үрім-бұтағыңды аспандағы жұлдыздар сияқты сансыз етіп көбейтіп, оларға осы жерлердің бәрін табыстаймын. Сенің ұрпақтарың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады. 5 Өйткені Ыбырайым Менің тілімді алып, берген бұйрықтарыма, ережелеріме және өсиет сөздеріме түгел құлақ асып, жүзеге асырды», — деді. 6 Осылайша Ысқақ Герарда тұрып қалды. 7 Алайда сол жердің адамдары одан әйелі туралы сұрағанда, Ысқақ оларға: «Ол — менің қарындасым», — деп жауап берді. Себебі Ысқақ «Жергілікті адамдар Рабиғаға бола көзімді құртып жүрер, ол керемет сұлу ғой» деп ойлап, оны әйелім деп айтудан қорықты. 8 Ысқақ сол жерде едәуір уақыт тұрғаннан кейін, філістір патшасы Әбумәлік бір күні терезеден Ысқақтың әйелі Рабиғаны аймалап жатқанын көріп қалды. 9 Сонда Әбумәлік Ысқақты шақыртып алып: — Ол сенің әйелің екен ғой! Сен қалайша оны қарындасым деп жүрсің? — деп жекіді. Ысқақ оған: — Өйткені оған бола мені өлтіріп тастар деп ойладым, — деді. 10 Әбумәлік: — Сен неге бұлай істедің? Жергілікті ер адамдардың біреуі әйеліңе жақындап қоюы мүмкін еді. Сонда біз кінәлі болып қалатын едік, — деп сөкті. 11 Содан Әбумәлік халыққа мынандай жарлық шығарды: «Кімде-кім мына ерлі-зайыптыға тиіссе, сол өлімге кесіледі!» 12 Ысқақ осы жерге егін салып, сол жылы одан жүз есе өнім алды, себебі Жаратқан Ие оны жарылқаған болатын. 13 Осылай ол байи берді. Дүние-мүлкі көбейген үстіне көбейіп, Ысқақ нағыз бай адамға айналды. 14 Оның ірілі-ұсақты малдарының отар-табындары және құл-қызметшілері көп болғандықтан, філістірлер Ысқаққа қызғанышпен қарай бастады. 15 Сондықтан олар Ысқақтың әкесі Ыбырайымның тірі кезінде қызметшілеріне қаздырған барлық құдықтарын топырақпен толтырып, бітеп тастады. 16 Әбумәлік те: «Біздің жақтан көшіп кет, бізден әлдеқайда күшейіп алдың», — деп Ысқаққа теріс қарады. 17 Ысқақ сол арадан көшіп, шатырларын Герар аңғарына тігіп, қоныстанды. 18 Сол жерде Ысқақ әкесі Ыбырайымның тірі кезінде қаздырған, бірақ ол өлгеннен кейін філістірлер топырақпен бітеп тастаған құдықтарын қайтадан аршытып, оларды әкесінің қойған аттарымен атады. 19 Ысқақтың қызметшілері сол аңғарда тағы бір құдық қазып жүріп, судың қайнар көзін тапты. 20 Алайда герарлық бақташылар оның малшыларымен таласып: «Бұл — біздің суымыз», — деп дау көтерді. Сол құдық үшін дауласқандықтан Ысқақ оны «Дауласу құдығы» деп атады. 21 Кейін қызметшілері тағы бір құдық қазды. Герарлық бақташылар оған да таласты. Ысқақ оны «Қастасу құдығы» деп атады. 22 Ысқақ әрірек көшіп барып, сол жерден тағы бір құдық қаздырды. Оған бола дау-жанжал тумағандықтан, Ысқақ оны «Кең өріс құдығы» деп атап: «Жаратқан Ие бізге енді кең өріс сыйлады. Содан біз осы елде өсіп-өнетін боламыз», — деді. 23 Сол жерден Ысқақ Бер-Шебаға қоныс аударды. 24 Бұл түні оған Жаратқан Ие аян беріп: «Мен әкең Ыбырайым сиынатын Құдаймын. Қорықпа, әрдайым сені көз алдымда ұстап жарылқаймын. Қызметшім Ыбырайым үшін сенің үрім-бұтағыңды өте көп етемін», — деді. 25 Ысқақ бұл жерде құрбандық ұсынатын орын салып, Жаратқан Иеге сиынып мінажат етті. Сол маңайға шатырларын тігіп, қызметшілеріне құдық қаздырды. 26 Осы екі арада Герар қаласынан Әбумәлік патша кеңесшісі Ахузат пен қолбасшысы Пихолды ертіп алып, Ысқаққа келді. 27 Ысқақ оларға: — Маған неге келдіңіздер? Менімен өштесіп, қуып жіберген едіңіздер ғой, — деген сұрақ қойды. 28 Олар: — Біз Жаратқан Иенің сізді көз алдында ұстайтынын анық көріп тұрмыз. Сіз бен біздің арамызда антпен бекітілген келісім болу керек деп шештік. Сондықтан бір-бірімізбен келісімшарт жасасайық. 29 Біз сізге тиіспей, тек жақсылық жасап, бізден бейбіт түрде кетуіңізге жағдай жасағанымыз сияқты, сіз де бізге жамандық істемейсіз. Сіз қалай дегенмен Жаратқан Иенің батасы қонған адамсыз ғой, — деп жауап берді. 30 Ысқақ оларға қонақасы беріп, барлығы ішіп-жеді. 31 Бәрі ертеңіне ерте тұрып, бір-біріне ант берісті. Содан Ысқақ оларды жолға шығарып салып, жылы жүзбен қоштасты. 32 Сол күні Ысқақтың қызметшілері оған өздері қазған құдық туралы: «Біз су таптық», — деп хабар жеткізді. 33 Ысқақ сол құдықты Шеба (яғни «Ант») деп атады. Сондықтан кейін сол жерде салынған қала осы күнге дейін Бер-Шеба («Ант құдығы») деп аталып келеді. 34 (Ысқақтың тұңғышы) Есау қырық жасқа толғанда хеттік Бегеридің қызы Ехудитті және хеттік Елонның қызы Басематты әйелдікке алды. 35 Бұлар Ысқақ пен Рабиғаға үлкен уайым әкелді.
1 Ысқақ қартайып, көзі көрмей қалған еді. Бірде ол тұңғыш ұлы Есауды шақырып алып: — Ұлым! — деді. — Иә, тыңдап тұрмын. — деп жауап қатты ол. 2 Ысқақ: — Мен қартайдым, қай күні өлерімді білмеймін. 3 Сен садақ пен қорамсағыңды алып, маған даладан бір аң аулап әкел. 4 Соның етінен мен сүйсініп жейтіндей дәмді тағам пісіріп, алып кел. Оны жеп, өлмей тұрғанда саған батамды беретін болайын, — деді. 5 Ысқақ ұлымен сөйлескен кезде, Рабиға да құлақ түріп тыңдап тұрды. Есау аң аулап әкелу үшін далаға шығып кеткеннен кейін, 6 Рабиға Жақыпқа былай деп кеңес берді: — Тыңда, мен әкеңнің ағаң Есауға: 7 «Маған бір аң аулап әкеліп, дәмді етіп тамақ пісіріп бер. Мен оны жеп, өлмей тұрғанда саған Жаратқан Иенің алдында батамды берейін» дегенін естідім. 8 Ұлым, саған айтатын ақылыма мұқият құлақ сал: 9 қораға барып, маған екі қоңды лақты алып кел. Олардан дәмдеп, әкең сүйсініп жейтін тағам дайындаймын. 10 Соны әкеңе апар, ол жесін. Осылай ол өлер алдында батасын саған беретін болады! — 11 Бірақ Жақып шешесіне: — Ағамның денесін қалың түк басқан, ал менде жоқ. 12 Әкем мені сипаласа ше, онда оның алдында өтірікші болып, одан бата орнына қарғыс алармын, — деді. 13 Сонда шешесі: — Саған деген қарғысты өз мойныма аламын. Сен айтқанымды істеп, маған екі лақты әкеп бер, — деп жауап қатты. 14 Жақып лақтарды алып келіп, шешесіне берді. Ол солардан ұлдың әкесі сүйсініп жейтіндей дәмді тамақ әзірледі. 15 Бұдан кейін Рабиға үлкен ұлы Есаудың өз үйінде жатқан ең сәнді киімдерін алып, оларды кенжесі Жақыпқа кигізді, 16 әрі сойылған лақтардың терісімен оның түксіз мойны мен екі білегін жапты. 17 Жақыптың қолына өзі әзірлеген дәмді тамағы мен пісірген нанын ұстатты. 18 Сонда Жақып әкесіне кіріп: — Әке! — деді. Ысқақ: — Иә, ұлым, сен кімсің? — деп сұрады. 19 — Мен тұңғышыңыз Есаумын. Маған айтқаныңызды орындадым. Басыңызды көтеріп, мен аулап әкелген аңның етін жеп, маған батаңызды беріңіз. — 20 Ысқақ: — Ұлым, қалайша оны тез тауып алдың? — деп сұрағанда, Жақып: — Сіздің Құдайыңыз Жаратқан Ие оны маған кездестірді, — деп жауап қайтарды. 21 Сонда Ысқақ: — Ұлым, маған жақындашы. Сен шынымен ұлым Есаусың ба, жоқ па, соны білу үшін сені сипалап көрейін, — деді. 22 Жақып қасына келген соң әкесі оны сипалап тұрып: — Даусы Жақыптікі, ал қолдары Есаудікі, — деп шүбәсін білдірді. 23 Жақыптың қолдарынан ағасының қолдарындағыдай түкті сезгеннен кейін Ысқақ Жақыпты танымай қалды. Оған батасын бермек болды, 24 бірақ ол тағы бір рет: — Сен шынымен ұлым Есаумысың? — деп сұрады. Жақып: — Иә, солмын, — деп жауап берді. 25 Сонда әкесі: — Ұлым, аңнан әзірленген тамағыңды бер. Мен жейін де, саған батамды берейін, — деді. Жақып әкесіне тамақты ұсынды, ол жеді; кейін шарап әкеліп, ол оны да ішті. 26 Содан соң Ысқақ: — Ұлым, маған жақын келіп, мені сүй, — деді. 27 Жақып әкесінің қасына барып, оны сүйгенде, Ысқақ оның киген киімдерінен Есаудың иісін сезді. Содан ол ұлына батасын беріп былай деді: «Ұлымның иісі Жаратқан Ие Жарылқаған даланың иісіндей. 28 Айырмасын Құдай сені аспан шығынан, Әрі топырақтың құнарлылығынан, Ағыл-тегіл астық пен жүзім шырынынан! 29 Саған ұлттар қызмет жасай берсін, Һәм халықтар бас иетін болсын! Сен билейтін бол бауырларыңды, Саған бағынсын анаңның ұлдары! Сені қарғайтындарды қарғыс атсын, Ал батасын беретіндер жарылқансын!» 30 Ысқақ батасын аяқтап, Жақып әкесінен шығып бара жатқан кезде, ағасы Есау аң аулаудан қайтып келді. 31 Ол да дәмді тамақ пісіріп, әкесіне апарды да, оған былай деп тіл қатты: — Әке, басыңызды көтеріп, батаңызды беру үшін мен әзірлеген тамақтан ішіңіз. 32 Сонда әкесі одан: — Сен кімсің? — деп сұрады. Ұлы оған: — Мен тұңғыш ұлыңыз Есаумын ғой, — деп жауап берді. 33 Сонда Ысқақ қатты дірілдеп шошып кетіп: — Аң аулап, маған жаңа ғана тамақ әзірлеп, әкелген адам кім болды екен? Мен сол тамақты сен келер алдында ғана жеп, оны әкелген адамға батамды беріп қойдым. Енді батам сол күйінде қалады, — деді. 34 Есау әкесінің сөзін естігенде әбден күйініп, қатты айқайлап жіберіп: — Әке! Маған да батаңызды берсеңіз етті! — деп жалбарынды. 35 Ал әкесі: — Інің қулықпен келіп, саған тиесілі батаны иемденіп кетті, — деп бас тартты. 36 Сонда Есау: — Оның аты Жақып қой, ол мені екі рет алдап үлгерді. Алдымен ол менен тұңғыштық жолымды алдап алды, енді маған тиісті батаны да иемденіп кетті! — деді де, әкесінен: — Сіз маған деген ешқандай бата қалдырған жоқсыз ба? — деп сұрады. 37 Ысқақ: — Мен оны саған билеуші етіп, барлық бауырларының бәрін өзіне қызметші қылып бердім. Оны мол астық пен жүзім шырынымен қамтамасыз еттім. Ұлым, мен енді сен үшін не істей аламын? — деп жауап берді. 38 — Әке, сізде бар болғаны бір-ақ бата ма еді? Маған да батаңызды бере көріңіз! — деп, Есау дауыстап жылады. 39 Соңында Ысқақ оған бата беріп былай деді: «Құнарлы топырақ пен аспан шығынан Сен алшақтау мекендейтін боласың. 40 Семсеріңе сүйене өмір сүресің, Әрі бауырыңа мойынсұнып жүресің. Бірақ жұлқынып қарсы шыққан уақытың Жеткенде мойныңдағы езгісінен оның Босап, құтылып кететін боласың». 41 Есау сол кезден бастап Жақыпты әкесінен алдап алған батасы үшін жек көрді. Ол өз-өзіне: «Көп ұзамай әкем дүние салып, жоқтау айтатын уақыт келер. Содан кейін Жақыптың көзін құртамын», — деді. 42 Үлкен ұлының бұл сөздері Рабиғаның құлағына шалынды. Сонда ол кенжесін шақырып алып: «Ағаң Есау кек алып сені өлтірмекші. 43 Сондықтан айтқанымды тыңда: тез жолға жиналып, Харандағы туған ағам Лабанға қашып кет. 44 Ағаң Есаудың ашуы басылғанша сол жерде біраз қала тұр. 45 Кейінірек ол сенің өзіне істегеніңді ұмытып, ашуы қайтқаннан кейін біреуді жіберіп, сені шақыртып аламын. Мен бір күнде екі ұлымнан бірдей айырылып қалар жайым жоқ!» — деді. 46 Содан соң Рабиға Ысқаққа: «Есаудың алған хеттік әйелдерінің кесірінен өмірім уайымға толы өтіп жатыр. Егер Жақып та мына хеттік әйелдер сияқты жергілікті қыздардан әйел алатын болса, онда маған өмір сүрудің не қажеті бар?» — деді.
1 Сонда Ысқақ Жақыпты шақырып алып, оған батасын беріп, былай деп өсиет айтты: «Сен қанахандық әйелге үйленбе! 2 Одан да жолға жиналып, солтүстік Месопотамияға, шешеңнің әкесі Бетуелдің үйіне барып, әйелді сол жерден, шешеңнің ағасы Лабанның қыздарының біреуінен ал! 3 Құдіреті шексіз Құдай сені жарылқап, ұрпақты етіп, сенен бір топ ұлттарды таратсын! 4 Құдайдың Ыбырайымға берген батасы саған да, ұрпақтарыңа да қонсын. Осылай Құдай бір кезде Ыбырайымға уәде еткен, қазір сен жат жұрттық болып тұрып жатқан осы елді иемденіп алыңдар!» 5 Осылай деп, Ысқақ оны қоя берді. Жақып арамалық Бетуел ұлы Лабанға қарай жол тартты. Лабан шешесі Рабиғаның туған ағасы болатын. 6 Ал Есау болса, Ысқақтың Жақыпты әйел алу үшін солтүстік Месопотамияға жібергенін, оған батасын беріп тұрып: «Қанахандықтардың қыздарына үйленбе!» — деп өсиеттегенін 7 және Жақыптың әке-шешесінің тілін алып, сол жаққа кеткенін естіді. 8 Осы арқылы Есау әкесінің (жалған тәңірлерге табынатын) қанахандық әйелдерді қаншалықты жаратпайтынына көзін жеткізді. 9 Сондықтан ол Ыбырайым ұлы Ысмағұлға барып, әйелдерінің үстінен оның қызы, Набайоттың қарындасы Махалатты да әйелдікке алды. 10 Ал Жақып Бер-Шебадан шыққаннан кейін, Харанға қарай беттеген еді. 11 Күн батып кеткендіктен, жеткен жерінде түнеп қалды. Ол сол жерден бір тасты алып, басына жастанды да, ұйқыға кетті. 12 Ұйықтап жатып, түс көрді. Түсінде оған жерден көкке дейін жетіп тұрған баспалдақ көрінді. Құдайдың періштелері оның үстімен бір шығып, бір түсіп жүр екен. 13 Соның басында тұрған Жаратқан Ие аян беріп былай деді: «Мен Жаратқан Иемін, атаң Ыбырайым мен әкең Ысқақтың сиынатын Құдайымын. Сен ұйықтап жатқан жерді саған және ұрпақтарыңа беремін. 14 Сенің үрім-бұтағың жер бетіндегі құм түйіршіктеріндей сансыз көп болады. Батыс пен шығысқа, солтүстік пен оңтүстікке тарайсыңдар. Өзің және ұрпақтарың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға батам қонады. 15 Біліп ал, Мен саған жар болып, қайда барсаң да қорғаймын, кейін сені осы жерге қайта алып келемін. Мен сені жалғыз қалдырмаймын, саған қандай уәде берсем, соның бәрін орындаймын». 16 Жақып оянып: «Шынында Жаратқан Ие осы жерде екен! Ал мен мұны еш білмеппін, — деп, 17 қорқып тұрып: — Мына жер неткен киелі еді! Бұл — Құдайдың үйі, мұнда көкке апаратын қақпа тұр екен!» — деді. 18 Ертеңіне Жақып ерте тұрып, басына жастанған тасты ескерткіш ретінде тұрғызды. Ол соның үстіне май құйып, оны Құдайға бағыштады. 19 Осы жерге Жақып Бетел (яғни «Құдайдың үйі») деген ат қойды; бұрын ол Лұз деп аталған еді. 20 Содан Жақып ант етіп былай деп уәде берді: «Егер Құдай маған жар болып, осы сапарымда аман сақтаса, жейтін нан, киетін киіммен қамтамасыз етіп, 21 әкемнің үйіне аман-есен қайтарса, онда Жаратқан Ие менің сиынатын Құдайым болады. 22 Мен ескерткіш ретінде орнатқан осы тас Құдайға ғибадат ететін орын болмақ. Я, Құдайым, Сенің маған беретініңнің барлығының оннан бір бөлігін Өзіңе арнамақпын».
1 Жақып сапарын әрі қарай жалғастырып, шығыс еліне жетті. 2 Сол жерде ол далада тұрған бір құдықты көрді. Оның қасында үш отар қой жатты, шопандар малдарын содан суарады екен. Құдықтың аузы алып таспен бекітілген еді. 3 Барлық отарлар жиналғаннан кейін малшылар тасты аударып тастап, малдарын суарып, болған соң құдық аузын қайтадан бекітіп қоятын. 4 Жақып малшылардан: — Ағайындар, қай жерліксіңдер? — деп сұрады. — Хараннанбыз. 5 — Нахор ұлы Лабанды білесіңдер ме? — Иә, білеміз. 6 — Оның хал-жағдайы жақсы ма? — Жақсы. Міне, оның қызы Рахила қойларын айдап келе жатыр. 7 Жақып: — Күн әлі ерте, малды жинайтын уақыт болған жоқ. Қойларды суарып, өріске шығарыңдар, — дегенде, 8 малшылар: — Барлық мал жиналып, құдық аузындағы тас алынып тасталғанша, олай істей алмаймыз. Тек содан кейін ғана малды суарамыз, — деп жауап берді. 9 Олар сөйлесіп тұрғанда, Рахила әкесінің ұсақ малдарымен құдық басына келді. Себебі ол да мал бағатын. 10 Жақып нағашысы Лабанның қызы Рахиланы және оның қойларын көрісімен, құдық аузындағы тасты аударып тастап, малдарын суарып берді. 11 Сонан соң Рахиланың бетінен сүйіп, дауыстап жылап, 12 өзін: «Әкеңнің жиені, Рабиғаның ұлымын», — деп таныстырды. Қыз әкесіне жүгіріп барып, болған жайтты айтып берді. 13 Лабан қарындасының ұлы Жақып туралы ести сала, алдынан шықты. Оны құшақтап бауырына қысып, бетінен сүйіп, үйіне алып барды. Жақып Лабанға өзінің неге келгені жайлы әңгімелеп берді. 14 Сонда Лабан: «Сен қандас бауырымсың», — деп, оған құшағын жайды. Жақып нағашысының қасында бір ай болғаннан кейін, 15 Лабан оған тіл қатып: — Сен туысым болғандықтан маған тегін қызмет етуге тиіссің бе? Жоқ, қызметің үшін менен не қалайсың, соны айтшы, — деді. 16 Лабанның екі қызы бар болатын, үлкенінің аты Лия, кішісінің аты Рахила еді. 17 Лия көзінде оты жоқ, тартымсыз, ал Рахила сұлу, дене бітімі әдемі болатын. 18 Жақып Рахиланы ұнатып қалып, Лабанға: — Мен сізге кіші қызыңыз Рахила үшін жеті жыл қызмет етуге әзірмін, — деп жауап қайтарды. 19 Лабан: — Оны бөтен біреуге ұзатқанша саған бергенім артық. Менің қасымда қал, — деп келісті. 20 Осылай Жақып Рахила үшін жеті жыл қызмет етті. Ол Рахиланы өте жақсы көргендіктен бұл жылдар бірнеше күндей зымырап өте шықты. 21 Уақыты жеткенде Жақып Лабаннан: «Келісілген мерзім аяқталды. Маған қалыңдығымды беріңіз, үйленгім келеді», — деп рұқсат сұрады. 22 Сонда Лабан ауыл адамдарын түгел шақырып, үлкен той жасады. 23 Ал кеш түсе Лабан Жақыпқа үлкен қызы Лияны жетектеп апарып берді. Жақып түнде сонымен бірге болып шықты. 24 Лабан күңі Зилпаны Лияға жеке қызметшісі етіп берді. 25 Таң атқанда, міне ғажап, қалыңдық Лия болып шықты! Жақып Лабанға: — Бұл не істегеніңіз? Сізге Рахиланы алу үшін қызмет еттім емес пе? Мені неге алдадыңыз? — деп ашуланды. 26 Лабан оған: — Бізде үлкені тұрғанда кіші қызын ұзатпайды. 27 Бір жұма бойы үйлену тойын осы қалыңдығыңмен өткіз, содан кейін мен саған кішісін де беремін. Ол үшін тағы да жеті жыл қызмет етесің, — деген шешімін айтты. 28 Жақып бұған келісіп, бір апта бойы тойды Лиямен өткізді. Мұнан соң Лабан оған кіші қызы Рахиланы да қосты. 29 Рахилаға жеке қызметшісі етіп күңі Балханы берді. 30 Жақып Рахиламен де бірге болып, оны Лиядан гөрі артық ұнатты. Бұдан кейін ол Лабанның қол астында тағы да жеті жыл қызмет етті. 31 Жаратқан Ие Жақыптың Лияны ұнатпайтынын көрген соң, оған балалы болу қабілетін сыйлады. Ал Рахила бедеу болатын. 32 Сонымен Лия жүкті болып, ұл туды. Ол: «Шеккен жәбіріме Жаратқан Ие қарады. Енді күйеуім мені жақсы көретін болады», — деп, баласына Рубен («Қара, бір ұл!») деген ат қойды. 33 Кейін Лия тағы да ұл тапқанда: «Жаратқан Ие менің (күйеуіме) ұнамсыз екенімді естіп, маған мына ұлды да сыйлады», — деп, оған Шимон (яғни «Естіп тұрған») деген есім берді. 34 Тағы бір ұл туған соң Лия: «Енді күйеуім маған берік қосылатын болды, себебі мен оған үш ұл туып бердім», — деді. Сондықтан бала Леуі («Берік қосылған») деп аталды. 35 Мұнан соң да Лия құрсақ көтеріп, ұл тапқанда: «Енді Жаратқан Иені мадақтай беремін», — деп, ұлын Яһуда («Мадақтау») деп атады. Содан кейінгі жылдары ол бала көтермеді.
1 Рахила өзі Жақыпқа бала туып бермегендіктен әпкесіне қызғана қарап, күйеуіне: — Маған бала берші, әйтпесе өлемін! — деді. 2 Жақып оған: — Саған бала тууды бұйыртпаған Құдай мен емеспін ғой! — деп қатты ашуланды. 3 Ал Рахила: — Мынау күңім Балха, сонымен жақындас. Ол мен үшін бала туып берсін, соның арқасында мен де балалы болайын, — деп, 4 Балханы Жақыпқа қосты. Онымен бірге болған соң, 5 күңнің аяғы ауырлап, ұл туды. 6 Сонда Рахила: «Құдай құқығымды қорғап, төрелік етті. Ол өтінішіме құлақ асып, маған ұл сыйлады», — деді де, баланы Дан («Төреші») деп атады. 7 Бұдан кейін Рахиланың күңі Жақыпқа тағы бір ұлды туып берді. 8 Сонда Рахила: «Мен әпкеммен жүргізген зор тартысымда оны жеңіп шығудамын», — деп, оған Нафталим («Тартысым») деген есім берді. 9 Лия өзінің тумай қалғанын көрген соң, күңі Зилпаны Жақыпқа қосты. 10 Зилпа да Жақыпқа ұл туып берді. 11 Сонда Лия: «Бұл не деген бақыт!» — деді де, оны Ғад («Бақыт») деп атады. 12 Кейін Лияның күңі Зилпа Жақыпқа екінші ұлын туды. 13 Сонда Лия: «Мен қандай қуанышқа кенелдім! Барлық әйелдер мені қуанышты деп атайтын болады», — деп, балаға Ашир («Қуанышты») деген ат қойды. 14 Рубен егін орағы кезінде даладан махаббат алмасы деген жемістер тауып алып, шешесі Лияға алып келді. Сонда Рахила Лиядан: — Ұлыңның махаббат алмасынан берші, — деп сұрады. Ал Лия: 15 — Сен күйеуімді тартып алғаның аз болғандай, енді баламның махаббат алмаларын да алғың келе ме? — деп бермей қойды. Ал Рахила: — Егер маған ұлыңның әкелген жемістерін берсең, онда Жақып бүгін түнде сенімен болсын, — деді. 16 Жақып кешке даладан келгенде, Лия оның алдынан шығып: «Бүгін түнде менімен бірге болсаңыз екен. Соны ұлымның әкелген махаббат алмаларына сатып алдым», — деді. Содан ол түнді Лиямен өткізді. 17 Құдай Лияның тілегін қабылдап, ол екіқабат болып, Жақыпқа бесінші ұлды туды. 18 Сонда Лия: «Мен күңімді күйеуіме бергенім үшін Құдай маған есесін қайтарып, осы баламды сыйлады», — деп, ұлын Исашар (яғни «Есе») деп атады. 19 Кейінірек Лия тағы да бала көтеріп, Жақыпқа алтыншы ұлын туып берді. 20 Сонда ол: «Құдай маған құнды сыйлық тартты. Енді күйеуім мені сыйлап, бірге қалатын болады, өйткені оған алты ұл тауып бердім», — деп, оның есімін Забулон («Сый») деп қойды. 21 Мұнан соң Лия бір қыз туып, оны Дина («Төрелік») деп атады. 22 Ақырында Құдай Рахиланы мейірімділікпен есіне түсіріп, тілегіне құлақ асып, оған да ана болу бақытын сыйлады. 23 Рахила ұл туып: «Құдай мені масқаралықтан құтқарды», — деді. 24 Баласына Жүсіп («Қосып берсін») деген ат қойып: «Жаратқан Ие маған тағы бір ұлды қосып берсін!» — деді. 25 Рахила Жүсіпті туғаннан кейін Жақып Лабанға тіл қатып: — Маған өз жеріме, туған еліме қайта оралуыма рұқсат етіңіз. 26 Мен жолға шығайын, әйелдерім мен балаларымды беріңіз, солар үшін қызмет еттім ғой. Сізге қаншалықты қызмет жасағанымды өзіңіз білесіз, — деді. 27 Лабан: — Сенің маған істеген жақсылығың сол болсын, осында қал. Жаратқан Иенің мені саған бола жарылқап жүргенін байқап жүрмін. 28 Алуға тиісті ақыңды өзің белгілеші, мен оны төлемекпін, — деп жауап қатты. 29 Жақып оған: — Сізге қаншалықты қызмет еткенімді, менің арқамда малыңыздың қаншама өскенін өзіңіз білесіз. 30 Мен келгенде сізде болған азғана дүние әлдеқайда көбейді. Жаратқан Ие сізді менің қолым тиген әрбір жұмыста жарылқап отырды. Ал енді, қашан мен өз үйім үшін бірдеме істей аламын, соны айтыңызшы? — деп наразылық танытты. 31 Лабан: — Мен саған не беруім керек? — деп сұрады. Жақып: — Маған түк бермей-ақ қойыңыз. Мына ұсынысымды қабылдасаңыз, ұсақ малдарыңызды әрі қарай баға берейін. 32 Бүгін барлық отарларыңызды аралап шығайық. Сонда әрбір теңбіл, ала қойды, қара қозыны және теңбіл, ала ешкіні маған айырып беріңіз, олар еңбек ақым болсын. 33 Келешекте сізге адалдығымды былайша дәлелдемекпін: сіз ақымды көру үшін келген кезде менің отарымдағы әрбір теңбіл, ала емес ешкі, қара емес қой ұрланған болып табылсын, — деген ұсыныс жасады. 34 Лабан: — Жарайды, айтқаныңдай болсын, — деп келісті. 35 Алайда сол күні Лабан (айлакерлік жасап) ұрғашысы бар, еркегі бар барлық ала, тарғыл ешкілер мен қара қозыларды өзіне айырып алып, ұлдарының қарамағына жіберді де, 36 Жақыптың қасынан үш күндік жерге қоныс аударды. Ал өзінің қалған ұсақ малдарын Жақыпқа бақтырып қойды. 37 Сонда Жақып теректің, бадам ағашының, шынардың жас шыбықтарын алып, ақ жолақтары айқын көрінетіндей етіп қабықтарын аршыды. 38 Шыбықтарды мал су ішкенде көз алдарында жату үшін науалардың ішіне салып қойды. Қойлар ала шыбықтар жатқан науаның қасына келіп, 39 бір-бірімен шағылысқанда, олардан тарғыл, қара ала қозылар туды. 40 Жақып тарғыл, қара ала қошақандарды айырып алып, өзі бағып жүрген отардың алдыңғы жағына қарай айдап отырды. Осылай ол өзіне жеке отар дайындап алып, қойларын Лабанның малына жуытпай бақты. 41 Күйлі малдар шағылысар кезде Жақып қойлар ала шыбықтарға қарап шағылыссын деп соларды науалардың ішіне салып қойып жүрді. 42 Бірақ нашар малдар шағылысқанда шыбықтарды науаға салмайтын. Осылайша Лабанның үлесіне нашар қойлар тисе, Жақып күйлі малға ие болды. 43 Осы айламен Жақып әбден байып, отар-отар ұсақ малдар, түйелер және есектерге әрі құл-қызметшілерге ие болды.
1 Сол шамада Лабанның ұлдарының: «Жақып әкеміздің бар жиған-тергенін иемденіп алды. Ол өз байлығын әкеміздің мал-мүлкі арқылы жасады», — деп наразыланып жүргені Жақыптың құлағына шалынды. 2 Ол, сондай-ақ, Лабанның өзіне бұрынғыдай қарамайтынын да байқады. 3 Осы кезде Жаратқан Ие Жақыпқа тіл қатып: «Ата-бабаңның еліне, өз жақындарыңа қайт! Мен саған жар боламын», — деп бұйырды. 4 Жақып Рахила мен Лияны мал жайып жүрген далаға шақыртып алып, 5 оларға былай деді: — Мен әкелеріңнің маған бұрынғыдай қарамайтынын байқап жүрмін. Бірақ әкемнің сиынатын Құдайы маған жар болып келеді. 6 Менің бар күшіммен әкелеріңе қызмет еткенімді жақсы білесіңдер. 7 Бірақ сол кісіден көңілім қалды, ол алатын ақымды он рет өзгертті. Алайда Құдай оның маған зиян келтіруіне жол бермеді. 8 Әкелерің: «Теңбіл мал сенікі болсын», — деп еді. Сол-ақ екен, отардағы бүкіл малдар теңбіл қозыларды туды. Ол: «Шұбар малдар сенікі болсын», — деп еді, отардағы бүкіл малдар шұбар қозыларды туды. 9 Осылайша Құдай әкелеріңнің малын одан алып, маған берді. 10 Малдардың шағылысар уақыты келгенде түс көрдім. Түсімде ешкілермен шағылысып жүрген текелер теңбіл, ала немесе шұбар екен. 11 Құдайдың періштесі аян етіп: «Жақып!» — деді. Мен: «Тыңдап тұрмын», — деп жауап бердім. 12 Ол маған Құдайдың хабарын жеткізіп: «Басыңды көтеріп, қара! Ешкілермен шағылысып жүрген текелердің барлығы шұбар, теңбіл, ала. Өйткені Лабанның саған не істегенінің бәрін көріп жүрмін. 13 Мен саған Бетелде көрінген Құдаймын. Сол жерде сен үстіне май құйып Маған бағыштап ескерткіш тас тұрғызып, Өзіме мойынсұнуға уәде берген едің. Енді тұрып, сапарға дайындал. Бұл жерді тастап, туған еліңе қайт!» — деді. 14 Сонда Рахила мен Лия Жақыпқа: — Әкеміздің үйінде біздің ешқандай үлесіміз қалған жоқ қой. 15 Ол бізге бөтен адамдарға қарағандай қарайды емес пе? Бізді сатып жіберіп, сол ақшаны түгелдей өзіне жаратты. 16 Шындығында әкеміздің Құдай алып қойған байлығы біздікі, балаларымыздың үлесі. Енді Құдай не айтса, соны істей көріңіз, — деп жауап берді. 17 Содан Жақып жолға жиналып, балалары мен әйелдерін түйелерге отырғызды да, 18 өзі солтүстік Месопотамияда тұрғанда тапқан барлық мал-мүлкін алып, әкесі Ысқақ тұрған Қанахан жеріне қарай жолға шықты. 19 Ал Лабан қойларын қырқып жүрген кезде Рахила әкесінің үйіндегі мүсінделген шағын тәңір бейнелерін ұрлап алған еді. 20 Мұның үстіне Жақып өзінің көшіп кететінін айтпай, қайын атасы арамалық Лабанды алдап кетті. 21 Өзіне тиістінің бәрін ала сала қашқан ол Евфрат өзенінен өтіп, Ғилақад тауларына қарай бет алды. 22 Үш күн өткен соң Лабан Жақыптың қашып кеткені туралы естіді. 23 Ол туыстарын ертіп алып, жеті күн бойы суыт жүріп, Жақыпты Ғилақад тауларында қуып жетті. 24 Бірақ түнде Құдай Лабанға түсінде аян беріп: «Сен Жақыпқа не жақсы, не жаман сөз айтудан сақ бол!» — деп бұйырған болатын. 25 Лабан Жақыпты қуып жеткен кезде ол Ғилақад тауларында шатырларын тігіп қойған еді. Лабан да туыстарымен сол жерге шатырларын тікті. 26 Лабан Жақыпқа былай деп тіл қатты: — Бұл не қылғаның? Мені алдап, қыздарымды соғыста қолға түскен тұтқын сияқты алып кетіпсің! 27 Неге мені алдап, түк айтпастан жасырын түрде қашып кеттің? Мен сені қуана-қуана ән-күймен думандатып шығарып салатын едім ғой. 28 Бірақ сен маған өз немерелерім мен қыздарымның беттерінен сүйгізбей алып кетіп, нағыз ақымақтық жасадың! 29 Енді менің сендерге жамандық істеуге де күшім жетуші еді. Бірақ соңғы түні әкеңнің Құдайы маған: «Сен Жақыпқа не жақсы, не жаман сөз айтудан сақ бол!» — деп аян берді. 30 Жарайды, сен әкеңнің үйін сағынған соң кетіп бара жатырсың. Алайда неліктен менің тәңірлерімді ұрлап алып кеттің? — 31 Жақып оған: — Мен қыздарыңызды тартып әкетерсіз деп қорыққан едім. 32 Ал тәңір мүсіндеріңізді кімнен тапсаңыз, сол адам тірі қалмасын. Туыстардың алдында тінту жүргізіңіз, бізден сізге тиесілі бір нәрсе тауып ала қояр ма екенсіз. Егер бір нәрсе тапсаңыз, алыңыз, — деді. Рахиланың мүсінделген тәңірлерді ұрлап алғанын Жақып білмейтін. 33 Сонда Лабан Жақыптың, Лияның және екі күңнің шатырларына кіріп, түк таппай, соңында Рахиланың шатырына кірді. 34 Рахила болса, сол шағын тәңір мүсіндерін алып, түйесінің қомының астына тығып, өзі қомның үстіне отырып алған еді. Сондықтан Лабан бүкіл шатырдың ішін ақтарса да, түк таппады. 35 Рахила әкесіне сылтауратып: «Мырзам, ашулана көрмеңіз, мен алдыңызда тұра алмай отырмын. Қазір менің әйелдерге тән ауыратын кезеңім», — деді. Содан Лабан қанша іздегенімен, мүсіндерін таба алмады. 36 Сонда Жақып ашуланып, Лабанмен айтысып былай деді: — Осылай қуып келетіндей, мен не бүлдіріппін, қандай күнәм бар? 37 Сіз менің бүкіл үй ішімді тінтіп шықтыңыз, сонда өзімдікі деген бір зат таптыңыз ба? Сондай зат тапсаңыз, оны өзіңіздің де, менің де туыстарымыздың алдында көрсетіңізші! Екеуімізге төрелігін солар айтсын. 38 Мен қасыңызда жиырма жыл бойы болдым. Сіздің қой-ешкілеріңіз ешқашан іш тастаған емес. Мен ешқашан бір тоқтыңызды да сойып жеп көрген емеспін. 39 Сізге ешқашан жыртқыш аңдар талап тастаған қойларды әкелген емеспін. Қайта, олардың орнын өзім толтыруға тиісті болдым. Малдар мейлі күндіз, мейлі түнде ұрлансын, сіз оларды маған төлеттірдіңіз. 40 Күндіз ыстықта, түнде суықта жүріп, ұйқы көрмедім. 41 Осылайша үйіңізде жиырма жыл жүрдім, он төрт жыл бойы қыздарыңыз үшін, алты жыл малдарыңыз үшін қызмет істедім. Ал өзіңіз менің жалақымды он рет өзгерттіңіз. 42 Егер атамның Құдайы, яғни Ыбырайым сиынатын Құдай — «Ысқақтың үрейлі Қорғаушысы» маған жар болмағанда, сіз мені құр қол қоя берер едіңіз. Бірақ Құдай мүшкіл халіме, ауыр еңбегіме назар аударып, өткен түнде менің пайдама үкім кесті. — 43 Ал Лабанның жауабы мынау болды: — Әйелдер менің қыздарым, балалар да менікі, малдар да менің малым. Сен көріп тұрғанның бәрі менікі! Алайда мына қыздарым мен олардың туған балалары үшін енді не істей аламын? 44 Кел, сен екеуіміз арамызда айғақ ретінде жүретін келісім жасайық. 45 Сонда Жақып бір үлкен тасты алып, ескерткіш ретінде орнатып, 46 туыстарына: «Біраз тас жинаңдар!» — деді. Олар тастарды жинап, төбе етіп үйіп, соның басында отырып, тамақ ішті. 47 Лабан бұл төбені Егар-Сахадута деп атады, ал Жақып оған Ғилақад деген ат берді. 48 Лабан: «Бұл тас төбе бүгін екеуіміздің арамыздағы айғақ», — деді. Сондықтан ол Ғилақад («Айғақ төбесі») деп аталды. 49 Ол төбенің Миспа («Қарауыл мұнарасы») деген аты да бар. Өйткені Лабан: «Біз бір-бірімізден көз жазып қалғанымызда, Жаратқан Ие үстімізден қарауыл болып тұрсын. 50 Егер сен қыздарыма нашар қарап, олардың үстінен тағы әйел алсаң, екеуіміздің арамызда ешқандай төреші тұрмаса да, айғақ ретінде Құдайдың тұратыны есіңде болсын, — деген еді. 51 Лабан Жақыпқа тағы былай деді: — Міне, төбе, міне, екеуіміздің арамызда мен орнатқан тас ескерткіш. 52 Арам оймен осы төбе мен ескерткіштен әрі өтіп не мен саған қарай бармаймын, не сен маған қарай келме! Соның куәсі ретінде мына тас төбе де, тас ескерткіш те тұратын болсын. 53 Ыбырайым мен Нахор және олардың әкелері мойынсұнған Құдай екеуіміздің арамызда төрелік етсін». Сонда Жақып әкесі Ысқақ «Үрейлі Қорғаушым» деп сиынған Құдайдың атымен ант берді. 54 Содан кейін тау басында құрбандыққа қой сойып, туыстарын асқа шақырды. Олар тамақ ішіп, сол тауда түнеп шықты. 55 Таңертең ерте Лабан орнынан тұрып, немерелері мен қыздарының беттерінен сүйіп, оларға батасын берді. Осылай ол өз мекеніне қайтып кетті.
1 Жақып жолға шыққанда оған Құдайдың періштелері кездесті. 2 Жақып оларды көріп: «Мынау Құдай тұратын мекен екен!» — деп, сол жерді Маханайым («Қос мекен») деп атады. 3 Жақып Едом еліндегі Сейір жерінде тұратын ағасы Есауға өзінен бұрын хабаршыларын жіберіп, оларға былай деп тапсырды: 4 — Қожайыным Есауға былай деңдер: сіздің құлыңыз Жақып сізге сәлем жолдайды. Осы уақытқа дейін мен жат жерлік болып нағашы ағамыз Лабанның қасында тұрып келдім. 5 Сол жерде ірілі-ұсақты малдар, есектер және құл-қызметшілер иемденіп алдым. Енді міне, мен қожайыныма маған мейірім көрсетсеңіз екен деген үмітпен осы хабарымды жіберіп отырмын — 6 Шабармандары қайта оралып: — Ағаңыз Есауға бардық. Ол сізге қарсы келе жатыр, қасына ерткен төрт жүз жігіті бар! — деген хабар әкелді. 7 Жақып қатты қорқып, үрейі ұшып кетті. Сондықтан ол өзімен бірге жүрген адамдарын, ірілі-ұсақты малдары мен түйелерін екі көшке бөліп: 8 «Егер Есау көштердің біреуіне жолығып, басып алып жатса, екіншісі қашып құтыла алар», — деп амалдады. 9 Содан кейін Жақып мінажат етіп былай деді: «Уа, атам Ыбырайым мен әкем Ысқақтың сиынатын Құдайы, о, Жаратқан Ие! Сен маған: туған еліңе, туыстарыңа қайта орал! Мен саған жақсылық істеймін деген едің ғой. 10 Өзіңнің мендей пендеңе көрсеткен тұрақты рақымың мен адалдығыңның бәріне де еш лайықты емеспін. Мен Иордан өзенінен бір таяққа ғана сүйеніп өткен болсам, енді өзімдегі барды екі көшке бөле алатын болып отырмын. 11 Мені ағам Есаудың қолынан сақтай көрші. Ол келіп, өзімді, әйелдерім мен балаларымды өлтіріп кете ме деп қорқамын. 12 Ал Сен маған: саған көп жақсылық істеп, ұрпағыңды сансыз көбейтемін, олар санаса сан жетпейтін теңіз жағалауындағы құм түйіршіктеріндей көп болады деп сөз бергенсің». 13 Бұл түні Жақып сол жерде қалып, өзінің тапқан мал-мүлкінен ағасы Есауға сыйға тарту үшін 14 екі жүз ешкі мен жиырма текені, екі жүз саулық пен жиырма қошқарды, 15 отыз боталы інгенді, қырық сиыр мен он бұқаны, жиырма ұрғашы және он еркек есекті бөлек таңдап алды. 16 Жақып әр қызметшісінің қолына жеке-жеке табын тапсырып: «Менің алдыма түсіп жүре беріңдер! Ал табындардың араларында едәуір қашықтық болсын!» — деп бұйырды. 17 Бірінші болып бастап жүретін қызметшіге ол: — Егер сені ағам Есау көріп: «Сен кімдікісің, қайда барасың, айдап келе жатқан малың кімдікі?» деп сұраса, 18 сен: «Бұлар құлыңыз Жақыптікі. Бұл — оның қожайыны Есауға арнаған сыйлығы. Өзі артта келе жатыр» деген жауап бер! — деп тапсырды. 19 Жақып осы талапты екінші, үшінші болып кетіп бара жатқан адамдарға, әр табынның соңында келе жатқан адамдардың бәріне де қойып, былай деді: — Есауға кезіккенде, сендер дәл осылай айтыңдар! 20 Сендер тағы да оған: «Құлыңыз Жақып артта келе жатыр» деңдер! Себебі Жақып: «Осы сыйлықтар арқылы оның ашуын басайын. Содан соң ғана өзім көзіне көрінейін. Мүмкін, ол мені жылы жүзбен қарсы алатын шығар», — деп ойлады. 21 Осылайша сыйлыққа арналған отар-табындар Жақыптан бұрын кетті, ал өзі көш тұрақтаған жерде түнеп қалды. 22 Сол түні Жақып орнынан тұрып, екі әйелін, екі күңін және он бір ұлын ертіп алып, Ябок өзеніндегі өткелге апарды. 23 Оларды судан өткізіп алған соң, барлық мал-мүлкін де арғы жаққа өткізіп, 24 өзі бергі жақта жалғыз қалды. Сонда Жақыпқа бір кісі тап беріп, таң атқанша онымен күресті. 25 Ол Жақыпты жеңе алмайтынына көзі жеткенде оның жамбасына қолын тигізді. Осылайша сол кісімен күрескенде, Жақыптың жамбас ұршығы ойығынан шығып кетті. 26 Әлгі кісі: — Мені қоя бер, таң атып қалды, — деді. Ал Жақып: — Маған батаңды бермейінше сені жібермеймін, — деп жауап берді. 27 Сонда ана кісі Жақыптан: — Есімің кім? — деп сұрады. Ол: — Жақып (яғни «Алдамшы»), — деді. 28 Әлгі: — Сен енді қайтып Жақып деп аталмайсың. Бұдан былай Исраил деп аталатын боласың! Себебі Құдаймен күресіп, (Оның жарылқауын) ұтып алдың, — деді. 29 Жақып: — Өз есіміңді айта гөр, — деп өтінді. Ол: — Неге есімімді сұрайсың? — деп жауап қайтарып, содан кейін Жақыпқа батасын берді. 30 Жақып осы жерді «Пенуел» («Құдайдың бет-жүзі») деп атап, «Мен Құдаймен бетпе-бет кездестім, сонда да жаным аман қалды», — деді. 31 Жақып Пенуелдің қасынан өтіп бара жатқанда, оның үстіңгі жағынан таң атып, күн шықты. Ал ол жамбасынан ақсап жүрді. 32 Исраилдің үрім-бұтағы осыны ескеріп күні бүгінге дейін жамбастағы сіңір етті жемейді. Себебі әлгі кісі Жақыпты жамбас сүйегіндегі сіңірінен ұрған болатын.
1 Бұдан соң Жақып басын көтеріп, төңірегіне көз тастағанда, ағасы Есаудың келе жатқанын көрді. Оның қасында ілестірген төрт жүз жігіті болды. Сонда Жақып балаларын Лияға, Рахилаға және екі күңіне бөліп беріп, 2 күңдерді балаларымен алдына, олардың артына Лияны балаларымен, ең соңына Рахиланы Жүсіппен тұрғызды. 3 Жақыптың өзі бұлардың ең басында жүріп, ағасының алдына жеткенше жеті рет жерге иіліп тағзым етті. 4 Бірақ Есау жүгіріп келіп, құшақтай алып, оны бетінен сүйді. Екеуі де егіле жылады. 5 Есау басын көтеріп, әйелдер мен балаларды көргенде: — Мына қасыңа ерткендерің кім? — деп сұрады. Жақып: — Бұлар — Құдай сіздің құлыңызға сыйлаған балалар, — деді. 6 Күңдер балаларымен ілгері шығып, Есауға бастарын иді. 7 Содан кейін Лия да балаларымен келіп, оған тағзым етті. Ең соңында Жүсіп пен Рахила алға шығып, бастарын иіп сәлем етті. Есау: 8 — Мен жолшыбай кездестірген табын-табын малдарыңмен не істейтін ойың бар? — деп сұрады. Жақып: — Солар — қожайыныма тартқан сыйлығым. Маған мейірім көрсетсеңіз екен, — деп жауап берді. 9 Бірақ Есау: — Менің өзімдікі де жетіп жатыр. Бауырым, өз мал-мүлкіңе өзің ие бол, — деді. 10 Ал Жақып: — Жо-жоқ! Маған мейіріміңіз түскені рас болса, онда мына сый-тартуымды қабылдаңыз. Мен жүзіңізді көріп, Құдайдың бет-жүзін көргендей болып тұрмын. Себебі сіз мені игі ниетпен қарсы алдыңыз. 11 Өзіңізге арнаған осы тартуларымды қабыл алыңызшы. Маған Құдайдың рақымы түсті, менде не керектің бәрі де бар, — деп қиыла өтініп қоймады. Ақыры Есау көніп, Жақыптың сыйлықтарын қабылдады. Оған: 12 — Жолға шығайық, мен сендермен бірге жүремін, — деді. 13 Бірақ Жақып былай деп жауап берді: — Қожайыным өзі біледі, менің жас балаларым бар, қозылы қойларым мен бұзаулы сиырларыма да абай болуым керек. Оларды бір күн ғана жылдам айдайтын болса, отар-табындарым құрып кететін болады. 14 Қожайыным, құлыңыздың алдынан жүре беріңіз. Мен Сейір жеріне, қожайынымның қасына жеткенше, айдап келе жатқан малдарымның, жүре алатын балаларымның ыңғайына қарай ақырындап жүретін болайын. — 15 Есау: — Ендеше мен ертіп келген жігіттердің бірнешеуін қасыңа қалдырып кетейін, — деп ұсынды. Ал Жақып: — Рақмет, оның қажеті жоқ. Қожайынымның маған бұдан былай да жылы жүзбен қарағанының өзі бір ғанибет, — деп тілегін білдірді. 16 Содан Есау сол күні-ақ Сейір жеріне кері аттанды. 17 Жақып болса, көшіп-қонып Соқотқа барып, сонда өзіне үй, малдарына қора салды. Сол себептен осы жерге Соқот («Қоралар») деген ат қойылды. 18 Кейін Жақып солтүстік Месопотамиядан қайтып келген сапарын аяқтап, аман-есен Қанахан елінде орналасқан Сихем қаласына жетті. Оның қақпасының алдына шатырын тігіп жайғасты. 19 Жақып шатырын тіккен жер танабын Хамордың ұлдарынан жүз мысқал күміске сатып алды. Ал Хамордың бір ұлының аты Сихем болатын. 20 Жақып сол жерде Құдайға құрбандық беретін орын жасап, оны «Исраил сиынатын Тәңір — Құдай» деп атады.
1 Жақыптың Лиядан туған қызы Дина бірде сол жердің қыздарымен кездесу үшін үйінен шықты. 2 Оны сол өлкенің әміршісі хевтік Хамордың ұлы Сихем көріп қалып, алып кетіп, зорлап тастады. 3 Сихемнің көңілі Динаға қатты ауып, оған ғашық болып қалды. Содан жас жігіт бойжеткенмен жылы сөйлесіп, көңілін аулауға ұмтылды. 4 Сихем әкесі Хамордан: «Маған осы қызды әйелдікке алып беріңіз», — деп өтінді. 5 Жақып қызының масқараланғаны туралы естіді. Алайда ұлдары әкесінің малдарын далада бағып жүргендіктен, ол солар қайта оралғанша үндемеді. 6 Сихемнің әкесі Хамор Жақыппен сөйлесу үшін қаладан шығып, оған келді. 7 Сол екі арада даладан Жақыптың ұлдары да оралды. Не болғанын естігенде жігіттер қатты ренжіп, бойларын ашу кернеді. Себебі Сихем қызды зорлауымен Исраилдің бүкіл әулетін масқаралап, болмауға тиіс қылмыс жасаған еді. 8 Ал Хамор оларға былай деп өтініш жасады: — Ұлымның көңілі қыздарыңызға қатты ауып тұр, оны оған ұзатсаңыздар екен. 9 Қыз алысып, қыз беріскен құдандалы болайық. 10 Біздің жақта тұра беріңіздер, ел есігі сіздерге ашық. Осы жерде қоныстанып, емін-еркін жүріп, егіс танаптарын да иемденіңіздер. 11 Сихем де қыздың әкесі мен ағаларынан: — Маған мейірімділік таныта көріңіздер. Не қаласаңыздар, соны беремін. 12 Қалыңмалдың және қызға арналған сыйлықтардың мөлшерін мейлінше көп атай беріңіздер, мен беруге даярмын. Тек осы қызыңызды маған қоссаңыздар екен, — деп сұрады. 13 Бірақ қарындастары Динаның абыройы төгілгендіктен, Жақыптың ұлдары Сихем мен Хаморды алдап былай деді: 14 — Олай істей алмаймыз. Қарындасымызды сүндеттелмеген жігітке қосуға болмайды. Бұл біз үшін масқара болар еді. 15 Барлық еркек кіндіктілеріңіз біздер сияқты сүндеттелгенде ғана тілектеріңізді орындай аламыз. 16 Сонда сіздермен қыз алысып, қыз беріскен құдандалы халық болып, бірге тұратын боламыз. 17 Ал егер сүндетке отырудан бас тартсаңыздар, қарындасымызды алып, өз жөнімізге кетеміз. 18 Олардың ұсынысы Хамор мен Сихемге ұнады. 19 Жақыптың қызын қатты ұнатып қалған жас жігіт айтылған шартты орындауға бірден келісті. Ол әкесінің үйіндегілердің ең беделдісі еді. 20 Содан Хамор мен Сихем қаланың ер адамдарымен сөйлесуге қақпа алдындағы алаңға барды. Оларға тіл қатып былай деді: 21 «Мына адамдар бізге бейбіт ниетпен келді. Оларға да жер жетеді, біздің елде тұрып, осында қалауынша жүре берсін. Құдаласып қыз алысып, қыз берісейік. 22 Тек біздегі бүкіл еркек атаулы олар сияқты сүндеттелетін болса ғана, олардың ер адамдары бізбен бірге тұрып, біртұтас халық болуға көнеді. 23 Осылай өз отар-табындары мен жиған-тергендерінің бәрі де біздікі болмай ма? Ал енді айтқандарымен келісейік, сонда олар осында бізбен бірге тұрып қалмақ». 24 Хамор мен Сихемнің ұсынысы алаңда жиналған барлық беделді ер адам атаулының қолдауын тапты. Сондықтан қала қақпасынан кіріп-шығып жүрген бүкіл еркек кіндіктілер сүндеттелді. 25 Бұдан үш күннен кейін ер адамдардың барлығы әлі де ауырып жатқан кезде Жақыптың екі ұлы Шимон мен Леуі семсерлерімен табан астынан қалаға шабуыл жасап, күллі адамдардың көзін құртты. 26 Олар Хамор мен Сихемді де семсерлерімен шауып өлтіріп, қарындастары Динаны Сихемнің үйінен алып кетті. 27 Содан Жақыптың өзге ұлдары да келіп, қарындастарын масқаралап кеткені үшін өлтірілгендердің қаласын тінте бастады. 28 Олар қой-сиырлары мен есектерін, іште, сыртта жатқан 29 бүкіл байлығын талан-таражға салып, барлық балалары мен әйелдерін тұтқынға алып, үйлеріндегі дүние-мүліктерін тонап кетті. 30 Ал Жақып Шимон мен Леуіге қатты наразыланып: — Сендер мені осы жерде тұрған қанахандықтар мен перездіктерге жек көрінішті қылып, бақытсыздыққа итермеледіңдер. Мендегі адамдар азғана. Әлгілер жиналып қарсы шығып, мені жеңіп, үй ішіммен жоқ қылар, — деп сөкті. 31 Сонда ағайынды екеуі: — Ал сол жігіттің біздің қарындасымызға жезөкшеге қарағандай қарауға құқығы болды ма?! — деп жауап қайтарды.
1 Мұнан кейін Құдай Жақыпқа: «Жинал да, Бетелге өрлеп барып, сол жерді мекенде. Сонда Есаудан қашып кетіп бара жатқан жолыңда саған аян берген Өзіме арнап құрбандық ұсынатын орын сал», — деп бұйырды. 2 Содан Жақып үй ішіне және еріп жүрген адамдарының бәріне былай деп тапсырма берді: «Қолдарыңда бар бөтен тәңірлердің мүсіндерін лақтырып тастап, жуынып-тазарып, киімдеріңді ауыстырыңдар! 3 Содан кейін жиналып, Бетелге өрлейік. Сол жерде мен Құдайға арнап құрбандық ұсынатын орын салмақпын. Күйзелген кезімде Ол маған құлақ асып, жүрген жолдарымда жар болып келеді». — 4 Сонда Жақыптың қасындағы адамдары оған қолдарындағы мүсінделген бүкіл бөтен тәңірлерді және тұмар-сырғаларын табыстады. Ол соларды Сихем қаласының қасындағы бір емен ағашының түбіне көміп тастады. 5 Сонан соң олар жолға шықты. Құдай төңіректегі қалаларға үрей төндіргендіктен Жақыптың ұлдарының артынан ешкім қуғындаған жоқ. 6 Осылайша Жақып және оған еріп жүрген барлық адамдар Қанахан еліндегі Лұз (яғни Бетел) қаласының маңайына жетті. 7 Сонда Жақып Құдайға арнап құрбандық ұсынатын орын салып, оны «Ел-Бетел» («Бетелде (аян берген) Құдай») деп атады. Себебі ағасынан қашып бара жатқан кезінде Құдай оған сол жерде аян берген еді. 8 Осы шамада Рабиғаның күтуші шешесі Дебора қайтыс болды. Ол Бетелден төменірек жердегі емен ағашының түбіне жерленді. Сондықтан сол ағаш «Жоқтау емені» деп аталып кетті. 9 Жақып Месопотамиядан қайтып келгеннен кейін Құдай оған тағы да аян беріп: 10 «Сенің есімің — Жақып. Бірақ бұдан былай сен Жақып емес, Исраил деп аталасың, — деп батасын берді. Сонымен Құдай оның Исраил деген жаңа атын бекітті. 11 Ол сөзін жалғастырып: — Мен құдіреті шексіз Құдаймын. Өсіп-өніп, ұрпақтарың көбейсін! Сенен халық, тіпті көптеген халықтар тарап, патшалар да шығатын болады. 12 Ыбырайым мен Ысқаққа беруге уәде еткен елді Мен саған да, кейінгі ұрпақтарыңа да беремін», — деді. 13 Бұдан соң Ол Жақыпқа сөзін арнаған жерден жоғары көтеріліп, ғайып болды. 14 Жақып өзіне Құдай тіл қатқан сол жерде ескерткіш тас орнатып, оның үстіне Құдайға арнап сый-тарту ретінде сусын құйды. Содан кейін біраз май да құйып, ескерткішті Құдайға бағыштады. 15 Құдай өзіне тіл қатқан сол жерді ол Бетел («Құдай үйі») деп атайтын. 16 Жақыптың көші Бетелден шығып, Ефратаға біраз шақырым қалғанда, Рахила толғата бастады. Ол қатты қиналып босанды. 17 Рахила босанып қиналып жатқанда босандырушы әйел оған: «Қорықпа, сен бұл жолы да ұл туасың», — деп жұбатты. 18 Рахила хал үстінде жатып, соңғы демін шығарарда, баланы Бенони («Бәлемнің ұлы») деп атады. Бірақ әкесі Жақып оған Бунямин («Бақыт ұлы») деген ат қойды. 19 Осылайша Рахила қайтыс болды. Оның мәйіті Ефратаға бара жатқан жолда, қазір Бетлехем деп аталатын жерде, қабірге қойылды. 20 Жақып қабірдің басына құлпытас орнатты. Рахиланың құлпытасын осы күнге дейін көруге болады. 21 Исраил (яғни Жақып) әрі қарай көше отырып, шатырын Мығдал-Едердің ар жағына тікті. 22 Ол сол елде тұрған кезде тұңғышы Рубен әкесінің кәнизагы Балхамен жақындасты. Ал Исраил бұл туралы біліп қойды. Жақыптың он екі ұлы болды. 23 Лиядан туғандары: Жақыптың тұңғышы Рубен, одан кейін Шимон, Леуі, Яһуда, Исашар, Забулон. 24 Рахиладан туған ұлдары: Жүсіп пен Бунямин. 25 Рахиланың күңі Балхадан туған ұлдары: Дан мен Нафталим. 26 Лияның күңі Зилпадан туған ұлдары: Ғад пен Ашир. Жақыптың солтүстік Месопотамияда туған ұлдары осылар болды. 27 Ақырында Жақып Хеброн деп те аталатын Кирият-Арбадағы Мамреге әкесі Ысқаққа қайтып келді. Бұл жерде Ыбырайым мен Ысқақ жат жұрттық болып тұрып жатқан еді. 28 Ысқақ жүз сексен жыл жасады. 29 Ол мағыналы өмір сүріп, жасы ұлғайған шағында жан тапсырып, о дүниеге, ата-бабаларының қасына аттанды. Үрім-бұтағы оны азалап, ұлдары Есау мен Жақып мәйітін қабірге апарып қойды.
1 Едом деп те аталатын Есаудың үрім-бұтағының шежіресі мынау: 2 Есау Қанахан елінде жергілікті үш қызға үйленді. Олардың аты-жөндері мынау: хеттік Елонның қызы Адах, Анахтың қызы, хевтік Сибеонның немересі Охолибама, 3 бұлардан кейін Есау тағы Ысмағұлдың қызы, Набайоттың қарындасы Басематты да әйелдікке алды. 4 Адах Есауға Елипазды, Басемат Рәгуелді, 5 әрі Охолибама Егуш, Яғлом, Қорах есімді ұлдарды туып берді. Бұлар Есаудың Қанахан елінде дүниеге келген ұлдары. 6 Есау әйелдерін, ұлдары мен қыздарын, үйіндегі барлық қызметшілерін, сонымен бірге бүкіл ірілі-ұсақты малдарын, Қанахан елінде тапқан барлық дүние-мүлкін алып, інісі Жақыптан бөлектеніп, басқа бір елге қоныс аударды. 7 Ағайынды адамдардың мал-мүлкінің көптігі соншалықты, олардың бірігіп қоныстануына жағдай болмады. Олар жат жұрттық ретінде тұрып келген жер оларды малдарының көптігінен асырай алмады. 8 Осылайша Есау, яғни Едом, Сейірдің таулы жеріне қоныс тепті. 9 Сейірдің таулы жерін мекендеген едомдықтардың түп атасы Есаудың үрім-бұтағының шежіресі мынау: 10 Есаудың ұлдарының аттары: оның әйелі Адахтан Елипаз, ал әйелі Басематтан Рәгуел дүниеге келді. 11 Елипаздың ұлдары Теман, Омар, Сефо, Ғатам, Кеназ еді. 12 Елипаздың кәнизагы Тимна оған Амалек атты ұл туып берді. Бұлар Есаудың әйелі Адахтан тараған немерелері. 13 Рәгуелдің ұлдары Нахат, Зарах, Шаммах, Миза. Бұлар Есаудың әйелі Басематтан тараған немерелері. 14 Есаудың кейінгі әйелі Охолибаманың оған сыйлаған ұлдарының аттары: Егуш, Яғлом, Қорах. Охолибама Анахтың қызы, Сибеонның немересі еді. 15 Есаудың ұрпақтарының ішіндегі рубасылар: оның тұңғыш ұлы Елипаздың ұлдары — Теман, Омар, Сефо, Кеназ, 16 Ғатам, Амалек. Едом елінде қоныстанған бұл рубасылар Елипаздың ұлдары, Есаудың Адахтан тараған немерелері еді. 17 Есаудың ұлы Рәгуелдің ұлдары — Нахат, Зарах, Шаммах, Миза. Рәгуелден тараған осы рубасылар да Едом елін мекендеді. Олар Есаудың әйелі Басематтан тараған немерелері болатын. 18 Есаудың әйелі — Анах қызы Охолибаманың ұлдары Егуш, Яғлом және Қорах та кезінде рубасылар болды. 19 Жоғарыда аталғандар Есаудың ұлдары әрі олардан тараған рубасылар. Есау Едом деп те аталады. 20 Ал хорлық Сейірдің сол елде тұрған ұлдары: Лотан, Шобал, Сибеон, Анах, 21 Дишон, Езер, Дишан. Бұлар Сейірдің ұлдары әрі Едом жеріндегі хорлықтардың рубасылары болатын. 22 Лотанның ұлдары: Хори мен Хемам, ал Тимна Лотанның қарындасы болатын. 23 Шобалдың ұлдары: Албан, Манахат, Ебал, Шефо, Онам. 24 Сибеонның ұлдары: Аях пен Анах. Айдалада әкесінің есектерін бағып жүріп, ыстық су көздерін тапқан осы Анах болатын. 25 Анахтың балалары: ұлы Дишон, қызы Охолибама. 26 Дишонның ұлдары: Хемдан, Ешбан, Итран, Керан. 27 Езердің ұлдары: Билхан, Зағауан, Ақан. 28 Дишанның ұлдары: Ус пен Аран. 29 Хорлықтардың рубасылары мыналар: Лотан, Шобал, Сибеон, Анах, 30 Дишон, Езер, Дишан. Бұлар хорлықтардың Сейір жерін мекендеп, билейтін аймақтарына қарай бөлінген рубасылары болды. 31 Исраил халқын билейтін патша шықпай тұрғанда, Едом жерінде билік құрған патшалар мыналар: 32 Беғор ұлы Бела Едомға патшалық құрды, тұрған қаласының аты Динхаба болатын. 33 Бела дүние салғанда орнына Босорадағы Зарах ұлы Жобаб патша болды. 34 Ол дүние салғанда орнына темандықтардың елінен келген Хушам патша болды. 35 Хушам дүние салғанда Бедад ұлы Хадад патшалық құрды. Ол Моаб даласында мадияндықтарды жеңіп шықты. Хушамның тұрған қаласының аты Ауит болатын. 36 Хадад дүние салғанда Масректен келген Самла патшалық құрды. 37 Самла дүние салғанда Евфрат өзенінің бойында орналасқан Рехоботтан келген Саул патша болды. 38 Саул дүние салғанда Ахбор ұлы Бағал-Ханан патша болды. 39 Ахбор ұлы Бағал-Ханан дүние салғанда Хадар патшалық құрды. Оның тұрған қаласының аты Пау болатын. Әйелі Мехетабелдің шешесі Матред, ал нағашы әжесі Месахаб еді. 40 Төмендегілер руларына, тұрған мекендеріне, өздеріне қойылған аттарына қарай бөлінген Есаудан тараған рубасылар: Тимна, Алуа, Етет, 41 Охолибама, Ела, Пинон, 42 Кеназ, Теман, Мипсар 43 Магдиел, Ирам. Бұлар Едомнан шыққан, атамекендеріне қарай бөлінген рубасылар. Едомдықтардың түп атасы Есаудың үрім-бұтағы туралы деректер осылар.
1 Әкесі Ысқақ кезінде жат жұрттық болып өмір сүрген Қанахан елінде енді Жақып та тұрып жатты. 2 Жақыптың үрім-бұтағының шежіресі мынау: Он жеті жасар Жүсіп әкесінің әйелдері Балха мен Зилпадан туған ағаларымен бірге оның ұсақ малдарын бағысып жүрді. Бозбала бауырларының жаман іс-әрекеттері туралы жұрттың айтқандарын әкесіне жеткізетін. 3 Исраил өзінің барлық басқа ұлдарынан гөрі Жүсіпті жақсы көрді, себебі ол оның қартайған шағында дүниеге келген еді. Әкесі оған әдемілеп өрнектелген, түрлі түсті ұзын шапан тіккізіп берді. 4 Әкелерінің оны өздерінен артық көретінін сезген ағалары Жүсіпті жаратпай, енді онымен жылы сөйлесе алмады. 5 Бір күні Жүсіп түс көріп, оны ағаларына айтып берді. Содан кейін олар Жүсіпке бұрынғыдан бетер теріс қарады. 6 Ағаларына айтқаны былай еді: — Менің көрген түсімді тыңдаңдаршы: 7 Міне, бәріміз далада егін жинап, бау байлап жүр екенбіз. Кенет менің бауым тік тұра қалды. Ал сендердің бауларың менікін қоршап, оған иіліп тағзым етті! — 8 Ағалары оған: — Сен немене, бізге патшалық құрғың келе ме? Бізге билік жүргізбексің бе? — деп, оны көрген түсі мен айтқан сөзіне бола тіптен ұнатпай кетті. 9 Жүсіп екінші рет түс көріп, оны да ағаларына айтып: — Тыңдаңдаршы, мен тағы да түс көрдім. Міне, ғажап, бұл жолы маған күн мен ай, аспандағы он бір жұлдыз иіліп тағзым етті! — деді. 10 Ол бұл түсін әкесі мен ағаларына айтқанда, әкесі оған: — Сенің көргенің қандай түс? Біз, ата-анаң, туған бауырларың алдыңа келіп, тағзым етпекпіз бе? — деп зекіп тастады. 11 Ағалары Жүсіпке қызғанышпен қарады, бірақ әкесі оның айтқанын көңіліне түйіп алды. 12 Бірде ағайындылар әкелерінің ұсақ малдарын жаюға Сихемнің төңірегіне кеткен болатын. 13 Сонда Исраил Жүсіпке: — Ағаларыңның малды Сихемнің маңайында бағып жүргенін білесің ғой. Бар, мен сені соларға жіберейін, — деді. Жүсіп оған: — Жарайды, мен дайынмын, — деп жауап берді. Әкесі: 14 — Барып, ағаларыңның хал-жағдайын, малдың күйін көріп қайт, — деп, баласын Хеброн аңғарынан Сихемге жіберді. Жүсіп дала кезіп жүргенде 15 оны бір адам көріп: — Не іздеп жүрсің? — деп сұрады. 16 Жүсіп: — Мен бауырларымды іздеп жүрмін. Олардың қай жерде мал бағып жүргенін білмейсіз бе? — деді. 17 Сол кісі оған: — Олар бұл жерден кетіп қалды. Дотанға барайық дегенін құлағым шалды, — деп жауап қайтарды. Бауырларының артынан жүріп отырып, Жүсіп оларға Дотанның маңында жолықты. 18 Ол ағаларына жақындамай жатып-ақ, Жүсіпті алыстан көрген бетте олар оны өлтірмекші болып, 19 бір-біріне: «Қараңдар, түс көргіш келе жатыр! 20 Жүріңдер, оны өлтіріп, құдыққа лақтыра салайық. Жыртқышқа жем болыпты дерміз. Сонда оның түстерінің не болып шыққанын көрерміз», — десті. 21 Рубен осыны естігенде Жүсіпті бауырларынан құтқармақшы болып: «Оны өлтірмейік! 22 Қан төкпеңдер! Оны айдаладағы құдыққа тастаңдар, бірақ қол жұмсамаңдар!» — деді. Осылай Рубен оны бауырларынан құтқарып, әкесіне қайтармақшы болды. 23 Жүсіп ағаларының қасына келгенде олар оның киіп жүрген ұзын, әдемі шапанын шешіп алып, 24 өзін құдыққа тастай салды. Құдық бос, суы жоқ болатын. 25 Мұнан кейін ағалары тамақтану үшін жерге жайғасты. Сол кезде төңіректеріне көз тастап, Ғилақад маңынан келе жатқан ысмағұлдық саудагерлер керуенін көрді. Мысырға бет алып бара жатқан олар түйелеріне иісмай жасайтын құнды шайыр, май дәрі және мүр деген хош иісті зат тиеп алған еді. 26 Сонда Яһуда аға-інілеріне: «Бауырымыздың қанын төгіп, оның өлгенін жасырғаннан бізге не түседі? 27 Жүріңдер, оны ана саудагерлерге сатып жіберейік. Қандас бауырымыз ғой, оған қол жұмсамай-ақ қояйық!» — деп ұсыныс жасады. Аға-інілері бұған келісті. 28 Мадияндық саудагерлер қастарынан өте бергенде ағалары Жүсіпті құдықтан шығарып алып, жиырма мысқал күміске сатып жіберді. Олар Жүсіпті Мысырға алып кетті. 29 (Сол кезде олармен бірге болмаған) Рубен құдыққа қайта оралғанда Жүсіп ішінде болмай шықты. Қатты күйзелген Рубен көйлегінің өңірін айыра жыртып, 30 бауырларына қайтып келді де: «Бала жоқ, енді мен қайда барсам екен?!» — деп налыды. 31 Ал ағайындылар Жүсіптің шапанын алып, бір текені сойды да, шапанды соның қанына бояды. 32 Шапанды әкесіне жіберіп: — Біз мұны даладан тауып алдық. Анықтап қараңыз: бұл ұлыңыздың шапаны емес пе екен? — деді. 33 Әкесі шапанды танып тұрып: — Бұл — ұлымның шапаны! Ол жыртқышқа жем болыпты-ау! Иә, шынымен-ақ Жүсіпті жыртқыш аң жарып тастапты! — деп еңіреп жіберді. 34 Жақып көйлегінің өңірін айыра жыртып, азалы киім киіп алды. Содан ұзақ уақыт бойы ұлын жоқтап аза тұтты. 35 Қасына ұл-қыздары келіп, әкелерін жұбатпақшы болды. Бірақ ол: «Мен о дүниеге ұлымның қасына аттанғанша қайғырып өтемін», — деп жұбанбады. Әкесі ұлын осылайша зар жылап жоқтай берді. 36 Осы екі арада мадияндық саудагерлер Жүсіпті Мысырға алып барып, перғауынның сарайындағы Потифар есімді уәзіріне сатып жіберді. Ол патшаның бас қорғаушысы болатын.
1 Сол кездері Яһуда бауырларынан бөлініп кетіп, адулламдық Хирах есімді кісінің қасына қоныстанды. 2 Осы жерде ол Шуа деген қанахандықтың қызымен кездесіп, оған үйленді. 3 Содан әйелі бала көтеріп, ұл туды. Яһуда оның атын Ер деп қойды. 4 Әйелі тағы да ұл туып, оған Онан деген есім берді. 5 Мұнан кейін де әйелі ұлды болып, оны Шелах деп атады. Ол туғанда Яһуда Хезіб қаласында болатын. 6 Тұңғышы Ер есейіп, Яһуда оған әйел алып берді, оның аты Тамар еді. 7 Бірақ Ердің мінез-құлқы Жаратқан Иеге жек көрінішті болғандықтан, Жаратқан Ие оның өмірін қысқа қылды. 8 Сонда Яһуда Онанға: «Жеңгеңе әмеңгер болып үйлен. Осылай ағаң марқұмның үрім-бұтағын жалғастыр», — деді. 9 Ал Онан Тамардан туатын балалары өз ұрпағы болып саналмайтынын білгендіктен, онымен жақындасқанда ағасынан ұрпақ қалдырмау үшін шәуетін төгіп тастап отырды. 10 Онанның бұл қылығын Жаратқан Ие жек көріп, оның да өмірін қысқа қылды. 11 Сонда Яһуда Тамарға: «Кенже ұлым Шелах үлкейгенше әкеңнің үйінде жесір болып отыра тұр», — деді. Ал шынында ол Шелах та ағалары сияқты өліп қалмай ма деп уайымдап, келінін алдамақ болды. Сонымен Тамар әкесінің үйіне қайтып барып, сонда тұрып қалды. 12 Көп уақыт өткен соң Яһуданың өз әйелі — Шуаның қызы қайтыс болды. Аза тұту мерзімі аяқталысымен Яһуда адулламдық досы Хирахпен Тимнада қойларын қырықтырып жатқан адамдарына өрлеп бару үшін жолға шықты. 13 Ал Тамарға біреулер: «Қайын атаң қойларын қырықтыруға Тимнаға қарай өрлеп бара жатыр», — деп хабарлады. 14 Шелах ержетсе де, Яһуданың өзін Шелахқа қоспайтынына Тамардың көзі әбден жеткен болатын. Сондықтан ол жесірлік киімдерін әдеттегідей киімдермен ауыстырып, ешкім танымасын деп бетін пердемен жауып алды. Осылай ол Тимнаға баратын жол бойындағы Енаимға барып, қала қақпасының жанына жайғасты. 15 Яһуда Тамарды көргенде оны жезөкше әйел екен деп ойлады, өйткені ол бетін пердемен жауып алған еді. 16 Оның өз келіні екенін білмей, көшеден бұрылып келіп, оған: — Жүр, мен саған кіріп шығайын, — деді. Әйел: — Маған кіріп шықсаңыз, не бересіз? — деп сұрады. 17 — Саған отарымнан бір лақ беріп жіберемін. — Маған лағыңызды жібергенше кепілдікке бір нәрсеңізді бере тұрыңыз. 18 Яһуда: — Қандай кепілдік беруім керек? — деп сұрағанда әйел: — Мөріңізді, бауыңызды, қолыңыздағы таяғыңызды, — деп талап етті. Яһуда оған сұрағандарын берді. Онымен болып шыққаннан кейін Тамар жүкті болды. 19 Сол жерден шығысымен ол бетпердесін алып тастап, жесірлік киімдерін қайтадан киіп алды. 20 Яһуда қалдырған кепілдік заттарын қайтарып алу үшін лақты адулламдық досы арқылы беріп жіберген еді, бірақ ол әйелді таба алмады. 21 Сонда досы сол жердің тұрғындарынан: — Енаимға баратын жолда отырған жезөкше қайда? — деп сұрады. Олар: — Мұнда жезөкше болған емес, — деді. 22 Досы Яһудаға қайтып келіп: — Оны таппадым. Жергілікті адамдар сол жерде ешқандай жезөкшенің болмағанын айтты, — деді. 23 Яһуда: — Онда сол заттар әйелде қала берсін, әйтпесе күлкіге қалып жүрерміз. Мен оған лақты жіберуін жібердім, бірақ сен оны таба алмадың ғой, — деп шешті. 24 Үш айдан кейін Яһудаға мынадай хабар келіп жетті: — Келініңіз Тамар жеңіл жүріске салынып, жүкті болып қалған көрінеді! — Сонда Яһуда: — Оны алып шығып, өртеу керек, — деп бұйырды. 25 Тамарды қаланың сыртына алып шыққан кезде ол қайын атасына кісі жіберіп: — Мен мына заттардың иесінен жүкті болып қалдым! Анықтап қараңыз: мөр, бау және таяқтың иесі кім екенін білесіз бе? — деп сәлем айтты. 26 Яһуда заттарды танып тұрып: — Ол менен әділеттірек, себебі мен оны ұлым Шелахқа қосқан жоқпын, — деді. Ал мұнан кейін ол Тамармен қайтадан жақындасқан жоқ. 27 Босанатын уақыты келгенде Тамардың егіз туатыны белгілі болды. 28 Ол босанып жатқан кезде алдымен біреуінің қолы шықты. Босандырушы әйел бір қызыл жіпті алып, қолға байлап: «Бұл бірінші болып шықты», — деді. 29 Бірақ ол қолын қайта тартып алып, оның сыңары бірінші болып туды. Босандырушы әйел таңғалып: «Сен қалайша бұзып-жарып бірінші боп шықтың?» — деді. Сондықтан оған Парес («Бұзып-жарушы») деген ат қойды. 30 Одан кейін қолына қызыл жіп байланған інісі де туды. Оны Зарах («Қызыл», «Таң шапағы») деп атады.
1 Ал Жүсіп болса, ысмағұлдық саудагерлер оны Мысырға апарған еді. Сол жерде Потифар есімді мысырлық уәзір Жүсіпті олардан сатып алды. Потифар перғауынның бас қорғаушысы болатын. 2 Жаратқан Ие жар болғандықтан, Жүсіптің қай нәрседен де жолы бола кететін. Осылай ол мысырлық қожайынының сарайында тұрып қалды. 3 Қожайыны Жаратқан Иенің Жүсіпке жар болып, оның қолы тиген заттың бәрінің орайын келтіріп отырғанына көз жеткізіп, 4 оған мейірімін түсірді. Уәзір Жүсіпті жеке қызметшісі қылып, сарайын басқартып, өзіндегі барлық дүние-мүлікті де оның жауапкершілігіне тапсырды. 5 Қожайыны Жүсіпке сарайын, барлық дүние-мүлкін сеніп тапсырғаннан бері Жаратқан Ие оның өзін де, үйіндегі және даладағы барлық иелігін де Жүсіпке бола жарылқап, батасын қондырды. 6 Сол себептен Потифар өзіндегінің бәрін де Жүсіпке сеніп тапсырып, тек күнделікті жейтін тамағының ғана қамын ойлады. Ал Жүсіп дене бітімі келісті, келбетті жігіт еді. 7 Күндердің күнінде қожайынының әйелінің көзі Жүсіпке түсіп: — Жүр, бірге болайық, — деп еліктіреді. 8 Бірақ Жүсіп одан бас тартып: — Қараңыз, қожайыным өз сарайындағы барлық істі маған сеніп тапсырып, еш нәрсемен айналыспайды. 9 Бұл үйдегі малайлардың ешқайсысы менен жоғары емес. Қожайыным өзіңізден басқа ештеңені де билігімнен айырған жоқ. Ал сіз оның жұбайысыз ғой! Сонда мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын?! — дейді. 10 Әйел күн сайын қайта-қайта мазалап, сөз салса да, Жүсіп ешқашан айтқанына көніп, не жақындасқан, не бірге болған емес. 11 Алайда бір күні Жүсіп жұмысын атқарып жүріп, үйге кірсе, басқа ешбір ер адам жоқ екен. 12 Сонда әлгі әйел оның шапанының етегінен ұстай алып: «Жүр, бірге болайық», — деп бұйырады. Бірақ Жүсіп шапанын тастай сала, сыртқа қаша жөнеледі. 13 Жүсіптің шапанын тастай, үйден тұра қашқанын көргенде, 14 қожайынының әйелі үй қызметшілерін шақырып: «Қараңдаршы, мына көшпендіні бізді мазақтасын деп алып келіпті! Ол үйге кіріп, мені зорламақшы болды! Бірақ мен қатты айқайладым. 15 Ол айқайымды естісімен шапанын қасыма тастай сала, қаша жөнелді», — деп байбалам салады. 16 Күйеуі үйге келгенше, әйел шапанды қасына қояды. 17 Күйеуіне де сол әңгімені айтып беріп: «Сенің бізге алып келген көшпенді құлың мені мазақ етпекші болды! 18 Бірақ мен шу көтеріп, айқайлағанда шапанын қасыма тастай сала, тұра қашты», — дейді. 19 Қожайыны әйелінің «Сенің құлың маған осыны істеді» деген сөзін естігенде, қатты ашуланды. 20 Ол Жүсіпті ұстап алып, патшаның тұтқындары қамалған түрмеге жапқызып тастайды. 21 Алайда Жаратқан Ие Жүсіпке жар болып, оған шапағатын төгіп, түрме бастығының мейіріміне кезіктірді. 22 Осылай түрме бастығы онда отырған барлық тұтқындарды Жүсіптің қарамағына тапсырып, бүкіл жұмыс оның басқаруымен атқарылатын болды. 23 Жүсіпке тапсырған істің ешқайсысына да бастық көңіл бөлмеді. Себебі Жаратқан Ие Жүсіпке жар болып, оның істеген әрбір ісін оңынан келтіріп отырды.
1 Біраз уақыт өткенде сарайдағы бас шарапшы және бас наубайшы өздерінің қожайыны — Мысырдың патшасының алдында кінәлі болып қалды. 2 Содан перғауын осы екі уәзіріне қатты ашуланып, 3 оларды бас қорғаушысы басқаратын түрмеге отырғызды. Мұнда Жүсіп те отырған болатын. 4 Бас қорғаушы екеуін Жүсіптің қарамағына тапсырып, ол соларға қызмет етті. Шарапшы мен наубайшы түрмеде біраз күн өткізген соң, 5 екеуі де бір түнде түс көрді. Әр түстің өзіндік мағынасы бар болатын. 6 Келесі күні таңертең оларға кірген Жүсіп екеуінің жабырқау екенін байқап: 7 — Бүгін неге мұңайып отырсыздар? — деп сұрайды. 8 — Біз екеуіміз де түс көрдік, бірақ оны бізге жорып беретін ешкім жоқ, — дейді олар. Жүсіп: — Түс жору Құдайдың ісі емес пе? Маған айтып беріңіздер, — дегенде, 9 бас шарапшы оған түсін әңгімелеп береді: — Түсімде бір жүзім бұтасын көрдім. 10 Бұтаның үш сабағы бар екен. Көгере бастасымен гүлдеп, жүзім пісіп те үлгеріпті. 11 Қолымда перғауынның шарап ішетін тостағаны бар екен. Сонда мен жүзімді алып, сығып, шырынын тостағанға ағызып, перғауынның қолына беріппін. — 12 Жүсіп оған: — Түстің жоруы былай: үш жүзім сабағы үш күнді білдіреді. 13 Үш күннің ішінде перғауын басыңызды жоғары көтеріп, сізді қайтадан орныңызға қояды. Оған бұрынғысынша шарап ұсынатын боласыз. 14 Ал ісіңіз оңғарылған шақта мені ұмытпай, перғауынға мен туралы айта көріңізші! Мені түрмеден босаттырып, жақсылық жасасаңыз екен. 15 Себебі мені көшпенділердің елінен ұрлап алып келген болатын. Бұл жерде де түрмеге түсетіндей ешқандай қылмыс жасаған жоқпын, — дейді. 16 Жүсіптің түсті жақсы жорығанын көріп, бас наубайшы да түсін айтып береді: — Мен түсімде басыма үш себет көтеріп жүріппін. 17 Ең үстіңгі себеттің ішінде перғауынға арнап пісірілген тағамдар бар екен. Бірақ оларды басымдағы себеттің ішінен құстар шоқып жеп жатты. — 18 Сонда Жүсіп: — Бұның жоруы мынау: үш себет үш күнді білдіреді. 19 Үш күннің ішінде перғауын сіздің басыңызды көтеріп, дарға асып қояды. Құстар етіңізді шоқып жейтін болады, — деп түсіндіреді. 20 Үш күн өткен соң перғауынның туған күні болып, ол күллі нөкерлеріне той жасады. Сонда патша бас шарапшысы мен бас наубайшысын түрмеден шығарып алдыртып, нөкерлерінің алдында 21 бас шарапшыны бұрынғысынша шарап құйып беру үшін қайтадан орнына қойды, 22 ал бас наубайшыны дарға асқызды. Бәрі де дәл Жүсіп алдын ала айтқандай болды. 23 Алайда бас шарапшы Жүсіптің тілегін есіне алмай, ұмытып кетті.
1 Арада екі жыл өткенде перғауын түс көреді. Түсінде ол Ніл жағалауында тұр екен. 2 Судан жеті семіз, күйлі сиыр шықты да, қамыс-құрақ ішінде жайылып жүрді. 3 Мұнан кейін олардан басқа, сұрықсыз, арық тағы жеті сиыр судан шығып, жағада тұрған сиырлардың қасына келді. 4 Сұрықсыз, арық сиырлар жеті семіз, күйлі сиырды жеп қойды. Сол кезде перғауын оянып кетеді. 5 Перғауын тағы да ұйықтап кетіп, қайтадан түс көреді. Түсінде бір сабақтан әдемі, толық піскен жеті масақ өсіп тұр екен. 6 Ал солардан кейін жеті сидиған арық масақ та өсіп тұрды. Оларды шығыстан соғып тұрған ыстық жел күйдіріп жіберген болатын. 7 Жеті сидиған арық масақ әдемі, толып піскен жеті масақты жұтып қойды. Ал перғауын ұйқысынан оянып кетіп, бұның түс екенін біледі. 8 Ертеңінде ол жанын қоярға жер таппай, Мысырдың барлық балгерлері мен білімпаздарын алдыртып, көрген түстерін айтып берді. Алайда олардың ешқайсысы да патшаның түстерін жорып бере алмады. 9 Сонда бас шарапшы тұрып, перғауынға былай деді: — Бүгін мен өзім жасаған кінәні есіме түсіріп тұрмын. 10 Бірде перғауын өзінің құлдары — бас наубайшы мен маған ашуланып, бізді бас қорғаушының қарамағындағы түрмеге қаматты. 11 Бір күні екеуіміз де түнде түс көріп шықтық, әр түстің өзіндік жоруы бар екен. 12 Бізбен бірге бас қорғаушының қызметшісі — бір жас көшпенді жігіт отырды. Оған түсімізді айтып, ол әрқайсымызға жорып берді. 13 Кейін оқиға дәл ол жорығандай болды: мен қайтадан орныма тұрып, екінші адам дарға асылды. 14 Сонда перғауын кісі жіберіп, Жүсіпті тез арада түрмеден босатып алғызды. Жүсіп сақал-мұртын алдырып, киімдерін ауыстырған соң, перғауынның алдына келді. 15 Перғауын Жүсіпке: — Мен түс көрдім, бірақ оны ешкім де жори алмай отыр. Сен туралы түс жори аласың деп естідім, — деді. 16 Жүсіп перғауынға: — Тақсыр, түс жори алатын мен емес. Перғауынның игілігі үшін жоруын Құдай бермек, — деді. 17 Сонда патша Жүсіпке түсін айтып берді: — Мен түсімде Нілдің жағасында тұр екенмін. 18 Сол кезде судан жеті семіз, күйлі сиыр шығып, қамыс-құрақ ішінде жайылып жүрді. 19 Кейінірек мен олардан басқа, еті сүйегіне жабысып қалған, сұрықсыз, арық тағы жеті сиырдың судан шығып келе жатқанын көрдім. Бүкіл Мысыр елінде осындай ұсқынсыз малдарды көрген емеспін. 20 Әлгі арық, сұрықсыз жеті сиыр бірінші көрінген жеті семіз сиырды жеп қойды. 21 Бірақ олар семіз сиырларды жеп қойса да, бұрынғысынша сұрықсыз, арық күйлерінде қала берді. Сол жерде мен оянып кеттім. 22 Мен қайтадан түс көрдім. Түсімде бір сабақтан әдемі, толып піскен жеті масақ өсіп тұр екен. 23 Солардан кейін қатып-семіп қалған, сидиған арық тағы да жеті масақ өсіпті. Оларды шығыстан соғып тұрған ыстық жел күйдіріп жіберген болатын. 24 Сидиған арық жеті масақ әдемі, толып піскен жеті масақты жұтып қойды. Мен көрген түстерімді сәуегейлерге айтып беріп едім, бірақ олардың ешқайсысы да дұрыстап жорып бере алмады, — деді. 25 Жүсіп перғауынға былай деп жауап қатты: — Перғауынның екі түсінің де мағынасы біреу. Құдай перғауынға не болатынын көрсетті. 26 Жеті әдемі сиыр мен жеті әдемі масақ жеті жылды білдіреді. Бұл екеуі де — бір түс. 27 Олардың артынан келген жеті арық, сұрықсыз сиыр және шығыстан соққан желден кеуіп қалған жеті масақ жеті жылдық ашаршылыққа меңзейді. 28 Мен жаңа айтқандай, Құдай осы түстер арқылы келешекте не болатынын перғауынға білдіріп тұр: 29 бүкіл Мысырда жеті жыл бойы молшылық болады. 30 Содан соң молшылықты ұмыттыратын жеті жылдық қуаңшылық келіп, елді құртып жібереді. 31 Сонда бұл жерде болған молшылық ешкімнің есінде қалмай, елді өте ауыр ашаршылық жайламақ. 32 Перғауынның түсті екі рет көруі Құдайдың Өзі шешіп қойған бұл істі жуырда жүзеге асыратынын білдіреді. 33 Енді перғауын бір ақылды, данышпан адамды таңдап алып, Мысыр елін басқаруды оның қолына тапсыра көрсін, 34 сонымен қатар арнайы салықшылар тағайындап, егіннің бестен бір бөлігін жинап алдыртсын. 35 Осы қызметкерлер болашақтағы молшылықтың астығын жинап, қалаларда перғауынның қарамағындағы қоймаларда азық қоры ретінде сақтаудың қамын жасаулары керек. 36 Бұл астық Мысыр елін жайлайтын жеті жылдық жұт кезінде халықты аштан өлуден сақтайтын қор болады. 37 Бұл ұсыныс перғауынға да, оның барлық уәзірлеріне де ұнап қалды. 38 Перғауын оларға: «Біз Құдай Рухына кенелген тап осы адамдай біреуді таба аламыз ба?» — деп, 39 Жүсіпке қарап: «Мұның бәрін саған Құдай білдіріп тұр екен! Өзің сияқты ақылгөй, дана ешкім де жоқ. 40 Бұдан былай менің сарайымды қарамағыңа аласың, бүкіл халқым сенің айтқаныңмен жүруге тиіс. Мен патшалық тағыма байланысты ғана сенен жоғары боламын. 41 Міне, мен сені бүкіл Мысыр елінің әміршісі етіп тағайындаймын», — деген шешімін айтты. 42 Перғауын қолынан өзінің мөрі бекітілген сақинасын шешіп алып, Жүсіптің саусағына кигізді. Оған ақ бәтестен киімдер кигізіп, мойнына алтын алқа салып, 43 оны өзінің екінші пәуескесіне отырғызды. Жүсіп жақындаған кезде атқосшылары жұртқа: «Жол беріңдер! Иіліңдер!» — деп айқайлайтын болды. Осылайша перғауын Жүсіпті бүкіл Мысыр елін басқаратын бас уәзірі етіп тағайындап, 44 оған: «Ел патшасы перғауын менмін. Ал сенің келісіміңсіз бүкіл Мысырда ешкім де іс-әрекет жасамайтын болады», — деп міндетін табыс етті. 45 Жүсіпке Сафнат-Панеах деген ат қойып, оған әйелдікке Он қаласындағы діни қызметкер Потифердің қызы Асенетті алып берді. Жүсіп Мысырдың әміршісі болып патшаға қызметке тұрғанда отыз жаста еді. Ол перғауынның қасынан кетіп, бүкіл Мысыр елін аралауға кірісті. 47 Жеті жылғы молшылық кезінде елде өнім ағыл-тегіл мол болды. 48 Жүсіп сол жылдары Мысырда өсіп-өніп шыққан барлық дәнді дақылдарды қалаларға жіберді. Әр қалада сол маңнан жиналған өнімді сақтап қойды. 49 Осылай Жүсіп астықтан құм түйіршіктеріндей мол етіп азық қорын жасап алды. Мұның көптігі сонша, санаса сан жетпейтін еді. 50 Сол кезде, елді ашаршылық әлі де жайламай тұрғанда, әйелі Асенет Жүсіпке екі ұл туып берді. 51 Жүсіп тұңғышына Манаса («Ұмыту») деген ат қойды. Себебі ол: «Құдай менің барлық уайымымды, әке-шешемнің үйінен алыстап кеткенімді ұмыттырды», — деді. 52 Екінші ұлын Ефрем («Өнімді») деп атап, «Құдай мені бұрын жапа шеккен елде өнімді қылды», — деді. 53 Сонымен Мысыр еліне молшылық әкелген жеті жыл аяқталды. 54 Содан кейін, Жүсіп алдын ала айтқандай, жеті жылдық жұт та жетті. Барлық елдерге ашаршылық жайылды, бірақ бүкіл Мысыр жерінде азық қоры сақтаулы болатын. 55 Мысырлықтар аштық көре бастағанда перғауынға нан беруін сұрап жалбарынды. Перғауын оларға: «Жүсіпке барыңдар! Ол не айтса, соны істеңдер!» — деп әмір етті. 56 Бүкіл елде ашаршылық үдей түскенде Жүсіп қоймаларды ашып, мысырлықтарға астық сата бастады. 57 Айналадағы барлық басқа мемлекеттерден де адамдар азық сатып алу үшін Жүсіпке келді, өйткені бүкіл өлкені ғаламат ашаршылық жайлап алған еді.
1 Сол кезде Жүсіптің әкесі Жақып Мысырда астықтың бар екенін естіп, ұлдарына: «Неге бір-біріңе қарап отырсыңдар? 2 Мысырда нан бар деп естідім. Аштан өліп қалмауымыз үшін сол жаққа барып, астық сатып алыңдар!» — деп тапсырды. 3 Осылай Жүсіптің он ағасы азық алып келуге Мысырға қарай бет алды. 4 Ал Жақып Жүсіптің бірге туған інісі Буняминді жолда бір пәлеге ұшырап қалар деп қауіптеніп, ағаларымен бірге жібермей қойды. 5 Сонымен Жақыптың он ұлы Мысырға жетті. Олармен бірге азық сатып алу үшін басқа адамдар да келген еді. Өйткені аштық Қанахан елін де қамтыған болатын. 6 Ал Жүсіп Мысырдың әміршісі болып, бүкіл халыққа астық сатуды басқаратын. Сондықтан ағалары оның алдына келіп, жерге дейін иіліп тағзым етті. 7 Жүсіп оларды көрісімен-ақ танығанмен, бөтен адамның сыңайын танытып, олармен қатал сөйлесті: — Сендер қайдан келдіңдер? — Біз астық сатып алу үшін Қанахан елінен келдік, — деді олар. 8 Жүсіп ағаларын таныса да, олар оны таныған жоқ. 9 Баяғыда олар туралы көрген түстері есіне түскен Жүсіп: — Сендер тыңшысыңдар! Біздің шекараның әлсіз жерлерін іздеп табу үшін келдіңдер! — деп дүрсе қоя берді. Олар: 10 — Жо-жоқ, уа, тақсыр иеміз. Алдыңыздағы құлдарыңыз осында тек астық сатып алу үшін ғана келдік. 11 Біз барлығымыз бір адамның ұлдарымыз, тыңшы емес, адал адамдармыз, — деді. 12 — Жоқ, сендер елге қай тұсынан шабуылдауға болатынын біліп алу үшін келдіңдер! 13 — Тақсыр ие, біз он екі ағайынды болғанбыз. Қанаханда тұратын бір адамның ұлдарымыз. Ең кішіміз әкеміздің қасында қалды, ал бір бауырымыз қайтыс болған. — 14 Жүсіп оларға: — Шынында да сендер дәл мен айтқандай тыңшысыңдар! 15 Перғауынның атымен ант етемін, енді сендер сыналмақсыңдар! Үйде қалған ең кіші інілерің де келмейінше бұл жерден ешқайда кетпейсіңдер. 16 Кенже бауырларыңды алып келуге араларыңнан біреуіңді жіберіңдер, ал басқаларың қамауға алынасыңдар. Осылайша сөздерің шын ба, жоқ па, соны тексереміз. Егер өтірік болып шықса, онда тыңшы екендерің айдай анық болады, — деді. 17 Содан оларды үш күнге қаматып қойды. 18 Үшінші күні Жүсіп оларға тіл қатып: — Мен Құдайды қастерлейтін адаммын. Енді мынаны істеңдер, сонда аман қаласыңдар: 19 егер расында адал болсаңдар, бауырларыңның біреуін түрмеде қалдырып, басқаларың ашығып жатқан отбасыларыңа астық алып барыңдар. 20 Ал кейін кенже інілеріңді әкелуге тиістісіңдер! Сонда сөздеріңнің шындығына көзім жетіп, сендер ажалдан құтыласыңдар, — деді. Олар солай істеуге келісті. 21 Ағайындылар бір-біріне: «Шынында біз бұл жазаға ініміз Жүсіпке бола ұшырап отырмыз. Оның жапа шегіп, жан даусымен бізге жалынғанын көрсек те, құлақ салмадық. Сондықтан да осы бақытсыздық басымызға төніп тұр», — десті. 22 Рубен інілеріне: «Балаға қол жұмсап күнә жасамаңдар деп сендерге айтпап па едім? Алайда мені тыңдамадыңдар. Енді міне, оның төгілген қаны үшін есеп беретін уақыт жетті», — деді. 23 Олар осы айтқандарын Жүсіптің түсініп қойғанын білген жоқ, себебі ол ағаларымен тілмаш арқылы сөйлескен болатын. 24 Жүсіп бұрылып кетіп, көзіне жас алды. Содан ол қастарына қайта оралып, олармен тағы да сөйлесті. Кейін ағайындылардың ішінен Шимонды тұтқындатып, олардың көзінше байлатты. 25 Қызметшілеріне ағайындылардың қаптарын астыққа толтырып, әрқайсысының төлеген күмістерін қаптың аузына салуға, жол азығын да беруге бұйырды. Барлығы да Жүсіп айтқандай іске асты. 26 Ағалары қаптарын есектеріне артып, жолға шықты. 27 Олар түнеуге аялдаған кезде біреуі есегіне жем беру үшін қабының аузын ашып, төлеген күмісінің сонда жатқанын көрді. 28 Таңғалған ол бауырларына: «Ақшам өзіме қайтарылыпты! Ол, міне, қаптың бетінде жатыр!» — деді. Бәрінің жүректері суылдап, бір-біріне үрейлене қарап: «Құдай бізге не істеді?» — десті. 29 Қанаханға, әкелері Жақыпқа қайтып келген соң, олар оған көрген-білгендерін түгелдей баяндап берді: 30 — Сол елдің әміршісі бізге еліне кірген тыңшылар ретінде қарап, өте қатал сөйлесті. 31 Біз оған: «Тыңшы емес, адал адамдармыз! 32 Бір кісінің балалары, он екі ағайындымыз. Бір бауырымыздан айырылғанбыз, ал кенжеміз әкеміздің қасында Қанаханда қалды», — дедік. 33 Бірақ сол кісі — елдің әміршісі бізге: «Мен сендердің адал екендіктеріңе былай көз жеткіземін: бауырларыңның біреуін қасымда қалдырып, басқаларың ашығып жатқан отбасыларыңа астық алып барыңдар. 34 Алайда маған кенже інілеріңді әкелуге тиіссіңдер! Содан сендердің тыңшы емес, адал адам екендіктеріңе көз жеткізіп, осында қалдырған бауырларыңды қайтарып беремін. Сонда бұл елде еркін жүре алатын боласыңдар», — деп бұйырды. 35 Бұдан кейін ағайындылар қаптарын босатып жатып, әрқайсысы төлеген күмістерін тауып алды. Мұны көргенде өздері де, әкелері де зәрелері ұшып қорқып кетті. 36 Жақып: — Сендер мені балаларымсыз қалдырып отырсыңдар: Жүсіптен айырылдым, Шимоннан да айырылдым, енді Буняминді де алып кетпексіңдер! Апаттың бәрі басыма төніп тұр! — деп қапаланды. 37 Сонда Рубен әкесіне: — Егер мен Буняминді қайтарып әкелмесем, онда менің екі ұлымның көзін құртуыңызға болады. Маған сеніңіз, оны қайтып алып келемін, — деді. 38 Бірақ Жақып былай деп шешті: — Ол ұлым сендермен бірге бармайды! Ағасы өлген соң Рахиладан туған ұлдардан жалғыз сол қалды. Жолшыбай бір пәлеге ұшыраса, сендер мені қайғыға батырып, ақ шашты басымды ажалымнан бұрын көрге тығасыңдар!
1 Елді әлі де ашаршылық қысып тұрған болатын. 2 Мысырдан әкелінген астық таусылғанда, Жақып ұлдарына: — Тағы да барып, біраз астық сатып алыңдар! — деп бұйырды. 3 Ал Яһуда әкесіне былай деп жауап қатты: — Әлгі адам: «Қастарыңда інілерің болмаса, көзіме көрінбеңдер!» деп бізге мықтап ескертті. 4 Сіз інімізді бірге жіберсеңіз, астық әкелуге барамыз. 5 Ал оны жібермесеңіз, бара алмаймыз. Өйткені ол адам бізге: «Қастарыңда інілерің болмаса, көзіме көрінбеңдер!» деп тыйым салған еді ғой. — 6 Сонда әкесі: — Неліктен сендер сол адамға: «Тағы бір ініміз бар» деп айтып маған зұлымдық жасадыңдар? — деп ренішін білдірді. 7 Олар: — Сол адам өзіміз және туысқандарымыз туралы: «Әкелерің тірі ме, тағы бір інілерің бар ма?» деп егжей-тегжейлі сұрады ғой. Біз тек оның сұрақтарына жауап бердік. Оның: «Інілеріңді алып келіңдер» дейтінін қайдан білейік? — деп түсіндірді. 8 Ал Яһуда әкесінен: — Сіз де, біз де, балаларымыз да аштан өлмеуіміз үшін ұлды менімен бірге жіберіңіз. 9 Мен жас жігіттің қауіпсіздігіне басыммен жауап беремін, оны менің қолымнан қайтарып алатын боласыз. Егер мен ұлыңызды қайтып әкеле алмай, көзіңізге көрінетін болсам, онда мен сіздің алдыңызда өмір бойы кінәлі болып өтейін. 10 Уақытты осылайша соза бермегенде біз Мысыр жаққа ендігі екі рет барып келген болар едік, — деп өтінді. 11 Ақырында Исраил ұлдарына тіл қатып былай деп шешті: — Егер қажет болса, мейлі, былай істеңдер: елде шығатын ең жақсы өнімдерден сәлемдеме жасап, сол адамға аздап май дәрі, бал, иісмай жасайтын шайыр, хош иісті мүр және жаңғақ, бадам дәндерін апарып беріңдер! 12 Сонымен қатар астық үшін төленетін күмісті де екі есе көп етіп алыңдар! Қаптарыңның аузында қайтып әкелген ақшаны қайтарып берулерің керек. Мүмкін, олар қателескен шығар. 13 Кенже інілеріңді ертіп алып, әлгі адамға тағы да барыңдар. 14 Құдіреті шексіз Құдай оны мейірімділікке кенелтіп, бауырларың Шимон мен Буняминді қайтарып бергізсін. Ал егер маған баласыз қалу бұйырылса, солай-ақ болсын, — деп қосты. 15 Жақыптың ұлдары әзірленген сәлемдемелерді, екі есе күмісті және Буняминді қоса алып, Мысырға барып, Жүсіптің алдына келді. 16 Ол ағаларының қасынан Буняминді көріп, үй басқарушысына: «Мына адамдарды менің үйіме алып бар! Мал сойғызып, тамақ әзірлет! Бұл кісілер бүгін менімен бірге түстенсін», — деп тапсырды. 17 Үй басқарушысы айтқанды екі етпей, оларды Жүсіптің сарайына апарды. 18 Олар бұған зәрелері ұша қорқып: «Бізді өткен жолғы қаптарымызға қайтадан салып жіберілген ақшалардың кесірінен осында алып бара жатыр. Сол үшін де әлгі адам бізге тиісіп күш көрсетіп, есектерімізді тартып алып, өзімізді құлдарына айналдырмақшы», — деп шошынды. 19 Олар Жүсіптің үй басқарушысына барып, оған сарайдың кіреберісінде тіл қатып былай деді: 20 — Мырза, бізге құлақ сала көріңіз. Өткен жолы да астық алу үшін келіп кеткенбіз. 21 Түнгі аялдамаға тоқтап, қаптарымызды ашып қарасақ, міне қызық, әрқайсымыздың төлеген күллі күмісіміз қаптың аузында жатыр екен! Соны өз қолымызбен қайтадан әкеліп отырмыз. 22 Енді тағы да астық сатып алу үшін қосымша ақша алып келдік. Ал сол күні ақшамызды қаптарымыздың аузына кімнің салып қойғанын мүлде білмейміз. 23 Үй басқарушысы оларға: — Қорықпаңдар, жандарың тыныштықта болсын! Өздерің және әкелерің сиынатын Құдай қаптарыңа қазына-байлық сыйлапты. Сендердің ақшаларың қолыма түсті ғой, — деді де, оларға Шимонды алып келді. 24 Үй басқарушысы жігіттерді Жүсіптің сарайына кіргізіп, аяқтарын жуатын су әкелдіріп, есектеріне жем бергізді. 25 Жігіттер Жүсіптің түсте келуіне сәлемдемелерін даярлап қойды, себебі өздерінің сол жерде онымен бірге түстенетіндері туралы естіген болатын. 26 Ақырында Жүсіп үйге келді. Олар қолдарындағы сыйлықтарын алып келіп, оның алдында жерге дейін иіліп тағзым етті. 27 Жүсіп олармен амандасып: — Кәрі әкелеріңнің халі қалай? Маған ол туралы айтып едіңдер ғой. Оның көзі тірі ме? — деп сұрады. 28 Олар: — Құрметті тақсыр ие, әкеміздің халі жақсы, тірі, — деп жауап берді де, ізет көрсете тағы да иіліп тағзым етті. 29 Жүсіп жан-жағына қарағанда, өзінің шешесінен туған інісі Буняминді көріп: — Сендердің маған айтқан кенже інілерің осы ма? Құдай саған рақымын түсірсін, балам! — деді. 30 Туған інісін көргенде, Жүсіптің оған деген сүйіспеншілігі лап етті. Оның басқа ештеңе айтуға шамасы келмей, сол жерден шыға жөнелді. Көзіне жас толып кеткен ол өз бөлмесіне барып, жылап алды. 31 Сонан соң өзін-өзі қолға алып, бетін жуып, сыртқа шықты да, қызметшілеріне тамақ әкелуге бұйырды. 32 Қызметшілер Жүсіпке, ағаларына және бірге тамақтанатын мысырлықтарға бөлек-бөлек дастарқан жайды. Себебі мысырлықтар көшпенділермен бірге тамақтанбайтын. Олар солай етсек, арамданып қалармыз деп сенетін. 33 Ағайындылар жасына қарай үлкенінен бастап кішісіне дейін Жүсіпке қарама-қарсы отырғызылды. Олар бұған қатты таңғалды. 34 Жүсіптің дастарқанынан олардың алдына тамақ таратылған кезде Буняминнің табағына басқаларға қарағанда бес есе артық тамақ түсті. Бәрі Жүсіппен бірге тойғандарынша ішіп-жеп, көңілді отырды.
1 Кейін Жүсіп үй басқарушысына мынадай тапсырма берді: «Жігіттердің қаптарын көтере алғандарынша астыққа толтырып, әрқайсысының төлеген ақшасын қабының аузына сал! 2 Ал кенжелерінің қабының аузына ақшасымен бірге менің күміс тостағанымды да салып қой!» Үй басқарушысы Жүсіптің айтқанын орындады. 3 Ертеңіне жарық түсе ағайындылар есектеріне астық артып алып, жолға шықты. 4 Олар қаладан ұзап шықпай жатып, Жүсіп үй басқарушысына былай деп бұйырды: — Тұр, аналардың артынан қу! Қуып жеткен кезде оларға мынаны айт: «Неге сендер жақсылыққа жамандықпен жауап қайтарып, 5 күміс тостағанды ұрлап кеттіңдер? Бұдан қожайыным ішеді ғой. Мұны ол жаман ырымға жорып отыр. Сендер зұлымдық жасадыңдар!» 6 Үй басқарушысы оларды қуып жетіп, осы сөздерді айтып берді. 7 Олар оған жауап қайтарып: — Мырзамыз мұндай сөздерді неге айтады? Алдыңыздағы құлдарыңыз ондай қылықты істеуден мүлдем аулақ жүреміз! 8 Біз тіпті қаптың ішінен тапқан ақшаны да Қанахан елінен сізге қайтып алып келдік қой. Қалай біз қожайыныңыздың үйінен күміс не алтынды ұрламақпыз? 9 Күміс тостаған қайсымыздан табылса, сол өлім құшсын, ал біз бәріміз қожайынымыздың құлына айналайық, — деді. 10 Үй басқарушысы сонда: — Жарайды, айтқандарың болсын! Тостаған кімнен табылса, сол менің құлым болады! Ал қалғандарың бос боласыңдар, — деп шешті. 11 Олар тездетіп қаптарын жерге түсірді де, әркім өз қабының аузын ашты. 12 Үй басқарушысы үлкенінен бастап кішісіне дейін бәрінің қаптарын тінтіп шықты. Сонда тостаған Буняминнің қабынан табылды. 13 Қатты қапаланған олар көйлектерінің өңірін айыра жыртты. Есектеріне жүктерін артып, қалаға қайта оралды. 14 Яһуда бауырларымен Жүсіптің сарайына келіп жеткенде ол әлі сонда еді. Жігіттер оның алдына жығылып тағзым етті. 15 Жүсіп оларға: — Сендер не істедіңдер? Мен сияқты адамның осындай жайттарды сөз жоқ болжай алатынын білмеп пе едіңдер? — деп тіл қатты. 16 Яһуда: — Тақсыр иемізге не айта аламыз? Енді біз не дейміз, кінәсіз екенімізді қалайша дәлелдейміз? Құдай кінәмізді әшкереледі. Біз де, тостағанды алған адам да бұдан былай тақсыр иеміздің құлдары боламыз, — деп жауап берді. 17 Жүсіп: — Мен олай істеуден аулақпын! Тостаған кімнен табылса, сол ғана менің құлым болады. Ал қалғандарың тыныштықпен әкелеріңе жүре беріңдер! — деп шешті. 18 Сонда Яһуда тұрып, Жүсіпке былай деді: — Уа, тақсыр ием, маған бір ауыз сөз айтуға рұқсат етсеңіз екен. Сіз перғауынға пара-пар болсаңыз да, осы пендеңіздің сөйлеп тұрғанына ашулана көрмеңіз. 19 Тақсыр ием, сіз: «Әкелерің немесе інілерің бар ма?» деп сұраған едіңіз ғой. 20 Сонда біз иемізге: «Әкеміз бар, ол кәрі. Оның қартайған шағында туған кенже баласы бар. Соның бірге туған ағасы өлді, енді бұл — шешесінен қалған жалғыз ұл. Сондықтан әкеміз оны қатты жақсы көреді» деп жауап бердік. 21 Сонда сіз осы құлдарыңызға: «Оны көргім келеді, маған алып келіңдер!» деп әмір еттіңіз. 22 Ием, біз өзіңізге: «Жас жігіт әкесін жалғыз қалдырып кете алмайды. Егер ол қасынан кетсе, әкесі өліп қалады» дедік. 23 Ал сіз: «Кенже інілерің сендерге еріп келмесе, менің көзіме қайтадан көрінбеңдер!» деп бұйырдыңыз. 24 Содан біз сіздің құлыңыз — өз әкемізге қайта оралғанда оған тақсыр иеміздің бұйырғандарын жеткіздік. 25 Кейінірек әкеміз бізге: «Тағы да барып, аздап астық сатып алып келіңдер!» дегенде 26 біз: «Олай бара алмаймыз. Егер кенже ініміз бірге жүрсе, барамыз. Онсыз сол адамның көзіне көріне алмаймыз» дедік. 27 Сонда әкеміз бізге былай деді: «Сендер әйелім Рахиланың маған екі-ақ ұл туып бергенін білесіңдер. 28 Олардың біреуі қасымнан кетіп, жоқ болды. Жыртқыш аң жарып тастаған шығар деймін, өйткені күні бүгінге дейін оны қайтып көрген емеспін. 29 Енді сендер менен тағы мына ұлымды алып кетіп, ол да жолшыбай пәлеге ұшыраса, онда мені қайғыға батырып, ақ шашты басымды ажалынан бұрын көрге тығатын боласыңдар!» 30 Сондықтан егер мен сіздің құлыңыз — өз әкеме қайта оралғанда қасымда оның жанындай жақсы көретін баласы жоқ болып шықса, 31 онда ол мұны көріп, сол жерде өледі. Осылай біз ақ шашты әкемізді қайғыға батырып, ажалынан бұрын көрге кіргіземіз. 32 Уа, тақсыр ием, мен жас жігіттің қауіпсіздігіне басыммен жауап беремін деп әкеме уәде беріп: «Егер мен оны сізге қайта алып келмесем, онда сіздің алдыңызда өмір бойы кінәлі болып өтейін» деген болатынмын. 33 Сондықтан бұл жігіттің орнына мені құлдыққа алып қалып, оны ағаларымен бірге жібере көріңіз! 34 Жас жігіт қасымда болмаса, не бетіммен әкеме барамын? Әкемнің басына түскен бақытсыздығын көрмесем екен! — деп жалынды Яһуда.
1 Сонда Жүсіп айналасында тұрған қызметшілерінің алдында өзін ұстай алмай, оларға: «Бәрің де кетіңдер қасымнан!» — деп айқайлап жіберді. Жүсіп бауырларына өзінің кім екенін айтқанда қасында бөтен ешкім де қалмады. 2 Оның дауыстап жылағаны соншалықты, соны сырттағы мысырлықтар да естіп, бұл туралы хабар перғауынның сарайына да жетті. 3 Жүсіп бауырларына қарап: — Мен Жүсіппін ғой! Әкем шынында да әлі күнге дейін тірі ме? — деп сұрады. Бірақ олар оның алдында қатты абыржып қалғандықтан жауап бере алмады. 4 Жүсіп оларға: — Маған жақындаңдар! — деп, олар қасына келгенде мынаны айтты: — Мен сендер Мысырға сатып жіберген Жүсіппін! 5 Ал енді, ештеңені уайымдамаңдар, мені осында сатып жібердік деп өздеріңді кінәламаңдар! Өйткені Құдайдың Өзі мені осы жерге өмірлеріңді сақтап қалу үшін сендерден бұрын жіберді. 6 Елді аштық жайлағалы екі жыл өтті, енді келесі бес жыл бойы да жер өңделіп, астық егілмейді. 7 Ұрпақтарыңның жер бетіндегі өмірін жалғастыру үшін сендерді ұлы іспен құтқарып, аман-есен қалдыру үшін Құдай мені мұнда өздеріңнен бұрын жіберді. 8 Осылайша сендер емес, Құдай мені бұл жерге жіберді! Ол мені перғауынға әке іспетті бас кеңесші қылып тағайындап, сарайына қожайын, бүкіл Мысыр еліне билеуші етіп қойды. 9 Енді сендер тезірек әкеме жетіп, оған мына сөздерімді жеткізіңдер: «Ұлыңыз Жүсіп сізге былай деп сәлем жолдайды: Құдай мені бүкіл Мысыр елінің әміршісі етіп қойды. Көп кешікпей көшіп келіп, 10 Гөшен аймағына қоныстаныңыз. Сонда балаларыңыз, немерелеріңіз, ірілі-ұсақты малдарыңыз және бар дүние-мүлкіңізбен бірге менің қасымда тұрыңыз. 11 Сізге сол жерде қарайласпақпын, өйткені аштық әлі де бес жылға созылады. Егер олай етпесеңіз өзіңіз, үй ішіңіз және барлық адамдарыңыз жоқшылыққа ұшырайсыздар». 12 Міне, өздерің де, інім Бунямин де өз көздеріңмен көріп тұрсыңдар: сендермен сөйлесіп тұрған мен Жүсіппін! 13 Әкеме мені мұнда қалай қадірлейтіні және өздерің көріп, білген басқа нәрселер туралы да айтып беріңдер! Тезірек барып, әкемді осында жеткізіңдер! — деді де, 14 бірге туған інісі Буняминді мойнынан құшақтап егіле жылады, ол да құшақтап жылай берді. 15 Жүсіп барлық ағаларының да беттерінен сүйіп, құшақтап жылады. Бұдан кейін ағалары онымен сөйлесе бастады. 16 Жүсіптің бауырлары келіпті деген хабар сарайға жеткенде, перғауын мен оның нөкерлері бұған қуанып қалды. 17 Патша Жүсіпке: — Сен бауырларыңа мынаны айт: «Есектеріңе астық артып алып, Қанахан еліне тартыңдар. 18 Сонан соң әкелерің мен отбасыларыңды алып, маған келіңдер. Сендерге жердің өнімін жеу үшін Мысыр елінің ең жақсы бөлігін беремін». 19 Оларға міндетті түрде тағы да былай де: «Әйелдеріңе, балаларыңа арнап Мысырдан күймелер ала кетіп, әкелеріңді өз жұртымен осы жерге көшіріп әкеліңдер. 20 Ол жақтағы дүние-мүліктеріңді ойлап уайымдамаңдар, өйткені Мысырдың ең жақсысы сендердікі болады», — деді. 21 Исраилдің ұлдары солай істеді. Перғауынның тапсырмасы бойынша Жүсіп оларға күймелер және жол азық берді. 22 Әрқайсысына бір-бірден шапан жауып, Буняминге үш жүз мысқал күміс және бес әдемі шапан сыйлады. 23 Ал әкесіне арнап он есекке артып, Мысырдың ең жақсы заттарын, тағы он ұрғашы есекке тиеп, астық, нан, жол азық жіберді. 24 Жүсіп ағаларымен қоштасып, сапарға шығарып салды. Кетерінде оларға: «Жолда бір-біріңмен ұрсыспаңдар!» — деп ескертті. 25 Олар Мысырдан шығып, Қанахан еліне әкелері Жақыпқа келгенде, 26 оған: «Жүсіп тірі екен! Ол — бүкіл Мысырдың әміршісі!» — деген хабарды жеткізді. Ал ұлдарының айтқандарына сенетіндей Жақыптың жүрегі бүлк етпеді. 27 Олардан Жүсіптің сөздерінің бәрін естіп, оның жіберген күймелерін көргеннен кейін ғана Жақып (Исраил) рухтанып: 28 «Көзім жетті: ұлым Жүсіп әлі тірі екен. Мен сонда барып, оны өлмей тұрғанымда көріп қалайын!» — деп шешті.
1 Сонымен Исраил өзінің қасындағы барлық жұртын мал-мүліктерімен ертіп алып, жолға шықты. Ол Бер-Шебаға келгенде әкесі Ысқақ сиынған Құдайға арнап құрбандық жасады. 2 Сонда Құдай оған түнде аян беріп: — Жақып! Жақып! — деп шақырды. Ол: — Тыңдап тұрмын, — деп жауап қатты. 3 — Мен Құдаймын, әкең мойынсұнған Тәңірмін. Мысырға көшіп барудан қорықпа, сенен сол жерде бір үлкен халық өрбітіп таратамын. 4 Мен саған Мысырда да жар болып, сендерді қайтадан Қанахан еліне Өзім алып келемін. Қайтыс болғанда көзіңді жұмғызатын Жүсіп болады, — деді. 5 Осылай Жақып Бер-Шебадан жолға шықты. Ұлдары оның өзін де, олардың балалары мен әйелдерін де перғауын жіберген күймелерге отырғызды. 6 Жақып пен оның үрім-бұтағы — ұлдары мен немере ұлдары, қыздары мен немере қыздары барлығы да Қанахан елінде жинап алған малдары мен дүние-мүліктерін алып, Мысырға көшіп барды. 8 Мысырға көшіп барған Исраилдің (яғни Жақыптың) ұлдарының аттары төмендегідей: Жақыптың тұңғыш ұлының аты Рубен. 9 Рубеннің ұлдары: Ханох, Паллу, Хесрон, Қарми. 10 Шимонның ұлдары: Емуел, Ямин, Яхин, Сохар, Саул; Саул қанахандық әйелден туған. 11 Леуінің ұлдары: Герсон, Қахат, Мерари. 12 Яһуданың ұлдары: Ер, Онан, Шелах, Парес, Зарах. Ер мен Онан Қанахан жерінде қайтыс болды. Парестің ұлдары: Хесрон, Хамул. 13 Исашардың ұлдары: Тола, Пуа, Ишоб, Шимрон. 14 Забулонның ұлдарының аттары: Серед, Елон, Яхлел. 15 Бұлар Лияның Жақыпқа солтүстік Месопотамияда туып берген ұлдары. Дина есімді қыздары да сол жерде дүниеге келді. Барлығын қосқанда Жақып пен Лиядан тарағандар отыз үш ұрпақ болды. 16 Ғадтың ұлдары: Сифион, Хаги, Шуни, Езбон, Ери, Ароди, Арели. 17 Аширдің ұлдары: Имна, Ишуах, Ишуи, Бериях, ал қызы: Серах. Берияхтың ұлдары: Хебер мен Малхиел. 18 Бұлар Лабанның қызы Лияға күтуші күң ретінде берген Зилпаның ұлдары; Зилпадан Жақыптың он алты ұрпағы тарады. 19 Жақыптың әйелі Рахиланың ұлдарының аттары: Жүсіп пен Бунямин. 20 Мысырда Жүсіптің Манаса мен Ефрем есімді ұлдары дүниеге келді. Бұларды Он қаласындағы діни қызметкер Потифердің қызы Асенет туды. 21 Буняминнің ұлдары: Бела, Бехер, Ашбел, Гера, Нағыман, Ехи, Рош, Мупім, Хупим, Ард. 22 Бұлар Рахиланың Жақыпқа туып берген ұлдары мен олардан тарағандар — барлығы он төрт ұрпақ. 23 Данның ұлының аты: Хушим. 24 Нафталимның ұлдары: Яхсиел, Гуни, Есер және Шилем. 25 Бұлар Лабан өзінің қызы Рахилаға күтуші күңі ретінде берген Балханың ұлдары; Балхадан Жақыптың жеті ұрпағы тарады. 26 Жақыпқа еріп Мысырға көшіп барған ұрпақтары, келіндерін қоспағанда, алпыс алты жан еді. 27 Жүсіптің Мысырда туған ұлдары екеу. Осылайша Жақыптың Мысырға көшіп келген бүкіл үрім-бұтағының жалпы саны өзін қосқанда жетпіс болды. 28 Гөшендегі қоныстарын көрсету үшін Жақып Жүсіпке алдын ала Яһуданы жіберді. Осылайша көш Гөшен аймағына жетіп, 29 Жүсіп те күймесін жегіп, әкесі Исраилді қарсы алу үшін Гөшенге қарай беттеді. Әкесін көргенде оны мойнынан құшақтап тұрып ұзақ жылады. 30 Исраил Жүсіпке: «Енді мен өлсем де болады, сенің тірі екеніңе көзім жетті», — деді. 31 Ақырында Жүсіп бауырларына және әкесінің үйіндегі адамдарға былай деді: — Мен перғауынға барып, мынаны айтпақпын: «Қанахан елінен маған бауырларым және әкемнің үй іші көшіп келді. 32 Олар бақташылар, сондықтан ірілі-ұсақты малдары мен дүние-мүліктерінің бәрін өздерімен бірге ала келді». 33 Егер перғауын сендерді өзіне шақырып, кәсіптерің туралы сұрай қалса, 34 сендер: «Уа, тақсыр ие, біз ата-бабаларымыз сияқты бала кезімізден бері мал бағушылармыз» деп жауап беріңдер. Сонда ол сендерге Гөшен аймағында қалуға рұқсат береді. Өйткені мысырлықтар үшін ұсақ мал бағушылар жиренішті, — деді.
1 Жүсіп перғауынға барып, былай деп мәлімдеді: «Әкем мен бауырларым ірілі-ұсақты малдарымен, бар дүние-мүлкімен Қанахан елінен көшіп келді. Қазір олар Гөшен аймағында». 2 Жүсіп ертіп апарған бес бауырын перғауынға таныстырды. 3 Патша оның бауырларынан: — Немен айналысасыңдар? — деп сұрады. Олар: — Уа, тақсыр ие, біз ата-бабаларымыздай қой-ешкі бағамыз. 4 Бұл жерге жат жұрттық болып тұруға келіп жатырмыз. Қанаханда аштық қатты үдеп кеткендіктен малдарымызға жайылатын өріс қалмады. Сол себепті Гөшенде тұрып қалуымызға рұқсат бере көріңіз, — деп жауап берді. 5 Перғауын Жүсіпке былай деп бұйырды: — Әкең, бауырларың саған келіп жатыр. 6 Мысыр елі сендер үшін ашық. Әкең мен бауырларыңды елдің ең жақсы жеріне қоныстандыр: олар Гөшен аймағын мекендесін! Араларында кәсібіне ерекше ұқыпты адамдардың бар екенін білсең, соларды менің малдарымның үстінен қарайтын аға бақташылар етіп тағайында! 7 Мұнан соң Жүсіп әкесін ертіп келіп, перғауынға таныстырды. Жақып онымен амандасқан соң, 8 перғауын: — Сіз нешедесіз? — деп сұрады. 9 Ол: — Мен жүз отыз жыл жат жұрттық болып өмір сүріп келемін. Өмірімнің жылдары әрі аз, әрі азапқа толы болды. Олар аталарымның бөтен елде көшіп-қонып жүріп жасаған жылдарынан әлдеқайда аз, — деп жауап қатты. 10 Содан Жақып перғауынға батасын беріп, қасынан шығып кетті. 11 Сонымен Жүсіп әкесі мен аға-інілерін Мысырға қоныстандырып, перғауын айтқан Рамсес қаласының төңірегіндегі ең жақсы жерді олардың меншігі етіп пайдалануға берді. 12 Жүсіп әкесін, бауырларын, әкесінің үй ішін түгелімен әр отбасының қажетіне қарай астықпен де қамтамасыз етті. 13 Барлық елде астық қалмады. Жұттың өте қатты болғаны сондай, Мысыр мен Қанахан елдері аштықтан құрып кете жаздады. 14 Содан олардың тұрғындары астық сатып алу үшін қолындағы бар ақшаларын Жүсіпке өткізді. Ол бұл қаржыларды жинап, перғауынның сарайына апарды. 15 Мысыр мен Қанахандағы жұрттың ақшасы сарқылғанда, мысырлықтар түгелдей Жүсіпке келіп: — Бізге астық бере көріңіз. Біз неге сіздің көз алдыңызда аштан қырылмақпыз? Ал ақшамыз таусылды, — деп өтінді. 16 Жүсіп оларға: — Ақшаларың таусылса, малдарыңды әкеліңдер. Мен оларды астыққа айырбастап беремін, — деді. 17 Сонда олар малдарын айдап келіп, Жүсіп оларға жылқыларының, ірілі-ұсақты малдары мен есектерінің орнына астық берді. Сол жылы оларды барлық малдарының есебінен астықпен қамтамасыз етті. 18 Олар Жүсіпке келесі жылы да келіп, былай деп өтініш жасады: — Уа, тақсыр, біз ақшамыздың біткенін ғана емес, сонымен қатар малымыздың да иеміздікі болғанын ашық мойындаймыз. Бізде иемізге ұсынатын жеке басымыз бен жерімізден басқа түк те қалмады. 19 Неге сіздің көз алдыңызда өзіміз де, жеріміз де құрып кетуге тиіспіз? Бізді және егіндіктерімізді астыққа сатып алыңыз, осылай перғауынның меншігіне айналамыз. Бізді өлмей, тірі жүрсін, жеріміз қаңырап бос қалмасын десеңіз, тұқым бере көріңіз. 20 Содан Жүсіп Мысырдың бүкіл егіндік жерін перғауынға сатып алды. Аштық қысқан мысырлықтардың әрқайсысы егіндігін сатып, жер перғауынның меншігіне көшті. 21 Осылай Жүсіп Мысырдың о шеті мен бұ шетіндегі халқын түгел құлға айналдырды. 22 Жүсіп тек діни қызметкерлердің жерлерін ғана сатып алмады. Олар перғауыннан үздіксіз алып тұрған жалақыларымен күнелткендіктен, жерлерін сатуға мәжбүр болмады. 23 Жүсіп халыққа: — Сонымен мен бүгін өздеріңді, сондай-ақ егістік жерлеріңді де перғауын үшін сатып алдым. Енді сендерге жерге себетін тұқым үлестіремін. 24 Бұдан былай сендер түскен өнімнің бестен бірін перғауынға салық ретінде беруге тиіссіңдер. Қалған төрт бөлігі себілетін тұқым әрі отбасыларыңның жейтін тамағы ретінде өздеріңде қалсын, — деп жариялады. 25 Сонда халық: — Сіз өмірімізді сақтап қалдыңыз. Бізге қожайынымыздың рақымы түссе екен дейміз. Енді перғауынның басыбайлы қызметшілері боламыз, — деп мақұлдады. 26 Осылайша Жүсіп мысырлықтар үшін жинаған өнімдерінің бестен бірін перғауынға беруді заңға айналдырды. Бұл заң күні бүгінге дейін күшінде. Тек діни қызметкерлердің жерлері ғана перғауынның меншігіне кірмей қалды. 27 Исраилдіктер Мысырдағы Гөшен аймағына көшіп келіп, орнығып алған соң, өсіп-өніп, қатты көбейді. 28 Жақып Мысыр елінде он жеті жыл тұрып, жасы жүз қырық жетіге жетті. 29 Ажалы жақындағанда ол баласы Жүсіпті шақыртып алып, оған былай деді: — Маған жақсылық жасағың келсе, қолыңды жамбасымның астына қойып тұрып мынадай уәде бер: сен менің сүйегімді Мысырда қалдырмайсың. Маған деген сүйіспеншілігің мен адалдығыңның белгісі сол болсын. 30 Мен ата-бабаларымның қасына аттанғаннан кейін сүйегімді Мысырдан әкетіп, олар жатқан қабірге апарып қоярсың! — Жүсіп: — Айтқаныңызды орындаймын, — деп сөз берді. 31 Жақып: — Маған антыңды бер! — деген соң Жүсіп оған ант берді. Сонда Исраил таяғының басына сүйеніп тұрып Құдайға ғибадат етті.
1 Біраз уақыт өткенде Жүсіпке «Әкең ауырып жатыр» деген хабар жетті. Жүсіп ұлдары Манаса мен Ефремді ертіп алып, әкесінің қасына барды. 2 Жақыпқа «Сізге ұлыңыз Жүсіп келе жатыр» дегенде, ол күшін жинап, төсегінде басын көтеріп отырды. 3 Содан Жақып ұлына тіл қатып былай деді: — Құдіреті шексіз Құдай маған Қанахан жеріндегі Лұзда аян беріп батасын берген болатын. 4 Сонда ол маған мынадай сөздер айтты: «Мен сені ұрпақты етіп көбейтемін, топ-топ руларға айналдырамын. Осы елді сенің ұрпақтарыңның тұрақты меншігіне беремін». 5 Ал енді, мен саған келмей тұрғанда Мысыр елінде туған сенің екі ұлың менікі. Ефрем мен Манаса екеуі де Рубен, Шимон сияқты өзімнің ұлдарым болады. 6 Кейінірек туатын балаларың сенікі болмақ. Алайда олардың ұрпақтары өз үлестеріне тиген жерлерінде ағалары Ефрем мен Манасаның аттарымен аталатын болады. 7 Мен солтүстік Месопотамиядан қайтып келе жатып, Қанахан еліндегі Ефратаға таяу қалғанда Рахила қайтыс болды. Мен оны жоқтап, сол жерде, Ефратаға бара жатқан жолдың бойында, қабірге қойдым. — Сол Ефратаның бүгінгі аты Бетлехем. 8 Исраил Жүсіптің ұлдарына қарап: — Мыналар кімдер? — деп сұрады. 9 — Бұлар Құдай маған сыйлаған екі ұлым. — Маған жақындатшы, оларға батамды берейін. 10 Қартайғандықтан Исраилдің көздері нашар көретін еді. Жүсіп ұлдарын әкесіне жақындатып, ол немерелерін беттерінен сүйіп, құшақтады. 11 Жүсіпке: — Өзіңнің жүзіңді қайта көруден үмітім үзілген еді. Ал Құдай маған тіпті ұлдарыңды да көруге бұйыртты, — деді. 12 Жүсіп әкесінің алдында отырған ұлдарын оның құшағынан босатып алып, оған жерге дейін бас иіп тағзым етті. 13 Ол оң қолымен Ефремді ұстап Исраилдің сол жағына, ал Манасаны сол қолымен ұстап оның оң жағына апарып тұрғызды. 14 Алайда Исраил оң қолын кенжесі болса да Ефремнің басына, ал сол қолын тұңғыштығына қарамастан Манасаның басына қойып тұрып, екі қолын айқастырып ұстады. 15 Исраил Жүсіпке батасын беріп тұрып былай деді: — Аталарым Ыбырайым мен Ысқақ Құдайдың көз алдында ғұмыр кешті. Құдай менің де өмір бойы бүгінге дейін Қорғанышым болып келеді. 16 Ол — барлық апаттан мені құтқарып келген Хабаршы, енді мына балаларды да жарылқай көрсін! Менің атым және аталарым Ыбырайым мен Ысқақтың аттары осылар арқылы жалғаса беріп, олар жер бетінде кереметтей көбейсін! 17 Әкесі оң қолын Ефремнің төбесіне қойғаны Жүсіпке ұнамады. Сондықтан ол оң қолын Ефремнің басынан алып, Манасаның төбесіне қоймақшы болып: 18 — Әке, олай емес! Тұңғышы мынау, оң қолыңызды соның басына қойыңыз, — деді. 19 Бірақ әкесі бұған қарсы шығып: — Ұлым, мен оны өзім де білемін. Бұдан да халық шығып, ол да атақты болады. Бірақ оның інісі ағасынан да ұлы болып, оның ұрпақтарынан топ-топ рулар тарайды, — деді. 20 Жақып оларға батасын беріп тұрып: — Исраилдің ұрпағы бата бергенде сенің атыңды атап, «Құдай сені Ефрем мен Манасадай қылсын!» деп айтатын болады, — деді. Осылайша ол Ефремді Манасадан жоғары қойды. 21 Содан кейін Исраил Жүсіпке: — Біліп ал: жақында мен бұ дүниеден кетемін. Бірақ Құдай жар болып, сендерді аталарыңның жеріне қайтарады. 22 Мен семсер-садағыммен аморлықтардың қолынан тартып алған қыратты жерімді ағаларыңның озаты ретінде саған арнап қалдырамын, — деді.
1 Жақып ұлдарын шақыртып алып былай деді: — Бәрің келіңдер, мен сендерге келешекте не болатынын айтып берейін: 2 Жақыптың ұлдары, жиналыңдар, Әкелерің Исраилге құлақ салыңдар! 3 Рубен, сен тұңғышымсың, менің күшімсің, Һәм күш-қуатымның алғашқы белгісісің! Сен құрметтеліп, билік жүргізуге лайықсың, 4 Бірақ тасыған судай шектен тыс астың: Сен әкеңнің төсегін аттап, арамдадың, Содан тұңғыштық жолыңнан айырылдың! 5 Ағайынды жігіттер Шимон және Леуі: Кісі өлтіргіш қарулар — семсерлері. 6 Ақыл-кеңестеріне ортақтығым жоқ, Қабылдаған шешімдеріне де қатысым жоқ! Олар ашуға беріліп, құртты адамның көзін, Қызық үшін бұқаның кесті тілерсегін. 7 Сол екеуінің жауыз ашу-ызасын Қарғыс атсын һәм рақымсыз қаһарын! Сендерді Исраилдің ішіне бытыратамын, Жақыптың халқының арасына таратамын. 8 Яһуда, сені бауырларың мадақтайды! Қолың жауыңның желкесінен түспейді, Әкеңнің ұлдары саған бас иеді. 9 Яһуда, сен жас арыстанға ұқсайсың! Ұлым, аң аулап, қайтып келе жатырсың: Ол еркек арыстан құсап қомданады, Күшігін қорғайтын ана арыстандай жатады; Оны мазалауға кімнің батылы барады? 10 Қолынан патша таяғын еш тартып алмайды, Билік белгісі Яһуда әулетінде орнайды, Бейбітшілік Әкелуші келеді ақырында, Халықтар Оған мойынсұнып бағынады да! 11 Яһуда есегін мықты жүзім бұтасына, Қодығын байлап қояды жүзім сабағына. Ол өз шапанын жүзім шарабына, Киімін жуатын болады жүзім шырынына. 12 Көзінің түсі шараптан жылтырақ, Тістері сүттен де аппақ болмақ. 13 Забулон теңіздің жағалауындағы Кеме тоқтайтын аймақта тұрады, Шекарасы Сидонға дейін созылады. 14 Исашар мықты есектей болады, Екі қоржынның арасына орнығады. 15 Ол дем алуды қатты ұнатады, Өз жерінің ұнамды екенін байқап, Иығын жүк артуға ыңғайлап, Басыбайлы қызметшіге айналады. 16 Дан Исраилдің бір руы болады, Халқына төрелік айтады. 17 Дан жол жиегіндегі жылан тәрізді, Жолда жатқан сұр жылан секілді, Ол атты өкшесінен шаққанда Соған мінген құлайды артқа. 18 О, Жаратқан Ие, бар пәледен Құтқаруыңды зарыға күтемін мен! 19 Тонаушылар тобы шабуылдап Ғадты ығыстырады, Бірақ ол барлық жауларын да өкшелеп тықсырады. 20 Ашир азық-түлікке дәйім бай болады, Ол патшаға лайықты дәмді тағам шығарады. 21 Нафталим жедел жүрісті елік секілді, Ол, сондай-ақ, сүйкімді сөздердің иесі. 22 Жүсіп — мол жеміс беретін жүзім бұтасы, Ол бұлақ басында өсіп-өніп тұрады, Сабақтары дуалдан асып шығады. 23 Дұшпандары ызаландырып шабуыл жасады, Оқ атқан садақшылардай қастық жасады. 24 Бірақ үнемі керулі оның садағы, Керемет епті қарулы қолдары. Оны Жақып сиынған құдіретті Құдайы — Исраилді қолдап жүретін Бағушысы Әрі жылжымас Жартасы қорғайды. 25 Иә, әкеңнің Құдайы өзіңді қолдайды! Құдіреті шексіз Құдай сені аспаннан Бар жақсылықтармен жарылқасын әрқашан! Шыңырау бұлақтарын молынан ағызсын, Сәби мен төлді көп қып, аққа тойғызсын! 26 Лайым әкеңнің берген осы баталары Атам заманнан тұрған таулардан, Көне қырлардан үміт еткен баталардан Әлдеқайда асып түсе берсін! Бұл баталарым төбесіне Жүсіптің — Бауырларының ішінен таңдаулының Басына әрдайым қона берсін! 27 Бунямин жыртқыш қасқырға ұқсайды: Таң ата аулаған аңын жалмайды, Кешкісін де олжасын бөлісіп тояды. 28 Осылайша Жақып он екі ұлының бәріне сөзін арнады. Әрқайсысына өзіне сай келетін ерекше батасын беріп, болашақта олардан тарайтын Исраилдің он екі руы туралы айтып берді. 29 Содан кейін Жақып ұлдарына былай деп өсиеттеді: — Мен жуырда ата-бабаларымның қасына аттанамын. Менің сүйегімді хеттік Ефронның егістігіндегі үңгірге апарып қойыңдар! 30 Бұл үңгір Қанахан елінде, Мамренің қасындағы Махпела егістігінде орналасқан. Оны (марқұм атам) Ыбырайым зират үшін жерімен қоса хеттік Ефроннан сатып алған. 31 Сол қабірге марқұм Ыбырайым мен әйелі Сара, Ысқақ пен әйелі Рабиға қойылды. Соған мен Лияның мәйітін де апарып қойдым. 32 Жер танабы мен ондағы үңгір — хеттіктерден сатып алынған меншігіміз. 33 Жақып ұлдарына осы өсиет сөздерін айтып болысымен қайтадан төсегіне жайғасты. Содан ақырғы демін шығарып, ата-бабаларының қасына аттанды.
1 Сонда Жүсіп әкесін бас салып құшақтап, жылап бетінен сүйді. 2 Бұдан кейін ол өзіне қызмет жасап жүрген дәрігерлерге әкесінің денесіне май дәрі жағып бальзамдауға бұйырды. Олар Исраилдің мәйітіне қырық күн бойы хош иісті май дәрілер жақты, 3 себебі бальзамдау үшін осыншама уақыт керек болатын. Мысырлықтар да Жақыпты жетпіс күн бойы жылап аза тұтты. 4 Қаралы күндер аяқталғанда Жүсіп перғауынның уәзірлеріне: — Маған мейірімділік көрсетіп, перғауынға мынаны жеткізіңдер: 5 әкем марқұм көзі тірісінде маған: «Біліп ал, мен жуырда өлемін. Сүйегімді өзім Қанахан жерінде дайындап қойған қабірге апарып қоярсың!» деп өсиеттеп, осылай істеуге менен ант алған еді. Сондықтан енді әкемнің мәйітін қабірге қою үшін сол жерге барып, қайтып келейін, — деп өтініш жасады. 6 Мұны естіген перғауын Жүсіпке: — Әкеңе берген антыңа сай сол жаққа барып, сүйегін зиратқа қойып қайт! — деп рұқсатын берді. 7 Сонымен Жүсіп жолға шықты. Оған перғауынның бүкіл нөкерлері — сарайындағы уәзірлері және Мысыр елінің рубасылары түгел ерді. 8 Бұлармен бірге Жүсіптің үй іші, аға-інілері және әкесінің үйіндегі барлық адамдар ілесті. Гөшен елінде тек бала-шағалары мен ірілі-ұсақты малдары ғана қалды. 9 Күймелер, салт аттылар да Жүсіппен бірге жүрді. Осылай бәрі үлкен көшке айналды. 10 Олар Иордан өзенінің арғы жағында орналасқан Горен-Ғатадқа жеткен соң жеті күн бойы марқұмды зор қастерлеп еңіреп жылап жоқтады. 11 Жергілікті қанахандықтар Горен-Ғатадтағы жоқтауды көріп: «Мысырлықтар үлкен жоқтау жасап жатыр», — десті. Сол себепті Иорданның ар жағындағы бұл жер Әбел-Мысраим («Мысырлықтардың жоқтауы») деп аталып келеді. 12 Ал Жақыптың ұлдары әкелерінің айтқан өсиетін орындап, 13 оның сүйегін Қанахан еліне, Ыбырайымның өз отбасының меншікті зираты ретінде хеттік Ефроннан сатып алған, Мамренің қасындағы Махпела егістігінде орналасқан үңгірге апарып қойды. 14 Мұнан соң Жүсіп бауырларымен және өзіне еріп келген барлық адамдарымен Мысырға қайтып кетті. 15 Әкелері өлген соң Жүсіптің ағалары бір-біріне: «Егер Жүсіп өзіне істеген жаман қылықтарымыз үшін бізден кек алатын болса қайтеміз?» — десті. 16 Сол себепті олар Жүсіпке былай деп сәлем айтты: — Сіздің әкеңіз өлер алдында бізге мынаны тапсырып кетті: 17 «Сендер Жүсіптен ағаларыңның өзіңе жасаған күнәлары мен жауыздық әрекеттерін кешіре гөр деп сұраңдар!» Енді сіз әкеңіз сиынатын Құдайдың біздей құлдарының күнәларын кешіре көріңіз! — Жүсіп бұл сөзді естігенде жылап қоя берді. 18 Содан кейін ағалары Жүсіпке өздері келіп: — Сіздің құлдарыңызбыз, — деп, оның алдына жерге бас ұра жығылды. 19 Ал Жүсіп оларға: — Қорықпаңдар! Мен Құдайдың орнында емеспін ғой. 20 Сендер маған жамандық ойладыңдар, бірақ Құдай мұның бәрін жақсылыққа соқсын деп, осы арқылы көп адамдарды аштан өлуден аман сақтап қалуға ниет етті. Ол солай болды да. 21 Сондықтан қорықпаңдар, мен сендерге де, балаларыңа да қамқор боламын, — деді. Осылай жылы сөйлесіп, ағаларының көңілдерін орнықтырды. 22 Жүсіп Мысырда әкесінің үй ішімен бірге тұрып, жүз он жасқа толды. 23 Ол Ефремнің үшінші ұрпағынан шөпшек ұлдарын да көріп, Манасадан туған Махырдың ұлдарын бауырына басты. 24 Жүсіп бауырларына: «Мен жуырда дүниеден қайтамын. Алайда Құдай рақымшылық жасап, сендерді осы елден сөзсіз алып шығып, Өзі Ыбырайымға, Ысқаққа және Жақыпқа ант беріп, уәде еткен еліне бастап апаратын болады», — деді. 25 Сол себепті Жүсіп Исраилдің ұрпақтарынан ант алып: «Құдай рақымын түсіріп, сендерді ешбір шүбәсіз осы жерден алып шығатын болады. Сол кезде менің сүйегімді де өздеріңмен бірге осы жерден ала кетіңдер!» — деп өсиеттеді. 26 Жүсіп жүз онға жетіп, қайтыс болды. Оның бальзамдалған мәйіті табытқа салынып, Мысыр елінде сақталып қойылды.
1 Исраил деп те аталған Жақып Мысыр жеріне ұлдарын өз үй іштерімен қоса көшіріп әкелген еді. Олар мыналар: 2 Рубен, Шимон, Леуі, Яһуда, 3 Исашар, Забулон, Бунямин, 4 Дан, Нафталим, Ғад, Ашир. 5 Жақыптан тараған ұрпақтардың саны сол кезде жетпіс болатын. Ал ұлдарының бірі — Жүсіп Мысыр еліне бұрынырақ келген еді. 6 Уақыт жетіп, Жүсіп пен бауырлары және олардың тұсында өмір сүргендердің барлығы да бұ дүниеден өтті. 7 Ал Исраилдің үрім-бұтағы өсіп-өніп, сансыз көбейіп, күшейіп алғандары соншалық, жер солармен толып кетті. 8 Сол кезде Мысырда жаңа бір патша билік құрды. Ол (осы ел үшін зор жақсылық жасаған) Жүсіп туралы білмейтін. 9 Патша өз халқына: — Қараңдаршы, Исраилдің үрім-бұтағы тым көбейіп, күшейіп кетті. 10 Ендеше ақылды шара ойластырып, олардың бұдан әрі көбеюлеріне жол бермейік. Әйтпесе соғыс бола қалған күнде дұшпандарымызға қосылып, бізге қарсы шайқасып, елімізден басқа жаққа көшіп кетер, — деп ойындағысын айтты. 11 Содан олар Исраил халқын ауыр жұмыспен діңкелетіп, қысым көрсету үшін үстерінен бақылаушылар тағайындады. Сонымен исраилдіктер Мысыр патшасы перғауын үшін қоймалар ретінде Питом, Рамсес қалаларын салды. 12 Бірақ Исраил халқы неғұрлым көп қысым көрген сайын, соғұрлым өсіп-өніп, кеңінен жайыла түсті. Мысырлықтар олардан қатты қауіптеніп, 13 халықты аяусыз құлдыққа салды. 14 Оларды саз балшықтан илеп кірпіш құйып, үй салудың және егіндіктің кез келген ауыр жұмыстарына жекті де, қаталдықпен әр түрлі қара жұмыстарға мәжбүрлеп, өмірлерін аса қиындатты. 15 Бұларға қоса Мысыр патшасы әйелдер босандырушы исраилдік Шипыра мен Пуаны шақырып алып, оларға: 16 — Исраилдік әйелдерді босандырған кезде нәрестенің жынысына назар аударыңдар: дүниеге ұл келсе, өлтіріңдер, ал қыз туса, тірі қалдырыңдар! — деп бұйырды. 17 Бірақ әйел босандырушылар Құдайды терең қастерлегендіктен Мысыр патшасының айтқанын орындамай, туған ер балаларды тірі қалдыра берді. 18 Мысыр патшасы мұны білгенде екеуін шақырып алып: — Сендер неге бұлай істеп жүрсіңдер? Неліктен ер балаларды өлтірмейсіңдер? — деп ұрысты. 19 Олар: — Исраилдік әйелдер мысырлықтарға ұқсамай, өте күшті болып жатыр: олар босандырушы келмей тұрып-ақ босанып қояды, — деген жауап қайтарды. 20 Босандырушылар Құдайды терең қастерлеп, осылай істегендері үшін, Құдай оларға мейірімін төгіп, үйлерін жарылқап ұрпақ сыйлады. Исраил халқы да өсіп-өніп өте күшті болды. 22 Сонда перғауын өзінің бүкіл халқына: «Исраилдіктердің дүниеге келген әрбір ер баласын Ніл өзеніне лақтырып, ал қыздарын тірі қалдырыңдар!» — деген жарлық шығарды.
1 Сол кездері Леуі руынан шыққан бір адам өз руынан әйел алады. 2 Сол әйел жүкті болып, ұл туады. Сәбидің ерекше әдемі екенін көрген шешесі оны үш ай бойы жасырып бағады. 3 Алайда бұдан әрі жасыра алмайтындықтан, әйел қамыстан себет тоқып, оны қара шайырмен бітеп, нәрестені ішіне жатқызады. Сонан соң себетті Ніл өзенінің жағасында өсіп тұрған құрақтың арасына апарып, суға қоя береді. 4 Баланың әпкесі алысырақ жерге тығылып қалып, онымен не болар екен деп аңдып тұрады. 5 Сол мезгілде перғауынның қызы шомылу үшін өзенге келеді. Күтуші қыздары су жағасында әрі-бері жүрумен болады. Қамыс арасынан себетті байқап қалған ханша бір күтуші қызын жұмсап, оны алдыртады. 6 Ханша себетті ашып, ішінде жатқан нәрестені көреді. Сол ұл бала жылап жатыр екен. Ханша оны аяп кетіп: — Бұл — исраилдік нәресте ғой, — дейді. 7 Сонда сәбидің әпкесі тығылып отырған жерінен шығып: — Мен барып, бөбекті емізу үшін сізге бір исраилдік әйелді шақырып алып келейін бе? — деп сұрайды. 8 Ханша: — Иә, бара ғой, — дейді. Қыз барып, нәрестенің шешесін алып келеді. 9 Ханша оған: — Мына нәрестені ал, оны менің орныма емізетін боласың. Сол үшін ақыңды төлеймін, — деп бұйырады. Әйел бөбекті емізіп асырау үшін үйіне алып кетеді. 10 Сәби біраз өскеннен кейін шешесі оны перғауынның қызына апарып береді. Ханша баланы бауырына басып, «Оны судан шығарып алдым ғой», — деп, оған Мұса («Шығарып алған») деген ат қояды. 11 Арада бірнеше жыл өтіп, Мұса ержеткенде бір күні өз халқының арасына барып, олардың қандай ауыр жұмыс істеп жүргендерін көрді. Сол кезде ол исраилдік ұлттастарының біреуін бір мысырлықтың ұрып-соғып жатқанын байқап қалды. 12 Мұса жан-жағына қарап, ешкімнің жоқ екеніне көзі жеткен соң, мысырлықты ұрып өлтіріп, құмға көміп тастады. 13 Келесі күні де Мұса далаға шыққанда, бір-бірімен төбелесіп жатқан екі исраилдікті көрді. Жәбір көрсеткенге ол: — Сен неге бауырласыңды ұрасың? — деді. 14 Сол адам: — Кім сені бізге басшы әрі төреші етіп тағайындады? Сен немене, мысырлықты өлтіргендей мені де өлтірмексің бе? — деп жауап қайтарды. Мұса: «Менің істегенім туралы жұрт біліп қойған екен ғой», — деп ойлап, үрейі ұшты. 15 Болған жайды перғауын да естіп, Мұсаны өлтіртпек болды. Бірақ ол перғауыннан қашып кетіп, Мадиян еліне барып, тоқтады. Бірде Мұса құдық түбінде отырған еді. 16 Мадияндық діни қызметкердің жеті қызы бар болатын. Олар әкелерінің қой-ешкілерін суару үшін сол құдықтан су тартып, науаларды толтыратын. 17 Алайда басқа қойшылар да келіп, бұларды қуып жіберіп, (алдымен өз малдарын суарып алатын). Бірақ бұл жолы Мұса орнынан ұшып тұрып, қыздарды қорғап, малдарын суарып берді. 18 Қыздар үйлеріне қайтқанда әкелері Рәгуел: — Қалайша бүгін ерте келіп қалдыңдар? — деп сұрады. 19 Олар: — Бір мысырлық жігіт бізді қойшылардан қорғап, тіпті су тартып, малымызды суарып берді, — деп жауап қатты. 20 Сонда әкелері: — Сол жігіт қайда? Оны неге далада қалдырып кеттіңдер? Тамақ ішсін, шақырып келіңдер, — деп тапсырды. 21 Оның қонақжайлылығына риза болған Мұса үйінде тұрып қалуға келісті. Уақыт өте, діни қызметкер Мұсаға қызы Сипораны әйелдікке берді. 22 Кейін әйелі ұл туып, Мұса оған Гершом (яғни «Сол жерге кірме») деген ат қойды. Себебі ол: «Мен бөтен жердегі жат жұрттық кірме болдым», — деді. 23 Ұзақ уақыттан кейін Мысырдың патшасы дүниеден қайтты. Ал исраилдіктер әлі де құлдықтан бейнет шегіп, күңірене күрсініп зарлап жатты. Олардың көмек сұрап жалбарынуы Құдайдың құлағына жетті. 24 Зарлаған дауыстарын естігенде Құдай Өзінің Ыбырайым, Ысқақ, Жақыппен жасаған Келісімін рақыммен есіне алды. 25 Осылай Құдай Исраил халқының мүшкіл халіне назар аударып, олардың қамдарын ойлады.
1 Мұса қайын атасы — мадияндық діни қызметкер Етордың ұсақ малдарын бағып жүрді. Бір күні ол отарын айдаланың алыс түкпіріне, Құдайдың тауы деп те аталатын Хориб тауына айдап барды. 2 Сол жерде оған Жаратқан Иенің періштесі бір тікенді бұтаның ортасынан жалындап жанған от ішінен аян берді. Мұса бұтаның от болып жалындап тұрғанымен өртеніп кетпегенін байқаған еді. 3 Сонда ол іштей: «Мынау қызық көрініс екен, сол жерге жақынырақ барып, бұтаның неліктен өртеніп кетпей жатқанын қарайыншы», — деп ойлады. 4 Жаратқан Ие Мұсаның қарау үшін жақындап келгенін көрді. Содан Құдай бұта арасынан оған: — Мұса! Мұса! — деп дауыстады. Ол: — Тыңдап тұрмын, — деп жауап берді. 5 Құдай: — Мұнда жақындама, аяқкиіміңді шеш! Сен тұрған осы жер киелі, — деп бұйырып, 6 — Мен әкеңнің Құдайымын әрі Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын, — деді. Мұса Оған қарауға дәті бармай, бетін жауып алды. 7 Жаратқан Ие: — Мен халқымның Мысырда шеккен жәбіріне назар аударып, олардың айдаушыларынан қаналып, қинала айқайлағандарына құлақ салып келемін; олардың көрген азаптарын түгел білемін. 8 Сондықтан Мен халқымды мысырлықтардың қолынан азат ету үшін көктен түстім. Оларды Мысырдан алып шығып, қанахандықтар, хеттіктер, аморлықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктер қоныстанған елге бастап алып барамын. Сол елдің жері шұрайлы, кең-байтақ, ағы мен балы ағыл-тегіл мол. 9 Енді мынаны біліп қой: исраилдіктердің қинала айқайлаған дауыстары құлағыма жетіп, Мен мысырлықтардың оларды аяусыз қанағандарын көріп тұрмын. 10 Кәне, жүр, Мен сені перғауынға жіберемін. Сен халқым Исраилді Мысырдан бастап алып шығасың! — деп бұйырды. 11 Ал Мұса Құдайға: — Перғауынға барып, исраилдіктерді Мысырдан алып шығатындай соншама мен кіммін? — деп жауап қайырды. 12 Құдай: — Мен саған жар боламын. Сен халықты Мысырдан алып шыққан соң, сендер Маған осы таудың маңында ғибадат ететін боласыңдар. Сені Өзім жібергендігімнің дәлелі сол болмақ, — деді. 13 Ал Мұса Құдайға: — Енді мен исраилдіктерге барып, «Мені ата-бабаларыңның Құдайы сендерге жіберді» десем, олар менен «Оның есімі кім?» деп сұрайды ғой. Сонда не деп жауап беруім керек? — деген сұрақ қойды. 14 Құдай оған былай деп жауап қатты: — Мен (Мәңгі) Бар Болушымын. Исраилдіктерге: «(Мәңгі) Бар Болушымын деген мені сендерге жіберді» деп айт. — 15 Құдай сөзін жалғап тағы былай деді: — Исраилдіктерге мынаны да айт: «Ата-бабаларыңның Құдайы, Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы — Жаратқан Ие мені сендерге жіберіп отыр. Мәңгі бақи Менің атым осылай болмақ. Күллі келер ұрпақтар да Мені осы есіміммен естеріне сақтасын». 16 Бар да, Исраилдің рубасыларын жинап алып, оларға былай де: «Ата-бабаларыңның Құдайы, Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы — Жаратқан Ие маған аян беріп, мынаны айтты: Мен сендерді назарымда ұстап келемін, Мысыр елінде көрген жәбірлеріңді түгел білемін. 17 Сендерді Мысырдың езгісінен құтқарып, қанахандықтар, хеттіктер, аморлықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктер қоныстанған, ағы мен балы ағыл-тегіл елге алып баруға уәде бердім». 18 Сонда Исраилдің рубасылары сенің айтқандарыңа ден қоятын болады. Мұнан кейін оларды ертіп, Мысыр патшасының алдына бар. Оған былай деңдер: «Біз, исраилдіктер, сиынатын Құдайымыз — Жаратқан Ие бізге аян берді. Енді үш күндік жердегі айдалаға барып, Құдайымыз Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалуға бізге рұқсат етіңіз». 19 Алайда құдіретті күш көндірмесе, Мысыр патшасының сендерді жібермейтінін білемін. 20 Сондықтан Мен Мысырға құдіретті қолымды созып, оны керемет істеріммен ойрандаймын. Содан кейін ғана перғауын сендерді қоя бермек. 21 Ал Мен мысырлықтарды халқыңа оң көзбен қаратамын, кеткен кездеріңде құр қол аттандырмаймын. 22 Араларыңдағы әрбір әйел көршілес және бірге тұрған мысырлық әйелдерден алтын-күміс бұйымдар мен әсем киімдерді сұрап алсын. Бұларды ұл-қыздарыңа сәндеп кигізіңдер, осылайша мысырлықтардың байлығын олжалайтын боласыңдар.
1 Сонда Мұса: — Ал егер исраилдіктер маған сенбей, айтқаныма құлақ аспастан: «Жаратқан Ие саған аян берген емес» десе, қайтемін? — деп жауап қайырды. 2 Жаратқан Ие оған: — Қолыңдағың не? — деді. — Таяғым. — Жаратқан Ие: 3 — Оны жерге лақтыр! — деді. Мұса (мал баққанда қолына ұстап жүретін) таяғын жерге лақтырып жібергенде, ол жыланға айналды. Мұса одан қаша жөнелді. 4 Ал Жаратқан Ие Мұсаға: — Қолыңды созып, оны құйрығынан ұстап ал! — деп бұйырды. Мұса жыланды ұстап алғанда, ол қолында қайтадан таяққа айналды. 5 Жаратқан Ие: — Осы құдіретті істі исраилдіктерге көрсет. Ол халқыңның ата-бабалары Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы — Жаратқан Ие Өзім болып, мұнда саған аян бергендігіме солардың көздерін жеткізбек, — деді. 6 Содан кейін Жаратқан Ие оған: — Қолыңды қойныңа тық! — деп бұйырды. Мұса солай істеді де. Қолын суырып алғанда, қолы алапестен қар іспетті ағарып кетіпті. 7 Жаратқан Ие: — Қолыңды қайтадан тық! — деді. Мұса солай істеп, қолын қайта суырып алғанда, ол басқа дене мүшелері сияқты бұрынғы сап-сау қалпына келіпті. 8 — Егер исраилдіктер саған да, көрсеткен алғашқы құдіретті ісіңе де сенбесе, онда осы екіншісі олардың көздерін жеткізбек. 9 Ал егер олар осы екі кереметке де сенбей, айтқандарыңа құлақ аспай қойса, онда Ніл өзенінен су алып, құрғақ жерге төк. Сол су құрғақ жерде қанға айналады. — 10 Бірақ Мұса Жаратқан Иеге: — Уа, Ием! Мен бұрыннан бері де, Сен құлыңмен тілдесіп тұрған қазір де сөзге шешен адам емеспін. Аузым шабан, тілім жүйрік емес, — деп уайымын білдірді. 11 Ал Жаратқан Ие: — Адамға тілді бітірген кім? Оны мылқау не саңырау, көретін не соқыр ете алатын кім? Соны істей алатын Жаратқан Ие, Өзім, емеспін бе? 12 Енді бар! Мен саған жар болып, айтатын сөздеріңді үйретемін, — деп бұйырды. 13 Мұса: — Уа, Ием! Кез келген басқа біреуді жібере көрші, — деп жалынды. 14 Сонда Жаратқан Ие оған ашуланып, былай деп сөзін тамамдады: — Сенің леуілік Һарон атты ағаң бар емес пе? Оның сөзге шешен екенін білемін. Ол қазір-ақ сені қарсы алуға келе жатыр, өзіңді көргеніне шын жүректен қуанбақ. 15 Онымен сөйлесіп, айтатын сөздерін аузына салуың керек. Мен саған да, оған да жар болып, сөздерімді айтқызып, не істеулерің керек екенін Өзім үйретемін. 16 Сонда Һарон халыққа сенің атыңнан сөйлемек. Ол сенің аузың, ал сен ол үшін Құдай (іспетті жетекші) боласың. 17 Мына таяқ қолыңда жүрсін, сонымен Мен тапсырған құдіретті істерді көрсетпексің. 18 Мұса айдаладан қайын атасы Етордың қасына оралып: — Мысырдағы туысқандарыма барып, амандығын білейін деп едім, — деді. Етор: — Ендеше бар, жолың болсын, — деп келісті. 19 Жаратқан Ие Мұсаға Мадиян елінде: «Мысырға қайтып бар, көзіңді құртпақ болғандардың бәрі өлді», — деп те тапсырған еді. 20 Содан Мұса әйелі мен ұлдарын есекке отырғызып, Мысыр еліне қарай сапарға шықты. Өзі Құдай бұйырған таяқты қолына ала жүрді. 21 Жаратқан Ие Мұсаға мына тапсырманы да берді: — Мысырға қайтып барған соң, Мен өзіңе тапсырған кереметтердің бәрін перғауынның алдында көрсететін бол. Бірақ Мен оның жүрегін қасарыстырып қоямын, сондықтан ол халықтың кетуіне рұқсат етпейтін болады. 22 Бұлардан кейін перғауынға былай де: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Исраил Менің ұлым — тұңғышым іспетті. 23 Саған бұйырған болатынмын: Ұлымды жібер, Өзіме қызмет етсін! Ал сен оны жіберуден бас тартып тұрсың. Ендеше Мен сенің ұлың — тұңғышыңды өлтіремін!» 24 Жолшыбай түнемелде Мұсаға Жаратқан Ие қарсы кездесіп, оның көзін құртпақ болды. 25 Бірақ әйелі Сипора тас пышақты ала сала, ұлын сүндеттеп жіберіп, тәнінен кесіп алғанын Мұсаның аяғына тигізді де: «Сен төгілген қанмен құтқарылған күйеуімсің», — деді. 26 Сонда Жаратқан Ие оны аман қалдырды. Ал Сипора Мұсаны «төгілген қанмен құтқарылған күйеуімсің» деп сүндет рәсіміне байланысты айтты. 27 Жаратқан Ие Һаронға: «Айдалаға барып, Мұсаны қарсы ал», — деген болатын. Һарон жолға шығып, Мұсамен Құдайдың тауының маңында кездесіп, құшақтап бетінен сүйді. 28 Мұса өзін жіберген Жаратқан Иенің күллі сөздерін де, Оның көрсетуге бұйырған бүкіл құдіретті істері туралы да Һаронға айтып берді. 29 Мұса мен Һарон Мысыр еліне барып, Исраилдің барлық рубасыларын жинап алды. 30 Һарон Жаратқан Иенің Мұсаға айтқан сөздерін түгелдей баяндап, тапсырған құдіретті істерін халықтың көз алдында көрсетті. 31 Сонда халық Құдайдың Мұса мен Һаронды жібергендігіне сенді. Олар Жаратқан Иенің өздерін назарында ұстап келгенін, азапты өмірлерін көріп тұрғанын естігенде Оған бас иіп тағзым етті.
1 Бұдан кейін Мұса мен Һарон перғауынның алдына барып, оған былай деді: — Исраилдің сиынған Құдайы — Жаратқан Ие мынаны айтады: «Менің халқымды жібер! Олар айдалаға барып, Маған арнап мейрам өткізсін». — 2 Алайда перғауын: — Мен айтқанына құлақ асып, исраилдіктерді жіберетіндей «Жаратқан Ие» деген кім? Мен «Жаратқан Иені» білмеймін де, Исраил халқын жібермеймін де, — деп жауап қатты. 3 Бірақ екеуі: — Бізге исраилдіктердің Құдайы аян берді. Енді үш күндік жердегі айдалаға барып, Құдайымыз Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалуға рұқсат етіңіз. Әйтпесе Ол бізді індетпен не соғыспен жазалайды, — деп нық айтты. 4 Ал Мысырдың патшасы: — Ей, Мұса, Һарон, неге халықты арандатып, міндеттерінен алаңдатасыңдар? Өз жұмыстарыңа қайтып барыңдар! — деп бұйырды. 5 Ол: — Елдеріңнің халқы тым көп, ал сендер оларды жұмыстарынан қалдырып демалдырып тұрсыңдар, — деп те наразылығын білдірді. 6 Сол күні перғауын елдегі құл айдаушылар мен бақылаушыларына арнап мынадай әмір берді: 7 «Бұдан былай исраилдіктерге кірпіш құю үшін бұрынғыдай сабан бермеңдер! Өздері барып, жинап әкелетін болсын! 8 Алайда олардың бұрынғы мөлшердегідей кірпіш құюларын талап етіп, қажетті кірпіш санын еш кемітпеңдер! Олар жалқау, сондықтан да: «Біз барып, Құдайымызға арнап құрбандық шалайық!» деп айқай салып жүр. 9 Жұмыстарын қиындатыңдар! Олар құр сөздерге ден қоймай, жұмыс істесін!» 10 Құл айдаушылар мен бақылаушылар барып, халыққа жар салып: «Перғауынның әмірі мынау: Бұдан былай сендерге сабан берілмейді. 11 Қайдан тапсаңдар одан табыңдар, сабанды өздерің барып жинаңдар! Алайда құятын кірпіштеріңнің саны кемітілмей, сол күйінде қалады!» — деді. 12 Сонда халық Мысырдың түкпір-түкпіріне тарап, сабан орнына орылған егістіктерде қалған сабақтарды жинаумен айналысты. 13 Құл айдаушылар халықты: «Күнделікті атқарған жұмыс көлемдерің сабанмен қамтамасыз етілген кездегідей болсын!» — деп қыспақтай берді. 14 Олар өздері тағайындаған исраилдік бақылаушыларды: «Неге сендер кеше де, бүгін де кірпіш мөлшерін бұрынғыдай етіп өткізбедіңдер?» — деп, соққының астына алды. 15 Сонда исраилдік бақылаушылар перғауынның алдына барып: — Тақсыр, құлдарыңызға неге бұлай істейсіз? 16 Бізге сабан берілмейді, алайда кірпіш құю талап етіледі. Міне, құлдарыңызды ұрып-соғады, бірақ бәріне кінәлі өз халқыңыз, — деп жалбарынды. 17 Бірақ перғауын: — Жоқ, сендер еріншек, жалқаусыңдар! Сондықтан да «Біз барып, Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалайық!» дей бересіңдер. 18 Барыңдар, жұмыс істеңдер! Сабан берілмейді, ал кірпіштің тиісті санын бәрібір дайындап өткізуге міндеттісіңдер! — деп кесіп айтты. 19 «Күнделікті дайындалуға тиісті кірпіш санын еш кемітпейсіңдер!» деген үзілді-кесілді сөздерден исраилдік бақылаушылар халдерінің мүшкілдігін ұқты. 20 Олар перғауыннан шығып келе жатқанда өздерін күтіп тұрған Мұса мен Һаронға жолығып: 21 «Жаратқан Ие сендерге назар салып, үкімін шығарсын! Өйткені сендер бізді перғауын мен оның нөкерлерінің алдында сасық нәрседей жиренішті еттіңдер! Көзімізді құрту үшін олардың қолдарына қару ұстатып қойдыңдар!» — деп бұларға кінә артты. 22 Содан Мұса қайтадан Жаратқан Иеге сиынып: — Уа, Ием, бұл халықты осыншама азапқа неліктен душар еттің? Мені не үшін жібердің? 23 Мен перғауынға барып, Сенің хабарыңды жеткізгеннен бері ол халықты бұрынғыдан бетер азапқа салып келеді. Ал Өзің халқыңды құтқарамын дегенмен, құтқармадың! — деп налыды.
1 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп білдірді: — Енді сен Менің перғауынға не істейтінімді көретін боласың. Мен оған қарсы құдіретті қолымды созған соң, ол халықты босататын болады. Ол құдіретті қолымның ықпалынан оларды елінен тіпті өзі қуып шығатын болады! — 2 Құдай Мұсаға тағы мынаны да айтты: — Мен Жаратқан Иемін. 3 Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа «Құдіреті шексіз Құдаймын» деп аян бергенімде оларға Өзімнің «Жаратқан Ие» деген есімімді білдірген жоқпын. 4 Өздері жат жұрттық болып тұрып жатқан Қанахан елін беруге олармен Келісім жасаған едім. 5 Енді мысырлықтар құлдықта ұстап жатқан исраилдіктердің күңіренген күрсінісі құлағыма жетіп, сол Келісімімді еске алдым. 6 Сондықтан исраилдіктерге барып, мына сөздерімді жеткіз: «Мен Жаратқан Иемін, сендерді мысырлықтардың езгісінен азат етемін. Мен қолымды созып, құдіретті істеріммен мысырлықтарды соттап, жазалау арқылы өздеріңді құлдықтан құтқарып аламын. 7 Мен сендерді өз халқым деп қабылдап, Құдайларың боламын. Сонда Менің өздеріңді Мысырдың езгісінен босатып алып шыққан Жаратқан Ие — сендердің Құдайларың екенімді білетін боласыңдар. 8 Мен Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа беруге қолымды көтеріп тұрып ант еткен елге сендерді бастап алып барамын. Сол жерді мұралық иеліктеріңе табыстаймын. Мен Жаратқан Иемін!» 9 Мұса осы хабарды исраилдіктерге жеткізді, алайда ауыр жұмыс еңселерін басып, жігерлері күйреген олар Мұсаға құлақ салмады. 10 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: 11 — Барып, Мысыр патшасы перғауынға: «Еліңнен исраилдіктерді жібер!» де. — 12 Ал Мұса Жаратқан Иеге: — Менің айтқандарыма тіпті исраилдіктер құлақ салмағанда, перғауын қайдан құлақ салсын? Сөзге шорқақпын ғой, — деп жауап қайырды. 13 Алайда Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға қайтадан тіл қатып, оларды исраилдіктерге және Мысырдың патшасы перғауынға арнаған әмірлерін жеткізуге жіберді. Осылай Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға Исраил халқын Мысырдан алып шығуды тапсырды. 14 Исраилдің басты руларының басшылары мыналар: Исраилдің тұңғышы Рубеннің ұлдары: Ханох, Паллу, Хесрон, Қарми. Бұлар Рубеннің үрім-бұтағы. 15 Шимонның ұлдары: Емуел, Ямин, Охад, Яхин, Сохар, Саул. Саул қанахандық әйелден туған еді. Бұлар Шимонның үрім-бұтағы. 16 Тараған тармақтары бойынша берілген Леуінің ұрпақтарының аттары мыналар: Герсон, Қахат, Мерари. Леуі жүз отыз жеті жыл өмір сүрді. 17 Герсонның үрім-бұтағы: Лібіни, Шимей және олардан тараған ұрпақтары. 18 Қахаттың ұрпақтары: Ымрам, Ысқар, Хеброн, Ұзиел. Қахат жүз отыз үш жыл жасады. 19 Мераридің ұрпақтары: Мәхли мен Мұши. Бұл — Леуінің тармақтары бойынша берілген үрім-бұтағы. 20 Ымрам әкесінің қарындасы Иохебедке үйленді. Олардан Һарон мен Мұса дүниеге келді. Ымрам жүз отыз жеті жыл өмір сүрді. 21 Ысқардың ұрпақтары: Қорах, Непек, Зіхри. 22 Ұзиелдің ұлдары: Мишайл, Елісапан, Сітри. 23 Һарон Нағасонның қарындасы Әминадап қызы Елішебаға үйленіп, одан Надаб, Әбиһу, Елазар мен Ітамар дүниеге келді. 24 Қорахтың ұрпақтары: Асир, Елқанах, Әбиясаф. Бұлар — Қорахтың үрім-бұтағы. 25 Һаронның ұлы Елазар Пұтиелдің қыздарының біреуіне үйленді. Одан Пінехес дүниеге келді. Бұлар — Леуінің тараған тармақтары бойынша берілген рубасылары. 26 Осы шежіреде аттары аталған Һарон мен Мұса — Жаратқан Иенің «Исраил халқын Мысырдан лек-легімен алып шығыңдар!» деген тапсырмасын алғандар. 27 Исраилдіктерді әлгі елден бастап алып шығу туралы бұйрықты Мысыр патшасы перғауынға жеткізгендер осы Мұса мен Һарон болатын. 28 Жаратқан Ие Мысырда Мұсаға тіл қатқан кезде 29 оған былай деп бұйырған еді: — Мен Жаратқан Иемін. Менің өзіңе айтқандарымның бәрін Мысыр патшасы перғауынға жеткіз! — 30 Ал Мұса Жаратқан Иеге: — Сөзге шорқақпын ғой, перғауын айтқандарыма қайдан құлақ салсын? — деген болатын.
1 Содан Жаратқан Ие Мұсаға жауап беріп былай деді: — Біліп ал: Мен сені перғауынның алдында Құдай (іспетті құдіретті) етемін, ағаң Һарон (хабарыңды жеткізуші) пайғамбарың болады. 2 Сен өзіңе бұйырғандарымның бәрін оған айтасың, ал Һарон перғауынға өз елінен Исраил халқын босатып жіберсін деп айтуға тиіс. 3 Алайда Мен перғауынның жүрегін қасарыстырып қоямын. Мен Мысыр елінде көптеген ғажап істер мен кереметтерім арқылы Өзімнің кім екенімді дәлелдесем де, 4 перғауын сендерді тыңдамайтын болады. Сонда Мысырға қолымның құдіретін төндіріп, қатаң жазалар тартқызу арқылы өз жасағым — халқым Исраилді Мысыр елінен алып шығамын. 5 Осылайша Мысырға қолымды созып, ел ішінен Исраил халқын алып кеткенімде, мысырлықтар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады. 6 Мұса мен Һарон бұларды мұқият орындап, Жаратқан Иенің өздеріне бұйырғанындай істеді. 7 Екеуі Оның хабарын перғауынға жеткізгенде Мұса сексен, Һарон сексен үш жаста еді. 8 Сол кезде Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тіл қатып: 9 — Перғауын сендерге: «(Өздеріңді Құдай жібергендігін дәлелдейтін) керемет көрсетіңдер!» деп талап еткенде, сен, Мұса, Һаронға: «Таяғыңды перғауынның алдына қарай жерге лақтыр!» деп айт. Сонда таяқ жыланға айналмақ, — деді. 10 Содан Мұса мен Һарон перғауынның алдына барып, Жаратқан Иенің бұйырғанындай істеді. Һарон таяғын перғауын мен оның нөкерлерінің алдына қарай жерге лақтырып жібергенде, ол жыланға айналды. 11 Бірақ перғауын өзінің білімпаздары мен сиқыршыларын алдыртты. Сонда Мысырдың абыздары да сиқыршылықтарымен дәл солай істеді. 12 Әрқайсысы таяғын жерге лақтырып, жыланға айналдырды. Бірақ Һаронның жыланға айналған таяғы олардың жылан таяқтарын жұтып қойды! 13 Сонда да перғауынның жүрегі қасарысып, Мұса мен Һаронның айтқандарына мойынсұнбай қойды. Осылай болатынын Жаратқан Ие алдын ала білдірген еді. 14 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Перғауынның жүрегі қайтпастан қасарып, халықты жіберуден бас тартып тұр. 15 Ертеңгісін перғауын Нілге қарай беттеген кезде өзен жағасында жолын тосып тұр! Қолыңа бұрын жыланға айналған таяғыңды ұста. 16 Перғауынға былай де: «Исраилдіктердің Құдайы Жаратқан Ие маған сізге келіп, мынаны айтуды тапсырды: Айдалада Өзіме ғибадат ету үшін халқымды жібер! Сен осы уақытқа дейін Мені тыңдамай келдің. 17 Сол үшін де Жаратқан Ие мынаны айтады: Менің Жаратқан Ие екенімді қазір жасайтынымнан білетін боласың! Қараңыз, мен қолымдағы таяқпен Нілдегі судың бетін ұрғанда, ол қанға айналады. 18 Балықтар қырылып, суы сасиды, мысырлықтарға Нілдің суын ішу жиренішті болады». — 19 Жаратқан Ие Мұсаға арнаған сөзін жалғастырып: — Сен Һаронға былай де: «Таяғыңды алып, қолыңды Мысырдың суларына қарай көтер! Сонда өзендер мен арықтардың, тоғандар мен су қоймаларының бәрі қанға айналады. Бүкіл Мысырды қан жайлап кетпек, тіпті ағаш не тас ыдыстардың ішіндегі су да қанға айналмақ», — деді. 20 Мұса мен Һарон Жаратқан Иенің бұйырғанындай істеді. Һарон перғауын мен оның нөкерлерінің көз алдында таяғын жоғары көтеріп, сонымен Нілдегі судың бетін ұрып қалды. Сонда өзендегі бүкіл су қанға айналды! 21 Балықтар қырылып, су сасып кетті. Мысырлықтар өзеннен су іше алмайтын болды. Бүкіл Мысыр жерін қан жайлап кетті. 22 Ал Мысырдың абыздары да сиқыршылықтарымен дәл солай істеді. Сонда перғауынның жүрегі қасарысып, ол Мұса мен Һаронның айтқандарына мойынсұнбай қойды. Жаратқан Ие соны алдын ала білдірген болатын. 23 Перғауын кері бұрылып, сарайына кетіп қалды. Бұл апат та оның жүрегін жібітпеген еді. 24 Бүкіл мысырлықтар Нілдің жағалауынан ішетін су табу үшін құдық қаза бастады, өйткені өзеннің суын іше алмады. 25 Содан Жаратқан Иенің Нілдің суын арамдағанынан кейін жеті күн өтті.
1 Мұнан соң Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Перғауынға барып, сөзімді жеткіз: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер! 2 Егер одан бас тартсаң, бақалар қаптатып, бүкіл өлкеңе залал келтіремін. 3 Нілде бақалар құжынап, олар судан шығып, сарайыңа, ұйықтайтын бөлмеңе, тіпті төсегіңе дейін кіріп кетпек. Олар уәзірлеріңнің сарайлары мен бүкіл халқыңның үйлерін де, пештерің мен қамыр ашытатын ыдыстарыңды да жайлайды. 4 Өзіңнің, халқыңның және бүкіл нөкерлеріңнің үстеріңде бақалар секіріп жүрмек». 5 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тағы да былай деп бұйырды: — Һаронға мынаны айт: «Қолыңа таяғыңды ұстап, өзендер, арықтар және тоғандарға қарай көтеріп тұр да, бақаларды шығарып, Мысыр елін бақаға қаптат». 6 Һарон қолын Мысырдың суларына қарай көтергенде олардан бақалар шығып, елді жайлап алды. 7 Ал абыздар да сиқыршылықтарымен солай істеп, Мысыр жеріне бақалар шығарды. 8 Сонда перғауын Мұса мен Һаронды шақырып алып, оларға былай деді: — Жаратқан Иеге менен және халқымнан бақаларды алып кете көрсін деп жалынып сиыныңдар. Содан кейін мен халықты Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалып ғибадат ету үшін жіберемін. — 9 Мұса перғауынға жауап беріп: — Менің сіз үшін, нөкерлеріңіз бен халқыңыз үшін Оған қай уақытта сиынуымды қалайсыз, соны өзіңіз белгілеңіз. Сонда барлығыңыз және үйлеріңіз бақалардан құтылып, тек өзендегілер ғана қалады, — деді. 10 Перғауын: — Ертең, — деп шешті. Мұса: — Айтқаныңыздай болады. Құдайымыз Жаратқан Иеге тең келетін ешкімнің жоқ екенін осыдан білетін боласыз! 11 Өзіңіз, үйлеріңіз, нөкерлеріңіз бен халқыңыз бақалардан құтылып, олар тек өзенде ғана қалады, — деді. 12 Мұса мен Һарон перғауыннан шыққаннан кейін Мұса Жаратқан Иеге дауыстап сиынып, перғауынға бола құжынатып алып келген бақаларынан елді құтқарсын деп өтінді. 13 Жаратқан Ие Мұсаның перғауынға алдын ала айтқан сөздеріне сай істеді. Содан барлық үйлердегі, қоралар мен даладағы бақалар құрып кетті. 14 Жұрт оларды жинастырып, төбе-төбе етіп үйіп қойды. Сонда сасық иіс бүкіл елді алып кетті. 15 Алайда перғауын апаттан құтылғанын көргенде жүрегін қайтадан қасарыстырып, Мұса мен Һаронның айтқандарына мойынсұнбай қойды. Осылай болатынын Жаратқан Ие алдын ала білдірген еді. 16 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Һаронға мынаны айт: «Таяғыңды сілтеп, жердің шаң-тозаңын ұрып жібер! Сонда бүкіл Мысырдағы шаң-тозаң масаларға айналады». 17 Олар солай істеді де. Һарон қолындағы таяғын сілтеп, жердің шаң-тозаңын ұрып қалғанда, адамдар мен малдардың үстіне масалар жабыла қонды. Бүкіл Мысыр еліндегі шаң-тозаң масаларға айналды. 18 Абыздар да сиқыршылықтарымен масалар келтіргілері келіп еді, бірақ қолдарынан келмеді. Ал масалар адамдарға да, малдарға да жаппай қонды. 19 Сонда абыздар перғауынға: — Бұл — Құдайдың құдіретті ісі! — деді. Алайда перғауынның жүрегі қайтпастан қасарысып, Мұса мен Һаронның айтқандарына мойынсұнбай қойды. Осылай болатынын Жаратқан Ие алдын ала айтқан да еді. 20 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Ертеңгісін ерте тұр да, өзенге бара жатқан кезінде перғауынның алдынан шығып, сөзімді жеткіз: «Жаратқан Ие былай дейді: Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер! 21 Егер оларды жібермесең, онда Мен өзіңе, нөкерлеріңе, халқыңа және тұратын үйлеріңе шыбын-шіркейлерді быжынатып жіберемін. Мысырлықтардың үйлері мен далалары шыбын-шіркейге лық толады. 22 Ал сол күні Мен өз халқым мекендеген Гөшен еліне бөлек қараймын: онда ешқандай шыбын-шіркей болмайды! Осылайша сен бұл елдің ішінде Менің, Жаратқан Иенің, бар екенімді білетін боласың. 23 Мен өз халқымды сенің халқыңнан ажыратып қоямын. Құдіретімді көрсететін осы керемет ертең болады». 24 Жаратқан Ие солай істеді де. Перғауынның сарайы, нөкерлерінің үйлері, бүкіл Мысыр елі бұлттай қаптаған шыбын-шіркейлерге толып, ел күйреп жатты. 25 Сонда перғауын Мұса мен Һаронды шақырып алып, оларға: — Барып, Құдайларыңа арнап осы елдің ішінде құрбандық шалыңдар! — деді. 26 Бірақ Мұса: — Олай істеуге болмайды. Құдайымыз Жаратқан Иеге ұсынатын құрбандығымыз мысырлықтар үшін жиренішті. Шалған құрбандықтарымыз оларға жиренішті болып көрінсе, бізді таспен атқылап өлтіреді емес пе? 27 Біз үш күндік жердегі айдалаға барып, Құдайымыз Жаратқан Иеге Өзі бұйырғандай құрбандық шалуымыз керек, — деп жауап қайырды. 28 Ал перғауын: — Сендерді Құдайларың Жаратқан Иеге арнап айдалада құрбандық шалуларың үшін жіберемін. Тек алысқа бармаңдар! Енді мен үшін сиыныңдар, — деп өтінді. 29 Мұса: — Қазір қасыңыздан кеткен бойда Жаратқан Иеге сиынамын. Ертең өзіңіз, нөкерлеріңіз бен халқыңыздан шыбын-шіркейлер алыстап кететін болады. Тек перғауын алдауын доғарсын, халықты Жаратқан Иеге арнап құрбандық жасау үшін баруға жібермей жүрмесін, — деді. 30 Мұса перғауынның алдынан шығып, Жаратқан Иеге сиынды. 31 Ол Мұсаның тілегеніндей істеп, перғауынды, нөкерлері мен халқын шыбын-шіркейлерден арылтты. Сонда елде бір шыбын да қалмады. 32 Алайда перғауын бұл жолы да жүрегін қасарыстырып, халықты жібермей қойды.
1 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Перғауынға барып сөзімді жеткіз: «Исраилдіктердің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер! 2 Егер оларды жіберуден бас тартып, әрі қарай ұстап қалатын болсаң, 3 онда сақ бол. Жаратқан Ие далада жүрген малдарыңа қол салып, жылқыларың, есектерің, түйелерің, мүйізді ірі қараларың және қой-ешкілерің өте жаман індетке ұшырайтын болады! 4 Ал Жаратқан Ие қайтадан исраилдіктердің малдарына мысырлықтардікінен бөлек қарамақ: Исраилдің бір тұяғы да шығынға ұшырамайды! 5 Жаратқан Ие уақытты белгілеп қойды: Ол мұны осы жерде күні ертең істей бастайды». 6 Жаратқан Ие келесі күні солай істеді де. Мысырлықтардың малдары жаппай қырылды, ал исраилдіктердің малдарынан бірде-бір шығын болмады. 7 Перғауын адамдарын жіберіп, исраилдіктердің бір тұяғының да шығынға ұшырамағанын біліп алды. Сонда да перғауынның жүрегі қасарысып, ол халықты жібермей қойды. 8 Содан соң Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға былай деп бұйырды: — Пештен уыстап күл алыңдар. Мұса оны перғауынның көз алдында аспанға қарай шашып жіберсін. 9 Сонда ол майда тозаң болып бүкіл Мысыр еліне тарап кетеді де, адамдар мен жан-жануарларда шиқандар пайда болады. 10 Мұса мен Һарон пештен күл алып, перғауынның алдына барды. Мұса күлді аспанға қарай шашып жібергенде, адамдар мен жан-жануарларда шиқандар пайда болды. 11 Абыздар Мұсаға қарсы тұра алмады. Барлық мысырлықтар сияқты олардың тәндеріне де шиқандар шыққан болатын. 12 Алайда Жаратқан Ие перғауынның жүрегін қасарыстырып, ол Мұса мен Һаронның айтқандарына құлақ аспай қойды. Осылай болатынын Жаратқан Ие алдын ала айтқан да еді. 13 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Ертеңгісін ерте тұрып, перғауынның алдына барып, сөзімді жеткіз: «Исраилдіктердің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер! 14 Мен осы жолы қасарысқан жүрегіңе, нөкерлеріңе және халқыңа қарсы ойлаған апаттарымның бәрін жіберетін боламын. Сонда сен жер бетінде Маған тең келетін ешкімнің жоқ екеніне көзің жетіп, соны білетін боласың. 15 Қаласам баяғыда қолымды созып-ақ өзіңді де, халқыңды да індетке ұшыратып, жер бетінен жоқ қылған болар едім. 16 Алайда саған (істейтінім арқылы) құдіретімді көрсетіп, бүкіл жер жүзіне атымды шығару үшін ғана сені патша етіп қойдым. 17 Сен әлі де халқыма қарсы шығып, оларды жібермей келесің. 18 Біліп ал: Мен ертең осы мезгілде Мысыр Мысыр болғалы күні бүгінге дейін болып көрмеген бұршақты сенің еліңе жаудырамын. 19 Енді адамдарыңды жіберіп, даладағы малдарың мен меншіктеріңнің бәрін де паналарға жинатып алдырт! Үй-қораларды паналамай далада жүрген күллі адамдар мен малдар бұршақтың астында қалып, қырылмақ». 20 Перғауынның нөкерлерінің кейбіреулері Жаратқан Иенің сөздерінен қорқып, қарамағындағы қызметшілері мен малдарын жедел түрде қауіпсіз жерлерге жинап алды. 21 Ал Жаратқан Иенің сөзіне көңіл бөлмегендер өз қызметшілері мен малдарын далада қалдырды. 22 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйрық берді: — Қолыңды аспанға қарай соз! Сол сәтте бүкіл Мысыр елінің үстіне, ондағы адамдардың, малдардың және даладағы өсімдіктердің бәрінің үстіне бұршақ жауатын болады. 23 Мұса таяғын аспанға қарай созғанда, Жаратқан Ие күн күркіретіп, бұршақ жаудырып, жерге найзағай түсірді. Осылайша Жаратқан Ие Мысыр елін бұршақтың астына алып, 24 бұршақ жерге үздіксіз төпелеп, арасында найзағай жарқылдап тұрды. Бұршақтың мұндай күшті жауғанын Мысыр халқы ел болып, басы біріккелі көрген емес. 25 Бұршақ бүкіл Мысыр даласында жүрген күллі адамдар мен малдарды қырып, өсіп тұрғанның барлығын тып-типыл қылып, ағаш атаулының бұтақтарын сындырып, быт-шыт етті. 26 Тек Исраилдің үрім-бұтағы мекендеген Гөшен елінде ғана бұршақ жауған жоқ. 27 Содан перғауын кісі жіберіп, Мұса мен Һаронды шақырып алып: — Осы жолы мен күнә жасадым. Жаратқан Ие әділ, ал өзім және халқым кінәлі. 28 Жаратқан Иеге сиыныңдаршы! Құдайдың қатты күн күркіретіп, бұршақ жаудырғаны тоқтаса екен! Бұған дейін басымызға түскені жетер. Сендерді жібермекпін, бұдан әрі қарай мұнда қалуға тиіс болмайсыңдар, — деді. 29 Мұса: — Қаладан шығысымен-ақ қолымды Жаратқан Иеге қарай жайып сиынамын. Сонда күн күркіреуін тоқтатып, бұршақ та жаумайтын болады. Осыдан жердің иесі Жаратқан Ие екенін білетін боласыз. 30 Алайда өзіңіз де, нөкерлеріңіз де (шынайы) Құдайды, Жаратқан Иені, әлі де терең қастерлеп, Одан қорықпайсыздар, соны білемін, — деп жауап қатты. 31 Зығыр мен арпаны бұршақ ұрып кетті, өйткені арпа масақ жарып, зығыр гүлдеп тұрған еді. 32 Ал бидай мен соған ұқсас дәнді дақылдар кеш пісетін болғандықтан бұршаққа ұрыла қоймады. 33 Мұса перғауыннан қаланың сыртына шығып, қолын Жаратқан Иеге қарай жайып сиынды. Сонда күн күркіреуін, бұршақ жаууын доғарып, жаңбыр да тиылды. 34 Бірақ перғауын бұршақ пен жаңбырдың әрі күннің күркіреуінің тыйылғанын көргенде, күнә жасауын әрі қарай жалғастырып, өзі де, нөкерлері де жүректерін қасарыстырып алды. 35 Осылай перғауын қайтадан қырсығып, Исраил халқын жібермей қойды. Солай болатынын Жаратқан Ие Мұса арқылы алдын ала айтқан да еді.
1 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Перғауынға қайтадан бар! Мен перғауынның және нөкерлерінің жүректерін қасарыстырып қойдым. Мұндағы мақсатым: олардың араларында осы керемет істерім арқылы өз құдіретімді көрсетуім 2 әрі сендердің Менің мысырлықтарға билігімді қалай паш еткенім туралы балаларың мен немерелеріңе әрдайым айтып жүріп, Менің Жаратқан Ие екенімді білулерің. 3 Мұса мен Һарон перғауынға тағы да барып, былай деді: — Исраилдіктердің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: «Сен қашанға дейін Маған бағынудан бас тартпақсың? Халқымды Өзіме ғибадат етуге жібер! 4 Егер де жібермесең, ертең-ақ еліңе шегірткелер алып келемін. 5 Олар түк көрінбестей етіп жердің бетін жауып алып, сендерде бұршақтан аман қалғанның бәрін жалмап, даладағы барлық ағаштардың жапырақтарын да түк қалдырмай жалмап жеп қояды. 6 Өз сарайларың да, бүкіл нөкерлеріңнің және барлық мысырлықтардың үйлері де шегірткелерге толып кетеді. Мұндайды сенің ата-бабаларың осы жерге келіп қоныстанғаннан бері бүгінгі күнге дейін ешқашан көрген емес». — Мұса осыны айтысымен бұрылып, перғауынның қасынан шығып кетті. 7 Сонда перғауынның нөкерлері одан: — Бұл адам бізді қашанға дейін азапқа түсірмекші? Исраилдіктерді Құдайлары Жаратқан Иеге ғибадат ету үшін жібере көріңіз. Мысырдың құрып бара жатқанын көріп тұрған жоқсыз ба? — деп сұрады. 8 Содан Мұса мен Һарон қайтадан перғауынға әкелінді. Перғауын: — Жарайды, барыңдар, Құдайларың Жаратқан Иеге ғибадат етіңдер! Тек кімдердің баратынын айтыңдар, — деді. 9 Мұса: — Біз жас-кәрілерімізді, ұл-қыздарымызды, ұсақ және мүйізді ірі қараларымызды ала барамыз. Өйткені Жаратқан Иеге арналған мейрам тойын өткізуіміз керек, — деді. 10 — Мен сендерді бала-шағаларыңмен бірге жіберетін болсам, Жаратқан Иелерің сендерге жар болсын! Сендердің ниеттерің қара, бұл айқын көрініп тұр. 11 Жоқ, солай бола қоймас! Тек еркектерің ғана барып, Жаратқан Иеге ғибадат етсін! Сұрағандарың да сол емес пе еді? — Осылай деп, перғауын Мұса мен Һаронды қасынан қуып шықты. 12 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Қолыңды Мысырдың үстіне қарай соз. Сонда шегірткелер қаптап келіп, Мысырдың жеріне қонсын. Олар бұршақтан аман қалып, өсіп тұрғанның бәрін де жалмап қойсын. 13 Содан Мұса қолындағы таяғын Мысырдың жерінің үстіне қарай созды. Жаратқан Ие елге сол күні бір тәулік бойы шығыс жақтан жел соқтырды. Таң атқанда шығыстан соққан жел шегірткелерді жеткізді. 14 Олар бүкіл Мысырға лап қойып, сансыз үйірлерімен елдің түкпір-түкпіріне дейін басып алды. Бұған дейін мұндай қаптаған шегірткелер болған да емес, бұдан кейін де болмайды. 15 Шегірткелер жердің бетін түк көрсетпей қап-қара қылып жауып тастады да, бұршақтан аман қалған дала өсімдіктері мен ағаш жемістерін жалмап қойды. Бүкіл Мысыр еліндегі ағаштар мен өсімдіктердің көк жапырақтары мен сабақтарынан ештеңе қалмады. 16 Сонда перғауын тездетіп Мұса мен Һаронды шақырып алып, олардан: — Мен Құдайларыңыз Жаратқан Иенің алдында да, сіздердің алдарыңызда да күнә жасадым. 17 Ал енді күнәмді тағы бір жолға кешіріңіздер. Құдайларыңыз Жаратқан Ие бұл жойқын жазаны менен алып кете көрсін деп Оған сиыныңыздар, — деп өтінді. 18 Перғауыннан шығысымен Мұса Жаратқан Иеге сиынып мінажат етті. 19 Содан Жаратқан Ие желдің бағытын өзгертіп, батыстан ерен күшті дауыл соқтырды. Дауыл күллі шегіртке атаулыны көтеріп алып, Қамысты теңізге тастады. Бүкіл Мысыр жерінде бір шегіртке де қалмады. 20 Алайда Жаратқан Ие перғауынның жүрегін қасарыстырып, ол Исраил халқын жібермей қойды. 21 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Қолыңды аспанға қарай соз, сонда Мысырды көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады. 22 Мұса қолын аспанға қарай созғанда, барлық Мысыр елін үш күн бойы қара түнек басты. 23 Адамдар бір-бірін көре алмай, үш тәулік бойы ешкім отырған орнынан тұрмады. Ал Исраилдің үрім-бұтағының мекендерінде жарық болды. 24 Перғауын Мұсаны шақырып алып: — Жарайды, барыңыздар, Жаратқан Иеге арнап ғибадат етіңіздер. Балаларыңыз да бірге бара берсін. Тек ірілі-ұсақты малдарыңыз ғана қалсын, — деді. 25 Ал Мұса: — Құдайымыз Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шалынатын әрі шалынып, өртеліп ұсынылатын малдарды да қолымызға тапсыруыңыз қажет, — деп жауап қайырды. — 26 Малдарымыз өзімізбен бірге жүрсін, бір тұяқты да қалдырмаймыз. Біз Құдайымыз Жаратқан Иеге арнап шалатын құрбандықтарды солардың ішінен аламыз. Қандай малдарды құрбандыққа шалатынымызды тек баратын жерімізге жеткенде ғана білеміз. 27 Алайда Жаратқан Ие перғауынның жүрегін қасарыстырып қойды. Ол исраилдіктерді жібергісі келмей, 28 Мұсаға: — Кет қасымнан! Енді қайтып менің алдыма келуші болма! Көзіме түскен күні-ақ өлетін боласың, — деп қоқан-лоқы көрсетті. 29 Сонда Мұса былай деді: — Айтқаныңыздай болсын, енді қайтып (өтінішпен) алдыңызға келмеймін, — деп жауап қатты.
1 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Мен перғауынды және Мысыр елін тағы бір апатқа душар етемін. Одан соң ол бұл жерден кетулеріңе рұқсат беріп қана қоймай, тіпті біріңді қалдырмай елінен шығуға мәжбүрлейтін болады. 2 Исраилдіктерге былай де: «Сол кезде барлық еркектерің мен әйелдерің (мысырлық) көршілерінен күміс, алтын бұйымдар сұрап алсын». 3 Осы уақыт жеткенде Жаратқан Ие мысырлықтарды Исраилдің үрім-бұтағына игі ниетпен қаратты. Мұсаның абыройы да Мысыр жерінде перғауынның нөкерлері мен халықтың алдында зор болды. 4 (Перғауынның қасынан кетпей тұрып) Мұса оған тағы былай деген болатын: — Жаратқан Ие мынаны айтады: «Түн ортасында Мен Мысырды аралап өтемін. 5 Сонда Мысыр жеріндегі әрбір тұңғыш бала, тақта отырған перғауынның тұңғышынан бастап, қол диірменді айналдырып отырған күңнің тұңғышына дейін, сондай-ақ мал атаулының алғашқы төлдері де өлетін болады. 6 Бүкіл Мысыр елі бұған дейін болмаған, енді қайтып болмайтын зар еңіреген жоқтауға толады. 7 Ал исраилдіктерге келсек, олардың адамдары түгіл, малдарына қарсы иттер де үрмейтін болады. Содан сендер Жаратқан Иенің Исраил мен Мысыр халықтарына қалай түрліше қарайтынын білетін боласыңдар». 8 Сол кезде мына тұрған нөкерлеріңіздің бәрі алдыма келіп, бастарын иіп былай деп жалынбақ: «Өзіңіз және басқарып жүрген халқыңыз елімізден шыға көріңіздер!» Мен содан кейін шығатын боламын. Ашуланған Мұса осыны айтып, перғауынның қасынан шығып кетті. 9 Жаратқан Ие Мұсаға бұрын мынаны да айтып қойған болатын: — Менің Мысыр елінде көптеген кереметтер жасауым (әрі Өзімнің кім екенімді білдіруім) үшін перғауын айтқандарыңа құлақ аспайтын болады. 10 Мұса мен Һарон перғауынның алдында осы кереметтерді көрсетті. Алайда Жаратқан Ие перғауынның жүрегін қасарыстырып, ол Исраил халқын елінен жібермей қойды.
1 Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға Мысыр елінде мына ережелерді табыстады: 2 — Бұдан былай осы ай сендер үшін айлардың басы, жылдың алғашқы айы болсын. 3 Исраилдің барлық қауымына мынаны айтыңдар: әрбір отағасы осы айдың оны күні жанұясы үшін бір тоқтыдан арнап бөлек қойсын. 4 Егер үй ішіндегі адамдардың саны бұл малдың етін толық жей алмайтындай аз болса, онда оны іргелес көршісімен бөліссін. Тоқтының үлкен-кішілігін оны қанша адамның жей алатындығына қарап анықтауларың керек. 5 Таңдап алған малдарың қойдың не ешкінің еш мінсіз, бір жылдық еркек төлі болсын. 6 Осы малды айдың он төртіне дейін бағып күтіп, қастарыңда ұстаңдар. Сол күні кешке қарай Исраил халқының бүкіл қауымы тоқтыларын құрбандыққа шалсын. 7 Олар тоқтының қанынан біраз алып, құрбандық асын ішейін деп отырған үйлерінің есік жақтаулары мен маңдайшаларына жақсын. 8 Сол түні олар тоқтының етін отқа қақтап, ашытқысыз пісірілген нанмен және ащы шөптермен қосып жеулері керек. 9 Оны не шикілей, не суға пісіріп жеуші болмаңдар, тұтастай бас-аяқтарымен, ішкі ағзаларымен қоса қақтаңдар. 10 Таң атқанша тоқтыдан ештеңе де артылып қалмасын. Егер қалып қойса, оны өртеп жіберу қажет. 11 Сендер тамақтанып жатқанда белдерің буулы, аяқкиімдерің киюлі, таяқтарың қолдарыңда болсын, тамақты тездетіп жеңдер! Бұл — Маған, Жаратқан Иеге, арналған Құтқарылу асы. 12 Сол түні Мен Мысыр елін аралап, ондағы адамның да, малдың да тұңғыштарын құртып, Мысырдың барлық тәңірсымақтарын әшкерелеп соттаймын. Себебі Мен Жаратқан Иемін! 13 Жағылған қан сендердің отырған үйлеріңді көрсететін белгі болады. Сонда қанды көріп, соқпай өтіп кетемін. Мен Мысыр елін қырғынға ұшыратып жатқан кезде сендер бұл күйретіп жатқан соққыдан түгелдей аман қаласыңдар. 14 Осы күн естеріңде қалсын. Бүкіл үрім-бұтақтарыңмен оны Жаратқан Иеге арнап мейрамдаңдар. Бұл мереке туралы ережені ұрпақтарың мәңгі берік сақтасын. 15 Жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер. Алғашқы күні-ақ үйлеріңнен ашытқы атаулыны шығарып тастаңдар. Осы апта ішінде ашытқымен дайындалған тамақ ішкен әркім Исраил халқының арасынан аластатылуға тиіс. 16 Бірінші және жетінші күндері Маған бағышталған жиналыстарың болсын. Сол екі күнде ешқандай жұмыс істемеңдер, тек жейтін тамақтарыңды дайындауларыңа ғана болады. 17 Осылай «Ашымаған нан мейрамын» берік сақтаңдар! Бұл күні Менің сендерді Мысырдан лек-лектеріңмен алып шыққанымды жыл сайын еске алып отырыңдар. Келешек ұрпақтарың да бұл ережені мәңгі берік ұстансын. 18 Бірінші айдың он төртінші күнінің кешінен бастап, жиырма бірінші күнінің кешіне дейін ашымаған нан жеңдер. 19 Сол жеті күн бойы үйлеріңде ашытқы болмасын. Кімде-кім, мейлі елде туған исраилдік, мейлі жат жұрттық адам болсын, осы аралықта ашытқымен дайындалған тамақ ішсе, сол Исраил халқының арасынан аластатылуға тиіс. 20 Қайда тұрып жатсаңдар да, сол күндері ешқандай ашыған тағам жеулеріңе болмайды, нанды ашытқысыз пісіріп жеңдер! 21 Содан Мұса Исраилдің күллі рубасыларын шақырып алып, оларға былай деді: — Араларыңдағы әр отбасы үшін бір-бір тоқтыдан таңдап алып, Құтқарылу мейрамына арнап сойыңдар! 22 Бір байлам сайсағыз бұтақшасын құрбандықтың қаны жиналған ыдысқа малып алып, қанын есік жақтаулары мен маңдайшасына жағыңдар. Мұнан кейін таң атқанша ешқайсың да сыртқа шықпаңдар! 23 Сол кезде Жаратқан Ие Мысырды қырғынға ұшырату үшін бүкіл елді аралап жүрмек. Сонда Ол жақтаулары мен маңдайшаларына жағылған қанды көріп, сендердің есіктеріңнің қасынан өтіп кетеді де, құртушының үйлеріңе кіріп, өлтіруіне жол бермейді. 24 Бұл нұсқауды өздеріңе және келешек ұрпақтарыңа арналған ереже ретінде мәңгі берік сақтаңдар! 25 Жаратқан Ие сендерге табыстаймын деп уәде еткен елге кіргеннен кейін де осы рәсімді ұстануларың керек. 26 Балаларың: «Бұл не қылған рәсім?» деп сұраса, 27 оларға былай деңдер: «Бұл — Жаратқан Иеге арналған Құтқарылу мейрамының құрбандығы. Жаратқан Ие мысырлықтарды қырғынға ұшыратқан кезде исраилдіктердің үйлеріне соқпай өтіп кетіп, бізді өлімнен аман алып қалды». Мұны естіген халық Тәңір Иеге иіліп ғибадат етті. 28 Содан исраилдіктер үйлеріне барып, Жаратқан Иенің Мұса мен Һаронға бұйырғанындай істеді. 29 Сол күні түн ортасында Жаратқан Ие Мысырдағы барлық тұңғыштарды — тақта отырған перғауынның тұңғышынан бастап, түрмеде жатқан тұтқынның тұңғыш ұлына дейін және мал атаулының тұңғыш төлдерін де өлтірді. 30 Сол түні перғауын, оның күллі нөкерлері және барлық мысырлықтар да ұйқыларынан тұрды. Бүкіл Мысыр зарлы жоқтау жамылды, себебі өлім шықпаған бірде-бір үй болмады. 31 Перғауын сол түні Мұса мен Һаронды шақырып алып: — Жолға жиналыңдар! Исраилдің үрім-бұтағын ертіп алып, халқымның арасынан аулақ кетіңдер! Барып, өз сөздеріңе сай Жаратқан Иеге ғибадат етіңдер! 32 Ірілі-ұсақты малдарыңды да өздерің айтқандай ала кетіңдер. Ал маған оң баталарыңды бере көріңдер, — деп өтінді. 33 Мысыр халқы да исраилдіктерге: — Осы елден тезірек кете көріңдер, әйтпесе бәріміз де өліп қалармыз! — деп жалынып асықтырды. 34 Сонда исраилдіктер қамырларын ашытпастан ыдысымен бірге киімдеріне орап, иықтарына салып көтеріп жүрді. 35 Олар жолға шықпас бұрын Мұса мен Һаронның айтқандары бойынша мысырлықтардан күміс, алтын бұйымдар мен әсем киімдер сұрап алған болатын. 36 Жаратқан Ие мысырлықтарды Өзінің халқына мейіріммен қаратқандықтан, олар исраилдіктердің сұрағандарын түгел берді. Мысырдың байлығын исраилдіктер осылайша олжалады. 37 Сонымен Исраилдің үрім-бұтағы Рамсес қаласының маңынан Соқотқа қарай беттеді. Әйелдері мен балаларын есептемегенде шамамен алты жүз мың еркек жаяу жолға шықты. 38 Көптеген бөтен ұлттықтар да, сондай-ақ қора-қора ірілі-ұсақты малдары да бірге жүрді. 39 Жұрт алып шыққан ашымаған қамырларынан жолшыбай күлше нан пісірді. Мысырдан жедел кетуге мәжбүр болғандықтан, олар сапарға тіпті тамақ та дайындап үлгермеген болатын. 40 Исраилдің үрім-бұтағы Мысырда төрт жүз отыз жыл тұрды. 41 Осы мерзім біткен күні-ақ Жаратқан Иенің жасағы — Оның халқы лек-легімен Мысыр елінен шықты. 42 Бұл түні Жаратқан Иенің Өзі оларды Мысырдан алып шығу үшін сергек болып күзеткендіктен, осы түн Жаратқан Иеге бағышталған; оны Исраилдің барлық үрім-бұтағы мен келешек ұрпақтары да жыл сайын сергек болып ұйықтамай өткізуге тиіс. 43 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға былай деп нұсқау берді: «Құтқарылу мейрамының ережесі мынау: Арнайы мейрам асынан бірде-бір жат жұрттық ауыз тимейтін болсын. 44 Ал ақшаға сатып алған құлыңды сүндеттеген болсаң, онда оның жеуіне болады. 45 Бірақ араларыңда уақытша қоныстанғандар мен жалдамалы шетелдіктерге одан жеуге болмайды. 46 Құрбандық сол шалынған үйде желініп, еті ешқайда шығарылмасын! Оның ешбір сүйегі де сындырылмасын! 47 Бұл мейрамды бүкіл Исраил қауымы тойлауға тиіс. 48 Ал араларыңда тұрып жатқан жат жұрттық біреу Жаратқан Иеге бағышталған Құтқарылу мейрамын тойлағысы келсе, алдымен сол адамның үйіндегі барлық еркек кіндіктілерін сүндеттеңдер. Сонда ол елдеріңнің жергілікті тұрғыны іспетті мейрам асына қатыса алады. Ал бірде-бір сүндеттелмеген адам одан ауыз тимеуге тиіс. 49 Жергілікті халық үшін де, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар үшін де заң біреу болмақ». 50 Сонымен барлық исраилдіктер Жаратқан Иенің Мұса мен Һаронға бұйырғанындай істеді. 51 Дәл сол күні Жаратқан Ие Исраилдің үрім-бұтағын Мысыр жерінен лек-легімен алып шықты.
1 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды: 2 — Исраил үрім-бұтағының тұңғыш туғандарының бәрін: адам баласынан бастап малдың төліне дейін Маған бағыштаңдар! Олар Менікі. 3 Мұса халыққа былай деді: — Құлдықтың құрсауы — Мысырдан құтылған осы күнді еске алып отырыңдар. Өйткені Жаратқан Ие сендерді Өзінің құдіретті қолымен сол жерден бастап алып шықты. Осы күні ашытқымен дайындалған тамақ жемеңдер! 4 Бүгін, абиб айында, Мысырдан шығып бара жатырсыңдар. 5 Жаратқан Ие сендерді ата-бабаларыңа уәде еткен елге: қанахандықтар, хеттіктер, аморлықтар, хевтіктер және ебустіктер тұрып жатқан, ағы мен балы ағыл-тегіл жерге бастап алып барады. Сонда осы рәсімді былай ұстануларың керек: 6 жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер, әрі жетінші күні Жаратқан Иеге арнап мейрам өткізіңдер. 7 Осы жеті күн бойы ашымаған нан жеулерің қажет. Не өздеріңнен, не тұрып жатқан маңайларыңнан сол күндері ашыған нан мен басқа да ашытқымен дайындалған тағам атаулы табылмауға тиіс. 8 Сол күні балаларыңа былай деп түсіндіріңдер: «Мысырдан көшіп шыққан кезімізде Жаратқан Иенің бізге көрсеткен игілігі үшін осылай істейміз». 9 Бұл әдет қолдарыңа салынған белгіге, көз алдарыңдағы ескертпе жазбаға ұқсайтын болсын. Содан ол Жаратқан Иенің ережелерінің әрқашан аузыңда болуға тиіс екенін естеріңе түсірмек. Себебі Жаратқан Ие сендерді Өзінің құдіретті қолымен Мысырдан бастап алып шықты. 10 Осы ережені жыл сайын белгіленген уақытта орындайтын болыңдар! 11 Жаратқан Ие өздеріңе және ата-бабаларыңа антпен уәде еткендей сендерді Қанахан жеріне алып барып, оны өздеріңе табыстап бергеннен кейін, 12 сендер құрсақтан шыққан тұңғыштарды Жаратқан Иеге бағыштаңдар! Қолдағы бар малдың тұңғыш туған еркек төлдерін Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шалыңдар. 13 Есектің тұңғыш төлінің орнына бір тоқтыны бағыштаңдар. Егер олай етпесеңдер, есектің мойнын үзіңдер. Ал әрбір тұңғыш ұлдарыңның төлемі ретінде арнайы құрбандық шалыңдар. 14 Болашақта балаларың сендерден: «Бұның мағынасы қандай?» деп сұраса, оларға мынаны айтыңдар: «Жаратқан Ие бізді құлдықтың құрсауы — Мысырдан Өзінің құдіретті қолымен азат етіп алды. 15 Перғауын қырсығып бізді жіберуден бас тартқанда, Жаратқан Ие Мысырдағы тұңғыш атаулыны — адамдардың тұңғыш ұлдарынан бастап малдардың тұңғыш еркек төлдеріне дейін өлтірді. Сол себепті біз малдардың тұңғыш еркек төлдерінің бәрін Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шаламыз. Ал тұңғыш ұлдарымыздың төлемі ретінде арнайы құрбандық ұсынамыз». 16 Осылайша бұл әдет қолдарыңа салынған белгіге, көз алдарыңдағы ескертпе жазба іспетті болсын. Содан ол Жаратқан Иенің бізді Өзінің құдіретті қолымен Мысырдан алып шыққанын естеріңе түсірмек. 17 Перғауын халықты жібергеннен кейін, філістірлердің елі арқылы жол қысқарақ болса да, Құдай оларды сол жолмен бастап алып жүрмеді. Себебі Құдай былай деді: «Халық соғысқа душар болып қалса, олар алған беттерінен бас тартып, Мысырға қайта оралып жүрер». 18 Сондықтан Құдай халықты Қамысты теңізге қарай айдаладағы жолмен айналдырып алып жүрді. Исраилдіктер Мысырдан қару-жарақтанып көшіп шыққан болатын. 19 Ал Мұса пайғамбар Жүсіптің сүйегін де бірге ала шықты. Жүсіп өлер алдында Исраилдің ұрпақтарынан ант алып: «Құдай рақымын түсіріп, сендерді осы жерден алып шығатын болады. Сол кезде менің сүйегімді де өздеріңмен бірге ала кетіңдер!» — деп өсиеттеген болатын. 20 Сонымен халық Соқоттан шығып, айдаланың шет жағындағы Етамға барып, қоныстанды. 21 Жаратқан Ие исраилдіктерге жол көрсетіп, күндіз бағана тәрізді бұлт ішінде, ал түнде жолдарына жарық түсіріп, жалындаған от бағанасының ішінде алдарында жүріп отырды. Осылайша олар күні-түні жол жүре алды. 22 Жаратқан Ие не күндіз бағана тәрізді бұлтты, не түнде жалындаған от бағанасын халықтың көз алдынан ажыратпай, әрдайым бірге жүргізді.
1 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: 2 «Исраилдің үрім-бұтағына мынаны айт: олар кері бұрылып, Миғдол мен теңіздің аралығындағы Пи-Һахироттың қасына қоныстанып, Бағал-Сефонға қарама-қарсы, теңіз жағалауына орналассын. 3 Сонда перғауын Исраил халқы ел кезіп адасып кетті, айдаланың қоршауында қалды деп ойламақ. 4 Ал Мен арттарыңнан қуып шықсын деп перғауынның жүрегін қасарыстырып қоямын. Осылай перғауынға және оның бүкіл әскеріне Өзімнің ұлылығымды көрсетемін. Соған қарап мысырлықтар Менің Жаратқан Ие екенімді біліп мойындайтын болады». Исраилдіктер осылай істеп, сол жерде аялдады. 5 Мысыр патшасына «Исраилдіктер қашып кетті» деген хабар жеткенде өзі де, нөкерлері де олар туралы көзқарастарын өзгертіп: «Біздің бұл не істегеніміз? Неліктен Исраилді босатып жіберіп, олардың біз үшін істейтін қызметтерінен ада қалдық?!» — десті. 6 Перғауын өзінің соғыс күймесін жеккізіп, әскерін де бірге ала шықты. 7 Сондай-ақ өзіне қарасты алты жүз таңдаулы соғыс күймесін және Мысырдың басқа да бүкіл соғыс күймелерін ертіп алды. Бұл күймелердің бәрінің өз басшылары болды. 8 Осылайша Жаратқан Ие Мысыр патшасы перғауынның жүрегін қасарыстырып қойды, сонда ол нық сеніммен алға басқан исраилдіктердің артынан қуа жөнелді. 9 Мысырлықтар — күллі атты жасақтары, соғыс күймелері және бүкіл жаяу әскер исраилдіктердің артынан өкшелей отырып, оларды тынығуға жайғасқан теңіз жағасындағы Бағал-Сефонға қарама-қарсы, Пи-Һахироттың маңында қуып жетті. 10 Перғауын жақындаған кезде исраилдіктер кері бұрылып қараса, соңдарынан қуған мысырлықтар келіп те қалыпты! Зәрелері ұшқан исраилдіктер айқайлап Жаратқан Иені шақырды. 11 Олар тіпті Мұсаны сөгіп: — Не үшін бізді айдалада өлуге алып келдің? Мысырдан бізге мола табылмайтын ба еді?! Мысырдан алып шығып, бізге не қылғаның? 12 Саған Мысырда: «Бізде жұмысың болмасын! Мысырлықтарға қызмет ете берейік» деп айтпап па едік? Бізге айдалада өлгеннен гөрі мысырлықтарға құл болғанымыз жақсы еді ғой! — деді. 13 Ал Мұса халыққа жауап беріп: — Қорықпаңдар, берік тұрыңдар! Бүгін-ақ Жаратқан Иенің өздеріңді құтқаруын көресіңдер: бүгін көрген мысырлықтарыңды енді қайтып мәңгі бақи көрмейтін боласыңдар! 14 Сендер үшін Жаратқан Иенің Өзі шайқаспақ. Ал өздерің тек тыныш тұрсаңдар болғаны, — деді. 15 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп тіл қатты: — Неге айқайлап Мені шақырып тұрсың? Исраилдің үрім-бұтағына: «Алға қарай жылжи беріңдер!» деп бұйыр. 16 Өзің таяғыңды ұстап, қолыңды теңіздің үстіне қарай соз. Сонда теңіз қақ айырылып, халық теңіз ортасынан құрғақ жермен өте шығады. 17 Мен мысырлықтардың жүрегін қасарыстырамын, олар арттарыңнан қуатын болады. Сонда Мен перғауынға, оның әскеріне, барлық соғыс күймелері мен атты жауынгерлеріне Өзімнің ұлылығымды көрсетемін. 18 Соған қарап мысырлықтар Менің Жаратқан Ие екенімді біліп мойындайтын болады. 19 Исраил көшінің алдында жүріп келе жатқан Құдайдың періштесі сол сәтте олардың соңына барды. Бағана тәрізді бұлт та көштің алдыңғы жағынан артына қарай ығысып, 20 Мысырдың әскері мен Исраил көшінің ортасына барып тұрды. Бұлт мысырлықтар жағына қараңғылық орнатып, исраилдік жақта түнді жарық қылып тұрды. Осылай Мысыр әскері исраилдіктерге түні бойы жақындай алмады. 21 Мұса қолын теңіздің үстіне қарай созғанда Жаратқан Ие шығыстан қатты жел жіберді. Ол түні бойы соғып, теңіз суын әрі қарай итеріп, түбін құрғатты. Су қақ айырылған кезде 22 Исраил халқы құрғақ жермен теңіз ортасынан өте шықты. Су оларды оң мен солынан қабырға іспетті қоршап тұрды. 23 Ал арттарынан қуған мысырлықтар: перғауынның барлық аттары, соғыс күймелері мен атты жауынгерлері исраилдіктердің ізімен теңіздің ортасына дейін кірді. 24 Таңғы күзет кезінде Жаратқан Ие от пен бұлт бағанасынан мысырлықтардың әскеріне қарап, оларды састырып, берекелерін кетірді. 25 Сондай-ақ Ол күймелерінің дөңгелектерін шығарып тастап, күймелер әрең дегенде қозғалды. Сонда мысырлықтар: «Исраилдіктерден қашып құтылайық! Олар үшін Жаратқан Ие Мысырмен шайқасып жатыр!» — деп айқай салды. 26 Сол кезде Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды: «Қолыңды теңізге қарай соз! Сонда су қайтадан орнына келіп, мысырлықтардың күймелері мен атты жауынгерлерін басып қалсын». 27 Мұса қолын теңізге қарай созды. Содан таң ата су орнына келді. Қашып бара жатқан мысырлықтар оған қарсы жүгіріп, Жаратқан Ие оларды теңіз ішінде суға батырды. 28 Арнасына қайтқан су Исраил халқының соңына түсіп, теңіздің ішіне дейін қуып келген перғауынның бүкіл әскерін, күймелері мен атты жауынгерлерін көміп тастады. Олардың бірде-біреуі тірі қалмады. 29 Ал исраилдіктер теңіздің ортасынан құрғақ жермен өте шығып, су оларды оң мен солынан қабырға іспетті қоршап тұрған еді. 30 Осылай Жаратқан Ие сол күні Исраил халқын мысырлықтардың қолынан құтқарып алды. Кейін исраилдіктер олардың теңіз жағасында жатқан мәйіттерін көрді. 31 Осылайша исраилдіктер Жаратқан Иенің мысырлықтарға қарсы ғаламат құдіретін қолданғанына көз жеткізді. Олар Жаратқан Иеден қорқып, Оны терең қастерлеп, Жаратқан Иеге және Оның қызметшісі Мұсаға сенді. Сол кезде Мұса Исраил халқымен бірге Жаратқан Иеге арнап мына мадақтау жырын айтты:
1 Жаратқан Иені дәріптеймін ән-жырменен, Себебі Ол жеңімпаз, мерейі үстем бәрінен! Теңізге лақтырды Ол атты мінген адамымен. 2 Жаратқан Ие — қайнар көзі күш-қуатымның, Мадақтау жырларымды Оған арнай берейін. Ием мені құтқарып, алып қалды аман-есен. Жаратқан — Құдайым менің, Оны мадақтайын, Ол — әкемнің де Құдайы, даңқын асырайын! 3 Ием — батыр жауынгер, есімі — Жаратқан Ие, 4 Перғауынның күймелері мен әскерін теңізге, Таңдаулы басшыларын да Қамысты теңізге Лақтырды; 5 терең су басқан олар тас іспетті Барлығы тұңғиыққа зым-зия батып кетті. 6 Уа, Жаратқан, оң қолың зор құдіретіңді танытты, Сенің қолың, о, Ием, жауларыңды талқандады. 7 Зор ұлылығыңмен құлаттың қарсыластарыңды, Лаулаған қаһарың сабандай жалмады оларды. 8 Деміңнің лебінен бөгеліп, сулар тоқталды, Ағысы қабырғадай тіп-тіке тұра қалды, Теңіз ортасындағы терең су қатып қалды. 9 Жау былай мақтанды: «Өкшелей қуып, жетемін. Құмарымды қандырып, олжасын бөлісемін. Семсерімді қынабынан суырып аламын, Күшімді көрсетіп, тас-талқанын шығарамын!» 10 Ал Сен дем үрлеп, су көміп тастады оларды, Терең суға батып кетті қорғасындай барлығы. 11 Уа, Жаратқан Ие, қай «тәңір» Саған тең келер еді? Ешкім жоқ Сендей салтанатты да қасиетті, Даңқты ұлылығымен айбынды да қастерлі, Керемет істер жасайтын сондай құдіретті! 12 Сен қол созғанда жауды жұтып қойды о дүние. 13 Құтқарған халқыңды рақымыңмен жетелейсің, Киелі мекеніңе зор күшіңмен жеткізесің. 14 Басқа халықтар мұны естіп қорқып дірілдейді: Філістірдің елін ғаламат үрей билейді, 15 Едомның әмірлері асып-сасып қалады, Моабтың көсемдері де қалшылдап қорқады, Қанахандықтардың түседі ұнжырғалары, 16 Уа, Жаратқан, бәрін қорқыныш билеп, үрей басады, Меншікті халқың өтіп шыққанша жерлерінен, Зәрелері ұшады қолыңның құдіретінен, Тастай қатып тыныш отыр олар сол себептен. 17 Өзіңе таңдаған тауға халқыңды апарасың, О, Жаратқан, сонда оны қондыратын боласың. Сол жерді өз мекенің болуға жаратып алдың, Уа, Ием, Сен сонда киелі орныңды жасадың. 18 Мәңгі болады билігі Жаратқан Иенің! 19 Перғауынның аттары, күймелері және олардағы жауынгерлері теңізге енген кезде Жаратқан Ие оның суын қайтарып, олардың үстеріне құлатты. Ал Исраил халқы теңіздің ортасынан құрғақ жермен өте шыққан еді. 20 Һаронның қарындасы Мәриям пайғамбар даңғырасын қолына алғанда басқа әйелдер де даңғыраларын алып, оған еріп дөңгелене би билей жөнелді. 21 Мәриям оларға былай деп ән салды: «Жаратқан Иені дәріптеңдер ән-жырменен, Себебі Ол жеңімпаз, мерейі үстем бәрінен! Теңізге лақтырды Ол атты мінген адамымен!» 22 Бұдан кейін Мұса исраилдіктерді жолға жинап, Қамысты теңізден Шур атты елсіз далаға алып барды. Олар құла түзді үш күн бойы кезгенмен су таппады. 23 Мараға келгенде халық оның суын іше алмады, өйткені су ащы екен. Сондықтан да бұл жер Мара («Ащылық») деп аталатын. 24 Сонда халық: «Енді не ішеміз?» — деп Мұсаға қарсы наразылық білдірді. 25 Мұса Жаратқан Иеге дауыстап жалбарынып сиынды. Сонда Жаратқан Ие оған бір ағашты көрсетті. Мұса оны суға лақтырған кезде су тұщыланды. Сол жерде Тәңір Ие өз халқына арналған заңдары мен шешімдерін шығарды. Ол халықты сынап былай деді: 26 — Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. Егер Менің айтқандарыма құлақ асып, Маған ұнамды әділ іс істесеңдер, әрі өсиеттеріме ден қойып, барлық ережелерімді орындасаңдар, онда Мен мысырлықтарға жіберген індет-аурулардың бірде-біреуін сендерге жұқтырмаймын. Себебі Мен сендерді сауықтырушы Жаратқан Иемін. 27 Содан кейін халық он екі су көзі, жетпіс құрма ағашы бар Елим деген шұратқа жетіп, бұлақтарды жағалай орналасты.
1 Исраил үрім-бұтағының бүкіл қауымы Елимнен шығып, сол жер мен Синай тауының арасындағы Син атты елсіз далаға барды. Бұл Мысырдан көшіп шыққаннан кейінгі екінші айдың он бесі күні болатын. 2 Сол айдалада күллі қауым Мұса мен Һаронға қарсы наразылық білдіріп: 3 «Мысыр елінде Жаратқан Иенің қолынан өлгеніміз жақсы болған болар еді! Ол жерде етке толы қазанды айнала отырып, нанды тойғанымызша жеп жүрдік. Ал сендер бізді бүкіл қауымды аштан қатыру үшін осы шөл далаға бастап алып келдіңдер», — деп күңкілдеді. 4 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып мынаны айтты: «Біліп қойыңдар, Мен сендерге аспаннан нан жаудырамын. Күн сайын халық далаға шығып, бір күндік тамағын жинап алсын. Осылай Мен олар нұсқауымды орындап жүр ме, жоқ па, соны сынаймын. 5 Аптаның алтыншы күні олар жинап алғандарын дайындап қойғанда ол басқа күндері жинағандарынан екі есе көп болмақ». 6 Содан Мұса мен Һарон бүкіл Исраил халқына былай деді: «Сендер бүгін кешке өздеріңді Мысырдан алып шыққан Жаратқан Ие екенін біліп мойындап, 7 әрі ертеңіне азанда Оның салтанатты ұлылығын көретін боласыңдар. Жаратқан Иеге қарсы күңкілдегендерің Оның құлағына шалынды. Себебі сендер бізге қарсы наразыланып күңкілдейтіндей біз кім едік? — 8 Мұса оларға тағы да: — Сендерге кешке ет, таңертең тойдырып нан беретін Жаратқан Иенің Өзі болады. Оған қарсы күңкілдерің Оның құлағына жетті. Ал біз сонша кімбіз? Сендер бізге емес, Жаратқан Иеге наразылық білдіріп тұрсыңдар!» — деді. 9 Сонан кейін Мұса Һаронға: «Исраил халқының бүкіл қауымына былай де: Келіп, Жаратқан Иенің алдына тұрыңдар! Себебі сендердің наразылықтарың Оның құлағына жетті», — деді. 10 Һарон осыны исраилдіктердің бүкіл қауымына айтып жатқанда-ақ олар айдалаға қараса, міне, нұрлы бұлттың ішінен Жаратқан Иенің айбынды салтанаты көрінді. 11 Иеміз Мұсаға тіл қатып: 12 «Мен исраилдіктердің наразы күңкілін естідім. Оларға былай де: кешке ет жеп, ертеңіне азанда нанға тоятын боласыңдар. Сонда Менің өздеріңнің Құдайларың Жаратқан Ие екенімді ұғынып білесіңдер», — деді. 13 Сол кеште-ақ бөденелер ұшып келіп, халықтың қоныстанған жеріне қаптап қонды. Ал ертеңгісін азанда айналаны шық басып жатты. 14 Шық кепкен кезде оның орнында айдалада қырау тәрізді ақ, нәзік қабыршақтар қалды. 15 Исраилдіктер мұны көргенде оның не екенін білмей, бір-бірінен: «Ман һу?» яғни «Бұл не?» — деп сұрасты. Мұса оларға түсіндіріп: «Бұл — Жаратқан Иенің сендерге жеуге берген наны. 16 Жаратқан Ие мынаны әмір етті: Әрқайсыларың өздеріңе керегінше теріп, үй іштеріңдегі әрбір жан басына бір тегештен толтырып жинап алыңдар!» — деді. 17 Исраилдіктер солай істеп, біреуі көп, біреуі аз жинады. 18 Ал тегешпен өлшеген кезде көп жинаған кісіден артылған жоқ, аз жинаған мұқтаж да болған жоқ. Әркім өзінің жеуіне қажетінше жинапты. 19 Мұса оларға: «Ешкім мұны ертеңге қалдырмасын!» — деп ескертті. 20 Алайда олар Мұсаны тыңдамай, кейбіреулері жинағандарынан келесі күнге қалдырып, ол құрттап сасып кетті. Сонда Мұса оларға қатты наразыланды. 21 Күн сайын таң ата әркім өзінің жегенінше жинап алатын болды. Күн қызған кезде қабыршықтар еріп кетіп отырды. 22 Ал жұма күні олар екі есе көп, әр жанға екі тегенеден жинап алыпты. Сонда қауымның жетекшілері Мұсаға келіп, бұл туралы айтып берді. 23 Мұса оларға: — Жаратқан Иенің айтқаны мынау: Ертең сенбі күні; Өзіме бағышталған демалыс күнін сақтаңдар! Бүгін жинаған тамақтан өздеріңе қанша керек болса, сонша пешке жауып не суға пісіріп алыңдар, ал артылып қалғанын ертеңге сақтап қойыңдар, — деп жауап берді. 24 Халық Мұса тапсырғандай артылып қалған тамақты келесі күнге сақтап қойғанда ол не сасыған, не құрттаған жоқ. 25 Мұса оларға тағы былай деп қосты: «Бұл сендердің бүгін жейтін тамақтарың. Бүгін Жаратқан Иеге бағышталған демалыс күні. Бұл күні осы тағамды даладан таба алмайсыңдар. 26 Оны алты күн қатарынан жинайсыңдар, ал жетінші күн демалыс күні, сонда ол болмайды». 27 Дегенмен жұрттың кейбіреулері жетінші күні нан қабыршықтарын жинамақ болып далаға шыққанда ештеңе таппады. 28 Сонда Жаратқан Ие халыққа Мұса арқылы: «Сендер Менің бұйрықтарым мен нұсқауларымды орындаудан бас тартуларыңды қашан қоясыңдар?» — деген сөздерін жеткізді. 29 (Мұса оларға былай деп те ескертті:) «Сақ болыңдар, Жаратқан Ие сендерге демалыс күнін сыйлады. Сондықтан Ол сендерді жұма күні тамақпен екі күнге бір-ақ қамтамасыз етеді. Жетінші күні әркім тұрған мекенінде қалып, ешкім одан шықпасын!» — 30 Мұнан кейін халық жетінші күні демалатын болды. 31 Исраилдіктер сол нанды манна деп атады. Оның түсі көжекөк шөбінің дәндері сияқты ақ, ал дәмі бал қосқан күлше нандай болды. 32 Мұса халыққа қарап: «Мынау Жаратқан Иенің берген тапсырмасы: бір тегешті маннаға толтырып, келер ұрпақтарың үшін сақтап қойыңдар! Олар да Менің сендерді Мысырдан алып шыққанымда айдалада қоректенуге берген нанымды көрсін», — деді. 33 Содан ол Һаронға: «Бір құмыраны алып, ішіне сол бір тегеш маннаны құй. Келер ұрпақтарға сақтау үшін құмыраны Жаратқан Иеге бағышталған орынға апарып қой», — деп тапсырды. 34 Кейінірек Һарон Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанын орындап, құмыраны Келісім сандығының ішіне, Келісім айғақтарының алдына салып, сақтап қойды. 35 Исраил халқы өзінің тұрақтап мекендейтін жері — Қанахан елінің шегіне жеткенше қырық жыл бойы маннамен қоректенді. 36 Олар қолданып жүрген тегеш мөлшері гомер деп аталатын. Бір гомер — ефаның оннан бір бөлегі (яғни екі литр шамасы).
1 Осыдан кейін Исраил үрім-бұтағының қауымы Син атты елсіз даладан шығып, Жаратқан Иенің бұйрығымен көштерін әрі қарай жалғастырды. Олар Рефідимге жайғасты, бірақ ол жерде ауыз суы болмады. 2 Халық Мұсаға ұрсып: — Бізге су тауып беріңдер! — деп талап етті. Мұса оларға: — Сендер неге маған ұрсасыңдар? Жаратқан Иеге сенбеушілік танытып, Оны еркінсіп сынамақсыңдар ма? — деп жауап берді. 3 Алайда халық шөлдегендіктен Мұсаға қарсы наразылық білдіруін қоймай: — Бізді Мысырдан неге алып шықтың? Өзімізді, балаларымызды, мал-жандарымызды шөлден қатыру үшін бе? — деп шағымданды. 4 Мұса Жаратқан Иеге қатты дауыстап сиынып: — Мына халықты не істесем екен? Олар мені таспен атқылап өлтірудің аз-ақ алдында тұр, — деді. 5 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып: — Өзіңе Исраилдің рубасыларының бірнешеуін ертіп алып, жұртты бастап, Нілдің суын сабаған таяғыңды қолыңа ұстай жүр. 6 Мен Хориб тауындағы анау жартастың басында сенің қасыңда тұрамын. Жартасты таяғыңмен соққанда ішінен халық ішетін су шықпақ, — деді. Мұса Исраил халқының рубасыларының көзінше солай істегенде су аға жөнелді. 7 Кейін Мұса бұл жерді Маса («Еркінсіп сынау») және Меріба («Ұрсу») деп атады. Өйткені исраилдіктер сонда оған ұрсып, «Жаратқан Ие арамызда жүр ме, жоқ па» деп Тәңір Иені еркінсіп сынаған еді. 8 Сол кезде исраилдіктермен Рефідимде соғыспақ болып, амалектіктер таяп келіп қалған еді. 9 Мұса (көмекшісі) Ешуаға: — Жігіттерді таңдап алып, амалектіктермен шайқасуға аттан! Ертең мен Құдайдың таяғын қолыма алып, төбе басында тұрмақпын, — деп бұйырды. 10 Ешуа Мұсаның айтқандарын орындап, Амалек жасағына қарсы ұрысқа аттанып кетті, ал Мұса, Һарон және Һұр төбе басына шықты. 11 Мұса қолын аспанға қарай көтерген кезде Исраил жеңіп, ал қолын төмен түсіргенде Амалек басым түсіп жатты. 12 Бірақ Мұсаның қолдары талып қалды. Сонда Һарон мен Һұр үлкен тас алып келіп, соған Мұсаны отырғызды. Өздері біреуі оң жағында, екіншісі сол жағында тұрып, күн батқанша оның қолдарын сүйемелдеумен болды. 13 Осылайша Ешуа бастаған сарбаздар өткір жүзді семсерлерімен Амалек жасағын күйретті. 14 Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: «Мынаны естелік үшін кітапқа жазып қой да, Ешуаның құлағына құя бер: Мен аспан астынан Амалектің атын біржола өшіріп тастаймын!» 15 Мұса сол жерде құрбандық ұсынатын орын салып, оны «Біздің туымыз — Жаратқан Ие» деп атады. 16 «Жаратқан Иенің тағына қарай қолдарымыз созылған еді. Оның Амалекке қарсы жүргізетін соғысы ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын болады», — деді.
1 Мұсаның қайын атасы, Мадиян еліндегі діни қызметкер Етор Құдайдың Мұса және оның халқы үшін істегендерінің бәрі туралы түгел естіп білді. Ол, әсіресе, Жаратқан Иенің исраилдіктерді Мысырдан құтқарып алып шыққаны жөнінде хабар алған еді. 2 Мұса әйелі Сипораны қайын жұртына қайтарып жіберген кезде Етор қызын екі ұлымен жылы қабылдаған болатын. 3 Тұңғыш ұлын Мұса Гершом (яғни «Сол жерде кірме») деп атап, «Мен жат жерде кірме болдым», — деген еді. 4 Екіншісінің атын — Елиезер («Қолдаушым — Құдай») деп атап, «Әкемнің сиынған Құдайы Қолдаушым болып, мені перғауынның семсерінен қорғап қалды», — деп бекіткен еді. 5 Енді Мұсаның әйелі мен ұлдарын ерткен қайын атасы айдалада Құдай тауының беткейінде орналасқан Мұсаға келіп, 6 былай деп хабар жіберді: «Мен, қайын атаң Етор, әйелің, екі ұлыңмен саған келе жатырмыз». 7 Мұса қайын атасының алдынан шығып, бас иіп тағзым етіп, бетінен сүйді. Аман-саулық сұрасқаннан кейін олар шатыр ішіне кірді. 8 Мұса қайын атасына Жаратқан Иенің Исраилдің игілігі үшін перғауынға және мысырлықтарға істегендерінің бәрін айтып берді. Оған, сондай-ақ, халықтың жолшыбай көрген алуан түрлі ауыртпалықтарын және Жаратқан Иенің олардан құтқарғаны жайлы түгелдей баяндап берді. 9 Етор Жаратқан Иенің Исраилді мысырлықтардың зорлық-зомбылығынан құтқарғанына және оған жасаған бүкіл жақсылықтарына қатты қуанып: 10 «Жаратқан Ие мадақталсын, Ол сендерді перғауынның қолынан құтқарған, өз халқын Мысырдың қаналуынан босатқан! 11 Енді мен нық білемін: Жаратқан Ие барлық тәңір атаулыдан ұлы! Олар Исраилге қарсы көтерілгенде Ол Өзінің құдіретінің басым екенін көрсетті», — деді. 12 Етор құрбандыққа мал шалып, бірқатарын Құдайға арнап түгелдей өртеп жіберді. Һарон және Исраилдің күллі рубасылары да келіп, Мұсаның қайын атасымен Құдай алдында құрбандық асынан жеді. 13 Келесі күні Мұса халыққа төрелік ету үшін арнайы орнына отырды. Таң атқаннан кешке дейін оның алды босамады. 14 Мұсаның халық үшін істегендерінің бәрін көрген қайын атасы оған: — Сен халыққа не істеп жатырсың? Неліктен жалғыз өзің төрелік етіп отырсың, ал күллі жұрт таң атқаннан кешке дейін айналаңды босатпай жатыр? — деді. 15 Мұса оған: — Халық маған Құдайдың еркін білу үшін келеді. 16 Екі кісі бір-бірімен дауласса, маған келеді. Мен оларға Құдайдың ережелері мен заңдарын айтып, соларға сай дауларын шешіп беремін, — деп жауап қайтарды. 17 Ал қайын атасы: — Сенің бұлай істеуің жақсы емес. 18 Өзіңді де, жаныңдағы халқыңды да қажытасың. Бұл іс саған өте қиын, жалғыз өзің мұны орындай алмайсың. 19 Сол үшін де сөздеріме құлақ сал, саған ақыл-кеңес берейін, Құдай өзіңе жар болсын! Сен халқыңның Құдай алдында тұратын өкілі болып, даулы мәселелерді Оған ұсын. 20 Еліңе Құдайдың ережелері мен заңдарын үйретіп, олардың жүруге тиісті тура жолын және атқаруға тиісті міндеттерін нұсқа. 21 Сонымен қатар бүкіл халықтың арасынан қабілетті бірсыпыра адамды таңдап ал. Олар Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамсызды істеуден шошынатын адал, әрі арам табыстан бойын аулақ ұстайтын болулары қажет. Солар мың, жүз, елу және он адамға басшылық жасап, 22 әрдайым халыққа төрелік етсін. Осы төрешілер бүкіл күрделі мәселелерді саған жолдап, ал жеңіл-желпілерін өздері шешіп отырсын. Сонда олар міндетіңнің жүгін бірге көтерісіп, саған жеңілірек болады. 23 Егер осыны істесең және Құдай бұйыртса, сен міндетіңнің қиындығына төтеп беріп, бұл халық та аманшылықпен жөндеріне кетеді. 24 Мұса қайын атасының ақылын қабыл алып, айтқандарын түгел орындады. 25 Ол бүкіл Исраил қауымынан қабілетті адамдарды таңдап, оларды мың, жүз, елу және он адамға басшылық етуге тағайындады. 26 Осы адамдар әрдайым халыққа төрелік етіп, күрделі мәселелерді Мұсаға жолдап, ал жеңіл-желпілерін өздері шешіп отырды. 27 Мұнан кейін Мұса қайын атасын жолға шығарып салып, ол еліне қайтып кетті.
1 Исраилдің үрім-бұтағы Рефідимнен жолға шығып, Мысырдан көшіп шыққаннан кейінгі үшінші айдың бірінші күнінің өзінде Синай атты елсіз далаға жетті. Олар Синай тауына барып, оның қарсы алдындағы құла түзде шатырларын тікті. 3 Сонда Мұса Құдайдың алдына баруға тауға көтерілді. Жаратқан Ие оған тау басынан былай деп тіл қатты: — Жақыптың әулеті — Исраил халқына мынаны жеткіз: 4 «Сендер Менің мысырлықтарға не істегенімді, әрі өздеріңді балапандарын қанаттарымен тасыған қыран іспетті осы жерге аман-есен алып келгенімді көрдіңдер. 5 Сондықтан, егер айтқандарыма құлақ асып, Менің Келісімімді сақтап жүрсеңдер, барлық халықтардың ішінде сендер Менің ерекше құнды меншігім боласыңдар. 6 Бүкіл жер — Менің иелігім, ал сендер Маған бағышталған қасиетті халқым болып, басқалардың игілігі үшін діни қызметкер мен патша секілді рухани билік жүргізетін боласыңдар». Сен Исраилдің үрім-бұтағына айтуға тиіс сөздерім осылар. 7 Таудан төмен түскен Мұса халықтың рубасыларын шақырып алып, өзіне Жаратқан Иенің тапсырған осы сөздерін жариялады. 8 Сонда бүкіл халық бірауыздан: — Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін де орындаймыз! — деді. Мұса халықтың жауабын Жаратқан Иеге жеткізу үшін тауға көтерілді. 9 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға: — Тыңда, Мен саған қалың бұлтқа оранып келемін. Сонда халық өзіңмен сөйлескенімді естіп, саған өмір бақи сенетін болады, — деді. Мұса Жаратқан Иеге халықтың берген жауабын жеткізді. 10 Содан Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды: — Халыққа бар да, оларды бүгін-ертең Маған бағышталып, күнәдан таза болуға шақыр. Бәрі киім-кешектерін жуып тазартып, 11 бүрсігүнге дайын болсын! Сол күні Мен — Жаратқан Ие бүкіл халықтың көз алдында Синай тауына түсемін. 12 Халыққа арнап тауды айналдыра шекара белгілеп қой! Оларға былай де: «Тауға көтерілуден әрі оның айналасындағы шекараға аяқ-қолдарыңды тигізуден сақ болыңдар! Тауға аяқ-қолын тигізген әркім өлтірілуге тиіс! 13 Сондайларға қол ұшы да тигізілмей, оларды таспен немесе садақпен атқылап өлтіру керек. Олар не мал болсын, не адам болсын тірі қалдырылмасын». Ал кернейдің ұзақ үні естілгенде, халық таудың етегіне көтерілсін. 14 Мұса таудан төмен түсіп, халықты Тәңір Иеге бағышталып, күнә атаулыдан таза жүруге шақырды. Олар киім-кешектерін жуып тазартты. 15 Мұнан соң Мұса халыққа: «Бүрсігүнге дайындалыңдар. Әйелдеріңмен жақындаспаңдар», — деп ескертті. 16 Үшінші күні таң ата күн күркіреп, найзағай ойнап, таудың басын қалың бұлт басып, ғаламат қатты керней даусы естілді. Қоныстағы халықтың бәрі де қорыққаннан дірілдеп қоя берді. 17 Мұса оларды Құдаймен кездестіру үшін қоныстарынан алып шығып, олар таудың етегіне барып тұрды. 18 Жаратқан Ие тау басына от жалынына оранып түскендіктен, Синай тауын түгел түтін жапты. Таудан балқыту пешінен шыққандай түтін шығып, бүкіл тау қатты шайқалып тұрды. 19 Керней даусы күшейген үстіне күшейе түсті. Мұса тіл қатып, Құдай оған қатты дауыспен жауап беріп жатты. 20 Жаратқан Ие Синай тауының басына түсіп, Мұсаны сол жерге шақырды. Ол көтеріліп барған соң, 21 Жаратқан Ие оған былай деп бұйырды: — Қайтадан төмен түс! Халық Жаратқан Иені көруге шекараны бұзып, көбі өлім құшпасын деп оларға қатты ескерт! 22 Жаратқан Иеге жақындап тұратын діни қызметкерлер де өздерін Оған бағыштап, күнәдан таза жүрсін! Әйтпесе Жаратқан Ие соларды құртпақ. — 23 Мұса Жаратқан Иеге жауап беріп: — Халық Синай тауына көтеріле алмайды, себебі Өзің бізді содан сақтандырып, маған мынадай бұйрықты бергенсің: Тауды айналдыра шекара белгілеп қой! Осылай оны Маған бағыштап киелі деп жарияла! — деді. 24 Сонда Жаратқан Ие оған былай деп тапсырды: — Төменге түсіп, Һаронмен бірге қайта көтеріл. Ал діни қызметкерлер мен халық шекараны бұзып, Жаратқан Иенің алдына ұмтылмасын! Әйтпесе Ол соларды құртпақ. — 25 Мұса төмен түсіп, халыққа осыларды жариялады.
1 Сол кезде Құдай (халыққа арнап) мына сөздердің бәрін айтты: 2 «Мен сені құлдықта жүрген Мысыр елінен алып шыққан Құдайың — Жаратқан Иемін. 3 Сенің Менен басқа ешқандай тәңірлерің болмасын! 4 Аспанда, жерде не суда бар нәрселердің ешқайсысынан өзіңе тәңір бейнелерін жасама! 5 Сондайларға бас иіп табынып, құлшылық етпе! Мен сенің Құдай Иеңмін, Өзімнен басқа тәңірлеріңнің болуына еш төзбеймін. Мені менсінбейтіндерді немерелері мен шөберелеріне дейін жазалаймын, 6 ал Өзімді сүйіп, өсиеттерімді ұстанғандарға тіпті мыңыншы ұрпағына дейін рақымымды төгемін. 7 Құдай Иеңнің атын орынсыз аузыңа алма! Жаратқан Ие Өзінің атын орынсыз қолданғандарды жазасыз қалдырмайды. 8 Демалыс күнін Тәңір Иеге бағыштауды есіңде сақтайтын бол! 9 Алты күн еңбектеніп барлық жұмыстарыңды істей бер, 10 ал жетінші күн — Құдай Иеңе бағышталған демалыс күні. Сол күні не өзің, не ұл-қызың, не қызметшілерің, не малдарың, не қалаларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар ешқандай жұмыс істемеңдер! 11 Себебі алты күн ішінде Жаратқан Ие аспан, жер және теңізді әрі олардағы күллі нәрселерді жаратып, жетінші күні демалды. Сондықтан Ол демалыс күніне оң батасын беріп, оны Өзіне бағыштап қасиетті деп белгіледі. 12 Ата-анаңды сыйла! Құдайың Жаратқан Ие өзіңе табыстайтын елде ұзақ өмір сүруің үшін осылай істе. 13 Кісі өлтірме! 14 Неке адалдығын бұзба! 15 Ұрлық жасама! 16 Ешкімді бекерге айыптама! 17 Басқаның үйіне ие болуға сұқтанба! Оның әйеліне, құл-күңіне, өгіз-есегіне, не өзге де ешқандай нәрсесіне заңсыз ие болуға сұқтанба!» 18 Бүкіл халық найзағайдың жарқылдап, түтіннің тауды қаптағанын көріп, күннің күркіреп, кернейдің қатты дауыстағанын естіп тұрды. Содан олар зәрелері ұша дірілдеп кетті. Халық алыстан тұрып, 19 Мұсадан: — Бізбен өзіңіз сөйлесіңіз, ал біз тыңдайтын боламыз. Құдай бізбен тікелей тілдесе көрмесін, әйтпесе құрып кетерміз, — деп өтінді. 20 Мұса халыққа: — Қорықпаңдар! Құдай сендерді (Өзінің араларыңда болуына) үйрету үшін осында келді. Бұдан былай Оны әрдайым шын жүректен қастерлейтін болыңдар! Бұларың сендерді күнә жасаудан сақтайтын болады, — деді. 21 Содан халық алыста қалып, ал Мұса Құдай тұрған қою қараңғылыққа қарай беттеді. 22 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Исраилдің үрім-бұтағына мынаны айт: Көктен сендерге тіл қатқанымды өздерің көріп-естідіңдер. 23 Алтын-күмістен тәңір бейнелерін жасап алып, Менімен қатар қоймаңдар! 24 Маған арнап топырақтан құрбандық орнын салыңдар. Ұсақ әрі мүйізді ірі қара малдарыңнан құрбандық шалып, кейбіреулерін құрбандық орнының үстінде тұтасымен өртеп Маған ұсыныңдар. Ризашылық құрбандықтарының белгілі бөліктерін де соның үстінде өртеп ұсыныңдар. Мен өз атымды атап, дәріптеулеріңе рұқсат еткен әрбір орында солай істеңдер. Сонда Мен қастарыңа келіп, өздеріңді жарылқаймын. 25 Егер Маған арнап құрбандық орнын тастардан қаластырып салсаң, тастары қашалмаған болсын. Себебі егер қашауды қолдансаң, оны арамдайсың. 26 Сондай-ақ жалаңаш тәнің көрінбес үшін құрбандық орныма баспалдақпен көтерілме.
1 Сен халқыңа жариялауға тиісті заңдар мыналар: 2 Егер басыбайлы исраилдік қызметші сатып алсаң, ол саған алты жыл қызмет етсін. Жетінші жылы оған бас бостандығын тегін бер. 3 Егер ол келгенде жалғыз басты болса, жалғыз кетсін; ал үйленген болса, әйелі де онымен бірге босатылсын. 4 Егер қожайыны қызметшісіне әйел алып беріп, сол оған ұл-қыздарын туса, онда әйелі мен балалары қожайында қалып, қызметшінің жалғыз өзі ғана босатылсын. 5 Алайда қызметші: «Қожайынымды, әйелім мен балаларымды сүйемін, бостандық алмаймын», — десе, 6 қожайыны қызметшісін төрешілердің алдына алып барсын. Оны есіктің не жақтауының қасына қойып, сырғалығын бізбен тессін. Сонда ол қожайынының өмірлік басыбайлы қызметшісі болып қалады. 7 Егер біреу қызын басыбайлы қызметші болуға сатып жіберсе, сол еркек қызметшілер сияқты бостандық ала алмайды. 8 Алайда қыз өзі үшін таңдап алған қожайынына ұнамаса, қожайыны соның туысқандарына оны құнын төлеп босатып алуларына рұқсат етсін. Бірақ өзі уәдесінде тұрмағандықтан оны бөтен біреуге сатуға құқығы жоқ. 9 Егер оны ұлы үшін таңдаған болса, оған өз қызы іспетті қарасын. 10 Ал қожайыны оған өзі үйленіп, одан кейін де әйел алса, онда қызметші әйел жеткілікті тамақтан, киім-кешектен, жұбайлық қақыларынан құр қалмауға тиіс. 11 Егер қожайыны осы үш нәрсемен қамтамасыз етпесе, қызметші әйел құны төленбей-ақ тегін босатылсын. 12 Кім біреуді ұрып өлтірсе, соның өзі өлтірілсін. 13 Алайда егер оны ешқандай арам ниетсіз, Құдайдың жол беруімен істеген болса, онда ол Өзім белгілейтін бас сауғалау жеріне қашсын. 14 Бірақ егер амалын тауып зұлымдықпен кісі өлтірсе, оны (қашып, паналап барған) Менің құрбандық орнымнан шығарып алып, өлімге бұйырыңдар. 15 Ата-анасын ұратын өлтірілсін. 16 Кісі ұрлап, сатқан немесе оны өз қолында мәжбүрлеп ұстаушы өлтірілсін. 17 Ата-анасын қарғайтын өлтірілсін. 18 Адамдар төбелесіп, біреуі екіншісін таспен не жұдырықпен ұрып-соғып, сол өлмегенмен де төсек тартып жатып қалса, 19 егер ол орнынан тұрып, далаға таяқпен шыға алатын болса, ұрып-соққан өлімге бұйырылмайды. Бірақ ол жәбір көргеннің жұмысынан қалғанының және толықтай емделуінің шығындарын өтесін. 20 Егер біреу не еркек не әйел болсын басыбайлы қызметшісін таяқпен ұрып, ол содан өліп қалса, онда қожайыны жазалансын. 21 Ал егер қызметшісі бір-екі күннен кейін орнынан тұрып кетсе, қожайыны жазаланбасын. Себебі қызметшісі — оның меншігі. 22 Біреулер төбелесіп, аяғы ауыр әйелді ұрып, ол түсік тастап, бірақ өзіне содан басқа зақым келмесе, онда кінәлі кісі әйелдің күйеуіне оның талабы мен төрешілердің шешіміне сай айып төлеуге тиіс. 23 Ал әйелдің өзіне де зақым келтірілсе, онда мына аралықта ғана кек алынсын: жанға жан, 24 көзге көз, тіске тіс, қолға қол, аяққа аяқ беріліп, 25 күйік үшін күйдірілсін, жарақат үшін жарақатталсын, көгерген үшін көгертілсін. 26 Біреу басыбайлы қызметшісінің, не еркек, не қыз-әйел болсын, көзінен ұрып, жанарын зақымдаса, сол үшін оған бас бостандығын берсін. 27 Егер оны ұрып, тісін сындырса, сол үшін де бас бостандығын берсін. 28 Біреудің мүйізді ірі қарасы не ер, не әйел адам болсын, басқаны сүзіп өлтірсе, сол мал таспен атқыланып өлтіріліп, еті желінбесін. Ал иесіне кінә тағылмасын. 29 Алайда сол мал бұрыннан да сүзеген болып, иесі бұл туралы ескерту алғанмен оны қамап ұстамаған болса, мал сол себептен де біреуді өлтірсе, онда сол ірі қара таспен атқыланып өлтіріліп, иесіне де өлім жазасы берілсін. 30 Ал егер иесіне тек айып қана салынса, онда ол өз жаны үшін белгіленген құнды төлеп, аман қалсын. 31 Осы заңның күші не ұл баланы, не қыз баланы сүзіп өлтірген мүйізді ірі қараға да жүреді. 32 Егер мал басыбайлы қызметшіні сүзіп өлтірсе, оның қожайынына мал иесі отыз мысқал күміс төлеп, мал таспен атқыланып өлтірілсін. 33 Біреу шұңқыр не құдық қазып немесе аузын ашып, оны жаппай кетіп, соған біреудің мүйізді ірі қарасы не есегі құлап түсіп өлсе, онда 34 шұңқырдың қожайыны мал иесіне құнын төлесін, ал өлімтік сонікі болсын. 35 Біреудің мүйізді ірі қарасы көршісінікін сүзіп өлтіріп тастаса, олар тірі қалған малды сатып, түскен ақшасын, сондай-ақ өлімтікті де тең бөліп алсын. 36 Алайда сол малдың сүзегендігі бұрыннан да белгілі болғанмен, иесі оны қамап ұстамаған болса, онда ол мал орнына мал төлесін, ал өлімтік онікі болсын.
1 Біреу мүйізді ірі қара не ұсақ мал ұрлап, сойып алса немесе сатып жіберсе, ол айып ретінде бір ірі қара үшін бесеуін, бір ұсақ мал үшін төртеуін төлесін. 2 Біреу түнде бұзып кіріп жатқан ұрыға тап болып, оны ұрып өлтірсе, төгілген қан оның мойнына жүктелмейді. 3 Ал егер оқиға жарықта болған болса, онда төгілген қан оның мойнында. Ұры ұрлаған заттардың орнын толтырсын. Егер ештеңесі болмаса, онда соларды төлеу үшін өзі басыбайлы қызметшілікке сатылсын. 4 Егер ұрланған малдар, не мүйізді ірі қара, не есек, не қой-ешкі болсын, оның қолынан тірідей табылса, онда ол ұрлағандарын екі есе етіп қайтарып берсін. 5 Біреу егістігінде не жүзімдігінде малдарын бағып, олардың басқа біреудің егістігінде емін-еркін жайылуына жол берсе, онда ол өз егістігінің не жүзімдігінің өнімінің ең жақсысынан айып төлесін. 6 Егер өрт тұрып, тікенді бұталарды қамтып, жиналған астық бауларын, пісіп тұрған егінді, я болмаса бүкіл егістікті өртеп жіберсе, онда сол өртті шығарған адам шығынның орнын толтыруға тиіс. 7 Біреу жақынына ақшасын не дүниесін сақтап қоюға аманаттап, олар соның үйінен ұрланып, ұры қолға түссе, ол ұрлағандарын екі есе етіп қайтарсын. 8 Ал ұры табылмаса, үй иесі Құдай (тағайындаған төрешілердің) алдына барып, оның өз жақынының меншігіне қол сұқпағандығы айқындалсын. 9 Кез келген даулы мал-дүние туралы, мүйізді ірі қара, есек, қой-ешкі, киім-кешек не басқа да жоғалған меншік жайында біреу: «Жоғалтқаным осы!» — десе, екі жақ та мәселені төрешілердің алдына алып барсын. Олар Құдай алдында кімді кінәлі деп тапса, сол жақынына екі есе етіп қайтарсын. 10 Біреу жақынына есегін, мүйізді ірі қарасын, қой-ешкісін не басқа бір малын баға тұруға беріп, сол өліп немесе жарақаттанып қалса, яки біреу айдап кетіп, бұл жайтты ешкім көрмеген болса, 11 онда малды бағуға алып қалған «жақынымның меншігіне қол сұқпадым» деп Жаратқан Иенің алдында ант берсін. Екеуінің арасындағы даулы мәселе осылай шешілсін. Мал иесі мұны қабылдап, анау ештеңе төлемесін. 12 Алайда мал қорадан ұрланса, иесіне құны төленсін. 13 Егер жыртқыш аң-құсқа таланса, онда бағушы өлімтігін дәлел ретінде көрсетіп, ол үшін ештеңе төлемейді. 14 Біреу жақынының малын пайдалана тұруға сұрап алып, иесі жоқ кезде мал жарақаттанып не өліп қалса, оны алған адам құнын төлесін. 15 Бұл жағдай мал иесінің көз алдында болса, онда малдың құны төленбейді. Ал егер мал пайдалана тұруға жалға алынса, онда жалдама ақысы төленген шығынның орнын толтырады. 16 Біреу ешкімге айттырылмаған пәк қызды еліктіріп, онымен жақындасса, сол қалыңмалын төлеп, қызға үйленсін. 17 Ал әкесі оған қызын ұзатуға келіспесе, онда айыпкер қалыңмал мөлшерінде күміс ақша төлесін. 18 Сиқыршыларды тірі қалдырмаңдар! 19 Малмен жақындасатын әркім өлтірілсін! 20 Жалғыз Жаратқан Иеден басқа тәңірлерге құрбандық шалған әркім түп-тамырымен құртылсын! 21 Жат жұрттық келімсектерге қысым көрсетіп, зорлық-зомбылық жасамаңдар! Өздерің де Мысырда жат жұрттық болып тұрдыңдар ғой. 22 Жесірлер мен жетімдерге жәбір көрсетпеңдер! 23 Егер олар сендерден жәбір көргендіктен Маған жалбарынып сиынса, Мен (Жаратқан Ие) олардың зарларына құлақ салып, 24 қаһарыма мініп, сендерді семсермен өлтіртемін. Сонда өз әйелдерің жесір, балаларың жетім қалады. 25 Араларыңдағы халқымның мұқтаждықтағы біреуіне қарызға ақша берсең, пайдакүнем болып, бергенің үшін өсім ақша талап етпе! 26 Егер қарыздар жақыныңның шапанын кепілдікке алсаң, оны күн бата қайтарып беріп отыр. 27 Шапаны оның үстін жабатын жалғыз жамылғысы болғанда, сол бейшара не жамылып ұйықтамақ? Ол Маған жалбарынып сиынса, Мен оның зарына құлақ саламын, себебі Мен қайырымдымын. 28 Сонымен Құдайды қорлама! Халқыңның басшысына балағат сөз айтпа! 29 Қамбаларың мен күбілеріңе жинаған өнімдеріңнің алғашқыларын Маған ұсынуға сараң болмаңдар. Тұңғыш ұлдарыңды Маған бағыштаңдар! 30 Мүйізді ірі қара не ұсақ малдарыңның тұңғыш төлдерімен де солай істеңдер! Олар жеті күн бойы енелерінің бауырында болсын, ал сегізінші күні оларды Маған құрбандыққа шалыңдар. 31 Сонда сендер Маған бағышталған қасиетті боласыңдар. Далада таланған хайуанның етін жемей, итке тастаңдар!
1 Құр лақап таратпа! Жалған куәгер болып әділетсіз адамға қол ұшын берме! 2 Көпшілікке еріп те зұлымдық жасама! Даулы мәселеге куәлік келтіргенде көпшіліктің ықпалымен шындықты бұрмалама! 3 Кедейдің де қисық ісін дауда қолдама! 4 Біреудің адасып жүрген мүйізді ірі қарасына не есегіне тап болсаң, оны міндетті түрде иесіне айдап апарып бер! Біреудің есегі жүгінің ауырлығынан жығылып, тұра алмай қалғанын көрсең, оны сол күйінде қалдырып кетпе; жүгін түсірісіп, дұрыстап теңдеуге көмектес! Малдың иесі сені жек көретін дұшпаның болса да, солай істеуге тиіссің. 6 Араларыңдағы мұқтаж адамның даулы мәселесін теріс шешпе! 7 Әділетсіз айыптаудан аулақ жүр; кінәсізді әрі әділді өлімге бұйырма! Мен зұлымдық жасағанды ақтамаймын. 8 Пара алма! Себебі пара көрегеннің көзін соқыр қылады, әрі әділдің сөзін бұрмалайды. 9 Жат жұрттық адамға зорлық-зомбылық жасамаңдар! Жат жұрттық көңіл күйін жақсы ұғасыңдар, өйткені өздерің Мысыр елінде жат жұрттық болып тұрдыңдар емес пе?! 10 Алты жыл бойы жеріңе егін егіп, өнімін жина, 11 ал жетінші жылы оны өңдемей, тынықтыр! Халқыңның мұқтаждары содан шыққан өніммен күндерін көріп, одан қалғандарымен даланың аң-құстары қоректенсін. Жүзімдігіңмен және зәйтүн бақтарыңмен де солай істе. 12 Алты күн жұмысыңды істеп, жетінші күні демал! Сонда өгізің мен есегің тынығып, қызметшілерің де, жат жұрттық адамдарың да демалсын. 13 Өздеріңе айтқандарымның бәрін де орындаңдар! Басқа тәңірлерге сиынбаңдар, олардың аттары ауыздарыңнан еш шықпасын! 14 Маған арнап жылына үш мейрам өткізіңдер: 15 Жыл сайын Ашымаған нан мейрамын тойлаңдар! Өзім бұйырғандай, жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер. Мұны (көктемнің) абиб айының белгіленген мезгілінде өткізіңдер, себебі Мысырдан сол айда көшіп шыққан едіңдер. Ешкім Менің алдыма құр қол келмесін! 16 Далаға еккендеріңнің бастапқы өнімдерін жинағанда Алғашқы өнім мейрамын тойлаңдар! (Ауылшаруашылық) жылының аяғында, яғни сендер егістіктерің мен бау-бақшаларыңда өнім жинайтын мезгілдеріңде, Сабантой мейрамын өткізіңдер! 17 Барлық ер адамдарың жылына үш рет Жаратушы Тәңір Иенің алдына келуге тиіс. 18 Маған арналған құрбандықтың қанын ашытқымен дайындалған тамаққа құйып ұсынбаңдар! Мейрамға шалынған құрбандықтың майы таң атқанша қалып қоймасын! 19 Жерлеріңнен алғаш шыққан өнімдердің ең жақсыларын Құдайларың Жаратқан Иенің киелі үйіне алып келіңдер! Лақтың етін енесінің сүтіне пісірмеңдер! 20 Тәңір Ие тағы былай деді: — Тыңдаңдар. Мен сендерді жолда қорғап, Өзім дайындаған жерге алып баратын періштені алдарыңнан жіберіп отырмын. 21 Оны ренжітуден сақ болып, айтқандарына құлақ асып, оған қарсы қасарыспаңдар! Ол Менің атымнан әрекет ететіндіктен бас көтерулеріңді кешірмейді. 22 Ал егер оның тілін алып, Менің айтқандарымның бәрін орындасаңдар, онда Мен жауларыңның жауы болып, сендерге қарсы шыққандарға қарсы шығамын. 23 Менің періштем алдарыңнан жүріп отырып, сендерді аморлықтар, хеттіктер, перездіктер, қанахандықтар, хевтіктер және ебустіктердің қоныстанған жеріне алып барады, ал Мен соларды құртамын. 24 Олардың тәңірлеріне табынбаңдар, әрі істегендеріне еліктемеңдер! Қайта, олардың тәңір мүсіндерін талқандап, тас бағаналарын қиратыңдар. 25 Құдайларың Жаратқан Иеге қызмет етіңдер, сонда Ол нан-суларыңды жарылқап, мынадай уәде береді: Мен араларыңнан ауру-сырқау атаулыны қуамын. 26 Елдеріңде не түсік тастайтын, не құрсақ көтермейтін әйел заты әрі аналық мал болмайды. Мен сендерге толық мерзімді өмір сыйлаймын. 27 (Уәделі елге бет алған жолдарыңда) Мен алдарыңнан үрей тудырып, сендер тап болған әрбір халықты әбігерге түсіріп, барлық жауларыңды кері қашуға мәжбүрлеймін. 28 Мен алдарыңнан хевтіктер, қанахандықтар және хеттіктердің зәрелерін ұшыратын қорқынышты жіберіп, оларды қуып шығамын. 29 Алайда жер елсіз қалып, далада сендерге зиян келтіретін аң-құстар көбейіп кетпес үшін Мен сол тайпаларды бір-ақ жылда қуып шықпаймын. 30 Сендер өсіп-өніп, сол елді иемденіп алғанша оларды алдарыңнан біртіндеп қуып шығып отырамын. 31 Қамысты теңізден бастап, філістірлер жағалай мекендеген Жерорта теңізіне дейін, Негев даласынан Евфрат өзеніне дейін шекараларыңды орнатамын. Сол жердің тұрғындарының билігін саған беремін, оларды қуып шығатын боласың. 32 Солармен де, олардың табынатын тәңірлерімен де ымыраласпаңдар! 33 Сендерді Маған қарсы күнәға батырмас үшін олар елдеріңде бірге тұрмауға тиіс. Әйтпесе солардың тәңірлеріне құлшылық етіп, күнәнің торына түсесіңдер.
1 Кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп те бұйырды: «Һаронды, (оның ұлдары) Надаб пен Әбиһуді және Исраилдің жетпіс рубасын ертіп тауға көтеріліп, Маған алысырақтан бас ұра тағзым етіңдер. 2 Тек сен ғана қасыма жақында, ал басқалар таяп келмесін! Халық саған еріп жоғары көтеріліп жүрмесін!» 3 Мұса қайтып келіп, халыққа Жаратқан Иенің күллі сөздері мен заңдарын жеткізгенде, бүкіл халық бірауыздан: «Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін орындаймыз!» — деп жауап берді. 4 Сонда Мұса Жаратқан Иенің барлық сөздерін жазып қойды. Ертеңгісін ол ерте тұрып, таудың етегінде құрбандық орнын тұрғызып, Исраилдің он екі руының белгісі ретінде он екі тас бағананы орнатты. 5 Исраилдіктердің арасынан жас жігіттерді жіберіп, олар Жаратқан Иеге арнап бірнеше малдарды шалып, түгелдей өртеп ұсынды. Олар тағы бірсыпыра жас бұқаларды ризашылық құрбандығына шалды. 6 Мұса солардың қанының жартысын тостағандарға құйып, жартысын құрбандық орнының үстіне бүркіп шашты. 7 Содан кейін ол Келісім кітабын алып, халыққа дауыстап оқып берді. Олар: — Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін орындап, мойынсұнатын боламыз, — деп жауап қайырды. 8 Содан Мұса қанды алып, оны халыққа бүркіп тұрып: — Бұл — Жаратқан Иенің осы айтылған сөздердің бәрі бойынша өздеріңмен жасаған Келісімін бекітетін қан, — деді. 9 Мұса мен Һарон, Надаб пен Әбиһу және Исраилдің жетпіс рубасысы жоғары көтеріліп, 10 Исраилдің сиынатын Құдайының аянын көрді. Оның табанының асты аспандай мөлдір, жарқылдаған саф көк асыл тас төселген алаңға ұқсады. 11 Құдай Исраилдің үрім-бұтағынан таңдаған басшыларына қарсы қол көтерген жоқ. Олар Құдайдың аянын көріп, Оның алдында тамақ ішті. 12 Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: «Таудың басына көтеріліп, осы жерде бол. Мен саған халыққа үйрету үшін Өзім ережелерім мен өсиеттерімді жазған тас тақташаларды беремін». 13 Сонда Мұса көмекшісі Ешуамен бірге тауға көтерілді. Ал Мұсаның өзі ғана Құдай тауының басына шықты. 14 Ол рубасыларға: «Біз қайтып келгенше осы жерде қалыңдар. Һарон мен Һұр сендермен бірге болады. Мәселелері барлар соларға жүгінсін», — деген болатын. 15 Мұса көтеріліп бара жатқанда тауды (бағаналы) бұлт басып, 16 Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты Синай тауына орнады. Бұлт тауды алты күн бойы жауып тұрды. Жетінші күні Жаратқан Ие бұлттың ортасынан Мұсаға тіл қатты. 17 Исраилдің үрім-бұтағының көздеріне Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты таудың басында бәрін жалмап қоятын от іспетті көрінді. 18 Мұса бұлттың ортасына кіріп, таудың басына көтерілді. Қырық күн, қырық түн бойы ол сонда болды.
1 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды: 2 — Исраилдің үрім-бұтағына былай де: Олар Маған сый-тартулар бағыштап ұсынсын. Шын жүрегімен ниеттенген әрбір адамнан өзінің Маған арнаған тарту-таралғысын қабылдап алыңдар. 3 Олардан қабылдайтындарың мыналар болсын: алтын, күміс, қола, 4 иірілген қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн жіптер және жіңішке иірілген зығыр жіптер, ешкінің түбіті, 5 қызыл түске боялған қошқар терілері, борсық терілері, аққараған ағашы, 6 май шамға қажетті зәйтүн майы, май жағу рәсімінде қолданылатын (майға қосылуға) немесе түтетілуге арналған хош иісті заттар, 7 сондай-ақ бас діни қызметкердің жеңсіз сырт киіміне және төс қалтасына тағылатын оникс пен тағы басқа да асыл тастар. 8 Исраилдіктер Маған арнап киелі шатыр дайындап жасасын. Мен халық арасында сол жерде тұратын боламын. 9 Бәрін де Мен саған көрсететін киелі шатыр мен ондағы бұйымдардың үлгісіне дәлме-дәл сай етіп жасаңдар! 10 Аққараған ағашынан сандық жасат. Ұзындығы екі жарым, ал ені мен биіктігі бір жарым шынтақтан болсын. 11 Іші-сырты саф алтынмен қапталып, жоғарғы ернеуі айналдыра алтынмен әшекейленіп жиектелсін. 12 Сандық үшін төрт алтын шығыршық құйғызып, төменгі төрт бұрышына, екеуін бір жақ бүйіріне, қалған екеуін қарама-қарсы бүйіріне бекіттір. 13 Мұнан кейін аққарағаннан сырықтар жасатып, алтынмен қаптат. 14 Сандықты көтеріп алып жүру үшін сырықтар оның екі бүйіріндегі шығыршықтардан өткізілсін. 15 Сырықтар әрдайым шығыршықтарға кигізулі тұрсын, оларды алып тастауға болмайды. 16 Мен өзіңе беретін Келісім жайлы айғақтарды осы сандықтың ішіне салып қой. 17 Сандықтың қақпағын да саф алтыннан жасат. Ұзындығы екі жарым, ені бір жарым шынтақ болсын. 18 Қақпақтың екі жақ шетіне керуб деген күзетші періштелердің екі мүсінін алтыннан балғамен соғып жасатып, орнатқыз. Олар қақпақпен бірге біртұтас алтыннан жасалсын. 20 Керуб мүсіндері қанаттарын жоғары жайып, қақпақты көлегейлеп, беттері бір-біріне қарама-қарсы, қақпаққа қарап тұрулары керек. 21 Мен өзіңе беретін Келісім жайлы айғақтарды сандыққа сал да, үстін қақпақпен жауып қой. 22 Сол жерден, Келісім сандығы қақпағының үстіндегі екі керуб мүсіндерінің ортасынан Мен саған тіл қатып, Исраилдің үрім-бұтағына сен арқылы бұйыратын ережелерімнің бәрін тапсырамын. 23 Аққараған ағашынан үстел жасат, ұзындығы екі, ені бір, биіктігі бір жарым шынтақ болсын. 24 Үстел саф алтынмен қапталып, жақтауы айналдыра алтынмен қапталсын. 25 Үстелдің бетін айналдыра төрт елі бойы ернеумен жиектетіп, соны да алтынмен қаптат. 26 Төрт алтын шығыршық құйдырып жасатып, оларды үстелдің аяқтары орнатылған төрт бұрышына бекіттір. 27 Үстелді көтеріп жүруге арналған сырықтар өткізілетін осы шығыршықтар ернеу жиегіне жақын орнатылсын. Сырықтарды аққарағаннан жасатып, алтынмен қаптат. 29 Үстелдің аяқ-табақтары мен табаларын және құйылып ұсынылатын сұйық тартуларға арналған құмыралары мен тостағандарын саф алтыннан жасат. 30 Нан тартуларын үстелге қойып отыр, олар ұдайы Менің алдымда болсын. 31 Саф алтыннан шам қойғыш та жасат. Оның тұғыры мен діңгегі, мүсінделген тармақтары, гүл тостағаншалары, қауыздары және бүршіктері түгел біртұтас алтыннан балғамен соғылып жасалсын. 32 Діңгегінен екі жағына үш-үштен алты тармақ шығуы керек. 33 Әр тармақта шар тәрізді үш бүршіктен тараған, қауыздарын ашқан үш алтын бадам гүлінен болсын. Ал ортадағы діңгекте дәл осындай төрт алтын бадам гүлі болуы керек. 35 Бұл гүлдердің бүршіктері екі жаққа созылған үш жұп тармақтың діңгектен шыққан жерлерінің астыңғы жағында орналассын. 36 Тармақтарымен, бүршіктерімен бірге шам қойғыш түгелдей біртұтас саф алтыннан балғамен соғылып жасалсын. 37 Шам қойғышқа жеті май шамын дайындатып, оларды жарығы алдыңғы жағына түсіп тұратын етіп діңгек пен тармақтардың бастарына орнат. 38 Оның білте түзеткіштері мен табақшаларын да саф алтыннан жасат. 39 Шам қойғыш пен қажетті құрал-жабдықтары үшін бір ат басындай саф алтын жұмсалсын. 40 Байқа, барлығын саған осы тау басында көрсетілген үлгіге сай жасайтын бол!
1 Киелі шатыр үшін он жабын жасат. Олар жіңішке зығыр және қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл түсті жүн жіптерден тоқылып, бетіне керубтердің бейнелері шебер кестеленсін. 2 Барлық жабындардың көлемі бірдей болсын: ұзындығы жиырма сегіз, ені төрт шынтақтан. 3 Жабындарды бес-бестен қатарластыра біріктіріп тіккіз. 4 Осылай біріктірілген екі жапқышты бір-біріне қосу үшін әрқайсысының бір жақ шетіне қою күлгін жіптен баулық сияқты елу ілгек дайындатып бекіттір. Екі жапқыштың жиегіндегі елу-елуден жасалған ілгектер бірдей қашықтықта бір-біріне тұспа-тұс келсін. 6 Алтыннан елу ілмек шығыршық жасатып, солармен жапқыштың екі жартысын біріктірт. Осылайша киелі шатыр біртұтас жапқышпен жабылатын болады. 7 Шатыр төбесін жабу үшін түбіттен тағы он бір жабын тоқыт. 8 Барлық он бір жабынның көлемі бірдей болсын: ұзындығы отыз, ені төрт шынтақтан. 9 Бес жабынды бір бөлек, келесі алты жабынды бір бөлек қатарластыра біріктіріп тіккіз. Ал алтыншы жабынды шатырдың алдыңғы жағынан екі қабаттап бүктеп қойғыз. 10 Осылай біріктірілген екі жапқышты бір-біріне қосу үшін бір жақ шетіне баулық сияқты елу ілгектен дайындатып бекіттір. 11 Қоладан елу ілмек шығыршық жасатып, ілгектерді солармен бекітіп, шатырдың төбесін осы біртұтас жапқышпен жапқыз. 12 Жабынның шатырдың төбесін жапқаннан артылып қалған бөлігі шатырдың артқы жағынан салбырап төмен түсіп тұрсын. 13 Ал жабындардың ұзындығынан артылып қалғаны шатырдың екі жанынан бір шынтақ бойы төмен салбырап жауып тұрсын. 14 Қызыл түске боялған қошқар терілерінен де шатырға арнап жапқыш қап жасат. Оның үстінен жабуға борсық терілерінен тағы бір жабын дайындат. 15 Шатыр үшін аққарағаннан қырлы бөренелер жасат, олар қабырғалары ретінде тік тұрмақ. 16 Бөренелердің ұзындығы он, ені бір жарым шынтақтан болсын. 17 Әрқайсысының табанында қатар тұрған екі төлкеден болсын. Күллі бөренелерді осылай жасат. 18 Шатырдың оңтүстік пен солтүстік бүйір қабырғалары үшін жиырма бөренеден және олардың табандары болатын қырық күміс тағаннан жасат: әр бөрененің екі шошақ тығыны үшін екі тағаннан дайындалсын. 22 Ал шатырдың батысқа қараған артқы қабырғасы үшін алты бөрене 23 және оның бұрыштары үшін тағы екі бөренеден жасат. 24 Сол бұрыштардағы бөренелер төменнен жоғарыға дейін жұпталып, бір шығыршығы бар жоғарғы жақта біріктірілсін. 25 Сонымен барлығы сегіз бөрене болады. Оларға арнап әрбіреуіне екі-екіден он алты күміс таған дайындат. 26 Киелі шатырдың оңтүстік, солтүстік және батыс қабырғалары үшін аққарағаннан көлденең бес сырықтан жасат. 28 Ал ортаңғы сырықтар бөренелердің ортасынан өтіп, қабырғаның бір басынан келесі басына дейін жететін болсын. 29 Бөренелерді, сырықтарды және бұларды өткізетін шығыршықтарды алтынмен қаптат. 30 Киелі шатырды өзіңе осы тау басында көрсетілген үлгіге сай дайындап тұрғыз! 31 Қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке иірілген зығыр жіптерден (ішкі) шымылдық тоқытып, бетіне керубтердің бейнелерін шебер кестелет. 32 Аққарағаннан төрт бағана жасалып, алтынмен қапталып, оларға алтын ілгіштер орнатылсын. Бағаналар төрт күміс тағанға бекітіліп тұрғызылсын. Шымылдықты бағаналардағы алтын ілгіштерге ілгізіп қой. 33 Шымылдық ілінген соң оның ішкі жағына Келісім сандығы кіргізіліп қойылсын. Осылай шымылдық сендер үшін қасиетті бөлмені ең қасиетті бөлмеден ажыратып бөліп тұратын болады. 34 Мұнан кейін сол ең қасиетті бөлмеде Келісім сандығының бетіне қақпағын қойғыз. 35 Шымылдықтың сырт жағына (яғни қасиетті бөлмеге) үстелді, оған қарама-қарсы, киелі шатырдың оңтүстігіне қаратып, шам қойғышты орналастырт. Ал үстел солтүстік жақта тұрсын. 36 Киелі шатырдың кіреберісіне арнап қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке иірілген зығыр жіптерден шымылдық тоқыт. 37 Оны іліп қою үшін аққарағаннан бес бағана жасатып, алтынмен қаптатып, оларға алтын ілгіштер орнатқыз. Бағаналарға арнап қоладан бес таған құйдыр.
1 Шалынған құрбандықтарды түгелдей өртейтін үстелді аққарағаннан жасат. Ол төрт бұрышты, ұзындығы мен ені бес, биіктігі үш шынтақтан болсын. 2 Оның төрт бұрышынан шығып тұрған мүйіз тәрізді төрт шошақ құрбандық үстелімен біртұтас жасалсын. Үстел қоламен қапталсын. 3 Үстелдің мына құрал-саймандарының бәрін қоладан жасат: күлсалғыштар мен қалақтар, (қан бүркуге арналған) тостағандар, шанышқылар және шоқ салатын табалар. 4 Отқа арналған торды да қоладан жасат. Оның төрт бұрышында төрт қола шығыршығы болсын. Торды үстелдің төрт қабырғасының ортасына дейін жететіндей етіп, ішкі жағынан, астынан орналастырт. 6 Үстелге арнап аққарағаннан қоламен қапталған сырықтар жасат. 7 Олар сол шығыршықтарға кіргізіліп, құрбандық үстелін көтеріп алып жүрген кезде оның екі бүйірінде болмақ. 8 Сонымен құрбандық үстелін қоламен қапталған тақтайлардан, оның ішін қуыс етіп жасат. Ол өзіңе осы тау басында көрсетілген үлгіге сай жасалуға тиіс. 9 Киелі шатырдың ауласын жасат: оның оңтүстік және солтүстік жақтарының ұзындығы жүз шынтақтан болсын. Ауланы жіңішке зығыр жіптен тоқылған перделер қоршап тұрсын. Жиырма қола тағанға орнатылған жиырма бағана және сол бағаналарды байланыстыратын күміс ілгіштері мен сырықтарын жасат. 12 Ауланың батыс жағының ұзындығы елу шынтақ болып, оның перделері он тағанға орнатылған он бағанаға ілініп қойылсын. 13 Ауланың кіреберісі орналасқан шығыс жағы да елу шынтақ болсын. 14 Кіреберістің екі жағындағы перделердің ұзындығы он бес шынтақтан болып, әрқайсысы үш тағанға орнатылған үш бағанаға ілінсін. 16 Ал аула кіреберісінің өзіне арнап ұзындығы жиырма шынтақ перде тоқыт. Ол қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптерден түрлі өрнектермен кестеленіп тоқылсын. Пердені іліп қою үшін төрт тағанға орнатылған төрт бағана дайындат. 17 Ауланы қоршап тұрған барлық бағаналар бір-бірімен күміс сырықтармен байланыстырылсын. Ілгіштері күміс, тағандары қола болсын. Ауланың ұзындығы жүз, ені елу, ал перделердің биіктігі бес шынтақ болсын. Олар жіңішке зығыр жіптен тоқылсын. 19 Киелі шатырдың әр түрлі жұмыстарға қолданылатын барлық басқа құрал-жабдықтары, ауланы қоршаған бағаналар және шатырдың өзін бекітуге қажетті күллі қазықтар да қоладан жасалсын. 20 Шам қойғыштың шамдары ұдайы жанып, жарық қылулары керек. Сол үшін исраилдіктерге зәйтүн жемісінен келіде түйіп сығып алынған таза май әкелуге тапсырма бер. 21 Кездесу шатырындағы Келісім сандығының алдында ілінген шымылдықтың сыртқы жағында, Жаратқан Иенің алдында, Һарон мен оның ұлдары күн батқаннан таң атқанша шамдардың жанып тұруын қамтамасыз етсін. Бұл — Исраил халқының болашақ ұрпақтарына берілген тұрақты ереже.
1 Бүкіл Исраил үрім-бұтағының арасынан Менің діни қызметкерлерім болу үшін ағаң Һаронды ұлдары Надаб, Әбиһу, Елазар, Ітамармен бірге қасыңа шақырып алдырт. 2 Қадір-құрмет пен сән-салтанат көрсету үшін ағаң Һаронға арнайы киімдер тіккіз. 3 Һаронның Менің қызметіме бағышталып тағайындалу рәсімі кезінде киетін сол киімдерін дайындау жайында Өзім ерекше дарынға кенелткен барлық парасатты адамдарға нұсқау бер. 4 Олар жасап дайындауға тиіс киімдер мыналар: төс қалта, жеңсіз сырт киім, сырт көйлек, бедерленіп тоқылған ұзын көйлек, сәлде және жалпақ белбеу. Маған діни қызмет көрсетулері үшін ағаң Һарон мен оның ұлдарына арнап шеберлер осы киімдерді дайындасын. 5 Сол үшін алтын талшықтар, әрі қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптер қолданылсын. 6 Шеберлер жеңсіз сырт киімді алтын талшықтардан әрі қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптерден кестелеп тоқып дайындасын. 7 Сырт киімнің алдыңғы, артқы бөліктерінің жоғарғы жақтарын бір-бірімен байланыстырып тұратын екі иық жапсырмасы болсын. 8 Сырт киімді байлап тұратын белбеу де дәл сол сияқты алтын талшықтармен әрі қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптерден кестеленіп тоқылсын. 9 Екі оникс тасын алып, олардың бетіне Исраилдің он екі ұлының аттарын 10 туу реттеріне сай, алтауын бір тасқа, қалған алтауын келесісіне ойып жаздырт. 11 Осылай тастан ойып мөр жасайтын зергер мәнерімен Исраилдің руларының аттарын екі оникс тасқа ойып жаздыртқаннан кейін, оларды әшекейлі алтын жиектемелерге қондырғызып, 12 сырт киімнің иық жапсырмаларына бекіттір. Сол екі тас — Исраилдің үрім-бұтағының естелігі: Һарон өзінің діни қызметін атқарғанда, Жаратқан Иенің (оларды рақым етіп таңдап алғанын) есіне салып отыру үшін рулардың аттарын ұдайы екі иығында алып жүретін болсын. 13 Әшекейлеп екі алтын шығыршық жасат. 14 Саф алтын талшықтардан арқан сияқты екі бау ширата өргізіп, шығыршықтарға бекіттірт. 15 Құдайдың еркін білуге көмекші құрал болатын кеуде қалта жасалсын. Ол да жеңсіз сырт киім сияқты алтын талшықтардан әрі қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптерден кестеленіп тоқылсын. 16 Қалта ені мен көлденеңі бір қарыстан төрт бұрышты екі қабат етіп дайындалсын. 17 Оған асыл тастар төрт қатарға тізіле қадалсын: бірінші қатарға рубин, топаз, изумруд, 18 екіншісіне лағыл, сапфир, алмас, 19 үшіншісіне жақұт, жүзақ, аметист, 20 ал төртінші қатарға зүбәржат, оникс, яспис тастарын алтын жиектемелерге безендіріп қондырғыз. 21 Асыл тастардың саны он екі болсын, Исраилдің әрбір ұлы үшін бір тастан. Осылай әр тасқа Исраилдің бір руының аты мөр жасайтын зергер мәнерімен ойылып жазылсын. 22 Кеуде қалта үшін саф алтын талшықтардан арқан тәрізді ширатып екі шынжыр бау өргізгеннен кейін 23 екі алтын шығыршық жасатып, оларды қалтаның жоғарғы екі бұрышына бекіттір. 24 Өрілген екі алтын шынжыр бау қалтаның жоғарғы екі бұрышындағы алтын шығыршықтардан өткізілсін. 25 Екі баудың қалған ұштары екі жиектемеге бекітілсін, сонда олар иық жапсырмаларымен алдыңғы жақтан байланысады. 26 Тағы екі алтын шығыршық жасатып, оларды қалтаның төменгі екі бұрышына оның сырт киімге қараған астыңғы жағынан бекіттір. 27 Осындай басқа да екі алтын шығыршық жасат. Олар сырт киімнің алдыңғы жағында, оның артқы, алдыңғы бөліктерінің түйіскен жеріне таман қолтықтың астынан, белбеудің үстінен бекітілсін. 28 Бұл шығыршықтар қою күлгін баулар арқылы қалтаның төменгі жағындағы шығыршықтармен байланыстырылсын. Сонда кеуде қалта өз орнынан қозғалмай, белбеудің үстіңгі жағында берік тұратын болады. 29 Осылайша Һарон киелі орынға кірген сайын Исраил руларының аттарын жүрек тұсында Жаратқан Иенің алдында естелік ретінде алып жүрмек. 30 Кеуде қалтаға «Нұр және Кемелділік» деген қасиетті жеребелерді салып қой. Һарон Жаратқан Иенің алдына барған сайын олар да Һаронның жүрек тұсында болмақ. Сонда Һарон Исраилдің үрім-бұтағына Жаратқан Иенің шешімдерін білдіретін сол құралдарды әрқашан жүрек тұсында Жаратқан Иенің алдында алып жүретін болады. 31 Жеңсіз сырт киімнің ішінен киетін бір түсті қою күлгін сырт көйлек дайындат: 32 оның жоғарғы жағында бас сиятындай ойығы болсын. Ал тарқатылып кетпеуі үшін ойықты айналдыра жаға іспетті қаптама тоқылсын. 33 Көйлектің етегін айналдыра қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл түсті жүн жіптерден тоқылып жасалған анар жемістері және солардың араларында кішкене алтын қоңыраушалар кезекпен ілініп тұрсын. 35 Һарон қызметін атқарғанда осы сырт көйлекті киіп жүруге тиіс. Ол Жаратқан Иенің алдына барып, киелі орынға кіріп-шыққан кезде өліп қалмауы үшін қоңыраушалардың сыңғыры естілуі қажет. 36 Саф алтыннан кішкене тақташа жасатып, бетіне «Жаратқан Иеге бағышталған» деп мөр жасайтын зергер мәнерімен ойып жаздырт. 37 Алтын тақташаны қою күлгін баумен алдыңғы жағынан сәлдеге бекіттір. 38 Һарон Исраилдің үрім-бұтағының Құдайға бағыштаған барлық құрбандықтарының, сый-тартулары мен қызметтерінің мінсіз еместігінің кінәсін өз мойнына алуы үшін, осы алтын тақташа оның маңдайына тағылып жүруге тиіс. Осылай сол құрбандықтар, сый-тартулар және қызметтер Жаратқан Иеге ұнамды болады. 39 Сәлде бәтестен, ұзын көйлек бедерлі бәтестен тігіліп, жалпақ белбеу кестеленіп тоқылсын. 40 Қадір-құрмет пен сән-салтанат көрсету үшін Һаронның ұлдарына да ұзын көйлек, белбеу мен бас киімнен дайындат. 41 Осы киімдерді ағаң Һаронға және оның ұлдарына кигізіп, оларға май жағу рәсімін орында. Діни қызметкерлерім болу үшін оларды Маған бағыштап, тағайында. 42 Тәндерін белінен тізесіне дейін жабу үшін бәтес шалбар дайындат. 43 Һарон мен оның ұлдары киелі орында қызмет ету үшін кездесу шатырына кіріп не құрбандық үстеліне жақындап барған сайын осындай киімдерді киіп жүруге тиіс. Олай етпесе, олар кінәлі болып, өлім құшады. Бұл — Һаронға және оның келер ұрпақтарына арналған тұрақты ереже.
1 Һаронды және оның ұлдарын Менің қызметіме бағыштау үшін мыналарды орындауға тиіссің: Еш мінсіз бір жас бұқа мен екі қошқарды дайындап қойғыз. 2 Таңдаулы бидай ұнынан ашымаған нан, май қосылған ашымаған пәтір нан және май жағылған ашымаған құймақтар пісіртіп, 3 бәрін бір себетке салдырт. Бұқа мен екі қошқарды және себеттегі нандарды Маған алып келіп ұсын. 4 Һарон мен ұлдарын Менімен кездесетін шатырдың кіреберісіне алып келіп, оларды тазару рәсімінен өткіз. 5 Арнайы киімдерді алып, Һаронға ұзын көйлек, сырт көйлек, жеңсіз сырт киім кигізіп, кеуде қалтаны таққыз да, жеңсіз сырт киімін кестеленіп тоқылған белбеумен байлат. 6 Басына сәлдені кигізіп, Құдайға бағышталғандығын белгілейтін алтын тақташаны маңдай жағына бекітіп байла. 7 Арнайы майды алып, оның басына құйып жақ. 8 Бұдан кейін Һаронның ұлдарын да алдыртып, оларға ұзын көйлектері 9 мен баскиімдерін кигізіп, белбеулерін байлат. Осылайша Һарон мен оның ұрпақтары тұрақты ереже бойынша діни қызметкерлер болып қалады. Оларды мына рәсімдер арқылы қызметтеріне тағайында: 10 жас бұқаны кездесу шатырының алдына алдырт. Һарон мен ұлдары бұқаның басына қолдарын қойсын. 11 Бұдан кейін бұқаны кездесу шатырының кіреберісінің жанында, Жаратқан Иенің алдында құрбандыққа шалып, 12 оның біразырақ қанын саусағыңмен құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жағып, қалған қанның бәрін үстелдің түбіне төк. 13 Бұқаның шарбы майын, бауырының үстіндегі көк етін әрі қос бүйрегін майларымен бірге алып, құрбандық үстелінің үстінде өртеп жібер. 14 Ал бұқаның етін, терісі мен жынын ел қонысының сыртына шығарып, өртеткіз. Себебі бұл — күнәнің құнын өтейтін құрбандық. 15 Мұнан кейін екі қошқардың бірін алдырт, Һарон мен ұлдары оның басына қолдарын қойсын. 16 Қошқарды құрбандыққа шалып, қанын алып, құрбандық үстелінің барлық жағына шаш. 17 Қошқарды мүшелеп бөл. Ішек-қарнын, сирақтарын жуып, оларды басы мен мүшеленген бөліктерінің үстіне қой. 18 Осылай қошқарды толығымен құрбандық үстелінің үстінде түтетіп өртеп жібер. Осы түгелдей өртелген құрбандық — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту. 19 Бұдан кейін екінші қошқарды алдырт. Һарон мен ұлдары оның басына да қолдарын қойсын. 20 Қошқарды құрбандыққа шалып, оның біразырақ қанын алып, соны Һарон мен ұлдарының оң құлақтарының сырғалықтарына, оң қолдарының бас бармақтарына, оң аяқтарының үлкен башайларына жақ та, қалған қанды құрбандық үстелінің барлық жағына шаш. 21 Сол қаннан және жағу рәсіміне арналған майдан біразырақ алып, Һарон мен ұлдарының өздеріне және үстеріндегі киімдеріне бүрік. Сонда өздері де, киімдері де Құдайдың қызметіне толықтай бағышталған болады. 22 Осы қошқардың бүкіл майларын ал: майлы құйрығын, шарбы майын, бауырының үстіндегі көк етін, қос бүйрегін майларымен бірге әрі оң жақ сан етін. Себебі ол — діни қызметкерлерді тағайындау рәсіміне арналған қошқар. 23 Жаратқан Иеге ұсынылған себеттен бір дөңгелек нан, май жағылған құймақ және май қосылған бір пәтір нанды ал. 24 Мұның бәрін Һарон мен ұлдарының қолдарына беріп, әрі-бері тербеп Жаратқан Иеге ұсыныңдар. 25 Содан кейін осы тартулардың бәрін олардың қолдарынан алып, құрбандық үстелінің үстінде түгелдей өртелген құрбандыққа қоса өртеп жібер. Бұл — Жаратқан Иеге өртеу арқылы ұсынылған, хош иісті де ұнамды тарту. 26 Һаронның қызметіне тағайындалуына арнап шалынған қошқардың төсін алып кел де, оны Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсын. Ол сенің үлесің болмақ. 27 Сол құрбандық қошқарының Һарон мен ұлдарына арналған үлестерін өздеріне табыста: жоғары көтеріліп, Тәңір Иеге ұсынылған оң жақ сан етін және тербетіліп ұсынылған төс етін. 28 Исраилдіктердің Һарон мен ұлдарына ұдайы беретін тұрақты сыбағасы осы болмақ. Өйткені бұл — исраилдіктердің Жаратқан Иемен қарым-қатынастарына ризашылықтарын білдіретін құрбандықтарынан Оған бағыштауға тиісті бөліктері. 29 Һаронның арнайы киімдері өзінен кейін келер ұрпақтарына аманатталсын, сонда олар соларды киіп, Құдайға бағышталып, қызметтеріне тағайындала алады: 30 Һаронның ізбасары болып киелі орында қызмет ететін ұрпағы сол киімдерді жеті күн бойы кездесу шатырына кіргенде киюге тиіс. 31 Һаронның қызметіне тағайындалу рәсіміне байланысты шалынған қошқардың төсі мен қол етін алып, арнайы орында асып пісірт. 32 Һарон мен оның ұлдары қошқардың осы етін және себеттегі нандарды кездесу шатырының кіреберісінің алдында жесін. 33 Олар Құдайға бағышталып, қызметтеріне тағайындалған кездерінде күнәнің арамдығынан тазару үшін ұсынылған осы құрбандықтардың етін және тартуларды тек өздері ғана жесін, басқа ешкімнің де олардан жеуіне болмайды. Өйткені сол тағамдар Тәңір Иеге арналған. 34 Тағайындалу рәсіміне байланысты шалынған қошқар еті мен нандардан таң атқанша артылып қалғандары болса, өртеп жібер. Себебі Тәңір Иеге бағышталған сол тағамдарды енді жеуге болмайды. 35 Һаронға және оның ұлдарына Мен өзіңе бұйырған осы рәсімдердің бәрін орында: жеті күн бойы олардың қолдарын тағайындалуларына байланысты Тәңір Иеге ұсынылған құрбандықтар мен сый-тартуларға толтыр. 36 Әр күн сайын күнәнің құнын өтеу үшін бір жас бұқадан құрбандыққа шал. Құрбандық үстелін күнәнің арамдығынан тазарту үшін оның үстінде күнәнің құнын өтеуге шалынған құрбандықтарды өртеп жіберіп, үстелге арнайы май жағып, оны Тәңір Иеге бағышта. 37 Жеті күн бойы құрбандық үстелін осылайша күнәнің арамдығынан тазартып, оны Тәңір Иеге арна. Сонда құрбандық үстелі Тәңір Иеге түгелдей бағышталып, ерекше киелі болады. Үстелдің үстіне қойылған не оған жанасқандардың бәрі де Тәңір Иеге бағышталып, Оның меншігіне айналады. 38 Тұрақты түрде күн сайын құрбандық үстелінің үстінде өртеліп ұсынылатындар мыналар: бір жастағы екі тоқты; 39 біреуі таңертең, екіншісі кешке шалынып, өртеліп ұсынылсын. 40 Бірінші тоқтыға қоса үш қадақ сығып алынған таза зәйтүн майымен араластырылған таңдаулы бидай ұнынан бір пұттың оннан бір бөлігін алып, өртеп жібер. Сұйық тарту ретінде үш қадақ шарапты соның үстіне құйып ұсын. 41 Екінші тоқтыны ымырт жабыла құрбандыққа шал. Оған қоса таңертеңгідей астық және сұйық тартуларын да ұсын. Олар Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған, хош иісті де ұнамды сый-тартулар болмақ. 42 Бұл — келер ұрпақтарыңның да күн сайын шалып, өртеу арқылы жасауға тиісті құрбандығы. Оны Жаратқан Иенің алдында, кездесу шатырының кіреберісінің жанында ұсыныңдар. Осы жерде Мен сенімен кездесіп, саған тіл қатпақпын. 43 Мен Исраил халқымен де осында кездесіп, бұл жерді ұлы салтанатыммен Өзіме бағыштап киелі етемін. 44 Осылайша Мен кездесу шатыры мен құрбандық үстелін де, Һарон мен ұлдарын да Өзіме қызмет етуге бағыштап, 45 Исраилдің үрім-бұтағының арасында тұрып, олардың Құдайы боламын. 46 Сонда олар өздерінің Құдайы Жаратқан Ие Мен екенімді түсініп, араларында тұру үшін оларды Мысырдан алып шыққанымды білетін болады. Мен олардың Құдайы Жаратқан Иемін.
1 Хош иісті заттарды өртеп түтету үшін аққараған ағашынан арнайы үстел жасат. 2 Ол төрт бұрышты, ұзындығы мен ені бір, биіктігі екі шынтақтан болсын, әрі (төрт бұрышының үстіңгі жағынан) мүйіз сияқты шығып тұрған шошақтарымен біртұтас жасалсын. 3 Үстелдің бетін, бүкіл жақтаулары мен шошақтарын да саф алтынмен қаптатып, бетін айналдыра алтын ернеумен жиектет. 4 Ернеудің астына, үстелдің қарама-қарсы екі жағына екі-екіден алтын шығыршықтар орнат. Соларға үстелді көтеріп алып жүретін сырықтарды кіргізу керек. 5 Сырықтар аққарағаннан жасалып, алтынмен қапталсын. 6 Үстелді Келісім сандығының және оның үстіндегі қақпақтың қарсы алдындағы шымылдықтың алдына қойғыз. Сол жерде Мен сенімен кездесетін боламын. 7 Һарон күн сайын таңертең шамдарды реттеп дайындаған кезде үстелдің үстінде хош иісті заттарды түтетуі керек. 8 Ымырт жабыла шамдарды жаққан кезде де Һарон сондай тартуды түтетіп ұсынуға тиіс. Бұл — келер ұрпақтарыңның да Жаратқан Ие алдында тұрақты орындайтын түтету рәсімі. 9 Осы үстелдің үстінде басқа ешқандай тарту: не (Тәңір Иеге бағышталмаған) бөтен хош иісті зат, не шалынып, түгелдей өртелетін құрбандық, не астық тартуын ұсынбаңдар, сұйық тартулар да оның үстіне құймаңдар! 10 Һарон жылына бір рет күнәнің құнын өтеу үшін шалынған құрбандықтың қанын түтету үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жағып, осылайша үстелді күнәнің арамдығынан тазартсын. Бұл рәсімді келешек ұрпақтарың да жыл сайын орындауға тиіс. Себебі түтету үстелі Жаратқан Иеге толықтай бағышталған, ерекше киелі. 11 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 12 — Исраилдің ер адамдарын түгендеп санап жатқан кезде санаққа кірген әркім өз өмірі үшін Жаратқан Иеге жан басы салығын төлесін. Сонда олар санақтан өткенде індетпен жазаланбайды. 13 Санақтан өтіп жатқан әр адам салмағы жарты мысқал (күмісті) Жаратқан Иеге тарту ретінде бағыштасын. Мұндағы мысқал — салмағы жиырма гераһтан тұратын, киелі орында қолданылатын ресми өлшем. 14 Жасы жиырмаға толған не одан асқан әрбір ер адам Жаратқан Иеге осындай сый-тарту ұсынуға тиіс. 15 Жан басы үшін Жаратқан Иеге арнап төленетін осы төлем бай үшін жарты мысқалдан артық болмасын, кедей үшін одан кем де болмасын. 16 Исраилдің ер адамдарынан жан басы салығын қабылдап, кездесу шатырының қажетіне жарат. Осылай сендердің жеке бастарың үшін төлеген осы төлемдерің Жаратқан Ие алдындағы естеліктерің болмақ. 17 Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды: 18 — Жуыну рәсімі үшін қоладан қазан жасатып, қола тұғырға орнатқыз. Қазанды кездесу шатыры мен құрбандық үстелінің екі ортасына қойып, ішін суға толтырт. 19 Осы сумен Һарон мен ұлдары аяқ-қолдарын жуып тазартсын. 20 Олар кездесу шатырына кіргенде немесе құрбандық үстелінің жанына жақындап, Жаратқан Иеге арналған тартуларды өртеп ұсыну қызметін атқарғанда өліп қалмаулары үшін, алдымен осы тазару рәсімін орындасын! 21 Олар аяқ-қолдарын жуып тазартуға тиіс. Егер олай етпесе, өлім құшады. Бұл — Һарон мен оның келер ұрпақтарына арналған тұрақты ереже. 22 Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді: 23 — Өзің ең таңдаулы хош иісті мына нәрселерді: сұйық мүр шайырынан бес жүз мысқал, жұпар иісті дәмқабық пен хош иісті қамыс тамырының өзегін екі жүз елу мысқалдан, яғни мүр шайырының жарты мөлшерінен, дайындап ал. 24 Бұларға дәмқабық ағашының кептірілген гүлдерінен бес жүз мысқал да қос. Осы мөлшерлер киелі орында қолданылатын ресми өлшем бойынша болсын. Және он бес қадақ зәйтүн майын да ал. 25 Киелі шатырдағы қызметке кіріскен кезде адамдар мен заттарға май жағу рәсімін жасау үшін арнайы шеберлер бұл заттарды келіде түйіп, араластырып, хош иісті май қоспасын дайындасын. 26 Осы қоспаны кездесу шатыры мен Келісім сандығына, 27 үстел мен оған қатысты ыдыстарға, шам қойғыш пен оған қажетті бұйымдарға, түтету үстеліне, 28 құрбандық өртелетін үстел мен оның құрал-саймандарына және жуынатын қазан мен тұғырына май жағу рәсімін жасағанда қолдан. 29 Солай етіп осы аталғандарды Маған түгелдей бағышта, олар ерекше киелі болады. Соларға жанасқан әр нәрсе және әрбір адам да Маған бағышталып, меншігіме айналады. 30 Һарон мен ұлдарына да май жағу рәсімін орындап, оларды Менің қызметіме бағыштап, Өзімнің діни қызметкерлерім етіп тағайында. 31 Исраил халқына мына сөздерімді жеткіз: Тағайындау рәсіміне арналған бұл май қоспасы Маған ғана арналған. Келер ұрпақтарың да оны тек осылай қолдануға тиіс. 32 Осы хош иісті май қоспасын басқа адамдардың денесіне жағуға да, өздеріңе қолдану үшін сондай құрамдағы қоспаны жасауға да болмайды. Ол тек Маған ғана арналған, оны киелі деп санаңдар! 33 Кімде-кім осындай май қоспасын өзі жасайтын болса немесе қолдануға болмайтын басқа біреуге жақса, сол адамды халқының арасынан аластату қажет. 34 Жаратқан Ие Мұсаға тағы мынаны бұйырды: — Әрқайсысынан бірдей мөлшерде етіп мынадай хош иісті заттарды дайындап ал: жұпар иісті шайыр тамшылары, қабыршақ, халбан шайыры, хош иісті дәмдеуіштер және таза ладан шайыры. Осы хош иісті заттардың әрбіреуінен бірдей мөлшерде ал. 35 Арнайы шеберлерге солардан жұпар иісті түтету қоспасын жасат: ол тұзбен араластырылып, таза да киелі болсын. 36 Түтету қоспасының біразын ұнтақтап, кездесу шатырының ішіне, Мен өзіңмен кездесіп, Саған сөзімді арнайтын орынға, яғни Келісім сандығының қарсы алдына, қой. Оны тек Маған ғана бағышталған ерекше киелі деп есептеңдер! 37 Осындай құрамда өздеріңе хош иісті түтету қоспасын жасамаңдар! Оны жалғыз Жаратқан Иеге ғана бағышталған киелі деп санаңдар! 38 Кімде-кім өзі үшін түтетуге осындай қоспаны жасаса, сол халқының арасынан аластатылуға тиіс.
1 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 2 — Біліп ал: Мен Яһуда руынан шыққан Һұрдың немересі, Ұри ұлы Беселиелді арнайы таңдап алдым. 3 Оны Құдай Рухына кенелтіп, оған ақыл-парасат пен қабілет дарытып, барлық өнерден хабардар етіп қойдым. 4 Оған алтын, күміс, қола бұйымдарға көркем өрнектер жасауға, 5 асыл тастарды қашап өңдеп, жиектемеге қондыруға, ағаш кесіп, жонып, оюлап әшекейлеуге және кез келген көркем өнер жұмысын істеуге қабілет бердім. 6 Мынаны да біліп ал: Мен оған Дан руынан шыққан Ахисамах ұлы Аһолияпты көмекші етіп тағайындап отырмын. Мен өзіңе тапсырғандардың барлығын жасаулары үшін күллі ақылдыларға тағы да молынан ақыл-парасат дарытамын. Сондықтан олар Мен өзіңе бұйырған мына нәрселердің бәрін жасай алады: 7 Кездесу шатырын, Келісім сандығын және оның үстіндегі қақпағын әрі киелі шатырдың барлық басқа бұйымдарын; 8 нан тартулары қойылатын үстел мен оның үстіндегі ыдыстарды, саф алтыннан жасалған шам қойғыш пен құралдарын, хош иісті заттарды түтету үстелін, 9 шалынған құрбандықтар өртеліп ұсынылатын үстелді және оған керекті құрал-саймандарды, тазару рәсіміне арналған қазан мен оның тұғырын; 10 сондай-ақ, кестеленіп тоқылған киімдерді: діни қызметкер Һаронның арнайы киімдерін және оның ұлдары діни қызмет атқарғанда киіп жүретін киімдерді, 11 тағайындау рәсімінде қолданылатын майды және киелі орынға арналған хош иісті түтету заттарын. Шеберлер бұлардың бәрін Мен өзіңе бұйырғандай етіп жасайтын болады. 12 Жаратқан Ие Мұсаға былай деп те тапсырды: 13 — Исраилдің үрім-бұтағына мынаны айт: Менің демалыс күні туралы ережелерімді сақтаңдар! Себебі бұл — бүкіл келешек ұрпақтарың үшін Менімен сендердің араларыңда жасалған Келісімнің белгісі. Ол арқылы Менің сендерді жалғыз Өзіме бағыштап қасиетті еткен Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар. 14 Сонымен демалыс күнін сақтаңдар, ол сендер үшін қасиетті күн. Оны қорлаған әркім өлтірілуге тиіс. Демалыс күні жұмыс істеген адам өз халқының арасынан аластатылуы қажет. 15 Аптасына алты күн бойы жұмыс істеулеріңе болады, ал жетінші күн — Жаратқан Иеге бағышталған демалыс, сол күні тынығыңдар! Кімде-кім жетінші күні жұмыс істейтін болса, сол өлтірілуге тиіс. 16 Исраилдің үрім-бұтағы демалыс күнін сақтап, келешек ұрпақтары да оны тұрақты Келісім ретінде орындай берсін! 17 Бұл мәңгі бақи Менімен Исраил халқы арасында жасалған Келісімнің белгісі болмақ! Себебі Жаратқан Ие алты күн ішінде аспан мен жерді жаратып, жетінші күні демалып тынықты. 18 Жаратқан Ие Синай тауының басында Мұсаға арнаған сөзін бітіргеннен кейін оған өз қолымен Келісімнің ережелерін жазған екі тас тақташаны табыс етті.
1 Ал Мұсаның таудың басынан ұзақ уақыт бойы төмен түспегенін көрген халық Һаронның қасына жиналып: — Кәне, бізге алдымызда жүріп отыратын тәңір мүсіндерін жасап беріңіз! Себебі бізді Мысыр жерінен бастап алып шыққан анау Мұса болса, оған не болғанын білмейміз, — деді. 2 Һарон оларға: — Ендеше әйелдерің мен ұл-қыздарыңның құлақтарындағы алтын сырғаларын шешіп алып, маған әкеліп беріңдер, — деп жауап қайырды. 3 Сонда бүкіл жұрт құлақтарынан алтын сырғаларын шешіп алып, Һаронға әкеліп берді. 4 Һарон сырғаларды қолдарынан қабыл алып, балқытып, құралмен қағып, жас бұқа мүсінін жасады. Сонда халық: — Әй, Исраил, сені Мысыр елінен бастап алып шыққан тәңірің — осы! — десті. 5 Мұны көрген Һарон мүсіннің қарсы алдынан құрбандық ұсынатын орын тұрғызып, қатты дауыстап: — Ертең Жаратқан Иеге арналған мейрам болады! — деп жариялады. 6 Олар келесі күні ерте тұрып, құрбандық шалып, өртеп жіберді. Содан соң басқа да мал алып келіп, ризашылық құрбандығы ретінде шалды. Халық жайғасып отырып, құрбандықтан ішіп-жеді; біраздан кейін олар азғын ойындар ойнау үшін орындарынан тұрды. 7 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Тезірек төмен түс! Сен Мысырдан бастап алып шыққан халқың азғындыққа салынды! 8 Олар Мен өздеріне өсиет еткен жолдан лезде тайып шығып, алтыннан құйылған жас бұқа мүсінін жасап алды. Соған иіліп құлшылық етіп, құрбандық шалып, «Әй, Исраил, сені Мысыр елінен бастап алып шыққан тәңірің — осы!» десті. 9 Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деді: — Мен бұл халықты назарымда ұстап келемін, оның тоң мойын қыңыр екеніне көзім жетті. 10 Енді Мені тоқтатуға тырыспа! Қаһарым лаулап, оларды құртып жібермекпін. Содан кейін өзіңнен үлкен бір халықты жаратамын. 11 Бірақ Мұса Құдай Иесіне жалбарынып былай деді: — Уа, Жаратқан Ие! Өзің Мысырдан ұлы күшпен, құдіретті қолыңмен бастап алып шыққан халқыңа қарсы неге қаһарың лаулайды? 12 Егер солай істесең, онда мысырлықтар: «Тәңір Ие оларды елімізден арам ниетпен, тауда қырып-жойып, жер бетінен жоқ қылу үшін алып шығыпты» деп жүрер. Қаһарыңды басып, халқыңа апат жіберемін деген райыңнан қайта гөр! 13 Қызметшілерің Ыбырайым, Ысқақ, Исраилді есіңе түсіре гөр. Оларға: «Сендердің ұрпақтарыңды аспандағы жұлдыздардай сансыз көбейтіп, Өзім беруге уәде еткен осы жерді сыйлаймын, олар соны мәңгі иемденетін болады» деп өз атыңмен ант берген едің ғой. 14 Сонда Жаратқан Ие халқына апат жіберемін деген ниетінен бас тартты. 15 Мұса екі тас тақташаны қолына ұстап, кері бұрылып, таудың басынан төмен түсіп кетті. Тақташалардың екі бетінде: алдыңғы және артқы жақтарында Келісімнің ережелері жазылған еді. 16 Тас тақташаларды жасау да, беттеріндегі сөздерді ойып жазу да Құдайдың ісі болатын. 17 (Мұсаны жарты жолда қарсы алған) Ешуа халықтың қатты дауыстаған у-шуын естіп: «Ел қонысындағы бұл шу соғыс кезінде шығатын айқай ғой!» — деді. 18 Ал Мұса: «Бұл жеңістің қуанышты үні емес, жеңілістің зарлайтын үні де емес. Қайта, мен айтылған ән-жырларды естіп тұрмын», — деп жауап қайырды. 19 Олар ел қонысына таяп, Мұса жас бұқа мүсінін әрі би билеген халықты көргенде қаһары лаулады. Содан ол тау етегінде тұрып, қолындағы тас тақташаларды жерге лақтырып жіберіп, быт-шытын шығарды. 20 Бұдан кейін исраилдіктердің жасап алған жас бұқа мүсінін алып, отқа салып құртты. Одан қалғанын ұнтақтап үгіп, суға араластырды да, соны халыққа ішкізді. 21 Һаронға қарап: — Осыншама зор күнәға батыратындай мына халық саған не істеді? — деген сұрақ қойды. 22 Һарон: — Қаһарыңызды лаулата көрмеңіз, мырзам. Бұл халықтың жамандыққа бейім екенін өзіңіз білесіз ғой. 23 Олар маған былай деді: «Бізге алдымызда жүріп отыратын Тәңір мүсінін жасап беріңіз! Себебі бізді Мысыр жерінен бастап алып шыққан анау Мұса болса, оған не болғанын білмейміз». 24 Мен оларға: «Кімнің алтын әшекейі болса, соларын шешіп алсын», — дедім. Олар маған алтындарын беріп, мен оны отқа салдым. Сонда одан әлгі жас бұқа шыға келді, — деп жауап берді. 25 Мұса халықтың жүгенсіз кетіп, Һаронның да олардың шектен шығуларына жол беріп, жауларына таба болғандарына көзі жетті. 26 Сондықтан ол ел қонысының кіреберіс қақпасы алдына шығып алып: — «Кім Жаратқан Иенің жағында болса, сол қасыма келсін!» — деп шақырды. Сонда оның қасына Леуі руының барлық ер адамдары жиналды. 27 Мұса оларға: — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: әрқайсың семсерлеріңді белдеріңе байлап алып, қонысты бір қақпасынан екінші қақпасына дейін әрі-бері аралай жүре, (күнәға батқан) бауырларың, дос-жарандарың мен көршілеріңнің көзін құртыңдар! — деді. 28 Леуіліктер оның айтқандарын орындап, сол күні халықтың үш мыңдайы өлім құшты. 29 Содан кейін Мұса Леуі руының адамдарын тағы да жинап алып: — Бүгін сендер Жаратқан Иенің қызметіне толықтай бағышталып, тағайындалдыңдар. Себебі өз ұлдарың мен бауырларыңды аямай, (Оның еркін орындадыңдар). Содан Ол сендерге бүгін Өзінің жарылқауын төкті, — деді. 30 Келесі күні Мұса халыққа: — Сендер зор күнә жасадыңдар! Бірақ мен қазір қайтадан тау басына көтеріліп, Жаратқан Иенің алдына барамын. Мүмкін, сендердің жасаған күнәларың үшін Оның кешірімін ала алармын, — деді. 31 Сонымен Мұса Жаратқан Иенің алдына қайтып барып: — О, Ием, бұл халық зор күнәға батып, алтыннан тәңір мүсінін жасап алыпты. 32 Дегенмен олардың күнәсін кешіре гөр. Егер олай істемесең, онда (өз адамдарыңның есімдерін) жазып қойған кітабыңнан менің де есімімді сызып таста, — деп өтінді. 33 Ал Жаратқан Ие Мұсаға: — Бұл кітабымнан Менің алдымда күнә жасағандардың (есімдерін) сызып тастаймын. 34 Ал қазір бар да, халықты Мен айтқан жерге бастап алып бар. Міне, періштем алдыңда жүріп отырмақ. Менің соттайтын күнім жеткенде оларды бұл күнәлары үшін жазалайтын боламын, — деп жауап берді. 35 Кейінірек Жаратқан Ие халықты Һарон жасаған жас бұқа мүсініне табынғандарына бола індет жіберіп жазалады.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып, былай деп бұйырды: «Өзің және Мысырдан бастап алып шыққан халқың бұл жерді тастап, әрі қарай жүріңдер! Мен «өз ұрпақтарыңа табыстаймын» деп Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа уәде еткен елге көшіп барыңдар. 2 Сенің алдыңда жүріп отыратын періштені жіберемін, әрі қанахандықтар, аморлықтар, хеттіктер, перездіктер, хевтіктер және ебустіктерді сол елден қуып шығамын. 3 Періштем сендерді ағы мен балы ағыл-тегіл сол жерге бастап алып барады. Бірақ Өзім араларыңда жүріп бірге бармаймын. Сендер тоң мойын қыңыр халықсыңдар, сондықтан сендерді жолшыбай қырып тастауым қажет болар еді». 4 Мұндай қатты сөздерді естіген халық зар еңіреп, ешқайсысы да әшекейлерін тақпады. 5 Себебі Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырған болатын: «Исраилдіктерге мынаны айт: Сендер тоң мойын қыңыр халықсыңдар. Мен араларыңда бір-ақ сәт бірге жүретін болсам, сендерді жоқ қылуым қажет болар еді. Қазір әшекейлеріңді шешіп тастаңдар. Ал Мен сендермен не істеуді ұйғарамын». 6 Сондықтан исраилдіктер Хориб тауында әшекейлерін шешіп тастап, енді қайтып тақпайтын болды. 7 Ал Мұса (бұдан былай) ел қонысынан тыс, одан алысырақ жерде шатыр тігіп, оны кездесу шатыры деп атады. Жаратқан Иенің еркін сұрап білгісі келген әркім қоныстан шығып, осы шатырға баратын. 8 Мұса кездесу шатырына беттеген сайын, бүкіл халық үйлерінің есіктерінің алдынан ол шатырға кіріп кеткенге дейін артынан қарап тұратын. 9 Мұса шатырға кіргенде, бұлт бағанасы төмен түсіп, шатыр алдына орналасатын. Сол кезде Жаратқан Ие Мұсамен тілдесетін. 10 Бұлт бағанасын шатыр есігінің алдынан көрісімен-ақ, күллі халық орындарынан көтеріліп, әркім өз шатырының кіреберісінен Құдайға иіліп ғибадат ететін. 11 Жаратқан Ие Мұсамен адамның жақын досымен бетпе-бет сөйлескеніндей сөйлесетін. Мұса кейінірек ел қонысына қайтып оралатын, ал оның жас көмекшісі Нұн ұлы Ешуа кездесу шатырының қасынан кетпейтін. 12 Бірде Мұса Жаратқан Иеге жалбарына тіл қатып: — Я, Ием, Сен маған: «Халықты сол елге өрлетіп бастап алып жүр» деп келесің. Бірақ менімен бірге кімді жіберетініңді білдірген жоқсың. Алайда Маған: «Есіміңді жадымда сақтап сені жақыннан танимын және саған ризамын» деген едің ғой. 13 Егер де маған риза болсаң, (бізді жүргізетін) өз жолдарыңды білдіре гөр. Сонда мен Өзіңмен тығыз байланыста тұрамын, келешекте де Сенің рақымың маған түсетін болады. Мына ұлттың Өзіңнің таңдап алған халқың екенін есіңнен шығара көрме, — деді. 14 Жаратқан Ие: — Өзім бірге барып жар болып, жаныңа тыныштық сыйлаймын, — деп жауап қайырды. 15 Сонда Мұса былай деп өтінді: — Егер Өзің бірге барып жар болмасаң, бізді бұл жерден уәделі елге апара көрме. 16 Маған және өз халқыңа Сенің рақымыңның түсіп тұрғанын қайдан біле аламыз? Өзіңнің бізбен бірге жүргеніңнен емес пе? Мені және халқыңды жер бетіндегі басқа күллі халықтардан ерекше қылып ажырататын соның өзі ғой. 17 Жаратқан Ие оған: — Жарайды, сенің сұрағаныңды орындаймын. Өйткені Мен саған ризамын, сені жақыннан танимын да, — деп уәде берді. 18 Сонда Мұса: — Ендеше маған Сенің нұрлы салтанатыңды көрсете гөр, — деп өтінді. 19 Жаратқан Ие оған былай деп жауап қайтарды: — Мен сенің алдыңнан бүкіл игілігімді өте шығатын етіп, қасыңда «Жаратқан Ие» деген есімімді атап шақырамын. Мен қалаған адамыма рақымды боламын, таңдап алғаныма мейірімімді шашамын. 20 Бірақ бет-жүзімді көруіңе болмайды, өйткені оны көрген пенде тірі қалмайды. — 21 Бұдан кейін Жаратқан Ие сөзін жалғастырып былай деді: — Алайда, міне, қасымда бір орын бар: мына жартаста тұр. 22 Менің нұрлы салтанатым жаныңнан өтіп бара жатқан кезде сені жартастың жарығына тұрғызып, Өзім қасыңнан өтіп кеткенше алақаныммен көлегейлеймін. 23 Содан кейін қолымды аламын, сонда Мені ту сыртымнан көре аласың. Ал бет-жүзімді ешкімнің көруіне болмайды.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тағы бұйрық беріп: — Өзің сындырып тастаған бұрынғы тас тақташалар сияқты екі тақташа қашап жасап ал. Олардың беттеріне алғашқы тақташаларда жазылған сөздерді жазып қоймақпын. 2 Ертеңгісін дайын бол, Синай тауына көтеріліп, таудың басында Менің алдымда тұр! 3 Ал ешбір адам саған еріп көтерілмесін, таудың барлық беткейінен ешкім де көрінбесін! Таудың маңында ірілі-ұсақты мал да жайылмасын! — деді. 4 Осылай Мұса бұрынғы тас тақташалар сияқты басқа екеуін қашап жасап алды. Ертеңгісін ертемен соларды қолына ұстап, Жаратқан Ие өзіне бұйырғандай Синай тауының басына көтерілді. 5 Сонда Жаратқан Ие бұлтқа оранып төмен түсті де, Мұсаның қасында тұрып, «Жаратқан Ие» деген өз есімін атап шақырды. 6 Бұдан кейін Ол Мұсаның алдынан өтіп бара жатып былай деп дауыстады: «Жаратқан Ие! Жаратқан Ие! Құдай мейірімді де қайырымды, Тез қаһарланбайтын да өте рақымды. Құдай әрдайым сөзінде тұрады; 7 Ол берік мейірімін мыңдағандарға танытады, Өзіне қарсы шығып теріс қылықтарды Жасаған күнәкарды да кешіруге дайын тұрады, Ал (қасарысқанды) жазасыз қалдырмайды, Аталарының теріс қылықтары үшін Жазалайды балалары мен немерелерін, Тіпті шөберелері мен шөпшектерін». 8 Мұса дереу жерге дейін иіліп тағзым етіп: 9 — Уа, Ием, егер Сен маған риза болсаң, онда Өзің арамызда жүріп жар бола гөр. Бұл — тоңмойын қыңыр халық. Әйтсе де, жасаған әділетсіз істеріміз бен күллі күнәларымызды кешіріп, бізді Өзіңнің меншікті халқың ретінде қабылдай гөр, — деп өтінді. 10 Бұған Жаратқан Ие былай деді: — Міне, Мен сендермен Келісім жасамақпын: халқыңның көз алдында бұған дейін жер бетінде ешбір ұлттың арасында болып көрмеген кереметтерді жүзеге асырмақпын. Өзің бірге тұрып жатқан бүкіл халқың Мен — Жаратқан Ие сендер үшін жасайтын, үрей туғызатын ғажап істерді көретін боласыңдар. 11 Ал сендер Менің өздеріңе бүгін беріп тұрған бұйрықтарымды орындайтын болыңдар! Біліп алыңдар: Мен алдарыңнан жүріп отырып, аморлықтар, қанахандықтар, хеттіктер, перездіктер, хевтіктер және ебустіктерді елден қуып шығамын. 12 Сол елге кіргенде оның тұрғындарымен қандай да бір келісім жасаудан сақтаныңдар! Олай етпесеңдер, олар сендерді күнәға батыратын тұзақ болады. 13 Қайта, солардың құрбандық ұсынатын орындарын бұзып, қиратып, табынатын тас мүсіндерін талқандап, әйел тәңірлері Ашераға бағышталған ағаш бағаналарын шауып тастаңдар! 14 Менен, Жаратқан Иеден, басқа ешбір тәңірге құлшылық етпеңдер! Себебі бір атағым «Қызғаныш». Өзімді шын көңілмен сүйіп, түгелдей бағышталуларыңды талап еткен Құдаймын. 15 Сонымен сендер сол елде тұратындармен келісім жасаудан сақтаныңдар! Әйтпесе олар Маған сенімсіздік танытып, өз тәңірсымақтарына арнап құрбандық шалып құлшылық еткенде сендерді де шақырады. Осылай сендер сол құрбандықтарынан жеп, өздерің де жалған тәңірлерге табынатын боласыңдар. 16 Ұлдарыңа олардың қыздарын алып бермеңдер! Әйтпесе сол келіндерің шынайы Құдайға опасыздық жасап өздерінің жалған тәңірлеріне құлшылық еткенде, сендердің ұлдарыңа да солай істетпек. 17 Тәңір мүсіндерін жасамаңдар! 18 Жыл сайын Ашымаған нан мейрамын тойлаңдар! Өзім бұйырғандай, жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер. Мұны (көктемнің) абиб айының белгіленген мезгілінде өткізіңдер, себебі Мысырдан сол айда көшіп шыққан едіңдер. 19 Құрсақ атаулыдан шыққан әрбір тұңғыш Менікі! Ірі қара мен ұсақ малдардың тұңғыш еркек жыныстыларының бәрі де Маған бағышталсын. 20 Есектің алғаш туған қодығының орнына бір тоқты құрбандыққа шалынсын. Егер олай етпесең, қодықтың желкесін үз. Ал әрбір тұңғыш ұлдарыңның төлемі ретінде арнайы құрбандық шалыңдар. Ешкім Менің алдыма құр қол келмесін! 21 Алты күн жұмыс істеп, жетінші күні демалыңдар! Жер жыртып, егін салып, оны орған кезде де сол күні демалуға тиіссіңдер. 22 Бидайдың алғашқы өнімін жинарда Жеті апта мейрамын, ал жылдың аяғында Сабантой мейрамын мерекелеңдер! 23 Күллі ер адамдарың жылына үш рет Исраилдің сиынған Құдайы — Жаратушы Тәңір Иенің алдына келуге тиіс. 24 Мен сендердің көз алдарыңнан басқа халықтарды қуып шығарып, шекараларыңды кеңейтемін. Сондықтан сендер жылына үш рет Құдайларың Жаратқан Иенің алдына келген кездеріңде ешкім де елдеріңе қызғанышпен шабуыл жасамайтын болады. 25 Маған арналған құрбандықтың қанын ашытқымен дайындалған тамаққа құйып ұсынбаңдар! Құтқарылу мейрамына шалынған малдың еті таң атқанша қалып қоймасын! 26 Егістік жерлеріңнен алғаш шыққан өнімдердің ең жақсысын Құдайларың Жаратқан Иенің киелі үйіне алып келіңдер! Лақтың етін енесінің сүтіне пісірмеңдер! 27 Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға: — Осы сөздерді жазып қой. Мен сенімен және бүкіл Исраил халқымен Келісімімді солардың негізінде жасаймын, — деп бұйырды. 28 Қырық күн, қырық түн бойы Мұса сол жерде Жаратқан Иенің қасында болып, нан да жемеді, су да ішпеді. Ол тас тақташаларға Келісімнің сөздерін — Он өсиетті жазды. 29 Бұдан кейін Мұса Келісімнің ережелері жазылған екі тас тақташаны қолына ұстап, Синай тауынан төмен түсті. Ол Жаратқан Иемен тілдескендіктен бет-жүзі нұр шашып жарқырап тұрды. Ал өзі мұны білген де жоқ. 30 Һарон және күллі исраилдіктер Мұсаны көргенде, міне ғажап, оның беті нұрланып жарқырап тұрды! Сондықтан оның қасына жақындаудан қорықты. 31 Бірақ Мұса шақырған соң, Һарон мен халықтың барша рубасылары қайтадан қасына жиналып, Мұса оларға сөзін арнады. 32 Бұдан кейін исраилдіктердің бәрі де оның қасына келіп, Мұса оларға Жаратқан Иенің Синай тауының басында өзімен тілдескенде тапсырған бүкіл өсиеттерін айтып берді. 33 Олармен сөйлесіп болғаннан кейін Мұса бетін пердемен жауып алды. 34 Ал Жаратқан Иенің алдына барып, Онымен тілдесу үшін арнайы шатырға кірген сайын, қайтадан сыртқа шыққанша Мұса бетіндегі пердені алып тастайтын. Шатырдан шыққаннан кейін ол Исраил халқына Жаратқан Иенің тапсырған өсиеттерін жеткізетін. 35 Сол кезде исраилдіктер Мұсаның бет-жүзінің нұр шашып жарқырап тұрғанын көретін. Мұса қайтадан Жаратқан Иенің алдына барып, Онымен тілдескенше бетін пердемен жауып алатын.
1 Мұса Исраилдің үрім-бұтағының бүкіл қауымын жинап алып, оларға былай деді: «Жаратқан Ие орындауға мынаны бұйырған: 2 алты күн жұмыс істеуге арналған. Ал жетінші күн сендер тынығып демалатын, Жаратқан Иеге бағышталған киелі күн болсын! Сол күні жұмыс істеген әркім өлтірілуге тиіс. 3 Барлық тұрған жерлеріңде демалыс күні тіпті от та жақпаңдар!» 4 Мұса жиналған бүкіл Исраил қауымына сөзін жалғап былай деді: «Жаратқан Ие сендерге мынаны тапсырды: 5 Қолдарыңда барларыңнан Жаратқан Иеге арнап тарту беріңдер. Оған шын жүректен сый-тарту ұсынғысы келетіндер мыналарды алып келсін: алтын, күміс және қола, 6 қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн әрі жіңішке иірілген зығыр жіптер, ешкінің түбітін, 7 қызыл түске боялған қошқар терілерін, борсық терілерін, аққараған ағашын, 8 майшамға арналған зәйтүн майын, жағу рәсіміне арналған майға қосылатын немесе түтетілетін хош иісті заттар, 9 сондай-ақ бас діни қызметкердің арнайы киіміне және кеуде қалтасына тағылатын оникс пен басқа да асыл тастар. 10 Араларыңдағы шебер атаулының барлығы келіп, Жаратқан Иенің тапсырғандарының бәрін де жасап дайындасын: 11 Оның жер бетіндегі тұрағы — киелі шатырды, соның төбесіндегі жапқышын, ілгектері мен ілмек шығыршықтарын, бөренелерін, сырықтарын, бағаналары мен тағандарын; 12 сондай-ақ, Келісім сандығы мен екі жағындағы сырықтарын, бетіндегі қақпағын және оны көзден тасалап тұрған шымылдықты; 13 (нан тартулары қойылатын) үстел мен сырықтарын, соған қажетті ыдыстарын және ұсынылатын нан тартуларын; 14 жарық түсіретін (жеті шырақты) шам қойғышты, қосымша құрал-саймандарын, шамдарын және жағуға қажетті майды; 15 түтету үстелі мен сырықтарын, жағу рәсіміне арналған майды, түтетілетін хош иісті заттарды; киелі шатырдың кіреберісіндегі шымылдықты, 16 шалынған құрбандықтар өртеліп ұсынылатын үстелді, оның қола торын, сырықтары мен қажетті құрал-саймандарын; (тазару рәсіміне арналған) қола қазан мен тұғырын; 17 ауланы қоршайтын бағаналарды тағандары, перделерімен қоса, сондай-ақ ауланың кіреберісінің перделерін, 18 шатырдың және ауланың қазықтары мен арқандарын, 19 қасиетті орында қызмет атқарғандардың әдемі тоқылған киімдерін және діни қызметкер Һарон мен оның ұлдарының арнайы киімдерін дайындасын». 20 Мұса осыларды айтып болған соң, Исраил үрім-бұтағының жиналған бүкіл жамағаты оның қасынан тарап кетті. 21 Мұнан кейін шын жүректен, өз еркімен Жаратқан Иеге арнап сый-тартулар бергілері келген барлығы да соларын алып келді. Осылай олар Жаратқан Иемен кездесетін киелі шатырды тұрғызып, ондағы қызметтерге қажетті бұйымдар мен арнайы киімдерді жасауға керекті заттарды әкелді. 22 Осыған ерік білдіргендердің бәрі де, еркек болсын, әйел болсын келді. Олар түрлі-түрлі алтын әшекейлерін: білезік, сырға-жүзік, алқаларын әкеліп, Жаратқан Иеге бағыштап ұсынды. 23 Қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптері мен ешкінің түбіті, қызыл түске боялған қошқар терісі әрі борсықтың терісі барлары да соларын әкеліп берді. 24 Күміс пен қоладан тарту әкелгендер де оларын Жаратқан Иеге арнады. Кімде аққараған ағашы бар болса, сол да ағашын киелі шатыр үшін қолдануға ұсынды. 25 Жіп иіре алатын шебер әйелдер қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн не жіңішке зығыр жіптерді өз қолдарымен иіріп әкелді. 26 Түбіт иіре алатын барлық қабілетті әйелдер түбіт иірді. 27 Рубасылары оникс және басқа да асыл тастарды Һаронның арнайы сырт киімі мен кеуде қалтасы үшін алып келді. 28 Олар, сондай-ақ, май шамдарға, жағу рәсіміне және түтетілуге арнап зәйтүн майы мен хош иісті заттарды да ұсынды. 29 Исраилдің барлық әйелдері мен ер адамдары Жаратқан Иенің Мұса арқылы істеуге тапсырған күллі жұмыстары үшін өз жүрек қалауларымен Жаратқан Иеге арнап ерікті сый-тартуларын алып келді. 30 Содан Мұса Исраилдің үрім-бұтағына былай деді: «Біліп алыңдар: Жаратқан Ие Яһуда руынан шыққан Ұри ұлы Һұр немересі Беселиелді арнайы таңдап алды. 31 Оны Құдайдың Рухына кенелтіп, оған ақыл-парасат пен қабілет дарытып, барлық өнерден хабардар етіп қойды. 32 Ол Беселиелге алтын, күміс, қола бұйымдарға керемет көркем өрнектер жасауға, 33 асыл тастарды қашап өңдеп, жиектемеге қондыруға, ағаш кесіп, оюлап әшекейлеуге және кез келген көркем өнер жұмыстарын істеуге қабілет берді. 34 Мұның үстіне Жаратқан Ие Беселиелге және Дан руынан шыққан Ахисамах ұлы Аһолияпқа басқаларға тәлім беру дарынын да сыйлады. 35 Тәңір Ие сол екеуін қандай да болсын жұмысты істей алатын қабілетке кенелтті. Сондықтан олар зергерлер, жобалар ойлап шығаратын көркемдеушілер, шебер тоқымашылар ретінде, не болмаса қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптермен кестелеп тоқушылар ретінде әр қилы бұйымдарды әсем тоқып, күрделі жобаларды ойлап шығарып, жүзеге асыра алады.
1 Ендеше Беселиел мен Аһолияп та, Жаратқан Ие киелі шатырды дайындап, тұрғызып, жабдықтаудың бүкіл жұмысын іске асыруға ақыл-парасат пен қабілет дарытқан барлық басқа шеберлер де Оның тапсырғандарын түгелдей жасап шығарсын». 2 Осылайша Мұса Беселиел мен Аһолияпты да, Жаратқан Ие ақыл-парасат пен шеберлік дарытқан, шын жүректен келіп, жұмыс істеуге тілек білдірген тағы басқалардың барлығын да жұмыстарына кірісуге шақырды. 3 Олар Исраил халқы киелі шатырды тұрғызуға арнап әкелген сый-тартуларының барлығын Мұсадан қабылдап алды. Бұдан кейін де халық күн сайын ертеңмен Мұсаға өз еріктерімен сый-тартулар әкеліп жатты. 4 Сонда киелі шатырды дайындап жатқан шеберлер жұмыстарын тастап, Мұсаның алдына барып: 5 «Халық Жаратқан Ие тапсырған іске қажетті заттарды мөлшерден тыс әкеліп жатыр», — деп баяндады. 6 Содан Мұса жарлық шығарып, оны ел қонысына таратқызды: «Бұдан былай бірде-бір еркек не әйел киелі шатырға арнап заттар дайындап жасамасын!» Сонда исраилдіктер сый-тарту әкелулерін тоқтатты. 7 Өйткені олардың осыған дейін әкелгендері барлық жұмыстарды атқаруға жетіп, тіпті қажетті мөлшерден артылып жатты. 8 Сонымен күллі дарынды шеберлер бірігіп жұмыс істеп, киелі шатырды құруға қажетті заттарды жасап дайындады. Олар жіңішке зығыр және қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл түсті жүн жіптерден шатырдың он жабынын тоқыды. Солардың бетіне керубтердің бейнелері шеберлікпен кестеленді. 9 Барлық жабындардың көлемі бірдей еді: ұзындығы жиырма сегіз, ені төрт шынтақ. 10 Шеберлер Беселиелдің басшылығымен жабындарды бес-бестен қатарластыра біріктіріп тігіп шықты. 11 Осылай біріктірілген екі жапқышты бір-біріне қосу үшін олар әрқайсысының бір жақ шетіне қою күлгін жіптен баулық сияқты елу ілгектен дайындап бекітті. 12 Мұнан кейін шеберлер екі жапқыштың жиегіндегі елу-елуден жасалған ілгектерді бірдей қашықтықта бір-біріне тұспа-тұс келтірді. 13 Алтыннан елу ілмек шығыршық жасалып, солармен жапқыштың екі жартысы біріктірілді. Осылайша киелі шатыр біртұтас жапқышпен жабылатын болды. 14 Шатыр төбесін жабу үшін түбіттен тағы он бір жабын тоқылды. 15 Барлық он бір жабынның көлемі бірдей еді: ұзындығы отыз, ені төрт шынтақ. 16 Шеберлер бес жабынды бір бөлек, келесі алты жабынды бір бөлек қатарластыра біріктіріп тікті. 17 Осылай біріктірілген екі жапқышты бір-біріне қосу үшін әрқайсысының бір жақ шетіне баулық сияқты елу ілгектен дайындалып бекітілді. 18 Қоладан елу ілмек шығыршық жасалды. Ілгектер солармен бекітіліп, шатырдың төбесі осы біртұтас жапқышпен жабылатын болды. 19 Содан кейін шеберлер киелі шатырды жабу үшін қызыл түске боялған қошқар терілерінен де бір жапқыш қапты және оның үстінен жабуға борсық терілерінен тағы бір жабынды біріктіріп тікті. 20 Шатырдың қабырғалары үшін аққараған ағашынан тік тұрғызылатын қырлы бөренелер дайындалды. 21 Әр бөрененің ұзындығы он, ені бір жарым шынтақ болды. 22 Әрқайсысының табанында қатар тұрған екі шошақ тығыннан бар еді. Беселиел күллі бөренелерді осылай жасатты. 23 Шатырдың оңтүстік пен солтүстік бүйір қабырғалары үшін жиырма бөренеден және олардың табандары болатын қырық күміс тағаннан жасалды: әр бөрененің екі шошақ тығыны үшін қос тағаннан дайындалды. 27 Ал шатырдың батысқа қараған артқы қабырғасы үшін алты бөрене 28 және оның бұрыштары үшін тағы екі бөренеден жасалды. 29 Сол бұрыштардағы бөренелер төменнен жоғарыға дейін жұпталып, бір шығыршығы бар жоғарғы жақта біріктірілді. Беселиел екі бұрыш үшін де осылай істетті. 30 Сонымен барлығы сегіз бөрене болды. Оларға арнап әрбіреуіне екі-екіден он алты күміс таған дайындалды. 31 Беселиел аққараған ағашынан киелі шатырдың оңтүстік, солтүстік және батыс қабырғалары үшін көлденең бес сырықтан жасатты. 33 Ал ортаңғы сырықтар бөренелердің ортасынан өтіп, қабырғаның бір басынан келесі басына дейін жететін болды. 34 Бөренелер, сырықтар және бұларды өткізетін шығыршықтар алтынмен қапталды. 35 Қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптерден шымылдық тоқылып, бетіне керуб деген күзетші періштелердің бейнелері кестеленді. 36 Шеберлер аққарағаннан төрт бағана дайындап, алтынмен қаптап, оларға алтын ілгіштер орнатты. Бағаналар үшін төрт күміс таған құйып жасады. 37 Киелі шатырдың кіреберісіне де арнап қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптерден шымылдық тоқылды. 38 Оны іліп қою үшін ілгіштері бар бес бағана жасалды. Бағаналардың үстіңгі иықтарын және шымылдық ілінетін сырықтар алтынмен қапталды. Бағаналарға арнап қоладан бес таған құйылып дайындалды.
1 Содан кейін Беселиел аққараған ағашынан Келісім сандығын жасатты. Ұзындығы екі жарым, ал ені мен биіктігі бір жарым шынтақтан болды. 2 Сандықтың іші-сырты саф алтынмен қапталып, жоғарғы ернеуі айналдыра алтынмен әшекейленіп жиектелді. 3 Сандық үшін төрт алтын шығыршық құйылды. Олар төменгі төрт бұрышына: екеуі бір жақ бүйіріне, қалған екеуі қарама-қарсы бүйіріне арналған еді. 4 Мұнан кейін Беселиел аққарағаннан сырықтар жасатып, алтынмен қаптатты. 5 Сандықты көтеріп алып жүру үшін сырықтарды оның екі бүйіріндегі шығыршықтардан өткіздіріп қойды. 6 Сандықтың қақпағын ұзындығы екі жарым, ені бір жарым шынтақ етіп саф алтыннан жасатты. 7 Қақпақтың екі жақ шетіне керуб деген күзетші періштелердің екі мүсінін алтыннан балғамен соққызып жасатты. Олар қақпақпен бірге біртұтас алтыннан соғылып жасалды. 9 Керуб мүсіндері жоғары жайған қанаттарымен қақпақты көлегейлеп, беттерін бір-біріне бағыттап, қақпаққа қарап тұрды. 10 Беселиел аққарағаннан ұзындығы екі, ені бір, биіктігі бір жарым шынтақ үстел де жасатты. 11 Ол саф алтынмен қапталып, жақтауы айналдыра алтынмен қапталды. 12 Шеберлер үстелдің бетін айналдыра төрт елі бойы ернеумен жиектеп, соны да алтынмен қаптады. 13 Мұнан кейін олар төрт алтын шығыршық құйып жасап, оларды үстелдің аяқтары орнатылған төрт бұрышына бекітті. 14 Үстелді көтеріп алып жүруге арналған сырықтар өткізілетін осы шығыршықтар ернеу жиегіне жақын орнатылды. Сырықтар аққарағаннан жасалып, алтынмен қапталды. 16 Үстелдің қажетті бұйымдары: аяқ-табақтары мен табалары және құйылып ұсынылатын сұйық тартуларға арналған құмыралары мен тостағандары саф алтыннан жасалды. 17 Беселиел саф алтыннан шам қойғыш та жасатты. Оның тұғыры мен діңгегі, мүсінделген тармақтары, гүл тостағаншалары, қауыздары және бүршіктері түгел біртұтас алтыннан балғамен соғылып жасалды. 18 Діңгегінен екі жағына үш-үштен алты тармақ шығып тұрды. 19 Әр тармақта шар тәрізді үш бүршіктен тараған, қауыздарын ашқан үш алтын бадам гүлінен болды. Ал ортадағы діңгекте дәл осындай төрт алтын бадам гүлі болды. 21 Бұл гүлдердің бүршіктері екі жаққа созылған үш жұп тармақтың діңгектен шыққан жерлерінің астыңғы жағында орналасқан еді. 22 Тармақтарымен, бүршіктерімен бірге шам қойғыш түгелдей біртұтас саф алтыннан балғамен соғылып жасалды. 23 Беселиел шам қойғыштың жеті май шамын, білте түзеткіштері мен табақшаларын да саф алтыннан жасатты. 24 Шам қойғыш пен қажетті құрал-жабдықтары үшін бір ат басындай алтын жұмсалды. 25 Беселиел шеберлерге ақ қараған ағашынан хош иісті заттарды түтету үстелін де жасатты. Ол төрт бұрышты, ұзындығы мен ені бір, биіктігі екі шынтақтан болды. Үстел (үстіңгі жағындағы төрт бұрышынан) мүйіз сияқты шығып тұрған шошақтарымен біртұтас жасалды. 26 Үстелдің беті, бүкіл жақтаулары және шошақтары да саф алтынмен қапталып, беті айналдыра алтын ернеумен жиектелді. 27 Ернеудің астына, үстелдің қарама-қарсы екі жағына екі-екіден алтын шығыршықтар орнатылды. Соларға үстелді көтеріп алып жүруге арналған сырықтар кіргізілді. 28 Сырықтар аққарағаннан жасалып, алтынмен қапталды. 29 Адамдар мен заттар киелі шатырдағы қызметке бағышталған кезде оларға май жағу рәсімін жасауға арналған май да, түтетілетін хош иісті заттардың таза қоспасы да дайындалды.
1 Беселиел мұнан кейін шалынған құрбандықтар өртеліп ұсынылатын үстелді аққараған ағашынан жасатты. Үстел төрт бұрышты, ұзындығы мен ені бес, биіктігі үш шынтақтан еді. 2 Төрт бұрышынан мүйіз тәрізді шығып тұрған төрт шошақ үстелмен біртұтас болды. Үстел соңынан қоламен қапталды. 3 Оның мына құрал-саймандарының бәрі қоладан жасалды: күлсалғыштар, қалақтар, (қан бүркуге арналған) тостағандар, шанышқылар және шоқ салатын табалар. 4 Ұсталар отқа арналған торды да қоладан жасады. Оны үстел қабырғаларының ортасына дейін жететіндей етіп астынан, ішкі жағынан орналастырды. 5 Олар қола шығыршықтар құйып, соларды қола тордың төрт бұрышына бекітті. Аққарағаннан жасалып, қоламен қапталған сырықтар сол шығыршықтарға кіргізілді. Құрбандық үстелін көтеріп алып жүрген кезде сырықтар оның екі бүйірінде болды. Осылай үстел қоламен қапталған тақтайлардан іші қуыс етіліп құрастырылды. 8 Кездесу шатырының кіреберісінде жиналып, ғибадат ететін әйелдер қола айналарын Тәңір Иенің жолына бағыштаған болатын. Сол айналардан тазару рәсіміне арналған қола қазан мен оның қола тұғыры жасалды. 9 Мұнан кейін Беселиел киелі шатырдың ауласын жіңішке зығыр жіптен тоқылған перделермен қоршатты. Ауланың оңтүстік және солтүстік жақтарының ұзындығы жүз шынтақтан болды. Осы екі жақтың перделерін іліп қою үшін жиырма қола тағанға орнатылатын жиырма бағанадан әрі сол бағаналарды байланыстыратын күміс ілгіштер мен сырықтар жасалды. 12 Ауланың батыс жағының ұзындығы елу шынтақ болып, перде он тағанға орнатылатын он бағанаға ілініп қойылатын болды. Солардың да күміс ілгіштері мен сырықтары бар еді. 13 Ауланың кіреберісі орналасқан шығыс жағы да елу шынтақ болды. 14 Кіреберістің екі жағындағы перделердің ұзындығы он бес шынтақтан еді. Әр перде үш тағанға орнатылған үш бағанаға ілінетін болды. 16 Аула айналасындағы барлық перделер жіңішке зығыр жіптен тоқылды. 17 Бағаналардың үстіңгі иықтары күміспен қапталды. Бағаналарға арналған тағандар қоладан құйылып, ілгіштер мен перделер ілінетін сырықтары күмістен жасалды. Бүкіл бағаналар бір-бірімен сол күміс сырықтар арқылы байланыстырылды. 18 Ал аула кіреберісінің пердесі қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптерден түрлі өрнектермен кестеленіп тоқылды. Оның ұзындығы жиырма шынтақ, биіктігі аула перделерінікі сияқты бес шынтақ еді. 19 Қола тағанға орнатылған төрт бағана күміс ілгіштерімен, сырықтарымен бірге дайындалды. Перде соларға ілінетін болды. Бағаналардың үстіңгі иықтары күміспен қапталған еді. 20 Ауланы қоршаған бағаналар мен киелі шатырдың өзін бекітуге қажетті күллі қазықтар қоладан жасалды. 21 Келісімнің айғақтары сақталатын киелі шатырды дайындауға жұмсалған заттардың есебі төменде берілген. Мұсаның бұйрығы бойынша леуіліктер діни қызметкер Һарон ұлы Ітамардың басшылығымен осы есепті жүргізді. 22 Яһуда руынан шыққан Ұри ұлы, Һұр немересі Беселиел Жаратқан Иенің Мұсаға тапсырғандарының бәрін де жүзеге асырды. 23 Оның көмекшісі Дан руынан шыққан Ахисамах ұлы Аһолияп болды. Ол зергер, өрнектер ойлап шығаратын көркемдеуші, сондай-ақ қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптермен кесте тоқитын тоқымашы еді. 24 Жаратқан Иеге тербеп ұсынылған тартулардан киелі шатырдың күллі жұмыстарына жұмсалған алтынның барлық мөлшері жиырма тоғыз ат басындай және жеті жүз отыз ресми мысқал болды. 25 Қауымның санаққа енгендерінен жиналған күміс мөлшері бір мың жеті жүз жетпіс бес ресми мысқал болды. 26 Санаққа енген, жасы жиырмаға толған не одан асқан барлығы алты жүз үш мың бес жүз елу ер адам еді. Олардың әрбіреуі бір бекадан күміс берді. Бека — ресми мысқалдың жарты мөлшері. 27 Жүз ат басындай күміс киелі шатыр мен перделерге арналған бағаналардың жүз тағандарын құюға кетті, әр тағанға бір ат басындай күмістен. 28 Бір мың жеті жүз жетпіс бес мысқал күміс бағаналардағы ілгіштер мен сырықтарды жасап, бағаналардың үстіңгі иықтарын қаптауға жұмсалды. 29 Тәңір Иеге тербеп ұсынылған қола тартудың салмағы жеті жүз ат басындай және екі мың төрт жүз мысқал болды. 30 Осы қоладан кездесу шатырының кіреберісіндегі бағаналардың тағандары, құрбандық үстелі мен оған қажетті құрал-саймандар жасалды. 31 Сонымен қатар киелі шатырдың ауласының айналасы мен кіреберісіндегі бағаналардың тағандары, шатырдың өзінің және күллі ауласының бағаналарын бекітуге қажетті күллі қазықтары да сол қоладан жасалды.
1 Шеберлер діни қызметкерлердің киелі шатырдағы қызмет еткенде киетін киімдерін қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн жіптерден тоқып дайындады. Олар Һаронның мына арнайы киімдерін де Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанындай етіп жасады: 2 (ефод деп аталған) жеңсіз сырт киім алтын талшықтардан әрі қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптерден тоқылды. 3 Бұл үшін шеберлер алтыннан балғамен соғып жұп-жұқа тегіс қабықшалар дайындап, соларды талшықтар етіп қиып, қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және зығыр жіптермен бірге кестелеп тоқу үшін иірді. 4 Сырт киімнің алдыңғы, артқы бөліктерінің жоғарғы жақтарын бір-бірімен байланыстырып тұратын екі иық жапсырмасы да жасалды. 5 Сырт киімді байлап тұратын белбеу де дәл киімнің өзі сияқты алтын талшықтармен және қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн әрі жіңішке зығыр жіптермен Жаратқан Иенің Мұсаға тапсырғанындай кестеленіп тоқылды. 6 Екі оникс тасы әшекейлі алтын жиектемелерге қондырылып, олардың бетіне мөр жасайтын зергерлік мәнермен Исраилдің он екі руының аттары ойылып жазылды. 7 Жиектемелерге қондырылған осы екі тас Жаратқан Ие Мұсаға бұйырғандай сырт киімнің иық жапсырмаларына бекітілді. Олар Исраилдің үрім-бұтағын рақыммен ескере гөр деген өтінішті білдіретін тастар болды. 8 Жеңсіз сырт киім сияқты, кеуде қалта да алтын талшықтармен және қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл түсті жүн әрі жіңішке зығыр жіптермен кестеленіп тоқылды. 9 Ол ені мен көлденеңі жарты шынтақтан төрт бұрышты екі қабат етіп дайындалды. 10 Оған асыл тастар төрт қатарға тізіле қадалды: бірінші қатарға рубин, топаз, изумруд, 11 екіншісіне лағыл, сапфир, алмас, 12 үшіншісіне жақұт, жүзақ, аметист, 13 ал төртінші қатарға зүбәржат, оникс, яспис тастары алтын жиектемелерге безендіріле қондырылды. 14 Асыл тастардың саны он екі болды, Исраилдің әрбір руы үшін бір тастан. Осылай әр тасқа Исраилдің бір руының аты мөрдегідей ойылып жазылды. 15 Шеберлер кеуде қалта үшін саф алтын талшықтардан арқан тәрізді ширатып шынжыр баулар өрді. 16 Олар алтыннан екі жиектеме мен екі шығыршық та жасап, соларды төс қалтаның жоғарғы екі бұрышына бекітті. 17 Өрілген екі алтын шынжыр бауды осы алтын шығыршықтардан өткізіп, 18 қалған ұштарын иық жапсырмаларының үстіндегі оникс тастарының екі жиектемесіне бекітіп, солармен алдыңғы жақтан байланыстырды. 19 Шеберлер тағы екі алтын шығыршық жасап, оларды кеуде қалтаның төменгі екі бұрышына оның сырт киімге қараған астыңғы жағынан бекітті. 20 Осындай басқа да екі алтын шығыршық жасалды. Олар жеңсіз сырт киімнің алдыңғы жағында оның артқы, алдыңғы бөліктерінің түйіскен жеріне таман қолтықтың астынан, белбеудің үстінен бекітілді. 21 Бұл шығыршықтар қою күлгін баулар арқылы қалтаның төменгі жағындағы шығыршықтармен байланыстырылды. Осылайша кеуде қалта орнынан қозғалмай, белбеудің үстіңгі жағында берік тұратын болды. Бұл Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанына сай еді. 22 Жеңсіз сырт киімнің ішінен киетін сырт көйлек қою күлгін жүн жіптен тоқылды. 23 Оның жоғарғы жағында бас сыятындай ойығы болды, ал тарқатылып кетпеуі үшін ойықты айналдыра жаға іспетті қаптама жасалды. 24 Сырт көйлектің етегін айналдыра қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл түсті жүн және жіңішке зығыр жіптерден тоқылып жасалған анар жемістері, әрі олардың араларында кішкене саф алтын қоңыраушалар кезекпен ілініп тұрды. Һарон киелі шатырда қызмет атқарған кезде Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанындай етегінде қоңыраушалар мен анарлар бар осы сырт көйлекті киіп жүруге тиіс еді. 27 Һарон мен ұлдарына арнап бедерлі бәтестен ұзын көйлек тігілді. 28 Бәтестен сәлде мен өзге баскиімдер де дайындалды. Шалбар бедерлі бәтестен тігілді. 29 Жалпақ белбеу жіңішке зығыр және қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл түсті жүн жіптерден кестеленіп тоқылды. Бәрі де Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанындай болды. 30 Саф алтыннан кішкене тақташа жасалып, бетіне «Жаратқан Иеге бағышталған» деп мөр жасайтын зергер мәнерімен ойылып жазылды. Бағышталудың белгісі болған 31 алтын тақташа қою күлгін баумен сәлдеге алдыңғы жағынан бекітілді. Ол да Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанындай болды. 32 Сонымен киелі шатырдың, яғни Жаратқан Иемен кездесу шатырының бүкіл жұмыстары аяқталды. Исраилдіктер бәрін де дәл Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанындай жасаған еді. 33 Олар Тәңір Иенің жер бетіндегі тұрағы — киелі шатыр мен оның барлық бұйымдарын Мұсаға алып келді. Әкелгендері мыналар еді: шатырдың ілмек шығыршықтары мен ілгіштері, бөренелері мен сырықтары, бағаналары мен тағандары, 34 қызыл түске боялған қошқар терілерінен жасалған төбе жапқышы мен борсық терілерінен жасалған жабыны; ішкі шымылдық; 35 сырықтарымен, қақпағымен Келісім сандығы; 36 барлық қажетті бұйымдарымен және үстіндегі нан тартуларымен үстел; 37 шамдарымен, қосымша құрал-саймандарымен саф алтын шам қойғыш және жағуға қажетті май; 38 хош иісті заттар түтетілетін алтын үстел, жағу рәсіміне арналған май, түтетілетін хош иісті заттар; шатырдың кіреберісіндегі шымылдық; 39 шалынған құрбандықтар өртеліп ұсынылатын қола үстел мен оның қола торы, сырықтары және барлық құрал-саймандары; тазару рәсіміне арналған қазан астындағы тұғырымен; 40 тағандарымен, бағаналарымен бірге аулаға және оның кіреберісіне арналған перделер; арқандар мен қазықтар, Тәңір Иемен кездесетін (жер бетіндегі) тұрағындағы қызмет үшін қажетті күллі бұйымдар; 41 сондай-ақ киелі орында киілетін арнайы киімдер — діни қызметкер Һаронның және оның ұлдарының қызмет атқарған кездерінде киетін киімдері. 42 Исраилдің үрім-бұтағы бұл жұмыстардың бәрін де Жаратқан Ие Мұсаға бұйырғандай етіп орындаған еді. 43 Мұса барлығын тексеріп қарағанда исраилдіктердің оны дәл Жаратқан Иенің тапсырғанындай етіп жасағандарына көзін жеткізіп, оларға батасын берді.
1 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: 2 «Менімен кездесуге арналған тұрағым — киелі шатырды бірінші айдың бірінші күні құрғыз. 3 Келісімнің айғақтары сақталатын сандықты шатырдың ішіне қойғызып, шымылдықпен көзден тасалат. 4 (Нан тартулары қойылатын) үстелді әкелдіріп, оған қатысты нәрселерді орналастырт. Содан кейін шам қойғышты кіргізіп, үстіне шамдарын орнатқыз. 5 Хош иісті заттарды түтететін алтын үстелді Келісім сандығының алдыңғы жағына қойғызып, киелі шатырдың кіреберісіндегі шымылдықты ілгіз. 6 Құрбандық үстелін кездесу шатырының кіреберісінің алдыңғы жағына орналастырт. 7 Тазару рәсіміне арналған қазанды кездесу шатыры мен құрбандық үстелінің екі ортасына қойдырып, ішіне су құйғыз. 8 Шатырдың ауласын айналдыра пердемен қоршатып, оның кіреберісінің пердесін де ілгізіп қой. 9 Арнайы хош иісті майдан алып, киелі шатырға және оның ішіндегі әрбір бұйымға аздап жақ. Осылайша шатырды және оның барлық бұйымдарын Маған бағыштап, киелі қыл. 10 Мұнан кейін құрбандық үстелі мен оның құрал-саймандарына да осы май жағу рәсімін жасап, үстелді Маған бағышта, сонда ол ерекше киелі болады. 11 Қазан мен оның тұғырына аздап май жағып, оларды да Маған бағышта. 12 Содан кейін Һарон мен ұлдарын Өзіммен кездесу шатырының кіреберісіне алып келіп, сумен тазару рәсімінен өткіз. 13 Һаронға арнайы киімдерін кигізіп, май жағу рәсімін орындап, оны діни қызметкерім болуға Өзіме бағышта. 14 Һаронның ұлдарын да жақындатып, ұзын көйлектерін кигіз. 15 Менің діни қызметкерлерім болулары үшін әкесіне жасағандай, оларға да май жағу рәсімін орында. Осы рәсім орындалғанда өздері де, келер ұрпақтары да діни қызметкерлікке мәңгілік тағайындалады». 16 Мұса барлығын да дәл Жаратқан Ие өзіне бұйырғандай етіп жасады. 17 Осылайша (халық Мысырдан көшіп шыққаннан кейінгі) екінші жылдың бірінші айының бірінші күні Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағы құрастырылды. 18 Мұса киелі шатырды құрған кезде оның тағандарын орын-орындарына қойғызып, бөренелерін тұрғызып, сырықтарын кигізіп, бағаналарын көтертті. 19 Мұнан соң киелі шатырдың үстіне жапқышын жайып, оның бетіне жабынын жапты. Мұның бәрі де Жаратқан Иенің бұйрығына сай болды. 20 Мұса Келісімнің айғақтарын екі тас тақтайшаны алып келіп, Келісім сандығының ішіне салды да, сандықтың шығыршықтарынан сырықтарды өткіздіріп, оның үстіне қақпақты қойғызды. 21 Содан кейін Келісім сандығын киелі шатырдың ішіне апарғызып, оның алдына арнаулы шымылдықты ілгізіп, Жаратқан Ие бұйырғандай сонымен Келісім сандығын көзден тасалатып қойды. 22 Мұса арнайы нан үстелін Жаратқан Иенің әмірі бойынша кездесу шатырының ішіне, оның солтүстік бетіне, ішкі шымылдықтың бергі жағына орналастыртты. 23 Үстелдің үстіне ол Жаратқан Иеге бағышталған нан тартуларын қатарластыра жайғастыртты. 24 Ал шам қойғышты кездесу шатырының оңтүстік бетіне, нан үстеліне қарама-қарсы орналастыртып, 25 үстіне шамдарды орнатқызып, Жаратқан Ие Өзіне бұйырғандай Оның алдына қойғызды. 26 Мұнан кейін Мұса (хош иісті заттар түтетілетін) алтын үстелді кездесу шатырының ішіне, ішкі шымылдықтың алдыңғы жағына қойғызып, 27 Жаратқан Ие бұйырғандай үстіне хош иісті заттарды түтеткізді. 28 Шатырдың кіреберісіне сыртқы шымылдықты ілгізді. 29 Мұнан соң ол Тәңір Иенің жер бетіндегі тұрағы — кездесу шатырының кіреберісінің жанына құрбандық үстелін орнатқызды. Оның үстінде ол шалынған құрбандықтарды және астық тартуларын Жаратқан Иенің бұйырғанындай Оған арнап өртеп жіберді. 30 Мұнан кейін Мұса қазанды кездесу шатыры мен құрбандық үстелінің ортасына орналастыртып, тазару рәсімін орындау үшін ішіне су құйғызды. 31 Мұса мен Һарон және оның ұлдары содан су алып, қол-аяқтарын жуатын болды. 32 Олар кездесу шатырына кірген және құрбандық үстеліне жақындаған сайын Жаратқан Ие Мұсаға бұйырғандай осы тазару рәсімін орындап отырды. 33 Ең соңында Мұса киелі шатыр мен құрбандық үстелінің айналасындағы ауланы қоршатқызып, оның кіреберісіндегі пердені ілгізді. Осылай Мұса барлық жұмыстарды аяғына дейін жүзеге асырды. 34 Сонда кездесу шатырын (бағана тәрізді) бұлт басып, Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағы Оның нұрлы салтанатына кенелді. 35 Мұса кездесу шатырына кіре алмады, себебі оны бұлт жауып, Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағы Оның нұрлы салтанатына бөленді. 36 Бұлт тұрақтан жоғары қарай көтерілген кезде ғана Исраилдің үрім-бұтағы жолға жиналып, көштерін жалғастыратын. 37 Олар бұлт жоғары көтерілмейінше жолға шықпай, бұлттың көтерілуін күтетін. 38 Осылайша Жаратқан Иенің бағана тәрізді бұлты киелі шатыр үстінде күндіз тұрып, түнде бұлт ішінен от жанып, бәріне де көрінетін. Исраил халқы мұны көшіп-қонып жүрген уақытының бәрінде көріп отырды.
1 Жаратқан Ие киелі кездесу шатырының ішінен Мұсаны шақырып алып, оған былай деп бұйырды: 2 — Исраил халқына мынаны айт: Араларыңнан біреу Жаратқан Иеге құрбандық мал ұсынғанда онысын не мүйізді ірі қарадан, не ұсақ малдан алып келсін. 3 Егер оның шалынып, түгелдей өртелетін құрбандығы мүйізді ірі қара болса, онда Жаратқан Ие оған риза болу үшін адам еш мінсіз бір бұқаны кездесу шатырының кіреберісіне алып келсін. 4 Адам сол құрбандық малдың басына қолын қойсын. Сонда осы адам күнәларының арамдығынан тазарады. Жаратқан Ие оның құрбандығына риза болып, онысын қабылдайды. 5 Адам жас бұқаны Жаратқан Иенің алдында шалсын. Һаронның ұлдары — діни қызметкерлер құрбандықтың қанын алып келіп, одан кездесу шатырының кіреберісінің алдында тұрған құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүркіп шашсын. 6 Содан соң адам шалынған құрбандықтың терісін сыдырып алып тастап, денесін мүшелеп бөлсін. 7 Діни қызметкер Һаронның ұлдары құрбандық үстеліне шоқ салып, оның үстіне ағаш отын қаластырсын. 8 Олар құрбандықтың мүшеленген бөліктерін, басын және майларын құрбандық үстелінде жанып жатқан отынның үстіне рет-ретімен салсын. 9 Құрбандықтың ішек-қарыны мен сирақтары сумен жуылсын. Діни қызметкер соның барлығын құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберсін. Осы түгелдей өртелген құрбандық — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту. 10 Егер адамның шалынып, түгелдей өртелетін құрбандығы ұсақ мал: қой не ешкі болса, онда еш мінсіз, еркек жынысты бір малды алып келсін. 11 Адам оны Жаратқан Иенің алдында, құрбандық үстелінің солтүстік жағында шалсын. Діни қызмет атқарушы Һаронның ұлдары малдың қанынан құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүркіп шашсын. 12 Содан соң адам құрбандықтың денесін мүшелеп бөлсін. Діни қызметкер сол бөліктерді, басын және майларын құрбандық үстелінде жанып жатқан отынның үстіне рет-ретімен салсын. 13 Құрбандықтың ішек-қарыны мен сирақтары сумен жуылсын. Діни қызметкер соның барлығын құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберсін. Осы түгелдей өртелген құрбандық — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту. 14 Егер адамның Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандығы құстардан болса, онда ол бір көгершін немесе бір жас кептер алып келсін. 15 Діни қызметкер құсты құрбандық үстеліне алып келіп, оның мойнын үзіп, сонда түтетіп өртеп жіберсін. Содан бұрын ол құстың қанын құрбандық үстелінің қабырғасына қысып ағызсын, 16 әрі жемсауы мен қауырсындарын құрбандық үстелінің шығыс жағына, күл төгілген жерге лақтырып тастасын. 17 Содан соң діни қызметкер құстың қанаттарын ұстап, денесін қақ жарсын, бірақ бөлектемесін. Діни қызметкер осылай құсты құрбандық үстелінде жанып жатқан отынның үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Осы түгелдей өртелген құрбандық — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.
1 Егер біреу Жаратқан Иеге астық тартуын ұсынса, онысын таңдаулы бидай ұнынан жасап, соған зәйтүн майын құйып, үстіне хош иісті шайырды қойсын. 2 Ол бұларды діни қызмет атқарушы Һаронның ұлдарының біреуіне алып барсын. Діни қызметкер май құйылған ұнның бір уысын және барлық хош иісті шайырды алып, естелік бөлігі ретінде құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту. 3 Астық тартуының қалған бөлігі — Һарон мен оның ұлдарының үлесі. Ол — Жаратқан Иеге бағышталып, өртелу арқылы ұсынылған тартулардың ерекше киелі бөлігі. 4 Егер сенің алып келген астық тартуың тандырда жабылған нан болса, ол зәйтүн майы араластырылған таңдаулы бидай ұнынан ашытқысыз дайындалған пәтір нан немесе ашытқысыз пісіріліп, зәйтүн майы жағылған жұқа нан болсын. 5 Егер тартуың жалпақ табада пісірілген астық тартуы болса, ол зәйтүн майы араластырылған таңдаулы бидай ұнынан ашытқысыз дайындалған болсын. 6 Оны үзіп, үстіне зәйтүн майын құй. Бұл — астық тартуының бір түрі. 7 Егер тартуың шұңғыл табада пісірілген астық тартуы болса, ол да таңдаулы бидай ұны мен зәйтүн майынан дайындалған болсын. 8 Осылайша дайындалған астық тартуын Жаратқан Иеге арнап алып кел де, діни қызметкерге табыста. Ол соны құрбандық үстеліне алып барады. 9 Діни қызметкер астық тартуының бір бөлігін үзіп алып, оны естелік бөлігі ретінде құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту. 10 Астық тартуының қалған бөлігі — Һарон мен оның ұлдарының үлесі. Ол — Жаратқан Иеге бағышталып, өртелу арқылы ұсынылған тартулардың ерекше киелі бөлігі. 11 Жаратқан Иеге алып келетін астық тартуларыңның ешқайсысы ашытқымен пісірілмесін! Себебі Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылатын бірде-бір тартудың құрамында не ашытқы, не бал атаулы болмауы керек. 12 Ашытқы мен балды жыл сайын өнімдеріңнің алғашқы бөлігінің арасында Жаратқан Иеге тарту етулеріңе болады. Бірақ соларды құрбандық үстелінде Жаратқан Иеге хош иісті де ұнамды тарту ретінде өртеуге болмайды. 13 Астық тартуларыңның барлығына да тұз қос. Тұз Құдайыңның Келісімін есіңе салады. Оны астық тартуларыңның қайсыбіреуіне қоспай қойып жүрме! Қайта, олардың бәріне де тұз қосушы бол! 14 Егер алғашқы өнімдеріңнен Жаратқан Иеге астық тартуын ұсынсаң, ол жаңа піскен масақтардан алынып, отта кептіріліп, түйіліп жармаланған дәндерден болсын. 15 Оған зәйтүн майын құйып, үстіне хош иісті шайыр қой. Бұл — астық тартуының келесі бір түрі. 16 Діни қызметкер осы зәйтүн майы құйылып, жармаланған дәндердің естелік бөлігін және хош иісті шайырдың бәрін алып, Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған тарту ретінде түтетіп өртеп жіберсін.
1 Егер біреу Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандыққа еркек не ұрғашы мүйізді ірі қара малдан ұсынса, онда Жаратқан Иенің алдына еш мінсіз бір малды алып келсін. 2 Адам құрбандығының басына қолын қойсын. Оны кездесу шатырының кіреберісінде шалсын. Діни қызмет атқарушы Һаронның ұлдары малдың қанынан құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүркіп шашсын. 3 Адам Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдірген осы құрбандығынан Оған мына бөліктерді өртеу арқылы ұсынсын: малдың бүкіл ішмайы мен шарбы майын, 4 қос бүйректі, олардағы майды жамбас майымен бірге және бауырдың үстіндегі көк етті. Соңғысын бүйректермен бірге бөліп алып қойсын. 5 Һаронның ұлдары осы бөліктерді құрбандық үстелінде жанып жатқан отынның үстінде түгелдей өртелетін тартумен бірге түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту. 6 Егер біреу Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандығына еркек не ұрғашы бір ұсақ малын алып келсе, онысы еш мінсіз болуға тиіс. 7 Егер ол тоқты ұсынса, онысын Жаратқан Иенің алдына алып келсін. 8 Адам құрбандығының басына қолын қойсын. Оны кездесу шатырының алдында шалсын. Һаронның ұлдары тоқтының қанынан құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүркіп шашсын. 9 Адам Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандығынан Оған өртеу арқылы мына бөліктерді тарту етсін: барлық майын, яғни құйымшағының қасынан кесіп алған майлы құйрығын түгелдей, бүкіл ішмайы мен шарбы майын, 10 қос бүйректі, олардағы майды жамбас майымен бірге және бауырдың үстіндегі көк етті. Соңғысын бүйректермен бірге бөліп алып қойсын. 11 Діни қызметкер осы бөліктерді құрбандық үстелінде тамақ іспетті түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған тарту. 12 Егер біреу құрбандыққа ұрғашы ешкі ұсынса, ол онысын Жаратқан Иенің алдына алып келсін. 13 Адам ешкінің басына қолын қойып, содан кейін оны кездесу шатырының алдында шалсын. Һаронның ұлдары малдың қанынан құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүркіп шашсын. 14 Адам Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандығынан Оған мына бөліктерді өртеу арқылы тарту етсін: малдың бүкіл ішмайы мен шарбы майын, 15 қос бүйректі, олардағы майды жамбас майымен бірге және бауырдың үстіндегі көк етті. Ол соңғысын бүйректермен бірге бөліп алып қойсын. 16 Діни қызметкер осы бөліктерді құрбандық үстелінде тамақ іспетті түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту. Құрбандықтың бар майы Жаратқан Иеге бағышталсын! 17 Өздерің және болашақтағы ұрпақтарың барлық мекендеріңде сақтауға тиісті тұрақты ереже мынау: сендерге құрбандықтың ешқандай майын және қан атаулыны ішіп-жеуге болмайды.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп те бұйырды: 2 — Исраил халқына мынаны айт: Егер бір адам Жаратқан Ие тыйым салған бір нәрсені істеп абайсызда күнә жасап қойған болса, ол былай істеуі керек: 3 Егер Құдай тағайындаған діни қызметкер күнә жасап қойған болса, ол мұнысы арқылы бүкіл халықты да айыпты етеді. Діни қызметкер жасаған күнәсінің құнын өтейтін құрбандық ретінде Жаратқан Иеге арнап мінсіз бір жас бұқаны алып келсін. 4 Оны кездесу шатырының кіреберісіне Жаратқан Иенің алдына әкеліп, басына қолын қойсын. Жас бұқаны Жаратқан Иенің алдында құрбандыққа шалсын. 5 Тағайындалған діни қызметкер оның қанынан біраз алып, кездесу шатырының ішіне апарсын. 6 Сонда ол саусағын қанға малып алып, оны Жаратқан Иенің алдында, ең қасиетті бөлмені бөліп тұрған шымылдықтың алдында жерге жеті рет бүркіп шашсын. 7 Бұдан кейін діни қызметкер кездесу шатырында Жаратқан Иенің алдында тұрған хош иісті заттарды түтету үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына біраз қанды жақсын. Ал қалған қанды кездесу шатырының кіреберісінің қасындағы шалынған құрбандықтар өртелетін үстелдің түбіне төксін. 8 Діни қызметкер күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалынған жас бұқаның бар майын: бүкіл ішмайы мен шарбы майын, 9 қос бүйректегі майды жамбас майымен бірге және бауырдың үстіндегі көк етті бүйректермен бірге бөліп алып қойсын. 10 Оның Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандыққа шалынған мүйізді ірі қараның майларын бөлек алып қоятынындай, осы майларды да бөлек алып қоюы қажет. Діни қызметкер оларды құрбандық үстелінің үстінде өртеп жіберсін. 11 Ал бұқаның қалған бөліктерінің бәрін: терісін, бар етін, басы мен сирақтарын, ішек-қарны мен жынын 12 ел қонысының сыртындағы күл төгілетін таза жерге апарып, сол жерде жанып жатқан отынның үстіне қойып өртеп жіберуі керек. 13 Егер бүкіл Исраил қауымы Жаратқан Ие тыйым салған бір нәрсені істеп абайсызда күнә жасап қойған болса, ал осы туралы өздері білмесе де, олар бәрібір айыпты болады. 14 Өздерінің жасаған күнәлары туралы білгенде, қауым күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде жас бұқаны ұсынып, кездесу шатырының алдына алып келсін. 15 Қауымның жетекшілері ақсақалдары Жаратқан Иенің алдында жас бұқаның басына қолдарын қойсын және оны сол жерде шалсын. 16 Тағайындалған діни қызметкер жас бұқаның қанынан біраз алып, кездесу шатырының ішіне апарсын. 17 Сонда ол саусағын қанға малып алып, оны Жаратқан Иенің алдында, (ең қасиетті бөлмені бөліп тұрған) шымылдықтың алдында жерге жеті рет бүркіп шашсын. 18 Бұдан кейін діни қызметкер кездесу шатырында Жаратқан Иенің алдында тұрған түтету үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына біраз қанды жақсын. Ал қалған қанды кездесу шатырының кіреберісінің қасындағы құрбандық үстелінің түбіне төксін. 19 Діни қызметкер құрбандықтың бар майын бөлек алып қойып, құрбандық үстелінің үстінде түтетіп өртеп жіберсін. 20 Ол күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалынған жас бұқаға не істеген болса, осы жас бұқаға да дәл солай істесін. Осылайша діни қызметкер халықты күнәларының арамдығынан тазартып, олар Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады. 21 Ал жас бұқаның қалған бөліктерін ел қонысының сыртына шығарып, оларды жаңағы бұқаны өртегендей өртеп жіберсін. Бұл — қауымның күнәсінің құнын өтейтін құрбандық. 22 Егер басшылардың бірі Құдай Иесі тыйым салған бір нәрсені істеп абайсызда күнә жасап қойса, ол айыпты болады. 23 Өзінің жасаған күнәсі туралы білгенде, ол бір мінсіз текені құрбандыққа алып келсін. 24 Басшы текенің басына қолын қойсын. Оны түгелдей өртелетін құрбандықтар шалынатын жерде Жаратқан Иенің алдында шалсын. Бұл — күнәнің құнын өтейтін құрбандық. 25 Діни қызметкер саусағын күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың қанына малып алып, оны құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жақсын. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне төксін. 26 Діни қызметкер оның бүкіл майын қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандықтың майы сияқты құрбандық үстелінің үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Осылайша діни қызметкер сол басшыны күнәсінің арамдығынан тазартып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады. 27 Ал егер жай адамдардың бірі Жаратқан Ие тыйым салған бір нәрсені істеп абайсызда күнә жасаса, ол да айыпты болады. 28 Өзінің жасаған күнәсі туралы білгенде адам күнәсінің құнын өтейтін құрбандық ретінде бір мінсіз ұрғашы ешкіні алып келсін. 29 Адам күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың басына қолын қойсын. Оны түгелдей өртелетін құрбандықтар шалынатын жерде шалсын. 30 Діни қызметкер саусағын құрбандықтың қанына малып алып, оны құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жақсын. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне төксін. 31 Оның Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандықтың майын бөліп алып қоятынындай, осы құрбандықтың бар майын да бөліп алып қоюы қажет. Діни қызметкер майды құрбандық үстелінің үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Оның хош иісі Жаратқан Иеге ұнамды. Осылайша діни қызметкер адамның орнына оның құнын өтеуші құрбандық ұсынып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады. 32 Егер адам күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа тоқты ұсынса, онда мінсіз ұрғашы тоқты алып келсін. 33 Адам күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың басына қолын қойсын. Оны түгелдей өртелетін құрбандықтар шалынатын жерде шалсын. 34 Діни қызметкер саусағын құрбандықтың қанына малып алып, оны құрбандық өртелетін үстелдің мүйіз тәрізді шошақтарына жақсын. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне төксін. 35 Оның қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандықтың майын бөліп алып қоятынындай, осы құрбандықтың бар майын да бөліп алып қоюы қажет. Діни қызметкер майды құрбандық үстелінің үстінде Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылатын басқа құрбандықтардың үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Осылайша діни қызметкер адамды жасаған күнәсінің арамдығынан тазартып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
1 Егер біреу өзінің бір жайтқа байланысты көргені не білетіні туралы куәлік келтіруге антпен шақырған дауысты естіп, содан бас тартса, оның күнә жасағаны, ол айыпты болады. 2 Немесе біреу кез келген арам нәрсемен: арам аңның не арам малдың өлігімен не құжынаған арам мақұлықтардың өлігімен жанасса, тіпті осы жайт оған беймәлім болса да, ол бәрібір арамданып, айыпты болады. 3 Біреу адам денесінен бөлінетін қандай да болмасын оны арамдайтын былғанышқа жанасса, тіпті осы жайт оған беймәлім болса да, сол туралы білгенде ол айыпты болады. 4 Біреу жақсы болсын, жаман болсын кез келген бір іс істеймін деп ойланбастан ағат ант бере салса, ол тіпті өзінің айтқанын толығымен білмесе де, сол туралы оған мәлім болғанда ол айыпты болады. 5 Егер адам осы айтылған жайттардың біреуіне сай айыпты бола қалса, ол өзінің қандай күнә жасағанын ашық мойындасын. 6 Сол айыбының өтемі ретінде Жаратқан Иеге арнап күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа қойдың не ешкінің ұрғашысын алып келсін. Осылайша діни қызметкер сол адамды жасаған күнәсінің арамдығынан тазартсын. 7 Егер айыбының өтеміне қой-ешкі шалуға адамның жағдайы көтермесе, онда екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді Жаратқан Иеге алып келсін. Олардың біреуі күнәнің құнын өтейтін, екіншісі шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтарға арналады. 8 Адам құрбандықтарын діни қызметкерге алып келсін. Діни қызметкер алдымен күнәнің құнын өтейтін құрбандықты ұсынып, құстың мойнын үзсін. Бірақ басын денесінен толығымен жұлып алмасын. 9 Ол күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың қанының біразын құрбандық үстелінің барлық жақтарына шашуы керек. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне қысып ағызсын. Бұл — күнәнің құнын өтейтін құрбандық. 10 Содан соң діни қызметкер екінші құсты ережеге сай құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп жіберсін. Осылайша ол сол адамды жасаған күнәсінің арамдығынан тазартып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады. 11 Ал егер адамның екі орман кептерін немесе екі көгершінді әкелуге де жағдайы көтермесе, онда ол жасаған күнәсінің құнын өтейтін тарту ретінде пұттың оннан біріндей мөлшерде таңдаулы бидай ұнын алып келсін. Ол ұнына не зәйтүн майын, не хош иісті шайыр қоспауы керек, себебі бұл — күнәнің құнын өтейтін тарту. 12 Адам оны діни қызметкерге алып келсін. Діни қызметкер ұнның бір уысын естелік бөлігі ретінде алып, Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған басқа құрбандықтармен бірге құрбандық үстелінің үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — күнәнің құнын өтейтін тарту: 13 осылайша діни қызметкер адамды жасаған осындай күнәсінің арамдығынан тазартып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады. Ал астық тартуы сияқты, осы тартудың қалған бөлігі де діни қызметкерге тиісті үлес болады. 14 Жаратқан Ие Мұсаға тағы да нұсқау беріп былай деді: 15 — Егер бір адам Жаратқан Иеге бағышталған киелі нәрселерге қатысты абайсызда теріс қылық жасап күнәлі болса, ол соның айыбын өтейтін құрбандыққа Жаратқан Иеге арнап отардан бір қошқар алып келсін. Қошқар еш мінсіз болып, құны киелі үйде қолданылатын ресми өлшем бойынша белгіленген күміс мысқалға сәйкес келсін. Бұл — айыпты өтейтін құрбандық. 16 Адам Жаратқан Иенің сол арамданған киелі нәрселерінің құнын және оның үстіне сол құнның бестен бірін қосып, барлығын діни қызметкерге табыстасын. Осылайша діни қызметкер қошқарды әлгі адамның айыбын өтеуші құрбандық ретінде ұсынып, оны жасаған күнәсінің арамдығынан тазартады. Сонда адам Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады. 17 Егер біреу Жаратқан Ие тыйым салған бір нәрсені істеп абайсызда күнә жасап қойған болса, ол бәрібір айыпты болып, кінәсінің жазасын тартады. 18 Адам діни қызметкерге айыбын өтейтін құрбандыққа отардан бір қошқар алып келсін. Қошқар еш мінсіз болып, құны киелі үйде қолданылатын ресми өлшем бойынша белгіленген күміс бағасына сәйкес келсін. Осылайша діни қызметкер адамды абайсызда жасаған күнәсінің арамдығынан тазартып, адам Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады. 19 Бұл — айыпты өтейтін құрбандық, оны ұсынған адам Жаратқан Иенің алдында айыпты болып қалған еді.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тағы да нұсқау беріп былай деді: 2 Егер біреу басқа бір кісінің өзіне сеніп тапсырған немесе қарамағына қалдырған нәрсесін не өтірік айтып, не ұрлап, не мәжбүрлеп иемденіп алса, немесе біреудің жоғалтып алған нәрсесін тауып алып, ол туралы айтпай, антпен де мойындамаса, немесе адам осы сияқты басқа да күнә жасаса, онда сол адамның Жаратқан Иеге де опасыздық жасағаны. 4 Біреу осылай күнә жасаса, айыпты болып қалады. Онда ол ұрлап не мәжбүрлеп алып қойғанын, сондай-ақ, біреудің өзіне сеніп тапсырғанын, не біреудің жоғалтып, ал өзі иемденіп алғанын, 5 не жалған ант ішіп иемденіп алғанын түгелдей қайтаруы керек. Адам өзінің айыбын мойындаған күні сол заттың толық құнын, үстіне құнның бестен бірін қосып иесіне қайтарып беруге тиіс. 6 Адам өзінің айыбын өтейтін құрбандығын діни қызметкерге алып келіп, оны Жаратқан Иеге ұсынсын. Құрбандығы еш мінсіз, құны белгілі мөлшерге сәйкес қошқар болсын. 7 Осылайша діни қызметкер Жаратқан Иенің алдында адамды жасаған күнәсінің арамдығынан тазартып, адам өзін айыпты қылған осы істерінің бәрі үшін Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады. 8 Жаратқан Ие Мұсаға тағы да нұсқау беріп былай деді: 9 — Діни қызметкер Һарон мен оның ұлдарына мына бұйрықты жеткіз: Шалынып түгелдей өртелетін құрбандық туралы нұсқаулар мынадай: Осы құрбандық өртеліп жатқанда құрбандық үстелінің үстінде түні бойы таң атқанша қалуы керек. Құрбандық үстеліндегі от өшіп қалмай, түні бойы жанып тұрсын. 10 Таңертең діни қызметкер өзінің бәтестен жасалған сырт киімі мен шалбарын кисін. Ол өртелген құрбандықтың күлін құрбандық үстелінен алып, оның жанына қойсын. 11 Содан соң діни қызметкер үстіндегі сол киімдерін шешіп, басқасын киіп, күлді ел қонысының сыртына бір таза жерге апарсын. 12 Құрбандық үстеліндегі отты ұдайы жандыра беру керек, ол ешқашан сөнбесін. Әр күні таңертең діни қызметкер оған ағаш отын салып, оттың үстіне түгелдей өртелетін құрбандықты салып өртесін және онда қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандығының майлы бөліктерін де өртейтін болсын. 13 Сонымен құрбандық үстеліндегі отты ұдайы жандыра беру керек, ол ешқашан сөнбесін. 14 Астық тартуы жайындағы нұсқаулар мынадай: Һаронның ұлдары оны құрбандық үстелінің алдына Жаратқан Иеге арнап алып келсін. 15 Діни қызметкер таңдаулы бидай ұнынан бір уыс, аздап зәйтүн майынан және астық тартуының үстіндегі барлық хош иісті шайырды алып, астық тартуының осы естелік бөлігін Жаратқан Иеге ұнамды, хош иісті тарту ретінде құрбандық үстелінде өртесін. 16 Һарон мен оның ұлдары астық тартуының қалған бөлігін ашымаған нан ретінде кездесу шатырының ауласындағы киелі орында жеулері керек. 17 Осы нанды ешқашан ашытқымен пісіруге болмайды. Мен (Жаратқан Ие) оны Өзіме арнап өртелу арқылы ұсынылатын тартулардан олардың үлестері ретінде діни қызметкерлерге беремін. Күнәнің құнын өтейтін және айыпты өтейтін құрбандықтар сияқты бұл тарту да ерекше киелі. 18 Һаронның барлық еркек кіндікті ұрпақтарының одан жеулеріне болады. Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылатын тартулардың барлығынан оларға әрдайым бұйырылған үлес осы болмақ. Онымен жанасқан әр нәрсе де Жаратқан Иеге бағышталып киелі болады. 19 Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп нұсқау берді: 20 — Діни қызметкер май жағу рәсімі арқылы тағайындалған күні Һарон мен оның ұлдары (Маған) Жаратқан Иеге мына астық тартуын ұсынулары керек: пұттың оннан бір бөлігіндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнын. Бұл күн сайынғы астық тартуы болады. Оның жартысын олар таңертең, қалған жартысын кешке ұсынулары керек. 21 Сол ұнды зәйтүн майымен жақсылап араластырып, жалпақ табада пісіріп, үзіп-үзіп астық тартуы ретінде Жаратқан Иеге ұсыну қажет. Бұл Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды сый-тарту болады. 22 Һаронның діни қызметкер болып тағайындалып, май жағу рәсімінен өткен әрбір еркек кіндікті ұрпағы да болашақта осы тартуды Жаратқан Иеге ұсынатын болсын. Бұл — мәңгілік ереже. Тарту Жаратқан Иеге арналып түгелдей өртелсін. 23 Діни қызметкердің өзі ұсынған әрбір астық тартуын түгелдей өртеп жіберу қажет. Оның ешқандай бөлігін жеуге болмайды. 24 Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: 25 — Һаронға және оның ұлдарына мынаны айт: күнәнің құнын өтейтін құрбандық жайлы нұсқаулар мыналар. Күнәнің құнын өтейтін құрбандық Жаратқан Иенің алдында, түгелдей өртелетін құрбандықтар шалынатын орында шалынсын. Ол ерекше киелі. 26 Күнәнің құнын өтейтін құрбандықты ұсынған діни қызметкер оның етін жесін. Оны кездесу шатырының ауласындағы киелі орында жеуі керек. 27 Құрбандықтың етіне жанасқан әр нәрсе Жаратқан Иеге бағышталып киелі болады. Егер құрбандықтың қаны киімге тамса, сол киімді киелі орында жуу керек. 28 Құрбандықтың еті пісірілген ыдыс қыштан жасалған болса, сол ыдысты сындырып тастау керек, ал қоладан жасалған болса, оны ысқылап тазалап, сумен жуып-шаю керек. 29 Тек діни қызметкердің отбасындағы барлық ер адамдардың ғана сол құрбандықтың етін жеулеріне болады. Ол Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі. 30 Ал егер күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың қанының бір бөлігі киелі орында адамды күнәсінің арамдығынан тазарту мақсатында ұсынылу үшін кездесу шатырының ішіне әкелінсе, сондай құрбандықты жеуге болмайды. Оны түгелдей өртеп жіберу керек.
1 Айыпты өтейтін құрбандықты ұсыну тәртібі мынау: сол құрбандық Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі. 2 Осы құрбандық күнәнің құнын өтейтін құрбандықтар шалынатын жерде шалынсын. Діни қызметкер оның қанын құрбандық үстеліне барлық жақтарынан шашсын. 3 Ал оның бүкіл майын: майлы құйрығын, ішмайы мен шарбы майын, 4 қос бүйректегі майды жамбас майымен бірге және бауырдың үстіндегі көк етті бүйректермен бірге бөліп алып қойсын. 5 Діни қызметкер осы бөліктерді Жаратқан Иеге өртелу арқылы жасалатын құрбандық ретінде құрбандық үстелінде өртеп жіберсін. 6 Діни қызметкерлердің отбасыларындағы әрбір ер адамның сол құрбандықтың етін жеуіне болады. Оны киелі орында жесін, ол Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі. 7 Күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың ережесі қандай болса, айыпты өтейтін құрбандықтың ережесі де сондай: құрбандықтың еті адамның күнәсінің арамдығын тазартатын құрбандықты ұсынған діни қызметкерге тиісті. 8 Діни қызметкер біреудің шалынып, өртелетін құрбандығын Жаратқан Иеге ұсынғанда, сол малдың терісі де діни қызметкерге тиесілі болады. 9 Сол сияқты, тандырда, табада не жалпақ табада пісірілген әрбір астық тартуы Жаратқан Иеге ұсынылғанда, ол соны Жаратқан Иеге ұсынған діни қызметкерге тиісті болады. 10 Май қосылған болсын не май қосылмаған құрғақ болсын, әрбір астық тартуы Һаронның ұлдарының барлығына бірдей тиесілі. 11 Адамның Жаратқан Иеге Онымен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандықтар мен тартулар ұсынуы жайлы нұсқаулар мыналар. 12 Егер адам Жаратқан Иеге шүкіршілік ету үшін бір құрбандық әкелсе, онда ол сонымен бірге зәйтүн майы қосылған ашымаған нандар, ашымаған әрі майланған пәтір нандар және таңдаулы бидай ұнынан маймен жақсылап араластырылып пісірілген нандарды да қоса тартуы керек. 13 Сол адам осы нандарымен және Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандығымен қоса ашытқымен пісірілген нандарды да тарту етсін. 14 Осылардан ол Жаратқан Иеге арнап бір-бір наннан тарту етсін. Бұл нандар құрбандықтың қанын құрбандық үстеліне бүркіп шашқан діни қызметкерге тиесілі болады. 15 Құрбандықтың етін құрбандық шалған күні жеу керек, оны ертеңге дейін қалдыруға болмайды. 16 Ал егер адамның құрбандығы ант етілген немесе (өз еркімен ұсынылған) тарту болса, соның еті құрбандық шалынған күні желінсін, ал оның қалған етін келесі күні де жеуге болады. 17 Алайда үшінші күні еттің қалғанын міндетті түрде өртеп жіберу керек. 18 Егер сол еттен үшінші күні де желінсе, онда сол адамның Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдірген құрбандығы қабылданбайды да, оған бұдан еш сауап тимейді. Сондай ет арамданып, жиренішті болады, одан жеген адам өз айыбын өзі көтереді. 19 Кез келген арам нәрсемен жанасып кеткен етті жеуге болмайды. Ондай етті өртеп жіберу керек. Бірақ арамданбаған әркімнің басқалай етті жеуіне болады. 20 Ал егер арамданған біреу Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдірген құрбандықтың етін жесе, ондай адам халқының арасынан аластатылсын! Ол Жаратқан Иеге арналған етті тазару рәсімінен өтпеген арам күйінде жеді ғой. 21 Сондай-ақ, егер біреу не адамның денесінен бөлініп оны арамдайтын былғанышқа, не арам хайуанға, не кез келген арам да жиренішті басқа бір затқа жанасқан соң Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіріп, Оған арналған құрбандықтың етін тазару рәсімінен өтпеген арам күйінде жесе, сондай кісі де халқының арасынан аластатылсын! 22 Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 23 — Исраил халқына мынаны айт: Мүйізді ірі қараның, қойдың, ешкінің ешқандай (іш) майын ішіп-жеулеріңе болмайды. 24 Сол сияқты, арам өлген не жыртқыш аңға таланып өлген хайуанның майын басқа қажеттеріңе жаратуларыңа болады, тек оны ішіп-жеулеріңе болмайды. 25 Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған құрбандықтың майын жеген кез келген адам халқының арасынан аластатылсын! 26 Тұрған мекендеріңнің бәрінде құстың да, хайуанның да қанын ішіп-жемеңдер! 27 Қанды ішіп-жеген әрбір адам халқының арасынан аластатылсын! 28 Жаратқан Ие Мұсаға тағы нұсқау беріп былай деді: 29 — Исраил халқына мынаны айт: Жаратқан Иеге Онымен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандығын алып келген әркім соның бір бөлігін Жаратқан Иеге арнайы тарту ретінде ұсынуға тиіс. 30 Адам Жаратқан Иеге өртелу арқылы жасалатын бұл тартуын, яғни малдың ішмайын, өз қолымен ұсынуы керек: ол малдың ішмайы мен төсін әкеліп, төсті Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынылатын тарту ретінде Оған бағыштасын. 31 Діни қызметкер ішмайды құрбандық үстелінде өртесін, ал төс Һарон мен оның ұлдарына тиесілі болады. 32 Жаратқан Иемен қарым-қатынасыңа ризашылығыңды білдіретін құрбандығың ретінде шалынған малыңның оң жақ сан етін діни қызметкерге көтеріп ұсынылатын тарту ретінде бер. 33 Осы оң жақ сан еті құрбандықтың қанын бүркіп, майын өртеп ұсынған діни қызметкердің сыбағасы болып табылады. 34 Мен исраилдіктердің Өзіммен қарым-қатынастарына ризашылықтарын білдіретін құрбандықтарынан малдардың әрі-бері тербеп ұсынылған төсін және көтеріп ұсынылған сан етін діни қызметкер Һаронға және оның ұқпақтарына мәңгілік сыбаға етіп тағайындадым. 35 Олардың сыбағасы, міне, осы. Ол Һарон мен оның ұлдары Жаратқан Иеге діни қызметке тағайындалған күнінен бері оларға өртелу арқылы ұсынылған құрбандықтардан белгіленген. 36 Һарон мен оның ұлдарына май жағу рәсімі жасалып, қызметке тағайындалған кезде Жаратқан Ие Исраил халқына мынадай бұйрық берген болатын: Олар осы сыбағаны әрқашан діни қызметкер Һаронға және оның ұрпақтарына беріп тұратын болсын! 37 Шалынып, түгелдей өртеліп ұсынылатын құрбандық, астық тартуы, күнәнің құнын өтейтін құрбандық, айыпты өтейтін құрбандық, діни қызметкерді тағайындау рәсіміндегі құрбандық және Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандық туралы нұсқаулар, міне, осылар. 38 Жаратқан Ие оларды Синай тауының басында Мұсаға тапсырды. Сол кезде Жаратқан Ие Өзіне сый-тарту алып келулері жайлы осы нұсқауларын Синай атты иен далада (уақытша аялдаған) Исраил халқына берді.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тағы да нұсқау беріп былай деді: 2 «Менің алдыма Һаронды және оның ұлдарын, сондай-ақ, арнайы киімдерін, май жағу рәсіміне арналған майды әрі күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір жас бұқаны, екі қошқарды және ашымаған нан салынған себетті алып кел. 3 Бүкіл қауымды кездесу шатырының алдына жина». 4 Сонда Мұса Жаратқан Иенің берген тапсырмасын орындады да, қауым кездесу шатырының кіреберісінің маңында жиналды. 5 Мұса жиналғандарға: «Жаратқан Ие бізге мынаны істеңдер деп бұйырды», — деді. 6 Содан ол Һарон мен оның ұлдарын алға шығарып, оларды сумен жуып тазару рәсімінен өткізді. 7 Мұса Һаронға арнайы ұзын көйлегін кигізіп, жалпақ белбеуін тақты да, сырт көйлегі мен жеңсіз сырт киімін кигізді. Мұнан кейін ол жеңсіз сырт киімді кестеленіп тоқылған белбеумен буды. 8 Һаронға кеуде қалтаны таққызып, соған «Нұр және Кемелділік» атты арнайы жеребелерді салып қойды. 9 Содан соң Мұса Һаронның басына сәлдені кигізді. Сәлденің маңдай жағына Һаронның Құдайға түгелдей бағышталғандығын белгілейтін алтын тақташаны бекітіп байлады. Осының бәрін Мұса Жаратқан Иенің бұйырғанына сай орындады. 10 Бұдан кейін Мұса Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағы — киелі шатырға және ондағы барлық нәрселерге арнайы май жағып, осы рәсім арқылы оларды Құдайға бағыштады. 11 Мұса майдың біразын құрбандық үстеліне жеті рет бүркіп, сол үстел мен оның барлық бұйымдарына және қазан мен оның тұғырына май жағу рәсімін жасап оларды Құдайға бағыштады. 12 Сол майдың біразын Һаронның басына құйып май жағу рәсімін орындап, Һаронды Құдайдың қызметіне бағыштады. 13 Бұдан кейін Мұса Һаронның ұлдарын алға шығарды да, үстеріне арнайы ұзын көйлек кигізіп, белдерін жалпақ белбеумен буып, бастарына сәлде кигізді. Осының бәрін Мұса Жаратқан Иенің бұйырғанына сай орындады. 14 Содан соң Мұса күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір жас бұқаны әкелдірді. Һарон мен оның ұлдары соның басына қолдарын қойды. 15 Мұса бұқаны шалып, оның біраз қанын саусағымен құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жағып, осы арқылы құрбандық үстеліне тазарту рәсімін жасады. Қанның қалған бөлігін Мұса құрбандық үстелінің түбіне төгіп, үстелді күнәнің арамдығынан тазартып, оны Жаратқан Иеге бағыштады. 16 Мұса бұқаның бүкіл ішмайы мен шарбы майын, бауырының көк етін, қос бүйрегін майларымен қоса алып, құрбандық үстелінің үстінде өртеп жіберді. 17 Ал бұқаның терісін, етін, ішек-қарны мен жынын ел қонысының сыртына шығарып өртетті. Осының бәрін Мұса Жаратқан Иенің бұйырғанына сай орындады. 18 Мұнан кейін Мұса түгелдей өртелетін құрбандыққа бір қошқарды әкелдірді. Һарон мен оның ұлдары қошқардың басына қолдарын қойды. 19 Мұса қошқарды шалып, қанын құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүрікті. 20 Мұнан кейін ол қошқарды мүшелеп бөліп, басын, сол бөліктерді және майларын өртеп жіберді. 21 Мұса қошқардың ішек-қарны мен сирақтарын сумен жуып, қошқарды толығымен құрбандық үстелінде өртеп жіберді. Бұл шалынып, түгелдей өртелген құрбандық — Жаратқан Иеге хош иісті де ұнамды тарту. Осының бәрін Мұса Жаратқан Иенің бұйырғанына сай орындады. 22 Бұдан кейін Мұса екінші қошқарды алдыртты. Ол Һарон мен оның ұлдарын діни қызметке тағайындау рәсіміне арналған қошқар еді. Һарон мен оның ұлдары қошқардың басына қолдарын қойды. 23 Мұса қошқарды шалып, оның қанынан алып, соны Һаронның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағына, оң аяғының үлкен башпайына жақты. 24 Содан соң Мұса Һаронның ұлдарын алға шығарып, олардың да оң құлақтарының сырғалықтарына, оң қолдарының бас бармақтарына, оң аяқтарының үлкен башпайларына қан жақты. Мұнан кейін ол құрбандық үстеліне барлық жақтарынан қан бүрікті. 25 Мұса малдың майын: майлы құйрығын, бүкіл ішмайы мен шарбы майын әрі бауырдың көк етін, қос бүйрегін майларымен қоса және оң жақ санын алды. 26 Содан соң ол Жаратқан Иенің алдында тұрған, ашытқысыз пісірілген нан салынған себеттен бір-бірден ашымаған нанды, зәйтүн майы қосылған шелпек нанды және пәтір нанды алды. Оларды майлы бөліктердің және оң жақ санның үстіне қойды. 27 Мұса осылардың бәрін Һарон мен оның ұлдарының қолдарына ұстатып, Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербетіп ұсындырды. 28 Бұдан кейін Мұса бұл тартуларды Һарон мен оның ұлдарының қолдарынан қайтарып алып, құрбандық үстелінің үстіндегі түгелдей өртелетін құрбандықтың үстіне қойып, өртеп жіберді. Діни қызметкерді тағайындау рәсіміндегі осы құрбандық — Жаратқан Иеге шалынып, өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту. 29 Сол сияқты, Мұса малдың төсін алып, оны Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынды. Бұл діни қызметкерді тағайындау рәсімінде шалынған қошқардан Мұсаға тиесілі үлес болды. Осының бәрін Мұса Жаратқан Иенің бұйырғанына сай орындады. 30 Содан кейін Мұса тағайындау рәсіміне арналған майдың және құрбандық үстеліндегі қанның біразын алып, оларды Һаронға және оның киімдеріне әрі Һаронның ұлдарына және олардың киімдеріне бүрікті. Осылайша ол Һаронды және оның киімдерін, сол сияқты, Һаронның ұлдарын және олардың киімдерін Жаратқан Иенің қызметіне бағыштады. 31 Содан соң Мұса Һаронға және оның ұлдарына былай деді: «(Құрбандыққа шалынған екінші қошқардан қалған) етті кездесу шатырының алдында пісіріңдер. Сол етті сендердің қызметтеріңе тағайындалу рәсіміне орай жасалған тартудың нанымен қосып жеңдер. «Һарон мен оның ұлдары осыны жесін» деген бұйрықты сендерге жеткізген едім ғой. 32 Жеп болған соң нан мен еттен артылып қалғандарын өртеп жіберіңдер. 33 Сендердің қызметке тағайындалғандарыңнан кейін жеті күн өтпейінше, кездесу шатырының кіреберісінен шығуларыңа болмайды. Себебі Жаратқан Иенің сендерді Өзінің қызметіне тағайындау рәсімі жеті күнге созылады. 34 Бүгінгі біздің істегенімізді Жаратқан Ие сендерді күнәларыңның арамдығынан тазарту үшін бұйырған еді. 35 Сендер кездесу шатырының кіреберісінде жеті тәулік бойы күні-түні Жаратқан Иенің қызметіне дайын болып тұрыңдар. Өлмей тірі қалуларың үшін солай істеңдер, себебі Жаратқан Ие маған осылай бұйырды». 36 Сонда Һарон мен ұлдары Жаратқан Ие Мұса арқылы бұйырғанның барлығын орындады.
1 Сол жеті күн өткенде сегізінші күні Мұса Һарон мен оның ұлдарын және Исраилдің рубасыларын шақырып алып, 2 Һаронға былай деді: «Күнәнің құнын өтейтін құрбандығың үшін табыннан бір жас ірі қара малды, әрі шалынып, түгелдей өртелетін құрбандығың үшін бір қошқарды Жаратқан Иенің алдына алып кел. Екеуі де ешбір мінсіз болсын. 3 Содан соң Исраил халқына мынаны айт: Жаратқан Иенің алдында ұсыну үшін күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір теке, шалынып, түгелдей өртелетін құрбандыққа бір жастағы, ешбір мінсіз бір бұқа мен қошқарды 4 әрі қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандыққа бір мүйізді ірі қара мен қошқарды, сондай-ақ, зәйтүн майымен араластырылған астық тартуын алыңдар. Себебі бүгін Жаратқан Ие сендерге көрінетін болады». 5 Олар Мұсаның бұйырғандарын кездесу шатырының алдына алып келді. Бүкіл қауым жақындап келіп, Жаратқан Иенің алдында тұрды. 6 Мұса оларға былай деді: «Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты өздеріңе көрінуі үшін Ол сендерге осыларды істеуге бұйырды». 7 Мұса Һаронға былай деді: «Құрбандық үстеліне жақындап кел де, күнәнің құнын өтейтін құрбандықты және шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты ұсынып өзіңді және халықты күнәларыңның арамдығынан тазарт. Мұнан кейін халықтың құрбандықтарын да шалып, оларды күнәларының арамдығынан тазарт. Жаратқан Иенің бұйырғанындай істе». 8 Сонда Һарон құрбандық үстеліне жақындап келді де, жас бұқаны өзінің күнәларының құнын өтейтін құрбандық ретінде шалды. 9 Һаронның ұлдары оған қанды алып келді, ол саусағын қанға малып алып, құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жақты. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне төкті. 10 Һарон Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген бұйрығы бойынша күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың ішмайын, бүйректерін және бауырының көк етін құрбандық үстелінде өртеп жіберді. 11 Ал оның еті мен терісін ел қонысының сыртына шығарып, өртеді. 12 Содан соң Һарон түгелдей өртелетін құрбандықты шалды. Һаронның ұлдары оған құрбандықтың қанын алып келіп, ол соны құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүрікті. 13 Һаронның ұлдары оған түгелдей өртелетін құрбандықтың мүшеленген бөліктерін басымен қоса бір-бірден табыстады. Ол соның барлығын құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберді. 14 Бұдан кейін ол құрбандықтың ішек-қарны мен сирақтарын жуып, құрбандық үстелінде өртелген құрбандықтың үстінен түтетіп өртеп жіберді. 15 Һарон халық үшін шалынатын құрбандықтарды да алып келді. Солардан ол халықтың күнәларының құнын өтейтін бір текені алып, оны бұдан бұрынғы құрбандық сияқты шалып, күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде ұсынды. 16 Һарон түгелдей өртелетін құрбандықтарды да әкеліп, ережеге сәйкес шалып, ұсынды. 17 Оның үстіне ол астық тартуын да алып келіп, одан бір уыс алып, таңертеңгі шалынып, түгелдей өртелетін құрбандыққа қоса құрбандық үстелінде өртеп жіберді. 18 Мұнан кейін Һарон халықтың Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандығы ретіндегі бұқа мен қошқарды шалды. Һаронның ұлдары оған солардың қанын табыстап, ол соны құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүрікті. 19 Олар бұқа мен қошқардың майлы бөліктерін, яғни майлы құйрықтарын, шарбы майын, бүйректерін және бауырдың көк етін, 20 сол малдардың төстерінің үстіне қойды. Содан кейін Һарон майлы бөліктерді алып, құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберді. 21 Ал малдардың төстері мен оң жақ сандарын Һарон Жаратқан Иенің алдында Мұсаның бұйырғанына сай әрі-бері тербеп ұсынды. 22 Соңында Һарон халыққа қарай қолдарын жайып, оларға батасын берді. Сонымен ол күнәнің құнын өтейтін, түгелдей өртелетін және Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандықтарды шалып, ұсынып болған соң (құрбандық үстелінің қасынан) төмен түсті. 23 Мұнан кейін Мұса мен Һарон кездесу шатырына кірді. Сыртқа шыққанда олар халыққа бата берді. Сонда Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты бүкіл халыққа көрінді. 24 Жаратқан Иенің алдынан бір от лап етіп шығып, құрбандық үстеліндегі түгелдей өртелетін құрбандықтар мен майлы бөліктерді жалмап қойды. Осыны көргенде бүкіл халық қуаныштан айқайлап, етпеттерімен жерге құлап, тағзым етті.
1 Һаронның Надаб пен Әбиһу есімді ұлдары шоқ салатын табаларын қолдарына алып, оларға оттың шоғы мен хош иісті шайыр салды. Алайда олар Жаратқан Иенің алдында оттың Ол бұйырмаған бөтен түрін ұсынды. 2 Сол себепті Жаратқан Иенің алдынан бір от лап етіп шығып, оларды жалмап қойды. Осылайша олар сол жерде Жаратқан Иенің алдында өлді. 3 Сонда Мұса Һаронға: — Жаратқан Иенің «Маған жақындап келетіндер арқылы Өзімнің киелі екенімді көрсетемін, барлық халықтар алдында салтанатты ұлылыққа кенелемін» дегені осы туралы болатын, — деп түсіндірді. Содан Һарон үндемеген күйі қала берді. 4 Мұса сонда Һаронның әкесінің інісі Ұзиелдің ұлдары Мишайл мен Елсапанды шақырып алып, оларға: «Мұнда келіңдер, мына туысқандарыңды киелі орыннан алысқа, ел қонысының сыртына алып кетіңдер», — деп тапсырды. 5 Олар келіп, екі өлікті үстеріндегі ұзын көйлектерімен бірге көтеріп алып кетіп, Мұсаның бұйрығы бойынша, қоныстың сыртына шығарды. 6 Содан соң Мұса Һарон мен оның қалған ұлдары Елазар мен Ітамарға: «(Аза тұтып жалаң бас жүріп) шаштарыңды жайып жібермеңдер және көйлектеріңнің өңірін айыра жыртпаңдар! Әйтпесе өздерің де өлесіңдер, әрі Жаратқан Ие бүкіл қауымға да қаһарын шашатын болады. Алайда бауырластарың — Исраилдің бүкіл халқына Жаратқан Ие өртеп құртқан сендердің ағайындарыңды жоқтап аза тұтуларына болады. 7 Жаратқан Ие сендерді осы қызметке май жағу рәсімімен тағайындағандықтан, кездесу шатырының кіреберісінен шықпаңдар, әйтпесе өлесіңдер», — деді. Содан олар Мұсаның жеткізген бұйрығына сай істеді. 8 Содан соң Жаратқан Ие Һаронға нұсқау беріп былай деді: 9 — Сенің өзіңе де, ұлдарыңа да кездесу шатырына кірген әрбір кездеріңде не шарап, не басқа да ашытылған сусындарды ішулеріңе болмайды! Әйтпесе өлесіңдер. Бұл өздеріңе, болашақ ұрпақтарыңа берілген тұрақты ереже. 10 Сендер ненің киелі, ненің киелі емес жай екенін және ненің таза да адал, ненің арам екенін ажырата білулерің керек. 11 Исраил халқына Менің, Жаратқан Иенің, Мұса арқылы тапсырған барлық ережелерімді үйретуің де қажет. 12 Кейін Мұса Һарон мен оның қалған ұлдары — Елазар мен Ітамарға тіл қатып былай деді: — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған тартулардан қалған астық тартуын алыңдар. Оны ашытқысыз дайындап, құрбандық үстелінің жанында жеңдер, себебі бұл — Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі тарту. 13 Оны тек киелі орында ғана жеңдер! Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы жасалған тартулардан өзіңе және ұлдарыңа арналған үлес. Маған берілген бұйрық осындай. 14 Ал құрбандықтың Жаратқан Иеге әрі-бері тербеп ұсынылған төсін және жоғары көтеріп ұсынылған санын өздеріңе және ұл-қыздарыңа жеуге болады. Себебі сол бөліктер исраилдіктердің Жаратқан Иемен қарым-қатынастарына ризашылық білдіретін құрбандықтарынан саған және ұлдарыңа берілген үлес. Осы етті тазару рәсімі жасалған бір жерде жеңдер. 15 Исраилдіктер құрбандықтың өртелу арқылы ұсынылатын майлы бөліктерімен бірге жоғары көтерілетін санын және тербеп ұсынылатын төсін де әкелсін. Оларды Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынсын. Жаратқан Иенің бұйрығына сай құрбандықтың оң жақ саны мен төсі — сендердің өздеріңе және ұлдарыңа берілген тұрақты сыбаға. 16 Мұнан кейін Мұса күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде ұсынылған теке туралы сұрастырып, оның өртеліп кеткенін білді. Сонда ол Һаронның қалған екі ұлы Елазар мен Ітамарға ашуланып, былай деді: 17 «Күнәнің құнын өтейтін құрбандықты неге киелі орында жемедіңдер? Осы құрбандық ерекше киелі. Ол қауымның күнәларын арқалап, Жаратқан Иенің алдында халықты күнәнің арамдығынан тазарту үшін сендерге берілген еді ғой. 18 Оның қаны киелі шатырдың ішіне апарылмады. Сондықтан сендер менің бұйырғанымдай оның етін қасиетті орында жеуге тиісті едіңдер». 19 Сонда Һарон Мұсаға былай деп жауап берді: «Бүгін олар Жаратқан Иенің алдында күнәнің құнын өтейтін және түгелдей өртелетін құрбандықтарын ұсынды. Ал енді осы жайт басыма түсті! Бүгін күнәнің құнын өтейтін құрбандықтан жегенімде Жаратқан Ие маған риза болар ма еді?» 20 Осыны естігенде Мұса онысын мақұл көрді.
1 Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға нұсқау беріп былай деді: 2 — Исраил халқына мынаны айтыңдар: Жер бетіндегі бар хайуандардың ішінен мыналарды жеулеріңе болады: 3 Тұяғы екіге бөлінген ашатұяқты әрі күйіс қайыратын барлық хайуандардың етін жеулеріңе болады. 4 Бірақ күйіс қайыратын немесе ашатұяқты хайуандар арасынан мыналардың етін тамаққа пайдалануға болмайды: түйе күйіс қайырса да, тұяқтары екіге бөлінген аша емес, сол себепті оның еті сендер үшін арам. 5 Майбасар күйіс қайырса да, ашатұяқты емес, сол себепті оның еті сендер үшін арам. 6 Қоян күйіс қайырса да, ашатұяқты емес, оның еті сендер үшін арам. 7 Ал шошқа тұяғы екіге бөлінген, ашатұяқты болғанмен, күйіс қайырмайды, сондықтан да сендер үшін арам. 8 Осы хайуандардың не етін жеулеріңе, не өлімтігіне жанасуларыңа болмайды. Ондайлар сендер үшін арам. 9 Суды мекендейтін мақұлықтардың қайсыларында қанаттары мен қабыршақтары болса, соларды азық етулеріңе болады. Олар қай суда болмасын, теңізде болсын, өзенде болсын, жеулеріңе болады. 10 Бірақ теңізде не өзенде құжынап жүзіп жүретін және суды мекендейтін басқа да мақұлықтардың қайсысында қанаттары мен қабыршақтары болмаса, оларды жеуге болмайтын, жиренішті деп санаңдар! 11 Олар сендер үшін жиренішті болғандықтан, етін жемей, өліктерінен де жеркенулерің керек. 12 Суды мекендейтін, қабыршақтары мен қанаттары жоқ кез келген мақұлық сендер үшін жиренішті. 13 Бірқатар құстарды да жиренішті деп біліңдер, соларды жеулеріңе болмайды. Олар: бүркіт, күшіген, тазқара, 14 қызыл кезқұйрық, қара кезқұйрықтың кез келген түрі, 15 қарғаның кез келген түрі, 16 түйеқұс, батпақ жапалағы, шағала, қаршығаның кез келген түрі, 17 байғыз, суқұзғын, құлақты жапалақ, 18 ақ үкі, бірқазан, тұйғын, 19 ләйлек, құтанның кез келген түрі, бәбісек және жарқанат. 20 Аяқтарымен жерде құжынап жүретін және ұшатын жәндіктердің бәрі сендер үшін жиренішті. 21 Барлық қанаттарымен ұшып, аяқтарымен жер басып жүретіндердің арасындағы тек сирақтары ұзын, секіре алатындарын ғана азық етулеріңе болады. 22 Олар: шегіртке, шекшек шегіртке, қара шегіртке, саяқ шегіртке және бұлардың барлық түрлері. 23 Алайда аяқтарымен жерде құжынап жүретін және ұшатын жәндіктердің бәрі сендер үшін жиренішті. 24 Осы жәндіктер адамды арамдайды. Олардың өліктерімен жанасқан адам кешке дейін арам болып саналады. 25 Кім солардың өлігін алып жүрсе, сол киімдерін жусын, ал өзі кешке дейін арам болып саналады. 26 Тұяғы толықтай емес, аздап қана бөлінген немесе күйіс қайырмайтын кез келген хайуан сендер үшін арам. Ондаймен жанасқан әркім арамданады. 27 Тұяғы жоқ, төрт аяқтап табанымен жүретін барлық хайуандар сендер үшін арам. Кімде-кім сондай жануардың өлігімен жанасса, сол кешке дейін арам болып саналады. 28 Кімде-кім солардың өлігін алып жүрсе, сол киімдерін жусын, ал өзі кешке дейін арамданған болып саналады. Ондай хайуандар сендер үшін арам. 29 Жер бетінде құжынаған мыналар да сендер үшін арам: көртышқан, тышқан, ешкіемердің кез келген түрі, 30 тағы да жармасқы кесіртке, келес, кәдімгі кесіртке, дала кесірткесі және құбылғы. 31 Жер бетіндегі бауырымен жорғалап құжынаған барлық мақұлықтардың ішіндегі арамдары — осылар. Олардың өліктерімен жанасқан әркім кешке дейін арамданған болып саналады. 32 Егер сол жануарлардың бірінің өлігі бір бұйымға құлап түссе, сол бұйым қандай заттан жасалған болса да: ағаш болсын, мата, тері немесе кенеп болсын, қандай пайдалы болса да арамданып қалады. Ондай бұйымды суға салып қою керек. Ол кешке дейін арам болып саналып, содан кейін адал болады. 33 Ал егер сондай жануардың өлігі қыш ыдыстың ішіне түсіп кетсе, онда ішіндегінің бәрі арамданады. Ондай ыдысты сындырып тастау керек. 34 Егер осындай ыдыстың ішінен жеуге болатын тамаққа су ақса, онда тамақ та арамданады. Ондай ыдыстан ішетін сусын да ішуге жарамсыз арам болады. 35 Осындай жануардың өлігінің кез келген бөлігі түскен заттың бәрі де, ошақ не тамақ даярлайтын ыдыс болсын, арамданады. Оларды сындырып тастау керек. Олар арамданған және оларды әрдайым арам деп санауларың керек. 36 Ал осындай жануардың өлігі бұлаққа не су жинайтын құдыққа түссе, олар таза болып қала береді. Бірақ өлікке жанасқан адам немесе зат арамданады. 37 Егер өлік себілетін дәнге түссе, дән таза болып қала береді. 38 Бірақ егер өлік суға малынған дәнге түсетін болса, онда дән арамданады. 39 Егер етін тамаққа қолдануға болатын хайуан өлсе, онда соның өлігімен жанасқан әркім кешке дейін арамданған болып саналады. 40 Өліктің етін жеген не өлікті көтеріп алып жүрген адам киімдерін жууы керек, оның өзі кешке дейін арамданған болып саналады. 41 Жер бетінде бауырымен жорғалап құжынаған барлық мақұлықтардан жиреніп, азық етпеңдер! 42 Бауырымен жорғалайтындарды, аяқтарымен жүретіндерді, не жер бетімен жорғалайтындардың ішіндегі көпаяқтыларды жемеңдер! Өйткені олар жиренішті. 43 Кез келген құжынап жүретін мақұлықтар арқылы өздеріңді жиренішті етіп, арамдамаңдар! 44 Өйткені Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. Мен киелімін, сондықтан сендер де Өзіме бағышталып, киелі болыңдар! Жер бетінде жорғалап жүретін ешбір мақұлықпен өздеріңді арамдаушы болмаңдар! 45 Құдайларың болу үшін өздеріңді Мысыр елінен азат етіп алып шыққан Жаратқан Ие Менмін. Мен киелімін, сондықтан сендер де киелі болыңдар! 46 Хайуандар, құстар, суда жүзетін және жер бетімен жорғалап жүретін барлық мақұлықтар туралы заң, міне, осы. 47 Арамды адалдан әрі жеуге болатын жануарларды жеуге болмайтындарынан ажырата біліңдер!
1 Жаратқан Ие Мұсаға нұсқау беріп былай деді: 2 — Исраил халқына мынаны айт: Егер бір әйел жүкті болып, ұл туса, онда ол жеті күн бойы өзінің айлық етеккірі келген кезіндегідей таза емес болады. 3 Сегізінші күні оның ұлы сүндеттелсін. 4 Содан соң әйел отыз үш күн бойы босанғандағы қан ағуынан тазару кезеңінің аяқталуын күтсін. Тазару кезеңі бітпейінше әйел киелі нәрселермен жанаспасын, әрі киелі орынға да бармасын. 5 Егер әйел қыз тапса, онда ол екі апта бойы өзінің айлық етеккірі келген кезіндегідей таза емес болады. Содан соң әйел алпыс алты күн бойы босанғандағы қан ағуынан тазару кезеңінің аяқталуын күтсін. 6 Ұл не қыз тапқаннан кейінгі тазару кезеңі аяқталғаннан кейін, әйел кездесу шатырының кіреберісіндегі діни қызметкерге түгелдей өртелетін құрбандыққа бір жасар тоқтыны және күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір жас көгершінді не бір кептерді алып келсін. 7 Діни қызметкер оларды Жаратқан Иеге тарту етіп, әйелді күнәсінің арамдығынан тазарту үшін қажетті рәсімді орындасын. Әйелдің қан ағуынан таза еместігі сонымен бітеді. Бұл — босанып, ұл не қыз тапқан әйел орындауға тиісті рәсімдер туралы ереже. 8 Ал егер тоқты алып келуге әйелдің жағдайы көтермесе, біреуін — түгелдей өртелетін, екіншісін — күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа арнап екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді алып келсін. Сонда діни қызметкер әйелді күнәсінің арамдығынан тазартып, сол әйел таза болып саналады.
1 Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға нұсқау беріп былай деді: 2 — Егер біреудің денесінде жұқпалы тері ауруы бола алатын ісік, бөртпе немесе ақтаңдақ пайда болса, ол діни қызметкер Һаронның немесе оның діни қызмет атқарушы ұлдарының біреуінің алдына әкелінсін. 3 Діни қызметкер сол адамның терісіндегі жараны қарап шықсын. Егер жараның орнындағы түк ағарып кеткен және жара ойық болса, онда бұл — жұқпалы тері ауруы. Бұл жағдайда діни қызметкер терісінің осындай екенін анықтаған адамды таза емес деп жарияласын. 4 Ал егер оның терісіндегі дақтың түсі ақ болғанмен, дақ теріден ойық орналасқан болмаса, әрі жара бетіндегі түк ағарып кетпесе, онда діни қызметкер терісінде жара бар адамды жеті күнге басқалардан бөлектесін. 5 Жетінші күні діни қызметкер оны қайтадан қарап шықсын. Егер терісіндегі жараның көлемі ұлғаймай, сол қалпында қалған болса, онда діни қызметкер сол адамды тағы жеті күнге бөлектесін. 6 Жетінші күні діни қызметкер оны қайтадан қарап шықсын. Егер жара көмескіленіп, теріге жайылмаса, діни қызметкер оны таза деп жарияласын. Бұл — жай бөртпе ғана. Адам киімдерін жусын, содан кейін таза болып саналады. 7 Бірақ егер адам діни қызметкерге қаралып, таза деп жарияланғаннан кейінгі уақытта терісіндегі бөртпелері қайтадан ұлғайып, жайыла бастаса, онда ол діни қызметкердің алдына қайтып келуі керек. 8 Діни қызметкер оны тағы да қарап шықсын. Егер терісіндегі бөртпелер ұлғайып жайылған болса, онда ол сол адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — алапес ауруы. 9 Егер біреу жұқпалы тері ауруымен ауырса, оны діни қызметкердің алдына алып келсін. 10 Діни қызметкер адамды қарап шықсын. Егер оның терісіндегі ісік ақтаңдақ болып, әрі сол жердің түгі ағарып кетіп, ісіктен қызыл ет көрініп тұрса, 11 бұл — созылмалы алапес. Сондықтан діни қызметкер әлгі адамды таза емес деп жариялап, оны басқалардан бөлектесін. Себебі ол ауруының кесірінен таза емес деп саналады. 12 Егер ауру адамның бүкіл терісіне жайылып, діни қызметкер оның басынан аяғына дейін бірде-бір сау жер көре алмай, 13 алапестің оның бүкіл денесіне жайылып кеткенін көрсе, онда діни қызметкер оны таза деп жарияласын. Өйткені толығымен ағарғаны себепті ол таза деп саналады. 14 Бірақ егер жарадан қызыл ет көрініп тұратын болса, ол таза емес деп есептеледі. 15 Діни қызметкер оның қызыл етін көргенде-ақ оны таза емес деп жарияласын. Қызыл ет сол адамның жұқпалы алапеспен ауыратынын, таза емес екенін білдіреді. 16 Ал егер қызыл ет өзгеріп, ағарып кетсе, адам қайтадан діни қызметкерге баруы керек. 17 Ол ауру адамды қарап шығып, қызыл еттің ағарып кеткенін көрсе, оны таза деп жарияласын. Сонда адам таза болады. 18 Егер біреудің терісіне шиқан шығып, ол жазылып кетсе 19 және шиқан орнында ақшыл ісік не ақшыл-қызғылт дақ пайда болса, ондай адам діни қызметкерге көрінуі керек. 20 Діни қызметкер адамды қарап шықсын. Егер шиқанның орнына шыққан нәрсе теріден ойық орналасқан болып көрінсе және ондағы түк ағарып кеткен болса, діни қызметкер адамды таза емес деп жариялауы керек. Бұл — шиқанның орнында пайда болған жұқпалы тері ауруы. 21 Бірақ діни қызметкер оны қараған кезде дақтағы түктің ағармағанын, әрі сол жердің теріден ойық орналаспай, көмескіленгенін көрсе, әлгі адамды жеті күнге бөлектесін. 22 Егер осы аралықта ісік теріде кең жайыла бастаса, діни қызметкер сол адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — жұқпалы жара. 23 Ал егер дақ сол күйінде қалып, теріге жайылмаса, демек, бұл — шиқанның тыртығы ғана. Діни қызметкер адамды таза деп жарияласын. 24 Егер біреу терісін күйдіріп алып, жазылған күйіктің орнында ақшыл не қызғылт дақ пайда болса, 25 діни қызметкер дақты қарап шықсын. Егер ондағы түк ағарып кетсе және дақ теріден ойық орналасқан болып көрінсе, демек, бұл — терінің күйген орнына шыққан алапес. Діни қызметкер сол адамды таза емес деп жарияласын, себебі бұл — алапестің жарасы. 26 Бірақ діни қызметкер оны қараған кезде дақтағы түктің ағармағанын, оның теріден ойық орналаспай, көмескіленгенін көрсе, онда ол адамды жеті күнге бөлектесін. 27 Жетінші күні діни қызметкер оны қайтадан қарап шықсын. Егер дақ теріде кең жайылған болса, ол адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — алапестің жарасы. 28 Ал егер дақ сол қалпында қалып, теріге жайылмай, көмескіленсе, онда бұл — күйіктен пайда болған ісік. Діни қызметкер оны таза деп жарияласын, себебі бұл — күйіктен қалған тыртық қана. 29 Егер еркектің не әйелдің басында не иегінде жара болса, 30 онда діни қызметкер сол жараны қарап шықсын. Егер жара теріден ойық орналасса және ондағы түк сарғайып жұқарса, діни қызметкер сол адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — қотыр, бастағы не иектегі жұқпалы тері ауруы. 31 Бірақ діни қызметкер осындай қотыр жараны қарап шығып, оны теріден ойық орналаспаған және ондағы түкті қара емес деп тапса, онда діни қызметкер жұқпалы қотыры бар адамды жеті күнге бөлектеуі керек. 32 Жетінші күні діни қызметкер жараны тағы да қарап шықсын. Егер қотыр жайылмаса, онда сары түсті түк пайда болмаса және жара теріден ойық болып көрінбесе, 33 онда адамның қотыры бар жерінен өзге бүкіл жерлеріндегі түкті қырып алып тастау керек. Діни қызметкер адамды тағы жеті күнге бөлектесін. 34 Жетінші күні діни қызметкер қотырды қарап шықсын. Егер сол қотыр теріге жайылмаған болып шықса және теріден ойық болып көрінбесе, онда діни қызметкер оны таза деп жарияласын. Қотыры бар адам киімдерін жусын, содан соң ол таза болады. 35 Алайда ол таза деп жарияланғаннан кейінгі уақытта қотыры теріге қайтадан жайыла бастаса, 36 діни қызметкер оны тағы да қарап шықсын. Егер қотыр теріге жайылған болса, онда ол сарғайған түкті іздемесе де болады. Сол адамның таза емес екені анық. 37 Ал егер діни қызметкерге ана адамның қотыр дағы өзгермегендей көрініп, дақ үстіне қара түк шыққанын көрсе, демек, қотырдың жазылғаны. Бұл адам таза, діни қызметкер оның таза екенін жарияласын. 38 Егер әйел болсын, еркек болсын, біреудің терісінде ақ дақтар пайда болса, 39 онда діни қызметкер оларды қарап шығуы керек. Егер дақтардың түсі ақшыл сары болса, онда бұл — терідегі зиянсыз ақтаңдақ, ондай адам — таза. 40 Егер ер адамның басындағы шашы таздықтан түсіп, айна таз болып қалса, ол бәрібір таза күйі қалады. 41 Егер оның басының алдыңғы жағындағы шашы таздықтан түсіп қалса, ол қасқа таз. 42 Бірақ оның айна таз басында немесе қасқа таз маңдайында ақшыл-қызыл жара пайда болса, онда оның басында немесе маңдайында жұқпалы аурудың бар болғаны. 43 Діни қызметкер оны қарап шықсын. Егер маңдайындағы не басындағы ісіп тұрған жарасы жұқпалы аурудың жарасындай ақшыл-қызыл болса, 44 онда сол адамда жұқпалы ауру бар. Оның басында пайда болған жарасына бола діни қызметкер оны сөзсіз таза емес деп жариялауы керек. 45 Осындай жұқпалы аурумен ауырған адам көйлегінің өңірін айыра жыртып, шашын жинамай жайып жіберіп, бетінің төменгі бөлігін жауып алып, «Таза емеспін! Арамданғанмын!» деп айқайлап жүретін болсын. 46 Адам жұқпалы ауруынан айықпайынша таза емес қалпы қала береді. Ол ел қонысының сыртында оңаша тұруға тиіс. 47 Егер киімнің жүннен не кенептен жасалған кез келген түріне, 48 немесе матаның жүннен тоқылған не зығырдан иірілген кез келген түріне, немесе былғарыға не былғарыдан жасалған кез келген бұйымға зең түсіп, көгеріп кеткен болса, 49 әрі сол киімге, былғарыға немесе есілген не иірілген жіптен тоқылған матаға түскен зақымданудың түсі жасыл немесе қызыл болса, онда бұл — зеңнің белгісі. Зақымданған бұйымды діни қызметкерге көрсету керек. 50 Діни қызметкер сол бұйымды қарап шығып, жеті күнге бөлек қойсын. 51 Жетінші күні ол соны қайтадан қарап шықсын. Егер зең киімге, иірілген не есілген жіптен тоқылған матаға, былғары не былғарыдан жасалған бұйымға жайыла түскен болса, бұл — кетпейтін, зиянды зең. Зақымданған бұйым арамданған. 52 Діни қызметкер аталған заттардың бірінен жасалып, зеңмен бұзылған бұйымды өртеп жіберуі керек. Себебі сондағы кетпейтін, зиянды зеңді өртеп құрту қажет. 53 Ал егер діни қызметкер сол бұйымды жетінші күні қарап шығып, ондағы зақымдану жайыла түспей, киім болсын, иірілген не есілген жіптен тоқылған мата болсын, былғарыдан жасалған бұйым болсын бұрынғы қалпында қалған болса, 54 онда ол бұйымды жақсылап жууға бұйырсын. Содан кейін діни қызметкер бұйымды тағы жеті күнге бөлек қойсын. 55 Зақымдана бастаған бұйым жуылғаннан кейін діни қызметкер оны қайтадан қарап шықсын. Егер шіріген жер өзінің көзге көрінісін өзгертпесе, тіпті үлкеймеген болса да, ол бәрібір арамданған. Шіру жұқарып кеткен бұйымның бір жағына ғана жайылса да, оны өртеп жіберулерің керек. 56 Ал егер діни қызметкер бұйым жуылғаннан кейін қарағанда шіру тиген жердің көмескіленгенін байқаса, ол бұйымның зақымданған жерін жыртып алып тастасын. 57 Бірақ зең сол бұйымда қайта пайда болса, демек, ол жайылып жатыр. Зең жайлаған сол нәрсені тұтастай өртеп құртуларың қажет. 58 Ал егер жуып тазалағаннан кейін мата не былғары бұйымның зеңі жоғалып кетсе, ондай бұйымды тағы бір рет жуу керек, содан соң ол таза болып саналады. 59 Жүн не кенеп киімдегі, иірілген не есілген жіптен тоқылған матадағы, немесе кез келген былғары бұйымдағы зеңнен болатын зақымдану туралы, әрі сондай нәрселерді таза немесе арам деп жариялау туралы ережелер, міне, осылар.
1 Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға нұсқау беріп былай деді: 2 — Жұқпалы тері ауруымен ауырған адамның тазаруы туралы заң мынау: адам жазылған кезде діни қызметкерге көрінуі керек. 3 Сонда діни қызметкер ел қонысының сыртына шығып, адамды қарап шықсын. Егер ол адамның тері ауруынан жазылғанын анықтаса, 4 онда ол сол адамға тазару рәсімін орындау үшін екі тірі адал құсты, біраз самырсын ағашын, қырмызы жіп пен сайсағыз бұтақшасын әкелуге бұйырсын. 5 Діни қызметкер екі құстың бірін таза су құйылған қыш құмыраның үстінде шалуға бұйырсын. 6 Діни қызметкер тірі құсты қолына ұстап алып, самырсын ағашымен, қырмызы жіппен және сайсағыз бұтақшасымен бірге таза су үстінде шалынған құстың қанына малып алсын. 7 Діни қызметкер жұқпалы тері ауруынан тазару рәсімінен өтіп жатқан адамға қанды жеті рет бүріксін. Содан соң оны таза деп жарияласын. Ал тірі құсты далаға босатып жіберсін. 8 Тазару рәсімінен өтіп жатқан адам киімдерін жақсылап жуып, денесіндегі шашы мен түгін түгел қырып алып тастап, сумен жуынып тазарсын. Осыдан кейін оған ел қонысына кіруге болады, бірақ жеті күн бойы үйінің сыртында тұруға тиіс. 9 Жетінші күні ол шашын, сақалын, қастарын және денесіндегі бар түкті түгелдей қырып алып тастасын. Адам киімдерін жақсылап жуып, денесін де сумен жусын, содан кейін таза болып саналады. 10 Ауруынан сауыққан адам сегізінші күні мінсіз екі еркек тоқты мен бір жасар ұрғашы тоқтыны әкелсін. Ол, сондай-ақ, астық тартуына арнап пұттың оннан үш бөлігіндей мөлшердегі зәйтүн майымен араластырылған таңдаулы бидай ұнын және бір шағын құмыра зәйтүн майын да дайындасын. 11 Діни қызметкер тазару рәсімінен өтіп жатқанның өзін және оның әкелген тартуларын кездесу шатырының кіреберісіне алып келіп, Жаратқан Иеге ұсынсын. 12 Діни қызметкер еркек тоқтылардың бірін айыпты өтейтін құрбандық ретінде шалсын. Бір шағын құмыра зәйтүн майын да алып, бәрін Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынсын. 13 Діни қызметкер екінші еркек тоқтыны күнәнің құнын өтейтін құрбандық пен түгелдей өртелетін құрбандықтар шалынатын киелі орында шалсын. Күнәнің құнын өтейтін құрбандық сияқты, айыпты өтейтін құрбандық та діни қызметкерге тиісті; ол Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі. 14 Бұдан кейін діни қызметкер айыпты өтейтін құрбандықтың біраз қанын алып, тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағына және оң аяғының үлкен башпайына жақсын. 15 Діни қызметкер зәйтүн майы құйылған шағын құмырадан біраз майды өзінің сол жақ алақанына құйып, 16 оң қолының бір саусағын соған малып алсын да, оны Жаратқан Иенің алдында жеті рет бүріксін. 17 Діни қызметкер алақанында қалған майынан тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағы мен оң аяғының үлкен башпайына жағылған қанның үстіне жақсын. 18 Алақанындағы майдың қалған бөлігін діни қызметкер тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның басына жақсын. Осылайша ол Жаратқан Иенің алдында адамды арамданған күйінен тазартады. 19 Содан соң діни қызметкер күнәнің құнын өтейтін құрбандықты шалып, тері ауруынан жазылған адамға арамданған күйінен тазарту рәсімін қайтадан жасасын. Осыны істеп болған соң діни қызметкер түгелдей өртелетін құрбандықты шалып, 20 оны астық тартуымен бірге құрбандық үстелінде өртеп жіберсін. Бұларды тері ауруынан жазылған адамды арамданған күйінен тазарту үшін ұсынсын. Осылайша адам таза болып саналады. 21 Ал егер ауруынан жазылған адам кедей болып, құрбандыққа екі тоқты шалуға жағдайы көтермесе, ол бір еркек тоқтыны ғана айыпты өтейтін құрбандық ретінде, зәйтүн майымен араластырылған, пұттың оннан бір бөлігіндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнын астық тартуы ретінде және бір шағын құмыра зәйтүн майын алып келсін. Айыпты өтейтін құрбандық адамды арамданған күйінен тазарту үшін әрі-бері тербеліп ұсынылады. 22 Адам, сондай-ақ, өзінің әл-ауқатына қарай екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді де әкелсін. Олардың біреуі күнәнің құнын өтейтін, екіншісі түгелдей өртелетін құрбандыққа шалынсын. 23 Тазару рәсімінің сегізінші күні сол адам осылардың бәрін Жаратқан Иеге ұсыну үшін кездесу шатырының кіреберісіне діни қызметкерге алып келсін. 24 Діни қызметкер айыпты өтейтін құрбандық ретінде бір тоқтыны және бір шағын құмыра зәйтүн майын алсын да, оларды Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынсын. 25 Діни қызметкер бұл тоқтыны айыпты өтейтін құрбандық ретінде шалсын. Содан ол құрбандықтың біраз қанын алып, тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағына, оң аяғының үлкен башпайына жақсын. 26 Діни қызметкер зәйтүн майы құйылған құмырадан біраз майды өзінің сол жақ алақанына құйып, 27 оң қолының бір саусағын соған малып алсын да, оны Жаратқан Иенің алдында жеті рет бүріксін. 28 Алақанында қалған майынан тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағына, оң аяғының үлкен башпайына жағылған қанның үстіне жақсын. 29 Діни қызметкер алақанындағы майдың қалған бөлігін тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның басына жағып Жаратқан Иенің алдында сол адамды арамданған күйінен тазарту рәсімінен өткізсін. 30 Мұнан кейін діни қызметкер сол адамның әл-ауқатына қарай әкелген орман кептерлерін немесе жас көгершіндерін, 31 біріншісін күнәнің құнын өтейтін, екіншісін түгелдей өртелетін құрбандықтар ретінде шалсын. Діни қызметкер оларды астық тартуымен қоса Жаратқан Иеге сол адамды арамданған күйінен тазарту үшін ұсынсын. 32 Жұқпалы тері ауруымен ауырған және өзі үшін тазару рәсімін құрбандыққа мал шалып жасауға жағдайы көтермейтін адамға арналған ережелер осындай. 33 Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тағы да нұсқау беріп былай деді: 34 — Сендер Мен өздеріңе иемденуге беріп отырған Қанахан еліне кіріп, қоныстанғаннан кейін сондағы бір үйге Менің зеңнің жайылуына жол бергенімді көрсеңдер, 35 онда үйдің иесі діни қызметкерге барып: «Маған үйім зеңнен көгере бастағандай болып көрінеді», — десін. 36 Діни қызметкер үйдегі барлық нәрселерді арамданған деп жариялауына тура келмес үшін өзі сол үйге бармай тұрып: «Ішіндегінің бәрін шығарып, үйді босатып қойыңдар!» — деп үй иесіне бұйырсын. Содан соң діни қызметкер үйге кіріп, оны қарап шықсын. 37 Қабырғаларды жайлай бастаған көгеруді қарасын. Егер оның түсі жасыл немесе қызыл болып, сол дөңгелек дақтар қабырғаның бетінен ойық орналасқандай көрінсе, 38 онда діни қызметкер үйден шығып, оны жеті күнге жауып тастасын. 39 Жетінші күні ол үйді қайтадан қарап шықсын. Егер көгеру қабырғаларға жайыла түскен болса, 40 діни қызметкер көгеру жайлаған тастарды алдырып, қаланың сыртындағы (қоқыс тасталатын) арам орынға апарып тастауға бұйырсын. 41 Ол үйдің барлық ішкі қабырғаларын қырып-тазалауға да нұсқау берсін. Қырылып алынған қоқыс та қала сыртындағы арам орынға апарылып тасталсын. 42 Адамдар алынып тасталған тастардың орнына басқа тастарды қалап, саз балшықтан жасалған жаңа сылақпен үйдің ішін майлап шықсын. 43 Егер тастар алынып, қабырғалар қырып-тазаланып, жаңадан сыланғаннан кейін де көгеру қайтадан пайда болса, 44 діни қызметкер сол үйге қайтып барып, оны қарап шықсын. Егер көгеру үйдің ішін тағы да жайлай бастаған болса, бұл — кетіруге болмайтын өте зиянды зең, демек, үй арамданған. 45 Ондай үйді бұзып тастау керек. Оның барлық тастарын, бөренелері мен сылағын қаладан шығарып, арам орынға апарып тастау керек. 46 Ал діни қызметкер жеті күнге жауып тастаған үйге кірген әркім кешке дейін арамданған болады. 47 Сондай үйде ұйықтаған не тамақтанған әркім киімдерін жууы керек. 48 Егер діни қызметкер үйді қарауға келіп, жаңа сылақ жағылғаннан бері көгерудің жайылмағанын көрсе, ол сол үйді таза деп жарияласын. Себебі бұл көгерудің жоғалып кеткенін білдіреді. 49 Діни қызметкер сол үйге тазару рәсімін жасау үшін екі құсты, біраз самырсын ағашын, қырмызы жіп пен сайсағыз бұтақшасын алсын. 50 Құстың бірін таза су құйылған қыш құмыраның үстінде шалып, қанын соған ағызсын. 51 Діни қызметкер самырсын ағашын, сайсағыз бұтақшасын, қырмызы жіпті және тірі құсты шалынған екінші құстың қаны араластырылған суға малып алсын. Содан кейін ол қан аралас суды үйге қарай жеті рет бүріксін. Осылайша ол сол үйге тазару рәсімін жасайды. 53 Ал тірі құсты қала сыртында далаға босатып жіберсін. Сонымен діни қызметкер үйді арамданған күйінен тазартып, ол таза болады. 54 Кез келген алапес іспетті жұқпалы тері ауруы мен қотырға, 55 әрі киімнің не үйдің көгеруіне, 56 ісік, бөртпе, ақтаңдаққа бір нәрсенің таза не арамданған екенін белгілеуге арналған ережелер осылар. Жұқпалы тері аурулары мен көгеру туралы заң, міне, осы.
1 Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тағы нұсқау беріп былай деді: 2 — Исраил халқына мынаны айтыңдар: егер біреудің денесінен ірің бөлінетін болса, сол адам таза емес болып саналады. 3 Ірің не ағып жүрген, не іркіліп тоқтап қалған екі жағдайда да адамды арамдайды. 4 Денесінен ірің ағатын адамның жатқан төсегі әрі ол отырған нәрселердің бәрі арамданады. 5 Оның төсегімен жанасып кеткен әркім киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады. 6 Денесінен ірің ағатын адамның отырып кеткен жеріне отырған басқа адам да киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады. 7 Егер біреу ірің ағып жүрген адамның денесімен жанасып кетсе, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады. 8 Егер денесінен ірің ағатын адамның түкірігі таза біреуге шашырап кетсе, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады. 9 Денесінен ірің ағатын адам отырған аттың ері де арамданады. 10 Оның отырған кез келген нәрсесімен жанасқан немесе соны көтерген әркім киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады. 11 Денесінен ірің ағатын адам қолын жумай біреуге қолын тигізетін болса, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады. 12 Денесінен ірің ағатын адам ұстаған әр қыш ыдысты сындырып тастау керек. Ал егер ол ағаш ыдыс болса, сумен жуылып-шайылсын. 13 Сол адам ірің ағудан сауығып кеткенде, өзінің тазаруы үшін жеті күнді санасын. Сол кезең өткеннен кейін адам киімдерін жуып, өзі ағынды сумен жуынсын. Содан кейін ол таза болып саналады. 14 Сегізінші күні ол екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді алып, кездесу шатырының кіреберісіне Жаратқан Иенің алдына келіп, құстарды діни қызметкерге табыстасын. 15 Діни қызметкер олардың біреуін күнәнің құнын өтейтін, екіншісін түгелдей өртелетін құрбандықтар ретінде шалсын. Осылайша ол Жаратқан Иенің алдында сол адамды денесінен ірің аққандықтан болған арам күйінен тазартады. 16 Егер ер адамның шәуеті ағып кетсе, ол денесін түгелдей сумен жусын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады. 17 Оның шәуеті тамған әрбір киім мен былғары бұйымды сумен жуу керек. Сол киім не бұйым кешке дейін арамданған болады. 18 Еркек әйелмен жақындасып, шәуеті ағып кетсе, екеуі де сумен жуынуға тиіс. Олар кешке дейін таза емес болып саналады. 19 Егер әйелдің әдеттегідей айлық етеккірі келіп жүрген болса, оның таза емес деп саналатын уақыты жеті күнге созылады. Сол кезде онымен жанасқан әр адам кешке дейін таза емес болып саналады. 20 Етеккірі келіп жүрген әйел жатқан әрі отырған нәрселердің бәрі де арам болып саналады. 21 Сондай әйелдің төсегімен жанасқан әркім киімдерін жуып, өзі де суға түсіп шомылсын. Ол кешке дейін таза емес болып саналады. 22 Әйелдің отырған нәрселерімен жанасқан әркім киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Ол кешке дейін таза емес болып саналады. 23 Әйелдің жатқан төсегінің не отырған бұйымының үстіндегі кез келген нәрсесімен жанасқан әркім кешке дейін таза емес болып саналады. 24 Егер ер адам әйелімен бір төсекте жатып, оның етеккірі бұған жұғып қалса, онда сол адам жеті күн бойы таза емес болып саналады. Ол жатқан әрбір төсек те арамданған болады. 25 Егер әйелдің етеккірі әдеттен тыс басталып, көпке созылса немесе етеккірі әдеттегіден ұзақ уақытқа созылса, онда әйел сол кезең бойы таза емес болып саналады. 26 Сол аралықта әйел жатқан әр төсек не отырған әр нәрсе оның әдеттегі келетін етеккірімен арамданған төсегі не отырған нәрселері сияқты арам болып саналады. 27 Осы нәрселермен жанасқан әркім таза емес болып саналады. Ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Адам кешке дейін таза емес болып саналады. 28 Әйел етеккірі тоқтағанда жеті күнді санасын. Сол кезең өткеннен кейін ол таза болып саналады. 29 Сегізінші күні әйел екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді алып, кездесу шатырының кіреберісіндегі діни қызметкерге апарсын. 30 Діни қызметкер екі құстың біреуін күнәнің құнын өтейтін, екіншісін өртелетін құрбандықтар ретінде шалсын. Осылайша діни қызметкер сол әйелді етеккірінен болған таза емес күйінен тазартады. 31 Осылайша сендердің Исраил халқын өздерін арамдайтын нәрселерден бөлек ұстауларың қажет. Әйтпесе олар араларыңдағы Менің киелі шатырымды арамдап, соның кесірінен өледі. 32 Денесінен ірің не шәует ағып кеткендіктен таза емес еркектерге 33 және етеккірі келіп жүрген әйелдерге, денесінен түрлі сұйықтық ағатын еркек не әйелге және таза емес болған әйелімен бір төсекте жатқан ер адамға арналған заң, міне, осы.
1 Һаронның екі ұлы Жаратқан Иенің алдына оттың (Ол бұйырмаған бөтен түрін алып) келіп, өлгеннен кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып 2 былай деді: — Ағаң Һаронға мынаны ескерт: Һаронның шымылдықтың арт жағындағы ең қасиетті бөлменің ішіне және онда орналасқан Келісім сандығының үстіндегі қақпақтың алдына өзі қалаған кезінде келуіне болмайды. Әйтпесе ол өледі. Өйткені күнәнің арамдығынан тазару рәсімі орындалатын сол қақпақтың үстіндегі бұлт ішінде Мен боламын. 3 Һарон киелі орынға кіргенде күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір жас бұқаны және шалынып, түгелдей өртелетін құрбандыққа бір қошқарды әкелсін. 4 Һарон бедерлі бәтестен тігілген арнайы ұзын көйлегін және тәнін жабатын бәтес шалбарын киіп алсын. Содан соң ол бәтестен тоқылған жалпақ белбеумен белін буып, басына бәтес сәлдесін орап алсын. Бұлар (Өзіме киелі орында қызмет көрсеткенде ғана киіп жүруге болатын) киелі киімдер. Һарон оларды киместен бұрын денесін сумен жуып тазарсын. 5 Һарон Исраил халқының қауымынан күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа екі текені және түгелдей өртелетін құрбандыққа бір қошқарды қабылдасын. 6 Һарон жас бұқаны өзінің күнәларының құнын өтейтін құрбандық ретінде ұсынсын. Осы арқылы ол өзін және отбасын күнәларына бола арамданған күйлерінен тазартады. 7 Содан соң ол екі текені кездесу шатырының кіреберісінде Жаратқан Иенің алдына тұрғызып қойсын. 8 Һарон екі текенің қайсысы Жаратқан Иеге бағышталатынын, қайсысы халықтың күнәларын мойнына артып шалғай құла түзге айдалып тасталатынын жеребе тастап анықтасын. 9 Жеребе түсіп, Жаратқан Иеге бағышталған текені Һарон күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде шалып, ұсынсын. 10 Ал жеребе бойынша күнәні мойнына артып әкетуге бағышталған теке тірідей Жаратқан Иенің алдына әкелініп, ұсынылады. Осы теке елсіз иен далаға айдалып тасталғанда халықтың күнәларының арамдығын өзімен бірге алып кетеді. 11 Һарон әлгі жас бұқаны өзінің күнәсінің құнын өтейтін құрбандық ретінде алып келіп шалсын. Сонда Һарон және оның отбасы күнәларына бола арамданған күйлерінен тазартылады. 12 Бұдан кейін Һарон Жаратқан Иенің алдындағы түтету үстелінен қызып тұрған көмір шоғына толы табаны және майда етіп тартылған екі уыс хош иісті затты алып, солармен ішкі шымылдықтың арғы жағына өтіп барсын. 13 Һарон сол жерде, Жаратқан Иенің алдында хош иісті затты табаға салсын. Соның бұлт тәрізді хош иісті түтіні Келісім сандығының үстіндегі қақпақты тұмшалап көзден тасалайды. Осылайша Һарон өлмей тірі қалады. 14 Һарон жас бұқаның қанының біразын саусағымен осы қақпақтың шығыс жағына бүріксін. Мұнан кейін ол саусағымен жеті рет қақпақтың алдына да біраз қанды бүркіп шашсын. 15 Содан соң Һарон халықтың күнәларының құнын өтейтін құрбандыққа арналған текені де шалсын. Оның қанын ішкі шымылдықтың арғы жағына алып барып, құрбандыққа шалған жас бұқаның қанымен не істеген болса, текенің қанымен де соны істесін: оны сол қақпақтың үстіне және оның алдына бүркіп шашсын. 16 Осылайша Һарон ең қасиетті бөлмені оның арамданған күйінен тазартсын. Ең қасиетті бөлме Исраил халқының Жаратқан Иеге мойынсұнбағандықтан жасаған барлық күнәларының кесірінен арамданған болатын. Исраилдіктердің арасында тігіліп қойылған, дәл солай арамданған бүкіл кездесу шатырын да Һарон осы сияқты тазартсын. 17 Һарон ең қасиетті бөлмеге кірген мезгілден бастап, оған тазарту рәсімін жасап аяқтап шыққанға дейін басқа ешбір адам кездесу шатырында болмауға тиіс. Осылай Һарон өзін, отбасын және бүкіл Исраил қауымын арамданған күйінен тазартады. 18 Содан соң Һарон кездесу шатырынан шығып, Жаратқан Иенің алдындағы құрбандық үстеліне барып, оны да арамданған күйінен тазартсын. Сол үшін ол бұқа мен текенің қанынан алып, құрбандық үстелінің барлық төрт бұрышындағы мүйіз тәрізді шошақтарына жақсын. 19 Һарон саусағын тағы да қанға малып алып, оны құрбандық үстеліне жеті рет бүркіп шашсын. Осылайша құрбандық үстелін исраилдіктердің күнәларының кесірінен арамданған күйінен тазартып, оны қайтадан Жаратқан Иеге бағыштап киелі қалпына келтіреді. 20 Һарон ең қасиетті бөлмеге, бүкіл кездесу шатырына және құрбандық үстеліне оларды арамданған күйінен тазарту рәсімін орындап болған соң, тірі текені алға шығарсын. 21 Содан Һарон текенің басына қолдарын қойып, исраилдіктердің күллі теріс қылықтарын, олардың Жаратқан Иеге мойынсұнбай жасаған күнәларының барлығын да мойындап, осы текенің басына артсын. Содан соң текені арнайы дайын тұрған адамға тапсырып, ол соны елсіз иен далаға айдап апарсын. 22 Адам текені иен далада босатып жібергеннен кейін, теке халықтың барлық теріс қылықтарын шалғайдағы құла түзге алып кетеді. 23 Содан соң Һарон қайтадан кездесу шатырына кірсін де, ең қасиетті бөлмеге барар алдында киіп алған арнайы бәтес киімдерін шешіп, сол жерде қалдырсын. 24 Ол киелі орында бүкіл денесін сумен жуып, өзге арнайы киімдерін киіп, шықсын. Мұнан кейін өзінің және бүкіл халықтың әкелген құрбандықтарын шалып, (құрбандық үстелінде) түгелдей өртеп ұсынсын. Осы арқылы Һарон өзін және бүкіл халықты арамданған күйлерінен тазартсын. 25 Һарон күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалынған малдардың майларын да құрбандық үстелінде түтетіп өртеп ұсынсын. 26 Ал (халықтың күнәлары артылған) текені елсіз иен далада босатып жіберген адам қайта оралғанда үстіндегі киімдерін жуып, денесін де сумен жусын. Содан кейін оған ел қонысына кіруге болады. 27 Күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде шалынып, қандарын Һарон халықты арамданған күйінен тазарту үшін ең қасиетті бөлмеге апарған жас бұқа мен текеге келсек, олардың денелерін ел қонысының сыртына шығарып, сол жерде терілерін, еттерін және ішек-қарындарын жынымен қоса өртеп жіберу керек. 28 Соларды өртеген адам үстіндегі киімдерін жуып, денесін де сумен жусын. Содан кейін ғана оның ел қонысына қайтып кіруіне болады. 29 Мынау сендерге арналған тұрақты ереже: жетінші айдың оныншы күні Жаратқан Иеге ерекше бой ұсынып (ораза тұтып) еш жұмыс істемеңдер! Бұл тумысынан исраилдік болғандарға ғана емес, сондай-ақ, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтарға да қатысты. 30 Себебі сол күні сендер үшін күнәнің арамдығынан тазарту рәсімі жасалып тазарасыңдар. Соның арқасында сендер Жаратқан Иенің алдында барлық күнәларыңнан пәк таза болып тұрасыңдар. 31 Сол күн сендер түгелдей тынығатын демалыс күні болсын. Сендер Жаратқан Иеге ерекше бой ұсынып ораза ұстаңдар! Бұл — тұрақты ереже. 32 Болашақта әкесінен кейін тағайындалып, орнын басқан (бас) діни қызметкер де халықты арамданған күйінен тазарту рәсімін (жыл сайын) дәл солай орындалуы керек. Сонда ол (бас) діни қызметкердің бәтестен тігілген арнайы киімдерін киіп алып, 33 ең қасиетті бөлмені, бүкіл кездесу шатыры мен құрбандық үстелін, сондай-ақ, діни қызметкерлер мен бүкіл қауымды арамданған күйінен тазарту рәсімін орындасын. 34 Бұл сендерге арналған тұрақты ереже болады: жылына бір рет Исраил халқының барлық күнәларына бола оларды арамданған күйінен тазарту рәсімін орындаңдар! Мұса бәрін де Жаратқан Ие өзіне айтқандай істеді.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды: 2 — Һарон мен оның ұлдарына және барлық исраилдіктерге мынаны айт: Жаратқан Иенің бұйрығы мынау: 3 егер Исраил халқынан біреу не мүйізді ірі қарасын, не тоқтысын, не ешкісін ел қонысының ішінде немесе оның сыртында шалып, 4 ал оны кездесу шатырының кіреберісіне алып келіп, Жаратқан Иеге арнап Оның (жер бетіндегі) тұрағының алдында құрбандыққа ұсынбаса, малдың қаны сол адамның өз мойнына жүктеледі. Адам қан төккен болып есептелінеді, оны халықтан аластату қажет. 5 Бұның мақсаты — исраилдіктердің бұрын ашық далада шалып келген құрбандықтарын бұдан былай Жаратқан Иеге әкелулері. Олар құрбандықтарын кездесу шатырының кіреберісіндегі діни қызметкерге алып келіп, оларды Жаратқан Иемен қарым-қатынастарына ризашылықтарын білдіріп құрбандыққа шалып, Оған ұсынсын. 6 Діни қызметкер құрбандықтың қанын кездесу шатырының кіреберісінің алдында тұрған Жаратқан Иенің құрбандық үстеліне шашып, майларын Жаратқан Иеге хош иісті де ұнамды тарту ретінде өртеп жіберсін. 7 Олар бұдан былай Жаратқан Иеге опасыздық жасап, теке кейпіндегі жалған тәңірлерге құлшылық етпесін, әрі соларға ешбір құрбандықтарын ұсынбасын! Бұл — олардың өздері үшін де, келер ұрпақтары үшін де тұрақты ереже. 8 Оларға былай де: егер не Исраилдің үрім-бұтағынан біреу болсын, не араларында тұрып жатқан жат жұрттық адам болсын, шалынып, түгелдей өртелетін немесе басқа бір құрбандық ұсынса, 9 бірақ онысын Жаратқан Иеге ұсыну үшін кездесу шатырының кіреберісіне алып келмесе, сол адам халықтың арасынан аластатылсын! 10 Егер не Исраилдің үрім-бұтағынан біреу, не араларында тұрып жатқан жат жұрттықтардан біреу қанның кез келген түрін ішіп-жейтін болса, Мен сондай адамға қарсы шығып, оны халықтың арасынан аластатамын. 11 Себебі тірі мақұлықтың жаны оның қанында. Мен сендерге жандарыңды арамданған күйлерінен тазарту үшін құрбандық үстелінде ұсынылған қанды бұйырдым. Өйткені төгілген қан арқылы жанның құны өтеліп, оны арамданған күйінен тазартады. 12 Сондықтан Мен Исраил халқына былай дедім: «Сендердің ешқайсыларыңның да араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтардың да қанды ішіп-жеулеріңе болмайды!» 13 Не исраилдік, не араларыңда тұрып жатқан жат жұрттық біреу жеуге болатын аңды не құсты ауласа, соның қанын толық ағызып, топырақпен көміп тастаңдар! 14 Әрбір мақұлықтың жаны оның қанында. Сол себепті Мен исраилдіктерге ешқандай тәннің қанын ішіп-жемеуді бұйырдым. Өйткені барлық мақұлықтардың жаны қанында. Сол себепті оны ішіп-жеген әркім аластатылуға тиіс. 15 Кімде-кім, не исраилдік болсын, не жат жұрттық болсын, арам өлген немесе жыртқыш аңдарға таланып өлген хайуанның етін жесе, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін арамданған, ал содан соң таза болып саналады. 16 Ал егер киімдерін жумай, өзі де жуынбаса, оның айыбы өз мойнында болады.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді: 2 — Исраилдіктерге Менің мына сөздерімді жеткіз: Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. 3 Сендер бұрын қоныстанған Мысырдың адамдарындай істемеңдер! Мен сендерді жетелеп бара жатқан Қанахан елінің адамдарындай да әрекет етпеңдер, әрі олардың (азғын) ережелеріне сәйкес ештеңе істемеңдер! 4 Сендер Менің шешімдерімді орындап, ережелерімді сақтауларың керек. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. 5 Сонымен Менің ережелерім мен шешімдерімді ұстаныңдар! Оларды бұлжытпай орындайтын адам солар арқылы өмір сүреді. Мен Жаратқан Иемін. 6 Ешкім өзінің қандас туысымен жақындасып абыройын ашпасын! Мен Жаратқан Иемін. 7 Әкең мен шешеңнің абыройын төгіп шешеңмен жақындаспа! Ол өз анаң ғой, оның абыройын ашпа! 8 Әкеңнің өзге әйелімен де жақындаспа! Бұл әкеңнің де абыройын ашқаның. 9 Өзіңнің бірге туған әпке-қарындасыңның немесе өзіңмен жартылай қандас не әкеңнің, не шешеңнің қызымен де жақындаспа! Ол сенімен бірге туып-өсті ме, жоқ па, бәрібір, оның абыройын төкпе! 10 Ұлыңның не қызыңның қызымен жақындаспа! Бұл өзіңнің де абыройыңды ашқаның. 11 Әкеңнің басқа әйелінен туған қызымен де жақындаспа! Ол сенің әпке-қарындасың ғой. 12 Әкеңнің әпке-қарындасымен де жақындаспа! Ол әкеңнің қандас туысы ғой. 13 Шешеңнің әпке-сіңлісімен жақындаспа! Ол шешеңнің қандас туысы ғой. 14 Әкеңнің аға-інісінің әйелімен жақындасып, немере аға-ініңнің абыройын төкпе! Сол әйел сенің туысқан жеңгең не келінің ғой. 15 Өз келініңмен де жақындаспа! Ол ұлыңның әйелі ғой, келініңнің абыройын ашпа! 16 Аға-ініңнің әйелімен жақындаспа! Бұл ағаңның не ініңнің абыройын ашқаның. 17 Бір әйелмен және оның қызымен немесе бір әйелмен және оның немере не жиен қызымен бірдей жақындаспа! Олар өзара қандас туыстар ғой. Бұл — жексұрын қылық. 18 Әйеліңнің туған әпке не сіңлісін алып, онымен әйеліңнің көзі тірісінде жақындаспа! Бұдан сол екеуі күндес болар еді. 19 Әйелдің айлық етеккірі келіп жүрген кезінде онымен жақындаспа! 20 Басқа біреудің әйелімен еш жақындасып, өзіңді арамдама! 21 Ұрпақтарыңды (жалған тәңір) Молохқа құрбан етіп Құдайыңды қорлама! Мен Жаратқан Иемін. 22 Еркекті әйелдей көріп онымен жақындаспа! Бұл — жексұрын қылық. 23 Жануармен жақындасып, өзіңді арамдама! Әйел де жақындасу мақсатымен өзін жануарға ұсынбасын. Бұл — нағыз азғындық. 24 Осындай қылықтармен өздеріңді еш арамдамаңдар! Мен алдарыңнан қуып шыққалы тұрған халықтар дәл осындай қылықтардың кесірінен өздерін арамдады. 25 Олардың жексұрын қылықтарынан елдің өзі де арамданып кетті. Мен оның айыбына назар аударып, сол себептен енді елдің өзі тұрғындарын құсып шығарып тастайды. 26 Ал сендер Менің ережелерім мен шешімдерімді орындауларың керек. Тумысынан исраилдік өздерің де, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар да осындай жексұрын қылықтарды жасамасын! 27 Себебі осындай жексұрындықтардың барлығын елде өздеріңнен бұрын тұрған халықтар істейтін еді, содан да жер арамданып кетті. 28 Егер енді сендер елді арамдайтын болсаңдар, онда ел сендерді де бұрынғы халықтар сияқты құсып шығарып тастайтын болады. 29 Ал егер біреу осы жексұрын қылықтардың кез келгенін істесе, сондай адам халық арасынан аластатылсын! 30 Сондықтан да Менің бұйрықтарымды сақтап орындаңдар! Өздерің елге келмей тұрып сонда тараған жексұрын салт-дәстүрлерді ұстанбаңдар! Соларды істеп өздеріңді арамдамаңдар! Мен сендердің Құдайларың — Жаратқан Иемін.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 2 — Исраил халқының бүкіл қауымына мынаны жеткіз: Мен, сендердің Құдайларың Жаратқан Ие, киелімін, сондықтан сендер де Өзіме бағышталып киелі болыңдар! 3 Әрқайсың өз әке-шешелеріңді терең қастерлеңдер! Мен белгілеген демалыс күндерімді сақтаңдар! Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. 4 Жалған тәңірлерге бет бұрмаңдар! Олардың мүсіндерін жасап алмаңдар! Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. 5 Сендер Менің Өзіммен — Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін құрбандық шалған кезде Мен соларыңды ізгілікпен қабылдайтындай етіп шалыңдар! 6 Құрбандықтың етін оны шалған күні немесе ертеңіне жеңдер. Үшінші күнге артылып қалғанының барлығын өртеп жіберулерің керек. 7 Егер сол еттен үшінші күні де желінсе, ол арамданып, жиренішті болады. Мұндай құрбандық қабыл болмайды. 8 Одан үшінші күні жеген адамның Жаратқан Иеге бағышталған киелі нәрсені қор қылғаны. Ондай адам өз айыбын өзі көтереді, ол халқының арасынан аластатылсын! 9 Егістік жеріңнің өнімін жинаған кезде оның шет жағын ормай қалдыра сал, әрі жерге түскен масақтарды қайтып келіп жинамай-ақ қой! 10 Жүзімдігіңдегі қалып қойған не түсіп қалған жүзім шоқтарын да жинама. Оларды жарлылар мен жат жұрттықтарға қалдыр. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. 11 Ұрлық жасама! Өтірік айтпа! Бір-біріңді алдамаңдар! 12 Менің атыммен өтірік ант беріп, Құдайларыңның есімін қорламаңдар! Мен Жаратқан Иемін. 13 Басқа кісіге жәбір көрсетпе, оның мүлкін тонама! Жалдаған адамыңның жалақысын тиесілі күні қолма-қол бер, оны ертеңге дейін күттіріп қойма. 14 Саңырауды қарғама, соқырдың алдына сүріндіретін бөгет тастама. Құдайыңды терең қастерлейтініңді осылай көрсет. Мен Жаратқан Иемін. 15 Сотта әділдікті бұрмалама! Не кедейге орынсыз жеңілдік жасамай, не байға орынсыз құрмет көрсетпей, адамдарды соттағанда әділ бол! 16 Жұрттың арасында өсек-аяң таратушы болма. Басқа адамның өміріне қауіп төндіре алатын еш нәрсе істеме. Мен Жаратқан Иемін. 17 Жақыныңа өкпелеп, мұныңды көңіліңе сақтама! Оған қатесін ашық айт, әйтпесе оның кінәсіне ортақ боласың. 18 Кек алушы болма, басқаға реніш сақтама! Керісінше, өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй! Мен Жаратқан Иемін. 19 Менің ережелерімді сақтап орындайтын болыңдар! Екі түрлі жануарды бір-бірімен шағылыстырмаңдар. Егістік жерге бір мезгілде екі түрлі тұқым сеппеңдер. Екі түрлі жіптен тоқылған матадан тігілген киім кимеңдер. 20 Егер ер адам басқа біреуге айттырылған күңмен жақындасқан болса, ал сол қыздың құны әлі төленбеген, оған бас бостандығы әлі берілмеген болса, онда сол адам лайықты жазасын тартсын. Бірақ оларды өлімге кесуге болмайды, себебі қыз әлі азат етілмеген. 21 Алайда сол адам кездесу шатырының кіреберісіне Жаратқан Иеге арнап айыпты өтеу құрбандығына бір қошқарды алып келсін. 22 Діни қызметкер жаңағы қошқарды айыпты өтеу құрбандығына шалсын. Осылай ол Жаратқан Иенің алдында сол ер адамды күнәсіне бола арамданған күйінен тазартады. Сонда оның күнәсі кешіріледі. 23 Қанахан еліне келіп қоныстанғаннан кейін түрлі жеміс ағаштарын отырғызсаңдар, содан кейінгі үш жыл бойы олардың жемістерін жинамаңдар! Үш жыл бойы жемістерін тыйым салынған деп санап, жемеңдер! 24 Төртінші жылы сол ағаштардың жемістерін түгелдей Жаратқан Иеге мадақтау тартуы ретінде бағыштаңдар! 25 Ал бесінші жылы олардың жемістерін жей берулеріңе болады. Осылай ететін болсаңдар, өнімдерің мол болады. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. 26 Қаны ағызылып тасталмаған етті жемеңдер! Сәуегейлікпен және сиқыршылықпен айналыспаңдар! 27 Өлгенді аза тұтып самай шашын қырып, сақал шеттерін қырықпаңдар, 28 әрі денелеріңнің терісін тілгілеп жарақаттап, инемен таңба да салмаңдар! Мен Жаратқан Иемін. 29 Қызыңды жезөкшелікке салып, арамдама! Әйтпесе жезөкшелік бүкіл елге жайылып, ел азғындыққа толады. 30 Менің белгілеген демалыс күндерімді сақтап, киелі орнымды терең қастерлеңдер. Мен Жаратқан Иемін. 31 Аруақ шақырушыға, бақсы-балгерлер мен сәуегейлерге жүгінбеңдер! Бұларыңмен өздеріңді арамдағандарың. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. 32 Жасы үлкен адамды сыйлап орныңнан тұрып Құдайыңды терең қастерле. Мен Жаратқан Иемін. 33 Еліңде тұрып жатқан жат жұрттыққа жәбір көрсетпе. 34 Еліңде тұрып жатқан жат жұрттыққа өз адамыңдай қара. Өзіңді қалай сүйсең, оны да солай сүй! Өздерің де Мысырда жат жұрттық болдыңдар ғой. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. 35 Ұзындық, салмақ, көлем өлшегенде әділетсіздік жасамаңдар! 36 Барлық таразыларың, кір тастарың және көлем өлшейтін ыдыстарың дұрыс болу керек. Мен сендерді Мысырдан алып шыққан Құдайларың Жаратқан Иемін. 37 Менің барлық ережелерім мен шешімдерімді сақтап орындаңдар. Мен Жаратқан Иемін.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды: 2 — Исраил халқына мынаны айт: Егер исраилдік не жат жұрттық біреу өз ұрпағын (жалған тәңір) Молохқа құрбан етсе, сондай адамды өлімге кесу керек. Сол жердің халқы оны таспен атқылап өлтірсін. 3 Мен Өзім сондай адамға қарсы шығып, оны халықтан аластатамын. Себебі өз баласын Молохқа құрбан ету арқылы ол Менің киелі орнымды арамдап, киелі есімімді қорлады. 4 Егер біреу баласын Молохқа құрбан еткенмен сол жердің халқы онысын көрмегенсіп, оған өлім жазасын тартқызбаса, 5 онда Мен сол адамның өзіне де, оның бүкіл әулетіне де қарсы шығамын. Мен олардың өздерін де, оларға еріп Молохқа табынулары арқылы Маған опасыздық жасаған басқаларды да халықтың арасынан аластатамын. 6 Аруақтарға және аруақ шақырушыларға жүгініп, Маған опасыздық жасағандарға да Мен қарсы шығып, оларды халықтың арасынан аластатамын. 7 Сонымен өздеріңді Маған толығымен бағыштап киелі болыңдар! Себебі Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. 8 Менің ережелерімді сақтап орындайтын болыңдар. Мен сендерді Өзіме бағыштап киелі ететін Жаратқан Иемін. 9 Егер біреу әкесін не шешесін жамандайтын болса, ол өлтірілсін! Сол адам әке-шешесін жамандағандықтан, оның төгілген қаны өзінің мойнында. 10 Егер ер адам басқа біреудің әйелімен жақындасса, сол еркек те, әйел де өлтірілсін. 11 Егер біреу әкесінің әйелімен жақындасса, оның өз әкесінің абыройын төккені. Сол еркек пен әйел өлтірілсін! Төгілген қандары олардың өз мойындарында. 12 Егер біреу өз келінімен жақындасса, солардың екеуі де өлтірілсін! Олардың істегендері — жексұрындық. Төгілген қандары олардың өз мойындарында. 13 Егер ер адам басқа еркекпен әйел іспетті жақындасса, бұлардың жасағандары — жексұрындық. Олар өлтірілсін. Төгілген қандары олардың өз мойындарында. 14 Егер ер адам бір әйелмен және оның шешесімен жақындасса, бұл — зұлымдық. Араларыңда ешбір зұлымдық болмауы үшін оның өзін де, екі әйелін де өртеп құрту керек. 15 Егер ер адам жануармен жақындасса, онда ол өлтірілсін. Сол жануарды да құртыңдар. 16 Егер әйел адам бір жануармен жыныстық жақындасу мақсатымен әрекет жасаса, әйелдің өзі де, жануар да өлтірілсін. Төгілген қандары олардың өз мойындарында. 17 Егер ер адам өз қарындасымен не әпкесімен жақындасып, бір-бірінің жалаңаш тәндерін көретін болса, тіпті ол әкесінің не шешесінің қызы (яғни өзімен тек жартылай ғана қандас) болсын, бәрібір, бұл — масқара. Оларды халықтың көзінше құрту керек. Адам өзінің туған қарындасының не әпкесінің абыройын төккендіктен оның айыбы өз мойнында. 18 Егер ер адам әйелмен оның айлық етеккірі келіп жүрген кезінде жақындасса, ол әйелдің етеккірінің көзін жалаңаштап, әйелдің өзі де оны ашты. Бұлардың екеуін де халықтың арасынан аластату керек. 19 Шешеңнің әпке-сіңлісімен не әкеңнің әпке-қарындасымен еш жақындаспа! Бұл — қандас туысыңның абыройын төккенің. Екеуіңнің айыптарың өз мойындарыңда болады. 20 Егер ер адам әкесінің бірге туған аға-інісінің әйелімен жақындасса, бұл әкесінің аға-інісінің абыройын төккені. Еркек пен әйелдің екеуінің де айыптары өз мойындарында болады. Олар өле-өлгенше бала көрмей өтеді. 21 Егер біреу өз ағасы не інісінің әйеліне үйленсе, бұл — әдепсіздік әрі оның туған бауырының абыройын ашқаны. Күнәкар болған екеуі де бала көрмей өтеді. 22 Сонымен барлық ережелерім мен шешімдерімді сақтап орындаңдар! Сонда Мен өздеріңді қоныстандыруға алып бара жатқан ел сендерді құсып шығарып тастамайды. 23 Мен сендердің алдарыңнан елден қуып шығарғалы тұрған халықтың салт-дәстүрлерін ұстанбаңдар! Сондай зұлымдықтарды істегендіктен, Мен олардан жиреніп кеттім. 24 Ал өздеріңе Мен мына тәрізді сөздерді айтқан едім: Сендер олардың жерін иемденетін боласыңдар. Мен ағы мен балы мол сол елді сендерге мұралық үлестерің етіп беріп отырмын. Мен өздеріңді басқа барлық халықтардан ажыратып қойған сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. 25 Сол себепті адал және арам хайуандар мен құстарды ажыратып алыңдар! Мен арам, таза емес деп бөлектеген кез келген хайуан, құс не бауырымен жорғалаушылармен өздеріңді арамдамаңдар! 26 Осылайша сендер Маған бағышталған киелі болуларың керек, себебі Мен, Жаратқан Ие, киелімін. Мен өздеріңді халықтардың арасынан өз халқым болуға ажыратып, бөлек қойдым. 27 Араларыңдағы аруақ шақырушы не сәуегейлікпен айналысушы әркім, еркек болсын, әйел болсын, міндетті түрде өлтірілсін! Оларды тас лақтырып өлтіру керек. Төгілген қандары олардың өз мойындарында.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: — Діни қызметті атқаратын Һаронның ұлдарына мынаны айт: Діни қызметкер халқының арасынан қайтыс болған ешкімнің мәйітіне жанасып, өзін арамдамасын. 2 Ал егер өзінің қандас туысқаны: әке-шешесі, ұл-қызы, бірге туған аға-інісі 3 немесе күйеуге шықпай оның қолында жүрген әпке-қарындасының біреуі қайтыс болса, соның мәйітіне жанасып, таза емес күйге түсуіне болады. 4 Бірақ ол қайын жұртынан біреу үшін таза емес күйге түсіп өзін арамдамасын. 5 Діни қызметкерлерге не шашын тақырлап алғызуға, не сақалының шеттерін қырқып қысқартуға, не денесінің терісін тілгілеп жарақаттап таңба салуларына да болмайды. 6 Олар Құдайға бағышталғандықтан, Оның есімін еш қорламасын! Жаратқан Иеге тамақ іспетті арналған тартуларды өртеу арқылы ұсынатындықтан, олар (іс-әрекеттерінде) қасиетті болулары керек. 7 Діни қызметкерлерге жеңіл жүріспен арамданған не күйеуімен ажырасқан әйелге үйленуге болмайды. Өйткені діни қызметкер өзінің Құдайына бағышталған. 8 Діни қызметкерлер сендер сиынатын Құдайға тамақ іспетті арналған тартуларды ұсынатындықтан, оларды Жаратқан Иеге бағышталған деп қастерлеңдер! Себебі сендерді Өзіме бағыштайтын Мен, Жаратқан Ие, киелімін. 9 Егер діни қызметкердің қызы жеңіл жүріспен өзін арамдаса, сонысымен әкесін де арамдағаны. Ондай қызды өртеп көзін құрту керек. 10 Бас діни қызметкер — діни қызметкерлердің арасынан таңдалып, май жағу рәсімі орындалып, арнайы киімді киюге тағайындалған адам. Сондықтан оған (аза тұтып не жалаң бас жүріп) шашын жайып жіберуге не көйлегінің өңірін айыра жыртуға болмайды. 11 Бас діни қызметкерге өлген адамның мәйітіне жақындауға болмайды. Тіпті өз әкесі не шешесі қайтыс болғанда да, оның арамданбауы үшін солардың мәйітіне жақындауына болмайды. 12 Бас діни қызметкердің (қабір басына бару үшін) Құдайдың киелі орнын тастап кетіп, оны арамдауына болмайды. Ол арнайы май жағу рәсімі арқылы Құдай Иесіне қызмет етуге тағайындалған. Мен Жаратқан Иемін. 13 Бас діни қызметкер пәк таза қызға ғана үйленуге тиіс. 14 Оған жесірге, күйеуімен ажырасқан, жеңіл жүріспен арамданған әйелге үйленуге болмайды, тек өз халқынан шыққан пәк таза қызға ғана үйленуіне болады. 15 Осылайша бас діни қызметкер халқының арасындағы өзінен тарайтын ұрпақтарын арамданудан сақтасын. Оны киелі ететін Мен Жаратқан Иемін. 16 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 17 — Һаронға мынаны айт: Болашақта өзіңнен тараған ұрпақтарыңның денесінде бір кемістігі бар адамы (киелі шатырға) жақындап келіп, Құдайға тамақ іспетті арналған тартуларды ұсынушы болмасын. 18 Бірде-бір кемтар жан Маған қызмет көрсету үшін жақындамасын: соқыр, ақсақ, қоянжырық ерінді не қол-аяғы дұрыс дамымаған мүгедек, 19 сондай-ақ, аяғы не қолы сынып майып болған, 20 бүкір не дене мүшесі семіп қалған, көзінің кемістігі бар, қотыр не теміреткісі бар немесе ұрық безі езілген ешкім де осы қызметті атқарушы болмасын. 21 Діни қызметкер Һароннан тараған бір ұрпағының сондай кемістігі бар болса, оның (киелі шатырға) жақындап келіп, Жаратқан Иеге бағышталған тартуларды өртеп ұсынуына болмайды. Кемтар болғандықтан оның Құдайға тамақ іспетті арналған тартуларды әкеліп ұсынуына болмайды. 22 Алайда оған Құдайға бағышталған киелі және ерекше киелі тамақтардан жеуіне болады. 23 Ал ол өзінің тәндік кемістігіне бола (киелі шатырдағы ішкі) шымылдыққа және құрбандық үстеліне жақындап Менің киелі орнымды арамдамасын. Соларды Өзіме толығымен бағыштап киелі еткен Мен Жаратқан Иемін. 24 Мұса осының бәрін Һарон мен оның ұлдарына және бүкіл Исраил халқына айтып берді.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды: 2 — Һарон мен оның ұлдарына мынаны жеткіз: Менің киелі есімімді қорламаулары үшін олар исраилдіктердің Маған бағыштайтын киелі тартуларына құрметпен қарайтын болсын! Мен Жаратқан Иемін. 3 Оларға тағы былай деп ескерт: Егер болашақта өздеріңнен тараған діни қызметкер арамданған күйінде исраилдіктердің Жаратқан Иеге бағыштаған киелі тартуларына жақындайтын болса, ондай адамды Менің алдымнан аластату керек. Мен Жаратқан Иемін. 4 Һаронның бір ұрпағы жұқпалы тері ауруымен ауыратын болса немесе бір аурудың себебінен денесінен ірің ағатын болса, онда оның содан тазармайынша киелі тартулардан жеуіне болмайды. Сондай-ақ, егер Һаронның ұрпағы не өлі денемен, не шәуеті ағып кеткен біреумен жанасу арқылы арамданған бір нәрсемен жанасса 5 немесе арамдайтын құжынаған жәндікпен не қандай ма себептен арамданған кісімен жанасса онда ол таза емес болып саналады. 6 Осындай нәрселермен жанасқан діни қызметкер кешке дейін таза емес болады. Кешке ол денесін сумен жусын. Бұған дейін оның киелі тартулардан жеуіне болмайды. 7 Тек күн батқан соң ғана ол таза болып, оның киелі тартулардан жеуіне болады. Себебі бұлар — оның үлесіне тиген тамақ. 8 Діни қызметкер арам өлген не жыртқыш аңдарға таланып өлген ешқандай хайуанның етін жемесін! Себебі бұл оны арамдайды. Мен Жаратқан Иемін. 9 Діни қызметкерлер Менің бұйрықтарымды орындаулары керек. Ал егер соларға немқұрайды қарап бұзатын болса, онда олар кінәлі болып, өлім құшады. Оларды Өзіме бағыштап киелі еткен Мен Жаратқан Иемін. 10 Діни қызметкердің отбасына жатпайтын кез келген адамға киелі тартулардан жеуге тыйым салынған. Ол діни қызметкердің не қонағы, не жалшысы болсын, бәрібір оның сол тартулардан жеуіне болмайды. 11 Ал діни қызметкердің өз ақшасына сатып алған немесе оның үй ішінде дүниеге келген басыбайлы қызметшісіне оның арнайы тамағынан жей беруіне болады. 12 Егер діни қызметкердің қызы діни қызметкерлер әулетінен шықпаған басқа біреуге күйеуге шықса, онда оның бұдан былай киелі тартулардан жеуіне болмайды. 13 Ал егер діни қызметкердің қызы жесір қалып не күйеуімен ажырасып, баласы болмай әкесінің үйіне қайтып келіп, жас кезіндегідей бірге тұратын болса, оған оның арнайы тамағынан жеуіне болады. Бірақ сырттан келген ешбір адамның одан жеуіне болмайды. 14 Ал егер қайсыбір адам киелі тартуды білмей жеп қойса, ол діни қызметкерге сол тартудың орнын толтырып, үстіне құнының бестен бір бөлігін қосып қайтарсын. 15 Діни қызметкерлер өзге исраилдіктердің Жаратқан Иеге бағыштаған киелі тартуларынан жеп, оларды арамдауларына жол бермесін! Әйтпесе әлгі адамдар кінәлі болып, солары үшін оның төлемін төлеуге тиіс болады. Сол тартуларды киелі ететін Мен Жаратқан Иемін. 17 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 18 — Һаронға, оның ұлдарына және бүкіл Исраил халқына мынаны айт: Егер кейбіреулерің, исраилдік болсын, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттық болсын, ант етілген немесе өз еркімен Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандық ұсынатын болса, 19 ол ешбір мінсіз бір бұқаны, қошқарды немесе текені алып келсін. Сонда ғана құрбандығы қабылданады. 20 Кемістігі бар еш малды Жаратқан Иеге ұсынбаңдар, әйтпесе оларың қабылданбайды. 21 Егер біреу берген антын орындау үшін немесе өз еркімен Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандық ұсыну үшін мүйізді ірі қара не ұсақ малынан алып келсе, Жаратқан Ие ондай малды ешбір мінсіз болса ғана мақұлдап қабылдайды. 22 Сондықтан мынадай малдарды: соқыр немесе бір мүшесі сынған, не тілік жарақаты, не сүйелі, не іріңді жарасы, не қышыма-қотыр, есекжем секілді ауруы бар малдарды шалып, құрбандық үстелінде Жаратқан Иеге түтетіп өртеп ұсынуға болмайды. 23 Ал егер өз еркіңмен Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалғың келсе, бір мүшесі нысаналы немесе дұрыс өспей қалған мүйізді ірі қара не ұсақ малды құрбандыққа шалуға болады. Бірақ сондай мал ант етілген құрбандық ретінде қабылданбайды. 24 Ұрық безі зақымданған, езілген, жұлынып қалған немесе кесіп тасталған малды Жаратқан Иеге құрбандыққа шалуға болмайды. Елдеріңде осылай еш істемеңдер! 25 Мұндай кемістігі бар малдарды Құдайға тамақ іспетті тарту ретінде ұсынуға жат жұрттықтан да қабылдап, алып келмеңдер! Олар кемістігі бар зақымданған мал болғандықтан, құрбандығың ретінде қабыл болмайды. 26 Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді: 27 — Жаңа туған бұзау, қозы не лақты анасынан жеті күн айырмаңдар. Сегізінші күннен бастап сол жас малды Жаратқан Иеге өртеу арқылы ұсынылатын құрбандық ретінде қабылдауға болады. 28 Сиырды бұзауымен немесе қойды қозысымен бір күнде соймаңдар! 29 Жаратқан Иеге шүкірлік құрбандығын шалғанда, оны қабылданатындай етіп ұсыныңдар. 30 Малдың етін сол күні жеп бітіріңдер, келесі күнгі таңға дейін ештеңесін қалдыруға болмайды. Мен Жаратқан Иемін. 31 Менің өсиеттеріме бағынып, оларды орындаңдар! Мен Жаратқан Иемін. 32 Менің киелі есімімді қорламаңдар! Исраилдіктер Менің киелі екенімді мойындап қастерлей берсін! Мен сендерді Өзіме бағыштап киелі ететін Жаратқан Иемін. 33 Сендерге Құдай болу үшін өздеріңді Мысыр елінен алып шықтым. Мен Жаратқан Иемін.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 2 — Исраил халқына мынаны айт: Менің тағайындаған мейрамдарым төмендегідей. Оларды Маған, Жаратқан Иеге, бағышталған жиналыс күндері деп жариялаңдар! 3 Аптаның алты күнінде еңбектеніп жұмыс істеулеріңе болады, ал жетінші күн — тынығатын демалыс және киелі жиналыс күні. Сол күні ешқандай жұмыс жасамаңдар! Барлық мекендеріңде бұл күн — Жаратқан Иеге бағышталған демалыс күні. 4 Ал (демалыс күнінен басқа) Жаратқан Иенің жиналуға тағайындаған киелі мейрамдары мыналар, оларды жыл сайын белгіленген уақытында өздерің жариялаңдар! 5 Жаратқан Иеге бағышталған Құтқарылу мейрамын бірінші айдың он төртінші күнінің кеш батқан кезінен бастаңдар. 6 Осы айдың он бесінші күні Жаратқан Иенің Ашымаған нан мейрамы басталады. Сол күннен бастап жеті күн бойы тек ашытқысыз пісірілген нан жеңдер! 7 Мейрамның бірінші күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Еңбектеніп жұмыс жасамаңдар! 8 Жеті күн бойы Жаратқан Иеге құрбандық-тартулар әкеліп, өртеп ұсыныңдар. Ал жетінші күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Еңбектеніп жұмыс жасамаңдар! 9 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деді: 10 Исраил халқына мынаны тапсыр: Мен өздеріңе табыстағалы отырған осы елге еніп, егін өнімін жинайтын кездеріңде жинаған алғашқы егіннің бірінші бауын діни қызметкерге алып келіңдер. 11 Жаратқан Ие оны мақұлдап қабылдау үшін діни қызметкер сол бауды Оның алдында демалыс күнінен кейінгі күні әрі-бері тербеп ұсынсын. 12 Бауды әрі-бері тербеп ұсынған күні мінсіз бір жасар тоқтыны түгелдей өртелетін құрбандық ретінде Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шалып, өртеп жіберіңдер. 13 Соған тиісті астық тартуы ретінде зәйтүн майымен араластырылған бір пұттың оннан екі бөлігіндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнын Жаратқан Иеге арналған хош иісті де ұнамды тарту ретінде өртеп жіберіңдер. Сұйық тарту ретінде бір шағын құмыра шарап ұсыныңдар. 14 Осы тартуларды Құдайыңның алдына алып келген күнге дейін (алғашқы өнімнен пісірілген) ешқандай нан, ешбір қуырылған не жаңадан піскен арпа жемеңдер! Бұл барлық мекендеріңде келер ұрпақтарыңа да тапсырылған тұрақты ереже болады. 15 — Сендер егіннің бірінші бауын әрі-бері тербеп ұсынған Құтқарылу мейрамынан бастап жеті апта мен бір күнді (яғни елу күнді) санап шығыңдар. 16 Осылай жетінші демалыс күні өтіп, елуінші күн басталғанда Жаратқан Иеге жаңа өнімнен астық тартуын алып келіңдер. 17 Тұрған мекендеріңнен алғашқы өнімнің әрі-бері тербеп ұсынылатын тартуы ретінде пұттың оннан екісіндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнынан ашытқы қосылып пісірілген екі бөлке нанды алып, Жаратқан Иеге ұсыныңдар. 18 Осы екі нанға қоса сендер (жамағат болып бірігіп) бір жасар, ешбір мінсіз жеті еркек тоқтыны, бір жас бұқаны және екі қошқарды алып келіңдер! Осының бәрі астық әрі сұйық тартуларымен қоса Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандық болады. Оның хош иісі Жаратқан Иеге ұнамды сый-тарту болады. 19 Содан соң күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде бір текені және Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандық ретінде бір жасар екі тоқтыны құрбандыққа шалыңдар. 20 Діни қызметкер сол екі тоқтыны алғашқы өнімнен дайындалған нанмен бірге Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынсын. Жаратқан Иеге бағышталған осы киелі тарту — діни қызметкерге тиесілі үлес. 21 Сендер халыққа дәл сол күнді Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс күні деп жариялап, еңбектеніп жұмыс істемеңдер! Бұл — барлық мекендеріңде өздеріңе және келер ұрпақтарыңа берілген тұрақты ереже. 22 Егістік жеріңнің өнімін жинаған кезде оның шет жағын ормай қалдыра сал, әрі жерге түскен масақтарды қайтып келіп жинамай-ақ қой. Оларды жарлылар мен жат жұрттықтарға қалдыр. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. 23 Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды: 24 — Исраил халқына мынаны жеткіз: жетінші айдың бірінші күні демалып, Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Мейрамның басталуын керней тартып жариялаңдар. 25 Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер, Жаратқан Иеге өртеу арқылы тарту ұсыныңдар. 26 Жаратқан Ие Мұсаға тағы тіл қатып былай деді: 27 — Жетінші айдың оныншы күні — халықты және кездесу шатырын күнәнің арамдығынан тазарту рәсімі жасалатын күн. Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер; Оған ерекше бойсұнып ораза ұстаңдар әрі өртеу арқылы тарту ұсыныңдар. 28 Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер! Себебі ол күн — күнәнің арамдығынан тазартылу күні. Сонда сендер Құдайларың — Жаратқан Иенің алдында күнәнің арамдығынан тазартыласыңдар. 29 Сол күні Құдайға ерекше бойсұнып ораза ұстамаған әрбір адам халқының арасынан аластатылсын. 30 Жаратқан Ие — Мен сол күні жұмыс істеген әркімді халқының арасынан құртамын. 31 Сонымен сол күні ешқандай жұмысты істемеңдер! Бұл барлық мекендеріңде өздеріңе және болашақ ұрпақтарыңа арналған тұрақты ереже болады. 32 Осы күн — өздерің толықтай тынығатын демалыс күні, онда Құдайға ерекше бойсұнып ораза ұстауларың керек. Жетінші айдың тоғызыншы күнінің кешінен бастап келесі күннің кешіне дейін осы демалыс күнін ұстануларың қажет. 33 Жаратқан Ие тағы да Мұсаға тіл қатып былай деді: 34 — Исраил халқына мынаны айт: жетінші айдың он бесінші күні Жаратқан Иеге арналған Күркелер мейрамы басталады; ол жеті күнге созылады. 35 Мейрамның бірінші күні — Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп ешқандай жұмыс істеулеріңе болмайды. 36 Жеті күн бойы Жаратқан Иеге өртеу арқылы тартулар ұсынып, сегізінші күні де соны істеп, Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер! 37 Жаратқан Ие белгілеген мейрамдар осылар. Сол кездерде сендер бағышталған жиналыстар жариялаңдар және Оған арнап мына сый-тартуларды өртеу арқылы ұсыныңдар: шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар мен астық тартуларын, басқа құрбандықтар мен сұйық тартуларды. Бұлардың әрқайсысын белгіленген әр күні Жаратқан Иеге ұсынуларың қажет. 38 Осы мейрамдарды Жаратқан Ие белгілеген демалыс күндерінен басқа қосымша сақтауға тиіссіңдер. Сондай-ақ, бұл тартулар — сендер Жаратқан Иеге ұсынатын өзге де сый-тартулардан, әрі Оған ант еткен және өз еріктеріңмен беретін тартуларыңнан басқа, қосымша ұсынатын құрбандықтарың мен тартуларың. 39 Осылайша сендер елдің өнімін жинап болған соң, жетінші айдың он бесінші күнінен бастап жеті күн бойы Жаратқан Иеге арналған Күркелер мейрамын өткізіңдер. Оның бірінші күні мен сегізінші күні толықтай тынығатын демалыс күндері болсын. 40 Бірінші күні таңдаулы ағаштардың жемістерін, пальма бұтақшаларын әрі жапырағы мол өзге ағаштардың және өзен жағасындағы талдардың бұтақшаларын жинап, күркелер жасап алыңдар. Құдай Иелеріңнің алдында жеті күн бойы шаттана тойлаңдар. 41 Осы мейрамды Жаратқан Иенің құрметіне арнап жыл сайын жеті күн бойы өткізіңдер. Бұл — өздеріңе және келер ұрпақтарыңа берілген тұрақты ереже: мейрамды жетінші айда тойлауларың керек! 42 Жеті күн бойы бұтақшадан жасалған күркелерде тұрыңдар. Исраилдік болып туған әркім осыны істеуге тиіс. 43 Сонда сендердің келер ұрпақтарың да Менің Исраил халқын Мысырдан бастап алып шыққанда оларды күркелерде тұрғызғанымды білетін болады. Мен сендердің Құдайларың — Жаратқан Иемін. 44 Осылайша Мұса исраилдіктерге Жаратқан Иенің тағайындаған мейрамдарын жариялап айтып берді.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 2 — Исраилдіктерге кездесу шатырындағы шамдардың сөнбей жанып тұруы үшін зәйтүннен сығып алынған таза майды алып келуді тапсыр. 3 Шамдар кездесу шатырындағы ең қасиетті бөлменің және ондағы Келісім айғақтары (сақталған сандықтың) алдында ілінген шымылдықтың сыртқы жағында орналасқан. Һарон осы шамдардың Жаратқан Иенің алдында күн батқаннан таң атқанша жанып тұруын қамтамасыз етуге тиіс. Бұл — кейінгі ұрпақтарыңа да берілген тұрақты ереже. 4 Һарон саф алтын шам қойғыштағы шамдарды Жаратқан Иенің алдында ұдайы реттеп, сөндірмей жандырып қоюы керек. 5 Таңдаулы бидай ұнынан он екі күлше пісір. Олардың әрқайсысына пұттың оннан екісіндей мөлшерде ұн қолдан. 6 Нанды Жаратқан Иенің алдындағы саф алтын үстелдің үстіне, алты-алтыдан екі қатар етіп қой. 7 Әр қатарға таза да хош иісті шайырды қой. Осы хош иісті шайыр кейін Жаратқан Иеге өртеу арқылы ұсынылатын естелік іспетті нанның орнын басады. 8 Бұл күлшелерді Һарон Жаратқан Иенің алдына әр сенбі сайын қоятын болсын. Мұны ол Исраил халқының атынан мәңгілік Келісімге сай істеуге тиіс. 9 Осы нан Һаронға және оның ұлдарына тиесілі, олар сол күлшелерді киелі орында жеулері қажет. Бұл — Жаратқан Иеге өртеу арқылы ұсынылатын тартулардан оларға тиісті үлестің ерекше киелі бөлігі. 10 Бірде мысырлыққа күйеуге шыққан исраилдік әйелдің ұлы исраилдіктердің арасына келді. Ол ел қонысында жүргенде бір исраилдікпен төбелесіп қалды. 11 Сонда осы исраилдік әйелдің ұлы Жаратқан Иенің есімін балағаттап қарғады. Сол себепті оны Мұсаның алдына әкелді. Сол жігіттің анасының аты-жөні Дан руынан шыққан Дибри қызы Шеломит болатын. 12 Бұл жігіт туралы Жаратқан Иенің еркі анық болғанша ол қамауға алынды. 13 Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деп бұйырды: 14 — Жаратқан Иенің есімін қарғағанды ел қонысының сыртына алып шығыңдар. Оның айтқандарын естігендердің бәрі қолдарын оның басына қойсын. Бұдан кейін Исраилдің бүкіл қауымы оны таспен атқылап өлтірсін. 15 Исраил халқына тағы мынаны айт: Құдайын қарғаған әркімнің күнәсі өз мойнында. 16 Жаратқан Иенің есімін балағаттаған әркім өлтірілсін! Исраилдің бүкіл қауымы оны таспен атқылап өлтіруге тиіс. Егер жат жұрттық не исраилдік болып туған біреу Менің есімімді балағаттаса, соны өлтіру керек. 17 Кісіні ұрып өлтірген әркім де өлтірілсін. 18 Өзге біреудің малын ұрып өлтірген әркім басқа бас төлеп, оның орнын толтырсын. 19 Өзге біреуді жарақаттаған әркімге оның соған істегені өзіне істелінсін: 20 сыныққа — сынық, көзге — көз, тіске — тіс. Ол өзге адамды қалай жарақаттаса, оның өзіне де солай істелінсін. 21 Сонымен бір малды ұрып өлтірген әркім оның орнын толтырсын. Бірақ кісіні ұрып өлтіргеннің өзі өлтірілсін. 22 Исраилдік болып туған адамды да, жат жұрттықты да бірдей заңмен соттауларың керек. Себебі Мен сендердің Құдайларың — Жаратқан Иемін. 23 Мұса осы ережелерді Исраил халқына айтып жеткізді. Олар Жаратқан Иенің есімін қарғағанды ел қонысының сыртына алып шығып, тас лақтырып өлтірді. Мұны Жаратқан Иенің Мұсаға берген бұйрығына сай істеді.
1 Жаратқан Ие Синай тауында Мұсаға тіл қатып былай деді: 2 — Исраил халқына мынаны айт: Мен сендерге бергелі тұрған елге еніп, иемденгеннен кейін оның жері де Жаратқан Иенің тағайындаған демалысын ұстанып әрбір жетінші жылы тынығуы керек. 3 Алты жыл бойы егістігіңе егін егіп, жүзімдігіңнің сабақтарын кесіп, өнімін жинаңдар. 4 Бірақ жетінші жылы жер тынықсын, ол — Жаратқан Иеге арналған тынығу жылы. Сол жылы егістіктеріңе еш нәрсе егуші болмаңдар, жүзімдіктеріңнің сабақтарын кеспеңдер. 5 Өздігінен өсіп шыққан өнімді қоймаларыңа жинамаңдар, сабақтары кесілмеген жүзімдіктеріңнің жүзім шоқтарын да жинаушы болмаңдар! Бұл жердің тынығатын жылы болсын. 6 Тынығу жылы өздігінен өсіп шыққан жер өнімі бәрің үшін — өздерің, қызметшілерің, жалшыларың және араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар үшін де тамақ болады. 7 Малдарың да, елдегі жабайы аңдар да одан жей алады. Жерден өсіп шыққанның бәрі де азық болады. 8 Жеті рет жеті жылдан, яғни, жеті тынығу жылын санап шығыңдар, сонда жалпы саны қырық тоғыз жыл болады. 9 Сол қырық тоғызыншы жылдың жетінші айының оныншы күні керней тартыңдар. Осы күні, демек, халықты күнәларының арамдығынан тазарылу күні, бүкіл ел көлемінде керней тартыңдар! 10 Елуінші жылды Құдайға ерекше бағышталған деп қастерлеңдер! Сонда елдің барлық тұрғындарына бостандық жариялаңдар! Бұл жыл — сендерге арналған Мереке жылы. Әрқайсыларың өз руларыңа, ата-бабаларыңнан қалған мұралық жерлеріңе қайтып келіп, оны иемденіңдер. 11 Елуінші жыл сендерге арналған Мереке жылы болады. Сендер екпеңдер де, өздігінен өсіп шыққан өнімді қоймаларыңа жинамаңдар да, сабақтары кесілмеген жүзімдіктеріңнің жүзім шоқтарын да жинамаңдар. 12 Себебі бұл — Мереке жылы, сендер оны Жаратқан Иеге ерекше бағышталған деп қастерлеңдер. Тек егістіктен өздігінен өсіп шыққан өніммен ғана тамақтаныңдар. 13 Осындай Мереке жылында әрқайсыларың, ата-бабаларыңнан қалған мұралық жерлеріңе қайтып келіп оны иемденіңдер. 14 Егер жеріңді бір ұлттасыңа сататын немесе одан сатып алатын болсаң, қулық-сұмдық жасаушы болма. 15 Жерді сатып алғанда оның құнын соңғы Мереке жылынан бері өткен жылдардың санына сай белгілеңдер. Сатушы келесі Мереке жылына дейін қалған өнім жинайтын жылдардың санына сәйкес бағасын анықтасын. 16 Егер келесі Мереке жылына дейін әлі көп жыл қалған болса, жердің бағасы қымбаттау болсын, ал егер азғана жыл қалған болса, бағасы арзандау болсын. Себебі сатылып жатқан — жердің өзі емес, тек одан белгілі жылдар бойы жиналатын өнім ғана. 17 Бір-біріңе қулық-сұмдық жасаушы болмаңдар, Құдайларыңды терең қастерлеңдер! Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. 18 Менің ережелерім мен шешімдерімді сақтап орындаңдар, сонда елде аман-есен тұратын боласыңдар. 19 Жер өнімін беріп, сендер тамақты тоя жеп, аман-есен тұрмыс кешесіңдер. 20 Ал сендер: «Жетінші жылы егін егуге де, жинауға да болмағанда күнімізді қалай көреміз?» деп сұрарсыңдар. 21 Онда айтарым мынау: алтыншы жылы егіндіктеріңді молынан жарылқаймын, сонда сол жылы шыққан өнімнің өзі үш жылға жететіндей ағыл-тегіл болады. 22 Сегізінші жылы егін еге бастаған кездеріңде әлі де алтыншы жылдың өнімімен күн көріп, тоғызыншы жылдың өнімі жиналып жатқан кезге дейін соны тамақ ететін боласыңдар. 23 (Естеріңнен шығармаңдар:) Жерді мүлдем қайтарылмайтындай етіп біржола сатып жіберуге болмайды, себебі елдің жері Менікі, ал өздерің Менің қасымда қоныстанушы жат жұрттық кірме іспеттісіңдер. 24 Өздеріңе тиген бүкіл ел бойынша сатылып кеткен жерлерді қайта сатып алуға жағдай жасауларың керек. 25 Егер ұлттастарыңның бірі кедейленіп, өз жерінің бір бөлігін сатып жіберсе, сол кісінің ең жақын туысқаны сатылған жерді қайта сатып алуы керек. 26 Ал егер адамның мұндай туысқаны болмаса, бірақ өз әл-ауқаты көтеріліп, сол жерді өзі сатып алуға жеткілікті қаржы тапса, 27 онда сол жердің сатылып кеткен кезінен бері өткен жылдарды санап, жердің қалған құнын анықтасын. Бұрынғы иесі жерін сатып алған адамға оның қалған құнын төлеп бергеннен кейін ғана өзінің жерін қайтадан иемдене алады. 28 Ал егер ол жерін қайтарып алуға қаражат таба алмаса, сатып жіберген жері жаңа иесінің қарамағында келесі Мереке жылына дейін қала береді. Сол жыл жеткенде, сатылған жердің бұрынғы иесі оған қайтып келіп иемденеді. 29 Ал егер біреу бекітілген қала ішіндегі үйін сатса, оны содан кейінгі жылдың аяғына дейін қайта сатып алуына болады. Сол мерзімнің ішінде ол сатып жіберген үйінің құнын өтеп оны қайтарып алуға құқықты. 30 Ал егер ол сатып жіберген үйін содан кейінгі толық бір жылдың ішінде қайта сатып алмаса, онда үй жаңа иесінің және оның ұрпақтарының тұрақты меншігіне біржола ауысады. Мереке жылы да ол үй бұрынғы иесіне қайтарылмайды. 31 Ал бекініссіз ауылдық жердегі үйлерге егістік жер іспетті қарау керек. Соларды қайта сатып алу құқығы сақталады. Келесі Мереке жылында сол үй алғашқы иесіне қайтарылады. 32 Ал леуіліктерге келсек, олар өздеріне бөлінген қалалардағы үйлерін қайта сатып алуға әрқашан құқықты болады. 33 Сонымен, егер леуіліктердің біреуі өздеріне тиісті қалалардың біріндегі үйін сатып жіберсе, оны өзінің немесе басқа бір леуіліктің қайтарып алуына болады. Әйтпесе үйі Мереке жылында қайтарылуы керек. Себебі леуіліктердің қалаларындағы үйлері — өзге исраилдіктердің арасындағы олардың мұралық меншіктері. 34 Ал леуіліктерге бөлінген қалалардың маңындағы жайылым жерлерді сатуға мүлдем болмайды. Бұлар — олардың мәңгілік иеліктері. 35 Егер қасыңдағы исраилдік бауырласыңның біреуі кедейленіп, өздігінен күнін көре алмай қалса, оның бұдан кейін де араларыңда бірге тұра беруі үшін, жат жұрттық пен келімсекке көмектескеніңдей, оған да көмектес. 36 Одан (орынсыз) пайда тауып, өсім алушы да болма, қайта, Құдайды қастерлеп бауырласыңның бұдан былай да араларыңда тұра беруіне жағдай жаса. 37 Оған қарыз бергенде өсім талап етпе, азық-түлікті пайда табу үшін қымбатқа сатпа! 38 Мен сендерге Қанахан елін сыйлап, өз Құдайларың болу үшін сендерді Мысыр елінен алып шыққан Құдайларың Жаратқан Иемін. 39 Егер исраилдік бауырластарыңның бірі кедейленіп, өзін саған басыбайлы қызметшің болуға сатса, оған құл іспетті ауыр жұмыс істетпе. 40 Оған жалдамалы жұмысшыға немесе еліңде тұрып жатқан жат жұрттыққа қарағандай жақсы қара. Ол саған келесі Мереке жылына дейін қызмет етеді. 41 Сол жыл келгенде, оның өзіне және бала-шағасына бас бостандығын бер. Ол өз руына, ата-бабаларына бөлінген мұралық жерге қайтып барады. 42 Исраилдіктер Өзімнің Мысыр елінен алып шыққан қызметшілерім. Оларды құл сияқты сатуға болмайды. 43 Қызметшілеріңе аяусыз, қатал билік жүргізбе, қайта, Құдайыңды терең қастерле! 44 Құл-күңдерің айналаларыңдағы өзге халықтардан болсын. Құлдарыңды солардың арасынан сатып ал. 45 Сондай-ақ, құлдарды елдеріңде уақытша тұрып жатқан жат жұрттықтардан және олардың елдеріңде туған ұрпақтарынан сатып алыңдар. Олар сендердің басыбайлы құлдарыңа айналады. 46 Оларды өмір бойы құл етіп, өзіңнен кейінгі бала-шағаңа мұра етіп қалдыруларыңа да болады. Бірақ бауырлас исраилдіктерге аяусыз, қатал билік жүргізбеңдер! 47 Егер өте кедейленген бір исраилдік бауырласың өзін еліңде тұрып байып алған жат жұрттыққа не соның әулетінің бір ұрпағына басыбайлы қызметші болуға сатса, 48 осы исраилдіктің де құнын төлеп, оны босату құқығы сақталып қала береді. Исраилдік қызметшінің туысқандарының бірі: 49 ағасы, ағасының баласы немесе кез келген жақын туысқаны оның құнын төлеп азат етуге құқықты. Не болмаса, егер жағдайы түзелсе, бұл исраилдіктің өзі де құнын төлеп азат бола алады. 50 Ол өзін сатып алған адаммен бірге өзінің қызметші болған кезінен бастап келесі Мереке жылына дейінгі қалған жылдарды санасын. Осы жылдар ішінде бір жалдамалы қызметшіге төленетін жалақы осы исраилдіктің босатылуының құны болады. Оның азат болуы үшін осы құн төленсін. 51 Егер Мереке жылына дейін әлі көп жыл қалған болса, оның сатылғандағы құнының басым бөлігі төленсін. 52 Ал егер оған дейін азғана жыл қалған болса, онда сол жылдардың санына сай құны да аз төленсін. 53 Жат жұрттық қожайыны ондай адамға қызмет еткен жылдарының бәрінде жалшыға қарағандай қарасын. Оның сендердің көз алдарыңда исраилдік қызметшісіне аяусыз, қатал билік жүргізуіне жол бермеңдер! 54 Егер исраилдік басыбайлы қызметші осы жолмен құнын төлеу арқылы азат етілмесе, Мереке жылында оның өзі де, бала-шағасы да бас бостандығына ие болады. 55 Себебі исраилдіктер Маған қызмет етеді. Олар Өзімнің Мысыр елінен алып шыққан қызметшілерім. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
1 Өздеріңе ешқандай тәңір бейнелерін жасамаңдар! Не бір тәңірдің ойып жасалған мүсінін, не киелі тас бағана орнатушы болмаңдар! Елде қашалған тас мүсін орнатып, оған тағзым етіп табынушы да болмаңдар! Мен сендердің Құдайларың — Жаратқан Иемін. 2 Маған бағышталған демалыс күндерін берік сақтап, Менің киелі үйімді терең қастерлеңдер! Мен Жаратқан Иемін. 3 Егер сендер ережелеріме бағынып, өсиеттерімді мұқият сақтап орындасаңдар, 4 Мен мезгілінде жаңбыр жаудырамын, сонда жер өнімін, ағаштар жемісін береді. 5 Молынан орған астықты жүзім жинайтын мерзімге дейін бастырып, ағыл-тегіл піскен жүзімді егіс науқанына дейін жинайтын боласыңдар. Осылай сендер тамақты тоя ішіп-жеп, елдеріңде аман-есен тұратын боласыңдар. 6 Мен елдеріңе тыныштық сыйлаймын, ешкім де сендерді мазаламай, алаңсыз ұйықтайтын боласыңдар. Мен бұл елден жыртқыш аңдарды жоямын. Жау семсері елдеріңді шауып та тастай алмайды. 7 Қайта, сендер жауларыңды өкшелеп қуып, семсерлеріңнің жүзімен қырып-жоятын боласыңдар. 8 Бесеуің — жүз, ал жүзің — он мың жауды қуатын боласыңдар. Жауларың алдарыңда семсерлеріңнің жүзінен ойсырай жеңіліп, қырылатын болады. 9 Мен сендерге мейіріммен қарап, өсіріп-өндіріп сандарыңды көбейтемін. Сендермен жасаған Келісімімді берік сақтаймын. 10 Өткен жылғы астықты әлі жеп бітірмей, жаңа орған өнімді қоймаларыңа құю үшін өткен жылдан қалғандарын шығарып тастайтын боласыңдар. 11 Мен араларыңда Өзімнің жер бетіндегі тұрағым — киелі орынды құрып, сендерден еш жиренбейтін боламын. 12 Араларыңда жүріп, сендердің Құдайларың боламын, ал сендер Менің халқым боласыңдар. 13 Сендерді мысырлықтардың құлдығынан азат етіп, Мысырдан алып шыққан Құдайларың Жаратқан Иемін. Мойындарыңа салынған құлдықтың мойынтұрығын Мен сындырдым, бойларыңды тік ұстап жүре алуларыңа мүмкіндік бердім. 14 Бірақ егер Мені тыңдамай, осы өсиеттердің барлығын орындамасаңдар 15 және Менің Келісімімді бұзып, ережелерімді менсінбей, шешімдерімнен жиреніп, бүкіл өсиеттерімді орындаудан қалсаңдар, 16 онда Мен сендерге мыналарды істеймін: аяқ астынан үрей туғызамын, араларыңа өкпе ауруын әрі көздеріңді соқыр етіп, өмірлеріңді қысқартатын індет жіберемін. Жауларың өнімдеріңді тартып алып, егіндеріңді бекер себетін боласыңдар. 17 Сендерге Өзім қарсы шығамын, сонда жауларыңнан жеңіліп қаласыңдар. Өздеріңді жек көретіндер сендерге билігін жүргізетін болады. Тіпті ешкім арттарыңнан қумаған кезде де үрейленіп қашатын боласыңдар. 18 Егер осыдан кейін де Мені тыңдамай қойсаңдар, сендерді күнәларыңа бола жеті есе қаттырақ жазалаймын. 19 Қасарысқан өркөкіректіктеріңді басу үшін аспанды темірдей қылып жаңбыр жаудырмаймын, жерді қоладай қылып қатайтамын. 20 Сонда күштеріңді босқа жұмсайтын боласыңдар, өйткені жерлерің — өнімін, жеміс ағаштарың — мәуелерін бермей қояды. 21 Егер әлі де Маған қарсы шығып, еркіме бағынбай қойсаңдар, күнәларыңа сай апатты жеті есе ұлғайтамын. 22 Сендерге қарсы жыртқыш аңдарды жіберемін, олар сендерді балаларыңнан айырып, малдарыңды жарып құртатын болады. Өздерің де азайып, жолдарың қаңырап бос қалады. 23 Ал бұдан кейін де еш түзелмей, Маған қарсы шыға беретін болсаңдар, 24 онда Мен де сендерге қарсы шығып, күнәларыңа бола жеті есе қаттырақ жазалаймын. 25 Келісімді бұзғандарың үшін сендерден кек алып, елдеріңе семсер ұстаған басқыншы жіберемін. Сендер қалаларыңа бас сауғалап тығылғанда, араларыңа індет жіберіп, жауларыңның қолына түсетін етемін. 26 Мен сендерді наннан айырамын, сонда он әйел бар нанын бір-ақ тандырда жабатын болады, пісірген нанды таразыға тартып бөлісіп алады. Сендер сол азғана нанды жеп, қарындарың тоймайтын болады. 27 Егер осыдан кейін де Мені тыңдаудан бас тартып, Маған қарсы шықсаңдар, 28 онда Мен де сендерге қарсы шығып, қаһарыма мініп, күнәларыңа бола сендерді жеті есе қаттырақ жазалайтын боламын. 29 Сендер әбден ашыққаннан өз ұл-қыздарыңның етін жейтін боласыңдар. 30 Сендердің жалған тәңірлерге табынатын биіктеу жерлердегі орындарыңды қиратамын, оларға арнап хош иісті зат түтететін үстелдеріңді талқандаймын. Өздеріңнің өліктеріңді өлі тәңірлеріңнің сынған мүсіндерінің үстіне үйіп тастап, сендерден әбден жиренетін боламын. 31 Қалаларыңды қиратып, киелі орындарыңды бос қалдырамын, тартуларыңның хош иісін де иіскемеймін. 32 Осылайша осы елді қаңыратып бос қалдырамын. Сонда келіп, қоныстанған дұшпандарың мұны көргенде аң-таң болып жандары түршігетін болады. 33 Ал өздеріңді басқа халықтардың арасына шашыратып жіберемін, Өзім семсерімді суырып алып, арттарыңнан қуамын. Елдерің қаңырап бос қалып, қалаларың қирайтын болады. 34 Біліп қойыңдар, сендер жауларыңның елдерінде жүрген сол кездеріңде осы ел қаңырап бос жатып, сақталмаған тынығу жылдарының орнын толтырады. Сонда елдің топырағы тынығып жататын болады. 35 Қаңырап бос жатқан барлық кезінде елдің топырағы сендер онда тұрған уақытта демалмаған тынығу жылдарының орнын толтырып жатады. 36 Ал араларыңнан тірі қалғандарыңды Мен жауларыңның елінде жүрген кездеріңде жүрексіз үргелек етемін. Сонда сендер тіпті жапырақтың сыбдырынан да шошынып қашатын боласыңдар. Ешкім қумаса да, дұшпанның семсерінен бас сауғалағандай қашып, содан сүрініп құлайсыңдар. 37 Иә, ешкім қумағанда да семсерден қашқандай шошына безіп, бір-біріңнің үстіне құлайтын боласыңдар. Осылайша сендердің жауларыңа қарсы тұруға қауқарларың болмайды. 38 Сендер халықтардың арасында құрып жоқ болып, жау елі сендерді жалмайтын болады. 39 Ал тірі қалғандарың жау елінде өздерінің және ата-бабаларының теріс қылықтарының кесірінен әлсіреп құритын боласыңдар. 40 Сонда араларыңнан тірі қалғандар өздерінің және ата-бабаларының теріс қылықтарын әрі Маған қарсы шығып опасыздық жасағандарын мойындайды. 41 Сол үшін Мен де оларға қарсы шығып, оларды жауларының еліне апарған едім. Ал Маған шын жүректен бағынбаған олар ақыр соңында кішіпейілді болып, Маған мойынсұнады. Сол кезде олар кінәларының жазасын тартып, оны әділ деп қабылдайтын болады. 42 Сонда Мен Жақыппен жасаған Келісімімді, Ысқақпен жасаған Келісімімді, сондай-ақ, Ыбырайыммен жасаған Келісімімді есіме аламын. Сонымен қатар осы елді де есіме түсіремін. 43 Исраил халқы елдерінен қуылып, жер оларсыз бос қалған кезінде, ел тынығу жылдарының орнын толтырып, рақаттанып тынығып жатады. Ал халық Менің шешімдерімді менсінбей, ережелерімнен жиренгендері үшін кінәларының жазасын тартады. 44 Алайда тіпті халық жауларының елдерінде жүрген кезінде де Мен оларды жек көрмеймін әрі олардан жиренбеймін. Әйтпесе олар халық болмай толығымен құрып кетіп, Мен Келісімімді бұзған болып шығар едім. Бірақ та Мен олардың Құдайлары Жаратқан Иемін. 45 Мен олардың Құдайы болуым үшін исраилдіктердің ата-бабаларын басқа халықтардың көз алдында Мысырдан көшіріп алып шықтым. Солармен жасаған Келісімімді осы халықтың игілігі үшін есіме аламын. Мен Жаратқан Иемін. 46 Жаратқан Иенің Синай тауында Мұса арқылы Исраил халқымен (жасаған Келісімінде) белгілеген ережелері, шешімдері және заңдары, міне, осылар.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды: 2 — Исраил халқына мынаны айт: Егер біреу Жаратқан Иеге қызмет етуге бір кісіні бағыштауға ерекше ант еткен болса, онда сол кісі үшін берілетін төлемді төмендегідей мөлшерде белгілесін. 3 Егер сол кісі жасы жиырма мен алпыстың арасындағы ер адам болса, ол үшін берілетін төлем киелі орында қолданылатын ресми өлшем бойынша елу мысқал, 4 жасы сол аралықтағы әйел адамның төлемі — отыз мысқал күміс болады. 5 Егер жасы бес пен жиырманың арасында болса, ұл баланың төлемі — жиырма мысқал, қыз баланың төлемі — он мысқал күміс, 6 жасы бір ай мен бес жастың арасында болса, ұл баланың төлемі — бес мысқал, қыз баланың төлемі — үш мысқал күміс болады. 7 Жасы алпыстан асқан ер адамның төлемі — он бес мысқал, әйелдің төлемі — он мысқал күміс. 8 Егер ант еткен адамның осы көрсетілген төлемді төлеуге жағдайы көтермесе, сонда ол Жаратқан Иеге бағыштаған кісісін діни қызметкерге алып келсін. Діни қызметкер сол кісінің төлемін ант берушінің жағдайына қарай белгілейді. 9 Егер Жаратқан Иеге антпен бағышталған жануар құрбандыққа шалуға болатын адал хайуан болса, оны Жаратқан Иеге бағышталған деп есептеу керек. 10 Оны ауыстырып не жақсысын жаманымен, не жаманын жақсысымен алмастыруға болмайды. Егер орнына басқа бір малды беремін десе, онда сол малдардың екеуі де Жаратқан Иеге бағышталған деп есептелінеді. 11 Ал егер Жаратқан Иеге құрбандыққа шалуға болмайтын хайуан бағышталса, онда оны діни қызметкерге алып бару керек. 12 Діни қызметкер оны жақсы ма, жаман ба қарап шығып, құнын белгілейді. Оның белгілеген құны өзгеріссіз болып қалады. 13 Қожайыны осындай малын төлемін төлеп қайтарып алғысы келгенде, құнының үстіне оның бестен бір бөлігін қоса төлеп, малды қайтарып алсын. 14 Егер біреу өзінің үйін Жаратқан Иеге бағышталған деп арнаса, сонда діни қызметкер барып, сол үйдің жақсы ма, жаман ба қандай жағдайда екенін бағаласын. Діни қызметкердің үйге белгілеген құны өзгеріссіз болып қалады. 15 Сол адам құнын төлеп, үйін қайтарып алғысы келсе, құнының үстіне оның бестен бір бөлігін қоса төлесін. Содан үй қайтадан онікі болады. 16 Егер біреу өзінің отбасына тиісті мұралық жердің бір бөлігін Жаратқан Иеге бағыштағысы келсе, оның құны сонда себуге болатын тұқымның мөлшеріне байланысты белгіленеді. Он пұт арпа тұқымы себілетін егістіктің құны елу мысқал күміс болады. 17 Егер біреу егістігін Жаратқан Иеге Мереке жылында бағыштаса, жердің белгіленген құны өзгеріссіз болып қалады. 18 Ал егер ол егістігін сол жылдан кейін бағыштаса, жердің құнын діни қызметкер келесі Мереке жылына дейін қалған жылдардың санына сай белгілеп, құны соған сәйкес төмендейді. 19 Егер егістігін бағыштаған адам оны қайтарып алғысы келсе, жердің белгіленген құнының үстіне оның бестен бір бөлігін қоса төлесін, сонда егістігі қайтадан өзінікі болады. 20 Ал егер ол егістігін құнын төлеп қайтарып алмаса немесе (діни қызметкер) оны басқа біреуге сатып жіберген болса, онда оны қайтарып алуға ешбір мүмкіндік жоқ. 21 Осындай егістік Мереке жылында бұрынғы иесінен босайды. Ол Жаратқан Иеге бағышталған жер сияқты, ешкімге беруге болмайтын киелі болады да, діни қызметкерлердің үлесіне тиеді. 22 Егер біреу өзінің мұралық иелігіне жатпайтын басқа біреуден сатып алған егістік жерін Жаратқан Иеге бағыштаса, 23 діни қызметкер жердің құнын келесі Мереке жылына дейін қалған жылдардың санына сәйкес белгілейді. Ана адам жердің құнын Жаратқан Иеге бағышталған тарту ретінде сол күні-ақ төлесін. 24 Келесі Мереке жылы келгенде егістік оны сатып жіберген бастапқы иесіне қайтарылады. 25 Осындай істерде құн киелі орында қолданылатын ресми өлшем бойынша мысқалмен есептелінеді. Ал бір мысқалдың салмағы жиырма гераһқа тең. 26 Малдың тұңғышын Жаратқан Иеге бағыштауға болмайды, себебі мал мен адамның тұңғышы онсыз да Жаратқан Иенікі болып табылады. Не мүйізді ірі қара, не ұсақ малдың тұңғышы болсын, олар Жаратқан Иенікі. 27 Егер біреу Жаратқан Иеге қандай да бір арам мал бағыштаса, оның белгіленген құнының үстіне соның бестен бір бөлігін қоса төлеп, оны қайтарып алуға болады. Егер де құнын төлеп қайтарып алмаса, сол малды белгіленген құны бойынша басқа біреуге сату қажет. 28 Алайда ешкімнің де өзінің антпен Жаратқан Иеге бағыштаған меншікті нәрсесін сатып жіберуіне немесе құнын төлеп қайтарып алуына болмайды. Ол не адамы, не малы, не мұралық жері болсын, бәрібір антпен Жаратқан Иеге бағышталғанның бәрі де ерекше киелі. 29 Жаратқан Иенің бұйрығына сай түгелдей жойылуға белгіленген ешбір кісіні төлемін төлеу арқылы содан босатуға болмайды. Ондай адам өлтірілсін. 30 Елдің барлық өнімінің: егістіктерде өскен астықтың және ағаштардан жиналған жемістердің он бөлігінің бірі Жаратқан Иеге тиісті. Ол Жаратқан Иеге бағышталған киелі. 31 Егер біреу беруге тиіс он бөлігінің бірінен бір нәрсені құнын өтеп өзінде қалдырғысы келсе, онда ол соның құнының үстіне оның бестен бірін қоса төлесін. 32 Отарлар мен табындардың он бөлігінің бірі де Жаратқан Иеге тиесілі. Малын санаған малшының асатаяғының астынан өткен әр он малдың біреуі Жаратқан Иеге бағышталуға тиіс. 33 Мал иесі малының жақсыларын алып қалып, жамандарын беруші болмасын! Бір малды басқа малмен ауыстыруға да болмайды. Егер ол бір малды басқа малға ауыстырар болса, сол малдың екеуі де Жаратқан Иеге бағышталуға тиіс. Сондықтан бұрынғы иесіне оларды құнын төлеп қайтарып алуына болмайды. 34 Жаратқан Иенің Синай тауында Исраил халқына Мұса пайғамбар арқылы табыстаған бұйрықтары, міне, осылар.
1 Исраилдіктер Мысыр елінен шыққаннан кейінгі екінші жылдың екінші айының бірінші күні Жаратқан Ие Синай атты елсіз далада тігілген кездесу шатырында Мұсаға тіл қатып былай деді: 2 — Әрбір ер адамның атын жеке-жеке тіркеу арқылы Исраилдің үрім-бұтағының бүкіл қауымын өз рулары мен әулеттері бойынша санақтан өткізіңдер! 3 Шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан исраилдіктерді жасақ топтарына сай Һарон екеуің түгендеп санап шығыңдар. 4 Сендерге әрбір рудан бір-бір адамнан көмектессін. Олардың әрқайсысы өз руының басшысы болсын. 5 Сендерге көмектесетін адамдардың аты-жөндері мыналар: Рубеннен Шедеур ұлы Елисур, 6 Шимоннан Суришадай ұлы Шелумиел, 7 Яһудадан Әминадап ұлы Нағасон, 8 Исашардан Суғар ұлы Нетанел, 9 Забулоннан Хелон ұлы Елияп, 10 Жүсіптің ұлдарынан: Ефремнен Амиһуд ұлы Әлишама, Манасадан Педасур ұлы Гамалиел, 11 Буняминнен Гидеони ұлы Абидан, 12 Даннан Амишадай ұлы Ахиезер, 13 Аширден Охран ұлы Пагиел, 14 Ғадтан Рәгуел ұлы Әлиасаф, 15 Нафталимнен Енан ұлы Ахира. 16 Осылар Исраил қауымынан тағайындалған адамдар; олар өз әулеттері мен руларының жетекшілері әрі мыңбасылары да болатын. 17 Мұса мен Һарон аты-жөндерімен белгіленген осы адамдарды шақырып алып, 18 олар сол екінші айдың бірінші күні бүкіл жамағатты жинады. Жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдар шыққан ата-тектері, әулеттері мен аты-жөндерін атап санақтан өтті. 19 Сонымен Мұса Жаратқан Иенің берген нұсқауына сай Синай атты елсіз далада халықты түгендеп санақтан өткізуді басқарды. 20 Исраилдің тұңғыш ұлы Рубеннің үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда, 21 Рубен руынан санақтан өткендер саны қырық алты мың бес жүз болып шықты. 22 Шимонның үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда, 23 Шимон руынан санақтан өткендер саны елу тоғыз мың үш жүз болып шықты. 24 Ғадтың үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда, 25 Ғад руынан санақтан өткендер саны қырық бес мың алты жүз елу болып шықты. 26 Яһуданың үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда, 27 Яһуда руынан санақтан өткендер саны жетпіс төрт мың алты жүз болып шықты. 28 Исашардың үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда, 29 Исашар руынан санақтан өткендер саны елу төрт мың төрт жүз болып шықты. 30 Забулонның үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда, 31 Забулон руынан санақтан өткендер саны елу жеті мың төрт жүз болып шықты. 32 Жүсіп ұлы Ефремнің үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда, 33 Ефрем руынан санақтан өткендер саны қырық мың бес жүз болып шықты. 34 Жүсіп ұлы Манасаның үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда, 35 Манаса руынан санақтан өткендер саны отыз екі мың екі жүз болып шықты. 36 Буняминнің үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда, 37 Бунямин руынан санақтан өткендер саны отыз бес мың төрт жүз болып шықты. 38 Данның үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда, 39 Дан руынан санақтан өткендер саны алпыс екі мың жеті жүз болып шықты. 40 Аширдің үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда, 41 Ашир руынан санақтан өткендер саны қырық бір мың бес жүз болып шықты. 42 Нафталимнің үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда, 43 Нафталим руынан санақтан өткендер саны елу үш мың төрт жүз болып шықты. 44 Міне, Мұса, Һарон және Исраилдің он екі жетекшісі жүргізген санақтың нәтижелері осындай. Сол он екі жетекшінің әрқайсысы өзі шыққан руының өкілі болды. 45 Исраилдіктердің шыққан ата-тектері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда, 46 олардың жалпы саны алты жүз үш мың бес жүз елу болды. 47 Леуіліктердің әулеттері басқалармен бірге санақтан өткен жоқ. 48 Өйткені Жаратқан Ие Мұсаға былай деген болатын: 49 Леуі руын түгендеп санама, басқа исраилдіктерді санаған кезде оларды санаққа енгізбе! 50 Леуіліктерді Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатырда қызмет етуге, оның барлық құрал-жабдықтары мен басқа бұйымдарын қарауға тағайында. Леуіліктер киелі шатырды және оның жабдықтарын көтеріп алып жүріп, оларға күтім жасайтын болсын. Олар қостарын киелі шатырдың айналасына тіксін. 51 Шатырды көшіру қажет болған кезде леуіліктер оны жинап, қонған кезінде қайтадан тігуге тиіс. Ал егер киелі шатырға олардан басқа біреу жақындайтын болса, сол өлтірілсін. 52 Әрбір исраилдік өз әулетінің қосында, өз тұрағының байрағы астында қоныстансын. 53 Ал леуіліктер қостарын киелі шатырды айналдыра тіксін. Осылай олар исраилдіктердің қауымын (киелі шатырға абайламай жақындап Құдайдың) қаһарына ілігіп қалудан қорғайтын болады. Осылайша леуіліктер Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатырды қорып, қызметтерін атқаратын болады. 54 Исраилдіктер барлығын да Жаратқан Иенің Мұса арқылы нұсқауларына сай істеді.
1 Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тіл қатып былай деді: 2 — Исраилдіктердің әрқайсысы өз әулетінің таңбалары бар байрағының астында қоныстануға тиіс. Олар кездесу шатырынан біраз қашықтықта, оны айналдыра қостарын тіксін. 3 Ел қонысының күншығыс жағында Яһуда руының тұрағы мен байрағы орналассын. Яһуданың рубасы — Әминадап ұлы Нағасон. 4 Рудағы санақтан өткен жасақшылар саны — жетпіс төрт мың алты жүз. 5 Одан кейін Исашар руы қостарын тігеді. Исашардың рубасы — Суғар ұлы Нетанел. 6 Рудағы санақтан өткен жасақшылар саны — елу төрт мың төрт жүз. 7 Сол тұрақтағы үшінші ру — Забулон. Забулонның рубасы — Хелон ұлы Елияп. 8 Рудағы санақтан өткен жасақшылар саны — елу жеті мың төрт жүз. 9 Яһуда руының тұрағына жататын үш рудағы санақтан өткен жасақшылардың жалпы саны — жүз сексен алты мың төрт жүз. Исралдіктер қоныс аударғанда осы үш ру көштің алдында жүретін болсын. 10 Ел қонысының оңтүстік жағында Рубен руының тұрағы мен байрағы орналассын. Рубеннің ру басы — Шедеур ұлы Елисур. 11 Рудағы санақтан өткен жасақшылар саны — қырық алты мың бес жүз. 12 Одан кейін Шимон руы қостарын тігеді. Шимонның рубасы — Суришадай ұлы Шелумиел. 13 Рудағы санақтан өткен жасақшылар саны — елу тоғыз мың үш жүз. 14 Сол тұрақтағы үшінші ру — Ғад. Ғадтың рубасы — Рәгуел ұлы Әлиасаф. 15 Рудағы санақтан өткен жасақшылар саны — қырық бес мың алты жүз елу. 16 Рубен руының тұрағына жататын үш рудағы санақтан өткен жасақшылардың жалпы саны — жүз елу бір мың төрт жүз елу. Исраилдіктер қоныс аударғанда осы үш ру көш сапында екінші болып жүретін болсын. 17 Бұлардан кейін Леуі руы кездесу шатырын әрі өздерінің тұрағын басқа рулардың тұрақтарының арасында алып жүрулері керек. Олардың орналасу тәртібі қонған кезде қалай болса, көшкен кезде де дәл солай болып сақталсын. Әркім өз байрағының маңындағы орнында жүрсін. 18 Ефрем руының тұрағы мен байрағы ел қонысының батыс жағында орналассын. Ефремнің рубасы — Амиһуд ұлы Әлишама. 19 Рудағы санақтан өткен жасақшылар саны — қырық мың бес жүз. 20 Одан кейін Манаса руы қостарын тігеді. Манасаның рубасы — Педасур ұлы Гамалиел. 21 Рудағы санақтан өткен жасақшылар саны — отыз екі мың екі жүз. 22 Сол тұрақтағы үшінші ру — Бунямин. Буняминнің рубасы — Гидеони ұлы Абидан. 23 Рудағы санақтан өткен жасақшылар саны — отыз бес мың төрт жүз. 24 Ефрем руының тұрағына жататын үш рудағы санақтан өткен жасақшылардың жалпы саны — жүз сегіз мың бір жүз. Исраилдіктер қоныс аударғанда осы үш ру көш сапында үшінші болып жүретін болды. 25 Дан руының тұрағы мен байрағы көштің солтүстік жағында орналассын. Данның рубасы — Амишадай ұлы Ахиезер. 26 Рудағы санақтан өткен жасақшылар саны — алпыс екі мың жеті жүз. 27 Одан кейін Ашир руы қостарын тігеді. Аширдің рубасы — Охран ұлы Пагиел. 28 Рудағы санақтан өткен жасақшылардың саны — қырық бір мың бес жүз. 29 Сол тұрақтағы үшінші ру — Нафталим. Нафталимнің рубасы — Енан ұлы Ахира. 30 Рудағы санақтан өткен жасақшылар саны — елу үш мың төрт жүз. 31 Дан руының тұрағына жататын үш рудағы санақтан өткен жасақшылардың жалпы саны — жүз елу жеті мың алты жүз. Исраилдіктер қоныс аударғанда осы үш ру өз байрақтарының астында көштің соңында жүретін болды. 32 Шыққан ата-тектерінің әулеттері бойынша санақтан өткен исраилдіктер — осылар. Олардың тұрақтарындағы шайқасқа жарамдылардың жалпы саны — алты жүз үш мың бес жүз елу. 33 Алайда Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген нұсқауына сай, леуіліктер осы санаққа енгізілген жоқ. 34 Исраилдіктер барлығын да Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген нұсқауларына сай істеді. Олар осылайша өз байрақтарының астында қонып, шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша жолға шығып, көшіп жүретін.
1 Ал мынау — Жаратқан Иенің Мұсамен Синай тауында тілдескен кезінде Һароннан және Мұсадан тараған ұрпақтардың шежіресі: 2 Һаронның ұлдарының есімдері: тұңғышы Надаб, одан кейін Әбиһу, Елазар және Ітамар. 3 Һаронның өзі май жағу рәсімін орындап, Жаратқан Иеге арналған діни қызметке тағайындаған ұлдарының есімдері — осылар. 4 Алайда Надаб пен Әбиһу Синай атты елсіз далада Жаратқан Иенің алдында оттың Ол бұйырмаған бөтен түрін ұсынғандары үшін өлім құшқан болатын. Олардың арттарында бала да қалмаған еді. Сондықтан жалғыз Елазар мен Ітамар ғана әкелері Һаронның қасында діни қызмет атқаратын болды. 5 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 6 «Леуі руын алға шығарып, оларды діни қызметкер Һаронның алдына тұрғыз. Олар оған қызмет ететін болсын. 7 Леуіліктер діни қызметкер Һарон және бүкіл халық үшін кездесу шатырының алдындағы күзету және қызмет ету жұмыстарын атқаратын болсын. 8 Олар кездесу шатырының барлық құрал-жабдықтарына күтім жасап, осылай Исраил халқына жүктелген киелі шатырдағы қызмет ету міндетін орындайтын болады. 9 Сонымен леуіліктерді Һарон мен оның ұлдарының қарауына тапсыр. Бүкіл Исраил халқының арасынан леуіліктер Һаронның құзырына тапсырылсын. 10 Һаронды және оның ұлдарын діни қызметтерін атқаруға тағайында. Ал бөтен адам сол қызметті атқарамын деп жақындаса, өлтірілсін». 11 Жаратқан Ие Мұсаға тағы тіл қатып былай деді: 12 «Міне, Мен Өзіме исраилдіктердің барлық тұңғыш ұлдарының орнына Леуі руын бағыштадым. Күллі леуіліктер Менікі. 13 Себебі тұңғыш атаулы Менікі. Мен Мысыр халқының барлық тұңғыштарының көздерін құртқан күннен бастап, Исраилдің барлық тұңғыш ұлдарын да, малдың тұңғыш төлдерін де Өзіме бағыштадым. Сондықтан олар Менікі болуға тиіс. Мен Жаратқан Иемін». 14 Жаратқан Ие Мұсаға Синайдағы елсіз далада мынаны да айтты: 15 «Барлық жасы бір айдан жоғары еркек кіндікті леуіліктерді шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша түгендеп санақтан өткіз!» 16 Содан Мұса Жаратқан Иенің осы нұсқауына сай Леуі руын түгендеп санақтан өткізді. 17 Леуінің ұлдарының есімдері: Герсон, Қахат, Мерари. 18 Герсонның ұлдарынан тараған әулеттердің аттары: Лібіни, Шимей. 19 Қахаттың ұлдарынан тараған әулеттер: Ымрам, Ысқар, Хеброн, Ұзиел. 20 Мераридің ұлдарынан тараған әулеттер: Мәхли, Мұши. Шыққан ата-тектері бойынша леуіліктердің әулеттері осылар. 21 Герсонға жататын әулеттер: Лібіни мен Шимей әулеттері. 22 Олардағы санақтан өткен, жасы бір айдан жоғары еркек кіндіктілердің жалпы саны жетпіс мың бес жүз болып шықты. 23 Герсондық әулеттер киелі шатырдың артында, яғни, батыс жақта орналасып қостарын тіксін. 24 Герсондық әулеттердің басшысы — Лаел ұлы Әлиасаф. 25 Герсондықтар киелі кездесу шатырында мына міндеттерді орындауға тағайындалды: шатырдың өзіне жабындарымен қоса, сондай-ақ кіреберісіндегі шымылдыққа, 26 ауланың перделеріне, киелі шатыр мен құрбандық үстелінің айналасындағы ауланың кіреберісіндегі пердеге және арқандарға күтім жасау әрі соған байланысты барлық жұмыстарды атқару. 27 Қахаттан тараған әулеттер: Ымрам, Ысқар, Хеброн, Ұзиел әулеттері. 28 Бұлардағы санақтан өткен, жасы бір айдан жоғары еркек кіндіктілерінің жалпы саны сегіз мың алты жүз болып шықты. Олардың жауапкершілігінде киелі шатырдағы қызмет болды. 29 Қахаттық әулеттер киелі шатырдың оңтүстік жағында орналасып қостарын тіксін. 30 Қахаттық әулеттердің басшысы — Ұзиел ұлы Елісапан. 31 Қахаттықтар Келісім сандығын, (нан тартулары қойылатын) үстелді, шам қойғышты, құрбандық үстелін және хош иісті заттарды түтету үстелін, киелі шатырдағы қызметте қолданылатын құрал-саймандарды және шымылдықты қарап, оларға байланысты барлық жұмыстарды атқаруға тағайындалды. 32 Леуі руы басшыларының жетекшісі діни қызметкер Һаронның ұлы Елазар болды. Ол киелі шатырдағы түрлі қызметтерді атқаратындардың үстерінен қарады. 33 Мерариге жататын әулеттер: Мәхли, Мұши әулеттері. 34 Олардағы санақтан өткен жасы бір айдан жоғары еркек кіндіктілердің жалпы саны алты мың екі жүз болып шықты. 35 Мерарилік әулеттердің басшысы — Әбихаил ұлы Суриел. Мерарилік әулеттер киелі шатырдың солтүстік жағында орналасып қостарын тіксін. 36 Мерариліктердің орындайтын міндеті киелі шатырдың бөренелеріне, көлденең сырықтарына, бағаналарына, тағандарына және барлық құрал-жабдықтарына күтім жасап, соларға байланысты бүкіл қызметті атқару болды. 37 Олар, сондай-ақ, киелі шатырдың айналасындағы ауланың бағаналары, тағандары, қазықтары мен арқандарына байланысты қызметтерді де атқаратын. 38 Киелі шатырдың алдында, оның шығыс жағында Мұса, Һарон және оның ұлдары қостарын тігетін болды. Оларға исраилдіктердің атынан киелі шатырды басқарып, бақылап қорғау міндеті жүктелді. Ал соған жақындаған бөтен адам өлтірілуге тиіс болды. 39 Мұса мен Һарон Жаратқан Иенің берген нұсқауына сай Леуі руын өз әулеттері бойынша түгендеп санақтан өткізгенде, олардағы жасы бір айдан жоғары еркек кіндіктілердің тіркелген жалпы саны жиырма екі мың болып шықты. 40 Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп нұсқады: «Исраилдіктердің жасы бір айдан жоғары барлық еркек кіндікті тұңғыштарын санақтан өткізіп, аты-жөндерін тізімге тірке. 41 Осылайша исраилдіктердің барлық тұңғыш ұлдарының орнына леуіліктерді Маған бағышта; Мен Жаратқан Иемін. Исраилдіктердің малының барлық алғашқы төлінің орнына леуіліктердің малы да Менікі». 42 Содан Мұса Жаратқан Иенің нұсқауына сай исраилдіктердің арасындағы барлық тұңғыш туған еркек кіндіктілерді түгендеп санақтан өткізді. 43 Сонда есімдерінің тізіміне сәйкес есептегенде, исраилдіктердің жасы бір айдан жоғары еркек кіндікті тұңғыш болып туғандарының жалпы саны жиырма екі мың екі жүз жетпіс үш болды. 44 Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді: 45 «Исраилдіктердің барлық тұңғыш ұлдарының орнына леуіліктерді, барлық малының орнына леуіліктердің малын ал. Леуіліктер Менікі болып Маған арнайы қызмет етуге тиіс; Мен Жаратқан Иемін. 46 Леуіліктердің санынан асып түсетін екі жүз жетпіс үш тұңғыш болып туған исраилдіктің құнын өтеп, (міндеттерінен) босату үшін 47 олардың әрқайсысы үшін бес мысқал күмістен қабылдап ал. Мұндағы мысқал — салмағы жиырма гераһтан тұратын киелі орында қолданылатын ресми өлшем. 48 Исраилдіктердің босатылуы үшін төленген осы құнды Һарон мен оның ұлдарына бер». 49 Сонда Мұса саны леуіліктерден артылып қалған тұңғыш болып туған исраилдіктердің құны ретінде төленген күмісті жинап алғанда, 50 ол киелі орынның ресми өлшемі бойынша салмағы бір мың үш жүз алпыс бес мысқал тартатын күміс болды. 51 Мұса Жаратқан Иенің берген нұсқауына сай төленген осы құнды Һарон мен оның ұлдарына табыс етті.
1 Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тағы да тіл қатып былай деді: 2 «Леуіліктердің қахаттық тармағын әулеттері мен ата-тектері бойынша санақтан өткіз. 3 Жасы отыз бен елу арасындағы қызмет етуге жарамды, кездесу шатырының жұмысын атқара алатын еркек кіндіктілерін сана. 4 Қахаттықтардың кездесу шатырындағы атқаратын қызметі ең қасиетті бөлмеге қатысты. 5 Ел қонысы көшуге дайындалғанда, Һарон ұлдарымен бірге ең қасиетті бөлмені ажыратып бөліп тұратын шымылдықты шешіп алып, сонымен Келісім сандығын жабатын болсын. 6 Олар соның үстіне борсық терілерінен жасалған жабын жайып, оның үстіне бір түсті қою күлгін жапқыш жапсын. Сырықтарды шығыршықтарға кіргізсін. 7 Һарон мен оның ұлдары нан тартулары қойылатын үстелге қою күлгін түсті дастарқан жайып, оның үстіне аяқ-табақтар мен табаларды, сұйық тартулар жасауға арналған құмыралар мен тостағандарды қоюлары керек. Сол үстелдің үстінде Жаратқан Иеге бағышталған нан тартулары ұдайы болсын. 8 Солардың үстіне ал қызыл түсті жапқыш жайып, борсық терілерінен жасалған жабынмен жауып, сырықтарды орнатсын. 9 Мұнан кейін олар қою күлгін түсті жабынды алып, онымен жарық түсіретін шам қойғышты, оның шамдарын, шам өшіргіш қысқаштар мен табақшаларды әрі шамдарға байланысты қызметте қолданылатын зәйтүн майының ыдыстарын да жапсын, 10 олар шам қойғышты және оның барлық құрал-жабдықтарын борсық терілеріне орап, зембілге салып қойсын. 11 Бұдан соң олар хош иісті заттар түтетілетін алтын үстелдің үстіне қою күлгін жабын жайып, оны борсық терілерінен жасалған жабынмен жауып, үстелге оның арнайы сырықтарын орнатсын. 12 Олар киелі орында қызмет етуге арналған басқа құрал-саймандарды да алып, оларды қою күлгін жабынға орап, борсық терісінен жасалған жабынмен жауып, зембілге салып қойсын. 13 Мұнан кейін Һарон және оның ұлдары шалынған құрбандықтар өртеліп ұсынылатын үстелді күлден тазартып, оның үстіне күрең қызыл жабын жайсын. 14 Олар құрбандық үстелінде жасалатын қызметте қолданылатын құрал-саймандардың бәрін: (шоқ салатын) табаларды, шанышқыларды, қалақтарды, (қан бүркуге арналған) тостағандарды, яғни құрбандық үстелінің барлық құрал-саймандарын, жабынның үстіне қойып, оларды борсық терілерінен жасалған жамылғымен жауып, үстелге оның арнайы сырықтарын орнатсын. 15 Исраилдіктердің ел қонысы көшер алдында Һарон және оның ұлдары киелі шатыр мен оның құрал-жабдықтарын жауып болған соң ғана қахаттықтардың жақындап келіп, оларды көтеріп алып жүрулеріне болады. Сол киелі заттардың ешқайсысына қол тигізулеріне болмайды, әйтпесе олар өлім құшады. Қахаттықтардың кездесу шатырындағы алып жүретін заттары осылар. 16 Діни қызметкер Һарон ұлы Елазарға шамдардың майына, түтетілуге арналған хош иісті заттарға, ұдайы ұсынылатын астық тартулары мен май жағу рәсіміне арналған майға қатысты, сондай-ақ, бүкіл киелі орын мен ондағының бәріне: кездесу шатыры мен оның құрал-жабдықтарына қатысты жауапкершілік жүктелген». 17 Содан соң Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тіл қатып былай деді: 18 «Қахаттық әулеттердің Леуі руының арасынан құрып кетулеріне жол бермеңдер. 19 Олар ең киелі нәрселерге жақындап өліп қалмай, тірі қалулары үшін Һарон мен оның ұлдары қахаттықтардың әрқайсысын атқаратын қызметі мен алып жүретін жүгіне қарай тағайындасын. 20 Бірақ қахаттықтардың ең қасиетті бөлмеге бір сәтке де кіріп, жиналып жатқан киелі нәрселерді көрулеріне болмайды, әйтпесе олар өлім құшады». 21 Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді: 22 — Герсонның ұрпақтарын да олардың ата-тектері мен әулеттері бойынша санақтан өткіз. 23 Жасы отыз бен елу арасындағы қызметке жарамды, киелі шатырдың жұмысын атқара алатын еркек кіндіктілерін сана. 24 Герсондықтардың атқаратын жұмыстары мен көтеретін жүктері мынау: 25 олар кездесу шатырының шымылдықтарын, жапқыштарымен қоса кездесу шатырының өзін, оның үстіндегі борсық терілерінен жасалған жабынды және кездесу шатырының кіреберісіндегі перделерді көтеріп алып жүруге тиіс. 26 Герсондықтар ауланың перделерін, киелі шатыр мен құрбандық үстелінің айналасындағы ауланың кіреберісіне ілінген пердені, арқандарын және құрбандық үстелінде атқарылатын қызметке қажетті құрал-саймандардың барлығын алып жүреді. Сонымен герсондықтар осы нәрселердің бәрін істеуге міндетті. 27 Герсондықтар Һарон мен оның ұлдарының өздеріне берген нұсқауымен жұмыс жасауға әрі жүк тасуға тиісті. Һарон мен оның ұлдары герсондықтарға таситын жүктерін мұқият сақтап қадағалауды тапсырсын. 28 Герсондықтардың кездесу шатырында атқарар жұмыстары осылар. Олар міндеттерін діни қызметкер Һаронның ұлы Ітамардың нұсқауы бойынша атқаратын болады. 29 Мераридің ұрпақтарын да ата-тектері мен әулеттері бойынша санақтан өткіз. 30 Жасы отыз бен елу арасындағы қызметке жарамды, кездесу шатырының жұмысын атқара алатын еркек кіндіктілерін сана. 31 Кездесу шатырына қатысты жұмыс істегенде оларға мынадай міндет жүктеледі: олар шатырдың бөренелерін, көлденең сырықтарын, бағаналарын, күміс тағандарын, 32 ауланы айнала орналасқан бағаналарды, тағандарын, арқандарын, олардың барлық құрал-саймандары мен солардың қызметіне қатыстының бәрін алып жүруге міндетті. Қай затты кімнің алып жүруге тиіс екендігін аттарымен атап тағайындау керек. 33 Діни қызметкер Һаронның ұлы Ітамардың нұсқауымен Мераридің ұрпақтары кездесу шатырында атқаруға тиісті жұмыстар, міне, осылар. 34 Содан соң Мұса, Һарон және Исраил қауымының жетекшілері Қахаттың ұрпақтарын өз әулеттері мен ата-тектері бойынша санақтан өткізді. 35 Жасы отыз бен елу арасындағы қызметке жарамды, кездесу шатырының жұмысын атқара алатын еркек кіндіктілері есептелгенде, 36 олардың жалпы саны екі мың жеті жүз елу болып шықты. 37 Бұл — кездесу шатырында жұмыс істейтін қахаттықтардың өз әулеттері бойынша санағы. Мұса мен Һарон санақты Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген нұсқауына сай өткізді. 38 Герсонның ұрпақтары да өз әулеттері мен ата-тектері бойынша санақтан өткізілді. 39 Жасы отыз бен елу арасындағы қызметке жарамды, кездесу шатырының жұмысын атқара алатын еркек кіндіктілері есептелгенде, 40 олардың жалпы саны екі мың алты жүз отыз болып шықты. 41 Бұл — кездесу шатырында жұмыс істейтін герсондықтардың өз әулеттері бойынша санағы. Мұса мен Һарон санақты Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген нұсқауына сай өткізді. 42 Мераридің ұрпақтары да өз әулеттері мен ата-тектері бойынша санақтан өткізілді. 43 Жасы отыз бен елу арасындағы қызметке жарамды, кездесу шатырының жұмысын атқара алатын еркек кіндіктілері есептелгенде, 44 олардың жалпы саны үш мың екі жүз болып шықты. 45 Бұл — кездесу шатырында жұмыс істейтін мерариліктердің өз әулеттері бойынша санағы. Мұса мен Һарон санақты Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген нұсқауына сай өткізді. 46 Осылай Мұса, Һарон және Исраилдің жетекшілері барлық леуіліктерді әулеттері мен ата-тектері бойынша санақтан өткізді. 47 Жасы отыз бен елу арасындағы қызметке жарамды, кездесу шатырының жұмысын атқарып, оның жүгін көтере алатын еркек кіндікті леуіліктердің ұзын саны 48 сегіз мың бес жүз сексен болып шықты. 49 Жаратқан Иенің әмірімен олардың әрқайсысына Мұса арқылы істейтін жұмысы мен көтеруге тиіс жүгі тағайындалды. Осылайша олар Жаратқан Иенің Мұсаға берген нұсқауына сәйкес түгенделіп санақтан өтті.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 2 «Исраилдіктерге жұқпалы тері ауруына шалдыққан, денесінен ірің ағатын немесе өлікке жанасып арамданған адамдарды ел қонысынан шығарып жіберуге бұйыр. 3 Еркек болсын, әйел болсын, ондай адамдарды қоныстарыңның сыртына шығарып жіберіңдер! Ондағы мақсат — олардың Өзім араларыңда тұратын қонысты арамдамаулары». 4 Исраилдіктер осылай істеп, сондайларды ел қонысының сыртына шығарып жіберді. Жаратқан Ие Мұсаға қалай айтқан болса, исраилдіктер дәл солай істеді. 5 Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді: 6 «Исраилдің үрім-бұтағына мынаны айт: Ер адам немесе әйел қандай да бір күнә жасап Жаратқан Иеге опасыздық істеуі арқылы айыпты болса, 7 ондай адам өз күнәсін ашық мойындасын. Содан кейін ол жасағанының толық құнын, оның үстіне сол құнның бестен бірін қосып, зиян шеккен адамға берсін. 8 Бірақ егер сол адам өліп, оның айып төлемін қабылдап алатындай туысқан қамқоршысы болмаса, онда айып төлем Жаратқан Иеге тиісті болып, діни қызметкерге берілсін. Оған сол адамның күнәсінің арамдығынан тазаруы үшін құрбандыққа шалған қошқары да берілсін. 9 Исраилдіктердің діни қызметкерге әкеліп, көтеріп ұсынатын киелі тартуларының барлығы оған тиесілі. 10 Әрбір адамның Жаратқан Иеге бағыштаған сый-тартулары діни қызметкердің меншігіне айналады: адамның діни қызметкерге табыс еткені сонікі болмақ». 11 Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 12 — Исраилдіктерге мынаны айт: Біреудің әйелі түзу жолдан адасып, күйеуіне опасыздық жасап, 13 өзге ер адаммен төсектес болса, бірақ ешкім үстінен түспей, куәгер жоқ болғандықтан бұл жайт күйеуіне беймәлім болып, әйелдің арамданғаны құпия күйінде қала беруі мүмкін. 14 Егер күйеуінде қызғаныш сезімі туып, әйелінің адалдығына күдіктенсе, 15 ол әйелін діни қызметкерге алып барсын. Күйеуі әйелі үшін берілетін тарту ретінде пұттың оннан біріндей мөлшерде арпа ұнын да ала барсын. Бірақ сол ұнға ол не май құйып, не хош иісті зат салушы болмасын. Себебі бұл — қызғанышқа бола ұсынылған астық тартуы, ол әділетсіздіктің орын алған-алмағанын тексеріп білуге арналған естелік тарту. 16 Діни қызметкер әйелді алға шығарып, Жаратқан Иенің алдында тұрғызсын. 17 Діни қызметкер қыш құмыраға Жаратқан Иеге бағышталған судан құйып, оған киелі шатырдың жер еденінен алынған біразырақ топырақты салсын. 18 Содан соң ол Жаратқан Иенің алдында тұрған әйелдің шашын жайғызып, оның қолына естелік тартуын, яғни қызғанышқа бола ұсынылған астық тартуын, ұстатсын. Ал өзі қарғыс келтіретін жаңағы ащы су құйылған құмыраны ұстап тұрсын. 19 Діни қызметкер әйелге ант бергізіп, оған былай десін: «Егер бөтен еркек сенімен төсектес болмаған болса, сен некелі күйеуің бола тұра оған опасыздық жасамаған әрі өзіңді арамдамаған болсаң, қарғыс алып келетін мына ащы су саған еш зиянын тигізбесін. 20 Бірақ егер сен түзу жолдан адасып, некелі күйеуің бола тұра өзге еркекпен төсектес болып, күйеуіңе опасыздық жасап, өзіңді арамдаған болсаң, — 21 осы кезде діни қызметкер әйелге қарғыс келтіретін мына анттың сөздерін айтқызып, оған былай десін: — онда Жаратқан Ие саған бойыңа бала бітсе оны түсіріп тастайтын құрсақ беріп, бедеу қылсын. Солай сенің халқың саған лағнет айтып, айыптайтын болсын! 22 Қарғыс алып келетін осы су денеңе еніп, сені бедеу қылып, ал құрсағыңды бойыңа бала бітсе, түсіріп тастай беретін етсін!» Ал әйел бұған: «Аумин, солай болсын!» десін. 23 Діни қызметкер осы қарғыстарды бір нәрсеге жазып қойсын. Содан кейін ол жазғандарын ащы сумен өшіріп шайсын. 24 Діни қызметкер осы қарғыс алып келетін суды кейінірек әйелге ішкізсін. Егер әйел кінәлі болса, су оның денесіне еніп, оны қатты азапқа ұшыратады. 25 Бұдан кейін діни қызметкер әйелдің қолынан қызғанышқа байланысты астық тартуын алып, оны Жаратқан Иенің алдында тербей көтеріп, құрбандық үстеліне алып барсын. 26 Ол астық тартуының бір уысын алып, тартудың естелік бөлігі ретінде құрбандық үстелінде өртеп жіберсін. Осыдан кейін әйелге қарғыстың суын ішкізсін. 27 Егер әйел шынымен күйеуіне опасыздық жасап арамданған болса, ол қарғыс алып келетін сол ащы суды ішкенде, су оның бойына тарап, оны қатты азапқа ұшыратады. Сол су оның құрсағын ісітіп, мықынын аздырып, оны бала көтере алмайтын етеді. Сол себепті оның аты өз халқының арасында қарғысқа айналады. 28 Ал егер сол әйел арамданбаған, ешбір жазығы жоқ болса, ол өзіне тағылған айыптан құтылып, бала көтеретін болады. 29 Сонымен, әйел некелі ері бола тұра түзу жолдан адасып өзге ер адаммен төсектес болып арамданғанда, 30 немесе күйеуі әйеліне күдіктеніп, қызғанған кезде қолданылатын заң — осы. Сондай жағдайда діни қызметкер әйелді Жаратқан Иенің алдында тұрғызып, оған осы заңды толығымен іске асырады. 31 Сонда күйеуі күнәдан таза болады, ал әйелі өзі жасаған күнәсінің кесіріне ұшырайды.
1 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тағы тіл қатып былай деді: 2 — Исраилдіктерге мынаны айт: Егер бір ер адам не әйел өзін Жаратқан Иеге ерекше бағыштап бөлектейтін назир антын берсе, 3 сол адам шараптан және ашыған басқа сусыннан бас тартсын, әрі шарап не өзге ашыған сусыннан жасалған сірке суын да ішпеуі керек. Оған не жүзім шырынын, не жаңа піскен жүзімді, не мейізді ішіп-жеуіне болмайды. 4 Құдайға бағышталып назир болып жүрген кезінде оған жүзім бұтасынан шығатын еш нәрсені, тіпті жүзімнің қабығы мен дәнегін де жеуге болмайды. 5 Адамның Құдайға бағышталып назир антын ұстанған кезінде оның басына ұстара тимеуі тиіс. Жаратқан Иеге өзін ерекше бағыштаған киелі мерзімі біткенше ол шашын өсіре берсін. 6 Өзін Жаратқан Иеге бағыштаған бүкіл уақыт бойы ол өлікке жақындамасын. 7 Тіпті өз әкесі, шешесі немесе туған бауыры қайтыс болса да, ол солардың мәйітіне барып өзін арамдамасын. Оның Құдайға бағышталғандығының сыртқы белгісі — басындағы шашы. 8 Өзін Жаратқан Иеге бағыштаған күллі мерзім бойы сол адам осылай жүруі керек. 9 Егер оның көз алдында біреу кенеттен қайтыс болса, осының өзі де оның басындағы бағышталған шашты арамдайды. Жеті күндік тазару мерзімі өткен соң ол шашын алдырып тастасын. 10 Ал сегізінші күні ол кездесу шатырының кіреберісіне діни қызметкерге екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді алып келсін. 11 Сол адам өліктің жанында болуы арқылы күнәлі болғандықтан, діни қызметкер екі құстың біреуін күнәнің құнын өтейтін, ал екіншісін түгелдей өртелетін құрбандық ретінде шалсын. Осылай адам өліктің қасында болып арамданған күйінен тазарады. Сол күні ол қайтадан назир антын беріп, бұдан былай шашын өсіретін болсын. 12 Ол өзін қайтадан Жаратқан Иеге бағыштап назир болып, соған арнайы уақытты белгілесін және айыбын өтейтін құрбандығы ретінде бір жасар тоқтыны алып келсін. Себебі ол арамданып қалғандықтан оның назир болған бұрынғы күндері жарамсыз. 13 Адамның назир болып Құдайға ерекше бағышталған мерзімі аяқталған кездегі рәсімдер туралы заң мынау. Назир антын берген адам кездесу шатырының кіреберісіне келтірілсін. 14 Ол Жаратқан Иеге арнап мына құрбандықтарды: бір жасар мінсіз еркек тоқтыны — түгелдей өртелетін құрбандыққа, бір жасар ұрғашы тоқтыны — күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа және бір мінсіз қошқарды — Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандыққа алып келсін. 15 Осыған қоса ол бір себет таңдаулы бидай ұнынан зәйтүн майымен араластырылып пісірілген ашымаған нан, зәйтүн майы жағылған шелпек, сондай-ақ астық және сұйық тартуларын да әкелсін. 16 Діни қызметкер осыларды Жаратқан Иенің алдына әкеліп, күнәнің құнын өтейтін құрбандықты және түгелдей өртелетін құрбандықты шалып ұсынады. 17 Бұдан кейін Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандығы ретінде қошқарды шалып, ашымаған нан тартуы бар себетті қоса әкелсін. Сол сияқты, діни қызметкер астық және сұйық тартуларын да ұсынсын. 18 Содан соң назир болған кісі басындағы назирлікке бағышталған кезде шыққан шашын кездесу шатырының кіреберісінде қырықсын. Оны Құдаймен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандығының астында жанып жатқан отқа салып өртеп жіберсін. 19 Назир болған адам шашын қырқып тастағаннан кейін діни қызметкер құрбандыққа шалынған қошқардың пісірілген оң жақ жауырынын және себеттегі ашымаған нан мен шелпектен бір-бірден алып, оларды назир болған адамның алақанына салып берсін. 20 Мұнан соң діни қызметкер оларды Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынады. Олар әрі-бері тербеп ұсынылған төс және көтеріп ұсынылған сан етімен бірге діни қызметкердің үлесіне тиесілі әрі киелі. Бұдан былай назир болған адамның шараптан ішуіне болады. 21 Өзін Жаратқан Иеге антпен ерекше бағыштап назир болған адамның жасайтын тартулары туралы заң осы. Егер назир болған адам өзі ұсынуға тиісті тартуларына қоса басқа нәрсені де ұсынуға серт берген болса, онда өзінің сол сертін де бұлжытпай іске асыруы қажет. 22 Жаратқан Ие Мұсаға тағы тіл қатып былай деді: 23 «Һаронға және оның ұлдарына мынаны жеткіз: Исраил халқына былай деп бата беріңдер: 24 Жаратқан Ие сені жарылқап аман сақтай көрсін, 25 Жаратқан Ие саған бетінің нұрын төгіп рақымды бола көрсін, 26 Жаратқан Ие саған бет-жүзін бұрып тыныштық сыйлай көрсін! 27 Осылайша Һарон мен оның ұлдары Исраил халқына Менің есімімді атап бата бергенде, Мен Өзім оларды жарылқайтын боламын».
1 Киелі шатырды құрып болған күні Мұса оған және ішіндегі барлық құрал-жабдықтарына, құрбандық үстелі мен оның бұйымдарына май жағу рәсімін орындап, оларды Жаратқан Иеге бағыштап киелі етті. 2 Содан соң Исраилдің жетекшілері — санақты жүргізген рубасылар өз тартуларын ұсынды. 3 Олар Жаратқан Иеге арнаған сый-тартуларын он екі өгізге жегілген, үсті жабық алты арбаға тиеп алып келді. Әрбір жетекшіге бір өгізден, ал әрбір екі жетекшіге бір арбадан келді. Жетекшілер осыларды киелі шатырдың алдына әкеліп ұсынды. 4 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 5 «Алып келгендерін олардан қабылдап ал. Бұл тартуларды кездесу шатырындағы қызметте қолдануға болады. Оларды леуіліктерге атқаратын қызметтеріне қарай үлестіріп бер». 6 Содан Мұса арбалар мен өгіздерді қабылдап алып леуіліктерге тапсырды. 7 Мұса (кездесу шатырындағы) қызметтеріне сай екі арба мен төрт өгізді Герсонның ұрпақтарына, 8 төрт арба мен сегіз өгізді Мераридің ұрпақтарына үлестірді. Олардың барлығы күллі қызметтерін діни қызметкер Һаронның ұлы Ітамардың басшылығымен атқарды. 9 Ал қахаттықтарға Мұса еш көлік бермеді, себебі олардың қызметі — киелі жиһаздарды өз иықтарымен көтеріп алып жүру болды. 10 Құрбандық үстеліне май жағу рәсімі жасалып болғаннан кейін, рубасылар құрбандық үстелін қызметке бағыштау рәсіміне байланысты тартуларын оның алдына алып келе бастады. 11 Себебі Жаратқан Ие Мұсаға: «Әр күн сайын бір жетекші құрбандық үстелінің қызметке бағышталуына байланысты өзінің тартуларын ұсынатын болсын», — деп бұйырған болатын. 12 Бірінші күні Яһуда руының атынан Әминадап ұлы Нағасон өзінің мына сый-тартуларын ұсынды: 13 салмағы жүз отыз мысқал күміс табақ, жетпіс мысқалдық күміс тостаған, екеуінің де салмағы киелі орындағы мысқалмен өлшенген және екеуі де астық тартуымен, яғни маймен араластырылған таңдаулы бидай ұнымен, толтырылған еді, 14 сондай-ақ, хош иісті зат салынған салмағы он мысқал алтын таба, 15 түгелдей өртелетін құрбандық үшін бір жас бұқа, бір қошқар және бір тоқты, 16 күнәнің құнын өтейтін құрбандық үшін бір теке, 17 әрі Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандық үшін екі ірі қара, бес қошқар, бес теке және бес тоқты. Әминадап ұлы Нағасонның ұсынған сый-тартулары осы болды. 18 Екінші күні Исашар руының атынан Суғар ұлы Нетанел өзінің мына сый-тартуларын ұсынды: 19 салмағы жүз отыз мысқал күміс табақ, жетпіс мысқалдық күміс тостаған, екеуінің де салмағы киелі орындағы мысқалмен өлшенген және екеуі де астық тартуымен, яғни маймен араластырылған таңдаулы бидай ұнымен, толтырылған еді, 20 сондай-ақ, хош иісті зат салынған салмағы он мысқал алтын таба, 21 түгелдей өртелетін құрбандық үшін бір жас бұқа, бір қошқар және бір тоқты, 22 күнәнің құнын өтейтін құрбандық үшін бір теке, 23 әрі Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандық үшін екі ірі қара, бес қошқар, бес теке және бес тоқты. Суғар ұлы Нетанелдің ұсынған сый-тартулары осы болды. 24 Үшінші күні Забулон руының атынан Хелон ұлы Елияп өзінің мына сый-тартуларын ұсынды: 25 салмағы жүз отыз мысқал күміс табақ, жетпіс мысқалдық күміс тостаған, екеуінің де салмағы киелі орындағы мысқалмен өлшенген және екеуі де астық тартуымен, яғни маймен араластырылған таңдаулы бидай ұнымен, толтырылған еді, 26 сондай-ақ, хош иісті зат салынған салмағы он мысқал алтын таба, 27 түгелдей өртелетін құрбандық үшін бір жас бұқа, бір қошқар және бір тоқты, 28 күнәнің құнын өтейтін құрбандық үшін бір теке, 29 әрі Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандық үшін екі ірі қара, бес қошқар, бес теке және бес тоқты. Хелон ұлы Елияптың ұсынған сый-тартулары осы болды. 30 Төртінші күні Рубен руының атынан Шедеур ұлы Елисур өзінің мына сый-тартуларын ұсынды: 31 салмағы жүз отыз мысқал күміс табақ, жетпіс мысқалдық күміс тостаған, екеуінің де салмағы киелі орындағы мысқалмен өлшенген және екеуі де астық тартуымен, яғни маймен араластырылған таңдаулы бидай ұнымен, толтырылған еді, 32 сондай-ақ, хош иісті зат салынған салмағы он мысқал алтын таба, 33 түгелдей өртелетін құрбандық үшін бір жас бұқа, бір қошқар және бір тоқты, 34 күнәнің құнын өтейтін құрбандық үшін бір теке, 35 әрі Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандық үшін екі ірі қара, бес қошқар, бес теке және бес тоқты. Шедеур ұлы Елисурдің ұсынған сый-тартулары осы болды. 36 Бесінші күні Шимон руының атынан Суришадай ұлы Шелумиел өзінің мына сый-тартуларын ұсынды: 37 салмағы жүз отыз мысқал күміс табақ, жетпіс мысқалдық күміс тостаған, екеуінің де салмағы киелі орындағы мысқалмен өлшенген және екеуі де астық тартуымен, яғни маймен араластырылған таңдаулы бидай ұнымен, толтырылған еді, 38 сондай-ақ, хош иісті зат салынған салмағы он мысқал алтын таба, 39 түгелдей өртелетін құрбандық үшін бір жас бұқа, бір қошқар және бір тоқты, 40 күнәнің құнын өтейтін құрбандық үшін бір теке, 41 әрі Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандық үшін екі ірі қара, бес қошқар, бес теке және бес тоқты. Суришадай ұлы Шелумиелдің ұсынған сый-тартулары осы болды. 42 Алтыншы күні Ғад руының атынан Рәгуел ұлы Әлиасаф өзінің мына сый-тартуларын ұсынды: 43 салмағы жүз отыз мысқал күміс табақ, жетпіс мысқалдық күміс тостаған, екеуінің де салмағы киелі орындағы мысқалмен өлшенген және екеуі де астық тартуымен, яғни маймен араластырылған таңдаулы бидай ұнымен, толтырылған еді, 44 сондай-ақ, хош иісті зат салынған салмағы он мысқал алтын таба, 45 түгелдей өртелетін құрбандық үшін бір жас бұқа, бір қошқар және бір тоқты, 46 күнәнің құнын өтейтін құрбандық үшін бір теке, 47 әрі Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандық үшін екі ірі қара, бес қошқар, бес теке және бес тоқты. Рәгуел ұлы Әлиасафтың ұсынған сый-тартулары осы болды. 48 Жетінші күні Ефрем руының атынан Амиһуд ұлы Әлишама өзінің мына сый-тартуларын ұсынды: 49 салмағы жүз отыз мысқал күміс табақ, жетпіс мысқалдық күміс тостаған, екеуінің де салмағы киелі шатырдың орындағы мысқалмен өлшенген және екеуі де астық тартуымен, яғни маймен араластырылған таңдаулы бидай ұнымен, толтырылған еді, 50 сондай-ақ, хош иісті зат салынған салмағы он мысқал алтын таба, 51 түгелдей өртелетін құрбандық үшін бір жас бұқа, бір қошқар және бір тоқты, 52 күнәнің құнын өтейтін құрбандық үшін бір теке, 53 әрі Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандық үшін екі ірі қара, бес қошқар, бес теке және бес тоқты. Амиһуд ұлы Әлишаманың ұсынған сый-тартулары осы болды. 54 Сегізінші күні Манаса руының атынан Педасур ұлы Гамалиел өзінің мына сый-тартуларын ұсынды: 55 салмағы жүз отыз мысқал күміс табақ, жетпіс мысқалдық күміс тостаған, екеуінің де салмағы киелі орындағы мысқалмен өлшенген және екеуі де астық тартуымен, яғни маймен араластырылған таңдаулы бидай ұнымен, толтырылған еді, 56 сондай-ақ, хош иісті зат салынған салмағы он мысқал алтын таба, 57 түгелдей өртелетін құрбандық үшін бір жас бұқа, бір қошқар және бір тоқты, 58 күнәнің құнын өтейтін құрбандық үшін бір теке, 59 әрі Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандық үшін екі ірі қара, бес қошқар, бес теке және бес тоқты. Педасур ұлы Гамалиелдің ұсынған сый-тартулары осы болды. 60 Тоғызыншы күні Бунямин руының атынан Гидеони ұлы Абидан өзінің мына сый-тартуларын ұсынды: 61 салмағы жүз отыз мысқал күміс табақ, жетпіс мысқалдық күміс тостаған, екеуінің де салмағы киелі орындағы мысқалмен өлшенген және екеуі де астық тартуымен, яғни маймен араластырылған таңдаулы бидай ұнымен, толтырылған еді, 62 сондай-ақ, хош иісті зат салынған салмағы он мысқал алтын таба, 63 түгелдей өртелетін құрбандық үшін бір жас бұқа, бір қошқар және бір тоқты, 64 күнәнің құнын өтейтін құрбандық үшін бір теке, 65 әрі Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандық үшін екі ірі қара, бес қошқар, бес теке және бес тоқты. Гидеони ұлы Абиданның ұсынған сый-тартулары осы болды. 66 Оныншы күні Дан руының атынан Амишадай ұлы Ахиезер өзінің мына сый-тартуларын ұсынды: 67 салмағы жүз отыз мысқал күміс табақ, жетпіс мысқалдық күміс тостаған, екеуінің де салмағы киелі орындағы мысқалмен өлшенген және екеуі де астық тартуымен, яғни маймен араластырылған таңдаулы бидай ұнымен, толтырылған еді, 68 сондай-ақ, хош иісті зат салынған салмағы он мысқал алтын таба, 69 түгелдей өртелетін құрбандық үшін бір жас бұқа, бір қошқар және бір тоқты, 70 күнәнің құнын өтейтін құрбандық үшін бір теке, 71 әрі Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандық үшін екі ірі қара, бес қошқар, бес теке және бес тоқты. Амишадай ұлы Ахиезердің ұсынған сый-тартулары осы болды. 72 Он бірінші күні Ашир руының атынан Охран ұлы Пагиел өзінің мына сый-тартуларын ұсынды: 73 салмағы жүз отыз мысқал күміс табақ, жетпіс мысқалдық күміс тостаған, екеуінің де салмағы киелі орындағы мысқалмен өлшенген және екеуі де астық тартуымен, яғни маймен араластырылған таңдаулы бидай ұнымен, толтырылған еді, 74 сондай-ақ, хош иісті зат салынған салмағы он мысқал алтын таба, 75 түгелдей өртелетін құрбандық үшін бір жас бұқа, бір қошқар және бір тоқты, 76 күнәнің құнын өтейтін құрбандық үшін бір теке, 77 әрі Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандық үшін екі ірі қара, бес қошқар, бес теке және бес тоқты. Охран ұлы Пагиелдің ұсынған сый-тартулары осы болды. 78 Он екінші күні Нафталим руының атынан Енан ұлы Ахира өзінің мына сый-тартуларын ұсынды: 79 салмағы жүз отыз мысқал күміс табақ, жетпіс мысқалдық күміс тостаған, екеуінің де салмағы киелі орындағы мысқалмен өлшенген және екеуі де астық тартуымен, яғни маймен араластырылған таңдаулы бидай ұнымен, толтырылған еді, 80 сондай-ақ, хош иісті зат салынған салмағы он мысқал алтын таба, 81 түгелдей өртелетін құрбандық үшін бір жас бұқа, бір қошқар және бір тоқты, 82 күнәнің құнын өтейтін құрбандық үшін бір теке, 83 әрі Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандық үшін екі ірі қара, бес қошқар, бес теке және бес тоқты. Енан ұлы Ахираның ұсынған сый-тартулары осы болды. 84 Сонымен құрбандық үстеліне май жағу рәсімін жасап, оны Жаратқан Иеге бағыштаған кезде Исраилдің рубасыларының ұсынған сый-тартулары мыналар болды: он екі күміс табақ, он екі күміс тостаған, он екі алтын таба. 85 Әрбір күміс табақтың салмағы жүз отыз мысқал, күміс тостағанның салмағы жетпіс мысқал болды. Күміс табақтардың жалпы салмағы екі мың төрт жүз мысқалды құрады. Осындағы мысқал киелі орында қолданылатын ресми мысқал бойынша өлшенген. 86 Хош иісті зат салуға арналған, шоқ салатын он екі алтын табаның әрқайсысының салмағы ресми өлшем бойынша он мысқалдан болды. Хош иісті зат салуға арналған табалардың жалпы салмағы жүз жиырма мысқал болды. 87 Осы рәсімді жасағанда түгелдей өртелетін құрбандыққа шалынған малдар он екі жас бұқа, он екі қошқар, он екі тоқты болды. Олар тиісті астық тартуларымен бірге ұсынылды. Күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде он екі теке әкелінді. 88 Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандыққа шалынған малдың жалпы саны мүйізді ірі қарадан жиырма төрт жас бұқа, сонымен қатар алпыс қошқар, алпыс теке және алпыс тоқты болды. Құрбандық үстеліне май жағу рәсімі жасалғаннан кейін шалынған құрбандықтар осы болды. 89 Мұса Жаратқан Иемен тілдесу үшін кездесу шатырына барып, ішіне кіретін. Сонда ол Келісім сандығының қақпағының үстіңгі жағында орналасқан екі керуб мүсінінің арасынан өзіне арналған дауысты еститін. Осылай Жаратқан Ие Мұсаға сөзін арнайтын.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 2 Һаронға мынаны айт: «Шам қойғыштың жеті май шамын дайындатқанда жарығы оның алдыңғы жағына түсіп тұратын етіп орнат!» 3 Һарон солай істеп, Жаратқан Иенің Мұсаға берген нұсқауына сай шам қойғышқа жеті май шамын орнатты. Олардың жарығы алдыңғы жаққа түсіп тұратын болды. 4 Шам қойғыш тұғырынан бастап жоғарғы жағындағы бүршіктеріне дейін түгелдей алтыннан балғамен соғылып жасалған еді. Бұл Жаратқан Иенің Мұсаға көрсеткен үлгісіне сай істелінді. 5 Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 6 «Леуіліктерді басқа исраилдіктердің арасынан бөліп алып, тазару рәсімінен өткіз. 7 Оларды тазарту үшін былай істе: олардың үстіне тазарту суын бүркіп шаш. Олар денелеріндегі шашы мен түгін түгел қырып алып тастап, киімдерін жуып, өздерін осылайша тазартсын. 8 Содан соң леуіліктер бір жас бұқаны және тиісті астық тартуын, яғни зәйтүн майымен араластырылған таңдаулы бидай ұнын, әрі күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа арналған екінші жас бұқаны әкелсін. 9 Леуіліктерді кездесу шатырының кіреберісіне алып келіп, Исраилдің үрім-бұтағының бүкіл қауымын жина. 10 Леуіліктерді Жаратқан Иенің алдына алып келгенде, исраилдіктер олардың үстіне қолдарын қойсын. 11 Содан Һарон леуіліктерді Исраил халқының Жаратқан Иеге жасаған ерекше тартуы ретінде Оған ұсынып, Оның қызметіне бағыштасын. 12 Леуіліктер қолдарын екі жас бұқаның бастарына қойсын, содан кейін біреуін күнәнің құнын өтейтін, екіншісін түгелдей өртелетін құрбандық ретінде өздерін күнәларының арамдығынан тазарту үшін шалып, Жаратқан Иеге ұсынсын. 13 Бұдан соң леуіліктерді Һарон мен оның ұлдарының алдына тұрғызып, оларды Жаратқан Иеге арналған ерекше тарту ретінде бағышта. 14 Осылайша леуіліктерді басқа исраилдіктердің арасынан бөліп ал. Леуіліктер Менің ерекше меншігім болады. 15 Леуіліктерге тазару және Маған ерекше қызмет атқаруға бағышталғанын көрсететін рәсімдерді жасап болғаннан кейін олар кездесу шатырына барып, сол жердегі қызметтеріне кіріссін. 16 Себебі исраилдіктердің барлық тұңғыш ұлдары Менікі, бірақ олардың орнына Мен Исраил халқының арасынан леуіліктерді Өзіме тұрақты қызмет етуге таңдап алдым. 17 Мысыр елінің тұңғыштарына апат жіберген кезде Мен исраилдіктердің тұңғыштарын, адам болсын, мал болсын, Өзіме бағыштап таңдап алып қойғанмын. 18 Сонда Мен леуіліктерді исраилдіктердің тұңғыштарының орнына Өзіме бағыштадым. 19 Мен леуіліктерді діни қызметкер Һарон мен оның ұлдарына көмекші болсын деп тапсырдым. Содан леуіліктер исраилдіктердің күнәларының арамдығынан тазартатын құрбандықтарын шалып, ұсынуға және олардың Жаратқан Иенің кездесу шатырында істеуге міндетті басқа жұмыстарын атқаруға тиіс. Өзге исраилдіктердің киелі орынға өз беттерімен жақындап келгендіктерінен бастарына апат түспеуі үшін осылай істедім». 20 Содан да Мұса, Һарон және Исраил халқының бүкіл жамағаты леуіліктерді Жаратқан Иеге бағыштап, Оның леуіліктер туралы Мұсаға айтқан нұсқауларының барлығын мұқият орындады. 21 Леуіліктер күнәларынан тазару рәсімінен өтіп, киімдерін жуды. Һарон оларды Жаратқан Иеге ерекше тарту ретінде ұсынып, оларды күнәларының арамдығынан тазартатын құрбандық шалды. 22 Осыдан бастап леуіліктер діни қызметкер Һарон мен оның ұлдарына көмектесіп, кездесу шатырындағы тиісті міндеттерін атқаруға кірісті. Осының барлығын леуіліктер Жаратқан Иенің Мұса арқылы өздеріне берген нұсқауына сәйкес жасады. 23 Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді: 24 «Жасы жиырма беске жеткен леуіліктер орындауға тиісті ереже мынау: олар осы жастан бастап кездесу шатырында қызмет етуге тиіс. 25 Жасы елуге жеткенде олар бұл қызметтерінен босатылып, жұмыс істемесін. 26 Жасы елуге жеткеннен кейін олардың өзге леуіліктерге кездесу шатырындағы күзетшілік қызметтерін атқаруға көмектесулеріне болады, бірақ басқа жұмыс істемесін. Леуіліктердің қызмет ету тәртібін осылай белгілеулерің керек».
1 Мысыр елінен шыққаннан кейінгі екінші жылдың бірінші айында Жаратқан Ие Мұсаға Синай атты елсіз далада тіл қатып былай деді: 2 «Исраилдіктер Құтқарылу мейрамын белгіленген уақытта өткізсін. 3 Оны осы бірінші айдың он төртінші күні кешке қарай белгіленген мезгілінде барлық ережелер мен шешімдерге сәйкес өткізсін». 4 Сонда Мұса Исраил халқына Құтқарылу мейрамын өткізуді тапсырды. 5 Олар Синай атты елсіз далада жүргенде бірінші айдың он төртінші күні кешке қарай Құтқарылу мейрамын өткізді. Исраилдіктер осының барлығын да Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанындай істеді. 6 Алайда халық арасында өлікке жанасып арамданғандықтан сол белгіленген күні Құтқарылу мейрамына қатыса алмаған кейбір адамдар да болды. Олар сол күні-ақ Мұса мен Һаронның алдына келіп, 7 былай деді: — Біз өлікке жанасып, арамданып қалған едік. Неліктен біз басқа исраилдіктермен бірге белгіленген уақытында Жаратқан Иеге арналған құрбандықты ұсынудан шет қалуға тиіспіз? 8 Мұса бұған: — Жаратқан Ие сендер туралы қандай нұсқау берер екен, мен соны біліп алғанға дейін күте тұрыңдар! — деген жауабын берді. 9 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға мынадай шешімін айтты: 10 — Исраилдіктерге былай де: Егер біреу өліктен арамданып қалса немесе алыс сапарда жүрсе, ондай адам бәрібір Жаратқан Иеге арналған Құтқарылу мейрамын өткізсін. 11 Сол адам екінші айдың он төртінші күні кешке қарай құрбандыққа бір тоқты шалып, оны ашытқысыз пісірілген нанмен және ащы шөптермен қосып жесін. 12 Ол таңға дейін құрбандықтан еш нәрсе қалдырмасын әрі ешбір сүйегін сындырмасын. Адам мұны Құтқарылу мейрамын өткізу жайлы барша ережеге сай істесін. 13 Ал егер біреу таза, арамданбаған болса да, алыс сапарға шықпаса да, Құтқарылу мейрамына немқұрайды қарап, оны өткізбесе, ондай жан Жаратқан Иеге белгіленген мезгілінде құрбандығын ұсынбағандықтан Оның алдында кінәлі болады. Мұндай адамды халықтың арасынан аластату керек. 14 Егер араларыңда тұрып жатқан бір жат жұрттық Құтқарылу мейрамын өткізгісі келсе, оны арнайы ережелер мен шешімдер бойынша өткізуі керек. Бұндай ережелер не елде туылған исраилдік болсын, не сендермен бірге тұруға келген жат жұрттық болсын барлығыңа бірдей тиісті. 15 Сонымен Жаратқан Иенің жердегі тұрағы — Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатыр тұрғызылды. Сол күні бұлт киелі шатырдың үстін жауып тұрды. Кеш батқан кезде таңға дейін шатырдың үстінен от тәрізді көрінетін бұлт жарқырап тұрды. 16 Осылай әрқашан күндіз (бағана тәрізді) бұлт киелі шатырдың үстін жауып тұратын болды. Түнде бұлт жалындаған отқа ұқсайтын. 17 Бұлт шатыр үстінен жоғары көтерілген кезде ғана исраилдіктер жолға жиналып, оның соңынан жылжып көшіп отырды. Ал бұлт бір жерге тоқтаса, сол жерге олар да тұрақтап қостарын тігетін. 18 Исраилдіктер осылайша сапарға шыққанда да, бір орында тұрақтап қостарын тіккенде де Жаратқан Иенің еркі бойынша істеп отырды. Бұлт киелі шатыр үстінде тұрған кезде исраилдіктер де қостарында қала берді. 19 Бұлт шатыр үстінде ұзақ уақыт тұрақтағанда да, исраилдіктер Жаратқан Иенің еркіне бағынып жолға шықпайтын. 20 Кейде бұлт кездесу шатырының үстінде санаулы күн ғана тұратын. Сонда халық Жаратқан Иенің еркімен тұрақтап, тек Оның еркімен ғана сапарға шығатын. 21 Кейде бұлт кешке тоқтап, келесі күні таңертең қайтадан алға жылжитын. Күндіз болсын, түнде болсын, бұлт жоғары көтерілген кезде исраилдіктер жолға шығып отырды. 22 Екі күн не бір ай болсын, немесе өте ұзақ уақыт болсын, бұлт шатыр үстінде тұрғанда, исраилдіктер де жылжымай тұрақтап тұрды. Ал бұлт жоғары көтеріліп, жылжи бастағанда, олар да көштерін жалғастыратын. 23 Олар Жаратқан Иенің бұйрығымен тоқтап, әрі Оның бұйрығымен жолға шығып жүрді. Осылайша исраилдіктер Жаратқан Иеге мойынсұнып, Оның Мұса арқылы берген бұйрықтарын орындайтын.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 2 «Исраил қауымына жиналу не жолға шығу туралы белгі беру үшін күмістен балғамен соққызып екі керней жасатып ал. 3 Кернейдің екеуі де тартылған кезде, бүкіл қауым кездесу шатырының алдында жиналсын. 4 Ал біреуі ғана тартылғанда тек жетекшілер — Исраилдің мыңбасылары ғана сенің алдыңа жиналсын. 5 Кернейлермен дабыл тартылғанда, кездесу шатырының шығыс жағында қостарын тіккен рулар жолға аттансын. 6 Кернейлермен екінші рет дабыл тартылғанда, шатырдың оңтүстігіндегі рулар жолға аттансын. Сонымен кернейдің дабыл берген дауысы жолға шығудың белгісі болады. 7 Ал қауымның жиналуына белгі бергенде, кернейлеріңді дабыл бермей, басқаша тартыңдар. 8 Кернейлерді тартатындар — Һароннан тараған діни қызметкерлер болсын. Бұл — болашақтағы ұрпақтарыңа да тиісті тұрақты ереже. 9 Елдеріңде өздеріңе зорлық жасаған жауға қарсы соғысқандарыңда да, кернейлерді дабыл беріп тартыңдар! Сонда Мен, Құдайларың Жаратқан Ие, сендерді ескеріп, жауларыңнан құтқаратын боламын. 10 Сендер қуана той тойлағанда, белгіленген мейрамдарыңды өткізген уақыттарыңда, әр айдың бірінші күні, түгелдей өртелетін және Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін құрбандықтарыңды ұсынған кездеріңде де, кернейлеріңді тартыңдар! Сонда Мен сендерді ерекше ескеретін боламын. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін». 11 Сол екінші жылдың екінші айының жиырмасыншы күні Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатырдың үстіндегі бұлт жоғары көтеріліп, алға жылжи бастады. 12 Сонда исраилдіктер Синай атты елсіз даладан шығып, бұлт жылжи Паран даласына келіп тоқтағанша көштерін жалғастырды. 13 Осылайша олар Жаратқан Иенің Мұса арқылы жақында берген нұсқауларына сай алғаш рет жолға шықты. 14 Яһуда тұрағындағы үш ру соның байрағының астында көш бастап шықты. Яһуда руы жасағының басшысы Әминадап ұлы Нағасон, 15 Исашар руы жасағының басшысы Суғар ұлы Нетанел, 16 Забулон руы жасағының басшысы Хелон ұлы Елиап болды. 17 Бұлардан кейін Леуі руының Герсон мен Мерариден тараған екі тармағы киелі шатырды жинап, оны көтеріп алып жолға шықты. 18 Олардан соң Рубен тұрағындағы үш ру соның байрағының астында жолға шықты. Рубен руы жасағының басшысы Шедеур ұлы Елисур, 19 Шимон руы жасағының басшысы Суришадай ұлы Шелумиел, 20 Ғад руы жасағының басшысы Рәугел ұлы Әлиасаф болды. 21 Олардан кейін Леуі руының Қахаттан тараған тармағы киелі шатырдың жиһаздары мен жабдықтарын көтеріп алып жолға шықты. Бұлар қоныстанатын жерге келіп жетпес бұрын киелі шатыр құрылып, дайын тұратын. 22 Солардан кейін Ефрем руының тұрағындағы үш ру соның байрағының астында жолға шықты. Ефрем руы жасағының басшысы Амиһуд ұлы Әлишама, 23 Манаса руы жасағының басшысы Педасур ұлы Гамалиел, 24 Бунямин руы жасағының басшысы Гидеони ұлы Абидан болды. 25 Бүкіл көштің соңын қамтып, Дан тұрағындағы үш ру соның байрағының астында жолға шықты. Дан руы жасағының басшысы Амишадай ұлы Ахиезер, 26 Ашир руы жасағының басшысы Охран ұлы Пагиел, 27 Нафталим руы жасағының басшысы Енан ұлы Ахира болды. 28 Көшкен кезде исраилдіктер жасақтарына сәйкес осындай тәртіппен жолға шығатын. 29 Мұсаның қайын атасы мадияндық Рәгуелдің ұлы Хобаб та сол жерде еді. Мұса (балдызы) Хобабқа былай деді: — Жаратқан Иенің бізге табыстауға сөз берген еліне қарай бара жатырмыз. Сол елге бізбен бірге жүрсеңші. Жаратқан Ие Исраилге игіліктерді уәде етті. Біз де саған жақсылық жасайтын боламыз. — 30 Хобаб оған: — Жоқ, бармаймын. Мен өз еліме, өз жұртыма қайтып оралмақшымын, — деп жауап қатты. 31 Ал Мұса: — Өтінемін, бізді тастай көрме. Елсіз далада тұрақтауға болатын жерлерді жақсы білесің ғой. Біздің көзіміз іспетті жол бастаушымыз болсаңшы. 32 Егер бізбен бірге жүрсең, Жаратқан Иенің бізге сыйлайтын игіліктерін сенімен де бөлісеміз, — деді. 33 Сонымен исраилдіктер Жаратқан Иенің тауынан шығып, үш күндік жол жүрді. Сол үш күн бойы Келісім сандығы оларға тынығып демалатын орын табу үшін алдарында жүріп отырды. 34 Күндіз қоныстан көшкенде Жаратқан Иенің бұлты олардың үстінде болды. 35 Келісім сандығы көшпен бірге жолға шыққан сайын Мұса былай деп сиынатын: — Уа, Ием, көтерілші, жауларың шашырасын, Өзіңді жек көретіндер алдыңнан қашсын! 36 Келісім сандығын көтеріп алып жүргендер тоқтап тыныққан сайын Мұса былай деп өтінетін: — Уа, Жаратқан Ием, тұрақтай гөр қайта Исраилдің сан мыңдағандарына!
1 Ал халық Жаратқан Иенің алдында ауыртпалықтарға шағымдана берді. Мұны естіген Жаратқан Иенің қаһары лаулап, Оның қасынан от лап етіп шықты. От халықтың арасына түсіп, ел қонысының шетін жалмап өртеп жіберді. 2 Сонда халық Мұсаға айқайлап жалбарынды. Мұса Жаратқан Иеге сиынып мінажат еткенде от басылды. 3 Жаратқан Иенің оты халықтың арасында жанып өртегендіктен, сол жер Табера (демек, Өрт) деп аталып кетті. 4 Исраил халқының арасындағы жат жұрттық тобыр өзге тағамдарға құмарлық танытты. Исраилдіктердің өздері де қайтадан күңкілдей жыланып: «Біреу бізге ет жегізсе ғой, шіркін! 5 Мысырдағы тегін балықты айтсаңшы! Қияр мен қарбыз, жуа, пияз әрі сарымсақ дегендерді айтсаңшы! 6 Ал енді, көзіміз мына маннадан басқа ештеңені көрмейді. Оны жей-жей тәбетіміз таусылып, өзегіміз талды ғой!» — деп шағымданды. 7 Ал манна болса, көжекөк өсімдігінің дәндеріндей, түсі ақшыл сары шайыр сияқты болды. 8 Адамдар далаға барып, маннаны жинап алатын, содан кейін оны қол диірменге тартып не келіде түйіп ұнтақтайтын. Содан олар оны қазанда пісіретін немесе одан күлше нан жасайтын. Маннаның дәмі май жағылған тәтті нанның дәміндей болатын. 9 Түнде қонысқа шық түскенде онымен бірге манна да түсетін. 10 Осылай Мұса халық әулеттерінің бәрі қостарының кіреберісінде шағымданып зарлап жатқандарын естіді. Жаратқан Ие оларға қатты қаһарланып, Мұса да соларына наразыланды. 11 Ол Жаратқан Иеге мінажат етіп: — Неге мендей қызметшіңнің басына осы ауыртпалықты түсіріп тұрсың? Неге маған рақыммен қарамайсың? Мына күллі халықтың ауыртпалығын маған жүктеп, Өзің жек көретіндей мен не істедім? 12 Осы халыққа мен жүкті болдым ба? Оны дүниеге келтірген мен бе едім? Сенімді бала күтушінің сәбиді бауырына алып көтеріп жүретініндей, маған мына халықты ата-бабаларына сыйлауға уәде еткен елге көтеріп алып баруға сол себепті бұйырасың ба? 13 Бізге ет бер, ет жегіміз келеді деп жылап жүрген халыққа мен етті қайдан тауып беремін? 14 Осы халықтың ауыр жүгін мен жалғыз өзім көтеріп алып жүре алмаймын, бұл мен үшін тым қиын! 15 Егер Сен шынымен маған осылай етпекші болсаң, онда мейірімді болып мені қазір-ақ өлтіре сал. Басыма түскен осы пәлені көргеннен бұл әлдеқайда артық! — деді. 16 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп жауап берді: — Исраилдің жетпіс ақсақалын жинап ал! Өзің оларды халықтың қамын ойлайтын басқарушылары ретінде жақсы танып білуің керек. Сол адамдарды кездесу шатырының алдына алып кел. Осы жерде күтіп тұрыңдар. 17 Мен сол жерге түсіп, өзіңмен тілдесемін. Сендегі Рухтан алып, олардың әрқайсысына үлестіріп қондырамын. Сонда осы халықты басқарудың ауыр жүгін сен жалғыз өзің көтермейсің, олар да сенімен бірге көтерісетін болады. 18 Ал халыққа мынаны жеткіз: Жаратқан Иеге бағышталып тазару рәсімінен өтіп ертеңгі күнге дайындалыңдар! Ет жейтін боласыңдар. «Біреу бізге ет жегізсе ғой, шіркін! Мысырда жүрген кездеріміз жақсырақ болатын еді!» деген шағымдарың Жаратқан Иенің құлағына жетті. Енді Ол сендерге ет береді, соны жейсіңдер! 19 Сендер сол етті тек бір күн не екі күн емес, бес, он, жиырма күн емес, 20 тұтас бір ай бойы мұрындарыңнан шығып, өздерің ет атаулыдан жиренгендеріңе дейін жейтін боласыңдар. Өйткені сендер Жаратқан Иеден бас тарттыңдар, ал Ол сендердің араларыңда. Сендер: «Неге ғана біз Мысырдан көшіп шықтық екен?!» деп Оның көз алдында шағымдана зарладыңдар. 21 Сонда Мұса Жаратқан Иеге былай деді: — Міне, алты жүз мың жаяу жасақшысы бар халықтың арасында тұрмын. Ал Сен «Мен оларға тұтас бір ай бойы жейтін ет беремін» дейсің. 22 Отар-отар қой-ешкі мен табын-табын ірі қара сойып бергенде де бұл оларға жетер ме екен? Тіпті теңіздің бүкіл балығын аулап бергенде де бұл оларға жеткілікті болар ма екен? — 23 Жаратқан Ие Мұсаға жауап қатып: — Немене, бұлай істеу Жаратқан Иенің қолынан келмейді деп ойлайсың ба? Айтқан сөзімнің іске асып-аспайтынын қазір көретін боласың, — деді. 24 Мұса шықты да, Жаратқан Иенің сөздерін халыққа жеткізді. Содан соң ол халықтың ақсақалдарынан жетпіс адамды жинап алып, оларды кездесу шатырын айналдыра тұрғызды. 25 Сонда Жаратқан Ие бұлт ішімен төмен түсіп, Мұсамен сөйлесті; Мұсаға қонған Рухтан алып, Оны сол жетпіс ақсақалға үлестіріп қондырды. Өздеріне Рух қона салысымен олар пайғамбар ретінде Құдайдың хабарын жеткізе бастады. Ал кейін олар бұларын тоқтатты. 26 Ақсақалдар ретінде Елдад пен Модад деген екі адам да тізімге енгізілген болатын. Бірақ олар басқалармен бірге кездесу шатырына кірмей, қоныста қалып қойған еді. Алайда Рух оларға да қонып, екеуі қоныста пайғамбар ретінде Құдайдың сөзін жеткізді. 27 Бұны көріп қалған бір жас жігіт Мұсаға жүгіріп барып: «Елдад пен Модад қоныста пайғамбар ретінде Құдайдың хабарын жеткізіп жатыр!» — деді. 28 Сонда жастайынан Мұсаға қызмет етіп келген Нұн ұлы Ешуа: — Мырзам, Мұсеке, оларды тоқтата көріңіз! — деді. 29 Ал Мұса оған: — Сен менің қамымды жейсің бе? Жаратқан Ие өз халқының бәріне де Өзінің Рухын қондырып, олардың барлығының да пайғамбар болып кетуін тілеймін, — деп жауап қайырды. 30 Бұдан кейін Мұса ақсақалдармен бірге ел қонысына қайтып оралды. 31 Ал Жаратқан Ие бір жел жіберіп, сол жел теңіз жақтан бөденелерді ел қонысына ұшырып алып келді. Құстар ел қонысын айналдыра екі бағытта бір күндік жол қашықтықта екі шынтақ биіктікке төмендеп түсті. 32 Халық шығып, сол күні және ертеңіне күні бойы бөдене жинап жүрді. Олардың әрқайсысы ең аз дегенде он үлкен қапқа сыярлық мөлшерде бөдене жинап алып, (бауыздады да, кептіру үшін) қоныстың айналасында жайды. 33 Алайда олар шайнап жеп жатқан еттерін әлі жұтып үлгірмей жатып-ақ, Жаратқан Ие оларға қаһарланып, сұрапыл апат жіберді. 34 Осы себепті сол жер Қиброт-Хатауа (демек, Құмарту қабірлері) деп аталып кетті. Өйткені ет жеуді аңсап құмартқандар сол жерде қабірге қойылды. 35 Қиброт-Хатауадан халық жолға шығып, Хасиротқа жетіп, сонда тұрақтады.
1 Мұса құштық әйелге үйленген болатын. Бір күні Мәриям мен Һарон соған бола Мұсаны сынады. 2 Олар тағы былай деді: «Жаратқан Ие тек Мұсаға ғана сөйлеп пе еді? Ол бізге де сөйледі емес пе?» — Бұлары Жаратқан Иенің құлағына жетті. 3 Ал Мұса жер бетіндегі барлық адамдардың ең кішіпейілі болатын. 4 Жаратқан Ие кенеттен Мұса, Һарон, Мәриямды: «Үшеуің кездесу шатырына келіңдер!» — деп шақырды. Үшеуі сонда барды. 5 Жаратқан Иенің Өзі бағана тәрізді бұлтпен төмен түсіп, шатырдың кіреберісінде тұрып, Һарон мен Мәриям екеуін шақырды. Екеуі алға қарай шықты. 6 Жаратқан Ие оларға тіл қатып былай деді: «Енді сөзіме құлақ салыңдар! Сендердің араларыңда пайғамбар бар болса, оған аян арқылы көрініп, түсінде онымен тілдесемін. 7 Ал қызметшім Мұсамен бұлай емес. Ол — Менің бүкіл үйімдегі адал қызметшім. 8 Мен онымен жұмбақтап емес, бетпе-бет, анық тілдесемін. Мұса Менің — Жаратқан Иенің бейнесін көреді. Өз қызметшім Мұсаға қарсы сөйлеуден сендер қалайша қорықпадыңдар?» 9 Жаратқан Иенің қаһары оларға қарсы лап етіп, Өзі қастарынан алшақтап кетті. 10 Бұлт киелі шатырдан жоғары көтеріліп кеткенде, Мәриямның бүкіл денесін қардай аппақ алапес басып кетті. Һарон Мәриямға қарай бұрылғанда, оның алапес екенін көрді. 11 Сонда Һарон Мұсаға: «Уа, мырзам! Ақымақтықтан жасаған күнәмізді бізге қарсы қоймаңыз! 12 Мәриямның ана құрсағынан шығып жатқан өлі нәресте іспетті болуына жол бермеңіз. Оның тәнінің жартысы шіріп кетіпті!» — деп жалынды. 13 Мұса Жаратқан Иеге: — Уа, Құдай, оны сауықтыра гөр! — деп жалбарына сиынды. 14 Жаратқан Ие Мұсаға: — Егер әкесі бетіне түкіріп жіберген болса, Мәриям ұялғаннан жеті күн бойы жұрттың көзіне көріне алмай жүрмес пе еді? Сол сияқты ол ел қонысының сыртына жеті күнге аластатылсын. Содан кейін оны қайтадан алып келуге болады, — деді. 15 Осылайша Мәриям жеті күн бойы қоныстың сыртына аластатылды. Оны қайтып алып келмейінше, халық жолға шыққан жоқ.
1 Мұнан кейін халық Хасироттан көшіп шығып, Паран атты елсіз далаға жетіп, қостарын тікті. 2 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп тапсырды: 3 «Мен Исраил халқына табыстап отырған Қанахан елін барлап келу үшін сол жерге адамдар жібер. Ата-бабаларынан тараған он екі рудан бір-бір басшыдан жібер». 4 Сонымен Мұса оларды Жаратқан Иенің нұсқауы бойынша Паран атты иен даладан жұмсап жіберді. Олардың барлығы Исраил халқының басшыларынан болатын. 5 Олардың аты-жөндері мыналар: Рубен руынан Зақур ұлы Шаммуа, 6 Шимон руынан Хори ұлы Шапат, 7 Яһуда руынан Ефунне ұлы Халеп, 8 Исашар руынан Жүсіп ұлы Иғал, 9 Ефрем руынан Нұн ұлы Ошия, 10 Бунямин руынан Рафу ұлы Палти, 11 Забулон руынан Соди ұлы Ғаддиел, 12 Жүсіптен тараған Манаса руынан Суси ұлы Ғадди, 13 Дан руынан Гемалли ұлы Әмиел, 14 Ашир руынан Михайл ұлы Сетур, 15 Нафталим руынан Уопси ұлы Нахби, 16 Ғад руынан Махи ұлы Геуел. 17 Мұсаның елді барлап келуге жіберген адамдарының есімдері осылар. Ал Мұса Нұн ұлы Ошияға Ешуа деген жаңа ат қойды. 18 Сонымен Мұса оларды Қанахан елін барлап келуге жіберіп, мынадай тапсырма берді: «Осы Негеб аймағы арқылы елдің таулы жеріне өрлеп барыңдар. 19 Байқап көріңдер: ел қандай екен? Онда тұрып жатқан халықты да байқаңдар, қуатты ма, әлде әлсіз бе, көп пе, әлде аз ба? 20 Халықтың тұрып жатқан жері де қандай: жақсы ма, жоқ па? Қандай елді мекендерде тұрады екен, шатырлы қоныстарда ма, әлде бекіністі қалаларда ма? 21 Жерлерінің топырағы қандай: құнарлы ма, әлде құнарсыз ба? Онда ағаш өсе ме, жоқ па? Батыл да қайсар болып сол елдің жемістерінен де біраз алып келіңдер!» — Бұл жүзім піскен мезгіл болатын. 22 Жіберілгендер елге өрлеп барып, оны Сін атты елсіз даладан бастап (солтүстіктегі) Лебо-Хаматқа қарай баратын жолдағы Рехоб аймағына дейін шарлап, барлап шықты. 23 Олар елге Негеб арқылы еніп, Хеброн қаласына жетті. Онда Анақтың ұрпақтары Ахиман, Шешай, Талмай деген алыптар тұратын. Ал Хеброн Мысырдағы Соған қаласынан жеті жыл бұрын салынған қала. 24 Мұнан кейін олар Ешқол аңғарына барып, онда жүзім бұтасынан шоғы бар бір сабағын кесіп алып, оны ағаш бақанға іліп, екеулеп көтеріп кетті. Сонымен бірге олар анар, інжір жемістерінен де ала жүрді. 25 Сол жер исраилдік барлаушылардың кесіп алған жүзім шоғына бола Ешқол (демек, жүзім шоғы) аңғары деп аталып кетті. 26 Жіберілгендер қырық күн бойы елді барлап болғаннан кейін қоныстарына қайта оралды. 27 Олар Паран даласындағы Қадеште жиналып тұрған Мұса мен Һаронның және Исраил халқының бүкіл жамағатының алдында өздерінің көріп-біліп келгендерін айтып беріп, алып келген жемістерін де көрсетті. 28 Барлаушылар Мұсаға баяндап былай деді: — Біз сіз жіберген елге барып келдік. Онда шынында да ағы мен балы молынан ағып жатыр екен. Міне, мыналар — сол елде өсетін жемістер. 29 Алайда онда тұратын халық сондай мықты екен! Ондағы қалалар да бекіністі әрі өте үлкен. Біз одан тіпті Анақтың алып ұрпақтарын да көрдік. 30 Елдің оңтүстігіндегі Негеб аймағында Амалек тайпасы тұрады. Ортадағы таулы аймақта хеттіктер, ебустіктер, аморлықтар орналасыпты. Қанахандықтар (батыстағы) теңіз жағасында және (шығыстағы) Иордан өзені бойында қоныстанған екен. 31 Ал Халеп Мұсаның алдында халықты тыныштандырып: — Уа, халайық, біз елге өрлеп барып, оны иемденіп алайық! Соны сөзсіз істей аламыз! — деді. 32 Бірақ онымен бірге барып келген басқалар: — Жоқ, біз сол халыққа қарсы шыға алмаймыз, олар бізден соншама күшті! — деп онымен келіспеді. 33 Сол он барлаушы исраилдіктердің арасында өздері барлап келген ел туралы жағымсыз хабар таратты: «Біз аралап, барлап келген сол ел өз тұрғындарын жалмайтын жер екен! Онда тұрып жатқан халықтың адамдары денелі. 34 Бұл жерде алыптың тұқымынан тараған Анақтың ұрпақтары да тұрады! Біз олардың жанында өзімізді шегіртке іспетті кішкентай сезіндік! Олар да бізге солай қарады».
1 Сонда бүкіл қауым дауыс көтеріп, түні бойы азан-қазан жылаумен болды. 2 Барлық исраилдіктер Мұса мен Һаронға наразыланып, бүкіл қауым болып: «Бізге баяғыда-ақ Мысыр елінде өлгеніміз жақсы болған болар еді! Немесе осы елсіз далада өлген болсақ қой! — деп күңкілдесті. 3 — Жаратқан Ие бізді бұл елге неге алып келе жатыр екен? Сол жерде біз семсерден қырыламыз, әрі әйел, бала-шағамыз жауға олжа болмақ. Одан да Мысырға қайта оралғанымыз жақсы емес пе!» — 4 Олар бір-біріне: «Кәне, басшы таңдап алып, Мысырға қайта оралайық!» — десті. 5 Ал Мұса мен Һарон жиналған исраилдіктердің бүкіл қауымының алдында жерге етпетінен жығыла кетті (де, Жаратқан Иеге сиынды). 6 Елді барлап келгендердің екеуі — Нұн ұлы Ешуа және Ефунне ұлы Халеп те (басқалардың сенімсіздігіне қатты қайғырып) киімдерінің өңірін айыра жыртты. 7 Олар Исраилдің бүкіл қауымына: «Біз барлап келген ел өте керемет екен! 8 Егер Жаратқан Ие бізге риза болса, Ол бізді ағы мен балы ағыл-тегіл сол елге алып барып, оны бізге табыстайды. 9 Тек Жаратқан Иеге қарсы бас көтермеңдер, елдің халқынан қорықпаңдар! Олар бізге жем болады: олар қорғаныштарынан ада қалған. Ал арамыздағы Жаратқан Ие бізге жар! Олардан еш қорықпай-ақ қойыңдар!» — деп ескертті. 10 Бірақ бүкіл қауым олардың екеуін таспен атқылап өлтіру туралы айта бастады. Сонда кездесу шатырынан Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты барлық исраилдіктерге көрінді. 11 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: — Мына халық Мені қашанға дейін менсінбей жүре береді? Мен олардың көз алдында құдіретімді дәлелдейтін қаншама кереметтер жасаған болсам да, олар қашанға дейін Маған сенбей жүре бермек?! 12 Енді Мен бұл халыққа індет жіберіп, құртамын. Содан кейін сенің өзіңнен олардан да көбірек әрі күштірек халықты өрбітемін! 13 Ал Мұса Жаратқан Иеге былай деп сиынды: — Сонда мысырлықтар бұл туралы еститін болады! Сен осы халықты Өзіңнің құдіретіңмен олардың арасынан алып шықтың ғой! 14 Олар мұны Қанахан елінің тұрғындарына айтатын болады. Уа, Жаратқан Ие, Сенің осы халықтың ортасында екендігің жайлы олар естіген. Уа, Ием, Сенің адамның көзіне көрініп аян бергенің әрі өз бұлтыңның халқыңның үстінде қалықтап тұрғаны да олардың құлақтарына шалынған. Сенің күндіз бағана тәрізді бұлт ішінде, ал түнде жалындаған от бағанасының ішінде халқыңның алдында жүргендігің туралы да олар хабардар. 15 Бірақ егер Сен мына халықты бір адамын да қалдырмай қырып тастасаң, онда Өзің туралы естіген бөтен халықтар: 16 «Әне, көрдің бе, Жаратқан Ие сол халықты оларға беруге Өзі ант еткен елге жеткізе алмапты. Сол себепті Ол халықты елсіз далада қырып тастапты» деп Сені табаламақ. 17 Сондықтан да, уа, Ием, Сенің зор құдіретің көріне түссін! Өзің сол туралы былай деп едің ғой: 18 «Жаратқан Ие тез қаһарланбайды, Ол сондай сенімді де қайырымды, Көтеріліс пен теріс қылықтарды Тіпті кешіруге дайын тұрады! Ал қасарысқанды жазасыз қалдырмайды, Ол аталарының кінәлары үшін Жазалайды балалары мен немерелерін, Тіпті шөберелері мен шөпшектерін». 19 Өзіңнің ұлы да берік мейіріміңе сай осы халықтың кінәсін кешіре гөр! Оларды Мысырдағы кездерінен бастап қазірге дейін осылайша кешіріп келдің ғой. 20 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп жауап берді: — Жарайды, сенің өтінгеніңдей Мен оларды кешіремін. 21 Бірақ Мен, мәңгі тірі Жаратқан Ие, былай деп ант етемін: Бүкіл дүниенің Менің салтанатты ұлылығыма толы екендігі шүбәсіз. 22 Сол сияқты, мына адамдардың тағдыры да еш шүбәсіз. Олар Мысырда және осы айдалада Менің ұлы салтанатымды әрі құдіретімді дәлелдеген керемет істерімді өз көздерімен көрсе де, Мені он рет еркінсіп сынап, даусыма құлақ түрмеді! 23 Сол үшін олардың ешқайсысы да Мен ата-бабаларына табыстауға ант еткен елді көрмейтін болады! Мені менсінбегендердің ешқайсысы да сол елге көз тастамайды! 24 Алайда қызметшім Халеп ондай мінез көрсетпей, Маған шын жүректен сенімді болғандықтан, Мен оны өзі барлап келген сол елге апарып кіргіземін. Оның ұрпақтары сол елді иемденетін болады. 25 Ендеше амалектіктер мен қанахандықтар аңғарларда тұрғандықтан сендер ертең кері бұрылып, иен дала жолына түсіп, Қамысты теңізге қарай беттеңдер! 26 Содан соң Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға былай деді: 27 «Мына зұлым жамағат қашанға дейін Маған қарсы күңкілдеп шағымдана бермек? Исраилдіктердің Маған қарсы күңкілдеп шағымдануы құлағыма шалынды. 28 Оларға мынаны жеткіз: Мәңгі тірі Жаратқан Ие былай деп ант етеді: құлағыма шалынған сендердің айтқандарыңды Мен өз бастарыңа айнытпай-ақ келтіремін! 29 Санақтан өткен жасы жиырмадағы не одан асқан еркек кіндіктілерің — Маған қарсы күңкілдеп наразылық білдірген барлығыңның сүйектерің осы иен далада шашылып қалады. 30 Мен өздеріңді қоныстандыруға ант еткен сол елге Ефунне ұлы Халеп пен Нұн ұлы Ешуа екеуінен басқа сендердің ешқайсыларың кірмейсіңдер! 31 Сендер бала-шағамыз жауға олжа болады деген едіңдер. Алайда осы балаларыңды өздерің менсінбей қойған сол елге Мен Өзім алып барамын. Елдің игілігін солар көретін болады! 32 Ал сендердің сүйектерің осы иен далада қалмақ. 33 Жаратқан Иеге деген опасыздықтарыңа бола, бала-шағаларың сендердің бірде-біреуің тірі қалмай құрып бітпейінше, қырық жыл бойы осы иен далада көшіп-қонып мал бағып азап шегетін болады. 34 Уәделі елді қанша күн барлаған болсаңдар, сонша жыл, яки қырық жыл бойы өз кінәларыңның зардабын тартатын боласыңдар. Осылайша Менің өздеріңе қарсы болуымның не екенін ұғасыңдар. 35 Мен, Жаратқан Ие, осылай деймін. Және осы айтқандарымды Маған қарсы шыққан мына зұлым жамағаттың бәріне міндетті түрде жүзеге асырамын: олар бірде-біреуі тірі қалмай, осы иен далада құритын болады!» 36 Ал Мұсаның елді барлауға жіберген және сол ел туралы халыққа жаман хабар таратып, бүкіл жамағаттың Жаратқан Иеге наразы болуына түрткі салған адамдары 37 сол кезде Жаратқан Иенің алдында індеттен көз жұмды. 38 Елді барлап келген он екі адамнан тек Нұн ұлы Ешуа мен Ефунне ұлы Халеп екеуі ғана тірі қалды. 39 Мұса Жаратқан Иенің айтқан сөздерін Исраил халқына жеткізгенде бәрі қатты қайғырып жылаумен болды. 40 Бірақ келесі күні ертемен олар таулы елге қарай өрлеп баруға дайындалып: — Иә, күнә жасадық, мойындаймыз! Енді Жаратқан Иенің айтқан жеріне өрлеп барамыз! — десті. 41 Мұса оларға былай деп басу айтты: — Неге қайтадан Жаратқан Иенің бұйрығына қарсы шығасыңдар? Осылай табысты болмайсыңдар! 42 Таулы жерге қарай өрлеп бармаңдар, өйткені Жаратқан Ие сендермен бірге жүріп жар болмайды. Сонда жауларыңнан жеңіліп күйрейсіңдер. 43 Амалектіктер мен қанахандықтар сендерге сол жерде қарсы шығады. Сендер Жаратқан Иеден теріс бұрылып кеткендіктен, Ол араларыңда бірге болмай, сендер семсердің жүзінен қырыласыңдар. 44 Алайда олар өркөкіректеніп, таулы жерге қарай өрлеп шығуға бәрібір ұмтылды. Ал Жаратқан Иенің Келісім сандығы және Мұса пайғамбар қоныстан шықпады. 45 Сонда таулы жерде тұратын амалектіктер мен қанахандықтар төмен түсіп, исраилдіктерге тап беріп, оларды Хормаға дейін қуып талқандады.
1 Кейінірек Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 2 «Исраилдіктерге мынаны айт: Мен сендерге табыстағалы тұрған елге еніп, қоныстанатын боласың. 3 Бұдан кейін сендер Өзіме ұнамды хош иісті тартулар ұсынатын боласыңдар. Осы тартуларды адам шалынып, түгелдей өртелетін құрбандық ретінде, не өзінің Жаратқан Иеге берген сертін орындау үшін, не өз еркімен немесе белгілі мейрамға орай беретін тарту ретінде бағыштай алады. Құрбандықтар мүйізді ірі қара не ұсақ малдан бола алады. 4 Сонда сый-тартуды ұсынушы адам шалатын құрбандығына қоса мынадай астық тартуын да әкелсін: ол пұттың оннан біріндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнын екі қадақ зәйтүн майымен араластырып, астық тартуы ретінде ұсынуы керек. 5 Түгелдей өртелетін тарту ретінде құрбандыққа шалынған әрбір тоқтыға қоса сұйық тарту ретінде екі қадақ шарап та ұсынылсын. 6 Ал егер құрбандыққа қошқар ұсынсаңдар, оған арналған астық тартуы үш қадақ зәйтүн майымен араластырылған бір пұттың оннан екі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұны болсын. 7 Сонымен қатар сұйық тарту ретінде үш қадақ шарап та ұсыныңдар. Бұлар Маған хош иісті де ұнамды тарту болады. 8 Түгелдей өртелетін құрбандыққа, не берілген сертке байланысты шалынған құрбандыққа, не Өзіммен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандыққа бір жас бұқаны әкелгенде, 9 бұқамен бірге астық тартуы ретінде бір пұттың оннан үштей мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын төрт жарым қадақ зәйтүн майымен араластырып ұсыну керек. 10 Соған қоса сұйық тарту ретінде бес қадақ шарап та ұсыныңдар. Бұлар Маған өртелу арқылы ұсынылатын хош иісті де ұнамды тарту болады. 11 (Құрбандыққа шалынып, өртелетін) әрбір жас бұқа не қошқарға, әрбір тоқты не ешкіге қоса осы тартулар ұсынылсын. 12 Әрқайсыларың әкелген құрбандық малдарыңның санына қарай осылай істеңдер. 13 Елде туған әрбір адам Маған өртелу арқылы ұсынылатын хош иісті де ұнамды тарту әкелгенде, бұларын осы нұсқауға сай істеуге тиіс. 14 Араларыңда уақытша не тұрақты тұрып жатқан жат жұрттықтар Маған өртелу арқылы ұсынылатын хош иісті де ұнамды құрбандық ұсынса, олар да сендер сияқты істеулері керек. 15 Халыққа арналған ережелер сендер үшін де, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар үшін де бірдей болуға тиіс. Бұл — келер ұрпаққа да арналған тұрақты ереже. Мен Жаратқан Иемін, әрі Менің алдымда сендер де, жат жұрттықтар да бірдей боласыңдар. 16 Заңдар және шешімдер сендер үшін де, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар үшін де бірдей болулары керек». 17 Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деді: 18 — Исраилдіктерге мынаны айт: Мен сендерді алып бара жатқан елге жеткен соң, 19 елдің өнімін жейтін боласыңдар. Сонда Жаратқан Иеге бағышталған тарту ретінде өнімнің арнайы бөлігін ұсыныңдар. 20 Қырманның алғашқы өнімінің тартуы ретінде диірменде тартылған алғашқы ұннан пісірілген дөңгелек нанды әрі-бері тербеп Жаратқан Иеге ұсыныңдар. 21 Диірменде тартылған алғашқы ұннан Жаратқан Иеге тарту ұсынуды барлық келер ұрпақтарың да орындасын. 22 Егер Жаратқан Иенің Мұсаға берген осы өсиеттерін абайламай бұзып алатын болсаңдар, 23 яғни Жаратқан Иенің алғашқы кезден бастап Мұса арқылы берген барлық өсиеттерінің бірін болашақ ұрпақтарың да 24 абайламай бұзып алатын болса және бұл туралы ешкім де білмесе, онда бүкіл қауым бір жас бұқаны шалып, түгелдей өртеп, Жаратқан Иеге хош иісті де ұнамды құрбандық ретінде ұсынсын. Соған тиісті астық және сұйық тартуларын да алып келсін, әрі күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалсын. 25 Осылайша діни қызметкер Исраил халқының бүкіл қауымын күнәларының арамдығынан тазартып, олар кешіріледі. Себебі сол күнә әдейі емес, абайламай жасалған еді, әрі исраилдіктер осы теріс істері үшін Жаратқан Иеге арнап өртелу арқылы жасалатын және күнәнің құнын өтейтін құрбандықтарын шалып, өртеп ұсынған болатын. 26 Сонда бүкіл исраилдік қауым және араларында тұрып жатқан жат жұрттықтар да кешіріледі, себебі бұны бүкіл халық абайламай істеген болатын. 27 Егер бір жеке адам абайламай күнә жасаған болса, онда ол бір жасар ешкіні күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде шалсын. 28 Діни қызметкер абайламай күнә жасаған адам үшін оны күнәсінің арамдығынан тазартатын рәсімді Жаратқан Иенің алдында орындайды, осылайша сол адамның күнәсі кешіріледі. 29 Абайламай күнә жасаған адам тумысынан исраилдік болсын не араларыңда тұрып жатқан жат жұрттық болсын, екеуіне де қолданылатын заң бірдей болады. 30 Бірақ тумысынан исраилдік болсын не жат жұрттық болсын, әдейі күнә жасайтын кез келген адам сонысымен Жаратқан Иені қорлайды. Ондай адам халықтың арасынан аластатылсын. 31 Жаратқан Иенің сөзін түкке тұрғысыз деп есептеп, өсиеттерін бұзғандықтан ондай жан міндетті түрде аластатылсын. Оның кінәсі өз мойнында қалады. 32 Исраилдіктер елсіз далада жүрген кезде (араларындағы) бір адам діни демалыс күні отын жинап жүрген жерінен ұсталып қалды. 33 Ұстағандар әлгі адамды Мұса мен Һаронның және жамағаттың алдына алып келді. 34 Оған қандай шара қолдану керек екендігі анық болмағандықтан, адам қамауға алынды. 35 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: «Сол адам өлуге тиіс. Бүкіл жамағат оны қоныстың сыртына шығарып, таспен атқылап өлтірсін». 36 Бүкіл жамағат адамды қоныстың сыртына алып шығып, Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген нұсқауына сәйкес оны таспен атқылап өлтірді. 37 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 38 — Исраилдіктерге мынаны айт: Олар киімдерінің етектеріне арнап шашақтар жасап, оларды етектің бұрыштарына байлайтын болсын. Әр шашақтың қою күлгін түсті жіптен жасалған бауы болуы керек. Келер ұрпақтарыңның бәрі де осындай шашақтарды тағып жүретін болсын. 39 Осы шашақтар сендерге ескертпе болады. Ондағы мақсат — шашақтарды көрген сайын естеріңе Жаратқан Иенің барлық өсиеттері түсіп, соларды орындауларың, әрі өз жүректерің мен көздеріңнің құмарлығымен жүріп, Маған опасыздық жасаудан аулақ болуларың. 40 Мұны Менің өсиеттерімді әрқашан естеріңде ұстап, орындауларың үшін және осы арқылы Маған, өз Құдайларыңа, бағышталған киелі болуларың үшін істеңдер. 41 Мен сендердің Құдайларың болу үшін өздеріңді Мысырдан алып шыққан Жаратқан Иемін. Иә, Мен өздеріңнің Құдайларың Жаратқан Иемін.
1 Леуі руының Қахат тармағының адамы Ысқар ұлы Қорах және Рубен руынан шыққан Елияптың екі ұлы Датан мен Абирон әрі Пелет ұлы Ауон өзара сыбайласып, 2 Мұсаға қарсы бас көтерді. Олармен бірге исраилдіктердің тағы екі жүз елу атақты ер адамы болды. Бұлар жамағатта тағайындалған қауым жетекшілері еді. 3 Барлығы Мұса мен Һаронға қарсы бірігіп, былай деді: — Жетер енді сендерге! Өздерің ғана емес, бүкіл қауым киелі! Жаратқан Ие біздің де арамызда ғой. Сендер неге өздеріңді Жаратқан Иенің халқынан жоғары қоясыңдар?! 4 Мұны естігенде, Мұса жерге етпетінен жығыла кетті (де, Жаратқан Иеге сиынды). 5 Содан кейін ол Қорах пен оның барлық жақтастарына тіл қатып былай деді: — Ертең Жаратқан Ие кімнің Өзіне бағышталған киелі екенін көрсетеді. Жаратқан Ие таңдап алғандарына Өзіне жақындауға жол береді. 6 Енді сен, Қорах, өзіңнің барлық жақтастарыңмен бірге былай етіңдер: хош иісті заттарды түтететін табалар алыңдар. 7 Ертең соларға Жаратқан Иенің алдында қызып тұрған шоқтан салып, үстіне хош иісті зат түтетіңдер. Жаратқан Ие кімді таңдап алып қабылдаса, сол адамның киелі болғаны. Жетер енді сендерге, леуіліктер! — 8 Мұса Қорахқа тағы былай деді: — Сөзіме құлақ асыңдар, леуіліктер! 9 Жаратқан Иенің киелі шатырында қызмет атқару, қауымның алдында тұрып, оларға қызмет етудің өзі — өте сыйлы міндет. Ал Исраилдің Құдайы Исраил халқының арасынан дәл өздеріңді осы міндетті атқаруға таңдап алғандығы сендерге аздық ете ме? 10 Қорах, осылайша Жаратқан Ие саған және леуілік ағайындарыңның бәріне Өзінің алдына келіп қызмет етуге жол берген. Ал қазір сендер тағы діни қызметкер болуға да дәмеленіп жатырсыңдар. 11 Өзің де, күллі жақтастарың да бұларыңмен Жаратқан Иеге қарсы шығып отырсыңдар. Ал сендер Һаронға наразы болып күңкілдейтіндей, ол кім өзі? 12 Содан соң Мұса Елияптың ұлдары Датан мен Абирон екеуін өзіне шақыртты, алайда олар былай деп жауап қатты: — Жоқ, келмейміз! 13 Бізді ағы мен балы ағыл-тегіл елден шығарып алып, мына елсіз далада өлімге душар еткің келіп отырғаны саған аздық ете ме? Соның үстіне сен бізге үстемдік жүргізгің келеді. 14 Сен бізді ағы мен балы ағыл-тегіл елге алып барған жоқсың, бізге егіндік жер мен жүзімдіктерді мұралық меншікке үлестірген де жоқсың. Енді мына адамдардың көзін алдауыңды қой! Келмейміз дедік пе, келмейміз! 15 Мұса қатты ашуланып, Жаратқан Иеге сиынып: «Олардың сый-тартуларын қабылдай көрме! Мен олардан тіпті бір есек те алған жоқпын! Ешбіреуіне жамандық та істеген емеспін!» — деді. 16 Содан Мұса Қорахқа былай деп нұсқау берді: — Ертең сен өзіңнің барлық жақтастарыңмен бірге және Һарон Жаратқан Иенің алдына келіңдер! 17 Әрқайсың бір-бір табадан барлығы екі жүз елу таба әкеліңдер, соларға хош иісті зат салып, Жаратқан Иеге ұсыныңдар. Һарон екеуің де солай істеңдер. 18 Сонымен әрбір адам табасын алып, соған қызып тұрған шоқ пен хош иісті зат салып, кездесу шатырының кіреберісінің қасындағы Мұса мен Һаронның жанына келіп тұрды. 19 Осылайша Қорах өзінің барлық жақтастарын Жаратқан Иенің кездесу шатырының кіреберісінің алдына Мұса мен Һаронға қарсы жинады. Сонда бүкіл қауымға Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты көрінді. 20 Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тіл қатып былай деді: 21 — Екеуің мына қауымнан бөлек тұрыңдар! Мен оларды қас-қағым сәтте-ақ жойып жіберейін! 22 Осыны естіген Мұса мен Һарон жерге етпеттерінен жата кетіп: — Уа, Құдай, демі бар күллі тірі жанның Құдайы! Бір адамның жасаған күнәсі үшін бүкіл қауымға қаһарланбақсың ба? — деп жалбарынды. 23 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 24 — Қауымға: «Қорах, Датан және Абиронның қостарының жан-жағынан кері шегініңдер!» деп бұйыр. 25 Мұса орнынан тұрып, Датан мен Абиронға қарай беттеді. Исраилдің ақсақалдары оның соңынан ілесті. 26 Мұса қауымға бұйрық беріп: «Мына зұлым адамдардың қостарынан аулақ шегініңдер! Әрі оларға қарасты ештеңеге де тиісуші болмаңдар! Әйтпесе олардың күллі күнәларына бола сендер де құрып кетесіңдер», — деді. 27 Сонда халық Қорах, Датан мен Абиронның тұратын қостарының жан-жағынан кері шегінді. Ал Датан мен Абирон әйелдері, ұлдары және кішкентай сәбилерімен бірге қостарының кіреберісінде тұрды. 28 Мұса Исраилдің қауымына тағы былай деді: «Осы істердің барлығын өз ойыма сай емес, Жаратқан Иенің маған тапсыруымен істегеніме мынау арқылы көздерің жететін болады: 29 Егер бұлар барлық адамдар іспетті көз жұмып ақ өліммен өлетін болса, онда Жаратқан Иенің мені жібермегені. 30 Ал егер Жаратқан Ие бұрын-соңды болмағанды жасап, жер аранын ашып, оларды барлық мал-мүлкімен бірге жұтып қойып, олар тірідей тұңғиыққа түсіп кетсе, онда сендер сол адамдардың Жаратқан Иені менсінбей қорлағанын білетін боласыңдар!» 31 Мұса осы сөздерді айтып бола салысымен, сол адамдардың аяқ астындағы жер қақ айырылды. 32 Осылай жер аранын ашып, Қорахтың бүкіл тобын үй іштерімен бірге, барлық дүние-мүлкімен қоса жұтып қойды. 33 Олар өздеріндегі барымен бірге тірідей тұңғиыққа түсіп кетті. Содан соң жер жабылып, олар жамағаттың арасынан біржола құрып жойылды. 34 Айналаларында тұрған бүкіл Исраил халқы олардың айқайын ести сала: «Ойбай, бізді де жер жұтып қоймасын!» — деп, жан-жаққа бас сауғалап қаша жөнелді. 35 Ал Жаратқан Ие от жіберіп, өз беттерімен хош иісті заттарды түтетіп жатқан екі жүз елу адамды өртеп жіберді. 36 Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 37 «Діни қызметкер Һарон ұлы Елазарға мынаны айт: Өрттің арасынан табаларды жинап ал, себебі олар киелі. Іштерінде қызып тұрған шоқтарын алысқа төгіп таста! 38 Бұл адамдар күнә жасап, сол үшін өліммен жазаланғанмен, табалары Жаратқан Иенің алдына келтірілгенде Оған бағышталып киелі болды. Табаларды балғамен жалпақтап соғып, құрбандық үстелін солармен қаптап тастау керек. Осылайша исраилдіктерге ескертпе болсын». 39 Діни қызметкер Елазар өртеніп кеткендердің әкелген қола табаларын жинап алды. Құрбандық үстелін қаптау үшін олар балғамен соғылып тегістелді. 40 Бұның барлығы Жаратқан Иенің Мұса арқылы айтқан нұсқауы бойынша істелді. Һаронның ұрпақтарынан басқа ешкімге Жаратқан Иенің алдына барып, хош иісті зат түтетіп ұсынуға болмайтынын, әйтпесе соның Қорах пен оның сыбайластарының кейпін киетіні туралы исраилдіктерге берілген ескертпе осындай болды. 41 Келесі күні Исраилдің бүкіл жамағаты қайтадан Мұса мен Һаронға наразы болып: «Сендер Жаратқан Иенің халқын құрттыңдар!» — деп күңкілдей бастады. 42 Алайда жамағат Мұса мен Һаронға қарсы жиналып, кездесу шатырына бет бұрған сәтте-ақ шатырды бұлт жауып, Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты көрінді. 43 Содан Мұса мен Һарон кездесу шатырының алдына барды. 44 Сол кезде Жаратқан Ие Мұсаға: 45 «Мына жамағаттың арасынан кетіңдер! Мен оларды қас қағым сәтте-ақ жойып жіберемін», — деп ескертті. Сонда Мұса мен Һарон етпеттерінен жерге жығыла кетті. 46 Мұса Һаронға: «Бір табаны ал да, оған түтету үстелінен қызып тұрған көмір шоғын сал, ал оның үстіне хош иісті зат сал. Тезірек жамағатқа жүгіріп бар да, оларға күнәнің арамдығынан тазартатын рәсімді орында! Өйткені Жаратқан Ие қаһарланып отыр, халық арасында індет жайыла бастады», — деп тапсырды. 47 Сонда Һарон Мұсаның айтқан нәрселерін алып, жамағаттың ішіне жүгіріп барды. Қараса, олардың арасында індет жайыла бастаған екен. Һарон хош иісті затты түтетіп, халықты күнәларының арамдығынан тазартатын рәсімді орындады. 48 Осылай Һарон тірілер мен өлілердің арасында тұрды. Сонда індет жайылуын тоқтатты. 49 Ал сол індеттен, Қорахтың күнәсіне бола көз жұмғандарды есептемегенде, он төрт мың жеті жүз адам қырғынға ұшырады. 50 Індет тоқтағаннан кейін Һарон кездесу шатырының кіреберісіндегі Мұсаға қайта оралды.
1 Мұнан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 2 «Исраилдіктерге он екі рудың он екі рубасының таяқтарын берсін деп бұйыр да, өзің соларды қабылдап ал. Әрбір рубасының есімін оның берген таяғына жазып қой. 3 Леуі руының таяғына Һаронның есімін жаз, өйткені әрбір рудың бір басшысының таяғы болу керек. 4 Таяқтарды кездесу шатырында Өзім сендермен кездесетін орын — Келісімнің айғақтары (сақталған сандықтың) алдына қой. 5 Мен кімді (діни қызметкер болуға) таңдап алған болсам, соның таяғы бүр жарады. Осылайша Мен исраилдіктердің өздеріңе қарсы күңкілдеп білдірген наразылықтарын доғартамын». 6 Мұса исраилдіктерге бұйырып, әрбір рубасы өз руының атынан бір таяқтан берді. Һаронның таяғы да солардың таяқтарының арасында болды. 7 Мұса таяқтардың барлығын алып, оларды Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатырда Жаратқан Иенің алдына қойды. 8 Келесі күні Мұса киелі шатырға келіп қараса, Леуі руы үшін берілген Һаронның таяғы бүр жарып қана қоймай, гүлдеп, бадам жаңғақтарын да беріпті! 9 Мұса таяқтардың барлығын Жаратқан Иенің алдынан алып шықты да, оларды бүкіл Исраил халқына көрсетті. Халық таяқтарды қарап, әр рубасы өз таяғын қайтарып алды. 10 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деді: «Һаронның таяғын бағынбайтын қиқарларға ескертпе болу үшін Келісімнің айғақтары алдына қайтадан сақтап қой. Осылайша өздерінің Маған күңкілдеп наразылық білдірулерін доғарсын. Әйтпесе олар өлім құшады». 11 Мұса мұны дәл Жаратқан Иенің айтқанындай істеді. 12 Ал исраилдіктер Мұсаға: «Біз өлеміз, құрып бара жатырмыз! Бәріміз де құрып бара жатырмыз-ау! 13 Тіпті Жаратқан Иенің киелі шатырына таяп келетін адам да өлім құшады екен! Осылай бәріміз де құрып кетер ме екенбіз?» — деп қатты уайымдады.
1 Содан кейін Жаратқан Ие Һаронға тіл қатып былай деді: «Егер киелі орынға қарсы бір күнә жасалатын болса, оған өзің де, ұрпақтарың да, арғы атаңнан шыққан бүкіл Леуі руы да жауапты боласыңдар. Ал діни қызметкердің қызметіне байланысты күнә үшін тек өзің мен ұрпақтарың ғана жауапты боласыңдар. 2 Ағайындарың — арғы атаңнан шыққан Леуі руын қасыңа қосып ал. Олар өздеріңмен бірге болып, сендерге қызмет етсін. Бірақ Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатырдың алдында қызметті тек өзің және ұрпақтарың ғана атқаратын боласыңдар. 3 Леуіліктер сендерге қызмет етіп, киелі шатырға байланысты барлық міндеттерін атқаратын болсын. Алайда олар киелі шатырдағы құрал-жабдықтарға және құрбандық үстеліне жақындаушы болмасын, әйтпесе олар да, өздерің де өлесіңдер. 4 Олар қасыңда болып, кездесу шатырын күзетіп, ондағы барлық міндеттерін орындасын. Ал бөтен ешкім сендерге жақындап келуші болмасын. 5 Бұдан былай исраилдіктер қаһарыма ұшырамаулары үшін, сендердің киелі шатырдағы және құрбандық үстелінің алдындағы міндеттерді орындауларың керек. 6 Мен леуіліктерді исраилдіктердің арасынан таңдап алдым. Олар сендерге көмекке беріліп, кездесу шатырындағы жұмыстарды орындау үшін Өзіме бағышталған. 7 Ал құрбандық үстеліне және Киелі шатырдағы шымылдықтың артындағы (ең киелі орынға) байланысты қызметтерді тек сен және ұрпақтарың ғана орындайтын боласыңдар. Мен діни қызметкер болып сол міндетті атқаруды сендерге сыйлап отырмын. Ал киелі шатырдағы қызметті орындау үшін жақындап келген әрбір бөтен адам өлім құшады». 8 Жаратқан Ие Һаронға қайтадан тіл қатып былай деді: «Біліп қой, Мен исраилдіктердің Өзіме жасайтын сый-тартуларын бақылауды саған тапсырдым. Олардың Өзіме көтеріп ұсынатын тартуларын Мен саған және ұрпақтарыңа арналған үлестерің әрі тұрақты құқықтарың етіп сыйладым. 9 (Маған бағышталған) тартулардың отқа өртелмейтін бөлігі сендердің үлестерің болады. Ол не астық тартуы, не күнәнің құнын өтейтін құрбандық, не айыпты өтеу құрбандығы болсын, халықтың Маған бағыштаған ерекше киелі тартуларының осы бөліктері сенің өзіңе және ұрпақтарыңа тиісті. 10 Оларды киелі орында жеңдер. Сендердің еркек кіндіктілерің сол бөліктерді жей алады. Оларға Өзіме бағышталған киелі деп қараңдар. 11 Сондай-ақ, мыналар да сенікі: исраилдіктердің көтеріп не әрі-бері тербеп ұсынатын тартуларынан арнайы үлесті Мен саған және ұл-қыздарыңа сыйладым. Ол әрқашан солай болуы тиіс. Ондай сыйды отбасыңдағы тазару рәсімінен өткен әркім жей алады. 12 Халықтың Маған, Жаратқан Иеге, ұсынатын алғашқы өнімдерін: зәйтүн майының, жүзім шырыны мен астығының таңдаулы үлестерін Мен саған бердім. 13 Халықтың өз жерінен алған, Маған беруге тиісті алғашқы өнімдерінің барлығы саған арналған. Үй ішіңнің тазару рәсімінен өткен әр адамы оны жей алады. 14 Исраилде Жаратқан Иеге антпен бағышталғанның барлығы да сенікі болады. 15 Әр әйелдің тұңғышы және малдың әр бірінші төлі Жаратқан Иеге ұсынылып, сенікі болсын. Бірақ тұңғыш ұл балаға және Маған арнап құрбандыққа шалуға болмайтын арам хайуандарға өтем құнын белгіле. Сол құн тұңғыш ұл не малдың орнына төленсін. 16 Ал өтем құны мынау: бір айлық ұл бала немесе төл үшін бес күміс мысқал. Мұндағы мысқал — салмағы жиырма гераһтан тұратын киелі орында қолданылатын ресми өлшем. 17 Алайда сиыр, қой, ешкінің алғашқы төлін құрбандыққа шалмай, құнын өтеп тірі алып қалуға жол берме! Олар Маған бағышталған. Оларды шалып, қанын құрбандық үстеліне шашып, майын Жаратқан Иеге хош иісті де ұнамды құрбандық ретінде өртеп ұсын. 18 Ал олардың еті, әрі-бері тербеліп ұсынылатын көкірек еті мен оң жақ саны сияқты, сендерге тиісті үлес болады. 19 Осылайша Мен исраилдіктердің Жаратқан Иеге алып келетін барлық киелі тартуларын тұрақты түрде сенің өзің мен ұл-қыздарыңа сыйладым. Бұл — өзіңе және отбасыңа арнап Жаратқан Ие жасаған ешқашан бұзылмауға тиіс Келісім». 20 Жаратқан Ие Һаронға тағы былай деді: «Сендерге, діни қызметкерлерге, елден мұралық аймақ бөлінбейді, халық арасында сендерге тиер үлес те жоқ. Исраилдіктердің арасындағы сендердің үлестерің де, мұраларың да Менмін. 21 Мен Леуі руына кездесу шатырында атқаратын қызметтері үшін алатын мұралық үлестері ретінде Исраилдегі барлық өнімнің он бөлігінің бірін бердім. 22 Бұдан былай өзге исраилдіктер киелі шатырға тым жақындап келмесін! Әйтпесе олардың күнәсі мойындарында болып, өлім құшады. 23 Кездесу шатырындағы қызметтерді леуіліктер атқарсын. (Егер міндеттерін ұқыпсыз атқарса) оған өздері айыпты болады. Бұл келер ұрпақтарың үшін де тұрақты ереже. Исраилдіктердің арасынан леуіліктер мұралық үлес алмайды. 24 Себебі Мен леуіліктерге исраилдіктер жинаған өнімдерінің Маған сый-тарту ретінде ұсынатын он бөлігінің бірін сыйладым. Сондықтан Мен Леуі руы жайлы «Исраилдіктердің арасынан леуіліктер мұралық үлес алмайды» деген едім». 25 Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 26 «Леуіліктерге мынаны айт: Мен сендерге мұралық үлестерің ретінде сыйлаған он бөліктің бірін исраилдіктерден қабылдағанда, өздерің де сол алғандарыңның он бөлігінің бірін Маған көтеріп ұсынатын тартуларың ретінде бағыштаңдар. Яғни он бөліктің бірінің он бөлігінің бірін беріңдер. 27 Сендердің бұл тартуларың қырманда бастырған астық немесе жүзім сыққыштан алынған жүзім шырынының алғашқы өнімдері іспетті саналады. 28 Осылайша исраилдіктерден өнімдерінің он бөлігінің бірін қабылдайсыңдар, ал соның он бөлігінің бірін Маған көтеріп ұсынатын тарту ретінде бағыштайсыңдар. Маған тиісті осы бөлікті сендер діни қызметкер Һаронға табыстауларың қажет. 29 Өздеріңе жасалатын барлық тартулардың ең таңдаулы да киелі бөлігін Маған, Жаратқан Иеге, арнап көтеріп ұсынуларың керек. 30 Сондықтан леуіліктерге былай де: Сендер барлық тартулардың ең таңдаулы бөлігін Маған бағыштап ұсынғанда, ол сендердің өз қырмандарыңның немесе өз жүзім сыққыштарыңның өнімі ретінде саналады. 31 Оның қалған бөлігін өздерің және үй іштерің кез келген жерде жей аласыңдар. Себебі ол кездесу шатырында жасайтын қызметтеріңнің ақысы. 32 Оның ең таңдаулы бөлігін Маған көтеріп ұсынған болсаңдар, айыпты болмайсыңдар. Сонда сендер исраилдіктердің киелі тартуларын арамдаған болып шықпайсыңдар. Әйтпесе өлімге душар болар едіңдер».
1 Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тіл қатып былай деді: 2 «Жаратқан Иенің бұйырған заңының тағы бір ережесі мынау: Исраил халқына мынаны айту керек: Олар бір жирен баспақты алып келсін. Сол жас сиырдың барлық жері сау, ешбір кемістігі жоқ болсын және оған ешқашан мойынтұрық салынбаған болуы керек. 3 Жас сиырды діни қызметкер Елазарға табыстасын. Содан соң мал ел қонысының сыртына шығарылып, біреу оны Елазардың көз алдында бауыздасын. 4 Діни қызметкер Елазар саусағын баспақтың қанына батырып алып, кездесу шатырының алдыңғы жағына қарай жеті рет бүріксін. 5 Малдың өзі: терісі, еті, қаны, жыны түгелімен Елазардың көз алдында өртеліп жіберілсін. 6 Діни қызметкер самырсынның бір жаңқасын, сайсағыздың бір бұтақшасын және ал қызыл түсті жүннің бір шүйкесін алып, жанып жатқан мал денесінің үстіне лақтырсын. 7 Содан соң діни қызметкер үстіндегі киімін жуып, өзі де сумен жуынсын. Бұдан кейін оған қонысқа қайтып келуге болады, алайда ол кешке дейін таза емес болып саналады. 8 Малдың денесін өртеген адам да киімін жуып, сумен жуынсын. Ол да кешке дейін арамданған болып саналады. 9 Арамданбаған басқа бір адам өртелген баспақтың күлін жинап алып, оны ел қонысының сыртындағы бір таза жерге апарып сақтап қойсын. Осы күл исраилдіктердің жамағаты үшін тазару рәсімінің суында қолдануға сақтала берсін. Бұл рәсім күнәдан тазарту үшін жасалады. 10 Жас сиырдың күлін жинаған адам да өз киімін жусын. Ол да кешке дейін таза емес болып саналады. Бұл — өздеріңе де, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтарға да арналған тұрақты ереже». 11 Өлген адамның мәйітіне жанасқан әркім жеті күн бойы таза емес арамданған болып саналады. 12 Арамданғаннан кейінгі үшінші және жетінші күндері сондай адам арнайы сумен тазару рәсімінен өтсін. Бұдан кейін ол таза болады. Ал егер үшінші және жетінші күндері тазару рәсімінен өтпесе, онда ол таза болмайды. 13 Өлген адамның мәйітіне жанасып, тазару рәсімінен өтпеген әркім Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағын арамдайды. Ондай адам Исраилдің қауымынан аластатылсын. Тазарту суы оған бүркіп себілмегендіктен ол арамданған күйінде қала береді. 14 Біреу үй ішінде қайтыс болған жағдайдағы ереже мынау: сол кезде үйде болғандардың және кейін оған кіргендердің барлығы жеті күн бойы таза емес болып саналады. 15 Сол үйдегі қақпағы жабылмай аузы ашық қалған әрбір ыдыс та арам. 16 Сол сияқты, далада семсерден қаза тапқан немесе өз ажалымен өлген адамның мәйітіне, сүйектеріне не қабіріне жанасқан әр кісі де жеті күн бойы таза емес болып саналады. 17 Осындай арамданған адамды тазару рәсімінен өткізу үшін алдымен шалынып, өртелген жирен баспақтың біраз күлін ыдысқа салып, үстіне ағынды судан құйсын. 18 Арамданбаған бір адам сайсағыздың бір бұтақшасын ыдыстағы суға малып алып, сонымен суды сол үйге, ондағы бұйымдар мен адамдардың бәріне бүріксін. Ол, сондай-ақ, өлген адамның сүйегіне, қаза тапқан не өз ажалымен өлген адамның мәйітіне немесе қабіріне жанасқан әркімге арнайы суды бүркіп себуі қажет. 19 Содан соң үшінші және жетінші күндері таза адам арамданған адамға сол судан бүріксін. Осылайша оны жетінші күні арамдығынан тазартады. Сол күні адам киімін жуып, өзі сумен жуынсын, сонда ол кеште арамданбаған болып саналады. 20 Ал егер біреу арамданып қалып, тазару рәсімінен өтпесе, ондайды жамағаттан аластату керек. Себебі ол үстіне тазару рәсімінің суын сепкізбей, Жаратқан Иенің киелі орнын арамдады. 21 Бұл — халыққа арналған тұрақты ереже. Тазарту рәсімінің суын бүркіп сепкен адам да киімін жусын. Ал тазару рәсімінің суы біреуге тисе, сол адам кешке дейін таза емес болып саналады. 22 Арамданған адам жанасқан кез келген нәрсе де арамданады. Сондай арамданған нәрсеге жанасқан әркім де кешке дейін таза емес болып саналады.
1 Бірінші айда исраилдіктердің бүкіл қауымы Сін атты елсіз далаға жетіп, сондағы Қадеш деген жерде тұрақтады. Мәриям сол жерде қайтыс болып, мәйіті қабірге қойылды. 2 Ал қауымның ішетін сулары болмай, олар Мұса мен Һаронға қарсы бас қосты. 3 Олар Мұсаға қатты наразы болып былай деді: «Ағайындарымыз Жаратқан Иенің алдында өлген кезде біздің де өліп қалғанымыз игі болар еді! 4 Бізді — Жаратқан Иенің қауымын неге осы иен далаға бастап алып келдіңдер? Өзіміз бен малымыздың қырылуы үшін бе?! 5 Бізді Мысыр елінен шығарып, мына қу медиенге неге алып келдіңдер? Мұнда астық шықпайды, інжір, жүзім, анар дегендерің өспейді! Тіпті ішетін су да жоқ!» 6 Осы сөздерді естігенде Мұса мен Һарон бас қосқан халықтан бөлініп шығып, кездесу шатырының кіреберісіне барып, сол жерде етпеттерінен жата кетті. Сонда оларға Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты көрінді. 7 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 8 «Әлгі таяқты қолыңа алып, ағаң Һарон екеуің бүкіл қауымды жинаңдар. Олардың көз алдында мына жартасқа бұйыра сөйлеңдер! Сонда ол сендерге ішінен суын ағызады. Осылайша сен жартастан су ағызып шығарып, халықтың да, малының да шөлін қандыратын боласың». 9 Мұса Жаратқан Иенің нұсқауы бойынша Оның алдында сақтаулы тұрған таяқты қолына алды. 10 Һарон екеуі бүкіл жамағатты жартастың алдына жинады. Мұса оларға: «Уа, бағынбайтын қыңырлар, құлақ салыңдар! Сендерге осы жартастан су ағызайық па?» — деп дауыстады. 11 Содан кейін Мұса қолын көтеріп, жартасты екі рет таяғымен соғып қалды. Сонда одан су молынан сарқырап аға жөнелді. Бүкіл жамағат та, малдары да ішіп, шөлдерін қандырды. 12 Бірақ Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тіл қатып былай деді: «Маған жете сенбей, Исраилдің үрім-бұтағының алдында Менің киелі екенімді көрсетпедіңдер. Сондықтан екеуің осы қауымды Өзім оларға табыстап отырған елге алып бармайсыңдар!» 13 Бұл жер Меріба (Ұрсу) суы деп аталып кетті. Себебі Исраилдің үрім-бұтағы сол жерде Жаратқан Иеге ұрсып, Ол Өзінің киелі екенін көрсетті. 14 Мұса Қадештен Едом патшасына елшілері арқылы мынадай сәлем жіберді: — Ағайындарың исраилдіктерден дұғай сәлем. Біздің басымызға түскен әр алуан бейнеттер туралы өздерің білесіздер. 15 Ата-бабаларымыз Мысыр еліне қоныс аударып, сол жерде көп жыл тұрдық. Ал мысырлықтар бізге және аталарымызға жәбір көрсетті. 16 Сонда біз Жаратқан Иеден көмек сұрап жалбарынған едік. Ол бізге құлақ салып, періштесін жіберіп, бізді Мысыр елінен азат етіп алып шықты. Енді біз сіздің елдің шет жағында орналасқан Қадеш қаласындамыз. 17 Бізге жеріңіз арқылы өтіп шығуға рұқсат берсеңіз екен. Не егістіктеріңізге, не жүзімдіктеріңізге түспейміз. Құдықтарыңыздан да су ішуші болмаймыз. Патшаның үлкен жолымен ғана еліңізді кесіп өте шығамыз. Соған дейін жолдан оңға да, солға да бұрылмаймыз! — 18 Бірақ едомдықтар Мұсаға мынадай жауап жіберді: — Жеріміз арқылы өтпейсіңдер, әйтпесе сендерге қарсы семсермен шығамыз! — 19 Сонда исраилдіктер: — Біз үлкен жолмен ғана өте шығамыз. Егер біз өзіміз не малдарымыз суыңызды ішетін болсақ, ақшасын төлейміз. Тек жеріңіз арқылы жаяу өте шықсақ болғаны. Одан басқа ештеңе істемейміз, — деп өтінді. 20 Алайда едомдықтар қайтадан: — Жоқ, өйтпейсіңдер! — деген жауап берді. Олар Исраилге қарсы мықты қарулы қолмен шықты. 21 Сонымен едомдықтар Исраилге өз жерлері арқылы өтіп кетуге рұқсат бермегендіктен, халық оларды айналып өтпек болып бағыттарын өзгертті. 22 Осылайша исраилдіктер Қадеш қаласынан шығып, бүкіл жамағат Һор тауына жетті. 23 Едом елінің шекарасындағы Һор тауында Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тіл қатып былай деді: 24 «Һаронның о дүниеге, ата-бабаларының қасына аттанатын мезгілі жетті. Ол Мен исраилдіктерге табыстауға уәде еткен елге кірмейді. Себебі екеуің Мерібадағы су жайлы Менің бұйрығыма бағынбадыңдар. 25 Һаронды және оның ұлы Елазарды ертіп алып, Һор тауының басына көтеріліңдер. 26 Сол жерде Һаронның арнайы киімдерін шешіп, ұлы Елазарға кигіз. Ал Һаронның өзі сол жерде дүниеден өтіп ата-бабаларының қасына жөнеледі». 27 Мұса Жаратқан Иенің бұйрығын орындап, үшеуі бүкіл жамағаттың көзінше Һор тауына көтеріліп кетті. 28 Сонда Мұса Һаронның үстінен арнайы киімін шешіп алып, оның ұлы Елазарға кигізді. Һарон сол таудың басында қайтыс болды. Кейін Мұса Елазар екеуі таудан түсті. 29 Жамағат Һаронның қайтыс болғанын білгенде, бүкіл Исраил халқы оны отыз күн бойы жоқтап аза тұтты.
1 Негев өлкесіндегі Арад қаласының қанахандық патшасы Исраил халқының Атарим жолымен келе жатқанын естіп, оларды шабуылдап, біразын тұтқындады. 2 Сонда исраилдіктер Жаратқан Иеге: «Егер осы халықты біздің қолымызға тапсырсаң, онда біз олардың қалаларын Өзіңе бағыштап, толығымен құртатын боламыз», — деген ант берді. 3 Жаратқан Ие исраилдіктердің өтініштеріне құлақ салып, қанахандықтарды олардың қолдарына тапсырды. Исраилдіктер солардың өздері мен қалаларын Құдайға бағыштап, толығымен құртты. Содан осы жер Хорма (Құрту) деп аталып кетті. 4 Һор тауынан исраилдіктер Едом елін сырт айналып өтпек болып, Қамысты теңізге қарай бет алды. Жолшыбай халықтың шыдамы таусылып, 5 Құдайға және Мұсаға қарсы сөйлеп: «Бізді не үшін Мысырдан алып шықтыңдар? Мына иен далада қырылуымыз үшін бе? Жейтін нан, ішетін суымыз жоқ! Әлгі жеп жүрген жиренішті тамағымыздан әбден мезі болдық!» — деді. 6 Сонда Жаратқан Ие халық арасына отқа ұқсаған улы жыландар жіберіп, солар Исраил халқының арасынан көптеген адамды шағып өлтірді. 7 Халық Мұсаның алдына келіп: «Біз Жаратқан Иеге және өзіңізге қарсы сөйлеп күнә жасадық. Мына жыландарды бізден аластата көрсін деп Жаратқан Иеге біз үшін өтініш жасап сиыныңызшы!» — деп жалынды. Содан Мұса халық үшін өтініп сиынды. 8 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: «Отқа ұқсаған улы жыланның мүсінін жасап ал да, оны белгі беретін бағананың басына бекітіп, жоғары көтеріп қой! Жылан шаққан әркім соған қараса, тірі қалады». 9 Сонымен Мұса мыстан жылан мүсінін жасап, оны бағананың басына бекітіп, жоғары көтеріп қойды. Жылан шағып алған әркім мыс жыланға қарағанда, тірі қалып отырды. 10 Исраилдің үрім-бұтағы әрі қарай жылжып, Оботқа жетіп, сонда қостарын тікті. 11 Олар Оботтан шығып, Моаб елінің шығысындағы елсіз даладағы Ие-Абаримге көшіп барып, сонда аялдады. 12 Бұл жерден олар Зәред аңғарына барып, сонда қостарын тікті. 13 Халық сол жерден иен даладағы Арнонның арғы жағына өтіп, сонда тоқтады. Арнон — аморлықтардың аймағынан бері ағатын өзен, ол Моаб елін аморлықтардың аймағынан бөліп тұратын шекарасы еді. 14 Сол себепті «Жаратқан Иенің шайқастары» деген кітапта былай деп жазылған: «Суфаның маңайындағы Уахеп қаласы және Арнон өзені мен 15 оның Ар деген елді мекенге қарай созылып жатқан сайлары Моаб шекарасының бойында орналасқан». 16 Сол жерден исраилдіктер Бегерге көшіп барды. Жаратқан Ие сондағы құдық туралы Мұсаға: «Халықты жина, Мен оларға су беремін», — деді. 17 Сол кезде Исраил халқы мына әнді шырқады: «Уа, құдық, суыңды сарқырата бер, Құдық жайында айтыңдар әндер! 18 Оны ойып қазды билеушілер, Халықтың озаттары, жетекшілер, Қолдарында асатаяқ пен сүңгілер». Елсіз даладан халық Матанаға, 19 содан Нахалиелге және Бамотқа көшіп-қонды. 20 Бамоттан олар Моаб еліндегі алқапқа көшіп барды. Сол маңайдағы Писга тауы құлазыған далаға тіреліп тұр. 21 Мұнан кейін Исраил халқы елшілері арқылы аморлықтардың патшасы Сихонға мынадай сәлем жіберді: 22 «Жеріңізден өтуімізге рұқсат етсеңіз екен. Не егістіктеріңізге, не жүзімдіктеріңізге бұрылмаймыз, құдықтарыңыздан су да ішпейміз. Тек Патшаның үлкен жолымен ғана жеріңізден өтіп шығамыз». 23 Бірақ Сихон Исраилге өз жері арқылы жүріп өтуге рұқсат бермей, бүкіл жасағын жинап, Исраилге қарсы елсіз далаға аттанды. Яхас деген жерге жетіп, исраилдіктермен шайқасты. 24 Исраилдіктер Сихонның жасағын семсердің жүзімен қырып-жойып, Арнон өзенінен Ябок өзеніне дейінгі аралықтағы оның жерін иемденіп алды. (Ябоктың арғы жағындағы) аммондықтардың шекарасы бекіністі болғандықтан, олар тек соған дейін барды. 25 Исраил халқы аморлықтардың барлық қалаларын да қолға түсіріп, соларды, әсіресе, Хешебон мен оған қарасты елді мекендеріне қоныстанып алды. 26 Себебі Хешебон аморлықтардың патшасы Сихонның тұрған қаласы болатын. Ол Моабтың бұрынғы патшасына шабуыл жасап, оның Арнонға дейінгі бүкіл жерін тартып алған еді. 27 Сондықтан жыраулар ол туралы мынадай нақыл айтқан: «Келіңдер Хешебонға, Сихонның қаласына, Қайта салынып, бекітілсін астана! 28 Себебі Хешебоннан от жалыны шықты, Сихонның қаласынан алау лап етті, Моабтың Ар қаласын жалмап қойды, Арнон қыраттарының иелерін қырды. 29 Уа, Моаб халқы, қасірет саған! Хамосқа табынған халық қырылған. Хамос өз «ұлдарын» қашуға қалдырды, «Қыздарын» Амор патшасы Сихонға олжалатты, 30 Ал біз оларды жебе атып талқандадық, Дибонға дейінгі Хешебон елін құрттық, Медеба мен Нофаға дейін ойран салдық!» 31 Осылайша исраилдіктер аморлықтардың жеріне қоныстанып алды. 32 Кейін Мұса Жазер қаласына барлаушылар жіберді. Исраил жасағы оған қарасты елді мекендерді басып алып, сондағы аморлықтардың жерін де иемденді. 33 Бұдан кейін исраилдіктер бұрылып, Башан аймағына баратын жолмен жоғары қарай өрледі. Сонда Башанның патшасы Ог бүкіл жасағын ертіп олармен шайқасуға Едірейге аттанды. 34 Ал Жаратқан Ие Мұсаға: «Одан қорықпа! Себебі Мен оның өзін, бүкіл жасағы мен елін сенің қолыңа тапсырып отырмын. Аморлықтардың Хешебонда тұрған патшасы Сихонға не істеген болсаң, оған да дәл соны істе!» — деді. 35 Сонымен исраилдіктер Ог патшаны, оның ұлдарын және бүкіл жасағын бір адамын да тірі қалдырмай қырып тастап, жерлерін иемденіп алды.
1 Содан соң исраилдіктер көшіп барып, Иерихон қаласына қарама-қарсы, Иордан өзенінің бойындағы Моабтың елсіз алқаптарына орналасты. 2 Исраилдің аморлықтарға не істегені туралы (Моаб халқының патшасы) Сипор ұлы Балақ хабардар болатын. 3 Исраил халқының соншама көп екенін көргенде, моабтықтар олардан қатты қорқып, 4 Мадиян халқының ақсақалдарына мына хабарды жолдады: «Өгіз даланың шөбін толық жалмап қояр, Енді бұл тобыр маңымызды жалмап қояр!» Моаб патшасы Сипор ұлы Балақ 5 елшілерін жіберіп, Беғор ұлы Балағамды өзіне шақыртты. Балағам Евфрат өзенінің бойындағы Петор деген туған жерінде тұрып жатты. Патша Балағамға мынадай сәлем жіберді: «Мысырдан бір халық көшіп шығып, жер бетін қаптап кетті. Олар енді қасымызға қоныстанып жатыр. 6 Өтінемін, келіп, сол халықты қарғап беріңіз. Олар бізден сондай қуатты! Мүмкін, осылай оларды күйретіп, елден қуып шыға алармын. Себебі сіз кімге бата берсеңіз, соның жарылқанатынын, ал кімді қарғасаңыз, соның қарғысқа ұшырайтынын білеміз». 7 Осылайша Моаб пен Мадиянның ақсақалдары Балағамға сәуегейлігі үшін беретін сый-тартуын ала шығып, Балақтың айтып жібергенін жеткізді. 8 Балағам оларға: «Бүгінше осында түнеп шығыңыздар. Жаратқан Ие маған не айтса, соны сіздерге жеткіземін», — деді. Содан Моабтың әміршілері Балағамның қасында қалды. 9 Түнде Құдай Балағамға келіп тіл қатып: — Мына қасыңдағы адамдарың кім? — деп сұрады. 10 Балағам: — Моаб патшасы Сипор ұлы Балақ маған мынадай сәлем жіберді: 11 «Мысырдан көшіп шығып келген халық жер бетіне қаптап кетті. Келіп, оларды қарғап беріңіз. Мүмкін, сонда олармен шайқасып, қуып шыға алармын», — деп жауап берді. 12 Құдай Балағамға: — Олармен барып, сол халықты қарғаушы болма! Себебі олар жарылқанған, — деп бұйырды. 13 Ертеңіне таңертең Балағам орнынан тұрып, Балақтың жіберген әміршілеріне былай деді: «Елдеріңізге қайта беріңіздер. Өйткені Жаратқан Ие маған сіздерге ілесіп жолға шығуға рұқсат берген жоқ». 14 Моабтың әміршілері Балаққа қайтып келіп: «Тақсыр, Балағам бізге ілесіп келуден бас тартты», — деді. 15 Сонда Балақ Балағамға бұлардан да қадірлі әрі көбірек әміршілерін жіберді. 16 Олар Балағамға келіп, былай деді: — Сипор ұлы Балақтан сізге дұғай сәлем. Еш нәрсе де сіздің маған келуіңізге бөгет болмасын! 17 Мен сізге зор сый көрсетіп, айтқаныңыздың бәрін де орындаймын. Өтінемін, тек келіп, ана халықты қарғап берсеңіз екен. 18 Балағам Балақтың жіберген адамдарына мынадай жауап қайырды: — Балақ маған сарайын алтын-күміске толтырып берсе де, мен Құдайым Жаратқан Иенің бұйрығына қарсы шығып, не үлкен, не майда-шүйде еш нәрсені де өздігімнен істей алмаймын. 19 Сіздер де бүгін осында түнеп шығыңыздар. Жаратқан Ие маған тағы не айтар екен, соны біліп алайын. 20 Түнде Құдай тағы да Балағаммен кездесіп: «Мына адамдар сені шақыруға келген соң жолға жиналып, оларға еріп бара бер. Бірақ тек Менің айтқанымды ғана істейтін бол!» — деп бұйырды. 21 Балағам таңертең тұрып, мәші есегін ерттеп, мініп алды да, Моабтың әміршілеріне ілесіп сапарға аттанды. 22 Бірақ оларға ілесіп шыққаны үшін Құдай Балағамға қаһарланды. Сондықтан Жаратқан Иенің періштесі Балағамға қарсы шығып, жолын бөгеп тастады. Балағам екі қызметшісін ертіп жол жүріп бара жатқанда, 23 оның астындағы мәші есегі Жаратқан Иенің періштесінің қолына жалаң семсер ұстап жолда тұрғанын көрді. Есек жолдан шығып, ашық далаға қарай беттеді. Ал Балағам оны ұрғылап, жолға қайтарды. 24 Бұдан кейін Жаратқан Иенің періштесі жүзімдіктердің арасындағы соқпақ жолға тұрып алды. Соқпақтың екі жағынан да дуалдар қоршап тұрды. 25 Есек Жаратқан Иенің періштесін көріп, дуалға жабыса ығысып, Балағамның аяғын қысып тастады. Балағам жануарды қайтадан ұрғылады. 26 Ал Жаратқан Иенің періштесі алға жылжып, не оңға да, не солға да бұрылып өтуге мұрша бермейтін бір тар жерге келіп тұрып алды. 27 Жаратқан Иенің періштесін көрген мәші есек жерге жата кетті. Бұдан Балағамды ашу кернеп, есегін таяғымен ұра бастады. 28 Сонда Жаратқан Ие мәшіге тіл бітіріп, ол: — Мені үш рет қатарынан ұрып-соғатындай саған не жаздым? — деп сұрады. 29 Балағам есекке: — Мені келеке қылғаның үшін. Егер қолымда семсер болса, сені өлтіре салар едім! — деп дауыстады. 30 Ал есек Балағамға: — Баяғыдан бері мініп келе жатқан мәші есегің емеспін бе? Бұрын-соңды менің осындай әдетім болып па еді? — деген сұрақ қойды. Балағам оған: — Жоқ, — деп жауап берді. 31 Сонда Жаратқан Ие Балағамның көзін ашып, ол Жаратқан Иенің періштесінің қолына жалаң семсер ұстап жолда тұрғанын көрді. Балағам оның алдында иіліп, етпетінен жерге жығыла кетті. 32 Періште оған: — Не себептен сен мәші есегіңді үш рет қатарынан ұрып-соқтың? Мен өзім бөгет болу үшін саған қарсы шыққан едім. Себебі сен маған қыңырлана мойынсұнбайсың. Жүрген жолың сені менің көз алдымда тұңғиыққа құлатпақ! 33 Ал есегің мені көріп, үш рет қатарынан менен жалтарды. Ол солай етпегенде, мен қазір-ақ сені өлтіріп, оны тірі қалдыратын едім, — деп ескертті. 34 Балағам Жаратқан Иенің періштесіне: — Мен күнә жасадым. Сіздің маған қарсы шығып, жолды бөгеп тұрғаныңызды білмеген едім. Ал енді, егер мұным сізге ұнамаса, онда кері қайтайын, — деп жауап қатты. 35 Бірақ Жаратқан Иенің періштесі: — Мына адамдарға ілесіп бара бер. Алайда тек менің өзіңе айт дегенімді ғана айтатын бол! — деген бұйрық берді. Осылай Балағам Балақтың әміршілеріне ілесіп кете берді. 36 Балақ патша Балағамның келе жатқанын ести салысымен, оны қарсы алу үшін жолға шығып, өз елінің шекарасындағы Арнон өзенінің бойында орналасқан моабтық қалаға барды. 37 Балақ: — Мен адамдарымды жіберіп, сізді жедел келуге шақырмап па едім? Неге келіп болмадыңыз? Әлде сізге тиесілі сый-сыяпат көрсету қолымнан келмей ме? — деп ренішін білдірді. 38 Ал Балағам оған: — Міне, қасыңызға келдім ғой. Алайда өзім қалаған сөзімді айта алар ма екенмін? Жоқ, Құдай аузыма қандай сөз салса, соны айтамын, — деп жауап берді. 39 Сонымен Балағам Балақ патшаға еріп Кирият-Хусотқа барды. 40 Сол жерде патша мүйізді ірі қара мен ұсақ малдарды құрбандыққа шалып, солардың біраз бөлігін Балағамға және қасындағы әміршілеріне берді. 41 Ертеңіне таңертең патша Балағамды ертіп алып, Моаб оны халқы Бағал атты жалған тәңірге құлшылық ететін биіктеу орындарға шығарды. Сол жерлерден көріпкел төмендегі Исраил халқын шет-шетіне дейін көре алды.
1 Сонда Балағам Балаққа: — Маған осы жерде жеті құрбандық орнын тұрғызып, жеті жас бұқа мен жеті қошқар дайындап қойыңыз, — деп тапсырды. 2 Балақ оның айтқанын орындады. Екеуі әрбір құрбандық орнында бір-бірден жас бұқа мен қошқарды құрбандыққа шалып, өртеп ұсынды. 3 Мұнан кейін Балағам Балаққа: — Мына шалынып, түгелдей өртелген құрбандықтарыңыздың қасында тұра тұрыңыз. Мен әрірек барып келейін, мүмкін, Жаратқан Ие кездесу үшін келіп қалар. Ол маған не ашып көрсетсе, соны сізге айтып беремін, — деп, бір тақыр төбе басына шығып кетті. 4 Сол жерде Құдай оған кездескенде, Балағам: — Жеті құрбандық орнын тұрғызып, әрқайсысында бір-бір жас бұқа мен қошқарды құрбандыққа шалып, өртеп ұсындым! — деді. 5 Жаратқан Ие Балағамның аузына айтатын сөздерін салып, оған: — Енді Балаққа қайтып бар да, оған осы хабарымды жеткіз, — деп бұйырды. 6 Сонымен Балағам қайтып келсе, Балақ өзінің шалып, түгелдей өртеген құрбандықтарының жанында тұр екен. Моаб елінің барлық әміршілері оның қасында болды. 7 Енді Балағам нақыл сөзін айтып былай деді: — Балақ мені шақырды Арама аймағынан, Моаб патшасы алдыртты шығыс тауларынан: «Келіп, Жақыптың ұрпағын қарғап беріңіз, — Деп, — Исраил халқын лағынеттеп кетіңіз!» 8 Құдай қарғамағанды мен қалайша қарғаймын? Жаратқан айып тақпағанға мен қалай тағамын? 9 Оны көріп тұрмын жартастың шыңынан, Оған қарап тұрмын төбе бастарынан. Бұл халық оңашаланып бөлек тұрады, Басқа ұлттарға қосылудан бас тартады. 10 Жақыптың құмдай көп ұрпағын кім есептер? Исраилдің төрттен бірінің өзін санап көр! Көз жұмған кезімде сол әділдердей өлейін, Бұлардай ақ өліммен дүниеден өтейін! 11 Балақ Балағамға: — Бұ не қылғаныңыз маған? Мен сізді жауымды қарғауға алдырттым, ал сіз оған ақ бата жаудырдыңыз?! — деп налыды. 12 Балағам: — Жаратқан Ие маған не бұйырса, дәл соны ғана айтуым қажет емес пе? — деп жауап берді. 13 Балақ: — Менімен бірге басқа бір жерге жүріңіз, халыққа сол жерден қарайсыз. Бірақ оны толығымен емес, тек бір бөлшегін ғана көретін боласыз. Сол жерден оларды қарғап беріңізші, — деді де, 14 көріпкелді Писга тауының басындағы «Қарауылдар» атты алаңқай жерге алып барды. Балақ патша сонда жеті құрбандық орнын тұрғызып, әрқайсысында бір жас бұқа мен бір қошқардан құрбандыққа шалып, өртеп ұсынды. 15 Көріпкел Балаққа: — Мен Құдаймен ана жақта кездесіп жатқанда сіз мұнда, түгелдей өртелген құрбандықтарыңыздың қасында тұра тұрыңыз, — деп тапсырды. 16 Мұнан кейін Жаратқан Ие Балағамды кездестіріп, оның аузына айтатын сөздерін салып беріп былай деп бұйырды: «Балаққа қайтып бар да, оған осы хабарымды жеткіз!» 17 Балағам қайтып келсе, патша Моаб елінің әміршілерімен бірге өзінің түгелдей өртелген құрбандықтарының жанында тұр екен. Балақ: — Жаратқан Ие не деді? — деп сұрады. 18 Сонда Балағам нақыл сөзін айтып былай деді: — Уа, Балақ, тұрыңыз да, мені тыңдаңыз, Иә, Сипор ұлы, маған құлақ салыңыз! 19 Құдай өтірік айтатын пенде емес, Ойын өзгерте беретін адам да емес. Ол айтса, сонысын іске асырмай ма, Әлде сөз беріп, онысын орындамай ма? 20 Мен ақ бата беруге тапсырма алдым, Құдай жарылқаса, соны өзгерте алмаймын. 21 Жақыптың ұрпағынан пәле көрінбейді, Исраил халқынан бейнет деген білінбейді. Құдайы Жаратқан Ие арасында тұрады, Оны Патшамыз деп кернеймен жар салады. 22 Халықты Мысырдан шығарған — Құдайдың Өзі, Жабайы бұқаның мүйізіндей оның күші. 23 Жақыпқа қарсы ешбір сиқырлық жүрмейді, Исраилге қарсы сәуегейлік өтпейді! Қазір де Жақып пен Исраил жөнінде: «Қарашы Құдайдың ісін!» — деп дәріптейді. 24 Ана арыстандай халық өрлеп шығады, Дәу арыстандай ол орнынан тұрады, Олжасын жалмап, қанын ішіп тояды, Содан соң ғана жатып, тыным табады. 25 Балақ сонда Балағамға: — Ендеше бұл халыққа қарғыс та айтпаңыз, бата да бермеңіз! — деп бұйырды. 26 Балағам оған: — Жаратқан Ие маған не айтса, соның бәрін істеуге тиіспін деп өзіңізге ескертпеп пе едім? — деп жауап берді. 27 Сонда Балақ патша Балағамға: — Жүріңізші, басқа бір жерге барайық. Мүмкін, Құдай сіздің оларды сол жерден қарғағаныңызды құп көрер, — деді. 28 Патша Балағамды елсіз далаға қарап тұрған Пеғор тауының басына алып барды. 29 Сол жерде Балағам тағы да Балаққа: — Маған осында жеті құрбандық орнын тұрғызып, жеті бұқа мен жеті қошқар дайындап қойыңыз, — деп тапсырды. 30 Балақ оның айтқанын орындап, әрбір құрбандық орнына бір-бірден бұқа мен қошқар шалып, өртеп ұсынды.
1 Ал Балағам Жаратқан Иенің Исраилді жарылқағысы келіп отырғанын сезіп, енді бұрынғыдай сәуегейлікке сүйенбеді. Қайта, ол елсіз далаға қарай бет-жүзін бұрып қарады. 2 Балағам көз тастап, рулары бойынша қатар-қатар тұрақтаған исраилдіктерді көрген кезде, оған Құдайдың Рухы қонды да, 3 ол мына нақыл сөзін айтты: — Беғор ұлы Балағамның пайғамбарлық сөзі, Көкірек көзі ашық адамның болжау сөзі: 4 Құлағым шалады Құдайдың хабарын, Көзім көреді Құдіреттінің аянын, Көзім ашық күйі жерге жығыламын, Құдайдың хабарын енді айтамын. 5 Уа, Жақып халқы, шатырларың қандай әдемі, Уа, Исраил халқы, үйлерің қандай көрікті! 6 Бұл халық кеңінен жайылған алқаптардай, Өзен жағасында өсетін бақтардай, Жаратқан отырғызған алып ағаштардай, Су жағалай өсетін самырсындардай. 7 Халықтың шелектерінен су мол ағады, Сепкен тұқымдарына ылғал мол барады, Оның патшасы Агагтан да үстем болады, Иә, патшалығының даңқы тым асады. 8 Құдай осы халықты Мысырдан алып шықты, Жабайы бұқаның мүйізіндей оның күш-қуаты, Жауласқан бөгде ұлттарды ол қиратады, Олардың сүйектерін күйретіп сындырады, Һәм жебелерімен тәндерін тесіп атады. 9 Халық арыстандай еңкейіп дайын тұрады, Ана арыстандай тыншып жерге жатады. Оны мазалауға кімнің батылы барады? Жақып, саған бата бергеннің өзі жарылқанады, Ал сені қарғағанның өзін қарғыс атады. 10 Сонда Балақтың Балағамға деген ашу-ызасы лаулап, екі алақанын сарт еткізіп, былай деп айқайлады: — Сені жауымды қарға деп шақырсам, сен оның орнына оларға үш рет ақ бата бердің! 11 Лезде өз жөніңе тайып тұр! Сені молынан сыйлаймын деген едім. Ал Жаратқан Иенің Өзі сені сыйыңнан құр қалдырып отыр! 12 Сонда Балағам Балаққа мына жауапты қайырды: — Маған жіберген елшілеріңе-ақ былай деп айтпап па едім: 13 Балақ маған сарайын алтын-күміске толтырып берсе де, мен Жаратқан Иенің бұйрығына қарсы шығып, не жақсы, не жаман болсын, еш нәрсені де өздігімнен істей алмаймын. Мен тек Жаратқан Иенің айтқанын ғана айтатын боламын. 14 Ал енді, мен өз халқыма қайтпақпын. Кәне, болашақта мына халықтың сіздің халқыңызға не істейтіні жайлы ақыл берейін, — деді. 15 Сонымен Балағам мына нақыл сөзін айтып берді: «Мынау — Беғор ұлы Балағамның айтқан сөзі, Көкірек көзі ашық адамның болжау сөзі, 16 Құдайдың айтқан сөздерін еститіннің, Тағаланың білдіргенін білетіннің, Көздері ашық күйі сіресіп құлап, Құдіреттінің аянын көретіннің Айтқандары (тыңдаған пенде құлақ түрсін!): 17 Көріп тұрмын оны, бірақ қазір емес, Байқап тұрмын оны, бірақ жақын емес: Жақыптан бір жұлдыз туатын болады, Исраилден ұлы патша шығатын болады. Ол Моабтың әміршілерін таптап жояды, Шеттің бар ұрпақтарының көзін құртады. 18 Сонда ол Едом елін басып алады, Сейірдегі жаулары оған бағынады, Ал Исраил үнемі күшейіп нығаяды. 19 Жақыптан мықты билеуші шығады, Ирдағы тірі қалғандардың көзін құртады!» 20 Балағам Амалек халқына көз салып мына нақыл сөзді айтты: «Амалек халықтардың алғашқысы еді, Бірақ ақыр соңында ол құрып бітеді». 21 Балағам кендіктерге де көз салып, олар туралы мына нақыл сөзін айтты: «Сондай берік екен сенің тұрағың, Жартасқа салынған, қауіпсіз екен ұяң. 22 Алайда, кендіктер, сендер қырыласыңдар, Ассурға көп кешікпей тұтқын боласыңдар». 23 Содан соң Балағам мынадай нақыл сөз айтты: «Оу, Құдай солай еткенде кім тірі жүрер, 24 Ал Киттим жағасынан жүзіп келген кемелер Ассурға әрі Еберге жәбір көрсетер, Бірақ өздері де кейін күйретілер». 25 Осыны айтып болғанда Балағам орнынан тұрып, еліне қайтып кетті. Балақ та өз жағына жөнелді.
1 Ал Исраилдің көші Шиттим деген жерде тұрған кезде, халық моабтық қыздармен азғындық жасай бастады. 2 Бұлар халықты өздерінің жалған тәңірлеріне арнаған құрбандықтарына шақырған еді. Исраилдіктер солардан дайындалған тамақты жеп, моабтықтардың жалған тәңірлеріне иіліп табынды. 3 Осылай исраилдіктер пеғорлық Бағал атты жалған тәңірге мықтап беріліп кетті. Содан Жаратқан Иенің қаһары Исраил халқына қарсы лаулады. 4 Ол Мұсаға былай деді: «Осы халықтың барлық басшыларын ұстап алып, оларды күндіз Менің, Жаратқан Иенің, алдында (күллі жұрттың көзінше) дарға асып, іліп қой! Сонда Менің Исраилге деген жалындаған қаһарым басылады!» 5 Сондықтан Мұса Исраилдің төрешілеріне: «Әрқайсыларың пеғорлық Бағалға беріліп кеткен өз адамдарыңның барлығын өлтіріп жазалаңдар!» — деген әмір берді. 6 Дәл осы кезде исраилдіктердің біреуі бір мадияндық әйелді өз әулетіне алып келді. Адам онысын кездесу шатырының кіреберісі алдында қайғырып зарлап тұрған Мұса мен бүкіл исраилдік жамағаттың көз алдында істеді. 7 Мұны діни қызметкер Елазардың ұлы, Һаронның немересі Пінехес көрді. Ол жамағаттың ортасынан шықты да, қолына найзасын алды. 8 Пінехес исраилдік ер адам мен сол әйелдің артынан шатырға кіріп, екеуіне де найзасын сұғып алды. Найза еркекті тесіп өтіп, әйелдің ішіне қадалды. Осылай Пінехес исраилдіктердің басына түскен індеттің бетін әрі қайырды. 9 Ал індеттен қаза тапқандардың саны жиырма төрт мыңға жеткен еді. 10 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 11 «Діни қызметкер Елазардың ұлы, Һаронның немересі Пінехес Менің исраилдіктерге деген қаһарымды басты. Ол солардың арасында Менің абыройымды Өзім іспетті жан сала құлшына қорғады. Сол себепті Мен Исраил халқының бәрін бірдей қаһарыммен қырып тауысқан жоқпын. 12 Сондықтан оған мынаны айт: Біліп қой, Мен сенімен амандық пен тыныштық туралы Келісімімді жасамақпын. 13 Мен Елазардың өзін және одан кейінгі ұрпақтарын әрқашан діни қызметкер қыламын деп уәде беріп Келісімімді бекітемін. Себебі ол қызмет еткен Құдайының абыройын жан сала қорғап, Исраил халқын күнәларының арамдығынан тазартты». 14 Мадияндық әйелмен бірге өлтірілген исраилдіктің есімі — Салу ұлы Зімри. Ол Шимон руындағы бір әулеттің басшысы еді. 15 Ал өлтірілген мадияндық әйелдің есімі — Хазба, ол мадияндықтардың бір әулетінің басшысы Сурдың қызы болатын. 16 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға бұйрық беріп былай деді: 17 «Мадияндықтарға қарсы шығып, олардың көздерін жойыңдар! 18 Себебі олар Пеғорда сендерді жалған тәңірге табынуға азғырулары және өздерінің қарындасы — мадияндық әулет басының қызы Хазба арқылы сендерге қулық-сұмдықпен жәбір көрсетті. Сол Хазба Пеғордағы оқиға үшін болған індет кезінде өлтірілді».
1 Сол індеттен кейін Жаратқан Ие Мұсаға және діни қызметкер Һарон ұлы Елазарға тіл қатып былай деді: 2 «Исраил қауымындағы шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан барлық исраилдіктерді шыққан әулеттері бойынша түгендеп санап шығыңдар!» 3 Сол кезде бүкіл Исраил халқы Иерихон қаласына қарама-қарсы, Иордан өзенінің жағасындағы Моабтың елсіз алқаптарында қостарын тігіп аялдаған еді. Сонда Мұса мен діни қызметкер Елазар оларға былай деп жариялады: 4 «Жаратқан Ие Мұсаға бұйырғандай, жасы жиырмаға толған не одан асқан барлық ер адамдарды түгендеп санап шығыңдар!» Мысыр елінен көшіп шыққан Исраилдің бүкіл үрім-бұтағы мынау: 5 Исраилдің тұңғыш ұлы Рубеннің ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Ханохтан ханохтықтар, Паллудан паллулықтар, 6 Хесроннан хесрондықтар, Қармидан қармилықтар тарады. 7 Бұлар Рубеннен тараған әулеттер. Олардың жалпы саны қырық үш мың жеті жүз отыз екендігі анықталды. 8 Паллудың ұлы Елияп болды. 9 Елияптың ұлдары: Немуел, Датан, Абирон. Жаратқан Иеге мойынсұнбай, Мұса мен Һаронға қарсы шыққан Қорахтың сыбайластарының арасында осы Датан, Абирон атты қауым жетекшілері де болды. 10 Сол кезде жер қақ айырылып, оларды Қорахпен бірге жұтып қойды. Қорахтың тағы да екі жүз елу жақтасын сол күні Құдайдың оты жалмап құртты. Осылайша бұл адамдар басқаларға ескертетін мысал болды. 11 Алайда Қорахтың ұрпақтары толығымен құрып кетпеген еді. 12 Шимонның ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Емуелден емуелдіктер, Яминнен яминдіктер, Яхиннен яхиндіктер, 13 Зарахтан зарахтықтар, Саулдан саулдықтар тарады. 14 Бұлар Шимоннан тараған әулеттер. Олардың жалпы саны жиырма екі мың екі жүз екендігі анықталды. 15 Ғадтың ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Сефоннан сефондықтар, Хагиден хагиліктер, Шуниден шуниліктер, 16 Озниден озниліктер, Ериден ериліктер, 17 Ародидан ародилықтар, Арелиден арелиліктер тарады. 18 Бұлар Ғадтан тараған әулеттер. Олардың жалпы саны қырық мың бес жүз екендігі анықталды. 19 Яһуданың Ер мен Онан деген ұлдары да бар еді, бірақ олар Қанахан елінде қайтыс болды. 20 Ал Яһуданың қалған ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Шелахтан шелахтықтар, Парестен парестіктер, Зарахтан зарахтықтар тарады. 21 Парестің ұрпақтары: Хесроннан хесрондықтар, Хамулдан хамулдықтар тарады. 22 Бұлар Яһудадан тараған әулеттер. Олардың жалпы саны жетпіс алты мың бес жүз екендігі анықталды. 23 Исашардың ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Толадан толалықтар, Пуадан пуалықтар, 24 Яшубтан яшубтықтар, Шимроннан шимрондықтар тарады. 25 Бұлар Исашардан тараған әулеттер. Олардың жалпы саны алпыс төрт мың үш жүз екендігі анықталды. 26 Забулонның ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Середтен середтіктер, Елоннан елондықтар, Яхлелден яхлелдіктер тарады. 27 Бұлар Забулоннан тараған әулеттер. Олардың жалпы саны алпыс мың бес жүз екендігі анықталды. 28 Манаса мен Ефрем есімді екі ұлы арқылы Жүсіптен тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: 29 Манасаның ұрпақтары: Махырдан махырлықтар тарады. Махыр Ғилақадтың әкесі болатын, әрі Ғилақадтан ғилақадтықтар тарады. 30 Ғилақадтың ұрпақтары: Езерден езерліктер, Хелектен хелектіктер, 31 Азриелден азриелдіктер, Сихемнен сихемдіктер, 32 Шемидадан шемидалықтар, Хеферден хеферліктер тарады. 33 Хефер ұлы Салопахадтың ұлдары болмай, Махла, Ноға, Хоғла, Мылқа, Тирса есімді қыздары болды. 34 Бұлар Манасадан тараған әулеттер. Олардың жалпы саны елу екі мың жеті жүз екендігі анықталды. 35 Ефремнің ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Шутелахтан шутелахтықтар, Бехерден бехерліктер, Таханнан тахандықтар, 36 әрі Шутелахтың Әран деген ұрпағынан әрандықтар тарады. 37 Бұлар Ефремнен тараған әулеттер. Олардың жалпы саны отыз екі мың бес жүз екендігі анықталды. Жүсіптен (ұлдары Манаса мен Ефрем арқылы) тараған әулеттер, міне, осылар. 38 Буняминнің ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Беладан белалықтар, Ашбелден ашбелдіктер, Ахирамнан ахирамдықтар, 39 Шефуфамнан шефуфамдықтар, Хұфамнан хұфамдықтар тарады. 40 Беланың Ард пен Нағыман есімді екі ұлынан да екі әулет тарады: Ардтан ардтықтар, Нағыманнан нағымандықтар тарады. 41 Бұлар Буняминнен тараған әулеттер. Олардың жалпы саны қырық бес мың алты жүз екендігі анықталды. 42 Данның ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Шухамнан шухамдықтар тарады. 43 Дан руының барлығы шухамдықтар әулеті болды. Олардың жалпы саны алпыс төрт мың төрт жүз екендігі анықталды. 44 Аширдің ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Имнадан имналықтар, Ишуиден ишуиліктер, Берияхтан берияхтықтар тарады. 45 Осы соңғы әулет Берияхтың Хебер мен Малхиел деген екі ұлынан тараған хеберліктер мен малхиелдіктер әулеттеріне бөлінетін еді. 46 Аширдің тағы Серах есімді қызы да болған. 47 Бұлар Аширден тараған әулеттер. Олардың жалпы саны елу үш мың төрт жүз екендігі анықталды. 48 Нафталимнің ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Жахсиелден жахсиелдіктер, Гуниден гуниліктер, 49 Есерден есерліктер, Шилемнен шилемдіктер тарады. 50 Бұлар Нафталимнен тараған әулеттер. Олардың жалпы саны қырық бес мың төрт жүз екендігі анықталды. 51 Шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан исраилдіктердің жалпы саны алты жүз бір мың жеті жүз отыз ер адам екендігі анықталды. 52 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 53 «Елдің жері осы руларға меншікті үлестері болуға олардың адамдарының санына сәйкес бөлінуі керек. 54 Халқының саны көп руға мұралық жер көбірек, ал халқының саны аз руға жер азырақ берілуі тиіс. Жер әр рудың санақтан өткен адамдарының санына сәйкес бөлінуі керек. 55 Елдің жері жеребе арқылы үлестірілсін. Ол әркімге өзінің әкесінің руының аты бойынша беріледі. 56 Әрбір мұралық жер үлкенірек және кішірек әулеттердің арасында жеребе арқылы бөлінетін болады». 57 Леуіліктердің шыққан әулеттері бойынша түгенделіп саналғандар мыналар: Герсоннан герсондықтар, Қахаттан қахаттықтар, Мерариден мерариліктер тарады. 58 Леуіліктерге тағы мынадай әулеттер де жататын еді: лібіниліктер, хеброндықтар, мәхлиліктер, мұшилықтар, қорахтықтар. Қахаттан Ымрам тарады. 59 Ымрамның әйелінің есімі Иохебед болатын, ол да Мысыр елінде туған леуілік әйел еді. Ымрам мен Иохебедтің Һарон, Мұса мен Мәриям есімді екі ұл, бір қызы болды. 60 Һаронның Надаб пен Әбиһу, Елазар мен Ітамар есімді ұлдары бар еді. 61 Надаб пен Әбиһу Жаратқан Иенің алдында оттың Ол бұйырмаған бөтен түрін ұсынғанда өлімге ұшыраған болатын. 62 Жасы бір айдан жоғары еркек кіндікті леуіліктердің жалпы саны жиырма үш мың болды. Олар Исраилдің басқа руларымен бірге санаққа енгізілмеді. Себебі леуіліктерге олардың арасында жеке мұралық аймақ бөлінбеген еді. 63 Сонымен Иерихон қаласына қарама-қарсы, Иордан өзенінің жағасындағы Моабтың елсіз алқаптарында Мұса мен діни қызметкер Елазар исраилдіктерді түгендеп санаған кезде санақтан өткендер, міне, осылар болды. 64 Олардың арасында (содан отыз сегіз жыл бұрын) Синай атты елсіз далада болған бірінші санаққа енген исраилдіктерден бірде-бір адам болған жоқ. 65 Жаратқан Ие солар туралы «Олар сөзсіз елсіз далада қайтыс болады!» деп айтқандықтан Ефунне ұлы Халеп пен Нұн ұлы Ешуадан басқаның бәрі дүниеден өткен еді.
1 Бір күні Салопахадтың қыздары: Махла, Ноға, Хоғла, Мылқа, Тирса жамағаттың алдына шықты. Олардың әкесі Салопаход Хефердің ұлы, Ғилахадтың немересі, Махырдың шөбересі еді, ол Жүсіптің ұлы Манасаның руына жататын. 2 Осы қыздар кездесу шатырының кіреберісінің маңына Мұсаның, діни қызметкер Елазардың, жетекшілердің және бүкіл жамағаттың алдына шығып, былай деп өтініш жасады: 3 «Әкеміз иен далада көз жұмған еді. Соңынан ұл қалмады. Ол Жаратқан Иеге қарсы шыққан Қорахтың сыбайластар тобына қосылған жоқ, (өзге пенделер іспетті) өз күнәсі үшін өлді. 4 Артынан қалған ұлы жоқ болғандықтан, әкеміздің аты өз әулетінен өшіп қалуға тиіс пе? Сол себептен бізге әкеміздің ағайындарының арасынан мұралық жер үлестіріп берсеңіз екен». 5 Сонда Мұса олардың даулы мәселесін Жаратқан Иенің алдына жеткізді. 6 Жаратқан Иенің Мұсаға берген жауабы мынау болды: 7 «Салопахадтың қыздары дұрыс айтады. Оларға әкесінің ағайындарының арасынан, сөзсіз, мұралық жер үлестіріп беруің керек. Әкелеріне тиесілі мұралық жерін қыздарына табыста. 8 Исраилдіктерге мынаны айт: егер біреу артынан ұл қалдырмай қайтыс болса, онда оның мұралық жерін қызына табыстаңдар. 9 Егер қызы да болмаса, онда мұралық жерін туған ағайындарына беріңдер. 10 Егер туған аға-інісі де болмаса, онда мұралық жерді қайтыс болған адамның әкесінің туған ағайындарына табыстаңдар. 11 Ал егер әкесінің туған аға-інісі де болмаса, онда мұралық жерді марқұмның әулетінің ішіндегі ең жақынының иелігіне беріңдер». Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанындай, бұл шешім исраилдіктерге арналған ереже болуға тиіс. 12 Содан соң Жаратқан Ие тіл қатып Мұсаға былай деді: «Абарим қыратындағы мына таудың басына шық. Мен исраилдіктерге табыстағалы тұрған елге көз таста. 13 Соны көргеннен кейін ағаң Һарон сияқты сен де ата-бабаларыңның қасына жөнелесің. 14 Себебі қауым Сін атты елсіз далада Маған қарсы бас көтергенде, екеуің де Менің бұйрығыма бағынбай, жартастан су аққызған кезімде олардың алдында Мені қастерлеп, киелілігімді көрсетпедіңдер». — Бұл оқиға Сін даласындағы Қадештің маңындағы Меріба суының қасында болды. 15 Мұса Жаратқан Иеге былай деп жауап берді: 16 «Жаны бар күллі адамзаттың Құдайы — Жаратқан Ие осы қауымның үстінен біреуді жетекшілікке тағайындасын. 17 Сол кісі оларды бастап алып жүреді. Осылайша Жаратқан Иенің қауымы бағушысы жоқ бір отар қой сияқты болмайды. — 18 Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деді: — Бойында Менің Рухым бар адам — Нұн ұлы Ешуаны қасыңа ал да, оның үстіне қолыңды қойып бата бер. 19 Ешуаны діни қызметкер Елазардың және бүкіл жамағаттың алдына тұрғызып, олардың көз алдында оған міндетін өсиеттеп тапсыр. 20 Өзіңнің билігіңнің біразын Ешуаға табыста! Осылай Исраилдің үрім-бұтағының бүкіл қауымы оған бағынатын болсын. 21 Ешуа Менің, Жаратқан Иенің, еркін білу үшін діни қызметкер Елазардың алдында тұрсын. Елазар «Нұр және Кемелділік» деген қасиетті жеребелер арқылы Жаратқан Иенің алдында Оның шешімін анықтасын. Соның білдіргенімен Ешуа және барлық исраилдіктер ел қонысынан аттанып, оған қайта оралатын болсын». 22 Мұса Жаратқан Иенің берген бұйрығын орындап, Ешуаны діни қызметкер Елазар мен бүкіл жамағаттың алдында тұрғызды. 23 Содан ол Ешуаның үстіне қолын қойып бата беріп, оған міндетін өсиеттеп тапсырды. Бұның бәрі Жаратқан Иенің Мұса арқылы білдірген еркі бойынша істелінді.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді: 2 «Исраилдің үрім-бұтағына мына нұсқауды жеткіз: Маған өртелу арқылы ұсынатын ерекше тартуларың Өзіме ұнамды да хош иісті әрі тамақ іспетті. Оларды белгілі мезгілдерде әкелуге мұқият болыңдар! 3 Оларға тағы мынаны айт: Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандық ретінде күн сайын мінсіз бір жасар екі тоқтыдан әкеліп отырыңдар. 4 Бірінші тоқтыны таңертең, екіншісін кешке қарай шалып, өртеп ұсыныңдар. 5 Бұған қоса пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын төрт жарым қадақ ең таза зәйтүн майымен араластырып, астық тартуы ретінде ұсыну керек. 6 Бұл — Синай тауында бұйырылған, Жаратқан Иеге түгелдей өртелу арқылы ұсынылатын, Оған ұнамды да хош иісті әрі тұрақты тарту. 7 Әрбір тоқтымен бірге сұйық тарту да ұсынылсын. Ол екі жарым қадақ ашыған сусын болсын. Сұйық тарту киелі орында Жаратқан Иеге арнап құйылып ұсынылсын. 8 Ал екінші тоқтыны кешке қарай бірінші тоқты сияқты ұсынып, оған тиісті астық, сұйық тартуларын да дәл таңертең істегендеріңдей ұсынуларың керек. Бұл да Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған, Оған ұнамды да хош иісті тарту болмақ. 9 Діни демалыс күні мінсіз бір жасар екі тоқтыны, тиісті сұйық тартуын және пұттың оннан екі бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, астық тартуы ретінде ұсыныңдар. 10 Күн сайын тиісті сұйық тартумен бірге ұсынылатын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандыққа қоса, діни демалыс күніне арналған түгелдей өртеліп ұсынылатын құрбандық — осы. 11 Әр айдың бірінші күні Жаратқан Иеге арналған шалынып, түгелдей өртелетін құрбандық ретінде екі жас бұқа, бір қошқар, бір жасар жеті тоқты шалыңдар. Олардың барлығы да мінсіз болсын. 12 Оларға тиісті астық тартуын: әрбір құрбандық бұқа үшін пұттың оннан үш бөлігі, әрбір құрбандық қошқар үшін пұттың оннан екі бөлігі, 13 әрбір құрбандық тоқты үшін пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, ұсыныңдар. Бұлар Жаратқан Иеге түгелдей өртеліп ұсынылатын, хош иісті де ұнамды тартулар. 14 Осы құрбандықтарға тиісті сұйық тартулар мынадай болады: әр бұқаға — сегіз қадақ, әр қошқарға — бес қадақ, әр тоқтыға — екі жарым қадақ мөлшеріндегі шарап. Жыл бойы, әр ай сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтардың ұсынылу тәртібі осындай. 15 Әр айдың бірінші күні Жаратқан Иеге күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде бір теке шалынсын. Ол күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандыққа және оған тиісті сұйық тартуына қоса ұсынылады. 16 Жыл сайынғы бірінші айдың он төртінші күні — Жаратқан Иеге бағышталған Құтқарылу мейрамы. Бұл күні Оған арнап құрбандық шалынады. 17 Сол айдың он бесінші күні жеті күндік мейрам басталады. Осы жеті күн бойы ашымаған нан желінуі керек. 18 Мейрамның алғашқы күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер. 19 Жаратқан Иеге түгелдей өртелетін құрбандық ретінде екі жас бұқа, бір қошқар, бір жылдық жеті еркек тоқты әкеліңдер. Олардың барлығы да мінсіз болсын. 20 Осы құрбандықтарға тиісті астық тартуын: зәйтүн майымен араластырылған бидай ұнынан әрбір бұқа үшін — пұттың оннан үш бөлігі, қошқар үшін — пұттың оннан екі бөлігі 21 және жеті еркек тоқтының әрқайсысы үшін — пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, ұсыну керек. 22 Ал өздеріңнің жасаған күнәларыңның арамдығынан тазаруларың үшін тағы бір текені күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалыңдар. 23 Бұларды күн сайын түгелдей өртелетін таңертеңгі құрбандыққа қоса ұсынуларың керек. 24 Осылайша сендер мейрамның жеті күнінің әрбіреуінде тамақ іспетті тартуды өртеу арқылы ұсыныңдар. Олардың хош иісі Маған, Жаратқан Иеге, ұнамды. Оларды күн сайын түгелдей өртелетін құрбандықтар мен сұйық тартуларға қоса ұсыныңдар. 25 Ал жетінші күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп, жұмыс істемеңдер. 26 Жаңа жиналған егіннен Жаратқан Иеге арнап астық тартуын Алғашқы өнім мейрамының кезінде алып келіңдер. Сол күні Оған бағышталған жиналыс өткізіңдер және еңбектеніп жұмыс істемеңдер. 27 Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін, Оған ұнамды да хош иісті құрбандық ретінде екі жас бұқа, бір қошқар, бір жылдық жеті еркек тоқты шалыңдар. 28 Осы құрбандықтарға тиісті астық тартуын: әрбір бұқа үшін — пұттың оннан үш бөлігі, қошқар үшін — пұттың оннан екі бөлігі, 29 жеті тоқтының әрқайсысы үшін — пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, ұсыныңдар. 30 Өздеріңнің жасаған күнәларыңның арамдығынан тазаруларың үшін тағы бір текені күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалыңдар. 31 Осы құрбандықтарды күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар мен соларға тиісті астық тартуларына қоса ұсыныңдар да, оларға тиісті сұйық тартуларды да әкеліңдер. Құрбандықтардың барлығы да мінсіз болуы керек.
1 Жетінші айдың бірінші күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні жұмыс істемеңдер. Мейрам күні керней тартыңдар. 2 Жаратқан Иеге ұнамды да хош иісті құрбандықтар ретінде бір жас бұқа, бір қошқар, бір жылдық жеті еркек тоқтыны шалып, түгелдей өртеп жіберіңдер. Бұлардың бәрі де мінсіз болсын. 3 Оларға тиісті астық тартуын: жас бұқа үшін — пұттың оннан үш бөлігі, қошқар үшін — пұттың оннан екі бөлігі 4 және жеті тоқтының әрқайсысы үшін — пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, ұсыныңдар. 5 Ал жасаған күнәларыңның құнын өтеп, солардың арамдығынан тазаруларың үшін бір текені шалып ұсыныңдар. 6 Осы айтылған мейрамдардағы арнайы құрбандықтар мен сый-тартулар белгіленген тәртіптеріне сай ұсынылатын мына кезекті құрбандықтарға қоса әкелінсін: айдың бірінші күні шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар мен оларға тиісті астық тартуы, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар мен оларға тиісті астық және сұйық тартулары. Бұлардың барлығы да — өртеліп ұсынылатын, Жаратқан Иеге ұнамды да хош иісті тартулар. 7 Жетінші айдың оныншы күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні Оған ерекше бой ұсынып ораза ұстаңдар, әрі ешқандай жұмыс істемеңдер! 8 Жаратқан Иеге түгелдей өртеліп ұсынылатын хош иісті де ұнамды тарту ретінде: бір жас бұқа мен бір қошқарды және бір жылдық жеті еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, өртеп жіберіңдер. Құрбандықтардың бәрі де мінсіз болсын. 9 Оларға тиісті астық тартуын: жас бұқа үшін — пұттың оннан үш бөлігі, қошқар үшін — пұттың оннан екі бөлігі, 10 жеті тоқтының әрқайсысы үшін — пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, ұсыныңдар. 11 Ал күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Айтылып кеткен құрбандықтар мен тартулар өздеріңді жасаған күнәларыңның арамдығынан тазартып, күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа қоса ұсынылсын. Сонымен қатар күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар мен оларға тиісті астық тартуын және осылардың барлығына тиесілі сұйық тартуларын да әкеліңдер. 12 Жетінші айдың он бесінші күні де Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіп, сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер. Жеті күн бойы Жаратқан Иеге арнап мейрам өткізіңдер. 13 Сонда Жаратқан Иеге өртеу арқылы ұсынылатын хош иісті де ұнамды тарту ретінде он үш жас бұқа, екі қошқар және бір жылдық он төрт еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп жіберіңдер. Құрбандықтардың бәрі де мінсіз болсын. 14 Оларға тиісті астық тартуын: он үш жас бұқаның әрқайсысы үшін — пұттың оннан үш бөлігі, екі қошқардың әрқайсысы үшін — пұттың оннан екі бөлігі, 15 он төрт тоқтының әрқайсысы үшін — пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, ұсыну керек. 16 Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер. 17 Мейрамның екінші күні он екі жас бұқа, екі қошқар, бір жылдық он төрт еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, ұсыныңдар. Олардың бәрі де мінсіз болсын. 18 Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар. 19 Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер. 20 Мейрамның үшінші күні он бір жас бұқа, екі қошқар және бір жылдық он төрт еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, ұсыныңдар. Олардың бәрі де мінсіз болсын. 21 Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар. 22 Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер. 23 Мейрамның төртінші күні он жас бұқа, екі қошқар және бір жылдық он еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, ұсыныңдар. Олардың бәрі де мінсіз болсын. 24 Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар. 25 Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер. 26 Мейрамның бесінші күні тоғыз жас бұқа, екі қошқар және бір жылдық он төрт еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, ұсыныңдар. Олардың бәрі де мінсіз болсын. 27 Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар. 28 Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер. 29 Мейрамның алтыншы күні сегіз жас бұқа, екі қошқар, бір жылдық он төрт еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, ұсыныңдар. Олардың бәрі де мінсіз болсын. 30 Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар. 31 Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені де шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер. 32 Мейрамның жетінші күні жеті жас бұқа, екі қошқар және бір жылдық он төрт еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, ұсыныңдар. Олардың бәрі де мінсіз болсын. 33 Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар. 34 Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер. 35 Мейрамның сегізінші күні салтанатты жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер. 36 Жаратқан Иеге өртеу арқылы ұсынылатын хош иісті де ұнамды тарту ретінде бір жас бұқа, бір қошқар және бір жылдық жеті еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп жіберіңдер. Құрбандықтардың бәрі де мінсіз болсын. 37 Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар. 38 Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер. 39 Белгіленген мейрамдарыңның кезінде аталып өткен құрбандықтар мен сый-тартуларды Жаратқан Иеге ұсыныңдар. Оларды өздеріңнің Жаратқан Иеге ант еткен құрбандықтарыңа, ерікті сый-тартуларыңа, шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтарыңа, астық және сұйық тартуларыңа әрі Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін құрбандықтарыңа қоса ұсыныңдар!»
1 Мұса Жаратқан Иенің өзіне айтқандарының барлығын Исраилдің үрім-бұтағына жеткізіп айтып берді. 2 Мұнан кейін Мұса Исраилдің рубасыларына былай деді: «Жаратқан Иенің берген бұйрығы мынау: 3 Егер бір адам Жаратқан Иеге бір нәрсені ұсынуға не бір нәрседен бас тартуға ант етсе, я болмаса біреуге берген сөзін сертпен байласа, онда ол өзінің берген уәдесін бұзбай, аузынан шыққанының бәрін де орындауға тиісті болады. 4 Егер әкесінің қолында тұрып жатқан қыз Жаратқан Иеге бір нәрсені ұсынуға не бір нәрседен бас тартуға ант етсе, я болмаса біреуге берген уәдесін сертпен байласа 5 және әкесі оның берген анты не серті туралы естігенмен ештеңе демесе, онда қыздың берген барлық анттары да, сертпен байлаған барлық уәделері де өз күшінде қалады. 6 Ал егер әкесі сол туралы естіген күні қызына тыйым салса, онда қыздың берген анттары мен уәделерінің ешқайсысы күшінде қалмайды. Қыздың әкесі тыйым салғандықтан, Жаратқан Ие қызды берген сертінен босатады. 7 Егер де қыз ант етіп, асығыстықпен біреуге берген уәдесін сертпен байлап, бұдан кейін күйеуге шықса 8 және күйеуі сол туралы естіген күні ештеңе демесе, онда бұл әйелдің берген анттары да, сертпен байлаған уәделері де өз күшінде қалады. 9 Ал егер күйеуі сол туралы естіген күні әйеліне тыйым салса, онда ол әйелінің берген антының не байлаған сертінің күшін жояды, әрі Жаратқан Ие әйелді берген сертінен босатады. 10 Бірақ егер жесір немесе күйеуінен ажырасқан әйел ант етсе, я болмаса берген уәдесін сертпен байласа, онда сонысы күшінде қалады. 11 Егер күйеуімен бірге тұрып жатқан әйел ант етсе немесе берген уәдесін сертпен байласа 12 және күйеуі сол туралы естіп, ештеңе демесе әрі тыйым салмаса, онда әйелдің берген анттарының бәрі де, сертпен байлаған әрбір уәдесі де өз күшінде қалады. 13 Ал егер күйеуі сол туралы естіген күні әйеліне тыйым салса, онда әйелдің ауызынан шыққан әрбір анты не серті күшінен айырылады. Күйеуі олардың күшін жойғандықтан, Жаратқан Ие әйелді берген сертінен босатады. 14 Әйелдің еткен әрбір антын немесе Жаратқан Иеге ерекше бой ұсынып ораза ұстауға берген әрбір сертін оның күйеуі не бекіте, не күшінен айыра алады. 15 Егер күйеуі бұл туралы естіген соң, күн өткен сайын әйеліне ештеңе демесе, онда ол бұнысымен әйелінің берген анттары мен серттерінің бәрін бекітеді. Себебі ол сол туралы естіген күні үндемегені арқылы оларды бекітіп қойды. 16 Ал егер күйеуі (біраз уақыт өткеннен кейін ғана) тыйым салса, онда әйелінің осыған байланысты кінәсі күйеуінің мойнында болады». 17 Жаратқан Иенің ерлі-зайыптылар арасындағы және әке мен оның қолында тұрып жатқан бойжеткен қызының арасындағы қарым-қатынастар туралы Мұсаға берген ережелері, міне, осылар.
1 Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді: 2 «Исраилдіктерді (жалған тәңірге табындырып күнәға батырғандары үшін) мадияндықтардан өшімді ал. Содан соң өзің дүниеден өтіп ата-бабаларыңның қасына жөнелесің». 3 Сонда Мұса халыққа былай деп бұйырды: «Араларыңнан ер адамдарды қаруландырып жасаққа жіберуге дайындаңдар! Олар Мадиянға қарсы аттанып, олардан Жаратқан Иенің өшін алсын. 4 Исраилдің әрбір руынан жасаққа бір мың адамнан жіберіңдер!» 5 Сонда Исраилдің әулеттерінен әр рудан бір-бір мыңнан, шайқасқа қаруланып дайындалған он екі мың адам жиналды. 6 Әр рудан бір-бір мыңнан шыққан оларды Мұса шайқасқа аттандырды. Діни қызметкер Елазар ұлы Пінехес қолына киелі бұйымдар мен белгі беретін кернейлерді алып, солармен бірге аттанды. 7 Исраилдіктер Жаратқан Иенің Мұсаға берген бұйрығы бойынша мадияндықтарға қарсы шайқасқа шығып, олардың күллі еркектерінің көзін құртты. 8 Сол өлгендердің арасында Мадиянның бес көсемі — Еуи, Рекем, Сур, Хур және Реба да болды. Исраилдіктер Беғор ұлы Балағамды да семсермен өлтірді. 9 Исраилдік сарбаздар мадияндықтардың әйелдері мен балаларын қолға түсіріп, барлық табындарын, отарларын және өзге дүние-мүліктерін олжалап алды. 10 Бұдан кейін олардың тұрған барлық қалалары мен тұрақтарын өртеп жіберді. 11 Исраил жасағы қолға түскен барлық олжаны және тонап алғандарын: адамдар мен малдарды жинап алып, 12 бәрін де Иерихонға қарама-қарсы, Иордан жағалауындағы Моабтың елсіз алқаптарында қоныста тұрып жатқан Мұсаның, діни қызметкер Елазардың және исраилдіктердің бүкіл қауымының алдына алып келді. 13 Мұса, Елазар және қауымның жетекшілері оларды қарсы алуға қоныстың сыртына шықты. 14 Бірақ Мұса шайқастан қайтып келе жатқан жасақ басшыларына: мыңбасылар мен жүзбасыларға қатты ашуланып 15 былай деді: «Барлық әйелдерді тірі қалдырыпсыңдар ғой, бұларың қалай? 16 Бері қараңдар! Балағамның кеңесі бойынша Пеғордың маңында исраилдіктерді азғындыққа еліктіріп, олардың Жаратқан Иеге опасыздық жасауларына себепші болған солар емес пе еді?! Содан да Жаратқан Иенің халқының арасында індет жайылды ғой! 17 Енді барлық ұл балалардың және еркек көрген әйелдердің көздерін құртыңдар! 18 Бірақ әлі еркекпен жақындаспаған жас қыздарды өздеріңе тірі қалдырыңдар. 19 Ал сендердің соғыста адам өлтірген не өлген адамның мүрдесімен жанасқандарыңның барлығың, жеті күнге ел қонысының сыртында қалыңдар! Арамданғаннан кейінгі үшінші және жетінші күндері өздерің де, қолға түсірген тұтқындарың да тазару рәсімінен өтіңдер. 20 Барлық киімдеріңе, теріден, жүннен не ағаштан жасалған бұйымдарыңа да күнәдан тазарту рәсімін орындаңдар!» — деді. 21 Діни қызметкер Елазар шайқасқа қатысқандарға тағы мынаны айтты: «Жаратқан Иенің Мұса арқылы бұйырған заңының ережелері былай: 22 алтын, күміс, қола, темір, қалайы, қорғасыннан жасалған, 23 жалпы, отқа төзімді бұйымдардың барлығын отқа күйдіріп тазартыңдар. Бірақ оларға тазарту суын бүркіліп тазарту рәсімі де орындалсын. Отқа төзбейтін бұйымдарды тек тазарту суымен бүркіп тазартыңдар. 24 Жетінші күні киімдеріңді жуыңдар, сонда тазарасыңдар. Содан соң қонысқа қайтып келулеріңе болады». 25 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 26 «Өзің, діни қызметкер Елазар және қауымдағы әулеттердің басшылары қолға түскен тұтқындар мен мал басын санаңдар. 27 Содан соң қолға түскен олжаны шайқасқа қатысқандар мен қауымның қалған адамдарының арасында тең бөл. 28 Алайда алдымен сарбаздардың олжасына тиген адамдар, мүйізді ірі қара, есек және қой-ешкінің әрбір бес жүзінен біреуін Жаратқан Иенің үлесіне арнаңдар. 29 Сарбаздардың өздеріне тиген жартысынан Жаратқан Иеге бағыштаған осы үлестерін діни қызметкер Елазарға табыстаңдар! 30 Ал олжаның қалған исраилдіктерге тиген екінші жартысының: адамдар, мүйізді ірі қара, есек және қой-ешкінің, яғни барлық малдың әрбір елуінен біреуін Жаратқан Иенің үлесіне арнаңдар. Бұл тартуды Жаратқан Иенің киелі шатырындағы күзет пен өзге де міндеттерді атқаратын леуіліктерге табыстаңдар!» 31 Мұса мен діни қызметкер Елазар Жаратқан Иенің Мұсаға берген бұйрығы бойынша істеді. 32 Сарбаздардың қолдарына түскен олжаның қалғанын есептегенде барлығы алты жүз жетпіс бес мың қой-ешкі, 33 жетпіс екі мың мүйізді ірі қара, 34 алпыс бір мың есек, 35 еркек көрмеген отыз екі мың қыз болды. 36 Олжаның шайқасқа қатысқандардың үлесіне тиген жартысы мынадай болды: қой-ешкіден — үш жүз отыз жеті мың бес жүз бас, 37 одан Жаратқан Иеге тиісті тартудың саны: алты жүз жетпіс бес. 38 Мүйізді ірі қара: отыз алты мың, одан Жаратқан Иеге тиісті тартудың саны: жетпіс екі. 39 Есек: отыз мың бес жүз, одан Жаратқан Иеге тиісті тартудың саны: алпыс бір. 40 Тұтқын адам саны: он алты мың, одан Жаратқан Иеге тиісті тартудың саны: отыз екі. 41 Мұса Жаратқан Иеге тиісті тартуды діни қызметкер Елазарға табыстады. Жаратқан Ие Мұсаға осыны бұйырған болатын. 42 Қолға түскен олжаның сарбаздарға тиісті үлесін бөліп алғаннан кейін Мұса оның екінші жартысын қалған исраилдіктерге белгіледі. 43 Қауымға арналған осы үлес: үш жүз отыз жеті мың бес жүз қой-ешкі, 44 отыз алты мың мүйізді ірі қара, 45 отыз мың бес жүз есек, 46 әрі он алты мың тұтқын қыз болды. 47 Исраилдіктерге арналған олжаның осы жартысынан Мұса адам мен малдың елуден бірін алып, Жаратқан Иенің киелі шатырындағы күзет пен өзге де жұмыстарды атқарып жүрген леуіліктерге табыстады. Жаратқан Ие Мұсаға осыны бұйырған болатын. 48 Содан соң жасақ басшылары: мыңбасылары мен жүзбасылары Мұсаның алдына келіп, 49 оған былай деді: «Біз қол астымыздағы жасақты түгендеп санап шықтық. Сонда бірде-бір сарбазымыз шығын болмапты! 50 Сол себепті әрқайсымыз қолға түсірген алтын бұйымдарды: шынжыр, білезік, жүзік, сырға, алқалардың барлығын (бәріміздің өмірімізді сақтап қалған) Жаратқан Иеге тарту етеміз. Осылайша (абайсызда) жасаған күнәларымыздың арамдығынан Оның алдында тазарғымыз келеді». 51 Мұса мен діни қызметкер Елазар алтыннан өрнектеп жасалған әр түрлі бұйымдардың барлығын да олардан қабылдап алды. 52 Мыңбасылар мен жүзбасылар Жаратқан Иеге тарту ретінде көтеріп ұсынған сол алтынның жалпы салмағы он алты мың жеті жүз елу мысқал болып шықты. 53 Сарбаздардың әрқайсысы олжаны өзі үшін алған болатын. 54 Сонымен Мұса мен діни қызметкер Елазар мыңбасылары мен жүзбасыларынан ұсынған алтындарын қабылдап алды. Оларды кездесу шатырына апарып, исраилдіктердің Жаратқан Иенің халқы екенінің ескертпесі ретінде Оның алдында сақтап қойды.
1 Ал Рубен мен Ғад руларының малдары өте көп болатын. Олар Жазер мен Ғилахад аймақтарын көргенде, бұлардың мал бағуға өте қолайлы жер екенін ұқты. 2 Сонда Ғад пен Рубеннің рубасылары Мұсаның, діни қызметкер Елазардың және қауым жетекшілерінің алдына келіп, былай деп өтініш жасады: 3 — Атарот, Дибон, Жазер, Нимрах, Хешебон, Елғале, Себам, Небо және Беғон аймақтарын 4 Жаратқан Ие Исраил халқы үшін басып алды. Осы жер мал бағуға өте қолайлы екен. Ал алдыңыздағы пенделердің табын-отарлары бар ғой. 5 Бізге марқабат етіп, осы жердің біздей пенделерлеріңіздің иелігіне берілуін бұйырсаңыз екен. Бізді Иорданның арғы жағына өткізбей-ақ қойыңыз. — 6 Алайда Мұса ғадтықтар мен рубендіктерге мына жауапты қайырды: — Сонда қалай, исраилдік ағайындарың (арғы жаққа өтіп) соғысуға барғанда, сендер осында қалмақсыңдар ма? 7 Жаратқан Иенің Өзі оларға табыстап отырған елге барудан исраилдіктерді неге айнытасыңдар? 8 Мен әкелеріңді (бұдан қырық жыл бұрын) елді барлап келуге Қадеш-Барниден жіберген кезде олар дәл осылай істеген еді! 9 Сонда олар Ешқол аңғарына дейін өрлеп барып, жерді барлап келгеннен кейін исраилдіктерді Жаратқан Ие оларға табыстап отырған еліне кіруден айнытып жіберген болатын. 10 Содан Жаратқан Иенің қаһары лаулап, Ол ант етіп былай деді: 11 «Мысырдан шыққан мына адамдардың жасы жиырмаға толған не одан асқан ешбір адамы Мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыпқа ант еткен сол елді көре алмайды! Себебі олар Маған толықтай сеніп мойынсұнған жоқ. 12 Тек Кенездің ұрпағы Ефунне ұлы Халеп және Нұн ұлы Ешуа ғана сол елге кіреді. Өйткені бұл екеуі Маған, Жаратқан Иеге, толығымен сеніп мойынсұнды». 13 Сонда Жаратқан Иенің қаһары Исраилге қарсы лаулаған еді. Ол Өзіне жеккөрінішті зұлымдықты жасаған буын толығымен бұ дүниеден құрып бітпейінше, исраилдіктерді осы елсіз далада қырық жыл бойы сандалып жүретін етті. 14 Енді, міне, сендер — күнәкарлардың тұқымы өз әкелеріңнің орнын басып, Жаратқан Иенің Исраилге деген қаһарын олардан бетер өршітіп отырсыңдар! 15 Егер Жаратқан Иеге мойынсұнбай кететін болсаңдар, онда Ол халықты тағы да осы иен далада қалдырып, сендер бүкіл халықтың қырылып қалуына жауапты боласыңдар! — 16 Бірақ олар Мұсаға таяп келіп, былай деді: — Осы жерде біз малымызға қора, әйелдеріміз бен бала-шағамызға қала салып алайық. 17 Ал өзіміз қаруланып, басқа исраилдіктердің алдында жүріп, оларды жаңа мекендеріне алып баруға дайынбыз. Сол кезде бала-шағамыз елдің тұрғындарынан қауіпсіз бекіністі қалаларда тұра берсін. 18 Әрбір исраилдік өзінің мұралық жерін иемденіп алмайынша, біз өз үйлерімізге қайтпайтын боламыз. 19 Бізге мұралық жер үлесіміз Иордан өзенінің осы шығыс жағынан тисе, онда біз Иорданның арғы жағынан және содан әрі қарай өзімізге мұралық жер алмаймыз. — 20 Мұса оларға былай деп жауап берді: — Егер осы айтқандарыңды шынымен орындайтын болсаңдар, яғни, егер Жаратқан Иенің көз алдында шайқасқа қаруланған 21 және қару ұстанған барлығың да Иорданның арғы жағына өтсеңдер, онда Ол Өзінің жауларын қуып шығарып, 22 бүкіл ел Жаратқан Иеге бағынып болған кезде сендер Жаратқан Ие мен Исраил халқының алдындағы міндеттеріңнен босатыласыңдар. Сонда сендерге кері қайта берулеріңе болады, әрі осы жер сендердің Жаратқан Иенің алдындағы мұралық меншіктерің болады. 23 Бірақ егер осылай етпейтін болсаңдар, сонда Жаратқан Иеге қарсы күнә жасағандарың. Біліп қойыңдар, онда осы күнәларыңның зардабын тартпай қоймайсыңдар. 24 Енді солай болсын, бала-шағаларыңа қала, малдарыңа қора салыңдар, бірақ та ауыздарыңнан шыққан осы уәделеріңді орындаңдар! — 25 Сонда ғадтықтар мен рубендіктер Мұсаға былай деп жауап берді: — Тақсыр, сіз қалай бұйырсаңыз, алдыңыздағы қызметшілеріңіз соны бұлжытпай орындаймыз! 26 Бала-шағамыз, әйелдеріміз әрі барлық малымыз осы жақта, Ғилахадтың қалаларында қалады. 27 Ал біздің бәріміз де шайқасқа қаруланып, өзіңіз әмір еткендей, Жаратқан Иенің алдында соғысу үшін арғы бетке өтеміз. 28 Мұнан кейін Мұса олар туралы діни қызметкер Елазарға, Нұн ұлы Ешуаға және исраилдік рубасыларына нұсқау беріп 29 былай деді: — Егер ғадтықтар мен рубендіктердің шайқасқа қаруланған адамдарының бәрі өздеріңмен бірге Жаратқан Иенің алдында Иордан өзенінен өтсе, онда сендер Қанахан елін өздеріңе бағындырып алған кезде оларға Ғилахад аймағын мұралық үлестері ретінде беріңдер. 30 Ал егер олар қаруланып сендермен бірге өтпесе, онда олардың мұралық жері өздеріңнің араларыңда Қанахан елінде болады. — 31 Бұған ғадтықтар мен рубендіктер жауап беріп былай деді: — Жаратқан Иенің біздей пенделеріңізге берген әмірін бұлжытпай орындаймыз! 32 Біз шайқасқа қаруланып Жаратқан Иенің алдында Қанахан еліне өтеміз. Ал бізге тиісті мұралық жеріміз Иорданның бергі жағында болсын. 33 Сонымен Мұса ғадтықтар мен рубендіктерге және Жүсіп ұлы Манасадан тараған рудың жартысына аморлықтардың патшасы Сихонның және Башанның патшасы Огтың патшалықтарын бүкіл жерімен, ондағы қалаларымен әрі соларға тиісті елді мекендерімен бірге қосып табыстады. 34 Ғадтықтар өздеріне тиген жерде Дибон, Атарот, Арогер, 35 Атарот-Шопан, Жазер, Жоқпеха, 36 Бет-Нимра, Бет-Харан атты бекіністі қалаларды, әрі отарларына мал қораларын салды. 37 Рубендіктер Хешебон, Елғале, Кириятаим, 38 Небо, Бағал-Меон, Симба атты қалаларды салды. Олар қолдарына түсіріп, өздері қайтадан салған бірнеше қалаларға жаңа ат қойды. 39 Манаса ұлы Махырдың әулеті Ғилахадқа аттанып, оны иемденіп, сонда тұрып жатқан аморлықтарды қуып жіберді. 40 Сондықтан Мұса Ғилахад аймағын Манаса ұлы Махырдың әулетіне табыстап, олар сонда қоныстанып алды. 41 Манасаның басқа ұлы Жайырдың әулеті де аттанып, сол жердегі қоныстарды иемденіп алып, оларды Жайыр қоныстары деп атады. 42 Нобах есімді адам Кенат қаласы мен оған қарасты елді мекендерді иемденіп алып, оны өзінің атымен Нобах деп атады.
1 Мұса мен Һаронның бастауымен өз топтары бойынша Мысыр елінен шыққаннан кейін исраилдіктер көшіп-қонып жүрген сапарында төмендегі жерлер арқылы өтті. 2 Мұса Жаратқан Иенің бұйрығымен көшіп-қонып жүрген жолдарында өздері аялдаған жерлердің аттарын жазып алып отырды. Солар мыналар еді: 3 Бірінші айдың он бесінші күні, құтқарылу мейрамынан кейінгі келесі күні исраилдіктер мысырлықтардың көз алдында Рамсес қаласынан нық сеніммен алға басып шықты. 4 Жаратқан Ие мысырлықтардың барлық тұңғыштарын қырғынға ұшыратқандықтан, олар сол күні тұңғыштарының мәйіттерін жерлеп жатты. Себебі Жаратқан Ие олардың жалған тәңірлеріне Өзінің үкімін жүзеге асырған еді. 5 Исраилдіктер Рамсестен көшіп шығып, Соқотқа жетіп, қостарын тікті, 6 олар сол жерден шығып, айдаланың шет жағындағы Етамға барып тоқтады. 7 Халық Етамнан шығып, Бағал-Сефонның шығысындағы Пи-Һахиротқа қарай кері бұрылды да, Миғдолдың маңында аялдады. 8 Кейін олар Пи-Һахироттан шығып, Қамысты теңізден өтіп, арғы жақтағы иен далаға жетті. Олар Етамның жанындағы айдаламен үш күн жол жүріп, Мараға барып аялдады; 9 Марадан шығып, Елимге жетіп тоқтады. Сол шұратта он екі су көзі, жетпіс құрма ағашы болды. 10 Кейін халық Елимнен шығып, Қамысты теңіздің жағасына жетіп, қостарын тікті; 11 бұл жерден шығып, олар Сін атты елсіз далаға барып аялдады. 12 Халық сол даладан шыққаннан кейін Допқаға, 13 Допқадан шығып, Алушқа, 14 Алуштан шығып, Рефідимге жетіп тоқтады. Сол жерде халық ішетін ауыз су болмады. 15 Олар Рефідимнен шығып, Синай атты елсіз далаға жетіп тұрақтады. 16 Кейін халық сол даладан шығып, Қиброт-Хатауаға, 17 сол жерден шығып, Хасиротқа, 18 Хасироттан шығып, Ритмаға жетіп, қостарын тікті. 19 Олар Ритмадан шығып, Римнон-Пәреске, 20 сол жерден шығып, Либнаға, 21 Либнадан шығып, Риссаға, 22 Риссадан шығып, Кеһелатаға жетіп аялдады. 23 Сол жерден олар Шәфер тауына барып, 24 Шәферден Харадаға жетіп, 25 Харададан Макехелотқа, 26 Макехелоттан Тахатқа, 27 Тахаттан Тарахқа барып, қонды. 28 Сол жерден Митқаға, 29 Митқадан Хашмонаға, 30 одан Мосеротқа, 31 Мосероттан шығып, Бене-Яқанға жетіп, аялдады. 32 Бене-Яқаннан Хор-Агидгадқа, 33 содан Жотбатаға, 34 Жотбатадан Абронға барып тоқтады. 35 Аброннан шығып, Есион-Гәберге, 36 сол жерден қайтадан Сін атты елсіз далаға жетіп тоқтады. Сол аймақ Қадеш деп те аталады. 37 Қадештен шыққаннан кейін халық Едом елінің шетіндегі Һор тауына жетіп тұрақтады. 38 Діни қызметкер Һарон Жаратқан Иенің айтқанына сәйкес Һор тауына көтеріліп, сол жерде көз жұмып дүние салды. Бұл, исраилдіктердің Мысыр елінен шыққаннан кейінгі қырқыншы жылдың бесінші айының бірінші күні болды. 39 Дүние салғанда Һаронның жасы жүз жиырма үште еді. 40 Сол кезде Қанахан елінің оңтүстік (Негев) бөлігінде тұрып жатқан Арадтың қанахандық патшасы исраилдіктердің көшінің елге жақындап қалғаны туралы естіді. 41 Халық Һор тауынан шығып, Салмонаға, 42 одан Пунонға, 43 Пуноннан Оботқа, 44 Моаб елінің шекарасындағы Ие-Абаримге жетіп тоқтады. 45 Сол жерден олар Дибон-Ғадқа, 46 одан Алмон-Диблатаимға, 47 содан Абарим қыратындағы Небо тауына жетіп, қостарын тігіп тұрақтады. 48 Халық Абарим қыратынан шыққаннан кейін Иерихонға қарама-қарсы, Иордан өзенінің жағалауындағы Моабтың елсіз алқаптарына жетіп қонды. 49 Сонда олар Моабтың елсіз алқаптарында Иордан өзенін бойлап Бет-Ешимоттан Әбел-Ситтимге дейінгі аралықта жайғасты. 50 Жаратқан Ие сол жерде, Иерихонға қарама-қарсы, Иорданның жағалауындағы Моабтың елсіз алқаптарында, Мұсаға тіл қатып былай деді: 51 «Исраилдіктерге мынаны айт: Сендер Иордан өзенінен өтіп, Қанахан еліне кірген кезде 52 елде тұрып жатқандардың барлығын қуып шығып, олардың ойып жасаған және балқытып құйған тәңір мүсіндерінің бәрін де жойып, жоқ қылыңдар! Биіктеу жерлердегі табыну орындарын да талқандап қиратыңдар! 53 Елді иемденіп, сонда қоныстаныңдар, себебі Мен сол елді сендердің иеліктеріңе беріп қойғанмын. 54 Оның жерін жеребе тастап әулеттерің бойынша өзара бөлісіп алыңдар. Халқының саны көп әулетке көбірек, ал халқының саны аз әулетке азырақ жер берілетін болсын. Жеребе бойынша кімге қай жер үлесіне тиген болса, сол жер онікі болады. Жерді сендердің ата-бабаларыңнан тараған руларың бойынша бөлісіп, мұралық меншіктерің ретінде иемденіп алыңдар. 55 Ал егер елдің тұрғындарын қуып жібермесеңдер, онда елде қалып қойғандары көздеріңе тікендей кіріп, денелеріңе жаңқадай қадалып, қоныстанған сол елдеріңде сендерге жәбір көрсететін болады. 56 Сонда Мен оларға істемек болғандарымды сендердің өз бастарыңа түсіремін».
1 Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді: 2 «Исраилдіктерге мына бұйрықты жеткіз: Сендер Қанахан еліне кіргенде, мұралық меншіктерің болатын Қанахан елі мен оның шекаралары мынау болады: 3 Елдеріңнің оңтүстік бөлігі Сін даласынан басталып, Едомның шекарасын бойлай орналасатын болады. Сендердің оңтүстік шекараларың шығыстағы Өлі (Тұзды) теңіздің шетінен басталады. 4 Содан соң шекара оңтүстікке бұрылып, Шаяндар асуынан өтіп, Сін (даласы) арқылы Қадеш-Барнидің оңтүстік жағына дейін жетеді. Содан шекара Хасар-Адарға, одан әрі Асмонға қарай ұласып, 5 Асмоннан Мысырмен шекарадағы өзенге қарай бұрылып, сол арқылы үлкен теңізге дейін жетіп аяқталады. 6 Елдің батыс шекарасы — Жерорта теңізінің жағалауы. Сендердің батыс шекараларың, міне, осы. 7 Солтүстік шекараларың үшін Жерорта теңізінен (солтүстіктегі) Һор тауына дейін, 8 ал Һор тауынан Лебо-Хаматқа дейін шек белгілеңдер. Сол жерден шекара Седадқа дейін жететін болады. 9 Одан әрі шекара Сифронға қарай жалғасып, Хасар-Енанда бітеді. Сендердің солтүстік шекараларың, міне, осы. 10 Шығыс шекараларың үшін Хасар-Енаннан оңтүстікке қарай Шефамға дейін шекара белгілеңдер. 11 Шекара Шефамнан Аинның шығысындағы Риблаға дейін созылып, Кінерет (яғни Ғалилея) көлінің шығысындағы қыраттардың үстімен өтеді. 12 Одан Иордан өзенінің бойымен Өлі теңізге дейін жетіп аяқталады. Өздеріңе тиісті елдерің және оның жан-жағындағы шекаралары, міне, осылар болады». 13 Мұнан кейін Мұса исраилдіктерге өсиеттеп бұйрық беріп былай деді: «Иордан өзенінің арғы жағына өтіп, сонда қоныстанайын деп жатқан тоғыз ру мен бір рудың жартысына Жаратқан Иенің жеребе арқылы үлестіріліп берілсін деп бұйырған жері — осы. 14 Себебі Рубен, Ғад рулары және Манаса руының жартысы өздерінің меншікті жерлерін өз әулеттері бойынша 15 Иерихонның маңынан өтетін Иордан өзенінің шығыс жағынан алып қойды». 16 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 17 «Сендерге елді мұралық меншіктеріңе үлестіріп беретін адамдардың есімдері мыналар: діни қызметкер Елазар және Нұн ұлы Ешуа. 18 Елді үлестіріп беруге көмектесу үшін әрбір рудан бір-бір жетекшіден тағайындаңдар. 19 Сол адамдардың есімдері мыналар: Яһуда руынан Ефунне ұлы Халеп, 20 Шимон руынан Амиһуд ұлы Самуил, 21 Бунямин руынан Қислон ұлы Елидад, 22 Дан руынан жетекшісі Жоғли ұлы Буки, 23 Жүсіптің ұлдарынан тараған екі рудан Манаса руынан жетекшісі Ефод ұлы Ханиел, 24 Ефрем руынан жетекшісі Шифтан ұлы Кемуел, 25 Забулон руынан жетекшісі Парнах ұлы Елзапан, 26 Исашар руынан жетекшісі Аззан ұлы Палтиел, 27 Ашир руынан жетекшісі Шеломи ұлы Ахиһуд, 28 Нафталим руынан жетекшісі Амиһуд ұлы Педахил». 29 Жаратқан Ие исраилдіктерге Қанахан елінде мұралық жерлерін үлестіріп беруге осы адамдарды тағайындады.
1 Жаратқан Ие Мұсаға Иерихонға қарама-қарсы, Иорданның жағалауындағы Моабтың елсіз алқаптарында тіл қатып былай деді: 2 «Исраилдіктерге мына бұйрықты жеткіз: Олар өздерінің үлесіне тиген мұралық жерлерінен леуіліктерге тұруға бірнеше қаланы айналаларындағы жайылымдарымен қоса бөліп берсін! 3 Сол қалалар леуіліктерге қоныс, ал айналаларындағы жерлер олардың отар-табындары мен басқа да малдарына жайылым болады. 4 Леуіліктерге берілетін қалалардың қамалынан айнала мың шынтақ қашықтықта жатқан жердің барлығы сол қалаға тиісті жайылым болып саналсын. 5 Яғни қаланың сыртынан шығыс, оңтүстік, батыс, солтүстік жақтарының ұзындығы екі мың шынтақ болып табылатын үлкен төртбұрышты өлшеңдер. Қаланың өзі соның ортасында орналассын. Осы аумақ леуіліктер қоныстанатын қалалардың жайылымдары болсын. 6 Леуіліктерге тұруға берілетін қалалардың алтауы абайсызда кісі өлтіріп алған адамдарға арналған бас сауғалау қалалары болуға тиіс. Соған қоса леуіліктерге тағы қырық екі қала беріңдер. 7 Ал барлығы леуіліктерге жайылым жерлерімен қоса қырық сегіз қала берулерің керек. 8 Леуіліктерге қалаларын белгілеп бергенде, үлкенірек жер үлесін алған руларың қаланы көбірек, кішірек үлес алған руларың азырақ берсін. Демек, рулардың беретін қалаларының саны әрқайсысының алған мұралық жер үлесінің аумағына сай болсын». 9 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 10 Исраилдіктерге мынаны айт: Сендер Иордан өзенінен өтіп, Қанахан еліне кіргеннен кейін, 11 елден өздеріңе бірнеше қаланы біреуді абайсызда өлтіріп алған адам қашып барып, паналайтын бас сауғалау қаласы етіп белгілеңдер. 12 Сол қалалар кісі өлтіріп алған адам бас сауғалайтын пана болады. Осылай ол жамағаттың алдында өз ісіне жауап беріп, үкімі кесілмес бұрын, қаны төгілген кісінің жазалаушы туысқаны оны өлтіріп қоя алмайды. 13 Өздеріңе алты қаланы бас сауғалау қаласы етіп тағайындаңдар. 14 Оның үшеуі Иордан өзенінің шығыс жағында, үшеуі Қанахан елінің өзінде орналасатын болсын. 15 Егер исраилдік не араларыңда тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан жат жұрттық біреуді абайсызда өлтіріп алса, сол адам осы алты қаланың біреуіне қашып барып, бас сауғалай алады. 16 Бірақ егер сол адам бір кісіні темір құралмен ұрып өлтірген болса, онда оның кісі өлтіруші екені анық. Оны өлімге кесу қажет. 17 Немесе, егер адамның қолында біреуді өлтіре алатындай тас болып, ол сонымен басқа адамды ұрып өлтірсе, онда оның кісі өлтіруші екені анық. Оны өлімге кесу қажет. 18 Не болмаса, егер адамның қолында біреуді өлтіре алатындай ағаш бұйым болып, ол сонымен басқа адамды ұрып өлтірсе, онда оның кісі өлтіруші екені анық. Оны өлімге кесу қажет. 19 Өлген кісінің жазалаушы туысқаны сондай адамға кездескен жерінде жазасын тартқызсын. 20 Егер біреу басқа кісіні өшіккеннен итеріп немесе арам ниетпен оған қарай бір нәрсені лақтырып жіберіп, ол содан өліп қалса, 21 не болмаса анау өшігіп жұдырығымен соғып қалғаннан сол кісі өліп қалса, ондай адамды өлімге кесіңдер. Оның кісі өлтіруші екені анық. Өлген кісінің жазалаушы туысқаны әлгі адамға кездескен жерінде жазасын тартқызсын. 22 Ал егер біреу басқа адамды өшіккендіктен емес, абайламай, ешбір арам ниетсіз итеріп немесе оған бір затты лақтырып жібергеннен сол кісі өліп қалса 23 немесе адамды көрмей бір ауыр тасты абайсызда түсіріп алып, сол кісі өліп қалса және өлтірген адам оған жау болмаған, ешбір зияндық тілемеген болса, 24 онда жамағат абайламай кісі өлтірген адам мен қаны төгілген адамның жазалаушы туысқанының арасында мына заң ережелері бойынша шешім қабылдасын. 25 Жамағат абайсызда кісі өлтіргенді жазалаушының қолынан құтқарып алсын әрі оны бұрынырақ өзі бас сауғалап барған қаласына қайтарсын. Әлгі адамның тағайындалған бас діни қызметкер қайтыс болғанға дейін сол қалада тұра беруі қажет. 26 Ал егер кісі өлтірген адам бас сауғалау қаласынан өзге бір жаққа шықса, 27 әрі қаны төгілген адамның жазалаушы туысқаны оны сол қаланың сыртында ұстап алып, өлтірсе, онда жаза тартқызған туысқанға сонысы үшін еш айып тағылмайды. 28 Себебі абайсызда кісі өлтірген адам бас діни қызметкер қайтыс болғанға дейін сол қаладан шықпауға тиіс. Тек бас діни қызметкер қайтыс болғаннан кейін ғана кісі өлтірген адамның өзінің меншікті жеріне қайтуына болады. 29 Өздерің мен барлық келер ұрпақтарың болашақта қай жерде тұрсаңдар да, сендер орындауға тиісті заң ережелері, міне, осылар. 30 Біреуді әдейі өлтірген адамды тек куәгерлердің айтқандары бойынша ғана өлімге кесу керек. Жалғыз бір ғана адамның куәлігі кісі өлтіргенді әшкерелеп, өлімге кесуге жеткіліксіз. 31 Қасақана кісі өлтіріп, өлім жазасына лайықты адамға құн төлетіп, жанын аман сақтап қалуына жол бермеңдер! Ондай қылмыскерге міндетті түрде өлім жазасын тартқызу керек. 32 Бас сауғалау қаласына қашып барған адамға да бас діни қызметкер қайтыс болмай тұрып, құн төлетіп, өз мекеніне қайтуына жол бермеңдер! 33 Осы арқылы сендер өздерің тұрып жатқан елді арамданудан сақтайсыңдар. Себебі өлтірілген кісінің төгілген қаны елді арамдайды. Оны өлтірген адамның өз қаны төгілмей, төгілген қаннан арамданған елді тазартуға болмайды. 34 Сондай-ақ, ешқайсың өздерің мекендеген және Мен Өзім мекендеген елді еш арамдамаңдар! Себебі Мен, Жаратқан Ие, Исраил халқының арасында бірге тұратын боламын.
1 Бір күні Ғилахад әулетінің басшылары — Жүсіптің немересі, Манасаның ұлы Махырдың ұрпақтары Мұсаның және Исраил халқының жетекшілері мен әулет басшыларының алдына келіп, былай деді: 2 — Уа, тақсыр! Жаратқан Ие сізге мына елдің жерін исраилдіктерге жеребе арқылы үлестіріп бер деп бұйырған кезде ағайынымыз Салопахадқа тиесілі мұралық жерді артында қалған қыздарына беруге бұйырған болатын. 3 Егер сол қыздар басқа рулық исраилдіктерге күйеуге шықса, онда олардың үлестері өз әулетіміздің мұралық меншігіне тиген жерден бөлініп, қыздың барған әулетінің жеріне қосылады. Осылайша сол жер біздің жеребе арқылы иемденген үлесімізден алынып тасталады. 4 Мереке жылы келген кезде де сол қыздардың мұралық жері бізге қайтарылмай, қыздың күйеуге тиген руының жер үлесіне қосылып, біздің руымыздың мұралық меншігінен шығып қалады. 5 Сонда Мұса Жаратқан Иенің айтқан сөзі бойынша исраилдіктерге мына шешімін жеткізді: — Жүсіптен тараған рудың адамдары дұрыс айтады. 6 Жаратқан Иенің Салопахадтың қыздарына байланысты шешімі мынау: Олардың қалаған адамдарына күйеуге шығуларына болады, тек күйеуі қыздың өз руының бір әулетінен шыққан адам болсын. 7 Осылайша исраилдіктердің мұралық жерлері бір рудан екіншісіне көшпесін. Әрбір исраилдік ата-бабаларының руының мұралық жерін біртұтас сақтайтын болсын. 8 Исраил руларының бір жер үлесін мұра етпек болған әрбір қыз өз әкесінің руының адамына күйеуге шығатын болсын. Осылайша исраилдіктер ата-бабаларының мұралық жерлерін біртұтас сақтайтын болады. 9 Сонымен мұралық үлестер бір рудан екіншісіне көшпесін. Қайта, исраилдіктердің барша рулары өздерінің мұралық жерлерін біртұтас сақтайтын болсын. 10 Жаратқан Иенің Мұса арқылы бұйырғанын Салопахадтың қыздары орындады. 11 Махла, Тирса, Хоғла, Мылқа, Ноға есімді осы қыздар әкелерінің ағайындарының ұлдарына күйеуге тиді. 12 Демек, олар Жүсіптің ұлы Манасадан тараған рудың ер адамдарына тұрмысқа шықты. Осылай өздерінің мұралық жерлері әкелерінің руының үлесінде қалды. 13 Жаратқан Иенің Иерихонға қарама-қарсы, Иорданның жағалауындағы Моабтың елсіз алқаптарында Мұса пайғамбар арқылы исраилдіктерге тапсырған заңдары мен ережелері, міне, осылар.
1 Бұл — Мұса пайғамбардың бүкіл Исраил халқына Иордан өзенінің шығыс жағындағы иен далада айтқан сөздері. Халық сол кезде Суфқа қарама-қарсы Араба деген елсіз алқапта Паран (атты иен дала) мен Топел, Лабан, Хасирот және Дизахабтың арасында көшіп-қонып жүрді. 2 Хориб (яғни Синай) тауынан Сейірдің таулы жеріне апаратын жолмен жүргенде Қадеш-Барниге дейін небәрі он бір күндік жол болатын. 3 Ал енді Мұса Жаратқан Иенің исраилдіктерге айт деп бұйырған мына сөздерін (олар Мысыр елінен көшіп шыққаннан кейінгі) қырқыншы жылы, он бірінші айдың бірінші күні жеткізді. 4 Бұл Мұсаның аморлықтардың Хешебонда орналасқан Сихон патшасын, әрі Башан өлкесінің Аштарот пен Едірей қалаларында орналасқан Ог патшасын Едірейдегі шайқаста жеңіп, құртқанынан кейін болды. 5 Енді халық Иорданның шығыс жағындағы Моаб еліне тоқтаған кезде Мұса оларға мына тәлімін түсіндіріп айта бастады: 6 — Құдай Иеміз Хориб тауында бізге былай деген болатын: «Осы таудың маңында жеткілікті тұрдыңдар. 7 Енді қостарыңды жинап, жолға шығыңдар. Аморлықтардың таулы жеріне және барлық көршілес елдеріне барып кіріңдер: Иордан алқабына, таулы аймаққа, батыстағы төменгі қыраттарға, оңтүстіктегі Негев даласына және теңіздің жағасына, демек, бүкіл Қанахан елі мен Ливанға әрі (солтүстік-шығыстағы) үлкен өзен — Евфрат өзеніне дейін барыңдар! 8 Мынаны біліп алыңдар: Мен сендерге осы елді табыстап отырмын. Оған кіріп, оны иемденіп алыңдар! Мен, Жаратқан Ие, оны түп аталарың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа және олардың ұрпақтарына беруге уәде еткенмін». 9 Сол кезде мен сендерге былай дегенмін: «Сендерді жалғыз өзім бастап алып жүре алмаймын. 10 Өз Құдайларың Жаратқан Ие сендерді молынан көбейтіп, қазір аспандағы жұлдыздардай сансыз көп болып кеттіңдер. 11 Енді ата-бабаларымыз да сиынған Құдай Жаратқан Ие өздеріңді тағы да мың есе көбейтіп, Өзі уәде еткендей жарылқай көрсін. 12 Бірақ мен жалғыз өзім қалай сендердің қиын мәселелерің мен дау-жанжалдарыңның жүгін көтермекпін? 13 Өз руларыңның арасынан ақылды, парасатты әрі беделді бірсыпыра адамды алып келіңдер. Оларды өздеріңе басшы етіп тағайындайын!» 14 Сендер: «Сіз істеуге бұйырған осы іс дұрыс», — деп жауап бердіңдер. 15 Сонда мен руларыңның басшыларын — ақылды да беделді адамдарды руларыңа мыңбасы, жүзбасы, елубасы, онбасы және басқарушыларың етіп тағайындадым. 16 Сол уақытта осы тағайындалған билеріңе мына тапсырмаларды бердім: «Исраилдіктер арасында және болашақта исраилдіктермен бірге елде тұратын жат жұрттықтар арасында пайда болып отыратын дауларды тыңдап, әділ шешім шығарыңдар! 17 Үкім шығарғанда ешкімнің бет-жүзіне қарамай, үлкенді-кішілі бәріне бірдей құлақ түріп, сот жүргізіңдер! Ешкімнен қаймықпаңдар, себебі үкім шығаруды сендерге Құдайдың Өзі бұйырған. Егер сендерге бір мәселе тым қиын болса, оны менің алдыма әкеліңдер, сонда оған назар аударамын». 18 Сол кезде мен өздерің орындауға тиісті істеріңнің бәрі туралы нұсқау бергенмін. 19 Содан соң біз Жаратқан Иенің берген бұйрығы бойынша Хориб тауынан шығып, өздерің көрген ұлан-ғайыр да үрейлі иен дала арқылы аморлықтардың таулы жеріне қарай бет алдық. Осылай жүре отырып Қадеш-Барниге жеттік. 20 Мен сендерге тағы былай дегенмін: «Құдайымыз Жаратқан Ие бізге табыстамақ аморлықтардың таулы жеріне жеттіңдер. 21 Біліп алыңдар: Құдайларың Жаратқан Ие сендерге осы елді ұсынып отыр. Ол, ата-бабаларыңның да Құдай Иесі, өздеріңе уәде еткеніне сәйкес, енді сол елге өрлеп барып, оны иемденіп алыңдар. Еш нәрседен уайымдап, қорқушы болмаңдар!» 22 Сонда сендердің барлығың маған келіп: «Алдымыздан барлаушылар жіберейік. Олар елді барлап, жүретін жолдарымыз бен кезігетін қалаларымыз туралы мағлұмат алып келсін», — дедіңдер. 23 Мен бұл ұсыныстарыңды құп көріп, араларыңнан әр рудан бір-бірден, барлығы он екі адамды таңдап алдым. 24 Олар жолға шығып, таулы жерге көтерілді. Ешқол аңғарына жеткенде, оны барлап шолып шықты. 25 Сол елдің жемістерінен біразын алып, қайта оралғанда: «Құдайымыз Жаратқан Ие бізге жақсы ел табыстап отыр!» — деген хабарды жеткізді. 26 Алайда сендер өз Құдайларың Жаратқан Иенің бұйрығына қарсы шығып, сол елге өрлеп барудан бас тарттыңдар. 27 Сонда қостарыңда наразылық білдіріп: «Жаратқан Ие бізді жек көргендіктен аморлықтардың қолына түсіріп, құрту үшін Мысыр елінен алып шықты! 28 Енді қайда барсақ екен? Барлап келген бауырларымыз әкелген мағлұматтарымен зәремізді ұшырды. Сол елдің халқы бізден мықты да бойшаң, қалалары үлкен, қамалдары аспанмен таласқандай биік екен! Анақтың алып ұрпақтарын да сонда көріпті!» — дедіңдер. 29 Сонда Мен сендерге былай дедім: «Олардан үрейленіп қорықпаңдар! 30 Алдарыңда жүріп, сендерді жетелейтін — өз Құдайларың Жаратқан Ие ғой! Ол Мысыр елінде көз алдарыңда сендер үшін қалай шайқасқан болса, қазір де солай шайқасатын болады. 31 Әкесінің ұлын көтеріп алып жүргені сияқты, Құдай Иеміздің де сендерді иен далада жүрген жолдарыңның барлығында қамқорлап келгенін өздерің көрдіңдер. Сендерді осы жерге бастап алып келген де Сол». 32 Алайда сендер Құдай Иеміздің істегендеріне қарамастан Оған сенім артпадыңдар! 33 Ал Ол сапарларыңның кезінде түнде жайнаған отпен, күндіз бағана тәрізді бұлтпен алдарыңда жүріп, тұрақтайтын жерлерің мен жүретін жолдарыңды нұсқап отырды. 34 Сендердің наразылық білдірген дауыстарыңды естігенде Жаратқан Ие қаһарланып, былай деп ант етті: 35 «Мен ата-бабаларыңа беруге ант еткен шұрайлы елді осы зұлым ұрпақтың ешбір адамы көрмейді! 36 Тек Ефунне ұлы Халеп қана сол елді көреді. Оның аяқ басқан жерін өзіне және кейінгі ұрпақтарына табыстаймын. Себебі ол Маған, Жаратқан Иеге, толығымен мойынсұнды». 37 Кейінірек Жаратқан Ие сендерге бола маған да ашуланып: «Сен де сол елге кірмейсің! 38 Ал көмекшің Нұн ұлы Ешуа сол елге кіреді. Оны жігерлендіріп отыр, оның басшылығымен исраилдіктер елді иемденетін болады. 39 Сендер жауға олжа болады деген балаларың — әлі де жақсы мен жаманды айыра алатын жасқа жете қоймаған нәрестелерің, міне, солар елге кіретін болады. Мен оларға елді табыстаймын, олар оны иемденіп алады! 40 Ал сендер артқа бұрылып, Қамысты теңізге апаратын жолмен иен далаға бет алыңдар!» — деп бұйырды. 41 Бірақ сендер былай деп жауап бердіңдер: — Иә, біз Жаратқан Иеге Құдайға қарсы күнә жасадық. Енді Құдайымыз Жаратқан Иенің бұйырғанындай жоғары өрлеп барып, шайқасамыз! — Сол таулы жерге көтеріліп барып, шабуыл жасау оңай екен деп ойлап, барлық ер адамдарың қару-жарақтарыңды асынып алдыңдар. 42 Ал Жаратқан Ие маған былай деді: — Оларға мынаны айт: Жоғары өрлеп барып, шабуыл жасамасын! Себебі Мен сендермен бірге болмаймын. Әйтпесе жауларыңнан жеңіліп күйрейсіңдер. 43 Мен сендерге мұны жеткізгенмен, еш тыңдамадыңдар. Жаратқан Иенің берген бұйрығына қарсы шығып, менмендікпен таулы жерге өрлеп бардыңдар. 44 Сонда сол тауларды мекендеген аморлықтар алдарыңнан шыға келді де, араның үйіріндей арттарыңнан қуа отырып, сендерді Сейір тауынан төмендеп, Хормаға жеткенге дейінгі бүкіл жолдың бойында талқандап қырып тастады. 45 Содан сендер қайтып келіп, Жаратқан Иенің алдында жыладыңдар. Бірақ Ол жалыныштарыңды тыңдап, құлағын түрген жоқ. 46 Осылайша Қадештің маңында ұзақ уақытқа тұрып қалдыңдар.
1 Бұдан кейін біз Жаратқан Иенің маған берген нұсқауы бойынша Қамысты теңіздің бағытында иен далаға қарай бет алдық, әрі Сейір атты таулы аймақты айналдыра ұзақ уақыт бойы көшіп-қонып жүре бердік. 2 Содан соң Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді: 3 «Осы таулы жерді айналдыра шарлағандарың жетер. Енді солтүстікке қарай бет алыңдар! 4 Халыққа мына бұйрығымды жеткіз: Сендер өз ағайындарың — Есаудың үрім-бұтағы мекендеген Сейір аймағынан өткелі тұрсыңдар. Олар сендерден қорқатын болады, ал өздерің де өте сақ болып, 5 еш тиіспеңдер. Сендерге олардың елінен тіпті бір табан жер де бермеймін. Себебі Мен осы таулы Сейір аймағын Есаудың меншігіне беріп қойғанмын. 6 Жейтін тамақ пен ішетін суды олардан күміс төлеп сатып алыңдар!» 7 Өйткені Құдайларың Жаратқан Ие қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқап келеді. Осы қырық жыл бойы мына кең-байтақ далада жүргенде Құдай Ие сендерді қорғап жүрді. Оның Өзі бірге жүріп сендерге жар болғандықтан, еш нәрседен таршылық көрген жоқсыңдар. 8 Сонда біз таулы Сейір аймағында тұрып жатқан ағайындарымыз — Есаудың ұрпақтарының жанынан өтіп, Араба деген елсіз алқаптағы жолдан бұрылып, Елат пен Есион-Гәбер қалаларына жақындамай, Моаб еліндегі құла түзге қарай бағыт алдық. 9 Жаратқан Ие маған былай деп нұсқау берді: «Моабтықтарға тиісіп, олармен соғыс бастаушы болмаңдар! Мен олардың жерінен сендерге ешқандай үлес бермеймін. Мен Ар қаласын Луттың ұрпақтарының меншігіне беріп қойғанмын». 10 Моаб халқынан бұрын сонда емдіктер тұрған еді. Емдіктер Анақтың ұрпақтарындай зор денелі, саны көп, ұлы халық болатын. 11 Анақтықтар сияқты олар да рафалықтарға жататын, ал моабтықтар оларды емдіктер деп атайтын. 12 Сейір аймағында ежелде хорлықтар да тұратын еді. Алайда Есаудың ұрпақтары оларды елден қуып шығып, орындарына өздері қоныстанып алған болатын. Кейінірек исраилдіктер де Жаратқан Ие өздерінің меншігіне табыстаған елге солай қоныстанатын болды. 13 Жаратқан Ие: «Ал енді, жиналып, Зәред аңғарынан өтіңдер!» — деп бұйырды. Сонда біз Зәред аңғарынан өттік. 14 Қадеш-Барниден шығып, Зәред аңғарынан өткенге дейінгі аралықта отыз сегіз жыл өткен болатын. Жаратқан Иенің оларға антпен алдын ала білдіргеніндей, Исраил қонысындағы соғысқа жарамды ер адамдардың барлығы сол отыз сегіз жыл ішінде қайтыс болып бітті. 15 Олар халқымыздың арасынан түгелдей құрып біткенге дейін Жаратқан Иенің қолы оларға қарсы көтеріліп тұрды. 16 Сол жауынгерлердің барлығы қайтыс болғаннан кейін 17 Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді: 18 «Бүгін Ар қаласының маңында Моабтың шекарасынан өтіп, 19 Аммон еліне жақындап барыңдар. Оларға тиісіп, соғыс бастаушы болмаңдар! Мен сендерге аммондықтардың жерінен ешқандай үлес бермеймін, оны Луттың ұрпақтарының меншігіне беріп қойғанмын». 20 Осы өлке рафалықтардың жері деп те саналатын, себебі оны ежелде рафалықтар мекендеген еді. Аммондықтардың өздері рафалықтарды замзумдықтар деп атайтын. 21 Сол рафалықтар да Анақтың ұрпақтарындай зор денелі, саны көп, ұлы халық болатын. Бірақ Жаратқан Ие оларды аммондықтардың алдынан құртқан еді. Бұлар рафалықтарды елдерінен қуып шығып, сонда қоныс тепті. 22 Жаратқан Ие Сейір аймағындағы хорлықтарды да құртқан болатын. Едомдықтар хорлықтарды елдерінен қуып шығып, сонда қоныстанып алып, қазірге дейін тұрып жатыр. 23 Ал бұрын Газа қаласына дейінгі елді мекендерде тұрған ауилықтарға келсек, Крит аралынан көшіп келген криттіктер оларды қырып-жойып, жерлеріне өздері қоныстанып алды. 24 Жаратқан Ие Мұсаға арнаған сөзін жалғастырып тағы былай деді: «Ал енді, жолға шығып Арнон аңғарынан өтіңдер! Біліп алыңдар, Мен Хешебон патшасы — аморлық Сихонды және оның елін қолдарыңа беріп отырмын. Онымен соғысып, жерін иемденуге ұмтылыңдар! 25 Бүгіннен бастап Мен аспан астындағы күллі халықтарды сендерден үрейленіп қорқатын қыламын. Олар өздерің туралы естігенде қалтырап абыржитын болады». 26 Мұнан кейін мен Кедемот атты иен даладан елшілерім арқылы Хешебон патшасы Сихонға мына сәлемімді жіберіп, бейбітшілік туралы ұсыныс жасадым: 27 «Жеріңізден өтуімізге рұқсат етсеңіз екен. Сонда оңға да, солға да бұрылмай, тек басты жолмен еліңізден өтіп шығамыз. 28 Жейтін тамағымыз бен ішетін суымызды сіздерден күміске сатып аламыз. Тек жеріңіз арқылы жаяу жүріп өте шығуға рұқсат етсеңіз екен. 29 Есаудың Сейір елінде тұратын ұрпақтары мен Арда тұратын моабтықтар да бізге рұқсат берген болатын. Осылай біз Иордан өзенінен өтіп, Құдайымыз Жаратқан Иенің бізге бергелі отырған еліне енетін боламыз». 30 Бірақ Хешебон патшасы Сихон бізге өз жері арқылы жүріп өтуге рұқсат бермеді. Себебі Құдай Иеміз оның ой-санасы мен жүрегін қасарыстырып қойды. Ондағы мақсаты Сихонды сендердің қолдарыңа түсіру еді. Бұл солай болды да. 31 Сонда Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді: «Міне, Мен Сихонды және оның елін сенің қолыңа тапсыра бастадым. Енді елін басып алып, иемденуге ұмтыл!» 32 Сихон өзінің бүкіл жасағымен бізге қарсы шайқасуға Яхасқа аттанды. 33 Бірақ Құдай Иеміз оны қолымызға табыстап, біз оны ұлдарымен және күллі жасақшыларымен бірге ойсырата жеңдік. 34 Сол кезде оның барлық қалаларын қолға түсіріп, олардың күллі тұрғындарын Жаратқан Иеге бағыштап жойып, бірде-бір еркек, әйел, бала-шағасын тірі қалдырмадық. 35 Тек малдары мен қолға түскен қалаларындағы дүние-мүлкін ғана олжалап алдық. 36 Арнон аңғарының үстіндегі қырда орналасқан Арогерден және аңғардың өзіндегі қаладан бастап (солтүстіктегі) Ғилақадқа дейінгі аралықта біз басып ала алмаған бірде-бір бекіністі қала қалмады. Солардың барлығын Құдайымыз Жаратқан Ие біздің қолымызға тапсырды. 37 Тек Құдай Иеміздің бұйрығына сай, аммондықтардың ешбір жеріне: Ябок өзенінің бүкіл бойына және таулы жердегі қалаларға басып кірген жоқпыз.
1 Бұдан кейін біз бұрылып, Башан аймағына жоғары қарай өрледік. Сонда Башанның патшасы Ог бүкіл жасағын ертіп бізбен шайқасуға Едірейге аттанды. 2 Ал Жаратқан Ие маған: «Одан қорықпа! Себебі Мен оның өзін, бүкіл жасағы мен елін сенің қолыңа тапсырып отырмын. Аморлықтардың Хешебонда тұрған патшасы Сихонға не істеген болсаң, оған да дәл соны істе!» — деді. 3 Сонымен Құдайымыз Жаратқан Ие Ог патшаны да, оның бүкіл жасағын да біздің қолымызға тапсырып, олардың бір адамын да тірі қалдырмай қырып тастадық. 4 Сол кезде Ог патшасының алпыс қаласын түгел басып алдық. Оның халқынан біз тартып алмаған бірде-бір қала қалмады. Огтың патшалық құрған Башан жеріндегі бүкіл Арғоп өлкесі де қолымызға түсті. 5 Осы қалалардың барлығы биік қамалмен, қақпалар және кесе-көлденең бөренелермен бекітілген еді. Бұларға қоса ашық жатқан бекініссіз көптеген елді мекендері де болды. 6 Біз Хешебон патшасы Сихонның халқына істегенді оларға да істеп, бәрін де біржола күйреттік: әрбір қаланы, ондағы еркек, әйел, бала-шаға демей түгелдей құрттық. 7 Ал олардың барлық малдары мен дүние-мүліктерін олжалап алдық. 8 Осылай Иорданның шығыс жағындағы аморлықтардың екі патшасынан да жерлерін тартып алдық. Сол өлке Арнон аңғарынан бастап, Хермон тауына дейін созылған еді. 9 Сидондықтар Хермон тауын Сирион тауы деп, ал аморлықтар оны Сенір тауы деп атайды. 10 Сонымен жонды даладағы барлық қалаларды, әрі бүкіл Ғилақад пен Башан аймақтарын Ог патшалық құрған Салха мен Едірей қалаларына дейін басып алдық. 11 Алып Рафаның ұрпақтарынан (сол жерде) жалғыз Ог патша ғана тірі қалған болатын. Оның темірден жасалған төсегінің ұзындығы тоғыз, ені төрт кәдімгі шынтақ болды. Сол төсек әлі де аммондықтардың Рабба қаласында сақтаулы тұр. 12 Осылай біз сол кезде бұл жерді иемденіп алдық. Мен одан Арнон аңғарындағы Арогерден бастап солтүстікке созылып жатқан аймақты әрі Ғилақад қыраттарының жартысын ондағы қалалармен қоса Рубен және Ғад руларына үлестірдім. 13 Ғилақад аймағының қалған бөлігін және Ог патшалық құрған бүкіл Башан аймағын Манаса руының жартысының үлесіне бердім. — Башандағы бүкіл Арғоп аймағы бұрын «рафалық алыптардың елі» деп аталатын. 14 Манасаның ұрпағы Жайыр бүкіл Арғоп аймағын гешурліктер мен махалықтардың шекарасына дейін басып алғандықтан, Башанға «Жайыр қоныстары» деген ат қойды. Сол жер бүгінге дейін солай аталады. — 15 Мен Махырдың үрім-бұтағының үлесіне Ғилақад аймағының көп жерін табыстадым. 16 Ал Ғилақад аймағының мына жерін Рубен мен Ғад руларының үлесіне бердім: оңтүстіктегі Арнон аңғарының ортасынан бастап Аммон халқының шекарасындағы Ябок аңғарына дейін созылған бүкіл өлкені. 17 Олардың жері шығыстағы Писга тауының етектерінен батыстағы Иордан өзеніне дейін, солтүстіктегі Кінерет (яғни Ғалилея) көлінен оңтүстіктегі Өлі теңізге дейінгі аралықта жатқан Иорданның алқабын да қамтыды. 18 Сол кезде мен (Иорданның шығыс жағындағы жер үлестерін алған) сендерге былай деп тапсырма бердім: «Құдайларың Жаратқан Ие осы елді өздеріңе мұралық меншіктерің етіп табыстады. Бірақ араларыңдағы соғысуға жарамды барлық ер азаматтарың қаруланып, ағайындас руларыңның алдында жүріп олардан бұрын Иорданнан өтулерің керек. 19 Ал әйел, бала-шаға, малдарыңды мен өздеріңе берген қалаларда қалдырсаңдар болады. Сендерде малдың көп екенін білемін ғой. 20 Құдайымыз Жаратқан Ие өздеріңе істегендей ағайындарыңа да тыныштық сыйлап, оларға Иордан өзенінің батыс жағындағы жерлерін табыстамақ. Ағайындас руларың сол жерлерін иемденгенге дейін оларға қол ұшын беріп көмектесіңдер! Содан кейін мен өздеріңе табыстаған жерлеріңе бәріңнің де қайта оралуларыңа болады». 21 Сол кезде мен Ешуаға мынадай нұсқау бердім: «Құдай Иеміздің осы екі патшаға не істегендерінің бәрін өз көзіңмен көрдің. Енді сен Иорданнан өтіп, кіргелі отырған барлық патшалықтарға да Жаратқан Ие осылай істейтін болады. 22 Олардан еш қорықпаңдар, себебі сендер үшін Құдайларың Жаратқан Иенің Өзі шайқаспақ!» 23 Сол уақытта мен Жаратқан Иеге былай деп жалбарына сиындым: 24 «Уа, Жаратушы Тәңір Ием! Сен мендей қызметшіңе зор ұлылығың мен құдіретіңді көрсете бастадың. Өйткені Сенің істегеніңдей құдіретті іс-әрекеттер істей алатын қандай тәңір не аспанда, не жерде бар еді? 25 Менің Иордан өзенінен өтіп, арғы жақтағы шұрайлы елді, оның әсем қыраттарын Ливанның тауларын көруіме рұқсат ете көрші». 26 Бірақ Жаратқан Ие сендердің баяғыда істегендеріңе бола маған ашуланған еділ Сондықтан Ол өтінішіме құлақ аспай, былай деп жауап қайтарды: «Жетер енді! Бұл туралы Маған бұдан былай айтушы болма! 27 Бірақ Писга тауының басына шығып, батыс пен солтүстікке, оңтүстік пен шығысқа көз тастайсың. Сонда елге көз тігіп жақсылап қарап ал. Себебі өзің Иорданның арғы жағына өтпейсің. 28 Ал Ешуаға нұсқау беріп, оны жігерлендіріп, қуатта. Өйткені ол мына халықты бастап Иорданнан өтіп барып, өзің таудың басынан көретін елді оларға мұралық меншікке үлестіріп беретін болады». 29 Мұнан кейін біз Бет-Пеғордың маңындағы аңғарда біраз уақытқа аялдадық.
1 Ал енді, Исраил, мен сендерге үйретіп отырған ережелер мен шешімдерді тыңдаңдар! Өмір сүре берулерің үшін, әрі ата-бабаларың сиынған Құдай Иенің сендерге табыстап отырған елге кіріп, оны иемденулерің үшін оларды орындайтын болыңдар! 2 Құдай Иеміздің бүгін өздеріңе тапсырып отырған осы өсиеттеріне ештеңені қоспай, ештеңені алып та тастамай, оларды берік сақтайтын болыңдар! 3 Жаратқан Иенің Бағал-Пеғорда не істегенін өз көздеріңмен көрдіңдер. Пеғорда Бағалға табынып кеткендеріңнің бәрін Құдай Иеміз халықтың арасынан аластатып, қырғынға ұшыратты емес пе?! 4 Ал Құдай Иемізден берік ұстанған басқаларың бүгін аман-есен тірі жүрсіңдер. 5 Міне, өздерің кіріп, иемденгелі тұрған елде орындауларың үшін мен сендерге Құдай Иемнің ережелері мен шешімдерін Оның маған бұйырғанына сай үйретіп келемін. 6 Иә, соларды мұқият сақтап орындаңдар! Себебі осылайша басқа халықтар сендердің даналықтарың мен ақыл-парасаттарыңа көз жеткізіп, осы ережелер туралы естігенде қайран қалып: «Ойпыр-ай, осы үлкен халық неткен дана да парасатты ел еді!» — дейтін болады. 7 Шынында, біз қай кезде мінажат етсек те, Құдайымыз Жаратқан Ие бізге жақын тұрады. Ал табынған тәңірлері дәл солай жақын тұратын тағы басқа үлкен халық бар ма?! 8 Мен сендерге қазір табыстап отырған осы бүкіл Таурат заңындай әділ ережелер мен шешімдерге ие болып отырған тағы басқа үлкен халық бар ма?! (Әрине, жоқ!) 9 Сондықтан өз көздеріңмен көрген осы нәрселердің ешқайсысын естеріңнен шығармауларың үшін, әрі өмір бойы жүректеріңнен кетіп қалмаулары үшін абай болып сақтаныңдар! Сол үшін балаларың мен немерелеріңе оларды айтып үйрететін болыңдар! 10 Сендер Хориб тауының маңында Құдайларың Жаратқан Иенің алдында тұрған күнді естеріңе түсіріңдер. Сонда Жаратқан Ие маған мынадай тапсырма берді: «Халықты Менің алдыма жина. Олар өмір бойы Мені терең қастерлеуді үйрететін және өз балаларына да сондай тәрбие бергізетін сөздерімді естісін!» 11 Сендер тауға жақындап келіп, оның етегінде тұрдыңдар. Ал жанып жатқан таудың жалыны тіпті аспанға дейін жетіп, үстін қара бұлт пен түнек басып жатқан болатын. 12 Сонда Жаратқан Ие өздеріңе сол оттың ішінен тіл қатты. Сендер Оның сөздерін естідіңдер, бірақ ешқандай бейнені көрген жоқсыңдар. Тек Оның дауысы ғана естілді. 13 Жаратқан Ие сендерге Өзінің Келісімін жариялап, орындауға бұйырған Он өсиетін айтты да, оларды екі тас тақташаға жазып берді. 14 Сол кезде Жаратқан Ие маған сендерге ережелері мен шешімдерін үйретуге бұйырды. Оларды өздерің енді өзеннен өтіп, иемденгелі тұрған елде орындауларың керек. 15 Сонымен абай болыңдар! Жаратқан Ие өздеріңе Хориб тауындағы оттың ішінен тіл қатқан кезде сендер ешқандай бейнені көрген жоқсыңдар. 16 Абайлаңдар, ешбір мақұлықтың бейнесін жасап, оған табынып азғындыққа салынудан аулақ болыңдар: еркектің не әйелдің, 17 жерде жүретін жануардың не аспанда ұшатын құстың, 18 жер бетінде жорғалайтын жәндіктің не суда жүзетін балықтың бейнесінде өздеріңе жалған тәңірдің мүсінін жасап алмаңдар! 19 Сонымен қатар сендер аспанға қарап, ондағы күн, ай, жұлдыз сияқты аспан денелерінің үлкен тобын көргенде, соларға елігіп, табынып кетуден де сақ болыңдар! Оларды жер бетіндегі барлық ұлттардың игілігі үшін Құдай Иеміздің Өзі жаратқан. 20 Бірақ сендерді Жаратқан Ие (тазартып) Өзіне меншікті халық ету үшін темір балқытатын пеш іспетті Мысыр елінен алып шығарды. Енді сендер Оның халқы әрі өз меншігі болып отырсыңдар да. 21 Ал Жаратқан Иенің сендерге бола маған ашуланған кезі де болды. Сонда Ол мені Иордан өзенінен өткізбеуге ұйғарып, Онысын антпен бекітті. Соның кесірінен Құдай Иеміз мұралық меншіктеріңе табыстамақ мына шұрайлы елге мен кіре алмайтын болдым. 22 Мен Иорданның арғы жағына өтпей, осы жерде көз жұмамын. Ал сендер өзеннің арғы жағына өтіп, сол шұрайлы елді басып алып, иемденесіңдер. 23 Сондықтан Құдайларың Жаратқан Иенің өздеріңмен жасаған Келісімін естеріңнен шығарудан сақ болыңдар! Өздеріңе кез келген бейнедегі тәңір мүсіндерін жасап алмаңдар! Құдай Ие соған тыйым салған еді ғой. 24 Себебі Құдайларың Жаратқан Ие жалмап қоятын от іспетті! Ол — басқа еш нәрсеге табынуларыңа төзбей, Өзіне адал болуларыңды талап ететін Құдай! 25 Сендер елде үбірлі-шүбірлі болып, көп жыл тұрғанда азғындыққа салынсаңдар, әлдебір нәрсенің бейнесіне ұқсатып мүсін ойып жасап өз Құдайларың Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет етсеңдер, бұларыңмен Оның ашуын туғызатын боласыңдар. 26 Мен бүгін сендерге қарсы көк пен жерді айғақ болуға шақыра отырып былай деймін: егер осылай істейтін болсаңдар, сендер қазір Иорданның арғы жағына өтіп, иемденгелі тұрған елден жуырда-ақ аластатыласыңдар. Онда ұзақ өмір сүрмей, еш шүбәсіз қырыласыңдар. 27 Қалғандарыңды Жаратқан Ие басқа ұлттардың арасына шашыратып жібереді. Сендер Жаратқан Ие өздеріңді жер аудартқан сол ұлттардың арасында сандарың аз болып тіршілік етесіңдер. 28 Сонда сендер адам қолымен ағаш пен тастан жасалған, көрмейтін де естімейтін, тамақ та жемейтін, иіс те сезбейтін тәңірсымақтарға құлшылық ететін боласыңдар. 29 Сол алыс жерлерде сендер өз Құдайларың Жаратқан Иені іздеп, Оған бет бұра бастайсыңдар. Егер Оған шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен бет бұрсаңдар, Оны табасыңдар. 30 Осы сөздердің барлығы орындалып, сендер қиындыққа ұшыраған сол кейінгі уақытта Құдай Иемізге қайта оралып, Оған мойынсұнатын боласыңдар. 31 Себебі Құдайымыз Жаратқан Ие — рақымды Құдай, Ол сендерден бас тартып, толығымен құрып кетулеріңе жол бермейді, әрі ата-бабаларыңмен антпен бекітіп жасаған Келісімін есінен шығармайды. 32 Ал енді, ежелгі заманнан бері, Құдайдың адамды жер бетінде жаратқан кезінен бастап қазірге дейінгі тарихты зерттеп шығыңдар! Аспанның о шеті мен бұ шетінің аралығындағы халықтардан сұрастырып көріңдер: осы сияқты ұлы іс болып па еді? Яки біреу қашан болса да осындай оқиға туралы естіп пе екен?! 33 Оттың ішінен сөйлеген Құдайдың даусын сендер сияқты естіп, тірі қалған өзге халық бар ма екен?! 34 Немесе Құдай Иеміздің көз алдымызда Мысыр елінде істегеніндей, сол халықты ауыр сынақтардан өткізіп, ғажап істер мен кереметтер көрсетіп, соғыспен, Өзінің алға созылған құдіретті қолымен әрі ұлы да үрейлі істерімен өз меншігі болу үшін бір халықты басқа бір елдің ішінен алып шығуға тырысқан тәңір бар ма екен? (Әрине, жоқ!) 35 Жаратқан Иенің шынымен Құдай екендігі, Одан басқа шынайы құдайдың жоқ екендігі өздеріңе анық болу үшін осы ұлы да үрейлі істер көрсетілді. 36 Ол сендерге тәлім-тәрбие беру үшін көктен Өзінің даусын естіртіп, жерде ғаламат отын көрсетті. Сол оттың ішінен Оның сөздерін естідіңдер. 37 Жаратқан Ие ата-бабаларыңды сүйгендіктен, олардың ұрпақтары — сендерді де таңдап алды. Өзі араларыңда бірге болып сендерді Мысыр елінен Өзінің құдіретті күшімен алып шықты. 38 Ондағы мақсаты өздеріңнен үлкен әрі күшті халықтарды алдарыңнан қуып шығып, жерлерін тартып алып, сендердің мұралық меншіктеріңе беру болды. Бүгін бұл солай. 39 Сол себепті көкте де, жерде де Жаратқан Иенің жалғыз Құдай екендігін, Одан басқа ешбір (шынайы) құдайдың жоқ екендігін бүгін біліп, мұны жүректеріңе құйып алыңдар! 40 Жаратқан Иенің мен сендерге бүгін тапсырып отырған ережелері мен өсиеттерін орындайтын болыңдар! Сонда өздеріңе және кейінгі ұрпақтарыңа игі болып, Құдай Иеміз сендерге ұзақ ғасырларға табыстамақ елде көп жасайтын боласыңдар. 41 Мұнан кейін Мұса Иордан өзенінің шығыс жағынан үш қаланы бөліп, белгілеп қойды. 42 Бұрын өшікпеген біреуді абайсызда өлтіріп алған адам сонда қашып барып, бас сауғалай алатын болды. 43 Сол қалалар мыналар: Рубен руына үлестірілген жонды даладағы Бесер қаласы, Ғад руының Ғилақад аймағындағы Рамот қаласы, Манаса руының Башан аймағындағы Ғолан қаласы. 44 Мұсаның исраилдіктерге табыстаған Таурат заңы төменде берілген. 45 Мысыр елінен шыққаннан кейін Мұса халыққа мына нұсқаулар, ережелер, және шешімдерді айтып үйретті. 46 Мұнан бұрын олар Иорданның шығысындағы Бет-Пеғордың маңындағы аңғарда, Хешебонда орналасқан аморлықтар патшасы Сихонның елінде біраз тұрып жатқан еді. Мұса мен өзге исраилдіктер Мысырдан көшіп шыққаннан кейін Сихонды талқандап жеңген болатын. 47 Содан олар аморлықтардың екі патшасы — жаңағы Сихонның және Башан патшасы Огтың Иорданның шығыс жағасында жатқан жерлерін иемденіп алды. 48 Осы жер Арнон аңғарының жағасындағы Арогерден Сирион, яғни Хермон, тауына дейін созылып, 49 Иорданның шығыс жағындағы бүкіл елсіз алқапты Өлі теңізге және Писга тауының етектеріне дейін қамтыды.
1 Содан Мұса бүкіл Исраил халқын жинап алып, былай деді: — Уа, Исраил халқы, мен бүгін өздеріңе жеткізетін ережелер мен шешімдерге құлақ асыңдар! Оларды сақтап, орындау үшін үйреніңдер! 2 Құдай Иеміз бізбен Хориб тауында Келісім жасаған еді. 3 Осы Келісімді Жаратқан Ие ежелгі ата-бабаларымызбен емес, біздің өзімізбен, яғни қазір осы жерде тірі тұрған біздің бәрімізбен жасады. 4 Жаратқан Ие таудағы оттың ішінен сендермен бетпе-бет тілдесті. 5 Мен сол кезде Жаратқан Ие мен сендердің екі араларыңда тұрып Оның сөздерін сендерге жеткізетінмін. Өйткені сендер оттан қорқып, тау басына көтерілмей қойған едіңдер. Сонда Жаратқан Ие былай деген еді: 6 «Мен сені құлдықта жүрген Мысыр елінен алып шыққан Құдайың — Жаратқан Иемін. 7 Сенің Менен басқа ешқандай тәңірлерің болмасын! 8 Аспанда, жерде не суда бар нәрселердің ешқайсысынан өзіңе тәңір бейнелерін жасама! 9 Сондайларға бас иіп табынып, құлшылық етпе! Мен сенің Құдай Иеңмін, Өзімнен басқа тәңірлеріңнің болуына еш төзбеймін. Мені менсінбейтіндерді немерелері мен шөберелеріне дейін жазалаймын, 10 ал Өзімді сүйіп, өсиеттерімді ұстанғандарға тіпті мыңыншы ұрпағына дейін рақымымды төгемін. 11 Құдай Иеңнің атын орынсыз аузыңа алма! Өз атын орынсыз қолданғандарды Жаратқан Ие жазасыз қалдырмайды. 12 Құдай Иең саған өсиеттегендей, демалыс күнін Оған бағыштауды сақтайтын бол! 13 Алты күн еңбектеніп барлық жұмыстарыңды істей бер, 14 ал жетінші күн — Құдай Иеңе бағышталған демалыс күні. Сол күні не өзің, не ұл-қызың, не қызметшілерің, не өгізің, не есегің, не басқа да малдарың, не қалаларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар ешқандай жұмыс істемеңдер! Осылайша өзің сияқты қызметшілерің де демалсын. 15 Сенің де Мысырда құл болғаныңды, Құдайың Жаратқан Иенің сені Өзінің алға созылған құдіретті қолымен сол елден алып шыққанын есіңнен шығарма! Сондықтан да Құдай Иең саған демалыс күнін сақтауды бұйырды. 16 Құдай Иең саған өсиеттегендей, ата-анаңды сыйла! Сонда Құдай Иең өзіңе табыстайтын елде игілікті де ұзақ өмір сүретін боласың. 17 Кісі өлтірме! 18 Неке адалдығын бұзба! 19 Ұрлық жасама! 20 Ешкімді бекерге айыптама! 21 Басқаның әйеліне, оның үйіне не жеріне, құл-күңіне, өгіз-есегіне не өзге де ешқандай нәрсесіне заңсыз ие болуға сұқтанба!» 22 Осы сөздерді Жаратқан Ие оттың және бұлт пен қою қараңғылықтың ішінен таудың етегінде жиналып тұрған сендерге зор дауыспен айтып берді. Оларға басқа еш нәрсе қосқан жоқ. Сол өсиеттерін Ол екі тас тақташаға жазып, маған тапсырды. 23 Тау от болып жанып жатқан кезде сендер қараңғылық ішінен дауысты естігенде, барлық рубасыларың мен ақсақалдарың маған жақындап келіп, 24 былай деді: «Құдайымыз Жаратқан Ие бізге Өзінің нұрлы салтанаты мен ұлылығын көрсетті, от ішінен Оның даусын естідік. Бүгін біз Құдай адаммен тілдескенде адамның тірі қала алатынын да көрдік. 25 Ал енді, біз неге өлуге тиіспіз? Мына жалындаған от бізді жалмағалы тұр. Егер Құдай Иеміздің дауысын әрі қарай ести берсек, онда құрып кетерміз. 26 Мәңгі тірі Құдайдың дауысын от ішінен біз естігендей естіп, тірі қалған пенде бар ма? 27 Сіз өзіңіз Құдай Иемізге жақындап барып, Оның айтқандарын тыңдаңызшы. Содан кейін Құдайымыз Жаратқан Иенің өзіңізге білдіргендерінің бәрін бізге жеткізіңіз. Соларды тыңдап, орындайтын боламыз». 28 Сендердің осы сөздерің Жаратқан Иенің құлағына жетіп, Ол маған былай деді: «Мына халықтың саған айтқан сөздерін естідім. Соларының бәрі дұрыс. 29 Олардың Мені терең қастерлеп, өсиеттерімді түгел орындауға ниеттенген жүректері берік болса екен! Сонда олардың өздері де, ұрпақтары да әрқашан игілікті өмір сүретін болады. 30 Енді оларға барып, қостарына қайтсын де. 31 Ал өзің осы жерде Менің қасымда қал. Мен саған айтып беретін барлық өсиеттерім, ережелерім және шешімдерімді сен халыққа үйрет. Мен өздеріңе мұралық меншікке бергелі тұрған елде олар бұларды орындайтын болсын». 32 (Содан Мұса халықка былай деді:) — Өз Құдайларың Жаратқан Ие сендерге бұйырғанды толығымен орындауға қырағы болып, одан оңға да, солға да бұрылмаңдар! 33 Құдай Иеміз өздеріңе нұсқаған жолмен жүріңдер! Сонда сендер тірі қалып, иемденгелі тұрған елде игілікті де ұзақ өмір сүретін боласыңдар.
1 Құдайымыз Жаратқан Иенің маған сендерге үйретуге бұйырған өсиеттері, ережелері және шешімдері, міне, осылар. Сендер өзеннен өтіп кіріп, иемденгелі тұрған елде оларды орындауларың қажет. 2 Өздерің де, балаларың мен немерелерің де Құдайларың Жаратқан Иені терең қастерлеп, қазір мен өздеріңе тапсырып отырған Оның барлық ережелері мен өсиеттерін өмір бойы сақтап орындауға тиіссіңдер. Сонда өмір жастарың ұзақ болады. 3 Сонымен, уа, Исраил халқы, сөздеріме құлақ салып, оларды мұқият орындайтын бол! Сонда ағы мен балы ағыл-тегіл елде игілікті өмір сүріп, молынан өсіп-өнетін боласың. Ата-бабаларың сиынған Құдай Ие мұны саған уәде етті. 4 Тыңда, Исраил: Құдайымыз Жаратқан Ие — жалғыз Құдай! 5 Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, бар күш-қуатыңмен сүй! 6 Бүгін Мен өздеріңе тапсырып отырған осы сөздер жүректеріңнен тұрақты орын алсын! 7 Балаларыңа да бұл сөздерді мұқият үйретіңдер: үйде отырған не жол жүрген, төсекте жатқан не тұрып жатқан кездеріңде де солар туралы айтатын болыңдар! 8 Бұл сөздер қолдарыңа байланған белгі, көз алдарыңдағы ескертпе жазба іспетті болсын. 9 Оларды үйлеріңнің есік жақтауларына әрі қақпаларыңа да жазып қойыңдар. 10 Сонда Құдай Ие сендерді Өзі түп аталарың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа беруге антпен уәде еткен еліне алып барады. Сол елде Ол сендерге өздерің салмаған үлкен де жақсы қалаларды, 11 өздерің жинамаған әр алуан жақсы заттарға толы үйлерді, өздерің қазбаған құдықтарды, өздерің отырғызбаған жүзімдіктер мен зәйтүн ағаштарын табыстайды. Ал сендер ішіп-жеп, тойған кезде 12 өздеріңді құлдықта жүрген Мысыр елінен босатып алып шыққан Жаратқан Иені естеріңнен шығарудан сақ болыңдар! 13 (Уа, Исраил,) Құдай Иеңді терең қастерлеп, жалғыз Оған ғана қызмет ет! Оның атымен ғана ант беретін бол! 14 Айналаларыңдағы тұрып жатқан ұлттар табынатын жалған тәңірлердің жолдарымен жүрмеңдер! 15 Себебі араларыңда тұратын Құдайларың Жаратқан Ие сендердің басқа тәңірлерге табынуларыңа еш төзбейді. Әйтпесе Оның лаулаған қаһары өздеріңе қарсы лап етіп, сендерді жер бетінен құртып жібереді. 16 (Уа, Исраил,) Масада істегеніңдей, Құдай Иеңді еркінсіп сынама! 17 Құдай Иенің өздеріңе бұйырған өсиеттерін, нұсқауларын және ережелерін берік сақтаңдар! 18 Жаратқан Иеге ұнамды әділ істерді істеңдер! Сонда сендер игілікті өмір сүріп, Жаратқан Ие ата-бабаларыңа антпен уәде еткен елге кіріп, оны иемденесіңдер, 19 әрі Жаратқан Иенің айтқанындай барлық жауларыңды қуып шығасыңдар. 20 Болашақта балаларың өздеріңнен: «Құдай Иеміздің сіздерге өсиеттеген ережелері, жарлықтары және шешімдерінің мағынасы қандай?» деп сұраса, 21 онда оларға былай деп жауап беріңдер: «Біз Мысырда перғауынның құлдары болып жүрген едік. Бірақ Жаратқан Ие бізді сол елден Өзінің құдіретті қолымен құтқарып алып шықты. 22 Сонда Жаратқан Ие көз алдымызда Мысырға, перғауын мен оның бүкіл үй-ішіне қарсы ғажап кереметтер істеп, ғаламат зор апаттар жіберді. 23 Осылайша Ол бізді ата-бабаларымызға антпен уәде еткен елге жеткізу үшін Мысырдан алып шықты. 24 Жаратқан Ие әрқашан игілікті де аман-есен өмір сүруіміз үшін бізге осы жарлықтардың бәрін орындап, Өзін, біздің Құдайымыз Жаратқан Иені, терең қастерлеуді өсиеттеді. Соның арқасында қазір аман-есен өмір сүріп жатырмыз да. 25 Құдай Иеміз бізге тапсырғандай осы өсиеттердің бәрін Оның алдында орындауға қырағы болсақ, онда біз әділ болып табыламыз».
1 Құдайларың Жаратқан Ие сендерді елді иемдену үшін соған кіргізген кезде Өзі алдарыңнан бірнеше ұлтты қуып шығады. Олар: хеттіктер, гергестіктер, аморлықтар, қанахандықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктер. Осы жеті ұлт өздеріңнен үлкен әрі күшті. 2 Құдайларың Жаратқан Ие (азғындыққа салынған) сол халықтарды қолдарыңа түсіріп, сендерге жеңдіргенде, барлығын да Оған бағыштап, түгелдей құртуларың керек. Олармен ешбір келісім жасамаңдар, аяп-мүсіркеуші де болмаңдар! 3 Олармен құдандалы болып, қыз алысып, қыз берісуші болмаңдар! 4 Әйтпесе олар балаларыңды Жаратқан Иеден бас тартқызып, бөтен тәңірлерге құлшылық еткізетін болады. Сонда Оның қаһары өздеріңе қарсы лап етіп, сендерді лезде-ақ құртып жібереді. 5 Керісінше, сендер азғын халықтарға мынаны істеулерің қажет: олардың құрбандық орындарын бұзып, қиратыңдар, табынатын тас мүсіндерін талқандаңдар; Ашера атты жалған тәңірге арналған ағаш бағаналарды шауып тастап, олардың тәңірсымақтарының басқа мүсіндерін де отқа өртеп жіберіңдер! 6 Себебі сендер Құдайларың Жаратқан Иеге бағышталған қасиетті халықсыңдар. Ол жер бетіндегі барлық халықтардың ішінен сендерді Өзінің халқы және ерекше құнды меншігі болуға таңдап алған. 7 Жаратқан Иенің сендерді сүйіп, таңдап алғанының себебі сендердің басқа халықтардан үлкен болғандықтарыңнан емес! Шынында сендер барлық халықтардың ішіндегі ең азы едіңдер. 8 Қайта, Жаратқан Ие сендерді сүйгендігінен әрі ата-бабаларыңа берген антына бола ғана таңдап алды. Содан Өзінің құдіретті қолымен сендерді Мысыр патшасы перғауынның қолынан құтқарып, сол елдегі құлдықтан азат етіп, алып шықты. 9 Сондықтан да Құдайларың Жаратқан Иенің шынымен Құдай екенін біліп алыңдар! Өзін сүйіп, өсиеттерін ұстанғандардың тіпті мыңыншы ұрпағына да Ол Өзінің Келісімін сақтап, рақымын төгетін болады. 10 Бірақ Өзін менсінбейтіндерді құртып, оларға жазаларын тартқызады. Иә, Ол Өзін менсінбейтіндерге көп кешікпей-ақ жазаларын тартқызбақ. 11 Сондықтан бүгін мен өздеріңе табыстап отырған Оның өсиетін, ережелерін және шешімдерін сақтап орындайтын болыңдар! 12 Егер осы шешімдерге құлақ асып, оларды сақтап орындайтын болсаңдар, онда Құдайларың Жаратқан Ие ата-бабаларыңмен жасаған Келісімін сақтап, сендерге рақымын төгетін болады. 13 Ол өздеріңе табыстауға ата-бабаларыңа антпен уәде еткен елде сендерді сүйіп, жарылқап, көбейтеді. Сендерді ұрпақты етіп, жерлеріңнің өнімін де жарылқап, өндірген астықтарыңды, жүзім шырындарыңды, зәйтүн майларыңды және табын-отарларыңның төлдерін мол қылатын болады. 14 Сендер басқа халықтардың бәрінен де мол жарылқанатын боласыңдар. Араларыңда бала сүйе алмайтын не еркек, не әйел болмайды, малдарың да қысыр қалмайды. 15 Жаратқан Ие сендерден ауру-сырқау атаулыны алшақтатып, Мысырдың өздеріңе таныс жаман індеттерінің ешқайсысын сендерге жуытпайды. Керісінше, солардың барлығын өздеріңді жек көретіндерге жұқтырады. 16 Сонымен, Құдайларың Жаратқан Ие қолдарыңа тапсыратын (сол азғын) халықтардың барлығын құртуларың керек. Оларды аяп-мүсіркемеңдер, олар табынып келген жалған тәңірлеріне құлшылық етпеңдер! Әйтпесе, сол тәңірсымақтар өздеріңе тұзақ болады. 17 Сендер іштей: «Бұл халықтар бізден соншама басым ғой. Қалай ғана оларды қуып шыға аламыз?» деп уайымдауларың да мүмкін. 18 Бірақ олардан еш қорықпаңдар! Құдайларың Жаратқан Иенің перғауын патшаға және бүкіл Мысырға не істегенін естеріңде берік сақтаңдар! 19 Құдай Иенің оларды өткізген алапат сынақтарын әрі Өзінің сендерді ғажап кереметтері және алға созылған құдіретті қолы арқылы Мысырдан алып шыққанын өз көздеріңмен көрдіңдер ғой. Сендер қорқып келген халықтардың бәріне де Құдай Иеміз солай істейтін болады. 20 Оның үстіне Құдай Ие сол халықтардың зәрелерін ұшыратын үрейді де жібереді, сонда олардың сендерден тығылып тірі қалғандарының бәрі де құритын болады. 21 Ендеше сол халықтардан еш қорықпаңдар! Себебі араларыңда тұрып, сендерге жар болатын Құдайларың Жаратқан Ие — үрей туғызатын ұлы да ғажайып Құдай! 22 Оның Өзі сол (азғын) халықтарды алдарыңнан біртіндеп қуып шығып отыратын болады. Оларды бірден жоя алмайсыңдар, әйтпесе жабайы аңдар тым көбейіп кетіп, сендерге зиян келтірер еді. 23 Дегенмен, Құдай Ие оларды қолдарыңа тапсырып, бәрі де құрып кетпейінше ғаламат әбігерге салады. 24 Ол солардың патшаларын да қолдарыңа түсіреді. Содан оларды жойып, есімдерін аспан астынан біржолата сызып тастайсыңдар. Ешкім де сендерге қарсы тұра алмайды, барлығын да жоқ қыласыңдар. 25 Олардың ағаштан жасалған тәңір мүсіндерін өртеп жіберулерің керек! Солардағы алтын-күміске қызығып, оны өздеріңе алмаңдар! Әйтпесе Құдай Иеге жексұрын сол мүсіндер сендерді тұзаққа түсіреді. 26 Құдайға жек көрінішті сондай нәрсені үйлеріңе еш әкелмеңдер! Әйтпесе өздерің де сол нәрселер сияқты қарғысқа ұшырап, құрып кетесіңдер. Керісінше, солардан өздерің де жиреніп, бойларыңды аулақ ұстаңдар! Себебі барлық тәңір мүсіндері қарғысқа ілігіп, толығымен жойылуға тиісті нәрселер.
1 Мен бүгін өздеріңе табыстап отырған осы өсиеттердің барлығын берік сақтап орындайтын болыңдар! Сонда сендер тірі қалып, өсіп-өніп, Жаратқан Ие ата-бабаларыңа антпен уәде еткен елге еніп, оны иемдене аласыңдар. 2 Құдай Иеміздің осы қырық жыл бойы сендерді иен далада бастап алып жүрген жолын естеріңе түсіріңдер! Ол сендерді Өзіне мойынсұндыру үшін, әрі шынайы ниеттеріңнің қандай екенін: Оның өсиеттерін орындайсыңдар ма, жоқ па, соны білу үшін түрлі сынақтардан өткізді. 3 Жаратқан Ие сендерді мойынсұндыру үшін кейде аштыққа душар етті. Адам тек нанмен ғана емес, Жаратқан Иенің аузынан шыққан әрбір сөзімен де өмір сүреді дегенді үйрету үшін Ол сендерді өздерің де, ата-бабаларың да бұрын татып көрмеген тәтті нанмен (маннамен) қоректендірді. 4 Осы қырық жылдың ішінде киімдерің еш тозып, жүре-жүре аяқтарың ісіп те көрген емес. 5 Сонымен әкесінің баласын тәрбиелейтініндей, Құдайларың Жаратқан Иенің де сендерді тәрбиелейтінін терең ұғынып, жүректеріңде берік сақтаңдар! 6 Құдай Иеміздің өсиеттерін берік сақтап, нұсқаған жолдарымен жүріп, Оны терең қастерлеңдер! 7 Себебі Құдай Иеміз сендерді суға толы өзендері мен тоғандары бар, сайлары мен қыраттарындағы қайнарлардан бұлақ ағатын шұрайлы елге алып бара жатыр. 8 Бұл елде бидай мен арпа, жүзім бұталары, інжір мен анар, зәйтүн майы мен бал да мол. 9 Сол елде сендер наннан да, басқа еш нәрседен де таршылық көрмейсіңдер. Жерінің тастарында темір мол, қыраттарынан күміс қазып, өндіретін боласыңдар. 10 Тамақ ішіп, тойғаннан кейін, осы шұрайлы елді өздеріңе табыстағаны үшін Құдайларың Жаратқан Иені мадақтаңдар! 11 Сондай-ақ абай болып, Құдай Иемізді естеріңнен шығарып, бүгін мен сендерге жеткізіп отырған Оның өсиеттерін, ережелерін және шешімдерін орындамаудан сақтаныңдар! 12 Әйтпесе, сендер тамақ ішіп тойынып, жақсы үй салып қоныстанып алғаннан кейін, 13 әрі отар-табындарың көбейіп, алтын-күмістерің, дүние-мүліктерің молайғаннан кейін, 14 сендер өркөкіректеніп, өздеріңді құлдықта жүрген Мысыр елінен құтқарып алып шыққан Құдай Иелеріңді естеріңнен шығарасыңдар. 15 Ол сендерді осы ұлан-ғайыр да үрейлі иен дала, улы жыландар мен шаяндар жорғалаған сусыз, қуаң аймақ арқылы Өзі жетелеп алып өтті. Дәу шақпақ тастан Ол сендерге су ағызып берді. 16 Жаратқан Ие кейін игілікті өмір сүре алуларың үшін сендерді Өзіне мойынсұндыру әрі сынақтан өткізу мақсатымен ата-бабаларың татып көрмеген тәтті нанды (маннаны) сендерге айдалада тамақ етіп берді. 17 Әйтпесе: «Осы дүние-байлықты өз күшім мен еңбегімнің арқасында қол жеткіздім» деп жүрулерің мүмкін. 18 Қайта, Құдайларың Жаратқан Иені естеріңде сақтаңдар! Байлыққа жетуге қуат-қабілет беретін — Соның Өзі. Осыны істеуі арқылы Ол ата-бабаларыңа антпен бекіткен Келісімін орындайды, бүгін де солай істеп отыр. 19 Ал егер болашақта Құдайларың Жаратқан Иеден бас тартып, бөгде тәңірлердің жолына түсіп, оларға иіліп құлшылық етсеңдер, сендер міндетті түрде құрисыңдар. Мен мұны бүгін сендерге байыппен ескертемін. 20 Жаратқан Ие сендердің алдарыңда құртқан халықтары сияқты, сендер де Құдай Иеміздің дауысына құлақ салмағандарыңа бола құритын боласыңдар.
1 Құлақ түр, уа, Исраил халқы! Сендер енді Иордан өзенінен өтіп, саны да, күші де өздеріңнен басым халықтардың елдеріне кіріп, соны иемденейін деп жатырсыңдар. Олардың аспанмен таласатындай зәулім қамалмен қоршалған үлкен қалалары бар. 2 Сол елде күшті де зор денелі адамдар — Анақтың алып ұрпақтары тұрады. Сендер бұлар туралы біліп, «Анақтың ұрпақтарына кім қарсы тұрмақ?» деген мәтелді естігенсіңдер. 3 Бірақ та бүгін мынаны біліп қойыңдар: сендердің Құдайларың Жаратқан Ие жалмайтын от сияқты болып Иорданнан өтіп, алдарыңда бастап жүреді. Өзі соларды құртып, сендерге жеңдіреді. Жаратқан Ие өздеріңе уәде еткендей, сендер оларды елден қуып шығып, тез арада көздерін жоясыңдар. 4 Алайда сендердің Құдайларың Жаратқан Ие оларды алдарыңнан қуып шығарғаннан кейін сендер іштей: «Жаратқан Ие мені осы елді иемденуге өз әділдігіме бола алып келді» деп бөсуші болмаңдар! Жоқ, Жаратқан Ие сол халықтарды олардың асқан зұлымдықтарына бола алдарыңнан қуып шығармақ. 5 Ендеше осы елді иемденулерің сендердің ерекше әділдіктеріңе яки ізгі қасиеттеріңе бола емес. Қайта, сол халықтардың зұлымдықтарына бола Құдайларың Жаратқан Ие оларды алдарыңнан қуып шығады. Осылайша Ол ата-бабаларың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа антпен берген уәдесін жүзеге асырады. 6 Сондықтан Құдай Иенің осы шұрайлы елді сендерге мұралық меншікке беруі өз әділдіктеріңе бола емес екендігін ұғып алыңдар! Керісінше, сендер тоңмойын, бағынбайтын халықсыңдар. 7 Сендер айдаланы кезіп жүргендеріңде Құдай Иеміздің қаһарын туғызғандарыңды ешқашан ұмытпай, естеріңде сақтаңдар! Мысырдан көшіп шығып, осы жерге келген күнге дейін сендер Жаратқан Иеге қарсы бас көтеріп келесіңдер. 8 Хориб тауының маңында Жаратқан Иенің қаһарын туғызғандарың сонша, Ол сендерді түгелдей құртып жібермекші болды. 9 Бұл менің Жаратқан Иенің өздеріңмен жасаған Келісімінің тас тақташаларын қабылдап алу үшін тауға шыққан кезімде болған еді. Сол жерде мен қырық күн, қырық түн болып, еш нәр татпай, су да ішкен жоқпын. 10 Сонда Жаратқан Ие маған Құдайдың қолымен жазылған жазуы бар екі тас тақташаны табыс етті. Сендер тау етегінде жиналып тұрған кездеріңде Жаратқан Ие өздеріңе тау басындағы от ішінен айтқан сөздерінің бәрі сол тас тақташаларда жазылған болатын. 11 Сол қырық күн мен қырық түн бітіп, Жаратқан Ие маған екі тас тақташаны, яғни Келісімнің тақташаларын, табыстағаннан кейін, 12 Жаратқан Ие маған былай деп бұйырды: «Тезірек төмен түс, сен Мысырдан бастап алып шыққан халқың азғындыққа салынды! Олар Мен өздеріне өсиет еткен жолдан лезде тайып шығып, алтыннан құйылған бір мүсінді жасап алды!» — деді. 13 Жаратқан Ие маған тағы да: «Мен бұл халықты назарымда ұстап келемін. Оның шынында тоңмойын қыңыр екеніне көзім жетті. 14 Ал енді, Мені қалдыр, оларды құртып, есімдерін аспанның астынан өшіріп тастаймын. Содан кейін Мен саны мен күші олардан басым бір халықты өзіңнен жаратамын», — деді. 15 Мен кері бұрылып, от болып жанып тұрған таудың басынан төмен түсіп кеттім. Қолымда Келісімнің екі тас тақташасы болды. 16 Мен ел қонысына жақындап қарағанда, сендердің жас бұқаның алтыннан құйыпған мүсінін жасап алып, Құдай Иенің алдында күнәға батқандарыңды көрдім. Сендер Жаратқан Ие өздеріңе өсиет еткен жолдан лезде тайып шықтыңдар! 17 Сонда мен екі тас тақташаны қолдарыма алдым да, сендердің көз алдарыңда жерге лақтырып жіберіп, олардың быт-шытын шығардым. 18 Содан кейін мен қайтадан Жаратқан Иенің алдында етпетімнен қырық күн, қырық түн бойы жатып алдым. Сендердің Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасап Оның ашуын туғызған барлық күнәларыңа бола сол уақыттың ішінде еш нәр татпай, су да ішкен жоқпын. 19 Жаратқан Иенің лаулаған қаһарынан қорқып, Ол сендерді құртып жібермей ме деп үрейленіп тұрдым. Бірақ Ол бұл жолы да маған құлақ асты. 20 Жаратқан Ие Һаронға да қаһарланғаны сонша, оның көзін құртпақшы болды. Сол кезде Һарон үшін де мінажат етіп Жаратқан Иеге жалбарындым. Сонда Ол Һаронды аман қалдырды. 21 Ал сендер күнәға батқанда жасап алған жас бұқа мүсінін алдым да, оны отқа салып құртып, күл-талқанын шығардым. Одан қалғанын ұнтақтап үгіп, таудан төмен ағып жатқан бұлаққа лақтырдым. 22 Бұдан басқа сендер Таберада, Масада және Қиброт-Хатауада да Жаратқан Иенің қаһарын туғыздыңдар. 23 Жаратқан Ие сендерді Қадеш-Барниден: «Өрлеп барып, Мен сендерге беріп отырған елді иемденіңдер!» — деп жолдап жіберген еді. Бірақ сендер өз Құдайларың Жаратқан Иенің бұйрығына қарсы шықтыңдар! Оған сенген де жоқсыңдар, тілін де алмадыңдар. 24 Мен сендерді білгеннен бері Жаратқан Иеге қарсы бас көтеріп келесіңдер. 25 Жаратқан Ие сендерді құртамын дегендіктен, Оның алдында сол қырық күн, қырық түн бойы етпетімнен жата бердім. 26 Жаратқан Иеге сиынып былай дедім: «Уа, Жаратушы Тәңір Ие! Сен өз ұлылығыңмен құтқарып, құдіретті қолыңмен Мысырдан алып шыққан осы халқыңды, Өзіңнің меншігіңді, құрта көрме! 27 Өз қызметшілерің Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпты есіңе ала гөр! Осы халықтың қыңырлығына, зұлымдығына және жасаған күнәсіне назар аудара көрме! 28 Әйтпесе Сен бізді алып шыққан Мысыр елінің адамдары: «Өзі антпен уәде еткен елге оларды алып бару Жаратқан Иенің қолынан келмегендіктен, әрі оларды жек көргендіктен, айдалада өлтіру мақсатымен елімізден алып шықты» деп табалап жүрер. 29 Бірақ бұл Өзіңнің ұлы құдіретіңмен және алға созылған қолыңмен жат елден алып шыққан халқың, Сенің өз меншігің, емес пе?!»
1 Сол кезде Жаратқан Ие маған былай деп тапсырды: «Бұрынғы екеуіндей етіп тағы екі тас тақташа қашап жасап ал. Содан кейін таудың басына Менің алдыма көтеріліп кел. Бір ағаш сандық та жасап дайындауың керек. 2 Мен жаңа тақташаларға өзің сындырып тастаған алғашқы тақташалардағы сөздерді жазып қоймақпын. Содан кейін тақташаларды сандыққа салып қой». 3 Сонда мен аққараған ағашынан сандық жасап дайындадым, әрі тастан бұрынғылардай екі тақташа қашап жасап алдым. Тақташаларды қолыма ұстап, тау басына көтерілдім. 4 Жаратқан Ие бұрын жазған Он өсиетті осы тақташаларға қайталап жазды. Сендер тау етегінде жиналған күні Жаратқан Ие сол Он өсиетті тау басындағы от ішінен сендерге жариялап айтқан болатын. Жаратқан Ие тас тақташаларды маған табыстаған соң, 5 мен тау басынан төмен түстім. Бұдан кейін сол екі тақташаны Жаратқан Иенің берген нұсқауы бойынша өзім жасаған Келісім сандығының ішіне салып қойдым. Қазір де олар сонда жатыр. 6 Кейін исраилдіктер Бене-Яқан құдықтары деген жерден Мосерге көшіп барды. Сол жерде Һарон қайтыс болып, сүйегі қабірге қойылды. Һаронның ұлы Елазар оның орнын басып діни қызметкер болды. 7 Сол жақтан халық Гудгодқа, содан кейін ағып жатқан бұлақтары көп Жотбатаға көшіп барды. 8 Бұл кезде Жаратқан Ие Леуі руын халықтың өзге руларынан бөліп, Өзінің қызметіне тағайындады. Леуіліктердің міндеттері Жаратқан Иенің Келісім сандығын (халық көшкенде) көтеріп жүру, Жаратқан Иенің алдында тұрып қызмет ету және Оның атынан адамдарға бата беру болды. Леуіліктер қазірге дейін осы міндеттерін атқарып келеді. 9 Леуі руына өзге ағайындас руларымен қатар елден мұралық үлесі бөлінбегендігі сондықтан. Құдайларың Жаратқан Иенің оларға берген уәдесі бойынша, леуіліктердің «мұралық үлестері» — Жаратқан Иенің Өзі. 10 Бірінші рет болғанымдай, бұл жолы да тау басында қырық күн, қырық түн болдым. Жаратқан Ие сөздеріме осы кезде де құлақ асып, сендерді құртамын деген ойынан бас тартты. 11 Сонда Жаратқан Ие маған: «Бар да, Мен оларға беремін деп Өзім ата-бабаларына антпен уәде еткен елге кіріп, оны иемдене алулары үшін халықты жүретін жолында бастап жүр», — деді. 12 Ал енді, уа, Исраил, Құдай Иең сенен нені талап етеді? Тек мыналарды ғана: Құдай Иеңді терең қастерлеп, Оның жолымен ғана жүруіңді, Оны сүйіп, шын жүректен және бүкіл жан дүниеңмен Оған қызмет етуіңді, 13 әрі Жаратқан Иенің өсиеттері мен ережелерін жүзеге асыруыңды. Бұларды бүгін сендерге өз игіліктерің үшін тапсырып отырмын. 14 Ұлан-ғайыр аспан, жер және ондағының барлығы да Құдайларың Жаратқан Иенің меншігі. 15 Алайда Жаратқан Ие ата-бабаларыңды сүюге қатты риза болды және олардан өрбіген сендерді барлық халықтардың арасынан таңдап алды. Міне, содан қазір Оның сүйікті халқысыңдар. 16 Ендеше жүректеріңді күнәдан арылтып, Жаратқан Иенің бізбен жасаған Келісімін естеріңде ұстап, бұдан былай тоңмойын болмаңдар. 17 Себебі Құдайларың Жаратқан Ие — «тәңір» атаулының үстіндегі Құдай және иелердің Иесі. Ол — үрей туғызатын ұлы да құдіретті Құдай, ешкімнің бет-жүзіне қарамайды да, ешкімнен пара алмайды да. 18 Жаратқан Ие жетім-жесірлердің мүддесін қорғап, жат жұрттықтарға мейірім көрсетіп, оларды нанмен, киіммен қамтамасыз етеді. 19 Жат жұрттықтарға сендер де мейірімді болуға тиіссіңдер, өйткені өздерің де Мысырда жат жұрттық кірмелер болдыңдар ғой. 20 Құдайларың Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оған қызмет етіп, Одан ажырамастай берік ұстанып, Оның атымен ғана ант беріңдер. 21 Өз көзіңмен көрген сол ұлы да үрейлі істердің бәрін істеген Ол — сендердің Құдайларың, Оны әрдайым мадақтаңдар! 22 Мысырға көшіп барған ата-бабаларыңның ұзын саны жетпіс жан ғана еді, енді Құдай Иеміз сендерді аспандағы жұлдыздардай сансыз етіп көбейтті.
1 Сонымен өз Құдайларың Жаратқан Иені сүйіңдер, Оның бұйрықтары мен ережелерін, шешімдері мен өсиеттерін әрқашан берік сақтаңдар! 2 Біліп алыңдар, мен бүгін сендердің балаларыңа сөйлеп жатқан жоқпын. Өйткені олар (кейінірек дүниеге келгендіктен) Құдайларың Жаратқан Иенің түзетіп тәрбиелеуін көріп, бастарынан кешірген емес: Оның ұлылығын, алға созылған құдіретті қолын, 3 Мысыр елінде патшасы перғауын мен оның бүкіл халқына жасаған кереметтері мен ғажап істерін: осылардың бәрін олар көрген емес. 4 Жаратқан Иенің мысырлықтардың әскеріне, аттары мен соғыс күймелеріне не істегенін, сендерді қуып келе жатқан оларды Қамысты теңіздің суына батырып, толығымен жойып жібергенін де көре алған жоқ. 5 Олар Жаратқан Иенің сендерге иен далада уәделі елге жеткен осы кезге дейін қалай қамқорлық жасағанын да көрген жоқ. 6 Жаратқан Ие рубендік Елияптың ұлдары Датан мен Абиронды жазалап, бүкіл Исраил халқы тұрған жердің ортасы қақ айырылып, сол адамдарды бүкіл отбасыларымен, барлық шатырларымен, малдарымен жұтып қойған кезді көрген де балаларың емес. 7 Ал Жаратқан Иенің жасаған осы ұлы істерін өз көздеріңмен көрген сендерсіңдер. 8 Сондықтан, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған барлық өсиеттерді берік сақтаңдар! Сонда сендердің өзеннің арғы жағындағы елге кіріп, оны иемденіп алуға күш-қуаттарың жететін болады, 9 әрі Жаратқан Иенің ата-бабаларыңа және олардың ұрпақтарына беруге антпен уәде еткен елінде: ағы мен балы ағыл-тегіл елде өмірлерің ұзақ болады. 10 Сендер енейін деп жатқан осы ел өздерің шығып келген Мысыр еліне ұқсамайды. Онда сендер тұқым сеуіп, бақшада істегендей арық қазып, ауыр жұмыс істеп оны суғаратын едіңдер. 11 Жоқ, сендер иемденейін деп жатқан осы ел көктен жауған жаңбырмен суғарылатын қыратты да аңғарлы жер. 12 Бұл елге Құдайларың Жаратқан Иенің Өзі қамқорлық жасайды. Жылдың басынан аяғына дейін Ол сол елді ұдайы назарында ұстайды. 13 Сонымен, бүгін мен өздеріңе беріп отырған мына өсиеттеріме мұқият құлақ түріңдер: «Құдайларың Жаратқан Иені сүйіп, Оған шын жүректен және бүкіл жан дүниелеріңмен қызмет етіңдер». 14 Егер солай істесеңдер, онда Ол елдеріңе күзгі де, көктемгі де жаңбырды мезгілінде жаудырып тұратын болады. Осылайша сендер астықты, жүзім шырынын және зәйтүн майын уақытында жинап, дайындап алатын боласыңдар. 15 Жаратқан Ие малдарың үшін далаларыңда шөпті қалың қылып өсіреді, сонда тамақтарың тоқ болып, тойынасыңдар. 16 Бірақ сақ болыңдар, әйтпесе азғырылып, бөтен тәңірлерге бет бұрып, оларға жүгініп құлшылық етіп кетесіңдер. 17 Егер солай етсеңдер, онда Жаратқан Иенің лаулаған қаһары сендерге қарсы лап етеді. Ол аспанды жауып, жаңбырды жаудырмай қояды. Сонда жер өнімін бермей, сендер көп ұзамай Жаратқан Иенің өздеріңе табыстаған елінде құрып, жоқ боласыңдар. 18 Ендеше мен айтқан осы сөздерді жүректеріңе, жан дүниелеріңе және ақыл-саналарыңа тоқып алыңдар! Олар қолдарыңа байланған белгі, көз алдарыңдағы ескертпе жазба іспетті болсын. 19 Балаларыңа да бұл сөздерді үйретіңдер: үйде отырған не жол жүрген, төсекте жатқан не тұрып жатқан кездеріңде де солар туралы айтатын болыңдар! 20 Оларды үйлеріңнің есік жақтауларына әрі қақпаларыңа да жазып қойыңдар. 21 Сонда Жаратқан Ие ата-бабаларыңа беруге антпен уәде еткен елде өздерің де, бала-шағаларың да аспан өз орнында тұрғанша ұзақ өмір сүретін боласыңдар. 22 Мен бүгін өздеріңе ұстануға тапсырып отырған, «Құдайларың Жаратқан Иені сүйіңдер, Одан ажырамастай берік ұстанып, Оның жолдарымен жүріңдер!» деген өсиеттерді тұрақты сақтайтын болыңдар! 23 Сонда Жаратқан Ие елдегі халықтардың барлығын алдарыңнан қуып шығады. Олардың саны мен күші өздеріңнен басым болса да, сендер елді иемденіп аласыңдар. 24 Қай жерге аяқ бассаңдар, сол жер сендердікі болады. Жерлерің оңтүстіктегі Негев даласынан Ливан тауларына дейін, Евфрат өзенінен батыстағы теңізге дейін созылатын болады. 25 Ешкім сендерге қарсы тұра алмайды. Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе уәде еткеніндей, қайда барсаңдар да, бүкіл елдегі адамдардың бәрін сендерден қорқып үрейленетін етеді. 26 Бүгін сендерге таңдауға жарылқау мен қарғысты ұсынып отырмын. 27 Егер сендер өз Құдайларың Жаратқан Иенің бүгін мен арқылы тапсырып отырған өсиеттеріне құлақ ассаңдар, онда жарылқанатын боласыңдар. 28 Ал егер Жаратқан Иенің өсиеттеріне құлақ аспай, орындамасаңдар, әрі өздеріңе бейтаныс, бөтен тәңірлердің соңына түсіп, мен бүгін сендерге нұсқаған жолдан тайып кетсеңдер, онда қарғысқа ұшырайтын боласыңдар. 29 Құдайымыз Жаратқан Ие сендерді иемденгелі отырған осы елге кіргізгеннен кейін, Гәризим тауынан жарылқауларды, Ебал тауынан қарғыстарды жариялаңдар. 30 Сол екі тау Иордан өзенінің арғы жағындағы елсіз алқапта Ғылғалға қарама-қарсы тұрып жатқан қанахандықтардың аймағында, алып емен ағаштары өсіп тұрған Мореге жақын жерде, батысқа қарай бағытталған жолдың бойында орналасқан. 31 Енді Иордан өзенінен өтіп, Құдай Иеміз сендерге табыстап отырған елге еніп, оны иемденейін деп тұрсыңдар. Соған еніп, қоныстанып алғаннан кейін 32 мен өздеріңе бүгін табыстап отырған барлық ережелер мен шешімдерді сактап орындаңдар.
1 Ата-бабаларың сиынған Құдай Ие сендерге иемденуге берген елде қоныс теуіп, өмір сүрген кездеріңде сақтап орындауларыңа тиісті ережелер мен шешімдер мыналар: 2 Сендер қуып шығарғалы отырған халықтар биік тау-төбелерде және әрбір саялы ағаштың түбінде өздерінің жалған тәңірлеріне құлшылық етеді. Сол ғибадат орындарының барлығын түгелдей бұзып тастауларың керек. 3 Олардың құрбандық үстелдерін қиратып, тас мүсіндерін сындырып, Ашераға бағышталған ағаш бағаналарын өртеп жіберіңдер! Сол халықтар табынып келген жалған тәңірлерінің мүсіндерін де бөлшектеп, жалған тәңірлердің аттарын сол орындардан есте қалмастай етіп өшіріңдер! 4 Құдайларың Жаратқан Иеге сол халықтардың (жексұрын) дәстүрлері бойынша құлшылық етпеңдер! 5 Керісінше, Құдай Иеге Өзінің есімі құрметтелетін жер бетіндегі тұрағы болуға сендердің күллі руларыңның арасынан бір орынды таңдап алатын болады. Оған сиынып ғибадат етуге сол жерге баруларың қажет. 6 Құдайға арнап өртелетін құрбандықтарың мен сый-тартуларыңды, өнімнің он бөлігінің бірін әрі арнайы, не беруге серт еткен, не өз еріктеріңмен ұсынған сый-тартуларыңды, сондай-ақ малдарыңның тұңғыш төлдерін де сол жерге алып барыңдар! 7 Құрбандық асын отбасыларыңмен бірге сол жерде Құдай Иеміздің алдында ішіп-жеңдер. Осылайша қол тигізген барлық істеріңнің Құдайларың Жаратқан Иенің жарылқауымен жемісті болғанын тойлап шаттаныңдар. 8 Бүгін біздің істегеніміздей, болашақта әркім өзіне дұрыс болып көрінгенді істемесін. 9 Себебі Құдайларың Жаратқан Ие сендерге тыныштық сыйлайтын орынға, өздеріңнің меншікті жерлеріңе әлі жеткен жоқсыңдар. 10 Ал сендер Иордан өзенінен өтіп, Құдай Ие сендерге иемденуге беріп отырған елде қоныстанған кезде Ол қауіпсіздікте тұруларың үшін сендерге айналадағы жауларыңның бәрінен қорғап, тыныштық сыйлайтын болады. 11 Содан соң Құдайларың Жаратқан Ие өз есімін орнату үшін қандай жерді таңдап алса, сол жерге мен сендерге тапсырып отырған нәрселердің бәрін әкеліңдер: өртелетін сый-тартуларыңды, шалынып өртелетін құрбандықтарыңды, өнімдеріңнің он бөлігінің бірін, арнайы тартуларыңды және өздерің Жаратқан Иеге ант етіп бағыштаған бағалы заттарыңды алып келіңдер! 12 Сол жерде өздерің, ұл-қыздарың, қызметшілерің және қалаларыңда тұрып жатқан, мұралық меншікке жер үлесі бөлінбеген леуіліктер, бәрің бірге Құдайларың Жаратқан Иенің алдында қуана тойлаңдар. 13 Өртелетін құрбандықтарыңды өздерің қалаған әр жерде шалып, өртеуден сақ болыңдар! 14 Тек Жаратқан Ие руларыңның арасынан тағайындаған орында ғана құрбандықтарды шалып, мен өздеріңе тапсырған ережелердің бәрін орындаңдар! 15 Бірақ өз елді мекендеріңнің кез келген жерінде малдарыңды азыққа сойып, етін Құдай Иенің берген жарылқауына сай қалағандарыңша жеулеріңе болады. Аң аулап, соғып алған елік немесе бұғының еті іспетті сол етті де Жаратқан Иенің құрбандық орнына апармай-ақ жей аласыңдар. 16 Алайда оның қанын ішіп-жемеңдер, оны су іспетті жерге төгіп тастаңдар! 17 Ал жиналған астықтың, жүзім шырынының және зәйтүн майының (Жаратқан Иеге тиісті) он бөлігінің бірін, малдарыңның алғашқы төлдерін, сондай-ақ Жаратқан Иеге ұсынуға серт еткен не өз еркіңмен ұсынып жатқан немесе арнайы берген сый-тартуларыңды да өздерің тұрып жатқан елді мекендеріңде жеулеріңе болмайды. 18 Керісінше, бұларды Құдайларың Жаратқан Ие тағайындайтын орында Оның алдында өздерің, ұл-қыздарың, қызметшілерің және елді мекендеріңде бірге тұратын леуіліктер, бәрің бірге ішіп-жеңдер. Осылайша қолға алған барлық істеріңнің жемісті болғанына қуанып Құдай Иелеріңнің алдында тойлаңдар. 19 Елде тұрып жатқан уақыттың барлығында леуіліктерді қамқорлықсыз қалдырмаңдар! 20 Құдайларың Жаратқан Ие жерлеріңді өз уәдесіне сай кеңейтіп берген соң, етке аңсарларың ауғанда оны қанша жегілерің келсе, сонша жей аласыңдар. 21 Егер Құдай Ие өз есімін орнатуға тағайындайтын орын сендердің тұратын жерлеріңнен тым алыс болса, онда өздеріңе өсиет еткенімдей, Жаратқан Иенің жарылқауымен өскен малдарыңнан бір малды сойып, етін елді мекендеріңде қалағандарыңша жеулеріңе болады. 22 Сол етті еліктің не бұғының етін жегендей жей аласыңдар. Тазару рәсімінен өткен не өтпеген адамдарың да соны жей алады. 23 Алайда оның қанын ішіп-жеуден сақ болыңдар! Себебі қан дегеніміз — жан. Етті жанмен қосып жеулеріңе болмайды. Қайта, қанын су іспетті жерге төгіп тастаңдар! 25 Қанды еш ішіп-жемеңдер! Сонда өздерің және болашақ ұрпақтарың игілікті өмір сүретін боласыңдар. Себебі осы бұйрықты орындағандарың Жаратқан Иеге ұнамды. 26 Ал Жаратқан Иеге бағышталған және Оған тарту етемін деп серт еткен барлық құрбандықтарыңды Жаратқан Ие тағайындайтын жерге алып барыңдар. 27 Өртеп ұсынылатын құрбандықтарың Құдайларың Жаратқан Иеге арналған құрбандық үстелінде қанымен және етімен қоса ұсынылсын. Бұлардан өзге құрбандықтарыңның қаны да сол құрбандық үстелінің жанында төгілуі керек, ал солардың етін жей берулеріңе болады. 28 Өздеріңе беріп отырған осы бұйрықтарымның бәрін мұқият тыңдап, орындайтын болыңдар! Сонда өздерің және болашақ ұрпақтарың үшін игілікті өмір сүретін боласыңдар. Себебі осылай еткендерің Құдай Иемізге ұнамды және дұрыс. 29 Құдайларың Жаратқан Ие өздерің кіріп, иемденейін деп жатқан елдегі халықтарды алдарыңнан аластатып, сендер оларды елден қуып шығып, сонда қоныстанып алғандарыңнан кейін, 30 өздерің азғырылып қалмаңдар! Солардың жалған тәңірлеріне ынтығып, «Осы халықтар өз тәңірлеріне қалай ғана құлшылық етті екен? Біз де солай істейікші!» деп олардың торына түсіп қалып жүрмеңдер! 31 Сендер Құдайларың Жаратқан Иеге олардан үйренген жолдармен табынушы болмаңдар! Себебі сол халықтар жалған тәңірлеріне табынған кезде Жаратқан Иеге жексұрын да жиренішті нәрселердің әр түрін жасайды. Олар сол тәңірлеріне арнап тіпті ұл-қыздарын да құрбан етіп өртеп жібереді. 32 Сонымен мен айтқан бұйрықтардың барлығын мұқият орындаңдар, оларға еш нәрсені не қосып, не алып тастаушы болмаңдар!
1 Егер араларыңда пайғамбар не көріпкел пайда болып, бір ғажап іс не керемет туралы алдын ала жариялап, 2 онысы жүзеге асса, әрі сол адам: «Ал, кәне, басқа тәңірлерге табынып құлшылық етейік!» — деп сендерді өздеріңе бейтаныс тәңірлерге мойынсұнуға еліктіріп азғырса, 3 онда сендер сондай пайғамбардың не көріпкелдің айтқан сөздерін тыңдамаңдар! Осы жайт арқылы Құдайларың Жаратқан Ие сендерді, Өзін шын жүректен және бүкіл жан дүниелеріңмен сүйетін не сүймейтіндеріңді білу үшін сынайды. 4 Сендер тек Құдайларың Жаратқан Иенің жолымен жүріп, жалғыз Оны ғана қастерлеулерің керек! Оның өсиеттерін орындап, даусына құлақ асатын болыңдар! Әрдайым Жаратқан Иеге қызмет етіп, Одан ажырамастай берік ұстаныңдар! 5 Ал сол пайғамбарды не көріпкелді өлтірулерің керек. Себебі ол сендерді Мысыр елінен алып шығып, құлдықтан құтқарған Құдайларың Жаратқан Иеге қарсы шығуға еліктіріп, Оның өсиеттеген жолынан азғыруға тырысты. Зұлымдықты араларыңнан осылайша аластатыңдар! 6 Бір ағайының, тіпті бір анадан туған ағаң не інің, немесе өз ұл-қызың, сүйікті әйелің не жаныңдай жақсы көретін досың құпия түрде саған: «Жүр, басқа тәңірлерге барып табынайық» азғыруға ұмтылады дейік. Ал сол тәңірлерді не өзің, не ата-бабаларың еш білген жоқсыңдар. 7 Сондай адам сені төңірегіңде: алыс не жақын, жердің ана не мына шетінде тұрып жатқан халықтардың тәңірлеріне табынуға еліктірсе, 8 онда оған еш көнбе, сөздеріне құлақ та түрме! Осындай азғырушыны еш аяп-мүсіркеме, оны қолдап-қорғаушы да болма! 9 Қайта, оны міндетті түрде өлтіру керек. Оған қарсы бірінші болып қол көтеретін сен бол, сенен кейін бүкіл халық та солай істесін. 10 Оны таспен атқылап өлтіріңдер! Себебі ол сендерді құлдықта жүрген Мысыр елінен алып шыққан Құдайларың Жаратқан Иеден бас тартқызып ажыратуға ұмтылды. 11 Сонда осыны бүкіл Исраил халқы естіп, қорқып, араларыңнан ешкім де мұндай зұлымдықты істемейтін болады. 12 Егер Құдай Ие сендерге тұруға беріп отырған елдегі қалалардың бірі туралы: 13 «Сол қаланың халқын азғырып, бөтен тәңірлерге табынуға еліктіріп жүрген бір сұмырай адамдар арамызда пайда болыпты!» деген сөз естілсе, 14 онда барып, істің мән-жайын тексеріп, бәрін зерттеп, тәптіштеп тергеңдер! Егер әңгіме рас болып, сондай жексұрын нәрсенің елде орын алғаны дәлелденсе, 15 онда қаладағылардың барлығын семсердің жүзімен қыруға тиіссіңдер. Қаланың адамдары мен малдарын Жаратқан Иенің қарғысына ұшырағандықтан түгелдей құртыңдар! 16 Барлық олжаны алаңның ортасына жинап апарып, қаланы ондағы олжа дүниелерімен қоса Құдайларың Жаратқан Иеге арнап өртеліп ұсынылатын құрбандық іспетті өртеп жіберіңдер! Қаланың талқандалған орны мәңгі солай болып қала берсін, ол ешқашан қалпына келтіріліп қайтадан салынбасын! 17 Сол қаладағы заттардың бәрі қарғысқа ұшыраған, солардың ешқайсысын алушы болмаңдар! Сонда Жаратқан Ие Өзінің лаулаған қаһарынан қайтады. Ол сендерге рақымы мен мейірімін көрсетіп, ата-бабаларыңа антпен уәде еткеніндей, сендерді де молынан көбейтеді. 18 Өйткені сендер Оның айтқандарына құлақ асып, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған Оның барлық өсиеттерін сақтап, Құдайларың Жаратқан Иеге ұнамды әділ істерді істеп келесіңдер.
1 Сендер Құдайларың Жаратқан Иенің рухани балаларысыңдар. Сондықтан өлгендерді жоқтағанда денелеріңнің терісіне жарақат салмаңдар, кекілдеріңді алмаңдар! 2 Себебі сендер Құдай Иеге бағышталған қасиетті халықсыңдар. Жер бетіндегі барлық халықтардың ішінен Жаратқан Ие сендерді Өзінің ерекше құнды меншігі болуға таңдап алды. 3 Ешбір арам нәрсені жемеңдер! 4 Мына жануарларды азық етулеріңе болады: мүйізді ірі қара, қой, ешкі, 5 бұғы, киік, елік, жабайы ешкі, таутеке, бөкен, арқар. 6 Тұяғы екіге бөлінген аша тұяқты, күйіс қайыратын кез келген жануардың етін жеулеріңе болады. 7 Бірақ күйіс қайыратын немесе аша тұяқты хайуандар арасынан сендерге түйенің, қоянның және майбасардың етін жеуге болмайды. Олар күйіс қайырғанмен, тұяқтары аша емес, сол себепті олардың еті сендер үшін арам. 8 Ал шошқа аша тұяқты болғанмен, күйіс қайырмайды. Сондықтан ол да сендер үшін арам. Осы хайуандардың не етін жеулеріңе, не өлімтігіне жанасуларыңа болмайды. 9 Суды мекендейтін мақұлықтардың қайсыларында қанаттары мен қабыршақтары бар болса, соларды азық етулеріңе болады. 10 Ал егер қанаттары мен қабыршақтары болмаса, жеулеріңе болмайды, сондайлар сендер үшін арам. 11 Кез келген адал құсты жеулеріңе болады. 12 Бірақ мыналарды жемеулерің керек: бүркіт, күшіген, тазқара, 13 қызыл кезқұйрық, қара кезқұйрық, сұңқардың кез келген түрін, 14 қарғаның кез келген түрін, 15 түйеқұс, батпақ жапалағы, шағала, қаршығаның кез келген түрін, 16 байғыз, құлақты жапалақ, ақ үкі, 17 бірқазан, тұйғын, суқұзғын, 18 ләйлек, құтанның кез келген түрін, бәбісек және жарқанат. 19 Қанаты бар құжынаған барлық жәндіктер де сендер үшін арам, оларды жемеңдер! 20 Ал қанаты бар адал құстар мен жәндіктердің кез келгенін жеулеріңе болады. 21 Арам өлген ешқандай жануарды жеулеріңе болмайды! Оны не елді мекендеріңде тұрып жатқан жат жұрттыққа жеуге беруге, не шетелдікке сатуға болады. Себебі сендер Құдайларың Жаратқан Иеге бағышталған қасиетті халықсыңдар. Лақты енесінің сүтіне пісірмеңдер! 22 Жыл сайын егістіктеріңде жиналатын өнімдеріңнің он бөлігінің бірін жеке бөліп алып қойыңдар. 23 Астықтың, жүзім шырыны мен зәйтүн майының өнімінің он бөлігінің бірін және мүйізді ірі қара әрі ұсақ малдарыңның алғаш туған төлдерін Құдайларың Жаратқан Ие өз есімінің жер бетіндегі тұрағы болуға тағайыңдайтын орынға апарыңдар. Олардан Жаратқан Иенің алдында тамақ дайындап, ішіп-жеңдер. Осылай сендер Құдай Иемізді әрдайым терең қастерлеуді үйренесіңдер. 24 Бірақ егер Құдайларың Жаратқан Ие сендерді жарылқап, өнімдеріңнің он бөлігінің бірін Жаратқан Иенің өз есімінің жер бетіндегі тұрағы болуға тағайындайтын орынға апару үшін тым алыс болса, 25 онда он бөлігіңнің бірін сатып, түскен күмісті сол жерге апарыңдар. 26 Сонда сендер сол күміске қалаған нәрселеріңді: мүйізді ірі қара, қой-ешкі, жүзім шырыны, ашытылған сусын немесе басқа қалағандарыңды сатып ала аласыңдар. Осы азық-түліктен сол орында, Құдай Иенің алдында отбасыларыңмен бірге қуана ішіп-жеңдер. 27 Елді мекендеріңде тұратын леуіліктерді ұмытпай қамқорлаңдар. Себебі оларға араларыңда мұралық жер үлестірілген жоқ. 28 Әрбір үш жыл сайын, сол жылғы өніміңнің он бөлігінің бірін қалаларыңның ішіне алып барып, арнайы жерге жинап қойыңдар. 29 Осылайша араларыңдағы мұралық жер үлестері жоқ леуіліктер әрі жат жұрттықтар мен жетім-жесірлер келіп, соны жеп, тойынуларына болады. Сонда Құдайларың Жаратқан Ие сендерді қолға алған барлық іс-әрекеттеріңде жарылқайды.
1 Әр жеті жылдың соңында өзгеге берген қарыздарыңды кешіруге тиіссіңдер. 2 Әрбір қарыз беруші сол кешіруді былай істеуі керек: ағайындас не ұлттас адамға берген қарызын кешіріп, соны бұдан былай талап етпесін. Өйткені Жаратқан Иенің атынан қарыздар кешірілу мезгілі жарияланды. 3 Жат жұрттықтан қарыздарыңның өтемін талап етуіңе болады, бірақ өз бауырластарыңның қарыздарын кешірулерің қажет. 4 Осылайша араларыңда жарлы-жақыбайлар болмасын. Өйткені Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе мұралық меншікке табыстап отырған елінде сендерді молынан жарылқайды. 5 Егер Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ асып, бүгін мен өздеріңе табыстап отырған өсиеттерін мұқият орындайтын болсаңдар, 6 онда Құдай Иеміз Өзі уәде еткендей, сендерді жарылқайтын болады. Сендер көптеген халықтарға қарыз беріп, бірақ өздерің қарыз алмайтын боласыңдар. Сендер көптеген ұлттарға билік құрасыңдар, бірақ олардың ешқайсысы сендердің үстеріңнен билік құрмайтын болады. 7 Ал егер Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе табыстап отырған елдегі қалалардың бірінде мұқтаждыққа тап болған бейшара бауырласың болса, онда оған жүректеріңді қасарыстырып, сараңдық көрсетпеңдер! 8 Қайта, оған қолдарың ашық болып, мұқтаждығына қарай қарыз беріңдер. 9 Сақ болыңдар, жүректеріңде залым ой тумасын. «Қарыздар кешірілетін жетінші жыл таяп қалды» деп ойлап, мұқтаждықтағы бауырласыңа көмектесуден бас тартып, мейірімсіздік көрсетпеңдер! Әйтпесе сол адам Жаратқан Иеге шағым айтып, сендер айыпты болып шығасыңдар. 10 Керісінше, оған шын көңілмен, жомарттықпен көмектесіңдер! Осылай істегендерің үшін Құдайларың Жаратқан Ие сендерді қолға алған барлық іс-әрекеттеріңде жарылқайтын болады. 11 Елдеріңде мұқтаждықтағылар болмай қоймайды, сондықтан сендерге: «Елдеріңдегі бауырлас жарлы-жақыбайларға қолдарың әрдайым ашық болсын!» деген өсиетті тапсырып отырмын. 12 Егер бауырлас еркек не әйел басыбайлы қызметшің болуға сатылып, саған алты жыл бойы қызмет етсе, жетінші жылы оған бас бостандығын беріп қоя бер! 13 Оны босатқанда құр қол жіберме. 14 Оған отардағы малыңнан, қоймадағы астығыңнан және жүзім шырыныңнан жомарттықпен бөліп бер. Құдайың Жаратқан Иенің өзіңе төккен жарылқауынан оған да тисін. 15 Өздеріңнің де Мысыр елінде құлдықта жүріп, Құдай Иенің сендерді құтқарып алып шыққанын есіңнен шығарма. Сондықтан да бүгін сендерге осы өсиетті табыстап отырмын. 16 Ал егер қызметшің өзіңді, әрі үй ішіңді жақсы көріп, сендермен бірге тұруды қалап: «Сізден ешқайда кеткім келмейді» десе, 17 онда қолыңа біз ал да, сол бізді қызметшінің сырғалығын тесе есікке қада (да, кейін суырып ал). Сонда ол сенің өмірлік басыбайлы қызметшің болып қалады. Басыбайлы қыз не әйелмен де (оның өтінішіне сәйкес) солай істеуің керек. 18 Ал (осындай уәде бермеген өзге) қызметшіңе бас бостандығын беріп қоя беруді қиынсынба! Ол саған алты жыл бойы тегін қызмет етіп, жалданушыдан гөрі екі есе көп пайда кіргізді ғой. Солай етсең, онда Құдай Иең сені барлық іс-әрекетіңде жарылқайтын болады. 19 Малдарыңның тұңғыш туған еркек төлдерін Құдайларың Жаратқан Иеге бағыштауларың керек. Төлдің басы болып туған өгізді жұмысқа жегуге, әрі тұңғыш туған ұсақ малдың жүнін қырқуға болмайды. 20 Әр жыл сайын ондай малды Құдай Иенің таңдап алған жерінде Оның алдында отбасыларыңмен бірге құрбандыққа шалып, ішіп-жеңдер. 21 Ал егер малдың ақсақтық немесе соқырлық сияқты бір кемістігі болса, онда оны Құдайларың Жаратқан Иеге құрбандыққа ұсынбаңдар! 22 Сондай малды елді мекендеріңде сойып, ішіп-жеңдер. Аң аулап, соғып алған елік немесе бұғының еті іспетті сол етті тазару рәсімінен өткен адам да, өтпеген адам да жей алады. 23 Тек оның қанын ішіп-жемеңдер, қанды су іспетті жерге төгіп тастаңдар!
1 Құдайларың Жаратқан Ие сендерді абиб айының бір түнінде Мысыр елінен алып шыққан еді. Сондықтан осы мезгілді есте ұстап, сол айда Құдай Иенің құрметіне арнап Құтқарылу мейрамын тойлаңдар! 2 Жаратқан Ие өз есімінің жер бетіндегі тұрағы ретінде таңдап алған орында қой-ешкілеріңнен не мүйізді ірі қара малдарыңнан Құдай Иенің құрметіне Құтқарылу мейрамына арналған құрбандықты шалыңдар. 3 Оның етін ашытқы салып пісірілген нанмен қосып жемеңдер. Жеті күн бойы етті ашымаған нанмен қосып жеңдер. Бұл нан — көрген қиындықтарыңды еске түсіретін нан, себебі Мысыр елін асығыс тастап шықтыңдар. Сендер Мысырдан көшіп шыққан күнді осы рәсімді орындау арқылы өмір бойы есте сақтайтын боласыңдар. 4 Өздерің тұрып жатқан бүкіл ел көлемінде сол жеті күн бойы ешқандай ашытқы көрінбеуі керек. Сендер мейрамның алғашқы күнгі кешінде құрбандыққа шалған малдың ешбір еті таң атқанша қалып қоймасын! 5 Құдайларың Жаратқан Ие сендерге беріп отырған елді мекендеріңнің барлығында бірдей Құтқарылу мейрамының құрбандығын шалуларыңа болмайды. 6 Құрбандықты тек Құдайларың Жаратқан Ие өз есімінің жер бетіндегі тұрағы ретінде таңдап алған орында ғана шалыңдар! Оны Мысыр елінен шыққан мезгілдерің — кеште күн батқанда шалуларың керек. 7 Етті отқа қақтап пісіріп, Құдай Ие тағайындаған орында жеңдер. Ал келесі күні таңертең қонатын шатырларыңа қайтуларыңа болады. 8 Алты күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер. Жетінші күні Құдайларың Жаратқан Иеге арналған салтанатты жиналыс өткізіңдер. Сол күні ешқандай жұмыс істемеңдер! 9 Осы кезден, демек, пісіп тұрған арпаны ора бастаған уақыттан бастап жеті апталық кезеңді санап алыңдар. 10 Бұл кезеңнің соңында Құдайларың Жаратқан Иеге бағышталған Жеті апта мейрамын тойлаңдар. Сонда Құдай Иенің сендерді жарылқағанына сәйкес Оған өз еріктеріңмен беретін сый-тартуды әкеліп ұсыныңдар. 11 Құдай Иенің алдында, Оның өз есіміне арналған жер бетіндегі тұрағы ретінде таңдап алған орнында, сендер ұл-қыздарыңмен, қызметшілеріңмен, қалаларыңда тұрып жатқан леуіліктермен, араларыңдағы жат жұрттықтармен және жетім-жесірлермен бірге қуана мейрамдаңдар. 12 Өздеріңнің Мысыр елінде құлдықта болғандарыңды естеріңде ұстап, осы ережелерді сақтап орындаңдар. 13 Астық бастырып, жүзім шырынын сығып болғаннан кейін жеті күн Күркелер мейрамын өткізіңдер. 14 Мейрамды ұл-қыздарыңмен, қызметшілеріңмен, қалаларыңда тұрып жатқан леуіліктермен, жат жұрттықтармен, жетім-жесірлермен бірге шаттана тойлаңдар. 15 Осы мейрамды Құдайларың Жаратқан Иенің құрметіне Өзі тағайындаған орында жеті күн бойы өткізіңдер. Себебі Құдай Ие сендерге мол өнім беріп, қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқайтын болады. Сондықтан зор шаттыққа кенелесіңдер. 16 Сонымен барлық ер адамдарың Құдайларың Жаратқан Иенің алдына, Өзі таңдап алған орынға жылына үш рет барулары керек: Ашымаған нан мейрамы, Жеті апта мейрамы және Күркелер мейрамы кезінде. Олар Жаратқан Иенің алдына құр қол бармай, 17 әрқайсысы Құдай Иеміздің өздеріңді жарылқағанына сәйкес, хал-жағдайына қарай сый-тартулар ұсынсын. 18 Құдайларың Жаратқан Ие сендерге табыстап отырған елді мекендеріңнің бәрінде барлық руларыңа арнап төрешілер мен басқарушылар тағайындаңдар. Олар халыққа әділ билік айтуға міндетті болады. 19 Не әділдікті бұрмалаушы, не адамның бет-жүзіне қараушы, не пара алушы болмаңдар! Пара деген дананың көзін соқыр қылып, әділдің іс-әрекетін бұрмалайды. 20 Әділдікке, тек әділдікке ғана ұмтылыңдар! Сонда тірі қалып, Құдай Иенің өздеріңе табыстап отырған елін иемденетін боласыңдар. 21 Құдайларың Жаратқан Иеге арнап салған құрбандық орындарыңның жанына жалған тәңір Ашераға бағышталған ешқандай ағаш бағаналар орнатпаңдар! 22 Табынуға арналған тас бағаналар да орнатпаңдар! Құдай Иеміз сондай нәрселерді жек көреді.
1 Құдайларың Жаратқан Иеге арнап кемтар, қандай да бір кемістігі бар не мүйізді ірі қара, не ұсақ малды құрбандыққа шалмаңдар! Құдай Ие солай істегендеріңді әбден жек көреді. 2 Құдай Иеміз өздеріңе табыстап отырған елді мекендердің бірінде не еркек, не әйел Оған жек көрінішті іс-әрекет жасап Құдайларың Жаратқан Иенің Келісіміне қиянат қылып, 3 Оның тыйым салғанын істейді дейік: ол адам жалған тәңірлерге, яки күн, ай не басқа да аспан денелеріне жүгініп құлшылық етіп табынады. 4 Егер сондай іс туралы сендерге айтылса, немесе біреуден кездейсоқ естіп қалсаңдар, онда бұл жөнінде мұқият тергеу жасаңдар! Егер сондай жексұрын істің Исраил халқының арасында шынымен орын алғаны дәлелденсе, 5 онда сол зұлымдықты істеген еркек не әйелді қала қақпасының алдына апарып, таспен атқылап өлтіріңдер. 6 Кінәлі адамды өлім жазасына кескенде (ең аз дегенде) екі не үш куәгердің айтқандарына сүйену керек. Тек бір ғана куәгердің айтқанына негізделіп ешкімді өлім жазасына кесуге болмайды. 7 Куәлік келтірген адамдар өлім жазасын іске асырғанда тасты бірінші болып лақтыруға тиіс. Солардан кейін бүкіл халық болып атқыласын. Зұлымдықты араларыңнан осылайша аластатыңдар! 8 Елді мекендеріңде шешуге тым қиын даулы мәселелерді: біреуді біреу әдейі өлтірді ме, не кездейсоқ болды ма, бір дауда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, яки төбелесіп қалғандардың қайсысы айыпты, осы сияқты даулы мәселелерді Құдайларың Жаратқан Ие таңдап алған орынға апарыңдар. 9 Сол жердегі леуілік діни қызметкерлерге және сол кезде міндетін атқарып жатқан төрешіге барып жүгініңдер. Олар сол іс бойынша үкімдерін шығарып береді. 10 Жаратқан Ие таңдап алған орындағы олардың сендерге айтатын шешімін толығымен, мұқият жүзеге асырыңдар! 11 Олар түсіндіріп берген заңды және шығарған үкімді толығымен орындауларың керек. Жариялаған шешімдерінен не оңға, не солға бұрылмаңдар. 12 Ал егер біреу Құдай Иенің алдында қызмет етуге тағайындалған діни қызметкердің не төрешінің айтқандарын менсінбей, орындамай қойса, ондай адамды тірі қалдырмау керек. Зұлымдықты Исраилден осылайша аластатыңдар! 13 Бүкіл халық мұны естіп, қорқатын болады. Содан олар да (билік иелерін) менсінбеулерін доғарады. 14 Сендер Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе табыстап отырған елге еніп, оны иемденіп, сонда орнығасыңдар. Егер содан кейін: «Айналамыздағы барлық халықтар сияқты, біз де өзімізге патша тағайындағымыз келеді!» десеңдер, 15 онда міндетті түрде Құдай Иенің таңдаған адамын ғана патша етіңдер! Ол жат жұрттық емес, өз халқыңнан шыққан бауырластарың болсын. 16 Патшаның өзіне жылқыны көптеп ала беруіне болмайды, әрі соларын көбейту үшін халықты Мысырға қайтуға жұмылдырмауға тиіс. Себебі Жаратқан Ие сендерге: «Сол жолмен ешқашан қайтып бармауларың керек» деп бұйырған еді ғой. 17 Патшаның көп әйел алуына да болмайды, әйтпесе оның жүрегі басқа жаққа бұрылып кетеді. Патша өзіне көп мөлшерде алтын-күмісті де жинай бермеуі керек. 18 Патшалығының тағына отырғанда, ол леуілік діни қызметкерлердің қолындағы осы Таурат заңы кітабының көшірмесін шиыршық кітапқа жаздырып алуға міндетті. 19 Кітап үнемі оның қасында болуға тиіс. Патша Құдай Иесін құрметтеуді үйреніп, сол кітапта жазылған заң мен ережелердің барлығын мұқият орындауы үшін бұл кітапты өмір бойы оқитын болсын. 20 Осылайша патша көкірегін көтеріп, өзін ұлттастарынан асқақтатпасын, әрі Жаратқан Иенің өсиеттерінен не оңға, не солға бұрылмасын! Сонда оның өзі де, артындағы ұрпақтары да Исраилге ұзақ уақыт билік жүргізетін болады.
1 Леуілік діни қызметкерлерге әрі бүкіл Леуі руына, Исраилдің өзге руларына берілетіні іспетті, мұралық жер үлестері табысталмайды. Олар Жаратқан Иеге ұсынылып өртелетін құрбандықтардың және Оған арналған басқа да сый-тартулардың өздеріне тиесілі бөліктерімен тамақтанатын болады. 2 Леуіліктердің бауырлас рулардың арасында мұралық үлестері болмайды. Жаратқан Иенің оларға уәде еткеніндей, олардың «мұралық үлесі» Оның Өзі болады. 3 Адамдар құрбандыққа шалу үшін алып келген мүйізді ірі қара немесе ұсақ малдың діни қызметкерлерге берілуге тиісті бөліктері мыналар: жауырыны, екі жағы және асқазаны. 4 Сендер жаңа жиналған астықтың, жаңа сығылған жүзім шырыны мен зәйтүн майының және қой-ешкіден қырқылған жүннің алғашқы бөлігін алып, оларға берулерің керек. 5 Себебі Құдайларың Жаратқан Ие барлық руларыңның арасынан Леуіні және оның ұрпақтарын таңдап алып, әрқашан Жаратқан Иенің алдында тұрып, Оның атынан қызмет етуге тағайындады. 6 Егер бір леуілік Исраил елінің қай қаласында тұрмасын өз жүрек қалауы бойынша Жаратқан Иенің ғибадат етулерің үшін таңдап алған орнына көшіп келсе, 7 онда өзге леуіліктер секілді оның да Құдайларың Жаратқан Иенің алдында тұрып, Оған қызмет етуіне болады. 8 Ол әкесінен қалған меншігін сатып, пайда көрсе де, құрбандықтар мен сый-тартулардың өзіне тиесілі үлесін алуы керек. 9 Сендер Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе табыстап отырған елге енгенде, сондағы халықтардың істеп жүрген жиренішті салттарына еліктеп үйренбеңдер! 10 Араларыңдағы ешқайсың ұл-қызын оттан өткізіп (жалған тәңірге құрбандыққа ұсынбасын)! Бал ашып, жауырынға қарап, не құмалақ салып сәуегейлікпен де айналыспаңдар! Сиқырлау, 11 дуалап үшкіру және теріс бата берумен де шұғылданбаңдар! Аруақтарды шақырып, олармен тілдесуші, ақыл-кеңестерін сұраушы да болмаңдар! Араларыңда осылай істейтіндер болмасын! 12 Бұндай істермен айналысатын әркім Жаратқан Иеге жек көрінішті. Осындай қылықтарына бола Құдай Иеміз сол азғын халықтарды алдарыңнан қуып шығады. 13 Ал өздерің Құдайларың Жаратқан Иенің көз алдында мінсіз жүруге тиіссіңдер. 14 Сендер жерлерін иемденетін бұл халықтар сәуегейлікпен және балгерлікпен айналысатындарға құлақ асады. Бірақ сендерге Құдай Иеміз солай істеуге тыйым салған. 15 Құдай Иелерің сендерге мен сияқты бір пайғамбарды бауырларыңның арасынан шығарады. Соның айтқандарын тыңдаңдар! 16 Себебі сендер Хориб тауының етегінде жиналған кезде: «Құдай Иеміздің дауысын әрі қарай естімейік, осы жалындаған зор отты тағы да көрмейік, әйтпесе өліп қалармыз!» деген кезде Құдай Иеден осыны өтінген едіңдер. 17 Сонда Жаратқан Ие маған былай деді: «Олардың айтқандары дұрыс. 18 Мен бауырларыңның арасынан сен сияқты пайғамбарды шығарып, сөздерімді соның аузына салып отырамын. Ол Менің өзіне бұйырғандарымның бәрін соларға жеткізетін болады. 19 Осы пайғамбардың Менің атымнан айтқан сөздерін тыңдамайтын әрбір адамнан Өзім жауап алатын боламын. 20 Бірақ бір пайғамбар Өзім оған айтуға бұйрық бермеген хабарды халыққа Менің атымнан жеткізсе, немесе бөтен тәңірлердің атынан сөйлесе, ондай (жалған) пайғамбарды өлтіруге тиіссіңдер». 21 Сендер іштей: «Жаратқан Ие айтпаған сөзді қалай білеміз?» деулерің мүмкін. 22 (Мынаны ұмытпаңдар): егер осы пайғамбардың Жаратқан Иенің атымен айтқаны рас болмай жүзеге аспаса, онда бұл хабар Жаратқан Иеден емес. Қайта, бұл пайғамбардың асқақтықпен айтқан өз сөзі. Ондайдан қорықпаңдар.
1 Құдайларың Жаратқан Ие әлгі азғын халықтарды құртып, жерлерін сендерге табыстамақ. Сонда сендер олардың қалалары мен үйлеріне ие болып, қоныстанып аласыңдар. 2 Сол кезде Құдай Иеміздің өздеріңе мұралық меншікке берген сол еліндегі үш қаланы арнайы мақсатқа бөліп қойыңдар. 3 Бұл үшін елді үш аймаққа бөліп, әр аймақта бір қаладан белгілеңдер. Осы қалаларға апаратын жолдарды жақсылап салыңдар. Біреуді өлтірген әр адам сол қалалардың біріне қашып барып, бас сауғалай алатын болсын. 4 Бұл туралы ереже мынау: бұрын өшікпеген бір кісіні абайсызда өлтіріп алған адам осындай қалаға бас сауғалауға қашып барып, сонда тұруына болады. 5 Мысалы, екі адам орманға ағаш дайындауға барып, біреуі ағаш шабу үшін балтасын сілтей бергенде, балтаның басы сабынан ұшып кетіп, екінші адамға тиіп, оны өлтіріп алды дейік. Абайсызда кісі өлтіріп алған адам сол белгіленген қалалардың біріне қашып барып, бас сауғалай алады. 6 Әйтпесе, егер арақашықтық тым үлкен болса, онда мерт болған кісінің жазалаушы туысқаны еш өшпенділіксіз өлтіріп алған адамды қатты ашумен өкшелей қуып жетіп, көзін құртады. Ал сол адамның өлімге бұйыратындай жазығы болған жоқ қой. 7 Сондықтан да сендерге былай деп бұйырып отырмын: үш бас сауғалау қаласын бөліп белгілеп қойыңдар! 8 Құдайларың Жаратқан Ие ата-бабаларыңа ант еткендей, иемденген жерлеріңді кеңейтіп, оларға уәде еткен елдің барлығын сендерге табыстамақ. 9 (Ал Оның сендерге осы бүкіл елді табыстауының шарты —) мен бүгін өздеріңе жеткізіп отырған «Құдайларың Жаратқан Иені сүйіп, лайым Оның жолдарымен жүріңдер!» деген өсиетімді мұқият орындауларың. (Сонымен Жаратқан Ие бүкіл Қанахан елін қолдарыңа тапсырғанда) осы аталып өткен үш қалаға қоса тағы үш қаланы бас сауғалау үшін белгілеңдер. 10 Сонда Құдай Ие сендерге иемденуге беріп отырған елінде жазықсыз кісінің қаны төгілмейді де, соның кінәсі мойындарыңда болмайды да. 11 Бірақ егер сондай адам өлтірген кісісіне бұрыннан өшігіп, аңдып келіп, сәті түскен кезде бас салып, оны өлтіргеннен кейін бас сауғалау қалаларының біріне қашып барса, 12 онда оның өз қаласының ақсақалдары ол бас сауғалаған қалаға адамдарын жіберіп, қайтарып алдыртсын. Сол адам өлген кісінің жазалаушы туысқанының қолына тапсырылуы керек. Осылай ол жазасын тартып өлуге тиіс. 13 Мұндай адамға аяушылық көрсетпеңдер. Қайта, Исраил елін жазықсыз төгілген қанның кінәсінен осылайша тазартуларың керек. Сонда игілікті өмір сүретін боласыңдар. 14 Құдай Иең саған мұралық меншікке табыстап отырған елге енгеннен кейін бауырыңның жерін заңсыз иемденуге ұмтылма! Жеке өзіңе бөлінетін жер үлесіндегі бұрынғы ұрпақтар орнатқан шекара межелерін өз пайдаңа жылжытушы болма! 15 Егер біреу қылмыс не күнә жасапты деп айыпталса, оған үкім шығаруға бір ғана адамның куәлігі жеткіліксіз. Әрбір іс ең кем дегенде екі не үш куәгердің айтқандарымен дәлелденуі керек. 16 Егер бір жалған куәгер басқа біреуді қылмыс жасады деп айыптаса, 17 осы екі адам Жаратқан Иенің алдына келіп, сол кезде міндеттерін атқарып жатқан діни қызметкерлер мен төрешілерге жүгінсін. 18 Төрешілер істің мән-жайын мұқият тексерсін. Егер айыптаушының бауырына таққан айыбы өтірік болып шықса, 19 онда сол адамның өз бауырына тартқызайын деген жазасын оның өзіне тартқызыңдар! Зұлымдықты араларыңнан осылайша аластатыңдар! 20 Басқалар да мұны естіп, қорқатын болады. Содан олар енді қайтып осындай зұлым істі араларыңда істемейді. 21 Өтірік айып таққан адамды аяп-мүсіркемеңдер: жанға жан, көзге көз, тіске тіс, қолға қол, аяққа аяқ.
1 Жауларыңа қарсы соғысуға шығып, олардың аттары мен соғыс күймелерін көріп, әскерінің сендердікінен басым екенін байқасаңдар, олардан қорықпаңдар! Себебі өздеріңді Мысыр елінен алып шыққан Құдайларың Жаратқан Ие сендермен бірге жүріп жар болады. 2 Шайқасқа аттанып бара жатқанда діни қызметкер әскердің алдына шығып, былай деп сөз сөйлесін: 3 «Тыңда, уа, Исраил жасағы! Қазір сендер жауларыңа қарсы шайқасқа кетіп бара жатырсыңдар. Жүрексініп қорықпаңдар, үрейленіп қалтырамаңдар! 4 Себебі Құдайларың Жаратқан Ие сендермен бірге жүріп жар болады. Ол жауларыңа қарсы соғысып, сендерге жеңіс сыйлайды». 5 Ру басқарушылары да жасаққа сөз арнап былай десін: «Жаңадан үй салып, оған әлі қоныстанып үлгермеген біреу бар ма араларыңда? Сондай адам үйіне қайта берсін! Әйтпесе, ол шайқаста қаза тапса, үйін басқа біреу қоныстанып жүрер. 6 Немесе жүзімдік отырғызып, жемісін әлі жинап үлгермеген біреу бар ма араларыңда? Ол да үйіне қайта берсін! Әйтпесе, ол шайқаста қаза тапса, жүзімдігінің жемісін басқа біреу жинап жүрер. 7 Айттырылған қалыңдығы болып, әлі үйленіп үлгермеген жігіт бар ма араларыңда? Ол да үйіне қайта берсін! Әйтпесе, шайқаста қаза тапса, оның қалыңдығына басқа біреу үйленіп жүрер». 8 Басқарушылар әскерге тағы былай десін: «Жүрексініп қорқып тұрған адам бар ма араларыңда? Ол да үйіне қайта берсін! Әйтпесе, оған қарап бауырластары да үрейленіп, қорқып жүрер!» 9 Басқарушылар жасақшыларға арналған сөздерін бітірген соң, олардың үстінен қолбасшыларын тағайындасын. 10 Бір қалаға қарсы соғысу үшін таяп келгендеріңде оған бітімге келіп, берілсін деген ұсыныс жасаңдар. 11 Егер сол қала бітімді қабылдап, қақпаларын айқара ашса, онда қаладағы барлық адамдар сендерге міндетті жұмыс істеп, қызмет көрсететін болсын. 12 Егер қала бітімге келмей, өздеріңе қарсы соғыс бастаса, оны қоршап алыңдар. 13 Құдайларың Жаратқан Ие оларды қолдарыңа түсірген кезде қаладағы барлық еркектерді семсердің жүзімен құртыңдар, 14 ал әйел, бала-шаға, мал-мүлікті өздеріңе алуға болады. Құдай Иеміз қолдарыңа табыстаған жауларыңның олжасын алып, өз қажеттеріңе жаратуларыңа болады. 15 Қанахан елінен алыста орналасқан, осындағы халықтарға жатпайтын қалаларға осылай істеңдер. 16 Бірақ Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе иемденуге беріп отырған елдегі халықтардың қалаларында ешбір жан иесін тірі қалдырмаңдар! 17 Керісінше, Құдай Ие сендерге әмір бергендей, хеттіктер, аморлықтар, қанахандықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктерді түгелдей құртуға тиіссіңдер. 18 Әйтпесе, олар өз жалған тәңірлеріне табынатын кезде істейтін жексұрын істерінің бәрін сендерге де үйретеді. Сонда өз Құдайларың Жаратқан Иеге қарсы күнә жасайсыңдар. 19 Бір қаланы қолға түсіру үшін ұзақ уақыт қоршап тұрғанда айналасындағы ағаштарды шауып құртушы болмаңдар! Олардың жемістерін жей аласыңдар ғой. Далада өсіп тұрған ағаштар оларға қарсы соғысатындай, адамдар емес қой! 20 Бірақ жемісі жеуге жарамайтыны белгілі ағаштарды кесіп, олардан сол қаланы қоршап, қолға түсіруге арналған құрал-жабдықтар жасауларыңа болады.
1 Құдайларың Жаратқан Ие сендерге иемденуге табыстап отырған елдегі ашық далада өлген кісінің сүйегі табылса және оны кім өлтіргені беймәлім болса, 2 онда былай істеулерің керек: сендердің ақсақалдарың мен төрешілерің сүйек табылған жерге барып, оның маңайындағы жақын орналасқан елді мекендерге дейінгі қашықтықты өлшесін. 3 Мұнан кейін сүйекке ең жақын жатқан елді мекеннің ақсақалдары ешқашан жұмысқа жегілмеген жас сиырды таңдап алсын. 4 Малды топырағы жыртылып, тұқым себілмеген, суы тоқтаусыз ағып жатқан бір сайға алып барсын. Олар сайдың ішінде сиырдың мойнын үзсін. 5 Сонда леуілік діни қызметкерлер алға шықсын. Себебі Құдайларың Жаратқан Ие Өзіне қызмет етіп, өз атынан бата беріп, әрбір дау мен шабуыл жайлы үкім шығаруға оларды таңдап алған. 6 Өлген адамның сүйегі табылған жерге ең жақын орналасқан елді мекеннің барлық ақсақалдары сол сайда мойны үзілген сиырдың үстінде қолдарын жуып, былай десін: 7 «Осы кісінің қанын төккен біздің қолдарымыз емес, сол қылмысты кім істегенін де көздеріміз көрген жоқ! 8 Уа, Жаратқан Ие, Өзің құтқарған халқың Исраилден осы құрбандықты қабылдап, кешірім бере гөр! Жазықсыз өлтірілген осы кісінің қанын халқыңның мойнына жүктей көрме». Сонда олар сол төгілген қанның кінәсінен тазарады. 9 Бұлай істегендеріңді Жаратқан Ие құптап, жазықсыз өлтірілген кісінің қанының кінәсі сендерден алынып тасталады. 10 Сендер жауларыңа қарсы соғысқа шығып, Құдайларың Жаратқан Ие оларды қолдарыңа табыстап, тұтқынға алғанда, 11 араларынан бір көрікті әйел затын көріп, ұнатып қалсаң, оған үйленуіңе болады. 12 Сол әйелді үйіңе әкеліп, шаш-тырнағын алғызып, 13 қолға түскенде киіп жүрген киімдерін ауыстырғызуың керек. Әйел сенің үйіңде толық бір ай бойы тұрып, әке-шешесін жоқтасын. Содан кейін онымен жақындасып, сен оған күйеу, ол саған әйел боласыңдар. 14 Ал егер кейінірек ұнатпай қалсаң, оны қалаған жағына қоя беруің керек. Оны сатуға немесе өзіңе күң етіп алуыңа болмайды, себебі оның абыройын төктің. 15 Бір адамның екі әйелі болып, ол біріншісін сүйіп, екіншісін жаратпаса, әрі екі әйелі де оған ұл туып берсе, ал тұңғыш ұлын жаратпайтын әйелінен көрген болса, 16 сол адамның мал-мүлкін балаларына мұра етіп үлестіргенде, тұңғыш ұлға тиісті мұраны өзінің нағыз тұңғышына емес, сүйетін әйелінен туған ұлына беруге қақы жоқ. 17 Ол жақтырмайтын әйелінен туған шын тұңғышын танып, оған тиісті екі есе үлкен үлесті беруі керек. Тұңғыш ұл — әкесінің қайратының тұңғышы, сондықтан тұңғыштың мұрасы онікі. 18 Егер біреудің баласы әке-шешесіне мойынсұнбайтын қиқар болып, жөнге салғанмен оларды мүлдем тыңдамайтын болса, 19 онда әке-шешесі оны ұстап, ақсақалдардың алдына алып келсін. 20 Оларға былай десін: «Мына баламыз бізге мойынсұнбайтын қиқар, былапыттап ішіп-жеп, айтқанымызды тыңдамайды». 21 Сонда қаланың барлық адамдары оны таспен атқылап өлтіруге тиіс. Зұлымдықты араларыңнан осылайша аластатыңдар! Бүкіл Исраил халқы мұны естіп, (жамандық істеуден) қорқатын болады. 22 Егер ауыр қылмысы үшін өлімге кесілген бір кісінің мәйітін ағашқа іліп қоятын болсаңдар, 23 оны түні бойы ағашта қалдырмай, сол күні жерлеңдер. Себебі ағашқа ілінген әркім Құдайдың қарғысына ұшырап тұрады. Осылайша Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе иемденуге табыстап отырған елді арамданып кетуден сақтаңдар!
1 Егер біреудің не мүйізді ірі қарасының, не ұсақ малының адасып жүргенін көрсең, оны көрмегенсіме! Малын жетелеп иесіне алып бар! 2 Егер иесі өзіңнен алыс тұрса немесе малдың кімдікі екенін білмесең, оны үйіңе алып кел. Иесі іздеп келгенше жоғалған мал үйіңде тұра тұрсын. Ал іздеп келгенде қайтар. 3 Біреудің жоғалған есегін, жамылғысын не кез келген басқа дүниесін тауып алғанда да, осылай істе. Оған немқұрайды қараушы болма! 4 Сондай-ақ, біреудің есегінің не өгізінің жол бойында құлап жатқанын көргенде оған немқұрайды қарама. Иесіне құлап жатқан малын тұрғызуға қол ұшыңды бер. 5 Әйел еркекке тән не еркек әйелге тән киім киюші болмасын. Құдай Иеңе осылай істейтін адам жиренішті. 6 Егер жолшыбай бір құстың не ағаш басындағы, не жердегі ұясына тап болсаң, ал ұяда анасы жұмыртқа басып немесе балапандарының қасында отырса, онда анасын балапандарымен қоса алма. 7 Балапандарын алсаң да, анасын алып кетпе! Солай етсең, игілікті де ұзақ өмір сүретін боласың. 8 Жаңа үй салғанда, жалпақ төбесін айналдыра жақтау жаса. Сонда үйіңнің төбесінен ешкім құлап, оның қаны сенің үй ішіңе жүктелмейді. 9 Жүзімдігіңе өзге тұқым түрін сеппе. Әйтпесе сол тұқымнан шыққан өнім де, жүзімдіктің жемісі де арам болып, оларды пайдалануыңа болмайды. 10 Бір соқаға өгіз бен есекті қатар жегіп жер жыртпа. 11 Жүн мен зығырдың талшықтарынан тоқып жасалған матадан тігілген киім киме. 12 Киетін киімдеріңнің төрт бұрышына шашақ жасап қой. 13 Егер біреу әйел алып, жақындасқаннан кейін оны ұнатпай қалса 14 және ол туралы: «Мен мына әйелге үйленген едім, жақындасқанда ол пәк қыз болмай шықты» деген жаман сөз тарататын болса, 15 онда қыздың әке-шешесі қыздарының пәктігін дәлелдейтін нәрсені қаланың ақсақалдарына алып келулері керек. 16 Қыздың әкесі оларға былай десін: — Мен қызымды сол кісіге әйелдікке берген едім, бірақ ол ұнатпай кетті. 17 Енді оны даттап: «Қызыңыз пәк емес екен!» деп жүр. Ал қызымның пәктігінің дәлелі міне! — деп, оларға жайманы көрсетсін. 18 Сонда қала ақсақалдары оның күйеуін ұстатып, жазаласын. 19 Оған жүз мысқал күміс айып салып, соны қыздың әкесіне берсін. Себебі ол исраилдік қыздың атына кір келтірді. Ал сол әйел оның жұбайы болып қала береді, күйеуінің өмір бойы онымен ажырасуына болмайды. 20 Ал егер күйеуінің айтқаны дұрыс болып шығып, қалыңдықтың пәктігінің дәлелі табылмаса, 21 онда оны әкесінің үйіне, оның есігінің алдына алып келсін. Сол қаланың ер адамдары оны таспен атқылап өлтірсін. Себебі ол әкесінің үйінде жүріп-ақ жеңіл жүріске салынып, Исраил елінде масқара іс жасады. Зұлымдықты араларыңнан осылайша аластатыңдар! 22 Егер бір ер адам күйеуі бар әйелмен жатқан жерінен ұсталса, онда еркек пен әйелдің екеуі де өлтірілулері керек. Зұлымдықты Исраилден осылайша аластатыңдар! 23 Егер біреу елді мекеннің ішінде басқа біреуге айттырылған қызбен ұшырасып, онымен жақындасса, 24 онда олардың екеуін қала қақпасына алып барып, таспен атқылап өлтіріңдер. Қызды — елді мекеннің ішінде көмекке келетін адамдар болса да, айқайлап көмекке шақырмағаны үшін, еркекті — басқа біреудің қалыңдығының абыройын төккені үшін өлтіріңдер. Зұлымдықты араларыңнан осылайша аластатыңдар! 25 Ал егер еркек айттырылған қызды далада кездестіріп, оны ұстап алып зорласа, онда тек зорлаған адам ғана өлімге кесілуі керек. 26 Қыздың өзіне ештеңе істемеңдер, ол өлімге лайық күнә жасаған жоқ. Бұл жағдайды біреудің басқа адамға бас салып, өлтіруімен салыстыруға болады, 27 себебі еркек қызды ашық далада ұстап алды ғой. Айттырылған қыз қанша айқайласа да, елсіз далада оған көмекке келетін ешкім болмады. 28 Ал егер еркек ешкімге айттырылмаған қызды кездестіріп, оны ұстап алып зорласа және бұл жағдай ашылып қалса, 29 онда еркек қыздың әкесіне елу мысқал күміс төлеуі керек. Және ол сол қыздың абыройын төккендіктен оған үйленуге міндетті. Сондай-ақ, өмір бойы онымен ажырасуына болмайды. 30 Ер адамға әкесінің әйеліне үйленуге болмайды. Бұл әкесінің абыройын ашқанымен бірдей.
1 Аталық безі езіліп не жыныс мүшесі кесіліп тасталған ешбір еркек Жаратқан Иенің жамағатының қатарында бола алмайды. 2 Тыйым салынған некеден туған ешкім де Жаратқан Иенің жамағатының қатарында бола алмайды. Тіпті одан кейінгі оныншы буынның ұрпағы да оған ене алмайды. 3 Ешбір аммондық не моабтықтың Жаратқан Иенің жамағатына енуіне болмайды. Тіпті оныншы буынның ұрпағы да оған ене алмайды. 4 Себебі сендер Мысыр елінен көшіп келе жатқан кездеріңде олар алдарыңнан нан мен су алып шығып қарсы алған жоқ. Керісінше, олар солтүстік Месопотамиядағы Петордан Беғор ұлы Балағамды сендерді қарғасын деп шақырып алып, жалдады. 5 Алайда Құдайларың Жаратқан Ие сендерді сүйгендіктен Балағамның айтқанына құлақ аспай, қарғысты жарылқауға айналдырды. 6 Өмір бойы олармен ынтымақтасып, игілік тілемеңдер. 7 Ал едомдықтардан жиренбеңдер, олар сендердің бауырластарың. Мысырлықтардан да жиренбеңдер, олардың елінде жат жұрттық кірме болып тұрдыңдар. 8 Олардан туған үшінші ұрпақтың Жаратқан Иенің жамағатының қатарына енуіне болады. 9 Жауларыңа қарсы жорыққа аттанып, қос тіккен кездеріңде барлық арам нәрселерден аулақ болыңдар! 10 Егер араларыңдағы бір адамның түнде шәуеті төгіліп, арамданып қалса, ол қостың сыртына шығып, сол жерде қала берсін. 11 Ол кеш түсе суға шомылсын, күн батқан соң қосқа қайтып кіруіне болады. 12 Қостың сыртында дәретке отыратын жер белгілеңдер. 13 Құрал-жабдықтарыңның арасында жер қазатын қалақша да болсын. Дәретке отырып болған соң шұңқыр қазып, нәжісті көміп тастаңдар. 14 Өйткені Құдайларың Жаратқан Ие сендерді құтқарып, жауларыңды қолдарыңа тапсыру үшін қостарыңды аралап жүретін болады. Араларыңнан арам бір нәрсені байқап, сендерден кері бұрылып кетпеуі үшін, қостарыңның мүлтіксіз таза болуы қажет. 15 Егер бір (жат жұрттық) адамның басыбайлы қызметшісі пана іздеп сендерге қашып келсе, оны қожайынына қайтарып бермеңдер. 16 Сол босқын араларыңда ұнатқан жерінде, қалаған елді мекенінде тұрсын. Оған жәбір көрсетпеңдер! 17 Исраилдік ешбір еркек не әйел (жалған тәңірге бағышталып), жезөкшелікпен айналысушы болмасын! 18 Құдай Иеміздің киелі үйіне уәде еткен қандай да бір сый-тартуды өтеу үшін, жезөкше әйел не еркектің алған ақысын алып келмеңдер! Өйткені Құдай Ие сол екеуінің де қылықтарын әбден жек көреді. 19 Берген қарызың үшін бауырласыңнан ешқандай өсім алма! Одан не ақшадан, не азық-түліктен, не қарызға беруге болатын басқа кез келген нәрседен болсын, өсім алушы болма. 20 Жат жұрттыққа берген қарызыңнан өсім алуыңа болады, бірақ бауырласыңнан ешқандай өсім алуыңа болмайды. Сонда Құдайларың Жаратқан Ие сендер еніп, иемденбекші болып отырған елде қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқайтын болады. 21 Құдай Иеңе қандай да бір ант берген болсаң, оны орындауды кешіктірме! Себебі Құдай Иең оны сенен талап ететін болады. Егер орындамасаң, Оның алдында күнәлі болып қаласың. 22 Егер ант бермеген болсаң, күнәлі болмайсың. 23 Ал аузыңнан шыққан уәделеріңнің бәрін орындауға мұқият бол, себебі сен Құдай Иеңе ерікті түрде өз аузыңмен ант бердің. 24 Егер біреудің жүзімдігіне кірсең, сол жерде қалағаныңша жүзім жеуіңе болады. Бірақ одан ыдысыңа салып алып кетуші болма. 25 Біреудің егістігіне кірсең, астықтың масағын қолыңмен үзіп жей аласың. Бірақ оны орақпен оруыңа болмайды.
1 Егер біреу үйленіп, кейін әйелінің бір масқарасын ашып, оны жақтырмай кетсе және оған ажырасу қағазын жазып беріп, үйінен шығарып жіберсе, 2 ал әйел сол үйінен кеткеннен кейін басқа біреуге тұрмысқа шығып, 3 айталық, екінші күйеуі де оны жаратпай, ажырасу қағазын жазып беріп, үйінен шығарып жіберсе я болмаса қайтыс болса, 4 онда бірінші күйеуінің сол әйелге қайтадан үйленуіне болмайды. Өйткені әйел бірінші күйеуі үшін арамданған болып саналады. Бұндай әрекетті Жаратқан Ие әбден жек көреді. Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе мұралық меншікке табыстап отырған елін осылай істеп күнәмен масқараламаңдар! 5 Жақында ғана үйленген адамды соғысқа жіберуге немесе басқа бір іске шақыруға болмайды. Ол бір жыл бойы үйінде болып, жаңадан үйленген әйелін бақытты етуі керек. 6 Ешкім де кепілдікке не қол диірменді, не оның үстіңгі тасын алмасын! Бұл оның иесінің жанын кепілдікке алумен бірдей. 7 Егер біреу ұлттас бауырласын өзіне басыбайлы қызметші ету немесе оны сатып жіберу үшін ұрлап жатқан жерінде қолға түссе, сол кісі ұрлаушыны өлтіру керек. Зұлымдықты араларыңнан осылайша аластатыңдар! 8 Алапес (сияқты жұқпалы тері) ауруларынан сақ болып, леуілік діни қызметкерлер не айтса, соны орындаңдар! Мен оларға берген нұсқауларды мұқият жүзеге асырыңдар. 9 Құдайларың Жаратқан Иенің сендер Мысырдан шығып келе жатқан кезде Мәриямға не істегенін естеріңнен шығармаңдар. 10 Маңайыңдағы адамға қандай да бір нәрсені қарызға бергенде, соның кепілдігін алу үшін үйіне баса көктеп кірме. 11 Сыртта күте тұр. Ана кісі үйіне кіріп, кепілдігін өзі алып шықсын. 12 Егер сол адам кедей болса, оның кепілдігін түнде өзіңде қалдырма. 13 Күн батарда кепілдікке алған шапанын өзіне қайтарып бер, сонда ол шапанын жамылып, саған рақметін айтады. Осылай істегеніңді Құдай Иең әділ іс деп ұнатады. 14 Жоқшылықта өмір сүрген жалданушыларыңды, олар не исраилдік, не қалаларыңда тұрып жатқан жат жұрттық болсын, еш жәбірлеме! 15 Күн сайын оларға жалақыларын кеш түспей тұрып төлеуші бол. Өйткені олар кедей, күнделікті күнкөрісі үшін соған қарап отыр ғой. Әйтпесе, олар Жаратқан Иеге сенің үстіңнен шағымданып, Оның алдында күнәлі болып қаласың. 16 Не балаларының істері үшін әкелерін, не әкелерінің істері үшін балаларын өлімге кесуге болмайды. Әркім тек өз қылмысы үшін ғана өлімге кесіледі. 17 Жат жұрттықты да, жетімді де құқықтарынан айырма! Қарыздар жесірдің киім-кешегін кепілдікке алма! 18 Мынаны естеріңнен шығармаңдар: өздерің Мысыр елінде құлдықта болдыңдар, ал Құдайларың Жаратқан Ие сендерді сол жақтан құтқарып алды ғой. Сондықтан да сендерге осы өсиетті беріп отырмын. 19 Егістігіңнен өніміңді жинап жатқанда, масақтың бір бумасын ұмытып кетсең, оны алу үшін қайтып барма. Соны жат жұрттықтар мен жетім-жесірлерге қалдыр! Сонда Құдай Иең қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқайтын болады. 20 Зәйтүн ағашыңның жемістерін қаққанда да қалып қойған жемістерді қайта қағушы болма. Оларды жат жұрттықтар мен жетім-жесірлерге қалдыр! 21 Сондай-ақ жүзімдігіңнің жемістерін жинағанда да қалып қойғандарын қайта барып жинамай-ақ қой. Оларды жат жұрттықтар мен жетім-жесірлерге қалдыр! 22 Мынаны естеріңнен шығармаңдар: өздерің де Мысыр елінде құлдықта болдыңдар. Сондықтан да сендерге осы өсиетті беріп отырмын.
1 Егер біреулердің арасында дау туса, олар сотқа барып жүгінсін. Төрешілер сол істің шешімін айтып, жазықсызды ақтап, айыптыны соттайды. 2 Егер айыпты адамды дүре соғып жазалау керек болса, төреші дәл сол жерде оны жатқызып, дүре санын қылмысының ауырлығына сәйкес етіп өзінің көз алдында дүрелетсін. 3 Бірақ дүренің саны қырықтан аспасын. Асып кетсе, бұл көз алдарыңда бауырласыңның абыройын төгер еді. 4 Астық бастырып жүрген өгіздің аузын бума. 5 Егер бірге тұрып жатқан ағайындардың біреуі артынан бала қалдырмай өлсе, онда марқұмның жесірін сырт жаққа күйеуге бермеңдер. Марқұм күйеуінің аға-інілерінің бірі оған үйленіп, әмеңгерлік парызын өтесін. 6 Сол әйелдің туған тұңғыш ұлы қайтыс болғанның баласы болып саналады. Осылайша марқұмның есімі Исраил халқынан өшірілмей сақталып қалады. 7 Егер сол кісі ағайынының әйеліне үйленгісі келмесе, онда әйел қала қақпасының маңында жиналатын ақсақалдардың алдына барып, былай десін: «Марқұм күйеуімнің ағайыны оның есімін Исраилден өшіп кетуден сақтағысы келмей, өзінің әмеңгерлік парызын өтеуден бас тартады». 8 Сол туысқан тұрып жатқан қаланың ақсақалдары оны шақыртып, өзімен сөйлессін. Егер ол ойынан қайтпай, «үйленбеймін» деуін қоймаса, 9 марқұмның әйелі ақсақалдардың көзінше оған жақындап келсін де, оның аяғындағы аяқкиімінің біреуін шешіп алып, бетіне түкіріп, «Өзінің қайтыс болған ағайынының есімін өшірмей сақтап қалғысы келмейтін адамға осылай істеледі» десін. 10 Бұдан кейін сол адамның әулеті Исраилде «Аяқкиімі шешілгеннің әулеті» деп аталатын болады. 11 Екі адам төбелесіп қалып, солардың біреуінің әйелі күйеуін ұрып жатқан қарсыласынан құтқарғысы келіп, соның жыныс мүшесінен шап беріп ұстап алса, 12 сол әйелді аяп-мүсіркемей, қолын кесіп тастаңдар! 13 Қалтаңда бірдей мөлшерде болғанмен біреуі жеңілірек, басқасы ауырырақ екі түрлі кір тастары болмасын! 14 Үйіңде бірдей мөлшерде болғанмен біреуі үлкенірек, басқасы кішірек екі түрлі өлшейтін ыдыс та болмасын! 15 Кір тастарың да, өлшейтін ыдыстарың да дәл әрі дұрыс болуға тиіс. Сонда Құдай Иелерің сендерге табыстап отырған елінде ұзақ өмір сүретін боласыңдар. 16 Өйткені Құдай Ие адамдарды осылай алдайтын әркімді жек көреді. 17 Мысыр елінен шығып келе жатқандарыңда амалектіктердің сендерге не істегендерін естеріңнен шығармаңдар: 18 сендер қажып-талып көшіп келе жатқандарыңда олар сендерді қарсылап, артта қалып қойғандарыңның бәріне тап берген еді ғой. Олар Құдайды еш қастерлемеді әрі Одан қорыққан да жоқ. 19 Сондықтан Құдайларың Жаратқан Ие сендерге иемденуге беріп отырған елінде айналаларыңдағы барлық жаулардан тыныштық сыйлағаннан кейін Амалектің атын аспан астындағы дүниеден өшіріп тастауларың қажет.
1 Құдайларың Жаратқан Ие сендерге мұралық меншікке табыстап отырған елге еніп, оны иемденіп, қоныстанғаннан кейін, 2 әрқайсың сол елдің жерінен жинаған өнімдеріңнің біразын себетке салыңдар. Осы сый-тартуларыңды Құдай Ие өз есімінің (жер бетіндегі) тұрағы болуға таңдап алған орынға апарыңдар! 3 Сол кезде қызмет етіп жүрген діни қызметкерге былай деңдер: «Жаратқан Иенің ата-бабаларымызға бізге беруге антпен уәде еткен еліне келдім. Соны бүгін Құдай Иеңіздің алдында мойындаймын». — 4 Діни қызметкер себеттеріңді алып, Құдай Иеге арналған құрбандық үстелінің алдына қойсын. 5 Бұдан кейін Құдай Иеміздің алдында былай деңдер: «Түп атам көшпелі арамалық болатын. Ол азғана адамымен Мысырға көшіп барып, сол елге қоныстанды. Ал түп атамыздан өрбіген ұрпақ үлкен де күшті әрі сансыз көп халыққа айналды. 6 Сонда мысырлықтар бізге жаман қарап, зорлық-зомбылық көрсетіп, ауыр жұмысқа салып қойды. 7 Бірақ біз ата-бабаларымыз сиынған Құдай Иеге жалбарындық. Ол дауысымызға құлақ асып, бейшара жағдайымыз бен ауыр жұмысымызға әрі көріп отырған зорлық-зомбылығымызға назар аударды. 8 Жаратқан Ие бізді Мысыр елінен өзінің алға созылған құдіретті қолымен, жауға үлкен қорқыныш жіберіп, кереметтер мен ғажап істер жасап алып шықты. 9 Содан Құдай Иеміз бізді бұл жерге алып келді де, ағы мен балы ағыл-тегіл осы елді табыстады. 10 Уа, Жаратқан Ие, Өзің маған табыстаған жердің алғашқы өнімінен енді Саған мына сый-тартуды әкелдім». Осылайша сый-тартуды Құдайларың Жаратқан Иенің алдына қойған соң Оның алдында иіліп тағзым етіңдер. 11 Содан соң леуіліктермен және араларыңдағы жат жұрттықтармен бірге Құдайларың Жаратқан Иенің сендерге және отбасыларыңа сыйлаған игіліктеріне қуанып мейрамдаңдар. 12 Ал үшінші жыл — өнімнің арнайы он бөлігінің бірін беретін жыл. Сондықтан сол жылы өніміңнің он бөлігінің бірін бөліп қойып, оны леуіліктерге, жат жұрттықтар мен жетім-жесірлерге беріңдер. Елді мекендеріңде тұрып жатқан олар да соны жеп тойынсын. 13 Содан соң Құдай Иеге былай деңдер: «Мен үйімнен Өзіңе бағышталған үлесті шығарып, маған бұйырғаныңдай оны леуіліктерге, жат жұрттықтар мен жетім-жесірлерге үлестіріп бердім. Сенің өсиеттеріңді бұзған жоқпын, олардың ешқайсысын да ұмытқан емеспін. 14 Аза тұтқан кезде де өнімнің Саған бағышталған бөлігінен жеген де жоқпын, арамданып қалған кезімде оған қол тигізген де емеспін, аруақтарға еш нәрсесін бағыштаған да жоқпын. Уа, Құдай Ием, Сенің дауысыңа құлақ асып, бізге бұйырған өсиеттеріңнің бәрін орындадым. 15 Енді киелі тұрағың — көктен назар аударып, халқың Исраилді және ағы мен балы ағыл-тегіл осы елді жарылқай гөр! Оны ата-балаларымызға берген антыңа сай бізге табыстадың ғой. 16 Құдайларың Жаратқан Ие бүгін сендерге осы ережелер мен шешімдерді орындауды бұйырып отыр. Сондықтан оларды шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен сақтап, орындайтын болыңдар! 17 Жаратқан Иенің сендердің Құдайларың екенін бүгін антпен бекітесіңдер. Оның жолдарымен жүруге, ережелерін, өсиеттері мен шешімдерін орындап ұстануға және Оған мойынсұнуға уәде етесіңдер. 18 Жаратқан Ие Өзі уәде еткендей, сендерді бүгін Өзінің халқы әрі ерекше меншігі деп жариялап, сендерге өсиеттеген заңдарының бәрін орындап ұстануға тиіс екендеріңді айтып отыр. 19 Осылай істесеңдер, Ол сендерді Өзі жаратқан барлық халықтардан атақ-даңқ пен салтанат жағынан жоғары етеді, әрі сендер Оның берген уәдесіне сәйкес Өзіне, Құдайларың Жаратқан Иеге, бағышталған қасиетті халқы боласыңдар.
1 Осыдан кейін Мұса пайғамбар Исраилдің рубасыларымен бірге халықтың алдында тұрып, оларға былай деп бұйырды: — Мен бүгін сендерге тапсырып отырған өсиеттердің бәрін де сақтап орындаңдар! 2 Сендер Құдай Иеміз өздеріңе табыстап отырған еліне кіру үшін Иорданды кесіп өткен күні өзен арнасынан дәу қойтастарды жинап алып, жағалауда орнатып, үстін әкпен сылаңдар. 3 Сол тастарға осы заңдардың барлық сөздерін ойып жазып қойыңдар! Ата-бабаларың сиынған Құдай Ие уәде еткендей, Өзі сендерге табыстап отырған, ағы мен балы ағыл-тегіл елге кірген соң осылай істеңдер. 4 Сонымен, сендер Иордан өзенінен өткеннен кейін, мен жаңа өздеріңе бұйырғанымдай тастарды Ебал тауында орнатып, әкпен сылаңдар. 5 Сол жерде Құдайларың Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын да жасаңдар. 6 Оны темір құрал-сайманмен өңделмеген, бүтін тастардан тұрғызыңдар. Соның үстінде Құдай Иеге арнап шалынған құрбандықтарды өртеп ұсынуларың керек. 7 Одан кейін Құдайларың Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін құрбандықтар шалып, Оның алдында қуанышпен ішіп-жеңдер. 8 Осылай орнатылған тастарға осы Таурат заңының барлық сөздерін анық етіп ойып жазыңдар. 9 (Содан соң) Мұса және леуілік діни қызметкерлер бүкіл Исраил халқына дауыстап былай деді: — Үндемей тұрып тыңдап алыңдар, ей, Исраил халқы! Бүгін сендер (қайтадан) Құдайларың Жаратқан Иенің өз халқы болдыңдар! 10 Сондықтан Құдай Иенің айтқандарына құлақ асып, мен бүгін тапсырып отырған Оның өсиеттері мен ережелерін орындайтын болыңдар! 11 Мұса сол күні халыққа төмендегі бұйрықтарды жариялады: 12 — Иордан өзенінен өткеннен кейін сендер, Шимон, Леуі, Яһуда, Исашар, Жүсіп пен Бунямин рулары, халыққа Құдайдың жарылқауының қандай жағдайларда қонатынын жариялау үшін Гәризим тауының беткейінде тұрыңдар! 13 Ал сендер, Рубен, Ғад, Ашир, Забулон, Дан мен Нафталим рулары, халық Құдайдың қарғысына қандай жағдайда ұшырайтынын паш ету үшін Ебал тауының беткейінде тұрыңдар! 14 Сонда леуілік діни қызметкерлер қатты дауыспен Исраил халқының бәріне былай деп жарияласын: 15 «Жаратқан Иеге жиренішті іс істеп: тәңір мүсінін ойып не құйып жасап, яки шеберге жасатып, оны құпия орынға орнатқан адамды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер. 16 «Әке-шешесін менсінбей қорлағанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер. 17 «Көршісінің шекарасын белгілеген межетасты ұрланып жылжытқанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер. 18 «Зағип адамды жолынан адастырғанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер. 19 «Жат жұрттықтың, жетім-жесірдің ақысын жегенді қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер. 20 «Әкесінің әйелімен жақындасқанды қарғыс атады! Бұл әкесінің абыройын ашқанымен бірдей!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер. 21 «Қандай болмасын жануармен жақындасқанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер. 22 Өзінің әпке-қарындасымен, әкесінің не шешесінің қызымен жақындасқанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер. 23 «Қайын енесімен жақындасқанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер. 24 «Біреуді жасырын өлтіргенді қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер. 25 «Жалданып жазықсыз адамды өлтіргенді қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер. 26 «Осы Таурат заңының ережелерін орындап сақтамағанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
1 Сонымен сендер Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ асып, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған күллі өсиеттерін сақтап орындайтын болсаңдар, Ол сендерді жер бетіндегі барлық халықтардан жоғары қояды. 2 Иә, Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарын тыңдайтын болсаңдар, мына жарылқаулардың барлығы сендерге қонып, сендердікі болады: 3 Қалада да, далада да жарылқаулы боласыңдар. 4 Сендердің ұл-қыздарың, жерлеріңнің өнімдері, малдарыңның төлдері: табындағы бұзауларың мен отардағы қозы-лақтарың жарылқаулы болады. 5 Өнім жинайтын себеттерің мен қамыр ашытатын ыдыстарың да жарылқанады. 6 Келіп-кету жолдарың да жарылқаулы болады. 7 Жауларың сендерге қарсы көтерілсе, Жаратқан Ие оларды көз алдарыңда тізе бүктіреді. Олар сендерге қарсы бір жолмен аттанса, жеті жолмен кері қашады. 8 Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе беріп жатқан елінде сендерді жарылқап, қамбаларыңа және қолға алған барлық іс-әрекеттеріңе ақ батасын жаудырады. 9 Егер де Құдайларың Жаратқан Иенің өсиеттерін сақтап, Оның тура жолымен жүретін болсаңдар, онда Жаратқан Ие ант еткеніндей, сендерді Өзіне бағышталған қасиетті халқы етіп бекітеді. 10 Сонда жер бетіндегі күллі халықтар Жаратқан Иенің атымен аталғандарыңды көріп, сендерді қастерлеп, сендерден қаймығатын болады. 11 Жаратқан Ие ата-бабаларыңа сендерге табыстауға ант еткен елінде әр түрлі игіліктерді молынан сыйламақ: сендердің ұл-қыздарыңа, малдарыңның төлдеріне, жеріңнің өніміне Ол ағыл-тегіл молшылық дарытады. 12 Жаратқан Ие Өзінің «игілікті қазынасын», яғни «аспанның қақпаларын», ашып, еліңе мезгілінде жаңбыр жаудырып, қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқайтын болады. Сендер көп халықтарға қарыз беріп, өздерің ешқайсысынан қарыз алмайсыңдар. 13 Егер де Құдай Иелеріңнің өсиеттеріне құлақ асып, оларды сақтап орындайтын болсаңдар, онда Жаратқан Ие сендерді көштің аяғы емес, басы етеді. Сендер төменде емес, тек жоғарыда жүретін боласыңдар. 14 Сонымен, мен бүгін сендерге тапсырған өсиеттердің ешқайсысынан да не оңға, не солға бұрылмаңдар, әрі жалған тәңірлердің жолына түсіп, оларға құлшылық етпеңдер! 15 Алайда егер сендер Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ аспай, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған Оның өсиеттері мен ережелерін сақтап орындамасаңдар, онда төмендегі барлық қарғыстарға ұшырайсыңдар: 16 Қалада да, далада да қарғыс атқан боласыңдар. 17 Өнім жинайтын себеттерің мен қамыр ашытатын ыдыстарыңды қарғыс атады. 18 Сендердің ұл-қыздарыңды, жерлеріңнің өнімдерін, малдарыңның төлдерін: табындағы бұзауларың мен отардағы қозы-лақтарыңды қарғыс атады. 19 Келіп-кету жолдарыңа да қарғыс тиеді. 20 Сендер Өзінен бас тартып, зұлымдық жасағандықтан кенеттен құрып, жоқ болып кеткенше Жаратқан Ие сендердің қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді қарғысқа, абыржу мен табыссыздыққа ұшыратады. 21 Сендер қазір кіріп, иемденгелі тұрған елден құрып кеткенше Жаратқан Ие сендерге індет жұқтырады. 22 Жаратқан Ие сендерге өкпе ауруын жібереді, содан денелеріңнің ыстығы көтеріліп, қабына ауырасыңдар. Сонымен қатар, Ол сендерге аптап ыстық пен қуаңшылық жолдап, егістіктерің қурап, ал қурамағаны көгеріп-шіріп, өсімдік татынан да құрып кетпек. Сендер әбден жойылып бітпейінше осы апаттар арттарыңнан қалмайтын болады. 23 Төбелеріңдегі аспан қолаға айналғандай, жаңбыр жаумайды, ал астарыңдағы жер темірдей қатайып, кеуіп қалады. 24 Сендер жоқ болып құрып кеткенше Жаратқан Ие жерлеріңе аспаннан жаңбыр емес, шаң-тозаң жаудыратын болады. 25 Жаратқан Ие сендерді жауларыңа жеңілдіреді. Оларға қарсы бір жолмен аттансаңдар, жеті жолмен кері қашатын боласыңдар. Жер бетіндегі барлық патшалықтар үшін қорқынышты көрініске айналасыңдар. 26 Сендердің мәйіттерің аспандағы жыртқыш құстар мен жердегі аңдарға жем болады, оларды үркітіп жіберетін ешкім болмайды. 27 Жаратқан Ие сендерге мысырлық шиқандарды: іріңді жара, қатерлі ісік, қышыма-қотырды жаппай жұқтырып, солардан жазыла алмайсыңдар. 28 Сонымен қатар Жаратқан Ие сендерді ақыл-естеріңнен айырып, соқыр қылып, абыржытатын болады. 29 Соқырдың қараңғыда сипалағанындай, сендер тал түсте сипаланып қаласыңдар. Не істесеңдер де, істерің оңға баспайды. Ұдайы зорлық-зомбылық көріп, тоналасыңдар. Ал өздеріңді құтқаратын ешкім де болмайды. 30 Құда түсіріп, айттырып қойған қалыңдықтарыңды бөтен біреулер алып, олармен жақындасады. Салған үйлеріңде өздерің тұра алмайсыңдар, отырғызған жүзімдіктеріңнің жемісін ешқашан жемейсіңдер. 31 Жауларың мүйізді ірі қараларыңды көз алдарыңда сойып алып, сендерге бір түйір ет те татқызбайды. Есектеріңді айдап әкетіп, қайтарып бермейді, қой-ешкілерің де жауларыңның қолына беріледі. Ал оларды құтқарып, қайтарып беретін ешкім де болмайды. 32 Ұл-қыздарың бөтен халыққа құлдыққа түсіп, қарсы тұруға әлдерің жетпейді. Қайтып келе ме деп, күн сайын қарай-қарай көздерің талады. 33 Сендер бұрын білмеген жат жұрттық халық жерлеріңнің өнімін жеп, еткен еңбектеріңнің пайдасын көреді. Сендер өмір бойы қаналып, жәбір көретін боласыңдар. 34 Осының бәрін өз көздеріңмен көргенде ақыл-естеріңнен айырыласыңдар. 35 Жаратқан Ие тізелерің мен сандарыңа жаман алапес жұқтырып, ол басыңнан аяғыңа дейін тұла бойларыңа қаптап кетіп, содан сауыға алмайсыңдар. 36 Жаратқан Ие өздеріңді де, билік жүргізуге өздерің таңдап алған патшаны да не сендер, не ата-бабаларың бұрын білмеген халықтың арасына айдатып жібереді. Сол жерде жалған тәңірлердің ағаштан, тастан жасалған мүсіндеріне құлшылық ететін боласыңдар. 37 Жаратқан Ие сендерді бөтен халықтардың арасына айдатып жібергенде, олардың бәрі кешкен азаптарыңды көріп, шошынады. Сендерді мазаққа айналдырып, келекелейтін болады. 38 Егістіктеріңе мол тұқым сепсеңдер де, шегіртке жайпап кететіндіктен өнімдерің аз болмақ. 39 Жүзімдіктер отырғызып, өңдеп баптасаңдар да, құрт жалмап қоймайтындықтан олардан жиналатын жүзім болмай, шырынын іше алмайсыңдар. 40 Бүкіл елдеріңде зәйтүн ағаштары өсіп тұрса да, жемісінің бәрі мерзімінен бұрын түсіп қалатындықтан, қолданатын зәйтүн майларың болмайды. 41 Ұл-қыздарың туып-өскенмен, олар тұтқынға түскендіктен қастарыңда тұрмайды. 42 Құжынап ұшып келген шегірткелер ағаштарыңды да, егістіктеріңнің өнімін де жалмап кетеді. 43 Араларыңда тұратын жат жұрттықтардың жағдайы жоғарылап, сендер төмендей бересіңдер. 44 Олар сендерге қарыз бере алып, өздерің оларға ешқандай қарыз бере алмайсыңдар. Олар көштің басы, сендер аяғы боласыңдар. 45 Сендер Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ аспай, Оның өсиеттері мен ережелерін сақтап орындамағандарыңа бола осы қарғыстардың бәрі бастарыңа түсіп, арттарыңнан қалмай қояды. Олар сендерді түбінде құртпай тынбайды. 46 Осы апаттар сендерге және кейінгі ұрпақтарыңа Жаратқан Иенің қарғысы тигенінің белгісі болады. 47 Өйткені сендер бар игіліктерге кенелген кездеріңде Құдайларың Жаратқан Иеге шат жүрекпен мойынсұнып, қуана қызмет етіп жүрмедіңдер. 48 Сондықтан енді арып-ашып, шөлдеп, жалаңаш жүріп, қай нәрсеге де тарығып, Жаратқан Ие сендерге қарсы аттандырған жауларыңа қызмет ететін боласыңдар. Ол сендерді құртып жібергенше мойындарыңа құлдықтың «темір қамытын» салып қояды. 49 Жаратқан Ие сендерге қарсы алыстан, тіпті жердің шетінен бір халықты төменге шүйілген бүркіттей аттандырып келтіреді. Сол халық сендер түсінбейтін бөтен тілде сөйлеп, 50 айбарлы болып көрінеді. Олар кәріге құрмет, кішіге мейірім көрсетпейді. 51 Сол халық сендерді құртып болғанша малдарыңның төлдерін, егістіктеріңнің өнімін жеп қояды да, астықтарыңды, жүзім шырындарың мен зәйтүн майларыңды, бұзауларың мен тоқтыларыңды түгел сендерден тартып ала береді. Осылайша сендер ойран боласыңдар. 52 Дұшпандарың елдегі барлық қалаларыңды қоршап алып, олардағы сендер сенім артқан зәулім қамалдарыңды қиратады. Сонда жау Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе табыстаған еліндегі барлық қалаларыңды қоршап алып, сендерді қыспақтайтын болады. 53 Жауларың қалаларыңды қоршап, қыспаққа алғанда сендер шексіз азап шеккендіктен, тіпті өздеріңнің туған балаларыңды, иә, Құдайларың Жаратқан Ие сендерге сыйлаған ұл-қыздарыңның етін жейтін боласыңдар! 54 Араларыңдағы ең нәзік жанды, сезімтал деген адамның өзі де енді бауырынан, отасқан әйелінен, тірі қалған балаларынан қызғанып, 55 олардың ешқайсысына да өзі жеп отырған баласының етінен бір түйір де бермейді. Себебі жау барлық қалаларыңды жан-жақтан қоршап, бастарыңа ауыр азап тудырғандықтан одан басқа жейтін еш нәрселерің болмайды. 56 Араларыңдағы ең нәзік жанды, сезімтал, талғампаздығы мен ақсаусақтығы сондай, аяғын жерге тигізбей жүріп келген әйел енді отасқан сүйікті күйеуінен, туған ұл-қызынан қызғанып, 57 жаңа туған нәрестесі мен баланың жолдасын кейін жеу үшін тығып қояды. Себебі жау барлық қалаларыңды жан-жақтан қоршап, бастарыңа ауыр азап тудырғандықтан одан басқа жейтін еш нәрселерің болмайды. 58 Сонымен, егер сендер осы кітапта жазылған Таурат заңының барлық ережелерін сақтап орындамасаңдар, әрі Құдай Иелеріңнің ұлы да айбынды атына мойынсұнып, Оны құрметтемесеңдер, 59 онда Жаратқан Ие сендерді және кейінгі ұрпақтарыңды сұрапыл азаптарға ұшыратып, ұзаққа созылатын ауыр індеттерді, қорқынышты да созылмалы ауру-сырқауларды жібереді. 60 Осылай Ол сендер Мысырда жүргенде қатты қорқатын індеттердің бәрін де жібереді. Солар сендерге ұзақ уақытқа жабысады. 61 Бұларға қоса, Жаратқан Ие осы Таурат заңы кітабында айтылмаған басқа да көптеген ауру-сырқаулар мен індеттерді сендер әбден құрып біткенше жіберіп отырады. 62 Бір кезде сендердің сандарың аспандағы жұлдыздай көп болғанмен, сендерден азғана адамдарың тірі қалатын болады, себебі Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ аспадыңдар. 63 Бұрын Жаратқан Ие сендерге жақсылық жасауды, сандарыңды көбейтуді қалай ұнатқан болса, енді Ол сендерді құртып, жоқ қылуды да солай ұнататын болады. Осылай сендер қазір кіріп, иемденгелі тұрған елдеріңнен түпкілікті аластатыласыңдар. 64 Сонымен қатар, Жаратқан Ие сендерді барлық халықтардың арасына шашыратып, жер бетінің бір шетінен келесі шетіне дейін бытыратып жібереді. Сол жерлерде сендер өздерің де, ата-бабаларың да еш білмеген бөгде тәңірлерге: ағаштан, тастан жасалған тәңірсымақтарға құлшылық ететін боласыңдар. 65 Сендерге сол халықтардың арасында да тыныштық болмайды. Аяқтарың дамыл таппай ел кезетін боласыңдар. Жаратқан Ие сендерге дірілдеп үрейленген жүрек, көз жасын төгіп, көруден қалған көз және үміті үзіліп торыққан көңіл береді. 66 Өмірлерің қыл үстінде тұрып, күні-түні елегізіп қорқатын боласыңдар, амандықтарыңа сенімдерің болмайды. 67 Айналаларыңда болып жатқан нәрселерді көріп, жүректеріңді қорқыныш жайлап, таңертең: «Тезірек кеш батса екен!», ал кеште: «Тезірек таң атса екен!» деп тілейтін боласыңдар. 68 Мен сендерге: «Енді бұдан былай бұл жолды ешқашан да қайтып көрмейсіңдер!» деген едім, бірақ Жаратқан Ие сендерді кемемен дәл сол жаққа: Мысыр еліне қайтадан жібереді. Сол жерде дұшпандарыңа құл не күң ретінде сатылмақ болсаңдар да, сендерді сатып алатын ешкім болмайды.
1 Бұлар Жаратқан Иенің (Өзінің атынан) Мұсаға Моаб елінде Исраилдің руларымен жасатқан Келісімінің шарттары. Осы Келісімді Жаратқан Ие (Синай түбегіндегі) Хориб тауында жасаған Келісімге қоса жасауды бұйырды. 2 Мұса бүкіл Исраил халқын шақырып алып, оларға былай деді: «Мысыр елінде Жаратқан Иенің перғауынға, оның барлық нөкерлері мен бүкіл еліне істегендерін түгел көрдіңдер. 3 Жаратқан Иенің соларды өткізген алапат сынақтарын, Оның құдіретті істер жасап, Өзінің шынайы Құдай екендігін дәлелдейтін кереметтерін көздеріңмен көргенсіңдер. 4 Сонда да Жаратқан Ие сендерге осы күнге дейін (Өзінің еркін) ұғатын ақыл-сана, (шындығын) көретін көз, (айтқандарын) тыңдайтын құлақ сыйлаған емес. 5 Қырық жыл бойы сендерді иен далада бастап жүрдім. Сонда киім-кешектерің де, аяқкиімдерің де тозып қалған емес. 6 Сендердің жейтін нандарың, ішетін жүзім шырыны мен ашытылған сусындарың болмай, (Оның Өзі сендерді тамақтандырды). Осылайша сендер Оның Құдайларың Жаратқан Ие екенін біле алдыңдар. 7 Осы жерге келген кезімізде Хешебонның патшасы Сихон мен Башанның патшасы Ог бізбен айқасқа шықты. Бірақ біз оларды жеңіп, 8 жерлерін иемденіп, Рубен, Ғад руларына және Манаса руының жартысына мұралық меншікке бердік. 9 Енді осы Келісімнің шарттарын орындап сақтаңдар, сонда күллі іс-әрекеттеріңде табысты боласыңдар. 10 Бүгін бәрің де Құдайларың Жаратқан Иенің алдында тұрсыңдар: рубасыларың, ақсақалдарың және басқарушыларыңмен бірге Исраилдің басқа да барлық адамдары, 11 бала-шағаларың, әйелдерің және қоныстарыңда өздеріңмен бірге тұрып, сендерге отын жарып, су таситын жат жұрттықтар. 12 Сендер Құдайларың Жаратқан Иемен Келісім жасау үшін осы жерде тұрсыңдар. Жаратқан Ие оны бүгін сендермен жасап, антпен бекітеді. 13 Өзі сендерге уәде беріп, ежелде ата-бабаларың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа ант еткендей, сендердің (сиынатын жалғыз) Құдайларың болу үшін, Ол бүгін сендерді Өзінің меншікті халқы етіп бекітпек. 14 Мен антпен бекітілген осы Келісімді сендер үшін ғана емес, 15 бүгін осында бізбен бірге Құдайымыз Жаратқан Иенің алдында тұрып жатқандар әрі қазір арамызда жоқ, болашақта келер ұрпақтарың үшін де жасап отырмын. 16 Себебі сендер Мысырда қалай өмір сүргенімізді де, сол елден шығып, жау ұлттардың жерімен өтіп, осы жерге қалай жеткенімізді де білесіңдер. 17 Олар ағаш, тас, күміс және алтыннан жасап алған, Құдайға әбден жек көрінішті тәңір мүсіндерін көрдіңдер. 18 Араларыңда ешқашан бірде-бір еркек не әйел, әулет не ру Құдайымыз Жаратқан Иеден бас тартып, өзге халықтардың жалған тәңірлеріне құлшылық етуге бет бұрмасын! Ондай әрекет көктеп, қаулап өсіп, ащы да улы жеміс беретін тамырға ұқсап, бақытсыздық пен апат әкелмек. 19 Яғни, осы қарғыспен байланған анттың сөздерін естігенде іштей мақтанып, «Өз жүрегімнің қалауымен жүрсем де, аман-есен боламын» деп ойлайтын ешкім де болмасын! Өйткені мұнысы сулы да, сусыз да өлкелерге бірдей апат әкелер еді. 20 Жаратқан Ие мұндай зұлым адамды ешқашан да кешірмейді. Қайта, Оны сол кезде-ақ ашу кернеп, лаулаған қаһары сондай күнәкардың басына төгіледі. Осы кітапта жазылған қарғыстардың бәрі де оған тиіп, Жаратқан Ие оның атын аспан астындағылардың тізімінен өшіріп тастайды. 21 Осы Таурат кітабында жазылған Келісімде белгіленген барлық қарғыстарға сәйкес, Жаратқан Ие сондай күнәкарларды Исраилдің күллі руларының ішінен аластатып, апат-кеселдерді дәл солардың бастарына төгіп, құртады. 22 Сендердің ұл-қыздарың мен олардың болашақ ұрпақтары және алыс елдерден келген жат жұрттықтар елдеріңнің қаңырап бос тұрғанын, әрі Жаратқан Иенің сендерге ауру-індет жіберіп, қалжырап болдырғандарыңды көргенде былай дейтін болады: 23 «Жаратқан Ие Содом, Ғомора, Адма және Себоим қалаларына қаһарын төгіп, құртып жіберген кездегідей, бүкіл елді өрт жайлап, күкірт пен тұз басады. Жерге еш нәрсе себілмейді де, еш нәрсе көктеп, өсіп шықпайды да». 24 Соны көріп, күллі халықтар да: «Жаратқан Ие неліктен осы елге мұны істеді екен? Неден оған қаһарын соншама төкті?» — деп сұрайтын болады. 25 Сонда оларға мына жауап беріледі: «Бұл елдің адамдары өз ата-бабалары сиынған Құдай — Жаратқан Иенің Келісімінен бас тартты. Ол өздерін Мысырдан құтқарып алып шыққан кезінде сол Келісімді олармен жасаған болатын. 26 Алайда олар өз беттерімен кетіп, бұрын танып-білмеген және Жаратқан Ие өздеріне белгілемеген (жалған) тәңірлерге бас ұрып, құлшылық ете бастады. 27 Сондықтан да Жаратқан Иенің қаһары осы елге қарсы лаулап, Ол Таурат кітабында жазылған қарғыстардың бәрін олардың бастарына түсірді. 28 Осылайша қатты ашуланып, қаһарын төге наразыланған Жаратқан Ие оларды туған елдерінен түп-тамырымен жұлып алып, бөтен елге лақтырып тастады. Күні бүгінге дейін олар сол жақта». 29 Ашылмаған құпиялар Құдай Иеміздікі. Ал ашылғандары бізге және ұрпақтарымызға арналған. Сондықтан да біз осы Таурат заңының күллі ережелерін мәңгі бақи жүзеге асыруымыз керек.
1 Болашақта Мен сендерге айтып берген барлық баталар мен қарғыстар бастарыңа түсіп, Құдайларың Жаратқан Ие сендерді бытыратып шашып жіберген түрлі жат халықтардың арасында тұрып жатсаңдар, осы нұсқауларымды естеріңе алыңдар! 2 Егер сендер және балаларың Құдайларың Жаратқан Иеге қайтадан бет бұрып, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған өсиеттерге сай Оған шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен мойынсұнсаңдар, 3 онда Құдай Иеміз сендерді құлдықтан қайтарып алып, аяп-мүсіркейді. Ол сендерді Өзі шашыратып жіберген халықтардың арасынан қайтадан жинап алмақ. 4 Тіпті жердің қиыр шеттеріне аластатылған болсаңдар да, Құдай Иеміз сендерді сол жақтан да жинап, 5 ата-бабаларың иемденген елге қайтарып алып келеді. Содан осы елге тағы да ие боласыңдар. Құдай Ие сендерді ата-бабаларыңнан да асқан дәулетті әрі сансыз көп етеді. 6 Сендер Құдайларың Жаратқан Иені шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен сүйіп, қайтадан елдеріңде өмір сүре алуларың үшін Ол сендердің және ұрпақтарыңның жүректеріңді жаңартып, күнәдан тазартатын болады. 7 Сонда Құдайларың Жаратқан Ие сол қарғыстардың бәрін сендерді жек көріп, қудалаған жауларыңның бастарына түсіреді. 8 Сендер қайтадан Жаратқан Иеге құлақ салып, мен бүгін өздеріңе беріп отырған өсиеттерінің бәрін орындайсыңдар. 9 Содан Құдай Ие қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді молынан жарылқап, сендерге көп бала, сансыз мал, ағыл-тегіл өнім сыйлайды. Жаратқан Ие ата-бабаларыңа істегеніндей, сендерге де қайтадан игілік сыйлап, сонысына қуанатын болады. 10 Егер сендер Құдайларың Жаратқан Иеге мойынсұнып, осы Таурат заңы кітабында жазылған Оның өсиеттері мен ережелеріне бағынып, шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен Оған қайтадан бет бұрсаңдар, осылай болады. 11 Мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған өсиет сендер үшін тым қиын әрі алыс нәрсе емес. 12 «Оны орындауымыз үшін кім көкке көтеріледі де, оны жерге алып келіп, бізге жариялайды?» деп сұрайтындай, бұл өсиет тек көкте емес. 13 Немесе: «Оны орындауымыз үшін кім теңізді кесіп өтіп, оны алып келіп, бізге жариялайды?» деп сұрайтындай, осы өсиет тек теңіздің ар жағында да емес. 14 Жоқ, бұл сөз саған өте жақын, ол ауызыңда және жүрегіңде. Сондықтан оны орындай аласың. 15 Бері қараңдар! Мен бүгін өмір мен игілікке және өлім мен қырғынға (апаратын екі жолды өздерің таңдап алуларың үшін) алдарыңа қойып отырмын. 16 Сендерге бүгін Құдайларың Жаратқан Иені сүйіп, Оның жолдарымен жүріп, өсиеттерін, ережелерін және шешімдерін орындауды тапсырамын. Егер осылай істесеңдер, қазір кіріп, иемденгелі жатқан елде Құдай Иеміз сендерді жарылқап, осылайша аман-есен өмір сүріп, өсіп-өнетін боласыңдар. 17 Бірақ егер жүректерің басқа жаққа бұрылып, осы нұсқауларыма құлақ салмай, шындық жолдан азғырылып, бөгде тәңірлерге иіліп құлшылық етсеңдер, 18 мен бүгін сендерге құритындарыңды ескертемін. Онда иемдену үшін Иордан өзенінен өтіп, кіріп жатқан осы елде ұзақ өмір сүрмейсіңдер. 19 Мен бүгін сендерге қарсы көк пен жерді айғақ болуға шақырып отырмын: таңдап алуларың үшін өмір не өлім, жарылқау не қарғыс әкелетін жолдарды алдарыңа жайып салдым. Ендеше өмірді таңдап алсаңдар ғой! Осылай өздерің де, ұрпақтарың да аман-есен өмір сүріп, 20 Құдайларың Жаратқан Иені сүйсеңдер, Оның дауысына құлақ салып, Онымен тығыз байланыста тұрсаңдар, шіркін! Себебі шынайы өмірлерің осы. Сонда Жаратқан Ие ата-бабаларың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа антпен уәде еткен елінде өздеріңді ұзақ уақыт мекендететін болады.
1 Бұдан кейін Мұса бүкіл Исраил халқына тағы мына сөздерді айтты: 2 — Жасым енді жүз жиырмаға келді, бұдан былай сендерді жетелеп бастай алмаймын. Жаратқан Ие маған: «Сен Иордан өзенінің арғы жағына өтпейсің», — деген болатын. 3 Сендерді сол өзеннен бастап өткізетін Құдайларың Жаратқан Иенің Өзі. Ол алдарыңдағы жау халықтардың бәрін қырып, сендер осы елді иемденетін боласыңдар. Жаратқан Иенің айтқанындай, Ешуа да сендерді бастап өзеннен өтеді. 4 Аморлықтардың патшалары Сихон мен Огты өздерінің елдерімен бірге құртып жібергені сияқты, Жаратқан Ие өзеннің арғы жағындағы халықтарға да солай істейді. 5 Жаратқан Ие оларды қолдарыңа тапсырады, ал сендер мен өздеріңе табыс еткен бұйрықтардың бәрін оларға орындауға тиіссіңдер. 6 Қайратты да батыл болыңдар, жауларыңнан еш үрейленіп қорықпаңдар! Себебі Құдайларың Жаратқан Ие сендермен бірге жүріп жар болады. Ол сендерді ешқашан тастап та кетпейді, жалғыз да қалдырмайды. 7 Бұдан кейін Мұса Ешуаны шақырып алып, бүкіл Исраил халқының алдында оған былай деді: «Қайратты да батыл бол! Себебі сен осы халықты ертіп Жаратқан Ие оларға сыйлауға ата-бабаларына уәде еткен елге кіресің. Сол елді оларға мұралық меншікке үлестіріп беруге тиіссің. 8 Жаратқан Иенің Өзі алдыңда жүріп саған жар болады. Ол сені ешқашан тастап та кетпейді, жалғыз да қалдырмайды. Еш нәрседен уайымдап, қорқушы болма!» 9 Сонымен Мұса (пайғамбар) осы Таурат заңын жазып қойды. Оны Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүретін леуілік діни қызметкерлерге және Исраилдің күллі рубасыларына тапсырып, 10 оларға былай деп өсиет етті: — Әр жеті жылдың соңындағы қарыздар кешірілетін жылғы Күркелер мейрамы кезінде 11 бүкіл Исраил халқы Құдай Иеміз таңдап алған жерде Оның алдына жиналсын. Сол кезде осы Таурат заңын бүкіл жамағатқа дауыстап оқып беріңдер! 12 Олар Таурат заңын тыңдап, үйреніп, Құдай Иемізді терең қастерлеп, Таураттың барлық ережелерін сақтап орындаулары керек. Бүкіл халықты жинауға тиіссіңдер. Еркек не әйел болсын, балалар не қалаларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар болсын, бәрі де келуге міндетті. 13 Сендер Иордан өзенінен өтіп, кірген соң иемденетін елді мекендеген барлық кездеріңде осы Таурат заңын білмей өскен ұрпақтарың да оны тыңдап, Құдайларың Жаратқан Иені терең қастерлеуді үйренулері қажет. 14 Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: «Біліп қой, бұ дүниеден өтетін уақытың таяп қалды. Ешуаны шақырып алып, екеуің кездесу шатырында тұрыңдар. Мен оған сол жерде нұсқауларымды тапсырамын». — Сонымен Мұса мен Ешуа кездесу шатырының алдына келді. 15 Жаратқан Ие бағана тәрізді бұлт ішінде кездесу шатырында пайда болды. Бұлт шатырдың кіреберісінің үстінде тұрды. 16 Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деді: «Міне, сенің көз жұмып, ата-бабаларыңа аттанатын уақытың жетті. Ал содан кейін бұл халық кіргелі тұрған елде азғындыққа салынып, сол елдің бөгде тәңірлерінің жолына түсетін болады. Осылай халық Менен бас тартып, олармен жасаған Келісімімді бұзады. 17 Сонда қаһарым оларға жалындай лаулап, Мен олардан бас тартып, бет-жүзімді жасырамын. Олар қырғынға ұшырап, бастарына көптеген бақытсыздықтар мен ауыртпалықтар түседі. Сол күндері халық: «Осы бақытсыздықтардың басымызға түскені Құдайымыздың бізбен бірге жүріп, жар болмағандығынан емес пе?» деп сұрайтын болады. 18 Ал Мен олардың бөгде тәңірлерге бұрылып, істеген барлық әділетсіз іс-әрекеттері үшін олардан бет-жүзімді шүбәсіз жасырамын. 19 Сонымен Исраил халқына қарсы Менің айғағым болу үшін мына жырды жазып қойып, оларға үйретіп, ән салғыз. 20 Себебі Мен оларды ата-бабаларына уәде еткен, ағы мен балы ағыл-тегіл елге бастап апарғаннан кейін олар ішіп-жеп тойынып, семіріп, бөгде тәңірлерге бет бұрып, құлшылық ететін болады. Сонда олар Менен бас тартып, өздерімен жасаған Келісімімді бұзады. 21 Уақыты келіп, көптеген бақытсыздықтар мен ауыртпалықтар бастарына түскен кезде осы жыр оларға қарсы айғақ болады. Себебі бұл жыр ұрпақтарының аузынан түспейтін болады. Мен оларды антпен уәде еткен елге кіргізбей тұрып-ақ, олардың қазіргі ой-ниеттерін жақсы білемін». 22 Сол күні-ақ Мұса осы жырды жазып алып, Исраил халқына үйретті. 23 Мұнан кейін Жаратқан Ие Нұн ұлы Ешуаға бұйрық беріп былай деді: «Қайратты да батыл бол! Өйткені исраилдіктерді Мен оларға антпен уәде еткен елге бастап алып кіресің. Мен Өзім сенімен бірге жүріп жар боламын». 24 Мұса осы Таурат заңының күллі сөздерін бір кітапқа жазып бітіргенде, 25 Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүретін леуіліктерге былай деп бұйырды: 26 «Мына Таурат заңының кітабын алып, Құдайларың Жаратқан Иенің Келісім сандығының бір жағына салыңдар. Ол халыққа қарсы айғақ болып сол жерде қалсын». 27 Сендердің қандай бас көтергіш, тоңмойын қыңыр халық екендеріңді білемін. Мен әлі де тірі болып, қастарыңда жүрсем де, сендер Жаратқан Иеге бағынбай келесіңдер. Ендеше мен өлгеннен кейін одан бетер болмай ма?! 28 Барлық рубасыларың мен басқарушыларыңды маған жинап алып келіңдер! Осы сөздерімді дауыстап айтып беріп, көк пен жерді оларға қарсы айғақ болуға шақырамын. 29 Мен өлгеннен кейін сендердің азғындыққа салынып, мен өздеріңе бұйырған жолдан тайып кететіндеріңді білемін. Сондықтан болашақта бастарыңа бақытсыздық түседі. Себебі Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, өз қолдарыңмен жасап алған тәңірсымақтарыңмен Оның ашуын туғызасыңдар». 30 Содан кейін Мұса бүкіл Исраил халқының алдында төмендегі жырды басынан аяғына дейін айтып берді.
1 Көк ден қойып тыңдасын, мен сөйлейін, Жер де аузымнан шыққан сөзді естісін, 2 Тағылымым жаусын жаңбыр тамшыларындай, Сөздерім түссін түннің мөлдір шығындай, Жас шөпке құйылған таза жаңбырдай, Көк құраққа төгілген жұмсақ нөсердей. 3 Паш етемін Жаратқанның ұлы атын, Даңқтаңдар Құдайымыздың салтанатын! 4 Құдай — Қорғанымыз жартастай мықты, Мүлтіксіз Оның іс-әрекеттері, Барлық жолдары Оның әділетті, Құдай сенімді, жоқ еш жалғандығы, Әрдайым Ол әділ әрі шынайы! 5 Бірақ осы халық Оның алдында Салынып кетті зұлым азғындыққа, Олар Оның балалары емес сонда, Қайта, азғын алдамшы ұрпақ, масқара! 6 Жаратқанның жасаған жақсылықтарына Жауап беретін жолдарың осы ма?! О, халық-ау, ақымақ та, ақылсыз да, Ол сені жаратып, қалыптастырған Әкең емес пе, әрі бекітіп қойған? 7 Ежелгі заманды есіңе алшы, Өткен ұрпақтар туралы толғаншы, Атаңнан сұрашы, ол саған айтып берер, Қарттарыңнан сұрашы, олар түсіндірер. 8 Адамзатты Алла Тағала таратқанда, Мұралық жерін үлестіріп әр халыққа, Исраилдің ұрпақтарының санына Сай белгіледі шекараларын сонда. 9 Себебі өз халқы — Жаратқанның үлесі, Жақыптың ұрпақтары — Оның меншігі. 10 Ол халыққа ұшырасты айдалада, Жел ысқырып, құлазыған маң далада, Оның қамын ойлап, жан-жақтан қоршады, Көзінің қарасындай сақтап қорғады, 11 Бүркіттей ұясын күзетіп тұрған, Балапандары үстінен қалықтаған, Олар үшін қанаттарын кең жайған, Қауырсын қанатымен тасыған. 12 Жаратқанның жалғыз Өзі халқын бастады, Қасында ешқандай бөгде тәңір болмады. 13 Ол халқын жер қыраттарына шығарды, Даланың өнімімен оны асырады, Жартастағы ұядан оған бал сорғызды, Тастақта өскен зәйтүннен май ағызды. 14 Табын-отар малының май-сүтімен, Бордақы тоқты-лақтың етіменен, Башанның ең қоңды қошқарларымен Тойдырады, әрі үздік астық дәнімен. 15 Ал Ешүрун семіріп қыңырланды, Халық әбден тойынып қоң жинады, Тіпті өзін жаратқан Құдайды менсінбеді, Жартастай Құтқарушысынан безіп кетті. 16 Халық бөгде тәңірлерге табынды, Бұларымен Жаратқанды ызаландырды, Жексұрын пұттармен қаһарландырды, 17 Құдай емес жын-періге құрбан шалды, Оларды бұрын еш біліп-танымады, Солар жаңа ғана елімізде пайда болды, Ата-бабалары олардан қорықпады. 18 Өзіңе өмір берген «Жартасты» тастадың, Өзіңді жаратқан Құдайды ұмыттың! 19 Жаратқан мұныңды көріп, наразыланды, Рухани ұл-қыздарына қаһарланды 20 Былай деп: Бұлардан жүзімді жасырамын, Көремін олардың соңының не боларын, Өйткені олар азғындаған ұрпақтар Әрі опасыз, сатқын болған балалар. 21 Құдай емес мүсіндерге табынды, Осылай қызғанышымды тұтандырды, Тәңірсымақтарымен Мені қаһарландырды. Сонда Мен халық сиқы жоқ бөтендер арқылы Олардың қызғаныштарын тұтандырамын, Иә, өздері түсінігі жоқ деп санайтын Өзге халықпен оларды ашуландырамын! 22 Өйткені қаһарым оттай тұтанады, О дүниенің түбіне дейін жайылады, Жерді бар өнімімен бірге жалмайды, Таулардың негіздерін өртеп талқандайды. 23 Халқымның басына пәлелер түсіремін, Жебелерімді оларға атып бітіремін. 24 Аштықтан халқым жүдеп әлсірейді, Жаппай індеттерден азап шегеді, Обадан толығымен құртылады. Жұмсаймын оларға жыртқыш аңдарды, Жерде жорғалайтын улы жыландарды. 25 Жас жігіт пен бойжеткен, емшектегі баланы, Ақ қырау басын шалған қарияны, Барлығын далада семсер өлтіреді, Үйде үрей билеп үміттерін үзеді. 26 Халқымды талқандап, таратып жіберуге, Адамзат есінен аттарын өшіруге Мен әбден дайын тұрған болар едім. 27 Бірақ жау табаламасын деп жүрдім, Олар: «Жаратқан емес мұны істеген, Өз күшімізбен жеңіп шықтық!» демесін. 28 Осы халық түсініктен жұрдай болған, Ақыл-парасаттары еш қалмаған. 29 Дана болып олар ұғынса ғой, Ақыр аяғы не боларын ұқса ғой! 30 «Жартастай Қорғандары» — Жаратқанның Өзі Жау қолына тапсырмаса Исраилді, Қалайша жаудың жалғыз жауынгері Исраилдің мың сарбазын қуар еді? Және қалайша жаудың екі жауынгері Он мыңдай исраилдікті қашқызар еді? 31 Себебі жаулардың «жартастай қорғандары» Біздің «Қорғанымыз» — Құдайға ұқсамайды, Бұлардың өздері соны мойындайды. 32 Олардың жүзім бұталары Содомнан, Әрі Ғомораның бақшаларынан, Піскен жүзімдері түгелдей улы, Жүзім шоқтары да сондай ащы. 33 Шараптары — сұр жыланның заһарындай, Зәрлі жыланның кісі өлтірер уындай. 34 «Жаулардың зұлым істерін қойдым сақтап, Қоймама салдым мөрлеп тастап, — 35 Дейді Иеміз. — Жазалау — Менің ісім, Тиісті жазаларын тартқызамын Өзім! Кезі келгенде аяқтары таяды, Күйрейтін күндері жақындап қалды, Тағдыры зырғытып қуады оларды». 36 Тәңір Ие сотта тергейді өз халқын, Олардың күш-қуатының сарқылғанын, Құл мен еріктінің тірі қалмағанын Байқап, оларға түсірер шапағатын. 37 Сонда Жаратқан Ие қояды сауалын: «Тәңірсымақтары олардың қайда екен?! 38 Шалған құрбандықтарының майын жеген, Сұйық тартуларының шарабын ішкен, Өздеріне медеу тұтып сеніп жүрген «Сондай берік жартастары» қайда екен?! Тұрсын олар, сендерге көмектессін, Бас сауғалайтын паналарың болсын! 39 Біліп алыңдар енді, Менің Өзім, Жалғыз Өзім ғана (шынайы) Құдаймын, Менен басқа құдай болмас дәйім! Өмірді алар яки қайтарар Өзіммін, Жаралап, жараны жазар да Менмін, Құтқара алмайды өз қолымнан ешкім. 40 Көкке қарай Мен қолымды созамын, Салтанатты түрде жариялаймын: Тек Мен ғана мәңгі тірі Құдаймын, 41 Жүзі жылтыр семсерімді қайраймын, Үкім орындап оны қолда ұстаймын, Бар жауымды әділдікпен жазалаймын, Мені жек көргендерге жазасын тартқызамын, 42 Жебелерімді сонда қанға маламын, Семсерім жалмайды өлетіндердің тәнін, Қаза тапқандар мен тұтқындардың қанын Әрі жау көсемдерінің бастарын». 43 Шаттаныңдар енді, уа, басқа ұлттар, Жаратқан Иенің халқымен қатар, (Бар періштелері де Оған тағзым етсін,) Себебі Ол өз қызметшілерінің Қанын төккенге жазасын тартқызады Және өз халқы мен елін тазартады. 44 Мұса мен Нұн ұлы Ешуа екеуі халықтың алдына шығып, оларға осы жырдың сөздерінің барлығын естіртті. 45 Мұса бүкіл Исраилге жырды айтып болғаннан кейін 46 оларға былай деді: «Мен бүгін сендерге нықтап айтқан осы сөздерді түгелдей жүректеріңе жазып, жаттап алыңдар! Содан бұл Таурат заңының барлық сөздерін балаларыңа үйретіп, сақтап орындауды өсиет етіңдер! 47 Сол бұйрықтар жай сөздер емес, олар сендерге (рухани игілікке толы) өмірді алып келеді. Оларды ұстанатын болсаңдар, Иорданның арғы жағындағы иемденгелі тұрған елдегі өмірлерің ұзақ болады». 48 Сол күні Жаратқан Ие Мұсаға былай деді: 49 «Моаб еліндегі Абарим қыратына, Иерихонның қарсысындағы Небо тауына көтеріл де, Мен исраилдіктерге меншікке бергелі тұрған Қанахан еліне көз жіберіп қара. 50 Сол шыққан тауыңның үстінде, Хор тауында қайтыс болған ағаң Һарон сияқты, сен де көз жұмып, ата-бабаларыңның қасына аттанасың. 51 Бұның себебі — Исраил халқының Сін даласындағы Қадештің маңында, Мерібадағы жартастан ағып шыққан судың қасында жиналып тұрғанда, екеуің исраилдіктердің көзінше Маған сенім артпай, киелі атымды қастерлемедіңдер. 52 Сондықтан Мен Исраил халқына табыстағалы тұрған елді көзіңмен көресің, бірақ өзің оған аяқ баспайсың».
1 Құдайдың таңдаған адамы Мұса қайтыс боларының алдында исраилдіктерге батасын беріп 2 былай деді: «Жаратқан Ие келген еді Синайдан, Үстімізге көтеріліп Сейір тауынан, Әрі шұғыласын шашып Паран тауынан. Сан мыңдаған Өзіне бағышталғандармен Келді оңтүстіктен, тау етектерінен. 3 Иә, Ием, Сен халқыңды сүйесің, Өзіңе бағышталған қасиеттілердің Барлығы да қолыңда Өзіңнің, Бәрі жиналып аяғыңа бас ұрады Сөздеріңді Өзіңнен қабыл алады. 4 Мұса бізге тапсырды Таурат заңын, Мұрасы болды ол Жақып қауымының. 5 Бас қосқанда халықтың басшылары, Олармен бірге Исраилдің рулары, Жаратқан Ие болды Ешүруннің Патшасы. 6 (Пайғамбар Рубен руына мынадай бата берді:) «Рубен руы өмір сүрсін, құрымасын, Лайым адамдарының саны азаймасын!» 7 Ал Яһуда руына арнап ол былай деді: «Уа, Жаратқан, Яһуданың даусын ести гөр, Оны халық қылып жинап әкеле гөр! Оның мүддесін қорғасын өз қолдары, Демей көрші оны жауларына қарсы!» 8 Леуі руына Мұса мынадай бата берді: «Кемелділік пен Нұр» атты жебелерің Өзіңе адал бұл жандарда бола берсін, Уа, Ием, Маса маңында оларды сынадың, Мерібада жартастан шыққан сулардың Қасында олармен күрескен едің. 9 Қорғау үшін сөздерің мен Келісіміңді Әке-шешелерінің тілегін елемеді, Олар ағайындыларын да танымады, Тіпті өз балаларын да мойындамады. 10 Жақып халқына шешімдеріңді жеткізеді, Исраилге Таурат заңыңды үйретеді, Алдыңда хош иісті заттар түтетеді, Үстеліңде шалынған құрбандықты өртейді. 11 Уа, Ием, Леуінің күшін жарылқай көрші, Істеген істеріне риза бола көрші, Леуіге қарсы шыққанды күйрете гөр, Жек көрген жауларын тұрмастай жыға гөр!» 12 Мұса Бунямин руына батасын беріп былай деді: «Лайым Жаратқан Ие жақсы көрген Ру Оның қасында тұрсын аман-есен, Күн сайын Ием оны қорғайтын болсын, Таулардың беткейлерінде қоныстансын». 13 Жүсіпке Мұса мынадай бата берді: «Жаратқан Ие жарылқасын оның елін, Аспанның баға жетпес шығын түсіре берсін, Шыңырау бұлақтарын ағыза көрсін. 14 Күн көзінде пісетұғын үздік жемістерін, Ай сайын жиналатын керемет өнімдерін Жаратқан Ие ағыл-тегіл сыйлай берсін, 15 Ежелгі таулардың таңдаулы өнімдерін, Мәңгі қырлардың да тамаша егіндерін! 16 Жанып жатқан бұтаның арасынан Өзін аян еткен Иеміз Жаратқан Жүсіпке мейірім көрсетіп, жердің Және оны толтырып тұрған жан иелерінің Ең тамаша өнімдерін сыйлай көрсін. Бұл игіліктер төбесіне Жүсіптің — Бауырларының ішінен таңдаулының Басына әрдайым қона берсін! 17 Жүсіптің айбаты тұңғыш бұқанікіндей, Һәм күші жабайы бұқаның мүйізінікіндей, Соларымен ол күллі бөтен ұлттарды, Тіпті жердің түкпіріндегі халықтарды Мүйізімен сүзгеніндей жеңіп шығады. Ефрем руының он мыңдаған адамдары Осындай әрі Манасаның мыңдағандары». 18 Забулон (мен Исашар) жайлы Мұса пайғамбар былай деді: «Ей, Забулон, жолға шыққанда шаттаныңдар, Ал, Исашар, шатырларыңда қуаныңдар! 19 Теңіз оларды дәулетті қылады, Құмнан да олар байлық тауып алады, Ұлттарды Құдайдың тауына шақырады, Оған адал құрбандық шалып ұсынады». 20 Ғад руына ол мынадай бата берді: «Ғадтың жерін кеңейткен Ием қастерленсін! Ғад арыстандай тынығады, ал кейін Жемтігіне бас салып, паршалайды денесін. 21 Ғад өзіне ең жақсы жерді таңдап алған, Сонда басшының үлесі сақталған, Халықтың игі-жақсылары бас қосқан. Ғад Жаратқанның әділ еркін іске асырған, Исраил жайлы шешімдерін орындаған». 22 Дан руына пайғамбар мына батаны берді: «Дан руы бір жас арыстандай болады, Сол Башан аймағынан секіріп шығады». 23 Нафталим руына арнап Мұса былай деді: «Ей, Нафталим, Жаратқанның рақымы мен Ағыл-тегіл жарылқауына бөленген сен Ғалилея көлі мен оңтүстігін иемден!» 24 Ашир руына ол мына батаны берді: «Ұлдардың ішінде Ашир мол жарылқанған, Ағайындары оны ұнатсын әрқашан, Зәйтүн майы мол ақсын әрдайым, Аяғын соған мала алсын ол лайым! 25 Темір, қоладан болсын қақпа ысырмаларың, Берік тұрсын бекінген қалаларың, Көрер күндеріңе сай молайсын қуатың!» 26 «Уа, Ешүрун, ешкім ұқсамас Құдайыңа, Ол салтанатпен келеді сені қолдауға, Бұлттар үстімен жүреді аспанда. 27 Ежелден Құдай болып келеді баспанаң, Аясында боласың мәңгілік қолының, Ол жауыңды алдыңнан қуып шығады, Оны жойып құртуға бұйырады, 28 Сонда Исраил аман-есен тұрады, Жақыптың бұлағы қауіпсіз болады, Лайым аспаннан шық түсетін болсын, Елдің наны мен шырыны молайсын! 29 Уа, Исраил, қандай бақыттысың сен, Жаратқан Ие құтқарған аман-есен Өзіңдей басқа халық бар ма екен? Ол сені қалқандай қорғап-қолдайды, Семсердей саған үстемдік сыйлайды. Алдыңда құлдық ұрады жауларың, Биік жерлеріне аяғыңды басасың».
1 Мұнан кейін Мұса Моабтың елсіз алқаптарынан Иерихонның қарсысындағы Небо тауына, Писганың басына шықты. Сол жерде Жаратқан Ие оған бүкіл елді: Ғилақадтан сонау Данға дейінгі аралықты, 2 Нафталим руының қоныстанар жерінің бәрін, Ефрем мен Манасаның аймақтарын, Яһуданың барлық жерін батыстағы Жерорта теңізіне дейін, 3 оңтүстіктегі Негеб даласын әрі құрма ағаштары өсетін Иерихон қаласы орналасқан алқаптан Соғар қаласына дейінгі бүкіл өңірді көрсетті. 4 Сонда Жаратқан Ие оған былай деді: «Мынау — Мен ұрпақтарыңа сыйлаймын деп Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа антпен уәде еткен ел. Оны көзіңмен көруге саған мүмкіндік бердім, ал өзің сол жаққа өтіп, елге кірмейсің». 5 Бұдан соң Жаратқан Иенің айтқан сөзіне сәйкес Оның қызметшісі Мұса сол жерде дүние салды. 6 Оның мәйіті Моаб елінде, Бет-Пеғорға қарсы жатқан алқапта қабірге қойылды. Күні бүгінге дейін Мұсаның қабірінің қайда екенін ешбір адам білмейді. 7 Мұса қайтыс болғанда жүз жиырма жаста еді. Ол көзінің нұры таймаған, тың да қайратты кісі болатын. 8 Исраилдіктер Моабтың елсіз алқаптарында Мұсаны аза тұту уақыты біткенше, отыз күн бойы қатты қайғыра жылап жоқтады. 9 Ал Нұн ұлы Ешуа Құдайдың даналық пен дарындар сыйлайтын Рухына кенелген еді. Себебі Мұса оның үйіне қолын қойып батасын берген болатын. Сондықтан исраилдіктер Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген бұйрығына сай, Ешуаның айтқанын тыңдайтын болды. 10 Бұдан былай Исраилде Мұса сияқты ұлы пайғамбар болған емес. Жаратқан Ие Мұса пайғамбармен ғана бетпе-бет қарым-қатынас жасайтын. 11 Ол Мұсаны Мысыр еліне жібергенде оған перғауынды, оның барлық нөкерлері мен елін жазалау үшін әр түрлі кереметтер мен ғажайып істерді орындатты. 12 Осылайша Мұса бүкіл Исраил халқының көз алдында Жаратқан Иенің зор құдіретін көрсетіп, үрейлі іс-әрекеттерді жасады.
1 Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса қайтыс болған еді. Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаның көмекшісі Нұн ұлы Ешуаға тіл қатып былай деді: 2 «Қызметшім Мұса қайтыс болды. Енді жинал да, өзің және осы халықтың бәрі Иордан өзенінен өтіп, Мен сендерге, яғни Исраилдің үрім-бұтағына, бергелі отырған елге кіріңдер! 3 Мен Мұсаға уәде еткенімдей, аяқтарың басқан жердің бәрін сендерге табыстаймын: 4 (оңтүстіктегі) иен даладан Ливанға дейін, (шығыстағы) үлкен Евфрат өзенінен бүкіл хеттіктер аймағына және батыстағы ұлы теңізге дейінгі аралық сендердің елдеріңнің шегі болмақ. 5 Тірі кезіңде ешкім саған қарсы тұра алмайтын болады. Мен Мұсамен бірге жүріп, оған қалай жар болған болсам, саған да солай жар боламын: Мен сені ешқашан тастап та кетпеймін, жалғыз да қалдырмаймын. 6 Қайратты да батыл бол! Мен ежелде ата-бабаларына уәде еткен елді халыққа мұралық меншікке үлестіретін сен боласың. 7 Ендеше қайратты да өте батыл болып, қызметшім Мұса саған тапсырған барлық Таурат заңын сақтап берік ұстанатын бол! Сол заңды орындаудан оңға да, солға да тайқыма! Солай істесең, қайда барсаң да, табысты боласың. 8 Осы Таурат заңы кітабында жазылғандардың бәрін сақтап, орындай алуың үшін оларды аузыңнан тастамай, күні-түні оқып, солар туралы ойланатын бол! Сонда ғана өркендеп табысты боласың. 9 Сонымен саған мынаны бұйырамын: қайратты да батыл бол! Еш нәрседен абыржып, қорқушы болма! Қайда барсаң да, Құдайың Жаратқан Ие сенімен бірге жүріп жар болады». 10 Бұдан кейін Ешуа халықтың басқарушыларына былай деп бұйырды: 11 «Ел қонысын аралап шығып, халыққа мына нұсқауды беріңдер: Өздеріңе азық-түлік дайындап алыңдар! Үш күннен кейін осы Иордан өзенінен өтіп, сендердің Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе иемдену үшін табыстап отырған елге кіресіңдер». 12 Ал Рубен, Ғад руларына және Манаса руының жартысына Ешуа мынаны тапсырды: 13 — Жаратқан Иенің қызметшісі Мұсаның өздеріңе берген бұйрығын естеріңе түсіріңдерші: Құдайларың Жаратқан Ие сендерге тыныштық сыйлап, (мекендейтін орынға) осы жерді табыстады. 14 Әйелдерің, бала-шағаларың мен мал-мүліктерің Мұсаның өздеріңе Иордан өзенінің бергі бетінде үлестірген осы жерде қала берсін. Бірақ барлық батыл да мықты жауынгерлерің толықтай қару-жарақтанып, бауырлас руларыңның алдында жүріп өзеннен өтсін. Оларға қол ұшын беріңдер! 15 Жаратқан Ие сендерге сыйлағандай, бауырластарыңа да тыныштық сыйлап, Құдайларың Жаратқан Ие табыстап отырған сол елді иемденгенге дейін оларға көмектесіңдер! Содан кейін өз меншікті елдеріңе қайтып келіп, Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса өздеріңе Иорданның осы шығыс бетіндегі белгілеп берген жерін иемденіп, қоныстануларыңа болады. 16 Сол рулардың адамдары Ешуаға жауап беріп былай деді: — Бізге не бұйырсаңыз, соның бәрін орындаймыз, қайда жіберсеңіз, сонда барамыз. 17 Біз Мұсаны қалай тыңдаған болсақ, сізді де солай тыңдаймыз. Ендеше Құдайыңыз Жаратқан Ие Мұсамен бірге жүріп жар болғандай, сізге де жар бола берсін. 18 Сіздің бұйрықтарыңызға қарсы шығып, сөздеріңізді толықтай тыңдамайтын кез келген адам өлтіріледі. Сонымен қайратты да батыл болыңыз!
1 Нұн ұлы Ешуа Шиттим атты жерде екі адамға: «Барып, сол елді, әсіресе, Иерихон қаласын барлап көріп келіңдер!» — деген құпия тапсырма беріп, жұмсап жіберді. Осы екі адам қалаға жетіп, сол жердегі Рахаб есімді бір әйелдің үйіне түнеуге тоқтады. Ол (бұрынғы) жеңіл жүрісті әйел болатын. 2 Сонда Иерихонның патшасына: «Бүгін кеште елді барлауға исраилдіктер келіпті», — деген хабар жетті. 3 Патша Рахабқа: «Сенің үйіңе келген адамдар — бүкіл елді барлауға келген тыңшылар. Оларды алып шық!» — деген бұйрық жіберді. 4 Бірақ сол әйел ана екі кісіні жасырып тастаған еді. Патшаның адамдарына ол: «Иә, бірер кісінің келіп-кеткені рас, бірақ олардың қайдан екенін білмедім. 5 Қас қарайып, қақпа жабылайын деп жатқанда олар шығып кетті. Қайда баратындарынан хабарсызбын. Тездетіп арттарына түссеңіздер, әлі де қуып жетерсіздер», — деді. 6 Ал әйел сол екі кісіні үйінің жалпақ төбесіне шығарып, сонда қатар-қатар жатқан зығыр бауларының арасына жасырып тастаған болатын. 7 Сонда патшаның адамдары Иордан өзеніндегі өткелдерге қарай жүгіре жөнелді. Олар қаладан шыға салысымен, қақпа да жабылды. 8 Екі барлаушы ұйықтауға жатпас бұрын, әйел үйдің төбесіне шығып, 9 оларға былай деді: — Жаратқан Иенің сіздерге осы елді бергеніне көзім жетті. Сіздерден төнген зор қорқыныш біздерді билеп алып, елдің күллі тұрғындарының зәрелері ұшып әлсіреуде. 10 Сіздер Мысырдан шыққанда Жаратқан Иенің Қамысты теңіздің суын алдарыңыздан қалай құрғатқанын, әрі Иорданның арғы жағындағы аморлықтардың екі патшасы Сихон мен Огқа не істегендеріңізді, оларды қалай құртқандарыңызды естігенбіз. 11 Осыны естігенде, сіздерден зәреміз ұшып, батылдығымыздан жұрдай болдық. Себебі сіздер сиынған Құдай Жаратқан Ие — көкте де, жерде де жалғыз Құдай. 12 Ал енді, мен сіздерге біраз жақсылық істедім ғой. Сондықтан сіздер де менің отбасыма жақсылық істейміз деп Жаратқан Иенің атымен ант етіңіздер. Соның кепілі ретінде маған бір нәрсе беріңіздерші. 13 Сіздер (болашақта осы елге кіргенде) менің әке-шешемді, аға-інілерім мен әпке-сіңлілерімді барлық отбасыларымен бірге тірі қалдырып, бәріміздің өмірімізді ажалдан аман алып қаламыз деп уәде етіңіздерші. — 14 Екі барлаушы оған: — Егер бізге сатқындық жасап ұстап бермесеңіз, онда сіздер үшін өз жанымызды кепілдік етеміз. Жаратқан Ие халқымызға осы елді табыстаған кезде біз де сізге жақсылық жасап, адал болып қаламыз, — деп уәде берді. 15 Сонымен әйел екеуін терезеден арқанмен төмен түсіріп жіберді, өйткені оның тұратын үйі қала қабырғасында орналасқан болатын. 16 Бұдан бұрын әйел оларға мынадай ақыл берген еді: — Қуғыншылар сіздерге тап болмас үшін (батыстағы) таулы аймаққа қарай кетіңіздер. Олар қалаға қайтып келгенше, сол жерде үш күн бойы тығыла тұрыңыздар. Содан кейін жөндеріңізге кете беріңіздер. — 17 Екі барлаушы әйелге тағы былай деген болатын: — Осы берген антымызды орындауымыз үшін мына нұсқауымызды іске асырғаныңыз қажет: 18 Біз осы елге кіргенде бізді төмен түсіріп жіберген терезеңізге мына қырмызы жіпті бекітіп іліп қойыңыз, әрі үйіңізге әке-шешеңізді, бауырларыңызды және бүкіл отбасыңызды жинап алыңыз. 19 Егер олардың кейбіреуі үйден шығып кетсе, онда ол төгілген қанына өзі кінәлі болып, біз кінәсіз боламыз. Ал егер үйіңіздің ішіндегі бір адамға біреуіміз күш жұмсап өлтіріп тастасақ, онда оның төгілген қаны біздің мойнымызда болады. 20 Сондай-ақ, егер бізге сатқындық жасасаңыз, сол жағдайда да осы берген антымыздан азат боламыз. — 21 Әйел оларға: — Айтқандарыңыздай болсын, — деп келісті. Содан ол екеуін шығарып салып, терезесіне сол қырмызы жіпті бекітіп қойды. 22 Екі барлаушы таулы аймаққа көтеріліп, сонда үш күн тасаланып жатты. Сол кезде қуғыншылар жолды басынан-аяғына дейін қарап шығып, оларды таба алмастан қалаға қайтты. 23 Бұдан кейін екі барлаушы таудан түсіп, өзеннен өтті. Олар Нұн ұлы Ешуаға қайтып келгенде, оған бастарынан өткізген жайттарының барлығын айтып берді. 24 Олар Ешуаға: «Жаратқан Ие бүкіл елді еш күмәнсіз қолымызға табыстап берген екен. Елдің тұрғындары бізден зәрелері ұшып әлсіреуде», — деп те баяндады.
1 Ешуа және барлық исраилдіктер таңертең ерте тұрып, Шиттимнен шығып, Иорданға жетті. Өзеннен өтпес бұрын олар сол жерде қонды. 2 Үш күннен кейін халық басқарушылары ел қонысын аралап шығып, 3 халыққа мына нұсқауды берді: «Леуілік діни қызметкерлердің Құдайларың Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп бара жатқанын көрген кездеріңде сендер де жиналып, олардың соңдарынан ілесіңдер! 4 Бұрын сендер бұл жолмен ешқашан жүрген емессіңдер, ал Келісім сандығына ерсеңдер, баратын жолды білетін боласыңдар. Бірақ сандыққа жақындауларыңа болмайды, араларыңда екі мың шынтақтай арақашықтық болуға тиіс». 5 Енді Ешуа халыққа былай деп бұйырды: «Өздеріңді Құдайға толық бағыштап, (күнә атаулыдан) пәк таза болыңдар! Себебі Жаратқан Ие ертең сендердің араларыңда кереметтер істейді». 6 Ешуа діни қызметкерлерге: «Келісім сандығын көтеріп, халықтың алдында жүріңдер», — деп нұсқау берді. Олар Келісім сандығын алып, халықтың алдына түсті. 7 Жаратқан Ие Ешуаға тіл қатып былай деді: «Бүгін Мен бүкіл Исраилдің көз алдында сенің мерейіңді мейлінше үстем қыла бастаймын. Содан олар Мен Мұсамен бірге жүріп оған қалай жар болған болсам, саған да солай жар болатынымды біліп алады. 8 Ал енді, Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлерге былай деп бұйыр: Иорданның жағасына жеткенде өзенге түсіп, сол жерде тұра қалыңдар!» 9 Ешуа исраилдіктерді өзіне шақыртып, оларға былай деді: «Мұнда жақындап, Құдайларың Жаратқан Иенің сөздерін тыңдаңдар! 10 Сендер мына жайттардан мәңгі тірі Құдайдың өз араларыңда екенін, әрі Оның алдарыңнан қанахандықтар, хеттіктер, хевтіктер, перездіктер, гергестіктер, аморлықтар және ебустіктерді қуып шығатынын білетін боласыңдар: 11 Міне, бүкіл әлемнің Иесінің Келісім сандығы алдарыңда Иорданға енейін деп тұр. 12 Енді Исраилдің руларынан бір-бір адамнан, барлығы он екі адамды таңдап алып, белгілеңдер. 13 Сонда бүкіл әлемнің Иесі — Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп келе жатқан діни қызметкерлердің аяқтары Иордан өзенінің суына түсісімен, өзеннің жоғарғы жақтан ағып келе жатқан суы бөгеліп, бір жерге жиылып тұра қалады». 14 Сонымен халық қостарын жинады. Олар Иордан өзенінің арғы жағына өтейін деп жатқанда, Келісім сандығын көтерген діни қызметкерлер халықтың алдында жүрді. 15 Бұл (көктемдегі) егін ору науқаны болып, Иордан өзені арнасынан шығып тасып жатқан мерзім еді. Ал Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иорданның жағасына жетіп, суға аяқтарын малған кезде, 16 жоғарғы жақтан ағып келе жатқан су бөгеліп, алыста, Сартанның маңайындағы Адам қаласының жанында, бір жерге үйілгендей жиылып тұра қалды. Содан өзеннің төменгі алқаптағы Өлі теңізге қарай ағып жатқан суы сарқылып қалды. Осылайша халық Иерихонның қарама-қарсы тұсынан Иордан өзенінен өте шықты. 17 Бүкіл Исраил халқы өзеннің құрғап қалған арнасымен арғы жаққа өтіп болғанша, Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иордан өзенінің ортасындағы құрғақ жерде қозғалмастан тұра берді.
1 Бүкіл халық Иордан өзенінің арғы бетіне өтіп болғаннан кейін, Жаратқан Ие Ешуаға тіл қатып былай деді: 2 «Халық арасынан он екі адамды, әрбір рудан бір-бір адамнан шақырып алыңдар. 3 Оларға мынадай бұйрық беріңдер: Діни қызметкерлердің Иорданның ортасында қозғалмай тұрған жерінен он екі тас алыңдар. Оларды бүгін кеште халық түнейтін жерге дейін көтеріп апарып, сонда қойыңдар». 4 Сонда Ешуа исраилдіктердің он екі руынан бір-бірден өзі тағайындаған адамдарын шақырып алып, 5 оларға былай деп бұйырды: «Иордан өзенінің ортасына, Құдайларың Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдына, барыңдар. Сол жерден әрқайсың Исраил руларының санына сай бір-бір тастан көтеріп, иықтарыңа салып алыңдар. 6 Бұл тастар араларыңда ескерткіш болсын. Болашақта бала-шағаларың: «Бұл тастар сіздер үшін нені білдіреді?» деп сұрағанда, 7 оларға: «Иордан өзенінің суы Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдында кесілгендей қақ айырылды. Келісім сандығы Иорданды кесіп өткенде өзеннің суы ақпай тұра қалды. Сондықтан осы тастар Исраил халқы үшін мәңгілік ескерткіш болады» деп жауап беріңдер». 8 Исраилдіктер Ешуаның бұйрығын жүзеге асырды. Олар Жаратқан Ие Ешуаға айтқандай, Иордан өзенінің ортасынан Исраил руларының санына сәйкес етіп он екі тас алды. Оларды халықтың түнеуге тоқтаған жеріне көтеріп апарып, сол жерге қойды. 9 Сонымен Ешуа Келісім сандығын көтерген діни қызметкерлердің аяқтары Иорданның ортасында тұрған жерден алынған он екі тасты (ескерткіш ретінде) орнатып қойды. Сол тастар күні бүгінге дейін сол жерде. 10 Жаратқан Иенің Ешуа халыққа жеткізсін дегенінің барлығы Мұсаның Ешуаға бұйырғандарына сай толықтай жүзеге асып біткенше, Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иорданның ортасында тұра берді. Халық өзеннен тездетіп өте шықты. 11 Бүкіл халық өтіп болған соң Жаратқан Иенің Келісім сандығы оны көтеріп жүрген діни қызметкерлермен бірге барша халықтың көз алдында өзеннен өте шықты. 12 Рубен мен Ғад руларының және Манаса руының жартысының қаруланған адамдары Мұсаның айтқан бұйрығына сай барлық басқа исраилдіктерден бұрын өтіп кеткен еді. 13 Барлығы, шамамен қырық мыңдай шайқасқа қаруланған адам, Жаратқан Иенің алдынан өзеннің арғы жағына, Иерихон жазығына саппен өтіп шықты. 14 Сол күні Жаратқан Ие бүкіл Исраилдің көз алдында Ешуаның мерейін мейлінше үстем қылды. Олар кезінде Мұсаны өмір бойы құрметтеп өткендей, енді Ешуаны да құрметтейтін болды. 15 Жаратқан Ие Ешуаға: 16 «Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлерге Иордан өзенінен шықсын де!» — деп бұйырғанда, 17 Ешуа оларға: «Өзеннен бері шығыңдар!» — деген болатын. 18 Міне, ғажап, Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иорданның ортасынан шығып, аяқтары қара жерге тиісімен, өзеннің суы өз орнына қайта келіп, бұрынғыдай арнасынан шығып тасып аға жөнелді. 19 Осылай халық бірінші айдың оныншы күні Иордан өзенін кесіп өтті. Олар Иерихон қаласының шығыс жағындағы Ғылғалда тоқтап, қостарын тікті. 20 Иорданнан алынған он екі тасты Ешуа Ғылғалда тұрғызып қойып, 21 исраилдіктерге былай деді: «Болашақта балаларың сендерден: «Мына тастардың мағынасы қандай?» деп сұраған кезде, 22 оларға мынаны түсіндіріп беріңдер: «Халқымыз Исраил осы жерде Иордан өзенін құрғақ жермен кесіп өтті». 23 Себебі Құдайларың Жаратқан Ие сендер Иордан өзенінен өткенше оның суын көздеріңнің алдында құрғатып қойды. Ол бұрын біз Қамысты теңізден өтіп болғанша оның суын да дәл солай құрғата тұрған еді. 24 Ол жер бетіндегі барлық халықтардың Жаратқан Иенің зор құдіретін білулері үшін және сендер Құдайларың Жаратқан Иені құрметтеулерің үшін осылай істеді».
1 Өзеннің батыс жағындағы аморлықтардың патшалары және теңіз жағасында тұратын қанахандықтардың патшалары Жаратқан Иенің исраилдіктер өзеннен өтіп болғанға дейін олардың алдарынан Иорданның суын құрғатып қойғаны туралы естіді. Содан әлгі патшалар жүрексініп, әлсіреп, исраилдіктерден зәре-құты қалмай қорықты. 2 Сол кезде Жаратқан Ие Ешуаға: «Өткір шақпақ тастан пышақ жасап, сүндеттелмеген исраилдік еркектерді сүндетте», — деген әмір берді. 3 Ешуа өткір шақпақ тастан пышақ жасап, сүндеттелмеген исраилдіктерді Гибеат-Аралот деген жерде сүндеттеді. 4 Ешуаның бұларды сүндеттегенінің себебі мынау: Мысыр елінен көшіп шыққан, қару ұстайтын жастағы еркек атаулы иен даланы кезіп, көшіп-қонып жүрген уақытта қайтыс болып біткен еді. 5 Мысырдан шыққан барлық еркектер сүндеттелген болса да, кейін иен даланы кезіп жүрген кезде туылған еркек кіндіктілер әлі сүндеттелмеген болатын. 6 Мысырдан көшіп шыққан, соғысқа жарамды еркек атаулы өліп біткенге дейін бүкіл Исраил халқы қырық жыл бойы иен даланы кезіп, көшіп-қонып жүрді. Өйткені олар Жаратқан Иенің айтқан сөзіне мойынсұнбаған еді. Сондықтан Ол ата-бабаларына олардың кейінгі ұрпақтарына табыстауға уәде еткен, ағы мен балы ағыл-тегіл елді сол буын ешқашан көрмейді деп шешіп, Онысын антымен бекіткен болатын. 7 Сол буынның орнына Жаратқан Ие олардың ұлдарын қойғандықтан, Ешуа енді соларды сүндеттеді. Олар сапар кезінде туылғандықтан әлі де сүндеттелмеген еді. 8 Бүкіл халықтың еркек кіндіктілері сүндеттеліп болғаннан кейін, жаралары жазылғанша ел қонысында қала берді. 9 Сол кезде Жаратқан Ие Ешуаға: «Бүгін мен Мысырдың масқарасын сендерден (ірі тастай) домалатып алып тастадым», — деді. Сол себепті бұл жер күні бүгінге дейін Ғылғал (яғни «Домалату») деп аталады. 10 Исраилдіктер Ғылғалда, Иерихонның маңындағы жазықта, қала тұрды. Сол айдың он төртінші күнінің кешінде олар (халықтың Мысырдан құтқарылғанын еске алатын) Құтқарылу мейрамын қарсылап, арнайы құрбандық шалды. 11 Дәл келесі күні олар алғашқы рет сол елдің өнімінен дайындалған тамақ: ашытқысыз нан мен қуырылған дәнді дақылдар жеді. 12 Халық елдің өнімін тамақ қыла бастаған күннен бастап манна сап тиылды. Сол жылы исраилдіктер маннамен емес, Қанахан елінің өнімімен тамақтанды. 13 Сол тұста Ешуа Иерихонның маңайында жүріп басын көтеріп, қарап қалғанда, міне, қарсы алдында тұрған, қолында жалаң семсері бар біреуді көрді. Ешуа оған таяп келіп: — Сен кімді жақтайсың, бізді ме, әлде жауларымызды ма? — деген сауал қойды. 14 Ол: — Жоқ, қазір Жаратқан Иенің әскербасы ретінде келіп отырмын, — деп жауап қатты. Сонда Ешуа етпетінен жерге жата кетіп, оны қастерлеп: — Ием, мендей пендеңізге не бұйырасыз? — деп сұрады. 15 Жаратқан Иенің әскербасы Ешуаға: — Аяқкиіміңді шеш! Басып тұрған жерің киелі, — деді. 16 Ал Иерихон қаласы исраилдіктерге бола тас бекітілді. Ешкім қалаға кірмейтін, ешкім қаладан шықпайтын болды.
1 Жаратқан Ие Ешуаға былай деп нұсқау берді: «Біліп қой, Мен Иерихонды патшасымен, батыл да мықты жауынгерлерімен бірге сенің қолыңа тапсырып отырмын. 2 Күллі жасақшыларың күніне бір рет қаланы айналып шықсын. Алты күн бойы осылай істеңдер. 3 Келісім сандығының алдында бір-бір керней ұстаған жеті діни қызметкер жүретін болсын. Ал жетінші күні жеті рет қаланы айналып шығыңдар, әрі діни қызметкерлер кернейлерін тартып жүрсін. 4 Сонда діни қызметкерлер кернейлерді бір рет ұзақ тартқанда бүкіл халық ұрандап қатты айқай салсын. Сол кезде қаланың қамал қабырғасы іргесіне дейін құлап түседі. Сонда халықтың әрбір ер адамы қалаға көтеріліп, тура лап берсін». 5 Содан Нұн ұлы Ешуа діни қызметкерлерді шақырып алып, оларға мына нұсқауды берді: «Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп алыңдар. Жетеуің оның алдында жеті керней алып жүріңдер». 6 Халыққа ол: «Дайындалып, қала сыртын айналдыра жүріңдер! Қару-жарақтанған адамдарың Келісім сандығының алдында жүрсін», — деді. 7 Ешуа халыққа бұйрық беріп болған соң, кернейі бар жеті діни қызметкер Жаратқан Иенің алдында соларын тартып, алға шықты. Жаратқан Иенің Келісім сандығы оларға ілесіп жүріп отырды. 8 Жасақшылардың үлкен тобы кернейлерін тартқан діни қызметкерлердің алдында, ал қалғандары Жаратқан Иенің Келісім сандығының соңынан жүрді. Кернейлер ұдайы тартыла берді. 9 Ешуа халыққа былай деп бұйырған болатын: «Мен өздеріңе айқайлауды бұйырған күніме дейін еш айқайламаңдар! Еш үндерің де шықпасын, ауыздарыңнан тіпті бірде-бір сөз шықпасын! Ал мен бұйрық берген кезде ұрандап айқай салыңдар!» 10 Осылайша олар Жаратқан Иенің Келісім сандығын қаланың сыртынан бір рет айналдырып шықты. Бұдан кейін бүкіл халық қонысқа қайтып келіп, сонда түнеді. 11 Келесі күні Ешуа таңертең ертемен тұрды. Діни қызметкерлер Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп алып жүрді. 12 Кернейлерін ұзақ тартқан жеті діни қызметкер Келісім сандығының алдынан, ал шерудің ең басында және Келісім сандығының соңында қаруланған жасақшылар жүріп отырды. Кернейлер үздіксіз тартылып тұрды. 13 Сол екінші күні де олар қаланы сыртынан бір рет айналып шыққаннан кейін ел қонысына қайтып оралды. Осыны олар алты күн қатарынан істеді. 14 Жетінші күні олар таң сәріде тұрды да, бұрынғыдай қаланы айналып шықты, алайда бұл жолы бір рет емес, жеті рет айналды. 15 Олар жетінші рет айналып жүре бастамақ, әрі діни қызметкерлер кернейлерін тағы да ұзақ тартпақ еді. Сонда Ешуа халыққа былай деп бұйырды: «Енді ұрандап айқайлаңдар! Жаратқан Ие сендерге қаланы тапсырып отыр!» 16 (Ешуа халыққа мына бұйрықты да беріп қойған еді:) «Қала және оның ішіндегі адамдар мен мүліктердің барлығы Жаратқан Иеге бағышталып жойылсын! Тек (бұрынғы) жеңіл жүрісті әйел Рахаб пен оның үй ішіндегілер тірі қалдырылсын! Өйткені Рахаб біз жіберген барлаушыларды үйінде жасырып, аман алып қалды. 17 Байқаңдар, Жаратқан Иеге бағышталып жойылуға тиісті нәрселерден сақтаныңдар! Олардың ешқайсысын алып, иемденіп жүрмеңдер! Әйтпесе соның кесірі өздеріңе тиіп, Исраилдің бүкіл қонысы да Жаратқан Иенің қарғысына ұшырайтын болады. Осылайша оған пәле әкелесіңдер. 18 Барлық күміс пен алтын атаулы және темір мен қола бұйымдар да Жаратқан Иеге бағышталғандықтан, оларды Оның қазынасына тапсыруға тиістісіңдер!» 19 Сонымен халық ұрандап айқайлай бастады. Олар кернейлердің даусын естігенде, өте қатты айқай сала берді. Сонда қаланың қамал қабырғасы іргесіне дейін құлап түсті. Жасақшылар қалаға көтеріліп, әрқайсысы алға қарай лап беріп, оны басып алды. 20 Олар қаланы Жаратқан Иеге бағыштап, ондағылардың бәрін, әйел не еркек болсын, жас не кәрі болсын, күллі мүйізді ірі қара мен ұсақ малдарды және есектерді семсердің жүзімен қырып салды. 21 Ал Ешуа елді барлап келген екі адамға: «(Бұрынғы) жеңіл жүрісті әйелдің үйіне барып, өздеріңнің антпен берген уәделеріңе сай, өзін және қасындағыларының бәрін сол жерден шығарып алып келіңдер!» — деп жіберген болатын. 22 Содан барлаушылар барып, Рахабтың өзін, әке-шешесін, бауырларын және қасындағыларының бәрін: күллі тума-туысқандарын алып шығып, Исраилдің ел қонысының сырт жағына орналастырды. 23 Бұдан кейін жасақшылар қала мен ондағылардың барлығын өртеп жіберді. Олар тек күміс пен алтынды және темір, қола бұйымдарды Жаратқан Иенің киелі үйінің қазынасына салып қойды. 24 Ал Ешуа Иерихонды барлап келуге жіберілген екеуді жасырған, (бұрынғы) жеңіл жүрісті Рахабты отбасымен және күллі туысқандарымен бірге аман алып қалды. Рахабтың әулеті әлі күнге дейін исраилдіктердің арасында тұрып жатыр. 25 Сол кезде Ешуа: «Мына Иерихон қаласын қайта салуға кіріскен адамды Жаратқан Иенің қарғысы атады! Қала іргесін салғанда тұңғышынан, қақпасын тұрғызғанда кенжесінен айырылады», — деген теріс батаны жариялады. 26 Осылай Жаратқан Ие Ешуаға жар болып, оның даңқы бүкіл елге жайылды.
1 Бірақ исраилдіктер Тәңір Иеге бағышталып жойылуға тиісті нәрселерге қатысты опасыздық жасаған еді. Ол былай болды: Яһуда руының Ахан есімді бір кісісі Жаратқан Ие тыйым салған кейбір заттарды иемденіп алды. Сондықтан Жаратқан Иенің қаһары исраилдіктерге қарсы лаулады. Ахан Қармидің ұлы, Забдидің немересі, Зарахтың шөбересі болатын. 2 Бұл оқиғалардан кейін Ешуа біраз адамын Иерихоннан Ай қаласына жіберіп, оларға: «Айға барып, қаланы барлап келіңдер!» — деп тапсырды. Ай Бетелдің шығысында, Бет-Әбенге жақын жатқан болатын. Жіберілгендер Айға барып, барлап қайтты. 3 Қайтып келген олар Ешуаға: «Сол қаланың халқы көп емес. Бүкіл әскерді Айға өрлетіп апарып, қалжыратудың қажеті жоқ. Екі не үш мың жасақшы жетіп жатыр», — деді. 4 Сол себепті қаланы басып алуға үш мың ғана адам өрлеп шықты. Бірақ олар Ай қаласының адамдарынан шегініп, қашып кетіп, 5 шамамен отыз алтысы қаза тапты. Айдың адамдары исраилдіктерді қала қақпасынан бастап, Себарим деген жерге дейін қуып, қырат беткейлерімен төмен түскен бойы қырып отырды. Осыдан халық әбден жүрексініп, зәрелері ұшты. 6 Ешуа қатты қайғырып көйлегінің өңірін айыра жыртты да, кешке дейін Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдында етпетінен жатты. Исраилдің рубасылары да солай істеп, барлығы да бастарына топырақ шашты. 7 Ешуа мінажат етіп былай деді: — О, Жаратушы Тәңір Ие! Неліктен осы халықты Иордан өзенінен өткізіп алып келдің? Бізді аморлықтардың қолына тапсырып, көзімізді құрту үшін ғана ма? Одан да Иорданның арғы жағында қала бергеніміз бізге тиімді болған болар еді ғой. 8 Уа, Ием, Исраил халқы жауларынан қашып кеткеннен кейін енді не айта аламын? 9 Қанахандықтар және елдің басқа да тұрғындары мұны естіп, қоршап алып, атымызды жер бетінен өшіріп тастамай ма? Ендеше Өзіңнің ұлы атыңды қорғау үшін не істемексің? — 10 Бірақ Жаратқан Ие Ешуаға былай деп жауап берді: — Орныңнан тұр! Неге жерде етпетіңнен түсіп жатырсың? 11 Исраил күнә жасады! Олар Мен өздеріне сақтауға бұйырған Келісімімді бұзды: Маған бағышталған заттардан ұрлап, иемденіп алды да, соларды өз меншіктерінің арасына жасырып қойды! 12 Осының кесірінен исраилдіктер жауларына қарсы тұра алмай, олардан қашуға мәжбүр болды. Өйткені өздері де Менің қарғысыма ұшырады. Егер жойылуға тиістілерді құртпасаңдар, Мен бұдан былай сендермен бірге жүріп жар болмаймын. 13 Орныңнан тұрып, халықты Құдайға бағыштап тазарту рәсімінен өткіз. Оларға былай де: Құдайға бағышталып (күнә атаулыдан) тазарып, ертеңгі күнге дайындалыңдар! Өйткені Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: О, Исраил, сенің араңда қарғысқа ұшыраған нәрсе бар. Сол араларыңнан аластатылғанға дейін, жауларыңа қарсы тұра алмайсыңдар. 14 Ертеңгісін руларың бойынша кезекпен алға шығыңдар! Сонда Жаратқан Ие нұсқаған ру өзінің әулеттері бойынша алға шықсын. Бұдан кейін Жаратқан Ие нұсқаған әулет өзінің отбасылары бойынша алға шықсын. Соңында Жаратқан Ие көрсеткен отбасының мүшелері кезекпен алға шықсын. 15 Тәңір Иеге бағышталған заттарды алды деп көрсетілген адам өзіндегі барымен бірге өртпен құртылсын! Себебі ол Жаратқан Иенің Келісімін бұзып, Исраил елінде масқара қылмыс жасады. 16 Келесі күні Ешуа ерте тұрып, Исраилдің руларын кезекпен (киелі шатырдың) алдына келтірді. Сонда Яһуда руы таңдалды. 17 Ешуа Яһуда руының құрамындағы әулеттерді алға шығарғанда Зарах әулеті таңдалды. Зарахқа жататын отбасыларды шығарғанда, Забди отбасы таңдалды. 18 Ешуа сол отбасының адамдарын жеке-жеке шығарғанда, Яһуда руының адамы Ахан көрсетілді. Ол Қармидың ұлы, Забдидің немересі, Зарахтың шөбересі болатын. 19 Ешуа Аханға: — Ұлым, Исраилдің Құдайы Жаратқан Иені құрметте! Оның әділдігін мойындап, шыныңды айтшы! Сен не істедің? Менен еш нәрсені жасырма! — деген сұрақ қойды. 20 Ахан Ешуаға жауап беріп: — Рас, мен Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге қарсы күнә жасадым. Істегендерім мынау: 21 олжаның арасынан бабылдық әдемі шапан, екі жүз мысқал күміс және салмағы елу мысқал сом алтынды көргенде, оларға қатты қызығып кетіп, ала салдым. Қазір олар шатырымның ішінде жерде көмулі жатыр. Ең астында жатқаны күміс, — деді. 22 Ешуа адамдарын жіберіп, олар тез барып, Аханның шатырын тексерді. Шынында да оның алған заттары, ең астында күміс, жерде көмулі жатыр екен. 23 Жіберілгендер сол нәрселерді шатырдан Ешуа мен барлық исраилдіктерге алып келіп, Жаратқан Иенің алдына жайып салды. 24 Содан соң Ешуа мен барлық исраилдіктер Зарахтың ұрпағы Аханды тұтқындап, оның алған күмісі, шапаны мен сом алтынын және ұл-қыздарын, мүйізді ірі қараларын, есектері мен қой-ешкілерін, шатырын және басқа да иелігінің бәрін Ахор аңғарына алып барды. 25 Сол жерде Ешуа Аханға: «Бұл пәленің бәрін біздің басымызға неге түсірдің? Енді Жаратқан Ие сенің басыңа пәле түсіреді!» — деді. Бүкіл Исраил болып Аханды таспен атқылап өлтірді. Оның үй ішін де таспен атқылап, барлығын отпен өртеп, 26 үстерінен көп тас үйіп тастады. Сол зор тас үйіндісі күні бүгінге дейін бар. Сондықтан бұл жер әлі де Ахор (яғни «Пәле») аңғары деп аталып келеді. Бұдан кейін Жаратқан Ие лаулаған қаһарынан қайтты.
1 Содан соң Жаратқан Ие Ешуаға тіл қатып былай деді: «Еш нәрседен қорқып, уайымдама! Барлық жасақшыларды ертіп алып, Айға қарай өрлеп барыңдар! Айдың патшасын, халқын, қаласы мен бүкіл жерін сенің қолыңа тапсырып отырмын. 2 Иерихон қаласы мен оның патшасына не істеген болсаң, Ай қаласы мен патшасына да солай істе! Бірақ мал-мүлкін өздеріңе олжа етіп алуларыңа болады. Қаланың арт жағынан тосқауыл құр!» 3 Сонда Ешуа бүкіл жасағымен Ай қаласына аттанбақ болып жиналды. Жасағынан отыз мың батыл да мықты сарбазды таңдап алып, түнде аттандырып жібермек болып 4 оларға мына нұсқауды берді: «Сақ болып, қаланың арт жағынан тосқауыл құрыңдар! Қаладан тым ұзап кетпей, барлығың да дайын тұрыңдар! 5 Мен қасымдағы бүкіл жасақпен бірге қалаға жақындап барамын. Жау өткен жолғыдай бізбен шайқасу үшін қаладан шыққанда, олардан бас сауғалап қашамыз. 6 Сонда олар бізді қуады, өйткені бізді тағы да қашып жатыр екен деп ойлайды. Осылайша оларды қаладан ұзатып шығарамыз. Ал біз олардан қашып кеткенде, 7 сендер тосқауылдан лап беріп, қаланы басып алыңдар! Себебі Құдайларың Жаратқан Иенің Өзі қаланы қолдарыңа тапсырады. 8 Оны қолға түсіргеннен кейін от қойып, Жаратқан Иенің әмірін орындаңдар! Міне, бұйрығым осы». 9 Сонымен Ешуа таңдап алған сарбаздарды аттандырып жіберді. Олар Бетел мен Ай қалаларының арасында, Айдың батыс жағында тосқауыл құрып жасырынып жатты. Ал Ешуа қалған жасағымен бірге түнеп шықты. 10 Ертеңіне ерте тұрған Ешуа жасақшыларды сапқа тұрғызып, байқап шықты. Өзі және Исраилдің рубасылары жасакты бастап, Айға қарай бет алды. 11 Қасындағы барлық жасақшылар Ай қаласына өрлеп, оған жақындап, қарсы алдында тоқтады да, 12 Айдың солтүстік жағында қостарын тікті. Оларды қаладан бір ойпат бөліп жатты. Бұл кезде Ешуаның таңдап алған бес мыңдай адамы Бетел мен Айдың арасында, қаланың батыс жағындағы тосқауылда күтіп отырды. 13 Осылайша Исраилдің негізгі әскер күші қаланың солтүстік жағына орналастырылды, ал тосқауылдағылар қаланың батысында болды. Сол түні Ешуа ойпаттың ортасына барып келген еді. 14 Ай патшасы исраилдік жасақты көргенде, қаланың күллі ер азаматтарымен бірге таңертең ертемен тездетіп жиналды. Олар исраилдіктермен шайқасу үшін қаладан шығып, Иорданның елсіз алқабының үстінен қараған белгілі бір жерге қарай аттанды. Қаланың артында тосқауыл бар екенін патша білген жоқ. 15 Ешуа және қасындағы барлық исраилдіктер Айдың адамдарынан жеңілгенсіп, елсіз далаға қарай шегініп қаша бастады. 16 Сол себепті Айдың барлық адамдары солардың соңынан жаппай қууға шақырылды. Олар Ешуаның артына түсіп, қаладан ұзап кетті. 17 Не Айда, не Бетелде исраилдіктердің соңынан қуып шықпаған бірде-бір ер адам қалмады. Олар қаланы ашық қалдырып, исраилдіктердің артынан қуып кетті. 18 Сонда Жаратқан Ие Ешуаға: «Қолыңдағы найзаны Айға қарай соз! Өйткені Мен қаланы сенің қолыңа тапсырамын», — деді. Ешуа найзасын көтеріп, қалаға қарай созды. 19 Ол қолын созған бойда тосқауылдағылар лезде орындарынан тұрып, лап беріп, қалаға енді. Оны қолға түсіріп, дереу қалаға өрт қойды. 20 Айдың адамдары арттарына қараса, міне, қаланың түтіні аспанға будақтап көтеріліп жатыр екен! Олар тіпті ешқайда қаша да алмай қалды. Өйткені елсіз далаға қарай қашып кетіп бара жатқан исраилдік жасақ кері бұрылып, арттарынан өкшелеген бұларға қарсы атой салды. 21 Себебі Ешуа мен оның қасындағы барлық исраилдіктер де тосқауылшылардың қаланы басып алып, қала үстінен түтіннің будақтап жатқанын көрген еді. Олар кері бұрылып, Айдың адамдарына тап берді. 22 Сол екі арада тосқауылшылар қаладан шығып, олар да жауға қарсы шабуылға кірісті. Айдың адамдары екі жағынан да қоршалып, исраилдіктер оларды толығымен жойып жіберді. Олардан тірі қалған немесе бас сауғалап қашып құтылған ешкім де болмады. 23 Тек Айдың патшасы ғана тірідей қолға түсіп, Ешуаның алдына әкелінді. 24 Исраилдіктер ашық дала мен құла түзде қашып жүрген Ай тұрғындарының артынан қуып, оларды талқандап, барлығын біреуін де қалдырмай қырып тастады. Содан олар Ай қаласына қайтып барып, онда қалғандарды да семсермен қырып-жойды. 25 Сол күні қаза тапқандардың жалпы саны, еркегі мен әйелін қосқанда, он екі мың, демек, Айдың күллі адамдары болды. 26 Айдың барлық тұрғындары жойылып бітпейінше Ешуа найзасын созып тұрған қолын төмен түсірген жоқ. 27 Жаратқан Иенің Ешуа арқылы берген бұйрығына сай Исраил сол қаланың малы мен дүние-мүлкін өздеріне олжалады. 28 Мұнан кейін Ешуа Айды өртеп, оны үнемі қаңырап жатқан үйіндіге айналдырды. Ол күні бүгінге дейін солай. 29 Сонымен қатар Ешуа Ай патшасын өлтіріп, денесін ағашқа түйреп, кешке дейін іліп қойды. Күн батуға айналған кезде Ешуа бұйрық беріп, патшаның сүйегін ағаштан түсіртіп, қала қақпасының алдына тастатты. Халық сүйекке көп тас лақтырып, үстіне үйіп тастады. Сол зор тас үйіндісі күні бүгінге дейін бар. 30 Сол кезде Ешуа Ебал тауында Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге арнап құрбандық үстелін тұрғызды. 31 Осыны Жаратқан Иенің қызметшісі Мұсаның исраилдіктерге өсиеттеп берген нұсқауына сай істеді. Мұсаның Таурат заңы кітабында жазылғандай, құрбандық үстелі ешқандай темір құралмен өңделмеген бүтін тастардан салынды. Халық оның үстінде Жаратқан Иеге арнап шалынып өртелетін және Онымен қарым-қатынастарына ризашылық білдіретін сый-тартуларын ұсынды. 32 Сол жерде Ешуа исраилдіктердің көз алдында Мұса арқылы берілген Таурат заңын арнайы тастарға көшіріп жазды. 33 Мұнан кейін бүкіл Исраил халқы: исраилдік болып туғандар мен оларға қосылған жат жұрттықтар, рубасылары, басқарушылары, төрешілері, барлығы бірге екі топқа бөлінді. Бір топ Ғаризим тауының етегінде, екінші топ Ебал тауының етегінде тұрды. Екі топ бір-біріне қарама-қарсы, ал орталарында Жаратқан Иенің Келісім сандығы және оны көтеріп алып жүретін леуілік діни қызметкерлер тұрды. Халық мұны Жаратқан Иенің қызметшісі Мұсаның көзі тірі кезінде Исраил халқына бата беру жайлы тапсырған нұсқаулары бойынша істеді. 34 Содан соң Ешуа жарылқау мен қарғыс сөздерінің бәрін дәл Таурат заңы кітабында жазылғандай дауыстап оқып берді. 35 Ешуа бүкіл Исраил қауымының алдында Мұсаның тапсырған барлық бұйрықтарынан оқымаған бірде-бір сөз қалмады. Әйелдер мен балалар және халық арасында тұрып жатқан жат жұрттықтар да солармен бірге тұрды.
1 Иордан өзенінің батыс жағындағы патшалар осы оқиғалар жайлы естіді. Олар — таулы аймақта және батыстағы төменгі қыраттарда, Ұлы теңіздің жағасында әрі Ливанға дейін созылған жазықта тұрып жатқан хеттіктер, аморлықтар, қанахандықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктердің патшалары болатын. Бұлар осындай хабар алғанда, 2 жиналып бірауыздан Ешуа мен Исраилге қарсы бірігіп соғысуға ұйғарды. 3 Алайда Гибеон қаласының тұрғындары Ешуаның Иерихон мен Ай қалаларына не істегені туралы естігенде, 4 қулыққа басты. Олар Ешуаға елшілерін жіберіп, солардың есектеріне алба-жұлба қаптар мен тозып, жамалған шарап местерін артты. 5 Адамдар аяқтарына тозған, жамау-жамау аяқкиім, үстеріне тозығы жеткен ескі киім киді. Азық-түлігі қатып, көгеріп кеткен нан болды. 6 Гибеондық елшілер исраилдіктердің Ғылғал маңындағы қонысына келіп, Ешуаға және басқа исраилдіктерге: — Біз бір алыстағы елден келіп отырмыз. Бізбен келісім жасасаңыздар екен, — деді. 7 Ал исраилдіктер сол хевтіктерге: — Қалайша сіздермен келісім жасай аламыз? Мүмкін, бізге жақын осы маңда тұратын шығарсыздар? — деп күдіктенді. 8 Олар Ешуаға: — Сіздің құлдарыңыз боламыз, — деп жауап берді. Ешуа олардан: — Өздеріңіз кімсіздер? Қайдан келіп отырсыздар? — деп сұрады. 9 Олар жауап қайтарып былай деді: — Алдыңыздағы құлдарыңыз өте қашықтағы бір елден Құдайыңыз Жаратқан Иенің ұлы атақ-даңқына бола келіп отыр. Өйткені біз Оның Мысыр елінде істеген барлық ғажап істері жайлы, 10 әрі Иорданның шығыс жағындағы аморлықтардың екі патшасына істегендерінің бәрі: Хешебон патшасы Сихонды да, Аштаротта тұрған Башан патшасы Огты да қалай жеңгені туралы нақты естідік. 11 Содан еліміздің рубасылары мен барлық тұрғындары бізге мына тапсырманы берді: Жолға азық-түлік сайлап алып, сапарға шығып, сол халықпен кездесіңдер! Олардан: «Сіздердің құлдарыңыз боламыз. Бізбен келісім жасасаңыздар екен!» деп өтініңдер. 12 Міне, нанымыз. Осы жаққа қарай жолға шыққан кезде ол әлі суып үлгірмеген, жылы болатын, ал енді көріп отырсыздар, қатып, көгеріп кетіпті. 13 Біз мына шарап құятын местерімізді толтырған кезде олар әлі жап-жаңа еді, ал енді, міне, жыртылайын деп тұр. Киім-кешегіміз бен аяқкиіміміз де ұзақ жолдан тозып кетті! 14 Исраилдіктер олардың жол азықтарынан алып көрді, алайда Жаратқан Иенің еркін сұрамады. 15 Содан Ешуа гибеондықтармен бейбітшілік келісімін жасап, оларды аман қалдыруға уәде беріп, қауымның жетекшілері де соны антпен бекітті. 16 Бірақ келісім жасағаннан үш күн өткеннен кейін исраилдіктер бұл адамдардың өздеріне жақын тұрып жатқан көршілері екенін біліп алды. 17 Исраилдіктер дереу жолға шығып, үшінші күні олардың қалаларына: Гибеон, Кефира, Бегерот және Кирият-Иғарымға жетті. 18 Исраилдіктер оларға шабуыл жасаған жоқ, себебі қауымның басшылары Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің атымен оларға (бейбітшілік жайлы) ант беріп қойған болатын. Халықтың бүкіл қауымы жетекшілеріне наразы болып, күңкілдеді. 19 Сол басшылары қауымға жауап беріп: «Біз Исраилдің Құдай Иесінің атымен ант еткенбіз, сондықтан оларға тиісе алмаймыз. 20 Енді былай істейік: оларды тірі қалдырайық, әйтпесе Жаратқан Ие оларға берген антымызды бұзғанымызға бола бізге қаһарын төгіп жүрер. 21 Олар тірі қалсын, бірақ бүкіл қауым үшін отын жарып, су таситын болсын!» — деп шешті. Осылайша қауымның жетекшілері берген сөздерінде тұрды. 22 Ешуа гибеондықтарды шақырып алып, оларға былай деді: — Іс жүзінде жақын маңымызда тұрып, неге «сіздерден өте қашықта тұрамыз» деп бізді алдадыңдар?! 23 Соған бола сендерді қарғыс атты! Бұдан былай басыбайлы қызметші болудан ешқашан құтылмайсыңдар. Құдайымның үйі үшін отын жарып, су таситын боласыңдар! — 24 Олар Ешуаға былай деп жауап берді: — Тақсыр, біз Құдайыңыз Жаратқан Иенің өз қызметшісі Мұсаға сіздерге бүкіл елді табыстауды және ондағы тұрғындардың барлығын алдарыңыздан құртып жоқ қылуды тапсырғанын анық біліп алдық. Сондықтан сіздерге бола өміріміз үшін қатты қауіптеніп, осылай істедік. 25 Енді, міне, біздің тағдырымыз сіздің қолыңызда. Сіз нені дұрыс та әділ деп тапсаңыз, соны істеңіз. 26 Сонда Ешуа исраилдіктердің гибеондықтарды өлтіруіне жол бермей, оларды құтқарып қалды. 27 Сол күні Ешуа оларды Исраил халқы үшін және Жаратқан Иенің таңдап алатын жерінде орнатылатын құрбандық үстелі үшін отын жарып, су тасушы қызметшілер етіп қойды. Бұл күні бүгінге дейін солай.
1 Иерусалим патшасы Адони-Седек те Ешуаның Айды жаулап алып, тас-талқан етіп қиратқанын естіген еді. Ол, сондай-ақ, Ешуаның Иерихон қаласы мен оның патшасына әрі Ай мен оның патшасына да істегені туралы да хабардар болды. Енді ол Гибеон тұрғындарының исраилдіктермен бейбітшілік келісімін жасап, олардың арасында тұрып жатқандарын да біліп алды. 2 Сонда Иерусалим патшасы және оның халқы қатты қорқып кетті. Себебі Гибеонның өзі патшасы бар қалалардың біріндей үлкен және тұрғындары Ай қаласынан да көп болатын. Гибеонның ер азаматтарының бәрі мықты да батыл жауынгерлер еді. 3 Сондықтан Иерусалим патшасы Адони-Седек Хеброн патшасы Хоғамға, Ярмут патшасы Пирамға, Лахыш патшасы Япияхқа және Еглон патшасы Дебірге мынадай сәлем жіберді: 4 «Өрлеп келіп, Гибеонға шабуыл жасауға қол ұшын берсеңіздер екен! Өйткені олар Ешуамен және Исраил халқымен бейбітшілік келісімін жасапты». 5 Сонымен аморлықтардың Иерусалим, Хеброн, Ярмут, Лахыш, Еглон қалаларының бес патшасы барлық жасақтарын жинап, Гибеонға аттандырды. Олар Гибеонның маңында қостарын тігіп, қалаға қарсы шабуыл жасады. 6 Гибеондықтар Ғылғалдағы қонысында тұрған Ешуаға хабар жіберіп: «Тақсыр, бізге, сіздің құлдарыңызға, қолғабыс беруден бас тартпасаңыз екен! Тезірек бізге жетіп, көмектесе көріңіз! Таулы аймақта тұратын аморлықтардың барлық патшалары бірігіп, бізге қарсы аттанып келді!» — деп өтінді. 7 Ешуа күллі жасақшыларын, барлық мықты да батыл жауынгерлерін ертіп алып, Ғылғалдан Гибеонға өрлеп барды. 8 Жаратқан Ие Ешуаны: «Бұлардан қорқушы болма! Мен оларды сенің қолыңа тапсырып қойдым. Ешқайсысы да саған қарсы тұра алмайды!» — деп жігерлендірген болатын. 9 Ешуа жасағымен түні бойы жедел жүріп отырып, жауларына тұтқиылдан бас салды. 10 Жаратқан Ие аморлықтарда Исраилден зор үрей туғызып, исраилдіктер Гибеонның маңында жауға қатты соққы берді. Оларды Бет-Хорон асуына апаратын жолдың бойымен қуа отырып, Әзека, Макед деген жерлерге жеткенге дейін көбін қырып тастады. 11 Жау Исраил жасағынан қашып, Бет-Хорон асуынан өтіп, төмен түсіп бара жатқан кезде, олар Әзекаға жеткенге дейін Жаратқан Ие үстеріне аспаннан үлкен бұршақ тастарды жаудырды. Исраилдіктердің семсерлерінен қаза тапқандардан гөрі аспаннан жауған бұршақтардан қырылғандар көбірек болды. 12 Жаратқан Ие аморлықтарды исраилдіктердің қолдарына тапсырған күні Ешуа бүкіл Исраил жасағының көз алдында Жаратқан Иеге сиынып: «Күн Гибеон үстінде тоқтай тұрсын, ай да Аялон аңғары үстінде аялдай тұрсын», — деп мінажат етті. 13 Сонда халық жауларын жазалап болғанға дейін күн мен ай тоқтап тұрды. Бұл оқиға жайында «Яшардың кітабында» жазылған. Сол кезде күн дәл төбеде тұра қалып, шамамен бір күн бойы батуға асықпады. 14 Жаратқан Иенің пенденің сөзіне құлақ асып, оның айтқанын осылайша орындаған бұрын-соңды бірде-бір күн болған емес. Себебі шынымен Жаратқан Иенің Өзі Исраил үшін соғысты. 15 Ақыр соңында Ешуа Исраилдің бүкіл жасағымен Ғылғалдағы ел қонысына қайта оралды. 16 Ал осы аралықта аморлықтардың жаңағы бес патшасы қашып кетіп, Макед үңгіріне барып тығылған болатын. 17 «Сол бес патша өздері тығылып жатқан Макед үңгірінен табылды» деген хабар Ешуаға жеткенде, 18 ол былай деп бұйырды: «Дәу тастарды үңгірдің аузына домалатып жауып тастап, күзетшілер қойыңдар! 19 Қалғандарың тоқтамай, жауларыңды қуып, артынан шабуылдаңдар! Олардың өз қалаларына кірулеріне жол бермеңдер! Құдайларың Жаратқан Ие оларды сендердің қолдарыңа тапсырып отыр!» 20 Осылайша Ешуа бастаған исраилдіктер аморлықтарға қатты соққы беріп, оларды талқандап жойды. Жаудың азғана адамы өздерінің бекіністі қалаларына қашып кетті. 21 Ал исраилдіктер Макед үңгірінің жанында қосын тіккен Ешуаға аман-есен қайта оралды. Бұдан былай оларға қарсы бір сөз айтуға ешкімнің де дәті бармады. 22 Ешуа: «Үңгірдің аузын ашып, сол бес патшаны үңгірден шығарып, алдыма алып келіңдер!» — деп бұйырды. 23 Жасақшылар солай істеді де, бес патшаны: Иерусалим, Хеброн, Ярмут, Лахыш, Еглон қалаларының патшаларын үңгірден шығарып, Ешуаның алдына алып келді. 24 Сол кезде Ешуа Исраилдің күллі ер адамдарын жинап алып, өзімен бірге аттанған қолбасшыларға: «Бері келіңдер, аяқтарыңды мына патшалардың мойындарына қойыңдар!» — деп бұйырды. Қолбасшылар жақындап келді де, аяқтарын солардың мойындарына қойды. 25 Ешуа оларға: «Еш нәрседен қорқып, уайымдамаңдар! Қайратты да батыл болыңдар! Сендерге қарсы соғысқан барлық жауларыңа да Жаратқан Ие солай істейді», — деді. 26 Содан соң Ешуа патшаларды өлтіріп, денелерін бес ағашқа ілгізіп, кешке дейін солай қалдырды. 27 Күн бата бастағанда Ешуаның бұйрығымен олардың сүйектері төменге түсіріліп, өздері тығылған үңгірге тасталды. Үңгірдің аузы дәу тастармен бекітілді. Сол тастар күні бүгінге дейін сонда. 28 Сол күні Ешуа Макед қаласын да басып алды. Ол қаланың патшасы мен тұрғындарының бәрін семсердің жүзімен қырып-жойып, бірде-бір тірі жан қалдырмады. Иерихонның патшасына істегенін ол Македтің патшасына да істеді. 29 Содан соң Ешуа Исраилдің бүкіл жасағын бастап Македтен шығып, Либнаға аттанып, оған шабуыл жасады. 30 Жаратқан Ие Либнаны да патшасымен бірге Исраилдің қолына тапсырды. Исраилдіктер қаланың патшасы мен барша тұрғындарын семсердің жүзімен қырып-жойып, бірде-бір тірі жан қалдырмады. Ешуа Иерихонның патшасына істегенін Либнаның патшасына да істеді. 31 Мұнан кейін Ешуа Исраилдің бүкіл жасағын бастап Либнадан шығып, Лахышқа аттанды да, қаланы қоршап, оған да шабуыл жасады. 32 Жаратқан Ие Лахышты исраилдіктердің қолына тапсырып, олар қалаға екінші күні ие болды. Содан олар Либнаның халқын семсердің жүзімен қырғандай, Лахыштың халқын да қырып-жойып, бірде-бір тірі жан қалдырмады. 33 Гәзердің патшасы Һорам Лахыш қаласына көмекке келе жатқан болатын. Ешуа оның жасағына қатты соққы беріп, бірде-бір тірі жан қалдырмады. 34 Содан Ешуа Исраилдің бүкіл қарулы күшін ертіп Лахыштан Еглонға аттанды. Олар сол қаланы да қоршап, оған шабуыл жасап, 35 сол күні ие болды. Лахышта істегеніндей ондағы барлық тірі жанды да семсердің жүзімен түгелдей қырып-жойды. 36 Бұдан кейін Ешуа Исраилдің бүкіл жасағын бастап Еглоннан Хебронға өрлеп барып, сол қалаға да шабуыл жасап, 37 ие болды. Олар оның патшасын да, қаланың өзіндегі және оған қарасты елді мекендердегі адамдарды да семсердің жүзімен қырып-жойды. Ешуа Еглонда істегеніндей, Хебронда да бірде-бір тірі жан қалдырмай, барлығын да жойып жіберді. 38 Содан соң Ешуа Исраилдің бүкіл жасағын ертіп, артқа бұрылды да, Дебир қаласына жетіп, оған шабуыл жасады. 39 Олар қаланы оған қарасты қалаларымен қоса иемденіп алды да, Дебирдің патшасын қолға түсіріп, барлық тұрғындарын бірде-бір тірі жан қалдырмастан семсердің жүзімен қырып-жойды. Ешуа Хеброн мен Либнаны патшаларымен қоса қалай жойған болса, Дебирді де патшасымен қоса дәл солай жойып жіберді. 40 Осылай Ешуа бүкіл елді: таулы аймақтардың, оңтүстіктегі иен даланың, батыстағы төменгі қыраттардың және тау беткейлерінің тұрғындары мен олардың патшаларын жеңіп шықты. Ешуа бірде-бір тірі жан қалдырған жоқ, Исраилдің Құдай Иесі әмір еткендей, барлығын толығымен жойды. 41 Ешуа оларды Қадеш-Барниден Газаға дейінгі аралықта, бүкіл Гөшен аймағында және сол жерден Гибеонға дейінгі аралықта тізе бүктірді. 42 Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие Исраил үшін Өзі соғысып жүргендіктен, Ешуа осы барлық патшалар мен олардың жерін бір жорықта-ақ қолға түсірді. 43 Бұдан соң Ешуа Исраилдің бүкіл жасағымен бірге өздерінің Ғылғалдағы қонысына қайта оралды.
1 Солтүстіктегі Хасор қаласының патшасы Ябин оңтүстік қалаларының күйрегендері туралы естігенде, мына патшалар мен халықтарға жедел хабар жіберді: Мадонның патшасы Жобабқа, Шимрон мен Ахшаптың патшаларына, 2 әрі солтүстіктегі таулы аймақта, Кінерет көлінің оңтүстігіндегі Иорданның алқабында, батыстағы төменгі қыраттарда және батыс жақтағы таулы Дорда билік құрған патшаларға, 3 сондай-ақ, шығыс пен батыс қанахандықтарға, аморлықтарға, хеттіктерге, перездіктерге, таудағы ебустіктерге және Хермон тауының етегіндегі Миспаның маңында тұратын хевтіктерге. (Осылардың бәріне Ябин патша хабар жіберіп оларды Исраил халқына қарсы соғысуға шақырды.) 4 Сонда бұл патшалар барлық сарбаздарын әрі көптеген аттары мен соғыс күймелерін ертіп шайқасқа аттанды. Олардың жасақтары жиналғанда саны теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай шексіз көп болды. 5 Осы патшалардың бәрі Исраилге қарсы шайқасу үшін Мером су көздерінің маңында жиналып, қостарын тікті. 6 Жаратқан Ие Ешуаға тіл қатып былай деді: «Олардан қорқушы болма! Ертең осы уақытта Мен Өзім осылардың барлығын Исраилдің алдында қырып-жоямын. Олардың аттарының тілерсектерін қиып, соғыс күймелерін өртеп жібер!» 7 Содан Ешуа барлық жасақшыларын ертіп Мером су көздеріне аттанып, сол жауларынан тұтқиылдан тап берді. 8 Жаратқан Ие оларды Исраилдің қолына тапсырып, исраилдіктер оларға күйрете соққы берді; оларды үлкен Сидон қаласына дейін, әрі Мисрепот-Майымға және шығыстағы Миспа аңғарына дейін қуып барып, бірде-бір тірі жан қалдырмай қырып-жойды. 9 Ешуа Жаратқан Иенің айтқанын жүзеге асырып олардың аттарының тілерсектерін қиып, соғыс күймелерін өртеп жіберді. 10 Мұнан кейін Ешуа кері бұрылып, Хасор қаласын қолға түсіріп, патшасын семсермен өлтірді. Себебі Хасор (Исраилге қарсы соғысқан) осы патшалықтардың басы болған еді. 11 Исраилдіктер бүкіл қала тұрғындарын бірде-бір тірі жан қалдырмай семсердің жүзімен қырып-жойып, Хасор қаласын түгелдей өртеп жіберді. 12 Сонымен қатар Ешуа сол өзге патшаларды және олардың қалаларының бәрін де қолға түсірді. Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса бұйырғандай, Тәңір Иенің қарғысына ұшыраған оларды семсердің жүзімен қырып-жойды. 13 Ал исраилдіктер төбе бастарында орналасқан бұл қалалардың тек Ешуа өртеп жіберген Хасордан басқа ешқайсысын өртеген жоқ. 14 Исраилдіктер сол қалалардың мал-мүлкін олжалады, бірақ олардың адамдарын бірде-бір тірі жан қалдырмай семсердің жүзімен құртты. 15 Жаратқан Ие Өзінің қызметшісі Мұсаға бұйырғандарды Мұса Ешуаға тапсырған еді. Ешуа соларды жүзеге асырып, Жаратқан Иенің Мұсаға берген бірде-бір бұйрығын орындаусыз қалдырған жоқ. 16 Осылай Ешуа мына елдің барлығын да қолға түсірді: (Яһудадағы) таулы жерді, оңтүстіктегі Негевте орналасқан күллі елсіз даланы, (соның шығыс жағындағы) Гөшен қаласының бүкіл жерін, батыстағы төменгі қыраттарды, Иорданның алқабын, (солтүстік) Исраилдің таулы аймағы мен төменгі қыраттарын. 17 Бұл жер (оңтүстіктегі) Сейірге қарай өрлеп баратын жолдағы Халақ тауынан бастап, Хермон тауының түбінде орналасқан Ливан аңғарындағы Бағал-Ғадқа дейін созылды. Ешуа ондағы барша патшаларды қолға түсіріп, көздерін құрту үшін, 18 олармен ұзақ уақыт соғыс жүргізді. 19 Гибеон қаласын мекендейтін хевтіктерден басқа бірде-бір қала исраилдіктермен бейбітшілік келісімін жасаған жоқ. Өзге қалалардың барлығы күшпен алынды, 20 өйткені Жаратқан Иенің Өзі жүректерін қасарыстырып қойғандықтан, олар Исраилге қарсы соғысқа шықты. Олар Жаратқан Иенің қарғысына ұшыраған соң, Оның Мұсаға бұйырғанына сай ешқандай аяусыз қырылып-жойылуға тиіс болды. 21 Сол уақытта Ешуа (жасақшыларын ертіп) Хеброн, Дебир, Анаб қалаларының таулы аймағы және Яһуда мен Исраилдің барлық басқа тауларына аттанды да, сонда тұратын Анақтың алып ұрпақтарының көзін құртты. Исраилдіктер Тәңір Иенің қарғысына ұшыраған солардың өздерін де, қалаларын да қырып-жойды. 22 Содан исраилдіктердің жерінде Анақтың ұрпақтарының ешқайсысы қалмай, тек Газа, Ғат пен Азот қалаларында тұратындары ғана тірі қалды. 23 Осылай Ешуа Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғандарының барлығына сәйкес бүкіл елді иемденіп алды. Оны исраилдіктерге өздері жататын рулары бойынша мұралық меншіктеріне үлестіріп берді. Сонымен соғыс бітіп, елде тыныштық орнады.
1 Исраилдіктердің бұған дейін жеңіп шығып, Иорданның шығыс жағындағы Арнон аңғарынан Хермон тауына дейін, Иорданның алқабының шығыс жағындағы иен даланы қосқандағы жерлерін иемденіп алған патшалар мыналар: 2 алғашқысы аморлықтардың Хешебонда тұрған патшасы Сихон еді. Ол Арнон аңғарының шетіндегі Арогерден және сол аңғардың ортасындағы қаладан бастап, аммондықтардың шекарасындағы Ябок өзеніне дейінгі аралықта билік құрды. Бұл аймақ — Ғилақад өлкесінің жартысы. 3 Сихон, сондай-ақ, (солтүстіктегі) Ғалилея (Кінерет) көлінің батыс жағалауынан бастап, (оңтүстіктегі) Өлі теңізге, яғни Тұзды теңізге, дейінгі аралықта, әрі Бет-Ешимотқа, оңтүстікте орналасқан Писга тауының етегіне қарай созылған Иордан алқабына билік жүргізді. 4 Екіншісі Башанның патшасы Ог еді. Ол рафалықтар әулетінің соңғыларының бірі еді. Огтың басты қалалары Аштарот пен Едірей болатын. 5 Ог патша Хермон тауы мен Салхаға, гешурліктер мен махалықтардың жеріне дейінгі бүкіл Башан аймағына және Хешебон патшасы Сихонның жерімен шекаралас жатқан Ғилақад өлкесінің жартысына билік құрған еді. 6 Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса мен Исраил халқы осы екі патшаны жеңіп шыққаннан кейін Мұса осы жерді Рубен мен Ғад руларына және Манаса руының жартысына мұралық меншікке үлестіріп берді. 7 Ал Ешуа мен исраилдіктер Иорданның батыс жағында жеңген патшалардың жерлері (солтүстіктегі) Ливан аңғарындағы Бағал-Ғадтан бастап, (оңтүстіктегі) Сейірге қарай өрлеп баратын жолдағы Халақ тауына дейінгі аралықта орналасқан болатын. Ешуа солардың жерлерін Исраилдің өзге руларына үлестіріп берді. 8 Сол жерлер мыналар: таулы аймақ, батыстағы төменгі қыраттар, Иорданның алқабы, тау беткейлері, (Яһудадағы) елсіз дала, оңтүстіктегі иен дала (Негев), яғни хеттіктер, аморлықтар, қанахандықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктердің жерлері. 9 Сонымен Исраил жеңіп шыққан патшалардың қалалары мыналар, әрбір қаланың бір-бірден патшасы болды: Иерихон, Бетел маңындағы Ай, 10 Иерусалим, Хеброн, 11 Ярмут, Лахыш, 12 Еглон, Гәзер, 13 Дебир, Гәдер, 14 Хорма, Арад, 15 Либна, Адуллам, 16 Макед, Бетел, 17 Таппуах, Хефер, 18 Әфек, Лашарон, 19 Мадон, Хасор, 20 Шимрон-Мером, Ахшап, 21 Тағанах, Мегидо, 22 Кедес, Қармил тауының түбіндегі Жоқнеам, 23 таулы Дор жеріндегі Дор, Ғылғалдағы Ғойым 24 және Тирса. Барлық патшалардың ұзын саны отыз бір.
1 Ешуаның жасы келіп, қартайған кезінде Жаратқан Ие оған тіл қатып былай деді: — Жасың ұлғайып, қартайып келесің. Ал елдің исраилдіктер иемденбеген жері әлі де көп. 2 Иемдену қажет аймақтар мыналар: біріншіден, філістірлер мен гешурліктердің жерлері: 3 Мысырдың шығыс жағындағы Шихор өзенінен Әкронның солтүстігіндегі шекарасына дейін созылған аймақ, ол қанахандықтардың жері болып саналады. Філістірлердің бес әміршісі билік жүргізген Газа, Азот, Ашкелон, Ғат, Әкрон атты қалалары әрі оңтүстіктегі ауилықтардың жері де осы аймаққа кіреді. 4 Сондай-ақ, қанахандықтардың (солтүстіктегі) бүкіл жері, сидондықтарға тиісті Меарадан аморлықтарға тиесілі Әфектің шегіне дейінгі өлке, 5 гебалдықтардың жері, Хермон тауының етегіндегі Бағал-Ғадтан Лебо-Хаматқа дейінгі бүкіл шығыс Ливан 6 және Ливаннан Мисрепот-Майымға дейінгі таулы аймақтың күллі тұрғындары әрі барлық сидондықтар мекендеген жер де әлі иемделінген жоқ. Мен Өзім бұларды Исраилдің үрім-бұтағының алдынан қуып шығамын. Менің өзіңе бұйырғаныма сай, сен міндетті түрде осы елді исраилдіктерге мұралық меншікке үлестіріп бер. 7 Сонымен осы елді тоғыз руға және Манаса руының жартысына мұралық меншікке үлестіріп бер. 8 Манаса руының екінші жартысына және Рубен, Ғад руларына мұралық жерлері Жаратқан Иенің қызметшісі Мұсаның үлестіргеніне сай Иордан өзенінің арғы, шығыс жағынан тиді. 9 Бұл жер Арнон аңғарының шетіндегі Арогерден және сол аңғардың ортасындағы қаладан басталды. Ол Медебадан әрі қарай орналасқан Дибон қаласына дейін созылған бүкіл жон даланы, 10 сонымен қатар аморлықтардың Хешебонда билік құрған патшасы Сихонның қарамағында болған, аммондықтардың шекарасына дейін орналасқан күллі қалаларын да қамтыды. 11 Сондай-ақ, Ғилақадты, гешурліктер мен махалықтардың бүкіл аймағын, Хермон тауы мен Салхаға дейінгі барлық Башан аймағын, 12 яғни Аштарот пен Едірейде Башан жеріне билік құрған Огтың бүкіл патшалығын, қамтыды. Ог Рафаның ұрпақтары деп аталатын алыптар нәсілінен қалған соңғы адамдардың бірі еді. Мұса оларды да жеңіп, елден аластатқан болатын. 13 Ал гешурліктер мен махалықтарды исраилдіктер қуып шығарған жоқ, олар әлі күнге дейін Исраил елімен бірге тұрып келді. 14 Тек Леуі руына Мұса мұралық жер берген жоқ. Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие уәде еткендей, Өзіне ұсынылған құрбандықтардың арнайы бөліктері леуіліктерге тиісті мұралық үлес болады. 15 Мұса Рубен руына әулеттері бойынша үлестіріп берген жер мынау: 16 Арнон аңғарының шетіндегі Арогер қаласынан және аңғардың ортасындағы қаладан басталып, Медеба маңындағы бүкіл жон дала, 17 Хешебон мен оның жон далада орналасқан барлық қалалары: Дибон, Бамот-Бағал, Бет-Бағал-Меон, 18 Яхас, Кедемот, Мефағат, 19 Кириятаим, Сибма, аңғардағы төбеде орналасқан Серет-Шахар және 20 Бет-Пеғор қалалары, сонымен қатар Писга тауының етектері және Бет-Ешимот. 21 Осылайша жон даладағы барлық қалалар әрі аморлықтардың Хешебонда билік құрған патшасы Сихонның бүкіл патшалығы Рубен руына берілді. Мұса кезінде Сихон патшаны және сол елде тұрып жатқан мадиандықтардың Еуи, Рекем, Сур, Хур және Реба деген көсемдерін жеңген болатын. 22 Исраилдіктер шайқаста жеңіп шыққан бұл жауларына қоса, сәуегейшілікпен айналысатын Беғор ұлы Балағамның да көзін құртты. 23 Рубендіктерге бөлінген жердің батыс шекарасы — Иордан өзені. Сонымен Рубеннің ұрпақтарына әулеттері бойынша мұралық меншікке берілген жер, міне, осы қалалар мен оларға қарасты елді мекендерді қамтыды. 24 Мұса Ғад руына әулеттері бойынша үлестіріп берген жер мынау: 25 Жазер аймағы, Ғилақад аймағындағы барлық қалалар және Рабба қаласының алдындағы Арогерге дейінгі Аммон елі, 26 Хешебоннан Рамат-Миспа мен Бетонимге дейінгі және Маханайымнан Дебирдің шекарасына дейінгі жер, 27 әрі аңғардағы Бет-Ғарам, Бет-Нимра, Соқот, Сафон әрі Хешебон патшасы Сихонның билігінің қалған бөлігі. Бұлар Иорданның шығыс жағында, Кінерет (яғни Ғалилея) көліне дейін созылған аймақта орналасқан. 28 Осылайша ғадтықтарға әулеттері бойынша мұралық меншікке берілген жер осы қалаларды әрі оларға қарасты елді мекендерді қамтыды. 29 Мұса Манаса руының жартысына әулеттері бойынша үлестіріп берген жер мынау: 30 Маханайымнан бастап, бүкіл Башан аймағын, Башанның патшасы Огтың билігіндегі барша жерді және Башандағы Жайыр қоныстарын, барлығы алпыс қаланы қамтитын аймақ, 31 бұған қоса Ғилақад аймағының жартысы, Аштарот және Едірей. Бұлар Ог патшаның Башандағы басты қалалары болған еді. Осы жер Манаса ұлы Махырдың үрім-бұтағының жартысына әулеттеріне сай үлестірілді. 32 Сонымен халық Иерихонға қарама-қарсы, Иорданның шығыс жағындағы Моабтың елсіз алқаптарында болғанда Мұса пайғамбар үлестірген мұралық жерлер, міне, осылар. 33 Ал Леуі руына Мұса мұралық меншікке жер берген жоқ. Өйткені Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің уәдесіне сай, олардың «мұралық үлесі» Оның Өзі болды.
1 Қанахан елінде исраилдіктер мына жерлерді мұралық меншікке қабылдап алды. Соларды оларға діни қызметкер Елазар, Нұн ұлы Ешуа және Исраилдің рубасылары үлестірді. 2 Жаратқан Ие Мұса арқылы бұйырғандай, тоғыз руға және тағы бір рудың жартысына мұралық жерлері жеребе тасталып белгіленді. 3 Себебі Мұса кезінде екі руға және басқа бір рудың жартысына мұралық жерлерін Иорданның шығыс жағынан белгілеген болатын. Ал леуіліктерге ол осы рулар қатарлы мұралық жер бөліп берген жоқ. 4 Жүсіптен екі ру: Манаса мен Ефрем тараған еді. Сонымен леуіліктерге елден өздерінің мұралық аймағы үлестірілмей, тек тұруға қалалар және малдарын бағуға жайылымдар ғана бөлінді. 5 Осылайша исраилдіктер Жаратқан Иенің Мұса арқылы бұйырғанына сәйкес елді бөліп алды. 6 Бірде Яһуда руының біраз адамы Ғылғалда Ешуаға жақындап келді. Сонда араларындағы Кенез ұрпағы Ефунне ұлы Халеп оған былай деді: — Құдайдың таңдаған адамы Мұсаға Жаратқан Ие сіз екеуіміз туралы Қадеш-Барнидің маңында не дегенін өзіңіз жақсы білесіз. 7 Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса мені Қадеш-Барниден елді барлап келуге жібергенде қырық жаста болатынмын. Елді барлап, көріп-білгенімді шынайы айтып келдім. 8 Барлауға бірге өрлеп барған басқа бауырластарымыздың айтып келген сөздері халықтың зәре-құтын ұшырды. Ал мен Құдайым Жаратқан Иенің жолымен толығымен жүрдім. 9 Сондықтан да сол күні Мұса маған мынадай уәде еткен еді: «Сен Құдайым Жаратқан Иеге толықтай сенімді болғандығыңнан, сенің аяқ басып келген жерің өзіңнің және ұрпақтарыңның тұрақты меншігі болады». 10 Ал енді, Мұсаның осыны айтқанынан бері қырық бес жыл өтті. Алайда біздер — Исраил халқы айдаланы кезіп жүрген осы уақыт бойы Жаратқан Ие Өзінің уәдесі бойынша мені аман-есен сақтап келді. Міне, жасым сексен беске келсе де, алдыңызда тұрмын. 11 Мұса мені елді барлауға жіберген кездегідей қазір де мықтымын. Сол кездегідей қазір де шайқасқа шығып, соғысуға әлім жетеді. 12 Сізден өтінерім: Жаратқан Ие сол кезде уәде еткен таулы аймақты маған табыстай көріңіз! Кезінде сіз Жаратқан Иенің берген уәдесін өзіңіз естігенсіз. Бұл жерді Анақтың ұрпақтары мекендейді, олардың қалалары үлкен және күшті бекітілген. Алайда Жаратқан Ие Өзі айтқандай маған жар болса, оларды қуып шыға аламын. 13 Сонда Ешуа Ефунне ұлы Халепке батасын беріп, оған мұралық меншік ретінде Хеброн қаласын табыстады. 14 Сол заманнан бері күні бүгінге дейін Хеброн қаласы Кенез ұрпағы Ефунне ұлы Халепке тиісті. Себебі ол Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге шын жүректен адал болған еді. 15 Хеброн қаласы бұрын Анақ ұрпақтарының ішіндегі Арба деген ең алып адамның атымен Кирият-Арба деп аталатын. Осылайша соғыс бітіп, елде тыныштық орнады.
1 Яһуда руына әулеттері бойынша үлестірілген жер ең оңтүстікте Едом елімен шектесіп, Сін атты елсіз далаға қарай созылады. 2 Яһуданың оңтүстік шекарасы Өлі теңіздің оңтүстігіндегі шығанақтан басталып, 3 содан Шаяндар асуының оңтүстік жағымен өтіп, Сін даласына дейін, сол арқылы Қадеш-Барни қаласынан оңтүстікке қарай жалғасады. Осыдан шекара Хесрон арқылы Адарға көтеріліп, одан Қарқаға бұрылып, 4 Асмонға жетіп, одан әрі Мысырмен шекарадағы өзеннің бойымен жүріп, Жерорта теңізінің жағасында аяқталады. Яһуда руының оңтүстік шекарасы осындай. 5 Шығыстағы шекара Өлі теңіздің бойымен Иорданның оған құятын атырауына дейін созылады. Яһуданың солтүстік шекарасы Иордан атырауындағы теңіз шығанағынан басталып, 6 Бет-Хоғылаға дейін көтеріліп, Бет-Арабаның солтүстік жағынан өтіп, «Боханның тасы» деген жерге дейін ұласады. Бохан Рубеннің ұлы еді. 7 Содан шекара Ахор аңғарынан Дебирге көтеріліп, солтүстікке қарай Ғылғалға бұрылады. Ғылғал тасқынды аңғардың оңтүстік жағындағы Адумим асуына қарама-қарсы орналасқан. Осыдан шекара Ен-Шәміш бұлағына дейін созылып, Ен-Рогелге жетеді. 8 Бұдан соң шекара ебустіктердің (кейінірек) Иерусалим деп аталған қаласы орналасқан төбенің оңтүстігіндегі Бен-Хенном аңғарының бойымен өрлеп, осы аңғардың батысындағы, Рефаим аңғарының солтүстік шетіндегі төбенің басына көтеріледі. 9 Шекара осы төбе басынан Нептоғах су көзіне жетіп, Ефрон тауындағы қалаларға дейін ұласады. Сол жерден ол Бағалахқа, яғни, Кирият-Иғарымға қарай бұрылады. 10 Бұдан кейін шекара Бағалахтан батысқа, Сейір тауына қарай иіліп, Иғарым, яғни, Кесалон тауының солтүстік беткейімен өтіп, Бет-Шәмішке төмендеп, Тимна арқылы өтеді. 11 Содан шекара Әкронның солтүстік беткейімен өтіп, Шикеронға қарай бұрылып, Бағалах тауы арқылы өтіп, Ябниелге жетеді, одан әрі Жерорта теңізіне келіп тіреледі. 12 Батыс шекарасы — сол теңіздің жағалауы. Яһуда руына әулеттері бойынша үлестірілген жердің айнала шекарасы осындай. 13 Ешуа Жаратқан Иенің өзіне берген бұйрығы бойынша Ефунне ұлы Халепке Яһуда руының жерінен жеке үлес берді. Атап айтқанда, оған Кирият-Арбаны, яғни Хебронды, белгіледі. Қаланың атындағы Арба деген есім алып Анақтың атасын білдірген. 14 Халеп (әулетінің ер адамдарын ертіп) Хеброннан Анақтың Шешай, Ахиман, Талмай есімді үш алып ұрпағын қуып шықты. 15 Сол жақтан ол Дебир қаласының тұрғындарына қарсы өрлеп аттанды. Дебир бұрынырақ Кирият-Сефер деп аталатын. 16 Халеп: «Кирият-Сеферге шабуыл жасап, оны иемденіп алған адамға мен қызым Ахсаны қосамын», — деп уәде етті. 17 Халептің інісі, Кеназдың ұлы Отниел сол қаланы иемденіп алды. Содан Халеп Отниелге қызы Ахсаны қосты. 18 Оған ұзатылар кезде Ахса Отниелді қайын атасынан егістік жер сұрап алуға көндірді. Мұнан кейін қызы келіп, есегінен түсіп жатқанда, Халеп оған: — Қандай бұйымтайың бар? — деді. 19 Қызы: — Бір айрықша жақсылық жасай көріңізші. Маған оңтүстіктегі сусыз даланы сыйлап отырсыз. Енді соған қоса су көздерін де берсеңіз екен, — деп өтінді. Сонда Халеп Ахсаға Жоғарғы және Төменгі деп аталатын су көздерін де сыйлады. 20 Яһуда руына әулеттері бойынша үлестірілген жер төмендегідей болды. 21 Яһуда руының ең оңтүстікте Едом еліне жақын орналасқан қалалары мыналар: Кәбісел, Едер, Ягур, 22 Кина, Димона, Адада, 23 Кедес, Хасор, Итнан, 24 Зиф, Телем, Балот, 25 Хасор-Хадата, Кериот-Хесрон, яғни Хасор, 26 Амам, Шема, Молада, 27 Хасар-Ғада, Хешмон, Бет-Пәлет, 28 Хасар-Шуал, Бер-Шеба, Бизиотея, 29 Бағалах, Иім, Әсем, 30 Елтолад, Кесил, Хорма, 31 Сикеләг, Мадманах, Сансанна, 32 Лебаот, Шилхим, Аин және Риммон. Сол аймақта Яһудаға барлығы жиырма тоғыз қала әрі оларға қарасты елді мекендер үлестірілді. 33 Батыстағы төменгі қыраттарда: Ештағол, Сора, Ашна, 34 Заноах, Ен-Ғанним, Таппуах, Енам, 35 Ярмут, Адуллам, Сохо, Әзека, 36 Шағараим, Адитаим, Гедера, яки Гедеротаим — он төрт қала әрі оларға қарасты елді мекендер; 37 Сенан, Хадаша, Мигдал-Ғад, 38 Дилеан, Миспа, Жоқтеил, 39 Лахыш, Босқат, Еглон, 40 Хабон, Лахмас, Хитлис, 41 Гедерот, Бет-Дагон, Нағама және Макед — он алты қала мен оларға қарасты елді мекендер; 42 Либна, Етер, Ашан, 43 Ифтах, Ашна, Несиб, 44 Кеил, Ахзиб, Мареша — тоғыз қала әрі оларға қарасты елді мекендер; 45 Әкрон мен оған қарасты елді мекендер мен қоныстар, 46 Әкроннан батыстағы теңізге қарай Азот қаласының маңындағы қалалар мен олардың айналаларындағы елді мекендер; 47 Азотқа қарасты елді мекендер мен қоныстар, Газа әрі оған қарасты, Мысырмен шекарадағы тасқынды аңғар мен Жерорта теңізінің жағалауына дейінгі аралықта орналасқан елді мекендер мен қоныстар; 48 таулы аймақта: Шамир, Ятир, Сохо, 49 Данах, Кирият-Санна, яғни Дабыр, 50 Анаб, Ештемо, Аним, 51 Гөшен, Холон мен Ғило — он бір қала әрі оларға қарасты елді мекендер; 52 Араб, Дума, Ешан, 53 Яним, Бет-Таппуах, Әфека, 54 Хумта, Кирият-Арба, яғни Хеброн, Сиор — тоғыз қала әрі оларға қарасты елді мекендер; 55 Мағон, Кәрмел, Зиф, Юта, 56 Ізрел, Жоқтам, Заноах, 57 Қайын, Гибея, Тимна — он қала әрі оларға қарасты елді мекендер; 58 Халхул, Бет-Сұр, Гедор, 59 Мағарат, Бет-Анот, Елтекон — алты қала әрі оларға қарасты елді мекендер; 60 Кирият-Бағал, яғни Кирият-Иғарым мен Рабба — екі қала әрі оларға қарасты елді мекендер; 61 иен далада: Бет-Араба, Міддин, Сеқаха, 62 Нибшан, Тұз қаласы (Ир-Мелах) және Ен-Геди — алты қала әрі оларға қарасты елді мекендер. 63 Яһуда руының адамдары Иерусалимде тұратын ебустіктерді қуып шығара алмады, содан ебустіктер осы күнге дейін Яһуданың адамдарымен бірге тұрып келеді.
1 Жүсіптің үрім-бұтағына бөлінген мұралық жердің (оңтүстік) шекарасы Иерихон қаласының маңындағы Иордан өзенінен, Иерихонның шығыс жағындағы су көздерінен басталып, елсіз дала арқылы өтіп, Бетел төңірегіндегі таулы өлкеге дейін көтеріліп барады. 2 Содан соң шекара Бетелден, яғни Луздан, архиліктердің жеріндегі Атаротқа дейін созылады. 3 Одан батысқа, яфлеттіктердің жеріне қарай бұрылып, Төменгі Бет-Хорон мен Гәзер қалаларына дейін ұласып, содан Жерорта теңізіне барып тіреледі. 4 Осылайша Жүсіптің ұлдары Манаса мен Ефремнен тараған екі ру мұралық жерлеріне ие болды. 5 Ефрем руына әулеттері бойынша үлестірілген жері мынау: оның шекарасы шығыстағы Атарот-Адардан басталып, Жоғарғы Бет-Хоронға дейін созылып, 6 теңізге қарай бұрылады. Сол жердің солтүстігінде Михметах орналасқан. Содан шекара шығысқа Тағанат-Шилоға қарай бұрылыс жасап, Янохтың шығыс жағынан өтеді де, 7 Янохтан Атарот пен Нағаратқа қарай төмендеп, Иерихонға жетіп, Иордан өзеніне келіп тіреледі. 8 Енді шекара Таппуах деген жерден батысқа қарай Қанах жылғасына дейін барып, содан теңізге келіп тіреледі. 9 Ефрем руына әулеттері бойынша үлестірілген мұралық жер, міне, осы. Сонымен қатар оған Манаса руына үлестірілген жерде орналасқан, бірақ ефремдіктерге жататын қалалар мен оларға қарасты елді мекендер де кіреді. 10 Ефремдіктер Гәзер қаласын мекендейтін қанахандықтарды қаладан қуып шығара алмады. Сондықтан осы қанахандықтар әлі күнге дейін олардың арасында тұрып, Ефрем руына қызмет көрсетіп келеді.
1 Ал енді, Жүсіптің тұңғышы Манасадан тараған рудың жартысына үлестірілген жер мынау: Махыр әулеті батыл жауынгерлер болғандықтан, оларға (Иорданның шығыс жағындағы) Ғилақад пен Башан аймақтары иемденуге берілген еді. 2 Манасаның қалған ұрпақтарына (Иорданның батыс жағында) әулеттері бойынша мұралық жер үлестірілді. Манасаның еркек кіндікті ұрпақтарынан Әбиезер, Хелек, Асриел, Сихем, Хефер, Шемида әулеттері тарады. 3 Ал Манасаның шөпшегі, Махырдың шөбересі, Ғилақадтың немересі, Хефер ұлы Салопахадта ұл болмай, Махла, Ноға, Хоғла, Мылқа, Тирса атты қыздары ғана болды. 4 Бұлар діни қызметкер Елазардың, Нұн ұлы Ешуаның және елдің басқа да басқарушыларының алдына келіп: «Ағайындарымызға берілгендей, мұралық жер бізге де берілсін деп Жаратқан Ие Мұсаға бұйырған еді ғой», — деді. Осылайша Жаратқан Иенің бұйрығына сай, оларға мұралық жер әкелерінің еркек кіндікті туысқандары қатарлы берілді. 5 Сонымен Манаса руының жері Иордан өзенінің арғы шығыс жағындағы Ғилақад пен Башан аймақтарына қоса тағы Қанахан елінің ішіндегі он аймақтан да тұратын болды. 6 Себебі Манасаның сол бес немене қызы еркек кіндікті туысқандары секілді мұралық жерге ие болды. Ғилақад аймағы Манасаның басқа ұрпақтарының үлесіне тиген еді. 7 Манаса руының шекарасы Аширден Сихемнің шығысындағы Михметахқа дейінгі аралықты алып жатады. Содан соң шекара оңтүстікке, Ен-Таппуахтың тұрғындарына қарай бұрылады. 8 Таппуах аймағы Манаса руына, ал Манасаның шекарасындағы Таппуах қаласы Ефрем руына жатады. 9 Бұл жерден шекара Қанах жылғасына, сол жылғаның оңтүстік жағына қарай бұрылады. Мұндағы қалалар Манасаның қалаларының арасында орналасса да, Ефрем руына жатады. Содан Манаса руының шекарасы жылғаның солтүстік жағымен жүріп отырып, теңізге келіп тіреледі. 10 Оңтүстік жақтағы жер Ефремдікі, ал солтүстіктегісі Манасанікі. Манаса руының жерінің бір шеті теңізбен ұласып жатса, солтүстігінде Ашир, шығысында Исашар руларының жерлерімен шектеседі. 11 Ал Исашар мен Ашир руларының ішіндегі Бет-Шан, Ибелам, Дор, Ендор, Тағанах, Мегидо қалаларының тұрғындары және айналаларындағы елді мекендер Манаса руына жатуға тиіс. Осындағы Дор қаласының Нафот деген қосымша аты бар. 12 Бірақ манасалықтар бұл қалаларды қолға түсіре алмады, сондықтан оларда қанахандықтар әлі де тұрып келеді. 13 Исраилдіктер күшейіп алған кезде қанахандықтарды өздеріне міндетті жұмыс істеп, қызмет көрсетуге мәжбүрледі, бірақ оларды елден түгелдей қуып жібермеді. 14 Жүсіптен тараған екі рудың басшылары Ешуаға тіл қатып: — Сіз неге бізге елден бір ғана үлес, бір ғана мұралық жер беріп отырсыз? Жаратқан Ие жарылқап, біз үлкен ел болып отырмыз ғой, — деді. 15 Ешуа оларға: — Үлкен ел екенсіңдер, Ефремнің таулы аймағы сендерге тарлық қылады екен. Онда перездіктер мен рафалықтар тұрып жатқан орманды аймаққа көтеріліп барып, орманды кесіп, өздеріңе жер тазартып дайындап алыңдар, — деп жауап берді. 16 Ал Жүсіп руының адамдары: — Таулы аймақтың бізге жеткіліксіз екені рас, әрі төменгі жазықты, Бет-Шанды және Ізрел алқабын мекендейтін барлық қанахандықтардың темір соғыс күймелері бар емес пе? — деп жауап қайырды. 17 Сонда Ешуа Жүсіптің үрім-бұтағы — Ефрем мен Манаса руларына: — Сендер үлкен елсіңдер, күш-қуаттарың да мол. Сендерге тиер үлес тек біреу ғана болмайды, 18 таулы, орманды аймақ та сендерге беріледі. Оны кесіп, тазартып, ең шетіне дейін иемденіп аласыңдар. Қанахандықтардың темір соғыс күймелері және зор күш-қуаты болса да, сендер оларды елден қуып шығасыңдар, — деп жігерлендірді.
1 Бұлардан кейін исраилдіктердің бүкіл жамағаты Шилода жиналып, киелі кездесу шатырын тікті. Қанахан елі олардың билігіне өткенімен, 2 исраилдіктердің әлі де мұралық жерлері үлестірілмеген жеті руы қалған еді. 3 Сол себепті Ешуа исраилдіктерге былай деді: «Ата-бабаларың сиынған Құдай — Жаратқан Иенің өздеріңе табыстаған елін иемденуге қашанға дейін немқұрайды қарайсыңдар? 4 Әр рудан маған үш-үштен адам тағайындап жіберіңдер! Мен оларды бүкіл елді аралап, үлестерге бөлу мақсатында сипаттап жазып алып келуге жұмсаймын. Содан соң олар маған қайтып келеді. 5 Олар елді жеті бөлікке бөлсін. Яһуда руы өзінің оңтүстіктегі жерінде, ал Жүсіптің үрім-бұтағы солтүстікте қала берсін. 6 Осылайша сендер елдің жеті бөлігін сипаттап жазғаннан кейін сол баяндаманы маған осында алып келіңдер. Мен мұнда Құдайымыз Жаратқан Иенің алдында сендер үшін жеребе тастаймын. 7 Ал араларыңда леуіліктерге арналған үлесті аймақ болмайды, себебі Жаратқан Иеге діни қызметті атқару оларға тиген үлес. Ғадтықтар, рубендіктер және Манаса руының жартысы Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса үлестірген жерлерін Иордан өзенінің шығыс жағынан алды». 8 Сонымен Ешуа елді барлаушыларды жолға шығарғанда оларға нұсқау беріп былай деді: «Елді аралап, сипаттап жазып, маған келіңдер. Сонда мен осы Шилода Жаратқан Иенің алдында сендер үшін жеребе тастаймын». Осылай Ешуа тапсырмасын берген соң, оларды жолға шығарып салды. 9 Жіберілген адамдар елді аралап шығып, жеті бөлік бойынша оның қалаларын тізімге тіркеп, Шилодағы қонысында тұрған Ешуаға қайтып келді. 10 Бұдан кейін Ешуа Жаратқан Иенің алдында Шилода жеребе тастап, исраилдіктерге рулары бойынша жерді үлестіріп берді. 11 Алғашқы жеребе Бунямин руына әулеттері бойынша түсті. Оларға Яһуда мен Жүсіп руларының арасындағы жер үлестірілді. 12 Буняминнің солтүстік шекарасы Иордан өзенінен басталып, Иерихонның маңындағы қыраттың солтүстік беткейінен өтіп, таулы аймақта батысқа қарай бет алып, Бет-Әбен маңындағы елсіз далаға келіп тіреледі. 13 Бұл жерден шекара оңтүстікке, Лұзға, яғни Бетелге, қарай бұрылып, Лұздың жанынан өтіп, Төменгі Бет-Хоронның оңтүстігіндегі төбеде орналасқан Атарот-Адарға қарай төмендейді. 14 Шекара Бет-Хоронның оңтүстігіндегі төбенің батыс жағымен оңтүстікке қарай ұласып, Яһуда руының бір қаласы — Кирият-Бағалға (демек, Кирият-Иғарымға) дейін жетеді. Бунямин руының жерінің батыс шекарасы осындай. 15 Шекараның оңтүстік жағы Кирият-Иғарымның сыртқы шегінен басталып, батысқа қарай Нептоғах су көзіне ұласып, 16 Рефаим аңғарының солтүстігіндегі Бен-Хенном аңғарының қарсысындағы төбенің етегіне қарай түседі. Содан шекара Бен-Хенном аңғарының бойымен төмендеп, Гибеядағы ебустіктердің (қаласының) оңтүстік беткейіне өтіп, Ен-Рогелге дейін төмендейді. 17 Бұдан кейін шекара солтүстікке қарай бұрылып, Ен-Шәмішке, одан Адумим асуының алдындағы Гелилотқа дейін созылып, «Боханның тасы» деген жерге жетеді. Бохан Рубеннің ұлы болатын. 18 Бұл жерден шекара Иорданның алқабының үстіндегі солтүстік беткеймен жүре отырып, Иорданның алқабына түседі. 19 Шекара Бет-Хоғыланың солтүстік етегімен ұласып, Өлі (яки Тұзды) теңіздің солтүстік шетінде, Иордан өзенінің Өлі теңізге құяр сағасында аяқталады. Бұл жер — Иордан өзенінің оңтүстік шеті. Бунямин руының оңтүстіктегі шекарасы, осындай. 20 Шығыстағы шекара — Иордан өзені. Бунямин руына әулеттері бойынша үлестірілген мұралық жердің айнала шекаралары, міне, осылар. 21 Енді мыналар Бунямин руына әулеттері бойынша берілген қалалар: Иерихон, Бет-Хоғыла, Емек-Кесис, 22 Бет-Араба, Семараим, Бетел, 23 Ауим, Парах, Офра, 24 Кефар-Аммонай, Опни, Геба — он екі қала мен оларға қарасты елді мекендер, 25 Гибеон, Рамақ, Бегерот, 26 Миспа, Кефира, Моса, 27 Рекем, Ирпеил, Тарала, 28 Села, Елеф, Ебус, яғни Иерусалим, Гибея, Кирият — он төрт қала әрі оларға қарасты елді мекендер. Әулеттері бойынша Бунямин руына үлестірілген мұралық жер, міне, осы.
1 Екінші жеребе әулеттері бойынша Шимон руына түсті. Бұл руға үлестірілген мұралық жер Яһуда руының жерінің ішінде жататын болды. 2 Шимон руына мына қалалар тиді: Бер-Шеба, яки Шеба, Молада, 3 Хасар-Шуал, Балах, Әсем, 4 Елтолад, Бетул, Хорма, 5 Сикеләг, Бет-Марқабот, Хасар-Суса, 6 Бет-Лебағот, Шарухен — он үш қала әрі оларға қарасты елді мекендер, 7 Аин, Риммон, Етер, Ашан — төрт қала әрі оларға қарасты елді мекендер. 8 Бұларға қоса олардың айналаларындағы Бағалат-Берге, яғни Негевтегі Рамаққа, дейінгі жердегі барлық елді мекендер де берілді. Әулеттері бойынша Шимон руына берілген мұралық жер, міне, осы. 9 Шимон руына мұралық жер Яһуда руының үлесінен берілді, себебі Яһуданың үлесі өздері үшін тым үлкен болатын. Сондықтан Шимонның ұрпақтарына мұралық жер Яһуданың үлесінің ішінен берілді. 10 Үшінші жеребе әулеттері бойынша Забулон руына түсті. Оларға тиген жердің шекарасы Сарыдқа дейін созылып, 11 содан батысқа қарай көтеріліп, Маралаға, содан Дабешетке, одан соң Жоқнеамның қасындағы жылғаға дейін жетеді. 12 Шекара Сарыдтан шығысқа бағыт алып, Қислот-Табордың жеріне дейін барады да, Дабератқа дейін ұласып, одан Япияға дейін көтеріледі. 13 Сол жерден шекара шығысқа қарай Ғат-Хефер мен Ита-Қасынға кесіп өтіп, Риммонға жетіп, Неяға қарай бұрылады. 14 Содан соң ол солтүстікте Ханатонға қарай айналып, Ифтах-Ел аңғарына келіп тіреледі. 15 Забулонның жері бұдан басқа Қаттат, Нахалал, Шимрон, Идала және Бетлехемді де — барлығы он екі қаланы әрі оларға қарасты елді мекендерді қамтиды. 16 Сонымен әулеттері бойынша Забулон руының үлесіне тиген мұралық жер, ондағы қалалар мен оларға қарасты елді мекендер, міне, осылар. 17 Төртінші жеребе әулеттері бойынша Исашар руына салынды. 18 Оларға тиісті жер Ізрел, Кесулот, Шунем, 19 Хафараим, Шион, Анахарат, 20 Раббит, Қишион, Әбес, 21 Ремет, Ен-Ғанним, Ен-Хадда және Бет-Пәсесті қамтиды. 22 Шекара Табор, Шахасима және Бет-Шәміштің шегімен жанасып, Иордан өзеніне барып тіреледі. Осы жердің аумағына барлығы он алты қала әрі оларға қарасты елді мекендер кіреді. 23 Сонымен әулеттері бойынша Исашар руының үлесіне тиген мұралық жер, ондағы қалалар әрі оларға қарасты елді мекендер, міне, осылар. 24 Бесінші жеребе әулеттері бойынша Ашир руына түсті. 25 Оның жеріне Хелқат, Хали, Бетен, Ахшап, 26 Аламәлік, Амад, Мишал кіреді. Батыс шекарасы Қармил тауы мен Шихор-Либнатпен жанасып, 27 содан шығысқа қарай бұрылып Бет-Дагонға дейін жетеді де, Забулонның жерімен солтүстікте орналасқан Ифтах-Ел аңғарында шектесіп, Бет-Емек пен Нейелмен де жанасады. Бұдан кейін шекара Қабулдың сол жағымен өтіп, 28 Еброн, Рехоб, Хаммон, Қанахқа және үлкен Сидон қаласына қарай жалғаса береді. 29 Содан соң шекара Рамаққа қарай кері бұрылып, бекіністі Тир қаласына жетіп, Хосаға қарай бұрылады да, Ахзибтың маңайында теңізге келіп тіреледі. 30 Аширдің жеріне тағы Умма, Әфек, Рехоб — барлығы жиырма екі қала әрі оларға қарасты елді мекендер кіреді. 31 Сонымен әулеттері бойынша Ашир руының үлесіне тиген мұралық жер, ондағы қалалар әрі оларға қарасты елді мекендер, міне, осылар. 32 Алтыншы жеребе әулеттері бойынша Нафталим руына түсті. 33 Нафталим руының шекарасы Хелефтен басталып, Сананымдағы дәу емен ағашы мен Ябниел арқылы өтіп, Лақумға дейін жетеді де, Иордан өзеніне келіп тіреледі. 34 Содан соң ол батысқа, Азнот-Таборға қарай бұрылып, Хұқоққа беттейді. Сонымен Нафталимнің жері оңтүстікте Забулонмен, батыста Аширмен, шығыста Иордан өзенімен шектеседі. 35 Бекіністі қалалары: Сиддим, Сер, Хамат, Раққат, Кінерет, 36 Адама, Рамақ, Хасор, 37 Кедес, Едірей, Ен-Хасор, 38 Ирон, Мигдал-Ел, Хорем, Бет-Анат және Бет-Шәміш. Барлығы он тоғыз қала әрі оларға қарасты елді мекендер болды. 39 Нафталим руына әулеттері бойынша тиген мұралық жер, ондағы қалалар әрі оларға қарасты елді мекендер, міне, осылар. 40 Жетінші жеребе әулеттері бойынша Дан руына түсті. 41 Оның мұралық жеріне Сора, Ештағол, Ир-Шәміш, 42 Шағалаббин, Аялон, Итла, 43 Елон, Тимна, Әкрон, 44 Елтеке, Гибетон, Бағалат, 45 Еһуд, Бене-Берақ, Ғат-Риммон, 46 Ме-Жарқон, Рақон және Яффаның алдындағы аймақ кірді. 47 Дан руы өзіне берілген мұралық жеріне ие бола алмай, одан айырылып қалды. Сонда олар Ләшемге қарсы соғысып, оны қолға түсіріп, тұрғындарын семсердің жүзімен қырып тастады. Дандықтар сол қалаға өздері қоныстанып алды да, Ләшем деген атын түп аталарының құрметіне Дан деп өзгертті. 48 Дан руының үлесіне әулеттері бойынша тиген мұралық жер, ондағы қалалар әрі оларға қарасты елді мекендер, міне, осылар. 49 Елді мұралық жер етіп шекараларына сәйкес үлестіріп болғаннан кейін, исраилдіктер өз араларынан Нұн ұлы Ешуаға да мұралық жер бөліп берді. 50 Жаратқан Иенің бұйрығы бойынша, олар Ешуаға өзі сұраған қаласын: Ефремнің таулы аймағындағы Тимнат-Серахты бегіледі. Ешуа сол қаланы қайта салып, сонда орналасты. 51 Діни қызметкер Елазар, Нұн ұлы Ешуа және исраилдік рулардың әулет басыларының Шилода Жаратқан Иенің алдында, Оның кездесу шатырының кіреберісінде жеребе тастап үлестірген мұралық жерлері, міне, осылар. Сонымен олар жерді үлеске бөлуді аяқтады.
1 Бұдан кейін Жаратқан Ие Ешуаға тіл қатып былай деді: 2 «Исраилдіктерге мынаны айт: Мен сендерге Мұса арқылы бұйырғанымдай, өздеріңе бас сауғалау қалаларын белгілеңдер. 3 Егер бір адам ешқандай қара ниетсіз абайламай біреуді өлтіріп алса, ол сонда қашып барып, қаны төгілген кісінің жазалаушы туысқанынан бас сауғалай алатын болады. 4 Сондай адам осы қалалардың біріне қашып барсын да, қақпасының алдына келіп, қаланың ақсақалдарына болған істі баяндап айтып берсін. Олар сол адамды қалаға қабылдап, паналайтын жер беріп, ол араларында тұратын болсын. 5 Егер қаны төгілген кісінің жазалаушы туысқаны оның соңынан қуып келсе, қала тұрғындары кісі өлтірген адамды оған ұстап бермесін. Себебі ол оны бұрыннан бері өшігіп жүргендіктен емес, абайсызда өлтіріп алыпты. 6 Ал кісі өлтірген адам өзінің ісі жамағаттың алдындағы сотта қаралғанға дейін, әрі сол кездегі бас діни қызметкер қайтыс болғанға дейін осы қалада қалуға тиіс. Содан соң ол өзінің қашып келген қаласы мен отбасына қайтып бара алады». 7 Сонда исраилдіктер мына қалаларды бас сауғалайтын жер болуға бағыштады: Нафталим руының қыратты Ғалилея жеріндегі Кедешті, Ефремнің таулы өлкесіндегі Сихемді және Яһуданың таулы жеріндегі Кирият-Арбаны, яғни Хебронды, 8 әрі Иорданның арғы бетінде, Рубен руының Иерихонның шығысындағы елсіз жон далада орналасқан Бесерді, Ғад руының Ғилақад жеріндегі Рамотты және Манаса руының Башан аймағындағы Ғоланды. 9 Исраилдік болсын, не араларында тұрып жатқан жат жұрттық болсын, біреуді абайсызда өлтіріп алған әркім қашып барып, бас сауғалауға белгіленген қалалар, міне, осылар. Содан сол адам сот алдында тұрғанға дейін қаны төгілген кісінің жазалаушы туысқанының қолынан мерт болмайды.
1 Леуіліктердің әулет басылары Қанахан еліндегі Шило қаласында діни қызметкер Елазар, Нұн ұлы Ешуа және Исраил руларының әулет басыларының алдына келіп, 2 «Жаратқан Ие Мұса арқылы бізге өзіміз мекендейтін қалалар және малымыз жайылатын өрістер беру туралы айтқан болатын», — деген өтініш жасады. 3 Сонда исраилдіктер Жаратқан Иенің берген бұйрығына бағынып, оларға өздерінің мұралық жер үлестерінен төмендегі қалаларды жайылымдарымен қоса белгілеуге ұйғарды. 4 Алғашқы жеребе қахат әулеттеріне түсті. Діни қызметкер Һароннан тараған леуіліктерге Яһуда, Шимон, Бунямин руларының жерінен он үш қала тиді. 5 Қахаттың қалған ұрпақтарына жеребе бойынша Ефрем, Дан және Манаса руының (батыстағы) жартысының жерінен он қала тиді. 6 Герсонның ұрпақтарына жеребе бойынша Исашар, Ашир, Нафталим руларынан әрі Манаса руының Башан аймағындағы өзге жартысынан он үш қала тиді. 7 Мераридің ұрпақтарына әулеттері бойынша Рубен, Ғад, Забулон руларынан он екі қала берілді. 8 Сонымен исраилдіктер Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген бұйрығына сай осы қалаларды жайылымдарымен қоса леуіліктерге жеребе бойынша үлестіріп берді. 9 Яһуда руы мен Шимон руынан исраилдіктер төмендегі қалаларды аттарын атап бөліп берді. 10 Олар Леуі руының Қахат тармағына жататын Һаронның ұрпақтарына белгіленді, себебі бірінші жеребе соларға түсті. 11 Осылайша Һаронның ұрпақтарына Яһуданың таулы жеріндегі Кирият-Арба, демек, Хеброн қаласы айналасындағы жайылымдарымен қоса берілді. (Қаланың атауындағы) «Арба» алып Анақтың арғы атасының есімі болатын. 12 Ал Хебронға қарасты егістік жерлер мен елді мекендер Ефунне ұлы Халептің иелігіне бөлініп берілді. 13 Сонымен, осы екі рудан діни қызметкер Һаронның ұрпақтарына Хеброн қаласы белгіленді. Ол абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын қала болуға да таңдалған еді. Һаронның ұрпақтарына одан басқа Либна, 14 Ятир, Ештемоға, 15 Холон, Дебир, 16 Аин, Юта, Бет-Шәміш — барлығы тоғыз қала да жайылымдарымен қоса белгіленді. 17 Бунямин руынан оларға Гибеон, Геба, 18 Анатот, Алмон атты төрт қала жайылымдарымен қоса белгіленді. 19 Һароннан тараған діни қызметкерлердің жайылымды қалаларының ұзын саны — он үш болды. 20 Леуі руының Қахат тармағының қалған бөлігіне Ефрем руының жерінен бөлінген қалалар мыналар болды: 21 Ефремнің таулы өлкесінде орналасқан, абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын Сихем қаласы және Гәзер, 22 Кипсаим, Бет-Хорон — барлығы төрт қала жайылымдарымен қоса берілді. 23 Дан руынан Елтеке, Гибетон, 24 Аялон, Ғат-Риммон атты төрт қала жайылымдарымен қоса, 25 әрі Манаса руының (Қанахан еліндегі) жартысынан Тағанах пен Ғат-Риммон атты екі қала жайылымдарымен қоса берілді. 26 Осы он қала мен олардың жайылымдары Қахат тармағының қалған әулеттеріне үлестірілді. 27 Леуі руының Герсон тармағына мына қалалар берілді: Манаса руының жартысынан екі қала: Башан аймағында орналасқан, абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын Ғолан қаласы және Бе-Ештера, екеуі де жайылымдарымен қоса; 28 Исашар руынан: Қишион, Даберат, 29 Ярмут, Ен-Ғанним атты төрт қала жайылымдарымен қоса; 30 Ашир руынан: Мишал, Абыдон, 31 Хелқат, Рехоб атты төрт қала жайылымдарымен қоса; 32 Нафталим руынан Ғалилея өлкесінде орналасқан, абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын Кедес қаласы, Хамот-Дор, Қартан атты үш қала жайылымдарымен қоса. 33 Сонымен Леуі руының Герсон тармағына әулеттері бойынша барлығы он үш қала жайылымдарымен қоса үлестірілді. 34 Леуі руының қалған тармағы — Мераридің әулеттеріне мына қалалар берілді: Забулон руынан Жоқнеам, Қарта, 35 Димна, Нахалал атты төрт қала жайылымдарымен қоса; 36 Рубен руынан: Бесер, Жахса, 37 Кедемот, Мефағат атты төрт қала жайылымдарымен қоса; 38 Ғад руынан: Ғилахадта орналасқан, абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын Рамот қаласы, Маханайым, 39 Хешебон, Жазер атты төрт қала жайылымдарымен қоса. 40 Осылайша Леуі руының қалған үшінші тармағы — Мерариге әулеттері бойынша белгіленген қалалардың саны он екі болды. 41 Сонымен Исраилдің меншікті жерінің арасынан Леуі руына жайылымдарымен қоса бөлінген барлық қалалардың саны қырық сегіз болды. 42 Осы қалалардың бәрі де айналаларындағы жайылымдарымен қоса берілді. 43 Осылайша Жаратқан Ие исраилдіктерге олардың ата-бабаларына антпен уәде еткен елінің барлығын табыстады. Олар елді иемденіп, оған қоныстанып алды. 44 Жаратқан Ие Өзі ата-бабаларына антпен уәде еткендей, исраилдіктерге барлық жағынан да тыныштық сыйлады. Оларға бірде-бір жау қарсы тұра алмады, өйткені Жаратқан Ие барша жауларын исраилдіктердің қолына тапсырып отырды. 45 Жаратқан Иенің Исраил халқына берген игілікті уәделерінің бірде-біреуі орындаусыз қалмай, барлығы да жүзеге асты.
1 Сол шамада Ешуа Рубен, Ғад руларының және Манаса руының (Иорданның шығысында қоныстанған) жартысының жасақшыларын шақырып алып, 2 былай деді: — Сендер Жаратқан Иенің қызметшісі Мұсаның берген барлық бұйрықтарын ұстанып, менің өздеріңе айтқандарымды да бұлжытпай орындап келесіңдер. 3 Ұзақ уақыт бойы, күні бүгінге дейін бауырластарыңды тастап кетпей, Құдайларың Жаратқан Иенің жүктеген міндеттерін іске асырып келдіңдер. 4 Міне, Құдайларың Жаратқан Ие Өзі уәде еткеніндей исраилдік бауырластарыңа тыныштық сыйлады. Енді сендер Жаратқан Иенің қызметшісі Мұсаның Иордан өзенінің шығысында үлестіріп берген жерлеріңе қайтуларыңа болады. 5 Алайда Мұсаның берген өсиеттері мен Таурат заңын өте мұқият орындаңдар: Құдайларың Жаратқан Иені сүйіп, Оның айтқан жолымен жүріп, бұйрықтарына бағыныңдар, әрі Онымен тығыз байланыста тұрып Оған шын жүректен, бүкіл жан-дүниелеріңмен қызмет етіңдер! 6 Ешуа оларға ақ батасын беріп, босатып жіберді де, олар үйлеріне қайтып кетті. 7 Мұса Манаса руының бір жартысына меншікті жерін Башан аймағынан бөліп берген болатын, әрі Ешуа сол рудың қалған жартысына жерді бауырлас руларымен бірге Иордан өзенінің батыс жағынан үлестіріп берген еді. Ешуа (шығыс жақтағы) қоныстарына қайтатын руларға ақ батасын бергенде тағы былай деді: — Үйлеріңе орасан зор байлықты: отар-табындар, күміс, алтын, қола, темірді, көптеген киім-кешекті алып, қайта беріңдер. Жаудан түскен осы олжаны ағайын-тумаларыңмен бөлісіңдер! 9 Сонымен Рубен, Ғад руларының және Манаса руының жартысының жасақшылары Қанахан еліндегі Шилода өзге исраилдіктермен қоштасып, Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген бұйрығы бойынша иеленіп алған өз елдері Ғилақадқа қайтуға жолға шықты. 10 Аталған рулардың адамдары Қанахан елінде Иорданға жақын орналасқан Гелилот деген жерге келгенде, Иорданның жағасында Құдайға құрбандық ұсынатын өте үлкен үстел салды. 11 Өзге исраилдіктерге бұлардың Қанахан елінде, Иорданның батыс жағасындағы Гелилотта құрбандық орнын салғандары туралы хабар жеткенде, 12 соларға қарсы соғыс ашу жайлы Исраилдің бүкіл қауымы Шилоға жиналды. 13 Олар алдымен Ғилақад аймағындағы Рубен, Ғад рулары мен Манасаның жарты руына діни қызметкер Елазар ұлы Пінехесті 14 және онымен бірге Исраилдің әр руынан бір-бірден он басшыны қосып, елшілікке жіберді. Бұлардың әрқайсысы исраилдік мыңдардың үстінен тағайындалған әулет басы болатын. 15 Олар Ғилақад еліндегі Рубен, Ғад рулары және Манасаның жарты руына келгенде былай деді: 16 — Жаратқан Иенің халқының бүкіл қауымы мынаны айтады: Сендердің Исраилдің Құдайына қарсы опасыздық жасағандарың қалай? Неге өздерің үшін тағы бір құрбандық ұсынатын орын салып алып, Жаратқан Иеден безіп, Оған қарсы бас көтердіңдер? Бұларың қалай? 17 Пеғор тауының маңында жасалған күнә бізге аз болды ма? Соның кесірінен Жаратқан Иенің қауымының басына пәле түскенмен, біз өзімізді сол күнәдан әлі де тазартып болған жоқпыз ғой. 18 Ал сендер бүгін Жаратқан Иеден бас тартып жатырсыңдар! Егер сендер бүгін Жаратқан Иеге қарсы бас көтерсеңдер, Ол ертең-ақ Исраил халқының бүкіл қауымына қаһарланады. 19 Егер де иемденген жерлерің арам болса, онда Жаратқан Иенің меншікті жеріне, Оның жер бетіндегі тұрағы (киелі шатыр) орналасқан Қанаханға көшіп келіп, арамыздан үлестеріңді алыңдар! Тек Құдайымыз Жаратқан Иеге арналған құрбандық үстеліне қосып тағы бір құрбандық үстелін салып алып Жаратқан Иеге және бізге қарсы бас көтермеңдер! 20 Зарахтың шөбересі Ахан Жаратқан Иеге бағышталған заттардан алып опасыздық жасап, соның кесірінен Жаратқан Ие Исраилдің бүкіл қауымына қаһарланған жоқ па еді? Осы үшін өлген Аханның жалғыз өзі ғана емес қой. 21 Рубен, Ғад рулары және Манасаның жарты руы Исраилдің мыңбасыларына былай деп жауап берді: 22 — Жаратқан Ие — шынымен шексіз құдіретті Құдай, жалғыз Ол — барлық «тәңір» атаулының үстіндегі Құдай, Оған бәрі де айқын. Исраил де біліп алсын! Егер біз Жаратқан Иеге қарсы опасыздық жасаған болсақ, онда бізді бүгін еш аямай жазалаңыздар. 23 Егер де Жаратқан Иеден кері бұрылып, бас тарту ниетімен не шалып өртейтін құрбандықтар мен астық тартуын, не Құдаймен қарым-қатынасымызға ризашылық білдіретін тартулар ұсынатын үстел салып алған болсақ, онда Жаратқан Иенің Өзі бізді сол үшін жауапқа тартсын. 24 Қайта, біз осы құрбандық үстелін болашақта сіздердің ұрпақтарыңыз біздің ұрпақтарымызға: «Сендер кімсіңдер өзі? Сендердің Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге ешқандай қатыстарың жоқ» деп айтып жүре ме деген уайымнан жасадық. 25 Сіздердің ұрпақтарыңыз: «Жаратқан Ие Иордан өзенін сендер — рубендіктер мен ғадтықтардың және біздің арамыздағы шекара етіп бекіткен болатын. Сондықтан сендердің Жаратқан Иеге еш қатыстарың жоқ» деулері мүмкін ғой. Осылайша олар біздің ұрпақтарымызға Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оған ғибадат етуге жол бермеулері мүмкін. 26 Сондықтан біз құрбандық үстелін салып алайық дедік, бірақ ол ешқандай құрбандық шалып, өртеуге арналмаған. 27 Қайта, ол біз бен сіздердің және болашақ ұрпақтарымыздың арасындағы айғақ болмақ. Ол біздің Жаратқан Иенің (кездесу шатырының) алдына барып, Оған арнап құрбандықтар шалып, өртеуге және Онымен қарым-қатынасымызға ризашылық білдіретін тартуларымыз бен өзге де сый-тартуларымызды ұсынып Оған ғибадат етуге құқығымыздың бар екендігін дәлелдемек. Осылайша болашақ ұрпақтарыңыз біздің ұрпақтарымызға: «Жаратқан Иеге еш қатыстарың жоқ!» деп айта алмайтын болады. 28 Егер бізге немесе ұрпақтарымызға осылай деп айтылып жатса, онда біз былай деп жауап беретін боламыз: «Жаратқан Иенің құрбандық үстелінің біздің ата-бабаларымыз салып кеткен нұсқасына қараңдаршы. Олар бұны шалынып, өртелетін құрбандықтар мен басқа да сый-тартулар ұсыну үшін емес, сіздер мен біздерге айғақ болу үшін салған». 29 Құдай Иеміздің кездесу шатырының алдында тұрған құрбандық үстелінен басқа тағы сондай бір үстелді салып Жаратқан Иеге қарсы бас көтеруден мүлдем аулақпыз. 30 Діни қызметкер Пінехес, қауымның жетекшілері және Исраилдің мыңбасылары Рубен, Ғад рулары мен Манаса руының жартысының айтқандарын естігенде риза болды. 31 Діни қызметкер Елазар ұлы Пінехес оларға: — Жаратқан Иенің шынымен бізге жар екеніне көзіміз жетіп отыр. Себебі сендер Оған опасыздық жасап, исраилдіктерді Жаратқан Иенің қаһарлы сотына душар еткен жоқсыңдар, — деді. 32 Содан діни қызметкер Елазар ұлы Пінехес және басшылар Ғилақад аймағындағы Рубен мен Ғад руларынан Қанахан жеріне қайта оралып, ондағы өзге исраилдіктерге бұлардың жауабын жеткізді. 33 Оны естігенде мұндағы исраилдіктер де риза болып, Құдайды мадақтады. Бұдан кейін оларда рубендіктер мен ғадтықтардың жеріне барып, ойран салу жайлы сөз қозғалмады. 34 Рубендіктер мен ғадтықтар сол құрбандық үстеліне «Айғақ» деген ат қойды. Себебі олар: «Бұл — Жаратқан Иенің біздің де Құдайымыз екендігінің айғағы», — деді.
1 Бұдан кейін арада көп уақыт өтті. Жаратқан Ие Исраилге айналаларындағы жауларының барлығынан тыныштық сыйлаған болатын. Ешуа қартайып, жасы ұлғайған еді. 2 Содан бір күні Ешуа бүкіл Исраилді, яғни халықтың ақсақалдарын, рубасыларын, төрешілері мен басқарушыларын, шақырып алып, оларға былай деді: — Міне, мен қартайып, жасым ұлғайды. 3 Құдайларың Жаратқан Иенің сендер үшін елдегі барлық халықтарға не істегенінің бәрін де өз көздеріңмен көрдіңдер. Құдай Иелеріңнің Өзі сендер үшін соғыс жүргізді. 4 Қараңдаршы, (шығыстағы) Иордан өзенінен батыстағы Жерорта теңізіне дейінгі аралықта әлі де қалып қойған мына халықтардың жерін және өзім елден аластатқан халықтардың жерін сендердің руларыңа жеребе бойынша үлестіріп бердім. 5 Құдай Иелеріңнің Өзі елде қалып қойған халықтарды алдарыңнан қуып шығарады. Сонда Құдай Иелерің уәде еткендей, сендер олардың жерін иемденіп аласыңдар. 6 Сонымен өте берік болып Мұсаның Таурат кітабында жазылғандардың бәрін мұқият орындап, одан не оңға да, не солға да бұрылмаңдар! 7 Демек, араларыңда қалып қойған халықтармен араласып кетпеңдер! Олардың табынатын жалған тәңірлерінің аттарын ауыздарыңа да алмаңдар, солардың аттарымен ант та етпеңдер! Сол жалған тәңірлерге ешқандай ғибадат етіп, иіліп табынбаңдар да! 8 Керісінше, бүгінге дейін істеп келгендеріңдей, бұдан былай да Құдайларың Жаратқан Иеден ажырамастай берік ұстаныңдар! 9 Себебі Жаратқан Ие үлкен де күшті халықтарды алдарыңнан қуып шығарды, солардың ешқайсысы осы күнге дейін сендерге қарсы тұрып, жеңіп шыға алмады. 10 Берген уәдесіне сай, Құдай Иелерің сендер үшін Өзі соғысып жүргендіктен, әрқайсыларың жаудың мың адамын тықсырып қуасыңдар. 11 Сондықтан Құдай Иелеріңді сүюге барынша ұмтылыңдар! 12 Алайда егер Жаратқан Иеден теріс бұрылып, сол халықтардың араларыңда қалып қойған адамдарымен тығыз байланысып, қыз алысып, қыз берісіп араласатын болсаңдар, 13 онда мынаны біліп қойыңдар: Құдай Иелерің осы халықтарды бұдан былай алдарыңнан қуып шығармайтын болады. Керісінше, сол халықтар өздеріңе тұзақ пен тор, еттеріңе тиген қамшы, көздеріңе кірген тікен іспетті болып, ақыр соңында сендер Құдай Иелерің өздеріңе табыстаған осы шұрайлы елден құрып кетесіңдер. 14 Ал енді, адам атаулы іспетті мен де бұ дүниеден өтпекшімін. Шын жүректен, бар жан дүниелеріңмен мынаны мойындауларың керек: Құдай Иелеріңнің өздеріңе берген барлық игілікті уәделерінің біреуі қалмастан бәрі жүзеге асты. Оның бір сөзі де орындаусыз қалған жоқ. 15 Бірақ егер Оған мойынсұнбасаңдар, онда Құдайларың Жаратқан Иенің уәде еткен бүкіл жақсылықтарының жүзеге асқандары сияқты, Жаратқан Иенің Өзі алдын ала білдірген қарғыстардың бәрі де жүзеге асатын болады. Құдай Иелерің өздеріңе табыстаған шұрайлы елінде сендерді құртып жібергенге дейін солай болады. 16 Егер сендер Құдай Иелеріңнің өздеріңе өсиеттеген Келісімін бұзып, бөгде тәңірлердің жолына түсіп, оларға иіліп құлшылық ететін болсаңдар, онда Жаратқан Иенің қаһары сендерге қарсы лап ете өршиді. Содан сендер Оның өздеріңе табыстаған осы шұрайлы елінен іздерің де қалмай лезде құрып кетесіңдер.
1 Ешуа тағы да Исраилдің барлық руларын Сихем қаласына жинап, олардың ақсақалдары мен рубасыларын, төрешілері мен басқарушыларын да шақырып алды. Барлығы Құдайдың алдына келіп тұрды. 2 Сонда Ешуа бүкіл халыққа арнап былай деді: — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Ежелде ата-бабаларың Евфрат өзенінің арғы жағында тұрып, бөгде «тәңірлерге» құлшылық ететін. Олардың араларында Тарах және оның ұлдары Ыбырайым мен Нахор да болатын. 3 Сонда Мен түп аталарың Ыбырайымды сол өзеннің арғы бетінен алып шығып, бүкіл Қанахан елін аралатып алып жүріп оған жар болдым. Оның үрім-бұтағын көбейтіп, оған Ысқақты, 4 ал Ысқаққа Жақып пен Есауды сыйладым. Мен Есауға меншігі болуға Сейір тауларын табыстадым, ал Жақып пен оның ұлдары Мысырға ылдилап көшті. 5 Кейін Мен Мұса мен Һаронды жіберіп, Мысыр елін түрлі апаттармен күйрете соққыладым, ақырында сендерді сол елден азат етіп, алып шықтым. 6 Ата-бабаларың Мысырдан көшіп шығып, Қамысты теңізге жеткенде, мысырлықтар соғыс күймелерімен және салт аттыларымен оларды теңіз жағалауына дейін қуып келе жатты. 7 Ата-бабаларың Маған, Жаратқан Иеге, жалбарынып, көмек сұрады. Сонда Мен сендер мен мысырлықтардың арасына қараңғылық орнатып, мысырлықтардың үстіне теңізді лақ еткізіп, оларды суға көміп тастадым. Мысырға не істегенімді өз көздеріңмен көрдіңдер. Бұдан кейін ұзақ уақыт бойы елсіз далада көшіп-қонып өмір сүрдіңдер. 8 Содан Мен сендерді Иорданның арғы жағын мекен еткен аморлықтардың жеріне алып келдім. Олар сендерге қарсы соғысты, бірақ Мен оларды өз қолдарыңа тапсырдым. Мен соларды алдарыңнан қырып-жойдым, ал сендер жерлерін иемденіп алдыңдар. 9 Сонда Моаб патшасы Сипор ұлы Балақ Исраилге қарсы соғысуға дайындалып, сендерді қарғасын деп Беғор ұлы Балағамды шақырып алды. 10 Бірақ Мен Балағамның айтқандарына құлақ түруді жөн көрмедім, сол себепті ол сендерге (қарғыс емес) қайта-қайта бата беруге мәжбүр болды. Осылайша сендерді оның қолынан құтқарып алдым. 11 Содан соң сендер Иордан өзенінен өтіп, Иерихон қаласына жеттіңдер. Иерихонның тұрғындары, ал кейін аморлықтар, перездіктер, қанахандықтар, хеттіктер, гергестіктер, хевтіктер және ебустіктер де сендерге қарсы соғысты. Бірақ Мен оларды да қолдарыңа тапсырдым. 12 Сендердің алдарыңнан есекара үйірлеріндей зәрелерін ұшыратын қорқыныш жібердім. Сол қорқыныш аморлықтардың екі патшасын алдарыңнан қуып шығарды. Осылайша бұл жеңіске сендер семсер, садақтарыңмен шайқасып ие болмадыңдар. 13 Мен сендерге өздерің тер төгіп еңбек сіңірмеген елді, өздерің салмаған қалаларды сыйладым, енді сонда тұрып жатырсыңдар. Өздерің отырғызбаған жүзім, зәйтүн бақтарының жемісін жеп жүрсіңдер. 14 Ешуа халыққа тағы былай деді: — Ендеше Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оған шын жүректен, адалдықпен қызмет етіңдер! Ата-бабаларың Евфрат өзенінің арғы жағында және Мысырда табынған жалған тәңірлерді лақтырып тастап, олардан арылыңдар! Жалғыз Жаратқан Иеге ғана қызмет ететін болыңдар! 15 Ал егер Жаратқан Иеге қызмет етуді қаламасаңдар, онда ата-бабаларың Евфрат өзенінің арғы жағында табынған жалған тәңірлерге ме, немесе өздерің елдерінде тұрып жатқан аморлықтардың тәңірлеріне ме, кімге қызмет ететіндеріңді таңдап алыңдар. Ал менің өзім және отбасым — біз Жаратқан Иеге қызмет ететін боламыз. 16 Сонда халық былай деп жауап берді: — Жаратқан Иеден бас тартып, басқа тәңірлерге табынып кетуден аулақ жүрейік! 17 Себебі Жаратқан Ие — біздің Құдайымыз! Ол бізді және аталарымызды Мысыр еліндегі құлдықтан азат етіп, көз алдымызда ұлы да ғажап кереметтерді жасады. Жаратқан Ие бізді бүкіл жол бойы қорғап, біз елдері арқылы өтіп шыққан халықтардан аман сақтап қалып отырды ғой. 18 Жаратқан Ие осы елде тұрып жатқан аморлықтар мен басқа да барлық халықтарды алдымыздан қуып шықты. Ол — біздің Құдайымыз, сондықтан біз де Жаратқан Иеге қызмет етеміз. — 19 Ешуаның халыққа берген жауабы мынау болды: — Жоқ, сендер Жаратқан Иеге (шынымен) қызмет ете алмайсыңдар. Өйткені Ол — киелі Құдай, Өзінен басқа тәңірлеріңнің болуына еш төзбейтін Құдай. Ол сендердің бас көтеріп, күнә жасай бергендеріңді кешірмейді. 20 Егер Жаратқан Иеден бас тартып, бөгде тәңірлерге қызмет ететін болсаңдар, онда Ол да өздеріңе бұрын жасаған игіліктеріне қарамастан сендерге қарсы шығып, жамандық жасайды да, көздеріңді құртып жоқ қылады. — 21 Сонда халық Ешуаға: — Жоқ, біз Жаратқан Иеге қызмет етеміз! — деп жауап берді. 22 Ешуа оларға былай деді: — Жаратқан Иеге қызмет етуді таңдағандарыңа сендер өздерің куәсіңдер! — Олар: — Иә, куәміз, — деп жауап берді. Ешуа: 23 — Ендеше өздеріңде бар жалған тәңірлерді лақтырып тастап аластатыңдар да, жүректеріңді Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге бағыштаңдар! — деп ескертті. 24 Бүкіл халық: — Біздер Құдайымыз Жаратқан Иеге қызмет ететін боламыз, Оның даусына құлақ асатын боламыз! — деп Ешуаға уәде берді. 25 Сол күні Ешуа Сихемде халықпен Келісім жасап, оларды Жаратқан Иенің ережелері мен шешімдерін орындауға мәжбүрледі. 26 Ешуа осы сөздерді Құдайдың Таурат заңының кітабына жазып қойды. Бұдан кейін ол бір дәу тасты алып, оны Жаратқан Иенің киелі шатырының маңында тұрған емен ағашының түбіне ескерткіш тас етіп орнатты да, 27 бүкіл халыққа былай деп жариялады: — Біліп алыңдар, мына тас — бізге қарсы айғақ; ол — Жаратқан Иенің бізге айтқан сөздерінің бәрін естіген куәгер іспетті. Сондықтан, егер Құдайға опасыздық жасасаңдар, осы тас сендерге қарсы айғақ болады! 28 Осылай Ешуа Келісімді бекіткеннен кейін халықтың барлығын өздерінің мұралық меншіктеріне тиген жерлеріне қайтарып жіберді. 29 Осы оқиғалардан кейін Жаратқан Иенің қызметшісі Нұн ұлы Ешуа жүз он жасқа толып қайтыс болды. 30 Оның мәйіті Ешуаның үлесіне тиген жерінде, Ефрем руының таулы аймағында орналасқан Ғағаш төбесінің солтүстік жағындағы Тимнат-Серах қаласының маңындағы қабірге қойылды. 31 Ешуаның тірі кезінде, әрі Жаратқан Иенің Исраил үшін істеген ұлы істерін көріп-естіген және Ешуадан кейін де өмір сүрген ақсақалдардың бүкіл заманында халық Жаратқан Иеге мойынсұнып, Оған қызмет ете берді. 32 Бұрынырақ исраилдіктер Мысыр елінен алып шыққан Жүсіптің сүйегін Сихемдегі қабірге қойған еді. Осы жер танабын Жақып кезінде Сихемнің әкесі Хамордың ұлдарынан жүз мысқал күміске сатып алған болатын. Сол жер Жүсіптің ұрпақтарының мұралық үлесіне тиді. 33 (Діни қызметкер) Һарон ұлы Елазар дүние салғанда оның мәйіті өзінің ұлы Пінехеске Ефремнің таулы аймағынан белгіленген қыраттағы қабірге қойылды.
1 Ешуа қайтыс болғаннан кейін исраилдіктер Жаратқан Иеден: — Қанахандықтарға қарсы қайсымыздың бірінші болып өрлеп барып, шабуыл жасағанымызды қалайсың? — деп сұрады. 2 Жаратқан Ие: — Яһуда руы өрлеп барсын! Мен елді оның қолына тапсырып отырмын, — деп жауап берді. 3 Яһуда ағайынды Шимон руына: — Үлесімізге тиген жерге бірге өрлеп барып, қанахандықтармен бірігіп соғысайық. Сонда біз де сендермен бірге үлестеріңе тиген жерге барамыз, — деп ұсынды. Шимондықтар мұнымен келісіп, яһудилермен бірге аттанды. 4 Яһудилер өрлеп барғанда, Жаратқан Ие қанахандықтар мен перездіктерді олардың қолына тапсырды. Олар Безек қаласының маңында жаудың он мың адамына шабуыл жасап, күйрете соққы берді. 5 Безекте олар Адони-Безек есімді патшаға тап болып, онымен шайқасты. Сонда қанахандықтар мен перездіктер ойсырай жеңілді. 6 Адони-Безек қашып кетті, бірақ яһудилер оны қуып жетіп, қолға түсіріп, оның қол-аяғындағы бас бармақтары мен үлкен бақайларын кесіп тастады. 7 Адони-Безек: «Аяқ-қолдарының бас бармақтары мен үлкен бақайларын өзім кестірген жетпіс патша дастарқанымның астынан тамағымның қиқымын теріп жеп күндерін көретін еді. Енді Құдай істегендерімнің есесін өзіме қайтарып отыр», — деп мойындады. Кейін яһудилер Адони-Безекті Иерусалимге алып барып, ол сол қалада қайтыс болды. 8 Себебі яһуданың жасақшылары Иерусалим қаласына да шабуыл жасап, оны басып алды. Оның тұрғындарын семсердің жүзімен қырып-жойып, қаланың өзін өртеп жіберді. 9 Бұдан кейін яһудилер қыратты аймақты, оңтүстіктегі Негеб атты иен даланы және батыстағы төменгі қыраттарды мекендейтін қанахандықтармен соғысуға аттанды. 10 Олар Хебронда тұратын қанахандықтармен де шайқасып, Шешай, Ахиман және Талмайды жеңді. Хебронның бұрынғы аты Кирият-Арба болатын. 11 Сол жақтан олар Дебир қаласының тұрғындарына қарсы аттанды. Дебир бұрынырақ Кирият-Сефер деп аталатын. 12 Халеп: «Кирият-Сеферге шабуыл жасап, оны басып алған адамға мен өз қызым Ахсаны қосамын», — деп уәде етті. 13 Халептің інісі Кеназдың ұлы Отниел қаланы басып алды. Содан Халеп Отниелге қызы Ахсаны қосты. 14 Оған ұзатылар кезінде Ахса (Отниелді қайын) атасынан егістік жер сұрап алуға көндірді. Мұнан кейін Ахса келіп, есегінен түсіп жатқанда, Халеп одан: — Ал сенің қандай бұйымтайың бар? — деп сұрады. 15 Ахса: — Маған бір айрықша жақсылық жасай көріңізші, әкетайым. Оңтүстіктегі сусыз даланы сыйлап отырсыз. Енді оған қоса су көздерін де берсеңіз екен, — деп жауап берді. Сонда Халеп Ахсаға Жоғарғы және Төменгі деп аталатын су көздерін атады. 16 Яһуда руы және Мұсаның кендік қайын атасының ұрпақтары «Құрма ағаштарының қаласы» Иерихоннан шығып, Арад қаласының оңтүстігінде жатқан Яһуданың елсіз даласына көшті де, сондағы халықтың арасына қоныстанды. 17 Яһудилер ағайындары шимондықтармен бірге аттанып, Сефаттағы қанахандықтарға шабуыл жасап, қаланы толығымен жойылуға бағыштады. Мұнан кейін қаланың аты Хорма (демек, Бағышталған) деп аталып кетті. 18 Яһудилер Газа, Ашқалон, Әкрон қалаларын да төңірегіндегі жерлерімен қоса басып алды. 19 Жаратқан Ие Яһуда руына жар болып, олар елдің таулы аймағын да иемденді. Бірақ олар темір соғыс күймелері бар алқаптардың тұрғындарын қуып шыға алмады. 20 Мұса айтып кеткендей, Хеброн қаласы Халепке берілді. Ол сол қаладан Анақтың үш алып ұрпағын қуып шықты. 21 Бунямин руы Иерусалим қаласын мекендеген ебустіктерді қуып шығармады. Ебустіктер осы күнге дейін Иерусалим қаласында буняминдіктермен бірге тұрып келеді. 22 Жүсіптің (Ефрем, Манаса есімді екі ұлынан тараған) ұрпақтары Бетелге қарсы аттанып өрлеп барғанда, Жаратқан Ие оларға жар болды. 23 Бұрын Бетел Лұз деп аталатын. Олар Бетел қаласын барлауға адамдарын жіберді. 24 Барлаушылар қаладан шығып келе жатқан бір адамды кездестіріп, оған: «Бізге қалаға кіретін жолды көрсете көрші, кейін біз саған мейірім көрсетеміз», — деді. 25 Әлгі кісі оларға жолды көрсетті. Жүсіптің ұрпақтары қалаға кіріп, оның бүкіл халқын семсердің жүзімен қырып тастады. Ал жол көрсеткен адамды және оның бүкіл отбасын аман-есен жібере салды. 26 Сол адам хеттіктердің еліне барып, сол жерде қала салып, оны Лұз деп атады. Қала күні бүгінге дейін осылай аталып келеді. 27 Бірақ Манаса руы Бет-Шан, Тағанах, Дор, Ибелам, Мегидо қалалары мен оларға қарасты елді мекендердің тұрғындарын қуып шығармай, қанахандықтар сол аймақта тұра беруге бел байлады. 28 Исраил халқы кейін күшейген кездерінде қанахандықтарды басыбайлы қызметші етіп жұмыс істетіп қойды, бірақ оларды толықтай қуып шыққан жоқ. 29 Сол сияқты Ефрем руы да Гәзерде тұрып жатқан қанахандықтарды қуып шығармай, қанахандықтар Гәзерде олардың арасында тұра берді. 30 Забулон руы да Қитрон мен Нахалолдың тұрғындарын қуып шығармады. Қанахандықтар олардың арасында тұра берді, бірақ басыбайлы қызметші болып оларға жұмыс істеді. 31 Ашир руы Акко, Сидон, Ахлап, Ахзиб, Хелба, Әфек және Рехоб атты қалалардың тұрғындарын қуып шығарған жоқ. 32 Қайта, аширліктер осы аймақты мекендеген қанахандықтардың арасында тұрды. 33 Нафталим руы Бет-Шәміш пен Бет-Анаттың тұрғындарын қуып шығармай, өздері сол жерді мекендеген қанахандықтардың арасында тұрды. Бірақ Бет-Шәміш пен Бет-Анаттың тұрғындары Нафталим руына басыбайлы қызметші болып жұмыс істеді. 34 Аморлықтар Дан руын таулы аймаққа тықсырып тастап, алқаптарға түсулеріне жол бермеді. 35 Аморлықтардың өздері Херес тауы, Аялон, Шағалбим атты қалаларда тұра беруге бел байлады. Бірақ Жүсіптің ұрпақтары кейін күшейген кездерінде оларды басыбайлы қызметші етіп жұмыс істетіп қойды. 36 Аморлықтардың шекарасы Шаяндар асуынан басталып, Селаға дейін және одан әрі қарай кете берді.
1 Жаратқан Иенің періштесі Ғылғалдан Бохимге өрлеп барып, (сонда жиналып тұрған исраилдіктерге Жаратқан Иенің мына хабарын жеткізді:) «Мен сендерді Мысырдан алып шығып, ата-бабаларыңа ант еткен осы елге әкелдім. Мен сендермен жасаған Келісімімді ешқашан да бұзбаймын деген едім. 2 Ал сендер бұл елді мекендеген халықтармен ешқандай келісім жасаспауға әрі олардың құрбандық ұсынатын орындарын қиратуға тиіс едіңдер. Бірақ та Менің сөздеріме құлақ аспадыңдар. Бұлай істегендерің қалай? 3 Ал енді сендерге мынаны айтамын: Мен бұдан былай сол халықтарды алдарыңнан қуып шығармаймын. Олар бүйірлеріңе тиген қамшыдай болмақ, ал өздерінің табынатын жалған тәңірлері сендерді тұзақ іспетті құлатпақ». 4 Жаратқан Иенің періштесі осы сөздерді барлық исраилдіктерге айтқан кезде халық дауыс көтеріп зарлай бастады. 5 Сондықтан да олар сол жерді Бохим (демек, Зарлау) деп атап кетті. Халық осы жерде Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалып ұсынды. 6 Кезінде Ешуа халықты таратып жібергенде, исраилдіктер елді иемденуге әрқайсысы өзіне бөлінген мұралық жеріне кеткен болатын. 7 Ешуаның көзі тірісінде және Жаратқан Иенің Исраил халқы үшін істеген ұлы істерінің барлығын көздерімен көріп, Ешуадан кейін де ұзақ жасаған ақсақалдардың бүкіл кездерінде халық Жаратқан Иеге мойынсұнып, Оған ғибадат ете берді. 8 Жаратқан Иенің қызметшісі Нұн ұлы Ешуа жүз он жыл жасап, қайтыс болды. 9 Оның мәйіті Ешуаның үлесіне тиген жерінде: Ефрем руының таулы аймағындағы Ғағаш төбесінің солтүстік жағындағы Тимнат-Серах қаласының маңында қабірге қойылды. 10 Сол буынның күллі адамдары дүние салып, ата-бабаларының қасына жөнелгеннен кейін, Жаратқан Иені танымайтын және Оның Исраил үшін істеген ұлы істерін ескермейтін жаңа ұрпақ дүниеге келді. 11 Олар Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасап, Бағал атты жалған тәңірлердің мүсіндеріне табына бастады. 12 Сол жаңа ұрпақ ата-бабалары сиынған, оларды Мысыр елінен алып шыққан Құдайлары — Жаратқан Иеден бас тартты, әрі айналаларында тұрып жатқан ұлттардың табынатын бөгде тәңірлерінің жолдарына түсіп, соларға иіліп құлшылық етті. Халық бұларымен Жаратқан Иенің қаһарын туғызды. 13 Осылайша исраилдіктер Жаратқан Иеден бас тартып, Бағал мен Астартаның мүсіндеріне табынатын болды. 14 Сондықтан Жаратқан Иенің қаһары Исраилге қарсы лаулап, Ол халықты тонаушылардың қолына бере салды. Солар исраилдіктердің мал-мүліктерін зорлап тартып алып отырды. Жаратқан Ие халықты айналасында тұрып жатқан жауларының қолына түсіргендіктен, соларға қарсы тұруға Исраилдің қауқары жетпейтін болды. 15 Халықтың жасақшылары қайда барып, шабуылдаса да, Жаратқан Ие Өзі ант етіп алдын ала айтқандай, оларға қарсы соғысып, жеңіліске ұшыратты. Содан халық қатты қиналды. 16 Ал Жаратқан Ие Исраилге билер тағайындап отырды, олар халықты тонаған жауларының қолынан құтқарды. 17 Бірақ халық осы билерге де құлақ аспай, бөгде тәңірлерге азғындықпен бас иіп табынып кетті. Олар ата-бабалары жүрген тура жолдан лезде-ақ тайып, солар сияқты Жаратқан Иенің өсиеттеріне мойынсұнған жоқ. 18 Исраилдіктер жаулардың өздеріне зорлық-зомбылық көрсетіп азаптағанынан күңіренгендіктен, Жаратқан Ие оларға жаны ашып, билер тағайындап отырды. Жаратқан Ие сол биге жар болып, оның көзі тірісінде исраилдіктерді жауларынан құтқарып отырды. 19 Алайда би қайтыс болған соң, халық ата-бабаларынан бетер азғындыққа салынып, бөгде тәңірлердің жолына түсіп, соларға бас иіп құлшылық ететін. Осылай халық өздерінің күнәкар қылықтарын және қасарысып Хақ Тағалаға бағынбауларын доғарған жоқ. 20 Сол себепті Жаратқан Иенің қаһары Исраилге қарсы лаулап, Ол былай деді: «Мына халық Менің өздерінің ата-бабаларымен жасаған Келісімімді бұзып, айтқандарыма құлақ түрмегендіктен, 21 Мен де енді Ешуа елден қуып шығармаған ұлттардың ешқайсысын исраилдіктердің алдарынан қуып шығармаймын. 22 Осылайша Мен арғы аталары істегендей, қазіргі ұрпақ та Жаратқан Иенің жолымен жүре ме деп тексеріп сынаймын». 23 Осы себептен Жаратқан Ие сол ұлттарды Ешуаның қолына тапсырған да жоқ, тездетіп қуып шығарған да жоқ; қайта, олардың елде қалуларына жол берді.
1 Исраилдіктердің Қанаханда бұрын жүргізген соғыстарының ешқайсысын көрмей өскен жаңа ұрпағын тексеріп, шайқасқа үйретіп, сынау үшін Жаратқан Ие бірнеше халықтарды осы елде қалдырды. Олар мыналар: 3 філістірлердің бес әміршісінің қарамағындағылар, барлық (қалған) қанахандықтар, сидондықтар, Бағал-Хермон тауынан Лебо-Хаматқа дейін созылған аралықтағы Ливан тауларында тұрып жатқан хевтіктер. 4 Жаратқан Ие бұлардың ата-бабаларына Мұса арқылы берген өсиеттерін исраилдіктер орындай ма деп тексеріп сынау үшін осы халықтарды әдейі қалдырған болатын. 5 Сол себепті Исраил халқы қанахандықтар, хеттіктер, аморлықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктердің араларында өмір сүріп жатты. 6 Алайда исраилдіктер сол халықтармен қыз алысып, қыз берісіп, олардың тәңірсымақтарына құлшылық ететін болды. 7 Исраилдіктер Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасап, өз Құдайлары Жаратқан Иені естерінен шығарып, Бағал, Ашера есімді тәңірсымақтарға арналған мүсіндер мен бағаналарға табынып кетті. 8 Сонда Жаратқан Иенің қаһары Исраилге қарсы лаулап, Ол халықты Месопотамияның патшасы Қушан-Рушатаимның қолына бере салды. Содан олар осы патшаға сегіз жыл бойы басыбайлы қызмет етті. 9 Бірақ халық Жаратқан Иеге жалбарына сиынғанда, Ол бір құтқарушыны: Халептің інісі Кеназдың ұлы Отниелді тағайындады. Отниел исраилдіктерді жау қолынан құтқарып алды. 10 Жаратқан Иенің Рухы Отниелге қонып, ол Исраилге билік айтты. Отниел соғысқа аттанғанда Жаратқан Ие оның қолына Месопотамияның патшасы Қушан-Рушатаимды тапсырып, Отниел оны жеңіп шықты. 11 Осылайша елде қырық жыл бойы тыныштық орнады. Содан соң Кеназ ұлы Отниел көз жұмып дүние салды. 12 Ал кейінірек исраилдіктер қайтадан Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасады. Олардың сондай зұлымдық істегендері үшін Жаратқан Ие Моаб патшасы Еглонға Исраилге қарсы шығуға күш-қуат берді. 13 Еглон аммондықтар мен амалектіктерді қасына жинап аттанып, Исраилге шабуыл жасады да, «Құрма ағаштарының қаласы» Иерихонды басып алды. 14 Содан Исраил халқы Моаб патшасы Еглонға он сегіз жыл бойы басыбайлы қызмет етті. 15 Бірақ исраилдіктер қайтадан Жаратқан Иеге жалбарына сиынғанда, Ол бір құтқарушыны: буняминдік Гера ұлы Ехудті тағайындады. Ехуд солақай болатын. Бірде исраилдіктер оны Моаб патшасы Еглонға алым-салықтарын табыстауға жіберді. 16 Ехуд өзіне ұзындығы бір қысқалау шынтақ, екі жүзді семсер жасап алған еді. Оны оң жақ санына киімінің астынан асынып жүрді. 17 Ехуд әкелген алым-салығын Моаб патшасы Еглонға тапсырды. Еглон өте семіз адам болатын. 18 Алым-салықты табыстағаннан кейін Ехуд соны көтеріп алып келген адамдарын жөндеріне босатып жіберді. 19 Өзі Ғылғалдың маңындағы тастан ойылған мүсіндерге жеткенде кері бұрылып, патшаға қайтып барды. Оған: «Тақсыр, менің сізге айтатын бір құпия хабарым бар!» — дегенді білдіртті. Патша: «Тыныштық болсын!» — деп бұйырғанда, қасындағы нөкерлерінің барлығы шығып кетіп қалды. 20 Бұдан кейін Ехуд өзінің салқындау жоғарғы бөлмесінде оңаша отырған патшаға таяп барып: «Менде сізге жеткізетін Құдайдың хабары бар!» — деді. Сонда Еглон тағынан тұрды. 21 Ехуд сол қолымен оң жағындағы семсерін суырып алып, оны патшаның ішіне сұғып алды. 22 Тіпті семсердің тұтқасы да патшаның ішіне кіріп кетті, ал ұшы оның арқасынан шыға келді. Ехуд семсерін қайта суырып алған да жоқ, себебі патшаның денесіндегі май семсердің кірген жерін жауып, бітеп тастады. 23 Содан соң Ехуд жоғарғы бөлменің есігін ішінен бекітті де, өзі (терезеден) ауызғы бөлмеге шығып, сытылып кетті. 24 Ехуд кетіп қалғаннан кейін патшаның қызметкерлері келіп, есіктің іштен бекітілгенін көріп: «Патша ішкі бөлмеде дәретте отырған шығар», — десіп, 25 күтіп тұра берді. Міне, ғажап, патша есігін ашқан жоқ. Сондықтан олар абыржып, кілтті алып, есікті ашты. Кіріп барса, патша жерге құлап, өліп қалыпты. 26 Олар кідірген кезде Ехуд сытылып қашып кеткен болатын. Ол манағы тас мүсіндердің қасынан өтіп, Сеираға барып, аман қалды. 27 Сол жерге жете салысымен Ехуд Ефремнің таулы аймағында дабыл беріп керней тартты. Сонда исраилдік ер адамдар оған еріп қыраттардан төмен түсті, ал Ехуд оларды бастап жүрді. 28 Ехуд оларға: «Соңымнан еріп аттаныңдар! Өз жауларың — моабтықтарды Жаратқан Ие сендердің қолдарыңа тапсырды», — деді. Олар Ехудтің соңынан ілесіп, Иордан өзеніндегі Моаб еліне алып баратын өткелдерді қолға түсіріп, ешкімді де өзеннен өткізбей қойды. 29 Бұдан кейін олар шабуыл жасап, шамамен он мың моабтықтың көзін құртты. Барлығы денелі де мықты жауынгерлер болатын, бірақ бірде-біреуі қашып құтыла алмады. 30 Сол күні Моаб халқы Исраилге бағынып, осылайша елде сексен жыл бойы тыныштық орнады. 31 Ехудтен кейін Анат ұлы Шамғар Исраилді жау қолынан құтқарды. Бірде Шамғар бұқа айдайтын, ұшы өткір істікпен алты жүз філістірдің көзін құртты.
1 Ал Ехуд дүние салғаннан кейін исраилдіктер қайтадан Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасады. 2 Сол себепті Жаратқан Ие оларды Қанаханның патшасы Ябиннің қолына бере салды. Ябин елдің солтүстігіндегі Хасорда билік құрды. Оның қолбасшысы Сисара Харошет-Ғоимда тұратын. 3 Сисараның тоғыз жүз темір соғыс күймесі болды. Ол исраилдіктерді жиырма жыл бойы қатты қанап, олар Жаратқан Иеге жалбарына сиынды. 4 Сол кезде Дебора есімді пайғамбар әйел Исраил халқына билік айтатын. Оның күйеуінің есімі Лапидот болатын. 5 Дебора Ефремнің таулы аймағындағы Рамақ пен Бетелдің арасындағы «Дебораның құрма ағашы» деп аталатын ағаштың түбінде тұратын. Даулы мәселелеріне әділ шешім іздеген исраилдіктер оның алдына келіп жүгінетін. 6 Бір күні Дебора Нафталим руының жеріндегі Кедестен Абиноғам ұлы Барақты шақыртып алдырып, оған былай деді: — Тыңдап ал, Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие саған мынаны бұйырады: Нафталим, Забулон руларынан он мың адамды жинап, солармен Табор тауына өрлеп бар! 7 Мен Ябиннің қолбасшысы Сисараны өзінің соғыс күймелерімен және қалың қолымен бірге сенің қасыңа Қишонның аңғарына еліктіріп әкеліп, қолыңа тапсырамын. — 8 Алайда Барақ оған: — Егер сіз менімен бірге баратын болсаңыз, барамын, ал бармасаңыз, мен де бармаймын, — деп жауап қайтарды. 9 Сонда Дебора: — Жарайды, мен сенімен бірге барамын. Бірақ бұл жорыққа барсаң да, сенің даңқың шықпайтын болады. Себебі Жаратқан Ие Сисараны бір әйелдің қолына тапсырады, — деді. Сонымен Дебора жиналып, Барақты ертіп Кедеске барды. 10 Барақ Забулон мен Нафталим руларының ер адамдарын Кедеске шақырды. Сонда Барақтың соңынан он мың сарбаз еріп, Дебора да онымен бірге (Табор тауының басына) өрлеп барды. 11 Мұса пайғамбардың балдызы Хобабтың бір ұрпағы — кендік Хебер есімді кісі бар болатын. Сол кезде Хебер басқа кендіктерден бөлініп, Кедестің маңындағы Сананымдағы дәу емен ағашының маңында қос тігіп, тұрып жатқан еді. 12 Енді Абиноғам ұлы Барақтың сарбаздарымен бірге Табор тауына көтерілгендігі туралы хабар қанахандық қолбасшы Сисараға жетті. 13 Сисара қарамағындағы барлық күймелерін: тоғыз жүз темір соғыс күймесін және күллі жасақшыларын шақырып жинап алып, Харошет-Ғоимнан Қишон алқабына аттанды. 14 Сол кезде Дебора Бараққа тіл қатып: «Аттан! Бүгін Жаратқан Ие Сисараны сенің қолыңа тапсырады! Жаратқан Иенің Өзі алдыңда жүріп жар болады», — деді. Барақ он мың адамын ертіп алып, Табор тауынан төмен түсті. 15 Жаратқан Ие Сисараны, оның күллі соғыс күймелері мен жасақшыларын абыржытып, оларды Барақтың адамдарының семсерлерімен қырып-жойды. Сисара соғыс күймесінен түсіп, жаяу қаша жөнелді. 16 Барақ сарбаздарымен бірге жаудың соғыс күймелері мен жасағын Харошет-Ғоимға дейін қуып, Сисараның бүкіл жасағы семсерден қаза тауып, бірде-біреуі тірі қалған жоқ. 17 Ал осы екі арада қолбасшы Сисара кендік Хебердің әйелі Жаилдың шатырына жаяу қашып барған еді. Себебі Хасор патшасы Ябин мен кендік Хебердің әулеті өзара тату болатын. 18 Жаил Сисараның алдынан шығып: — Қош келдіңіз, тақсыр, төрлетіп дем алыңыз. Еш қауіптенбеңіз, — деп ішке шақырды. Сисара шатырға кіріп, әйел оның үстін бір көрпемен жауып тастады. 19 Сисара одан: — Маған ішетін су берші, шөлдеп тұрмын, — деп сұрады. Әйел сүт құйылған торсықтың аузын ашып, оған сүт берді. Содан кейін Сисараны қайтадан көрпесімен қымтап жапты. 20 Сисара оған: — Шатырдың кіреберісінде тұр. Егер біреу келіп, іште кісінің бар-жоғын сұраса, «жоқ» де! — деп бұйырды. 21 Содан әбден шаршаған Сисара қатты ұйықтап кетті. Ал Хебердің әйелі Жаил шатырдың бір қазығын және балғаны қолына алып, Сисараға білдіртпей жақындап барды да, оның басын самайынан қазықпен қағып, жерге қадап тастады. Сисара осылайша өлді. 22 Осы екі арада қолбасшы Сисараның соңынан қуған Барақ та жетті. Жаил оның алдынан шығып: «Кіріңіз, мен сізге іздеп жүрген кісіңізді көрсетемін», — деді. Барақ ішке кіріп қараса, міне, самайына қазық қағылған Сисара өліп жатыр екен! 23 Осылай Құдай сол күні Қанахан патшасы Ябинді исраилдіктерге бой ұсындырды. 24 Күн өткен сайын арта түскен олардың күші Қанаханның осы патшасын тықсырып, ақыр соңында оның да көзін құртты.
1 Сол жеңіс күні Дебора және Абиноғам ұлы Барақ былай деп жырлады: 2 Басшылар бастап шықты Исраилді, Халық өз еркімен бағышталып ерді, Мақтаңдар, содан Жаратқан Иемізді! 3 Ей, патшалар, құлақ салыңыздаршы, Ей, билеушілер, тыңдаңыздаршы, Жаратқан Иеге жырымды арнаймын, Исраилдің Құдайына әнімді шырқаймын: 4 Уа, Жаратқан, Сен Сейірден шыққанда, Едом аймағынан алға басқанда, Жер сілкініп, бұлттан жаңбыр құйды сонда, 5 Таулар дірілдеді Иеміздің алдында, Синай тауы да Жаратқанның алдында: Исраилдің Құдайының көз алдында. 6 Анат ұлы Шамғардың заманында Әрі Жаилдың да уақытында Үлкен жолдар қаңырап бос жататын, Жүргіншілер сүрлеумен алға басатын. 7 Бос қалды Исраилдің елді мекендері, Исраилдік ана — мен Дебора, келгенше. 8 Халық жаңа тәңірлер алды таңдап, Содан қақпаларға соғыс келді таяп. Исраилдің қырық мың ері арасынан Байқалды ма бірде-бір найза не қалқан? 9 Жүрегімде Исраилдің әміршілері Һәм халықтың бағышталып ерген ерлері, Бәрің мадақтаңдар Жаратқан Иемізді! 10 Уа, ақ есекке мініп алған байлар, Қымбат кілем үстінде отыратындар, Әрі жаяу жүргендер, соны хабарлаңдар! 11 Суатта ән-жыр айтқандарға құлақ асыңдар, Жаратқанның әділ істерін мадақтаңдар! Исраил өз диқандарының ерлігін мақтар. Жаратқанның халқы қала қақпасына барды: 12 «Уа, Дебора, енді ояныңызшы, Оянып, жырлап, ерлерді шақырыңызшы! Уа, Абиноғам ұлы, тұрыңызшы, Уа, Барақ, жауларды тұтқындаңызшы!» 13 Қалған ерлер шықты айбатты жауға қарсы, Жаратқанның халқы мықтыларға қарсы: 14 Амалектің жері болған Ефремнен түсті, Буняминдіктер олардың соңынан ілесті, Махырдан аттанды әскербасылар, Забулоннан билік басындағылар. 15 Исашар басшылары еріп Дебораға, Исашар Барақпен атой салды аңғарға. Ал пікір мың құбылды Рубен тармақтарында. 16 Неге жылжымай жаттың қораларда, Шопанның ысқырығын тыңдап отырдың ба? Пікір мың құбылды Рубен тармақтарында. 17 Ғилақад қалды Иорданның ар жағында, Дан неге жалтарды кемелер қасында? Ашир отырды теңіз жағалауында, Әрекет етпеді кемежайларында. 18 Ал Забулон руы аянбады қыраттарда, Бастарын өлімге тікті нафталимдықтар да. 19 Жау патшалары аттанды соғысуға, Қанахан патшалары Тағанахта, Мегидо бұлақтарының бойында Шайқасқанмен олар ешқандай олжа Не күмісті түсіре алмады қолдарына. 20 Аспан әлемінен жұлдыздар сонда Жүрген жолдарынан соғысып, олар да Шабуыл жасады сол Сисараға. 21 Жауларды шайып ағызып Қишон жылғасы Әкетті: ежелден бар бұл Қишон жылғасы. Алға басып, қабылдайық күш-қуатты! 22 Аттардың тұяқтары жерді дүркіретті, Жаудың алғыр айғырлары шауып жүрді. 23 «Мероз қаласы жазасын тартсын! — деді Жаратқан Иеміздің періштесі, — Қала тұрғындарына қарғыс тиеді, Жаратқанға олар қолдау көрсетпеді, Мықты жауға қарсы көмектеспеді». 24 Әйелдер ішінен Жаил жарылқансын, Бұл батыл әйелі кендік Хебердің! Ол шатырда тұратын әйелдердің Ең молынан жарылқанғаны болсын! 25 Сисара су сұрап, Жаил сүт берді, Әсем тостағанмен шалап әперді. 26 Жаил оң қолын созды қазыққа, Сол қолын жұмысшының балғасына. Бір ұрып жарды ол жауыздың басын, Тесіп жіберді Сисараның самайын. 27 Жаилдың аяқтарына жау иілді, Аяқтарының арасына жығылды, Жығылған жерінде лезде қырылды. 28 Сисараның шешесі сыртқа қарады, Терезе торынан былай деп зарлады: «Неге келмеді оның соғыс күймесі? Кешікті-ау дөңгелектерінің дүбірі!» 29 Көреген ханымдары мынадай жауап қатты, Соларын көп қайталап ол жұбаныш тапты: 30 «Олжа тауып, бөлісіп жатыр екен, Әр сарбазға тұтқын қыз бір-екіден, Алуан түсті шапандар Сисараға, Кестелі түрлі түсті маталар да, Һәм кестеленген шәлілер менің мойныма, Осылардың барлығы да бізге олжа!» 31 Уа, Жаратқан, бар жауың солай талқандалсын, Ал Сені сүйгендер атқан күндей нұрлансын! Содан елде қырық жыл бойы тыныштық орнады.
1 Ал исраилдіктер қайтадан Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасады. Содан Жаратқан Ие оларды жеті жылға Мадиян халқының қолына тапсырды. 2 Мадияндықтар Исраилге тым қатты зорлық-зомбылық көрсеткендіктен, исраилдіктер өздеріне тау шатқалдарында үңгірлер мен бекіністер дайындап алып, сонда бас сауғалады. 3 Себебі исраилдіктер жерге егін еккен сайын, мадияндықтар амалектіктермен және шығыстың басқа да көшпелі тайпаларымен бірге оларға шапқыншылық жасай беретін. 4 Жау исраилдіктерге қарсы қостарын тігіп, тіпті Газаға дейінгі аралықтағы барлық жердің өнімін құртты. Олар Исраилде ешқандай азық-түлік атаулыны тастамай, не ірілі-ұсақты малдан, не есектерден бірде-біреуін де тірі қалдырмайтын. 5 Сол тайпалар малдарымен, қостарымен елді шегірткедей қаптап кететін, себебі адамдары мен түйелері сансыз көп болатын. Олар елге басып кіріп, оның сау тамтығын да қалдырмайтын. 6 Осылайша исраилдіктер мадияндықтардың кесірінен қатты күйзеліске түсіп, Жаратқан Иеге жалбарына сиынды. 7 Олар мадияндықтарға бола Жаратқан Иеге жалынып мінажат еткендіктен, 8 Жаратқан Ие Исраилге бір пайғамбарды жіберді. Ол халыққа былай деді: «Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен Өзім сендерді құлдықта жүрген Мысыр елінен алып шықтым; 9 мысырлықтардың қолынан және өздеріңді жәбірлеген басқалардың да барлығынан сендерді құтқардым. Оларды алдарыңнан қуып шығып, жерлерін сендерге табыстадым. 10 Өздеріңе былай дегенмін: «Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. Енді сендер аморлықтардың жерін мекендеп тұрсыңдар, ал олардың жалған тәңірлерінен қорқып, соларға табынбаңдар!» Бірақ та сендер Мені тыңдамадыңдар». 11 Бұдан кейін Жаратқан Иенің періштесі Офрадағы дәу еменнің түбіне барып, сонда отырды. Бұл жер Әбиезердің ұрпағы Жоғастың меншігі еді. Сол кезде Жоғастың ұлы Гедеон жинаған бидайының дәндерін мадияндықтардан сақтап қалу үшін оны жүзім сыққыштың ішінде бастырып жатқан еді. 12 Жаратқан Иенің періштесі Гедеонға көрініп: — Жаратқан Ие саған жар, мықты батыр! — деп тіл қатты. 13 Гедеон оған былай деп жауап берді: — Уа, мырзам, егер Жаратқан Ие бізге жар болса, онда неліктен осының бәрі басымызға түсті? Аталарымыз бізге айтып берген Оның барлық кереметтері қайда кеткен?! Олар: «Халқымызды Мысыр елінен бастап алып шыққан Жаратқан Ие емес пе еді?» дейтін. Ал қазір Жаратқан Ие бізді тастап кетіп, мадияндықтардың қолына бере салды! 14 Жаратқан Ие Гедеонға бұрылып: — Сен бар да, осы құдіретіңмен Исраилді мадияндықтардың қолынан құтқарып ал! Сені жұмсап тұрған Өзім емеспін бе?! — деп аманаттады. 15 Бірақ Гедеон: — Уа, Мырзам, мен қалайша Исраилді құтқармақпын? Менің әулетім руым Манасаның ішіндегі ең әлсізі, әрі өзім де әкемнің үйіндегі кенжесімін ғой! — деп жауап қатты. 16 Жаратқан Ие оған: — Мен, сөзсіз, сенімен бірге жүріп, жар боламын! Сонда сен жалғыз бір-ақ адамды соққандай, мадияндықтардың барлығына да күйрете соққы бересің, — деп уәде берді. 17 Гедеон: — Уа, Ием, егер Сен маған оң көзбен қарасаң, онда менімен сөйлесіп тұрған шынымен Өзің екенін дәлелдейтін белгі ретінде бір керемет көрсете гөр. 18 Енді мен барып, Саған арнап бір сый-тарту алып келгенше алыстап кетпей, осында бола тұрсаң екен, — деп өтінді. Жаратқан Ие: — Жарайды, сен қайтып келгенше Мен күте тұрайын, — деп келісті. 19 Гедеон үйіне барып, бір лақты сойып, етін асты да, бір қапшық ұннан ашытқысыз нан пісірді. Содан соң лақтың етін себетке салып, сорпасын ыдысқа құйып алып, еменнің түбінде періштенің алдына қойды. 20 Құдайдың періштесі Гедеонға: — Ет пен нанды мына тастың үстіне қойып, сорпаны құй! — деп тапсырды. Гедеон солай істеді. 21 Сонда Жаратқан Иенің періштесі қолындағы таяғының ұшын ет пен нанға тигізді. Лезде тастан от лап етіп шықты да, ет пен нанды жалмап қойды. Ал періште Гедеонның көзіне көрінбей қалды. 22 Бұдан Гедеон оның шынымен Жаратқан Иенің періштесі екеніне көз жеткізіп: — О, Жаратушы Тәңір Ие! Мен Жаратқан Иенің періштесінің жүзін бетпе-бет көрдім! Енді маған не болар екен? — деп абыржып қалды. 23 Ал Жаратқан Ие оны: — Саған амандық болсын! Қорықпа, содан олмейсің, — деп жігерлендірді. 24 Гедеон сол жерде Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын салып, оған «Жаратқан Ие — амандық (бастауы)» деген ат қойды. Сол құрбандық орны күні бүгінге дейін Әбиезер әулетіне тиесілі Офра деген жерде тұр. 25 Сол түні Жаратқан Ие Гедеонға былай деп бұйырды: «Әкеңнің табынынан жеті жасар екінші бұқаны ал. Әкеңнің Бағалға арнаған құрбандық орнын қиратып, оның жанындағы Ашераға бағышталған бағананың түбіне де балта шап! 26 Содан соң Құдайың Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орынды дұрыстап қалап сал. Екінші өгізді шалып, Ашераға бағышталған бағананың ағашымен түгелдей өртелетін құрбандық ретінде ұсын!» 27 Сонда Гедеон қызметшілерінің арасынан он адамды алып, Жаратқан Иенің берген бұйрығын орындады. Бірақ ол әкесінің үй ішінен және қала халқынан қорқып, мұны күндіз емес, түнде істеді. 28 Таңертең қала халқы ерте тұрып қараса, міне, ғажап, Бағалға құрбандық ұсынатын орын қиратылып, оның жанындағы ағаш бағананың түбіне балта шабылыпты! Ал жаңадан салынған құрбандық ұсынатын орында екінші бұқа құрбандыққа шалынып, өртеліпті! 29 Олар бір-біріне: «Бұны кім істеді екен?» — десіп, тексеріп сұрастырып, мұны Жоғас ұлы Гедеонның істегенін біліп алды. 30 Содан қала халқы Жоғастан талап етіп: — Балаңды үйіңнен мұнда алып кел! Ол өлуге тиіс! Себебі Бағалдың құрбандық орнын қиратып, жанындағы Ашераның бағанасын да шауып тастапты, — деді. 31 Бірақ Жоғас қарсы шыққандарға былай деп жауап берді: — Сендер Бағал үшін күреспексіңдер ме? Оны сендер құтқармақсыңдар ма? Бағал үшін күресетін әркім таңертеңге дейін өледі! Егер Бағал шынымен тәңір болса, өзі үшін өзі күресіп, құрбандық орнын қиратқан адамның көзін өзі құртсын! — 32 Сол күннен бастап жұрт Гедеонды «Еруб-Бағал» деп атайтын болды. Бұл «ол Бағалға арнап құрбандық ұсынатын орынды қиратып тастағандықтан, Бағал онымен өзі күрессін» деген мағынаны білдіреді. 33 Содан кейін күллі мадияндықтар, амалектіктер және шығыстың басқа да көшпелі тайпалары бірге жиналды. Олар Иордан өзенінен өтіп, Ізрел аңғарына жетіп, сол жерде қостарын тікті. 34 Сонда Жаратқан Иенің Рухы Гедеонға қонып, бойын биледі. Гедеон дабыл беріп кернейін тартқанда, Әбиезерден тараған әулет жиналып, оның соңынан ерді. 35 Ол, сондай-ақ, бүкіл Манаса руына да хабаршыларын жіберіп, оларды өзіне ілесіп аттануға шақырды. Гедеон Ашир, Забулон, Нафталимға елшілерін жолдаған соң, сол рулар да қыратты аймаққа көтеріліп, онымен кездесті. 36 Мұнан кейін Гедеон Құдайға сиынып былай деді: «Уа, Құдай! Егер Сен шынымен Өзің уәде еткендей, Исраил халқын мен арқылы құтқаратын болсаң, оны былай көрсете гөр: 37 Мен қырманға қырқылған жүнді жаямын. Егер таңертең шық тек жүннің үстіне ғана түсіп, ал жер құрғақ болса, онда Сен Өзің уәде еткендей, Исраилді жаудан мен арқылы құтқаратыныңды білетін боламын». — 38 Бұл солай болды да. Гедеон келесі күні таңертең ерте тұрып, жүннен табақ толатындай су сығып алды. 39 Ал Гедеон қайтадан Құдайға сиынып былай деді: «Қаһарлана көрмеші, тағы бір өтінішімді айтайын: мен тағы бір рет көзімді жеткізгім келеді. Бұл жолы жүн құрғақ, ал айналасындағы жер шықтан дымқыл болсын!» — 40 Құдай сол түні дәл осылай істеді. Жүн ғана құрғақ болып, айналасындағы жердің бәріне шық түсіпті!
1 Содан соң Еруб-Бағал (деп те аталған Гедеон) және онымен бірге бүкіл жасақ ерте тұрып, Харод бұлағының жанында қостарын тікті. Мадияндықтардың тұрағы олардан солтүстікте, Море төбесінің маңындағы аңғарда болатын. 2 Жаратқан Ие Гедеонға былай деп тапсырды: «Мадияндықтарды қолдарына тапсыруым үшін сенімен бірге шыққан жасақ тым көп. Әйтпесе кейін исраилдіктер «Өз күшіміз бізді жау қолынан құтқарды» деп Менің алдымда мақтанып жүрер. 3 Сондықтан жасақтың алдында: «Кім жүрексініп тұрса, осы Ғилақад төбесінен кетіп, үйіне қайта берсін!» деп жарияла». — Гедеон солай істегенде, жиырма екі мың адам үйлеріне қайтып, он мыңы ғана қалды. 4 Бірақ Жаратқан Ие: «Сарбаздар әлі де тым көп. Оларды төменге қарай, суға алып бар. Сол жерде Мен оларды іріктеймін. Содан кейін кімнің баратынын, кімнің бармайтынын Өзім саған анықтап айтып беремін», — деді. 5 Осылайша Гедеон жасақты төменге, ағып жатқан су көзіне ертіп алып барды. Жаратқан Ие оған нұсқап былай деді: «Суды ит сияқты жалап ішкендерді бір жаққа, тізерлеп ішкендерді басқа жаққа бөлекте!» — 6 Сонда суды алақанымен ұрттап, жалап ішкендердің саны үш жүз болды, ал қалған сарбаздардың барлығы суды тізерлеп жатып ішті. 7 Мұнан кейін Жаратқан Ие Гедеонға уәде беріп: «Мен осы үш жүз адаммен сендерді құтқарып, мадияндықтарды қолыңа тапсырамын. Ал қалғандары үйлеріне қайта берсін», — деді. 8 Гедеон үш жүз сарбазды бөлек тұрғызып, қалғандарының азық-түліктері мен кернейлерін алып қалып, өздерін қостарына қайтарып жіберді. Мадияндықтардың тұрағы төменде, аңғарда болатын. 9 Сол түні Жаратқан Ие Гедеонға былай деп бұйырды: «Орныңнан тұрып, ылдилап мадияндық жасақшылардың тұрағына аттан! Себебі Мен оны сенің қолыңа тапсырдым. 10 Ал егер шабуыл жасаудан қауіптенсең, көмекші Пурахты ертіп аңғардағы Мадиянның тұрағына білдіртпей түс. 11 Сол жерде олардың айтқан сөздеріне құлақ түр. Сонда естігендерің арқылы жігерленіп, жасақшылар тұрағына шабуыл жасауға батылданасың». Содан Гедеон көмекшісі Пурахпен тұрақ шетіндегі бір жасақшылар тобына таяп барды. 12 Ал күллі мадияндықтар, амалектіктер және шығыстың басқа да көшпелі тайпалары аңғарда шегіртке үйірлеріндей қаптап, түйелері де теңіз жағалауындағы құм түйіршіктеріндей сансыз көп болып жатыр екен. 13 Гедеон таяп келгенде, бір адам өзінің көрген түсін жолдасына айтып жатты: — Мен мынадай түс көрдім: бір таба арпа наны мадиянның тұрағына домалап құлап түсіпті. Ол бір қосқа соғылып, оны аударып түсіріп, жермен-жексен қылған екен. — 14 Жолдасы: — Бұл түс сол исраилдік Жоғас ұлы Гедеонның семсері туралы ғана болуы мүмкін! Құдай Мадиянды және оның бүкіл тұрағын соның қолына тапсырған болса керек! — деп жауап қайтарды. 15 Гедеон осы түсті әрі оның жоруын естіген соң, Жаратқан Иеге басын иіп ғибадат етті. Исраилдің тұрағына қайта оралғаннан кейін ол: «Тұрыңдар! Жаратқан Ие Мадиян жасағының тұрағын сендердің қолдарыңа тапсырды!» — деп әмір берді. 16 Гедеон үш жүз адамын үш топқа бөліп, әрбір адамның қолына бір-бірден керней және ішінде жанып тұрған алауы бар бос құмыраларды ұстатты да, 17 оларға былай деп бұйырды: «Маған қарап, істегендерімді қайталаңдар! Мен тұрақтың шетіне жеткенде дәл менің істегенімдей сендер де істеңдер! 18 Мен және қасымдағылар дабыл беріп керней тартқан кезде сендер де тұрақты айналдыра кернейлеріңді тартыңдар! «Жаратқан Ие үшін әрі Гедеон үшін (семсер)!» деп айқайлап ұран да салыңдар!» 19 Түн ортасында, екінші күзет енді ғана басталған кезде Гедеон қасындағы бір жүз адамымен тұрақтың шетіне жетті. Олар кернейлерін тартып, қолдарындағы құмыраларын сындырып тастады. 20 Сонда үш топтың күллі адамдары да кернейлерін тартып, құмыраларын сындырды. Олар сол қолдарымен жалындаған алауларын, оң қолдарымен кернейлерін ұстап тұрды да, «Жаратқан Ие үшін әрі Гедеон үшін семсер!» — деп ұрандаумен болды. 21 Әр адам жаудың тұрағын айналдыра өз орнында тұрды. Сонда тұрақтағылардың барлығы да сасқалақтап жүгіріп бара жатып, қатты айқайлап тым-тырақай қаша жөнелді. 22 Осы үш жүз адам кернейлерін тартқанда, Жаратқан Ие жау тұрағындағы адамдардың бәрін бір-біріне қарсы шығарып, семсерлерімен өзара шайқастырып қойды. Қалған жасақшылар (Иордан өзеніне қарай) Сәрераның жанындағы Бет-Шиттаға, Табаттың маңындағы Әбел-Мехоланың шекарасына дейін қашып кетті. 23 Алайда Исраилдің Нафталим, Ашир және бүкіл Манаса руларының адамдары шақырылып, олар мадияндықтардың соңынан қуып кетті. 24 Гедеон бүкіл Ефрем руының таулы аймағына да хабаршыларын жіберіп: «(Иордан алқабына) төмен түсіп барып, мадияндықтарға қарсы шығыңдар! Бет-Бараға дейінгі су көздерін және өзендердің өткелдерін қолға түсіріп, жауды соларға жақындатпаңдар!» — деді. Сонда Ефремнің бүкіл адамдары шақырылып, Бет-Бараға дейінгі су көздерін және Иордан мен басқа да өзендердің өткелдерін қолға түсіріп, жауды соларға жақындатпады. 25 Ефремдіктер Мадиянның артынан қуып, олардың екі әміршісі — Ориб пен Зипті тұтқындады. Содан Орибті Ориб құзының, Зипті Зиптегі жүзім сыққыштың маңында өлтіріп, бастарын Иорданның жағасынан Гедеонға алып барды.
1 Ал ефремдіктер Гедеонды қатты сөгіп: — Неге бізге осылай істедің? Мадияндықтарға қарсы соғысуға аттанғаныңда неге бізді шақырмадың? — деді. 2 Гедеон оларға жауап беріп: — Сіздермен салыстырғанда мен қазір қандай жетістікке қол жеткізіппін? Ефрем руының терген масақтары Әбиезер әулетінің бүкіл жинағанынан әлдеқайда артық емес пе? 3 Құдай сіздердің қолдарыңызға Мадиянның екі әміршісі Ориб пен Зипті түсірді! Сіздермен салыстырғанда мен қандай жетістікке қол жеткізе алдым? — деді. Гедеонның жауабын естігенде, ефремдіктердің ашуы басылды. 4 Гедеон және оның қасындағы үш жүз адамы Иордан өзеніне жетіп, оның шығыс жағына өтті. Өздерінің шаршап-шалдыққандарына қарамастан, олар мадияндықтарды қууын жалғастыра берді. 5 Гедеон Соқот қаласына жеткенде, оның адамдарына: — Мына жасақшыларыма біраз таба нан берсеңіздер екен. Олар қатты ашығып тұр! Мен Мадиян патшалары Зебей мен Салманның соңына түсіп келе жатыр едім, — деп өтініш жасады. 6 Бірақ Соқоттың басшылары: — Біз сенің тобыңа тамақ беретіндей, Зебей мен Салманды қолыңа түсіріп пе едің? — деп кекетті. 7 Гедеон оларға: — Жарайды. Жаратқан Ие Зебей мен Салманды қолыма түсіргеннен кейін мен қайтып келемін. Сонда сендерді даланың тікенек-ошағанымен осқылап тілгілеймін! — деп жауап қатты. 8 Содан Гедеон Пенуелге де өрлеп барып, дәл сондай өтініш жасады. Пенуелдің адамдары да соқоттықтар сияқты жауап қатып, көмектесуден бас тартты. 9 Сол себепті Гедеон оларға: «Мен аман-есен қайтып келгенімде осы мұнараны қиратып тастаймын!» — деп нық айтты. 10 Сол кезде Зебей мен Салман өздерінің жасағы — шамамен он бес мың адаммен Қарқорға аялдаған болатын. Шығыс халықтарының жасақтарынан жүз жиырма мың семсер асынғандар қаза тауып, одан қалып отырғаны осы он бес мың еді. 11 Гедеон өз тобымен шатырда тұратын көшпелі тайпалардың Нобах пен Жогбеганың шығысынан өтетін көш жолымен жүре отырып, жайбарақат отырған жасаққа табан астынан бас салды. 12 Зебей мен Салман қаша жөнелді. Гедеон олардың соңынан қуып, қолға түсіріп, мадияндықтардың бүкіл жасағының зәресін ұшырды. 13 Жоғас ұлы Гедеон шайқастан қайтқанда Херес тауынан түсіп, 14 жолшыбай соқоттық бір жас жігітті ұстап алды. Оған сұрақтар қойып тергеді. Жігіт Гедеонға Соқоттың барлық жетпіс жеті басшысы мен ақсақалының аты-жөндерін жазып берді. 15 Гедеон Соқотқа жеткенде, оның адамдарына: — Мені «Біз сенің шаршаған адамдарыңа тамақ беретіндей, Зебей мен Салманды қолыңа түсіріп пе едің?» деп кекетіп едіңдер. Енді, міне, сендерге Зебей мен Салман! — деді. 16 Қала ақсақалдарын ұстатып, олардың денелерін даланың тікенек-ошағанымен осқылап тілгілетіп, Соқоттың адамдарына осылай тәлім берді. 17 Бұдан кейін Гедеон Пенуел қаласының мұнарасын қиратып, қаладағы ер адамдардың көздерін құртты. 18 Кейін Гедеон Зебей мен Салманнан: — Сендер Таборда өлтірген адамдар қандай болатын? — деп сұрағанда, екеуі: — Олар өзіңізге ұқсап, әрбіреуінің сырт көрінісі шетінен ханзада сияқты болатын, — деп жауап берді. 19 Сонда Гедеон: — Бұлардың бәрі де бірге туған ағайындыларым еді ғой! Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдындағы шын сөзім, оларды өлтірмегендеріңде мен де сендерді өлтірмес едім! — деді. 20 Тұңғышы Етерге бұрылып: «Тұр, мыналардың көздерін құрт!» — деп бұйырды. Бірақ ұлы әлі де жас болғандықтан, семсерін суырып алып, оларды өлтіріп тастауға бата алмады. 21 Сонда Зебей мен Салман: «Бізді өзіңіз-ақ өлтіріңіз. Үлкеннің ісін балаға орындатпаңыз», — деді. Гедеон алдына ұмтылып, Зебей мен Салманды өлтірді де, олардың түйелерінің мойнына салынған айшықты алқаларын шешіп алды. 22 Осының бәрінен кейін исраилдіктер Гедеонға: — Сіз бізді мадияндықтардан құтқардыңыз. Ендеше өзіңіз, содан кейін ұлыңыз және немереңіз бізге басшы болып билік құрыңыздар! — деп ұсыныс жасады. 23 Бірақ Гедеон оларға: — Мен де, ұлым да сіздерге басшы болып билік құрмаймыз. Жаратқан Иенің Өзі-ақ сіздерге билік құрсын! — деп жауап қайтарды. 24 Алайда ол: — Менің сіздерден бір өтінішім бар: әрбіреуіңіз жаудан олжалағандарыңыздан бір-бір алтын сырғадан берсеңіздер екен, — деп қосты. Себебі жау сарбаздары ысмағұлдықтар болғандықтан, құлақтарына алтын сырға тағып жүретін еді. 25 Исраилдіктер: — Әрине, сөзсіз береміз! — деп, бір шапанды жерге жайып жіберді де, әркім соған жаудан олжалаған сырғаларының біреуін тастады. 26 Сонда жиналған алтын сырғалардың салмағы бір мың жеті жүз мысқал болды. Оның үстіне Мадиян патшаларының тағып жүретін алтын айшықты әшекейлері мен алқалары, қырмызы шапандары әрі түйелерінің мойнына асатын алтын шынжырлары да бар еді. 27 Сол алтынды Гедеон діни қызметкер киіп жүретін жеңсіз сырт киім жасауға жұмсап, соны өз қаласы Офраға апарып қойды. Кейін бүкіл Исраил халқы сонда барып, сол «қасиетті» киімге табына бастады. Осылай олар азғындыққа батты. Тіпті Гедеон мен оның әулеті де бұл тұзаққа ілініп қалды. 28 Мадиян халқы үлкен жеңіліске ұшырағандықтан, Исраилдің алдында бой ұсынып, оның енді қайтып Исраилге қарсы бас көтеретіндей қауқары қалмады. Гедеонның көзі тірі кезінде елде қырық жыл тыныштық орнады. 29 Осы оқиғалардан кейін Жоғас ұлы Гедеон (Еруб-Бағал) өз үйінде тұруға қайтып кетті. 30 Оның әйелдері көп болғандықтан, өзінен тараған жетпіс ұлы бар еді. 31 Оның Сихемде тұратын кәнизагы да бір ұл туып, Гедеон оның атын Әбумәлік (демек, «(көктегі) Әкем — Патша») деп қойды. 32 Сөйтіп Жоғас ұлы Гедеон көп жасап, қайтыс болды. Оның мәйіті Әбиезер әулетіне тиісті Офра қаласының маңында әкесі Жоғастың қабіріне қойылды. 33 Гедеон қайтыс бола салысымен, исраилдіктер қайтадан азғындап, жалған тәңір Бағалдың мүсіндеріне табынып, Бағал-Берітті өздері құлшылық ететін тәңірлері деп бекітті. 34 Осылайша исраилдіктер өздерін айналадағы барлық жауларынан құтқарып келген Құдайлары — Жаратқан Иені естерінен шығарды. 35 Еруб-Бағал, яғни Гедеон, Исраилге қанша ізгілік жасаса да, олар оның әулетіне де адалдық танытпады.
1 Бірде Еруб-Бағал (яғни Гедеон) ұлы Әбумәлік шешесінің Сихем қаласындағы аға-інілеріне барып, оларға және бүкіл нағашы жұртына былай деп тіл қатты: 2 «Сихемнің күллі азаматтарына былай деңіздер: Сіздерге қайсысы пайдалы: Еруб-Бағалдың барлық ұлдары — жетпіс адамның билік жүргізгені ме, әлде тек біреуінің ғана ма? Оның үстіне мен сіздердің қандас туысқандарыңызбын ғой, соны да ұмытпаңыздар!» 3 Сонда шешесінің төркіндері Сихемнің өзге азаматтарының алдында Әбумәліктің сөзін сөйледі. Бұлардың көңілдері де Әбумәлікке ауды, өйткені олар: «Ол біздің қандас туысымыз», — десті. 4 Сихемдіктер оған Бағал-Беріттің ғибадатханасынан жетпіс мысқал күміс табыстады. Әбумәлік күміске ар-ұяттан безген, ешкімді менсінбейтін адамдарды жалдап алып, олар оған ілесіп жүретін болды. 5 Әбумәлік сол сарбаздарын ертіп Офраға, марқұм әкесі Еруб-Бағалдың әулетіне аттанып барып, оның жетпіс ұлын — өзінің туған бауырларын тұтқындап, бір дәу тастың үстінде өлтіртіп тастады. Тек Еруб-Бағалдың кенже ұлы Жотам ғана тығылып аман қалды. 6 Содан соң Сихемнің басқарушылары әрі Бет-Миллоның күллі азаматтары жиналып, Сихемдегі бағананың маңындағы емен ағашының қасына барып, сол жерде Әбумәлікті патша етіп тағайындады. 7 Осы оқиға туралы Жотам естігенде, Гәризим тауының басына шығып, бар даусымен айқайлап былай деді: «Сихемнің басшылары, сөзіме құлақ түріңдер! Сонда Құдай сендерге құлақ сала көрсін! 8 Бір күні ағаштар өздеріне патша тағайындамақ боп шешіпті. Сол себепті олар зәйтүн ағашына: — Бізге патша бол! — депті. 9 Ал зәйтүн ағашы оларға: — Басқа ағаштардың үстінен бұтақтарымды шайқау үшін ғана тәңірлер мен адамдарға құрмет сыйлайтын майымды өндіруді доғаруым керек пе? — деп жауап қайтарыпты. 10 Сонда ағаштар інжір ағашына: — Онда сен келіп, бізге патша бол! — депті. 11 Бірақ інжір ағашы оларға: — Басқа ағаштардың үстінен бұтақтарымды шайқау үшін ғана дәмді де тәтті жеміс беруімді доғаруым керек пе? — деп жауап беріпті. 12 Содан соң ағаштар жүзім бұтасына: — Сен біздің патшамыз бола гөр! — депті. 13 Бірақ жүзім бұтасы оларға: — Басқа ағаштардың үстінен бұтақтарымды шайқау үшін ғана тәңірлер мен адамдардың көңілін көтеретін шырын беруімді доғаруым керек пе? — деп жауап қайырыпты. 14 Сонда ағаштардың барлығы тікенді бұтаға: — Ендеше сен патша бол! — депті. 15 Тікенді бұта оларға: — Егер сендер мені шынымен өздеріңе патша қылғыларың келсе, онда келіп, менің көлеңкемді паналаңдар. Ал егер алдап тұрсаңдар, онда тікенді бұтадан от лап етіп шығып, тіпті Ливанның самырсындарын да өртеп жіберсін! — депті. 16 Ендеше, егер сендер Әбумәлікті патша етіп тағайындаған кезде адалдық пен ізгі ниет көрсеткен болсаңдар, яғни Еруб-Бағал марқұм мен оның әулетіне жақсылық жасап оның істегеніне лайықты іс-әрекет жасаған болсаңдар, онда жақсы. 17 Ал Еруб-Бағал кезінде сендер үшін өз басын қатерге тігіп, шайқасып, сендерді мадияндықтардан аман-есен құтқарып қалған болатын. 18 Бірақ сендер бұл күндері әкемнің отбасына қарсы бас көтеріп, оның жетпіс ұлын бір дәу тастың үстінде қырып тастадыңдар, ал оның күңінен туған ұлы Әбумәлікті өздеріңе туысқан болғандықтан Сихемнің азаматтарының үстінен патша етіп қойдыңдар. 19 Егер сендер осыны істегенде шынайы да адал ниетпен әрекеттенген болсаңдар, онда Әбумәлік сендерді, сендер Әбумәлікті қуантыңдар. 20 Ал егер солай істемеген болсаңдар, онда Әбумәліктен от лап етіп сендерді: Сихем мен Бет-Миллоның азаматтарын жалмап қойсын, әрі сендерден де от лап етіп, Әбумәлікті жалмап қойсын!» 21 Жотам осыны айтып болған соң, ағасы Әбумәліктен бас сауғалап Бегер жағына қашып барып, сонда тұрды. 22 Әбумәлік Исраилге үш жыл бойы басшылық етті. 23 Алайда Құдай Әбумәлік пен Сихем азаматтарының арасына араздық туғызатын жын жіберіп, Сихемнің адамдары Әбумәлікке қарсы опасыздық жасады. 24 Осылайша Ол өз ағайындары — Еруб-Бағалдың жетпіс ұлына зорлық жасаған Әбумәліктің мойнына және мұнысын қолдаған Сихемнің азаматтарының мойындарына солардың төгілген қанын салып, олар әділ жазаларын тартулары керек болды. 25 Сихемдіктер Әбумәлікке қарсы шығып, қырат бастарына тосқауыл қойып, сол жерден өткендердің бәрін тонайтын. Бұл туралы Әбумәлікке хабар тиді. 26 Сол екі арада Ебед ұлы Ғағал өзінің ағайындыларымен бірге Сихемге көшіп келіп, қала азаматтарының сеніміне ие болды. 27 Сихемдіктер жүзімдіктерінің өнімін жинап, жүзім шырынын сығып болған соң, көңілді мереке өткізді. Сонда олар өздерінің табынатын жалған тәңірлері Бағалдың ғибадатханасына барып, сонда ішіп-жеп, Әбумәлікті қарғап-сіледі. 28 Ебед ұлы Ғағал сол жерде отырып былай деді: «Біз — Сихемнің азаматтары оған қызмет ететіндей, Әбумәлік деген кім еді өзі? Ол — Еруб-Бағалдың ұлы, әрі Зебул — оның орынбасары емес пе? Ендеше сендер (арғы аталарың) Сихемнің әкесі Хамордың ұрпақтарына ғана қызмет етіңдер! Біз неге исраилдіктерге қызмет етуіміз керек, ә? 29 Осы халық менің қол астымда болса ғой, шіркін! Онда мен Әбумәлікті қуып жіберер едім! Әбумәлікке: Бүкіл жасағыңды шақырып алып, шайқасқа аттан! — дер едім». 30 Осы сөздер қаланың әкімі Зебулге жеткенде, ол қатты ашуланды. 31 Зебул Арумада жүрген Әбумәлікке құпия хабаршыларын жіберіп былай деді: «Тақсыр, Ебед ұлы Ғағал өзінің ағайындарымен Сихемге көшіп келіп, енді халықты сізге қарсы айдап салып жүр! 32 Сондықтан қасыңыздағы жасақпен бірге түнде аттанып, далада тосқауыл құрыңыздар! 33 Таңертең ерте, күн шыға салысымен қалаға бас салыңыздар. Ғағал қасындағы адамдарымен қаладан сізге қарсы шыққанда, оған қалағаныңызды істей көріңіз!» 34 Осылайша Әбумәлік қасындағы бүкіл жасағын ертіп, түнде жолға шықты да, Сихемге жетті. Олар төрт топқа бөлініп, қалаға қарсы тосқауылдар құрды. 35 (Келесі күні таңертең) Ебед ұлы Ғағал қаладан шығып, қала қақпасының алдында тұрған кезде, Әбумәлік пен оның адамдары жасырынған орындарынан тұтқиылдан шыға келді. 36 Ғағал оларды көргенде Зебулге: — Анаған қараңыз, қырат бастарынан адамдар түсіп келе жатыр! — деді. Бірақ Зебул оған жауап қайырып: — Қыраттардың көлеңкесін адам екен деп көріп отырсың, — деді. 37 Ғағал қайтадан тіл қатып: — Жоқ, қараңызшы, елдің жоғарғы жағынан адамдар ылдилап келе жатыр! Көріпкелдер емені жағынан да бір топ адам келе жатыр! — деді. 38 Зебул оған: — Онда сенің: «Біз оған қызмет ететіндей, Әбумәлік деген кім еді өзі?» деп мақтанғаның қайда?! Сенің менсінбеген адамдарың осылар емес пе? Енді шығып, олармен шайқасып көр! — деді. 39 Ғағал Сихемнің азаматтарын бастап алып шығып, Әбумәлікпен шайқасты. 40 Әбумәлік Ғағалдың артынан қуып, Сихемнің көптеген адамдары қашып кетіп, қала қақпасына жетпей қаза болды. 41 Бұдан кейін Әбумәлік Арумаға қайта оралды, ал Зебул Ғағал мен оның ағайындарын Сихемнен қуып шықты. 42 Келесі күні Сихемнің көптеген адамы қаладан далаға шықты. Бұл туралы хабар Әбумәлікке жетті. 43 Ол өз адамдарын үш топқа бөлді де, далада тосқауыл құрып оларды күтіп тұрды. Қаланың адамдарының таяп келе жатқанын көргенде, Әбумәлік орнынан шыға келіп, оларға бас салды. 44 Әбумәлік қасындағы тобымен алға ентелеп, қала қақпасының маңын басып алды. Ал қалған екі топ далада қалғандарды қырып-жоюмен болды. 45 Әбумәлік күні бойы қалаға шабуыл жасап, ақырында оны басып алып, ондағы адамдардың көздерін құртты. Қаланы жермен-жексен қылып қиратып, үстіне тұз сеуіп шашты. 46 Сихемнің мұнарасының тұрғындары осыны естігенде, Ел-Беріт деген жалған тәңірдің ғибадатханасының астына бас сауғалап кіріп алды. 47 Олардың сонда жиналғаны туралы Әбумәлік те естіді. 48 Ол барлық адамдарымен бірге Салмон төбесіне көтерілді де, балтамен бір құшақ бұтақ кесіп, иығына салып, көтеріп алды. Қасындағы адамдарына: «Мен не істесем, сендер де жылдамдап соны істеңдер!» — деп бұйырды. 49 Сонда бүкіл адамдары бұтақтар кесіп алып, Әбумәліктің соңынан еріп, қалаға қайтты. Бұтақтарын қамалдың айналасына үйіп, от қойып, өртеп жіберді. Осылай Сихем мұнарасының барлық тұрғындары: әйелі бар, еркегі бар шамамен бір мың адам қаза тапты. 50 Содан соң Әбумәлік Тебеске барып, оны қоршап, басып алды. 51 Ал қала ішінде бір мықты мұнара бар болатын. Қаланың бүкіл азаматтары: еркектер мен әйелдер сол мұнараға бас сауғалап қашып барды. Олар бекініп алып, мұнараның жалпақ төбесіне шықты. 52 Әбумәлік шабуылдамақ болып мұнараға қарай беттеп, от қою үшін мұнара қақпасына жақындай берді. 53 Сонда бір әйел мұнара төбесінен Әбумәліктің үстіне қол диірменнің үстіңгі тасын тастап жіберіп, оның басы жарылып қалды. 54 Әбумәлік өзінің қару-жарағын көтеріп жүретін нөкерін дереу шақырып алды да: «Семсеріңді суырып ал да, мені өлтір. Жұрт: «Оны әйел өлтірді» деп жүрмесін!» — деді. Сонда жаңағы жас жігіт оған семсерін сұғып алып, Әбумәлік жан тапсырды. 55 Исраилдіктер Әбумәліктің қайтыс болғанын көргенде, барлығы үйлеріне қайтып кетті. 56 Әбумәліктің өзінің жетпіс аға-інісін өлтіріп әкесіне қарсы жасаған сұмдық ісінің есесін Құдай осылайша қайтарды. 57 Құдай Сихемнің адамдарына да сұмдық істеріне бола жазаларын тартқызып, Еруб-Бағал ұлы Жотамның қарғысы олардың бастарына түсті.
1 Әбумәліктен кейін Додоның немересі Пуах ұлы Тола Исраилді құтқаруға тағайындалды. Исашар руынан шыққан ол Ефремнің таулы аймағындағы Шамирды мекендеді. 2 Тола Исраилде жиырма үш жыл бойы билік айтты. Тола би қайтыс болғанда мәйіті Шамирдағы қабірге қойылды. 3 Тола биден кейін Исраилде ғилақадтық Жайыр жиырма екі жыл бойы билік айтты. 4 Оның отыз ұлы болды. Олар отыз есекке мініп, Ғилақад аймағында орналасқан отыз қалаға ие болды. Сол қалалар әлі күнге дейін «Жайыр қоныстары» деп аталады. 5 Жайыр би қайтыс болғанда мәйіті Қамондағы қабірге қойылды. 6 Бұдан кейін исраилдіктер қайтадан Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасап Бағал, Астарта тәңірсымақтарға табынып кетті, әрі Арама, Сидон, Моаб, Аммон, філістір халықтары табынатын жалған тәңірлерге де құлшылық етіп жүрді. Содан исраилдіктер Жаратқан Иеден мүлдем бас тартып, Оған еш ғибадат етпейтін болды. 7 Сол себепті Оның қаһары халыққа қарсы лаулап, оларды філістірлер мен аммондықтардың қолдарына түсірді. 8 Бұлар сол жылы исраилдіктерге соққы беріп, оларды аяусыз қанады. Жау бұрынырақ Иордан өзенінің арғы жағын мекендеген аморлықтардың жері — Ғилақад аймағында қоныстанған барлық исраилдіктерді он сегіз жыл бойы қанады. 9 Аммондықтар тіпті Иордан өзенінен өтіп, Яһуда, Бунямин және Жүсіптен тараған екі руға да қарсы соғысты. Сол себепті Исраил халқы зор қысым көрді. 10 Ақырында исраилдіктер Жаратқан Иені дауыстап шақырып: — Біздер Сенен, өз Құдайымыздан, бас тартып, Бағалдың мүсіндеріне құлшылық етіп ауыр күнә жасадық! — деп көмек беруін өтінді. 11 Жаратқан Ие оларға былай деп жауап қатты: — Мысырлықтар, аммондықтар, філістірлер, 12 сондай-ақ, сидондықтар, амалектіктер және мағондықтар сендерді қыспақтап қанағанда, Маған жалбарына сиындыңдар, ал Мен өздеріңді олардың қолынан құтқарып алып отырдым. Бұл солай болды емес пе? 13 Бірақ сендер Менен бас тартып, бөгде тәңірлерге табынып келесіңдер. Сондықтан Мен сендерді бұдан былай құтқармаймын! 14 Өздерің таңдап алған тәңірсымақтарыңа барып жүгініңдер! Бастарыңа пәле түскен кездеріңде солар құтқарсын! — 15 Ал исраилдіктер Жаратқан Иеге: — Біз күнә жасадық! Өзің дұрыс деп тапқаныңды бізге істей гөр, тек жаудан құтқарсаң етті! — деп жалынды. 16 Олар араларыңда болған бөгде тәңірлердің мүсіндерін алып тастап, Жаратқан Иеге сиынып ғибадат етті. Сонда Жаратқан Ие Исраилдің көрген азабына шыдай алмай, оларды аяды. 17 Бұдан кейін аммондықтар жасақшыларын жинап, Ғилақадта тұрақтағанда, исраилдіктер де жиналып, Миспада қостарын тікті. 18 Ғилақад халқының басшылары өзара ақылдасып: «Аммондықтарға қарсы шабуылды кім бастайды? Сол адам Ғилақад аймағын мекендейтін бәріміздің басшымыз болсын», — деп келісті.
1 Ғилақадтық Ефтах мықты да батыл жауынгер еді. Оның әкесінің аты Ғилақад, ал шешесі жеңіл жүрісті әйел болатын. 2 Ғилақадтың некелі әйелі де оған ұлдар туды. Олар есейген кезде Ефтахты қуып жіберіп, оған: «Біздің әкеміздің үйінде мұрагер болмайсың, себебі сен бөгде әйелдің баласысың», — деді. 3 Сонда Ефтах ағайындарынан қашып кетіп, Тоб өңіріне қоныстанды. Сол жерде оған бірнеше бос жүрген жігіттер қосылып, оның соңынан еріп (жаудың елді мекендерін тонауға) шығып жүрді. 4 Біраз уақыт өтіп, Аммон халқы Исраилге қарсы соғыс бастады. 5 Аммондықтар аттанып келгенде, Ғилақад аймағының ақсақалдары Ефтахты шақырып алу үшін Тоб жеріне оның алдына барып, 6 одан: — Келіп, басшымыз бола көріңіз, сөйтіп аммондықтармен соғысайық! — деп өтінді. 7 Ефтах оларға: — Мені жек көріп, әкемнің үйінен қуып шыққан сіздер емес пе едіңіздер? Енді бастарыңызға пәле түскенде маған несіне келіп тұрсыздар? — деді. 8 Бірақ Ғилақадтың ақсақалдары қоймай: — Сол себептен біз енді өкініп, алдыңызға келіп тұрмыз. Бізбен бірге барып, аммондықтармен соғыссаңыз, Ғилақадты мекендейтін бәріміздің басшымыз сіз боласыз! — деді. 9 Ефтах оларға: — Мейлі, мен сіздермен барып, аммондықтармен соғыса-ақ қояйын. Жаратқан Ие маған жеңіс те берді дейік. Сонда сіздер шынымен-ақ мені өздеріңізге басшы етесіздер ме? — деген сұрақ қойды. 10 Ғилақадтың ақсақалдары: — Жаратқан Иенің Өзі осы айтқанымыздың растығына куә болсын. Сіз қалай айтсаңыз, дәл солай істейміз! — деп уәделерін берді. 11 Сонда Ефтах Ғилақадтың ақсақалдарымен барып, халық оны өздеріне басшы әрі жасақтың қолбасшысы етіп қойды. Ефтах ақсақалдарға айтқан бүкіл сөздерін Миспада Жаратқан Иенің алдында қайталап айтты. 12 Содан Ефтах Аммон халқының патшасына елшілерін жолдап: — Менің еліме қарсы соғысатындай біздің арамызда қандай дау бар еді? — деген сәлемін жіберді. 13 Аммон патшасы Ефтахтың елшілеріне: — Исраил халқы Мысырдан көшіп шыққан кезде, Арнон мен Ябоқтың арасындағы Иорданға дейін созылып жатқан жерімді тартып алды. Сол жерімді бейбіт түрде қайтарып беріңдер! — деп жауап берді. 14 Ефтах өзінің елшілерін тағы да Аммон патшасына жолдады. 15 Олар былай деді: — Ефтах мынаны айтады: Исраил не Моаб, не Аммон халықтарының жерлерін тартып алған емес. 16 Исраил Мысырдан көшіп шыққан кезде иен дала арқылы Қамысты теңізге әрі Қадешке барды. 17 Сонда Исраил Едом патшасына елшілері арқылы «Сіздің еліңіз арқылы өтіп шығуға рұқсат берсеңіз екен» деген сәлемін жіберген еді. Бірақ Едом патшасы Исраилдің өтінішіне құлақ салмады. Моаб патшасына да сондай өтініш жіберілді, бірақ ол да рұқсатын берген жоқ. Осылай Исраил халқы Қадеште қала берді. 18 Кейін олар елсіз дала арқылы, Едом мен Моаб елдерін сырт айналып өтіп, Моабтың шығыс жағына шықты да, Арнон өзенінің арғы жағына тұрақтады. Олар Моаб жеріне аяқ басқан жоқ, себебі шекара дәл сол өзен арқылы өтетін еді. 19 Содан соң исраилдіктер Хешебонда патшалық құрған аморлықтардың патшасы Сихонға елшілерін жіберіп, одан: «Жеріңіз арқылы өтіп өзіміздің жерімізге баруға рұқсат ете көріңіз» деп өтінді. 20 Бірақ Сихон Исраил халқын өз жері арқылы өткізуден қорқып, өзінің бүкіл жасағын жинап, Яхаста қостарын тігіп, оларға қарсы соғысты. 21 Бірақ Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие Сихон мен оның барлық адамдарын Исраилдің қолына тапсырып, олар жеңіліп қалды. Сонда Исраил халқы сол елді мекендеген аморлықтардың 22 Арнон мен Ябоқтың арасындағы және елсіз даладан Иорданға дейінгі жерін иемденіп алды. 23 Ал енді Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие аморлықтарды қуып шығып, жерлерін өз халқы Исраилге бергендіктен, осы жерді мұралық меншікке алуға сіздің қандай құқығыңыз бар? 24 Табынатын тәңіріңіз Хамос өзіңізге иелікке берген жерді иемденесіз ғой. Сол сияқты, біз де Құдайымыз Жаратқан Ие мұралыққа табыстаған жерді иемденеміз. 25 Әлде сіздер Моаб патшасы Сипор ұлы Балақтан артықсыздар ма? Оның Исраилмен осы жер туралы дауласып, соғысқан кезі болды ма? 26 Үш жүз жылдан бері Исраил Хешебон, Арогер мен оларға қарасты елді мекендерде және Арнон өзенінің бойында орналасқан басқа да қалаларды қоныстанып келеді. Сол кездерде жерді неге бізден тартып алмадыңыздар? 27 Ендеше мен сізге ешқандай обал жасап отырған жоқпын. Қайта, сіз маған қарсы соғыс ашып жамандық істеп отырсыз. Жаратқан Ие — әділ Төреші. Оның Өзі бүгін Исраил мен Аммон халықтары арасындағы осы дауды шешіп берсін! 28 Бірақ Аммон патшасы Ефтахтың жіберген осы сәлеміне еш құлақ асқан жоқ. 29 Сонда Жаратқан Иенің Рухы Ефтахқа қонып, ол Ғилақад пен Манаса арқылы өтіп, Ғилақадтағы Миспаға, одан аммондықтарға қарай аттанды. 30 Ал Ефтах Жаратқан Иеге ант етіп былай деген еді: «Егер Сен аммондықтарды менің қолыма тапсырсаң, 31 онда мен аман-есен қайтып келген кезде алдымнан бірінші болып үй-жайымның қақпасынан шыққанды Жаратқан Иеге бағыштап шалып, түгелдей өртеп жіберемін». 32 Осылай Ефтах жасағын ертіп аммондық сарбаздарға қарсы аттанып, шабуыл жасады. Жаратқан Ие аммондықтарды Ефтахтың қолына табыстады. 33 Ефтах оларды ойсырата жеңіп, жаудың Арогер мен Минит арасында әрі Әбел-Керәмимге дейінгі аралықта орналасқан жиырма қаласын қиратып тастады. Осылай аммондықтар Исраил халқына бой ұсынды. 34 Ефтах өзінің Миспадағы үй-жайына келгенде, оның алдынан даңғыраны сыңғырлатып, би билеп өз қызы шыға келді! Ол Ефтахтың жалғыз баласы еді, одан басқа Ефтахтың ұлы да, қызы да жоқ болатын. 35 Қызының осылай келе жатқанын көргенде, Ефтах көйлегінің өңірін жыртып: — Әттең, қызым-ай! Сен мені қатты қайғыртып, үлкен қасіретке түсіріп отырсың. Мен өз аузыммен Жаратқан Иеге ант еткен едім, енді соны қайтарып ала алмаймын! — деді. 36 Қызы оған: — Әкетай, сіз Жаратқан Иеге ант етіпсіз. Ендеше аузыңыздан шыққан сол антыңызды орындаңыз! Жаратқан Иеміз сізге аммондық жауларыңыздың үстінен үлкен жеңіс сыйлады ғой! — деді. 37 Содан соң қызы әкесінен: — Тек маған мынаған рұқсат берсеңіз екен: Мен екі ай бойы таулы аймақты кезіп, жолдас қыздарыммен өзімнің ешқашан күйеуге шыға алмайтыныма қайғырып, қайтып келейін! — деп сұрады. 38 Ефтах: — Баруыңа болады, — деп қызына рұқсат беріп, оны екі айға жіберді. Қызы жолдас қыздарымен тауға шығып, өзінің күйеуге шыға алмайтынына қайғырды. 39 Екі ай біткен соң қыз әкесіне қайтып келді. Әкесі берген антын орындап, қызын Жаратқан Иеге бағыштады. Ол ешқашан еркекпен жақындаспаған пәк қыз еді. Сол кезден бастап Исраилде 40 жыл сайын бойжеткен қыздардың ғилақадтық Ефтахтың қызын жырлап еске алу үшін төрт күнге далаға кететін дәстүрі бар.
1 Ал Ефрем руының сарбаздары жиналып, Сафонға өтіп барды да, Ефтахқа: — Аммондықтарға қарсы соғысу үшін солардың жеріне аттанғанда неге бізді шақырмадың? Сол үшін біз сені өз үйіңде өртеп жібереміз! — деп қоқан-лоқы айтты. 2 Ефтах оларға жауап беріп былай деді: — Халқыммен бірге аммондықтармен зор дауға түстім. Алайда мен сендерді шақырған кезде де сендер мені олардың қолынан құтқарған жоқсыңдар. 3 Маған көмектеспейтіндеріңе көз жеткізген соң, мен солардың жеріне аттанып, аммондықтарды өзім шабуылдап басымды өлімге тіктім. Жаратқан Ие оларды қолыма табыстады. Ал енді, өздерің неге маған қарсы соғысуға келіп отырсыңдар? 4 Ал ефремдіктер: «Ей, ғилақадтықтар, сендер небәрі Ефрем мен Манасаның ортасындағы Ефремнің қашқынысыңдар, ә!» — деп оларды жәбірледі. Сол себепті Ефтах Ғилақадтың барлық ер адамдарын жинап, Ефрем жасағымен соғысып, оларды талқандады. 5 Ғилақадтықтар Иордан өзенінің өткелдерін басып алып, ефремдіктерге елдеріне қайтатын жолды жауып тастады. Осылайша Ефремнің қашып келе жатқан адамы: «Ана жаққа өтейін деп едім!» — десе, ғилақадтықтар одан: «Сен ефремдіксің бе?» — деп сұрайтын еді. Егер анау жоқ десе, 6 олар оған: «Шибболет деп айт!» — деп бұйыратын. Егер ана адам сол сөзді дұрыс айта алмай, «Сибболет» деп ерсілеу айтса, онда оны ұстап алып, өткелдің маңында өлтіріп тастайтын. Сонымен бұл соғыста Ефремнің қырық екі мың адамы өлді. 7 Ғилақадтық Ефтах би Исраилге алты жыл бойы билік айтты. Ол қайтыс болғанда мәйіті Ғилақад аймағындағы бір қаланың маңайындағы қабірге қойылды. 8 Ефтах биден кейін Исраилге бетлехемдік Ибесан билік айтты. 9 Оның отыз ұлы мен отыз қызы болды. Ол қыздарын өз әулетінен тыс жаққа ұзатып, ұлдарына әулетінен тыс жақтан әйел алып берді. Ибесан Исраилге жеті жыл бойы билік айтты. 10 Ибесан би қайтыс болғанда, мәйіті Бетлехемдегі қабірге қойылды. 11 Ибесан биден кейін Исраилге забулондық Елон он жыл бойы билік айтты. 12 Елон би қайтыс болғанда, мәйіті Забулон руының жеріндегі Аялонда қабірге қойылды. 13 Елон биден кейін Исраилге пиратондық Хиллел ұлы Абыдон билік айтты. 14 Оның жетпіс есекке мініп жүретін қырық ұлы мен отыз немересі болды. Абыдон Исраилге сегіз жыл билік айтты. 15 Абыдон би қайтыс болғанда, мәйіті Ефрем руының аймағындағы Пиратонда, Амалек төбесіндегі қабірге қойылды.
1 Исраилдіктер қайтадан Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасады. Содан Ол халықты қырық жыл бойы філістірлердің қолына табыстады. 2 Дан руының Сора қаласында Маноғах есімді бір кісі тұратын, оның әйелі бала тумайтын бедеу еді. 3 Бір күні Жаратқан Иенің періштесі әйелге мынадай хабар алып келді: «Сен бала тумаған бедеу болған едің. Енді аяғың ауырлап, ұл туасың. 4 Бұдан былай шарап пен ашыған басқа да сусын атаулыны ішуден, әрі қандай да болмасын арам нәрсені жеуден сақ бол! 5 Себебі жүкті болып, ұл туасың. Оның басына ұстара мүлдем тимеуі керек. Ол құрсақта жатқан кезінен-ақ Құдайға ерекше бағышталған жан болады. Исраилді філістірлердің қолынан сол құтқара бастайды!» 6 Содан кейін әйел күйеуіне келіп, былай деді: «Маған Құдайдың жіберген бір адамы келіп кетті. Оның сыртқы көрінісі Құдайдың періштесі сияқты үрей туғызады. Мен оның қайдан келгенін сұраған жоқпын, ол да өзінің аты-жөнін айтқан жоқ. 7 Бірақ ол маған: Аяғың ауырлап, ұл туасың. Бұдан былай шарап пен ашыған басқа да сусын атаулыны ішпе, әрі қандай да болмасын арам нәрсені жеме. Себебі бала құрсақта жатқан кезінен өлген күніне дейін Құдайға ерекше бағышталған жан болады! — деді». 8 Маноғах Жаратқан Иеге сиынып: «Уа, Ием, Өзің бізге жіберген адамың қайтып келіп, дүниеге келетін осы балаға не істеуіміз керек екенін үйрете көрсін», — деп өтінді. 9 Құдай Маноғахтың мінажатына құлақ салды. Оның әйелі егіс басында жүргенде Құдайдың періштесі оған қайтадан ұшырасты. Сол кезде де күйеуі Маноғах қасында жоқ еді. 10 Әйелі бірден күйеуіне жүгіріп барып: «Анау күні келген адам маған қайтадан көрінді!» — деп оны шақырды. 11 Маноғах орнынан тұрып, әйеліне еріп сол адамға барды. Одан: — Мына әйелмен сөйлескен адам сізсіз бе? — деп сұрады. Ол: — Мен солмын, — деп жауап берді. 12 Маноғах оған: — Айтқандарыңыз жүзеге асқанда баланың өмірі мен іс-әрекеті қандай болуы керек? — деген сұрақ қойды. 13 Жаратқан Иенің періштесі Маноғахқа: — Әйелің мен айтқан нәрселердің барлығынан бас тартатын болсын: 14 жүзімнен дайындалған ештеңені жемесін, шарап пен басқа да ашыған сусын атаулыны ішпесін, ешқандай арам нәрсені жеуіне де болмайды. Мен оған бұйырғанның барлығын орындасын! — деді. 15 Маноғах Жаратқан Иенің періштесін: — Бізбен бірге қала тұрыңыз. Бір лақ соямыз, тамақ жеп кетіңіз! — деп шақырды. 16 Періште оған: — Жарайды, біраз қала тұрайын, алайда сенің тамағыңнан дәм татпаймын. Дегенмен Жаратқан Иеге арнап шалынып, түгелдей өртелетін құрбандық ұсынуыңа болады, — деді. Маноғах келген қонағының Жаратқан Иенің періштесі екенін әлі де ұғынбай тұрған еді. 17 Сондықтан ол Жаратқан Иенің періштесінен: — Аты-жөніңізді айтыңызшы, сөздеріңіз орындалған кезде сізге құрмет көрсетейік! — деп өтінді. 18 Бірақ Жаратқан Иенің періштесі оған: — Менің атымды неге сұрайсың? Ол түсінуге болмайтын тым керемет! — деп жауап қайырды. 19 Маноғах лақты шалып, оны және астық тартуын алып, екеуін сол жердегі бір дәу тастың үстінде Жаратқан Иеге өртеп ұсынды. Ол әйелі екеуі құрбандықтың жанып жатқанына қарап тұрғанда, Жаратқан Ие бір керемет іс жасады! 20 Құрбандық орнынан от жалыны аспанға қарай лаулап жатқан кезде Жаратқан Иенің періштесі сол жалынның ішінде жоғары көтеріліп кетті. Маноғах пен әйелі мұны көргенде екеуі етпеттерінен жерге жата кетіп, Жаратқан Иеге ғибадат етті. 21 Періште Маноғах пен оның әйеліне енді қайтып көрінбеді. Сонда Маноғах оның Жаратқан Иенің періштесі болғанын ұғынып, 22 әйеліне: — Біз Құдайды көрген екенбіз, енді құритын шығармыз! — деді. 23 Бірақ әйелі оған: — Егер Жаратқан Ие бізді құртуды қалаған болса, онда не өртелген құрбандығымыз бен астық тартуымызды қабылдамас, не осындай кереметті көрсетпес, не сондай хабарды жеткізбес еді ғой! — деп жауап берді. 24 Уақыты жетіп, Маноғахтың әйелі ұл туып, атын Самсон деп қойды. Бала өсіп, Жаратқан Иенің жарылқауына ие болды. 25 Самсон Сора мен Ештағолдың арасындағы Махане-Дан дейтін жерде болғанда, Жаратқан Иенің Рухы алғаш рет оны әрекет жасауға ұмтылдырды.
1 Бір күні Самсон Тимна қаласына барып, сонда бойжеткен філістір қызына көзі түсті. 2 Самсон әке-шешесіне қайтып келіп: — Мен бір філістір бойжеткенді көрдім. Барып, соны маған алып беріңіздерші! — деп сұрады. 3 Бірақ әке-шешесі оған: — Сол құдайсыз філістірлерден барып әйел алатындай, өз руымызда, не бүкіл халқымызда қыз құрып қалды ма? — десе де, Самсон әкесінен: — Сол қызды маған алып беріңіздерші, ол маған ұнайды! — деп өтіне берді. 4 Жаратқан Ие осы жайтты қолданып, Исраилге сол кезде үстемдік құрған філістір жауларына қарсы әрекетін бастамақ болды, ал Самсонның әке-шешесі соны түсінген жоқ. 5 Ақыры Самсон әке-шешесімен Тимнаға ылдилап барып, қаланың маңындағы жүзімдіктерге жетті. Аяқ астынан бір жас арыстан Самсонға ақырып шыға келді. 6 Сол сәтте Жаратқан Иенің Рухы Самсонға құдіретпен қонып, ол арыстанды лақ құрлы көрмей жай қолдарымен-ақ қақ жарып бөліп тастады. Мұны әке-шешесі көрген жоқ, өзі де айтқан жоқ. 7 Содан Самсон Тимнаға кіріп жаңағы бойжеткенмен сөйлесіп көрді. Қыз Самсонға қатты ұнап қалды. 8 Біраз уақыттан кейін Самсон сол бойжеткенге үйлену үшін (әке-шешесімен бірге) қайтадан барды. Өзі өлтірген арыстанның өлексесін көру үшін жолдан бұрылып, қараса, оның ішін бір үйір бал арасы жайлап алыпты, балы да бар екен. 9 Самсон балды қолымен қырып алып, сонысын жеп кете берді. Ол әке-шешесіне қайтып қосылғанда, балдан оларға да берді. Бірақ оны арыстанның қаңқасының ішінен алғаны туралы айтқан жоқ. 10 Әкесі бойжеткеннің үйіне құда түсіп барып, Самсон жас жігіттердің дәстүріне сай қонақасы берді. 11 Қайын жұрты Самсонды көргенде қасына еріп жүруге отыз күйеу жолдас қосты. 12 Самсон соларға былай деді: — Мен сендерге бір жұмбақ айтайын. Егер жеті күн той тарқамайынша оны шешсеңдер, сендерге отыз бәтес жамылғы мен отыз киім беремін. 13 Егер жұмбақты шеше алмасаңдар, онда отыз бәтес жамылғы мен отыз киімді сендер маған бересіңдер! — Олар: — Айт жұмбағыңды, естиік қандай екенін! — деп келісті. 14 Сонда Самсон жұмбағын айтты: «Жегіштің ішінен жейтін тағам, Мықтының ішінен тәтті дәм». Жігіттер үш күн бойы жұмбақты шеше алмады. 15 Төртінші күні олар Самсонның қалыңдығына қоқан-лоқы жасап былай деді: «Күйеуіңді алдап, жұмбақтың шешуін біліп ал да, бізге айтып бер. Әйтпесе біз өзіңді әкеңнің үй ішімен бірге өртеп жібереміз. Сендер бізді осында әдейі тонау үшін шақырыпсыңдар!» 16 Сонда қалыңдығы Самсонның қасында жылай беріп: — Сен мені сүймейсің, мені жек көресің! Халқымның адамдарына жұмбақ айтып, оның шешуін тіпті маған да ашпадың! — деді. Ол: — Мен шешуін тіпті өз әке-шешеме де айтқан жоқпын. Неге саған айтуым керек? — деп жауап берді. 17 Сол тойдың қалған күндері қалыңдығы Самсонның қасында жылай беріп, оны мезі қылғаннан кейін, жетінші күні ол жұмбақтың шешуін қалыңдығына айтып берді. Ал ол соны жұртына жеткізді. 18 Сөйтіп, қаланың адамдары жетінші күні күн батпай тұрып Самсонға: — Балдан тәтті не бар? Арыстаннан мықты не бар? — деп шешуін айтып берді. Самсон оларға астарлап: — Менің қашарыммен жерді айдамасаңдар, жұмбақты шеше алмас едіңдер, — деп жауап қайырды. 19 Сонда Самсонға Жаратқан Иенің Рухы құдіретпен қонып, ол (філістірлердің) Ашкелон қаласына ылдилап барып, сол жердің отыз адамын өлтірді. Олардан олжа алып, отыз киімді жұмбақтың шешуін айтқандарға үлестіріп берді. Самсонның қаһары лаулап, ол әкесінің үйіне өрлеп қайта оралып, сол жерде тұрып қалды. 20 Ал оның қалыңдығы тойдағы ең жақын күйеу жолдасына ұзатылды.
1 Біраздан кейін бидай орылып жатқан кезде Самсон сыйлыққа бір лақ алып, әйелін көруге барды да: — Мен әйелімнің бөлмесіне кіремін! — деді. Бірақ әйелдің әкесі оны бөлмеге кіргізбей, 2 Самсонға: — Шынында мен сен оны әбден жек көресің деп ойлап, күйеу жолдасыңа ұзаттым. Ал сіңлісі одан әлдеқайда сұлу емес пе? Соны алсаңшы! — деп ұсынды. 3 Бірақ Самсон: — Мен енді філістірлерге қандай жамандық жасасам да, кінәсіз боламын! — деп жауап қайырды. 4 Самсон үш жүз түлкі ұстап алып, оларды қос-қостан құйрықтарынан матап, ортасынан бір алаудан байлап қойды. 5 Сол алауларды тұтатып, түлкілерді філістірлердің пісіп тұрған егіндіктеріне қарай қоя берді. Осылай олар філістірлердің буылған масақтары мен пісіп тұрған егіндерін, тіпті жүзімдіктері мен зәйтүн бақтарын да өртеп жіберді. 6 Філістірлер: «Мұны кім істеді екен?» — деп сұрастырып, «Мұны істеген — Самсон, тимналық бір адамның күйеу баласы. Сол адам Самсонның әйелін қайтарып алып, оның бір жолдасына қосыпты» — дегенді біліп алды. Сонда філістір жасақшылары өрлеп келіп, сол әйелдің өзін де, әкесін де өртеп жіберді. 7 Ал Самсон оларға: «Сендер солай істегендіктен, мен де енді барлығыңа тиісті жазаларыңды тартқызып болмайынша осылай істеуімді тоқтатпаймын!» — деді. 8 Содан ол соларға қатты соққы беріп, көбін қырып тастады. Мұнан кейін Самсон Етам атты жартасқа ылдилап барып, ондағы бір үңгірді паналап тұрды. 9 Ал філістірлер өрлеп барып, Яһуда жерінде қостарын тікті. Олар Лехидің маңына жайылып, елді тонаумен болды. 10 Яһуда руының адамдары: — Бізге қарсы неге аттанып келдіңіздер? — деп сұрағанда, олар: — Самсонды ұстап алып, бізге істегенінің есесін өзіне қайтаруға келдік! — деді. 11 Сонда Яһуда руынан үш мың адам Етам жартасына ылдилап барып, Самсонға: — Філістірлердің бізге үстемдік жүргізетінін білмейсің бе? Бұлай істегенің не? — деген сұрақ қойды. Ол: — Олар маған не істесе, мен де оларға сонысын қайтардым! — деді. 12 Яһуданың адамдары: — Сені байлап, філістірлердің қолына тапсыруға келіп отырмыз, — дегенде, Самсон: — Сендер маған бас салмаймыз деп ант етіңдер! — деп талап етті. 13 Олар: — Біз сені тек мықтап байлап, олардың қолына ұстап береміз, сол ғана. Сені сөзсіз өлтірмейміз! — деп уәде беріп, оны екі жаңа арқанмен байлап, жартастан алып шықты. 14 Самсон Лехиге келгенде, філістірлер оның алдынан қуана айқайлап шықты. Сонда Жаратқан Иенің Рухы Самсонға құдіретпен қонып, оның қолындағы арқандар от тиіп тұтанған зығыр жіп іспетті білектерінен жерге сырғып түсіп қалды. 15 Самсон есектің құрғап кетпеген бір жақ сүйегін тауып алып, сол жақ сүйекпен бір мың адамды ұрып-соғып өлтірді. 16 Содан соң Самсон мәтелдеп былай деді: «Мың жаудың көзін құрттым есек жағымен-ақ, Өліктерін үйіп салдым есек жағымен-ақ!» 17 Мұны айтқаннан кейін Самсон қолындағы жақ сүйекті лақтырып тастады. Осы жерге Рамат-Лехи (яғни Жақ сүйек қыраты) деген ат қойды. 18 Сол кезде Самсон қатты шөлдеді. Ол Жаратқан Иеге: «Уа, Ием, Сен мен арқылы осы зор құтқаруды сыйладың. Енді шөлден өлермен боп, мына құдайсыз жаулардың қолына түсуім керек пе?» — деп дауыстап сиынды. 19 Сонда Құдай Лехидегі бір қуыс жерді қақ жарып, одан су аға жөнелді. Самсон судан ішіп, бойына күші қайтып, әл жинады. Сондықтан бұл қайнарды Ен-Хақоре (демек, Шақырғанның қайнары) деп атады. Лехиде осы су көзі әлі күнге дейін бар. 20 Філістірлер үстемдік жүргізген сол заманда Самсон Исраилге жиырма жыл бойы билік айтты.
1 Бірде Самсон (філістірдің) Газа қаласына барды. Сол жерде бір жеңіл жүрісті әйелге көзі түсіп, оның үйіне кірді. 2 «Самсон осында келіпті» деген хабар қала тұрғындарының арасына жайылды. Олар сол жерді айналдыра қоршап, қала қақпасын да түні бойы бақылаумен болды. «Таң сәріде оның көзін құртамыз!» — деп олар дыбыс шығармай сол түнді өткізді. 3 Бірақ Самсон түн ортасына дейін ғана демалды. Содан соң орнынан тұрып, қала қақпасын жақтауы, ысырмаларымен қоса тұғырымен жұлып алып, иығына салып, Хебронның қарама-қарсысындағы тау басына апарып тастады. 4 Кейін Самсон Сорек аңғарында тұратын Далида есімді бір бойжеткенге ғашық болды. 5 Філістірлердің әміршілері Далидаға барып: «Самсонды алдап, оның ерен күшінің көзі неде екенін, біздің қалайша оны жеңе алатынымызды біліп ал! Сонда оны байлап тастап, бой ұсындырамыз. Сол үшін саған әрқайсымыз бір мың бір жүз мысқал күмістен береміз!» — деп уәде берді. 6 Сондықтан Далида Самсоннан: — Сенің ерен күшіңнің көзі неде? Сені бағындыру үшін қалай байлап тастауға болады, соны маған айтып берші! — деп сұрады. 7 Самсон оған: — Егер мені садақтың әлі кеппеген жеті керме жібімен байлап тастаса, мен әлсізденіп, жай адам сияқты болып қаламын! — деді. 8 Содан філістірлердің әміршілері әйелге садақтың әлі кеуіп үлгірмеген жеті адырнасын әкеліп берді, ол Самсонды солармен байлап-матап тастады. 9 Бірнеше філістір оны ұстамақ болып, ішкі бөлмеде тығылып отырды. Далида: «Самсон! Філістірлер сені ұстауға келіп қалды!» — деп дауыстады. Бірақ Самсон ұшып тұрып, үстіндегі жеті адырнаны от тиіп жанған білте іспетті бырт-бырт үзіп тастады. Осылайша оның құдірет-күшінің неде екені анықталмады. 10 Сонда Далида: — Сен мені алдап соғып, өтірік айттың. Сені қалай ғана байлауға болады? Соны қазір айтып берші! — деп өтінді. 11 Ол Далидаға: — Егер мені әлі қолданылмаған жаңа арқанмен мықтап байлап тастаса, мен әлсізденіп, жай адам сияқты болып қаламын! — деп жауап берді. 12 Далида жаңа арқандар алып, оны байлап-матап тастап, «Філістірлер сені ұстауға келіп қалды!» — деп дауыстады. Самсонды ұстауға келген філістірлер ішкі бөлмеде отырған еді. Бірақ Самсон білегіндегі арқандарды жіп құрлы көрмей үзіп тастады. 13 Далида бұртиып: — Бұған дейін мені алдап соғып өтірік айтып келесің! Енді айтшы, сені қалай байлап тастауға болады? — деп тұрып алды. Сонда Самсон: — Егер сен шашымның жеті өрімін өрмекпен бірге тоқып, қазығымен жерге қадап қоятын болсаң, мен әлсізденіп, жай адам сияқты болып қаламын, — деді. Самсон ұйықтап жатқанда Далида оның шашының жеті өрімін өрмекпен бірге тоқып, 14 қазығымен жерге қадап қойып: «Філістірлер сені ұстауға келіп қалды, Самсон!» — деп дауыстады. Самсон ұйқысынан оянып, қазықты өрмегімен қоса жұлып алды. 15 Содан соң Далида Самсонға: — Сен мені сүйемін дейсің, бірақ маған шын жүректен адал емессің. Мені үш рет алдап соқтың! Өзіңнің ерен күшіңнің себебін айтпай қойдың! — деп ренішін білдірді. 16 Ақыры, күн сайын Далида қыспақтап сұрай бергендіктен, Самсонның жаны түңіліп, өмірден қатты налыды. 17 Ол Далидаға жүрегіндегі бар құпиясын айтып беріп: — Менің басыма ешқашан ұстара тимеген. Анамның құрсағынан-ақ Құдайға ерекше бағышталған жанмын. Егер шашым алынып тасталса, онда бойымдағы зор күштен айырылып, әлсізденіп, жай адам сияқты болып қаламын, — деді. 18 Далида Самсонның өзіне бүкіл құпиясын ашқанын түсініп, філістірлердің әміршілеріне кісі жіберіп: «Енді келе беріңіздер, Самсон маған жүрегіндегі бар құпиясын ашып, айтып берді!» — деп шақырды. Сонда әлгі әміршілер қайта оралып, әйелге берешек күміс ақшаларын да ала келді. 19 Далида Самсонды өзінің тізесіне жатқызып ұйықтатып, бір адамды шақырып, оған Самсонның басындағы жеті өрім шашын алдыртып тастады. Содан Самсон әлсізденіп, күшінен ада болды. 20 Далида: «Філістірлер сені ұстауға келіп қалды, Самсон!» — деп дауыстады. Самсон ұйқысынан оянғанда, бұрынғыдай бір бұлқынып бұғаудан босап шыға келемін деп ойлады. Ол Жаратқан Иенің өзін тастап кеткенін білген жоқ. 21 Філістірлер Самсонды қолға түсіріп, оның көзін ойып алып, соқыр қылды. Содан оны Газа қаласына апарып, қола кісенмен бұғаулап, түрмедегі диірменнің тасын айналдыртып қойды. 22 Алайда оның алынып тасталған шашы қайтадан өсе бастады. 23 Сол күндері філістірлердің әміршілері өздері табынатын Дагон атты тәңірсымаққа арнап көптеп құрбандық шалып ұсынып, көңілді мереке өткізуге жиналды. Олар: «Біздің тәңіріміз қас жауымыз Самсонды қолымызға түсірді!» — деп мақтанды. 24 Халық та Самсонды көргенде өздері табынатын тәңірсымақты мадақтап былай деп әндетті: «Тәңіріміз елімізді құлазытқан, Көп адамымыздың көздерін құртқан Қас жауымызды қолымызға тапсырған!» 25 Олар көңіл көтеріп, мәз болып отырғанда: «Самсонды шақырып алып келіңдер, ол бізге өнерін көрсетсін!» — десті. Оны түрмеден алдыртып, ол солардың алдында ойнап қызық көрсетті. Бұдан кейін оны ғибадатхана бағаналарының ортасына тұрғызып қойды. 26 Самсон өзін қолымен жетелеп жүрген қызметші жігіттен: «Мен үйдің бағаналарына қол тигізейінші. Соларға сүйеніп тұрайын!» — деп өтінді. 27 Ғибадатхана еркегі бар, әйелі бар халыққа лық толы еді, філістірлердің барлық әміршілері де жиналған болатын. Ғимараттың төбесінде Самсонның көрсеткен қызығын тамашалап еркегі бар, әйелі бар тағы үш мыңдай адам жиналып тұрған еді. 28 Сонда Самсон Жаратқан Иеге іштей сиынып: «Уа, Жаратушы Тәңір Ие, мені қайтадан ескере гөр! О, Құдай, маған осы бір жолға құдіретіңді дарыта көрші! Філістірлерден екі көзім үшін кегімді бір-ақ қайтаруға мүмкіндік бере көрші», — деп мінажат етті. 29 Осыны айтып, ғимараттың төбесін тіреп тұрған екі орталық бағананың біреуіне оң қолын, екіншісіне сол қолын созып сүйенді. 30 Самсон: «Філістірлермен бірге мен де жан тапсырайын!» — деп сиынып, бағаналарды бар күшімен итерді. Сонда бүкіл ғимарат қирап, ішіндегі філістірлердің әміршілерін және бар халықты басып қалды. Осылайша Самсонның өлер кезінде құртқан жауларының саны оның өмір бойы құртқан жауларының санынан асып түсті. 31 Самсонның ағайындары және әкесінің бүкіл әулеті сол жерге ылдилап барып, оның мәйітін елдеріне алып кетті. Оны әкесі Маноғахтың Сора мен Ештағолдың арасындағы қабіріне қойды. Самсон Исраилге жиырма жыл бойы билік айтқан еді.
1 Ефремнің таулы аймағында Миха есімді бір кісі тұратын. 2 Бірде ол шешесіне: — Мен сіздің ұрланған бір мың бір жүз мысқал күмісіңіз туралы қарғыс айтқаныңызды естіп қалдым. Күмісіңіз менде, соны мен алған едім, — деді. Сонда шешесі: «Жаратқан Ие ұлымды пәледен сақтап жарылқай көрсін!» — деп жалбарынды. 3 Осылай Миха бір мың бір жүз мысқал күмісті шешесіне қайтарып берді. Ал шешесі: — Мен осы күмісімді Жаратқан Иеге бағыштаймын. Одан ұлымның игілігі үшін бір тәңір мүсінін ағаштан ойдырып, тағы біреуін күмістен құйдырып жасатамын. Сөйтіп күмісті өзіңе қайтарып беремін, — деді. 4 Сол себепті ұлы күмісті әкеліп бергеннен кейін шешесі оның екі жүз мысқалын алып, зергерге табыстады. Ол содан ағаштан ойылған және күмістен құйылған екі тәңір мүсінін жасап берді. Бұлар жаңағы Миханың үйінде орнатылды. 5 Енді Миханың Тәңірге арналған өз киелі үйі болды. Ол (діни қызметкер киетін) жеңсіз сырт киім және шағын тәңір мүсіндерін жасатып, ұлдарының біреуін өзінің діни қызметкері етіп тағайындады. 6 Сол заманда Исраилде әлі де патша жоқ болатын. Әркім өзіне дұрыс болып көрінгенді істейтін. 7 Осы кездері бір леуілік жас жігіт Яһуда жеріндегі Бетлехем қалашығында бір яһуди әулетінде келімсек болып бірге тұрып жатты. 8 Сол жігіт тұруға басқа жер іздеп Бетлехемнен шықты. Сапар кезінде ол Ефремнің таулы аймағындағы Миханың үйіне келіп тоқтады. 9 Миха одан: — Сен қайдан келдің? — деп сұрағанда, ол: — Яһудадағы Бетлехемнен шыққан леуілікпін. Тұратын жер іздеп жүрмін, — деп жауап берді. 10 Миха оған: — Осында қалсаңшы. Маған ақыл-кеңесші және діни қызметкер бол. Мен саған жылына он мысқал күміс беріп, киім-кешек, тамақпен қамтамасыз етемін, — деп ұсыныс жасады. 11 Леуілік онымен бірге тұруға келісті. Содан осы жас жігіт Михаға ұлдарының біреуі сияқты болып кетті. 12 Миха леуілікті қызметіне бағыштап кірістіріп, жас жігіт Миханың діни қызметкері болып үйінде тұрды. 13 Сонда Миха: «Енді мен мынаны білемін: Жаратқан Ие маған оң көзімен қарайтын болады. Өйткені мына леуілікті діни қызметкер етіп қойдым», — деп ойлады.
1 Сол заманда Исраилде әлі де патша жоқ болатын. Дан руының адамдары сол кездері өздері қоныстанатын мұралық жер іздестіріп жүрді. Өйткені олар Исраил руларының арасында өздеріне белгіленген мұралық жерді иемденіп алмаған еді. 2 Сондықтан дандықтар өз әулеттерінен бес мықты жігітті таңдап алып, оларды бір жерді барлап қайтуға Сора мен Ештоғалдан жұмсап жіберді. Оларға: «Сол жерді барлап, жақсылап зерттеп келіңдер!» — деп тапсырды. Бес барлаушы Ефремнің таулы аймағына барып, Миханың үйіне түсіп, сонда түнеп шықты. 3 Олар Миханың үйіне жақындағанда леуілік жас жігіттің даусын естіп, сөйлеу мәнерінен (оның бөтен келімсек екенін) біліп қойған еді. Барлаушылар жолдан бұрылып, леуіліктің қасына барып: — Сені бұл елге кім алып келді? Мұнда не істеп жүрсің? Неліктен мұндасың? — деп сұрады. 4 Сонда леуілік оларға Миханың өзіне істегендері туралы айтып: — Миха мені жалдап алды. Мен оның діни қызметкерімін, — деді. 5 Барлаушылар: — Біздің осы сапарымыз сәтті бола ма, жоқ па, соны Құдайдан сұрап біліп берші, — деп өтінді. 6 Діни қызметкер оларға: — Тыныштықпен жүре беріңдер! Жүретін жолдарыңа Жаратқан Ие оң көзімен қарайды, — деген жауап берді. 7 Сол бес жігіт сапарларын жалғастырып, Лаишқа жетті. Ондағы халықты бақылап, олардың сол қалада сидондықтар іспетті аман-есен тұрып, тыныш та бейқам өмір сүріп жатқандарын көрді. Оның үстіне олар сидондықтардан алыс қоныстанып, ешкіммен де қарым-қатынас жасамайтын. 8 Барлаушы жігіттер Сора мен Ештағолдағы руластарына қайтып оралғанда, бұлар: — Не көріп-біліп келдіңдер? — деп сұрады. 9 Жігіттер былай деп жауап берді: — Жиналыңдар, оларға қарсы аттанып, тап берейік! Біз әлгі өлкені барлап шығып, оның өте жақсы екенін көрдік! Осылай отыра бересіңдер ме? Сол жаққа барып, оны иемденуден жалтармаңдар! 10 Сонда жеткенде сендер ұлан-ғайыр аймақта тұрып жатқан бейқам халықты көресіңдер. Құдай аймақты қолымызға түсіріп отыр! Сол өңірде жер бетіндегі игілікті атаулының бәрі де бар! — деді. 11 Осылай Дан руының қаруланған алты жүз адамы Сора мен Ештағолдан аттанып, 12 Яһудадағы Кирият-Иғаримның маңына қостарын тігіп түнеді. Кирият-Иғарымның батысында орналасқан сол орынның осы күнге дейін Махане-Дан «Данның тұрағы» деп аталуы да осы себепті. 13 Дандық жасақ тоқтаған жерінен шығып, Ефремнің таулы аймағынан өтіп бара жатқанда Миханың үйіне таяп қалған еді. 14 Бұрын Лаиштың жерін барлап қайтқан бес жігіт руластарына: «Мына үйлердің біреуінде (діни қызметкер киетін) жеңсіз сырт киім, шағын тәңір мүсіндері, ағаштан ойылған және күмістен құйылған тәңір мүсіндері бар екенін білесіңдер ме? Енді не істеу қажет екенін ойластырып көріңдер», — деді. 15 Олар сол жаққа бұрылып, Миханың үйінің жанындағы жас леуіліктің үйіне келіп, онымен амандасты. 16 Қару-жасақ асынған алты жүз дандық қақпаның кіреберісінде тұрды. 17 Елді барлап қайтқан бес адам ішке кіріп, ағаштан ойылған мүсінді, жеңсіз сырт киімді, шағын тәңір мүсіндерін және күмістен құйылған мүсінді алып шықты. Сол кезде діни қызметкер алты жүз жасақшымен бірге қақпаның кіреберісінде тұрды. 18 Әлгі адамдардың Миханың киелі үйіне кіріп, сол мүсіндерді және жеңсіз сырт киімді алып шыққандарын көргенде, діни қызметкер: — Оу, бұл не қылғандарың? — дей беріп еді, 19 олар: — Тыныштал! Аузыңды жап та, бірге жүр! Бізге ақыл-кеңесші және діни қызметкер бол! Тек бір ғана адамның діни қызметкері болған артық па, әлде Исраилдің түгел бір үрім-бұтағының, бір руының діни қызметкері болған артық па? — деп жауап қайырды. 20 Діни қызметкер қуанып кетті. Ол жеңсіз сырт киімді, шағын тәңір мүсіндерін және ағаштан ойылып, күміспен қапталған тәңір мүсінін алып, жасақтың арасында олармен бірге жолға шықты. 21 Дандықтар өздерінің бала-шаға, мал-мүлкін алдарына түсіріп, сапарларын жалғастырды. 22 Олар сол жерден біраз ұзап кеткенде, Михамен көршілес тұрған адамдар жиналып, Михаға ілесіп бұлардың арттарынан қуып жетті. 23 Олар дандықтарға айқай салғанда, бұлар арттарына бұрылып Михаға: — Саған не болып қалды, адам жинап, артымыздан қуып шығатындай? — деп дүрсе қоя берді. 24 Миха оларға жауап қайырып: — Менің жасап алған тәңір мүсіндерімді әрі діни қызметкерді алып кетіп қалдыңдар. Енді менің өзіме не қалды? Сонда менен қалайша «Саған не болды?» деп сұрайсыңдар? — деді. 25 Бірақ дандықтар: — Енді дыбысыңды шығарма! Әйтпесе арамыздағы қызба жігіттер бас салып, өзің де, әулетің де өмірлеріңмен қош айтысасыңдар, — деп, 26 әрі қарай кете берді. Олардың өзінен тым басым екенін ұққан Миха кері бұрылып, үйіне қайтып кетті. 27 Осылай Миханың жасап алған тәңір мүсіндерін тартып алып, оның діни қызметкерін өздеріне ілестіріп алған дандықтар ақырында Лаишқа жетті. Оның тыныш та бейқам тұрып жатқан халқына семсерлерімен тап беріп, қаланы өртеп жіберді. 28 Лаиштықтарды құтқаратын ешкім болмады. Себебі Сидоннан алыс қоныстанған олар басқа да ешкіммен қарым-қатынас жасамайтын. Қала Бет-Рехоб өңіріндегі аңғарда орналасқан болатын. Дандықтар оны қайтадан салып, соған қоныстанып алды. 29 Олар қалаға өздерінің түп аталары Исраил ұлы Данның құрметіне Дан деген ат қойды. Қаланың бұрынғы аты Лаиш болатын. 30 Дандықтар өздеріне жалған тәңір мүсіндерін орнатып алды. Мұса ұлы Гершомнан тараған Жонатан дандықтардың діни қызметкері болды. Халық жер аударылғанға дейін Жонатанның ұрпақтары Дан руының діни қызметкерлері болды. 31 Құдайдың киелі шатыры Шилода тұрған кездің бәрінде дандықтар Миханың ойдырып жасатқан тәңір мүсініне табынуларын жалғастыра берді.
1 Исраилде әлі де патша болмаған сол заманда Ефремнің таулы аймағының алыс түкпірінде бір леуілік келімсек адам тұратын. Ол Яһуда аймағындағы Бетлехемнен кәнизак алған еді. 2 Бірақ осы келіншегі леуілікке өкпелеп, Бетлехемдегі әкесінің үйіне кетіп қалды. Әйел сонда шамамен төрт ай болғаннан кейін, 3 күйеуі жолға жиналды да, әйеліне жылы сөйлеп, оны қайтып келуге көндіру үшін оның артынан барды. Өзімен бірге қызметшісі мен екі есегін ертіп ала жүрді. Леуілік қайын атасының үйіне жете бергенде, келіншек оның алдынан шығып, үйге кіргізді. 4 Қайын атасы күйеу баласын көргенде жылы шырай танытып қарсы алды. Ол леуілік күйеу баласынан біраз уақыт сонда қалуын өтінді. Леуілік оның үйінде үш күн бойы ішіп-жеп, қонақ болды. 5 Төртінші күні олар ерте тұрып, леуілік жолға шығуға дайындалды. Бірақ келіншегінің әкесі: «Тамақ жеп жүрек жалға, содан кейін-ақ жолға шығарсыңдар», — деп, 6 екеуі тағы да ішіп-жеумен болды. Содан соң келіншектің әкесі: «Өтінемін, осы түнде де қонып, көңіл көтерсеңші!» — деді. 7 Алайда леуілік жолға шығу үшін орнынан тұрды. Бірақ қайын атасы қиыла өтініп, қоймаған соң ол тағы да бір түнге қалды. 8 Бесінші күні де леуілік жолға шығуға ертемен орнынан тұрғанда, келіншектің әкесі: «Жүрек жалғап, түс қайтқанша қала тұрыңдар!» — деп сұрады. Осылай екеуі қайтадан ішіп-жеп отыра берді. 9 Содан соң әлгі адам, оның кәнизагы және қызметшісі жолға жиналғанда, қайын атасы оған: «Қарашы, күн батуға жақын, кеш түсіп-ақ қалды. Түнесеңдерші. Міне, кеш түсіп бара жатыр. Осында түнеп, көңіл көтер. Сендер ертең таң сәріде жолға шығарсыңдар», — деді. 10 Алайда сол адамның тағы бір түнге қалғысы келмеді. Ол жолға шығып, Ебуске, яғни Иерусалимге қарай бет алды. Оның қасында ерттелген екі есегі және келіншегі бар еді. 11 Олар Ебуске келгенде, кеш түсе бастады. Қызметшісі қожайынына: — Жүріңіз, ебустіктердің қаласына кіріп, сонда түнеп шығайық! — деп ұсынды. 12 Бірақ қожайыны оған: — Жоқ, біз исраилдік емес, бөгде жұрттың қаласына кірмейміз. Одан да жолымызды жалғастырып, Гибеяға барайық! — деп жауап берді. 13 — Исраилдік қалалардың бірі — Гибеяға немесе Рамаққа барып, сонда түнейік! — деп қосты ол. 14 Осылайша олар сапарларын жалғастырып, Бунямин руына тиісті Гибея қаласына жеткенде, күн батып та кетті. 15 Сонда олар жолдан бұрылып, түнеп шықпақ болып Гибеяға кірді. Қаланың алаңына келіп, сонда жайғасқан еді, бірақ оларды үйіне қонуға шақырған ешкім болмады. 16 Сол кезде бір қарт адам егістігіндегі жұмысынан үйіне кештетіп қайтып келе жатты. Ол Ефремнің таулы аймағынан көшіп келіп, Гибея қаласында тұратын жат жұрттық келімсек болатын. Ал сол жердің тұрғындары буняминдіктер еді. 17 Қария өтіп бара жатып, қала алаңындағы сол жолаушыны байқап қалды. Одан: — Қайда бара жатырсыз, қайдан келдіңіз? — деп жөн сұрады. 18 Леуілік оған жауап беріп: — Біз Яһудадағы Бетлехемнен Ефремнің таулы аймағының алыс түкпіріне бара жатырмыз, өзім сол жақтанмын. Яһудадағы Бетлехемге барып, енді Жаратқан Иенің үйіне бара жатырмын. Үйіне шақырған ешкім болмай тұр. 19 Есектерімізге шөп пен жем, өзіме, кәнизагым мен қызметшіме қажетті нан мен сусынымыз бар. Қожайын, бізге жататын орыннан басқа ештеңе керек емес, — деді. 20 Қария оған: — Ал, қош келдіңіз! Мұқтаждарыңыздың бәрімен қамтамасыз етемін. Тек осы алаңда түней көрмеңіз! — деп үйіне шақырды. 21 Содан ол бұларды үйіне ертіп келді де, есектеріне жем салды. Ал ана үшеуі аяқтарын жуып, ішіп-жеп тамақтануға отырды. 22 Олар көңілдері жайланып тым жақсы отырған кезде, қаланың азғын-сұмырайлары жиналып, сол үйді қоршап, есігін тоқпақтай берді. Үй иесі қариядан олар: — Үйіңе түскен кісіні бері алып шық, онымен жақындасып көрейік! — деп талап етті. 23 Үй иесі сол бұзақылардың алдына шығып: — Оу, ағайындар, мұндай жамандыққа бармаңдар! Сол адам — менің қонағым, оған масқаралық жасай көрмеңдер! 24 Міне, менің әлі күйеуге шықпаған қызым, ал мұның кәнизагы бар. Оларды алдарыңа алып шығайын. Соларды жәбірлеп білгендеріңді істей беріңдер. Ал бұл адамға мұндай масқаралық жасай көрмеңдер! — деп басу айтқан болды. 25 Алайда жиналған еркектер оны тыңдағылары келмеді. Сонда жолаушы кәнизагын алып, есіктен шығарып жіберді. Бұзақылар әйелді түні бойы зорлап, масқаралаумен болды. Таң сәріде ғана оны қоя берді. 26 Әйел күн шыға бастағанда қожайыны тоқтаған үйдің есігінің алдына келіп, құлап түсіп, жарық болғанша жата берді. 27 Таңертең қожайыны тұрып, жолға шығу үшін есікті аша бергенде, есік алдында екі қолын табалдырыққа салып, етпетінен жатқан кәнизагын көрді. 28 Оған: «Түрегел, жолға шығайық», — деді, бірақ ол еш жауап қатпай жата берді. Сонда адам оның мәйітін есегіне өңгеріп алып, тұратын жеріне қайтып кетті. 29 Үйіне жеткен соң ол пышақ алып, әйелдің мәйітін он екі бөлікке мүшелеп бөлшектеді. Сол бөліктерді Исраил елінің барлық аймақтарына таратып жіберді. 30 Соны көрген әркім: «Осындай сұмдық Исраил халқы Мысырдан көшіп шыққаннан бері ешқашан болып көрген емес! Сол туралы ойланыңдар! Ақылдасып, не істеуді шешіңдер!» — десті.
1 Сонда Дан мен Бер-Шебаның арасында жатқан бүкіл елден және оған қоса Ғилақад аймағынан Исраил халқы Миспаға жиналып, барлығы бір адамдай Жаратқан Иенің алдында тұрды. 2 Құдай халқының жиналысына бүкіл басшылар және Исраилдің барлық рулары — семсер асынған төрт жүз мың жаяу жасақшы қатысты. 3 Сол кезде буняминдіктер де өзге исраилдіктердің Миспаға өрлеп барғаны туралы естіді, (бірақ өздері сол жерге бармай қойды). Жиналыста исраилдіктер: — Айтып беріңдерші, осы сұмдық қалай болды? — деп сұрады. 4 Сонда өлтірілген әйелдің күйеуі — леуілік адам жауап беріп былай деді: — Буняминнің жеріндегі Гибея қаласына кәнизагым екеуіміз түнеуге тоқтаған едік. 5 Бірақ Гибеяның азаматтары маған қарсы шығып, өлтірмек болып, біз жатқан үйді түнде қоршап алды. Олар кәнизагымды зорлап, ақыры өлтіріп тынды. 6 Мен әйелдің мәйітін бөлшектеп, Исраилдің бүкіл мұралық жеріне таратып жібердім. Өйткені олар Исраилде масқара сұмдық істеді. 7 Ал енді, уа, Исраил халқы, барлығыңыз бұл істі осы жерде қарап, ақыл-кеңестеріңізді айтыңыздар! 8 Мұны естіп отырған халықтың бәрі бір адамдай орындарынан тұрып: — Ешқайсымыз да қосымызға оралмаймыз, жоқ, ешқайсымыз да үйімізге қайтпаймыз! 9 Қайта, жеребе тастап, Гибеяға қарсы аттанамыз! 10 Сол жерге баратындарды азық-түлікпен қамтамасыз етуді барлық рулардың әрбір жүз адамынан онына, әрбір мың адамынан жүзіне, әрбір он мыңынан мыңына тапсырамыз! Содан жасақ Гибеяға жеткенде Исраилде жасаған сол сұмдығы үшін оны жазалайтын болады, — деп шешті. 11 Осылайша бүкіл исраилдіктер сол қаланы жазалауға бір адамдай бірікті. 12 Исраилдің рулары Бунямин руына жіберген елшілері арқылы: «Араларыңнан орын алған бұл не қылған сұмдық? 13 Енді Гибеядағы сол сұмырайларды өлтіру үшін бізге ұстап беріңдер! Солай Исраилді бұл сұмдықтан тазартайық», — деген хабарды жіберді. Бірақ Бунямин руының адамдары ағайынды исраилдіктердің айтқандарына құлақ асқан жоқ. 14 Қайта, олар өздерінің барлық қалаларынан Гибеяға жиналып, исраилдіктермен соғысуға дайындалды. 15 Сол күні буняминдіктер Гибея қаласының тұрғындарының таңдаулы жеті жүз жасақшысын қоспағанда, өздерінің басқа қалаларынан семсер асынып келгендерден жиырма алты мың адамды жинады. 16 Олардың арасында жеті жүз таңдаулы адам солақай болатын. Бұлардың әрқайсысы сақпанмен атқан тасы тимей қоймайтын қас мергендер еді. 17 Ал исраилдіктер болса, Бунямин руын есептемегенде төрт жүз мың семсер асынған адамды түгендеп санады. Олардың барлығы да тәжірибелі сарбаздар болатын. 18 Исраилдіктер Бетелге өрлеп барып, сонда Құдайдан: — Буняминдіктерге қарсы шайқасуға қай ру бірінші болып өрлеп барсын? — деп сұрады. Жаратқан Ие оларға: — Яһуда руы бірінші болып өрлеп барсын! — деп бұйырды. 19 Исраилдіктер таңертең тұрып, Гибеяның маңына барып, қостарын тікті. 20 Содан Исраил сарбаздары Буняминге қарсы шайқасуға шығып, Гибеяның түбінде шеп құрып тұрды. 21 Ал буняминдік жасақшылар Гибеядан аттанып келіп, сол күні жиырма екі мың исраилдік адамды баудай түсірді. 22 Кейін исраилдіктер күш-қайратын жинап, бірінші күні шайқас болған жерде тағы да шеп құрып тұрды. 23 Себебі олар Жаратқан Иенің алдына барып, сонда кешке дейін қайғырып жылап, Жаратқан Иеден былай деп сұраған еді: — Ағайынымыз Бунямин руына қарсы қайтадан аттанып шайқасуға тиістіміз бе? — Жаратқан Ие: — Оларға қарсы аттаныңдар! — деп жауап берген болатын. 24 Содан исраилдіктер екінші рет буняминдіктерге таяп барды. 25 Бунямин руының жасағы сол күні де Гибеядан оларға қарсы аттанып келіп, исраилдіктердің он сегіз мыңын жер жастандырды. Олардың бәрі де семсер асынған сарбаздар болатын. 26 Сонда исраилдіктердің барлығы, бүкіл жасақ, Бетелге қайта оралды да, Жаратқан Иенің алдында қайғырып жылап, сол күні кешке дейін ораза ұстады. Содан соң Жаратқан Иенің алдында түгелдей өртелетін және Онымен қарым-қатынастарына ризашылықтарын білдіретін құрбандықтарын ұсынды. 27 Сол кездері Құдайдың Келісім сандығы Бетелде орналасқан еді. Һаронның немересі Елазар ұлы Пінехес оның алдында діни қызмет атқаратын. Сонда исраилдіктер Жаратқан Иеден: 28 — Шынымен ағайынымыз Буняминнің адамдарымен тағы да шайқасқа шығуға тиістіміз бе, жоқ па? — деп ақыл сұрады. Жаратқан Ие: — Аттаныңдар! Ертең мен оны сендердің қолдарыңа тапсырамын! — деп әмір берді. 29 Содан исраилдіктер Гибея қаласын айналдыра тосқауыл құрды. 30 Олар үшінші күні де буняминдіктерге қарсы өрлеп барып, бұрынғыдай Гибея қаласының маңында шеп құрып бекінді. 31 Буняминдіктер олармен шайқасу үшін шығып, қала маңынан алшақтап кетті. Олар шабуыл жасап, бұрынғы кездегідей исраилдіктерге шығын келтіре бастады: Бетел мен Гибеяға баратын жолдардың үстінде және егістік жерінде болған шайқастарда олар отыз шақты адамды өлтірді. 32 Буняминдіктер: «Оларды бұрынғыдай күйретіп жатырмыз!» — деп ойлады. Бірақ исраилдіктер: «Кері шегініп, оларды жолдарға қарай бастап әкетіп, қаладан біршама алыстатып жіберейік!» — деп келіскен еді. 33 Олардың бәрі өз орындарынан кері шегініп, Бағал-Тамар деген жердің маңында шеп құрды. Сол сәтте тосқауылда жатқан исраилдік сарбаздар Гибеяның батысындағы өз орындарынан лап етіп шыға келді. 34 Осылай бүкіл Исраилден жиналған он мың таңдаулы жасақшы Гибея қаласына бас салды. Шайқас аса қызу болды, ал буняминдік жасақшылар бастарына төнген қасіретті еш аңғармады. 35 Жаратқан Ие Буняминді Исраилдің алдында ойсырата талқандап, исраилдіктер сол күні олардың жиырма бес мың бір жүз адамын құртты. Солардың бәрі семсер асынған сарбаздар еді. 36 Сонда буняминдіктер өздерінің жеңілгендеріне көз жеткізді. Ал шайқас басында исраилдіктер Гибеяның маңында тығылып жатқан тосқауыл топтарына сеніп, буняминдіктерден кері шегінген болатын. 37 Тосқауыл топтары Гибеяға ентелеп кіріп, қаладағы адамдардың бәрін семсердің жүзімен қырып тастаған еді. 38 Исраилдіктердің негізгі жасағы мен тосқауылда тығылып жатқандардың арасындағы келісім мынадай болатын: тосқауылдағылар қаланың үстінен түтінді будақтатқанда, соны көрген жасақшылар 39 кері бұрылып, буняминдіктерге қарсы шайқасуға тиіс болды. Бұған дейін буняминдіктер исраилдіктердің отыздайын өлтіргендіктен, «бұларды бұрынғыдай жеңіп жатырмыз» деп ойлаған еді. 40 Алайда қаланың үстінен түтін бағанадай будақтап көтеріле бастағанда, буняминдіктер арттарына қарап, бүкіл Гибея қаласының түгелдей өртеніп, жалыны аспанға көтеріліп жатқанын көрді. 41 Сонда Исраилдің жасақшылары бұларға қарай бұрылды. Бастарына қасірет түскенін ұққан буняминдіктер сасқалақтап, 42 елсіз далаға қарай қаша бастады. Бірақ олар енді шайқастан қашып құтыла алмады, өйткені басқа қалалардан шыға келген исраилдіктер оларды ортадан тықсырып қыра бастады. 43 Исраилдіктер буняминдік сарбаздарды қоршап алып, еш тоқтаусыз соңдарынан өкшелеп, Гибеяның шығыс маңында қуып жетті. 44 Сонда буняминдіктердің он сегіз мың адамы жер жастанды. Олардың бәрі мықты сарбаздар болатын. 45 Қалғандары бұрылып, елсіз далаға, Риммон жартасына қарай қаша жөнелді. Алайда исраилдіктер олардың бес мыңына үлкен жол бойларында тап беріп, қырып-жойып, басқаларын Гидомға дейін қуып барып, сонда тағы екі мың буняминдіктің көзін құртты. 46 Осылайша сол күні жиырма бес мың семсер асынған буняминдік адам өлім құшты. Олардың барлығы да мықты сарбаздар болатын. 47 Ал алты жүз адам бұрылып, елсіз даладағы Риммон жартасына дейін қашып үлгеріп, сонда төрт ай бойы бас сауғалады. 48 Сол кезде исраилдіктер буняминдіктердің жеріне бас салып, олардың қалаларынан тапқан адамдарын да, малдарын да түгелдей семсердің жүзімен қырып салды. Олар кездестірген қалаларының барлығына от қойып өртеп жіберді.
1 Исраилдіктер бұрын Миспада жиналғанда: «Ешқайсымыз да буняминдіктерге әйелдікке қыз бермейміз!» — деп те ант еткен болатын. 2 Енді халық Бетелге барып, сол жерде Құдайдың алдында отырып, кешке дейін дауыс көтеріп қатты жылады. 3 Олар: «Уа, Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие! Неге бұл Исраилде осылай болды? Енді Исраилдің бір руы толықтай жоғалып кетіп отыр», — деп жоқтады. 4 Келесі күні халық ерте тұрып, сол жерде құрбандық ұсынатын орын тұрғызды да, сонда шалынып, түгелдей өртелетін және (Құдаймен қарым-қатынастарына) ризашылық білдіретін құрбандықтарын шалды. 5 Содан соң исраилдіктер: «Исраилдің руларының қайсысы Жаратқан Иенің алдында өткізілген жиналысқа өрлеп барған жоқ еді?» — деп сұрады. Себебі олар сол кезде Миспада Жаратқан Иенің алдына келмегендерді міндетті түрде өлімге кесу туралы ант берген болатын. 6 Енді исраилдіктер өз ағайындары буняминдіктерді мүсіркеп: «Бүгінде Исраилден бір ру шорт кесіліп тасталды! 7 Сонда Бунямин руының аман қалғандарына әйелді қайдан тауып береміз? Біз қыздарымызды оларға әйелдікке бермейміз деп Жаратқан Иенің атымен ант еткен едік қой!» — десті. 8 Сонымен сұрастыра келе, Миспада Жаратқан Иенің алдында өткізілген жиналысқа Ғилақадтағы Ябестің ешбір адамының келмегені белгілі болды. 9 Сол кезде жиналған халық түгенделгенде, Ғилақадтағы Ябестің бірде-бір тұрғыны жоқ екендігі анықталған еді. 10 Ендеше бүкіл жиын оларға қарсы он екі мың мықты сарбазын жіберіп, Ғилақадтағы Ябестің бүкіл тұрғындарын әйел, бала-шағаларымен қоса қырып-жоюды тапсырды. 11 «Сендер былай істеңдер: әрбір еркек кіндікті де, еркекпен төсектес болған әрбір әйел заты да құртылсын!» — деді. 12 Сарбаздар Ғилақадтағы Ябесті қолға түсіргеннен кейін оның тұрғындарының арасынан ешқашан еркекпен төсектес болмаған төрт жүз пәк қызды тауып, оларды Қанахан еліндегі Шилодағы тұраққа алып келді. 13 Содан соң барлық бүкіл жамағат Риммон жартасының маңында бас сауғалап жүрген буняминдіктерге кісі жіберіп, оларға бейбітшілік жариялады. 14 Буняминдіктер сонда елге оралды. Исраилдіктер Ғилақадтағы Ябестің аман қалған пәк қыздарын оларға қосты. Алайда бұлар буняминдіктерге жетпей қалды. 15 Жаратқан Ие Исраил руларының арасынан біреуін алып тастап, олардың біртұтастығын бұзғандықтан, халық буняминдіктерге мүсіркеушілік танытты. 16 Жамағаттың басшылары ақылдасып: «Бунямин руының әйелдері жойылғандықтан, мына қалған еркектерге әйелді қайдан тауып береміз? 17 Буняминнің құтылып, аман қалғандары өздерінен кейін мұрагер қалдырулары керек, әйтпесе Исраилдің бүкіл бір руы құрып, жоқ болып кетеді ғой. 18 Бірақ ешқайсымыз оларға өз қыздарымызды бере алмаймыз!» — десті. Себебі исраилдіктер «Буняминдікке қыз берген әркімді қарғыс атсын!» — деп ант еткен болатын. 19 Сол себепті олар: «Жаратқан Иенің құрметіне Шилода жыл сайын мейрам өткізіледі ғой. Той Бетелдің солтүстігінде, одан Сихемге апаратын үлкен жолдың шығысында және Лебонаның оңтүстігінде болмақ», — десті. 20 Басшылар буняминдік жігіттерге былай деп нұсқау берді: «Сендер сол жерге барыңдар да, жүзімдіктерде тығылып, 21 бақылап жатыңдар. Шилоның бойжеткен қыздары би билеуге шыққанда, сендер жүзімдіктерден шыға келіп, әрқайсың шилолық қыздардың ішінен өздеріңе бір-біреуден ұстап алып, Буняминнің жеріне ілестіріп алып, кете беріңдер! 22 Ал егер олардың әкелері не ағалары келіп, бізге шағымданатын болса, біз оларға: «Бұларға мейірімді болып қыздарыңды қалдырыңдар. Ғилақадтағы Ябеске қарсы соғыс болғанда, біз оларды үйлендіре алмай қалдық. Ал қыздарыңды оларға өздерің қоспағандықтан, айыпты болмайсыңдар!» дейміз». 23 Буняминдіктер солай істеп, би билеп жүрген қыздарды бір-бірден ұстап алып қашты. Олар өздерінің мұралық жеріне қайтып барып, қалаларын қайтадан салып, соларда тұра берді. 24 Сонда исраилдіктер өздерінің рулары мен әулеттері бойынша алған мұралық жерлеріне қайтып, тарап кетті. 25 Сол заманда Исраилде әлі де патша жоқ болатын. Әркім өзіне дұрыс болып көрінгенді істейтін.
1 Исраилді билер басқарып тұрған заманда бірде елді аштық жайлады. Сонда Яһуда руының Бетлехем қаласынан бір ер адам әйелі мен екі ұлын ертіп, Исраилден көшіп кетті. Олар жат жұрттықтар ретінде Моаб елінде уақытша тұра тұрмақ болды. 2 Сол адамның аты Елімәлік, әйелінікі Нағима, ал екі ұлы Махлон мен Хилион еді. Олар ефраталықтар, Яһуда жеріндегі Бетлехем қаласының тұрғындары болатын. Осылай бұл отбасы Моаб еліне барып, сонда тұрып жатты. 3 Алайда күйеуі Елімәлік қайтыс болып, Нағима екі баласымен жесір қалды. 4 Ұлдары моабтық қыздарға үйленді, келіндерінің біреуінің аты Орпа, екіншісінікі Рут еді. Отбасы Моаб елінде он жылдай тұрғаннан кейін 5 Нағиманың ұлдары Махлон мен Хилион да қайтыс болды. Сонымен әйел күйеуі мен ұлдарынан айырылып, жалғыз қалды. 6 Моаб елінде жүрген Нағима Жаратқан Ие Өзінің таңдап алған халқы Исраилді жарылқап, елде астықтың бітік шыққаны туралы естіді. Содан Нағима екі келінін ертіп Моаб жерінен өз еліне кері қайтуға жиналды. 7 Сонымен олар уақытша тұрған мекенжайын тастап, Яһуданың жеріне қарай сапарға шықты. 8 Жолшыбай Нағима келіндеріне: — Ал енді, сендер әке-шешелеріңнің үйлеріне қайтыңдар. Менің өзіме, марқұм ұлдарыма адал да мейірімді болып келдіңдер. Лайым сендерге сол үшін Жаратқан Ие рақымын түсіре көрсін! 9 Ием сендерге жақсы күйеу мен жайлы баспана сыйлай көрсін! — деп батасын беріп, беттерінен сүйді. Бірақ олар зар еңіреп жылап: 10 — Сізбен бірге біз де ел-жұртыңызға барайықшы, — деп өтінді. 11 Алайда Нағима: — Қыздарым, үйлеріңе қайтсаңдаршы! Маған несіне ересіңдер? Сендерге үйлене алатын басқа ұлдарым жоқ қой. 12 Кері қайтыңдар, қарақтарым! Өзім енді күйеуге шығуға кәрімін. Тіптен бүгін күйеуге шығып, ұлды болармын деген үмітім болған күнде де, 13 олар ер жеткенше күте алар ма едіңдер? Соларға бола күйеуге шықпай жүре берер ме едіңдер? Жоқ, қыздарым, Жаратқан Иенің маған жіберген қайғысын бірге бөлісіңдер деп сендерді ұстауым дұрыс болмас, — деп жауап берді. 14 Екеуі бұрынғыдан бетер зар еңіреп жылады. Соңында Орпа енесінің бетінен сүйіп қоштасты, ал Рут одан айырылмай қалып қойды. 15 Нағима Рутқа: — Көрдің ғой, абысының ел-жұртына және сиынатын тәңірлеріне қайта оралды. Сен де оның ізімен кері қайтсаңшы, — деді. 16 Алайда Рут: — Сізді тастап, қайта оралуға мені қинай көрмеңіз. Сіз қайда барсаңыз, мен де сонда барамын. Қайда тұрсаңыз, мен де сонда тұрамын. Сіздің халқыңыз менің халқым, сіздің Құдайыңыз менің Құдайым болады! 17 Қайда өлсеңіз, мен де сонда өліп, жерленемін. Егер мен бұ дүниеден кеткенше сізден ажырассам, мені Жаратқан Ие жазалаған үстіне жазалай түссін! — деп тұрып алды. 18 Руттың өзімен бірге жүруге белді бекем буғанына көзі жеткен соң, Нағима оны әрі қарай үгіттеуін доғарды. 19 Сонымен екеуі Бетлехемді бетке алып, жүріп кетті. Оған жеткенде, қала халқы толқып: — Ойбай-ау, мынау Нағима ғой?! — десті. 20 Сонда ол: — Мені Нағима («Бақытты») емес, Мара («Қайғылы») деп атаңдар, — деді. — Себебі құдіреті шексіз Құдай маған қайғылы өмір бұйырды. 21 Бұл жерден үй ішіміз түгел аттанған едік, ал енді Жаратқан Ие менің жалғыз қара басымды ғана қайтарып отыр. Сендер мені несіне «Бақытты» деп атайсыңдар? Жаратқан Ие маған қарсы шығып, құдіреті шексіз Құдай басыма бақытсыздық түсірді ғой. 22 Осылай Нағима моабтық келіні Рутпен бірге Моаб елінен қайта оралған еді. Олар Бетлехем қаласына келгенде арпаны жаңа жинай бастаған кез болатын.
1 Нағиманың марқұм күйеуі Елімәліктің Боғоз есімді аталас туысы бар еді. Боғоз абыройлы да ауқатты кісі болатын. 2 Бір күні моабтық Рут Нағимаға: — Мен егіндікке барайын. Қайырымды біреу кездесіп қалар, соның артынан жүріп, масақ терейін, — деді. — Жақсы, қызым, бара ғой, — деп енесі келісті. 3 Рут егістікке барып, орақшылардың соңынан жүріп, жинағанда қалып қойған масақтарды тере бастады. Бұл жер танабы Елімәліктің туысы Боғоздың меншігі болып шықты. 4 Сол кезде Бетлехемнен Боғоз да келіп, орақшыларымен: — Ассалаумағалайкүм! — деп амандасып, олар: — Уағалайкүмассалам! — деп жауап қайырды. 5 Боғоз олардың басқарушысынан: — Мынау кімнің қызы? — деп сұрағанда, 6 ол: — Бұл — Моаб елінен Нағимаға еріп келген моабтық жас келіншек. 7 Ол орақшылардың артынан жүріп, баулардың арасынан түсіп қалған масақтарды теруге рұқсат сұрады. Таң атқаннан бері еңбектеніп жүр, күркеде аз-ақ демалды, — деп жауап берді. 8 Содан Боғоз Рутқа тіл қатып: — Қызым, сөзіме құлақ сал. Басқаның егістігіне масақ теруге бармай-ақ қой. Осында менің қызметші қыздарымның қасында жүріп, тере бер. 9 Қай жақта орып жатқандарын байқап жүріп, қыздардың соңынан ер. Мен қызметші жігіттеріме саған тиіспеуге бұйырдым. Шөлдегенде барып, олар толтырып қойған құмыралардан су іше бер, — деді. 10 Таңғалған Рут: — Қалайша сіз жат жерлік маған сондай қайырымдылықпен қарайсыз? — деп, Боғозға иіліп тағзым етті. 11 — Сенің күйеуің өлгеннен кейін енеңе қалай көмектескеніңді, әке-шешеңді, еліңді тастап, бұрын білмеген халық арасына көшіп келіп, бірге тұрып жатқаныңды мен түгелдей естіп білдім. 12 Осы істеген жақсылықтарың Жаратқан Иеден қайтсын! Сен Исраил сиынатын Құдай — Жаратқан Иенің қанаты астынан пана іздеп келдің. Ол сені молынан жарылқасын! — 13 Сонда Рут: — Мырзам, маған әрдайым оң көзіңізбен қарасаңыз екен. Сіз жылы сөзіңізбен жүрегіме жігер құйдыңыз. Ал мен ең болмағанда күңдеріңіздің бірі де емеспін, — деді. 14 Түскі тамақ кезінде Боғоз: — Мұнда кел. Нанымыздан ауыз тиіп, сусынымызға батырып же, — деп Рутты шақырды. Ол орақшылардың қасына отырғанда, Боғоз оған қуырылған арпадан берді. Рут тойғанша жеп, артылып та қалды. 15 Содан кейін тұрып, жұмысына оралды. Ал Боғоз қызметшілеріне былай деп айтып қойған еді: — Рут жаңа орылған масақтардың арасынан да тере берсін, оны ренжітпеңдер! 16 Қайта, жинап алсын деп, байлайтын масақтарыңнан әдейі тастап та кетіңдер. Қалай болғанда да оған ұрыспаңдар! 17 Рут осылай кешке дейін масақ терді. Соңында ол жинағанын бастырып, желге ұшырып қауызынан тазартқанда, бір үлкен себетке сиярдай арпа шықты. 18 Келіні арпаны қалаға алып барып, енесіне көрсетті. Оған түскі астан артылып қалған тамағын да алып келді. 19 — Өй, бүгін қайдан масақ тердің? Қайда жұмыс істедің? Саған оң көзімен қараған адамды Құдай жарылқасын! — деп енесі таңғалды. Рут оған: — Бүгін Боғоз деген адамның егістігінде жұмыс істедім, — деп білдіргенде, 20 енесі: — Тірілер мен өлгендерге қайырымын аямаған сол адамды Жаратқан Ие жарылқасын! — деді. Содан соң: — Боғоз — жақын қайындарымыздың біреуі. Ол бізге (Таурат заңына сәйкес) туысқан қамқоршы бола алады, — деп қосты. 21 — Әлгі кісі маған егіні орылып біткенше қызметшілерінің соңынан жүріп, теруіме де рұқсат етті, — деді Рут. 22 Сонда Нағима: — Қызым, сол адамның қызметші қыздарымен бірге жүргенің жақсы болады. Бөтен егісте саған біреулердің тиісуі де мүмкін, — деп келісті. 23 Сонымен Рут енесінің қолында тұрып, арпа мен бидайдың ору мерзімі біткенше Боғоздың қызметші қыздарының қасында жүріп, масақ тере берді.
1 Бір күні Нағима: — Қызым, саған жақсы болу үшін жайлы баспана тауып берсем, қалай болар еді? — деп құлақ қағыс етті. 2 — Сен қызметші қыздарымен бірге жүрген Боғоз — біздің ет жақын қайнымыз ғой. Ол бүгін кеште қырманда арпасын ұшырып, тазартып жатыр екен. 3 Кәне, жуынып-шайынып, иісмай жақ та, әдемі киініп алып, қырманға бар. Бірақ Боғоз кешкі асын ішіп-жеп болмайынша көзіне түспе. 4 Ол ұйқыға кіріскенде жатқан жерін біліп ал. Кейін сонда барып, жамылғысының етегін аздап көтеріп, аяқ жағына жата кет. (Осылай сен Боғоздың өзіңе қамқоршы болуын сұраған тілегіңді білдіресің.) Әрі қарай заңды түрде не істеу керек екенін оның өзі айтар. 5 — Айтқаныңыздың бәрін істеймін, — деп жауап берді келіні. 6 Содан қырман басына барып, енесінің тапсырғандарын орындады. 7 Ішіп-жеп, көңілі көтерілген Боғоз үйілген астықтың шет жағына жатып, ұйықтап қалғаннан кейін, Рут білдіртпей жамылғысын аздап көтеріп, аяқ жағына жата кетті. 8 Түн ортасында Боғоз орнынан аударылып, шошып оянды. Аяқ жағында бір әйел жатыр екен! Ол абыржып: 9 — Өй, сен кімсің? — деп сұрады. — Мен Рутпын ғой, мырза. Мені қанатыңыздың астына ала көріңіз, әмеңгерім бола алатын қайнағам емессіз бе? — деп жауап берді ол. 10 Сонда Боғоз былай деді: — Қалқам, Жаратқан Ие сені жарылқасын! Мына игі ісің бүгінге дейін енеңе жасап келген жақсылығыңнан да асып түсті! Сенің бай болсын, кедей болсын жас жігіттердің артынан жүгірмегенің жөн болды. 11 Енді уайымдамай-ақ қой, қарағым. Мен өтінішіңді түгелдей орындаймын. Қала халқының бәрі сенің үлгілі әйел екеніңді біледі. 12 Менің саған әмеңгер бола алатын қайнағаң екенім рас. Бірақ менен де жақын қайның бар. 13 Бүгін осында түнеп шық. Ертең сол адам саған әмеңгер болуға келіссе, онда жақсы, солай болсын. Ал егер ол бас тартса, мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдындағы адал сөзім: онда мен саған әмеңгерің болып үйленемін. Ал әзірше таңға дейін осы жерде ұйықтай бер. 14 Осылай Рут сол жерде таң атқанша ұйықтап, адамдар әлі бір-бірінің бет-жүзін ажырата алмайтын қараңғы кезде тұрды. Боғоз (өсек тарап кетпеу үшін): «Әйелдің қырманға келгенін ешкім білмесін», — деген еді. 15 Рут қайтып кетпес бұрын Боғоз: «Жамылғыңды жайып ұстай ғой», — деп, соған алты себеттей арпа құйып, буып-түйіп, Рутқа арқалатып жіберді. Өзі де қала жаққа жөнелді. 16 Рут енесіне келгенде Нағима: — Қалай болды, қызым? — деп сұрады. Келіні оған сол адамның не істеп, не қойғанын түгелдей айтып беріп: 17 — Ол маған «Енеңе құр қол қайтпа» деп, мына алты себеттей арпаны беріп жіберді! — деп қосты. Сонда енесі: 18 — Соңы немен бітерін білгенше тоса тұр, қызым. Бұл кісі бүгін осы істі аяқтамай тыным таппайды, — деп түйді.
1 Боғоз қала қақпасының қасындағы алаңға барып отырды. Қараса, өзі Рутқа айтқан туысқаны қасынан өтіп бара жатыр екен. Боғоз оған: «Туысқан, мұнда келіп, отыра тұр», — деді. Ол қасына келіп, жайғасқаннан кейін 2 Боғоз қаланың он ақсақалын шақырып алып: «Қасымызға отырсаңыздар екен», — деп өтінді. Содан ақсақалдар да жайғасып отырды. 3 Боғоз жаңағы туысқанына қарап былай деп сөз бастады: — Моаб елінен қайтып келген Нағима ағайынымыз Елімәлікке тиісті мұралық жер үлесін сатпақшы. 4 Соны сенің құлағыңа салғым келеді. Халқымның ақсақалдарының және мына отырған жұрттың алдында саған ұсыныс жасаймын: соны сен сатып ал. Егер сол отбасының қамқоршысы болғың келсе, бола бер. Ал бас тартсаң, ашығын айт, мен білейін. Себебі қамқоршы бола алатын ең жақын туысқан сенсің, сенен кейінгі кезек менікі. — Туысы: — Жарайды, құнын төлеп, сатып алайын, — деді. 5 Сонда Боғоз: — Егер сен Нағимадан жерді сатып алсаң, онда марқұмның моабтық жесір келіні Руттың әмеңгері болып соған үйленесің. Рут ұлды болғанда тұңғыш ұлы марқұмның ұрпағы деп есептелініп, мұралық жер үлесін сол иемденбек, — деді. 6 Бұған туысы: — Олай болса, жерді сатып ала алмаймын. Бұл өзімнің мұралық үлесіме нұқсан келтірмек. Одан да сенің қамқоршы болып, жерді сатып алғаның жөн. Ал менің қолымнан келмейді, — деп жауап берді. 7 Ежелгі заманда Исраилде мынадай дәстүр бар болатын: егер біреу туысқан қамқоршы ретіндегі борышын басқа біреуге аударса, онда ол бұл істі растау үшін бір аяқкиімін шешіп алып, сол адамға беруге тиісті еді. 8 Сондықтан туысқаны «Жерді өзің сатып ал» дегеннен кейін Боғозға аяқкиімін шешіп берді. 9 Сонымен Боғоз айналасындағы ақсақалдар мен барлық жұртқа қарап былай деді: — Бүгін сіздер менің Нағимадан Елімәліктің, Хилионның және Махлонның бүкіл меншігін сатып алғандығыма куәсіздер. 10 Мен, сондай-ақ, марқұмның ұрпағын жалғастырып, соған барлық мұрасын қалдыру үшін Махлонның жесірі моабтық Рутты әйелдікке аламын. Осылай марқұмның аты өз әулеті мен қала шежіресінен өшуден аман сақталмақ. Сіздер бүгін соған куәсіздер. 11 Ақсақалдар және қақпа алдындағы алаңда жиналған барлық адамдар: — Иә, куәміз, — деп растады. Олар Боғозды құттықтап: — Жаратқан Ие сенің үйіңе кіретін бұл әйелді Исраилдің үрім-бұтағын таратқан Рахила мен Лиядай ұрпақты ете көрсін! Сен Ефрата аймағында күшті болып, атың Бетлехемде жасасын! 12 Тамар ата-тегіміз Яһудаға Тамар Паресті туып беріп, үлкен әулетті таратқандай, Жаратқан Ие осы жас әйелден сыйлайтын ұрпақтарың арқылы сені де үбірлі-шүбірлі қыла көрсін! — деп баталарын берді. 13 Осылай Боғоз той жасап Рутқа үйленді. Жаратқан Иенің жарылқауымен Руттың аяғы ауырлап, ұл туды. 14 Әйелдер Нағиманы құттықтап: «Жаратқан Ие мадақталсын! Енді Ол сені қамқорлайтын мұрагермен қамтамасыз етті. Баланың атағы Исраилге жайылсын! 15 Ол өміріңді қуанышқа кенелтіп, қартайған шағыңда сүйенішің болады. Себебі оны туған — өзіңді жақсы көріп, соншама адал болып келген келінің. Осы келінің саған жеті ұлдан да артық!» — деді. 16 Нағима нәрестені қолына алып, бауырына басып, бағып-қақты. 17 Көрші әйелдер: «Бұл — Нағима үшін туылған ұл», — деп, оған Ғабит деген есім берді. Ғабит Есейдің әкесі, Дәуіттің атасы болды. 18 Парес әулетінің тарау тегі мынау: Парестен Хесрон, 19 Хесроннан Рам, Рамнан Әминадап, 20 Әминадаптан Нағасон, Нағасоннан Салмон, 21 Салмоннан Боғоз, Боғоздан Ғабит, 22 Ғабиттен Есей, ал Есейден Дәуіт туды.
1 Ефрем руының таулы жерінде, Сұфтың үрім-бұтағы мекендеген Раматаим қаласында Елқанах атты адам тұратын. Ол Ерохамның ұлы, Еліхудің немересі, Тохудың шөбересі, Сұфтың шөпшегі еді. Сұф кезінде Ефрата қаласының тұрғыны болған. 2 Елқанахтың Ханна және Пәнана есімді екі әйелі бар еді. Пәнананың балалары болды, ал Ханна құрсақ көтермеді. 3 Елқанах жыл сайын Әлемнің Иесіне ғибадат етіп, құрбандық шалу үшін отбасын ертіп өз қаласынан Шилоға сапар шегетін. Сол қалада Елидің екі ұлы Опни мен Пінехес Жаратқан Иенің киелі үйінде Оның діни қызметкерлері болып істейтін. 4 Құрбандық шалғаннан кейін Елқанах әйелі Пәнанаға және одан көрген ұл-қыздарына тиісті үлестерін беретін, 5 ал Ханнаға екі еселеп табыстайтын. Себебі Жаратқан Ие перзент сыйламаса да, күйеуі Ханнаны қатты жақсы көрді. 6 Бірақ күндесі Пәнана Ханнаны кекетіп-мұқатып, Жаратқан Иенің оған перзент сыйламағанын бетіне басып, ренжіте беретін. 7 Ол жыл сайын солай істейтін. Олар Шилоға Жаратқан Иенің үйіне өрлеп барған кезде Пәнана Ханнаны осылай өкпелететін. Ханна болса егіле жылап, астан дәм татпайтын. 8 Сонда күйеуі оны жұбатып: «Ханна, сен неге жылай бересің, неге тамақ ішпейсің? Жүрегің неден жабырқаулы? Мен сен үшін он ұлдан да артық емеспін бе?» — деп сұрайтын. 9 Бірде отбасы Шилода құрбандық шалып, ішіп-жеп болған соң, Ханна орнынан тұрып, Жаратқан Иенің киелі үйінің қасына барды. Ал діни қызметкер Ели кіреберіс жақтауының жанында өз орындығында отырған болатын. 10 Сонда Ханна жылап, жүрегіндегі шерін Жаратқан Иеге ақтарып сиынды. 11 «Уа, Әлемнің Иесі! Осы күңіңнің қайғы-қасіретіне назар аударып, есіңде ұстай гөр. Маған рақымыңды түсіріп, бір ұл сыйласаң, соны өмір бойы Саған бағыштар едім, уа, Жаратқан Ие. Оның басына ешқашан ұстараның жүзі тимес еді», — деп ант берді ол. 12 Ханна осылай Жаратқан Иеге мінажат етіп ұзақ сиынғанда, Ели оның аузына қарап отырды. 13 Еріндері жыбырлап тұрса да, әйел іштей жалбарынып, ешқандай дыбыс шығармады. Содан Ели оны мас екен деп ойлап қалып: 14 — Сен қашанғы мас болып жүре бересің? Шарап ішуіңді доғар! — деп зекіді. 15 Ал Ханна: — Мырзам, олай емес. Мен бір күйзеліп жүрген сорлы әйелмін. Не шараптан, не сырадан ауыз да тиген жоқпын. Тек көкірегімдегі зарымды Жаратқан Иеге ақтарып сиынып отырмын. 16 Мені арсыз әйел деп ойлап қалмаңыз! Қайғы-қасіретім өте зор болғандықтан осылайша жалынып тұрмын! — деп мұңын шақты. 17 Сонда Ели оған: — Тыныштықпен үйіңе қайта бер. Исраилдің сиынатын Құдайы тілеуіңді қабыл алсын! — деп батасын берді. 18 — Мырзам, мендей пақырыңызға оң көзіңізбен қарай көріңіз, — деп Ханна қоштасып, кетіп қалды. Енді ол тамақ ішіп, бет-жүзінен қайғының нышаны байқалмайтын болды. 19 Келесі күні отбасы ерте тұрып, Жаратқан Иеге ғибадат етті. Содан олар Рамақтағы үйлеріне қайта оралды. Елқанах Ханнамен жақындасқан кезде Құдай әйелдің тілегін ескеріп, жүзеге асырды. 20 Ол аяғы ауырлап, айы-күні жеткенде ұл бала туды. Ханна: «Мен оны Жаратқан Иеден сұрап алғанмын», — деп, оған Самуил (яғни «Құдай құлақ асты») деген ат қойды. 21 Келесі жылы Елқанах бүкіл үй ішімен Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалып, өзінің уәде еткен өзге сый-тартуларын да ұсыну үшін тағы да Шилоға бармақшы болды. 22 Ал Ханна күйеуіне: — Бала өсіп, емшектен шыққаннан кейін оны Шилоға алып барамын. Сонда ол Жаратқан Иеге бағышталып, сол жерде тұратын болсын, — деп бармай қалды. 23 Елқанах оған: — Жарайды. Баланы емшектен шығарғанға дейін күте тұр. Тек берген уәдеңді Жаратқан Ие шындыққа айналдыра көрсін, — деді. Осылайша Ханна нәрестесін емізіп, үйінде қалды. 24 Самуилді емшектен шығарған соң анасы оны ертіп, Жаратқан Иенің Шилодағы киелі үйіне алып барды. Онда үш жасар бұқаны, бір қап ұн мен бір торсық шарапты да ала келген еді. Бала әлі де тым жас болатын. 25 Әке-шешесі бұқаны құрбандыққа шалғаннан кейін баланы Елидің алдына алып барды. 26 Ханна оған: «Мырзам, шынымды айтамын: мен баяғыда осы жерде, сіздің қасыңызда тұрып, Жаратқан Иеге сиынған әйелмін ғой. 27 Сол кезде мына баланы сыйлай көрсін деп жалбарынған едім. Жаратқан Ие өтінішімді жүзеге асырды. 28 Енді мен де уәдемді орындап, баланы өмір бойы Оның қызметіне бағыштағым келіп отыр», — деді. Сонда олар иіліп Жаратқан Иеге ғибадат етті.
1 Ханна былай деп сиынды: Жаратқанға шын жүректен шаттанамын, Иемнен мол күш пен абырой алғанмын, Дұшпандарыма жауап қата аламын, Мені құтқарғаныңа қатты қуанамын! 2 Ешкім жоқ Жаратқан Иедей қасиетті, Жоқ Сенен өзге ешбір тәңір шынайы, Берік қорған да жоқ Құдайымыз сияқты! 3 Пенделер, тағы да паңдана мақтанбаңдар, Ауыздарыңнан тәкаппар сөз шығармаңдар! Себебі Тәңір Ие бәрін біліп тұрады, Құдай істеріңе әділ үкім шығарады! 4 Мықтының садақтары сындырылады, Ал әлсіз жан зор күшке ие болады. 5 Тоқ болғандар енді нанға жалданады, Ал ашыққандар ішіп-жеп тойынады. Бала көтермеген жетеуін туады, Ал көп ұлды ана баладан қалады. 6 Ием жанды алады әрі тірілтеді, Көрге түсіріп, одан алып та шығады. 7 Жаратқан не кедей, не бай да етеді, Не төмендетіп, не жоғарылатады, 8 Ол жарлыны күл-топырақтан көтереді, Мүсәпірді мүшкіл күйінен құтқарады, Әміршімен бірге төрге отырғызады, Сыйлы орынды оған мұралыққа береді. Себебі жердің негізі — Жаратқанның меншігі, Ол үстіне орнатқан бүкіл дүниені. 9 Ием Өзіне бағышталғанды қорғап күзетеді, Ал зұлымдар қара түнекте өледі, Пенде өз күшімен жеңіске жетпейді. 10 Жаратқан Ие қарсыластарын шайқалтады, Көктен күн күркіретіп қарсы шығады. Иеміз жер жүзіне үкім шығарады, Ол өз халқының патшасына күш сыйлайды, Тағайындаған сол басшысын қуаттайды. 11 Осыдан кейін Елқанах үй ішімен Рамаққа қайта оралды. Ал баласы Самуил діни қызметкер Елидің қарамағында Жаратқан Иеге қызмет ететін болып Шилода қалды. 12 Бірақ Елидің ұлдары арсыз болатын. Олар Жаратқан Иеге мойынсұнбайтын 13 әрі діни қызметкер ретіндегі міндеттерін халықтың алдында жөндеп атқармайтын. Біреу Құдайға арнап құрбандық шалғанда, олар қазандағы ет піспей жатып бір қызметшісін арнайы үш тісті шанышқысымен жіберетін. 14 Қызметші шанышқыны қазандағы әр түрлі етке сұғып, ілінгеннің барлығын діни қызметкердің үлесі деп алып кететін. Шилоға келген күллі исраилдіктерге де Елидің ұлдары осылай істейтін. 15 Тіпті құрбандықтың Құдайға арналған майлы бөліктері ажыратылып, өртелмей жатып-ақ олардың қызметшісі келіп: — Діни қызметкерге қуыруға шикі ет кесіп бер, ол сенен піскен етті емес, тек шикі етті ғана алады, — дейтін. 16 Егер әлгі адам: — Олар алдымен (Құдайға арналған) майлы бөліктерді өртеп ұсынсын, содан кейін қалағаныңызды — деп келіспей қалса, қызметші: — Жоқ, етті дереу бер, әйтпесе күшпен тартып аламын, — дейтін. 17 Осылайша сол жігіттер Жаратқан Иеге арналған құрбандықтарды қорлағандықтан, Оның алдындағы күнәлары тым ауыр болатын. 18 Ал Самуил Жаратқан Иенің алдында қызмет етіп, өзі өте жас болса да (діни қызметкердікіндей) бәтестен тігілген жеңсіз сырт киім киіп жүрді. 19 Анасы оған жыл сайын жаңадан кішкене сырт көйлек тігіп, оны күйеуімен бірге сол жылғы құрбандықты шалу үшін Шилоға өрлеп барғанда ала келетін. 20 Сонда Ели Елқанах пен Ханнаға батасын беріп: «Әйеліңнің Жаратқан Иеден сұрап алып, Оған бағыштаған баласының орнына Ол саған осы әйелден көп ұл-қыз сыйлай көрсін!» — дейтін. Бұдан кейін екеуі үйлеріне қайтатын. 21 Содан Жаратқан Ие Ханнаны жарылқап, оны тағы үш ұл, екі қызға ана етті. Ал Самуил Жаратқан Иенің көз алдында есейіп өсіп жатты. 22 Ели сол кезде жасы ұлғайып қартайған еді. Ол ұлдарының исраилдіктерге не істегендерін, олардың тіпті кездесу шатырының кіреберісінде қызмет атқаратын әйелдермен жасаған азғындықтары туралы да естіді. 23 Оларға былай деп ескертті: «Неге сендер сондай сұмдық қылықтармен айналысып жүрсіңдер? Жұрттың бәрінен сендер туралы жаман сөздер естіп жүрмін. 24 Балаларым, қойыңдар! Жаратқан Иенің халқының арасына тарап жатқан осы әңгіме жақсы әңгіме емес. 25 Егер бір адам басқа біреудің алдында кінәлі болып қалса, онда Құдай тағайындаған билер екеуінің арасында жүріп, оның сөзін сөйлей алады. Ал егер ол Жаратқан Иенің Өзіне қарсы күнә жасаса, онда сол пенденің сөзін кім сөйлейді?» Әйтсе де ұлдары Елидің айтқанына құлақ аспады. Өйткені Жаратқан Ие оларды өлімге бұйырып қойған болатын. 26 Ал жасөспірім Самуил Жаратқан Иеге де, адамдарға да ұнамдылығы арта түсіп, өсіп келе жатты. 27 Бір күні Құдайдың жіберген адамы Елиге келіп, Оның хабарын жеткізіп былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Сенің арғы атаң Һарон мен оның отбасы Мысырда перғауынның қол астында жүрген кезде-ақ Мен оларға Өзімнің кім екенімді аян еттім. 28 Исраилдің барлық руларының ішінен арғы атаңды Менің діни қызметкерім болуға таңдап алдым. Оны Маған бағышталып шалынған құрбандықтарды арнайы үстелде өртеуге, хош иісті заттарды түтетуге және алдымда жеңсіз сырт киімді киіп жүруге тағайындадым. Сонда Мен арғы атаң Һароннан тараған сендерге исраилдіктердің Маған арнап өртейтін барлық құрбандықтарынан тиісті үлестерін белгілеп қойған жоқ па едім? 29 Ал енді, Менің жер бетіндегі тұрағыма әкеліп ұсынуға өсиеттеген құрбандықтарым мен сый-тартуларыма сендер неге ашкөздікпен қарап, оларды қорлайсыңдар? Неге сен ұлдарыңды Менен артық көресің? Халқым Исраилдің Маған арнап шалған құрбандықтарының ең жақсы бөліктерін алып, тойып жеп, семіресіңдер! 30 Сондықтан да Исраилдің Құдайы — Жаратқан Ие мынаны айтады: Бұрын Мен өзіңнің ұрпақтарыңды және әкеңнің басқа да үрім-бұтағын мәңгі бақи діни қызметкерлерім болуға бұйырған едім. Бірақ қазір Мен, Жаратқан Ие, былай деп шештім: Енді бұлай болмайды! Себебі Мені сыйлағандарды Мен де сыйлаймын, ал Мені менсінбегендер масқара болады. 31 Біліп қой, болашақта Мен өзіңнің де, әкеңнің де ұрпақтарының жасын ұлғайтпай, жас кездерінде-ақ өлімге душар етемін. 32 Жер бетіндегі тұрағымның қайғылы жағдайға ұшырауына куә боласың. Мен басқа исраилдіктерге игілік сыйлағанда, сендердің үй іштеріңде бірде-бір қария қалмайды. 33 Егер Мен бір адамыңа құрбандық үстелімнің алдында қызмет етуге жол берсем, сол туралы да көздің жасын көл етіп, қатты қайғыратын боласыңдар. Ұрпақтарыңның бәрі де дүниеден ерте кетпек. 34 Сенің ұлдарың Опни мен Пінехес екеуі бір-ақ күнде өледі. Бұл саған айтылғанның бәрінің түгелдей жүзеге асатынын білдіретін белгі болмақ. 35 Содан кейін Мен қызметін адал орындайтын өзге бір діни қызметкерді белгілеймін. Ол Менің еркіме сай әрекет жасап, міндетін Өзім тағайындайтын патшаның алдында атқаратын болады. Мен оның әулетін діни қызметкерлерім болуға бекітемін. 36 Ал өзіңнің ұрпақтарыңнан тірі қалған әркім соған барып, бір күміс теңге немесе бір кесек нан сұрап келіп: «Өтінемін, нанымды тауып жей алуым үшін маған діни қызметкер атқаратын кез келген жұмысты тапсыра көріңізші!» деп жалынатын болады».
1 Жасөспірім Самуил Елидің қарамағында Жаратқан Иеге қызмет етіп жүрді. Сол заманда Жаратқан Иенің адамдарға сөзін арнап, аян беруі өте сирек болатын. 2 Елидің көздері мүлдем дерлік көрмей қалған еді. Бірде ол өзінің үйреншікті орнында жатты. 3 Бұл Құдайдың шам қойғышының жеті шамы әлі де жанып тұрған кез еді. Құдайдың Келісім сандығы орналасқан Жаратқан Иенің ғибадатханасында Самуил де тынығып жатты. 4 Сонда Жаратқан Ие Самуилдің атын атап шақырды. Ол: «Тыңдап тұрмын», — деді де, 5 Елиге жүгіріп барып: — Тыңдап тұрмын, сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады. Ели оған: — Жоқ, сені шақырған жоқпын, орныңа барып, жата ғой, — деп жауап қайырды. Самуил солай істеді. 6 Жаратқан Ие қайтадан: «Самуил!» — деп шақырғанда, бала тағы да орнынан тұрып, Елиге барып: — Тыңдап тұрмын, сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады. Бірақ ол: — Жоқ, шақырған жоқпын, балам, орныңа барып, жата бер, — деді. 7 Бұған дейін Жаратқан Ие өзіне аян беріп, сөзін арнамағандықтан, Самуил Оның даусын танымайтын еді. 8 Жаратқан Ие Самуилді үшінші рет шақырды. Бала тағы да орнынан тұрып, Елиге келіп: — Тыңдап тұрмын, сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады. Сол кезде Ели баланы шақырып жатқан Жаратқан Иенің Өзі екенін түсініп, 9 оған: — Бар да жат. Егер сені қайтадан шақырса, онда: «Уа, Ием, айта гөр, пендең тыңдап тұр» деп жауап бер, — деді. Самуил төсегіне барып жатты. 10 Бұдан кейін Жаратқан Ие тағы да оның қасына келіп, бұрынғыша: — Самуил, Самуил! — деп шақырды. Бала: — Айта гөр, пендең тыңдап тұр, — деп жауап берді. 11 Сонда Құдай Самуилге мынаны айтты: — Мен Исраилде естіген адамды қатты абыржытатын бір нәрсе істемекпін! 12 Сол күні Мен Елидің отбасы туралы айтқан сөздерімді басынан аяғына дейін жүзеге асырамын. 13 Ұлдарының зұлымдығы үшін оларды біржолата жазалайтынымды Елиге хабарлағанмын. Ол ұлдарының Құдайды қорлағандарын біліп жүрсе де, оларды жүгендеп, тоқтатқан емес. 14 Сол себепті Мен: Елидің отбасы өз кінәсінің зардабынан ешқашан не құрбандық, не басқа да сый-тарту арқылы арыла алмайды деп ант еттім. 15 Бұдан соң Самуил қайтадан орнына барып жатты. Ертеңгісін ол әдеттегідей Жаратқан Иенің киелі үйінің есіктерін ашты. Ал Құдайдың аян еткен сөздерін Елиге айтып беруге дәті бармады. 16 Бірақ Ели оны: — Самуил, балам, — деп, қасына шақырып алды. — Құлағым сізде, ата, — деп жауап берді ол. 17 Ели: — Құдай саған не деді? Оны менен жасырма. Егер де Құдайдың өзіңе білдіргендерін түгелдей айтпай, бір нәрсесін жасырып қалсаң, Ол сені жазалаған үстіне жазалай бермек, — деді. 18 Сонда Самуил ештеңені бүкпестен бәрін айтып берді. Ели: — Ол Жаратқан Ие ғой, Оның әділ еркі орындалсын, — деді. 19 Ал Самуил есейіп, өсе берді. Жаратқан Иенің Өзі жар болып, оған алдын ала хабарлап айтқан сөздерінің бәрі де жүзеге асып отырды. 20 Содан солтүстіктегі Дан мен оңтүстіктегі Бер-Шебаның аралығында тұрып жатқан бүкіл Исраил халқы Самуилдің Жаратқан Иенің пайғамбары болуға тағайындалғандығына көз жеткізді. 21 Жаратқан Ие Самуилге сөзін арнап, Өзінің кім екенін ашқан Шилода оған аян беруін жалғастыра берді.
1 Осылай Самуилдің айтқандары бүкіл Исраил халқына кеңінен тарап жатты. Сол тұста исраилдік жасақшылар філістірлерге қарсы соғысқа аттанды. Олар Әбен-Езер қаласының маңында, ал філістірлер Әфектің қасында қостарын тікті. 2 Жау жасағын сапқа тұрғызып, шабуылға шықты. Кескілескен шайқаста исраилдіктер жеңіліп, төрт мыңдай адамы ұрыс даласында қаза тапты. 3 Қалғандары жасақтың қосына оралғанда, Исраилдің рубасылары ақылдасып: «Жаратқан Ие бүгін неліктен філістірлердің бізді талқандап жеңулеріне жол берді? Жаратқан Иенің Келісім сандығын Шилодан осында алдыртайық. Сонда ол ортамызда болып, бізді жау қолынан құтқарып алады», — деп ұйғарды. 4 Сонымен Шилоға бірнеше адам жіберіп, олар Әлемнің Иесінің Келісім сандығын алып келді. Оның жер бетіндегі «тағы» сандық қақпағындағы керуб мүсіндерінің үстінде болды. Елидің ұлдары Опни мен Пінехес те сол жерге Құдайдың Келісім сандығымен бірге келген еді. 5 Жаратқан Иенің Келісім сандығы жасақтың қосына жеткізілген кезде исраилдіктердің қуана салған айқайынан жер жаңғырықты. 6 Айқай-шуды естіген філістірлер: «Исраилдіктердің қосындағы бұл не деген қатты айқай-шу?» — деп таңғалысты. Олар қарсыластарының қосына Жаратқан Иенің сандығы әкелінді деген хабарды біліп алғаннан кейін 7 үрейлері ұшып: «Олардың араларына Құдай келіпті! — десті. — Енді қасіретке қалармыз! Бұрын-соңды мұндай нәрсе болып көрген емес! 8 Сорладық! Осы құдіретті тәңірлерден бізді кім құтқара алады? Олар иен далада әр түрлі апаттар жіберіп, мысырлықтарды құртқан еді ғой! 9 Кәне, філістірлер, нығайыңдар! Батыл да ержүрек болыңдар! Әйтпесе исраилдіктердің сендерге құл болып келгеніндей, енді сендер олардың құлдары боласыңдар. Ендеше нағыз батырларша жан аямай соғысыңдар!» — деп сарбаздарын жігерлендірді. 10 Содан філістірлер жан сала шайқасып, исраилдіктер ойсырай жеңілді. Барлығы бытырап, әркім өз үйіне қашып кетті. Қырғынның зор болғаны сонша, отыз мың исраилдік жаяу жасақтың мәйіттері ұрыс даласында қалды. 11 Бұған қоса Құдайдың сандығы жаудың қолына түсті, әрі Елидің екі ұлы Опни мен Пінехес қаза тапты. 12 Шайқасып жатқандардың арасынан Бунямин руының бір адамы сытылып шығып, жүгірген бойы сол күні Шилоға жетті. Ол қатты қайғырып, көйлегінің өңірін айыра жыртып, басына топырақ сеуіп алыпты. 13 Сол кезде Құдайдың сандығын уайымдап, жүрегі қобалжып елегізген Ели қақпа алдында, жол жиегіндегі орындығында отырған еді. Хабаршы қалаға келіп, болған жайдың бәрін айтып бергенде күллі халық айқай салып жоқтай бастады. 14 Зарлы айқайды естіген Ели: — Мынау не қылған айқай-шу? — деп сұрады. Сонда жаңағы кісі болған оқиғаны айтып беру үшін жүгіріп оның қасына келді. 15 Елидің жасы тоқсан сегізде болатын, ол көзі көрмей, зағип болып қалған еді. 16 Әлгі жігіт оған: — Мен тікелей ұрыс даласынан келіп отырмын, бүгін ғана сол жерден сытылып шықтым, — деді. Ели: — Не болғанын айтып берші, балам? — деп өтінді. 17 Хабаршы: — Шайқаста Исраилдің жасағы філістірлерден қашып кетті. Көп адамы қаза тауып, сіздің екі ұлыңыз Опни мен Пінехес те мерт болды. Құдайдың сандығы жаудың қолына түсті, — деп мәлімдеді. 18 Құдайдың сандығына не болғаны туралы айтылғанда, Ели қақпа жанындағы отырған орындығынан шалқалай құлап түсті. Содан желкесі үзіліп, Ели жан тапсырды. Себебі ол өте кәрі және денелі кісі болатын. Ели қырық жыл бойы Исраилге билік айтып келген еді. 19 Бұл кезде Елидің келіні, Пінехестің әйелінің босанатын мезгілі жақындап қалған болатын. Әйел Құдайдың сандығының жау қолына түскені, әрі қайын атасы мен күйеуінің дүние салғаны туралы хабар естігенде сол жерде толғатып, босанды. Алайда толғағы өте ауыр болды. 20 Хал үстінде жатқанда қасындағы әйелдер оны: «Қайғырма, ұл тудың», — деп жұбатты. Бірақ ол бұған жауап қайырмады, тіпті көңіл де бөлген жоқ. 21 Құдайдың сандығы жаудың қолына түсіп, қайын атасы мен күйеуі дүние салғандықтан, әйел: «Салтанатты ұлылық Исраилді тастап кетті!» — деп, ұлына Иқабод (яғни «Ұлылық жоқ») деген ат қойды. 22 Ол: «Салтанатты ұлылық Исраилді тастап кетті, себебі жау Құдайдың сандығын қолына түсірді», — деп налыды.
1 Філістірлер Құдайдың Келісім сандығын қолға түсіргеннен кейін оны Әбен-Езерден Азот қаласына алып барды. 2 Сол жерде Құдайдың сандығын өздері табынатын тәңір Дагонның ғибадатханасына кіргізіп, оның мүсінінің қасына қойды. 3 Азоттықтар келесі күні ертемен тұрып, ғибадатханаға келгенде Дагонның мүсіні Жаратқан Иенің сандығының алдында етпетінен құлап жатыр екен! Олар мүсінді көтеріп, бұрынғы орнына қойды. 4 Бірақ келесі күні де таң сәріде тұрып, қарағанда Дагон қайтадан Жаратқан Иенің сандығының алдында етпетінен құлаған еді. Оның шабылып түскен басы мен қолдары есіктің табалдырығында, ал денесінің қалған бөлігі жерде бөлек жатты. 5 Сол себептен Дагонның діни қызметкерлері мен оның Азоттағы ғибадатханасына келушілер күні бүгінге дейін осы табалдырықты баспайды. 6 Сол кезде Жаратқан Иенің құдіретті қолы Азот пен оның айналасындағыларды қатты жазалап, кесел жіберіп, денелеріне шиқанды ісіктер қаптатып азаптады. 7 Мұны көрген Азот халқы: «Исраилдің Тәңірінің сандығы бұл жерде қалмауға тиіс! Өйткені олардың Тәңірі бізді де, өз тәңіріміз Дагонды да қатты жазалап отыр», — деді. 8 Сонымен олар хабаршыларын жіберіп, філістірлердің барлық әміршілерін шақырып алдыртты. Олардан: — Исраилдің Құдайының сандығымен не істейміз? — деп сұрады. Әміршілер: — Исраилдің Құдайының сандығын Ғатқа жөнелту керек, — деп шешті де, оны сол жаққа апарғызды. 9 Бірақ Келісім сандығы Ғат қаласына келгенде, Жаратқан Иенің құдіретті қолы оны да қатты жазалап, абыржытты. Жас демей, кәрі демей, Жаратқан Ие қаланың тұрғындарының бәріне бірдей індет таратты. Содан оларға жаппай шиқанды ісіктер шыға бастады. 10 Сонда олар Құдайдың сандығын Әкронға жіберді, бірақ ол сол қалаға жете салысымен тұрғындары: «Бұлар Исраилдің Құдайының сандығын өзімізді де, бүкіл халқымызды да қыру үшін әкеліп отыр!» — деп айқай-шу шығарды. 11 Олар кісілерін жұмсап, філістірлердің барлық әміршілерін шақыртып алып: «Өзіміздің де, халқымыздың да құрып кетпеуі үшін Исраилдің Құдайының сандығын осы жерден өз мекеніне қарай жіберіңіздер!» — деп өтінді. Ажал бүкіл қала халқын қатты үрейлендірді, себебі Құдайдың құдіретті қолы оларды қатты жазалап жатты. 12 Өлмей тірі қалғандардың денелеріне шиқанды ісіктер шығып, қатты қинады. Қала тұрғындары көмек сұрап көкке қарай жалбарынды.
1 Осылай Жаратқан Иенің Келісім сандығы жеті ай бойы філістір жерінде болғаннан кейін 2 філістірлер абыз-көріпкелдерін шақырып, оларға: — Жаратқан Иенің сандығымен не істеуіміз керек? Оны өз орнына қалай қайтаруға болатынын айтыңдаршы? — деген сауал қойды. 3 Әлгілердің жауабы мынау болды: — Исраилдің Құдайының сандығын қайтарамыз десеңдер, оны құр жібермей, айыптарыңды өтейтін сый-тартумен қоса қайтаруларың керек. Сонда ауруларыңнан айығып, Жаратқан Иенің құдіретті қолының өздеріңді неліктен жазалап келгенін ұғарсыңдар. — 4 Халық: — Оған айыпты өтейтін қандай сый-тарту жіберу керек? — деп сұрады. Абыз-көріпкелдер былай деп жауап берді: — Өздерің мен әміршілерің бірдей індетке ұшырағандықтан, әміршілердің санына сәйкес етіп бес-бестен алтын шиқанды ісік пен алтын тышқан мүсіндерін жіберіңдер! 5 Ісіктердің және елдеріңді ойрандап жатқан тышқандардың алтын мүсіндерін жасатып, Исраилдің Құдайының даңқты ұлылығын мойындаңдар! Мүмкін, Ол сонда өздеріңді, тәңірлерің мен елдеріңді осылай ауыр жазалауын доғарар. 6 Бір кездегі мысырлықтар мен перғауын сияқты жүректеріңді қасарыстырмай-ақ қойыңдар! Жаратқан Ие өздеріне құдіретін көрсеткен соң олар исраилдіктерді босатып жіберуге мәжбүр болды емес пе?! 7 Ендеше бір жаңа арба жасатыңдар. Оған жақында бұзаулаған, әлі ешқашан жегілмеген екі қашарды жегіп, бұзауларын бөліп алып, қораға қамап қойыңдар. 8 Жаратқан Иенің сандығын сол арбаның үстіне орнатуларың керек. Оның жанында айыптарыңды өтейтін сый-тарту ретінде Жаратқан Иеге ұсынып отырған алтын бұйымдарың салынған сандықшаны орналастырыңдар. Содан кейін арбаны бет алған жағына қарай қоя беріп, 9 артынан бақылап отырыңдар! Егер арба өз жеріне, Бет-Шәміш қаласына қарай өрлесе, онда осы зор апатты бізге Жаратқан Иенің Өзінің жібергені. Ал егер арба басқа жаққа қарай бағытталса, онда бізді жазалаған Ол емес екеніне, бұл апаттың басымызға кездейсоқ түскеніне көз жеткіземіз. 10 Філістірлер айтылғанның бәрін істеді. Олар таяуда бұзаулаған екі қашарды арбаға жегіп, бұзауларын ажыратып алып, қамап тастады. 11 Арбаның үстіне Жаратқан Иенің сандығын орналастырып, жанына ісіктер мен тышқандардың алтын мүсіндері салынған сандықшаны қойды. 12 Сонда сиырлар тура Бет-Шәмішке апаратын жолға түсіп алды. Олар не оңға, не солға бұрылмастан, үздіксіз мөңіреумен даңғыл жолмен өрлеп жүріп отырды. Філістір әміршілері олардың соңынан Бет-Шәміштің шетіне дейін еріп барды. 13 Бұл қаланың халқы сол кезде егін алқабынан бидай жинап жатты. Олар бастарын көтергенде Келісім сандығын көріп, соған шат-шадыман қуанды. 14 Арба бет-шәміштік Ешуаның егістігіне жетіп, сол жердегі дәу тастың жанына тоқтады. Леуіліктер Құдайдың Келісім сандығын және алтын бұйымдар салынған сандықшаны арбадан түсіріп, дәу тастың үстіне қойды. Арбаның ағашын отынға жарып, қашарларды құрбандыққа шалды да, Жаратқан Иеге арнап өртеп жіберді. Содан кейін Бет-Шәміштің тұрғындары тағы бірқатар малды құрбандыққа шалып, бірнешеуін Жаратқан Иеге ұсынып өртеп жіберді. 16 Філістірлердің бес әміршісі осының барлығын бақылап тұрып, сол күні Әкронға қайта оралды. 17 Олар айыптарының құнын өтейтін тарту ретінде Азот, Газа, Ашқалон, Ғат және Әкрон қалаларының атынан Жаратқан Иеге бір-бірден алтын ісік мүсінін ұсынған еді. 18 Сонымен қатар філістірлердің бес әміршісі басқаратын барлық қалаларының санына сәйкес алтын тышқан мүсіндерін де жіберген болатын. Олар қамалмен қоршалған қалалардан басқа маңайындағы ауыл-қыстақтарды да есептеген еді. Үстіне Жаратқан Иенің сандығы қойылған сол дәу тас күні бүгінге дейін бет-шәміштік Ешуаның егістік жерінде осы оқиғаның айғағы болып әлі де тұр. 19 Оның киелі сандығының ішіне қарағандары үшін Жаратқан Ие Бет-Шәміштің тұрғындарын жазалап, жетпісін өлтірді. Солардың арасында елу басшы да болды. Жаратқан Иенің өздеріне тартқызған соншама ауыр жазасына халық қатты қайғырып жоқтап, 20 «Осы Киелі Құдай — Жаратқан Иенің алдында кім тұра алады? Оның сандығы бұл жерден енді кімдерге апарылуға тиіс?» — деп абыржыды. 21 Олар Кирият-Иғарым қаласының тұрғындарына хабаршыларын жұмсап: «Філістірлер Жаратқан Иенің сандығын қайтарып жіберді. Енді келіп, оны өздеріңе алып кетіңдер!» — деген сәлем жолдады.
1 Сонда Кирият-Иғарымның адамдары келіп, Жаратқан Иенің Келісім сандығын өздеріне алып кетті. Оны Абинадап есімді кісінің төбе басындағы үйіне апарып қойды. Оның ұлы Елазарды Жаратқан Иенің қызметіне бағыштап, Келісім сандығының күзетшісі етіп тағайындады. 2 Келісім сандығы Кирият-Иғарымда ұзақ уақытқа, тіпті жиырма жылға қалды. Бүкіл Исраил халқы қайғырып, Жаратқан Иеге бет бұра бастады. 3 Самуил бәріне: «Егер сендер Құдайға шын жүректен қайтамыз десеңдер, онда қолдарыңдағы Астарта бейнелерін және өзге де бөтен тәңірлердің бейнелерін лақтырып тастаңдар! Жаратқан Иеге шын жүректен мойынсұнып, тек Оған ғана қызмет етіңдер! Сонда Ол сендерді філістірлердің қолынан құтқарып алады», — деп ескертіп отыратын. 4 Соңында исраилдіктер Бағал мен Астарта есімді жалған тәңірлерден бас тартып, тек Жаратқан Иеге ғана ғибадат ете бастады. 5 Содан Самуил рубасыларға: «Бүкіл Исраил халқын Миспаға жинаңдар! Сол жерде мен сендер үшін Жаратқан Иеге мінажат етіп сиынбақпын», — деп тапсырды. 6 Осылайша халық Миспа қаласына жиналды. Олар (күнәларына өкінгендерінің белгісі ретінде) құдықтан су тартып алып, оны Жаратқан Иенің алдында жерге төкті. Сол күні халық ораза ұстап: «Біз Жаратқан Иеге қарсы күнә жасап келдік», — деп мойындады. Мұнан кейін Самуил Исраил халқына Миспада Құдайдың еркін білдіріп, билік айтты. 7 Алайда філістірлер Исраил халқының Миспаға жиналғаны туралы естігенде, олардың әміршілері шабуыл жасамақ болып аттанды. Бұл туралы естіген исраилдіктер олардан қорқып кетті. 8 Олар Самуилден: «Бізді філістірлерден құтқарып, аман алып қалсын деп Құдайымыз Жаратқан Иеге үздіксіз жалбарына көріңіз!» — деп өтінді. 9 Сонда Самуил еміп жүрген бір қозыны алып, Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шалды. Оны түгел өртеп жіберіп, Исраил халқы үшін дауыстап Жаратқан Иеге жалбарынды. Жаратқан Ие оған құлақ асты. 10 Самуил құрбандық шалып жатқан кезде жау шабуыл жасап жақындап келді. Бірақ Жаратқан Ие сол заматта өте қатты күн күркіретіп, філістірлердің зәресін ұшырып, олар бастары ауған жаққа қарай қаша жөнелді. 11 Сонда исраилдік ер адамдар Миспадан шығып, оларды өкшелей қуып, Бет-Қордан да төменгі жерге дейін қырып жойды. 12 Бұдан кейін Самуил Миспа мен Шен арасына үлкен тасты ескерткіш ретінде орнатып, оны Әбен-Езер («Көмек тасы») деп атады. Себебі ол: «Осыған дейін Жаратқан Ие бізге көмектесіп келеді!» — деп ризашылығын білдірді. 13 Філістірлер осылайша беті қайтарылып, енді Исраил еліне баса-көктеп кірмейтін болды. Самуилдің көзі тірісінде олардың үстіне Жаратқан Иенің құдіретті қолы әрдайым төніп тұрды. 14 Філістірлер бұрынырақ Исраилден Ғат пен Әкронның арасындағы қалаларды тартып алған болатын. Енді исраилдіктер соларды маңайындағы жерлерімен қоса жау қолынан азат етіп, қайтадан иемденді. Сонымен қатар аморлықтармен де арада тыныштық орнады. 15 Самуил бүкіл өмір бойы исраилдіктердің биі болып өтті. 16 Ол жыл сайын Бетел, Ғылғал және Миспаны аралап, олардағы ғибадат орындарында халыққа билік айтып жүрді. 17 Содан кейін өзінің ата мекені Рамаққа қайтып келіп, Исраилге сол қалада да би ретінде қызмет көрсететін. Бұл жерде Самуил Жаратқан Иеге арнап құрбандық үстелін орнатты.
1 Самуил жасы ұлғайып, қартайған шағында өзінің ұлдарын исраилдіктердің билері етіп қойды. 2 Тұңғышының аты Жоел, кенжесінің аты Абиях еді. Олар Бер-Шебада билік айтатын. 3 Алайда ұлдары Самуил сияқты тура жолмен жүрмеді. Олар пайдакүнемдікке салынып, пара алып, шындықты бұрмалап үкім шығаратын болды. 4 Сонда исраилдіктердің рубасылары жиналып, Рамақ қаласына Самуилге барып, 5 одан: «Өзіңіз білесіз, жасыңыз ұлғайды. Ал ұлдарыңыз сіздің жолыңызбен жүрмей келеді. Сондықтан басқа халықтардағыдай бізге де билік айтатын патшамызды тағайындап беріңіз», — деп өтінді. 6 «Бізге билік айтатын патшамызды тағайындап беріңіз» деген сөздер Самуилге мүлдем ұнамады. Ол Жаратқан Иеге сиынып Оның еркін сұрады. 7 Сонда Жаратқан Ие оған мынадай жауап берді: «Халықтың айтқандарының бәріне көн. Олар сенен емес, Менен бас тартып, өздеріне патшалық етуіме қарсы шығып тұр. 8 Мен оларды Мысырдан алып шыққаннан бері Маған адал болмай, бөтен тәңірлерге құлшылық етіп келгендері сияқты, енді саған да солай істеп отыр. 9 Сонымен, айтқандарына құлақ ас. Бірақ үстерінен билік құратын патшаның еркін оларға мықтап білдірт!» 10 Самуил Жаратқан Иенің барлық сөздерін өзінен патша тағайындауды сұрап отырған халыққа жеткізіп, 11 былай деді: — Сендерді басқаратын патшаның мынадай құқықтары болады: патша сендердің ұлдарыңды алып, өзінің соғыс күймелері мен аттарын қаратып қояды. Олар күймелердің алдында жүгіріп отыратын да болады. 12 Патша ұлдарыңның кейбіреулерін өз жасағына мыңбасылар мен елубасылар етіп тағайындайды, ал басқаларына өзінің жерлерін өңдетіп, егінін орғызып, қару-жарақтар мен соғыс күймелерінің жабдығын жасатып қояды. 13 Патша қыздарыңды сарайына иісмай жасаушы, аспазшы не наубайшы етіп алып кетеді. 14 Патша сендердің ең жақсы егіндіктеріңді, жүзімдіктеріңді, зәйтүн бақтарыңды тартып алып, өз нөкерлеріне үлестіріп береді. 15 Ол, сондай-ақ, өздеріңнің егіндіктерің мен жүзім бақтарыңнан жинаған өнімдеріңнің он бөлігінің бірін алып, уәзірлері мен басқа да қызметкерлеріне табыстайды. 16 Ол ең жақсы құл-күңдеріңді, мүйізді ірі қараларың мен есектеріңді алып, өз жұмысына салады. 17 Соның үстіне ұсақ малдарыңның он бөлігінің бірін де патшаға алым-салыққа беріп, ақырында өздерің оның құлы болып шыға келесіңдер. 18 Осы сөздерім жүзеге асқанда, өздерің тілеп алған патшаларыңнан құтқаруды сұрап жалбарынасыңдар. Бірақ Жаратқан Ие сол кезде өтініштеріңе құлақ салмайтын болады! 19 Алайда халық Самуилдің айтқандарын тыңдағысы келмей: — Жоқ, өз патшамыз болсын! 20 Сонда біз де басқа халықтар сияқты боламыз. Патшамыз бізге билік жүргізіп, алдымызда бізді бастап жүріп, соғыстарымызды жүргізетін болады, — деп тұрып алды. 21 Самуил халықтың күллі сөздерін тыңдағаннан кейін, Жаратқан Иеге сиынып бәрін айтып берді. 22 Жаратқан Иенің жауабы мынау болды: «Халықтың айтқанына көніп, патшасын тағайындап бер!» — Сонда Самуил оларды: — Әзірше өз қалаларыңа бара беріңдер, — деп қайтарып жіберді.
1 Сол кезде Бунямин руында Қиш есімді абыройлы да ауқатты бір адам бар болатын. Ол Әбиелдің ұлы, Серордың немересі, Бехораттың шөбересі, Афияхтың шөпшегі еді. 2 Қиштың Саул атты аса келбетті ұлы болды. Исраилдіктердің ішінде оған тең келетіндей денелі жігіт жоқ еді. Кез келген адамның бойы оның иығынан ғана келетін. 3 Бірде Қиштың есектері адасып, жоғалып кетті. Сонда ол Саулды: «Балам, қызметші жігіттердің біреуін ертіп алып, есектерді іздеуге шықсаңшы», — деп жұмсады. 4 Олар Ефрем руының таулы жерін және Шалишаның маңайын аралап шыққанмен таба алмады. Содан Шағалимға барғанда есектері сол аймақта да жоқ болып шықты. Кейін Буняминнің жерін шарлап, жоқтарының ізіне түсе алмады. 5 Ақырында Сұфтың үрім-бұтағы мекендеген жерге жеткенде Саул өзіне еріп жүрген қызметшіге: — Енді үйге қайтайық. Әйтпесе әкем есектерді емес, бізді уайымдап жүрер, — деді. 6 Ал қызметші: — Осы қалада Құдайдың тағайындаған адамы тұрады, солай емес пе? Ол өте беделді, айтқандарының барлығы да шындыққа айналады. Кәне, соған барайық. Мүмкін, қайдан іздеу керек екенін айтып берер, — деп ұсыныс жасады. 7 Саул: — Жарайды, барайық, бірақ оған не сыйлаймыз? Дорбаларымызда нан да қалмады. Енді Құдайдың адамына сыйлайтындай еш тартуымыз жоқ. Әлде бірдеңеміз бар ма? — дегенде, 8 қызметші: — Менде бір ширек мысқалдай күміс бар. Соны Құдайдың адамына сыйға тартып, есектерімізді қай жерден іздеу керек екенін сұрап, біліп алайық, — деп жауап берді. 9 — Жақсы, жүр, кеттік! — деп Саул келісті. Сонымен олар Құдайдың адамы тұратын қалаға жетті. Бұрын Исраилде біреу Құдайдан бір нәрсені сұрап білгісі келгенде: «Жүр, Тәңір Ие аян беретін көріпкелге барайық!» — дейтін. Себебі қазір «пайғамбар» делінгендер сол заманда «Тәңір Ие аян беретін көріпкел» деп аталатын. 11 Сонымен Саул мен қызметші жігіт қала орналасқан төбеге көтеріліп бара жатқанда, су алуға шыққан бойжеткендерді кездестіріп, олардан: — Тәңір Ие аян беретін көріпкел осында ма? — деп сұрады. 12 — Иә, осында, алдарыңызда кетіп бара жатыр, — деп жауап берді олар. — Тезірек барыңыздар. Ол қаламызға бүгін ғана келді. Қазір халық ғибадат ететін биіктеу орында құрбан шалмақшы. 13 Қалаға кіре салысымен оны құрбандық асына кетіп қалмас бұрын тауып алыңыздар. Ол келіп, батасын бермейінше асқа шақырылғандар тамақтан ауыз тимейді. Ал енді, жоғары өрлей беріңіздер, оған әлі де кездесіп қаларсыздар. — 14 Екеуі қалаға көтеріліп, кіре бергенде ғибадат орнына бармақшы болған Самуил оларға қарсы ұшырасты. 15 Ал Жаратқан Ие Саулдың келерінен бір күн бұрын Самуилге аян беріп былай деген болатын: 16 «Ертең осы уақытта саған Бунямин жерінен бір адамды жіберемін. Оған май жағу рәсімін жасап, оны меншікті халқым Исраилдің басшысы етіп тағайында! Ол халқымды філістірлердің қол астынан азат етеді. Халқымның қиналған айқайы құлағыма жетіп, оларға назар аударып келемін». 17 Енді Самуил Саулды көргенде, Жаратқан Ие оған: «Саған айтқан адамым, міне, осы. Ол халқымды басқаратын болады», — деп білдірді. 18 Сол сәтте-ақ қала қақпасының тұсында Саул Самуилдің қасына келіп: — Тәңір Ие аян беретін көріпкелдің үйі қайда екенін айтып жібермейсіз бе? — деп өтінді. 19 Самуил оған: — Сол кісі менмін. Менен бұрын қаланың биіктеу жеріндегі ғибадат орнына көтеріле бер. Бүгін сендер құрбандық асына менімен бірге қатысасыңдар. Ертең ертемен жолға шығарып, көкейіңдегі мәселелеріңнің бәрін айтып беремін. 20 Осыдан үш күн бұрын жоғалып кеткен есектерің туралы уайымдамай-ақ қой, олар табылды. Ал енді, бүкіл Исраил елінің қалаулысы өзің және әкеңнің әулеті емессіңдер ме? — деді. 21 Бірақ Саул: — Мен шыққан Бунямин руы Исраил руларының ішіндегі ең кішісі, әулетім де сол рудың ішіндегі ең шағыны. Маған мұны неліктен айтып тұрсыз? — деп сұрады. 22 Ғибадат орнына жеткен соң Самуил Саул мен оның қызметшісін отыз шақты қонақ жиналған үлкен бөлмеге кіргізіп, төрге отырғызды. 23 Аспазға: «Мен өзіңе бөлек алып қой деп берген етті әкел!» — деп тапсырды. 24 Аспаз сан етін түгелімен әкеліп, Саулдың алдына қойды. Самуил: — Мынау саған арнап бөлек қойылған ет. Алып, жей бер. Мен: «Жұртты қонаққа шақырдым» деген кезден бастап ол саған арналып, дәл осы сәт үшін бөлек қойылды, — деді. Осылайша Саул Самуилмен дастарқандас болды. 25 Кейін олар ғибадат орнынан төмен түсіп, қалаға қайтты. Сол жерде Самуил Саулмен үйінің төбесіндегі жайпақ шатырда отырып әңгімелесті. 26 Келесі күні таң ата Самуил үй төбесіндегі қонақ бөлмеде түнеп шыққан Саулға: «Түрегел, мен сені шығарып салайын», — деп дауыстады. Саул орнынан тұрған соң, Самуил оны ертіп, сыртқа шықты. 27 Олар төмен түсіп, қала шетіне жеткенде Самуил: «Қызметшің алға қарай жүре берсін, — деп бұйырды. Қызметші ілгері кеткеннен кейін Самуил Саулға: — Енді өзің кідіре тұр, саған Құдайдың не айтқандарын білдірейін», — деді.
1 Самуил майға толған құтысын алып, одан Саулдың басына құйды. Оның бетінен сүйіп, былай деді: — Біліп қой, Жаратқан Ие сені Өзінің меншігінің басшысы етіп тағайындады! 2 Соның белгісі мынау болады: сен қазір қасымнан кетіп, Бунямин жерінің шекарасындағы Селсаққа жеткенде, Рахиланың қабірінің жанында екі адамды кездестіресің. Олар саған: «Сен іздеген есектер табылды. Бірақ әкең енді оларды емес, сені ойлап, балама не болды екен деп уайымдап жатыр» дейтін болады. 3 Әрі қарай жүріп, Табордағы еменді тоғайға жеткеніңде саған Бетелге Құдайға құлшылық етуге бара жатқан үш адам жолығады. Біреуі үш жас лақ, екіншісі үш күлше нан, үшіншісі бір торсық шарап көтеріп бара жатады. 4 Олар сенімен амандық сұрасып, екі нанын сыйға тартады. Бергенін қабылдап ал. 5 Содан кейін сен Құдайдың Гибея қаласына барасың. Сол жерде філістірлердің жасақшылар тобы да орналасқан. Оған жақындағанда пайғамбарлар қауымының бір тобын кездестіресің. Олар ғибадат орнынан төмен түсіп, шертер, даңғыра, сыбызғы және жетіген тартып, ерекше көңіл күйімен Құдайды мадақтап келе жатады. 6 Сонда Жаратқан Иенің Рухы саған құдіретпен қонып, сен де олармен бірге ерекше күйге еніп, Құдайды мадақтайсың. Сол сәтте жан дүниең өзгеріп, басқа адам болып кетесің. 7 Осының бәрі орындалғанда өзің дұрыс дегеннің барлығын істей бер. Себебі Құдай саған жар болады. 8 Мұнан кейін менен бұрын Ғылғалға бар. Өзім де міндетті түрде сол жерге қасыңа барып құрбандық шалып, Құдайға арнап өртеп жіберемін. Сондай-ақ, ризашылық құрбандықтарын да шаламын. Мен келгенше бір жеті күт! Сол жерде бұдан былай не істейтініңді айтамын. 9 Содан Саул Самуилдің қасынан бұрылып, әрі қарай кетісімен-ақ, Құдай Саулдың жан дүниесін өзгертіп, оны басқа адам етіп қойды. Самуилдің алдын ала айтқан өзге белгілерінің барлығы да сол күні іске асты. 10 Қызметші екеуі Гибеяға жеткенде бірден алдарынан пайғамбарлар тобы жолықты. Құдайдың Рухы кенеттен Саулға қонып, ол пайғамбарлардың арасында ерекше көңіл күйіне еніп, Құдайды мадақтай бастады. 11 Саулды бұрыннан танитындар оның пайғамбарлармен бірге ерекше күйге түсіп, Құдайды мадақтап жүргенін көргенде: «Қиштың ұлына не болған? Саул да пайғамбарлардың қатарына қосылған ба?» — десті. 12 Сол жердегі бір адам: «Ал солардың әкесі кім екен?» — деп сұрады. «Саул да пайғамбарлардың қатарына қосылған ба?» деген мәтел осылай пайда болды. 13 Бойын билеген ерекше көңіл күйі тынышталғаннан кейін Саул Құдайға құлшылық ететін төбе басына көтерілді. 14 Бұдан кейін немере ағасы Саул мен оның қызметшісіне кездесіп: — Сендер қайда барып келдіңдер? — деп сұрады. Саул: — Біз есектерді іздедік. Оларды таба алмаған соң Самуил ағаға кіріп шықтық, — деді. 15 — Ол сендерге не деді? Айтып берші, — деп сұрады ағасы. 16 — Бізге: «Есектерің табылды!» деп нық айтты. — Бірақ Саул ағасына Самуилдің өзіне патшалық туралы айтқандары жайлы тіс жармады. 17 Содан соң Самуил Исраил халқын Жаратқан Иенің алдына Миспаға жиналуға шақырды. 18 Сол жерде оларға былай деді: — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: «Исраилдің үрім-бұтағы, сендерді Мысырдан алып шығып, мысырлықтардың және өздеріңді қанаған барлық басқа да патшалықтардың езгісінен азат еткен Менмін!» 19 Алайда сендер бүгін Құдайларыңнан — өздеріңді күллі пәлелер мен қиыншылықтардан құтқаратын Оның Өзінен бас тартып, Оған: «Бізге патша тағайындап бер!» — дейсіңдер. Олай болса, ру, әулеттеріңнің ретімен Жаратқан Иенің алдына келіп, тұрыңдар! 20 Самуил Исраилдің барлық руларының басшыларын алға шығарғанда, Бунямин руы таңдалды. 21 Содан ол Бунямин руының өкілдерін алға шығарды. Сонда Матридың үрім-бұтағы, ал соңында сол әулеттің ішінен Қиш ұлы Саул таңдалды. Бірақ олар Саулды іздегенде, ол жоқ болып шықты. 22 Сонда халық Жаратқан Иеден: «Сол адам тіпті мұнда келді ме екен?» — деп сұрағанда, Оның жауабы мынау болды: «Иә, ол қазір жүктің арасында жасырынып жатыр». — 23 Олар сол жерге жүгіріп барып, оны алып келді. Саул халықтың ортасында тұрғанда барлығының бойы оның иығынан ғана келді. 24 Самуил халыққа: — Жаратқан Иенің таңдаған адамын көріп тұрсыңдар ма? Халық арасында оған сай келетін ешкім жоқ! — деді. Сонда күллі халық: — Патша жасасын! — деп ұрандап айқай салды. 25 Содан Самуил бүкіл халыққа патшаның құқықтары мен міндеттері туралы баяндап айтып берді. Соларды бір кітапқа жазып, оны Жаратқан Иенің алдына сақтап қойды. Бұдан соң жиналысты таратып, халықты үйлеріне жіберді. 26 Саул да Гибеяға үйіне қайтты. Құдай бірнеше қайратты жігіттердің жүректеріне әсер етіп, олар Саулға ілесіп нөкерлері болды. 27 Бірақ кейбір арсыздар: «Немене, бізді құтқаратын осы ма?» — деп, Саулды менсінбей, ешбір сыйлық ұсынбады. Алайда Саул олардың мұнысын байқамағандай болып үндемеді.
1 Сол шамада Аммон халқының патшасы Нахаш соғысқа аттанып, Исраилдің Ғалақад аймағындағы Ябес қаласына қарсы әскерін орналастырды. Қала тұрғындары оған: — Бізбен бітім жасасыңыз, сонда сіздің билігіңізге мойынсұнамыз, — деген өтініш жасады. 2 Ал Нахаш: — Жарайды, бітім жасасайық. Тек бір шартым бар: әрқайсыларыңның оң көздеріңді ойып аламын. Осылай бүкіл Исраилді масқараламақпын, — деп жауап берді. 3 Сонда Ябес қаласының басшылары: — Бізге Исраилдің барлық жеріне хабаршыларымызды жіберуге жеті күнге мұрсат беріңіз. Егер бізді құтқаратын ешкім табылмаса, онда алдыңыздан шығамыз, — деді. 4 Хабаршылар Саул тұратын Гибея қаласына да келіп, осы жайтты күллі халыққа айтып берді. Сонда барлығы да дауыстап жылай бастады. 5 Осы кезде Саул өгіздерін айдап, егін даласынан келе жатқан еді. Ол: «Мына халыққа осыншама еңіреп жылайтындай не болған?» — деп сұрады. Жұрт оған ябестіктердің хабарын жеткізді. 6 Саул бұл сөздерді естігенде Құдайдың Рухы оған қонып, бойын қатты ашу кернеді. 7 Ол бір пар өгізді сойып, шауып бөлшектеді. Олардың бөліктерін хабаршыларға үлестіріп берді. Соларды Исраилдің шет-шетіне жұмсап, оларға мына хабарды жар салып жеткізуге бұйырды: «Кімде-кім Саул мен Самуилдің соңынан еріп аттанбаса, соның өгіздерімен де дәл осылай болады!» Сонда Жаратқан Иенің жіберген қорқынышы бүкіл халықты билеп, барлығы бір адамдай жорыққа аттанды. 8 Саул оларды Безек деген жерде жинап, түгендеп санап шықты. Исраилдің басқа руларынан үш жүз мың, ал Яһуда руынан отыз мың адамның шыққаны белгілі болды. 9 Олар Ғилақадтағы Ябестің халқына келген хабаршылары арқылы: «Ертең күн қыза құтқарыласыңдар!» — деген сәлем жіберді. Хабаршылардың осы сөздерін естіген қала тұрғындары қатты қуанып, 10 аммондықтарға: «Ертең алдыңыздан шығамыз, сонда бізге дұрыс деп тапқандарыңызды істерсіздер», — деген хабар жолдады. 11 Келесі күні Саул жасақшыларын үш топқа бөлді. Таң ата олар аммондық әскердің орналасқан жеріне кенеттен лап қойып, күн қызғанша олардың күл-талқанын шығарды. Тірі қалғандары бас сауғалап, бір-бірден бытырап қашып кетті. 12 Содан соң халық Самуилге: — «Бізге патша болатын Саул ма?» деген адамдар қайда? Оларды қолымызға табыстаңыз, көздерін құртайық! — деді. 13 Бірақ Саул: — Бүгін ешкімді өлтіруге болмайды, себебі осы күні Жаратқан Ие Исраилді құтқарды ғой! — деп қарсы болды. 14 Ал Самуил халыққа былай деп үндеу салды: «Ғылғалға барып, жаңа патшаны қайтадан бекітейік!» 15 Барлығы Ғылғалға барып, сол жерде Жаратқан Иенің алдында Саулды патша етіп бекітті. Олар Жаратқан Иеге арнап ризашылық құрбандықтарын ұсынып, Саул мен барлық исраилдіктер үлкен той жасады.
1 Самуил бүкіл Исраил елінен жиналып тұрғандарға былай деп сөз сөйледі: — Уа, халайық, мен айтқандарыңның бәріне құлақ асып, патша тағайындап бердім. 2 Енді, міне, сендерді бастап жүретін патшаларың осы. Ал мен қартайдым, басымды ақ қырау шалды. Ұлдарым да осында, сендердің араларыңда. Жас шағымнан осы күнге дейін мен өздеріңді басқарып келдім. 3 Қазір алдарыңда тұрмын. Жаратқан Иенің және Оның тағайындаған патшасының алдында маған қарсы куә болыңдар: мен кімнің өгізін не есегін тартып алдым? Кімге қулық-сұмдық жасап, жәбір көрсеттім? Кімнен пара алып, әділдікті бұрмаладым? Егер солай істеген болсам, оның бәрін қайтарып беруге дайынмын. — 4 Жиналып тұрғандар: — Сіз біздің ешқайсымызға қулық-сұмдық жасап, жәбір көрсеткен жоқсыз. Ешкімнен ешқандай пара алған да емессіз, — деп жауап берді. 5 Сонда Самуил: — Ендеше сендердің маған тағатын ешбір айыптарыңның жоқ екендігіне Жаратқан Иенің Өзі және Оның тағайындаған патшасы бүгін куә болсын! — деді. Халық: — Жарайды, куә болсын! — деп жауап бергенде, 6 Самуил оларға былай деді: — Мұса мен Һаронды тағайындап, арғы аталарыңды Мысырдан алып шыққан Жаратқан Ие куә! 7 Ал енді, осы жерде тұра тұрыңдар. Мен Жаратқан Иенің алдында Оның сендерге және ата-бабаларыңа жасаған барлық әділ істерін естеріңе салып, дәлел келтірейін. 8 Түп атамыз Жақып Мысырға көшіп кеткеннен кейін ата-бабаларың Өзіне дауыстап жалбарынғанда, Жаратқан Ие Мұса мен Һаронды жіберді. Олар ата-бабаларыңды Мысырдан бастап алып шығып, осы жерге қоныстандырды. 9 Бірақ ата-бабаларың өздерінің Құдайы — Жаратқан Иені менсінбей, ұмытып кетті. Сол себепті Ол халқынан бас тартып, оларды өздеріне қарсы соғыс ашқан Хасор қаласының қолбасшысы Сісераның әрі філістірлердің және Моаб патшасының қолдарына берді. 10 Сол кездерде олар Жаратқан Иеге дауыстап жалбарынып: «Біз күнә жасадық. Сенен, Жаратқан Иемізден, безіп кетіп, Бағал мен Астартаның мүсіндеріне құлшылық етіп келеміз. Ал енді, бізді жау қолынан құтқара гөр, Өзіңе қызмет ететін боламыз», — дейтін. 11 Сонда Жаратқан Ие сендерге Еруб-Бағал, Бедан, Ефтах, Самуилді жіберіп, айнала қоршаған барлық жауларыңнан азат етті. Осылай тыныштықта өмір сүрдіңдер. 12 Бірақ аммондықтардың патшасы Нахаш сендерге қарсы шабуылға шыққанда: «Бізді бір патша басқарсын!» — деп маған талап қойдыңдар. Алайда сендердің Құдайларың Жаратқан Ие өз Патшаларың ғой! 13 Ал енді, міне, өздерің таңдап алып, талап еткен патшаларың! Жаратқан Иенің сендерге берген патшасы осы. 14 Лайым Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оған қызмет етіңдер, Оның айтқандарына құлақ асып, берген өсиеттеріне қарсы бас көтермеңдер! Осылайша өздерің де, басқаратын патшаларың да Құдайларың — Жаратқан Иенің тура жолымен жүріңдер! 15 Ал егер Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ аспай, Оның өсиеттеріне қарсы шықсаңдар, Ол ата-бабаларыңды қалай жазалаған болса, сендерді де солай жазалайтын болады. 16 Енді осы жерде тұрып, көз алдарыңда Жаратқан Иенің жасайтын зор кереметін көріңдер! 17 Қазір бидай орылып жатқан кез. (Осы мерзімде біздің елімізде жауын жаумайтынын білесіңдер.) Бірақ мен Жаратқан Иеге сиынып өтінгенде, Ол күн күркіретіп, жаңбыр жауғызады. Осылай сендер өз беттеріңше патша талап еткендіктерің арқылы Жаратқан Иенің алдында қандай өрескел жамандық жасағандықтарыңа көз жеткізесіңдер. 18 Содан соң Самуил Жаратқан Иеге дауыстап сыйынғанда, Ол күн күркіретіп, жаңбыр жауғызды. Осыны көрген бүкіл халық Жаратқан Ие мен Самуилден қатты сескеніп, оларды терең қастерлейтін болды. 19 Олар Самуилден өтініп: — Құдайыңыз — Жаратқан Иеге бізді өлтірмесін деп пенделеріңіз үшін сиына көріңізші, тақсыр. Жасаған басқа күнәларымызға қоса біз өз бетімізше патша талап етіп, тағы бір рет күнәға баттық, — деді. 20 Самуил былай деп жауап берді: — Қорықпаңдар! Сендер расында да жамандық жасадыңдар, алайда бұдан былай Жаратқан Иеден бас тартпаңдар! Керісінше, Жаратқан Иеге шын жүректен мойынсұнып, қызмет етіңдер! 21 Жалған тәңірлердің соңынан еріп кетпеңдер! Жалған деген аттары бар, сондықтан ешкімді құтқара да алмайды, олардан ешқандай пайда да жоқ. 22 Жаратқан Ие сендерді өз халқы етіп таңдап алған болатын. Енді Ол Өзінің ұлы даңқына бола меншікті халқын тастамақ та емес. 23 Мен де сендер үшін Жаратқан Иеге жалынып сиынуды қойып, Оған қарсы күнә жасаудан аулақ болайын! Қайта, сендерге ізгі де әділ жолды көрсете бермекпін. 24 Сонымен, әрқашан Оның сендер үшін жасаған зор кереметтерін есте тұтып, Жаратқан Иені терең қастерлеп, шын жүректен Оған қызмет етіңдер! 25 Ал егер жамандық істей берсеңдер, онда патшаларыңмен қоса өздерің де құрып кетесіңдер.
1 Осылай бір жыл өтіп кеткен еді. Исраилге патшалық құрғанына екі жыл толғанда Саул 2 исраилдіктердің арасынан үш мың ер адамды таңдап алды. Олардың екі мыңын өзімен бірге Миқмаста және Бетелдің қыратты айналасында, ал бір мыңын тұңғышы Жонатанмен бірге Буняминдегі Гибеяда орналастырды. Ал қалған адамдарды үйлеріне қайтарып жіберді. 3 Бірде Жонатан філістірлердің Гебадағы қарауылшылар тобына шабуыл жасады. Філістірлер осы туралы естігендіктен, Саул бүкіл елде керней тартқызып, «Исраилдіктер құлақ салсын!» — деп жариялатты. 4 Сонда барлық халық: «Саул філістірлердің қарауыл тобына шабуыл жасап, енді олар Исраилге өшігіп отыр!» — дегенді естіп, ер адамдар Саулға қосылу үшін Ғылғалға жиналды. 5 Філістірлер де Исраилге қарсы соғыс жасағын жинады: олардың үш мың соғыс күймесі, соларға мінетін алты мың жауынгері және теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз жаяу жасақшылары болды. Олар аттанып келіп, Бет-Әбеннің шығыс жағындағы Миқмасқа орнығып алды. 6 Исраилдің ер адамдары өз жағдайларының қиындағанын көрді. Жау жан-жақтан тықсырғандықтан, Исраилдің жасағы қашып кетіп, үңгірлер мен шатқалдарды, жартастардың қуыстарын, шұңқырлар мен жер астындағы су қоймаларын паналады. 7 Кейбіреулері тіпті Иордан өзенінен өтіп, Ғад пен Ғилақад аймағына қашып құтылды. Ал Саул әлі де Ғылғалда еді, жанындағы сарбаздарының бәрі қорыққаннан қалшылдап тұрды. 8 Самуил өзіне айтқандай, Саул жеті күн күте тұрды. Бірақ Самуил Ғылғалға келіп болмаған соң, жасақ Саулдың қасынан бытырап кетіп жатты. 9 Сонда Саул: «Шалып, өртеп ұсынуға арналған және басқа да құрбандық малдарды маған алып келіңдер!» — деп бұйырды. Содан ол өзі малдарды құрбандыққа шалып, Құдайға бағыштап өртеп жіберді. 10 Осы рәсім бітісімен Самуил де келе қалды. Саул амандасып, қарсы алу үшін алдынан шықты. 11 Самуил оған: — Сен не істедің? — деген сұрақ қойды. Саул: — Қасымдағы адамдарымның бытырап кетіп жатқанын көрдім. Ал өзіңіз келемін деген уақытта келмей қалдыңыз. Оның үстіне філістірлер Миқмасқа жиналды. 12 Мен сонда філістірлер қазір Ғылғалға келіп, маған қарсы шабуыл жасамақшы, ал мен өзіме оң көзімен қарасын деп Жаратқан Иеге әлі де сый-тарту ұсынған жоқпын ғой деп ойладым. Содан мен құрбандықты шалып, өртеп ұсынуға тиістімін деп есептедім, — деді. 13 Ал Самуилдің жауабы мынау болды: — Сен өз Құдайың — Жаратқан Иенің берген бұйрығын орындамай үлкен ақымақтық жасадың! Осы бұйрықты орындағанда Жаратқан Ие сенің патшалығыңды мәңгілікке бекітер еді. 14 Ал сен Жаратқан Иенің саған бұйырғанын жүзеге асырмадың. Енді патшалық етуің берік болмайды! Жаратқан Ие Өзінің көңілінен шыққан біреуді тауып алады. Сол адам Оның меншікті халқының басшысы болады. 15 Сонымен Самуил (өз жөніне кетті. Саул қалған сарбаздарын ертіп філістір жасағына қарсы шығу үшін) Ғылғалдан Бунямин жеріндегі Гибеяға өрлеп барды. Саул қасындағы адамдарын санап шыққанда, барлығы алты жүз болды. 16 Бұдан кейін Саул мен Жонатан сарбаздарымен Бунямин жеріндегі Гебаның маңына орнықты, ал філістірлер жасақ қосын Миқмастың қасына тіккен еді. 17 Філістірлердің арасынан елді тонауға үш жасақшылар тобы шығып, біреуі Сұғал төңірегіндегі Офраны, 18 екіншісі Бет-Хоронды, ал үшіншісі Шибөрі аңғары мен оның арғы жағындағы елсіз далаға қараған қырат жолын бетке алды. 19 Сол заманда бүкіл Исраил елінде (темір құралдар жасайтын) бірде-бір ұста жоқ болатын. Себебі філістірлер: «Әйтпесе исраилдіктер семсерлер мен сүңгілер жасап алады», — деп қауіптенген еді. 20 Күллі исраилдіктер соқа-кетпендерін, балта-орақтарын қайрап алу үшін філістірлерге баруға тиіс болатын. 21 Соқа не кетпенді қайраудың бағасы — бір күміс мысқалдың үштен екі бөлігіндей, ал айыр, балта не істік іспетті басқа да үшкір құралды қайрау — мысқалдың үштен біріндей күмістен тұратын. 22 Осылайша Саул мен Жонатанға еріп жүрген сарбаздардың ешқайсысында соғысатын не семсер, не сүңгі болмады. Ондай қару тек патша мен патшазаданың ғана қолында болды. 23 Бұл кезде філістірлердің бір топ жасақшылары Миқмас асуына қарай бет алған еді.
1 Бір күні Саулдың ұлы Жонатан өзінің қару-жарағын көтеріп жүретін нөкер жігітіне: «Жүр, арғы беттегі філістірлердің жасақшылар тобына қарай өтіп барайық», — деді. Жонатан әкесіне бұл туралы ештеңе айтпаған болатын. 2 Саул сол кезде Гибея қаласының шетіндегі Мигронда бір анар ағашының саясында отырған еді. Оның қасында алты жүздей адамы және 3 діни қызметкер Ахиях болды. Ахиях Иқабодтың ағасы Ақитұптың ұлы, Пінехестің немересі, Елидің шөбересі еді. Ели кезінде Шилодағы ғибадатханада Жаратқан Иенің діни қызметкері болған еді. Енді Ахиях діни қызметкердің жеңсіз сырт киімін киіп жүрді. Ал Жонатанның кетіп қалғанын ешкім білмей қалды. 4 Філістірлердің жасақшылар тобына жету үшін Жонатан екі жағы да шыңырау, тік жартасы бар асу арқылы өтуі керек болды. Жартастар Босес және Сенех деп аталатын, 5 біреуі асудың солтүстік, Миқмас жағында, екіншісі оның оңтүстік, Геба жағында тұрған болатын. 6 Жонатан нөкеріне былай деді: — Жүр, мына құдайсыздардың тобына барайық. Мүмкін, Жаратқан Ие бізге көмектесер. Не аз, не көп адам арқылы болсын, бәрібір Жаратқан Ие құтқара алады! — 7 Әлгі жігіт: — Жарайды, ойға алғаныңызды орындаңыз. Қайда барсаңыз да, сізді жан-тәніммен қолдаймын, — деп жауап берді. 8 Сонда Жонатан ойындағысын білдірді: — Бері қара, аналардың жағына қарай өтіп барып, оларға көрінейік. 9 Егер олар: «Біз төмен түсіп келгенше күте тұрыңдар» десе, онда тұрған жерімізде қала берейік. 10 Ал егер: «Бізге қарай жоғары көтеріліңдер» десе, солай істейміз. Бұл Жаратқан Иенің оларды қолымызға табыстағанының белгісі болмақ. 11 Осылайша екеуі філістір жасақшылары өздерін көре алатындай жерге жетті. Оларды байқап қалған філістірлер өзара: «Қараңдаршы, бір-екі исраилдік тығылып қалған қуыстарынан шығып келе жатыр», — десіп, 12 екеуін: «Бері шығыңдар, сендерге бір нәрсе көрсетеміз!» — деп дауыстап шақырды. Сонда Жонатан нөкеріне: «Маған ілес! Жаратқан Ие оларды Исраилдің қолына берді!» — деп, 13 тырмысып жоғары өрмелей бастады. Қасындағы жігіт соңынан қалмай ілесіп отырды. Жонатан жоғары шығып алған соң, дұшпандар оның алдында құлап түсті. Артынан ерген нөкері оларды өлтіріп отырды. 14 Осы бірінші шабуылда Жонатан, нөкері екеуі шағын жер танабында жаудың жиырма шақты адамының көзін құртты. 15 Әскер қосында және далада жүрген барлық філістір жасақшыларының зәрелері ұшып, қарауылдағы және елді тонаушы топтар да қалшылдап қорықты. Жер де сілкінді. Бұл Құдайдың жіберген өте үлкен үрейі болды. 16 Бунямин жеріндегі Гибеяда Саулдың бақылаушылары філістір жасағының жан-жаққа тым-тырақай қашып жатқанын байқады. 17 Саул қасындағыларына: «Сарбаздарды түгелдеңдер! Арамыздан тыс кеткен біреу бар ма екен?» — деп бұйырды. Сонда Жонатан мен оның нөкерінің жоқ екендігі анықталды. 18 Саул діни қызметкер Ахияхқа: «Жеңсіз сырт киімді осында алып келіңіз», — деді. Себебі сол кезде Ахиях оны исраилдіктердің алдында киіп жүретін. 19 Бірақ Саул онымен сөйлесіп тұрған сәтте філістір қосындағы абыржудың үдеп кеткені сонша, Саул діни қызметкерге: «Қолыңызды салмай-ақ қойыңыз!» — деді де, 20 сарбаздарын жинап алып, жауға қарсы ұрысқа шықты. Қараса, асып-сасқан філістірлер аласапыран болып бір-бірімен шайқасып жатыр екен! 21 Філістірлермен бірге жүрген, олардың жағына бұрынырақ өтіп кеткен жалдамалылар енді бұрылып, Саул мен Жонатанның қасындағы исраилдіктерге келіп қосылды. 22 Ефрем руының таулы жерінде тығылып жатқан барлық исраилдіктер де філістірлердің қаша бастағаны туралы естіп, олардың соңына түсіп, қуып кетті. 23 Осылай Жаратқан Ие исраилдіктерді сол күні жау қолынан құтқарды. Шайқас тіпті Бет-Әбеннен әрі қарай жайылды. 24 Бірақ исраилдіктер сол күні қатты шаршап, қиналған болатын. Себебі Саул оларға: «Кеш батқанға дейін, мен жауымнан кегімді алып болмайынша, тамақтан ауыз тиген әркімді қарғыс атсын!» — деп тыйым салып, онысын антпен бекіткен еді. Сондықтан жасақшылар күн ұзағына нәр татпады. 25 Кейін бүкіл жасақ бір орманға кірді. Міне қызық, жер-жерде жабайы араның балы ағып тұрды! Алайда сарбаздары Саулдың антынан қорқып, ешқайсысы дәм татуға батпады. 27 Бірақ әкесінің жасақты антпен байлап қойғаны туралы естімеген Жонатан қолындағы таяғының ұшын балауызға тығып алып, біраз бал жеді. Сонда ол біршама әлденіп, көздері жайнап шыға келді. 28 Сарбаздардың біреуі оған: — Әкеңіз бүкіл жасақты: «Бүгін тамақтан ауыз тиген әркімді қарғыс атсын!» деп қатаң антпен байлап қойған болатын. Халықтың қалжырап қалғаны да осыдан, — деді. 29 Жонатан: — Әкем елді ауыртпалыққа салды. Қараңдаршы, мына балдан біразырақ жегенімде әлденіп, көзім жайнап қоя берді. 30 Егер де бүгін халық жаудан түскен олжадан тамақ жеп, әлденіп алғанда, қазір філістірлерге берген соққымыз бұдан да зор болған болар еді! — деп қынжылды. 31 Сол күні Исраилдің сарбаздары жауды Миқмастан Аялонға дейін қуып, талқандап, қатты қалжырады. 32 Сол себепті олар (кешке қарай) қолдарына түскен олжаға бас салып, сол жерде-ақ қой, өгіз, бұзауларды сойып, етін қанымен бірге жей бастады. 33 Біреу Саулға: — Білесіз бе, халық етті қанымен бірге жеп, Жаратқан Иенің алдында күнә жасап жатыр, — дегенде, ол: — Бұларың барып тұрған опасыздық! Маған осы жерге бір үлкен қойтасты домалатып алып келіңдер! — деп бұйырды. 34 Содан соң ол: — Халықтың арасына барып: «Әрқайсың ірілі-ұсақты малдарыңды қасыма алып келіп, осы жерде сойып, жеңдер! Етті қанымен жеп, Жаратқан Иенің алдында күнә жасамаңдар!» деген жарлығымды таратыңдар! — деп әмір етті. Сол түні әрбір адам қолына түскен мүйізді ірі қара малын алып келіп, сол жерде бауыздады. 35 Бұдан кейін Саул Жаратқан Иеге арнап құрбандық жасайтын орын тұрғызды. Ол мұны сол жолы алғашқы рет істеді. 36 Содан соң Саул: — Осы түні філістірлердің соңынан түсіп, таң атқанша олардың мал-мүлкін олжалап, ешкімді тірі қалдырмайық! — деді. Сарбаздары: — Дұрыс деп тапқаныңыздың бәрін істеңіз, — деп жауап берді. Ал діни қызметкер: — Алдымен Құдайдың еркін сұрап-біліп алайық! — деп кеңес берді. 37 Саул Құдайдан: «Філістірлердің соңынан түсіп қуайын ба? Сен оларды Исраилдің қолына түсіресің бе?» — деп сұрағанда, Құдай еш жауап бермеді. 38 Сонда Саул: — Жасақтың күллі басшылары, осында жиналыңдар! Бүгін қандай күнә жасалғанын анықтайық! — деп бұйырды. 39 Содан ол: — Исраилдің Құтқарушысы — мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: осы күнәні жасаған әркім, тіпті өз ұлым Жонатан болса да, өлуге тиіс! — деп ант етті. Бірақ бүкіл жасақтағы бірде-бір адам үндемеді. 40 Сонда Саул бүкіл Исраилге: — Сендер барлығың бір жаққа, ұлым Жонатан екеуіміз келесі жаққа шығып тұрайық, — деді. Олар: — Мақұл, — деп айтқанына көнді. 41 Саул Исраилдің Құдайы — Жаратқан Иеге сиынып: «Анық білдірте көр», — деп өтінді. Жеребе тасталып, ол Жонатан мен Саул жаққа түсті, ал сарбаздары ақталып шықты. 42 Саул: «Енді жеребені ұлым Жонатан екеуімізге салыңдар!» — деп бұйырып, жеребе Жонатанға түсті. 43 Саул одан: — Сен не істеп қойдың, соны маған мойындап айтшы, — деп сұрағанда, Жонатан: — Мен қолымдағы таяғымның ұшымен балдан аздап дәм татқан едім. Енді, міне, өлмекпін, — деп жауап берді. 44 Сонда Саул: — Жонатан, сен міндетті түрде өлесің! Әйтпесе Құдай мені жазалаған үстіне жазаласын! — деп ант етті. 45 Алайда жасақшылар: — Исраилді осындай ұлы жеңіске жеткізген Жонатан қалайша өлуге тиіс? Олай болмайды! Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамыз: оның басындағы тіпті бір тал шашын да түсіруге болмайды! Ол бүгін бәрін Құдайдың қолдауымен істеді, — деп, Жонатанды өлімнен құтқарып қалды. 46 Ал Саул філістірлерді қууын тоқтатып, қайта оралды. Олар да өз жерлеріне қайтып кетті. 47 Саул Исраилге патшалық құруын нығайтқаннан кейін айналасындағы барлық жауларымен: Моаб, Аммон, Едом халықтарымен, (Арамадағы) Собаның патшаларымен және філістірлермен соғысты. Саул қарсы аттанған барлық дұшпандарының зұлымдықтарын жазалады. 48 Патша ерлікпен соғысып, Амалектің жасағын да жеңді. Осылай ол Исраилді тонаушыларынан азат етті. 49 Саулдың Жонатан, Ишуи, Мәлхисуа деген үш ұлы және үлкені Мераб, кішісі Михол атты екі қызы болды. 50 Оның әйелі Ахимағас қызы Ахиноғам еді. Патшаның жасағын әкесінің туған бауыры Нердің ұлы Әбенир басқарды. 51 Саулдың әкесі Қиш пен Әбенирдің әкесі Нер екеуі Әбиелдің ұлдары болатын. 52 Саулдың кезінде філістірлермен кескілескен соғыс толассыз жүріп жатты. Сол себепті Саул мықты да қайратты жігіттерге кездессе, оларды өз жасағына қосып алатын.
1 Бірде Самуил Саулға былай деді: «Маған баяғыда сені Өзінің халқы Исраилдің үстінен патша етіп тағайындауды Жаратқан Ие тапсырған болатын. Енді Оның айтқан сөздеріне құлақ сал! 2 Әлемнің Иесі мынаны айтады: Кезінде Исраилдің үрім-бұтағы Мысырдан көшіп шығып келе жатқанда, Амалек тайпасы оларға қарсы соғысып, жолын бөгеген болатын. Қазір Мен Амалектің сонысын есіме түсіріп, жазаламақпын. 3 Енді барып, амалектіктерді шап! Олардағылардың бәрін (Маған бағыштап) түгелімен қырып-жой! Еш аямастан еркектері мен әйелдерін, балалары мен нәрестелерін, ірі қара мен ұсақ малдарын, түйелері мен есектерін құрт!» 4 Сонда Саул жасақшыларын жинап алып, Телаим деген жерде түгендеп шықты. Исраилдің басқа руларынан екі жүз мың жаяу сарбаз жиналыпты, ал Яһуда руынан келгендердің саны он мың болды. 5 Саул аттанып, Амалектің қаласына жақындағанда бір терең сайдың ішіне тығылып, жауды аңдыды. 6 Ал Кен тайпасына ол былай деп хабар жіберді: «Сіздерді де Амалекпен қоса құртып тастап жүрмеуім үшін олардың арасынан бөлініп, шығып кетіңіздер. Себебі Мысырдан көшіп шығып келе жатқан Исраилдің үрім-бұтағына мейірімділік көрсеткен едіңіздер». — Сонда кендіктер Амалек тайпасынан бөлініп шығып, кетіп қалды. 7 Бұдан кейін Саул Амалекке шабуыл жасады. Олармен Хавиладан бастап, Мысырмен шекарадағы Шурға дейін соғысып, 8 Амалек патшасы Агагты тірілей қолға түсіріп, халқының біреуін де қалдырмай қырып тастады. 9 Алайда Саул мен оның сарбаздары Агагты және ұсақ малдар мен мүйізді ірі қаралардың ең жақсыларын: бордақы тайынша, тоқтыларды, жалпы, малдың қоңдыларын аяп, жойғылары келмеді. Олар тек пайдасыз, арық-тұрақтарын ғана (Жаратқан Иеге бағыштап) құртты. 10 Сонда Жаратқан Ие Самуилге сөзін арнап: 11 «Саулды патша етіп тағайындағанымнан қайтамын. Себебі ол Менен теріс айналып, бұйрықтарымды орындамады», — деді. Ал Самуил қатты ренжіп, түні бойы Жаратқан Иеге жалбарына сиынып шықты. 12 Ертеңіне ол ерте тұрып, Саулмен кездесу үшін жолға шыққанда «Саул Кәрмел қаласына барып, сонда өзінің құрметіне ескерткіш орнатып, әрі қарай Ғылғалға кетті», — дегенді естіді. 13 Самуил Саулға жолыққанда, ол амандасып: — Сізді Жаратқан Ие жарылқай берсін! Оның бұйрығын орындап шықтым, — деді. 14 Самуил: — Менің құлағыма қойдың маңырауы мен сиырдың мөңіреуі шалынып тұр ғой. Бұл қалай? — деп сұрағанда, 15 Саул: — Олар Амалектен әкелінгендер. Жасақшылар ұсақ малдар мен мүйізді ірі қаралардың ең қоңдыларын аяп, Құдайыңыз Жаратқан Иеге құрбандыққа шалу үшін сақтап қалыпты. Ал басқаларын біз жойып жібердік, — деп жауап қайырды. 16 Сонда Самуил: — Кідіре тұр, Жаратқан Иенің осы түнде маған нені білдіргенін саған айтып берейін! — деді. Саул: — Айта көріңіз, — дегенде, 17 Самуил оған: — Өзіңді кішімін деп санап жүргеніңде Исраил руларының басына айналмап па едің? Сені Исраилдің патшасы етіп тағайындаған Жаратқан Иенің Өзі. 18 Ол саған: «Барып, осы зұлым Амалекті (Маған бағыштап) толығымен құрт! Олармен соғысып, біржола жойғанша тоқтама!» деп бұйырып, сені жорыққа аттандырған еді. 19 Неліктен сен Жаратқан Иені тыңдамай, олжаға бас салдың? Неге Жаратқан Иенің алдында сұмдық іс жасадың? — деді. 20 Алайда Саул: — Жаратқан Иенің тілін алдым ғой! Мен Жаратқан Иенің жіберген жағына барып, Амалек патшасы Агагты осында алып келдім, оның халқын түгелдей қырып-жойдым. 21 Ал жасағым болса, олар қолға түскен олжаның түгел жойылып кетуге белгіленіп қойылған ұсақ малдары мен мүйізді ірі қараларының ең жақсыларын осы Ғылғалда Құдайыңыз Жаратқан Иеге құрбандыққа шалуға алып келді, — деп қарсылық білдірді. 22 Бірақ Самуилдің жауабы мынау болды: — Жаратқан Иеге шын ұнайтын — Құрбандық пен басқа сый-тарту ма, Әлде Оған мойынсұнып, тілін алу ма?! Мойынсұну Оған артық сый-тарту атаулыдан, Еркіне бағыну қошқар майынан ұнамды Оған! 23 Құдайға бағынбау — ауыр күнә, сәуегейлік секілді, Қасарысу — сұмдық іс, жалған тәңірге табыну іспетті! Сен Жаратқан Иенің сөзінен бас тарттың, енді Ол да сені патша етуден бас тартты. 24 Сонда Саул: — Мен Жаратқан Иенің бұйрығын және сіздің айтқандарыңызды орындамай күнә жасадым. Жасағымнан сескеніп, солардың айтқандарын істедім. 25 Ал енді, күнәмді кешіріп, менімен бірге қайтыңыз. Мен Жаратқан Иеге ғибадат етейін, — деп өтінді. 26 Бірақ Самуил: — Сенімен бірге қайтпаймын. Себебі сен Жаратқан Иенің сөзінен бас тарттың. Содан Жаратқан Ие сені патша етуден бас тартты, — деп, 27 кетпекші болып бұрылды. Сонда Саул оның ұзын шапанының етегіне шап ете жармасып, жыртып, бір бөлігін жұлып алды. 28 Сонда Самуил: — Жаратқан Ие бүгін сенен патшалық билікті жұлып алып, замандастарыңның біреуіне берді! Сол адам сенен жақсы. 29 Исраилдің ұлы Құдайы сөзіне адал, айтқанында тұрады. Ол ойын өзгерте беретін пенде сияқты емес, — деді. Саул: 30 — Мен күнә жасадым. Алайда мені халқымның рубасыларының көзінше әрі бүкіл Исраилдің көзінше құрметтей көріңіз! Екеуіміз бірге оралайық. Сонда Құдайыңыз — Жаратқан Иеге ғибадат етемін, — деп жауап берді. 31 Соңында Самуил онымен бірге кетіп, Саул Жаратқан Иеге ғибадат етті. 32 Содан кейін Самуил: «Маған Амалек патшасы Агагты алып келіңдер!» — деп бұйырды. Агаг Самуилге кібіртіктеп жақындап: — Ажалдың ащылығынан құтылған шығармын, — деді. 33 Ал Самуил оған: — Сен семсеріңмен аналарын балаларынан айырған едің. Ендеше сенің анаң да әйелдердің арасында баласыз қалсын! — деді. Содан Самуил Агагты Ғылғалда Құдайдың (құрбандық орнының) алдында шауып өлтірді. 34 Мұнан кейін Самуил Рамаққа қайта оралды, ал Саул «Саулдың Гибеясы» деп аталған өз қаласындағы сарайына кетті. 35 Бұдан былай Самуил өле-өлгенше Саулмен кездеспеді. Бірақ ол Саул үшін қайғырып оны жоқтап жүрді. Ал Жаратқан Ие Саулды Исраилдің патшасы етіп тағайындағанынан біржола бас тартқан еді.
1 Мұнан кейін Жаратқан Ие Самуилге: — Сен Саул үшін қашанғы қайғыра бермексің? Мен оның Исраил патшасы болуынан бас тарттым. Бір құтыны хош иісті майға толтырып алып, бетлехемдік Есейге бар. Оның ұлдарының ішінен біреуін патша етуге таңдап алдым, — деп бұйырды. 2 — Қалай барсам екен? Саул естісе, мені өлтіреді ғой! — деп сұрады Самуил. Жаратқан Иенің жауабы мынау болды: — Табыныңнан бір қашарды алып барып, «Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалуға келдім» дерсің. 3 Құрбандық асқа Есейді шақыр. Не істеуің керек екенін саған білдіремін. Өзім айтқан адамға май жағу рәсімін жасайсың. 4 Самуил Жаратқан Иенің бұйрығын орындап, Бетлехемге барды. Сонда қаланың ақсақалдары қатты абыржып, оның алдынан шығып: — Тыныштық па? — деп амандасты. 5 Ол: — Тыныштық. Мен Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалу үшін келдім. Сендер Тәңір Иеге бағышталып, тазарыңдар! Содан кейін менімен бірге құрбандық асына жүріңдер, — деп тапсырды. Самуил Есей мен оның ұлдарын да тазару рәсімінен өткізіп, құрбандыққа шақырды. 6 Бұлар келгенде, Самуилдің көзі (Есейдің тұңғышы) Елияпқа түсіп, «Сірә, Жаратқан Ие тағайындайтын патша осы шығар!» — деп ойлады. 7 Бірақ Жаратқан Ие оған былай деді: «Сен оның бет-жүзіне, бойшаңдығына қарамай-ақ қой. Оны мақұл көрмеймін. Себебі Құдай пенденің көзімен қарамайды ғой. Пенде назарын адамның бет-жүзіне аударады, Ал Жаратқан Ие оның жүрегіне көз салады». 8 Сонда Есей (екінші баласы) Әбінадапты шақырып, Самуилдің алдына алып келді. Бірақ Самуил: «Мұны да Жаратқан Ие таңдаған жоқ», — деді. 9 Есей Шаммахты алға шығарғанда, Самуил: «Жаратқан Ие мұны да таңдап алған жоқ», — деп қайталады. 10 Осылай Есей өзінің жеті ұлын да Самуилдің алдынан өткізді. Бірақ ол: «Жаратқан Ие бұлардың ешқайсысын таңдаған жоқ», — дей берді. 11 Ақырында Самуил Есейден: — Барлық ұлдарың осылар ма? — деп сұрады. — Тағы бір кенже ұлым бар. Ол қой-ешкі бағып жүр. — Кісі жіберіп, оны алдыртшы! Сол келмейінше құрбандық асына отырмаймыз, — деп тапсырды Самуил. 12 Есей кісі жіберіп, ұлын алдыртты. Ол беті албырап, көздері жайнап тұрған, келбетті жігіт екен. Жаратқан Ие Самуилге: «Тұр, бұл — сол. Оған май жағу рәсімін жаса», — деп бұйырды. 13 Самуил алып келген құтысын қолға алып, Дәуітке ағаларының көзінше май жағу рәсімін орындады. Сол күннен бастап Жаратқан Иенің Рухы Дәуітке қонды. Мұнан кейін Самуил Рамаққа қайтып кетті. 14 Ал Жаратқан Иенің Рухы Саулды тастап кеткен еді. Содан бастап Тәңір Ие жіберген бір қинайтын рух Саулдың үрейін ұшырып қорқытатын болды. 15 Қызметкерлері Саулға: — Қараңыз, сізді Құдай жіберген бір қинайтын рух қорқытып жүр. 16 Ендеше, тақсыр иеміз, алдыңыздағы қызметкерлеріңізге домбыраны шебер тартатын біреуді тауып алып келуге әмір ете көріңіз. Қинайтын рух сізге қонған кезде әлгі адам домбыра тартсын. Сонда өзіңізді жақсы сезінер едіңіз, — деген ұсыныс жасады. 17 Саул оларға: — Мақұл, жақсы күй ойнайтын адамды іздеп, тауып, маған алып келіңдер! — деп бұйырды. 18 Жас қызметкерлердің бірі: — Мен бетлехемдік Есейдің жақсы күй тартатын бір ұлын көргенмін. Ол — мықты да батыл жігіт; ойлап сөйлейді, сырт көрінісі де келісті. Жаратқан Ие де оған жар болып келеді, — деді. 19 Саул Есейге хабаршыларын жұмсап: «Маған қой бағып жүрген ұлың Дәуітті жібер!» — деген сәлем жолдады. 20 Есей бір есекке нан мен бір торсық шарап және бір лақты артып, Дәуіттен Саулға беріп жіберді. 21 Осылайша Дәуіт Саулға барып, қызметіне кірісті. Патша оны ұнатып, қару тасушыларының бірі етіп қойды. 22 Есейге ол: «Дәуіт маған ұнады. Қасымда қалып, қызмет етсін», — деп хабаршысын жұмсады. 23 Саулға Құдай жол берген қинайтын рух қонған сайын Дәуіт домбырасын алып, тартатын. Сонда Саул тәуір болып, қинайтын рух та оны тастап кететін.
1 Біраз уақыттан кейін філістірлер өздерінің жасақтарын соғысқа жинады. Олар Яһуда руының жеріндегі Сохо қаласының маңайында бас қосып, Сохо мен Әзеканың арасындағы Епес-Даммимға қостарын тікті. 2 Сонда Саул және Исраилдің ер адамдары Емен аңғарында жиналып, сап түзеп, шайқасқа дайындалды. 3 Філістірлер бір төбенің, исраилдіктер екінші төбенің беткейінде тұрып, араларында аңғар жатты. 4 Сонда філістірлер жағынан жекпе-жек шайқасқа бір жауынгер шықты. Ол Ғат қаласынан келген, есімі Ғолият, бойы алты жарым шынтақ болатын алып еді. 5 Басына қоладан жасалған дулыға, үстіне қабыршақ тәрізді жасалған қола сауыт киіп алған екен. Сауыттың салмағы үш жарым пұт шамасында болатын. 6 Алып аяқтарына қола тізеқап, ал арқасына қола найза таңыпты. 7 Оның сүңгісінің ағаш сабы бақандай жуан, ал соның темір ұшының салмағы жарты пұттай болатын. Алыптың алдынан үлкен қалқанын көтерген нөкері жүріп отырды. 8 Ғолият тұрып, Исраилдің сапта тұрған жасақшыларына дауыстап айқайлап: «Сендер неге сап түзеп тұрсыңдар? Мен філістірмін! Ал сендер Саулдың қызметшілері ғана емессіңдер ме? Ендеше араларыңнан біреуді таңдап алыңдар, ол қасыма келсін! 9 Егер ол менімен шайқасып, көзімді құртса, онда біз сендердің құлдарыңа айналамыз. Ал егер мен оны жеңіп, өлтірсем, онда сендер бізге құл болып, қызмет етесіңдер! — деп жекпе-жекке шақырды. 10 Сол філістір тағы да: — Мен бүкіл Исраил жасағының саптарын масқаралап тұрмын: менімен сайысқа түсетін бір адамды жіберіңдерші!» — деп айқай салды. 11 Осыны естіген Саул мен Исраилдің күллі жасақшылары абыржып, қатты қорықты. 12 Дәуіт (те мұны естіді. Ол) Яһуда руының Бетлехем қаласында тұратын ефраталық Есейдің ұлы болатын. Сегіз ұлы бар Есейдің өзі Саул патшалық құрған кезде жасы ұлғайып қартайған шақта еді. 13 Оның үлкен үш ұлы Елияп, Әбінадап, Шаммах Саулға еріп соғысқа шыққан болатын. 14 Дәуіт Есейдің кенже ұлы еді. Оның үш ағасы Саулдың жасағында жүргенде, 15 Дәуіт Бетлехемде әкесінің қойларын бағып, Саулдың жасақ қосына барып-келіп жүретін. 16 Әлгі філістір қырық күн бойы таңертең және кеш сайын алға шығып, өзін көрсетіп тұрды. 17 Бірде Есей Дәуітті тағы да жұмсап: «Балам, мына жарты қап қуырылған бидай мен он таба нанды ал да, тездетіп әскердің қосындағы ағаларыңа апар. 18 Мына он ірімшікті олардың мыңбасына бер. Ағаларыңның хал-жағдайлары мен мұқтаждарын біліп қайт. 19 Олар қазір Исраилдің күллі ер азаматтарымен бірге Саулға еріп Емен аңғарында філістірлерге қарсы соғысып жатыр ғой!» — деп тапсырды. 20 Дәуіт таңертең ертемен тұрып, қойларын бір күзетшіге қалдырды. Содан жүгін артып, әкесінің тапсыруымен жолға шықты. Дәуіт әскердің қосына келгенде, олар атой салып, ұрыс даласына шығып бара жатыр екен. 21 Исраилдіктер мен філістірлердің әскерлері бір-біріне қарсы сап түзеді. 22 Дәуіт әкелген азық-түлігін әскердің жарағын күзететін адамның қарауына тапсырып, сапта тұрған ағаларына жүгіріп барып, амандық сұрай бастады. 23 Дәуіт олармен сөйлесіп тұрған кезде, жекпе-жек шайқасушы ғаттық філістір жауынгері Ғолият жау сапынан шықты да, бұрынғы сөздерін қайталап айқайлай бастады. Дәуіт те мұны естіп тұрды. 24 Исраилдің күллі жасақшылары алыпты көре салысымен қатты қорқып, шегіне бастады. 25 Олар өзара: «Мына адамды көріп тұрсыңдар ғой. Қап, әттеген-ай, ол Исраилді масқаралау үшін алға шығып жүр! Оны біреу өлтірсе, патшамыз соған зор байлық сыйлайды. Сондай-ақ, оған өз қызын беріп, бүкіл әулетін де алым-салықтан босатады!» — десті. 26 Дәуіт қасында тұрғандарға: — Мына філістірдің көзін құртып, Исраилдің көріп отырған масқарасын тоқтатқан адамға не берілмек дедіңдер? Бұл құдайсыз філістір мәңгі тірі Құдайдың әскер саптарын масқаралайтындай кім еді, сонша?! — деді. 27 Олар: — Оның көзін құртқанға мынадай жүлде сыйланбақ, — деп, манағы сөздерін қайталап айтып берді. 28 Бірақ үлкен ағасы Елияп Дәуіттің сарбаздармен сөйлесіп жатқанын көріп, ашуы кернеп: — Несіне мұнда жетіп келдің? Ана азғантай қойды айдалада кіммен қалдырдың? Сенің өркөкіректігіңді әрі жүрегіңнің зұлымдығын білемін! Мұнда тек шайқасты көру үшін келдің ғой! — деп зекіді. 29 Дәуіт: — Бір-екі ауыз сөз айтқаннан басқа мен соншама не істеп қойдым! — деп жауап берді. 30 Содан ол ағасынан бұрылып кетіп, басқа адамға да сол сұрақты қойған еді. Оның да жауабы сондай болды. 31 Естігендер Дәуіттің айтқандарын Саулға жеткізді. Патша оны өзіне шақыртып алғанда, 32 Дәуіт: — Тақсыр, ешкім сол філістірден қорықпай-ақ қойсын. Алдыңыздағы қызметшіңіз барып, онымен шайқасуға дайын, — деді. 33 Бірақ Саул: — Сен бұл філістірге қарсы жекпе-жекке шыға алмайсың! Әлі жассың, ал ол — бала кезінен-ақ соғысқа машықтанған жауынгер! — деп ескертті. 34 Сонда Дәуіт оған былай деді: — Тақсыр, алдыңыздағы қызметшіңіз әкесінің қойларын бағып келеді. Кейде арыстан не аю қойға шауып, малдың біреуін ала қашатын кездері болды. 35 Сонда оны қуып жетіп, соғып, малды аранынан тартып алатынмын. Егер өзіме бас салса, оның сабалақ жүнінен шап беріп, ұстап алып, ұрып өлтіретінмін. 36 Қызметшіңіз арыстан мен аюдың көзін құртып келді. Енді мына құдайсыз філістір де солардың кебінін киетін болады. Себебі ол мәңгі тірі Құдайдың әскер саптарын масқаралап тұр! — 37 Бұған ол: — Мені арыстан мен аюдың шеңгелінен құтқарып алған Жаратқан Ие мына філістірден де қорғайтын болады, — деп қосты. Саул мақұлдап: — Онда бар, Жаратқан Ие саған жар болсын! — деді. 38 Патша Дәуітке өзінің сырт киімін, басына қола дулығасын, үстіне сауытын кигізді. 39 Дәуіт патшаның семсерін де тағып алып, қару-жарағымен олай-бұлай жүріп көруге тырысқан еді. Бірақ ол үйренбегендіктен Саулға: «Мыналарды киіп жүре алмаймын. Бұған үйренген емеспін», — деп шешіп тастады. 40 Дәуіт таяғын қолына алып, жылғаның түбінен бес жұмыр кесек тас теріп, дорбасының сырт қалтасына салып алды. Содан ол қолына сақпанын ұстап, філістірге қарай беттеді. 41 Філістір де Дәуітке қарай жақындап келе жатты. Оның алдында нөкері үлкен қалқанын көтеріп жүрді. 42 Філістір Дәуітке қарап, оның беті албыраған, сымбатты жас жігіт екенін көрді. Оны менсінбей: 43 — Маған таяқпен шығатындай ит пе едім, сонша?! — деп айқайлады. Өзінің табынатын тәңірлерінің аттарымен қарғап-сілеп: 44 — Кәне, маған жақындап көрші! Етіңді жыртқыш құс пен аңға жемтік қылып берейін! — деп шақырды. 45 Дәуіт оған былай деп жауап қайырды: — Сен маған қарсы семсер, сүңгі, найзамен келесің. Ал мен саған Әлемнің Иесінің атымен, иә, өзің масқаралап отырған исраилдік әскери саптарының Құдайының атымен келе жатырмын! 46 Бүгін Жаратқан Ие сені қолыма түсіреді. Сені өлтіріп, басыңды шауып тастаймын, әрі філістір әскерінің өліктерін жыртқыш құс пен аңға жемтік қылып беремін. Сонда бүкіл әлем Исраилде (шынайы) Құдайдың бар екенін білетін болады! 47 Мұнда жиналғандардың бәрі де Жаратқан Иенің құтқару үшін семсер мен сүңгіні керек қылмайтынына көз жеткізетін болады! Себебі бұл соғысты Жаратқан Иенің Өзі жүргізіп, сендерді біздің қолымызға тапсырады! 48 Сонда філістір алға жүріп, Дәуітке таман жақындап келді. Дәуіт оған қарсы, філістір сапына қарай жүгіріп барды да, 49 дорбасынан бір тасты суырып алып, сақпанына салып, атып жіберді. Тас філістірдің маңдайына дәл тиіп, оны тесіп, кіріп кетті. 50 Осылай Дәуіт філістірді тек сақпан және кесек таспен ғана жеңіп шықты. Қолында тіпті семсері болмаса да, оны ұрып өлтірді. 51 Дәуіт құлап жатқан Ғолияттың қасына келіп, оның семсерін қынабынан суырып алып, басын шауып тастады. Сонда філістір жауынгерлері өздерінің батырының өлгенін көріп, қаша жөнелді. 52 Исраил мен Яһуданың адамдары тұра көтеріліп, атойлап, оларды аңғардың кірер жағына және Әкронның қақпаларына дейін қуып тастады. Көптеген філістірлер Шағараимнан Ғат пен Әкронға дейінгі жолда жарақаттанып құлап, өліп жатты. 53 Исраилдіктер філістірлерді қуып тастап, қайтып оралғанда олардың әскер қостарын олжалады. 54 Дәуіт кейін Ғолияттың басын Иерусалимге алып барды, ал қару-жарағын өзінің шатырында сақтап қойды. 55 Дәуіттің філістірге қарсы шыққанын бақылап тұрған Саул қолбасшысынан: — Әбенир, мына жас жігіт кімнің баласы? — деп сұраған болатын. Әбенир: — Патшам, нағыз шындықты айтайын: бұл туралы тіпті білмейді екенмін! — деп жауап бергенде, 56 патша: — Онда сен кімнің баласы екенін сұрап біліп кел! — деп бұйырған еді. 57 Осылай Дәуіт філістірді жеңіп, жасақ қосына қайтып келісімен Әбенир оны Саулдың алдына алып келді. Ол қолында філістірдің басын әлі де ұстап жүрді. 58 Саул: — Жігітім, кімнің баласысың? — деп сұрады. Дәуіт: — Тақсыр, бетлехемдік қызметшіңіз Есейдің ұлымын, — деп жауап берді.
1 Дәуіт Саулмен сөйлесіп болғанда, патшазада Жонатан оны қатты ұнатып, жанындай жақсы көріп қалды. 2 Саул сол күннен бастап Дәуітті өзінің қасында қалдырып, әкесінің үйіне қайтармай қойды. 3 Дәуітті сондай жақсы көріп қалған Жонатан онымен серттесіп дос болып, 4 үстіндегі шапанын, қару-жарағын, тіпті семсерін, садағы мен белдігін де шешіп сыйлады. 5 Саул Дәуітті қай тапсырмамен жұмсамасын, ол бәрін де ақыл-парасатпен орындап шығатын. Сол себепті Саул оны бір топ сарбаздың басшысы етіп қойды. Бұл шешім бүкіл халыққа да, Саулдың нөкерлеріне де ұнады. 6 Дәуіт філістірдің көзін құртып, бүкіл жасақ елге қайтып келе жатқанда, Саул патшаны қарсы алу үшін Исраилдің барлық қалаларынан әйелдер алдарынан шықты. Олар ән айтып, би билеп, даңғыраларда ойнап, қуана әндетіп, үш ішекті аспаптарды шертіп ойнап жүрді. 7 Әйелдер би билеп: «Саул мыңдаған жауын жеңіп жойды, Ал Дәуіттің жойғаны он мың болды!» — деп дауыстап ән салды. 8 Ал Саул қатты ашуланып, бұл сөздерді тіпті жақтырмай: «Олар Дәуітке он мыңдаған, ал маған не бары мыңдаған жеңілген жау үшін мақтау айтты! Енді оған жетпей тұрғаны патшалық билік қана!» — деп налыды. 9 Сол күннен бастап Саул Дәуітке қызғанышпен қарайтын болды. 10 Келесі күні Құдай жіберген қинайтын рух Саулға қайтадан бас салып, ол сарайында ерекше көңіл күйіне түсіп мазасызданды. Дәуіт оны тыныштандыру үшін бұрынғыша күй тартып отырды. Саулдың қолында сүңгісі бар болатын. 11 «Дәуітті қабырғаға қадап тастайыншы!» деген оймен патша сүңгісін оған қарай лақтырып жіберді. Бірақ Дәуіт жалтарып үлгерді, екінші ретте де солай болды. 12 Саул Дәуіттен қорқа бастады, себебі Жаратқан Иенің өзін тастап, Дәуітке жар болғанына көзі жетті. 13 Оны қасынан алыстатып, мыңбасы етіп қойды. Бұдан былай Дәуіт сарбаздарын жорықтарға бастап жүрді. 14 Ол қай істе де парасаттылық танытып отырды, өйткені Жаратқан Ие оған жар болды. 15 Дәуіттің табыстарын көргенде Саул одан бетер сескенді. 16 Бірақ бүкіл Исраил мен Яһуданың халқы өздерін жорықтарға бастап шығатын Дәуітті жақсы көрді. 17 Сол кезде Саул: «Мен оған қол жұмсамай-ақ қояйын, соны філістірлерге қалдырайын!» деген айлалы оймен Дәуітке: — Тек ерлікпен маған қызмет етіп, Жаратқан Ие үшін шайқаса бер! Саған үлкен қызым Мерабты әйелдікке беремін! — деп уәде етті. 18 Дәуіт: — Патшаның күйеу баласы болатындай мен кіммін, отбасым мен шыққан әулетім де кім, сонша?! — деп кішіпейілділік танытты. 19 Алайда Саул қызы Мерабты Дәуітке ұзататын уақыты келгенде, оны Дәуітке емес, мехолалық Әдіриел деген біреуге берді. 20 Ал Саулдың басқа қызы Михол Дәуітке ғашық болатын. Осы туралы хабар алған Саул соны мақұл көріп, 21 «Дәуітке Михолды беремін. Осылай оны тұзаққа түсіріп, філістірлер арқылы көзін құртамын» деген айлалы жоспар құрды. Дәуітке екінші рет: «Қызыма үйлен», — деп ұсыныс жасап, 22 қызметшілеріне де мынадай бұйрық берді: «Дәуітпен жеке сөйлесіп, оған: Сені патша қатты ұнатады, оның барлық нөкерлері де сені жақсы көреді. Ендеше патшаның қызына үйленсеңші деңдер!» 23 Саулдың қызметкерлері оның бұл сөздерін Дәуітке жеткізгенде ол: «Патшаның күйеу баласы болуды болмашы нәрсе көріп отырсыңдар ма?! Мен кедеймін, беделім де зор емес!» — деп жауап берді. 24 Қызметкерлер мұны Саулға хабарлағанда, 25 ол: «Дәуітке былай деп айтыңдар: Патша сенен қалыңмал ретінде тек жүз філістірді өлтіріп, соның дәлелдерін алып келуіңді ғана тілейді. Ол жауларынан осылай кек алмақшы», — деді. Ал шынында Саул Дәуітті філістірлердің қолымен құртпақ болды. 26 Нөкерлер Дәуітке осы шартты білдіргенде, ол патшаның қызына үйленуді дұрыс көрді. Белгіленген күндер өтпей жатып, Дәуіт қарауындағы адамдарымен жорыққа аттанып, екі жүз філістірді өлтірді. Қызына үйлену үшін Дәуіт патшаға батырлық ісінің дәлелдерін түгелдей алып келіп берді. Сонда Саул оған қызы Михолды қосты. 28 Саул Жаратқан Иенің Дәуітке жар болғанын және өзінің қызы Михолдың оны жақсы көретінін түсініп, 29 Дәуіттен бұрынғыдан бетер қорқатын болды. Оны өле-өлгенше өзінің қас жауындай көрді. 30 Філістірлердің қолбасшылары елге шабуыл жасаған сайын Дәуіт Саулдың басқа қызметкерлеріне қарағанда әлдеқайда парасатты әрекет жасап, даңқы өскен үстіне өсе түсті.
1 Содан Саул өзінің ұлы Жонатан мен нөкерлеріне: «Дәуіттің көзін құрту керек!» — деп бұйырды. Бірақ Дәуітті қатты ұнататын 2 Жонатан оны сақтандырып: — Әкем сені өлтіруге тырысып жүр! Ертең таңертең сақ бол. Жасырын жерге тығылып, сонда қал. 3 Мен де әкеммен бірге сол жақтағы далаға шығып, онымен сен туралы сөйлесемін. Оның ойын біліп алып, кейін саған айтып беремін, — деді. 4 Жонатан әкесіне Дәуітті мақтай сөйлеп былай деді: — Патшам, қызметшіңіз Дәуітке қарсы күнә жасай көрмеңіз! Оның сізге жасаған ешбір жамандығы жоқ. Керісінше, істегендерінен өзіңіз көп жақсылық көрдіңіз. 5 Ол сол філістірді өлтіргенде өз басын тәуекелге тікті. Бұл арқылы Жаратқан Ие бүкіл Исраилді жауынан құтқарды. Сіз осыны көріп, шаттанған едіңіз. Ендеше, неліктен себепсізден-себепсіз Дәуітті өлтіріп, жазықсыз жанға қарсы күнә жасамақсыз? 6 Саул ұлының сөзіне құлақ асып: — Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Дәуіт өлтірілмейді! — деп ант етті. 7 Жонатан Дәуітті шақырып алып, осы сөздерді түгел айтып берді. Оны Саулға ертіп апарып, Дәуіт бұрынғыдай қызметіне кірісті. 8 Соғыс қайтадан бұрқ ете қалды. Дәуіт те філістірлермен шайқасуға шығып, оларды қатты соққыға ұшыратып, қашуға мәжбүр етті. 9 Кейін Саул сарайында отырғанда Жаратқан Ие жол берген қинайтын рух оған тағы да қонып, Дәуіт домбырасын тартты. Саулдың қолында сүңгісі бар еді. 10 Кенет Саул Дәуітті қабырғаға қадап өлтірмек болып, сүңгісін оған қарай лақтырып жіберді. Дәуіт жалтарып үлгеріп, аман қалды. Сүңгі қабырғаға қадалды. Сол түні Дәуіт қашып кетіп құтылды. 11 Сонда Саул Дәуіттің үйін күзеттіріп, таң атысымен-ақ оны өлтіру үшін сарбаздарын жіберді. Әйелі Михол Дәуітке: «Бүгін түнде бас сауғалап, қашпасаң, ертең таңертең сені өлтірейін деп отыр!» — деп ескертіп, 12 оны терезеден төмен түсіріп жіберді. Осылай Дәуіт қашып құтылып кетті. 13 Михол бір мүсінді алып, төсекке жатқызып, үстін жамылғымен жапты да, бас жағына ешкі жүнінен тоқылған перде қойды. 14 Саулдың Дәуітті қолға түсіру үшін жіберген сарбаздарына ол: «Дәуіт ауырып жатыр», — деді. 15 Сонда Саул адамдарын Дәуіттің өзін көруге жіберіп, оларға: «Оны төсегімен бірге көтеріп алып келіңдер, мен көзін жоямын!» — деп бұйырды. 16 Олар үйге кіріп, қараса — төсекте жатқан жай ғана мүсін, бас жағында жатқан ешкі жүнінен тоқылған перде екен! 17 Саул Михолға: — Мені неге соншама алдап, жауымды қашырып жібердің? — деп зекігенде, қызы былай деп жауап берді: — Ол: «Мені жібер! Әлде сені өлтірейін бе?» деп тұрып алды. 18 Ал Дәуіт қашып құтылып, Рамақтағы Самуилге барып, Саулдың өзіне істегендерінің бәрін айтып берді. Содан ол Самуилге еріп Найотқа барып, сол жерде тұратын болды. 19 «Дәуіт Рамақтағы Найотта тұрып жатыр екен» деген хабар Саулдың құлағына жеткенде, 20 патша Дәуітті қолға түсіру үшін адамдарын жіберді. Бұлар келіп, ерекше көңіл күйіне түскен пайғамбарлар тобын және оларды бастап жүрген Самуилді көргенде, Құдайдың Рухы Саулдың адамдарына қонып, солар да ерекше күйге түсті. 21 Саул осы туралы естіп, басқа кісілерін жұмсап, бұлар да ерекше күйге түсті. Патша үшінші рет нөкерлерін жібергенде олармен де солай болды. 22 Енді Саулдың өзі Рамаққа барып, Секудегі үлкен құдыққа жеткенде: «Самуил мен Дәуіт қайда?» — деп сұрастырып, «Рамақтағы Найотта!» — деген жауап алды. 23 Сол жерге бара жатқан кезде Саулға да Құдайдың Рухы қонып, оны ерекше көңіл күйіне түсіріп, ол Рамақтағы Найотқа жеткенше солай болды. 24 Бұл жерде Саул сырт киімін шешіп тастап, Самуилдің алдында пайғамбар іспетті ерекше күйде болып, жерге құлап түсті. Бұл күні және түні бойы патша сырт киімсіз жатып шықты. Сол себептен де жұрт: «Саул да пайғамбарлардың қатарына қосылған ба?» деп айтады.
1 Осы екі арада Дәуіт Рамақтағы Найоттан қашып кетіп, Жонатанға барып, оған: — Мен не істеп қойдым? Жазығым не? Әкең жанымды алатындай қандай күнәм бар? — деген сауалдар қойды. 2 — Жоқ, өлтірілмейсің! Не үлкен, не кіші, қандай іс болмасын әкем маған айтпай істемейді. Мұндай жоспарын да менен жасырмаған болар еді. Қателесіп тұрсың! — деп жауап берді ол. 3 Бірақ Дәуіт ант етіп былай деді: — Сенің маған оң көзбен қарап келгеніңді әкең жақсы біледі. Сол себепті ол: «Жонатанға бұны білдірмей-ақ қояйын, әйтпесе ренжіп жүрер» деп ойлайды. Алайда мәңгі тірі Жаратқан Иенің және сенің алдыңда шын айтамын: мені ажалдан ажыратып тұрған бір-ақ қадам. — 4 Жонатан: — Менен қандай тілегің бар, соны екі етпеймін! — деді. 5 Сонда Дәуіт оған мынадай өтініш жасады: — Ертең айдың бірінші күні екенін білесің. Менің патшамен бірге дастарқан басында отыруым керек еді. Маған рұқсат ет, далаға кетіп, бүрсігүні кешке дейін жасырына тұрайын. 6 Егер әкең мені сұрай қалса, оған: «Дәуіттің қаласы Бетлехемде барлық жегжат-жұрағатының жылдық құрбандық мейрамы өткізілейін деп жатыр екен. Дәуіт соған тездетіп барып келуге менен қоймастан сұранып, сонда кетті» деп түсіндір. 7 Патша: «Жарайды» десе, онда маған төнген еш қауіп жоқ. Ал егер қатты ашуланса, маған қарсы зұлымдық жасауға ұйғарды деп біле бер. 8 Жаратқан Иенің алдында сертпен бекіткен достығымызды есіңе алып, алдыңдағы қызметшіңе әрдайым мейірімділік көрсете гөр. Егер қандай да кінәм болса, мені әкеңе ұстап бермей-ақ, өзің өлтіре сал! 9 — Ондай ешқашан болмас! Әкемнің саған жамандық істеуге ұйғарғанын біліп қалсам, саған айтпас па едім? — деп жауап берді Жонатан. 10 Дәуіт одан: — Егер әкеңнің берген жауабы қатал болса, маған сол туралы кім айтпақ? — деп сұрағанда, 11 ол — Жүр, далаға кетейікші, — деп, екеуі солай істеді. 12 Сол жерде Жонатан Дәуітке ант беріп былай деді: — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие куә: мен ертең немесе бүрсігүні осы кезге дейін әкеммен сөйлесіп, саған деген көзқарасын біліп аламын. Егер ол жақсы болса, онда мен міндетті түрде біреуді жіберіп, саған хабарлаймын. 13 Ал шынымен әкемнің саған жамандық істейтін ойы болса, мен соны саған айтып, қатерден арашалау үшін басқа жаққа жіберемін. Егер уәдемде тұрмасам, Жаратқан Ие мені жазалаған үстіне жазаласын! Жаратқан Ие әкеме жар болғандай, енді саған да жар бола көрсін! 14 Көзім тірісінде маған Жаратқан Иенің тұрақты мейірімділік көрсеткені сияқты, сен де әрдайым мейірімділік көрсетіп, мені аман-есен қалдыра гөр. 15 Егер өліп қалсам, отбасыма жасайтын қамқорлығыңды доғарма. Жаратқан Ие Дәуіттің жер бетіндегі барлық жауларының бірде-біреуін қалдырмай құртқан кезде де солай істей бер! — 16 Сонымен Жонатан Дәуіттің әулетімен келісім жасап: — Жаратқан Ие Дәуіттің жауларын жауапқа тартып, жазаласын! — деп, 17 Дәуітке деген сүйіспеншілігі туралы сертін қайтадан жаңартты. Себебі Жонатан досын жанындай жақсы көретін. 18 Бұдан кейін ол былай деді: — Ертең айдың бірінші күніне арнап жиналамыз. Сонда орның бос болғандықтан сені сұрайтын болады. 19 Бүрсігүні кешке таман абайлап төмен түсіп, бұрын жасырынған жеріңе тығылып, сонда жатқан Әзел тасының маңында күте тұр. 20 Ал мен бір нысананы көздегендей болып, сол жаққа қарай үш рет садақ атамын. 21 Содан: «Жебелерімді іздеп тауып кел!» деп, бір жас нөкерімді жіберемін. Егер оған: «Міне, жебелер өзіңнен бері жатыр, оларды осында алып кел!» десем, сен тасадан шығып, қасыма кел. Себебі шынымен саған ешқандай қауіп төніп тұрмағаны. 22 Егер де сол жігітке: «Әне, жебелер сенің ар жағыңда жатыр» десем, онда Жаратқан Ие сені басқа жаққа жібергендіктен кетіп қаларсың. 23 Ал өзара байласқан сөзімізге Жаратқан Ие мәңгі бақи куә болмақ. 24 Сонымен Дәуіт қалаға кірмей, далада жасырынып қалды. Айдың бірінші күні патша арнайы астан дәм тату үшін дастарқан басына, 25 өзінің төрдегі орнына жайғасты. Жонатан оның қарсысында, ал Әбенир жанында отырды. Дәуіттің орны бос тұрды. 26 Саул: «Әрине, оған бір жағдай болып, тазару рәсімін орындай алмаған соң келмегені ғой!» деп ойлап, сол күні ештеңе демеді. 27 Бірақ айдың екінші күні де Дәуіттің орны бос тұрғанда Саул Жонатаннан: — Есей ұлының кеше де, бүгін де асқа келмей қалуы неліктен? — деп сұрады. 28 Жонатан мынадай жауап берді: — Дәуіт менен Бетлехемге баруға қоймастан сұранып: 29 «Біздің қалада жегжат-жұрағаттарымыз құрбандық ас береді. Ағам маған соған келуің керек деген еді. Мейірімділік көрсетіп, мені ағайындарыма жібере гөр» деп өтінді. Сол себептен Дәуіт патша ағзамның дастарқанына келе алмай қалды. — 30 Бірақ Саул Жонатанға қатты ашуланып: — Әй, азғын да қиқар ұл! Өзіңді масқара етіп, шешеңді де ұятқа қалдырып, ана Есей ұлымен достасып алғаныңды мен білмейді дейсің бе? 31 Есейдің сол баласы жер басып жүргенде, өзің де, патшалығың да қауіпсіз болмайсыңдар! Ал енді, адам жіберіп, оны маған алып кел! Ол өлуге тиіс! — деп айқайлап жіберді. 32 Жонатан: — Ол неліктен өлтіріледі? Жазығы не еді? — деп сұрады. 33 Сонда Саул қолындағы сүңгісін оған қадамақ болып лақтырып жіберді. Бұдан әкесінің Дәуітті өлтіруге нақты бел буғанына Жонатанның көзі жетті. 34 Ол қатты ашуланып, дастарқан басынан ұшып тұрып, кетіп қалды. Әкесінің Дәуітті масқаралағанына ренжіп, айдың екінші күнгі асынан ауыз тимеді. 35 Ертеңгісін ертемен Жонатан Дәуітпен кездесу үшін даладағы келісілген жерге бір нөкер жігітін ертіп барды. 36 Оған: «Мен қазір садақ атамын, сен жүгіріп барып, жебелерімді алып келетін бол!» — деді де, жүгіріп кеткен жас жігіттен әрірек барып түсетіндей етіп бір жебені атып жіберді. 37 Нөкердің артынан: «Жебе сенің ар жағыңда жатыр, 38 тұра берме, тез бол!» — деп дауыстады. Жас жігіт жебелерді жинап, қожасына алып келді. 39 Айтылғандардың астарлы мәнісін ол ұқпағанмен, Жонатан мен Дәуітке бәрі анық еді. 40 Жонатан нөкеріне садақ пен жебені табыстап, оған: «Бұларды қалаға алып кет», — деп бұйырды. 41 Жігіт кетісімен Дәуіт тасаланып отырған алып тастың оңтүстік жағынан шығып, Жонатанның алдында үш рет жерге дейін иіліп тағзым етті. Олар бір-бірін беттерінен сүйіп, егіле жылады. Дәуіттің жылауы ерекше болды. 42 Жонатан: «Аман-есен жүр! Екеуіміз Жаратқан Иенің атымен байласқан антымызды сенің де, менің де, кейінгі ұрпақтарымыздың да орындайтынына Оның Өзі кепіл болсын», — деп Дәуітпен қоштасты. 43 Содан Дәуіт кетіп қалды, ал Жонатан қалаға қайтты.
1 Дәуіт Ноб қаласына, ондағы діни қызметкер Ахимәлікке барды. Бұл кісі Дәуітті қарсы алып: — Қасыңда адамдарың жоқ, неге жалғыз жүрсің? — деп абыржи сұрады. 2 Дәуіт одан: — Патша маған ерекше жұмыс тапсырып, «Ешкім сені неге жұмсағанымды және қандай нұсқаулар бергенімді білмесін!» деді. Нөкерлерімді белгілі бір жерге жібердім. 3 Ал енді, жүрек жалғайтын неңіз бар? Маған бес таба нан, я болмаса қолыңызда барыңызды беріңізші, — деп өтінді. 4 — Қазір қолымда бары жай нан емес, Құдайға бағышталған нан ғана. Егер нөкерлерің жақында әйел затынан бойларын аулақ ұстаған болса, онда жей берулеріне болар еді, — деді діни қызметкер. Дәуіт: 5 — Біз жолға шыққаннан бергі күндері әйел атаулыдан аулақ жүрдік. Нөкерлерім жай жолдарда таза жүреді, ал бүгін олар ерекше тазарған болатын, — деп жауап берді. 6 Сонда діни қызметкер беретін басқа тамағы болмағандықтан, Жаратқан Иеге ұсынылған нан тартуларын Дәуітке берді. Бұл киелі шатырдағы арнайы үстелге қойылып, кейін жаңадан пісірілген нанмен ауыстырылған, тек діни қызметкерлерге ғана жеуге болатын нан еді. 7 Сол күні Саулдың малшыларын басқаратын қызметкері де Жаратқан Иеге ғибадат ететін осы жерде тұрған еді. Доиқ есімді, Едом ұлтынан шыққан бұл кісі оқиғаның куәсі болды. 8 Дәуіт Ахимәліктен: — Сізден бір сүңгі не семсер табылмас па екен? Патшаның тапсырмасы өте жедел, сондықтан семсерімді, басқа да қаруымды алып жатуға уақытым болмады! — деп өтінді. 9 Діни қызметкер: — Өзің Емен аңғарында көзін құртқан філістір Ғолияттың семсері бар. Әне, діни қызметкердің жеңсіз сырт киімінің ар жағында, қабымен ораулы жатыр. Алам десең, соны ал. Одан басқа бұл жерде семсер жоқ, — деп жауап берді. Дәуіт: — Оған тең келер семсер табылмас, маған соны-ақ бере қойыңыз, — деді. 10 Сол күні Дәуіт Саулдан қашып, філістір еліндегі Ғат қаласының патшасы Анхұсқа барды. 11 Уәзірлері Анхұсқа: — Мынау ана елдің патшасы Дәуіт емес пе? Олардың би билеп: «Саул мыңдаған жауын жеңіп жойды, ал Дәуіттің жойғаны он мың болды» деп әндеткені осы адам туралы емес пе еді? — деп шағым айтты. 12 Осы сөздерді Дәуіт те естіп, Анхұс патша не істер екен деп қатты қорықты. 13 Сондықтан олардың көз алдында есуас болғансып, қала қақпасының есіктерінің бетін шимайлап, сілекейін сақалына шұбыртып ағызып жүрді. 14 Анхұс уәзірлеріне: «Қараңдаршы, бұл — есі ауысқан адам! Несіне маған алып келіп отырсыңдар? 15 Жынды дегенің осы жерде аз ба еді? Оны есуастығын көрсету үшін алдыма алып келдіңдер ме? Мұндайды сарайыма неге кіргізесіңдер?!» — деп зекіп тастады.
1 Осылай Дәуіт Ғаттан кетіп, Адуллам үңгіріне барып, бас сауғалады. Бұл туралы оның ағалары мен туған-туысқандары естіп, қасына келді. 2 Сонымен қатар, бастарына іс түскен, қарызға батқан немесе өмірге күйінген әр түрлі адамдар да маңайына жиналды. Дәуіт олардың басшысына айналып, қарамағында төрт жүздей кісісі болды. 3 Дәуіт сол жерден Моаб еліндегі Миспаға барып, Моаб патшасына: «Құдайдың маған деген еркін біліп алғаныма дейін әке-шешем қастарыңызда тұра тұрсын!» — деп рұқсат сұрап алды. 4 Дәуіт осылай ата-анасын Моаб патшасының қарамағында қалдырды. Өзі таудағы бой тасалап бекінуге ыңғайлы жерлерде жасырынып жүрген кезде олар Моабта тұра берді. 5 Ал Ғад пайғамбар Дәуітке: «Сен осы тауда бой тасалап жүре берме. Яһуда руының еліне бар», — деп тапсырды. Содан Дәуіт еліне қайтып, Хәрет орманына барды. 6 «Жұрт Дәуіт пен оның адамдарын көріпті» деген хабар Саул патшаға да жетті. Сол кезде патша Гибеядағы төбе басындағы жыңғыл ағашының түбінде отырған еді. Қолында сүңгісі болды, айналасында қоршап нөкерлері тұрды. 7 Саул оларға: — Сөзімді тыңдаңдар, Бунямин руының еркектері! Әлде Есейдің баласы бәріңе егіндік, жүзімдік жер беріп, әрқайсыңды мыңбасы не жүзбасы етіп тағайындамақ па? 8 Осыған дәмеленіп, барлығың маған қарсы сөз байласып жүрсіңдер ме? Өз ұлымның Есейдің баласымен достасып серттескені туралы да маған ешкім айтқан жоқ! Ешқайсың маған жандарың ашып, ұлымның өз нөкерімді өзіме қарсы қойып, соның мені аңдып жатуына түрткі болғаны жайлы да айтқан жоқсыңдар! Ал енді сол анық болды, — деп наразылық білдірді. 9 Осы кезде Саулдың нөкерлерінің жанында тұрған едомдық Доиқ: — Мен Есейдің баласының Нобқа, Ахитұб ұлы Ахимәлікке барғанын көрдім. 10 Ахимәлік Дәуіт үшін Жаратқан Иеден ақыл сұрап, оған азық-түлік, тіпті філістір Ғолияттың семсерін де берді, — деді. 11 Патша Нобта діни қызмет атқарып жүрген Ахимәлік пен оның әкесінің әулетіндегілердің барлығын алып келуге кісілерін жұмсады. 12 Саул Ахимәлікке: — Сөзіме құлақ сал, Ахитұб ұлы! — деді. — Иә, тақсыр, тыңдап тұрмын! — деп жауап қатты ол. 13 Саул: — Есейдің баласына нан мен семсер беріп, Құдайдан ол үшін ақыл сұрап, екеуің неге маған қарсы сөз байластыңдар? Енді ол, міне, бүлік шығарып, мені аңдып жүр! Бүгін сол анық болды! — деді. 14 Ахимәлік: — Нөкерлеріңіздің арасында сізге Дәуіттей адал біреу бар ма? Тақсыр, ол — әрі күйеу балаңыз, әрі жеке сақшыларыңыздың қолбасшысы. Сарайыңыздағылардың барлығы да оны құрметтейді. 15 Мен сол күні Құдайдан ол үшін бірінші рет ақыл сұрадым дейсіз бе? Жоқ, осыдан бұрын да солай істейтін едім ғой. Уа, патша ағзам, соған бола мені де, әкемнің әулетін де кінәлай көрмеңіз. Болған істің бәрінен мүлдем бейхабармын! — деп жауап берді. 16 Алайда патша: — Ахимәлік, өзің де, әкеңнің барлық әулеті де өлуге тиіссіңдер! — деп шешті. 17 Қасында тұрған сақшыларына бұйрық беріп: — Барыңдар, Жаратқан Иенің діни қызметкерлерін өлтіріңдер! Себебі олар да Дәуітті қолдайды. Оның қашып жүргенін білсе де, маған ол туралы айтпады! — деді. Бірақ патшаның сарбаздары Жаратқан Иенің діни қызметкерлеріне қарсы қол көтергілері келмеді. 18 Сонда патша Доиққа: — Бар, діни қызметкерлерді сен өлтір! — деп бұйырды. Едомдық Доиқ діни қызметкерлерге бас салып, қасиетті киім киген олардың сексен бесін сол күні-ақ өлтірді. 19 Сондай-ақ діни қызметкерлердің қаласы Нобтың барлық тұрғындарын да, еркек болсын, әйел болсын, бала болсын, нәресте болсын, ірі қара, есек немесе ұсақ мал болсын, бәрін де семсерімен шауып өлтірді. 20 Тек Ахитұб ұлы Ахимәліктің баласы Абиятар ғана қашып құтылды. Ол Дәуітке барып, 21 Саулдың Жаратқан Иенің діни қызметкерлерін өлтірткені туралы айтып берді. 22 Дәуіт Абиятарға: «Қап, сол күні едомдық Доиқты сонда көргенімде оның Саулға бәрін жеткізетінін білген едім! Әкеңнің бүкіл әулетінің өлімге ұшырағанына мен кінәлімін. 23 Қасымда қал, ештеңеден қорықпа. Сені өлтірмек болғандар менің де жанымды алмақ болып жүр. Қасымда жүрсең, аман боласың», — деді.
1 Бірде Дәуітке «Філістірлер Кеил қаласына шабуыл жасап, қырмандағы астықтарын тонап жатыр» деген хабар жетті. 2 Сонда Дәуіт Жаратқан Иеден: «Мен барып, сол філістірлерге шабуыл жасайын ба?» — деп ақыл сұрады. Жаратқан Ие: «Иә, барып, філістірлерге шабуыл жасап, Кеилді құтқар!» — деп жауап берді. 3 Бірақ Дәуіттің қасындағы серіктері: «Бізге мұнда, Яһуда елінің ішінде-ақ қауіп-қатер төнуде. Ендеше қалайша біз Кеилдегі філістір жасағына қарсы аттанбақпыз?!» — деп шүбә келтірді. 4 Дәуіт қайтадан Жаратқан Иенің еркін сұрағанда, Ол: «Жинал, Кеилге ылдилап бар! Мен філістірлерді қолыңа түсіріп беремін», — деп жауап қайырды. 5 Содан Дәуіт адамдарымен Кеилге барып, філістірлермен шайқасып, оларға қатты соққы берді де, көлік малдарын айдап алып кетті. Осылай Дәуіт Кеилдің халқын құтқарып қалды. 6 Бірақ Саул патша Дәуіттің Кеилге барғаны жайлы хабар алып: «Құдай одан бас тартып, қолыма ұстап беріп отыр! Шығуы қиын бекіністі қалаға кіріп, Дәуіт тұзаққа өзі түсіп тұр!» — деді. Патша бүкіл жасағын Кеилге қарай жорыққа аттандырып, оларға Дәуіт пен серіктерін қоршап алуға әмір етті. Ал Ахимәлік ұлы Абиятар Кеилдегі Дәуітке қашып келгенде, діни қызметкердің жеңсіз сырт киімін әкелген болатын. 9 Саулдың өзіне зұлым жоспар құрып жатқанын біліп алған Дәуіт Абиятардан осы жеңсіз сырт киімді қасына алып келуін өтінді. 10 Дәуіт мінажат етіп: «Уа, Жаратқан Ие, Исраилдің Құдайы! Саулдың осы Кеилге келіп, оны маған бола құртпақ болып жатқанын естіп отырмын. 11 Мен естігендей, Саул шынымен осында келе ме? Кеилдің адамдары мені оған ұстап бере ме? Уа, Исраилдің Құдай Иесі, алдыңдағы пендеңе осы туралы білдіре гөр!» — деп сұрады. Жаратқан Ие: «Рас, келеді!» — деп жауап қайырды. 12 Дәуіт тағы да: «Кеилдің тұрғындары мені және қасымдағы адамдарды Саулдың қолына ұстап бере ме?» — деп сұрағанда, «Иә, ұстап береді!» — деген жауап алды. 13 Сонда Дәуіт шамамен алты жүздей адамымен Кеилден шығып, әр жерге орын ауыстырып жүре берді. Дәуіттің қаладан кетіп қалғаны туралы хабар жеткенде, Саул жорыққа шықпайтын болып шешті. 14 Бұдан былай Дәуіт айдаладағы бой тасалайтын жерлерде және Зиф қаласына жақын елсіз қыраттарда жасырынып жүрді. Саул оны күн сайын іздеумен болды, бірақ Құдай Дәуітті оның қолына түсірмеді. 15 Дәуіт Зифке жақын елсіз өлкедегі ну орманда жүрген кезінде өзін құртпақ болып Саулдың тағы да шығып келе жатқаны туралы білді. 16 Алайда Саул ұлы Жонатан Дәуітке ну орманға келіп, оның Құдайға деген сенімін нығайтып: 17 «Қорықпа! Әкемнің қолына ешқашан түспейсің. Сен Исраилдің патшасы, ал мен елдің сенен кейінгі екінші адамы боламын. Мұны әкем де жақсы біледі», — деп жігерлендірді. 18 Екеуі Жаратқан Иенің алдында достықтарын тағы да сертпен бекітті. Содан соң Жонатан үйіне кетіп, Дәуіт ну орманда қала берді. 19 Сол тұста Зифтің тұрғындары Гибеяға Саулдың алдына барып: — Тақсыр, Дәуіт біздің жақта, ну ормандағы адам аяғы баспайтын жерлерде, Есімонның оңтүстігіндегі Һақила қырында тығылып жүр екен! 20 Уа, патша иеміз, қалаған кезіңізде бізге келіңіз. Сонда оны сізге ұстап беру өз мойнымызда, — деп ұсыныс жасады. 21 Саул былай деп жауап берді: — Маған жандарың ашығаны үшін Жаратқан Ие сендерді жарылқасын! 22 Барып, қайтадан бәрін тексеріңдер! Дәуіттің қай жерлерде жүретінін, оны кімнің көргенін сұрастырып біліп алыңдар. Себебі жұрт оны нағыз айлакер дейді. 23 Оның тығылатын барлық жерлерін жақсылап қарап шығып, маған нақты мәлімет алып қайтып келіңдер! Сонда мен де сендермен бірге шығамын. Егер ол сол аймақта болса, оны Яһуда руының күллі әулеттерінен де іздеп, тауып аламын! 24 Келгендер Зифке Саулдан бұрын оралды. Сол кезде Дәуіт пен оның жігіттері Мағон даласында, Есімонның оңтүстік жағындағы елсіз алқапта жүрген еді. 25 Саул жасақшыларымен оларды іздеуге шықты. Дәуіт бұл туралы естіп, Мағон даласындағы жартасты төбеге ығысып, соны паналады. Саул мұны біліп алып, Дәуіттің артынан қуып сол жерге қарай беттеді. 26 Саул қыраттың бір жағымен жүріп, ал Дәуіт пен қасындағы жігіттері құтылып кетуге асығып, қыраттың келесі жағымен кетіп бара жатты. Саул мен оның жасақшылары Дәуітті қолға енді-енді түсіреміз деп, қоршай бастаған сәтте 27 Саулға бір хабаршы суыт келіп: «Тез жете көріңіз! Філістірлер елімізге баса-көктеп шабуыл жасап жатыр!» — деген суық хабар әкелді. 28 Сонда Саул Дәуітті қууын доғарып, філістірлерге тойтарыс беруге аттанды. Сол күні Дәуіт пен Саулды ажыратып тұрған жартасты қырат кейіннен «Ажырату жартасы» деп аталып кетті.
1 Дәуіт сол аймақты тастап, Ен-Геди маңындағы елсіз қыраттың қауіпсіз жерлеріне орналасты. 2 Саул філістірлерді қуып тастап, қайта оралғаннан кейін, «Дәуіт Ен-Гедидің елсіз қыратында жүр» деген хабар алды. 3 Ол бүкіл Исраилден үш мың таңдаулы жасақшыны жинап, Дәуіт пен оның адамдарын «Жабайы Ешкілер» жартастарының маңынан іздеуге шықты. 4 Жол жиегіндегі қой қораларының қасында бір үңгір бар екен. Саул түзге отыру үшін соған кірді. Дәл сол үңгірдің түкпірінде Дәуіт пен жігіттері жасырынып отырған еді. 5 Жігіттері Дәуітке сыбырлап былай деді: — Жаратқан Иенің сізге: «Мен қас жауыңды қолыңа тапсырамын, оған қалағаныңды істе» дегені, міне, бүгін іске асып тұр! Сонда Дәуіт орнынан тұрып, Саулға жақындап барып, білдірмей шапанының бір шетін кесіп қана алды. 6 Бұдан кейін мұнысына да ар-ұжданының алдында ұят сезінді. 7 Дәуіт серіктеріне қайта оралып: — Жаратқан Ие тағайындаған тақсыр иеме қарсы көтеріліп, оған қол жұмсаудан Құдай сақтасын! Бұл Жаратқан Ие тағайындаған патша ғой! — деп 8 тыйым салып, олардың Саулға бас салуларына жол бермеді. Саул орнынан тұрып, үңгірден шыққаннан кейін 9 Дәуіт те үңгірден шығып, Саулдың соңынан: — Уа, патша ием! — деп айқайлады. Саул артына қараған кезде Дәуіт басын жерге дейін иіп тағзым етіп, 10 Саулға: — Біреулердің «Дәуіт сізге қастық ойлап жүр» дегендеріне неге сенесіз? — деп дауыстады. — 11 Үңгірде болғаныңызда Жаратқан Ие сізді қолыма тапсырып-ақ еді, соған енді көз жеткізе аласыз. Маған «Көзін құртыңыз!» деді, бірақ мен: «Тақсыр иеме қол жұмсамаймын, ол Жаратқан Иенің тағайындаған патшасы ғой!» деп, сізге жаным ашыды. 12 Қараңызшы, әке, шапаныңыздың бір шеті, міне, менің қолымда! Оны жаңа ғана шапаныңыздан кесіп алдым, бірақ өзіңізді өлтірмедім. Содан менің сізге ешқандай қастық не бүлік жасамағанымды біліп алыңыз. Сізге істеген ешбір жамандығым жоқ, ал өзіңіз қалайда жанымды алу үшін артымнан қалмай жүрсіз. 13 Екеуіміздің арамызда Жаратқан Ие төрелік етсін! Істеген істеріңізге қарай Жаратқан Иенің Өзі сізді жазаламақ. Бірақ мен сізге қолымның ұшын да тигізбеймін. 14 Ата-бабамыз: «Зұлымдықты зұлымдар жасар» деп мақалдап айтып кеткен емес пе? Сондықтан мен сізге қолымның ұшын да тигізбеймін! 15 Исраил елінің патшасы кімге қарсы аттанды? Сіз кімді қуып жүрсіз? Бір иттің өлімтігін яки титтей бүргені емес пе? 16 Жаратқан Ие төреміз болып арамыздағы дауды шешіп берсін! Оның Өзі ісімді қарап, қорғап, мені қолыңызға түсірмей, ақтап шығара көрсін! — деді. 17 Дәуіт осы сөздерді айтып болғанда, Саул: — Дәуіт, балам-ау, бұл сен бе едің? — деп дауыс көтере сұрап, егіле жылады. 18 Содан кейін ол: — Сен менен әлдеқайда әділсің! Өзіңе істеген зұлымдықтарыма жақсылықпен жауап қайтардың. 19 Сен бүгін де маған жақсылық жасап, соныңды ісіңмен дәлелдедің. Жаратқан Ие қолыңа беріп тұрғанның өзінде, сен мені өлтірмедің! 20 Қас жауы қолына түскен қандай адам оны аман-есен жібере салады? Маған бүгін істегеніңді Жаратқан Ие саған да жақсылықпен қайтара көрсін! 21 Сенің шүбәсіз патшалық құрып, Исраил патшалығының билігі қолыңда берік болатынын енді білдім. 22 Ал қазір менен кейінгі ұрпақтарымды құртпауға, әрі әкемнің әулетінің ішінде есімімді өшірмеуге маған Жаратқан Иенің алдында ант бер! — деді. 23 Дәуіт осылайша Саулға ант берді. Бұдан соң Саул сарайына қайтып, Дәуіт адамдарын ертіп қыраттағы паналайтын жерлеріне көтерілді.
1 Осы аралықта Самуил пайғамбар қайтыс болып, бүкіл Исраил халқы Рамаққа жиналды. Олар оны жоқтап аза тұтып, мәйітін үйінің қасындағы қабірге қойды. Мұнан кейін Дәуіт Мағон маңайындағы елсіз аймаққа қарай ығысты. 2 Мағон қаласында бір өте бай адам тұрып жатты. Оның үш мың қойы, бір мың ешкісі және көршілес Кәрмел қаласының маңында жайылымдық жері де бар болатын. 3 Бұл кісінің есімі Набал, әйелінің есімі Әбигел еді. Әбигел ақылды да сымбатты, ал күйеуі Набал қатыгез де қара ниетті болатын. Набал Халептің үрім-бұтағынан шыққан еді. Сол уақытта Набал Кәрмелде қойларын қырқып жатты. 4 Қыратты далада жүрген Дәуіт бұл туралы естіп, 5 жас жігіттерінің онын Набалға жұмсап, оларға мынадай тапсырма берді: — Кәрмелге көтеріліп, Набалмен амандасыңдар. Оған сәлемімді жеткізіп, 6 былай деңдер: Жеке басыңызға, үй ішіңізге, бүкіл иелігіңізге амандық пен тыныштық тілейміз. 7 Қазір қойларыңызды қырқып жатқаныңыз туралы естідім. Шопандарыңыз жанымызда жүргенде, біз оларға ешқандай жәбір көрсеткен емеспіз. Қайта, Кәрмелдің маңында малдарын бағып жүрген бүкіл уақытта олардан бірде-бір тұяқ жоғалған жоқ! 8 Осыны қызметшілеріңізден сұрасаңыз болғаны, өздері-ақ айтып береді. Той үстіне келіп қалған екенбіз, мына жіберген жас жігіттерімді жылы шыраймен қарсы ала көріңіз. Осы қызметшілеріңіз және ініңіз Дәуітпен қолыңыздағы барыңызбен бөліссеңіз екен. 9 Жігіттер Дәуіттің сәлемін Набалға түгелдей жеткізіп болып, үнсіз күтіп тұрып қалды. 10 Бірақ Набал оларға дөрекі жауап беріп: — Дәуіт деген кім өзі? Есейдің бұл баласы кім екен? Бүгінде қожаларынан қашып, босып жүрген құлдар толып жүр! 11 Неліктен наным мен сусынымды, қырықтықшыларыма арнап сойылған малымның етін қайдан келе қалғаны белгісіз біреулерге бере салуым керек?! — деді. 12 Жігіттері қайтып келіп, осы сөздердің барлығын Дәуітке баяндап берді. 13 Сонда ол адамдарына: «Семсерлеріңді асыныңдар!» — деп бұйырды. Бәрі де, Дәуіттің өзі де семсерлерін асынып алды. Төрт жүздей адам онымен бірге аттанып, қалған екі жүзі тұрақтаған жерлерін күзетіп қалып қойды. 14 Набалдың бір қызметшісі оның әйелі Әбигелге бұл туралы былай деп хабарлады: «Дәуіт қыратты аймақтан хабаршылары арқылы қожайынымызға сәлемін жолдаған еді. Бірақ ол соларды балағаттап, қайтарып жіберді! 15 Алайда сол кісілер бізге көп жақсылық жасап келді. Жайлауда олардың жанында жүргенімізде бізге ешқандай жәбір көрсеткен жоқ. Бірде-бір нәрсеміз жоғалған да емес. 16 Қайта, қастарында қой баққан кездерімізде бізді қамал сияқты күні-түні қорғап жүрді. 17 Ал енді, не істеу керектігін өзіңіз ойланып көріңіз: мырзамызға және оның бүкіл үй ішіне қауіп төніп тұр! Қожайынымыз — арсыз адам, онымен ешкім батып сөйлесе алмайды ғой». 18 Сонда Әбигел дереу екі жүз таба нан, екі мес шарап, бес қойдың етін, бір қап қуырылған бидай, жүз бума мейіз және екі жүз бума кепкен інжір жемістерін алып, бәрін есектерге артты. 19 Әйел қызметшілеріне: «Менен бұрын кете беріңдер! Мен арттарыңнан шығамын», — деп бұйырды. Күйеуі Набалға ол бұл туралы тіс жарған жоқ. 20 Есекке мінген Әбигел таудың ық жағымен төмен түсіп бара жатқанда, Дәуіт жігіттерімен басқа жақтан оған қарсы төмен түсіп келе жатыр екен. Осылайша олар бір-бірімен кездесті. 21 Ал Дәуіт Набалға қатты өшігіп: «Сол кісінің қыратты аймақтағы бүкіл мал-мүлкіне қарап, ештеңесін жоғалтпай күзеткенім бекер болыпты! Ол істеген жақсылығыма жамандықпен қайтарып отыр, міне! 22 Егер таң атқанша оның иелігіндегі еркектерінің бірде-біреуін тірі қалдырсам, Құдай мені жазалаған үстіне жазаласын!» — деген болатын. 23 Әбигел Дәуітті көрген бойда есегінен түсе қалып, оның алдында басын жерге дейін иіп тағзым етті. 24 Оның аяғына жығылып, былай деп өтініш жасады: — Тақсыр ием, кінә өз мойнымда! Күңіңіздің сөйлеуіне рұқсат беріп, айтқандарына құлақ түре көріңіз! 25 Тақсыр ием, сол арсыз Набалға көңіл бөлмеңіз. Есімінің «Ақымақ» дегенді білдіретініндей, өзі де барып тұрған ақымақ. Ал мен жіберген жігіттеріңізді көрмей қалдым. 26 Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және сіздің алдыңызда шындықты айтамын: енді Жаратқан Ие сізді қан төгіп өз қолыңызбен кек алудан сақтап қалып отыр. Барлық жауларыңызға және сізге жамандық тілейтіндерге Құдай сол Набал тартуға тиісті жазаны тартқызсын! 27 Мынау — нөкер жігіттеріңізге беру үшін мендей күңіңіздің тақсыр иесіне алып келген сыйлары. 28 Тақсыр, күңіңіздің кінәсін кешіре көріңіз. Жаратқан Ие өзіңізге және әулетіңізге тұрақты патшалық құрғызады. Себебі Жаратқан Ие үшін соғысып жүрсіз, әрі өмір бойы ешбір зұлымдық жасамай келесіз. 29 Өлтіру үшін сізді біреу қуып жүрсе де, Құдай Иеңіз өміріңізді көзінің қарашығындай сақтайды, ал жауларыңыздың өмірлері сақпаннан атылған тас іспетті ғайып болады. 30 Тақсыр, Жаратқан Ие алдын ала уәде еткен игіліктерінің бәрін сыйлап, сізді Исраилдің басшысы етіп қойған кезде, 31 адам баласының қанын бекерден-бекер төгіп, кегімді қайтардым-ау деген ой өзіңізді мазалап жегідей жемейтін болады. Лайым Жаратқан Ие сізді жарылқасын! Өзіңіз күңіңізді есіңізден шығара көрмеңіз. 32 Сонда Дәуіт Әбигелге былай деп жауап берді: — Сені бүгін маған жолықтырып отырған Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге шүкірлік! 33 Зор даналығыңмен мені бүгін қан төгіп, кек алудан сақтап қалғаның үшін сені жарылқай көрсін! 34 Мені өзіңе жамандық істеуден бөгеп қалған — Исраилдің мәңгі тірі Құдай Иесі. Оның Өзі мынаған куә: егер сен осылай тездетіп алдымнан шықпағаныңда, таң атқанша сол Набалдың еркектерінің бірде-біреуін тірі қалдырмаған болар едім! 35 Дәуіт Әбигелдің қолынан алып келген сыйлық дәмін қабылдап: — Аман-есен үйіңе қайта бер. Сөздеріңе құлақ астым, бетіңді қайтармаймын, — деп онымен қоштасты. 36 Әбигел үйіне қайтып келгенде, Набал патшаның тойындай етіп дүркіретіп той өткізіп жатыр екен. Көңілі көтеріңкі, өзі әбден мас болып алыпты. Әйелі оған таңертеңге дейін ләм-мим деген жоқ. 37 Ертеңгісін Набалдың мастығы тарқағанда, әйелі оған болған жайттың бәрін айтып берді. Сонда оның жүрегі шыдамай, тастай қатып сіресіп қалды. 38 Шамамен он күннен кейін Жаратқан Ие Набалға ажал жіберді. 39 Дәуіт Набалдың өлгені туралы естігенде: «Жаратқан Иеге шүкірлік! Ол Набалдың мені масқаралағанын әшкерелеп, өзімді ақтады, әрі жамандық жасаудан сақтап қалды. Енді Набалдың істеген зұлымдығын оның өз басына қайтарды!» — деді. Кейін Дәуіт араға кісі салып, Әбигелге үйленбек ниетін білдірді. 40 Уақыты жеткенде Дәуіттің қызметшілері Кәрмелге барып, Әбигелді: — Дәуіт бізді сізге жіберді. Оған күйеуге шығу үшін бізге еріп жүрсеңіз екен, — деп шақырды. 41 Сонда Әбигел басын жерге дейін иіп тағзым етіп: — Тақсыр ием Дәуіттің күңімін. Оның қызметшілерінің аяқтарын жуатын күңі болуға дайынмын, — деді. 42 Әбигел дереу жолға жиналып, есегіне мініп, қасына бес қызметші қызын ертіп алды. Осылай ол Дәуіттің жолдас жігіттеріне ілесіп барып, Дәуітке күйеуге шықты. 43 Сонымен Дәуіттің екі әйелі болды, ол ізрелдік Ахиноғамға да үйленген еді. 44 Ал Саул Дәуітке ұзатқан қызы Михолды Дәуіттің жоқ кезінде ғалимдық Лаиш ұлы Палти есімді біреуге қосқан болатын.
1 Зифтің халқы қайтадан Гибеяда тұрып жатқан Саулға барып, Дәуіттің Есімонға қарама-қарсы жатқан Һақила қырында жасырынып жүргені туралы айтып берді. 2 Саул қасына елдегі үш мың таңдаулы жауынгерді ертіп алып, Дәуітті іздеуге Зиф маңындағы елсіз аймаққа қарай аттанып, 3 Есімонға қарама-қарсы жатқан Һақила қырындағы жолдың бойына қосын тікті. Елсіз қыратта жүрген Дәуіт өзін Саулдың іздеп, соңына түскенін ұғынды. 4 Содан ол барлаушыларын жіберіп, Саулдың шынымен келгенін анықтап білді. 5 Мұнан кейін Дәуіт Саулдың қос тіккен жеріне жақындап, (қырат басынан) Саул мен қолбасшысы Нер ұлы Әбенирдің қай жерде жатқандарын мұқият қарап алды. Саул бекінген тұрақтың ортасында, ал жауынгерлері оны айналдыра қоршап жатыр екен. 6 Дәуіт хеттік Ахимәліктен және Сарұяның ұлы, Жоғабтың інісі Әбішайдан: «Менімен бірге Саулдың қосына қайсың барасың?» — деп сұрағанда, «Сізбен бірге мен барайын», — деп, Әбішай баратын болды. 7 Дәуіт пен Әбішай түн жамылып, әскер қосына қарай төмен түсті. Саул бекінген тұрақтың ортасында, сүңгісі бас жағында жерге қадаулы күйі ұйықтап, ал Әбенир мен жауынгерлер оны қоршап жатыр екен. 8 Әбішай Дәуіттен: — Бүгін Құдай жауыңызды қолыңызға түсіріп отыр. Оны сүңгімен жерге қадап тастауға рұқсат етіңіз. Мен бір ұрсам болды, екінші рет ұрып жатпаймын! — деп өтінген еді. 9 Бірақ Дәуіт оған тыйым салып: — Оны өлтіруші болма! Жаратқан Ие тағайындаған патшаға қол көтерген адам айыпсыз қалмайды. 10 Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Оның Өзі Саулды өлтіретін болады. Не уақыты жетіп қайтыс болады, не соғысқа шығып қаза табады. 11 Бірақ Өзінің тағайындаған патшасына қол тигізу дегеннен Жаратқан Ие сақтай көрсін! Одан да бас жағындағы сүңгісі мен құмырасын ал, сосын кетейік, — деген еді. 12 Осылай Дәуіт Саулдың бас жағындағы сүңгісі мен су құятын құмырасын алып, екеуі сол жерден кетіп қалды. Ешкім оларды көрген де, білген де жоқ, тіпті ешкім оянған да жоқ. Жаратқан Ие жауынгерлерді терең ұйқыға батырғандықтан бәрі қатты ұйықтап жатты. 13 Дәуіт сайдың арғы бетіне өтіп, әскер қосынан алысырақ жердегі қырат басына шықты. Олардың арасы бірталай қашық болды. 14 Сол жерден Дәуіт әскерге және Нер ұлы Әбенирге тіл қатып: — Мені естіп тұрсың ба, Әбенир! — деп дауыстады. Ол: — Айқайлап, патшаны мазалап тұрған сен кімсің, өзі? — деп жауап берді. 15 Дәуіт: — Әбенир, сен ер жігітсің ғой! Исраил елінде саған тең келер ешкім жоқ! Олай болса, неге патшаңды дұрыстап қорғамайсың? Себебі патшаны құрту үшін халық арасынан біреу келіп кетті! 16 Сенің бұның дұрыс емес. Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Сендер өлім жазасына лайықсыңдар! Өйткені өз иелеріңді, Жаратқан Иенің тағайындаған патшасын дұрыстап күзетіп қорғамадыңдар! Іздеп көр: патшаның бас жағындағы сүңгісі мен құмырасы қайда? — деп айқайлады. 17 Дәуіттің даусын таныған Саул: — Бұл сенбісің, Дәуіт балам-ау? — деп сұрады. — Иә, патша ием! — деп жауап берген Дәуіт 18 сөзін жалғастырып былай деді: — Уа, патша, бұл пендеңіздің соңына неге түсіп жүрсіз? Мен не істеп қойдым, жазығым не? 19 Тақсыр ием, айтқаныма құлақ аса көріңіз! Егер сізді маған қарсы қойып отырған Жаратқан Ие болса, онда Ол күнәмнің құнын өтейтін құрбандығымды қабылдай көрсін. Ал егер осыны істеп отырған адамдар болса, оларды Жаратқан Иенің қарғысы атпақ. Олардың мені Жаратқан Иенің өз жерінен қуып жүргендері «Кет, жалған тәңірлерге табын!» деп азғырумен тең. 20 Жаратқан Иеден алыс жерде қанымның төгілуіне жол бермеңіз! Исраилдің патшасы бір бүргені қудалап, таудағы құр құсының ізіне түскендей, соңымнан қалмай қуып жүр! — 21 Сонда Саул былай деп дауыстады: — Мен күнә жасадым. Қайтып кел, Дәуіт балам! Өмірімді қымбат көріп, бүгін мені өлтірмегенің үшін бұдан былай саған жамандық істемеймін! Мен ақымақтық жасап, өте көп қате жібердім. 22 Ал Дәуіт оған былай деп жауап қатты: — Мынау — патшаның сүңгісі! Бір нөкер жігітіңіз келіп, оны алып кетсін. 23 Жаратқан Ие әрбір адамға оның әділдігі мен сенімділігіне қарай сыйын береді. Жаратқан Ие сізді бүгін қолыма берсе де, мен сізге қарсы қол көтеруден бас тарттым. Өйткені Жаратқан Иенің тағайындаған патшасысыз. 24 Сіздің өміріңізді бүгін қалай қымбат көрген болсам, Жаратқан Ие де менің өмірімді солай қымбат көріп, қиындық атаулыдан құтқара көрсін! — 25 Саул: — Жарылқана бер, Дәуіт балам! Небір істерді тындырып, жеңіске қол жеткізетін боласың, — деп оған батасын берді. Содан соң Дәуіт өз жөніне кетті, ал Саул сарайына оралды.
1 Бірақ Дәуіт іштей: «Қалайда күндердің күні Саулдың қолынан құримын. Ең жақсысы, тездетіп філістір еліне қашып құтылу. Сонда Саул мені бүкіл Исраилде іздеуін қойып, оның қолынан сытылып кетемін», — деп ойлады. 2 Осылайша Дәуіт пен оның жанында жүрген алты жүз адам жолға жиналып, Ғаттың патшасы Мағох ұлы Анхұсқа қарай өтіп кетті. 3 Олар Ғат қаласына Анхұстың жанына орналасты. Әрқайсысы өзінің отбасын ала келген еді. Дәуіттің екі әйелі: ізрелдік Ахиноғам мен Набалдың жесірі кәрмилдік Әбигел де қасында болды. 4 Дәуіттің Ғатқа қашып кеткенін Саул да біліп, оны енді қайтып іздемейтін болды. 5 Дәуіт Анхұстан: «Тақсыр, рақым етіп, бізге далалы жерде қоныстануға бір қалашықты беруге бұйыра көріңіз. Біз осында патшаның қаласында тұрып, сіздерді әуреге салмай-ақ қояйық», — деп өтінді. 6 Анхұс оған тұруға Сикеләгті берді. Сол кезден бастап қазірге дейін осы қала Яһуда патшасының қарамағында болып келеді. 7 Дәуіт філістір елінде барлығы бір жыл төрт ай тұрды. 8 Ол адамдарымен аттанып, гешур, гірзе, амалек тайпаларына шабуыл жасап отырды. Бұлар көп уақыттан бері Шур мен Мысыр елінің арасындағы жерді мекенденіп келген еді. 9 Дәуіт қай жерге шабуыл жасаса да, еркек болсын, әйел болсын, ешкімді тірі қалдырмай, тек олардың қой-ешкі, мүйізді ірі қаралары мен есек-түйелерін және киім-кешектерін тонап, Анхұстың жеріне қайтатын. 10 Анхұс: «Бүгін еш жаққа шабуылға шыққан жоқсыңдар ма?» — деп сұраса, Дәуіт Яһуданың, Ерахмел әулетінің я болмаса Кен тайпасының оңтүстік жағына аттанғандары туралы айтатын. 11 Дәуіттің еркектер мен әйелдерді тірі қалдырмай, Ғат еліне ешқандай тұтқын алып келмеуінің себебі, олар Анхұсқа «Дәуіт былай істеді» деп шағым айтар деген күмәні болды. Філістірлермен бірге тұрған кезде Дәуіт үнемі осылай әрекет етіп жүрді. 12 Анхұс Дәуітке иланып: «Ол өз халқы Исраилдің алдында әбден жек көрінішті болды. Сол себепті мәңгі бақи менің қызметшім болып өтеді», — деп ойлады.
1 Сол күндері філістірлер Исраилге қарсы соғыс ашпақ болып, жасақшыларын жинады. Анхұс Дәуітке: — Біліп ал, сен адамдарыңмен бірге маған еріп, әскерге қосыласың! — деп бұйырды. 2 Дәуіт: — Енді қызметшіңіздің не істей алатынын көретін боласыз, — дегенде, Анхұс: — Онда сені өмір бойы жеке басымды қорғайтын сақшым етіп тағайындаймын, — деп жауап берді. 3 Бұдан бұрын Самуил пайғамбар қайтыс болып, бүкіл Исраил оны жоқтап аза тұтып, туған қаласы Рамақтағы қабірге қойған еді. Саул аруақ шақыратын барлық бақсы-балгерлер мен сәуегейлерді елден қуып жіберген болатын. 4 Філістір әскері жиналып, Шунемге аттанып барып, сол жерге қостарын тікті. Саул да Исраилдің барлық ер адамдарын жинап алып, олар Гелбуе қыратына орнықты. 5 Саул філістірлердің қостарын көргенде шошып, жүрегі қатты дірілдеп кетіп, 6 Жаратқан Иеден ақыл сұрады. Бірақ Жаратқан Ие оған не түсіндегі аяны, не қасиетті жеребе, не пайғамбарлар арқылы жауап бермеді. 7 Сонда Саул нөкерлеріне: — Маған аруақ шақыратын бір сәуегей әйелді табыңдар! Мен оған барып, ақыл сұрап көрейін, — деп бұйырды. Олар: — Ендор қалашығында аруақ шақыратын бір сәуегей әйел бар, — деді. 8 Саул өзін танымайтындай етіп киімін өзгертіп киінді. Екі жігітін ертіп алып, сол жаққа қарай жүріп кетті. Олар түн ішінде әйелге келді. Саул одан: — Өтінемін, мен үшін сәуегейлік жасап, айтқан адамымның аруағын шақырып беріңізші, — деп сұрады. 9 Әйел: — Саулдың не істегенін білетін шығарсыз. Ол аруақ шақыратын бақсы-балгерлер мен сәуегейлерді елден аластатып жіберді ғой. Сіз неге көзімді құртпақ болып, маған тұзақ құрып отырсыз? — деді. 10 Бірақ Саул оған: — Мәңгі тірі Құдайдың алдында шын айтамын: осы іс үшін ешқандай қасірет шекпейсіз, — деп ант етті. 11 Әйел: — Сізге кімді шақырып берейін? — деп сұрағанда, Саул: — Самуилді шақырыңыз, — деді. 12 Әйел Самуилді көргенде, қатты шыңғырып: — Мені неге алдадыңыз? Сіз Саулсыз ғой! — деп айқайлады. 13 Патша: — Қорықпа! Не көріп тұрсың? — деп сұрады. — Мен жер астынан шығып келе жатқан, билерге ұқсайтын біреуді көріп тұрмын. 14 — Оның түрі қандай? — Ол — үстіне ұзын шапан киген кәрі адам, — деп жауап берді әйел. Сонда Саул оның Самуил екенін білді де, басын жерге дейін иіп тағзым етті. 15 Самуил Саулға: — Сен неге мазамды алып, мені шақыртып тұрсың? — деп наразылық білдірді. Саул: — Мен қатты қорқып тұрмын. Філістірлер маған қарсы соғыс ашты. Ал Құдай менен бас тартып, енді маған не пайғамбарлар, не түс арқылы жауап бермей отыр. Сол себепті маған не істеуім керек екенін білдіру үшін сізді шақырттым, — деді. 16 Сонда Самуил оған мынаны айтты: — Жаратқан Ие өзіңнен бас тартып, жауыңа айналғаннан кейін, не үшін менен ақыл сұрайсың? 17 Жаратқан Ие мен арқылы алдын ала айтқандарын енді жүзеге асырып, патшалық билікті қолыңнан жұлып алып, маңайыңдағы біреуге, яғни Дәуітке, тапсырды. 18 Сен Құдайдың айтқанына құлақ аспай, Оның Амалекке шығарған қаһарлы үкімін орындамай кеткендіктен, Жаратқан Ие бүгін саған осыны істеп отыр. 19 Ол Исраил халқын да, өзіңді де філістірлердің қолына түсіреді: ертең сен де, ұлдарың да менің қасыма аттанасыңдар. Жаратқан Ие Исраилдің әскерін де філістірлердің қолына түсіреді. 20 Саул Самуилдің осы айтқандарынан зәресі ұшып, кенет етпетінен жерге құлап түсті. Ол бір тәулік бойы нәр татпағандықтан әлсіреп қалған еді. 21 Әйел Саулдың қасына келіп, оның қатты қорқып кеткенін көріп: — Тақсыр ие, мен сіздің айтқаныңызға құлақ асып, басымды өлімге тігіп, тілегіңізді орындадым. 22 Енді сіз де менің айтқаныма құлақ аса көріңіз. Сізге дастарқан жайып, аздап тамақ алып келейін. Содан дәм татып, жөніңізге кету үшін әлденіп аларсыз, — деді. 23 Саул: — Ештеңе жемеймін, — деп бас тартты. Бірақ екі нөкер жігіті мен әйел оны көндіріп, Саул орнынан тұрып, төсек үстіне жайғасып отырды. 24 Әйелдің қорада бордақыланған өгізшесі бар болатын. Соны тездетіп сойып, етін пісіріп, ұннан қамыр илеп, ашытқысыз нан пісірді. 25 Осыларды Саул мен нөкерлеріне ұсынды. Олар тамақ ішіп болған соң сол түні кетіп қалды.
1 Осы кезде філістірлер барлық жасақтарын Әфектің маңына жинаған болатын. Ал исраилдіктер Ізрелдің жанындағы бұлақ көзінің қасына қостарын тіккен еді. 2 Філістір әміршілері жасақтарын жүзге, мыңға бөліп, сапқа тұрғызып өткізді. Дәуіт пен оның адамдары Анхұсқа еріп артқы жақта келе жатты. 3 Філістір билеушілері: — Мына исраилдік жалдамалылар мұнда не істеп жүр? — дегенде, Анхұс: — Бұл бұрын Исраил патшасы Саулдың нөкері болған Дәуіт қой. Бір жылдан астам уақыт бойы қасымда жүр. Біздің жаққа өтіп келген күннен бері оның бойынан сезікті ештеңені байқамадым, — деп түсіндірді. 4 Бірақ філістір әміршілері Анхұсқа ашуланып, мынадай талап қойды: — Бұл адамды кері қайтар, сен өзіне белгілеген жерге қайта оралсын. Оның бізбен бірге шайқасқа шығуына болмайды. Әйтпесе ол ұрыс барысында бізге қарсы шыға келеді. Оған өзінің тақсыр иесінің рақымына қайтадан ие болу үшін біздің адамдардың бастарын алудан артық шара жоқ қой! 5 Мына өлең Дәуіт туралы айтылған жоқ па еді: «Саул мыңдаған жауын жеңіп жойды, Ал Дәуіттің жойғаны он мың болды!» 6 Сонда Анхұс Дәуітті өзіне шақырып алып: — Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: сен адал адамсың, жорыққа бірге шыққаның жақсы болар еді. Қасыма келген күннен бері сенен жаман қылық көрген жоқпын. Бірақ басқа әміршілер сені жақтырмайды. 7 Сол себепті бұрылып, аман-есен кері қайт. Оларға ұнамсыз ештеңе жасама, — деді. 8 Дәуіт: — Мен не істеп қойдым, тақсыр? Сізге қызметке тұрғалы менен қандай кінә таптыңыз? Мен неге сіздермен бірге барып, патша иемнің жауларына қарсы күреспеймін? — деп наразылық білдірді. 9 Анхұс: — Сен менің көз алдымда Құдайдың періштесіндей адал болып келесің, соны жақсы білемін. Бірақ філістір әміршілері сен туралы: «Оның бізбен бірге шайқасқа шығуына болмайды!» деп шешім қабылдады. 10 Сондықтан сен және бұрынғы иеңнің қызметшілері болған барлық серіктерің ертең ертемен тұрып, жарық түсісімен жолға шығыңдар! — деп бұйырды. 11 Дәуіт күн шығысымен адамдарымен бірге жолға шығып, філістір еліне қайта оралды. Ал філістір жасақтары Ізрелге қарай өрлеп кетті.
1 Дәуіт адамдарымен үшінші күні Сикеләгке жетті. Ал амалектіктер Яһуда жерінің оңтүстігіне және Сикеләгке жорыққа аттанып, осы қалаға шабуыл жасап, өртеп жіберген еді. 2 Олар қаладағы әйелдер мен үлкенді-кішілі басқа адамдардың барлығын да тұтқындап, ешқайсысын өлтірмей, өздерімен бірге алып кеткен болатын. 3 Дәуіт сарбаздарымен Сикеләгке жеткенде, қала өртелген, ал әйелдері мен ұл-қыздары айдалып әкетілген екен. 4 Сонда бәрі дауыстап жоқтап, әлдері құрығанша егіліп жылай берді. 5 Дәуіттің екі әйелі, ізрелдік Ахиноғам мен кәрмелдік Набалдың жесірі Әбигел де тұтқындалыпты. 6 Сарбаздар ұл-қыздарын жоқтап, ызаланып, тіпті: «Дәуітті таспен атқылап өлтіреміз!» — десті. Осылайша Дәуіттің жағдайы аса қиын болды. Алайда ол Құдай Иесіне сиынып, Одан қайрат-жігер алды. Содан Дәуіт Ахимәлік ұлы Абиятардан: «Бас діни қызметкердің жеңсіз сырт киімін алып келіңіз», — деп өтінді. Діни қызметкер оны әкелген соң, 8 Дәуіт Жаратқан Иеден: — Осы шапқыншы әскердің соңына түсейін бе? Оларды қуып жете аламын ба? — деп сұрады. Жаратқан Иенің жауабы мынау болды: — Соңына түс! Қуып жетесің, құтқарып та аласың! 9 Сонда Дәуіт қасындағы алты жүз сарбазымен жорыққа шығып, Босор сайының жағасына жетті. Алайда олардың кейбіреулері сол жерде қалып қойды. 10 Себебі екі жүз жігітінің қатты шаршағандықтан сайдың арғы бетіне өтуге шамалары келмеді. Қалған төрт жүз адамымен Дәуіт қуғындауын әрі қарай жалғастыра берді. 11 Жолшыбай олар далада жатқан бір мысырлық жігітті тауып, оны Дәуітке алып келді. Оған су ішкізіп, 12 жеуге нан, кепкен інжір жемістерін және екі бума мейіз берді. Жігіт үш тәулік бойы нәр татпаған екен. Жүрек жалғап, әл жинап алғаннан кейін, 13 Дәуіт одан: — Қай жақтың адамысың? Аты-жөнің кім? — деп сұрастыра бастады. Жігіт: — Мен мысырлық сарбазбын, бір амалектіктің құлымын. Ауырып қалған мені қожайыным бұдан үш күн бұрын тастап кетті. 14 Біз кереттіктердің оңтүстік жағына, Яһуданың жеріне және Халептің оңтүстік жағына шабуыл жасап, Сикеләгті өртеп жіберген едік, — деді. 15 Дәуіт: — Мені сол әскерге бастап алып барасың ба? — деп сұрады. Ол: — Мені өлтірмеймін, қожайыныма қайтарып бермеймін деп Құдайдың атымен ант етсеңіз, сізді соларға бастап алып барамын! — деді. 16 Сонымен жігіт Дәуіт пен серіктерін амалектіктер кеткен жаққа бастап алып жүрді. Олар жаудың қостарына таяп, қараса, амалектіктер бір кең жерге алаңсыз жайғасып, філістірлердің және Яһуданың елдерінен қолдарына түсірген ұлан-ғайыр олжаларына қуанғаннан ішіп-жеп тойлап жатыр екен. 17 Дәуіт сарбаздарымен оларға ымырт жабыла бас салып, келесі күннің кешіне дейін шайқасты. Түйелеріне мініп қашып кеткен төрт жүз жас жігіттен басқа амалектіктердің ешбіреуі құтыла алмады. 18 Дәуіт осылайша амалектіктердің алып кеткендерінің бәрін де, өзінің екі әйелін де құтқарып алды. 19 Сарбаздардың үлкенді-кішілі адамдарынан, ұл-қыздары мен жинаған олжаларынан, амалектіктердің бұлардан қолға түсіргендерінен ештеңе де жоғалмапты, Дәуіт бәрін де қайтарып алды. 20 Оның үстіне жаудың бүкіл ірілі-ұсақты малдарын да қолына түсірді. Адамдары осы малдарды өз малдарынан бұрын айдап, «Бұл — Дәуіттің олжасы!» — десті. 21 Осылай сарбаздар қатты қалжырап, ере алмайтын болғандықтан Босор сайының жағасында қалдырып кеткен екі жүз адамына жақындап келді. Сонда олар Дәуіт пен оның жанында жүргендердің алдарынан шықты. Дәуіт оларға жолығып, амандық сұрасты. 22 Бірақ онымен бірге жүргендердің ішіндегі кейбір пасық та арсыз адамдар: — Бұлар бізбен бірге шайқасқа барған жоқ. Ендеше біз қолға түсірген олжадан оларға үлес те жоқ! Әйелдері мен балаларын алсын да соған қанағаттансын! — деді. 23 Бірақ Дәуіт былай деп шешті: — Бауырларым, Жаратқан Иенің бізге сыйлағандарымен олай істемеңдер! Ол бізді аман-есен қорғап, шапқыншыларды қолымызға түсірді емес пе!? 24 Сендердің бұл ұсыныстарыңа кім құлақ түреді? Қайта, үлестері бірдей болсын Қарауылда қалғанның, Һәм шайқасқа да аттанғанның, Олжа бәріне бірдей бөлінсін! 25 Сол күннен бастап Дәуіт мұны Исраилдегі міндетті ереже ретінде бекітті. Ол әлі күнге дейін сақталып келе жатыр. 26 Дәуіт Сикеләгке қайта оралған соң, олжаның біразын Яһуда елінің өзімен достасқан рубасыларына жіберіп: «Бұл — сізге Жаратқан Иенің жауларынан түскен олжадан сыбаға!» — деген сәлемін жолдады. 27 Дәуіттің тартулар жіберген жерлері мыналар еді: Бетел, оңтүстіктегі Рамот, Ятир, 28 Арогер, Сифмот, Ештемоға, 29 Рахал, ерахмелдіктер мен кендіктердің қалалары, 30 Хорма, Хорашан, Атах, 31 Хеброн және өзі адамдарымен бірге барып тұрған барлық басқа жерлер.
1 Осы екі арада філістірлер Исраилдің жасағына қарсы соғысып жатты. Исраилдіктер олардан қашып, көбі Гелбуе тауында қаза тапты. 2 Філістірлер Саул мен оның ұлдарының соңына түсіп, ақыры ұлдары Жонатан, Әминадап, Мәлхисуаны өлтірді. 3 Саулдың айналасындағы шайқас қатты күшейе түсті. Садақшылардың жебелері дәл тиіп, оны ауыр жарақаттады. 4 Саул өзінің қару-жарақ тасушы нөкеріне: «Семсеріңді суырып, маған сұғып ал! Мына құдайсыздар келіп, маған білгендерін істеп масқара қылмасын!» — деп бұйырды. Бірақ нөкері қатты қорқып, бұны істеуден бас тартты. Сонда Саул өз семсерін суырып алып, оны өзіне қарай қаратып үстіне құлап түсті. 5 Қару тасушы нөкері Саулдың мерт болғанын көргенде, ол да Саулдың қасында дәл солай өзін-өзі өлтірді. 6 Осылайша сол күні Саул мен оның үш ұлы, қару тасушысы және барлық басқа нөкерлері қаза тапты. 7 Ізрел аңғарының арғы бетін және Иордан өзенінің ар жағын мекендеген исраилдіктер сарбаздардың қашқанын, әрі Саулдың ұлдарымен қоса мерт болғанын білгенде, олар тұрып жатқан қалаларын тастап, қаша жөнелді. Ал філістірлер келіп, сол қалаларға қоныстанып алды. 8 Келесі күні філістірлер қаза тапқандарды тонауға келгенде, Гелбуе тауында өліп жатқан Саул мен оның үш ұлының мәйіттеріне тап болды. 9 Жасақшылар Саулдың басын шауып алып, қару-жарағын иемденді. Осы хабарды бүкіл філістір еліне, олардың табынатын жалған тәңір мүсіндерінің ғибадатханаларында және халық арасына тарату үшін шабармандарын жіберді. 10 Філістірлер Саулдың қару-жарағын Астарта есімді жалған тәңірдің ғибадатханасына сақтап қойып, мәйітін Бет-Шан қамалының қабырғасына іліп қойды. 11 Бірақ Ғилақадтағы Ябес қаласының тұрғындары філістірлердің Саулға істеген қорлығы туралы естіді. 12 Қаланың мықты деген ер азаматтарының бәрі де жиналып, сапарға аттанды. Олар түні бойы жол жүріп, Бет-Шан қамалының қабырғасынан Саул мен оның үш ұлының мәйіттерін түсіріп алды. Оларды Ябеске әкеліп, сонда өртеп жіберді. 13 Олар сүйектерін Ябесте бір жыңғыл ағашының түбіндегі қабірге қойып, жеті күн бойы ораза ұстап, мерт болғандарды жоқтады.
1 Сонымен Саул патша қаза тапқан еді. Ал Дәуіт амалектіктерді жеңгеннен кейін Сикеләг қаласына қайта оралып, сол жерде екі күн болды. 2 Үшінші күні Саулдың әскер қосынан біреу Сикеләгке келе қалды. Сол кісі қайғысының белгісі ретінде киімін жыртып, басына топырақ сеуіп алыпты. Ол Дәуіттің алдына келіп, жерге жығыла тағзым етті. 3 Дәуіт: — Қайдан келдің? — деп сұрағанда, ол: — Исраилдік әскер қосынан келіп тұрмын. Жаудан қашып құтылдым, — деді. 4 — Ал не жағдай болды, айтып берші! — Жасақ ұрыс майданынан қашып, көбі сол жерде қаза тапты! Саул мен ұлы Жонатан да о дүниеге аттанды. — 5 Дәуіт осыны айтқан жігіттен: — Саул мен Жонатанның өлгенін қайдан білесің? — деп сұрады. 6 Сонда жігіт былай деді: — Мен кездейсоқ Гелбуе қыратына барған едім. Қарасам, Саул сол жерде найзасына сүйеніп отыр екен. Жаудың соғыс күймелері мен атты әскері ентелеп, жетіп-ақ қалыпты. 7 Артына қараған Саул мені көріп, қасына шақырды. Мен оған: «Тыңдап тұрмын», деп жауап бердім. 8 Ол: «Сен кімсің?» деп сұрады. Мен: «Амалектікпін», дедім. 9 Ол: «Қасыма кел де, мені өлтір! Жаным шықпай, қиналып жатырмын», деп бұйырды маған. 10 Мен қасына барып, өлтіріп тастадым. Себебі құлап, ауыр жарақаттанған оның тірі қала алмайтынына көзім жетті. Содан мен басындағы тәжі мен білегіндегі алтын білезігін шештім. Уа, тақсыр ием, оларды осында өзіңізге алып келдім. 11 Ал Дәуіт қатты қайғырып, үстіндегі көйлегінің өңірін қапсыра ұстап алды да, айыра жыртып жіберді. Қасындағы адамдары да осылай етті. 12 Олар семсер жүзінен қаза тапқан Саул мен Жонатан үшін, Жаратқан Иенің жасағы мен бүкіл Исраил елі үшін кешке дейін қайғыра жылап, ораза тұтты. 13 Содан соң Дәуіт хабаршы жігіттен: — Өзің қай жерліксің? — деп сұрады. Ол: — Жатжұрттық кірменің ұлы, амалектікпін, — деді. 14 Дәуіт оған: — Сен қалайша шімірікпестен Жаратқан Иенің тағайындаған патшасына қол көтеріп өлімге қидың?! 15 Өз обалың өзіңе. Жаратқан Иенің тағайындаған патшасын өлтірдім деп өз аузыңмен айтып, үкіміңді өзің шығардың! — деді. Содан ол сарбаздарының бірін шақырып алып: «Мынаны өлтір!» — деп бұйырды. Сарбаз келіп, бұйрықты жүзеге асырды. 17 Дәуіт Саул мен оның ұлы Жонатан туралы жоқтау айтты. 18 Кейін «Садақ жыры» деп аталған осы жыр яһудалықтарға үйретілсін деп Дәуіт жарлық та шығарды. Ол «Яшардың кітабында» жазылған. Дәуіттің айтқан жоқтауы мынау еді: 19 Уа, Исраил, қыраттарыңда сенің Мерт болып жатыр мақтан тұтқан ерлерің! Қалай қаза тапты жауынгерлерің! 20 Ғат қаласына бұл хабарды айтпаңдар, Ашқалон алаңында да жар салмаңдар, Філістір қыздары қуанып жүрмесін, Құдайсыз қыздар мәз боп билемесін! 21 Уа, Гелбуе таулары, үстеріңе Енді қайтып ешқашан шық түспесін, Лайым жаңбыр да жаумасын жеріңе, Егістіктерің еш өнім бермесін! Өйткені өз қыраттарыңда қор болды Қуатты жауынгерлердің қалқандары, Енді қайтып Саулдың да қалқаны Еш майланып-сыланбайтын болады. 22 Жойылған жаудың төгілген қанынан, Мықты дұшпандарының тәндерінен Жонатанның садағы құр қайтпайтын, Саулдың семсері де құртпай қоймайтын. 23 Саул, ұлы Жонатан екеуі де Сүйікті, сүйкімді өмірлерінде, Ажырамаған олар өлімде де. Бүркіттен бетер зымырай шүйілді, Арыстаннан бетер күшті күресті! 24 Уа, Исраил қыздары, қайғырыңдар, Сендерге ал қызыл көйлек кигізген, Алтынмен киімдеріңді көмкерткен Саул марқұмды зар жылап жоқтаңдар! 25 Батырлар шайқаста қалай қаза тапқан, Қырат басында жатыр Жонатан! 26 Жоқтаймын өзіңді, қайран бауырым, Жанымдай жақсы көрген сырлас досым! Мен үшін адал сүйіспеншілігің Махаббатынан да артық әйелдің. 27 Батырлардың қаза тапқандары-ай! Елдерін қорғап көз жұмғандары-ай!
1 Осыдан кейін Дәуіт Жаратқан Иенің еркін білу үшін Одан: — Яһуданың қалаларының біріне өрлеп баруым керек пе? — деп сұрады. Жаратқан Иенің жауабы мынау болды: — Иә, сол жерге бар! — Қайсысына барайын? — Жаратқан Ие: — Хебронға! — деп бұйырды. 2 Сонымен Дәуіт екі әйелі: ізрелдік Ахиноғам мен кәрмелдік Набалдың жесірі Әбигелді ертіп алып, сол жаққа көшіп барды. 3 Дәуіт қасында жүрген адамдарын да отбасыларымен бірге ілестіріп, бәрі Хебронның өзіне және маңындағы қалашықтарға қоныстанды. 4 Сонда Яһуда руының адамдары келіп, Дәуітке май жағу рәсімін жасап, оны Яһуданың патшасы етіп тағайындады. «Ғилақадтағы Ябестің тұрғындары Саулдың мәйітін қабірге қойыпты» деген хабар Дәуітке жетті. 5 Сонда ол сол қалаға елшілерін жіберіп, оларға мына сәлемін жолдады: «Тақсыр иелеріңіз Саулға жақсылық жасап, сүйегін қабірге қойғандарыңыз үшін Жаратқан Ие сіздерді жарылқап, 6 лайым Өзінің берік мейірімі мен сенімділігін көрсете берсін! Бұл істегендеріңізді мен де жақсылықпен қайтарамын. 7 Сондықтан мықты да батыл бола беріңіздер! Тақсыр иелеріңіз Саул көз жұмды. Ал Яһуда руы мені өздерінің патшасы етіп тағайындады». 8 Алайда Саулдың қолбасшысы Нер ұлы Әбенир Саулдың тірі қалған ұлы Ишбосетті ертіп алып, Иорданнан өтіп, Маханайымға барды. 9 Сол қалада ол Ишбосетті Ғилақад, Ашур, Ізрел, Ефрем, Бунямин және Исраилдің қалған аймақтарының үстінен патша етіп тағайындады. 10 Саул ұлы Ишбосет Исраилге патшалық құра бастағанда жасы қырықта еді. Ол екі жыл билік жүргізді. Алайда Яһуда руы Дәуітті қолдап оған адал болды. 11 Дәуіт Хебронда жеті жыл алты ай бойы Яһуда еліне патшалық құрды. 12 Бірде қолбасшы Әбенир Ишбосеттің жасақшыларын ертіп алып, Маханайымнан Гибеонға аттанды. 13 Сарұяның ұлы Жоғаб та Дәуіттің сарбаздарымен бірге аттанып, оларды Гибеондағы хауыздың жанында кездестірді. Бір жасақ хауыздың бергі жағасына, екіншісі хауыздың арғы жағасына орнықты. 14 Әбенир Жоғабқа: — Бірқатар жас жігіттер алға шықсын, олар біздің алдымызда күш сынасып көрсін! — деп ұсынды. Жоғаб: — Жарайды, шықсын! — деп келісті. 15 Содан жігіттер орындарынан тұрып, алға шықты. Олар саналып, Бунямин руынан Саул ұлы Ишбосеттің атынан он екі, Дәуіттің сарбаздарынан да он екі болып бекітілді. 16 Сынасқандардың әрқайсысы қарсыласының басынан шап беріп ұстап алып, қолындағы семсерін оның бүйіріне сұғып алды. Осылай екеуі де бірдей мерт болды. Сондықтан сол жер Хелқат-Хасурим (яғни Семсер жүзі майданы) деп аталып кетті. Ол Гибеон жақта орналасқан. 17 Сол күні қиян-кескі шайқас болды. Дәуіттің сарбаздары Әбенирді және Солтүстік Исраилдің адамдарын жеңіп шықты. 18 Сарұяның Жоғаб, Әбішай және Асахил есімді үш ұлы да сол жерде болды. Олардың ішінде Асахил даланың ақбөкеніндей желаяқ болатын. 19 Сол Асахил Әбенирдің соңына түсіп алып, не оңға, не солға бұрылмай өкшелеп қалмай қойды. 20 Біраздан кейін Әбенир артына қарап, — Бұл сенбісің, Асахил? — деп сұрады. Ол: — Иә, бұл менмін, — деп жауап берді. 21 Әбенир оған: — Не оңға, не солға бұрылып, мына жас жігіттердің біріне бас салып, соның қару-жарағын олжала! — деп ұсынды. Бірақ Асахил тоқтамастан оның соңынан қалмады. 22 Әбенир Асахилге тағы бір рет ескертіп: — Менің соңыма түсуіңді доғар! Неге сені шауып өлтіруім керек? Олай істесем, ағаң Жоғабтың алдына не бетіммен барамын? — деді. 23 Бірақ Асахил қалмай қойды. Сонда Әбенир найзасының сабын оның ішіне сұғып алып, сап оның арқасынан бір-ақ шықты. Ол құлап, сол жерде жан тапсырды. Асахил қаза тапқан жерге келгендердің бәрі де сонда тоқтай қалды. 24 Ал Жоғаб пен Әбішай Әбенирдің соңына түсті. Күн батып қалғанда олар Гибеонның елсіз даласына бара жатқан жолдағы Гияхтың маңындағы Амма төбесіне жетті. 25 Буняминдіктер Әбенирдің артына жиналып, бір топ құрып, төбе басына бекініп алды. 26 Әбенир Жоғабқа дауыстап былай деді: — Семсер қашанға дейін жалмай бермек? Мұның арты ащы қасіретпен бітетінін білмейсіз бе? Ағайындарыңның соңынан қууды тоқтатыңдар деп жасағыңа қашанғы бұйырмайсыз? — 27 Жоғаб оған: — Мәңгі тірі Құдайдың алдында шын айтамын: сіз осыны айтпағанда жасақ өз ағайындарын қуудан таң атқанда ғана бас тартқан болар еді! — деп жауап қайтарды. 28 Содан Жоғаб керней тартып, жасақшыларына белгі берді. Барлығы тоқтап, Солтүстік Исраилдің жасағын қудалап олармен соғысуын қойды. 29 Әбенир мен оның адамдары сол түні бойы Иордан алқабындағы елсіз дала арқылы жүріп, өзеннен өтіп, Битрон жылғасының бойымен жүре отырып Маханайымға жетті. 30 Жоғаб та Әбенирдің қуғынынан қайта оралды. Ол сарбаздарын бір жерге жинап түгендеді. Сонда ол Дәуіттің Асахилден басқа тек он тоғыз қызметшісінің ғана жоқ екендігін санап біліп алды. 31 Бірақ Дәуіттің сарбаздары буняминдіктер мен Әбенирдің адамдарының үш жүз алпысының көзін жойған болатын. 32 Жоғаб және қасындағылар Асахилдің мәйітін әкесінің Бетлехемдегі қабіріне қойды. Содан соң Жоғаб пен оның адамдары түні бойы жол жүріп, таң атқанда Хебронға жетті.
1 Бұдан кейін Саулдың әулеті мен Дәуіттің әулетінің арасында ұзаққа созылған соғыс болды. Дәуіттің күші барған сайын арта түсіп, ал Саулдың әулеті әлсірей берді. 2 Хебронда Дәуіттің мына ұлдары дүниеге келді: тұңғышы — Амнон, оның шешесі ізрелдік Ахиноғам еді. 3 Екіншісі — Хилеяба, ол кәрмелдік Набалдың жесірі Әбигелден туды. Үшіншісі — Абессалом, оның шешесі Гешур патшасы Талмайдың қызы Маха болатын. 4 Төртінші ұлы — Адонияхтың шешесі Аггит, бесіншісі — Шафатияхтың шешесі Абитал, 5 әрі алтыншысы — Ітерамның шешесі Дәуіттің өзге әйелі Әгла болды. Бұлардың бәрі Хебронда туды. 6 Саулдың әулеті мен Дәуіттің әулеті өзара соғысып жатқан кезде қолбасшы Әбенир Саулдың әулетінің арасында өз жағдайын күшейтумен айналысып жатты. 7 Саулдың тірі кезінде Аях қызы Риспа есімді кәнизагы бар болатын. Бір күні Ишбосет Әбенирді: — Сен неге әкем марқұмның кәнизагымен бірге болдың? — деп айыптады. 8 Ишбосеттің осы сөздеріне Әбенир қатты ашуланып былай деп жауап берді: — Немене, мені Яһуданың жағына шығып кеткен иттің басы дейсің бе? Мен осы күнге дейін марқұм әкең Саулдың әулетіне, оның бауырлары мен достарына адалдық танытып өзіңді Дәуіттің қолына түсірмедім. Ал сен мені осы әйелге бола кінәлап отырсың! 9 Жаратқан Ие Дәуітке уәде еткенді мен жүзеге асырмасам, онда Құдай мені жазалаған үстіне жазалай берсін! — 10 Себебі патшалықты Саулдың әулетінен алуға, әрі солтүстіктегі Даннан оңтүстіктегі Бер-Шебаға дейінгі бүкіл Исраил мен Яһуданың үстінен Дәуіттің тағын орнатуға Жаратқан Ие Дәуітке ант етіп уәде берген еді ғой. 11 Сонда Ишбосет сескеніп, Әбенирге әрі қарай сөз айта алмай қалды. 12 Ал Әбенир Хебронда тұратын Дәуітке елшілерін жіберіп, оған мынадай ұсыныс жасады: — Ел кімдікі болуға тиіс? Менімен келісім жасассаңыз, бүкіл Исраилді сіздің жағыңызға шығаруға қол ұшымды беремін! — 13 Дәуіт оған жауап беріп: — Жақсы! Бірақ келісім жасамас бұрын менің бір шартымды орында. Менімен жүздесуге келгеніңде, өзіңмен бірге Саул қызы Михолды ала кел! Әйтпесе көзіме көрінбе! — деді. 14 Дәуіт Саул ұлы Ишбосетке де елшілерін жіберіп, оған: «Маған өз әйелім Михолды қайтарып беріңіз. Оны алу үшін мен (қалыңмалдың орнына) жүз філістірдің көзін құртқан болатынмын», — деген талап қойды. 15 Содан Ишбосет адам жіберіп, Михолды Лаиш ұлы Палтиел есімді күйеуінен алғызды. 16 Күйеуі көз жасын төгіп зар жылап Бахуримге дейін артынан қалмай еріп келді. Сол жерде Әбенир оған кездесіп: «Үйіңе қайт!» — деп бұйырды. Сонда ғана ол үйіне қайта оралды. 17 Сол екі арада Әбенир Солтүстік Исраилдің рубасыларына мынадай сәлем жіберді: «Біраз уақыттан бері сіздер Дәуіттің өздеріңе патша болғанын қалап келесіздер. 18 Ал енді, соны жүзеге асырыңыздар. Жаратқан Ие: «Мен қызметшім Дәуіт арқылы Өзімнің халқым Исраилді філістірлердің және басқа да жауларының қолынан құтқарамын!» деп Дәуітке уәде етті емес пе!» 19 Әбенир буняминдіктермен де жеке сөйлесті. Содан соң ол бүкіл Солтүстік Исраилдің әрі Бунямин руының не деп шешкенін Дәуітке оңаша жеткізу үшін Хебронға барды. 20 Әбенир өзінің жиырма адамын ертіп, Хеброндағы Дәуітке келгенде, Дәуіт оның және қасындағы адамдарының құрметіне қонақасы берді. 21 Әбенир Дәуітке ұсыныс жасап былай деді: «Мен сапарға шығып, бүкіл Исраил халқын сізге, патша иеме, жинап берейін. Олар сізбен келісім жасамақ. Сонда өзіңіз қалаған елдің үстінен билік жүргізе алатын боласыз». — Бұдан кейін Дәуіт оны еркіне жіберіп, Әбенир аманшылықпен кері қайтты. 22 Ал Дәуіт Әбенирді аман-есен қайтарып жіберген кезде Жоғаб Дәуіттің қызметшілерін бастап, жорықтан мол олжамен Хебронға қайтып келе жатты. 23 Жоғаб пен оның бүкіл сарбаздар тобы қалаға жеткен соң, біреу Жоғабқа Нер ұлы Әбенирдің патшаға келгендігі және патшаның оны еркіне жіберіп, Әбенирдің тыныштықпен кетіп қалғандығы туралы айтып берді. 24 Сонда Жоғаб патшаға барып: «Бұл істегеніңіз қалай? Әбенир сізге келіп, ал сіз оны еркіне жібере салғаныңыз не? Енді ол кетіп қалыпты! 25 Нер ұлы Әбенирдің қандай адам екенін білесіз ғой. Ол сізді алдап, тек қайда барып, не істеп жүргеніңіздің бәрін біліп алу үшін ғана келді емес пе?!» — деп риза еместігін білдірді. 26 Содан Жоғаб Дәуіттің қасынан шығып, Әбенирдің артынан қуғыншылар жіберді. Олар оны Сира құдығының маңында қуып жетіп, кері қайтарды. Ал Дәуіт бұл туралы ештеңе де білген жоқ. 27 Әбенир Хебронға қайтып келгенде, оңаша бір жерде сөйлесемін деп Жоғаб оны қала қақпасының бір қалтарысына алып шықты. Кенеттен оның ішіне семсерін кірш еткізіп сұғып алды. Әбенир Жоғабтың бауыры Асахилдің қанын төккені үшін сол жерде осылай мерт болды. 28 Бірақ Дәуіт кейін осы оқиға туралы естігенде наразылығын білдіріп былай деді: «Жаратқан Иенің алдында Нер ұлы Әбенирдің төгілген қанына өзім де, патшалығым да еш кінәлі емеспіз! 29 Кінә Жоғаб пен оның әкесінің бүкіл әулетінің мойнына жүктелсін! Бұдан былай Жоғабтың әулетінен денесінен ірің ағатын немесе алапеспен ауыратын, ақсақ-тоқсақ, не біреудің семсерінен өмірі қиылатын, не тамаққа тапшылықтан көз ашпайтын адам ешқашан үзілмесін!» 30 Себебі Жоғаб пен оның інісі Әбішай туған інілері Асахилді Гибеондағы шайқаста өлтіргені үшін Әбенирдің көзін қастандықпен құртқан еді. 31 Дәуіт Жоғаб пен оның қасындағы барлық адамдарға бұйрық беріп: — Көйлектеріңнің өңірін айыра жыртып, азалы киім киіп, Әбенирді жоқтаңдар! — деді. Оның мәйіті қабірге апарылғанда, Дәуіт патшаның өзі соңынан жүрді. 32 Әбенир Хебронда қабірге қойылғаннан кейін, патша қабірдің жанында дауыс көтеріп Әбенирді жоқтап жылады. Сонда бүкіл халық та жылады. 33 Патша Әбенирге былай деп жоқтау айтты: «Әбенир неге надандай жан тапсырды? 34 Ешкім қолдарыңды да байламады, Аяқтарыңды да бұғауламады, Залым біреуді жойғаны сияқты Қастандықпен сені өлтіріп тастады!» Сонда бүкіл халық тағы да Әбенирді жоқтады. 35 Дәуіт сол күні тамақ ішуден бас тартты. Ал халық Дәуітке келіп, оны наннан ауыз тисін деп қолқалай бастады. Бірақ Дәуіт: «Күн батқанға дейін нан жеп не басқа тамақ ішсем, Құдай мені жазалаған үстінен жазалай берсін!» — деп ант еткен еді. 36 Халықтың барлығы мұны көріп, риза болды. Расында патшаның істегенінің бәрі де халыққа ұнады. 37 Осылайша сол күні бүкіл Яһуда халқы мен күллі Исраил елі Нер ұлы Әбенирдің өліміне Дәуіт патшаның еш қатысы болмағанын ұқты. 38 Патша өз нөкерлеріне тіл қатып былай деді: «Бүгін Исраилдің ұлы басшысы көз жұмды, соны түсінбейсіңдер ме? 39 Мен май жағу рәсімінен өтіп патша болып тағайындалсам да, бүгін әлсізбін. Сарұяның осы ұлдары мен үшін тым қатыгез болып тұр. Жаратқан Ие зұлымдық істеген адамға сонысына сәйкес жазасын тартқызсын!»
1 Саул ұлы Ишбосет өзінің қолбасшысы Әбенирдің Хебронда қаза тапқанын естігенде, жігері құм болды. Бүкіл Солтүстік Исраил халқы да абыржып, үрейленді. 2 Ишбосеттің сарбаздар топтарының екі басшысы болатын. Бағанах пен Рехап есімді олар бегероттық Риммон деген буняминдік адамның ұлдары еді. Бегерот қаласы да Бунямин руына жатады деп саналатын. 3 Себебі Бегероттың бұрынғы тұрғындары кезінде Гитаимге қашып кеткен болатын. Олар осы күнге дейін сол жерде жат жұрттық кірмелер ретінде тұрып жатыр. 4 Ал Саулдың тұңғыш ұлы Жонатанның Мепібосет есімді бір ұлы ғана бар еді. Ол екі аяғынан майып мүгедек болатын. Себебі Саул мен Жонатанның қаза болғандары туралы суық хабар Ізрелден жеткенде, бағушы әйел бес жастағы Мепібосетті көтеріп алып, қаша жөнелді. Әйел асығыс жүгіргенде, бала құлап түсіп, содан ақсақ болып қалған еді. 5 Бегероттық Риммонның әлгі екі ұлы Рехап пен Бағанах жолға шығып, күн ыстық болып тұрған түс мезгілінде Ишбосет патшаның сарайына жетті. Патша ұйықтап жатқан болатын. 6 Екі ағайынды жігіт бидайды електен өткізіп отырып, қалғып кеткен күзетші әйелдің қасынан білдірмей өтті. 7 Олар Ишбосет патша өзінің ұйықтайтын бөлмесінде төсегінде демалып жатқан кезде сарайға кіріп, оны өлтіріп, басын шауып тастады. Басты өздерімен бірге алып кетті, содан Иордан алқабындағы елсіз даланың жолымен түні бойы жүрді. 8 Екі жігіт Ишбосеттің басын Хеброндағы Дәуіт патшаға алып барып, оған: — Міне, сіздің жаныңызды алмақ болған қас жауыңыз Саул ұлы Ишбосеттің басы! Бүгін Жаратқан Ие Саул мен оның әулетінен патша иемнің кегін алды! — деді. 9 Бірақ Дәуіттің Риммонның ұлдары Рехап пен Бағанахқа берген жауабы мынау болды: — Менің жанымды барлық жауларымнан аман сақтап келген мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: 10 Сикеләгке қасыма келіп, жайлы хабар жеткіземін деп ойлап, «Саул өлді!» деген адамды мен ұстап алып, өлтірттім. Менің оның әкелген хабарына берген сыйым сол болды. 11 Ендеше әділ адамды өз үйінде, өз төсегінде жатқан жерінде өлтірген арам пиғылды сендерден оның төккен қанының құнын талап етуім сөзсіз емес пе? Жер бетінен сендердің көздеріңді құртпаймын ба?! 12 Дәуіт қасындағы жігіттеріне бұйрық беріп, олар екі қылмыскерді өлтіріп, аяқ-қолдарын шауып тастап, мәйіттерін Хеброндағы хауыздың жанына іліп қойды. Ал Ишбосеттің басын олар Хеброндағы Әбенирдің қабіріне апарып қойды.
1 Кейінірек Исраилдің барлық руларының өкілдері Хеброндағы Дәуіттің қасына келіп, оған былай деді: «Сөзімізге құлақ сала көріңіз: сіздің ет жақын туыстарыңызбыз. 2 Біраз уақыт бұрын, Саул патшалық құрған кезде бүкіл Исраилді жорыққа бастап жүрген өзіңіз болатынсыз! Жаратқан Ие де сізге: «Менің халқым Исраилді бағатын әрі Исраил еліне басшылық ететін сен боласың», деп айтқан». 3 Осылай Исраилдің күллі рубасылары Дәуіт патшаға келіп, ол солармен Хебронда Жаратқан Иенің алдында келісім жасады. Олар Дәуітке май жағу рәсімін орындап, оны Исраилдің патшасы етіп бекітті. 4 Патшалық құра бастаған кезде Дәуіттің жасы отызда еді. Ол қырық жыл бойы билік жүргізді. 5 Дәуіт Хебронда Яһуда елін жеті жыл алты ай, әрі Иерусалимде бүкіл Исраил мен Яһуданы отыз үш жыл басқарды. 6 Бір күні патша мен оның жасақшылары Иерусалимге аттанып, сол қалада тұрған ебустіктерге шабуыл жасамақшы болды. Ал ебустіктер: «Дәуіт бұл қалаға кіре алмайды», — деп ойлап, оны мазақтап: «Мұнда ешқашан кірмейсің! Кіре қалсаң, соқырлар мен ақсақтардың өздері-ақ сені қуып жібереді!» — деді. 7 Алайда Дәуіт Сион төбесіндегі қорғанды басып алып үлгерді; ол қазір «Дәуіттің шаһары» деп аталады. 8 Сол күні Дәуіт: «Кімде-кім ебустіктерді шабуылдаймын десе, құдық арқылы қалаға кіріп, Дәуіттің жаулары — сол «ақсақ та соқыр» ебустіктерге бас салсын!» — деген еді. «Соқыр мен ақсақ сарайға кірмес» деген мәтел осыған байланысты пайда болды. 9 (Сонымен Дәуіттің адамдары су құбырымен өрмелеп, қамалға кіріп, оны жаулап алды.) Дәуіт қорған ішіне орналасып алып, оны «Дәуіттің шаһары» деп атады. Кейін ол соның саты тәрізді беткейінен бастап ішке қарай айнала үйлер де салдырды. 10 Әлемді Билеуші Құдай — Жаратқан Ие оған жар болғандықтан, Дәуіт барған сайын күшейе түсті. 11 Тир патшасы Хирам Дәуітке елшілерін, сондай-ақ самырсын бөренелерін, ағаш ұсталары мен тас қалаушыларын да жіберді. Осы мамандар Дәуітке сарай салып берді. 12 Сонда Дәуіт Исраилдің үстінен патша болуға өзін Жаратқан Иенің бекіткенін, әрі халқы Исраилдің игілігі үшін Дәуіттің патшалық мәртебесін көтергенін түсінді. 13 Хеброннан көшіп келіп, Иерусалимде орныққаннан кейін Дәуіт тағы бірнеше кәнизак пен әйел алып, көбірек ұл-қыз сүйді. 14 Оның Иерусалимде дүниеге келген балаларының аттары мыналар: Шаммуа, Шобаб, Натан, Сүлеймен, 15 Ипхар, Әлишуа, Непек, Япияқ, 16 Әлишама, Әлияда, Әлипәлет. 17 Дәуіттің бүкіл Исраилдің үстінен патша болып тағайындалғанын естіген соң, барлық філістір жасақшылары Дәуітті іздеуге шықты. Бұл туралы хабар алған Дәуіт астананы тастап, бекінуге ыңғайлы ылдиға қарай кетті. 18 Ал філістірлер Рефаим аңғарына жетіп, жан-жаққа жайылып тонады. 19 Дәуіт Жаратқан Иеден: — Філістірлерге қарсы өрлеп шығайын ба? Оларды жеңіп шығуыма қол жеткіздіресің бе? — деп сұрады. Жаратқан Иенің жауабы мынау болды: — Өрлеп шық! Мен філістірлерді ешбір шүбәсіз сенің қолыңа тапсырамын! 20 Сонымен Дәуіт Бағал-Перасимге барып, оларды сол жерде күйрете жеңді. Ол: «Су тасқыны өз жолындағының бәрін жайпайтынындай, Жаратқан Ие де алдымдағы жау саптарын бұзып-жарды!» — деді. Сондықтан сол жер Бағал-Перасим («Иенің бұзып-жарғаны») деп аталып кетті. 21 Філістірлер қашқанда сол жерге өздерінің табынатын тәңірсымақтарын тастап кеткен еді. Дәуіт пен оның сарбаздары сол мүсіндерді бірге ала кетті. 22 Ал філістірлер тағы да өрлеп келіп, Рефаим аңғарында шашырай орналасты. 23 Дәуіт Жаратқан Иенің еркін сұрағанда, Оның жауабы мынау болды: «Оларға тікелей қарсы аттанбай, айналып өтіп, арт жағынан тұт ағаштарының алдынан кенеттен тап бер! 24 Сен тұт ағаштарының үстінен басқан қадамдардың дыбысын естіген кезде қозғал! Бұл, Жаратқан Иенің філістірлердің жасағын шабу үшін сенің алдыңа шыққанын білдіреді». 25 Жаратқан Ие нені бұйырса, Дәуіт дәл солай істеп, філістірлерді Гибеоннан тіпті Гезерге дейін қырып-жойды.
1 Кейін Дәуіт қайтадан Исраилдің күллі таңдаулы ерлерін — отыз мың адамды жинап алды. 2 Барлығы Құдайдың Келісім сандығын Иерусалимге алып келуге Яһудадағы Бағалаға қарай аттанды. Сандық Әлемнің Иесіне бағышталған еді; Оның жер бетіндегі тағы (сандық қақпағындағы) екі керуб мүсінінің үстінде орналасқан. 3 Дәуіт пен оның адамдары Құдайдың сандығын жаңа арбаға орнатып, Абинадаптың төбе басындағы үйінен алып шықты. Абинадаптың екі ұлы Ұза мен Ахио Құдайдың сандығы орналасқан арбаны бастап алып жүрді. Алдында жүрген Ахио болды. 5 Дәуіт пен бүкіл Исраил халқы Жаратқан Иенің алдында жан сала би билеп, шырша ағашынан жасалған әр түрлі аспаптарда, жетіген, шертер, даңғыра, шыңдауыл, асатаяқтарда ойнап, қуана әндетіп келе жатты. 6 Салтанатты шеру Нахонның астық бастыратын қырманына жеткен кезде, өгіздер сүрініп, сандық шайқалды. Құлап қалмауы үшін Ұза қолын созып, Құдайдың сандығын ұстай қалды. 7 Сонда Жаратқан Иенің қаһары Ұзаға қарсы лап етті. Еркінсіп сандыққа қолын тигізгені үшін Құдай оны жазалап, Ұза сол бойда Құдайдың сандығының қасында жан тапсырды. 8 Жаратқан Иенің қаһары Ұзаға «бұзып-жара» төгілгендіктен, Дәуіт қатты абыржып қайғырды. Сол себепті осы жер бүгінге дейін Пәрес-Ұза («Ұзаны бұзып-жарған») деп аталып келеді. 9 Дәуіт сол күні: «Жаратқан Иенің сандығы қасыма қалайша келе алады?» — деп уайымдап Жаратқан Иеден қорықты. 10 Сондықтан ол Жаратқан Иенің сандығын өзінің шаһарына әкелгісі келмей, ғаттық Ғабит-Едомның үйіне апарып қойды. 11 Сонымен Жаратқан Иенің сандығы үш ай бойы сол үйде қалды, әрі Жаратқан Ие Ғабит-Едомды және оның бүкіл үй ішін жарылқады. 12 Сонда Дәуіт патшаға: «Құдайдың сандығының арқасында Жаратқан Ие Ғабит-Едом мен оның барлық иелігіне ақ батасын қондырды!» — деген хабар жетті. Содан Дәуіт барып, Құдайдың сандығын салтанатпен қуана-қуана өзінің шаһарына алып келді. 13 Жаратқан Иенің Келісім сандығын алып жүрушілер алты қадам жасаған сайын, Дәуіт бір жас бұқа мен бір семіз тоқтыны құрбандыққа шалғызып отырды. 14 Ақ бәтестен тігілген көйлек киіп алған өзі Жаратқан Иенің алдында жан сала би билеп жүрді. 15 Осылайша Дәуіт пен бүкіл Исраил халқы қуанышпен айқай сала, кернейлетіп Жаратқан Иенің сандығын Иерусалимге алып келе жатты. 16 Жаратқан Иенің сандығы Дәуіттің шаһарына кіре бастағанда, оның әйелі Саул қызы Михол терезеден қарап тұрған еді. Дәуіт патшаның Жаратқан Иенің алдында секіріп, би билеп жүргенін көріп, Михол оны іштей менсінбеді. 17 Осылай Жаратқан Иенің Келісім сандығы әкелініп, Дәуіт арнайы тігіп қойған шатырдың ішіне орнатылды. Содан соң Дәуіт күнәнің құнын өтеу құрбандықтарын және ризашылық құрбандықтарын шалғызып, Жаратқан Иенің алдында өртетіп ұсынды. 18 Соларды ұсынып болғаннан кейін Дәуіт халыққа Әлемнің Иесінің атымен бата берді. 19 Патша күллі халыққа, еркек болсын, әйел болсын, жиналған исраилдіктердің әрқайсысына бір-бір қалаш наннан, бір кесек қақталған еттен және бір қадақ мейізден үлестіріп берді. Содан соң жұрт үйлеріне тарап кетті. 20 Дәуіт енді өз отбасына бата берейін деп сарайына қайтып келгенде, Саул қызы Михол алдынан шығып, былай деді: — Бүгін Исраил патшасының дәрежесі қаншама өсті! Ол нөкерлерінің күңдерінің алдында арсыз да әдепсіз әлдекімге ұқсап шапансыз жүрді! — 21 Дәуіт жауап қайтарып: — Мен би билегенде, Жаратқан Иенің алдында биледім! Ол мені әкеңнің және оның барлық әулетінің орнына таңдап алып, өз халқы Исраилдің басшысы етіп қойды. Содан мен Жаратқан Иенің алдында көңілді ән айтып би билеймін. 22 Мен өзімді бұдан бетер төмендетемін, өз көз алдымда төмен боламын. Ал сен айтып отырған күңдердің алдында сыйға бөленемін, — деді. 23 Бұдан кейін Саул қызы Михол өле-өлгенше бала таппады.
1 Сонымен Дәуіт патша сарайына орнығып алды. Жаратқан Ие оған айналасындағы барлық жауларынан тыныштық сыйлады. 2 Сол тұста патша Натан пайғамбарға: — Міне, мен самырсыннан салынған сарайда тұрып жатырмын, ал Құдайдың сандығы жай шатырда ғана тұр! — деді. 3 Натан: — Ойыңыздағыны түгелдей жүзеге асырыңыз, себебі Жаратқан Ие сізге жар болады, — деп жауап берді. 4 Бірақ сол түні Жаратқан Ие Натанға сөзін арнап былай деді: 5 «Қызметшім Дәуітке барып, оған хабарымды жеткіз: Жаратқан Ие мынаны айтады: Жер бетіндегі тұрағым болу үшін сен Маған арнап үй салмақсың ба? 6 Мен Исраил халқын Мысырдан бастап алып шыққан кезден бері осы күнге дейін мықты салынған үйде тұрмай-ақ келе жатырмын ғой. Бүкіл Исраил халқымен бірге бір мекеннен екіншісіне көшіп-қонып жүргенімде араларында бір шатырда, яғни кездесу шатырында, тұрып келемін. Сонда Мен халқым Исраилді басқаруға тағайындаған рубасыларына ешқашан: «Неге Маған арнап самырсыннан киелі үй салғызбадыңдар?!» деп шағымданған емеспін. 8 Ал енді, қызметшім Дәуітке былай де: Әлемнің Иесі мынаны айтады: Сені қой бағып жүрген жайылымнан таңдап алып, халқым Исраилдің басшысы болуға тағайындаған Менмін! 9 Қайда барсаң да, саған жар болып, өзіңе қарсы шыққан күллі жауларыңды құртып жүрдім. Сенің атыңды шығарып, жер бетіндегі ең ұлы адамдар іспетті даңқты қыламын. 10 Мен өз халқым Исраил үшін тұрақты орын дайындап, оларды сол жерге қоныстандырамын. Осы мекендерінде халқым тыныш өмір сүріп, бұдан былай ешкім оларды қорқытып, мазаламайтын болады. Зұлымдар оларға бұрынғыдай зорлық-зомбылық жасамайды. 11 Мен халқымды басқаратын билер тағайындаған заманнан бері де жауыздар солай істеулерін жалғастырып келеді. Ал енді Мен саған барлық жауларыңнан тыныштық сыйлаймын. Жаратқан Ие саған тағы мынаны да айтады: Оның Өзі сенің шаңырағыңды бекітіп, әулетіңе де патшалық билік құрғызбақ! 12 Күндерің тамамданып, ата-бабаларыңның қасына жөнелгеніңде Мен артыңнан бір ұрпағыңды: өз ұлдарыңның біреуін тағайындап, оның патшалық билігін нығайтамын. 13 Менің есіміме арнап киелі үйді салатын сол болмақ. Оның патшалық тағын мәңгілікке орнатамын. 14 Мен оған Әке боламын, ал ол Менің рухани ұлым болады. Егер ол жамандық істесе, оны басқа адамдар арқылы, олардың таяқтары арқылы жазалаймын. 15 Мен өзіңнен бұрынғы Саулдан оған деген рақымымды алып қойдым, бірақ сенің ұлыңнан рақымымды ешқашан алмаймын. 16 Сенің үйің мен патшалығың Менің көз алдымда мәңгілікке нығаяды, ұрпақтарыңның патшалық тағы дәйім тұрақты болмақ». 17 Жаратқан Ие аян беріп айтқан осы сөздерінің бәрін Натан пайғамбар Дәуітке айтып берді. 18 Сонда Дәуіт (киелі шатырға) кіріп, Жаратқан Иенің алдында отырып былай деді: «Уа, Жаратушы Тәңір Ие, мені осылай дәріптейтініңдей менің өзім, шыққан әулетім соншама кімбіз? 19 Бірақ бұл Сен үшін әлі де аз болып көрінді, о, Жаратушы Тәңір Ием. Сен алдыңдағы пендеңнің келер ұрпақтарының болашағы туралы да айтып бердің. Әлде Сен әдетте адам баласына осылай әрекет етесің бе? Уа, Жаратушы Тәңір Ием, 20 Дәуіт Саған тағы не айта алады? Өзіңнің қызметшіңді жақсы білесің ғой. О, Жаратушы Тәңір Ием, 21 өз уәдең мен еркіңе сай, Сен осы ұлы істердің бәрін орындап, оны алдыңдағы пендеңе білдірдің. 22 Сен қандай ұлысың, уа, Жаратушы Тәңір Ием! Өз құлақтарымызбен естіген барлық хабарымыз бойынша Саған тең келетін ешкім де жоқ, Сенен басқа құдай да жоқ. 23 Сенің халқың Исраил сияқты жер бетінде қандай басқа халық бар еді? Себебі Сен, уа, Құдай, оны меншікті халқың болу үшін таңдап, Мысырдан азат етіп, көшіріп алдың. Олардың алдарында жүріп, ұлы кереметтер, үрей туғызатын ғажап істер жасай отырып, (Саған мойынсұнбайтын) бөтен ұлттар мен олардың тәңірлерін уәделі елден қуып шықтың. Бұл істеріңмен Сен өз есіміңнің даңқын асырдың. 24 Осылай Исраилді әрдайым меншікті халқың болуға Өзің үшін бекітіп қойдың, уа, Жаратқан Ие, әрі олардың ғибадат ететін Құдайы болдың. 25 Ал енді, о, Құдай Ием, Өзіңнің осы қызметшің және оның әулеті туралы берген сөзіңді барлық уақытқа бекітіп, уәдеңді орындайтын бола гөр. 26 Содан адамдар: «Әлемнің Иесі — шынымен Исраилдің үстінен қарайтын Құдай!» деп, әрдайым Сенің атыңның даңқы шығады және қызметшің Дәуіттің әулеті Сенің алдыңда нық тұрады. 27 Уа, Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, Сен «шаңырағыңды бекітемін» деп маған ашық білдірдің. Сол себепті қызметшіңнің осылайша мінажат етуге батылы барды. 28 Уа, Жаратушы Тәңір Ием, Сен Құдайсың, Сенің сөздерің ақиқат. Осы қызметшіңе сол игіліктерді уәде еттің. 29 Сонымен енді пендеңнің әулетін әрқашан өз алдыңда жалғаса берсін деп жарылқай гөр. Уа, Жаратушы Тәңір Ием, осыны Өзің айтқандықтан, Сенің ақ батаңмен пендеңнің әулеті ұдайы жарылқанатын болады».
1 Біраз уақыт өткеннен кейін Дәуіт філістірлерге шабуыл жасап, оларды өзіне бағындырды. Содан ол елдерінің басты қаласын філістірлердің қолынан тартып алды. 2 Дәуіт моабтықтарды да жеңді. Оларды жерге жатқызып, арқанмен өлшеді. Арқанның екі рет өлшеуімен алынғандар өлімге кесіліп, толық бір рет өлшеумен алынғандар тірі қалды. Сонымен моабтықтар Дәуітке құлдық ұрып, оған алым-салық төлейтін болды. 3 Бірде Дәуіт Евфрат өзенінің жағасындағы билігін қалпына келтіруге аттанып, Соба елінің патшасы Рехоб ұлы Ададәзерге шабуыл жасап, оны жеңіп шықты. 4 Сонда Дәуіт оның бір мың жеті жүз аттылы және жиырма мың жаяу жасақшысын қолға түсірді. Дәуіт жаудың соғыс күймелеріне жегілетін барлық жылқылардың тілерсектерін қиып тастап, жүз соғыс күймесіне жетерлік аттарды ғана аман қалдырды. 5 Соба патшасы Ададәзерге дамаскілік сириялықтар көмекке келген кезде Дәуіттің жасағы олардың жиырма екі мың жауынгерін қырып салды. 6 Содан Дәуіт Дамаск қаласы мен оның айналасына өз қарауылдарын орналастырды. Осылай арамалықтар Дәуітке құлдық ұрып, оған алым-салық төлейтін болды. Дәуіт қайда барса да, Жаратқан Ие оны қолдап-қорғап, жеңіске жеткізіп отырды. 7 Дәуіт Ададәзердің нөкерлерінің алтын жалатқан қалқандарын жинап, Иерусалимге алып келді. 8 Ададәзердің қол астындағы Бета мен Беротай деген екі қаладан Дәуіт патша өте көп мөлшерде қола олжалап алды. 9 Хамат патшасы Тоу Дәуіттің Ададәзердің бүкіл әскерін жеңгенін естігенде, 10 өз ұлы Жорамды Дәуіт патшаға жіберіп, жеңісімен құттықтаған сәлемін жолдады. Себебі Ададәзер Тоу патшамен жауласып жүрген болатын. Жорам Дәуітке күміс, алтын, қоладан жасалған бұйымдарды ала келіп, сыйға тартты. 11 Дәуіт патша осы заттарды Жаратқан Иеге бағыштады. Ол бұрынырақ жеңген барлық елдерден: 12 Едом, Моаб, аммондықтар, філістірлер және амалектіктер елдерінен алынған күміс пен алтынды, әрі Соба патшасы Рехоб ұлы Ададәзерден түскен олжаны да осылай Жаратқан Иеге арнаған болатын. 13 Осылай Дәуіттің атағы кеңінен жайылды. Сол жорықтан қайта оралған соң, ол Тұзды аңғарда он сегіз мың едомдықты жеңіп шықты. 14 Дәуіт Едом еліне қарауылдарын орналастырып, халықтың барлығы оған бағынышты болды. Дәуіт қайда барса да, Жаратқан Ие оны қолдап-қорғап, жеңіске жеткізіп отырды. 15 Дәуіт бүкіл Исраилге билік жүргізіп, күллі халықтың арасында заңдылық пен әділдікті жүзеге асырды. 16 Сарұяның ұлы Жоғаб — әскер қолбасшысы, Ахилуд ұлы Жосапат — уәзір әрі жылнамашы, 17 Ахитұб ұлы Садық пен Абиятар ұлы Ахимәлік — діни қызметкерлер, Серая — хатшы, 18 әрі Еходай ұлы Бенаях — кереттік және пелеттік ұлан бөлімдерінің қолбасшысы болды. Дәуіттің ұлдары да патшаның қызметінде тұрды.
1 Бір күні Дәуіт: «Саулдың әулетінен тірі қалған біреу бар ма екен? Мен Жонатан үшін оған мейірім көрсетейін!» — деп сұрастырды. 2 Кезінде Саулдың сарайында Сиба есімді бір қызметшісі болған еді. Дәуіт соны шақыртып: — Сен Сибасың ба? — деп сұрады. Ол: — Иә, тақсыр, сіздің құлыңызбын, — деп жауап қатты. 3 Патша: — Саулдың әулетінен бірде-бір жанның тірі қалмағаны ма? Мен соған Құдайдың берік мейірімін көрсеткім келеді, — деді. Сиба: — Жонатанның ұлдарының біреуі әлі де бар. Ол екі аяғы майып болған ақсақ, — деп жауап берді. 4 — Ол қайда? — Лодыбардағы Әмиел ұлы Махырдың үйінде тұрып жатыр. Патша Махырдың үйіне кісілерін жіберіп, сол адамды қасына алдыртты. 6 Оның есімі Мепібосет еді, ол Жонатанның ұлы, Саулдың немересі еді. Мепібосет Дәуіттің алдына келе салысымен басын жерге дейін иіп тағзым етті. Дәуіт оған тіл қатып: — Мепібосет! — деді. Ол: — Сіздің құлыңызбын, тақсыр, — деп жауап берді. 7 Дәуіт: — Қорықпа! Әкең Жонатан үшін мен саған ұдайы мейірім көрсететін боламын. Атаң Саулдың мал-мүлкін саған қайтарамын. Сен әрдайым менің дастарқанымнан тамақ жейтін боласың, — деді. 8 Мепібосет басын иіп: «Тақсыр ие, мен сұрауы жоқ иттің өлімтігі іспеттімін. Сіздің маған сондай мейірім көрсетуіңізге еш лайықты емеспін!» — деді. 9 Содан Дәуіт Саулдың қызметшісі Сибаны қасына шақыртып: — Саул мен оның әулетіне тиісті мал-мүлікті иеңнің немересінің қолына тапсырдым. 10 Сен өзің, ұлдарың және қызметшілерің оның жерін өңдеп, қожайындарыңның кірісі болсын деп өнімін жинап отырыңдар! Бірақ иелеріңнің немересі Мепібосеттің өзі тамағын менің дастарқанымнан ішіп-жейтін болады, — деп бұйырды. Сибаның он бес ұлы мен жиырма қызметшісі бар болатын. 11 Сиба: — Уа, патша ием, алдыңыздағы пендеңізге берген бұйрығыңызды түгелдей орындаймын, — деп жауап берді. Бұдан былай Мепібосет патшаның бір ұлы іспетті Дәуіттің дастарқанынан тамақтанатын болды. 12 Мепібосеттің Миха деген кішкентай ұлы бар еді. Сонымен Сибаның бүкіл үй іші Мепібосетке қызметші болды, 13 ал екі аяғы майып Мепібосеттің өзі Иерусалимде тұрып, патшаның дастарқанынан тамақтанып жүрді.
1 Біраз уақыт өткеннен кейін Аммон халқының патшасы Нахаш қайтыс болып, оның ұлы Анон орнын басып патшалық құрды. 2 Дәуіт: «Әкесі Нахаштың маған жақсылық жасағанындай, мен де оның ұлы Анонға жақсылық жасайын», — деп ойлады. Содан ол әкесінің қазасына көңіл айту үшін Анонға қызметкерлерін жіберді. Алайда елшілері Аммон еліне жеткенде, 3 аммондық әміршілер патша иелері Анонға күдіктерін білдіріп былай деді: «Дәуіт мына адамдарын шынымен көңіл айтып, әкеңізге құрмет көрсету үшін жіберіп отыр деп ойлайсыз ба? Ол қызметкерлерін қаланы барлап, жақсылап біліп алу үшін сізге жіберіп отыр емес пе? Кейін ол әскерімен келіп, астан-кестенін шығармақшы!» 4 Сонда Анон Дәуіттің қызметкерлерін тұтқындап, әрқайсысының сақалын жартысына дейін қырқып, шапандарын белдеріне дейін қысқартып қиып тастады. Мұнан кейін оларды кері қайтарып жіберді. 5 Бұл туралы хабар Дәуіттің құлағына жеткенде, ол қатты масқараланған елшілерінің алдарынан хабаршыларын жіберіп, оларға: «Сақалдарың өскенше Иерихонда қала тұрыңдар! Содан кейін қайтып келерсіңдер!» — дегенді айтқызды. 6 Аммондықтар Дәуітті өздеріне қарсы өшіктіріп алғанын ұғынды. Сондықтан олар өкілдерін жұмсап, арамалықтардың Бет-Рехоб және Соба деген екі патшалығынан жиырма мың, Маханың патшасынан тағы бір мың әрі Тобтың адамдарынан он екі мың жаяу жасақшысын жалдап алды. 7 Дәуіт бұл туралы хабар алғанда, оларға қарсы Жоғабтың басшылығындағы батыл да мықты сарбаздардан құралған бүкіл жасағын аттандырды. 8 Аммондықтар астаналарынан шығып, қала қақпасының жанында шайқасқа дайындалып сап түзеді. Соба мен Рехобтың арамалықтары және Тоб пен Маханың ер азаматтары далада бөлек тұрды. 9 Жоғаб өз жасағының екі жақтан: алдынан да, артынан да соғысуына тура келіп тұрғанын байқаған соң, бүкіл Исраилдің таңдаулы сарбаздарын іріктеп алып, арамалықтарға қарсы сапқа тұрғызды, 10 ал жасақтың қалған бөлігін аммондықтарға қарсы бастап шығуды өзінің туған інісі Әбішайдың қолына тапсырды. 11 Оған былай деп бұйырған болатын: «Егер арамалықтар маған тым қатты қысым көрсете бастаса, сен маған көмекке кел! Ал аммондықтар сені тықсырып бара жатса, мен саған көмекке барамын. 12 Батыл бол! Халқымыз үшін, Құдайымыздың қалалары үшін мызғымай берік тұрайық! Ал Жаратқан Ие дұрыс деп тапқанын істесін!» 13 Жоғаб пен оның сарбаздары арамалықтарға тап бергенде, олар қаша жөнелді. 14 Олардың қашқанын көрген аммондықтар да Әбішай бастаған жасақтан шегіне қашып, қалаға кіріп кетті. Сонда Жоғаб аммондықтарға қарсы жорығын доғарып, Иерусалимге қайта оралды. 15 Арамалықтар өздерінің исраилдіктерден жеңілгенін көріп, бәрі бір жерге жиналды. 16 Ададәзер Евфрат өзенінің ар жағына елшілерін жұмсап, онда тұратын арамалық жасақшыларды шақырды. Олар (Ғилақад аймағындағы) Хеламға жетіп, (Арама патшасы) Ададәзердің әскербасы Шобақтың қол астына кірді. 17 Дәуіт бұл туралы біле сала, Исраилдің бүкіл жасағын жинап алды. Содан Иордан өзенін кесіп өтіп, Хеламға аттанды. Арамалықтар Дәуітпен шайқасу үшін жасақшыларын сапқа тұрғызып, лап қойды. 18 Бірақ олар қайтадан Исраилдің жасағынан шегініп, қаша жөнелді. Дәуіттің сарбаздары олардың жеті жүз соғыс күймесінің айдаушыларын және қырық мың жаяу әскерін мерт қылды. Арамалық қолбасшы Шобақ та шайқаста ауыр жарақаттанып, сол жерде қаза тапты. 19 Ададәзерге бағынышты барлық патшалар өздерінің Исраилден жеңілгендерін көргенде, Исраилмен бітім жасасып, оған мойынсұнатын болды. Арамалықтардың енді қайтып аммондықтарға көмектесуге батылдары бармады.
1 Келесі жылғы көктемде, патшалар жорыққа шығатын уақытта Дәуіт Жоғабты, өзінің қызметшілерін және Исраилдің бүкіл әскерін жауға қарсы аттандырды. Олар аммондықтарды жаппай қырып, астаналары Раббаны қоршап алды. Бірақ Дәуіттің өзі Иерусалимде қалып қойды. 2 Бір күні кешке қарай Дәуіт төсегінен тұрып, сарайының төбесінде әрлі-берлі жүрді. Төмен қараған ол шомылып жатқан бір әйелді көрді. Әйел өте сұлу екен. 3 Дәуіт ол туралы сұрастыру үшін біреуді жіберіп, оның Елиямның қызы, хеттік Ұрияның әйелі Барсабия екенін біліп алды. 4 Сонда Дәуіт хабаршыларын жіберіп, оны алдыртты. Әйел келіп, Дәуіт онымен бірге болды. Кейін әйел үйіне қайтып кетті. Бұдан бірнеше күн бұрын ғана ол айлық етеккірінен тазарған болатын. 5 Содан әйел жүкті болып қалып, Дәуітке: «Аяғым ауыр», — деген хабар жіберді. 6 Сонда Дәуіт соғысып жатқан Жоғабқа: «Маған хеттік Ұрияны жеткіз!» — деген бұйрық жолдап, Жоғаб сол кісіні Дәуітке жіберді. 7 Ұрия оның алдына келгенде, Дәуіт одан Жоғаб пен әскердің жағдайы туралы және соғыстың қалай өтіп жатқандығы жайлы сұрастырды. 8 Дәуіт соңынан Ұрияға: «Үйіңе барып, жуынып-шайынып демал!» — деді. Ұрия сарайдан шығып кеткеннен кейін патша оның артынан дәмді тамақ пен ішімдік жіберді. 9 Бірақ Ұрия үйіне бармай, патша иесінің басқа да қызметшілерімен бірге сарайдың кіреберісінің жанында түнеп шықты. 10 «Ұрия үйіне барған жоқ!» — дегенді естіген кезде, Дәуіт оны қасына шақырып алып: — Алыс жолдан келдің ғой. Неге үйіңе барып, демалмайсың? — деп сұрады. 11 Ал Ұрия жауап қайтарып: — Келісім сандығы және Исраил мен Яһуда әскері шатырларда тұр. Жоғаб төрем және патша иемнің қызметшілері ашық далада түнеп жүр. Сонда мен үйіме барып, ішіп-жеп, әйеліммен бірге бола аламын ба? Сіздің алдыңызда шын айтамын: мен мұндай нәрсені істемеймін! — деп ант етті. 12 Сонда Дәуіт: — Олай болса, бүгін де осында қал, ал ертең сені қайтарып жіберемін, — деді. Сонымен Ұрия сол күні Иерусалимде қалып қойды. Келесі күні 13 Дәуіт оны ішіп-жесін деп шақырып, тойдыра мас қылды. Алайда кешке Ұрия тағы да өз үйіне бармай, патша иесінің қызметшілерімен бірге түнеді. 14 Сондықтан Дәуіт таңертең Жоғабқа хат жазып, оны Ұриядан беріп жіберді. 15 Хатында ол былай деді: «Ұрияны ең қатты шайқас болып жатқан майданның алдыңғы шебіне қойып, оны өлімге қалдырып, өздерің кері шегініп кетіңдер!» 16 Содан Жоғаб қоршалған қаланың ең мықты жауынгерлері орналасқан жеріне Ұрияны қойды. 17 Қаланың адамдары шығып, Жоғабқа шабуыл жасады. Сонда Дәуіттің бірнеше жауынгері қаза тауып, ішінде хеттік Ұрия да болды. 18 Жоғаб Дәуітке шайқас туралы толық мәлімет жібермек болып, 19 хабаршысына былай деп нұсқау берді: — Болған шайқас туралы айтып болғаныңда 20 патша ашуланып, саған «Қалаға неге тым жақындадыңдар, қабырғадан ататынын білмедіңдер ме? 21 Еруб-Бесет ұлы Әбимәлікті кімнің өлтіргенін білесің ғой: Тебес қаласында бір әйел қабырғадан оның үстіне қол диірменнің тасын тастап, өлтірді емес пе?! Неге қамалдың қабырғасына сонша жақындадыңдар?» десе, оған «Қызметшіңіз хеттік Ұрия да қаза тапты» деп айтарсың! 22 Хабаршы барып, Дәуітке Жоғабтың тапсырғандарын былай деп баяндады: 23 — Қарсыластар бізді тықсырып, қаладан сыртқа шыға келді. Бірақ біз оларды тойтарып, қала қақпасына дейін қуып тастадық. 24 Сонда олардың садақшылары қызметшілеріңізді қала қабырғасынан атты. Патша иемнің бірқатар жауынгері мерт болып, қызметшіңіз хеттік Ұрия да қаза тапты. 25 Ал Дәуіт оған мына бұйрықты берді: — Сен Жоғабқа: «Осыған бола көңілің түспесін! Соғыс болғасын шығын болмай қоймайды ғой. Қаланың астан-кестенін шығарғанша шабуылыңды жалғастыра бер!» деп оны жігерлендір! 26 Ұрияның әйелі күйеуінің өлгенін естіп, оны жоқтап аза тұтты. 27 Жоқтау мерзімі біткенде Дәуіт біреуді жіберіп, әйелді өз үйіне алдыртты. Ол Дәуітке әйел болып, бір ұл туып берді. Бірақ Дәуіттің істеген бұл ісі Жаратқан Иеге жек көрінішті еді.
1 Содан Жаратқан Ие Дәуітке Натан пайғамбарды жіберді. Ол патшаға келіп, былай деді: — Бір қалада екі адам болды. Біреуі бай, біреуі кедей екен. 2 Байдың малы көп болды, 3 ал кедейдің сатып алған бір кішкентай қозысынан басқа түгі де болмады. Кедей соны бағып-қағып, қозы көз алдында балаларымен бірге өсті. Әлгі қозы қожайынының барлы-жоқты тамағын бөлісіп жеп, оның тостағанынан су ішіп, кеудесінде ұйықтап, оған өз қызы іспетті болды. 4 Бір күні байға бір жолаушы қонақ келе қалды. Бірақ бай оған арнап союға өз малын аяп, кедейдің әлгі тоқтысын тартып алып, содан қонағына тамақ пісіріп берді! 5 Дәуіт сол байға қатты ашуланып, Натан пайғамбарға: — Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: мұны істеген адам өлімге лайық! 6 Кедейге мейірімсіз болып, осыны істегені үшін ол тоқтының орнын төрт есе етіп толтыруға да міндетті! — деп шешті. 7 Сонда Натан Дәуітке былай деді: — Сол адам өзіңізсіз! Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен сені Исраилдің үстінен патша етіп тағайындап, Саулдың қолынан құтқарып келдім. 8 Саған патша иеңнің сарайы мен әйелдерін табыстап, Исраил мен Яһуда елдерін де тапсырдым. Мұның бәрі аз болса, оның үстіне тағы соншама қосып берер едім. 9 Неге Жаратқан Иеңнің өсиеттерін аяқ асты етіп, Оған жек көрінішті осындай зұлым істі жасадың?! Хеттік Ұрияны семсермен өлтіртіп, оның әйелін тартып алып, өзіңе әйел қылдың! Сен Ұрияны аммондықтардың семсерімен өлтірттің! 10 Ендеше, сен Өзімді менсінбей, сөзімді жерге тастап, хеттік Ұрияның әйелін өзіңе әйел қылып алғаның үшін, семсердің жүзі бұдан былай әрдайым әулетіңе қауіп төндіріп тұратын болады. 11 Жаратқан Ие тағы мынаны да айтады: өз үйіңнің ішінен саған қарсы пәле шығарамын! Көз алдыңда әйелдеріңді алып, басқа біреуге беремін, ол тапа тал түсте әйелдеріңмен бірге болмақ. 12 Сен жасырын әрекет жасадың, ал Мен осыны бүкіл Исраилдің көз алдында ашықтан-ашық істеймін! 13 Сонда Дәуіт Натанға былай деді: — Мен Жаратқан Иеге қарсы күнә жасадым, соны мойындаймын! — Натан пайғамбар оған: — Онда Жаратқан Ие күнәңді кешірді. Сен өлімге бұйырылмайтын болдың. 14 Бірақ осы қылығыңмен Жаратқан Иені Оның дұшпандарының көзінше әбден қорлағаның үшін, дүниеге келген ұлың шетінейтін болады, — деп жауап берді. 15 Осыны айтып, Натан пайғамбар үйіне қайтып кетті. Жаратқан Ие Ұрияның әйелі Дәуітке туып берген балаға ауру жіберіп, нәресте қатты науқастанып қалды. 16 Дәуіт нәресте үшін Құдайға жалбарынумен болды; ораза тұтып, өз бөлмесіне кіріп, жерге жатып түнеп жүрді. 17 Әулетінің ақсақалдары қасына келіп, «Орныңыздан тұрыңыз», — деп қаншама өтінсе де, ол тұрмай, тамақ та жемей қойды. 18 Жетінші күні нәресте қайтыс болды. «Бала тірі кезде біздің айтқанымызға құлақ аспаған еді. Баланың шетінегенін оған енді қалай айтамыз? Ол өзіне-өзі бірдеңе істеп қоюы ықтимал ғой!» — десіп, Дәуіттің қызметкерлері нәрестенің қайтыс болғанын айтуға бата алмай тұрды. 19 Бірақ Дәуіт олардың өзара сыбырласып тұрғанын байқап, ұлының өлгенін түсінді. Содан ол: — Бала шетінеді ме? — деп сұрады. Қызметкерлері: — Ол көз жұмды, тақсыр, — деп жауап берді. 20 Сонда Дәуіт жерден тұрып, жуынып, әдеттегідей маймен сыланып, киімін ауыстырды. Жаратқан Иенің киелі үйіне барып, иіліп ғибадат етті. Мұнан кейін үйіне қайта оралып, тамақ сұрап, алдына қойылғанды жеп алды. 21 Қызметкерлері Дәуіттен: — Бұл қалай? Балаңыз тірі кезінде ораза ұстап, жылаумен болдыңыз. Алайда балаңыз шетінегеннен кейін орныңыздан тұрып, тамақ жедіңіз? — деп сұрады. 22 Дәуіт: — Балам тірі кезінде «Кім біледі, мүмкін, Жаратқан Ие маған мейірімін түсіріп, балам тірі қалар?» деген оймен ораза ұстап, жалбарына жыладым. 23 Бірақ ол, міне, көз жұмды. Неге енді ораза ұстауым керек? Бәрібір оны қайтара алмаймын ғой. Мен оған барармын, бірақ ол маған қайтып келмейді! — деп жауап берді. 24 Содан соң Дәуіт әйелі Барсабияға барып, оны жұбатты. Кейін онымен бірге болып, ол ұл туды. Балаға Сүлеймен (яғни Сәлемет, Татулық) деген есім берді. Жаратқан Ие сәбиді жақсы көріп, 25 Натан пайғамбар арқылы хабар жіберді. Ол нәрестеге Жаратқан Иенің айтқанына сәйкес Едідиях (яғни Жаратқан Иенің Сүйіктісі) деген жанама ат берді. 26 Сол екі арада Жоғаб аммондық Рабба қаласына қарсы шабуыл жасап, ондағы патшаның мекенін басып алды. 27 Сонда Жоғаб Дәуітке хабаршыларын жіберіп олардан: «Мен Раббаға қарсы соғысып, қаланың сумен қамтамасыз ететін бөлігін басып та алдым. 28 Ал енді, қалған әскерді жинап, қалаға қарсы қос тігіп, оны басып алыңыз. Егер өзім басып алсам, қала менің атыммен аталып жүрер», — деген сәлемін жеткізді. 29 Дәуіт бүкіл әскерін жинап, Раббаға аттанып, оған шабуыл жасап, басып алды. 30 Содан ол аммондық патшаның басынан тәжін шешіп алып, өз басына киді. Тәж ат басындай саф алтыннан жасалып, асыл таспен безендірілген болатын. Бұған қоса Дәуіт Рабба қаласынан өте көп мөлшерде олжа алып шықты. 31 Ол қаланың халқын да шығарып, ара, темір кетпен және балтамен жұмыс істеуге немесе кірпіш жасауға мәжбүрледі. Аммондықтардың күллі қалаларының халқымен де осылай істеді. Содан соң Дәуіт әскерін ертіп Иерусалимге қайта оралды.
1 Бұдан біраз уақыт өткен соң Дәуіт ұлы Амнон Тамарға ғашық болып қалды. Тамар Дәуіт ұлы Абессаломның бірге туған қарындасы, өте сұлу қыз болатын. 2 Амнон қарындасы Тамар үшін қиналғаны сонша, тіпті ауырып та қалды. Тамар пәк болатын, әрі Амнон ешқашан онымен бірге бола алмаймын деп түңілді. 3 Бірақ Амнонның Жонадаб есімді өте қу досы болды, ол Дәуіттің туған ағасы Шаммахтың ұлы еді. 4 Жонадаб Амноннан: — Не болды? Патшазадасың, неге күн өткен сайын сонша көңілсізсің? Маған айтпайсың ба? — деп сұрады. Амнон: — Мен бауырым Абессаломның қарындасы Тамарға ғашық болып қалдым, — деп жауап берді. 5 Сонда Жонадаб оған мынадай ақыл берді: — Ауырып қалғандай төсегіңде жата бер. Әкең халіңді білуге келгенде, оған: «Қарындасым Тамар келіп, маған тамақ берсінші. Оны көз алдымда дайындасын, мен оның қолынан жеп алайын» деген өтінішіңді білдір. 6 Сондықтан Амнон төсегінде жатып, қатты ауырғансыды. Патша оның халін білуге келгенде, Амнон одан: «Қарындасым Тамар келіп, менің көз алдымда бір-екі нан пісіріп берсінші. Оның қолынан жеп алайын», — деп өтінді. 7 Дәуіт сарайдағы Тамарға: «Ағаң Амнонның үйіне барып, оған тамақ дайындап бер!» — деген сәлем жіберді. 8 Содан Тамар ағасы Амнонның үйіне, оның жатқан жеріне барды. Қыз қамыр алып, иледі де, Амнонның көз алдында тәтті нан жасап пісірді. 9 Табаны алып, нанды Амнонның алдына қойды. Бірақ ол жеуден бас тартып, қызметшілеріне: «Бәрің қасымнан кетіңдер!» — деп бұйырды. 10 Содан Амнон Тамарға: «Тамақты ішкі бөлмеме алып баршы. Сонда мен сенің қолыңнан жейін», — деп тапсырды. Тамар пісірген тәтті нандарын алып, ағасы Амнонның ішкі бөлмесіне апарды. 11 Бірақ қыз тамағын алдына қойып жатқанда, Амнон оны ұстап алып: — Кәне, сүйікті қарындасым, екеуіміз бірге болайық, — деді. 12 Ол оған жалынып: — Жо-жоқ, ағатай! Маған күш көрсетпеңізші! Бұл Исраилде ешқашан істелмейтін іс! Мұндай жетесіздікті істей көрмеңіз! 13 Мен қалайша осындай масқарамнан арылар едім? Өзіңіз де Исраилдегі ұятқа қалған ақымақ боласыз! Өтінемін, патшамен сөйлесіңізші, ол мені сізге беруден бас тарта қоймас! — деді. 14 Бірақ Амнон Тамарды тыңдағысы келмеді. Күштірек болғандықтан, зорлықпен көндіріп, онымен жақындасты. 15 Осыдан кейін Амнон Тамарды қатты жек көріп кетті. Оған деген жеркеніші тіпті бұрынғы ғашықтығынан да әлдеқайда басым болды. Амнон оған: — Тұр да, жоғал! — деп бұйырды. 16 Бірақ Тамар оған: — Жо-жоқ, ағатайым! Мені қуып жіберуіңіз маған жаңағы істегеніңізден бетер жаман болар еді! — деп жауап берді. Алайда Амнон тыңдамай, 17 өзіне қызмет ететін бір жас жігітін шақырып алып, оған: «Мына әйелді қасымнан әкет те, артынан есікті бекітіп қой!» — деп бұйырды. 18 Қызметші Тамарды сыртқа шығарып жіберіп, артынан есікті бекітіп алды. Тамар патшаның отау құрмаған қыздары киетін етек-жеңі ұзын, сәнді көйлек киіп жүретін. 19 Содан ол басына күл сеуіп, үстіне киіп алған ұзын көйлегінің өңірін айыра жыртты да, бетін қолдарымен жауып алып, еңіреп жылап кете берді. 20 Тамардың туған ағасы Абессалом оған: «Ағаң Амнон сенімен бірге болды ма? Тынышталшы енді, қарындасым. Ол сенің ағайының ғой, қапаланбай-ақ қой», — деді. Сонда Тамар жалғыз қалып, ағасы Абессаломның үйінде тұратын болды. 21 Болған оқиға туралы естіген Дәуіт патша қатты ашуланды. (Бірақ ол тұңғыш ұлы болғандықтан ерекше жақсы көрген Амнонды жазаламай қоя салды.) 22 Абессалом да Амнонға не жақсы, не жаман бір сөз айтпады. Алайда ол туған қарындасын масқаралаған Амнонды қатты жек көріп кетті. 23 Бұдан екі жыл өткеннен кейін Абессалом Ефремнің жанындағы Бағал-Хасорда қой қырқу мерекесін өткізетін болып, оған барлық патшазадаларды шақырды. 24 Абессалом патшаға барып, оны: — Мендей қызметшіңізде қой қырқу науқаны өтіп жатыр. Патша тақсыр мен оның нөкерлері менімен бірге соған бармас па екен? — деп шақырды. 25 Бірақ патша Абессаломға жауап беріп: — Жоқ, ұлым, барлығымыз бармай-ақ қояйық. Әйтпесе саған тым үлкен әурешілік болар, — деді. Абессалом патшадан қайта-қайта өтінсе де, ол бармаймын деген шешімін өзгерткен жоқ. Алайда оған батасын берді. 26 Абессалом: — Онда інім Амнонды бізбен бірге жіберіңізші, — деп өтінгенде, патша: — Оған сенімен бірге барып не бар? — деген сауал қойды. 27 Бірақ Абессалом қоймастан сұрай беріп, ақыры Амнонды да, басқа патшазадаларды да жіберуге патшаны көндірді. 28 Ал Абессалом өзінің қызметшілеріне мынандай бұйрық беріп қойған болатын: — Бері қараңдар! Амнон шарапқа тойып, қызып алғанда, мен: «Амнонды шауып тастаңдар!» деп бұйырамын, сонда оны шауып өлтіріңдер! Қорықпаңдар, бұны сендерге бұйырып отырған өзіммін! Батыл да ержүрек болыңдар! 29 Қызметшілері Абессаломның бұйрығын бұлжытпай орындап, Амнонды өлтіріп тастады. Мұны көрген өзге патшазадалар орындарынан атып тұрып, әрқайсысы қашырына мініп, қаша жөнелді. 30 Олар әлі де жолда келе жатқанда, «Абессалом патшаның барлық ұлдарын өлтіріп тастапты, біреуі де тірі қалмапты» деген суық хабар Дәуітке жетті. 31 Сонда патша орнынан тұрды да, қатты қайғырып көйлегінің өңірін айыра жыртып, тақыр жерге жата қалды. Оның қасында тұрған барлық нөкерлері де қатты қайғырып осылай істеді. 32 Бірақ Дәуіттің ағасы Шаммахтың ұлы Жонадаб патшаны жұбатып былай деді: «Уа, тақсыр ием, күллі жас жігіттерді, патшаның барлық ұлдарын да, өлтірді деп ойламаңыз! Өлген жалғыз Амнон ғана. Амнон Абессаломның туған қарындасы Тамарды масқаралаған күннен бастап, Абессалом осыған ниеттеніп келген болатын. 33 Сондықтан, уа, тақсыр ием, патшаның барлық ұлдары өлді деген хабардан жүрегіңіз қобалжымасын! Себебі өлген жалғыз Амнон ғана». 34 Осы аралықта Абессалом қашып кетті. Күзетте тұрған жас жігіт жоғары қарағанда, ар жақтағы қыраттың жолымен келе жатқан көп адамды көрді. Күзетші тездетіп патшаға барып, оған: «Қыраттың етегіндегі Хоронаим жолымен келе жатқан көп адамды көрдім», — деп мәлімдеді. 35 Жонадаб патшаға: «Көрдіңіз бе, патшазадалар келе жатыр! Мендей қызметшіңіздің айтқаны дәл келді», — деді. 36 Ол сөйлеп бола салысымен, дауыс көтеріп жоқтау айтқан патшаның ұлдары кіріп келді. Патша мен оның қызметкерлері де қатты қайғыра жоқтап жылады. 37 Осыдан бастап Дәуіт тұңғыш ұлы Амнонды ұдайы жоқтаумен болды. Ал Абессалом Гешур патшасы Амихуд ұлы Талмайға қашып барды. 38 Ол сол жерде үш жыл тұрды. 39 Амнонның қазасына қайғысы басылған соң, Дәуіт Абессаломды сағына бастады.
1 Сарұяның ұлы Жоғаб Дәуіт патшаның Абессаломды сағынғанын байқап қалды. 2 Жоғаб Текояға адам жіберіп, ол жақтан бір ақылды әйелді алдыртып, оған былай деді: «Жоқтап қайғырғандай болып, азалы киім киіп ал. Өзіңді маймен сылама, керісінше, көп күн бойы өлген адамды жоқтап келген біреудей бол! 3 Патшаның алдына барып, оған былай де», — деп, Жоғаб оған не айту керек екендігін үйретті. 4 Текоялық әйел патшаның алдына барып, басын жерге тигізе жығылып, қошемет көрсетті. Содан кейін жалынып: — Уа, патша ағзам, маған көмектесе көріңізші! — деп өтінді. 5 Патша одан: — Не болды? — деп сұрады. Әйел былай деп жауап берді: — Күйеуім қайтыс болған бір бейшара жесірмін. 6 Алдыңыздағы күңіңіздің екі ұлы бар еді. Олар бір күні далада жүргенде бір-бірімен төбелесіп қалыпты, ал оларды ажырататын ешкім болмаған. Сөйтіп біреуі екіншісін ұрып, өлтіріп тастады. 7 Қазір бүкіл әулет маған қарсы шығып отыр. Олар: «Бауырын өлтіргенді бізге тапсыр! Оны өлтіріп, бауыры үшін кек алудан тайынбаймыз. Сонда біз жалғыз мұрагерді құртып жоқ қыламыз» деуде. Осылай олар менің соңғы ұшқынымды сөндіріп, күйеуімнен жер бетінде қалған жалғыз тұяғын да қалдырмай, атын өшірмекші. — 8 Патша әйелге: — Үйіңе қайта бер. Сенің ісің туралы қажетті бұйрықты шығарамын, — деп уәде етті. 9 Сонда текоялық әйел патшаға: — Уа, патша ием, қандай да кінә болмасын, ол менің басыма, әкемнің әулетіне түссін! Патша мен оның тағы кінәсіз болсын! — деді. 10 Патша оған: — Егер біреу саған қарсы сөйлесе, оны маған алып кел! Сол адам енді қайтып саған еш тиіспейтін болады, — деп тапсырды. 11 Әйел: — Онда патша ием ұлымды қорғаймын деп өзінің Құдайы Жаратқан Иенің атымен ант етсе екен. Кек алушы тағы көбірек қан төгіп, ұлымның көзін құртпасын! — дегенде, патша әйелге: — Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: ұлыңның басынан бір тал шашы да жерге түспейді! — деп ант етті. 12 Әйел: — Патша ием өзінің күңіне тағы бір сөз айтуға рұқсат етсінші, — деп өтінді. Патша: — Сөйлей бер, — деп келісті. 13 Әйел былай деді: — Онда сіз неге дәл осындай нәрсені Құдайдың халқына қарсы ойлап келесіз? Осылай деп патша өзін-өзі әшкерелеп отырған жоқ па? Өйткені патша өзінің қудалағанын қайтармай отыр. 14 Біздің бәріміз әйтеуір бір кезде өліп, қайта жинауға келмейтін төгілген су сияқты боламыз. Бірақ Құдай кісі өлтіруші іспетті емес. Қайта, Ол қудаланған адамды Өзінен алшақ жүрмесін деп қайтаруды көздейді. 15 Сол адамдар мені қорқытқандықтан мен патшаммен сөйлесейін, мүмкін, өтінішімді орындар деген оймен осыны айтуға патша иемнің алдына келіп отырмын. 16 Мүмкін, патша осыған құлақ асып, мені де, ұлымды да Құдай бізге мұралыққа берген үлесімізден қол үздірейін деп отырған адамнан құтқарып қалар. 17 Сонымен алдыңыздағы күңіңіз іштей: «Патша ием Құдайдың періштесі сияқты, жақсы мен жаманды дұрыс ажырата алатындықтан, патша иемнің сөздері жаныма тыныштық әкелсін!» деп ойлады. Лайым Құдайыңыз Жаратқан Ие сізге жар бола берсін! 18 Осыны тыңдап болып, патша: — Мен саған бір сұрақ қоямын, еш нәрсені бүкпей жауап бер! — деді. Әйел: — Иә, патша ием, сұрай беріңіз, — деді. 19 Патша: — Осының бәрін саған айтқызып тұрған Жоғаб емес пе? — деген сауал қойды. Әйел оған: — Уа, патша ием, сіздің алдыңызда шын айтамын: патша иемнің айтқанынан не оңға, не солға бұлтаруға болмайды. Маған осы тапсырманы берген, расында да, Жоғаб еді. Осылай айт деп сөздерді аузыма салып берген де сол. 20 Бұл жайтты басқа қырынан көрсету үшін қызметшіңіз Жоғаб осыны істеп отыр. Ал жер бетінде болып жатқанның бәрінен де хабардар Құдайдың періштесінің дана екені іспетті, тақсыр ием де сондай дана, — деп жауап берді. 21 Патша Жоғабты қасына шақырып алып, оған: — Жарайды, өтінішіңді орындайын. Барып, жас жігіт Абессаломды қайтарып алып кел, — деп тапсырды. 22 Жоғаб жерге дейін иіліп қошемет көрсетті де, патша үшін игі тілек тілеп, оған: — Уа, патша ием, сіздің алдыңыздағы қызметшіңіз бүгін мейіріміңізге ие болғанын біліп отыр. Себебі патша өтінішімді орындады, — деді. 23 Осыдан кейін Жоғаб шығып кетті де, Гешурге бет алды. Сол жерден ол Абессаломды Иерусалимге қайтарып алып келді. 24 Алайда патша: «Үйіне барсын, менің көзіме еш көрінбесін!» — деп бұйырды. Сондықтан Абессалом патшамен жүздесе алмай, өз үйіне кетті. 25 Бүкіл Исраилде көркі Абессаломның көркінен көбірек мақталған ер адам болмады. Басынан аяғына дейін оның бойынан ешбір мін табылмады. 26 Абессалом шашын тым ауыр болып кеткен кезде ғана жылына бір-ақ рет қырқатын. Сонда оның қырқылған шашының салмағы патшалық өлшемнің екі жүз мысқалына жететін. 27 Абессаломның үш ұлы және Тамар атты бір қызы болды. Тамар өте сұлу болатын. 28 Абессалом Иерусалимде патшамен жүздесе алмай екі жыл жүрді. 29 Бұдан кейін Абессалом патшаға жіберейін деп Жоғабты шақыртты. Бірақ Жоғаб оған келуден бас тартты. Екінші рет адам жіберіп шақыртқанда да, ол келмей қойды. 30 Сонда Абессалом қасындағы қызметшілеріне: «Менің егістігімнің жанындағы Жоғабтың егістігін білесіңдер ғой. Сонда қазір арпа пісіп тұр. Барыңдар да, егістігіне от қойыңдар!» — деп бұйырды. Олар от қойып, егінді өртеп жіберді. Жоғабтың қызметшілері оған жүгіріп келіп: «Абессаломның қызметшілері егінге от қойды!» — деп мәлімдегенде, 31 Жоғаб орнынан тұрып, Абессаломның үйіне барды. Оған: — Сенің қызметшілерің неге менің егінімді өртеп жіберді? — деп шағымданды. 32 Абессалом Жоғабқа: — Маған келіп, патшаға: «Мені неге Гешурден қайтарып әкелдіңіз? Менің сол жерде қала бергенім артық болар еді!» деген сәлемімді жеткізуге сізді шақырған едім ғой! Ал енді, мен патшаның бет-жүзін көргім келеді. Егер менің бір кінәм болса, патша мені өлімге бұйыртсын! — деп жауап берді. 33 Содан Жоғаб патшаға барып, Абессаломның өтінішін жеткізді. Патша Абессаломды өзіне шақырып алды. Ол патшаның алдына келіп, басын жерге тигізе қошеметтеп жығылды. Ал патша Абессаломды құшақтап сүйді.
1 Осыдан кейін Абессалом өзіне соғыс күймесін, оған жегілетін аттар және алдында жүгіріп жүретін елу адамды жинады. 2 Абессалом таңертең ерте тұрып алып, қала қақпасына апаратын жолда тұратын еді. Өзінің бір ісімен патшаның сотына жүгінуге біреу бара жатса, Абессалом оны шақырып алып: «Қай қаладансың?» — деп сұрайтын. Сол адам өзінің Исраилдің қай руынан екенін айтқанда, 3 Абессалом оған: «Бұл істе шындық пен әділдік сенің жағыңда екенін көріп тұрмын. Бірақ патшаның сені тыңдар ешкімі жоқ!» — дейтін еді. 4 Абессалом бұған тағы мынаны да қосатын: «Шіркін, мені елге төреші етіп тағайындаса ғой! Сонда арыз-шағымы не даулы ісі бар кез келген адам маған келе алар еді. Ал мен оның ісін әділдікпен шешкен болар едім!» 5 Біреу оның алдына келіп, басын жерге тигізе жығылса, Абессалом қолын созып, оны бауырына тартып құшақтап сүйетін. 6 Патшаның сотына әділдік іздеп келген әрбір исраилдікпен ол осылай істейтін. Сөйтіп Абессалом Исраилдің күллі ер азаматтарының жүректерін жаулап алды. 7 Төрт жыл өткеннен кейін, Абессалом патшаға мына өтінішін білдірді: — Маған Хебронға барып, Жаратқан Иеге антпен берген уәдемді орындауға рұқсат берсеңіз екен. 8 Себебі Арама өлкесіндегі Гешурде тұрған кезінде алдыңыздағы қызметшіңіз: «Егер Жаратқан Ие мені Иерусалимге қайтарса, мен Оған Хебронда сиынып ғибадат етемін» деген уәде берген болатын. — 9 Патша: — Аман-есен бара ғой, — деп рұқсат берді. Сонда Абессалом жиналып, Хебронға бет алды. 10 Алайда Абессалом бүкіл Исраилдің барлық руларына астыртын тыңшыларын жіберіп: «Керней даусын естігенде, «Абессалом Хебронда патша болды!» деп жар салыңдар!» — деген сәлемін таратқызды. 11 Абессаломның жанында еріп жүрген иерусалимдік екі жүз адам бар еді. Олар шақыруды қабылдағанмен, оның астыртын мәні жайлы мүлдем бейхабар болатын. 12 Абессалом құрбандықтарын ұсынып жатқан кезде, Дәуіттің кеңесшісі ғилолық Ахитопелге адам жіберіп, оны тұрған қаласы Ғилодан алдыртты. Абессаломды қолдаған адамдардың саны өсе бергендіктен, олардың астыртын іс-әрекеттері де күшейе түсті. 13 Бір хабаршы Дәуітке келіп оған: «Исраилдің адамдары Абессаломның жағына шығып кетіпті!» — дегенді айтты. 14 Дәуіт Иерусалимде қасында болғандардың бәріне: — Жиналыңдар, бізге қашып кету керек! Әйтпесе Абессаломнан ешқайсымыз құтыла алмай қалармыз! Тез кетейік! Ол тұтқиылдан шабуылдап, қаланы иемденіп алып, тұрғындарының барлығын семсермен қырып жүрер! — деп бұйырды. 15 Патшаның нөкерлері: — Патша иеміз не шешсе де, біз соны орындаймыз, — деді. 16 Патша өзінің бүкіл үй ішімен жолға шығып, тек сарайды қадағалауға он кәнизагын қалдырып кетті. 17 Патша соңынан бүкіл халқын ертіп шығып, біраз жер жүргеннен кейін бір үйдің жанына келіп тоқтады. 18 Патшаның барлық қызметшілері, кереттіктер мен пелеттіктер, әрі өзіне Ғаттан еріп келген алты жүз ғаттық жасақшы оның алдынан өтті. 19 Сонда патша ғаттық Іттайға: — Бізбен неге келе жатырсың? Кері қайтып, патшамен бірге бол! Өзің жат жерліксің, оның үстіне өз еліңнен жер аударылғансың. 20 Сенің келгенің күні кеше ғана. Ал бүгін қайда барарымды өзім де білмей тұрғанымда, сені өзімізбен бірге тентіретуге қалайша мәжбүрлей аламын? Қой, қайт, қасыңдағы ағайындарыңды да өзіңмен бірге ала кет. Лайым Жаратқан Ие саған жар болып, берік мейірімін таныта көрсін! — деді. 21 Бірақ Іттай патшаға: — Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және патша иемнің алдында шын айтамын: патша ием өлімге болсын, өмірге болсын, қайда барса да, алдыңыздағы қызметшіңіз де сол жерде болады! — деп ант етті. 22 Сонда Дәуіт Іттайға: — Онда өтіп, алға шық! — деді. Осылай ғаттық Іттай, оның барлық адамдары мен отбасылары патшаның алдынан өтіп, алға түсіп жүрді. 23 Осы адамдардың бәрі патшаның алдынан өтіп бара жатқанда, сол аймақтың бүкіл халқы қатты дауыстап жылап тұрды. Ақыры патша да Қидрон сайынан өтіп, барлық адамдарын ертіп елсіз даланың жолына қарай бет алды. 24 Бас діни қызметкер Садық пен оның қасындағы Құдайдың Келісім сандығын көтеріп алып келе жатқан леуілік діни қызметкерлер де сол жерде болды. Олар Құдайдың сандығын жерге қойып, Абиятар халық қаладан шығып болғанша Құдайға арнап құрбандықтар шалып, өртеп ұсынып тұрды. 25 Мұнан кейін патша Садыққа былай деді: «Құдайдың сандығын қалаға қайтарыңыз. Егер Жаратқан Ие маған рақым етсе, онда мені қайтып әкеліп, Келісім сандығын да, Өзінің (жер бетіндегі) тұрағын да көруіме мүмкіндік береді. 26 Ал егер Ол маған: «Саған риза емеспін!» десе, онда Ол Өзінің қалауымен маған не істесе де, соған дайынмын. — 27 Патша діни қызметкер Садыққа тағы былай деді: — (Осылай дұрыс екенін) көресіз бе? Өзіңіз және Абиятар екеуіңіз де ұлдарыңызды ертіп алып, аман-есен қалаға қайта оралыңыздар! 28 Ал мен Иордан алқабындағы елсіз далада өзен өткелдерінің маңында сіздерден хабар келгенше тосып тұрамын». 29 Сонымен Садық пен Абиятар Құдайдың сандығын алып, Иерусалимге қайта оралып, сонда қалды. 30 Ал Дәуіт басын жауып алып, жалаң аяқ жылаған күйі Зәйтүн тауына жоғары өрлеп бара жатты. Оның қасындағы адамдары да бастарын жауып алып, еңіреп жылап сол жолмен жоғары көтеріле берді. 31 Біреу Дәуітке Ахитопелдің де Абессаломмен ауыз жаласқандығы туралы хабарлады. Сонда Дәуіт: «Уа, Жаратқан Ие, Ахитопелдің беретін ақылын ақымақтыққа айналдыра гөр!» — деп дұға етті. 32 Осылайша Дәуіт халық Құдайға ғибадат ететін тау басына жетті. Сол жерде көйлегінің өңірі айыра жыртылған, басына топырақ сеуіп алған өзінің досы архилік Хушай оның алдынан шықты. 33 Дәуіт Хушайға былай деп нұсқау берді: «Егер менімен жүрер болсаң, маған масыл боласың. 34 Одан да қалаға барып, Абессаломға: «Мен сізге қызмет етуге даярмын, уа, патша ағзам. Бұрын әкеңізге қызмет еткен едім, ал енді сізге қызмет етемін!» де. Осылай Ахитопелдің кеңесін шатастырып, маған көмектесесің. 35 Діни қызметкерлер Садық пен Абиятар да қалада болады. Сарайдан не естісең, соның бәрін де Садық пен Абиятарға хабарлайтын бол. 36 Садықтың Ахимағас және Абиятардың Жонатан есімді ұлдары өздерінің қастарында. Естіген жаңалықтарыңның бәрін солар арқылы маған жеткізіп тұр». 37 Дәуіттің досы әрі жеке кеңесшісі Хушай қалаға Абессалом енді ғана Иерусалимге кірейін деп жатқан кезде жетті.
1 Дәуіт зәйтүн тауының басынан сәл өте бергенде, оған Мепібошеттің қызметшісі Сиба кездесе кетті. Оның жанында екі жүз күлше нан, жүз-жүзден мейіз бен інжір бумалары және бір торсық шарап артылған, жұпталған бірнеше есегі бар еді. 2 Патша Сибадан: — Сен бұлармен не істемексің? — деп сұрады. Сиба: — Есектер патшаның үй іші мінсін деп әкелінген, нан мен жемістер жігіттерге жеуге тағам, ал шарап елсіз далада жүріп, шаршағандардың күшін нығайтуға арналған, — деді. 3 Патша: — Ал мырзаңның ұлы Мепібосет қайда? — деп сұрағанда, Сиба мынадай жауап берді: — Ол: «Бүгін Исраил халқы маған атам Саулдың патшалығын қайтарып береді!» деп Иерусалимде қалып қойды. — 4 Сонда патша: — Ендеше Мепібосеттің меншігінің бәрі сенікі болсын! — деді. Сиба: — Алдыңызда бас иіп құлдық етемін, уа, патша ием. Лайым мейіріміңізге ие болсам екен, — деп алғысын білдірді. 5 Дәуіт патша Бахуримге таяп қалғанда, сол елді мекеннен Саулдың әулетіне жататын біреу шықты. Гера ұлы Шимей есімді сол адам патшаны қарғап-сілеп келе жатты. 6 Шимей Дәуіт пен оның нөкерлеріне, екі жағынан да еріп келе жатқан адамдарына және мықты жауынгерлеріне тас лақтыра берді. 7 Шимей қарғыс жаудырып былай деді: — Кет, шық елден! Әй, қанішер, жексұрын! 8 Сен Саулдың орнына патша болып алғаннан кейін оның әулетінің қанын төктің. Сол үшін Жаратқан Ие сені жазалап отыр! Патшалықты ұлың Абессаломның қолына Жаратқан Ие алып берді. Сен кісі өлтірген қанішерсің, сондықтан да осы пәле басыңа түсіп отыр! 9 Сонда Сарұяның ұлы Әбішай патшаға: — Мына иттің өлімтігі неге патша иемді қарғап балағаттауда?! Мен қазір-ақ барып, басын шауып тастайын! — деді. 10 Бірақ патша оған былай деп тыйым салды: — Жоқ! Сарұяның ұлдары, мұны маған не үшін айтасыңдар? Жаратқан Иенің Өзі «Дәуітті қарға!» деп айтқандықтан ол мені қарғаса, онда Шимейге ешкім де: «Қой, неге бұлай істейсің?» деп айта алмайды. — 11 Дәуіт Әбішай мен барлық қызметкерлеріне мынаны қоса айтты: — Тіпті өзімнің туған ұлым жанымды алмақшы! Ендеше мына буняминдіктің мені қарғауына одан да көп себебі бар. Жаратқан Ие оған солай айтқандықтан, бұл кісіге тиіспеңдер! Мейлі, қарғай берсін! 12 Мүмкін, Жаратқан Ие менің көріп жатқан жәбіріме назар аударып, бүгін естіген қарғыстарымның орнына жақсылық сыйлар! 13 Осылай Дәуіт пен оның адамдары сапарларын жалғастыра берді. Ал Шимей сайдың ар жақтағы беткейімен жол бойы қарғап, тас лақтырып, шаңды бұрқырата шашып, олардың арттарынан қалмай жүріп отырды. 14 Патша мен оның қасында еріп жүрген барлық адамдары шаршап-шалдығып көздеген жерлеріне жетіп, тынығып демалуға аялдады. 15 Абессалом Исраилдің барлық адамдарымен бірге Иерусалимге кіргенде, Ахитопел де оның қасында болды. 16 Ал Дәуіттің досы әрі жеке кеңесшісі архилік Хушай Абессаломға кезігіп: — Патша жасасын! Патша жасасын! — деп ұрандап қошеметтеді. 17 Абессалом Хушайға: — Досыңа деген адалдығың осы ма? Неге сен досыңмен бірге кетіп қалмадың? — деген сауал қойды. 18 Хушай Абессаломға былай деп жауап берді: — Керісінше, мен Жаратқан Иенің, мына халықтың және бүкіл Исраил елінің таңдап алған адамының жағындамын! Соған ғана қызметші болып, сонымен ғана қалғым келеді! 19 Оның үстіне, баласына қызмет етпегенде, кімге қызмет етейін? Әкеңізге қалай қызмет еткен болсам, дәл солай сізге де қызмет етемін! 20 Абессалом Ахитопелге: — Ақылыңды айтшы, енді не істеуіміз керек? — деген сұрақ қойды. 21 Ахитопел: — Әкеңіздің сарайды қарасын деп қалдырып кеткен кәнизактарына барып, олармен жатып шығыңыз. Сонда бүкіл Исраил сіздің әкеңізді әбден қорлап, онымен ешқашан татуласпайтыныңызға көз жеткізетін болады. Осылайша өз жақтастарыңыздың бәрі де жігерленіп нығая түседі, — деп жауап қайырды. 22 Сөйтіп Абессалом үшін үйдің жалпақ төбесінде шатыр тігілді. Ол бүкіл Исраилдің көз алдында соған кіріп, әкесінің кәнизактарымен бірге болды. 23 Сол кездері жұрт Ахитопелдің берген кеңестеріне Құдайдың айтқан сөзіндей қарайтын. Дәуіт те, Абессалом да Ахитопелдің ақыл-кеңесін солай санайтын.
1 Ахитопел Абессаломға тағы былай деді: — Маған он екі мың адамды таңдап алып, бүгін түнде Дәуіттің соңына түсуіме рұқсат етіңіз. 2 Оған қазіргі әлсіз әрі шаршап-шалдыққан кезінде шабуылдап, зәресін ұшырайын. Сонда қасындағы барлық жасағы қашып кетіп, мен тек жалғыз патшаны ғана құртамын. 3 Ал қасындағы бүкіл жасақты өзіңізге қайтарып алып келемін. Сіз тек осы адамды ғана іздеп жүрсіз ғой. Осылайша бүкіл халық аман-есен болады. 4 Бұл кеңес Абессаломға және Исраилдің барлық рубасыларына ұнады. 5 Әйтсе де Абессалом: «Архилік Хушайды шақырыңдар! Оның да не айтатынын тыңдап көрейік!» — деді. 6 Хушай келген кезде Абессалом оған: — Ахитопел осы кеңесті беріп отыр. Оның айтқандарын орындайық па? Егер жоқ десең, өз ойыңды айт! — деді. 7 Сонда Хушай Абессаломға былай деді: — Ахитопелдің сізге осы жолы берген кеңесі онша жақсы емес. 8 Әкеңнің, оның адамдарының мықты жауынгер екенін, соғысқан кезде олар далада қонжықтарынан айырылған ұрғашы аю сияқты қаһарланатынын білесіз. Оның үстіне, әкеңіз — тәжірибелі жауынгер, ол жасағынан бөлек түнейтін болар. 9 Ол тіпті қазір де қандай да бір үңгірде немесе әйтеуір бір жерде тығылып отырған шығар. Егер ол әскеріңізге бірінші болып шабуыл жасап, адамдарыңыздың бірқатары қаза тапса, оны естігендер: «Абессаломның соңынан еріп жүрген жасақ ойсырай жеңіліпті!» дейтін болады. 10 Сонда жүрегінің түгі бар ең батыл деген жауынгеріңіздің де зәресі ұшады. Себебі бүкіл Исраил сіздің әкеңіздің нағыз батыр және оның қасындағылардың мықты жауынгерлер екенін жақсы біледі. 11 Сондықтан менің сізге беретін ақылым мынау: Сонау (солтүстіктегі) Дан мен (оңтүстіктегі) Бер-Шебаның арасындағы бүкіл Исраил елінің теңіз жағалауындағы құм қиыршықтары іспетті сансыз көп ер адамдары жаныңызға жиналсын! Сіз өзіңіз оларды шайқасқа бастап шығыңыз! 12 Сонда ол қай жерде болса да, біз оған бас салып, жерге құйылған жауындай жаппай тап берейік! Онда оның өзі де, қасындағы адамдарының ешқайсысы да тірі қалмайды. 13 Ал егер ол бір қалаға шегінсе, бүкіл Исраил сол қалаға арқандарын алып келсін. Біз тасының бірде-бір қиыршығы қалмағанша қаланы сайға қарай сүйреп құлатайық! 14 Сонда Абессалом мен бүкіл Исраилдің адамдары: — Архилік Хушайдың берген кеңесі Ахитопелдікінен жақсы екен! — десті. Жаратқан Ие Абессаломды күйрету үшін осылайша Ахитопелдің дана кеңесін іске асыртпай кедергі жасауға бұйырған болатын. 15 Бұдан кейін Хушай діни қызметкерлер Абиятар мен Садыққа мына хабарды жеткізді: «Абессалом мен Исраилдің рубасыларына Ахитопел солай деп кеңес берді, ал мен бұлай деп кеңес бердім. 16 Жедел Дәуітке адам жіберіп, оған мынаны ескертіңіздер: Елсіз даладағы Иорданның өткелдерінің маңында түнемеңіз. Қайткен күнде де өзеннен тезірек өтіңіз! Әйтпесе патша мен оның қасындағы барлық жасағы жойылып кетуі мүмкін». 17 Жонатан мен Ахимағас осы кезде қала сыртындағы Ен-Рогел атты қайнар көздің маңында болатын. Бір қызметші қыз оларға хабар әкеліп тұратын. Екі жігіт сол хабарды Дәуіт патшаға жіберетін. Біреу-міреу танып қояр деп екі жігіт қалаға кірмеді. 18 Бір бозбала оларды бәрібір байқап қалып, сол туралы Абессаломға айтып барды. Сондықтан олар сол жерден тездетіп кетіп, Бахуримдегі біреудің үйіне бас сауғалады. Сол кісінің ауласында бір құдық бар еді. Олар соның ішіне түсіп жасырынып қалды. 19 Үй иесінің әйелі құдықтың аузын жабынмен жауып, үстіне жарма төгіп тастады. Бұл жайт ешкімге аян болмады. 20 Абессаломның жасақшылары оларды іздеп сол үйге келгенде, әйелден: — Ахимағас пен Жонатан қайда? — деп сұрады. Әйел: — Олар судан өтіп кетті, — деп жауап берді. Жасақшылар іздеп-іздеп, ешкімді таба алмай, Иерусалимге қайта оралды. 21 Бұлар кетіп қалғаннан кейін әлгі екі жігіт құдықтан шығып, тездетіп Дәуіт патшаны ескертуге кетті. Олар Дәуітке барып: «Жедел жиналып, өзеннен өтіп кетіңіз! Ахитопел сізге қарсы осындай да осындай кеңес берді!» — деген хабарды жеткізді. 22 Мұны ести салысымен Дәуіт пен оның қасындағы бүкіл халық жиналып, Иорданнан өте бастады. Таң атқанда өзеннен өтпеген бірде-бір адам қалмады. 23 Ал өз кеңесінің іске аспағанын көрген Ахитопел есегін ерттеп, өзі тұратын қаладағы үйіне кетіп қалды. Сонда жеткеннен кейін үй ішіне соңғы өсиеттерін табыстап, асылып өлді. Оның мәйіті әкесінің қабіріне қойылды. 24 Осы екі арада Дәуіт Маханайымға жетті. Кейінірек Исраилдің күллі жауынгерлерін бастап, Абессалом да Иорданның шығыс жағына өтіп келді. 25 Абессалом Жоғабтың орнына Амасаны әскер қолбасшысы етіп тағайындаған болатын. Амасаның шешесі Әбигел Нахаштың қызы және Жоғабтың шешесі Сарұяның сіңлісі еді. Амасаның әкесі Етер есімді ізрелдік болатын. 26 Абессалом басқарған Исраил жасағы Ғилақад елінде қостарын тікті. 27 Дәуіт Маханайымға жеткенде, аммондықтардың Рабба қаласынан Нахаш ұлы Шоби, Лодыбардан Әмиел ұлы Махыр, Рогелимнен ғилақадтық Барзилай келді. Олар: 28 «Елсіз далада жүргенде осы адамдар ашығып, шаршап-шалдығып, шөлдеп қалды ғой!» — деп ойлап, көрпе-көпшік пен ыдыс-аяқ әкелді. Олар, сондай-ақ, Дәуіт пен оның қасындағыларға ішіп-жеуге бидай, арпа, ұн, қуырылған дәнді дақылдар, бұршақ, жасымық, 29 бал, айран, қой-ешкілер және сиыр сүтінен жасалған ірімшік алып келді.
1 Дәуіт өзінің топтарын жинап түгендеп, олардың үстінен мыңбасылар мен жүзбасыларды тағайындады. 2 Содан соң Дәуіт жасағын үш топқа бөлді. Бірінші топқа — Сарұя ұлы Жоғабты, екінші топқа — оның інісі Әбішайды, үшінші топқа — ғаттық Іттайды қолбасшы етіп тағайындады. Патша жасақшыларына: — Мен де сөзсіз сендермен бірге аттанамын! — деді. 3 Бірақ олар: — Тақсыр, бармай-ақ қойыңыз. Біз қашсақ та, олар бізге онша көңіл аудармас. Жартымыз қырылып қалсақ та, оларға бұл бәрібір. Ал сіздің өміріңіз біз сияқты он мың адамның өміріне тұрады. Сондықтан сіздің қала ішінде қалып, сол жақтан бізге көмектескеніңіз дұрыс болар, — деп жауап берді. 4 Дәуіт: — Мейлі, сендер нені дұрыс деп білсеңдер, соны істейін, — деп келісті. Мыңбасылары мен жүзбасылары оның жасағын өз ретімен қаладан шығарып алып бара жатқанда, Дәуіт қақпаның маңында тұрды. 5 Патша Жоғаб, Әбішай және Іттайға: «Жас жігіт Абессаломға мен үшін мейірімді бола көріңдер!» — деп бұйырған болатын. Патшаның қолбасшылардың әрқайсысына Абессалом туралы осындай әмір бергенін бүкіл жасақ естіп тұрды. 6 Сонымен қалың қол (Абессалом басқарған) Исраилдің әскерімен шайқасу үшін соғыс майданына шықты. Шайқас Ефрем орманында өтті. 7 Дәуіттің жасақшылары сол жерде Исраилдің әскерін жеңіп шықты. Сол күні шығын болған адамдардың саны өте көп — жиырма мың болды. 8 Шайқас бүкіл аймаққа тарап, ну орманда қырылып қалғандар семсерден қаза тапқандардан да көп болды. 9 Абессалом Дәуіттің жасақшыларына күтпеген жерден кездесті. Ол өзінің қашырына мініп қашып бара жатқанда, қашыры үлкен еменнің бұтақтарының астынан шауып өте берді. Сол кезде Абессаломның шашы емен ағашының қалың бұтақтарына шырмалып, ілініп қалып, өзі әуеде салбырап қалып қойды. Ал қашыры ілгері қарай шауып кетіп қалды. 10 Біреу мұны көріп, Жоғабқа келіп: — Еменде ілініп тұрған Абессаломды көрдім! — деп мәлімдеді. 11 Жоғаб осыны айтқанға: — Немене? Сен оны көрдің бе? Ендеше неге оны дәл сол жерде шауып, жерге түсірмедің? Соны істеген болсаң, мен саған он мысқал күміс және батырдың белдігін берер едім ғой, — деді. 12 Сол адам Жоғабқа: — Тіпті қолыма мың мысқал күміс берсеңіз де, мен патшаның ұлына қарсы қол көтермес едім. «Жас жігіт Абессаломға мен үшін мейірімді бола көріңдер!» деп патшаның сізге, Әбішай мен Іттайға айтқанын бәріміз де өз құлағымызбен естігенбіз. 13 Егер мен оның өміріне қастандық жасаған болсам, бұл бәрібір патшадан жасырын қалмас еді, ал сіз менен алшақ кетер едіңіз, — деп жауап қайтарды. 14 Жоғаб оған: — Сенімен айтысып уақытымды босқа өткізбей-ақ қояйын! — деді де, қолына үш найза алып, оларды еменде ілініп тұрған әлі де тірі Абессаломның жүрегіне қадай салды. 15 Жоғабтың қару-жарағын тасушы он жас жігіт жақындап келіп, Абессаломды қоршап алып, шауып өлтірді. 16 Содан соң Жоғаб кернейін тартып белгі берді. Сонда Дәуіттің жасақшылары Исраилдің адамдарын қууын доғарды. 17 Олар Абессаломды ағаштан түсіріп алып, ормандағы бір терең шұңқырға лақтырып, үстін таспен үйіп тастады. Осы аралықта күллі исраилдік жауынгерлер қашып, үйлеріне тарап кетті. 18 Өзінің тірі кезінде Абессалом: «Менің атымды жалғастыратын ұлым да жоқ!» — деп, өзінің құрметіне тас бағана жасатып, Патшалар аңғарында тұрғызып қойған болатын. Ол осы бағанаға өзінің атын беріп, сол әлі күнге дейін «Абессаломның ескерткіші» деп аталып келеді. 19 Шайқастан кейін Садық ұлы Ахимағас Жоғабқа: — Мен енді жүгіріп барып, патшаға: «Жаратқан Ие сізді жауларыңыздың қатерінен азат етті!» деген қуанышты хабарды жеткізейін! — деп рұқсат сұрады. 20 Алайда Жоғаб оған: — Жоқ, бүгін осы хабарды сен жеткізбей-ақ қой! Басқа бір күні хабар жеткізуіңе болады. Бірақ бүгін солай істеме, өйткені патшаның ұлы мерт болды, — деді. 21 Содан соң Жоғаб бір құштыққа: — Патшаға барып, көргендеріңді мәлімдеп бер! — деп бұйырды. 22 Сөйтсе де Садық ұлы Ахимағас тағы да Жоғабтан: — Не болса, о болсын! Өтінемін, құштықтың соңынан жүгіруге маған рұқсат беріңізші! — деп сұрап қоймады. Жоғаб: — Балам-ау, неліктен барғың келіп тұр? Апаратын хабарың сүйінші алатын хабар емес қой! — деді. 23 Бірақ ол: — Не болса, о болсын! Жүгіргім келіп тұр, — деп қоймады. Сонда Жоғаб: — Мейлі, жүгіре бер! — деп келісе салды. Ахимағас Иордан алқабының бойындағы жолмен жүріп отырып, құштықты басып озды. 24 Дәуіт осы кезде қала қамалының сыртқы және ішкі қақпаларының арасында отырған еді. Бір шолғыншы қақпаның төбесіне шығып, сыртқа қарағанда, жүгіріп келе жатқан бір адамды көрді. 25 Шолғыншы бұл туралы патшаға дауыстап мәлімдеді. Патша: — Егер сол адам жалғыз өзі келе жатса, онда ол жақсы хабар әкеле жатыр, — деді. Адам жүгіріп жақындай түсті. 26 Содан соң шолғыншы жүгіріп келе жатқан басқа бір адамды көріп, қақпашыға: — Әй, тағы біреуі жалғыз жүгіріп келе жатыр! — деп айқайлады. Патша: — Ол да жақсы хабар әкеле жатқан болса керек, — деп болжады. 27 Шолғыншы: — Біріншісінің жүгіргені құдды Садық ұлы Ахимағастың жүгірісіне ұқсайды екен, — деді. Патша: — Ол жақсы адам, жақсы хабармен келе жатыр! — деді. 28 Ахимағас патшаға таяп қалғанда: — Бәрі де жақсы! Аманшылық! — деп айқайлап жіберді. Ол патшаның алдында басын жерге тигізе жығылды да: — Патша иеме қарсы шыққан адамдарды қолға түсірген Құдайыңыз — Жаратқан Ие мадақталсын! — деді. 29 Патша одан: — Жас жігіт Абессалом аман-есен бе? — деп сұрады. Ахимағас: — Жоғаб алдыңыздағы қызметшіңізді жіберген кезде үлкен бір шатақтың болып жатқанын көріп едім. Бірақ оның немен біткенін білмедім, — деп жауап қатты. 30 Патша оған: — Былайырақ тұрып, күте тұр! — деді. Ахимағас бұрылды да, тыныш тұра қалды. 31 Содан соң құштық келе қалды. Ол патшаға былай деді: — Уа, патша ием! Жақсы хабарға құлақ салыңыз! Бүгін Жаратқан Ие сізді өзіңізге қарсы шыққандардың барлығынан арылтты. 32 Патша құштыққа да: — Жас жігіт Абессалом аман-есен бе? — деген сауал қойды. Құштық былай деп жауап берді: — Патша иемнің жауларының, сізге жамандық ойлап қарсы шыққандардың бәрінің халдері сол жас жігіттің халіндей болсын! 33 Патша қатты қобалжып, қақпаның үстіндегі бөлмеге барып, көз жасын төкті. Кетіп бара жатып: «Беу, сорлы ұлым Абессалом-ай! Сорлы ұлым-ай! Ұлым Абессалом-ай! Неге ғана сенің орныңда мен өлмедім екен! Абессалом, ұлым-ай, беу, беу, ұлым-ай!» — деп жоқтаумен болды.
1 «Патша Абессаломды көз жасын төгіп жоқтап жатыр» деген хабар Жоғабқа жетті. 2 Дәуіттің өлген ұлын жоқтап жатқанын естігенде, оның бүкіл жасағы үшін сол жеңіс күні қаралы күнге айналды. 3 Содан жасақ шайқас майданынан қашып кетіп масқара болған сарбаздардай қалаға ұрланып кірді. 4 Патша бетін жауып алып, дауыстап: «Беу, сорлы ұлым Абессалом, о, Абессалом, сорлы ұлым-ай!» — деп дауыстап жоқтаумен болды. 5 Сонда Жоғаб патшаның үйіне барып, оған былай деді: — Бүгін сіз өзіңіздің өміріңізді де, ұл-қыздарыңыздың, әйел-кәнизактарыңыздың өмірін де аман сақтап қалған жауынгерлеріңізді қара бет қылдыңыз. 6 Сіз өзіңізді жек көретіндерді сүйіп, өзіңізді сүйетіндерді жек көресіз! Бүгін сіз қолбасшылар мен жауынгерлеріңізді өзіңіз үшін түкке тұрғысыз екенін айқын көрсеттіңіз. Егер Абессалом тірі қалып, біздің бәріміз қырылып қалған болсақ, сіз соған риза болар едіңіз! Мен бүгін осыны ұқтым. 7 Ал енді, сыртқа шығып, қызметшілеріңізге жылы сөйлеп, жігерлендіріңіз! Жаратқан Иенің алдында ант етемін: егер шықпайтын болсаңыз, бүгін кешке дейін сіздің жағыңызда бірде-бір адам қалмайды! Бұл сіз үшін жастық шағыңыздан бері осы кезге шейін басыңызға түскен апаттардың барлығынан да зор болмақ! 8 Сонда патша орнынан тұрып, қала қақпасының жанындағы өзінің арнаулы орнына барып отырды. Патшаның қақпа жанында отырғанын естігенде, бүкіл жасақ оның алдына жиналды. Сол екі арада исраилдіктер үйді-үйіне қашып кеткен еді. 9 Солтүстік Исраилдің барлық руындағы адамдар өзара айтысып былай деп жатты: «Патша бізді жауларымыздың қолынан азат еткен болатын. Філістірлердің шеңгелінен құтқарған да сол. Бірақ та өзі Абессаломнан бас сауғалап, елден қашып кетуге мәжбүр болды. 10 Ал біз өзіміздің үстімізден патшалық құруға май жағу рәсімін жасап тағайындаған Абессалом шайқаста мерт болды. Ендеше неге сендер патшаны кері қайтару туралы үндемейсіңдер?» 11 Сонда Дәуіт патша діни қызметкерлер Садық пен Абиятарға мына сәлемін жіберді: «Яһуданың рубасыларына былай деңіздер: Патшаны өз үйіне қайтаруға сіздер неге ең соңғы болуларыңыз керек? Себебі солтүстік исраилдіктердің бұл туралы айтып жүргендері патшаға және оның үй ішіне жетті. 12 Сіздер менің ағайындарымсыздар ғой, қандастарымсыздар. Ендеше неліктен сіздер патшаны кері қайтарудан тартынасыздар? 13 Ал Амасаға мынаны айтыңыздар: Сен менің қандас туысымсың ғой! Жоғабтың орнына сені бүгіннен бастап болашақта да әскерімнің қолбасшысы болуға тағайындамасам, Құдай мені жазалаған үстіне жазалай берсін!» 14 Осылай ол бүкіл Яһуда руының адамдарының жүректерін баурап алып, барлығын бірауыздай етті. Олар патшаға: «Өзіңіз және барлық қызметшілеріңіз, қайтып келіңіздер!» деген сәлем жолдады. 15 Сонымен патша кері қайтайын деп жолға шығып, Иорданға дейін жетті. Яһуданың адамдары патшаны күтіп алып, өзеннен өткізіп жіберу үшін Ғылғалға жиналған еді. 16 Бахуримнен шыққан буняминдік Гера ұлы Шимей де асығып, яһудалықтардың арасында Дәуіт патшаны қарсы алуға ылдилап сол жерге барды. 17 Оның жанында Бунямин руының тағы бір мың адамы, солардың ішінде Саул әулетінің қызметшісі Сиба мен оның он бес ұлы әрі жиырма қызметшісі де болды. Олар патшаны қарсы алу үшін тездетіп Иорданға барды. 18 Келгендер патшаның отбасын өзеннен өткізіп, оның барлық қалауын орындау үшін өзенді өткелмен кесіп өтті. Гера ұлы Шимей Иорданнан өтіп болысымен патшаның алдына жығыла кетіп, 19 оған жалбарынып былай деді: — Тақсыр ием менің күнәмді мойныма арта көрмесін! Патша ием Иерусалимнен кетіп бара жатқан күні қызметшісінің жасаған жамандығын есіне ала көрмесін! Патшам мұны есіне сақтап жүрмесінші! 20 Алдыңыздағы пендеңіз күнәға батқанын біліп отыр. Бірақ өзіңіз көріп отырсыз, Жүсіптің үрім-бұтағы жетекшілік еткен бүкіл Исраил руларынан патша иемді қарсы алуға бірінші болып мен келіп отырмын. 21 Сонда Сарұя ұлы Әбішай: — Шимейдің көзін құртқан жөн емес пе? Ол Жаратқан Иенің тағайындаған патшасын балағаттап қарғады ғой — деді. 22 Бірақ Дәуіт оған мынадай жауап берді: — Сарұяның ұлдары, маған оны не үшін айтасыңдар? Бүгін сендер менің еркіме қарсы шығып отырсыңдар! Бұл Исраилде адам өлтіретін күн емес! Себебі бүгін Исраилдің патшасы болуға қайтадан бекітілдім, соған көзім жетті. — 23 Патша Шимейге: — Сені өлімге бұйырмаймын! — деп ант берді. 24 Саулдың немересі (Жонатан ұлы) Мепібосет те патшаны қарсы алуға Иерусалимнен шығып, Иорданға келді. Патша кеткен күннен бастап, аман-есен қайтып келген күнге дейін ол аяқтарын күтпей, сақалын қырықпай, киім-кешегін жуып ауыстырмай қатты қайғырып келген еді. 25 Мепібосет патшаның алдына келгенде патша оған: — Неге менімен бірге кетпедің, Мепібосет? — деген сауал қойды. 26 Ол былай деп жауап берді: — Уа, патша ием, қызметшім Сиба мені алдап кетті. Мен оған: «Есегімді ерттетіп алып, соған мініп, патшаға еріп жүрейін!» деп тапсырған едім. Мен ақсақпын ғой. 27 Бірақ қызметшім мені патша иеме жамандап барыпты. Ал тақсыр ием Құдайдың періштесіндей дана. Нені дұрыс деп тапсаңыз, соны істей көріңіз. 28 Себебі менің атамның әулеті патша иемнің алдында өлімге лайықты болғанмен, маған өзіңіздің дастарқаныңыздан тамақтануға рұқсат бердіңіз. Енді менде патшадан тағы бір нәрсе талап ететіндей құқық бар ма? — 29 Сонда патша: — Осы айтқаның да жетер. Мен былай деп шештім: Сиба екеуің жерді бөлісіп аласыңдар! — деп қорытты. 30 Мепібосет патшаға: — Ол бәрін-ақ ала берсін. Маған патша иемнің өз сарайына аман-есен қайтып келгені де жетеді, — деп жауап берді. 31 Ғилақадтық Барзилай Рогелимнен ылдилап келген екен. Ол патшаны Иорданның арғы жағына дейін шығарып салу үшін онымен бірге өзеннен өтпекші болды. 32 Барзилай тым қартайған сексен жастағы аса дәулетті адам еді. Патша Маханайымда тұрған кезде Барзилай оны барлық қажеттерімен қамтамасыз етіп тұрған еді. 33 Енді патша оны: — Маған еріп өзеннен өтіңіз. Мен сізді Иерусалимге өз қасыма алып, бағып-қағайын, — деп шақырды. 34 Бірақ Барзилай былай деп жауап берді: — Азғана ғұмырым қалғанда, патшаға еріп Иерусалимге өрлеп барып маған не бар? 35 Жасым қазір сексенде. Ненің жағымды, ненің жағымсыз екенін айырудан, ішкен-жегенімнің дәмін сезуден де қалдым. Тіпті әнші жігіттер мен қыздардың салған әндерін ести алмайтын халге жеттім. Ендеше мен патша иемді әуреге салмай-ақ қояйын. 36 Алдыңыздағы қызметшіңіз сізді Иорданның арғы жағына біразға дейін жолға шығарып салмақшы еді. Ал патшам неге маған осыншама зор сый көрсетуге тиіс? 37 Өзімнің қаламда, әке-шешемнің қабірінің жанында көз жұма алуым үшін қызметшіңіздің қайтуына рұқсат берсеңіз екен! Ал мынау — (ұлым) Қимхам, сол сіздің қызметшіңіз болсын. Ол патша иемнің қасында жүріп, арғы бетке өтсін. Нені дұрыс деп тапқаныңыздың бәрін соған істеңіз. — 38 Патша Барзилайға: — Қимхам менімен бірге арғы бетке өтсін. Сізге ұнамдыны соған істейтін боламын. Ал өзіңіз нені қаласаңыз да, бәрін орындаймын, — деп сөз берді. 39 Осы аралықта күллі жұрт Иорданнан өтіп шыққан болатын. Патшаның өзі де өзеннің арғы жағына өткеннен кейін, Барзилайды құшақтап, оған батасын берді. Ал Барзилай үйіне қайтып кетті. 40 Патша Ғылғалға қарай сапарын жалғастыра берді. Оған Қимхам, Яһуда руының бүкіл жасағы және Солтүстік Исраилдің жасағының жартысы ерді. 41 Осылай келе жатқанда Солтүстік Исраилдің бүкіл адамдары патшаға келіп, оған: — Біздің ағайындарымыз — Яһуданың адамдары неге патшаны ұрлап алып кетіп, өзіңізді, отбасыңыз бен барлық адамдарыңызды Иорданнан өткізіп жіберді? — деп наразылық білдірді. 42 Яһуданың барлық адамдары оларға былай деп жауап берді: — Оның себебі, патша біздің қандас туысымыз ғой. Сендер неге осыған бола өкпелеп жүрсіңдер? Бізді патшаның қорынан бір нәрсе жеп қойды, әлде ерекше бір сыйлық алды дейсіңдер ме? 43 Ал Солтүстік Исраилдің адамдары Яһуданың адамдарына былай деп қарсы сөйледі: — Біз он румыз ғой. Біздің патшадан үлесіміз сендердікіне қарағанда көбірек! Ендеше неге бізді менсінбедіңдер? Оның үстіне, патшамызды кері қайтару керек деп бірінші айтқан біз емес пе едік? Бірақ Яһуданың адамдары Солтүстік Исраилдің руларынан гөрі қаттырақ сөйлеп оларды өкпелетіп тастады.
1 Сол жерде Бихридің ұрпағы Шеба есімді қара ниетті бір буняминдік адам болды. Шеба бүкіл Солтүстік Исраилде керней тартып былай деп жариялады: «Дәуітке біздің еш қатысымыз жоқ, Есейдің ұлында еш үлесіміз жоқ! Мекендеріңе қайтыңдар, исраилдіктер!» 2 Сонда Солтүстік Исраилдің күллі адамдары Дәуітті тастап, Шебаның соңынан еріп кетті. Бірақ Яһуданың адамдары өз патшаларына адал болып қала берді. Олар Дәуітке ілесіп Иордан өзенінен Иерусалимге дейін барды. 3 Дәуіт өзінің Иерусалимдегі сарайына қайтып келгенде, сарайын күтуге қалдырып кеткен он кәнизагын арнайы үйде күзеттіріп қойды. Оларды барлық керек-жарақтарымен қамтамасыз етіп тұрды, бірақ енді қайтып олармен жақындасқан жоқ. Осылайша олар жесір іспетті өмір сүріп, өле-өлгенше қамауда қалды. 4 Патша Амасаға: «Яһуданың ер адамдарын жинап, үш күннің ішінде өзің де осында бол!» — деп әмір етті. 5 Амаса Яһуданың адамдарын шақыруға кетті, бірақ патшаның белгілеген уақытынан кешігіп қалды. 6 Сонда Дәуіт Әбішайға бұйрық беріп: «Бихридің ұрпағы Шеба бізге Абессаломнан да зор зиян келтіретін болады. Тездетіп иеңнің жасақшыларын ертіп алып, Шебаның соңынан түс! Әйтпесе ол бір бекіністі қалалар тауып алып, көзімізден тасаланып, қашып кетіп жүрер!» — деді. 7 Осылайша Жоғабтың адамдары, кереттік және пелеттік ұлан бөлімдері әрі барлық батырлар қосылып, Әбішайға еріп Иерусалимнен аттанып шықты да, Шебаның ізіне түсті. 8 Олар Гибеондағы дәу жартастың жанында болған кездерінде Амаса алдарынан шықты. Жоғаб жауынгерлік киім киіп, семсерлі қынап бекітілген белдік тағып алған еді. Жоғаб алға қарай ұмтылғанда семсері түсіп қалды. 9 Жоғаб Амасаға: «Амансың ба, бауырым?» — деп, оны бетінен сүю үшін оң қолымен сақалынан ұстап алды. 10 Амаса Жоғабтың сол қолындағы семсерді байқамады. Сонда Жоғаб семсерін оның ішіне сұғып қалып, ішек-қарны жерге ақтарылып түсті. Жоғаб Амасаны екінші рет соқпай-ақ, өлімші етіп жарақаттады. Бұдан кейін Жоғаб пен оның інісі Әбішай бүлікшіл Шебаның соңынан қуып кетті. 11 Осы кезде Жоғабтың жас жігіттерінің бірі Амасаның жанында тұрып, «Кімде-кім Жоғабты қолдаса әрі Дәуітті жақтаса, сол Жоғабтың соңынан ерсін!» — деді. 12 Ал Амаса әлі де жол ортасында жанталаса дөңбекшіп өз қанына былғанып жатқан болатын. Жаңағы жас жігіт барлық жасақшылардың Амасаның жанында тоқтап жатқанын байқағанда, оны жолдан сүйреп, егістікке шығарып, үстін жамылғымен жауып тастады. 13 Амасаның денесін жолдан алып тастағаннан кейін адамдардың бәрі Жоғабқа еріп Шебаның соңынан қуып кетті. 14 Ал Шеба Исраилдің бүкіл руларының жерінен өтіп шығып, Әбел-Бет-Махаға кеткен болатын. Өзі шыққан Бихри әулетінің барлық адамдары да жиналып, оның соңынан сол жерге еріп келген еді. 15 Жоғабтың жасағы Әбел-Бет-Махаға жетіп, оны қоршап алды. Олар қаланы басып алу үшін қаланың сыртқы қамал қабырғасына қарсы үймек үйді. Жоғабтың жанындағы жасақтың барлығы қабырғаны құлату үшін оны соққылап қирата бастады. 16 Сонда бір ақылды әйел қала ішінен былай деп дауыстады: — Тыңдаңдар, тыңдаңдаршы! Жоғабты осында шақырыңдаршы! Онымен сөйлескім келеді. — 17 Жоғаб оған таяп келгенде, әйел одан: — Сіз Жоғабсыз ба? — деп сұрады. Ол: — Иә, менмін! — деп жауап қатты. — Онда алдыңыздағы күңіңіздің сөзіне құлақ салыңызшы. — Тыңдап тұрмын, айта бер! — деді Жоғаб. 18 Сонда әйел оған былай деді: — Ежелден келе жатқан мына мәтел бар: «Ақылды Әбелден сұрасын, аяқтар сонда дауларын». 19 Мен Исраилдегі бейбіт те адал адамдардың бірімін. Ал сіз Исраилдегі қалалардың анасы іспетті сыйлы қаланы құртайын деп отырсыз. Жаратқан Иенің меншікті жерін неге жалмап қойғыңыз келіп отыр? — 20 Бірақ Жоғаб былай деп жауап берді: — Жо-жоқ! Мені Жаратқан Иенің меншікті жерін не жалмаудан, не жоюдан сақтасын! 21 Мәселе тіпті де олай емес! Ефремнің таулы аймағынан шыққан Бихридің ұрпағы Шеба деген біреу Дәуіт патшаға қарсы бүлік шығарды! Тек соны ғана маған ұстап беріңдер! Сонда мен қаладан кетемін. — Әйел: — Жарайды, оның басы сізге қабырғадан лақтырылады, — деп келісті. 22 Әйел бүкіл халқымен сөйлесіп, дана ақыл-кеңес берді. Олар бүлікшіл Шебаның басын шауып алып, оны Жоғабқа лақтырып жіберді. Жоғаб осыдан кейін керней тартып белгі берді. Барлық адамдары қаладан шегініп, үйлеріне тарап кетті. Жоғабтың өзі Иерусалимдегі патшаның жанына қайтып барды. 23 Жоғаб Исраилдің бүкіл жасағының қолбасшысы, ал Еходай ұлы Бенаях кереттік және пелеттік ұландарының қолбасшысы болды. 24 Адорам міндетті жұмыстарды басқарушы, Ахилуд ұлы Жосапат уәзір әрі жылнамашы, 25 Шеуа — хатшы, Садық пен Абиятар — діни қызметкерлер, ал 26 жайырлық Ирақ — Дәуіттің қасындағы діни қызметкер болды.
1 Дәуіт патшаның заманында елді үш жыл бойы ашаршылық жайлады. Дәуіт Жаратқан Иеге сиынып соның себебін сұрады. Сонда Жаратқан Ие оған былай деп жауап берді: «Саулдың өзі мен әулетінің мойнында гибеондықтардың төгілген қаны бар. Себебі Саул гибеондықтардың көздерін құртқан болатын. Осы ашаршылық соның кесірінен». 2 Патша гибеондықтарды шақырып алып, олармен сөйлесті. Гибеондықтар исраилдіктерге жатпайтын аморлықтардан қалған халық болатын. Ежелде исраилдіктер оларды құртпауға ант берген болса да, Саул Исраил мен Яһуданың халқы үшін жан сала күресіп оларды толығымен құртып жіберуге тырысқан еді. 3 Дәуіт гибеондықтарға: — Мен сендер үшін не істейін? Сендер Жаратқан Иенің меншікті еліне ақ бата берулерің үшін мен қалайша сол күнәнің құнын өтей аламын? — деген сауал қойды. 4 Гибеондықтар оған: — Саулдың әулетінен не күміс, не алтын талап етпейміз. Ал Исраилде біреуді өлтіруге еш құқымыз да жоқ! — деді. Осыны естіп, Дәуіт олардан: — Онда өздерің үшін менің не істегенімді қалайсыңдар? — деп сұрады. 5 Олар патшаға: — Сол адам бізді толығымен құртып жіберуге тырысып, бүкіл Исраилде бізге бір табан жер де қалдырмауды көздеген еді. 6 Одан тараған ұрпақтардан жеті ер адам қолымызға тапсырылсын. Біз оларды Жаратқан Иенің алдында, Оның Гибеондағы тауында асып өлтірейік, — деді. Патша оларға: — Мен соларды қолдарыңа тапсырамын! — деп сөз берді. 7 Бірақ патша Жонатанның ұлы, Саулдың немересі Мепібосеттің өмірін сақтап қалды. Себебі Дәуіт және Саул ұлы Жонатан кезінде Жаратқан Иенің алдында бір-біріне ант беріскен болатын. 8 Ал Саулдың Аях қызы Риспадан туған екі ұлы Армон мен Мепібосет, әрі Саулдың қызы Мераб пен мехолалық Барзилай ұлы Әдіриелдің бес ұлы бар болатын. Дәуіт патша оларды алдыртып, 9 гибеондықтардың қолына тапсырды. Гибеондықтар бұларды тау басында Жаратқан Иенің алдында асып қойды. Сол жерде олардың жетеуі бірдей қазаға ұшырады. Бұл егін орағының алғашқы күндері, арпа жинау науқаны жаңа басталған кез болатын. 10 Сонда Аях қызы Риспа қара мата алып, оны бір жартастың үстіне жайып өзіне пана жасап алды. Риспа егін орағының басынан бастап, аспаннан мәйіттерге жаңбыр жауған кезге дейін сол жерде отырды. Ол асулы тұрған мәйіттерге күндіз құстарды, түнде аңдарды жолатпады. 11 Саул марқұмның кәнизагы Риспаның не істегені туралы хабар Дәуітке жетті. 12 Содан Дәуіт барып, Ғилақадтағы Ябес қаласының адамдарынан Саул мен оның тұңғышы Жонатанның сүйектерін сұрап алды. Себебі Саулды Гелбуеде өлтірген күні філістірлер оның денесін Бет-Шанға апарып, қала алаңында іліп қойған болатын. Бірақ Ғилақадтағы Ябестің адамдары екеуінің мәйіттерін ілулі тұрған жерінен жасырын түрде шешіп алып, қалаларына әкелген еді. 13 Енді Дәуіт сол жақтан Саул мен оның ұлы Жонатанның сүйектерін алып келді. Жаңадан асылып өлтірілгендердің мәйіттері де жиналып алынды. 14 Бұлар және Саул мен Жонатанның сүйектері Бунямин жеріндегі Селада Саулдың әкесі Қиштың қабіріне қойылды. Мұның бәрі патшаның тапсырмасына сәйкес орындалды. Осыдан кейін Құдай ел үшін жасалған мінажаттарды рақыммен қабылдады. 15 Філістірлер тағы да Исраилге қарсы соғыс ашқанда, Дәуіт өзінің жасақшыларымен бірге оларға қарсы жорыққа аттанды. Філістірлермен шайқасып жатқанда Дәуіттің әлі кетіп қалжырады. 16 Сол сәтте алып Рафаның ұрпақтарының Ишби-Беноб есімді біреуі Дәуітті өлтірмек болды. Сол алыптың сүңгісінің қола ұшының салмағы үш жүз мысқал болатын, ол беліне жаңа семсер буып алған екен. 17 Бірақ Сарұяның ұлы Әбішай Дәуітке көмекке келді де, філістірге тап беріп, оны өлтіріп тастады. Сонда Дәуіттің адамдары одан өтініп: «Енді қайтып бізбен бірге ешқашан шайқасқа шықпасаңыз екен! Себебі Исраилдің шам-шырағын өшіруге болмайды!» — деп, бұларын антпен бекітті. 18 Осыдан кейін філістірлермен жаңа бір шайқас Ғобтың маңында болды. Сол кезде хушалық Сипхай Рафаның алып ұрпақтарының тағы біреуі — Сафты жеңіп, көзін құртты. 19 Ғобтың маңында філістірлермен болған басқа бір шайқаста бетлехемдік Жайыр ұлы Елханан ғаттық алып Ғолияттың бауырын өлтірді. Соның сүңгісінің сабы бақандай жуан болатын. 20 Тағы басқа бір шайқас Ғат қаласының түбінде болды. Оған да өте ұзын бойлы бір адам қатысты. Соның аяқ-қолдарында алты-алтыдан, он екі саусағы мен он екі башайы бар еді. Ол да алып Рафаның ұрпағы болатын. 21 Әлгі алып Исраилге тіл тигізіп оны қорлағанда, Дәуіттің ағасы Шаммахтың ұлы Жонатан оны өлтіріп тастады. 22 Осы төртеуі Ғаттағы алып Рафаның ұрпақтары болатын. Олар Дәуіт пен оның жасақшыларының қолдарынан мерт болды.
1 Осылай Жаратқан Ие Дәуітті барлық жауларынан және Саулдың қолынан құтқарды. Сол кезде Дәуіт Жаратқан Иеге арнап мына жырды айтты: 2 Жаратқан — жартастай берік қорғаным, Мені қауіп-қатерден құтқарушым, 3 Құдайым — сенім артқан шың құзым, Қалқандай қорғаушым, мықты құтқарушым, Әрі биік таудағыдай баспанам, Мені құтқарады зорлық-зомбылықтан! 4 Мадаққа лайық Жаратқанға сиынам, Ол мені арашалайды жауларымнан. 5 Өлім толқындары жан-жақтан құрсады, Заңсыздық тасқыны көміп тастады, 6 Ажалдың шынжыры мені матады, Өлімнің торы бұғаулап шырмады. 7 Қатты қиналып Жаратқанға сиындым, Жәрдем сұрап Құдайыма жалындым. Киелі орнынан Ол құлақ салды, Жалынышым Оның алдына барды. 8 Сол заматта жер дірілдеп сілкінді, Аспанның негізі шайқалып дірілдеді, Өйткені Құдай қаһарына мінген еді. 9 Қаһарынан Оның түтін шықты, От лаулап аузынан жалын атты, Ыстық шоқ ішінен атқылады. 10 Аспанды ашып Ол төмен түсті, Қара бұлттар болды аяғының асты, 11 Мықты періштелерге мініп алды, Желдің қанаттарында зулап ұшты, 12 Түнекті айналдыра перде қылды, Жаңбырдың қалың бұлттарын жамылды, 13 Алдындағы нұрынан жай оты жалтылдады. 14 Жаратқан Ие аспаннан күркіреп шақырды, Алла Тағаланың дауысы жаңғырықты. 15 Жебелер атқылап жауларын шашыратты, Найзағай жарқылдап оларды абдыратты. 16 Көрінді сонда теңіздің арналары, Әрі дүниенің негіздері ашылды, Уа, Жаратқан Ие, қатаң сөгісіңнен, Қаһарлы да құдіретті лебіңнен. 17 Көктен қолын созып, Ол мені ұстап алды, Терең судан Ием мені шығарып алды, 18 Құтқарды мені мықты дұшпанымнан, Өзімнен қуатты қас жауларымнан, 19 Мүшкіл кезімде олар маған бас салды, Жаратқан Ие бірақ тірегім болды, 20 Кең-байтақ жерге Ол мені шығарды, Маған риза болып аман құтқарды. 21 Адал жүрген мені Ием қолдады, Пәк істерім үшін игілік сыйлады. 22 Өйткені Жаратқанның жолымен жүрдім, Арсыз болып Құдайымнан безбедім. 23 Қайта, күллі шешімдері көз алдымда, Оның ережелерінен бас тартпаймын да. 24 Құдайдың алдында мінсіз болып келемін, Күнә жасаудан сақтанып жүремін. 25 Жаратқан маған берді әділдігіме қарай, Оның көз алдындағы пәк ісіме сай. 26 Ием, рақымды жанға рақым танытасың, Адал жанға адалдықпен қарайсың, 27 Таза жүрген жанмен Өзің де тазасың. Арамзаға айламен жауап қайырасың. 28 Жәбір көрген жандарды құтқарасың, Бірақ менменді байқап, құлатасың. 29 Уа, Ием, маған шырақтай нұр шашасың, Уа, Жаратқан, түнегімді жарық қыласың. 30 Сенің күшіңмен жау тобын жеңе аламын, Құдайыммен қамалдың үстіне шығамын. 31 Күмән жоқ, Құдайдың жолы мінсіз, Жаратқанның сөзі де еш мүлтіксіз. Құдайға сенім артқан бар жандарға Ол — қалқандай қорған әрі берік баспана. 32 Жаратқан Иеден басқа кім Құдай екен? Құдайымыздан басқа кім қорғайтын құз екен? 33 Құдай мені күш-қуатқа бөлейді, Мінсіз өмір жолымен жетелейді, 34 Аяғымды бұғыдай жүйрік қылады, Биік жерлерімде аман тұрғызады. 35 Ол қолдарымды дайындайды шайқасқа, Майыстырам тіпті қола садақты да. 36 Сен құтқаруыңды қалқандай сыйладың, Жоғарылатады мені шапағатың. 37 Жолда қадамдарымды ұлғайтасың, Аяқтарымды таюдан сақтап қаласың. 38 Жауларымды қуып, жойдым көздерін, Бәрін құртпайынша кері келмедім. 39 Олар жеңіліп, қайта тұра алмады, Аяғымның астына менің құлады. 40 Шайқасуға маған күш-қуат сыйладың, Қарсыластарды алдыма бас ұрғыздың, 41 Қалған жауларды қашуға мәжбүр қылдың, Мені жек көргендердің көздерін құрттым. 42 Көмекке шақырды олар, ешкім құтқармады, Жаратқанға жалынды, Ол құлақ салмады. 43 Содан жауларды жер шаңындай ұнтақтадым, Даланың батпағындай оларды таптадым. 44 Сен мені халықтың бүлігінен құтқардың, Әрі басшысы етіп қойдың өзге ұлттардың. Бөтен халық енді маған қызмет етеді, 45 Олар да айтқанымды екі етпейді, Бөгде ұлттар алдымда құлдық ұрады, 46 Жат жұрттықтар қатты қорқып бозарады, Дірілдеп өз қамалдарынан шығады. 47 Жаратқан тірі! Құздай қорғаушым мақталсын, Құтқарушы Құдайым лайым даңқталсын! 48 Құдайым мүддемді қорғаған, Әрі халықтарды маған бағындырған, 49 Жауымнан өзімді аман сақтап қалған. Жоғары қойдың мені қарсыластардан, Сен құтқарып алдың зорлықшылдардан. 50 Басқа халықтар арасында сондықтан, Уа, Жаратқан Ием, Сені мадақтаймын, Сенің атыңа ән-жырымды арнаймын. 51 Сен Өзіңнің тағайындаған патшаңа: Дәуітке және оның ұрпақтарына Ұдайы ұлы жеңістер сыйлайсың, Тұрақты мейіріміңді бағыштайсың.
1 Мынау Дәуіттің соңғы өсиеті, Есей ұлының пайғамбарлық сөздері, Жақып сенген Құдай тағайындаған, Мәртебесін көтерген патшасының — Исраилдің сүйікті жыршысының Келер ұрпаққа қалдырған өсиеті. 2 Мен арқылы Жаратқанның Рухы сөйледі, Аузымнан Оның сөзі шығып келді. 3 Исраил арқа сүйер жартас — Құдай Маған бірде былай деп айтқан еді: Халықты әділдікпен басқарушы, Құдайды қастерлеп билік құрушы — 4 Бұлтсыз аспандағы таңғы шапақтай, Жерден көк шөп өсіріп шығаратын Жаңбырдан кейінгі күн нұрындай. 5 Менің әулетімді Құдай бекіткен, Мәңгі Келісім жасады Ол менімен Барлық жағынан да толық реттелген. Құдай бұл уәдесін нақты бекіткен, Әлде Ол мені ұдайы қорғамай ма, Бар жүрек қалауымды сыйламай ма? 6 Ал сұмдар Құдайға жақындамайды, Олар адамдар қолына да алмайтын Пайдасыз тікенектерге ұқсайды. 7 Соларды құртпақ болғандар бұл үшін Темір құрал, найза сабын қолданады, Жатқан жерлерінде өртеп жояды. 8 Дәуіттің батырларының аты-жөндері мыналар: Ахаман ұлы Яшобам-Бәсебет, ол Үш батырдың басшысы болды. Бір шайқаста ол сегіз жүз жау сарбазын сүңгісімен түйреп өлтірген еді. 9 Үш батырдың екіншісі Ахоахтың ұрпағы Додайдың ұлы Елазар болатын. Ол Дәуіттің қасында жүріп (Пас-Даммим деген жерде) шайқасқа жиналып тұрған філістірлерді менсінбей оларға тойтарыс берді. Исраилдік жасақшылар жаудан шегінгенмен, 10 Елазар сол жерде берік тұрды. Філістірлерді соққылай бергеннен қолы әбден шаршап, семсеріне қарысып қалды. Сол күні Жаратқан Ие оны үлкен жеңіске жеткізді. Әскер жасағы Елазарға қайта оралғанда, оларға өлгендердің қару-жарақтарын олжалаудан басқа жұмыс болмады. 11 Одан кейінгі батыр харарлық Аге ұлы Шаммах. Філістірлер бірде (Лехиде) бұршақ бітік шыққан бір егістіктің қасына жиналған еді. Исраилдің жасағы олардан қашып кетті. 12 Бірақ Шаммах егістіктің ортасында тұрып алып, філістірлерді қырып-жойып, егістікті аман сақтап қалды. Осылайша Жаратқан Ие Шаммахты үлкен жеңіске жеткізді. 13 Егін орағы кезінде Отыз басты жауынгердің үшеуі Адуллам үңгірінде тұрып жатқан Дәуітке келді. Осы кезде філістір әскерінің бір бөлігі Рефаим аңғарында қостарын тікті. 14 Бетлехемде де олардың қарауылдары орналасқан еді. Ал Дәуіт жасырынып, бекінуге ыңғайлы таулы жерді паналап жүрді. 15 Сонда Дәуіт: «Шіркін, маған біреу Бетлехемдегі қала қақпасының жанындағы құдықтан су әкеліп берсе ғой!» — деп аңсады. 16 Үш батыр філістір әскер қостарынан білдіртпей өтіп, Бетлехем қақпасының жанындағы құдықтан су тартып алып, Дәуітке әкелді. Бірақ Дәуіт суды ішкісі келмей, оны Жаратқан Иеге сұйық тарту іспетті бағыштап жерге төгіп тастап: 17 «Жаратқан Ие мені мұны істеуден сақтай көрсін! Мен бұл суды қалай ішемін? Ол бастарын өлімге тігіп, оны алып келген адамдардың қаны іспетті ғой!» — деді. Содан Дәуіт суды ішуден бас тартты. Міне, Үш батырдың ерлік істері осындай болды. 18 Зеруяның ұлы Жоғабтың туған інісі Әбішай Отыз батырдың басшысы еді. Әбішай сүңгісімен үш жүз жауын түйреп өлтіріп, Үш батырдікіндей атақты иемденді. 19 Басқа Отыз батырдан да даңқты болып, оларға басшылық еткенмен, Әбішай Үш батырдың дәрежесіне жете алмады. 20 Кәбіселдік Еходай ұлы Бенаях та ерлік істер жасаған мықты жауынгер болды. Арыстандай күшті екі моабтық жауынгердің көздерін жойған сол еді. Бенаях қар жауып тұрған бір күні ұраға түсіп, оның ішіндегі арыстанды өлтірді. 21 Бенаях бір алып мысырлықтың да көзін құртты. Мысырлықтың қолында сүңгі болса да, Бенаях оған қарсы бір таяқпен ғана шығып, мысырлықтың қолынан сүңгісін тартып алып, оны сонысымен түйреп өлтірді. 22 Еходай ұлы Бенаяхтың ерлік істері осындай еді. Жаңағы Үш батыр сияқты ол да даңқты жауынгер болатын. 23 Отыз батырдың ішіндегі ең даңқтысы сол еді, алайда Үш батырдың дәрежесіне жете алмады. Дәуіт Бенаяхты өзінің ұлан бөлімдерінің басшысы етіп қойды. 24 Атақты Отыз батыр мыналар болатын: Жоғабтың туған інісі Асахил, бетлехемдік Додо ұлы Елханан, 25 хародтық Шаммах, хародтық Елика, 26 пәлеттік Хелес, текоялық Икеш ұлы Ирақ, 27 анатоттық Әбиезер, хушалық Сипхай, 28 ахоахтық Салмон, нетопаттық Маһарай, 29 нетопаттық Бағанах ұлы Хелеп, Буняминдегі гибеялық Рибай ұлы Іттай, 30 пиратондық Бенаях, нахале-ғағаштық Хиддай; 31 арбаттық Әби-Албон, бахуримдік Азмаует, 32 шағалбондық Әлиахпа, Яшеннің ұлдары, 33 харарлық Шаммах ұлы Жонатан, харарлық Шарар ұлы Ахиям, 34 мағахаттық Ахасбай ұлы Әліпәлет, ғилолық Ахитопел ұлы Елиям, 35 кәрмелдік Хесрай, әрабтық Пағарай, 36 собалық Натан ұлы Иғал, ғадтық Бани, 37 аммондық Селек, Сарұяның ұлы Жоғабтың қару-жарағын тасушы бероттық Нахарай, 38 итірлік Ирақ, итірлік Гәреб және 39 хеттік Ұрия. Батырлардың жалпы саны отыз жеті болды.
1 Жаратқан Иенің қаһары (күнә жасап жүрген) Исраилге қарсы қайтадан лаулады. Сонда (әзәзіл) Дәуітті халыққа қарсы қойып: «Бар да, (Солтүстік) Исраил мен Яһуданы санақтан өткіз!» — деп түрткіледі. 2 Патша Жоғабқа және оның қарамағындағы қолбасшыларына бұйрық берді: «Әскер жасындағы халықтың санын білгім келеді. Исраилдің руларын оңтүстіктегі Бер-Шебадан солтүстіктегі Данға дейінгі аралықты түгелдей қамтып, халықтың санағын алыңдар!» — деді. 3 Жоғаб патшаға: — Әскер жасындағы халқыңыз қаншама көп болса, Құдайыңыз Жаратқан Ие оны жүз есе көбейте көрсін! Мұны өз көзімен көруді тақсыр иеме жазсын! Ал, патша ағзам, мұндай шараны неліктен іске асырғыңыз келіп отыр? — деп жауап берді. 4 Алайда патша Жоғаб пен өзге қолбасшыларын өзінің бұйрығын орындауға көндірді. Олар патшаның қасынан шығып, Исраил халқын санақтан өткізуге кетті. 5 Жоғаб пен өзге әскер басшылары Иорданды кесіп өтіп, Арогердің маңында, аңғардағы қалашықтың оңтүстік жағына қостарын тігіп, іске кірісті. Содан кейін Ғад руының жерін аралап, Жазерге, 6 мұнан соң Ғилақадқа, Тахтим-Ходши аймағына және Дан-Яғанға барды. Содан кейін бұрылып, Сидонға қарай бағыт алды да, 7 Тир қорғанын және хивтіктер мен қанахандықтардың барлық қалаларын аралап шықты. Соңында Яһуда руының оңтүстіктегі Бер-Шеба қаласына жетті. 8 Осылай олар бүкіл елді кезіп шығып, тоғыз ай жиырма күннен кейін Иерусалимге қайтып келді. 9 Жоғаб патшаға халық санағының мына қорытындысын баяндады: Семсер ұстауға жарамды мықты адамдардың саны Солтүстік Исраилде сегіз жүз мың, Яһудада бес жүз мың адам болды. 10 Бірақ осыдан кейін Дәуіттің ар-ұжданы қатты қиналып, халықты санақтан өткізгеніне опық жеді. Содан ол Жаратқан Иеге: «Мен осыны істеп, ауыр күнә жасадым. Өтінемін сенен, уа, Жаратқан Ие, алдыңдағы қызметшіңнің күнәсін кешіре гөр. Мен зор ақымақтық жасадым», — деп сиынды. 11 Дәуіт келесі күні таңертең төсектен тұрғанда, оның қызметіндегі Ғад пайғамбарға Жаратқан Ие сөзін арнап былай деген еді: 12 «Дәуітке барып, хабарымды жеткіз: Жаратқан Ие мынаны айтады: саған біреуін таңдап алуға үш жазаны ұсынамын. Таңдап алғаныңды Мен өзіңе қолданамын». — 13 Сонымен Ғад Дәуітке барып, былай деді: — Қайсысын таңдап аласың: не еліңде жеті жыл бойы ашаршылық жайлағанын ба; не өзіңнің үш ай бойы артыңнан қуған жауларыңнан қашқаныңды ма; не еліңді үш күн бойы індет билегенін бе? Енді ойланып, өзімді Жібергенге қандай жауап қайтаруымды шешіп айта гөр. — 14 Дәуіт Ғадқа: — Жаным қатты қиналып тұр! Жаратқан Иенің қолына түсейік, өйткені Оның мейірімі мол. Бірақ адамдардың қолына түспейінші! — деп жауап берді. 15 Сол себепті Жаратқан Ие таңертеңнен бастап, белгілеген уақыттың соңына дейін Исраилге індет жайлатты. Солтүстіктегі Даннан оңтүстіктегі Бер-Шебаға дейін жетпіс мың ер адам өлді. 16 Халықты қырып жатқан періште енді Иерусалимді де құрту үшін қолын соза бергенде, Жаратқан Ие болып жатқан апат туралы аяушылық танытып, періштеге: «Жетер енді, қолыңды тарт!» — деп бұйырды. Сол кезде Жаратқан Иенің періштесі ебустік Орнаның астық бастыратын қырманының қасында болған еді. 17 Дәуіт халықты қырып жатқан періштені байқап қалып, Жаратқан Иеге: — Күнәға батқан мен ғой! Менің өзім теріс іс жасадым. Бірақ қарамағымдағы осы «қойларым» не істеді? Олардың орнына өзімді және отбасымды жазалай гөр! — деп жалынды. 18 Сол күні Ғад пайғамбар Дәуітке келіп: «Ебустік Орнаның астық бастыратын қырманына өрлеп барыңыз! Сол жерде Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын тұрғызыңыз», — деді. 19 Сонда Дәуіт Жаратқан Иенің бұйрығына сай солай қарай өрледі. 20 Орна (бұл кезде астық бастырып жатқан еді. Ол) патша мен оның қызметкерлерінің келе жатқанын көрген бойда патшаның алдынан шығып, жерге дейін иіліп тағзым етті. 21 — Патша ием өзінің қызметшісіне неге келді екен? — деп сұрады ол. Дәуіт: — Сенің қырманыңды сатып алуға келдім! Халықты қырып жатқан пәлені тоқтату үшін осы жерде Жаратқан Иеге бағыштап құрбандық үстелін тұрғызбақпын, — деп жауап қайтарды. 22 Орна: — Патша ием өзінің қалағандарын сый-тарту ретінде қолдана берсін. Міне, өгіздер құрбандыққа шалынып, өртеліп ұсынылсын. Астық бастырғыш ағаш тақтай және өгіздердің мойынтұрығы отын ретінде пайдаланылсын. 23 Уа, тақсыр, мұның барлығын да патшама сыйлаймын, — деді. Орна сөзін аяқтап: — Құдайыңыз Жаратқан Ие құрбандығыңызды қабылдап, сізге оң көзімен қарай көрсін! — деп ізгі тілек білдірді. 24 Алайда патша Орнаға: — Жоқ, бұларды құнын төлеп сатып аламын! Мен тегін алғанды Құдайыма Жаратқан Иеге бағыштап құрбандыққа шалып, өртеп ұсынбаймын, — деп қарсылық білдірді. Сонымен Дәуіт қырман мен өгіздерді елу мысқал күміске сатып алды. 25 Сол жерде ол Жаратқан Иеге арнап құрбандық орнын тұрғызып, малдарды шалып, түгелдей өртеп жіберді, әрі ризашылық құрбандықтарын да ұсынды. Жаратқан Ие ел үшін жасалған мінажаттарды рақыммен қабылдады. Исраилді жайлаған пәле осылай тоқталды.
1 Дәуіт патша қартайып, жасы ұлғайған кезінде үстіне көрпе жамылса да бойы жылымайтын болды. 2 Сонда нөкерлері оған: «Уа, патша ие, сіздің қасыңыздан шықпай, күтім жасайтын бір пәк қызды тауып алып келейік! Ол қойныңызда жатып, денеңізді жылытсын», — деген ұсыныс жасады. 3 Содан олар бүкіл Исраил елі бойынша сұлу қыз іздеп, Шунем қалашығынан Абисаға есімді қызды тауып, оны патшаға алып келді. 4 Қыз өте сұлу екен, ол әрқашан патшаның жанында болып, оған күтім жасап қызмет етіп жүрді. Ал патша онымен жақындасқан жоқ. 5 Сол кездері Дәуіттің Аггит деген әйелінен туған ұлы Адониях «Енді патша болатын менмін!» — деп кеудесін көтеріп жүрді. Ол өзіне соғыс күймелері мен аттарды және өзінің алдында жүгіріп отыратын елу адамды жинап алды. 6 Адониях Дәуіттің Абессаломнан кейін дүниеге келген өте келбетті ұлы болатын. Ал әкесі оны: «Не үшін осылай істейсің?» — деп еш уақытта жазғырған емес. 7 Адониях қолбасшы Сарұя ұлы Жоғабпен және діни қызметкер Абиятармен ақылдасып сөз байласқан еді. Енді олар Адонияхты жақтап, оған қолдау көрсетті. 8 Алайда діни қызметкер Садық, Еходай ұлы Бенаях, Натан пайғамбар, Шимей, Реги және Дәуіттің батырлары Адонияхты қолдамады. 9 Бір күні Адониях Ен-Рогел атты бұлақ көзінің жанындағы Жылан жартасының маңына барып, сол жерде қой-ешкі, мүйізді ірі қара және бордақыланған өгізшелерді көптеп құрбандыққа шалғызды. Соған өзінің барлық ағайындылары — патшаның ұлдарын және патшаның қызметінде жүрген Яһуданың бүкіл адамдарын шақырды. 10 Тек Натан пайғамбарды, Бенаяхты, патшаның батырларын және інісі Сүлейменді шақырмады. 11 Сонда Натан пайғамбар Сүлейменнің шешесі Барсабияға барып, былай деді: — Аггиттің ұлы Адонияхтың патша болып алғанын естіген жоқсыз ба? Ал тақсыр иеміз Дәуіт бұл туралы хабарсыз. 12 Енді өз өміріңізді және ұлыңыздың өмірін сақтап қалуыңыз үшін мына ақыл-кеңесіме құлақ сала көріңіз. 13 Дереу Дәуіт патшаның алдына барып, оған былай деңіз: «Уа, патша ием, өзіңіз алдыңыздағы пендеңізге былай деп ант берген емес пе едіңіз: сенің ұлың Сүлеймен өзімнен кейін патшалық құрады! Менің тағымда отыратын сол болады! Ендеше Адониях неге патша болып алды?» 14 Сіз осыны айтып тұрған кезіңізде мен кіріп келемін де, айтқан сөздеріңізді толықтырып растаймын. 15 Сонда Барсабия патша жатқан бөлмеге кірді. Патша қатты қартайған екен, шунемдік Абисаға оған қызмет етіп жүрді. 16 Барсабия патшаның алдында жерге дейін иіліп тағзым етті. Патша одан: — Бұйымтайың не? — деп сұрады. 17 Сонда әйел оған былай деп жауап берді: — Уа, тақсыр ием, сіз маған: «Сенің ұлың Сүлеймен өзімнен кейін патшалық құрады! Менің тағымда отыратын сол болады!» деп Құдайыңыз Жаратқан Иенің атымен ант берген едіңіз. 18 Алайда енді Адониях патша болып алды, ал сіз, патша ием, бұл туралы білмейсіз де. 19 Ол мүйізді ірі қара, бордақыланған өгізшілер мен қой-ешкіні көптеп құрбандыққа шалғызды. Соған сіздің барлық ұлдарыңызды, діни қызметкер Абиятарды, әскер қолбасшысы Жоғабты шақырды. Бірақ ол қызметшіңіз Сүлейменді шақырмады. 20 Уа, патша ием, сізге бүкіл Исраил халқы көз тігіп, өзіңізден кейін патша тағына кімнің отыратынын жариялауыңызды күтіп отыр. 21 Әйтпесе сіз көз жұмып, ата-бабаларыңызға жөнелгенде, өзім де, ұлым Сүлеймен де қылмыскер деп саналамыз, о тақсыр ием. 22 Барсабия осыны патшаға айтып тұрған кезде Натан пайғамбар келе қалды. 23 Нөкерлері патшаға: «Натан пайғамбар келіп тұр», — деп хабарлады. (Сонда Барсабия бөлмеден шығып кетті.) Пайғамбар патшаның алдына келді де, басын жерге дейін иіп тағзым етті. 24 Содан соң ол былай деді: — Уа, патша ием, сіз «Адонияхты өзімнен кейін патшалық құрады! Менің тағымда отыратын сол болады!» деп бұйырған ба едіңіз? 25 Өйткені Адониях бүгін қала сыртында мүйізді ірі қара, бордақыланған өгізшілер мен қой-ешкіні көптеп құрбандыққа шалғызды. Ол күллі патшазадалар мен қолбасшыларды және діни қызметкер Абиятарды шақырды. Олардың барлығы оның қасында ішіп-жеп, «Адониях патша жасасын!» деп құттықтауда. 26 Ал сіздің құлыңыз мені әрі діни қызметкер Садықты, Еходай ұлы Бенаяхты және қызметшіңіз Сүлейменді шақырмады. 27 Уа, патша ием, бұл сіздің еркіңізбен болып отыр ма? Өзіңізден кейін кімнің таққа отыратындығы жайында қызметшілеріңізге неге ештеңе білдірген жоқсыз? 28 Сонда Дәуіт патша: «Барсабияны осында шақырыңдар!» — деп бұйырды. Ол бөлмеге қайта кіріп, Дәуіттің алдында тұрды. 29 Патша ант етіп былай деді: — Барлық қиыншылық атаулыдан жанымды сақтап қалған мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: 30 Мен Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің атымен саған бұрын берген антымды бүгін-ақ жүзеге асырамын. Ұлың Сүлеймен өзімнен кейін патшалық құрады! Менің орнымды басып тағыма отыратын сол болады! 31 Осыны естігенде Барсабия патшаның алдында басын жерге дейін иіп тағзым етті де: — Тақсыр ием Дәуіт патшаның өмірі ұзақ болсын! — деп алғысын білдірді. 32 Содан соң Дәуіт патша: «Діни қызметкер Садықты, Натан пайғамбарды, Еходай ұлы Бенаяхты қасыма шақырыңдар!» — деп әмір етті. Олар патшаның алдына келген соң, 33 ол былай деп бұйырды: — Патша нөкерлерін ертіп алыңдар! Ұлым Сүлейменді өзімнің қашырыма мінгізіп, Гихон бұлақ көзіне ылдилап алып барыңдар. 34 Сол жерде діни қызметкер Садық пен Натан пайғамбар екеуің оны май жағу рәсімінен өткізіп Исраилдің патшасы етіп тағайындаңдар! Мұнан кейін кернейлеріңді тартып, «Сүлеймен патша жасасын!» деп дауыстап жар салыңдар! 35 Содан оған еріп өрлеп қайтып келіңдер. Ол сарайыма кіріп, менің тағыма отырып, өзімнің орныма патшалық құратын болсын. Мен оған Исраил мен Яһуданың үстінен басшы болуды өсиеттедім. — 36 Сонда Еходай ұлы Бенаях патшаға: — Аумин. Патша иемнің Құдайы Жаратқан Иенің дегені болсын! 37 Жаратқан Ие патша иеме жар болғандай, Ол Сүлейменге де жар бола берсін! Оның тағын патша ием Дәуіттің тағынан да жоғары қыла көрсін! — деп жауап берді. 38 Содан соң діни қызметкер Садық, Натан пайғамбар, Еходай ұлы Бенаях және кереттік, пелеттік ұлан бөлімдері Сүлейменді патшаның қашырына мінгізіп, Гихон бұлақ көзіне ылдилап ертіп алып барды. 39 Діни қызметкер Садық киелі шатырдан зәйтүн майына толған мүйіз құтыны алып келіп, Сүлейменге май жағу рәсімін жасап, оны патша етіп тағайындады. Кернейшілер керней тартып, сол жердегі күллі халық: «Сүлеймен патша жасасын!» — деп жар салды. 40 Содан соң бүкіл халық оның соңынан еріп қалаға қайтып өрлеп бара жатты. Олар сыбызғы тартып, зор қуанышпен шаттанып, дауыстарынан жер сілкінгендей болды. 41 Адониях пен оның жанындағы шақырылғандар қонақасыларын енді ғана бітірген кезде мұны олар да естіді. Жоғаб кернейлердің даусын естіп: «Қаладан шыққан бұл не айқай-шу?» — деп сұрады. 42 Жоғаб осыны айта бергенде, діни қызметкер Абиятардың ұлы Жонатан келе қалды. Адониях оған: — Кел, сен өзің батыл адамсың, алып келген хабарың да жақсы болар! — деді. 43 Ал Жонатан оған былай деп жауап берді: — Керісінше, тіпті де жақсы емес! Патша иеміз Дәуіт Сүлейменді патша етіп қойды! 44 Патша онымен бірге діни қызметкер Садықты, Натан пайғамбарды, Еходай ұлы Бенаяхты, кереттік және пелеттік ұландарды жіберіп, олар Сүлейменді патшаның қашырына мінгізіп, 45 Гихон бұлақ көзіне алып барды. Сол жерде діни қызметкер Садық пен Натан пайғамбар оған май жағу рәсімін жасап патша етіп тағайындапты. Содан олар зор қуанышпен мақтау айтып кері қайтты. Енді қала дүрлігіп соны тойлап жатыр. Өздеріңіз естіген айқай-шу солардікі. 46 Сүлейменнің өзі қазір патшалық тақта отыр екен. 47 Сонымен қатар патшаның нөкерлері патша иеміз Дәуітке кіріп, оны құттықтап былай депті: «Құдайыңыз Сүлейменді сіздің өзіңізден де атақты етіп, оның тағын сіздің тағыңыздан да жоғары қылсын!» Патша өзінің төсегінде иіліп тағзым етіп, 48 «Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мадақталсын! Ол бүгін менің патшалық тағыма отыратынды тағайындап, маған соны өз көзіммен көруді бұйыртты» депті. 49 Мұны естіген Адонияхтың шақырған қонақтары дірілдеп қорқып, өз жөндеріне бытырап кетті. 50 Адонияхтың өзі де Сүлейменнен қорқып, бас сауғалау үшін киелі шатырға асығып барып, сондағы құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарынан жабыса ұстап алды. 51 Сонда Сүлейменге мына хабар жетті: — Адониях сізден қорқып, құрбандық үстелінің шошақтарынан жабыса ұстап алды. Ол Сүлеймен патша маған бүгін ант етіп: «Мына құлымды семсеріммен өлтірмеймін!» деген уәде берсін деп өтінеді. — 52 Сонда Сүлеймен: — Мейлі, егер ол бұдан былай өзінің адал адам екенін танытса, онда басынан бір тал шашы да түспейді. Ал егер оның бойынан бір қулық-сұмдық табылса, ол өлім құшады! — деп ұйғарды. 53 Содан Сүлеймен патша адамдарын жіберіп, Адонияхты құрбандық үстелінің қасынан алдыртты. Адониях Сүлеймен патшаның алдына келіп, басын иіп тағзым етті. Сүлеймен оны: «Үйіңе бара бер!» — деп жөніне жіберді.
1 Дәуіт өзінің көз жұмар кезі жақындағанда, ұлы Сүлейменге мынадай өсиет айтты: 2 — Адам атаулы іспетті мен де бұ дүниеден өтпекшімін. Ал сен күшті де батыл ер азамат бол! 3 Қайда барсаң да, не істесең де, табысты болуың үшін Құдайың Жаратқан Иенің өзіңе тапсырған міндетін орындайтын бол! Оның Мұса арқылы берген Таурат заңында жазылған барлық ережелері мен өсиеттерін, шешімдері мен бұйрықтарын бұлжытпай орындап, Оның ізгі жолымен жүретін бол! 4 Сонда ғана Жаратқан Ие маған берген мына уәдесін орындайтын болады: «Егер сенің ұрпақтарың ізгі жолыммен жүруге мұқият болып, Менің көз алдымда шын жүректен адал өмір сүрсе, онда әрдайым сенің ұрпақтарыңның біреуі Исраилдің патшалық тағында отыратын болады!» 5 Ал тағы айтарым мынау: Сарұяның ұлы Жоғабтың маған не істегенін өзің білесің. Ол Исраилдің екі қолбасшысын: Нер ұлы Әбенир мен Етер ұлы Амасаны өлтірді. Сонда Жоғаб шайқаста төгілген қанның кегін бейбіт кезде қайтарды. Ол осылай қастандықпен қан төгіп, беліне таққан белбеуін, аяғына киген аяқкиімін былғап арамданды. 6 Сен даналықпен әрекет етіп, оның ақ қырау шалған басының өз өлімімен қабірге түсуіне жол берме! 7 Ал ғилақадтық Барзилайдың ұлдарына мейірім көрсетіп, оларды өз дастарқаныңнан тамақтанатындардың қатарына қос. Ағаң Абессаломнан бас сауғалап қашқанымда солар менің алдымнан шығып, қолдау көрсеткен болатын. 8 Бахуримнен шыққан буняминдік Гера ұлы Шимейдің өзіңе жақын тұратынын ұмытпа! Мен Маханайымға бара жатқанымда, ол маған қарғыс айтып, нәлет жаудырды. Бірақ кейін ол Иорданның жағасында қарсылап алдымнан шыққанда, мен оған «Сені өлтірмеймін!» деп ант бердім. 9 Ал енді оны кінәсіз деп жүрме. Сен парасатты адамсың ғой, оған не істеу керек екендігін білетін боласың: Басын ақ қырау шалған ол қаны төгіліп о дүниеге аттанатын болсын! 10 Сонымен Дәуіт көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелді. Оның мәйіті Иерусалимдегі Дәуіттің шаһарында қабірге қойылды. 11 Дәуіт Исраил еліне барлығы қырық жыл: Хебронда жеті жыл, Иерусалимде отыз үш жыл патшалық құрған еді. 12 Енді Сүлеймен әкесі Дәуіттің тағына отырып, оның патшалық билігі берік орнықты. 13 Бірде Аггиттің ұлы Адониях Сүлейменнің шешесі Барсабияға барды. Патшайым одан: — Неге келдін, аманшылық па? — деп сұрады. Адониях: — Аманшылық, — деп жауап берді. Мұнан кейін ол: — 14 Сізге айтатын бір шаруам бар еді, — деп қосты. Барсабия: — Онда айта бер! — деді. 15 Адониях: — Өзіңіз мынаны жақсы білесіз: Патшалық билікті менің иемденуім тиіс еді. Бүкіл Исраил да менің патша болуымды тосып жүрді. Алайда жағдай өзгеріп, патшалық билік інім Сүлейменге өтті. Себебі Жаратқан Ие соны ініме бұйыртқан болатын. 16 Ал енді, менің сізге деген бір өтінішім бар, қолымды қаға көрмеңізші! — деді. Патшайым: — Айта бер, ол не екен? — деп жауап берді. 17 Адониях: — Сүлеймен патшамен сөйлесіңізші, ол сіздің бетіңізді қайтармайды ғой. Маған әйелдікке шунемдік Абисағаны берсін! — деп өтінді. 18 Барсабия: — Жарайды, сен туралы патшамен сөйлесіп көрейін, — деді. 19 Барсабия Адонияхтың өтініші туралы сөйлесу үшін Сүлеймен патшаға барды. Сүлеймен шешесін қарсы алып орнынан тұрып, құрмет көрсете иіліп, қайтадан тағына отырды. Шешесіне арнап өзінің оң жағынан тақ қойғызып, соған отырғызды. 20 Барсабия тіл қатып былай деді: — Сізге деген бір кішкентай бұйымтайым бар еді. Соған жоқ дей көрмесеңіз екен! — Патша оған: — Иә, анашым, ол қандай өтініш? Сізге жоқ демеспін, — деді. Патшайым: 21 — Шунемдік Абисаға ағаңыз Адонияхқа әйелдікке берілсе екен, — деп өтінді. 22 Сүлеймен патша мұны естігенде, шешесіне: — Адонияхқа шунемдік Абисағаны қос деп неге сұрайсыз? Одан да бірден патшалықты да бере сал деп айтпайсыз ба?! Ол менің ағам ғой. Оның өзіне және діни қызметкер Абиятар мен қолбасшы Сарұя ұлы Жоғабқа да патшалықты бере сал деп сұрамайсыз ба? — деп жауап берді. 23 Содан патша Жаратқан Иенің атымен былай деп ант етті: «Осы нәрсені айтқаны үшін Адониях жанынан айырылмаса, Құдай мені жазалаған үстіне жазалай берсін! 24 Мәңгі тірі Жаратқан Ие мені патша етіп әкем Дәуіттің тағына отырғызған, әрі Өзі уәде еткендей әулетімді де бекіткен. Оның алдында шын айтамын: Адониях бүгін-ақ өледі!» 25 Патша Еходай ұлы Бенаяхқа бұйрық беріп, ол Адонияхты семсермен шауып өлтірді. 26 Патша діни қызметкер Абиятарға былай деп бұйырды: «Анатоттағы өзіңнің егістік жеріңе бар. Сен өлімге лайықтысың. Алайда әкем Дәуіттің көзі тірі кезінде Жаратушы Тәңір Иенің Келісім сандығын көтеріп жүріп, әкемнің көрген бүкіл қиындықтарын бірге бөліскенің үшін, сені бүгін өлтірмей-ақ қояйын». — 27 Осылай Сүлеймен Абиятарды Жаратқан Иеге бағышталған діни қызметтен шеттетіп, Жаратқан Иенің Шилодағы Елидің әулетінің үстінен шығарған үкімін жүзеге асырды. 28 Осы болып жатқан оқиғалар туралы хабар Жоғабқа да жетті. Ол кезінде Абессаломның бүлігін жақтамаған болса да, енді Адонияхтың көтерілісін қолдаған еді. Сондықтан Жоғаб Жаратқан Иенің киелі шатырына қашып кетті. Сондағы құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарынан жабысып ұстап алды. 29 Сүлеймен патшаға: «Жоғаб Жаратқан Иенің шатырына қашып барды, енді ол құрбандық үстелінің қасында тұр», — деген хабар жетті. Сүлеймен Еходай ұлы Бенаяхты: «Оны өлтір!» — деген бұйрықпен сонда жіберді. 30 Бенаях Жаратқан Иенің шатырына барып, Жоғабқа: — Патша саған: «Бері шық!» деп бұйырып жатыр! — деді. Бірақ ол: — Жоқ, мен осы жерде-ақ өлемін! — деді. Бенаях патшаға қайтып келіп, Жоғабтың не деп жауап қайтарғанын айтып берді. 31 Сонда патша Бенаяхқа былай деп әмір етті: «Оның айтқанын істе! Оны шауып өлтіріп, қабірге қойғыз. Осылайша Жоғаб төккен жазықсыз қанның кінәсінен өзімді және әкемнің әулетін тазарт. 32 Енді Жаратқан Ие жазықсыз төккен қанын Жоғабтың мойнына салады. Себебі ол әкем Дәуіт марқұмға білдірмей, өзінен әділ де ізгі екі адамды: Исраилдің қолбасшысы Нер ұлы Әбенирді және Яһуданың қолбасшысы Етер ұлы Амасаны семсерімен шауып өлтірді. 33 Олардың төгілген қаны мәңгі бақи Жоғабтың және оның үрім-бұтағының мойындарында болсын! Ал Дәуіттің өзіне, оның үрім-бұтағына, әулетіне және патшалық тағына Жаратқан Ие мәңгілік амандық пен тыныштық сыйласын!» 34 Еходай ұлы Бенаях киелі шатырға қайтып барып, Жоғабты шауып өлтірді. Оның мәйіті айдаладағы үйінің маңындағы қабірге қойылды. 35 Патша Жоғабтың орнына Еходай ұлы Бенаяхты әскердің қолбасшысы, ал Абиятардың орнына Садықты бас діни қызметкер етіп тағайындады. 36 Мұнан кейін патша буняминдік Шимейді шақырып алып, оған былай деп бұйрық берді: — Өзіңе Иерусалимде үй салып ал. Соған қоныстан да, қаладан ешқайда шығушы болма! 37 Біліп қой, қаладан шығып, Қидрон сайын кесіп өтетін болсаң, сен міндетті түрде өлесің. Сонда төгілген қаның өз мойныңда болады. — 38 Шимей патшаға: — Айтқаныңыз дұрыс. Патша ием не десе, алдыңыздағы құлыңыз соны орындайды! — деп жауап берді. — Сөйтіп Шимей Иерусалимде тұрып жатты. 39 Алайда үшінші жылдың соңына қарай Шимейдің құлдарының екеуі Ғат патшасы Маха ұлы Анхұсқа қашып кетті. Құлдарының Ғатта екендігі туралы Шимей де естіді. 40 Сонда ол есегін ерттеп, Ғаттағы Анхұс патшаға барып, құлдарын іздеп тауып, қайтарып алып келді. 41 Шимейдің Ғатқа барып-қайтқандығы туралы Сүлеймен біліп қойды. 42 Содан патша Шимейді шақырып алды да, оған былай деді: «Мен саған Жаратқан Иенің атынан ант еткізіп, «Қаладан шығып, басқа жаққа барған күні міндетті түрде өлесің» деп ескертпеп пе едім!? Сонда сен: «Айтқаныңыз дұрыс, құлдық!» деп келіскен едің. 43 Ал енді, Жаратқан Иеге берген сол сертіңді және менің өзіңе тапсырған бұйрығымды неге бұздың? — 44 Содан патша Шимейге тағы мынаны айтты: — Әкем Дәуіт марқұмға жасаған барлық зұлымдықтарыңды өзің де білесің. Жаратқан Ие енді соларды өз басыңа үйіріп отыр. 45 Ал Сүлеймен патша жарылқанып, Дәуіттің патшалық тағы Жаратқан Иенің алдында мәңгілікке орнығатын болады!» 46 Содан патша Еходай ұлы Бенаяхқа бұйрық беріп, ол Шимейді сыртқа шығарып, шауып өлтірді. Сонымен Сүлейменнің патшалық билігі берік орнады.
1 Сүлеймен Мысыр патшасы перғауынмен одақтасып, оның қызына үйленді. Өзіне патшалық сарай, Жаратқан Иеге ғибадатхана, Иерусалимнің айналасындағы қамал қабырғасының құрылысын бітіріп болғанға дейін Сүлеймен осы әйелін Дәуіттің шаһарына әкелді. 2 Сол кездері Жаратқан Иенің атына арналған ғибадатхана әлі де салынбағандықтан, халық биіктеу жерлердегі табыну орындарында құрбандық шалуларын жалғастыра берді. 3 Сүлеймен Жаратқан Иені шын жүректен сүйіп, әкесі Дәуіт қалдырып кеткен ережелеріне бағынғанмен, ол да биіктеу жерлердегі табыну орындарында құрбандық шалып, хош иісті заттарды түтететін. 4 Гибеон қаласындағы биіктеу жерде өте үлкен ғибадат орны бар болғандықтан, патша соған барып, ондағы құрбандық үстелінде бір мың малды құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп ұсынды. 5 Гибеонда Жаратқан Ие Сүлейменге сол түні түсінде аян берді. Сонда Құдай оған тіл қатып: — Өзіңе не сыйлағанымды қаласаң, соны сұра! — деді. 6 Сүлеймен былай деп жауап берді: — Өзіңе қызмет еткен әкем Дәуітке зор рақымыңды көрсетіп отырдың. Себебі ол Өзіңнің алдыңда шын жүректен адал да әділ болып жүрді. Енді оның тағында отыратын ұл сыйлауың арқылы Өзіңнің оған деген зор рақымыңды бүгін де көрсетіп отырсың. 7 Уа, Құдайым Жаратқан Ие, әкем Дәуіттің орнын бастырып алдыңдағы пендеңді патша етіп қойдың. Ал мен әлі жаспын, өз міндеттерімді қалай атқаруды білмеймін. 8 Міне, мен Сенің таңдап алған халқыңның арасында тұрмын. Ол — көптігінен өлшеп-санауға келмейтін ұлы халық. 9 Өз халқыңның істеріне әділ шешімдерді жасап, дұрыс пен бұрысты ажырата алуым үшін айтқандарыңа құлақ түріп, түсінетін жүрек сыйлай гөр! Онсыз Сенің осыншама көп халқыңа билік жүргізу ешкімнің қолынан келмейтін іс. 10 Жаратқан Ие Сүлейменнің дәл осы нәрсені сұрағанына риза болды. 11 Сондықтан Құдай оған былай деп жауап берді: — Менен ұзақ өмір, зор байлық немесе жауларыңның жеңіліп, құруын сұраған жоқсың. Қайта, дұрыс шешім жасай алатын түсінік сыйлауымды өтіндің. 12 Біліп қой, сол үшін Мен өтінішіңді орындап, саған даналық пен түсінік сыйлап отырмын. Мұндай даналық пен түсінік сенен бұрын ешкімде болмаған, өзіңнен кейін де ешкімде болмайды. 13 Менен сұрамағандарыңды — байлық пен атақ-даңқты да саған сыйлаймын. Сендегі болатындай асқан байлық пен атақ-даңқ сенің тірі кезіңде патшалардың арасында ешкімде болмайды. 14 Егер әкең Дәуіт сияқты өзің де Менің ізгі жолдарыммен жүріп, ережелерім мен өсиеттерімді орындайтын болсаң, ғұмыр жасыңды ұзақ қыламын! 15 Сүлеймен оянып, мұның түсі екенін ұқты. Ол Иерусалимге қайта оралып, Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдына барды. Сол жерде ол Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін және Онымен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандықтар ұсынды. Мұнан кейін өзінің барлық нөкерлері үшін үлкен той жасады. 16 Бір күні екі жезөкше әйел бір даумен патшаның алдына келіп жүгінді. 17 Олардың біреуі былай деді: — Уа, тақсыр ием! Мына әйел екеуіміз бір үйде тұрамыз. Ол үйде болған кезде мен бір бала босандым. 18 Үш күн өткеннен кейін мына әйел де бала туды. Сол кезде екеуімізден басқа үйде ешкім болмады. 19 Ал мына әйел түнде ұлын қасына алып жатып, тұншықтырып өлтіріп алды. 20 Сонда ол тұрып, пендеңіз ұйықтап жатқан кезде менің ұлымды алып, өзінің өлген ұлын қойныма салып қойды. 21 Таң сәріде ұлымды емізейін деп тұрсам, ол шетінеп кетіпті! Бірақ күн шыға балаға зер сала қарағанымда оның өз ұлым емес екенін көрдім! — 22 Екінші әйел қарсы шығып: — Жоқ, тірі бала менікі, өлгені сенікі! — деді, ал бірінші әйел: — Жо-жоқ, өлген бала сенікі, тірісі менікі! — деп қоймады. Осылай екі әйел патшаның алдында айтысып тұрып алды. 23 Сонда патша: — Бірің «Тірі бала менікі, өлгені сенікі!» дейсің, екіншің де дәл соны айтасың. 24 Ендеше маған бір семсер алып келіңдер! — деп бұйырды. Семсер келтірілгенде, 25 патша: — Тірі баланы шауып, екіге қақ бөліңдер де, жартысын біреуіне, өзге жартысын екіншісіне беріңдер! — деп әмір етті. 26 Бірақ тірі ұлдың шешесі нәрестесіне жаны ашып, патшаға: — Тақсыр ием, тірі баланы оған бере салыңызшы! Қалайда оны өлтіре көрмеңіз! — деп жалынды. Ал екінші әйел болса: — Маған да, саған да болмасын! Оны қақ бөліңіз! — деді. 27 Сонда патша былай деп шешті: — Тірі баланы өлтірмеңдер! Оны мына бірінші әйелге беріңдер! Оның туған шешесі — сол! 28 Бүкіл Исраил халқы Сүлеймен патшаның шығарған әділ шешімі туралы естігенде, патшаны қатты қастерлейтін болды. Себебі олар әділдікті жүзеге асыратын Құдайдың даналығы патшада бар екендігіне көздерін жеткізді.
1 Сонымен Сүлеймен бүкіл Исраил еліне патшалық құрды. 2 Оның лауазымды қызметкерлері мыналар болды: Садық ұлы Азариях — діни қызметкер, 3 Шишаның ұлдары Елихореп пен Ахиях — хатшылар, Жосапат ұлы Ахилуд — уәзір әрі жылнамашы, 4 Еходай ұлы Бенаях — қолбасшы, Садық пен Абиятар — діни қызметкерлер, 5 Натан ұлы Азариях — аймақ әкімдерінің бастығы, Натан ұлы Забуд — діни қызметкер әрі патшаның жеке кеңесшісі, 6 Ахисар — сарай басқарушысы және Абда ұлы Адонирам — халықтың міндетті жұмыстарын басқарушы. 7 Сүлеймен патшаның бүкіл Исраилдің үстінен қарайтын он екі әкімі болды. Әкімдер патшаны және оның сарай қызметкерлерін азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Әрқайсысы мұны кезекпен жылдың бір айы бойы атқарды. 8 Олардың аты-жөндері: Ефремнің таулы аймағының әкімі — Бен-Хур, 9 Мақас, Шағалбим, Бет-Шәміш және Елон-Бетханан аймақтарының әкімі — Бен-Декер, 10 Арубот аймағының әкімі — Бен-Хесед, оның қарамағында Сохо мен Хефердің бүкіл жері де болды. 11 Дордың қыратты аймағының әкімі — Бен-Абинадап, ол Сүлейменнің қызы Тафатқа үйленген болатын. 12 Тағанах пен Мегидо қалаларында және олардан бастап Ізрелден төмен қарай Сартанның жанындағы Бет-Шанның барлық маңайында әрі Әбел-Мехола арқылы Жоқмеамның арғы жағына дейін созылып жатқан аймақтың әкімі — Ахилуд ұлы Бағана. 13 Ғилақадтағы Рамоттың әкімі — Бен-Гебер. Ғилақадтағы Манаса ұлы Жайырдың қоныстары әрі Башандағы Арғоптың төңірегі, жалпы саны алпыс үлкен де бекіністі қала оның қарамағында болды. Қалалар қамал қабырғаларымен қоршалып, қақпалары кесе-көлденең қола ысырмалармен бекітілетін. 14 Маханайым аймағының әкімі — Иддо ұлы Ахинадаб. 15 Нафталим жерінің әкімі — Ахимағас, ол Сүлейменнің қызы Басематқа үйленген болатын. 16 Ашир жері мен Алот қаласының әкімі — Хушай ұлы Бағана. 17 Исашар жерінің әкімі — Паруах ұлы Жосапат. 18 Бунямин жерінің әкімі — Ела ұлы Шимей. 19 Ғилақадтағы бұрын аморлықтардың патшасы Сихон мен Башанның патшасы Ог билік жүргізген аймақтың әкімі — Ұри ұлы Гебер. Яһуда жерінің де бір әкімі болатын. 20 Яһуда мен Исраилдің халқы теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай көп болды. Олар тойына тамақтанып, көтеріңкі көңілмен өмір кешті. 21 Сүлеймен патша (солтүстік-шығыстағы) Евфрат өзенінен (оңтүстік-батыстағы) філістірлер елі мен Мысыр шекарасына дейінгі барлық патшалықтарға билік жүргізді. Сол елдер Сүлейменнің көзі тірісінде оған алым-салықтарын төлеп, тәуелді болды. 22 Күн сайын Сүлейменнің сарайына мына азық-түліктің төмендегі мөлшері әкелінетін: отыз қап таңдаулы бидай ұны, алпыс қап өзге ұн, 23 бордақыланған он және жайлауда семіртілген жиырма мүйізді ірі қара, жүз қой-ешкі, оның үстіне бұғы, киік, елік және семіртілген құстар. 24 Сүлеймен Евфрат өзенінің бойындағы Типсахтан бастап батысқа қарай, (Жерорта теңізінің жағалауындағы) Газаға дейінгі бүкіл өлкеге және ондағы барша патшаларға үстемдік жүргізді. Оның патшалығының барлық жағында тыныштық орнады. 25 Сүлеймен патшалық құрған уақыттың бәрінде Яһуда мен Исраилдің халқы алаңсыз тіршілік етіп, солтүстіктегі Даннан оңтүстіктегі Бер-Шебаға дейінгі бүкіл өлкеде әр адам өз бау-бақшасында тұрып жемістерін рақаттана жейтін. 26 Сүлейменнің төрт мың жылқыға арналған қоралары әрі он екі мың жылқысы болды. 27 Тағайындалған он екі аймақ әкімі Сүлеймен патшаны және оның дастарқан басындағылардың бәрін азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрды. Әрбір әкім өз кезегін атқаратын айда ештеңенің де қалыс қалмауын бақылап қызметін атқаратын. 28 Бұған қоса әкімдер патшаның күймелеріне жегілетін жылқылары мен өзге көліктерге арнап, белгілі жерлерге өз кезектері бойынша арпа мен сабан да жеткізіп тұратын. 29 Құдай Сүлейменге орасан зор даналық пен түсінік дарытып, теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай мол білім сыйлады. 30 Сүлейменнің даналығы шығыс елдері мен Мысыр елінің кемеңгерлерінің ақыл-парасатынан да асып түсті. 31 Ол барлық басқа адамдардан да өткен дана болды. Оның ақылы езрахтық Етаннан, Мақолдың ұлдары Хеман, Халқол, Дардалардан да асты. Осылайша Сүлейменнің атақ-даңқы айналадағы барлық елдердің халықтарына тарады. 32 Сүлеймен үш мың нақыл сөз айтып, бір мың бес ән-жыр құрастырды. 33 Ол Ливандағы зәулім самырсын ағашынан бастап, қабырға жарығынан өсіп шығатын сайсағызға дейін күллі өсімдіктер жайлы тәлім берді. Сондай-ақ, ол малдар, құстар, бауырымен жорғалаушылар және балықтар туралы да айтып кеткен. 34 Бүкіл дүниенің патшалары Сүлеймен патшаның даналығы туралы естіп білгендіктен, күллі ұлттардың өкілдері оның даналығын тыңдап, үйренуге келіп жататын.
1 Ливан еліндегі Тир патшасы Хирам Сүлейменнің әкесінің орнына патша болып тағайындалғаны туралы естігенде, оны құттықтауға елшілерін жіберді. Өйткені Хирам өмір бойы Дәуіттің досы болып келген еді. 2 Содан Сүлеймен Хирамға сәлемін жолдап былай деді: 3 «Өзіңіз білетініңіздей, әкем Дәуіт өзінің сиынған Құдайы Жаратқан Иенің атына арнап ғибадат ететін киелі үйді сала алмай кетті, себебі оған қарсы жан-жақтан соғыс жүргізіліп отырды. Жаратқан Ие жауларын табанының астына салып бергенге дейін киелі үйді тұрғызу мүмкін болмады. 4 Ал енді, Құдайым Жаратқан Ие маған жан-жағымнан тыныштық сыйлап, жаудан да, апат атаулыдан да аманбыз. 5 Жаратқан Ие әкем Дәуітке былай деп уәде еткен: «Сенің орныңа ұлыңды патшалық тағыңа отырғызамын. Менің есіміме арнап киелі үйді салатын сол болады». Соған сәйкес менің Құдайым Жаратқан Иенің атына арнап ғибадат ететін киелі үй тұрғызатын ниетім бар. 6 Сондықтан да маған арнап Ливан тауларынан самырсын ағаштарын құлатып беру жайлы бұйрық берсеңіз екен. Сіздің қызметшілеріңізбен бірге жұмыс істеуге өз адамдарымды да жіберемін. Қызметшілеріңіздің жұмысы үшін қандай ақы сұрасаңыз да төлеуге дайынмын. Өз арамызда Сидондағыдай ағаш құлатудың шеберлері жоқ, мұны өзіңіз де білесіз». 7 Хирам патша Сүлейменнің жолдаған сәлемін естігенде қатты қуанып: «Осы ұлы халықтың үстінен патша болуға Дәуітке дана ұл сыйлаған Жаратқан Ие мадақталсын!» — деді. 8 Содан Хирам Сүлейменге мынадай жауабын жіберді: «Маған жолдаған сәлеміңізді алдым. Сізді самырсын және қарағай ағаштарымен қамтамасыз ету үшін қалағаныңыздың бәрін де орындаймын. 9 Қызметшілерім оларды Ливан тауларынан Жерорта теңізінің жағалауына алып барады. Оларды бір-біріне байластырып сал жасап, өзіңіз айтатын жерге теңіз арқылы жеткізіп беремін. Әрі қарай алып кете алуыңыз үшін салдарды сол жерде ажыратып бөлектетемін. Сіз де менің өтінішімді орындап сарайымды азық-түлікпен қамтамасыз етсеңіз екен». 10 Осылай Хирам Сүлейменге бар қалағанынша самырсын мен қарағай бөренелерін жіберіп отырды. 11 Ал Сүлеймен Хирамның сарайына арнап жыл сайын жиырма мың қаптан бидай әрі жиырма мың күбіден ең таза зәйтүн майын жіберіп отырды. 12 Жаратқан Ие Өзі уәде еткендей Сүлейменге асқан даналық сыйлаған болатын. Сүлеймен мен Хирамның арасында бейбіт қарым-қатынас орнап, екеуі өзара келісім жасасты. 13 Сүлеймен бүкіл Исраил елінен жұмыскерлер жинап, олардың жалпы саны отыз мың адам болды. 14 Ол он мың адамды кезекпен бір айға жіберіп отырды, осылайша олар бір ай Ливанда жұмыс істеп, екі ай үйлерінде жүрді. Бұл жұмысты басқару Адонирамға жүктелді. 15 Сүлейменнің тағы жетпіс мың адамы жүк тасушы және сексен мың адамы тауда тас қашаушы болды. 16 Солардың үстінен қарап жұмыстарын бағыттауға Сүлеймен үш мың үш жүз адамды басқарушы етіп тағайындады. 17 Жұмыскерлер патшаның әмірі бойынша ғибадатхананың негізін қалау үшін тас қазып, қашайтын орыннан үлкен, сапалы тастар қашап, тасып әкелді. 18 Сонымен қатар Сүлеймен мен Хирамның жұмысшылары Гебалдың адамдарымен бірге киелі үйдің құрылысына арналған бөренелерді кесіп, тастарды қашап дайындады.
1 Сүлеймен исраилдіктер Мысыр елінен көшіп шыққаннан кейін төрт жүз сексен жыл өткенде, өзінің Исраилге патшалық құрған төртінші жылының сәуір айында Жаратқан Иенің киелі үйінің құрылысына кірісті. 2 Сүлеймен патша Жаратқан Иеге арнап салған киелі үйдің ұзындығы алпыс, ені жиырма, биіктігі отыз шынтақ болды. 3 Киелі үйдің негізгі ғимаратының алдыңғы жағындағы бағаналы кіреберістің ені ғимараттың еніндей жиырма шынтақ болды. Бағаналы кіреберіс ғибадатханадан алға қарай он шынтақтай шығып тұрды. 4 Сүлеймен ғимараттың қабырғаларында сыртқа қараған жағы тарлау, ішке қараған жағы кеңдеу етіп ойылып жасалған терезелерді орнатты. 5 Сондай-ақ, ол киелі үйдің екі жағы мен арт жағын жанамалап, (үш қабатты етіп) қосалқы бөлмелер салды. 6 Төменгі қабаттың ені бес, ортаңғы қабаттың ені алты, жоғарғы қабаттың ені жеті шынтақ болды. Осы бөлмелер ғимаратқа арқалық бөренесіз сүйеніп тұра алулары үшін ғимараттың қабырғалары әр қабат сайын кертпештеніп салынды. 7 Ғимарат тас қазып, қашайтын орында өңделіп дайындалған тастардан салынды. Сол себепті салынып жатқан киелі үйден балға, балта сияқты темір құралдардың дыбысы естілмеді. 8 Қосалқы бөлмелердің төменгі қабатына кіретін жер ғимараттың оңтүстік жағында болды. Сол жерде бірінші қабаттан баспалдақпен ортаңғы, одан жоғарғы қабаттарға да көтерілуге болатын. 9 Сонымен Сүлеймен үйдің құрылысын аяқтап, оның төбесін самырсын бөренелерімен және тақтайларымен қаптады. 10 Сол сияқты, ол бүкіл киелі үйді айналдыра үш қабатты қосалқы бөлмелер салдырды. Олар ғибадатхананың қабырғаларына самырсын бөренелерімен бекітілді. 11 Содан соң Жаратқан Ие Сүлейменге былай деп сөзін арнады: 12 «Өзің құрылысын салып жатқан осы үй туралы Менің айтарым мынау: Егер Менің барлық ережелерімді орындап, шешімдерім мен өситтерімді ұстанып жүретін болсаң, онда әкең Дәуітке берген уәдемді өзің арқылы жүзеге асырамын. 13 Мен исраилдіктердің арасында тұратын боламын, әрі халқым Исраилді ешқашан тастап кетпеймін!» 14 Осылайша Сүлеймен киелі үйді салып бітірді. 15 Патша ғибадатхананың ішкі қабырғаларын еденнен төбесіне дейін самырсын тақтайларымен қаптап, еденді қарағай тақтайларынан жасады. 16 Киелі орын деп аталатын ең қасиетті бөлме ғимараттың төр жағынан салынды. Бұл бөлме еденнен төбеге дейін жетіп жатқан самырсын тақтайларымен бөлініп тасталды. 17 Осы қасиетті бөлменің алдында орналасқан қасиетті бөлменің ұзындығы қырық шынтақ болды. 18 Самырсын тақтайларға асқабақтар мен ашылған гүлдер тәрізді өрнектер ойылып салынды. Киелі үйдің ішкі қабырғалары ешбір тасы көрінбейтіндей болып түгелдей самырсын тақтайлармен қапталды. 19 Патша, сондай-ақ, киелі үйдің ішіндегі ең қасиетті бөлмені Жаратқан Иенің Келісім сандығын орналастыруға дайындады. 20 Осы ішкі бөлменің ұзындығы, ені, биіктігі жиырма шынтақтан болды. Сүлеймен оны саф алтынмен қаптады. Ол самырсыннан жасалған түтету үстелін де алтынмен қаптады. 21 Сүлеймен киелі үйдің ішін түгелдей саф алтынмен қаптады. Ол алтынмен қапталған ең қасиетті бөлменің алдыңғы жағына кесе көлденеңінен алтын шынжыр іліп қойды. 22 Сонымен киелі үйдің ішкі жағы түгелдей алтынмен қапталды. Патша, сондай-ақ, ең қасиетті бөлменің алдындағы түтету үстелін де толықтай алтынмен қаптады. 23 Ең қасиетті бөлмеде биіктігі он шынтақ болатын, керуб делінген күзетші періштелердің екі мүсінін зәйтүн ағашынан ойып жасады. 24 Әр керуб мүсінінің екі қанаты, ал әр қанатының ұзындығы бес шынтақ, қос қанатының арасындағы қашықтық он шынтақ болды. 25 Екі керубтің де өлшемдері мен сырт қалыптары бірдей еді. 26 Әр керубтің биіктігі он шынтақтан болатын. 27 Сүлеймен олардың екеуін де ең қасиетті бөлмеге орналастырды. Жайылған қанаттарының бір шеті бөлменің ортасында өзара түйісіп, екінші шеттері бөлменің екі жақ қабырғаларына тиіп тұрды. 28 Сүлеймен керуб мүсіндерін алтынмен қаптатты. 29 Киелі үйдің ішкі және сыртқы бөлмелерінің барлық қабырғаларына айналдыра керубтердің, құрма ағаштарының әрі ашылған гүлдердің бейнелері ойылып салынды. 30 Киелі үйдің ішкі және сыртқы екі бөлмесіндегі едендер де алтынмен қапталды. 31 Ең қасиетті бөлменің ішкі кіреберісіне зәйтүн ағашынан жарма есіктер жасалып, маңдайшасы мен жақтаулары бес қырлы етіп орнатылды. 32 Зәйтүн ағашынан жасалған осы екі есікке керубтердің, құрма ағаштарының және ашылған гүлдердің бейнелері ойылып салынды. Есіктердегі бейнелер алтынмен қапталды. 33 Сол сияқты патша үлкен бөлменің кіреберісіне де осылай етіп зәйтүн ағашынан төрт қырлы жақтау жасады. 34 Ол қарағайдан екі жарма есік жасап, жақтаудың екі жағынан айналмалы топсаға іліп қойды. 35 Есіктерге періштелер, құрма ағаштары және ашылған гүлдер ойылып салынды да, олардың үстін балғамен соғып алтынмен тегістеп қаптады. 36 Содан соң патша үш қабат өңделген тастардан әрі бір қабат самырсын бөренелерінен ішкі ауланың дуалын қаластырып салды. 37 Сүлейменнің патшалық құрған төртінші жылының сәуір айында Жаратқан Иенің киелі үйінің негізі қаланды. 38 Ал он бірінші жылдың қазан айында киелі үйдің барлық бөліктері өз ерекшеліктеріне сай салынып бітті. Сонымен Сүлеймен киелі үйдің құрылысын жеті жылда аяқтады.
1 Сүлеймен он үш жыл бойы өзіне патшалық сарай салып, оны да бітірді. 2 «Ливан орманы сарайы» деп аталған ғимараттың ұзындығы жүз, ені елу, биіктігі отыз шынтақтан болды. Оның төрт қатар самырсын бағаналарына арқалық самырсын бөренелері бекітілді. 3 Сарайдың төбесі самырсынмен жабылды. Бағаналарға бекітілген арқалық бөренелердің үстінде қырық бес бөлме, әр қатарда он бес бөлмеден, болды. 4 Терезелер ғимараттың қарама-қарсы қабырғаларында әр қабырғада үш қатардан орнатылды. 5 Есік-терезе ойықтарындағы жақтаулар төрт бұрышты етіп жасалды. Бір жақ қабырғадағы үш қатар болып орналасқан терезелер қарама-қарсы қабырғадағы үш қатар терезелермен тұстас болып тұрды. 6 Сүлеймен бағаналы мәжілісхана да тұрғызды. Оның ұзындығы елу, ені отыз шынтақ еді. Оның алдында үсті жабылған бағаналы кіреберіс болды. 7 Сүлеймен өзінің патшалық тағы орналасқан бағаналы ғимаратты да салғызды. Өзі үкім шығаратын осы «Әділет сарайының» іші еденінен төбесіне дейін самырсын тақтайларымен қапталды. 8 Әділет сарайының ар жағындағы аулада орналасқан, Сүлейменнің өзі тұратын сарайы осыған ұқсас жобамен жасалды. Ол Мысыр патшасының қызы — өз әйеліне де арнап сол жобамен бағаналы сарай салып берді. 9 Осы ғимараттардың барлығы олардың іргетасынан қабырғаларының жоғарғы шетіне дейін және сырт жағынан үлкен аулаға дейін ішкі, сыртқы жағы да өлшемге сәйкестендіріліп, арамен кесілген қымбат тастардан салынды. 10 Ғимараттардың іргетасы осы сияқты жақсы өңделген қымбат тастардан қаланды. Олар ұзындығы он не сегіз шынтақ дәу тастар болды. 11 Осы іргелі тастардың үстінде өлшемге сәйкес кесілген басқа да өңделген тастар мен самырсын бөренелер болды. 12 Патша сарайының үлкен ауласы мен қабырғаларын салғанда, шеберлер Жаратқан Иенің киелі үйінің ішкі ауласы мен ашық кіреберісінің қабырғалары сияқты, үш қабат өңделген тастарды бір қабат самырсын бөренелерімен кезектестіріп қаластырды. 13 Сүлеймен патша Тир қаласына кісі жіберіп, Хурам-Аби есімді біреуді шақыртып алдыртты. 14 Оның шешесі Нафталим руынан шыққан жесір әйел, ал әкесі Тирдің тұрғыны әрі қола өңдейтін қолөнерші болатын. Хурам-Аби қоладан әр түрлі бұйымдар істеуге бейімділігі бар парасатты да шебер ұста еді. Ол Сүлеймен патшаға келіп, қажетті жұмыстың барлығын орындады. 15 Ұста екі қола бағана жасады. Екеуінің де биіктігі он сегіз шынтақтан, айналдыра ұзындығы он екі шынтақтан болды. 16 Ұста қоладан құйып әрбір бағананың басына қойылатын үстіңгі иықтарын да жасады. Олардың биіктігі бес шынтақтан болды. 17 Әрбір бағананың үстіңгі иығы алқа іспетті оралып тұратын жеті шынжыр тормен әшекейленген және әрбір тор 18 екі қатар қола анарлармен көмкеріліп безендірілген болатын. Ұста екі бағананың үстіңгі иығын да бірдей етіп жасады. 19 Киелі үйдің ашық кіреберісінің алдына орналастырылған бағаналардың үстіңгі иықтары лалагүлдерге ұқсас етіп жасалып, биіктігі төрт шынтақтан болды. 20 Екі бағананың да басына, оның тостаған тәріздес бөлігінің үстіңгі жағына, тордың қасына айналдыра қатар-қатармен екі жүз анар жасалып бекітілді. 21 Ұста осы екі бағананы киелі үйдің кіреберісіне тұрғызды. Оң жағындағысы Жахин («Берік Орнатушы»), сол жағындағысы Боғоз («Құдірет Иесі») деп аталды. 22 Бағаналардың жоғарғы жағындағы қола иықтары лалагүл тәрізді жасалған еді. Осымен бағаналарды жасау жұмыстары аяқталды. 23 Ұста бір дәу қазанды да қоладан балқытып, құйып жасады. Оның сырт пішіні дөңгелек, ернеуінің бір шетінен екінші шетіне дейінгі аралығы он шынтақ, биіктігі бес шынтақ болды. Дәу қазанды айналдыра өлшеп шығу үшін ұзындығы отыз шынтақ жіп қолданылды. Осы дәу қазан теңіз деп те аталатын. 24 Оның ернеуінен төменірек асқабақ тәрізді мүсіншелер бейнеленген еді. Олар әрбір шынтақ сайын он-оннан екі қатар болып қазанмен қоса құйылды. 25 Дәу қазан бұқа кейіптес он екі тұғырдың үстіне орнатылды. Сол бұқа мүсіндерінің бас жақтары тысқа: үш-үштен солтүстікке, батысқа, оңтүстікке және шығысқа, ал арт жақтары қазанның ортасына қарай бағытталып орналасты. 26 Дәу қазанның қалыңдығы қолдың тұтамындай, ернеуі кесенің ернеуіндей, сырт кейпі қызғалдақ гүлі іспетті болды. Оның ішіне екі жүз күбі су сыятын. 27 Хурам-Аби (қазандарға арнап) қоладан жылжымалы он тұғыр да жасады. Әрбір тұғырдың ұзындығы мен ені төрт шынтақтан, биіктігі үш шынтақ болды. 28 Тұғырлар жақтауларға бекітілген төрт бұрышты қола тақталардан жасалды. 29 Тақталар мен жақтауларға арыстан, бұқа және күзетші періштелердің бейнелері салынды. Тақталардың шет жақтары арыстан мен бұқа бейнелерінің үстіңгі және астыңғы жағынан шір бейнесіндегі қақталған нақыштармен безендірілген еді. 30 Әрбір тұғырдың төрт қола дөңгелегі және қола біліктері болды. Әрбір тұғырдың төрт бұрышында балқытылып құйылған бір-бір тіректен шығып тұрды. Тіректердің әр тұсы құйылған шірлермен өрнектелді. Тұғырдың иық тәріздес төрт тірегінің үстіне қазан орнатылды. 31 Тұғырдың үстіңгі бетінде тереңдігі бір шынтақтай болатын қола қазанға арналған дөңгелек ойық бар еді. Сол ойық тұғырдың бетінен жоғары қарай биіктігі бір шынтақ, төмен қарай бір жарым шынтақ болды. Тұғырдың үстіңгі бетінде де оюлы нақыштар бар еді. Тұғырдың бүйір тақталары дөңгелек емес, төрт бұрышты болды. 32 Тұғырдың тақталарының астында дөңгелектер орналасты, олардың біліктері тұғырдың қаңқасына бекітілді. Дөңгелектердің биіктігі бір жарым шынтақтан еді. 33 Дөңгелектердің сыртқы пішіні күйме дөңгелегі сияқты болды. Дөңгелектердің білігі, шеңбері, шабақтары және күпшегінің барлығы да қоладан құйылып жасалды. 34 Әрбір тұғырдың төрт бұрышында бір тұтқадан болды. Олар тұғырдан шығып тұрды. 35 Тұғырдың үстіңгі бетінде биіктігі жарты шынтақ болатын шеңбер болды. Ол тұғырдың тіректері мен тақталарының жоғарғы жағына бекітілді. 36 Тіректер мен тақталар сыйғанынша күзетші періште, арыстан, құрма ағашының бейнелерімен әшекейленіп, шірлермен нақышталды. 37 Ұста осы нұсқамен он тұғыр жасады. Сол тұғырлардың барлығының жасау тәртібі, өлшемдері, сырт пішіндері бірдей болды. 38 Ұста қоладан он қазан да жасады. Ені төрт шынтақ олардың әрбіреуіне қырық күбі су сыятын. Осы қазандар сол он тұғырға орнатылды. 39 Ұста киелі үйдің оң жағынан бес тұғырды, сол жағынан бес тұғырды қойды. Ал дәу қола қазанды киелі үйдің оңтүстік жақ алдына, оның оңтүстік-шығыс бұрышына жақын орнатқызды. 40 Мұнан кейін ұста түрлі қазандар, қалақтар және тостағандар жасады. Осылайша Хурам-Аби Жаратқан Иенің киелі үйін салып жатқан Сүлеймен патша үшін мына бұйымдарды жасап, өзінің жұмысын бітірді: 41 екі бағана мен олардың үстіңгі иығындағы екі үлкен тостаған кейпі және соларға ілінген шынжыр тәрізді әшекейлер, 42 сол шынжырларға екі қатардан ілінген анар жемісінің төрт жүз мүсіні, 43 жылжымалы он тұғыр мен солардың үстіндегі он қазан, 44 дәу қазан және оның астындағы бұқа мүсінді он екі тұғыр, 45 күлсалғыштар, қалақтар және тостағандар. Хурам-Аби Сүлеймен патшаның тапсырғанындай Жаратқан Иенің киелі үйіне арналған құрал-саймандарының барлығын жылтыратылған қоладан жасады. 46 Патша олардың бәрін Иордан өзенінің бойындағы Соқот пен Сартан қалаларының арасындағы жазықта саздан дайындалған қалыптарға құйғызып жасатты. 47 Осы бұйымдардың көп болғандығы сонша, Сүлеймен олардың салмағын өлшемей-ақ қоя салды. Құйылған қоланың салмағын ешкім анықтаған жоқ. 48 Сүлеймен, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйіне арналған барлық жиһаздарды жасатты: хош иісті заттар түтетілетін, алтын қапталған үстел, Жаратқан Иенің алдына ұсынылатын нанға арналған алтын қапталған үстел, 49 ең қасиетті бөлменің алдында оның оң және сол жағында бес-бестен шам қойғыштар, гүл іспетті әшекейлер, шырақтар және қысқаштар. Осы соңғылар саф алтыннан жасалды. 50 Үлкен тостағандар, білте түзеткіштер, (су не қан бүркуге арналған) тостағандар, табақтар және ішіне шоқ салынатын табалар да саф алтыннан жасалды. Киелі үйдің қасиетті және ең қасиетті бөлмелерінің есіктерінің топсалары алтыннан жасалды. 51 Сонымен Сүлеймен патша Жаратқан Иенің киелі үйіне байланысты бүкіл жұмысты тамамдады. Мұнан кейін ол әкесі Дәуіттің Құдайға бағыштап дайындап кеткен нәрселерін де: күміс пен алтынды және түрлі бұйымдар мен жиһаздарды Жаратқан Иенің киелі үйінің қазынасына апарып, сонда сақтап қойды.
1 Сүлеймен патша Жаратқан Иенің Келісім сандығын Сион төбесіндегі Дәуіттің шаһарынан киелі үйге көшіруге арналған салтанатқа қатысуға Исраил халқының ақсақалдарын, барлық рубасылары мен әулет басшыларын Иерусалимге шақырды. 2 Содан бүкіл Исраил халқының өкілдері қазан айындағы Күркелер мейрамы кезінде Сүлеймен патшаның қасына жиналды. 3 Елдің барлық ақсақалдары жиналғаннан кейін діни қызметкерлер Жаратқан Иенің Келісім сандығын тұрған орнынан көтеріп алып кетті. 4 Олар Жаратқан Иенің сандығымен бірге кездесу шатырын және соның ішіндегі барлық киелі жиһаз-жабдықтарды да көтеріп алып, жаңа ғибадатханаға қарай өрлеп бара жатты. Бұларды діни қызметкерлер мен өзге леуіліктер алып жүрді. 5 Сүлеймен патша мен қасына жиналған күллі исраилдіктер Келісім сандығының алдында ешкім санап шыға алмайтындай көптеген қой-ешкі мен мүйізді ірі қара малдарды құрбандыққа шалып ұсынды. 6 Осылайша діни қызметкерлер Жаратқан Иенің Келісім сандығын киелі үйдің ең қасиетті бөлмесіндегі өз орнына — екі керуб мүсінінің қанаттарының астына алып барып, орналастырды. 7 Екі керуб мүсіні Келісім сандығы тұратын орынның үстінен қанаттарын жайып, Келісім сандығының өзін және оны көтеріп алып жүретін сырықтарын жауып тұрды. 8 Сырықтардың ұзын болғаны сонша, олардың ұштары ең қасиетті бөлменің алдынан көрініп тұратын еді. Алайда киелі үйдің сыртынан оларды ешкім көре алмайтын. Сырықтар әлі күнге дейін сонда. 9 Сандықтың ішінде Мұса пайғамбар Хориб тауында салған екі тас тақташа ғана болды. Жаратқан Ие сол жерде Мысырдан көшіп шыққан исраилдіктермен Келісім жасаған еді. 10 Діни қызметкерлер Жаратқан Иенің киелі үйінен шыққан кезде киелі үй бір қалың бұлтқа кенелді. 11 Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты осылайша Жаратқан Иенің киелі үйін кенелтіп жібергендіктен, діни қызметкерлер оның ішіндегі қызметтерін жалғастыра алмай қалды. 12 Сол кезде Сүлеймен былай деді: «Жаратқан Ие қалың бұлт ішін мекендейтінін айтқан болатын. 13 Уа, Ием, Сенің мәңгі тұруың үшін Саған арнап осы салтанатты мекенді салдым». 14 Мұнан кейін патша артқа қарай бұрылды да, қарсы алдында жиналып тұрған Исраилдің бүкіл қауымына батасын беріп, 15 былай деді: — Әкем Дәуіт марқұмға берген уәдесін іс жүзінде орындаған Исраилдің Құдайы — Жаратқан Ие мадақталсын! Ол мынаны айтқан болатын: 16 «Мен халқымды Мысырдан құтқарып, бастап алып шыққан күннен бері өз есімімнің орнығуы үшін киелі үй салынсын деп Исраилдің ешбір руындағы бірде-бір қаланы таңдамадым. Ал халқымды басқаруға Дәуітті таңдап алдым!» — 17 Сүлеймен сөзін жалғастырып былай деді: — Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің есіміне арнап киелі үй салуға әкем марқұм шын жүректен ниеттенген болатын. 18 Ал Жаратқан Ие әкеме былай деді: «Менің есіміме арнап киелі үй салғың келгені өте дұрыс. 19 Алайда сол үйді салатын адам сен емессің, ол — болашақта дүниеге келетін өз ұлың. Менің есіміме арнап киелі үйді салатын сол болады». 20 Жаратқан Ие осы айтқандарын жүзеге асырды да. Оның уәдесіне сай, мен әкемнің орнын басып, Исраилдің патшалық тағына отырдым. Енді Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің құрметіне киелі үй салғыздым. 21 Соның ішінде мен Жаратқан Иенің сандығына арнайы орын жасадым. Сол сандықтың ішінде біздің ата-бабаларымызды Мысырдан көшіріп алып шыққан кезде Жаратқан Иенің олармен жасасқан Келісімінің айғақтары сақталып жатыр. 22 Содан соң Сүлеймен Жаратқан Иеге арналған құрбандық үстелінің алдында тұрып, жиналған бүкіл Исраил қауымының көз алдында қолдарын аспанға қарай жайып былай деп мінажат етті: 23 «Уа, Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие! Жоғарыдағы көкте де, төмендегі жерде де Сен сияқты ешбір құдай жоқ! Жасаған Келісіміңе адалсың, шын жүректен тура жолыңмен жүрген қызметшілеріңе рақымың мол. 24 Сен әкем марқұмға уәде еткеніңдей, оған сенімді болып, рақымыңды көрсетіп келдің. Бұрын Өзің сөз беріп, уәде еткеніңді бүгін іс жүзінде орындап отырсың. 25 Ал енді, уа, Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие, Өзіңнің қызметшің Дәуітке «Егер ұрпақтарың сен сияқты Менің көз алдымда таза жүретін болса, онда әрдайым сенің ұрпақтарыңның біреуі Исраилдің патшалық тағында отыратын болады!» деп берген уәдеңді іске асыра гөр. 26 Сонымен, уа, Исраилдің Құдайы, Өзіңе қызмет еткен әкем марқұмға айтқан сөздеріңді орындай гөр! 27 Алайда Құдай шынымен-ақ жер бетінде тұратын бола ма?! Тіпті ұлан-ғайыр көктің өзі Сені сыйғыза алмағанда, мен салған мына үй қайдан сыйғызсын?! 28 Солай болса да, уа, Құдайым Жаратқан Ие, бүгінгі күні Сенің алдыңда бой ұрып сиынып жасаған өтінішіме назар аударып, жалбарына еткен мінажатыма мейіріммен құлақ сала гөр! 29 Сен «Мына киелі үйді өз атыммен атаймын» деп сөз бергендіктен, оған күні-түні қамқор бола гөр. Уа, Ием, алдыңдағы қызметшіңнің бұл жерге қарай Өзіңе бағыштаған мінажатына құлақ аса гөр. 30 Осы пендең және меншікті Исраил халқың бұл жерге қарай Саған сиынып дұға еткен кезде тұрағыңнан өтінішімізге құлақ салып, күнәларымызды кешіре гөр. 31 Егер болашақта бір кісі басқа біреуге жамандық жасапты деп айыпталып, осы киелі үйдегі құрбандық үстелінің алдында ант беруге мәжбүр етілсе, 32 онда Сен көктен құлақ асып, пенделеріңе төрелік ете гөр. Сол кісі кінәлі болса, істеген қылмысын мойнына арта гөр, ал кінәсіз болса, әділдігін әшкерелеп, ақтай гөр. 33 Егер де халқың Исраил Сенің алдыңда күнәға батқандықтан, жауларынан жеңіліп қалса, ал кейін Саған қайтып, Құдайлық билігіңе мойынсұнса, әрі осы киелі үйіңе қарай сиынып, рақым көрсетуіңді сұрап жалынса, 34 онда Сен көктен оларға құлақ сала гөр. Халқың Исраилдің күнәларын кешіріп, ата-бабаларына сыйлаған осы елге қайтара гөр. 35 Егер олар көз алдыңда күнәлі болғанда Сен өздерін жазалап, аспанды жаңбыр жауғызбай жауып тастасаң, әрі олар бұл жерге қарай Саған сиынып, билігіңе мойынсұнып, күнәларынан бас тартса, 36 онда Сен көктен олардың дұғаларына құлақ сала гөр. Қызметшілеріңнің және бүкіл халқың Исраилдің күнәларын кешіре гөр. Оларға тура жолмен қалай жүру керектігін үйретіп, Өзің халқыңа мұралық меншікке берген осы еліңе қайтадан жаңбыр жібере гөр! 37 Болашақта елді ашаршылық не індет жайлап, егінді өсімдік таты басып немесе көгеріп шірісе, құрт-шегіртке жалмап, не болмаса елге жау шауып, қалаларын талан-таражға салса, яки халықтың арасында қандай да бір апат болып не ауру-сырқау жайылса, 38 онда олардың Өзіңе сиынып еткен мінажаттарына құлақ сала гөр. Азап шегіп жатқан жеке біреу болсын не бүкіл халқың Исраил болсын, егер осы киелі үйіңе қарай қолдарын жайып Саған сиынып жалбарынса, 39 онда Сен көктегі тұрағыңнан құлақ сала гөр. Оларды кешіріп, әрқайсысына өзінің ой-ниеті мен істеріне қарай лайықтысын бере гөр. Әр адамның жүрегінде не бар екенін Сен ғана жақсы білесің ғой. 40 Өзің осы елді ата-бабаларымызға сыйлаған едің. Ендеше меншікті халқың бұл жерде тұрған барлық уақытта Сені терең қастерлеп тура жолыңмен жүретін болсын. 41 Тіпті халқың Исраилге жатпайтын жат жерлік адам алыс елден 42 ұлы есімің мен зор құдіретің туралы естігендіктен осында келіп, Саған бұл киелі үйге қарай сиынса, 43 онда Сен көктегі мекеніңнен құлақ салып, оның барлық өтініштерін орындай гөр. Осылайша жер жүзінің күллі халықтары Сенің Құдай екеніңді мойындасын. Халқың Исраил сияқты олар да Сені терең қастерлеп, мен салғызған осы ғибадатхананың Өзіңе бағышталып, есіміңмен аталғанын білсін. 44 Халқың Сен жіберген бір жаққа қарай жауларына қарсы соғысқа шыққан кезде, Өзіңнің таңдап алған қалаңа және мен Сенің есіміңе арнап салғызған осы киелі үйге қарай Саған, уа, Жаратқан Ие, сиынып мінажат етсе, 45 онда Сен көктен олардың мінажаттары мен жалбарыныштарына құлақ салып, оларды қолдап-қорғай гөр. 46 Егер олар Сенің алдыңда күнә жасаса, себебі күнә жасамайтын пенде жоқ, әрі Сен оларға қаһарланып, жау қолына бере салып, жау оларды өзінің не алыс, не жақын бір еліне айдап әкетсе, 47 ал олар тұтқында жүрген сол жау елінде өкініп, теріс жолдарынан қайтып, «Біз күнәға баттық, жасаған істеріміз бұрыс та жексұрын болды!» — деп Сенің алдыңда мойынсұнса, 48 әрі тұтқындап, жер аударған жауларының елінде Саған шын жүректен бет бұрып қайтып келсе, Өзің ата-бабаларына сыйлаған еліңе, таңдап алған қалаңа және мен Сенің құрметіңе салғызған осы ғибадатханаңа қарай Саған сиынса, 49 онда көктегі тұрағыңнан олардың мінажаты мен жалбарынышына құлақ асып, оларды қолдап-қорғай гөр! 50 Олардың Өзіңе қарсы шығып, күнәға батып, жасаған теріс қылықтарының бәрін де кешіре гөр. Жеңіп шыққан жауларының жүректерін оларға мейіріммен қарайтындай етіп жібіте гөр. 51 Өйткені олар Өзіңнің меншікті халқың ғой, Сен Өзің оларды темір балқытатын көрік іспетті Мысыр елінен бастап алып шықтың. 52 Уа, Ием, мендей қызметшіңнің және өз халқың Исраилдің жалбарыныштарына назар аудара көрші! Олар Саған сиынып Сенен көмек сұраған кездердің бәрінде дұғаларына жауап бере көрші! 53 Сен оларды жер бетіндегі басқа барлық халықтардың арасынан Өзіңнің меншікті халқың болуға таңдап алғансың. Біздің ата-бабаларымызды Мысырдан бастап алып шыққан кезіңді осыны өз қызметшің Мұса арқылы айтқансың, уа, Жаратушы Тәңір Ие!» 54 Жаратқан Иеге бағышталған құрбандық үстелінің алдында қолдарын көкке көтеріп, тізерлеп отырған Сүлеймен Жаратқан Иеге арнаған осы мінажаты мен өтініш-тілектерінің бәрін айтып бітірген соң, орнынан тұрды. 55 Сүлеймен сол жерде жиналған күллі исраилдіктерге қарап, қатты дауыспен бата беріп былай деді: 56 «Берген уәдесі бойынша өз халқы Исраилге тыныштық сыйлаған Жаратқан Ие мадақталсын! Оның өз қызметшісі Мұса арқылы берген ізгі уәделерінің барлығы да орындалды. 57 Құдайымыз Жаратқан Ие ата-бабаларымызбен бірге жүріп жар болғанындай, бізге де жар болып, ешқашан бізді тастап та кетпесін, жалғыз да қалдырмасын! 58 Ол жүрегімізге әсер етіп, Өзіне жақын тартып, ата-бабаларымызға табыстаған өз өсиеттерін, ережелері мен шешімдерін ұстануға құштарлық сыйлай көрсін! 59 Біздің Құдайымыз Жаратқан Иенің алдында сиынып айтқан осы сөздеріме Ол күні-түні ықылас бөле көрсін! Соның арқасында Жаратқан Ие мендей қызметшісінің және халқы Исраилдің мүддесін қорғап, күнделікті мұқтаждықтарын қамтамасыз ете көрсін! 60 Осылайша бүкіл жер бетінің халықтары Жаратқан Иенің шынымен Құдай екенін, Одан басқа ешбір құдайдың жоқ екенін білетін болсын! 61 Ал сендер Құдайымыз Жаратқан Иеге толықтай бағышталған болыңдар! Өздерің қазір істеп жүргендей, әрқашан да Оның ережелері бойынша жүріп, өсиеттерін ұстанатын болыңдар!» 62 Мұнан кейін патша мен жиналып тұрған барлық исраилдіктер Жаратқан Иеге арнап құрбандықтар шалды. 63 Сүлеймен Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандық үшін жиырма екі мың мүйізді ірі қара мен жүз жиырма мың қой-ешкіні ұсынды. Осылайша патша мен күллі исраилдіктер киелі үйді Жаратқан Иеге бағыштау рәсімін орындады. 64 Сол күні өртеліп ұсынылатын тартулар мен құрбандықтардың көп болғаны сонша, киелі үйдің алдындағы қола құрбандық үстелі олардың барлығын сыйғыза алмай қалды. Сондықтан патша Жаратқан Иенің киелі үйінің алдындағы ауланың ортаңғы бөлігіне ерекше тазарту рәсімін жасатып, оны да сол мақсатқа бағыштады. Осылай бұл жерде де толығымен өртелетін құрбандықтар, астық тартулары және ризашылық білдіру үшін шалынған құрбандықтардың майлы бөліктері өртеліп ұсынылды. 65 Осы кезде Сүлеймен бір үлкен той жасады. Бүкіл Исраил халқы: солтүстіктегі Лебо-Хамат қаласынан бастап, Мысырмен шекарадағы өзеннің аңғарына дейінгі зор аралықтағы барлық жерден жиналған қалың қауым Құдайымыз Жаратқан Иенің алдында он төрт күн бойы Сүлейменмен бірге той тойлады: жеті күн ғибадатхананы Құдайға бағыштау рәсімін және тағы жеті күн Күркелер мейрамын өткізуге арналған болатын. 66 Сегізінші күні ол халықты үйлеріне қайтарды. Олар кетпей тұрып патшаға да ізгі тілек айтып баталарын берді. Бәрі Жаратқан Иенің өз қызметшісі Дәуітке және өз халқы Исраилге жасаған барлық игіліктеріне қуанып жүректері шаттанған күйі үйлеріне қайтып кетті.
1 Сүлеймен Жаратқан Иеге киелі үй, өзіне патшалық сарай салып, барлық қалағандарын жүзеге асырып болғанда, 2 Жаратқан Ие оған екінші рет аян берді. Оған бұрынырақ Гибеонда да аян берген болатын. 3 Бұл жолы Жаратқан Ие Сүлейменге былай деді: — Маған бағыштаған мінажатың мен өтініш-тілектерің құлағыма жетті. Сен салған мына үйді Менің есімім сонда әрдайым орнықсын деп Өзіме бағыштадым. Оны ұдайы жүрегімде ұстап, көзімнен таса қылмаймын. 4 Егер сен әкең Дәуіт сияқты, жүрегің таза, әділ болып жүріп, өзіңе берген өсиеттерімді көз алдымда орындап, ережелерім мен шешімдеріме бағынатын болсаң, 5 онда Мен Исраил елінде Сенің патшалық тағыңды мәңгілікке берік етемін. Өйткені көзі тірісінде әкең Дәуітке: «Әрдайым сенің ұрпақтарыңның біреуі Исраилдің патшалық тағында отыратын болады», — деп уәде берген едім. 6 Алайда егер өзің және кейінгі ұрпақтарың Менен теріс бұрылып, өздеріңе тапсырған өсиеттерім мен ережелерімді орындамай, басқа тәңірлерге құлшылық етіп табынатын болсаңдар, 7 онда Мен Исраилді Өзім табыстаған осы елден қуып шығамын, әрі өз есіміме бағыштаған бұл киелі үйді де қасымнан алып тастаймын. Осылайша барлық басқа халықтар Исраилді мысалға келтіріп, табалап мазақтайтын болады. 8 Осы киелі үй қазір салтанатты болып тұрғанмен қиратылып, үйінді болып қалады. Сонда оның қасынан өткен-кеткен әркім аңтарыла жаны түршігіп: «Жаратқан Ие неліктен бұл ел мен мына киелі үйге осындай қорқынышты нәрсені істеді екен?» — деп мұрнын шүйіріп, ысқыратын болады. 9 Сонда жұрт: «Себебі олар ата-бабаларын Мысырдан бастап алып шыққан Құдайы — Жаратқан Иені елемей тастап кетіп, бөтен тәңірлерге бет бұрды да, соларға табынып, құлшылық ететін болды. Сондықтан Жаратқан Ие олардың бастарына осы бақытсыздықтың барлығын үйіп-төкті!» деп мысалдайтын болады. 10 Сүлеймен екі ғимаратты: Жаратқан Иенің киелі үйін және өзінің патшалық сарайын жиырма жылда салып бітірді. 11 Осы кезеңнің ішінде Тир патшасы Хирам Сүлейменді қалаған барлық самырсын, қарағай ағаштарымен және алтынмен қамтамасыз етіп отырды. Сол үшін Сүлеймен Тир патшасына Ғалилея аймағынан жиырма қаланы берді. 12 Ал Хирам Тирден келіп, Сүлеймен берген осы қалаларды аралап көргенде, олар оған ұнамады. 13 Хирам: «Маған бергендерің не деген қалалар өзі, бауырым?!» — деп наразылығын білдіріп, осы өңірге «Қабул жері» (демек, «түкке тұрғысыз жер») деген ат қойды. Сол өңір әлі күнге дейін осылай аталып келеді. 14 Себебі Хирам Сүлеймен патшаға жүз жиырма ат басындай алтын жіберген болатын. 15 Сонымен Сүлеймен патша Жаратқан Иеге киелі үй, өзіне патшалық сарай салып, қорғанның саты тәрізді беткейін, Иерусалим қамалының қабырғаларын, әрі Хазор, Мегидо, Гәзер қалаларын бекітіп қойған еді. Осы үшін патша міндетті жұмысқа қызметшілер жинаған болатын. Бұл туралы мәлімет төменде берілген. 16 Гәзер қаласын Мысыр патшасы перғауын басып алып, өртеп, оның қанахандық тұрғындарының көздерін құртқан еді. Перғауын қызын Сүлейменге ұзатқанда, осы қаланы қызына еншісі ретінде сыйлады. 17 Сонда Сүлеймен Гәзер қаласын қайтадан салғызды. Ол содан басқа төменгі Бет-Хорон, 18 Бағалат және (Яһуда) жеріндегі елсіз далада орналасқан Тамар атты қалаларды бекіткізіп салғызды. 19 Патша, сондай-ақ, астық сақтау үшін қойма қалаларын және соғыс күймелері мен атты әскерінің жылқылары үшін арнайы қалаларды да салғызды. Жалпы, ол Иерусалимде, Ливан тауларында және өзінің билігіне бағынатын барлық жерде саламын дегендерінің бәрін де жүзеге асырды. 20 Елдің Исраил халқына жатпайтын байырғы тұрғындары, яғни аморлық, хеттік, перездік, хевтік, ебустік ұлттар да болды. 21 Солардың исраилдіктер елді иемденіп алғанда құртып жібере алмаған ұрпақтарының бәрін Сүлеймен жұмыс істеуге мәжбүрледі. Бұл жағдай әлі күнге дейін сақталып келеді. 22 Ал патша исраилдіктердің ешқайсысын малайы етпеді. Бұларды жасақшылары, нөкерлері, әміршілері, әскери бөлім басшылары, соғыс күймелері мен атты әскерлерінің жетекшілері етіп тағайындады. 23 Сүлеймен патшаның түрлі жұмыстарын басқарған бес жүз елу қызметкері де осылардың арасынан еді. 24 Сүлеймен өзінің жұбайы — Мысыр патшасы перғауынның қызына арнап сарай салғызып, оны Дәуіттің шаһарынан сол сарайға көшірді. Мұнан кейін ол қорғанның саты тәрізді беткейін бекітіп салғызды. 25 Сүлеймен жылына үш рет Жаратқан Иеге арналған құрбандық үстелінде шалынып, түгелдей өртелетін және Онымен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандықтарын ұсынып, Жаратқан Иенің алдындағы арнайы үстелде хош иісті заттарды да түтететін. Сонымен ол Жаратқан Иенің киелі үйін салып бітірді. 26 Сүлеймен патша Едом жерінің Қызыл теңіз жағалауында орналасқан Елат қаласының жанындағы Есион-Гәберде кемелер де жасатты. 27 Хирам патша өзінің тәжірибелі теңізшілерін сол кемелерде Сүлейменнің қызметшілерімен бірге қызмет етуге жіберді. 28 Олар кемемен (Қызыл теңіз арқылы) Опыр жеріне жүзіп барып, сол жақтан төрт жүз жиырма ат басындай алтын алып келіп, Сүлеймен патшаның қолына тапсырды.
1 Сүлейменнің зор даңқы және оның Жаратқан Иенің құрметіне салған киелі үйі туралы Сәба елінің патшайымы да естіген еді. Содан ол қиын сауалдар қойып Сүлейменнің даналығын сынамақшы болды. 2 Патшайым көп нөкерін ертіп сапарға шығып, үлкен керуенмен Иерусалимге келді. Түйелеріне хош иісті заттар, мол алтын мен асыл тастар артылған болатын. Сүлеймен қонақты қарсы алып, сарайына кіргізді. Патшайым ойындағы бар мәселелер жайлы онымен сөйлесті. 3 Сүлеймен солардың бәріне жауап берді. Патша білмей, түсіндіре алмаған бірде-бір сауал болған жоқ. 4 Сәбаның патшайымы Сүлейменнің асқан даналығын және салғызған сарайын көріп, қайран қалды. 5 Ол патшаның дастарқанындағы тамақтарын, уәзірлерінің мәжілістерін, сәнді киінген нөкерлері мен шарапшыларының келісті қызметтерін әрі Сүлейменнің Жаратқан Иенің киелі үйіне көтеріліп барып, құрбандықтар шалғызып өртеткенін де бақылады. Патшайымның таңғалғаны сонша, демін ала алмай үнсіз қалды. 6 Содан ол патшаға тіл қатып былай деді: «Сіздің іс-әрекеттеріңіз бен даналығыңыз туралы елімде жүріп естігендерімнің бәрі де шындық екен. 7 Алайда келіп, өз көзіммен көргенге дейін сол сөздерге сенбеген едім. Расында оның тіпті жартысы туралы да естімеппін! Сіздің даналығыңыз бен дәулетіңіз менің естігенімнен де зор болып шықты! 8 Мына адамдарыңыз қандай бақытты! Әрқашан қасыңызда жүріп, даналығыңызды тыңдай алатын нөкерлеріңіз қандай бақытты! 9 Сізге риза болып, уәкілі ретінде Исраилдің патшалық тағына отырғызған Құдайыңыз Жаратқан Ие мадақталсын! Жаратқан Ие Исраилді шексіз сүйеді. Сол себепті сізді қара қылды қақ жарып, әділдік пен адалдықты ұстанатын патша етіп қойды». 10 Сәба патшайымы осылай деп, Сүлеймен патшаға жүз жиырма ат басындай алтын, орасан зор мөлшерде хош иісті заттар мен асыл тастарды тарту етті. Осы Сәба патшайымының Сүлеймен патшаға сыйлағанындай мөлшердегі хош иісті заттар бұдан былай ешқашан елге әкелінген емес. 11 Сол сияқты, Хирамның Опыр жерінен алтын алып келген кемелері сол жерден өте көп мөлшерде қызыл сандал ағашының бөренелері мен қымбат бағалы тастарды да алып келетін. 12 Сүлеймен патша осы сандал ағашынан Жаратқан Иенің киелі үйі және өзінің патша сарайы үшін тіреулер және әнші-күйшілерге арнап жетіген мен шертер аспаптарын жасатты. Сол кезден бері сапасы осындай жоғары ағаштарды ешкім әкелген де жоқ, не ешкім көрген де емес. 13 Сүлеймен патша Сәба патшайымына өзінің зор жомарттығымен көп мөлшерде сый-тарту бергенінің үстіне оны сұрағандарының бәрімен де қанағаттандырды. Мұнан соң патшайым нөкерлерін ертіп өз еліне қайтып кетті. 14 Сүлеймен жыл сайын қабылдайтын алтынның мөлшері алты жүз алпыс алты ат басындай болды. 15 Бұған қоса делдалдар мен саудагерлерден, арабтардың барлық патшаларынан және елдің әкімдерінен де алтын түсіп жатты. 16 Сүлеймен патша екі жүз үлкен қалқан жасатып, оларды балғамен соғылып тегістелген алтынмен қаптатқызды. Әр қалқанға кеткен алтынның мөлшері алты жүз мысқалдай болды. 17 Патша тағы үш жүз шағын қалқан жасатып, оларды да соғылған алтынмен қаптатқызды. Бұл қалқандардың әрқайсысы үшін үш жүз мысқалдай алтын жұмсалды. Патша қалқандардың барлығын «Ливан орманы сарайына» қойғызды. 18 Патша піл сүйегімен безендіріліп, саф алтынмен қапталған үлкен тақ жасатты; 19 оның алты баспалдағы болды, арқалығының жоғарғы жағы дөңгелек еді. Тақтың патша отыратын орнының екі жағында бір қол тұтқадан, әр тұтқаның жанында бір-бірден арыстан мүсіндері тұрды. 20 Алты баспалдақтың үстінде әр жағында бір-бірден, барлығы он екі арыстанның мүсіні тұрды. Мұндай тақ ешбір патшалықта бұрын-соңды жасалып көрмеген еді. 21 Сүлеймен патшаның сусын ішетін ыдыстарының бәрі алтыннан, ал «Ливан орманы сарайындағы» ыдыстары саф алтыннан жасалды. Ешбір ыдыс күмістен жасалмады, өйткені Сүлейменнің заманында күміс құнсыз зат деп саналатын. 22 Себебі патша өзінің үлкен сауда кемелерін (Тир патшасы) Хирамның кемелерімен бірге әр үш жылда бір рет алыс сапарға жіберіп, олар алтын, күміс, піл сүйегін, маймылдар және тауыс құстарын алып келетін. 23 Осылайша Сүлеймен патша жер бетіндегі күллі патшалардан байлығымен де, даналығымен де асып түсті. 24 Жердің барлық адамдары Сүлейменмен жүздесіп, оның Құдай сыйлаған даналығын тыңдауға құштар болды. 25 Олардың бәрі оған жыл сайын сый-тартуларын: күміс пен алтын бұйымдарды, киім-кешек, қару-жарақ, хош иісті заттар, жылқы, қашырларды алып келіп отырды. 26 Сүлеймен соғыс күймелері мен аттарды да жинап, жасақтады. Оның бір мың төрт жүз күймесі мен он екі мың жылқысы болды. Оларды күймелеріне дайындалған арнайы қалаларында және Иерусалимде өзінің қасында астанасы Иерусалимде ұстады. 27 Патша Иерусалимде күмісті тас сияқты үйреншікті нәрсе, әрі шетелден әкелінетін самырсындарды өз еліндегі төменгі қыраттарда өсетін тұт ағаштарындай мол етті. 28 Сүлеймен жылқыларын Мысыр мен Қуадан алдыртты. Патшаның саудагерлері оларды белгілі бағаға Қуа елінен сатып алатын. 29 Саудагерлер әрбір күймені алты жүз мысқал, әрбір жылқыны жүз елу мысқал күміске Мысырдан сатып алып келетін. Олар сол тауарлардың бірқатарын күллі хеттік және арамалық патшаларға да жеткізіп, сатып отырды.
1 Алайда Сүлеймен көптеген шетелдік әйелдерге ғашық болды: перғауынның қызынан басқа оның моабтық, аммондық, едомдық, сидондық, хеттік әйелдері де болды. 2 Жаратқан Ие (жалған тәңірлерге табынатын) осы халықтар туралы: «Олармен араласып, қыз алысып, қыз берісуші болмаңдар! Әйтпесе олар сендердің жүректеріңді өздерінің тәңірлеріне бұрып әкетулері сөзсіз!» деп исраилдіктерге ескерткен еді. Бірақ та Сүлеймен сол жат жұрттық әйелдерге ғашық болып жабыса қалуын қоймады. 3 Жалпы, Сүлейменнің патша тұқымынан шыққан жеті жүз жұбайы және тағы үш жүз кәнизагы болды. Олар оны тура жолдан тайдырып әкетіп адастырды. 4 Себебі қартайған шағында әйелдері Сүлейменнің жүрегін бөтен тәңірлерге бұрып әкетті. Осылайша оның жүрегі әкесі Дәуіттің Құдай Иесіне толықтай бағышталған жүрегі сияқты болмады. 5 Қайта, Сүлеймен сидондықтардың табынатын әйел тәңірі Астартаға және аммондықтардың жиренішті тәңірі Молохқа құлшылық ете бастады. 6 Мұнысымен Сүлеймен Жаратқан Иеге жек көрінішті іс істеп, Жаратқан Иенің жолымен адал жүрген әкесі Дәуіт сияқты болмады. 7 Сол кезде Сүлеймен Иерусалимнің шығыс жағындағы бір төбеде моабтықтардың жексұрын тәңірі Хамосқа және аммондықтардың жиренішті тәңірі Молохқа арнап биіктеу жердегі табыну орындарын салды. 8 Патша осындай орындарды өзінің жат жерлік әйелдерінің барлығына жасап берді. Олар сол құрбандық орындарында өздерінің табынатын жалған тәңірлеріне хош иісті заттар түтетіп, құрбандықтар шалып ұсынатын. 9 Сонда Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие Сүлейменге қаһарланды. Өйткені ол өзіне екі рет аян берген Жаратқан Иеден теріс бұрылып кетті. 10 Жаратқан Ие оған бөтен тәңірлердің жолына түсуге айрықша тыйым салса да, Сүлеймен Оның бұйрығын еш елемей ұстанбады. 11 Содан Жаратқан Ие Сүлейменге былай деп хабарлады: «Сен осылай істеп Менің Келісімімді, өзіңе орындауға тапсырған ережелерімді ұстанбадың. Сол себептен Мен міндетті түрде патшалық билікті сенен жұлып алып, қызметшілеріңнің біреуіне тапсырамын. 12 Дегенмен әкең Дәуітке бола бұны сенің көзіңнің тірісінде істемеймін. Мен патшалықты ұлыңның қолынан жұлып алатын боламын. 13 Алайда қызметшім Дәуіт үшін және Өзім таңдап алған Иерусалим үшін ұлыңнан бүкіл патшалықты тартып алмай, оның билігіне бір руды қалдырамын». 14 Сонда Жаратқан Ие Сүлейменге бір дұшпанды шығарды. Ол Едом елінің патшалық тұқымынан шыққан Хадад еді. 15 Ертеректе Дәуіт Едом халқымен соғысқан кезде әскер қолбасшысы Жоғаб қаза тапқандарды қабірге қою үшін сонда барғанда, едомдық ер адамдарды жаппай қырып-жойған болатын. 16 Жоғаб исраилдік жасақпен елдің барлық еркек кіндіктілерінің көзін құртқанша Едомда алты ай бойы тұрды. 17 Тек Хадад пен оның әкесінің кейбір едомдық қызметкерлері ғана Мысырға қарай қашып кетті. Хадад сол кезде жас бала болатын. 18 Олар Мадиян арқылы Синай түбегіндегі Паран даласына жетті. Сол жерден өздеріне біраз адам қосып алып, Мысырға барып, оның патшасы перғауынның алдына келді. Перғауын Хададқа тұратын үй мен жер беріп, тамақпен де қамтамасыз етті. 19 Перғауынның Хададқа риза болғаны сонша, оған өз жұбайы Тахпенесаның сіңлісін әйелдікке алып берді. 20 Тахпенесаның сіңлісі Хададқа Генубат деген ұл туды. Патшайым Тахпенеса осы баланы патша сарайында тәрбиеледі. Осылайша Хададтың ұлы перғауынның сарайында оның өз ұлдарымен бірге өсті. 21 Мысырда жүрген сол уақытында Хадад Дәуіттің көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгені және әскер қолбасшысы Жоғабтың да дүние салғаны туралы естіді. Сонда ол перғауыннан: — Маған рұқсат берсеңіз екен, өз еліме қайтып барайын, — деп өтінді. 22 Перғауын оған: — Менің қасымнан өз еліме қайтып барайын дейтіндей, саған бұл жерде не жетіспейді? — деген сауал қойды. Хадад оған: — Бәрі де жеткілікті, әйтсе де еліме жіберсеңіз екен! — деп қоймады. 23 Құдай Сүлейменге тағы басқа бір дұшпанын шығарды. Ол қожайыны — Соба патшасы Адад-Әзерден қашып кеткен Әлияда ұлы Резон болатын. 24 Дәуіт Собаның әскеріне күйрете соққы бергеннен кейін, Резон қасына адамдар жинап, сарбаздар тобының басшысы болды. Олар Дамаскіге аттанып, сонда орнығып, Резонды Дамаскіде патша етіп қойды. 25 Кейін Резон бүкіл Арама еліне патшалық құрып, Исраилдің қарсыласы болды. Хадад пен Резон екеуі Сүлейменнің тұсында Исраилдің жауы болып, оған көп қиыншылықтар туғызды. 26 Сол шамада Сүлейменнің қызметкерлерінің бірі — Набат ұлы Еробоғам да патшаға қарсы бас көтерді. Ол Ефрем руының жеріндегі Сәредахтан шыққан еді. Оның анасы Серуа жесір әйел болатын. 27 Еробоғамның патшаға қарсы бас көтергенінің жайы мынау: сол кезде Сүлеймен патша әкесі Дәуіттің шаһарының айналасындағы саты тәрізді беткейді салдырып, шаһардың қамалындағы бір бұзылған жерін жөндеумен айналысып жүрген еді. 28 Еробоғам қайратты да қабілетті жігіт болатын. Оның жақсы жұмыс істеп жүргенін көрген Сүлеймен Еробоғамды Жүсіптен тараған екі рудың жұмысшыларының үстінен басқарушы етіп тағайындады. 29 Сол күндердің бірінде Еробоғам Иерусалим қаласынан шығып келе жатқанда, алдынан шилолық Ахиях пайғамбар кездесті. Пайғамбар үстіне жаңа шапан киіп алған екен. Далада екеуінен басқа ешкім болмады. 30 Сонда Ахиях өзінің үстіндегі су жаңа шапанын шешіп алып, қолдарымен ұстап тұрып, он екі бөлікке паршалап жыртты да, 31 Еробоғамға былай деді: «Осы он паршаны өзіңе ал! Себебі Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп ал! Мен патшалықты Сүлейменнің қолынан жұлып алып, он рудың үстінен билікті саған беріп отырмын. 32 Тек қызметшім Дәуіт үшін және Исраилдің барлық руларының ішінен таңдап алған қалам — Иерусалим үшін оның билігіне бір руды қалдырамын. 33 Исраилдіктер Менен бас тартып, сидондықтардың табынатын әйел тәңірі Астартаға, моабтықтардың тәңірі Хамосқа және аммондықтардың тәңірі Молохқа бас ұра табынып кеткендіктен, Мен осыны істеймін. Олар Менің жолыммен жүріп, Маған ұнамды істер істеген, әрі Менің ережелерім мен шешімдерімді сақтаған Сүлейменнің әкесі Дәуіт сияқты болмады. 34 Сонда да Мен патшалықты Сүлейменнің өз қолынан тартып алмаймын. Кезінде менің өсиеттерім мен ережелерімді ұстанып, таңдаулы қызметшім болған Дәуітке бола Сүлейменді өмірінің соңына дейін билеуші болуға бекіттім. 35 Бірақ оның ұлының қолынан патшалықты жұлып алып, он рудың билігін саған тапсырамын. 36 Ал қызметшім Дәуіттің әулетінің ұдайы Менің көз алдымда Иерусалимде патшалық құрып шам-шырақ іспетті сәуле шашулары үшін, Сүлейменнің ұлының билігіне бір руды тапсырамын. Өйткені Иерусалим — есімімді орнату үшін Өзім таңдап алған қалам. 37 Алайда Мен сені Исраилдің патшасы болуға тағайындап, сен жүрегің қалаған нәрселердің бәріне билік жүргізетін боласың. 38 Егер Менің өзіңе өсиет еткенімнің барлығына мойынсұнсаң, әрі қызметшім Дәуіттің орындағанындай, сен де Менің жолыммен жүріп, Маған ұнамды істерді істеп, Менің ережелерім мен өсиеттерімді ұстанатын болсаң, онда Мен де саған әрқашан жар болып, сенің патшалық әулетіңді Дәуіттің патшалық әулетіндей үздіксіз етіп бекітемін және (Солтүстік) Исраил елінің патшалық билігін сенің қолыңа тапсырамын. 39 Осыны істеуім арқылы Мен Дәуіттің әулетін (Сүлейменнің күнәсінің кесірінен) төмендетіп жазалаймын. Алайда мұны мәңгілікке істемеймін». 40 (Болған оқиғаны біліп қойған) Сүлеймен Еробоғамды өлтірмек болды. Бірақ ол Мысырға қашып барып, сол елдің патшасы Шұшақтан пана сұрады. Еробоғам Мысырда Сүлеймен қайтыс болғанға дейін тұра берді. 41 Сүлеймен патшалық құрған кезде болған басқа да жайттардың барлығы, оның іс-әрекеттері мен даналығы «Сүлейменнің істері» деген кітапта баяндалған. 42 Сүлеймен Иерусалимде бүкіл Исраилдің үстінен қырық жыл бойы патшалық құрған соң 43 көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелді. Оның мәйіті әкесі Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Сүлейменнің ұлы Рохабоғам орнын басып патша болды.
1 Сол кездері Рохабоғам Сихем қаласына барды, себебі бүкіл Исраил халқы оны патша етіп бекіту үшін Сихемге жиналған еді. 2 Бұл туралы хабар алған Набат ұлы Еробоғам Сүлеймен патшадан қашып барған Мысыр елінен қайта оралды. 3 Өйткені біреулер адам жіберіп, оны шақыртқан еді. Сонда Еробоғам мен бүкіл Исраилдің жамағаты Рохабоғамның алдына келіп, оған тіл қатып былай деді: 4 — Әкеңіз марқұмның бізге артқан жүгі тым ауыр! Оның мойнымызға салып қойған азапты қызметі мен зілдей жүгін жеңілдетсеңіз, сізге қызмет ететін боламыз! — 5 Сонда патша: — Қазір кете беріңдер, маған үш күннен кейін қайтып келіңдер! — деді. Халық тарап кетті. 6 Рохабоғам әкесі Сүлейменнің көзі тірі кезінде уәзірі болған ақсақалдардан ақыл сұрап: — Мына халыққа қандай жауап беру керек, не деп кеңес бересіздер? — деді. 7 Ақсақалдар: — Егер де бүгін бұл халықтың қызметшісі болып, айтқандарына құлақ асып ымыраға келсеңіз, онда олар әрдайым сіздің қызметшілеріңіз болмақ! — деген жауап қайырды. 8 Бірақ Рохабоғам ақсақалдардың берген ақылын менсінбей, өзіне қызмет көрсететін құрдас жігіттерімен кеңесіп: 9 — Ақылдарыңды айтыңдаршы маған. «Әкеңіз бізге артқан ауыр жүкті жеңілдете көріңіз!» деген мына халыққа қандай жауап қайтарамыз? — деп сұрады. 10 Сонда құрдас жігіттері былай деді: — Сізге: «Әкеңіздің мойнымызға салған ауыр жүгін жеңілдете көріңіз!» деген халыққа мынадай жауап беріңіз: «Менің шынашағымның өзі әкемнің белінен мықты! 11 Әкем сендерге ауыр жүк артқан болса, мен соның үстіне тағы да қосамын! Әкем сендерді жай қамшымен ұстаған болса, мен дойыр қамшының астына аламын!» 12 Патшаның «Маған үш күннен кейін қайтып келіңдер» деп айтқанына сай, Еробоғам мен бүкіл халық үшінші күні Рохабоғамның алдына жиналды. 13 Патша ақсақалдардың берген кеңесін елемей, жас жігіттердің айтқан ақылдарын тыңдап, халыққа дөрекі жауап берді: 14 — Әкем сендерге ауыр жүк артқан болса, мен соның үстіне тағы да қосамын! Әкем сендерді жай қамшымен ұстаған болса, мен дойыр қамшының астына аламын! 15 Осылайша патша халықтың өтінішіне құлақ салмады. Ал оқиғаның бұлай бет бұруы Жаратқан Иенің еркі бойынша еді. Сол арқылы Ол Өзінің шилолық Ахиях пайғамбар арқылы Набат ұлы Еробоғамға айтқан сөзін іске асырды. 16 Бүкіл Исраилдің өкілдері патшаның өздеріне құлақ түрмегенін көргенде, оған қарсы айқайлап былай деді: — Дәуітке біздің қатысымыз жоқ, Есейдің ұлында еш үлесіміз жоқ! Мекендеріңе қайтыңдар, исраилдіктер! Дәуіт, өз үйіңе-ақ билік ете бер! Содан олар мекендеріне қайтып кетпек болды. 17 Осылай Рохабоғам тек Яһуда руының қалаларында тұратын исраилдіктерге ғана патша болып қалды. 18 Сонда ол (патшалықтың біртұтастығын қалпына келтіру мақсатымен) міндетті жұмыстарды басқарушы Адонирамды халыққа жіберді. Бірақ (Солтүстік) Исраилдің барлық өкілдері оны таспен атқылап өлтірді. Ал Рохабоғам патшаның өзі күймесіне секіріп мініп, Иерусалимге қашып құтылды. 19 (Солтүстік) Исраил күні бүгінге дейін Дәуіттің әулетінен шыққан патшаларға бағынбай келеді. 20 Себебі Исраилдің халқы Еробоғамның елге қайтып келгенін естігенде, оған хабар жіберіп, жиналысқа шақырған еді. Сонда олар оны бүкіл Солтүстік Исраилдің патшасы етіп тағайындады. Тек (оңтүстіктегі) Яһуда руы ғана Дәуіттің әулетін қолдап, оған адал болып қала берді. 21 Сүлеймен ұлы Рохабоғам Иерусалимге қайтып келген соң, (Солтүстік) Исраилге қарсы аттанып, бүкіл патшалықты өзіне қаратып алмақ болды. Сол үшін күллі Яһуда халқы мен Бунямин руынан бір жүз сексен мың таңдаулы сарбазын жинады. 22 Бірақ Құдай Өзінің таңдаған адамы Шемаяхқа сөзін арнап былай деді: 23 «Яһуданың патшасы Сүлеймен ұлы Рохабоғамға, бүкіл Яһуда мен Бунямин руларына және халықтың қалғандарына тіл қатып былай де: 24 Жаратқан Ие мынаны айтады: Жорыққа аттанып, өз ағайындарың — исраилдіктермен соғыспаңдар! Барлығың да үйлеріңе қайтыңдар! Себебі мұны істеп отырған Өзіммін!» Сонда олар Жаратқан Иенің сөздеріне құлақ асып, Ол бұйырғандай келген жақтарына қайта оралды. 25 Еробоғам Ефремнің таулы жеріндегі Сихем қаласын нығайтып қайта салып, соны мекендейтін болды. Содан кейін ол Пенуелге барып, сол қаланы да бекітті. 26 Ол іштей қауіптеніп жүріп: «Осы елдің патшалық билігі Дәуіттің әулетіне қайтып кетер ме екен. 27 Егер халық Иерусалимге өрлеп барып, Жаратқан Иенің киелі үйінде құрбандық ұсынатын болса, онда көңілдері бұрынғы билеушісі — Яһуда патшасы Рохабоғамға ауатын шығар. Сонда олар мені өлтіріп, Рохабоғамға қайта оралып жүрер», — деді. 28 Сол себепті патша кеңесіп алып, алтыннан екі жас бұқа мүсінін жасатып, халыққа: «Иерусалимге бару сендерге тым қиын ғой. Әй, Исраил, сені Мысыр елінен бастап алып шыққан тәңірлерің осылар!» — деп жариялатты. 29 Екі мүсіннің біреуін Бетел, екіншісін Дан қалаларында орнатқызды. 30 Бұл ауыр күнәға түрткі болды. Себебі халық оларға сонау Данға дейін барып табына бастады. 31 Еробоғам биіктеу жерлерде жалған тәңірлерге табынатын ғибадатханалар салғызып, Леуі руынан емес, кез келген адамды діни қызметкер етіп тағайындады. 32 Еробоғам оның үстіне Яһудада жыл сайын тойланатын Күркелер мейрамына еліктеп, сегізінші айдың он бесінші күні жаңа бір мейрам өткізуді бекітті. Ол осы мейрам кезінде Бетелде өзі жасатқан жас бұқа мүсіндеріне арнап құрбандықтар ұсыну үшін ондағы құрбандық үстелінің қасына көтерілді. Патша салғызған табыну орындары үшін діни қызметкерлерін Бетелде тағайындады. 33 Өз бетімен ойлап шығарған сегізінші айдың он бесінші күніндегі мейрамда патша Бетелде өзі салдыртқан құрбандық үстелінің қасына көтерілді. Осылайша ол халыққа өзі тағайындаған мейрам кезінде құрбандық үстелінде хош иісті заттар түтетіп ұсынды.
1 Алайда Құдай Иенің тағайындаған пайғамбары Оның бұйрығымен Яһуда елінен Бетелге барды. Пайғамбар Еробоғам патша құрбандық үстелінің қасында хош иісті зат түтетпек болып тұрған кезде сол жерге жетті. 2 Сонда пайғамбар Жаратқан Иенің өзіне бұйырған мына сөздерін құрбандық үстеліне қарсы қатты дауыстап айтты: «О, құрбандық үстелі, (жексұрын) құрбандық үстелі! Жаратқан Ие мынаны айтады: Дәуіттің әулетінен Жосия есімді біреу шығады. Қазір сенің үстіңде биіктеу жерлердегі табыну орындарының діни қызметкерлері құрбандықтар өртеп, хош иісті заттарды түтетіп жатыр. Бірақ Жосия осы діни қызметкерлердің өздерін сенің үстіңде құрбандық іспетті өртеп жібереді! Сонда үстіңде адамның сүйектері өртелетін болады! — 3 Сол күні пайғамбар өзінің хабарының шындығын дәлелдейтін пайғамбарлық сөз айтып былай деді: — Жаратқан Ие көрсететін керемет белгі мынадай болады: құрбандық үстелі қақ жарылып, оның үстіндегі майлы бөлшектердің күлі шашылып қалатын болады!» 4 Еробоғам патша Құдайдың пайғамбарының құрбандық үстеліне қарсы айтқан сөзін естігенде, қолын құрбандық үстелінің қасынан төмен созып, пайғамбарға шұқшита: «Ұстаңдар мынаны!» — деп айқайлап жіберді. Бірақ созған қолы лезде семіп, ол қолын қайта тартып ала алмай қалды. 5 Сонымен қатар құрбандық үстелі қақ жарылып, үстіндегі майлы бөлшектердің күлі төгіліп, шашылып қалды. Осылай Құдай Иенің өз пайғамбары арқылы айтқаны жүзеге асып, оның сөзінің шындығын дәлелдеді. 6 Ал патша Құдайдың пайғамбарынан өтініп: «Құдайыңыз Жаратқан Иеге жалбарына көріңіз! Ол маған рақым етіп қолымды бұрынғы қалпына келтіре көрсін деп мінажат етсеңіз екен!» — деді. Құдайдың пайғамбары Жаратқан Иеге жалбарынып мінажат еткенде патшаның қолы жазылып, бұрынғы қалпына қайта келді. 7 Сонда патша Құдайдың пайғамбарына: — Сарайыма кіріп, біраз тынығып, тамақ ішіп, әлденіп алыңыз. Содан соң мен сізге бір сыйлықты тарту етемін, — деді. 8 Бірақ Құдайдың пайғамбары оған былай деп жауап берді: — Маған тіпті сарайыңның жартысын сыйға берсең де, саған еріп оған кірмес едім! Осы жерде не тамақ жеуіме, не су ішуіме болмайды. 9 Себебі маған Жаратқан Ие сөзін арнап: «Сол жерде не нан жеп, не су ішпе, әрі келген жолыңмен кері қайтпа!» деп бұйырды. — 10 Осыны айтып, пайғамбар Бетелге келген жолымен емес, басқа бір жолмен кетіп қалды. 11 Сол кезде Бетел қаласында бір қарт пайғамбар тұратын еді. Оның ұлдары сол күні Құдайдың Яһуда елінен жіберген пайғамбарының не істеп, патшаға не дегенінің барлығын әкелеріне келіп айтып берді. 12 Сонда әкесі ұлдарынан: «Ол қай жолмен кетті?» — деп сұрады. Ұлдары оған Яһудадан келген Құдайдың пайғамбарының қай жолмен кеткенін көрсетті. 13 Әкесі ұлдарына: «Маған есегімді ерттеп беріңдерші!» — деді. Ұлдары есегін ерттеп беріп, ол соған мініп алып, 14 Құдайдың пайғамбарының соңынан кетті. Оны бір емен ағашының түбінде отырған жерінен тауып алып, одан: — Құдайдың Яһудадан келген пайғамбары сіз бе едіңіз? — деп сұрады. Ол: — Иә, солмын — деп жауап берді. 15 Қарт пайғамбар оны: — Менімен бірге үйіме барып, тамақ ішіңіз! — деп шақырды. 16 Бірақ яһудалық пайғамбар оған былай деп түсіндірді: — Сізге еріп кері қайтып бара алмаймын. Сізбен осы жерде не нан жеуіме, не су ішуіме де болмайды. 17 Себебі маған Жаратқан Ие сөзін арнап: «Сол жерде не нан жеп, не су ішпе, әрі келген жолыңмен кері қайтпа!» деп бұйырды. — 18 Ал қарт пайғамбар оған: — Мен де өзің сияқты пайғамбармын. Маған періште келіп, Жаратқан Иенің: «Өз үйіңе алып кел, ол нан жеп, су ішсін!» деген бұйрығын жеткізді, — деді. Бірақ та оның айтып тұрғаны өтірік болатын. 19 Сонда Құдайдың жіберген адамы жолынан кері қайтып, онымен бірге үйіне кіріп, нан жеп, су ішті. 20 Олар дастарқан басында отырғанда сол адамды қайтарып алып келген қарт пайғамбарға Жаратқан Иенің сөзі жетті. 21 Ол Яһудадан келген Құдайдың хабаршысына дауыстап былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Сен Жаратқан Иенің сөзіне қарсы шықтың, Құдай Иеңнің өзіңе берген бұйрығын орындамадың! 22 Сен жолыңнан кері қайтып келіп, Ол: «Не нан жеп, не су ішпе!» деп бұйырған осы жердің өзінде нан да жеп, су да іштің. Сондықтан сен өлген кезіңде мәйітің ата-бабаларыңның жанына қабірге қойылмайды!» 23 Қонағы тамағын ішіп-жеп болған соң, оны қайтарып алып келген қарт пайғамбар оның есегін ерттеп беріп, жолға шығарып салды. 24 Сонымен ол қаладан шығып кетіп қалды. Алайда кетіп бара жатқанда, оған бір арыстан тап беріп, өлтіріп тастады. Оның денесі арыстан лақтырып тастаған жерде жол үстінде жата берді. Ал жанында есегі мен арыстан тұрды. 25 Сол жермен жүріп өткен адамдар жолда жатқан дене мен жанында тұрған арыстанды көріп, бұл туралы қарт пайғамбар тұрып жатқан Бетел қаласына айтып келді. 26 Құдайдың жіберген пайғамбарын жолынан қалдырған қарт пайғамбар сол туралы естігенде былай деді: «Бұл Жаратқан Иенің берген бұйрығына қарсы шыққан пайғамбар болса керек. Сондықтан да Жаратқан Ие Өзінің алдын ала айтқанын жүзеге асырып, осы адамды арыстанның талап өлтіруіне тапсырды». 27 Мұнан соң ол ұлдарына: «Маған есегімді ерттеп беріңдер!» — деді. Олар солай істеп, 28 ол қаладан шығып, жол үстінде жатқан денені және оның жанында тұрған есек пен арыстанды тауып алды. Арыстан денені жемеген де, есекті жармаған да екен. 29 Қарт пайғамбар Құдай жіберген адамның мәйітін жерден көтеріп алып, есегіне артып өз қаласына қайта алып келді. Сонда оны аза тұтып, 30 өзі үшін дайындаған қабіріне қойды да: «Ой, бауырым!» — деп қайғырып жоқтаумен болды. 31 Қарт пайғамбар оны қабірге қойып болғаннан кейін ұлдарына өсиеттеп былай деді: «Мен қайтыс болғанда, мәйітімді Құдай жіберген осы пайғамбар қойылған қабірге қойып, сүйегімді оның сүйегінің жанына орналастырыңдар! 32 Себебі Жаратқан Иенің сол пайғамбар арқылы Бетел қаласындағы құрбандық үстелі жайлы әрі Самария елінің қалаларының биіктеу жерлеріндегі жалған тәңірлерге арналған барлық ғибадатханалары туралы жариялаған сөзі міндетті түрде жүзеге асатын болады!» 33 Алайда осы оқиғадан кейін де Еробоғам зұлым жолынан қайтпады. Керісінше, ол жалған тәңірлерге арналған ғибадат орындарына тағы көбірек діни қызметкерлер тағайындады. Осылай ол діни қызметкер болғысы келген кез келген адамды тағайындай берді. 34 Осы сұмдық іс Еробоғамның әулетінің ауыр күнәсіне айналды. Соның кесірінен бүкіл әулет жоғалып, жер бетінен құрып кететін болды.
1 Сол кездері Еробоғамның ұлы Абиях қатты ауырып қалды. 2 Сонда Еробоғам әйеліне былай деді: «Жиналып, жолға шық. Менің әйелім екеніңді ешкім біліп қоймайтындай етіп киініп ал да, Шилоға бар. Менің осы халыққа патшалық құратынымды алдын ала айтқан Ахиях пайғамбар сол жерде тұрып жатыр. 3 Оған он күлше нан, бірсыпыра тәтті нан және бір құмыра бал ала бар. Ұлымызбен не болатынын ол саған айтып бере алады». 4 Әйелі Еробоғамның айтқанын істеп, Шилодағы Ахиях пайғамбардың үйіне барды. Қартайған Ахиях көзі көрмей қалған, зағип болатын. 5 Алайда Жаратқан Ие оған: «Біліп ал, Еробоғамның әйелі саған келе жатыр. Ол сенен өзінің ауырып қалған ұлы туралы сұрастырып білмекші. Оған Менің айтқанымды жеткіз. Ал ол басқа біреу болғансып сырт кейпін өзгертіп келеді», — деп білдірген еді. 6 Ахиях пайғамбар әйелдің есікке таяп келіп қалған дыбысын естігенде былай деді: — Кел, кіре бер, Еробоғамның әйелі! Неге сен басқа біреу болғансып сырт кейпіңді өзгертіп алдың? Ал менің саған айтар ауыр хабарым бар. 7 Күйеуің Еробоғамға қайтып барып, оған былай де: «Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен сені халықтың арасынан көтеріп, халқым Исраилдің үстінен билеуші етіп тағайындадым. 8 Мен патшалық билікті Дәуіттің әулетінен жұлып алып, саған бердім. Алайда сен Өзіме адал болған қызметшім Дәуіт сияқты болмадың. Дәуіт менің барлық өсиеттерімді сақтап, шын жүректен Менің тура жолыммен жүріп, көз алдымда тек әділ іс-әрекет жасады. 9 Ал сенің зұлымдығың өзіңнен бұрын өткендердің қай-қайсысынан да басым болды. Сен өзіңе жалған тәңірлер таңдап, жас бұқа мүсіндерін жасатып алдың. Осындай істеріңмен Менің қаһарымды туғыздың. Сен Менен мүлдем бас тартып кеттің. 10 Сол себепті Мен Еробоғамның әулетін құртып жіберетін боламын. Мен оның әулетіне жататын еркек кіндікті атаулының барлығын, ерікті болсын, құл болсын, құртамын! Қи-тезекті қалай өртеп жоқ қылатын болса, Мен де дәл солай Еробоғамның әулетін құртып жоқ қыламын. 11 Оның әулетіне жататын адам қалада өлсе, оны иттер жейді, далада өлсе, әуедегі құстар шоқиды! 12 Ал енді, өзің тұр да, үйіңе қайт. Қалаға аяғыңды басып кіре салысыңмен, ұлың қайтыс болады. 13 Оны Солтүстік Исраилдің бүкіл халқы жоқтап қабірге қоятын болады. Еробоғамның әулетінен қабірге қойылатын жалғыз сол болады. Себебі Еробоғамның бүкіл әулетінен тек осы баладан ғана Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге деген адалдық табылды. 14 Ендеше Жаратқан Ие Солтүстік Исраилге билік құратын патшаны тағайындап алмақ. Ол Еробоғамның әулетін құртатын болады. Ол бүгін соны істеп жатыр! Немене? Тіпті қазірдің өзінде! 15 Жаратқан Ие Исраилге соққы береді, сонда ол бұрқанған судың ағысымен жел тербеткен бір қамысқа ұқсайтын болады. Жаратқан Ие олардың ата-бабаларына табыстаған осы шұрайлы елден Солтүстік Исраилдің халқын құртып, оларды Евфрат өзенінің арғы жағына шашыратып жібереді. Өйткені олар жалған тәңір Ашераға табынып, оған арнап ағаш бағаналар орнатуларымен Жаратқан Иенің қаһарын туғызды. 16 Еробоғамның күнәға батып, елдің халқын да сол күнәларға еліктіргеніне бола Жаратқан Ие Солтүстік Исраилді тастап кетеді». 17 Еробоғамның жұбайы орнынан тұрып, жолға шықты. Ол Тирсаға келіп, үйінің табалдырығынан аттай бергенде, ұлы қайтыс болды. 18 Жаратқан Иенің өз қызметшісі Ахиях пайғамбар арқылы алдын ала айтқанындай, бүкіл Исраил елі патшазаданы қабірге қоюға қатысып, оны жоқтап аза тұтты. 19 Ал Еробоғамның басқа да іс-әрекеттері, оның жүргізген соғыстары мен қалай патшалық құрғаны жайлы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 20 Еробоғамның патшалық билігі жиырма екі жылға созылды. Ол көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, оның ұлы Надаб орнын басып патша болды. 21 Сол арада Сүлеймен ұлы Рохабоғам Яһудада патшалық құрды. Ол патша болған кезде қырық бір жаста еді және он жеті жыл Иерусалимде билік жүргізді. Осы қаланы Жаратқан Ие Өзінің есімінің мадақталуы үшін Исраилдің барлық руларынан таңдап алған болатын. Оның шешесінің аты-жөні аммондық Нағама еді. 22 Рохабоғамның заманында Яһуда халқы Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істей берді. Олар жасаған күнәларымен ата-бабаларынан да бетер Жаратқан Иенің өз халқының жалған тәңірлерге табынуына еш төзбейтін қызғанышын туғызды. 23 Олар өздері үшін биіктеу жерлерде ғибадат орындарын салып, әр биік тау-төбенің басында, әрбір саялы ағаштың түбінде жалған тәңірлерге арнап тас бағаналар әрі Ашераға бағыштап ағаш бағаналар орнатып қойды. 24 Соған қоса елдегі жалған тәңірлерге табыну орындарында тіпті азғындықпен айналысқан еркектер де болды. Осылай Жаратқан Ие Исраилдің алдынан қуып шыққан азғын халықтардың барлық жексұрын күнәларын енді исраилдіктердің өздері істейтін болды. 25 Рохабоғамның патшалық құруының бесінші жылы Мысыр патшасы Шұшақ Иерусалимге қарсы аттанып, қалаға өрлеп жетті. 26 Шұшақ Жаратқан Иенің ғибадатханасының және патша сарайының қазыналарын қолына түсірді. Олардың бәрін де, Сүлеймен патша кезінде алтынмен қаптатқызып жасатқан қалқандарды да алып кетті. 27 Кейінірек Рохабоғам патша солардың орнына қоламен қапталған қалқандар жасатып, оларды патша сарайының есіктерін күзететін сақшылардың басшыларына табыстады. 28 Патша Жаратқан Иенің киелі үйіне барған сайын күзетшілер қалқандарды сол жаққа көтеріп алып келіп, кейін қайтадан күзетшілер үйіне апарып қоятын. 29 Рохабоғамның өзге іс-әрекеттерінің барлығы туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 30 Рохабоғам мен Еробоғамның патшалық құрған бүкіл кездерінде екеуінің арасында соғыс болып тұрды. 31 Рохабоғам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті солардың жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның шешесі аммондық Нағама болатын. Рохабоғамның ұлы Абиях оның орнын басып патша болды.
1 Набат ұлы Еробоғам Солтүстік Исраилге патшалық құрған он сегізінші жылы Абиях Яһуда елінің патшасы болды. 2 Ол Иерусалимде үш жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні Абессаломның немере қызы Маха еді. 3 Абиях өзінен бұрын патша болған әкесінің жолымен жүріп, оның жасаған күнәларының барлығын да жасай берді. Осылай Абияхтың жүрегі Құдай Иесіне түгелдей бағышталған арғы атасы Дәуіттің жүрегі сияқты болмады. 4 Алайда Құдай Ие Өзінің сенімді қызметшісі Дәуітке бола Дәуіттің әулетінің Иерусалимде патшалық құра беруіне мүмкіндік берді. Сол үшін Жаратқан Ие Абияхқа өзінен кейін патша болатын ұл сыйлап, Иерусалимді нығайтты. 5 Себебі Дәуіт, хеттік Ұрияның оқиғасын санамағанда, өмір бойы Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеп, Оның бұйырғандарының ешқайсысынан бас тартқан жоқ. 6 Абияхтың көзі тірісінде Еробоғам екеуінің арасында ұдайы соғыс жүріп жатты. Абияхтың қалған іс-әрекеттері жайлы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 8 Абиях көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Абияхтың ұлы Аса оның орнын басып патша болды. 9 Сонымен Солтүстік Исраилге Еробоғам патшалық құрған жиырмасыншы жылы Аса Яһуда елінің патшасы болды. 10 Ол Иерусалимде қырық бір жыл билік жүргізді. Оның (әкесінің) шешесі Дәуіт ұлы Абессаломның немере қызы Маха болатын. 11 Арғы атасы Дәуіт істегендей, Аса да Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. 12 Ол жалған тәңірлердін табыну орындарында азғындықпен айналысқан барлық еркектерді елден аластатып, өзінің аталары жасап қалдырған тәңір мүсіндерінің бәрін қиратып құртты. 13 Сондай-ақ, Аса патша тіпті өзінің әжесі Маханы «патшаның шешесі» деген құрметті атағынан айырды. Себебі Маха жалған тәңір Ашераға арналған ағаш бағананы жасатып, орнатқан еді. Патша сол жексұрын бағананы шауып құлатып, Қидрон сайында өртеп жіберді. 14 Аса тек биіктеу жерлердегі табыну орындарын ғана құртпады. Әйтсе де бүкіл өмір бойы Аса Жаратқан Иеге шын жүректен берілген адам болды. 15 Аса әкесінің және өзінің Құдайға бағыштаған заттарын: алтын-күміс пен басқа да құнды бұйымдарын Жаратқан Иенің киелі үйіне апарып қойды. 16 Аса Яһудаға әрі Бағаса Солтүстік Исраилге патшалық құрған уақыттың бәрінде екі елдің арасында соғыс болып тұрды. 17 Бірде Бағаса Яһуда еліне қарсы аттанып, өрлеп барды. Бағаса Аса патшаның жеріне ешкім кіріп-шыға алмау үшін екі елдің шекарасындағы Рамақ қаласын қамалмен бекітіп қойды. 18 Сонда Аса патша Жаратқан Иенің киелі үйінің және өз сарайының қазыналарында қалған барлық алтын-күмісті алды. Оларды қызметкерлерімен Арама елінің Дамаск қаласында тұратын патшасы Бен-Хададқа жіберді. Ол Табримонның ұлы, Хезионның немересі болатын. Аса патша оған мынадай сәлемін де жолдады: 19 «Екеуіміздің әкелеріміздің арасында келісім болғанындай, енді біз де сондай келісім жасасайық! Міне, мен сізге күміс пен алтынды сыйға жіберіп отырмын. Өзіңіздің Солтүстік Исраилдің патшасы Бағасамен жасасқан келісіміңізден бас тарта көріңіз. Ол менің шекарамнан кері шегініп кетсін!» 20 Бен-Хадад Аса патшаның өтінішіне құлақ асып, өзінің қолбасшыларын Солтүстік Исраилдің қалаларына қарсы аттандырды. Олар Ион, Дан, Әбел-Бет-Маха қалаларын әрі бүкіл Кінерет аймағын Нафталим руының күллі жерімен қоса басып алды. 21 Бағаса патша бұл туралы естігенде, Рамақ қаласын бекітуін тоқтатып, астанасы Тирсаға қайтып кетті. 22 Сонда Аса патша бүкіл Яһуда еліне жарлық шығарып, ер адамдарының бәріне біреуі де қалмай, Рамақ қаласына баруға әмір етті. Олар Бағаса салып жатқан қамалдың тастары мен бөренелерін тасып алып кетті. Аса патша солармен Бунямин жерінің шекарасындағы Геба және Миспа қалаларын бекітті. 23 Асаның қалған барлық іс-әрекеттері мен қажыр-қайраты және бекітіп, нығайтқан қалалары туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. Қартайған шағында Аса аяғы ауырып азап шекті. 24 Аса көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, оның мәйіті олардың жанына арғы атасы Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Асаның ұлы Жосапат оның орнын басып патша болды. 25 Асаның Яһудаға патшалық құрған екінші жылы Еробоғам ұлы Надаб Исраилдің патшасы болып, екі жыл патшалық құрды. 26 Бірақ ол Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. Надаб әкесі Еробоғамның жолымен жүріп, ол сияқты Солтүстік Исраилді күнә жасауға еліктірді. 27 Кейін Исашар руынан шыққан Ахиях ұлы Бағаса патшаға қарсы қастандық жасады. Сол кезде патша Солтүстік Исраилдің бүкіл жасағымен бірге філістірлерге қарасты Гибетон қаласын қоршап алған еді. Бағаса Надаб патшаны Гибетонның түбінде семсерімен шауып 28 өлтірді. Содан кейін Бағаса Надабтың орнына Исраилдің патшасы болды. Бұл Асаның Яһудаға патшалық құрған үшінші жылы болды. 29 Бағаса таққа отырысымен Еробоғамның әулетін толығымен қырып-жойып, бірде-бір жанын тірі қалдырмады. Жаратқан Иенің Өзінің қызметшісі шилолық Ахиях пайғамбар арқылы айтқан сөзі осылай жүзеге асты. 30 Себебі Еробоғам өзінің күнәға батып, Исраил халқын да күнә жасауға еліктіруімен Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің қаһарын туғызған болатын. 31 Надабтың қалған іс-әрекеттерінің барлығы жайлы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 32 Яһудаға Аса патшалық құрған үшінші жылы Ахиях ұлы Бағаса бүкіл Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол Тирса қаласында орналасып, елге жиырма төрт жыл патшалық құрды. Яһудаға Аса әрі Солтүстік Исраилге Бағаса патшалық құрған кезеңнің бәрінде екі елдің арасында ұдайы соғыс жүріп жатты. 34 Бағаса Жаратқан Иеге жер көрінішті істер істеді. Ол Еробоғамның теріс жолымен жүріп, оған ұқсап күнәға батып, Исраил халқын да күнә жасауға еліктірді.
1 Сонда Жаратқан Ие Ханани ұлы Еху пайғамбарға сөзін арнап, оған Бағасаны айыптап былай дегізді: 2 «Мен сені шаң-тозаңнан көтеріп, өз халқым Исраилдің үстінен билеуші етіп тағайындадым. Бірақ сен Еробоғамның теріс жолымен жүріп халқым Исраилді күнә жасауға еліктіріп келесің. Сол күнәларымен олар Менің қаһарымды туғызуда. 3 Біліп қой, сол үшін Мен Набат ұлы Еробоғамның әулетін түгел құртқанымдай, енді Бағасаның өзін және оның әулетін де қырып-жоямын. 4 Бағасаның әулетіне жататын адам қалада өлсе, оны иттер жейді, далада өлсе, әуедегі құстар шоқиды!» 5 Ал Бағасаның қалған іс-әрекеттері мен қажыр-қайраты «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 6 Бағаса көз жұмып, ата-бабаларының жанына жөнелгенде мәйіті Тирсадағы қабірге қойылды. Оның ұлы Ила әкесінің орнын басып патша болды. 7 Жаратқан Ие Ханани ұлы Еху пайғамбар арқылы Бағасаның өзіне әрі оның әулетіне қарсы үкім шығарған еді. Бағаса Жаратқан Иенің көз алдында Еробоғамның әулеті іспетті зұлым істер істегені үшін, сондай-ақ, оның Еробоғамның әулетін құртқанына бола, оның өз ұрпақтары да Еробоғамның әулеті сияқты жойылатын болды. Себебі Бағаса өзінің іс-әрекеттерімен Жаратқан Иенің қаһарын туғызған еді. 8 Асаның Яһуда еліне патшалық құрған жиырма алтыншы жылы Бағаса ұлы Ила Солтүстік Исраилдің патшасы болып, елдің астанасы Тирсада екі жыл билік құрды. 9 Алайда патшаның соғыс күймелерінің жартысына басшылық ететін Зімри есімді қызметкері Илаға қарсы қастандық дайындады. Бір күні Ила патша Тирса қаласында сарай басқарушысы Арсаның үйінде көңіл көтеріп мас болып отырды. 10 Сонда Зімри үйге кіріп келіп, Иланы семсерімен шауып өлтіріп, орнына өзі патша болып алды. Бұл оқиға Асаның Яһуда еліне патшалық құрған жиырма жетінші жылы орын алды. 11 Таққа отыра салысымен Зімри Бағасаның әулетінің барлық мүшелерінің көзін құртты. Ол тіпті Бағасаның тума-туыстары мен дос-жарандарының арасынан да бірде-бір еркек кіндіктіні тірі қалдырмады. 12 Сонысымен Зімри Жаратқан Иенің Еху пайғамбар арқылы Бағасаға қарсы айтқан сөздеріне сай оның бүкіл әулетін қырып тастады. 13 Себебі Бағаса мен оның ұлы Ила жасаған барлық күнәларымен және өздерінің түкке тұрғысыз тәңірсымақтарға табынып, Исраил халқын да осы күнәға еліктіргендерімен Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің қаһарын туғызған еді. 14 Иланың қалған іс-әрекеттерінің барлығы туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 15 Яһудаға Аса патшалық құрған жиырма жетінші жылы Зімри жеті күн-ақ Тирса қаласында Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Сол кезде Солтүстік Исраилдің жасағы філістірлердің Гибетон қаласын қоршап алып, қостарын тігіп, сонда жатты. 16 Жасақшылар Зімридің патшаға қастандық жасап, оны өлтіргенін естігенде, олар өздерінің қолбасшысы Омриды сол күні-ақ әскер қосында Исраилдің патшасы етіп жариялады. 17 Омри және қасындағы жасақшылар Гибетоннан елдің астанасы Тирсаға аттанып, қаланы қоршауға алды. 18 Олардың қаланы қолға түсіргеніне көзі жеткенде, Зімри сарайдың ішкі қорғанына кіріп алып, ғимаратқа от қойып, өртеніп өлді. 19 Бұл оның жасаған күнәлары үшін осылай болды, себебі ол да Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп Еробоғамның теріс жолымен жүріп, оның жасаған күнәларына Исраил халқын да еліктірген еді. 20 Зімридің қалған іс-әрекеттері, соның ішінде оның жасаған қастандығы жайлы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 21 Бұдан кейін Солтүстік Исраилдің халқы екіге бөлінді: бір жартысы Ғинат ұлы Тамниды қолдаса, екінші жартысы Омриды жақтады. 22 Ал Омридың жақтастары Ғинат ұлы Тамнидың қолдаушыларынан үстем болып шықты. Тамни қаза тауып, Омри патша болды. 23 Сонымен Асаның Яһудаға патшалық құрған отыз бірінші жылы Омри Солтүстік Исраилдің патшасы болып, он екі жыл бойы билік құрды. Соның алты жылын ол Тирсада өткізді. 24 Кейін Омри Шемер деген біреуден Самариядағы қыратты екі ат басындай күміске сатып алды. Патша қыратты айналдыра қамал салып, ішіне жаңа қала тұрғызды. Ол қаланы қыраттың бұрынғы иесі Шемердің есімімен Шомрун яки Самария деп атады. 25 Алайда Омри Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, өзінен бұрын болған барлық патшалардан бетер күнәға батты. 26 Омри Набат ұлы Еробоғамның теріс жолымен толығымен жүріп, Исраил халқын да түкке тұрғысыз тәңірсымақтарға табынып, күнә жасауға еліктірді. Осындай опасыздық жасауларымен халық Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің қаһарын туғызды. 27 Омридың қалған іс-әрекеттері және көрсеткен қажыр-қайраты жайлы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 28 Ақыры Омри көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Самариядағы қабірге қойылды. Оның ұлы Ахаб әкесінің орнын басып патша болды. 29 Асаның Яһудаға патшалық құрған отыз сегізінші жылы Омри ұлы Ахаб Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол Самария қаласында жиырма екі жыл бойы билік құрды. 30 Ахаб патшаның Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істей беруі өзінен бұрын өткен патшалардың қай-қайсысынан да жаман болды. 31 Ахабтың Еробоғам патша сияқты күнәға батқаны былай тұрсын, ол Сидон патшасы Етбағалдың қызы Езабелге үйленіп, жалған тәңір Бағалға құлшылық етіп, оған бас ұра табынып кетті. 32 Ахаб Самарияда Бағалға бағыштап ғибадатхана салып, құрбандық ұсыну үстелін тұрғызды. 33 Бұған қоса Ахаб жалған тәңір Ашераға арнап ағаш бағаналар да жасатып, орнатты. Осылайша Ахаб өзінен бұрын Исраилдің патшасы болғандардың қай-қайсысынан бетер Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің ерен қаһарын туғызды. 34 Ахаб патшалық құрып тұрған кезде бетелдік Хиел Иерихон қаласын қайта салды. Жаратқан Ие Нұн ұлы Ешуа арқылы алдын ала айтқандай, Хиел Иерихонның негізін салғанда тұңғыш ұлы Абирамнан, қаланың қақпаларын тұрғызғанда кіші ұлы Сегубтен айырылды.
1 Бірде Ғилақад аймағындағы Тішбенің тұрғыны Ілияс Ахаб патшаға барып, былай деп мәлімдеді: «Өзім қызмет ететін мәңгі тірі Жаратқан Ие — Исраилдің Құдайының алдында шын айтамын: келесі бірнеше жыл бойы мен «Жаңбыр жаусын!» деп айтпайынша, елде не жаңбыр да жаумайтын, не шық та түспейтін болады!» 2 Содан соң Жаратқан Ие Ілиясқа сөзін арнап былай деді: 3 «Бұл жерден шығысқа қарай, Иордан өзенінің арғы жағындағы Хорат сайының маңына барып жасырын. 4 Мен құзғын-қарғаларға сені тамақтандыруды бұйырдым, ал суыңды сайдан ішерсің». 5 Ілияс Жаратқан Иенің айтқан сөзіне сәйкес Иордан өзенінің шығысындағы Хорат сайының маңына барып, сонда тұрып жатты. 6 Ол сайдың суын ішіп, таңертең және кеште қарғалар оған нан мен ет әкеліп отырды. 7 Бірақ елде ешқандай жаңбыр жаумағандықтан, біраз уақыттан кейін сайдағы су тартылып, құрғап қалды. 8 Сонда Жаратқан Ие Ілиясқа сөзін арнап былай деді: 9 «Енді Сидонның маңындағы Сарептаға барып, сонда тұр. Сол жердегі бір жесір әйелге сені тамақтандыруды тапсырып отырмын». 10 Ілияс Сарепта қаласына жол жүріп, қаланың қақпасына жете бергенде, сол жерде отын жинап жүрген бір жесір әйел көзіне түсті. Ол сол әйелге тіл қатып: — Маған ішуге құмырамен біразырақ су алып келіңізші, — деп сұрады. 11 Әйел су алуға кетіп бара жатқанда, Ілияс одан дауыстап: — Маған жейтін нан да ала келсеңіз екен, — деп өтінді. 12 Сонда әйел: — Мәңгі тірі Құдайыңыз Жаратқан Ие алдында шын айтамын: менде бір күлше нан да жоқ. Үйде кеспегімнің түбінде тек бір уыс ұн мен құмырамның түбінде біразырақ май ғана қалды. Содан ұлым екеуімізге нан пісіру үшін отын жинауға осы жерге келген едім. Соны жеп болған соң бізге өлу ғана қалды, — деп жауап берді. 13 Ілияс оған былай деді: — Уайымдамаңыз! Барып, айтқаныңыздай істеңіз! Бірақ ең алдымен өзіңіздегі бардан маған кішкентай күлше нан пісіріп алып келіңіз, содан кейін ұлыңыз екеуіңізге нан пісірерсіз. 14 Себебі Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Жаратқан Ие жерге қайтадан жаңбыр жаудырып, өнім шығарған күнге дейін кеспектегі ұның мен құмырадағы майың еш таусылмайды! 15 Жесір әйел үйіне кетіп, Ілиястың айтқанындай істеді. Осылайша ол да, әйел де, оның ұлы да тамақтанып жүрді. 16 Жаратқан Ие Ілияс арқылы уәде еткендей, кеспектегі ұн мен құмырадағы май таусылмады. 17 Осы оқиғалардан кейін үй иесі жесір әйелдің ұлы табан астынан ауырып қалды. Оның халі нашарлай беріп, ақыры демі бітіп қайтыс болды. 18 Сонда әйел Ілиясқа тіл қатып былай деді: — Уа, Құдайдың жіберген адамы, менде неңіз кетіп еді? Жасаған күнәларымды әшкерелеп, жалғыз ұлымды өлтіруге келіп пе едіңіз? — 19 Ілияс оған: — Маған ұлыңызды алып келіңізші! — деп жауап берді. Содан ол шешесінің қолынан баласының мәйітін алып, өзі тұрып жатқан жоғарғы бөлмеге апарып, төсегіне жатқызды. 20 Пайғамбар Жаратқан Иеге дауыстап мінажат етіп былай деді: «Уа, Құдайым Жаратқан Ие! Маған пана берген мына әйелдің басына Сен тіпті қайғы түсіріп, баласынан айырып отырсың ғой! — 21 Содан соң ол өлі баланың үстіне үш рет созылып жатып: — Уа, Құдайым Жаратқан Ие, мына баланы қайта тірілте гөр!» — деп сиынды. 22 Жаратқан Ие Ілиястың мінажатына құлақ асты. Балаға жан бітіп, ол қайтадан тірілді. 23 Ілияс баланы ұстап көтеріп алып, жоғарғы бөлмеден түсіп, үйдің ішіне алып келді. Оны шешесіне табыстап тұрып: — Міне, ұлыңыз тірі! — деді. 24 Сонда әйел Ілияс пайғамбарға: — Сіздің расында Құдайдың жіберген адамы екеніңізге, әрі шынымен аузыңыздан Жаратқан Иенің сөздерінің шыққанына енді көзім жетіп отыр! — деді.
1 Елді қуаңшылық жайлаған үшінші жылы Жаратқан Ие Ілиясқа сөзін арнап: «Ахаб патшаның алдына барып көрін, өйткені Мен елге жауын жіберемін!» — деді. 2 Сонда Ілияс Ахабқа көріну үшін жолға шықты. Самария жерінде аштық қатты үдеп тұрды. 3 Сондықтан Ахаб патша сарайын басқаратын уәзірі Абадияхты шақырып алды. Ал Абадиях Жаратқан Иені айрықша терең қастерлейтін адам болатын. 4 Патшайым Езабел Жаратқан Иенің пайғамбарларының көздерін құртқан кезде Абадиях жүз пайғамбарды елу-елуден екі үңгірге тығып, нан-суларымен қамтамасыз етіп тұрған болатын. 5 Енді Ахаб Абадияхқа бұйрық беріп былай деді: «Бүкіл елді аралап, ондағы барлық бұлақтар мен сай-салаларды қарап шық! Мүмкін, біраз жайылым тауып, жылқыларымыз бен қашырларымызды аман сақтап қалып, ешбір көлік малымызды өлтіруге мәжбүр болмаспыз!» — 6 Сонымен олар барлау үшін елді өзара бөліп, Ахаб бір жаққа, Абадиях басқа жаққа бет алып кетті. 7 Жол жүріп бара жатқанда Абадиях уәзір күтпеген жерден Ілияс пайғамбармен кездесіп қалды. Абадиях оны танып, жерге дейін иіліп тағзым етіп: — Уа, мырзам Ілияс, бұл шынымен-ақ сіз бе едіңіз? — деп сұрады. 8 Пайғамбар оған: — Иә, бұл менмін. Қожайыныңа барып, менің осында екенімді айт! — деп тапсырды. 9 Алайда Абадиях уәзірдің жауабы мынау болды: — Мені Ахабтың қолына беріп, өлтіртетіндей қандай күнә жасап қойдым? 10 Мәңгі тірі Құдайыңыз Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: қожайыным Ахаб сізді іздетіп, артыңыздан адам жібермеген бірде-бір патшалық та, не халық та қалған жоқ. Олар: «Ол мұнда жоқ» десе, патша олардан сізді таба алмағандары жайлы ант алып отырды. 11 Енді сіз маған: «Қожайыныңа барып, Ілияс осында деп айт!» дейсіз. 12 Бірақ мен кете салысымен-ақ Жаратқан Иенің Рухы сізді мен білмейтін бір жаққа алып кетіп жүрер. Сонда мен Ахабқа барып айтқаннан кейін, ол келіп, сізді таба алмай қалса, менің көзімді құртады ғой. Ал мен жастық шағымнан Жаратқан Иені терең қастерлеп келемін. 13 Езабел Жаратқан Иенің пайғамбарларын құртып жатқан кезде менің не істегенім жайлы сізге айтылмап па еді? Мен жүз пайғамбарды елу-елуден екі үңгірге жасырып қойып, оларды нан-суларымен қамтамасыз еттім ғой. 14 Ал сіз енді: «Қожайыныңа барып, Ілияс осында деп айт!» дейсіз. Солай істесем, ол мені сөзсіз өлтіреді! — 15 Бірақ Ілияс: — Өзім қызмет ететін мәңгі тірі Әлемнің Иесінің алдында шын айтамын: бүгін мен міндетті түрде Ахаб патшаның алдына барып көрінемін, — деп ант етті. 16 Сонда Абадиях Ахабқа барып, болған жайды айтып берді. Ахаб Ілияспен кездесу үшін жолға шықты. 17 Ахаб Ілиясты көре салысымен, оған тіл қатып: — Исраилдің басына пәле түсірген адам сен бе едің?! — деді. 18 Ілияс оған жауап беріп: — Исраилдің басына пәле түсірген мен емеспін, керісінше, сіздің өзіңіз бен әулетіңіз! Себебі сіздер Жаратқан Иенің бұйырған өсиеттерінен бас тартып, Бағалдың тас мүсіндеріне құлшылық етіп табынып кеттіңіздер! 19 Ал енді, менімен жүздесу үшін Қармил тауына бүкіл Исраил халқын, Езабелдің дастарқанынан тамақтанатын Бағалдың төрт жүз елу пайғамбарын және Ашераның төрт жүз пайғамбарын жинап беріңіз! — деді. 20 Сонда Ахаб бүкіл Солтүстік Исраил бойынша жаршыларын жіберіп, халықты және күллі пайғамбарларды Қармил тауына жинады. 21 Ілияс пайғамбар халықтың алдына шығып, оларға тіл қатып былай деді: — Қашанға дейін екі ойлы болып толқып жүре бермексіңдер? Егер Жаратқан Ие Құдай болса, онда Оның жолымен жүріңдер! Ал егер Бағал Құдай болса, соның жолымен жүріңдер! Бірақ халық пайғамбарға жауап беріп, бір сөз де айтқан жоқ. 22 Сонда Ілияс халыққа былай деді: — Жаратқан Иенің пайғамбарларынан қалған жалғыз өзім ғана, ал Бағалдың пайғамбарлары төрт жүз елу! 23 Бізге екі бұқаны алып келіңдер! Бағалдың пайғамбарлары біреуін таңдап алып, шалып, бөлшектесін. Оның етін отынның үстіне қойсын, бірақ от тұтатпасын. Мен екінші бұқаны шалып, бөлшектеп, оның етін отынның үстіне қояйын. Мен де от тұтатпаймын. 24 Мұнан кейін өздеріңнің тәңірлеріңе дауыстап сиыныңдар, ал мен Жаратқан Иеге дауыстап сиынайын. Сонда от жіберіп жауап берген Құдай — шынайы Құдай! — Бүкіл халық бұған: — Осы дұрыс! — деп жауап берді. 25 Содан Ілияс Бағалдың пайғамбарларына бұрылып: «Алдымен сендер бұқалардың біреуін таңдап алып, дайындаңдар, көпсіңдер ғой! Тәңірлеріңе сиынып оны шақырыңдар! Бірақ от тұтатпаңдар!» — деп тапсырды. 26 Олар бір бұқаны таңдап алып, шалып, дайындады. Мұнан кейін олар таңертеңнен түске дейін Бағалға сиынып: «Уа, Бағал, бізге жауап бере гөр!» — деп айқайлаумен болды. Бірақ ешбір дауыс та шықпады, ешкім жауап та қатпады. Бағалдың пайғамбарлары өздері тұрғызған құрбандық орнының айналасында секіріп билей берді. 27 Түс мезгілінде Ілияс оларды келекелеп: «Қатты дауыспен шақырыңдар! Ол «тәңір» емес пе?! Мүмкін, ол терең бір ойға шомып не түзге шығып, не жол жүріп кеткен шығар. Яки ұйықтап жатса керек, ояту қажет сияқты!» — деп мазақтады. 28 Бағалдың пайғамбарлары өршелене айқайлап, дәстүрлері бойынша денелерінен қан шыққанша өздерін найза-семсермен тілгілей берді. 29 Түстен кейін де олар кешкі құрбандықтың уақытына дейін еліріп, тәңірлерін шақырумен болды. Бірақ еш дауыс та болмады, ешкім жауап та қатпады не көңіл де бөлмеді. 30 Содан Ілияс бүкіл халықты: «Маған жақындап келіңдер!» — деп шақырды. Барлығы оған жақындап келгенде, пайғамбар Жаратқан Иенің қиратылған құрбандық ұсыну орнын қайта тұрғызып жөндеді. 31 Сол үшін Ілияс он екі тасты алды: Жақыптың он екі ұлынан тараған әрбір ру үшін бір тастан. Ежелде Жаратқан Ие Жақыпқа сөзін арнап, оның есімін Исраил деп өзгерткен болатын. 32 Сол он екі тастан пайғамбар Жаратқан Иенің атына арнап құрбандық ұсыну орнын салды. Содан соң оны айналдыра екі шелек астық дәні сиятындай арық қазды. 33 Құрбандық орнының үстіне отындық ағаштарды қаластырып, бұқаны шалып, бөлшектеп, отынның үстіне қойды. Содан соң ол жұртқа: «Төрт үлкен құмыраға су құйып, оны құрбандықтың және отынның үстіне құйыңдар!» — деді. 34 Бұдан соң ол: «Тағы да құйыңдар!» — деді. Жұрт екінші рет құйғанда ол: «Үшінші рет құйыңдар!» — деп бұйырды. Олар үшінші рет те құйды. 35 Құйылған су құрбандық орнының үстінен төменге ағып, оның айналасындағы арықты да толтырды. 36 Кешкі құрбандықтың уақытында Ілияс пайғамбар құрбандық орнына жақындап келіп, былай деп сиынды: «Уа, Жаратқан Ие, Ыбырайымның, Ысқақтың, Жақыптың Құдайы! Өзіңнің Исраилдегі Құдай екеніңді, менің өз қызметшің екенімді және осының барлығын Сенің бұйрығыңа сай істеп отырғанымды бүгін анық білдіре көрші! 37 Уа, Жаратқан Ие, жауап берші! О, Ием, мына халық Сенің Құдай екеніңді және олардың жүректерін қайтадан Өзіңе бұрып жатқаныңды біле алулары үшін маған жауап бере гөр!» 38 Сонда аспаннан Жаратқан Иенің оты түсіп, құрбандықты, отынды, тастар мен топырақты жалмап өртеп, арықтағы суды да құрғатып жіберді. 39 Тұрған халық мұны көргенде етпеттерінен жерге жығыла кетіп: «Жаратқан Ие — Құдай! Жаратқан Ие — Құдай!» — деп айқайлай берді. 40 Сонда Ілияс оларға: «Бағалдың пайғамбарларын ұстаңдар! Ешқайсысының қашып құтылуына жол бермеңдер!» — деп бұйырды. Халық оларды ұстап алды. Содан Ілияс бәрін Қишон сайына бастап алып барып, сол жерде көздерін құртты. 41 Мұнан кейін Ілияс Ахаб патшаға: «Ал енді, өрлеп барып, тамақ ішіп-жеңіз! Жақындап келе жатқан нөсердің даусын естіп тұрмын», — деді. 42 Содан Ахаб тамақтануға кетті. Ал Ілияс Қармил тауының төбесіне қарай көтерілді. Сонда ол жерге дейін иіліп, басын екі тізесінің арасына қойып отырып (Жаратқан Иеге дұға етті). 43 Пайғамбар қызметші жігітіне: «Жоғары қарай көтеріліп, теңіз жаққа қарашы!» — деген болатын. Қызметшісі көтеріліп барып қарап, ештеңенің жоқ екенін айтты. Ілияс бұдан кейін қызметшісін: «Қарап кел!» — деп жеті рет жіберді. 44 Жетінші ретте ғана қызметшісі барып келіп: — Әне, теңіз жақтан алақандай ғана бұлт көтеріліп келе жатыр! — деді. Сонда Ілияс: — Бар да, Ахабқа былай де: «Күймеңізді жегіп алып, жаңбыр астында қалып қоймау үшін үйіңізге қайтыңыз!» — деп тапсырды. 45 Осы аралықта аспан жөңкіп келіп қалған бұлттардан қап-қара болып қарайып, қатты жел соғып, жаңбыр құйып кетті. Ал Ахаб күймесіне отырып, Ізрел жаққа қарай кеткен болатын. 46 Сол кезде Жаратқан Ие Ілиясқа құдіретті қолын тигізіп, оған күш-қуат сыйлады. Содан ол шапанының етегін белдігіне түріп алып, сонау Ізрелге дейінгі жол бойында Ахабтан бұрын жүгіріп отырды.
1 Ахаб Ізрел қаласына жеткенде, Езабел патшайымға Ілиястың істегендерінің барлығын, оның Бағалдың пайғамбарларының бірде-біреуін қалдырмай, семсердің жүзімен қырып тастағанын да түгелдей айтып берді. 2 Сонда Езабел Ілиясқа хабаршысын жіберіп мынаны айтқызды: «Егер мен ертең осы кезге дейін сенің күллі пайғамбарларға істегеніңді өз басыңа істемесем, мені тәңірлер жазалаған үстіне жазалай берсін!» 3 Сонда Ілияс қатты қорқып, бас сауғалап қашып кетті. Ол Яһуда руының жеріндегі Бер-Шеба қаласына жетіп, сонда қызметші жігітін қалдырып кетті. 4 Өзі елсіз далаға қарай тағы бір күндік жол жүріп, жалғыз тұрған арша бұтасының саясына келіп отырды. Ілияс өмірден түңіліп: «Уа, Жаратқан Ие, осы көргенім де жетер, жанымды ала гөр! Менің ата-бабаларымнан еш артықшылығым жоқ», — деп мінажат етті. 5 Бұдан кейін ол сол бұтаның түбіне жантайып, ұйықтап кетті. Кенеттен бір періште Ілиясты түртіп оятып: «Тұр да, мынаны жеп ала ғой!» — деді. 6 Ілияс айналдыра қарап, бас жағында тұрған бір таба нан мен бір құмыра суды көрді. Ол ішіп-жеп, қайтадан жата кетті. 7 Жаратқан Иенің періштесі қайтадан келіп, оны түртіп оятып: «Тұр да, тамақтан. Әйтпесе алдағы жүретін жолың тым ұзақ болады», — деді. 8 Ілияс тұрып, ішіп-жеп, сол тамақтың күшімен қырық күн, қырық түн жол жүріп, Құдайдың тауы — Хориб тауына барып жетті. 9 Сол жердегі бір үңгірге түнеуге кірді. Сонда Жаратқан Ие оған сөзін арнап: — Ілияс, сен мұнда не істеп жүрсің? — деді. 10 Ілияс былай деп жауап берді: — Уа, Жаратқан Ие, Әлемді Билеуші Құдай! Мен Саған бар ынтаммен қызмет етуге құлшындым. Өйткені Исраил халқы Өзіңмен жасасқан Келісімнен бас тартқан. Олар Саған арналған құрбандық үстелдерін қиратып, Сенің пайғамбарларыңды семсермен өлтірді. Жалғыз өзім ғана қалдым, олар енді менің жанымды да алмақшы. — 11 Сонда Жаратқан Ие оған мына бұйрығын жеткізді: «Үңгірден шығып, тау басында Жаратқан Иенің алдында тұр! Сол жерден Жаратқан Ие өте шығады». Кенеттен Жаратқан Иенің алдында тауларды жарып, құздарды талқандаған алапат күшті дауыл соқты, бірақ дауыл ішінде Жаратқан Ие болмады. Одан кейін жер сілкінді, бірақ Жаратқан Ие жер сілкінісінде болған жоқ. 12 Сілкіністен кейін от болды, бірақ от ішінде Жаратқан Ие болмады. Оттан кейін жай да жұмсақ бір сыбдыр естілді. 13 Ілияс мұны естігенде, бетін шапанымен бүркеп алып, үңгірден шығып, оның кіреберісіне келіп тұрды. Сонда бір дауыс оған: — Ілияс, сен мұнда не істеп жүрсің? — деді. 14 Ілияс былай деп жауап берді: — Уа, Жаратқан Ие, Әлемді Билеуші Құдай! Мен Саған бар ынтаммен қызмет етуге құлшынып келдім. Өйткені Исраил халқы Өзіңмен жасаған Келісімнен бас тартқан. Олар Саған арналған құрбандық үстелдерін қиратып, Сенің пайғамбарларыңды семсермен өлтірді. Жалғыз өзім ғана қалдым, олар енді менің жанымды да алмақшы. — 15 Сонда Жаратқан Ие оған мына тапсырманы берді: — Келген жолыңмен кері қайтып, Дамаск жақтағы иен далаға бар! Сол жерге жеткен соң Хазаилді май жағу рәсімінен өткізіп Араманың патшасы етіп тағайында. 16 Сондай-ақ, Німши ұлы Ехуді — Исраилдің патшасы, ал Әбел-Мехоладан шыққан Шапат ұлы Елішені өзіңнің орныңа пайғамбар етіп тағайында. 17 Кім Хазаилдің семсерінен қашып құтылса, Еху соның көзін құртады, ал кім Ехудің семсерінен қашып құтылса, Еліше соның көзін құртады. 18 Алайда Мен Исраилде Өзіме жеті мың адамды аман қалдырып отырмын. Олар (Маған адал болып, жалған тәңір) Бағал алдында тізе бүкпегендер, оның тас мүсіндерін еріндерімен сүймегендер. 19 Ілияс жолға шығып, келе жатқанда Шапат ұлы Елішені он екі пар өгізбен жер жыртып жүрген жерінде кездестірді. Еліше ең соңғы он екінші парды айдап келе жатыр екен. Ілияс жақындап келіп, өз шапанын оның үстіне лақтырып жапты. 20 Сонда Еліше өгіздерін тастап, Ілиястың артынан жүгіріп жетіп, оған: — Әке-шешеммен сүйісіп қоштасып келуге рұқсат етіңізші! Содан кейін сіздің соңыңыздан еремін, — деді. Ілияс: — Жарайды, барып кел! Өзіңе не істегенімді есіңнен шығарма! — деп ескертті. 21 Еліше Ілиястан қайтып келіп, екі өгізді шалып, мойынтұрығы мен соқа-сайманын отын етіп жағып, соған етті пісіріп, жұртына үлестіріп берді, олар соны жеді. Содан кейін Еліше Ілиястың соңынан еріп кетті. Енді ол Ілиясқа қызмет ететін болды.
1 Сол кездері Арама елінің патшасы Бен-Хадад күллі әскерін жинап алды. Онымен бірге өзіне қарасты тағы отыз екі патша өздерінің салт аттылары және соғыс күймелерімен қоса аттанды. Барлығы өрлеп барып, Самария қаласын қоршап алып, оған шабуыл жасамақ болды. 2 Бен-Хадад сол қалада орналасқан Солтүстік Исраилдің патшасы Ахабқа елшілерін жіберіп, оған былай деп сәлем жолдады: — Бен-Хадад мынаны айтады: 3 Сенің алтын-күмісің менікі, әйелдерің мен балаларыңның ең көріктілері де менікі! — 4 Солтүстік Исраилдің патшасы жауап беріп былай деді: — Уа, патша ием, айтқаныңызға құлдық. Өзім де, мендегінің бәрі де сіздікі! 5 Бен-Хададтың елшілері Ахабқа қайтадан келіп, былай деді: — Бен-Хадад мынаны айтады: Мен сенен алтын-күмісіңді, әйелдерің мен балаларыңды өзіме талап етіп елшілерімді жіберген болатынмын. 6 Ендеше ертең шамамен осы уақытта нөкерлерімді жіберемін. Олар сенің сарайыңды, нөкерлеріңнің үйлерін тінтіп, сен үшін құнды нәрселердің барлығын да алып кететін болады! 7 Солтүстік Исраилдің патшасы елдің ақсақалдарын шақырып алып, оларға: — Мына адамның қалай шатақ шығарғысы келіп отырғанын өздерің де көріп отырсыңдар. Әйел, бала-шағамды, алтын-күмісімді талап етіп келіп еді. Мен онысына қарсы шықпадым, — деді. 8 Сонда барлық ақсақалдар да, күллі халық та патшаға: — Оны тыңдамаңыз, талабымен де келіспеңіз! — деп кеңес берді. 9 Содан Ахаб патша Бен-Хададтың елшілеріне былай деп жауап берді: — Патша иеме мынаны айтыңдар: Мендей құлыңыздан алғаш рет талап еткендеріңіздің барлығын да орындаймын. Ал соңғы айтқандарыңызды істей алмаймын! — Елшілер қайтып кетіп, Бен-Хададқа осыны жеткізді. 10 Сонда Бен-Хадад мына хабарды жіберді: — Егер мен Самариядан әрбір жасақшымның алақанын толтыратындай күлді қалдыратын болсам, онда тәңірлер мені жазалаған үстіне жазалай берсін! — 11 Ал Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб оған мына мақалмен жауап берді: — Оған айтып барыңдар: Семсерін асынып жатқан емес, онысын жеңіспен шешкен мақтансын! 12 Осы хабарды естігенде Бен-Хадад шатыр ішінде одақтас патшаларымен бірге шарап ішіп отырған еді. Ол нөкерлеріне: «Шабуылға дайындалыңдар!» — деп бұйырды. Олар барып, қалаға бас салу үшін өз орындарына бекінді. 13 Сол кезде бір пайғамбар Солтүстік Исраилдің патшасы Ахабтың қасына барып, оған былай деді: — Жаратқан Ие мынаны айтады: Сол орасан зор әскерді көріп тұрсың ба? Біліп қой, Мен оларды бүгін-ақ сенің қолыңа тапсырамын. Сонда сен Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың! — 14 Ахаб: — Мұны Ол кім арқылы іске асырмақ? — деп сұрады. Пайғамбар оған: — Жаратқан Ие мынаны айтады: аймақ әкімдеріне қарасты жас жігіттер арқылы, — деп жауап берді. Ахаб қайтадан: — Ал шайқасты кім бастайды? — деп сұрағанда, пайғамбар: — Сіз өзіңіз, — деді. 15 Сонда патша аймақ әкімдерінің қарауындағы жас жігіттерді шақырып алды. Олар екі жүз отыз екі адам екен. Содан кейін бүкіл исраилдік жасақты түгендеп санағанда, олар жеті мың болды. 16 Бұлар түс кезінде соғысуға аттанып шықты. Сол уақытта Бен-Хадад өзімен одақтасқан отыз екі патшамен бірге шатыр ішінде ішіп, мас болып отырды. 17 Ең алдымен қаладан аймақ әкімдеріне қарасты жас жігіттер бастап шықты. Бен-Хадад жіберген барлаушылар оларды байқап, оған: — Самариядан адамдар шықты, — деп мәлімдеді. 18 Сонда ол: — Олар не бітім жасау үшін, не соғысу үшін шықса да, бәрібір оларды тірідей қолға түсіріңдер! — деген әмір берді. 19 Осы аралықта аймақ әкімдерінің жас жігіттері және соңдарынан ілескен Исраил жасағы қаладан аттанып шығып, 20 олардың әрқайсысы өзіне қарсы тап болған жаудың адамын күйретіп өлтірді. Сонда арамалықтар бас сауғалап қашып, исраилдіктер олардың артынан қуа жөнелді. Арама патшасы Бен-Хадад атқа мініп, біраз салт аттылармен бірге қашып кетті. 21 Енді Исраилдің патшасы да қаладан аттанып шығып, жаудың аттары мен күймелерін қиратып, арамалықтарды қатты қырғынға ұшыратты. 22 Бұдан кейін пайғамбар қайтадан Солтүстік Исраил патшасының қасына барып, былай деді: «Ал енді, бекінісіңізді нығайтып, тағы не істеу керектігін ойластырып көріңіз! Себебі келесі жылғы көктемде Арама патшасы қайтадан сізге қарсы шабуылға аттанып келеді». 23 Осы кезде Арама патшасының нөкерлері оған былай деп ақыл-кеңес берді: «Солардың тәңірлері — тау-төбенің тәңірлері. Сол себепті олар бізден күшті болды. Ал егер олармен жазық далада шайқассақ, біз міндетті түрде олардан басым боламыз. 24 Енді былай істеңіз: қол астыңыздағы патшаларды әскери шендерінен босатып, орындарына қолбасшыларды тағайындап қойыңыз. 25 Құрып кеткен әскеріңіз сияқты жаңа бір әскерді қайтадан түгендеп жинап алыңыз, оның салт аттылары мен соғыс күймелерінің саны да бұрынғысымен бірдей болсын. Содан кейін біз олармен жазық далада шайқасып, олардан міндетті түрде басым боламыз!» — Бен-Хадад патша нөкерлерінің айтқандарына құлақ асып, солай істеді де. 26 Келесі жылғы көктемде Бен-Хадад арамалықтардың жасақшыларын түгендеп жинап, Исраилмен соғыспаққа Әфек қаласына қарай өрлей аттанды. 27 Исраилдіктер де түгенделіп жиналып, жабдықталған соң, оларға қарсы аттанды. Исраилдіктердің тіккен қостары жайылып жүрген шағын екі отар ешкіге ұқсап тұрды, ал арамалықтардың қалың қолы жер бетін түгелдей жауып кетті. 28 Сонда Құдайдың бір пайғамбары Солтүстік Исраил патшасының қасына барып, былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Арамалықтар «Жаратқан Ие — алқаптардың емес, тек тау-төбенің ғана тәңірі» деп айтқандықтан, Мен осы орасан зор әскерді түгелдей сенің қолыңа тапсырамын. Сонда сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар!» 29 Екі әскер осылай бір-біріне қарсы жеті күн бойы қос тігіп тұрды. Ал жетінші күні шайқас басталып, исраилдіктер бір күннің ішінде арамалықтардың жүз мың жаяу әскерін жойды. 30 Аман қалғандары Әфек қаласына қашып барды. Алайда қала қабырғасы олардың үстіне құлап, сол жерде тағы жиырма жеті мыңы қаза тапты. Бен-Хадад та қалаға бас сауғалап қашып барып, сол жердегі бір ішкі бөлмеге кіріп, тығылып қалды. 31 Ал нөкерлері оған: «Біздің естуімізше Исраил патшалары мейірімді екен. Біз азалы киім киіп, мойнымызға арқан салып алып, Исраил патшасының алдына барайық. Соған рұқсат берсеңіз екен. Мүмкін, ол жаныңызды сақтап қалар!» — деді. 32 Содан олар үстеріне азалы киім киіп, мойындарына арқан салып алып, Солтүстік Исраил патшасының алдына барып, былай деді: — Сіздің құлыңыз Бен-Хадад: «Өтінемін, жанымды сақтап қалсаңыз екен» дейді. — Ахаб патша оларға: — Ол әлі тірі ме еді? Өзі менің ағайыным ғой! — деп жауап берді. 33 Сонда бұл сөзді жақсылыққа жорыған олар онысына жармаса кетіп: — Әрине, Бен-Хадад — сіздің ағайыныңыз, — деді. Патша оларға: — Ендеше барып, оны осында алып келіңдер! — деп тапсырды. Бен-Хадад тығылған жерінен шығып келгенде, патша оны өз күймесіне отырғызып алды. 34 Сонда Бен-Хадад Ахабқа былай деп ұсынды: — Әкем сіздің әкеңізден тартып алған қалаларды мен қайтарып беремін және әкемнің сіздің қалаңыз Самарияда базар ашқанындай, сіз де менің қалам Дамаскіде базар ашыңыз! — Ахаб оған: — Мұндай келісіммен сізге бостандық беремін, — деді. Екеуі осылайша келісім жасасқаннан кейін, Ахаб Бен-Хададты еліне қайтарып жіберді. 35 Сол кезде пайғамбарлар шәкірттерінің біреуі Жаратқан Иенің сөзі бойынша қасындағы серігіне: «Мені ұрып-соқ!» — деп бұйырды. Бірақ серігі ұрудан бас тартты. 36 Сонда әлгі пайғамбар: «Жаратқан Иенің айтқан сөзіне құлақ аспағаның үшін менен шыққанда саған арыстан бас салады», — деді. Оның серігі кетіп бара жатқанда-ақ бір арыстан оған тап беріп, өлтіріп тастады. 37 Пайғамбар басқа біреуді тауып алып, оған: «Мені ұрып-соқшы!» — деді. Сол адам оны ұрып-соғып, жарақаттады. 38 Мұнан кейін пайғамбар ешкім танымастай етіп көзін бір ораумен таңып алды да, жол бойына барып, Ахаб патшаны тосып тұрды. 39 Ақыры патша өтіп бара жатқанда, пайғамбар оған айқайлап, былай деді: — Уа, тақсыр ие, алдыңыздағы құлыңыз шайқасқа қатысқан еді. Сонда бір адам маған қолға түскен жауды тапсырып: «Мынаны күзете тұр! Егер ол қашып кетсе, оның жаны үшін сенің жаның алынады немесе ат басындай күміс айып төлейсің!» деген болатын. 40 Сонда ананы-мынаны істеп жүріп, қолым босамай кеткенде, тұтқын жоқ болып кетті! — Патша оған: — Үкімің сол болсын! Оны сен өз аузыңмен айттың, — деген тұжырымын айтты. 41 Ахаб патша осыны айтқанда, пайғамбар дереу көзіндегі орауын алып тастады. Сонда патша оның пайғамбарлардың біреуі екенін таныды. 42 Пайғамбар оған: — Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен міндетті түрде құртуға бұйырған адамды сен өз қолыңмен босатып жібергеніңе бола оның жаны үшін сенің жаның алынады, әрі оның халқы үшін сенің халқың қырылады! — деді. 43 Мұны естігенде Ахаб патша қапаланып, түнере ашуланған күйі Самариядағы сарайына қайтып кетті.
1 Бұлардан кейін ізрелдік Набутай деген кісінің жүзімдігіне байланысты мына оқиға болды. Осы жүзімдік Самарияның патшасы Ахабтың Ізрел қаласындағы сарайының жанында орналасқан еді. 2 Ахаб Набутайға: — Жүзімдігің менің сарайымның қасында екен. Оны маған бере сал, сонда көкөніс өсірейін. Ал оның орнына мен саған одан әлдеқайда артық бір жүзімдікті берейін, не болмаса құнын күміспен төлейін! — деді. 3 Бірақ Набутай оған: — Бұл жүзімдік — ата-бабаларымнан қалған мұралық үлесім. Оны сізге сатудан Жаратқан Иенің Өзі сақтасын! — деп жауап қайтарды. 4 Ізрелдік Набутайдың «Ата-бабаларымнан қалған мұраны сізге бермеймін!» деген жауабына Ахаб қапаланып, түнере ашуланған күйі сарайына қайтты. Сонда ол төсегіне жатып, бетін басқа жаққа бұрып, нәр татпады. 5 Әйелі Езабел Ахабтың бөлмесіне кіріп: — Тіпті тамақтан бас тартатындай неге көңіліңіз түсіп қапаланып отырсыз? — деп сұрады. 6 Ахаб былай деп жауап қатты: — Мен ізрелдік Набутайға: «Жүзімдігіңді маған күміске сатшы, немесе оның орнына басқа жүзімдік берейін» деп едім. Бірақ ол: «Мен сізге жүзімдігімді бермеймін!» деп бас тартты. — 7 Сонда Езабел: — Сен енді осындай әрекетіңмен Исраилге патшалық құрасың ба?! Орныңнан тұрып, тамақ же! Ол туралы уайымдамай-ақ қой! Ізрелдік Набутайдың жүзімдігін мен-ақ қолыңа тапсырамын, — деді. 8 Езабел Ахабтың атынан бірнеше хат жаздырды да, оларды патшаның мөрімен бекіттіріп, Набутайдың тұрып жатқан қаласының ақсақалдары мен басқа да жетекшілеріне жібертті. 9 Сол хаттарда ол былай деп бұйырды: «Ораза тұту күнін жариялап, жиналыңдар! Сонда Набутайды төрге отырғызыңдар! 10 Оған қарама-қарсы екі арсыз адамды отырғызып, олар Набутайды: «Сен Құдай мен патшаға қарсы қарғыс айттың!» деп айыптасын. Содан оны қаладан шығарып, таспен атқылап өлтіріңдер!» 11 Ізрел қаласының ақсақалдары мен атақты байлары Езабелдің хатында бұйырғанын бұлжытпай орындады. 12 Олар ораза тұту күнін жариялап, Набутайды төрге отырғызды. 13 Екі арсыз адам да келіп, оның қарсы алдына отырды. Сол екеуі халықтың алдында: «Набутай Құдай мен патшаға қарсы қарғыс айтты!» — деп жалған куәлік келтіріп, кінә тақты. Содан халық Набутайды қаланың сыртына алып шығып, таспен атқылап өлтірді. 14 Мұнан кейін ақсақалдар Езабелге «Набутай таспен атқыланып өлтірілді» деген хабар жіберді. 15 Езабел оның осылай өлтірілгенін естігеннен кейін, Ахабқа: «Бар да, ізрелдік Набутайдың саған күміске сатудан бас тартқан жүзімдігін иемденіп ал. Өйткені Набутай жоқ, өліп қалыпты ғой», — деді. 16 Ізрелдік Набутайдың өлгенін естігенде, Ахаб орнынан тұрып, оның жүзімдігін иемденіп алмақ болып сонда барды. 17 Ал Жаратқан Ие тішбелік Ілияс пайғамбарға сөзін арнап былай деді: 18 «Жиналып, Самарияда тұрып жатқан Исраил патшасы Ахабқа бар! Дәл қазір ол Набутайдың жүзімдігін иемденіп алу үшін сонда ылдилап барды. 19 Оған Менің атымнан былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Кісі өлтіріп, енді оның мұралық жер үлесін тартып алмақсың ба?! Оған тағы мына сөзді айт: Набутайдың қанын жалаған орында иттер сенің де қаныңды жалайтын болады!» 20 Ал Ахаб Ілиясқа тіл қатып: — Таптың ба мені, жауым! — деді. Сонда пайғамбар былай деп жауап қайырды: — Сізді таптым, себебі Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеуге толықтай сатылғансыз! 21 Сол себепті Жаратқан Ие сізге мынаны айтады: «Саған жамандық жіберіп, сені түп-тамырыңмен құртамын. Ахабтың әулетіне жататын азат болсын, басыбайлы болсын, барлық еркек кіндіктілерді жоямын! 22 Сенің әулетіңді Набат ұлы Еробоғамның әулетіндей әрі Ахиях ұлы Бағасаның әулетіндей етіп құртамын! Себебі сен Мені қаһарландырып, Исраилді күнәға батырдың». 23 Ал Езабел туралы Жаратқан Ие мынаны айтады: «Ізрел қамалының маңында иттер Езабелдің тәнін жалмайды! 24 Ахабтың әулетіне жататын адам қалада өлсе, оны иттер жалмайды, далада өлсе, жыртқыш кұстар шоқиды!» 25 Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеуге соншама берілген Ахаб сияқты ешкім де бұған дейін болмады. Оның әйелі Езабел осыған түрткі салып отырды. 26 Ахаб жалған тәңірлердің мүсіндеріне табынып өте жеркенішті қылық жасап жүрді. Осылай ол Жаратқан Ие баяғыда исраилдіктердің алдынан қуып жіберген аморлықтардың зұлым істеріне еліктеді. 27 Ахаб патша (Жаратқан Иенің пайғамбар арқылы жеткізген) осы сөздерін естігенде, көйлегінің өңірін айыра жыртып, жалаңаш тәніне азалы киім киіп, тамақ татпады. Ол тіпті азалы киімімен ұйықтап, қатты қайғырып жүрді. 28 Сонда Жаратқан Ие тішбелік Ілиясқа сөзін арнап былай деді: 29 «Ахабтың кішіпейіл болып мойынсұнғанын көрдің бе? Ол өзін алдымда кішірейтіп қайғыланғаны үшін, Мен жіберейін деп отырған пәлені Ахабтың көзі тірісінде емес, ұлының заманында ғана оның әулетінің бастарына түсіремін».
1 Арама мен Солтүстік Исраил елдерінің арасында соғыссыз үш жыл өткен болатын. 2 Үшінші жылы Яһуда елінің патшасы Жосапат сапарға шығып, Солтүстік Исраилдің патшасы Ахабқа қонаққа келді. 3 Ал Ахаб өзінің уәзірлерінен: «Ғилақадтағы Рамот қаласы біздікі болғанымен, оны Арама патшасының қолынан қайтарып алуға неге еш нәрсе істеп келген жоқпыз?» — деп сұраған болатын. 4 Енді Ахаб Жосапатқа: — Менімен бірге Ғилақадтағы Рамот қаласы үшін соғысуға аттанасыз ба? — деген сауал қойды. Жосапат Ахабқа: — Өзім де, халқым да, атты әскерім де сіздің құзырыңыздамыз! — деп жауап берді. 5 Мұнан кейін ол: — Алдымен Жаратқан Иенің осыған айтатын сөзін біліп алсаңыз екен, — деп қосты. 6 Сонда Ахаб патша пайғамбарларды: шамамен төрт жүз адамды жинап алып, оларға мына сұрақты қойды: — Ғилақадтағы Рамот қаласы үшін шайқасуға аттануым қажет пе? Әлде содан бас тартайын ба? — Барлығы: — Өрлеп аттаныңыз! Иеміз оны патшаның қолына тапсырып отыр, — деді. 7 Ал Жосапат: — Бұл жерде әлі де Жаратқан Иенің бір пайғамбары жоқ па екен? Сол арқылы Жаратқан Иенің еркін сұрап біліп алайық, — деп қоймады. 8 Ахаб: — Жаратқан Иенің еркін сұрап білуге болатын әлі де бір адам бар, Имелах ұлы Миқая. Бірақ оны жек көремін, себебі ол мен туралы әрдайым жақсы емес, тек жағымсыз пайғамбарлық сөздерді ғана айтады, — деп жауап қайырды. Ал Жосапат былай деп өтінді: — О, патша, былай дей көрмеңіз. (Соның да не айтарын тыңдап көрейікші.) 9 Содан Солтүстік Исраилдің патшасы бір нөкерін шақырып алып, оған: «Имелах ұлы Миқаяны тез алып кел!» — деп бұйырды. 10 Осы сәтте Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб және Яһуда елінің патшасы Жосапат патшалық киімдерін киіп, Самария қаласының қақпасының жанындағы ашық алаңда орналасқан екі тақта отырған еді. Әлгі пайғамбарлардың барлығы екеуінің алдында ерекше күйге түсіп, не болатыны туралы сәуегейлік айтып жатты. 11 Хенаған ұлы Седекиях өзіне темірден екі мүйіз жасап алып: — Жаратқан Ие мынаны айтады: Осы мүйіздер сияқты зор күшпен арамалықтарды сүзіп, біржола құртасың! — деп пайғамбарлық сөз айтқансыды. 12 Басқа пайғамбарлардың барлығы да дәл солай: — Ғилақадтағы Рамотқа өрлеп барып, жеңіске жетіңіз! Жаратқан Ие оны патшаның қолына тапсырып отыр, — деп пайғамбарлық сөз айтқансып жатты. 13 Миқаяны шақыруға барған нөкер оған былай деп бұйырды: — Тыңда, пайғамбарлардың бәрі бірауыздан патшаға жағымды сөз айтуда. Сенің сөзің де солардікіндей болса екен! Сен де жағымды жайтты болжамдарсың! — 14 Бірақ Миқая: — Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Жаратқан Ие маған нені білдірсе, тек соны ғана айтып беремін! — деп ант етті. 15 Миқая пайғамбар патшаның алдына келгенде, патша оған: — Миқая, біздің Ғилақадтағы Рамот қаласы үшін шайқасуымыз қажет пе? Әлде содан бас тартайық па? — деген сауал қойды. Миқая (сықақтап) былай деп жауап берді: — Өрлеп аттаныңыз, жеңіске жетесіз! Жаратқан Ие қаланы патшаның қолына түсіреді! — 16 Ал Ахаб патша оған: — Жаратқан Иенің атынан тек шындықты ғана айт деп саған қанша рет бұйыруға тиіспін? — деп ескертті. 17 Сонда Миқая былай деді: — Мен (бір көріністе) бүкіл Исраилдің бағушысы жоқ қойлар сияқты қыраттарда бытырап жүргенін аянда көрдім. Сонда Жаратқан Ие мынаны айтты: Бұлардың қожайыны жоқ екен. Дұрысы, барлығы үйлеріне тыныштықпен қайтсын! 18 Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб Жосапатқа: «Ол мен туралы әрдайым жақсы емес, тек жағымсыз пайғамбарлық сөздерді ғана айтады демеп пе едім?!» — деп налыды. 19 Ал Миқая сөзін жалғастырып былай деді: — Сондықтан Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңыз! Мен Өзінің тағында отырған Жаратқан Иенің аянын көрдім. Көктегілердің бүкіл тобы Оның оң және сол жақтарында тұрды. 20 Сонда Жаратқан Ие: «Ахабты Ғилақадтағы Рамотқа өрлеп аттанып, сол жерде қаза табуға қайсың сендіресіңдер?» деген сауал қойды. Біреуі ананы, біреуі мынаны айтты. 21 Ақыры бір рух ортаға шыға келді де, Жаратқан Иенің алдында тұра қалып: «Оны мен сендіремін» деп ұсынды. Жаратқан Ие одан: «Соны қалай істемексің?» деп сұрағанда, 22 рух: «Мен сол жерге барып, Ахабтың барлық пайғамбарларының аузындағы өтірік хабар айтқызатын рух боламын!» деп жауап берді. Сонда Жаратқан Ие: «Сен оны сендіріп, табысты боласың. Бар да солай істе!» деп шешті. 23 Ал енді, міне, қараңыз: Жаратқан Ие мына барлық пайғамбарларыңыздың ауыздарына өтірік хабар айтқызатын рухты салып қойған. Себебі Жаратқан Ие сіздің басыңызға пәле түсетінін алдын ала кесіп қойды! 24 Сол сәтте Хенаған ұлы Седекиях Миқаяның қасына барып, оны бетінен шапалақпен тартып жіберіп: — Жаратқан Иенің Рухы сен арқылы сөйлеу үшін менен қалай ғана шығып кетті екен, ә?! — деп сөкті. 25 Миқая оған: — Соны ішкі бөлмеге кіріп, тығылған күніңде білетін боласың! — деп жауап берді. 26 Ал Ахаб патша былай деп әмір етті: — Миқаяны ұстаңдар! Оны қала әкімі Амонға және патшазада Жоғасқа қайтарып алып барыңдар! 27 Оларға былай деңдер: «Патшаның бұйрығы мынау: Осы адамды түрмеге жабыңдар! Мен аман-есен қайтып келгенше, оған біразырақ нан мен су ғана беріңдер!» — 28 Сонда Миқая оны сақтандырып: — Егер де шынымен аман-есен қайтып келсеңіз, онда Жаратқан Иенің мен арқылы сөйлемегені! Айтқандарыма құлақ түріңдер, уа, барлық халықтар! — деді. 29 Сонда да Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб пен Яһуда елінің патшасы Жосапат әскерлерін ертіп Ғилақадтың таулы аймағындағы Рамот қаласына өрлеп аттанды. 30 Ахаб Жосапатқа: «Мен шайқасқа патшалық киімдерімді кимей-ақ шығайын, ал сіз киіп шығыңыз», — деп ұсынған еді. Содан Ахаб патша өзін ешкім танып қоймасын деп киімін өзгертіп, шайқасқа шықты. 31 Арама патшасы өзінің соғыс күймелерін басқаратын отыз екі басшысына: «Не жасақшылардың біреуімен, не қайсыбір басшымен емес, тек Солтүстік Исраилдің патшасының өзімен ғана шайқасып, соның көзін құртыңдар!» — деп бұйырып қойған болатын. 32 Сол себепті соғыс күймелерін жүргізушілер (патшалық киімдерін киген) Жосапатты көргенде, «Бұл әрине Солтүстік Исраилдің патшасы!» — деп айқай салды. Содан олар оған қарай бұрылып, бас салды. Ал Жосапат (өз ұранын) айқайлап жіберді. 33 Сонда соғыс күймелерін жүргізушілер оның Солтүстік Исраилдің патшасы емес екенін аңғарып, одан кері бұрылып, жібере салды. 34 Ал бір жасақшы садағын кездейсоқ ата салғанда, жебесі Солтүстік Исраилдің патшасы Ахабқа дәл тиіп, оның сауытының қосылған жеріне қадалды. Ахаб өзінің күймесін жүргізушіге бұйырып: «Күймені бұр да, мені шайқастан алып шық! Жараланып қалдым», — деді. 35 Күні бойы қатты ұрыс болып, Ахаб патша арамалықтарға қарама-қарсы өз күймесінің ішінде тік тұрғызылған қалпы қала берді. Қансыраған патша кешке қарай өлді. Жарақатынан аққан қаны күйменің түбін толтырды. 36 Күн батқанда Исраилдің бүкіл әскер қосы бойынша мына айқай таралды: «Әркім өз қаласына! Өз жерімізге қайтайық! 37 Патша қаза тапты!» Ахабтың мәйіті Самарияға әкелініп, сол қалада қабірге қойылды. 38 Патшаның соғыс күймесі Самарияның тоғанында жуылды. Сонда оның аққан қанын иттер жалады. Жаратқан Ие солай болады деп алдын ала айтқан болатын. Сол тоған әдетте жеңіл жүрісті әйелдер жуынатын жер болатын. 39 Ахабтың қалған іс-әрекеттерінің барлығы, оның піл сүйегімен қапталған сарайы және бекітіп нығайтқан күллі қалалары туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 40 Сонымен Ахаб көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелді. Оның ұлы Охозиях орнын басып патша болды. 41 Солтүстік Исраилге Ахаб патшалық құрған төртінші жылы Аса ұлы Жосапат Яһуда елінің патшасы болды. 42 Сол кезде Жосапаттың жасы отыз бесте еді. Ол Иерусалимде жиырма бес жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні Сілхи қызы Азуба болатын. 43 Жосапат барлық жағынан әкесі Асаның жолымен жүріп, одан еш таймай, Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. Алайда оның заманында биіктеу жерлердегі табыну орындары қиратылмай қала берді. Халық әлі де соларда құрбандықтар шалып өртеп, хош иісті заттарды түтетулерін жалғастырды. 44 Сонымен қатар Жосапат (Жаратқан Иенің жолынан тайған) Солтүстік Исраилдің патшасымен бейбітшілік келісімін жасап, одақтасты. 45 Жосапаттың қалған іс-әрекеттерінің барлығы, оның көрсеткен қажыр-қайраты мен жүргізген соғыстары туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 46 Әкесі Асаның заманынан бері жалған тәңірлердің табыну орындарында азғындықпен айналысқан еркектердің кейбіреулері әлі де елде қалып отырған еді. Жосапат патша соларды құртып, жоқ қылды. 47 Сол кездері Едомда патша болмайтын, елді Яһуда патшасы тағайындаған аймақ әкімі басқаратын. 48 Жосапат патша алысқа жүзіп бара алатын үлкен сауда кемелерін жасатып, Опыр елінен алтын алып келуге жіберген еді. Бірақ сол кемелері алысқа ұзамай, сапарға шықкан Есион-Гәбер кемежайының маңында апатқа ұшырады. 49 Сонда Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб ұлы Охозиях Жосапатқа: «Менің қызметшілерім сіздің теңізшілеріңізбен бірге жүрсін», — деп ұсынды. Бірақ Жосапат бұған келіспеді. 50 Жосапат патша көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті түп атасы Дәуіттің шаһарында қабірге қойылды. Оның ұлы Жорам әкесінің орнын басып патша болды. 51 Яһудаға Жосапат патшалық құрған он жетінші жылы Ахаб ұлы Охозиях Самарияда Солтүстік Исраилдің патшасы болып, елді екі жыл басқарды. 52 Охозиях Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, әке-шешесінің азғын жолымен және кезінде Исраил халқын еліктіріп күнәға батырған Набат ұлы Еробоғамның теріс жолымен жүрді. 53 Әкесі Ахаб істегендей, Охозиях та Бағалға бас ұра табынып, Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің қаһарын туғызды.
1 Ахаб патша қайтыс болғаннан кейін, Моаб халқы Солтүстік Исраилге қарсы бас көтерді. 2 (Ахаб ұлы) Охозиях өзінің Самария қаласындағы сарайының жоғарғы бөлмесінің торынан құлап, қатты жарақаттанып қалған болатын. Сонда ол елшілерін жіберіп, оларға былай деп бұйырды: «Әкрон қаласына барып, сондағы жұрт құлшылық ететін Бағал-Зебуб есімді тәңірден: Осы жарақатымнан жазылар ма екенмін деп сұрап келіңдер!» 3 Ал Жаратқан Иенің періштесі тішбелік Ілиясқа мына тапсырманы берді: «Жиналып, Самария патшасының елшілерінің алдынан шық. Оларға: Исраилде Құдай жоқтай, сонау Әкронның тәңірсымағы Бағал-Зебубке неге бара жатырсыңдар?! 4 Сол үшін де Жаратқан Ие Охозияхқа мынаны айтады: Жатқан төсегіңнен енді қайтып тұрмай, өлесің! — дегенді жеткіз!» — Сонда Ілияс жолға шығып, тапсырманы орындады. 5 Елшілері қайтып келгенде, патша олардан: — Қалайша тез қайтып келдіңдер? — деп сұрады. 6 Олар былай деп жауап берді: — Алдымыздан бір адам шығып, бізге тіл қатып былай деді: Сендерді жіберген патшаға қайтып барып, оған: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Исраилде Құдай жоқтай, неге сонау Әкронның тәңірсымағы Бағал-Зебубтен ақыл-кеңес сұрап, адам жіберіп жатырсың?! Сол үшін де жатқан төсегіңнен енді қайтып тұрмай, өлесің!» деген хабарды жеткізіңдер! — 7 Патша: — Сол адамның түрі қандай еді? — деп сұрады. 8 Олар: — Ол үстіне жүн шапан киіп, қайыс белбеумен белін буып жүреді, — деді. Сонда Охозиях: — Бұл — тішбелік Ілияс! — деп, 9 бір елубасын елу жауынгерімен бірге Ілиясты алып келуге жіберді. Елубасы адамдарымен көтеріліп барғанда, Ілияс бір төбе басында отыр екен. Елубасы оған былай деп бұйырды: — Ей, Құдайдың адамы! Патша саған: «Төмен түсіп, өзіме кел!» деп әмір етті. — 10 Ілияс оған жауап беріп: — Егер мен Құдайдың адамы болсам, аспаннан от түсіп, сені елу жауынгеріңмен қоса жалмап қойсын! — деді. Сонда аспаннан от түсіп, оның өзін де, елу адамын да жалмап қойды. 11 Енді патша басқа бір елубасын елу жауынгерімен бірге жіберді. Елубасы Ілиясқа бұйырып: — Ей, Құдайдың адамы! Патша саған: «Тез төмен түсіп, өзіме кел!» деп әмір етті, — деді. 12 Ілияс жауап беріп: — Егер мен Құдайдың адамы болсам, аспаннан от түсіп, сені елу жауынгеріңмен қоса жалмап қойсын! — деді. Сонда аспаннан от түсіп, оның өзін де, елу адамын да жалмап қойды. 13 Патша үшінші елубасын елу жауынгерімен бірге жіберді. Бұл елубасы төбе басына өрлеп барып, Ілиястың алдында тізесін бүгіп тағзым етіп, былай деп өтінді: — Уа, Құдайдың адамы, өзімнің өмірімді, мына елу құлыңыздың өмірін де мүсіркеп бағалай көріңіз! 14 Қараңызшы, аспаннан от түсіп, сол екі елубасын да жауынгерлерімен қоса жалмап қойды. Ал енді, менің өмірімді қия көріңіз! 15 Сонда Жаратқан Иенің періштесі Ілиясқа: «Оған еріп төмен түс, одан қорықпа!» — деп тапсырды. Ілияс орнынан тұрып, елубасымен бірге төмен түсіп, патшаға барды. 16 Оған былай деді: «Жаратқан Ие сізге мынаны айтады: Исраилде Құдай жоқтай, неге сонау Әкронның тәңірсымағы Бағал-Зебубтен ақыл-кеңес сұрап, адам жібердің?! Сол үшін де жатқан төсегіңнен енді қайтып тұрмай, өлесің!» 17 Осылайша, Жаратқан Иенің Ілияс арқылы айтқан сөзіне сәйкес, Охозиях қайтыс болды. Оның орнын басатын ұлы болмағандықтан, (туған інісі) Жорам Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Бұл Яһуда еліне Жосапат ұлы Жорамның патшалық құрған екінші жылы орын алды. 18 Охозияхтың қалған іс-әрекеттері туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
1 Жаратқан Ие Ілиясты құйынмен көкке көтеріп әкетерінің алдында Ілияс Еліше екеуі Ғылғалдан жолға шыққан болатын. 2 Ілияс Елішеге: — Қалшы осы жерде, Жаратқан Ие мені Бетелге жіберіп отыр, — деді. Бірақ Еліше: — Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және сіздің алдыңызда шын айтамын: Мен сізді еш тастамаймын! — деп жауап қайтарды. Содан екеуі Бетелге ылдилап барды. 3 Сол қалада тұрып жатқан пайғамбарлар шәкірттері Елішенің алдынан шығып: — Жаратқан Иенің бүгін өзіңнен қожайыныңды алып кететінін білесің бе? — деп сұрады. Еліше: — Әрине, білемін, бұл туралы тіс жармаңдар! — деп жауап қайтарды. 4 Ілияс Елішеге: — Еліше, қалшы осы жерде, Жаратқан Ие мені енді Иерихонға жіберіп отыр! — деді. Бірақ Еліше: — Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және сіздің алдыңызда шын айтамын: Мен сізді еш тастамаймын! — деп жауап берді. Сонымен екеуі Иерихонға жетті. 5 Сол маңайда тұрып жатқан пайғамбарлар шәкірттері Елішенің қасына келіп: — Жаратқан Иенің бүгін өзіңнен қожайыныңды алып кететінін білесің бе? — деп сұрады. Еліше: — Әрине, білемін, бұл туралы тіс жармаңдар! — деп жауап қайтарды. 6 Кейінірек Ілияс оған: — Қалшы осы жерде, Жаратқан Ие мені Иорданға жіберіп отыр! — деді. Еліше: — Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және сіздің алдыңызда шын айтамын: Мен сізді еш тастамаймын! — деп жауап берді. Сонда екеуі әрі қарай бірге жүре берді. 7 Олар Иордан өзенінің жағасына жетіп тұрған кезде пайғамбарлар шәкірттерінің елуі келіп, біраз алысырақтан оларға қарап тұрды. 8 Ілияс шапанын шешіп, орап алып, сонымен судың бетін ұрды. Өзеннің суы қақ айырылып, Еліше екеуі өзеннің арғы жағына құрғақ жермен өте шықты. 9 Олар өзеннің арғы жағына жеткеннен кейін Ілияс Елішеге: — Мені өз қасыңнан алып кетпей тұрғанда айтшы: Менен тілейтін нең бар? — деді. Сонда Еліше: — Маған өзіңіздегі Рухтан екі есе берілсе екен, — деп өтінді. 10 Ілияс: — Бұл өтінішің қиын екен. Әйтсе де, егер мені өз қасыңнан әкетілген кезімде көре алатын болсаң, өтінішің орындалғаны, ал көре алмасаң, онда орындалмағаны! — деді. 11 Солай екеуі сөйлесіп жол жүріп бара жатқанда, кенеттен жалындаған отты аттар жегілген жалындаған отты күйме пайда болып, екеуін ажыратып жіберді. Ал Ілияс сол сәтте бір құйынның ішінде көкке көтеріліп кетті. 12 Осының бәрін көріп тұрған Еліше: «Әкем-ау, әкем! Исраилді қорғаушы әрі жетелеуші!» — деп айқай салды. Ілиясты енді көре алмаған сәтте Еліше қатты қайғырып үстіндегі киімін қапсыра ұстап, айыра жыртты. 13 Содан кейін Еліше жерге түсіп қалған Ілиястың шапанын көтеріп алып, Иорданның жағасына қайтып барып тұрды. 14 Сонда ол Ілиястың шапанын қолына алып, онымен су бетін ұрып: «Ілиястың сиынған Құдайы Жаратқан Ие қазір қайда екен?» — деді. Еліше су бетін Ілияс істегендей ұрып қалған соң, су екі жаққа қақ айырылып, Еліше өзеннен өте шықты. 15 Иерихоннан келген пайғамбарлар шәкірттері мұны көргенде: «Ілияста болған Рух Елішеге қонған екен!» — десті. Олар Елішенің алдына келіп, жерге дейін иіле тағзым етіп, 16 былай деді: — Алдыңыздағы пенделеріңіздің арасында елу шақты қайратты ер адам бар. Олардың барып, қожайыныңызды іздеп келулеріне рұқсат ете көріңіз. Мүмкін, Жаратқан Иенің Рухы оны көтеріп әкетіп, бір тау басына немесе бір аңғарға тастап кеткен шығар! — деді. Ал Еліше: — Жоқ, оларды жібермеңдер! — деп қарсылық білдірді. 17 Бірақ олар қадалып сұрап қоймағандықтан Еліше өзін ыңғайсыз сезініп: — Мейлі, іздеуге жіберіңдер, — деп келісті. Олар елу жігітті жіберіп, бұлар Ілиясты үш күн іздеп, таба алмады. 18 Сол жігіттер Иерихонда аялдап жатқан Елішеге қайтып келгенде, ол: — Сендерге: «Барып, іздемеңдер!» деп айтпап па едім?! — деп ескертті. 19 Бұдан кейін қала тұрғындары Елішеге: — Мырза, өзіңіз көріп отырсыз, қаланың тұрған орны жақсы. Алайда суы нашар, жері де құнарсыз! — деді. 20 Сонда ол: — Маған ішіне тұз салып, бір жаңа құмыраны алып келіңдер! — деп тапсырды. Олар соны әкелді. 21 Пайғамбар бұлақ көзіне барды да, оған сол тұзды тастап: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен осы суды тазарттым. Бұдан былай ешқашан одан өлім де, құнарсыздық та болмайтын болады!» — деді. 22 Елішенің айтқан осы сөзіне сай, бұл қайнардың суы күні бүгінге дейін таза. 23 Сол жерден Еліше (қыратты жердегі) Бетелге көтеріліп барды. Жолшыбай оған сол қаладан шыққан бір топ жасөспірім кездесе кетті. Олар Елішені келекелеп: «Әй, тақырбас, көтеріле бер! Әй, тақырбас, көтеріле бер!» — деп айқайлап мазақтады. 24 Еліше кері бұрылып оларға қарап, Жаратқан Иенің атынан қарғыс айтты. Сонда лезде орманнан екі ұрғашы аю шыға келіп, жасөспірімдердің қырық екісін жарып тастады. 25 Еліше сол жерден Қармил тауына барып, одан әрі Самарияға қайта оралды.
1 Яһудаға Жосапат патшалық құрған он сегізінші жылы Ахаб ұлы Жорам Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол Самария қаласында он екі жыл бойы билік жүргізді. 2 Жорам Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. Алайда ол әке-шешесі сияқты әрекет еткен жоқ, себебі әкесі жалған тәңір Бағалға арнап жасатып, тұрғызған тас бағананы Жорам алып тастады. 3 Бірақ Жорам ежелде Набат ұлы Еробоғамның Исраил халқын азғырған күнәларын ұстанып, солардан бас тартпады. 4 Моаб патшасы Меша қой өсірумен шұғылданатын. Ол Солтүстік Исраил патшасына жылына жүз мың тоқтыны әрі жүз мың қошқардың жүнін беріп тұруға міндетті болатын. 5 Алайда Ахаб патша өлгеннен кейін, Моаб патшасы Солтүстік Исраилдің патшасы Жорамға қарсы бас көтерді. 6 Сонда Жорам патша Самариядан шығып, бүкіл Солтүстік Исраилдің әскерін түгендеп санақтан өткізді. 7 Ол, сондай-ақ, Яһуда патшасы Жосапатқа мынадай хабар жолдады: — Моаб патшасы маған қарсы бас көтерді. Менімен бірге Моабқа қарсы соғысуға аттанасыз ба? — Жосапат патша бұған: — Жарайды, сізбен бірге аттанайын! Өзім де, жасағым да, атты әскерім де сіздің құзырыңыздамыз, — деп жауап берді. 8 Содан кейін ол: — Сол жаққа біз қай жолмен барамыз? — деп сұрады. Жорам патша: — Едомның шөл даласы арқылы! — деді. 9 Осылайша Солтүстік Исраилдің, Яһуданың және Едомның патшалары әскерлерін ертіп аттанды. Айналма жолмен жеті күн бойы жүргеннен кейін олардың өздері үшін де, қастарындағы малдары үшін де су қалмады. 10 Сонда Солтүстік Исраилдің патшасы күдерін үзіп былай деп дауыстады: — Әттеген-ай! Жаратқан Ие бізді, үш патшаны, Моаб патшасының қолына тапсыру үшін осында шақырған екен ғой! — 11 Алайда Жосапат сауал қойып былай деді: — Мұнда Жаратқан Иенің пайғамбары жоқ па еді? Сол арқылы Жаратқан Иеден ақыл-кеңес сұрайық. — Солтүстік Исраил патшасының бір қызметкері: — Шапат ұлы Еліше осында жүр. Ол кезінде Ілиястың шәкірті болып, қолына су құйып қызмет көрсеткен, — деп жауап берді. 12 Жосапат: — Ол Жаратқан Иенің сөзін жеткізе алады, — деп келісті. Содан Солтүстік Исраил патшасы Жорам, Яһуда патшасы Жосапат және Едомның патшасы үшеуі Еліше пайғамбарға барды. 13 Ал Еліше Солтүстік Исраилдің патшасына: — Менде сенің не шаруаң бар? Ана әкеңнің және шешеңнің «пайғамбарларына» бара бер! — деді. Ал патша: — Жоқ! Бізді, осы үш патшаны, моабтықтардың қолына түсіру үшін шақырып алып келген — Жаратқан Иенің Өзі! — деп жауап қайырды. 14 Еліше: — Өзім қызмет ететін мәңгі тірі Әлемнің Иесінің алдында шын айтамын: Егер Яһуданың патшасы Жосапат болмағанда, мен саған көз салып назар аудармас та едім. 15 Ал енді, маған бір жетігеншіні алып келіңдер! — деді. Жетігенші келіп, аспабын тартып жатқанда, Жаратқан Ие Елішеге қолын тигізіп оған рухани құдірет қондырды. 16 Сонда Еліше былай деді: «Жаратқан Ие мынаны бұйырады: Осы аңғардың ұзына бойы арықтар мен шұңқырлар қазыңдар! 17 Себебі Жаратқан Ие мынаны алдын ала білдіреді: Сендер еш жел мен жаңбыр көрмейсіңдер, әйтсе де аңғар суға толып, өздерің де, малдарың да содан ішетін боласыңдар! 18 Мұны істеу Жаратқан Ие үшін оп-оңай. Ол, сондай-ақ, моабтықтарды қолдарыңа бере салады. 19 Сонда сендер барлық бекіністі де үлкен қалаларды қиратып, әрбір жеміс ағашын шауып құртасыңдар. Бұлақ көздерінің бәрін су шықпайтын етіп бітеп, құнарлы егістік атаулыға тас үйіп тастайсыңдар». 20 Келесі күні (Иерусалимдегі ғибадатханада) таңертеңгі тарту ұсынылатын кезде кенеттен Едомның (таулы) аймағынан су ағып келіп, сол жер суға толып кетті. 21 Ал моабтықтар әлгі патшалардың өздеріне қарсы соғысуға келе жатқанын естіген еді. Содан олар қару ұстауға жарамды ер адамдарының барлығын жинап алып, шекараға тұрғызып қойған болатын. 22 Таңертең солар ерте тұрғанда, күн сәулесі су бетіне шағылысып тұрды. Ар жақтағы моабтықтарға сол су қан іспетті қып-қызыл болып көрінді. 23 Сонда олар: «Мынау қан ғой! Ана патшалар өзара қырқысып, бірін-бірі қырып тастаған екен! Ендеше, моабтықтар, кеттік! Олжаға ие болайық!» — десті. 24 Алайда олар Исраилдің әскер қосына таяп қалғанда, исраилдік жасақшылар қарсы шыға келіп, оларға ауыр соққы берді. Моабтықтар қаша жөнелді, ал исраилдіктер олардың еліне басып кіріп, моабтықтарды қырып тастады да, 25 қалаларын қиратты. Әрбір жасақшы шұрайлы егістік танаптарына тас лақтырып, үйіп тастады. Жасақшылар бұлақ көздерінің барлығын бітеп, күллі жеміс ағаштарын шауып құлатты. Ең ақырында тек Кир-Хәрешет қаласы ғана аман қала берді. Бірақ тас лақтырушы жауынгерлер оны қоршап алып, шабуылдады. 26 Моаб патшасы шайқаста жеңілгенін ұғып, жеті жүз семсер ұстайтын адамымен Едом патшасының жағына қарай әскер шебін жарып өтіп кетпек болды. Бірақ олар өтіп үлгермеді. 27 Сонда Моаб патшасы өзінің ізбасары болуға тиіс тұңғыш ұлын алып, қала қабырғасының үстінде құрбандыққа шалып, өртеп жіберді. Соған исраилдіктер қатты наразыланып, қаладан шегініп, өз елдеріне қайтып кетті.
1 Бірде пайғамбарлардың біреуінің әйелі Елішеге бас ұрып: — Мырза, менің күйеуім қайтыс болды, оның Жаратқан Иені терең қастерлеп өткенін өзіңіз білесіз. Ал енді, бізге қарыз берген адам екі ұлымды өзіне құл етіп әкетуге келіп отыр, — деді. 2 Еліше одан: — Сізге қандай көмек көрсетейін? Айтыңызшы, үйіңізде не бар? — деп сұрады. Әйел: — Үйімде бір құты майымнан басқа түк те жоқ! — деп жауап берді. 3 Еліше: — Онда көршілеріңізге барып, бос ыдыстарын сұрап алыңыз, тек аз емес, барынша көп сұраңыз. 4 Содан соң ұлдарыңызбен бірге үйіңізге қайтып, есігіңізді ішінен бекітіп алып, майыңызды сол бос ыдыстарға толтырып құйыңыз. Толғандарын бөлек алып қоя беріңіз, — деп тапсырды. 5 Әйел одан шығып, дәл пайғамбардың айтқанындай істеді. Ұлдарының әкеліп беріп отырған ыдыстарына өзінің құтысынан май құя берді. 6 Ыдыстардың барлығы толғанда, әйел бір ұлына: «Тағы бір ыдысты алып келші», — деп тапсырды. Бірақ ол: «Басқа бірде-бір ыдыс жоқ!» — деді. Сонда құтыдан май ақпай тоқтап қалды. 7 Әйел Құдайдың пайғамбарына барып, болған жайтты айтып берді. Пайғамбар оған: — Майыңызды сатып, қарызыңыздан құтылыңыз. Ал қалғанын күнкөрісіңізге жаратыңыз, — деді. 8 Бір күні Еліше пайғамбар Шунемге барды. Сол қаладағы бір ауқатты әйел Елішеден үйінде қалып тамақ ішуін өтініп, соған көндірді. Бұдан былай Еліше сол жерден өткен сайын әлгі үйден тамақтанатын болды. 9 Әйел күйеуінен: «Осы кісінің Құдайдың қасиетті адамы екенін білдім. Ол біздің қаламыздың үстінен жиі өтеді. 10 Оған үйіміздің жалпақ төбесінде бір шағын бөлме салып, соның ішіне төсек-орын, үстел, орындық және шам қояйықшы. Сонда ол бізге келе қалғанда сол жерде түней алатын болады!» — деп рұқсат сұрап алды. 11 Бір күні Еліше сонда келіп, жоғарғы бөлмеде тынығып жатты. 12 Кейін ол қызметшісі Гехәзиге: «Әлгі шунемдік әйелді шақыршы», — деп тапсырды. Гехәзи барып шақырғанда, әйел келді. 13 Еліше қызметшісіне былай деді: — Әйелге мынаны айт: Бізге бола осыншама әбігерге түсіпсіз. Сол үшін сізге қандай жақсылық істей аламыз? Қаласаңыз, сіз туралы патшамен немесе әскер қолбасшысымен сөйлесе аламын. — Әйел: — Өз жұртымның арасында тұрып (мұқтаждық көрмей) жатырмын, — деп жауап берді. 14 Кейін Еліше қызметшісінен: — Сонымен оған қандай жақсылық істесек болады? — деп сұрады. Гехәзи: — Оның ұлы жоқ, ал күйеуі қарт адам! — деді. 15 Сонда пайғамбар: — Тағы да шақыршы оны, — деді. Әйелді шақырғанда, ол кіреберіске келіп тұрды. 16 Еліше: — Келесі жылы осы уақытта құшағыңызда ұлыңыз болады, — деді. Сонда әйел: — Ой, жоқ, мырзам, сіз Құдайдың адамысыз! Алдыңыздағы пендеңізді алдай көрмеңіз, — деп сенбеді. 17 Әйтсе де (Жаратқан Иенің рақымымен) әйел құрсақ көтеріп, келесі жылы сол уақытта Еліше айтқандай босанып, ұл туды. 18 Бала едәуір өсіп қалған кезде бір күні астық орушылармен бірге жүрген әкесінің қасына барды. 19 Кенеттен ол әкесіне: «Ойбай, басым! Басым ауырып тұр!» — деп айқайлап қоя берді. Әкесі қызметшісіне: «Оны шешесіне апар!» — деп тапсырды. 20 Ол баланы үйіне апарып, бала шешесінің құшағында түске дейін отырып, қайтыс болды. 21 Сонда шешесі Құдайдың адамының жоғарғы қабаттағы бөлмесіне көтеріліп, ұлын соның төсегіне жатқызды да, есікті жауып, шығып кетті. 22 Әйел күйеуін шақырып алып, одан: — Мен Құдайдың пайғамбарына тездетіп барып келуім керек. Бір қызметші мен есекті жібере көріңізші! — деп өтінді. 23 Күйеуі одан: — Неге оған бүгін барғың келе қалды? Бүгін не айдың бірінші күнгі мейрамы, не демалыс күні емес қой? — деп сұрады. Бірақ әйелі оған: — Уайымдамаңыз, бәрі де жақсы, — деді. 24 Содан әйел есегін ерттеп мінді де, қызметшісіне: «Алға қарай айдап жүре бер, өзім айтқанша тоқтама!» — деп бұйырды. 25 Осылай әйел жолға шығып, Қармил тауында тұрған Құдайдың адамына жетті. Пайғамбар оны алыстан көріп, қызметшісі Гехәзиге: «Анаған қара, шунемдік әйел келе жатыр! 26 Тез жүгіріп, алдынан шық та, одан хал-жағдайын, өзінің, күйеуінің, ұлының амандығын сұрап білші», — деді. Қызметші оның айтқанын істеп, әйел оған: «Аманшылық», — деп жауап берді. 27 Әйел тау беткейіндегі Құдайдың адамының қасына келгенде, жерге жата кетіп, оның аяғынан құшақтай алды. Гехәзи жақындап барып, әйелді итеріп жібермекші болғанда, пайғамбар: «Оған тиме! Зор қайғыдан оның жаны жапа шегіп тұр. Ал Жаратқан Ие соны менен жасырып, айтпады!» — деді. 28 Әйел пайғамбарға: «Мырзам, сізден ұл сыйлаңыз деп сұрап па едім? Мені алдай көрмеңіз деп сізден өтінбеп пе едім?» — деп мұңын шақты. 29 Сонда Еліше Гехәзиге: «Беліңді буып, менің таяғымды алып, тез жолға шық! Біреумен ұшыраса қалсаң, онымен амандасып жатпа. Біреу өзіңмен амандасып жатса, оған жауап та берме. Дереу балаға жет те, мына таяғымды оның бетіне қой!» — деп бұйырды. 30 Бірақ баланың шешесі пайғамбарға: «Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында, сіздің де алдыңызда шын айтамын: Мен сіздің қасыңыздан кетпеймін!» — деп қоймады. Сонда пайғамбар әйелмен бірге жүретін болды. 31 Гехәзи олардан бұрын жетіп, таяқты баланың бетіне қойды. Бірақ баладан ешқандай дыбыс та естілмеді, әсері де болмады. Сонда қызметші Елішеге қайта оралып: «Бала оянған жоқ», — деді. 32 Үйге келгенде, Еліше өзінің төсегінде өліп қалған баланың жатқанын көрді. 33 Ол бөлмеге кіріп, есікті жауып алды да, Жаратқан Иеге сиынып мінажат етті. 34 Содан соң Еліше төсекке көтеріліп, баланың үстіне оның аузымен аузын, көздерімен көздерін, қолдарымен қолдарын түйістіріп жатты. Осылайша ол үстінде созылып жатқанда, баланың денесі жыли бастады. 35 Еліше қайтадан тұрып, үйдің ішінде олай-бұлай біраз жүріп, төсекке көтеріліп, баланың үстіне қайтадан созылып жатты. Сонда бала жеті рет түшкіріп, көздерін ашты. 36 Пайғамбар Гехәзиді шақырып, шешесін алдыртты. Әйел бөлмеге кіргенде Еліше: «Міне, ұлыңызды алыңыз!» — деді. 37 Әйел бөлмеге кіріп, пайғамбардың аяғына жығылып, жерге дейін иіліп тағзым етті. Содан соң ұлын алып, шығып кетті. 38 Еліше Ғылғалға қайтып келгенде, сол жерді аштық жайлаған екен. Пайғамбарлардың шәкірттері оның алдында отырған кезде ол қызметшісіне: «Үлкен қазанды асып, мына адамдарға тамақ пісіріп бер!» — деді. 39 Солардың бірі далаға тамаққа жарамды шөп теруге шығып, жабайы асқабақтың жемістерін етегіне толтырып алып келді. Олардың не екенін білмесе де, майдалап турап, қазандағы көжеге салып жіберді. 40 Көже адамдарға құйылып берілді. Олар тамақты татып көре салысымен, айқай салып: «Уа, пайғамбар, мынау бір улы зат қой!» — деп, тамақты жей алмады. 41 Бірақ пайғамбар: «Маған біраз ұн алып келіңдерші!» — деп тапсырды. Ол ұнды қазанға салып: «Енді адамдарға берсеңдер болады!» — деді. Сонда қазандағы удан ештеңе қалмады. 42 Сол кезде Бағал-Шалишадан бір адам келіп жетті. Ол Құдайдың пайғамбарына өзінің сол жылы жиған алғашқы арпасынан пісірілген жиырма таба нан әрі жаңа жиналған бидайдың масақтарын дорбасына салып ала келді. Еліше өзінің қызметшісіне: — Мына нанды шәкірттерге жеуге бер! — деді. 43 Қызметшісі: — Қалайша, бұлар жүз адамға не болады? — дегенде, Еліше былай деп тапсырды: — Нанды адамдарға үлестіріп бер, жесін! Себебі Жаратқан Ие мынаны айтады: Олардың барлығы тойып жейді, тіпті артылып та қалады. — 44 Сонда қызметші нанды үлестіріп, олар жеп тойды. Жаратқан Иенің айтқан сөзі дәл келіп, нан артылып та қалды.
1 Арама елінің патшасы өзінің әскер қолбасшысы Нағыманды қатты сыйлап, жоғары бағалайтын. Себебі Жаратқан Ие елге сол арқылы жеңіс сыйлаған еді. Ал Нағыман мықты да батыл жауынгер болса да, алапеспен ауыратын. 2 Арамалықтар басқа елдерге шапқыншылық жасап жүрген кездерінде Исраилден бір жас қызды қолға түсірген болатын. Осы қыз енді Нағыманның әйеліне қызмет етіп жүрді. 3 Бір күні қыз қожайын әйеліне былай деді: «Егер қожайыным Самарияда тұрып жатқан пайғамбармен кездессе ғой, шіркін! Сол оны алапесінен сауықтырып жіберер еді». 4 Мұны естіген Нағыман қыздың сөзін патша иесіне жеткізіп: — Исраилден әкелінген қыз осылай да осылай деп айтты, — деді. 5 Патшасы: — Ендеше оған барғаның жөн! Мен Исраилдің патшасына сәлемхат жазып қолыңа берейін, — деп құптады. Осылайша қолбасшы жолға шығып, өзімен бірге он ат басындай күміс, алты мың мысқал алтын және он киім жиынтығын ала кетті. 6 Солтүстік Исраилдің патшасына арналған хатта: «Осы хатты сізге тапсырған адам — менің жақсы қызметкерім. Оны ауруынан сауықтыруыңызды өтінемін!» деп жазылған еді. 7 Исраилдің патшасы хатты оқығанда, абыржып көйлегінің өңірін айыра жыртып: «Біреуді өлтіріп, қайта тірілтетін мен сонша Құдай ма едім? Ол маған мына адамды алапесінен сауықтыр деп жіберіпті. Шамасы, маған тиісуге бір сылтау іздеп отырса керек», — деді. 8 Құдайдың адамы Еліше Исраил патшасының көйлегінің өңірін жыртқанын естігенде, патшаға мынадай сәлем жіберді: «Неге көйлегіңіздің өңірін жыртып абыржисыз? Сол адамды маған жіберіңіз, Исраилде шынайы пайғамбардың бар екенін білсін!» 9 Сонда Нағыман өзінің салт аттылары, соғыс күймелерімен бірге Еліше тұрған үйдің қақпасының алдына келіп тоқтады. 10 Ал Еліше оған бір хабаршысынан: — Иордан өзеніне барып, соған жеті рет суға түсіп, шомылыңыз! Сонда тәніңіздегі алапесіңіз кетіп, құлан-таза айығасыз, — деді. 11 Нағыман бұған қатты ашуланып қайтып кетпек болып: — Бұл қалай?! Ол алдымнан шығып, өзінің Құдайы Жаратқан Иеге сиынар, алапес болған жердің үстінен қолын әрі-бері жүргізіп, алапесімді жазар деп ойлаған едім. 12 Біздің Дамаск маңындағы өзендеріміз Абана мен Парпар Исраилдің барлық суларынан да артық емес пе? Шомылу керек болса, соларға барып-ақ шомыла алмас па едім? — деді. Осылай ол ашулы күйі кері бұрылып, кетуге ыңғайланды. 13 Ал қызметшілері жақындап келіп: «Мырзам, егер сол пайғамбар сізге бір қиын істі тапсырса, сіз оны орындамас па едіңіз? Ал жай ғана «Барып, суға түсіп шомылыңыз, сонда айығасыз» деп айтса, соны істеп көргеніңіз әбден орынды емес пе?» — деп ұсыныс жасады. 14 Қолбасшы олардың кеңесіне құлақ асып, Құдайдың пайғамбарының айтқаны бойынша Иордан өзеніне ылдилап барып, жеті рет суға түсіп, шомылды. Сонда оның тәні сәбидің тәні іспетті тап-таза болып айығып кетті. 15 Содан Нағыман барлық қызметшілерімен бірге Құдайдың адамына қайтып барды да, оған: — Міне, енді бүкіл дүние жүзінде Исраилдің сиынатын Құдайынан басқа шынайы құдайдың жоқ екеніне көзім жетіп отыр. Сондықтан өтінемін, менен мына сыйлықты қабылдай көріңіз! — деп сый-тартуын ұсынды. 16 Бірақ Еліше: — Өзім қызмет ететін мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Мен еш нәрсеңізді алмаймын! — деп жауап берді. Нағыман оны қаншама көндіруге тырысқанымен, ол бәрібір бас тартып, ештеңені алмай қойды. 17 Нағыман сонда пайғамбарға мына өтінішті жасады: — Онда маған ең болмағанда екі қашырыма көтергендерінше осы жердің топырағын артып алуыма рұқсат етіңізші. Өйткені бұдан былай мен бөтен тәңірлерге емес, тек Жаратқан Иеге ғана шалынып, өртелетін құрбандықтар мен сый-тартуларды ұсынатын боламын. 18 Алайда мына бір жайтты Жаратқан Ие кешіре көрсін: мен патшаммен бірге Риммонның ғибадатханасына құлшылық етуге баруға міндеттімін. Себебі патша менің қолыма сүйеніп тұрады. Сонда онымен бірге маған да Риммонға бас июіме тура келгенде, Жаратқан Ие мені кешіре көрсін! — 19 Еліше оған: — Тыныштықпен жөніңізге қайта беріңіз! — деді. Осылай Нағыман жолға шығып, одан біраз ұзағанда, 20 Құдайдың адамының қызметшісі Гехәзи былай деп ойлады: «Қарашы, менің мырзам мына арамалық Нағыманның алып келгенін қабылдамай, оған тым үлкен жеңілдік жасап жібере салды. Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Мен оның артынан қуып жетіп, одан бірдеңе алып қалайын!» 21 Содан Гехәзи Нағыманның соңынан қуып кетті. Нағыман арт жақтан біреудің жүгіріп келе жатқанын байқағанда күймесінен түсіп, қарсылап алдынан шықты да: — Тыныштық па? — деп сұрады. 22 Гехәзи: — Иә, тыныштық. Қожайыным мені сізге мынаны айт деп жіберіп отыр: Жаңа ғана Ефремнің таулы аймағындағы пайғамбарлар шәкірттерінен екі жас жігіт келе қалды. Соларға бір ат басындай күміс пен екі киім жиынтығын бере көріңіз! 23 Нағыман оған: — Екі ат басындай күміс ала ғой! — деді. Оны көндіріп, екі ат басындай күмісті екі киім жиынтығымен қоса екі дорбаға салып беріп, оны өзінің екі қызметшісіне көтертіп, Гехәзимен бірге жіберді. 24 Олар Еліше тұрып жатқан төбеге жеткенде, Гехәзи күмісті олардан алып, үйіне сақтап қойды да, қызметшілерді қайтарып жіберді. 25 Бұдан кейін ол қожайыны Елішенің алдына барды. Сонда Еліше: — Қайда барып келдің, Гехәзи? — деп сұрады. Ол: — Жоқ, еш жерге барған жоқпын! — деп жауап берді. 26 Еліше оған: — Сол адам сенің келе жатқаныңды байқап, қарсы алу үшін күймесінен түскенде, менің рухымды сол жерде болмады деп ойлайсың ба?! Қазір күміс пен киім-кешек, зәйтүн мен жүзім бақтарын, ірілі-ұсақты малдарды әрі құл-күңдерді қабылдайтын уақыт па? 27 Енді Нағыманның ауруы сенің өзіңе және үрім-бұтағыңа мәңгілікке жұғатын болады! — деді. Гехәзи Елішенің алдынан шыққанда, терісі алапестен қардай аппақ болып кетті.
1 Пайғамбардың шәкірттері Елішеге: — Сіздің қол астыңызда тұрып жатқан осы жер біз үшін тым тар. 2 Бізге Иордан өзеніне барып, сол жерден әрқайсымыз бір-бірден бөрене алып, сонда өзімізге тұратын орын салып алуымызға рұқсат етіңізші! — деді. Ол: — Бара беріңдер, — деп құптады. 3 Олардың бірі: — Мырзеке, бізбен бірге жүрсеңізші! — деп өтінді. Ол: — Жарайды, барайын, — деп келісіп, 4 бұлармен бірге жолға шықты. Олар Иорданға жеткеннен кейін ағаш шауып, құлата бастады. 5 Ал біреуі ағаш шауып жатқан кезде балтасының басы ұшып барып, суға түсіп, батып кетті. Сонда анау: — Қап, әттеген-ай, мырзеке! Ол біреудің уақытша сұрап алған балтасы еді! — деп айқайлады. 6 Құдайдың адамы: — Ол қай тұсқа түсті? — деп сұрады. Әлгі адам сол жерді сілтеп көрсеткенде, Еліше бір таяқшаны кесіп алып, сол жерге лақтырып жіберді. Сонда балтаның басы су бетіне қалқып шыға келді. 7 Еліше адамға: «Оны өзің ұстап ал!» — деді. Ол қолын созып, балтаның басын судан шығарып алды. 8 Арама елінің патшасы Солтүстік Исраилге қарсы соғысып жатқан бір кезде, ол нөкерлерімен ақылдасып, ордасын тігетін жерді таңдап алды. 9 Ал Құдайдың адамы Исраилдің патшасына: «Пәлен жерден өтпеңіз! Арамалықтар сол жерге қарай аттанып келе жатыр», — деген ескерту жіберді. 10 Исраилдің патшасы ескертуге құлақ асып, жау келе жатыр деген жерлерді алдын ала сақтандырып отырды. Осылай Еліше пайғамбар патшаға бір емес, екі емес, әлденеше рет алдын ала хабар жіберіп, ескертіп отырды. 11 Бұған Арама патшасы қатты қобалжып, өзінің нөкерлерін шақырып алды да, олардан: — Айтыңдаршы: адамдарымыздың қайсысы Исраилдің патшасын жақтап оның жансызы болып жүр? — деп сұрады. 12 Ал олардың бірі: — Уа, патша ием, ешқайсымыз да солай істемейміз. Қайта, сіздің тіпті жататын бөлмеңізде айтқан сөздеріңізге дейін Исраилдің патшасына жеткізіп жүрген — Исраилдегі пайғамбар Еліше! — деп жауап берді. 13 Патша бұған: — Онда барып, оған іздеу салыңдар! Мен адамдарымды жіберіп, оны қолға түсіріп алайын! — деді. Сонда патшаға: «Еліше Дотанда екен!» — деп мәлімденді. 14 Патша сол қалаға атты әскері, соғыс күймелері бар үлкен жасақ аттандырып, олар сол қалаға түнде келіп, қоршап алды. 15 Таңертең Құдайдың адамының қызметшісі ерте тұрып, сыртқа шыққанда, атты әскері мен соғыс күймелері бар қалың қолдың қаланы айналдыра қоршап алғанын көрді. Қызметші: — Ойбай, мырзам, енді не істейміз? — деп налыды. 16 Пайғамбар оған: — Қорықпа, біздің жағымыздағылар оларға қарағанда әлдеқайда көп! — деп жауап берді. 17 Содан соң ол: «Уа, Жаратқан Ие, оның көзін аша гөр, көрсін!» — деп сиынды. Жаратқан Ие қызметшінің көзін ашқанда, ол қыраттың бойында Елішені айналдыра жиналып тұрған жалындаған отты аттар мен күймелерді көрді. 18 Арамалықтар Елішені ұстап алмақ болып, шабуылдай бергенде, ол сиынып: «Уа, Жаратқан Ие, мына адамдардың көздерін соқыр ете гөр!» — деді. Сонда Жаратқан Ие оларды Елішенің өтінгеніндей көздерін көрмейтін соқыр етіп тастады. 19 Еліше олардың алдынан шығып: — Бұл жол да, қала да дұрыс емес. Менің соңымнан еріңдер, іздеп жүрген адамдарыңа алып барайын! — деді де, олардың барлығын Самария қаласына бастап алып барды. 20 Олар Самарияға кіргеннен кейін Еліше: «Уа, Жаратқан Ие, мына адамдар көре алсын, көздерін ашсаң екен!» — деп мінажат етті. Сонда Жаратқан Ие көздерін ашып, олар өздерінің Самарияда тұрғандарын білді. 21 Исраил патшасы оларды көргенде, Елішеден: — Мырзеке, оларды қырып тастайын ба? — деп сұрады. 22 Еліше оған: — Жоқ, оларға тимеңіз. Тіпті өзіңіз семсер-садағыңызбен қолға түсірген тұтқындарды да өлтірмес едіңіз ғой. Одан да алдарына тамақ қойыңыз, ішіп-жесін. Содан патшаларына кері қайтарыңыз! — деді. 23 Сонда патша олар үшін бір үлкен қонақасы беріп, ішіп-жеп болғаннан кейін оларды өздерінің патшасына қайтарып жіберді. Сол кезден бастап арамалық жасақшылар топтары Солтүстік Исраилге шапқыншылық жасамайтын болды. 24 Алайда осыдан едәуір уақыт өткеннен кейін Арама патшасы Бен-Хадад өзінің бүкіл әскерін жинап, Самарияға аттанып, қаланы қоршап алды. 25 Соның кесірінен қалада қатты ашаршылық басталды. Жаудың қоршауы ұзаққа созылғандықтан, есектің басы сексен мысқал күміске, ал бір уыс (отындық) кептер қиы бес мысқал күміске сатылатын болды. 26 Бірде Исраил патшасы қала қамалының қабырғасымен кетіп бара жатқанда, бір әйел оған: — Уа, патша ием, көмектесе көріңіз! — деп зарлап айқай салды. 27 Патша оған: — Жаратқан Иенің Өзі көмектеспесе, мен қайдан саған көмектесемін? Өз қырмандарым мен күбілерімде түк қалмады, — деп жауап қайтарып, 28 — Жарайды, не айтайын деген едің, айта бер, — деп қосты. Әйел былай деді: — Мына әйел маған: «Сенің балаңды бүгін жейік, менікін ертең жейміз» деп ұсынған еді. 29 Осылайша менің баламды екеуіміз асып жедік. Келесі күні мен оған: «Енді сен балаңды бер, жейік!» десем, ол оны бір жерге тығып тастапты! 30 Патша әйелдің осы сөздерін естігенде қатты налып, көйлегін айыра жыртты. Ол бұдан әрі қамал қабырғасымен кетіп бара жатқанда, халық оның көйлегінің ішінен жалаңаш тәнінде қылдан тоқылған азалы киім киіп жүргенін көрді. 31 Патша: «Шапат ұлы Елішенің басын бүгін шауып тастамасам, Құдай мені жазалаған үстіне жазалай берсін!» — деп ант етті. 32 Дәл осы кезде Еліше өз үйінде бірнеше қонақ ақсақалдармен бірге отырған еді. Патшаның жіберген адамы келмей тұрып-ақ, Еліше қасындағы ақсақалдарға: «Ана кісі өлтірушінің баласы менің басымды шауып тастасын деп адам жіберіп жатыр. Соны көріп отырсыңдар ма? Сол адам келгенде, оның алдынан есікті тас қылып жауып тастаңдар. Оның артында келе жатқан иесінің басқан қадамдарының дыбысы естіліп тұрған жоқ па?» — деді. 33 Пайғамбар осыны айтып жатқан кезде-ақ, хабаршы да, патша да жетіп келіп, патша: — Мына пәле Жаратқан Иеден келіп тұр. Бұдан былай Оған не үшін үміт артуым қажет? — деп налыды.
1 Еліше бұған былай деп жауап берді: — Жаратқан Иенің сөзіне құлақ түріңдер! Жаратқан Ие мынаны айтады: Ертең осы уақытта қала қақпасының жанында бір қапшық таңдаулы бидай ұны да, екі қапшық арпа да бір-ақ мысқал күміске сатылатын болады! 2 Патша қолына сүйеніп жүретін жеке нөкері Құдайдың адамына: — Жаратқан Ие тіпті аспанның қақпаларын айқара ашып тастаса да, мұндай нәрсе қалай бола алады?! — деп сенімсіздік білдірді. Еліше оған: — Сен мұны өз көзіңмен көретін боласың, әйтсе де жей алмайсың! — деп жауап берді. 3 Сол кезде қала қақпасының маңайында алапеспен ауырған төрт адам отырған еді. Олардың біреуі қалғандарына былай деп ұсыныс жасады: «Біз осында несіне өлгенше отыра береміз? 4 Қалаға кіреміз десек, онда ашаршылық, өліп қаламыз. Осы жерде қала берсек те, бәрібір өлеміз. Одан да арамалықтардың әскер тұрағына қарай өтіп барайық. Олар бізді өлтірсе, еш айырмашылық жоқ, бәрібір өлер едік. Ал өлтірмесе, аман қалатын боламыз». 5 Олар ымырт түсе орындарынан тұрып, арамалық жасақтың тұрағына бет алды. Тұрақтың шетіне келіп қараса, онда ешкім де жоқ екен! 6 Себебі Жасаған Ие арамалық жасаққа атты әскері, соғыс күймелері бар, оларға шабуылдап аттанып, қарсы келе жатқан бір қалың қолдың қатты гүрілін естірткен болатын. Сонда арамалықтар сасқалақтап: «Ойбай, Исраил патшасы бізге қарсы хеттік патшалар мен Мысыр патшасының әскерлерін жалдап алған екен!» — деп өзара айқайласты. 7 Содан олар дереу орындарынан тұрып, шатырларын, жылқылары мен есектерін, бүкіл тұрақтарын да тастай сала таң сәріде бас сауғалап қашып кетті. 8 Енді алапес адамдар тұрақтың шетіне келіп, бір шатырға кіріп, ішіп-жеп тойынды, әрі ондағы алтын-күміс, бағалы киімдерді алып, бір жерге тығып қойды. Содан қайта келіп, басқа бір шатырға кіріп, сондағы бағалы заттарды да алып, жасырып тастады. 9 Кейін олар өзара былай десті: «Біздің бұлай еткеніміз дұрыс емес. Бүгін қуанышты күн, ізгі хабар күні! Ал біз оны ешкімге айтпай жүрміз. Егер таңертеңге дейін күтіп, оны ешкімге жеткізбесек, онда жазаға ілігіп қалуымыз мүмкін. Одан да қазір барып, мұны патша сарайына айтып берейік!» 10 Сондықтан олар қалаға барып, қақпа күзетушілерге дауыстап: «Біз арамалықтардың тұрағына барып келдік. Онда ешкім де жоқ, бос жатыр! Тек байлаулы күйі қалған аттар мен есектерді ғана көрдік, шатырлары да дәл сол күйінде қалыпты. Бірақ бірде-бір жанның даусы шыққан жоқ!», — деп мәлімдеді. 11 Қақпа күзетшілері хабарды айқайлап естіртіп, ол патша сарайына да жетті. 12 Содан патша түнде төсегінен тұрды. Бірақ ол жиналған нөкерлеріне тіл қатып: — Арамалықтардың бізге не істегендерін сендерге түсіндіріп берейін: олар біздің ашығып жатқанымыз туралы біледі. Сол себепті олар тұрақтарынан шығып, далада тығылып тұр. Бізді қаладан сөзсіз шығады деп ойлайды. Сонда олар бізді тірідей қолға түсіріп, қалаға басып кіріп алады, — деген күдігін білдірді. 13 Ал оның нөкерлерінің бірі: — Уа, тақсыр, біраз адамдарымыз қалада қалған бес атты күймеге жегіп алсын. Аштықтан қайтыс болғандар сияқты, олар да және қалада әлі де тірі қалып отырған барлығымыз да бәрібір аштан өлеміз. Сондықтан не болғанын анықтап білу үшін оларды сол жаққа жібергеніміз жөн болар, — деп ұсынды. 14 Содан олар екі күймеге аттарын жегіп, соларға барлаушыларды мінгізді. Патша оларды арамалықтардың әскеріне не болғанын біліп келуге жіберді. 15 Барлаушылар арамалықтардың артынан Иордан өзеніне дейін барып, жол бойында олардың асыға қашып кетіп бара жатқанда тастап кеткен киімдері мен жабдықтарын көрді. Барлаушылар патшаға қайта оралып, көргендерін айтып берді. 16 Содан халық қаладан шығып, арамалықтардың тұрағында қалған нәрселердің барлығын олжалап алды. Сонда Жаратқан Иенің айтқан сөзіне сәйкес, бір қапшық таңдаулы бидай ұны да, екі қапшық арпа да бір мысқал күміске сатылатын болды. 17 Патша әлгі жеке нөкерін қақпа күзетін басқаруға тағайындаған болатын. Нөкер қақпадан өтіп бара жатқан қалың халықтың табанының астында қалып, тапталып өлді. Осылайша Құдайдың адамының патша оған келген кезде айтқаны іске асты. 18 Себебі Құдайдың пайғамбары патшаға: «Ертең осы уақытта қала қақпасының жанында екі қап арпа да, бір қап таңдаулы бидай ұны да бір-ақ мысқал күміске сатылатын болады» дегенде, 19 патшаның сол нөкері пайғамбарға: «Жаратқан Ие тіпті аспан қақпаларын айқара ашып тастаса да, мұндай нәрсе қалай бола алады?!» деген болатын. Сонда пайғамбар бұл нөкерге: «Сен мұны өз көзіңмен көретін боласың, әйтсе де жей алмайсың!» деген еді. 20 Сол сөз дәл орындалды. Нөкер қалың халықтың табанының астында қалып, тапталып өлді.
1 Еліше бұдан ертерек баласын өлімнен қайта тірілткен әйелге былай деп кеңес берген болатын: «Жаратқан Ие елге жеті жылға созылатын ашаршылық жіберетін болып шешті. Отбасыңызбен көшіп бара алатын жағыңызға көшіп барып, сонда уақытша тұрып келіңіздер». 2 Сонымен әйел Құдайдың адамының кеңесі бойынша отбасымен бірге філістірлердің еліне көшіп барып, сонда жеті жыл тұрды. 3 Жеті жылдан кейін әйел еліне қайта оралып, үйі мен егістік жерінің өзіне қайтарылуын сұрап патшаға жүгінді. 4 Дәл сол кезде Құдайдың пайғамбарының қызметшісі Гехәзимен сөйлесіп отырған патша одан: «Маған Елішенің істеген ұлы істері туралы айтып берші», — деп сұрады. 5 Гехәзи Елішенің өліп қалған баланы тірілткені туралы айтып отырған кезде, сол ұлдың шешесі үйі мен жері туралы патшаға өтінішпен келе қалды. Сонда Гехәзи: «Уа, патша ием, мен сізге жаңа ғана айтқан әйел, міне, осы! Ал мынау — Еліше қайта тірілткен оның ұлы!» деді. 6 Патша әйелдің өзінен сұрағанда, ол бәрін де айтып берді. Сонда патша арнайы бір уәзірін әйелдің мәселесін шешуге тағайындап, оған: «Мына әйелге меншігінде болғанының барлығын да, оның басқа елге кеткен кезінен күні бүгінге дейін жерінен түскен өнімдерінің бәрімен қоса қайтарып алып бер!» — деп тапсырды. 7 Бірде Еліше Дамаск қаласына барды. Сол кезде Арама елінің патшасы Бен-Хадад ауырып жатқан болатын. Еліше туралы патшаға: «Құдайдың адамы осында», — деп баяндалғанда, 8 патша нөкерлерінің бірі — Хазаилға былай деп тапсырды. «Сыйлық алып, Құдайдың адамына барып кел! Ол Жаратқан Иеден: «Осы аурудан жазылар ма екенмін?» деп сұрай көрсін». 9 Хазаил Дамаскінің ең жақсы заттарынан қырық түйеге сыйлық артып алып, жолға шықты. Елішенің үйіне кіріп, оның алдында тұрып: — Сіздің құлыңыз — Арама патшасы Бен-Хадад мені сізден: «Осы аурудан жазылар ма екенмін?» деп сұрауға жіберді, — деді. 10 Еліше: — Оған қайтып барып: «Сіз сөзсіз сауығып кетесіз» де. Ал Жаратқан Ие маған оның іс жүзінде өлетінін ашық көрсетті, — деп жауап берді. 11 Еліше Хазаилға қадала қарап қалғаны сонша, ол өзін қатты ыңғайсыз сезінді. Бұдан кейін Құдайдың пайғамбары жылай бастады. 12 Хазаил: — Мырзам, неге жылайсыз? — деп сұрады. Еліше: — Өйткені мен сенің Исраил халқына қандай зұлымдықтар жасайтыныңды біліп отырмын. Сен Исраилдің бекіністі қалаларын өртеп, оның жас жігіттерін семсердің жүзімен қырасың, емшектегі сәбилерін жерге лақтырып өлтіресің, жүкті әйелдерінің іштерін жарасың! — деп жауап берді. 13 Хазаил: — Осындай ғаламат істі мендей ит іспетті пақырыңыз қалайша істей алар екен? — дегенде, Еліше: — Жаратқан Ие маған сенің Арама патшасы болатыныңды көрсетті, — деді. 14 Хазаил Елішенің қасынан кетіп, патшасына қайта оралды. Бен-Хадад: — Еліше саған не деді? — деп сұрағанда, Хазаил: — Ол сізді сөзсіз сауығып кетесіз деді, — деп жауап берді. 15 Алайда келесі күні Хазаил бір көрпені суға малып, сонымен патшаның бетін жауып, тұншықтырып өлтірді. Содан кейін Хазаил оның орнына өзі патша болып алды. 16 Солтүстік Исраилге Ахаб ұлы Жорам патшалық құрған бесінші жылы Яһуданың бұрынғы патшасы Жосапаттың ұлы Жорам Яһуда елінің патшасы болды. 17 Сол кезде Жорамның жасы отыз екіде еді. Ол Иерусалимде сегіз жыл билік жүргізді. 18 Ахабтың әулеті сияқты, Яһуда патшасы Жорам да Солтүстік Исраилдің патшаларының теріс жолымен жүрді, себебі оның әйелі Ахабтың қызы болатын. Содан Жорам Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. 19 Сонда да Жаратқан Ие Өзінің адал қызметшісі Дәуітке бола Яһуда елін жоюды қаламады. Ол Дәуітке және оның келешек ұрпақтарына ұдайы (патшалық құрып) шам-шырақ іспетті нұр шашуға мүмкіндік беру жайлы уәде еткен болатын. 20 Жорамның заманында Едом халқы Яһуда патшалығының үстемдігіне қарсы бас көтеріп, өздеріне патша тағайындап алды. 21 Сонда Жорам өзінің барлық соғыс күймелерімен шекарадан өтіп, Сайырға қарсы аттанды. Бірақ едомдықтар оның өзін және соғыс күймелерінің айдаушыларын қоршап алды. Жорам түнде тұрып, олардың қоршауын бұзып шыға алды. Алайда жасақшылары үйлеріне қашып кетті. 22 Содан бері Едом халқы осы күнге дейін Яһуданың үстемдігіне қарсы бас көтеріп келеді. Сол кезде (філістір елінің шекарасындағы) Либна қаласы да Яһуданың патшасына қарсы шықты. 23 Жорамның қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 24 Жорам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті олардың жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Охозиях орнын басып патша болды. 25 Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб ұлы Жорамның патшалық құрған он екінші жылы Яһуда елінің патшасы Жорамның ұлы Охозиях патшалық құра бастады. 26 Сол кезде Охозияхтың жасы жиырма екіде еді. Ол Иерусалимде бір жыл билік жүргізді. Оның шешесі Солтүстік Исраилдің бұрынғы патшасы Омридың немере қызы Аталия еді. 27 Охозиях Ахабтың әулетінің азғын жолымен жүріп, Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. Себебі оның нағашылары сол әулеттен болып (оны теріс жолға тайдырды). 28 Охозиях Ахаб ұлы Жорамға еріп Арама патшасы Хазаилмен соғысуға Ғилақадтағы Рамотқа аттанды. Арамалықтар шайқаста Жорамды жарақаттады. 29 Жорам жарақаттарынан емделіп жазылу үшін Ізрел қаласына қайта оралды. Сондықтан Яһуда патшасы Охозиях Жорамның халін сұрап қайтпаққа Ізрелге ылдилап барды.
1 Еліше пайғамбарлар шәкірттерінің біреуін шақырып алып, оған былай деп тапсырды: «Жолға дайындалып, қолыңа бір құты май ал да, Ғилақадтағы Рамот қаласына бар. 2 Сол жерде Німшидің немересі, Жосапаттың ұлы Ехуді тауып ал. Оны оңаша бір ішкі бөлмеге алып барып, 3 құтыдағы майды басына құйып, оған былай де: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен сені Исраилдің үстінен патша етіп тағайындадым!» Бұдан кейін есікті ашып, еш кідірмей сол жерден жүгіріп кетіп қал!» 4 Осылайша пайғамбардың жас қызметшісі Ғилақадтағы Рамотқа барды. 5 Ол сонда жеткенде, әскердің бір жерде жиналып отырған қолбасшыларын көрді. Оларға жақындап барып: — Уа, қолбасшы, сізге айтар бір сөзім бар еді, — деді. Ехудің өзі одан: — Қайсымызға? — деп нақтылады. Пайғамбардың шәкірті: — Сізге, қолбасшы! — деді. 6 Ол тұрып, екеуі үйге кірген соң пайғамбардың шәкірті қолындағы құтының майын Ехудің басына құйып тұрып былай деді: — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен сені май жағу рәсімінен өткізіп өз халқым Исраилдің үстінен патша етіп тағайындадым! 7 Сен енді қожайының Ахабтың әулетін жоюға тиіссің. Сол арқылы Мен оларды Езабелдің Маған қызмет еткен пайғамбарлардың және барлық басқа қызметшілерімнің қандарын төккені үшін жазалаймын. 8 Осылай Ахабтың бүкіл әулеті құриды, Мен Исраилдегі Ахабтан тараған азат болсын, құл болсын, әрбір еркек кіндіктінің көзін құртамын. 9 Сөйтіп Мен Ахабтың әулетін Набат ұлы Еробоғамның әрі Ахиях ұлы Бағасаның әулеттері сияқты етіп, олардан ешқандай із қалдырмаймын. 10 Иттер Езабелдің мәйітін Ізрелдің жерінде жалмап жеп қоятын болады. Осылай оның мәйіті қабірге қойылмайды! Елішенің жіберген адамы мұны айтып болған соң есікті ашып, сол жерден жүгіріп кетіп қалды. 11 Еху өзге басшыларға қайтып келгенде, біреуі: — Қалай, тыныштық па? Ана есуас жігіт саған неге келіпті? — деп сұрады. Ол: — Оның қандай адам екенін, сөздерінің сиқын өздерің де білесіңдер ғой! — деді. 12 Бірақ олар: — Жоқ, мұның өтірік! Болған істі бүкпей айтсаңшы! — деп қоймады. Содан Еху оларға: — Ол маған былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен сені май жағу рәсімінен өткізіп Исраилдің үстінен патша етіп тағайындадым». 13 Сонда олардың бәрі дереу шапандарын шешіп алып, оның алдындағы баспалдақтарға жайды да, керней тартқызып: «Еху патша жасасын!» — деп жар салды. 14 Енді Німшидің немересі, Жосапаттың ұлы Еху Жорам патшаға қарсы астыртын сөз байласты. Жорам бүкіл Солтүстік Исраилдің әскерімен Ғилақадтағы Рамот қаласын Арама патшасы Хазаилдан қорғап жатқан болатын. 15 Бірақ шайқаста арамалықтар Жорамды жарақаттап, ол жарасынан емделіп айығуға Ізрел қаласына қайта оралған еді. Еху басқа қолбасшыларға: «Егер менімен шынында ниеттес болсаңдар, ешкімнің осы жерден сытылып шығып, Ізрелге хабар жеткізуіне жол бермеңдер!» — деген нұсқау берді. 16 Содан Еху күймесіне мініп, Жорам тынығып жатқан Ізрел қаласына барды. Яһуда патшасы Охозиях Жорамның көңілін сұрап сонда келіп жатқан болатын. 17 Еху жасақшыларымен Ізрелге жақындап қалғанда, қала мұнарасындағы бақылаушы оларды байқап: «Бір топ жасақшыны көріп тұрмын», — деп хабарлады. Жорам былай деп бұйырды: «Олардың алдынан бір салт аттыны жібер! Ол аманшылық па деп сұрап келсін!» 18 Салт атты Ехудің алдынан шығып: — Патша: «Аманшылық па?» деп сұрап жатыр, — дегенде, Еху оған: — Аманшылық па, жоқ па, ол туралы неден қам жейсің? Одан да менің соңымнан ер! — деп әмір етті. Сонда бақылаушы: «Хабаршы оларға жетті, бірақ қайтпады!» — деп мәлімдеді. 19 Жорам екінші бір хабаршыны жіберді, ол да Еху бастаған топқа келіп: — Патша «Аманшылық па?» деп сұрап жатыр, — дегенде, Еху оған: — Аманшылық па, жоқ па, ол туралы неден қам жейсің? Одан да менің соңымнан ер! — деп әмір етті. 20 Енді бақылаушы: — Хабаршы оларға жетті, бірақ қайтпады! Алдыңғы күйменің жүрісі Німшидің немересі Ехудің күйме жүргізуіндей екен. Ол жынды сияқты зулатып айдайды, — деп мәлімдеді. 21 Сонда Жорам: — Күймемді дайындаңдар! — деп бұйырды. Қызметшілері оның күймесін дайындап болған соң, Солтүстік Исраил патшасы Жорам мен Яһуда патшасы Охозиях әрқайсысы өз күймесіне мініп, Ехудің алдынан шығып, онымен ізрелдік Набутайдың мұралық жер үлесінің маңында ұшырасты. 22 Жорам Ехуді көргенде, одан: — Аманшылық па, Еху? — деп сұрады. Сонда Еху: — Неткен аманшылық болсын?! Өз шешең Езабел әлі де (Жаратқан Иеге) опасыздық жасап жалған тәңірлерге табынып, сиқырлықпен молынан айналысуда емес пе?! — деп жауап қайтарды. 23 Осыны ести салысымен, Жорам кері бұрылып, Охозияхқа: «Охозиях, бұл — сатқындық!» — деп айқайлап, қаша жөнелді. 24 Ал Еху садағын бар күшімен тартып, Жорамның екі жауырынының арасын көздеп, атып жіберді. Жебе ұшып барып, оның жүрегіне дәл тиді де, Жорам күймесінің ішіне құлай кетті. 25 Сонда Еху өзінің жеке қызметшісі Бидықарға былай деп әмір етті: «Жорамды көтеріп алып, ізрелдік Набутайдың мұралық жер үлесіне лақтырып кет! Есіңде ме, екеуіміз бірде оның әкесі Ахабқа ілесіп күйме ішінде келе жатқан едік. Сонда Жаратқан Ие (өзінің пайғамбары арқылы) Ахабқа мынадай хабарын жеткізді: 26 Жаратқан Ие мынаны айтады: Набутай мен оның ұлдарының кеше төгілген қандары Менің назарымнан тыс қалған жоқ! Сол ісіңнің есесін саған дәл осы мұралық жер үлесінде қайтаратын боламын! Сондықтан Жаратқан Иенің сөзіне сай Жорамның өлігін алып, осы мұралық жер үлесіне лақтырып кет!» 27 Яһуда патшасы Охозиях осыны көргенде, күймесін бұрып, бақ ішіндегі сарайға апаратын жолға түсіп, қаша жөнелді. Еху оның соңынан қуып: «Оны да өлтіріңдер!» — деп айқай салды. Мергендер Ибеламның маңындағы Ғұрға көтерілетін жол бойында Охозияхты күймесінде отырған жерінде садақпен атып ауыр жарақаттады. Ол Мегидо қаласына қашып барып, сол жерде қайтыс болды. 28 Охозияхтың нөкерлері оның мәйітін күймемен Иерусалимге алып барып, сол жерде ата-бабаларының жанына Дәуіттің шаһарындағы қабіріне қойды. 29 Охозиях Ахаб ұлы Жорамның патшалық құрған он бірінші жылы Яһуданың патшасы болып тағайындалған еді. 30 Бұдан кейін Еху Ізрел қаласына барды. Езабел бұл туралы естіп, көздерін бояп, шашын сәндеп түйіп алып, терезеден сыртқа қарады. 31 Еху қақпадан кіргенде, Езабел оған дауыстап: «Ниетің бейбіт пе? Әй, Зімри іспетті өз қожайынын өлтіруші!» — деді. 32 Еху терезеге қарай жоғары қарап айқайлап: «Менің жағымда кім бар? Қайсыларың? — дегенде, терезеден екі-үш сарай қызметкері көрінді. 33 Еху оларға: — Ана әйелді төменге лақтырыңдар!» — деп әмір етті. Олар Езабелді терезеден жерге лақтырып жіберді. Сонда оның қаны қабырға мен аттарға шашырап, сол аттар оның денесін таптап тастады. 34 Бұдан кейін Еху сарайға кіріп, ішіп-жеді. Содан жасақшыларына: «Енді ана қарғыс атқан әйелдің мәйітін алып, қабірге қойыңдар! Ол патшаның қызы ғой!» — деп тапсырды. 35 Жасақшылар мәйітті қабірге қою үшін барды. Ал олардың бар тапқандары тек оның бас сүйегі әрі аяқ-қолдарының бастары ғана болды. 36 Олар қайтып келіп, Ехуге жағдайды мәлімдегенде ол былай деді: «Осылай Жаратқан Иенің Өзінің қызметшісі тішбелік Ілияс арқылы айтқан мына сөзі орындалды: Ізрелдің маңында иттер Езабелдің тәнін жалмайды! 37 Иә, Езабелдің мәйіті Ізрелдің жерінде даладағы қи сияқты шашылып қалады. Осылайша ешкім де: «Мынау — Езабел» деп айта алмайтын болады!»
1 Самария қаласында Ахабтан тараған тағы жетпіс ұрпағы тұрып жатты. Сол себепті Еху хат жазып, оны Самарияға, Ізрел қаласының басшылары мен беделді ақсақалдарына және Ахабтың ұрпақтарының қамқоршыларына жіберді. Хаттың мазмұны мынау болды: 2 «Сіздерде патшаның ұлдары, соғыс күймелері, аттар, бекітілген қала, қару-жарақ бар. Ендеше осы хат сіздерге жете салысымен 3 патшаның ұлдарының ішіндегі ең жақсы да, лайықты дегенін таңдап алып, оны әкесінің тағына отырғызып, патша етіп тағайындаңыздар! Содан кейін патшаларыңыздың әулетін қорғап шайқасыңыздар!» 4 Бірақ сол адамдар қатты үрейленіп: «Ехуге екі бірдей патша төтеп бере алмағанда, бізде оған төтеп беретін қандай қауқар бар?» — десті. 5 Сол себепті патша сарайының басқарушысы, қаланың әкімі, беделді ақсақалдар және қала басшылары барлығы бірге Ехуге: «Біз сіздің құлдарыңызбыз, бізге не бұйырсаңыз, соны орындаймыз. Ешкімді патша етіп қоймаймыз. Нені дұрыс деп тапқаныңызды істей беріңіз!» деген хат жіберді. 6 Еху оларға екінші хатын жазып, онда былай деді: «Егер сендер маған бағынатын болсаңдар, онда ертең осы уақытта маған Ізрелге Ахабтың ұлдарының бастарын алып келіңдер!» Ал Ахабтың ұлдары, барлығы жетпіс адам, сол қаланың беделді адамдарының жанында әрі солардың қамқорлығында болатын. 7 Хат оларға жеткенде, қаланың басшылары Ахабтың жетпіс ұлының бәрін де өлтіріп, бастарын себеттерге салып, Ізрелдегі Ехуге жіберді. 8 Хабаршы келіп, Ехуге: «Патшаның ұрпақтарының бастарын алып келген адамдар жетті!» — дегенде, ол: «Қақпаның алдында оларды екі төбешік қылып үйіп, таң атқанша қалдыра тұрыңдар!» — деп бұйырды. 9 Келесі күні таңертең Еху халықтың алдына шығып, былай деді: — Бұрынғы патшаға қарсы қастандық ұйымдастырып, оны өлтірген менмін. Сендердің жазықтарың жоқ. Бірақ мыналардың барлығын өлтірген кім болды екен? 10 Сондықтан Жаратқан Иенің Ахабтың әулеті туралы алдын ала айтқан сөздерінің ешқайсысының орындалмай қалмайтынын біліп қойыңдар! Себебі Жаратқан Ие Өзінің қызметшісі Ілияс арқылы айтқандарын қазір жүзеге асырып отыр! 11 Мұнан кейін Еху Ахабтың әулетіне жататын Ізрелдегі барлық адамдарды өлтірді. Солармен бірге Еху Ахабтың күллі нөкерлерін, дос-жарандары мен діни қызметкерлерін де өлімге бұйырды. Осылай Ахабпен байланысы болған бірде-бір тірі жан қалмады. 12 Содан соң Еху Ізрелден Самария қаласына аттанды. Жолшыбай кетіп бара жатып, ол «Шопандар қосы» атты жерге жетіп, сонда аялдады. 13 Сол жерде Еху Яһуда елінің патшасы Охозияхтың біраз туыстарын кездестірді. Олардан: — Сіздер кімсіздер? — деп сұрағанда, олар: — Біз Охозияхтың туыстарымыз. (Ахаб) патша мен (Езабел) патшайымның әулетінің хал-жағдайын біліп қайтуға бара жатырмыз! — деді. 14 Сонда Еху өзінің жасақшыларына: — Мыналарды тірідей ұстап алыңдар! — деп әмір етті. Жасақшылар оларды ұстап алды да, қырық екі адамның барлығын бірде-біреуін тірі қалдырмай сол «Шопандар қосындағы» құдықтың маңында өлтіріп тастады. 15 Еху сол жерден сапарын әрі жалғастырып бара жатқанда, алдынан (діни қызметкер) Рехап ұлы Жонадаб шықты. Еху онымен амандасып, оған: — Мен сіздің мақсатыңызды шын жүректен қолдаймын. Сіз де мені шын жүректен қолдайсыз ба? — деген сұрақ қойды. Жонадаб оған: — Иә, қолдаймын, — деп жауап бергенде, Еху: — Шынымен солай болса, онда маған қолыңызды беріңіз! — деді. Жонадаб оған қолын ұсынғанда, Еху оны өзінің күймесіне мінгізіп алды да, 16 Жонадабқа былай деді: — Менімен бірге жүріп, Жаратқан Иеге қандай ынтамен қызмет етіп жүргеніме көзіңізді жеткізіңіз! — Содан екеуі Ехудің күймесінде бірге кетті. 17 Еху Самарияға жеткенде, (сол қалада тұратын, Жаратқан Иеге опасыздық жасап күнәға батқан) Ахабқа қандай да бір байланысы барлардың бәрін жаппай қырып-жойды. Осылайша Жаратқан Иенің Ілияс пайғамбар арқылы айтқан сөзі жүзеге асты. 18 Бұл кезде Еху қаладағы халықтың барлығын жинап алып, оларға тіл қатып былай деді: «Ахаб Бағалға азғантай ғана құлшылық еткен болатын, ал мен, Еху, Бағалға одан көп құлшылық ететін боламын! 19 Енді сол үшін Бағалдың барлық пайғамбарларын, оған табынушылардың бәрін және Бағалдың бүкіл діни қызметкерлерін қасыма шақырып алып келіңдер! Ешкім де келмей қалмасын! Мен Бағалға бағыштап көптеп құрбандықтар ұсынбақпын. Кімде-кім келмей қалса, сол өлімге кесілетін болады!» — Бірақ Еху мұны Бағалға табынушылардың барлығын құрту үшін қулықпен істеп отырған еді. 20 Содан Еху: «Бағалға бағышталған салтанатты жиналысты белгілеңдер!» — деп бұйырды. Осылай жиналыс жарияланды. 21 Еху бүкіл Исраил бойынша жаршыларын жіберіп, Бағалға құлшылық етушілердің барлығы бас қосып, келмей қалған ешкім де болмады. Олардың бәрі Бағалдың ғибадатханасына жиналып, оны лық толтырды. 22 Содан соң Еху киім қоймасының басқарушысына: «Бағалдың діни қызметкерлері үшін арнайы шапандарын алып кел!» — деп тапсырды. Басқарушы шапандарды қоймадан шығарып, үлестіріп бергеннен кейін, 23 Еху Рехап ұлы Жонадабпен бірге Бағалдың ғибадатханасына кіріп, онда табынуға келгендерге: «Қазір араларыңда Жаратқан Иеге қызмет ететін ешкім жоқ па екен, соны тексеріп қарап шығыңдар! Бұл жерде тек Бағалға құлшылық етушілер ғана болсын!» — деп бұйырды. 24 Содан соң олар құрбандық шалып, түгелдей өртелетін құрбандықтар ұсынуға ғибадатханаға кірді. Еху ғимараттың айналасында өзінің сексен адамын қойып, оларға былай деп қатаң ескертіп қойған болатын: «Мен сендердің қолдарыңа тапсырған осы адамдардың бірде-біреуі қашып кететін болса, сол үшін өз жандарыңнан айырыласыңдар: жанға жан болады!» 25 Түгелдей өртелетін құрбандық ұсынуды бітіре салысымен, Еху сақшыларға және өзінің жасақшыларына: «Енді ішке кіріп, ондағылардың барлығын өлтіріңдер! Бірде-біреуінің қашып кетуіне жол бермеңдер!» — деп бұйырды. Сонда олар жиналғандарды семсермен өлтіріп, өлі денелерін сыртқа лақтырды. Бұдан кейін жалған тәңір Бағалдың ғибадатханасының ішкі бөлмесіне кіріп, 26 Бағалға бағышталған бағананы сыртқа алып шығып, өртеп жіберді. 27 Содан олар Бағалдың тас бағанасын сындырып, оған бағышталған бүкіл ғибадатхананы қиратып тастады. Оның орнын әжетханаға айналдырып, ол күні бүгінге дейін солай қолданылып келеді. 28 Осылайша Еху Исраилден Бағалға табынушылықты түп-тамырымен жойды. 29 Әйтсе де Еху Набат ұлы Еробоғамның Исраил халқын азғырған күнәларынан бас тартпай, Бетел мен Данда орнатылған алтын жас бұқа мүсіндеріне табына берді. 30 Ал Жаратқан Ие Ехуге: «Ахабтың әулетіне Менің саған тапсырғандарымның барлығын істеп жақсы еттің. Сол үшін өзіңнен кейінгі төрт ұрпағың (Солтүстік) Исраилде патшалық құратын болады!» — деп уәде берді. 31 Бірақ Еху Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің Таурат заңының жолымен жүруге шын жүректен ұмтылған жоқ. Қайта, ол Еробоғамның Исраил халқын азғырған күнәларынан бас тартпады. 32 Сол кездерден бастап Жаратқан Ие Солтүстік Исраилдің жер көлемін қысқарта бастады. (Арамалық) Хазаил патша Солтүстік Исраилге оның бүкіл елі бойынша соққы беріп жүрді. 33 Осылай Хазаил Иордан өзенінің шығысындағы Ғад, Рубен, Манаса руларының барлық жерлерін: оңтүстіктегі Арнон өзенінің бойындағы Арогер қаласынан бергі жерді әрі Ғилақад пен Башан аймақтарын түгелімен тартып алды. 34 Ал Ехудің қалған барлық іс-әрекеттері мен қажыр-қайраты туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 35 Еху көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Самариядағы қабірге қойылды. Оның ұлы Жоғахаз орнын басып патша болды. 36 Еху Самарияда Солтүстік Исраилге жиырма сегіз жыл бойы патшалық құрған еді.
1 Шешесі Аталия өз ұлы Охозияхтың өлгені туралы білген соң, Яһуда елінің патша тұқымына жататын барлық басқаларын да өлтіруге әрекеттенді. 2 Алайда Ехосабет Охозияхтың кенже ұлы Жоғасты өлімге бұйырылған патшазадалардың арасынан ұрлап алып кетті, әрі бөбекті оның бағушы әйелімен бірге бір ұйықтайтын бөлмеге жасырып қойды. Ехосабет Жорам патшаның қызы, Охозияхтың туған әпкесі болатын. Осылай Ехосабет немере інісі Жоғасты Аталиядан сақтап, өлімнен аман алып қалды. 3 Аталия Яһуда еліне билік жүргізген алты жыл бойы патшазада Жоғас Ехосабеттің қасында Жаратқан Иенің ғибадатханасында жасырынып қала берді. 4 Ал жетінші жылы діни қызметкер Еходай патшаның қарилық ұландары мен сақшылардың жүзбасыларын Жаратқан Иенің киелі үйіне шақырып алды. Еходай сол жерде олармен келісім жасап, оларға Жаратқан Иеге адал болуға ант бергізді. Содан оларға патшаның ұлын көрсетіп, 5 мынадай нұсқау берді: «Енді мынаны істеулерің қажет: Діни демалыс күні қызметке келетін сендердің үштен бірің патша сарайын күзетіңдер! 6 Келесі үштен бірің Сур қақпасында күзетте тұрыңдар! Ал соңғы үштен бірің қақпаның маңында басқа сақшылардың артында тұратын болсын! Осылай барлық үш тобың да сарайды қырағы бақылайсыңдар! 7 Ал сол күні кезекті қызметтен қайтатын екі топ, сендердің барлығың Жаратқан Иенің киелі үйін патша үшін күзететін болыңдар! 8 Сендер қаруларыңды қолдарыңа ұстап алып, патшаны айналдыра қоршап тұрыңдар! Кімде-кім сендердің қатарларыңа жақындап келсе, соның көзін құртыңдар! Патша қайда бармасын, сендер де оның жанында болып бірге барыңдар!» 9 Жүзбасылар діни қызметкер Еходайдың нұсқауларын түгелдей орындады. Олар діни демалыс күні қол астындағы адамдарының барлығын: қызметтерін сол күні бастайтындарын да, аяқтайтындарын да Еходайға ертіп алып келді. 10 Еходай жүзбасыларға ежелде Дәуіт патшанікі болған, содан бері Жаратқан Иенің ғибадатханасында сақталып келе жатқан сүңгілер мен қалқандарды үлестіріп берді. 11 Қолдарына қаруларын ұстаған ұландар патшаны айналдыра қоршап алып, киелі үйдің оң жағынан сол жағына және құрбандық үстеліне дейін шеп құрып тұрды. 12 Содан соң Еходай патшазада Жоғасты сыртқа алып шығып, басына тәж кигізіп, қолына Келісімнің айғағын ұстатты. Діни қызметкерлер Жоғасқа май жағу рәсімін орындап, оны патша етіп жариялады. Барлығы қолдарын шапалақтап, «Патша жасасын!» — деп ұрандап айқай салды. 13 Ұландар мен халықтың ұрандаған айқайын Аталия да естіді. Содан ол мән-жайды білу үшін халық жиналып тұрған Жаратқан Иенің ғибадатханасына қарай жөнелді. 14 Қараса, жас патшаның дәстүрге сай киелі үйдің кіреберісіндегі бағананың жанында тұрғанын көрді. Оның қасында басшылар мен кернейшілер тұр екен. Бүкіл елден жиналған халық шаттана айқайлап, керней тартып жатты. Аталия қатты ашуланып, көйлегінің өңірін айыра жыртып: «Қастандық, қастандық!» — деп айқайлап жіберді. 15 Діни қызметкер Еходай сақшылардың жүзбасыларына: «Оны сақшылар қатарларының арасымен алып шығыңдар! Егер әлдебіреу оған еретін болса, соның көзін құртыңдар! — деп бұйырды. Сондай-ақ: — Оны Жаратқан Иенің киелі үйінде өлтірмеңдер!» — деп те қосты. 16 Сақшылар Аталияны ұстап алып, патша сарайының ауласына аттар кіретін қақпаға әкетіп, сол жерде көзін құртты. 17 Діни қызметкер Еходай патшаға әрі халыққа Жаратқан Иемен «Біз Жаратқан Иенің халқы боламыз» деген Келісім жасатты. Сонымен қатар ол патша мен халықтың арасында да өзара келісім жасатты. 18 Содан елдің бүкіл халқы Бағал атты жалған тәңірге арналған ғибадатханаға барып, оны қиратты. Олар ондағы құрбандық үстелдері мен тәңір мүсіндерін талқандап, сол құрбандық үстелдерінің алдында Бағалдың абызы Маттанның көзін құртты. Содан кейін діни қызметкер Еходай Жаратқан Иенің киелі үйіне бақылау орнатты. 19 Ол өзімен бірге жүзбасыларын, қарилық ұландарын, сақшыларды және бүкіл елдің халқын ілестіріп, патшаны Жаратқан Иенің киелі үйінен алып шығып, барлығы Сақшылар қақпасынан өтіп, патша сарайына кірді. Сол жерде Жоғас патша тағына отырды. 20 Елдің күллі халқы бұған шат-шадыман болып қуанды. Аталия сарайдың маңында семсермен өлтірілгеннен кейін қала сабасына түсіп тыншыды. 21 Жоғас патша болған кезде жасы жетіде еді.
1 (Солтүстік Исраилге) Еху патшалық құрған жетінші жылы Жоғас Яһуда елінің патшасы болды. Ол Иерусалимде қырық жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні бер-шебалық Сибия еді. 2 Діни қызметкер Еходай оған тәлім беріп жүрген уақыттың барлығында Жоғас Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. 3 Тек биіктеу жерлердегі табыну орындары алынып тасталмады. Халық сол жерлерде құрбандық шалып, өртеп, хош иісті заттарды түтетіп ұсынуларын жалғастыра берді. 4 Бірде Жоғас діни қызметкерлерге былай деп тапсырды: «Адамдар Жаратқан Иенің киелі үйіне сый-тарту ретінде алып келген барлық күмісті жинаңдар! Ол санақта берілетін жан басы салығы әрі жеке адамдардың уәде еткен не ерікті түрде берген сый-тартулары бола алады. 5 Әрбір діни қызметкер адамдардың өзіне алып келген күмісін қабылдасын; соны ғибадатхананың жөнделуге қажетті жерлерін нығайтып қалпына келтіруге жұмсаңдар!» 6 Алайда Жоғас патшаның билік құрған жиырма үшінші жылы діни қызметкерлер ғибадатхананың қабырғаларының жарылған жерлерін әлі де жөндемеген болатын. 7 Содан Жоғас патша діни қызметкер Еходайды және басқа да діни қызметкерлерді шақырып алып: «Ғибадатхананы неге жөндемей жатырсыңдар? Бұдан былай сый-тартуға әкелінген күмісті өз қажеттерің үшін еш алушы болмаңдар! Енді оларды киелі үйді қалпына келтіру үшін қолдануға беріңдер!» — деп бұйырды. 8 Сонда діни қызметкерлер халықтан енді қайтып күміс алмауды әрі ғибадатхананы өздері жөндемеуді ұйғарды. 9 Діни қызметкер Еходай бір жәшікті алып, оның үстіңгі жағында тесік жасап, жәшікті Жаратқан Иенің киелі үйіндегі құрбандық үстелінің қасына, ғибадатханаға кіреберістің оң жағына қойды. Кіреберісті күзететін діни қызметкерлер Жаратқан Иенің киелі үйіне әкелінген барлық күмісті сол жәшікке салатын болды. 10 Жәшікте көп күміс жиналып қалған әр кез сайын патшаның хатшысы және бас діни қызметкер келіп, Жаратқан Иенің үйіне әкелінген сол күмісті арнайы қапшықтарға салып, таразыға тартып өлшейтін. 11 Күміс есептеліп болғаннан кейін, олар оны Жаратқан Иенің киелі үйіндегі жөндеу жұмыстарын басқарушыларға тапсыратын. Басқарушылар сол күмісті ғибадатханада жұмыс жасайтын ағаш ұсталарына, құрылысшыларға, 12 тас қашаушылар мен қалаушыларға беретін. Бұлар күмісті киелі үйдегі жөндеу жұмыстары үшін бөренелер мен қашалған тастар және тағы басқа да керекті заттарды сатып алу үшін жұмсайтын. 13 Осы әкелінген күмістен Жаратқан Иенің киелі үйінде қолданылатын бірде-бір күміс кесе, білте түзеткіш, тостаған, керней не басқа да алтын, күміс бұйымдар жасалмады. 14 Күмістің барлығы жұмысшыларға беріліп, Жаратқан Иенің киелі үйін жөндеуге жұмсалатын. 15 Жұмысшыларға күмісті тапсырған қызметкерлерден айрықша есеп талап етілмейтін, өйткені олар мұны адал атқаратын. 16 Ал айыпты өтейтін және күнәнің құнын өтейтін құрбандықтармен бірге ұсынылатын күміс Жаратқан Иенің киелі үйінің ішіне кіргізілмейтін. Ол діни қызметкерлердің өздеріне арналған. 17 Сол кезде Арама патшасы Хазаил Ғат қаласына қарсы аттанып, шабуыл жасап, оны басып алды. Бұдан кейін ол Иерусалимге өрлеп аттанып, оған да шабуыл жасамақ болды. 18 Бірақ Яһуда елінің патшасы Жоғас өзінің ата-бабалары — Яһуданың бұрынғы патшалары Жосапат, Жорам және Охозияхтың Жаратқан Иеге бағыштаған барлық құнды сый-тартуларын, өзінің де Оған бағыштаған тартуларын жинап алды. Оларды Жаратқан Иенің киелі үйінің және патша сарайының қазыналарындағы барлық алтындарымен бірге Хазаил патшаға беріп жіберді. Сонда Хазаил Иерусалимге шабуыл жасаудан бас тартып, кері қайтты. 19 Жоғастың қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 20 Ал Жоғастың қызметкерлері оған қарсы астыртын сөз байласып, патшаны Силлаға апаратын еңіс жолмен кетіп бара жатқан жерінде Бет-Миллоның маңында өлтіріп тастады. 21 Мұны істеген қызметкерлер Шимеяттың ұлы Жозақар және Шомер ұлы Ехозабад болды. Жоғастың мәйіті ата-бабаларының жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Амасиях орнын басып патша болды.
1 Яһуда еліне Охозияхтың ұлы Жоғас патшалық құрған жиырма үшінші жылы Еху ұлы Жоғахаз Самарияда Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол он жеті жыл бойы билік жүргізді. 2 Жоғахаз Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларына еліктеп, соларды жасаудан ешқашан бас тартқан жоқ. 3 Сол себепті Жаратқан Иенің қаһары Солтүстік Исраилге қарсы лап етті. Ол елді ұзақ уақыт бойы Арама патшасы Хазаилдан және оның ұлы Бен-Хададтан жеңіле беретін етті. 4 Сонда Жоғахаз патша Жаратқан Иенің рақым етуін жалбарына сұрап сиынды. Жаратқан Ие оған құлақ асты, өйткені Ол Арама патшасының Солтүстік Исраилді аяусыз қанай бергенін көрген болатын. 5 Сондықтан Жаратқан Ие Солтүстік Исраилге бір құтқарушыны жіберді. Соның бастауымен исраилдіктер Араманың бұғауынан босап, қайтадан өз үйлерінде қауіпсіз тұратын болды. 6 Әйтсе де олар Еробоғам әулетінің Исраилге енгізіп кеткен күнәларынан бас тартпай, соларын жалғастыра берді. Самария қаласында жалған тәңір Ашераға арнап орнатылған ағаш бағана да сол күйі тұра берді. 7 Ақырында Жоғахаздың әскерінен бар болғаны елу салт атты, он соғыс күймесі және он мың жаяу жасақшысы ғана қалды. Себебі басқа жауынгердің бәрін Араманың патшасы қырып-жойып, табанымен таптағандай талқандаған еді. 8 Жоғахаздың қалған барлық іс-әрекеттері мен қажыр-қайраты туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 9 Жоғахаз көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Самария қаласындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Жоғас орнын басып патша болды. 10 Яһуда еліне (Охозиях ұлы) Жоғас патшалық құрған отыз жетінші жылы Жоғахаз ұлы Жоғас Самария қаласында Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол он алты жыл бойы билік жүргізді. 11 Жоғахаз ұлы Жоғас Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларының бірде-біреуінен бас тартпай, оларды жасауын жалғастыра берді. 12 Жоғастың қалған барлық іс-әрекеттері және оның Яһуда патшасы Амасияхқа қарсы қажыр-қайратпен жүргізген соғысы туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 13 Жоғас көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, (оның ұлы) Еробоғам тағына отырып патша болды. Жоғастың мәйіті Самарияда Солтүстік Исраил патшаларының жанына қабірге қойылды. 14 Еліше пайғамбар ауырып хал үстінде жатқанда, көңілін сұрай келген Солтүстік Исраилдің патшасы Жоғас көзіне жас алып: — Әкем-ау, әкем! Исраилді қорғаушы әрі жетелеуші! — деп қайғырды. 15 Ал Еліше оған: — Қолыңа садақ пен жебелер ал! — деп нұсқады. Патша оларды қолына алғанда 16 Еліше оған: — Ал енді, атуға дайындалып, садағыңды тарт! — деп тапсырды. Ол садағын тартып жатқан кезде Еліше өзінің қолдарын патшаның қолдарының үстіне қойды. 17 Еліше: «Шығысқа қарап тұрған терезені аш!» — деп бұйырды. Патша оны ашқанда, Еліше: «Енді ат!» — деді. Сонда Жоғас атып жіберді. Пайғамбар: «Бұл жебе Жаратқан Иенің жеңіс сыйлайтынын әрі елді Арамадан құтқаратынын бейнелейді! Сен арамалықтарды Әфектің маңында толығымен талқандайсың!» — деп түсіндірді. 18 Содан соң ол тағы да: «Жебелерді ал!» — дегенде, патша жебелерді алды. Еліше оған: «Солармен жерді соққыла!» — деп тапсырды. Ол жерді үш рет соқты да, тоқтай қалды. 19 Құдайдың пайғамбары бұған ашуланып: «Сен жерді бес немесе алты рет соғуың қажет еді! Сонда Арамаға соққы бергенде, оны толығымен талқандаған болар едің. Бірақ сен енді Арамаға тек үш рет қана соққы беретін боласың», — деді. 20 Бұдан кейін Еліше қайтыс болып, қабірге қойылды. Сол кездері моабтықтардың жасақшылар топтары жыл сайын көктем кезінде елге баса-көктеп кіріп жүретін еді. 21 Бір күні біреуді қабірге қойып жатқан исраилдіктер осындай тонаушы топты байқап қалды. Олар адамның мәйітін тездетіп Елішенің қабіріне лақтыра салып, қаша жөнелді. Сонда Елішенің сүйектерімен жанасқан мәйітке жан бітіп, адам қайта тіріліп, аяғына тік тұрды. 22 Солтүстік Исраилге Жоғахаз патшалық құрған барлық кезде Арама патшасы Хазаил елге зорлық-зомбылық көрсеткен болатын. 23 Ал Жаратқан Ие исраилдіктерге рақымды да шапағатты болып Ыбырайым, Ысқақ, Жақыппен жасаған Келісіміне бола оларға мейірімімен назарын аударды. Жаратқан Ие бүгінгі күнге дейін оларды не құртқысы, не Өзінің алдынан аластатқысы да келмейді. 24 Арама патшасы Хазаил қайтыс болып, оның ұлы Бен-Хадад орнына патша болды. 25 Хазаил кезінде Жоғастың әкесінен тартып алған қалаларды Жоғас енді Бен-Хададтан өз билігіне кері қайтарып алды. Себебі Жоғас Бен-Хададты үш рет жеңіп шығып, сол исраилдік қалаларды еліне қайтадан қосты.
1 Солтүстік Исраилге Жоғахаз ұлы Жоғастың патшалық құрған екінші жылы Жоғас ұлы Амасиях Яһуда елінің патшасы болды. 2 Сол кезде оның жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде жиырма тоғыз жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні иерусалимдік Ехоғадан еді. 3 Амасиях Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істесе де, оның іс-әрекеттері түп атасы Дәуіттікіндей болмады. Қайта, Амасиях барлық жағынан әкесі Жоғастың үлгісімен жүрді. 4 Биіктеу жерлердегі табыну орындары қиратылып тасталмады. Халық сол орындарда құрбандық шалып, өртеп, хош иісті зат түтетіп ұсынуларын жалғастыра берді. 5 Өзінің патшалық билігі берік орнатылғаннан кейін, Амасиях әкесі Жоғас патшаны өлтірген нөкерлерді өлімге кесті. 6 Бірақ сол қылмыскерлердің балаларын өлтірткен жоқ. Амасиях мұны Жаратқан Иенің Мұса арқылы тапсырған Таурат заңы кітабында берген мына бұйрығына сай істеді: «Не балаларының істері үшін әкелерін, не әкелерінің істері үшін балаларын өлімге кесуге болмайды. Әркім тек өз қылмысы үшін ғана өлімге кесіледі». 7 Амасиях Тұзды аңғарда он мың едомдыққа соққы беріп, (елдің астанасы) Селаны басып алып, оған Жоқтеил деген ат берді. Осы қала қазір де солай аталады. 8 Мұнан кейін Амасиях Солтүстік Исраилдің патшасы Жоғасқа елшілерін жіберді. Осы Жоғас Ехудің немересі, Жоғахаздың ұлы еді. Амасиях оған: — Кел, бетпе-бет соғысайық! — деген шақыруын жолдады. 9 Ал Солтүстік Исраилдің патшасы Амасияхқа мынадай (мысалды келтіріп) жауап қайтарды: — Бірде Ливан тауларында өсіп тұрған бір аласа тікенді бұта Ливандағы зәулім самырсын ағашына: «Қызыңды менің ұлыма бер!» деген екен. Бірақ сол тікенді бұтаның жанынан бір ливандық аң өтіп бара жатып, оны басып, жаншып тастапты. 10 Сен шынында да Едомды жеңдің, енді содан өркөкіректеніп кетіпсің. Мақтансаң, сарайыңда қалып, мақтана бер. Басыңа пәле іздеп, не қыласың?! Әйтпесе Яһудаңмен қоса құрып кетерсің! 11 Бірақ Амасиях оның сақтандыруын тыңдамай қойды. Содан Солтүстік Исраилдің патшасы өзінің әскерін ертіп Амасияхқа қарсы өрлеп барды. Екеуінің арасындағы шайқас Яһуда жеріндегі Бет-Шәміш қаласының маңында болды. 12 Яһуда әскері Солтүстік Исраилден жеңіліп, барлық жасақшылары үйлеріне қашып кетті. 13 Жоғас патша Бет-Шәміште Яһуда елінің патшасы Амасияхты қолға түсіріп, оның астанасы Иерусалимге аттанды. Жоғас қала қамалы қабырғасының Ефрем және Бұрыш қақпаларының арасындағы үлкен бөлігін құлатып тастады. Сол бөліктің ұзындығы шамамен төрт жүз шынтақ болатын. 14 Жоғас, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйінен және патша сарайының қазына қоймаларынан тапқан алтын-күмісін және арнайы құрал-жабдықтарының бәрін тонады, әрі кепілдікке адамдар алып, Самарияға қайтып кетті. 15 Жоғастың қалған іс-әрекеттері мен қажыр-қайраты және Яһуда патшасы Амасияхпен жүргізген соғысы туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 16 Жоғас көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Солтүстік Исраил патшаларының жанына қабірге қойылды. Оның ұлы Еробоғам орнын басып патша болды. 17 Солтүстік Исраилдің патшасы Жоғахаз ұлы Жоғас қайтыс болғаннан кейін, Яһуда елінің патшасы Амасиях тағы он бес жыл өмір сүрді. 18 Амасияхтың қалған іс-әрекеттері «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 19 Патшаның дұшпандары Иерусалимде оған қарсы астыртын сөз байласты. Содан патша Лахышқа қашып кетті. Бірақ олар артынан адам жіберіп, Амасияхты сол қалада өлтіртті. 20 Оның мәйіті атқа артылып Иерусалимге әкелініп, ата-бабаларының жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. 21 Яһуданың бүкіл халқы он алты жасар Ұзияхты әкесі Амасияхтың орнына патша етіп тағайындады. 22 Әкесі көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгеннен кейін, Ұзиях (Қызыл теңіздің шығанағындағы) кеме тоқтайтын Елат қаласын қайтадан салғызып, Яһуда еліне қосты. 23 Яһуда еліне Жоғас ұлы Амасиях патшалық құрған он бесінші жылы Жоғас ұлы Еробоғам Самария қаласында Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол қырық бір жыл бойы билік жүргізді. 24 Еробоғам Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, ежелде Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларының ешқайсысынан бас тартпады. 25 Жоғас ұлы Еробоғам Солтүстік Исраилдің (шығыстағы) шекарасын Лебо-Хаматтан бастап оңтүстіктегі Өлі теңізге дейін қалпына келтірді. Бұл Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің өз қызметшісі — ғат-хеферлік Аматтай ұлы Жүніс пайғамбар арқылы алдын ала айтқан сөзіне сәйкес болды. 26 Себебі Жаратқан Ие Исраил халқының малай болсын, ерікті адам болсын, барлығының да басынан өткізіп жатқан ауыр азаптарына назар аударды. Оларға қол ұшын беретін ешкім болған жоқ. 27 Жаратқан Ие Исраилдің есімін аспан астынан жоқ қылуды ұйғармағандықтан, елді Жоғас ұлы Еробоғам арқылы құтқарды. 28 Еробоғамның қалған барлық іс-әрекеттері, оның қажыр-қайратпен жүргізген соғыстары және баяғыда Яһуданың қол астында болған Дамаск пен Хамат қалаларын Солтүстік Исраилге қалай қайтарғаны туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 29 Еробоғам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Солтүстік Исраил патшаларының қабіріне қойылды. Оның ұлы Зәкәриях орнын басып патша болды.
1 Солтүстік Исраилге Жоғас ұлы Еробоғамның патшалық құрған жиырма жетінші жылы Амасиях ұлы Ұзиях Яһуда елінің патшасы болды. 2 Сол кезде Ұзияхтың жасы он алтыда еді. Ол Иерусалимде елу екі жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні иерусалимдік Ехолия болатын. 3 Әкесі Амасиях (алғашқыда) істегендей, Ұзиях та Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. 4 Дегенмен биіктеу жерлердегі табыну орындары қиратылып тасталмады. Халық бұрынғыдай сол жерлерде хош иісті заттарды түтетіп ұсынуларын жалғастыра берді. 5 Кейінірек Жаратқан Ие Ұзияхты (еркінсіп жасаған күнәсі үшін) жазалап алапес ауруын жіберді. Ұзиях өмірінің соңына дейін алапес болып ауырған күйі қала беріп, жеке үйде тұрды. Патшаның ұлы Жотам сарайдағы істерді басқарып, елдің халқына билік жүргізді. 6 Ұзияхтың қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 7 Ұзиях көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Дәуіттің шаһарындағы соларға жақын қабірге қойылды. Оның ұлы Жотам орнын басып патша болды. 8 Яһуда еліне Ұзиях патшалық құрған отыз сегізінші жылы Еробоғам ұлы Зәкәриях Самария қаласында Солтүстік Исраилдің үстінен патша болды. Ол алты ай билік жүргізді. 9 Зәкәриях өзінің ата-бабалары сияқты Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, ежелде Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларынан бас тартпады. 10 Ябес ұлы Шаллум Зәкәрияхқа қарсы астыртын сөз байласып, оны халықтың көз алдында өлтіріп, оның орнына өзі патша болып алды. 11 Зәкәрияхтың қалған іс-әрекеттері туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 12 Сонымен Жаратқан Иенің Ехуге айтқан мына сөзі жүзеге асқан еді: «Өзіңнен кейінгі төрт ұрпағың (Солтүстік) Исраилде патшалық құратын болады!» 13 Яһуда еліне Ұзиях патшалық құрған отыз тоғызыншы жылы Ябес ұлы Шаллум Солтүстік Исраилде патша болды. Ол Самария қаласында бір-ақ ай билік жүргізді. 14 Себебі Ғади ұлы Менахим Тирса қаласынан Самарияға өрлеп барып, сол қалада Ябес ұлы Шаллумды қастандықпен өлтіріп, оның орнына өзі патша болып алды. 15 Шаллумның қалған іс-әрекеттері және оның жасаған қастандығы туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 16 Бұдан кейін Менахим Тирсадан аттанып, Типсах қаласы мен оның маңайындағы барлық халыққа тап берді. Себебі олар оған қала қақпаларын ашудан бас тартқан болатын. Менахим олардың көздерін құртып, тіпті жүкті әйелдерінің іштерін жарып өлтірді. 17 Яһуда еліне Ұзиях патшалық құрған отыз тоғызыншы жылы Ғади ұлы Менахим Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол Самарияда он жыл билік жүргізді. 18 Менахим Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, ежелде Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларынан өмірінің соңына дейін бас тартпады. 19 Менахимнің заманында Ассур патшасы Тығылат-Пәләсер Солтүстік Исраилге қарсы аттанды. Менахим оның қолдауына ие болып, өзінің елдегі билігін күшейту үшін Ассур патшасына мың ат басындай күміс төледі. 20 Менахим осы күмісті Исраил еліндегі барлық дәулетті адамдардан күшпен жинап алды. Патша солардың әрқайсысын елу мысқал күміс төлеуге мәжбүрледі. Күмісті алған Ассур патшасы Исраилден кетіп, еліне қайта оралды. 21 Менахимнің қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 22 Менахим көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, оның ұлы Пақиях орнын басып патша болды. 23 Яһуда еліне Ұзиях патшалық құрған елуінші жылы Менахим ұлы Пақиях Самария қаласында Солтүстік Исраилдің үстінен патша болды. Ол елге екі жыл бойы билік жүргізді. 24 Пақиях Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, ежелде Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларынан бас тартпады. 25 Кейін оның Ремалиях ұлы Пақах деген бір нөкері оған қарсы астыртын сөз байласты. Сол Пақах елу ғилақадтық адамды ертіп алып, Пақиях патшаға және Арғоп пен Арие деген тағы екі адамға Самариядағы патша сарайының қорғанында бас салып, оларды өлтірді. Содан кейін Пақах Пақияхтың орнына өзі патша болып алды. 26 Пақияхтың қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 27 Яһуда еліне Ұзиях патшалық құрған елу екінші жылы Ремалиях ұлы Пақах Самария қаласында Солтүстік Исраилдің үстінен патша болып, оған жиырма жыл билік жүргізді. 28 Пақах Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, ежелде Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилді азғырған күнәларынан бас тартпады. 29 Солтүстік Исраилдің патшасы Пақахтың заманында Ассур патшасы Тығылат-Пәләсер қайтадан аттанып келіп, Ион, Әбел-Бет-Маха, Янох, Қадеш, Хасор қалаларын жаулап алды. Жау сондай-ақ Ғилақад пен Ғалилея аймақтарын және Нафталим руының бүкіл жерін басып алып, тұрғындарын Ассурға жер аударып алып кетті. 30 Бұдан кейін Ила ұлы Ошия Ремалиях ұлы Пақахқа қарсы астыртын сөз байласып, оны өлтірді. Содан Пақахтың орнына Ошияның өзі патша болып алды. Бұл Яһуда еліне Ұзиях ұлы Жотамның патшалық құрған жиырмасыншы жылы орын алды. 31 Пақахтың қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 32 Солтүстік Исраилге Ремалиях ұлы Пақах патшалық құрған екінші жылы Ұзиях ұлы Жотам Яһуда елінің патшасы болды. 33 Сол кезде оның жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Жотамның шешесінің аты-жөні Садық қызы Еруша болатын. 34 Әкесі Ұзиях (алғашқыда) істегендей, Жотам да Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. 35 Дегенмен биіктеу жерлердегі табыну орындары қиратылып тасталмады. Халық сол жерлерде құрбандық шалып өртеп, хош иісті заттарды түтетіп ұсынуларын жалғастыра берді. Ал Жотам патша Жаратқан Иенің киелі үйінің Жоғарғы қақпасын қайта салғызды. 36 Жотамның қалған істерінің бәрі туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 37 Оның патшалық құрған заманында Жаратқан Ие Араманың патшасы Ресинді және Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақахты Яһуда еліне қарсы аттандырып, шабуыл жасата бастады. 38 Жотам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті олардың жанына түп атасы Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Ахаз орнын басып патша болды.
1 Солтүстік Исраилге Ремалиях ұлы Пақах патшалық құрған он жетінші жылы Жотам ұлы Ахаз Яһуда елінің патшасы болды. 2 Сол кезде оның жасы жиырмада еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Кезінде сиынған Құдайы Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеген түп атасы Дәуітке Ахаз еш ұқсамады. 3 Керісінше, ол Солтүстік Исраилдің патшаларының теріс жолымен жүрді. Ахаз тіпті өз ұлын (жалған тәңірге арнап) құрбан етіп өртеп жіберді. Осылайша ол Жаратқан Ие ежелде исраилдіктердің алдынан елден қуып шыққан азғын халықтардың жексұрын дәстүрлеріне еліктеді. 4 Сонымен қатар Ахаз төбе бастары мен өзге де биіктеу жерлердегі табыну орындарында және әрбір саялы ағаштың түбінде жалған тәңірлерге арнап құрбандық шалып, хош иісті заттар түтетіп ұсынып жүрді. 5 Бұл уақытта Араманың патшасы Ресин және Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақах (Яһуда елінің астанасы) Иерусалимге өрлеп аттанып, оған қарсы шабуыл жасады. Олар қаланы қоршап алғанмен, Ахаз патшаны жеңе алмады. 6 Сол кездері Арама патшасы Ресин (Ақаба шығанағындағы кеме тоқтайтын) Елат қаласын қайтадан иемденіп алып, қаладан яһудалықтарды толығымен аластатты. Едомдықтар сонда көшіп барып, күні бүгінге дейін тұрып жатыр. 7 Содан Ахаз Ассур патшасы Тығылат-Пәләсерге елшілерін жіберіп, мынадай сәлемін жолдады: «Сіздің құлыңызбын, сізге балаңыздай мойынсұнамын! Осында аттанып келіп, мені Арама мен Солтүстік Исраилдің патшаларының қолынан құтқарсаңыз екен! Олар маған қарсы шабуыл жасауда!» — 8 Ахаз, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйінің және патшалық сарайдың қазына қоймаларынан табылған алтын-күмісті жинап алып, Ассур патшасына сыйлыққа жіберді. 9 Сонда Ассур патшасы оның тілегін орындап Дамаскіге жорыққа аттанып, қаланы басып алды. Содан қаланың бүкіл халқын шығыстағы Кир аймағына жер аударып, Ресин патшаның өзін өлтіріп тастады. 10 Бұдан кейін Ахаз патша Ассур патшасы Тығылат-Пәләсермен кездесуге Дамаск қаласына барды. Дамаскідегі (жалған тәңірге бағышталған) құрбандық үстелін көргенде, Ахаз патша діни қызметкер Ұрияға құрбандық үстелінің бейнесін және оны тұрғызудың толық жобасын жіберді. 11 Діни қызметкер Ұрия Ахаз патшаның Дамаскіден жіберген күллі нұсқауларына сәйкес құрбандық үстелін жасатып, оны патша қайтып келерінің алдында бітіріп қойды. 12 Дамаскіден қайта оралғаннан кейін патша жаңадан салынған құрбандық үстелін қарап шығып, жанына көтеріліп барды. Оның үстінде 13 өзінің түгелдей өртелетін құрбандығы мен астық тартуын өртеп, сұйық тартуын және ризашылық білдіретін құрбандығының қанын төгіп (жалған тәңірлерге) ұсынды. 14 Ал Жаратқан Иеге бағышталған қола құрбандық үстелін Ахаз Жаратқан Иенің киелі үйінің алдындағы өз орнынан, яғни жаңадан орнатқызған құрбандық үстелі мен Жаратқан Иенің киелі үйінің арасынан, алып тастап, оны жаңа құрбандық үстелінің солтүстік жағына қарай жылжытып қойды. 15 Ахаз патша діни қызметкер Ұрияға былай деп нұсқау берді: «Жаңадан салынған дәу құрбандық үстелінде таңертең шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар, кеште астық тартулары ұсынылсын! Онда патша мен халықтың өртелетін құрбандықтары мен астық тартулары және халықтың сұйық тартулары да ұсынылып, үстіне құрбандыққа шалынған барлық малдардың қаны төгілетін болсын! Ал қола құрбандық үстелі менің болашақ жайттарды болжап білуіме арналмақ». 16 Діни қызметкер Ұрия Ахаз патшаның осы нұсқауларының барлығын бұлжытпай орындады. 17 Содан соң Ахаз жылжымалы қола тұғырлардың шеттерін кестіріп, үстіндегі қазандарды алдыртып тастады. Патша дәу қазанды да он екі бұқа мүсіні тәрізді қола тұғырдан алдыртып, оны тас төселген басқа негізге орнатты. 18 Ассур патшасына жағыну үшін ол, сондай-ақ, киелі үйдің ауласындағы демалыс күнге арналған жабық жолды алып тастап, патшаның Жаратқан Иенің киелі үйіне апаратын сыртқы кіреберісін жауып қойды. 19 Ахаздың қалған істері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 20 Ахаз көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті олардың жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Езекия орнын басып патша болды.
1 Яһуда еліне Ахаз патшалық құрған он екінші жылы Ила ұлы Ошия Самария қаласында Солтүстік Исраилдің патшасы болып, тоғыз жыл билік жүргізді. 2 Ошия Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді, бірақ олары Солтүстік Исраилдің бұрынғы патшаларының қылықтарындай болған жоқ. 3 Бірде Ассурдың патшасы Салманасар Ошияға қарсы аттанды. Себебі бұрынырақ Ошия оған бағынышты болып, алым-салық төлейтін еді. 4 Ал сол кезде Ошия Ассур патшасына әр жылға төленетін алым-салығын жібермей, оған қарсы одақтаспақ болып Мысыр патшасы Со перғауынға елшілерін жолдады. Мұнысын Ассурдың патшасы біліп қойып, Ошияны ұстап алып, зынданға жауып тастады. 5 Ассурдың патшасы бүкіл елді жаулап алып, Самария қаласына барып, оны үш жыл бойы қоршауға алды. 6 Ошия патшалық құрған тоғызыншы жылы Ассур патшасы Самарияны қолына түсіріп, оның халқын Ассур еліне жер аударып әкетті. Оларды Халахқа, Хабор өзенінің бойындағы Ғозанға және Мидияның қалаларына қоныстандырды. 7 Мұның барлығы исраилдіктер өздерінің Құдайы Жаратқан Иеге қарсы күнә жасағандықтарының кесірінен болды. Ал Жаратқан Ие ежелде олардың ата-бабаларын Мысыр патшасы перғауынның қолынан құтқарып, сол елден алып шыққан болатын. Сонда да Исраил халқы бөгде тәңірлерді терең қастерлейтін болды, әрі 8 Жаратқан Ие ата-бабаларының алдынан елден қуып шыққан халықтардың теріс әдеттеріне және Солтүстік Исраилдің патшалары енгізген азғын дәстүрлеріне еліктеді. 9 Исраилдіктер, сондай-ақ, өздерінің Құдайы Жаратқан Иеге қарсы әділетсіз істерді астыртын да істеп жүрді. Олар барлық елді мекендерінде, күзет мұнарасында болсын, қамалды қалада болсын биіктеу жерлердегі табыну орындарын жасап алған болатын. 10 Осылайша исраилдіктер әр биік төбе басында және әрбір саялы ағаштың түбінде тас бағаналарды және әйел тәңір Ашераға арналған ағаш бағаналарды орнатып қойды. 11 Жаратқан Ие өздерінің алдынан аластатқан елдің бұрынғы тұрғындары істегендей, олар да сол биіктеу жерлердің барлығында (жалған тәңірлерге арнап) хош иісті заттарды түтетіп ұсынып жүрді. Исраилдіктер бұларымен Жаратқан Иенің қаһарын туғызатын қылықтар жасады. 12 Жаратқан Ие: «Бұндай нәрсені істемеңдер!» деп бұйырғанмен, олар жалған тәңірлерге құлшылық ете берді. 13 Жаратқан Ие Солтүстік Исраилдің және Яһуданың халқын Өзінің барлық пайғамбарлары мен хабаршылары арқылы: «Жаман жолдарыңнан қайтыңдар! Мен ежелде ата-бабаларыңа тапсырған, әрі Өзіме қызмет етуші пайғамбарларым арқылы сендерге де табыстаған бүкіл Таурат заңымдағы өсиеттерім мен ережелерімді орындаңдар!» — деп ескертіп жүрді. 14 Бірақ олар тыңдамай, кезінде өздерінің Құдайы Жаратқан Иеге сенім артпаған ата-бабалары сияқты тоңмойын болып қасарысып алды. 15 Осылай Құдайдың халқы Оның тапсырған ережелерінен де, ата-бабаларымен жасаған Келісімінен де бас тартып, ескертулеріне құлақ аспады. Соның орнына олар түкке тұрғысыз «тәңір бейнелеріне» табынып, өздері де түкке тұрғысыз болып кетті. Жаратқан Ие: «Солар сияқты істемеңдер!» — деп тыйым салғанмен, олар айналаларындағы халықтардың соңынан ілесіп кетті. 16 Содан исраилдіктер бұрын сиынған Құдайлары Жаратқан Иенің барлық өсиеттерінен безіп, жас бұқаның екі мүсінін құйып алып, Ашераға арналған ағаш бағананы да жасап орнатты. Сондай-ақ, олар аспан денелерінің барша топтарына да табынып, Бағалға да құлшылық ететін болды. 17 Олар тіпті өз ұл-қыздарын отқа өртеп құрбан етіп, балгерлікпен және сиқыршылықпен де айналысты. Осылай исраилдіктер Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеуге салынып, Оның қаһарын туғызды. 18 Бұдан Жаратқан Ие исраилдіктерге қатты қаһарланып, оларды Өзінің қасынан аластатты. Тек Яһуда руынан басқа ешкім елде қалмады. 19 Алайда Яһуданың халқы да өзінің Құдайы Жаратқан Иенің өсиеттерін орындамай, Солтүстік Исраил енгізген жаман дәстүрлерге еліктеп кетті. 20 Сондықтан Жаратқан Ие Исраилдің бүкіл үрім-бұтағынан бас тартып, оларды түрлі пәлелерге ұшыратты. Халық Өзінің қасынан толығымен аластатылғанша, Жаратқан Ие оларды тонаушы басқыншылардың қолдарына тапсырды. 21 Бұрынырақ Жаратқан Ие Солтүстік Исраилді Дәуіттің әулетінің билігінен тартып алған кезде, оның халқы Набат ұлы Еробоғамды өздеріне патша етіп таңдап қойған болатын. Ал Еробоғам оларды Жаратқан Иеге мойынсұндырмай зор күнә жасауға адастырды. 22 Солтүстік Исраилдің халқы Еробоғам енгізген күнәлардың бәрін жасай беріп, олардан бас тартпады. 23 Ақыры, Өзіне қызмет еткен бүкіл пайғамбарлары арқылы алдын ала ескерткендей, Жаратқан Ие оларды өз қасынан аластатты. Сонда Солтүстік Исраилдің халқы Ассур еліне жер аударылды. Олар күні бүгінге дейін сол жерде тұрып жатыр. 24 Ассур елінің патшасы Бабыл, Құта, Аууа, Хамат және Сепар-Уайм өлкелерінен халқын көшіріп әкеліп, оларды исраилдіктердің орнына Самария еліндегі қалаларға қоныстандырды. Осылар Солтүстік Исраилдің жерін иемденіп, қалаларына орнығып алды. 25 Солтүстік Исраилге енді ғана қоныс тепкен жат жерліктер Жаратқан Иені қастерлемейтін. Сондықтан Жаратқан Ие соларға арыстандарды жіберіп, олар бірсыпыра адамды қырып тастады. 26 Сонда Ассур патшасына: «Өзіңіз жер аударып алып келіп, Самарияның қалаларына қоныстандырған халқыңыз сол жердің Тәңірінің бұйырған табыну ережелерін білмейді. Сондықтан Ол араларына арыстандарды жіберіп, олар адамдарды жарып құртып жатыр. Өйткені халық жердің Тәңірінің заңдарын білмейді», — деген хабар жетті. 27 Ассур патшасы: «Сол жақтан жер аударылған діни қызметкерлердің бірін еліне қайтарыңдар! Ол сонда тұрып, халыққа сол жердің Тәңірінің заңдарын үйретсін!» — деп әмір етті. 28 Содан Самариядан жер аударылған діни қызметкерлердің бірі Бетел қаласына келіп қоныстанып, көшіп келгендерге Жаратқан Иені қастерлеп, Оған ғибадат етуді үйретті. 29 Бірақ солардың әрбір ұлты мекендеген қалаларында өздері табынып келген жалған тәңірлерінің мүсіндерін де жасап алды. Соларын бұрын самариялықтар биіктеу жерлерде салып кеткен ғибадатханаларға орналастырды: 30 бабылдықтар — Соқот-Бенот, құталықтар — Нергал, хаматтықтар — Ашима, 31 аууалықтар — Нибхаз бен Тартақ есімді жалған тәңірлердің мүсіндерін жасап, орнатты. Сепар-Уаймнан көшіп келгендер сол жерде табынған Адрам-Мәлік пен Анам-Мәлік деген жалған тәңірлеріне арнап тіпті өз балаларын да отқа өртеп құрбан етті. 32 Осы ұлттар Жаратқан Иеден де қорқып, Оны қастерлейтін. Олар биіктеу жерлердегі ғибадатханаларда құрбандықтарды ұсыну үшін өздерінің араларындағы түрлі адамдардан діни қызметкерлерді тағайындады. 33 Осылайша олар Жаратқан Иеден қорқып Оны қастерлей бастады, әрі бұрын тұрған елдерінің діни дәстүрлеріне сәйкес өздерінің жалған тәңірлеріне әлі де құлшылық ететін болды. 34 Сол жаңадан қоныстанғандар осы күнге дейін бұрынғы дәстүрлерін тастамай жүр. Олар Жаратқан Иені шын жүректен қастерлемейді де, Оның Жақыптың үрім-бұтағына тапсырған ережелері мен шешімдеріне және Таурат заңындағы өсиеттеріне бағынбайды да. Жақыпқа Жаратқан Ие ежелде Исраил деген қосымша ат берген еді. 35 Жаратқан Ие Исраил халқымен Келісім жасап, оларға мынадай өсиет берген болатын: «Бөтен тәңірлерден қорықпаңдар, оларға не иіліп құлшылық етуші, не құрбандық шалып ұсынушы болмаңдар! 36 Қайта, өздеріңді қолымды созып, зор құдіретпен Мысыр елінен құтқарып алып шыққан Маған, Жаратқан Иеге, ғана мойынсұнып сиынып, құрбандық шалып ұсыныңдар! 37 Өздеріңе жазып беріп, табыстаған ережелерім мен шешімдерімді, Таурат заңындағы өсиеттерімді сақтап, әрқашан мұқият орындауларың керек. Ал бөтен тәңірлерден еш қорықпаңдар, оларды қастерлеуші де болмаңдар! 38 Осылайша Менің өздеріңмен жасаған Келісімімді ұмытпаңдар, бөтен тәңірлерден қорқып, оларды қастерлемеңдер! 39 Қайта, сендер Мені — Құдайларың Жаратқан Иені ғана терең қастерлеулерің керек. Мен өздеріңді барлық жауларыңның қолынан құтқарып алатын боламын!» 40 Бірақ халық Оған құлақ аспай, бұрынғы теріс дәстүрлерін орындай берді. 41 Олар Жаратқан Иеден қорқып, Оны қастерлей тұра, өздерінің тәңір мүсіндеріне де ғибадат етуді жалғастырды. Кейінгі ұрпақтары да күні бүгінге дейін солай істеп келе жатыр.
1 Солтүстік Исраилге Ила ұлы Ошия патшалық құрған үшінші жылы Ахаз ұлы Езекия Яһуда елінің патшасы болды. 2 Сол кезде оның жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде жиырма тоғыз жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні Зәкәрия қызы Аби болатын. 3 Езекия түп атасы Дәуіт істегендей Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. 4 Ол биіктеу жерлердегі табыну орындарын қиратып, жалған тәңірлерге бағышталған тас бағаналарды талқандап, Ашераға арналған ағаш бағаналарды шауып тастады. Езекия, сондай-ақ, ежелде Мұса пайғамбар мыстан жасаған жыланды да күлпарша етіп талқандады. Өйткені сол уақытқа дейін Исраил халқы Нехуштан деп атаған сол мүсінге арнап хош иісті заттарды түтетіп келген еді. 5 Езекия Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге шынайы сенім артты. Езекиядан бұрын Яһуда елінің ол сияқты патшасы болған емес, одан кейін де болған жоқ. 6 Езекия Жаратқан Иеден ажырамастай берік ұстанып, Оның жолынан таймады, әрі Жаратқан Иенің Мұса арқылы тапсырған күллі өсиеттерін мұқият орындай берді. 7 Содан Жаратқан Ие онымен бірге жүріп жар болды. Езекия қандай іске кіріссе де, парасатпен шұғылданып, табысқа жетіп отырды. Ол тіпті Ассур патшасының билігіне қарсы шығып, оған қызмет етуден бас тартты. 8 Езекия філістірлерге Газа мен оның маңайына дейін соққы беріп, олардың күзет мұнараларынан бастап, қамалды қалаларына дейін бүкіл елін басып алды. 9 Езекияның патшалық құрған төртінші жылы, яғни Ила ұлы Ошияның Солтүстік Исраилге патшалық құрған жетінші жылы, Ассур патшасы Салманасар (Солтүстік Исраилдің астанасы) Самарияға қарсы аттанып, оны қоршап алды. 10 Үш жылғы қоршаудан кейін жау Самарияға басып кірді. Бұл Езекияның патшалық құрған алтыншы, Ошияның тоғызыншы жылы болды. 11 Ассур патшасы Солтүстік Исраилдің халқын Ассурға жер аударып әкетіп, оларды Халахқа, Хабор өзенінің бойындағы Ғозанға және Мидияның қалаларына қоныстандырды. 12 Себебі Солтүстік Исраилдің халқы өз Құдайы Жаратқан Иенің айтқанына құлақ аспай, Онымен жасаған Келісімдерін бұзды. Олар Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса арқылы берген өсиеттеріне мойынсұнбай, соларды не тыңдамады да, не орындамады да. 13 Езекияның патшалық құрған он төртінші жылы Ассур патшасы Сеннахирим Яһуда елінің (Иерусалимнен өзге) барлық қамалды қалаларына қарсы аттанып, оларды басып алды. 14 Сонда Яһуда патшасы Езекия Лахыш қаласында тұрған Ассур патшасына: «Мен дұрыс істемедім. Маған шабуыл жасаудан бас тарта көріңіз. Қанша айып талап етсеңіз, соншасын төлеймін», — деген сәлемін жіберді. Ассур патшасы Яһуда патшасы Езекиядан үш жүз ат басындай күміс және отыз ат басындай алтын беруін талап етті. 15 Езекия оған Жаратқан Иенің киелі үйіндегі және патша сарайының қазына қоймаларындағы барлық күмісті беріп жіберді. 16 Ол, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйінде өзі бұрынырақ алтынмен қаптатқан есіктер мен жақтаулардағы алтынды да сыдырып алып, Ассур патшасына табыс етті. 17 Ассур патшасы Лахыштан өзінің бас қолбасшысын, бас нөкерін және бас уәзірін қалың қолмен Иерусалимдегі Езекия патшаға жіберді. Олар қалаға өрлеп аттанып, Жоғарғы тоғанға қарай аққан арықтың бойында, мата ағартушы шеберлердің даласына апаратын жолда тоқтады. 18 Ассурлық елшілер Езекия патшаны шақырды. Сонда патшаның сарай басқарушысы Хелкия ұлы Елиәкім, хатшысы Себна және жылнамашысы Асаф ұлы Жоғах қаладан шығып, олардың алдына келді. 19 Ассур патшасының бас уәзірі бұларға тіл қатып былай деді: — Езекияға мына сәлемді жеткізіңдер: Ұлы патша — Ассур патшасы мынаны айтады: Сен не нәрсеге арқа сүйейсің? 20 «Менде соғысуға ақыл-кеңес пен күш-қуат бар» дейсің. Алайда мұның тек бос сөздер ғана. Маған қарсы бас көтеретіндей сен енді кімге сүйенесің?! 21 Біліп ал, сен сүйеніп келген Мысыр сынық қамыс іспетті. Егер адам сынық қамысқа сүйенсе, сол оның қолына кіріп, алақанын тесіп шықпай ма? Сол сияқты, Мысыр патшасы перғауын да өзіне сүйенгендердің бәріне осылай істейді. 22 Ал егер маған «Сиынатын Құдайымыз Жаратқан Иеге сеніп отырмыз» десеңдер, мынаны ойлаңдар: Езекия Оны қатты ренжітті емес пе? Ол Жаратқан Иеге арналған биіктеу жерлердегі табыну орындары мен құрбандық үстелдерін қиратып, Яһуда мен Иерусалим халқына «Тек Иерусалимдегі осы құрбандық үстелінің алдында ғана ғибадат етіңдер!» деп бұйырған жоқ па?! 23 Ал енді, менің тақсыр ием — Ассур патшасымен келісім жасаңдар: мен сендерге екі мың ат беремін, егер де араларыңнан соншама атқа мінер жігіт шығара алсаңдар! 24 Сендер тіпті Мысырға, оның соғыс күймелері мен атты әскеріне сүйене отырып та, тақсыр иемнің нөкерлерінің арасынан ең кіші деген әкіміне де қарсы тұра алмайсыңдар! 25 Мұның үстіне мені осы жерді талқандауға Жаратқан Иенің еркінсіз келді дейсіңдер ме? Маған: «Сол елге өрлеп барып, оны құртып жібер!» деген — Жаратқан Иенің Өзі! 26 Сонда Хелкия ұлы Елиәкім, Себна және Жоғах Ассур патшасының бас уәзірінен: — Біздей құлдарыңызға арамейше сөйлей беріңіз, біз оны да түсінеміз. Яһудилердің тілінде сөйлемей-ақ қойыңыз. Әйтпесе қамал қабырғасының үстіндегі халық естіп қояр, — деп өтінді. 27 Бірақ бас уәзір оларға жауап қайырып: — Тақсыр ием мені осы сөздерді тек сендердің иелерің мен өздеріңе ғана айту үшін жіберді дейсіңдер ме? Мені мына қабырғаның үстінде отырған адамдарға да жіберді емес пе? Олар әлі де сендермен бірге өз нәжістері мен зәрлерін ішіп-жейтін болады! — деді. 28 Содан бас уәзір отырған орнынан тұрып, бар даусымен айқайлап яһудилердің тілінде былай деді: — Ұлы патша — Ассур елінің патшасының сөзін тыңдаңдар! 29 Патша мынаны айтады: Езекияның еліктіруіне алданбаңдар! Ол сендерді менің қолымнан құтқарып қала алмайды. 30 Езекияның «Бізді Жаратқан Ие шүбәсіз құтқарады, осы қала Ассур патшасының қолына түспейді» деп сендерді Жаратқан Иеге нандыруына жол бермеңдер! 31 Езекияны тыңдамаңдар! Өйткені Ассур патшасы мынаны айтады: Менімен бітім жасап, қаладан шығып келіңдер! Сонда әркім өз жүзім бұтасы мен інжір ағашының жемісін жеп, өз құдығынан су ішетін болады. 32 Кейін мен мұнда қайтып келіп, сендерді осы елдерің сияқты басқа бір елге көшіремін. Онда нан мен жүзім шырыны, егіндіктер мен жүзімдіктер, зәйтүн майы мен бал мол болады. Өлімді емес, өмірді таңдаңдар! Тек Езекияның «Жаратқан Ие бізді құтқарады» деген еліктіруіне құлақ түрмеңдер! 33 Әлде басқа халықтардың қандай да бір тәңірі өз елін Ассур патшасының қолынан құтқарып алып па еді?! 34 Хамат пен Арпадтың тәңірлері қайда? Сепар-Уайм, Ена мен Ибахтың тәңірлері қайда? Әлде бірде-бір тәңір Самарияны менің қолымнан аман алып қала алды ма? 35 Осы елдердің барлық тәңірлерінің қайсысы өз елін менің қолымнан құтқарып қалған еді? Ендеше Жаратқан Ие Иерусалимді менің қолымнан құтқарып алмақшы ма?! 36 Ал халық еш жауап қайтармай, үндемей тұра берді. Себебі Езекия патша: «Оған жауап қайырмаңдар!» деген жарлық шығарған болатын. 37 Мұнан кейін сарай басқарушысы Хелкия ұлы Елиәкім, хатшы Себна және жылнамашы Асаф ұлы Жоғах Езекияға қайта оралды. Олар қатты күйзеліп үстеріндегі көйлектерінің өңірін айыра жыртып, патшаға Ассур патшасының бас уәзірінің сөздерін жеткізді.
1 Езекия патша осыларды естігенде қатты күйзеліп көйлегінің өңірін айыра жыртты. Үстіне азалы киім киіп, Жаратқан Иенің киелі үйіне кіріп, Оған сиынды. 2 Содан кейін патша сарай басқарушысы Елиәкімге, хатшысы Себнаға және аға діни қызметкерлерге азалы киім кигізіп, оларды Амос ұлы Ишая пайғамбарға жіберді. 3 Олар пайғамбарға мына сәлемді жеткізді: — Езекия сізге былай дейді: Бүгінгі күн біз үшін азапқа, балағатқа, масқараға толы күн болып тұр! Толғатып отырғанымен баласын тууға тым әлсіз әйелдей бейшара күйдеміз. 4 Ассур патшасы мәңгі тірі Құдайды қорлауға өзінің бас уәзірін жіберді. Мүмкін, Құдайыңыз Жаратқан Ие осы сөздерді естіген соң, Ассур патшасын айтқандары үшін сөгіп ескертер. Сондықтан халықтың әлі де тірі қалғандары үшін Жаратқан Иеге мінажат етіңізші! 5 Езекия патшаның нөкерлері оның сәлемін Ишаяға алып келгеннен кейін, 6 пайғамбар оларға былай деп жауап берді: — Тақсыр иелеріңе былай деңдер: Жаратқан Ие мынаны айтады: Ассур патшасының нөкерлерінің Мені балағаттап айтқан сөздеріне бола қорықпа! 7 Біліп ал, Мен оған (үрейін ұшыратын) рухты дарытамын; сонда ол бір суық хабар естіп, еліне қайтып кетеді. Оны өз елінде семсердің жүзімен өлтіртемін. 8 Осы аралықта ассурлық бас уәзір Ассур патшасының Лахыштан кеткенін біліп алды. Содан ол кері қайтып, патшаны Либна қаласына қарсы соғысып жатқан жерінен тапты. 9 Сол кезде Ассур патшасына «Құштық патша Тирхақ сізге қарсы соғысуға аттанып келе жатыр» деген хабар жетті. Мұны естіген Ассур патшасы Езекияға қайтадан елшілерін жіберіп, оларға мына тапсырманы берді: 10 «Яһуда патшасы Езекияға былай деңдер: Өзің үміт артқан Құдайыңның сені «Иерусалим Ассур патшасының қолына берілмейтін болады» деп алдауына жол берме! 11 Ассур патшаларының барлық елдерге не істегендерін естідің: оларды толығымен жойылуға бағыштады ғой! Ендеше сен аман қалар ма екенсің?! 12 Әлде мына халықтардың тәңірлері: Ғозанның, Харанның, Ресефтің әрі Тел-Ассардағы Еденнің тәңірлері сол елдерді құтқарып қалды ма? Оларды менің аталарым құртқан жоқ па?! 13 Хамат пен Арпадтың патшалары, Сепар-Уайм қаласының, Ена мен Ибахтың патшалары қайда екен?» 14 Езекия елшілердің алып келген хатын алып, оқып шыққаннан кейін Жаратқан Иенің киелі үйіне өрлеп барды. Сол жерде ол хатты Жаратқан Иенің алдында жайып салды. 15 Содан Езекия Жаратқан Иеге дұға етіп былай деді: «Уа, Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие! Керуб мүсіндерінің үстіндегі «тағыңда» отырған Сен жер бетіндегі күллі патшалықтардың үстінен қарайтын жалғыз Құдайсың, көк пен жерді жаратқан да Сенсің! 16 О, Жаратқан Ие, құлақ асып тыңдай гөр, уа, Иеміз, көз салып назар аудара гөр! Сеннахиримнің Сені, мәңгі тірі Құдайды, балағаттап айтқан сөздеріне құлақ салшы! 17 Уа, Жаратқан Ие, Ассур патшаларының сол халықтарды құртып, жерлерін қаңыратып бос қалдырғандары, 18 олардың табынған тәңірлерін өртеп жібергендері рас. Алайда солар шынайы құдай емес, адам қолынан шыққан ағаш, тас мүсіндер ғана. Сондықтан да ассурлықтар оларды құртып жібере алды. 19 Ал енді, уа, Құдайымыз Жаратқан Ие, бізді сол адамның қолынан құтқара гөр! О, Жаратқан Ие, сонда бүкіл дүниенің патшалықтары жалғыз Сенің шынайы Құдай екеніңді білетін болады». 20 Амос ұлы Ишая пайғамбар сол кезде Езекияға мына хабарды жіберді: «Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Сенің Маған Ассур патшасы Сеннахирим жайлы еткен дұғаңа құлақ салдым. 21 Мен, Жаратқан Ие, оған қарсы мына сөзді айттым: Маған бағышталған Сион қаласы сені менсінбей, келекелеп отыр! Иерусалим қаласы қашып кетіп бара жатқан сені мазақтап басын шайқайды! 22 Сен кімді мазақтап, балағаттадың? Кімді дауыстап қорлап, кімге паңдана қарап тұрдың, соны білесің бе?! Маған, Исраилдің киелі Құдайына қарсы солай істеп тұрсың! 23 Сен елшілерің арқылы Мені, Жасаған Иені, балағаттап, тағы былай деп паңдана мақтандың: Мен көптеген соғыс күймелеріммен таулардың зәулім бастарына, тіпті Ливанның ең алшақ баурайларына көтерілдім. Оның ең биік деген самырсын, ең таңдаулы қарағай ағаштарын шауып құлаттым, ең қиыр түкпіріндегі елді мекеніне әрі ормандарының ең қалың түбіне дейін жеттім! 24 Бөтен елдерде құдық қазып, суын іштім. Басқан табаныммен Мысырдың барлық өзендерін құрғатамын!» деп те көкідің. 25 Сен осының барлығын Менің бұрыннан-ақ дайындап қойғанымды естімеп пе едің?! Енді Мен соны жүзеге асырдым. Содан да сен бекіністі қалалардың талқанын шығара алдың. 26 Осы себептен де сол елдердің халықтары дәрменсіз болып, абдырап, масқараға қалды. Олар даладағы отты шөп әрі жас өскін секілді нәзік, үй төбесіндегі өсіп шықпай жатып, күннің аптабынан солып қалатын шөпке ұқсас болды. 27 Ал сенің өзің туралы, қайда тұрып, қашан жолға шығып, қашан қайтып келіп, не істейтініңді Мен жақсы білемін. Маған өршелене қарсы шыққаныңды да білемін. 28 Сенің сол өршелене қарсы шыққаның әрі тәкаппарлығың құлағыма шалынды. Соныңа бола Мен енді мұрныңа мұрындық, аузыңа ауыздық саламын. Қай жолмен келген болсаң, сол жолмен сені өз жағыңа қайтарамын! 29 Ей, Езекия, не болайын деп жатқанының белгісі мынау болады: биыл былтырғы шашылып қалған масақ дәндерінен өсіп шыққан астықпен күн көріп күнелтесіңдер. Келесі жылы да өздігінен өсіп шыққанды азық қыласыңдар. Бірақ одан кейінгі жылы тұқым сеуіп, астық орасыңдар, жүзімдіктер отырғызып, жемістерін жинап, жейтін боласыңдар. 30 Яһуда елінде тірі қалғандарың қайтадан терең тамыр жайып, өсіп-өнетін боласыңдар. 31 Себебі халқымның құтқарылып, тірі қалғандары Иерусалимдегі Сион тауынан өсіп шығатын болады. Әлемнің Иесі бұларды қайрат-жігерімен іске асырады. 32 Сондықтан Жаратқан Иенің Ассур патшасы туралы айтқаны мынау: «Ол бұл қалаға кірмейді, оған бірде-бір жебе атпайтын да болады! Жасақшылары қалқан ұстап оған жақындамайды, тас-топырақтан үймек жасап, қамалынан өтпейді. 33 Ассур патшасы қай жолмен келсе, сол жолмен кері қайтып, осы қалаға кірмейтін болады. Мен, Жаратқан Ие, осыны нық айтамын. 34 Себебі Мен осы қаланы Өзім үшін және адал қызметшім Дәуіт үшін қорғап, құтқарамын!» 35 Сол түні-ақ Жаратқан Иенің періштесі ассурлық әскер қосына барып, ондағы бір жүз сексен бес мың адамды қырып кетті. Таң ата тірі қалғандары тұрып қараса, солардың бәрінің өліктері жатыр екен! 36 Сонда Ассур патшасы Сеннахирим жолға шығып, еліне кері қайтып, астанасы Ниневиде тұрып қалды. 37 Бірде Сеннахирим Нисрох есімді жалған тәңірінің ғибадатханасында құлшылық етіп тұрған кезде оның ұлдары Адрам-Мәлік пен Сәресер оны семсермен шауып өлтірді. Содан екеуі Арарат еліне қашып кетті. Сеннахиримнің басқа ұлы Асардан әкесінің орнын басып патша болды.
1 Сол күндері Езекия қатты науқастанып, өлім аузында жатты. Амос ұлы Ишая пайғамбар оған келіп, былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Үй ішіңе соңғы өсиеттеріңді беріп, істеріңді аяқта! Себебі бұл аурудан жазылмай, қайтыс боласың». 2 Содан Езекия бетін қабырғаға қарай бұрып, Жаратқан Иеге сиынып: 3 «Уа, Жаратқан Ие, Сенің көз алдыңда ізгі жолыңмен жүріп, шын жүректен әділ істер істеп келгенімді ескере көрші!» — деді. Мұнан кейін Езекия қатты жылады. 4 Ишая пайғамбар Езекияның қасынан кетіп, сарайдың ортаңғы ауласынан шықпай жатып, Жаратқан Ие оған сөзін арнап былай деді: 5 «Қайтып барып, халқымның көсемі Езекияға былай де: Түп атаң Дәуіттің Құдайы Жаратқан Ие саған мынаны айтады: Сенің мінажатыңды естіп, көз жасыңды көрдім. Біліп қой, Мен сені ауруыңнан сауықтырамын. Үшінші күні Жаратқан Иенің киелі үйіне көтеріліп бара алатын боласың. 6 Сенің өміріңе тағы он бес жыл қосамын. Мен өзіңді және мына қаланы Ассур патшасының қолынан құтқарып, қаланы Өзім үшін және адал қызметшім Дәуіт үшін қорғап қаламын!» 7 Ишая бұдан кейін патшаның қызметкерлеріне: «Інжір жемістерінен шелпек алып келіңдер!» — деп тапсырды. Олар соны шиқанның үстіне қойғаннан кейін патша айығып кетті. 8 Осы екі арада Езекия Ишаядан: — Жаратқан Иенің мені сауықтыратыны жайлы алдын ала беретін ғажап белгісі не болады? Үшінші күні Жаратқан Иенің киелі үйіне көтеріліп бара алатынымды қалай біле аламын? — деп сұраған еді. 9 Сонда Ишая оған: — Жаратқан Ие Өзінің уәде еткенін іске асыратындығының саған арнаған белгісі мынау болмақ: Өзің айтшы, баспалдаққа түсіп тұрған көлеңке он қадам алға жылжысын ба, әлде он қадам артқа жылжысын ба? — деді. 10 Езекия: — Көлеңкенің алға он қадам жылжуы еш ғажап емес. Ол он қадам артқа жылжысын! — деп өтінді. 11 Ишая пайғамбар дауыстап Жаратқан Иеге сиынғанда, көлеңке шынымен Ахаз патша салғызған баспалдақтың үстімен он қадам кері жылжыды! 12 Сол кездері Бабыл патшасы Баладан ұлы Меродах-Баладан Езекияның қатты ауырып қалғаны туралы естіп, оған сәлемхаттары мен сыйлығын жіберді. 13 Езекия келген бабылдық елшілерді жылы қабылдап, оларға өзінің бүкіл қазына қоймаларын: ондағы алтын-күмісін, дәмдеуіштері мен құнды иісмайларын, тіпті қару-жарақ қоймасын да түгелдей көрсетті. Езекияның өз сарайы мен барлық патшалығында оларға көрсетпеген бағалы заттары қалмады. 14 Кейін Ишая пайғамбар Езекия патшаның алдына барып, оған: — Ана адамдар не деді, олар қайдан келді? — деген сауал қойды. Езекия: — Олар алыстағы елден келді, сонау Бабылдан, — деді. 15 Пайғамбар: — Олар сарайыңыздан не көрді? — деп сұрағанда, Езекия: — Менің сарайымда не бар, соның бәрін көрді. Менің қазына қоймаларымда оларға көрсетпеген ештеңем қалған жоқ, — деп жауап берді. 16 Сонда Ишая Езекияға былай деді: — Енді Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңыз: 17 Өз сарайыңдағы бар нәрсенің, ата-бабаларыңның осы кезге дейін жиған-тергендерінің барлығы да Бабылға әкетілетін күн туады. Мұнда ештеңе қалмайтын болады! — деп нық айтады Жаратқан Ие. — 18 Өзіңнен тарайтын ұрпақтарыңның кейбіреулері де сол елге әкетіледі. Бабылдықтар оларды белінен айырып азбанқұл қылып, Бабыл патшасының сарай қызметшілері етіп қояды! — 19 Сонда Езекия Ишаяға: — Сіз жеткізген Жаратқан Иенің сөзі жөн екен, — деді. Өйткені ол: «Әйтсе де менің тірі кезімде тыныштық пен аман-есендік болады», — деп ойлады. 20 Езекияның қалған барлық істері мен қажыр-қайраты, оның тоған жасап, тауды тесіп өткен үңгір жол арқылы (Гихон қайнар көзінен) Иерусалим қаласының ішіне су ағызып әкелгені туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 21 Езекия көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, оның ұлы Манаса орнын басып патша болды.
1 Манаса патша болған кезде жасы он екіде еді. Ол Иерусалимде елу бес жыл билік жүргізді. Оның шешесінің есімі Хепсиба болатын. 2 Манаса Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп жүрді. Осылайша ол Жаратқан Ие ежелде Исраил халқының алдынан елден қуып шыққан халықтардың жексұрын дәстүрлеріне еліктеді. 3 Манаса әкесі Езекия кезінде қиратып тастаған биіктеу жерлердегі табыну орындарын қайтадан салды. Солтүстік Исраилдің бұрынғы патшасы Ахаб істегендей, Манаса да Бағалға арнап құрбандық орындарын тұрғызып, Ашераға бағышталған ағаш бағаналарын орнатты. Сонымен қатар ол аспан денелерінің бүкіл тобына иіліп құлшылық етіп жүрді. 4 Жаратқан Ие Өзінің киелі үйі туралы «Мен Иерусалимде өз есімімді орнатамын» деген болса да, Манаса Жаратқан Иенің сол киелі үйінде жалған тәңірлерге арнап құрбандық үстелдерін тұрғызды, 5 әрі оның екі ауласында күллі аспан денелеріне бағышталған құрбандық үстелдерін орнатты. 6 Манаса тіпті өз ұлдарын жалған тәңірге арнап отқа өртеп құрбан етті. Патша балгерлікпен және сиқыршылықпен де айналысып, аруақтарды шақырушылар мен өзге де сәуегейлерден ақыл-кеңес сұрап отырды. Ол Жаратқан Иеге жек көрінішті көптеген істер істеп, Оның қаһарын өршітті. 7 Манаса өзі жасатып алған Ашераның ағаш бағанасын тіпті киелі үйдің ішіне апарып, сонда орнатып қойды. Ал осы киелі үй туралы Жаратқан Ие Дәуітке және оның ұлы Сүлейменге былай деген болатын: «Мен Исраилдің барлық руларының ішінен таңдап алған қалам Иерусалимдегі осы киелі үйде өз есімімді тұрақты орнатпақпын. 8 Егер Исраил халқы Менің өздеріне қызметшім Мұса арқылы тапсырған Таурат заңымды толығымен ұстанып, берген барлық бұйрықтарымды мұқият орындап жүрсе, онда Мен ата-бабаларына табыстаған осы елден оларды ешқашан аластатпаймын!» 9 Бірақ халық тыңдамай қойды. Манаса оларды теріс жолға тайдырып жіберді. Олардың арам қылықтары ежелде Жаратқан Ие өздерінің ата-бабаларының алдарынан жойып жіберген азғын халықтардың жасағандарынан да бетер болды. 10 Содан Жаратқан Ие Өзіне қызмет еткен пайғамбарлары арқылы (халықты сақтандырып) былай деді: 11 «Яһуда патшасы Манасаның жасаған жексұрын күнәлары өзінен бұрын осы елде тұрған аморлықтардан да асып кетті. Манаса Яһуданың халқын жалған тәңірлердің мүсіндеріне табындырып күнәға батырды. 12 Сол себепті Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен Иерусалим қаласы мен Яһуда елін ғаламат пәлеге душар етемін. Сол туралы естіген адамның үрейі ұшып құлағы шыңылдайтын болады. 13 Мен Самарияны және Ахабтың әулетін шынайы бағалап, әділдікпен соттағаным іспетті енді Иерусалимді де солай шынайы бағалап, әділдікпен соттаймын. Жұрттың табақты сүртіп, төңкеріп қоятынындай, Мен де Иерусалимдегі халықты түгелдей сыпырып тастаймын. 14 Мен меншікті халқымнан тірі қалғандарын тастап кетіп, жауларының қолдарына тапсырамын. Барлық дұшпандары оларды тонап, олжалап алып кететін болады. 15 Себебі өз халқым Маған жек көрінішті істер істеп, ата-бабалары Мысырдан көшіп шыққан күннен бастап, күні бүгінгі дейін Менің қаһарымды туғызып келеді». 16 Осылай Манаса Яһуда халқын Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеуге еліктіріп күнәға батқан еді. Бұған қоса Манасаның жазықсыздан-жазықсыз төккен қанының көп болғаны сонша, Иерусалим бұ шетінен о шетіне дейін қанға толғандай болды. 17 Манасаның қалған барлық іс-әрекеттері және оның жасаған күнәлары туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 18 Манаса көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті өзінің сарайының Ұзза бағы деп аталатын бағындағы қабірге қойылды. Манасаның ұлы Амон орнын басып патша болды. 19 Амон патша болған кезде жасы жиырма екіде еді. Ол Иерусалимде екі жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні жотбалық Харус қызы Мешулемет болатын. 20 Амон әкесі Манаса істегендей, Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. 21 Амон толығымен әкесінің теріс жолымен жүріп, әкесі табынған жалған тәңірлердің мүсіндеріне өзі де иіліп құлшылық етіп жүрді. 22 Осылайша Амон өзінің ата-бабалары сиынған Құдайы Жаратқан Иені елемей тастап кетіп, Оның ізгі жолымен жүруден бас тартты. 23 Ақырында нөкерлері Амонға қарсы сөз байласып, оны өз сарайында өлтірді. 24 Ал елдің халқы Амон патшаға қастандық жасағандардың бәрінің көздерін құртып, Амонның орнына оның ұлы Жосияны патша етіп қойды. 25 Амонның қалған іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 26 Оның мәйіті Ұзза бағындағы өзінің қабіріне қойылды. Амонның ұлы Жосия орнын басып патша болды.
1 Жосия патша болған кезде жасы сегізде еді. Ол Иерусалимде отыз бір жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні босқаттық Адаях қызы Едида болды. 2 Жосия Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеп, толығымен түп атасы Дәуіттің жолымен жүрді және мұнысынан не оңға, не солға таймады. 3 Жосия патшалық құрған он сегізінші жылы өзінің Шафан есімді хатшысын Жаратқан Иенің киелі үйіне жіберді. Шафан Мешуламның немересі, Асалияхтың ұлы болатын. Патша оған мына тапсырманы берді: 4 «Бас діни қызметкер Хелкияға бар да, халық Жаратқан Иенің киелі үйіне сый-тарту ретінде әкелген және қақпа сақшылары жинап тапсырған күмісті санап шықсын деп айт. 5 Жиналған күміс Жаратқан Иенің ғибадатханасындағы жөндеу жұмыстарын басқаратындарға табысталсын. Бұлар одан ғимараттарды жөндеп жатқан жұмысшыларға: 6 ағаш ұсталарына, құрылысшылар мен тас қалаушыларға жалақыларын төлесін. Олар, сондай-ақ, қаржының бір бөлігін ғибадатхананы жөндеуге қажетті ағаш және қашалған тас сатып алуға да жұмсасын. 7 Қолдарына берілген сол қаржы жайында олардан есеп талап етудің керегі жоқ, себебі олар міндеттерін адал атқарады». 8 Кейін бас діни қызметкер Хелкия Шафан хатшыға: «Мен Жаратқан Иенің киелі үйінен Таурат кітабын тауып алдым!» — деп хабарлап, кітапты Шафанға берді. Ал ол кітапты оқып шықты. 9 Шафан хатшы патшаның алдына барып: «Сіздің қызметкерлеріңіз ғибадатханада сақталған күмісті шығарып, Жаратқан Иенің киелі үйіндегі жөндеу жұмыстарын басқаратындарға тапсырды, — деп баяндады. 10 Шафан сөзін жалғастырып: — Діни қызметкер Хелкия маған бір шиыршық кітапты табыстады», — деді. Содан ол кітапты патша алдында дауыстап оқи бастады. 11 Патша кітаптың мазмұнын естігенде, қатты қайғырып көйлегінің өңірін айыра жыртты. 12 Содан ол діни қызметкер Хелкияға, Шафан ұлы Ахиқамға, Миқая ұлы Ахборға, хатшысы Шафанға және бас уәзірі Асаяхқа былай деп әмір етті: 13 «Менің атымнан, халықтың және бүкіл Яһуда елінің атынан барып, табылған кітапта жазылған сөздер жөнінде Жаратқан Иенің еркін сұрап біліп келіңдер! Аталарымыз осы кітаптың сөздерін орындамады, онда тапсырылғандардың бәрін істемеді. Сондықтан да Жаратқан Иенің лаулаған қаһары бізге қарсы лап етуде!» 14 Сонда діни қызметкер Хелкия және Ахиқам, Ахбор, Шафан, Асаях барлығы Олдама пайғамбарға барды. Олдама киім қоймасының басқарушысы Шаллумның әйелі еді. Шаллум Тоқаттың ұлы, Хасраның немересі болды. Пайғамбар Иерусалимнің екінші ауданында тұрып жатты. Жіберілгендер Олдаманың алдына келіп, оған патшаның айтқандарын жеткізді. 15 Олдама оларға жауап беріп былай деді: «Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің хабары мынау, сіздерді маған жіберген адамға былай деңіздер: Жаратқан Ие мынаны айтады: 16 Біліп қой, Мен осы жерге және оның тұрғындарына пәле жіберемін! Яһуда патшасы оқыған кітапта айтылған жазалардың барлығын олардың бастарына түсіремін. 17 Себебі олар Мені елемей тастап кетті, әрі бөгде тәңірлерге хош иісті заттар түтетіп, өз қолдарымен жасаған тәңір мүсіндеріне табынып, әдейі Менің ашуымды туғызды. Менің қаһарым осы елге қарсы лаулап тұр, ол енді еш сөнбейді! 18 Дегенмен сіздерді Жаратқан Иеден сұрауға жіберген Яһуда патшасына тағы былай деңіздер: Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие сіз жаңа естіген сөздер туралы мынаны айтады: 19 Сен менің осы жерге және оның тұрғындарына: «Ел қаңырап бос қалады, ал оның халқын басқалар балағаттап, қарғайтын болады!» деп шығарған үкімімді естігенде жүрегіңді қасарыстырмадың, керісінше, Маған мойынсұндың. Қатты қайғырып киімдеріңнің өңірін айыра жыртып, Менің алдымда көз жасыңды төктің. Сондықтан Мен саған құлақ салдым. Сонымен Жаратқан Ие былай деп шешті: 20 Біліп қой, сол үшін Мен сені уақыты келгенде ата-бабаларыңның қасына аттандырып, мәйітіңнің қабірге құрметпен қойылуына жағдай жасаймын. Осылай сен Мен осы жерге жіберетін күллі пәлелерді көрмейсің!» Елшілер патшаға қайтып келіп, осы хабарды жеткізді.
1 Сонда патша шабармандарын жіберіп, бүкіл Яһуда мен Иерусалимнің рубасыларын шақыртып жинап алды. 2 Олар келген соң, патша Яһуда халқы мен Иерусалимнің тұрғындарын, діни қызметкерлер мен пайғамбарларды, үлкенді-кішілі бүкіл халықты ертіп алып, Жаратқан Иенің киелі үйіне өрлеп барды. Сол жерде патша бәрінің алдында Жаратқан Иенің киелі үйінен табылған Келісім кітабының барлық сөздерін басынан аяғына дейін оқып берді. 3 Мұнан кейін патша бағана жанындағы арнайы орнында Жаратқан Иенің алдында тұрып Онымен Келісім жасады. Сонда ол Жаратқан Иенің жолымен жүріп, Оның күллі өсиеттерін, бұйрықтары мен ережелерін шын жүректен, бүкіл жан дүниесімен орындап, осы кітапта жазылған Келісімнің шарттарын жүзеге асыруға ант берді. Бүкіл халық та бұл Келісімге мойынсұнды. 4 Бұдан соң патша бас діни қызметкер Хелкияға, дәрежесі одан кейінгі діни қызметкерлерге және қақпа күзетшілеріне: «Жаратқан Иенің ғибадатханасынан Бағалға, Ашераға, аспан денелерінің бүкіл тобына табынуға бағышталған күллі құрал-жабдықтарды алып шығыңдар!» — деп тапсырды. Жосия патша бұлардың барлығын Иерусалимнің сыртындағы Қидрон сайының егістіктерінде өртеп, күлін Бетел қаласына апарып тастады. 5 Сонымен қатар ол Яһуданың бұрынғы патшалары Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің айналасындағы биіктеу жерлердегі табыну орындарында хош иісті заттарды түтетуге тағайындаған діни қызметкерлерді орындарынан алып тастап, қырып-жойды. Олар Бағалға, күн мен айға, шоқжұлдыздар мен басқа да бүкіл аспан денелеріне арнап хош иісті заттарды түтетіп ұсынатын еді. 6 Жосия Жаратқан Иенің киелі үйінен Ашераның ағаш бағанасын алып шығып, Иерусалимнің сыртындағы Қидрон сайына апарды. Сол жерде оны өртеп ұнтақтап, күлін жай адамдардың қабірлерінің үстінен шашып тастады. 7 Патша Жаратқан Иенің ғибадатханасында азғындықпен айналысқан еркектердің күркелерін де бұзып тастады. Сол жерде бірнеше әйел Ашераға арналған жапқыштар тоқитын еді. 8 Жосия Яһуданың қалаларынан барлық діни қызметкерлерді жинап алып келіп, олардың биіктеу жерлердегі хош иісті заттарды түтетіп келген табыну орындарының барлығын арамдады. Патша мұны Яһуда елі бойынша, Гебадан Бер-Шебаға дейінгі бүкіл аралықта істеді. Сондай-ақ, ол қала әкімі Ешуа салған қақпаның жанындағы биіктеу жерде тұрғызылған табыну орындарын да қиратты. Олар қаланың басты қақпасының сол жағында орналасқан болатын. 9 Сол табыну орындарында қызмет еткен діни қызметкерлерге Жаратқан Иенің Иерусалимдегі құрбандық үстелінде қызмет етуге рұқсат болмады, бірақ олар (леуілік) ағайындарымен бірге ашымаған нанды жейтін. 10 Молох атты жалған тәңірге бұдан былай ешкімнің өз ұлын не қызын отқа өртеп құрбандыққа ұсына алмауы үшін Жосия патша Бен-Хенном аңғарындағы Топет атты табыну орнын да арамдады. 11 Жосия Яһуданың бұрынғы патшалары күнге бағыштаған жылқы мүсіндерін де алып тастады. Олар Жаратқан Иенің ғибадатханасының ауласында қақпаға жақын, сарай қызметкері Натан-Мәліктің тұратын жерінің маңында орналасқан болатын. Күнге бағышталған күймелерді патша өртеткізіп жіберді. 12 Ахаз патша кезінде тұрған сарайдағы жоғарғы бөлменің төбесіне Яһуда патшалары жалған тәңірлерге арнап құрбандық үстелдерін орнатқан болатын. Манаса патша тіпті Жаратқан Иенің ғибадатханасының екі ауласында да сондай құрбандық үстелдерін тұрғызған еді. Бұларды Жосия патша енді күлпарша етіп талқандап, Қидрон сайына лақтырып тастады. 13 Исраилдің патшасы Сүлеймен баяғыда Иерусалимнің шығысында, Азғындық тауының оңтүстігіндегі биіктеу жерлерде жексұрын тәңірлерге: Сидонның Астартасына, Моабтың Хамосына, Аммонның Молохына арнап табыну орындарын салған болатын. Жосия патша сол орындарды да арамдады. 14 Жосия тас бағаналарды талқандап, Ашераға бағышталған ағаш бағаналарды шауып тастап, олар тұрған жерлерге өліктердің сүйектерін шашып (оларды арамдады). 15 Жосия патша Солтүстік Исраилді күнәға батырған Набат ұлы Еробоғамның Бетел қаласындағы биіктеу жерде тұрғызған табыну орнын да жойды, әрі сол жердегі құрбандық үстелі мен ғибадатхананы қиратып тастады. Соның тастарын талқандап, ұнтақтап жоқ қылды, Ашераның ағаш бағанасын да өртеп жіберді. 16 Жосия айналасына қарағанда, төбе беткейіндегі қабірлерді көрді. Содан ол адамдарын жіберіп, қабірлерге қойылған діни қызметкерлердің сүйектерін шығартып алып, сол құрбандық үстелінің үстінде өртетті. Бұл баяғыда Жаратқан Иенің хабарын жеткізген Құдайдың пайғамбарының алдын ала айтқандарына сәйкес болды. 17 Бұдан кейін Жосия патша: — Анау тұрған қандай ескерткіш тас? — деп сұрады. Сонда қаланың адамдары: — Бұл — Яһудадан келген Құдайдың пайғамбарының қабірі. Сол пайғамбар ежелде-ақ өзіңіздің Бетелдегі мына құрбандық орнына қарсы бүгін істегендеріңіз туралы алдын ала дауыстап жариялап кеткен болатын, — деп жауап берді. 18 Патша: — Ендеше оған тиіспеңдер! Оның сүйегін ешкім қозғамасын! — деп әмір етті. Осылайша оның және Самариядан келген пайғамбардың сүйектеріне ешбір қол тимеді. 19 Жосия Бетелде істегендей, Солтүстік Исраилдің басқа қалаларының биіктеу жерлеріндегі барлық киелі үйлерді де қиратып тастады. Себебі Солтүстік Исраилдің патшалары соларды тұрғызулары арқылы Жаратқан Иенің қаһарын туғызған еді. 20 Жосия табыну орындарының барлық діни қызметкерлерін құрбандық үстелдерінің үстінде бауыздатып, осы үстелдердің бәрінде сол адамдардың сүйектерін өртетті. Содан соң патша Иерусалимге қайтып оралды. 21 Жосия патша бүкіл халыққа: «Құдайларың Жаратқан Иеге арнап осы Келісім кітабында жазылғанға сай Құтқарылу мейрамын өткізіңдер!» — деп жарлық шығарды. 22 Ежелде Исраилді билер басқарған уақыттан бері Солтүстік Исраил мен Яһудаға патшалар билік жүргізген барлық кезеңде Құтқарылу мейрамы ешқашан дәл осылай тойланған емес. 23 Сонымен Жосия патшалық құрған он сегізінші жылы Иерусалимде Жаратқан Иеге арналған осы Құтқарылу мейрамы өткізілді. 24 Жосия патша Иерусалим қаласы мен бүкіл Яһуда елінен табылған аруақты не жынды шақыратын бақсы-балгерлерді, жалған тәңірлердің бейнелері мен мүсіндерін және басқа да жексұрын нәрселердің бәрін құртып, алып тастады. Жосия діни қызметкер Хелкияның Жаратқан Иенің киелі үйінде тапқан Таурат кітабында жазылған заңдарды орындау үшін осылай істеді. 25 Жосия сияқты шын жүректен, бүкіл жан дүниесімен, бар күш-қуатымен Жаратқан Иеге бет бұрған және Оның Мұса арқылы берген Таурат заңына толығымен бағынған ешбір патша одан бұрын да болған емес, одан кейін де шыққан жоқ. 26 Алайда Манаса патша кезінде істеген күллі зұлым істерімен Жаратқан Иенің қаһарын тым қатты өршіткен болатын. Тіпті Жосияның істеген әділ істерінен кейін де Жаратқан Иенің Яһуда еліне қарсы лаулаған қаһары басыла қоймады. 27 Себебі Жаратқан Ие былай деп шешкен еді: «Мен Солтүстік Исраилді көз алдымнан аластатқанымдай, Яһуданы да дәл солай аластатамын. Өзім таңдап алған осы қала — Иерусалимді және Мен «осы жерде өз атымды орнатамын» деген киелі үйді елемей тастап кетемін». 28 Жосияның қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 29 Жосия патшалық құрған кезде бірде Мысыр патшасы Нехо перғауын Ассур патшасын қолдау үшін Евфрат өзеніне қарай аттанды. Сонда Жосия патша перғауынға қарсы шықты. Бірақ ол перғауынның әскерімен Мегидо қаласының маңында болған шайқаста оқтан қаза тапты. 30 Жоғастың қызметкерлері оның мәйітін күймемен Мегидодан Иерусалимге алып келіп, өзінің қабіріне қойды. Яһуда елінің халқы Жосияның ұлы Жоғахазды май жағу рәсімінен өткізіп әкесінің орнына патша етіп тағайындады. 31 Жоғахаз патша болғанда жасы жиырма үште еді. Ол Иерусалимде үш ай билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні либналық Еремия қызы Хамутал болатын. 32 Өзінің аталары істегендей, Жоғахаз да Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. 33 Нехо перғауын Жоғахазды Хамат еліндегі Риблада тұтқындап, шынжырмен бұғаулап, оның Иерусалимде билік жүргізуін тоқтатты. Сонымен қатар перғауын Яһуда еліне жүз ат басындай күміс, бір ат басындай алтын мөлшерінде алым-салық салды. 34 Перғауын Жосияның орнына оның өзге ұлы Елиәкімді патша етіп тағайындап, оның есімін Жохақым деп өзгертті. Ал Жоғахазды перғауын Мысырға алып кетті, ол сол елде қайтыс болды. 35 Жохақым Нехо перғауынға оның талап еткен алтын-күмісін табыстап отырды. Бұл үшін ол күллі елге салық салып, әркімді қолында бар мал-мүлкінің мөлшеріне қарай салығын төлеуге мәжбүрледі. 36 Жохақым патша болғанда жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде он бір жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні румалық Педаяхтың қызы Зебида болатын. 37 Өзінің аталары істегендей, Жохақым да барлық жағынан Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.
1 Жохақымның патшалық құрған кезінде Бабыл патшасы Набуходоносор Яһуда еліне басып кірді. Жохақым үш жыл Набуходоносорға бағынышты болды, ал содан кейін оған қарсы бас көтерді. 2 Жаратқан Ие сол кездері Бабыл, Арама, Моаб және Аммон елдерінен Яһуданы шабуылдауға тонаушылар топтарын да жіберіп жүрді. Осылай болады деп Жаратқан Ие бұрын өзінің пайғамбарлары арқылы алдын ала айтқан болатын. 3 Бұл пәле, әрине, Манаса патшаның жасаған барлық күнәларының кесірінен Жаратқан Иенің еркімен Яһуданың басына түсті. Жаратқан Ие халықты Өзінің көз алдынан аластатпақ болды. Өйткені Манаса патша кезінде күнәға батып, әр түрлі зұлым істер істеген болатын. 4 Оның үстіне Манаса жазықсыздан-жазықсыз қан төгіп, Иерусалимді кінәсіз төгілген қанға толтырды. Жаратқан Ие Манасаның осы жексұрын қылмыстарын кешіруді қаламады. 5 Жохақымның қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 6 Жохақым көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, оның ұлы Ехониях орнын басып патша болды. 7 Бұдан кейін Мысыр патшасы өз елінен соғысуға аттанып шықпады. Себебі Бабыл патшасы бұрын Мысырға тәуелді болған жердің барлығын: Евфрат өзенінен бастап, Мысырдың солтүстік шекарасындағы өзеннің аралығындағы бүкіл өлкені өзіне бағындырып алған еді. 8 Ехониях Яһуда елінің патшасы болған кезде жасы он сегізде еді. Ол Иерусалимде үш ай билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні иерусалимдік Елнатан қызы Нехушта болатын. 9 Өзінің әкесі істегендей, Ехониях та Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. 10 Сол кезде Бабыл патшасы Набуходоносордың нөкерлері Иерусалимге қарсы өрлеп шығып, қаланы қоршап алды. 11 Қоршау кезінде Набуходоносордың өзі де Иерусалимнің түбіне келді. 12 Сонда Ехониях патша өзінің шешесі, нөкерлері, әміршілері және сарай қызметкерлерімен бірге қаладан шығып, бабылдықтарға берілді. Набуходоносор патшалық құрған сегізінші жылы Ехонияхты тұтқындады. 13 Жаратқан Иенің алдын ала айтқанындай, Набуходоносор Жаратқан Иенің киелі үйіндегі және патша сарайындағы қазыналарын түгелдей Бабылға алып кетті, әрі Сүлеймен патшаның Жаратқан Иенің ғибадатханасына арнап жасатқан алтын жалатқан бұйымдарының барлығынан алтындарын сыдырып әкетті. 14 Набуходоносор Иерусалимнің халқының бәрін: күллі әміршілер мен жасақшыларды, барлық қолөнершілер мен ұсталарды, жалпы он мың адамды тұтқындап өзімен бірге алып кетті. Яһуда елінде ең кедей тұрғындары ғана қалды. 15 Набуходоносор, сондай-ақ, Ехонияхтың өзін де Бабылға әкетіп, оның шешесін, әйелдерін, сарай қызметкерлерін және елдің абыройлы адамдарын да Иерусалимнен Бабылға жер аударды. 16 Оның үстіне Бабыл патшасы соғысқа жарамды, батыл да мықты тағы жеті мың жауынгерді және бір мың қолөнерші мен ұстаны өз еліне айдап әкетті. 17 Набуходоносор Ехонияхтың орнына оның немере ағасы Маттанияхты патша етіп тағайындап, соның есімін Седекиях деп өзгертті. 18 Седекиях патша болған кезде жасы жиырма бірде еді. Ол Иерусалимде он бір жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні либналық Еремия қызы Хамутал болатын. 19 Кезінде ағасы Жохақым істегендей, Седекиях та Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. 20 Жаратқан Ие Иерусалим мен Яһуданың халқына қатты қаһарланғандықтан, оларды ақырында Өзінің қасынан аластатты. Сол кезде Седекиях Бабыл патшасына қарсы бас көтерді.
1 Седекияхтың патшалық құрған тоғызыншы жылының оныншы айының оныншы күні Бабыл патшасы Набуходоносор бүкіл әскерімен Иерусалимге қарсы аттанды. Олар қаланы қоршауға алып, оның қамалынан өрлеп өту үшін жан-жағын айналдыра тас-топырақ үймектер жасады. 2 Қала Седекияхтың патшалық құрған он бірінші жылына дейін қоршауда болды. 3 Сол жылғы төртінші айдың тоғызыншы күні азық-түлік атаулы бітіп, қаланы аштық қатты жайлап тұрған еді. 4 Осы кезде жау қала қабырғасының бір жерін тесіп, ішке кірді. Сонда (Седекиях пен) барлық яһуди жасақшылары қашып кетуге тырысты. Бабылдық әскер қаланы қоршап тұрғанмен, олар түн ішінде патша бағының маңында екі қабырғаның арасында орналасқан қақпадан сытылып шықты. Содан олар Иордан алқабындағы елсіз далаға қарай бет алды. 5 Алайда Бабыл әскері патшаның соңынан аттанып, оны Иерихонның маңайындағы елсіз далада қуып жетті. Седекияхтың бүкіл жасағы оның қасынан бытырап кеткен болатын. 6 Седекиях бабылдықтардың қолына түсіп, Хамат еліндегі Рибла қаласына Бабыл патшасының алдына апарылды. Сол жерде бабылдықтар Седекияхты соттап, үкімін шығарды. 7 Олар Седекияхтың ұлдарын оның көз алдында шауып өлтірді. Мұнан кейін Седекияхтың екі көзін ойып алып, қол-аяғына қола шынжыр салып, Бабылға айдап әкетті. 8 Набуходоносор Бабылға патшалық құрған он тоғызыншы жылдың бесінші айының оныншы күні оның бір нөкері — патша ұландарының әміршісі Набузар-Адан Иерусалимге келіп жетті. 9 Әмірші Жаратқан Иенің киелі үйіне, патшаның сарайына және Иерусалимдегі барлық үйлерге от қойып, үлкен ғимараттардың бәрін де өртеп жіберді. 10 Әміршіге еріп келген бүкіл бабылдық әскер Иерусалимді қоршаған қабырғаларды қиратып тастады. 11 Ұландардың әміршісі Набузар-Адан қалада қалып қойғандарды, Бабыл патшасының жағына өтіп кеткендерді және елдің басқа да халқын тұтқындап, айдап әкетті. 12 Әмірші тек ең кедей тұрғындардың біразын ғана жүзімдіктер мен егіндіктерді күту үшін елде қалдырды. 13 Бабылдықтар Жаратқан Иенің ғибадатханасында тұрған екі қола бағананы, жылжымалы қола тұғырларды және теңіз деп аталатын дәу қола қазанды бөлшектеп сындырып, солардың барлық қоласын Бабылға тасып әкетті. 14 Олар (киелі үйдегі құрбандық үстелін тазалауға арналған) күлсалғыштар мен күрекшелерді, білте түзеткіштер мен табақтарды және ғибадатханада Жаратқан Иеге құрбандықтар мен сый-тартулар ұсынғанда қолданылған басқа да қола ыдыс-аяқтар мен аспаптардың барлығын алып кетті. 15 Ұландардың әміршісі шоқ салынатын табаларды, (су не қан бүркуге арналған шағын) тостағандарды және саф алтын не күмістен жасалған барлық басқа бұйымдарды да олжалап әкетті. 16 Сүлеймен патша кезінде Жаратқан Иенің киелі үйіне арнап жасатқан екі бағананың, дәу қазан мен тұғырлардың қоласы таразыға тартып, салмағын өлшеуге тым ауыр болды. 17 Екі бағананың әрқайсысының биіктігі он сегіз шынтақ, ал үстіңгі иығындағы қоладан жасалған үлкен тостаған кейпінің биіктігі үш шынтақ болды. Сол кейіптерге айналдыра шынжыр және анар тәрізді қола әшекейлер ілінген еді. 18 Ұландардың әміршісі бас діни қызметкер Сераяхты, одан кейінгі лауазымды діни қызметкер Софонияны және ғибадатхананың үш қақпа күзетшісін де тұтқындады. 19 Қалада әлі де қалып қойғандардан ол жасақшылардың басшысын, патшаның кеңесшілерінің бесеуін, елдегі ер адамдарды әскери қызметке тіркеген қолбасшының хатшысын және елдің тағы алпыс тұрғынын қолға түсірді. Бұлар да қаладан табылған болатын. 20 Ұландар әміршісі Набузар-Адан олардың бәрін Хамат еліндегі Рибла қаласына, Бабыл патшасының алдына алып барды. 21 Сол жерде Бабыл патшасы оларды өлтіруге бұйырды. Осылайша Яһуда халқы өз елінен басқа жаққа жер аударылып кетті. 22 Бабыл патшасы Набуходоносор Ғодалияхты Яһуданың әкімі етіп тағайындап, Бабылға әкетілмеген халықты оның қарауына тапсырды. Ғодалиях Ахиқамның ұлы, Шафанның немересі еді. 23 Яһуда елінде қалып қойған барлық жасақ басшылары мен олардың адамдары патшаның Ғодалияхты әкім етіп тағайындағаны туралы естігенде, олар Миспа қаласындағы Ғодалияхқа келді. Сол жасақ басшылары Нетаниях ұлы Ысмағұл, Қареях ұлы Жоханан, нетопаттық Танхумет ұлы Сераях және махалық Езаниях болатын. 24 Ғодалиях олардың өздерін және адамдарын жігерлендіріп: «Бабылдық қызметкерлерден қорықпаңдар! Елде тұрып қалып, Бабыл патшасына қызмет етіңдер, сонда жағдайларың жақсы болады!» — деп уәде беріп ант етті. 25 Бірақ сол жылдың жетінші айында патшалық әулетке жататын Әлишаманың немересі Нетаниях ұлы Ысмағұл он адамымен бірге Миспаға келді. Олар Яһуданың әкімі Ғодалияхты қастандықпен өлтірді және Миспада Ғодалияхтың қасында болған исраилдіктер мен бабылдықтардың да көздерін құртты. 26 Содан үлкенді-кішілі барлық исраилдіктер әрі жасақшылардың басшылары бабылдықтардың жазасынан қорқып, Мысырға қашып кетті. 27 Ал Яһуда (елінің бұрынғы) патшасы Ехониях болса, ол Бабылға жер аударылып кеткеннен кейінгі отыз жетінші жылы Еуил-Меродах Бабыл еліне патшалық құра бастады. Жаңа патша сол жылдың он екінші айының жиырма жетінші күні Ехонияхты түрмеден шығарып, азат етті. 28 Еуил-Меродах онымен жылы сөйлесіп, Бабылда өз қасында болған барлық басқа патшалардан гөрі Ехонияхты ең жоғарғы орынға отырғызды. 29 Ехониях түрмедегі киімдерін ауыстырып, бұдан былай ұдайы патшамен дастарқандас болып, бірге тамақтанатын болды. 30 Өмірінің соңына дейін Ехонияхтың күнделікті мұқтаждықтарын Бабыл патшасы қамтамасыз етіп отырды.
1 Адам (ата), Сет, Енос, 2 Қайнан, Мақалалел, Иәрет, 3 Енох, Мәтусал, Ләмех, Нұх. 4 Нұхтың ұлдары: Шам, Хам, Япші. 5 Япшіден Гомер, Магог, Мадай, Яуан, Тұбал, Мешех, Тирас тарады. 6 Гомерден Ашкеназ, Рифат, Тоғарма тарады. 7 Яуанның ұлдары: Елиша, Тарсис, Кіттим, Доданим тарады. 8 Хамның ұрпақтары: Құш, Мысыр, Пұт, Қанахан. 9 Құштың ұрпақтары: Себа, Хауила, Сабтах, Рахама, Саптеха. Рахаманың ұрпақтары: Сәба, Дедан. 10 Құштан Нымрод та тарады. Ол жер бетіндегі күшті әміршіге айналды. 11 Мысырдан луд, анам, лехап, нафтух, 12 патрус, қаслух, қаптор атты халықтар тарады. Осылардан філістірлер шықты. 13 Қанаханның тұңғыш ұлы Сидон еді. Содан кейін Қанаханнан хеттік, 14 ебустік, аморлық, гергестік, 15 хевтік, арқалық, синдік, 16 аруадтық, семарлық, хаматтық атты халықтар да тарады. 17 Шамнан Елам, Ассур, Арпақсат, Луд, Арама тарады. Арамадан Ус, Хұл, Гетер, Мешех, 18 Арпақсаттан Шелах, ал Шелахтан Ебер тарады. 19 Еберден екі ұл туды. Тұңғышының есімі Пелек («Бөліну») болды, өйткені оның заманында жер беті бөлінді. Ал кенжесінің есімі Жоқтан еді. 20 Жоқтаннан Алмодат, Шалеф, Хасармаует, Жерах, 21 Хадорам, Узал, Диқла, 22 Обал, Әбімаил, Сәба, 23 Опыр, Хауила және Жобаб тарады. Бұлардың бәрі Жоқтанның ұрпақтары. 24 (Мынау Ыбырайым пайғамбардың ата-тегі:) Шам, Арпақсат, Шелах, 25 Ебер, Пелек, Рәгу, 26 Серук, Нахор, Тарах, 27 Ыбырам. Ол кейін Ыбырайым деп аталды. 28 Ыбырайымның ұлдары: Ысқақ, Ысмағұл. 29 (Ажардан туған) Ысмағұлдың үрім-бұтағының тарихы мынау: тұңғышы Набайот, одан кейін Қидар, Адбел, Мипсам, 30 Мишма, Дума, Масса, Хадад, Тема, 31 Етур, Нафиш, Кедмах туды. Бұлардың бәрі Ысмағұлдан тарады. 32 Ыбырайымның кәнизагы Кетурадан көрген ұлдары: Зимран, Жоқшан, Медан, Мадиян, Ишбақ, Шуах. Жоқшанның ұлдары: Сәба, Дедан. 33 Мадиянның ұлдары: Ефа, Ефер, Ханох, Абида, Елдаға. Бұлардың барлығы да Ыбырайымның Кетурадан көрген ұрпақтары болатын. 34 Ыбырайымның Сарадан көрген ұлы — Ысқақ. Ысқақтың ұлдары: Есау, Исраил (Жақып). 35 Есаудың (Едомның) ұлдары: Елипаз, Рәгуел, Егуш, Яғлом, Қорах. 36 Елипаздың ұлдары: Теман, Омар, Сефо, Ғатам, Кеназ. Елипаз Тимнадан Амалек есімді ұл көрді. 37 Рәгуелдің ұлдары: Нахат, Зарах, Шаммах, Миза. 38 Сейірдің ұлдары: Лотан, Шобал, Сибеон, Анах, Дишон, Езер, Дишан. 39 Лотанның ұлдары: Хори, Хемам. Тимна Лотанның қарындасы болатын. 40 Шобалдың ұлдары: Албан, Манахат, Ебал, Шебо, Онам. Сибеонның ұлдары: Аях, Анах. 41 Анахтың ұлы: Дишон. Дишонның ұлдары: Хемдан, Ешбан, Итран, Керан. 42 Езердің ұлдары: Билхан, Зағауан, Яқан. Дишанның ұлдары: Ус, Аран. 43 Исраил халқын билейтін патша шықпай тұрғанда Едом елінде билік құрған патшалардың аты-жөндері мыналар: Беғор ұлы Бела, оның тұрған қаласының аты Дінхаба еді. 44 Бела қайтыс болды, оның орнына Босорадағы Зарах ұлы Жобаб патшалық құрды. 45 Жобаб қайтыс болды, оның орнына темандықтардың елінен келген Хушам патшалық құрды. 46 Хушам қайтыс болды, оның орнына Бедад ұлы Хадад патшалық құрды. Ол мадияндықтарды Моаб жерінде жеңіп шықты. Хададтың тұрған қаласының аты Ауит болатын. 47 Хадад қайтыс болды, оның орнына Масректен келген Самла патшалық құрды. 48 Самла қайтыс болды, оның орнына Евфрат өзенінің бойында орналасқан Рехоботтан келген Саул патшалық құрды. 49 Саул қайтыс болды, оның орнына Ахбор ұлы Бағал-Ханан патшалық құрды. 50 Бағал-Ханан қайтыс болды, оның орнына Хадад патшалық құрды. Оның тұрған қаласының аты Пау еді. Әйелі Мехетабелдің шешесі Матред, ал нағашы әжесі Месахаб болатын. 51 Кейін Хадад та қайтыс болды. Едомның рубасылары: Тимна, Алуа, Етет, 52 Охолибама, Ела, Пинон, 53 Кеназ, Теман, Мипсар, 54 Магдиел, Ирам. Едом халқының рубасылары осылар еді.
1 (Алғашқыда Жақып деп аталған) Исраилдің ұлдары: Рубен, Шимон, Леуі, Яһуда, Исашар, Забулон, 2 Дан, Жүсіп, Бунямин, Нафталим, Ғад, Ашир. 3 Яһуданың ұлдары: Ер, Онан, Шелах. Осы үш ұлы Шуа есімді қанахандық адамның қызынан туған. Яһуданың тұңғыш ұлы Ердің мінез-құлқы Жаратқан Иеге жек көрінішті болғандықтан, Жаратқан Ие оның өмірін қысқа қылды. 4 Кейін Яһуданың келіні Тамар оған Парес пен Зарахты туды. Яһуданың барлығы бес ұлы болды. 5 Парестің ұлдары: Хесрон мен Хамул. 6 Зарахтың ұлдары: Зімри, Етан, Хеман, Халқол, Дара, барлығы бесеу. 7 (Зарахтың шөбересі) Қарми ұлы Ахан Жаратқан Иеге бағышталған, жойылуға тиісті заттан алып, Исраилдің басына пәле келтірді. 8 Етанның ұлы: Азариях. 9 Хесронның ұлдары: Ерахмел, Рам, Халеп. 10 Рамнан Әминадап, Әминадаптан Яһуданың рубасы Нағасон, 11 Нағасоннан Салмон, Салмоннан Боғоз, 12 Боғоздан Ғабит, Ғабиттен Есей туды. 13 Есейдің ұлдары: тұңғышы Елияп, екіншісі Абинадап, үшіншісі Шаммах, 14 төртіншісі Нетанел, бесіншісі Раддай, 15 алтыншысы Осем, ал жетіншісі Дәуіт (патша) еді. 16 Есейдің қыздары: Сарұя, Әбигел. Сарұяның үш ұлы: Әбішай, Жоғаб, Асахил. 17 Әбигел ысмағұлдық Етерге күйеуге шығып, Амасаны туды. 18 Хесрон ұлы Халеп әйелі Азубадан мына ұлдарын сүйді: Ешер, Шобаб және Ардон. Халеп Ериоттан да бала сүйген. 19 Азуба қайтыс болғанда, Халеп Ефратаға үйленді, ол Халепке Һұрды туды. 20 Һұрдан Ұри, ал Ұридан Беселиел тарады. 21 Кейінірек Хесрон жасы алпысқа толғанда, Ғилақадтың әкесі Махырдың қызына үйленіп, одан Сегуб есімді ұлын сүйді. 22 Ғилақадтағы жиырма үш елді мекенді иемденген Жайыр сол Сегубтің ұлы болатын. 23 Ал кейін Гешур мен Арама патшалықтары Жайырдың қоныстарын және Кенат қаласын айналасындағы елді мекендерімен бірге жаулап алды. Сол елді мекендердің жалпы саны алпыс болған. Бұларда қоныстанғандардың барлығы Ғилақадтың әкесі Махырдан тарады. 24 Хесрон Халеп-Ефратада қайтыс болғаннан азғана уақыт өткенде, әйелі Абия оның ұлы Ашхұрды туды. Ашхұр Текояның әкесі болды. 25 Хесронның тұңғыш ұлы Ерахмелдің ұлдары: тұңғышы Рам, ал кейінгілері Буна, Орен, Осем, Ахиях еді. 26 Ерахмелдің Атара деген тағы бір әйелі болды, ол Онамды туды. 27 Ерахмелдің тұңғыш ұлы Рамның ұлдары: Мағас, Ямин, Екер. 28 Онамның ұлдары: Шаммай мен Ядақ. Шаммайдың ұлдары: Надаб, Абишур. 29 Абишурдың әйелінің аты Әбихаил, ол оған Ахбан мен Молидті туды. 30 Надабтың ұлдары: Селед, Афаим. Селед соңынан бала қалдырмай қайтыс болды. 31 Ал інісі Афаимнан Иши, одан Шешан, одан Ахлай тарады. 32 Шаммайдың інісі Ядақтың ұлдары: Етер, Жонатан. Етер соңынан бала қалдырмай қайтыс болды. 33 Жонатанның ұлдары: Пелет, Заза. Осылардың барлығы Ерахмелден тараған ұрпақтар. 34 Шешанның ұлдары болмай, тек қыздары болды. Шешан Жарқа деген мысырлық қызметшісіне 35 бір қызын қосып, ол Аттайды туды. 36 Аттайдан өрбіген ұрпақтар: Аттайдан Натан, одан Зауад, 37 одан Ефлал, одан Ғабит, 38 одан Еһу, одан Азариях, 39 одан Хелес, одан Елеаса, 40 одан Сисмай, одан Шаллум, 41 одан Екамиях, одан Әлишама. 42 Ерахмелдің інісі Халептің ұлдары: тұңғышы Меса, соның ұлы Зиф, ал екінші ұлы Мареша еді, ол Хебронның әкесі болды. 43 Хебронның ұлдары: Қорах, Таппуах, Рекем, Шема. 44 Шемадан өрбіген ұрпақтар: Шемадан Рахам, одан Жорқиям, одан Шаммай, 45 одан Мағон, одан Бет-Сұр. 46 Халептің Ефа есімді кәнизагы Харан, Моса, Ғазезді туды. Харанның ұлының есімі де Ғазез еді. 47 Яхдайдың ұлдары: Регем, Жотам, Гешан, Пелет, Ефа, Шағаф. 48 Халептің Маха есімді кәнизагы Шебер мен Тирханахты туды. 49 Мадманахтың әкесі Шағафты және Махбенах пен Гибеяның әкелері Шеуаны туған да сол Маха болатын. Халептің бір қызының есімі Ахса еді. 50 Осылардың барлығы Халептің үрім-бұтағы. Ефратаның тұңғышы Һұрдың ұлдары: Кирият-Иғарымның басқарушысы Шобал, 51 Бетлехемнің басқарушысы Салмон, Бетгәдердің басқарушысы Хареф. 52 Кирият-Иғарымның басқарушысы Шобалдың ұрпақтары: Хароге, Манахат тұрғындарының жартысы 53 әрі Кирият-Иғарымды мекендеген Итір, Пұт, Шумат, Мишра атты әулеттер. Бұлардан Сора мен Ештағолдың тұрғындары тарады. 54 Салмонның ұрпақтары: Бетлехем, Нетопат және Атырот-Бет-Жоғабтың тұрғындары, Манахат тұрғындарының қалған жартысы және Сораның тұрғындары. 55 Ябесте тұрып жатқан хатшылар: Тират, Шимеят, Суха атты әулеттер. Бұлар Рехап әулетінің басшысы Хаматтан тараған кендіктер.
1 Дәуіттің Хебронда дүниеге келген ұлдары: тұңғышы — Амнон, оның шешесі ізрелдік Ахиноғам еді. Екінші ұлы Даниял кәрмелдік Әбигелден туды. 2 Үшіншісі — Абессалом, оның шешесі Гешур патшасы Талмайдың қызы Маха болатын. Төртінші ұлы — Адонияхтың шешесі Аггит, 3 бесіншісі — Шафатияхтың шешесі Абитал, ал алтыншысы — Ітерамның шешесі Дәуіттің өзге әйелі Әгла болды. 4 Осы алты ұлы Дәуіттің Хебронда жеті жыл алты ай бойы патшалық құрып жүрген кезінде туды. Бұдан кейін Дәуіт Иерусалимде отыз үш жыл патшалық құрды. 5 Сонда дүниеге келген ұлдарының есімдері мыналар: Шаммуа, Шобаб, Натан, Сүлеймен. Бұл төртеуін Елиям қызы Барсабия туды. 6 Сол тұста Дәуіттің Ипхар, Әлишуа, Елпәлет, 7 Ноғах, Непек, Япияқ, 8 Әлишама, Әлияда және Әлипәлет деген ұлдары да дүниеге келді: барлығы тоғыз. 9 Дәуіттің ұлдары осылар, ал соларға қоса оның кәнизактарынан туған ұлдары да болды. Тамар Дәуіттің ұлдарына әпке-қарындас болатын. 10 Дәуіт ұлы Сүлейменнен өрбіген ұрпақтар: Сүлейменнен Рохабоғам, одан Абиях, одан Аса, одан Жосапат, 11 одан Жорам, одан Охозиях, одан Жоғас, 12 одан Амасиях, одан Азариях (яғни Ұзиях), одан Жотам, 13 одан Ахаз, одан Езекия, одан Манаса, 14 одан Амон, одан Жосия. 15 Жосияның ұлдары: тұңғышы Жоханан, екіншісі Жохақым, үшіншісі Седекиях, төртіншісі Шаллум. 16 Жохақымнан кейін патша болғандар: оның ұлы Ехониях және туған інісі Седекиях. 17 Бабылдықтар тұтқындап алып кеткен Ехонияхтың ұрпақтары мыналар: өз ұлы Салатиел, 18 әрі Малқирам, Педаях, Шенасар, Екамиях, Хошама, Недабиях. 19 Педаяхтың ұлдары: Зоробабел, Шимей. Зоробабелдің ұлдары: Мешулам, Хананиях, олардың әпке-қарындасы: Шеломит. 20 Зоробабелдің бұлардан басқа тағы бес ұлы: Хашуба, Оһел, Барақиях, Хасадиях, Жушап-Хесед болды. 21 Хананияхтан өрбіген ұрпақтар: Пелатиях пен Ишая әрі Рефаяхтың, Арнанның, Абадияхтың және Шеханияхтың ұлдары. 22 Шеханияхтың ұрпақтары: Шемаях және оның ұлдары Хатуш, Иғал, Бариях, Неариях, Шапат, барлығы алтау. 23 Неарияхтың ұлдары: Елиохенай, Езекия, Азыриқам, барлығы үшеу. 24 Елиохенайдың ұлдары: Ходауиях, Елияшип, Пелаях, Ақуб, Жоханан, Делаях, Анани, барлығы жетеу.
1 Яһуданың ұрпақтарына Парес, Хесрон, Қарми, Һұр және Шобал жатады. 2 Шобал ұлы Реях Яхаттың әкесі болатын. Яхаттың ұлдары: Ахум, Лахад. Олардан тараған әулеттер Сораның тұрғындары болатын. 3 Етамның ұлдары мыналар: Ізрел, Ишма, Идбаш. Олардың әпке-қарындастарының есімі — Хаселелпони. 4 Пенуел Гедордың әкесі, ал Езер Хушаның әкесі болатын. Ефратаның тұңғышы әрі Бетлехемнің басқарушысы Һұрдың ұрпақтары осылар болатын. 5 Текояның басқарушысы Ашхұрдың Хела мен Нағарат деген екі әйелі бар еді. 6 Нағарат Ашхұрға Ахузам, Хефер, Темни, Ахаштариды туды. Олар Нағараттың ұрпақтары болып саналатын. 7 Хеладан туған ұлдар: Серет, Сохар, Әтнан, 8 Қос. Қостан Ануб пен Собеб және Ахархел ұлы Харумның әулеттері тарады. 9 (Яһуда руында) Ябес есімді адам болды. Ол өз ағайындары арасында көбірек құрметтелетін. Ал анасы: «Мен оны азаппен қиналып босандым», — деп, оның атын Ябес деп қойған еді. 10 Ябес Исраил сиынған Құдайға былай деп мінажат етті: «Мені жарылқап, тиесілі жерімнің көлемін кеңейтсең екен! Құдіретті қолыңмен маған жар бола гөр. Азапқа ұшырататын жамандықтан аулақ сақтай гөр!» Сонда Құдай Ябеске сұрағанын берді. 11 Шухахтың бауыры Хелуб Махырдың әкесі және Ештонның атасы болатын. 12 Ештон Бет-Рафа мен Пасеахтың басқарушысы, ал Техинах Нахаш қаласының басқарушысы болды. Бұлар бұрын Рехада тұрған адамдар еді. 13 Кеназдың ұлдары: Отниел мен Сераях. Отниелдің ұлдары: Хатат пен Меонотай. 14 Меонотай Офраның әкесі, Сераях Жоғабтың әкесі ал Жоғаб қолөнершілер аңғарының басқарушысы болатын. Сол жер ондағы халық қолөнермен айналысатындықтан солай аталып кетті. 15 Ефунне ұлы Халептің ұлдары: Иру, Ила, Нағам. Иланың ұлы: Кеназ. 16 Ехәлелелдің ұлдары: Зиф, Зифах, Тириях, Асарел. 17 Езраның ұлдары: Етер, Меред, Ефер, Жалон. (Етердің) бір әйелі Мәриям, Шаммай, Ишбах есімді балаларды туды; Ишбах Ештемоғаның басқарушысы болды. 18 (Етердің) яһуди әйелі Гедордың басқарушысы Ередті, Сохоның басқарушысы Хеберді және Заноахтың басқарушысы Екутиелді туды. Меред перғауынның қызы Битияға үйленіп, одан бірнеше бала сүйді. 19 Ходия Нахамның қарындасына үйленді. Олардың ұлдары: Кеилдің әкесі Ғарми және махалық Ештемоға. 20 Шимонның ұлдары: Амнон, Ринна, Бенханан, Тилон. Ишидің ұрпақтары: Зохет, Бензохет. 21 Яһуданың бір ұлы Шелах еді. Шелахтан өрбіген ұрпақтар: Леханың басқарушысы Ер, Марешаның басқарушысы Ладах, Бет-Ашбеядағы бәтес тоқушылардың әулеттері, 22 сондай-ақ, Жоқим, Хозебаның адамдары және Моаб пен Жашуби-Лехемді басқарған Жоғас пен Сарап. Осы шежіре жазбалар ежелден қалған. 23 Соңғы аталған адамдар Нетаим мен Гедерахты мекендеп, құмыра жасауды кәсіп қылып жүрді. Олар сонда тұрып, патшаға жұмыс істеді. 24 Шимонның ұрпақтары: Емуел, Ямин, Яхин, Сохар, Саул. 25 Саулдан өрбіген ұрпақтар: ұлы Шаллум, одан Мипсам, одан Мишма. 26 Мишмадан өрбіген ұрпақтары: ұлы Хаммуил, одан Зақур, одан Шимей. 27 Шимейден он алты ұл, алты қыз туды. Бірақ оның ағайындарында баланың саны аз еді. Сол себепті Шимон руы Яһуда руындай үлкен болмады. 28 Шимейдің ұрпақтары Бер-Шеба, Молада, Хасар-Шуал, 29 Балах, Әсем, Толад атты мекендерге қоныстанды. 30 Олар Бетуел, Хорма, Сикеләг, 31 Бет-Марқабот, Хасар-Сусим, Бет-Біреи, Шағараим деген жерлерде де тұратын. Дәуіт патшалық құрғанға дейін осы қалалар олардың қарамағында болды. 32 Шимейдің ұрпақтары тағы Етам, Аин, Риммон, Токен, Ашан атты бес қалада да тұратын. 33 Сол қалаларға қарасты, Бағалатқа дейін орналасқан барлық елді мекендер де олардың қоныстары болды. Шимейдің ұрпақтары ата-тектерінің шежірелерін жазып алып отырды. 34 Шимонның тағы мына ұрпақтары да болды: Мешобаб, Ямлех, Амасиях ұлы Жосах, 35 Жоел: Асиилдің шөбересі, Сераяхтың немересі, Жошибияхтың ұлы Еху; 36 сондай-ақ, Елиохенай, Жақобах, Ешохаях, Асаях, Адиел, Ешимиел, Бенаях; 37 Шемаяхтың неменесі, Шимридің шөпшегі, Едаяхтың шөбересі, Аллонның немересі, Шифидің ұлы Зизах. 38 Осы аттары аталған адамдар әулеттердің басшылары еді. Үрім-бұтақтары кеңінен өсіп кебейгендіктен, 39 олар малдарына жайылым жер іздеп, Герардың маңына, ондағы аңғардың шығысына қарай көшіп барды. 40 Сол жақта олар оты мол, мал өрісіне жақсы бір жайылым тауып алды. Ол шалқыған кең, тыныш та алаңсыз жатқан жер екен. Оны Хамның кейбір ұрпақтары мекендеп келген еді. 41 Жоғарыда есімдері аталған Шимон руының басшылары Яһуда елінің патшасы Езекияның билік құрып тұрған кезінде аттанып, хамдықтардың шатырларын және сол жерде тұрып жатқан меунилерді мүлдем жойды. Бүгінде олардың ізі де жоқ. Шимондықтар солардың жеріне қоныстанып алды, себебі онда малдарына жайылым болатын. 42 Бірде Шимон руының бес жүз адамы Ишидің ұлдары — Пелатиях, Неариях, Рефаях, Ұзиелдің басшылығымен таулы Сейір аймағына аттанды. 43 Олар амалектіктердің бұрын қашып кетіп, тірі қалғандарының көздерін құртты. Содан бері олар сол жерде осы күнге дейін тұрып келе жатыр.
1 Исраилдің тұңғыш ұлы Рубен болды. Алайда Рубен әкесінің кәнизагымен жақындасып, әке төсегін арамдағаны себепті оның тұңғыштық жолы Исраилдің басқа ұлы Жүсіптің екі ұлына берілді. Сондықтан да шежіре жазбаларында Рубен тұңғыш ұл ретінде тіркелмеген. 2 Исраилдің он екі ұлының ішіндегі ең күштісі Яһуда болды, әрі сол рудан халықтың көсемі Дәуіт шықты. Бірақ тұңғыштық жол Жүсіптікі. 3 Исраилдің ең үлкен ұлы Рубеннің ұлдары: Ханох, Паллу, Хесрон, Қарми. 4 Жоелден өрбіген ұрпақтар: Жоелден Шемаях, одан Гог, одан Шимей, 5 одан Миха, одан Реях, одан Бағал, 6 одан Бегерах. Ассур патшасы Тығылат-Пеләсер рубендіктерді жер аударып алып кеткен кезде Бегерах Рубеннің басшысы болатын. 7 Бегерахтың рулас ағайындары әулеттеріне сай шежіре жазбаларында төмендегідей болып тіркелген: рубасы Еиел, содан кейін Зәкәрия 8 әрі Бела. Бела Азаздың ұлы, Шеманың немересі, Жоелдің шөбересі болатын. Осы рубендіктер Арогерден бастап Небо тауы мен Бағал-Меонға дейінгі аралықты мекендеді. 9 Сол Ғилақад аймағында малдары көбейіп, олар шығысқа, Евфрат өзеніне қарай созылып жатқан шөл даланың бергі шетіне дейін қоныстанды. 10 Саулдың патшалық құрып тұрған кезінде рубендіктер ажарлықтарға қарсы соғысып, оларды жеңіп, Ғилақад аймағынан шығыста жатқан олардың мекендерін иемденіп алды. 11 Ғад руы Рубен руына көршілес Башан аймағында Салхаға дейін тұрып жатты. 12 Башан аймағындағы рубасы Жоел, екіншісі Шафам, содан кейін Жанай мен Шафат болды. 13 Олардың туысқандары әулеттері бойынша мыналар: Михайл, Мешулам, Шеба, Жорай, Яқан, Зия, Ебер — барлығы жетеу. 14 Бұлар — Әбихаилдің ұлдары. Әбихаилдің жеті атасы: Хури, Жароақ, Ғилақад, Михайл, Ешишай, Яхдо, Буз. 15 Гунидің немересі, Әбдиелдің ұлы Ахи осы әулеттің басы болды. 16 Ғадтықтар Ғилақад пен Башанда және ондағы елді мекендерде әрі Шаронның барлық жайылым жерлерінде солардың шекараларына дейін қоныстанды. 17 Осы есімдердің барлығы Яһуданың патшасы Жотам мен Солтүстік Исраилдің патшасы Еробоғамның кезінде шежіре жазбаларына енгізілген. 18 Рубен мен Ғад руларында және Манасаның жарты руында шайқасқа жарамды ер адамдардың жалпы саны қырық төрт мың жеті жүз алпыс болды. Олардың барлығы мықты, қалқан мен семсер ұстап, садақ ата алатын, соғысқа жаттыққан адамдар болатын. 19 Осы сарбаздар ажарлықтарға, Етур, Нафиш және Нодап тайпаларына қарсы соғысты. 20 Олар шайқас кезінде Құдайға дауыстап сиынғандықтан Ол соларға жар болып ажарлықтарды жақтастарымен қоса бұлардың қолдарына тапсырды. Сарбаздар Құдайға сенгендіктен, Ол мінажаттарына құлақ асты. 21 Олар жаудың малдарын: елу мың түйе, екі жүз елу мың қой-ешкі және екі мың есек айғырын олжалап, жүз мың адамды да қолға түсіріп тұтқындады. 22 Жаудың көптеген басқа адамдары қырылды, себебі оларға қарсы шайқасқан Құдайдың Өзі болатын. Содан әлгі үш ру сол жаулардың жерін иемденіп алды. Өздері Ассур патшалығына айдалып кеткен кезге дейін олар осы жақта тұра берді. 23 Манасаның (Иорданның жағында қоныс тепкен) жарты руының халқы көп болатын, олар Башаннан Бағал-Хермон мен Сенірге дейінгі аймақта қоныстанды. Сенір — Хермон тауының басқа аты. 24 Олардың әулет басшыларының аттары: Ефер, Иши, Елиел, Азриил, Еремия, Ходауиях, Яхдиел. Бұлардың барлығы мықты жауынгерлер, атақты ерлер, өз әулеттерінің басшылары болатын. 25 Бірақ осы рулар өздерінің ата-бабалары сиынған Құдайға опасыздық жасады. Олар Құдай баяғыда құртып жіберген сол елдің халықтарының жалған тәңірлеріне құлшылық етті. 26 Сол себепті Исраилдің Құдайы Ассурдың Пул деп те аталған Тығылат-Пеләсер патшасына ықпал жасап, патша Рубен мен Ғад руларын және Манаса руының жартысын жер аударып әкетті. Оларды (Солтүстік Месопотамиядағы) Халах, Хабор, Араға және Ғозан маңындағы Евфрат өзеніне апарып, осы күнге дейін олар сонда тұрып келеді.
1 Леуінің ұлдары: Герсон, Қахат, Мерари. 2 Қахаттың ұрпақтары: Ымрам, Ысқар, Хеброн, Ұзиел. 3 Ымрамның балалары: Һарон, Мұса, Мәриям. (Діни қызметкер) Һаронның ұлдары: Надаб, Әбиһу, Елазар және Ітамар. 4 Елазардан өрбіген ұрпақтар: Елазардан Пінехес, одан Абишуа, 5 одан Буки, одан Ұззи, 6 одан Зерахиях, одан Мерайот, 7 одан Амариях, одан Ахитұб, 8 одан Садық, одан Ахимағас, 9 одан Азариях, одан Жоханан, 10 одан Азариях. Азариях Сүлейменнің Иерусалимде тұрғызған ғибадатханасында діни қызметкер болды. 11 Азарияхтан Амариях, одан Ахитұб, 12 одан Садық, одан Шаллум, 13 одан Хелкия, одан Азариях, 14 одан Сераях, одан Ехосадық тарады. 15 Жаратқан Ие Яһуда елі мен Иерусалимнің халқын Набуходоносордың қолымен жер аударғанда Ехосадық та бірге кеткен болатын. 16 Сонымен Леуінің ұлдары Герсон, Қахат, Мерари болды. 17 Герсонның ұрпақтары: Лібіни мен Шимей. 18 Қахаттың ұрпақтары: Ымрам, Ысқар, Хеброн, Ұзиел. 19 Мераридің ұрпақтары: Мәхли мен Мұши. Түп аталарына сәйкес леуіліктердің әулеттері мыналар: 20 Герсонның үрім-бұтағындағы Лібіниден өрбіген ұрпақтар: Лібіниден Яхат, одан Зиммах, 21 одан Жоғах, одан Иддо, одан Зарах, одан Иятырай. 22 Қахаттың үрім-бұтағындағы Әминадаптан өрбіген ұрпақтар: Әминадаптан Қорах, одан Асир, 23 одан Елқанах, одан Әбиясаф, одан Асир, 24 одан Тахат, одан Ұриел, одан Ұзиях, одан Саул. 25 Елқанахтың ұрпақтарына Амасай мен Ахимот жатты. 26 Ахимоттан өрбіген ұрпақтар: Ахимоттан Елқанах, одан Сұф, одан Нахат, 27 одан Елияп, одан Ерохам, одан Елқанах, одан Самуил (пайғамбар). 28 Самуилдің ұлдары: тұңғышы Жоел мен екіншісі Абиях. 29 Мераридің үрім-бұтағындағы Мәхлиден өрбіген ұрпақтар: Мәхлиден Лібіни, одан Шимей, одан Ұза, 30 одан Шима, одан Хагиях, одан Асаях. 31 Келісім сандығын Жаратқан Иенің киелі үйіне алып келіп, сондағы тұрақты орнына қойғаннан кейін Дәуіт патшаның сол жерде әнші-күйші болып, қызмет етуге тағайындаған адамдарының аттары төменде берілген. 32 Сүлеймен патша Иерусалимде Жаратқан Иеге ғибадатхана тұрғызғанға дейін, олар әнші-күйші қызметін киелі кездесу шатырында атқарып жүрген еді. Олар бұл міндеттерін өздеріне арналған ережелер бойынша орындайтын. 33 Қызмет еткендердің есімдері ұлдарымен қоса мыналар: қахаттық тармақтан әнші-күйші Хеман. Оның шыққан ата-тегі мынау: Хеман Жоелден, Жоел Самуилден, 34 Самуил Елқанахтан, Елқанах Ерохамнан, Ерохам Елиелден, Елиел Тохудан, 35 Тоху Сұфтан, Сұф Елқанахтан, Елқанах Махаттан, Махат Амасайдан, 36 Амасай Елқанахтан, Елқанах Жоелден, Жоел Азарияхтан, Азариях Софониядан, 37 Софония Тахаттан, Тахат Асирдан, Асир Әбиясафтан, Әбиясаф Қорахтан, 38 Қорах Ысқардан, Ысқар Қахаттан, Қахат Леуіден, Леуі Исраилден. 39 Хеманның оң жағында тұрып қызмет еткен көмекшісі Асаф болды. Оның шыққан ата-тегі мынау: Асаф Барақияхтан, Барақиях Шимадан, 40 Шима Михайлдан, Михайл Бағасеядан, Бағасея Малқияхтан, 41 Малқиях Етниден, Етни Зарахтан, Зарах Адаяхтан, 42 Адаях Етаннан, Етан Зиммахтан, Зиммах Шимейден, 43 Шимей Яхаттан, Яхат Герсоннан, Герсон Леуіден. 44 Хеманның сол жағында тұрып қызмет еткен көмекшісі Мерари тармағына жататын Етан болды. Оның шыққан ата-тегі мынау: Етан Қишидан, Қиши Әбдиден, Әбди Маллухтан, 45 Маллух Хашабияхтан, Хашабиях Амасияхтан, Амасиях Хелкиядан, 46 Хелкия Амсидан, Амси Банидан, Бани Шемерден, 47 Шемер Мәхлиден, Мәхли Мұшидан, Мұши Мерариден, Мерари Леуіден. 48 Олармен рулас өзге леуіліктер Құдайдың жер бетіндегі тұрағы — киелі шатырдағы барлық басқа жұмыстарды атқаруға тағайындалды. 49 Һарон әрі одан кейінгі ұрпақтары құрбандық өртелетін үстелде құрбандықтарды және түтету үстелінде хош иісті заттарды өртеп ұсынатын. Олар киелі үйдің ең қасиетті бөлмесіндегі барлық басқа қызметтерді де атқарып, Исраил халқын жасаған күнәларының арамдығынан тазартатын. Бұл Құдайдың қызметшісі Мұса оларға берген барлық нұсқауларына сәйкес болды. 50 Һароннан өрбіген ұрпақтар: Һароннан Елазар, одан Пінехес, одан Абишуа, 51 одан Буки, одан Ұззи, одан Зерахиях, 52 одан Мерайот, одан Амариях, одан Ахитұб, 53 одан Садық, одан Ахимағас. 54 Леуіліктерге белгіленген елді мекендер мен жерлер мыналар: Қахат тармағынан шыққан Һаронның ұрпақтарына бірінші жеребе түскендіктен, 55 оларға Яһудадағы Хеброн қаласы мен оған қарасты жайылымдар табысталды. 56 Бірақ Хебронға қарасты егістік жерлер мен елді мекендер Ефунне ұлы Халепке бөлініп берілді. 57 Сонымен Һаронның ұрпақтарына Хеброн қаласы табысталды. Хеброн абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын қала болатын. Һаронның ұрпақтарына мұнан басқа Либна, Ятир, Ештемоға, 58 Хилен, Дебир, 59 Ашан, Юта, Бет-Шәміш қалалары да жайылымдарымен қоса табысталды. 60 Бунямин руынан оларға (Гибеон әрі) Геба, Алемет, Анатот қалалары жайылымдарымен қоса берілді. Һаронның ұрпақтарына әулеттеріне қарай берілген осы қалалардың жалпы саны он үш болды. 61 Қахат тармағының қалған бөлігіне Манасаның (Иорданның батыс жағындағы) жарты руының жерінен он қала жеребе бойынша тиді. 62 Герсон тармағына әулеттеріне қарай Исашар, Ашир, Нафталим рулары және Манаса руының (шығыстағы) екінші жартысынан Башандағы он үш қала тиді. 63 Мерари тармағына әулеттеріне қарай Рубен, Ғад, Забулон руларының жерінен он екі қала тиді. 64 Осылайша исраилдіктер леуіліктерге бұл қалаларды жайылымдарымен қоса табыстады. 65 Оларға Яһуда, Шимон, Бунямин руларынан жоғарыда аты аталып өткен қалаларды жеребе бойынша үлестіріп берді. 66 Қахат тармағының басқа да кейбір әулеттеріне Ефрем руының жерінен мына қалалар жайылымдарымен қоса бөлінді: 67 Ефремнің таулы аймағынан: Сихем қаласы. Ол абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын қала болатын. Сол әулеттерге одан басқа Гәзер, 68 Жоқмеам, Бет-Хорон, 69 Аялон, Ғат-Риммон да табысталды. 70 Қахат тармағының қалған әулеттеріне Манаса руының (Қанахан еліндегі) жартысынан Анер, Билеам қалалары жайылымдарымен қоса бөлінді. 71 Герсон тармағына мына қалалар жайылымдарымен қоса тиді: Манаса руының шығыстағы жартысынан: Башан аймағындағы Ғолан мен Аштарот; 72 Исашар руынан: Кедес, Даберат, 73 Рамот, Анем; 74 Ашир руынан: Машал, Абыдон, 75 Хұқоқ, Рехоб; 76 Нафталим руынан: Ғалилеядағы Кедес, Хаммон, Кириятаим. 77 Леуіліктердің қалған тармағы — мерариліктерге мына қалалар жайылымдарымен қоса берілді: Забулон руынан: Жоқнеам, Қарта, Риммоно, Табор; 78 Иордан өзенінің шығыс жағындағы Рубен руынан Иерихонға қарама-қарсы иен даладағы Бесер; одан басқа Жахса, 79 Кедемот, Мефағат; 80 Ғад руынан: Ғилақадтағы Рамот, Маханайым, 81 Хешебон, Жазер.
1 Исашардың ұлдары: Тола, Пуа, Яшуб, Шимрон, барлығы төртеу. 2 Толаның ұлдары: Ұззи, Рефаях, Ериел, Яхмай, Ибсам, Самуил. Олар өз әулеттерінің басшылары болды. Дәуіттің патшалық құрып тұрған кезінде Толаның ұрпақтарынан шыққан, шайқасқа жарамды ер адамдардың саны шежірелерінде жиырма екі мың алты жүз болып тіркелген. 3 Ұззидың ұлы: Израқиях. Израқияхтың ұлдары: Михайл, Абадиях, Жоел, Ишиях. Олардың бесеуі де әулет басшылары болды. 4 Бұлардың әйелдері мен балалары көп болғандықтан, әулеттерінде шежірелеріне сәйкес отыз алты мың шайқасқа жарамды ер адам болды. 5 Шежірелердегі жазбаларға сәйкес, Исашар руындағы әулеттердің шайқасқа жарамды ер адамдарының барлығы сексен жеті мың болды. 6 Буняминнің үш ұлы: Бела, Бехер, Едияил. 7 Беланың ұлдары: Есбон, Ұззи, Ұзиел, Еримот, Ири. Бесеуі де әулет басшылары болды. Олардың шежірелерінде шайқасқа жарамды жиырма екі мың отыз төрт ер адам тіркелген. 8 Бехердің ұлдары: Земирах, Жоғас, Елиезер, Елиохенай, Амри, Еремот, Абиях, Анатот, Алемет. Бехердің осы ұлдарының 9 шежірелерінде әулеттердің басшылары және шайқасқа жарамды жиырма мың екі жүз ер адам тіркелген. 10 Едияил ұлы Билханның ұлдары: Егуш, Бунямин, Ехуд, Хенағана, Зетан, Тарсис, Ахишахар. 11 Едияилдің осы ұлдарының барлығы әулет басшылары болды. Әулеттерінде шайқасқа жарамды он жеті мың екі жүз ер адам болды. 12 Шупим мен Хупим Ирдың, ал Хушим Ахердің ұрпақтары болды. 13 Нафталимның ұлдары: Яхсиел, Гуни, Есер, Шилем. Бұлар Рахиланың күтуші күңі Балханың ұрпақтары болды. 14 Манасаның ұрпақтары: Манасаның арамейлік кәнизагы Асриел мен Махырды туды. Махыр Ғилақадтың әкесі болды. 15 Махыр Хупим мен Шупимнің қарындасы Махаға үйленді. Манасадан тараған тағы бір ұрпақтың аты: Салопахад; оның тек қыздары болды. 16 Махырдың әйелі Маха ұл туып, атын Переш деп қойды. Оның інісінің аты: Шереш. Шерештің Ұлам мен Рекем есімді ұлдары болды. 17 Ұламның ұлы: Бедан. Осылар Манасаның ұрпағы Махыр ұлы Ғилақадтың ұрпақтары болып саналды. 18 Махырдың қарындасы Молехет Ишход, Әбиезер, Махланы туды. 19 Шемиданың ұлдары: Ахиан, Сихем, Лихи, Аниям. 20 Ефремнің ұрпақтары: Ефремнің ұлы Шутелахтан Беред, Бередтен Тахат, Тахаттан Елеада, Елеададан Тахат, 21 Тахаттан Зауад, Зауадтан Шутелах тарады. Езер, Елеад есімді екі ер адамды Ғат қаласының жергілікті тұрғындары өлтіріп тастады. Екеуі олардың малдарын айдап алып кетуге сонда ылдилап барған еді. 22 Әкелері Ефрем сол екеуін ұзақ уақыт жоқтап, ағайындары оны жұбатуға келді. 23 Ефрем әйелімен жақындасып, әйелі жүкті болып, ұл туды. Шаңыраққа түскен бақытсыздыққа бола, әкесі осы ұлының атын Бериях («Бақытсыздықта») деп қойды. 24 Ефремнің Шегера есімді қызы Төменгі және Жоғарғы Бет-Хорон әрі Уззен-Шегера атты қалалардың негізін салды. 25 (Ефремнің үрім-бұтағындағы Шутелахтан өрбіген өзге ұрпақтар: Шутелахтан) Рефах, одан Решеп, одан Телах, одан Тахан, 26 одан Лағдан, одан Амихуд, одан Әлишама, 27 одан Нұн, одан Ешуа. 28 Ефрем руының иемденген жері мен қоныстары (оңтүстігінде) Бетел мен оған қарасты елді мекендерді, шығысында Нағаранды, батысында Гәзер мен оған қарасты елді мекендерді, солтүстігінде Сихем мен оған қарасты елді мекендерді әрі Аиях пен оған қарасты елді мекендерді қамтыды. 29 Ефремнің Манаса руының жерімен шекарасында Бет-Шан, Тағанах, Мегидо, Дор қалалары және оларға қарасты елді мекендер орналасқан еді. Осы қалаларда Исраил ұлы Жүсіптің ұрпақтары қоныстанды. 30 Аширдің ұлдары: Имна, Ишуах, Ишуи, Бериях; олардың әпке-қарындасы: Серах 31 Берияхтың ұлдары: Хебер, Малхиел; Малхиелдің ұлы: Бирзаит. 32 Хебердің ұлдары: Яплет, Шомер, Хотам; олардың әпке-қарындасы: Шуа. 33 Яплеттің ұлдары: Пасах, Бимхал, Ашуат. 34 Шомердің ұлдары: Ахи, Рохга, Ихуба, Арама. 35 Оның бауыры Хелемнің ұлдары: Софах, Имна, Шелеш, Амал. 36 Софахтың ұлдары: Суах, Харнефер, Шуал, Бери, Имра, 37 Бесер, Ход, Шамма, Шилша, Итран, Бегера. 38 Етердің ұлдары: Ефунне, Писпа, Ара. 39 Улланың ұлдары: Арах, Ханиел, Рисиях. 40 Осылардың барлығы: Аширден тараған ұрпақтар. Олар әулеттердің басшылары, таңдаулы да мықты жауынгерлер және жетекші басшылар болатын. Ашир руының шежірелеріне сәйкес, шайқасқа жарамды ер адамдарының саны жиырма алты мың болды.
1 Буняминнің тұңғыш ұлы Бела, екінші ұлы Ашбел, үшінші ұлы Ахрай, 2 төртінші ұлы Ноха, бесінші ұлы Рафа еді. 3 Беланың ұлдары: Аддар, Гера, Әбихуд, 4 Абишуа, Нағыман, Ахоах, 5 Гера, Шефуфан, Хурам. 6 Гебада тұрып, ал кейін Манахатқа жер аударылған әулеттердің басшылары болған Ехудтың ұрпақтары мыналар: 7 Нағыман, Ахиях, Гера. Оларды Гера бастап алып барды. Оның ұлдары Ұзза мен Ахихуд болатын. 8 Шәкәрім екі әйелі Хушим мен Бағарадан ажырасқаннан кейін, Моаб елінде де бала сүйді. 9 Оның әйелі Ходеш Жобаб, Сибиях, Меша, Малқам, 10 Еус, Сахия, Мирма есімді ұлдарды туды. Шәкәрімнің осы ұлдары әулет басшылары болды. 11 Шәкәрімнің бұрынғы әйелі Хушим оған Абитуб пен Елпағал есімді екі ұл туып берген болатын. 12 Елпағалдың ұлдары: Ебер, Мишам, Шемед. Шемед Оно мен Лодты әрі Лодқа қарасты елді мекендерді салды. 13 (Елпағалдың басқа ұлдары:) Бериях пен Шема. Осы екеуі Аялон тұрғындарының әулет басшылары болатын. Ғаттың тұрғындарын сол қаладан қуып шыққан да осылар еді. 14 Ахио, Шашақ, Еремот, 15 Забадиях, Арад, Едер, 16 Михайл, Ишфа, Жоха: Берияхтың ұрпақтары. 17 Забадиях, Мешулам, Хизки, Хебер, 18 Ишмерай, Излиях, Жобаб: Елпағалдың ұрпақтары. 19 Жәкім, Зіхри, Забди, 20 Елиенай, Силтай, Елиел, 21 Адаях, Бераях, Шимрат: Шимейдің ұрпақтары. 22 Ишпан, Ебер, Елиел, 23 Абыдон, Зіхри, Ханан, 24 Хананиях, Елам, Антотиях, 25 Ифдиях, Пенуел: Шашақтың ұрпақтары. 26 Шамшерай, Шехариях, Ғотолия, 27 Ярешиях, Ілияс, Зіхри: Ерохамның ұрпақтары. 28 Осылардың өз әулеттерінің басшылары болғандығы шежірелерде тіркелген. Олар Иерусалимде тұрды. 29 Гибеонның түп атасы Еиел Гибеон қаласында тұрды. Оның әйелінің аты Маха, 30 тұңғыш ұлының аты Абыдон болатын. Еиелдің одан кейінгі ұлдары: Сур, Қиш, Бағал, Нер, Надаб, 31 Гедор, Ахио, Зәкәрия, 32 Миқлот. Миқлот Шимеяхтың әкесі болды. Бұлар да ағайындарының қасында Иерусалимде тұрды. 33 Нердің ұлы: Қиш, Қиштың ұлы: Саул (патша). Саулдың ұлдары: Жонатан, Мәлхисуа, Әминадап, Әшбағал. 34 Жонатанның ұлы: Меріб-Бағал, ал соның ұлы: Миха. 35 Миханың ұлдары: Питон, Мәлік, Тареях, Ахаз. 36 Ахаздың ұлы: Жоғадах, Жоғадахтың балалары: Алемет, Азмаует, Зімри, ал Зімридің ұлы: Моса. 37 Мосадан өрбірген ұрпақтар: Мосадан Бинея, одан Рефаях, одан Елеаса, одан Асел. 38 Аселдің алты ұлы болды, олардың есімдері: Азыриқам, Бохыру, Ысмағұл, Шеғариях, Абадиях, Ханан. Осылардың барлығы Аселдің ұлдары еді. 39 Аселдің інісі Ешектің ұлдары: тұңғышы Ұлам, екіншісі Егуш, үшіншісі Әлипәлет еді. 40 Ұламның ұлдары садақ атуға шебер мықты сарбаздар болды. Олардың ұлдары мен немерелерінің жалпы саны өте көп, барлығы жүз елу болды. Осылардың бәрі Буняминнің ұрпақтары.
1 Бүкіл Исраил халқы осылай шежірелерінде тіркелді. Сол шежірелері «Исраил патшаларының кітабында» жазылды. Ал кейін Яһуда патшалығының халқы Жаратқан Иеге опасыздық жасағандарының кесірінен Бабыл еліне жер аударылды. 2 Бабылдан қайтып келгеннен кейін алғашқы болып өз қалаларында қайта қоныстанып, мұралық жерлерін иемденгендер кейбір исраилдіктер, діни қызметкерлер, леуіліктер және ғибадатхана жұмыстарын атқарушы қызметшілер болды. 3 Яһуда, Бунямин, Ефрем, Манаса руларының Иерусалимде тұрып жатқандары мыналар еді: 4 Утай Амихудтың ұлы, Амридің немересі, Имридің шөбересі, Банидың шөпшегі болатын. Олар Яһуда ұлы Парестің ұрпақтары. 5 Яһуда ұлы Шелахтың ұрпақтарынан: тұңғыштық жолы болған Асаях және оның ұлдары. 6 Яһуданың немересі Зарахтың ұрпақтарынан: Еуел және оның бауырлары. Яһуда руының Бабылдан қайтып келгендерінің саны — алты жүз тоқсан. 7 Бунямин руынан: Саллу Мешуламның ұлы, Ходауияхтың немересі, Сенуаның шөбересі еді. Саллудан басқа: 8 Ерохамның ұлы Ибнеях; Ұззидің ұлы, Михридің немересі; Ела, Шафатияхтың ұлы, Рәгуелдің немересі, Ибнияхтың шөбересі Мешулам. 9 Шежірелерінде жазылғандай, Бабылдан оралған буняминдіктердің саны: тоғыз жүз елу алты. Осы адамдардың барлығы өз әулеттерінің басшылары болды. 10 Діни қызметкерлердің Бабыл елінен қайта оралғандары: Едаях, Ехоярип, Яхин, 11 Азариях. Азариях Хелкияның ұлы, Мешуламның немересі, Садықтың шөбересі, Мерайоттың шөпшегі, Ахитұбтың неменесі еді. Ахитұб Құдайдың ғибадатханасының басқарушысы болған. 12 Адаях Ерохамның ұлы, Пашхурдың немересі, Малқияхтың шөбересі, ал Мағасай Адиелдің ұлы, Яхзераның немересі, Мешуламның шөбересі, Мешілемиттің шөпшегі, Имердің неменесі еді. 13 Әулет басшысы болған діни қызметкерлердің саны: мың жеті жүз алпыс болды. Олардың барлығы қолдарынан іс келетін, Құдайдың ғибадатханасында жұмыс атқарған адамдар еді. 14 Леуіліктердің оралғандары: Шемаях Хашубтың ұлы, Азыриқамның немересі, Хашабияхтың шөбересі еді. Олар Мерари тармағына жататын. 15 Сондай-ақ, Бақбақар, Хереш, Ғалал, Маттаниях. Маттаниях Миханың ұлы, Зіхридің немересі, Асафтың шөбересі еді. 16 Абадиях Шемаяхтың ұлы, Ғалалдың немересі, Едутунның шөбересі еді. Барақиях нетопаттықтардың елді мекендерінде тұрған Елқанахтың немересі, Асаның ұлы еді. 17 Қақпа күзетшілерінен Бабылдан қайта оралғандары: Шаллум, Ақуб, Талмон, Ахиман және олардың ағайындары. Қақпа күзетшілерінің басшысы Шаллум болатын. 18 Бұлар ғибадатхананың шығыс жағындағы Патша қақпасында осы күнге дейін қызмет атқарып келеді. Олар, сондай-ақ, леуіліктердің мекендерінің де қақпа күзетшілері. 19 Шаллум Қоренің ұлы, Әбиясафтың немересі, Қорахтың шөбересі еді. Шаллум мен оның әулетіне жататын қақпа күзетшілері қайта тұрғызылған киелі үйдің кіреберістерін қарауылдауға міндетті болды. Ежелде олардың ата-бабалары да Жаратқан Иенің (жер бетіндегі) тұрағының кіреберістерін күзеткен болатын. 20 Баяғы заманда (діни қызметкер) Елазар ұлы Пінехес қақпа күзетшілерін басқарып, Жаратқан Ие онымен бірге болып жар болған еді. 21 Кейінірек Мешелемиях ұлы Зәкәрия кездесу шатырының кіреберісінің күзетшісі болды. 22 Жалпы, қақпа күзетшілерінің саны — екі жүз он екі. Олар өздерінің елді мекендерінде шыққан ата-тектері бойынша тіркелді. Дәуіт және Самуил пайғамбар осы қақпа күзету қызметін атқаруға (олардың ата-бабаларын) сенімділіктеріне бола таңдап алған болатын. 23 Содан олардың өздері де, кейінгі ұрпақтары да Жаратқан Иенің киелі үйіндегі қақпаларды күзетіп жүрді. Осы киелі үй бұрынғы киелі шатырдың орнын басқан еді. 24 Қақпа күзетшілері ғибадатхананың төрт жағында: шығыс, батыс, солтүстік, оңтүстікте тұратын. 25 Олардың елді мекендерінде тұратын руластары кезекпен келіп, жеті күндік қызмет ету мерзімдерін атқарып кетуге тиіс болды. 26 Сол басты төрт қақпаның леуілік күзетшілеріне зор аманат тапсырылды. Олар Құдайдың киелі үйіндегі бөлмелер мен қазыналардың үстінен қарайтын. 27 Бұларға Құдайдың киелі үйін күзету жүктелгендіктен, олар оның айналасында түнеп шығып, күн сайын таңертең оның қақпаларын ашуға міндетті болды. 28 Леуіліктердің кейбіреулері ғибадатханадағы қызметтерде қолданылатын ыдыстар мен құрал-жабдықтар үшін жауапты болды. Сол қызметшілер ыдыстар мен құрал-жабдықтарды әкелініп, әкетілген кездерінде түгендеп санайтын. 29 Басқаларына киелі үйдегі жиһаздар мен барлық басқа аспаптарға әрі таңдаулы ұн, шарап, зәйтүн майы, түтетілетін хош иісті заттарға және дәмдеуіштерге күтім жасау жүктелді. 30 Ал хош иісті заттар мен иісмайды араластырып дайындаумен діни қызметкерлердің кейбіреулері ғана айналысты. 31 Қорахтың ұрпағы Шаллумның тұңғышы Мататиях есімді леуілік табада пісіріліп, тарту ретінде ұсынылатын нанды дайындауды басқарды. 32 Қахаттық тармаққа жататын олардың ағайындарының кейбіреулеріне әр демалыс күні ерекше нанды пісіріп, арнайы үстелге ұсынып қою міндеті жүктелді. 33 Әнші-күйшілер және леуілік әулет басшылары ғибадатхананың жанындағы бөлмелерде тұратын. Олар қызметтерін кезекпен күні-түні атқаратындықтан, қызметтің басқа түрлерінен босатылды. 34 Осылардың барлығы шежірелерінде жазылғандай, леуілік әулеттердің басшылары болды. Бұл жетекшілер Иерусалимде тұратын. 35 Гибеонның түп атасы Еиел Гибеон қаласында тұрды. Оның әйелінің аты Маха, 36 тұңғыш ұлының аты Абыдон болатын. Еиелдің одан кейінгі ұлдары: Сур, Қиш, Бағал, Нер, Надаб, 37 Гедор, Ахио, Зәкәрия, 38 Миқлот. Миқлот Шимеяхтың әкесі болды. Бұлар да ағайындарының қасында Иерусалимде тұрды. 39 Нердің ұлы Қиш, Қиштың ұлы Саул (патша) еді. Саулдың ұлдары: Жонатан, Мәлхисуа, Әминадап, Әшбағал. 40 Жонатанның ұлы Меріб-Бағал, ал соның ұлы Миха болды. 41 Миханың ұлдары: Питон, Мәлік, Тареях, Ахаз. 42 Ахаздың ұлы: Жоғадах, Жоғадахтың балалары: Алемет, Азмаует, Зімри, ал Зімридің ұлы Моса еді. 43 Мосадан өрбіген ұрпақтар: Мосадан Бинея, одан Рефаях, одан Елеаса, одан Асел. 44 Аселдің алты ұлы болды, олардың есімдері: Азыриқам, Бохыру, Ысмағұл, Шеғариях, Абадиях, Ханан. Осылардың барлығы Аселдің ұлдары еді.
1 (Саул патшаның соңы былай болды:) Бірде філістірлер Исраилдің жасағына қарсы соғысқанда, исраилдіктер олардан қашып, көбі Гелбуе тауында қаза тапты. 2 Філістірлер Саул мен оның ұлдарының соңына түсіп, ақыры ұлдары Жонатан, Әминадап, Мәлхисуаны өлтірді. 3 Саулдың айналасындағы шайқас қатты күшейе түсті. Садақшылардың жебелері дәл тиіп, оны ауыр жарақаттады. 4 Саул өзінің қару-жарақ тасушы нөкеріне: «Семсеріңді суырып, маған сұғып ал! Мына құдайсыздар келіп, маған білгендерін істеп масқара қылмасын!» — деп бұйырды. Бірақ нөкері қатты қорқып, бұны істеуден бас тартты. Сонда Саул өз семсерін суырып алып, оны өзіне қаратып үстіне құлап түсті. 5 Қару тасушы нөкері Саулдың мерт болғанын көргенде, ол да дәл солай өзін-өзі өлтірді. 6 Осылайша бір-ақ күнде Саул мен оның үш ұлы да қаза тауып, Саулдың әулеті түгелімен дерлік құрып кетті. 7 Ізрел аңғарындағы күллі исраилдіктер Исраилдің жасағының қашқанын әрі Саулдың ұлдарымен қоса мерт болғанын білгенде, олар тұрып жатқан қалаларын тастап, қаша жөнелді. Ал філістірлер келіп, сол қалаларға қоныстанып алды. 8 Келесі күні філістірлер қаза тапқандарды тонауға келгенде, Гелбуе тауында өліп жатқан Саул мен оның үш ұлының мәйіттеріне тап болды. 9 Жасақшылар Саулдың сауытын сыпырып, басын шауып алды әрі барлық қару-жарағын иемденді. Осы хабарды бүкіл філістір еліне, олардың табынатын жалған тәңірлерінің мүсіндеріне және халық арасына тарату үшін шабармандарын жіберді. 10 Філістірлер Саулдың қару-жарағын тәңірсымақтарының ғибадатханасына сақтап қойып, басын Дагон есімді жалған тәңірдің ғибадатханасының ішіне іліп қойды. 11 Бірақ (кезінде Саул жаудың зұлымдығынан құтқарып алған) Ғилақадтағы Ябес қаласының күллі тұрғындары філістірлердің Саулға істеген бүкіл қорлығы туралы естіді. 12 Қаланың мықты деген ер азаматтарының бәрі де жолға жиналып, (Бет-Шан қамалына барды. Сонда) олар Саул мен оның ұлдарының мәйіттерін қолға түсіріп, Ябеске алып келді. Содан олар сүйектерін Ябесте бір үлкен ағаштың түбіндегі қабірге қойып, жеті күн бойы ораза ұстап, мерт болғандарды жоқтады. 13 Саул Жаратқан Иеге опасыздық жасап, бағынбай кеткендіктен өлді. Ол тіпті аруақ шақырушы сәуегейден кеңес сұраған болатын, 14 ал Жаратқан Иеден ақыл-кеңес сұраған жоқ. Сол себепті Жаратқан Ие Саулдың өмірін қысқартып, патшалық билікті Есей ұлы Дәуітке тапсырды.
1 Содан Исраилдің бүкіл халқының өкілдері кейінірек Хеброндағы Дәуіттің қасына жиналып келіп, оған былай деді: — Сөзімізге құлақ сала көріңіз: сіздің ет жақын туыстарыңызбыз. 2 Біраз уақыт бұрын, Саул әлі де патшалық құрған кезде, бүкіл Исраилді жорықтарға бастап жүрген өзіңіз болатынсыз! Сіздің Құдайыңыз Жаратқан Ие де сізге: «Менің халқым Исраилді бағатын әрі Исраил еліне басшылық ететін сен боласың», — деп айтқан еді. 3 Осылай Исраилдің күллі рубасылары Дәуіт патшаға келіп, ол солармен Хебронда Жаратқан Иенің алдында келісім жасады. Бір кезде Жаратқан Ие Самуил пайғамбар арқылы алдын ала айтқандай, олар енді Дәуітке май жағу рәсімін орындап, оны Исраилдің патшасы етіп бекітті. 4 Бірде Дәуіт және Исраилдің бүкіл жасағы Ебус деп те аталған Иерусалимге аттанды. Сол қалада тұрған ебустіктер 5 Дәуітті мазақтап: «Мұнда ешқашан кірмейсің!» — деді. Алайда Дәуіт Сион төбесіндегі қорғанды басып алып үлгерді; ол қазір «Дәуіттің шаһары» деп аталады. 6 Дәуіт былай деп сөз берген болатын: «Ебустіктерге бірінші болып шабуыл жасап, оларды жеңіп шыққан адамды қолбасшы әрі әмірші етіп тағайындаймын!» — Сонда Сарұяның ұлы Жоғаб Ебуске бірінші болып көтеріліп, жеңіп шықты. Сондықтан ол қолбасшы болды. 7 Дәуіт осы қорғанда орналасып, соны мекендеді. Сол себепті ол «Дәуіттің шаһары» деп те аталып келеді. 8 Кейін Дәуіт қаланы оның саты тәрізді беткейінен бастап қорғанды айналдыра қоршаған қамал қабырғасына дейін бекітіп салғызды. Жоғаб болса қаланың қалған бөліктерін қайтадан тұрғызды. 9 Әлемнің Иесі оған жар болғандықтан, Дәуіт барған сайын күшейе түсті. 10 Дәуіттің батырларының басшылары төменде аталғандар болды. Олар бүкіл Исраилмен бірге Оның патшалық құруына күшті қолдау беріп, соның арқасында Дәуіттің билігі бүкіл елге жүрді. Бұл Жаратқан Иенің берген уәдесіне сәйкес еді. 11 Сонымен Дәуіттің батырларының тізімі мынау: Ахамани ұлы Яшобам, ол Үш батырдың басшысы болды. Бір шайқаста ол үш жүз жау сарбазын сүңгісімен түйреп өлтірген еді. 12 Үш батырдың екіншісі Ахоахтың ұрпағы Додай ұлы Елазар болатын. 13 Філістірлер Пас-Даммим деген жерде шайқасқа жиналып тұрғанда Елазар Дәуіттің қасында жүрді. Шайқас арпа өсіп тұрған егістікте басталып, исраилдік сарбаздар філістірлерден қаша жөнелді. 14 Бірақ Елазар мен Дәуіт егіс даласының ортасында берік тұрып алып, оны қорғап, філістірлерді оңды-солды қыра берді. Осылайша Жаратқан Ие оларға үлкен жеңіс сыйлап, халықты жаудан құтқарды. 15 Бірде філістірлердің жасағы Рефаим аңғарында қостарын тіккен соң, Отыз басты жауынгердің үшеуі Адуллам үңгірінің маңайындағы жартасты паналап тұрған Дәуітке келді. 16 (Оның туып-өскен) Бетлехем қаласында да філістір қарауылдары орналасқан болатын. Ал Дәуіт жасырынып, бекінуге ыңғайлы таулы жерде жүрді. 17 Дәуіт адамдарына: «Шіркін, маған біреу Бетлехемдегі қала қақпасының жанындағы құдықтан су әкеліп берсе ғой!» — деген аңсауын білдірді. 18 Сонда үш батыр філістір әскер қостарынан білдіртпей өтіп, Бетлехем қақпасының жанындағы құдықтан су тартып алып, оны Дәуітке әкелді. Бірақ Дәуіт суды ішкісі келмей, оны Жаратқан Иеге тарту ретінде ұсынып төгіп тастады да, 19 былай деді: «Құдай мені мұны істеуден сақтай көрсін! Мен бұл суды қалай ішемін? Ол бастарын өлімге тігіп, оны алып келген мына адамдардың қаны іспетті ғой!» — Сондықтан Дәуіт суды ішпеді. Міне, сол үш батырдың ерлік істері осындай болды. 20 Жоғабтың інісі Әбішай Отыз батырдың басшысы еді. Әбішай сүңгісімен үш жүз жауын түйреп өлтіріп, Үш батырдікіндей атақты иемденді. 21 Басқа Отыз батырдан да даңқты болып, оларға басшылық еткенмен, Әбішай Үш батырдың дәрежесіне жете алмады. 22 Кәбіселдік Еходай ұлы Бенаях та ерлік істер жасаған мықты жауынгер болды. Арыстандай күшті екі моабтық жауынгердің көздерін жойған сол еді. Қар жауып тұрған бір күні Бенаях ұраға түсіп, оның ішіндегі арыстанды өлтірді. 23 Бенаях бойы бес шынтақ бір алып мысырлықтың да көзін құртты. Сол мысырлықтың қолында бақандай жуан сүңгісі болды, бірақ Бенаях оған қарсы бір таяқпен ғана шығып, мысырлықтың қолынан сүңгісін тартып алып, оны сонысымен түйреп өлтірді. 24 Еходай ұлы Бенаяхтың ерлік істері осындай еді. 25 Отыз батырдың ішіндегі ең даңқтысы сол еді, алайда ол Үш батырдың дәрежесіне жете алмады. Дәуіт Бенаяхты өзінің ұлан бөлімдерінің басшысы етіп қойды. 26 Мықты батырлар мыналар болатын: Жоғабтың туған інісі Асахил, бетлехемдік Додо ұлы Елханан, 27 хародтық Шаммах, пәлеттік Хелес, 28 текоялық Икеш ұлы Ирақ, анатоттық Әбиезер, 29 хушалық Сипхай, ахоахтық Илай, 30 нетопаттық Маһарай, нетопаттық Бағанах ұлы Хелед, 31 Буняминдегі гибеялық Рибай ұлы Іттай, пиратондық Бенаях, 32 нахале-ғағаштық Хурай, арбаттық Әбиел, 33 бахуримдік Азмаует, шағалбондық Әлиахпа, 34 ғизондық Яшеннің ұлдары, харарлық Шаммах ұлы Жонатан, 35 харарлық Шарар ұлы Ахиям, Урдың ұлы Елифал, 36 махералық Хефер, пәлеттік Ахиях, 37 кәрмелдік Хесрай, Езбай ұлы Нағарай, 38 Натанның інісі Жоел, Хагри ұлы Мипхар, 39 аммондық Селек, Сарұяның ұлы Жоғабтың қару-жарағын тасушы бероттық Нахарай, 40 итірлік Ирақ, итірлік Гәреб, 41 хеттік Ұрия, Ахлай ұлы Зауад, 42 рубендік Шиза ұлы Адина; рубендіктердің рубасы болған оның қасында отыз сарбазы еріп жүретін; 43 сондай-ақ, Маха ұлы Ханан, митналық Жосафат, 44 аштароттық Ұзиях, арогерлік Хотамның ұлдары Шама мен Еиел, 45 Шимри ұлы Едияил, оның інісі тистік Жоха, 46 махавалық Елиел, Елнағамның ұлдары Ерибай мен Жошауиях, моабтық Ітма, 47 Елиел, Ғабит, месобалық Ясиел.
1 Дәуіт (өзі патшалық құрмастан бұрын) Қиш ұлы Саулдан аулақ жүруге мәжбүр болды. Сол кезде мына адамдар Сикеләгке келіп, оған қосылды. Дәуітті шайқаста қолдаған осы мықты сарбаздар 2 оң қолмен де, сол қолмен де садақ тартып, сақпанмен тас та ата беретін. Бұлар буняминдік Саулдың рулас туысқандары еді. 3 Олардың басшысы гибеялық Шемағахтың ұлы Ахиезер болатын. Оның інісінің есімі — Жоғас. Өзге сарбаздар Азмауеттің ұлдары Езиел мен Пелет, сондай-ақ Бераха және анатоттық Еһу еді. 4 Отыз батырдың ішіндегі мықты жауынгер әрі олардың басшысы болған гибеондық Ишмаях, сондай-ақ Еремия, Яхазиел, Жоханан, гедерахтық Жозабад, 5 Елузай, Еримот, Бегалиях, Шемариях, харуфтық Шафатиях, 6 Қорахтың ұрпақтары Елқанах, Ишиях, Азарил, Жоезер, Яшобам 7 әрі гедорлық Ерохамның ұлдары Жоелах пен Забадиях. 8 Дәуіт өзінің елсіз даладағы бекінісінде болған кезінде, Ғад руының бірнеше адамы оның жағына өтті. Олар шайқасқа дайындалған, қалқанмен және сүңгімен соғыса алатын мықты да батыл сарбаздар болатын. Олардың келбеттері арыстандай айбынды, өздері тау ешкісіндей жылдам еді. 9 Олардың басшысы Езер, одан кейінгі басшы Абадиях, үшіншісі Елияп, 10 төртіншісі Мишманах, бесіншісі Еремия, 11 алтыншысы Аттай, жетіншісі Елиел, 12 сегізіншісі Жоханан, тоғызыншысы Елзабад, 13 оныншысы Еремия және он біріншісі Махбанай еді. 14 Осы ғадтықтар жасақтағы басшылар болды. Олардың осал дегендері жүз, ал мықтылары мың адамға қарсы тұра алатын. 15 Көктемде Иордан өзені арнасынан шығып тасып жатқанда оны кесіп өтіп, батыс пен шығыстағы барлық аңғарлардың тұрғындарын бас сауғалап қашуға мәжбүр еткен осы ғадтық сарбаздар болатын. 16 Одан бұрын Бунямин мен Яһуда руларының кейбір адамдары да таудағы бекіністі паналаған Дәуітке келген болатын. 17 Сонда Дәуіт олардың алдарынан шығып, былай деді: «Егер мені қолдамақ болып ақ ниетпен келіп отырсаңдар, онда жанымыз да, жүрегіміз де бір боламыз. Ал егер ешкімге зорлық көрсетпеген маған сатқындық жасап жауларыма ұстап беруге келген болсаңдар, онда ата-бабаларымыз сиынған Құдай мұны көріп, үкімін Өзі шығарсын!» 18 Сонда олардың біреуі, кейін Отыз батырдың басшысы болған Амасай, Киелі Рухқа бөленіп, былай деді: «Уа, Дәуіт, біз сендікпіз, Уа, Есей ұлы, сенің жағыңдамыз, Саған амандық пен тыныштық сыйласын, Сені қолдағандарға да амандық болсын, Себебі Құдай — сенің Қолдаушың!» Сонда Дәуіт оларды қабылдап, өзінің шабуылшы топтарының басшылары етіп қойды. 19 Кейінірек Дәуіт філістірлермен бірге Саулға қарсы шайқасуға барған кезде Манаса руының кейбір адамдары Дәуіттің жағына өтті. Расында Дәуіт філістірлерді сол соғыста қолдаған емес, себебі філістір әміршілері өзара кеңесіп: «Дәуіт Саулдың жағына шығып кетіп, өздеріміз басымыздан айырылып жүрерміз», — деп, Дәуітті кері қайтарып жіберді. 20 Дәуіт Сикеләгке келгенде, Манаса руының оның жағына шығып кеткен адамдары мыналар болды: Аднах, Жозабад, Едияил, Михайл, Жозабад, Еліху, Силтай. Олар Манаса руының мыңбасылары еді. 21 Мықты да батыл сарбаздар болған олар Дәуіттің жасағының басшылары ретінде қызмет атқарып, оған қарақшылар топтарына қарсы күресуге көмектесті. 22 Күн өткен сайын Дәуіттің жасағына жаңа адамдар қосылып отырды, ақырында оның сарбаздарының тұрағы Құдайдың әскеріне ұқсаған қалың қолға айналды. 23 Хеброн қаласында Дәуітке келіп қосылған, шайқасқа жарақталған адамдардың саны төмендегідей. Олар Жаратқан Иенің берген сөзіне сай патшалық биліктің Саулдан Дәуітке өтуіне атсалыспақ болды. 24 Қалқанмен және сүңгімен соғыса алатын яһудилер: алты мың сегіз жүз қарулы адам; 25 Шимон руынан шайқасқа дайын батыл сарбаздар: жеті мың бір жүз адам; 26 Леуі руынан: төрт мың алты жүз адам; 27 (солардың арасында) Һаронның әулетінің басшысы Еходайға үш мың жеті жүз адам еріп жүрді, 28 әрі Садық есімді жас та ержүрек сарбаз бен оның әулетінен шыққан жиырма екі басшы да болды; 29 Саулдың руластары: Бунямин руының үш мың адамы. Буняминдіктердің басым көпшілігі сол кезге дейін Саулдың әулетінің мүдделерін қорғап келген болатын. 30 Ефрем руынан: жиырма мың сегіз жүз адам, олар өз әулеттерінде атағы жайылған ержүрек сарбаздар еді; 31 Манаса руының (Қанахандағы) жартысынан: он сегіз мың адам, олар Дәуітті патша етуге атсалысу үшін есімдері аталып тағайындалғандар болатын. 32 Исашар руынан: екі жүз басшы. Олар заманның ағымын және Исраилдің не істеуге тиіс екендігін түсінетін адамдар болатын. Барлық руластары олардың айтқандарын орындап жүрді. 33 Забулон руынан: қару-жарақтың бар түрімен жабдықталып, шайқасқа сап түзеп шығатын елу мың адам. Олар Дәуітті шын жүректен қолдап жүрді. 34 Нафталим руынан: бір мың басшы әрі қалқанмен және сүңгімен қаруланған отыз жеті мың адам. 35 Дан руынан: шайқасқа сап түзеп шығатын жиырма сегіз мың алты жүз адам. 36 Ашир руынан: шайқасқа сап түзеп шығатын қырық мың жасақшы. 37 Иордан өзенінің шығысында қоныстанған Рубен, Ғад рулары және Манаса руының жартысынан: қару-жарақтың бар түрімен жабдықталған жүз жиырма мың адам. 38 Осылардың бәрі сап түзеп шайқасқа шығуға дайын сарбаздар болатын. Олар шын жүректен Дәуітті бүкіл Исраил елінің патшасы етіп бекітуге бел байлап, Хебронға келді. Қалған исраилдіктер де Дәуітті патша етіп бекітуге бірауыздан келісті. 39 Хебронға келгендер сол жерде Дәуітпен бірге үш күн болып, ішіп-жеп тойлады. Яһуди ағайындары олар үшін тамақ дайындап қойған еді. 40 Сонымен қатар көршілес рулар, тіпті алыстағы Исашар, Забулон, Нафталим рулары да есек, түйе, қашар және өгіздерге тиеп азық-түлік алып келген болатын. Содан ұнның, кептірілген інжір жемістері мен мейіздің, шарап пен зәйтүн майының қорлары және ірілі-ұсақты малдар өте мол болды. Осылайша Исраил халқы қуаныш пен шаттыққа бөленді.
1 Дәуіт өзінің барлық басшыларымен, мыңбасылары және жүзбасыларымен ақылдасып кеңесті. 2 Содан ол Исраилдің бүкіл қауымына былай деп жариялады: — Егер бұл сендерге ұнамды және Құдайымыз Жаратқан Иенің еркіне сай болса, онда біз бүкіл Исраил елінің барлық жерлеріндегі өзге ағайындарымызға әрі қалалары мен елді мекендерінде тұрып жатқан діни қызметкерлер мен леуіліктерге хабар жіберейік. Олар да келіп, бізге қосылсын. 3 Құдайымыздың Келісім сандығын өзімізге қайтарып алып келейік! Себебі Саулдың заманында біз оған тиісті көңіл бөлген жоқпыз. — 4 Бүкіл жиылған жамағат: — Солай болсын! — деп келісті. Өйткені халықтың бәрі мұны құп көрді. 5 Осылайша Дәуіт Мысырдағы Шихор өзенінен солтүстіктегі Лебо-Хаматқа дейін мекендеп жатқан бүкіл Исраил халқын Келісім сандығын Кирият-Иғарымнан алып келуге жинады. 6 Содан Дәуіт пен барлық исраилдіктер Бағалаға, яғни Яһуданың жеріндегі Кирият-Иғарымға, барды. Олар сол қаладан Құдай Иенің Келісім сандығын Иерусалимге алып келмек болды. Сандық Жаратқан Иеге бағышталған еді; Оның жер бетіндегі тағы (сандық қақпағындағы) екі керуб мүсінінің үстінде орналасқан. 7 Дәуіт пен оның адамдары Құдайдың сандығын жаңа арбаға қойып, Абинадаптың үйінен алып шықты. Ұза мен Ахио арбаға жегілген өгіздерді айдап жүрді. 8 Дәуіт пен бүкіл Исраил халқы Құдайдың алдында жан сала би билеп, жетіген, шертер, даңғыра, дабыл және кернейлерде ойнап, қуана әндетіп келе жатты. 9 Салтанатты шеру Хидонның астық бастыратын қырманына жеткен кезде өгіздер арбаны сілкіп қалып, сандықты қисайтып жіберді. Құлап қалмауы үшін Ұза қолын созып, Келісім сандығын ұстай қалды. 10 Сонда Жаратқан Иенің қаһары Ұзаға қарсы лап етті. Еркінсіп сандыққа қолын тигізгені үшін Құдай оны жазалап, Ұза сол бойда Құдайдың алдында жан тапсырды. 11 Жаратқан Иенің қаһары Ұзаға «бұзып-жара» төгілгендіктен, Дәуіт қатты абыржып қайғырды. Сол себепті ол осы жерге Пәрес-Ұза («Ұзаны бұзып-жарған») деген ат қойды. Бұл жер қазірге дейін солай аталып келеді. 12 Дәуіт сол күні: «Құдайдың Келісім сандығын қасыма қалайша әкеле аламын?» деп уайымдап, Құдайдан қорықты. 13 Сондықтан ол Келісім сандығын өзінің шаһарына әкелмей, ғаттық Ғабит-Едомның үйіне апарып қойды. 14 Құдайдың Келісім сандығы үш ай бойы сол үйде қалды. Сонда Жаратқан Ие Ғабит-Едомның үй іші мен қолындағы дүние-мүлкінің бәрін жарылқады.
1 Тир патшасы Хирам Дәуітке елшілерін, сондай-ақ самырсын бөренелерін, тас қалаушылар мен ағаш ұсталарын да жіберді. Осы мамандар Дәуітке сарай салып берді. 2 Сонда Дәуіт Исраилдің үстінен патша болуға өзін Жаратқан Иенің бекіткенін, әрі халқы Исраилдің игілігі үшін патшалық мәртебесін көтергенін түсінді. 3 Иерусалимде тұрған кезінде Дәуіт тағы бірнеше әйел алып, көбірек ұл-қыз сүйді. 4 Оның Иерусалимде дүниеге келген балаларының аттары мыналар: Шаммуа, Шобаб, Натан, Сүлеймен, 5 Ипхар, Әлишуа, Елпәлет, 6 Ноғах, Непек, Япияқ, 7 Әлишама, Әлияда, Әлипәлет. 8 Дәуіттің бүкіл Исраилдің үстінен патша болып тағайындалғанын естіген соң, барлық філістір жасақшылары Дәуітті іздеуге шықты. Бұл туралы хабар алған Дәуіт астананы тастап, оларға қарсы аттанды. 9 Ал філістірлер Рефаим аңғарына жетіп, сондағы тұрғындарға шабуыл жасап тонады. 10 Дәуіт Құдайдан: — Філістірлерге қарсы өрлеп шығайын ба? Оларды жеңіп шығуыма қол жеткіздіресің бе? — деп сұрады. Жаратқан Иенің жауабы мынау болды: — Өрлеп шық! Мен оларды сенің қолыңа тапсырамын! 11 Сонымен Дәуіт Бағал-Перасимге өрлеп барып, філістірлерді сол жерде күйрете жеңді. Ол: «Су тасқыны жолындағының бәрін жайпайтынындай, Құдай да менің қолым арқылы жау саптарын бұзып-жарды!» — деді. Сондықтан сол жер Бағал-Перасим («Иенің бұзып-жарғаны») деп аталып кетті. 12 Філістірлер қашқанда сол жерге өздерінің табынатын тәңірсымақтарын тастап кеткен еді. Дәуіттің әмірімен сол мүсіндер өртеліп жіберілді. 13 Кейін філістір жасақшыларға тағы да Рефаим аңғарына шабуыл жасады. 14 Дәуіт қайтадан Құдайдың еркін сұрағанда, Құдайдың жауабы мынау болды: «Оларға тікелей қарсы аттанбай, айналып өтіп, арт жағынан тұт ағаштарының алдынан кенеттен тап бер! 15 Сен тұт ағаштарының үстінен басқан қадамдардың дыбысын естіген кезде шайқасқа аттан! Бұл, Құдайдың філістірлердің жасағын шабу үшін сенің алдыңа шыққанын білдіреді». 16 Құдай нені бұйырса, Дәуіт солай істеді. Содан олар філістірлердің жасағын Гибеоннан тіпті Гәзерге дейін қырып-жойды. 17 Осылайша Дәуіттің даңқы айналадағы күллі елдерге жайылып, Жаратқан Ие халықтардың бәрін Дәуіттен қорқатын қылды.
1 Дәуіт патша «Дәуіттің шаһары» деп аталатын Иерусалимнің көне қорғанында өзіне арнап бірнеше үй салып алды. Ол Құдайдың Келісім сандығына да бір орынды дайындап, шатыр тігіп қойды. 2 Сол кезде Дәуіт былай деп әмір етті: «Құдайдың Келісім сандығын тек леуіліктер ғана көтеріп жүрсін! Себебі Жаратқан Ие Келісім сандығын көтеріп, Өзіне әрқашан қызмет етуге тек леуіліктерді ғана таңдап алған!» 3 Дәуіт Жаратқан Иенің сандығын өзі дайындап қойған жерге алып келу үшін бүкіл Исраил халқын Иерусалимге шақырды. 4 Патша Һаронның ұрпақтары мен леуіліктерді де жинап алды: 5 Қахаттың ұрпақтарынан: басшылары Ұриел мен оның жүз жиырма ағайынын, 6 Мераридің ұрпақтарынан: басшылары Асаях пен оның екі жүз жиырма ағайынын, 7 Гершомның ұрпақтарынан: басшылары Жоел мен оның жүз отыз ағайынын, 8 Елісапанның ұрпақтарынан: басшылары Шемаях пен оның екі жүз ағайынын, 9 Хебронның ұрпақтарынан: басшылары Елиел мен оның сексен ағайынын, 10 Ұзиелдің ұрпақтарынан: басшылары Әминадап пен оның жүз он екі ағайынын. 11 Содан соң Дәуіт Садық пен Абиятар есімді діни қызметкерлерді және Ұриел, Асаях, Жоел, Шемаях, Елиел, Әминадап есімді леуілік басшыларды қасына шақырып алды. 12 Патша оларға нұсқау беріп былай деді: «Сендер леуілік әулеттердің басшыларысыңдар. Өздерің де, басқа леуіліктер де арамдық атаулыдан арылып тазару рәсімінен өтіңдер! Содан соң Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің Келісім сандығын алып, оны мен сол үшін дайындап қойған орынға апарыңдар! 13 Бірінші кезде оны өздерің алып жүрмегендіктен, Құдайымыз Жаратқан Иенің қаһары бізге лап етті ғой. Оны ереже бойынша қалай алып келу керектігін Құдайдан сұраған жоқ едік». 14 Содан діни қызметкерлер мен леуіліктер Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің Келісім сандығын Иерусалимге өрлеп барып алып келу үшін тазару рәсімінен өтті. 15 Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген бұйрығына сай, леуіліктер Құдайдың сандығының бақандарын иықтарымен көтеріп алып жүрді. 16 Дәуіт леуіліктердің басшыларына руластарының арасынан шертер, жетіген, сылдырмақ сияқты аспаптардың сүйемелдеуімен қуанышты ән-жыр айтатын әнші-күйшілерді тағайындауды тапсырды. 17 Сонда олар Жоел ұлы Хеманды оның мына руластарымен бірге тағайындады: Барақиях ұлы Асаф және Мераридің ұрпақтарынан Құшаях ұлы Етан. 18 Солармен бірге дәрежелері өздерінен кейінгі Зәкәрия, Бен, Язиел, Шемирамот, Ехиел, Унни, Елияп, Бенаях, Мағасиях, Мататия, Елифелеу, Мікней, Ғабит-Едом, Еиел есімді қақпа күзетшілері де белгіленді. 19 Хеман, Асаф, Етан есімді әнші-күйшілер қола сылдырмақтарды соғып тұруға тағайындалды. 20 Зәкәрия, Әзиел, Шемирамот, Ехиел, Унни, Елияп, Мағасиях, Бенаях есімді леуіліктерге «бойжеткендер» әуені бойынша шертер тартып тұру, 21 ал Мататия, Елифелеу, Мікней, Ғабит-Едом, Еиел, Азазиях есімді леуіліктерге ән-күйді бастап сегіз ішекті жетіген тартып тұру міндеті жүктелді. 22 Леуіліктердің Хенаниях есімді басшысы ән-күйдің тәлімгері болатын, себебі ол соның шебері еді. 23 Барақиях пен Елқанах Келісім сандығы тұратын шатырдың қақпасын күзетуге қойылды. 24 Шебания, Жосафат, Нетанел, Амасай, Зәкәрия, Бенаях, Елиезер есімді діни қызметкерлер Құдайдың Келісім сандығының алдында керней тартатын болды. Ғабит-Едом мен Ехиях та Келісім сандығы тұратын шатырдың қақпасын күзететін болды. 25 Осылайша Дәуіт және Исраил елінің ақсақалдары мен мыңбасылары Жаратқан Иенің Келісім сандығын Ғабит-Едомның үйінен Иерусалимге өрлеп барып алып келуге зор қуанышпен жолға шықты. 26 Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп келе жатқан леуіліктерді Құдай қолдап жар болғандықтан, жеті жас бұқа мен жеті қошқар құрбандыққа шалынды. 27 Дәуіт те, Келісім сандығын алып келе жатқан леуіліктер, әншілер және ән-күйдің жетекшісі Хенаниях та ақ бәтестен тігілген көйлек киіп келе жатты. Дәуіт соның үстінен ақ бәтестен тігілген жеңсіз сырт киім де киіп алған еді. 28 Осылайша бүкіл Исраил халқы Жаратқан Иенің Келісім сандығын қуанышпен айқай сала, қошқар мүйізі мен темір кернейлерін тартып, сылдырмақтарын қатты соғып, жетіген-шертерлерінде ойнап Иерусалимге алып келе жатты. 29 Жаратқан Иенің Келісім сандығы Дәуіттің шаһарына кіре бастағанда, оның әйелі Саул қызы Михол терезеден қарап тұрған еді. Дәуіт патшаның секіріп би билеп жүргенін көріп, Михол оны іштей менсінбеді.
1 Осылай леуіліктер Құдайдың сандығы Иерусалимге әкелініп, Дәуіт сол үшін тігіп қойған шатырдың ішіне орналастырылды. Содан соң олар шалынып, түгелдей өртелетін және ризашылық құрбандықтарын шалып ұсынды. 2 Соларды ұсынып болғаннан кейін Дәуіт халыққа Жаратқан Иенің атымен бата берді. 3 Патша жиналған Исраил халқының әрбір әйеліне де, еркегіне де бір-бір қалаш наннан, бір кесек қақталған еттен және бір қадақ мейізден үлестіріп берді. 4 Патша леуіліктердің кейбіреулерін Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдында қызмет етуге тағайындады. Олар Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге сиынып мінажат етуге және шүкірлік пен мақтау айтуға міндетті еді. 5 Бұлардың басшысы — Асаф, екіншісі — Зәкәрия, солардың қасында Еиел, Шемирамот, Ехиел, Мататия, Елияп, Бенаях, Ғабит-Едом, Еиел де болды. Олар шертер мен жетігенде, ал Асаф сылдырмақта ойнауға тағайындалды. 6 Бенаях пен Яхазиел есімді діни қызметкерлер белгіленген уақыттарда Құдайдың Келісім сандығының алдында керней тартуға тиісті еді. 7 Сол күні Дәуіт алғаш рет Асаф пен оның қызметтестеріне Жаратқан Иеге мына мадақтау жырын айтуға тапсырды: 8 Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар, Оның есімін атап сиыныңдар, Ұлы істерін халықтарға хабарлаңдар! 9 Иемізге ән салып, Оны мадақтаңдар, Барлық кереметтерін паш қылыңдар, 10 Оның киелі атымен мақтаныңдар, Оған сиынатын сендер, шаттаныңдар! 11 Иемізге әрі құдіретіне ден қойыңдар, Дәйім Оның еркін білуге ұмтылыңдар. 12 Ұмытпаңдар Оның жасаған кереметтерін, Ғажап істері мен шығарған шешімдерін, 13 Уа, Оның құлы Исраилдің ұрпақтары, Жақыптан тарағандар, таңдаулы адамдары! 14 Ол — біздің Құдайымыз, Жаратқан Ие, Бүкіл әлемге Өзі билік жүргізуде. 15 Мәңгі есте сақтаңдар Оның Келісімін, Келер мың буынға да бұйырған өсиеттерін — 16 Ыбырайыммен жасаған Келісімін, Ысқаққа да антпен берген сол уәдесін. 17 Жақыпқа оны ереже қылып бекітті, Исраил үшін тұрақты Келісім етті. 18 «Мұралық үлесің етіп беремін саған Қанахан елін» деді сонда Жаратқан. 19 Сол кезде олар әлі де аз болатын, Азғана кірме болып сонда тұратын. 20 Олар елден елге көшіп-қонатын, Патшалықтарды аралап орнығатын. 21 Ал Құдай ешкімге оларды жәбірлетпеді, Олар жайлы патшаларға қатаң ескертті: 22 «Тағайындағандарыма еш тиіспеңдер, Пайғамбарларыма зұлымдық істемеңдер!» 23 Күллі әлем, Жаратқанға ән-жыр шырқаңдар, Бізді құтқарғанын күн сайын хабарлаңдар, 24 Халықтарға паш етіп Оның ұлылығын, Бар ұлттарға Иеміздің кереметтерін! 25 Иеміз ұлы, мадақталуға әбден лайықты, Оны қастерлеу қажет, бар «тәңір, пірден» гөрі, 26 Өзге ұлттар табынған «тәңірлер» жалған, Ал Жасаған Ие аспанды жаратқан! 27 Сән-салтанат, ұлылық Оның алдында, Құдірет пен қуаныш киелі тұрағында. 28 Жаратқанның ұлылығы мен күш-қуатын Мойындаңдар, уа, рулары күллі ұлттардың! 29 Жаратқанның есімін даңқтап қадірлеңдер, Оның алдына сый-тарту алып келіңдер, Қасиетті салтанатына бөленіңдер, Жаратқан Иеге бағынып бас иіңдер! 30 Бүкіл жер, дәріптеп дірілде Оның алдында! Әлем берік орнатылды, ол қозғалмайды да. 31 Заңғар көк шаттансын, жер де қатты қуансын, Бөтен ұлттарға мынаны жарияласын: «Жаратқан Ие құрады патшалығын!» 32 Теңіз бен ондағылар шуылдасын, Дала мен ондағылар да шаттансын! 33 Орман ағаштары қуана ән салады, Келе жатқан Иенің алдынан шығады, Себебі Ол келіп, жерге сот құрады. 34 Жаратқан Ие ізгі, мақтаңдар Оны, Мәңгі ұласады берік рақымы! 35 Оған былай деп мінажат етіңдер: «Құтқарушымыз Құдай, аман сақтай гөр, Басқа ұлттардан бізді босатып жинай гөр! Сонда дәріптейміз киелі атыңды Қуана мақтан тұтамыз ұлы даңқыңды». 36 Исраилдің Құдай Иесі мадақталсын, Мәңгіліктен мәңгілікке Ол даңқталсын! Жиналып тұрған барша халық: «Аумин! Жаратқан Ие мадақталсын!» — деп жауап берді. 37 Дәуіт патша Асафты және оның ағайындарын Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдында әр күннің қажетіне қарай ұдайы қызмет етуге бекітті. 38 Патша, сондай-ақ, Ғабит-Едом мен оның алпыс сегіз ағайынын да қызмет көрсетуге тағайындады. Едутун ұлы Ғабит-Едом және Хоса қақпа күзетшілері болатын. 39 Дәуіт діни қызметкер Садықты және оның қызметтес ағайындарын Жаратқан Иенің Гибеон қаласының биіктеу жерінде орнатылған киелі шатырындағы міндеттеріне бекітіп, сонда қалдырып кетті. 40 Бұлар Жаратқан Иенің Исраил халқына тапсырған Таурат заңында жазылған барлық ережелеріне сәйкес, әрдайым таңертең және кешке Жаратқан Иеге бағыштап шалынып, өртелетін құрбандықтарды арнайы құрбандық үстелінде ұсынуға тиісті болды. 41 Патша аттары аталып таңдалған Хеман, Едутун және басқалардың барлығын да солармен бірге болып, Жаратқан Иеге «Оның рақымы мәңгілік» деп мадақтау ән-жырларын айтуға тағайындады. 42 Хеман мен Едутун керней тартып, сылдырмақ соғып, тағы басқа аспаптарда ойнап Құдайға арналған ән-жырларды сүйемелдеуге бекітілді. Едутунның ұлдары қақпаның жанына күзетке қойылды. 43 Бұдан кейін бүкіл халық үйлеріне тарап кетті. Дәуіт те өз үй ішімен амандасуға сарайына қайтты.
1 Сонымен Дәуіт сарайына орнығып алғаннан кейін Натан пайғамбарға: — Мен самырсыннан салынған сарайда тұрып жатырмын, ал Жаратқан Иенің Келісім сандығы жай шатырда ғана тұр! — деді. 2 Натан: — Ойыңыздағыны түгелдей жүзеге асырыңыз, себебі Құдай сізге жар болады, — деп жауап берді. 3 Бірақ сол түні Құдай Натанға сөзін арнап былай деді: 4 — Қызметшім Дәуітке барып, оған хабарымды жеткіз: Жаратқан Ие мынаны айтады: Жер бетіндегі тұрағым болу үшін Маған арнап үй салатын адам сен емессің. 5 Мен Исраил халқын Мысырдан бастап алып шыққан кезден бері осы күнге дейін мықты салынған үйде тұрмай-ақ келе жатырмын ғой. Бүкіл Исраил халқымен бірге бір мекеннен екіншісіне көшіп-қонып жүргенімде араларында бір шатырда, яғни кездесу шатырында, тұрып келемін. 6 Сонда Мен халқым Исраилді басқаруға тағайындаған билерге ешқашан: «Неге Маған арнап самырсыннан киелі үй салғызбадыңдар?!» деп шағымданған емеспін. 7 Ал енді, қызметшім Дәуітке былай де: Әлемнің Иесі мынаны айтады: Сені қой бағып жүрген жайылымнан алып, халқым Исраилдің басшысы болуға тағайындаған Менмін! 8 Қайда барсаң да, саған жар болып, өзіңе қарсы шыққан күллі жауларыңды құртып жүрдім. Сенің атыңды шығарып, жер бетіндегі ең ұлы адамдар іспетті даңқты қыламын. 9 Мен өз халқым Исраил үшін тұрақты орын дайындап, оларды сол жерге қоныстандырамын. Осы мекендерінде халқым тыныш өмір сүріп, бұдан былай ешкім оларды қорқытып, мазаламайтын болады. Зұлымдар оларға бұрынғыдай зорлық-зомбылық жасамайды. 10 Мен халқымды басқаратын билер тағайындаған заманнан бері де жауыздар солай істеулерін жалғастырып келеді. Ал енді Мен барлық жауларыңды саған бағындырамын. Жаратқан Ие саған тағы мынаны да айтады: Мен Өзім сенің шаңырағыңды бекітіп, әулетіңе де патшалық билік құрғызбақпын! 11 Күндерің тамамданып, ата-бабаларыңа аттанғаныңда, Мен артыңнан бір ұрпағыңды: өз ұлдарыңның біреуін тағайындап, оның патшалық билігін нығайтамын. 12 Маған арнап киелі үйді салатын сол болмақ. Оның патшалық тағын мәңгілікке орнатамын. 13 Мен оған Әке боламын, ал ол Менің рухани ұлым болады. Мен өзіңнен бұрынғы Саулдан оған деген рақымымды алып қойдым, бірақ сенің ұлыңнан рақымымды ешқашан алмаймын. 14 Мен оны өз үйім мен патшалығымда берік орнатамын, оның ұрпақтарының патшалық тағы дәйім тұрақты болмақ. 15 Жаратқан Иенің аян беріп айтқан осы сөздерінің бәрін Натан пайғамбар Дәуітке айтып берді. 16 Сонда Дәуіт патша (киелі шатырға) кіріп, Жаратқан Иенің алдында отырып былай деді: — Уа, Құдай Жаратқан Ие, мені осылай дәріптейтініңдей менің өзім, шыққан әулетім соншама кімбіз? 17 Бірақ бұл Сен үшін әлі де аз болып көрінді, о, Құдай. Сен алдыңдағы пендеңнің қызметшіңнің келер ұрпақтарының болашағы туралы да айтып бердің. Сен маған көрнекті адам сияқты қарайсың, уа, Құдай Жаратқан Ие. 18 Қызметшің Дәуіт өзін салтанатқа бөлейтінің туралы Саған тағы не айта алады? Сен қызметшіңді жақсы білесің ғой. 19 О, Жаратқан Ием, алдыңдағы пендеңнің игілігі үшін және өз еркіңе сай, Сен осы ұлы істердің бәрін орындап, үлкен уәделерді ашық білдірдің. 20 Өз құлақтарымызбен естіген барлық хабарымыз бойынша Саған тең келетін ешкім де жоқ, Сенен басқа құдай да жоқ. 21 Сенің халқың Исраил сияқты жер бетінде қандай басқа халық бар еді? Себебі Сен, уа, Құдай, оны меншікті халқың болу үшін таңдап, Мысырдан азат етіп, көшіріп алдың. Олардың алдарында жүріп, ұлы кереметтер, үрей туғызатын ғажап істер жасап отырдың. Саған мойынсұнбайтын бөтен ұлттарды халқыңның алдынан уәделі елден қуып шықтың. Бұл істеріңмен Сен өз есіміңнің даңқын асырдың. 22 Осылай Исраилді әрдайым меншікті халқың болуға Өзің үшін бекітіп қойдың, уа, Жаратқан Ие, әрі олардың ғибадат ететін Құдайы болдың. 23 Ал енді, о, Жаратқан Ием, өз қызметшің мен оның әулеті туралы берген сөзіңді ұдайы бекітіп, уәдеңді орындайтын бола гөр. 24 Содан адамдар: «Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы — шынымен Исраилдің үстінен қарайтын Құдай!» дейтін болады. Әрдайым Сенің атыңның даңқы шығады және қызметшің Дәуіттің әулеті өз алдыңда нық тұрады. 25 Уа, Құдайым, Сен «шаңырағыңды бекітемін» деп маған ашық білдірдің. Сол себепті қызметшіңнің осылайша мінажат етуге батылы барды. 26 Уа, Жаратқан Ие, Сен Құдайсың. Осы қызметшіңе сол игіліктерді уәде еттің. 27 Сонымен енді пендеңнің әулетін өз алдыңда әрқашан жалғаса берсін деп жарылқауды құп көрдің. Өйткені Өзің, уа, Жаратқан Ие, жарылқағандықтан, осы әулет ұдайы жарылқанатын болады.
1 Біраз уақыт өткеннен кейін Дәуіт філістірлерге шабуыл жасап, оларды өзіне бағындырды. Содан ол Ғат қаласы мен оған қарасты елді мекендерді філістірлердің қолынан тартып алды. 2 Дәуіт моабтықтарды да жеңді. Енді олар Дәуітке құлдық ұрып, оған алым-салық төлейтін болды. 3 Бірде Дәуіт Евфрат өзенінің жағасындағы билігін бекітуге аттанғанда, Соба елінің патшасы Ададәзерге Хаматқа дейін шабуыл жасап, оны жеңіп шықты. 4 Сонда Дәуіт оның мың соғыс күймесін, жеті мың аттылы және жиырма мың жаяу жасақшысын қолға түсірді. Дәуіт жаудың соғыс күймелеріне жегілетін барлық жылқыларының тілерсектерін қиып тастап, жүз соғыс күймесіне жетерлік аттарды ғана аман қалдырды. 5 Соба патшасы Ададәзерге дамаскілік арамалықтар көмекке келген кезде, Дәуіттің жасағы олардың жиырма екі мың жауынгерін қырып салды. 6 Содан Дәуіт Дамаск қаласы мен оның айналасына өз қарауылдарын орналастырды. Осылай арамалықтар Дәуітке құлдық ұрып, оған алым-салық төлейтін болды. Дәуіт қайда барса да, Жаратқан Ие оны қолдап-қорғап, жеңіске жеткізіп отырды. 7 Дәуіт Ададәзердің нөкерлерінің алтын жалатқан қалқандарын жинап, Иерусалимге алып келді. 8 Ададәзердің қол астындағы Тебах пен Қун қалаларынан Дәуіт көп мөлшерде қола олжалап алды. Сол қоладан кейінірек Сүлеймен ғибадатханадағы «теңіз» деп аталған дәу қазанды, бағаналарды және түрлі қола бұйымдарды жасатты. 9 Хамат елінің патшасы Тоу Дәуіттің Соба патшасы Ададәзердің бүкіл әскерін жеңгенін естіді. 10 Сонда ол өз ұлы Жорамды Дәуіт патшаға жіберіп, жеңісімен құттықтаған сәлемін жолдады. Себебі Ададәзер Тоу патшамен жауласып жүрген болатын. Жорам Дәуітке алтын, күміс, қоладан жасалған әр түрлі бұйымдарды ала келіп, сыйға тартты. 11 Дәуіт патша осы заттарды Жаратқан Иеге бағыштады. Ол бұрынырақ жеңген барлық елдерден: Едом, Моаб, аммондықтар, філістірлер және амалектіктерден алынған күміс пен алтынды да осылай Жаратқан Иеге арнаған еді. 12 Сарұяның ұлы Әбішай Тұзды аңғарда он сегіз мың едомдықты жеңіп шықты. 13 Дәуіт Едом еліне қарауылдарын орналастырып, халықтың барлығы оған бағынышты болды. Дәуіт қайда барса да, Жаратқан Ие оны қолдап-қорғап, жеңіске жеткізіп отырды. 14 Дәуіт бүкіл Исраилге билік жүргізіп, күллі халықтың арасында заңдылық пен әділдікті жүзеге асырды. 15 Сарұяның ұлы Жоғаб — әскер қолбасшысы, Ахилуд ұлы Жосапат — уәзір әрі жылнамашы, 16 Ахитұб ұлы Садық пен Абиятар ұлы Ахимәлік — діни қызметкерлер, Серая — хатшы, 17 әрі Еходай ұлы Бенаях кереттік және пелеттік ұлан бөлімдерінің қолбасшысы болды. Дәуіттің ұлдары да патшаның қызметінде тұрды.
1 Біраз уақыт өткеннен кейін Аммон халқының патшасы Нахаш қайтыс болып, оның ұлы Анон орнын басып патшалық құрды. 2 Дәуіт: «Әкесі Нахаш маған жақсылық жасағандықтан, мен де оның ұлы Анонға жақсылық жасаймын», — деп шешті. Содан ол әкесінің қазасына көңіл айту үшін Анонға елшілерін жіберді. Бірақ олар Аммон еліне жеткенде, 3 аммондық әміршілердің бірқатары Анон патшаға: «Дәуіт мына елшілерді шынымен көңіл айтып, әкеңізге құрмет көрсету үшін жіберіп отыр деп ойлайсыз ба? Керісінше, олар қаланы барлап, жақсылап біліп алу үшін келіп отыр емес пе? Ал кейінірек Дәуіттің өзі әскерімен келіп, астан-кестенін шығармақ!» — деп күдік білдірді. 4 Сонда Анон Дәуіттің қызметкерлерін тұтқындады. Олардың сақалдарын қырқып, шапандарын белдеріне дейін қысқартып қиып тастап, кері қайтарып жіберді. 5 Осы хабар Дәуіттің құлағына жеткенде, ол қатты масқараланған елшілерінің алдарынан хабаршыларын жіберіп, оларға: «Сақалдарың өскенше Иерихонда қала тұрыңдар! Содан кейін қайтып келерсіңдер!» — дегенді айтқызды. 6 Аммондықтар Дәуітті өздеріне қарсы өшіктіріп алғанын ұғынды. Сондықтан Анон патша және Аммон халқы солтүстік-батыс Месопотамиядан, Арамадағы Маха мен Соба қалаларынан соғыс күймелері мен атты әскерді жалдап алу үшін, соларға мың ат басындай күміс жіберді. 7 Осылай аммондықтар отыз екі мың соғыс күймесін, Маханың патшасы мен оның әскерін де жалдап алды. Солар Медеба қаласының маңына аттанып келіп, сонда аялдады. Аммондықтар да өз қалаларынан шығып, шайқасуға жиналды. 8 Дәуіт бұл туралы хабар алғанда, оларға қарсы Жоғабтың басшылығындағы батыл да мықты сарбаздардан құралған бүкіл жасағын аттандырды. 9 Аммондықтар астаналарынан шығып, қала қақпасының жанында шайқасқа дайындалып сап түзеді. Көмекке келген басқа патшалардың жасақтары далада бөлек тұрды. 10 Жоғаб өз жасағының екі жақтан: алдынан да, артынан да соғысуына тура келіп тұрғанын байқаған соң, бүкіл Исраилдің таңдаулы сарбаздарын іріктеп алып, арамалықтарға қарсы сапқа тұрғызды, 11 ал жасақтың қалған бөлігін аммондықтарға қарсы бастап шығуды өзінің туған інісі Әбішайдың қолына тапсырды. 12 Оған былай деп бұйырған болатын: «Егер арамалықтар маған тым қатты қысым көрсете бастаса, сен маған көмекке кел! Ал аммондықтар сені тықсырып бара жатса, мен саған көмекке барамын. 13 Батыл бол! Халқымыз үшін, Құдайымыздың қалалары үшін мызғымай берік тұрайық! Ал Жаратқан Ие дұрыс деп тапқанын істесін!» 14 Жоғаб пен оның сарбаздары арамалықтарға тап бергенде олар қаша жөнелді. 15 Олардың қашқанын көрген аммондықтар да Жоғабтың інісі Әбішай бастаған жасақтан шегіне қашып, қалаға кіріп кетті. Содан кейін Жоғаб Иерусалимге қайта оралды. 16 Арамалықтар өздерінің исраилдіктерден жеңілгенін көріп, Евфрат өзенінің ар жағына елшілерін жұмсап, онда тұратын арамалық жасақшыларды шақырды. Олар жетіп, (Соба патшасы) Ададәзердің әскербасы Шобақтың қол астына кірді. 17 Дәуіт бұл туралы біле сала, Исраилдің бүкіл жасағын жинап алып, Иордан өзенін кесіп өтті. Дәуіт оларға қарсы жасағын сапқа тұрғызғанда арамалықтар оның сарбаздарына лап қойды. 18 Бірақ олар қайтадан Исраилдің жасағынан шегініп, қаша жөнелді. Дәуіттің сарбаздары олардың жеті мың соғыс күймесінің айдаушыларын және қырық мың жаяу жасақшысын мерт қылып, арамалық қолбасшы Шобақтың өзін де өлтірді. 19 Ададәзерге бағынышты патшалар өздерінің Исраилден жеңілгендерін көргенде, Дәуітпен бітім жасасып, оған бағынатын болды. Арамалықтар енді қайтып аммондықтарға көмектесуден бас тартты.
1 Келесі жылғы көктемде, патшалар жорыққа аттанатын уақытта, Жоғаб Исраилдің әскерін жауға қарсы бастап шықты. Олар аммондықтардың елін жаппай ойрандап, астаналары Раббаны қоршап алды. Дәуіттің өзі Иерусалимде қалып қойды. Жоғаб Рабба қаласына қарсы шабуыл жасап, оны қиратты. 2 Дәуіт аммондық патшаның басынан тәжін шешіп алып, оны өз басына киді. Салмағы бір ат басындай саф алтын тәж асыл таспен безендірілген болатын. Бұған қоса Дәуіт қаладан өте көп мөлшерде олжа алып шықты. 3 Ол қаладағы халықты да шығарып, ара, темір кетпен және балтамен жұмыс істеуге мәжбүрледі. Аммондықтардың күллі қалаларының халқымен де Дәуіт осылай істеді. Содан соң Дәуіт бүкіл әскерін ертіп Иерусалимге қайта оралды. 4 Біраз уақыт өткеннен кейін Гәзердің маңында філістірлермен соғыс бұрқ ете қалды. Бір шайқаста хушалық Сипхай (есімді исраилдік батыр) алып Рафаның ұрпақтарының біреуі — Сафты жеңіп, көзін құртты. Содан філістірлер тізе бүкті. 5 Філістірлермен болған басқа бір шайқаста Жайыр ұлы Елханан ғаттық алып Ғолияттың бауыры Лахмиды өлтірді. Соның сүңгісінің сабы бақандай жуан болатын. 6 Тағы басқа бір шайқас Ғат қаласының түбінде болды. Оған да өте ұзын бойлы бір адам қатысты. Соның аяқ-қолдарында алты-алтыдан, он екі саусағы мен он екі башайы бар еді. Ол да алып Рафаның ұрпағы болатын. 7 Әлгі алып Исраилге тіл тигізіп оны қорлағанда, Дәуіттің ағасы Шаммахтың ұлы Жонатан оны өлтіріп тастады. 8 Осылар алып Рафаның Ғаттағы ұрпақтары болатын. Олар Дәуіт пен оның жасақшыларының қолынан мерт болды.
1 Әзәзіл шайтан Исраилге қарсы шығып, Дәуітті Исраилді санақтан өткізуге түрткіледі. 2 Дәуіт Жоғабқа және халықтың басшыларына: — (Әскер жасындағы) халықтың санын білгім келеді. Оңтүстіктегі Бер-Шебадан солтүстіктегі Данға дейінгі аралықтағы Исраил халқын санақтан өткізіп, нәтижесін алып келіңдер! — деп бұйырды. 3 Жоғаб патшаға: — Өзінің әскер жасындағы халқының саны қаншама көп болса, Жаратқан Ие соны жүз есе көбейте көрсін! Тақсыр ие, халқыңыз түгел өзіңіздің қызметшілеріңіз емес пе? О, патша ағзам, мұндай шараны неліктен (өздігіңізден) іске асырғыңыз келіп отыр? Исраилді айыпты ететін іс қылып не бар? — деп жауап берді. 4 Алайда патша Жоғабты өзінің бұйрығын орындауға көндірді. Жоғаб жолға шығып, бүкіл Исраилді аралап өтті, содан соң Иерусалимге қайта оралды. 5 Жоғаб Дәуітке халық санағының мына қорытындысын баяндады: Семсер ұстауға жарамды ер адамдардың саны солтүстік Исраилде бір миллион жүз мың, Яһудада төрт жүз жетпіс мың ер адам екен. 6 Бірақ Жоғаб Дәуіттің берген тапсырмасына қатты наразы болғандықтан, Леуі мен Бунямин руларын санақтан өткізбеді. 7 Осы шара Құдайдың көзінше жасалған зұлымдық болып, Ол Исраилді жазалады. 8 Дәуіт Құдайға: «Мен осыны істеп ауыр күнә жасадым. Өтінемін Сенен, алдыңдағы қызметшіңнің күнәсін кешіре гөр! Мен зор ақымақтық жасадым», — деп сиынды. 9 Сонда Жаратқан Ие Дәуітке қызмет ететін Ғад пайғамбарға сөзін арнап былай деді: 10 «Дәуітке барып, хабарымды жеткіз: Жаратқан Ие мынаны айтады: саған біреуін таңдап алуға үш жазаны ұсынамын. Таңдап алғаныңды Мен өзіңе қолданамын». 11 Сонымен Ғад Дәуітке барып, былай деді: — Жаратқан Ие мынаны айтады: Қайсысын таңдап аласың: 12 не еліңде үш жыл бойы ашаршылық жайлағанын ба; не өзіңнің үш ай бойы жауларыңның семсерінен қашып, жеңілгеніңді ме; не еліңнің үш күн бойы Жаратқан Иенің семсері — індет арқылы күйреп, Оның періштесінің бүкіл Исраил бойынша қырғын салғанын ба? Енді ойланып, өзімді Жібергенге қандай жауап қайтаруымды шешіп айта гөр! — 13 Дәуіт Ғадқа: — Жаным қатты қиналып тұр! Жаратқан Иенің қолына түсейін, өйткені Оның мейірімі өте мол. Бірақ адамдардың қолына түспейінші! — деп жауап берді. 14 Сол себепті Жаратқан Ие Исраилге індет жайлатып, Исраилдің жетпіс мың ер адамы өлді. 15 Құдай Иерусалимді де құртуға періштесін жіберген болатын. Бірақ ол енді ғана Иерусалимді құрту үшін қолын соза бергенде, Жаратқан Ие болып жатқан апатты көріп, сол туралы аяушылық танытып, періштеге: «Жетер енді, қолыңды тарт!» — деп бұйырды. Сол кезде Жаратқан Иенің періштесі ебустік Орнаның астық бастыратын қырманының қасында тұрған еді. 16 Дәуіт жоғары қарағанда Жаратқан Иенің періштесінің аспан мен жердің арасында тұрғанын байқап қалды. Періштенің қолындағы жалаң семсер Иерусалимнің үстіне сілтенген еді. Сонда азалы киім киген Дәуіт пен Исраилдің ақсақалдары етпеттерінен жығыла кетті. 17 Дәуіт Құдайға сиынып: «Халық санағын өткізуге бұйырған мен ғой! Күнә жасап, зұлым іс жасаған да мен. Бірақ қарамағымдағы осы «қойларым» не істеді?! Уа, Құдайым Жаратқан Ие, өзімді және отбасымды жазалай гөр, бірақ өз халқыңа осы індетті жіберіп күйрете көрме!» — деп жалбарынды. 18 Сонда Жаратқан Иенің періштесі Ғад пайғамбарға мына хабарды Дәуітке жеткізуді тапсырды: «Дәуіт ебустік Орнаның астық бастыратын қырманына өрлеп барсын! Сол жерде Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын тұрғызсын!» 19 Дәуіт Ғад жеткізген Жаратқан Иенің бұйрығын орындау үшін солай қарай өрледі. 20 Бидай бастырып жатқан Орна артына қарағанда, ол да періштені байқады. Орнаның қасындағы төрт ұлы дереу тығылып қалды. 21 Осы екі арада Дәуіт сол жерге жақындап келе жатқан еді. Орна қарап, оны көрген бойда қырманынан шығып, Дәуіттің алдында жерге дейін иіліп тағзым етті. 22 Дәуіт Орнаға өтініш жасап: — Мына қырманыңның жерін маған берші! Халықты құртып жатқан пәлені тоқтату үшін осы орында Жаратқан Иеге бағыштап құрбандық үстелін тұрғызбақпын. Мен жер танабыңды толық құнына сатып аламын, — деді. 23 Орна Дәуітке: — Ала беріңізші. Патша ием өзінің қалағандарын істей берсін. Міне, өгіздерді де құрбандыққа шалып, түгелдей өртеуге бағыштаймын. Астық бастырғыш ағаш тақтайларды отын, ал бидайды астық тартуы ретінде сыйлаймын. Мен осының бәрін де бере саламын, — деп жауап берді. 24 Алайда Дәуіт патша Орнаға: — Жоқ, бұларды толық құнын төлеп сатып аламын! Сенің мүлкіңді алып, Жаратқан Иеге бағыштау ойымда жоқ, әрі өзіме тегін келгенді құрбандыққа шалып, өртеп ұсынбаймын, — деп шешті. 25 Сонымен Дәуіт осы жер танабын алты жүз мысқал алтынға сатып алды. 26 Дәуіт сол орында Жаратқан Иеге арнап құрбандық үстелін тұрғызып, малдарды құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп жіберді. Ол Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандықтарын да ұсынып, Оған дауыстап сиынды. Жаратқан Ие үстелдегі түгелдей өртелетін құрбандыққа аспаннан от түсіріп Дәуітке жауабын берді. 27 Содан Жаратқан Ие періштеге әмір етіп, ол семсерін қынабына салып қойды. 28 Дәуіт Жаратқан Иенің ебустік Орнаның қырманында өзіне жауап бергеніне көз жеткізген соң, сол жерде тағы да құрбандықтар шалды. 29 Исраил халқы иен даланы кезіп жүрген ежелгі кезде Мұса пайғамбар Жаратқан Иеге арнап кездесу шатырын және құрбандық үстелін жасатқан болатын. Енді сол шатыр мен құрбандық үстелі Гибеон қаласының биіктеу жерінде орнатылған еді. 30 Ал Дәуіт Құдайдан ақыл-кеңес сұрауға сол жаққа бара алмады. Өйткені ол Жаратқан Иенің періштесінің семсерінен қатты қорықты.
1 Сонымен Дәуіт: «Құдай Иенің жаңа киелі үйі және Исраилдің шалынып, өртелетін құрбандықтарын ұсынатын үстелі осы жерде салынсын!» — деп шешті. 2 Содан Дәуіт Исраилде тұрып жатқан жат жұрттықтарды жинап алуға жарлық шығарды. Солардың арасынан Құдайдың киелі үйінің құрылысына қажетті тастарды шауып, өңдеп дайындайтын жұмысшыларды жинауға әмір етті. 3 Қақпаның есіктеріне арналған шегелер әрі қапсырма шегелер жасау үшін Дәуіт көп мөлшерде темір дайындап қойды. Даярланған қоланың көп болғаны сонша, оның салмағын анықтау да мүмкін емес еді. 4 Дәуіт сансыз көп самырсын бөренелерін де әзірлеп қойды, өйткені (Финикиядағы) Сидон мен Тир патшалықтары соларды өте көп мөлшерде алып келді. 5 Дәуіт: «Ұлым Сүлеймен әлі де бұғанасы қатпаған жас. Ал Жаратқан Иеге арнап салынбақ киелі үй зәулім де сәулетті ғимарат болуға тиіс. Оның даңқы күллі халықтарға жайылатын болсын! Сондықтан оның құрылысына дайындық жасайын», — деп ойлады. Осылайша Дәуіт өмірінің соңына дейін құрылысқа қажет болатын заттардың мол қорын даярлап қойды. 6 Содан Дәуіт баласы Сүлейменді шақырып алды. Оған Исраилдің сиынатын Құдайы — Жаратқан Иеге арнап киелі үй салуды тапсырып 7 мынаны айтты: — Ұлым, менің Құдай Иеме бағыштап киелі үй тұрғызбақ ниетім болған еді. 8 Бірақ Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: «Сен үлкен соғыстар жүргізіп, көптеген адамдардың қанын төктің. Менің көз алдымда соншама мол қан төккендіктен, Менің есіміме бағыштап киелі үй салуыңа болмайды! 9 Бірақ сенің тыныштықта өмір сүретін ұлың болады. Мен оның жан-жағындағы барлық жауларын тыныштандырамын. Оның есімі — Сүлеймен. Сүлейменнің кезінде Мен Исраил еліне амандық пен тыныштық сыйлаймын. 10 Менің есіміме арнап киелі үйді сол салады. Мен оған Әке, ал ол Менің рухани ұлым болады. Мен оның Исраил елінің үстінен патшалық құратын тағын мәңгілікке нығайтамын». 11 Ал енді, ұлым, Құдайың Жаратқан Иеңнің айтқанына сай Оған арналған киелі үйді салу ісіңде табысқа жетуің үшін Жаратқан Ие саған жар бола көрсін! 12 Оның Өзі саған ақыл-парасат сыйлай көрсін! Осылайша Ол сені Исраилдің басқарушысы еткенде, Құдай Иеңнің Таурат заңын сақтайсың. 13 Сонда сен Жаратқан Иенің Мұса арқылы Исраил халқына берген ережелері мен шешімдерін мұқият орындауға тырыссаң, табысқа жетесің. Қайратты да батыл бол! Еш нәрседен қорқып, түңілме! 14 Ал енді, мен сала ұмтылып Жаратқан Иенің киелі үйі үшін жүз мың ат басындай алтын, мың рет мың ат басындай күміс, сансыз көп мөлшерде қола мен темір әрі ағаш пен тас та жинап, дайындап қойдым. Соларға өзің де қосарсың. 15 Өзіңде жұмыскерлер: тас өңдеушілер мен тас қалаушылар, ағаш ұсталары мен әр түрлі басқа да жұмыстардың шеберлері өте көп. 16 Олар алтын, күміс, қола және темірмен жұмыс жасауды біледі. Іске кірісіп, әрекет ете бер, Жаратқан Ие саған жар бола көрсін! 17 Содан Дәуіт Исраилдің барлық басшыларына Сүлейменді қолдауға бұйырып 18 былай деді: — Құдайларың Жаратқан Ие сендерге жар болып жан-жақтан тыныштық сыйлады емес пе? Ол осы елдің тұрғындарының бәрін менің қолыма тапсырды. Елдің жері Жаратқан Иеге және Оның халқына бағынышты болды. 19 Ендеше шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен Құдайларың Жаратқан Иеге бет бұрып, бағышталыңдар! Құдай Иенің киелі үйін тұрғызуға кірісіңдер! Құрылысты бітіргеннен кейін Жаратқан Иенің Келісім сандығын да, Құдайға бағышталған құрал-жабдықтарды да Жаратқан Иенің есіміне арнап салынған осы киелі үйге апарып қойыңдар!
1 Дәуіт жасы ұлғайған шағында өзінің ұлы Сүлейменді Исраилдің үстінен патша болуға тағайындаған еді. 2 Сол кезде ол Исраилдің барлық басшыларын, діни қызметкерлері мен леуіліктерді жинап алды. 3 Жасы отыз және одан жоғары леуілік ер адамдардың санағы жүргізілді. Олардың жалпы саны отыз сегіз мың екен. 4 Дәуіт солардың жиырма төрт мыңын Жаратқан Иенің киелі үйіндегі жұмыстарды атқаруға, алты мыңын басқарушы және төреші ретінде қызмет көрсетуге, 5 төрт мыңын қақпа күзетшісі, қалған төрт мыңын өзі дайындап берген күй аспаптарының сүйемелдеуімен Жаратқан Иені мадақтау қызметіне белгілеп қойды. 6 Дәуіт леуіліктерді Герсон, Қахат және Мераридің ұрпақтары бойынша топ-топқа бөліп те қойды. 7 Герсондық әулеттер Лібіни мен Шимейден тараған болатын. 8 Лібінидің үш ұлы: тұңғышы Ехиел және Зетам мен Жоел. 9 Лібіниден тараған әулет басшылары осылар еді. Шимейдің үш ұлы: Шеломот, Хазиел, Харан. 10 Шимейдің басқа да төрт ұрпағы: Яхат, Зизах, Егус, Бериях. 11 Яхат солардың біріншісі, ал Зизах екіншісі болды. Егус пен Берияхтың ұлдары көп болмағандықтан, олардың ұрпақтары нақты бір міндет атқаратын бір-ақ әулет болып есептелді. 12 Қахаттың төрт ұрпағы: Ымрам, Ысқар, Хеброн, Ұзиел. 13 Ымрамның Һарон мен Мұса есімді ұлдары болды. Һарон және одан тарайтын ұрпақтардың барлығы мына міндеттерді атқаруға тағайындалған болатын: киелі орынның бұйымдарын Құдайдың қызметіне ерекше бағыштау, Жаратқан Иеге арнап құрбандықтар шалып, өртеп ұсыну, киелі үйдің өзге де қызметтерін жүргізу және Жаратқан Иенің атымен халыққа бата беру. 14 Құдайдың пайғамбары Мұсаның ұлдары мен олардан тараған ұрпақтар Леуі руымен бірге саналатын. 15 Мұсаның Гершом мен Елиезер есімді ұлдары болды. 16 Гершомның ұрпақтары: оның тұңғышы — Шебуил. 17 Елиезердің ұрпақтары: оның тұңғышы Рехабияхтан басқа ұлдары болмады. Ал Рехабияхтың өз ұрпақтары көп болды. 18 Ысқардың ұлдарының тұңғышы — Шеломит. 19 Хебронның ұлдары: тұңғышы Ерия, екіншісі Амариях, үшіншісі Яхазиел, төртіншісі Екамам болды. 20 Ұзиелдің ұлдары: тұңғышы — Миха мен екіншісі — Ишиях. 21 Мераридің ұлдары: Мәхли мен Мұши. Мәхлидің ұлдары: Елазар мен Қиш. 22 Елазар ұлдары болмай, қайтыс болды, оның тек қыздары болды. Өз туыстары — Қиштың ұлдары соларға үйленді. 23 Мұшидың Мәхли, Едер, Еремот есімді үш ұлы болды. 24 Осылар — Леуі руына жататын әулеттердің басшылары. Олар санақтан өткенде аты-жөндерімен тіркелді. Жасы жиырмаға жеткен немесе одан жоғары әрбір леуіліктің Жаратқан Иенің киелі үйінде қызмет етуіне болды. 25 Себебі Дәуіт былай деген болатын: «Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие Өзінің халқын тыныш та тұрақты орынға қоныстандырып, Өзі де әрдайым Иерусалимдегі тұрағын мекендейтін болды. 26 Сондықтан леуіліктерге Жаратқан Иенің кездесу шатырын және қызметте қолданылатын құралдар мен бұйымдарды енді қайтып тасып алып жүрудің қажеті болмайды». 27 Сонымен Дәуіттің қалдырған соңғы нұсқаулары бойынша, леуіліктер жасы жиырмаға жетісімен қызметке алынып, тіркеліп отырды. 28 Леуіліктер Һароннан тараған діни қызметкерлерге Жаратқан Иенің киелі үйіндегі қызметтерінде көмектесуге міндетті еді. Олар, сондай-ақ, киелі үйдің аулалары мен қосалқы бөлмелерін күзетіп, тазалау рәсімдерін орындау және Құдайдың киелі үйінде орындалуы керек басқа да жұмыстарды істеуге тиісті болатын. 29 Леуіліктер мына қызметтерді де атқаратын: арнайы үстелге қойылатын нан тартуларын, астық тартуларына арналған таңдаулы ұнды дайындау, май жағылған ашымаған құймақтарды құю, табада нан пісіру, ұнға май қосып араластыру, құрбандықтар мен сый-тартулардың өлшемдері мен сандарын анықтау. 30 Леуіліктер әр күн сайын таңертең және кеште киелі үйдің алдында тұрып, Жаратқан Иеге шүкірлік айтып, мадақтайтын ән-жыр айту қызметін де орындайтын. 31 Олар сенбі күндері, әр айдың алғашқы күні және белгіленген мейрам күндері де Жаратқан Иеге арнап шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтарды дайындап, ұсынуға көмектесетін. Алдын ала белгіленген ережеге сай леуіліктердің тиісті саны әрдайым Жаратқан Иенің алдында қызмет етуге міндетті болды. 32 Леуіліктер өздеріне рулас діни қызметкерлердің басшылығымен кездесу шатыры мен киелі үйді күзетіп қорғап, Жаратқан Иенің киелі үйіндегі міндеттерін осылайша атқарды.
1 Һароннан тараған діни қызметкерлер арнайы топтарға бөлініп міндеттерін атқаратын. Һаронның ұлдары: Надаб, Әбиһу, Елазар және Ітамар. 2 Надаб пен Әбиһу арттарында ұл қалдырмай әкелерінің көзі тірісінде бұ дүниеден өтті. Сол себептен Елазар мен Ітамар діни қызметті атқаратын болды. 3 Дәуіт патша Елазардың ұрпағы Садықтың және Ітамардың ұрпағы Ахимәліктің көмегімен діни қызметкерлерді міндеттерін атқаратын кезектері бойынша топтарға бөлді. 4 Ітамардың ұрпақтарына қарағанда Елазардың ұрпақтарында әулет басшылары көбірек болды. Сондықтан Елазардың ұрпақтары он алты топқа, ал Ітамардың ұрпақтары сегіз топқа бөлінді. 5 Елазардың да, Ітамардың да ұрпақтарының ішінде киелі үйде Құдайға қызмет етуге лайықты басшылар бар болғандықтан, олар атқаратын міндеттеріне жеребе тастау арқылы тағайындалды. 6 Леуілік хатшы Нетанел ұлы Шемаях жеребенің кімге түскенін патшаның, діни қызметкер Садықтың, Абиятар ұлы Ахимәліктің және діни қызметкерлер мен леуіліктердің әулет басшыларының көздерінше ресми тізімге жазып алып отырды. Жеребе бір болып түссе Елазардың, екі болып түссе Ітамардың әулеті алынып отырды. 7 Жеребелер мына ретпен түсті: біріншісі Ехоярипке, екіншісі Едаяхқа, 8 үшіншісі Харымға, төртіншісі Сеоримге, 9 бесіншісі Малқияхқа, алтыншысы Мияминге, 10 жетіншісі Хақосқа, сегізіншісі Абияхқа, 11 тоғызыншысы Ешуаға, оныншысы Шеханияхқа, 12 он біріншісі Елияшипке, он екіншісі Жәкімге, 13 он үшіншісі Хупаға, он төртіншісі Ешебапқа, 14 он бесіншісі Билғаға, он алтыншысы Имерге, 15 он жетіншісі Хезирге, он сегізіншісі Гаписеске, 16 он тоғызыншысы Петахияхқа, жиырмасыншысы Ехезкелге, 17 жиырма біріншісі Яхинге, жиырма екіншісі Ғамулға, 18 жиырма үшіншісі Делаяхқа, ал жиырма төртіншісі Мағазияхқа түсті. 19 Исраилдің Құдай Иесі ежелде олардың түп аталары Һаронға Жаратқан Иенің киелі үйінде қызмет ету тәртібін бұйырған болатын. Енді діни қызметкерлер сол тәртіп бойынша кезекпен киелі үйге кіріп, міндеттерін атқаратын болды. 20 Леуіліктердің өзге әулет басшылары мыналар болды: Ымрамның ұрпақтарынан Шебуил, ал оның ұлдарынан Едиях шыққан еді. 21 Рехабияхтың ұлдарының тұңғышы Ишиях болды. 22 Ысқардың ұрпақтарынан Шеломит, ал Шеломиттің ұрпақтарынан Яхат шықты. 23 Хебронның ұрпақтарынан тұңғышы Ерия, екіншісі Амариях, үшіншісі Яхазиел, төртіншісі Екамам әулет басшылары болды. 24 Ұзиелдің ұрпақтарынан Миха, ал Миханың ұрпақтарынан Шамир есімді әулет басшылары болды. 25 Миханың інісі Ишиях, ал Ишияхтың ұрпақтарынан Зәкәрия әулет басшысы еді. 26 Мераридің ұрпақтарынан Мәхли мен Мұши, әрі Язияхтың ұрпақтарынан Бено әулет басшылары болды. 27 Мерариден Язиях арқылы тараған ұрпақтарынан Бено, Шоһам, Зақур, Ибри әулет басшылары болатын. 28 Мәхлиден Елазар тарады, ал оның ұлдары болмады. 29 (Мәхли ұлы) Қиштан өз ұлдары арқылы Ерахмел тарады. 30 Мұшидың ұлдары: Мәхли, Едер, Еремот. Есімдері әулеттеріне сәйкес келтірілген леуіліктер осылар. 31 Өздерімен рулас діни қызметкерлер сияқты, олар да жеребе тастап, қызметтеріне тағайындалып отырды. Сонда осы әулеттердің шыққан түп аталарының жасы үлкен-кішілігіне көңіл бөлінген жоқ. Жеребе Дәуіт патшаның, Садық пен Ахимәліктің және діни қызметкерлер мен леуіліктердің әулет басшыларының алдында тасталды.
1 Дәуіт пен оның қолбасшылары Асафтың, Хеманның және Едутунның кейбір ұлдарын ерекше көңіл күйіне еніп жетіген, шертер, сылдырмақтың сүйемелдеуімен мадақтау жырларын айту қызметіне айрықша тағайындады. Осы қызметті атқарған адамдардың тізімі мынау: 2 Асафтың ұлдарынан: Зақур, Жүсіп, Нетаниях, Ашарелах. Асаф өз ұлдарына жетекшілік етті. Асафтың өзі Дәуіт патшаның басқаруымен ерекше көңіл күйіне еніп мадақтау жырларын айтатын. 3 Едутуннің ұлдарынан: Ғодалиях, Сери, Ишая, Шимей, Хашабиях, Мататиях; барлығы — алтау. Оларға әкесі Едутун жетекшілік етті. Оның өзі жетігенде ойнағанда ерекше көңіл күйіне еніп Жаратқан Иені мадақтап, Оған шүкірлік білдіретін. 4 Хеманның ұлдарынан: Буқиях, Маттаниях, Ұзиел, Шебуил, Еримот, сондай-ақ Хананиях, Ханани, Әлиата, Ғидалти, Ромамти-Езер, әрі Жошбеқашах, Малоти, Хотир, Махазиот. 5 Осылардың бәрі де патшаның пайғамбары Хеманның ұлдары болатын. Себебі Құдай Өзінің Хеманның абыройын көтеремін деп берген уәдесін жүзеге асырып, оған он төрт ұл мен үш қыз сыйлаған еді. 6 Осы аталғандардың барлығы да Құдай Иенің киелі үйінде сылдырмақ, домбыра, жетігенде ойнап, ән-жыр айтатын. Олар сол қызметті өздерінің әкелерінің жетекшілігімен атқаратын. Асаф, Хеман, Едутун патшаның қарамағында болды. 7 Олардың өздері де, ағайындары да Жаратқан Иені ән-күймен мадақтау үшін арнайы дайындықтан өткен нағыз шеберлер болатын. Олардың жалпы саны екі жүз сексен сегіз еді. 8 Олар не жас, не кәрі болсын, не тәлімгер, не шәкірт болсын, қызмет ететін кезектеріне жеребе арқылы тағайындалған еді. 9 Асафқа тиісті бірінші жеребе Жүсіпке және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. Екінші жеребе Ғодалияхқа және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 10 Үшінші жеребе Зақурға және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 11 Төртінші жеребе Сериге және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 12 Бесінші жеребе Нетанияхқа және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 13 Алтыншы жеребе Буқияхқа және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 14 Жетінші жеребе Ашарелахқа және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 15 Сегізінші жеребе Ишаяға және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 16 Тоғызыншы жеребе Маттанияхқа және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 17 Оныншы жеребе Шимейге және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 18 Он бірінші жеребе Ұзиелге және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 19 Он екінші жеребе Хашабияхқа және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 20 Он үшінші жеребе Шубаилға және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 21 Он төртінші жеребе Мататияхқа және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 22 Он бесінші жеребе Еримотқа және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 23 Он алтыншы жеребе Хананияхқа және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 24 Он жетінші жеребе Жошбеқашахқа және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 25 Он сегізінші жеребе Хананиге және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 26 Он тоғызыншы жеребе Малотиге және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 27 Жиырмасыншы жеребе Әлитаға және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 28 Жиырма бірінші жеребе Хотирге және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 29 Жиырма екінші жеребе Ғидалтиге және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 30 Жиырма үшінші жеребе Махазиотқа және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті. 31 Жиырма төртінші жеребе Ромамти-Езерге және оның он екі ұлы мен ағайынына түсті.
1 Қақпа күзетшілерінің топтары мыналар болды: Қорахтың ұрпақтарынан: Әбиясафтың немересі Қоренің ұлы Мешелемиях. 2 Мешелемияхтың ұлдары: тұңғышы Зәкәрия, екіншісі Едияил, үшіншісі Забадиях, төртіншісі Ятниел, 3 бесіншісі Елам, алтыншысы Жоханан, жетіншісі Елиехонай болатын. 4 Ғабит-Едомның ұлдары: тұңғышы Шемаях, екіншісі Ехозабад, үшіншісі Жоғах, төртіншісі Сақар, бесіншісі Нетанел, 5 алтыншысы Әмиел, жетіншісі Исашар, сегізіншісі Пеулетай болатын. Құдай Ғабит-Едомды молынан жарылқаған еді. 6 Оның ұлы Шемаяхтың да ұлдары болды. Қабілетті де абыройлы адамдар болған олар әкелерінің әулеттеріне басшылық етті. 7 Солардың есімдері: Отни, Рефаил, Ғабит, Елзабад. Шемаяхтың Еліху, Семахиях есімді ағайындары да қабілетті адамдар болатын. 8 Осылардың барлығы Ғабит-Едомның ұрпақтары еді. Олар да, олардың ұлдары мен ағайындары да қызметтеріне өте қабілетті де күшті адамдар болатын. Олардың жалпы саны алпыс екі болды. 9 Мешелемияхтың он сегіз ұлы мен ағайыны да қабілетті адамдар еді. 10 Мераридің әулетіне жататын Хосаның мына ұлдары болды: басшысы — Шимри; ол тұңғыш болып туылмаса да, әкесі оны басшы етіп тағайындады. 11 Екінші ұлы Хелкия, үшіншісі Тебалиях, төртіншісі Зәкәрия еді. Хосаның ұлдары мен ағайындарының жалпы саны он үш болды. 12 Қақпа күзетшілерінің осы топтары өздерінің әулет басшыларының есімдерімен аталды. Олар өздерімен рулас басқа леуіліктер сияқты Жаратқан Иенің киелі үйінде қызмет атқаратын. 13 Әрбір қақпадағы күзетшілер өз әулеттері бойынша тағайындалды. Олар қызметке жастарының үлкен-кішілігіне қарамай, жеребе арқылы анықталатын. 14 Шығыс жақтағы қақпаны күзету үшін жеребе Мешелемияхқа (және оның тобына) түсті. Оның ұлы Зәкәрия үшін жеребе тасталғанда ол (өзінің тобымен бірге) Солтүстік қақпаны күзететін болды. Зәкәрияның ақыл-парасаты ерекше еді. 15 Оңтүстік қақпаны күзету үшін жеребе Ғабит-Едомға (және оның тобына) түсті. Ғабит-Едомның ұлдарына қоймаларды күзету де тиді. 16 Батыс жақтағы қақпа мен жоғарғы жолдағы Шаллехет қақпасын күзету міндеті үшін жеребе Шупим мен Хосаға түсті. Қақпаны күзету топтары кезектесіп, қызметтерін бірінен кейін бірі атқарып жүрді. 17 Әр күні шығыс жақты алты, солтүстік жақты төрт және оңтүстік жақты төрт леуілік күзетші күзетіп қорғайтын. Қойманы күзетуге леуіліктер әрқашан екі-екіден тағайындалатын. 18 Батыс жақтағы кіреберіске баратын жолдың бойында төрт күзетші, ал кіреберістің өзінде екі күзетші болатын. 19 Қорах пен Мерариден тараған қақпа күзетшілерінің топтары осылар еді. 20 Ахияхтың жетекшілігіндегі бірқатар леуіліктер Құдайдың киелі үйіндегі сый-тартулар және Құдайға бағышталған олжалы заттар сақталатын қазына қоймаларын күзетіп қорғайтын. 21 Герсонның ұлдарының бірі — Лағданнан бірнеше әулет тарады. Олардың ішінде оның өз ұлы Ехиелден тараған әулет те болды. 22 Ехиелдің Зетам, Жоел есімді ұлдары Жаратқан Иенің киелі үйіндегі қазына қоймаларын күзететін. 23 Ымрам, Ысқар, Хеброн және Ұзиелден тараған әулеттер де қызметке тағайындалды: 24 (Ымрамнан тараған) Мұса пайғамбардың ұлы Гершомның ұрпағы Шебуил қазына қоймаларының аға меңгерушісі болды. 25 Шебуилдің немере ағасы Елиезерден тараған туысқаны Шеломот болатын. Шеломоттың шыққан ата-тегі мынау: Елиезерден Рехабиях, Рехабияхтан Ишиях, Ишияхтан Жорам, Жорамнан Зіхри, Зіхриден Шеломот. 26 Дәуіт патша, әулет басшылары, мыңбасылары, жүзбасылары және жасақтың басқа да қолбасшылары Жаратқан Иеге бағыштаған олжалы заттар сақталған қазына қоймасының күзетшілері сол Шеломот пен оның ағайындары болды. 27 Патша және оның қолбасшылары шайқастарда қолға түсірген бағалы заттарының бір бөлігін Жаратқан Иенің киелі үйін жақсы қалпында сақтау үшін беріп отыратын. 28 Самуил пайғамбар, Қиш ұлы Саул, Нер ұлы Әбенир және (Дәуіттің қарындасы) Сарұяның ұлы Жоғаб Жаратқан Иеге бағыштаған олжалы заттар да Шеломот пен оның ағайындарының қарауында болды. 29 Ысқардың ұрпақтарынан Хенаниях шықты. Ол және оның ұлдары киелі үйден тыс мәселелер бойынша Исраил елі үшін басқарушы әрі төреші қызметтерін атқаратын. 30 Хебронның ұрпақтарынан Хашабиях шықты. Ол және оның әкімшілік жұмысқа икемді бір мың жеті жүз ағайыны Исраил елінің Иордан өзенінен батыста орналасқан бөлігіндегі Жаратқан Иеге бағышталған істерді және патшаға арналған қызметтерді бақылауға тағайындалды. 31 Хебронның ұрпақтарынан Ерия да тараған еді. Ол, өзі шыққан әулеттердің шежіресі бойынша, олардың басшысы болды. Дәуіттің патшалық құрған қырқыншы жылы осы әулеттер қайтадан қаралды. Сонда Хебронның Ғилақад аймағындағы Жазерде тұрған ұрпақтарының арасынан ерекше қабілетті адамдар табылды. 32 Ерияның ағайындарының ішінде екі мың жеті жүз адам сондай қабілетті әулет басшылары болды. Дәуіт патша оларды Рубен, Ғад руларындағы және Манаса руының жартысындағы әкімшілік қызметіне тағайындады. Олар Құдайға және патшаға байланысты істерді қарауға міндетті болды.
1 Төменде исраилдік әулет басшылары, мыңбасылар, жүзбасылар және олардың басқарушыларының тізімі берілген. Бұлар әр жылда кезектесіп, бір айдан қызмет етіп шығатын жасақ бөлімдеріне басшылық ететін. Осылай олар сол жасақ бөлімдеріне байланысты күллі міндеттерін атқарып патшаға қызмет көрсететін. Әрбір жасақ бөлімі жиырма төрт мың сарбазды қамтитын. 2 Жиырма төрт мың сарбазды қамтыған бірінші жасақ бөлімінің қолбасшысы Забдиелдің ұрпағы Яшобам болды. Осы бөлім бірінші айда қызмет ететін. 3 Яһуда руындағы Парес әулетінен шыққан осы Яшобам бірінші айда жасақтағы барлық сардарларға басшылық ететін. 4 Ахоахтың ұрпағы Додай жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, екінші айда қызмет ететін екінші жасақ бөлімінің қолбасшысы болды. Оның қол астындағы әмірші Миқлот еді. 5 Діни қызметкер Еходайдың ұлы Бенаях жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, үшінші айда қызмет ететін үшінші жасақ бөлімінің қолбасшысы болды. 6 Осы Бенаях атақты Отыз батырдың ішіндегі ерен батыры және солардың басшысы болатын. Оның ұлы Амизабад әкесінің қол астындағы әмірші еді. 7 Жоғабтың туған інісі Асахил жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, төртінші айда қызмет ететін төртінші жасақ бөлімінің қолбасшысы болды. Кейін Асахилдің ұлы Забадиях әкесінің орнын басып қолбасшы болып тағайындалды. 8 Израқ әулетінен шыққан Шамхут жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, бесінші айда қызмет ететін бесінші жасақ бөлімінің қолбасшысы болды. 9 Текоялық Икеш ұлы Ирақ жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, алтыншы айда қызмет ететін алтыншы жасақ бөлімінің қолбасшысы болды. 10 Ефрем руынан шыққан пәлеттік Хелес жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, жетінші айда қызмет ететін жетінші жасақ бөлімінің қолбасшысы болды. 11 Зарах әулетінен шыққан хушалық Сипхай жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, сегізінші айда қызмет ететін сегізінші жасақ бөлімінің қолбасшысы болды. 12 Бунямин руынан шыққан анатоттық Әбиезер жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, тоғызыншы айда қызмет ететін тоғызыншы жасақ бөлімінің қолбасшысы болды. 13 Зарах әулетінен шыққан нетопаттық Маһарай жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, оныншы айда қызмет ететін оныншы жасақ бөлімінің қолбасшысы болды. 14 Ефрем руынан шыққан пиратондық Бенаях жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, он бірінші айда қызмет ететін он бірінші жасақ бөлімінің қолбасшысы болды. 15 Отниел әулетінен шыққан нетопаттық Хелдай жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, он екінші айда қызмет ететін он екінші жасақ бөлімінің қолбасшысы болды. 16 Исраилдің руларын басқаруға тағайындалған әкімдер мыналар болды: Рубен руын — Зіхри ұлы Елиезер, Шимон руын — Маха ұлы Шафатиях, 17 Леуі руын — Кемуел ұлы Хашабиях, Һаронның ұрпақтарын — (діни қызметкер) Садық, 18 Яһуда руын — Дәуіттің ағайыны Еліху, Исашар руын — Михайл ұлы Омри, 19 Забулон руын — Абадиях ұлы Ишмаях, Нафталим руын — Азриил ұлы Еримот, 20 Ефрем руын — Азазиях ұлы Ошия, Манаса руының жартысын — Педаях ұлы Жоел, 21 Манаса руының Ғилақад аймағындағы жартысын — Зәкәрия ұлы Иддо, Бунямин руын — Әбенир ұлы Ясиел, 22 Дан руын — Ерохам ұлы Азарил басқаратын. Исраил руларының басшылары осылар болды. 23 Дәуіт Исраил елінде санақ жүргізгенде, жасы жиырмадағы немесе одан төмен адамдарды санаған жоқ. Себебі Жаратқан Ие Исраил халқын аспандағы жұлдыздардай көп қыламын деп уәде берген болатын. 24 Сарұяның ұлы Жоғаб ересек ер адамдарды санай бастағанмен, онысын аяқтамады. Санақтың кесірінен Жаратқан Ие Исраилге қаһарын төкті. Сол себепті осы санақтың нәтижесі «Дәуіт патшаның билігінің шежіре кітабына» кіргізілген жоқ. 25 Патшаның Иерусалимдегі қоймаларын Адиел ұлы Азмаует, ал басқа қалалар мен елді мекендердегі және бақылау мұнараларындағы қоймаларын Ұзиях ұлы Жонатан басқаратын. 26 Патшаның егістік жерлерін өңдеумен айналысатын шаруалардың басқарушысы Хелуб ұлы Езра болатын. 27 Оның жүзім бақтарын рамақтық Шимей, ал шарап қоймаларын шефамдық Забди басқаратын. 28 Батыстағы төменгі қыраттарда зәйтүн және тұт ағаштарын өсірумен айналысушыларға гедерлік Бал-Ханан басшылық ететін, ал зәйтүн майы сақталатын қоймалардың басқарушысы Жоғас болатын. 29 Шарондық Шитрай Шаронның маңында жайылатын мүйізді ірі қара малды басқаратын, ал Адлай ұлы Шапат аңғарлардағы мүйізді ірі қара малды бағушылардың үстінен қарайтын. 30 Түйе өсіруді ысмағұлдық Обил, есек өсіруді мероноттық Едиях, 31 ал қой-ешкілерді өсіруді ажарлық Жазиз басқаратын. Осылардың бәрі Дәуіт патшаның мал-мүлкін қарайтын қызметкерлері болды. 32 Дәуіттің әкесінің ағайыны Жонатан патшаның кеңесшісі болды. Жонатан зерек, көп оқыған адам еді. Ахамони ұлы Ехиел патшазадаларға тәлім-тәрбие беретін. 33 Ахитопел де патшаның кеңесшісі, ал архилік Хушай патшаның досы әрі жеке кеңесшісі болатын. 34 Ахитопел өлгеннен кейін Бенаях ұлы Еходай мен Абиятар оның орнын басты. Жоғаб патша жасағының қолбасшысы болды.
1 Бірде Дәуіт Исраил елінің барлық әміршілерін Иерусалимге жинады. Патша, сондай-ақ, елдің рубасыларын, өзінің қызметіндегі жасақ бөлімдерінің қолбасшыларын, мыңбасылары мен жүзбасыларын, патша мен патшазадалардың мал-мүлкін әрі патшалық сарайды басқаратын қызметкерлерін, батырларын және бүкіл басқа да мансап иелерін шақыртып алды. 2 Дәуіт патша орнынан тұрып, былай деді: — Сөзімді тыңдаңдар, уа, ағайындарым, халқым менің! Құдайымыз Жаратқан Иенің «табан тіреніші» — Оның арамызда екенін білдіретін Келісім сандығына тұрақты орын болатын киелі үйді салатын ниетім бар еді. Осы құрылысқа дайындық та жүргіздім. 3 Бірақ Құдай маған: «Менің есіміме арнап киелі үй салма! Себебі сен көп соғысып, қан төккен адамсың!» деп бұйырды. 4 Ал Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие өзімді әкемнің бүкіл әулетінің ішінен Исраилдің тұрақты патшасы болуға таңдап алған еді. Өйткені Ол Исраилді бастаушы ру етіп Яһуда руын таңдаған болатын. Яһуданың ішінен Ол әкемнің әулетін, ал әкемнің барлық ұлдарының ішінен мені ұнатып, бүкіл Исраилдің үстінен патша етіп қойды. 5 Өзі маған көптеп сыйлаған ұлдарымның бәрінің ішінен Жаратқан Ие Исраил патшалығының тағына отыруға ұлым Сүлейменді таңдап алды. 6 Жаратқан Ие маған былай деді: «Өзіме арналған киелі үйді және оның аулаларын салатын ұлың Сүлеймен болмақ. Өйткені Мен оны Өзіме рухани ұл етіп таңдап алдым, ал Мен оған Әке боламын. 7 Егер ол өсиеттерім мен шешімдерімді қазіргідей берік орындайтын болса, Мен оның патшалығын тұрақты етіп бекітемін. 8 Сондықтан бүкіл Исраил халқының алдында, Жаратқан Иенің жиналып тұрған осы жамағатының алдында және Құдайдың Өзінің алдында сендерге мынаны мықтап ескертемін: өздеріңнің Құдайларың Жаратқан Иенің барлық өсиеттерін сақтап орындайтын болыңдар! Сонда ғана сендер осы шұрайлы елді иеленіп, оны өздеріңнен кейін келетін ұрпақтарыңа мұра етіп қалдыра алатын боласыңдар. 9 Ал сен, ұлым Сүлеймен, әкең сиынған Құдайды жақыннан танып-біл! Оған шын жүрегіңнен және бар жан дүниеңмен қызмет ет! Себебі Жаратқан Ие күллі адамдардың жүрегіндегі түкпір-түкпірлерін тексеріп, олардың барлық ой-ниеттерін түсінеді. Егер Оған бет бұрып сиынатын болсаң, Оны табасың. Ал егер Құдай Иеден бас тартып, елемей кетсең, онда Ол да сенен біржола бас тартады. 10 Ал енді, мынаған назар аудар: Жаратқан Ие сені Өзінің киелі үйі болатын ғибадатхананы салуға таңдап алды. Қайратты болып жұмысқа кіріс!» 11 Содан соң Дәуіт өз ұлы Сүлейменге ғибадатхананың кіреберісі мен қосымша ғимараттарының, оның қоймалары мен жоғарғы қабатының, ішкі бөлмелерінің және Құдайдың Келісім сандығы орналасатын ең қасиетті бөлмесінің жобасын табыстады. 12 Сонымен қатар Дәуіт Жаратқан Иенің ғибадатханасының аулалары, киелі үйді айналдыра орналасқан бөлмелер, Құдайдың ғибадатханасының қазына қоймалары және Құдайға бағышталған олжалы заттар сақталатын қоймалар жайлы ойлап дайындаған бүкіл жоспарларын Сүлейменге тапсырды. 13 Дәуіт Сүлейменге Жаратқан Иенің киелі үйіндегі діни қызметкерлер мен леуіліктер топтарының қызметтері жайлы да нұсқауларын берді. Сондай-ақ, олардың Жаратқан Иеге Өзінің киелі үйінде ғибадат ететін кездерінде қандай бұйымдарды қолданулары керектігін де белгіледі. 14 Дәуіт қызметтің түр-түрінде қолданылатын алтын, күміс бұйымдарды жасауға қажетті алтын мен күмістің салмағын да тағайындап қойды: 15 әрбір алтын шам қойғыш пен оның шамдары үшін қанша алтын, әрбір күміс шам қойғыш пен оның шамдары үшін қанша күміс жұмсалуға тиіс екендігі туралы айтты. Жағдайға қарай, түрлі-түрлі шам қойғыштар қолданылуы керек болды. 16 Сондай-ақ, Дәуіт нан тартуы қойылатын арнайы үстелді жасауға қажетті алтынның, әрбір күміс үстелді жасауға қажетті күмістің, 17 шанышқылар, қан не су бүркіп шашатын тостағандар, құмыралар мен табақтар жасауға қажетті саф алтынның нақты мөлшерлерін, әрбір күміс тостағанды жасауға қажетті күмістің мөлшерін де белгілеп қойды. 18 Дәуіт хош иісті заттарды түтетуге арналған алтын жалатқан түтету үстелін жасауға қажетті саф алтынның мөлшерін де анықтап қалдырды. Сол сияқты, ол «күйменің» жобасын да Сүлейменге табыстады. Осы «күйме» қанаттарын жайып Жаратқан Иенің Келісім сандығын жауып тұратын алтын керуб мүсіндерін білдіреді. 19 «Бұлардың бәрін жазып қалдыруға Жаратқан Иенің Өзі мені жетеледі, — деді Дәуіт. — Ол маған жоба-жоспардың барлық егжей-тегжейлерін жете түсінуге қабілет берді». 20 Дәуіт өзінің ұлы Сүлейменге тағы мынаны да өсиеттеді: «Қайратты да батыл бол! Жұмысқа кіріс! Ештеңеден қорқып, уайымдама! Құдай Ием саған жар болады. Жаратқан Иенің киелі үйінің құрылыс жұмыстарын бітіре алуың үшін Ол сені ешқашан тастап та кетпейді, жалғыз да қалдырмайды. 21 Біліп қой, діни қызметкерлер мен леуіліктердің топтары Құдайдың киелі үйіндегі әр қилы жұмыстарға дайын тұр. Қолөнердің түрлерін жақсы білетін ынталы шеберлер де өзіңмен бірге. Басшылар мен бүкіл халық сенің барлық әмірлеріңді орындайтын болады».
1 Содан соң Дәуіт патша бүкіл жиналып тұрған қауымға былай деді: «Құдайдың бірден-бір таңдаулысы — (ізімді басатын) ұлым Сүлеймен әлі де бұғанасы қатпаған жас. Ал жасалатын іс орасан зор. Себебі осы ғимарат адамға емес, Құдай Иеге арналып салынбақ! 2 Қолымдағы барыммен өзімнің сиынатын Құдайымның киелі үйіне қажет заттарды дайындап қойдым. Түрлі бұйымдар үшін алтын, күміс, қола, темір, ағаш дайын. Сонымен қатар көмкерілген әшекейлерге арнап оникс және басқа да әдемі, түрлі түсті тастарды, асыл тастардың алуан түрлерін және көп мөлшерде мәрмәр тасын жинап қойдым. 3 Бұрын бағыштағаныма қоса, Құдайымның киелі үйін қатты сүйетіндігімнен өзімнің жеке қазынамдағы алтын-күмісті де Құдайымның осы киелі ғибадатханасына бағыштаймын. 4 Олар — үш мың ат басындай опырлық алтын мен жеті мың ат басындай саф күміс. Осы алтын-күмісті ғимараттардың қабырғаларын қаптау үшін, 5 қажетті алтын-күміс бұйымдарды жасап шығару үшін және қолөнершілер істейтін барлық басқа жұмыстарға арнаймын. Ал енді, өз еркімен Жаратқан Иеге сый-тарту жасағылары келетін тағы кімдер бар?» 6 Сонда әулет басшылары, Исраилдің рубасылары, мыңбасылары, жүзбасылары және патшаның жұмыстарын басқарушылары ерікті тартуларын ұсынды. 7 Олар Құдайдың киелі үйінің құрылысына арнап бес мың ат басындай алтын мен он мың алтын теңге, он мың ат басындай күміс, он сегіз мың ат басындай қола және жүз мың ат басындай темір бағыштады. 8 Асыл тастары барлар соларын да Жаратқан Иенің киелі үйіне арналған қазына қоймасына, оның меңгерушісі Ехиелге әкеліп тапсырды. Ехиел Леуі руының Гершон әулетіне жататын. 9 Халық өз басшыларының жомарттықпен сый-тартуларын бергендеріне қуанды. Олар бұларын ерікті түрде шын жүректен Жаратқан Иеге ұсынған болатын. Дәуіт патша да зор шаттыққа бөленді. 10 Содан Дәуіт Жаратқан Иені бүкіл жамағаттың алдында мадақтап былай деді: «Уа, Жаратқан Ие, арғы атамыз Исраил сиынған Құдайымыз, Мәңгі Саған арналсын мақтауымыз! 11 Уа, Жаратқан Ие, Саған тән — ұлылық, Құдірет, салтанат, жеңіс пен нұрлылық! Меншігің — көк пен жердегілер барлық! Һәм Сенікі, уа, Иеміз, патшалық Әрі баршаға деген басшылық! 12 Дәулет пен құрметтің көзі Сенсің, Бүкіл әлемге билік жүргізушісің! Бәрін жоғарылатып, күшейтетін Құдірет пен билік қолыңда Сенің. 13 Сонымен енді, я, Құдайымыз, Саған шүкіршілік айтудамыз, Ұлы атыңды мадақтаудамыз! 14 Ал енді, Саған осындай мол сый-тарту беретіндей біз кім едік сонша?! Әлемдегінің барлығы да Сенен келген. Өз қолыңның бізге сыйлағандарын ғана Өзіңе тарту етіп отырмыз. 15 Сенің алдыңда біз де күллі ата-бабаларымыз сияқты жат жұрттық, бөтен кірмелерміз. Бұ дүниелік ғұмырымыз көлеңке іспетті өткінші де үмітсіз. 16 Уа, Құдайымыз Жаратқан Ие! Біз Сенің киелі есіміңе арнап салмақшы болған ғибадатхананың құрылысы үшін осы ағыл-тегіл мол заттарды дайындап қойдық. Солардың барлығы да Сенің Өзіңнен келіп отыр, бәрі де Сенікі! 17 Сенің адам жүрегін тексеретініңді, ол адал болып шыққан кезде риза болатыныңды білемін, уа, Құдайым! Мен осы күллі заттарды Саған ерікті түрде шын жүректен бағыштадым. Өз халқыңның да Саған қуанышпен ерікті сый-тартулар жасағанын көріп отырмын. 18 Уа, Жаратқан Ие, түп аталарымыз Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы! Халқыңның Өзіңе қызмет етуге деген осы құлшынысын сақтай гөр, әрдайым жүректерін Саған адал күйінде қалдыра гөр. 19 Ұлым Сүлейменге де Сенің өсиеттеріңді, ережелерің мен әмірлеріңді берік сақтайтын әрі орындайтын адал жүрек сыйлай гөр. Мен қажетті заттарын дайындап қойған мына ғимаратты тұрғызу үшін де оған адал ой-ниетті дарыта гөр». 20 Мұнан кейін Дәуіт бүкіл жамағатты: «Құдайларың Жаратқан Иені мадақтаңдар!» — деп шақырды. Сонда олардың барлығы ата-бабалары сиынған Құдай — Жаратқан Иені мадақтады. Олар Жаратқан Ие мен Оның тағайындаған патшасының алдында төмен иіліп, беттерін жерге тигізе тағзым етті. 21 Келесі күні жамағат Жаратқан Иеге арнап көптеген құрбандықтар шалып, солардың көбін түгелдей өртеп жіберді. Шалынған құрбандықтар: бір мың жас бұқа, бір мың қошқар, бір мың тоқты. Жамағат бүкіл Исраил халқы үшін сол құрбандықтарға қосылатын сұйық тартуларын да ұсынды, құрбандықтың басқа түрлерін де молынан әкеліп, шалды. 22 Олар сол күні Жаратқан Иенің алдында ішіп-жеп, зор қуанышқа бөленді. Содан соң жамағат Дәуіттің ұлы Сүлейменді патша деп екінші рет жариялады. Оны Жаратқан Иенің алдында басшы ретінде, ал Садықты діни қызметкер ретінде бекітіп, екеуіне де май жағу рәсімін жасады. 23 Осылайша Сүлеймен әкесі Дәуіттің орнына патша болып, Жаратқан Иенің халқының тағына отырды. Сүлеймен іс-әрекеттерінде табысты болып, бүкіл Исраил халқы оған мойынсұнды. 24 Барлық басшылар мен батырлар әрі Дәуіт патшаның басқа ұлдарының бәрі де Сүлейменге мойынсұнуға қол берісіп ант етті. 25 Жаратқан Ие бүкіл Исраилдің алдында оның дәрежесін аса жоғарылатты, әрі оған Исраилдегі ешбір патша көріп-білмеген патшалық салтанатты сыйлады. 26 Осылай Есей ұлы Дәуіт бүкіл Исраилдің үстінен билік жүргізген еді. 27 Ол Исраилге барлығы қырық жыл: Хебронда жеті жыл және Иерусалимде отыз үш жыл бойы патшалық құрды. 28 Дәуіт көп жасап, өмір, байлық және құрмет-даңқтың қызығын көрген соң, дүние салды. Оның ұлы Сүлеймен орнын басып патша болды. 29 Дәуіт патшаның істері басынан аяғына дейін Самуил, Натан, Ғад есімді пайғамбарлардың жазып қалдырған кітаптарында баяндалған. 30 Сол кітаптарда Дәуіттің патшалық құруы мен ержүрек істері, сонымен қатар оның өз өмірінде, Исраилде және соның айналасындағы елдердің барлық басқа патшалықтарында болған жайттар туралы да мәлімет берілген.
1 Дәуіттің ұлы Сүлеймен өз патшалығында жағдайын берік орнатып алды. Құдай Иесі оған жар болып, мерейін айрықша жоғарылатты. 2 Бір күні Сүлеймен Исраилдің барлық мыңбасыларын, жүзбасыларын, төрешілерін және халықтың басқа да жетекшілері мен әулет басшыларының бәріне де жиналуға бұйрық берді. 3 Мұнан соң Сүлеймен бүкіл жамағатты ертіп Гибеон қаласының биіктеу жеріндегі ғибадат орнына қарай беттеді. Өйткені Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса пайғамбардың иен далада жасатқан кездесу шатыры сол жерде тігілген болатын. 4 Дәуіт патша көзі тірісінде Иерусалимде бір киелі шатыр тұрғызып, дайындап қойып, осы орынға Кирият-Иғарымнан Құдайдың Келісім сандығын әкелген еді. 5 Ал Һұр немересі Ұри ұлы Беселиел қоладан жасаған құрбандық үстелі Жаратқан Иенің Гибеон қаласындағы кездесу шатырының алдында тұрды. Осы себепті Сүлеймен және жиналған жамағат Жаратқан Иенің еркін білу үшін сол жерге барды. 6 Сүлеймен кездесу шатырының алдындағы қоладан жасалған құрбандық үстелінің қасына көтеріліп, Жаратқан Иеге арнап мың бас малды құрбандыққа шалғызып, өртетті. 7 Сол түні Құдай Сүлейменге аян беріп: — Өзіңе не сыйлағанымды қаласаң, соны сұра, — деді. 8 Сүлеймен Құдайға былай деп жауап берді: — Сен әкем марқұмға зор рақымыңды көрсете отырып, маған оның орнын бастырып патшалық құрғыздың. 9 Уа, Құдай Ие, мені жер бетіндегі құм түйіршіктеріндей сансыз көп халықтың үстінен патша етіп қойдың. Енді әкеме берген уәдеңді орындап, 10 маған осы халықтың лайықты басқарушысы болуға даналық пен білім сыйлай гөр. Онсыз Сенің осыншама көп халқыңа дұрыстап билік жүргізу ешкімнің де қолынан келмейтін іс. — 11 Сонда Құдай Сүлейменге: — Жүрек қалауың осы болып, сен қазына-байлық пен атақ-даңқ және жауларыңның жеңіліп, құруы былай тұрсын, тіпті өзің үшін ұзақ өмір де сұраған жоқсың. Қайта, Мен сені патшасы етіп қойған халқыма билік жүргізуің үшін даналық пен білім сыйлауымды өтіндің. 12 Сол үшін Мен өзіңе даналық пен білім сыйлап отырмын. Соған қоса қазына-байлық пен атақ-даңқты да сыйлаймын. Сенде бар болатын мол қазына-байлық пен атақ-даңққа саған дейінгі ешбір патша ие болған емес, сенен кейін де ешбір патша ие болмайды, — деп уәде етті. 13 Сүлеймен кездесу шатыры орналасқан Гибеондағы биіктеу жерінен түсіп, Иерусалимге қайта оралғаннан кейін Исраилге патшалық құрды. 14 Сүлеймен соғыс күймелері мен аттарды жинап, жасақтады. Оның бір мың төрт жүз соғыс күймесі мен он екі мың жылқысы болды. Оларды соғыс күймелеріне дайындалған арнайы қалаларында және өзінің қасында астанасы Иерусалимде ұстады. 15 Патша Иерусалимде алтын мен күмісті тас сияқты үйреншікті нәрсе әрі шетелден әкелінетін қымбат самырсындарды өз елінің төменгі қыраттарында көптеп өсетін тұт ағаштары іспетті мол етті. 16 Сүлеймен жылқыларын Мысыр мен Қуадан алдыртты. Патшаның саудагерлері оларды белгілі бағаға Қуа елінен сатып алатын. 17 Саудагерлер әрбір күймені алты жүз мысқал, әрбір жылқыны жүз елу мысқал күміске Мысырдан сатып алып келетін. Олар сол тауарлардың бірқатарын күллі хеттік және арамалық патшаларға да жеткізіп, сатып отырды.
1 Сол кезде Сүлеймен Жаратқан Иенің даңқын шығаруға арналған ғибадатхананы және өзі үшін патша сарайын салуға әмір етті. 2 Патша жетпіс мың адамды тас тасушы, тағы сексен мыңын тауда тас қашаушы, ал үш мың алты жүзін жұмысшылар үстінен қараушы болып жұмыс істеуге белгіледі. 3 Сүлеймен Тир патшасы Хирамға мынадай сәлем жолдады: «Әкем марқұм өзіне сарай салған кезінде Сіз оған самырсын ағаштарының бөренелерін жіберген едіңіз. 4 Қазір мен Құдай Иемнің даңқын шығаратын ғибадатхана салып, Оған бағыштамақпын. Сол жерде Жаратқан Иеге арнап хош иісті заттар түтетіліп, Оның алдында әрдайым арнайы нан тартулары ұсынылуға тиіс. Күн сайын таңертең және кеште, демалыс күндері, айдың бірінші күні әрі Құдай Иеміздің басқа да мейрам кездерінде құрбандықтардың шалынып, өртеліп ұсынылулары керек. Бұл рәсімдер Исраил халқына тұрақты бекітілген. 5 Біз сиынатын Құдай барлық тәңір атаулыдан ұлы. Сондықтан да мен Оған арнап салатын ғимарат орасан зор болмақ. 6 Расында Құдайға лайықты үй салып беруге кімнің шамасы жетеді?! Тіпті ұлан-ғайыр көктің өзі Оны сыйғыза алмайды! Мен де Оған арнап киелі үй салатындай кіммін сонша? Тек Оның алдында арнайы сый-тартуларды өртеп ұсынатын орын дайындамақпын. 7 Сол себепті маған бір шеберіңізді жіберсеңіз екен. Ол алтын, күміс, қола және темірді өңдеп, күрең қызыл, қырмызы, қою күлгін түсті жүн жіптерден мата тоқып, түрлі бұйымдарды әшекейлеп ою оя алатын болсын, әрі Яһуда мен Исраилде әкем марқұм кезінде белгілеген шеберлеріммен бірге жұмыс істесін. 8 Сондай-ақ маған Ливан тауларынан самырсын, қарағай және арша ағаштарының бөренелерін де жіберсеңіз екен. Сол жердегі ағаштарды кесіп, құлату жағынан қызметшілеріңіздің ерекше тәжірибелі екенін білемін. 9 Қажетті бөренелерді молынан дайындауда өз қызметшілерім де көмектеспек. Себебі салайын деп отырған ғимаратым зәулім де керемет салтанатты болуға тиіс. 10 Ал мен ағаштарды кесіп, құлатуға жұмсаған адамдарыңызды тамақтандыру үшін жиырма мың қаптан бидай мен арпа және жиырма мың күбіден шарап пен зәйтүн майын жіберемін». 11 Тир патшасы Хирам Сүлеймен патшаға жауап берген хатында былай деп жазды: «Жаратқан Ие өз халқын сүйгендіктен Сізді патша етіп тағайындады! — 12 Хирам хатын одан әрі былай деп жалғастырды: — Исраилдің сиынатын Құдайы — аспан мен жерді жаратқан Тәңір Ие мадақталсын! Ол Дәуіт патша марқұмға дана, ақылды да зерек ұл сыйлапты! Ізін басқан бұл ұлы енді Жаратқан Иеге арнап ғибадатхана, өзіне патша сарайын салмақшы екен. 13 Сізге Хурам-Әби есімді ақылды да шебер адамымды жібергелі отырмын. 14 Шешесі Дан руынан, ал әкесі тирлік. Хурам-Әби алтын, күміс, қола, темір, тас және ағашпен, күрең қызыл, қою күлгін, қырмызы түсті жүн және жіңішке зығыр жіптермен жұмыс істей алады. Әр түрлі ою ойып, барлық жобаларды жүзеге асыру қолынан келеді. Бұл кісі өз шеберлеріңізбен және тақсыр ием — әкеңіз Дәуіт марқұмның шеберлерімен бірге істейтін болады. 15 Ал енді, тақсыр ием, өзіңіздің айтқаныңызға сай осы қызметшілеріңізге бидай, арпа, зәйтүн майы және шарабыңызды жібере көріңіз. 16 Сіз үшін Ливан тауларынан керекті ағаштарыңызды құлатып, бір-біріне байластырып сал жасап, теңіз арқылы Яффаға жеткізіп береміз. Әрі қарай Иерусалимге өзіңіз алып кетерсіз». 17 Әкесі Дәуіт көзі тірісінде істегендей, Сүлеймен де Исраилде тұратын басқа ұлттық ер адамдардың санағын өткізген еді. Олардың жалпы саны бір жүз елу үш мың алты жүз болды. 18 Бұлардың жетпіс мыңын жүк тасушы, сексен мыңын тауда тас қашаушы, ал үш мың алты жүзін жұмысшылардың үстінен қарап, жұмыстарды алға жұмылдырушы етіп белгілеп қойды.
1 Сонымен Сүлеймен Иерусалимдегі Мория төбесінде Жаратқан Иенің киелі үйінің құрылысына кірісті. Бұрын ебустік Орнанның астық бастыратын қырманы болған сол жерде Дәуітке Жаратқан Ие аян берген еді. Содан Дәуіт бұл орынды ғибадатхана салуға дайындап қойған болатын. 2 Сүлеймен құрылысты Өзінің патшалық құрған төртінші жылының екінші айының екінші күні бастады. 3 Оның Құдай үйіне арнап салған іргетасының өлшемдері мыналар болды: ұзындығы алпыс, ені жиырма шынтақ. Мұнда шынтақтың көне өлшемі қолданылды. 4 Алдыңғы жағындағы бағаналы кіреберістің ені, жалпы ғимараттың еніндей, жиырма шынтақ, ал биіктігі жүз жиырма шынтақ болды. Сүлеймен киелі үйдің ішін саф алтынмен қаптатты. 5 Оның үлкен бөлмесінің қабырғаларын қарағай тақтайшалармен, солардың үстін саф алтынмен қаптатты. Алтынның бетіне құрма ағашы мен шынжырға ұқсаған нақыштар ойғызып, 6 киелі үйді асыл тастармен де әшекейлетті. Қолданылған саф алтын Парваим жерінен әкелінген болатын. 7 Сүлеймен киелі үйдің ішін: төбесіндегі бөренелерді, босағаларын, қабырғалары мен есіктерін алтынмен қаптатып, қабырғалардың беттеріне керуб атты періштелердің бейнелерін ойып жасатты. 8 Сүлеймен киелі үйдің ең қасиетті бөлмесін де салғызды. Соның ұзындығы мен ені, киелі үйдің жалпы еніндей, жиырма шынтақтан болды. Патша бөлменің ішін салмағы алты жүз ат басындай саф алтынмен қаптатты. 9 Онда қолданылған алтын шегелердің салмағы елу мысқал болды. Киелі үйдің жоғарғы бөлмелерінің қабырғалары да алтынмен қапталды. 10 Патша киелі үйдің ең қасиетті бөлмесі үшін керуб делінген күзетші періштелердің екі мүсінін ойдырып жасатты да, алтынмен қаптатты. 11 Мүсіндердің жайған қанаттарының ұзындығы бес шынтақтан болып, олар екі жаққа қарай түгелімен жиырма шынтаққа созылды. Бірінші мүсіннің бір қанаты бөлменің бір қабырғасына, өзге қанаты екінші мүсіннің қанатына тиіп тұрды. 12 Сол сияқты, екінші мүсіннің де бір қанаты бөлменің қарама-қарсы қабырғасына, өзге қанаты бірінші мүсіннің қанатына тиіп тұрды. 13 Осылайша жайылған қанаттардың жалпы ұзындығы жиырма шынтақ болды. Екі мүсін тік тұрған күйі жасалып, беттері үлкен бөлмеге қарап орналастырылды. 14 Сүлеймен қою күлгін, күрең қызыл, қырмызы жүн және жіңішке зығыр жіптерден маталар тоқытып, олардың бетіне керубтердің бейнелерін кестелетіп, шымылдық дайындатты. 15 Патша екі бағана жасатып, киелі үйдің алдына тұрғызды. Олардың биіктігі отыз бес шынтақтан, ал үстіңгі иықтарының биіктігі бес шынтақтан болды. 16 Патша алқа іспетті оралып тұратын шынжырлар да жасатып, оларды бағаналардың жоғарғы жақтарына іліп қойғызды. Ол сонымен қатар анар жемісінің жүз мүсінін де дайындатып, оларды шынжырларға бекіттірді. 17 Патша осы екі бағананы киелі үйдің дәл алдына, біреуін кіреберістің оң жағына, екіншісін сол жағына тұрғызды. Оң жағындағысын Жахин («Берік Орнатушы»), сол жағындағысын Боғоз («Құдірет Иесі») деп атады.
1 Бұдан кейін Сүлеймен қоладан құрбандық үстелін жасатты. Оның ұзындығы мен ені жиырма шынтақтан, биіктігі он шынтақ болды. 2 Бір дәу қазанды да қоладан балқытып құйғызды. Соның сырт пішіні дөңгелек, әрі ернеуінің бір шетінен екінші шетіне дейінгі аралығы он шынтақ, биіктігі бес шынтақ болды. Дәу қазанды айналдыра өлшеп шығу үшін ұзындығы отыз шынтақ жіп қолданылды. Осы дәу қазан «теңіз» деп те аталатын. 3 Оның ернеуінен төменірек шағын өгіз мүсіндері бейнеленген еді. Олар әрбір шынтақ сайын он-оннан екі қатар болып қазанмен қоса құйылды. 4 Дәу қазан өгіз кейіптес он екі тұғырдың үстіне орнатылды. Сол өгіз мүсіндерінің бас жақтары тысқа: үш-үштен солтүстікке, батысқа, оңтүстікке және шығысқа, ал арт жақтары қазан ортасына қарай бағытталып орналасты. 5 Дәу қазанның қалыңдығы қолдың тұтамындай, ернеуі кесенің ернеуіндей, сырт кейпі лалагүл іспетті болды. Оның ішіне үш жүз күбі су сыятын. 6 Патша мұнан басқа тағы он қазан жасатып, оларды бес-бестен киелі үйдің оң және сол жақтарына орнатқызды. Шалынған құрбандықтардың өртелетін бөліктерінің бәрі алдымен солардағы сумен жуылып-шайылатын. Ал діни қызметкерлердің тазару рәсімі үшін дәу қазанның суы қолданылды. 7 Сүлеймен алтыннан он шам қойғыш жасатып, киелі үйдің ішіне, бес-бестен оң және сол жақтарына орнатқызды. Мұны (Мұса пайғамбарға) көрсетілген үлгіге сәйкес істеді. 8 Патша он үстел де жасатып, оларды киелі үйдің ішіне, бесеуін оң, бесеуін сол жағына қойды. Сонымен қатар су не қан бүркуге арналған жүз тостағанды да алтыннан дайындатты. 9 Сүлеймен діни қызметкерлерге арналған ауланы және үлкен аула мен оның қақпаларын жасатып, қақпаларды қоламен қаптатты. 10 Бұдан кейін дәу қазанды киелі үйдің оң жағына, оның оңтүстік-шығыс бұрышына жақын орнатқызды. 11 Соңында күлсалғыштар мен қалақтарды және тостағандарды жасатты. Сонымен Хурам-Әби Сүлеймен патша үшін Құдайдың киелі үйіндегі жұмыстарын тамамдады. Оның жасап дайындағандары мыналар: 12 екі бағана мен олардың үстіңгі иығындағы екі үлкен тостаған кейпі және соларға ілінген шынжыр тәрізді әшекейлер, 13 сол шынжырларға екі қатардан ілінген анар жемісінің төрт жүз мүсіні, 14 он жылжымалы тұғыр мен олардың үстіндегі он қазан, 15 дәу қазан және оның астындағы өгіз мүсінді он екі тұғыр, 16 күлсалғыштар мен қалақтар, шанышқылар және тағы басқа қажетті бұйымдардың бәрі. Хурам-Әби осы айтылғандарды Сүлеймен патша үшін Құдайдың киелі үйіне арнап жылтыратылған қоладан жасады. 17 Патша оларды Иордан өзенінің бойындағы Соқот пен Сартан қалаларының арасындағы жазықта саздан дайындалған қалыптарға құйғызып жасатты. 18 Құйылған қоланың көп болғандығы сонша, оның салмағын ешкім анықтаған жоқ. 19 Сүлеймен сондай-ақ Құдайдың киелі үйіне арналған барлық жиһаздарды да жасатты. Олар: хош иісті заттар түтетілетін алтын жалатқан үстел, Құдай алдына ұсынылатын нанға арналған үстел, 20 саф алтыннан жасалған шам қойғыштар мен олардың май шамдары — бұлар Мұса пайғамбарға ежелде берілген ереже бойынша ең қасиетті бөлменің алдында жанып тұруға тиіс болатын — 21 гүл іспетті әшекейлер, шырақтар және білте түзеткіштер, осы соңғылар сом алтыннан жасалды. 22 Білте түзеткіштер, (су не қан бүркуге арналған) тостағандар, табақтар және ішіне шоқ салынатын табалар саф алтыннан жасалды. Киелі үйдің кіреберісі, қасиетті және ең қасиетті бөлмелерінің есіктері үшін де алтын қолданылды.
1 Сонымен Сүлеймен Жаратқан Иенің киелі үйіне байланысты барлық жұмыстарды тамамдады. Мұнан кейін ол әкесі Дәуіттің Құдайға бағыштап дайындап кеткен нәрселерін де: күміс, алтын және түрлі бұйымдар мен жиһаздардың бәрін Құдайдың үйінің қазынасына апарып, сонда сақтап қойды. 2 Сүлеймен Жаратқан Иенің Келісім сандығын Сион төбесіндегі Дәуіттің шаһарынан киелі үйге көшіруге арналған салтанатқа қатысуға Исраил халқының ақсақалдарын, барлық рубасылары мен әулет басшыларын Иерусалимге шақырды. 3 Бүкіл Исраилдің адамдары жетінші айдағы Күркелер мейрамының кезінде патшаның қасына жиналды. 4 Елдің барлық ақсақалдары жиналғаннан кейін леуіліктер Келісім сандығын тұрған орнынан көтеріп алып кетті. 5 Олар Келісім сандығымен бірге киелі шатырды және соның ішіндегі барлық жиһаз-жабдықтарды да көтеріп алып, жаңа ғибадатханаға қарай өрлеп бара жатты. Бұларды діни қызметкерлер мен өзге леуіліктер алып жүрді. 6 Сүлеймен патша мен қасына жиналған күллі исраилдіктер Келісім сандығының алдында ешкім санап шыға алмайтындай көптеген қой-ешкі мен мүйізді ірі қара малдарды құрбандыққа шалып ұсынды. 7 Осылайша діни қызметкерлер Жаратқан Иенің Келісім сандығын киелі үйдің ең қасиетті бөлмесіндегі өз орнына — екі керуб мүсінінің қанаттарының астына алып барып, орналастырды. 8 Екі керуб мүсіні Келісім сандығы тұратын орынның үстінен қанаттарын жайып, Келісім сандығының өзін және оны көтеріп алып жүру үшін сандыққа бекітілген сырықтарын жауып тұрды. 9 Сырықтардың ұзын болғаны сонша, олардың ұштары ең қасиетті бөлменің алдынан көрініп тұратын еді. Алайда киелі үйдің сыртынан оларды ешкім көре алмайтын. Сырықтар әлі күнге дейін сонда. 10 Келісім сандығының ішінде Мұса пайғамбар Хориб тауында салған екі тас тақташа ғана болды. Жаратқан Ие сол жерде Мысырдан көшіп шыққан исраилдіктермен Келісім жасасқан еді. 11 Мұнан кейін діни қызметкерлер киелі үйден шықты. Барлық діни қызметкерлер топтарының кезегіне қарамай-ақ өздерін Құдайдың қызметіне арнап, тазару рәсімінен өтіп, дайындалып алған болатын. 12 Ақ бәтестен тігілген киім киіп алып, құрбандық үстелінің шығыс жағында тұрған барлық леуілік әнші-күйшілер: Асап, Хеман және Едутун өз ұлдары және бауырластарымен бірге даңғыра, жетіген мен шертерде ойнап, жүз жиырма діни қызметкер де кернейлерін тартып жатты. 13 Кернейшілер мен әнші-күйшілер бірігіп бір дауыспен Жаратқан Иені мадақтап, Оған шүкірлік айтты. Олар даңғыра, жетіген және шертердің сүйемелдеуімен ән-жыр айтып Жаратқан Иені былай деп дәріптеді: «Жаратқан Иеміз сондай ізгі, Мәңгі ұласады Оның мейірімі!» Сонда киелі үй Жаратқан Иенің бұлт іспетті нұрлы салтанатына кенелді. 14 Діни қызметкерлер енді сол жерде тұрып, міндеттерін орындай алмады, себебі Құдайдың киелі үйі Жаратқан Иенің нұрлы салтанатына кенелген болатын.
1 Сол кезде Сүлеймен былай деді: «Жаратқан Ие Өзінің қалың бұлт ішін мекендейтінін айтқан болатын. 2 Уа, Ием, дәйім Сенің (жер бетіңдегі) тұрағың болсын деп Саған арнап осы зәулім сарайды салдым». 3 Патша кейін бұрылып, қарсы алдында жиналып тұрған исраилдіктердің бәріне батасын берді. 4 Содан кейін оларға былай деді: — Әкем марқұмға берген уәдесін іс жүзінде орындаған Жаратқан Ие — Исраилдің сиынатын Құдайы мадақталсын! Ол мынаны айтқан болатын: 5 «Мен халқымды Мысырдан құтқарып, бастап алып шыққан күннен бері өз құрметіме киелі үй салынсын деп Исраилдің ешбір руындағы бірде-бір қаланы таңдамадым. Сондай-ақ халқым Исраилдің басшысы болуға бірде-бір адамды да таңдаған жоқ едім. 6 Енді Мен Өзіме ғибадат ететін орын болуға Иерусалимді, ал халқымды басқаруға Дәуітті таңдап алдым». 7 Марқұм әкемнің жүрегінде Исраилдің Құдай Иесінің құрметіне киелі үй салу ниеті бар болатын. 8 Ал Жаратқан Ие оған: «Менің құрметіме киелі үй салғың келгені өте дұрыс. 9 Алайда Маған арнап киелі үй салатын адам сен емессің, ол — өзіңнің ұлдарыңның бірі. Менің құрметіме киелі үйді салатын сол болады», — деген еді. 10 Жаратқан Ие осы айтқандарын жүзеге асырды да: Оның уәдесіне сай мен әкемнің орнын басып, Исраилдің патшалық тағына отырдым. Енді Исраилдің Құдай Иесінің құрметіне киелі үй салғыздым. 11 Жаратқан Иенің Исраилдің үрім-бұтағымен жасасқан Келісімінің куәліктері сақталған сандықты сонда орналастырдым. 12 Содан соң Сүлеймен Жаратқан Иеге арналған құрбандық үстелінің алдында тұрып, жиналған бүкіл Исраил қауымының алдында қолдарын жайып Тәңір Иеге сиынды. 13 Патша қола мінбе жасатып, ауланың ортасына орнатқызған еді. Мінбенің ұзындығы мен ені бес, биіктігі үш шынтақ болды. Соның үстінде тұрған патша күллі исраилдіктердің көз алдында тізесін бүгіп, қолдарын аспанға қарай жайып 14 былай деді: «Уа, Исраилдің Құдайы — Жаратқан Ие! Көк пен жерде Сен сияқты ешбір құдай жоқ! Жасаған Келісіміңе адалсың, шын жүректен тура жолыңмен жүрген қызметшілеріңе рақымың мол. 15 Сен әкем марқұмға уәде еткеніңдей, оған сенімді болып, рақымыңды көрсетіп келдің. Бұрын Өзің сөз беріп, уәде еткеніңді бүгін іс жүзінде орындап отырсың. 16 Ал енді, уа, Жаратқан Ие, Исраилдің Құдайы, Өзіңнің қызметшің Дәуітке: «Егер ұрпақтарың сен сияқты Менің алдымда таза жүріп, тапсырған Таурат заңыма бағынатын болса, онда әрдайым сенің ұрпақтарыңның біреуі Исраилдің патшалық тағында отыратын болады!» деп берген уәдеңді іске асыра гөр. 17 Сонымен, уа, Исраилдің Құдай Иесі, Өзіңе қызмет еткен әкем марқұмға айтқан сөздеріңді орындай гөр. 18 Алайда Құдай шынымен-ақ жер бетінде пенделер арасында тұратын бола ма?! Тіпті ұлан-ғайыр көктің өзі Сені сыйғыза алмағанда, мен салған мына үй қайдан сыйғызсын?! 19 Солай болса да, уа, Құдайым Жаратқан Ие, Сенің алдыңда бой ұрып сиынып жасаған өтінішіме назар аударып, жалбарына еткен мінажатыма мейіріммен құлақ сала гөр! 20 Сен «Мына киелі үйді өз атыммен атаймын» деп сөз бергендіктен, оған күні-түні қамқор бола гөр. Уа, Ием, алдыңдағы қызметшіңнің бұл жерге қарай Өзіңе бағыштаған мінажатына құлақ аса гөр. 21 Осы пендең және меншікті Исраил халқың бұл жерге қарай Саған сиынып дұға еткен кезде көктегі тұрағыңнан өтінішімізге құлақ салып, күнәларымызды кешіре гөр. 22 Егер болашақта бір кісі басқа біреуге жамандық жасапты деп айыпталып, осы киелі үйдегі құрбандық үстелінің алдында ант беруге мәжбүр етілсе, 23 онда Сен көктен құлақ асып, пенделеріңе төрелік ете гөр. Сол кісі кінәлі болса, істеген қылмысын мойнына арта гөр, ал кінәсіз болса, әділдігін әшкерелеп, ақтай гөр. 24 Егер де халқың Исраил Сенің алдыңда күнәға батқандықтан, жауларынан жеңіліп қалса, ал кейін Саған қайтып, Құдайлық билігіңе мойынсұнса, әрі осы киелі үйіңе қарай сиынып, рақым көрсетуіңді сұрап жалынса, 25 онда Сен көктен оларға құлақ сала гөр. Халқың Исраилдің күнәларын кешіріп, оларды өздеріне және ата-бабаларына сыйлаған осы елге қайтара гөр. 26 Егер олар көз алдыңда күнәлі болғанда Сен өздерін жазалап, аспанды жаңбыр жауғызбай жауып тастасаң, әрі олар Саған бұл жерге қарай сиынып, Құдайлық билігіңе мойынсұнып, күнәларынан бас тартса, 27 онда Сен көктен олардың дұғаларына құлақ сала гөр. Қызметшілеріңнің және бүкіл халқың Исраилдің күнәларын кешіре гөр. Оларға тура жолмен қалай жүру керектігін үйретіп, Өзің халқыңа мұралық меншікке берген осы еліңе қайтадан жаңбыр жібере гөр. 28 Болашақта елді ашаршылық не індет жайлап, егінді өсімдік таты басып немесе көгеріп шірісе, құрт-шегіртке жалмап, не болмаса елге жау шауып, қалаларын талан-таражға салса, яки халықтың арасында қандай да бір апат болып не ауру-сырқау жайылса, 29 онда олардың Өзіңе сиынып еткен мінажаттарына құлақ сала гөр. Азап шегіп, қайғырып жатқан жеке біреу болсын не бүкіл халқың Исраил болсын, егер осы киелі үйіңе қарай қолдарын жайып Саған сиынып жалбарынса, 30 онда Сен көктегі тұрағыңнан құлақ сала гөр. Оларды кешіріп, әрқайсысына өзінің ой-ниеті мен істеріне қарай лайықтысын бере гөр. Адам жүрегінде не бар екенін Сен ғана жақсы білесің ғой. 31 Өзің осы елді ата-бабаларымызға берген едің. Ендеше меншікті халқың бұл жерде тұрған барлық уақытта Сені терең қастерлеп тура жолыңмен жүретін болсын. 32 Тіпті халқың Исраилге жатпайтын жат жерлік адам алыс елден ұлы есімің мен зор құдіретің туралы естігендіктен осында келіп, Саған бұл киелі үйге қарай сиынса, 33 онда Сен көктегі тұрағыңнан құлақ салып, оның барлық өтініштерін орындай гөр. Осылайша жер жүзінің күллі халықтары Сенің Құдай екеніңді мойындасын. Халқың Исраил сияқты олар да Сені терең қастерлеп, мен салғызған осы ғибадатхананың Өзіңе бағышталып, есіміңмен аталғанын білсін. 34 Халқың Сен жіберген бір жаққа қарай жауларына қарсы соғысқа аттанғанда Өзіңнің таңдап алған бұл қалаңа және мен Сенің құрметіңе салғызған киелі үйге қарай Саған сиынып мінажат етсе, 35 онда Сен көктен олардың мінажаттары мен жалбарыныштарына құлақ салып, оларды қолдап-қорғай гөр. 36 Егер олар Сенің алдыңда күнә жасаса, себебі күнә жасамайтын пенде жоқ, әрі Сен оларға қаһарланып, жау қолына бере салып, жау оларды не алыс, не жақын бір елге айдап әкетсе, 37 ал олар тұтқында жүрген сол елде өкініп, теріс жолдарынан қайтып, «Біз күнәға баттық, жасаған істеріміз бұрыс та жексұрын болды!» деп Сенің алдыңда мойындаса, 38 әрі жер аударылған елдерінде Саған шын жүректен бет бұрып қайтып келсе, Өзің ата-бабаларына сыйлаған еліңе, таңдап алған қалаңа және мен Сенің құрметіңе салғызған осы ғибадатханаңа қарай Саған сиынса, 39 онда көктегі тұрағыңнан олардың мінажаты мен жалбарынышына құлақ аса гөр! Олардың Өзіңе қарсы шығып, күнәға батқандықтарын кешіріп, оларды қолдап-қорғай гөр! 40 Ал енді, уа, Құдайым, осы жерде айтылатын мінажаттарға әрдайым назар аударып, құлақ сала гөр! 41 О, Құдай Ие, енді өз құдіретіңнің белгісімен, яғни осы Келісім сандығымен, бірге көтеріліп, (жер бетіндегі) тұрағыңа кіріп, оны ұдайы мекендей гөр. Уа, Құдайым Жаратқан Ие, діни қызметкерлерің әрдайым Сенің құтқаруыңды молынан қабылдап, басқаларға да жеткізсін! Өзіңе адал адамдарың жақсылығыңа қуанып шаттана берсін! 42 О, Құдай Жаратқан Ие, Өзің тағайындаған патшаңнан бас тарта көрме! Қызметшің Дәуітке уәде еткен берік рақымыңды есіңде сақтай гөр».
1 Сүлеймен Құдайға сиынуын аяқтай бергенде, аспаннан от түсіп, өртелу үшін шалынған құрбандықтарды және басқа да сый-тартуларды өртеп, жалмап қойды. Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты киелі үйді толтырып жіберді. 2 Киелі үйдің Жаратқан Иенің керемет салтанатына кенелгені сонша, діни қызметкерлер оған кіре алмай қалды. 3 Бүкіл Исраил халқы аспаннан от түсіп, Жаратқан Иенің нұрлы салтанатының киелі үйдің үстінде тұрғанын көрді. Олар тас төселген аулада жерге етпеттей жата кетті, әрі ғибадат етіп былай деп шүкірлік айтты: «Жаратқан Ие сондай ізгі, Мәңгі ұласады Оның мейірімі!» 4 Мұнан кейін патша мен жиналып тұрған бүкіл халық Жаратқан Иеге арнап құрбандықтар шалды. 5 Сүлеймен патша жиырма екі мың мүйізді ірі қара мен жүз жиырма мың қой-ешкіні құрбандыққа ұсынды. Осылайша патша мен бүкіл халық киелі үйді Құдайға бағыштау рәсімін орындады. 6 Діни қызметкерлер міндеттеріне сәйкес өз орындарында тұрды. Леуілік әнші-күйшілер Жаратқан Иенің Дәуіт патша жасатып берген саз аспаптарын қолдарына алды. Дәуіт патша көзі тірісінде осы аспаптарды жасатып, оларды леуіліктерге Тәңір Иені мадақтап, Оған шүкірлік еткен кездерінде ойнататын. Өйткені «Жаратқан Ие сондай ізгі, мәңгі ұласады Оның мейірімі!» Енді леуіліктердің қарсы алдында тұрған діни қызметкерлер кернейлерін тартып, бүкіл Исраил халқы да сол жерде Жасаған Иені даңқтап тұрды. 7 Сүлейменнің қоладан жасатқан құрбандық үстелі шалынып, өртелетін құрбандықтарды, майлы бөліктер мен астықтан жасалатын сый-тартулардың барлығын сыйғыза алмай қалды. Сондықтан патша Жаратқан Иенің киелі үйінің алдындағы ауланың ортаңғы бөлігіне ерекше тазарту рәсімін жасатып, оны да сол мақсатқа бағыштады. Осылай бұл жерде де толығымен өртелетін құрбандықтар, астық тартуларды және майлы бөліктер өртеліп ұсынылды. 8 Осы кезде Сүлеймен жеті күн бойы мейрам тойын жасады. Тойға бүкіл Исраил халқы солтүстіктегі Лебо-Хаматтан Мысырмен шекарадағы өзенге дейінгі аралықтағы барлық жерден жиналған қалың қауым болып қатысты. 9 Сегізінші күні олар тағы да салтанатты жиналыс өткізді. Себебі жеті күн бойы құрбандық үстелін Жаратқан Иеге бағыштау рәсімдерін орындағаннан кейін халық және жеті күн бойы Күркелер мейрамын тойлады. 10 Жетінші айдың жиырма үшінші күні Сүлеймен халықты үйлеріне қайтарды. Бәрі Жаратқан Иенің Дәуіт пен Сүлейменге және халқы Исраилге жасаған игіліктеріне қуанғаннан жүректері лүпілдеп қатты риза болды. 11 Сонымен Сүлеймен Жаратқан Иеге арналған ғибадатхананың және өзінің патша сарайының құрылысын бітіріп, ойға алғандарының бәрін де жүзеге асырып болды. 12 Сол кезде Жаратқан Ие оған түнде аян беріп былай деді: — Сенің мінажатың құлағыма жетті. Мен осы жерді Өзіме құрбандықтар мен сый-тартулар ұсынылатын киелі үй болсын деп таңдап алдым. 13 Егер Мен болашақта не аспанды жаңбыр жауғызбай жауып тастасам, не шегірткелерге елдегі егістіктерді жалмауды бұйырсам, не халқымның арасына індет жіберсем, 14 сонда Менің атыммен аталып жүрген халқым Маған бой ұсына сиынып, еркімді білгісі келсе және теріс жолдарынан қайтса, онда Мен оларға көктен құлақ саламын. Мен күнәларын кешіріп, олар тұрған елді сауықтырып, қайтадан амандық пен тыныштық сыйлаймын. 15 Бұдан былай осы жерде айтылатын мінажаттарға көзім ашық, құлағым түрулі болады. 16 Мен бұл орынды таңдап алып, есімім әрдайым орнықсын деп Өзіме бағыштадым. Оны ұдайы жүрегімде ұстап, көзімнен таса қылмаймын. 17 Егер сен әкең Дәуіт сияқты көз алдымда адал жүріп, өзіңе берген өсиеттерімді орындап, ережелерім мен шешімдеріме бағынатын болсаң, 18 онда Мен сенің патшалық тағыңды берік етемін. Өйткені әкең Дәуітпен Келісім жасап, оған былай деп уәде еттім: «Онда әрдайым сенің ұрпақтарыңның біреуі Исраилге билік құратын болады». 19 Алайда егер өзің және ұрпақтарың Менен теріс бұрылып, өздеріңе тапсырған ережелерім мен өсиеттерімді орындамай, басқа тәңірлерге құлшылық етіп, табынатын болсаңдар, 20 онда Мен Исраилді Өзім табыстаған осы елден қуып шығамын, әрі өз есіміме бағыштаған бұл киелі үйді де қасымнан алып тастаймын. Осылайша Мен оны барлық басқа халықтар мысалға келтіріп, табалап мазақ ететіндей масқараға ұшыратамын. 21 Осы киелі үй қазір салтанатты болып тұрғанмен, қиратылып, үйінді болып қалады. Сонда оның қасынан өткен-кеткен әркім аңтарыла жаны түршігіп: «Жаратқан Ие бұл ел мен мына киелі үйге неліктен осындай нәрсені істеді екен?» деп сұрайтын болады. 22 Сонда жұрт: «Себебі олар ата-бабалары сиынған, соларды Мысырдан бастап алып шыққан Құдайы — Жаратқан Иені елемей тастап кетіп, бөтен тәңірлерге бет бұрды да, соларға табынып, құлшылық ететін болды. Сондықтан Жаратқан Ие олардың бастарына осы бақытсыздықтың барлығын үйіп-төкті!» деп мысалдайтын болады.
1 Сүлеймен Жаратқан Иеге арналған ғибадатхананы және өзінің патшалық сарайын жиырма жылда салып бітірді. 2 Ол сонымен қатар Тир патшасы Хирам өзіне табыстаған қалаларын да қайта салғызып, оларға исраилдіктерді орналастырды. 3 Сүлеймен Хамат-Соба патшалығына аттанып, оны да өзіне бағындырды. 4 Кейін ол елсіз даладағы Тадмор қаласын және Хамат еліндегі астық сақтауға арналған қойма қалаларының бәрін салғызды. 5 Сүлеймен жоғарғы және төменгі Бет-Хорон қалаларын қорған етіп қайта салғызып, қақпаларын мықты бөренелермен және ысырмалармен бекіткізді. 6 Патша, сондай-ақ, Бағалат қаласын және астық сақтау үшін қойма қалаларын әрі соғыс күймелері мен атты әскерінің жылқыларына арналған барлық қалаларды да салғызды. Жалпы, ол Иерусалимде, Ливан тауларында және өзінің билігіне бағынатын барлық жерде саламын дегендерінің бәрін де жүзеге асырды. 7 Елдің Исраил халқына жатпайтын байырғы тұрғындары, яғни хеттік, аморлық, перездік, хевтік және ебустік ұлттар да болды. 8 Солардың исраилдіктер елді иемденіп алғанда құртып жібермеген ұрпақтарының бәрін Сүлеймен жұмыс істеуге мәжбүрледі. Бұл жағдай әлі күнге дейін сақталып келеді. 9 Ал патша исраилдіктердің ешқайсысын малайлық жұмыстарына салмады. Бұларды өзінің жасақшылары, әскери бөлім басшылары, соғыс күймелері мен атты әскерінің жетекшілері етіп тағайындады. 10 Сүлеймен патшаның халықты басқарған екі жүз елу қызметкері де осылардың арасынан еді. 11 Сүлеймен өзінің жұбайы — Мысыр патшасы перғауынның қызына арнап сарай салғызып, оны Дәуіттің шаһарынан сол сарайға көшірді. Ол былай деді: «Бұл әйелім Исраилдің патшасы Дәуіт марқұмның сарайын мекендемеуі керек, себебі кезінде Жаратқан Иенің Келісім сандығы тұрған жерлер Құдайға ерекше бағышталған». 12 Сүлеймен киелі үйдің кіреберісінің алдында Жаратқан Иеге арналған құрбандық үстелін жасатқан еді. Сол кездері ол оның үстінде Жаратқан Иеге шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар ұсынатын. 13 Патша Мұса пайғамбар қалдырған ереже бойынша әр күннің қажетті құрбандықтары мен сый-тартуларын Тәңір Иеге бағыштайтын. Ол, сондай-ақ, демалыс күндері, әр айдың басында және жыл сайын өткізілетін басқа үш мейрамда, яғни Ашымаған нан, Жеті апта және Күркелер мейрамдарында, Құдайға арнайы құрбандықтар бағыштайтын. 14 Патша әкесі Дәуіт марқұмның нұсқауларына сәйкес діни қызметкерлерге топ кезектері бойынша міндеттерін жүктеді. Ол өзге леуіліктерге мадақтау қызметін жүргізуді және күнделікті мұқтаждық бойынша діни қызметкерлерге көмектесуді тапсырды және қақпашыларды өз топтарына сай ғибадатхананың әр қақпасына бекітіп қойды. Патша осының бәрін Құдайдың таңдаған адамы Дәуіттің қалдырған нұсқауларына сәйкес істеді. 15 Барлық мәселелерде, соның ішінде ғибадатхана қазынасы бойынша да, діни қызметкерлер мен леуіліктер патшаның берген бұйрықтарын бұлжытпай орындап жүрді. 16 Осылайша Сүлейменнің Жаратқан Иенің киелі үйінің негізін салған күнінен бастап, оны толығымен бітірген күніне дейінгі жасаған еңбегі жүзеге асып, аяқталды. 17 Сол кезде Сүлеймен Едом жерінің Қызыл теңіз жағалауында орналасқан Есион-Гәбер мен Елат қалаларына барды. 18 Хирам патша оған қызметшілері арқылы кемелерін жіберіп, соларды басқаратын тәжірибелі теңізшілерін де жолдады. Олар Сүлейменнің қызметшілерімен бірге кемемен (Қызыл теңіз арқылы) Опыр жеріне жүзіп барды. Сол жақтан олар төрт жүз елу ат басындай алтын алып келіп, Сүлеймен патшаның қолына тапсырды.
1 Сүлейменнің зор даңқы туралы Сәба елінің патшайымы естіген еді. Содан ол Сүлейменге қиын сауалдар қойып, даналығын сынамақшы болды. Патшайым көп нөкерін ертіп сапарға шығып, ұлан-ғайыр байлықпен Иерусалимге келді. Түйелеріне хош иісті заттар, мол алтын мен асыл тастар артылған болатын. Сүлеймен қонақты қарсы алып, сарайына кіргізді. Патшайым ойындағы бар мәселелер жайлы онымен сөйлесті. 2 Сүлеймен солардың бәріне жауап берді. Патша білмей, түсіндіре алмаған бірде-бір сауал болған жоқ. 3 Сәбаның патшайымы Сүлейменнің асқан даналығын және салғызған (зәулім) сарайын көріп, қайран қалды. 4 Ол патшаның дастарқанындағы тамақтарын, уәзірлерінің мәжілістерін, сәнді киінген нөкерлері мен шарапшыларының келісті қызметтерін әрі Сүлейменнің Жаратқан Иенің киелі үйіне көтеріліп барып, құрбандықтар шалғызып өртеткенін де бақылады. Патшайымның таңғалғаны сонша, демін ала алмай үнсіз қалды. 5 Содан ол патшаға тіл қатып былай деді: «Сіздің іс-әрекеттеріңіз бен даналығыңыз туралы елімде жүріп естігендерімнің бәрі де шындық екен. 6 Алайда келіп, өз көзіммен көргенге дейін сол сөздерге сенбеген едім. Енді даналығыңыздың одан да зор екенін көріп отырмын. Расында оның тіпті жартысы туралы да естімеппін! 7 Мына адамдарыңыз қандай бақытты! Әрқашан қасыңызда жүріп, даналығыңызды тыңдай алатын нөкерлеріңіз қандай бақытты! 8 Сізге риза болып, уәкілі ретінде Өзінің патшалық тағына отырғызған Құдайыңыз Жаратқан Ие мадақталсын! Құдайыңыз Исраилді қатты сүйіп, оны осы елде тұрақты орналастыруды көздейді. Сол себепті халыққа сізді қара қылды қақ жарып әділдік пен адалдықты ұстанатын патша етіп қойды». 9 Сәба патшайымы осылай деп, патшаға жүз жиырма ат басындай алтын әрі орасан зор мөлшерде хош иісті заттар мен асыл тастарды тарту етті. Оның Сүлейменге сыйлағанындай жоғары сапалы хош иісті заттар бұрын болған емес. 10 Сол сияқты, Хирам мен Сүлейменнің қызметкерлері Опыр жерінен алтынмен бірге қызыл сандал ағашының бөренелері мен асыл тастарды да алып келетін. 11 Сүлеймен патша осы қызыл сандал ағашынан Жаратқан Иенің киелі үйі және өзінің сарайы үшін баспалдақтар және әнші-күйшілерге арнап жетіген мен шертер аспаптарын жасатты. Сапасы осындай жоғары бұйымдар Яһуда елінде бұрын ешқашан болмаған еді. 12 Сүлеймен патша Сәба патшайымына әкелгендерінен әлдеқайда көп мөлшерде сый-тартулар беріп, оның үстіне оны сұрағандарының бәрімен де қанағаттандырды. Мұнан соң патшайым нөкерлерін ертіп өз еліне қайтып кетті. 13 Сүлеймен жыл сайын қабылдайтын алтынның мөлшері алты жүз алпыс алты ат басындай болды. 14 Бұған қоса делдалдар мен саудагерлерден де кіріс түсіп жатты; арабтардың барлық патшалары және өз елінің әкімдері Сүлейменге алым-салық ретінде алтын мен күміс әкеліп отыратын. 15 Сүлеймен патша екі жүз үлкен қалқан жасатып, оларды балғамен соғылып тегістелген алтынмен қаптатқызды. Әр қалқанға кеткен алтынның мөлшері алты жүз мысқалдай болды. 16 Патша тағы үш жүз шағын қалқан жасатып, оларды да соғылған алтынмен қаптатқызды. Бұл қалқандардың әрқайсысы үшін үш жүз мысқалдай алтын жұмсалды. Патша қалқандардың барлығын «Ливан орманы сарайына» қойғызды. 17 Патша піл сүйегімен безендіріліп, саф алтынмен қапталған үлкен тақ жасатты; 18 оның алты баспалдағы және таққа бекітілген алтын табан тіреніші бар еді. Тақтың патша отыратын орнының екі жағында бір қол тұтқадан, әр тұтқаның жанында бір-бірден арыстан мүсіндері тұрды. 19 Алты баспалдақтың үстінде әр жағында бір-бірден, барлығы он екі арыстанның мүсіні тұрды. Мұндай тақ ешбір патшалықта бұрын-соңды жасалып көрмеген еді. 20 Сүлеймен патшаның сусын ішетін ыдыстарының бәрі алтыннан, ал «Ливан орманы сарайындағы» ыдыстары саф алтыннан жасалды. Өйткені Сүлейменнің заманында күміс құнсыз зат деп саналатын. 21 Себебі патша өзінің үлкен сауда кемелерін (Тир патшасы) Хирамның теңізшілерінің басқаруымен үш жылда бір рет алыс сапарға жіберіп, олар алтын, күміс, піл сүйегі, маймылдар және тауыс құстарын алып келетін. 22 Осылайша Сүлеймен патша жер бетіндегі күллі патшалардан байлығымен де, даналығымен де асып түсті. 23 Жердің барлық патшалары Сүлейменмен жүздесіп, оның Құдай сыйлаған даналығын тыңдауға құштар болды. 24 Олардың бәрі оған жыл сайын сый-тартуларын: күміс пен алтын бұйымдарды, киім-кешек, қару-жарақ, хош иісті заттар, жылқы, қашырларды алып келіп отырды. 25 Патшаның аттары мен соғыс күймелеріне арналған төрт мың қорасы болды; жылқыларының жалпы саны он екі мың еді. Оларды соғыс күймелерінің арнайы қалаларында және өзінің қасында астанасы Иерусалимде ұстады. 26 Сүлеймен солтүстіктегі Евфрат өзенінен бастап, філістір еліне және Мысырдың шекарасына дейінгі барлық патшаларды өзіне қаратты. 27 Патша Иерусалимде күмісті тас сияқты үйреншікті нәрсе етті, әрі шетелден әкелінетін қымбат самырсындарды өз елінің төменгі қыраттарында көптеп өсетін тұт ағаштары іспетті мол етті. 28 Оның қызметкерлері Сүлейменге жылқыларды Мысырдан және басқа көптеген елдерден алып келді. 29 Сүлейменнің басқа да іс-әрекеттерінің барлығы басынан аяғына дейін Натан пайғамбардың тарихында, шилолық Ахияхтың пайғамбарлық хабарында және Иддо пайғамбардың Набат ұлы Еробоғам туралы көрген көріністері баяндалған кітабында жазылып қалдырылған. 30 Сүлеймен Иерусалимде бүкіл Исраилдің үстінен қырық жыл бойы патшалық құрған соң, 31 көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелді. Оның мәйіті әкесі Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Сүлейменнің ұлы Рохабоғам орнын басып патша болды.
1 Содан Рохабоғам Сихем қаласына барды, себебі бүкіл Исраил халқы оны патша етіп бекіту үшін Сихемге жиналған еді. 2 Бұл туралы хабар алған Набат ұлы Еробоғам Сүлеймен патшадан қашып барған Мысыр елінен қайта оралды. 3 Өйткені біреулер адам жіберіп, оны шақыртқан еді. Сонда Еробоғам мен бүкіл Исраилдің өкілдері Рохабоғамның алдына келіп, оған тіл қатып былай деді: 4 — Әкеңіз марқұмның бізге артқан жүгі тым ауыр! Оның мойнымызға салып қойған азапты қызметі мен зілдей жүгін жеңілдетсеңіз, сізге қызмет ететін боламыз! — 5 Сонда патша: — Маған үш күннен кейін қайтып келіңдер! — деді. Халық тарап кетті. 6 Рохабоғам әкесі Сүлейменнің көзі тірі кезінде уәзірі болған ақсақалдардан ақыл сұрап: — Мына халыққа қандай жауап қайтару керек, не деп кеңес бересіздер? — деді. 7 Ақсақалдар: — Егер де бұл халыққа жылы шырай танытып, көңілін аулап, ымыраға келетін болсаңыз, онда олар әрдайым сіздің қызметшілеріңіз болмақ! — деген жауап қайырды. 8 Бірақ Рохабоғам ақсақалдардың берген ақылын менсінбей, өзіне қызмет көрсететін құрдас жігіттерімен кеңесіп: 9 — Ақылдарыңды айтыңдаршы маған. «Әкеңіз бізге артқан ауыр жүкті жеңілдете көріңіз!» деген мына халыққа қандай жауап қайтарамыз? — деп сұрады. — 10 Сонда құрдас жігіттері былай деді: — Сізге: «Әкеңіздің мойнымызға салған ауыр жүгін жеңілдете көріңіз!» деген халыққа мынадай жауап беріңіз: «Менің шынашағымның өзі әкемнің белінен мықты! 11 Әкем сендерге ауыр жүк артқан болса, мен соның үстіне тағы да қосамын! Әкем сендерді жай қамшымен ұстаған болса, мен дойыр қамшының астына аламын!» 12 Патшаның «Маған үш күннен кейін қайтып келіңдер» деп айтқанына сай, Еробоғам мен бүкіл халық үшінші күні Рохабоғам патшаның алдына жиналды. 13 Патша ақсақалдардың берген кеңесін елемей, жас жігіттердің айтқан ақылдарын тыңдап, халыққа дөрекі жауап берді: 14 — Әкем сендерге ауыр жүк артқан болса, мен соның үстіне тағы да қосамын! Әкем сендерді жай қамшымен ұстаған болса, мен дойыр қамшының астына аламын! 15 Осылайша патша халықтың өтінішіне құлақ салмады. Ал оқиғаның бұлай бет бұруы Құдайдың еркі бойынша еді. Сол арқылы Жаратқан Ие Өзінің шилолық Ахиях пайғамбар арқылы Набат ұлы Еробоғамға айтқан сөзін іске асырды. 16 Бүкіл Исраилдің өкілдері патшаның өздеріне құлақ түрмегенін көргенде, оған қарсы айқайлап былай деді: «Дәуітке біздің қатысымыз жоқ, Есейдің ұлында еш үлесіміз жоқ! Мекендеріңе қайтыңдар, исраилдіктер! Дәуіт, өз үйіңе-ақ билік ете бер!» Содан олар мекендеріне қайтып кетпек болды. 17 Осылай Рохабоғам тек Яһуда руының қалаларында тұратын исраилдіктерге ғана патша болып қалды. 18 Сонда ол (патшалықтың біртұтастығын қалпына келтіру мақсатымен) міндетті жұмыстарды басқарушы Адонирамды халыққа жіберді. Бірақ (Солтүстік) Исраилдің адамдары оны таспен атқылап өлтірді. Ал Рохабоғам патшаның өзі күймесіне секіріп мініп, Иерусалимге қашып құтылды. 19 (Солтүстік) Исраил күні бүгінге дейін Дәуіттің әулетінен шыққан патшаларға бағынбай келеді.
1 Рохабоғам Иерусалимге қайтып келген соң, (Солтүстік) Исраилге қарсы аттанып, бүкіл патшалықты өзіне қайтарып алмақ болды. Сол үшін Яһуда мен Бунямин халқынан бір жүз сексен мың таңдаулы сарбазын жинады. 2 Бірақ Құдай Ие Өзінің таңдаған адамы Шемаяхқа сөзін арнап былай деді: 3 «Яһуданың патшасы Сүлеймен ұлы Рохабоғамға және Яһуда мен Буняминнің жерлерінде тұратын исраилдіктерге тіл қатып былай де: 4 Жаратқан Ие мынаны айтады: Жорыққа аттанып, өз ағайындарыңмен соғыспаңдар! Барлығың да үйлеріңе қайтыңдар! Себебі мұны істеп отырған Өзіммін!» Сонда олар Жаратқан Иенің сөздеріне құлақ асып, Еробоғамға қарсы аттанған жорықтан кері қайтты. 5 Рохабоғам Иерусалимде тұрып, Яһуда елін қорғау үшін бірнеше қалаларда қамалдар салды. 6 Олар: Бетлехем, Етам, Теқоя, 7 Бет-Сұр, Соқо, Адуллам, 8 Ғат, Мареша, Зиф, 9 Адораим, Лахыш, Әзека, 10 Сора, Аялон, Хеброн. Осы қамалды қалалар Яһуда мен Бунямин руларының жерінде орналасқан. 11 Рохабоғам сол қалалардың бекіністерін күшейтіп, қолбасшыларын тағайындап, оларда азық-түлік, зәйтүн майы және шарап қорларын дайындады. 12 Сонымен қатар ол барлық қалаларды қалқан, найзалармен жабдықтап, мықтап бекітті. Осылай Яһуда мен Бунямин рулары Рохабоғамның билігінде қалды. 13 Исраилдің күллі аймақтарындағы діни қызметкерлер мен леуіліктер Рохабоғамды жақтады. 14 Солтүстік Исраилдің патшасы Еробоғам мен оның ұлдары оларды Жаратқан Иеге қызмет етуден аластатты. Сондықтан көптеген леуіліктер мұралық жайылымдарын, үй-жайларын тастап, Яһуда мен Иерусалимге көшіп келді. 15 Еробоғам жалған тәңірлердің ешкі және жас бұқа кейпіндегі мүсіндерін жасатып, солар үшін және биіктеу жерлердегі табыну орындары үшін өзінің діни қызметкерлерін тағайындады. 16 Алайда халықтың барлық руларында Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге шын жүректен бет бұрып, Оның еркін сұраған адамдар болды. Олар ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалу үшін Оған адал болып қалған леуіліктердің соңынан Иерусалимге барды. 17 Бұлар үш жыл бойы Яһуда патшалығын күшейтіп, Сүлеймен ұлы Рохабоғамды қолдады. Олар осы кезеңде Дәуіт пен Сүлеймен іспетті Құдай жолымен жүрді. 18 Рохабоғам Дәуіт ұлы Еримоттың қызы Махалатқа үйленді. Соның шешесі Есей ұлы Елиәбтің қызы Әбихаил еді. 19 Махалаттан Егуш, Шәмәриях, Заһам атты үш ұл дүниеге келді. 20 Бұдан кейін Рохабоғам Абессаломның (немере) қызы Махаға үйленіп, одан Абиях, Аттай, Зиза, Шеломит есімді төрт ұл сүйді. 21 Рохабоғам Маханы өзінің басқа әйелдері мен кәнизактарына қарағанда көбірек ұнатты. Рохабоғамның жалпы он сегіз әйелі, алпыс кәнизагы болды, солардан жиырма сегіз ұл, алпыс қыз көрді. 22 Патша Махадан туған ұлы Абияхты патшазадалардың басшысы етіп, оны өзінің орнын басатын патша болуға тағайындады. 23 Рохабоғам көрегендікпен әрекет етіп, өзге ұлдарын Яһуда мен Буняминнің күллі аймақтарына және барлық бекітілген қалаларға орналастырды. Оларды керек-жарағымен молынан қамтамасыз етіп, бірнеше әйел алуларына жағдай жасады.
1 Рохабоғамның билігі орнығып, күшейген кезде оның өзі және бүкіл халқы Жаратқан Иенің Таурат заңына бағынбай кетті. 2 Олар Жаратқан Иеден бас тартқандықтан, Мысыр патшасы Шұшақ Иерусалимге қарсы аттанды. Бұл Рохабоғамның патшалық құруының бесінші жылы болды. 3 Шұшақ Мысырдан бір мың екі жүз соғыс күймесін, алпыс мың салт атты сарбазды әрі либиялық, сұққилық және құштық жауынгерлерден тұратын орасан зор жаяу әскерін ертіп алып келді. 4 Перғауын Яһуда еліндегі бекіністі қалаларды басып алып, Иерусалимге жетті. 5 Сонда Шемаях пайғамбар Шұшақтан бас сауғалап Иерусалимге жиналған Рохабоғамға және Яһуданың әміршілеріне барып, оларға былай деді: — Жаратқан Ие мынаны айтады: Сендер Мені тастап кеттіңдер! Ендеше Мен де сендерді тастап, Шұшақтың қолына тапсырамын! 6 Мұны естіген Исраилдің әміршілері мен патшасы: — Жаратқан Иенің ісі әділ! — деп, күнәларын мойындады. 7 Жаратқан Ие олардың күнәларына өкініп отырғанын көріп, Шемаяхқа сөзін арнап: «Олар күнәларын мойындады. Мен енді оларды біржола құртпай, біршама қолдаймын. Иерусалимге деген қаһарымды Шұшақ арқылы төкпеймін. 8 Бірақ Маған қызмет ету мен бөтен елдердің патшалықтарына қызмет етудің айырмашылығына көздері жету үшін олар перғауынның құлдарына айналсын», — деді. 9 Сонымен Мысыр патшасы Шұшақ Иерусалимге өрлеп жеткен соң Жаратқан Иенің ғибадатханасының және патша сарайының қазыналарын қолына түсірді. Олардың бәрін де, Сүлеймен патша алтынмен қаптатқызып жасатқан қалқандарды да алып кетті. 10 Рохабоғам патша солардың орнына қоламен қапталған қалқандар жасатып, оларды патша сарайының есіктерін күзететін сақшылардың басшыларына табыстады. 11 Патша Жаратқан Иенің киелі үйіне барған сайын сақшылар қалқандарды көтеріп алып келіп, кейін қайтадан күзетшілер үйіне апарып қоятын. 12 Рохабоғам күнәсін мойындағанда Жаратқан Ие қаһарынан қайтып, патша біржола құрып кетуден аман қалды. Сол кезде Яһуда елінде әлі де Құдай жолымен жүретін адамдар болды. 13 Рохабоғам Иерусалимде билігін бекітіп, жалғастыра берді. Ол патша болған кезде қырық бір жаста еді. Рохабоғам он жеті жыл бойы Иерусалим қаласында билік жүргізді. Жаратқан Ие осы қаланы Исраилдің барлық руларынан Өзінің атына киелі үйін орнатуға таңдап алған болатын. Рохабоғамның шешесі аммондық Нағама еді. 14 Патша Жаратқан Иеге шын жүректен бет бұрмаған еді, содан оның істегендері жалпы әділетсіз болды. 15 Рохабоғамның іс-әрекеттері басынан аяғына дейін Шемаях пайғамбардың жазбаларында және Иддо пайғамбардың Шежіре туралы жазбаларында баяндалған. Рохабоғам мен Еробоғамның патшалық құрған бүкіл кездерінде екеуінің арасында соғыс болып тұрды. 16 Рохабоғам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Абиях орнын басып патша болды.
1 Еробоғам Солтүстік Исраилге патшалық құрған он сегізінші жылы Абиях Яһуда елінің патшасы болды. 2 Ол Иерусалимде үш жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні гибеялық Ұриелдің қызы Маха еді. Абиях пен Еробоғамның арасында соғыс жүріп жатты. 3 Абиях төрт жүз мың мықты да ержүрек сарбаздан құралған жасағын ертіп алып, соғысуға аттанды. Еробоғам да сегіз жүз мың мықты да ержүрек сарбазымен бірге сап түзеп дайын тұрды. 4 Абиях патша Ефрем руының қыратты жеріндегі Семараим тауының басына шықты. Сол жерде тұрып, Абиях қатты дауыспен былай деді: «Уа, Еробоғам және бүкіл Исраил халқы, сөзіме құлақ салыңдар! 5 Исраилдің сиынған Құдайы Жаратқан Иенің Дәуітпен ешқашан бұзылмайтын тұрақты Келісім жасағанын білмейтін бе едіңдер? Сол Келісім бойынша Жаратқан Ие Исраилге патшалық құруды Дәуітке және оның ұрпақтарына табыстады ғой! 6 Бірақ та Дәуіт ұлы Сүлейменнің бір басыбайлы қызметшісі — Набат ұлы Еробоғам көтеріліп, өз иесіне қарсы бүлік шығарды. 7 Сонда ақымақ та азғын бірсыпыра адамдар Еробоғамның айналасына жиналып, Сүлеймен ұлы Рохабоғамға қарсы күштерін нығайтты. Рохабоғам сол кезде әлі де ысылмаған жас болғандықтан, оларға қарсы тұра алмады. 8 Міне, бүгін өздерің де Жаратқан Иенің Дәуіттің ұрпақтарына табыстаған патшалығына қарсы тұрамыз дейсіңдер. Сендер үлкен тобыр болып жиналыпсыңдар. Еробоғам сендердің тәңірлерің болуға жасатқан алтын бұқа мүсіндері қастарыңда бар екен. 9 Ал Жаратқан Иенің Һароннан тараған діни қызметкерлерін және леуіліктерді сендер өз араларыңнан қуып жібердіңдер ғой. Олардың орнына басқа халықтар сияқты діни қызметкерлеріңді өздерің тағайындап қойдыңдар. Кімде-кім бағышталу рәсіміне бір тана мен жеті қошқарды алып келсе, болды, әлгі адам сол жалған тәңірлеріңнің діни қызметкері болып шыға келеді. 10 Ал бізде Құдайымыз Жаратқан Ие бар, Одан бас тартқан жоқпыз. Һароннан тараған діни қызметкерлер ғана Жаратқан Иеге қызметтерін ежелдегідей атқарып жатыр, леуіліктер де өз міндеттерін орындап жүр. 11 Олар күн сайын таңертең және кешке Жаратқан Иеге шалынып, өртелетін құрбандықтарды да, хош иісті заттарды да түтетіп ұсынуда. Олар арнайы үстелдің үстіне ұдайы нан тартуларын қойып, алтын шам қойғыштың шамдарын кеш сайын жағып, нұрын түсіріп жарқыратады. Себебі біз Құдайымыз Жаратқан Иенің белгілеген қызметтерін орындап жүрміз, бірақ сендер Одан бас тартып, безіп кеттіңдер. 12 Өздерің көріп тұрсыңдар, Құдай бізге жар болып, бізді бастап жүр! Оның діни қызметкерлері де алдыңғы шепте, олар сендерге қарсы ұрандап кернейлерін тартатын болады. Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, өз ата-бабаларыңның сиынған Құдайы Жаратқан Иеге қарсы соғыспаңдар! Бәрібір жеңіске жетпейсіңдер!» 13 Сол екі арада Еробоғам Яһуда жасағының артқы тылына бір топ жауынгерлерін жіберген болатын. Яһуда сарбаздарының алдарынан Солтүстік Исраил жасағы, арттарынан сол торуыл тобы тұрды. 14 Яһудалықтар бұрылып, өздерінің алды-артынан шабуылға тап болайын деп жатқанын көргенде, Жаратқан Иеге қатты дауыспен жалбарынды. Ал діни қызметкерлер кернейлерін тартып ұрандатты. 15 Сол сәтте яһудалықтар атой салды. Олар атойлағанда Құдай Еробоғамға және Солтүстік Исраилдің бүкіл жасағына Абиях пен Яһуданың алдында соққы берді. 16 Содан Солтүстік Исраилдің адамдары Яһуда жасағынан қаша жөнелді. Құдай оларды яһудалықтардың қолына түсірді. 17 Абиях пен оның жасағы оларды ойсырата жеңіп, Солтүстік Исраилдің бес жүз мың таңдаулы сарбазы қаза тапты. 18 Солтүстік Исраилдің қалған адамдары тізе бүкті. Осылайша яһудалықтар ата-бабалары сиынған Құдайы Жаратқан Иеге сенімдерін артқандықтан, күш-қуаты артып жеңіске жетті. 19 Абиях Еробоғамды қуып, одан бірнеше қаланы: Бетел, Ешана және Ефронды соларға қарасты елді мекендерімен бірге тартып алды. 20 Абияхтың заманында Еробоғам енді қайтып өзінің күш-қуатын қалпына келтіре алмады. Ақырында Жаратқан Ие Еробоғамды аурумен соғып, ол қайтыс болды. 21 Ал Абиях күшейе берді. Ол он төрт әйел алып, жиырма екі ұл, он алты қыз сүйді. 22 Абияхтың қалған іс-әрекеттері мен сөздері жайлы «Иддо пайғамбардың түсіндірме кітабында» баяндалған.
1 Абиях көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Абияхтың ұлы Аса оның орнын басып патша болды. Асаның заманында елде он жылға тыныштық орнады. 2 Аса өзінің сиынатын Құдайы Жаратқан Иеге ұнамды ізгі де әділ істер істеді. 3 Ол бөгде тәңірлерге арналған құрбандық орындарын және биіктеу жерлердегі табыну орындарын қиратып құртты. Солардағы тас бағаналарды сындырып, Ашераға бағышталған ағаш бағаналарды да шауып тастады. 4 Патша, сондай-ақ, яһудалықтарға ата-бабаларының сиынған Құдайы — Жаратқан Иеге бет бұрып мойынсұну әрі Оның Таурат заңы мен өсиеттерін орындау жайлы да бұйырды. 5 Аса Яһуданың күллі қалаларынан биіктеу жерлердегі табыну орындарын және хош иісті заттар түтетілетін үстелдерді құртып, алып тастады. Оның тұсында патшалық бір тыныш кезеңді өткізді. 6 Осы бейбітшілік кезінде патша Яһуда елінде қамалды қалалар салды. Сол жылдары онымен ешкім соғысқан жоқ, себебі Жаратқан Ие оған тыныштық сыйлаған еді. 7 Аса Яһуда халқын осы іске жігерлендіріп былай деген болатын: «Сол қалаларды салып, оларды қабырғалармен әрі мұнаралармен қоршайық. Мықты бөренелермен бекітілген қақпалар да тұрғызайық! Біз Құдайымыз Жаратқан Иеге бет бұрып сиынып келеміз, сол себепті ел әлі де біздікі. Иә, Жаратқан Иеге бет бұрып, Оның еркін біліп, орындауға ұмтылып келеміз. Содан Ол бізге барлық жағымыздан тыныштық сыйлады!» Мұнан соң халық құрылысқа жаппай қатысып, табысқа жетті. 8 Асаның жасағы үлкен қалқан, найзамен қаруланған үш жүз мың яһудалықтан және қалқан, садақпен қаруланған екі жүз сексен мың буняминдіктен тұрды. Олардың барлығы мықты сарбаздар болатын. 9 Кейінірек Құштық Зарах сан мыңдаған жасақшылардан және үш жүз соғыс күймесінен тұратын әскер қолымен Яһуда еліне қарсы аттанып, (елдің батыс жағындағы) Мареша қаласына жетті. 10 Яһуда патшасы Аса оларға қарсы шығып, екі жақ Марешаның маңындағы Сефата аңғарында сап түзеп, шайқасқа дайындалды. 11 Аса Құдай Иесіне дауыстап сиынып былай деді: «Уа, Жаратқан Ие, әлсізді мықтыдан қолдап-қорғайтын құдірет жалғыз Сенде ғана! О, Құдайымыз — Жаратқан Ие, бізді қолдай гөр! Біз Саған сенім артамыз, Сенің атыңмен осы қарақұрым тобырға қарсы аттанып шықтық. Уа, Жаратқан Ие, Сен біздің Құдайымызсың! Пенденің Өзіңнен басым болуына жол бере көрме!» 12 Сонда Жаратқан Ие Асаның және Яһуда жасағының көз алдында құштық Зарахтың жасақшыларына соққы берді. Содан олар қаша жөнелді. 13 Аса мен оның қасындағы жасағы жауларды (оңтүстіктегі) Герар қаласына дейін қуды. Құштықтардың қаза тапқандары соншама көп болып, олар қайтадан күш жинай алмады. Өйткені олар Жаратқан Иенің және Оның қолдаған жасағының алдында қырылып талқандалған еді. Ал яһудалықтар қолдарына ағыл-тегіл олжа түсіріп, алып кетті. 14 Кейін яһудалықтар Герардың айналасындағы қалаларға шабуыл жасады. Солардың бәрі де Жаратқан Иенің құдіретінен қорқып үрейленіп отырған еді. Содан яһудалықтар осы қалалардағы олжалауға тұрарлық көптеген заттарды иемденіп алды. 15 Мұнан кейін олар шатырларда тұрып, мал бағатын тайпаларға да шабуылдап, олардың көп қой-ешкі, түйелерін тартып алып, Иерусалимге қайта оралды.
1 Сол уақытта Одед ұлы Азарияхқа Құдайдың Рухы қонды. 2 Содан Азариях патшамен кездесу үшін жолға шықты да, оған тіл қатып былай деді: «Уа, Аса және бүкіл Яһуда мен Бунямин халқы, құлақ асыңдар! Сендер Құдаймен бірге жүргендеріңде Ол да сендермен бірге жүріп жар болады. Егер де Оған бет бұрып сиынып Оны іздесеңдер, таба аласыңдар. Бірақ Одан бас тартсаңдар, Ол да сендерден бас тартады. 3 Ұзақ уақыт бойы Исраил халқы шынайы Құдайдан алыс жүрді. Олардың тәлім беретін діни қызметкері де, Таурат заңы да болған жоқ. 4 Ал олар қиыншылыққа ұшырап, Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге бет бұрып сиынғанда Оны тауып алды. 5 Сол кездері сапарға шыққандар аман-есен барып келе алмайтын. Елдердің күллі тұрғындарының бастарына зор пәле туатын. 6 Ұлт ұлтқа, қала қалаға қарсы шығып соғысатын, себебі Құдай оларды абыржытып, әр түрлі қиыншылықтарға ұшырататын. 7 Ал сендер қайратты болып, мойымаңдар! Еңбектеріңнің жемісін әлі де көресіңдер». 8 Аса патша Құдайдың пайғамбары Одед ұлы Азариях арқылы жеткізген осы хабарын естігенде батылданды. Содан патша Яһуда мен Бунямин руларының бүкіл жерлерінен және өзінің Ефремнің қыратты аймағынан иемденіп алған қалаларынан жексұрын тәңір мүсіндерін қиратып алып тастады. Сонымен қатар патша Жаратқан Иенің киелі үйінің кіреберісінің алдында орнатылған, Жаратқан Иеге бағышталған құрбандық үстелін қайтадан қалпына келтірді. 9 Мұнан кейін патша бүкіл Яһуда мен Буняминнің халқын да, Ефрем, Манаса, Шимон руларынан көшіп келіп, елде тұрып жатқандарды да Иерусалимде бас қосуға шақырды. Өйткені көптеген халық Құдайы Жаратқан Иенің Асаға жар болғанын көріп, Солтүстік Исраилді тастап, Яһудаға көшіп келген болатын. 10 Жамағат Иерусалимде Асаның патшалық құрған он бесінші жылының үшінші айында жиналды. 11 Сол күні олар соғыстан алып келген олжаларынан Жаратқан Иеге арнап жеті жүз мүйізді ірі қара мен жеті мың ұсақ мал басын құрбандыққа шалды. 12 Халық ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иеге шын жүректен, бар жан-тәндерімен бет бұрып, Оның еркін сұрап, орындау жайлы Келісім жасады. 13 Кімде-кім Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге бет бұрып бағынбай жүрсе, жас не ересек болсын, еркек не әйел болсын, соны өлтіруге сөз байласты. 14 Олар Жаратқан Иеге адал болу жайлы анттарын Оның алдында қатты дауыспен беріп, тартылған сырнай, керней үнімен бекітті. 15 Яһуда халқының бәрі осы антқа қуанды. Олар шын жүректен серт беріп, Құдайға адал ой-ниетпен бет бұрып, мойынсұнып жүрді. Содан Құдай оларға жауап беріп жар болды. Осылайша Жаратқан Ие елге жан-жақтан тыныштық сыйлады. 16 Аса патша тіпті әкесінің шешесі Маханы «патшаның шешесі» деген құрметті атағынан айырды. Себебі Маха жалған тәңір Ашераға арналған ағаш бағананы жасатып, орнатып қойған еді. Аса сол жексұрын бағананы шауып құлатып, қиратты да, оны Қидрон сайында өртеп жіберді. 17 Тек халықтың биіктеу жерлердегі Жаратқан Иеге ғибадат етіп келген орындары ғана Исраил елінен аластатылмады. Әйтсе де бүкіл өмір бойы Аса Жаратқан Иеге шын жүректен берілген адам болды. 18 Аса әкесінің және өзінің Құдайға бағыштаған заттарын: алтын-күміс пен басқа да құнды бұйымдарын Құдайдың киелі үйіне апарып қойды. 19 Сол кезден бастап Асаның патшалық құрған отыз бесінші жылына дейінгі аралықта елдің ішінде соғыс болған жоқ.
1 Ал Асаның патшалық құрған отыз алтыншы жылы Солтүстік Исраилдің патшасы Бағаса Яһуда еліне қарсы аттанып, өрлеп барды. Бағаса Аса патшаның жеріне ешкім кіріп-шыға алмау үшін екі елдің шекарасындағы Рамақ қаласын қамалмен бекітіп қойды. 2 Сонда Аса патша Жаратқан Иенің киелі үйінің және өз сарайының қазыналарынан алтын-күміс алып шықты. Оларды Арама елінің Дамаск қаласында тұратын патшасы Бен-Хададқа жіберді. Аса патша оған мынадай сәлемін жолдады: 3 «Екеуіміздің әкелеріміздің арасында келісім болғанындай, енді біз де сондай келісім жасасайық! Міне, мен сізге күміс пен алтын жіберіп отырмын. Өзіңіздің Солтүстік Исраилдің патшасы Бағасамен жасасқан келісіміңізден бас тарта көріңіз. Ол менің шекарамнан кері шегініп кетсін!» 4 Бен-Хадад Аса патшаның өтінішіне құлақ асып, өзінің қолбасшыларын Солтүстік Исраилдің қалаларына қарсы аттандырды. Олар Ион, Дан, Әбел-Маим қалаларын әрі Нафталим руының жеріндегі азық-түлік пен қару-жарақ қорлары сақталатын қалалардың барлығын басып алды. 5 Бағаса патша бұл туралы естігенде, Рамақ қаласын бекітуін тоқтатып, сол жұмысынан бас тартып, кері шегінді. 6 Сонда Аса патша Яһуда елінің барлық ер адамдарын ертіп алып, Рамаққа аттанды. Олар Бағаса салып жатқан қамалдың тастары мен бөренелерін тасып алып кетті. Аса патша солармен өзіне қарасты Геба және Миспа қалаларын бекітті. 7 Сол кезде Ханани пайғамбар Яһуда патшасы Асаға барып, оған былай деді: «Сіз Құдайыңыз Жаратқан Иеге емес, Арама елінің патшасына сенім арттыңыз. Сондықтан Арама патшасының әскері сіздің қолыңыздан құтылып кетті, ал сіз оны өзіңізге бағындыру мүмкіндігінен айырылып қалдыңыз. 8 Есіңізге түсіріңіз, құштықтар мен либиялықтар көптеген соғыс күймелері мен салт атты сарбаздары бар үлкен қол жинап, аттанып келмеп пе еді?! Бірақ сіз Жаратқан Иеге сенім артқандықтан, Ол соларды қолыңызға түсірді ғой. 9 Себебі Жаратқан Ие Өзіне шын жүректен бағышталып, адал болып жүргендерді күш-қуат беріп қолдау үшін, бүкіл жер жүзін назарында ұстап отырады. Осы істегеніңіз үлкен ақылсыздық болды. Сол үшін де бұдан былай соғыстан көз ашпайтын боласыз!» 10 Осыны естігенде Аса патша пайғамбарға қатты ашуланды. Ашуының күшті болғаны сонша, пайғамбарды бұғаулатып, қамап қойғызды. Аса сол кездері халқының басқа да бірқатар адамдарына қысымшылық көрсетіп, жәбірледі. 11 Асаның іс-әрекеттері басынан аяғына дейін «Яһуда мен Солтүстік Исраил патшаларының кітабында» баяндалған. 12 Патшалық құруының отыз тоғызыншы жылы Аса аяқ ауруына шалдықты. Ауруы одан бетер асқына берсе де, Аса Жаратқан Иеге емес, тек дәрігерлерге ғана бет бұрып, сауықтыруын сұрады. 13 Содан ол патшалық құруының қырық бірінші жылы көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелді. 14 Асаның мәйіті Дәуіттің шаһарындағы өзі жартастан үңгіп дайындатқан қабірге, ондағы түрлі хош иісті заттар мен иісмайларға толы жайылған төсекке қойылды. Патшаның құрметіне үлкен от жағылды.
1 Асаның ұлы Жосапат оның орнын басып Яһудаға патшалық құрды. Жосапат өзінің Солтүстік Исраилдің алдындағы жағдайын күшейту мақсатымен 2 Яһуданың қамалды қалаларында әскери бөлімдерді орналастырды. Патша бүкіл Яһуда жерінде, сондай-ақ, әкесі Аса кезінде Ефрем руының жерінен басып алған қалаларда да өз қарауылдарын қойды. 3 Ежелде арғы атасы Дәуіт жүрген тура жолдан Жосапат та таймағандықтан, Жаратқан Ие оған жар болды. Жосапат Бағал есімді тәңірсымақтың мүсіндеріне емес, 4 марқұм әкесінің сиынған Құдайына бет бұрып мойынсұнды. Осылай патша Жаратқан Иенің өсиеттерін орындап, Солтүстік Исраил халқының зұлым іс-әрекеттерін істеген жоқ. 5 Содан Жаратқан Ие Жосапаттың қолындағы патшалық билікті нығайтып, бүкіл Яһуда елі оған сыйлықтар алып келіп тұрды. Осылайша патша мол дәулет пен зор атақ-даңққа ие болды. 6 Патша шын жүректен Жаратқан Иеге бағышталған еді. Содан ол Яһуданың биіктеу жерлеріндегі жалған тәңірлерге табыну орындарын да, Ашераға арналған ағаш бағаналарды да қиратып алып тастады. 7 Патшалық құрған үшінші жылы Жосапат бірнеше лауазымды қызметкерлерін халыққа тәлім беру үшін Яһуда елінің қалаларына жіберді. Сол қызметкерлердің есімдері Бенхаил, Абадиях, Зәкәрия, Нетанел, Миқая еді. 8 Патша бұларға қоса Шемаях, Нетаниях, Забадиях, Асахил, Шемирамот, Ехонатан, Адониях, Тобиях, Тоб-Адониях есімді леуіліктерді де, Әлишама мен Жорам есімді діни қызметкерлерді де жолдады. 9 Жіберілгендер Жаратқан Иенің Таурат заңының кітабын алып, Яһуда елінде солардан тәлім бере бастады. Осылайша олар бүкіл Яһуда елін аралап, халыққа Таураттағы ережелерді үйретіп шықты. 10 Жаратқан Иенің Өзі Яһуданың айналасындағы елдердің бәріне үрей төндіргендіктен, Жосапатпен соғысуға олардың дәті бармады. 11 Қайта, бірсыпыра філістірлер Жосапат патшаға сыйлықтар және алым-салық ретінде күміс әкеліп, табыстап отырды. Көшпенді араб тайпалары да отарларынан жеті мың жеті жүз қошқар мен жеті мың жеті жүз серке айдап әкеліп беретін. 12 Күш-қуаты барған сайын өсе берген Жосапат Яһудада қорғандар және азық-түлік пен қару-жарақ қорлары сақталатын қалалар салғызды. 13 Осылайша ол Яһуданың қалаларына керек-жарақтың мол қорын жинап қойды. Оның мықты да ержүрек жасақшылары Иерусалимде тұрды. 14 Олардың әулеттері бойынша тізімі мынау: Мыңбасылардың қарамағында Яһуда руынан шыққан үш жүз мың мықты жауынгер болды. Оларды бастайтын қолбасшы Адна еді. 15 Одан кейінгі қолбасшы Жоханан екі жүз сексен мың сарбазды басқарды. 16 Содан кейінгі қолбасшы: өзін Жаратқан Иеге бағыштаған Зіхри ұлы Амасиях. Ол екі жүз мың мықты жауынгерге басшылық етті. 17 Күшті де батыл қолбасшы Әлияданың қарамағында Бунямин руынан шыққан, садақ, қалқанмен қаруланған екі жүз мың сарбаз болды. 18 Одан кейінгі қолбасшы Ехозабад соғысқа жабдықталған бір жүз сексен мың сарбазды бастады. 19 Осылар да, патшаның бүкіл Яһуда еліндегі бекіністі қалаларда орналастырған қарауылдары да оның қызметінде тұрды.
1 Осылай Яһуда патшасы Жосапат мол байлық пен зор атақ-даңқты иемденді. Алайда ол (соған қанағаттанбай, Солтүстік Исраилдің зұлым патшасы) Ахабпен одақтасып, құдандалы болды. 2 Біраз жыл өткен соң Жосапат сапарға шығып, Ахабтың астанасы Самарияға қонаққа барды. Ахаб Жосапат патшаның және оған еріп келген нөкерлерінің құрметіне көп қылып ұсақ және мүйізді ірі қара мал сойып, той жасады. Ахаб Жосапатты Ғилақад аймағындағы Рамот қаласына бірігіп аттанып, шабуыл жасауға еліктірмек болды. 3 Содан Ахаб Жосапатқа: — Менімен бірге Ғилақадтағы Рамот қаласына аттанасыз ба? — деген сауал қойды. Жосапат Ахабқа: — Өзім де, халқым да сіздің құзырыңыздамыз. Сізбен бірге соғысқа аттанамыз, — деп жауап берді. 4 Мұнан кейін ол: — Алдымен Жаратқан Иенің осыған айтатын сөзін біліп алсаңыз екен! — деп қосты. 5 Сонда Ахаб патша пайғамбарларды: шамамен төрт жүз адамды жинап алып, оларға мына сұрақты қойды: — Ғилақадтағы Рамот қаласы үшін шайқасуға аттануымыз қажет пе? Әлде содан бас тартайын ба? — Барлығы: — Өрлеп аттаныңыз! Құдай оны патшамыздың қолына тапсырып отыр, — деді. 6 Ал Жосапат: — Бұл жерде Жаратқан Иенің де пайғамбары жоқ па екен? Сол арқылы Жаратқан Иенің еркін сұрап біліп алайық, — деп қоймады 7 Ахаб патша: — Елімізде Жаратқан Иенің еркін сұрап білуімізге болатын әлі де бір адам бар, Имелах ұлы Миқая. Бірақ оны жек көремін. Ол мен туралы әрдайым жақсы емес, тек жағымсыз пайғамбарлық сөздерді ғана айтады. — деп жауап қайырды. Ал Жосапат былай деп өтінді: — О, патша, солай дей көрмеңіз. (Оның да не айтарын тыңдап көрейікші.) 8 Содан Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб бір нөкерін шақырып алып, оған: «Имелах ұлы Миқаяны тез алып кел!» — деп бұйырды. 9 Осы сәтте Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб және Яһуда елінің патшасы Жосапат патшалық киімдерін киіп, Самария қаласының қақпасының жанындағы ашық алаңда орналасқан екі тақта отырған еді. Әлгі пайғамбарлардың барлығы екеуінің алдында ерекше күйге түсіп, не болатыны туралы сәуегейлік айтып жатты. 10 Хенаған ұлы Седекиях өзіне темірден екі мүйіз жасап алып: — Жаратқан Ие мынаны айтады: Осы мүйіздер сияқты зор күшпен арамалықтарды сүзіп, біржола құртасың! — деп пайғамбарлық сөз айтқансыды. 11 Басқа пайғамбарлардың барлығы да дәл солай: — Ғилақадтағы Рамотқа өрлеп барып, жеңіске жетіңіз! Жаратқан Ие оны патшаның қолына тапсырып отыр, — деп пайғамбарлық сөз айтқансып жатты. 12 Миқаяны шақыруға барған нөкер оған былай деп бұйырды: — Тыңда, пайғамбарлардың бәрі бірауыздан патшаға жағымды сөз айтуда. Сенің сөзің де солардікіндей болсын! Сен де жағымды жайтты болжамдарсың! — 13 Бірақ Миқая: — Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Құдайым маған нені білдірсе, тек соны ғана айтып беремін! — деп ант етті. 14 Миқая пайғамбар патшаның алдына келгенде, патша оған: — Миқая, біздің Ғилақадтағы Рамот қаласы үшін шайқасуымыз қажет пе? Әлде содан бас тартайын ба? — деген сауал қойды. Миқая (сықақтап) былай деп жауап берді: — Өрлеп аттаныңыз, жеңіске жетесіз! Жаратқан Ие қаланы қолыңызға түсіреді! — 15 Ал Ахаб патша оған: — Жаратқан Иенің атынан тек шындықты ғана айт деп саған қанша рет бұйыруға тиіспін? — деп ескертті. 16 Сонда Миқая былай деді: — Мен (бір бейнелі көріністе) бүкіл Исраилдің бағушысы жоқ қойлар сияқты қыраттарда бытырап жүргенін көрдім. Жаратқан Ие мынаны айтты: Бұлардың қожайыны жоқ екен. Дұрысы, барлығы да үйлеріне тыныштықпен қайтсын! 17 Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб Жосапатқа: «Ол мен туралы әрдайым жақсы емес, тек жағымсыз пайғамбарлық сөздерді ғана айтады демеп пе едім?!» — деп налыды. 18 Ал Миқая сөзін жалғастырып былай деді: — Сондықтан Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңыздар! Мен Өзінің тағында отырған Жаратқан Иенің аянын көрдім. Көктегілердің бүкіл тобы Оның оң және сол жақтарында тұрды. 19 Сонда Жаратқан Ие: «Исраилдің патшасы Ахабты Ғилақадтағы Рамотқа өрлеп аттанып, сол жерде қаза табуға қайсың сендіресіңдер?» деген сауал қойды. Біреуі ананы, біреуі мынаны айтты. 20 Ақыры бір рух ортаға шыға келді де, Жаратқан Иенің алдында тұра қалып: «Оны мен сендіремін» деп ұсынды. Жаратқан Ие одан: «Соны қалай істемексің?» деп сұрағанда, 21 рух: «Мен сол жерге барып, Ахабтың барлық пайғамбарларының аузындағы өтірік хабар айтқызатын рух боламын!» деп жауап берді. Сонда Жаратқан Ие: «Сен оны сендіріп, табысты боласың. Бар да солай істе!» деп шешті. 22 Ал енді, міне, қараңыз: Жаратқан Ие мына барлық пайғамбарларыңыздың ауыздарына өтірік хабар айтқызатын рухты салып қойған. Себебі Жаратқан Ие сіздің басыңызға пәле түсетінін алдын ала кесіп қойды! 23 Сол сәтте Хенаған ұлы Седекиях Миқаяның қасына барып, оны бетінен шапалақпен тартып жіберіп: — Жаратқан Иенің Рухы сен арқылы сөйлеу үшін менен қалай ғана шығып кетті екен, ә?! — деп сөкті. 24 Миқая оған: — Соны ішкі бөлмеге кіріп, тығылған күніңде білетін боласың! — деп жауап берді. 25 Ал Ахаб патша былай деп әмір етті: — Миқаяны ұстаңдар! Оны қала әкімі Амонға және патшазада Жоғасқа қайтарып алып барыңдар! 26 Оларға былай деңдер: «Патшаның бұйрығы мынау: Осы адамды түрмеге жабыңдар! Мен аман-есен қайтып келгенше, оған біразырақ нан мен су ғана беріңдер!» — 27 Сонда Миқая оны сақтандырып: — Егер де шынымен аман-есен қайтып келсеңіз, онда Жаратқан Иенің мен арқылы сөйлемегені! Айтқандарыма құлақ түріңдер, уа, барлық халықтар! — деді. 28 Сонда да Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб пен Яһуда елінің патшасы Жосапат әскерлерін ертіп Ғилақадтың таулы аймағындағы Рамот қаласына өрлеп аттанды. 29 Ахаб Жосапатқа: «Мен шайқасқа патшалық киімдерімді кимей-ақ шығайын, ал сіз киіп шығыңызшы», — деп ұсынған еді. Содан Ахаб патша өзін ешкім танып қоймасын деп киімін өзгертіп, барлығы шайқасқа шықты. 30 Арама патшасы өзінің соғыс күймелерін басқаратын басшыларына: «Не жасақшылардың біреуімен, не қайсыбір басшымен емес, тек Солтүстік Исраилдің патшасының өзімен ғана шайқасып, соның көзін құртыңдар!» — деп бұйырып қойған болатын. 31 Сол себепті соғыс күймелерін жүргізетіндер (патшалық киімдерін киген) Жосапатты көргенде, «Бұл әрине Солтүстік Исраилдің патшасы!» — деп айқай салды. Содан олар оған қарай бұрылып, бас салды. Ал Жосапат (өз ұранын) айқайлап жіберді. Құдай Ие оған жар болып, бас салушыларды оның қасынан басқа жаққа бұрып алып кетті. 32 Өйткені күйме жүргізушілер оның Солтүстік Исраилдің патшасы емес екенін аңғарып, одан кері қайтып, жібере салды. 33 Ал бір жасақшы садағын кездейсоқ ата салғанда, жебесі Солтүстік Исраилдің патшасы Ахабқа дәл тиіп, оның сауытының қосылған жеріне қадалды. Сонда Ахаб өзінің соғыс күймесін жүргізушіге бұйырып: «Күймені бұр да, мені шайқастан алып шық! Жараланып қалдым», — деді. 34 Күні бойы қатты ұрыс болып, Ахаб патша арамалықтарға қарама-қарсы өз күймесінің ішінде тік тұрғызылған қалпы кешке дейін қала берді. Қансыраған патша күн батқан кезде өлді.
1 Ал Яһуда елінің патшасы Жосапат Иерусалимдегі сарайына аман-есен қайта оралды. 2 Сонда Ханани ұлы Еху атты пайғамбар оның алдынан шығып, былай деді: «Зұлым адамды қолдап, Жаратқан Иені жек көретіндерді жақсы көргеніңіз дұрыс па?! Осыны істегеніңіз арқылы өзіңізге қарсы Жаратқан Иенің қаһарын туғыздыңыз. 3 Алайда сізден біраз жақсылық та табылды. Сіз Ашераға бағышталған ағаш бағаналарды елден құртып жоқ қылдыңыз, әрі шын жүректен Құдайға бет бұрып сиынған едіңіз», — деді. 4 Мұнан кейін Жосапат патша астанасы Иерусалимде тұрып қалды. Дегенмен патша жолға шығып, оңтүстіктегі Бер-Шебадан солтүстіктегі Ефремнің қыратты жеріне дейін тұратын халқын аралап та отырды. Оларды ата-бабаларының Құдайы Жаратқан Иеге кері қайтып, Оған ғана бағышталуға шақырды. 5 Патша бүкіл елдегі бекіністі қалаларда төрешілер тағайындап, 6 оларға былай деп бұйырды: «Істейтін істеріңе мұқият көңіл бөліп жүріңдер! Себебі адамның емес, Жаратқан Иенің атынан төрелік етесіңдер. Сендер үкім шығарған кезде Жаратқан Ие қастарыңда болады. 7 Сондықтан Жаратқан Иені терең қастерлеп, зұлымдық атаулыдан шошыныңдар! Іс-әрекетеріңе мұқият назар аударыңдар! Біздің Құдайымыз Жаратқан Ие әділетсіз үкім, бет-жүзге қарау, пара алу дегеннің бірде-біреуіне төзбейді!» 8 Жосапат патша, сондай-ақ, Иерусалимде бірқатар леуіліктер мен діни қызметкерлерді және Исраилдің бірнеше әулет басшыларын да төреші етіп тағайындады. Олар Жаратқан Иенің Таурат заңына байланысты және өзге де даулар жайлы шешім қабылдауға міндетті болды. Олардың қызмет көрсететін жері Иерусалим қаласы еді. 9 Патша оларға нұсқау беріп былай деді: «Әрдайым Жаратқан Иені терең қастерлеп, міндеттеріңді адалдықпен және шын жүректен атқарыңдар! 10 Өз қалаларында тұратын яһудалықтар сендерге қандай да бір даумен келе қалса: не төгілген қан туралы болсын, не Жаратқан Иенің Таурат заңы, өсиеттері, ережелері және шешімдері туралы болсын, оларға: «Жаратқан Иеге қарсы күнә жасамауларың керек!» деп қатты ескертіңдер! Әйтпесе Оның қаһары сендерге және сол адамдарға төнеді. Ал осылай істейтін болыңдар, онда кінәлі болмайсыңдар. 11 Жаратқан Иенің Таурат заңына байланысты барлық мәселелерді шешуде сендерге бас діни қызметкер Амариях жетекші болады. Ал патшаға байланысты барлық мәселелерді шешуге Яһуданың рубасысы Ысмағұл ұлы Забадиях басшылық етеді. Леуіліктер сендерге басқару жағынан көмек көрсететін болсын. Батылдықпен әрекет етіңдер! Жаратқан Ие ізгілік істеушілерге жар болсын!»
1 Осылардан кейін моабтық пен аммондық әскерлері бірсыпыра меундіктермен қосылып, Жосапат патшаға қарсы соғысқа шықты. 2 Бірнеше адам Жосапаттың алдына келіп, мына хабарды жеткізді: «Сізге қарсы Өлі теңіздің оңтүстік жағындағы Едом елінен үлкен қол келе жатыр! Қазірдің өзінде олар Хасасон-Тамарға жетіп қалды!» Сол жер Ен-Геді деп те аталатын. 3 Жосапат қатты қауіптеніп Жаратқан Иеге бет бұрып, Оның еркін сұрап сиынды. Патша, сондай-ақ, бүкіл Яһуда елінде ораза тұту керек деген жарлық та шығарды. 4 Сонда Яһуда халқы Жаратқан Иеден көмек сұрау үшін елдің күллі қалаларынан ағылып келіп, Иерусалимге жиналды. 5 Жосапат Яһуда мен Иерусалим халқының жиналысында Жаратқан Иенің киелі үйінің жаңа ауласында тұрып, былай деп дұға етті: 6 «Уа, Жаратқан Ие, ата-бабаларымыздың сиынған Құдайы! Көктегі Құдай Сен емессің бе? Барлық халықтардың патшалықтарына Сен билік жүргізесің. Күш-қуат пен құдірет Сенің қолыңда, ешкім де Саған қарсы тұра алмайды. 7 Уа, Құдайымыз, осы елдің бұрынғы тұрғындарын өз халқың Исраилдің алдынан қуып шығып, елді өз досың Ыбырайымның ұрпақтарына мәңгілікке табыстаған Сен емессің бе? 8 Содан халқың осы елге қоныстанып, Сенің есіміңе арнап мына киелі үйді салды да, Саған былай деп сиынды: 9 «Егер басымызға бір апат: соғыс, індет немесе аштық түсе қалса, осы киелі үйіңе келіп, Сенің алдыңда тұратын боламыз. Өйткені осы үй Сенің атыңмен аталған. Біз қиыншылық көріп, Саған жалбарынған кезімізде Сен бізді естіп, құтқаратын боласың». 10 Ал енді, Аммон мен Моаб елдерінен және Сейір тауынан аттанып келген сол жасақшылардың не істеп жатқандарына назар аудара көрші! Ежелде Исраил халқы Мысырдан көшіп шыққанда Сен халқыңа сол ұлттардың жерлеріне басып кіруге тыйым салғансың. Халқың сырт айналып өтіп, соларды құртып жібермеді. 11 Енді, міне, солардың ұрпақтары біздің жақсылығымызға жамандықпен жауап беріп отыр. Өзің бізге мұралық меншігіміз болуға табыстаған Сенің осы еліңнен олар бізді қуып шығу үшін аттанып келе жатыр! 12 Уа, Құдайымыз, Сен оларға үкім шығара гөр! Бізге қарсы аттанып келе жатқан осы ғаламат зор тобырдың алдында әлсізбіз. Не істерімізді білмей, Саған қарап Өзіңе үміт артамыз». 13 Осы кезде Яһуданың күллі халқы кішкентай нәрестелері, әйелдері және балаларымен бірге Жаратқан Иенің алдында тұрды. 14 Сонда Жаратқан Иенің Рухы жамағаттың ортасында тұрған Яхазиелге қонды. Асафтың үрім-бұтағынан шыққан сол леуілік Маттанияхтың шөпшегі, Игиелдің шөбересі, Бенаяхтың немересі, Зәкәрияның ұлы еді. 15 Яхазиел жамағатқа тіл қатып былай деді: — Тыңдаңдар, бүкіл Яһуда мен Иерусалимнің тұрғындары! Жосапат патша, сіз де тыңдаңыз! Жаратқан Ие мынаны айтады: Сол қалың тобырдан үрейленіп қорықпаңдар! Бұл шайқасты сендер емес, Құдайдың Өзі жүргізеді! 16 Ертең оларға қарсы шығыңдар! Олар Систегі өрлеу жолымен келе жатыр. Еруел даласына апаратын сайдың соңына таман оларды кездестіресіңдер. 17 Осы жолы шайқасатын сендер емессіңдер. Тек сол жерге барып, берік тұрыңдар! Сонда Жаратқан Иенің өздеріңді құтқаруын көресіңдер, уа, Яһуда мен Иерусалим халқы! Үрейленіп қорықпаңдар! Ертең оларға қарсы шығыңдар! Жаратқан Ие сендермен бірге жүріп жар болады. 18 Сонда Жосапат басын жерге дейін иді, жиналған Яһуда мен Иерусалим халқы да Жаратқан Иенің алдында етпетінен жерге жатып, Оны дәріптеді. 19 Қахат пен Қорахтан тараған леуіліктер біраздан кейін орындарынан тұрып, Исраилдің Құдай Иесін бар дауыстарымен мадақтай берді. 20 Яһуда жасағы келесі күні ерте тұрып, Текоя маңындағы елсіз далаға шықты. Шығып бара жатқан кезде Жосапат оларға тіл қатып былай деді: «Уа, Яһуда мен Иерусалимнің тұрғындары, сөзіме құлақ салыңдар! Құдайларың Жаратқан Иеге сенім артыңдар! Сонда берік боласыңдар. Оның пайғамбарларына да сеніңдер! Сонда табысқа жетесіңдер!» — 21 Патша халықпен кеңесіп алып, әскердің алдында жүретін әншілерді тағайындаған еді. Арнайы салтанатты киім киіп алған олар Жаратқан Иеге ән-жырмен мақтау айтып жүрді: «Мадақтаңдар Жаратқан Иемізді, мәңгіге ұласады Оның мейірімі!» 22 Олар қуанышты да лепті үнмен ән-жыр айтып, мадақтай бастаған сәтте Жаратқан Ие Яһуда еліне қарсы Аммон мен Моаб елдерінен және Сейір тауынан аттанып келген жауынгерлерге тұтқиылдан тап беріп, олардың өз араларында келіспеушілік туғызды. Содан олар талқандалды. 23 Себебі аммондық және моабтық жасақшылар Сейір тауын мекендейтін жасақшыларға жолда бас салып, оларды қырып тастады. Соларды құртып болған соң, олар өзара да шайқасып, бір-бірін құртып жоя бастады. 24 Яһудалықтар шөл даладағы бақылау мұнарасына жетіп, жау тобырына көз тастағанда, олардың бәрінің жерде сұлап жатқан денелерін көрді. Бірде-біреуі қашып құтылмапты. 25 Жосапат пен қасындағы әскері олардан қалғанды олжалауға келгенде, мол құрал-сайман, киім-кешек және өзге де құнды заттардың үстінен түсті. Олар бұларды көтеріп жүре алғандарынша әкетті. Олжаның көп болғаны сонша, оның бәрін жинап, тасып әкетуге үш күн қажет болды. 26 Төртінші күні халық Бераха аңғарында жиналды. Сол жерде олар Жаратқан Иені мадақтап, ризашылықтарын білдірді. Сондықтан осы аңғар күні бүгінге дейін Бераха (яки Мадақ, Береке) деп аталып келеді. 27 Содан соң Яһуда мен Иерусалимнің адамдары Жосапаттың соңынан еріп, зор қуанышпен Иерусалимге қайта оралды. Себебі Жаратқан Ие халқының жауларын жеңіп, оларды шаттыққа кенелткен еді. 28 Олар Иерусалим қаласына кіріп, Жаратқан Иенің киелі үйіне барғанда, леуіліктер шертерде, жетігенде ойнап, керней тартумен болды. 29 Күллі елдер мен патшалықтар Исраилдің жауларына қарсы Жаратқан Иенің Өзі соғысқанын естігенде қатты қорқып қалды. 30 Содан Жосапаттың патшалығындағы халық бейбіт өмір сүрді. Себебі Құдай оларды барлық жағынан қорғап, тыныштық сыйлады. 31 Жосапат Яһуда еліне осылайша билік жүргізді. Патша болған кезде ол отыз бес жаста еді. Жосапат Иерусалимде жиырма бес жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні Сілхи қызы Азуба болатын. 32 Жосапат әкесі Асаның жолымен жүріп, одан еш таймай, Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. 33 Алайда оның заманында биіктеу жерлердегі табыну орындары қиратылмай қала берді. Халық ата-бабаларының сиынған Құдайына әлі де шын жүректен сенімдерін артпаған еді. 34 Жосапаттың қалған іс-әрекеттері басынан аяғына дейін Ханани ұлы Еху пайғамбардың жылнамаларында баяндалған. Олар «Исраилдің патшаларының кітабына» енгізілген. 35 Кейінірек Яһуда патшасы Жосапат Солтүстік Исраилдің көп зұлымдық жасаған патшасы Охозияхпен одақтасты. 36 Жосапат онымен келісіп, алысқа жүзіп бара алатын үлкен сауда кемелерін жасатты. Мұны (Қызыл теңіздің бір шығанағында орналасқан) кеме тоқтайтын Есион-Гәбер қаласында істетті. 37 Ал марешалық Додауа ұлы Елиезер Жосапатқа Құдайдың хабарын жеткізіп: «Сіздің Охозияхпен одақтасқаныңызға бола Жаратқан Ие осы ісіңізді құртатын болады!» — деді. Содан кемелер апатқа ұшырап, алыс сапарға шыға алмай қалды.
1 Жосапат көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті олардың жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Жорам орнын басып патша болды. 2 Жорамның туған інілері Азариях, Ехиел, Зәкәрия, Азарияху, Михайл, Шафатиях еді; бұлардың бәрі Яһуда патшасы Жосапаттың ұлдары болатын. 3 Жосапат көзі тірісінде оларға мол алтын-күміс пен құнды дүние-мүлік сыйлап, оның үстіне Яһудадағы бірнеше бекіністі қалаларды да енші ретінде берген еді. Ал Жорам тұңғышы болғандықтан, әкесі патшалықты оған қалдырып кетті. 4 Бірақ Жорам әкесінің орнына патшалық құрып, жағдайын нығайтып алғаннан кейін, барлық інілерін және Исраилдің бірсыпыра әміршілерін семсермен өлтіріп тастады. 5 Жорам Яһуда елінің патшасы болған кезде жасы отыз екіде еді. Ол Иерусалимде сегіз жыл билік жүргізді. 6 Ахабтың әулеті сияқты, Жорам да Солтүстік Исраилдің патшаларының теріс жолымен жүрді, себебі оның әйелі Ахабтың қызы болатын. Содан Жорам Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. 7 Сонда да Жаратқан Ие Өзінің Дәуітпен жасаған Келісіміне бола Дәуіттің әулетін жоюды қаламады. Ол Дәуітке және оның келешек ұрпақтарына ұдайы (патшалық құрып) шам-шырақ іспетті нұр шашуға мүмкіндік беру жайлы уәде еткен болатын. 8 Жорамның заманында Едом халқы Яһуда патшалығының үстемдігіне қарсы бас көтеріп, өздеріне патша тағайындап алды. 9 Сонда Жорам өзінің қолбасшыларымен, барлық соғыс күймелерімен шекарадан өтіп оларға қарсы аттанды. Бірақ едомдықтар оның өзін және соғыс күймелерінің айдаушыларын қоршап алды. Олар түнде тұрып, едомдықтардың қоршауын бұзып шығып, құтылды. 10 Содан бері Едом халқы осы күнге дейін Яһуданың үстемдігіне қарсы бас көтеріп келеді. Сол кезде (філістір елінің шекарасындағы) Либна қаласы да Жорамның билігіне қарсы шықты. Жорам ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иеден бас тартқандықтан осы оқиғалар болды. 11 Жорам мұнымен ғана қоймай, Яһуданың таулы аймағындағы биіктеу жерлерде табыну орындарын тұрғызып, соларда Иерусалимнің тұрғындарын және Яһуданың халқын жалған тәңірлерге беріліп, азғындыққа жетеледі. 12 Жорамға Ілияс пайғамбардан хат келді. Онда былай деп жазылған болатын: «Түп атаңыз Дәуіттің сиынған Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Сен әкең Жосапат және атаң — Яһуда патшасы Аса іспетті Менің жолыммен жүрген жоқсың. 13 Керісінше, Солтүстік Исраилдің патшаларының теріс жолымен жүріп келесің. Ахабтың әулеті Солтүстік Исраилдің халқын азғырғандай, сен де Яһуда мен Иерусалимнің халқын азғындыққа жетеледің. Оның үстіне өзіңнің бір әкеден туған, сенен ізгі болған інілеріңді өлтіріп тастадың. 14 Сондықтан Жаратқан Ие сенің халқыңа, балаларыңа, әйелдеріңе және барлық дүние-мүлкіңе зор апат жіберетін болады. 15 Өзің жаман ішек ауруына шалдығасың. Осы ауруың күн сайын асқынып, соңында ішектерің денеңнен шығып қалады!» 16 Мұнан кейін Жаратқан Ие Жорамға қарсы філістірлердің және құштықтармен шекараласқан арабтардың ашу-ызасын туғызды. 17 Олар Яһудаға шабуыл жасап, елге басып кірді де, патшаның сарайынан тапқан қымбат дүние-мүліктің бәрін де, оның балалары мен әйелдерін де алып кетті. Тек Жорамның Охозиях есімді кенже ұлы ғана өзінде қалды. 18 Осы күллі оқиғалардан соң Жаратқан Ие Жорамның ішектеріне жазылмайтын бір ауру жіберді. 19 Біраз уақыттан кейін, толық екі жыл өткенде, оның ішектері түгелімен денесінің сыртына шығып, ол қатты қиналып жан тапсырды. Оның ата-бабалары қабірге қойылған кезде олардың құрметіне от жағу рәсімі жасалатын. Бірақ Жорамның құрметіне сол рәсім жасалған жоқ. 20 Жорам патша болған кезде жасы отыз екіде еді. Ол Иерусалимде сегіз жыл билік жүргізді. Жорам дүниеден қайтқанда ешкім оны жоқтамады. Оның мәйіті Дәуіттің шаһарында жерленсе де, патшаларға арналған қабірлердің біріне қойылған жоқ.
1 Иерусалимнің тұрғындары Жорам патшаның кенже ұлы Охозияхты әкесінің орнына патша етіп қойды. Себебі бір тонаушылар тобы көшпенді тайпалармен бірігіп Яһуданың әскер қосына тап бергенде патшаның Охозияхтан үлкен ұлдарының барлығын да өлтіріп тастаған еді. Сондықтан Жорамның кенже ұлы Охозиях Яһуда елінің патшасы болды. 2 Сол кезде Охозияхтың жасы жиырма екіде еді. Ол Иерусалимде бір жыл билік жүргізді. Оның шешесі (Солтүстік Исраилдің бұрынғы патшасы) Омридың немере қызы Аталия еді. 3 Охозиях (өзінің нағашылары) Ахабтың әулетінің азғын жолымен жүрді, себебі оның шешесі Аталия осыған түрткі салып, отыратын. 4 Әкесі қайтыс болғаннан кейін Охозияхтың сорына қарай Ахабтың әулеті оған кеңесші болғандықтан, патша соларға ұқсап Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. Осының бәрі ақырында оның түбіне жетті. 5 Сонда ол тіпті нағашыларының кеңесіне құлақ асып, Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб ұлы Жорамға еріп Арама патшасы Хазаилмен соғысуға Ғилақадтағы Рамотқа аттанды. Арамалықтар шайқаста Жорамды жарақаттады. 6 Жорам жарақаттарынан емделіп жазылу үшін Ізрел қаласына қайта оралды. Сондықтан Яһуда патшасы Охозиях оның халін сұрап қайтпаққа Ізрелге ылдилап барды. 7 Ал Құдай Охозияхтың Жорамға келіп, сонда өлуі керек деп ұйғарып қойған еді. Охозиях Ізрелге жеткеннен кейін, Жорамға еріп соның қолбасшысы Німши ұлы Ехуді қарсы алуға шықты. Жаратқан Ие Ехуге Ахабтың әулетін құртуды тапсырып, оны соған тағайындап қойған болатын. 8 Еху Құдайдың Ахабтың әулетіне шығарған үкімін орындап жатқан осы кезде, ол Охозияхқа еріп келген Яһуданың бірнеше әміршісін және Охозияхтың бауырларының ұлдарын кездестіріп, олардың көздерін құртты. 9 Еху Охозияхтың өзіне де іздеу салды. Охозиях Самария қаласында тығылып отырған жерінен табылып, Ехуге әкелінді. Еху Охозияхты да өлімге кесті. Кейін халық: «Ол — кезінде Жаратқан Иеге шын жүректен бет бұрып мойынсұнған Жосапаттың немересі ғой», — деп ескеріп, мәйітін құрметпен қабірге қойды. Осылайша Охозияхтың әулетінен патшалық құруға қабілетті ешкім де қалмады. 10 Шешесі Аталия өз ұлы Охозияхтың өлгені туралы білген соң, Яһуда елінің патша тұқымына жататын басқалардың бәрін де өлтіруге әрекеттенді. 11 Алайда Ехосабет Охозияхтың кенже ұлы Жоғасты өлімге бұйырылған патшазадалардың арасынан ұрлап алып кетіп, бөбекті оның бағушы әйелімен бірге ғибадатханадағы бір ұйықтайтын бөлмеге тығып қойды. Осы Ехосабет Жорам патшаның қызы, Охозиях марқұмның туған әпкесі және діни қызметкер Еходайдың әйелі болатын. Сондықтан ол немере інісі Жоғасты Аталиядан жасырып, өлімнен аман алып қалды. 12 Аталия Яһуда еліне билік жүргізген алты жыл бойы патшазада Жоғас Ехосабеттің отбасында Құдайдың ғибадатханасында жасырынып қала берді.
1 Ал жетінші жылы діни қызметкер Еходайдың ықпалы күшейіп, әрекет етуге шешім қабылдады. Содан ол мына жүзбасылармен кеңесіп, келісім жасады: Жорам ұлы Азариях, Жоханан ұлы Ысмағұл, Ғабит ұлы Азариях, Адаях ұлы Мағасиях, Зіхри ұлы Елішапат. 2 Осы жүзбасылар Яһуда елін құпия аралап шығып, барлық қалалардағы леуіліктерді және Исраилдің әулет басшыларын жиналуға шақырды. Бұлар Иерусалимге жеткен соң, 3 бүкіл жамағат Құдайдың киелі үйінде жас патша Жоғаспен келісім жасады. Еходай оларға былай деп нұсқады: «Мынау патшаның ұлы! Жаратқан Ие Дәуіттің ұрпақтары жайлы уәде еткендей, мұның патшалық құруы керек! 4 Енді мынаны істеулерің қажет: Діни демалыс күні қызметке келетін леуіліктер мен діни қызметкерлер, сендердің үштен бірің қақпаларды күзетіңдер! 5 Келесі үштен бірің патша сарайын күзетіңдер! Ал соңғы үштен бірің Түпнегіз қақпасында күзетте тұрыңдар! Бүкіл халық Жаратқан Иенің киелі үйінің аулаларында тұрсын. 6 Бірақ Жаратқан Иенің киелі үйіне сонда қызмет көрсететін діни қызметкерлер мен леуіліктерден басқа ешкімді кіргізбеңдер! Арнайы тазару рәсімінен өткен сол діни қызметкерлер мен леуіліктер кіре берсін. Қалған халық Жаратқан Иенің берген ережелерін сақтап киелі үйдің сыртында тұрсын! 7 Леуіліктер қаруларын қолдарына ұстап алып патшаны айналдыра қоршап тұрсын! Кімде-кім киелі үйге рұқсатсыз кіріп келсе, соның көзін құртыңдар! Патша қайда бармасын, сендер де оның жанында болып бірге жүріңдер!» 8 Леуіліктер және Яһуданың барлық әулет басшылары діни қызметкер Еходайдың нұсқауларын түгелдей орындады. Олар діни демалыс күні қол астындағы адамдарының барлығын: қызметтерін сол күні бастайтындарын да, аяқтайтындарын да ертіп алып келді. Себебі діни қызметкер Еходай олардың ешбір тобын қызметтен босатпаған еді. 9 Еходай жүзбасыларға ежелде Дәуіт патшанікі болған, содан бері Құдайдың ғибадатханасында сақталып келе жатқан сүңгілерді және қалқандардың үлкен, кіші түрлерін үлестіріп берді. 10 Ол сонымен қатар патшаға жан-жағынан қорған болу үшін барлық ер адамдарды қолдарына қару ұстатып, киелі үйдің оң жағынан сол жағына және құрбандық үстеліне дейін айналдыра шеп құрғызып орналастырды. 11 Содан соң діни қызметкер Еходай мен оның ұлдары патшазада Жоғасты алып шығып, басына тәж кигізді де, қолына Келісімнің айғағын ұстатты. Олар Жоғасқа май жағу рәсімін орындап, оны патша етіп жариялады. Барлығы: «Патша жасасын!» — деп ұрандап айқай салды. 12 Халықтың жүгіріп келіп, патшаны мадақтаған дауыстарын Аталия да естіді. Содан ол бұның мән-жайын білу үшін халық жиналып тұрған Жаратқан Иенің ғибадатханасына қарай жөнелді. 13 Қараса, жас патшаның дәстүрге сай киелі үйдің кіреберісіндегі бағананың жанында тұр екен. Оның қасында басшылар мен кернейшілер тұрды. Бүкіл елден жиналған халық шаттана айқайлап, керней тартып жатты. Әнші-күйшілер саз аспаптарымен мадақтауды жетелеп жүрді. Аталия қатты ашуланып, көйлегінің өңірін айыра жыртып: «Қастандық, қастандық!» — деп айқайлап жіберді. 14 Діни қызметкер Еходай сақшылардың жүзбасыларын алға шығарып: «Оны сақшылар қатарларының арасымен алып шығыңдар! Егер әлдебіреу оған еретін болса, соның көзін құртыңдар! — деп бұйырды. Сондай-ақ: — Оны Жаратқан Иенің киелі үйінде өлтірмеңдер!» — деп те қосты. 15 Сақшылар Аталияны ұстап алып, патша сарайының ауласына аттарды кіргізетін қақпаға әкетіп, сол жерде көзін құртты. 16 Діни қызметкер Еходай халықпен және патшамен «Біз Жаратқан Иенің халқы боламыз» деген келісім жасасты. 17 Содан бүкіл халық Бағал атты жалған тәңірге арналған ғибадатханаға барып, оны қиратты. Олар ондағы құрбандық үстелдері мен тәңір мүсіндерін талқандап, сол құрбандық үстелдерінің алдында Бағалдың абызы Матанның көзін құртты. 18 Бұдан кейін діни қызметкер Еходай діни қызметкерлер мен леуіліктерге Жаратқан Иенің киелі үйін қарауды міндеттеді. Ежелде Дәуіт патша оларға Жаратқан Иенің киелі үйіндегі қызметтерді үлестіріп берген еді. Олар Мұса арқылы тапсырылған Таурат заңы бойынша шалынып, өртелетін құрбандықтарды ұсынуға да, Дәуіт патшаның қалдырып кеткен нұсқауына сай қуанышты ән-жыр айтуға да міндетті болды. 19 Сонымен қатар Еходай Жаратқан Иенің киелі үйінің қақпаларына күзетшілер қойды. Олар (Таураттың ережелері бойынша) қандай себеппен болмасын таза емес деп саналатын адамдарды кіргізбеуге тиісті еді. 20 Еходай өзімен бірге жүзбасыларын, ақсүйектерді, әкімдерді және бүкіл елдің халқын ілестіріп, патшаны Жаратқан Иенің киелі үйінен алып шығып, барлығы Жоғарғы қақпадан өтіп, патша сарайына кірді. Сол жерде патшаны өзінің патшалық тағына отырғызды. 21 Елдің күллі халқы бұған шат-шадыман болып қуанды. Аталия семсермен өлтірілгеннен кейін қала сабасына түсіп тыншыды.
1 Жоғас Яһуда елінің патшасы болған кезде жасы жетіде еді. Ол Иерусалимде қырық жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні бер-шебалық Сибия болатын. 2 Діни қызметкер Еходайдың тірі кезінде Жоғас Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. 3 Еходай оған екі әйел таңдап алып берді. Жоғас олардан ұл-қыздар сүйді. 4 Біраз уақыт өткеннен кейін Жоғас Жаратқан Иенің киелі үйін жөндеуден өткізуді ұйғарды. 5 Патша леуіліктер мен діни қызметкерлерді жинап, оларға былай деп тапсырды: «Жыл сайын Яһуда елінің қалаларына шығып, Құдайдың киелі үйін жөндеп жаңартуға қажетті күмісті бүкіл Исраил халқынан жинаңдар! Осы істі тездетіп істеп келіңдер!» — деп тапсырды. Бірақ леуіліктер бұны дереу істеген жоқ. 6 Содан патша діни қызметкер Еходайды қасына шақырып, оған былай деді: «Сендер жан басы салығын Яһуда мен Иерусалимнен жинауды леуіліктерден неге талап етпедіңдер? Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса ежелде осы салықты Келісімнің куәлігі сақталған киелі шатырға арнап Исраил халқынан жинауды белгілеген еді ғой». 7 Зұлым Аталияның балалары Жаратқан Иенің киелі үйіне бұзып кіріп, одан тек Құдайға ғана бағышталған арнайы бұйымдарды алып кеткен еді. Оларды Бағал атты тәңірсымақтың мүсіндеріне табыну үшін қолданатын. 8 Содан патша бұйрық беріп, ұсталарға бір жәшікті жасатып, Жаратқан Иенің киелі үйіне кіретін қақпаның сырт жағына қойды. 9 Мұнан кейін бүкіл Яһуда елі мен Иерусалим қаласында мынадай жарлық шықты: «Құдайдың қызметшісі Мұса Исраил халқына иен даланы кезіп жүрген заманда салған жан басы салығы Жаратқан Иеге арналып қайтадан әкелінсін!» 10 Сонда күллі басшылар мен халық ризашылықпен жан басы салықтарын әкеліп, жәшікке салып, оны толтырып тастады. 11 Жәшікте күміс көп жиналған сайын леуіліктер оны патша тағайындаған басқарушының кеңсесіне алып баратын. Сол жерге патшаның хатшысы және бас діни қызметкердің арнайы басқарушысы да келетін. Олар жәшікті бірге босатып, ғибадатханадағы өз орнына қайта апарып қоятын. Осыны күн сайын істеп, олар мол күміс жинады. 12 Патша мен діни қызметкер осы күмісті Жаратқан Иенің киелі үйіндегі жөндеу жұмыстарын басқарушыларға тапсыратын. Басқарушылар соған ғибадатхананы жөндейтін тас қалаушылар мен ағаш ұсталарын және темір, қоламен ғимаратты темір, қола тіректермен нығайтатын шеберлерді жалдап алды. 13 Жұмысшылар жан сала еңбек етіп, іс алға басты. Олар Құдайдың киелі үйін бекітіп бұрынғы қалпына келтірді. 14 Жұмыс аяқталғаннан кейін қалған күміс патша мен Еходайға әкелінді. Олар содан Жаратқан Иенің киелі үйіне қажетті құрал-жабдықтарды: қызмет өткізіп, құрбандықтарды шалып, өртеуге арналған бұйымдарды, алтын мен күмістен жасалған табақтар мен өзге де ыдыстарды жасатты. Еходайдың көзі тірі кезінің бәрінде Жаратқан Иенің киелі үйінде шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар тоқтаусыз ұсынылып отырды. 15 Осылай Еходай көп жасап қартайып, қайтыс болды. Сол кезде оның жасы жүз отызда еді. 16 Еходайдың Исраилге, Құдайға және Оның киелі үйіне жасаған ізгі қызметі үшін халық оның мәйітін Дәуіттің шаһарындағы патшалар зиратындағы бір қабірге қойды. 17 Ал діни қызметкер Еходай қайтыс болғаннан кейін, Яһуда елінің басшылары Жоғас патшаның алдына келіп, бастарын иіп, патшаны өздерінің айтқандарына құлақ асуға көндірді. 18 Содан олар ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иенің киелі үйін ескерусіз қалдырып, Ашераға арналған бағаналарға және басқа да тәңірсымақтардың мүсіндеріне табынатын болды. Олардың осы кінәларының кесірінен Құдайдың қаһары Яһуда мен Иерусалимге төнді. 19 Сонда да Жаратқан Ие оларды Өзіне қайтару үшін пайғамбарларын жіберді. Солар қанша ескертсе де, халық құлақ аспады. 20 Құдайдың Рухы Еходай ұлы Зәкәрия атты діни қызметкерге де қонды. Зәкәрия бүкіл халықтың алдына шығып, былай деді: «Құдай мынаны айтады: Сендер неге Жаратқан Иенің өсиеттерін бұза бересіңдер? Бұларыңмен табысқа жетпейсіңдер! Сендер Жаратқан Иеден бас тарттыңдар, енді Ол да сендерден бас тартатын болады!» 21 Бірақ басшылар Зәкәрияға қарсы сөз байласып, оны патшаның әмірімен Жаратқан Иенің киелі үйінің ауласында тас лақтырып өлтірді. 22 Осылайша Жоғас патша Зәкәрияның әкесі Еходайдың өзіне істеген жақсылығын ескермей, ұлын өлтіртті. Зәкәрия жан тапсырардың алдында: «Жаратқан Ие осыны көріп, жауабын сендерден талап етсін!» — деді. 23 Сол жылдың соңында Арама елінің әскері Жоғасқа қарсы аттанды. Олар Яһуда мен Иерусалимге басып кіріп, олардың халық арасындағы барлық басшыларын өлтірді. Жау әскері тонап алған олжаларының бәрін Дамаскідегі Арама патшасына жіберді. 24 Яһудалықтар ата-бабаларының сиынған Құдайы — Жаратқан Иеден бас тартып кеткен еді. Сол себепті Арама әскері азғана адаммен аттанып келсе де, Жаратқан Ие Яһуданың өте үлкен әскерін олардың қолына тапсырды. Осылай жау Жаратқан Иенің Жоғас патшаға шығарған үкімін орындап шықты. 25 Арамалықтар кетіп қалған кезде Жоғас патша қатты жаралы болып жатты. Оның діни қызметкер Еходайдың ұлы Зәкәрияның қанын төккені үшін, өз нөкерлері оған қарсы астыртын сөз байласып, төсекте жатқан жерінде өлтіріп тастады. Жоғастың мәйіті Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды, бірақ патшалар зиратындағы қабірлердің біріне емес. 26 Патшаға қарсы сөз байласқан нөкерлер аммондық әйел Шимеяттің ұлы Забад және моабтық әйел Шимриттің ұлы Ехозабад болды. 27 Жоғастың ұлдары жайында, Жоғастың өзіне қарсы айтылған көптеген ауыр хабарлар жөнінде әрі оның Құдайдың киелі үйін нығайтып жөндегені туралы «Патшалар кітабына берілген түсіндірмелерде» жазулы тұр. Жоғастың ұлы Амасиях оның орнын басып, патша болды.
1 Амасиях патша болған кезде оның жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде жиырма тоғыз жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні иерусалимдік Ехоғадан еді. 2 Амасиях Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істесе де, онысын шын жүректен істеген жоқ. 3 Өзінің патшалық билігі берік орнатылғаннан кейін, Амасиях әкесін өлтірген нөкерлерді өлімге кесті. 4 Бірақ патша олардың балаларын өлтірткен жоқ. Амалиях мұны Жаратқан Иенің Мұса арқылы тапсырған Таурат заңы кітабында берген мына бұйрығына сай істеді: «Не балаларының істері үшін әкелерін, не әкелерінің істері үшін балаларын өлімге кесуге болмайды. Әркім тек өз қылмысы үшін ғана өлімге кесіледі». 5 Кейін Амасиях Яһуда елінің ер адамдарын жинап алды. Оларды Яһуда мен Бунямин руларының күллі әулеттеріне сәйкес мыңбасылар мен жүзбасылардың қарамағына үлестіріп белгіледі. Жасы жиырмадан жоғарыларды санап шыққанда патша сүңгімен және қалқанмен соғыса алатын сарбаздардың санының үш жүз мың екенін анықтады. 6 Оның үстіне патша Солтүстік Исраилден жүз ат басындай күміске тағы жүз мың мықты да ержүрек жасақшыны жалдап алды. 7 Бірақ Құдай жіберген пайғамбар оған келіп, былай деді: — Уа, патша, өзіңізбен бірге Солтүстік Исраилдің жасақшыларын ертіп алмаңыз! Себебі Жаратқан Ие Солтүстік Исраилге әрі осы ефремдік адамдардың ешбіреуіне жар болмайды! 8 Ал егер олармен бірге шайқасқа шықсаңыз, бар күшіңізбен соғысып көріңіз, Құдай сізді бәрібір жаудың алдында тізе бүктіретін етеді! Өйткені Құдайдың құдіреті сізді қолдауға да, құлатуға да жетеді. — 9 Амасиях Құдай жіберген пайғамбардан: — Ал онда Исраилден жалдаған жасақшыларға төлеп қойған жүз ат басындай күмісімді не істеймін? — деп сұрады. Құдайдың пайғамбары жауап беріп: — Жаратқан Ие сізге одан да көпті бере алады! — деді. 10 Сонда Амасиях Ефремнен келген жасақшыларды таратып, жөндеріне жіберді. Осыған бола олар Яһудаға қатты ызаланып, үйлеріне қарай беттеді. 11 Амасиях батылданып, әскерін өзі бастап, Тұз аңғарына жетті. Сол жерде Сейір тауларын мекендеген халықтың он мың адамын қырып салды. 12 Яһудалықтар жаудың тағы он мыңын тірідей ұстап алып, бір жартастың басына жетелеп барды да, барлығын төмен қарай құлатып жіберді. Бәрі де құлап, мылжаланып қырылды. 13 Ал Амасиях шайқасқа қатыстырмай, қайтарып жіберген ефремдік жасақшылар сол екі арада Самария қаласынан Бет-Хоронға дейінгі аралықтағы Яһуданың қалаларына бұзып кіріп, үш мың адамын өлтіріп, көп олжаны тонап алып кеткен еді. 14 Амасиях патша болса, Едомның әскерін жеңіп, талқандап, қайта оралғаннан кейін, Сейір тауларын мекендеген сол халықтың жалған тәңірлерінің мүсіндерін ала келді. Патша сол мүсіндерді өзінің сиынатын тәңірлері болуға орнатып қойды. Олардың алдында бас иіп табынып, хош иісті заттарды түтетіп ұсынатын болды. 15 Содан Жаратқан Иенің қаһары Амасияхқа лаулап, оған пайғамбарын жіберді. Пайғамбар тіл қатып: — Сол халықтың тәңірсымақтарына неге бет бұрып сиынасыз? Олар өз халқын сіздің қолыңыздан құтқара алмады ғой! — дей бергенде, 16 патша оның сөзін бөліп: — Біз сені патшаның кеңесшісі етіп қойған ба едік? Көзіңді құртпасын десең, өшір үніңді! — деп зекіп тастады. Пайғамбар тоқтап қалды, тек қана: — Осыларды істегеніңізден және кеңесімді тыңдамай қойғаныңыздан-ақ Құдайдың сізді құртуды ұйғарғанын енді біліп отырмын, — деп қосты. 17 Бұдан кейін Яһуда елінің патшасы Амасиях кеңесшілерімен ақылдасып, Солтүстік Исраилдің патшасы Жоғасқа елшілерін жіберді. Осы Жоғас Ехудің немересі, Жоғахаздың ұлы еді. Амасиях оған: — Кел, бетпе-бет соғысайық! — деген шақыруын жолдады. 18 Ал Солтүстік Исраилдің патшасы Амасияхқа мынадай (мысалды келтіріп) жауап қайтарды: — Бірде Ливан тауларында өсіп тұрған бір аласа тікенді бұта Ливандағы зәулім самырсын ағашына: «Қызыңды менің ұлыма бер!» деген екен. Бірақ сол тікенді бұтаның жанынан бір ливандық аң өтіп бара жатып, оны басып, жаншып тастапты. 19 Сен: «Міне, мен Едомды жеңдім!» деп, паңдана өркөкіректеніп кетіпсің. Алайда өз сарайыңда қалсаң игі болады. Басыңа пәле іздеп, не қыласың?! Әйтпесе Яһудаңмен қоса құрып кетесің! 20 Бірақ Амасиях оның сақтандыруын тыңдамай қойды. Өйткені Яһуда халқы Амасияхтың бастауымен Едомның жалған тәңірлеріне бет бұрып табынып кеткендіктен, Құдай оларды Солтүстік Исраилдің қолына тапсыруды ұйғарған болатын. 21 Содан Солтүстік Исраилдің патшасы әскерін ертіп Амасияхқа қарсы аттанып барды. Екеуінің арасындағы шайқас Яһуда жеріндегі Бет-Шәміш қаласының маңында болды. 22 Яһуда әскері Солтүстік Исраилден жеңіліп, барлық жасақшылары үйлеріне қашып кетті. 23 Жоғас патша Бет-Шәміште Яһуда елінің патшасы Амасияхты қолға түсіріп, оның астанасы Иерусалимге алып барды. Жоғас Иерусалимді қоршаған қабырғаның Ефрем және Бұрыш қақпаларының арасындағы үлкен бөлігін құлатып тастады. Сол бөліктің ұзындығы шамамен төрт жүз шынтақ болды. 24 Жоғас, сондай-ақ, Құдайдың киелі үйінде Ғабит-Едомның қарамағында болған алтын-күмісті және арнайы құрал-жабдықтардың бәрін тонап, патша сарайындағы қымбат бұйымдарды да қолға түсірді, әрі кепілдікке адамдар алып, Самарияға қайтып кетті. 25 Солтүстік Исраилдің патшасы Жоғахаз ұлы Жоғас қайтыс болғаннан кейін, Яһуда патшасы Амасиях тағы он бес жыл өмір сүрді. 26 Амасияхтың қалған іс-әрекеттері басынан аяғына дейін «Яһуда мен Солтүстік Исраилдің патшаларының кітабында» баяндалған. 27 Амасиях Жаратқан Иеден бас тартқан кезден бастап дұшпандары оған қарсы астыртын сөз байласып жүрген еді. Содан патша Лахышқа қашып кетті. Бірақ олар артынан адам жіберіп, Амасияхты сол қалада өлтіртті. 28 Оның мәйіті атқа артылып Иерусалимге әкелініп, ата-бабаларының жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды.
1 Яһуданың бүкіл халқы он алты жасар патшазада Ұзияхты әкесі Амасияхтың орнына патша етіп тағайындады. 2 Кейін Ұзиях (Қызыл теңіздің шығанағындағы) Елат қаласын қайтадан Яһуда еліне қосып, салғызды. Бұл әкесі Амасиях патша көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелген кезден кейін болды. 3 Ұзиях патша болған кезде жасы он алтыда еді. Ол Иерусалимде елу екі жыл бойы билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні иерусалимдік Ехолия болатын. 4 Әкесі Амасиях (алғашқыда) істегендей, Ұзиях та Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. 5 Құдайды қастерлеуге үйреткен ұстазы Зәкәрия болатын. Соның көзі тірісінде патша Жаратқан Иеге бет бұрып, Оның еркіне мойынсұнып жүрді. Содан Құдай оны жарылқап, зор табысқа жеткізді. 6 Ұзиях жорыққа аттанып, філістірлермен соғысып, Ғат, Ябнех, Ашдод қалаларының қамалдарын қиратып тастады. Кейін ол Ашдод аймағында және філістірлердің қалған жерлерінде өз қалаларын салғызды. 7 Патша філістірлерге, Ғұр-Бағалда тұрып жатқан арабтарға және меундіктерге қарсы күрескенде Құдай жар болып оны қолдады. 8 Аммондықтар да Ұзияхқа алым-салық төлеп тұрды. Оның күшейіп кеткені сонша, атақ-даңқы Мысыр еліне дейін жайылды. 9 Сонымен қатар Ұзиях Иерусалимнің Бұрыш, Аңғар қақпаларында және қала қамалының бұрылатын жерінде күзет мұнараларын тұрғызып, нығайтты. 10 Батыстағы төменгі қыраттар мен жазықта өзінің меншікті малы көптеп жайылып жүрді. Содан патша елсіз далада күзет мұнараларын салғызып, көптеген құдықтар қазғызды. Ол жер өңдеуді де ұнатып, жоғарғы қыраттар мен шұрайлы жерлерде егіншілері мен жүзім өсірушілеріне жұмыс істеткізетін. 11 Ұзияхтың тізімге тіркеліп, топ-топқа бөлініп, әрдайым шайқасқа дайын тұрған әскері де бар болатын. Оны тізімдеп, топтастыру жұмысын патшаның қолбасшысы Хананияхтың басшылығымен хатшы Еиел мен басқарушы Мағасиях атқарды. 12 Қуатты жауынгерлер арасындағы әулеттер басшыларының жалпы саны екі мың алты жүз еді. 13 Олардың қол астына үш жүз жеті мың бес жүз адамнан тұратын әскер бағынды. Бұл, патшаның әмірімен жауларына қарсы аттанатын орасан зор күш болды. 14 Ұзиях бүкіл әскер үшін қалқан, найза, дулыға, сауыт, садақ жасатып, сақпанмен атуға арналған тастарды да дайындатты. 15 Патша өзінің озат шеберлері ойлап тапқан жебелер мен дәу тастарды атқылай алатын соғыс құрылғыларын Иерусалимнің күзет мұнараларында және қамалының бұрыштарына орнатты. Құдайдың керемет қолдауының арқасында Ұзиях өте күшейіп, атақ-даңқы алысқа тарады. 16 Алайда патша күшейіп алғаннан кейін кеудесін көтеріп, менменсінуді шығарды. Ол Жаратқан Иенің киелі үйіне өз бетімен кіріп, жалғыз Оған ғана бағышталған хош иісті заттарды түтетіп, Құдай Иесіне қарсы күнә жасады. 17 Патшаның соңынан бас діни қызметкер Азариях Жаратқан Иенің басқа да батыл сексен діни қызметкерімен бірге кіріп, 18 Ұзиях патшаға қарсы шықты. Олар: «Уа, Ұзиях, Жаратқан Иеге құрбандық ұсына алатын сіз емес, тек Һаронның ұрпағынан шығып, осы міндетке бағышталған діни қызметкерлер ғана. Киелі орыннан шыға көріңіз. Мына істеп отырғаныңыз күнә. Құдай Ие оныңызды мақұлдамайды!» — деп ескертті. 19 Қолына хош иісті заттар салынған табаны ұстап, Жаратқан Иенің киелі үйіндегі құрбандық үстелінің қасында тұрған Ұзиях мұны естігенде діни қызметкерлерге қатты ашуланды. Сол сәтте-ақ олардың көз алдарында Ұзияхтың маңдайында алапес ауруының дағы пайда болды. 20 Бас діни қызметкер Азариях пен өзге діни қызметкерлер патшаға қарағанда оның маңдайында алапес пайда болған еді! Мұны көре сала олар патшаны сыртқа қарай тықсырып шығара бастады. Оның өзі де Жаратқан Иенің жазасына ілігіп қалғанын түсініп, тысқа шығып кетуге асықты. 21 Ұзиях патша өле-өлгенше алапес күйі қала берді. Ауруы себепті ол Жаратқан Иенің ғибадатханасына кіре алмай, жеке бір үйде тұрды. Оның ұлы Жотам сарайдағы істерді басқарып, елдің халқына билік жүргізді. 22 Амос ұлы Ишая пайғамбар Ұзияхтың қалған іс-әрекеттерін басынан аяғына дейін баяндап жазған. 23 Ұзиях көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті олардың жанына патшалар қабірлері орналасқан алаңқайдағы мазарға қойылды, себебі ол алапес болған еді. Оның ұлы Жотам орнын басып патша болды.
1 Жотам патша болған кезде жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Жотамның шешесінің аты-жөні Садық қызы Еруша болатын. 2 Әкесі Ұзиях (алғашқыда) істегендей, Жотам да Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. Бірақ ол әкесі сияқты еркінсіп Жаратқан Иенің киелі үйіне кірген емес. Ал халық жексұрын қылықтарын бұрынғысынша жалғастыра берді. 3 Жотам Жаратқан Иенің ғибадатханасының Жоғарғы қақпасын қайта салғызып, қала қамалының Опел төбесіндегі бөлігін жөндеп, нығайтып, көп жұмыстар істеді. 4 Патша мұның үстіне Яһуда елінің таулы аймағында бірнеше қалалар салғызып, орманды жерлерінде қамалдар мен күзет мұнараларын тұрғызды. 5 Бірде Ұзиях Аммон патшасына қарсы соғысып, жеңіске жетті. Сол жылы аммондықтар оған алым-салық ретінде жүз ат басындай күміс, он мың қаптан бидай мен арпа төледі. Екінші, үшінші жылы да олар осылай істеді. 6 Жотам сиынған Құдайы Жаратқан Иеге адал болып, Оның жолымен жүргендіктен соншама күшті болды. 7 Жотамның қалған іс-әрекеттері мен соғыстарының бәрі «Солтүстік Исраил мен Яһуда патшаларының кітабында» баяндалған. 8 Жотам патша болған кезде жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. 9 Жотам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Ахаз орнын басып патша болды.
1 Ахаз патша болған кезде жасы жиырмада еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Кезінде Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеген түп атасы Дәуітке Ахаз еш ұқсамады. 2 Керісінше, ол Солтүстік Исраилдің патшаларының теріс жолдарымен жүріп, Бағал атты жалған тәңірдің қола мүсіндерін құйғызып жасатты. 3 Ахаз Бен-Хенном аңғарында жалған тәңірлерге арнап құрбандықтар шалып, өртеп, тіпті өз ұлдарын құрбандыққа өртеп жіберді. Осылайша ол Жаратқан Ие ежелде Исраил халқының алдынан елден қуып шыққан халықтардың жексұрын күнәларын қайталады. 4 Сонымен қатар Ахаз төбе бастары мен өзге де биіктеу жерлердегі табыну орындарында және әрбір саялы ағаштың түбінде жалған тәңірлерге құрбандық шалып, хош иісті заттар түтетіп ұсынып жүрді. 5 Сол себепті Ахаздың Құдайы Жаратқан Ие Арама патшасының оны ойсырата жеңуіне жол берді. Содан арамалықтар оның өте көп адамын тұтқындап, Дамаскіге алып кетті. Ахаз Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақахтан да күйрей жеңіліп, үлкен шығынға ұшырады. 6 Соның әскері бір күннің ішінде Яһуданың батыл да мықты жүз жиырма мың жауынгерін жойды. Себебі олар ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иеден бас тартқан еді. 7 (Солтүстік Исраилдің) Ефрем руынан шыққан мықты жауынгер Зікіри яһудалық ханзада Мағасияхты, сарай басқарушысы Азыриқамды және патшаның бас уәзірі Елқанахты өлтірді. 8 Солтүстік исраилдіктер өздерімен ұлттас яһудалықтардың екі жүз мың әйелдері мен ұл-қыздарын тұтқындап, көп олжалы болып, бәрін Самария қаласына алып кетті. 9 Алайда (жеңімпаз) әскер Самарияға қайта оралғанда, Жаратқан Иенің Одед есімді пайғамбары қалада болды. Ол жауынгерлердің алдынан шығып, былай деді: «Ата-бабаларыңның сиынған Құдайы Жаратқан Ие Яһуда халқына қаһарлы болғандықтан ғана оны қолдарыңа түсірді. Бірақ оларды аса қатыгездікпен қырғандарың туралы хабар көктегі Құдайға жетті. 10 Енді сендер Яһуда мен Иерусалимнің халқын өздеріңе құл-күң еткілерің келіп отыр. Немене, Құдайларың Жаратқан Иеге қарсы өздерің күнә жасамап па едіңдер?! 11 Сондықтан сөзіме құлақ салып, тұтқынға алған ағайындарыңды қайтарыңдар! Өйткені Жаратқан Иенің лаулаған қаһары бастарыңа төніп тұр!» 12 Сонда ефремдіктердің кейбір әкімдері: Жоханан ұлы Азариях, Мешілемот ұлы Барақиях, Шаллум ұлы Езекия және Хадылай ұлы Амаса соғыстан қайтып келе жатқандарға қарсы тұрып былай деді: 13 «Тұтқындарды мұнда алып келмеулерің керек, Жаратқан Иенің алдында айыпты боламыз. Немене, күнәларымыз бен қылмыстарымызды одан әрі көбейте түскілерің келе ме? Онсыз да айыбымыз зор, Жаратқан Иенің лаулаған қаһары халқымыз Исраилдің басына төніп тұр!» 14 Мұны естіген жауынгерлер тұтқындары мен олжаларын жаңағы әкімдер мен бүкіл халықтың жиналып тұрған жерінде қалдырып кетті. 15 Содан соң аталып өткен әкімдер орындарынан тұрып, тұтқындарға барып, іштеріндегі жалаңаш келгендеріне қолға түскен олжа киімдерден беріп, аяқтарына аяқкиім кигізді. Оларға тамақ пен сусын үлестіріп, жараларын маймен сылап емдеді. Әлсізденіп қалғандарын есекке отырғызып, бәрін пальма ағаштары өсетін Иерихон қаласындағы елдестеріне апарып тастап, өздері Самарияға қайта оралды. 16 Осы екі арада Ахаз патша Ассур патшасына елшілерін жіберіп, көмектесуін сұраған еді. 17 Едомдықтар Яһуда еліне қайтадан басып кіріп, көптеген адамдарын тұтқындап алып кеткен болатын. 18 Оның үстіне філістірлер Яһуданың төменгі қыраттары мен оңтүстік аймағының қалаларына шабуыл жасап, Бет-Шәміш, Аялон, Гедерот қалаларын және Сохо, Тимнах, Ғымзоны маңайларындағы қыстақтарымен қоса жаулап алып, сонда орнығып алған еді. 19 Жаратқан Ие Яһуда елін патшасы Ахаздың кесірінен соншалықты масқара болуға душар етті. Себебі Ахаз Яһуда халқын Құдайға бағынбай, зұлымдық істеуге еліктіріп, өзі де Жаратқан Иеге орасан зор опасыздық жасаған болатын. 20 Ассур патшасы Тығылат-Пеләсер Яһудаға аттанып, көмек орнына зорлық-зомбылық көрсетті. 21 Ахаз Жаратқан Иенің киелі үйінен, патшалық және әміршілердің сарайларынан құнды заттарды алып, алым-салық ретінде Ассур патшасына жіберген еді. Алайда онысынан түк шықпады. 22 Жағдайы тым ауырласа да, Ахаз патша Жаратқан Иеге бұрынғыдан бетер опасыздық жасай түсті. 23 Дамаскінің әскері оны күйрете жеңгендіктен, олардың сиынған тәңірлеріне арнап құрбандықтар шалды. Ахаз: «Араманың патшаларына бұл тәңірлер көмектесіп келеді. Енді соларға арнап құрбандық шалсам, мені де қолдайтын шығар»,— деп ойлады. Керісінше, олар оның өзінің де, бүкіл Исраилдің де күнәға батып, құрып кетулеріне түрткі болды. 24 Ахаз Құдайдың киелі үйіндегі ыдыс-аяқтарды жинап, алып кетті. Сонымен қатар Жаратқан Иеге бағышталған осы киелі үйдің есігін бекітіп те тастады. Патша Иерусалимнің әрбір көше бұрышында өз атынан құрбандық үстелдерін салғызып қойды. 25 Бұған қоса Ахаз Яһуданың басқа қалаларындағы биіктеу жерлерде де бөтен тәңірлерге арнап хош иісті заттар түтетілетін табыну орындарын салғызып, ата-бабаларының Құдайы Жаратқан Иенің қаһарын туғызды. 26 Ахаздың қалған іс-әрекеттерінің бәрі басынан аяғына дейін «Яһуда мен Солтүстік Исраилдің патшаларының кітабында» баяндалған. 27 Ахаз көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Иерусалим қаласында Исраилдің патшаларының қабірлерінен бөлек мазарға қойылды. Оның ұлы Езекия орнын басып патша болды.
1 Езекия патша болған кезде жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде жиырма тоғыз жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні Зәкәрия қызы Әбия болатын. 2 Езекия түп атасы Дәуіт істегендей Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. 3 Патшалық құруының бірінші жылының бірінші айында Езекия Жаратқан Иенің киелі үйінің есіктерін ашып, оларды жөндетті. 4 Содан ол діни қызметкерлер мен леуіліктерді шақыртып, киелі үйдің шығыс жағындағы алаңға жинап алып, 5 оларға былай деп тіл қатты: — Уа, леуіліктер, сөзіме құлақ салыңдар! Ата-бабаларыңның сиынған Құдайы Жаратқан Иеге бағышталып тазару рәсімінен өтіңдер. Содан кейін Оның ғибадатханасын тазартыңдар. Осы киелі орынды арамдайтын нәрселердің бәрін де шығарып тастаңдар! 6 Біздің аталарымыз опасыздық жасап, Құдайымыз Жаратқан Иеден бас тартып, Оған жек көрінішті істер істеді. Олар Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағынан беттерін бұрып, безіп кетті. 7 Аталарымыз осы ғибадатхананың кіреберісінің есіктерін бекітіп тастап, іштегі шамдарды сөндіріп, Исраилдің Құдайының киелі орнында хош иісті заттарды түтетпей, шалынып, өртелетін құрбандықтарды да ұсынбай қойды. 8 Сол себепті Жаратқан Ие Яһуда мен Иерусалимге қаһарланды. Өз көздеріңмен көріп тұрғандай, Иеміз оларды қорқынышты көрініске айналдырып, басқа халықтардың ысқырып табалауына қалдырды. 9 Қараңдаршы, сол үшін қарияларымыз семсер жүзінен қаза тауып, ұл-қыздарымыз бен әйелдеріміз тұтқында жүр! 10 Ал енді, Исраилдің сиынған Құдайы Жаратқан Ие бізге мейірімін көрсетіп, ашуын басуы үшін Онымен Келісім жасаспақ ниетім бар. 11 Уа, халайық, міндеттеріңе немқұрайды қарамаңдар! Жаратқан Ие сендерді Өзінің алдында тұрып құрбандықтар мен сый-тартулар ұсынатын қызметкерлер болуға таңдап алған еді. 12 Сонда мына леуіліктер алға шықты: Қохат ұрпақтарынан Амасай ұлы Махат, Азариях ұлы Жоел, Мерари ұрпақтарынан Ғабди ұлы Қиш, Ехәлелел ұлы Азариях; Герсон ұрпақтарынан Зиммах ұлы Жоғах, Жоғах ұлы Ғадан; 13 Елісапан ұрпақтарынан Шимри мен Еиел; Асаф ұрпақтарынан Зәкәрия мен Маттаниях; 14 Хеман ұрпақтарынан Ехиел мен Шимей, Едутун ұрпақтарынан Шемаях пен Ұзиел. 15 Олар бауырларын жинап алып, бәрі тазару рәсімінен өтті. Бұдан кейін патша әмір еткендей, Жаратқан Иенің еркіне сай Оның ғибадатханасын тазартуға кірісті. 16 Діни қызметкерлер Жаратқан Иенің киелі үйін тазарту үшін оның ішіне кірді. Олар ғибадатханадан тапқан арам нәрселердің барлығын оның ауласына шығарды. Леуіліктер соларды көтеріп алып, (қаланың сыртындағы) Қидрон сайына апарып тастады. 17 Олар тазарту жұмысын көктемде, бірінші айдың бірінші күні, бастап, сол айдың сегізінші күні Жаратқан Иенің киелі үйінің кіреберісіне енді. Діни қызметкерлер сегіз күн бойы қасиетті бөлмені тазартып, бірінші айдың он алтыншы күні жұмыстарын аяқтады. 18 Содан соң олар патшаға: — Біз Жаратқан Иенің киелі үйін, шалынған құрбандықтарды өртейтін үстелді және оған қажетті барлық құрал-саймандарын, нан тартулары қойылатын үстелді әрі оның барлық ыдыс-аяқтарын түгелдей тазартып шықтық. 19 Ахаз патша билік жүргізген кезінде Құдайға опасыздық жасап, менсінбей аяқасты еткен бұйымдарды қайтадан дайындап, тазарттық. Олар енді Жаратқан Иенің құрбандық үстелінің жанында тұр, — деп есеп берді. 20 Ертеңіне Езекия патша ерте тұрып, қаланың барлық әкімдерін Жаратқан Иенің үйіне ертіп алып келді. 21 Патшалық әулет пен Яһуда халқының күнәларын өтеп, киелі үйді күнәдан арылту үшін олар сол жерге жеті-жетіден жас бұқа, қошқар, тоқты, текелер ала келді. Патша Һароннан тараған діни қызметкерлерге оларды құрбандыққа шалып, Жаратқан Иеге бағышталған құрбандық үстелінде өртеп ұсынуға бұйырды. 22 Алдымен жас бұқалар құрбандыққа шалынды. Діни қызметкерлер солардың қанын құрбандық үстеліне бүркіп шашты. Мұнан соң қошқарлар, кейін тоқтылар шалынып, олардың да қаны құрбандық үстеліне себілді. 23 Осыны бітірген соң діни қызметкерлер күнәні өтеу құрбандығы етіп шалмас бұрын текелерді патша мен бүкіл жамағаттың алдына алып келді. Олар текелердің үстеріне қолдарын қойды. 24 Діни қызметкерлер текелерді шалып, қанын бүкіл Исраил халқын күнәларының арамдығынан тазарту үшін құрбандық үстеліне бүркіп шашты. Себебі шалынып, өртелетін және күнәнің құнын өтейтін құрбандықтар бүкіл Исраил елі үшін ұсынылсын деп патша алдын ала бұйырып қойған болатын. 25 Ол леуіліктерге даңғыра, шертер, жетіген аспаптарын беріп, оларды Жаратқан Иенің ғибадатханасына тұрғызып қойды. Езекияның бұл істегені Дәуіт патшаның берген нұсқауларына, әрі Дәуітке Құдайдың хабарын жеткізген Ғад пен Натан пайғамбарлардың Жаратқан Иеден алған нұсқауларына сай болды. 26 Осылайша леуіліктер Дәуіттің саз аспаптарын, ал діни қызметкерлер кернейлерін ұстап тұрды. 27 Мұнан кейін Езекия Тәңір Иеге арнап тағы басқа да құрбандықтар шалынып, өртелсін деп бұйырды. Олар құрбандық үстелінде өртеле бастаған кезде халық Жаратқан Иеге арналған мадақтау жырларын айта бастады. Исраил патшасы Дәуіттің жасатқан сазды аспаптары және кернейлер де тартылып жатты. 28 Құрбандықтар шалынып, өртеліп біткенше, жиналған бүкіл халық ғибадат етіп, әншілер мадақтау жырларын шырқап, кернейшілер кернейлерін тартып тұрды. 29 Құрбандықтар өртеліп ұсынылған соң патша мен қасындағы жамағаттың барлығы Жаратқан Иенің алдында иіліп, Оған ғибадат етті. 30 Езекия патша және оның әміршілері леуіліктерге: «Дәуіт пен Асаф пайғамбар жазып қалдырған жырларымен Жаратқан Иені мадақтай беріңдер!» — деп бұйырған еді. Олар Жаратқан Иеге шаттана мадақтау жырларын айтып, бастарын иіп ғибадат етті. 31 Содан соң Езекия халыққа қарап: «Енді сендер Жаратқан Иеге бағышталдыңдар. Қазір Оның киелі үйіне жақындап, құрбандықтар шалып, шүкірлік білдіретін сый-тартуларыңды алып келіңдер!» — деді. Мұны естіп, бүкіл жамағат құрбандықтар мен сый-тартулар алып келді. Бұларға қоса халайық өз жүрек қалауларына сай шалынып, өртелетін құрбандықтар да ұсынды. 32 Олардың Жаратқан Иеге арнап шалынып, өртелуге әкелген құрбандықтарының жалпы саны жетпіс сиыр, жүз қошқар, екі жүз тоқты болды. 33 Бұлардан басқа тағы да алты жүз бұқа мен үш мың қой-ешкі Құдайға бағышталды. 34 Ал діни қызметкерлер аз болып, олар шалынып, өртелетін құрбандықтардың терілерін сыдырып үлгіре алмады. Сондықтан басқа діни қызметкерлер тазару рәсімінен өтіп болғанға дейін, рулас бауырлары, леуілік қызметшілер, оларға жұмыстарын бітіргенше көмектесе тұрды. Бұлар тазару рәсімінен өтуге діни қызметкерлерден гөрі көбірек көңіл бөлетін еді. 35 Сонымен ағыл-тегіл мол құрбандықтар шалынып, үстеріне арнайы сұйық тартулар құйылып, өртелді. Ризашылық құрбандықтарының майлы бөліктері де өртеліп ұсынылды. Осылай Жаратқан Иенің киелі үйінің қызметі қайтадан қалпына келтірілді. 36 Құдайдың өз халқы үшін жасағандарына Езекия мен бүкіл жұрт қатты қуанды. Себебі бұлардың бәрі күтпеген жерден тез жүзеге асқан еді.
1 Кейінірек Езекия бүкіл Исраил мен Яһуда еліне хабар жіберіп, бәрін Исраилдің Құдай Иесінің өсиет еткен Құтқарылу мейрамын өткізу үшін Жаратқан Иенің Иерусалимдегі киелі үйіне шақырды. Патша солтүстік Исраилдің Ефрем, Манаса руларына да шақыру хаттарын жолдады. 2 Патша, оның уәзірлері және Иерусалимнің бүкіл мәжілісі мейрамды екінші айда өткізу жайлы ақылдасты. 3 Себебі діни қызметкерлердің тазару рәсімінен өткендерінің саны жеткіліксіз болды, оның үстіне халық та Иерусалимге жиналып үлгермеген еді. 4 Бұл ұсынысты патша мен бүкіл жамағат құптады. 5 Сонымен олар Исраилдің оңтүстіктегі Бер-Шеба мен солтүстіктегі Данның арасындағы бүкіл халқын Исраилдің Құдай Иесінің құрметіне Құтқарылу мейрамын өткізу үшін Иерусалимге шақыру керек деп шешті. Бұған дейін халықтың көпшілігі мейрамды атап өтпейтін. 6 Патшаның бұйрығы бойынша жаршылар бүкіл Исраил мен Яһуданы аралап, патша мен оның әміршілерінің мына сөздерін халыққа таратты: «Уа, Исраил халқы, Ыбырайым, Ысқақ, Исраилдың сиынған Құдайы Жаратқан Иеге қайтадан бет бұрыңдар! Сонда Ол Ассур патшасының шеңгелінен аман қалған сендерге де қайтадан бетін бұрмақ. 7 Әкелерің мен ағайындарыңа ұқсамаңдар! Олар ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иеге опасыздық жасай берді. Сондықтан Ол соларды жазалап, қорқынышты көрініске айналдырды. Оны өздерің-ақ көріп тұрсыңдар. 8 Енді олар сияқты қиқарлыққа салынбаңдар! Жаратқан Иеге мойынсұныңдар! Оның мәңгілікке Өзіне бағыштаған киелі үйіне келіп, Оған қызмет етіңдер! Сонда Ол сендерге деген қаһарынан қайтпақ. 9 Егер сендер Жаратқан Иеге қайтадан бет бұрсаңдар, ағайындарың мен балаларыңды құл қылып ұстап отырғандар оларға мейірімділік көрсетіп, туған елдеріне қайтаратын болады. Сендердің Құдайларың Жаратқан Ие рақымды да мейірімді! Егер Оған қайта бет бұрсаңдар, Ол сендерден ешқашан бас тартпайды». 10 Жаршылар Ефрем мен Манаса руларының барлық қалаларын аралап шығып, тіпті Забулонға дейін барды. Бірақ кездескен халық оларды күлкі етіп, келекеледі. 11 Дегенмен Ашир, Манаса, Забулон руларының кейбір адамдары Жаратқан Иеге мойынсұнып, Иерусалимге беттеді. 12 Құдай Яһуда халқына да игі әсерін тигізіп, бәрінің жүректерін бір шешімге келтірді. Олар патша мен әміршілердің Жаратқан Иенің сөзіне сай берген бұйрығын жүзеге асыруға жаппай жұмылды. 13 Сонымен екінші айда Иерусалимде өте көп адам жиналып, Ашымаған нан мейрамын өткізуге үлкен жамағат дайын тұрды. 14 Олар алдымен Иерусалимдегі жалған тәңірлерге бағышталып шалынған құрбандықтар өртелетін және хош иісті заттар түтетілетін үстелдерді қиратып, қала сыртындағы Қидрон сайына апарып, лақтырып тастады. 15 Екінші айдың он төртінші күні олар Құтқарылу мейрамына арналған тоқтыларды сойды. Өткен жолы даяр болмағандарына ұялған діни қызметкерлер мен леуіліктер тазару рәсімінен өтіп, Жаратқан Иеге бағышталып, дайын тұрды. Олар Оның киелі үйіне арнайы шалынып, өртелетін құрбандықтарды алып келді. 16 Кейін олар Құдайдың пайғамбары Мұса табыстаған Таурат заңы бойынша белгілі орындарында тұрды. Діни қызметкерлер леуіліктерден құрбандықтардың қанын қабылдап, құрбандық үстеліне бүркіп септі. 17 Халықтың арасында әлі де тазарып, дайындалмағандар көп болды. Жаратқан Ие олардың да құрбандықтарын қабылдай көрсін деп леуіліктер солар үшін Құтқарылу мейрамына арналған тоқтыларды шалды. 18 Оның үстіне бірталай адам, көбі Ефрем, Манаса, Исашар, Забулон руларынан келгендер, тазару рәсімінен өтпестен Құтқарылу мейрамының асына қатысып, ережеге қайшы нәрсе жасады. 19 Сонда Езекия олар үшін былай деп мінажат етті: «Уа, мейірімі мол Жаратқан Ие! Бұл адамдар осы киелі орынға сай тазару рәсімінен өтпесе де, ата-бабалары сиынған Құдай Иеге шын жүрегімен бағынғысы келген олардың әрқайсысын кешіре гөр!» 20 Жаратқан Ие Езекияның өтінішіне құлақ асып, халықты кешіріп, аман-сау қалдырды. 21 Иерусалимде жиналған исраилдіктер жеті күн бойы үлкен қуанышпен Ашымаған нан мейрамын тойлады. Күн сайын леуіліктер мен діни қызметкерлер Жаратқан Иеге бағышталған сазды аспаптарының сүйемелдеуімен Оны дауыстап мадақтап отырды. 22 Езекия леуіліктерді Жаратқан Иеге зердемен қызмет еткендері үшін мақтап, жігерлендірді. Халық жеті күн бойы мейрамның тамағын жеп, ризашылық құрбандықтарын ұсынып, ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иені мадақтап дәріптеді. 23 Жамағат мейрамды тағы жеті күнге созуға келісіп, оларды да шаттана мерекелеумен өткізді. 24 Яһуда патшасы Езекия жиналған халық үшін құрбандыққа шалуға мың өгіз бен жеті мың қой, ал әміршілер тағы да мың бұқа мен он мың қой-ешкі берген болатын. Бұл жолы діни қызметкерлер көптеп тазару рәсімінен өтіп қойған еді. 25 Осылай Яһуда халқының бүкіл қауымы, діни қызметкерлер мен леуіліктер, Солтүстік Исраилден мейрамға келгендердің қауымы және Солтүстік Исраил мен Яһудада тұрып жатқан жат жұрттықтардың арасынан келгендердің барлығы да қатты қуанды. 26 Исраил патшасы Дәуіт ұлы Сүлейменнің заманынан бері Иерусалимде мұндай мереке болып көрмегендіктен, қалада жиналғандардың қуаныштары зор болды. 27 Соңында Леуіден тараған діни қызметкерлер орындарынан тұрып, халыққа бата берді. Олардың дауыстарына Құдай құлақ асып, мінажаттары Оның көктегі киелі тұрағына жетіп жатты.
1 Мейрам біткеннен кейін оған қатысқан исраилдіктердің барлығы Яһуданың қалаларына барып, олардағы жалған тәңірлерге бағышталған тас мүсіндерді қиратып, Ашераға арналған ағаш бағаналарды шауып тастап, биіктеу жерлердегі табыну орындарын және құрбандық үстелдерін талқандады. Олар Яһуда мен Бунямин руларының жерлерінің бәрінде әрі Ефрем мен Манаса руларының жерлерінде сол табыну орындарын түгелімен жойып тастады. Бұдан кейін исраилдіктер өз қалалары мен үй-жайларына қайтты. 2 Бұдан кейін Езекия діни қызметкерлер мен леуіліктердің атқаратын міндеттеріне сәйкес кезектерін белгіледі. Олар шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар мен ризашылық құрбандықтарын ұсынып, Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағының қақпаларының қасында қызмет етіп, шүкірлік айтып, мадақтау әндерін шырқауға тиіс болды. 3 Патша күн сайын азанда және кешке шалынып, өртелетін құрбандықтар үшін, сондай-ақ демалыс күндері, әр айдың алғашқы күніндегі мейрамда және Жаратқан Иенің Таурат заңында белгіленген басқа да мейрамдарда шалынып, өртелетін арнайы құрбандықтар үшін де өзінің отарлары мен табындарынан мал бөліп қойды. 4 Патша Иерусалимнің халқына сый-тартулардың діни қызметкерлер мен леуіліктерге тиісті бөліктерін әрдайым беріп тұруға жарлық шығарды. Осылай діни қызметкерлер мен леуіліктер бар ынтасын Жаратқан Иенің Таурат заңын үйретіп, орындауға арнайтын болды. 5 Осы жарлық шыға салысымен, исраилдіктер астықтың, жүзім шырыны мен зәйтүн майының және балдың, жалпы, жердің барлық өнімдерінің алғашқы бөліктерін жомарттықпен алып келе бастады. Сонымен қатар олар қолдарында бардың оннан бір бөлігін де ағыл-тегіл мол етіп ұсынды. 6 Яһудалықтар және Солтүстік Исраилден Яһуда еліне көшіп келіп, Яһуданың өзге қалаларында тұрып жатқандар мүйізді ірі қаралары мен ұсақ малдарының оннан бірін айдап әкелді, әрі өздерінің Құдайы Жаратқан Иеге арнап қойғандарының да оннан бір бөлігін ұсынып, үйіп-төгіп тастады. 7 Олар сый-тартуларын әкелуді мамыр айында бастап, қыркүйекте бір-ақ аяқтады. 8 Езекия патша мен оның әміршілері келіп, үйіліп-төгілген сый-тартуларды көргенде, Жаратқан Иеге шүкірлік етіп, Оның халқы Исраилге алғыс айтып, ақ бата берді. 9 Езекия діни қызметкерлер мен леуіліктерден осы мол тартулар туралы сұрастырғанда, 10 Садықтан тараған бас діни қызметкер Азариях былай деп жауап берді: «Халық Жаратқан Иенің киелі үйіне сый-тартуларын алып келе бастағалы біз жейтін тамақтан таршылық көрген жоқпыз, тіпті қор жинауға да жететін болды. Жаратқан Ие Өзінің халқын молынан жарылқағандықтан азық-түлік қоры ағыл-тегіл!» — деді. 11 Сонда Езекия Жаратқан Иенің ғибадатханасында қойма бөлмелерін дайындауға бұйрық беріп, онысы дереу орындалды. 12 Осы қоймаларға сый-тартулар, өнімнің оннан бір бөлігі және Жаратқан Иеге бағышталған басқа да сый-тартулар түгелдей апарылып қойылды. Леуілік Қонаниях қойма меңгерушісі, ал інісі Шимей орынбасары болып тағайындалды. 13 Езекия патша мен Құдайдың киелі үйінің басқарушысы Азарияхтың тапсыруымен Қонаниях пен інісі Шимейдің қол астында Ехиел, Азазиях, Нахат, Асахил, Еримот, Жозабад, Елиел, Исмақиях, Махат және Бенаях бақылаушылар ретінде қызмет ете бастады. 14 Ғибадатхананың шығыс қақпасының күзетшісі, леуілік Ымна ұлы Қоре, Құдайға арналған ерікті сый-тартуларды басқарушы болды. Ол Жаратқан Иеге ұсынылған тартуларды және Оған бағышталған өзге де арнаулы сый-тартуларды үлестіруге жауапты еді. 15 Ғаден, Міниәмін, Ешуа, Шемаях, Әмариях пен Шеханиях оның қарауында болып, діни қызметкерлерге белгіленген қалалардағы леуіліктер мен діни қызметкерлерге тиесілі үлестерін топтары бойынша бөлуде Қореге адалдықпен көмектесіп жүрді. Оларды сол кісілердің жасына қарамай, үлкен-кішісіне тең етіп тарататын. 16 Сонымен қатар олар ата-тек шежірелерінде тіркелген үш жастан асқан еркек кіндікті леуіліктер: Жаратқан Иенің киелі үйіне кіріп, өздерінің міндеті мен тобына сай ондағы күнделікті жұмыстарды атқаруға тиістілердің барлығы да — үлестерін алатын болды. 17 Сондай-ақ, діни қызметкерлерге де олардың ата-тегі мен шежірелері бойынша, әрі жасы жиырмаға толған не одан асқан леуіліктерге де қызметтері мен топтарына сәйкес тиесілі бөліктері үлестірілді. 18 Аты-жөндері шежірелерде тіркелген барлық леуіліктердің нәрестелері, әйелдері мен ұл-қыздарына да үлес тиетін болды. Бұл, леуіліктердің өздерін киелі үйде Құдайға қызмет етуге әрдайым адалдықпен бағыштап, тазару рәсімінен өтулері үшін істелді. 19 Һароннан тараған діни қызметкерлердің бірқатары өздеріне белгіленген қалалардың айналасындағы ауылдық жерлерде және өзге қалаларда тұрып жатқан болатын. Үлестің тиісті бөлігін оларға тарату үшін кейбір адамдар есімдері аталып тағайындалды. Осылайша сол жерлердегі діни қызметкер отбасыларының барлық еркек кіндіктілері және аты-жөндері Леуі руының шежірелерінде тіркелгендердің бәрі өздеріне тиісті бөліктерді алып отырды. 20 Езекия патшаның Яһуда елінде жасаған істері, міне, осындай. Оның іс-әрекеті өзінің сиынатын Құдайы Жаратқан Иенің алдында игілікті, әділ де адал болды. 21 Құдайдың киелі үйіндегі қызмет болсын, Таурат заңы мен оның ережелеріне бағыну болсын, не істесе де, Езекия шын жүректен атқарып, Құдайға мойынсұнды. Осылайша ол табысқа кенелді.
1 Езекияның адалдықпен жасаған осындай күллі істерінен кейін, Ассур патшасы Сеннахирим Яһуда еліне қарсы аттанып, оның қамалды қалаларын қоршап, күшпен тартып алмақ болды. 2 Жаудың елге басып кіріп, астанасы Иерусалимге де қарсы соғыспақ болғанын көрген Езекия 3 уәзірлерімен және қолбасшыларымен кеңесіп, қала сыртындағы су көздерін бітеп тастау туралы ақылдасты. Олар патшаны қолдады. 4 Көптеген адамдар жиналып, Ассурдың патшалары өз әскерлеріне су таба алмай қиналсын деп, барлық бұлақ көздерін және сол жермен ағып жатқан жылғаны бітеп тастады. 5 Езекия іске бар ынтасымен, жан сала кірісіп, қамалдың құлап қалған барлық қабырғаларын қайта тұрғызып, үстіне бірнеше күзет мұнарасын да салды. Оның сыртынан тағы бір қабырға тұрғызып, Иерусалимдегі «Дәуіттің шаһары» делінген көне қорғанның саты тәрізді беткейіне де бекіністер салғызды. Сонымен қатар патша көп етіп қару-жарақ пен қалқандар жасатып, 6 халық үстінен әскери бастықтар тағайындады. Содан ол барлығын қала қақпасының жанындағы алаңға жинап, оларды былай деп жігерлендірді: 7 «Қайратты да батыл болыңдар! Ассур патшасынан және оның ертіп алып келе жатқан қалың тобырынан абыржып қорықпаңдар! Бәрінен де құдіретті күш оның емес, біздің жақта! 8 Жаудағының бары — білек күші ғана, ал бізге Құдайымыз Жаратқан Ие жар болып, біз үшін шайқасатын болады!» — Езекия патшаның бұл сөздерін естігенде халық жігерленді. 9 Осыдан кейін Ассур патшасы Сеннахирим бүкіл әскерімен бірге Яһуда елінің Лахыш қаласына шабуыл жасады. Сол кезде ол Иерусалимге нөкерлерін жіберіп, Езекия патшаға және сол қалаға бас сауғалаған Яһуда халқының бәріне мынадай хабар жолдады: 10 — Ассур патшасы Сеннахирим мынаны айтады: Сендер не нәрсеге арқа сүйеп, Иерусалимде қамалып отырып, тойтарыс бермексіңдер? 11 Езекия сендерді: «Сиынатын Құдайымыз Жаратқан Ие бізді Ассур патшасының қолынан құтқарады!» деп алдап, аштық пен шөлден қырғынға ұшыратпақ болып отыр емес пе? 12 Жаратқан Иеге арналған биіктеу жерлердегі табыну орындары мен құрбандық үстелдерін қиратып, Яһуда мен Иерусалимнің халқына «Жалғыз (Иерусалимдегі) құрбандық үстелінің алдында ғана ғибадат етіп, шалынған құрбандықтарыңды тек соның үстінде ғана өртеп ұсыныңдар!» деп бұйырған осы Езекия емес пе еді? 13 Расында менің әрі ата-бабамның басқа елдердің халықтарына не істегенімізді білмейсіңдер ме?! Сол халықтардың тәңірлері оларды менің қолымнан құтқара алды ма? 14 Аталарым талқандаған елдердің барлық тәңірлерінің қайсысы өз халқын менің қолымнан құтқара алды?! Ендеше сендер сиынатын Құдай да өздеріңді менің қолымнан құтқара алмайды! 15 Сондықтан Езекияның еліктіруіне алданбаңдар, осындай қулықпен көздеріңді байлауына жол бермеңдер! Оған тіпті сенбеңдер! Ешбір елдің не патшалықтың тәңірі өз халқын менің және ата-бабамның қолынан сақтай алмады. Сендер сиынатын Құдайдың өздеріңді менің қолымнан құтқаруы одан бетер мүмкін емес! 16 Сеннахиримнің жіберген нөкерлері Құдай Иеге және Оның қызметшісі Езекияға қарсы тағы да бірталай сөздер айтты. 17 Мұның үстіне Сеннахирим Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге тіл тигізген сайқымазақ хаттарын жіберіп, онда: «Басқа елдердің тәңірлері өздеріне сиынған халықтарын менен сақтап қала алмағанындай, Езекияның Тәңірі де халқын менен қорғай алмайды!» деп жазды. 18 Сеннахиримнің нөкерлері қаланы айналдыра қоршап тұрған қамал үстінде жиналған Иерусалим тұрғындарына қатты дауыспен яһудилердің тілінде айқайлап, қоқан-лоқы көрсетіп қорқыта бастады. Оларды үрейлендіріп, қаланы тезірек басып алмақ болды. 19 Сол нөкерлер Иерусалимнің халқы сиынатын Құдайын жер бетіндегі басқа халықтардың адам қолынан шыққан тәңірсымақтарындай көріп, Оған тіл тигізді. 20 Алайда Езекия патша және Амос ұлы Ишая пайғамбар осыған бола көктегі Құдайға жалбарына сиынды. 21 Сонда Жаратқан Ие періштесін жіберді. Періште Ассур патшасының әскер қосындағы барлық батырларын, қолбасшылары мен әміршілерін қырып кетті. Осылай масқара болған Сеннахирим еліне қайта оралды. Сол жерде ол өзінің табынатын жалған тәңірінің ғибадатханасына кіргенде оны өз ұлдары семсермен шауып өлтірді. 22 Жаратқан Ие осылай Езекияны және Иерусалимнің тұрғындарын Ассур патшасы Сеннахиримнің әрі барлық басқа жауларының қолынан құтқарып қалды. Оларды жан-жағынан қорғап, тыныштық сыйлады. 23 Көптеген елшілер Жаратқан Иеге арнап сый-тартулар және Яһуда патшасы Езекияға бағалы сыйлықтар алып, Иерусалимге ағылып келді. Сонымен күллі халықтар алдында Езекия патшаның мәртебесі өсіп, жоғарылады. 24 Сол күндері Езекия қатты науқастанып, өлім аузында жатты. Ол мінажат еткенде Жаратқан Ие оған хабарын жіберіп, ғажап белгі берді, (әрі оны кереметпен сауықтырды). 25 Бірақ Езекия өркөкіректеніп, осы көрген жақсылығына шүкірлік етпеді. Сонда Жаратқан Ие оған және Яһуда мен Иерусалимнің халқына қаһарланды. 26 Ал патшаның өзі де, Иерусалимнің тұрғындары да өркөкіректігіне өкінгенде, Жаратқан Ие оларға Езекияның көзі тірісінде қаһарын төккен жоқ. 27 Езекия кезінде орасан зор дәулет пен даңққа ие болған еді. Ол күмісі мен алтынын, асыл тастары мен хош иісті заттарын, қалқандары мен басқа да әр түрлі бағалы заттарын сақтайтын қазына үйлерін салғызды. 28 Сонымен қатар астық, шырын, май сақтайтын қоймалар және төрт түлік малға арнап қора-қопсылар жасатты. 29 Құдай оны соншама мол дүние-мүлікке кенелткендіктен, патша өзіне көптеп қыстақтар салғызып, қора-қора ірілі-ұсақты малға ие болды. 30 Гихон қайнар көзінің жоғарғы бұлағын бітеп тастап, суын (тауды үңгіп жасаған кәріз арқылы) батысқа, Дәуіттің шаһарының ішіне қарай бағыттап ағызған да патша Езекия еді. Ол не істесе де, табысқа жетіп жүрді. 31 Тек Бабыл патшалығының билеушілері Яһуда елінде болған ғажап керемет туралы сұрастыруға жіберген елшілері келгенде, Құдай Езекияның жүрегінің түкпір-түкпірінің бәрін білу үшін оны өз бетімен қалдырып, сынақтан өткізді. 32 Езекияның қалған өмір тарихы мен адал іс-әрекеті Амос ұлы Ишая пайғамбардың көрген аяндары мен көріністері баяндалған жазбада және «Яһуда мен Солтүстік Исраил патшаларының кітабында» жазылған. 33 Езекия көз жұмып ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Дәуіт патша әулетінің зиратының жоғарғы бөлігіндегі қабірге қойылды. Бүкіл Яһуда мен Иерусалим халқы оған зор сый-құрмет көрсетті. Оның ұлы Манаса орнын басып патша болды.
1 Манаса патша болған кезде жасы жиырмада еді. Ол Иерусалимде елу бес жыл билік жүргізді. 2 Манаса Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. Осылайша ол Жаратқан Ие ежелде Исраил халқының алдынан елден қуып шыққан халықтардың жексұрын дәстүрлеріне еліктеді. 3 Манаса әкесі Езекия кезінде қиратып тастаған биіктеу жерлердегі табыну орындарын қайта салғызып, Бағал атты жалған тәңірдің мүсіндеріне арналған құрбандық орындарын және Ашераға бағышталған ағаш бағаналарды қайтадан орнатты. Сонымен қатар ол аспан денелерінің бүкіл тобына иіліп, құлшылық етіп жүрді. 4 Жаратқан Ие Өзінің киелі үйі туралы: «Иерусалимде Менің есімім әрдайым орнықсын!» деген болса да, Манаса Жаратқан Иенің сол киелі үйінде жалған тәңірлерге арнап құрбандық үстелдерін тұрғызды, 5 әрі оның екі ауласында күллі аспан денелеріне бағышталған құрбандық үстелдерін орнатты. 6 Манаса Бен-Хенном аңғарында тіпті өз ұлдарын жалған тәңірге арнап отқа өртеп құрбан етті. Патша бақсы-балгерлікпен және сиқыршылықпен айналысып, аруақ шақырушылар мен өзге де сәуегейлерден ақыл сұрайтын. Осылайша Манаса Жаратқан Иеге жек көрінішті көптеген істер істеп жүріп, Оның қаһарын өршітті. 7 Манаса өзі жасатып алған жалған тәңір мүсінін тіпті Құдайдың киелі үйіне апарып, сонда орнатып қойды. Ал осы киелі үй туралы Құдай Дәуітке және оның ұлы Сүлейменге былай деген болатын: «Мен Исраилдің барлық руларының ішінен таңдап алған қалам Иерусалимдегі осы киелі үйде өз есімімді тұрақты орнатпақпын. 8 Егер Исраил халқы Менің өздеріне Мұса (пайғамбар) арқылы тапсырған Таурат заңымды толығымен ұстанып, бұйырған барлық ережелерім мен шешімдерімді орындап жүрсе, онда Мен ата-бабаларын қоныстандырған осы елден оларды ешқашан қуып шығармаймын». 9 Алайда Манаса Яһуда мен Иерусалимнің тұрғындарын теріс жолға тайдырып жіберді. Олардың арамза істері бұрын Исраил халқы елге көшіп келген кезде Жаратқан Ие олардың ата-бабаларының алдынан жойып жіберген халықтардың жасағандарынан бетер зұлым болды. 10 Жаратқан Ие Манаса мен оның халқына хабарын жіберіп сақтандырған еді, бірақ олар Онысына құлақ аспады. 11 Сол себепті Жаратқан Ие оларға қарсы Ассур патшасының әскер басшыларын жіберді. Бұлар Манасаны қолға түсіріп, мұрындықтап, қола шынжырлармен кісендеп, Бабыл қаласына айдап алып кетті. 12 Басына күн туғанда Манаса ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иеге жалбарынып, Оның алдында бас ұра күнәсін мойындап, 13 мінажат етті. Жаратқан Ие жалбарынышына құлақ асып, оны Иерусалимге қайтарып, сонда қайтадан патша етіп қойды. Осыдан Жаратқан Иенің шынайы Құдай екеніне Манасаның көзі жетті. 14 Мұнан кейін Манаса «Дәуіттің шаһарының» сыртқы қамал қабырғасын бұрынғыдан биік қылып қайта салды. Осы қабырға Гихон қайнар көзінің батыс жағында, сайдың бойымен Опел төбесін айналдыра Балық қақпасына дейін созылды. Патша Яһуданың барлық қамалды қалаларына да қолбасшылар тағайындады. 15 Манаса бөтен тәңірлердің бейнелерін әрі Жаратқан Иенің киелі үйінде орнатылған жалған тәңірдің мүсінін де алып тастады. Сонымен қатар патша ғибадатхана салынған төбеде және бүкіл Иерусалим қаласында жалған тәңірлерге арнап тұрғызылған күллі құрбандық орындарын қиратып, қаладан шығарып тастады. 16 Бұдан кейін ол Жаратқан Иеге арналған құрбандық үстелін қайтадан тұрғызып, оның үстінде ризашылық пен шүкірлік құрбандықтарын ұсынды. Манаса, сондай-ақ, Яһуданың халқына да түп атасы Исраилдің сиынған Құдайы Жаратқан Иеге ғибадат етуге бұйырды. 17 Бірақ халық құрбандықтарын енді Құдай Иесіне бағыштағанмен, оларын бұрынғысынша биіктеу жерлердегі табыну орындарында да шалып, ұсына берді. 18 Манасаның қалған істері, оның Құдайына арнаған мінажаты, сондай-ақ, пайғамбарлардың Манасаға Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің атынан айтқан сөздері «Исраил патшаларының тарихында» жазылған. 19 Манасаның жалбарына мінажат еткені және онысына Құдайдың рақым етіп құлақ салғаны, әрі патшаның содан бұрын жасаған күнәлары мен опасыздығы туралы, жалған тәңірлерге арнап биіктеу жерлерде тұрғызған табыну орындары, Ашераға бағыштаған ағаш бағаналары және басқа да тәңірсымақтардың мүсіндері — осылардың барлығы жайлы пайғамбарлардың жазбаларында баяндалған. 20 Манаса көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті өзінің сарайының маңындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Амон орнын басып патша болды. 21 Амон патша болған кезде жасы жиырма екіде еді. Ол Иерусалимде екі жыл билік жүргізді. 22 Әкесі Манаса істегендей, Амон да Жаратқан Иеге жеккөрінішті істер істеді. Амон әкесі жасатқан тәңірсымақ мүсіндерінің бәріне табынып, құрбандықтар шалып, құлшылық етті. 23 Ал әкесі Манаса кейін Жаратқан Иенің алдында бас ұра күнәсін мойындаса да, Амон солай істемеді. Керісінше, ол күнәға белшесінен бата түсті. 24 Ақырында нөкерлері Амонға қарсы сөз байласып, оны өз сарайында өлтіріп кетті. 25 Бірақ елдің халқы патшаға қастандық жасағандардың барлығын да өлтіріп, Амонның орнына оның ұлы Жосияны патша етіп қойды.
1 Жосия патша болған кезде оның жасы сегізде еді. Ол Иерусалимде отыз бір жыл билік жүргізді. 2 Жосия Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеп, түп атасы Дәуіттің жолымен жүрді және мұнысынан не оңға, не солға таймады. 3 Жосия патшалық құрған сегізінші жылы, әлі де жасөспірім шағында түп атасы Дәуіт сиынған Құдайына бет бұрып, Оның еркін сұрай бастаған еді. Содан кейін ол билігінің он екінші жылы Яһуда мен Иерусалимді биіктеу жерлердегі табыну орындарынан, жалған тәңір Ашераға бағышталған бағаналардан және ағаштан ойылып не қоладан құйылып жасалған басқа да тәңірсымақ мүсіндерінен арылта бастады. 4 Жосияның қызметкерлері оның бақылауымен Бағалға арналған құрбандық үстелдерін қиратып, солардың үстерінде орналасқан хош иісті заттар түтетілетін тұғырларды да талқандады. Олар Ашераға арналған бағаналарды және ойылып не құйылып жасалған тәңірсымақ мүсіндерін күлпарша қылып қиратып, соларға арнап құрбандық ұсынғандардың қабірлерінің үстіне шашып тастады. 5 Патша жалған тәңірлерге құлшылық еткен діни қызметкерлердің сүйектерін сол құрбандық үстелдерінде өртеткізді, әрі Яһуда мен Иерусалимді сол күнәлардың арамдығынан тазартқызды. 6 Жосия кейінірек Солтүстік Исраилдегі Манаса, Ефрем, Шимон руларының қалаларына, тіпті Нафталим руының жеріне дейін барды. Солардың жау қиратып кеткен аймақтарында ол 7 жалған тәңірлерге арналған құрбандық үстелдерін, бағаналар мен мүсіндерді құлатып, күлпаршасын шығарып, хош иісті заттар түтетіліп ұсынылатын үстелдерді де талқандады. Мұны бүкіл Исраил елінде істеп болған соң патша Иерусалимге қайта оралды. 8 Осылай Жосия патшалық құрған он сегізінші жылы елді және киелі үйді арамдықтан тазартумен айналысып жүрді. Сол кезде патша Асалиях ұлы Шафанды, қала әкімі Мағасияхты және жылнамашы Жоғахаз ұлы Жоғахты Құдай Иесінің киелі үйін жөндеуге жіберді. 9 Бұл үшеуі бас діни қызметкер Хелкияға барып, оған ғибадатхананың қақпаларын күзетіп тұрған леуіліктер жинаған күмісті оған тапсырды. Осы күмісті Манаса мен Ефрем руларының және Солтүстік Исраилдің елде қалған басқа адамдарының бәрі әрі бүкіл Яһуда, Бунямин және Иерусалимнің халқы Құдайдың киелі үйіне арнап әкелген болатын. 10 Сол қаржы ғибадатханадағы жұмыстарды басқаратындарға табысталды. Бұлар одан ғимараттарды жөндеп, жаңартып жатқан жұмысшылардың жалақыларын төледі. 11 Сондай-ақ, қаржының бір бөлігі ағаш ұсталары мен құрылысшыларға берілді. Олар соған қашалған тастар әрі үй төбесін керіп тұратын белағаштар жасауға бөренелер сатып алды. Бұл заттар Яһуданың бұрынғы патшалары күтусіз қалдырып кеткен ғибадатхана ғимараттарын қалпына келтіріп, төбелерін жабуға пайдаланылды. 12 Жұмысшылар міндеттерін ұқыпты атқарды. Оларға төрт леуілік: Мерари ұрпақтарынан Яхат пен Абадиях, Кохат ұрпақтарынан Зәкәрия мен Мешулам басшылық етуге тағайындалды. Саз аспаптарында шебер ойнайтын күллі леуіліктер 13 жүк тасушылардың жұмысына ырғақ беріп, әрбір тапсырманың орындалуын бақылап жүрді. Басқа леуіліктер хатшылар, топ басшылары және қақпа күзетшілері ретінде қызмет көрсетті. 14 Леуіліктер Жаратқан Иенің киелі үйіне арналып ұсынылған күмісті қазына қоймасынан алып шыққан осы кезде бас діни қызметкер Хелкия Жаратқан Иенің Мұса арқылы тапсырған Таурат заңының кітабын тауып алды. 15 Хелкия Шафан хатшыға: «Мен Жаратқан Иенің киелі үйінен Таурат заңының кітабын тауып алдым!» — деп хабарлап, кітапты оған табыстады. 16 Шафан мұны патшаға алып барып: «Тақсыр, сіздің қызметшілеріңіз тапсырмаларыңыздың барлығын орындап жүр. 17 Олар Жаратқан Иенің киелі үйінде сақталған күмісті шығарып, басқарушылар мен жұмысшыларға тапсырды, — деп баяндады. 18 Шафан сөзін жалғастырып: — Діни қызметкер Хелкия маған бір шиыршық кітапты табыстады», — деді. Содан ол кітаптың біраз жерін патша алдында дауыстап оқып берді. 19 Патша Таурат заңының сөздерін естігенде қатты қайғырып көйлегінің өңірін айыра жыртты. 20 Содан ол Хелкияға, Шафан ұлы Ахиқамға, Миқая ұлы Абыдонға, хатшысы Шафан және бас уәзірі Асаяхқа былай деп әмір етті: 21 «Менің атымнан және Солтүстік Исраил мен Яһуданың жер аударылудан аман қалғандарының атынан барып, табылған кітапта жазылған сөздер жөнінде Жаратқан Иенің еркін сұрап біліп келіңдер! Ата-бабаларымыз Оның сөздерін ұстанбады, осы кітапта тапсырылғанның бәрін істемеді. Сондықтан да Жаратқан Иенің бізге төгілген қаһары өте қатты!» 22 Хелкия мен патшаның жіберген нөкерлері Олдама пайғамбарға барды. Олдама киім қоймасының басқарушысы Шаллумның әйелі еді. Шаллум Хасраның немересі, Тоқаттың ұлы болатын. Пайғамбар Иерусалимнің екінші ауданында тұратын. Елшілер оған болған жайт туралы айтып берді. 23 Олдама оларға жауап беріп былай деді: — Исраилдің Құдай Иесінің хабары мынау, сіздерді маған жіберген адамға былай деңіздер: 24 Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп қой, Мен осы жерге және оның тұрғындарына пәле жіберемін! Яһуда патшасының алдында оқылған жазбадағы қарғыстардың барлығын олардың бастарына түсіремін! 25 Себебі олар Мені елемей тастап кетті, әрі бөгде тәңірлерге хош иісті заттар түтетіп, өз қолдарымен жасаған тәңір мүсіндеріне табынып, әдейі ашуымды туғызды. Мен осы жерге лаулаған қаһарымды төгемін, ол енді еш сөнбейді! 26 Дегенмен сіздерді Жаратқан Иенің еркін сұрап білуге жіберген Яһуда патшасына тағы былай деңіздер: Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие сіз жаңа естіген хабар туралы мынаны да айтады: 27 «Сен Менің осы жерге және оның тұрғындарына шығарған үкіміме құлақ асып, жүрегіңді қасарыстырмадың, керісінше, Маған мойынсұндың. Қатты қайғырып, көйлегінің өңірін айыра жыртып, Менің алдымда көз жасыңды төктің. Сондықтан Мен саған құлақ салдым. — Сонымен Құдай Ие былай деп шешті: — 28 Біліп қой, уақыты келгенде Мен сені ата-бабаларыңның қасына аттандырып, мәйітіңнің қабірге құрметпен қойылуына жағдай жасамақпын. Осылай сен Менің осы жерге және оның тұрғындарын жіберетін күллі пәлелерді көрмейсің». Елшілер патшаға қайтып келіп, осы хабарды жеткізді. 29 Сонда патша шабармандарын жіберіп, бүкіл Яһуда мен Иерусалимнің рубасыларын шақыртып жинап алды. 30 Олар келген соң, патша Яһуда халқы мен Иерусалимнің тұрғындарын, діни қызметкерлер мен леуіліктерді, үлкенді-кішілі бүкіл халықты ертіп алып, Жаратқан Иенің киелі үйіне өрлеп барды. Сол жерде патша бәрінің алдында Жаратқан Иенің киелі үйінен табылған Келісім кітабының барлық сөздерін басынан аяғына дейін оқып берді. 31 Мұнан кейін патша бағана жанындағы арнайы орнында Жаратқан Иенің алдында тұрып, Онымен Келісім жасады. Сонда ол Жаратқан Иенің жолымен жүріп, Оның күллі өсиеттерін, бұйрықтары мен ережелерін шын жүректен, бүкіл жан дүниесімен орындап, осы кітапта жазылған Келісімнің шарттарын жүзеге асыруға ант берді. 32 Патша Иерусалим мен Буняминдегі барлық адамдарға да бұл Келісімге мойынсұнуды бұйырды. Содан Иерусалимнің тұрғындары ата-бабаларының сиынған Құдайы — (жалғыз шынайы) Құдайдың Келісіміне сәйкес іс-әрекет ете бастады. 33 Жосия исраилдіктерге қарасты бүкіл аймақтардан жалған тәңірлердің жексұрын мүсіндерін алып тастап, Исраилде тұратындардың барлығын өздерінің Құдайы Жаратқан Иеге сиынып қызмет етуге мәжбүр етті. Жосияның көзі тірі кезінде халық ата-бабалары сенген Құдай Иенің жолынан тайған жоқ.
1 Жосия Иерусалимде Жаратқан Иенің құрметіне Құтқарылу мейрамын да өткізді. Соған арналған тоқтылар бірінші айдың он төртінші күні құрбандыққа шалынды. 2 Патша діни қызметкерлерді міндеттеріне тағайындап, Жаратқан Иенің ғибадатханасындағы қызметтерін түгел атқаруға жігерлендірді. 3 Бүкіл Исраил халқына тәлім беріп келген, Жаратқан Иенің қызметіне бағышталып, тазару рәсімінен өткен леуіліктерге патша мына нұсқауларды берді: «Киелі Келісім сандығын Исраилдің патшасы Дәуіт ұлы Сүлеймен салған киелі үйде қалдырып, оны (ежелдегідей) иықтарыңда көтеріп алып жүрмейсіңдер ғой. Сондықтан Құдайларың Жаратқан Иеге және Оның халқы Исраилге былайша қызмет ете беріңдер: 4 топтарыңа бөлінген отбасыларың Дәуіт патша мен оның ұлы Сүлейменнің леуіліктерге қалдырып кеткен жазбаларына сай міндеттеріңді кезекпен атқаруға даяр болыңдар. 5 Ғибадатханада халықтың руларының әр әулеті үшін бір-бір леуілік топ қызмет етуге дайын тұрсын. 6 Қазір Құтқарылу мейрамына арналған тоқтыларды шалу керек. Сендер Жаратқан Иеге бағышталып тазару рәсімінен өтіп, Оның Мұса арқылы жіберген ережелеріне сәйкес құрбандық тоқтыларды елдестерің үшін дайындаңдар!» — деді. 7 Жосия халыққа Құтқарылу мейрамына арнап отыз мың тоқты-текешік, сонымен қатар үш мың мүйізді ірі қара малды сыйлады. Мұның бәрі өзінің жеке малы болатын. 8 Патшаның әміршілері де өз еріктерімен халыққа, діни қызметкерлер мен леуіліктерге құрбандық малын атады. Құдайдың киелі үйінің басқарушылары Хелкия, Зәкәрия және Ехиел де діни қызметкерлерге екі мың алты жүз тоқты мен үш жүз мүйізді ірі қара мал берді. 9 Сол сияқты, леуіліктердің басшылары: Қонаниях және оның бауырлары Шемаях пен Нетанел, Хашабиях, Еиел, Жозабад та мейрамға арнап леуіліктерге бес мың тоқты мен бес жүз мүйізді ірі қара мал атады. 10 Мейрамдық ғибадатқа осындай дайындық жасалды. Патшаның нұсқауына сай діни қызметкерлер өз орындарында, леуіліктер де топтары бойынша әзір тұрды. 11 Тоқтылар құрбандыққа шалынды. Діни қызметкерлер қанын құрбандық үстеліне бүркіп, леуіліктер терілерін сыдырды. 12 Олар Мұса арқылы табысталған Таурат кітабында жазылған нұсқау бойынша Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шалынып, өртелетін малды рулардың әулеттеріне үлестірді. Мүйізді ірі қарамен де осылай істелінді. 13 Содан олар Құдайдың ережесіне сәйкес Құтқарылу мейрамының құрбандықтарын отқа қуырды, ал Жаратқан Иеге бағышталған құрбандықтардың етін үлкенді-кішілі қазандарда асып, тездетіп халыққа үлестіріп отырды. 14 Мұны бітіргеннен кейін леуіліктер өздері және діни қызметкерлер үшін мейрам асын дайындады. Себебі Һароннан тараған діни қызметкерлер түгелдей өртелетін құрбандықтарды және өзге құрбандықтардың майлы бөліктерін қас қарайғанға дейін өртеумен болды. Сондықтан да леуіліктер өздерімен қатар оларға да қамқорлық жасады. 15 Асафтан тараған леуілік әнші-күйшілер ежелде өздері үшін Дәуіт патша, Асаф, Хеман және патша жанындағы Едутун пайғамбар белгілеген орындарында тұрды. Ғибадатхананың барлық қақпаларындағы күзетшілерге қызметтерінен сұранып кетудің қажеті болмады. Леуілік бауырластары оларға да Құтқарылу мейрамының асын дайындап қойған еді. 16 Осылайша сол күні Жаратқан Иеге арналған ғибадат рәсімдері түгелдей орындалды. Жосия патшаның бұйрығына сәйкес, халық Құтқарылу мейрамын тойлады да, құрбандықтарын шалып, Жаратқан Иеге арналған құрбандық үстелінде өртеп ұсынды. 17 Сол жерде болған күллі исраилдіктер Құтқарылу мейрамын мерекелеп, оған жалғастыра жеті күн бойы Ашымаған нан мейрамын да өткізді. 18 Исраилдіктердің Құтқарылу мейрамын осылай тойлауы Самуил пайғамбардың заманынан бері болмаған еді. Оған Жосия патша, діни қызметкерлер, леуіліктер, бүкіл Яһуданың және сонда болған Солтүстік Исраилдің халқы әрі Иерусалимнің тұрғындарының барлығы бірігіп қатысты. Исраилдің ешбір патшасы бұрын-соңды Жосия патша іспетті Құтқарылу мейрамын бұлай тойлаған емес. 19 Осы Құтқарылу мейрамы Жосияның патшалық құруының он сегізінші жылы өтті. 20 Жосия ғибадатхананы осылай қалпына келтіргеннен кейін, Мысыр патшасы Нехо Евфрат өзенінің бойындағы Қаркеміш қаласына қарай (Бабыл әскерімен) соғысқа шықты. Жосия оған қарсы аттанып, жолын бөгемек болды. 21 Нехо Жосияға елшілерін жіберіп, мынадай хабарын жеткізді: «Ей, Яһуда патшасы! Менде не жұмысың бар? Бүгін саған қарсы емес, өзіммен соғысып жүрген патша әулетіне қарсы аттандым. Құдай маған тездетуге бұйырды. Өзіме жар болып отырған Құдайға қарсы шығуыңды доғар! Егер тілін алмасаң, Ол көзіңді құртады!» 22 Бірақ Жосия алған бетінен қайтпай, перғауынмен соғысуға дайындалды. Ешкім танымасын деп, өзі қарапайым киініп алды. Осылай ол Құдайдың Нехо арқылы жеткізген бұйрығына құлақ аспай, Мегіддо қаласының маңындағы жазықта перғауынмен ұрысқа кірісті. 23 Сол жерде Жосияға садақшылардың оғы тиіп, ол нөкерлеріне: «Мені шайқастан алып шығыңдар, қатты жараландым!» — деп бұйырды. 24 Олар патшаны соғыс күймесінен дайын тұрған өзге күймесіне жатқызып, Иерусалимге алып барғанда, ол қайтыс болды. Оның мәйіті ата-бабаларының бір қабіріне қойылды. Бүкіл Яһуда мен Иерусалимнің халқы Жосияны жоқтап, аза тұтты. 25 Еремия пайғамбар Жосия туралы жоқтау жырын шығарды. Осы күнге дейін еркек, әйел әншілер Жосия марқұмға арналған жоқтау жырларын айтып келеді. Бұларды орындау Исраилде дәстүрге айналды. Олар Жоқтау жырларының жинағына енді. 26 Жосияның қалған өмір тарихы және оның Жаратқан Иенің Таурат заңына сәйкес жасаған адал істері 27 басынан аяғына дейін «Солтүстік Исраил мен Яһуда патшаларының кітабында» баяндалған.
1 Яһуда елінің халқы Жосияның ұлы Жоғахазды әкесінің орнына Иерусалимде патша етіп тағайындады. 2 Жоғахаз патша болған кезде жасы жиырма үште еді. Ол Иерусалимде үш ай билік жүргізді. 3 Мысыр патшасы перғауын оны патшалық биліктен айырып, Яһуда еліне жүз ат басындай күміс, бір ат басындай алтын мөлшерінде алым-салық салды. 4 Сонымен қатар перғауын Жоғахаздың орнына оның бір туған бауыры Елиәкімді патша етіп, атын Жохақым деп өзгертті. Ал Жоғахазды Нехо перғауын Мысырға алып кетті. 5 Жохақым патша болған кезде жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде он бір жыл билік жүргізді. Жохақым Құдай Иеге жек көрінішті істер істеді. 6 Бірде Бабыл патшасы Набуходоносор Жохақымға қарсы аттанып, оны қола шынжырлармен кісендеп, Бабылға айдап алып кетті. 7 Оның үстіне Набуходоносор Жаратқан Иенің киелі үйінен бірнеше арнайы бұйымдарды еліне алып кеті. Оларды өзінің ғибадатханасында сақтап қойды. 8 Жохақымның қалған істері, оның жексұрын күнәлары және ол туралы табылған куәліктер «Солтүстік Исраил мен Яһуда патшаларының кітабында» баяндалған. Оның ұлы Ехониях орнын басып патша болды. 9 Ехониях патша болған кезде жасы он сегізде еді. Ол Иерусалимде үш ай он күн билік жүргізді. Ехониях Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. 10 Жыл басы — көктемде Бабыл патшасы Набуходоносор жауынгерлерін жіберіп, Ехониях патшаны Бабылға алдыртты. Әскер Ехонияхпен бірге Жаратқан Иенің киелі үйіндегі бағалы бұйымдарды да ала кетті. Бабыл патшасы Ехонияхтың орнына немере ағасы Седекияхты Яһуда мен Иерусалимнің үстінен патша етіп қойды. 11 Седекиях патша болған кезде жасы жиырма бірде еді. Ол Иерусалимде он бір жыл билік жүргізді. 12 Седекиях Құдай Иесін жек көрінішті істер істеді. Патша тіпті Жаратқан Иенің оған Еремия пайғамбар арқылы жеткізген сөздеріне де бағынбады. 13 Седекиях Набуходоносор патшаға адал болуға Құдайдың атымен ант берген болса да, оған қарсы көтерілді. Тоңмойын қыңыр болып, жүрегін қасарыстырған Седекиях Исраилдің сиынған Құдайы Жаратқан Иеге бет бұрудан бас тартты. 14 Оның үстіне діни қызметкерлердің күллі басшылары мен халық та барған сайын Хақ Тағалаға опасыздық жасап, басқа ұлттардың барлық жексұрын дәстүрлеріне еліктеді. Олар тіпті Жаратқан Иенің Иерусалимдегі Өзіне бағыштаған киелі үйін арамдауға дейін барды! 15 Ата-бабалары сиынған Құдайы Жаратқан Ие Өзінің таңдап алған халқына және жер бетіндегі тұрағына жаны ашып, қайта-қайта хабаршыларын жіберіп, оларға ескертіп келген еді. 16 Алайда олар Құдайдың хабаршыларын мазақ қылып, сөздеріне күліп, пайғамбарларын келекелей берді. Ақыр соңында Жаратқан Ие өз халқына әбден қаһарланды. Оларды енді аман қалдырудың ешбір шарасы қалмады. 17 Содан Құдай Өзінің таңдаған халқына қарсы Бабылдың халдей патшасын аттандырды. Сол патша семсерінің жүзімен елдің таңдаулыларын киелі үйдің өзінде өлтіріп, жас-кәрі демей, еркек болсын, әйел болсын, ешкімді аямай, халықтың көбін қырып тастады. Құдай олардың барлығын Бабыл патшасының қолына бере салған еді. 18 Шетелдік патша Құдайдың киелі үйіндегі үлкенді-кішілі жиһаздар мен бұйымдардың бәрін, әрі ондағы қазынаны, сонымен қатар патша мен әміршілерінің қазыналарын түгелдей Бабылға алып кетті. 19 Жауынгерлер Құдайдың киелі үйіне от қойып өртеп, Иерусалим қамалының қабырғаларын қиратып тастады. Олар қаладағы күллі сарайларды да өртеп, ондағы құнды нәрселердің барлығын құртты. 20 Шетелдік патша семсерінен аман қалғандарды Бабылға жер аударды. Олар парсы патшалығы күшейген кезге дейін Бабыл патшасы мен оның ұрпақтарының құлдығында жүрді. 21 Сол кезде елдің топырағы жетпіс жыл бойы тынығып жатты. Бұл, халықтың немқұрайды қарап, әр жетінші жылы өткізуге тиіс тынығу жылдарының орнын толтырды. Жаратқан Иенің Еремия пайғамбар арқылы алдын ала айтқаны осылайша орындалды. 22 Парсы патшасы Кирдің (Бабылға) билік құрған алғашқы жылы Жаратқан Ие оның жүрегіне түрткі салып, бүкіл патшалығы бойынша жарлық шығартып, хат та жазғызып жібертті. Бұл, Жаратқан Иенің Еремия арқылы алдын ала айтқан сөзінің жүзеге асуы үшін болды. Хатта былай деп жазылды: 23 «Парсы патшасы Кирдің бұйрығы мынау: Көктегі Құдай — Жаратқан Ие маған жер бетіндегі барлық патшалықтарды тапсырды. Ол мені Яһуда жеріндегі Иерусалим қаласында Өзіне арнап киелі үй салуға да тағайындады. Араларыңдағы Оның халқына жататын әр адам сол жаққа өрлеп барсын! Құдайы Жаратқан Ие оған жар бола көрсін!»
1 Парсы патшасы Кирдің (Бабылға) билік құрған алғашқы жылы Жаратқан Ие оның жүрегіне түрткі салып, бүкіл патшалығы бойынша жарлық шығартып, хат та жазғызып жібертті. Бұл, Жаратқан Иенің Еремия пайғамбар арқылы алдын ала айтқан сөзінің жүзеге асуы үшін болды. Хатта былай деп жазылды: 2 «Парсы патшасы Кирдің бұйрығы мынау: Көктегі Құдай — Жаратқан Ие маған жер бетіндегі барлық патшалықтарды тапсырды. Ол мені Яһуда жеріндегі Иерусалим қаласында Өзіне арнап киелі үй салуға да тағайындады. 3 Араларыңдағы Оның халқына жататын әр адам Яһудадағы Иерусалимге өрлеп барып, Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге, яғни (жер бетіндегі тұрағы) Иерусалимде болатын Құдайға, арнап киелі үй салсын! Баратын әркімге Құдайы жар бола көрсін! 4 Осы халықтан тірі қалғандарға олар қазір тұрып жатқан әрбір жердің адамдары алтын-күміс пен мал-мүлік беріп көмектессін! Сонымен қатар көршілері оларды Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйіне арналған ерікті тартулармен де қамтамасыз етсін!» 5 Сонда Құдай Яһуда мен Бунямин руларының бірсыпыра әулет басшылары, діни қызметкерлер және леуіліктердің жүректеріне Иерусалимге өрлеп көшіп барып, Жаратқан Иенің киелі үйін қайта тұрғызуға түрткі салды. 6 Күллі көршілері бұларға алтын-күміс бұйымдар, мал-мүлік және басқа да қымбат сыйлықтар берді. Сонымен қатар оларға киелі үйге арналған ерікті сый-тартуларын да табыстады. 7 Бабыл патшасы Набуходоносор кезінде Жаратқан Иенің Иерусалимдегі киелі үйінен тонап алып кетіп, өз тәңірінің ғибадатханасына әкеліп қойған бұйымдарды Кир патша содан шығартып алдыртты. 8 Кир патша өзінің қазынашысы Митредатқа тапсырма беріп, ол сол бұйымдарды Яһуда халқының басшысы Шешбасарға тізім бойынша табыстады. 9 Сол бұйымдардың тізімі мынау: отыз алтын табақ, бір мың күміс табақ, жиырма тоғыз пышақ, 10 отыз алтын тостаған, төрт жүз он қалпы бірдей күміс тостаған және бір мың басқа бұйымдар. 11 Алтын-күміс бұйымдардың жалпы саны бес мың төрт жүз дана болды. Жер аударылғандардың көші Бабыл елінен Иерусалимге кері оралғанда, Шешбасар осылардың бәрін өзімен бірге алып барды.
1 Бабыл патшасы Набуходоносор өз еліне жер аударып әкеткен тұтқындардан Яһуда аймағына қайтып келгендері мыналар. Олар Иерусалим мен Яһудаға, кезінде өз ата-бабалары мекендеген сондағы қалаларына қайта оралды. 2 Олардың жетекшілері: Зоробабел, Ешуа, Нехемия, Сераях, Регелай, Мардохай, Билшан, Міспар, Бигуай, Рехум, Бағанах. Қайта оралған исраилдіктердің жалпы саны: 3 Пароштың ұрпақтары: екі мың бір жүз жетпіс екі адам. 4 Шафатияхтың ұрпақтары: үш жүз жетпіс екі адам. 5 Арахтың ұрпақтары: жеті жүз жетпіс бес адам. 6 Пахат-Моабтың Ешуа мен Жоғаб атты екі ұлынан өрбіген ұрпақтары: екі мың сегіз жүз он екі адам. 7 Еламның ұрпақтары: бір мың екі жүз елу төрт адам. 8 Заттудың ұрпақтары: тоғыз жүз қырық бес адам. 9 Заққайдың ұрпақтары: жеті жүз алпыс адам. 10 Банидың ұрпақтары: алты жүз қырық екі адам. 11 Бебайдың ұрпақтары: алты жүз жиырма үш адам. 12 Азғадтың ұрпақтары: бір мың екі жүз жиырма екі адам. 13 Адониқамның ұрпақтары: алты жүз алпыс алты адам. 14 Бигуайдың ұрпақтары: екі мың елу алты адам. 15 Адинның ұрпақтары: төрт жүз елу төрт адам. 16 Езекияның тұқымынан шыққан Атердің ұрпақтары: тоқсан сегіз адам. 17 Бесайдың ұрпақтары: үш жүз жиырма үш адам. 18 Жорахтың ұрпақтары: жүз он екі адам. 19 Хашумның ұрпақтары: екі жүз жиырма үш адам. 20 Гибардың ұрпақтары: тоқсан бес адам. 21 Бетлехемнің адамдары: жүз жиырма үш. 22 Нетопаттың адамдары: елу алты. 23 Анатоттың адамдары: жүз жиырма сегіз. 24 Азмауеттің адамдары: қырық екі. 25 Кирият-Иғаримның, Кефираның және Бегероттың адамдары: жеті жүз қырық үш. 26 Рамақ пен Гебаның адамдары: алты жүз жиырма бір. 27 Миқмастың адамдары: жүз жиырма екі. 28 Бетел мен Айдың адамдары: екі жүз жиырма үш. 29 Небоның адамдары: елу екі. 30 Мағбиштың адамдары: жүз елу алты. 31 Басқа Еламның адамдары: бір мың екі жүз елу төрт. 32 Харымның адамдары: үш жүз жиырма. 33 Лод, Хадид, Ононың адамдары: жеті жүз жиырма бес. 34 Иерихонның адамдары: үш жүз қырық бес. 35 Сенаяхтың адамдары: үш мың алты жүз отыз. 36 Діни қызметкерлер: Едаяхтың Ешуадан өрбіген ұрпақтары: тоғыз жүз жетпіс үш адам. 37 Имердің ұрпақтары: бір мың елу екі. 38 Пашхурдың ұрпақтары: бір мың екі жүз қырық жеті адам. 39 Харымның ұрпақтары: бір мың он жеті адам. 40 Леуіліктер: Ешуаның және Қадмиелдің Ходауияхтан өрбіген ұрпақтары: жетпіс төрт адам. 41 Әншілер: Асафтың ұрпақтары: жүз жиырма сегіз адам. 42 Қақпа күзетшілері: Шаллум, Атер, Талмон, Ақуб, Хатита және Шобай есімді аталардың ұрпақтарының жалпы саны: жүз отыз тоғыз. 43 Ғибадатхана қызметшілері: Сиха, Хасуфа, Таббаот, 44 Керос, Сиях, Падон, 45 Лебанах, Хагабах, Ақуб, 46 Хагаб, Шамлай, Ханан, 47 Гиддел, Ғахар, Реях, 48 Ресин, Некода, Ғазам, 49 Ұзза, Пасеах, Бесай, 50 Асна, Меуним, Нефисим, 51 Бақбұқ, Хақуфа, Хархур, 52 Баслут, Мехида, Харша, 53 Барқос, Сисара, Тамах, 54 Несиях және Хатифа есімді аталардың ұрпақтары. 55 Сүлейменнің қызметшілері: Сотай, Хасоферет, Перуда, 56 Ялах, Дарқон, Гиддел, 57 Шафатиях, Хатил, Похерет-Хасебаим және Ами есімді аталардың ұрпақтары. 58 Ғибадатхана қызметшілері мен Сүлейменнің қызметшілерінің ұрпақтарының жалпы саны: үш жүз тоқсан екі адам. 59 Тел-Мелах, Тел-Харша, Керуб, Аддан, Имер деген жерлерден көшіп келген, бірақ өздерінің қай әулеттен екенін, тіпті Исраил халқына жататындықтарын да дәлелдей алмағандар мыналар: 60 Делаях, Тобиях, Некода есімді аталардың ұрпақтары. Олардың жалпы саны: алты жүз елу екі адам. 61 Діни қызметкерлердің Хобаях, Хақос және Барзилай есімді аталарының ұрпақтары да көшіп келген еді. Соңғы әулеттің арғы аталарының бірі ғилақадтық Барзилайдың бір қызына үйленіп, қайын атасының атымен аталған болатын. 62 Осы оралмандар шежіре жазбаларынан өз ата-тектерін іздеп көрді, бірақ таба алмады. Сол себепті олар діни қызмет атқарудан шеттетілді. 63 Яһуда аймағының әкімі олар жөнінде былай деп шешті: «Нұр және Кемелділік атты қасиетті жеребелер арқылы осы мәселе жайлы Құдайдың еркін біліп алатын діни қызметкер пайда болмайынша, олардың ғибадатханадағы ерекше киелі тартулардан жеулеріне болмайды». 64 Бүкіл қауымның жалпы саны қырық екі мың үш жүз алпыс адам болды. 65 Бұған қоса олардың жеті мың үш жүз отыз жеті еркек, әйел басыбайлы қызметшілері және екі жүз еркек, әйел әншілері болды. 66 Сондай-ақ, олардың жеті жүз отыз алты жылқысы, екі жүз қырық бес қашыры, 67 төрт жүз отыз бес түйесі, алты мың жеті жүз жиырма есегі де бар еді. 68 Кейбір әулет басшылары Құдай Иенің Иерусалимдегі киелі үйіне келгенде, оның қайтадан өзінің бұрынғы орнында салынуы үшін ерікті тартулар жасады. 69 Олар өз шама-шарқынша осы ұлы істің қорына арнап алпыс бір мың алтын теңге, бес мың қадақ күміс және діни қызметкерлерге арналған жүз көйлек берді. 70 Сонымен діни қызметкерлер, леуіліктер, жалпы халықтың біразы, сондай-ақ әншілер, қақпа күзетшілері және ғибадатхана қызметшілері де өздерінің (Иерусалимнің маңайындағы) елді мекендеріне қоныстанды. Қалған Исраил халқы да (бүкіл елдегі) өз қалаларына қайтып, сонда тұрып жатты.
1 Күз жетіп, халық бір адамдай Иерусалимге жиналып келді. 2 Сонда Ехосадық ұлы Ешуа өзінің діни қызметкер ағайындарымен бірге және Салатиел ұлы Зоробабел өз ағайындарымен бірге Исраилдің сиынатын Құдайына арнап құрбандық үстелін сала бастады. Олар соның үстінде шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтарды ұсынбақ болды. Бұл Құдайдың Өзі таңдаған адамы Мұса арқылы табыстаған Таурат заңында жазылған ережелерге сай өтуге тиіс еді. 3 Айналадағы өзге ұлттардан қорықса да, олар осы құрбандық үстелін өзінің бұрынғы негізінің үстіне қайта салды. Оның үстінде таңертең және кешке Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандықтарды шалып, ұсынып отырды. 4 Халық Таурат заңында жазылған тәртіп бойынша Күркелер мейрамын өткізіп, оның әр күніне сәйкес түгелдей өртелетін құрбандықтардың ережеге сай тиісті санын ұсынып отырды. 5 Олар сонымен қатар күнделікті түгелдей өртелетін құрбандықтарды да, айдың алғашқы күні және Жаратқан Иенің тағайындаған мейрамдарына бағышталған құрбандықтарды да шалып, ұсынып отырды. Халық Жаратқан Иеге арнап ерікті тартулар да жасады. 6 Халық жетінші айдың бірінші күні Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандықтарды ұсына бастады. Сол кезде Жаратқан Иенің ғибадатханасының негізі әлі де салынбаған болатын. 7 Сондықтан халықтың басшылары тас қалаушылар мен ағаш шеберлеріне күміс беріп, жалдап алды. Басшылар сидондық және тирлік саудагерлермен Ливан тауларынан самырсын бөренелерін Жерорта теңізі арқылы Яффадағы кемежайға жеткізулері жайында келісті. Сол үшін саудагерлерді азық-түлік, шарап және зәйтүн майымен қамтамасыз етті. Себебі парсы патшасы оларға осылай істеуге рұқсат берген болатын. 8 Осылайша Салатиел ұлы Зоробабел және Ехосадық ұлы Ешуа өз ағайындарымен: діни қызметкерлермен, әрі өзге леуіліктермен және жер аударылудан Иерусалимге қайта оралған басқа да халықпен бірге осы ұлы іске кірісті. Бұл олардың Иерусалимдегі Құдайдың киелі үйіне келгендерінен кейінгі екінші жылдың екінші айында болды. Жасы жиырмаға жеткен және одан жоғары леуіліктер Құдай Иенің киелі үйінің құрылысын басқаруға тағайындалды. 9 Бүкіл жұмысқа бірігіп басшылық етіп жүрген леуіліктер мыналар еді: Ешуа, оның ұлдары мен ағайындары, Яһуданың ұрпағы Қадмиел және оның ұлдары. Хенададтың ұрпақтары да олармен бірлесе жұмыс істеді. 10 Сөйтіп құрылысшылар Жаратқан Иенің киелі үйінің негізін қалап болды. Содан кейін арнайы киімдер киген діни қызметкерлер кернейлермен, әрі леуілік Асафтың ұрпақтары сылдырмақтармен өз орындарына тұрғызылды. Сол екі топ ежелде Исраил патшасы Дәуіт бекіткен тәртіппен Жаратқан Иені дәріптемек болды. 11 Олар кезек-кезек Жаратқан Иені мадақтап, Оған шүкірлік айтып ән салды: «Жаратқан Ие ізгі, Оның Исраилге Деген рақымы ұласады мәңгілікке!» Бүкіл халық Жаратқан Иені қатты дауыспен мадақтап оларға жауап беріп отырды. Себебі Жаратқан Иенің киелі үйінің негізі қаланған еді. 12 Сонда бұрынғы киелі үйді көздері көрген қарт діни қызметкерлер, леуіліктер және әулет басшылары осы жаңа киелі үйдің негізінің салынғанын көргенде қатты жылады. Ал басқа көптеген адамдар қуаныштан айқай салды. 13 Осылайша қуанғаннан айқайлаған халықтың дауысын жылап-сықтағандардың дауысынан ажырату мүмкін емес еді. Айқай-шу өте зор болып, алысқа естіліп тұрды.
1 Ал исраилдік Яһуда мен Бунямин руларының дұшпандары да болды. Олар жер аударылудан қайта оралған халықтың Исраилдің Құдай Иесіне арнап ғибадатхана сала бастағанын естіді. 2 Осы дұшпандар Зоробабелге және исраилдік әулет басшыларына келіп, оларға былай деді: — Осы құрылысқа сіздермен бірге қатысайықшы! Себебі өздеріңіз сиынатын Құдайға біз де сіздер секілді сиынамыз. Ассур патшасы Асардан бізді осы жерге көшіріп әкелген уақыттан бері, Құдайға арнап құрбандық шалып келеміз. — 3 Бірақ Зоробабел, Ешуа және исраилдік әулет басшылары оларға: — Құдайымызға арналған ғибадатхананы салу ісіне бізбен бірге қатысуға құқықтарыңыз жоқ. Парсы патшасы Кир өзімізге бұйырғандай, Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге арнап киелі үйді тек өзіміз ғана саламыз! — деп жауап берді. 4 Сонда елде тұрып жатқан сол бөтен ұлттықтар құрылыс жұмысын тоқтатпақ болып, Яһуда халқын түңілдіріп, қорқытып-үркіте бастады. 5 Олар Яһуда халқының жоспарларын бұзу үшін оларға қарсы арнайы кеңесшілерді жалдап алып жүрді. Бұл әрекеттері парсы патшасы Кирдің бүкіл заманында, тіпті парсы патшасы Дарийдің таққа отырған кезіне дейін ұласты. 6 Бірнеше жылдан соң, Ахасуер патша билік құра бастаған кезде, Яһуда халқының дұшпандары патшаға Яһуда мен Иерусалимнің тұрғындарын айыптап хат жазды. 7 Осыдан кейін, Артақсерікс парсы еліне патшалық құрып тұрған заманда да, Бишлам, Митредат, Табеил және олардың қызметтестері арамей тілінде жазылған төмендегі хатты жіберді. Хат патша үшін (парсы тіліне) аударылды. 8 Әмірші Рехум және хатшы Шимшай Артақсерікс патшаға Иерусалим үстінен шағымданған бір хатты салып жіберді. 9 Олар сол хатты әмірші Рехум, хатшы Шимшай және өздерінің қызметтестері — төрешілер мен әкімдердің атынан жазды. Осы қызметкерлер Тарпел, Персия, Ерех, Бабыл, Сузы, Дехай және Елам аймақтарынан жер аударылып келгендердің үстінен қарайтын. 10 Ұлы да даңқты Аснапар патша кезінде жер аударып, Самарияға және Батыс Евфрат өлкесіндегі өзге жерлерге қоныстандырған басқа ұлттардың адамдары да сол қызметкерлердің қарамағында болды. 11 Осы қызметкерлер жолдаған хаттың көшірмесі төмендегідей: «Артақсерікс патша ағзамға Батыс Евфрат өлкесіндегі қызметкерлерінен сәлем! 12 Патша ағзам мынаны білсе екен: Сіздің жағыңыздан бізге өрлеп көшіп келген яһудилер Иерусалимге барды. Олар сол бір зұлым да қыңыр қаланы қайтадан салып, қабырғаларын қалпына келтіріп, негіздерін нығайтып жөндеп жатыр. 13 Патша мынадан да хабардар болсын: Егер сол қала қайта тұрғызылып, қабырғалары бекітіліп бітсе, онда олар не ақшалай, не заттай алым-салық, не кеден салығын мүлдем төлемей қояды. Содан патша қазынасының кірісі азаятын болады. 14 Патшаның алдында біздің борышымыз бар, әрі патшаның абыройына қандай да дақ түсуіне жол берсек, сол дұрыс болмас еді. Сондықтан бұл хатты жіберіп, патшаға мәлімдеп отырмыз. 15 Осы мәселе туралы ата-бабаңыздың жылнамаларынан іздестірсеңіз екен. Сол кітаптардан осы қаланың бас көтергіш қала екеніне, әрі оның патшалар мен аймақтарға көп зиян келтіргеніне көзіңіз жететін болады. Ежелгі заманнан бері бұл қаладағылар бүлік шығарып келген еді. Сондықтан да қала қиратылып, қаңырап бос қалдырылды. 16 Сонымен патшаға білдірмек болғанымыз мынау: егер сол қала қайта тұрғызылып, қабырғалары бекітіліп жөнделсе, онда Сіз түбінде Батыс Евфрат өлкесіндегі бүкіл иеліктеріңізден де айырылып қалып жүрерсіз». 17 Патша бұған мынадай жауап жолдады: «Әмірші Рехумге, хатшы Шимшайға және Самария мен Батыс Евфрат өлкесінде тұрып жатқан олардың қызметтестеріне сәлем. 18 Өздерің жолдаған хаттарың мұқият аударылып, маған оқылғаннан кейін, 19 менің бұйрығыммен (жылнамаларда) тексеріс жасалды. Осы қаланың ежелден бері патшаларға қарсы шығып, оның ішінде көтеріліс пен бүліктің болып келгені анықталды. 20 Кезінде Иерусалимнің бүкіл Батыс Евфрат өлкесіне билік жүргізген құдіретті патшалары болғаны, оларға ақшалай және заттай алым-салықтар мен кеден салығының төленгені де белгілі болды. 21 Сондықтан сол адамдарға: «Жұмысты тоқтатыңдар! Мен арнайы жарлық шығармайынша қала қайта тұрғызылмасын!» деген бұйрық беріңдер! 22 Бұл іске ешкімнің немқұрайды қарамауын қадағалаңдар! Әйтпесе патшаның мүддесіне зиян келтіре алатын қауіп төніп тұр ғой». 23 Артақсерікс патшаның осы хатының көшірмесі Рехумге, хатшы Шимшайға және олардың қызметтестеріне оқыла салысымен-ақ, олар дереу Иерусалимдегі яһудилерге барып, жұмысты күштеп тоқтатқызып тастады. 24 Сонымен Иерусалимде Құдайдың киелі үйінің құрылысы доғартылды. Ол парсы патшасы Дарийдің билік жүргізген екінші жылына дейін тоқтап тұрды.
1 Сол кезеңде Хаққай пайғамбар және Иддоның ұрпағы Зәкәрия пайғамбар Яһуда мен Иерусалимдегі яһудилерге Құдайдың хабарларын жеткізіп жүрді. Олар мұны Исраилдің үстінен билік құрған Құдайының атынан істеді. 2 Сонда Салатиел ұлы Зоробабел және Ехосадық ұлы Ешуа қайтадан іске кірісіп, Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйінің құрылысын жалғастырды. Құдайдың пайғамбарлары қастарында бірге болып, оларды қолдап жүрді. 3 Сол уақытта Батыс Евфрат өлкесінің әміршісі Татынай, Шетар-Бознай және олардың қызметтестері яһудилерге келіп, мынадай сауал қойды: «Осы үйді салып, құрылысын бітіріп қалпына келтіруге сендерге кім бұйрық берді?» — 4 Олар ғимараттың құрылысына қатысқан адамдардың аты-жөндерін де сұрастырып біліп алды. 5 Алайда Құдай яһудилердің ақсақалдарына көз қырын салып қамқор болды. Сондықтан әмірші Дарий патшаға мәлімет хат жіберіп, соған жазбаша жауап қайтып келгенше, яһудилердің жұмысын тоқтатқан жоқ. 6 Батыс Евфрат өлкесінің әміршісі Татынай, Шетар-Бознай және олардың қызметтестері — Батыс Евфрат аймағының басқа да лауазым иелері Дарий патшаға жіберген сол мәлімет хаттың мазмұны төмендегідей болды. 7 Олар патшаға былай деп баяндады: «Дарий патша ағзамға дұғай сәлем! 8 Патшамыз мынау туралы хабардар болса екен. Біз Яһуда аймағына, ұлы Құдайдың сондағы киелі үйіне бардық. Жұмысшылар сол үйдің қабырғаларын қашалған тастан қаластырып, бөренелермен бекітіп салуда. Жұмыс зор ынтамен істеліп, тез алға басып жатыр. 9 Біз ақсақалдарына: «Осы үйді салып, құрылысын бітіріп қалпына келтіруге сендерге кім бұйрық берді?» деген сауал қойдық. 10 Сонымен қатар өзіңізге жіберу үшін басшыларының аты-жөндерін де сұрастырып біліп, жазып алдық. 11 Олардың берген жауабы мынау: «Біз көк пен жердің Құдайының қызметшілеріміз. Бұдан көп жыл бұрын салынған осы үйді қайта тұрғызып жатырмыз. Исраилдің бір ұлы патшасы оны салып кеткен болатын. 12 Алайда ата-бабаларымыз көктегі Құдайды қаһарландырды. Сондықтан Ол соларды Бабыл патшасы — халдейлік Набуходоносордың қолына тапсырды. Сол патша осы үйді қиратып, халықты Бабылға жер аударып әкетті. 13 Ал Кир патша өзінің Бабылға билік құрған бірінші жылы Құдайдың осы киелі үйін қайта тұрғызу туралы жарлық шығарды. 14 Бұған қоса Набуходоносор кезінде Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйінен алып, Бабылдағы ғибадатханаға әкеткен алтын-күміс бұйымдарды Кир патша енді сол ғибадатханадан шығартып алды. Оларды өзі Яһуда аймағының әкімі етіп тағайындаған Шешбасар есімді адамға табыстады. 15 Кир патша Шешбасарға былай деп тапсырды: Иерусалимдегі Құдайдың киелі үйін өзінің бұрынғы орнына қайтадан сал! Мына бұйымдарды алып, сол ғибадатханаға апарып қой! 16 Осылай Шешбасар Иерусалимге келіп, Құдайдың киелі үйінің негізін қайтадан қалады. Мына ғимарат сол кезден бері салынып келе жатыр, ол әлі күнге дейін біткен жоқ». 17 Сондықтан егер патша ағзам мақұл көрсе, Бабылдағы патшалық қазынасынан іздестіріп, Кир патшаның Иерусалимдегі Құдайдың киелі үйін қайтадан салуға жарлық шығарғанын анықтатса екен. Содан соң патша ағзам өзінің осы мәселе бойынша жасаған шешімін бізге жолдаса игі болар еді».
1 Сонда Дарий патша бұйрық беріп, Бабыл патшалығындағы қазына қоймаларында сақталған мұрағаттарға іздеу салғызды. 2 Содан Мидия аймағының астанасы Екбатанадағы қорғаннан төмендегідей жазуы бар бір кітап табылды: «Ескерілуге тиісті құжат. 3 Кир патша өзінің (Бабылға) билік құрған алғашқы жылы Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйі туралы мына жарлықты шығарды: Сол ғимарат құрбандықтар шалынып ұсынылатын орын ретінде қайтадан салынсын. Оның негізі қаластырылып, үйдің биіктігі мен ені алпыс шынтақтан аспасын. 4 Қашалған тастардан қаланған үш қатарға жаңа бөренелерден қаланған бір қатар келетін болуы керек. Шығындар патшаның есебінен төленсін. 5 Сондай-ақ, Набуходоносор кезінде Иерусалимдегі ғибадатханадан олжалап, Бабылға әкеткен алтын-күміс бұйымдар Иерусалимге қайтарылып, ғибадатханадағы өз орындарына апарылсын. Сен оларды Құдайдың киелі үйіне сақтап қоясың». 6 Сонымен Дарий патша мынадай бұйрық хат жолдады: «Батыс Евфрат өлкесінің әміршісі Татынай, Шетар-Бознай және сендердің қызметтестерің — сол өлкедегі қызметкерлер: сендер бұл мәселеге араласпаңдар! 7 Құдайдың киелі үйінің құрылысына кедергі келтірмеңдер! Яһуди әміршісі мен ақсақалдарына Құдайдың осы үйін өзінің бұрынғы орнына қайта салуларына жол беріңдер! 8 Бұған қоса яһудилердің ақсақалдарына Құдайдың үйін салуға көмек ретінде сендер істеуге тиісті нәрселер туралы бұйрық мынау: Жұмыс тоқтап қалмауы үшін олардың шығындары патшаның есебінен, яғни Батыс Евфрат өлкесінің патшаға төлейтін алым-салықтарының есебінен, толығымен өтелсін! 9 Оларға керектінің бәрі: көктегі Құдайға арнап шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар ұсыну үшін жас бұқалар, қошқарлар, тоқтылар, әрі Иерусалимдегі діни қызметкерлердің сұрағандарына сай астық, тұз, шарап және зәйтүн майы оларға ешбір кідіріссіз күн сайын беріліп отыратын болсын. 10 Сонда олар көктегі Құдайға ұнамды құрбандықтарды шалып, патшаның және оның ұлдарының амандығы үшін сиынып дұға ете алады. 11 Тағы мынаны әмір етемін: Кімде-кім осы жарлықты өзгертетін болса, оның үйінен бір бөрене суырылып алынсын. Бөрененің бір ұшы үшкірленіп, қылмыскердің денесі соған қадалсын. Ал оның үйі күл-қоқыстың үймегіне айналдырылсын. 12 Осы жарлықты өзгертуге немесе Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйін қиратуға әрекет еткен әрбір патша не халықты өз есімін сол жерде орнатқан Құдай жазалай көрсін! Мен, Дарий патша, осы жарлықты шығардым. Жарлық мұқият жүзеге асырылсын!» 13 Батыс Евфрат өлкесінің әміршісі Татынай, Шетар-Бознай және олардың қызметтестері Дарий патшаның жарлығында айтылғандарды мұқият жүзеге асырды. 14 Содан Яһуди ақсақалдары Хаққай пайғамбар және Иддоның ұрпағы Зәкәрия оларға жеткізген Құдайдың хабарларынан жігер алып, құрылысты жалғастырып, табысты болды. Осылай олар Исраилдің Құдайының еркімен және парсы патшалары Кир, Дарий, Артақсерікстің жарлықтары бойынша киелі үйді қайта салып бітірді. 15 Киелі үй Дарий патшаның билік құрған алтыншы жылының адар айының үшінші күні салынып бітті. 16 Сонда Исраилдің бүкіл халқы: діни қызметкерлер, леуіліктер және Бабылға жер аударылудан қайта оралғандардың бәрі де жиналып, Құдайдың киелі үйін Оған зор қуанышпен бағыштады. 17 Олар Құдай үйінің бағышталу рәсіміне арнап бір жүз жас бұқа, екі жүз қошқар, төрт жүз тоқты шалды. Сонымен қатар олар бүкіл Исраил халқы үшін күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде Исраил руларының санына сәйкес етіп он екі теке шалып ұсынды. Осылай әр ру үшін бір текеден құрбандыққа шалынды. 18 Содан соң Құдайға Иерусалимде қызмет ете алулары үшін діни қызметкерлер топтарға бөлініп, леуіліктердің де өз топтары бойынша қызмет ету кезектері тағайындалды. Бұл, Мұса арқылы берілген Таурат кітабында жазылғандарға сай істелінді. 19 Бірінші айдың он төртінші күні жер аударылудан қайта оралғандар Құтқарылу мейрамын өткізді. 20 Діни қызметкерлер мен леуіліктердің барлығы да тазару рәсімінен өтіп қойған болатын. Леуіліктер қайта оралған халықтың бәрі үшін де, өз руластары — діни қызметкерлер және өздері үшін де Құтқарылу мейрамына арналған тоқтыларды шалды. 21 Жер аударылудан қайта оралған исраилдіктер де, басқа ұлттардың Құдайдың халқына қосылғандары да құрбандық тоқтылардың етін жеді. Осы қосылғандар Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге мойынсұнып, елде тұрып жатқан жат ұлттардың арам істерінен бас тартып, бөлініп шыққандар еді. 22 Исраилдіктер Ашымаған нан мейрамын жеті күн бойы шаттана тойлады. Өйткені Жаратқан Ие оларды зор қуанышқа кенелтті. Оның Өзі Ассурға билік еткен парсы патшасының исраилдіктерге деген көзқарасын өзгерткен болатын. Содан бұл патша оларға Исраилдің сиынатын Құдайының киелі үйін қайтадан салуға тіпті қолдау да көрсеткен еді.
1 Осы жайттардан едәуір уақыт өткеннен кейін, парсы патшасы Артақсерікстің заманында, Езра есімді адам Бабыл елінен Иерусалимге келіп жетті. Оның шыққан ата-тегі мынау: Езра Сераяхтың ұлы еді, ал Сераях Азарияхтан, Азариях Хелкиядан, 2 Хелкия Шаллумнан, Шаллум Садықтан, Садық Ахитұбтан, 3 Ахитұб Амарияхтан, Амариях Азарияхтан, Азариях Мерайоттан, 4 Мерайот Зерахияхтан, Зерахиях Ұззидан, Ұззи Букиден, 5 Буки Абишуадан, Абишуа Пінехестен, Пінехес Елазардан шыққан еді. Елазар алғашқы бас діни қызметкер Һаронның ұлы болатын. 6 Осы Езра Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің Мұса пайғамбар арқылы берген Таурат заңын жетік білетін дін мұғалімі еді. Езра Бабылдан Иерусалимге өрлеп көшіп барды. Құдай Иесі Езраны шапағатты мейірімімен жарылқап, оған жар болғандықтан, парсы патшасы оны сұрағандарының бәрімен қамтамасыз еткен болатын. 7 Араларында діни қызметкерлер мен леуіліктер, ғибадатхана әншілері, қақпа күзетшілері және ғибадатхана қызметшілері бар бір топ исраилдіктер де Езрамен бірге Иерусалимге қайта оралды. Бұл парсы патшасы Артақсерікстің билік жүргізген жетінші жылы болды. 8 Осылай Езра оларды ертіп Иерусалимге сол жетінші жылдың бесінші айында келді. 9 Ол Бабыл елінен бірінші айдың бірінші күні жолға шыққан болатын. Өзі сиынатын Құдай құдіретті қолын созып, шапағатты мейірімімен жарылқағандықтан, Езра оралмандар көшін бастап бесінші айдың бірінші күні аман-есен Иерусалимге жетті. 10 Езра өзін Жаратқан Иенің Таурат заңын оқып-зерттеуге, орындауға және оның ережелері мен шешімдерін Исраил елінде үйретуге шын жүректен бағыштаған болатын. 11 Артақсерікс патшаның Жаратқан Иенің Исраилге берген өсиеттері мен ережелеріне байланысты мәселелерді жетік білетін діни қызметкер және дін мұғалімі Езраға табыстаған рұқсат құжатының көшірмесі мынау: 12 «Патшалардың патшасы Артақсерікстен көктегі Құдайдың заңының мұғалімі әрі діни қызметкер Езраға сәлем. 13 Мен мынаны бұйырамын: Патшалығымдағы Исраил халқына жататын кез келген адамдардың, діни қызметкерлер мен өзге леуіліктердің Иерусалимге көшіп баратын ниеттері болса, олардың саған еріп баруларына болады. 14 Патша және оның жеті кеңесшісі сені Құдайың бұйырған, өзіңнің қолыңда бар заңның Яһуда мен Иерусалимде қалай орындалып жатқандығы туралы тексеріс жасауға жіберіп отыр. 15 Сонымен қатар патша және оның кеңесшілері (жер бетіндегі) тұрағы Иерусалимде болатын Исраилдің Құдайына арнап өздері ұсынған ерікті алтын-күміс тартуларын да сол жерге апаруың керек. 16 Сен бүкіл Бабыл аймағындағылардан қабылдайтын алтын-күмістің бәрін, әрі халық пен діни қызметкерлердің Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйіне бағыштап табыстаған тартуларын да сол жаққа апарып жеткізуің қажет. 17 Өзіңе тапсырылған сол қаражатқа құрбандыққа шалу үшін бұқаларды, қошқарлар мен тоқтыларды және соларға тиісті астық-сұйық тартулары үшін астық пен шарапты міндетті түрде сатып ал. Оларды өз Құдайыңның Иерусалимдегі киелі үйіндегі құрбандық үстелінде ұсынып тарту ет! 18 Ал алтын-күмістің қалған бөлігін ағайындарың — яһудилермен бірге ең тиімді деп тапқандарың бойынша жұмсауға еріктісіңдер. Мұны өздерің сиынатын Құдайдың қалауына сай істеңдер! 19 Бұған қоса, Құдайыңның киелі үйіндегі қызметке арналған, өзіңе сеніп тапсырылған бұйымдарды да Иерусалимдегі Құдайдың алдына апарып жеткіз. 20 Құдайыңның киелі үйіне керекті, өзің қамтамасыз етуге міндетті басқа да кез келген нәрселерді патшаның қазынасынан сұрап ала аласың. 21 Сонымен менің, Артақсерікс патшаның, бұйрығым мынау: Батыс Евфрат өлкесіндегі барлық қазынашыларға әмір етемін: Көктегі Құдайдың заңының мұғалімі әрі діни қызметкер Езра сендерден не сұраса да, бәрін еш кідіріссіз қамтамасыз ететін болыңдар! 22 Күмісті жүз ат басындайға дейін, астықты жүз қапқа дейін, шарап пен зәйтүн майының әрқайсысын жүз күбіге дейін, ал тұзды еш шектеусіз берулеріңе болады. 23 Көктегі Құдай Өзінің киелі үйіне арнап нені әмір еткен болса да, сол ыждағатпен орындалсын. Әйтпесе патша мен оның ұлдарының патшалығына қарсы Құдайдың қаһарын лаулатып не бар? 24 Сендер тағы мынаны да білуге тиіссіңдер: сендерге күллі діни қызметкерлерден, леуіліктерден, ғибадатхана әншілерінен, қақпа күзетшілерінен және ғибадатхана қызметшілерінен, жалпы, Құдайдың киелі үйінің барлық қызметшілерінен алым-салық пен кеден салығын алуға және міндетті жұмысқа салуға тиым салынған. 25 Сен, Езра, Құдайыңның өзіңе берген ақыл-даналығымен Батыс Евфрат өлкесіндегі халықтың арасында пайда болатын дау-жанжалдарды шешетін, өзің сиынатын Құдайдың заңдарын білетін барлық әкімдер мен төрешілерді тағайында. Ал Оның заңдарын білмейтіндері болса, оларға өзің үйрет. 26 Өзіңнің Құдайыңның заңына және патшаның заңына мойынсұнбайтындар болса, оларды міндетті түрде қатаң жазалап отыр. Жазаның түрлері мынадай бола алады: өлім жазасы, жер аудару, мал-мүлкін тәркілеу, түрмеге қамау». 27 Осындай кереметті істеген Жаратқан Ие мадақталсын! Ол — ата-бабаларымыздың Құдайы Өзінің Иерусалимдегі ғибадатханасын безендіріп көркемдеуге деген құлшынысты патшаның жүрегіне салған болатын. 28 Жаратқан Ие патшаның, оның кеңесшілерінің және патшаның барлық қуатты әміршілерінің алдында да маған деген Өзінің берік рақымын көрсетті. Құдай Ием мені шапағатты мейірімімен жарылқағандықтан, жігерлендім. Содан өзіме еріп Иерусалимге өрлеп баратын біршама исраилдік басшыларды жаныма жинап алдым.
1 Артақсерікс патшаның кезінде Бабыл елінен менімен бірге Иерусалимге еріп келген әулет басшыларының есімдері мен олардың шыққан ата-тектері мыналар: 2 Діни қызметкер Пінехестің ұрпақтарынан: Гершом. Діни қызметкер Ітамардың ұрпақтарынан: Даниял. Дәуіт патшаның тұқымынан шыққан 3 Шеханияхтың ұрпақтарынан: Хатуш. Пароштың ұрпақтарынан: Зәкәрия және онымен бірге тізімге тіркелген жүз елу ер адам. 4 Пахат-Моабтың ұрпақтарынан: Зерахиях ұлы Елиехонай және онымен бірге екі жүз ер адам. 5 (Заттудың ұрпақтарынан:) Яхазиел ұлы Шеханиях және онымен бірге үш жүз ер адам. 6 Адинның ұрпақтарынан: Жонатан ұлы Ебед және онымен бірге елу ер адам. 7 Еламның ұрпақтарынан: Аталиях ұлы Ишая және онымен бірге жетпіс ер адам. 8 Шафатияхтың ұрпақтарынан: Михайл ұлы Забадиях және онымен бірге сексен ер адам. 9 Жоғабтың ұрпақтарынан: Ехиел ұлы Абадиях және онымен бірге екі жүз он сегіз ер адам. 10 Банидың ұрпақтарынан: Жосифиях ұлы Шеломит және онымен бірге жүз алпыс ер адам. 11 Бебайдың ұрпақтарынан: Бебай ұлы Зәкәрия және онымен бірге жиырма сегіз ер адам. 12 Азғадтың ұрпақтарынан: Хақатан ұлы Жоханан және онымен бірге жүз он ер адам. 13 Адониқамның ұрпақтарының арасынан ең соңғы қайта оралғандардың есімдері: Әлипәлет, Еуел, Шемаях және олармен бірге алпыс ер адам. 14 Бигуайдың ұрпақтарынан: Утай мен Зақур және олармен бірге жетпіс ер адам. 15 Сапарға шығарда мен, Езра, осы айтылып өткен исраилдіктерді Аһауаға қарай ағатын өзен тармағының қасына жинадым. Сол жерде біз үш күн қондық. Мен діни қызметкерлерді және басқа адамдарды түгендеп шығып, олардың арасынан бірде-бір леуілік көмекшіні таппадым. 16 Сонда мен Елиезер, Ариел, Шемаях, Елнатан, Жарип, Елнатан, Натан, Зәкәрия, Мешулам есімді әулет басшыларын әрі Жояриб пен Елнатан есімді екі ғұламаны қасыма шақырып алдым. 17 Оларды Қасипиях деген жердің басшысы Иддоға жолдадым. Оған және оның Қасипияхтағы леуілік руластарына әрі бұрын Иерусалимдегі ғибадатхананың қызметшілері болғандарға бізге Құдайымыздың киелі үйінде қызмет ететін адамдарды жіберсін деп айтуды тапсырдым. 18 Құдай бізді шапағатты мейірімімен жарылқағандықтан, олар қайтқанда бір өте қабілетті ғалымды өзінің ұлдары және ағайындарымен бірге, барлығы он сегіз адамды, ертіп алып келді. Ғалымның есімі Шеребиях еді. Ол Исраил ұлы Леуіден тараған Мәхлидің ұрпағы болатын. 19 Сондай-ақ, Хашабиях және онымен бірге Мераридің ұрпағы Ишая өзінің бауырлары және олардың ұлдарымен, барлығы жиырма адам да келді. 20 Олар ғибадатхана қызметшілерінің екі жүз жиырма ұрпағын да ертіп алып келді. Бұлардың ата-бабаларын кезінде Дәуіт патша және әміршілер леуіліктерді діни қызметтерінде қолдауға тағайындаған болатын. Жаңадан қосылғандардың бәрі де аты-жөндері бойынша тіркеліп, тізімге енгізілді. 21 Мұнан кейін мен сол жерде, Аһауадағы өзен тармағының жағасында, барлығымызды Құдайымыздың алдында мойынсұнып, ораза ұстауға шақырдым. Осылай біз Құдайдан өзіміз бен бала-шағамыз және барша мал-мүлкіміз үшін оң сапар сыйлауын сұрап мінажат еттік. 22 Өйткені мен патшадан бізді жол жүріп бара жатқанда дұшпандардан қорғайтын жасақшылар мен атты әскер сұраудан ұялған едім. Қайта, біз патшаға: «Құдайымыз Өзіне бет бұрып, сиынатындардың бәрін шапағатты мейірімімен жарылқайды. Ал Өзін елемей кеткендердің бәріне қаһарланып, құдіретімен жазалайды», — деп айтқан едік. 23 Сондықтан біз ораза ұстап Құдайдан осыны жалбарына сұрадық. Ол біздің өтінішімізге құлақ түрді де. 24 Содан соң мен аға діни қызметкерлердің он екісін, Шеребиях пен Хашабияхты және солардың он леуілік қызметтесін де таңдап алдым. 25 Оларға патшаның, оның кеңесшілері мен әміршілерінің және Бабыл аймағында тұрған барлық исраилдіктердің біздің Құдайымыздың киелі үйіне бағыштап табыстаған тартуларын: алтын-күмісті және бұйымдарды таразыға тартып өлшеп бердім. 26 Осылайша оларға алты жүз елу ат басындай күміс, әрқайсысының салмағы екі ат басындай бір жүз күміс бұйымдар, бір жүз ат басындай алтын, 27 құны бір мың алтын теңге болатын жиырма алтын тостаған және құны алтынмен бірдей жылтыратылған қоладан жасалған екі бұйымды сеніп тапсырдым. 28 Оларға былай дедім: «Өздерің Жаратқан Иеге бағышталғансыңдар, осы бұйымдар да Оған бағышталған. Мына алтын-күміс — ата-бабаларымыз сиынған Құдай Иеге арналған ерікті тартулар. 29 Өздеріңе сеніп тапсырылғанды мұқият қадағалап сақтаңдар! Кейін оны Иерусалимде, Жаратқан Иенің киелі үйінің ішкі бөлмелерінде діни қызметкерлер, леуіліктер және Исраил әулеттерінің басшыларының алдында таразыға тартып табыстайсыңдар». 30 Осылайша діни қызметкерлер мен леуіліктер Құдайымыздың Иерусалимдегі киелі үйіне апарып жеткізу үшін таразыға тартылып, өлшенген сол алтын-күмісті және сол бұйымдарды өзара бөлісіп алды. 31 Содан біз бірінші айдың он екінші күні Аһауадағы өзен тармағының жағасынан сапарға шығып, Иерусалимге бет алдық. Құдайымыз үстімізге құдіретті қолын созып, бізді шапағатты мейірімімен жарылқады да, жол бойы дұшпанның және қарақшының торуылынан аман-есен сақтады. 32 Иерусалимге жеткен соң сонда үш күн тынықтық. 33 Төртінші күні біз әкелген алтын-күміс пен арнайы бұйымдар Құдайымыздың киелі үйінде таразымен өлшеніп, діни қызметкер Ұрия ұлы Меремоттың қолына тапсырылды. Оның қасында Пінехес ұлы Елазар тұрды. Сондай-ақ, Ешуа ұлы Жозабад пен Бинуй ұлы Ноғадиях атты леуіліктер де сол жерде болды. 34 Әкелінген заттардың барлығы таразыға тартылып, жалпы салмағы мен сандары анықталған соң дереу тіркеліп жазылып қойылды. 35 Бабылға жер аударылудан қайта оралғандар осыдан кейін Исраилдің сиынатын Құдайына арнап шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар ұсынды: бүкіл Исраил халқы үшін он екі жас бұқа, сонымен қатар тоқсан алты қошқар мен жетпіс жеті еркек тоқты шалынды. Ал күнәнің кұнын өтеу үшін он екі теке де құрбандыққа ұсынылды. Бұлардың бәрі Жаратқан Иеге арналған шалынып, өртелетін құрбандықтар болды. 36 Оралмандар патшаның жарлықтарын оның Батыс Евфрат өлкесіндегі әміршілеріне және ондағы аймақ әміршілеріне табыстады. Осылай солар да Исраил халқын және Құдайдың үйін қолдап, көмектесетін болды.
1 Осы нәрселер орындалып болғаннан кейін халқымның бірқатар басшылары маған келіп, былай деді: «Исраил халқы, соның ішінде тіпті бірнеше діни қызметкерлер мен леуіліктер де бар, елдегі бөтен ұлттық адамдардан бойларын аулақ ұстаған жоқ! Сол ұлттар ежелгі қанахандық, хеттік, перездік, ебустік, аммондық, моабтық, мысырлық, аморлық халықтарға ұқсас. Исраилдіктер сол бөтен ұлттардың жексұрын әдет-ғұрыптарынан сақтанып, бөлек жүрмейді. 2 Өйткені олардың өздері және ұлдары бөтен ұлттардың бірсыпыра қызына үйленіп алған. Осылайша Құдайға бағышталған халық жалған тәңірлерге табынатын көршілес ұлттармен араласып кеткен. Мұндай опасыздықты алдымен істейтіндер — басшылар мен қызметкерлердің өздері!» 3 Мен осыны естігенде қатты қайғырып, үстімдегі көйлегім мен шапанымның өңірін айыра жырттым. Сақал-шашымды жұлып, жаным түршіге есеңгіреп жерге отыра кеттім. 4 Исраилдің Құдайының сөздерін терең қастерлеп, орындайтындар жер аударылудан қайта оралған сол адамдардың опасыздығына қатты қайғырып, айналама жиналды. Ал мен жаным түршіге есеңгіреген қалпымда сол жерде кешкі құрбандықтың уақытына дейін отырдым. 5 Содан кешкі құрбандық кезінде қатты қайғырып, көйлегім мен шапанымның өңірі жыртылған күйі орнымнан тұрдым. Қолдарымды көкке, Құдайым Жаратқан Иеге қарай жайып 6 былай деп мінажат еттім: — Уа, Құдайым! Күнәларымыз басымыздан асып, теріс қылықтарымыз аспанға дейін жетті. Бет-жүзімді Өзіңе көтеруге қатты ұялып, масқара болып қысылып тұрмын. 7 Ата-бабаларымыздың заманынан бастап қазірге дейін Сенің алдыңдағы кінәміз өте зор. Біз патшаларымызбен, діни қызметкерлерімізбен бірге теріс қылықтарымыздың кесірінен бөтен елдердің патшаларының қолына түстік. Күні бүгінге дейін солардың семсерлерінен әрі құлдық, тонау, қорлықтан көз ашпай келеміз. 8 Бірақ осы күндері, қысқа ғана уақыттан бері, Құдай Иеміз зор шапағатын көрсетіп келеді. Ол халқымыздан бірқатарымызды тірі алып қалып, Өзінің киелі үйінен бізге берік орын берді. Сөйтіп Құдайымыз құлдықта жүрген біздің еңсемізді аздап көтеріп, көзімізді жарқыратып келеді. 9 Себебі құл болсақ та, Құдайымыз бізді осы құлдығымызда тастап кеткен жоқ. Керісінше, бізге парсы патшаларының көз алдында Өзінің берік мейірімін көрсетті. Осылайша Құдайымыздың қирап жатқан киелі үйін қайта тұрғыза алуымыз үшін бізге жаңа өмір сыйлады, әрі Яһуда мен Иерусалимде қабырға іспетті қоршайтын қорғаныш та берді. 10 Ал енді біз не дей аламыз, уа, Құдайымыз? Сенің өсиеттеріңді қайтадан елемей тастап кеттік. 11 Кезінде Өзіңе қызмет еткен пайғамбарлар арқылы Сен мынадай бұйрықтар берген болатынсың: «Өздерің еніп, иемденейін деп жатқан осы ел сонда әзірше тұрып жатқан ұлттардың жексұрын да жалған тәңірлерінің кесірінен арамдалған. Сол ұлттар жексұрын іс-әрекеттерімен елді бір шетінен екінші шетіне дейін арамдап тастаған. 12 Сондықтан олармен құдандалы болып, қыз алысып, қыз берісуші болмаңдар! Ешқашан да олармен ынтымақтасып, игілік тілемеңдер. Сонда ғана күшті болып, елдің шығарған өнімін жеп, өздеріңнен кейінгі ұрпақтарыңа елді тұрақты мұра етіп қалдыра аласыңдар». 13 Басымызға түскендердің бәрі өзіміздің зұлым істеріміз бен зор кінәміздің кесірінен болды. Сонда да Сен, уа, Құдайымыз, бізді күнәларымыз бойынша емес, одан жеңілірек жазаладың. Осылайша халқымыздың толығымен қырылып кетуіне жол бермей, бірқатарымызды тірі алып қалдың. 14 Сонымен осындай жиренішті істермен айналысатын халықтармен құдандалы болып қайтадан Сенің өсиеттеріңді бұзамыз ба?! Сонда Сен қатты қаһарланып, ешқайсымызды да тірі қалдырмай құртып жібермес пе едің?! 15 Уа, Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие, Сен әділсің! Біз қырылудан аман қалған біраз адамбыз. Сенің алдыңда әбден кінәлі болып жатырмыз. Осы істегеніміздің кесірінен ешқайсымыз Сенің алдыңда тұра алмаймыз.
1 Езра осылай мінажат етіп жылап, Құдайдың киелі үйінің алдында сиынып, күнәларды мойындап етпетінен жатты. Сол кезде оның айналасына исраилдіктердің ер адамдар, әйелдер және балалардан тұратын өте үлкен жамағаты жиналды. Олар да зар еңіреп жылаумен болды. 2 Сонда Еламның ұрпақтарының бірі — Ехиел ұлы Шеханиях Езраға тіл қатып былай деді: «Рас, біз айналамыздағы бөтен жұрттықтардан әйел алып, Құдайымызға опасыздық жасадық. Бірақ та Исраил үшін әлі де үміт бар. 3 Қазір-ақ Құдайымызбен Келісім жасайық! Біздің мырзамыз — сіздің ақыл-кеңесіңіз және Құдайдың өсиеттерін терең қастерлейтін басқалардың да ақыл-кеңесі бойынша былай істейік: Сондай әйелдердің бәрін олардың туған балаларымен бірге қоя берейік. Бұл Таурат заңына сәйкес істелсін. 4 Енді орныңыздан тұрыңыз, бұл міндет сіздің мойныңызда. Біз сізді қолдайтын боламыз. Осы істі батыл жүзеге асырыңыз!» 5 Сонда Езра орнынан тұрды да, алдымен аға діни қызметкерлерге, леуіліктерге және барлық басқа исраилдіктерге осы айтылғандарды істеуге ант бергізді. Олар ант берді. 6 Мұнан кейін Езра Құдайдың киелі үйінің алдында тұрған орнынан кетіп, Елияшип ұлы Жохананның ғибадатханадағы бөлмесіне барды. Бабылға жер аударылудан қайтып келгендердің опасыздығына қатты қайғырғанынан Езра сол бөлмеде болған кезінде аузын бекітіп, нан да жемеді, су да ішпеді. 7 Содан соң басшылар бүкіл Яһуда аймағы мен Иерусалим қаласында жар салып, мынаны хабарландырды: «Жер аударылудан қайта оралған яһудилер Иерусалимде жиналуға міндетті! 8 Кімде-кім үш күннің ішінде келмесе, басшылар мен ақсақалдардың шешімі бойынша содан бар мал-мүлкі тартып алынып, Құдайға бағышталып жойылады. Ал өзі жер аударылудан қайта оралған яһудилердің қауымынан аластатылады». 9 Сонда Яһуда мен Буняминнің күллі тұрғындары үш күннің ішінде Иерусалимге жиналды. Бұл тоғызыншы айдың жиырмасыншы күні болды. Халықтың бәрі Құдайдың киелі үйінің алдындағы аулада бас қосты. Олар осы оқиғаға және жауған жауынға бола дірілдеп тұрды. 10 Діни қызметкер Езра орнынан тұрып, оларға былай деді: — Сендер (Жаратқан Иеге бағынбайтын) бөтен жұрттық әйел алып, опасыздық жасадыңдар. Осылай сендер Исраилдің кінәсін одан әрі арттыра түстіңдер. 11 Ал енді ата-бабаларыңның сиынған Құдайы Жаратқан Иенің алдында күнәларыңды мойындаңдар! Осы елдегі бөтен халықтардан және өздеріңнің жат бөтен жұрттық әйелдеріңнен бөлініп, Жаратқан Иенің еркін орындаңдар! 12 Сонда бүкіл жамағат қатты дауыспен былай деп жауап берді: — Сіздікі дұрыс. Сіз қалай айтсаңыз, солай істеуге міндеттіміз. 13 Бірақ мұнда халық көп. Қазір жылдың жаңбыр жауатын мезгілі, сондықтан далада тұра беруге болмайды. Оның үстіне бұл — бір-екі күннің ішінде істей салуға болатын нәрсе емес. Өйткені арамыздағы көбіміз осындай күнә жасадық. 14 Құдайымыздың осы себептен тұтанған қаһарының бетін қайтару үшін біздің басшыларымыз бүкіл қауымның өкілі болып бұл жерде қалсын. Ал бөтен жұрттық әйел алған әркім өз қаласының ақсақалдары, төрешілерімен бірге белгіленген мезгілде осында қайтып келсін. 15 Бұл ұсынысқа тек Асахил ұлы Жонатан мен Тикуах ұлы Яхзеях қана қарсы болды. Мешулам және леуілік Шабтай оларды қолдады. 16 Әйтсе де жер аударылудан қайта оралғандар солай істемек болып келісті. Діни қызметкер Езра барлық әулеттерден басшыларын таңдап алып, аттарын атап белгіледі. Содан олар оныншы айдың бірінші күні осы мәселені қарауға отырды. 17 Бұдан кейінгі жылдың бірінші айының бірінші күні олар (Жаратқан Иеге бағынбайтын) бөтен жұрттық әйел алғандардың мәселесін қарап бітірді. 18 Діни қызметкерлердің бөтен жұрттық әйел алғандары мыналар болды: Ехосадық ұлы Ешуа мен оның бауырларының ұрпақтарынан: Мағасиях, Елиезер, Жарип, Ғодалиях. 19 Олар сол әйелдерін қайтарып жіберуге қол беріп уәделесіп, өз кінәларын мойындады, әрі соның айыбын өтеу үшін бір қошқардан шалып Жаратқан Иеге ұсынды. 20 Имердің ұрпақтарынан: Ханани, Забадиях. 21 Харымның ұрпақтарынан: Мағасиях, Ілияс, Шемаях, Ехиел, Ұзиях. 22 Пашхурдың ұрпақтарынан: Елихоенай, Мағасиях, Ысмағұл, Нетанел, Жозабад, Еласах. 23 Леуіліктерден: Жозабад, Шимеях, Келита деп те аталатын Келаях, Петахиях, Яһуда, Елиезер. 24 Әншілерден: Елияшип. Қақпа күзетшілерінен: Шаллум, Телем, Ұри. 25 Басқа исраилдіктерден: Пароштың ұрпақтарынан: Рамиях, Изиях, Малқиях, Миямин, Елазар, Хашабиях, Бенаях. 26 Еламның ұрпақтарынан: Маттаниях, Зәкәрия, Ехиел, Әбди, Еремот, Ілияс. 27 Заттудың ұрпақтарынан: Елихоенай, Елияшип, Маттаниях, Еремот, Зауад, Ғазиз. 28 Бебайдың ұрпақтарынан: Жоханан, Хананиях, Забай, Атлай. 29 Банидың ұрпақтарынан: Мешулам, Маллух, Адаях, Яшуб, Шеал, Еремот. 30 Пахат-Моабтың ұрпақтарынан: Адна, Хелал, Бенаях, Мағасиях, Маттаниях, Беселиел, Бинуй, Манаса. 31 Харымның ұрпақтарынан: Елиезер, Ишиях, Малқиях, Шемаях, Шимон, 32 Бунямин, Маллух, Шемариях. 33 Хашумның ұрпақтарынан: Матынай, Мататта, Зауад, Әлипәлет, Еремай, Манаса, Шимей. 34 Басқа Банидың ұрпақтарынан: Мағадай, Ымрам, Уел, 35 Бенаях, Бидиях, Келухи, 36 Уаниях, Меремот, Елияшип, 37 Маттаниях, Матынай, Ясай. 38 Бинуйдің ұрпақтарынан: Шимей, 39 Шелемиях, Натан, Адаях, 40 Махнадбай, Шашай, Шарай, 41 Азарил, Шелемиях, Шемариях, 42 Шаллум, Амариях, Жүсіп. 43 Небоның адамдарынан: Еиел, Мататиях, Зауад, Зебинах, Яддай, Жоел, Бенаях. 44 Бұлардың бәрі (Жаратқан Иеге мойынсұнбайтын) бөтен жұрттық әйел алып, кейбіреулері солардан бала көрген еді.
1 Бұл — Ахалиях ұлы Нехемияның басынан кешкендерін баяндаған сөздері. (Артақсерікс патшалық құрған) жиырмасыншы жылдың тоғызыншы айында мен бекіністі астана Сузыда тұрып жаттым. 2 Сол кезде ағайындарымның бірі — Ханани бірнеше адаммен бірге Яһуда аймағынан сапарлап келіп, маған соқты. Мен олардан (Бабылға) жер аударылудан елге қайтқан яһудилердің күй-жайын және Иерусалим қаласының хал-жағдайын сұрадым. 3 Олар маған: «Жер аударылудан аман қалып, сол аймаққа қайта оралғандардың күй-жайы мүшкіл, көргендері қорлық! Иерусалимді қоршаған қабырғалар қиратылған, қақпалары да өртелген», — деп баяндады. 4 Мұны естігенде мен отыра қалып, бірнеше күн бойы қайғырып жылап, ораза ұстап, көктегі Құдайға мінажат еттім. 5 Былай деп сиындым: «Уа, Жаратқан Ие, көктегі Құдай! Сен Өзіңді сүйіп, өсиеттеріңді ұстанатындарға Келісіміңнің уәделерін орындап, берік мейіріміңді көрсететін ұлы да айбынды Құдайсың. 6 Қызметшілерің — Исраилдің үрім-бұтағы үшін күні-түні Өзіңе сиынып отырған мендей құлыңның дұғаларына құлағыңды түріп, назарыңды аудара гөр! Исраилдің үрім-бұтағы — біздер Саған қарсы жасаған күнәларымызды мойындаймыз. Менің өзім де, шыққан әулетім де күнә жасадық. 7 Өзіңе қарсы зұлым істер істедік. Өз қызметшің Мұса арқылы бұйырған өсиеттерің, ережелерің және шешімдеріңді ұстанған жоқпыз. 8 Сен қызметшің Мұсаға тапсырған мына сөзіңді есіңе ала гөр: «Егер Маған опасыздық жасасаңдар, сендерді басқа халықтардың арасына таратып жіберемін. 9 Бірақ егер Маған қайта оралып, өсиеттерімді ұстанып орындайтын болсаңдар, онда тіпті жердің қиыр шеттеріне дейін айдалып тасталған болсаңдар да, Мен сендерді сол жақтан жинаймын, әрі өз есімімді орнатуға таңдап алған жерге қайтарып әкелемін!» 10 Исраил халқы — Сенің құдіретті қолыңды алға созып ерен күш-қуатыңмен құтқарып алған қызметшілерің әрі халқың ғой. 11 О, Жасаған Ие, Саған бойсұнған менің және есіміңді сүйсіне қастерлейтін басқа да қызметшілеріңнің дұғаларымызға құлақ аса гөр! Енді патшаны маған оң көзімен қаратып, ісімді табысты қыла гөр!» Себебі сол кезде мен патшаның сусындарын басқарып, дайындайтын уәзірі болатынмын.
1 Артақсерікс патшалық құрған жиырмасыншы жылдың сәуір айының бір күні патшаның шарап ішетін кезі келгенде мен шарапты тостағанға құйып, патшаға ұсындым. Бұған дейін мен ешқашан да патшаның алдында көңілсіз болған емес едім. 2 Патша маған: — Ауырып тұрғанға ұқсамайсың, неге соншама көңілсізсің? Жан дүниең бір нәрсеге қатты қайғырып тұр ғой! — деген сұрақ қойды. Мен қатты қорқып кеттім. 3 Патшаға жауап беріп: — Патша ағзам көп жасасын! Ата-бабаларымның қабірлері орналасқан қала қирап бос жатыр, әрі қақпалары өртеліпті! Солай болғанда бет-жүзімнің қалайша көңілсіз болмауы мүмкін? — дедім. 4 Патша маған: — Онда қандай өтінішің бар? — деген сауал қойды. Мен көктегі Құдайға іштей сиынып алып, 5 патшаға былай деп жауап қаттым: — Егер патша ағзам мақұл көріп, алдындағы қызметшісіне ризашылықпен қараса, онда мені ата-бабаларымның қабірлері жатқан қаланы қайтадан тұрғызуға Яһуда аймағына жібере көрсе екен. — 6 Патша менен: — Сонда баруға саған қанша уақыт керек болады? Қашан қайтып келесің? — деп сұрады. Мен оған қанша уақыт кететінін айтқанымда, патша мені жіберуді жөн көрді. Оның жанында патшайым да отырды. 7 Мен патшаға тағы мына тілегімді де білдірдім: — Уа, патшам, егер мақұл көрсеңіз, маған Батыс Евфрат өлкесі арқылы өтіп, Яһудаға жету үшін сол өлкедегі әміршілерге арнап рұқсат хаттарын жаздырып берсеңіз игі болар еді. 8 Сондай-ақ, ғибадатхананың қасындағы қорғанның қақпаларын, қаланың қабырғасын және өзіме үй салдыру үшін бөренелер берсін деп патшаның орманын басқарушы Асафқа арналған бір хатты да жаздырып берсеңіз екен. Құдайдың шапағатты мейірімімен патша осы сұрағандарымның бәрін де берді. 9 Осылай мен жолға шығып, Батыс Евфрат өлкесіндегі әкімдерге келіп, оларға патшаның хаттарын тапсырдым. Патша, сондай-ақ, қолбасшылар мен бірқатар атты әскерді де маған ертіп жіберген болатын. 10 Бірақ хоронайымдық Санбаллат және аммондық қызметкер Тобиях менің келе жатқаным туралы естігенде, екеуі біреудің исраилдіктерге жақсылық жасамақ болып келгеніне қатты наразыланды. 11 Осылай мен Иерусалимге жеттім. Қалада үш күн болғаннан кейін 12 өзіме еріп келген біраз адаммен бірге түнде тұрдым. Құдайымның менің жүрегіме Иерусалим үшін не істейтінім туралы салған ойларын ешкімге айтқан жоқ едім. Астымдағы көлік малдан басқа ешқандай көлік алған жоқпыз. 13 Сонымен түнде Аңғар қақпасынан шығып, Шибөрі қайнарының маңынан өтіп, Күл қақпасына жеттім. Сөйтіп Иерусалимнің қираған қамал қабырғалары мен өртеніп кеткен қақпаларын тексеріп қарап шықтым. 14 Содан соң Қайнар қақпасы мен Патша тоғанына қарай бет алдым. Алайда астымдағы көлік малдың сол жаққа өтуіне орын болмады. 15 Сондықтан түн ішінде Қидрон сайы арқылы өрлеп шықтым да, сол жақтағы қабырғаларды тексердім. Сосын кері бұрылып, Аңғар қақпасы арқылы қалаға қайтып келдім. 16 Менің қайда барып, не істегенімді қаланың билік басындағылары білген жоқ. Себебі мен әлі де яһуди басшыларымен: діни қызметкерлер, жетекшілер, қызметкерлер және әкімшілікте істейтін басқалармен сөйлескен жоқ едім. 17 Енді мен оларға тіл қатып былай дедім: «Біздің қандай қиын жағдайда жүргенімізді өздеріңіз көріп отырсыздар. Иерусалим қиратылып, оның қақпалары өртеніп кеткен. Қаланың қамал қабырғасын қайта тұрғызайық та, бұдан былай сондай масқараға қалмайық!» 18 Сонымен қатар оларға Құдайдың мені шапағатты мейірімімен жарылқағаны және патшаның қолдаған сөздері туралы да айтып бердім. Сонда олар: «Мақұл, қабырғаны тұрғызайық!» — деп, осы игілікті іске білек сыбана кіріспекші болды. 19 Бірақ хоронайымдық Санбаллат, аммондық қызметкер Тобиях және арабиялық Гешем осы туралы естігенде, бізді келекелеп: — Әй, бұл істеп жатқандарың не? Патшаға қарсы шығайын деп жатырсыңдар ма? — деп мазақтады. 20 Мен оларға жауап қайырып: — Бізге табыс сыйлайтын — көктегі Құдай! Сондықтан да біз, Оның қызметшілері, құрылысты бастаймыз. Ал өздеріңіздің Иерусалимнен не үлестеріңіз, не құқықтарыңыз, не талап ететіндей негіздеріңіз жоқ! — дедім.
1 Осылай бас діни қызметкер Елияшип өз ағайындары — діни қызметкерлермен бірге жұмысқа кірісіп кетті. Олар Қой қақпасын тұрғызып, есіктерін орнатты; содан соң Қой қақпасына әрі қала қабырғасының Жүздік және Хананел мұнараларына дейінгі аралығына Жаратқан Иеге бағышталу рәсімін жасады. 2 Бас діни қызметкердің жанында Иерихонның адамдары, ал солардың қасында Имри ұлы Зақур қала қабырғасының келесі бөліктерін салды. 3 Сенуаның ұлдары Балық қақпасын тұрғызды. Олар соның бөренелерін қиюластырып, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты. 4 Олардың жанында Хақостың немересі Ұрия ұлы Меремот келесі бөлікті жөндеп бекітті. Оның жанында Мешизабелдің немересі Барақиях ұлы Мешулам, ал соның қасында Бағана ұлы Садық қабырға бөліктерін жөндеп нығайтты. 5 Бұлардан кейінгі бөлікті текоғалықтар бекітіп қалпына келтірді. Бірақ олардың ауқаттылары басқарушыларының тапсырмаларына сай жұмысқа мойынсұнғылары келмеді. 6 Пасеах ұлы Жояда мен Бесодиях ұлы Мешулам Көне қақпаны жөндеп нығайтты. Олар қақпаның бөренелерін қиюластырып, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты. 7 Олардың қасындағы жөндеу жұмыстарын гибеондық және миспалық адамдар, гибеондық Мелатиах пен мероноттық Ядон әрі Батыс Евфрат өлкесінің әміршісіне қарайтын жерлерден келгендер атқарды. 8 Солардың жанында зергерлердің біреуі — Харқаях ұлы Ұзиел, ал оның қасында хош иісті зат дайындаушылардың біреуі — Хананиях қабырғаның бір бөлігін жөндеп нығайтты. Бұлар Иерусалимді Кең қабырғаға дейін бекітіп қалпына келтірді. 9 Солардың жанында Иерусалимнің жарты ауданын басқаратын Һұр ұлы Рефаях қабырғаның келесі бөлігін жөндеп бекітті. 10 Олардың қасында Харумаф ұлы Едаях қабырғаның өз үйінің қарсысындағы бөлігін, ал оның жанында Хашабнея ұлы Хатуш келесі бөлікті қалпына келтіріп нығайтты. 11 Харым ұлы Малқиях пен Пахат-моаб ұлы Хашуб қабырғаның қосалқы бөлігін және Тандыр мұнарасын жөндеп бекітті. 12 Содан кейінгі жерді Иерусалимнің жарты ауданының әкімі Халохеш ұлы Шаллум өз қыздарымен бірге қалпына келтіріп нығайтты. 13 Анон және Заноах қаласының тұрғындары Аңғар қақпасын нық етіп тұрғызды да, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты. Олар тағы да Күл қақпасына дейінгі қала қабырғасының бір мың шынтақ бөлігін жөндеп бекітті. 14 Беткәрем ауданының әкімі Рехап ұлы Малқиях Күл қақпасын жөндеп бекітіп, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін қайтадан орнатты. 15 Миспа ауданының әкімі Қолхозе ұлы Шаллум Қайнар қақпасын тұрғызып бекітті де, төбесін жауып, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты. Шаллум, сондай-ақ, қабырғаның Патша бағының қасындағы Силоғам тоғанының тұсындағы бөлігін Дәуіттің шаһарынан төмен түсіп жатқан баспалдақтарға дейін жөндеп нығайтты. 16 Шаллумнан кейін Бет-Сұрдың жарты ауданының әкімі — Азбұқ ұлы Нехемия қабырғаның Дәуіт әулетінің қабірлеріне қарама-қарсы жатқан жерінен бастап, қолдан жасалған тоған мен Батырлар тұрағына дейінгі аралығын жөндеп бекітті. 17 Одан кейін леуіліктер Бани ұлы Рехумның басшылығымен қабырғаны жөндеп нығайту жұмыстарын атқарды. Олармен көршілес бөлікті Кеилдің жарты ауданының әкімі — Хашабиях сол жарты ауданның атынан жөндеп бекітті. 18 Хашабияхтан кейін оның ағайындары Кеилдің келесі жарты ауданының әкімі — Хенадад ұлы Бинуйдің басшылығымен жөндеп нығайту жұмыстарын жүргізді. 19 Бинуйдің қасында Миспаның әкімі — Ешуа ұлы Езер қабырға бұрышындағы қару-жарақ қоймасына апаратын асудан басталатын қосалқы бөлікті жөндеп бекітті. 20 Езердің жанында Забай ұлы Барух бұрыштан бастап, бас діни қызметкер Елияшиптің сарайының кіреберісіне дейінгі қосалқы бөлікті құлшына жөндеп нығайтты. 21 Барухтан кейін Хақостың немересі Ұрия ұлы Меремот Елияшиптің сарайының кіреберісінен сарайдың шетіне дейінгі қосалқы бөлікті қалпына келтіріп нығайтты. 22 Меремоттан кейінгі бөлікті төңіректегі жерлерден жиналған діни қызметкерлер жөндеп бекітті. 23 Діни қызметкерлердің қасында Бунямин мен Хашуб өз үйлерінің тұсындағы бөлікті жөндеп нығайтты. Олардан кейін Ананиях немересі Мағасиях ұлы Азариях өз үйінің маңындағы бөлікті бекітіп қалпына келтірді. 24 Одан кейін Хенадад ұлы Бинуй Азарияхтың үйінен бастап, қабырғаның ішке қарай кіре түскен жеріне және оның бұрышына дейінгі екі аралықтағы қосалқы бөлікті жөндеп нығайтты. 25 Ұзай ұлы Палал қабырғаның ішке қарай кіре түскен бөлігін және Қарауылдар ауласының жанындағы патшаның Жоғарғы сарайынан шығатын мұнараның қарсысындағы бөлікті жөндеп бекітті. Палалдан кейін Парош ұлы Педаях 26 және Опел төбесінде тұратын ғибадатхана қызметшілері қабырғаның шығыс жақтағы Су қақпасының қарсысы мен Шығыңқы мұнараның маңына дейінгі аралығын қалпына келтірді. 27 Бұлардың жанында текоғалықтар Үлкен шығыңқы мұнараның қарсысынан бастап, Опел төбесіндегі қабырғаға дейін созылған қосалқы бөлікті жөндеп нығайтты. 28 Жылқы қақпасынан жоғарырақ жерде діни қызметкерлер әрқайсысы қабырғаның өз үйінің тұсындағы бөлігін жөндеп нығайтты. 29 Олардың қасында Имер ұлы Садық қабырғаның өз үйінің тұсындағы бөлігін мықтап жөндеді, ал Садықтың жанында Шығыс қақпасының басқарушысы Шеханиях ұлы Шемаях қабырғаның бір бөлігін қалпына келтіріп бекітті. 30 Шемаяхтың қасында Шелемиях ұлы Хананиях пен Салафтың алтыншы ұлы Анон қабырғаның қосалқы бөлігін бекітіп жөндеді. Бұлардың жанында Барақиях ұлы Мешулам өзі тұратын бөлмесінің маңындағы қабырға бөлігін жөндеп нығайтты. 31 Мешуламның жанында зергерлердің бірі Малқиях Сап алаңы қақпасының қарсысындағы ғибадатхана қызметшілері мен саудагерлердің тұратын үйлеріне дейінгі бөлікті және қабырғаның бұрышын жоғарғы бөлмеге дейін бекітіп жөндеді. 32 Ал қабырғаның бұрышындағы жоғарғы бөлме мен Қой қақпасының арасындағы жөндеп нығайту жұмыстарын зергерлер мен саудагерлер жүргізді.
1 Санбаллат біздің қала қабырғасын тұрғызып жатқанымызды білгенде, зығырданы қайнап қатты ашуланды. Ол біздерді, яһудилерді, келекелеп, 2 өзінің ағайын-достары мен Самария әскерінің алдында: «Мына бейшара яһудилер не істеп жүр? Олар шынымен-ақ біраз малдарын құрбандыққа шалып, бір-ақ күннің ішінде қабырғаны қалпына келтіре қоймақ па? Әлде күл-қоқыс үйінділерінен тастарды шығарып алып, қайта жандандыра ала ма? Олар өртеніп, әбден сынғыш болған ғой, ха-ха!» — деп мысқылдады. 3 Оның жанында тұрған аммондық Тобиях та: «Өй, сол тұрғызып жатқандарына бір-ақ түлкі шыға қалса, тас қабырға деп жүргендерін опырып қиратып тастар!» — деп мазақтады. 4 «Уа, Құдайымыз, қандай масқараға қалып тұрмыз, бізге құлақ сала гөр! Олардың мазағын өз бастарына келтіре гөр! Өздерін бөтен елде тұтқынға түсіп, тоналатын ете гөр! 5 Кінәларын жазасыз қалдырмай, жасаған күнәларын көз алдыңнан өшіріп тастай көрме! Себебі олар құрылысшылардың алдында Сенің қаһарыңды өршітті ғой». 6 Халық жұмысты бар ықыласымен істегендіктен, біз бүкіл қаланы қоршаған қабырғаны бұрынғы биіктігінің жартысына дейін тұрғызып тастадық. 7 Бірақ Санбаллат, Тобиях, арабиялықтар, аммондықтар және азоттықтар: «Иерусалимнің қабырғаларын жөндеу жұмыстары алға жылжып, оның құлаған жерлері бітелуде» дегенді естігенде, олар бұған қатты ашуланды. 8 Барлығы бірге ақылдасып: «Иерусалимге қарсы тап беріп, онда аласапыран жасаймыз!» деп сөз байласты. 9 Сол себепті біз Құдайымызға сиынып, олардан қорғану үшін күні-түні қабырғаға қарауыл қойдық. 10 Сол кезде Яһуданың адамдары: «Жүк тасушылар титықтап шаршап қалды! Күл-қоқыс тым көп! Өз күшімізбен қабырғаны тұрғыза алмаймыз!» — деп түңіле бастады. 11 Бұның үстіне дұшпандарымыз: «Олар не болып жатқанын көріп, білгенге дейін-ақ, біз келіп, оларды өлтіріп, жұмыстарын тоқтатып тастаймыз!» — деп қоқан-лоқы көрсетіп те жүрді. 12 Солардың қастарында тұратын яһудилер он рет келіп, бізге: «Олар жан-жақтан аттанып, бізге тап бермек!» — деп айта берді. 13 Сондықтан мен халықты семсер, найза және садақпен қаруландырып, қабырғаның ең аласа, ашық жерлерінің арғы жағына әулеттері бойынша қарауылға тұрғыздым. 14 Сосын бәрін тексеріп қарап шыққаннан кейін биіктеу жерге тұрдым да, жетекшілер мен қызметкерлерге және бүкіл халыққа сөз сөйлеп былай дедім: «Олардан қорықпаңдар! Ұлы да айбынды Жасаған Иені естеріңнен шығармаңдар! Өз ағайындарың, ұл-қыздарың мен әйелдерің әрі үй-жайларың үшін шайқасыңдар!» 15 Осылай дұшпандарымыз өздері құрған жоспарларының бізге белгілі болып қалып, бұларын Құдайдың Өзі бұзғанын естіп білді. Сонымен бәріміз қабырға құрылысына қайта оралып, әрқайсымыз өз ісімізге кірістік. 16 Сол күннен бастап, өз қызметшілерімнің жартысы құрылыс жұмыстарына қатысып, екінші жартысы найза, қалқан, садақтарын асынып, сауыттарын киіп тұрды. Қолбасшылар 17 қабырғаны салып жатқан яһудалықтардың арт жағында тұрды. Жүк таситындар бір қолдарымен жүк тасып, екінші қолдарымен қару ұстап жүрді. 18 Әрбір құрылысшы беліне семсерін тағып алып жұмыс істеді. Дабыл қағатын кернейші әрқашан қасымда жүрді. 19 Мен жетекшілер мен қызметкерлерге және бүкіл халыққа сөз сөйлеп былай дедім: «Жұмыс өте көп және кең көлемде жасалуы керек. Ал біз қабырғаның бойына тарап, бір-бірімізден едәуір алшақтап жүреміз. 20 Кернейдің даусын ести салысымен-ақ, керней тартылған біздің қасымызға лезде жиналып келіңдер! Сонда Құдайымыз біз үшін шайқасатын болады!» 21 Осылайша біз таң атқаннан жұлдыздар жымыңдай бастағанға дейін жұмысымызды істей бердік. Ал ер адамдардың жартысы найзаларын ұстап тұрды. 22 Сол кезде мен халыққа тағы да тіл қатып: «Әрбір адам өз қызметшісімен бірге Иерусалимнің ішінде түнеп шықсын! Сонда олар қаланы түнде қорғауға, күндіз жұмысын істеуге дайын болады!» — дедім. 23 Содан өзім мен ағайындарым да, қызметшілерім әрі қасымда еріп жүретін күзетшілерім де ешқайсымыз үстіміздегі киімімізді шешпей әрдайым дайын жүрдік. Әркім өз қаруын тіпті су алуға барған кезде де тастаған жоқ.
1 Сол кездері халықтың көп адамдары әйелдерімен бірге ауқатты яһуди ұлттастарының үстінен шағымданып айқай салды. 2 Кейбіреулері: — Ұл-қыздарымыз бар біздер көп адамбыз. Аштан өлмей тірі қалуымыз үшін бізге астық алу қажет! — десе, 3 тағы біреулері: — Ашаршылық кезінде біз нанымызды тауып жеу үшін өз егістіктеріміз бен жүзімдіктерімізді және үй-жайларымызды кепілдікке беруге мәжбүр болдық! — деп наразылық білдірді. — 4 Патшаның алым-салығын төлеу үшін де егістіктер мен жүзімдіктерімізді несие берушілерге кепілдікке табыстауға мәжбүр болдық. 5 Ата-тегіміз солардікі сияқты біз де яһудилерміз, балаларымыз да олардікінен еш кем емес! Әйтсе де біз ұл-қыздарымызды оларға басыбайлы қызметшілікке сатуға мәжбүрміз. Кейбір қыздарымыз қазірдің өзінде солардың уысында! Бірақ істейтін шарамыз жоқ, өйткені егістіктеріміз бен жүзімдіктеріміз басқалардың иелігінде! 6 Олардың осылай шағымданып айқайлағандарын естігенде қатты ашуландым. 7 Мен сол туралы біраз ойланып-толғанғаннан кейін жетекшілер мен қызметкерлерді сөгіп, оларға: — Сендер берген қарыздарыңнан өсім талап етіп, әрқайсыларың тіпті исраилдік бауырластарыңа солай істейді екенсіңдер! — деп наразылық білдірдім. Содан соң мен осы мәселе жайлы жұртты үлкен жиналысқа шақырдым. 8 Жиналыста ауқаттыларға былай дедім: — Біз қолымыздан келгенше, бөтен халықтарға құлдыққа сатылып кеткен яһуди ағайындарымызды құндарын төлеп босатып алып жүрміз. Бірақ сендер, керісінше, өз ағайындарыңды құлдыққа сатып жүрсіңдер! Сонда біздің оларды қайтадан құндарын төлеп босатуымыз керек дейсіңдер ме?! Олар бұған қарсы айтатын сөз таба алмай, үнсіз қалды. 9 Мен оларға тағы былай да дедім: — Бұлай істейтіндерің еш дұрыс емес! Дұшпандарымыз — сол бөтен халықтардың мазағына ілінбеуіміз үшін сендердің Құдайды терең қастерлеп, соған сай іс-әрекет жасауларың қажет емес пе? 10 Мен өзім де, ағайындарым мен қызметшілерім де оларға қарызға күміс және астық беріп келеміз. Бұдан былай өсім алу дегенді қояйық! 11 Сонымен қатар сендер қазір, бүгін-ақ, оларға егістіктері мен жүзімдіктерін, зәйтүн бақтары мен үй-жайларын қайтарып беріңдер! Сондай-ақ, қарызға берген күмістеріңнен, астық, жүзім шырыны және зәйтүн майларыңнан өсім ретінде алған жүзден бір бөлікті де өздеріне қайтарып беріңдер! — 12 Олар: — Бәрін де өздеріне қайтарып береміз, енді ештеңе талап етпейміз. Сіз қалай айтсаңыз, солай істейміз! — деп уәде етті. Сонда мен діни қызметкерлерді шақырып алып, солардың алдында жетекшілер мен қызметкерлерге уәделерінде тұратыны туралы ант бергіздім. 13 Мен шапанымның өңірін олардың көзінше қағып: «Өзінің уәдесінде тұрмайтын адамды Құдай да осылай өз үй-жайынан қақсын! Иә, сондай адам дәл осылай қағылып, түгі қалмасын!» — деп нық айттым. Бұған бүкіл жиналған жамағат: «Аумин!» — деп келісіп, Жаратқан Иені мадақтады. Бұдан былай халық берген сөзіне сәйкес әрекет ететін болды. 14 Яһуда елінің әкімі болып тағайындалған уақытымнан, яғни Артақсерікс патшаның билік құрған жиырмасыншы жылынан бастап, отыз екінші жылына дейінгі он екі жыл бойы, менің өзім де, ағайындарым да әміршіге халықтан тиесілі азық-түлікпен тамақтанған жоқпыз. 15 Менен бұрын болған аймақ әміршілері халыққа алым-салықтың ауыр жүгін артқан еді. Олардан қырық мысқал күміс болатын салықтың үстіне тағы астық пен шарап талап ететін. Олардың қызметкерлері де халыққа үстемдік жасап, қанаушылықпен айналысты. Бірақ мен Құдайды терең қастерлейтіндіктен бұндай іс-әрекетпен шұғылданбадым. 16 Қайта, мен қала қабырғасын салуды қолдадым. Өзіме ешбір егістік жер сатып алмадым. Барлық қызметші жігіттерім қабырға басында жиналып, жұмысқа қатысты. 17 Айналамыздағы халықтардан келген қонақтарды санамағанда, мен жүз елу яһуди елдестерім мен қызметкерлерді өз дастарқанымнан тамақтандырып жүрдім. 18 Бір күннің тамағына бір өгіз бен таңдаулы алты қой-ешкі әрі бірнеше құс сойылып, дайындалатын. Он күнде бір рет әр түрлі ашытылған сусындардан да тұрағыма молынан әкелінетін. Осының бәріне қарамастан мен аймақ әміршісі ретінде маған тиесілі азық-түлікті елдің халқынан талап етпедім. Өйткені олардың мойнындағы жүк онсыз да ауыр болатын. 19 «Уа, Құдайым, осы халыққа жасаған қызметімді менің игілігіме ескере гөр!»
1 Санбаллат, Тобиях, арабиялық Гешем және қалған дұшпандарымыз да менің қабырға құрылысын бітіріп, оның бірде-бір құлаған жерінің қалып қоймағаны туралы хабар алды. Ал қақпалардағы есіктерді мен әлі де орнатып болмаған едім. 2 Сондықтан Санбаллат пен Гешем маған кісі жіберіп: — Оно алқабындағы елді мекендердің бірінде кездесейік! — деп шақырды. Олар маған қастандық жасауға ниеттеніп жүрген болатын. 3 Мен оларға хабаршыларымды жіберіп: — Мен мұнда зор іспен айналысып жатырмын. Сондықтан сол жерге төмен түсіп бара алмаймын. Не үшін жұмысты тоқтатып, сіздерге ылдилап баруым керек? — деп жауап бердім. 4 Олар маған дәл солай төрт рет кісілерін жіберіп, мен де оларға сол жауабымды соншама рет қайтардым. 5 Санбаллат маған осылайша бесінші рет қызметшісін жібергенде соның қолында мөрленбеген ашық хаты болды. 6 Хатта былай деп жазылған екен: «Айналадағы халықтардың арасында қауесет тарап жатыр. Гешем де соны айтуда. Өзіңіз бен басқа яһудилер көтеріліс жасауды ниеттеніп жатыр екенсіздер. Қала қабырғасын да сол себептен тұрғызып жатқан көрінесіздер. Осы хабарлар бойынша өзіңіз солардың патшасы болмақшы екенсіз. 7 Мұнан басқа сіз өзіңіз жайлы «Яһуданың өз патшасы бар!» деп жариялауға Иерусалимде пайғамбарларды да тағайындап қойыпсыз. Ал енді, бұл сөздер (Артақсерікс) патшаның құлағына жетпей қоймайды. Сондықтан келіңіз, осы мәселе туралы бірге ақылдасайық!» 8 Ал мен оған: «Сіздің айтқандарыңыздың ешқайсысы да істелініп жатқан жоқ! Оларды ойлап шығарған — өзіңіз!» — деген жауап жібердім. 9 Сол адамдар бізді қорқытуға тырысып: «Олардың қолдары әлсіреп, жұмысты тоқтатып қоятын болады», — десті. Бірақ мен: «Қолдап, қайрат-жігер бере гөр!» — деп мінажат еттім. 10 Кейінірек мен Мехетабелдің немересі Делаях ұлы Шемаяхқа соқтым. Сол адам үйін ішінен бекітіп алған екен. Шемаях мені: — Құдайдың киелі үйінде, ғибадатхананың ортасында кездесіп, есікті іштен тас бекітіп алайық! Өйткені сізді өлтіруге адамдар келейін деп жатыр. Олар түнде келіп, жаныңызды алмақшы! — деп сақтандырды. 11 Бірақ мен оған: — Мендей адам бас сауғалап қаша ма? Және мендей адам ғибадатхананың ішіне кіріп, тірі қала ала ма? Жоқ, бармаймын! — дедім. 12 Шемаяхты жіберген Құдай емес екенін мен жақсы ұққан едім. Керісінше, Тобиях пен Санбаллат пара беріп жалдап алғандықтан, Шемаях мен туралы осындай жалған пайғамбарлық сөз айтты. 13 Ондағы мақсаттары мені қорқытып, маған күнә жасату болды. Егер де солай істесем, дұшпандарым мені жамандап, кінәлауға сылтау тапқан болар еді. 14 «Уа, Құдайым, Тобиях пен Санбаллаттың істеген осы іс-әрекеттерін есіңнен шығара көрме! Сондай-ақ, пайғамбар әйел Ноғадияның және мені үрейлендірмек болған тағы басқа пайғамбарлардың да істегендерін есіңде сақтай гөр!» 15 Осылайша қабырғаны нығайтып қалпына келтіру жұмыстары елул айының жиырма бесінде, елу екі-ақ күннің ішінде аяқталды. 16 Күллі дұшпандарымыз бұл туралы естіп, айналамыздағы халықтардың бәрі қорқып, түңілді. Бұл істің толықтай жүзеге асқанына Құдайымыздың Өзінің себепші болғанына олардың көздері жетті. 17 Сол күндері Яһуданың жетекшілері Тобияхқа көптеп хат жолдап, оның хаттары да бұларға келіп жатты. 18 Яһудадағы көптеген адам оған ант беріп сөз байласқан еді. Өзі Арах ұлы Шеханияхтың күйеу баласы болып, ал ұлы Жоханан Барақиях ұлы Мешуламның қызына үйленген еді. 19 Сол яһудилер Тобияхты менің алдымда мақтап, айтқандарымды оған жеткізіп жүрді. Ал Тобиях мені қорқыту үшін маған хаттарын жіберіп отырды.
1 Қала қабырғасы салынып біткен кезде мен қақпалардың есіктерін орнаттырып қойдым. Содан қақпа күзетшілері, ғибадатхана әншілері және леуілік ғибадатхана қызметшілері міндеттеріне тағайындалды. 2 Мен ағайыным Хананиға және қорғанның бастығы Хананияхқа Иерусалимнің үстінен билік жүргізуді тапсырдым. Өйткені Хананиях сенімді адам болатын және Құдайды басқалардан гөрі артық қастерлейтін еді. 3 Екеуіне мынадай нұсқау бердім: «Күн ысып, қақпа күзетшілері өз орындарында тұрмайынша Иерусалимнің қақпалары ашылмай, есіктері жабылып, кесе-көлденең бөренелермен бекітіліп тұрсын! Иерусалимнің тұрғындарының арасынан сақшыларды тағайындаңдар. Олар қала қабырғасын бойлай және өз үйлерінің қарсысында қарауылда тұратын болсын». 4 Сол кезде қала кең-байтақ, ал ішіндегі халқы аз болатын. Қаладағы үйлер әлі де қайта салынбаған еді. 5 Содан Құдай маған жетекшілер мен қызметкерлерді және жай халықты жинап, әрқайсысын шығу тектері бойынша тіркеп жазып алу жайлы ой салды. Мен ең бірінші болып елге қайтып келген оралмандардың шежіре жазбасын тауып алып, сонда жазылған төмендегі сөздерді оқыдым: 6 Бабыл патшасы Набуходоносор өз еліне жер аударып әкеткен тұтқындардан Яһуда аймағына қайтып келгендер мыналар. Олар Иерусалим мен Яһудаға, кезінде өз ата-бабалары мекендеген сондағы қалаларына қайта оралды. 7 Олардың жетекшілері: Зоробабел, Ешуа, Нехемия, Азариях, Рағамиях, Нахамани, Мардохай, Билшан, Мисперет, Бигуай, Нехум, Бағанах. Қайта оралған исраилдіктердің жалпы саны: 8 Пароштың ұрпақтары: екі мың бір жүз жетпіс екі адам. 9 Шафатияхтың ұрпақтары: үш жүз жетпіс екі адам. 10 Арахтың ұрпақтары: алты жүз елу екі адам. 11 Пахат-Моабтың Ешуа мен Жоғаб есімді екі ұлынан өрбіген ұрпақтары: екі мың сегіз жүз он сегіз адам. 12 Еламның ұрпақтары: бір мың екі жүз елу төрт адам. 13 Заттудың ұрпақтары: сегіз жүз қырық бес адам. 14 Заққайдың ұрпақтары: жеті жүз алпыс адам. 15 Бинуйдің ұрпақтары: алты жүз қырық сегіз адам. 16 Бебайдың ұрпақтары: алты жүз жиырма сегіз адам. 17 Азғадтың ұрпақтары: екі мың үш жүз жиырма екі адам. 18 Адониқамның ұрпақтары: алты жүз алпыс жеті адам. 19 Бигуайдың ұрпақтары: екі мың алпыс жеті адам. 20 Адиннің ұрпақтары: алты жүз елу бес адам. 21 Атердің Езекияның тұқымынан шыққан ұрпақтары: тоқсан сегіз адам. 22 Хашумның ұрпақтары: үш жүз жиырма сегіз адам. 23 Бесайдың ұрпақтары: үш жүз жиырма төрт адам. 24 Харифтің ұрпақтары: жүз он екі адам. 25 Гибеонның ұрпақтары: тоқсан бес адам. 26 Бетлехем мен Нетопаттың адамдары: жүз сексен сегіз. 27 Анатоттың адамдары: жүз жиырма сегіз. 28 Бет-Азмауеттің адамдары: қырық екі. 29 Кирият-Иғарым, Кефира, Бегероттың адамдары: жеті жүз қырық үш. 30 Рамақ пен Гебаның адамдары: алты жүз жиырма бір. 31 Миқмастың адамдары: жүз жиырма екі. 32 Бетел мен Айдың адамдары: жүз жиырма үш. 33 Басқа Небоның адамдары: елу екі. 34 Басқа Еламның адамдары: бір мың екі жүз елу төрт. 35 Харымның адамдары: үш жүз жиырма. 36 Иерихонның адамдары: үш жүз қырық бес. 37 Лод, Хадид, Ононың адамдары: жеті жүз жиырма бір. 38 Сенаяхтың адамдары: үш мың тоғыз жүз отыз. 39 Діни қызметкерлер: Едаяхтың Ешуадан тараған ұрпақтары: тоғыз жүз жетпіс үш адам. 40 Имердің ұрпақтары: бір мың елу екі адам. 41 Пашхурдың ұрпақтары: бір мың екі жүз қырық жеті адам. 42 Харымның ұрпақтары: бір мың он жеті адам. 43 Леуіліктер: Ешуаның және Қадмиелдің Ходеуа арқылы тараған ұрпақтары: жетпіс төрт адам. 44 Әншілер: Асафтың ұрпақтары: жүз қырық сегіз адам. 45 Қақпа күзетшілері: Шаллум, Атер, Талмон, Ақуб, Хатита, Шобай есімді аталардың ұрпақтарының жалпы саны: жүз отыз сегіз адам. 46 Ғибадатхана қызметшілері: Сиха, Хасуфа, Таббаот, 47 Керос, Сиях, Падон, 48 Лебанах, Хагабах, Шалмай, 49 Ханан, Гиддел, Ғахар, 50 Реях, Ресин, Некода, 51 Ғазам, Ұзза, Пасеах, 52 Бесай, Меуним, Нефисим, 53 Бақбұқ, Хақуфа, Хархур, 54 Баслут, Мехида, Харша, 55 Барқос, Сисара, Тамах, 56 Несиях, Хатифа есімді аталардың ұрпақтары. 57 Сүлейменнің қызметшілері: Сотай, Соферет, Перида, 58 Ялах, Дарқон, Гиддел, 59 Шафатиях, Хатил, Похерет-Хасебаим, Амон есімді аталардың ұрпақтары. 60 Ғибадатхана қызметшілері әрі Сүлейменнің қызметшілерінің ұрпақтарының жалпы саны: үш жүз тоқсан екі адам. 61 Мыналар Тел-Мелах, Тел-Харша, Керуб, Аддан, Имер деген жерлерден көшіп келген еді, бірақ олар өздерінің қай әулеттен екенін, тіпті Исраил халқына жататындықтарын да дәлелдей алмады: 62 Делаях, Тобиях, Некода есімді аталардың ұрпақтары. Олардың жалпы саны: алты жүз қырық екі адам. 63 Діни қызметкерлердің Хобаях, Хақос, Барзилай есімді аталарының ұрпақтары да көшіп келген еді. Соңғы әулеттің арғы аталарының бірі ғилақадтық Барзилайдың бір қызына үйленіп, қайын атасының атымен аталған болатын. 64 Осы оралмандар шежіре жазбаларынан өз ата-тектерін іздеп көрді, бірақ таба алмады. Сол себепті олар діни қызмет атқарудан шеттетілді. 65 Яһуда аймағының әкімі олар жөнінде былай деп шешті: «Нұр және Кемелділік атты қасиетті жеребелер арқылы осы мәселе жайлы Құдайдың еркін біліп алатын діни қызметкер пайда болмайынша, олардың ғибадатханадағы ерекше киелі тартулардан жеулеріне болмайды». 66 Бүкіл қауымның жалпы саны қырық екі мың үш жүз алпыс адам болды. 67 Бұған қоса олардың жеті мың үш жүз отыз жеті еркек, әйел басыбайлы қызметшілері және екі жүз қырық бес еркек, әйел әншілері болды. 68 Сондай-ақ, олардың жеті жүз отыз алты жылқысы, екі жүз қырық бес қашыры, 69 төрт жүз отыз бес түйесі, алты мың жеті жүз жиырма есегі де бар еді. 70 Бірқатар әулет басшылары құрылыс жұмысына өз үлестерін қосты. Аймақтың әкімі қазынаға бір мың алтын теңге, елу алтын тостаған және діни қызметкерлерге арнап бес жүз отыз көйлек тарту етті. 71 Өзге әулет басшыларының бірнешеуі жұмыс қорына арнап жиырма мың алтын теңге және екі мың екі жүз қадақ күміс берді. 72 Ал халықтың қалған бөлігінің тарту еткені жиырма мың алтын теңге, екі мың қадақ күміс және діни қызметкерлерге арналған алпыс жеті көйлек болды. 73 Сонымен діни қызметкерлер, леуіліктер, қақпа күзетшілері, әншілер, жалпы халықтың біразы және ғибадатхана қызметшілері өздерінің (Иерусалимнің маңайындағы) елді мекендеріне қоныстанды. Қалған Исраил халқы (бүкіл елдегі) өз қалаларына қайтып, сонда тұрып жатты.
1 Күздің басы — жетінші ай басталғанда бүкіл халық бір адамдай Су қақпасының алдындағы алаңға жиналып келді. Олар дін мұғалімі Езрадан Жаратқан Иенің Мұса арқылы Исраилге табыстаған Таурат заңының шиыршық кітабын әкелуін өтінді. 2 Сонда діни қызметкер Езра Таурат заңын бүкіл жамағаттың алдына алып шықты. Жиналғандар еркектер мен әйелдер және тыңдап, оқылғанды түсіне алатын балалар болды. Бұл жетінші айдың бірінші күні болатын. 3 Езра Су қақпасының алдындағы алаңда жиналған бүкіл жамағатқа Таурат кітабын күн шыққан кезден бастап, түске дейін дауыстап оқып берді. Халықтың бәрі Таураттың сөздерін құлақ түріп тыңдап тұрды. 4 Дін мұғалімі Езра осы оқиғаға орай жасалған биік ағаш мінбенің үстіне шығып тұрған еді. Оның оң жағында Маттатия, Шема, Анаях, Ұрия, Хелкия, Мағасиях, сол жағында Педаях, Мишайл, Малқиях, Хашум, Хаш-Бадана, Зәкәрия, Мешулам болды. 5 Биік мінбеде тұрған Езра шиыршық кітабын бүкіл халықтың көз алдында ашқан кезде жұрттың бәрі орындарынан түрегелді. 6 Езра Жаратқан Иені, ұлы Құдайды, дәріптеп мадақтады. Бүкіл халық қолдарын жоғары қарай көтеріп: «Аумин! Аумин!» — деп жауап берді. Содан олар бастарын жерге дейін тигізе иіліп Жаратқан Иеге тағзым етті. 7 Бұдан кейін Ешуа, Бани, Шеребиях, Ямин, Ақуб, Шабтай, Ходия, Мағасиях, Келита, Азариях, Жозабад, Ханан және Пелаях есімді леуіліктер сол жерде тұрған халыққа Таурат заңын түсіндіріп берді. 8 Олар Құдайдың Таурат кітабынан дауыстап анық оқып, соған түсіндірмелерін қосты. Осылайша халық оқылғандарды жақсы ұғып алды. 9 Халық Таурат заңының сөздерін тыңдап тұрғанда еңіреп жылай берді. Ал аймақ әкімі Нехемия, діни қызметкер әрі дін мұғалімі Езра және халыққа тәлім беріп жатқан леуіліктер оларға: «Бұл күн — Құдайларың Жаратқан Иеге бағышталған қасиетті күн. Бүгін қайғырып жыламаңдар!» — деп ескертті. 10 Нехемия: «Осымен барыңдар, дәмді тамақ жеп, тәтті сусын ішіңдер! Мерекелік ас дайындамағандарға үлестерін беріп жіберіңдер! Өйткені бүгінгі күн — Иемізге бағышталған қасиетті күн. Сонымен қайғырмаңдар! Себебі Жаратқан Иеге деген қуаныштарың сендерге күш-қуат беріп, паналарың болады!» — деп қосты. 11 Леуіліктер де: «Тыныш болып, жыламаңдар! Өйткені бүгінгі күн — қасиетті күн», — деп халықты тыныштандырды. 12 Содан бүкіл халық тарап кетті. Олар ішіп-жеп, мұқтаждарға сый тамақ жіберіп, зор қуанышқа бөленді. Себебі олар өздеріне түсіндірілген сөздерді енді жақсылап ұғып алды. 13 Мейрамның екінші күні бүкіл халықтың әулет басылары діни қызметкерлермен, леуіліктермен бірге Таурат заңында жазылғандарды тереңірек ұғынбақ болып, дін мұғалімі Езраның қасына жиналды. 14 Олар Жаратқан Иенің халыққа Мұса арқылы тапсырған Таурат заңында жетінші айдағы (Күркелер) мейрамы кезінде исраилдіктердің күркелерде тұруы керектігі туралы жазылғанын тапты. 15 Сондықтан олар тұрып жатқан барлық қалаларында және Иерусалимде: «Қыраттарға шығып, сол жақтан зәйтүн, жабайы зәйтүн, мирта, құрма және басқа да жапырақты ағаштардың бұтақшаларын жинап алып келіңдер! Солардан Тауратта жазылған ережеге сай күрке жасаңдар!» — деген жарлықты жариялады. 16 Сонда халық далаға шығып кетті де, бұтақшалар әкеліп, өз үйлерінің жалпақ төбесінде не ауласында, Құдайдың киелі үйінің аулаларында және Су қақпасы мен Ефрем қақпасының маңындағы алаңдарда күркелер жасады. 17 Жер аударылудан қайтып келгендердің бүкіл қауымы күркелер жасап, соларда тұрды. Нұн ұлы Ешуаның заманынан бері исраилдіктер осы мейрамды бұлайша өткізбеген еді. Сондықтан халық зор қуанышқа кенелді. 18 Мейрамның бірінші күнінен бастап соңғы күніне дейін Езра күн сайын Құдайдың Таурат кітабында жазылғандарды халыққа дауыстап оқып беріп отырды. Олар жеті күн бойы мейрамдады, ал сегізінші күні ережеге сай салтанатты жиналыс болды.
1 Сол айдың жиырма төртінші күні исраилдіктер қайтадан жиналды. Олар ораза ұстап, азалы киім киіп, бастарына күл-топырақ сеуіп қатты қайғырды. 2 Сол кезде Исраилдің үрім-бұтағы барлық жат жұрттықтардан бөлініп шықты. Исраилдіктер (Жаратқан Иенің алдында) тұрып, өз күнәлары мен ата-бабаларының теріс қылықтарын мойындады. 3 Олар үш сағат бойы сол жерде тұрып, Құдайлары Жаратқан Ие тапсырған Таурат заңының кітабын оқумен болды. Бұдан кейін олар тағы үш сағат бойы Құдай Иенің алдында күнәларын мойындап, бастарын иіп Оны дәріптеді. 4 Леуіліктердің мінбесінде тұрған Ешуа, Бани, Қадмиел, Шебаниях, Буни, Шеребиях, Бани және Хенани қатты дауыспен Құдайлары Жаратқан Иеге сиынды. 5 Мұнан кейін Ешуа, Қадмиел, Бани, Хашабнея, Шеребиях, Ходия, Шебаниях және Петахиях есімді леуіліктер жамағатқа тіл қатып былай деді: «Орындарыңнан тұрып, Құдайларың Жаратқан Иені мадақтаңдар! Ол мәңгілік болып келген әрі мәңгілік бола береді!» (Содан олар былай деп мінажат етті:) «Сенің есімің мадақтала берсін, ол барлық мадақ пен даңқ атаулыдан жоғары! 6 Жалғыз Сен ғана Жаратқан Иесің! Ұлан-ғайыр аспанды әрі күллі аспан денелерін, жер мен теңізді және ондағы барлық нәрселерді жаратқан Сенсің! Олардың бәріне өмір беретін де Өзіңсің. Көктегі періштелердің бүкіл тобы Сенің алдыңда иіліп тұрады. 7 Ыбырамды таңдап алып, оны халдейлердің Ур қаласынан көшіріп шығарған және оған Ыбырайым деген жаңа ат берген Сенсің, уа, Құдай Жаратқан Ие! 8 Ыбырайымның Өзіңе сенімді екеніне көз жеткізіп, онымен Келісім жасадың. Оған қанахандықтар, хеттіктер, аморлықтар, перездіктер, ебустіктер және гергестіктер қоныстанған жерлерді ұрпақтарыңа табыстаймын деп уәде еттің. Және Сен әділ болғандықтан, сол уәдеңді орындадың да. 9 Сен ата-бабаларымыздың Мысырдағы мүшкіл халіне назар аудардың. Қамысты теңіздің жағасында олардың дауыстап жалынған айқайына құлақ түрдің. 10 Менменсіп ата-бабаларымызға жәбір көрсеткендері үшін Сен перғауынға, оның қызметкерлері және елінің бүкіл халқына қарсы кереметтер мен ғажап істер жасадың. Соған бола күні бүгінге дейін Сенің даңқың жер бетіне жайылып келеді. 11 Өз халқыңның алдында теңізді қақ айырдың, олар құрғақ жермен теңіз ортасынан өте шықты! Олардың қуғыншыларын Сен терең суға лақтырылған тас сияқты теңіздің тұңғиығына батырдың. 12 Сен халықты күндіз бағана тәрізді бұлтпен жетеледің, ал түнде олардың жүруге тиісті жолдарына жарық түсіру үшін жалындаған от бағанасымен алдарында жүріп отырдың. 13 Сен Синай тауына түсіп, оларға көктен де тіл қаттың. Сонда оларға әділ шешімдер мен заңдарды, ізгі ережелер мен өсиеттерді тапсырдың. 14 Сен халқыңа қасиетті демалыс күнің — сенбі күні жөнінде нұсқау беріп, Таураттағы өсиеттер мен ережелерді қызметшің Мұса арқылы табыстадың. 15 Олар ашыққанда көктен нан жаудырдың, шөлдегенде жартастан су ағыздың. Бұрынырақ оларға табыстауға салтанатты түрде ант еткен елге «кіріп, оны иемденіп алыңдар!» дедің. 16 Бірақ олар, біздің ата-бабаларымыз, паңданып тоңмойын болып, Сенің өсиеттеріңді тыңдамай қойды. 17 Олар мойынсұнудан бас тартып, Сенің өз араларында жасаған кереметтеріңді естерінен шығарды. Керісінше, олар қыңырланып, өздеріне басшы тағайындап алып, Мысырға құл болуға қайтып оралғылары келді. Ал Сен кешірімі мол, мейірімді де қайырымды Құдайсың, тез қаһарланбайсың әрі өте рақымдысың, сондықтан оларды тастап кеткен жоқсың. 18 Ата-бабаларымыз тіпті жас бұқа мүсінін құйып жасап алып, бір-біріне: «Сені Мысыр елінен бастап алып шыққан тәңірің — осы!» десіп, Өзіңе қарсы шығып қорлық жасады. 19 Алайда Сен Өзіңнің орасан зор рақымыңмен оларды иен далада тастап кеткен жоқсың. Күндіз жетелеп жүрген бағана тәрізді бұлт оларды жалғыз қалдырған жоқ, әрі түнде жүретін жолдарына жарық түсіретін жалындаған от бағанасы да кетіп қалған жоқ. 20 Сен ата-бабаларымызға тәлім беру үшін Өзіңнің ізгі Рухыңды жібердің. Ауыздарынан өз маннаңды алып қоймадың, шөлдеген кездерінде су да бердің. 21 Сен оларды қырық жыл бойы иен далада керегімен қамтамасыз еттің, олар еш нәрседен таршылық көрген жоқ. Олардың киімдері еш тозып, жүре-жүре аяқтары ісіп те көрген емес. 22 Сен ата-бабаларымызға патшалықтар мен халықтарды табыстап, елдің шекараларын белгілеп бердің. Осылайша ата-бабаларымыз Хешебонның патшасы Сихонның және Башанның патшасы Огтың елдерін де иемденіп алды. 23 Сен олардың үрім-бұтағын аспандағы жұлдыздардай сансыз көбейттің. Оларды арғы аталарына: «Кіріп, иемденіп алыңдар!» деген елге алып келдің. 24 Сонымен ата-бабаларымыздың ұрпақтары кіріп, елді иемденіп алды. Сен елдің тұрғындарын, қанахандықтарды, солардың алдында тізе бүктіріп, патшаларымен, жұртымен бірге қолдарына түсірдің. Жеңімпаз олар тұтқындарына қалағандарын істеді. 25 Олар қамалды қалалар мен құнарлы жерді жаулап алып, түрлі құнды заттарға толған үйлерге, қазылған құдықтарға, жүзімдіктерге, зәйтүн тоғайлары мен мәуесі мол көптеген жеміс ағаштарына ие болды. Осылай ата-бабаларымыз мол тамаққа кенеліп, тойынып, қоңданып та алды, әрі Сенің зор ізгілігіңе сүйсіне шаттанды. 26 Бірақ сонда да ата-бабаларымыз мойынсұнбай, Саған қарсы шығып, заңыңды лақтырып тастады. Тіпті Өзіңе қайтармақ болып оларды сақтандырған пайғамбарларыңды өлтірді де! Осылай олар зор қиянат жасап, Сені қорлады. 27 Сондықтан Сен ата-бабаларымызды жауларының қолына тапсырдың. Жаулары оларға зор азап шектірді. Қатты қиналып жатқан кездерінде ата-бабаларымыз Саған жалбарына үн қатып, Сен көктен құлақ салдың. Өзіңнің ғаламат рақымыңмен оларға құтқарушыларды жіберіп, сол құтқарушылар оларды жауларының қолынан құтқарып алды. 28 Бірақ тыныштық орнағаннан кейін ата-бабаларымыз қайтадан Саған қарсы күнә жасай беретін болды. Сонда Сен оларды тағы да жауларының қолына қалдырып отырдың. Солар ата-бабаларымызға үстемдік жүргізді. Ал ата-бабаларымыз Өзіңе қайта бұрылып, жалбарынған сайын Сен ғаламат зор рақымыңмен көктен құлақ түріп, оларды қайтадан құтқарып отырдың. 29 Сен ата-бабаларымызға Өзің оларға тапсырған Таурат заңына қайту туралы ескертіп жүрдің. Бірақ олар паңданып, Сенің өсиеттеріңе құлақ аспай, шешімдеріңе бағынбай күнәға батты. Ал шешімдеріңді орындайтын адам солар арқылы өмір сүреді. Керісінше, ата-бабаларымыз қыңырлана тоңмойын болып, тіл алудан бас тартты. 30 Сен көп жылдар бойы ата-бабаларымызға шыдамды болдың. Өзіңнің Рухың жіберген пайғамбарларың арқылы оларға ескертіп отырдың. Алайда ата-бабаларымыз құлақ аспай қойды. Сол себепті Сен оларды айналаларындағы басқа халықтардың қолына табыстадың. 31 Бірақ Өзіңнің ғаламат зор рақымыңа бола Сен ата-бабаларымызды не түбегейлі құртып жіберген жоқсың, не тастап та кетпедің. Өйткені Сен мейірімді де қайырымды Құдайсың. 32 Ал енді, уа, Құдайымыз, Сен Өзіңнің Келісіміңнің уәделерін орындап, берік мейіріміңді көрсететін ұлы, құдіретті әрі айбынды Құдайсың! Біздің басымызға түскен ауыртпалықтарға жеңіл қарай көрме! Ассур патшаларының шабуыл жасаған заманынан бастап күні бүгінге дейін біздің патшаларымыз бен жетекшілеріміз, діни қызметкерлеріміз бен пайғамбарларымыз, ата-бабаларымыз және Сенің бүкіл халқың азап шегіп келеміз. 33 Алайда біздің басымызға түскендердің бәрінде де Сен әділ болдың. Себебі Сен адалдық танытқан едің, ал біз күнә жасай бердік (те, соған лайықты жазамызды тарттық). 34 Біздің патшаларымыз бен жетекшілеріміз, діни қызметкерлеріміз бен ата-бабаларымыз Сенің Таурат заңыңды ұстанған жоқ. Сен оларға өсиеттерің мен ережелеріңді тапсырып, ескертіп отырсаң да, олар еш құлақ түрген жоқ. 35 Тіпті өз патшалығында әрі Сен оларға табыстаған сондай кең де құнарлы жерде тұрса да, әрі Өзің сыйлаған көптеген игіліктеріңнің рақатын көріп жатса да, олар Саған қызмет еткен жоқ. Қайта, олар өздерінің зұлым іс-әрекеттерінен бас тартпай, соларын жалғастыра берді. 36 Енді міне, біз бүгін құл күйдеміз. Сен ата-бабаларымызға игілігін көріп, өнімін жеуге табыстаған еліңде біз құл болып жүрміз! 37 Біздің күнәларымызға бола Сен үстімізден тағайындаған (жат жұрттық) патшалар осы елдің мол өнімін иемденуде. Олар соған ғана емес, біздің өзіміз бен малымызға да өз қалауларына сай билік жүргізуде. Содан біз қатты қиналудамыз». 38 Осылардың бәрі солай болғандықтан, біз берік Келісім жасап, оны жазып қойдық. Сол мөрленген құжатта біздің басшыларымыздың, леуіліктер мен діни қызметкерлердің аты-жөндері жазылған.
1 Мөрленген құжатта мына кісілердің аттары жазылған: «Аймақтың әкімі Ахалиях ұлы Нехемия. Седекиях, 2 Сераях, Азариях, Еремия, 3 Пашхур, Амариях, Малқиях, 4 Хатуш, Шебаниях, Маллух, 5 Харым, Меремот, Абадиях, 6 Даниял, Гиннетон, Барух, 7 Мешулам, Абиях, Миямин, 8 Мағазиях, Билғай, Шемаях. Бұлар — діни қызметкерлер. 9 Леуіліктер: Азаниях ұлы Ешуа, Хенададтың ұрпағы Бинуй, Қадмиел 10 және олардың руластары: Шебаниях, Ходия, Келита, Пелаях, Ханан, 11 Миха, Рехоб, Хашабиях, 12 Зақур, Шеребиях, Шебаниях, 13 Ходия, Бани, Бенину. 14 Халықтың басшылары: Парош, Пахат-Моаб, Елам, Затту, Бани, 15 Буни, Азғад, Бебай, 16 Адониях, Бигуай, Адин, 17 Атер, Езекия, Азур, 18 Ходия, Хашум, Бесай, 19 Хариф, Анатот, Небай, 20 Мақпияш, Мешулам, Хезир, 21 Мешизабел, Садық, Ядуа, 22 Пелатиях, Ханан, Анаях, 23 Ошия, Хананиях, Хашуб, 24 Халохеш, Пилха, Шобек, 25 Рехум, Хашабнах, Мағасиях, 26 Ахиях, Ханан, Анан, 27 Маллух, Харым, Бағанах. 28 Енді біздер — халықтың қалған бөлігі: діни қызметкерлер, леуіліктер, қақпа күзетшілері, әншілер, ғибадатхана қызметшілері және Құдайдың Таурат заңына бағынып айналадағы халықтардан бөлініп кеткен басқалардың бәрі өз әйелдерімізбен, осы Келісімнің мазмұнын түсіне алатын ұл-қыздарымызбен бірге 29 аттары аталған өз ағайындарымыз — елдің жетекшілерімен бірігіп төмендегі антты беріп серттесеміз. Құдайымыздың Өзінің қызметшісі Мұса арқылы табыстаған Таурат заңына бағынып, Жаратушы Тәңір Иеміздің барлық өсиеттерін, шешімдерін және ережелерін сақтап, орындайтын боламыз. Осыларды орындамайтын әрбіреуімізді Құдайдың қарғысы атсын! 30 Біздер осы елде тұрып жатқан басқа халықтармен қыз алысып, қыз беріспейміз деп уәде береміз. 31 Егер елде тұрып жатқан басқа халықтар демалыс күні және өзге де қасиетті күндері не бұйымдарын, не азық-түліктерін сатуға әкелетін болса, біз оларын сатып алмаймыз. Әр жетінші жылы егін екпейміз әрі сол жылы барлық қарыздарды кешіреміз. 32 Жылына бір рет Құдайымыздың үйіндегі қызметтің қажеті үшін мысқалдың үштен біріндей мөлшерде күміс беріп тұруды өз міндетімізге аламыз. 33 Осы қаржымен нан тартулары, ұдайы ұсынылатын астық тартуы және түгелдей өртелетін құрбандықтар үшін, демалыс күндері, әр айдың алғашқы күні және тағайындалған басқа да мейрам күндері ұсынылатын сый-тартулар үшін, ерекше қасиетті сый-тартулар үшін, Исраилдің күнәларының құнын өтеп, күнәнің арамдығынан тазартатын құрбандықтар үшін, әрі Құдайымыздың киелі үйіндегі басқа да жұмыстар үшін қажетті шығындар өтелмек. 34 Біздер — діни қызметкерлер, леуіліктер және халық жыл сайын тағайындалған уақыттарда отқа жағылатын ағаш отынды әр әулеттің қашан әкелетінін белгілеу үшін жеребе тастадық. Осы отындар шалынған құрбандықтар мен басқа да сый-тартулардың Тауратта жазылған нұсқауға сәйкес Құдайымыз Жаратқан Иенің киелі үйінің алдындағы құрбандық үстелінде өртеліп ұсынылуы үшін қолданылмақ. 35 Жыл сайын егістік жерлерімізден әрбір жеміс ағашымыздан жинаған өнімнің алғашқы бөлігін Жаратқан Иенің үйіне алып келуге міндеттенеміз. 36 Таурат заңында жазылғанға сәйкес, тұңғыш ұлдарымызды, табын-отарларымыздағы малдарымыздың ең алғашқы төлдерін Құдайымыздың киелі үйіне, онда қызмет етіп жүрген діни қызметкерлерге алып келетін боламыз. 37 Бұдан басқа диірменде тартылған алғашқы ұннан пісірілген нанды, астығымыздың өнімінің алғашқы бөлігін, әрбір жеміс ағашымыздың алғашқы мәуесін, жүзім шырынымыз бен зәйтүн майымыздың алғашқы бөліктерін Құдайымыздың киелі үйінің қоймаларын басқаратын діни қызметкерлерге алып келетін боламыз. Біз жұмыс істейтін барлық елді мекендеріміздегі жер өнімінің он бөлігінің бірін жинаумен айналысатын леуіліктерге соларды әкеліп беретін боламыз. 38 Леуіліктер өнімнің он бөлігінің бірін қабылдап тұрған кезде, Һароннан тараған діни қызметкер олармен бірге болуға тиіс. Леуіліктер сол жиналғанның он бөлігінің бірін Құдайымыздың киелі үйіне, ондағы қойма бөлмелеріне алып баратын болады. 39 Себебі исраилдіктер мен леуіліктер астық, жүзім шырыны және зәйтүн майының тартуларын қасиетті ғибадатхананың қойма бөлмелеріне апаратын болады. Сол жерде арнайы ыдыстар, міндеттерін атқаратын діни қызметкерлер, қақпашылар және әншілер болады. Осылайша біз Құдайымыздың киелі үйін қамқорлықсыз қалдырмаймыз».
1 Халықтың басшылары Иерусалимде қоныстанды. Бұған қоса жалпы халықтың оннан бірін қасиетті қала — Иерусалимге қоныстандыру үшін жеребелер тасталды. Халықтың қалған оннан тоғыз бөлігі өзге қалаларда тұрып қалды. 2 Өз еркімен Иерусалимде тұруға тілек білдірген адамдар да болды. Халық солардың барлығын мақтап, оң батасын берді. 3 Иерусалимде тұрған аудан басшыларының аты-жөндері төменде берілген. Көптеген исраилдіктер, діни қызметкерлер, леуіліктер, ғибадатхана қызметшілері және Сүлейменнің қызметшілерінің ұрпақтары Яһуда аймағындағы өз қалаларында, өздерінің меншікті жерлерінде тұрады. 4 Ал Яһуда мен Бунямин руларынан шыққан кейбіреулер Иерусалимге қоныстанған. Солардың басшыларының аты-жөндері мыналар: Яһуда руынан: Парестің ұрпағы Атаях, оның шыққан ата-тегі мынау: Атаях Ұзияхтан, Ұзиях Зәкәриядан, Зәкәрия Амарияхтан, Амариях Шафатияхтан, Шафатиях Мақалалелден. 5 Шелахтың ұрпағы Мағасиях, оның шыққан ата-тегі мынау: Мағасиях Барухтан, Барух Қолхозеден, Қолхозе Хазаяхтан, Хазаях Адаяхтан, Адаях Жоярибтен, Жояриб Зәкәриядан. 6 Парестің Иерусалимде тұратын ұрпақтарының жалпы саны — төрт жүз алпыс сегіз адам. Олардың бәрі мықты ер адамдар. 7 Бунямин руынан: Мешулам ұлы Саллу, оның шыққан ата-тегі мынау: Мешулам Жоедтен, Жоед Педаяхтан, Педаях Қолаяхтан, Қолаях Мағасияхтан, Мағасиях Ітиелден, Ітиел Ишаядан болатын. 8 Саллудан кейін Ғабай мен Саллай да Иерусалимде қоныстанды. Иерусалимдегі буняминдіктердің жалпы саны — тоғыз жүз жиырма сегіз адам. 9 Олардың жетекшісі — Зіхри ұлы Жоел. Сенуа ұлы Яһуда — қаланың екінші ауданының әкімі. 10 Діни қызметкерлерден: Жояриб ұлы Едаях, Яхин, 11 Хелкия ұлы Сераях, оның шыққан ата-тегі мынау: Хелкия Мешуламнан, Мешулам Садықтан, Садық Мерайоттан, Мерайот Ахитұбтан. Сераях — Құдайдың киелі үйінің аға басқарушысы. 12 Бұлардың киелі үйдегі міндеттерін атқаратын ағайындарының саны — сегіз жүз жиырма екі адам. Ерохам ұлы Адаях, оның шыққан ата-тегі мынау: Ерохам Пелалияхтан, Пелалиях Амсиден, Амси Зәкәриядан, Зәкәрия Пашхурдан, Пашхур Малқияхтан. 13 Тағы да Адаяхтың ағайындары: олардың әрқайсысы — бір-бір әулеттің басшысы. Барлығы — екі жүз қырық екі адам. Азарил ұлы Амашсай, оның шыққан ата-тегі мынау: Азарил Ахзайдан, Ахзай Мешілемоттан, Мешілемот Имерден. 14 Оның мықты да қабілетті ер азаматтар болып табылатын ағайындары — жүз жиырма сегіз адам. Олардың басқарушысы — Хагедолим ұлы Забдиел. 15 Леуіліктерден: Азыриқамның немересі, Хашабияхтың шөбересі, Бунидің шөпшегі Хашуб ұлы Шемаях. 16 Леуілік басшылардан: Шабтай мен Жозабад. Екеуі Құдайдың үйінің сыртқы жұмыстарын басқаруда. 17 Забдидің немересі Асафтың шөбересі Миха ұлы Маттаниях — Құдайға мадақ пен шүкірлік айту және мінажат ету қызметінің жетекшісі. Ағайындарының арасынан оның орынбасары — Бақбұқиях. Тағы Ғалалдың немересі Едутуннің шөбересі Шаммуа ұлы Абда да қызмет етуде. 18 Қасиетті қалада тұратын леуіліктердің жалпы саны — екі жүз сексен төрт адам. 19 Қақпашылар: Ақуб, Талмон және қақпа маңын күзететін тағы басқа ағайындарының жалпы саны: жүз жетпіс екі адам. 20 Араларында діни қызметкерлер мен леуіліктер де бар өзге исраилдіктер Яһуданың барлық басқа қалаларына қоныстанған. Әрқайсысы өз ата-бабасынан қалған мұралық жерінде тұрады. 21 Ғибадатхана қызметшілері Опел төбесін мекендеуде. Олардың жетекшілері — Сиха мен Ғишпа. 22 Леуіліктердің Иерусалимдегі басшысы: Хашабияхтың немересі Маттанияхтың шөбересі, Миханың шөпшегі Бани ұлы Ұззи. Ол — Құдайдың киелі үйіндегі ән-күй қызметін жүргізетін Асафтың ұрпақтарының бірі. 23 Әншілер өздерінің күнделікті міндеттерін реттеп басқаратын патшаның жарлықтарына бағынатын болды. 24 Яһуда ұлы Зарахтың ұрпағы Мешизабел ұлы Петахиях — парсы патшасының халыққа қатысты барлық істер жөніндегі кеңесшісі. 25 Елді мекендер мен олардың маңындағы далалық жерлерді Яһуда руының бірсыпыра адамдары мекендеуде. Олар Кирият-Арба, Дибон, Екабсеил қалаларында және оларға қарасты елді мекендерде тұрып жатыр. 26 Сондай-ақ, Ешуада, Моладада, Бет-Пәлетте, 27 Хасар-Шуалда және Бер-Шеба қаласында әрі оған қарасты елді мекендерде, 28 Сикеләгте, Мехон мен оған қарасты елді мекендерде, 29 Ен-Риммонда, Сорада, Ярмутта, 30 Заноахта, Адуллам мен оған қарасты елді мекендерде, Лахыш пен оның маңындағы далалық жерде, Әзека мен оған қарасты елді мекендерде тұрып жатыр. Сонымен олар Бер-Шебадан бастап солтүстіктегі Хенном аңғарына дейінгі бүкіл аралықты мекендеуде. 31 Бунямин руының адамдары Гебадан бастап, Миқмаста, Айда, Бетел мен оған қарасты елді мекендерде, 32 Анатотта, Нобта, Ананияхта, 33 Хасорда, Рамақта, Гитаимда, 34 Хадидте, Себоғимда, Небаллатта, 35 Лодта, Онода және Қолөнершілер аңғарында тұрады. 36 Леуіліктердің бұрын Яһуда руының жерінде тұрған біраз топтары Бунямин руының жеріне қоныстанған.
1 Салатиел ұлы Зоробабелмен және Ешуамен бірге қайтып келген діни қызметкерлер мен леуіліктер мыналар: Сераях, Еремия, Езра, 2 Амариях, Маллух, Хатуш, 3 Шеханиях, Рехум, Меремот, 4 Иддо, Гиннетон, Абиях, 5 Миямин, Моадиях, Билға, 6 Шемаях, Жояриб, Едаях, 7 Саллу, Амоқ, Хелкия мен Едаях. Бұлар бас діни қызметкер Ешуаның кезіндегі діни қызметкерлердің жетекшілері және олардың ағайындары болатын. 8 Леуіліктер: Ешуа, Бинуй, Қадмиел, Шеребиях, Яһуда, Маттаниях өзінің ағайындарымен бірге мадақтау мен шүкіршілік ән-жырларын орындауға жауапты. 9 Олардың ағайындары Бақбұқиях пен Унни әлгілерге қарама-қарсы бетте тұрып, ән-күй қызметтерін атқарады. 10 (Бұрынғы бас діни қызметкер) Ешуа Жохақымның әкесі, Жохақым Елияшиптің әкесі, Елияшип Жояданың әкесі, 11 Жояда Жонатанның әкесі, Жонатан Ядуаның әкесі болды. 12 Жохақымның заманында діни қызметкерлердің әулет басылары мыналар еді: Сераях әулеті — Мераиях, Еремия әулеті — Хананиях, 13 Езра әулеті — Мешулам, Амариях әулеті — Жоханан, 14 Маллух әулеті — Жонатан, Шеханиях әулеті — Жүсіп, 15 Харым әулеті — Адна, Меремот әулеті — Хелқай, 16 Иддо әулеті — Зәкәрия, Гиннетон әулеті — Мешулам, 17 Абиях әулеті — Зіхри, Міниәмін мен Моадиях әулеті — Пілтай, 18 Билға әулеті — Шаммуа, Шемаях әулеті — Ехонатан, 19 Жояриб әулеті — Матынай, Едаях әулеті — Ұззи, 20 Саллу әулеті — Қаллай, Амоқ әулеті — Ебер, 21 Хелкия әулеті — Хашабиях, Едаях әулеті — Нетанел. 22 Елияшип, Жояда, Жоханан және Ядуаның (бас діни қызметкер болған) кездерінде леуіліктердің әулет басылары тізімге тіркелген еді. Діни қызметкерлердің әулет басылары парсы патшасы Дарийдің заманында тіркелді. 23 Леуі руының Елияшип ұлы Жохананның заманына дейінгі әулет басылары Шежіре жазбасына жазылып қалдырылды. 24 Леуіліктердің топ жетекшілері: Хашабиях, Шеребиях, Қадмиел ұлы Ешуа. Мадақтау мен шүкірлік ән-жырларын айтқанда олардың қарсысында өздерінің ағайындары тұрады. Құдайдың таңдаған адамы Дәуіттің қалдырған нұсқауларына сәйкес, осы екі топ кезектесіп ән-жыр айтып тұратын болуы керек. 25 Қақпалардың маңындағы қойма бөлмелерін күзететін қақпашылар: Маттаниях, Бақбұқиях, Абадиях, Мешулам, Талмон, Ақуб. 26 Олар Ехосадық немересі Ешуа ұлы Жохақым, аймақ әкімі Нехемия және діни қызметкер әрі дін мұғалімі Езра қызмет етіп жүрген осы кезде міндеттерін атқаруда. 27 Иерусалим қаласының қабырғаларын Құдайға бағыштау рәсіміне арнап жер-жерде тұрып жатқан леуіліктер шақырылып, Иерусалимге жиналды. Олар осы қуанышты рәсім мен тойға қатысып, шүкірлік пен мадақтау ән-жырларын айтып, даңғыра, жетіген, шертерлермен сүйемелдейтін болды. 28 Сонымен қатар Иерусалимнің төңірегіндегі ауданнан, нетопаттықтардың елді мекендерінен, 29 Бет-Ғылғалдан, Геба мен Азмаует маңындағы далалық жерлерден сонда тұратын әншілер жиналды. Өйткені әншілер Иерусалимнің төңірегінде өздеріне елді мекендер салып алған болатын. 30 Бағыштау рәсімі басталмас бұрын діни қызметкерлер мен леуіліктер тазару рәсімінен өтіп, өздерін қайтадан Жаратқан Иенің қызметіне бағыштады. Содан олар халыққа, қақпаларға және қабырғаға тазару рәсімін жасап оларды Жаратқан Иеге бағыштады. 31 Мұнан кейін мен Яһуданың басшыларын ертіп алып қабырғаның үстіне шықтым. Шеру құрып, шүкірлік пен мадақтау ән-жырларын айтып жүретін екі топты тағайындаған едім. Біреуі қабырғаның үстімен оң жаққа, Күл қақпасына қарай кетті. 32 Осы топтың соңынан мыналар еріп жүрді: Хошаях және Яһуда басшыларының жартысы — 33 Азариях, Езра, Мешулам, 34 Яһуда, Бунямин, Шемаях, Еремия, 35 сондай-ақ керней тартатын бірнеше діни қызметкер шәкірттері және Жонатан ұлы Зәкәрия. Жонатан Шемаяхтан, Шемаях Маттанияхтан, Маттаниях Миқаядан, Миқая Зақурдан, Зақур Асафтан тараған болатын. 36 Зәкәриямен бірге оның ағайындары Шемаях, Азарил, Милалай, Ғилалай, Мағай, Нетанел, Яһуда, Ханани де жүріп отырды. Олар Құдайдың таңдаған адамы Дәуіттің қалдырған нұсқауларына сәйкес аспаптарда ойнады. Осы шеруді дін мұғалімі Езра бастап жүрді. 37 Қайнар қақпасынан өткен соң олар Дәуіттің шаһарына апаратын баспалдақтармен тура ішкі қабырғаға қарай өрлеп барды. Содан олар Дәуіттің сарайының жоғарғы жағынан өтті де, қала қабырғасының шығыс жағындағы Су қақпасына келіп тоқтады. 38 Ал екінші шүкірлік пен мадақтау ән-жырларын айтатын топ қарама-қарсы сол жаққа қарай кетті. Мен Яһуданың басшыларының екінші жартысымен бірге қабырғаның үстімен олардың соңынан еріп отырдым. Біз Тандыр мұнарасы, Кең қабырға, 39 Ефрем қақпасы, Көне қақпа, Балық қақпасы, Хананел және Жүздік мұнараларының жанынан өтіп, Қой қақпасына дейін жеттік. Ақыры, біз Қарауыл қақпасына келіп тоқтадық. 40 Сол жерде шүкірлік пен мадақтау ән-жырларын айтатын екі топтың екеуі де Құдайдың киелі үйіне келіп тұрды. Мен де басшылардың жартысымен бірге сонда тұрдым. 41 Керней тартатын діни қызметкерлер: Елиәкім, Мағасиях, Міниәмін, Миқая, Елиохенай, Зәкәрия, Хананиях. 42 Сондай-ақ Мағасиях, Шемаях, Елазар, Ұззи, Жоханан, Малқиях, Елам, Езер де сол жерде тұрды. Әншілер Израхияхтың басқаруымен қатты дауыспен ән-жыр айтып тұрды. 43 Сол күні халық көптеген малдарды құрбандыққа шалды. Құдай зор қуаныш сыйлап, бәрі шат-шадыман болды. Әйелдер мен бала-шағалар да мәз болып қатты қуанды. Иерусалимдегі қуанышты мерекенің үні алысқа естіліп тұрды. 44 Сол күні бірнеше адам арнайы қойма бөлмелерінің басқарушысы болып тағайындалды. Сол бөлмелерге сый-тартулар, алғашқы өнім және өнімнің он бөлігінің бірі қойылып сақталады. Осылайша қалаларға жататын егістіктерден түскен өнімнің Таурат заңындағы нұсқау бойынша діни қызметкерлер мен леуіліктерге тиесілі бөліктері сол қоймаларға әкелініп жиналады. Себебі Яһуданың халқы діни қызметкерлер мен леуіліктердің қызмет жасап жүргеніне риза болып қуанды. 45 Солар өз Құдайларына жақсылап қызмет етіп, тазарту рәсімін де орындап жүрді. Сондай-ақ, әншілер мен қақпашылар да міндеттерін Дәуіт патшаның және оның ұлы Сүлеймен патшаның қалдырған нұсқаулары бойынша атқаратын. 46 Ежелде, Дәуіт пен Асафтың заманында, Құдайды мадақтап, шүкірлік ән-жырларын орындайтын әншілердің жетекшілері тағайындалған болатын. 47 Осылайша Зоробабелдің және Нехемияның замандарынан бері Исраил халқы әншілер мен қақпашыларға күнделікті азық-түлік үлестерін беріп келеді. Олар, сондай-ақ, басқа да леуіліктерге тиесілі азық-түлікті бөліп отырады. Ал леуіліктер (өз кезектерінде) Һаронның ұрпақтары — діни қызметкерлерге тиісті үлесті бөліп береді.
1 Сол күні Құдайдың Мұса арқылы табыстаған Таурат кітабы халықтың алдында дауыстап оқылды. Сонда «Ешбір аммондық не моабтықтың ешқашан Құдайдың жамағатына енуіне болмайды» деп жазылғаны анықталды. 2 Себебі ежелде исраилдіктер Мысыр елінен көшіп келе жатқан заманда сол екі тайпа олардың алдарынан нан мен су алып шығып қарсы алған жоқ. Керісінше, олар исраилдіктерді қарғасын деп Балағамды шақырып, жалдап алды. Алайда Құдай қарғысты жарылқауға айналдырды. 3 Халық Таурат заңында осылай жазылғанын естігенде, (Жаратқан Иеге мойынсұнбайтын) бөтен жұрттықтардың барлығын өздерінің араларынан бөліп тастады. 4 Құдайымыздың киелі үйінің қойма бөлмелерін басқаруға тағайындалған діни қызметкер Елияшип (аммондық) Тобияхтың туысқаны еді. Елияшип осы мерекеден бұрынырақ 5 Тобияхқа бір үлкен бөлмені пайдалануға беріп қойған еді. Сол бөлмеге әдетте леуіліктерге, әншілерге және қақпашыларға тиесілі астық тартулары, сондай-ақ, түтетілетін хош иісті заттар, ғибадатхана ыдыстары және астықтың, жүзім шырыны мен зәйтүн майының он бөлігінің бірі әрі діни қызметкерлерге арналған тартулар да қойылып сақталатын. 6 Осының бәрі болып жатқан кезде мен Иерусалимде жоқ болатынмын. Өйткені Бабылға Артақсерікс патшалық құрған отыз екінші жылы патшаның қасына қайтып кеткен едім. Едәуір уақыт өткеннен кейін, Яһуда аймағына кері қайтуға патшаның рұқсатын сұрап алдым. 7 Иерусалимге қайтып келгенімде Елияшиптің зұлым ісі: оның Құдайдың киелі үйінің аулаларының ішінен (аммондық) Тобияхқа бір бөлмені бөліп бергені жайлы біліп алдым. 8 Мен бұған қатты ашуланып, Тобияхтың дүние-мүлкінің бәрін сол бөлмеден лақтырып шығарып тастадым. 9 Мұнан кейін қойма бөлмелеріне тазарту рәсімін жасауға тапсырма бердім, әрі Құдайдың киелі үйіндегі қызметке арналған бұйымдарды, астық тартулары және хош иісті заттарды қайтадан сол бөлмелердің ішіне орналастырттым. 10 Сонымен қатар леуіліктерге тиесілі азық-түлік үлестерінің берілмегені, әрі сол себепті киелі үйде қызмет атқаратын леуіліктер мен әншілердің өз егістіктеріне тарап кетіп қалғандары туралы да біліп алдым. 11 Сондықтан мен басшыларды: «Құдайдың киелі үйі неге қараусыз қалдырылды?» — деп сөктім. Содан леуіліктерді жинап алып, әрқайсысын қайтадан өз міндетін атқаруға қойдым. 12 Осылай бүкіл Яһуда халқы тағы да астықтың, жүзім шырыны мен зәйтүн майының он бөлігінің бірін Құдайдың киелі үйіндегі қоймаларға алып келетін болды. 13 Мен сенімді деген кісілерді: діни қызметкер Шелемияхты, діни мұғалім Садықты және леуілік Педаяхты қазына қоймаларын басқарушы етіп, оларға көмектесуге Маттанияхтың немересі Зақур ұлы Хананды тағайындадым. Олардың міндеті өз ағайындары діни қызметкерлер мен леуіліктерге тиесілі азық-түлікті үлестіріп беріп тұруды қамтиды. 14 «Осыларды істегеніме бола мені мейіріммен ескере гөр, уа, Құдайым! Сенің киелі үйің мен ондағы қызметтер үшін ізгі ниетпен істегендерімді есіңнен шығара көрме!» 15 Сол кездері мен Яһуда аймағында демалыс күні істеуге қатаң тыйым салынған күнделікті жұмыспен айналысып жатқан адамдарды көріп жүрдім. Олар демалыс күндері жүзімдерін таптап, шырынын сығатын, астық масақтарын жинап-буып, есектерге тиейтін. Жұрт, сондай-ақ, шарап, жүзім, інжір және басқа да түрлі жүктерді Жаратқан Иеге бағышталған демалыс күндері есектеріне артып, Иерусалимге алып келетін. Мен соны істейтіндерге демалыс күні азық-түлік сатуға болмайтынын қатты ескерттім. 16 Тир қаласынан көшіп келіп, Иерусалимде тұрып жатқан саудагерлер де балық пен алуан түрлі бұйымдарды қалаға алып келіп, Яһуда халқына демалыс күндері сатып жүрді. 17 Сонда мен Яһуданың жетекшілеріне қарсы шығып: «Қасиетті демалыс күнін қорлайтын істерді істейтіндерің не? 18 Сендердің ата-бабаларың осылай қылып, сондықтан да Құдайымыз біздің өзіміз бен осы қалаға сол ауыртпалықты жіберді емес пе еді?! Енді өздерің де демалыс күні жайлы заңды менсінбей, Құдайдың Исраилге деген қаһарын одан бетер өршітіп жатырсыңдар!» — деп сөгіс айттым. 19 Содан мен әр демалыс күнінің қарсаңында кеш түсе бастағанда: «Қала қақпаларының есіктері бекітіліп, демалыс күні өтпейінше ашылмасын!» — деген бұйрықты беріп отырдым. Демалыс күні ешқандай жүктің қалаға кіргізілмеуі үшін мен қызметшілерімнің біразын қала қақпаларына күзетке қойдым. 20 Бір-екі рет саудагерлер және алуан түрлі бұйымдарын сататын басқалар да демалыс күні Иерусалимнің сыртында түнеп шықты. 21 Бірақ мен оларды сақтандырып: «Сендер неге қабырғаның алдында түнейсіңдер? Егер тағы осылай ететін болсаңдар, мен сендерге қарсы шара қолданамын!» — дедім. Сол кезден бастап олар демалыс күндері келмейтін болды. 22 Содан кейін мен леуіліктерге демалыс күнінің қасиеттілігін сақтау үшін өздерінің тазару рәсімінен өтіп, қала қақпаларына барып, оларды күзетуі жайлы тапсырма бердім. «Мұнымды да есіңнен шығара көрме, уа, Құдайым! Өзіңнің зор мейіріміңе сәйкес маған рақымыңды көрсете гөр!» 23 Сол кездері мен кейбір яһуди ер адамдарының філістір еліндегі Азоттан және Аммон мен Моаб халықтарынан әйел алғандарына көзім түсті. 24 Олардың балаларының жартысы азоттықтардың не басқа бөтен халықтың тілінде сөйлеп, яһудилердің тілінде сөйлей алмады. 25 Мен сол яһудилерді айыптап, Құдайдың қарғысын естеріне түсірдім. Бірқатарын соғып, шаштарын жұлып, ескерттім. Оларды Құдайдың атын атап ант етуге мәжбүрлеп былай дедім: «Сендер қыздарыңды солардың ұлдарына ұзатпаңдар! Олардың қыздарына не ұлдарың, не өздерің үйленуші болмаңдар! 26 Тіпті Исраилдің патшасы Сүлейменнің өзі (Жаратқан Иеге мойынсұнбайтын) сондай әйелдерге үйленгенінің кесірінен күнәға батқан жоқ па еді?! Басқа көптеген ұлттардың арасында ол сияқты патша болған емес. Құдай оны қатты ұнатып, бүкіл Исраил халқының патшасы қылып қойған еді. Алайда жат жұрттық әйелдері тіпті оның өзін де күнә жасауға еліктірді. 27 Ал енді, сендер жат жұрттық әйелдерді алып, Құдайымызға опасыздық жасап жатырсыңдар дегенді естідік! Осы асқан зұлымдықтарыңа қалайша төзер едік?!» 28 Тіпті бас діни қызметкер Елияшип ұлы Жояданың бір ұлы хоронайымдық Санбаллаттың қызына үйленген еді! Сол жігітті мен қасымнан қуып жібердім. 29 «Бұларды да есіңде сақтай гөр, уа, Құдайым! Өйткені сол адамдар діни қызметті әрі Өзіңнің діни қызметкерлермен және леуіліктермен жасаған Келісіміңді арамдады!» 30 Осылайша мен діни қызметкерлер мен леуіліктерді бөтен жұрттық атаулыдан тазартып, оларға міндеттерін тапсырдым. Әрқайсысына өзінің атқаратын жұмысын белгілеп бердім. 31 Соған қоса ағаш отын мен алғашқы өнімдерді оларға өз уақытында үлестіру міндетін де нақтылап тапсырдым. «Мені есіңнен шығармай, игілігіңе кенелте гөр, уа, Құдайым!»
1 Бұл оқиға Ахасуер патшаның заманында болды. Ол Үндістаннан бастап Құш еліне дейін ұласқан жүз жиырма жеті аймаққа патшалық құрды. 2 Сол кездері Ахасуер Сузы қорғанындағы сарайының тағында отырып билік жүргізді. 3 Патшалық құрған үшінші жылы Ахасуер қарамағындағы барлық әміршілері мен қызметкерлеріне арнап той жасады. Тойға Персия мен Мидияның әскербасылары әрі аймақтардың ақсүйектері мен әміршілері жиналды. 4 Патша ұзақ уақыт — толық жүз сексен күн бойы патшалығының ағыл-тегіл байлығын әрі өзінің салтанатты ұлылығының қаншалықты тамаша екендігін көрсетумен болды. 5 Осы күндер өткен соң, патша енді Сузы қорғанындағы жасы бар, кәрісі бар бүкіл халыққа да арнап жеті күндік той жасады. Той патша сарайының саябағындағы аулада өтті. 6 Сол орын ақ және көк түсті бәтестен тігілген перделермен безендірілген болатын. Олар мәрмәр бағаналарға тағылған күміс шығыршықтарға ақ бәтес және қырмызы түсті жіптермен байланған еді. 7 Қызыл және ақ мәрмәр, маржан әрі түрлі-түсті асыл тастардан төселген еденге алтын, күміс түсті қамқамен қапталған жастықтар қойылған болатын. 8 Патшаның жомарттығына сай молынан әкелінген шарап алуан түрлі үлгідегі алтын ыдыстарға құйылып беріліп отырды. Патшаның әмірімен әр қонақ еш мәжбүрленбей, қалай ішкісі келсе, солай іше алды. Себебі патша шарап тасушыларға әркімге қалағанын алып келуді бұйырған болатын. 9 Астин патшайым да әйелдерге арнап Ахасуердің патшалық сарайында той жасады. 10 Жетінші күні шарапқа қызыңқырап алған патша қасындағы жеті сарай қызметкерін өзіне шақырып алды. Олардың есімдері Меһуман, Бизта, Харбона, Биқта, Абақта, Зетар, Қарқас болатын. Патша оларға: 11 «Астин патшайымды басына тәжін кигізіп алдыма алып келіңдер!» — деп бұйырды. Патша халыққа және лауазымды адамдарға патшайымның сұлулығын көрсетпек болды. Өйткені ол аса көрікті әйел болатын. 12 Алайда Астин патшайым патшаның сарай қызметкерлері арқылы жіберген бұйрығын орындаудан бас тартты. 13 Бұған патша қатты ашуланып, бойында қаһары лаулады. Содан патша елдің тарихынан хабардар данышпан кеңесшілерімен ақылдасты. Өйткені оның заңдар мен әділетті білетін күллі адамдарымен ақылдасатын әдеті бар еді. 14 Сол кезде патшаға парсы және мидиялық мына жеті қызметкері жақын жүретін: Қаршена, Шетар, Адмата, Тарсис, Мерес, Марсена, Мемухан. Олар патшаның алдына келе алатын. Бүкіл патшалықта сол жетеудің мәртебесі жоғары болды. 15 Патша оларға мына сауалды қойды: — Заң бойынша Астин патшайымға қандай шара қолданған жөн? Өйткені ол патшаның сарай қызметкерлері арқылы жіберген бұйрығын орындаған жоқ. 16 Сонда Мемухан патша мен әміршілердің алдына шығып былай деді: — Астин патшайым патша ағзамға да, өзіңізге қарайтын барша аймақтардағы күллі әміршілер мен бүкіл халықтарға да зұлымдық жасады. 17 Себебі патшайымның осы қылығы жайлы басқа барлық әйелдердің құлақтарына жетпек. Сонда олар: «Ахасуер патша Астин патшайымды өз алдына әкелуді бұйырғанда ол келмей қойды!» деп, өз қожайындарын менсінбей кететін болады. 18 Бүгін-ақ Персия мен Мидиядағы текті әйелдер патшайымның осы істегені туралы естіп, патшаның күллі әміршілеріне де дәл солай демек. Содан менсінбеу мен қаһарлану кең етек жаймақ. 19 Патша ағзам мақұл көрсе, патшалық жарлық шығарылсын. Жарлық парсылар мен мидиялықтардың өзгертуге болмайтын заңдарына тіркеліп қосылсын. Онда Астиннің бұдан былай Ахасуер патшаның алдына келуіне болмайды деп жазылсын. Ал патша одан гөрі лайықты басқа бір патшайымды таңдап алсын. 20 Сонымен патша ағзамның осы жарлығы оның бүкіл ұлан-ғайыр патшалығы бойынша жарияланғанда, әйелдердің барлығы жоғарғысынан бастап төменгісіне дейін өз қожайындарына құрмет көрсететін болады. 21 Осы ұсынысты патша да, әміршілер де жөн көрді. Патша Мемуханның ұсынғаны бойынша істеп, 22 патшалықтың барлық аймақтарына, әр аймаққа өз әліппесі мен өз тілінде мына жарлықты жібертті: «Әрбір ер адам өз үйінде билік жүргізіп, өз халқының ана тілінде сөйлейтін болсын!»
1 Кейінірек ашуы басылғанда Ахасуер патша Астинді, оның не істегенін және оған қарсы шығарылған жарлықты есіне алды. 2 Сонда патшаның жеке қызметкерлері мынадай ұсыныс жасады: «Патша ағзамға арнап сұлу да пәк қыздарға іздеу салынсын. 3 Патша ағзам барлық аймақтарда арнаулы басқарушыларын тағайындап, бекіте көрсін. Олар сол сұлу да пәк қыздарды Сузы қорғанына әкелсін. Қыздар патшаның әйелдердің үстінен қарайтын сарай қызметкері Хегайдың қарамағындағы харемге жиналсын. Қыздар әрленуге арналған заттардың барлығымен қамтамасыз етілсін. 4 Сосын арулардың ішінен патшаға ұнаған қыз Астиннің орнына патшайым болсын!» Патша бұл ұсынысты мақұл көріп, жүзеге асыртты. 5 Сузы қорғанында Мардохай есімді яһуди ер адам тұратын. Мардохай Бунямин руынан шыққан Жайырдың ұлы, Шимейдің әрі Қиштың ұрпағы болатын. 6 Кезінде Бабыл патшасы Набуходоносор Иерусалимді жаулап алып, Яһуда патшасы Ехонияхпен бірге жер аударып әкеткен халықтың арасында Мардохайдың отбасы да бар болған еді. 7 Мардохайдың қолында оның бір ағасының Хадаса есімді қызы болды. Хадаса Естер («Жұлдыз») деп те аталатын. Қыздың дене бітімі сымбатты, бет-әлпеті өте сұлу еді. Әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін, Мардохай оны өз қызындай тәрбиелеп өсірді. 8 Патшаның әмірі жарияланғанда, Естер де көптеген басқа қыздармен бірге Сузы қорғанындағы патша сарайына әкелініп, харемнің бастығы Хегайдың қарамағына тапсырылды. 9 Естер Хегайға ұнап, оның мейіріміне бөленді. Хегай қызды әрленуге арналған иісмайлармен және арнайы тағамдармен дереу қамтамасыз етті. Ол, сондай-ақ, Естерге патша сарайынан таңдалған жеті қызметші қызды қосып беріп, оларды патшаның хареміндегі ең жақсы орынға көшіріп орналастырды. 10 Естер өз ұлты мен ата-тегі жайлы ешкімге тіс жармады. Себебі Мардохай оған солай істеуге тыйым салған еді. 11 Мардохай Естердің хал-жағдайын және оған не болып жатқанын білу үшін күн сайын харемнің ауласының маңайында әрлі-берлі жүретін. 12 Әрбір қыз Ахасуер патшаның алдына бару кезегі келмес бұрын әйелдерге арналған он екі айлық әрлену мерзімінен өтетін. Сол мерзім алты ай бойы мүр майымен сылану, келесі алты ай бойы иіссулар мен әрлендіретін иісмайларды жағу кезеңдерінен тұратын. 13 Қыздың патшаның алдына баратын уақыты келгенде, харемнен патша сарайына алып кеткісі келген нәрселерінің бәрі де оған берілетін. 14 Қыз патшаға кешке келетін де, таңертең екінші харемге апарылатын. Сол жерде ол патшаның кәнизактарының үстінен қарайтын сарай қызметкері Шағашқаздың қарамағында болатын. Патша оны ұнатып, атын атап өзіне қайта шақырмаса, ол бұдан былай патшаға қайтып әкелінбейтін. 15 Естер Мардохайдың ағасы Әбихаилдің қызы еді. Мардохай оны асырап алған болатын. Енді Естердің патшаның алдына баратын кезегі келгенде, ол патша харемінің үстінен қарайтын сарай қызметкері Хегайдың ақыл-кеңесіне мойынсұнды. Осылай Естер өзімен бірге алып кетуге оның ұсынған нәрселерінен басқа ештеңені сұраған жоқ. Ал Естерді көргеннің бәрі оған риза болды. 16 Естер Ахасуер патша билік құрған жетінші жылдың оныншы (яғни тебет) айында патша сарайына апарылды. 17 Патша басқа барлық қыздардан гөрі Естерді қатты ұнатты. Оған өзгелерге қарағанда көбірек риза болып, сүйсінгені сонша, басына патшалық тәж кигізіп, оны Астиннің орнына патшайым етті. 18 Содан патша барлық әміршілері мен қызметкерлеріне арнап үлкен қонақасы беріп, Естердің тойын жасады. Ол, сондай-ақ, аймақтарға демалыс күнін жариялатып, патшалық жомарттықпен сыйлықтар үлестірді. 19 Қыздар екінші харемге әкелініп жиналған кезде, Мардохай патша сарайының қақпасында қызмет ететін болды. 20 Естер өзінің ата-тегі мен ұлтын Мардохайдың ескертуімен бұдан былай да ешкімге ашпады. Ол бұрын Мардохайдың қолында тұрған кезінде де оның айтқанын екі етпейтін. 21 Мардохай патша қақпасында қызмет етіп жүрген сол күндердің бірінде кіреберісті күзететін екі сарай қызметкері бірдеңеге патшаға өкпелеп ашуланып қалды. Олардың есімдері Бигтана және Тәреш болатын. Содан екеуі Ахасуер патшаның көзін құртуды ойластырды. 22 Осы туралы Мардохай біліп қойып, оны Естер патшайымға хабарлады. Ал Естер бұл жайтты Мардохайдың атынан патшаның өзіне жеткізді. 23 Істің мән-жайы тексерілгенде расталып, екі қылмыскер дарға асылды. Бүкіл оқиға туралы баяндама патшаның көз алдында ресми жылнама кітабына жазылып енгізілді.
1 Осы оқиғалардан кейін Ахасуер патша Агагтың ұрпағы Амадат ұлы Хаманды көтеріп, дәрежесін өсірді. Патша Хаманның лауазымын өзінің қасындағы күллі әміршілерден де жоғарылатты. 2 Патшаның сарай қақпасындағы қызметкерлерінің барлығы Хаманға жерге дейін иіліп сәлем беретін. Себебі патша солай әмір еткен болатын. Бірақ Мардохай Хаманға иіліп сәлем берген жоқ. 3 Патшаның сарай қақпасындағы қызметкерлері Мардохайға: «Патшаның бұйрығын неге бұзасың?» — деген сұрақ қойды. 4 Олар бұны күн сайын ескерте берсе де, ол тыңдаған жоқ. Қызметкерлер Мардохай өзінің айтқан сөзінен бас тартар ма екен деп оны сынамақ болып, бұл туралы Хаманға хабар жеткізді. Ал Мардохай өзінің яһуди екенін оларға білдірген болатын. 5 Хаман Мардохайдың өзіне иіліп сәлем беруден бас тартқанын естігенде, ашуға булықты. 6 Бірақ Мардохайдың өзін ғана құрту оған аз болып көрінді. Өйткені оның қай ұлтқа жататынын біліп алған соң, Хаман Мардохайдың ұлттастары — яһудилердің бәрін де Ахасуердің бүкіл патшалығы бойынша жаппай жойып жіберуді ойластырды. 7 Осылайша Ахасуер патшаның билік еткен он екінші жылының бірінші (яғни нисан) айында мұны іске асырудың тиімді күні мен айын анықтау үшін Хаманның алдында «пур», демек, жеребе тасталды. Жеребе он екінші айдың (яғни адар айының) он үшінші күніне түсті. 8 Содан Хаман Ахасуер патшаға былай деп ұсыныс жасады: — Сіздің патшалығыңыздың күллі аймақтарындағы өзге халықтардың арасына шашырап кеткен, бірақ солармен араласпайтын бір ұлт бар. Бұл ұлттың әдет-ғұрыптары барлық басқалардікінен өзгеше. Олар патшаның заңдарын да орындамайды! Оларды осылай қалдыра беру патша ағзамның мүддесіне қарсы. 9 Егер патша ағзам мақұл көрсе, оларды құрту жайлы жарлық шығарылсын. Сонда мен басқарушы уәзірлердің қолдарына патшаның қазынасына салу үшін он мың ат басындай күмісті өлшеп табыстаймын. 10 Патша саусағындағы мөр басатын жүзігін шешіп алып, оны Амадат ұлы Хаманға берді. Хаман амалектік Агагтың ұрпағы әрі яһудилердің қас жауы болатын. 11 Патша Хаманға: — Сол күмісті де, сол ұлтты да қолыңа тапсырамын. Оларға өзің мақұл көргеніңді істе! — деді. 12 Осылайша бірінші айдың он үшінші күні патшаның хатшылары шақырылды. Олар Хаманның айтқан жарлығын патшаның өлке әміршілеріне, барша аймақтардың үстінен қарайтын әкімдерге және әрбір халықтың басшыларына арнап өздерінің әліппелерімен әрі ұлттық тілдерінде аударып жазып берді. Жарлықтың көшірмелері Ахасуер патшаның атынан жазылып, оның жүзік мөрімен бекітілді. 13 Сол хаттар шабармандар арқылы патшалықтың күллі аймақтарына жіберілді. Онда он екінші айдың (демек адар айының) он үшінші күні, сол бір күннің ішінде, барлық яһудилерді: жасы мен кәрісін, әйелі мен бала-шағасын құртып жоқ қылуға, ал қалған мал-мүлкін олжалауға бұйрық берілді. 14 Жарлықтың көшірмелері әрбір аймақта заң ретінде шығарылып, күллі ұлттардың адамдарына сол күнге дайын болсын деп паш етілуге тиіс болды. 15 Шабармандар патшаның бұйрығымен тез аттанып кетті. Жарлық Сузы қорғанында да жарияланды. Патша мен Хаман шарап ішуге отырды, ал Сузы қаласының халқы не болғанын түсінбей абыржыды.
1 Мардохай болған оқиға туралы толық білгенде, қатты қайғырып киімдерінің өңірін айыра жыртты. Содан ол азалы киім киіп, басына күл шашып, дауыстап жылап қаланың ортасына барды. 2 Мардохай патша сарайының қақпасының алдына дейін ғана келе алды. Өйткені азалы киім киіп сарай қақпасына кіруге тыйым салынған болатын. 3 Патшаның шығарған жарлығы жеткен аймақтардың барлығындағы яһудилер де ораза ұстап, еңіреп жылаумен болды. Олардың көбі азалы киім киіп, күл үстінде отырды. 4 Естерге өзінің қызметші қыздары мен сарай қызметкерлері келіп, Мардохай туралы айтып бергенде, ол да қатты алаңдап қорықты. Естер Мардохайға азалы киімін шешіп, ауыстырып киюге жай киімдер жіберді. Бірақ Мардохай оларды қабылдамады. 5 Сонда Естер Хатахты шақырып алып, Мардохайдан не болғанын сұрап біліп келуге жіберді. Хатах патшаның Естерге қызмет етуге тағайындаған сарай қызметкерлерінің бірі еді. 6 Хатах патша қақпасынан шығып, оның алдындағы ашық алаңдағы Мардохайға барды. 7 Мардохай Хатахқа өзімен болған бүкіл жайтты, әрі Хаманның яһудилерді құрту үшін патшаның қазынасына төлеймін деген күмісінің дәл мөлшерін де айтып берді. 8 Мардохай, сондай-ақ, яһудилерді құрту жайлы Сузыда шығарылған жарлықтың бір көшірмесін Хатахқа беріп, одан соны Естерге көрсетіп, түсіндіруін сұрады. Естер патшаның алдына барып, өз халқы үшін мейірім сұрауы керек деп те тапсырды. 9 Қызметкер Хатах қайта оралып, Мардохайдың айтқанының бәрін Естерге жеткізді. 10 Сонда Естер Хатахтан Мардохайға былай деген жауабын жіберді: 11 — Патшаның барлық қызметкерлері және оның аймақтарының халқы мынаны біледі: Егер кімде-кім, әйел болсын, ер адам болсын, патшаның шақыруынсыз ішкі аулаға кіріп келетін болса, оған бір-ақ заң қолданылады: сол кісі өлтіріледі! Егер патша алтын асатаяғын сол адамға қарай созса ғана, ол тірі қалады. Ал өзімнің патшаның қасына шақырылмағаныма отыз күн болды. 12 Естердің осы айтқаны Мардохайға жеткенде, 13 ол Естерге былай деп жауап қайтарды: — Патшаның сарайында тұрып яһудилердің арасынан жеке басым аман қалармын деп ойлама! 14 Себебі егер осы уақытта үндемей қалатын болсаң, яһудилерге көмек пен құтқарылу басқа жақтан келмек. Ал сенің өзің мен әкеңнің әулеті құрисыңдар. Мүмкін, патшайым болу құрметіне дәл осындай уақыт үшін де қол жеткізген шығарсың, соны кім біледі? 15 Естер Мардохайға мына жауабын жолдады: 16 — Онда Сузыдағы барлық яһудилерді жинап, мен үшін ораза ұстаңыздар. Үш күн, үш түн бойы ішіп-жемеңіздер. Мен де қызметші қыздарыммен бірге сіздер сияқты ораза ұстаймын. Содан соң мұным заңсыз болса да, патшаның алдына барамын. Егер өлуге тиіс болсам, өлейін! 17 Мардохай барып, бәрін Естердің тапсырғанындай істеді.
1 Үшінші күні Естер патшалық киімін киіп, патша сарайының ішкі ауласына, патша отыратын кең бөлменің алдына келіп тұрды. Патша сондағы өз тағында, кіреберіске қарама-қарсы төрде отырған еді. Аулада тұрған Естер патшайымды көре салысымен, патша оның келгеніне риза болып, 2 қолындағы алтын асатаяғын оған қарай созды. Естер патшаға жақындап келді де, асатаяқтың ұшына қолын тигізді. 3 Патша оған тіл қатып былай деді: — Саған не керек, Естер патшайым? Қандай өтінішің бар? Патшалықтың жартысы болса да, саған беріледі! — 4 Естер: — Егер патша ағзам мақұл көрсе, бүгін Хаманды ертіп өзіне арналып дайындалған қонақасына келсе екен, — деп жауап берді. 5 Патша: — Естердің өтінішін орындау үшін, Хаманды дереу осында жеткізіңдер! — деп бұйырды. Содан патша мен Хаман Естердің дайындаған қонақасына барды. 6 Олар шарап ішіп отырғанда, патша Естерге сауал қойып: — Тілегің қандай? Ол орындалады. Қандай өтінішің бар? Патшалықтың жартысы болса да, саған беріледі! — деді. 7 Естер былай деп жауап берді: — Менің тілегім мен өтінішім мынау: 8 Егер маған патша ағзамның мейірімі түсіп, тілегімді беріп, өтінішімді орындауды мақұл көрсе, патшам Хаманды ертіп мен ертең оларға дайындайтын қонақасына келсе екен. Патша ағзамның қойған сұрағына жауабымды сонда беремін. 9 Хаман сол күні қонақасынан мәз болып, көтеріңкі көңілмен шықты. Алайда патша сарайының қақпасында Мардохайдың не орнынан тұрып құрмет көрсетпегенін, не қорқыныш та танытпағанын байқағанда, Хаманды қаһар кернеді. 10 Әйтсе де Хаман өзін-өзі ұстап, үйіне барды. Сонда достары мен әйелі Зерешті шақырып алып, 11 оларға өзінің байлығының қандай ауқымды әрі ұлдарының сонша көп екенін айтып бөсті. Хаман, сондай-ақ, өзінің дәрежесін өсірген патшаның бүкіл әрекеттерін де, өзін басқа әміршілер мен қызметкерлерден қалай жоғарылатқанын да атап мақтанды. 12 Мұнан кейін Хаман: — Тіпті Естер патшайым да өзі дайындаған қонақасына патшамен бірге жалғыз мені шақырды. Ертеңгі қонақасына да ол патшамен бірге тек мені ғана шақырды! 13 Алайда мен яһуди Мардохайдың сарай қақпасының маңында отырғанын әлі де көргенде, соның бәріне көңілім толмайды, — деп жүрек сырын ақтарды. 14 Әйелі Зереш пен барлық достары Хаманға: — Онда биіктігі елу шынтақ дар ағашын құрғызыңыз. Таңертең патшадан Мардохайды дарға асуды сұраңыз. Содан соң қуана патшамен бірге тойға бара бересіз, — деп ұсынды. Бұл ұсыныс Хаманға ұнап, ол дар ағашын дайындатқызып қойды.
1 Сол түні патшадан ұйқы қашты. Сондықтан ол болған оқиғалар баяндалып сақталатын жылнама кітабын әкелуді бұйырды. Хатшы патшаға сол кітаптан оқып берді. 2 Сонда кіреберісті күзеткен Бигтана мен Тәреш есімді екі сарай қызметкерінің қаскүнемдігін Мардохайдың әшкерелегені туралы жазылған баяндама табылды. Сол екеуі Ахасуер патшаның көзін құртуды ойластырған болатын. 3 Соңында патша: — Сол Мардохайға осы үшін қандай сый-құрмет көрсетілді? — деп сұрады. Патшаның қасында қызмет көрсететін жас малайлары: — Оған ештеңе де істелген жоқ, — деп жауап берді. 4 Патша: — Аулада кім бар? — деген сауал қойды. Сол кезде Хаман енді ғана патша сарайының сыртқы ауласына кіріп келген болатын. Ол Мардохайды өзі құрғызып қойған дарға асу туралы патшамен сөйлеспек еді. 5 Жас малайлары патшаға: — Хаман аулада тұр, — деп мәлімдеді. Патша: — Кірсін! — деп бұйырды. 6 Осылай Хаман кірді. Патша оған мына сұрақты қойды: — Патша құрмет көрсетпек болған адамға не істелуі керек? — Хаман ішінен: «Патша менен басқа кімге құрмет көрсетуді қалар еді?» — деп ойлады. 7 Сондықтан ол былай деп жауап берді: — Патша құрмет көрсетпек болған адамға арнап 8 патшаның өзі киген арнайы шапаны, патшаның өзі мінген, басына патшалық әшекей орнатылған тұлпары әкелінсін. 9 Сол шапан мен ат патшаның ең жоғары лауазымды әміршілерінің біріне табыс етілсін. Әмірші патша құрмет көрсетпек болған адамды киіндіріп, тұлпарға мінгізіп, қаланың алаңымен жетелеп алып жүрсін. Сондай-ақ, оның алдында жүріп: «Патша құрмет көрсетпек болған адамға осылай істеледі!» деп жар салатын болсын. — 10 Патша Хаманға: — Сен дереу өзің айтқандай шапан мен тұлпарды ал да, патша сарайының қақпасында қызмет ететін Мардохай есімді яһудиге осылардың бәрін істе! Барлық айтқандарыңның бірде-біреуін ұмыт қалдырма! — деп тапсырды. 11 Сонда Хаман шапан мен тұлпарды алып, Мардохайды киіндіріп, атқа мінгізіп, қаланың алаңымен жетелеп алып жүрді. Оның алдында жүріп: «Патша құрмет көрсетпек болған адамға осылай істеледі!» — деп жар салды. 12 Бұдан соң Мардохай патша сарайының қақпасына қайтты. Ал Хаман қатты түңіліп бетін бүркеп алып үйіне асығып барды да, 13 әйелі Зереш пен күллі достарына болған істі айтып берді. Сонда оның данышпан кеңесшілері мен әйелі Зереш былай деді: «Сен оның алдында төмендетіле бастаған сол Мардохай шынымен яһуди тұқымынан болса, оны жеңе алмайсың. Қайта, өзің оның алдында құлайсың!» 14 Олар әлі сөйлесіп тұрғанда, патшаның сарай қызметкерлері келіп, Хаманды Естер дайындаған қонақасына асықтырып алып кетті.
1 Осылайша патша мен Хаман Естер патшайымға тағы да қонақасына келді. 2 Олар сол екінші күні тамақ ішіп отырған кезде патша қайтадан Естерге сауал қойып: — Тілегің қандай, Естер патшайым? Ол орындалады. Қандай өтінішің бар? Патшалықтың жартысы болса да, саған беріледі! — деді. 3 Сонда Естер патшайым былай деп жауап берді: — Уа, патшам, егер маған мейіріміңіз түссе, әрі патша ағзам мақұл көрсе, маған өмірім аман қалдырылса екен! Тілегім — осы. Халқымның өмірі де аман сақталса екен! Өтінішім — осы. 4 Өйткені өзім де, халқым да құртылып, өлтірілуге, әбден жойылуға сатылдық! Егер бізді құл-күң қылуға сатса, мен үндемес те едім. Себебі осындай ауыртпалық патшаның мазасын алатындай мәселе болмас еді. 5 — Ахасуер патша Естер патшайымнан: — Ол кім өзі? Мұндайды істеуге батылы барған кісі қайда? — деп сұрады. 6 Естер: — Сол қас жау — мына отырған зұлым Хаман! — деп жауап қатты. Сонда Хаманның патша мен патшайымның алдында зәресі қалмады. 7 Патша қаһарланып орнынан ұшып тұрды да, шарабын қалдырып, сарайдың саябағына шығып кетті. Ал Хаман патшаның өзін құртуға шешім қабылдағанын көріп, Естер патшайымнан өмірін сақтап қалуын сұрап жалбарыну үшін, сол жерде қалып қойды. 8 Содан Хаман Естердің жантайып жатқан төсегіне құлай кетті. Дәл сол кезде патша саябақтан қонақасы бөлмесіне қайта кіріп келе жатты. Патша: «Ол тіпті сарайда менің қасымда болып патшайымды зорламақшы ма?!» — деп айқайлап жіберді. Патшаның аузынан осы сөз шыға салысымен-ақ күзетшілер Хаманның бетін бүркеп тастады. 9 Патшаның қасында жүрген Харбона есімді сарай қызметкері былай деді: — Хаманның үйінің қасында биіктігі елу шынтақ дар ағашы тұр! Хаман соны патшаның игілігі үшін сөз сөйлеген Мардохайға арнап құрғызып қойған болатын. — Патша: — Сол дарға оның өзін асыңдар! — деп бұйырды. 10 Сонымен жендеттер Хаман Мардохайға арнап дайындатқызған дарға оның өзін асып қойды. Осыдан кейін патшаның қаһары басылды.
1 Сол күні Ахасуер патша яһудилердің жауы Хаманның сарайын Естер патшайымға сыйлады. Естер Мардохайдың өзіне кім болып келетінін айтып, Мардохай патшаның алдына әкелінді. 2 Патша Хаманнан қайтарып алған мөрлі жүзігін шешіп алып, Мардохайға тапсырды. Сонымен қатар Естер Мардохайды Хаманның сарайы мен мал-мүлкінің үстінен қараушы етіп тағайындады. 3 Естер қайтадан патшаның алдына барып, оның аяғына жығылып еңіреп жылады. Патшадан Агагтың ұрпағы Хаманның яһудилерге қарсы жасаған зұлым жоспарының бетін қайыруын өтінді. 4 Патша оған қарай өзінің алтын асатаяғын созды. Естер көтеріліп, патшаның алдында тұрды да, 5 оған былай деді: — Егер патша ағзам мақұл көріп, маған мейірімі түссе, әрі патша бұл істі дұрыс деп бағалап, маған оң көзімен қараса, онда бір жарлық шығарылса екен. Сол жарлық Агагтың ұрпағы Амадат ұлы Хаманның патшаның аймақтарына яһудилердің көзін құрту мақсатымен жолдаған хаттарының күшін жоятын болса екен. 6 Халқым апатқа ұшырайын деп жатқанда мен қалайша қарап отыра аламын? Өз әулетім құрып кетейін деп жатқанда мен қалайша жайбарақат отыра аламын? — 7 Ахасуер патша Естер патшайым мен яһуди Мардохайға мынадай жауап берді: — Мен яһудилерді құртқысы келгені үшін Хаманның үй-жайын Естерге бергенмін, ал оның өзі дарға асылды. 8 Енді сендер патшаның атынан яһудилер туралы өздерің мақұл көргендеріңді жазып, соны патшаның мөрлі жүзігімен бекітіңдер! Өйткені патшаның атынан жазылып, патшаның мөрлі жүзігімен бекітілген ешбір жарлықтың күшін жоюға болмайды. 9 Осылайша үшінші айдың (демек сиван айының) жиырма үшінші күні патшаның хатшылары шақырылды. Олар Мардохайдың бұйырғандарының бәрі бойынша жаңа жарлықты патшалықтың Үндістаннан Құш еліне дейін ұласқан барлық жүз жиырма жеті аймағындағы яһудилерге, өлке әміршілері мен аймақ әкімдеріне және өзге де басшыларға арнап жазып берді. Жарлық әр аймаққа өзінің әліппесімен және әр халыққа арнап өзінің тілінде, соның ішінде яһуди халқына арнап та өз тіліне аударылып, өз әліппесімен жазылды. 10 Мардохай осы хаттарды Ахасуер патшаның атынан жазғызып, патшаның мөрлі жүзігімен бекітті. Содан хаттарды патшаның ат қорасынан шыққан жүйрік сайгүліктерге мінген шабармандар арқылы жан-жаққа жіберді. 11 Жаңа жарлыққа сай, әрбір қаладағы яһудилерге бас қосып, өздерін қорғауға патшаның рұқсат бергені мәлім болды. Яһудилер кез келген халықтың не аймақтың өздеріне және әйелдері мен бала-шағаларына шабуыл жасаған жасақшыларын жойып, оларды жоқ қылуға әрі солардың мал-мүлкін олжалауға құқықты болды. 12 Осының бәрін жүзеге асыруға Ахасуер патшаның қарамағындағы барлық аймақтар бойынша яһудилерге бір күн белгіленді. Бұл күн — он екінші айдың (демек адар айының) он үшінші күні еді. 13 Яһудилер өз жауларын жазалауға дайын болып отыра алулары үшін осы жарлықтың көшірмесі әрбір аймақта заң ретінде жарияланып, әр ұлттың адамдары сонымен танысуға міндетті болды. 14 Шабармандар патшаның ат қорасынан шыққан жүйрік аттарға мініп, патшаның бұйрығымен тездетіп жан-жаққа аттанып кетті. Жарлық Сузы қорғанында да жарияланды. 15 Мардохай үстіне патша киетін көк және ақ түсті киімдер, басына үлкен алтын тәж киіп, қырмызы бәтес шапан жамылып патшаның алдынан шықты. Сузы қаласының халқы шаттана айқайлап тойлады. 16 Қуанышқа кенелген яһудилер көздері жайнап, құрметке бөленді. 17 Патшаның бұйырған жарлығы жеткен әрбір аймақ, қала және елді мекенде яһудилер мәз-мейрам болып мерекеледі. Елдегі халықтардың көптеген адамдары яһудилерден қорқып, оларды терең қастерлеп, ұлттастарына айналды.
1 Он екінші айдың (яғни адар айының) он үшінші күні патша шығарған жарлық іске асуға тиіс болды. Осы күні яһудилердің жаулары оларға күш көрсетуге үміттенген болатын. Алайда бәрі де керісінше болып, яһудилер жауларына үстемдік құрып, оларды жеңіп шықты. 2 Яһудилер Ахасуер патшаның барша аймақтарында жиналып, өздеріне зұлымдық жасамақшы болғандардың бәріне шабуыл жасауға дайын тұрды. Бірақ яһудилерге қарсы тұра алатын ешкім болмады. Себебі халықтардың барлығы яһудилерден қорқып, оларды терең қастерледі. 3 Аймақтардағы күллі басшылар, өлке әміршілері, әкімдер және патшаның тағайындаған өзге де басшылары Мардохайдан қорқып, яһудилерді қолдап жүрді. 4 Өйткені патша сарайында Мардохайдың мәртебесі жоғары болатын. Оның билігі күшейген сайын, атақ-даңқы барша аймақтарға жайыла түсті. 5 Осылайша яһудилер белгіленген күні күллі жауларын шауып өлтіріп, өздерін жек көргендерге қалағандарын істеді. 6 Сузы қорғанында яһудилер бес жүз адамның көзін құртып, 7 сондай-ақ Паршандата, Далфон, Асфата, 8 Пората, Адалия, Аридата, 9 Пармашта, Арисай, Аридай, Уаизата есімді он адамды да өлтірді. 10 Бұлар яһудилердің қас жауы Хаманның ұлдары болатын. Бірақ та яһудилер дұшпандарының мал-мүліктеріне тиген жоқ. 11 Сол күні Сузы қорғанында өлтірілгендердің саны туралы мәлімет патшаға жетті. 12 Ол Естер патшайымға былай деді: — Яһудилер Сузы қорғанында бес жүз адамды және Хаманның он ұлын өлтірді. Патшалықтың басқа аймақтарында олар не істеді екен? Ал енді, тілегің қандай? Ол орындалады. Тағы қандай өтінішің бар? Ол да саған беріледі. — 13 Естердің жауабы мынау болды: — Егер патша ағзам мақұл көрсе, Сузыдағы яһудилерге ертең де бүгінгі жарлыққа сәйкес әрекет етуге хұқық берілсе екен. Ал Хаманның он ұлының өлі денелері дарға асылып қойылғаны жөн болар еді. 14 Патша солай етуге бұйырды. Сузыда жарлық шығарылып, Хаманның он ұлының денелері дарға асылып қойылды. 15 Содан Сузыдағы яһудилер адар айының он төртінші күні де бас қосып, қаладағы үш жүз жауының көзін құртты. Бірақ солардың мал-мүліктеріне тиген жоқ. 16 Патшаның басқа аймақтарындағы яһудилер де өз өмірлерін қорғауға жиналған болатын. Олар жауларынан құтқарылып, өздерін жек көретін жетпіс бес мың дұшпанының көзін жойды. Алайда солардың мал-мүліктеріне тиген жоқ. 17 Бұл адар айының он үшінші күні болды. Аймақтардағы яһудилер он төртінші күні демалып, сол күнді қуанышпен тойлауға арнады. 18 Сузыдағы яһудилер болса, он екінші айдың он үшінші және он төртінші күндері дұшпандарына қарсы шығуға бас қосып, он бесінші күні демалды. Сондықтан олар айдың он бесінші күнін қуанышпен тойлайтын мереке етіп белгіледі. 19 Ал аймақтардағы шағын қалалар мен елді мекендерде тұратын яһудилер адар айының он төртінші күнін шаттана мейрамдайды. Сол мейрамды бір-біріне сыйлық жіберіп атап өтеді. 20 Мардохай осы болған оқиғаларды жазып қойып, Ахасуер патшаның бүкіл алыс-жақын аймақтарындағы яһудилердің бәріне хат жолдады. 21 Оларды жыл сайын адар айының он төртінші және он бесінші күндерін мейрамдауға шақырды. 22 Себебі осы күндері яһудилер жауларынан құтқарылды. Сол айда уайымдары қуанышқа, қайғылары тойға айналған еді. Мардохай: «Осы күндер шаттана тойлап, бір-біріне сыйлық жіберіп, кедейлерге тартулар беретін күндер болсын!» — деп белгіледі. 23 Сондықтан яһудилер өздері істей бастағандарын және Мардохайдың оларға жазғанын дәстүр етіп алды. 24 Барлық яһудилердің қас жауы — Агагтың ұрпағы Амадат ұлы Хаман оларды құртуға жоспар жасаған еді. Оларды жойып, көздерін құрту үшін «пур», яғни жеребе, тастаған болатын. 25 Бірақ алдына Естер келген кезде патша: «Хаманның яһудилерге қарсы жасаған зұлым жоспары оның өз басына түссін және өзі ұлдарымен қоса дарға асылсын!» — деп жазбаша жарлық шығарған еді. 26 Жоғарыдағы «пур» сөзінен осы мейрам «Пурим» деп аталып келеді. Мардохайдың хатында жазғанына сәйкес және өздерінің көздерімен көріп, бастарынан өткендері бойынша, 27 яһудилер осы екі күнді мейрам етуге шешім қабылдады. Олар мұны дәл нұсқауға сай әрі белгіленген уақытта жыл сайын міндетті түрде іске асыруға келісті. Оны өздеріне, кейінгі ұрпақтарына және Яһуда халқына қосылғандардың бәріне де тұрақты дәстүр етіп бекітті. 28 Күллі келер ұрпақ осы күндерді әрбір отбасында, әрбір аймақта, әрбір елді мекенде естен шығармай, мейрамдауы қажет. Яһудилер Пурим мейрамынан ешқашан бас тартпаулары керек. Олардың үрім-бұтақтары да сол күндерді мерекелеп өткізуді ұмыт қалдырмауға міндетті. 29 Әбихаил қызы Естер патшайым және яһуди (бас уәзір) Мардохай Пурим мейрамы туралы осы екінші хатты жаздырып, оны өздерінің бар биліктерімен бекітті. 30 Мардохай Ахасуер патшаның барлық жүз жиырма жеті аймағындағы яһудилерге тыныштық пен аман-есендік тілеген сәлемхаттарын жіберді. 31 Сол хаттарда Пурим мерекесін белгілі бір уақытта өткізу керектігі яһуди (бас уәзір) Мардохай мен патшайым Естердің нұсқаулары бойынша нық бекітілді. Яһуда халқы, сондай-ақ, өздері мен келер ұрпақтары үшін мейрамның алдында ораза ұстап қайғыру жайлы дәстүрді де орындауға шешім қабылдады. 32 Осылайша Естер патшайымның бұйрығымен Пурим мейрамы туралы ережелер белгіленіп, кітапқа жазылып, сақталып қойылды.
1 Ахасуер патша құрлықта және теңіз аралдарында орналасқан бүкіл патшалығына салық салды. 2 Оның ұлы да құдіретті іс-әрекеттерінің бәрі және өзі жоғарылатқан Мардохайдың биік дәрежесі туралы «Мидия мен Персия патшаларының жылнамалары» кітабында жазылған. 3 Яһуди Мардохайдың мәртебесі тек қана Ахасуер патшадан кейінгі екінші орында болды. Яһудилердің арасында оның абыройы өте жоғары еді. Мардохай өз халқының қамын ойлап, бүкіл келер ұрпақтың да игілігі үшін сөз сөйлеген болатын. Сол үшін ол ұлттастарының ризашылығына бөленді.
1 Бір кезде Ус елінде Әйүп есімді адам өмір сүрді. Ол кінәратсыз да әділ болып, Құдайды терең қастерлеп, жамандықтан аулақ жүретін. 2 Әйүптің жеті ұлы мен үш қызы болды. 3 Жеті мың қой-ешкісі, үш мың түйесі, бес жүз жұп өгізі, бес жүз ұрғашы есегі, сондай-ақ өте көп қызметшілері бар сол кісі шығыс өлкесіндегі ең ауқатты адам болатын. 4 Әйүптің ұлдары кезекпен үйлерінде қонақасы даярлап, соған үш әпке-қарындасын да шақыратын. 5 Қонақасының кезеңі біткенде, Әйүп кісі жіберіп, балалары үшін тазару рәсімін орындайтын. Сол үшін Әйүп ерте тұрып, әр баласы үшін бір малдан құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп Құдайға ұсынатын. Өйткені ол: «Мүмкін, балаларым күнә жасап, іштей Құдайға тіл тигізіп қойған шығар» деп ойлайтын. Әйүп әрдайым осылай істейтін. 6 Құдайдың нөкерлері бір күні (көкте) Жаратқан Иенің алдында тұруға келгенде әзәзіл шайтан да олармен бірге келді. 7 Жаратқан Ие әзәзілге: — Қайдан келдің? — деген сұрақ қойды. Ол: — Жер бетін аралап кезіп келдім, — деп жауап берді. 8 Жаратқан Ие: — Менің қызметшім Әйүпке көңіл бөлдің бе? Жер бетінде ол сияқты кінәратсыз да әділ, Құдайын терең қастерлейтін, жамандықтан аулақ жүретін ешбір жан жоқ, — дегенде, 9 әзәзіл: — Әйүп Құдайын бекерге қастерлейді дейсің бе? 10 Оның өзін, үй ішін және бар иелігін айналдыра шарбақпен қоршағандай қорғап жүрген Өзің емессің бе? Оның істегендерін Өзің жарылқап келесің. Содан оның табын-отарлары ел ішінде кеңінен таралуда. 11 Бірақ, кәне, барлық иелігіне қолыңды тигізе көрші. Сонда ол Сені қалайша мадақтар екен, көрейік, — деп жала жапты. 12 Жаратқан Ие: — Мейлі, оның барлық иелігін қолыңа берейін. Тек оның өзіне тиіспе! — деп шешті. Сонда әзәзіл Жаратқан Иенің алдынан шығып кетті. 13 Біраздан кейін Әйүптің ұл-қыздары оның тұңғыш ұлының үйінде қонақасында отырды. Сол күні 14 бір шабарман Әйүпке жетіп келіп, мына суық хабарды жеткізді: «Қызметшілеріңіз өгіздермен жер жыртып, есектер олардың қастарында жайылып жүрді. 15 Кенеттен сәбалық тонаушылар тап берді! Олар жас жігіттерді қырып, малдарды олжалап, айдап әкетті! Тек мен ғана әзер сытылып шығып, ол туралы сізге жеткізе алып тұрмын». 16 Сол адам осыны әлі де айтып тұрған кезде басқа бір шабарман жетіп келіп, былай деді: «Аспаннан Құдайдың оты түсіп, қой-ешкілеріңіз бен қызметшілеріңізді өртеп жалмап қойды! Тек мен ғана әзер сытылып шығып, ол туралы сізге жеткізе алып тұрмын». 17 Сол адам осыны әлі де айтып тұрған кезде тағы басқа бір шабарман жетіп келіп, былай деді: «Халдейлер үш топ құрып, түйе бағып жүрген қызметшілеріңізге бас салды! Оларды өлтіріп, түйелерді олжалап, айдап алып кетті! Тек мен ғана әзер сытылып шығып, ол туралы сізге жеткізе алып тұрмын». 18 Сол адам осыны әлі де айтып тұрған кезде тағы басқа бір шабарман жетіп келіп, былай деді: «Сіздің ұл-қыздарыңыз өз ағаларының үйінде қонақасында отырған кезде 19 шөл даланың арғы шетінен ғаламат дауыл тұрып, үйдің төрт жағынан соққылай берді. Содан үй құлап, ішіндегі балаларыңызды басып қалды. Тек мен ғана әзер сытылып шығып, ол туралы сізге жеткізе алып тұрмын». 20 Сонда Әйүп орнынан тұрды да, қатты қайғырып шапанының өңірін жыртып, шашын қырқып алып тастады. Мұнан кейін ол Тәңір Иеге мойынсұнып етпетінен жерге жата кетті. 21 Әйүп былай деді: «Анамның құрсағынан жалаңаш шықтым, дүниеден жалаңаш қайтамын да. Жаратқан Ие сыйлап берді де, Жаратқан Ие қайтарып алды да. Жаратқан Иенің есімі мадақтала берсін!» 22 Осы жағдайдың бәрінде Әйүп күнә жасаған да жоқ, еркінсіп Құдайды айыптаған да жоқ.
1 Құдайдың нөкерлері тағы бір күні Жаратқан Иенің алдында тұруға келгенде әзәзіл шайтан да олармен бірге Оның алдында тұруға келді. 2 Жаратқан Ие әзәзілге: — Қайдан келдің? — деген сұрақ қойды. Ол: — Жер бетін аралап кезіп келдім, — деп жауап берді. 3 Жаратқан Ие: — Менің қызметшім Әйүпке көңіл бөлдің бе? Жер бетінде ол сияқты кінәратсыз да әділ, Құдайын терең қастерлейтін, жамандықтан аулақ жүретін ешбір жан жоқ. Оны еш себепсіз құрту үшін Мені қанша түрткілесең де, ол өзінің кінәратсыздығын сақтап келеді, — дегенде, 4 әзәзіл: — «Теріні терімен айырбастар» деген. Адам өз басын аман сақтау үшін қолындағының бәрін де сарп етер! — деп қарсылық білдірді. — 5 Оның еті мен сүйегіне қолыңды созып, тигізе көрші. Сонда ол Сені қалай мадақтар екен, көрейік, — деп жала да жапты. 6 Жаратқан Ие: — Мейлі, ол енді сенің қолыңда. Тек оның өмірін сақта! — деп шешті. 7 Сонда әзәзіл Жаратқан Иенің алдынан шығып кетті. Біраздан кейін әзәзіл шайтан Әйүптің денесін басынан аяғына дейін түгелдей жаралы шиқандармен қаптатты. 8 Қатты қайғырып күл үйіндісінің үстінде отырған Әйүп қолына қыш құмыраның бір сынығын алып, сонымен терісін қасыды. 9 Әйелі оған: — Әлі де кінәратсыздығыңды ұстанып отырсың ба? Одан да Құдайды балағаттап, (азабыңнан құтылып) өле қал, — деп ақыл айтты. 10 Бірақ Әйүп: — Ақымақ та арсыз әйелдей сөйлеп тұрсың. Құдай жақсылық жіберсе, соны қабылдау, ал ауыртпалық жіберсе, содан бас тарту дұрыс па өзі? — деп жауап қатты. Осы жағдайдың бәрінде Әйүп айтқан сөздерімен күнә жасаған жоқ. 11 Әйүптің темандық Елипаз, шуахтық Билдад, нағамалық Сопар есімді үш досы бар болатын. Олар Әйүптің басына түскен ауыртпалықтар туралы естіген соң, оның көңілін сұрап, жұбатпақ болып өзара келісті. Содан үшеуі тұрып жатқан мекендерінен сапарлап келіп, оның қасына жиналды. 12 Алайда үш досы Әйүпті алыстан көріп, алғашқыда танымай қалды. Сонда олар дауыстап жылап, шапандарының өңірін жыртты. Аспанға қарай күл-тозаң шашып, оны бастарына да септі. 13 Үш досы Әйүппен бірге жеті күн, жеті түн жерде отырды. Оның соншалықты қатты қиналып жатқанын көргендіктен, олар оған ештеңе айтпай үндемеді.
1 Содан кейін Әйүп сөзге келді. Өзінің туған күні еш болмаған болса екен деп қатты наразыланып, 2 дауыстап былай деді: 3 — Мен дүниеге келген күн әрі анамның бойына бала біткен түн еш болмаған болса ғой! 4 Сол күн түнекке айналса екен! Оны заңғар көктегі Құдай іздемей, ұмытса екен! Ешбір жарық оған сәулесін шашпаса, шіркін! 5 Сол күнді тас түнек пен қою қараңғылық басып алғанда ғой! Оның үстін қою бұлт қаптап, күндіз жапқан қара түнек оны үрейлендірсін! 6 Иә, сол түнді қою қараңғылық қармап алсын! Ол жыл күндерінің есебінде болып қуанбасын, әрі айлардың қатарынан еш табылмасын! 7 Сол түні бір әйелдің бойына бала бітпегенде ғой! Онда ешбір шаттық үні естілмеген болса, шіркін! 8 Күндерді сиқырлай алатындар, тіпті қолтырауынды арбап орнынан жылжыта алатындар осы түнді қарғаған болса екен! 9 Оның таңғы жұлдыздарын түнек басса ғой! Жұрт таңғы жарықты аңсай күткенмен, сол ешқашан да төгілмегенде ғой! Сол түн таң шапағын көре алмаған болса, шіркін! 10 Өйткені ол анамның құрсағын жаппады. Жапса мына азап пен қасіретті көрмес едім. 11 Не болмаса, туған кезде-ақ неге құрымадым екен? Құрсақтан шығып жатқанда-ақ неге өліп қалмадым екен? 12 Мені қабылдап алған тізе, мені емізген төс неге ғана болды екен? 13 Солар болмағанда қазір мазам кетпей, тыныш жатар едім! Ұйықтай беріп, тыным табар едім. 14 Онда патшалармен, олардың кеңесшілерімен бірге жатар едім. Тірі кездерінде олар қиратылған ежелгі сарайларды өздеріне қайта тұрғызып алған болатын. 15 Я болмаса, алтынға бай әміршілермен және сарайларын күміспен толтырғандармен бірге тынығар едім. 16 Немесе, неге ғана өлі туып, дүниенің жарығын көрмей кеткен нәресте сияқты көрге көмілмедім екен? 17 Себебі о дүниеде зұлымдар қоқан-лоқы жасауларын доғарған, әрі шаршап-шалдыққандар тыным тапқан. 18 Тұтқындар да тыныштықтың рақатын бірге көреді. Олар өздерін аяусыз жұмысқа салған бақылаушылардың дауыстарын енді қайтып естімейді. 19 Үлкені де, кішісі де сол жерде. Құл енді қожайынынан азат. 20 Ендеше азап шегіп жүргенге нұр, жаны қиналып жатқанға өмір неге ғана беріледі екен? 21 Мұндайлар ажалды зарыға күтеді, оны көмілген қазынадан бетер іздейді, әйтсе де ажал оларға жоламайды. 22 Егер өліп, қабірге қойылған болса, олар қуанышқа кенеліп, шаттанар еді. 23 Сонымен Құдай айналасын қиындықтармен қоршап, жолын жауып тастаған адамға өмір не үшін беріледі екен? 24 Себебі нан жеудің орнына күрсінудемін, ыңқылым ағынды судай тоқтаусыз. 25 Неден үрейлене қорықсам, соған тап болдым, қауіптенгендерім жүзеге асты. 26 Маған тыныштық та жоқ, тыным да жоқ. Тынығудың орнына басыма аласапыран күн туды.
1 Сонда темандық Елипаз Әйүпке былай деп жауап қатты: 2 — Егер біреу сенімен сөйлесуге ұмтылса, соған төзе аласың ба? Дегенмен кім мұндайда үн-түнсіз қала алады? 3 Өткен уақыттарда өзің көп адамға тәлім беріп, әлсіздерді жігерлендіріп күш берген едің ғой. 4 Айтқан сөздерің сүрініп, құлап бара жатқандарға тірек болып, тізелері дірілдеп әлсірегендерге күш-қуат дарытқан еді ғой. 5 Ал енді, өз басың ауыртпалыққа тап болғанда, ұнжырғаң түсіп кетіпті. Өзің бақытсыздыққа ұшырағанда, өмірден түңіліп кетіпсің. 6 Құдайды терең қастерлеуің — сеніміңнің тірегі емес пе?! Әрі әділ жолмен жүруің — үмітіңнің негізі емес пе?! 7 Есіңе түсірші, қашан бейкүнә адам мерт болып, әділ адам құртылған еді? 8 Өз байқағаным: жамандықтың тұқымын сеуіп, зұлым жоспар құратындар солардың өнімін өздері жинайды. 9 Олар Құдайдың «лебінен» құрып кетеді, Оның қаһарлы дауылынан ғайып болады. 10 Арыстан ақырып, жауыз арыстан ырылдаған еді, алайда Құдай мықты арыстандардың да тістерін сындырады. 11 Сонда олжадан ада болған ана арыстан өледі, жетім қалған балалары жан-жаққа шашырап кетеді. 12 Маған құпия түрде бір хабар келді, құлағыма бір сыбыр шалынды. 13 Бұл, адамдар қатты ұйқыға батқанда, түнде түс көріп, мазасыз ойлар туған уақытта болды. 14 Сол түстен сүйектерімнің бәрі дірілдеп, қорқынышқа бөленіп тұрмын. 15 Бет-жүзімді бір елес сипап өткенде, төбе шашым тік тұрды. 16 Елес тұра қалды, бірақ сырт қалпын ажырата алмадым. Көз алдымда бір тұлға тұрды, оның сыбырлаған даусын естідім: 17 «Пенде Құдайдан әділ, адам өз Жаратушысынан пәк таза бола ала ма? 18 Құдай тіпті өз нөкерлеріне де сенбейді, Ол періштелерінен де қате табады. 19 Ал, түбі, топырақтан жасалған тәнде өмір сүріп, саз балшықтан жаратылған, пенделермен не болмақ! Олар күйе-көбелектей оңай жаншылып, 20 таң атқаннан күн батқанға дейінгі қып-қысқа аралықта-ақ талқандалып жаншылады ғой. Содан із-түзсіз ғайып болып, 21 қазықтары суырылып тасталған шатырлардың құлап түсетіні сияқты құрып кетеді. Осылайша пенде даналыққа қол жеткізіп үлгермей-ақ дүниеден өтеді».
1 Ал енді, Әйүп, шақырғың келсе, шақыр! Жауап беретін біреу болар ма екен? Періштелердің қайсысынан көмек сұрамақсың? 2 «Ашу-ызасы ақымақты жояр, күншілдігі аңқауды құртар» деп дұрыс айтылған. 3 Ақымақтың тамыр жайған ағаштай өркендегенін де көрдім, бірақ дереу оның үй-жайы Құдайдың қарғысына ұшырайды деп бағаладым. 4 Оның балалары амандықтан аулақ жүр. Сотта оларды қыспақтайды, ал арашалайтын ешкімі болмайды. 5 Ақымақтың өнімін аш адамдар жалмап қояды. Олар оның тікенді бұтақшалар астына сақтап қойған астығын да алып кетеді. Оның мал-мүлкін залымдар иемденуге құмартады. 6 «Азап топырақтан өсіп шықпас, ауыртпалық та жерден шыға келмес». 7 От ұшқындарының жоғары қарай лап ететініндей, адам баласы да ауыртпалық шегу үшін дүниеге келеді. 8 Ал, Әйүп, егер мен сенің орныңда болсам, Құдайға бет бұрып сиынып, ісімді Оның алдына апарар едім. 9 Құдай адам толықтай ұға алмайтын ғажап істерді істейді, сан жетпес кереметтерді жасайды: 10 Ол жер бетіне жаңбыр жаудырып, егістікті суға қандырады. 11 Құдай кішіпейілдерді жоғарылатып, қайғырғандарға құтқарылу сыйлайды. 12 Ол айлакер қулардың жоспарларын бұзып, оларды табысқа жеткізбейді. 13 Құдай данышпан делінгендерді қулықтарынан ұстап алады. Айлакер зұлымдардың арамза кеңестері тез құриды. 14 Күндіз олар түнекке тап болып, тал түсте де түндегідей сипалап жүреді. 15 Құдай мұқтажды мықтылардың өткір сөздерінен құтқарады. Оларды қуаттылардың қолынан аман сақтап қалады. 16 Сондықтан енді кедейде үміт бар, ал әділетсіздің аузы тас жабылған. 17 Құдай ескертіп түзететін адам қандай бақытты! Сондықтан құдіреті шексіз Хақ Тағаланың тәрбиесін елемей жүрме! 18 Өйткені Ол жара салса, соны Өзі таңады, соққы берсе, өз қолдарымен сауықтырады да. 19 Құдай сені алты рет қиыншылықтан құтқарады. Апат тіпті жетеу болса да, саған жоламайды. 20 Хақ Тағала сені ашаршылық жайлаған кезде өлімнен құтқарып, шайқас кезінде семсердің құдіретінен де аман алып қалады. 21 Тілдің пәлесінен аулақ болып, ойран келгенде де қорықпайсың. 22 Қайта, күйреу мен ашаршылыққа күле қарайсың, елдегі жыртқыш аңдардан да қауіптенбейсің. 23 Сонда даланың қойтастары бөгет болып егіндігіңде жатпайды. Елдегі жыртқыш аңдар да өзіңмен тату-тәтті тұратын болады. 24 Өз мекеніңнің аман-есен екеніне сенімді боласың. Отар-табындарыңды санап шыққанда, бірде-бір малыңның жоғалмағанына көзің жетеді. 25 Ұрпағыңның көп екенін біліп жүретін боласың. Өзіңнен тараған үрім-бұтағың жер бетіндегі шөптей мол болмақ. 26 Егіннің дер кезінде бауланып, қырманға әкелінетініндей, өзің де көп жасап, о дүниеге армансыз аттанасың. 27 Міне, біз осыны зерттеп, оның ақиқат екеніне көз жеткіздік. Сондықтан оны тыңдап, жақсылап біліп алсаң екен!
1 Бұған Әйүп былай деп жауап берді: 2 — Шегіп жүрген азабым өлшенсе ғой, бар қасіретім таразыға тартылса ғой! 3 Олар теңіздің құмынан да ауыр болар еді. Сөздерімнің ағат екендігі содан да. 4 Өйткені құдіреті шексіз Тәңірдің жебелері денеме қадалды, жаным солардың уын ішуде. Иә, Құдай мені әбден қорқытатын жайттарды өзіме қарсы даярлап қойды! 5 Құланның көк майса шөбі болса, азынай ақыра ма? Өгіздің жейтін пішені болса, қинала өкіре ме? (Ал мен мүшкіл жағдайымда дауыстап шағымданбаймын ба?) 6 Жұрт дәмсіз тамақты тұзсыз жей ме, әлде жұмыртқа ағының бір өзін ғана ұната ма? 7 Ондай тамақтан ауыз тигім келмейді, (жаңағы айтқан сөздерің де) мен үшін құстыратындай жиренішті! 8 Тілегім жүзеге асса екен, Құдай аңсағанымды берсе екен! 9 Құдай мені езіп тастаса ғой! Қолына ерік беріп, мені құртса ғой! 10 Сонда әлі де мынадан жұбаныш тауып, риза болар едім: Қатты ауырып жатсам да, Киелі Құдайдың сөздерінен еш бас тартқан емеспін! 11 Ал енді, менің үміттене күтетіндей күшім, әлде өміріме төзетіндей мақсатым бар ма? 12 Менде тастай қатты күш те, қоладай қатты дене де жоқ! 13 Рас, көмектесерлік еш қуатым жоқ, жетістік атаулы да менен алшақтап кетті. 14 Өмірден күдері үзілген адамға досы мейірім көрсетуі керек. Ал сендер (мені айыптап) құдіреті шексіз Тәңірді қастерлемейсіңдер. 15 Сөйтіп сендер де, уа, бауырларым, маусымдық өзендер секілді сенімсіз болып шықтыңдар. 16 Көктемде сол өзендер еріп жатқан қар мен мұзға толып, лайланып, асып-тасып, арналарынан шығады. 17 Бірақ қуаңшылық басталғанда, олардың суы азайып, ыстық кезде мүлдем тартылып қалады. 18 Сонда керуендер өз бағытынан бұрылып, сол өзендерді іздейді, бірақ шөлде лағып, құриды. 19 Темалық керуендер суды аңсап іздейді, Сәбаның саудагерлері де одан үміттенеді. 20 Су бар деп сеніп келген олар оны таппай абдырайды. 21 (Уа, жолдастарым,) мен үшін қазір сендер де сондай өзендер іспетті жарамсыз болып қалдыңдар! Қорқынышты азабымды көріп, зәрелерің ұшып кетті. 22 Ал сендерге: «Маған сый беріңдер» деп пе едім? Яки: «Өз байлықтарыңнан мен үшін төлем төлеңдер», 23 әлде: «Мені жауымның қолынан арашалаңдаршы», немесе: «Жауыз дұшпанның қолынан құн төлеп құтқарып алыңдаршы» деп жалына сұрап па едім? 24 Енді маған тәлім беріңдер, сонда үндемеймін. Тура жолдан адасқан болсам, сонымды көрсетіңдерші! 25 Әрине, әділ сөздер адамның жанын сыздатады. Ал сендердің сын сөздерің нені дәлелдейді? 26 Менің сөздерімді жоққа шығарғыларың келе ме? Өмірден түңілген адамның сөздерін бос сандырақ деп санайсыңдар ма? 27 Өздерің тіпті жетімдер үшін жеребе тастап, оларды иеленіп, достарыңды саудаға салудан да тайынбас едіңдер, сірә. 28 Ал енді, маған назар салыңдаршы! Көздеріңе тура қарап тұрып өтірік айтпаймын ғой. 29 Қойыңдар енді, әділетсіз болмаңдар! Тоқтатыңдар, менің әділдігіме дақ түсірмеңдер! 30 Әлде аузымнан өтірік шықты ма?! Таңдайым жалғандықтың дәмін ажырата алмай ма?!
1 Пенденің бұ дүниедегі өмірі ауыр мехнат емес пе? Оның жер бетіндегі ғұмыры жалшының күндеріндей азапты. 2 Пенде кешкі көлеңкені аңсаған құлға ұқсас, әрі күндік жалақысын асыға күткен жалшы сияқты. 3 Дәл солай түкке тұрғысыз айлар мен азапқа толы түндер менің үлесіме тиді. 4 Орныма жатқанда «Қашан тұра аламын?» деп ойлаймын. Осылай түн ұзаққа созылып, таң атқанша дөңбекшіп шығамын. 5 Тұла бойымды құрт пен жара басқан, терім жарылып, жарамнан ірің аққан. 6 Өмірім тоқымашының қайығындай зырылдап өтіп жатыр, ақыр соңында ол еш үмітсіз үзіледі. 7 Уа, Құдай, өмірімнің дем іспетті өткінші екенін ұмытпашы! Енді қайтып игілік атаулыны көрмеспін. 8 Қазір Сен мені көріп тұрсың, ал кейін көрмейтін боласың. Сонда маған назар саласың, бірақ мен жоқ боламын. 9 Бұлттың сейіліп жоқ болып кететініндей, о дүниеге аттанған жан да одан кері қайтпайды. 10 Ол үйіне қайта оралмайды, тұрған жеріне беймәлім болып жоғалады. 11 Сондықтан мен аузыма ерік беремін. Жанымның қиналысын білдіремін, көкірегімдегі шерімді төгемін. 12 Сен маған сақшы қоятындай мен буырқанған теңіз не алып айдаһар ма едім? 13 «Төсегімде жатып көңілімді басайын, орнымда тынығып азабымды жеңілдетейін!» десем, 14 Сен мені түстермен қорқытып, түрлі елестермен зәремді ұшырасың. 15 Содан мен мына денеде өмір сүргенше, буындырылып өлтірілгенді артық көрер едім. 16 Осылайша өмірімді жек көремін, мәңгілік өмір сүргім келмейді. Күндерім шығарған демімдей өткінші, өзімді жалғыз қалдырсаңшы! 17 Сен соншама бағалап, оған назарыңды салатындай пенде кім өзі? 18 Таң атқан сайын Сен оны тексеріп, әр сәт сайын оны сынайсың. 19 Сен ешқашан назарыңды менен басқа жаққа аудармайсың ба? Қас қағым сәт болса да, мені жалғыз қалдырсаңшы? 20 Егер күнә жасасам, Саған қандай зиян келтірер едім, уа, адамзаттың Бақылаушысы? Мені неге Өзіңе нысана қылдың? Саған сондай масыл болдым ба? 21 Қателерімді кешіріп, жаман істерімді неге менен алып тастамайсың? Жуырда мен жер қойнына кіремін. Содан мені іздейсің, бірақ мен жоқ боламын.
1 Сонда шуахтық Билдад Әйүпке былай деп жауап берді: 2 — Қашанғы осы әңгімеңді соза бересің? Айтқан сөздерің ғаламат дауылдай бұрқырауда. 3 Құдай әділдікті бұрмалайтын ба еді? Құдіреті шексіз Тәңір дұрысты бұрыс қылатын ба еді? 4 Керісінше, балаларың Оған қарсы күнә жасаған болса керек. Содан Құдай оларға теріс қылықтарының зардабын шеккізді. 5 Ал енді, Құдайға шын жүректен бет бұрып сиын, құдіреті шексіз Тәңірден рақым етуін жалбарына өтін, 6 әрі әділ де кінәратсыз таза жүр! Егер солай істесең, онда Ол, әрине, сен үшін іс қылып, мекеніңде әділдікті қайтадан орнықтырады. 7 Бұрын шағынға ие болғанмен, соңындағың көл-көсір асып-тасып жатады. 8 Тек аға буын ұрпақтан сұрастырып біліп, олардың ата-бабаларының ізденісінің нәтижелеріне назар салсаң екен. 9 Біздің дүниеге келгеніміз кеше ғана, ештеңе білмейміз ғой. Жер бетіндегі өміріміз көлеңкедей өткінші. 10 Ал бұрынғы ұрпақтардан тәлім ала аласың. Олардың жан дүниелерінде сақталған дана сөздерінен ғибрат таба аласың. 11 Құрақ батпақсыз биіктеп өсе ала ма? Әрі қамыс сусыз жерде жайқала ма? 12 Су тартылса, олар әлі де жасыл күйде тұрғанмен, басқа шөптен тез қурайды. 13 Құдайды ұмытқандардың тағдыры да осындай, арсыз адамдардың үміті ақталмайды. 14 Олардың сенім артқандары әлсіз де үзілгіш, сүйенгендері өрмекшінің торындай сенімсіз. 15 Сондай адам өрмегіне сүйенсе, ол шыдамайды, егер мықтап ұстаса, ол төзбейді. 16 Зұлым жан күн көзінде, жақсы суарылған жерде жайқалып өсіп тұрған өсімдікке ұқсайды. Ол өркендерін бүкіл бақтың ішіне жайып жібереді. 17 Оның тамырлары үйілген тастарды орап алып, тастақ жерді қармап, жақсылап бекінеді. 18 Ал егер өсімдік сол жерінен жұлынып тасталса, сол орында ешқашан болмағандай жоғалады. 19 Біліп қой, оның өркендеуі осылай аяқталады. Сол топырақтан басқа өсімдіктер өсіп шығады. 20 Құдай, әрине, кінәратсыз адамнан бас тартпайды, зұлымның істегендерін де қолдамайды. 21 Ол әлі де аузыңды күлкіден жиғызбай, көмейіңнен шаттық үніңді сыңғырлайтын қыла алады. 22 Ал сені жек көретіндер масқараға қалады, зұлымдардың мекендері құритын болады.
1 Әйүп бұған былай деп жауап қатты: 2 — Рас, бұның солай екенін өзім де білемін. Бірақ Құдайдың алдында пенде қалайша ақтала алар еді? 3 Тіпті Онымен пікірталасқа біреу шықса да, Құдайдың қойған мың сұрағының біреуіне де жауап бере алмас еді. 4 Тәңір Иенің даналығы терең, құдіреті ғаламат зор. Оған қарсы шығып, содан аман қалған кім бар? 5 Алдын ала ескертпестен-ақ, Ол тауларды орнынан жылжытады, қаһарланғанда оларды төңкеріп те тастайды. 6 Хақ Тағала жерді сілкігенде, оның түп негізі де шайқалады. 7 Ол күнге бұйрық берсе, ол ұясынан шықпай қояды, әрі жұлдыздарға әмір берсе, олар сәулесін шашпайды. 8 Жасаған Ие жалғыз Өзі аспанды жайып жіберіп, теңіздің толқындарын басып үстімен жүрген. 9 Ол аспандағы Жетіқарақшы, Көгалдай мерген Үркерді де, оңтүстік аспаннан көрінетін шоқжұлдыздарды да жаратты. 10 Тәңір Ие адам толықтай ұға алмайтын ғажап істерді істейді, сансыз кереметтерді жасайды. 11 Біліп қойыңдар, Ол жақындап келсе де, көрмеймін, өтіп бара жатса да, байқамаймын. 12 Егер Ол бір нәрсені күштеп тартып алса, Оны кім тоқтата алады? Кім Оған: «Не істеп отырсың?» деп айта алар еді? 13 Құдай қаһарынан қайтпайды. Теңіздегі алып хайуандар да Оның алдында иіліп тізе бүгеді. 14 Сонда мен (қарапайым пенде) қалайша Құдаймен пікір таластырмақпын? Қандай сөздер таңдап алып, Оған айта алар едім? 15 Мен әділ болсам да, Оның маған таққан кінәларына жауап бере алмаймын. Қайта, мені соттайтын Төрешімнен рақым етуін ғана жалынып өтіне аламын. 16 Тіпті мен Құдайды дауыстап шақырып, Ол дауласуға келсе де, менің үніме құлақ асатынына сенбес едім. 17 Өйткені Ол мені дауылмен соққылап күйретеді, еш себепсіз жараларымды көбейтеді. 18 Маған дем алып тынығуға жол бермейді, мені ащы күйінішпен толтырады. 19 Егер бұл күш сынасу болса, әрине, күштірегі Ол. Ал егер бұл әділдікті табу болса, Оны кім сотқа шақырып келтіре алар еді? 20 Мен әділ болғанмен, Оның алдында өз аузым мені айыптар еді. Кінәсіз болсам да, өз тілім сөздерімді бұрмалап, мені кінәлі деп табар еді. 21 Мен кінәратсыз бола тұра, өз басымның қамын ойламаймын. Өмірімді жек көріп түңіліп кеттім. 22 Бәрібір екен. Содан да мен: «Тәңір Ие кінәратсызды да, зұлымды да құртады» деймін. 23 Апат кенеттен өлім әкелгенде, Ол таза жүрген жанның шеккен азабын келекелейді екен. 24 Жер зұлымдардың қолына түскен, ал Тәңір Ие соның төрешілерінің көздерін жауып қойған. Мұны Ол істемегенде кім істепті?! 25 Күндерім жүгірушіден де жылдам зымырап өтіп жатыр. Олар ешбір жақсылықты көрмей, лезде өте шығады. 26 Иә, күндерім қамыстан жасалған жүйрік қайықтай, олжасына шүйілген бүркіттей зуылдап өтіп жатыр! 27 Ал егер: «Қасіретімді ұмытайын, түнерген жүзімді өзгертіп, жайдары болып көрінейін» десем де, 28 әлі көретін бар азабымнан қорқар едім. Себебі, уа, Құдай, мені ақтамайтыныңды білемін ғой. 29 Мен бәрібір зұлым деп айыпталады екенмін. Ендеше ақталуға тырысып нем бар? 30 Тіпті сабынмен жуынып, қолдарымды сілтімен тазаласам да, 31 бәрібір Сен, о, Құдай, мені сасық шұңқырға итеріп жібересің. Сонда тіпті үстімдегі киімім де өзімнен жеркеніп шыға келеді. 32 Құдай мендей пенде емес, сондықтан мен Онымен тайталасып, екеуіміз сотқа барып, дауласудың мүмкіндігі жоқ қой. 33 Арамызда жүріп, екеуімізді келістіре алатын біреу болса ғой, шіркін! 34 Құдайдың мені таяғымен соққылауын сол келістіруші тоқтатса екен! Мен бұдан былай Одан үрейленбесем екен! 35 Сонда мен Онымен қорықпай сөйлесер едім. Әйтсе де мен үшін бұл мүмкін емес.
1 Өз өмірім маған жек көрінішті болды. Сондықтан шағымымды тежеусіз, еркін айтамын. Жан дүниемде сақталып келген ащы шерімді ақтарамын. 2 Мен Құдайдан былай деп өтінемін: «Мені айыптай бермесең екен! Мені не үшін айыптайтыныңды ашық білдіре көрші! 3 Маған қысым жасау Өзіңе жақсы болып көріне ме? Неліктен Өзің жаратқан менен бас тартасың, ал зұлымдардың ісіне жылы жүзбен қарайсың? 4 Сенің көздерің пенденікіндей ме еді? Пенденің көргеніндей көретін бе едің? 5 Сенің өмірің де пенденікіндей қысқа ма? Әлде жылдарың да пенденің жылдарындай зулап өтіп, 6 сондықтан қайсыбір кінәмді іздеп, әділетсіз қылығымды тездетіп табуға тырысуың қажет пе? 7 Бірақ Сен менің қылмыскер емес екенімді, әрі өз қолыңнан ешкімнің де мені құтқара алмайтынын білесің ғой. 8 Сен мені өз қолыңмен түгелдей қалыптастырып жараттың. Ал енді мені біржола құртпақсың ба? 9 Мені саз-балшықты илегендей етіп жасағаның есіңде ме? Енді мені қайтадан топыраққа айналдырғың келіп отыр ма? 10 Анам жүкті боларда Сен мені оның құрсағына сүттей құйып, ірімшіктей ұйыттың емес пе? 11 Сүйектерім мен сіңірлерімді біріктіре тоқып, оларды тері, етпен жаппап па едің? 12 Сен маған өмір сыйлап, мейіріміңді таныттың. Сенің қамқорлығың арқасында рухым аман қалды. 13 Бірақ Сен мына нәрселерді өз жүрегіңде жасырып қойдың. Сенің мақсатыңның мынау екенін білемін: 14 Сен мені бақылап тұрсың. Егер күнә жасасам, мұнымды жазасыз қалдырмайсың. 15 Егер кінәлі болсам, қасіретке қалар едім. Тіпті әділ болғанмен, басымды көтере алмаймын. Өйткені әбден масқараланып, азап шегудемін. 16 Егер басымды көтерсем, Сен арыстандай соңымнан қуып жетіп, тап беріп, қайтадан айбарлы да ғажап істер істейсің. 17 Маған қарсы қайта-қайта куәлік келтіріп, өзіме бағытталған қаһарыңды күшейте түсесің. Жіберген апат-пәлелерің бірінен кейін бірі жөңкіп келе береді. 18 Ендеше неліктен мені анамның құрсағынан шығардың? Ешкім мені көрмес бұрын өліп кеткенімде ғой, шіркін! 19 Ешқашан бар болмағандай, анамның құрсағынан бірден қабірге қойылған болсам ғой! 20 Көрер күндерім тым қысқа! Мені жайыма қалдыра гөр, бір сәтке көңіл көтеріп тыншиын! 21 Себебі жақында мен қайтпас сапарға, тас түнек пен түк көргісіз қараңғылық жайлаған аймаққа аттанамын. 22 Қою қараңғылыққа шомған, астан-кестен ретсіздікке толы сол жердің жарығының өзі қара түнектей емес пе?»
1 Сонда нағамалық Сопар жауап беріп былай деді: 2 — Сонша көп сөз жауапсыз қалуы керек пе? Сөзуар адам ақталып, кінәсіз болмақ па? 3 Сенің көп мылжыңың басқа еркектерді үндетпей тастасын ба? Мазақ сөздерің үшін өзіңді ұялтатын ешкімнің де болмағаны ма? 4 Өйткені Құдайға: «Тәлімім мінсіз, өзім де Сенің көз алдыңда тазамын» деуге дәтің барады. 5 Бірақ, шіркін, Құдай сөйлесе ғой! Аузын ашып саған тіл қатса екен! 6 Даналықтың құпияларын саған білдірсе ғой! Өйткені нағыз даналық көп қырлы. Құдайдың тіпті бірқатар күнәларыңды есінен шығарып, өзіңді әлдеқайда жұмсақ жазалап отырғанын ұғынсаң екен. 7 Құдайдың терең құпияларын шеше аласың ба? Құдіреті шексіз Алланы толықтай зерттеп біле алар ма едің? 8 Сондай білім аспаннан да заңғар, ал сенің қолыңнан не келеді? Ол о дүниеден де терең, сол туралы не біле аласың? 9 Ол жерден де көлемді, теңізден де ұлан-ғайыр. 10 Егер Құдай арамыздан өтіп, біреуді тұтқындап, сотты шақырып жинаса, Оны кім тоқтата алады? 11 Өйткені Құдай кімнің жалған екенін біледі. Оның зұлымдықты көріп, соған назар салмауы мүмкін дейсің бе? 12 Алайда, «Құлан адам боп туғанда ғана ақымақтың ақылы толысар» делінген ғой. 13 Ендеше жүрегіңді Құдайға қайта бағыштап, қолыңды Оған қарай жайып сиынсаң екен! 14 Жасап келген күнәларыңды доғарып, өзіңнен аластатсаңшы! Зұлымдық атаулыны мекеніңе жолатпасаң екен! 15 Сонда сен бет-жүзіңді ұялмастан жоғары көтеріп, еш қорықпай берік тұратын боласың. 16 Қазіргі басыңа түсіп отырған азабыңды ұмытасың, ағып кеткен су сияқты оны есіңнен шығарасың. 17 Өмірің тал түскі күннің сәулесінен де жарық болады. Тіптен қараңғылық та таң шапағындай жарқырайды. 18 Сенде үміт болғандықтан, сенім де болады. Жан-жағыңнан жақсы қорғалғандықтан, алаңсыз жатасың. 19 Тынығып жатқаныңда, сені қорқытатын ешкім болмайды. Қайта, көптеген адам сенің ықыласыңды іздейтін болады. 20 Алайда зұлымдардың көкірек көздері әлсірейді. Олардың бас сауғалайтын жері болмай, үміттері үзіледі.
1 Сонда Әйүп жауап беріп былай деді: 2 — Шынымен де нағыз данышпансыңдар-ау! Сендер өлгенде даналық атаулы қалмас, сірә? 3 Бірақ менде де өздеріңдікіндей ақыл-сана бар, сендерден кем емеспін. Осы айтқан нәрселеріңді кім білмейді? 4 Мен достарымның мазағына айналдым. Құдайға сиынатынмын және Ол маған жауап беретін. Әділ де кінәратсыз болып келемін, әйтсе де күлкіге қалып отырмын. 5 Тоқмейілсігендер бақытсыздыққа ұшырағандарға немқұрайды қарап, аяқтары тайғандарын тіпті итеріп те жібереді. 6 Халықты құртушылардың мекенінде әлі де тыныштық. Олар Құдайды қаһарландырып келеді, бірақ Ол соларды Өзінің құдіретті қолында ұстайды. 7 Тек хайуандардан сұрап көр, олар саған үйретеді. Әуедегі құстардан сұра, олар саған айтып береді. 8 Немесе жерден сұра, ол да саған көрсетеді. Теңіздегі балықтар да саған білдіреді. 9 Осылардың қайсысы Жаратқан Иенің бәрін Өзінің құдіретті қолымен жаратқанын білмейді екен? 10 Әрбір тірі мақұлықтың жаны да, әр адам баласының тіршілік лебі де Жаратқан Иенің қолында. 11 Адам тамақтың ащы-тұщылығын тілімен ажыратқандай, сөздерді құлағымен сараламай ма? 12 «Даналық қарияларда, парасат көп жасағандарда» дейді. 13 Ал нағыз даналық пен құдірет тек Құдайда, дана ақыл-кеңес пен парасат та Оның Өзінде. 14 Құдай құлатса, ешкім қайта тұрғыза алмайды. Ол тұтқындаса, ешкім босата алмайды. 15 Егер Тәңір жаңбыр жібермей қойса, жер беті құрғап, қуаңшылық жайлайды, ал егер еркіне қоя берсе, бүкіл жерді су басады. 16 Күш-қуат пен жеңіс те Оның қолында, алданған да, алдаушы да Оның көз алдында. 17 Құдай кеңесшілерді ақылынан айырады, билерді де ақымаққа айналдырады. 18 Ол патшалардың сәнді белдігін босатады, белдеріне құл іспетті мата байлатады. 19 Тәңір жауға діни қызметкерлерді жалаң аяқ айдатып әкеткізеді, билік иелерінің астан-кестенін шығарады. 20 Ол сенімге ие болған ақылшыларды тілден айырады, ақсақалдарды парасаттан ада қылады. 21 Ол атақтыларды қор қылады, мықтыларды қаруынан айырады. 22 Құдай қараңғыда жасырынған ой-ниеттерді ашады, қара түнекті жарыққа шығарады. 23 Ол халықтарды ұлы қылып, кейін құртады, олардың жерін кеңейтіп, кейін адамдарын ыдыратып жібереді. 24 Тәңір елдің басшыларын ақылдан жұрдай қылады, жолсыз құла түзді кездіріп қояды. 25 Олар жарығы жоқ түнекте сипалап жүреді. Тәңір оларды мас адамдай теңселтіп қояды.
1 Біліп қойыңдар, осының бәрін өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естіп, ұғындым. 2 Сендер білетінді мен де білемін, сендерден еш кем емеспін. 3 Шынында мен құдіреті шексіз Құдайға тікелей тіл қатып, өз ісім жайлы дәлелдеме келтіргім келеді. 4 Ал өздерің маған өтіріктерді майдай жағасыңдар, барлығың да түкке тұрғысыз емшіге ұқсайсыңдар. 5 Үн-түнсіз қалсаңдар ғой, шіркін! Бұл сендер үшін даналық болар еді. 6 Ал енді, менің уәжімді тыңдаңдар, келтіретін дәлелдеріме құлақ салыңдар! 7 Өтірік айтып Құдайды қолдаймыз, жалған сөйлеп Оны ақтаймыз деп ойлайсыңдар ма? 8 Осылайша екіжүзділікпен Құдайды жақтап, Оның сөзін сөйлемекшісіңдер ме? 9 Ал егер Ол бұларыңды тексерсе, өздеріңе жақсы болар ма екен? Адамдарды алдағандай, Оны да алдауға ұмтылғандарың ба? 10 Сендер Құдайға жағыну үшін шындықты құпия бұрмаласаңдар, Ол сендерге қатты сөгіс береді. 11 Құдайдың ғаламат ұлылығынан қорықпайсыңдар ма? Оның айбындылығы сендерді басып тастамай ма? 12 Ескертулерің — күл-қоқыстай нәрсіз, келтіріп отырған дәлелдерің қатқан балшықтай әлсіз. 13 Қасымда тұрғанда үндемеңдер, мен өзім сөйлеймін. Содан соң не болса о болсын. 14 Сол үшін мен тәуекелге бел байлап, жанымды қиюға бармын. 15 Құдай мені өлтірмек болса да, Оған үмітімді артамын. Қайткенде де іс-әрекеттерімді Оның алдында қорғайтын боламын. 16 Соным арқылы құтқарыламын, өйткені ешбір әділетсіз адам Құдайдың алдына бара алмайды. 17 Сөздерімді мұқият тыңдаңдар, пайымдауларыма құлақ салыңдар! 18 Өйткені мен ісімді дайындадым. Өзімнің ақталатынымды білемін. 19 Маған айып таға алатын біреу бар ма өзі? Болса, үндемей-ақ өле салуға бармын. 20 Уа, Құдай, маған мына екі нәрсені істесең екен, сонда мен Өзіңнен жасырынбаймын: 21 мені жазалаған қолыңды алшақтата гөр, өз үрейіңмен мені қорқытуыңды доғара гөр. 22 Содан соң шақырып алшы, өзім жауап беремін. Немесе мен сөйлеймін, ал Сен айтқандарыма жауап қайтарсаң екен. 23 Менің жазығым мен күнәларым қаншама? Саған қарсы шығып, күнә жасаған болсам, маған айтып берші, біліп алайын. 24 Сен неге менен жүзіңді бұрып әкетесің, уа, Тәңірім? Мені неге жауың деп есептейсің? 25 Жел айдаған жапырақты қорқытпақсың ба? Қурап қалған бір түйір сабанның соңына түспексің бе? 26 Мен туралы ащы айыптар жазып қойып, балалық шақтағы күнәларымды мойныма артып келесің. 27 Аяғымды бұғаулап, барлық жүрген жолдарымды бақылайсың, ізімнен ешбір қалмайсың. 28 Содан мен шіріген нәрседей, күйе жеген киімдей тозып күйреудемін.
1 Пенденің өмірі қып-қысқа, соның өзі де әбден мазасыз. 2 Адам гүл секілді өсіп шығып, солып қалады, өткінші көлеңкедей болған жерінде қала алмайды. 3 Мендей пендеге көз алмастан қарайсың ба? Жауап алу үшін мені өз алдыңа әкелуің керек пе? 4 Арам адамнан адал нәрсені кім шығара алады? Ешкім де! 5 Сен пенденің өмір сүретін күндері мен айларының санын есептеп белгіледің, содан ешкім де аса алмайтын шек те қойдың. 6 Ендеше назарыңды басқа жаққа аударып, пендені жайына қалдыра гөр. Жалшының жұмыс күнінің аяқталғанына қуанатынындай, пенде де өмірінің рақатын көріп шаттансын. 7 Тіпті ағаштың да үміті бар: оны кесіп тастаса да, ол қайтадан өркен жайып өсе бермек. 8 Жер астындағы тамырлары семіп қалса да, түбірі топырақта өлейін деп жатса да, 9 судың лебінен-ақ ол қайтадан бүршік атып, жас өскіндей бұтақ жайып шыға келеді. 10 Бірақ мықты деген адам да өлгенде бар күшінен айырылады. Ақырғы демін шығарғаннан кейін ол қайда болады? 11 Көлдің суы тартылып, өзеннің арнасы кеуіп жарылып кететініндей, 12 адам да қабірде жатқанда қайта тұрмайды. Аспан жоғалып кетпейінше ол оянбайды да, ұйқыда қозғалмастан жата береді. 13 Мені о дүниеде аман-есен жасырып қойсаң екен! Қаһарың басылғанша мені тыға тұрсаң ғой! Мен үшін бір уақытты белгілеп, содан соң есіңе алып, мені құтқарсаң, шіркін! 14 Адам өлген соң, қайтадан тіріле ме? Олай болса, мен бейнетке толы қызметімнің бар күндерінде өз орнымды басып азабымнан құтқаратын біреудің келуін зарыға күтер едім. 15 Сонда Сен Өзің жаратқан мені қайтадан көргің келген кезіңде шақырып, мен Саған жауап берер едім. 16 Сен қазір әр қадамымды санап келсең де, енді қайтып маған күнә жасай ма екен деп мұқият бақыламас едің. 17 Қайта, Сен теріс қылықтарымды дорбаға салып, мөрлеп, барлық күнәларымды әкпен ағартқандай жауып тастар едің. 18 Бірақ қазір тау да үгіліп қирап, жартас та өз орнынан қозғалатындай, 19 судың тасты мүжіп, тасқын судың жердің топырағын шайып әкететініндей, Сен де пенденің үмітін құртасың. 20 Сен пендеден біржола басым болып, ол кетіп қалады. Ажалмен оның сиқын бұзып, оны бұ дүниеден қайтарып жібересің. 21 Бұдан былай балалары абыройлы ма, ол содан хабарсыз, әлде олар елеусіз бе, оны да біле алмайды. 22 Пенде тек өз денесінің қиналғанын сезіп, өз жаны үшін қайғырады.
1 Темандық Елипаз Әйүпке былай деп жауап берді: 2 — Дана адам байыбына бармай жауап бере ме, яки жел сөзге сене ме? 3 Әлде пайдасыз сөздермен айтысып, еш тиімсіз әңгімемен айналыса ма? 4 Ал сен осындай сөздеріңмен Құдайды қастерлеуден бас тартсаң, Оның қасында болып, ой толғап сиынуды кемсітесің. 5 Себебі өз кінәң аузыңа не айтуды нұсқайды. Алдамшының тілімен сөйлейсің. 6 Сені айыптап жатқан мен емес, өз сөздерің. Өз аузыңмен өзіңді әшкерелейсің. 7 Немене, сен ең алғаш болып туған адам ба едің? Құдай төбелерді жаратпай тұрып-ақ, сен қалыптастырылған ба едің? 8 Құдайдың арнайы кеңесіне қатысып, тыңдап көріп пе едің? Даналық тек өз басыңда ғана бар ма? 9 Біз білмей, сен өзің ғана білетін не нәрсе ол? Немесе біз түсінбейтін нені түсінесің? 10 Жасы сенің әкеңнен де үлкен ақсақалдар бар арамызда. 11 Құдайдың жұбатуы саған аз ба? Оның айтқан жылы сөздері саған жетіспей ме? 12 Неліктен осыншама ақылыңнан адасып кеттің? Бізге несіне көзіңді аларта қарайсың? 13 Неге Құдайға қарсы шығып, аузыңнан осындай сөздерді шығарасың? 14 Адам пәк таза болушы ма еді? Әйелден туған пенде әділ бола ала ма? 15 Құдай тіпті Өзіне бағышталған қасиетті қызметшілеріне де сенім артпайды. Аспан да Оның көз алдында таза емес. 16 Ендеше жексұрын да бұзылған, жамандықты «суды сіміргендей» оңай жасайтын адам ше? 17 Айтатын сөзімді тыңдашы, өзім көргенді саған айтып берейін. 18 Осы жайттар — даналардың айтқандары, олардың өз ата-бабаларынан естіп, жасырмай үйреткендері. 19 Осы жер оларға ғана берілген болатын. Сол кезде араларынан жат жұрттықтар кезіп өтпейтін. 20 Зұлым адам өмір бойы аурудан қиналып шығады. Жауыз адам қанша жыл өмір сүрсе, сонша жыл азап шегеді. 21 Олардың құлақтарына үрейлі дауыстар естіледі. Тыныштық кезінде-ақ оларға құртушы келіп шүйіледі. 22 Сондай адамның өзінің түнектен қайтатынына үміті үзілген. Оның көретіні — семсердің жүзінен болатын өлім. 23 Бар жерден: «Нан қайда екен?» деп іздейді. Бірақ өзін қара түнек басатын күннің келіп қалғанын да біледі. 24 Азап пен ауыртпалық зұлымды үрейлендіреді. Шайқасқа дайын тұрған патшадай сол екеуі оны басып алады. 25 Себебі зұлым адам Құдайға қарсы қолын көтереді, құдіреті шексіз Аллаға қарсы өзін күштімін деп бөседі. 26 Ол қалың қалқанмен қорғанғандай тоңмойындана Тәңірге қарсы жүгіріп бас салады. 27 Зұлымның бетін май басып, мықынына қоң жиналған. 28 Бірақ ақырында жауыз бен зұлым қаңырап бос қалған қалаларда тұрады. Олар тек қирап үйінді болған елсіз үйлерді ғана мекендей алады. 29 Сондай адам жинаған байлығынан ада қалады. Дәулеті көпке бармай, жерге де тамыр жаймайды. 30 Қара түнектен ол құтылмайды. Аптап ыстық оның өскіндерін оттай шарпып тастайды, Құдай жіберген дауыл оны іліп әкетеді. 31 Зұлым енді түкке тұрғысыз нәрсеге сеніп, өзін-өзі алдамасын! Себебі бұнысынан ештеңе де шықпайды. 32 Ол ағаш іспетті мерзімінен бұрын шабылып тасталады, бұтақтары енді қайтып көгермейді. 33 Зұлым жүзім бұтасы сияқты піспеген жемісін жерге түсіріп, зәйтүн ағашы секілді гүлдерін жерге шашып тастайды. 34 Өйткені арсыз зұлымдардың тобы еш жақсылық әкелмейді. Пара алғандардың мекендерін от жалмайды. 35 Олар шатақ ойластырып, зұлымдық жасайды, жан дүниелерінде алдау мен арбауды дайындайды.
1 Әйүп оған былай деп жауап берді: 2 — Мен мұндайды бұрын да көп естігенмін. Сендер не қылған жаман жұбатушысыңдар! 3 Бос сөздеріңді қашан доғарасыңдар? Бұндайды айтуға сендерді не итермелеп тұр? 4 Мен де өздерің сияқты сөз құрастырып ақыл айта алар едім. Егер менің орнымда болсаңдар, сендерге де сұқ саусағыммен шұқып көрсете алар едім. 5 Қайта, мен өздеріңе сөзбен демеу болар едім. Көріп отырған азаптарыңды айтар сөздеріммен жеңілдетер едім. 6 Ал қазір сөйлесем де, азабым жеңілдемейді, сөйлемесем де, ол басылмайды. 7 Уа, Құдай, мені титықтатып, бүкіл отбасымды қаңыратып бос қалдырдың. 8 Сен кінәмді әшкерелемек болғандай, мені жүдетіп жібердің. Құр сүлдерім қалып, азып-тозғаным маған қарсы айғақ болып, кінәмді бетіме басып тұрғандай. 9 Құдайдың қаһары маған тап беріп, паршалап тастайды. Ол мені дұшпандай қауып алып, маған көздерімен атып жатқан жауым іспетті қадала қарайды. 10 Жұрт маған тістерін ақситып, келеке қылады. Шекемнен ұрып, басынады да. Олар маған қарсы тобыр құрып жиналады. 11 Құдай мені әділетсіздерге қалдырды, нағыз зұлымдардың қолына түсірді. 12 Алаңсыз едім, Ол мені екіге бөлді. Мені мойнымнан қармап ұстап, кесек-кесек қылып сындырды. Мені Өзіне нысана қылып алды. 13 Садақшылары мені қоршап алды. Жебелерімен еш аямай бүйрегімді жарып, бауырымнан шыққан өтті жерге төгуде. 14 Ол маған қайта-қайта тап беріп, жасақшыдай бас салуда. 15 Мен тәніме азалы киім киіп, бетімді топыраққа бастым. 16 Бет-әлпетім жылағаннан қып-қызыл, көзімнің айналасы қара тартқан. 17 Қолыммен еш зорлық жасаған жоқпын, еткен мінәжаттарым да пәк таза. Дегенмен осының бәрі басыма түсіп отыр. 18 Ей, жер, қанымды жасыра көрме! Жалынған үнім де еш тынбасын. 19 Тіпті қазірдің өзінде мен үшін де куәлік беретін Қорғаушым көкте. Сөзімді сөйлейтін Қолдаушым заңғар биікте. 20 Бірақ мына достарым мені келеке қылып отыр. Көзімнен жас ағып, Құдайдан көмек сұраймын. 21 Беу, досына арашашы болғандай біреу мен үшін Құдай алдында өтініш жасаса ғой! 22 Себебі өмірімнің соңы таяп қалды, жуырда қайтпас сапарға аттанамын.
1 Рухым күйреген, күндерім таусылуға жақын. Алдымда күтіп тұрған көр ғана. 2 Қасымдағылар мені келеке қылуда. Бар көретінім — олардың ащы қорлығы. 3 (Уа, Құдай,) менің әділдігім жайлы кепілдік бере көрші! Сенен басқа оны беретін кім бар? 4 Өзің олардың ой-санасын жауып қойдың. Енді олардың жеңіске жетуіне жол бермеші! 5 Олар өз пайдалары үшін достарын сатады, бірақ соның кесірі балаларына тиетін болады. 6 Құдай мені жұрттың мазағына айналдырды. Бәрі де бетіме түкіріп қорлайды. 7 Қайғыдан көздерім буалдырланып, денемнің құр сүлдері қалды. 8 Әділ адамдар мені көргенде аңтарыла шошынады. Кінәсіздер арсыздарға ашуланып, қарсы көтеріледі. 9 Сонда да әділдер өз жолдарымен нық жүреді, қолдары таза ізгі жандар күшейген үстіне күшейе береді. 10 Бірақ келіңдер, бәрің де, қайтадан тырысыңдар! Бәрібір араларыңнан ақылды адамды таба алмаспын. 11 Күндерім өтіп, ниеттенгендерім өшіп қалды. Жан-тәніммен аңсағаным да осылайша құрыды. 12 Ал адамдар күнді түн қылады, қараңғы басқанның өзінде «Қазір жарық болады!» деп баса айтады. 13 Егер көр үйім болайын деп, төсегім түнекте салынайын деп жатса, 14 шіруді әкем, тәнімді жалмайтын құртты шешем, әпке-қарындасым деп отырсам, 15 онда үмітімнің қайда болғаны? Оны таба алатын біреу бар ма? 16 Жоқ, үмітім менімен бірге о дүниеге аттанбақ. Екеуіміз де бірдей жер қойнына түсерміз.
1 Сонда шуахтық Билдад былай деп жауап берді: 2 — Бұл әңгімені қашанға дейін айта бересіңдер? Ақылға келіңдер, кейін сөйлесе жатармыз. 3 Әйүп, неге бізді малдай көресің? Сен үшін біз миғұла адамдар сияқтымыз! 4 Ашуланып өзіңді соншама қазбалай беретінің не? Саған бола бүкіл жер қаңырап қалып, жартастар өз орындарынан қозғалуы керек пе? 5 Шүбә жоқ, зұлымның жарығы сөнеді, оның отының алауы жарқырай бермейді. 6 Үйіндегі жарық қараңғы болып, шам-шырағы да өшеді. 7 Күшті аяғы қысқарып, құрған арам жоспары оның өзін құлатады. 8 Зұлымды өз аяғы торға түсіріп, өз бетімен жүрген ол орға құлайды. 9 Қақпан оны өкшесінен ұстап, тұзақ оны тұтады. 10 Тұзақ жіп жерде жасырын қойылған, жүретін соқпағында қақпан орнатылған. 11 Күнәкарды жан-жағынан қорқыныш үрейлендіріп, соңынан қалмай қуады. 12 Оның күші аштықтан таусылып, құлаған кезінде пәле де дәл қасында бола қалады. 13 Ауру оның терісін жеп, кейін ажал да жетіп, дене мүшелерін құртпақ. 14 Зұлым өзі сенім артқан мекенінен жұлынады, оны «үрейдің патшасына» апарып тапсырады. 15 Жауыздың мекенін от жалмайды, тұрған үйіне жанып жатқан күкірт жаумақ. 16 Оның түп-тамыры құрғап, бұтақтары қурап қалады. 17 Күнәкар туралы естелік жер бетінен құрып, өз мекенінде де оның есімі ұмытылады. 18 Ол жарықтан түнекке қуылып, тұрған жерінен аластатылады. 19 Халықтың арасында оның баласы да жоқ, үрім-бұтағы да жоқ. Бұрын қоныстанған елінде ешбір тұяғы қалмайды. 20 Батыстан келгендер оның басына түскен жайтты көріп аңтарылады, шығыстан келгендер де қорқып былай демек: 21 «Міне, зұлымның мекеніне осындай бақытсыздық түспек! Құдайды мойындамайтынның тұрған орны осындай болмақ!»
1 Бұған Әйүп былай деп жауап берді: 2 — Қашанғы жанымды қинамақсыңдар, айтқан сөздеріңмен мені езгілей бересіңдер? 3 Мені он рет масқараладыңдар, маған еш ұялмай жамандық істей бересіңдер! 4 Егер адасқаным шындық болса, сол қателігім менің ғана мәселем! 5 Ал расында өздеріңді менен жоғары қойып, осы бейшаралығымды бетіме бассаңдар, 6 онда мынаны біліп қойыңдар: мені осы мүшкіл жағдайға түсіріп, жан-жағыма торын жайған — Құдайдың Өзі! 7 Мен: «Зорлық!» деп айқайласам да, ешкім жауап бермейді. Жұртты көмекке шақырамын, бірақ әділдік бәрібір жоқ. 8 Өтіп кете алмауым үшін Құдай жолыма бөгет қойды. Ол жүретін соқпағымды түнекпен жауып тастады. 9 Құдай мені абыройымнан жұрдай қылып, басымнан «тәжімді» сыпырып алды. 10 Мені жан-жақтан қырып-жойып, үмітімді арам шөптей түп-тамырымен жұлып тастады. 11 Ол маған өз қаһарын тұтатып, мені қас жауындай есептейді. 12 Оның «жасақшылары» маған қарсы анталап келіп, мені құрсаулап, мекенжайымды қоршап алды. 13 Құдай ағайындарымды өзімнен алыстатып, таныстарым маған жат болып кетті. 14 Туған-туыстарым менен безіп, дос-жарандарым мені танудан қалды. 15 Үйімде тұратын келімсектер мен қызметші қыздар мені бөтен адамдай санап шеттетеді. Олар үшін жат жұрттық кірме болып қалдым. 16 Қызметшімді шақырсам, жауап бермейді, оған тіпті жалынып өтінуім қажет! 17 Әйелім демімнің иісінен жеркенеді, туған бауырларыма да жексұрынмын. 18 Тіпті жас балалар да мені менсінбейді, орнымнан тұрғанымда келекелейді. 19 Сырлас достарымның бәрі менен жиренеді, жақсы көретін адамдарым маған қарсы шықты. 20 Құр сүлдерім қалып, зорға тірі жүрмін. 21 Аяңдаршы мені, аяңдаршы, достарым-ау! Мені Құдайдың Өзі ұрып-соқты. 22 Неге сендер Құдайға ұқсап артымнан қуып, етіме тоймағандай өкшелеп соңымнан қалмайсыңдар? 23 Менің сөздерім жазылып қалдырылса ғой! Бір кітапқа жазылса ғой! 24 Сөздерім темір қаламмен тас бетіне қашалып, қорғасынмен толтырылып, осылайша мәңгілікке жазылса ғой! 25 Ал мен Құтқарушымның тірі екенін білемін! Ақырында Ол осы (өткінші) жерде (мені ақтап) тұратын болады! 26 Денемнің күллі терісі шіріп, құрып кетсе де, соңында мен денемде Құдайды көретін боламын! 27 Оны мен өзім көремін! Оны көретін басқаның емес, менің өз көздерім болады. Сол үшін де жүрегім кеудемде қатты толқып тұр! 28 Ал өздерің: «Оны қудалап көрейік, мәселенің түп-тамыры оның өзінде ғой!» дейсіңдер. 29 Бірақ сендер Соттаушының семсерінен қорқыңдар! Себебі Оның қаһары бастарыңа семсерді төндірмек. Сонда сендер соттың бар екеніне көз жеткізесіңдер.
1 Сонда нағамалық Сопар тағы да сөйлей бастап былай деді: 2 — Ішім алай-дүлей болып, ойларым маған маза бермей тұр. Жауап беруім қажет! 3 Сен мені айыптап, намысыма тиіп отырсың! Сондықтан ақылым мені сөйлетіп отыр. 4 Білмейтін бе едің? Баяғы заманнан бері, адам баласы жер бетіне орналасқалы, 5 зұлымның шаттануы ешқашан ұзаққа созылмады, арсыздың қуанышы бір мезеттік қана. 6 Ол тіпті асқақтап, аспанға дейін көтерілсе де, басы бұлттарға тиетін болып өссе де, 7 бәрібір малдың қиы сияқты лақтырылып тасталмай ма? Оның таныстары: «Қайда екен ол?» дейтін болады. 8 Зұлым адам түс сияқты ғайып болып, ешкім таба алмай қалады, түнде көрген елестей жоғалып кетеді. 9 Оны көрген көз енді қайтып көрмейді, зұлымның үй іші оған бұдан былай қарамайды. 10 Зұлымның балалары кедейлерден қайыр сұрайды, өйткені ол алдау-арбаумен жинаған дүние-мүлкін өз қолымен қайтарып беруге мәжбүр болды. 11 Жастықтың күш-қуаты болғанмен, сонысы кейін зұлымның өзімен бірге көрге түседі. 12 Арсыз жан күнәні тәп-тәтті көріп, тілінің астына салып тамсана сорса да, 13 оны қоя бергісі келмей, аузында қанша ұстап қалуға тырысса да, 14 онысы асқазанында быршып ашиды. Сөйтіп күнә арсыздың ішінде жыланның уы болып шыға келеді. 15 Ол небір байлықты жұтқан еді, енді соның бәрін құсып тастайды. Оны ішінен шығаратын Құдайдың Өзі болады. 16 Ондай адам сұр жыланның уын сорады, зәрлі жылан оны шағып өлтіреді. 17 Осылай ол елдің ағы мен балының өзендей ағыл-тегіл мол екенін көре алмайды. 18 Бейнетпен қолға түсіргенін жей алмай, қайтаруы қажет болады, саудасының түсімінің де пайдасын көрмейді. 19 Өйткені ол кедейді қанап, шарасыз жағдайында қалдырып кететін, өзі салмаған үйлерді тартып алатын. 20 Ашқарақтығы маза бермейтіндіктен, өзі сүйсінетін нәрселерінің ешқайсысын сақтап қала алмайды. 21 Жеп болған соң, басқа ештеңесі қалмайды. Сондықтан зұлымның дәулеті тұрақты болмайды. 22 Дәулетке кенеліп отырған кезінде басына пәле түседі. Өкпелеген әркім оған қарсы қолын көтереді. 23 Арсыздың қарнын толықтай толтыру үшін, Құдай лаулаған қаһарын оған бағыттап, пәлені жаңбырдай лақ еткізіп төгеді. 24 Зұлым адам темір қарудан қашып құтылып кетсе де, қола ұшты жебе оны түйреп өтетін болады. 25 Соның жылтыраған ұшы денесін тесіп өтіп, арқасынан шыға келмек. Сондықтан ол өлімнен қорқып, зәресі ұшады. 26 Өзіне ерекше қымбат нәрселер түнекте жоғалмақ. Адам үрлемеген от зұлымды жалмайды. Оның үйінде қалған нәрселер де өртеніп кетеді. 27 Аспан оның залымдығын әшкере етіп, жер де оған қарсы шығып, оны айыптайды. 28 Құдай қаһарланып, жазалайтын күні тасыған өзен зұлымның үйіндегі бар өнімін ағызып әкетіп, жоқ қылады. 29 Құдайдың зұлымдарға белгілеген тағдыры осындай, Тәңірдің оларға бұйырған «мұрасы», міне, осы.
1 Әйүп бұларға былай деп жауап қайырды: 2 — Айтарымды жақсылап тыңдаңдар, соның өзі мені жұбатқандарың болсын. 3 Аздап сабырлы болыңдар, мен сөйлейін. Айтып болайын, сосын келеке-мазақтарыңды жалғастыра берерсіңдер. 4 Ал менің шағымдануым адамға қарсы ма еді? Шыдамсыз болуымның да жөні бар. 5 Жағдайыма жақсылап қарасаңдар, шошып кетесіңдер. Аңтарылған ауыздарыңды жауып қойыңдар! 6 Мына жайт туралы ойласам, өзім абыржып, денем дірілдеп қоя береді: 7 Зұлымдар неге әлі де өмір сүріп, тіпті көп жасайды? Күш-қуаттары неліктен барған сайын өсе береді? 8 Балалары көз алдында ер жетіп, немерелерінің қызығын көреді. 9 Үй-жайлары қауіпсіз де алаңсыз, Құдайдың жазасы оларға төнбейді. 10 Ондайлардың малы төлді болып, төлдерінің біреуі де жоғалмайды. 11 Балаларын отардай еркін шығарып жіберіп, олар қозы-лақтай секеңдеп ойнап жүреді. 12 Жетіген мен даңғыраның әуеніне қосылып өлең айтады, сыбызғының әуенімен де көңіл көтереді. 13 Зұлымдар өмір бойы молшылықта болып, жер қойнына қиналмай-ақ аттанады. 14 Сонда да олар Құдайға: «Қасымыздан аулақ кетші! — дейді. — Тура жолың жайлы білгіміз келмейді! 15 Біз Оған қызмет ететіндей құдіреті шексіз Тәңір кім Өзі? Оған жалына сиынудан бізге не пайда?» 16 Біліп қойыңдар, олардың аман-есендіктері өз қолдарында емес қой! Ал мен зұлымдардың мұндай ойларынан аулақ жүремін. 17 Алайда зұлымдардың шырағы қашан мезгілінен бұрын сөнген еді? Қашан бастарына пәле түскен еді? Қашан Жасаған Ие оларға қаһарланып, қайғы-қасірет жіберген еді? 18 Ондайлар қашан жел қуған сабандай, не дауыл соғып, ұшырып әкеткен қабықтай болған еді? 19 «Әйтеуір Құдай адамның кінәсін сақтап қойып, оның жазасын тартқызады!» дейді емес пе? Одан да Құдай зұлымдардың өздерін жазаласын, сонда олар білетін болады! 20 Олар күйрегендерін өз көздерімен көрсін, құдіреті шексіз Тәңірдің қаһарына толығымен кенелсін! 21 Себебі өз ғұмырының күндері біткен соң, артында қалған ұрпағына не болса да, зұлымға бәрібір емес пе?! 22 Ал Құдайға біреу даналықты үйрете ала ма?! Ол тіпті ең жоғарғыларды да соттайды ғой! 23 Біреу мол дәулетке кенеліп бейқам өмір сүреді. 24 Тамағы тоқ, денсаулығы мықты болып, ақырында нағыз кемелді шағында о дүниеге аттанады. 25 Ал басқа біреу болса, еш игілік көрместен, бұ дүниеден көңілі қалып өтеді. 26 Ақырында солардың екеуі де жер қойнына еніп, екеуі де құртқа жем болады. 27 Міне, сендердің ойларыңды білемін. Айтқандарымды қулықпен жоққа шығарғыларың келеді ғой. 28 «Кәне, құламай аман тұрған сол зұлым билеушінің үйі және заңсыздардың мекені қайда екен?!» деп айтарсыңдар. 29 Көп жол жүретіндерден сұрамап па едіңдер? Олардың айтатын куәліктерін қабылдамап па едіңдер? 30 Пәле келген күні зұлым адам аман қалады, қаһар шүйілген күні оған құтылып кетуге жол ашылады. 31 Зұлымға не істеген ісін бетіне басып айтатын, не жаман ісінің қарымын қайтаратын ешкім жоқ. 32 Арсыздың мәйітін құрметпен қабірге қойып, қабір басында құрметті күзет тұрады. 33 Алдында да, артында да сансыз көп адам жүріп, оны соңғы сапарға шығарып салады. Аңғардағы қабірінде жайлы жатады. 34 Сонымен мені түкке тұрғысыз нәрселерді айтып жұбататындарың не? Берген жауаптарыңның бәрі де өтірік.
1 Сонда темандық Елипаз жауап беріп былай деді: 2 — Күшті адамның Құдайға келтірер пайдасы бар ма? Ең дана деген пенде Оған пайдалы бола ала ма? 3 Тіпті сен өзің әділ болсаң, құдіреті шексіз Тәңірді соныңмен қандай ризашылыққа кенелтер едің? Іс-әрекетің мінсіз болса, Оған келер пайда не болмақ? 4 Құдайдың өзіңе осылайша айып тағып, соттағаны сенің Оны терең қастерлегенің үшін дейсің бе?! 5 Қайта, ол аса зұлым болғаныңнан емес пе? Істеген зұлымдықтарыңның еш шегі жоқ болса керек! 6 Сен бейшара ағайындарыңнан алған қарызына еш себепсіз кепілдік талап етіп, киімі аз олардың қолдарындағы барын да тартып алғансың. 7 Тіпті шөлдеген адамға су, ашыққан адамға нан бермейтінсің. 8 Жер мықты адамдікі, беделді кісі оны мекендейді (деген шығарсың). 9 Бейшара жесірлерді құр қол жіберіп, жетімдердің де үмітін өшіретінсің. 10 Сондықтан да жан-жағыңда тұзақтар пайда болып, аяқ астынан үрейің ұшты. 11 Дым көрінбейтін тас түнектің ортасында қалып, үстіңді топан су басып тастаған. 12 Құдай заңғар көкте емес пе? Ал ең алыс жұлдыздар қандай биікте десеңші?! 13 Бірақ сен сонда да: «Құдай не білуші еді? Мұндай қою түнек арқылы Ол адамзатты қалай соттай алушы еді? 14 Қалың бұлттар Оның төңірегін тұмшалап алған, аспан күмбезін айнала шарлап жүріп Ол түк көрмейді!» дейсің. 15 Зұлым адамдардың ежелден жүріп келе жатқан жолымен сен өзің де жүрмексің бе? 16 Олар осы дүниеден уақытынан бұрын аластатылып, түпнегіздері тасыған сумен шайылып кетті. 17 Сол зұлымдар Құдайға: «Қасымыздан аулақ кетші!» дейтін, әрі: «Құдіреті шексіз Тәңір бізге не істей алар екен?» деп бөсетін. 18 Бірақ Құдай солардың үйлерін игілікке толтырған еді ғой! Ал мен зұлымдардың мұндай ойларынан аулақ жүремін. 19 Әділдер сол жайттарды көріп, қуанады, адал жүргендер: 20 «Дұшпандарымыз шынымен қырылды, арттарынан қалғанды от жалмады!» деп арсыздарды келемеждейді. 21 Құдайға мойынсұн, сонда жаның тыныш болады, әрі амандық саған қайтып келеді. 22 Құдайдың аузынан шыққан тәлімді қабылдасаңшы! Оның айтқан сөздерін жүрегіңе сақтап қойсаң екен! 23 Егер құдіреті шексіз Тәңірге қайтадан бет бұрсаң, Онымен қарым-қатынасыңды қалпына келтіресің. Сондықтан үй ішіңнен зұлымдықты аластат! 24 Егер ақшақұмарлығыңнан бас тартсаң, тіпті саф алтынды шаң-тозаңдай көрсең, 25 онда құдіреті шексіз Тәңірдің Өзі сенің қазынаң болады. Ол саған таңдаулы күмісіңдей қымбат болмақ. 26 Сонда сен құдіреті шексіз Тәңірмен қарым-қатынасыңа қуанып, жарқын жүзбен Құдайға қарайтын боласың. 27 Сен Оған сиынып, Ол саған құлақ асады, әрі өзің де Оған берген уәделеріңді орындайсың. 28 Сенің ой-ниетің жүзеге асып, алдыңдағы жолың нұрға бөленеді. 29 Біреудің басына ауыртпалық түскенде, сен «Оны қолдай гөр!» деп сиынасың. Сонда Құдай сол бейшараны аман сақтап қалады. 30 Құдай тіпті кінәлі адамды да құтқарады. Сонда осы кісі сенің қолың таза болғандықтан аман қалады.
1 Сонда Әйүп тағы да сөйлеп былай деді: 2 — Бүгін де айтар шағымым ащы! Қанша күрсініп ыңқылдасам да, Құдай мені ауыр жазалауын қояр емес. 3 Құдайды қайдан табуға болатынын, дәл тұрағына қалай баруға болатынын білсем ғой! 4 Басыма түскен істі Оған көрсетіп, ауыз толтыра уәжімді айтар едім. 5 Оның маған берер жауабын біліп алып, не айтатынын түсінер едім. 6 Сонда Құдай бүкіл құдіретін қолданып мені құртар ма еді? Жоқ, керісінше, мені тыңдаған болар еді. 7 Әділ жан сол жерде Онымен пікірталасқа түсер еді. Мен де өзімді соттаушы Құдайдан біржола ақталып құтылар едім. 8 Бірақ шығысқа қарай жүрсем, Ол онда жоқ, батысқа қарай жүрсем, Оны сол жерден де таппаймын. 9 Солтүстікте әрекет еткен кезінде де Оны көре алмаймын, оңтүстікке бұрылсам, Оны сол жерден де байқай алмаймын. 10 Құдай жүретін жолымды жақсы біледі. Ол мені сынап тексергенде, алтын сияқты таза болып шыға келемін. 11 Себебі Оның жолымен аяқ басып, содан еш бұрылмай жүріп келдім. 12 Оның бұйырған өсиеттерінен бас тартқан жоқпын, аузынан шыққан сөздерін қажетті тамағымнан да артық көріп сақтайтынмын. 13 Бірақ Ол жалғыз Өзі ғана Құдай, кім Оған қарсы тұра алады? Ол нені қаласа, соны істейді. 14 Өзі маған нені белгілеген болса, сонысын жүзеге асырады. Осы сияқты көп нәрсе әлі де Оның ой-санасында бар шығар. 15 Сол себепті мен Оның алдында үрейге кенелемін. Бұл жайт есіме түскен сайын қорқып дірілдеймін. 16 Осылай Құдай жүрегімді дір-дір еткізіп, құдіреті шексіз Тәңір зәремді ұшырады. 17 Түнек, иә, бетімді жауып отырған қалың түнек жан-жағымды басып алды.
1 Құдіреті шексіз Тәңір әділ сотын жүргізетін уақытын неге тағайындамайды? Оның адал қызметшілері осындай күндерді неге босқа күте беруі керек? 2 Зұлым адамдар меже тастарын жасырын жылжытып (өздерінің жерін басқаның есебінен ұлғайтып алады). Олар мал ұрлап, өз жайылымдарында бағып жүреді. 3 Жетімнің есегін айдап әкетіп, бейшара жесірдің өгізін алған қарызының кепілдігі ретінде тартып алады. 4 Олар мұқтаж адамдарды жолдан итеріп шығарған, елдегі күллі жарлылар жасырынуға мәжбүр. 5 Сондықтан кедейлер жабайы есектей иен даланы шарлап шығып, балаларына құла түзден тамақ іздейді. 6 Олар басқа біреудің егістігінде қалған астық масақтарын жинап, зұлымның жүзімдігіндегі қалған-құтқанды теріп күндерін көреді. 7 Түнде жамылғысыз жатады, суық болғанда жамылатын көрпелері де жоқ. 8 Тауда жауған жаңбырдан үсті-басы су болып, панасыздықтан жартасқа жармасып тығылады. 9 Зұлымдар тіпті бейшара жесірдің нәрестесін бауырынан жұлып алып, анасының алған қарызы үшін сәбиін кепілдікке ұстайды. 10 Жарлылар сырт киімсіз жүруге мәжбүр, ашқарын кедейлер байдың астық бауларын тасуға тиіс болады. 11 Сол бейшаралар зәйтүн жемістерін сығып, майын шығарады, бірақ оның дәмін тата алмайды. Жүзім таптап, шарап та жасайды, бірақ онымен шөлдерін қандыра алмайды. 12 Қала ішінде ауыр жаралылар болып, өлім аузында жатқандар жалбарына үн қатады. Ал Құдай сондай жайттарға бөгет қоймайды. 13 Зұлымдар жарық нұрға қарсы бас көтереді. Олар нұрдың ізгі жолын білмейді де, оның соқпақтарымен жүрмейді де. 14 Кісі өлтіруші жауыз күн батқанда тұрып, жарлы-жақыбайларды өлтіреді, түнде ол ұрлық та жасайды. 15 Өзгелер «Мені ешкім де көрмейді» деп, ымырт түсуін күтіп, жүзін бүркемелеп, басқа адамның күйеуі не әйеліне барып, неке адалдығын бұзады. 16 Ұрылар түнекте қабырғасын қазып, үйлерге бұзып кіреді де, күндіз тығылып жатып алады. Олар нұрға еш жоламайды. 17 Олар үшін қою түнек атқан таңның шұғыласындай қолайлы, қара түнектің үрейлері оларға досындай ұнайды. 18 «Ондай адамдар су бетіндегі жаңқадай ғайып болады, олардың елдегі үлестерін қарғыс атқан, жүзімдіктеріне ешкім аяқ баспайтын болады. 19 Ыстық пен аптап қар суын алып кететініндей, о дүние де күнә жасағандарды жоқ қылады. 20 Өз аналары оларды ұмытып, жердің құрты оларды сүйсініп жейді. Оларды бәрі де ұмытып, зұлымдық жасаушылар сынған ағаштай құрып кетеді» (дейсіңдер). 21 Ондайлар көмектесер баласы жоқ әйелдерге озбырлық көрсетеді, жесірлерге еш жақсылық жасамайды. 22 Бірақ Құдай өз құдіретімен күштілерді де орындарынан тартып әкете алады. Олар тіпті орнығып алса да, өмірге деген берік үміті болмайды. 23 Құдай сол мықтыларға бейқам тұруға жол бергенмен, оларды назарында ұстап тұрады. 24 Зұлымдар аз уақытқа жоғарылатылса да, ақырында жоқ болып кетеді. Барлық басқалар сияқты олар да төмендетіліп, өлімге жетеленеді, әрі бидайдың піскен масағы сияқты орылады. 25 Мені кім өтірікші деп әшкерелей алар еді? Кім айтқан сөзімнің құр бекер екенін дәлелдей алар еді?
1 Шуахтық Билдад Әйүпке қарсылық білдіріп былай деді: 2 — Құдайда билік бар, барша жұрт Оны терең қастерлеуі керек. Ол көктің биігінде тәртіп орнатады. 3 Оның көктегі періштелер топтарын кім санай алар еді? Ол өз жарығын кімнің үстіне түсірмейді? 4 Сонда адам баласы Құдайдың алдында қалайша әділ бола алады? Әйелден туған пенде қалайша таза бола алар еді? 5 Тіпті ай да Оның алдында жеткілікті жарық емес, жұлдыздар да айқын емес! 6 Салыстырсақ, пенде жай жер құртына ұқсайды, адам баласы тек күйе құрты сияқты.
1 Сонда Әйүп былай деп жауап қайырды: 2 — Күші жоққа қалай көмектескенсің сен, шіркін! Қолы әлсізденіп қалғанға жанға қалай демеу болғансың десеңші! 3 Дым ақылым жоқ еді, керемет ақыл үйреттің! Орасан зор данышпандығыңды көрсеттің. 4 Мұндай дана сөздерді кімнің қолдауымен айттың екен? Аузыңнан кімнің даналығы шықты екен? 5 Су астындағы о дүниені мекендейтін аруақтар Құдайдың алдында дірілдейді. 6 Ол үшін о дүние жалаңаш, тозақтың өзі ашық жатыр. 7 Құдай аспанның солтүстік бөлігін бос кеңістіктің үстінен жайып жіберді. Ол жерді бір нәрсеге іліп қоймаса да, жер құлап түспей орнында тұра береді. 8 Тәңір суды бұлттарға жинайды, ал бұлттар судың салмағынан жарылып кетпейді. 9 Құдай толық айды жауып, үстіне Өзінің бұлтын жайып қояды. 10 Жарық пен түнектің арасын бөліп тұру үшін су бетінде шеңбердей көкжиекті сызып қойды. 11 Құдай зекіген кезде «аспанның тіреулері» сілкініп, абыржып қалады. 12 Тәңір өз құдіретімен теңізді тыныштандырды, әрі өз парасатымен теңіздегі алып хайуанды құртты. 13 Өз Рухымен Құдай аспанның ажарын келтіріп, өз қолымен ирелеңдеген алып жыланды түйреді. 14 Ал бұлар Құдайдың істерінің жай бір бөлігі ғана, Оның Өзі туралы естігеніміз тым аз! Егер Оның құдіреті туралы дүркіретіп жарияланса да, оны кім түсіне алар еді?
1 Әйүп сөзін жалғастырып былай деді: 2 — Менің құқығымды алып қойған мәңгі тірі Құдайдың алдындағы шын сөзім, иә, жан дүниемді ренішке кенелткен құдіреті шексіз Тәңірдің алдындағы шын сөзім: 3 Кеудемде жаным болғанша, Құдай маған тыныс алуға мұрша бергенше, 4 аузымнан еш өтірік шықпасын, тілім де ешбір жалған сөз айтпасын! 5 «Сендердікі дұрыс» деп ешқашан мойындамаспын, өле-өлгенше өзімнің адалдығымнан бас тартпаспын! 6 Иә, мен әділдігімді мықтап ұстанып, одан айырылмаспын, өмірімнің ешбір күні үшін ар-ұжданымда өкініш сезінбеспін. 7 Дұшпандарым зұлымдардың жазасын тартсын, қарсыластарым заңсыздардың көретіндерін көрсін! 8 Өйткені арсыздың артатын қандай үміті қалар еді? Құдай көзін құртып, жанын алады емес пе?! 9 Басына қиындық түскенде, Құдай оның жалбарынған үніне ден қоя ма? 10 Әлде ол құдіреті шексіз Тәңірге риза болып, Құдайға әрдайым сиынатын бола ма? 11 Мен сендерге Құдайдың іс-әрекеті жайлы тәлім бермекпін, құдіреті шексіз Тәңір туралы білімді жасырмаймын. 12 Ал мұның бәрін өздерің де көріп отырсыңдар, сонда осы мәнсіз әңгіме неге керек? 13 Құдайдың зұлым адамға белгілеген тағдыры, әрі құдіреті шексіз Тәңірдің зорлықшылға бұйырған «мұрасы» мынау: 14 Олардың балалары көп болса да, семсерден өледі және ұрпақтары аштықтан жапа шегеді. 15 Осылардан аман қалса, індеттен көз жұмады. Арттарында қалған жесірлері жоқтау да айтпай қояды. 16 Зұлымдар күмісті шаңдай мол үйіп алып, киімді балшықтай сірестіріп молынан жинайды. 17 Алайда соның пайдасы бәрібір әділдерге тиетін болады, күнәсіздер сол күмісті бөлісіп алады. 18 Зұлымдардың салған үйлері өрмекшінің өрмегіндей әлсіз болады. Олар егістік күзетшісінің бұтақшалардан жасаған күркесіне ұқсайды. 19 Зұлымдар төсекке жатарда бай еді, бірақ енді қайтып олай болмайды. Олар көздерін ашып, ұйқыдан тұрса, байлығынан түк те қалмапты. 20 Қорқыныш олардың басына топан судай қаптап, түнгі дауыл оларды іліп алып кетеді. 21 Шығыстан соққан күшті боран көтеріп әкеткенде, құдайсыздар ғайып болады. Құйын оларды өз орындарынан алып кетеді. 22 Күшті дауыл зұлымдарға аяусыз шүйіліп, олар оның құдіретінен бас сауғалай қашады. 23 Жұрт оларды мазақ қылып, қолдарын шапалақтап, орындарынан ысқырады.
1 Адам баласы күмісті кеннен шығарады, Алтынды арнайы орында тазартады, 2 Темірді топырақтан қазып алады, Мысты да кеннен балқытып айырады. 3 Кеншілер түнекті жарықтандырады, Қараңғыда тіпті ең алыстағы Кенді де іздеп тауып алады. 4 Ұсталар шалғай, адам аяғы Баспайтын жерлерде құдық қазады, Төменге түскенде арқанға асылады, Содан олай-бұлай тербеліп тұрады. 5 Жер бетінде астық өсіп-өнеді, Жер астын лаулаған от өзгертеді, 6 Тастарынан көк асыл тас табылады, Топырағынан алтын алынады. 7 Жыртқыш құс білмейді осы жолдарды, Сұңқардың көзі көрмейді оларды, 8 Маңғаз аңдар соларды басқан емес, Арыстан да үстімен өткен емес. 9 Пенде қатты тастарды да сындырады, Тауларды тамырымен қопарады, 10 Жартастарда үңгір шауып қазады, Әр түрлі құнды заттарды көзі шалады, 11 Өзен бастауларын іздеп табады, Тығылған заттарды жарыққа шығарады. 12 Ал даналықты қайдан табуға болады? Шынайы парасат қай жерде тұрады? 13 Оның құнын пенде жете ұқпайды, Бұ дүниеден оны таба алмайды. 14 Терең тұңғиық: «Ол менде емес!» дейді, Теңіз де: «Менде ол жоқ!» деп мәлімдейді. 15 Саф алтынға оны сатып ала алмайсың, Құнын күміспен төлей де алмайсың. 16 Не Опырдан әкелінген алтынменен, Не оникс тас, не көк асыл таспенен Оның бағасын айқындай алмайсың сен. 17 Даналықты алтын, гауһармен салыстырмас, Саф алтын бұйымға оны сатып ала алмас. 18 Інжу-маржанды ескермей-ақ қойса болады, Даналық лағыл тастардан да тым бағалы! 19 Құштық топазды даналықпен салыстырмайды, Саф алтынмен оны айырбастамайды. 20 Сонда даналық қайдан келеді екен? Парасаттың мекені қайда екен? 21 Ол тірі жандының бәрінен жасырынған, Құстардың назарынан да тыс қалған. 22 О дүние мен өлім былай дер ол жайлы: «Тек сыбыс қана естідік сол туралы». 23 Тек Құдай біледі даналыққа барар жолды, Оған ғана белгілі соның тұрағы. 24 Өйткені Құдай жердің шеттеріне қарайды, Аспан астындағының бәрін де Ол байқайды. 25 Құдай желдің қуатын белгіледі, Бүкіл судың мөлшерін де өлшеді, 26 Құдай жаңбырға жаусын деп бұйрық берді, Найзағай мен күн күркіреу жолын белгіледі, 27 Сол кезде Ол даналыққа қарап, баға берді, Тиісті орнын бекітіп, оны тексерді. 28 Құдай адамға былай деді: «Даналық — Жаратқан Иені терең қастерлеу Және нағыз ақыл-парасаттылық — Зұлымдық атаулыдан алшақ кету».
1 Әйүп сөзін одан әрі сабақтап былай деді: 2 — Бәрі бұрынғыдай, Құдай мені аман сақтап жүрген кездердегідей болса ғой, шіркін! 3 Сол жылдары Оның «шам-шырағы» үстімде жарқырап, Оның түсірген нұрымен түнекте адаспай жүретінмін. 4 Сол тұста мен өмірімнің өркен жайған шағында едім, әрі Құдай үйіме бас-көз болып ақыл-кеңес беретін. 5 Құдіреті шексіз Тәңір маған сол кезде әлі де жар болып, балаларым қасымда жүретін. 6 Үйімде ақ пен май ағыл-тегіл болып, жартастағы сыққыштан зәйтүн майы тасқындап ағып тұратын. 7 Мен қала қақпасына барып, соның маңындағы алаңда өз орныма келіп жайғасқанда, 8 жас жігіттер мені көргенде жол бере шегініп, ақсақалдар орындарынан тұратын. 9 Басшылар сонда сөздерін тыйып, ауыздарын алақандарымен жабатын. 10 Билеушілер дауыстарын шығармай, тілдері таңдайларына жабысып қалатын. 11 Сол кезде өзім туралы естіген адамдар мені дәріптеп, көздерімен көргендер жер-көкке сыйғызбай мақтайтын. 12 Өйткені мен қиналып, жалбарынған жарлыны да, арқа сүйер ешкімі жоқ жетімді де арашалайтынмын. 13 Ажалдан аман алып қалған адамдарым маған алғыстарын жаудырып, жесір әйел менен көрген көмектен әндете бастайтын. 14 Осылай бәрін де әділдікпен істедім, адалдық сәлдем мен шапаным сияқты маған жақын болды. 15 Зағип пен ақсаққа медет беруші, 16 жарлыға қамқоршы болдым. Өзім тіпті танымайтын адамның дау-жанжалын да әділдікпен шешіп беретінмін. 17 Ал жауыз қанаушылардың жақтарын сындырып, ұстаған олжасын аранынан түсірткізіп тастайтынмын. 18 Былай деп ойлайтынмын: «Мен көп жасап, отбасымның арасынан о дүниеге аттанатын шығармын. 19 Себебі мен тереңде жатқан суға дейін тамыр жайып, бұтақтарында түні бойы шық болатын ағаш сияқты мықтымын. 20 Әрқашан жұрттың мақтауына бөленемін, қолымдағы садағым әрдайым берік керіліп тұрады». 21 Осылай адамдар маған құлақ асып, кеңесімді үнсіз тыңдайтын. 22 Мен айтып болған соң олар соған еш нәрсе қоспайтын, себебі берген ақылым оларға ұнайтын. 23 Олар мені жаңбырды күткендей тағатсыздана күтетін. Көктемгі жаңбырды тосқан шаруалар сияқты ауыздарын ашып сөздерімді сіміретін. 24 Мен оларға жылы жүзбен қараған кезде, олар өз көздеріне өздері сенбейтін, менің жарқын жүзбен қарауым оларды жігерлендіретін. 25 Оларға жүретін жолды таңдап, көсемдері сияқты болып отыратынмын. Өз жасақшыларының арасындағы патша сияқты өмір сүрдім, әрі қайғы-қасіретке батқандарды жұбататынмын.
1 Бірақ жастары өзімнен кіші мына жігіттер енді мені мазақ қылып жүр. Олардың әкелеріне мен малымды бағатын иттердің жұмысын да сеніп тапсырмас едім. 2 Сол шалдардың қолдарының күшінен маған не пайда? Олар күш-қуаттарынан айырылғандар ғой. 3 Жоқшылық пен аштықтан әлсіреген олар түнде құла түздегі шөп тамырларын кеміріп шарлайтын. 4 Бұталардың түбінен көк шөп теріп, жыңғылдың тамырын да тамаққа пайдаланатын. 5 Олар адамдардың арасынан қуылып, жұрт оларды ұрылардай көріп айқайлайтын. 6 Содан олар жылғалардың арнасын, жердегі шұңқырларды, жартастағы үңгірлерді паналайтын. 7 Қалың нудың арасындағы аңдардай ақырып, тікенді бұталар астында жиналып отыратын. 8 Бұлар — тегі жоқ ақымақтар, жұрт оларды елден қамшылап айдап шыққан. 9 Ал енді сондайлар мені келекелеп ән салып, мен олардың мазағына айналдым. 10 Олар менен жиреніп, аулақ жүреді, ал бетіме түкіруден еш тартынбайды! 11 Құдай мені күш-қуатымнан айырып, азапқа ұшыратқандықтан, олар жүгенсіздіктерін көз алдымда ашық жасайды. 12 Сол сойқандар топтасып, маған бас салады, аяғымнан шалып құлатып, арам істерін маған қарсы бағыттайды. 13 Олар жүретін жолымды талқандайды. «Оның қолдаушысы жоқ!» деп мені құртуға қатты тырмысады. 14 Кең ойық арқылы басып кіргендей, олар қатты шулап маған ентелеп тап береді. 15 Қорқыныш маған шүйіліп, абырой-дәрежем жел қуғандай жоғалып, бақ-дәулетім бұлттай сейіліп жоқ болып кетті. 16 Ал енді өмірім өшейін деп жатыр, басыма қиын-қыстау күндер түсті. 17 Түнде сүйектерім сырқырап, көріп жүрген азабым бір тыншымайды. 18 Құдай зор құдіретімен киімімнен ұстап алып, шапанымның жағасын қылғындыра сығымдайды. 19 Ол мені балшыққа лақтырып тастады. Шаң-тозаң сияқты пайдасыз болып қалдым. 20 Уа, Құдай, Саған жалбарына сиынсам да, маған жауап бермейсің. Алдыңда тұрсам да, мән бермей, маған қарап отыра бересің. 21 Маған тым қатал болып кеттің, мені құдіретті қолыңмен қудалап отырсың. 22 Құйынның ішіне мені лақтырып, ұшырасың, осылайша найзағай мен дауылда қырып-жоясың. 23 Сөйтіп Сенің жанымды алып, бар тіршілік иелерінің баратын жеріне мені де аттандыратыныңды білемін. 24 Ал азап шегіп, жалбарынып жатқан бейшараға ешкім де қолын көтермейтін еді ғой! 25 Бірақ мен қайғы-қасірет көріп жүргендерге жанашыр болған жоқпын ба?! Жарлыларды аяп қайғырған жоқ па едім?! 26 Әйтсе де өзім жақсыдан үміттеніп отырғанда жамандыққа ұшырадым, жарықты күткенімде айналамды түнек басты! 27 Жан дүнием азан-қазан болып, еш тыншымайды, басыма қиын-қыстау күндер туды. 28 Жан дүнием күннің нұрын көрмей, қараңғыда жүр. Жамағаттың жиынында орнымнан тұрып, көмек сұрап қатты жалынамын. 29 Бірақ олар мені шибөрі мен түйеқұстың серігі деп санайды. 30 Терім қарайып, тілініп кетті. Бүкіл денем безгектен күйіп тұр. 31 Жетігенім қайғылы әуенге, сыбызғым жоқтау күйіне ғана келтірілген.
1 Қыз-келіншектерге құмарта қарамауға көздеріммен келісім жасасып, оларды соған үйреттім. 2 Өйткені заңғар биікте тұратын Құдай бізге қандай тағдырды белгілеген? Құдіреті шексіз Тәңір бізге қандай «мұра» бұйырған? 3 Ол әділетсіздерге жазасын тартқызып, жамандық жасағандарды апатқа ұшыратпай ма? 4 Бар іс-әрекетімді көріп, басқан қадамдарымның бәрін де Ол бағалайды емес пе? 5 Әлде мен өтірікке сүйене өмір сүріп, адамдарды алдадым ба? 6 Құдай істерімді дұрыс таразыға сала көрсін. Менің адалдығымды Оның Өзі біледі ғой. 7 Егер мен не тура жолдан тайған, не көзбен көргеніме құмартқан, не басқа да күнә жасап арамданған болсам, 8 онда еккен егінімнің өнімін басқалар жеп қойсын! Отырғызған көшеттерім түп-тамырымен жұлынып қалсын! 9 Егер бір әйелдің еліктіруіне түсіп, не көршімнің есігінде оның әйелін аңдыған болсам, 10 онда өз әйелім басқа бір еркектің қол диірменін тартып, тамағын дайындасын, әрі бөтен адамдар онымен жақындасатын болсын. 11 Себебі осылай істесем, бұл нағыз зұлымдық әрі сотталып, жазалануға лайықты күнә болар еді. 12 Сондай істерім өзімді өртеп, тозаққа түсіретін, бар игілігімді тұтас жалмап қоятын от сияқты болар еді. 13 Немесе қызметшілерім шағымданып, мен олардың ақыларын жеп қойған болсам, 14 онда Құдай сот жүргізу үшін орнынан тұрғанда, не істер едім? Ол мені тексеріп сынағанда, Оған қандай жауап берер едім? 15 Мені анамның құрсағында жаратқан Құдайым қызметшілерімнің әрқайсысын да солай жаратқан жоқ па?! 16 Мен бейшараларға қажетті көмекті бермеп пе едім, яки жесірлерді жылатып үмітсіз қалдырған ба едім? 17 Әлде нанымды жалғыз өзім жеп, жетіммен бөлісуден бас тарттым ба? 18 Жоқ, мен әкесіндей болып жас кезімнен-ақ жетімді асырадым. Өмір бойы жесірлерге де қамқорлық жасап келемін. 19 Киімі жоқ үй-күйсізді әрі жамылғысы жоқ жарлы-жақыбайды көргенде, 20 оларға өз қойымның жүнінен тоқылған киім кигізбедім бе? Сол үшін олар маған алғыс айтқан жоқ па еді? 21 Егер соттың маған болысатынына сенімді болып, жетімге қарсы қолымды созып зорлық жасасам, 22 онда иығым жауырынымнан ажырап, қолым да буынынан шығып кетсін! 23 Өйткені мен Құдайдың жазасынан қорықтым. Осындай нәрсені істегеннен кейін Оның салтанатты ұлылығымен бетпе-бет келгенде соған төзе алмас едім. 24 Я болмаса алтынға сенімімді артып, саф алтынды өзіме демеу еткен бе едім? 25 Байлығымның молдығына әрі ағыл-тегіл дәулетке қол жеткізгеніме лепіре мақтандым ба? 26 Мен жарқырап тұрған күнге не салтанатпен қимылдайтын айға қарағанда, 27 жүрегім елігіп кетті ме? Қолымды өбіп, күнге не айға қарай созып табындым ба? 28 Бұл да сотталып жазалануға тиіс күнә. Солай еткен болсам, мен көктегі Құдайға опасыздық жасаған болар едім. 29 Яки өзімді жек көретін дұшпанымның басына түскен бақытсыздығына қуанып, оның ұшыраған апатына шаттандым ба? 30 Жоқ, мен аузымның ондай адамды қарғап күнә жасауына жол берген емеспін. 31 Үйімдегі қызметшілерім: «Әйүптің дастарқанынан тоя ет жемеген адам болған емес!» деп мені мақтайтын. 32 Ешбір бөтен жолаушыны менің кесірімнен далада түнеуге мәжбүр етпей, бәріне де есігімді айқара ашып қоятынмын. 33 Я болмаса, басқалардай күнәларымды жасырып, айыбымды жүрегімде тығып жүрдім бе? 34 Осылайша үлкен жамағаттан әрі руластарымнан ұялып, сыртқа шықпай, жиналысқа қатыспаған кезім болды ма? (Жоқ, ешқашан да!) 35 Мені тыңдайтын біреу болса ғой! (Өзімді ақтайтын құжатқа) қолымды қоюға дайынмын. Құдіреті шексіз Тәңір маған жауап қайыра көрсін! Мені айыптаушы маған қандай кінә тағатынын жазбаға тізіп жазып берсін! 36 Соны ашықтан-ашық иығымда көтеріп жүріп, тіпті тәж іспетті басыма киіп те алар едім. 37 Мен Құдайға әр басқан қадамым туралы есеп беріп, Оның алдына әмірші іспетті емін-еркін барар едім. 38 Егер егістік жерім мені кінәлап, оның соқа айдаған іздері жылаған іспетті шағымданса, 39 мен оның өнімін жұмысшыларға жалақыларын төлемей алған, не иелерінің көзін құртқан болсам, 40 онда бидайдың орнына тікенек, арпаның орнына арам шөп өсіп шықсын! Әйүптің айтқан сөздері осымен аяқталды.
1 Әйүп өз ойынша әділ болып, сонысын айта берген соң, сол үш адам оған жауап берулерін тоқтатты. 2 Рамның әулетінен шыққан буздық Барахил ұлы Еліху (де сол жерде болды. Ол солардың пікірталасын тыңдап отырған еді). Әйүптің Құдайдан гөрі өзін ақтап, әділмін дей бергені үшін Еліху оған қатты ашуланған болатын. 3 Сондай-ақ, Әйүпті кінәлағанмен, оған қайтаратын бәтуалы жауап таппаған оның үш досына да Еліхудің қаһары лап етті. 4 Бірақ сол адамдар өзінен біраз жас үлкен болғандықтан, Еліху Әйүпке тіл қатпай күтіп отырған еді. 5 Ал енді осы үшеудің қайтаратын басқа жауаптары қалмағанын көргенде, Еліхудің ашу-ызасы тұтанды. 6 Содан буздық Барахил ұлы Еліху сөзін бастап былай деді: — Сіздер көп жасаған адамдарсыздар, ал менің жасым әлі кіші. Сондықтан өз ой-пікірімді сіздерге ашық айтуға дәтім бармай, жасқанып отырған едім. 7 Іштей: «Көп жасағандар сөйлесін, көп жылғы даналық тәлімдерін берсінші!» деп отырдым. 8 Дегенмен, адамның бойында оның рухы бар, себебі құдіреті шексіз Тәңір оған өз тіршілік лебі мен рухын үрлеп берген болатын. Осы рух адамға саналы түсінік сыйлайды. 9 Сондықтан көп жасағандар ғана дана емес екен. Қарттардың бәрі бірдей ақиқатты дұрыс түсіне бермейді екен. 10 Сол себепті былай деймін: Маған құлақ салсаңыздар игі. Ендеше мен де сіздерге өз ойымды ашық білдірейін. 11 Сіздер айтатын сөз іздеп жатқандарыңызда, мен ой-толғаныстарыңызға құлақ түріп, сөздеріңізді тыңдап күтіп отырдым. 12 Мен өздеріңізге мұқият ден қойдым. Ал ешқайсыңыз не Әйүп ағаны әшкерелеген, не оның айтқандарына бәтуалы жауап қайтарған жоқсыздар. 13 «Біз даналықты тауып, шындықты түсінеміз: осы кісіні адам емес, Құдайдың Өзі жеңіп шықпақ!» деп жүрмеңіздер. 14 Егер Әйүп аға сөздерін маған қарсы бағыттаған болса, мен оған сіздердің жауаптарыңызды қайтармас едім. 15 Бәріңіз шатасып, ауыздарыңызға сөз түспей отырсыздар. 16 Бірақ қайтаратын жауаптарыңыз болмай, сөзден тосылып қалған кездеріңізде менің де күтіп, үндемей отыра беруім керек пе? 17 Жоқ, мен де үлесімді қосып жауап беремін. Мен де өз пікірімді ашық айтамын. 18 Себебі көкірегім сөзге толып, бойымдағы рух мені сөйлеуге мәжбүрлеп отыр. 19 Мен ішіне жас шарап құйылып, керіліп, жарылып кетейін деп тұрған торсық сияқтымын. 20 Сөйлесем, аузымды ашып жауап берсем ғана, жаным жай табады! 21 Мен ешкімнің бет-жүзіне қарамаймын, ешкімге жағымпазданбаймын да! 22 Өйткені жағымпаздануды білмеймін, әйтпесе Жаратушым мені бірден жазалар еді.
1 Ал енді, уа, Әйүп аға, менің айтарымды тыңдап, күллі сөздеріме құлақ салсаңыз екен! 2 Міне, мен сөйлеуге аузымды аштым, сөздерім тілімнің ұшында тұр. 3 Шын жүректен сөйлеп, білетін таза ақиқатты айтамын! 4 Құдайдың Рухы мені жаратты, құдіреті шексіз Тәңірдің тіршілік лебі маған өмір берді. 5 Қолыңыздан келсе, маған жауап берсеңіз екен! Менің қарсы алдымда тұрып, өз ісіңізді қорғаңызшы! 6 Құдайдың алдында мен де сіз сияқтымын, өзіңіз іспетті мен де балшықтан қалыптастырылғанмын. 7 Сондықтан менен еш қорықпасаңыз да болады, сізді қатты қыспақтамаймын. 8 Ал мен өз құлағыммен сіздің мына сөздеріңізді естідім: 9 «Мен пәк таза күнәсізбін, жасаған ешбір зұлымдығым жоқ. Кінәратсызбын! 10 Бірақ Құдай маған қарсы сылтау тауып, мені Өзінің жауындай көреді. 11 Ол аяғымды бұғаулап, бар жолдарымды жіті қадағалайды!» 12 Бірақ, Әйүп аға, бұныңыз дұрыс емес. Құдай пендеден әлдеқайда ұлы ғой! 13 «Адамның ешбір сөзіне жауап бермейді» деп неге Оған қарсы шағымданасыз?! 14 Өйткені Құдай кейде бір түрде, кейде басқа түрде сөйлейді, ал адам соны жиі аңғармайды. 15 Жұрт терең ұйқыға батып, төсектерінде жатқанда, Тәңір Ие олардың түстерінде, түнде көрген аяндарында 16 құлақтарын ашып, Өзінің ескертулерін нығайтып бекітеді. 17 Осылайша Ол адамды теріс істерінен кері бұрылдырып, өркөкірек паң болудан қорғайды. 18 Сөйтіп оны семсерден мерт болудан, әрі жанын о дүниеде құрып кетуден сақтайды. 19 Я болмаса, адам ауру-сырқау арқылы жақсылыққа қарай түзетілуге ескерту алады. Ол төсек тартып жатып қалады да, сүйектері тынымсыз сырқырай бастайды. 20 Сонда оның нанға зауқы болмай, жақсы көретін тамағына да тәбеті шаппайды. 21 Жүдеп, құр сүлдері ғана қалады. Бұрын көрінбеген сүйектері енді көзге ұрып тұрады. 22 Осылайша ол көрге, жанын алып кететін хабаршыларға жақындай түседі. 23 Ал егер мыңның ішінен адамға болысып, оған әділ жолды нұсқайтын бір хабаршы табылса, 24 онда ол: «Оны көрге түсуден аман сақтап қала гөр! Оның жанының құнын өтейтін төлемді таптым!» деп мейірім көрсететін болады. 25 Сонда адамның денесі жас кезіндегідей болып жасарып, жастық шағындағыдай қайта қалпына келеді. 26 Пенде Құдайға сиынып, еткен дұғасы қабылданады. Осылай ол қуанышпен Құдайдың алдына барып, адалдығы қайтадан ақталады. 27 Сонда адам жұртқа қарап былай деп мойындайды: «Мен күнә жасап, ақиқатты бұрмаладым. Әйтсе де мұнымның лайықты жазасын тартқан жоқпын. 28 Құдай мені көрден аман алып қалып, мен жарық дүниені әлі де көре беретін боламын!» 29 Шынында да Құдай осының бәрін адамға екі реттен, тіпті үш реттен жасайды. 30 Осылайша оның жанын о дүниеге аттандырмай, оған әрі қарай өмірдің нұрын төге бермек. 31 Ендеше, Әйүп аға, мені жақсылап тыңдаңызшы. Үндемей отыра тұрыңыз, мен сөйлейін. 32 Егер қайтаратын жауабыңыз болса, онда үнсіз қалмай айта беріңіз. Мен сіздің ақталуыңызды аңсап тілеймін. 33 Ал егер айтарыңыз болмаса, мені тыңдап, үндемей отыра тұрыңыз, онда парасатыммен бөлісейін.
1 Еліху сөзін әрі қарай сабақтап былай деді: 2 — Уа, парасатты ағалар, сөздерімді тыңдаңыздар. Түсінігі терең сіздер, маған құлақ ассаңыздар екен. 3 Өйткені тілдің тамақтың дәмін ажырататыны сияқты, адамның құлағы да сөздерді тексеріп ажыратады. 4 Осылайша бір дұрыс шешімге келейік, ненің игі екенін арамызда анықтап алайық. 5 Себебі Әйүп аға: «Мен жазықсызбын, ал Құдай мені өзіме тиісті құқығымнан айырды. 6 Менікі дұрыс болса да, өтірікшідей болып көрініп отырмын. Еш жазығым болмаса да, Оның жебесі тиіп, жазылмайтын жара салуда!» деп шағымданып отыр. 7 Алайда Әйүп аға сияқты келекелеуге әбден бейім тағы басқа адам бар ма екен, сірә? 8 Ол қылмыс істеушілермен серіктес болып, зұлымдармен бірге жүретін. 9 Өйткені ол: «Адамның Құдайды риза қылуынан ешқандай пайда жоқ!» деді ғой! 10 Сондықтан тыңдаңыздаршы, уа, зор парасат иелері! Зұлымдық атаулы Құдайдан тым алшақ, әділетсіздік атаулы құдіреті шексіз Тәңірден әбден аулақ! 11 Себебі Тәңір Ие пендеге істеген іс-әрекетіне сай қарымтасын қайтарады, әрі жүрген жолдарына сәйкес оған есесін қайырады. 12 Иә, шынымен Құдай ешқандай зұлымдық істемейді, құдіреті шексіз Тәңір ақиқатты бұрмаламайды! 13 Кім Оны барлық әлемнің үстінен тағайындаған? Бүкіл дүниенің үстінен билікті Оған кім берді? (Ешкім де!) 14 Егер Ол өз рухын Өзіне қайтарып, тіршілік лебін қайтып алуды шешсе, 15 онда бар адамзат бірден құрып, пенде атаулы топыраққа қайта айналар еді. 16 Ақылыңыз болса, мынаны тыңдап, айтар сөздеріме құлақ түрсеңіз екен: 17 Егер Құдай әділдікті жек көрсе, билік жүргізе алар ма еді?! Әділ де құдіретті Құдайды айыпты дей аласыз ба?! 18 Керісінше, патшаларға: «Сен түкке тұрмайтын күнәкарсың!» әрі әміршілерге: «Сендер зұлымсыңдар!» деп үкім шығаратын Соның Өзі емес пе?! 19 Ол билеушілердің бет-жүзіне қарамайды. Байды кедейден артық көрмейді, себебі екеуін де Өзі жаратқан. 20 Олар аяқ астынан өліп, түн ортасында қайтыс болады. Адамдар шайқалып, құрып кетеді. Құдай мықтыларды да ешбір адамға қол жұмсатқызбастан-ақ ғайып қылады. 21 Тәңір әрқашан да пенденің істеріне назар аударады. Оның басқан әрбір қадамын Ол көріп отырады. 22 Зұлымдық істеушілер бас сауғалап құтыла алатындай қараңғылық та, қара түнек те болмайды. 23 Өзінің Құдай алдына барып, сотталатын уақытын пенде белгілемейді. 24 Қайта, Құдай мықты күнәкарларды ешкіммен ақылдаспай-ақ құртып, орындарына басқаларды қоя салады. 25 Шынында Ол солардың істерін біледі. Оларды бір түнде-ақ астан-кестен қылып, талқандайды. 26 Құдай сондайларды зұлымдықтары үшін бәрінің көзінше жазалайды. 27 Өйткені олар Оның тура жолынан бұрылып кетіп, Оның еркіне мүлдем көңіл бөлмеді. 28 Олардан қорлық көрген жарлылар жалбарына көмек сұрап, Құдай сол қаналғандардың айқайларына құлақ асты. 29 Бірақ егер Құдай үнсіз қала беретін болса, Оны кім айыптай алады? Егер Ол өз жүзін жасырса, кім Оны көре алады? Ол жеке адам мен біртұтас ұлттың екеуінен де жоғары. 30 Құдай арсыз адамның билік жүргізіп, бүкіл халықты бақытсыздыққа ұшыратуын тоқтатады. 31 Адамның Құдайға: «Мен күнә жасап келемін. Бірақ бұдан былай олай етпеймін» деп мойындауы керек. 32 Оның: «Өзімнің неліктен айыпты болғанымды білмей жатырмын, соны көрсете гөр! Егер де әділетсіздік істеген болсам, енді қайтып оны істемеймін!» дегені де игі. 33 Уа, Әйүп аға, Құдай Өзінің талаптарын сіздің ойыңыз бойынша өзгертуге тиіс пе?! Шешімді мен емес, өзіңіз қабылдаңыз! Сондықтан нені білсеңіз, соны айта беріңіз. 34 Парасатты адамдар және мені тыңдап отырған данышпандар маған: 35 «Әйүп өзі білмейтін нәрсе жайлы айтып отыр, оның сөздерінің жаны жоқ!» дер еді. 36 Зұлым адам сияқты сөйлегені үшін Әйүп толықтай тексеріліп сыналса ғой! 37 Өйткені ол жасаған күнәсіне тағы бағынбаушылықты да қосты. Сондай-ақ, біздің арамызда өз-өзін мақтап қолын шапалақтап, Құдайға қарсы сөздерін көбейтіп отыр.
1 Еліху сөзін жалғастырып былай деді: 2 — «Құдайдың алдында әділмін!» деп тұрғаныңызды дұрыс деп ойлайсыз ба? 3 Алайда: «Маған келіп-кетер не бар? Күнә жасамасам, маған қандай пайда болмақ?» деп те сұрайсыз. 4 Өзіңізге және достарыңызға мынадай жауап бергім келеді: 5 Аспанға көз жүгіртіп, қараңызшы! Өзіңізден жоғары тұрған бұлттарға назар аударыңызшы! 6 Күнә жасасаңыз, соныңызбен Құдайға не істейсіз? Күнәларыңыз тіпті көбейіп кетсе, Оған қандай әсер етесіз? 7 Ал егер әділ болсаңыз, Оған бұныңыздан қандай пайда? Яки Оған беретін сыйлығыңыз қандай? 8 Жоқ, зұлым болсаңыз, зиянын көретін өзіңіз сияқты бір пенде, ал әділ болсаңыз, пайдасын да бір адам баласы көреді. 9 Адамдар езгінің астында көмек сұрап жалбарынады. Олар мықтының қолынан құтқарылуларын жалына өтінеді. 10 Бірақ ешкім де былай деп сұрамайды: «Түнде мадақтау жырларын айтуға мұрша беретін Жаратушым Құдай қайда екен?» 11 Ол бізге жердегі хайуандарға қарағанда көбірек нәрсені үйреткен, бізді әуедегі құстардан ақылдырақ етіп жаратқан. 12 Сондықтан да Құдай адамдар жалбарынғанда жауап бермейді, өйткені олар сондай зұлым әрі өркөкірек. 13 Ал «Құдай соған құлақ аспайды, құдіреті шексіз Тәңір еш көңіл бөлмейді» десек, бұл шындық емес. 14 Тіпті сіз: «Оны көріп тұрған жоқпын» десеңіз де, бәрібір ісіңіз Құдайдың алдында жатыр. Енді Оны күте тұрыңыз! 15 «Ол күнәкарға қаһарланып, тиісті жазасын тартқызған емес. Зұлымдыққа еш көңіл бөлмейді!» деп те айтасыз. 16 Осылай Әйүп ағаның аузынан құр мәнсіз әңгіме шығады. Байыбына бармастан көп сөз айтады.
1 Еліху сөзін былай деп жалғастырды: 2 — Мені тағы сәл тыңдай тұрыңыз. Құдайды қорғап тағы да біраз нәрсені айтуға болатынын көрсетемін. 3 Мен білімімді алыстан іздеп таптым. Енді Жаратушымның істегенінің әділдігін дәлелдейін. 4 Шүбә жоқ, айтар сөздерім жалған емес. Оларды білімі кемел адамның сөзі деп біліп қойыңыз. 5 Құдай құдіретті болса да, адамға менсінбей қарамайды. Оның күш-қуаты да, даналығы да аса зор. 6 Құдай зұлымдардың өмір сүре беруіне жол бермейді, қайта, Ол қаналған жарлылардың мүдделерін қорғайды. 7 Құдай әділдерді назарында ұстайды, оларды патшалармен бірге таққа отырғызып, мәңгілікке жоғарылатады. 8 Ал егер адамдар кісенделіп, ауыртпалықтың бұғауында отырса, 9 онда Құдай олардың істеп келген заңсыз іс-әрекеттерін әшкерелейді. Өздерінің менменсіп, асқақтағандарын да оларға көрсетеді, 10 сөйтіп тәлім қабылдасын деп құлақтарын ашады. Оларға зұлымдықтан бас тартуды бұйырады. 11 Егер де Оған құлақ асып мойынсұнса, онда олар өмір бойы игілікке кенеліп, көңілдері рақатқа толатын болады. 12 Бірақ тыңдамаса, ақымақ болғандықтарынан семсерден мерт болады. 13 Арсыздар жүректерінде ашу-ыза сақтап жүре береді. Құдай сондайларды байлап-матап алса да, олар Оған сиынып көмек сұрамайды. 14 Содан арсыздар жастай өледі. Азғындыққа салынғандықтан, өмірлері масқарамен аяқталады. 15 Ал жарлыларды Құдай олардың көріп жүрген азаптары арқылы құтқармақ. Қиындық көрген кездерінде Ол солардың құлақтарын ашады. 16 Қазір Ол сізді де қауіп-қатерден арашалап, қиыншылық жоқ кең орынға алып шығуға еліктірмек. Сізді ең дәмді тағамдар жайылған дастарқанға алып келмек. 17 Бірақ сіз зұлымдарды айыптаудан басқаны ойламайсыз. Ал әділдік пен ақиқат өзіңізді ұстап алған. 18 Ашу-ызаңыз сізді Құдайды қорлауға азғырып әкетпесін! Мол пара да сізді теріске бұрып адастырып кетпесін! 19 Үлкен байлығыңызбен не зор күш жұмсап қиындықтардан құтыла аламын деп ойлайсыз ба? 20 Түннің келуін де аңсаушы болмаңыз! Сол кезде көп адамдар өз орындарында жатып құрып кетеді ғой. 21 Зұлымдыққа бет бұрудан сақ болыңыз! Азапқа батқанша күнәға батқан артық деп ойлайтын сияқтысыз. 22 Біліп қойыңыз, Құдай зор құдіретімен ұлы істер істейді. Ол сияқты ұстаз болар ешкім жоқ! 23 Құдайдың жүретін жолын белгілейтін де, «Мынауың дұрыс емес!» дей алатын да ешкім жоқ қой. 24 Одан да адамдар ән шығарып мадақтаған Құдайдың ұлы істерін өзіңіз де мадақтауды ұмытпаңыз! 25 Бүкіл адамзат соларды көріп келеді, адамдар оларға алыстан қарайды. 26 Біліп алыңыз, Құдай сондай ұлы! Ал біз Оны толығымен ұға алмаймыз. Оның жылдарының санын адам зерттеп біле алмас. 27 Жасаған Ие судың тамшыларын көтеріп алып, олар тұман болып тазаланып, жаңбыр жауғанда жерге қайтып түседі. 28 Сонда бұлттар өз ылғалын жерге төгіп, ол адамзатқа мол нөсер болып құйылады. 29 Құдайдың бұлттарды қалай жаятынын, аспаннан қалай күн күркірететінін түсінетін жан бар ма? 30 Қараңыз, Құдай бәрінің үстінен жарықтың нұрын төгіп, теңіздің түбіне дейін жайып қояды. 31 Ол халықтарға осылай билік жүргізіп, оларды тамақпен молынан қамтамасыз етеді. 32 Тәңір Ие қолын найзағайларға толтырып, оларға нысанаға тиюге бұйырады. 33 Күркіреу Құдайдың бар екенін жариялайды. Тіпті мал да ненің болып жатқанын сезеді.
1 Сол себепті жүрегім шошып, өз орнынан ыршып кетейін деп тұр. 2 Тыңдаңыздаршы! Тәңірдің үнінің гүріліне, аузынан шығып жатқан күркіреуге құлақ түріңіздерші! 3 Ол найзағайын аспанның бүкіл кеңістігіне жіберіп, оның жарқырауы жердің алыс түкпір-түкпірлеріне жетеді. 4 Содан соң күркіреудің даусы шығады. Құдай керемет зор үнімен күркірейді. Онысы естілгенде Ол найзағайларына шек қоймайды. 5 Осылай Құдай Өзінің ғажайып күркіреген даусын шығарады. Ол біз ұғына алмайтын керемет істерді істейді. 6 Құдай қарға: «Жерге жау!», нөсер жаңбырға: «Қатты нөсер болып құйыл!» деп бұйырады. 7 Сонда адамдардың бәрі істеп жатқан жұмыстарын тоқтатып, Оның керемет істеріне қарап тұрады. 8 Аңдар апандарына барып жасырынады. Осы ауа райы өтіп кеткенше апандарын паналайды. 9 Кейде құйын өз орнынан шығып, солтүстік дауыл аяз алып келеді. 10 Құдайдың жіберген (аязды) желінен мұз пайда болып, кең жайылған су қатып қалады. 11 Тәңір қою бұлттарды ылғалға кенелтеді, олар арқылы найзағайларын жарқыратады. 12 Бұлттар Оның нұсқауымен бүкіл әлемнің бетімен жөңки көшіп, Оның айтқанының бәрін орындайды. 13 Құдай бұлттарды не адамдарды жазалау үшін, не жерді суарып Өзінің берік мейірімін көрсету үшін келтіреді. 14 Әйүп аға, мынаны тыңдаңызшы! Тоқтап, Құдайдың кереметтеріне назарыңызды аударыңызшы. 15 Құдайдың дауылдарға қалай бағдар беретінін, найзағайын бұлттардан қалай жарқылдататынын білесіз бе? 16 Білімі кемел Жасаған Иенің бұлттарды аспанда қалай қалықтайтын қылғанын ұғасыз ба? 17 Оңтүстіктен соққан жел басылып, жер қурап жатқанда, киіммен пысынап ыстықтайсыз. 18 Аспан кеңістігі шыңдалған қола айнаға ұқсас; оны Тәңір Иемен бірге жайып жібере аласыз ба? 19 Құдайға не айтуымыз керек, соны бізге үйретіңізші. Қараңғылықта болғандықтан өз ісімізді қорғай алмаймыз. 20 Менің бір нәрсе айтатыным туралы біреу Оған мәлімдей ме? Жоқ, әлде Оған сол туралы хабар жеткізу керек пе? 21 Жел тұрып, аспанды шайдай ашып жібергенде, ешбір адам жарқыраған күнге тіке қарай алмайды. 22 Сол сияқты, Құдай да Өзінің тауынан алтындай жарқыраған салтанатқа бөленіп, өз нұрлы да үрейлі салтанатын жамылып келеді. 23 Құдіреті шексіз Тәңір біз жете алмайтындай бәрінен жоғары. Ол өте күшті де әділ, ешкімді езгіге салмайды. 24 Пенделер сол үшін де Оны мейлінше қастерлейді. Ең даналар да Оны толығымен танып-біле алмайды.
1 Содан соң Жаратқан Ие Әйүпке құйынның ішінен жауап беріп былай деді: 2 — Байыбына бармай сөйлеп, Менің данышпан шешімдеріме күмән келтіретін кім бұл өзі?! 3 Беліңді нағыз ердей буып, дайын тұр! Мен саған сұрақтар қояйын, ал сен түсіндіріп берші! 4 Жердің түп негізін орнатқанымда сен қайда жүрдің? Білгіш болсаң, түсіндірші! 5 Үстінен жіп тартып, оның өлшемдерін орнатқан кім? Сен бұларды білесің ғой. 6 Дүниенің негіздері ненің үстіне орнатылды, оның іргетасын қалаған кім болды? 7 Сол кезде таңғы жұлдыздар бірге әндетіп, Құдайдың бүкіл нөкерлері қуана ән салып жатты. 8 Теңіз пайда бола салысымен дүлейлене жөнелгенде оны қақпалармен қоршап, шектеп қойған кім еді? 9 Сол кезде Мен теңізге бұлттарды киім, қара түнекті жөргек еттім, 10 қақпалары мен ысырмаларын орнатқандай оның шекараларын белгілеп қойдым. 11 Оған: «Мына шектен асуыңа болмайды, тәкаппар толқындарыңның тоқтайтын жері осы!» деп бұйырғанмын. 12 Ал сен өзің таңның атуына бұйрық беріп, шұғылаға қай жерде болуы керектігін қашан болса да көрсетіп пе едің? 13 Оған жердің түкпір-түкпірлеріне жетіп, қараңғыда істелінген зұлымдықтарды жер бетінен аластатып тастауға әмір еттің бе? 14 Таң атқанда жердің қалпы сазға мөр басқандай айқындалып, салтанатты киімнің пішіміндей анықталады. 15 Күннің нұры зұлымдардың әрекеттерін доғартып, күш көрсетіп көтерген қолдарын сындырады. 16 Әйүп, сен теңіздегі су көздеріне түсіп, оның терең жерлерін зерттеп шығып па едің? 17 «О дүниенің қақпалары» саған көрсетіліп пе еді? «Қара түнектің қақпаларын» көріп пе едің? 18 Жердің ауқымын ұқтың ба? Осының бәрін білсең, түсіндірші! 19 Нұрдың мекеніне апаратын жол қайда? Ал қара түнектің тұрағы қайда? 20 Оларды өз қоныстарына апара алар ма едің? Соларға қалай жетуге болатынын білесің бе? 21 Әрине, білесің! Сен сол кезден бұрын-ақ дүниеге келіпсің. Көптеген күндерді басыңнан өткізіпсің. 22 Қар мен бұршақ сақталатын қоймаларға кіріп пе едің? 23 Апат, соғыс және шайқас кездері үшін соларды сақтап келемін. 24 Нұрдың шашырайтын жолы әрі шығыс желінің жер бетіне шашырай соғатын жолдары қайда? 25 Топанға арна қазып, күн күркіреу мен найзағайға жол салған кім? 26 Елсіз айдалаға, адам тұрмайтын құла түзге жаңбыр жаудыратын кім? 27 Құлазыған қу жапанды суландырып, жерден шөп шығаратын кім? 28 Жаңбырдың әкесі бар ма? Шықтың тамшыларын дүниеге келтірген кім? 29 Мұз кімнің құрсағынан шығып, аспаннан түскен қырауды кім туғызды? 30 Су мұздағанда тастай болады, тұңғиықтың беті қатып қалады. 31 Үркер жұлдыздар шоғырын байлап, Көгалдай мергеннің белбеуін шешуге құдіретің бар ма? 32 Шоқжұлдыздарды өз уақытында шығарып, Жетіқарақшыны кіші жұлдыздарымен бірге жетелей аласың ба? 33 Аспан денелерін басқаратын заңдарды білесің бе? Жаратқанның билігін жерге орнату қолыңнан келе ме? 34 Айқайыңды бұлттарға дейін жеткізіп, оларға нөсер құйдыра аласың ба? 35 Найзағайларды жарқылдатып, өзіңе мойынсұндыру қолыңнан келе ме? 36 Адамның жан дүниесіне ақыл-парасат дарытып, санасына түсінікті кім сыйлады? 37 Бұлттарды өз ақылымен санап шығып, «аспанның ыдыстарын төңкеріп», жаңбыр жаудырта алатын кім? 38 Шаң-тозаң сонда балшыққа айналып, топырақ кесектері бір-біріне жабысады. 39 Ұрғашы арыстан үшін аң аулайтын, жас арыстандардың қарындарын тойындыратын сенсің бе? 40 Олар апандарында бүгіліп не тасада торуыл құрып аңдып жатады. 41 Қарғаның балапандары Құдайға жалынып қарқылдап, тамақ іздеп босып жүргенде, қарғаға азық дайындап қоятын кім?
1 Тау ешкілері қашан лақтайтынын білесің бе? Маралдың бұзаулағанына қарап тұратын ба едің? 2 Оның қанша ай буаз болып, қашан туатынын білесің бе? 3 Марал толғатып, төлін еңкейіп туады. 4 Төлі күшейіп, ашық далада өсіп-жетіледі. Кейін енесінен ажырап, оған қайтып келмейді. 5 Ал жабайы есекті еркіне қоя берген, құланды жүгенсіз бос жіберген кім? 6 Соларға мекені болсын деп айдаланы, тұрағы болсын деп сортаңды бергенмін. 7 Қаланың әбігерінен олар мүлдем аулақ, айдаушының айқайын да естімейді. 8 Қайта, олар қыраттарды шарлап, өздеріне әр түрлі шөп іздейді. 9 Керік саған қызмет етуге келісіп, мал қораңда түней ме? 10 Оны жүгендеп, соқаға жеге аласың ба? Ол соңыңнан еріп егіндігіңді тырмалай ма? 11 Керіктің зор күшіне сүйеніп, ауыр жұмысыңды оған істете аласың ба? 12 Астығыңды жинап, оны бастыратын қырманыңа алып келуді соған сеніп тапсырасың ба? 13 Түйеқұс қанаттарын құшырлана қақса да, ол ләйлектің қауырсыны мен мамығына жетпейді. 14 Түйеқұс жұмыртқаларын жерге қалдырып кетеді, ал топырақтың жылуы оларды жылытады. 15 Біреу соларды табандарымен таптап, бір жабайы аң аяқтарымен басып кетпей ме, сол туралы еш ойланбайды. 16 Осылай түйеқұс балапандарына өзінікі еместей қатыгез болып, «бейнетім зая кетеді-ау» деп те уайымдамайды. 17 Себебі Құдай оған сондай даналық дарытқан жоқ, ақыл-санадан үлес бөлген жоқ. 18 Бірақ егер қанат қағып шабатын болса, тұлпар мен шабандозды басып озып, күлкі қылады. 19 Тұлпарға оның қуатын сен беріп пе едің? Оның желкесіне жал бітірген сен бе едің? 20 Тұлпарды шегірткедей алысқа секіретін қылған кім? Оның пысқыруының өзінен жұрт шошынады. 21 Тұлпар өршелене тұяғымен жер тебініп, өз күшіне шаттанып, шайқасқа бас салады. 22 Ол қорқынышқа күле қарап, ештеңеден қаймықпайды, семсерден де именбейді. 23 Жауынгердің қорамсағы, жалтыраған найзасы мен алдаспаны атының бүйіріне соғылып сатырлайды. 24 Керней тартылғанда, тұлпар өзін ұстай алмай, аласұрған шабытпен шайқасқа бас салады. 25 Ол керней тартылған сайын кісінеп, алыстан шайқастың иісін сезеді, қолбасшылардың өктем дауыстары мен айқайларын естіп тұрады. 26 Сұңқардың самғап ұшатыны, қанаттарын оңтүстік желге қарай жаятыны сенің даналығыңның арқасы ма? 27 Күшіген заңғар биікке самғап, сол жерге ұясын сенің бұйрығыңмен сала ма? 28 Ол жартаста өмір сүріп, сонда түнейді, жартастың ұшар басы — оның қорғаны. 29 Сол жерден шығып, азық іздеп, олжасын алыстан-ақ көзі шалады. 30 Балапандары да қан сорып тамақтанады. Жемтік қайда болса, күшігендер сонда жиылар. — 31 Жаратқан Ие сөзін жалғастырып, Әйүпке былай деді: 32 — Әлі де құдіреті шексіз Тәңірдің үстінен шағым айтып, дауласпақсың ба? Мейлі, Құдайды айыптап келген енді өзі жауап берсін! 33 Сонда Әйүп Жаратқан Иеге жауап беріп былай деді: 34 — Мен бұған лайықты емеспін, Саған қалай жауап бермекпін? Аузымды қолыммен жауып аламын. 35 Бір-екі рет еркінсіп аузымды ашқанмын, енді қайтып тіс жармаймын.
1 Жаратқан Ие құйын ішінен Әйүпке тағы да тіл қатып былай деді: 2 — Беліңді нағыз ердей буып, дайын тұр! Мен саған сұрақ қояйын, ал сен түсіндіріп берші! 3 Менің әділдігіме күмән келтірмексің бе? Өзіңді ақтау үшін Мені қараламақсың ба?! 4 Сенде Құдайдың құдіретіндей құдірет бар ма? Даусыңды Ол сияқты күркірете аласың ба? 5 Ендеше ұлылық, даңқпен әшекейленіп, салтанат, абыройға бөленші! 6 Қаһарыңды төгіп, тәкаппар атаулыға көз салып, оларды жуасытып көр. 7 Барлық өркөкіректерге назарыңды бағыштап, оларды төмендетші, зұлымдарды тұрған жерлерінде табаныңмен тапташы. 8 Олардың бәрін топыраққа көміп, кебінге орап, жүздерін жауып көр. 9 Сонда сенің өз құдіретіңмен құтқарылғаныңды Мен де мойындайын. 10 Мен өзіңді жаратқанымдай жаратқан сусиырға көз салшы. Ол өгіз сияқты шөп жейді. 11 Оның белінің қуаты, құрсағындағы бұлшық еттерінің күші қандай! 12 Сол хайуан самырсын секілді мықты құйрығын шайқалтады, жамбасындағы сіңірлері бір-бірімен берік матасқан. 13 Аяқтары қола құбырдай, сүйектері темір бағанадай. 14 Сусиыр Құдай жаратқан мақұлықтардың ішіндегі ғаламаты, ал оның Жаратушысы оған айбат көрсете алады. 15 Қыраттар оған азық ұсынады, даланың аңдары да сол жерде ойнақтайды. 16 Сусиыр лотос бұталарының астында, мибатпақтағы қамыстың арасында тасаланып жатады. 17 Лотос жапырақтары оны көлеңкесімен жауып, өзен бойындағы талдар оны қоршап тұрады. 18 Өзен астан-кестен болса да, сусиыр абыржымайды. Иорданның тасыған толқындары аузына соғылса да, ол тыныш болады. 19 Оны байқатпай ұстап алып, танауын тесіп, оған мұрындық сала алатын біреу бар ма? 20 Әлде қолтырауынды қармақпен ұстап, тілін жіппен байлап-матауды оңай деп ойлайсың ба? 21 Сол зор аңның танауынан жіп өткізіп, жағына қармақ таға аласың ба? 22 Ол сенен рақым етуіңді жалына өтініп, саған жылы сөйлейтін бола ма? 23 Әлде саған жалдануға келісіп, сен оны өмірлік құлың ете аласың ба? 24 Қолтырауынды кішкене құс іспетті үй жануарың етіп, қыздарыңның онымен ойнауы үшін жіппен байлай аласың ба? 25 Сатып алушылар ол үшін саудаласа ма? Саудагерлер оны өзара бөлісіп ала ма? 26 Оның терісіне қармақтар, басына найза шаншып қоя аласың ба? 27 Қолыңды оған тигізіп көрші, кейін онымен күресу туралы ойдың өзінен қашатын боласың.
1 Сол алып аңды жеңемін деген үміттің өзі құр бекершілік. Оны көргеннен-ақ зәрең ұшып қалшылдарсың. 2 Оның мазасын алуға ешкімнің дәті бармайды. Олай болса, Маған қарсы тұра алатын біреу бар ма? 3 Құнын Менен қайтарып аламын деп кім бір нәрсесін Маған беріп қойған? Аспан астындағылардың барлығы да Менікі! 4 Қолтырауынның аяқтары, оның зор қуаты мен керемет дене тұрқы туралы да айтып өтейін. 5 Оның денесінің сыртқы қабатын кім шешіп тастай алады? Оның қос қабат сауытын кім тесіп зақымдай алады? 6 Сондай қорқынышты тістермен көмкерілген оның арандай аузын кім аша алады? 7 Арқасында қатар-қатар тізіліп, бір-бірімен тығыз бекітілген қалқан іспетті қабыршықтары бар. 8 Біреуінің екіншісіне жақындығы сонша, арасынан тіпті ауа да өтпейді. 9 Бірі екіншісіне бекітілген, олар бірін-бірі жауып, еш ажырамайды. 10 Алып хайуан пысқырынғанда жалын шашып, көздері таң шапағындай жайнай бастайды. 11 Аранынан жалын алаулап, от ұшқындайды. 12 Оның танауынан шыққан түтін жанып жатқан қамысқа әрі қайнап тұрған қазаннан шыққан бу мен түтінге ұқсайды. 13 Хайуанның демі көмірді тұтататындай ыстық, аузынан жалын шашады. 14 Мойнында қуаты мол, өзіне тап болғандарға үрей туғызады. 15 Құрсағындағы бұлшық еттерінің бүрмелері бір-бірімен тығыз, біте жабысқан, оларды шайқалтуға болмайды. 16 Жүрегі тастай, диірменнің астыңғы тасындай қатты. 17 Алып хайуан көтерілгенде тіпті мықтылар да қорқады, үрейлері ұшып шегінеді. 18 Оған семсер тисе де, зиян келтіре алмайды. Найза, сүңгі, алдаспан да дарымайды. 19 Ол темірді сабандай, қоланы шіріген ағаш іспетті көреді. 20 Садақтың жебесі оны қашуға мәжбүрлей алмайды, сақпанмен атылған тастар ол үшін қабықпен бірдей. 21 Сол хайуанды сойылмен соғу сабанмен ұрған іспетті, алдаспанның тарсылына ол тек күліп қана қояды. 22 Бауырындағы қабыршақтары қыш құмыраның өткір сынықтарындай. Қозғалса, жер жыртылып, іздері қалады. 23 Ол тұңғиыққа сүңгіген кезде теңіз беті қайнаған қазандай тасиды. 24 Жүзгенде артынан ақ із қалдырып, көргендер теңіздің ақ шашы бар екен деп ойлайды. 25 Жер бетінде қорқынышты білмейтін ол сияқты ешбір хайуан жоқ. 26 Ол барлық тәкаппар аңдарға менсінбей қарап, жабайы аңдардың патшасы болып қала береді.
1 Сонда Әйүп Жаратқан Иеге былай деп жауап берді: 2 — Сенің барлық нәрсені де істей алатыныңды енді білдім. Ешбір ниетіңді тоқтату мүмкін емес. 3 «Байыбына бармай сөйлеп, Менің данышпан шешімдеріме күмән келтіретін кім бұл өзі?!» — деп едің. Шынында да өзім түсінбейтін, білуіме тым керемет нәрселерді сөз қылыппын. 4 «Сен тыңда, Мен сөйлейін. Саған сұрақтар қояйын, ал сен түсіндіріп берші!» деген де едің. 5 Сен туралы бұрын өзгелерден естігенмін, ал енді Сені өз көкірек көзіммен көріп тұрмын. 6 Сондықтан бұрынғы айтқандарыма өкініп, қатты қайғырып күл-топырақта отырмын. 7 Жаратқан Ие Әйүпке арнаған сөздерін айтып болған соң, темандық Елипазға тіл қатып былай деді: «Мен өзіңе және осы екі досыңа қаһарланып отырмын, себебі сендер Өзім туралы қызметшім Әйүп сияқты дұрыс сөйлеген жоқсыңдар! 8 Сондықтан жеті жас бұқа мен жеті қошқарды қызметшім Әйүпке алып барып, оларды өздерің үшін түгелдей өртелетін құрбандыққа шалыңдар. Қызметшім Әйүп сендер үшін сиынады. Сонда Мен оның мінажатын қабылдаймын, әрі сендерге надан сөздеріңе бола тиісті жазаларыңды тартқызбаймын. Өйткені сендер Өзім туралы қызметшім Әйүп сияқты дұрыс сөйлеген жоқсыңдар». 9 Сонда үшеуі — темандық Елипаз, шуахтық Билдад және нағамалық Сопар Жаратқан Иенің айтқанын орындады. Әйүптің олар үшін еткен мінажатын Жаратқан Ие қабылдады. 10 Әйүп достары үшін сиынғаннан кейін, Жаратқан Ие оның хал-жағдайын қайтадан қалпына келтірді. Тіпті оған мал-мүлікті бұрынғысынан екі есе мол қылып берді. 11 Әйүптің аға-інілері, апа-қарындастары және таныс-жақындарының бәрі үйіне келіп, дәм татып қонақ болды. Олардың барлығы Жаратқан Иенің Әйүптің басына салған азабы мен қиындығы үшін оған жұбаныш айтып, әрқайсысы бір-бір күміс теңге мен алтын жүзіктен сыйлады. 12 Жаратқан Ие Әйүптің өмірінің соңғы кезеңін алдыңғысынан бетер молынан жарылқады. Оның енді он төрт мың қой-ешкісі, алты мың түйесі, бір мың жұп өгізі мен бір мың есегі болды. 13 Әйүп тағы да жеті ұл мен үш қызға әке болды. 14 Бірінші қызына Емима, екіншісіне Кесия, үшіншісіне Керен-Хапух деген ат қойды. 15 Бүкіл елде Әйүптің қыздарындай сұлу әйел заты болмады. Әйүп оларға еншіні аға-інілерінікімен бірдей етіп бөліп берді. 16 Бұдан кейін Әйүп тағы жүз қырық жыл өмір сүріп, шөбере-шөпшектерінің қызығын көрді. 17 Осылай Әйүп мағыналы өмір сүріп, жасы ұлғайған шағында дүниеден өтті.
1 Мынадай адам шынымен бақытты: Ол құдайсыздар кеңесіне бармайды, Күнәкарлар жолымен де жүрмейді, Мазақтаушылармен бірге отырмайды. 2 Қайта, ол Жаратқанның тәліміне қуанады, Күні-түні сол туралы ойланады. 3 Ол су жағасындағы ағашқа ұқсайды: Сол мерзімінде жемісін береді, Жапырақтары кеуіп те сембейді, Не істесе де, ол табысқа жетеді. 4 Ал құдайсыздарда солай болмайды, Олар жел ұшырған қабыққа ұқсайды, 5 Құдай сотында ақтала алмайды, Әділдер қауымында орны болмайды. 6 Әділдің қамын Жаратқан ойлайды, Ал құдайсыздың ізі де қалмайды.
1 Неге халықтар жатыр бас көтеріп, Ұлттар іске аспайтын жоспарлар құрып? 2 Жаратқан мен Оның қойған патшасына Әлемнің патшалары қарсы тұрып, Әкімдер кеңесіп жатыр бірігіп: 3 «Бізге салған шынжырларын сындырып, Бұғауларынан құтылайық лақтырып!» 4 Көктегі тағында отырған Құдай күледі, Солардың ойларын Жаратқан келекелейді, 5 Содан ашулана зекіп, тіл қатады, Қаһар шашып, зәрелерін ұшырады: 6 «Киелі тауым Сионда Мен Өзім Осы патшамды тағайындаған едім!» 7 Паш етейін Жаратқанның жарлығын: «Рухани ұлымсың, — деді Ол маған. — (Өзіңді патшалыққа тағайындап) Мен бүгінгі күні Әке болдым саған. 8 Менен сұра, сонда иелігіңе сенің Халықтарды мәңгілікке беремін, Шартарапты қол астыңа өткіземін. 9 Сен жауларды темір таяқпен ұрасың. Лақтырып сындырғандай қыш ыдыстарын, Талқандап құртасың өз қиқарлықтарын». 10 Енді, патшалар, ақылға келіңдер, Әлемнің билері, шындықты түсініңдер! 11 Жаратқан Иені терең қастерлеңдер, Қуана бой ұрып қызмет етіңдер! Һәм дірілдеп күнәдан шошыныңдар, 12 Ұлының аяғын сүйіп бағыныңдар! Әйтпесе Ол кәрленіп, көздеріңді құртпақ, Ашуы лезде жалындай лауламақ. Ал Оған сенгендер бақытты болмақ.
1 (Дәуіттің жыры. Ол Дәуіттің өз ұлы Абессаломнан қашып жүрген кезіне арналған.) 2 Уа, Ием, жауларым сонша көбейді, Көп адам маған қарсы көтерілді. 3 Жұрт: «Құдай құтқармайды сол кісіні» Деп қатты күйзелтеді жан дүниемді. 4 Ал, Ием, алдымдағы қалқаным Сенсің, Даңққа бөлеп, беделімді көтересің. 5 Жаратқанға дауыстап жалынам, Ол жауап береді киелі тауынан. 6 Орныма жатып, ұйықтаймын бейқам, Содан оянып, тұрамын қайтадан, Себебі мені қорғайды Жаратқан. 7 Мен қорықпаймын өзіме жан-жақтан Қарсы шыққан мыңдаған жауларымнан. 8 Уа, Ием, көтеріліп қарсы тұрсаңшы, О, Құдайым, мені құтқарсаңшы! Сен жағынан ұрып күллі жауларымды, Күшінен айырасың сол зұлымдарды. 9 Уа, Жаратқан, Құтқарушымыз Сенсің, Батаңды төге гөр халқыңа Өзіңнің.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің жыры.) 2 Уа, Құдай, мені ақтаушы Өзіңсің, Сиынғанымда Сен құлақ сала гөр. Мені қысымшылықтан азат еттің, Қазір де рақыммен құлақ түре гөр. 3 Әй, пенделер, сендер абыройымды Қашанғы қорлап төге бермексіңдер? Жақсы көріп құр сөз бен бос істерді, Қашанғы өтірікке ермексіңдер? 4 Біліңдер: Жаратқан әділді таңдады, Жалбарынсам, Ием құлақ асады. 5 Ашуланғанда күнә жасамаңдар, Төсекте жатқанда ойланып-толғаныңдар, Жүрек түкпірін тексеріп, тынығыңдар! 6 Жаратқанға лайықты тарту арнаңдар, Оған сенім артып, мойынсұныңдар! 7 «Кім бізге жақсылық жасар?» деп сұрап, Күдік келтіреді көптеген кісілер. Уа, Жаратқан, жылы шыраймен қарап, Бет-жүзіңнің нұрын бізге төге гөр. 8 Молайса нан менен жүзім шырыны, Саған сенбейтіндер масаттанады. Менің жүрегімді Өзің шаттандырдың, Соншама зор қуанышқа толтырдың. 9 Уа, Жаратқан, мен төсегіме жатып Ұйықтаймын енді қаннен-қаперсіз, Өйткені Өзің маған бердің сыйлап Тыныш өмірді қауіп-қатерсіз.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, сыбызғылардың сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің жыры.) 2 Уа, Жаратқан Ием, сөзіме құлақ түре гөр, Қасіретті ойларыма көңіл бөле гөр, 3 Құлақ салсаңшы дауысыма зар жылаған, О, Патшам, Құдайым менің, сиынамын Саған. 4 Уа, Ием, ертеңгісін ести гөр дауысымды, Таң ата алдыңа келіп, күтемін жауабыңды. 5 Себебі Сен, Құдайым, зұлымдықты құптамайсың, Жамандық атаулыны қасыңа жолатпайсың. 6 Мақтаншақтар тұра алмас көз алдыңда Сенің, Заңсыздық істейтіндердің бәрін жек көресің. 7 Өтірік айтқандардың көзін құртып жібересің, Уа, Ием, Сен қанішер, опасыздан жиренесің. 8 Ал мен мол рақымыңның арқасында Өзіңнің киелі үйіңе кіремін, Қасиетті ғибадатханаңның алдында Өзіңді терең қастерлеп бас иемін. 9 О, Ием, мені Өзіңнің тура жолыңмен Жауларыма бола бастап алып жүрші, Жолыңды Өзің маған белгілеген Алдымнан анықтап, тегістеп берші. 10 Себебі жауларымның сөздерінде жоқ шындық, Жүректерінде ағыл-тегіл мол зұлымдық, Арандары олардың көрдей ашық, Майда тілдерімен айтады жалғандық. 11 Уа, Құдайым, үкімдерін шығаршы, Құрған тұзақтарына өздерін құлатшы, Мол күнәлары үшін қуып шықшы, Өйткені олар Саған қарсы шықты. 12 Өзіңе үміт артқандар шаттансын, Лайым қуана мадақтап ән салсын. Өзіңді сүйгендер Сені айтып мақтансын, Олардың бәрін Сен қолдап-қорғайсың. 13 Уа, Ием, Сен әділдерді жарылқайсың, Рақымыңмен қалқан іспетті қоршайсың.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, сегіз ішекті жетігеннің сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің жыры.) 2 Уа, Ием, маған ызаланып сөге көрме, Қаһарланып мені жазалай көрме. 3 Әлсізбін, о, Ием, рақымды бола гөр, Дірілдеген денемді сауықтыра гөр. 4 Жан дүнием қатты арпалысады, Жол бересің, уа, Ием, бұған қашанғы? 5 Я, Ием, қайтып, жанымды құтқара гөр, Берік рақымыңмен аман сақтай гөр. 6 Өлгендер Сені естеріне алмас, Көрдегілер Сені мадақтамас. 7 Күрсіне ыңқылдап қатты шаршаймын, Түні бойы зар еңіреп жылаймын, Төсегімді көз жасыммен дымқылдаймын. 8 Осы қайғымнан көзім солып қалды, Көп жауыма бола көруден қалды. 9 Аулақ менен, бар зұлымдық жасайтындар! Ием құлақ түрді жылаған даусыма, 10 Жаратқан естіді жалынышымды, Иә, Ием қабылдайды мінажатымды. 11 Бар жауым үрейленіп масқаралансын, Кенеттен кері қайтып, қарабет болсын.
1 (Бунямин руынан шыққан Құштың қылығы туралы Дәуіттің Жаратқан Иеге айтқан әні. Екпінді әуенмен айтылады.) 2 Уа, Құдай Ием, Сенен пана табам, Арашалай гөр мені қуғыншыларымнан. 3 Құтқарушым жоқ, жау мені быт-шыт қылады, Арыстандай паршалап, дал-дұлымды шығарады. 4 Уа, Құдай Ием, егер күнә істеген болсам, Яки қолыммен қылмыс жасаған болсам, 5 Бейбіт жолдасыма сатқындық жасаған Не дұшпанымды болсам себепсіз тонаған, 6 Онда жаулар мені қуып, ұстап алсын, Жанымды аяғымен жерге таптасын, Абыройымды топыраққа былғасын. 7 Уа, Жаратқан, қаһарлана көтеріле гөр, Жауларымның долдануына қарсы шыға гөр, Өзің бұйырғандай әділдік орната гөр, Мен үшін ендеше әрекеттене гөр. 8 Жиналып тұрсын халықтар айналаңа, Биіктен билік құршы қайтадан оларға. 9 Уа, Жаратқан, Сен халықтарды соттайсың, Мені ақтай гөр, Ием, әділ де адалмын. 10 Әділ Құдайым, жан дүниемізді сынайсың, Енді доғартсаңшы зұлымдардың сұмдығын, Әрі нығайтсаңшы әділдердің қорғанышын. 11 Алла Тағала мені қалқандай қорғайды, Шын жүректен адалды Ол аман сақтайды, 12 Құдай мәңгі әділ соттаушы болады, Тәңір күнде зұлымдарға ашуланады. 13 Егер адам бас тартпаса күнәсінен, Онда Құдай қайрайды өткір семсерін, Керіп, кезеніп дайындайды садағын, 14 Отқа қыздырады үшкір жебелерін, Сөйтіп даярлайды өлтіргіш қаруларын. 15 Міне, арамза адам зұлымдық ойлайды, Жан дүниесінде ол пәлені сақтайды, Содан өтіріктері оның туындайды. 16 Ол ор қазып, соны тереңдетіп дайындайды, Алайда сол тұзағына өзі кейін құлайды. 17 Осылай зұлымдығы өз басына келеді, Жауыздығы өзінің төбесіне түседі. 18 Жаратқанның әділдігін мадақтаймын, Алла Тағаланың есімін жырлаймын.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ғаттық жетігеннің сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің жыры.) 2 Уа, Жаратқан Тәңір, Иеміз біздің, Бүкіл дүниеде әйгілі Өзіңнің Сондай айбынды да даңқты есімің! Көктен биік мерейіңді өсірдің. 3 Балалардың, кішкене бөбектердің Аузымен Өзіңді дәріптетесің. Дұшпандарыңа бола солай істейсің, Қас жауыңды, кекшілді үндетпейсің. 4 Сенің қолыңнан шыққан аспаныңа, Өзің орнатқан ай мен жұлдыздарға Назар аударған әрбір уақытымда Мынадай сұрақтар туады ойымда: 5 Өзің ескеретіндей адам сонша кім, Сен қамқорлайтындай адам баласы кім? 6 Оны көктегілерден сәл төмен қойдың, Құрмет, салтанатты оған тәждей сыйладың. 7 Сен адам баласын билеуші еттің Қолыңнан шыққан бар жаратылысқа. Бәрін де оған бағындырып бердің: 8 Бүкіл ірілі-ұсақты малдарды да, Даладағы жабайы аңдарды да, 9 Самсаған құс пен судағы балықты, Теңіз ағыстарымен жүзгендерді Табыстадың Сен оның қол астына. 10 Уа, Жаратқан Тәңір, Иеміз біздің, Бүкіл дүниеде әйгілі Өзіңнің Сондай айбынды да даңқты есімің!
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Ұлдың қазасы» әуенімен айтылатын Дәуіттің жыры.) 2 Уа, Жаратқан, шын жүректен Сені мадақтаймын, Жасаған кереметтеріңнің бәрін жариялаймын. 3 Ұдайы Саған қуанып шаттық ән шырқаймын, Уа, Хақ Тағала, есіміңді Сенің жырлаймын. 4 Жауларым шегініп, кері қарай бұрылады, Алдыңда сүрініп құлап, ойран да болады. 5 Себебі дауымда Сен мүддемді қорғадың, Тағыңда отырып әділ шешім шығардың. 6 Халықтарды сөгіп, зұлымдарды жоқ қылдың, Есімдерін мәңгілікке өшіріп тастадың. 7 Жау қару-жарағынан ада қалып, жойылды, Сен қиратқан қалалары із-түзсіз жоғалды. 8 Рас, Жаратқан Ие мәңгі билік жүргізеді, Ол өз тағын орнатып, төрелік етеді. 9 Иеміз адамзатқа әділ үкім айтады, Халықтарға ақиқат шешім шығарады. 10 Қаналғандарға Жаратқан пана болады, Қиын жағдайда зәулім қорған боп тұрады, 11 Сені шын білетіндер Саған сенім артады, Ием, тастап кетпейсің Өзіңе сиынғанды. 12 Сионда тұратын Жаратқанға ән шырқаңдар, Оның ғажап істерін бар ұлттарға айтыңдар! 13 Төгілген қанды ұмытпайтын Ол ескереді, Жәбір шеккеннің айқайына құлағын түреді. 14 Уа, Жаратқан Ие, маған рақым таныта гөр, Жек көрген жаулардан қиналғанымды байқай гөр, Ажалдың аранынан мені арашалай гөр. 15 Сонда қақпаларында Сион шаһарының Өз ұлылығыңды ұдайы марапаттаймын, Мені құтқарғаныңа қуана ән шырқаймын. 16 Басқа ұлттар қазған өз орларына құлады, Құрған қақпандарына өздері ұсталды. 17 Ием әділ үкім айтып, Өзін ашық танытты, Зұлымдар айлалы істерінің кесірін тартты. // 18 Жамандық жасаушылар ажалға душар болады, Құдайды менсінбеген ұлттар соған тап болады. 19 Ал мұқтаж жан біржола ұмытылып кетпейді, Бейшараның үміті мүлдем зая кетпейді. 20 Уа, Ием, көтерілші, пенде жеңіп шықпасын, Халықтарға көз алдыңда үкім шығарылсын! 21 Жай пенде екендерін халықтар ұғып алсын, Оларды дірілдетіп қорқытсаң, о, Жаратқан! // 22 Уа, Жаратқан Ие, неге менен алыстасың? Басыма күн туғанда неге жасырынасың? 23 Жарлыларды паңдана қудалайды зұлымдар, Өз айлалы істерінен ұсталсын сондайлар! 24 Арсыз жан құмарлығын тіпті мақтан етеді, Ашкөз де дандайсып Жаратқанды менсінбейді, 25 Зұлым тәкаппарланып, Тәңірге бет бұрмайды, Күллі ой-пікірінде «Құдай жоқ!» деп санайды. 26 Ұдайы іс-әрекеттері табыс келтіреді, Сенің сотың тым биікте, алыс боп көрінеді. Зұлым барлық дұшпанын келекелей береді. 27 «Шайқалта алмас мені еш нәрсе, — деп ойлайды, — Күллі ұрпақтарыма да пәле жоламайды». 28 Аузынан шыққандар: қарғыс, өтірік, жалғандық, Айтқандары түгелдей зорлық пен зұлымдық. 29 Аула артында тасада аңдып отырады, Бас салып тұтқиылдан, жазықсызды құртады. Қорғансыз жанға көз сүзіп, отырады қарап, 30 Тасадағы арыстандай тосады тығылып, Бейшара жарлыны ұстауға жатады аңдып, Байғұсқа бас салып, түсіреді торына тартып. 31 Шарасыз бейбақ жеңіліп, жерге құлап түседі, Жауының мықты тырнақтарына ілігеді. 32 Зұлым жан: «Құдай ұмытып кетті, — деп ойлайды, — Ол көзін жұмып, ешқашан назар аудармайды». 33 Уа, Жаратқан Ие, орныңнан көтеріле гөр, Құдайым, қол созып, қаналғанды ескере гөр! 34 Зұлымдар неліктен Құдайды қорлай алады?! «Жауапқа тартпайды» деп неге ойлай алады?! 35 Ал көрсеткен жәбірлерін Сен байқап келесің, Зорлықтарын бақылап, жазаларын бересің. Кедей Саған сенеді, жетімге де тірексің. 36 Сол сұрқия зұлымдардың қолдарын сындыршы, Сұмдық істерін тексеріп, із-түзсіз жоқ қылшы! 37 Жаратқан Ие мәңгі бақи Патша болады, Бой ұрмайтын ұлттар Оның елінен жоғалады. 38 Назар аударасың күшсіздердің аңсауына, Уа, Ием, құлақ салып, жігер бересің оларға, 39 Жетім мен қиналған жанның мүддесін қорғауға, Сұм пенденің оларды қайтып қорқытпауына!
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.) Ұдайы паналаймын Жаратқан Иені, Қалайша қорқытпақсыңдар былай деп мені: «Кәне, кетші ұшып тауыңа құс секілді!» 2 Сол зұлымдар садақ иіп, жебе тартуда, Тасадан дайын тұр адалдарды атуға. 3 Әділ жан не істейді, заңды негіз қираса? 4 Ал Жаратқан отырады көктегі тағында, Өзінің киелі ғибадатханасында, Иеміз бақылайды барлығын да, Сын көзбен қарайды адам баласына. 5 Жаратқан Ие әділдерді тексереді, Зұлым да зорлықшыл жандарды Ол жек көреді, 6 Залымдарға жаудырады жанған көмірді Әрі жазалау үшін лаулаған күкіртті, Қоса жібереді күйдіріп өртейтін желді. 7 Иеміз әділ, Ол әділдікті сүйеді, Шыншыл жандар Оның бет-жүзін көреді.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, сегіз ішекті жетігеннің сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің жыры.) 2 Уа, Жаратқан, құтқара гөр, әділдер қалмады, Адамзат арасынан адал атаулы жоғалды! 3 Әрбір жан жақындарына жалғандық айтады, Мүләйім жүзбен сөйлесіп, жағымпазданады. 4 Ием тілдерін олардың бөсіп мақтанатын Тоқтата көрсін әрі жағымпаз ауыздарын. 5 «Тілімізбен жеңеміз, аузымыз өзіміздікі! Кім билік жүргізбек бізге?» деп олар көпіреді. 6 «Жарлылар жапа шегіп, кедейлер де күрсінеді, Енді орнымнан тұрамын! — дейді Жаратқан Ие, — Қауіптен қорғаймын Мен жәбір көргендерді». 7 Жаратқанның сөздері таза да сенімді, Жеті рет балқытылып тазарған күміс секілді. 8 Жаратқан Ие, қаналғандарды Сен қорғайсың, Сол арсыз ұрпақтан оларды мәңгі сақтайсың. 9 Ал зұлымдар әлі де емін-еркін жүреді, Адамдар арасында арсыздық дәріптеледі.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.) 2 Уа, Жаратқан, қашанғы Сен мені ұмытпақсың? Мәңгілік пе бет-жүзіңді менен жасырмағың? 3 Қашанғы көңілім уайымға тола бермек, Жүрегім күн сайын қасіретке кенелмек? Дұшпаным қашанғы маған үстемдік жүргізбек? 4 Уа, Құдай Ием, назар аударып, құлақ сала гөр, Өлмейін, көзімді қайтадан жарқырата гөр. 5 Мен сенімімнен жалтарып, жауым шаттанбасын, Дұшпандарым «Жеңдік!» деп лепіре мақтанбасын. 6 Ал мен берік рақымыңа сенімімді артамын, Сенің құтқаруыңа шын жүректен қуанамын, Игілік жасаған Иеме әнімді айтамын.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.) Ақылсыз адамдар «Құдай жоқ!» деп ойлайды, Әбден бұзылған олар жексұрындық жасайды, Әрі ешқайсысы да жақсылық жасамайды. 2 Жаратқан Ие көктен көз салады адамзатқа: «Ақылды біреу бар ма бет бұратын Құдайға?» Деп байқайды Ол. 3 Жоқ, бәрі тайып кетті теріс жолға, Әбден бұзылды бірігіп барлығы да. Жақсылық жасаушы ешкім жоқ, тіпті бір жан да. 4 Сұмдық жасайтындар ақылға келмес пе екен? Халқымды олар нан жегендей жалмап кеткен, Жаратқанға сиыну ойларына еш түспеген. 5 Ал оларды қорқыныш құрсаулайтын болады, Өйткені Құдай әділ ұрпаққа жар болады. 6 «Әй, зұлымдар, күлесіңдер жарлының ниетіне, Бірақ қолдап-қорғайды оны Жаратқан Ие!» 7 Құтқару Сионнан келсе екен Исраилге! Жаратқан өз халқын тұтқыннан азат еткенде, Жақыптың үрім-бұтағы қатты қуанады, Иә, Исраил халқы шат-шадыман болады!
1 (Дәуіттің жыры.) Уа, Жаратқан, Сенің тұрағыңда кім тұра алады, Киелі тауыңда кімнің тұруына болады? 2 Сондай адам мінсіз жүріп әділдік істейді, Шын жүректен ақиқатты ғана сөйлейді, 3 Ешкімді уытты тілмен өсектемейді, Жолдасына ешбір зұлымдық істемейді, Жақынының арына дақ түсірмейді. 4 Арамза адамдарды ол еш жақтырмайды, Ал Иемізді қастерлейтінді ардақтайды, Өзіне қиын болса да, сөзін орындайды, 5 Мұқтажға қарыз бергенде өсімін алмайды, Пара алып жазықсыз жанды қараламайды. Мұны істеуші нық тұрып мәңгі шайқалмайды.
1 (Дәуіттің насихат мінажаты.) Уа, Құдайым, сақтай гөр Өзің мені, Баспана етемін жалғыз Сені! 2 Жаратқанға былай деймін: «Сен Иемсің, Сенен бөлек жоқ ешбір игілігім!» 3 Ұлы жандар — Саған бағышталғандар, Маған өте ұнайды елде олар. 4 Ал бөтен тәңірлердің жолын қуғандар: Қасіретке молынан ұшырамақ олар. Тәңірсымақтарға құрбандық шалмаймын, Олардың аттарын аузыма еш алмаймын. 5 Уа, Ием, маған жар болып келесің, Жарылқап мені амандық бересің, Тағдырым қауіпсіз қолыңда Сенің. 6 Тамаша — маған тиген үлесім, Қатты ұнайды ғажайып мұрам. 7 Даңқтаймын ақыл-кеңес берген Иемді, Ұжданым түнде де мені ескертеді. 8 Ықылас-ниетім әрдайым Иемде, Оң жағымда Ол маған жар боп келеді: Жағдайым шайқалмайды ешбір кезде. 9 Содан жүрегім шаттыққа толады, Мәз-мейрам болып тілімнен бал тамады, Саған сенгенімнен тәнім тыншиды. 10 Сен жанымды о дүниеге қимайсың, Қасиетті адамыңның тәнін шірітпейсің. 11 Шын өмір жолын маған көрсетесің, Көз алдыңда қуанышқа бөлейсің, Оң жағыңда мәңгі игілік бересің.
1 (Дәуіттің мінажаты.) Уа, Ием, әділ өтінішімді ести гөр, Жалынған дауысыма көңіл бөле гөр, Шынайы мінажатыма құлақ түрші, 2 Сен Өзің мені тексеріп, ақтай көрші, Ісімнің әділдігіне көз сала көрші. 3 Жүрегімді зерттеп, түнде де мені сынадың, Тәптіштеп тексерсең де, еш нәрсе таппадың. Жалғандық айтудан ойланып сақтанам, 4 Іс-әрекетімде сөздеріңе бағынам, Аулақ жүріп келем зорлықшының жолынан. 5 Ізіңмен Сенің берік жүрді қадамдарым, Ақ жолыңнан тайып кетпеді аяқтарым. 6 Уа, Құдайым, Саған дұға етемін, Себебі Сен маған жауап бересің, Қазір де құлақ түрші сөзіме менің, 7 Көрсетші сондай керемет рақымыңды, Жауларынан Өзіңді паналаған жандарды Құтқарасың ғой қолданып қуатыңды. 8 Көз қарашығыңдай мені сақтай көрші, «Қанатыңның астында» тасалай көрші. 9 Бас салған зұлымдардан мені қорғай гөр, Қоршаған жан алғыштардан сақтай гөр. 10 Жүректерінде жоқ мейірімділік, Ауыздарынан шыққандары — менмендік. 11 Соңымнан қуып олар қоршап алады, Жерге ұрып-соғу үшін қарайды қырағы, 12 Олжасын паршалауды аңсаған арыстандай, Тасада аңдып тұрған мықты арыстандай. 13 Уа, Жаратқан Ие, енді көтеріле гөр, Қарсы шығып, бұл жауларды құлата гөр, Зұлымнан мені семсеріңмен құтқара гөр! 14 О, Ием, күшті қолыңмен аман сақтай гөр, Жау тек осы дүниелік пайданы іздеп жүр. Жоғары бағалаған жандарыңды тоқ қыласың, Олардың балаларын да тойындырасың, Ұрпақтарына да жетер артып сыйлағаның. 15 Мен адал жүріп, бет-жүзіңді көремін, Оянып, көрінісіңе қарап сүйсінемін.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған. Жаратқан Иенің қызметшісі Дәуіттің жыры. Ол Жаратқан Иенің оны барлық жауларынан және Саулдың қолынан құтқарғанына арналған. Сонда Дәуіт былай деді:) 2 Уа, Жаратқан Ие, Сені сүйемін, Сен күш-қуатымның қайнар көзісің. 3 Жаратқан — жартастай берік қорғаным, Мені қауіп-қатерден құтқарушым, Құдайым — сенім артқан шың құзым, Қалқандай қорғаушым, мықты құтқарушым, Әрі биік таудағыдай баспанам! 4 Мадаққа лайық Жаратқанға сиынам, Ол мені арашалайды жауларымнан. 5 Өлім толқындары жан-жақтан құрсады, Заңсыздық тасқыны көміп тастады, 6 Ажалдың шынжыры мені матады, Өлімнің торы бұғаулап шырмады. 7 Қатты қиналып Жаратқанға сиындым, Жәрдем сұрап Құдайыма жалындым. Киелі орнынан Ол құлақ салды, Жалынышым Оның алдына барды. 8 Сол заматта жер дірілдеп сілкінді, Таулардың негізі шайқалып дірілдеді, Өйткені Құдай қаһарына мінген еді. 9 Қаһарынан Оның түтін шықты, От лаулап, аузынан жалын атты, Ыстық шоқ ішінен атқылады. 10 Аспанды ашып Ол төмен түсті, Қара бұлттар болды аяғының асты, 11 Мықты періштелерге мініп алды, Желдің қанаттарында зулап ұшты, 12 Түнекті айналдыра перде қылды, Жаңбырдың қалың бұлттарын жамылды, 13 Қасындағы нұрын бұлттар жасырды, Бұршақ жауып, найзағай жарқылдады. 14 Жаратқан Ие аспаннан күркіреп шақырды, Алла Тағаланың дауысы жаңғырықты. 15 Жебелер атқылап жауларын шашыратты, Найзағай жарқылдап оларды абдыратты. 16 Көрінді сонда теңіздің арналары, Әрі дүниенің негіздері ашылды, Уа, Жаратқан Ие, қатаң сөгісіңнен, Қаһарлы да құдіретті лебіңнен. 17 Көктен қолын созып, Ол мені ұстап алды, Терең судан Ием мені шығарып алды, 18 Құтқарды мені мықты дұшпанымнан, Өзімнен қуатты қас жауларымнан. 19 Мүшкіл кезімде олар маған бас салды, Жаратқан Ие бірақ тірегім болды, 20 Кең-байтақ жерге Ол мені шығарды, Маған риза болып аман құтқарды. 21 Адал жүрген мені Ием қолдады, Пәк істерім үшін игілік сыйлады. 22 Өйткені Жаратқанның жолымен жүрдім, Арсыз болып Құдайымнан безбедім. 23 Қайта, күллі шешімдері көз алдымда, Оның ережелерінен бас тартпаймын да. 24 Құдайдың алдында мінсіз болып келемін, Күнә жасаудан сақтанып жүремін. 25 Жаратқан маған берді әділдігіме қарай, Оның көз алдындағы пәк ісіме сай. 26 Ием, рақымды жанға рақым танытасың, Адал жанға адалдықпен қарайсың, 27 Таза жүрген жанмен Өзің де тазасың. Арамзаға айламен жауап қайырасың. 28 Жәбір көрген жандарды құтқарасың, Бірақ менменді байқап, құлатасың. 29 Уа, Ием, маған шырақтай нұр шашасың, Уа, Құдайым, түнегімді жарық қыласың. 30 Сенің күшіңмен жау тобын жеңе аламын, Құдайыммен қамалдың үстіне шығамын. 31 Күмән жоқ, Құдайдың жолы мінсіз, Жаратқанның сөзі де еш мүлтіксіз. Құдайға сенім артқан бар жандарға Ол — қалқандай қорған әрі берік баспана. 32 Жаратқан Иеден басқа кім Құдай екен? Құдайымыздан басқа кім қорғайтын құз екен? 33 Құдай мені күш-қуатқа бөлейді, Мінсіз өмір жолымен жетелейді, 34 Аяғымды бұғыдай жүйрік қылады, Биік жерлерімде аман тұрғызады. 35 Ол қолдарымды дайындайды шайқасқа, Майыстырам тіпті қола садақты да. 36 Сен құтқаруыңды қалқандай сыйладың, Мені қолдайды құдіретті қолың, Жоғарылатады мені шапағатың. 37 Жолда қадамдарымды ұлғайтасың, Аяқтарымды таюдан сақтап қаласың. 38 Жауларымның артынан қуып жеттім, Бәрін құртпайынша кері келмедім. 39 Олар жеңіліп, қайта тұра алмады, Аяғымның астына менің құлады. 40 Шайқасуға маған күш-қуат сыйладың, Қарсыластарды алдыма бас ұрғыздың, 41 Қалған жауларды қашуға мәжбүр қылдың. Мені жек көргендердің көздерін құрттым, 42 Көмекке шақырды олар, ешкім құтқармады, Жаратқанға жалынды, Ол құлақ салмады. 43 Жауларды желмен ұшқан шаңдай ұнтақтадым, Далаға батпақтай лақтырып тастадым. 44 Сен мені халықтың бүлігінен құтқардың, Әрі басшысы етіп қойдың өзге ұлттардың. Бөтен халық енді маған қызмет етеді, 45 Олар да айтқанымды екі етпейді, Бөгде ұлттар алдымда құлдық ұрады, 46 Жат жұрттықтар қатты қорқып бозарады, Дірілдеп өз қамалдарынан шығады. 47 Жаратқан тірі! Құздай Қорғаушым мақталсын, Құтқарушы Құдайым лайым даңқталсын! 48 Құдайым мүддемді қорғаған, Әрі халықтарды маған бағындырған, 49 Жауымнан өзімді аман сақтап қалған. Жоғары қойдың мені қарсыластардан, Сен құтқарып алдың зорлықшылдардан. 50 Басқа халықтар арасында сондықтан, Уа, Жаратқан Ием, Сені мадақтаймын, Сенің атыңа ән-жырымды арнаймын. 51 Сен Өзіңнің тағайындаған патшаңа: Дәуітке және оның ұрпақтарына Ұдайы ұлы жеңістер сыйлайсың, Тұрақты мейіріміңді бағыштайсың.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.) 2 Құдайдың салтанатты ұлылығын Аспан әлемі ашық паш етеді, Оның қолының керемет істерін Әуе кеңістігі де көрсетеді, 3 Осыларды олар жариялайды күнде, Бұл білімді мәлімдейді әр түнде. 4 Сол «үндерін естімеген» бір тіл де, Ешқандай ұлт та қалмайтын болады. 5 «Үндері» жайылады бар жер бетіне, «Сөздері» жердің шетіне таралады. Құдай күнді аспанда орналастырған. 6 Күйеу жігіттей бөлмесінен шыққан Күннің жүзі де қуана нұрланады, Ол жүйріктей жарысуға құлшынады. 7 Көкжиектің бір шетінен күн шығады, Келесі шетіне өтіп айналады, Ештеңе де қызуынан тыс қалмайды. 8 Кемелді — Жаратқанның тағылымдары, Жан дүниені олар жаңартады. Ақиқат — Иеміздің жарлықтары, Олар наданды да дана қылады. 9 Әрі әділ — Жаратқанның бұйрықтары, Олар жүрекке қуаныш құяды. Жаратқанның өсиеттері сондай нұрлы, Көздерді ашып, жарқыратады. 10 Мойынсұна қастерлеу Жаратқанды: Осы таза ниет мәңгі қалады. Жаратқанның шешімдері шынайы, Барлығы мүлтіксіз де әділетті, 11 Тіл үйірген таза балдан да тәтті, Алтыннан, саф алтыннан да бағалы. 12 Бұлардан пендең ескерту алады, Бәрін ұстанғанды зор сый тосады. 13 Кім байқайды өз теріс қылықтарын? Тазарта гөр, Ием, құпия күнәмнан, 14 Сақтай гөр әдейі күнә жасаудан, Жамандық жүргізбесін билік маған! Сонда көз алдыңда мінсіз боламын, Ауыр күнәлардан да аулақ тұрамын. 15 Лайым менің аузымдағы сөздерім Әрі жан дүниемдегі ой-ниеттерім Ұнамды болсын Саған, о, Жаратқаным. Өзіңсің жартастай мықты Қорғаным Һәм Құтқарушым, уа, Жаратқан Ием.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.) 2 Қиын-қыстау кезде Ием саған құлақ салсын, Жақыптың Құдайы бар пәледен сақтасын, 3 Ол киелі үйінен саған көмек жіберсін, Сиондағы тұрағынан нығайта көрсін, 4 Бар сый-тартуларыңды ескере көрсін, Өртелген құрбандығыңа да риза болсын. // 5 Жүрегіңнің қалауын Құдай берсін, Бар ой-ниетіңді орындай көрсін. 6 Сонда жеңісіңе қуана әндетеміз, Құдайымыздың атынан ту көтереміз, Тілектеріңді қабыл алсын Иеміз. 7 Жаратқан Өзі тағайындаған Патшасын Аман сақтайтынын енді білемін, Жауап береді оған киелі көгінен, Құтқарады оны құдіретті қолымен. 8 Кейбір ұлт мақтанады күймелерімен, Басқалар мақтанады тұлпарларымен, Ал біз мақтанамыз Құдай Иемізбен. 9 Сол халықтар құлайды жығылып, Ал біз нық боламыз берік тұрып. 10 Уа, Жаратқан, патшамызға жеңіс сыйлай гөр, Сиынған кезімізде құлақ сала гөр.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.) 2 Уа, Ием, құдіретіңе патша қуанады, Құтқарғаныңа шексіз шаттанады. 3 Оған жүрегінің қалауын сыйладың, Сұраған тілектерінен бас тартпадың. // 4 Игіліктер сыйлап оны қарсы алдың, Саф алтыннан басына тәж кигіздің. 5 Өмірін сақтауды сұрағанда Өзіңнен Тіпті мәңгілік өмір сыйладың Сен. 6 Жеңіс беріп оны даңққа бөледің, Абырой мен салтанатқа кенелттің. 7 Сен патшаны мәңгілік жарылқадың, Қасыңда болу қуанышын сыйладың. 8 Себебі патша Жаратқанға сенім артады, Хақ Тағаланың рақымымен нық тұрады. 9 Өзіңді жек көргенді іздеп табасың, Бар жауыңды күшпен ұстап аласың, 10 Келгеніңде отты пешке тастайсың, Уа, Ием, қаһарыңмен талқандайсың, Оттың жалынымен түгел жалмайсың. 11 Жау ұрпақтарын жер бетінен құртасың, Адамзат арасынан жоқ қыласың. 12 Олар саған қарсы қастандық ойлайды, Алайда соны орындай алмайды. 13 Жебе тартып беттерін нысана етсең, Оларды кері қайтуға мәжбүрлейсің. 14 Уа, Ием, көтеріле гөр құдіретіңмен, Күш-қуатыңды даңқтаймыз ән-күйменен.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Таң атқандағы жәрдем» әуенімен айтылатын Дәуіттің жыры.) 2 О, Құдайым, Құдайым менің! Неліктен мені жалғыз қалдырдың? Айқайлаған даусыма құлақ салмайсың, Мені құтқарудан неге алшақсың? 3 Құдайым, күндіз шақырсам, жауап қатпайсың, Түнде де айқайлап, тыным таппаймын. 4 Бірақ Сен киелісің, Исраил халқың Сені мадақтайтын тағыңда отырасың. 5 Ата-бабамыз Өзіңе иланып жүрді, Сөзіңе сенді, Сен де азат еттің. 6 Саған сиынып, олар құтқарылды, Өзіңе сеніп ұятқа қалмады. 7 Ал мен адам емес, құрт іспетті қуатсызбын, Жұрт ұрсып, елемейді мені халқым, 8 Көргендердің бәрі келекелейді, Басын шайқап, балағаттап былай дейді: 9 «Ол Жаратқанға үмітін артқан екен, Сол оны аман қалдырсын пәледен! Жаратқан Ие разы болса оған, Құтқарып алсын оны қиындықтан!» 10 Ал мені ана құрсағынан Сен шығардың, Жас кезімнен Өзіңе иландырдың, 11 Туғаннан-ақ қолдауыңа мұқтажбын, Өмір бойы Сенсің Құдайым менің, 12 Енді алыстай көрме менен Өзің. Себебі азап-бейнет қалды таяп, Қол ұшын берерім жоқ мені аяп. 13 Сүзеген бұқадай жау алды қоршап, Башандық бұқадай жан-жақтан қыспақтап, 14 Ақырған арыстандай жемге құмартып, Аранын ашады, маған қарсы шығып. 15 Күшім судай төгіліп, таусылды құрғап, Сүйектерім буынынан қалды босап. Кеудемде жүрегім балауыз құсап Әбден балқып, елжіреп кетті босап. 16 Қыш құмыраның сынығына ұқсап Күшімнен айырылып қалдым қурап, Тілім қалды таңдайыма жабысып, Өлім топырағына бердің мені қиып! 17 Төбеттердей жан-жақтан қыспақтады Сол жауыздар, лек-легімен қоршап алды, Аяқ-қолымды түйреп жаралады! 18 Сүйектерімді шыға алам санап, Ал халық тұр маған қадала қарап. 19 Жау жамылғымды бөлісіп алады, Киімім үшін жеребе салады. 20 Уа, Ием, Сен менен алшақтай көрме, Күшім менің, тез келе гөр көмекке, 21 Өмірімді аман сақтап семсерден, Құтқара гөр «төбеттердің» күшінен! 22 Құлақ сап, құтқара гөр «арыстанның Араны» мен «мүйізінен бұқаның». 23 Атыңды бауырларыма білдіремін, Қауым жиынында Сені дәріптеймін: 24 «Ей, Жаратқанды терең қастерлейтіндер, Оны әрдайым мадақтай беріңдер! Ей, Жақыптың бүкіл үрім-бұтағы, Жаратқанды ұдайы дәріптеңдер, Иә, Исраилдің бар ұрпақтары, Иемізді құрметтей беріңдер! 25 Жарлының азабынан Ол жиренген жоқ, Құдай бет-жүзін одан жасырған жоқ, Қайта, құлақ салды шақырған даусына». 26 Сені мадақтаймын үлкен жиында, Уәдемді орындап халқыңның алдында, 27 Жарлылар мейрамдап, тойынады да. Құдайға сиынғандар мақтау айтсын — Лайым жандарың аман-есен болсын! 28 Жер шетіндегілер де мұны ескереді, Жаратқан Иеге бет бұрып дұға етеді, Бар ұлттардың әулеттері бас иеді, 29 Себебі билік Жаратқанның қолында, Ұлттардың Иесі Сол болып қалады да! 30 Жердің бар байлары тойына қатыспақ, Жаратқанның аяғына жығылып сиынбақ, О дүниеге аттанатын жандар — Өмірі өткінші бүкіл адамдар Оның алдында тізерлеп иілмек. 31 Келер ұрпақтар Оған қызмет етпек, Барлығы Иеміз туралы естімек, 32 Содан Оның әділдігін дәріптеп, Жаңа туған халыққа да паш етпек. Себебі Құдай мұны бітірді Өзі істеп.
1 (Дәуіттің жыры.) Жаратқан Ием — менің Бағушым, Мен еш нәрседен де тарықпаймын. 2 Ол мені жасыл жайлауға жаяды, Тұнық суға жетелеп апарады. 3 Ием жаныма күш дарытады. Есімі «Қасиетті» деп аталады, Содан артамын Оған сенімімді: Ол мені тура жолмен жетелейді. 4 Қап-қараңғы шатқалда жүрсем де мен, Қорықпаймын ешбір қауіп-қатерден, Себебі Өзің менің қасымдасың, Жігер береді сойылың мен таяғың. 5 Сен маған дастарқан жаясың Көз алдында дұшпандарымның, Мені құрметпен қарсы аласың, Тостағанды толтыра құясың. 6 Жақсылық пен мейірімділік Үлесім болады өмірлік, Жаратқан Иенің үйінде Мен қала беремін мәңгілік.
1 (Дәуіттің жыры.) Жер жүзі мен ондағының бәрі Жаратқандікі, Бұл дүние мен онда тұрғандар түгел Онікі, 2 Жердің негізін Ол теңіздің түбіне орнатты, Ағындардың үстінен берік етіп нығайтты. 3 Жаратқанның тауына кімнің шығуына болады, Оның киелі орнында кімнің тұруына болады? 4 Бұл тек қолы мен жүрегі таза жанға болады, Жат тәңірге табынбай, жалған айтпайтынға болады. 5 Осындай жанды Жаратқан Ие жарылқайды, Құтқарушы Құдай оны рақыммен ақтайды. 6 Уа, Құдай, тек бұлар Сенің алдыңа барады, Жақып сиынған Құдай, олар Саған бет бұрады. 7 Ей, көне қақпалар, айқара ашылыңдар, Ежелгі есіктер, кеңінен ашылыңдар, Кіре алсын даңққа бөленген Патша! 8 Кім екен осы даңққа бөленген Патша? Ол — құдіреті күшті Жаратқан Ие, Шайқаста құдіретті Жаратқан Ие! 9 Ей, көне қақпалар, айқара ашылыңдар, Ежелгі есіктер, кеңінен ашылыңдар! 10 Кім екен осы даңққа бөленген Патша? Әлемнің Иесі, Сол — даңқталған Патша! //
1 (Дәуіттің жыры.) Уа, Ием, жанымды Саған бағыштаймын, 2 Я, Құдайым, Саған сенім артамын. Қалдыра көрме мені масқараға, Әрі жол берме жаудың табасына. 3 Саған сүйенген ешкім қалмайды ұятқа, Ал бекер сатып кеткендер болады масқара. 4 Уа, Ием, ақ жолыңды көрсете гөр, Еркіңе сәйкес жүруге үйрете гөр, 5 Шындығыңа сай бағыттап, нұсқай гөр. Себебі Құтқарушы Құдайымсың Сен, Күні бойы Саған үміт артамын мен. 6 Уа, Жаратқан Ием, есіңе алшы Өзің көрсетіп келген ежелден бері Сарқылмас мейірімің мен рақымыңды. 7 Есіңе алмашы жас күнгі күнәмді, Кешіре гөр теріс қылықтарымды, Ескере гөр мейіріміңе сай мені, Уа, Ием, Сен рақымдысың өйткені. 8 Жаратқан Ие ізгі де әділетті, Сондықтан күнәкарға ақ жолды сілтейді, 9 Кішіпейілді әділдікке бағыттайды, Әрі тура жолын оған нұсқайды. 10 Келісімнің ережелерін ұстанған жанды Жаратқан рақым әрі шындықпен бастайды. 11 Өз есіміңе сай, уа, Жаратқан Ие, Кешіре гөр сондай ауыр күнәмді. 12 Кім Жаратқан Иені терең қастерлейді? Таңдайтын жолын Ол соған көрсетеді. 13 Сондай адам игілікке кенеледі, Үрім-бұтағы жерін мұра етеді. 14 Иеміз Өзін қастерлейтіндерге сырын Ашады және білдіреді Келісімін. 15 Әрдайым Иеме тігемін көзімді, Жаудың торынан Ол босатады өзімді. 16 Рақыммен салсаңшы маған назарыңды, Жападан-жалғызбын, рухым жабырқаңқы. 17 Жүрегімнің қайғысы молайып келеді, Қиыншылықтан азат етсеңші мені. 18 Азап пен бейнетіме көңіл бөле гөр, Бүкіл күнәларымды кешіре гөр. 19 Жауларым қандай көп, назар сала көрші, Жауыздықпен олар мені жек көреді. 20 Құтқара гөр жанымды аман сақтап, Ұятқа қалмайын Сені паналап, 21 Адалдық пен әділдік қорғасын мені, Өзіңе үміт артамын мен өйткені. 22 Уа, Құдайымыз, Өзің Исраилді Бар қиыншылықтан құтқара көрші.
1 (Дәуіттің жыры.) Төрелік айтып мені ақташы Өзің, Уа, Жаратқан Ием, адал жүріп келемін, Саған сенім артып еш күдіктенбеймін. 2 Тексер мені, уа, Жаратқан, байқап көр, Жүрегім мен ой-санамды сынап көр. 3 Өйткені көз алдымда мейірімің, Сенің Ақиқат жолыңмен жүріп келемін, 4 Өтірікшілермен бірге отырмаймын, Зымияндармен де бірге жүрмеймін. 5 Арамзалар жиынын еш жаратпаймын, Зұлымдармен ешқашан отырмаймын. 6 Қол жуып адалдығымды білдіремін, Құрбандық үстеліңді айналып жүремін, 7 Уа, Ием, мадақтап Сені әндетемін, Керемет істеріңді паш етемін. 8 Сен тұратын қасиетті үйіңді, Ұлылығың мекендейтін орынды Сондай сүйемін, уа, Жаратқан Ие. 9 Күнәкарлармен бірге жанымды алма, Қанішерлермен бірге өмірімді құртпа. 10 Арам қылықтары қолдарын былғайды, Пара алып, беруден олар бас тартпайды. 11 Бірақ мен кінәратсыз таза жүремін, Құтқаршы мені рақымыңмен Өзіңнің. 12 Тегіс жерде табан басып нық тұрамын, Жиындарда Жаратқанға мақтау айтамын.
1 (Дәуіттің жыры.) Жаратқан — нұрым менің, құтқарушым да, Кімнен мен қорқамын солай болғанда? Жаратқан — өмірімнің берік қорғаны да, Кімнен үрейленемін солай болғанда? 2 Мені жалмауға зұлымдар таяп қалса, Қарсылас, жауларым маған бас салса, Өздері-ақ сүрініп, жығылады да. 3 Мен қорықпаймын, әскер қоршап алса да, Үмітім үзілмес, ол маған лап қойса да. 4 Иемнен бір-ақ нәрсені сұрадым, Тек мынау ғана менің аңсағаным: Өмір бойы Оның үйінде болсам, Жаратқан Иенің көркіне қарасам, Ғибадатханасында ойланып-толғансам. 5 Өйткені менің басыма күн туғанда Ол тасалайды мені тұрағында, Жасырады өз құпия орнында, Аман сақтайды биік тау құзында. 6 Сонда қоршаған жауымнан биік тұрамын, Иемнің киелі үйінде шаттанамын, Қуана Оған сый-тартулар бағыштаймын, Ән-жырымды Жаратқан Иеге арнаймын. 7 Өзіңе сиынған даусыма құлақ түрші, Уа, Ием, рақыммен жауап бере көрші. 8 Сен «Алдыма келіп, сиыныңдар» дедің, Саған шын жүректен жауап беремін: «Уа, Ием, сиынып алдыңа келемін». 9 Бет-жүзіңді жасыра көрме менен, Ашумен бас тартпа мендей пендеңнен. Қорғап-қолдаушым болып келесің Сен, Жалғыз қалдырып безіп кетпе менен, Уа, Құдайым, Құтқарушымсың Сен. 10 Бас тартса менен тіпті әке-шешем, Қабылдайды мені Жаратқан Ием. 11 Уа, Ием, жолдарыңды маған нұсқай гөр, Жауларыма бола ақ жолыңмен бастай гөр, 12 Жаудың еркіне қалдыра көрме мені, Жалған куәлар өзіме қарсы көтеріледі, Ашумен маған қоқан-лоқы көрсетеді. 13 Алайда мен мынаған нық сенемін: Әлі де бұ дүниеде тірі жүремін, Жаратқан Иенің мейірімін көремін. 14 Әрдайым Жаратқанға арт сеніміңді, Батыл болып, нығайта түс жүрегіңді! Әрқашан Жаратқанға арт сеніміңді!
1 (Дәуіттің жыры.) Саған сиынамын, уа, Жаратқан Ием, Жартастай берік қорғанымсың Сен, Бас тарта көрме маған жауап беруден. Егер де тіл қатып жауап бермесең, Қабірге түскендерге ұқсаймын мен. 2 Киелі үйіңе қарай қол көтеріп Жалбарынсам Сенен қолдау тілеп, Менің даусыма құлақ түре көрші. 3 Қылмыс жасайтын зұлымдармен бірге Маған өлімді бұйыра көрмеші. Басқалармен солар жылы сөйлескенмен, Олардың жүректері арамза әбден. 4 Соларға жасаған қылмыстарына сай, Істеген зұлым істеріне қарай Тиісті жазаларын тартқыза гөр, Лайықты қарымтасын қайтара гөр. 5 Иеміздің істерін олар елемейді, Оның жаратқандарын құрметтемейді, Сондықтан Ол соларды талқандайды, Енді қайтып оларды көтермейді. 6 Жаратқан Ие мақталсын әрқашан! Құлақ асты Ол даусыма жалынған. 7 Ием — күш-қуатым, қалқандай қорғаным, Шын жүректен Оған сенім артамын. Ол мені қолдады, қатты қуанады жүрегім, Иеме ән салып Оны дәріптеймін. 8 Жаратқан Ие — күш-қуаты өз халқының, Әрі Өзі тағайындаған патшасының Берік қорғаны аман-есен сақтайтын. 9 Уа, Жаратқан, халқыңды құтқара гөр, Меншікті қауымыңды жарылқай гөр, Бағушысы болып мәңгі көтере бер.
1 (Дәуіттің жыры.) Ей, мықтылар, Жаратқанды дәріптеңдер, Иеміздің құдіретін құрметтеңдер, 2 Жаратқанның есімін даңқтап қадірлеңдер, Қасиетті салтанатпен Оған бас иіңдер! 3 Жаратқанның дауысы сулардың үстінде, Ұлылық Иесі — Құдай күркіреуде, Жаратқан гүрілдейді зор сулардың үстінде. 4 Жаратқанның даусы тым құдіретті, Жаратқанның даусы асқан айбатты. 5 Оның даусы самырсынды сындырады, Ливанның самырсындарын құлатады, 6 Ливанның тауларын бұзаудай секіртеді, Хермон тауын жас бұқадай сілкінтеді. 7 Жаратқанның дауысы от-жалын шашады, 8 Оның дауысы иен даланы шайқалтады, Қадештегі айдаланы да сілкінтеді. 9 Жаратқанның дауысы емендерді сілкілейді, Орман ағаштарының жапырақтарын түсіреді. Киелі үйінде бәрі «Ұлылық!» деп айтады. 10 Жаратқан топан су үстінде тақта отырады, Жаратқан патша болып мәңгі тақта отырады. 11 Жаратқан Ие өз халқына күш дарытады, Тыныштық сыйлап ақ батасын қондырады.
1 (Ғибадатхананы Құдайға бағыштау кезінде айтылатын Дәуіттің әні әрі жыры.) 2 Уа, Жаратқан, даңқыңды асырамын, Сен мені шыңыраудан алып шықтың, Жауларыма мені табалатпадың. 3 О, Құдай Ием, мен Саған сиындым Қолдау сұрап, сонда мені сауықтырдың. 4 Уа, Ием, мені көрден алып қалдың, Ажалдан жанымды арашаладың. 5 Ей, Жаратқан Иеге бағышталғандар, Оған арнап ұдайы ән шырқаңдар, Оның киелі атын мадақтаңдар! 6 Өйткені Ол бір-ақ сәт ашуланады, Ал рақымы өмір бойы ұласады. Кешке жылап-сықтау басым болады, Ал таң ата қуаныш тосып тұрады. 7 Аман-сау болғанда мақтанған едім: «Мен ешқашан да толқымаймын!» дедім. 8 Ал мені таудай нығайтқан Сенің рақымың. Кейін бет-жүзіңді менен жасырдың, Сонда мен қорқып уайымға салындым. 9 Уа, Жаратқан Ием, Саған сиындым, Қолдау сұрап Өзіңе жалбарындым: 10 «Өліп, көрге түсуімнен не пайда, Топырақ сонда Сені мадақтар ма, Адалдығыңды Сенің жариялар ма?! 11 Құлақ түрші, уа, Ием, рақым ете гөр, О, Жаратқан Ие, қолдаушым бола гөр». 12 Қайғымды шаттық биімен алмастырдың, Азалы киімімді шешіп тастадың, Ерен қуанышқа мені бөледің. 13 Енді үздіксіз Саған ән саламын, Уа, Құдай Ием, мәңгі мақтау айтамын.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.) 2 Өзіңді паналаймын, уа, Жаратқан, Ұятқа қалдырмашы мені ешқашан, Сен әділсің, мені алып қалшы аман. 3 Құлақ түріп маған, тез құтқара көрші, Бас сауғалар құз бен қорғаным бола көрші. 4 Өйткені жартасым, берік қамалымсың, Жетелеп бастай гөр ізгілігің үшін, 5 Шығаршы мені жау құпия құрған тордан, Себебі Сен берік қорғансың маған. 6 Сенің қолыңа рухымды тапсырамын. Уа, Ием, шынайы Құдай, Сен мені құтқардың. 7 Жек көрем түк пайдасыз тәңірсымақтарды Әрі оларға табынған адамдарды, Ал Жаратқан Иеге нық сенемін, 8 Қуанып, шаттанамын рақымыңа Сенің, Сен байқадың мүшкіл халімді менің, Жанымның азабына көңіліңді бөлдің. 9 Сен мені қалдырмадың жаудың қолына, Қайта, мені тұрғыздың ашық орынға. 10 Рақым ете гөр, қиналып тұрмын, Уа, Ием, күйіктен солды жанарым, Зор қасіреттен әлсіреді жан-тәнім. 11 Ғұмыр жасым қайғыдан қысқаруда, Күңіреніп өмірім таусылуда, Күнәма бола күш-қуатым қайтуда, Сүйектерімнің күші кетіп қуаруда. 12 Көршілеріме жек көрініштімін, Таныстарыма да қорқыныштымын, Мені көре қалса қашады далада, Осындай болдым жауларыма бола. 13 Өлгендей-ақ олар мені ұмытқан, Ұқсаймын қыш ыдысқа сынып қалған. 14 Көп естимін өзім жайлы өсек-аяң, Қауіп төніп тұр басыма жан-жақтан, Жауларым маған қарсы сөз байласуда, Жанымды алуға жоспар құруда. 15 Ал мен Өзіңе сенемін, уа, Жаратқан, «Сен менің Құдайымсың» деймін Саған. 16 Өмірім Сенің қолыңда, я, Жаратқан, Құтқара гөр қуғындаған жауларымнан. 17 Бет-жүзіңнің нұрын маған түсіре гөр, Мейіріміңе сай мені құтқара гөр. 18 Мені ұятқа қалдырма, уа, Жаратқан, Себебі жалбарынып жүрмін Саған. Зымияндар масқараланатын болсын, Үндері өшіп, олар қабірге қойылсын, 19 Қарысып қалсын ауыздары жалған, Менмен паңдықпен әділді жамандаған. 20 Уа, Ием, қандай мол Сенің ізгілігің: Өзіңді қастерлеп, паналайтындар үшін Соны сақтап, жұрт алдында сыйлайсың. 21 Сен пана болып әділді қорғайсың, Өз саяңда аман-есен сақтайсың Адамдардың астыртын әрекетінен Әрі ұрсып айыптайтын тілдерінен. 22 Маған мейірімін көрсеткені үшін, Қоршалған қалада қорғағаны үшін Жаратқан Ие әрдайым мадақталсын! 23 Қорқыныштан былай деп уайымдадым: «Сірә, Сенің назарыңнан тыс қалдым!» Бірақ Сен жалынған даусыма құлақ түрдің, Сиынған мінажатыма жауап бердің. 24 Жаратқанды сүйіңдер, бар әділдері, Иеміз аман сақтайды адал пенделерді, Ал молынан жазалайды менмендерді. 25 Жаратқанға сенім артқандардың бәрі, Қайратқа кенеліп, батыл болыңдар енді!
1 (Дәуіттің насихат жыры.) Әділетсіз істері кешірілген, Барлық күнәларынан ақталған Қандай бақытты әрбір жан! 2 Иеміз мойнына кінә артпайтын, Жан дүниесінде жалғандық болмайтын Қандай бақытты әрбір жан! 3 «Күнәмді айтқым келмеп еді, Сонда аяқ-қолым сырқырай берді, Ыңқылдап жүрдім күні бойы. 4 Себебі күні-түні Сенің қолың Зілдей боп үстімде жатты менің. Сол кезде жаздың аптабы семдірген Көк шөпке ұқсап солып қалдым мен. // 5 Сонда алдыңда күнәмді мойындадым, Әділетсіздігімді енді жасырмадым. Жаратқанға кінәмді ашық айтам дедім, Сен сонда барлық күнәмді кешірдің. 6 Сондықтан Өзіңе адал жүрген жан Пәлеге тап болғанда, сиынсын Саған. Тіпті топан судай апат келгенмен, Ажалдан құтылады ол аман-есен. 7 Сен баспанамсың пәледен сақтайтын, Құтқарылғаныма қуана ән шырқаймын». // 8 «Мен саған ақыл-кеңес беремін, Жүретін жолыңды көрсетемін. Сені таса қылмай көзімнен, Әрдайым жетелеп жүремін Мен. 9 Ақылсыз ат пен есектей қасарма, Ауыздық, жүген саласың оларға, Әйтпесе бағынбай жүрер олар да». 10 «Құдайсыз жан көп қасірет шегеді, Ал Жаратқанға сенімін артқан пендені Оның берік рақымы қоршай береді. 11 Иемізге қуаныңдар, әділдер, шаттаныңдар! Шын жүректен адалдар, қуана ән салыңдар!»
1 Әділдер, қуана мақтаңдар Жаратқанды, Адал жандардың мақтауы жарасымды. 2 Жаратқанды домбырамен мадақтаңдар, Он ішекті жетігенмен күй тартыңдар, 3 Оған бағыштап жаңа ән айтыңдар, Мәнерлеп ойнап, шаттана айқайлаңдар! 4 Өйткені Жаратқанның сөзі шынайы, Ол бар істерін адалдықпен жасайды, 5 Иеміз әділет пен әділдікті қалайды, Оның рақымына толы жердің барлығы. 6 Жаратқанның сөзімен аспан жаралды, Аузының лебімен жұлдыздар да жасалды. 7 Теңіздің суларын Ол жинап, шек қойды, Түпсіз мұхитты «қоймаларына» құйды. 8 Күллі жер Жаратқан Иені қастерлесін, Әлемнің бар халқы Оны құрметтесін, 9 Өйткені Ол сөз айтқанда орындалды, Бұйрық бергенде бар болып, берік тұрды. 10 Иеміз бағынбайтын ұлттардың ойларын Шайқалтып, жояды арамза жоспарларын. 11 Жаратқанның жоспары мәңгі берік тұрады, Бар ұрпақтарға ниеті нық сақталады. 12 Құдайы — Жаратқанға сиынған ұлт бақытты, Ол меншігіне таңдаған халық жарылқаулы! 13 Жаратқан Ие көктен жерге қарар, Сонда күллі адамзатты көзімен шолар, 14 Өз тағынан жер тұрғындарын байқар. 15 Ол бәрінің жүректерін жаратты, Бүкіл істерін толық ұғынады. 16 Патшаны қалың жасағы құтқармайды, Жауынгер зор күшімен қорғана алмайды, 17 Тұлпар да құтқаруға жарамайды, Ерен күшімен де құтылта алмайды. 18 Бірақ Өзін терең қастерлейтіндерге, Рақымына үмітін жүктегендерге Назарын салады Жаратқан Ие 19 Оларды ажалдан құтқару үшін, Ашаршылықта аман сақтау үшін. 20 Жаратқанға шын көңілден сенім артамыз, Ол — қолдаушымыз, қалқандай қорғаушымыз. 21 Жүрегіміз шаттанады Иемізге, Кәміл сенеміз киелі есіміне! 22 Үмітіміз Өзіңде, уа, Жаратқан Ие, Берік мейіріміңмен жар бола гөр бізге.
1 (Дәуіттің жыры. Ол Дәуіттің Әбимәлік алдында есуас болғансып, соның қасынан қуылып, құтылып кеткен оқиғасына арналған.) 2 Жаратқан Иені мадақтаймын әр уақытта, Оны мақтаған жыр ұдайы жүрсін аузымда. 3 Тәңір Иені шын жүректен тұтамын мақтан, Байғұс бейшаралар естіп, қуансын соған. 4 Келіңдер, бірге Жаратқанды мадақтайықшы, Бірігіп Оның есімін марапаттайықшы! 5 Жаратқанға сиындым, Ол жауап берді маған, Әрі азат етті мені бар қорқынышымнан. 6 Жаратқанға сиынып көз тіккендер жайнайды, Олар шаттанып, еш масқара болмайды. 7 Жарлы болған мен жалбарындым Жаратқанға, Ол естіп, бар пәлемнен құтқарды сонда. 8 Иені қастерлейтіндерді қоршап тұрады Оның періштесі, ол соларды құтқарады. 9 Жаратқанның ізгілігіне көз жеткізіңдер, Қандай бақытты Оған сенімін жүктегендер! 10 Қастерлеңдер Иені, Оның қасиеттілері! Жоқшылық қинамайды Оны қастерлейтіндерді. 11 Арыстандар азыққа зәру жүре алады, Ал Иеге сенгендер бар игілікке тояды. 12 Келіңдер, балалар, тыңдаңдар сөзімді, Үйретемін сендерге Иемізді қастерлеуді. 13 Сендердің қайсыларың өмірді ұнатасыңдар, Жақсы күндерді көптеп көруді қалайсыңдар? 14 Онда жаман сөз ауыздарыңнан шығармаңдар, Өтірік айтудан да әрқашан сақтаныңдар! 15 Жамандықтан бас тартып, жақсылықты жасаңдар, Татулыққа ұмтылып, сол үшін күш салыңдар! 16 Жаратқан Ие әділдерге назар аударады, Өзіне жалынған оларға құлақ салады. 17 Ал сұмдық жасайтындарға Жаратқан қарсы шығады, Есімдерін із-түзсіз жер бетінен жоқ қылады. 18 Әділдер жалынса, Иеміз құлақ салады, Күллі қиындықтан оларды құтқарып алады. 19 Жүрегі жаралыға Жаратқан жақын тұрады, Жаны күйреп, күнәсіне өкінгенді құтқарады. 20 Әділ жан қиындықты көп көреді, Ал Иеміз оны бәрінен азат етеді, 21 Оның барлық сүйектерін аман сақтайды, Тіпті бірде-біреуі сындырылмайды. 22 Сұрқияның зұлымдығы түбіне жетер, Әділді жек көрген жан зардабын шегер. 23 Жаратқан Ие құтқарады өз құлдарын, Ол соттамайды Өзін паналағандарын.
1 (Дәуіттің жыры.) Менімен ерегісіп келгендермен Сен Өзің ерегісе гөр, уа, Ием. Маған қарсы күресіп келгендермен Сен Өзің күресе гөр, уа, Ием. 2 Сауыт киіп, қалқаныңды қолыңа алшы, Мені қолдап айқасуға дайындалшы. 3 Семсер суырып, қуғыншыларды бөгеші, «Мен Құтқарушыңмын!» деп жаныма жігер берші. 4 Жанымды алмақ жаулар ұятқа қалсын, Мені құртуға әрекет еткендер жасырын Енді кері қайтып, әбден масқаралансын! 5 Олар жел өтіндегі қауыздай шашырасын, Жаратқанның періштесі айдап шықсын, 6 Жолдары қараңғы да тайғақ болсын, Иә, Жаратқанның періштесі қуғындасын! 7 Өйткені олар жазықсыз маған тор құрды, Еш айыпсыз маған арнап ор қазды. 8 Сондықтан оларға кенет ажал жетсін, Маған құрған торына өздері түссін, Осылайша өз бастары құрып кетсін. 9 Сонда мен Жаратқанға шаттанамын, Мені құтқарған Иеме қуанамын, 10 Жан-тәніммен Оны былай деп мақтаймын: «Күшсіз жанды күштіден қорғайтын, Бейшара кедейді тонаушыдан сақтайтын Саған кім тең келер, уа, Жаратқаным?» 11 Ал мені айыптайды жалған куәлар, Мен білмейтін жайттарды тергеп сұрар. 12 Жақсылығыма жамандықпен қайтарар, Жан дүниемді қаңыратып бос қалдырар. 13 Ал олар ауырған кезде мен де қайғырдым, Ораза ұстап жанымды қалжыраттым, Жаратқанға олар үшін жалбарындым. Жауапсыз қайтқанда сол мінажатым, 14 Олар үшін дос-жарандай қамықтым, Анамды жоқтағандай бас иіп қайғырдым. 15 Алайда мен сүрінгенде олар қуанды, Айыптауға маған қарсы жиналды, Бейхабар мені үздіксіз даттады, 16 Арсыз мазақтаушылармен бас қосты, Маған қарсы тістерін қайрап бақты. 17 Уа, Жаратқан, бұған төзесің қашанғы? Сол «кәрлі арыстандардан» жалғыз жанымды Құтқаршы, һәм зұлымдықтарынан ғұмырымды. 18 Мен үлкен жиында Сені даңқтаймын, Көп халықтың алдында Сені мақтаймын. 19 Себепсіз жауым болған жандар қуанбасын, Кінәсіз мені жек көргендер табаламасын! 20 Татулық сөзін олар еш қозғамайды, Елдегі бейбіт жұртқа сұмдық жоспарлайды. 21 Арандарын кең ашып маған мін тағады: «Рас, біз сенің жамандық жасағаныңды Өз көзімізбен көрдік» деп айыптайды. 22 Уа, Жаратқан, мұны көрдің, үнсіз қалма, О, Ием, Сен менен еш қашықтама, 23 Тұрып, мені қорғауға ұмтыла гөр, Уа, Ием, Құдайым, мүддемді қорғай гөр, 24 Әділдігіңе сай мені ақтай гөр, Уа, Құдай Ием, табаламасын олар! 25 «Жақсы екен бұл, дәл көңілдегідей, Енді оны жеп құртамыз тірідей!» Деп ойлай алмасын сол зұлым жандар. 26 Менің мүшкіл халіме қуанғандар Бәрі ұятқа қалып, масқаралансын, Өздерін менен тым жоғары қойғандар Қара бет болып, ұятқа орансын. 27 Ал қалағандар ақталуымды менің Шаттана дауыстап қуанышқа кенелсін. «Қызметшісіне амандығын сүйсіне сыйлаған Жаратқан Иеміз мадақталсын әрқашан!» Деп дәріптей берсін олар тоқтамастан. 28 Күн сайын мен де Сені мақтап дәріптеймін, Әділдігіңді бар халыққа паш етемін.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, Жаратқан Иенің қызметшісі Дәуіттің жыры.) 2 Зұлымның заңсыздығы жайлы жүрегімнің Түкпірінен шыққан ойды былай деймін: Оның ниеті жоқ Құдайды қастерлейтін. 3 Күнәсін ұғып, жек көргеннен гөрі Жағымпазданады ол өзіне-өзі. 4 Зұлымдық пен өтірік — айтқан сөздері, Жақсылық жасауды ойлағысы келмейді, 5 Төсекте жатып та сұмдық жоспарлайды, Теріс жолмен жүріп, күнәдан бас тартпайды. 6 Ал, Ием, көктей шексіз Сенің рақымың, Бұлттардай заңғар Сенің адалдығың! 7 Таулардай айбынды Сенің әділдігің, Тұңғиықтай терең Сенің шешімдерің. Сен адам мен хайуанның екеуін де Қамқорлап келесің, я, Жаратқан Ие. 8 Уа, Құдай, Сенің рақымың қандай қымбат, Қанатыңның астын паналайды адамзат, 9 Әлеміңнің игілігіне тойдырасың, Өзеніңнің рақатына қандырасың. 10 Өйткені өмірдің қайнары Өзіңсің, Жарықты көреміз нұрыңда Өзіңнің. 11 Сені білетіндерге рақымыңды төкші, Адал жандарға шындығыңды көрсетші. 12 Менмендерге мені таптата көрмеші, Зұлымдарға да қудалата көрмеші. 13 Әне, қылмыскерлер орындарынан құлады, Қайтып тұрмастай төменге лақтырылды!
1 (Дәуіттің жыры.) Арамзаларға ренжіп ашуланба, Жамандық жасайтындарға қызықпа, 2 Олар шөп сияқты жылдам солады, Көк шөптей тез қурап, өліп қалады. 3 Жаратушыға сеніп жақсылық жаса, Еліңде тұрып адалдықты сақта, 4 Жаратқан Иеңнен тап рақатыңды, Ол сыйлайды ізгі жүрек қалауыңды. 5 Өмір жолыңды тапсыр Тәңір Иеге, Оған сүйеніп сеніміңді жүкте, Ол сен үшін әрекет етеді де: 6 Жайнатады әділдігіңді таңғы нұрдай, Ісіңнің ақтығын тал түскі күндей. 7 Шыдамды бол Жаратқанның алдында, Шешімін күт сабырмен, еш асықпа! Арам жоспарын іске асырған жанға, Табысқа жеткен зұлымға ашуланба! 8 Ашу-ызаңнан қайт, бас қаһарыңды, Сұмдыққа өршітпесін олар жаныңды. 9 Зұлымдық жасаушылар жойылып кетер, Иемізге сенушілер елді иемденер. 10 Көп ұзамай зұлым адам ғайып болар, Іздесең таппайсың, орны босап қалар. 11 Ал кішіпейіл жандар елді иеленер, Бейбіт өмірдің рақатына мол сүйсінер. 12 Арсыз жан әділге жамандық ниеттенер, Менсінбей оны, тіс қайрап жек көрер. 13 Бірақ Иеміз онысына тек күледі, Сот күнінің таяп қалғанын біледі. 14 Семсерін суырып, садағын тартты сұмдар, Жарлыны құлатып, адалды құртпақ олар, 15 Ал семсерлері өз жүректеріне қадалар, Садақтары сындырылып, талқандар. 16 Әділдің қолындағы аздың өзі Көп зұлымның қолындағы молдан ізгі. 17 Себебі зұлымның күші жойылады, Бірақ әділді Жаратқан нығайтады. 18 Мінсіздерге Жаратқан күнде көз салады, Мұралық меншіктері мәңгі сақталады, 19 Ауыр күнде мінсіздер масқара болмайды, Тіпті аштық кезінде тамағын тоя жейді. 20 Жаратқанның жаулары жойылады, Зұлымдар даланың көркіндей солады, Жайылған түтіндей тез ғайып болады. 21 Арсыз жан қарыз алып, қайтармайды, Әділ жан мүсіркеп, қамқорлайды. 22 Иеміз жарылқағандар жерді мұралайды, Ал Оның қарғағандары қырғынға ұшырайды. 23 Әділдің қадамын Жаратқан нығайтады, Жүрген өмір жолын Ол ұнатады, 24 Сүрінсе әділ жан, біржола құламайды, Жаратқан оны қолынан демеп қолдайды. 25 Жас та болдым, енді міне, қартайдым, Көрмедім әділ жанның бейшара болғанын, Ұрпағының қайыршы боп нан сұрағанын. 26 Қайта, күнде жаны ашып қарыз береді, Ұрпағы да елге игілік әкеледі. 27 Жамандықтан без, ұдайы жақсылық істе, Сонда өмір бойы тұрасың еліңде. 28 Себебі Жаратушы әділдікті қалайды, Өзіне бағышталған жаннан бас тартпайды. Сондайды Ол мәңгі аман-есен сақтайды, Ал сұмның ұрпағы қырғынға ұшырайды. 29 Әділдер осылай елді иеленеді, Өмір бақи оны мекен етеді. 30 Әділ жанның аузынан даналық шығады, Тілімен ол әрдайым әділдік айтады, 31 Жүрегінде Құдайының заңы қалады, Әділдік жолында аяғы нық болады. 32 Арамза адам әділді торып аңдиды, Оның көзін құртудың амалын іздейді, 33 Ал Иеміз әділді арамзаға қалдырмайды, Оған әділге қарсы үкім шығартпайды. 34 Жаратқанға сүйеніп, Оның жолымен жүр, Ол сені көтеріп елді иелентер, Зұлымдардың құрығанын саған көрсетер. 35 Бұтағын жайып, тереңге тамырлаған Зор ағаштай сұм да қатал жанды байқағам, 36 Енді міне, ол уақыты өтіп жоқ болған, Іздесем де, оны мүлдем таба алман. 37 Мінсізді бақыла, әділге қара: Зор болашақ бар бейбіт адамда, 38 Бірақ заңсыздар түгел құртылады, Сұмдардың болашағы қырғын болады. 39 Әділдерді Жаратқан құтқарып алады, Пәлеге тап болса, оларға пана болады, 40 Жаратушы оларды қолдап құтқарады, Зұлымдардың қолынан босатып алады, Өйткені әділдер Оған үміт артады.
1 (Басына түскен жағдайын Құдайдың есіне салған Дәуіттің жыры.) 2 Уа, Жаратқан, қаһарланып сөге көрме, Ашуланып мені жазалай көрме. 3 Өзің атқан жебелерің денеме кірді, Қолың зілдей басты менің үстімді. 4 Қаһарыңнан денемде сау жерім жоқ, Күнәмнан жан-тәнімде тыныштық жоқ. 5 Істеген күнәларым басымнан асты, Ауыр жүктей денемді жерге жанышты. 6 Ақымақ істерімнің кесірінен Жараларым іріңдеп, иістенген, 7 Иіліп кеттім тұла бойым бүгіліп, Күні бойы жүремін қайғы шегіп. 8 Белім менің ісіп кетіп қабынған, Денемде сау жерім жоқ ауырмаған. 9 Әбден әлсіреп, шалдығып-шаршаймын, Жан азабынан қатты ыңқылдаймын. 10 Уа, Ием, Саған аян барлық қалауым, Құпия емес Саған ыңқылдауым, 11 Жүрегім аласұрып, құрыды қуатым, Көз жанарым суалып, қашты нұрым. 12 Дос-жарандарым жарамнан қашқақтап, Жақын туыстарым да тұр алшақтап. 13 Жанымды алмақ жаулар тұзақ құрады, Дұшпандар ажалым туралы айтады, Күн сайын қастық жайлы ақылдасады. 14 Ал мен саңыраудай құлақ аспаймын, Мылқау сияқты жағымды ашпаймын, 15 Осылай құлағы естімес адамдаймын, Аузынан жауап шықпас мылқаудаймын. 16 Өйткені, Жаратқан Ие, Өзіңе сенем, Сен жауап бересің, уа, Құдай Ием. 17 Сонда мен былай деп ойлаған едім: Дұшпандарым мені табаламасын, Сүрініп құласам, олар паңданбасын. 18 Себебі жақын қалдым мен құлауға, Азабым әрдайым көз алдымда. 19 Әділетсіз ісімді мойындаймын, Жасаған күнәма қайғырудамын. 20 Ал көп жауларым сергек жүріп күшеюде, Себепсіз мені жек көретіндер көбеюде, 21 Жақсылығыма олар жамандық қайырады, Ізгі жолмен жүргеніме қарсы шығады. 22 Уа, Ием, мені жалғыз тастай көрме, О, Құдайым, менен алыстай көрме. 23 Асыға гөр маған көмек беруге, Құтқарушым менің, уа, Жаратқан Ие.
1 (Ән-күйдің жетекшісі Едутунге арналған Дәуіттің жыры.) 2 Өзіме былай дедім: «Мен сақ жүрейін, Тіліммен күнә жасаудан безейін, Әділетсіз жан қасымда тұрғанда Тіліме берік бұғау салайын да». 3 Осылай аузымды ашпай үндемедім, Тіпті жақсылық жайлы да сөйлемедім, Содан күшейе түсті қасіретім. 4 Жүрек жалындап, ойымда от тұтанды, Тілімнен отты сөздер ағытылды: 5 Көрсете гөр, Ием, ғұмырымның соңын, Көрер күндерімнің бүкіл санын, Өмірімнің өткіншілігін ұғайын. 6 Бір қарыстан ұзақ емес өмірім, Қас қағым сәт — ғұмыр жасым Сен үшін. Рас, алған деміндей әлсіз — пенде өмірі! // 7 Адамдар өмірден елестей өтеді, Мал-мүлік мол жинап бекер күйбеңдейді, Себебі соның кімге тиерін білмейді. 8 Ал қазір, уа, Ием, нені тосамын? Тек Өзіңе үмітімді артамын. 9 Заңсыз істерімнен мені арылта гөр, Зердесіздің қорлауынан сақтай гөр. 10 Мен ауызымды ашып, еш үндемеймін, Өйткені осыны жасаған Сен Өзіңсің. 11 Бұйырған азапты ала гөр менен, Қолыңның соққысынан әлсіредім мен. 12 Күнәсі үшін жазаласаң пендені, Күйе жеп қойғандай таусылар көрігі, Рас, алған деміндей әлсіз — пенде өмірі! // 13 Мінажатыма, уа, Ием, құлақ түрші, Көмекке шақырған даусымды естіші, Менің көз жасымды елемей жүрмеші, Себебі барлық ата-бабама ұқсаймын, Жат жерлік кірме болып Өзіңмен тұрамын. 14 Маған қарап тұрмашы ашуменен, Қайтадан көңілді болайын мен, Ғайып болмас бұрын кетіп бұл өмірден.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.) 2 Нық сүйеніп келемін Жаратқан Иеме, Бұрылып, құлақ түрді Ол өтінішіме. 3 Жаратқан Ием қорқынышты шұңқырдан Мені тартып шығарды әрі батпақтан; Дәу тастың үстіне тұрғызды аяғымды, Нық, қауіпсіз қылды қадамдарымды. 4 Ол жаңа ән-жырды маған айтқызды, Мадақтаймын әрдайым Құдайымызды. Мұны көрген көпшілік Жаратқанды Қастерлеп, Оған сенімін артады. 5 Менмендердің қолдауын сұрамайтын, Жалғанға сүйенгендерге бет бұрмайтын, Қайта, тек Жаратқанға сенімін артқан Әркім — өмір бақи қандай бақытты жан! 6 Уа, Құдай Ием, көп керемет жасадың, Біздің игілігімізді Сен ойлап тұрсың. Игі істеріңді айтуға тырыссам, Көптігі сонша, санауға жетпейді сан: Саған тең келе алмас бірде-бір жан! 7 Құрбандықтар мен сый-тартуларды қаламадың, Бірақ маған Өзіңе құлақ салғыздың. Шалып, өртелетін не күнәнің құнын Өтейтін құрбандықтарды талап қылмадың. 8 Сонда мен былай дедім: «Міне, келе жатырмын, Шиыршық кітапта мен туралы жазылған: 9 Сенің еркіңді орындауға құштармын, Уа, Құдайым, жүрегімде Сенің тағылымың». 10 Үлкен жиында әділдікті уағыздадым, Ием, Сен білесің, мен үнсіз қалмадым, 11 Іште жасырмадым әділ хабарыңды: Сенімділігің мен құтқаруыңды, Рақымың мен ақиқатыңды Өзіңнің Үлкен жиналыста айтпай кетпедім. 12 Мені мейіріміңнен айырмашы, о, Ием, Рақым мен шындығың мені қорғасын лайым. 13 Сансыз пәлелер маған жан-жақтан лап берді, Жасаған күнәларым мені қуып жетті, Соларға бола жолымды көре алмаймын. Басымдағы шашымнан көп саны олардың, Содан үмітім үзіліп, жүрексіз болдым. 14 Уа, Ием, рақым етіп мені құтқара гөр, Маған көмекке тездетіп келе гөр. 15 Жанымды алмақ болған бар жауларым Таңдана абыржып, ұятқа қалсын, Маған пәле тілеген бар дұшпандарым Масқараланып кері қайтарылсын! 16 «Өзіңе де сол керек!» деп табалаған Олар қатты ұялып, таңғалсын соған. 17 Бірақ бет бұрып сиынғандар Саған Өзіңе қуана берсін шат-шадыман, Лайым құтқаруыңды ұнатқан әркім: «Иеміз даңқты!» деп Сені дәріптесін! 18 Ал мен жарлымын, мұқтаждықта жүрмін, Уа, Ием, Сен жағдайымды ойлайсың. Қолдаушым да құтқарушым Өзіңсің, Кешіге көрмеші, о, Құдайым менің.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.) 2 Жарлының қамын ойлайтын жан бақытты! Ауыр күнде Иеміз оны құтқарады, 3 Әрі қорғап, өмірін аман сақтайды, Жаратқан оны елде жарылқайды, Жауларының еркіне беріп қоймайды. 4 Ауырса ол, Иеміз оған күш береді, Төсектегі оның халін түзетеді. 5 Иеме былай деп мінажат еттім: «Рақымды бола гөр, уа, Жаратқан Ием, Саған қарсы күнә жасаған едім, Сауықтыра гөр жан дүниемді менің!» 6 Дұшпандарым жамандап былай дейді: «Қашан анау өліп, аты өшеді?» 7 Біреуі маған кіріп-шықса, жалған сөйлейді, Шынымен ол тек өсек-аяң жинайды, Барған жерлерінде сонысын жаяды. 8 Мені жек көргендердің барлығы Өзара маған қарсы сыбырласады, Былай деп жамандық ойластырады: 9 «Қатерлі ауру жабысыпты оған, Ол мәңгі тұрмайды жатқан орнынан!» 10 Тіпті дастарқандас боп нанымды жеген Сырлас досым, өзім толықтай сенген, Енді мені теуіп жіберу үшін Маған қарсы көтерді өз өкшесін. 11 Ал Сен, уа, Ием, рақымды бола гөр, Сауықтырып орнымнан тұрғыза гөр, Оларға лайықтысын қайтарайын. 12 Жауымның мені жеңіп шықпағанынан Ұғамын Сенің риза екеніңді маған. 13 Адал жүрген мені аман сақтайсың, Көз алдыңа мәңгі орнатқызасың. 14 Исраил сиынатын Құдай Ие Мадақтала берсін мәңгілікке! Аумин, иә, аумин.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Қорах ұрпақтарының насихат жыры.) 2 Марал қалай аңсаса мөлдір суды, О, Құдай, жаным солай Сені аңсайды. 3 Жаным шын Құдайды іздеп шөліркейді, Қашан мен Құдайыма бара аламын, Қашан Оның алдында бола аламын? 4 Көз жасымды көл қыламын күндіз-түні, Себебі адамдар менен күні бойы: «Құдайың қайда?» деп сұрай береді. 5 Сырымды Саған ақтарған кезімде Мынау бірден түседі менің есіме: Мен көпшілікті жетелеген едім, Құдайдың үйіне қарай өрледім, Мейрамдаған халықпен бірге жүрдім, Шат-шадыман болып шүкірлік еттім. 6 Жан дүнием, неге сен мұңаясың, Бойымда алаңдап, неге мазасызсың? Жалғыз Құдайдан үмітіңді үзбе! Өйткені Құтқарушымды — өзімнің Құдайымды мадақтаймын әлі де. 7 Мұңаяды ішімдегі жан дүние. Мен Иордан жағасындағы елде, Хермон, Мизар тауларының жерінде Аңсап ойлайтын боламын Сені. 8 Сарқыраған суларың долданғанда Ұласа береді тасқын тасқынға, Сенің бар суларың, толқындарың да Мені басып, асып кетіп жатты да. 9 Жаратқан күндіз рақым жасап маған, Мен Оны түнде мақтап, жырлап шығам, Һәм мінажаттарымды бағыштаймын Құдайыма Өзіме өмір сыйлаған. 10 Маған жар болып келген Құдайдан: «Неліктен Сен мені есіңнен шығардың? Неліктен мен қысым көріп жауымнан, Сонша қайғырып жүрмін?» деп сұраймын. 11 Дұшпандарымның табалаған мазағы Жаныма менің қатты батады, Себебі олар менен күні бойы: «Құдайың қайда сенің?» деп сұрайды. 12 Жан дүнием, неге сен мұңаясың, Бойымда алаңдап, неге мазасызсың? Жалғыз Құдайдан үмітіңді үзбе! Өйткені Құтқарушымды — өзімнің Құдайымды мадақтаймын әлі де.
1 Уа, Құдай, үкім шығарып мені ақташы, Бұл мейірімсіз халықтан мені қорғашы, Әділетсіз өтірікшілерден құтқаршы! 2 Өйткені Сен бас сауғалайтын қорғанымсың, Неден менен бас тартып, жалғыз қалдырдың? Неге жаудан қиналып жүруге тиіспін, Не үшін қайғы-қасірет шегуге мәжбүрмін? 3 Нұрың мен шындығыңды жіберші, уа, Ием, Олар киелі тауыңа маған жол көрсетсін, Мені Өзің мекендейтін орынға жетелесін, 4 Сонда Саған арналған құрбандық үстеліне, Әрі шаттығым мен рақатымның көзіне — Уа, Құдайым, Өзіңнің алдыңа барамын, Жетігенмен Саған, Құдайым, мақтау айтамын. 5 Жан дүнием, неге сен мұңаясың, Бойымда алаңдап неге мазасызсың? Жалғыз Құдайдан үмітіңді үзбе! Өйткені Құтқарушымды — өзімнің Құдайымды мадақтаймын әлі де.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Қорах ұрпақтарының насихат жыры.) 2 Уа, Құдай, Өзіңнің зор құдіретіңмен Ежелде бабалардың заманында істеген Керемет істерің жайлы құлағымызбен Көп естігенбіз әкелерімізден. 3 Қыңыр ұлттарды Сен елден қуып шықтың, Ал бабаларымызды орнықтырдың. Сол тайпаларды Сен езіп тастадың, Ал бабаларымызды азат қылдың. 4 Бабалар елді семсерімен басып алған жоқ, Әрі білек күштерімен жеңіп шықкан жоқ, Мұны істеген — Сенің ұлы құдіретің, Һәм бет-жүзіңнің нұры: Сен рақым көрсеттің. 5 Сен менің Патшам әрі Құдайымсың, Жақыптың халқына құтқарылу сыйлайсың, 6 Сенімен жауларымызды соққылаймыз, Сенің атыңнан дұшпанды таптаймыз. 7 Садағыма артпаймын мен сенімімді, Құтқара да алмайды семсерім мені, 8 Жауларымыздан Сен бізді құтқарасың, Бізді жек көргендерді масқара қыласың. 9 Күн сайын Құдайды айтып мақтанамыз, Атыңды мәңгілік мадақтайтын боламыз. // 10 Ал қазір бізді тастап, ұятқа қалдырдың, Сен жасағымызбен бірге аттанбадың, 11 Жауымыздан қашуға мәжбүр қылдың, Дұшпандарға бізді тонатып қойдың, 12 Сойылатын қой іспетті бізді тапсырдың, Халықтар арасына шашыраттың, 13 Өз халқыңды арзанға сатып жібердің, Біздің құнымызды әбден түсірдің. 14 Көршілерімізге бізді қорлаттың, Маңымыздағыларға мазақтаттың, 15 Қыңыр ұлттардың қорлауына қалдырдың, Оларға бізді елетпей бас шайқаттың. 16 Масқарамыз күнде алдымыздан шығады, Халқымыз ұяттан қара бет болады, 17 Жалақордың ұрысын естіп тұрамыз, Кек алмақ жаудың бетін көріп тұрамыз. 18 Осының барлығына ұшырадық, Алайда біздер Сені ұмытпадық, Сенің Келісіміңді де бұзбадық. 19 Жүрегіміз Сенен бас тартқан да жоқ, Аяғымыз жолыңнан тайған да жоқ. 20 Сонда да Сен бізді талқандап қираттың, Елімізді шибөрінің тұрағы еттің, Ажал қаупін бастарымызға төндірдің. 21 Егер Құдайымыздың атын ұмытсақ, Бөтен «тәңірге» қол жайып сиынсақ, 22 Құдай мұны әлде білмес пе еді? Ол жүректің құпияларын да біледі! 23 Ал Сен үшін жау бізді күнде жоюда, Сойылатын қой деп бізге қарауда. 24 Уа, Жаратқан, неге «жатырсың ұйқыда»? «Серпіліп», бас көтере гөр бізді қорғауға, Бізден бас тарта көрмеші біржолата! 25 Неге бізден бет-жүзіңді жасырасың, Қайғы мен жәбірімізді ұмытасың? 26 Өйткені ажал аузында жандарымыз, Әрі жерге жабысуда тәндеріміз. 27 Тұрып орныңнан, бізді қолдай гөр, Рақымыңа бола бізді құтқара гөр.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «қызғалдақтар» әуенімен айтылатын Қорах ұрпақтарының насихат жыры әрі махаббат әні.) 2 Патшаға арнап әнімді айтқанда Жүрегімнен ізгі сөз құйылуда, Тілім ұқсас хатшының жүйрік қаламына. 3 Сен әсемсің күллі адам баласынан, Мейірімді сөз ағылады аузыңнан, Құдай Сені мәңгілікке жарылқаған. 4 Уа, батыр, семсеріңді асынып ал, Зор даңқ пен ұлылыққа бөленіп ал. 5 Осы салтанатыңмен жеңіске аттан Ақиқат, кішіпейілдік, әділдік үшін, Мықты оң қолың ғажап істер істесін. 6 Жебелерің үшкір, олар патшаның Жауларының жүрегіне дәл қадалсын, Барлық ұлттар да аяғыңа жығылсын. 7 Сенің тағың, о, Құдай, сақталады мәңгілік, Патшалығыңа жүргізесің әділ билік, 8 Заңсыздықты жек көріп, әділдікті сүйесің, Сондықтан да Құдай, өз Құдайың сенің, Өзіңді тағайындап, сыйлады саған Серіктеріңнен гөрі шаттықты молынан. 9 Хош иісті сенің күллі киімдерің Мүр, алоэ, дәмқабық гүлінің жұпарымен, Көңіліңді көтереді сазды әуен Сарайларыңда піл сүйегімен безенген. 10 Сенің құрмет тұтатын жұбайларың Арасында бар қыздары патшалардың. Оң жағыңда отыр опырлық саф алтын Әшекейлер тағып алған патшайымың. 11 Тыңда, қызым, ұғып ал, тос құлағыңды: Ұмыт шыққан әулетің мен халқыңды, 12 Патша аңсап қалайды сұлулығыңды, Ол тақсыр иең сенің, ардақта оны! 13 Тир қаласы сыйлығын алып келеді, Елдің байлары ықыласыңды іздейді. 14 Қалыңдық ханшаң отыр өз бөлмесінде Алтын кестелі көйлегі бар үстінде, 15 Түрлі түсті киімімен әкелінеді, Құрбы қыздары соңынан ілеседі, Барлығы да Сенің алдыңа келеді, 16 Зор қуаныш, шаттықпен бастап әкелінеді, Патшалық сарайыңа салтанатпен енеді. 17 Ұлдарың орнын баспақ аталарыңның, Бүкіл елге оларды әкім етіп қоясың. 18 Бар ұрпақтарға сыйлатамын есіміңді, Халықтар дәріптейді мәңгі Өзіңді.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған. Сопрано дауыспен айтылатын Қорах ұрпақтарының жыры.) 2 Құдай — біздің панамыз да күшіміз, Қиын кезде сенімді көмекшіміз. 3 Сол себептен біз уайымдап қорықпаймыз, Тіпті дүниенің астан-кестені шықса да, Таулар теңіздің тұңғиығына құласа да, 4 Теңіз долдана ақ көбік атқыласа да, Оның толқынынан тау сілкініп жатса да. (Әлемнің Иесі біздің жанымызда, Жақып сиынған Құдай — биік қорғанымыз да!) // 5 Құдайдың таңдап алған қаласына, Алла Тағаланың киелі тұрағына Оның рақымы бұлақтың суындай Әрқашан да нәр беріп қуантуда. 6 Құдай осы қаланың ортасында, Ешқашан қозғалмайды да сол қала, Құдай көмегін береді таң ата. 7 Халықтар абыржи толқып, Патшалардың тақтары шайқалады, Алла Тағаланың үні естіліп, Бүкіл жер беті балқып жоқ болады. 8 Әлемнің Иесі біздің жанымызда, Жақып сиынған Құдай — биік қорғанымыз да! // 9 Келіп көріңдер Иенің істерін, Ол ойрандатты жаулардың жерлерін, 10 Дүниедегі соғыстарды тоқтатып, Садақ, найза атаулыны сындырып, Күймелерді қиратты отқа жағып. 11 «Тынышталыңдар барлығың енді, Біліңдер Менің Құдай екенімді! Басқа халықтар Мені құрметтейді, Дүние жүзінде Мені қастерлейді». 12 Әлемнің Иесі біздің жанымызда, Жақып сиынған Құдай — биік қорғанымыз да! //
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Қорах ұрпақтарының жыры.) 2 Күллі ұлттар, Құдайға қол соғыңдар, Шаттық үнмен дауыстап Оны мақтаңдар! 3 Себебі Жаратқан — Хақ Тағала айбатты, Ол — бүкіл жер бетінің ұлы Патшасы 4 Бізге халықтарды бағындырады, Жау ұлттарды табанымызға салады. 5 Үлесімізге таңдады Ол біз үшін Өзі сүйген Жақыптың мақтаулы елін. // 6 Құдай Ие халқының шаттық айқайымен Тұрағына көтерілді, һәм керней үнімен. 7 Әндетіңдер, Құдайға ән-жыр шырқаңдар, Күй тартып та Патшамызды мадақтаңдар! 8 Құдай — Патшасы күллі жер бетінің, Лайым Оған айтыңдар мадақтау жырын! 9 Құдай халықтарға билігін орнатты, Киелі тағына Ол отырып алды. 10 Басқа ұлттардың басшылары жиналар, Ыбырайым сиынған Құдайдың халқына қосылар, Өйткені Құдайдікі жер бетінің патшалары, Оның дәрежесі бәрінікінен де жоғары!
1 (Қорах ұрпақтарының әні әрі жыры.) 2 Құдайдың таңдап алған қаласында, Оның қасиетті Сион тауында Жаратқан Иеміз теңдессіз ұлы, Ол мадақталуға әбден лайықты! 3 Әсем де биік Сион тауы — Күллі әлемнің қуанышы, Таудың солтүстік жағындағы Ұлы Патшаның астанасы. 4 Бекіністі сарайларында Құдай Белгілі қорғаушы, баспанадай. 5 Патшалар күштерін жинаған еді, Шайқасқа бірігіп аттанған еді. 6 Олар қаланы көріп, аң-таң болды, Үрейленіп, түгел қаша жөнелді, 7 Бойларын қорқыныш кернеді, Толғатқан әйелдей қиналды. 8 Теңіз кемелерін шығыстың дауылы Қиратқандай, құрттың Сен оларды. 9 Құлағымызбен мынаны естіген едік, Әлем Иесінің қаласынан соны көрдік, Иә, Құдайымыздың осы шаһарынан: Өз қаласын нығайтады Ол әрқашан. 10 Уа, Құдай, ғибадатханаңда Ойландық мейірімің жайында, 11 Уа, Құдайым, Сенің атың да, Саған арналған мадақтау да Жердің төрт бұрышына жайылады, Құдіретті қолың әділдік орнатады. 12 Сенің әділ билігіңе бола Шаттанады Сион тауы да, Қуанады Яһуда қалалары да. 13 Сионға жақындап барыңдар, Шаһарды айналып шығыңдар, Барлық мұнараларын санаңдар, 14 Қамалдарына назар аударыңдар, Сарайларын да қарап шығыңдар. Келер ұрпаққа мынаны айтыңдар: 15 «Бұл Құдай — мәңгілік Құдайымыз, Деміміз біткенше Ол — жетекшіміз!»
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Қорах ұрпақтарының жыры.) 2 Күллі халықтар, мынаны тыңдаңдар, Әлемнің тұрғындары, құлақ асыңдар, 3 Қатардағылар және атақтылар, Байлар мен бейшаралар, ден қойыңдар! 4 Даналық сөздер шығады аузымнан, Жүрек толғанысым түсінікке толған, 5 Нақыл сөзге құлағымды саламын, Домбыра тартып жұмбағымды ашамын. 6 Қиын-қыстау кезде қорықпаймын, Қоршаса да мені алдамшылардың Зұлымдығы: әл-ауқаттарына олар Сүйеніп, зор байлығымен мақтанар. 8 Ал адам жанын пенде ажалдан босатпас, Оның төлемін Құдайға бере алмас. 9 Адамның мәңгі өмір сүруі үшін, Қабірге түсіп, шірімеуі үшін Төлем төлеп босатудың бағасы Тым қымбат, істей алмас оны адам баласы. 11 Данышпанның да өлгенін жұрт көреді, Дәл солай ақымақ пен ессіз де өледі, Мал-мүлкін басқаға қалдырғанын біледі. 12 Ессіздердің ойынша мәңгі өз үйлері, Ұрпақтан ұрпаққа сақталар мекендері Әрі өз аттарымен аталған жерлері. 13 Ал қадірлі адам да мәңгі қалмайды, Өліп құритын хайуанға ұқсайды. 14 Міне, бұл — ақымақтың жүрер жолдары, Сөздерін қолдайды ізбасарлары. // 15 Олар қойлардай өлімге ұшырар, Ажал олардың «бағушысы» болар, Тәндері құрып, қабірді мекендер, Ал таңертең әділдер үстемдік етер. 16 Бірақ Құдай жанымды о дүниеден құтқарады, Ол мені Өзіне қабылдайтын болады. // 17 Уайымдама, біреу баи қалғанда, Үйінің салтанаты тым молайғанда, 18 Өлгенде ол өзімен еш нәрсе алмайды, Салтанаты оған еріп бармайды. 19 Тірі кезде ол бақытты сезінетін, Өркендегенде жұрт оны дәріптейтін. 20 Бірақ ол да бабаларына аттанады, Өмірдің нұрынан енді ада болады. 21 Байлығына мастанған ақылсыз жан Іспетті — кейін өліп құритын хайуан.
1 (Асафтың жыры.) Құдіреті шексіз Құдай — Жаратқан Үн қатып, батысқа дейін күншығыстан Әлемдегі адамзатты шақырған. 2 Мүлтіксіз көрікті Сион тауынан Құдайдың салтанаты көрініс тапқан. 3 Құдайымыз келеді, Ол үнсіз қалмайды, Оның алдынан от жалындап жалмайды, Алапат дауыл айналасында соғады. 4 Құдай көк пен жерді куәлікке шақырады, Өзі таңдаған халқын соттауға барады: 5 «Қасыма жинаңдар Менің сенімді халқымды, Құрбандық шалып Өзіммен Келісім жасағандарды!» 6 Көк сонда Оның әділдігін паш етеді, Себебі соттайтын — Құдайдың Өзі. 7 «Тыңда Мені, Исраил халқым, былай деймін: Саған қарсы куәлік келтіремін, Мен Құдаймын, иә, сенің Құдайыңмын! 8 Шалған малдарың үшін шағым айтпаймын, Өртеп ұсынған құрбандықтарыңа қараймын. 9 Ал қаламаймын бұқаларды қораларыңнан Яки текелерді шарбақтарыңнан, 10 Өйткені орманның әр аңы Менікі, Әрі малдар да мыңдаған төбедегі, 11 Барлық құсты білемін таулардағы, Хайуандар да Менікі даладағы. 12 «Ашықсам» Мен саған айтпас та едім, Бар әлем мен ондағылар — өз меншігім. 13 Шалынған бұқаның етін жеймін бе, Не текелердің қанын ішемін бе? 14 Жоқ, тарту қылып мақтау ұсын Құдайға, Берген сертіңді орында Алла Тағалаға. 15 Қиындық көргеніңде шақыр Мені, Сонда құтқарып аламын сені, Ал өзің мадақтайтын боласың Мені». 16 Бірақ Құдай былай дейді арамзаға: «Қандай қақың бар жарлықтарымды айтуға Және Келісімімді аузыңа алуға? 17 Алайда сен ескертуімді жек көресің, Айтқан сөздерімді менсінбей жүресің. 18 Ұрыны көрсең оған қосыласың, Нәпсіқұмарлармен де араласасың. 19 Сенің аузыңнан жамандық шығады, Тілің өтірікті торлап тұрады. 20 Отырып алып бауырыңды ғайбаттайсың, Өз анаңның ұлын нақақ жамандайсың. 21 Сен солай істегенде Мен үндемедім, Сонда Мені өзіңдей есептедің. Ал қазір Мен сені сақтандырамын, Күнәларыңды көз алдыңа қоямын». 22 «Құдайын ұмытқандар, ұғыңдар бұл жайды: Жазалап, паршаласам, ешкім құтқармайды. 23 Мені мақтайтын жан құрмет көрсетеді Маған, Сақтанып жүргенге құтқаруымды ашам».
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры, 2 Барсабиямен жақындасып күнәға батқан Дәуітке Натан пайғамбар келген оқиғаға байланысты мінажат.) 3 Шексіз сүйіспеншілігіңе бола, О, Құдай, маған рақым ете гөр, Мейіріміңнің молдығына бола Қылмыстарымды өшіріп тастай гөр. 4 Мені әділетсіздігімнен арылтып, Күнәларымнан түгел тазарта гөр. 5 Қылмыстарымды жақсы білемін де, Күнәларым әрдайым тұр есімде. 6 Мен Өзіңе қарсы күнә жасадым, Сенің көз алдыңда зұлымдық істедім. Осылай әділ Сенің айтқандарың, Мүлтіксіз де маған жүргізген сотың. 7 Мен күнәкар болып дүниеге келдім, Құрсақта жатқанда-ақ күнәкар едім. 8 Сен жүректің таза болуын қалайсың, Жан дүниеме даналық та құясың. 9 Құрбандық қанын бүркіп, күнәмді кеше гөр, Сонда көз алдыңда пәк таза боламын, Күллі күнәмнан мені жуып-шая гөр, Сонда қардан да аппақ тазарамын. 10 Шаттық үнін маған қайтадан естірте гөр, Сен әлсіреткен денемді қуанта гөр, 11 Күнәларыма енді назар аудармай, Бар қылмыстарымды өшіріп тастай гөр. 12 Уа, Құдайым, жүрегімді тазарта гөр, Рухымды берік қылып, жаңарта гөр. 13 Қасыңнан мені қуып шыға көрме, Киелі Рухыңды менен ала көрме, 14 Мені құтқарғаныңа қуантып тағы, Сыйлай гөр азғырылмайтын берік рухты. 15 Қылмыскерлерге ақ жолыңды үйретейін, Күнәкарлар сонда Саған бұрмақ беттерін. 16 Қан төккен мені арылтсаңшы кінәмнан, Сенсің ғой жалғыз Құтқарушы Құдайым. Тіліммен әділдігіңді мадақтаймын. 17 Аузыма ерік бере гөр, Жаратқан Ием, Сені емін-еркін мадақтап, дәріптейін. 18 Құрбандық шалуымды қаламай тұрсың, Өртеу құрбандығын да ұнатпай тұрсың, Әйтпесе оларды ұсынар да едім. 19 Ал Құдайға ұнамды сый, құрбандық — Күнәсіне шынымен өкінген рух. Шын опық жеп, бағынған жүрекке Сен Теріс қарамайсың, уа, Құдай Ием. 20 Игі еркіңмен Сионды өркендете гөр, Қамалын оның қайта тұрғыза гөр. 21 Сонда Саған ұнамды пәк тартулар Шалынбақ һәм өртелетін құрбандықтар, Үстеліңе торпақтар да ұсынылмақ, Сенің жолыңа солар бағышталмақ.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің насихат жыры. 2 Ол едомдық Доиқтың Саулға барып, Дәуіттің Ахимәліктің үйіне кіріп-шыққаны жайлы хабар жеткізген кезіне арналған.) 3 Ей, мықты жан, қылмысыңа неге мақтанасың, Әйтсе де Құдай маған төгеді рақымын. Ұзақты күн сен құрту жайлы ойланасың. 4 Өткір ұстарадай тіледі сенің тілің, Өтірікті айтуға шеберсің өзің, 5 Зұлымдықты артық көресің жақсылықтан, Алдауды да ақиқатты айтудан. // 6 Ей, алдамшы тіл, сен өзгенің жанын Жаралайтын сөзді айтуды ұнатасың! 7 Содан да Құдай сені мәңгі құртады, Үйіңнен күшпен қуып шығарады, Тірілер арасынан аластатады. // 8 Әділдер мұны көріп қайран қалады, Былай деп келекелейді сол арамды: 9 «Міне, Құдайды паналамаған жан, Қайта, мол байлығын арқа тұтқан, Зұлымдықпен одан бетер нығайған». 10 Ал мен Құдайдың киелі үйінің Ішінде жасыл зәйтүндей өсіп-өнемін, Құдайдың рақымына мәңгі сенемін. 11 Уа, Ием, Сені игі істерің үшін Халқыңның алдында дәріптеймін, Ізгі мейіріміңе сүйенемін.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Ауыртпалық шегу» әуенімен айтылатын Дәуіттің насихат жыры.) 2 Ақылсыз адамдар «Құдай жоқ!» деп ойлайды, Әбден бұзылған олар жексұрындық жасайды, Әрі ешқайсысы да жақсылық жасамайды. 3 Құдай көктен көз салады адамзатқа: «Ақылды біреу бар ма бет бұратын Құдайға?» Деп байқайды Ол. 4 Жоқ, бәрі тайып кетті теріс жолға, Әбден бұзылды бірігіп барлығы да. Жақсылық жасаушы ешкім жоқ, тіпті бір жан да. 5 Сұмдық жасайтындар ақылға келмес пе екен? Халқымды олар нан жегендей жалмап кеткен, Құдайға сиыну ойларына еш түспеген. 6 Ал оларды қорқыныш құрсаулайтын болады, Қауіп-қатер жоқ жерде үрейлері ұшады. Тап берген жауыңның сүйектерін Құдай шашады, Сен масқаралайсың Құдай бас тартқан оларды. 7 Құтқару Сионнан келсе екен Исраилге! Құдай өз халқын тұтқыннан азат еткенде Жақыптың үрім-бұтағы қатты қуанады, Иә, Исраил халқы шат-шадыман болады!
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің насихат жыры. 2 Зифтің бірнеше тұрғынының Саулға барып: «Дәуіт біздің жақта тығылып жүрген сияқты!» деп хабар жеткізген кезіне арналған.) 3 Уа, Құдай, ұлы атың үшін құтқара гөр, Зор құдіретіңмен мүддемді қорғай гөр! 4 О, Құдайым, дұғама құлақ сала гөр, Аузымнан шыққан сөздерге көңіл бөле гөр! 5 Бөгде адамдар маған қарсы шықты, Зорлықшыл сұмдар жанымды алмақшы, Олар еш ойламайды Құдай туралы. // 6 Алайда Құдай маған жар болады, Жаратқан Ие жан дүниемді нығайтады, 7 Сұмдығының есесін жауыма қайтарады. Ием, адалдығыңа сай оларды талқандашы. 8 Өз еркіммен Саған құрбандық шаламын, Уа, Ием, ізгі атыңа мақтау айтамын. 9 Сен құтқарып алдың мені бар пәледен, Жауларымның жеңілгенін көрдім көзіммен.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің насихат жыры.) 2 Уа, Құдай, мінажатыма құлақ түрші, Өтінішімді елемей жүрмеші. 3 Назар аударып, жауап берші маған, Аһ ұрып, абыржып жүрмін қайғыдан, 4 Дұшпандарымның қатты дауысынан Әрі әділетсіздердің қыспағынан. Олар басыма азап жаудырады, Ашулана жала да жабады. 5 Жүрегім қинала дірілдейді, Өлімнің қорқынышы тап береді. 6 Үрей мен қалтырау басып алады, Қорқыныш билейді тұла бойымды. 7 Сонда мен тілек тілеп былай дедім: «Кептердің қанаттарын маған берер кім, Бұл жерден ұшып кетіп, тыншыр едім, 8 Алысқа ұшып, айдалада қалар едім, 9 Қастықтың дауылынан тез құтылар едім». 10 Уа, Ием, зұлымдарды абыржытып, Берекесін алшы тілдерін шатастырып, Қаладан зорлық-зомбылық тұрмын көріп. 11 Күні-түні олар қамалда аңдып жүреді, Сұмдық пен пәлеге толы қала іші, 12 Тонаушылық пен өлім мол шаһарда, Жалғандық пен зорлық бітпес базарда. 13 Жауым қараласа соған төзер едім, Дұшпаным бас көтерсе одан тығылар едім. 14 Алайда мұны істеген қатарласым Сенсің, о, жаныма жақын сырлас досым! 15 Қандай ғажап еді қарым-қатынасымыз, Құдайдың үйіне бірге барғанымыз. 16 Кенеттен жетсін ажал жауларыма, Тірідей түссін олар тұңғиыққа, Зұлымдық мекендейді ғой араларында. 17 Ал мен Құдайды көмекке шақырамын, Сонда мені құтқарады Жаратқаным. 18 Ертеңгісін, тал түсте және кешқұрым Құдайыма дауыстап жалбарынамын, Оның құлағына шалынады дауысым. 19 Маған қарсы шығып, шайқасқан көп жаудан Құдай жанымды сақтап алады аман. 20 Ежелден Құдай тағында отырып келеді, Мені естіп, жауды Өзіне бас игізеді. // Олар іс-әрекеттерін өзгертпей келді, Құдайдан қорқып, Оны қастерлемей жүрді. 21 Дұшпаным жасасқан келісімінен бас тартты, Өзімен тату тұрғандарға қарсы шықты, 22 Сарымайдан да жұмсақ айтқан сөздері, Бірақ қастандыққа толы оның жүрегі, Иісмайдан да жағымды айтқандары, Шынымен жалаң семсердей астарлары. 23 Жаратқан Иеге арт бар уайымыңды, Ол сені қолдап, ойлайды қамыңды, Мәңгілік құлатпайды әділ жанды. 24 Алайда, уа, Құдайым, сол сұмдарды Тастайсың Сен тұңғиық шыңырауға, Қанішер жауыздардың жандары Құриды жетпей-ақ жасының жартысына. Ал мен болсам сенемін Жаратушыма.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Алыстағы үнсіз көгершін» әуенімен айтылатын Дәуіттің мінажаты. Ол філістірлердің Дәуітті Ғат қаласында ұстап алған кезіне арналған.) 2 Уа, Құдай, бола гөр маған мейірімді, Адамдар ұмтылады таптауға мені, Күні бойы қыспақтап, тап береді. 3 Жауларым күнде қудалап өкшелейді, Менмендер маған қарсы бас көтереді. 4 Қорыққанда Саған артам сенімімді. 5 Құдайға сеніп енді қорықпаймын, Берген сөзі үшін Оны мадақтаймын, Сонда пенде не жасай алады маған? 6 Күнде жаулар сөздерімді бұрмалайды, Әрдайым маған қарсы қастық ойлайды, 7 Жасырынып бір жерге жиналады, Бар қадамдарымды бақылап тұрады, Аңдып жанымды алуға ұмтылады. 8 Уа, Құдай, сұм істерімен құтылтпашы, Сол қыңыр ұлттарды қаһарыңмен құлдыратшы. 9 Шарасыздығымды ұмытпай ескересің, «Құтыңа» жинап қой көз жасымның бәрін, Жазылған жоқ па олар кітабыңда Сенің? 10 Сиынып сұрасам қолдауыңды Сенің, Кері шегінеді жауларым менің, Құдайдың маған жар екенін білемін. 11 Берген сөзі үшін Құдайды мадақтаймын, Берген уәдесі үшін Иемді даңқтаймын. 12 Құдайға сеніп енді қорықпаймын, Сонда пенде не жасай алады маған? 13 Уа, Құдайым, мен Өзіңе бағыштаймын Берген уәдеме сай шүкірлік тартуларын. 14 Өйткені аяғымды сүрінуден сақтадың, Жанымды ажалдың аранынан құтқардың. Осылай Сен мені Өзіңнің алдыңда Аман жүрсін дедің өмірдің нұрында.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Құрта көрме» әуенімен айтылатын Дәуіттің мінажаты. Ол Дәуіттің Саулдан қашып, таудағы үңгірді паналағанына арналған.) 2 Мейірленіп, Құдай, рақым етші маған, Өйткені үмітімді артамын Саған, Пәле-жала өткенше бас сауғалайын, Қанатыңның аясын паналайын. 3 Сиынып тұрамын Алла Тағалаға, Маған игілік жасаушы Құдайға. 4 Ол көктен көмек жолдап аман сақтайды, Мені өкшелеп қудалағанды қорлайды. // Иә, Құдай рақымы мен шындығын сыйлайды. 5 Айналам толы жыртқыш арыстандай, Сол сұмдардың тілдері өткір қылыштай, Тістері де үшкір жебе мен найзадай. 6 Уа, Құдай, көктен жоғары атың шықсын, Күллі әлемде Сенің даңқың артсын! 7 Дұшпандарым маған арнап тор құрды, Сондықтан еңсем түсіп, көңілім қалды. Жолыма олар тұзақ құрып, ор қазды, Алайда сол орға өздері құлады. // 8 Уа, Құдай, жүрегім Саған сенімді, Өзіңе арнаймын мен ән-күйімді. 9 Жан дүнием, ояншы, сергек болайын, Жетіген мен домбыра, болыңдар дайын, Ән-жырыммен атар таңды оятайын. 10 Уа, Ием, жұрт алдында Сені мадақтаймын, Ұлттар арасында мақтап жырлаймын. 11 Себебі берік рақымың заңғар аспандай, Әрі сенімділігің асқар бұлттардай. 12 Уа, Құдай, көктен жоғары атың шықсын, Күллі әлемде Сенің даңқың артсын!
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Құрта көрме» әуенімен айтылатын Дәуіттің мінажаты.) 2 Уа, билер, шындықты айтасыңдар ма, Жұртқа әділ үкім шығарасыңдар ма? 3 Жоқ, іштей әділетсіздік жоспарлайсыңдар, Елге билік айтқанда зорлық жасайсыңдар! 4 Зұлымдар туғаннан-ақ жолдан адасады, Құрсақтан-ақ жаңылып, жалған айтады. 5 Айтқан сөздері зәрлі жыланның уындай, Олар шебер арбаушының да даусын тыңдамай Құлағы бітелген улы сұр жыландай. 7 Уа, Құдай, олардың тістерін қиратшы, Ием, арыстандай жақтарын күйретші, 8 Ағып кеткен судай олар жоғалсын, Тартқанда жебелері сынып қалсын, 9 Жорғалап жоқ болар ұлудай құрысын, Тасталған түсіктей күн көзін көрмесін! 10 Тікенді бұтақ жанған от үстіндегі Қазанның тез қайнайтыны секілді, Құдайдың қаһары сол тірілерді Құйындай көтеріп алып кетеді. 11 Тәңірдің жазалауын әділдер көріп қуанады, Зұлымның құрып кеткеніне риза болады. 12 Жұрт былай дер: «Рас, әділ жан сыйын алады, Жерде шынымен Құдай үкім шығарады!»
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Құрта көрме» әуенімен айтылатын Дәуіттің мінажаты. Ол Саул патшаның Дәуітті өлтіру үшін оның үйін күзеттірген кезіне арналған.) 2 Уа, Құдайым, құтқара гөр жауларымнан, Мені сақтай гөр қарсыластарымнан, 3 Арашалашы әділетсіздерден, Аман сақташы қанішерлерден. 4 Уа, Жаратқан Ие, олар мені аңдуда, Маған қарсы мықтылар жиналуда. Ал не қылмысым, не күнәм болмай тұр, 5 Еш кінәм жоқ, бірақ олар асығып жүр, Маған қарсы аттануға дайын тұр. Мені қорғап-қолдауға орныңнан тұршы, Мүшкіл жағдайыма көз сала көрші. 6 Уа, Жаратушы Құдай, Әлемнің Иесі, Исраил халқының сиынатын Тәңірі, Енді көктегі тағыңнан көтерілші, Өзіңе бағынбайтын ұлттарға тап берші, Зұлым опасыздарға рақым көрсетпеші. // 7 Дұшпандарым кешқұрым кері қайтады, Қаланы аралап иттерше ұлысады. 8 Ауыздарынан жамандық бұрқырайды, Тілдері семсердей жарақаттайды, Олар «Кім естір екен?» деп ойлайды. 9 Ал Сен, Жаратқан Ие, оларға күлесің, Барлық қыңыр ұлттарды келекелейсің. 10 Сен менің күш-қуатымның қайнарысың, Назарымды Өзіңе аударамын, Себебі, уа, Құдай, Сен қорғанымсың, 11 Маған мейірім танытатын Құдайымсың, О, Құдай, алдымнан жүріп күш бересің, Жауларымның жеңілісін көрсетесің. 12 Оларды құртпашы, халқым ұмытпасын, Күшпен таратшы, Өзіңе бой ұрсын, Уа, Иеміз, қалқандай Қорғаушымызсың! 13 Күнә — айтқандарының барлығы да, Ауыздарынан шыққан — қарғыс пен жала, Менмендіктерімен құласын тұзаққа! 14 Қаһарыңмен оларды құртып таста, Жоқ қыла гөр оларды біржолата, Сонда «Жақыпқа Құдай билік жүргізеді» Деп жер түкпіріндегілер де біледі. // 15 Дұшпандарым кешқұрым кері қайтады, Қаланы аралап иттерше ұлысады, 16 Жейтін олжа іздеп айнала шарлайды, Егер тоймаса түнде ырылдайды. 17 Ал Сен пәлеге ұшырағанымда Маған болдың қорған және баспана, Сондықтан әнге салып құдіретіңді, Таңертеңнен паш етем мейіріміңді. 18 Сен менің күш-қуатымның қайнарысың, Өзіңе мадақтау жырымды арнаймын. Себебі, уа, Құдай, Сен қорғанымсың, Мейірімін төгетін Құдайымсың.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Келісім қызғалдағы» әуенімен айтылатын Дәуіттің насихат мінажаты. 2 Ол Дәуіттің Батыс Месопотамияның әрі Собаның арамалықтарымен шайқасып жүрген кезінде Жоғаб қайта оралып, он екі мың едомдықты Тұзды аңғарда күйреткен оқиғаға арналған.) 3 О, Құдай, Сен бізден бас тарттың, Қаһарланып бізді талқандадың, Бізге бұра гөр бетіңді қайтадан. 4 Сен жерді сілкілеп, қиратқан едің, Ол шайқалып тұр, жазшы жарылған жерлерін. 5 Өз халқыңның басына пәле түсірдің, Теңселтетін «шараптан» оған ішкіздің. 6 Сен Өзіңді қастерлейтіндерге ту бердің, Олар соны көтерсін деп шындық үшін. // 7 Сүйіктілерің лайым аман сақталсын Деп ден қойып, құдіретіңмен құтқарғын! 8 Құдай былай деді киелі мекенінен: «Мен шаттанып Сихемнің жерін бөліп беремін, Соқот аңғарын да халқыма үлестіремін. 9 Ғилақад пен Манаса да — Менің иелігім, Ефрем руы болады басты қорғаным, Яһуда руынан шығады патшаларым. 10 Моаб Маған шылапшындай пайдалы болады, Едом жері де меншігіме айналады, Філістір елі де бой ұрып Маған қуанады». 11 Кім мені қамалды қалаға кіргізеді? Кім Едом елінің ішіне енгізеді? 12 Сол Сен емес пе, Құдай, бізден бас тартқан, Әскерімізбен бірге шабуылға шықпаған? 13 Жаулардың қыспағына қарсы қолдашы, Еш жарамсыз — пенделердің қолдағаны. 14 Зор істер істейміз Құдай жар болғанда, Жауларымызды таптайды Ол аяғына.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің жыры.) 2 Уа, Құдай, айқайыма құлақ сала гөр, Мінажатыма менің ден қоя гөр. 3 Сары уайымға салынды жан дүнием, Өзіңе сиынамын жердің шетінен, Шыға алмас шыңға мені шығаршы Сен. 4 Себебі бас сауғалар панам болып келесің, Жаудан қорғайтын берік бекінісім Өзіңсің. 5 Уа, Құдай, мекеніңде мәңгі тұрайыншы, «Қанатыңның астынан» тыным табайыншы, 6 Өйткені берген анттарымды Сен естідің, Өзіңді қастерлейтіндермен бірге үлес бердің. 7 Патшаның ғұмыр жасын ұзарта гөр, Ұрпақтан ұрпаққа жалғастыра гөр, 8 Уа, Құдай, алдыңда ол мәңгі билік құрсын, Лайым рақым мен шындығың оны қорғасын. 9 Сенің атыңды әрдайым мадақтаймын, Берген анттарымды күнде орындаймын.
1 (Ән-күйдің жетекшісі Едутунге арналған Дәуіттің жыры.) 2 Жаным тыным табады жалғыз Құдайдан, Құтқарылуым келеді тек қана Одан, 3 Ол ғана — паналайтын жартасым, Құтқарушым әрі заңғар қорғаным, Енді қайтып қатты шайқалмаймын. 4 Қашанғы бас саласыңдар бір адамға? Теңселген дуал, қисайған қабырға Сияқтанған мені құлатпақсыңдар ма? 5 Биіктен құлатуға жаулар жоспарлайды, Сол үшін өтіріктен де бас тартпайды, Ауыздарымен бата бергенсиді, Ал жүректерінде жамандық тілейді. 6 Жан дүнием, тыным тап жалғыз Құдайдан, Үміт келеді маған тек қана Одан, 7 Ол ғана — паналайтын жартасым, Құтқарушым әрі заңғар қорғаным. Енді қайтып ешқашан шайқалмаймын. 8 Құтқарылуым, абыройым Құдайдан, Ол — мықты қорғаным әрі баспанам. 9 Халайық, лайым Оған сенім артыңдар, Ойларыңды Оған толық ашыңдар, Құдай — біздің панамыз, мұны ұмытпаңдар! // 10 Адамзат атаулы шығарған деміңдей, Атақты, атақсыз бәрібір бекердей, Таразыға бәрін салып көргенде, Жеңіл олар шығарған деміңнен де. 11 Зорлықпен алып қоюға үміт артпа, Дүние-мүлік ұрлаймын деп те мақтанба, Дәулетің молайса, соған сенім артпа! 12 Бірде Құдай маған былай деп айтты, Талай рет мен естігенмін мынаны: Құдіретті күш, о, Құдай, Сенікі. 13 Уа, Ием, тұрақты — Сенің рақымың, Әркімге лайықтысын ісіне сай қайтарасың.
1 (Дәуіттің жыры. Оның Яһуда еліндегі иен далада жүрген кезі туралы.) 2 Уа, Ием, Сен сиынатын Құдайымсың, Таң сәріден мен Саған бет бұрамын, Сусыз жердемін кеуіп, құлазыған, Жан-тәніммен Сені аңсап сағынам. 3 Киелі тұрағыңда аяныңды көрдім, Құдірет пен ұлылығыңды байқадым. 4 Өмірден де артық берік — мейірімің, Ауызым Өзіңді мадақтай берсін, 5 Өмір бойы бір Сені мадақтаймын, Атыңды атап қолымды жаямын. 6 Өйткені жіліктің майлы басынан Гөрі Өзіңнен мол ләззат табамын, Шаттық үнмен Саған мақтау айтамын. 7 Төсекке жатып Сені еске аламын, Түні бойы Сен жайлы ойланамын. 8 Өйткені Өзің менің қолдаушымсың, «Қанатыңның аясында» шаттанамын. 9 Жаным тығыз байланыста Сенімен, Мені демейсің құдіретті қолыңмен. 10 Ал көзімді құртпақшы арамзалар Тозақтың түбіне түсетін болар, 11 Семсердің күшімен олар қырылар, Өліктері шибөріге жем болар. 12 Уа, Құдай, патша Өзіңе шаттанады, Саған бағышталғандар мақтау айтады, Ал өтірікші ауыздар жабылады.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.) 2 Уа, Құдай, арызыма құлақ сала гөр, Жаудың сесінен жанымды сақтай гөр, 3 Зұлымның астыртын әрекетінен Қорғап әрі залымның бүлігінен. 4 Тілдерін олар семсердей өткірлеген, Көздеп тұр жебедей өткір сөздерімен. 5 Айыпсыз жанды атады тосқауылдан, Кенеттен тап береді қорықпастан. 6 Зұлым ойларында бір-бірін қолдайды, Құпия тор құруды жоспарлайды, «Мұны кім көрер?» деп өздерін мақтайды. 7 Қаскүнемдік ойластырып, құрайды, «Мүлтіксіз жоспар құрдық» деп ойлайды. Адамның жан дүниесі — түпсіз тұңғиық, Жүрек түкпірлері пендеге жабық. 8 Ал Құдай соларды жебемен атады, Кенеттен олар жарақаттанады, 9 Өз сөздеріне бола талқандалады, Мұны көргендер олардан бас тартады. 10 Күллі адамзат үрейленеді, Құдайдың істерін жария етеді, Оның керемет жасағанын түсінеді. 11 Жаратқанға әділдер шаттанады, Олар Иемізден пана табады. Ақжүрек жандар Оны мақтан тұтады.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің әні әрі жыры.) 2 Сионда Саған, Құдай, мақтау арналады, Өзіңе берілген анттар орындалады, 3 Мінажаттар құлағыңа жетеді, Барлық адамдар алдыңа келеді. 4 Теріс істеріміз жаншып тұр бізді. Ал Сен кешіресің күнәларымызды. 5 Қандай бақытты — Өзің таңдағандар, Қасыңда, аулаларыңда тұрады олар, Сонда кенелеміз үйіңнің жақсылығына, Киелі ғибадатханаңның рақатына. 6 Құдай, құлақ саласың әділдікпен, Бізді құтқарасың керемет істермен. Саған үміт артады жер шетіндегілер Және алыс теңіздегі кемешілер. 7 Сен құдіретіңмен тауларды орнаттың, Күш-қуатқа бөленіп, беліңді будың. 8 Теңіз толқынының гүрілін тыншыттың, Халықтардың шуылын тыныштандырдың. 9 Кереметтеріңе таңғалар алыс елдер, Шығыс пен батысқа айтқызасың әндер. 10 Сен жерді баптап суарып, құнартасың, Уа, Құдай, халықты нанға тойдыру үшін Өзендеріңді суға толтырасың, Жерді Өзің солай дайындайсың. 11 Соқаның іздерін суға қандырасың, Топырақ кесектерін тегіс қыласың, Құйылған нөсермен оларды жұмсартасың, Өсіп шыққан өнімдерін жарылқайсың. 12 Солай жылды игілікке бөлейсің, Қайда жүрсең де молшылық бересің, 13 Иен даланың жайылымдары суланған, Қыраттар құлпырып қуаныш жамылған, 14 Жайылым қора-қора малға толып, Алқаптар егінменен жайқалып, Бәрі қуана айқайлайды ән салып.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған ән әрі жыр.) Бар әлем, Құдайға қуана дауыстаңдар, 2 Оның есімін дәріптеп жырлаңдар, Зор ұлылығының даңқын шығарыңдар! 3 Құдай алдында былай деп айтыңдар: «Қандай керемет Сенің іс-әрекетің, Һәм қандай ұлы Сенің құдіретің, Жауларың Сенің алдыңда бойсұнады, 4 Бүкіл жер Саған бас иіп сиынады, Саған арнап мақтау жырларын айтады, Есіміңді мадақтап ән салады». // 5 Келіп, Құдайдың істерін көріңдер, Адамдар үшін Ол істейді кереметтер, 6 Құдай теңізді айналдырды құрлыққа, Оның халқы жаяу өтті арғы жаққа. 7 Ол құдіретті күшімен мәңгі билейді, Халықтарды әрдайым бақылайды, Қыңырдың бас көтеруіне жол бермейді. // 8 Халықтар, Құдайымызды мақтаңдар, Қатты дауыспен Оны мадақтаңдар! 9 Ол жанымызды аман-есен қорғайды, Аяғымызды сүрінуден сақтайды. 10 Уа, Құдай, Сен сынақтан бізді өткіздің, Күмісті балқытқандай тазарта бердің, 11 Тұзаққа түсіріп бізді құлаттың, Арқамызға құлдықтың жүгін арттың, 12 Адамдарды басымызға шығардың, Оттан да, судан да бізді өткіздің, Ал ақыры молшылыққа жеткіздің. 13 Қасірет кезінде аузымнан шыққан, Қиындыққа тап болғанда тілім айтқан, Саған берген сертімді іске асырамын, Өртелмек құрбандықпен үйіңе барамын. 15 Саған арнап семіз малдарды шаламын, Қошқар майын өртеп, жұпарын шығарамын, Бұқалар мен ешкілерді де ұсынамын. 16 Ей, Құдайымызды қастерлейтіндер, Барлығың келіп, құлақ түріңдер. Оның маған істегенін сендерге айтамын. 17 Мен Құдайға дауыстап сиындым, Аузымменен Оның даңқын шығардым. 18 Жүректе бар күнәмнан бас тартпасам, Дұғама құлақ салмас еді Жаратқан. 19 Расында Құдай құлақ түрді маған, Сиынғанымда даусым жетті Оған. 20 Мінажатымнан менің бас тартпаған, Мейірімін менен алып қоймаған Құдайымыз мадақталсын әрқашан!
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен айтылатын жыр әрі ән.) 2 Я, Құдай, рақымды болып, жарылқай гөр, Бет-жүзіңнің нұрын бізге түсіре гөр. // 3 Бүкіл жер бетінде Сенің жолың мәлім болсын, Барлық халықтарға құтқаруың аян болсын! 4 Уа, Құдай, халықтар Сені мадақтай берсін, Күллі ұлттар Өзіңе мақтау айта берсін! 5 Рулар қуана-қуана ән шырқай берсін, Себебі Сен ұлттарды әділдікпен билейсің, Жер бетіндегі руларға дұрыс бағыт сілтейсің. // 6 Уа, Құдай, халықтар Сені мадақтай берсін, Күллі ұлттар Өзіңе мақтау айта берсін! 7 Сонда жердің топырағы бізге өнімін сыйлар, Һәм Құдай, сиынған Құдайымыз, бізді жарылқар. 8 Лайым Құдай бізді жарылқай берсін, Бар жердегі адамдар Оны қастерлесін!
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің әні әрі жыры.) 2 Құдай көтеріліп, жауларын шашыратсын, Оны жек көретіндер алдынан қашсын. 3 Түтіннің желмен ыдырайтыны сияқты, Уа, Құдайым, жауларыңды ыдыратшы, Балауыздың отқа еритіні іспетті, Зұлымдарды алдыңнан құртып жіберші. 4 Бірақ әділдер болса, шаттана ән-салсын, Құдай алдында күліп мәз-мейрам болсын. 5 Біздің Құдайымызға ән айтыңдар, Оның есімін дәріптеп жырлаңдар, Бұлттармен жүретін Оны мадақтаңдар, Жаратқан Ие — Оның аты, біліп алыңдар, Көз алдында шат-шадыман болыңдар. 6 Құдай әке болады жетімдерге, Қорғаушы болады жесірлерге, Тағында отыр Ол киелі мекенінде, 7 Жалғыз жандарға жанұя сыйлайды, Тұтқынды босатып, шаттыққа бөлейді, Ал қыңырды қапырық шөлге тастайды. 8 О, Құдай, халқыңды Мысырдан бастап шыққанда, Айдалада оны ертіп жүріп отырғаныңда, // 9 Жер сілкініп, аспаннан жаңбыр қатты құйылды, Уа, Құдай, көз алдыңда Синай тауында, Исраил сиынған Өзіңнің алдыңда. 10 Уәделі еліңе, я, Құдай, нөсер жаудырдың, Кеуіп қалған жерді қайтадан жандандырдың, 11 Рақыммен халқыңды елде қоныстандырдың, Уа, Тәңірім, сол кедейлерді Сен қамқорладың. 12 Жаратқан Ие мынаған бұйрық шығарды, Көптеген қыз-келіншек оны хабарлады: 13 Жау әскері басшыларымен қашып кетеді, Ауылдағы әйел заты олжаны бөліседі, 14 Мал бағып қораларында қонған солар Күміс оранып кептер қанатына ұқсар, Алтын әшекей тағып, мамықтай құлпырар. 15 Құдіретті Құдай патшаларды шашыратты, Салмон тауында соққан ақ боранға ұқсатты. 16 Құдай жаратқан керемет — Башан тауы, Шыңдары заңғар биік — Башан тауы. 17 Зәулім шыңдар, қызғанасыңдар не үшін Құдай тұруға таңдап алған Сион тауын, Жаратқан Иенің мәңгі мекендейтін тауын? 18 Құдайдың күймелері сан мыңдаған, Араларында Иеміз шайқасқа аттанған, Киелі үйіне көшіп келді Синайдан. 19 Сен заңғар биікке көтерілдің, Көптеген тұтқындарды ертіп жүрдің, Адамдардан тартулар қабылдадың, Бас көтергендерден де сыйлықтар алдың, Құдай Иенің мұнда тұруы үшін. 20 Әрдайым Иеміз мадақталсын, Құтқарушы Құдайымыз даңқталсын: Жүгімізді көтеріп жүр Ол күн сайын, Құдайдың Өзі — бізді аман сақтайтын. // 21 Құдайымыз бізді қорғап-қолдайды, Жаратушы Тәңір Ие ажалдан сақтайды. 22 Құдай жауларының басын талқандайды, Соғысқұмар, қыңыр қылмыстыларды жояды. 23 Сол жауыздар жайлы Иеміз былай деген: «Оларды Башан тауынан да алып келем, Теңіздің ар жағынан да қайтарып әкелем. 24 Сонда аяқтарың жаудың қанын басады, Әрі иттерің қанды жалап тойынады». 25 Уа, Құдай, Сенің салтанатты шеруің, Киелі тұрағыңа Сенің кіруің Көрінеді бар жұртқа, о, Патшам, Құдайым. 26 Әншілер жүр алдында, аспапшылар соңында, Даңғыра ойнаған қыздар араларында: 27 «Жиындарда Құдайымызды мадақтаңдар, Исраилдің ұрпақтары, Иемізді даңқтаңдар!» 28 Кенже Бунямин руы бастап келеді, Яһуда басшыларының тобы ереді, Забулон, Нафталим басшылары да жүреді. 29 Уа, Құдай, күш-қуатыңды жинашы, Бұрын көрсеткен құдіретіңді танытшы, 30 Иерусалимдегі ғибадатханаңа бола Патшалар Саған сый-тарту әкеледі сонда. 31 Жау халықтарды сөгіп жуасытшы: Перғауын — қамыстағы хайуан сияқты, Ал бұзаудай күшсіз ұлттар арасындағы Бұқалар табынындай — оның әміршілері, Олар күмістен салық талап етеді. Соғысқұмар ұлттарды тарқатып жіберші! 32 Мысырдан жіберілген мырзалар келеді, Құш елі де қол созып Құдайға көнеді. 33 Жердегі патшалықтар, Құдайға ән салыңдар, Иемізді мадақтап ән-жыр айтыңдар, // 34 Дәріптеп ежелден аспанда жүрген Иемізді, Тыңда, зор даусымен Ол күркірейді. 35 Хабарлаңдар Құдайдағы құдіретті! Исраилдің үстінде Оның салтанаты, Әрі бұлттардан жоғары күш-қуаты. 36 Құдай киелі үйінде үрей туғызады, Исраилдің Құдайы халқын нығайтады. Лайым Құдай мадақтала берсін!
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Қызғалдақтар» әуенімен айтылатын Дәуіттің жыры.) 2 Құтқара гөр, уа, Құдайым менің, «Тасыған су» жетті мойныма дейін, 3 «Батпаққа» терең батып бара жатырмын, Аяқ басып тұрар жер таба алмаймын, Судың тереңіне батқан адамдаймын, Ағызып барады мені қатты ағын. 4 Жалбарына айқайлап қалжырадым, Құрғап, кеуіп қалды менің тамағым, Құдайымды күтіп талды қос жанарым. 5 Басымдағы шашымнан көп дұшпандарым, Себепсіз мені жек көреді жауларым, Сұмдықпен мені қудалап келеді, Алмаған нәрсемді талап етеді. 6 Уа, Құдай, Саған аян ақымақ қылығым, Сенен таса емес жасаған күнәларым. 7 Өзіңе сенімдерін артқан жандарды Маған бола ұятқа қалдырмашы, О, Әлемнің Иесі, Жаратушы, Саған бет бұрып дұға еткен жандарды Енді маған бола масқаралатпашы, Уа, Исраилдің сиынатын Құдайы! 8 Сен үшін мазаққа төзіп келем, Масқарам көрініп тұр бет-жүзімнен. 9 Туған бауырларым да мені танымайды, Шешемнің ұлдары маған жат деп қарайды. 10 Киелі үйіңнің қамын жеп азапқа түсем, Сені қорлағандардың ғайбаты маған тиген. 11 Ораза ұстап, жылаған уақытымда Олар мені келекелеп қорлауда. 12 Қайғыланып азалы киім кигенімде Олар мені мазақтап келемеждеуде. 13 Алаңда ақсақалдар мені өсектейді, Сыра ішкендер сықақтап әндетеді. 14 Ал мен Саған, уа, Жаратқан, Өзіңнің мейірім Көрсететін кезіңде сиынып келем, Құлақ сала көрші маған, уа, Құдайым, Шынында құтқаршы зор рақымыңмен. 15 «Батпақтан» мені тартып шығара көрші, «Тұңғиыққа» батуыма жол бермеші, Жек көретін дұшпандардан құтқаршы, «Терең сулардан» Мені тартып шығаршы. 16 Жол берме тасқынның ағызып әкетуіне, Терең судың мені жұтып жіберуіне, Ажал шыңырауының жалмап қоюына. 17 Уа, Жаратқан Ие, дұғама құлақ түрші, Берік мейірімің Сенің сондай игі, Мол рақымыңа сай маған көңіл бөлші. 18 Мендей пендеңнен бетіңді жасырмашы, Қасірет шегудемін, тез жауап берші. 19 Жақындап келіп, жанымды құтқаршы, Жауларыма бола босата көрші. 20 Сен білесің қандай қорлық көргенімді, Ұятқа қалып, жапа шеккенімді, Көріп алдың бар дұшпандарымды. 21 Мазақтары жүрегімді күйретіп, әлсізбін, Бекерге жұрттан аяныш күттім, Ешбір жұбатушыны кездестірмедім. 22 Қайта, тамағыма олар өт қосып берді, Шөлдеп тұрғанымда сірке суын ішкізді. 23 Мол дастарқандары жауларыма тор болсын, Бейқам ішкен астары тұзаққа айналсын, 24 Көздері көре алмастай тұмандансын, Белдері ұдайы бейнеттен бүкшиіп қалсын, 25 Оларға төге гөр өз қаһарыңды, Һәм қуып жетсін ашуыңның жалыны, 26 Тұрған мекені қаңырап бос қалсын, Шатырларында тұратын ешкім болмасын! 27 Өйткені Сен соққанды олар қуғындайды, Сен жаралағанды тағы мазақтайды. 28 Мойындарына салшы бар қылмыстарын, Өзіңнің алдыңда ақтала алмасын. 29 Өмір кітабынан өшірші есімдерін, Әділдер тізіміне олар тіркелмесін. 30 Ал мен азап шегіп қиналудамын, Уа, Құдай, құтқаруың мені қолдасын, 31 Сонда Құдайдың атын әнге қосамын, Шүкіршілік етіп мақтау айтамын. 32 Көбірек ұнатады мұны Жаратқан Құрбандық мүйізді ірі қарадан. 33 Соны көріп, мәз болады қаналғандар, Жігерленіңдер, Құдайға бет бұрғандар! 34 Өйткені Жаратқан Ие мұқтажға құлақ түреді, Тұтқын пенделерін Ол менсінбей кетпейді. 35 Мадақтаңдар Иемізді, аспан мен жер, Теңіз бен ондағы күллі жәндіктер, 36 Себебі Құдай Сионды құтқарады, Яһуданың қалаларын қайта тұрғызады, Құдай халқы орнығып, елге ие болады. 37 Пенделерінің ұрпағы елді иемденеді, Құдайдың есімін сүйгендер соны мекендейді.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, басына түскен жағдайын Құдайдың есіне салған Дәуіттің жыры.) 2 Уа, Құдай, мені құтқаруға асыға гөр, О, Жаратқан, тездетіп көмекке келе гөр! 3 Жанымды алмақ болған күллі жауларым Таңдана абыржып, масқаралансын, Маған пәле тілеген бар дұшпандарым Ұятқа қалып, кері қайтарылсын! 4 «Өзіңе де сол керек!» деп табалаған Олар қарабет боп безіп кетсін сондықтан. 5 Бірақ бет бұрып сиынғандар Саған Өзіңе қуана берсін шат-шадыман, Лайым құтқаруыңды ұнатқан әркім: «Құдайым даңқты!» деп Сені дәріптесін! 6 Ал мен жарлымын, мұқтаждықта жүрмін, Я, Құдай, маған тездетіп келе гөр! Қолдаушым да құтқарушым Өзіңсің, О, Жаратқан Ием, кешікпей жете гөр!
1 Өзіңді паналаймын, уа, Жаратқан, Ұятқа қалдырмашы мені ешқашан. 2 Сен әділсің, мені босата көрші, Құлақ түріп маған, құтқара көрші. 3 Бола гөр лайым бас сауғалар панам, Сөзіңе сай құтқаршы, құздай қорғаным! 4 О, Құдайым, босатшы мені зұлымнан, Күнәкар қанаушының қыспағынан. 5 Жаратушы Тәңір Ием, үмітім Сенсің, Жастайымнан-ақ Өзіңе сеніп келемін, 6 Құрсақтан-ақ Саған сүйеніп келемін, Туғаннан-ақ Сен қамқоршымсың менің. Еш таусылмас Сені мадақтайтын әнім. 7 Көп адамға ғажап белгі іспеттімін, Ал Сен күш-қуатым мен қорғаушымсың. 8 Өзіңді мадақтауды еш тоқтатпаймын, Сенің көркіңді күнде жырлаймын. 9 Қартайғанда маған теріс қарай көрме, Күшім қайтқанда мені тастап кетпе. 10 Жауларым маған қарсы сөз байласуда, Жанымды аңдығандар ақылдасуда: 11 «Жоқ құтқарушысы, Құдай тастап кетті, Қуып жетіп, ұстап алайық!» деседі. 12 Уа, Құдай, менен алыстап кетпеші, Құдайым менің, көмекке тез жетші. 13 Маған мін таққандар ұялып, жоқ болсын, Қастық ойлаған олар ұятқа орансын! 14 Ал мен әрдайым үмітпен күтудемін, Барған сайын молырақ дәріптеймін, 15 Сенің әділдігің және құтқаруың Туралы мен күн ұзаққа айтудамын, Маған көрсетіп келген жақсылықтарың Сансыз, олардың бәрін біле алмаймын. 16 Жаратушы Тәңір Ием, құдіретіңді ойлаймын, Тек Сенің әділдігіңді жұртқа жариялаймын. 17 Уа, Құдай, жастайымнан мені үйретесің, Әлі де ғажаптарыңды паш етемін. 18 Қартайып басымды қырау шалғанда, О, Құдайым, мені жалғыз қалдырма, Қайта, құдіретіңді жаңа ұрпаққа, Керемет істеріңді келер буындарға Жол бере көрші маған уағыздауға. 19 Әділдігің Сенің заңғар аспандай, Ұлы істерді жасап келесің, о, Құдай, Саған тең келер кім бар еді, уа, Құдай? 20 Көп ауыр азаптар жібердің маған, Қалпына келтіресің бірақ қайтадан Жанымды менің, шығарып тұңғиықтан. 21 Құрмет сыйлап жұбата гөр жаңадан. 22 Сонда Сені жетігенмен мадақтаймын, Сен уәдеңе беріксің, уа, Құдайым, Исраил сиынатын Киелі Тәңірім, Саған домбыра тартып әнімді арнаймын, 23 Шаттанып Саған жырымды бағыштаймын, Өйткені Сен мені құтқардың апаттан. 24 Иә, күн сайын әділдігің жайлы айтам: Маған қастық ойлағандар ұятқа батқан!
1 (Сүлейменнің жыры.) Уа, Құдай, патшаңа әділ шешімдер сыйлай гөр, Патшаның ұлына да әділдікті үйрете гөр, 2 Ол халқыңа әділетпен билік құрсын, Жарлыларыңа әділ үкім шығарсын. 3 Қыраттар халқыңа молшылық берсін, Қырдан олар әділдіктің өнімін терсін. 4 Патша халықтың жарлыларын қорғасын, Мұқтаждың ұрпақтарын да аман сақтасын, Ал қанаушыларын басып жуасытсын. 5 Күн мен ай нұрын шашып болмайынша, Халқың Сені қастерлесін ұрпақтан ұрпаққа. 6 Игілікті болсын патшаның билігі: Қайта қаулата өсірген шабындықты Аспаннан жауған көктемгі жаңбырдай, Иә, топырақтың шөлін қандырған нөсердей. 7 Патша заманында әділдер өркендесін, Ай өшпейінше молшылық жайыла берсін. 8 Ол билік құрады теңізден теңізге дейін, Евфрат өзенінен жердің шетіне дейін, 9 Құла түздің тұрғындары оған бас ұрады, Ал жаулары топырақты жалайтын болады. 10 Тарсис пен аралдардың патшалары Патшаңа алым-салық төлеп тұрады, Әрі Себа мен Сәбаның патшалары Сый-тартулар әкеліп отырады. 11 Күллі патшалар оған бас иеді, Күллі ұлттар оған қызмет етеді. 12 Патша құтқарады жалынған мұқтажды Және қолдаушысы жоқ қаналғанды, 13 Ол әлсіз бен кедейді қамқорлайды, Оларды ажалдан аман сақтайды, 14 Әрі зорлық-зомбылықтан қорғайды, Олардың қанын қымбат деп санайды. 15 Ғұмыры патшаның ұзақ болсын, Оған Сәбаның алтынынан сый тартылсын, Лайым жұрт патшасы үшін мінажат қылсын, Күн сайын жарылқануы үшін Тәңірге сиынсын! 16 Жердің беті егінге тола берсін, Қырда дәнді сабақтары өсіп-өнсін, Олар Ливан орманындай сыңсып тұрсын, Қаланың тұрғындары да шөптей көбейсін. 17 Патшаның есімі мәңгілікке ұлассын, Күннің сәулесіндей ұзаққа созылсын, Ол арқылы барлық ұлттар жарылқансын, Есімі оның үздіксіз мақталатын болсын! 18 Лайым мадақталсын Исраил сиынатын Құдай, Тек Жаратқан Ие — керемет жасайтын Құдай! 19 Оның даңқты есімі мәңгі дәріптелсін, Күллі жер Оның салтанатына кенелсін. Аумин, иә, аумин. 20 (Есей ұлы Дәуіттің мінажаттары осымен аяқталады.)
1 (Асафтың жыры.) Құдай Исраил үшін қандай игі, Жүрегі пәктер үшін мейірімді! 2 Ал мен тура жолдан тая жаздадым, Тірегімнен айырылуға шақ қалдым. 3 Күнәкарлардың өркендеуін көрдім, Менмендерге қызғана қарай бердім. 4 Өмірінде шекпейді олар азапты, Денсаулығы мықты әрі қуатты, 5 Өзгелердей көрмейді ауыртпалықты, Басқалардай жемейді олар соққыны, 6 Содан моншақтай тағып алып мақтанышты, Әрі киімдей жамылған зорлық-зомбылықты. 7 Тым семіздіктен көздерін май басқан, Арамдық пиғылдары да асып-тасқан. 8 Өзгелерді олар қорлап, жамандайды, Паңдана зәбір-жапа жоспарлайды. 9 Көкті ауызымен иеленгенсиді, Жерге де тілімен билік еткенсиді. 10 Сондықтан да халық оларға бет бұрып, Айтқандарын тыңдайды құштарланып: 11 «Құдай қайдан білсін? — деп сол зұлымдар Мақтана сұрайды: — Хақ Тағала ма хабардар?» 12 Бейқам болып осы арам пиғылдылар Молынан жинайды байлықтар. 13 Әлде бекерге жүрегімді пәк сақтап, Қолымды күнәдан таза ұстадым ба?! 14 Сонда да күн ұзағына қиналып, Таң атысымен түсемін азабыма! 15 Ал егер мен солай сөйлейін десем, Халқыңды алдап, опасыздық жасар едім. 16 Мұның бәрін ақылға салып көргенімде Көзім жетті аса қиын екеніне. 17 Соңында мен Құдайдың үйіне кірдім, Ақыры солармен не боларын білдім: 18 Сен зұлымдарды тайғақ жолға түсіресің, Биіктен құлатып, жойып жібересің. 19 Олар күтпеген жерден талқандалады, Зәрелері ұшып, жойылып, жоғалады. 20 Я, Ием, көтерілсең, олар ғайып болар, Оянғанда жоқ болатын түске ұқсар. 21 Ал жүрегім менің қызғаныштан күйді, Жан дүнием шүбәдан налып ренжіді. 22 Сонда санасыз ақымақ болып қалдым, Көз алдыңда ақылсыз хайуанға ұқсадым. 23 Алайда қасыңда боламын әрқашан, Сен мені ұстап қолдайсың оң қолымнан, 24 Ақыл-кеңесіңмен мені бастайсың, Ақыры салтанатыңа қабылдайсың. 25 Өзіңнен басқа кімім бар еді көкте? Өзге ештеңе аңсамаймын жерде де! 26 Тәнім әлсіреп, жаным шаршағанмен, Уа, Құдай, мәңгілік жар боласың Сен, Жүрегімнің берік тірегі бола бересің. 27 Бірақ жойылады алшақтағандар Өзіңнен, Безіп кеткендердің бәрін жоясың Сен. 28 Құдайға жақын болғаным қандай игі! Паналап Жаратушы Тәңір Ием — Сені, Жариялап тұрмын күллі істеріңді.
1 (Асафтың насихат жыры.) Уа, Құдай, неге бізден біржола бас тарттың, Неліктен өрши түседі қаһарың «Қойларыңа» қарсы «отарыңдағы» Сенің? 2 Өзің таңдап алған ежелгі заманда Халқың екенімізді есіңде сақташы: Сенің босатқан ұлтыңбыз, меншігің айрықша. Сиондағы тұрағыңды да ұмытпашы: 3 Ежелде қираған қаланы аралашы, Жау түгел жойған мекеніңді қарашы. 4 Бізбен кездескен орныңда жауың шулады, Таңбасын тігіп киелі жерде паңданды. 5 Орманда ағаш кескендер сияқты Кіреберіс қақпаларды шапқылады, 6 Айбалта, шоттарымен қиратып тастады Өрнектеліп ойылған тақтайшаларды. 7 Жау киелі үйіңді өртеп, талқандады, Сенің атыңдағы мекенді арамдады, 8 «Соларды біржола құртамыз!» деп шешті, Елдегі Саған сиынатын жерлерді, Уа, Құдай, олар түгел өртеп жіберді. 9 Еш көрмейміз өзімізді құтқаруыңды Белгілейтін Сенің керемет істеріңді. Пайғамбар жоқ бізге хабарыңды жеткізуші, Әрі жоқ пәленің қашан бітетінін білуші. 10 Уа, Құдай, дұшпан мазақтай бермек қашанғы, Жау ұдайы қорлай бермек пе атыңды? 11 Неге құдіретті қолыңды тұрсың тартып? Жұмсашы оны, оларды соғып та құртып! 12 Уа, Құдай, ежелден-ақ Сен патшамсың, Жерде ғажап істермен құтқарасың: 13 Өз құдіретіңмен теңізді қақ жардың, Дәу су мақұлықтарының бастарын жойдың, 14 Алып хайуанның бастарын мыжыдың, Өлігін жыртқыш аңдарға жем қылдырдың, 15 Көздер мен бұлақтарды ашып ағыздың, Ешқашан суалмас өзендерді суалттың. 16 Күндіз бен түнге Өзің билік құрасың, Күн мен басқа аспан шырақтарын жараттың, 17 Жер бетінің бар шектерін Сен бекіттің, Жаз бен қыс мезгілдерін де белгіледің. 18 О, Жаратқан, есіңе алшы дұшпанның мазағын, Зердесіз ұлттың өз есіміңді қорлағанын. 19 Жыртқышқа «көгершініңнің» жанын қимашы, Бейшара халқыңды мәңгілік ұмытпашы. 20 Жеріміз қара түнек пен зорлыққа толы, Жасаған Келісіміңе енді ден қойшы, 21 Қаналған жандар қорлана шегінбесін, Қайта, жарлы-жақыбайлар атыңды дәріптесін! 22 Уа, Құдай, көтеріліп, ісіңді қорғай көрші, Күнде ессіздің Өзіңді қорлағанын ескерші: 23 Жауларыңның айқайын ұмыта көрме, Саған қарсы шыққандардың шуы күшеюде.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Құрта көрме!» әуенімен айтылатын Асафтың әні әрі жыры.) 2 Саған мақтау айтамыз, уа, Құдайым! Сені дәріптейміз, бізге жақынсың, Паш етіледі керемет істерің. 3 Сен былай дедің: «Кезін Мен белгілеймін, Әділетті сотты Өзім жүргіземін. 4 Шайқалады жер күллі тұрғындарымен, Тіреулерін оның берік ұстаймын Мен». // 5 «Бөсуіңді тоқтат!» — дедім мақтаншаққа, «Жұдырығыңды көтерме! — дедім арамзаға, — 6 Көкке қарсы да жұдырығыңды көтерме, Тоңмойын болып паңдана сөйлеме!» 7 Шығыс, батыс не айдаладан келген Ешкім басқаны жоғарылатпас шынымен, 8 Себебі сотты Құдайдың Өзі жүргізеді, Ол біреуді түсіріп, басқаны көтереді. 9 Жаратқанның қолында «қаһарлы тостаған», Іші дәмдеуіштермен араласқан Көпірген «жаңа шарапқа» толған. Оны құйып береді Жаратқан, Бар зұлымдар ішуге тиіс содан, Сарқып ішеді тіпті ашытқысынан. 10 Ал мен Иемнің істерін мәңгі паш етемін, Жақыптың сиынған Құдайын әндетемін, 11 Өйткені Құдай Иеміз былай деген: «Мен зұлымдарды күшінен айырамын, Ал әділдің күш-қуатын молайтамын!»
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен орындалатын Асафтың әні әрі жыры.) 2 Құдай танымал Яһуда елінде, Оның аты қастерлі Исраилде, 3 Тұрағы Оның Иерусалимде, Киелі үйі Сион төбесінде. 4 Сонда Ол қиратты жаудың отты жебелерін, Һәм соғыс қалқандары мен семсерлерін.// 5 Уа, Құдай, аңға толы таулардан гөрі Сен салтанаттысың әрі құдіретті. 6 Тоналды батыл жүректі ер адамдар, Терең ұйқыға батты мықты сарбаздар, Қол көтере алмайды бізге қарсы олар. 7 Уа, Жақыптың сиынатын Құдайы, Қатты дауыспен сөктің сол жауларды, Сонда бәрі тып-тыныш тұра қалды: Соғыс күймелері және аттары. 8 Уа, Құдай, айбаттысың, қаһарланғаныңда Кім тұра алар еді Сенің алдыңда? 9 Жердегі бейшара жандарды құтқаруға Сен сот жүргізіп орныңнан тұрғанда, Көктен үкім шығардың күнәкарларға, Жер қорқып үнсіз тұрды Сенің алдыңда.// 11 Пенденің ашуымен де даңқталасың, Оның қалған ашуын Өзің басасың. 12 Ей, айбатты Құдайдың маңындағылар, Жаратқан Иелеріңе беріңдер анттар, Әрі соларыңды мұқият орындаңдар, Барлығың Оған тартулар ұсыныңдар! 13 Ол әміршілердің батылдығын жояды, Жер патшаларының үрейін ұшырады.
1 (Ән-күйдің жетекшісі Едутунге арналған Асафтың жыры.) 2 Мен Құдайға дауыстап жалбарынамын, Құлақ түре көрсін деп Оған жалынамын. 3 Қиын кезде де Иеме бет бұрамын, Түнде қол жайып, тоқтамай сиынамын, Жан дүнием бас тартады жұбаныштан. 4 Қатты күйзелемін Құдайды есіме алсам, Рухым әлсірейді, егер де ойға шомсам. // 5 Уа, Ием, Сен мені ұйықтатпайсың, Қатты абыржып, сөйлей де алмаймын. 6 Ежелгі заман жайлы ойланамын, Өткен ғасырларға ой саламын, 7 Түнде айтқан әндерімді еске аламын, Рухым жауап іздеп, жүрекпен толғанамын. 8 Әлде Иеміз біржола бас тартты ма? Енді қайтып ықылас танытпай ма? 9 Берік мейірімі мүлдем үзілді ме? Берген сөзі мәңгілік күйреді ме? 10 Мейірленуді Құдай ұмытқан ба? Қаһары рақымын басып тастаған ба? // 11 Мен былай деймін: «Құдай Тағаланың Құдіреті өзгеріпті, бұл — нағыз азабым». 12 Ием, Сенің істеріңді еске аламын, Ежелгі кереметтеріңді ойға аламын, 13 Бар іс-әрекетің жайлы ойланамын, Ұлы істерің жөнінде толғанамын. // 14 Жолдарың Сенің, уа, Құдай, қасиетті, Өзіңдей тәңір бар ма құдіретті? 15 Сен кереметтер жасайтын Құдайсың, Халықтарға күш-қуатыңды таныттың, 16 Құдіретіңмен халқыңды құтқардың: Жақып пен Жүсіптің осы ұрпақтарын. // 17 Уа, Құдай, Қамысты теңіз Сені көрді, Суы Өзіңді байқап үрейленді, Теңіздің тұңғиығы дүр сілкінді. 18 Бұлттар сонда жерге нөсер жаудырды, Аспанда күн күркіреп жаңғырды, Найзағай жебедей ұшып жарқылдады. 19 Құйында Сенің даусың күркіреді, Жай оты әлемге жарығын түсірді, Һәм жер беті шайқалып дірілдеді. 20 Сонда Сен теңіз арқылы жол жүрдің, Ұлан-ғайыр су арқылы қадам бастың, Ал көзге көрінбеді іздерің Сенің. 21 Содан халқыңды отардай бастадың Жетекшілігімен Мұса мен Һаронның.
1 (Асафтың насихат жыры.) Уа, халқым, тәліміме көңіл бөлші, Айтатын сөздеріме құлақ түрші, 2 Астарлы әңгімелерді айтамын, Әуелден бар құпияларды ашамын. 3 Өзіміз естіп білген әңгімелерді, Аталарымыз айтқан нәрселерді 4 Солардың ұрпақтарынан жасырмаймыз, Келер буынға оларды жариялаймыз: Жаратқан Иенің даңқты істерін, Оның құдіреті мен кереметтерін. 5 Өйткені Иеміз Жақыптың ұрпағына Ережесін орнатып, Исраил халқына Арнап Таурат заңын шығарып тапсырды, Ол ата-бабаларымызға соларды Балаларына үйретуге бұйырды. 6 Келер ұрпақ оларды жақсы танысын, Кейін туар перзенттері де ұғынсын, Олар да өз балаларына үйретсін. 7 Осылай бұлар Құдайға үміт артсын, Оның кереметтерін есте сақтасын, Әрі өсиеттерін нық орындасын. 8 Олар бабаларындай істеп жүрмесін: Бас көтергіш қыңыр ұрпақ бола көрмесін, Жүректерін Құдайға арнаудан безбесін, Ой-ниеттері Құдайға сенімсіз болмасын. // 9 Ефремнің ұрпақтары садақпен қаруланған, Ал шайқасар күні кері бұрылып қашқан, 10 Құдайдың Келісімін сақтамаған, Таурат заңын ұстанудан бас тартқан, 11 Құдайдың ежелгі істерін ұмытқан: Ғажап кереметтерін Ол жасаған 12 Мысыр елінде, Соған алқабында Ата-бабаларының көз алдында. 13 Сол кезде Құдай теңізді қақ бөлген, Арғы жағаға халықты жеткізген, Теңіз суын қабырғадай тұрғызған, 14 Күндіз бұлтты, түнде отты бағанамен Өзі оларды жетелеп бастап жүрген. 15 Шөл далада жартасты қақ айырған, Терең тұңғиықтан су шығарған, Халқының шөлін молынан қандырған. 16 Жартастан Жаратқан бұлақтар ағызған, Өзендей төмен қарай сарқыратқан. 17 Алайда халық күнә жасай берген, Хақ Тағалаға қарсы түзде бас көтерген, 18 Талғамдарына қарай тамақ талап еткен, Тәңірді іштей сынап еркінсіген, 19 Былай деп қарсы сөйледі Құдайға: «Айдалада Құдай тамақ бере ала ма? 20 Рас, жартасты ұрғанда су тасқындап, Жылғамен аға жөнелді сарқырап, Алайда Ол нан да бере ала ма, Етпен де халқын қамти ала ма?!» 21 Мұны естіп Жаратқан Ие ашуланды, Жақыпқа зәрінің оты тұтанды, Иә, Исраилге қатты қаһарланды, 22 Өйткені олар Құдайға сенбеді, Оның құтқаруына үміттенбеді. 23 Бірақ та Ол бұлттарға бұйрық берді, «Аспанның қақпаларын» ашып берді, 24 Халыққа жейтін маннаны жаудырды, Сөйтіп оларға нанды аспаннан жіберді, 25 Адамдар «періштелер нанын» жеді, Қарындары тойғанша Құдай мол берді. 26 Құдай аспанда шығыстан жел тұрғызды, Құдіретімен оңтүстіктен жел соқтырды, 27 Ол аспаннан тозаңдай мол ет жаудырды: Теңіз жағалауындағы құм сықылды Сансыз көп боп ұшып келген құстарды 28 Халық қоныстанған жердің ортасына Қондырды, шатырларының маңайына. 29 Осылайша халық тойына ет жеді, Құдай оларға аңсағандарын берді, 30 Ал құмартқан тамақтарын жеп болмастан, Ауыздарындағы етті жұтпастан, 31 Оның зәрі оларға қарсы көтерілді, Ол ең мықты адамдарын өлтірді, Сұлатып исраилдік жас жігіттерді. 32 Алайда халық күнә жасай берді, Ғажаптарын менсінбей Құдайға сенбеді. 33 Сонда Ол күндерін бекер қылып қысқартты, Оларды қорқытып, жылдарын доғартты. 34 Құдай кейбіреулерін құртқанда, Басқалары Оған бет бұрды соңында, Өкініп, қайтты теріс жолдарынан, Сиына берді Құдайға таң азаннан. 35 Естеріне түсті: «Құдай — құздай панамыз, Иә, Алла Тағала — Құтқарушымыз». 36 Олар жағымпазданды бірақ ауыздарымен, Жаратқанға жалған айтты тілдерімен, 37 Шын жүректен Оған адал болмады, Келісімін Оның берік ұстанбады. 38 Алайда Құдай сондай шапағатты, Күнәларын кешіріп, оларды құртпады. Әлденеше рет Ол ашуын басты, Жалынды қаһарын толық тұтатпады, 39 Олардың тәндік екенін ұмытпады, Шыққан демдей қайтпайтынын ұғынды. 40 Қанша рет олар иен түзде бас көтерді, Айдалада Оны қапаландырды! 41 Қайта-қайта еркінсіп сынап Құдайды, Исраилдің Киелі Құдайын қайғыртты, 42 Олар ұмытты Оның шексіз құдіретін, Қанаған жауларынан құтқарған кездерін: 43 Мысырда көрсеткен ғажап істерін, Соған алқабындағы кереметтерін, 44 Мысыр өзендерін Ол қанға айналдырды, Ағынынан ешкім су іше алмады, 45 Оларға шақсын деп көптеп масаларды, Зақымдасын деп жіберді бақаларды, 46 Шегіртке құрттарына қиды егіндерін, Шегірткелерге еңбектерінің өнімдерін, 47 Бұршақпен жойды Ол жүзім бақтарын, Аязбен қиратты тұт ағаштарын. 48 Жаудың малына да бұршақты жаудырды, Табындарын найзағай астында қалдырды. 49 Құдай қаһарының тізгінін ағытты, Ашу-ызасы мен қастығын танытты, Құртушы хабаршыларын жөнелтті, 50 Лаулаған қаһарына Тәңір жол берді, Ажалдан жаудың жандарын сақтамады, Оларды обаның індетіне табыстады. 51 Мысырдың тұңғыштарының құртты көздерін, Хамның үйлеріндегі мықты өскіндерін. 52 Ал Құдай өз халқын алып шықты қойлардай, Иен далада бастап жүрді отардай, 53 Оларды аман-есен жетеледі, Сонда халық ешқандай үрейленбеді, Бірақ жауларын теңіз жалмап жіберді. 54 Құдай халқын әкелді киелі еліне, Құдіретпен иемденген таулы өлкесіне, 55 Алдарынан ұлттарды шығарды қуып, Олардың жерлерін мұраға берді бөліп, Үйлерін де Исраил руларына мекендетіп. 56 Бірақ олар әлі де Құдайды сынады, Бас көтеріп, Хақ Тағалаға бағынбады, Оның берген жарлықтарын сақтамады, Бабаларының қылықтарын қайталады, 57 Құдайдан бас тартып опасыздық жасады, Кеуіп қалған садақтай сенімсіз болды. 58 Биіктеу жерлерде тәңірсымақтарға арнап Ғибадат ететін орындарын салып, Құдайдың ашу-ызасын туғызды, Жалған тәңір мүсіндерін тұрғызды, Құдайдың зор қызғанышын тудырды. 59 Мұны естіп Құдайдың қаһары тұтанды, Ол Исраилден жиреніп мүлдем бас тартты, 60 Содан тастап кетті Шилодағы тұрағын, Адамдар арасындағы киелі шатырын. 61 Ол тіпті өз құдіретін паш еткен сандығын Халқының жауларының қолына түсірді, Иә, Өзінің ұлылығының осы белгісін Сол дұшпандарының қолдарына тапсырды! 62 Құдай меншікті халқына қаһарланды, Семсер жүзіне оларды табыстады, 63 Халықтың жас жігіттерін өрт жалмады, Қыздарына той әндері айтылмады, 64 Діни қызметкерлері семсерден құрыды, Жесірлері жоқтау да айта алмады. 65 Соңында Иеміз тұрды ұйқыдан оянғандай, Ішіп алып қызбаланған балуандай, 66 Жауларына соққы беріп, кері тойтарды, Оларды шексіз масқараға қалдырды. 67 Кейін Тәңір Жүсіптің әулетін таңдамады, Ол Ефрем руын басшылыққа қоймады, 68 Орнына таңдап алды Яһуда руын, Әрі Өзі қатты ұнатқан Сион тауын, 69 Киелі үйін зәулім аспандай орнатты, Жер іспетті оны мәңгілікке нығайтты. 70 Қызметшісі етіп Дәуітті таңдады, Қой отарынан Құдай оны шақырды, 71 Саулық бағып жүрген жерінен алдырды, Жақыптың ұрпақтарын оған бақтырды, Меншікті Исраил халқын қамқорлатты. 72 Ол халқын бағып жүрді шын жүректен, Жетелеп алып жүрді епті қолымен.
1 (Асафтың жыры.) Уа, Құдай, Өзіңе бағынбаған ұлттар Сенің меншікті еліңді басып, олар Сенің киелі үйіңді арамдады, Иерусалимді қиратып, талқандады. 2 Жау Сенің қызметшілеріңнің мәйіттерін Құстарға жемтік етіп тастап кеткен, Олар адал адамдарыңның денелерін Жабайы аңдардың азығы еткен, 3 Солардың қанын Иерусалимді Айналдыра ағызды су тәрізді, Сүйектерін жерлейтін қалдырмады ешкімді. 4 Көршілеріміз бізді келеке қылуда, Маңымыздағылар мазақтап қорлауда. // 5 Қашанғы бізге ашуланасың ұдайы, Уа, Ием, қашанғы қаһарың оттай лаулайды? 6 Ашуыңды төксеңші соның орнына Өзіңді мойындамайтын бөтен ұлттарға, Саған сиынбайтын патшалықтарға. 7 Олар Жақыптың ұрпақтарын жалмады, Мекен-тұрағын қиратып, бос қалдырды. 8 Бізге аталарымыздың күнәларын артпашы, Қайта, өз рақымыңды бізге тезірек жолдашы, Өйткені әлсіреп түңілдік аса қатты. 9 Құтқарушы Құдайымыз, бізді қолдай гөр, Атыңның даңқына бола азат ете гөр, Есіміңе бола бар күнәмізді кешіре гөр. 10 Бізді Өзіңе бағынбаған халықтардың «Құдайы қайда екен бұлардың?» Деген мазағына неге қалдырасың? Олар Сенің қызметшілеріңнің қанын төкті, Әділ жаза тартқандарын бізге көрсетші. 11 Тұтқындардың күңіренісіне құлақ салшы, Ұлы құдіретіңмен әрекет жасашы, Өлімге кесілгендерді аман сақташы. 12 Көршілерімізге, уа, Ием, өз атыңды Қорлағандарын жеті еселеп қайтаршы. 13 Бағып жүрген халқың әрі «отарыңбыз», Сондықтан Өзіңді мәңгі мадақтаймыз, Күллі ұрпаққа ұлылығыңды даңқтаймыз.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Келісім қызғалдағы» әуенімен айтылатын Асафтың жыры.) 2 Уа, Исраилдің Бағушысы, құлақ түрші, Бейне қой отарындай жетелейсің Жүсіпті. Уа, керубтер арасында «тақта» Отырушы, Өзіңнің нұрлы салтанатыңды жайнатшы. 3 Ефрем, Бунямин, Манаса руларының Көз алдында зор күшіңді көрсетші, Өзің келіп, бізді құтқарсаң етті! 4 О, Құдай, бізді қайтаршы өз жолыңа, Бет нұрыңды төксең бізге тағы да, Құтқарылатын боламыз осылайша. 5 Уа, Жаратқан, Әлемнің Иесі — Құдайсың, Қашанғы өз халқыңа ашуланасың, Мінажаттарымыздан мүлдем бас тартасың? 6 Сен халқыңды көз жасымен тойындырдың, Иә, көз жасымен шөлімізді әбден қандырдың, 7 Сөйтіп мазақтаттың бізді көршілерімізге, Дұшпандарымыз табалап келекелеуде. 8 Уа, Әлемнің Иесі — Құдай Тағала, Бізді қайтара гөр өз тура жолыңа, Бет нұрыңды төксең бізге тағы да, Құтқарылатын боламыз осылайша. 9 Бізді Мысырдан жүзім бұтасындай әкелдің, Басқа ұлттарды елден қуып шығардың, Солардың орнына бізді отырғыздың. 10 Ол үшін тазартып, өңдедің жерді, Сол «бұта» тамыр жайып, толтырды елді, 11 Оның көлеңкесі тауларды жапты, Сабақтары зор самырсындарды басты. 12 Бұтақтары созылды теңізге дейін, Өркендері — Евфрат өзеніне дейін. 13 Енді неге қоршаған дуалын қираттың? Қасынан өткеннің бәрі жұлды жемісін, 14 Орман қабаны түбін қазып, қопаруда, Түз аңдары жайылып, «бұтаңды» жалмауда! 15 Уа, Әлемнің Иесі, қайта оралсаңшы, О, Құдай, көктен жерге көз салсаңшы, Осы «жүзім бұтасын» қамқорлашы, 16 Құдіретті қолыңмен оны отырғыздың, Сабақтарын Өзіңе арнап өсірдің. 17 «Жүзім бұтаңды» шауып, өртеді жаулар, Бетіңнің ызбарынан жойылады олар. 18 Қолдай гөр оң жағыңдағы халқыңды, Өзіңе арнап нығайтқан ұлтыңды. 19 Сенен енді қайтып безбейміз сонда, Сиынатын боламыз Сенің атыңа, Өмірімізді жаңарта гөр тағы да. 20 Уа, Әлемнің Иесі — Құдай Тағала, Бізді қайтара гөр өз тура жолыңа, Бет нұрыңды төксең бізге тағы да, Құтқарылатын боламыз осылайша.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ғаттық күй аспабының сүйемелдеуімен айтылатын Асафтың жыры.) 2 Күш-қуатымыз — Құдайға шаттана ән салыңдар, Жақып сиынған Құдайға қуана айқайлаңдар, 3 Ән-жырлар айта бастап, даңғыраны соғыңдар, Домбыра, жетігенмен әсем әуен тартыңдар! 4 Жаңа ай туғанда кернейде ойнаңдар, Ай толғанда да тойымызды жариялаңдар. 5 Өйткені бұл — Исраил халқының міндеті, Жақып сиынған Құдайдың берген ережесі. 6 Жаратқан Иеміз Мысырға қарсы шыққанда, Осыны бұйырды Жүсіптің ұрпағына, Біз бөтен тілді естіген уақытта. 7 (Жаратқан былай деп білдірді бұйрығын:) «Иықтарыңнан ауыр жүкті алып тастадым, Қолдарыңды көтерген себеттен босаттым. 8 Қиын кезде айқайлап сиындыңдар Маған, Сонда сендерді азат етіп алдым аман. Күннің күркірінен сендерге құлақ салғам, Меріба сулары маңында сендерді сынағам. // 9 Халқым, Мені тыңда, сендерге ескертемін, Игі болар, Исраил, Маған құлақ түргенің! 10 Ешқандай да бөгде тәңірлерің болмасын, Құлшылық етпеңдер жат тәңірлерге ешқашан! 11 Мен Жаратқан Ие — бірден-бір Тәңірлеріңмін, Мысыр елінен алып шыққан Иелеріңмін. Ал енді, ауыздарыңды ашыңдар айқара, Мен оларды толтырамын жақсылыққа. 12 Бірақ таңдаған халқым Мені тыңдамады, Исраилдің ұрпағы Маған бағынбады, 13 Сондықтан Мен қасарысқан жүректеріне Жол бердім өз беттерімен жүрулеріне. 14 Халқым Менің сөзіме құлақ салса екен, Исраилдің ұрпағы жолыммен жүрсе екен! 15 Онда Мен жауларын лезде жуасытар едім, Қинаған дұшпандарына қол жұмсар едім, 16 Өзімді жек көргендер Маған бағынғансыр еді, Ал азапты уақыттары мәңгіге созылар еді. 17 Бірақ сендерді жақсы бидаймен тойдырар едім, Жартастағы балмен рақатқа қандырар едім».
1 (Асафтың жыры.) Құдай үлкен мәжілісін басқарады, Сонда Ол билерге үкім шығарады: 2 «Қашанғы әділетсіз үкім айтпақсыңдар, Зұлымдарға оң қабақ танытпақсыңдар? // 3 Жарлы мен жетімнің мүддесін қорғаңдар, Бейшара кедейге әділдік жасаңдар! 4 Шарасыз бен мұқтажды құтқарыңдар, Зұлымның шеңгелінен оны босатыңдар!» 5 Ештеңе ұқпастан, ештеңе білместен, Қанаушылары түнекте жүріп келген, Содан елдің бар негізі дірілдеген! 6 Былай деген едім: «Сендер құдайсыңдар, Бәрің Хақ Тағаланың рухани ұлысыңдар, 7 Дегенмен жай пендедей құрисыңдар, Әрі әміршідей қаза табасыңдар». 8 Уа, Құдай, көтеріліп, жерді сотташы, Сен иемденесің ғой бар халықтарды!
1 (Асаф сөзін жазған ән әрі жыр.) 2 Уа, Құдайым, үндемей қала берме, Тіл қатпастан тып-тыныш бола көрме, 3 Себебі жауларың у-шу көтеруде, Сені жек көретіндер өркөкіректенуде. 4 Халқыңа қарсы олар сұмдық ойласуда, Өзіңе қымбат жандарға қарсы ақылдасуда: 5 «Кәне, құртайық оларды ұлттар арасынан, Исраил аталмасын енді қайтып ешқашан». 6 Бірауыздан олар сөз байласып Жатыр, Саған қарсы одақ құрып: 7 Шатырларда тұрған едомдықтар, Ысмағұлдық, моабтық, ажарлықтар, 8 Гебалдық, аммондық, амалектіктер, Тирдің тұрғындары мен філістірлер. 9 Ассурдың халқы да оларға қосылды, Луттың ұрпақтарына қолдаушы болды. // 10 Сен ежелде Мадиян тайпасына, Сисара мен Ябинге Қишон аңғарында Істегеніңдей істеші жауларымызға! 11 Сол байырғылар Ендорда талқандалды, Төгілген қи-қоқыстай жерге тапталды. 12 Істеші жаулардың әміршілеріне Ежелде істегеніңдей Ориб пен Зипке, Істеші олардың бар көсемдеріне, Өзің істегеніңдей Салман мен Зебейге, Өйткені жау былай деді біз жөнінде: 13 «Құдайдың мекендерін иемденейік, Жайылымдарын қолға түсірейік!» // 14 Зұлымдарды етші құйын соққан тозаңдай, О, Құдайым, жел ұшырған сабандай 15 Әрі от жалмап қойған ормандай, Жалын күйреткен қырат басындай. 16 Дұшпанды қуып шықшы елден құйыныңмен, Дүрбелеңге түсірші Өзіңнің дауылыңмен, 17 Уа, Жаратқан жауды қара бет қылып масқарала, Олар Саған бұрылып, сиынсын атыңа. // 18 Ал қыңырлары лайым қысылып абыржысын, Олар қорланып, ақырында өлім құшсын, 19 Жаратқан Ие деп аталған жалғыз Сенің Бүкіл жер бетіне билік жүргізетін Хақ Тағала екеніңді барлығы білсін!
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ғаттық жетігеннің сүйемелдеуімен айтылатын Қорах ұрпақтарының жыры.) 2 Өзіңнің тұрағың жер бетіндегі Қандай сүйкімді, уа, Әлемнің Иесі! 3 Жан дүнием Жаратқанның киелі үйіндегі Аулаларына баруды аңсап, әлсірейді, Мәңгі тірі Құдайға жан-тәнім әндетеді. 4 Тіпті торғай да қонатын жерін тауып алды, Қарлығаш балапандарын басуға ұя салды: Маңайында Сенің құрбандық үстелдеріңнің, Уа, Әлемнің Иесі, Патшам, Құдайым менің! 5 Киелі үйіңде тұратындар сондай бақытты, Әрқашан да олар Саған мақтау айтады! 6 Сенің күшіңе кенеле берген, ой-ниеті Өзіңе бағытталған жандар қандай бақытты! 7 Жылау аңғарымен жүріп су көздерін ашады, Содан күзгі жаңбыр жауғандай жер жарылқанады. 8 Олар жол жүргенде күш-қуаты өсе береді, Ақыры Сионда Құдайдың алдына келеді. 9 Уа, Жаратушы Құдай, Әлемнің Иесі, Өзіңе арнаған дұғамды ести көрші, Жақып сиынған Құдай, құлақ түре көрші. 10 Уа, Құдай, біздің қорғаушымыз, көңіл бөле гөр, Таңдап алған патшаңа көз қырыңды сала гөр. 11 Бір-ақ күн болғаным киелі үйіңнің ауласында Мың күннен жақсы өткізген өзге орында. Мен қақпасында тұруды Құдайымның үйінде Артық көрем жайлы өмірден сұмдардың үйінде. 12 Себебі Құдай Ие күн мен қалқанға ұқсайды, Жаратқан Ием рақым мен ұлылық сыйлайды, Ол тура жолменен жүретін адамдарды Сыйлайтын игіліктерінен құр қалдырмайды. 13 Уа, әлемнің құдіретті Иесі — Жаратқан, Қандай бақытты Өзіңе сенім артқан жан!
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Қорахтың ұрпақтарының жыры.) 2 Уа, Ием, Сен еліңе рақымды болдың, Жақыптың ұрпағын тұтқыннан қайтардың. 3 Халқыңның кінәсіне кешірім жасадың, Барлық күнәларын да жауып тастадың. // 4 Сонда Сен ашу-ызаңды түгел бастың, Жалындаған қаһарыңнан бас тарттың. 5 Құтқарушымыз Құдай, қалпымызға келтірші, Бізге деген наразылығыңды бәсеңдетші. 6 Әлде мәңгі бізге қаһарлана бермекпісің, Ұрпақтан ұрпаққа ашуыңды төкпекпісің? 7 Өз халқыңның Саған шаттануы үшін Өмірімізді қайтадан жаңартпаймысың? 8 Бізге тұрақты рақымыңды таныта көрші, Уа, Жаратқан, пәледен құтқара көрші. 9 Құлақ түремін Құдай Иенің айтарына, Тыныштықты уәде етеді Ол өз халқына — Таңдап алған өз адал адамдарына, Халық тек қайтпаса ақымақтық жасауына! 10 Сөз жоқ, Өзін қастерлейтін жандарды Құдай жақында құтқаратын болады, Осылайша Оның даңқты ұлылығы Елімізге орнығатын болады. 11 Сонда рақым мен шындық бірге кездеседі, Әділдік пен татулық бір-біріне сәйкес келеді. 12 Адалдық жер бетінен көктеп шығады, Әділдік көктен төмен қарап тұрады. 13 Шынымен Жаратқан Ие игілік сыйламақ, Содан жеріміз бізге өнімін ұсынбақ, 14 Жаратқанның алдынан әділдік жүрмек, Оның жүретін жолдарын дайындап бермек.
1 (Дәуіттің мінажаты.) Уа, Жаратқан, жарлымын, зәрумін көмегіңе, Құлақ тосып, жауап берші өтінішіме. 2 Құдайым, қорғай гөр жанымды Саған арналған, Құтқара гөр құлыңды Өзіңе сенім артқан. 3 Рақымыңды түсіре гөр, уа, Жаратқан Ием, Күнде Саған үздіксіз сиына берем. 4 О, Жаратқан, жадырата гөр пендеңнің жанын, Себебі бір Өзіңе сенімімді артамын. 5 Уа, Ием, Өзіңе сиынғанның барлығына Кешірімді де ізгісің, шексіз рақымды да. 6 О, Жаратқан, мінажатыма құлақ сала гөр, Жалбарынған дауысыма көңіліңді бөле гөр. 7 Тек Өзіңе сиынамын күн туғанда басыма, Өйткені жауап бересің Сен мінажатыма. 8 Уа, Ием, ұлттардың табынатын тәңірлері Арасында жоқ Сендей бірде-біреуі! Сенің жасаған кереметтерің іспетті Жоқ басқа ешкімнің де ғажайып істері. 9 Өзің жаратқан күллі ұлттар алдыңа келеді, Есіміңді ардақтап бастарын иеді. 10 Себебі Сен ұлысың, ғажап істер жасайсың, Уа, Жаратқан Ие, жалғыз Өзің Құдайсың! 11 О, Жаратқан, ақ жолыңа бағыттай гөр мені, Өзіңнің шындығыңа сәйкес жүргім келеді, Тек Сені ардақтауға нығайтшы жүрегімді. 12 Уа, Құдай Ием, Өзіңді шын жүректен мақтаймын, Әрі Сенің есіміңді мәңгі бақи даңқтаймын. 13 Сондай зор Сенің маған түсірген шапағатың, О дүниенің тұңғиығынан аман сақтадың! 14 Тәкаппар жандар маған қарсы бас көтереді, Қатыгездер тобы мені құртқысы келеді, Олар Саған мойынсұнып, менсінбейді. 15 Ал Сен рақымды да қайырымды Құдайсың, Уа, Ием, Сен тез қаһарланбайсың, Шексіз Сенің мейірімің мен адалдығың. 16 Маған көз қырыңды салып рақым ете көрші, Қызметшіңмін, нығайтып, аман сақтай көрші, 17 Маған ізгілікпен қарайтыныңды көрсетші! Уа, Жаратқан, жауларым соны көріп, ұялсын, Өйткені Өзің маған демеу болып, жұбаттың.
1 (Қорахтың ұрпақтарының әні әрі жыры.) 2 Қала іргесін салды Құдай қасиетті тауда, Сионның қақпалары ұнамдырақ Жаратқанға Жақып ұрпағының барлық басқа тұрағынан да. 3 Уа, Құдайдың қаласы, сен жайында Керемет жақсы жайттар айтылуда. // 4 Өзімді танып білетіндер арасынан Мысыр мен Бабыл елдерін атаймын, Сондай-ақ філістір, Тир, Құш тұрғындарын: «Бұлар — Сионда туғандар» деп санаймын. 5 Жұрт былай демек Сион қаласы жайында: «Осындай да осындай ер туған мұнда, Қаланы Өзі бекіткен Құдай Тағала». 6 Жаратқан Ие тіркегенде халықтарды: «Бұлар — Сионда туғандар» деп жазады. // 7 Жұрт былай дер ән айтып, күй ойнаған кезде: «Өмірімнің қайнар көздері бір Өзіңде».
1 (Қорахтың ұрпақтарының әні әрі жыры. Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Ауыртпалық шегу» әуенімен айтылатын езрахтық Хеманның насихат жыры.) 2 Уа, Жаратқан Ием — Құтқарушы Құдайым, Күні-түні дауыстап Саған сиынамын. 3 Мінажатым Сенің алдыңа жетсінші, Дауыстаған айқайыма құлақ түрсеңші. 4 Өйткені жан дүнием қайғыға толды, Өмірім ажалға жақындап қалды, 5 Көрге түсетіндер арасынан саналдым, Күші жоқ, әлсіз адамға ұқсас болдым. 6 Осылай өлілер қатарына қалдырылдым, Қаза тауып, қабірде жатқандардаймын, Сен оларды енді қайтып еске алмайсың, Аласталды олар қамқорлығыңнан Сенің. 7 Сен мені қап-қараңғы тұңғиыққа Салып қойғансың, ең терең шұңқырға. 8 Үстімді зілдей басады қаһарың, Мені жаншиды барлық «толқындарың», // 9 Жолдастарымнан мені алшақтаттың, Оларға мені жек көрінішті қылдың, Ешқайда шыға алмай құрсаудамын, 10 Көп жылап бұлыңғырланды қос жанарым. Уа, Жаратқан, күнде дауыстап Саған сиынамын, Ием, қолдарымды Өзіңе қарай жаямын. 11 Әлде өлгендер үшін керемет жасайсың ба, Сүйектер қайта тұрып, Сені мадақтай ма? // 12 Көрде Сенің рақымың уағыздала ма, Қабірде шындығың жариялана ма? 13 Түнектегілер кереметтеріңді біле ме, Ұмыт болғандар әділдігіңді түсіне ме? 14 Уа, Жаратқан, дауыстап Саған сиынамын, Таң ата алдыңа жетеді мінажатым. 15 О, Ием, неге менен бас тартасың? Бет-жүзіңді неліктен менен жасырасың? // 16 Жасымнан әлсіз болдым, өлім жүрді жақын, Айбыныңнан қорқып әлсіреп шаршадым. 17 Қаһарыңның оты үстімнен басып өтті, Зор қорқынышың мені тас-талқан етті, 18 Олар тасқын судай ұзақты күн қоршайды, Жан-жақтан қаһарың мені қыспақтайды. 19 Таныс-достарымды менен алшақтаттың, Тас түнек айналды серігіме ең жақын.
1 (Езрахтық Етанның насихат жыры.) 2 Зор рақым-шапағатыңды, уа, Жаратқан, Әр уақытта мен ән-жырға қосамын, Сөзіңе беріктігіңді Өзіңнің Бар ұрпақтарға айтатын боламын. 3 Солай Сенің тұрақты рақымыңның Мәңгілік екенін жариялаймын. Өзіңнің шындығыңды көкте бекіттің, (Өйткені Сен мынаны айтқан едің:) 4 «Мен таңдаулыммен Келісім жасадым, Қызметшім Дәуітке былай деп ант бердім: 5 Әулетіңді әрқашан да нығайтамын, Ұрпақтан ұрпаққа тағыңды орнатамын». // 6 Уа, Жаратқан, көкте даңқталар кереметтерің, Қасиеттілер жиынында — өз беріктігің. 7 Көктегі кім Иемізбен теңесе алар, Күштілер арасында кім Жаратқанға ұқсар? 8 Қасиетті періштелердің үлкен тобы Терең қастерлейді айбынды Құдайды, Биік тағын айналдыра Оны құрметтейді. 9 Уа, Жаратушы Құдай, Әлемнің Иесі, Саған ұқсас кім бар, сондай құдіретті? Адалдығың жан-жақтан қоршайды Сені. 10 Уа, Ием, буырқанған теңізге билік айтасың, Көтерілген толқындарын тыншытасың. 11 Паң мысырлықты Сен талқандап қираттың, Жауларыңды күшті қолыңмен шашыраттың. 12 Көк те — Сенікі, жер де — өз меншігің, Негізін салдың Сен күллі әлемнің, Әрі жараттың ондағылардың бәрін. 13 Сен жараттың солтүстік, оңтүстікті де, Табор, Хермон таулары қуанады есіміңе. 14 Қолың мен білегің ерен қуатты, Оң қолың барлығынан да жоғары. 15 Әділдік, әділет — тағыңның негізі, Рақым мен адалдық алдыңда жүреді. 16 Мадақтау жиналысына шақырған Қуанышты дауысты танып, қосылған Халық сондай бақытты, өйткені оған Жүзіңнің нұрында жүру бұйырылған, 17 Күні бойы олар ұлы атыңа қуанады, Әділдігің оларды жоғарылатады. 18 Бұлардың күші мен ұлылығы Өзіңнен, Сенің рақымыңмен патшамыз күшейген. 19 Себебі қорғанышымыз — Жаратқан Иеден, Біздің патшамыз — Исраилдің киелі Тәңірінен. 20 Уа, Жаратқан, бірде Сен аян берген едің, Адал кісіңе мынадай сөз айтқан едің: «Мен жауынгер адамға күш-қуат дарыттым, Халықтан оны таңдап ап, жоғарылаттым: 21 Осы қызметшім Дәуітті тауып алдым, Арнайы майымды оған жақтырттым, Патша болуға оны тағайындаттым. 22 Ұдайы оны қорғап-қолдайтын боламын, Әрдайым күш-қуат сыйлайтын боламын. 23 Жау одан амалын асыра алмайды, Зұлымдар тықсырып, жеңе алмайды, 24 Оның алдынан жауларын құртамын, Өзін жек көргендерді қиратамын. 25 Берік рақымыма Дәуіт ие болады, Өз атыма бола оның күші артады, 26 Дәуіттің билігін Жерорта теңізіне Создырам, әрі шығыстың өзендеріне. 27 Ол былай деп атамақ атымды Менің: «Сен Әкемсің, Құдайымсың өзімнің, Жартастай паналайтын Құтқарушымсың». 28 Мен оны «Тұңғышым» деп белгілеймін, Жер патшаларынан үстем етемін. 29 Мейірімімді оған мәңгі сақтаймын, Келісімімнен ешқашан бас тартпаймын. 30 Дәйім оның ұрпағын нығайтамын, Тағын да көк іспетті шексіз орнатамын. // 31 Ал ұлдары тастаса Таурат заңымды, Әрі орындамаса бұйрықтарымды, 32 Егер бұзып жатса ережелерімді, Сақтаудан бас тартса өсиеттерімді, 33 Онда күнәлары үшін таяқпен ұрамын, Зұлым істері үшін қамшымен соғамын. 34 Ал Дәуіттен мейірімімді қайтып алмаймын, Өз адалдығымнан ешқашан таймаймын, 35 Мен Келісімімді еш уақытта бұзбаймын, Аузымнан шыққан сөзді өзгертпеймін. 36 Мен Дәуітке ант еткенмін біржолата, Қасиеттімін, жалғандық айтпаймын да: 37 Әулеті жалғасады шексіз уақытқа, Оның патшалық тағы Менің көз алдымда, Күн іспетті ол әрдайым бар болады да, 38 Ай іспетті ол тұрақты болып орнайды, Аспандағы адал айғаққа ұқсайды». // 39 Ал қазір Сен тағайындаған патшаңнан Сырт айналдың, жаратпай ашуландың оған, 40 Қызметшіңмен жасаған Келісіміңнен тандың, Оның тәжін жерге лақтырып арамдадың. 41 Күллі қамалдарын жойып қираттың, Қорғандарын үйіндіге айналдырдың. 42 Жолшыбай өткендер оны тонайды, Көршілері келекелеп мазақтайды. 43 Оның жауларын күшейтіп, үстем еттің, Барлық дұшпандарын шаттыққа кенелттің. 44 Патшаның семсерінің жүзін мұқалттың, Шайқаста оны қорғап-қолдамадың. 45 Оның жарқын салтанатын тоқтаттың, Әрі патшалық тағын жерге құлаттың. 46 Сен патшаның жастық шағын қысқарттың, Масқараны оған шапандай жаптың. // 47 Қашанғы, уа, Жаратқан, жасырынбақсың? Ием, мәңгі лаулай ма оттай қаһарың? 48 Ескерші өмірімнің қысқалығын, Қандай бекершілікке адамзатты бұйырдың! 49 Қай адам ғұмыр кешіп, өлімді көрмеді, Кім ажал тырнағынан өзін құтқарды? // 50 Уа, Ием, қайда бұрынғы зор рақымың, Адалдығың мен Дәуітке берген антың? 51 Ием, ескере гөр құлыңның мазақталғанын, Көп ұлттың мысқылының көңіліме батқанын, 52 Уа, Жаратқан, жауларыңның балағаттағанын, Өзің бекіткен патшаңның істерін қорлағанын. 53 Жаратқан Ие мәңгілік мадақталсын! Аумин, иә, аумин.
1 (Құдайдың адамы Мұсаның мінажаты.) 2 Уа, Ием, атам заманнан бері Өзің Баспанамыз біздің болып келесің. 3 Жаратылмай-ақ жер мен бүкіл әлем, Таулар жаратылмас бұрын бар боп келген, Мәңгі тірі болатын Құдайсың Сен! 4 «Қайт, адам баласы!» деп қана айтсаң, Пендені топыраққа айналдырасың. 5 Ал бір мыңжылдық Сенің көз алдыңда Өте шыққан күн тәрізді қып-қысқа, Иә, түнгі күзеттей шектеулі ғана. 6 Сен лезде-ақ алып кетесің пендені, Ол бір көрініп, жоқ болар түс секілді, Яки далада өскен шөп тәрізді: Таң ата шықса да көгеріп, Кешке қарай қурап қалады семіп. 7 Осылай біз жоқ боламыз ашуыңнан, Зәреміз ұшады Сенің қаһарыңнан. 8 Сен күнәларымызды қойдың алдыңа, Нұрыңда айқын құпияларымыз да. 9 Өмір бойы бізге қаһарың төнеді, Жылдарымыз күрсінумен бітеді. 10 Ғұмырымыз жетпіс жасқа созылар, Күш-қуат жетсе, мүмкін, сексен болар, Жақсы кезде де шегеміз бейнет-азап, Ақыры ғайып боламыз, ғұмыр зырлап. 11 Қаһарыңның күшін кім түсінеді? Соған сай қастерлеу қажет Өзіңді. 12 Үйрете гөр ғұмырды есептеуді, Содан иемденейік дана жүректі. 13 Қашан райыңнан қайтасың, уа, Иеміз? Пенделеріңе шапағат тигізе гөр, 14 Ертеңгісін бізді рақымыңа кенелте бер, Содан әндетіп шаттанайық күллі күндер. 15 Өткерген ауыр күндерімізге сәйкес, О, Тәңір, бізді шаттыққа кенелте гөр. Азап шеккен көп жылдарымызға сәйкес, Бұдан былай қуанышқа бөлей гөр. 16 Лайым пенделеріңе, уа, Иеміз, Керемет істеріңді көрсете гөр, Біздің ұрпақтарымызға да әр кез Шексіз ұлылығыңды паш ете гөр. 17 Құдай Иеміз бізге риза бола көрсін, Қолға алған ісімізді оңғара көрсін. Я, Құдай, ісімізді жарылқай гөр.
1 Алла Тағаланың панасында тұрған адам Құдіреттінің саясынан табады тыным. 2 Мен Жаратқан Иеге былай дейтін болам: Бас сауғалайтын панам әрі қорғаным, Сенімімді Саған артам, уа, Құдайым! 3 Хақ Тағала сені зұлымның тұзағынан Әрі жойқын обадан сақтайды аман. 4 Сені Өзінің «қанатымен» жауып алады, «Қалқан мен қамалың» — Оның адалдығы, Осылай өмірің қауіп-қатерсіз болады. 5 Түнде сен қара түнек қорқынышынан, Күндіз де қорықпайсың жау оғынан, 6 Сескенбейсің түнгі індет-аурудан Һәм тал түсте басыңа төнген апаттан. 7 Қасыңда мыңдағандар қаза тапса, Оң жағыңда он мыңдап қырылғанда, Саған зақым жақындай алмайды да. 8 Тек болып жатқанды көріп тұрасың, Зұлымдардың жазаланғанын ұғасың. 9 Сен Жаратқанға сенім артып келесің, Алла Тағаланы панаң етесің, 10 Басыңа енді жамандық түспейді, Үйіңе ешбір апат та төнбейді. 11 Періштелеріне Ол сен жайлы бұйрық береді: Қай жолмен жүрсең де, олар сені қорғап күзетеді, 12 Сен аяғыңды тасқа соғып алмауың үшін Қолдарына көтеріп сені алып жүреді. 13 Жас арыстан мен оқжыланды аяқпен таптайсың, Үлкен арыстан мен абжыланды жаншып тастайсың. 14 Себебі Жаратқан Ие былай деп айтқан: «Өзімді сүйгенді Мен құтқарып аламын, Өзімді мойындағанды қорғайтын боламын, 15 Ол Маған сиынғанда құлақ саламын, Азап шеккен кезінде оған жар боламын, Аман-есен сақтап, құрметке бөлеймін. 16 Ғұмырын ұзақ қылып риза етемін, Құтқаруымды оған сыйлап беремін».
1 (Демалыс күні айтылатын ән әрі жыр.) 2 Қандай ғанибет — Жаратқан Иені мақтау, Уа, Хақ Тағала, есіміңе ән-жыр арнау, 3 Таң ата жариялап рақымыңды, Кешке де Өзіңнің адалдығыңды, 4 Он ішекті аспапта әсем күй тартып, Жетіген және домбырамен қосылып. 5 Уа, Ием, жаратқандарыңа шаттанамын, Ұлы істеріңе қуана ән саламын. 6 О, Ием, қандай керемет Сенің істерің, Түпсіз терең Сенің ой-ниеттерің! 7 Ессіз адам ғана бұларды білмейді, Түйсіксіз жан мынаны түсінбейді: 8 Зұлымдар қазір жерді шөптей қаптайды, Заңсыздық істейтіндер өркендейді, Ал кейін олар мәңгілікке құриды. 9 Бірақ Сен, уа, Ием, мәңгі үстемсің! 10 О, Жаратқан, жауларың Сенің, Иә, бар жауларың да сөзсіз құриды, Сол зұлымдық жасайтындар шашырайды. 11 Маған жабайы бұқадай күш бердің, Басыма май жағып әлдендірдің, 12 Жауларымның күйрегенін өзім көрдім, Маған қарсы бас көтерген зұлымдардың Жеңілісі туралы хабар алдым. 13 Әділ жан құрма ағашындай өркендейді, Ливандық самырсындай өсіп биіктейді, 14 Жаратқанның үйінде ол тамыр жаяды, Құдайымыздың ауласында құлпырады, 15 Жасы ұлғайса да, жемісін береді, Шырынды, ширақ болып қала береді, 16 «Жаратқан мінсіз, Ол — қорғанар жартасым» дейді, Осылай Оның әділдігін паш етеді.
1 Жаратқан Ие — Патша, Ол билік жүргізуде, Ұлылыққа бөленіп, кенелген құдіретке. Орнынан қозғалмастай берік орнатылған әлем, 2 Сенің құрметті «тағың» ежелден бекітілген, Уа, Ием, мәңгі бақи бар болып келесің Сен. 3 О, Жаратқан Ие, өзендер тасып күркірейді, Теңіз де толқындарын тұрғызып дүркірейді, 4 Бірақ мол сулардың қатты шуылынан гөрі, Теңіз жағасына соққан толқындардан гөрі Көктегі Жаратқан Иенің құдіреті күшті! 5 Уа, Ием, ережелерің шынымен сенімді, Сенің үйің мәңгілік киелі де қасиетті.
1 Уа, Иеміз, зұлымды жазалайтын Құдай, Нұрыңды төкші, о, әділ соттаушы Құдай! 2 Уа, әлемге Үкім Шығарушы, көтеріле гөр, Менменге тиісті жазасын тартқыза гөр! 3 О, Жаратқан Ие, қашанғы осылай болмақ? Қашанғы әділетсіздер дауыстап қуанбақ? 4 Ауыздарынан менмен сөздер үздіксіз шығады, Зұлымдық істейтіндердің бәрі мақтанады, 5 Уа, Жаратқан Ием, аяққа таптап халқыңды, Олар қанайды таңдаған меншігіңді: 6 Жесірлер мен жат жұрттықтарды жояды, Жетімдердің де көзін сол қаталдар құртады. 7 Олар былай дейді: «Жаратқан мұны көрмейді, Жақып сиынған Құдай бұған мән бермейді». 8 Елдегі ақымақтар, ақылға келіңдер, Сендер парасатқа қашан кенелесіңдер? 9 Құлақты жаратқан Тәңір әлде естімей ме, Көзді жаратқан Оның Өзі әлде көрмей ме? 10 Халықтарға ескерткен Ол саған ескертпей ме? Адамға тағылым беретін Ол — 11 Жаратқан Ие Пенденің ойларының бекерлігін біледі де! 12 Уа, Жаратқан Ие, Өзің тәрбие берген жан Бақытты: Таурат заңыңнан үйретесің оған, 13 Тыным бересің соған қиын-қыстау уақытта, Ал сұмдарға көр қазылады ақыр соңында. 14 Себебі Жаратқан Ие өз халқынан бас тартпайды, Таңдаған меншігін Ол жалғыз қалдырмайды. 15 Сөз жоқ, төрелік қайта әділдікке негізделмек, Бар ақжүрек жандар әділдік жолымен жүрмек. 16 Кім мені қорғау үшін қарсы шығар зұлымдарға, Кім мен үшін қарсы тұрар күнә жасайтындарға? 17 Егер Жаратқан Ие маған жар болмағанда, О дүниеге аттанар едім жақын арада. 18 «Аяғым таяды!» дегенімде, уа, Жаратқан, Сенің мейірімің болды сүйеніш маған. 19 Уайым-қайғы кернегенде менің жүрегімді, Сенің жұбанышың жадыратты көңілімді. 20 Заңыңа қарсы зорлық-зомбылық ойлаған Арамзалардың тақтары жақын бола ма Саған? 21 Топтасып олар әділге қарсы ұмтылады, Кінәратсыз адамды өлімге бұйырады. 22 Бірақ Жаратқан Ие — паналайтын қорғаным, Иә, Құдайым менің — бас сауғалар жартасым. 23 Сол зұлымдарға Ол қылықтарын қайтарады, Өз жауыздықтарымен өздерін құртады, Құдай Иеміз оларды мүлдем жояды.
1 Келіңдер, Жаратқан Иеге арнап Әндетейік қуана-қуана жырлап, Жартастай мықты Құтқарушымызға Сиына берейік қатты дауыстап! 2 Бәріміз Иеміздің алдына барып, Ризашылығымызды білдірейік, Ән-күймен де Оған мақтау айтып, Даңқын Оның асыра берейік! 3 Себебі Жаратқан Ие — ұлы Құдай дағы Һәм ұлы Патша — бар «тәңір, пірден» тым жоғары! 4 Бәрі Оның қолында: жердің тұңғиықтары, Әрі меншігі Оның — зәулім тау шыңдары, 5 Теңіз де Иеміздікі — Өзі соны жаратқан, Құрлықтың барлығы да Оның қолынан шыққан! 6 Келіңдер, тағзым етейік Иемізге иіліп, Жаратушымыздың алдында тіземізді бүгіп! 7 Себебі Өзі — біздің бірден-бір Құдайымыз, Ал біз Оның бағып жүрген меншікті халқымыз Әрі қамқорындағы отары сияқтымыз. Бүгін сендер Оның даусын естігенде, 8 Мерібада істегендерің секілді Қасарыстырмаңдар жүректеріңді: Ежелде айдалада жүрген кезде Масадағы бас көтергендерің іспетті Қайтадан солай істемеңдер енді! 9 Сендердің ата-бабаларың сол жерде Көріп жүрсе де керемет істерімді, Еркінсіп сынай берді төзімімді. 10 Бұл ұрпаққа қырық жыл ашуландым, Сонымен былай деп қорыттым: Жүрек қалаулары теріс бағыттағы Осы халық тағылымымды қабылдамады! 11 Қаһарланып ант еттім Мен сондықтан: «Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған Елге кірмейді олар енді ешқашан!»
1 Шырқаңдар жаңа ән Жаратқан Иеге, Күллі әлем, ән-жыр айтыңдар Иемізге! 2 Ән салып Оның есімін мадақтаңдар, Бізді құтқарғанын күн сайын хабарлаңдар, 3 Халықтарға паш етіп Оның ұлылығын, Бар ұлттарға Иеміздің кереметтерін! 4 Иеміз ұлы, мадақталуға әбден лайықты, Оны қастерлеу қажет бар «тәңір, пірден» гөрі. 5 Өзге ұлттар табынған «тәңірлер» жалған, Ал Жасаған Ие аспанды жаратқан! 6 Сән-салтанат, ұлылық Оның алдында, Құдірет пен әсемдік киелі тұрағында. 7 Жаратқанның ұлылығы мен күш-қуатын Мойындаңдар, уа, рулары күллі ұлттардың, 8 Жаратқанның есімін даңқтап қадірлеңдер, Оның аулаларына сый-тарту әкеліңдер, 9 Қасиетті салтанатына бөленіңдер, Жаратқан Иеге бағынып бас иіңдер, Оның алдында дірілдеп дәріпте, бүкіл жер! 10 Бар ұлттарға мынаны паш етіңдер: «Жаратқан Иеміз патшалық жүргізер!» Әлем берік орнатылды, орнынан қозғалмайды, Иеміз ұлттарды әділдікпен соттайды. 11 Заңғар көк шаттансын, жер де қатты қуансын, Теңіз бен ондағылар бәрі шуылдасын, 12 Дала мен ондағылар жырлап шаттансын, Бар орман ағаштары қуана ән салсын, 13 Келе жатқан Жаратқан Иенің алдынан шықсын! Себебі Ол келіп, жерге сот құрады, Әлемге әділдікпен үкім шығарады, Ұлттарға адалдығымен билік айтады.
1 Жаратқан Ие патшалық құрады, Қуанып шаттансын бүкіл жер шары, Көп аралдар әрі теңіз жағалары! 2 Бұлт пен түнек — айналасы Оның, Шындық пен әділдік — негізі тағының. 3 Жаратқанның алдында от жүреді, Айналдыра ол жауларын құртып өртейді. 4 Найзағайы әлемді жарқыратады, Жер беті соны көріп, шайқалады. 5 Бүкіл әлемнің Иесінің алдында, Жаратқан Иенің бет-жүзінің алдында, Балауыз іспетті ериді таулар сонда. 6 Аспан Оның әділдігін паш етеді, Күллі ұлттар ұлылығын көреді. 7 Жалған тәңірлерімен мақтанғандар Ұялсын, сол мүсіндерге табынғандар. Жаратқанға бас иіңдер, барлық пұттар! 8 Сион шаһары естіп, шаттанады, Яһуда қалалары да қуанады Сенің шешімдеріңе, о, Жаратушы! 9 Жоғарысың бүкіл әлемнен, уа, Жаратқан, Үстемсің барлық «тәңір, пір» атаулыдан. 10 Ей, Жаратқан Иені сүйетіндер, Зұлымдық атаулыны жек көріңдер! Өзіне бағышталғандарды Ол қорғайды, Зұлымдардың қолынан арашалайды. 11 Әділ адамдарға нұр төгіледі, Ақжүрек жандар шаттыққа кенеледі. 12 Әділдер, Жаратқанға шаттаныңдар, Қасиетті есімін мадақтаңдар!
1 Жаратқанға айтыңдар жаңа әнді, Өйткені Ол кереметтер істеді, Киелі құдіретімен жеңіп шықты. 2 Жаратқан Ие жеңісін аян етті, Әділдігін де халықтарға көрсетті, 3 Ол Исраилге деген мейірімін де, Сенімділігін де сақтайды есінде. Құдайымыздың құтқаруын көрді Жер бетінің түкпірлеріндегілер де. 4 Бүкіл жер жүзі, шаттанып айқайлаңдар, Жаратқанға қуана ән-жыр айтыңдар, 5 Домбыра шертіп, әдемі ән салыңдар, Жетігенмен де Иемізге күй тартыңдар, 6 Сырнай, кернейдің үнімен дауыстаңдар, Патшамыз — Жаратқан алдында шаттаныңдар! 7 Теңіз де өзін мекендейтіндерімен, Әлем де сонда тұратындарымен Шаттана шуласып Оны мадақтасын! 8 Өзендер қуана қол шапалақтасын, Таулар да бірігіп шаттана ән салсын 9 Жаратқан Иеміздің көз алдында! Ол жерге келеді үкім шығаруға, Әлемге әділ билік айтуға, Нағыз шындықпен күллі ұлттарға.
1 Жаратқан Иеміз патшалық құрады, Керубтер арасындағы «тағында» отырады. Халықтар Оны қастерлеп қалшылдасын, Жер де Тәңір Иеден қорқып шайқалсын! 2 Жаратушы Сионда салтанатпен тұрады, Оның даңқы бар халықтардан жоғары. 3 Уа, Ием, ұлы да айбарлы есіміңді Халықтар мадақтасын: ол киелі! 4 Құдіретті патша, ұнатасың әділдікті, Сен жер бетіне орнаттың әділетті. Жақыптың үрім-бұтағына шындықты Бекіттің, уа, Ием, және адалдықты. 5 Мақтау айтыңдар Иеміз — Құдайға: Ол киелі! «Табан тіренішінің» алдында Бас иіп ғибадат етіңдер Құдайға! 6 Оның діни қызметкерлерінің арасында Мұса мен Һарон болды ежелгі заманда. Атын атап Оған сиынғандар арасында Самуил пайғамбар да болды баяғыда, Жаратқан құлақ салды олар сиынғанда. 7 Бұлт бағанасынан Ол сөзін жолдады, Ережелер мен жарлығын жариялады, Ал халық соларды сақтап орындады. 8 Уа, Құдай Иеміз, оларға құлақ салдың Әрі кешірім беретін Құдайы болдың, Ал зұлым істерін жазалайтынсың. 9 Құдай Иемізді даңқтап дәріптеңдер, Қасиетті тауында Оған бас иіңдер, Құдай Иеміз киелі, соны біліңдер!
1 (Халық Құдайға шүкірлік еткенде айтылатын жыр.) Бар әлем, жырлаңдар Жаратқанды дауыстап, 2 Иемізге қызмет етіңдер шаттанып, Келіңдер алдына қуана әндетіп, 3 Жаратқанды мойындаңдар Құдайымыз деп: Бізді жаратты Ол, меншікті халқымыз, Оның ізгі шопандай бағатын «отарымыз». 4 Құдайдың ғибадатханасына барып, Алғыс жыр айтыңдар қақпасынан өтіп, Иемізді мақтаңдар аулаларына кіріп, Шүкірлік етіңдер есімін дәріптеп! 5 Себебі Жаратқан Ие мейірімді, Ол мәңгілік шапағатын тигізеді. Ұрпақтан ұрпаққа Иеміз бізге Шексіз сенімділігін көрсете береді.
1 (Дәуіттің жыры.) Рақым мен әділдік жайлы ән шырқаймын, Уа, Жаратқан, әніммен Сені мадақтаймын. 2 Мінсіз жүру жайлы мұқият ойлаймын, «Қашан маған келесің?» деп сұраймын, Таза жүрекпен үйімді аралаймын. 3 Арам нәрселерге еш көз салмаймын, Опасыздардың істерін мүлдем ұнатпаймын, Өзіме жабысуларына мүмкіндік бермеймін. 4 Азғын жүректіні қасымнан қуамын, Зұлымдық атаулыдан аулақ боламын, 5 Өзгені құпия жамандайтынды жоямын, Паң көзді, өркөкірекке төзе алмаймын. 6 Елдегі адалдарға назар аударамын, Олар аман-есен қасымда тұра алсын, Таза жүргендер ғана маған қызмет қылсын. 7 Ешбір алдамшы сарайымда тұрмайды, Жалған сөйлеуші көз алдымда қалмайды. 8 Таң атқаннан зұлымның бәрін басамын, Жаратқанның қаласынан сұмдарды құртамын.
1 (Ауыртпалық шегіп, әлсіреген жанның Иемізге мұңын шаққан мінажаты.) 2 Уа, Жаратқан, мінажатымды естіші, Көмек сұраған даусым Саған жетсінші, 3 Қиын кезде менен сырт айналмашы, Маған құлағыңды түре көрсеңші, Өзіңді шақырсам тез жауап берші. 4 Күндерім түтіндей лезде жоғалады, Сүйектерім от шоғындай маздап жанады. 5 Шабылған шөптей қурады жүрегім, Тамақ ішуді де ұмытып келемін, 6 Қатты қиналып ыңқылдағанымнан Әбден жүдегенмін, құр сүлдерім қалған. 7 Құла түздегі бірқазанға ұқсаймын, Һәм қираған орындағы жапалақтаймын, 8 Мен ұйықтай алмай ояу жатырмын, Үй төбесіндегі құстай тым жалғызбын. 9 Дұшпандарым күнде балағаттайды, Мені мазақтап, атымды қарғайды. 10 Нан орнына күлмен тамақтанамын, Көз жасымды сусыныма қосамын. 11 Мұның себебі — ашу-ызаң Сенің, Жоғары көтеріп, мені лақтырған едің. 12 Кешкі көлеңкедей өтеді күндерім, Қураған шөптей әбден әлсіредім. 13 Ал Сен, Жаратқан Ие, мәңгі боласың, Бар ұрпақтарға жайылар Сенің даңқың. 14 Орныңнан тұрып, Сионға рақым етші, Енді уақыт болды, мейірім көрсетші, Соған белгілеген мезгілің жетті. 15 Құлдарың Сионның тастарын ұнатады, Шаң-тозаңы аяныштарын оятады. 16 Бар ұлттар дірілдер Жаратқанның атынан, Әлемнің патшалары да Оның даңқынан: 17 Жаратқан Ие Сионды қайта тұрғызбақ, Өз салтанатымен сонда пайда болмақ, 18 Мұқтаждың мінажаттарын Ол тыңдайды, Жалыныштарын жауапсыз қалдырмайды. 19 Болашақ ұрпақтар үшін бұл жазылмақ, Келер буындар Жаратқанды даңқтамақ: 20 Жаратқан Ие көктен жер бетіне қарады, Киелі үйінен Ол төмен көз тастады, 21 Тұтқындардың ыңқылдауын есту үшін, Өлімге кесілгендерді азат ету үшін. 22 Содан Жаратқанның аты Сионда мақталмақ, Даңқы Оның Иерусалимде асырылмақ, 23 Сонда бар халықтар бұл қалаға жиналар, Патшалықтар Жаратушыға ғибадат қылар. 24 Өмір жолымда Тәңір мені қалжыратты, Ғұмырымның күндерін Ол қысқартты. 25 Сонда мен былай дедім Жаратқанға: «Уа, Құдайым менің, жарты жолда Өмірімді көрмеші қысқарта! Сен жасайсың ұрпақтан ұрпаққа, 26 Жердің негізін салғансың әуел баста, Құдіретіңмен жараттың аспанды да. 27 Олар құриды, Сен боласың әр уақытта, Киімдей тозады олардың барлығы да, Көйлектей ауыстырасың Сен оларды, Содан олар лақтырылып тасталады. 28 Ал Өзің өзгермей қалатын боласың, Еш таусылмайды Сенің жасар жылдарың. 29 Құлдарыңның ұлдары тыныш тұрады, Ұрпақтары көз алдыңда нық болады».
1 (Дәуіттің жыры.) Жан-тәніммен Жаратқан Иені мадақтаймын, Шын жүректен қасиетті атын ардақтаймын. 2 Жан-тәніммен Жаратқан Иені мадақтаймын, Маған көп жақсылық жасағанын ұмытпаймын. 3 Ол бар күнәларымды кешіріп, Дерттерімнің бәрін сауықтырады, 4 Ажалдан жанымды аман қалдырып, Рақымы мен мейірімін сыйлайды, 5 Тілегімді жақсылықпен қанағат қып, Қырандай мені қайта түлетеді. 6 Иеміз жәбір көргендердің барлығына Әділдік жеткізіп, мүддесін қорғайды да. 7 Ақиқат жолдарын танытты Ол Мұсаға, Кереметтер жасады Исраил халқына. 8 Жаратқан — мейірбанды да рақымды, Тез қаһарланбайтын, тым қайырымды. 9 Ол бізді ұдайы айыптамайды, Мәңгі бақи кек те сақтамайды, 10 Бізді күнәмізге қарап жазаламайды, Жаман ісіміздің есесін қайтармайды. 11 Аспан жерден қанша жоғары болса, Жаратқанның Өзін терең сыйлағандарға Жаудыратын рақымы сонша мол да! 12 Шығыс батыстан тым қашық болғаны сияқты, Ол заңсыз істерімізді бізден зор қашықтатты. 13 Әкенің сәбиіне жаны ашығаны іспетті, Жаратқан Иеміз де Өзін қастерлегендерге Дәл сондай мейірім мен жанашырлық көрсетеді. 14 Неден жаратылдық, соны түгел біледі, Топырақтан екеніміз Оның есінде. 15 Адамның өмірі көк шөп секілді, Ол гүлдейді дала гүлі тәрізді: 16 Ыстық жел соғып өтсе, ғайып болар, Тұрған жеріне беймәлім боп жоғалар. 17 Ал Өзін терең қастерлеген жандарға Жаратқанның рақымы мәңгі жауады да. 18 Иемізбен жасасқан Келісімін бұзбайтын, Оның бұйрықтарын есінде сақтайтын, Әрі солар бойынша жүріп-тұратын Адамдардың келер ұрпақтарына дағы Құдайдың әділдігі жетіп тұрады. 19 Жаратқан Ие көкте орнатты өз тағын, Оның Патшалығы билейді барлығын. 20 Уа, Иеміздің сөзіне құлақ салатын, Оның айтқанын іске асыратын, Құдіреті күшті періштелері, Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар! 21 Уа, Иеміздің еркін орындайтын Көктегі топтары, қызметшілері, Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар! 22 Уа, Оның Патшалығының бар орындарында Жүретін күллі жаратқандары да, Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар! Жан-тәніммен Жаратушыны мадақтаймын да.
1 Жан-тәніммен Жаратушыны мадақтаймын. Уа, Құдай Ием, Сен керемет ұлысың, Құрмет пен салтанатқа бөленгенсің. 2 Жарық нұрды Сен шапандай киесің, Аспанды шатырдай жайып жібересің, 3 Су үстінен «сарайыңды» бекітесің, Бұлттарды Өзің «мінер күймең» етесің, «Желдің қанаттары үстінде» жүресің. 4 Желді етесің періштелеріңдей, От жалынын да өз нөкерлеріңдей. 5 Сен жерді берік негізге орнаттың, Ол ешқашан қозғалмайды орнынан. 6 Терең сумен жерді киімдей жаптың, Тіпті тау бастарын да сумен бастың. 7 Берген бұйрығыңнан кейін сулар безді, Күркіреген үніңнен олар дереу шегінді, 8 Таулардан асып, аңғарларға түсті, Белгілеген жеріңе қарай ағып кетті. 9 Сен суларға сонда берік шек қойдың, Су енді қайтып жерді жаппастай қылдың. 10 Сен сайларға ағызасың бұлақтарды, Өзендер тау арасымен құйылады, 11 Дала аңдарын олар суға қандырады, Құландар да одан шөлін басады. 12 Құстар су жағасына ұя салады, Бұтақтар арасынан ән айтады. 13 Заңғар мекеніңнен тауды суғарасың, Ісіңнің жемісімен жерді толтырасың, 14 Топырақтан мал азығына шөп өсіресің, Адамға ас болуға дақылдар еккізесің, 15 Пенденің жүрегін қуантар шарапты да, Бетті жылтыратар зәйтүн майын да, Денеге күш-қуат берер нанды да. 16 Суға қанығады Жаратқанның ағаштары, Өзі өсірген Ливан самырсындары. 17 Құстар соларға ұяларын салады, Шыршалар ләйлектің мекені болады, 18 Таутекенің тұрағы — зәулім шыңдар, Таутышқанның панасы да — құз, жартастар. 19 Мезгілді белгілеуге жараттың айды, Күн де біледі қай уақытта батуды. 20 Сен қараңғылық жайғанда түн болады, Орманның аңдары кезіп сандалады, 21 Жас арыстандар ақырып олжа аңсайды, Құдайдан өздеріне азық сұрайды. 22 Күн шыға олар бұғып кері қайтады, Апандарына еніп, тынығып жатады. 23 Адамдар сол кезде жұмысқа шығады, Кеш түскенше еңбекпен айналысады. 24 Сенің істерің қандай көп, Жаратқан Ием! Сен жасадың барлығын да даналықпен, Жер толған Өзіңнің жаратқандарыңмен. 25 Міне, тағы ұлан-ғайыр теңіз де бар, Құжынар сансыз үлкен-кіші хайуандар, 26 Теңізде жүзеді кемелер, қайықтар, Сен онда ойнауға жаратқан дәу балықтар. 27 Өзіңнен күткендері бәрінің де — Сенің тамақ беруің мезгілінде. 28 Азығын берсең олар жинап алар, Қолыңды ашсаң игілікке тойынар. 29 Ал бет-жүзіңді жасырсаң әбігерге қалар, Жанын алсаң өліп, топыраққа айналар. 30 Рухыңның лебін жіберіп, өмір жаратасың, Жер бетін қайтадан толтырып, жаңартасың. 31 Жаратқанның ұлылығы мәңгі мадақталсын, Иеміз өз істеріне әрдайым шаттансын. 32 Ол жер бетіне көз салса шайқалады, Тауларға қол тигізсе түтін шығады. 33 Өмір бойы Жаратқанға ән саламын, Дем біткенше Құдайыма жыр айтамын, 34 Ой толғанысым Оған ұнамды болсын, Жаратқан Иеме ұдайы шаттанамын. 35 Күнәкарлар жер бетінен аласталсын, Әділетсіздер енді қайтып болмасын. Жан-тәніммен Жаратушыны мақтаймын. Жаратқан Иемізді мадақтаңдар әрдайым!
1 Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар, Оның есімін атап сиыныңдар, Ұлы істерін халықтарға хабарлаңдар! 2 Иемізге ән салып, Оны мадақтаңдар, Барлық кереметтерін паш қылыңдар, 3 Оның киелі атымен мақтаныңдар, Жаратқанға сиынатын сендер, шаттаныңдар! 4 Иемізге әрі құдіретіне ден қойыңдар, Дәйім Оның еркін білуге ұмтылыңдар! 5 Ұмытпаңдар Оның жасаған кереметтерін, Ғажап істері мен шығарған шешімдерін, 6 Уа, Оның құлы Ыбырайымның ұрпақтары, Жақыптан тарағандар, таңдаулы адамдары! 7 Ол — біздің Құдайымыз, Жаратқан Ие, Бүкіл әлемге Өзі билік жүргізуде. 8 Мәңгі есінде сақтайды Ол өз Келісімін, Келер мың буынға да бұйырған өсиеттерін — 9 Ыбырайыммен жасаған Келісімін, Ысқаққа да антпен берген сол уәдесін, 10 Жақыпқа оны ереже қылып бекітті, Исраил үшін тұрақты Келісім етті. 11 «Мұралық үлесің етіп беремін саған Қанахан елін» деді сонда Жаратқан. 12 Сол кезде бұл әулет әлі де аз болатын, Азғана кірме болып сонда тұратын. 13 Олар елден елге көшіп-қонатын, Патшалықтарды аралап орнығатын. 14 Ал Құдай ешкімге соларды жәбірлетпеді, Олар жайлы патшаларға қатаң ескертті: 15 «Тағайындағандарыма еш тиіспеңдер, Пайғамбарларыма зұлымдық істемеңдер!» 16 Тәңір Ие ашаршылық жіберді елге, Талқандап тамақ қорының бәрін де. 17 Алдарынан шығарды Ол бір жігітті, Мысырға құлдыққа сатылған Жүсіпті. 18 Тәңірдің сөзі оның мінезін сынап болғанша, Алдын ала айтқандары орындалғанша, Жүсіптің аяқтары қысылып бұғауланды, Мойнына оның темір құрсау салынды. 20 Патша сонда адам жұмсап, Жүсіпті босатты, Халықтардың билеушісі оны азат етті, 21 Тіпті өз сарайының басқарушысы қылды, Жүсіпке бар иелігін басқартып қойды, 22 Төрелерінің үстінен оның бұйрығын жүргізді, Жүсіпке басшыларын даналыққа үйреткізді. 23 Содан кейін Исраил Мысырға көшті, Жақып жат жерлік боп Хам елінен қоныс тапты, 24 Жаратқан Ие сонда халқын өсімтал етті, Оның санын дұшпанынан басым етті, 25 Ол Мысырға Исраил халқын жек көргізді, Өзінің құлдарына қарсы сұмдық жасатқызды. 26 Иеміз қызметшісі Мұсаны жолдады, Сондай-ақ Өзі таңдап алған Һаронды. 27 Бұлар Жаратқан Иенің ғажап істерін — Хам елі Мысырда Оның мына кереметтерін Халық арасында іске асырып көрсетті: 28 Тәңір Ие қараңғы түсіріп түнек етті елді, Себебі Мысыр Оның сөзіне бағынбай келді. 29 Елдің суларын Ол қанға айналдырды, Ондағы балықтарды құртып жоқ қылды, 30 Мысырдың жерін қаптап кетті құрбақалар, Патшаның бөлмесін де жайлап алды олар. 31 Иеміз айтқанда шыбын-шіркей құжынады, Әрі масалар да бүкіл елді қаптады. 32 Жаратқан жаңбырды бұршақпен ауыстырды, Найзағайдың отын жерге жаудырды. 33 Жүзім мен інжір ағаштарын құлатты, Елдегі бар ағаштарды қиратты. 34 Иеміз айтқанда шегірткелер қаптады, Сансыз көп шегіртке құрттары құжынады, 35 Жердің жасыл шөбінен түк қалдырмады, Егіндіктегі бар астықты жалмады. 36 Ақыры Ол елдегі бар тұңғышты өлтірді, Мысырлықтардың мақтанышы солар еді. 37 Жаратқан Ие Мысырдан халықты Сыйға алған алтын-күміспен алып шықты, Руларындағы біреу де шаршап-шалдықпады. 38 Халық кеткенде мысырлықтар қуанды, Өйткені қорқыныш биледі оларды. 39 Жаратқан Исраилді бұлтпен жапты, Түнде от оларға сәулесін шашты. 40 Халық ет сұрағанда Ол бөденелер жіберді, Аспаннан түскен нанмен тойындырды, 41 Жартасты жарып, содан су ағызды, Су шөлді жерлермен өзендей сарқырады. 42 Себебі Жаратқан киелі сертін ескерді, Қызметшісі Ыбырайымға соны берген еді. 43 Осылай Ол алып шықты халқын шаттықпен, Таңдап алған адамдарын зор қуанышпен, 44 Өзге ұлттардың жерін оларға берді, Бөтен халықтың еңбегін де иемдендірді, 45 Енді Оның халқы жарлықтарын орындасын, Заңдарын да ұдайы берік сақтасын. Лайым Жаратқан Ие мадақталсын!
1 Мадақтаңдар Жаратқан Иені! Жаратқан Ие ізгі, мақтаңдар Оны, Мәңгі ұласады берік рақымы! 2 Құдіретті істерін кім айта алар, Иемізді кім лайықты мадақтай алар? 3 Әділдікті ұстанғандар жарылқанар, Ұдайы олар әділ істер жасар. 4 Халқыңа көрсеткенде мейіріміңді, Уа, Жаратқан Ие, мені де ескерші, Көмекке келіп, мені құтқара көрші. 5 Содан мен де таңдаған адамдарыңның Көретін игілігіне ортақ болайын, Халқыңның қуанышын да бөлісейін, Меншікті халқыңмен бірге Сені құрметтейін. 6 Біз ата-бабамыздай күнә жасадық, Заңсыздық істеп, зұлымдыққа баттық. 7 Ата-бабамыз Мысырда болған кезде Керемет істеріңнің мәнін түсінбеді, Істеген жақсылықтарыңды ұмытты, Қамысты теңізде Өзіңе қарсы шықты. 8 Бірақ құдіретті күшін таныту үшін Өз атына бола Құдай құтқарды халқын. 9 Қамысты теңізді құрғатты бұйрығымен, Жай бастап алып жүргендей айдаламен Алып шықты оларды теңіздің түбімен. 10 Құдай өз халқын дұшпандарынан құтқарды, Жау қолынан оларды босатып алды. 11 Қанаушыларының барлығын су басты, Жаулардың біреуі де аман құтылмады. 12 Сонда халық Оның сөздеріне иланды, Оған арнап мадақтау әндерін шырқады. 13 Бірақ олар тез ұмытты Тәңірдің істерін Әрі сұрап күтпеді Оның ақыл-кеңесін, 14 Айдалада құмарлықтарына салынды, Құла түзде Құдайды еркінсіп сынады. 15 Құдай халыққа сұрағандарын берді, Бірақ әлсірететін індет те жіберді. 16 Қоныста олар күндеп қызғанды Мұсаны Әрі Жаратқанға бағышталған Һаронды. 17 Сонда жер жарылып, Датанды жұтып қойды, Абиронның тобын да көміп тастады. 18 Олардың жиынында жалын лаулады, От жалыны зұлымдарды жалмап қойды. 19 Хориб беткейінде халық жас бұқаны Құйып жасап, сол мүсінге табынды, 20 Олар сиынып келген салтанатты Құдайын Алмастырды мүсінімен шөп жейтін бұқаның, 21 Өздерін құтқарған Құдайды ескермеді, Ол Мысырда ұлы істер жасаған еді, 22 Хамның елінде кереметтер істеген еді, Әрі үрейлі істер Қамысты теңізде. 23 Сонда Құдай халықты құртамын деді, Бірақ Өзі таңдаған Мұса пайғамбар өтінді, Құртамын деген ашуынан қайтуын тіледі. 24 Кейін халық аңсаған елін менсінбеді, Құдайдың уәдесіне сенім жүктемеді, 25 Шатырларында Оған қарсы күңкілдеді, Жаратқанның даусына құлақ түрмеді. 26 Сонда Ол қол көтеріп оларға ант берді: «Айдалада құритын боласыңдар! — деді, 27 — Халықтар арасында ұрпақтарың өледі, Жат жерлерге олар шашырайды!» — деп шешті. 28 Пеғорда халық Бағалға құлшылық етті, Өлі «тәңірлердің» құрбандықтарын жеді, 29 Арам істерімен Құдайды ашуландырды, Сондықтан індет араларына жайылды. 30 Ал Пінехес тұрып, зұлымдыққа қарсы шықты, Індеттің апаты осылайша тиылды. 31 Сол үшін Пінехес Құдай алдында ақталды, Ұрпақтан ұрпаққа мәңгі бақи мақталды. 32 Халық Құдайды Меріба суының маңында да Ызаландырып, жапа шеккізді Мұсаға, 33 Олар Мұсаны кейітіп өшіктірді, Сонда ол қызбаланып ағат сөйледі. 34 Халық Қанахандағы азғын ұлттарды Жаратқан Ие бұйырса да құртпады. 35 Қайта, олармен қоян-қолтық араласты, Солардың арам істеріне ортақтасты. 36 Жат ұлттардың пұттарына бірге табынды, Осылайша торға түсіп, арамданды, 37 Өз ұл-қыздарын жын-перілерге арнады: Құрбандыққа шалып, ешбір аямады! 38 Кінәсіз жандардың олар төкті қанын, Қанаханның пұттарына өз ұл-қыздарын Құрбандыққа шалып, олардың қанын ұсынды, Сол қанмен Қанахан елін арамдады. 39 Осындай істерімен халық өзін қорлады, Қасиетті Келісімге сатқындық жасады. 40 Содан халқына қарсы қаһарланды Жаратқан, Әбден жиренді Өзінің меншікті халқынан. 41 Оларды бөтен ұлттарға тапсырды, Үстерінен жек көрген жаулары билік құрды, 42 Сол дұшпандары қыспақтап қанады, Халықты билеп-төстеп қорлады. 43 Жаратқан Ие көп рет халқын құтқарды, Ал олар бас көтерулерін жалғастырды, Күнәларының кесірінен құлдырады. 44 Дегенмен Құдай халықтың қиыншылығына Көзін салып, құлақ түрді жалыныштарына, 45 Халқымен жасаған Келісімін ескерді, Зор рақымымен оларды есіркеді, 46 Содан Ол халқын тұтқында ұстаған бар елдерді Оларды аяп мүсіркеуге мәжбүрледі. 47 О, Құдай Иеміз, құтқарып ала гөр бізді, Ұлттар арасынан жинап ала гөр кері, Сонда біз дәріптейміз киелі атыңды, Қуана мақтан тұтамыз ұлы даңқыңды. 48 Исраилдің Құдай Иесі мадақталсын, Мәңгіліктен мәңгілікке Ол даңқталсын, Барша халық мақұлдап «Аумин!» десін! Лайым Жаратқан Ие дәріптелсін!
1 Жаратқан Ие ізгі, мадақтаңдар Оны, Мәңгілікке ұласады берік рақымы! 2 Осылай десін Жаратқанның құтқарғандары, Оның жау қолынан босатып алғандары, 3 Жаратқанның жат елдерден жинағандары, Шартараптан еліне қайтарғандары. 4 Біреулері құла түзде босып жүрді, Мекендейтін қала таппай дала кезді. 5 Аш болып, олар суға да зарықты, Жандары әлсіреп, өше жаздады. 6 Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды, Иеміз оларды қасіреттен құтқарды. 7 Мекендей алатын қалаға оларды Тура жолмен жетелеп бастап барды. 8 Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін, Адамдарға істеген кереметтері үшін! 9 Сусаған адамның шөлін Ол қандырды, Қарны аш жанды нәрлі аспен тойдырды. 10 Біреулер түнекте, үмітсіз жағдайда Тұтқында қиналып жатты темір бұғауда, 11 Олар сөзіне қарсы шығып Құдайдың, Кеңесін менсінбеп еді Хақ Тағаланың. 12 Сонда Ол халқын ауыр бейнетке салды, Олар сүрініп құлап, ешкім қолдамады. 13 Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды, Иеміз оларды қасіреттен құтқарды, 14 Үмітсіз жағдай мен түнектен шығарды, Байланған құрсауларын сындырып лақтырды. 15 Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін, Адамдарға істеген кереметтері үшін! 16 Қола қақпаларды Ол быт-шыт қылды, Темір ысырмаларын да сындырды. 17 Біреулер бас көтеріп ақымақ болды, Күнәларына бола індетке шалдықты, 18 Барлық тамақтан жиренетін болды, Ажалдың қақпаларына таяп қалды. 19 Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды, Иеміз оларды қасіреттен құтқарды. 20 Ол сөзін арнап, оларды сауықтырды, Жандарын ажалдан аман алып қалды. 21 Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін, Адамдарға істеген кереметтері үшін, 22 Шүкірлік тартуларын Иемізге ұсынсын, Шаттық әнмен Оның істерін паш қылсын! 23 Кемелермен теңізге шығатындар, Мұхитты кезіп, сауда жасайтындар 24 Көреді Жаратқан Иенің істерін, Терең теңіздегі кереметтерін. 25 Ол бұйрық беріп, қатты дауыл жіберді, Зәулім биік толқындарды көтерді. 26 Кеме аспанға көтеріліп, жоғары шықты, Тұңғиыққа құлағандай төмен түсті, Қауіптен адамдардың үрейлері ұшты, 27 Маскүнемдей тәлтіректеп шайқалысты, Не істерін білмей сапырылысты. 28 Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды, Иеміз оларды қасіреттен құтқарды. 29 Ол дауылды басып, саябырсытты, Теңіздің толқындарын да тыншытты. 30 Дауыл басылғанда адамдар қуанды, Аңсаған кемежайына Ол бастап апарды. 31 Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін, Адамдарға істеген кереметтері үшін, 32 Халықтар жиынында Оны дәріптесін, Ақсақалдар кеңесінде қастерлесін! 33 Құдай өзендерді айналдырады шөлге, Ал бұлақтарды құрғатып құла түзге, 34 Шұрайлы жерді — сортаң иен далаға, Тұрғындарының зұлымдықтарына бола. 35 Бірақ шөлейт жерді Ол айналдырады көлге, Кеуіп қалған даланы қайнар көзге, 36 Аш жандарды сонда қоныстандырады, Олар мекендейтін қала тұрғызады, 37 Егін егіп, жүзімдік отырғызады, Солардан ағыл-тегіл өнім алады. 38 Жаратқан Ие сол жандарды жарылқайды, Олар өсіп-өніп ғаламат молаяды, Мал басын да Иеміз азайтпайды. 39 (Халық тағы паңданса) саны қысқарады, Езгі, апат, қайғы оны жуасытады, 40 Атақтыларын Иеміз қор қылады, Жолсыз құла түзді кездіріп қояды, 41 Ал жарлыны мүшкіл халінен босатады, Отардағы қойдай ұрпағын молайтады. 42 Әділдер мұны көріп, шаттанады, Бар зұлымдар ауыздарын жабады. 43 Ақылды жан бұл жайттарға ден қояды, Жаратқанның берік рақымын ұғынады.
1 (Дәуіттің әні әрі жыры.) 2 Уа, Құдай, жүрегім Саған сенімді, Өзіңе арнаймын мен ән-күйімді. Жан дүнием, ояншы, сергек болайын, 3 Жетіген мен домбыра, болыңдар дайын! Атар таңды әніммен оятайын. 4 Уа, Жаратқан, жұрт алдында Сені даңқтаймын, Ұлттардың арасында мадақтап жырлаймын. 5 Себебі берік рақымың заңғар аспандай, Әрі сенімділігің асқар бұлттардай. 6 Уа, Құдай, көктен жоғары атың шықсын, Күллі әлемде Сенің даңқың артсын! 7 Сүйіктілерің лайым аман сақталсын Деп ден қойып, құдіретіңмен құтқарғын. 8 Құдай былай деді киелі мекенінен: «Мен шаттанып Сихемнің жерін бөлшектеймін, Соқот аңғарын да халқыма үлестіремін. 9 Ғилақад пен Манаса да — Менің иелігім, Ефрем руы болады басты қорғаным, Яһуда руынан шығады патшаларым. 10 Моаб Маған шылапшындай пайдалы болады, Едом жері де меншігіме айналады, Філістір елі де бойсұнып Мені қуантады». 11 Кім мені қамалды қалаға кіргізеді? Кім Едом елінің ішіне енгізеді? 12 Сол Сен емес пе, Құдай, бізден бас тартқан, Әскерімізбен бірге шайқасқа шықпаған? 13 Жаулардың қыспағына қарсы қолдашы, Еш жарамсыз — пенделердің қолдағаны, 14 Зор істер істейміз Құдай жар болғанда, Жауларымызды таптайды Ол аяғына.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.) Уа, Құдай, мадақтап келемін Сені, Тіл қатпай, үнсіз қала көрме енді. 2 Себебі адамдар зұлым да алдамшы, Маған қарсы ауыздарын ашады, Жалған тілдерімен жала жабады, 3 Қас сөздерімен жан-жақтан қыспақтайды, Еш себепсіз маған шабуыл жасайды, 4 Достығыма жауап береді қастықпен, Алайда Саған сиынып келемін мен. 5 Жақсылығыма олар сұмдық қайтарады, Достығыма өшпенділік танытады. 6 (Қарсыластарым мені былай деп қарғады:) «Оған бір зұлым жанды қарсы қойшы, Оң жағына айыптаушысын тұрғызшы, 7 Сотталғанда ол кінәлі боп шықсын, Тіпті дұғасы да күнә боп табылсын, 8 Көретін күндері оның аз болсын, Міндетін оның басқа біреу алсын! 9 Балалары жетім, әйелі жесір қалсын, 10 Ұрпақтары қаңғырған қайыршы болсын, Қираған үйлерінен аластатылсын, 11 Қарыз берген оның барын тартып алсын, Еңбегінің жемісін бөтендер тонасын, 12 Жаны ашитын адал досы болмасын, Жетімдерін мүсіркейтін де табылмасын, 13 Перзенттері көп жасамай шетінесін, Есімдерін келесі ұрпақ білмесін. 14 Әділетсіз істері ата-бабасының Жаратқан Иенің есіне салынсын, Шешесінің күнәсі де кешірілмесін, 15 Кінәлары Жаратқанның алдында қала берсін, Ол есімдерін жер бетінен із-түзсіз өшірсін. 16 Өйткені бұл жан жақсылық жасаудан безді, Кедейді, мүсәпір мен үмітсізді Өлтірмек болып қуғындап өкшеледі. 17 Ол қарғыс айтуды сондай ұнатты, Ендеше өзіне қонсын қарғысы, Оң бата дегенді ол менсінбейтін, Ендеше оң бата оған қонбай кетсін. 18 Бұл өзі қарғауын «киімдей киетін», Тәніне сол су, май іспетті «сіңетін», 19 Енді қарғыс болсын киетін киіміндей, Ұдайы буынатын белбеуіндей. 20 Ол мені айыптап, қастық айта беретін. Жаратқан оған қайтарсын соның есесін!» (Деп білдіреді олар теріс тілектерін.) 21 Ал Сен, уа, Тәңір Ием — Жаратушы, Есіміңе бола маған жақсы қарашы, Берік рақымың игі, мені құтқаршы. 22 Өйткені мен бейшара, мүсәпірмін, Әрі жаралы — бойымдағы жүрегім. 23 Ғайып болар көлеңкедеймін кешкі, Шегірткедей жау қағып жібереді мені. 24 Оразадан әлсіреді тізелерім, Денем жүдеу, омсырайған бүкіл тәнім. 25 Мен келекеге айналдым жұрт үшін, Көрсе мені шайқайды олар бастарын. 26 Уа, Құдай Ием, маған көмектесші, Рақымыңа сай мені құтқара көрші. 27 О, Ием, мұны істеген Сен екенін, Өз қолыңның жасағанын олар білсін! 28 Жауларым қарғайды, бірақ Сен жарылқайсың, Бас салса, өздері масқараға қалсын, Ал Сенің қызметшің шаттанатын болсын. 29 Айыптаушыларым ұятқа бөленсін, Олар масқараға жамылғыдай орансын. 30 Мен Жаратқан Иеге көп мақтау айтамын, Үлкен жиында Оның даңқын асырамын, 31 Жаратқан бейшара жанды қолдап-қорғайды, Айыптаушылардан аман-есен сақтайды.
1 (Дәуіттің жыры.) Жаратқан Ие менің иеме былай деп айтқан: «Мен жауларыңды табаныңның астына Салып бергенімше отыр оң жағымда». 2 Жаратқан Сионнан билігіңді құрғызады сенің, Енді жауларыңа да үстемдік жүргізесің, 3 Сен патшалық құрған күні бағынады халқың. Туғаннан-ақ киелі салтанат жамыласың, Күн сайын таң ата жаңаратын шық сияқты, Сен де ұдайы жасара түсетін боласың. 4 Жаратқан былай деп ант берген еді, Онысын ешқашан да өзгертпейді: «Сен Мәліксадықтай діни қызметкерсің, Мәңгі сондай болып қала да бересің!» 5 Жаратқан Ие сенің оң жағыңда тұрады, Қаһарланған күні Ол патшаларды ұрады, 6 Халықтарды соттап, көп адамдарын жояды, Бүкіл жер бетінің билеушілерін соғады. 7 Патша жолшыбай бұлақтан сусындап алады, Еңсесін көтеріп, жеңімпаз болып шығады.
1 Мадақтаңдар Жаратқан Иені! Мақтау айтамын Жаратқан Иеге, Халық жиылып, әділдер кеңескенде. 2 Қандай ұлы — Жаратқанның істері, Оларды ұнатқандар терең зерттейді. 3 Оның істері ұлы да салтанатты, Әділдігі мәңгілікке ұласады. 4 Ол кереметтерін есте қаларлық қылды, Иеміз шапағатты да қайырымды, 5 Өзін қастерлейтінді аспен қамтиды, Келісімін ұдайы есінде сақтайды. 6 Ол құдіретті істерін халқына көрсетті, Өзге ұлттардың жерін оған мұра етті. 7 Жаратқанның істері адал да әділетті, Оның бұйрықтары да түгел сенімді, 8 Олар мәңгілікке берік негізделген, Әрі орындалады шындықпен, адалдықпен. 9 Жаратқан Ие өз халқын азат етті, Келісімін мәңгілікке бекітті, Есімі Оның киелі де қасиетті. 10 Даналықтың бастауы — терең қастерлеу Жаратқан Иені әрі Оған шын бағыну, Мұны ұстанған әркім парасатты болады. Иеміз мәңгі бақи мадақталады!
1 Жаратқан Иені мадақтаңдар! Иеміздің өсиеттерінен ләззат тапқан, Оны қастерлейтін жан жарылқанған. 2 Әулеті оның елде күшті болады, Иә, әділдің ұрпақтары жарылқанады, 3 Оның үйінде байлық-дәулет жиналады, Әрі әділдігі мәңгі есте қалады. 4 Турашыл жанға түнекте таң атады, Ол рақымды, мейірбан, әділ болады, 5 Мұқтажға қайырыммен қарыз береді, Әрі істерін әділдікпен жүргізеді, Содан оның өзі де жақсылық көреді. 6 Шүбә жоқ, ол ешқашан шайқалмайды, Әділ жан жұрттың есінен шықпайды. 7 Сондай адам қауесеттен қорықпайды, Жаратқанға сеніп жүрегі қобалжымайды, 8 Қайта, жүрегі нық, үрейленбейді, Соңында жаулардың жеңілісін көреді. 9 Ол мұқтаждарға мол көмек таратады, Оның әділдігі мәңгіге ұласады, Абыройы да жоғарылайтын болады. 10 Ал зұлым жан мұны көріп, абыржиды, Тісін қайрап, қалжырап қажиды, Зұлымдардың аңсағаны құриды.
1 Жаратқан Иені мадақтаңдар! Иеміздің қызметшілері, мақтау айтыңдар, Жаратқанның есімін мадақтаңдар! 2 Қазіргі кезден мәңгілікке дейін Жаратқанның есімі дәріптеле берсін! 3 Күннің шығысынан батысына дейін Жаратқанның есімі қастерлене берсін! 4 Жаратқан бар ұлттардан да жоғары, Оның салтанаты аспаннан да жоғары. 5 Кім Құдайымызға тең бола алады? Жаратқан Ие зәулім тағында отырады, 6 Ол төмен қарап аспан мен жерге көз салады. 7 Құдай тозаңнан кедейді жоғарылатар, Күл-қоқыстан мұқтажды көтеріп алар. 8 Оларды әміршілермен бірге отырғызар, Халқының көсемдерімен жайғастырар. 9 Бедеу әйелді отбасымен жарылқар, Перзент сыйлап, шат-шадыман қылар. Жаратқан Иені мадақтаңдар!
1 Исраил көшіп шыққанда Мысырдан, Жақыптың әулеті сол бөтен тілді жұрттан, 2 Яһуда елі Құдайдың киелі үйіне Айналды, Исраил де — Оның иелігіне. 3 Сонда теңіз көріп, қаша жөнелді, Иордан өзені кері бұрылды, 4 Таулар қошқар іспетті секірді, Төбелер қозы іспетті секектеді. 5 Уа, теңіз, сен неге қаша жөнелдің? Уа, Иордан, сен неге кері бұрылдың? 6 Таулар, қошқардай неге секірдіңдер? Төбелер, қозыдай неге секектедіңдер? 7 Жер, дірілде Жаратқанның алдында, Жақып сиынған Құдайдың алдында. 8 Құдай жартасты айналдырды көлге, Дәу шақпақ тасты атқылаған су көзіне. 9 Біздің емес, уа, Жаратқан, тек Сенің атың Рақымың мен адалдығың үшін даңқталсын! 10 «Қайда екен сиынған Құдайы бұлардың?» Деп басқа халықтар неге табаласын? 11 Ал сиынған Құдайымыз заңғар көкте, Ол барлық қалауын асырады іске. 12 Өзге ұлттардың пұттары күміс, алтыннан, Адамдардың қолдарымен жасалған. 13 Пұттың аузы бар, бірақ сөйлей алмайды, Көздері бар, бірақ көре алмайды, 14 Құлақтары бар, бірақ ести алмайды, Мұрны бар, бірақ иіс білмейді, 15 Қолдары бар, бірақ сезе алмайды, Аяқтары бар, бірақ жүре алмайды, Көмейінен бір дыбыс та шықпайды. 16 Өлі пұтты жасаған пенде соған ұқсайды, Мүсінге сенген әркім де содан аумайды. 17 Уа, Исраилдің бүкіл әулеті, Сенім артыңдар Жаратқан Иемізге! Қалқандай қорғап, қолдайды Ол біздерді. 18 Уа, Һаронның бүкіл әулеті, Сенім артыңдар Жаратқан Иемізге! Қалқандай қорғап, қолдайды Ол біздерді. 19 Уа, қастерлейтіндер Иемізді, Сенім артыңдар Жаратқан Иемізге! Қалқандай қорғап, қолдайды Ол біздерді. 20 Жаратқан Ие бізді есінде ұстайды, Иә, Иеміз біздерді жарылқайды, Ол Исраилдің әулетін жарылқайды, Һәм Һаронның ұрпақтарын жарылқайды. 21 Жаратқан Өзін қастерлейтін жандарды — Үлкенді-кішілі бәрін де жарылқайды. 22 Өздерің мен ұрпақтарыңның сандарын Жаратқан Ие ұдайы ұлғайтсын. 23 Аспанды да, жерді де жаратқан Иеміз өздеріңді жарылқаған. 24 Заңғар көк — Жаратқанның иелігі, Ал жер бетін Ол адамзатқа берді. 25 Өлілер Жаратқанды дәріптемес, Қабірде жатқандар үндемес, 26 Ал біз паш етеміз Иеміздің игілігін Қазіргі кезден мәңгілікке дейін. Жаратқан Ие дәріптеле берсін!
1 Қатты сүйемін Жаратқан Иені, Жалынған даусымды Ол естіді, 2 Иә, Ием құлақ түрді маған, Өмір бойы сиынбақпын Оған. 3 Өлімнің торы жан-жақтан шырмады, Ажалдың азабы мені қинады, Зор қайғы-қасірет тым меңдеп алды. 4 Жаратқанның атын атап сиындым: «Уа, Ием, құтқаршы мені!» — деп шақырдым. 5 Жаратқан Ие әділ де рақымды, Біздің Құдайымыз сондай қайырымды! 6 Иеміз қорғайды ақпейіл жандарды, Мүшкіл халімнен Ол мені құтқарып алды. 7 Тыныштала гөр енді, уа, жан дүнием, Мол игілік жасады Жаратқан Ием. 8 О, Жаратқан, Сен жанымды өлімнен Құтқардың һәм көзімді жас төгуден, Аяғымды сақтадың сүрінуден. 9 Осылай мен тірілердің ғаламында Жүремін Жаратқанның көз алдында.
1 Ием, мен Саған сенімімді жүктедім, Содан мынаны айттым: «Қатты қиналып жүрмін!» 2 Үрейім ұшып, тым абыржыған едім, «Күллі жандар өтірікші!» деп түңілдім. 3 Жаратқанның көрсеткен жақсылықтарын Қалай ғана Өзіне қайтара аламын? 4 Мені құтқарғаны үшін шүкірлік тостағанын Көтеріп, паш етемін Иеміздің атын, 5 Жаратқанға берген анттарымның барлығын Бүкіл халқы алдында іске асырамын. 6 Иемізге бағышталған адамдарының Ажалына Жаратқан Ие аударады назарын. 7 Уа, Ием, шынымен Сенің қызметшіңмін, Мен, сондай-ақ, күңіңнің баласымын, Сен Өзің мені бұғаудан босаттың. 8 Шүкірлік құрбандығын ұсынамын Саған, Сенің атыңды паш етемін, уа, Жаратқан. 9 Жаратқанға берген анттарымның барлығын Бүкіл халқы алдында іске асырамын: 10 Иемнің киелі үйінің ауласында, Уа, Иерусалим, сенің қақ ортаңда. Жаратқан Иені мақтаңдар әр уақытта!
1 Иемізді даңқтаңдар, барлық ұлттар! Оны мадақтаңдар, күллі халықтар! 2 Ол зор мейірімін танытады, Бізге мәңгілік адал болады. Мадақтаңдар Иеміз — Жаратқанды!
1 Жаратқан Ие ізгі, мадақтаңдар Оны, Мәңгіге ұласады берік рақымы! 2 «Мәңгіге ұласады берік рақымы!» Деп жарияласын Исраил халқы. 3 «Мәңгіге ұласады берік рақымы!» Деп мойындасын Һаронның ұрпақтары. 4 «Мәңгіге ұласады берік рақымы!» Десін Иемізді қастерлейтін барлығы. 5 Мүшкіл халімде шақырдым Жаратқанды, Ол жауап беріп, мені азат етіп алды. 6 Ием маған жар, қорықпаймын ешбір жайттан, Не істей алады адам баласы маған? 7 Ием маған жар, Ол — Қолдаушым менің, Жаудың жеңілісін әлі де көремін. 8 Адам баласына сенім артқаннан гөрі Жаратқан Иені паналау сондай игі! 9 Әмірші, әкімдерге сенім артқаннан гөрі Жаратқан Иені паналау сондай игі! 10 Барлық ұлттар айнала қоршап алды, Жаратқанның атымен құрттым оларды. 11 Жан-жақтан олар мені қоршап алды, Жаратқанның атымен құрттым оларды. 12 Айналамда олар арадай құжынады, Бірақ жанған бұтадай тез өшіп қалды, Жаратқанның атымен құрттым оларды. 13 Құлатпақ болып сол жаулар қатты итерді, Ал Жаратқан Ие мені қолдап демеді. 14 Күш-қуатым әрі жырым — Жаратқаным, Ол болды, міне, менің Құтқарушым. 15 Құтқарылу мен жеңістің шаттық айқайы Әділдердің үйлерінде жаңғырады: «Жаратқан Иенің құдіретті оң қолы Қандай ғажап кереметтер жасайды!» 16 Сонда көтерілді Иеміздің оң қолы: «Жаратқан Иенің құдіретті оң қолы Қандай ғажап кереметтер жасайды!» 17 Енді өлмеймін, өмір сүре беремін, Жаратқанның істерін паш етемін. 18 Жаратқан мені қатты жазалады, Бірақ жанымды ажалға қимады. 19 «Әділдік қақпаларын» маған ашшы, Оған кіріп, мадақтайын Жаратқанды. 20 Мына қақпа — Жаратқанның қақпасы, Әділ жандар оған кіре алады. 21 Сені мадақтаймын, маған құлақ салдың, Уа, Ием, менің Құтқарушым Сен болдың. 22 Құрылысшылар менсінбеген тас енді Үйдің басты іргетасына айналды! 23 Жаратқанның Өзі соны істеді, Көз алдымызда бұл керемет болды! 24 Иеміз жаратты бізге бұл күнді, Шаттанып қуанайық осы күні. 25 Уа, Жаратқан, бізді құтқаршы, Уа, Иеміз, табыс сыйлашы! 26 Жаратқанның атынан келе жатқан жарылқанған, Оның киелі үйінен бата береміз соған. 27 Жаратқан Ие — Құдай, Ол бізге нұрын шашқан. Мейрамның құрбандық малын апарыңдар, Үстелдің мүйіздеріне байлап қойыңдар. 28 Сен Құдайымсың, Саған мақтау айтамын, Сен Құдайымсың, даңқыңды асырамын. 29 Жаратқан Ие ізгі, мадақтаңдар Оны, Мәңгіге ұласады берік рақымы!
1 Пәк таза да тура жолмен жүріп, Жаратқанның тәліміне бағынғандар бақытты! 2 Иеміздің ережелерін ұстанып, Шын жүректен Оған бет бұрғандар бақытты! 3 Олар әділетсіздік істемейді, Тек Жаратқанның жолымен ғана жүреді. 4 Ием, тұрақты орындауымыз үшін, Өз бұйрықтарыңды шығарған едің. 5 Сенің жарлықтарыңа бағынып мен Жүре берсем, шіркін, тура жолыңмен! 6 Сонда ден қойып бар өсиеттеріңе, Ешқашан масқара болмас та едім. 7 Әділ шешімдеріңді үйренгенде Сені дәріптеймін таза жүрекпен. 8 Мен жарлықтарыңды ұстана берем, Жалғыз қалдыра көрме мені мүлдем. 9 Жастар қалай таза жолмен жүре алады? Сөзіңе бағынып соны істей алады. 10 Шын жүректен Саған бет бұрып келемін, Тайдыра көрме мені өсиеттеріңнен. 11 Күнә жасамауым үшін Саған қарсы, Жүрегіме сақтадым айтқандарыңды. 12 Даңқталуға лайықсың, уа, Жаратқан, Үйрете гөр жарлықтарыңды маған. 13 Мен дауыстап айтып та отырамын Бар шешімдеріңді Өзің шығарған. 14 Жұрт шаттана қуанғандай мол байлыққа, Мен ережелеріңмен жүремін шаттана. 15 Бұйрықтарың жайлы терең ойланамын, Сенің жолыңа мұқият ден қоямын. 16 Жарлықтарыңды қуана орындаймын, Сөздеріңді ешқашан ұмытпаймын. 17 Уа, Ием, мол мейірім көрсете гөр маған, Сонда аман болып, сөзіңді сақтай аламын. 18 Рухани көзімді аша гөр менің, Тәліміңнен кереметтер көрейін. 19 Бұ дүниеде жат жерлік кірмедеймін. Өсиеттеріңді жасыра көрме менен. 20 Шешімдеріңді үйренуді сағынып, Жаным әрдайым шөліркейді зарығып. 21 Сөгіп ескертесің тәкаппар адамдарды, Өсиеттеріңнен тайған сол қарғалғандарды. 22 Масқара, қорлықты алып тастай гөр менен, Ережелеріңді ұстанып келемін мен. 23 Әкімдер жиналып, мені өсектегенмен, Жарлықтарың жайлы толғанамын, уа, Ием. 24 Ережелеріңнен рақат табамын, Олар маған ақыл береді әрдайым. 25 Ажал аузында жанымның жатқаны-ай, Аман сақтай гөр берген уәдеңе сай! 26 Жүрген жолдарымды айтып бергенімде Өзің құлақ салып, жауап бердің де, Жарлықтарыңды маған үйрете гөр енді. 27 Ұқтыра гөр бұйрықтарыңның мағынасын, Кереметтерің жайлы терең ойланамын. 28 Жаныма қайғы батып, шаршап-шалдыққам, Уәдеңе сәйкес күш сыйлай гөр маған. 29 Тәліміңді маған сыйлап рақымменен, Жалғандық жолын алшақтата гөр менен. 30 Шындық жолымен жүруді таңдап алдым да, Шешімдеріңді ұстаймын мен көз алдымда. 31 Берік ұстанамын Сенің ережелеріңді, Уа, Жаратқан, ұятқа қалдыра көрме мені. 32 Менің жүрегімді азат еттің Сен, Жүремін өсиеттеріңнің жолымен. 33 О, Ием, үйретсеңші жарлықтарыңның жолын, Оны соңына дейін берік ұстанбақпын. 34 Түсінік сыйлашы, тәліміңді сақтамақпын, Оған шын жүректен мойынсұнбақпын. 35 Жүргізе гөр мені өсиетіңнің жолымен, Содан зор қуаныш тауып келемін мен. 36 Жан дүнием пайдақорлыққа салынбасын, Оны ережелеріңе құштар етсең, шіркін! 37 Бос нәрселерге түсірмей көзімді, Өз жолыңда жаңарта гөр өмірімді. 38 Ием, орындай гөр маған берген сөзіңді, Содан бәрі терең қастерлесін Өзіңді. 39 Менен алшақтата гөр үрейлі масқараны, Себебі шешімдерің сондай жақсы! 40 Қалаймын бұйрықтарыңа бағынуды, Әділдігіңмен сергіте гөр жанымды. 41 Уа, Жаратқан, маған рақымыңды түсіре гөр, Берген сөзіңе сай мені құтқара гөр. 42 Сонда сөккенге жауап бере аламын, Сенің сөзіңе сенімімді артамын. 43 Шындық сөзін алып қойма аузымнан, Шешімдеріңе үмітімді артамын, 44 Тәліміңді мен ұдайы ұстанамын, Әрдайым оны орындайтын боламын. 45 Содан жүрісім де болады емін-еркін, Себебі бұйрықтарыңа бет бұрып келемін. 46 Патшалар алдында ережеңді айтамын, Сонда ешқандай қаймықпайтын боламын. 47 Өсиеттеріңді қатты ұнатамын, Олардан жұбаныш пен рақат табамын. 48 Өсиеттеріңді сүйіп, қабылдаймын, Жарлықтарың жайлы үңіле ойлаймын. 49 Ескере гөр пендеңе берген уәдеңді, Өзің қалайсың соған үміттенуімді. 50 Сенің сөзің мені жандандырады, Бұл мені жапа шеккенде жұбатады. 51 Паң жандар мені мазақтай бергенмен, Тағылымыңнан тайып кетпедім мен. 52 Ежелгі шешімдеріңді еске аламын, Уа, Жаратқан, содан жұбаныш табамын. 53 Тағылымыңнан безген зұлымдарды Көргенімде ашу кернейді бойымды. 54 Жат жерлік болып тұрған жақтарда мен Жарлықтарыңды жырлап жүремін. 55 Уа, Жаратқан, түнде атыңды есіме саламын, Сенің тәліміңді ұдайы ұстанамын. 56 Бұл менің берік әдетіме айналды: Іске асырамын берген бұйрықтарыңды. 57 Уа, Жаратқан, Өзіңсің менің үлесім, Сөздеріңді сақтаймын деп уәде бердім. 58 Шын жүректен сиынып келемін Саған: Уәдеңе сай рақымды бола гөр маған. 59 Жүрген жолдарыма түңіле толғандым, Ережелеріңмен жүруге бел будым. 60 Мен өсиеттеріңді тез орындап, Кешеуілдеткен жоқпын жалтақтап. 61 Зұлымдар шырмап алды айналамды, Ал мен ұмытпадым тағылымыңды. 62 Сені әділ шешімдеріңе бола Дәріптеймін, тұрып түн ортасында. 63 Мен Сені терең қастерлеген жандардың Әрі бұйрықтарыңды ұстанғандардың Барлығымен де жақын жолдаспын. 64 Жер мейіріміңе толы, о, Жаратқан, Жарлықтарыңды үйрете гөр маған. 65 Берген сөзіңе сай, уа, Жаратқан, Көп жақсылық жасап келесің маған. 66 Мені үйретші дұрыс түсінік пен білімге, Себебі сенемін Сенің өсиеттеріңе. 67 Мен азап шекпес бұрын жолдан адасқан едім, Ал енді Сенің сөзіңді сақтап жүремін. 68 Ізгісің Сен, істейсің игі істеріңді, Үйрете көрші маған ережелеріңді. 69 Тәкаппарлар жапса да маған жалаларын, Мен шын жүректен бұйрықтарыңа бағынамын. 70 Олардың жүрегі сезімсіз боп қасарысқан, Ал мен рақат табамын тағылымыңнан. 71 Үйренуім үшін жарлықтарыңды, Азап шеккенім маған жақсы болды. 72 Мыңдаған алтын-күміс ақшалардан Аузыңнан шыққан тәлімің қымбат маған! 73 Сенің қолың мені жаратып қалыптастырды, Енді түсінік сыйлап, үйрете гөр бұйрықтарыңды. 74 Сені қастерлейтіндер мені көргенде шаттансын, Себебі Сенің сөзіңе сенімімді артамын. 75 Сенің шешімдеріңнің әділдігін мойындаймын, Мені жазалағаның да әділ, уа, Жаратқаным. 76 Осы пендеңе берген уәдеңе сай мейірімің Маған ұдайы жұбаныш бола берсін. 77 Рақымың түсіп, мен аман болайын, Тағылымыңнан қуаныш табайын. 78 Мені себепсіз езген паңдар масқаралансын, Ал мен бұйрықтарың туралы толғанамын. 79 Қастерлеп Сені, ережелеріңді білетін Кісілер маған бет бұрып, қосылса, шіркін! 80 Масқара болмауым үшін жүрегім менің Жарлықтарыңа түгел адал бола берсін! 81 Құтқаруыңды аңсап шаршап келемін, Бірақ Сенің сөзіңе үміттенемін. 82 «Мені қашан жұбатасың?» деп зарығып, Көзім талды сөзіңнің іске асуын тосып. 83 Түтінге қақталған торсықтай мен Еш нәрсеге жарамсыз көрінгенмен, Шығармадым жарлықтарыңды есімнен. 84 О, Ием, мен тағы қанша уақыт тосайын, Мені қудалағандарды қашан соттайсың? 85 Сол тәкаппарлар Сенің заңыңа қарсы Мені құлатпақ болып терең ор қазды. 86 Күллі өсиет атаулың адал да ақиқат, Жар бола гөр, жау артымнан қуады нақақ! 87 Олар мені аластата жаздады жерден, Бірақ Сенің бұйрықтарыңнан безбедім мен. 88 Сақтауым үшін шығарған ережелеріңді, Рақымыңа сай нығайта гөр өмірімді. 89 Сенің айтқан сөздерің, Жаратқан Ием, Көкте тұр мәңгілікке бекітілген! 90 Күллі келер ұрпаққа адал боласың, Жер бола береді, Сен оны орнаттың. 91 Шешімдеріңе сай бұған дейін бәрі тұрады, Бір Өзіңе барлығы да қызмет қылады. 92 Сенің тәлімің мені жұбатып қуантпағанда, Құрып кеткен болар едім мүшкіл жағдайымда. 93 Ешқашан ұмытпаймын ережелеріңді, Солармен аман сақтайсың өмірімді. 94 Құтқара гөр мені, себебі Сенікімін, Мен бұйрықтарыңа көңіл бөліп келемін. 95 Зұлымдар аңдып жүр мені құртуға, Мен болсам үңілемін жарлықтарыңа. 96 Әр кемелдіктің шегі бар екенін түсіндім, Ал аясы шексіз Сенің өсиеттеріңнің! 97 Сенің тәліміңді сондай қатты сүйемін! Күні бойы сол жайлы ойланып та жүремін. 98 Өсиеттерің есімде мәңгі бақи қалады, Олар мені жауларымнан парасатты қылады. 99 Бар ұстазымнан терең ұға аламын, Себебі жарлықтарың туралы толғанамын. 100 Тіпті жасы үлкендерден де білімдірекпін, Себебі бұйрықтарыңды сақтап келемін. 101 Сенің сөздеріңді ұстанып келемін, Сол үшін теріс жолдан аулақ жүремін. 102 Сенің шешімдеріңнен тайып кетпеймін, Өйткені Өзің маған тәлім беріп келесің. 103 Қандай тамаша Сенің сөзіңнің дәмі, Ол тіпті тіл үйірген балдан да тәтті! 104 Ақыл-кеңес табамын бұйрықтарыңнан, Бар жалған жолдар сондай жексұрын маған! 105 Сенің сөздерің қадамдарымды жарқыратады, Өмір жолыма шам-шырақтай нұрын шашады. 106 Мен ант еттім әділ шешімдеріңді сақтауға, Сөзімде тұрып, сертімді орындаймын да. 107 Уа, Жаратқан Ие, қиналып жүрмін тым қатты, Берген сөзіңе сай өмірімді жаңартсаңшы! 108 Аузымнан шыққан мадақтауымды, уа, Жаратқан, Ерікті сый-тарту деп менен қабылдасаң, Әрі өз шешімдеріңді үйретсеңші маған, 109 Әрқашан жанымды қиюға дайынмын, Сенің тәліміңді есімнен шығармаймын! 110 Зұлымдар маған тор салып, тұзақ құрған, Ал мен тайып кетпедім бұйрықтарыңнан. 111 Ережелеріңді қабылдадым мәңгі мұраға, Жүрегімді кенелтеді олар қуанышқа. 112 Жүрегімде нық шешім қабылдадым бағынуға Ақырына дейін Сенің жарлықтарыңа. 113 Жалтақтайтын жандарды еш жақтырмаймын, Сенің тәліміңді қатты ұнатамын! 114 Сен қорғанымсың әрі қалқаным, Сенің сөзіңе сенімімді артамын. 115 Әй, әділетсіздер, аулақ кетіңдер қасымнан, Құдайымның өсиеттерін ұстанатын болам. 116 Тірі қалуым үшін мені қолдасаңшы, Берген уәдең бойынша нығайтсаңшы, Үмітім Өзіңде: ұятқа қалдырмасаңшы. 117 Мені қолдай гөр, сонда аман қаламын, Жарлықтарыңа ұдайы ден қоямын. 118 Жарлықтарыңнан безгендерді құлатасың, Құр бекер — айлалы қылықтары олардың. 119 Қоқыстай шығарасың жердің бар зұлымдарын, Ережелеріңді сондықтан қатты ұнатамын. 120 Тұла бойым дірілдеп Сенен қорқамын, Шешімдеріңді елемеуден шошынамын. 121 Қуғыншылардың қолына түсіре көрме мені, Жасап келемін ғой әділ де дұрыс істерді. 122 Осы пендеңді игілікке жеткізіп, қолдай гөр, Паң жандардың жәбірінен мені сақтай гөр! 123 Әділ уәдеңнің іске асуын тосып, Көзім талды құтқаруыңды аңсай күтіп. 124 Осы пендеңе рақымшылықпен қарай гөр, Жарлықтарың жайлы тәлім бере гөр. 125 Пендеңмін, түсінік сыйлай гөр маған, Сонда ережелеріңді ұғына аламын. 126 Уа, Жаратқан, шара қолданатын уақытың жетті: Адамдар Таурат заңыңа бағынбай кетті! 127 Ал мен Сенің өсиеттеріңді алтыннан Артық көремін, әрі саф алтыннан! 128 Содан бар бұйрықтарыңды әділ деп санаймын, Бүкіл бұрыс жолдарды да жақтырмаймын. 129 Сондай керемет — Сенің ережелерің, Сондықтан оларға шын жүректен көнемін. 130 Мәнісі ашылғанда сөздерің нұрын шашады, Білімсіздердің де санасын оятып ашады. 131 Аузын ашып, ауаға зәру болған кісідей, Мен шексіз құштармын Сенің өсиеттеріңе. 132 Есіміңді сүйген өзгелерге істегеніңдей, Маған да бет бұрып, көрсете гөр мейіріміңді. 133 Қадамдарымды табанды ете гөр сөзіңмен, Еш жамандық жүргізбесін маған өктемдігін! 134 Мені құтқара гөр адамдардың езгісінен, Сонда бұйрықтарыңды сақтай аламын мен. 135 Уа, Ием, маған нұрын төгіп бет-жүзіңнің, Үйрете гөр ережелеріңді Өзіңнің. 136 Көпшілік көнбегендіктен тағылымыңа, Көз жасым менің көл болып ағылуда. 137 Уа, Жаратқан Ие, Сен әділсің, Әрі әділетті күллі шешімдерің! 138 Әділдікпен және шексіз адалдықпен Ережелеріңді белгілеп бердің Сен. 139 Сөздеріңді менсінбейді дұшпандарым, Соған қатты налып, шаршап-шалдығамын. 140 Уәделеріңнің шындығы іс жүзінде сыналған, Уа, Ием, оларды қатты ұнатамын сондықтан. 141 Жұрт менсінбей, кішік болғаныммен, Бас тартпаймын Сенің ережелеріңнен. 142 Сенің әділдігің — мәңгі бақи хақ, Әрі тағылымың — нағыз ақиқат. 143 Ауыртпалыққа ұшырап, қысылып қалдым, Ал өсиеттеріңнен жұбаныш пен рақат таптым. 144 Мәңгілік әділетті ережелерің Сенің, Түсінік сыйлай гөр шын өмір сүруім үшін. 145 Уа, Ием, шын жүректен Саған сиынамын: Құлақ сала гөр, жарлықтарыңа бағынамын. 146 Мені құтқара гөр деп Саған жалынамын, Ережелеріңді ұстанатын боламын. 147 Таң атпас бұрын Сені көмекке шақырамын, Сенің берген сөзіңе сенімімді артамын. 148 Сөзіңе терең үңілу мақсатында Ұйқыдан бас тартамын таң алдында. 149 Уа, Ием, рақыммен үніме құлақ сала гөр, Әділдігіңе сай өмірімді нығайта гөр! 150 Сұм жоспар құрғандар таяп қалды маған, Олар алшақтап кетті тағылымыңнан. 151 Ал, Жаратқан Ие, Сен маған жақынсың, Нағыз шындық — күллі өсиет атаулың. 152 Баяғыда-ақ мен Сенің ережелеріңнен Оларды мәңгілік орнатқаныңды білгенмін. 153 Мүшкіл халіме көз салып құтқарсаңшы, Есімнен шығармадым тағылымыңды. 154 Сен мені жақтап, мүддемді қорғасаңшы, Уәдеңе сәйкес өмірімді сақтасаңшы. 155 Құтқарылу тым алыс зұлымдардан, Өйткені олар безеді жарлықтарыңнан. 156 Уа, Ием, ұлан-ғайыр — Сенің мейірімің, Шешіміңе сай нығайта гөр өмірімді менің. 157 Мені қудалауда жаулар сонша көптеген, Бірақ мен бас тартпаймын ережелеріңнен. 158 Опасыздарды көргенде жиренемін, Олар сақтамайды сөздеріңді Сенің. 159 Бұйрықтарыңды қалай сүйетініме қарасаңшы, О, Ием, рақымыңа сай өмірімді нығайтсаңшы. 160 Түп-тамырымен ақиқат Сенің сөздерің, Әділетті де мәңгілік әрбір шешімің. 161 Басшылар жазықсыз мені қудалайды, Ал жүрегім сөздеріңді қастерлеп қалтырайды. 162 Зор олжаға тап болған адам сияқты, Сенің сөздеріңе қуанамын сондай қатты! 163 Жалғандықты жек көріп, одан жиренемін, Өзіңнің тағылымыңды қатты сүйемін! 164 Өзіңді әділетті шешімдерің үшін Сені күніне жеті рет дәріптеудемін. 165 Тәліміңді сүйгендер тыныштыққа кенелер, Ештеңеге сүрінбей, аман-есен жүрер. 166 Уа, Ием, өсиеттеріңді іске асырамын, Мені құтқарасың деп үміттене тосамын. 167 Ережелеріңді жан дүниемде сақтап келемін, Өйткені мен оларды қатты сүйемін. 168 Мойынсұнамын ережелерің мен заңдарыңа, Барлық жүрген жолдарым Сенің көз алдыңда. 169 Жалбарынған үнім құлағыңа жетсе екен, Түсінік сыйлай гөр уәдеңе сай, уа, Ием. 170 Өтінішім Өзіңнің алдыңа жетсінші, Берген сөзіңе сай мені құтқара көрші. 171 Сен маған үйреткендіктен ережелеріңді, Лайым аузым мадақтай берсін Өзіңді. 172 Тілім сөздеріңді ән-жырға қоса берсін, Өйткені әділ күллі өсиеттерің Сенің. 173 Бұйрықтарыңды орындаймын деп шешкенмін, Құдіретті қолың маған көмектесе көрсін. 174 Уа, Жаратқан Ием, құтқаруыңды аңсап тосамын, Сенің тағылымыңнан зор қуаныш табамын. 175 Жаным аман қалып, Сені дәріптей берсін, Шешімдерің тірек болып мені қолдай көрсін. 176 Жоғалған қой іспетті адасып келемін, О, Ием, іздеп мені, қасыңа қайтарсаң екен, Өсиеттеріңді енді шығармаймын есімнен.
1 (Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.) Мүшкіл халімде Иеме жалбарындым, Ол мінажатыма түрді құлағын. 2 Құтқара көрші мені, уа, Жаратқан, Айлалы тіл мен өтірікші ауыздан. 3 Ісіңнің қарымтасын, ей, айлакер жан, Саған қанша қылып қайтарар Жаратқан: 4 Тартар жазаң сарбаздың өткір оғындай, Әрі жанған ағаш көмірінің шоғындай. 5 Алыс Мешехте кірме болып тұрған, Қидар шөлінде шатыр маңында қонған Сияқты сорлы басымды қайғы басқан! 6 Ынтымақты ұнатпайтындармен Ұзақ уақыт бірге тұрып келемін, 7 Татулықты сүйетін жанмын мен, Ал олар таласпақшы, бұл жайлы сөйлесем.
1 (Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.) «Тауға көзді қадаймын Қайдан жәрдем келер деп. 2 Көк пен жерді жаратқан Құдай Ием маған жар». 3 «Тайдырмайды Ол табаныңды, Ұйықтамайды Қорғаушың, 4 Исраилді Қолдап-қорғаушы Қалғымайды да ұйықтамайды. 5 Қорғаушың — Жаратқан Ие, Қасыңда Ол саяң болып жүреді, 6 Күндіз күннің, түнде айдың Тимесін деп сәулелері. 7 Жамандықтың барлығынан Жаратқан Ие сені сақтайды, Жаныңды Ол қорғап-қолдайды. 8 Бүгіннен бастап мәңгі бақи Иеміз қорғайтын болады Барып-келу сапарыңды».
1 (Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын Дәуіттің жыры.) «Барайық киелі үйіне Жаратқанның!» Дегенді естіп қатты қуандым. 2 Уа, Иерусалим, аяғымыз біздің Қақпаларыңның алдында тұр сенің. 3 Қабырғалары кірігіп бір тұтасқан Қала болып Иерусалим салынған. 4 Осында өрлеп келіп тұрады Жаратқанға сиынатын рулары, Исраилге Ол мынаны заң етіп тапсырды: Жаратқан Иенің есімін мұнда даңқтауды. 5 Қалада тұр билердің орындықтары, Дәуіттің әулетінің патшалық тақтары. 6 Амандық тілеңдер Иерусалим үшін: «Қаланы сүйетіндер өркендесін, 7 Қамалыңның ішінде амандық болсын, Сарайларыңда тыныштық орнасын!» 8 Тума-туыс, дос-жарандарым үшін Қалаға аман-есендік тілеймін. 9 Құдай Иеміздің киелі үйі үшін Иерусалимге зор игілік тілеймін.
1 (Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.) Назарымды Өзіңе аударамын, Уа, көкті мекендеуші Құдайым! 2 Құлдың көзі қожайынының қолынан, Күңінің көзі ханымының қолынан Таймайтындай, біз де Иеміз Құдайдан Көз алмаймыз рақым көргенше Одан. 3 Рақым ете гөр, уа, Жаратқан Ие, Мейіріміңді түсіре гөр біздерге, Тойындық жұрттың бізді жек көргеніне, 4 Жанымыз тойды менменнің қорлауына, Паңдардың бізді балағаттауына.
1 (Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын Дәуіттің жыры.) «Егер де Жаратқан жар болмағанда, — Деп Исраил мойындасын әр уақытта, — 2 Егер де Жаратқан жар болмағанда, Адамдар бізге шабуыл жасағанда, 3 Бізге қарсы қаһары жалындағанда, Олар бізді тірідей жұтар еді, 4 Су ағымындай басып тастар еді, Тасқын судай бізді тұншықтырар еді, 5 Буырқанған судай басып өтер еді». 6 Олардың тістеріне бізді қимаған Жаратқан Ие мадақталсын әрқашан! 7 Аңшының торынан құтылған құстаймыз: Тор жыртылды, енді міне, біз азатпыз! 8 Біз қолдау күтетін бірден-бір есіміміз — Көк пен жерді жаратқан Тәңір Иеміз!
1 (Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.) Жаратқан Иеге сенім артқандар Сион тауындай шайқалмай мәңгі тұрар. 2 Таулар Иерусалимді жан-жақтан қоршайды, Жаратқан Ие өз халқын солай қоршайды, Қазір де, мәңгі де аман сақтап қорғайды. 3 Әділдер жамандыққа ұмтылмау үшін, Зұлымдардың оларға билігі шектелген. 4 Мейірімділер мен ақпейілділерге Игілік ете гөр, уа, Жаратқан Ие! 5 Ал жүріп жатқандарды теріс жолдармен Иеміз бірге аластатсын заңсыздармен. Исраилге тыныштық бұйырта көрсін!
1 (Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.) Жаратқан Ие тұтқындарды Сионға Қайтарып алып келген уақытында Ұқсадық түс көріп жатқан адамға, 2 Езуіміз жиылмады күлкіден, Аузымыздан үзілмеді шаттық ән. Басқа ұлт адамдары өзара былай десті: «Бұларға Жаратқан жасады керемет істі!» 3 Жаратқан бізге керемет жасады шынында, Сондықтан да біз кенелдік зор қуанышқа! 4 Шөлдегі кеуіп қалған өзендерді Лезде-ақ суға толтыратының секілді, Уа, Жаратқан Ие, игіліктерімізді Біздерге қайтадан сыйлай гөр енді. 5 Көз жасын төгіп жүріп еккендер егінін Қуана әндетіп жинамақ өнімін: 6 Олар еңіреп жүріп тұқымдарын Сеуіп тастайды егістік жерлеріне, Кейін құшақтап алып астық бауларын Қуана қайтады мекендеріне.
1 (Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын Сүлейменнің жыры.) Егер Жаратқан үйдің құрылысын жарылқамаса, Құрылысшылардың еңбегі түгелдей зая. Егер Жаратқан Ие қаланы күзетпесе, Қарауылшылар босқа тұрады күзетте. 2 Бекерге ерте тұрып, кеш жатасыңдар, Нандарыңды көп бейнетпен табасыңдар. Ал Жаратқан Ие сүйікті адамдарына Бейқам тыныштық сыйлайды жандарына. 3 Балалар — игілік Жаратқан Иеден келген, Перзенттер — Оның сыйы рақыммен берген. 4 Адамның жас кезінде туған балалары Жебелері іспетті жауынгердің қолындағы, 5 «Қорамсақтарын» солармен толтырған Кісілер қандай бақытты болған, Қарсыластарымен биге барғанда Қалмайтын болады олар масқараға.
1 (Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.) Жаратқан Иені қастерлейтін, Оның жолдарымен жүретін Әрбір адам қандай бақытты! 2 Еткен еңбегіңнің өнімін жейсің, Құдай сені жарылқап, өркендейсің. 3 Әйелің сенің үйіңнің ішіндегі Жемісті жүзім бұтасы секілді, Ал ұл балаларың дастарқан басындағы Зәйтүн ағашының өркендері сияқты. 4 Жаратқан Ие осылай жарылқайды Өзін терең қастерлеген жандарды. 5 Сион тауындағы киелі үйінен Жаратқан Ие сені жарылқай берсін. Өмір бойы Иерусалимнің амандығын 6 Көресің һәм немерелеріңнің қызығын. Исраилге тыныштық бұйырта көрсін!
1 (Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.) Жастайынан көріп келген қыспағы Жайлы айтып берсін Исраил халқы: 2 «Жастайымнан мол көрдім қыспақты, Алайда мені мүлдем жеңе алмады, 3 Жон арқамда айдағандай соқаны Ұзынынан созылған атызы қалды. 4 Бірақ Жаратқан Ие әділетті, Сұмдар салған кісеннен азат етті». 5 Сионды жек көрген дұшпандарының Бәрі ұятқа қалып кері қайтсын, 6 Өспей жатып бірден қурап қалатын Үй төбесіндегі шөпке олар ұқсасын: 7 Орақшының қолы соған талмайды, Бау байлаушының құшағы да толмайды. 8 «Жаратқан Ие сендерді жарылқасын, Бата береміз Жаратқанның атымен» Деп қастарынан өткендер тілемесін!
1 (Киелі үйге өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.) Ауыр жағдайымның тұңғиығынан, Уа, Жаратқан Ием, дауыстаймын Саған. 2 О, Тәңір Ием, даусымды тыңдай гөр, Мінажатыма менің құлақ түре гөр! 3 Ием, Сен күнәларды есіңнен шығармасаң, Кім алдыңда тірі қалар, уа, Жаратқан? 4 Бірақ Сен кешірім беруге әзірсің, Содан бәрі Сені қастерлей берсін! 5 Шын жүректен Иеме сенім артамын, Берген сөзіне үмітімді артамын. 6 Күзетші күткендей таңның атуын, Қарауыл аңсағандай күннің шығуын, Жан-тәніммен Иемді күтіп сағынамын. 7 Уа, Исраил халқы, сенім арт Жаратқанға, Рақым мен құтқаратын күш шексіз Онда. 8 Бар күнәсінің құнын төлеп, Исраилді Құтқарып Жаратқан Ие азат етеді.
1 (Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын Дәуіттің жыры.) Уа, Жаратқан Ие, өркөкірек емеспін, Паңдана қарамайды көздерім менің, Не тым ұлы істермен шұғылданбаймын, Не шамам келмейтіндермен айналыспаймын, 2 Қайта, ризамын, жан дүнием тыныштықта. Бейқам жүр сәби анасының қасында, Сол нәресте сықылды өз жаным да Тыныш жатыр бейқам болып бойымда. 3 О, Исраил халқы, бұдан былай мәңгіге Шын жүректен сеніңдер Жаратқан Иеге!
1 (Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.) Уа, Жаратқан Ие, есіңе түсірші Қиындық молынан көрген Дәуітті. 2 Ол Жаратқан Иеге уәде етті, Жақыптың сиынатын құдіретті Құдайына былай деп ант берді: «Мен кірмеймін үйімнің ішіне, Әрі жатпаймын төсегіме, Ұйқы бермеймін көздеріме, Мүлгітпеймін кірпіктерімді, Жақыптың сиынатын құдіретті Құдайы — Жаратқан Иеге тұрақты Мекен салып бермейінше». 6 Сандықтың Ефратада екенін естідік, Иғарым даласынан оны таптық. 7 Жүріңдер, тұрағына Оның кірейік, «Табан тіренішінде» мінажат етейік. 8 Уа, Жаратқан Ие, көтерілші, Тынығар киелі тұрағыңа кірші, Сандығыңмен бірге — құдіретіңнің белгісі. 9 Діни қызметкерлерің әділдік жамылсын, Өзіңе адалдар шаттана ән-жыр айтсын. 10 Қызметшің Дәуітті есіңе алсаңшы, Тағайындаған патшаңнан бас тартпашы. 11 Дәуітке былай деп ант берді Жаратқан, Шынайы сертін бұзбайды Ол ешқашан: «Бір ұрпағыңды өзіңнен тараған Мен сенің тағыңа отырғызамын. 12 Келісімім мен ережелерімді Ұрпақтарың Өзімнен үйренеді. Егер соларды ұстанатын болса, Олардың ұрпақтары сенің тағыңда Әрқашан отыратын болады да». 13 Өйткені Жаратқан Ие Сионды таңдады, Оның жердегі тұрағы болуын қалады: 14 «Бұл — Менің тынығар мәңгілік тұрағым, Мен мұнда орнығамын, сол — Менің қалауым. 15 Бұл қаланы өркендетіп, жарылқаймын, Мұқтаждарын тамақпен қарық қыламын. 16 Діни қызметкерлерге құтқаруды мол сыйлаймын, Өзіме адалдар шаттана ән-жыр айтсын. 17 Мұнда Дәуіттің күшті ұрпағын шығарамын, Бұл патшамның өмір шырағын жандырамын, 18 Басындағы тәжін жарқыратамын, Ал оның жауларын ұятқа қалдырамын».
1 (Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын Дәуіттің жыры.) Бауырлардың ынтымақта тұрғандары Қандай тамаша да жарасымды! 2 (Һарон Құдайдың қызметіне арналғанда) Басына құйылған жұпар май іспетті, Ынтымақтастық та аса ізгілікті! Сол иісмай Һаронның басынан сақалына, Киімінің етегіне дейін аққан еді. 3 Сондай-ақ, ынтымақ арамыздағы — Хермон тауына түсетін шық тәрізді. Бұл шық Сион тауына да түседі, Жердің бәрін құнартып, көгертеді. Сонда Иеміз өз жарылқауы — шын өмірді Мәңгі бақи сыйлауға ұйғарған еді.
1 (Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.) «Уа, Жаратқанның бар қызметшілері, Иемізді дәріптей беріңдер! Сендер Құдайдың киелі үйінде Түн кезінде қызмет көрсетесіңдер: 2 Киелі орнына қарай қол жайып Иемізді мадақтай беріңдер!» 3 «Көк пен жерді жаратқан Тәңір Иеміз саған Лайым төксін батасын Сиондағы орнынан!»
1 Жаратқан Иені мадақтаңдар! Жаратқан Иенің атын дәріптеңдер, Өз қызметкерлері, Оны қастерлеңдер, 2 Құдайымыздың ғибадатханасында, Оның киелі үйінің аулаларында! 3 Жаратқан Ие ізгі, Оны мадақтаңдар, Бұл ұнамды, Оның атын әнмен даңқтаңдар! 4 Өйткені Жаратқан Жақыптың әулетін таңдады, Исраилді Өзінің меншігіне тағайындады. 5 Мынаны ұқтым: Жаратқан ерен ұлы, Иеміз бар «тәңір, пір» атаулыдан жоғары! 6 Жаратқан Өзіне ұнамдысын жасайды да Көк пен жерде, теңіз бен тұңғиықта. 7 Ол көкжиектен бұлттарды көтереді, Нөсер мен найзағайды жібереді, «Қоймасынан» желді айдап әкеледі. 8 Ол жойғызды Мысырдың тұңғыштарын, Адамның да, малдың да тұңғыштарын, 9 Перғауын мен құлдарына қарсы Тәңір Ғажаптар көрсетті өз араңда, уа, Мысыр. 10 Кейін көп халықтарды жеңіп шықты, Күшті патшалардың көздерін құртты: 11 Аморлықтардың патшасы Сиғонды, Сондай-ақ Башанның патшасы Оқты, Қанаханның бар патшасын да құртты. 12 Олардың жерлерін мұра секілді Өз халқы Исраилге меншікке берді. 13 Атың Сенің мәңгілік, уа, Жаратқан Ие, Сен боласың бар ұрпақтың есінде. 14 Жаратқан Ие өз халқын ақтайтын болады, Әрі қызметшілеріне рақым танытады. 15 Өзге ұлттардың пұттары күміс, алтыннан, Адамдардың қолдарымен жасалған. 16 Пұттың аузы бар, бірақ сөйлей алмайды, Көздері бар, бірақ көре алмайды, 17 Құлақтары бар, бірақ ести алмайды Және ауызынан дем де шықпайды. 18 Өлі пұтты жасаған пенде соған ұқсайды, Мүсінге сенген әркім де содан аумайды. 19 Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, Мадақтаңдар Иеміз — Жаратушыны, Уа, Һаронның үрім-бұтағы, Мадақтаңдар Иеміз — Жаратушыны, 20 Уа, Леуінің үрім-бұтағы, Мадақтаңдар Иеміз — Жаратушыны, Уа, қастерлейтіндер Оны, Мадақтаңдар Иеміз — Жаратушыны, 21 Сионнан мадақтаңдар Жаратқанды, Уа, Иерусалим, Оның жердегі тұрағы! Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иені!
1 Жаратқан Ие ізгі, Оны мадақтаңдар, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 2 «Тәңірлерден» жоғары Құдайды мақтаңдар, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 3 Иелердің Иесін мадақтаңдар, Рақымы Оның мәңгіге ұласады! 4 Жалғыз Өзі ұлы кереметтер жасайды, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 5 Ол көкті даналықпен жаратты, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 6 Жер бетін теңіз суынан жоғары орнатты, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 7 Аспанда үлкен шырақтар жаратты, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 8 Күндізді билейтін күнді жаратты, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 9 Түнді билейтін ай мен жұлдыздарды жаратты, Рақымы Оның мәңгіге ұласады! 10 Ол Мысырды жазалап тұңғыштарын құртты, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 11 Сол елден Исраилді бастап алып шықты, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 12 Мұны зор құдіретімен жүзеге асырды, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 13 Қамысты теңізді қақ айырды, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 14 Ортасымен Исраил халқын алып шықты, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 15 Перғауын мен әскерін теңізге батырды, Рақымы Оның мәңгіге ұласады! 16 Ол өз халқын иен даламен бастап жүрді, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 17 Ұлы патшаларға соққы берді, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 18 Күшті патшалардың көзін құртты, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 19 Аморлықтар патшасы Сихонды жойды, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 20 Әрі Башан патшасы Огты да жеңді, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 21 Олардың жерлерін иелікке тапсырды, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 22 Құлы Исраилге мұралыққа табыстады, Рақымы Оның мәңгіге ұласады! 23 Нашар халімізде бізді назарында ұстады, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 24 Жауларымыздың қолынан құтқарды, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 25 Ол барлық жан иелерін тамақтандырады, Рақымы Оның мәңгіге ұласады, 26 Көктегі Құдай Иені мадақтаңдар, Рақымы Оның мәңгіге ұласады!
1 Бабылдың өзен жағаларында отырдық, Сионды еске алып біз зар жыладық. 2 Жетігенімізді іліп қойдық сонда Жағада өсіп тұрған қызыл талдарға. 3 Тұтқындағандар жыр айтуымызды талап етті, Азаптағандар бізден шаттық әнін күтті: «Сионның ән-жырларын айтыңдар!» деді. 4 Бөтен елде жүргенде қалайша біз Иеміздің ән-жырларын айта аламыз? 5 О, Иерусалим, егер ұмытсам сені, Оң қолым, сен де ұмытқайсың мені! 6 Иерусалимді есімде сақтамасам, Оны шаттығымның шыңы деп санамасам, Онда тілім көмейіме жабысып қалсын! 7 Уа, Жаратқан Ием, есіңе түсірші Иерусалим жау қолына түскен күні Едомдықтардың не істегендерін: «Қиратыңдар қаланы түбіне дейін! Қиратыңдар оны!» деп өршіткендерін. 8 Уа, Бабыл қаласы, ойран салғышсың, Саған бізге істеген қастығыңның Есесін қайтарған жан бақытты болмақ, 9 Ұстап алып балаларыңды өзіңнің, Тасқа ұрған адам бақытты болмақ.
1 (Дәуіттің жыры.) Шын жүректен, уа, Ием, Сені дәріптеймін, Періштелер алдында әндетемін. 2 Киелі үйіңе қарай иілемін, Берік рақымың мен адалдығың үшін Сенің атыңа шүкіршілік етемін, Өйткені дүниеде бар нәрселерден Атың мен сөзіңді жоғары қойдың Сен. 3 Мінажат еткенімде жауап бердің, Жігер беріп, жанымды берік еттің. 4 Уа, Ием, естігенде аузыңнан шыққан сөзіңді Жердің бар патшалары мадақтасын Өзіңді, 5 Олар әнге салсын Жаратқанның жолдарын, Өйткені шексіз зор — ұлылығы Оның! 6 Жаратқан Ие бәрінен де жоғары, Ал кішіпейілге Ол назар аударады, Тәкаппар адамды да алыстан ұғады. 7 Жүрсем де қақ ортасында қиын жағдайдың, Уа, Ием, жанымды аман сақтайсың, Кәрлі жауларыма қарсы қол жұмсайсың, Мені құдіретіңмен қолдап-қорғайсың. 8 Осыны істейді мен үшін Жаратқан, Рақымың, уа, Ием, ұласады әрқашан, Бас тартпа бізден, өз жаратылысыңнан.
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.) Уа, Жаратқан Ие, мені сынап тексердің, Сен мені толығынан танып білесің: 2 Отырғаным, тұрғаным да Саған аян, Ойларымды біліп, ұғасың алыстан. 3 Жүрейін не демалайын, көз алдыңдамын, Жолдарымның барлығы да Саған айқын. 4 Сөз шықпай тұрып-ақ менің аузымнан Оны толық білесің, уа, Жаратқан! 5 Алды-артымнан жүресің мені қоршап Құдіретті қолыңды үстімде ұстап. 6 Біліміңді ұға алмаймын ешқашан, Ол қол жеткізбес биік те ғажап маған! 7 Сенің Рухыңнан мен қайда қашпақпын? Көз алдыңнан қайда жасырынбақпын? 8 Көкке көтерілсем, сол орындасың, Тұңғиыққа түссем де, Сен сондасың. 9 Таң шапағына қалықтап ұшсам да, Не теңіздің ар жағына қонсам да, 10 Сол жерде де мені қолың жетелеп, Құдіретті қолың ұстайды демеп. 11 Мен: «Қараңғылық мені тасаласын, Айналамдағы жарық түнекке айналсын!» 12 Десем де, түнек жасырмайды Сенен, Саған күндей нұрлы — түннің өзі де, Жарықтай айқын — түнек те көзіңе! 13 Сен іш құрылысымды қалыптастырдың, Ана құрсағында мені жараттың. 14 Тамаша жаралдым, Сені мадақтаймын, Керемет ғажап — жасаған істерің, Мұны мен шын жүректен мойындаймын. 15 Мен ана құрсағында қалыптастым, Құпия жерде жатқанда жаратылдым, Сенен таса болмады сонда сүйектерім, 16 Ұрық күйімде мені көзіңмен көрдің. Сен маған бұйырған күндердің бірі Әлі де тумас бұрын, солардың бәрі Кітабыңда жазулы тұрған еді. 17 Сенің ойларың маған тым жоғары, Уа, Құдай, қанша көп олардың саны! 18 Санап шықсам барлық ойларыңды, Құм қиыршықтарынан көп болады! Бірақ оянған кезде әрдайым мен Бірге боламын әлі де Өзіңмен. 19 Уа, Құдай, зұлымдарды жазалай гөр, Аулақ кетіңдер менен, қанішерлер! 20 Олар Сен жайлы арамдық айтады, Дұшпандарың атыңды құр қолданады. 21 Сені жек көріп, қарсы шыққан жауларың Қалай маған жексұрын, жиренішті болмасын? 22 Жан-тәніммен жақтырмаймын соларды, Олар нағыз дұшпандарыма айналды. 23 Уа, Құдай, жүрегімнің түкпірлерін тексере гөр, Мені мазалаған ойларымды біле гөр, 24 Қауіпті жолдамын ба, сынай көрсеңші, Мәңгілік өмір жолымен мені жүргізсеңші!
1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.) 2 Уа, Жаратқан, зұлым адамнан құтқаршы, Зорлықшыл жандардан мені қорғашы, 3 Ойларында олар сұм жоспар құрады, Күн сайын ұрыс-керіс туғызады. 4 Өткір тілдері жыландай шағады, «Сұр жыланның уы» тілдерінен тамады. 5 Уа, Жаратқан, зұлымның қолынан сақташы, Зорлықшыл жандардан мені қорғашы, Аяғымнан шалып олар құлатпақшы. 6 Паңдар маған жасырын тұзақ құрды, Торларының жіптерін кеңінен жайды, Олар жүрген жолыма қақпандар құрды. // 7 «Сен Құдайымсың, — дедім Жаратқанға, — Уа, Ием, құлақ түрші жалынған даусыма. 8 Жаратушы Тәңір Ием, мықты құтқарушымсың, Шайқас күні басымды дулығадай қорғадың. 9 О, Ием, зұлымға қалауын бермеші, Оның сұм ойларын табысты етпеші, Дұшпандарға көкіректерін көтертпеші». // 10 Жауларым мені қоршауға алды жан-жақтан, Ал зұлымдықтары ауыздарынан шыққан Өз бастарына түсе берсін әрқашан! 11 Көмір шоғындай оларға жаудырылсын, Отқа не батпақты шұңқырға лақтырылсын, Енді қайтып солардан шыға алмасын, 12 Жалақор адамдар елде орнықпасын, Зорлықшылдарды апат қуып ұстасын. 13 Жаратқан жайлы білемін мына жайтты: Бейшараның хұқығын Ол сақтайды, Мұқтаждың мүддесін қолдап-қорғайды, 14 Иә, әділдер атыңды мадақтайды, Адал жандар көз алдыңда жасайды.
1 (Дәуіттің жыры.) Уа, Ием, Сені шақырамын, асыға гөр, Жалбарынған даусыма құлақ сала гөр, 2 Дұғам алдыңа жетсін жұпар тартудай, Саған қол жайғаным кешкі құрбандықтай. 3 Уа, Жаратқан Ие, тіліме күзет қоя гөр, Аузымның ашылуын бақылай гөр. 4 Жүрегім жамандыққа құмартпасын, Зұлымдардың істеріне қатыспайын, Олардың ләззаттарынан дәм татпайын. 5 Жазаласын мені әділетті жан, Бұл нағыз мейірімділік болмақ маған, Сөгіс берсін маған ізгілікті жан, Бұл иісмайдай болмақ басыма жаққан, Мен еш бас тартпаймын да сол жазадан, Ал сұмдардың ісіне қарсы сиынамын Саған. 6 Құздан төмен лақтырылған соң басшылары, Қалған жұрт сөзімді ұнатып қабыл алады. 7 «Егінші соқа айдап, жер жыртады, Топырақ кесектерін қопарады, Ажал жетіп, солай сүйегіміз шашылады!» (Деп сол зұлымдар уайыммен айтады.) 8 Тек Өзіңе қарай бағытталған көздерім, Жалғыз Өзіңнен ғана көмек күтемін, Уа, менің Жаратушы Тәңір Ием, Өзіңсің паналайтын берік қорғаным, Залымдардың қолында қалмасын жаным. 9 Олардың құрған торынан мені қорғай гөр, Зұлымдардың тұзағынан лайым сақтай гөр, 10 Арсыздар өз торларына өздері түссе екен, Ал мен содан құтылып кетейін аман-есен.
1 (Дәуіттің насихат жыры. Оның үңгірде жасырынған кезіне арналған мінажаты.) Жаратқан Иені дауыстап шақырдым, Қатты дауыспен Иеме жалындым. 2 Оның алдында тілегімді ақтардым, Қасіретімді Оған түгел аштым. 3 Рухым қажығанда Сен білесің жолымды, Ал маған байқатпай жауларым торлар құрды. 4 Көмек күтіп оң жағыма қараймын, Мені ойлаған ешкім жоқ деп байқаймын. Жер қалмады енді маған пана болар, Ешкімім жоқ жанымның қамын ойлар. 5 Саған былай деп дауыстап сиынамын: «Уа, Жаратқан Ие, Сен менің баспанамсың, Бұ дүниеде маған жар тек Өзіңсің. 6 Зар жылаған даусыма құлақ салшы, Өйткені мен әлсіредім тым қатты, Қуғындаған дұшпандардан құтқаршы, Менікінен тым басым күш-қуаттары. 7 Тас түнектен алып шықшы жанымды, Мадақтауым үшін Сенің атыңды. Әділдер сонда қасыма жиналады, Себебі Маған көрсеттің Сен рақымыңды».
1 (Дәуіттің жыры.) Уа, Жаратқан Ием, дұғама құлақ салшы, Сенімдісің Сен, өтінішімді тыңдашы, Әділдігіңе сай маған жауап қатшы. 2 Тергеп соттай көрме мені, қызметшіңмін, Мінсіз жан болмайды алдыңда Сенің. 3 Дұшпаным өкшелеп қуғындайды, Жерге жығып жанымды таптайды, Мені көрде жатқан сүйектей етті, Түнекте тұруға мәжбүрледі. 4 Көңілім жабырқаңқы, рухым түсті, Қорқыныштан менің үрейім ұшты. 5 Ежелгі кереметтеріңнің барлығын Еске алып, ойланып-толғанамын, Қолыңның істерін ақылға саламын, 6 Өзіңе қарай қолдарымды жаямын: Кепкен топырақ жаңбырды тілейді, Жан дүнием де Сені аңсап шөліркейді. // 7 Тез құлақ түре гөр, жаным күйреді, Ием, кері бұрмашы менен бетіңді, Әйтпесе боламын көрге түскен секілді. 8 Таң ата маған естіртші мейіріміңді, Өйткені Өзіңе артамын сенімімді, Көрсетші Маған қай жолмен жүретінімді, Себебі Саған бағыштаймын өмірімді. 9 Уа, Жаратқан, жауларымнан құтқара гөр, Сені паналаймын, мені қорғай гөр, 10 Өз еркіңді орындауға үйрете гөр. Өйткені сенім артқан Құдайымсың, Сенің игілікті Киелі Рухың Түзу жолмен мені жетелей көрсін. 11 О, Ием, ұлы атың үшін жанымды сақтай гөр, Әділдігің үшін қиындықтан құтқара гөр, 12 Рақымыңа бола бар жауларымды жоя гөр, Қызметшіңмін, қанаушыларымды құрта гөр.
1 (Дәуіттің жыры.) Даңқталсын құздай нық қорғаным — Жаратқан! Қолдарымды соғысқа Ол жаттықтырған, Саусақтарымды шайқасқа дайындаған. 2 Ол — рақымның қайнары әрі қамалым, Мықты мұнарам әрі құтқарушым, Қалқандай қорғаушым әрі баспанам, Халқымды Ол билігіме тапсырған. 3 Уа, Ием, Сен ескеретіндей адам сонша кім, Өзің қамқорлайтындай адам баласы кім? 4 Алған деміне ғана ұқсайды адам, Өткен көлеңкедей күндері қысқарған. 5 Көкті қақ жарып, уа, Ием, төменге түсші, Түтін шықсын деп тауларға қол тигізші, 6 Найзағай жарқылдатып, жауды шашыратшы, Жебелер атқылап оларды қиратшы, 7 Қолыңды көктен созып мені құтқаршы, Топан судай мол жат жұрттан азат қылшы, 8 Өтірікке лық толған өз ауыздары, Алдамшы да олардың берген анттары. 9 Уа, Құдай, Өзіңе жаңа ән саламын, Он ішекті жетігенмен күй тартамын. 10 Патшаларға Сен жеңісті сыйлайсың, Қызметшің Дәуітті аман сақтайсың. 11 Ажалды семсерден мені құтқаршы, Жат жұрттың қолынан азат қылшы, Өтірікке лық толған өз ауыздары, Алдамшы да олардың берген анттары. 12 Жастық шақтан өсіре гөр ұлдарымызды Жақсы өңделген дала дақылдары сықылды, Қыздарымыз болсын безендірген сарайдағы Әсемдеп өрнектелген бағана сияқты. 13 Қоймамыз лайым толы бола берсін Алуан түрімен азық-түліктің, Малдарымыз мың-мыңдап көбейсін, Жайылымда оң мыңдап молайсын, 14 Өгіздеріміз ауыр жүктен арылмасын, Қамалдарымыз ешқашан жарылмасын, Ешбір жау бізді тұтқынға айдамасын, Көшеде зар жылаған дауыс шықпасын! 15 Осындай тілектері іске асқан Әрбір халық қандай жарылқанған! Құдайы — Жаратқан Иеге сиынған Әрбір халық қандай жарылқанған!
1 (Дәуіттің мадақтау жыры.) Уа, Құдайым, Патшасың, даңқыңды асырамын, Атыңды мәңгілік жоғарылатамын. 2 Күн сайын Сені дәріптейтін боламын, Атыңды мәңгілік құрмет тұтамын. 3 Жаратқан Ие ұлы, мадаққа лайықты, Ұлылығын ешкім жете ұғынбайды. 4 Ұрпақтан ұрпаққа жұрт істеріңді мақтайды, Құдіретті әрекеттеріңді жариялайды, 5 Сенің керемет ұлы салтанатың Әрі ғажап істерің жайлы толғанамын. 6 Жұрт айтады айбарлы құдіретіңді, Мен де паш етемін ұлылығыңды, 7 Бәрі ескереді зор ізгілігіңді, Ән-жырмен дәріптейді әділдігіңді. 8 Жаратқан мейірбанды да қайырымды, Тез қаһарланбайтын, өте мейірімді! 9 Жаратқан Ие барлығына ізгілікті, Бүкіл жаратылысына кең пейілді. 10 Уа, Ием, бар істерің даңқыңды шығарсын, Адал адамдарың да Сені мадақтасын! 11 Патшалығыңның даңқын олар асырады, Құдіретті істерің туралы айтады, 12 Осылай адамзатқа құдіретіңді ұқтырсын Әрі Патшалығыңның даңқты ұлылығын. 13 Патшалығың Сенің мәңгілік болмақ, Ұрпақтан ұрпаққа билігің ұласпақ. Жаратқан бар сөздерін іске асырады, Оның күллі істері де шапағатты. 14 Сүрініп жатқандарды Жаратқан сүйейді, Еңкейіп жүргендерді көтеріп демейді. 15 Барлығының көздері бір Өзіңде, Тамақтарын бересің мезгілінде, 16 Әр тірі жанға қолыңды ашасың, Мархабатпен барлығын тойындырасың. 17 Жаратқанның бар жолдары әділетті, Иә, Оның күллі істері игілікті: 18 Иеміз Өзіне сиынғандардың жанында, Ол шынайы шақырғандардың қасында, 19 Өзін қастерлейтіннің тілегін орындайды, Жалынышын естіп, оны аман сақтайды. 20 Иеміз Өзін сүйетіндердің бәрін қорғайды, Ал барлық зұлымдарды Ол талқандайды. 21 Аузыммен Жаратқанның даңқын асырамын, Лайым әрбір жан мақтасын киелі атын!
1 Жаратқан Иені мадақтаңдар әрдайым! Мен жан-тәніммен Иемді мадақтаймын, 2 Тірі жүргенімде Жаратқанды даңқтаймын, Өмір бақи Құдайыма ән-жырымды арнаймын. 3 Әміршілерге үміттеріңді артпаңдар, Өткінші пендені сүйеніш қылмаңдар, Пәледен құтқара алмайды олар: 4 Демі бітіп, жерге қайта оралады, Сол күні-ақ ой-ниеті ада болады. 5 Жақып сиынған Құдай жар болған Және Құдай Иесіне үміт артқан Қандай бақытты болады әрбір жан! 6 Көк пен жерді, теңізді әрі олардағы Бардың бәрін де Иеміз жаратты, Ол мәңгі бақи сөзінде тұрады. 7 Қаналғандарды Ол әділдікке жеткізеді, Ашығып жүргендерге тамақ береді. Жаратқан Ие тұтқындарды босатады, 8 Иеміз зағиптардың көзін ашады. Жаратқан бүкірлерді түзу етеді, Иеміз әділдерді жақсы көреді. 9 Жат жұрттықтың мүддесін Жаратқан қорғайды, Жетім-жесірлерді де қолдап-қоштайды, Ал зұлымдардың ой-ниетін талқандайды. 10 Жаратқан Ие мәңгі билік жүргізеді! Уа, Сион, сиынған Құдайың патшалық Құрады ұрпақтан ұрпаққа мәңгілік. Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иені!
1 Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иені! Құдайымызды ән-жырмен мадақтау игі, Бұл қандай ұнамды да жарасымды! 2 Иеміз Иерусалимді қайта салар, Исраилдің айдалғандарын қайтарар, 3 Жаралы жүректерді сауықтырар, Қайғы-қасіреттерін Ол жұбатар. 4 Иеміз жұлдыздардың санын белгілеген, Ол барлығына да өз аттарын берген. 5 Жаратқан Ие ұлы әрі тым қуатты, Шексіз мол Оның ақыл-парасаты. 6 Иеміз қорланған жанды жоғарылатады, Ал зұлымдарды Ол жерге құлатады. 7 Жаратқан Иеге шүкірлік әнін айтыңдар, Құдайымызға жетігенмен күй тартыңдар! 8 Жаратқан аспанды бұлттармен жабады, Жер бетіне жаңбырды жаудырады, Тау-төбені көк шөппен жамылдырады. 9 Осылай азық өсіреді мал мен аңдарға, Қарғаның шақырған балапандарына да. 10 Тұлпардың күшіне Жаратқан қарамайды, Жігіттің жүйріктігінен рақат таппайды, 11 Қайта, риза болады Жаратқан Ие Өзін қастерлеп, рақымына үміт еткенге.
1 Уа, Иерусалим, Жаратқанды мадақта, Уа, Сион, Құдайыңның даңқын асыра! 2 Қақпа ысырмаларыңды Ол нығайтқан, Ішіңдегі халқыңды жарылқаған, 3 Таңдаулы астықпен оны тойындырады, Шекараңа бейбітшілік орнатады. 4 Иеміз сөзін жер бетіне жолдайды, Оның айтқандары лезде тарайды. 5 Жаратқан қарды мамықтай жаяды, Қырауды да күлдей жерге шашады, 6 Бұршақты жұмыр тастай жаудырады, Кім Оның аязына шыдай алады? 7 Кейін Ол бұйрығымен ерітеді мұзды, Жылы жел соққызып, ағызады суды. 8 Иеміз Жақыпқа білдірді бұйрықтарын, Исраилге заңдары мен жарлықтарын, 9 Басқа ешбір халыққа Ол мұны істемеді, Олар Оның шешімдерін білмей келеді. Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иені!
1 Лайым Жаратқан Иені мадақтаңдар! Жаратқан Иені көктен мақтаңдар, Заңғар аспанда Оны даңқтаңдар, 2 Мадақтаңдар Оны, бар періштелер, Мадақтаңдар Оны бәрің, көктегілер, Оған бағышталған нөкерлері, сендер! 3 Мадақтаңдар Иемізді, күн мен ай да, Барлық жарқылдаған жұлдыздар да, 4 Мадақта Оны лайым, аспан заңғар, Мадақтаңдар Оны, бұлттан жоғары сулар! 5 Жаратқанның атын дәріптесін барлығы, Ол бұйрық бергенде әлем жаратылды, 6 Мәңгілікке берік орнатты Ол соларды, Әрдайым сақталады берген жарлықтары. 7 Мадақтаңдар Жаратқанды, жердегілер, Алып балықтар мен түпсіз теңіздер, 8 Найзағай мен бұршақ, қар және тұман, Дауыл да Оның бұйрығына бағынған, 9 Мақтаңдар Оны, бар төбелер мен таулар, Жеміс ағаштары мен күллі самырсындар, 10 Алуан түрлі аңдар және малдар, Құстар әрі бауырымен жорғалаушылар! 11 Әлемнің патшалары мен бүкіл халықтар, Жердегі әміршілер және барлық соттар, 12 Мадақтаңдар Оны, жігіттер мен қыздар, Қарттармен қатар сендер де, балалар! 13 Мадақтасын бәрі де Жаратқанның атын, Тек Ол ғана жоғары барлығынан, Даңқы Оның жер мен аспаннан асқан. 14 Ол Өзінің халқына күш-қуат дарытты, Бар адал жандарға мақтау әнін айтқызды, Исраил ұрпақтарының даңқын асырды, Осы халық Өзімен тығыз байланысты. Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иені!
1 Лайым Жаратқан Иені мадақтаңдар! Жаратқан Иеге жаңа ән-жыр салыңдар, Сенушілер қауымында Оны мадақтаңдар! 2 Шаттан, Исраил, өзіңді Жаратқанға, Сион халқы қуансын Патшасына, 3 Би билеп мадақтасын Оның атын, Дауылпаз, жетігенмен ән шырқасын! 4 Жаратқан өз халқынан рақат табады, Кішіпейілдерді даңқтап, құтқарады. 5 Адал жандар бұл құрметке шаттансын, Төсекте жатып та қуана ән салсын, 6 Аузында Құдайды мақтайтын ән болсын, Қолдарына екі жүзді семсер ұстасын, 7 Бас көтерген ұлттарды соттау үшін, Қыңыр халықтарды жазалау үшін, 8 Олардың патшаларын кісендеу үшін, Төрелерін темірмен шынжырлау үшін, 9 Жазылған үкімдерін орындау үшін. Бұл — құрмет Оған бағышталғандар үшін. Жаратқан Иені мадақтаңдар әрдайым!
1 Мадақтаңдар Құдайды киелі үйінде, Мадақтаңдар Құдіреттіні көкте де! 2 Мадақтаңдар Оны керемет істері үшін, Мадақтаңдар Оны зор ұлылығымен! 3 Мадақтаңдар Оны үніменен кернейдің, Мадақтаңдар Оны жетігенмен, домбырамен! 4 Мадақтаңдар Оны даңғырамен, билеріңмен, Мадақтаңдар Оны қобызбен, сыбызғымен! 5 Мадақтаңдар Оны сылдырмақтың сыңғырымен, Мадақтаңдар Оны дауылпаздың даңғырымен! 6 Жаны барлар түгелдей мадақтасын Иемізді! Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иені!
1 Бұл жазбада Исраилдің патшасы Дәуіт ұлы Сүлейменнің нақыл сөздері берілген. 2 Нақыл сөздердің мақсаты мынау: Даналық пен тағылымды білдіріп, Парасатты сөздерді ұғындыру, 3 Әділдік, дұрыс іс, ақ ниетке бағыттап, Тәрбиелі, саналы өмірді иеленту, 4 Ақылы толмағанға ақыл беріп, Жастарға білім, саналылық сыйлау. 5 Саналы жан тыңдап, ақыл-кеңес табады, Дана жан біліміне білім қосады, 6 Осылай нақыл да астарлы сөздерді, Данышпан адамдар айтып кеткендерді Һәм олардың жұмбақтарын түсінеді. 7 Білімнің бастауы — Жаратқан Иені Терең қастерлеп, Оған мойынсұну. Ал Құдайдан безген надандар болса, Елемейді даналық пен тәрбиені. 8 Балам, әкеңнің тәрбиесін тыңда, Шешең берген тәлімнен де бас тартпа! 9 Олар басыңдағы тәждей тамаша, Мойныңдағы моншақтай ұнамды да. 10 Балам, күнәкарлар еліктіргенде Айтқандарына сен ешқашан көнбе, 11 Олар сені шақырып былай десе: «Кәнеки, кеттік, біреуді аңдиық! Сол бір айыпсыздың жолын ториық, Аңдаусызда бас салып, қанын төгейік! 12 Сондайларды тып-типыл тонайық, Көрге түсіргендей түгел бітірейік. 13 Алуан асыл заттарға ие боламыз, Үйлерімізді олжаға толтырамыз. 14 Тәуекелге бізбен бірге бел байла, Бар байлығымыз ортақ болады сонда!» 15 Балам, мұндайлармен бірге жолға шықпа, Олардың жолдарына мүлдем жолама! 16 Қылмыс жасауға олар құлшынады, Қан төгуге асыға құмартады. 17 Ал тор құру құстардың көз алдында Құр бекер, пайдасыз іс болмай ма? 18 Сол адамдар өз жандарын аңдиды, Өздеріне тор құрып, соңында құриды! 19 Арам табысқа құмардың тағдыры сол: Дүниеқор иесін жалмайды ол. 20 Даналық көшелерде шақырады, Алаңдарда дауыстап жар салады, 21 Жұрт жиналған жерлерде даусы шығады, Қала қақпасы алдында уағыз айтады: 22 «Аңғалдар, қашанғы аңғалдықты сүйесіңдер, Мазақшылдар, қашанғы мазақтай бересіңдер, Ақымақтар, қашанғы білімді жек көресіңдер? 23 Кәне, менің тәрбиеме құлақ түріңдер! Сонда сендерге рухымды молынан төгемін, Айтатын сөздерімді түгел білдіремін. 24 Бірақ шақырсам да, тыңдаудан бас тарттыңдар, Құшағымды жайсам да, назар аудармадыңдар, 25 Ақыл-кеңесіме мүлдем ден қоймадыңдар, Ескертулерімді де қабылдамадыңдар! 26 Сол үшін қиналған кездеріңде күлемін, Үрейлерің ұшқанда келеке етемін. 27 Қорқыныш сұрапыл дауылдай соққанда, Зобалаң бастарыңа құйындай туғанда, Қайғыға ұшырап сендер тарыққанда. 28 Сонда естімеймін мұндайлар шақырғанмен, Мені таппайды шарқ ұрып іздегенмен, 29 Өйткені олар білімді жек көрген, Жаратқанды қастерлегілері келмеген, 30 Ақыл-кеңесімнен менің безіп кеткен, Бар ескертулерімді менсінбей жүрген. 31 Сондықтан олар істерінің жемісін жейді, Өз қулық-сұмдықтарына «кенеледі». 32 Аңғырттың қыңырлығы өзін күйретеді, Аңғалдың бейқамдығы өз түбіне жетеді. 33 Ал мені тыңдаған қауіпсіз тұрады, Еш пәледен қорықпай, алаңсыз болады».
1 Балам, егер сөздерімді қабылдасаң, Һәм жадыңда өсиеттерімді сақтасаң, 2 Құлағың даналыққа ұдайы түрік болса, Әрі жан дүниең парасатқа дайын тұрса, 3 Егер де білім мен парасатты шақырсаң, 4 Көмілген күміс пен қазынадай іздесең, 5 Сонда Жаратқан Иені қастерлеуді ұғарсың, Құдай жайлы білімді иемденіп аларсың. 6 Себебі Жаратушы даналық сыйлар, Білім мен түсінік Оның аузынан шығар, 7 Әділдерге Ол парасатты сақтап, ұсынар, Кінәратсыз жүргендерді қалқандай қорғар. 8 Ақиқат жолын Тәңір Ие назарында ұстар, Өзіне бағышталғанның жолын аман сақтар. 9 Осылай әділ, тура, ақ дегеннің мәнін ұғарсың, Ізгі жолдың қайсы екенін таба аларсың. 10 Өйткені даналық жан дүниеңе енер, Білім де жаныңды қуанышқа кенелтер, 11 Сонда сені ақыл-парасат аман сақтар, Дұрыс түсінік те әрдайым бақылап қорғар. 12 Даналық сені құтқарып алар теріс жолдан Және жалғандық айтушының ықпалынан, 13 Тура жолдан тайып, түнекте жүргендерден 14 Әрі жамандық жасағанға қуанатындардан, Зұлымдықтың азғындығына шаттанатындардан, 15 Жүрген жолдары қисық, адасқан сол жандардан. 16 Даналық сені сақтайды бұзылған әйелден, Жеңіл жүрісті оның жағымпаз сөздерінен. 17 Ол жастайынан қосылған қосағынан бас тартқан, Құдайының Келісімін есінен шығарған. 18 Оның үйіне кіргендер өлім жолына түсер, Оның жолымен жүргендер о дүниеге жетер. 19 Оған барған пенделер қайтып келмес, Шынайы өмірдің жолына енді түспес. 20 Сондықтан жүр ізгілердің ізіменен, Лайым жүр әділдердің жолыменен! 21 Себебі әділдер елді мекендейді, Кінәратсыздар сонда тұра береді. 22 Ал зұлымдар елден аластатылады, Опасыздар түп-тамырымен құртылады.
1 Балам, берген нұсқауларымды еш ұмытпа, Өсиеттерімді менің жүректе сақта! 2 Өйткені олар ғұмырыңды ұзартар, Амандық пен тыныштық молынан дарытар. 3 Мейірім мен шындықтан ешқашан безбе, Мойныңа байлап, жазып қойғандай жүрекке. 4 Сонда ұнамды болып Құдай мен адамға, Ие боласың зор құрмет-абыройға. 5 Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе. 6 Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді, Сонда Ол тура жолмен жетелер сені. 7 Паңданып өзіңді «данышпанмын» деп ойлама, Иеңді шын қастерле, зұлымдыққа жолама, 8 Тұла бойың сергіп, сауығатын болар сонда. 9 Жаратқанды құрметтеп сыйға бер мал-мүлкіңнен, Алған бар өніміңнің алғашқы түсімінен. 10 Сонда астыққа кенелер қамбаларың, Ернеулеп толар шырынға ыдыстарың. 11 Балам, Тәңір сені тәрбиелегенде Онысын ешқашан менсінбей жүрме, Ол сені жөнге келтіргенде Лайым еңсең түсіп жүнжіме! 12 Иеміз Өзі сүйетін әркімді Түзетеді әрі тәрбиелейді. Әкесі сүйікті баласын да Жазалайды қажет болғанда. 13 Қандай бақытты даналықты тапқан адам, Ақыл-парасатты иемденген әрбір жан! 14 Өйткені оған қол жеткізу күмістен құнды, Алтыннан жоғары оның берер пайдасы. 15 Даналық әлдеқайда құнды асыл тастан, Құмартқан ешбір нәрсең тең келмес оған. 16 Ол саған берер ұзақ ғұмыр — оң қолында, Әрі байлық пен қадір-құрмет — сол қолында. 17 Даналық ұнамды жолдармен жүргізер, Соқпақтары адамды тыныштыққа жеткізер. 18 Ие болғанға даналық — шын өмірдің ағашы, Оны мықтап ұстанған әркім қандай бақытты! 19 Жердің негізін Жаратқан Ие салды даналықпен, Аспанды мықтап орнатты ақыл-парасатпен. 20 Оның даналығымен терең көздер ашылды, Аспандағы бұлттардан жауын жауа бастады. 21 Ей, балам, мыналарды назарыңнан тайдырма: Дұрыс ой мен естілікті сақтап жүр әр уақытта! 22 Олар шынайы өмірге жаныңды кенелтер, Мойынға таққан моншақтай сені көркейтер. 23 Сонда өмір жолыңда алаңсыз жүрерсің, Аяғың тайып, сүрініп те кетпессің, 24 Төсекте жатқанда ешқандай қамықпассың, Қауіпті уайымдамай, жайлы ұйықтарсың, 25 Кенеттен келер апаттан қорықпассың, Зұлымдардың күйреуінен қаймықпассың. 26 Өйткені Жаратқан Ие сүйенішің болар, Жүрген өмір жолыңда сені тордан сақтар. 27 Қолыңнан келіп тұрғанда мұқтаждарға Жақсылық көрсет, соған лайық жандарға. 28 Көршіңе қажет нәрсе сенде бар болғанда: «Ертең кел, сонда берермін» деп оны қайтарма. 29 Жаныңда бейқам тұрып жатқан көршіңе Ешқандай қастандықты сен ойлап жүрме. 30 Өзге жан саған жамандық жасамаса, Еш себепсіз онымен жанжалдаспа. 31 Озбырлық жасайтынмен бақталаспа, Теріс жолдарының ешбірін таңдап алма! 32 Азғын жанды Жаратқан Ие жек көреді, Әділ жанға Ол өз еркін ашып білдіреді. 33 Жаратқан Ие зұлымның мекенін қарғайды, Ал әділ адамның шаңырағын жарылқайды. 34 Тәңір мазақтаушылардың өздерін мазақтайды, Ал езілген кішіпейілдерге рақымын сыйлайды. 35 Даналар қадір-құрметті иемденеді, Надандар болса, масқараны иеленеді.
1 Балалар, әке өсиетіне құлақ түріңдер, Парасатқа ықылас бөліп, меңгеріп алыңдар, 2 Өйткені мен сендерге игі тәлім беремін, Бас тартып кетпеңдер үйреткен өсиетімнен! 3 Өзім де әкемнің қасындағы ұлы болдым, Көзінің қарасы, шешемнің жалғызы едім. 4 Әрдайым былай деп әкем маған үйрететін: Жүрегіңе сөздерімді берік тоқып алғын, Өсиеттерімді орындап өмір сүргін. 5 Парасатқа ие болып, даналыққа кенелгін, Сөздерімді ұмытып, бас тартып жүрмегін. 6 Даналықтан безбе, сонда ол сені қорғайды, Ұдайы оны сүйсең, сені аман сақтайды. 7 Ең бастысы — даналық, даналыққа кенелгін, Қолыңдағы барыңмен парасатқа ие болғын. 8 Жоғары оны бағала, дәрежеңді көтерер, Айырылма одан, абыройыңды асырар. 9 Даналық басыңа шір таққандай көрік берер, Тәж орнатқан секілді құрмет-даңққа кенелтер. 10 Балам, зейін қойып сөзімді қабыл ал, Сонда сенің ғұмырың ұзақ болар. 11 Мен саған даналық жолын көрсетемін, Ұдайы сені тура жолмен жетелеймін. 12 Сол жолмен бөгелмей еркін жүресің, Жүгірсең де ешқашан сүрінбейсің. 13 Тәлімімнен мықтап ұстан, айырылып қалма, Шын өмірге жеткізеді, соны есіңде сақта. 14 Қылмыскерлер жолына аяғыңды салма, Зұлымдардың соқпағымен жүретін болма! 15 Бас тартып одан, әрқашан айналып өт, Бойыңды аулақ ұстап, бұрылып кет. 16 Зұлымдық істемей олар ұйықтай алмас, Біреуді құлатпай еш тыным таппас. 17 Оларға зорлық пен әділетсіздікті Істеу тамақ ішкендей үйреншікті. 18 Әділдің жолы таң шапағы іспетті Тал түс болғанша жарқырай түседі. 19 Ал қылмыстының жолы түнекке ұқсайды, Ол неден сүрініп, құлағанын ұқпайды. 20 Балам, сөзімді жүрегіңе тоқып ал, Айтқандарыма мұқият құлақ сал. 21 Сөзімді назарыңнан тыс қалдырмай, Жүрегіңнің түкпіріне сақтап қой. 22 Шын өмір сыйлайды ол мәнісін тапқанға, Денсаулық береді оның тұла бойына. 23 Ең бастысы, таза сақта жүрегіңді, Өйткені ол — өміріңнің қайнар көзі. 24 Лайым аузыңнан өтірік шықпасын, Тілің жалғандықтан қашықтасын! 25 Алға қарай көзің тура қарасын, Алған бағыттан назарың таймасын, 26 Көңіл бөл жүретін жолыңа өзіңнің, Лайым берік болсын жолдарың сенің. 27 Алға басып, оңға-солға бұрылма, Аяғыңды жамандықтан аулақ ұста.
1 Балам, даналығымды қабылда, Ұлағатты сөздерімді тыңда, 2 Осылай естілікті үйренерсің, Білім сақтап, парасатпен сөйлерсің. 3 Азғын әйелдің тілінен бал тамады, Сөздері майдан да жұмсақ болады. 4 Бірақ оның кесірі ащы жусандай, Соңы өткір болар екі жүзді семсердей. 5 Аяқтары өлім жолына түсіп барар, Қадамдары көрге қарай бағытталар. 6 Шынайы өмір жолын сол әйел ойламайды, Қауіпті жолмен жүргенін аңғармайды. 7 Сонымен, балалар, тілімді алыңдар, Айтатын сөздерімнен бас тартпаңдар! 8 Әрдайым алыс бол сондай әйелден, Жақындамай, аулақ жүр есігінен! 9 Әйтпесе әл-күшіңнен құр қаласың, Жиғаныңды қатал жанға тапсырасың. 10 Басқалар байлығыңды иемденер, Бөтен жан еңбегіңнің жемісін жер. 11 Өміріңнің соңында тәнің әлсіреп, Былай деп күйзелерсің, қатты опық жеп: 12 «Әттеген-ай, тәрбиені неге жек көріппін, Ескертуді қалайша елемей жүріппін? 13 Ұстаздарымның тілін қалайша алмаппын, Тәлімгерлеріме еш құлақ салмаппын? 14 Сондықтан мен жиналған жамағаттың Алдында масқара бола жаздаппын!» 15 Суын ішіп, шөліңді бас өз «құдығыңнан», Ләззат тап өз «бұлағыңның кәусарынан». 16 «Бұлағың» көшелерде ақсын ба, «Кәусарың» алаңдарда жайылсын ба? 17 Лайым ол тек қана сендік болсын, Адал жүр, бөліспе өзгелермен! 18 Құдайым жарылқай көрсін «бұлағыңды», Қанағат ет жастай алған қосағыңды: 19 Ол еліктей сұлу, тауешкідей әсем, Үнемі ләззат тап кеудесінен, Мас бола бер махаббатына әрдайым. 20 Балам, өзге әйелге әуестіктің қажеті не? Басқаның кеудесін құшқаннан табасың не? 21 Адамның күллі ісі Жаратқанның көз алдында, Ол баға береді пенденің бар жолына. 22 Зұлым жан өз күнәларының тұзағына түсер, Жасаған жамандықтары оны кіріптар етер. 23 Тәрбиесіздігі оны ажалға тап қылар, Зор ақымақтығы ақ жолдан адастырар.
1 Балам, егер көршің үшін кепілдік беріп Не бөтеннің қарызын мойныңа алып, 2 Аузыңнан шыққан сөзіңмен шырмалсаң, 3 Ұлым, сол адамға кіріптар болғаның. Тез барып, жалынып аяғына жығыл, Осылай уәдеңнен азат болып құтыл! 4 Ұйқыға бой беріп, кірпігіңді ілмей, Алдымен көз жұмып, ұйықтайын демей, 5 Аңшыдан қашқан еліктей дереу құтыл, Құс іспетті тұзақтан босауға ұмтыл! 6 Жалқау неме, құмырсқадан үлгі ал, Ісіне қарап оның, парасатқа ие бол! 7 Бастық, бақылаушы, билеушісі болмайды, 8 Бірақ жазда ол қысқы азығын дайындайды, Орақ кезінде тамағын жинап сақтайды. 9 Жалқау неме, қашанғы ұйықтап жатасың, Ұйқыңнан оянып, қашан тұрасың? 10 Біресе ұйықтап не мүлгіп отырасың, Біресе қол қусырып жатып та аласың, 11 Кенеттен жүйріктей жоқшылық жетер, Тонаушыдай мұқтаждық саған тап берер. 12 Қара ниетті, арсыз жан жалған сөйлер, 13 Аяқ, көз, саусақпен құпия белгі берер, 14 Жүрегінде зұлым жоспарлар құрар, Әрдайым араздық сеуіп отырар. 15 Сондықтан ажал оған кенет жетер, Сауықпастан біржола құрып кетер. 16 Жаратқан Ие мына алтауды жақтырмайды, Тіпті жетеуді жаны мүлдем жаратпайды: 17 Тәкаппар көз бен өтірікші тіл, Һәм жазықсыз қан төгетін қол, 18 Зұлым жоспар құратын ақыл-сана, Әрі асыққан аяқ соны орындауға, 19 Жалған куә өтірік айтатын, Ағайын арасында араздық тудыратын. 20 Балам, әке өсиетін есте сақта, Анаң берген тәлімнен де бас тартпа, 21 Оларды мәңгі жүрегіңе түйгін, Мойныңа таққандай сақтап жүргін, 22 Жүргенде олар тура жолды нұсқар, Ұйықтасаң күзетіп, қорғап жатар, Оянғанда саған ақыл айтар. 23 Өсиет пен тәлім шам-шырақ секілді, Түзеткіш тәрбие өмір жолын сілтейді. 24 Олар сені жүгенсіз әйелден сақтайды, Оның жағымпаз сөздерінен қорғайды. 25 Көркіне оның жүрегің елікпесін, Жанары сені баурап әкетпесін! 26 Жезөкше ақыры нанға зәру қылар, Азғын әйел қымбат жаныңа тұзақ құрар. 27 Өз қойнына от салған киімін өртемей ме? 28 Шоқ басқан адам аяғын күйдірмей ме? 29 Өзгенің жарына барған жанмен де солай болады, Онымен құшақтасса, жазасын тартады. 30 Аштықтан ұрлық жасағанды жұрт жек көрмей ме, 31 Ұсталса, алғанын жеті еселеп төлетпей ме, Отбасының меншігін түгелдей бергізбей ме? 32 Сөз жоқ, неке адалдығын бұзғанның ақылы кем, Ол өз жанын құртады солай істеуімен, 33 Соққы жейді әрі абыройы төгіледі, Мәңгі масқара болып қала береді. 34 Қызғаныштан күйеуін ашу кернейді, Өшін алған кезінде аяуды білмейді, 35 Күнәнің төлемін ешқашан алмайды, Мол тарту берсең де, ашуы қайтпайды.
1 Балам, сөздерімді есіңде ұстап, Ережелерімді жадыңда жүр сақтап, 2 Өмір сүр, өсиетімді орындап, Ілімімді көз қарашығыңдай сақтап, 3 Саусаққа байлап алғандай жүр ұстанып, Жүрегіңнің түкпіріне қойғын жазып. 4 Даналыққа қарашы туған бауырыңдай, Парасатты да көрші туысқаныңдай. 5 Сонда олар қорғайды азғын әйелден, Сені баурамақ болғаннан майда сөзімен. 6 Бір күні қарап тұрсам терезеден, 7 Тәжірибесіз жастардың арасынан Жас жігітті байқадым, ақылы толмаған. 8 Әйел тұрған бұрыштан жігіт өтті, Соның үйіне апаратын жолмен кетті. 9 Бұл күн батып, ымырт түскен кез еді. 10 Міне, әйел жігіттің алдынан шықты, Жезөкшедей киінген, айлалы еді. 11 Ол үйінде тұрмас, жүгенсіз де даурықпа, 12 Торып жүр көше, алаң, бұрыштарды. 13 Жігітті сол арсыз құшып алып, сүйді, Шімірікпей оған қарап былай деді: 14 «Мен тиісті құрбандығымды шалдым, Антымды бүгін түгел орындадым. 15 Кезігу үшін өзіңе үйден шықтым, Сені іздеп, енді, міне, тауып алдым! 16 Төсегіме әдемі көрпе салдым, Түрлі түсті мысырлық жабын жаптым, 17 Хош иісті мүр, алоэ, дәмқабық шаштым. 18 Кәне, жүр, таң атқанша бірге болайық, Махаббаттың ләззатымен сусындайық! 19 Үйде ерім жоқ, ол алыс сапарға кетті, 20 Күміс толы дорбасын ала кетті, Ай толғанда ғана қайтып келеді». 21 Майда тілмен ол жігітті арбап алды, Жылы сөйлеп дегеніне көндірді. 22 Жігіт әйелге еріп жүре берді, Сойылуға бара жатқан өгіздей, Әрі торға түсіп қалған бұғыдай, 23 Садақ оғы әлі бауырына қадалмай, Тұзаққа зымырай ұшқан құстай, Өмірмен қоштасарын кетті ол ұғынбай. 24 Сонымен, балалар, мені тыңдаңдар, Айтқан сөздеріме құлақ салыңдар! 25 Жүгенсіз әйелдің ізіне түспеңдер, Жолына еліктеп, адасып жүрмеңдер! 26 Көп адам осылайша құлап қалды, Күштілер оның қолынан қаза тапты. 27 Оның үйі көрге қарай жетелейді, Тозақтың дәл түбіне түсіреді.
1 Даналық шақырып жатыр емес пе, Ақыл-парасат дауыстап тұр емес пе? 2 Жол жиегінде, биік орындарда Тұр әрі жол тораптарында. 3 Қала қақпаларының төңірегінде, Халық өтетін кіреберістерде, Даналық былай деп мәлімдеуде: 4 «Уа, халайық, сендерді шақырамын, Бар адамзатқа дауыстап айтамын: 5 Аңқаулар, енді үйреніңдер, Аңғалдар, түсінік иеленіңдер, 6 Тыңдаңдар мені, асыл сөз айтпақпын, Ақиқат — барлығы да айтарымның. 7 Шындық — аузымнан шыққан сөздің бәрі, Өтірік айту маған аса жиренішті. 8 Менің сөздерімнің бәрі де дұрыс, Ешқайсысы емес арам не бұрыс. 9 Саналыға барлығы түсінікті, Білімдіге мінсіз де әділетті. 10 Күмістен гөрі ал менен тәлімді, Саф алтыннан гөрі қабыл ал білімді. 11 Даналық асыл тастардан да құнды, Аңсаған еш нәрсең оған тең келмейді». 12 «Мен даналықпын, парасат бар қасымда, Саналы білім тауып аламын да. 13 Жаратқанды қастерлеп, мойынсұну, Бұл — жамандық атаулыны жек көру. Жек көремін мен паңдық пен менмендікті, Жаман іс-әрекет пен бұрма сөзді. 14 Менде ақыл-кеңес бар, адал сана, Иемін парасат, күш-қуатқа да. 15 Мен арқылы патшалар билік құрады, Әкімдер әділ заңдар шығарады. 16 Әміршілер мен арқылы басқарады, Төрелер әділ үкім шығарады. 17 Мен де сүйемін өзімді сүйгенді, Іздеп жүрген тауып алады мені. 18 Сыйлайтын абырой-байлық бар менде, Жоғалмас қазына мен әділдік те. 19 Беретін жемісім алтыннан құнды, Ол тіпті саф алтыннан да бағалы, Шығаратын өнімім менің таңдаулы, Күмістен де әлдеқайда жоғары. 20 Әділетті жолмен жүре беремін, Ақиқат жолынан ешбір таймаймын. 21 Мені сүйгендерге игілік сыйлаймын, Қазыналарын толтыра беремін». 22 «Жаратқан Иенің меншігі болатынмын Ежелгі істерін Ол жасамастан бұрын. 23 Бұл дүние жаралмай тұрып, әуелден Мәңгілікте мен тағайындалғанмын. 24 Пайда болдым терең теңіз болмағанда, Суға толы қайнарлар ақпағанда, 25 Таулар әлі де орнамай тұрғанда Тудым, һәм төбелер жоқ болғанда, 26 Тәңір Ие әлі жаратпастан бұрын Жер, дала, әлемнің алғашқы топырағын. 27 Сонда болдым Ол аспанды орнатқанда, Теңіздің бетінде көкжиекті сызғанда. 28 Жаратушы бұлттарды аспанда орнатқанда, Тереңнен қайнар көздерді нығайтқанда, 29 Теңіз суының ауқымын шектегенде, Өз еркінен тыс тасытпай тежегенде Әрі дүниенің негізін белгілегенде, 30 Оның қасындағы сәулетші мен болғанмын, Күнде Оны қуантып, алдында шаттандым. 31 Жаратқанның әлемінде көңілдендім, Адамзатқа да шат-шадыман болдым». 32 «Сонымен, жастар, маған құлақ салыңдар, Қандай бақытты — жолымды сақтағандар! 33 Өсиетімді тыңдап, дана болыңдар, Еш уақытта одан бас тартпаңдар! 34 Қандай бақытты — күнде маған құлақ асқан, Сергек боп қақпамда өзімді күтіп тұрған. 35 Өйткені мені тапқан шынайы өмір табады, Жаратқан Иенің ризашылығын алады. 36 Ал менен безген өзіне зиян салар, Мені жек көрген әркім өлімді ұнатар».
1 Даналық өзінің үйін салған еді, Оның жеті діңгегін қойған еді, 2 Енді сусынын даярлап, малын сойды, Тамаша дастарқанын жайып қойды, 3 Адамдарға қызметшілерін жұмсады, Олар қаланың биігінен жар салады: 4 «Мұнда келіңдер!» деп шақырады Бар аңғалдарды және ақылсыздарды: 5 «Кәне, келіп, дәм татыңдар асымнан, Ішіңдер дайындаған сусынымнан! 6 Надандықты тастап, шынайы өмір сүріңдер, Лайым ақыл-парасат жолымен жүріңдер!» 7 Мысқылшылға сөгіс берген масқара болар, Зұлымға ескерткенге мін тағылар. 8 Мысқылшылға ескертпе, сені жек көрер, Дана жанға ескерт, ол сені сүйер. 9 Дана жанға тәлім бер, даналығы өсер, Әділді де үйрет, білімі көбейер. 10 Даналықтың бастауы — Жаратқан Иені Терең қастерлеп, Оған мойынсұну, Һәм ақыл-парасат — Киелі Құдайды Және Оның еркін жақыннан тану. 11 Даналықпен көрер күнің көп болар, Парасатпен жасыңа жас қосылар. 12 Дана болсаң, пайдасын өзің көрерсің. Мысқылшыл болсаң, зиянын өзің шегерсің. 13 «Надан әйел» даурыға айқайлайды, Өзі аңғал, мән-жайларды ұғынбайды. 14 Үйінің есік алдында орындыққа Отырады ол, қаланың биік орнында. 15 Тура жолмен өтіп бара жатқандарға «Надан әйел» дауыстап жар салуда: 16 «Мұнда келіңдер!» деп шақырады Бар аңғалдарды әрі ақымақтарды: 17 «Ұрлап ішкен су сондай тәтті екен! Тығып жеген нан сондай дәмді екен!» 18 Адамдар білмейді бұрын шақырылғандардың Өлік болып көр түбінде жатқандарын.
1 Сүлейменнің бірсыпыра нақыл сөздері: Ақылды бала — әкесінің сүйініші, Ақылсыз бала — шешесінің күйініші. 2 Арам байлық пайдалы болмайды, Ал әділдік ажалдан сақтайды. 3 Әділдің аш жүруіне Жаратқан жол бермес, Зұлымның аңсағанын беруді Ол қош көрмес. 4 Жалқау қол жарлы қылар, Іскер қол дәулетті қылар. 5 Жазда өнім жиған — ақылды бала, Орақ кезінде ұйықтаған — арсыз бала. 6 Әділ жан жарылқауға ие болар, Зұлымның аузы зорлығын жасырар. 7 Әділді есіне алған жұрт шүкір етер, Ал зұлымның есімі құрып кетер. 8 Дана жан нұсқауды жылы қабылдар, Надан өз сөзінен сүрініп құлар. 9 Таза жүрген аман жүрер, Қисық жолдағы әшкереленер. 10 Көзін қысып белгі берген ыза келтірер, Ал мылжың бос сөзінен жапа шегер. 11 Әділдің аузынан өмір қайнар, Зұлымның аузы зорлығын жасырар. 12 Өшпенділік араздық туғызар, Сүйіспеншілік бар күнәні жабар. 13 Зерделінің аузынан даналық шығар, Парасаттан бас тартқан жазасын тартар. 14 Данышпан білімін сақтап қояр, Ақымақ аузымен пәле шақырар. 15 Байдың қорғаны — өз байлығы, Жарлының пәлесі — өз жоқшылығы. 16 Әділдің өнімі — өмірге, Зұлымның табысы — күнәға. 17 Тәрбиеге мойынсұнған жан өмірге жол бастар, Ал ескертуді елемейтін өзгені де азғырар. 18 Қастығын жасырғанның тілі жалған, Өсек-аяң таратқан — ақымақ жан. 19 Сөзуар құтыла алмас күнәдан, Ақылды жан өз аузына ие болған. 20 Әділдің тілі — таңдаулы күміс, Зұлымның ниеті — түкке тұрғысыз. 21 Әділдің тілі көпке ақыл берер, Наданның зердесіздігі өз түбіне жетер. 22 Жаратқанның жарылқауы адамды бай қылар, Бұл байлыққа Ол қайғы-қасірет қоспас. 23 Зердесізге зұлымдық ләззат, Зерделіге даналық ләззат. 24 Арам жан қорыққанына тап болар, Әділдің аңсағаны орындалар. 25 Құйын өтіп кетсе арамза ғайып болар, Ал әділдің негізі мәңгі берік болар. 26 Қышқыл тіске, түтін көзге кесел, Жалқау өзін жұмсағанға кесел. 27 Жаратқанды шын қастерлеу ғұмырды ұзартар, Ал зұлымдардың ғұмыры қысқартылар. 28 Әділдің күткені шаттыққа апарар, Зұлымның үміті құр бекер болар. 29 Жаратқанның жолы мінсіз жанға қорған болар, Ал зұлымдық істеушінің үрейін ұшырар. 30 Әділ жан ешқашан шайқалмас, Зұлым жан өз елінде тұра алмас. 31 Әділ жан даналықты шыңдай түсер, Өтірікші лайықты жазасын шегер. 32 Әділдің аузынан ізгі сөз шығар, Арамзаның аузынан азғын сөз шығар.
1 Жалған таразы Жаратқанға жиренішті, Адал таразы Оған ұнамдысы. 2 Менмендікке масқара серік, Кішіпейілге даналық серік. 3 Әділ жанды адалдығы жетелер, Арамзаның түбіне сұмдығы жетер. 4 Қаһарлы күнде байлықтан пайда болмайды, Ал әділдік өлімнен аман сақтайды. 5 Таза жанның әділдігі жолын түзер, Арамзаны зұлымдығы сүріндірер. 6 Әділді адалдығы құтқарар, Алдамшы ашкөздігінен ұсталар. 7 Арамза өлгенде үміті үзілер, Зұлымның күткені босқа кетер. 8 Әділ жан пәледен құтқарылар, Арамза оның орнына соған ұшырар. 9 Арсыз адам сөзімен жақынын жояр, Әділ жан түсінігімен аман қалар. 10 Әділдің амандығына қала қуанар, Зұлымның құруына мәз-мейрам болар. 11 Әділдің ақ батасымен қала өркендер, Зұлымның жалған тілінен бытырап кетер. 12 Ақылсыз көршісін келекелер, Ақылды аузына ие боп жүрер. 13 Өсек тасыған сырыңды ашар, Адал жан ісіңді құпия сақтар. 14 Жетекшіге зәру ел тозар, Кеңесшісі мол ел озар. 15 Бөтенге кепіл болған пәлеге ұшырар, Кепілдіктен бас тартқан қауіпсіз болар. 16 Сүйкімді әйел абыройға бөленер, Күш сала істеген байлықты иемденер. 17 Қайырымды өз жанына рақым табар, Қатыгез өз тәніне зиян туғызар. 18 Арамза өткінші өнім жинайды. Әділдік сепкеннің сыйы тозбайды. 19 Шын әділдік өмір сыйлар, Зұлымдыққа ұмтылған өлім табар. 20 Зымиян жаннан Жаратқан жиренер, Мінсіз жүргенге Ол сүйсінер. 21 Сөз жоқ, зұлым жан жазасын тартар, Әділдің ұрпағы аман құтылар. 22 Әдемі, алайда әдепсіз әйел заты Шошқа мұрнындағы алтын сырға сияқты. 23 Әділдің тілегені жақсылықпен бітер, Зұлымның күткені ашу-ызамен бітер. 24 Қолы ашық адам байи түсер, Тым сараң жан кедейлене түсер. 25 Жомарт жан игілікке кенелер, Басқаны сергіткен өзі де сергір. 26 Аштықта астық жасырғанды жұрт қарғар, Астығын елге сатқанға батасын жаудырар. 27 Жақсылыққа ұмтылған рақым іздеп табар, Зұлымдыққа ұмтылған зұлымдыққа тап болар. 28 Байлығына сенім артқан сүрінер, Ал әділ жан жапырақтай көгерер. 29 Отбасының берекесін кетірген дымсыз қалар, Зердесіз зерделі жанға қызмет қылар. 30 Әділ жанның жемісі өмір сыйлар ағашқа ұқсар, Зерделі жан адамдарды әділдікке тартар. 31 Әділ жан бұ дүниеде тиістісін алмақ, Зұлым мен күнәкар одан бетер жазаланбақ.
1 Тәрбиені ұнатқан — білімді де ұнатқан, Ал ескертуді жек көрген — санасыз надан. 2 Ізгі жанды Жаратқан Ие ұнатар, Зымиянға Ол үкімін шығарар. 3 Адам зұлымдықпен берік болмас, Ал әділ жанның түп-тамыры мызғымас. 4 Ізгі әйел күйеуінің абыройын асырар, Арсыз әйел күйеуінің қуатын тауысар. 5 Әділдің ой-ниеті әділетті, Арамзаның кеңесі алдамшы. 6 Зұлымның сөзі қан төгер тұзақ құрар, Әділдің сөзі пәледен құтқарар. 7 Зұлым құлап, із-түзсіз жоқ болар, Әділдің шаңырағы берік тұрар. 8 Ақылына қарап адамды мақтар, Ойы бұзық жан жексұрын болар. 9 Кеуде көтеріп аш жүргеннен гөрі, Адал еңбек еткен қарапайым жан игі. 10 Ізгі жан малының да қамын ойлар, Арамзаның жүрегі қатыгез болар. 11 Жерін өңдегеннің қарны тоқ, Бос қиял қуғанның ақылы жоқ. 12 Зұлымның олжасына сұрқия көз салар, Тамыры берік әділ жан жемісті болар. 13 Арамза жалған сөзінен ұсталар, Әділ жан пәледен аман құтылар. 14 Аузынан шыққан жақсы сөзі адамды тоқ қылар, Еңбек еткен қолы да ақысын алар. 15 Ақымақ жүрген жолым тура дер, Дана жан кеңеске құлақ түрер. 16 Ақымақтың ашуы бірден бетіне шығар, Ақылды жан шеккен жәбіріне немқұрайды қарар. 17 Білген шындығын айтқан әділдікті паш етер, Жалған куәгер болған опасыздық етер. 18 Мылжың өз тілімен семсердей шағар, Дана өз тілімен жанның жарасын сауықтырар. 19 Шыншылдың сөзі мәңгілік, Өтірікшінің сөзі бір-ақ сәттік. 20 Зұлымдық ойлағанның жүрегі толған сұмдық, Татулық ойлағанның жүрегі толған шаттық. 21 Әділге күнәнің кесірі жұқпас, Зұлым толған пәлесінен арылмас. 22 Жалған тіл Жаратқанға жиренішті, Ақиқатты айтатын Оған сүйкімді. 23 Зерделі білімін жасырар, Зердесіз надандығын жариялар. 24 Еңбекқор қол билікке жеткізер, Жалқау қол құлдыққа түсірер. 25 Сары уайым адамның еңсесін басар, Жақсы сөз оның көңілін тасытар. 26 Әділ жан серіктерін ақ жолмен бастар, Арамзаның жолы оларды адастырар. 27 Жалқау аң аулап, етін қуыруға да ерінер, Ал еңбекқордың меншігі құндана түсер. 28 Әділдік жолында шынайы өмір бар, Онымен жүрген мәңгі өлімнен құтылар.
1 Ақылды бала әке тәрбиесін қабыл алар, Ал мысқылшыл ескертуге құлақ аспас. 2 Адам игі сөздерінің жемісін көрер, Ал опасыз жан зорлық-зомбылық көздер. 3 Аузына ие болған өмірін сақтар, Аузын айқара ашқан пәлеге ұшырар. 4 Жалқау мол аңсағанмен аз алар, Ынтамен еңбек еткен тоқ болар. 5 Әділ өтірік сөзді жек көрер, Зұлым арсыз ісімен абыройын төгер. 6 Таза жанды әділдігі аман сақтар, Күнәкарды зұлымдығы құлатар. 7 Бай болғансыған біреудің түгі де жоқ, Ал кедейсіген басқа біреу байлыққа тоқ. 8 Байлық байдың өміріне төлем болар, Ал кедей қоқан-лоқыдан аман болар. 9 Әділдің нұры жарқырап жанар, Зұлымның шырағы өшіп қалар. 10 Менмендік дау-жанжал туғызар, Даналық ақылдасқандарда болар. 11 Оңай олжа тез таусылар, Еңбекпен жинаған байлығын молайтар. 12 Ұзаққа созылған үміт жүрек қажытар, Орындалған тілек өмірді құлпыртар. 13 Нақыл сөзді елемеген кесірін көрер, Нұсқауды құрметтеген пайдасын көрер. 14 Данышпанның тәлімі — өмір бұлағы, Ол адамды ажал торынан құтқарады. 15 Ақыл-парасат адамды ұнамды қылар, Зымиянның жолы тым ауыр болар. 16 Зерделі білгірлікпен әрекет етер, Зердесіз надандығын паш етер. 17 Зұлым хабаршы пәлеге тап болар, Адал хабаршы амандық орнатар. 18 Тәрбиеден безген жоқтық пен масқараға ұшырар, Ескертуге көңіл бөлген қадір-құрметке ие болар. 19 Аңсағаны іске асса көңіл сүйсінер, Арам ісінен қайтудан надан жиренер. 20 Данамен жолдас болған дана болар, Наданмен жолдас болған пәлеге қалар. 21 Күнәкардың соңынан пәле қалмас, Әділ жан ізгі сыйынан ада қалмас. 22 Ізгі жанның мұрасы үрім-бұтағына қалар, Күнәкардың байлығы әділ жанға сақталар. 23 Кедей жыртқан тың жерден егін бітік шығар, Ал әділетсіздіктің кесірінен бір бөлігі ұрланар. 24 Жазасын тартқызбаған баласын сүймейді, Баласын сүйген оны жасынан тәрбиелейді. 25 Әділ жан тамағын тойып ішер, Арамзаның қарны аш жүрер.
1 Ақылды әйел үйін өркендетер, Ақылсыз әйел үйін өз қолымен күйретер. 2 Тура жолмен жүрген Жаратқанды қастерлейді, Қисық жолға түскен Оны менсінбейді. 3 Ақымақ паң сөздері үшін жазаланар, Ақылдының сөздері өзін аман сақтар. 4 Өгізі жоқтың қорасы таза тұрар, Ал өгіздің күшінен пайда мол болар. 5 Адал куәгер өтірік айтпас, Жалған куәгер өтірігін доғармас. 6 Мысқылшыл даналықты іздеп таппас, Зерделіге білім жинау қиын болмас. 7 Аулақ жүр ақымақтың қасынан, Ақылды сөз шықпас оның аузынан. 8 Естінің даналығы — өз жолын ұғынуы, Ессіздің надандығы — алданып адасуы. 9 Надандар күнәні күлкі қылар, Ал әділдер арасында ізгілік орнар. 10 Өз қайғысы әркімнің өзіне аян, Қуанышын да бөлісе алмас бөтен жан. 11 Қылмыстының үйі құрып кетер, Әділдің мекені гүлденіп өркендер. 12 Адамға түзу болып көрінген жолдар да бар, Ақырында олар ажалға бастап апарар. 13 Күлгенде кейде жүрегің сыздар, Қуаныш кейде қайғымен аяқталар. 14 Опасыз адам тиісті жазасын тартар, Ал ізгі жан лайықты сыйын алар. 15 Аңғал кез келген сөзге нанар, Есті жан қадамын байқап басар. 16 Ақылды абай болып, пәледен безер, Ақылсыз өркөкірек, бейқам келер. 17 Ашушаң мінезді ақымақтық жасар, Арамдық ойлаушы жексұрын болар. 18 Ақымақтық — аңғалдың алар үлесі, Білімділік — дананың алар тәжі. 19 Жақсының алдында зұлым басын иер, Әділдің қақпасында арамза тізесін бүгер. 20 Кедейге өз жақыны да менсінбей қарар, Ал байға доссымақтар көп болар. 21 Жақынын жек көрген күнә жасар, Жарлыға игілік еткен жарылқанар. 22 Зұлымдық ойлаған жолдан адасып кетер, Игілік ойлаған мейірім мен адалдық көрер. 23 Әр бейнеттің зейнеті бар, Бос сөзден тек жоқшылық шығар. 24 Дананың алар тәжі — байлық, Наданның алар үлесі — ақымақтық. 25 Адал куәгер адам жанын сақтар, Жалған куәгер көпті алдар. 26 Жаратқанды шын қастерлеу — берік сүйеніш, Әрі келер ұрпақ та бас сауғалар қорғаныш. 27 Жаратқанды шын қастерлеу — өмірдің бұлағы, Ол ажалдың торынан адамды алшақтатады. 28 Патшаның ұлылығы — халқының молдығында, Ал бақытсыздығы — соның аздығында. 29 Түсінігі мол — ұстамды жанның, Ақымақтығы аян — ашушаңның. 30 Жан тыныштығы ғұмырды ұзартар, Ал қызғаныш денеге жара салар. 31 Жарлыны қанаған — Жаратушысын менсінбеген, Жарлыны қамқорлаған — Жаратушысын қастерлеген. 32 Арамза өз күнәсінен опат болар, Ал әділдің өлерде де үміті бар. 33 Даналық зерделінің жүрегіне орнығар, Аңғалдардың арасынан да өзін танытар. 34 Әділдігі халықтың дәрежесін көтерер, Ал заңсыздығы халықты масқара етер. 35 Парасатты нөкері патшаға жағар, Масқара болғаны ашуын туғызар.
1 Жәбір сөз ашу туғызар, Биязы жауап ашуды басар. 2 Дана жанның тілі білімді мақтар, Аңқаудың аузынан надандық ағылар. 3 Жаратушының көз алдында бәрі аян, Бар жақсы мен жамандар айқын Оған. 4 Мейірімді тіл өмір сыйлайтын ағашқа ұқсар, Өтірікші тіл рухыңды жаншып-басар. 5 Әкенің тәрбиесінен ақымақ безер, Ескертуге ден қойған парасатқа кенелер. 6 Әділдің үйінде мол қазына болар, Арамзаның тапқаны өз берекесін алар. 7 Дананың тілі білім себеді, Наданның санасы олай істемейді. 8 Арамзаның құрбандығынан Жаратқан жиренер, Ал әділдің мінажаты Оны сүйсіндірер. 9 Арамзаның жолынан Жаратқан жиренер, Әділдікті қуғанға Ол сүйсінер. 10 Жолдан безген ауыр жаза тартар, Ескертуді жек көрген опат болар. 11 О дүние мен тозақ Жаратқанға аян, Оған адам жүрегі содан бетер аян. 12 Мысқылшыл өзіне ескерткенді ұнатпас, Дананың маңына ол жақындамас. 13 Жүректің қуанышы бет-жүзді жарқыратар, Жүректің қайғысы көңілді жабырқатар. 14 Зерделінің санасы білім қуар, Зердесіз ақымақтыққа тойынар. 15 Бақытсыздың қай күні де қайғыдан арылмас, Қуанышты жанның тойы тарқамас. 16 Мол қазынасы болып, уайымдағаннан гөрі Азды қанағат етіп, Жаратқанды қастерлеген игі. 17 Жек көрген жан ұсынған семіз сиыр етінен Көкөніс тағамы игі сүйген жан берген. 18 Ашушаң дау туғызар, Байсалды дауды басар. 19 Жалқаудың жолын тікен басар, Адалдың жолы тегіс болар. 20 Ақылды бала әкесін риза қылар, Ақылсыз жан шешесін қор қылар. 21 Ақылы азды ақымақтық сүйсінтер, Ал ақылды жан тура жолмен жүрер. 22 Кеңессіз құрған іс аяқсыз қалар, Көптің ақылымен ол жүзеге асар. 23 Дәл айтылған жауап адамды қуантар, Уақтылы айтылған сөз бір ғанибет болар. 24 Дананың өмір жолы биікке бастар, Ажалдан оны сақтап қалар. 25 Жаратқан Ие менменнің үйін талқандар, Ол жесірдің жерінің шекарасын қорғар. 26 Зұлымның жоспарларынан Жаратқан жиренер, Пәк жанның сөздеріне Жаратқан сүйсінер. 27 Пайдақор отбасының берекесін кетірер, Параны жек көрген тыныш өмір сүрер. 28 Әділ жан жауабын ойлап берер, Арамза жаман сөзін лақ еткізер. 29 Арамзадан Жаратқан Ие алыс болар, Әділдің мінажатына Ол құлақ салар. 30 Жарқын жүз жүректі қуантар, Жақсы хабар денеге қуат дарытар. 31 Өмірдің тәрбиесіне құлақ түргендер Даналар арасынан орын тебер. 32 Тәрбиеге ден қоймаған өз жанын жек көрер, Ескертуді тыңдаған ақыл-парасат иемденер. 33 Жаратқанды шын қастерлеу даналыққа үйретер Және кішіпейіл жанның абыройы өсер.
1 Адам жүрегінде жоспар құрар, Ал соның жауабы Жаратқаннан болар. 2 Адамға күллі істері жөн іспетті, Ал Жаратқан Ие тексереді ой-ниетті. 3 Жаратушыға сеніп тапсыр бар ісіңді, Сонда құрған жоспарың болар өнімді. 4 Жаратқан Ие бәрін де өз мақсатына сай жасар, Арамзаны Ол апатты күнге қалдырар. 5 Жаратқан Иеге жексұрын — жүрегі паңдар, Шүбә жоқ, жазасыз қалмайды олар. 6 Рақыммен және шындықпен күнәлар кешірілер, Жаратқанды шын қастерлейтін күнәдан аулақ жүрер. 7 Адамның жолы Жаратқанға ұнаса, Тату қылар соның жауларын да. 8 Ағыл-тегіл арам кірістен гөрі, Аз болса да адал пайда игі. 9 Жүрер жолын адам жүрегінде жоспарлар, Ал оның қадамдарын Жаратқан Ие бағыттар. 10 Патшаның сөзі Тәңірдің шешімі іспетті, Ол әділ билік айтуға тиісті. 11 Адал таразы — Тәңір Иенің талабы, Өлшеуіш тастарға Ол назар аударады. 12 Патшаға зұлымдық жексұрын болар, Әділдік оның тағын нығайтар. 13 Адал тілді патша жақтырар, Ақиқат айтқанды ол ұнатар. 14 Патшаның қаһары — ажалдың жаршысы, Ал ақылды жан оның қаһарын басады. 15 Патшаның жылы жүзі жігерлендірер, Ризашылығы көктемгі жаңбырдай сергітер. 16 Даналық иемденгенің алтыннан да құнды, Естілік иемденгенің саф күмістен тиімді. 17 Әділдің ақ жолы зұлымдықтан алшақтатар, Жолына қырағы жан өмірін аман сақтар. 18 Менмендік — күйреудің басы, Асқақтық — құлаудың алды. 19 Асқақпен олжа бөліскенше, Кедеймен кішіпейіл болған артық. 20 Ақылмен еңбек еткен игілік табар, Жаратқанға сенім артқан бақытты болар. 21 Жүрегі дананы зерделі дер, Ұнамды тіл әсерлі тәлім берер. 22 Ақылдыға естілік — өмір бұлағы, Ақылсызға ақымақтық — тартар жазасы. 23 Дананың ақылы сөзін де дана қылар, Ол аузынан тәлімді сөз шығарар. 24 Ұнамды сөз балдай тәтті, Жаныңа жағымды, тәніңе шипалы. 25 Адамға түзу болып көрінген жолдар да бар, Ақырында олар ажалға бастап апарар. 26 Тәбеті жұмысшыға жұмыс істетер, Аштығы оған еңбек еткізер. 27 Сұрқия адам зұлымдық ойлайды, Айтқан сөзі жалындай жалмайды. 28 Арамза араздық туғызар, Өсекші достарды айырар. 29 Зорлықшыл адам жолдасын аздырар, Еліктіріп оны теріс жолға салар. 30 Көзін сығырайтатын сұмдық ойластырар, Ернін жымқыратын зұлымдық дайындар. 31 Ағарған шаш — салтанатты тәж, Ақ жолмен жүрген соған қол жеткізер. 32 Қуатты жасақшыдан сабырлы жан артық, Қаланы басып алғаннан ұстамды жан артық. 33 Лақтырған жеребең алдыңа түсер, Оның шешімін Жаратқан Ие берер.
1 Жанжалды үйдің мол етінен гөрі Татулықпен жеген қатқан нан игі. 2 Арсыз ұлды ұғымпаз құлы билер, Ағайындарымен бірге мұрасын бөлісер. 3 Алтынды отта балқытып, күмісті көрікте сынар, Адам жүрегін Жаратқанның Өзі тексеріп сынар. 4 Зұлымдық істеуші залым тілге құлақ асар, Өтірік айтушы сұмдық тілге ден қояр. 5 Кедейді тілдеген Жаратушысын қорлайды, Сәтсіздікке қуанған жазасыз қалмайды. 6 Қарттардың тәжі — немере-шөберелері, Балалардың мақтанышы — әке-шешелері. 7 Өрелі сөз ақымаққа еш жараспас, Өтірік сөз мырзаға одан бетер жараспас. 8 Сый-тарту беруші оны сиқырлы тастай көрер, Қайда барса да, ол табысқа қол жеткізер. 9 Қатені кешіретін достығын нығайтар, Ал оны айта беретін досынан айырылар. 10 Ақылсызға берген жүз дүреден гөрі Ақылдыға берген бір сөгіс әсерлі. 11 Зұлым жан тек бүлікті көздер, Оған қарсы қатал өкіл жіберілер. 12 Наданның ақымақтығына тап болғаннан гөрі Қонжығынан айырылған аюға тап болған игі. 13 Жақсылыққа жамандық қайтарған — Өз үйіне үздіксіз пәле шақырған. 14 Басталған ұрыс тасқын суға ұқсас, Жанжал қызбай тұрып, дауды бас. 15 Ақтау кінәліні, айыптау кінәсізді — Екеуі де Жаратқан Иеге жиренішті. 16 Даналықты меңгеруге құлшынысы болмаса, Наданның қолындағы ақшадан не пайда? 17 Шынайы дос әрдайым жақсы көрер, Қиыншылықта бауырыңдай көмектесер. 18 Ұғымсыз жан қол алысар, Басқаның қарызына кепіл болар. 19 Жанжалды сүйген күнәні ұнатқан, Кеудесін тым көтерген пәле шақырған. 20 Қастық ойлаған жақсылық таппайды, Жалған сөйлеген пәлеге ұшырайды. 21 Надан ұл өзін туғанға сор, Ақымақтың әкесі қуаныштан құр. 22 Көтеріңкі көңіл шипа болар, Жабырқаңқы көңіл тәнді қуартар. 23 Арамза жасырын пара алар, Әділет жолын бұрмақ болар. 24 Ақылды жан даналықты назарында ұстар, Ақымақтың көзі жер түбін шарлар. 25 Надан ұл әкесін қапаландырар, Туған анасын ашындырар. 26 Әділ жанды жазалау игі болмас, Адал жүрген мырза жанды дүрелеу жараспас. 27 Есті адам байыппен сөйлер, Ұғымды жан байсалды жүрер. 28 Үндемесе тіпті наданды саналы дер, Аузына ие болса, ол дана болып көрінер.
1 Саяқ жан қара басын ойлар, Даналық атаулыға қарсы шығар. 2 Ақымақ парасатты жек көрер, Өз ойын білдіруді жақсы көрер. 3 Зұлым өзімен асқақтық әкелер, Ұятты қылыққа масқара ерер. 4 Адамның сөзі — тұңғиық судай, Даналық көзі — тасқынды бұлақтай. 5 Соттау әділді, қолдау арамды — Әділетсіз соттың қылығы. 6 Ақымақтың тілі жанжал туғызар, Аузымен өзіне жаза тартқызар. 7 Өз аузы ақымақты ажалға бастар, Өз тілі жанына тұзақ құрар. 8 Өсекшінің сөзі сондай дәмді, Ішіңе кіріп, баурайды жан дүниеңді. 9 Жұмысына немқұрайды — Ысырапшылдың ағайыны. 10 Жаратқан Иенің есімі — мықты мұнара, Бас сауғалаған әділге қауіпсіз пана. 11 Байдың байлығы алынбас қамалдай, Өз қиялында заңғар дуалдай. 12 Адам құлар алдында асқақ болар, Абыройы асар алдында кішіпейіл болар. 13 Тыңдамай жатып жауап қайтарған — Ақылсыз, масқара болатын жан. 14 Адамның қиналысына өз рухы төзер, Ал рухы күйрегенге кім дем берер? 15 Зерделінің санасы білімді иемденер, Дананың құлағы білімді іздей берер. 16 Сый-тартуы берушінің жолын ашар, Әкімдер алдына дейін апарар. 17 Бірінші боп дауласқандікі жөн көрінер, Ал қарсыласы келіп, сауал қойып тексерер. 18 Жеребе тастау дау-жанжалды басар, Мықты қарсыластарды ол ажыратар. 19 Ренжіген ағайын — бекітілген қаладай, Дауласқан адамың — бекітілген қамалдай. 20 Тілінің жемісімен адам қарнын тойдырар, Сөзінің өнімімен жанын тойындырар. 21 Тілде өмір мен өлімнің билігі болар, Сөзге үйір соның жемісін татар. 22 Әйел алған — береке тапқан, Жаратқан Иенің жарылқауын алған. 23 Мұқтаж адам жалына сөйлер, Бай оған дөрекі жауап берер. 24 Бірін-бірі күйреткен доссымақтар бар, Шынайы дос ағайыннан жақын болар.
1 Жалған тілді наданнан гөрі Адал жүрген жарлы игі. 2 Білімсіз құлшыныс жаман болар, Тым асыққан жолдан таяр. 3 Өз ақымақтығы адамның жолын бұзар, Ал жүрегінде ол Жаратқанға ашуланар. 4 Байлық «достарды» молайтар, Кедей бар досынан да айырылар. 5 Жалған куә жазасыз қалмас, Өтірік айтқыш құтыла алмас. 6 Мырзаға жағынуға көп жұрт әуес, Сый-тарту берушімен барлығы да «дос». 7 Бар туысы кедей жанды жек көрер, Ал достары солардан бетер одан безер, Сөйлессем деп талпынғаны болар бекер. 8 Парасатқа иемденуші өз жанын ұнатар, Естілікке мән беруші игілік табар. 9 Жалған куә жазасыз қалмас, Өтірік айтқыш тірі қалмас. 10 Наданға салтанатты өмір сүру жараспас, Малайға бастықтарды билеу одан бетер жараспас. 11 Даналығы адамға сабыр сыйлар, Қатені кешіру оған құрмет болар. 12 Патшаның ашуы — ақырған арыстандай, Ал ризалығы — шөптің ғанибет шығындай. 13 Ақылсыз бала әкесінің күйреуі болар, Ұрысқақ әйел аққан тамшыдай жүйкені жұқартар. 14 Үй мен мал-мүлкің — мұраң әке-шешеңнен, Ал ақылды әйелің — сыйың Жаратқан Иеңнен. 15 Жалқауды ұйқы басар, Енжардың қарны ашар. 16 Өсиетті сақтаған өмірін сақтар, Жолына ден қоймаған ажалға ұшырар. 17 Жарлыны қамқорлаған — Жаратқанға қарыз бергені, Игі ісінің сауабын Жаратқан қайтып береді. 18 Балаңды жөнге сал үміт барда, Өмірінің күйреуіне кінәлі болма. 19 Ашушаң жан лайықты жазасын тартсын, Аясаң, тағы жазалауға мәжбүр боларсың. 20 Ақылды тыңдап, нақылға бағын, Алдағы кезде дана боларсың. 21 Жүрегінде адам көптеген жоспар құрар, Ал Жаратқанның ұйғарымы жүзеге асар. 22 Адамның ұнамдылығы — берік мейірімі, Өтірікшіден гөрі жарлы болғаны игі. 23 Жаратқанды қастерлеу шын өмірге бастар, Жаныңа тыныштық сыйлап, пәледен қорғар. 24 Жалқау қолын табаққа салар, Ал аузына апаруға жалығар. 25 Мазақшылды жазаласаң, аңғырт жан да ұғынар, Естіге тек ескертсең, ол содан сабақ алар. 26 Әкесін тонап, шешесін қуған ұл — Ар-ұждансыз, жексұрын бұл. 27 Балам, тәлімді тыңдауды тоқтатқаның — Білімді сөзден бас тартқаның. 28 Жалған куәгер әділ сотты мазақтар, Зұлымдар аузымен жамандықты жалмар. 29 Мазақшыл адамға үкімі даяр, Қыңыр ақымаққа жазасы даяр.
1 Шарап — қорлағыш, сыра — даурықтырғыш, Ішімдікке салынған әркім ақылсыз. 2 Патшаның қаһары — ақырған арыстан, Ашуын тұтатқан — басына пәле шақырған. 3 Жанжалға бармау адамға абырой болар, Ал ақымақ болса, жанжалға асығар. 4 Жалқау мезгілінде жерін жыртпас, Орақ кезі жеткенде өнім таппас. 5 Адамның ой-ниеті тұңғиық судай болар, Ақылды адам олардан сарқып алар. 6 Өз мейірімін көп адам мақтан тұтар, Ал шынымен адал жанды кім табар? 7 Әділ жан мінсіз өмір сүрер, Балалары жарылқауды иемденер. 8 Сот тағында отырған патшалар Бар қылмысты көзбен сұрыптап шығарар. 9 Жүрегімді таза ұстап, күнәсіз жүрдім Деп тайсалмай айта алар еді кім? 10 Тең емес таразы, тең емес өлшем — Екеуін де жек көрер Тәңір Ием. 11 Істерін байқасаң баланың, Білесің мінезінің таза, дұрысын. 12 Еститін құлақ пен көретін көздің Екеуін де жаратты Тәңір Иең. 13 Ұйқышыл болма, тапшылыққа ұшырарсың, Қырағы болғын, тамаққа тойынарсың. 14 Сатып алушы затты «тым нашар» деп сынар, Ал былай шығып, арзанға алғанына мақтанар. 15 Алтын да бар, маржан да мол, Зерделі тіл — нағыз қазына сол. 16 Бөгдеге біреу кепіл болса, Шапанын шешіп алыңдар сонда, Кепілдік болсын бөгденің қарызына. 17 Адамның алдап тапқан наны тәтті, Ал кейін аузы құмға толы іспетті. 18 Ақылдасқан іс берік тұр, Соғысар алдында кеңес құр. 19 Өсек тасыған сырыңды ашар, Серігің болмасын сөзқұмар! 20 Әке-шешесін қарғағанның Жанары қара түнекте сөнер. 21 Тым ерте иемденген мұралы еншің Соңынан болмас шынайы берекең. 22 Зұлымдықтың кегін қайтарам деме, Тәңір Иеге тапсыр, Ол қолдайды сені. 23 Жаратқанға мүлдем ұнамсызы — Дәл емес өлшем тастары, Өте жаман да — жалған таразы. 24 Адамның қадамдарын Тәңір Ие белгілер, Онсыз адам жүрер жолын қайдан білер? 25 Тәңірге асыға өз меншігін бағыштау, Ал берген антына соңынан өкіну, Бұл — өзіне-өзі тұзақ құру. 26 Ақылды патша қылмыскерлерді анықтар, Кейін соларды талқандап жазалар. 27 Адамның рухы — Жаратқанның шырағы, Жүрек түкпірлерін зерттейді ол қырағы. 28 Мархабат пен ақиқат патшаны қорғайды, Мызғымас мейірімі оның тағын қолдайды. 29 Жастардың мақтанары — күш-қуаты, Қарттардың қадірі — ағарған шашы. 30 Соққының ізі адамды зұлымдықтан арылтар, Әділ жазасы жан дүниесін тазартар.
1 Патшаның жүрегі Жаратқанның қолында Ұқсайды аққан суға өзен салаларында: Жаратқан бағыттайды оны қалаған жағына. 2 Өз жолы адамға түзу болып көрінер, Ал оның жүрегін Жаратқан Ие тексерер. 3 Адамның адалдық пен әділдік сақтағаны Жаратқанға құрбандық шалғанынан ұнамды. 4 Көз тәкаппарлығы, жүректің асқақтығы Екеуі де күнә — зұлымның қылықтары. 5 Ұқыптының ой-ниеті дәулетке бастар, Тым асыққан тапшылыққа ұшырар. 6 Жалғандықпен жиналған байлық — Ұшып кетер бу әрі ажалды тұзақ. 7 Зұлымның зомбылығы өзін жоқ қылар, Әділ істен бас тартқаны себепшісі болар. 8 Айыптының жолы — қисық соқпақ, Айыпсыздың жүрісі түзу болмақ. 9 Ұрысқақ әйелмен бір үйде тұрғанша Үй төбесіндегі күркеде тұрған артық оңаша. 10 Зұлымның жаны сұмдық көздер, Өз жақынына қаталдық көрсетер. 11 Мазақшыл жазаланса, аңғырттың даналығы артар, Дана жан тәлім алса, ол содан білім қабылдар. 12 Әділ Тәңір Иеміз зұлымның үйін бақылар, Содан зұлымды құлатып, көзін құртар. 13 Жарлының зарына құлағын жабатын Таппас өз зарына құлақ асатын. 14 Жасырын сый-тарту ашуды тыншытар, Құпия сыйлық зор қаһарды басар. 15 Әділдік жасалса әділдер қуанар, Ал зұлымдық жасаушылар шошынар. 16 Даналық жолынан адасқан — О дүниеге жақында аттанар жан. 17 Байи қоймас шарап, майға құмартқан, Кедейленер аса сауықшыл жан. 18 Арамза адам әділдің төлемі болар, Опасыз ұсталып, адал жан құтылар. 19 Ұрысқақ, ызақор әйелмен тұрғанша, Оңаша тұрған артық айдалада. 20 Дананың мекені май мен байлыққа толар, Ал надан өзінде барды шашар. 21 Әділдік пен берік мейірім жолынан Шын өмір, әділет, құрмет табады жан. 22 Күштілердің қаласын кемеңгер басып алар, Олар сенген қамалдың күл-талқанын шығарар. 23 Тілі мен аузына ие болған Пәледен басын сақтар аман. 24 Өркөкірек, паң адамды мысқылшыл дер, Асқан менмендікпен ол әрекет етер. 25 Жалқауды құмарлықтары құртар, Себебі қолы жұмыстан қашар. 26 Жалқау жан күні бойы алуды көксер, Ал әділ жан мұқтажға аямай берер. 27 Зұлымның құрбандығын Жаратқан жек көрер, Арам оймен ұсынса оны, одан да бетер. 28 Өтірік айтатын куә құрып кетер, Ал өз құлағымен естігеннің сөзі өтер. 29 Азғын жан сондай батыл болып көрінер, Әділ жан жүрер жолына көңіл бөлер. 30 Ешбір даналық, түсінік пен кеңес Жаратқан Иеге қарсы келмес. 31 Жауынгер шайқасқа атын дайындар, Ал жеңісті оған Жаратқан Ие сыйлар.
1 Ізгі атағың бағалы зор байлықтан, Жақсы абыройың құнды күміс-алтыннан. 2 Бай мен жарлының ортақ қасиеті: Екеуін де жаратты Тәңір — Құдай Иелері. 3 Зерделі жан қатер көріп бас сауғалар, Аңғал адам жүре беріп, зиян табар. 4 Жаратқанды терең қастерлейтін кішіпейілдер Байлық, абырой, шынайы өмірге кенелер. 5 Зымиянның жолы тікен мен торға толған, Өзіне сақ болған аулақ жүрсін содан. 6 Баланы жастан салсаң тура жолға, Есейгенде ол содан таймайды да. 7 Бай адам жарлыға үстемдік құрар, Қарыздар қарыз бергеннің құлы болар. 8 Әділетсіздік сепкен пәлені орар, Оның қаһарының сойылы сынып қалар. 9 Жомарт жан жарлымен нанын бөлісер, Құдайдың жарылқауына кейін кенелер. 10 Қорлаушыны қусаң, жанжалдан арыларсың, Ұрыс-керіс, балағаттан ада боларсың. 11 Жүрек пәктігін жақтыратын, Ұнамды сөздерді айтатын Жанға патша да болар жақын. 12 Жаратқан Ие білімге қырағы болар, Опасыздардың істерін Ол құлдыратар. 13 «Далада арыстан бар, алаңда көзімді құртар» Деп жалқау ұдайы сылтау айтар. 14 Азғын әйелдің сөздері — терең шыңырау, Тәңір Ие жақтырмаған пенде соған құлар-ау. 15 Баланың жүрегінде надандық бар, Тиянақты тәрбие оны содан арылтар. 16 Баюы үшін кедейге жәбір көрсететін Әрі байға сыйлықтар бере беретін Адам болады кедейленетін. 17 Даналардың айтқандарын құлақ түріп тыңда, Бермек тәліміме зейініңді бағышта! 18 Игі болар оларды есіңде сақтасаң, Әрі аузыңнан да ешбір тастамасаң. 19 Сенімің болсын деп Жаратқан Иемізде, Осыны бүгін үйретемін дәл өзіңе. 20 Саған ақыл-кеңес пен білім беру үшін Мына отыз нақылды жазған едім, 21 Ақиқат, адал сөздер үйренуің үшін, Өзіңді жібергенге дәл жауап беруің үшін: 22 Жарлыны жарлы деп тонама, Бейшараны дау сотында қыстама! 23 Солардың мүдделерін Жаратқан Ие қорғайды, Оларды тонағандардың өздерін тонайды. 24 Ызақормен дос болма, Ашушаңмен байланыспа. 25 Әйтпесе өзің соған еліктейсің, Тұзаққа түсіп, күйреп кетесің. 26 Қол алысып, бөтеннің қарызына Кепіл болатындай ақылсыз болма! 27 Болмағанда төлейтін ақшаң Төсегіңді тартып алар астыңнан. 28 Ата-бабаң салып кеткен межеңді Жасырын жылжытып, ұлғайтпа жеріңді. 29 Кездестірсең біреуді ісіне аса шебер, Жай адамдарға емес, патшаларға қызмет етер.
1 Әміршімен дастарқандас болған уақытыңда Алдыңда кім отырғанын есіңде ұста. 2 Қомағай да ашқарақ болып жүрме, Тамағыңа пышақ тақағандай тәбетіңді бөге. 3 Әміршінің дәмді тағамдарына болма құмар, Мүмкін, ол қу ниетпен ұсынған шығар. 4 Бай боламын деп өзіңді зорықтырма, Даналық бар сондай ойдан бас тартқанда. 5 Байлыққа көзіңді салсаң, ол қанат бітіп Аспанға ұшқан бүркіттей лезде болар ғайып. 6 Сараңның асын ішпе, Дәмді тағамдарын көксеме. 7 Ол қара басының ғана қамын ойлайды, «Ішіп-же» деп сені қолпаштайды, Бірақ онысын шын жүректен айтпайды. 8 Аз-кем жеген асыңды кейін құсып тастарсың, Зая кетер инабатты айтқандарың. 9 Ақымаққа бекер айтпа сөздеріңді, Ол менсінбейді ғой берген кеңесіңді. 10 Ежелгі межені жасырын жылжытпа, Жетімнің жеріне қолыңды сұқпа! 11 Өйткені оны Қорғаушы қуатты, Мүддесін қорғап саған қарсы тұрады. 12 Санаңды тәлімге бұр, Құлағыңды нақылға түр. 13 Баланы тәрбиесіз, бетімен жіберме, Жөнімен жазаласаң ол өлмейді де, 14 Шектеу қойып, оны жөнге салсаң, Ажалдан жанын аман сақтарсың. 15 Балам, егер шынымен дана болсаң, Жүрегім қатты шаттанады бұған, 16 Ақиқат сөздер ғана шықса аузыңнан, Қуанышым қойныма сыймайды соған. 17 Күнәкарларды ешқашан күндеме, Тәңір Иені әр күні шын қастерле! 18 Сонда болар жарқын келешегің, Әрі үзілмес сенің күдерің. 19 Ақылды бол, балам, мені тыңда, Жүрегіңді тура жолға бағытта: 20 Шарап ішіп, етке тоймас Мешкейлерге сен қосылма! 21 Мешкейлік, маскүнемдік жарлы қылар, Ұйқышылдың киімі тоз-тоз болар. 22 Тыңда өзіңді дүниеге келтірген әкеңді, Менсінбей жүрме қартайды деп шешеңді. 23 Шындықты тауып, оны ешқашан сатпа: Ие бол даналық, тағылым мен парасатқа. 24 Әділдің әкесі қатты қуанады, Дананың шешесі де шаттанады. 25 Осылай ата-анаң шаттана алсын, Иә, туған анаң әндетіп қуансын! 26 Балам, жүрегіңді маған бағышта, Риза бол өзіңді жүргізетін жолдарыма! 27 Себебі азғын әйел — түпсіз шыңыраудай, Түскен адам шыға алмас тар құдықтай. 28 Бөтен әйел қарақшыдай торуылдап күтер, Опасыз жандардың санын көбейтер. 29 Кімде пәле, қайғы, жанжал бар? Кімде шағым, қажет емес жара бар? Кімнің көзі көреді бұлыңғыр? 30 Мұның бәрі шарап ішіп, Ұзақ отыратындарда болар, Ішімдіктерді араластырып, Дәмін тататындарда болар. 31 Сен шараптың қалай қызарып, Тостағанда құбыла жалтырап, Бірқалыпты жұмсақ жұтылғанына Лайым қызықтап қарайтын болма! 32 Әйтпесе ол соңында жыландай шағып алар, Денеңе сұр жыландай уын шашар, 33 Көз алдыңа елестеп бөгде бейнелер, Жүрегіңнен шығар жаман сөздер; 34 Сонда ұқсарсың теңіздің қақ ортасында Кеме діңгегінің ұшар басында Ұйықтап жатқан сорлы жанға; 35 Былай дерсің: «Ұрғанда ауырмады ешбір жерім, Итергенде мені түк те сезбедім, Оянғанда тағы да ішімдікті іздеймін».
1 Зұлымдарды күндеме, Қосылуды көксеме, 2 Ойлары — зорлық ету, Сөздері — сұмдық істеу. 3 Даналықпен үй салынар, Парасатпен берік болар, 4 Білгірлікпен үйдің іші Әр түрлі әсем дүниеге толар. 5 Дананың қуаты басым болар, Білгірдің күші нығайып толар. 6 Соғысты ақыл-кеңеспен басқар, Кеңесшісі көп жеңіп шығар. 7 Даналық тым жоғары ақымаққа, Аузын ашпас ол даналар бас қосқанда. 8 Сұмдық жасауды жоспарлаған жан Арам ниетті деп аталған. 9 Ақылсыздың арам ойы күнәкар, Мысқылшыл жан жұртқа жексұрын болар. 10 Тап болған қиындыққа мойығаның — Тым аздығы бойыңдағы қуатыңның! 11 Ажалға айдалып бара жатқандарды құтқар, Қырғынға теңселіп бара жатқандарды қайтар! 12 «Біздер білген жоқпыз» дейсің бе? Жүрек түкпірін сынайтын Жаратқан шындықты білмей ме? Ұдайы жаныңды бақылайтын Тәңір Ие білмей қалар дейсің бе? Ісіне қарап әрбір жанның Қарымтасын Ол береді де. 13 Балам менің, бал же, бойыңа ол нәрлі, Балауыз ұясынан тамғанын же, таңдайыңа ол тәтті, 14 Дәл солай даналық та жаныңа игілікті: Оны тапсаң жарқын болар келешегің, Әрі еш үзілмес үмітің сенің. 15 Әй, сұрқия, тосқауылдан көз салма Әділетті жанның тұрағына, Оның жайлы мекенін ойрандама! 16 Жеті рет жығылса да әділ жан, Қайта тұрып кетер орнынан, Ал зұлым құрып кетер апаттан. 17 Жығылса жауың соған қуанба, Сүрінсе мәз болып табалама! 18 Әйтпесе Жаратқан саған наразы болар, Жауыңа деген қаһарынан қайтар. 19 Зұлымдарға ызаланба, Арамзаларды қызғанба, 20 Болашағы жоқ зұлым жанның, Шырағы ерте өшер зымиянның. 21 Балам, Жаратқанды терең қастерле, Мойынсұнып патшаңды да құрметте, Ал бүлікшімен ешқашан бірлеспе! 22 Қосылсаң оған, кенет пәлеге ұшырарсың, Кім білер Жаратқан мен патшаның үкімдерінің Сондай бүлікшіні неге бұйыратындарын? 23 Даналар мына нақылдарды да қалдырған. Адамды алалау сот ісінде, Бұл — нағыз әділетсіз нәрсе. 24 Айыптыны «әділ» деп ақтаған төрені Халықтар қарғап, ұлттар жек көреді. 25 Ал айыптыны әшкерелегендер Мол игілік пен жарылқауға кенелер. 26 Әрқашан адал жауап қайтарушы Бетіңнен сүйген досыңа ұқсайды. 27 Алдымен сыртқы шаруаңды бітір, Егіндігіңді дайындап, жөнге келтір, Содан соң барып, шаңырақ көтер. 28 Жақыныңа жала жаппа, Аузыңнан өтірік шығарма! 29 Мынаны да айтушы болма: «Ол не нәрсе істесе маған, Мен де соны істеймін оған, Ісіне қарап мен оның қарымтасын Қалай да қайтаратын боламын!» 30 Бірде мен өттім жалқаудың жерінен, Ақылы аздың жүзімдігінен, 31 Қарасам, бәрін тікен басыпты, Ішіне қалақай қаптап кетіпті, Қоршаған тас дуалы қирап қалыпты. 32 Бұған қарап, ойға шомып қалдым, Өзім үшін мынадай сабақ алдым: 33 Біраз ұйықтап, аздап мызғып отырсаң, Аз-аздан қол қусырып жата берсең, 34 Сонда қарақшыдай боп жоқшылық, Қарулы тонаушыдай боп тапшылық Жетіп келер саған бас салып.
1 Бұлар да Сүлейменнің нақыл сөздері. Оларды жинақтағандар — Яһуда елінің патшасы Езекияның қызметкерлері. 2 Істі құпиялау — Құдайдың даңқы, Оны зерттеп ашу — патшаның даңқы. 3 Аспанның заңғар, жердің терең екеніндей, Патшаның ой-ниетін білмес ешкім түгелдей. 4 Күмісті балқытып қоқыстан аластатар, Саф күмістен зергер құнды ыдыс жасар, 5 Дәл солай патшадан сұмдарды алшақтатыңдар, Патшаның тағы сонда әділдікпен нығаяр. 6 Патша алдында асқақтама, Ұлықтар орнына тұрып алма, 7 Мырзаңның көз алдында ұялғанша, Саған игі, «төрге шық» деп шақырса. Көргеніңді сотқа айтуға асықпа, 8 Қарсыласың жеңіп шықса соңында, Қайтесің өзіңді масқара қылғанда? 9 Көршіңмен мәселеңді жеке талқыла, Басқа адамның бірақ сырын ашпа. 10 Әйтпесе естіп қалған сені балағаттар, Масқараң өзіңде мәңгілік қалар. 11 Орнымен айтылған сөз күміс табаққа Салынған алтын алмадай тамаша. 12 Тыңдайтын құлаққа дананың әшкересі Алтын сырға мен саф алтын әшекей іспетті. 13 Жазғы орақ кезіндегі Сергіткен қар секілді, Қожайынының жанын сергітеді Жіберген сенімді елшісі. 14 Бермес сый-тартуымен мақтанушы Құрғақ жел һәм жаумас бұлтқа ұқсайды. 15 Билеушіні төзімділікпен сендірер, Қарсыласты майда тілмен көндірер. 16 Бал таба қалсаң Же оны шамаңа қарап, Артық жеп қойсаң Жиренерсің құсып тастап. 17 Көршіңе тым жиі барып Кетірме қадіріңді, Әйтпесе сенен мезі болып Жек көріп кетер өзіңді. 18 Өзгеге қарсы жалған куә болған — Сойыл, семсер, үшкір жебедей қауіпті жан. 19 Опасызға үміт арту апатты күні, Бұл — сынған тіс, сал болған аяқ іспетті. 20 Салқын күні басқаның шапанын тартып алған, Яки жарақатқа сірке су құйған жан Сияқты — қайғылыға көңілді өлең айтқан. 21 Жауың сенің аш болса тамақтандыр, Егер ол шөлдесе шөлін қандыр! 22 Сен осылай етіп басына оның Қызып тұрған шоқ жиғандай боласың, Һәм Жаратқан қайтарар саған қарымтасын. 23 Сөз жоқ, солтүстік самал жаңбыр жаудырар, Жала жапқыш тіл ашулы кейіп туғызар. 24 Ұрысқақ әйелмен бір үйде тұрғанша, Үй төбесіндегі күркеде тұрған артық оңаша. 25 Алыс елден әкелінген жақсы хабар Шөлдегенге берілген салқын суға ұқсар. 26 Арамзадан қорқып, көнген әділ жан — Бүлінген құдық пен бұлақтай лайланған. 27 Балды тым көп жеу пайдалы емес, Өз даңқы үшін ұмтылу абырой бермес. 28 Өзіне ие бола алмайтын жан Қорғансыз қаладай, қамалы құлаған.
1 Жаз кезіне қар жараспас, Орақ кезіне жаңбыр жараспас, Ақымаққа қадір жараспас. 2 Пыр еткен торғайдай, Ұшып кеткен қарлығаштай, Жөнсіз қарғыс адамға қонбас. 3 Атқа — қамшы, есекке — ауыздық, Қыңыр ақымаққа — қатаңдық. 4 Ақымаққа ақымақша жауап қайтарма, Әйтпесе оған ұқсап шығарсың соңында. 5 Ақымаққа ақымақтығын әшкерелеп жауап қайтар, Әйтпесе ол өзін ақылдымын деп санар. 6 Ақымақпен хабар жіберген жан Өз аяғын шапқандай басына пәле шақырған. 7 Наданның аузындағы нақылдар Сал адамның аяғындай ақсақ болар. 8 Ақылсыз жанды құрметтеуші Сақпанына тас байлаған іспетті. 9 Ақымақтың аузындағы дана нақылдар Мастың қолындағы тікенді бұтаққа ұқсар. 10 Наданды не көрінген жанды жалдаушылар Беталды жарақат салатын садақшыға ұқсар. 11 Төбет қайта оралар өзінің құсығына, Қайталар өз ақымақтығын аңқау жан да. 12 Өзін данышпан деп санайтыннан гөрі Ақымақтан жұрт көбірек үміт күтеді. 13 «Жолда арыстан бар, Алаңда арыстан жүр» Деп жалқау сылтау айтар. 14 Есік топсасында айнала берер, Еріншек төсегінде аунай берер. 15 Жалқау қолын табаққа салар, Ал аузына апаруға жалығар. 16 Ойланып жауап берер жетеуден гөрі Жалқау тым дана санайды өзін-өзі. 17 Жолшыбай өзгенің жанжалына араласқан Ұқсайды жанға иттің құлағынан тартқан. 18 Отты садақ атып, өлім себетін есуас 19 Жақынын алдап, «қалжыңдадым» дейтінге ұқсас. 20 Отын таусылса от өшер, Өсек таусылса дау өшер. 21 Көмірді шоқ, отынды от жандырар, Дау-жанжалды ұрысқақ адам тұтатар. 22 Өсекшінің сөзі сондай дәмді, Ішіңе кіріп, баурап алар жан дүниеңді. 23 Зұлым жүрек пен жалынды тіл Қыш ыдыстай тек сырты жылтыр. 24 Кекті адам сөзімен ойын жасырар, Ал жүрегіндегі ниеті арам қалар. 25 Қанша майда сөйлесе де сенбегін, Жеті сұмдық толтырып тұр жүрегін, 26 Қулықпен жасырса да өшпендігін, Жиында болар әшкереленетін. 27 Ор қазған қаскүнем орына өзі құлар, Өрге домалатқан тасы өзін басар. 28 Жалған тіл жәбірлегендерін жек көрер, Жағымпаз ауыз өзгені құртуды көздер.
1 Мақтанба ертеңгі күніңмен, Сол күннің не әкелерін білмейсің сен. 2 Басқа сені мақтасын, өз аузың емес, Басқаның сөзі, өз тілің емес. 3 Тас салмақты, құм да ауыр, Ақымақтың жәбірі екеуінен де ауыр. 4 Ашу қатал, қаһар тасқындай басар, Ал қызғаныштың күшіне кім қарсы тұра алар? 5 Сүйіспеншілігін жасырып, жалтарғаннан гөрі Ренжіткенге ашық ескерту жасаған игі. 6 Досыңның сөгуі шынайы, Дұшпаныңның сүюі алдамшы. 7 Тойынған балдан да бас тартар, Ашыққанға ащы ас та балдай болар. 8 Ата жұрттан безіп кеткен Құсқа ұқсас ұясын тастап кеткен. 9 Жұпар мен иісмай жүректі қуантар, Досың адал кеңесімен ұнамды болар. 10 Қол үзбе өз досыңнан, Әкеңнің де досынан. Басыңа сенің күн туғанда Ағайынның үйіне қашып барма. Іргедегі көршің артық қой Алыстағы сол ағайыныңнан. 11 Балам, парасатты бол, мені қуантарсың, Сонда өзімді қорлағандарға жауап бере алармын. 12 Зерделі жан қатер көріп бас сауғалар, Аңғал адам жүре беріп жаза тартар. 13 Бөгдеге біреу кепіл болар, Сонда оның шапанын шешіп алыңдар, Бөгде әйелдің қарызына кепілдік сол болар. 14 Азанда көршісіне айқайлап бата сұраған Туралы ойлайды жұрт «көршісін қарғап жатқан». 15 Жаңбырлы күні тоқтаусыз тамшылайды, Ұрысқақ әйел де тыным тапқызбайды. 16 Оны тыю ұқсайды желді тыйғанға Я майлы қолмен бір затты ұстағанға. 17 Темір темірді қайрайды, Адам адамды қайрайды. 18 Ағашты күткен оның жемісін жер, Қожасын күткен оның сыйын көрер. 19 Адам суға қарап өзінің бет-жүзін көрер, Жүрегіне қарап өзінің кім екенін білер. 20 Ажал мен тозақ тойымсыз, Адамның көзі де тойымсыз. 21 Күмісті балқытып, алтынды көрікте сынар, Адам баласы мақталғанда сыналар. 22 Ақымақты тіпті бидайдай келіде түйсе де, Ақымақтығынан арылта алмас еді ешкім де. 23 Отарларыңның күйін жақсы бақыла, Табындарыңа да мұқият қара. 24 Себебі байлық мәңгілік емес, Билік те ұрпақтан ұрпаққа берілмес. 25 Шөп шабылып, орнына көк шөп шығар, Жұрт тау шөбін де жинап алар, 26 Сонда киімің үшін қойыңнан жүн қырқарсың. Серкелеріңнің бағасына жер сатып аларсың. 27 Өзіңе, отбасыңа ешкі сүті мол болар, Қызметші қыздарыңа да жетіп артылар.
1 Ешкім қумаса да қылмыскер қуыстанар, Ал әділ жан арыстандай батыл болар. 2 Ел заңнан безсе басшылары көп болар, Білгір, дана билеушімен елде тәртіп сақталар. 3 Бейшараларды қанайтын кедей жан Егінді шайған жауындай елге зиян. 4 Заңды бұзғандар зұлымдарды мақтар, Заңды сақтағандар оларға қарсы шығар. 5 Зұлым жан әділдікті ұғынбас, Жаратқанға бет бұрған оны толықтай ұғынар. 6 Бұрыс жүрген байдан гөрі Адал жүрген жарлы жақсы. 7 Заңды ұстанған — зерделі бала, Ал ысырапшылдарға қосылса, Әкесін қалдырар ұятқа. 8 Тойымсыз өсімқор жиған байлығынан айырылар, Соңында байлығы кедейді аяғанға бұйырар. 9 Заңға құлақ аспайтынның Мінажаты да Құдайға жексұрын. 10 Әділді адастырған теріс жолға Өз торына өзі түсер жан, Ие болар ақырында жақсылыққа Кінәратсыз, адал жан. 11 Бай адам өзін данышпан санар, Зерделі кедей оның шындығын ашар. 12 Әділдер жеңіп шықса, елдің ұлылығы асар, Зұлымдар үстемдік етсе, жұрт бас сауғалар. 13 Күнәларын жасырған жан өркендемейді, Оларын мойындап, бас тартқан рақым көреді. 14 Жаратқанды лайым қастерлейтін жарылқанар, Ал жүрегін қасарыстырған пәлеге ұшырар. 15 Бейшара халыққа билік құрған арамза Ұқсайды ақырған арыстан я бас салған аюға. 16 Зердесіз билеуші халқын езгіге салар, Арам пайданы жек көрген ұзақ билік құрар. 17 Кісі өлтірген күнәкар Өле-өлгенше қашқын болар, Болмасын ешкім оны қорғар! 18 Мінсіз жүрген жан пәледен аман болар, Бұрыс жолмен жүрген бірден құлап қалар. 19 Жер өңдегеннің тамағы мол, Құр қиял қуғанның жоқшылығы мол. 20 Адал жан молынан жарылқанар, Баюға асыққан жазасын тартар. 21 Адамдарды алалау ешқандай дұрыс емес, Кейбіреу бір үзім нан үшін қылмыстан шегінбес. 22 Ашкөз адам асығып баюға ұмтылар, Аңғармай ақырында жоқшылыққа ұшырар. 23 Жағымпаздан гөрі ескертуші Соңында көбірек көрер құрметті. 24 «Күнә емес» деп ата-анасынан ұрлаушы — Қарақшылардың нағыз сыбайласы. 25 Тәкаппар адам дау-жанжал туғызар, Тәңір Иеге сенуші өркендейтін болар. 26 Өз ақылына ғана сенген аңғал болар, Даналықпен жүрген аман сақталар. 27 Мүсәпірді аяған жоқшылыққа тап болмас, Ал оған көзін жұмған қарғыстан бас алмас. 28 Зұлымдар үстемдік етсе, жұрт бас сауғалар, Зұлымдар құлап түссе, әділдер саны молаяр.
1 Ескертуді тыңдамай, қасарысқан жан Кенеттен күйреп, оңалмас содан. 2 Әділдер саны молайса халық қуанар, Зұлымдар билік құрса халық аһ ұрар. 3 Даналықты сүйген жан әкесін қуантар, Азғын әйелмен байланысқан байлығын шашар. 4 Патша әділдікпен елін нығайтар, Парақұмар болса елін құлдыратар. 5 Досына жағымпазданған Оның аяғына тор құрған. 6 Зұлым күнәсімен өзіне тор құрар, Әділ қуанып, көңілді ән салар. 7 Әділ жан жарлының құқығын ойлар, Зұлым соны білуден бас тартар. 8 Мазақшылдар қаланы даурықтырар, Даналар ашу-ызаны басар. 9 Дана жан ақымақпен соттасса, Ақымақ еліріп не күліп, бермес маза. 10 Қанқұмарлар мінсізді жек көреді, Ал әділдер мінсіздің игілігін көздейді. 11 Аңғал бар ашуын төгер, Дана өзін-өзі билер. 12 Әмірші өтірікке құлақ түрсе егер, Бар нөкері арамза боп шыға келер. 13 Кедей мен қанаушыға ортақ нәрсе: Жаратқан Ие көз нұрын сыйлады екеуіне. 14 Кедейлерге әділ үкім шығарар Патшаның тағы мәңгіге нығаяр. 15 Тиянақты тәрбие мен қажетті жаза Баланы ақылды қылар, Ал өз бетімен жіберілген бала Анасын масқараға қалдырар. 16 Зұлымдар көбейсе заңсыздық көбейер, Кейін әділдер олардың күйреуін көрер. 17 Балаңа жақсылап тәлім-тәрбие бер, Жаныңды ол тыншытып, шаттыққа кенелтер. 18 Құдайдың хабарын алмаса, халық бетімен кетер, Ал Оның тәлімін сақтағандар бақытқа кенелер. 19 Жай сөзбен құлды тәрбиелеуге болмас, Айтқанды ол ұқса да, іске асырмас. 20 Ағат сөйлейтін адамды көрсең, Аңғалдан үміт көбірек күтерсің. 21 Жасынан еркелеткен құлың Кейіннен болармын дер ұлың. 22 Ашулы жан дау-жанжал туғызар, Қызба жан көптеген күнә жасар. 23 Менмендік адамның мерейін түсірер, Кішіпейілдік оны құрметке жеткізер. 24 Қарақшымен сыбайлас өз жанына қас, Ол қарғанып ант беруге болар тиіс, Ал шын куәлік беруге батылы жетпес. 25 Пендеден қорқуы адамға тұзақ құрар, Жаратқанға сенуші қауіпсіз болар. 26 Көптеген кісі әміршінің ықыласын іздер, Ал әділет адамға Тәңір Иеден келер. 27 Азғын адам әділдерге жек көрінішті, Тура жүрген жан зұлымдарға жиренішті.
1 Мынау Жәке ұлы Ағұрдың сөздері: Осы адамның Ітиелге, Ітиел мен Ұқалға білдірген Құдай Рухының хабары. 2 Адамдардың білімсізі шынында менмін, Адамға тән түсінігім де жоқ менің. 3 Даналықты оқып-үйренген емеспін, Киелі Құдайды жақыннан таныған емеспін. 4 Кім аспанға көтерілген? Кім қайтадан жерге түскен? Кім желді уысында ұстай алар? Кім мұхитты шапанымен орап қояр? Кім жердің шегін орнатқан? Өзі мен Ұлының аты кім? Білсең соны айтып берші маған. 5 Құдайдың барлық сөздері пәк таза, Ол қалқандай Өзін паналайтындарға. 6 Оның сөздеріне еш нәрсе қоспа, Әйтпесе Ол саған ескертіп ұрсар, Өтірігің ашылып жария болар. 7 Уа, Ием, сұраймын Сенен екі-ақ нәрсе, Көзім жұмылғанша соларды аямашы: 8 Өтірік пен жалғанды менен алшақтатшы, Кедейлік те, байлық та маған бұйырмашы, Тек бере гөр күнделікті нанымды. 9 Себебі байып кетіп, «Жаратқан Ие кім?» Деп ешқашан Сенен бас тартып кетпейін, Жарлы болып, ұрлық жасап та жүрмейін, Сол арқылы киелі атыңа кір келтірмейін. 10 Жамандама қожайынына қызметшісін, Әйтпесе қызметші сені қарғап, зиянын шегерсің. 11 Бір ұрпақ бар, олар әкелерін қарғайды, Шешелеріне де алғыс айтпайды, 12 Олар арамдығынан жуынып тазармайды, Алайда өздерін пәк таза санайды. 13 Көздері сондай асқақ, тәкаппар, Кірпіктерін жоғары көтереді олар. 14 Осы ұрпақтың тістері өткір қанжардай, Олардың жақтары өткір пышақтай, Жарлыны жер бетінен жалмап құртар, Мұқтажды адамзат арасынан аластатар. 15 Сүліктің екі сорғышы үнемі «Бер маған! Берші!» деп талап етеді. Мына үшеу де тойым білмес, Тіпті төртеуі де «жетер» демес: 16 Қабірдің қара топырағы, Әйелдің бедеу құрсағы, Суға қанбас шөлейт жер, «Жетер» демес ашкөз өрт. 17 Әкесін мазақтап келекелеген, Шешесін тыңдамай менсінбеген Жанның көздерін шоқыр сайдағы қарғалар, Әрі құзғынның балапандары жеп қояр. 18 Таңғалдырар мені үш, тіпті төрт нәрсе бар, Шамам жоқ менің оларды ұғына алар: 19 Аспанда самғар қыранның жолы, Жартаста жылжыған жыланның жолы, Теңізде жүзген кеменің жолы, Қыз жүрегінің кілтін тапқан жігіттің жолы. 20 Азғын әйел жолы да таңдандырар: Ол ішіп-жеп, аузын сүртер, «Еш жамандық істемедім» дер. 21 Мына үшеуден солқылдар жер, Төртеуіне де төзе алмас жер: 22 Құл патша болғанда, Ақымақ асқа тойғанда, 23 Қараниет қыз күйеуге шыққанда, Ханымның орнын күңі басқанда. 24 Мына төртеу жердегі кішкенесі, Алайда олар даналардың данасы: 25 Құмырсқа қауымы зор күштен ада, Ал қысқы азығын жинайды жазда. 26 Әлсіздің бірі — тау тышқаны, Ал інін ол жартасқа салады. 27 Шегірткеде болмайды патша, Алайда сап түзеп, аттанады жұмыла. 28 Кесірткені қолмен де ұстап алады, Бірақ ол патша сарайынан да табылады. 29 Қадамын нық басады мына үшеу, Айбынды қозғалады мына төртеу: 30 Хайуандар арасындағы батыры — арыстан, Еш нәрседен қаймығып шегінбес жолынан. 31 Ерттелген тұлпар не қой бастар серке, Әскерін жинап аттанған патша. 32 Егер асқақтанып ақымақ болсаң, Не басқаға жамандық ойлап тұрсаң, Ұялып, жап аузыңды қолыңменен. 33 Себебі қаймақты былғасаң май алғандай, Біреудін мұрнын ұрсаң қан шыққандай, Ашу қоздырсаң жанжал туар дәл осылай.
1 Лемуел патшаның қалдырған сөздері, шешесінің оған айтқан нақылдары: 2 Уа, балам менің, құрсағымнан шыққан ұлым менің, Уәде беріп, Құдайдан сұрап алған балам менің! 3 Ысырап қылма әйелдерге күшіңді, Шашыратпа оларға қуатыңды, Тағынан тайдырды олар талай патшаларды. 4 Уа, Лемуел, Патшаларға шарап ішу жарамас, Әміршілерге ішімдік аңсау жараспас. 5 Ал ішетін болса, заң ережесін ұмытар, Қаналғандардың құқығын теріске бұрмалар. 6 Өлімшіге ішімдік берілер, Қиналғанға шарап берілер, 7 Ішіп алып, мүшкіл халін ұмытсын, Қайғы-қасіретін енді еске алмасын. 8 Ал сен, өзі үшін үндей алмайтындардың Сөзін сөйлеп, ісін қорға байғұстардың. 9 Анық сөйлеп, әділ үкім шығаршы, Жарлы мен мұқтаждың мүддесін қорғашы! 10 Еңбекқор, жақсы әйелді кім таба алар? Ол інжу-маржаннан да бағалы болар! 11 Күйеуі оған толықтай сенім артады, Ешқандай игіліктен ада қалмайды. 12 Өмір бойы оның күйеуіне жасары Жамандық емес, жақсылық қана болады. 13 Әйел жүн мен зығырды өзі таңдайды, Қол жұмысын да ынтамен жасайды. 14 Жер шарлаған саудагер кемесі секілді Алыстан да азық-түлігін әкеледі. 15 Әйел төсегінен тұрып таң атпай ерте, Тамағын үлестіріп беріп үй ішіне, Тапсырады жұмысын қызметшілеріне. 16 Жер танабын қарап, ойланып, сатып алады, Еңбегінің түсімінен жүзім отырғызады, 17 Белін бекем буып, қайратпен іс қылады. 18 Ұғады ол еңбегінің өнімді боларын, Көпке дейін түнде сөндірмейді шырағын. 19 Саусағымен созғылап қолындағы жүнін, Дем алмастан иіреді ол ұршығын. 20 Оның қолы әрдайым жомарт жарлыларға, Құшағы ашық бейшара мұқтаждарға. 21 Қар жауып, үй ішім тоңар деп қамықпайды, Бәрі де қос-қостан киімдерін киеді. 22 Әйел әсемдеп тоқып төсек жабынын, Бәтес, қызыл жүннен тігеді киімін. 23 Күйеуінің атағы кең жайылады, Елдің ақсақалдарымен кеңес құрады. 24 Бәтестен әйел жапқыш тігіп, сатады, Белбеумен де саудагерді қамтиды. 25 Осылай ол бөленеді күш пен салтанатқа, Шаттықпен қарайды жарқын болашаққа. 26 Аузынан шыққан сөзі — нағыз даналық, Берген тәлімі — мейірімді жақсылық. 27 Үй шаруасын мұқият бақылайды, Ол нанын бекер жеп, еш масыл болмайды. 28 Балалары тұрып, аналарын дәріптейді, Күйеуі де оны былай деп құрметтейді: 29 «Көп әйел заты еңбекқор, жақсы екен, Бірақ барлығынан да асып түстің сен!» 30 Әсемдік өткінші, алдамшы сұлулық та, Тәңір Иені қастерлейтін әйел лайық мадаққа. 31 Беріңдер оған еңбегінің тиісті зейнетін, Істері үшін жұрт алдында ол дәріптеле берсін!
1 Мұнда Иерусалимде патша әрі даналықты уағыздаушы болған Дәуіт ұлының сөздері берілген. 2 «Құр бекершілік! — деп үйрететін Даналықты уағыздаушы. — (Жеке өздігінен өмірдің) бәрі де құр бекер әрі мағынасыз! 3 Пенденің осы өткінші дүниеде еткен бүкіл бейнетті еңбегінен көрер пайдасы қандай? 4 Ұрпақтар бірінен соң бірі келіп-кетіп жатады, ал жер сол тұрған күйі тұра береді. 5 Күн шығады да батады, содан кейін ол шығатын жеріне қайтуға асығады. 6 Жел оңтүстікке қарай соғып, содан кері айналып, солтүстікке қарай соғады. Ол шыр айналып, бастапқы ізімен қайтып келе береді. 7 Бар өзендер теңізге құяды, бірақ теңіз содан толып кетпейді. Су өзендердің шыққан көздеріне қайта оралып, теңізге қарай аға береді. 8 Өмірде болатын жайттар адамды сөзбен айтып жеткізе алмастай қажытады. «Көз көруден, құлақ естуден қанағат таппас». 9 Бұрын болған нәрсе кейін де болады, істелген іс тағы да істелінеді. Осы өткінші дүниеде түбегейлі жаңа еш нәрсе жоқ. 10 Жұрт бір нәрсе туралы: «Анаған қара, мұндай бұрын-соңды болып көрмеген еді ғой!» — десе де, шынында ол — бізден бұрынғы дәуірлерде болып кеткен жайт. 11 Ежелде өтіп кеткендер ескерілмес, болашақтағыларды солардан кейін дүниеге келетіндер де естерінде ұстамас». 12 Даналықты уағыздаушы, мен, Иерусалим қаласында Исраилге патшалық құрдым. 13 Мен өзімді шын жүректен осы дүниеде болып жатқан нәрселерді зерттеп ұғынып, ақыл-парасатпен сынап ашуға арнадым. Құдайдың адам баласына артқан жүгі қандай ауыр! 14 Осы өткінші дүниеде істеліп жатқан істердің бәріне назар аудардым: олардың барлығы да жел соңынан қуғандай бекершілік екен! 15 «Бұрмаланғанды түзетуге болмайды, жоқ болып кеткенді бар деп те есептеуге болмайды». 16 Мен іштей: «Өзімнен бұрын Иерусалимге билік жүргізгендерге қарағанда мен ұлырақ болып, даналықты молайттым. Ақыл-парасат пен білімді молынан үйреніп алдым», — деп ойлайтынмын. 17 Сондықтан мен даналық пен білім әрі топастық пен ақымақтық туралы мүмкіндігінше көбірек біліп алуға көңіл бөлдім. Бірақ бұның да жел соңынан қуғандай бекершілік екенін ұғындым. 18 Өйткені «адам көбірек түсінген сайын түңіле түседі, көбірек білген сайын күйіне түседі».
1 Мен іштей: «Ал енді, рақаттана шаттанып, жақсы нәрселерді тексеріп көрейінші!» — деп ойладым. Бірақ бұл да бекершілік екен. 2 Себебі ойнап-күлуді «ақылсыз іс» деп таптым, әрі рақатқа берілу жайлы: «Бұл не нәрсеге қол жеткізеді?» — дедім. 3 Содан ойға шомдым да, шарап ішіп көңіл көтерейін деп шештім. Санам мені әлі де парасатпен жетелесе де, ақымақтыққа берілдім. Осылайша адамға осы өткінші дүниедегі қысқа ғұмырында ең тиімдісі не екенін біліп алуға тырыстым. 4 Мен үлкен істерге де кірістім: өзіме арнап сарайлар салып, жүзімдіктер отырғыздым. 5 Өзім үшін бау-бақшалар да дайындап, оларға түрлі жеміс ағаштарын ектім. 6 Тоғайларымда өсіп тұрған ағаштарымды суғару үшін тоғандар жасадым. 7 Сатып алған малайларымнан басқа, өз сарайымда туылған құл-күңдерім де болды. Ірілі-ұсақты малдарымның көп болғаны сонша, бұрын-соңды Иерусалимдегі патшалардың бірде-біреуінде соншама мал болып көрген емес. 8 Мен алтын-күміс жиып, патшалар мен аймақтардың қазыналарын молынан иемдендім. Қасыма әнші-күйшілер мен түрлі күй аспаптарын жинап алдым. Сөйтіп адам баласының рақатына бөлендім. 9 Осылай мен ұлылыққа ие болып, бұрынырақ Иерусалимде патшалық құрғандардың барлығынан асып түстім. Соның бәрінде де ақыл-парасатымнан айырылмадым. 10 Көзім түсіп, ұнатқанның ешқайсысынан бас тартқан жоқпын. Ешқандай көңіл көтеруден де шет қалған емеспін. Бірақ та жан дүниемнің басты қуанышы атқарған еңбегім болды. Ал еңбегімнің қызығы сол еңбектің өзі ғана еді. 11 Қолға алған жұмыстарыма әрі атқарған бейнетті еңбегіме назар аударғанда олардың да жел соңынан қуғандай бекершілік екенін, сондай-ақ, осы өткінші дүниеде шынайы табысқа жетуге болмайтынын байқадым. 12 Содан мен даналық жайында әрі топастық пен ақымақтық туралы ойлай бастадым. Өйткені келешек патшалар осы мәселе жөнінде бұрын істелгендерден басқа не істер екен? 13 Жарық нұр қара түнектен қалай артық болса, даналықтың да ақымақтықтан солай артық екеніне көз жеткіздім. 14 Дананың көзі өз орнында, ал ақымақ қара түнекте сипаланып жүреді. Бірақ соңында екеуі де бірдей тағдырға ұшырайтын болады. 15 Мен іштей: «Ақымақтың басына түсетіні маған да тиесілі болса, онда соншама дана болып не бар?» — деп, бұны да бекершілік деп қорыттым. 16 Ақымақ сияқты, дана жан да жұрт есінде ұзаққа қалмайды. Болашақ күндерде бәрі де ұмытылады. Ақымақ сияқты, дана жан да өлуге тиіс. 17 Содан мен осы өткінші дүниеде болып жатқан істерге наразыланып, өмірді жек көріп кеттім. Себебі бәрі де жел соңынан қуғандай бекершілік екен. 18 Осы дүниеде атқарған ауыр еңбегімнің бар өнімін де жек көре бастадым, өйткені оны өзімнен кейінгі бір адамға қалдыруым қажет. 19 Ол дана бола ма, ақымақ бола ма, онысын кім біледі? Ол бәрібір менің ауыр еңбекпен әрі ақыл-парасатпен қол жеткізгендерімнің барлығына ие болады. Бұл да бекершілік! 20 Сонымен осы өткінші дүниеде атқарған бүкіл бейнетті еңбегімнен көңілім қалып түңілдім. 21 Себебі бір адам ақыл-парасатпен, біліммен және шеберлікпен еңбек еткеннен кейін соның өнімін бұған еш еңбек сіңірмеген басқа біреуге қалдыруға тиіс болады. Бұл да бекершілік әрі жанға қатты бататын жайт. 22 Солай болғанда адам баласына осы өткінші дүниеде атқарған бейнетті еңбегінен және жан салған ұмтылысынан не пайда? 23 Ол өмір бойы міндетін өтеп, азап пен мехнат шегіп жүреді, тіпті түнде де оның ақыл-санасы толықтай тынықпайды. Бұл да бекершілік. 24 Адам баласына ішіп-жеуден әрі атқарған еңбегінен рақат табудан артық ештеңе жоқ екен. Бұларды да Құдайдың бергеніне көзім жетті. 25 Себебі Құдай бермесе кім ішіп-жеп, қызық көре алады? 26 Өзін риза ететін адамға Құдай даналық, білім және қуаныш сыйлайды. Ал теріс жолмен жүретін күнәкарға Ол байлық жинап, сақтап қою уайымын тапсырады. Бірақ күнәкар соларын Құдайды риза еткен адамға қалдырып кетуге мәжбүр болады. Мұндай өмір шынында жел соңынан қуғандай бекершілік.
1 Өз уақыты бар әр нәрсенің, Осы дүниеде істелінетін Әр істің мезгілі бар өзінің. 2 Өз уақыттары бар туудың әрі қайтыс болудың, Тұқым себудің әрі тамырымен жұлудың. 3 Өз мезгілдері бар өлтірудің әрі сауықтырудың, Бұзудың әрі қайта тұрғызудың. 4 Өз кезеңдері бар қайғырып жылаудың әрі күлудің, Жоқтау айтудың әрі би билеудің. 5 Өз мезгілдері бар тас лақтырудың әрі оларды жинаудың, Құшақтасудың әрі содан жалтарудың. 6 Өз кездері бар іздеп жүрудің әрі жоғалтудың, Сақтаудың әрі лақтырып тастаудың. 7 Өз уақыттары бар жыртудың әрі тігіп жөндеудің, Үндемеудің әрі сөйлеудің. 8 Өз кездері бар сүюдің әрі жек көрудің, Соғысудың әрі татуласудың. 9 Еңбек еткеннің өз бейнетінен көретін не пайдасы бар? 10 Құдайдың адам баласына жүктеген міндеттеріне де назар аудардым. 11 Құдай әр нәрсені өз уақытына сай көрікті етіп жаратты. Ол адамның жан дүниесіне мәңгілікті сезетін түйсікті дарытты. Әйтсе де адамдар Құдайдың әуел бастан аяғына дейін не істегендерін түсіне алмайды. 12 Адам үшін шаттану мен жақсылық жасаудан артық ештеңенің жоқ екенін ұқтым. 13 Осылай әрбір адам ішіп-жеп, еткен еңбегінен қанағат тапсын. Бұл да Құдайдың берген сыйы. 14 Құдай не істесе, соның мәңгі болатынын, одан ештеңе алынып, оған ештеңе қосылмайтынын да ұқтым. Құдай бұны Өзін адамдар терең қастерлеу үшін солай етті. 15 Болып жатқан және болашақта болатын жайттар бұрын да болып кеткен. Ал Құдай өтіп кеткен солардың қайталануын қадағалайды. 16 Мен, сондай-ақ, осы өткінші дүниеде тағы мынаны да байқадым: Әділдік іске асуға тиіс орында — зұлымдық, әрі әділет орындалуға тиіс жерде сұмдық жүреді екен! 17 Сонда мен іштей: «Құдай әділді де, зұлымды да сотында тексеретін болады. Өйткені сол жайттардағы әрбір ой-ниеттің және әрбір істің сыналып тексерілетін уақыты бар», — дедім. 18 Мен тағы адам баласы туралы былай деп те ойладым: «Құдай оның тәндік жағынан хайуан секілді екенін көрсету үшін оны сынақтан өткізеді. 19 Өйткені адам баласының да, хайуанның да ұшырайтын тағдыры бірдей: адамның өлетініндей, хайуан да өледі. Екеуінің де кеудесінде тіршілік лебі бар, осы жағынан адамның хайуаннан артықшылығы жоқ. Себебі олардың бәрі де өткінші. 20 Барлығының да барар жері біреу: бәрі де топырақтан жаратылған және қайтадан топыраққа айналады. 21 Адам баласының жанының көкке көтерілетінін, ал хайуанның жанының төменге, жер қойнына кететінін біледі?» 22 Сонымен еткен еңбегінен қанағат табу адам үшін ең жақсы нәрсе екеніне көзім жетті. Бұл оның үлесіне тиген. Өйткені кейінірек болатын жайттарды оған кім көрсете алады?
1 Мен қайтадан көз салып, осы өткінші дүниеде жасалған әр түрлі зорлық-зомбылықты көрдім. Жапа шеккен бейшаралар көз жастарын төгіп жыласа да, оларды жұбататын ешкім жоқ екен! Қанаушылары зор күш-қуатқа ие, ал қаналғандарға жаны ашып, қолдайтын ешкім де жоқ болды! 2 Сондықтан мен өлгендердің жағдайы әлі де өмір сүріп жатқандарға қарағанда жақсырақ екен деп түйдім. 3 Ал мүлдем өмір сүрмегеннің жағдайы екеуінікінен де артық екен, өйткені ол осы дүниеде жасалып жатқан зұлым істерді еш көрген емес. 4 Сонымен қатар мен мына жайтқа көз жеткіздім: пенденің еңбек етіп жетістікке жетуінің барлығы да адамдар арасында көре алмаушылықты тудырады. Бұл да жел соңынан қуғандай бекершілік екен. 5 «Ақымақ екі қолын қусырып, аштан өлер» дейді. 6 Ал тыныштықпен алынған бір уыс дән жел соңынан қуғандай ауыр еңбекпен табылған екі уыстан артық. 7 Мен қайтадан көз салып, осы өткінші дүниедегі тағы мынадай бекершілікті байқадым: 8 Кей адам жалғыз басты, не баласы, не ағайыны жоқ болса да, қолда барын қанағат етпей, байлығын молайту үшін тынбай ауыр еңбек ете береді. Ал кейін ол өзінен: «Мен кім үшін ауыр еңбек етіп, өмірдің қызығынан ада қаламын?» — деп сұрайды. Бұл да бекершілік әрі жанға бататын жайт. 9 «Біреу болғаннан екеу болған жақсы». Себебі бірігіп жұмыс істессе, содан көретін пайдалары игі болады. 10 Біреуі құласа, жолдасы сүйеп, тұрғызады. Алайда құлағанда сүйеніш болатын ешкімі жоққа қандай қиын! 11 Сондай-ақ, егер екеу болып жатса, түнде тоңбайды. Ал жалғыз адам қалай жылынады? 12 Біреу жалғыз адамды жеңсе де, екі адам оған қарсы тұра алады. «Үш қабат жіп оңай үзілмес». 13 Қарт болғанмен ақылсыз, әрі берген кеңесті тыңдамайтын патшадан гөрі, кедей де болса ақылды жас артық. 14 Оның тіпті түрмеден шығып, патшалық билікке ие болуы да, немесе сол патшалықта кедейлікте туған болуы да мүмкін. 15 Осы дүниенің барлық адамдарының патшаның орнын басайын деп жатқан жастың соңынан ілесіп жүргендерін көрдім. 16 Оның билік жүргізген халқы сансыз көп болды. Бірақ та кейінгі ұрпақ оған да риза болмады. Әрине, бұл да жел соңынан қуғандай бекершілік екен. 17 Құдайдың киелі үйіне барғанда абайлап жүр! Жақындап, Құдайдың айтқандарын құлақ түріп тыңдай бер! Бұл өздерінің жамандық істеп жүргендерін ұқпайтын ақымақтардың құрбандық шалғандарынан әлдеқайда жақсы.
1 Тілің сөйлеуге тез болмасын! Құдай алдында бір нәрсені айтуға тым асықпа! Құдай көкте, ал сен жердесің, сондықтан да сөзшең болма! 2 «Көп уайымдағанда адам түс көрер, Көп сөз айтылғанда ақымақ та сөз сөйлер». 3 Егер Құдайға уәде берген болсаң, оны орындауды кешеуілдетпе. Солай еткен ақымақтарға Ол риза болмайды. Нені уәде еткен болсаң, соны орында! 4 Уәде беріп, оны орындамағаннан мүлдем уәде бермегенің жақсы. 5 Аузыңнан шыққан сөздерің сені күнәға батырмасын. Құдайдың хабаршысы — діни қызметкерге: «Берген уәдем қате», — деп сылтауратпа! Неліктен сен Құдайдың ашуын шақырып, істеген істеріңді жойдырмақсың? 6 Себебі көп түс көру де, көп сөз айту да құр бекершілік. Солардың орнына Құдайды терең қастерле! 7 Егер бір аймақта кедейлердің езгіге ұшырап, әділдік пен құқықтан айырылып отырғанын көрсең, соған тым қатты таңданба. Өйткені бір әкімді одан да лауазымды басқа біреу қадағалап, солардан жоғары тағы басқалары да болады, (ал әділдік жиі ескерусіз қалады). 8 Солардың бәрі жердің өнімінен тартып ала береді. Патшаның өзі де өңделген жердің пайдасын көреді. 9 Ақшақұмар ақшаға тоймас, байлыққұмар кірісіне қанағаттанбас. Бұл да бекершілік. 10 Адам байыған сайын, онысын жеп қоятындар да көбейер. Байлығының иесі онысына көз салудан басқа пайда көрмес. 11 Не аз, не көп жесін, өз еңбегімен күн көретіннің ұйқысы жайлы болар. Ал байдың мол байлығы өзін ұйқысынан айырар. 12 Мен осы өткінші дүниеде көрген, жанға бататын тағы бір жайт мынау: жинаған байлығы иесіне кейде тіпті зиян келтіреді. 13 Сол байлық бір апаттан құрып жоқ болар. Сонда ұлы дүниеге келгенде әкесінің оған қалдыратын ештеңесі болмайды. 14 Адам ана құрсағынан жалаңаш шығады, о дүниеге де дәл солай аттанады. Өзінің еңбек етіп тапқанынан ештеңені де қолымен ұстап алып кете алмайды. 15 Жанға қатты бататын тағы бір жайт мынау: адам дүниеге қалай келсе, дәл солай кетеді, ал еткен еңбегі желге ұшып кетті, енді оған не пайда?! 16 Сондай пенде өмір бойы жабырқаңқы жүріп нанын жейді де, түңіліп, науқастанып, ашынып кетеді. 17 Адамға ең жақсысы мынау екеніне көзім жетті: оның ішіп-жеп, осы дүниеде өзіне Құдай сыйлаған бүкіл ғұмырында атқарған барша жұмыстарының игілігін көруі. Себебі оған тиісті үлес — осы. 18 Оның үстіне, Құдай бір адамға байлық-дәулет сыйласа және оған соның пайдасын көріп, өз үлесін алып, істеген жұмысынан рақат табуды бұйырса, бұл да Құдайдың берген сыйы. 19 Құдай сондай адамға күнделікті өмірінде қуаныш сыйлайды. Сөйтіп оның өтіп жатқан өмірі туралы ойланып, уайымдауға уақыты да қалмайды.
1 Осы өткінші дүниеде адамдардың арасында жиі кездесіп, жанға бататын тағы бір жайтты байқадым: 2 Құдай біреуге байлық-дәулет, мал-мүлік, қадір-құрмет сыйлап, енді оның аңсайтын еш нәрсесі қалмайды. Алайда Құдай оған соның қызығын көруге мүмкіндік бермей, рақатын өзге біреу көреді. Бұл да ақылға сыймайтын әрі жанға қатты бататын жайт. 3 Егер бір адамның тіпті жүз баласы болып, өзі ұзақ ғұмыр кешсе, бірақ игілігінің қызығын көрмесе, тіпті дұрыстап жерленбесе, онда мен түсік одан гөрі бақытты дер едім. 4 Себебі түсік құрсақтан бекерге шығып, о дүниеге аттанды, ал оның есімін түнек жапқан. 5 Ол тіпті күн сәулесін ешқашан көрген де, білген де жоқ. Ал жаңағы бейшара адамға қарағанда түсіктің жағдайы жайлырақ. 6 Адам тіпті екі мың жыл жасап, өмірдің қызығын көре алмауы мүмкін. Әрі соңында бәрінің де баратын жері о дүние емес пе? 7 Адамның еткен ауыр еңбегінің барлығы аузын тамаққа толтыруға арналған, бірақ оның жан дүниесі қанағаттанбайды. 8 Олай болса, дана жанның ақымақтан қандай артықшылығы бар? Басқа адамдардың алдында өзін дұрыс ұстауды білгенінен кішіпейіл адамға не пайда? 9 Жаныңның өзіңде жоқ нәрсесін тентірей аңсағанынан гөрі көз алдыңда барыңмен қанағаттанған игі. Жай аңсай беру де жел соңынан қуғандай бекершілік. 10 Әлемде бар нәрсенің бәрі әлдеқашан-ақ шешілген. Адамның қандай болатыны да баяғыда-ақ белгіленіп қойылған. Пенде өзінен құдіретті Құдаймен (өз тағдыры туралы) таласа алмайды. 11 «Көп сөз бекершілікті көбейтер». Бұдан адамға не пайда? 12 Адам үшін өмірде ненің игі екенін кім біледі? Ол қысқа да мәнсіз күндерімен көлеңкедей сырғып өте шығады ғой. Өзінен кейін осы өткінші дүниеде не болатынын адамға кім білдіреді?
1 «Жақсы атақ қымбат иісмайдан артық, адамның өлген күні туған күнінен артық». 2 «Жиын-тойға барғаннан азалы үйге барған артық. Өйткені өлім — барша адам баласын күтіп тұрған жайт. Тірілер мұны естерінде сақтап, соған лайықты өмір сүрсін!» 3 «Қайғыру күлуден артық: жүзі мұңайғанның жан дүниесі жақсара түсер». 4 «Дана жан азалы үйді ойлар, ақымақ шат-думанға салынар». 5 «Ақымақтардың мақтау өлеңдерінен гөрі дананың сөгісін тыңдаған артық». 6 Өйткені ақымақтың қарқылдаған күлкісі қазан астында сытырлап жанған бұтақшалардай. Бұл да бекершілік. 7 «Басқаға жәбір көрсетсе, дана адам ақымаққа айналар». «Пара жүректі бүлдірер». 8 «Істің соңы бастамасынан жақсы, сабырлы жан асқақтан жақсы». 9 «Ашуға булығуға асықпа, ашу-ыза ақымақтың көкірегіне орнығар». 10 «Неліктен өткен заман қазіргіден артық?» деп шағымданба! Өйткені осындай сауал қойғаның даналық емес. 11 «Даналық мұрадай игілікті, жарық дүниеде жүрген жанға сондай пайдалы. 12 Себебі ақшасы адамды қорғайтынындай, даналық та оны қорғар. Ал даналықтың бір артықшылығы: ол иесінің өмірін сақтап қалар». 13 Құдайдың ісіне назар аударшы: Ол бір нәрсені қисық қылып қойса, оны түзету кімнің қолынан келер? 14 Аманшылық болған күндері соның қызығын көріп қуан! Ал қасіретке душар болғанда мынаны есіңе ал: сол екі жайтты да Құдай тағайындаған. Сондықтан адам кейін не болатынын алдын ала біле алмайды. 15 Мен бекершілікке толы өткен өмірімде мына жайттардың екеуін де көргенмін: кейде әділ адам жазықсыз бола тұра, ерте құрып кетеді, ал зұлымның әділетсіз өмірі ұзара түседі. 16 Сондықтан асыра қатаң болма, асыра дана да болғансыма! Өзіңді-өзің құртып нең бар? 17 Зұлымдыққа да салынба, ақымақ та болма! Уақытың жетпей өліп нең бар? 18 Алғашқы ескертуді ұстанып, екіншісінен мақұрым қалмағаның абзал. Өйткені Құдайды терең қастерлейтін адам бұл ескертулердің барлығын басшылыққа алады. 19 «Өз даналығы данышпанды қаланың он басшысынан да күшті етер» делінген. 20 Шындығында жер бетінде әрдайым жақсылық жасап, ешбір күнә жасамайтын әділ адам жоқ. 21 Сондықтан жұрттың айтатын сөздерінің бәріне бірдей көңіл бөле берме! Әйтпесе өз қызметшіңнің сені жамандағанын да естіп жүрерсің. 22 Ал өзіңнің де басқаларды көп рет жамандағаның есіңде ғой! 23 Мен осының бәрін даналықпен сынап: «Мұны ұғынып дана боламын!» деп шешкен едім. Әйтсе де соған қол жеткізе алмадым. 24 Болмыстың шындығы тым алыс және өте терең екен! Кім оған жете алар? 25 Мен даналықты және болмыстың себептерін біліп, зерттеп, терең ұғынуға шын жүректен бет бұрған едім. Зұлымдықтың нағыз ақылсыздық әрі топастықтың қандай ақымақтық екенін де жете білгім келді. 26 Сонымен қатар мен опасыз әйелдің өлімнен де ащы қасірет туғызатынын ұқтым. Оның жүрегі тұзақ пен тор, қолдары кісен іспетті. Құдайға ұнамды адам сондай әйелден сақ жүреді. Ал күнәкарлар оның торына түседі. 27 Біліп қойыңдар, — дейді Даналықты уағыздаушы, — мен әр түрлі нәрселерді басымнан өткізіп, түрлі жайттарды пайымдауға тырыстым. 28 Мен мына пікірді жан сала зерттесем де, (дұрыстығына) көз жеткізе алмадым: «Мыңның арасынан бір ғана жібі түзу ер адамды таптым, ал бірде-бір әйелді тапқан жоқпын» делінген. 29 Мен тек мынаған ғана көз жеткіздім: Құдай адам баласын әділ етіп жаратты, бірақ адамдар көптеген зұлым ой-ниеттеріне салынды.
1 Кім данышпан? Кім мәселелердің мән-мағынасын ұға білер еді? «Даналық адамның өңін нұрландырар, оның сұсты жүзін жұмсартар» делінген. 2 Менің тағы айтарым мынау: Құдай алдында берген антыңа бола патшаның айтқандарын сақтауың қажет. 3 Патшаның қасынан кетуге асықпа. Әділетсіз істі құптама! Өйткені патша қалағанының бәрін істей алар. 4 «Патшаның сөзі күшті». Ендеше оған: «Неге солай істейсіз?!» деуге кімнің дәті барады? 5 «Құдайдың өсиетін сақтаған жан әділетсіз істі құптамас». «Дана жан дұрыс уақыт пен тәртіпті білер». 6 Адамға өмірінің қиыншылықтары ауыр тисе де, «әрбір істің өз уақыты мен тәртібі бар». 7 Ал пенде кейін не болатынын білмейді, әрі болашақтың қалай болатынын оған кім айта алар еді? 8 Ешбір адамның желді ұстап тоқтата алмайтыны сияқты, ешкім де ажалға билік жүргізе алмайды. Соғыс кезінде әскерден босату дегеннің жоқ екеніндей, зұлымдық та өзіне бағынғандарды босата қоймайды. 9 Осы дүниеде болып жатқан әр түрлі істерді санаммен ұғынуға тырысқанда, мен адамдардың басқаларға билік жүргізіп, зор зиян келтіретін жайттарын көрдім. 10 Мұнан кейін мынаған көз салдым: Киелі орынға келіп-кетіп, қалада мақтау алып жүретін кейбір зұлымдар өлгенде құрметпен қабірге қойылды. Бұл да ақылға сыймайтын жайт. 11 Өйткені «қылмыстың үкімі тез орындалмаса, адамның жан дүниесі зұлымдыққа батар». 12 Зұлым адам тіпті жүздеген қылмыс жасап, ұзақ өмір сүре берсе де, мен мынаны білемін: Құдайды терең қастерлеп, Оның көз алдында адал жүргендер игілікке кенелетін болады. 13 Ал зұлымның жағдайы жақсы бола бермес. Оның ғұмыры кешкі көлеңкедей ұзара бермей, қысқа болар. Себебі ол Құдайды терең қастерлеген жоқ. 14 Дүниеде тағы мынадай бір ақылға қонбайтын жайт та бар: зұлымдарға тиісті жазаны кейде әділ адамдар тартады, ал әділдерге тиісті сый-құрметке зұлымдар ие болады. «Бұл шынымен ақылға сыймайды» деймін. 15 Сондықтан мен адамға өмірдің қызығын көріп қалуға кеңес беремін, өйткені осы өткінші дүниеде пендеге ішіп-жеп, қуанышқа бөленуден артық ештеңе жоқ. Сөйтіп ол Құдайдың өзіне осы дүниеде өлшеп берген күндерінде ауыр еңбек еткенде қанағат табатын болады. 16 Осылай мен даналықты және адамның осы дүниеде атқаратын міндетін түсінуге жан салған едім, ал «пенде күні-түні ұйқы көрмей әрекет етеді». 17 Сонда мен Құдайдың істерінің бәріне назар салып, мынадай қорытындыға келдім: Осы өткінші дүниеде болып жатқан жайттарды пенде толықтай ұғына алмас. Адам оны зерттеп білуге қаншама тырысса да, осы мақсатқа ешқашан жете алмайды. Кейбір ақылды адам «мен оны түгелдей білемін» деген пікір білдірсе де, шын мәнінде ол солай емес.
1 Сонымен мен осының бәрі туралы ойланып-толғанып мына қорытындыға келдім: Әділдер мен даналар және олардың істері де Құдайдың қолында. Адам өзін алда не күтіп тұрғанын: сүйіспеншілік пе, әлде жек көрушілік пе, соны білмейді. 2 Бәрі де бірдей жайттарға тап болады екен: әділ мен зұлым, жақсы мен жаман, адал мен арам, құрбандық шалып ұсынатын әрі соны ұсынбайтын адамдар. Олар ізгі не күнәкар болсын, Құдайға уәде беретін не солай істеуден қорқатын болсын, барлығының тағдыры бірдей екен. 3 Ал барлығының да осы өткінші дүниеде бірдей тағдырға ұшырайтыны — жанға бататын жайт! Сондай-ақ, адам баласының жүрегі зұлымдыққа кенеліп, өмір жолында ақымақтық жасайды. Содан кейін ол о дүниеге аттанып, өлгендердің қатарына қосылады. 4 «Өлі арыстаннан тірі ит артық» дегендей, тірі жүргендер үшін әлі де үміт бар. 5 Тірілер өлерін біледі ғой, ал өлгендер ештеңе білмейді екен. Олар енді қайтып еңбектерінің сыйын көрмейді екен, оларды ешкім есіне де алмас. 6 Өлгендер кезінде сезінген сүйіспеншілік, жек көрушілік, қызғаныш баяғыда ғайып болған, олар бұ дүниеде болып жатқан істерге енді араласпайды. 7 Кәне, жүр, Құдай істеп жатқан істеріңді құптағандықтан наныңды қуана жеп, сусыныңды шаттана іш. Өйткені Құдай осы істеріңді құптайды. 8 Әрқашан ақшыл киім киіп, шашыңа иісмайды да аямай жақ! 9 Құдай саған осы дүниеде берген қысқа ғұмырыңның барлық күндерінің қызығын сүйген жарыңмен бірге көр! Өйткені осы өткінші дүниеде сүрген өмірің мен еткен ауыр еңбегің үшін Құдайдың беретін рақаты осы болмақ. 10 Қандай істі қолға алсаң да, соны жан сала істе! Себебі о дүниеге аттанған соң, онда не жұмыс істеу, не ойлап жоспарлау, не білім мен ғылым деген атымен жоқ екен. 11 Мен осы өткінші дүниеге назар аударып, тағы мынаны көрдім: Жарыста жүйрік, шайқаста мықты жан әрдайым жеңе бермейді екен. Данада — тамақ, ақылдыда — байлық, шеберде — абырой әрқашан бола бермейді, солар барлық адамдардың үлесіне орайы келгенде кенеттен тиеді екен. 12 Әрине, басына қашан күн туатынын пенде білмейді ғой. Адам баласы ауға түскен балықтай, тұзаққа шырмалған құстай күтпеген жерден бақытсыздыққа ұшырайды. 13 Мен осы өткінші дүниеден даналықтың тағы мына мысалын да байқадым, ол маған маңызды болып көрінді: 14 Бірде азғана тұрғыны бар бір қалашық болды. Соған қарсы бір ұлы патша аттанып келіп, оны қоршауға алып, зор бекіністер салды. 15 Ал сол қалада кедей де болса дана бір кісі тұрды. Әлгі адам қаланы өзінің даналығымен құтқарып қалды. Бірақ кейіннен ешкім де сол кедейді есіне алмады. 16 Сондықтан да мен: «Даналық күш-қуаттан артық. Әйтсе де жұрт кедейдің даналығына көңіл бөліп, оның сөздеріне құлақ аса бермейді екен» деген тұжырымға келдім. 17 «Ақымақ әміршінің айқайынан гөрі, дананың байыппен айтқандарын тыңдаған тиімді». 18 «Даналық соғыс қаруларынан қуатты болар, ал бір күнәкар көп игілікті құртар».
1 «Өлген шыбындар бір құты иісмайды сасытар», сол сияқты аз-кем ақымақтығы адамның даналығы мен абыройына зардап жасар. 2 «Дананың жүрегі оң жолды, ақымақтың жүрегі теріс жолды таңдар». 3 «Қай жолмен жүрмесін ақымаққа ақыл жетпес, ол өз топастығын әркімге аян етер». 4 Бастығыңның ашуы өзіңе қарсы лап етсе, орныңнан кетіп қалма! «Кішіпейілділік зор қателерді жауып қояр». 5 Мен осы өткінші дүниеде ақылға сыймайтын тағы бір жайтты байқадым, билік иелері кейде мынадай қате жібереді: 6 Олар ақымақтарды жоғары лауазымға көтереді, ал дәулеттілерді төменгі орындарға отырғызады. 7 Мен тіпті атқа мінген құлдарды, әрі құлдай жаяу жүрген билеушілерді көрдім. 8 Біреуге ор қазған қаскүнем соған өзі құлар, Егістік дуалын қиратқанды жылан шағар. 9 Адам тас қашап жатқанда, абайсызда жараланып қалар, Не ағаш жарып жатқанда өзін зақымдап алар. 10 Өтпейтін балтаны қайрамаса, ағаш жаруға күш көп кетер, Ал даналықтың пайдасы зор, ол түбінде табысқа жеткізер. 11 Жылан арбалмас бұрын шағып алса, Арбаушының қажеті не сонда? 12 Дананың сөздері мейірім көрсетер, Ал ақымақ өз сөзінен зиян шегер, 13 Оның айтқандарының басы топастық, әрі соңы болар жаман есуастық, 14 Әйтсе де ол айтар сөздерін көбейтер. Ал болашақтағы жайттарды кім білер, Кейін не боларын адамға кім айтып берер? 15 Ақылсыз жан жұмыс істесе, қажып қалар, Ол жолын да таппас қалаға апарар. 16 Уа, ел, патшаң бозбаладай тәжірибесіз болып, әміршілерің таң сәріден той тойласа, қасіретке қаласың-ау! 17 Ал патшаң текті жерден шыққан, әміршілерің көңіл көтеру үшін емес, күш жинау үшін уақтылы тамақтанатын болса, уа, мұндай ел, бақыттысың! 18 Жалқаудың үйінің төбесі опырылар, Еріншектің үйінен тамшы ағар. 19 Көңіл көтеруге қонақасы дайындар, Шарап адамның өмірін масайратар, Ақша осы екеуіне де жол ашар. 20 Патшаны іштей болса да жамандама, Байды төсекте жатып та балағаттама! «Ұшқан құс даусыңды іліп әкетер, Айтқан сөзіңді қанатты жеткізер».
1 Су бетіне тұқымыңды себе бер, Көп күннен кейін ол өзіңе қайтып келер. 2 Жеті не сегіз бөлікке бөл өзіңде барды, Білмейсің қандай пәлеге душар боларыңды. 3 Қою бұлттар қаптағанда жерге жаңбыр әкелер. Не күнгей, не теріскейге құлаған ағаш сол күйінде жата берер. 4 Желді уайымдаған тұқымын сеуіп тастамас, Бұлтты уайымдаған өнімін теріп жинамас. 5 Білмейсің не дауылдың қайдан соғарын, Не құрсақтағы баланың қалай қалыптасқанын, Сол сияқты ұқпайсың ғаламның барлығын Жаратқан Құдайдың жасаған ғажаптарын. 6 Таңертең тұқымыңды сеп, кешке де қол қусырып отырма! Өйткені қайсысының өнімді боларын, анаусы ма, мынаусы ма, әлде екеуі де бітік шыға ма, соны білмейсің. 7 Жарық ұнамды, күн сәулесін көре алу көз үшін сондай ғанибет! 8 Адам көп жасаса, барлық күндеріне қуансын! Ал алдындағы түнекке толы күндерінің де көп болатынын есінен шығармасын. Келешектегінің бәрі де күңгірт. 9 Уа, жасөспірім, жас кезіңде көңіл көтер, сен нені қалап, өзіңе не ұнаса, соны істей бер. Әйтсе де бар істерің үшін Құдайға жауап беретініңді есіңнен шығарма! 10 Сондықтан жан дүниеңнен ашу-ызаны, өміріңнен зұлымдықты аластат! Себебі балалық пен жастық шағың тез ғайып болмақ.
1 Жастық шағыңда Жаратушыңды есіңде берік ұста! Азапты күндерің жетіп, «олардан рақат таппаймын» дейтін жылдарың жақындамай тұрып, Жаратушыңды қастерлейтін бол! 2 Сол кезде күн мен нұр, ай мен жұлдыздар көмескіленіп, жауыннан кейін де қою бұлттар сейілмей адамның көзі нашар көрер. 3 Сонда адамның «үйді қорғайтын» екі аяғы дірілдеп, мықты иықтары бүгілер. Оның тамақты диірмендей шайнайтын тістері аз болғандықтан жұмыстарын доғарар. Терезеден сыртқа қарайтын жанарлары буалдыр тартар. 4 Екі құлағы үйдің көшеге қараған есіктеріндей тас жабылып, астық тартып отырған қол диірменнің үнін құлағы әрең шалар. Адам таң сәріде шымшық шырылдағанда оянар, ал оның әндерін әзер естір. 5 Сол жаста адамдар құлап қалудан қорқып, жолдағы қауіп-қатерден жүрексінер. Шаштары гүлдеген бадам ағашындай әппақ болар. Салқын күндегі шегірткедей адам сүйретіліп зорға жүрер, әрі құштарлығы да қоздырылмас. Ақыр аяғында адам о дүниедегі мәңгілік мекеніне аттанар, ал көше оны жоқтаушыларға толар. 6 Сондықтан өмірдің күміс жібі әлі де үзілмей, алтын тостағаны сынбай, су құятын құмыра талқандалмай, құдықтағы су тартқыш қирап құлап түспей тұрғанда Жаратушыңды есіңде ұста! 7 Себебі сол уақыт келгенде топырақтан жаратылған денеміз топыраққа қайта айналып, жанымыз өзін сыйлаған Құдайға кері қайтады. 8 «Құр бекершілік! — деп үйрететін Даналықты уағыздаушы — (жеке өздігінен өмірдің) бәрі де бекершілік!» 9 Өзі кемеңгер болып қана қоймай, Даналықты уағыздаушы сонымен бірге халыққа тәлім беріп, көптеген нақыл сөздерді ой елегінен өткізіп бағалап, реттеп жазып қойып отырды. 10 Даналықты уағыздаушы бәрін де орынды сөздермен айтып жеткізуге ұмтылды және оның жазғандары шынайы әрі нағыз ақиқат. 11 Данышпандардың сөздері (мүйізді ірі қараны айдайтын) ұшты таяқ іспетті адамды іс-әрекетке жұмылдырады. Сол жиналған нақылдар қағылған шегедей дәл тиеді. Бұлардың бәрін берген — бір Бағушы. 12 Балам, мұның бәріне қоса тағы бір нәрседен де сақ бол: көптеген кітап жаза берудің шегі жоқ, әрі тым көп оқу денені шаршатады. 13 Ал енді, айтылғандардың барлығының қорытындысын тыңдайық: Құдайды терең қастерлеп, Оның өсиеттерін орында! Себебі бұл — әр адамның парызы. 14 Өйткені Құдай адамның әрбір ісіне, тіпті ешкімге білдірмей жасаған не жақсы, не жаман ісіне де Өзінің сотында әділ бағасын береді.
1 Сүлейменнің таңдаулы әні. 2 Иісмайыңның жұпары аңқып кетті, Атың шашылған иіссудай әйгілі, Сондықтан да қыздар өзіңе тәнті. 3 Ала кетші мені өзіңмен бірге, Жылдам жүгірейік екеуіміз, кәне! Патшам мені кіргізді өз бөлмелеріне. (Қалыңдықтың құрбылары:) Саған шаттанып өзіңді жырлаймыз, Махаббатыңды шараптан көп мақтаймыз. (Қалыңдық:) Өзіңді ұнатқандарына осылардың, Уа, жаным, сен әбден лайықтысың! 4 Өңім қара торы, әйтсе де сұлумын, Уа, қыздары Иерусалим қаласының. Қидардағы шатырлардай қара торымын, Сүлейменнің қара перделеріне ұқсаймын. 5 Қарамаңдаршы маған тесірейе, Бетімді күйдірді күн сәулелері. Ағаларым маған ашуланған еді, Баққызып қойды содан жүзімдіктерді, Сөйтіп күте алмадым өз жүзімдігімді. 6 Айтшы маған, уа, сүйіктім, қай жерде Бағып жүресің сенің отарыңды? Әрі сен қайда барып, түскі кезде Тынықтырып аласың қойларыңды? Мен несіне қаңғырамын бет-перде Жамылған жүгенсіздей, достарыңның Отарлары арасынан сені іздеуге? (Құрбылары:) 7 Ең сұлу ару, сен мұны білмеймісің? Ұсақ малдың соқпақтарымен жүр сонда, Жайып бақ лақтарыңды өзіңнің Шопан қостарының маңдарында. 8 Жаным, сені ұқсатам сайгүлікке Жегілген перғауынның күймесіне. 9 Екі бетің көрікті сырғаларыңмен, Мойның да әп-әдемі алқаларыңмен! 10 Өзіңе арнап күміспен көмкерілген Алтын сырғалар соқтырып беремін мен. 11 Патшам дастарқан басына жайғасты, Иісмайымның жұпары сол тұста жайылды. 12 Сүйіктім хош иісті мүр шайырындай, Кеудемде аңқып тұрған қалташықтай, 13 Ен-Геди жүзімдігінің қынагүл шоғындай. 14 Уа, жаным, керемет қой сұлулығың, Көгершіндей қос жанарың, сондай сұлусың! (Қалыңдық:) 15 Қандай көріктісің, сүйгенім, сүйкімдісің! Көк шалғын болады төсегіміз біздің. (Күйеу жігіт:) 16 Самырсын бұтақтары шаңырағымыздай, Жұпар шыршалар уықтарымыздай.
1 (Қалыңдық:) Шарон жазығындағы райхандаймын, Аңғардың лалагүліне ұқсаймын. (Күйеу жігіт:) 2 Рас, салыстырсам басқалармен, жалғызым, Тікенектер арасындағы лаладайсың. 3 Ғашығым жас жігіттер арасында Алма ағашындай орман арасында! Саясында оның отыра берсем екен, Жемісі тәтті, ләззат табамын мен. 4 Тойханаға алып барды ол мені, Бәріне айқын өзімді сүйетіні. 5 Ғашықтықтан әлсізбін, мейіз беріңдерші, Алма да жегізіп күшейтіңдерші! 6 Сол қолы басымның астында болсын, Оң қолымен мені құшақтап алсын! 7 Иерусалим қыздары, сендерге жалынамын, Елік пен бұғының аттарын атаймын: Махаббатты қоздырып оятпаңдар, жетілсін Өзіне ұнаған дәл мезгіліне дейін! 8 Сүйіктімнің даусы бұл, ол келе жатыр, Таудан асып екпіндеп келе жатыр! 9 Ол ұқсайды елік пен жас бұғыға, Жетіп те қалды үйдің арт жағына, Әне, ол терезеден қарайды да. 10 Тіл қатып маған былай деді сүйіктім: Тұршы, жаным, бірге жүрші, сүйкімдім! 11 Қарашы, қыстың кезі өтіп кетті, Жаңбыр жауған сол бір күндер өтті. 12 Айнала гүлдер қаулап өсіп кеткен, Құстардың әндетер кезі де келген, Кептер гуілі естіледі әр жерден. 13 Інжірдің алғашқы жемісі пісуде, Жүзім де гүл шашып, хош иіс беруде, Орныңнан тұршы енді, қарашығым, Далаға шығайық, уа, ғашық жарым! 14 Көгершінім, жартастың жарығында Жасырынған, шыңдардың арасында, Көрсетсеңші маған сұлу жүзіңді, Естиін мен сондай тәтті үніңді! 15 Ұстаңдаршы сол кішкентай түлкілерді, Олар бүлдіреді ғой жүзімдіктерді, Жүзімдігіміз гүлдеп тұр себебі. 16 Сүйіктім менікі, ал мен онікімін, Ол жайылып жүр арасында лалагүлдің. 17 Таң атып, көлеңке жоғалып кеткенше, Жас бұғыдай тау сайларында секірші, Сүйіктім, еліктей кері қайтып келші!
1 (Қалыңдық:) Түні бойы мен төсек-орнымнан Ғашығымды тосып, таба алмағам. 2 Кәне, мен тұрып, аралайын Қаланың көше, алаңдарын! Бірақ таба алмадым сандалғанмен, Көп іздеп бекер жүрдім мен. 3 Қарауылдар маған тап болды, Аралап жүрді олар қаланы. «Көрдіңіздер ме жан досымды?» Деп сұрап іздедім сүйген жарымды. 4 Мезгілде қастарынан сәл-ақ өткен Кездестірдім жарымды жаным сүйген! Оны ұстап алып жібермедім, Анашымның үйіне алып келдім, Өз шешемнің бөлмесіне кіргіздім. 5 Иерусалим қыздары, сендерге жалынамын, Елік пен бұғының аттарын атаймын: Махаббатты қоздырып оятпаңдар, жетілсін Өзіне ұнаған дәл мезгіліне дейін! (Құрбылары:) 6 Даладан өрлеп келе жатқан бұл кім екен, Түтін бағанындай, мүрдей жұпар затпенен, Саудагердің алуан дәмдеуіш ұнтақтарымен? 7 Мұнда қара, өз күймесінде Сүлеймен Келе жатыр алпыс мықты жігітімен, Исраилдің таңдаулы ерлерімен! 8 Семсері белінде асынған бәрінің, Шайқаста көрсеткен өз ерліктерін, Бұл жігіттер түнгі қауіп-қатерге дайын. 9 Құнды ағашынан Ливан тау-төбесінің Жасатыпты Сүлеймен патша өз күймесін, 10 Оның бағандарын күміспен жалатқан, Һәм оның негізін алтыннан жасатқан, Отырғышын қырмызы матамен қаптатқан. Күйменің ішін Иерусалимнің қыздары Бар ықыласпен безендіріп дайындады. (Қалыңдық:) 11 Уа, сиондық қыздар, шығыңдар, кәне, Қараңдар Сүлеймен патшаның тәжіне: Оған анасы кигізген тәжіне Оның неке қиған осы күнінде, Жүрегі шаттыққа кенелген кезінде!
1 (Күйеу жігіт:) Неткен сұлу едің, сүйіктім менің! Қандай көріктісің, қымбаттым, өзің! Бет пердеңнің артындағы бота көзің Тартымды-ау көзіндей көгершіннің! Ғилақад тау беткейімен түсіп келген Ешкі отарындай шашың төгілген. 2 Тістерің отарындай саулықтардың, Жаңа қырқып, таза жуып шығарған, Кемістік табылмас араларынан, Бәрі де бір-біріне дәл қиысқан. 3 Ал қызыл жіп секілді еріндерің, Қандай сұлу еді ауызың сенің! Бет пердеңмен жабылған самайларың Қос бөлігі іспетті қызғылт анардың. 4 Мойның сенің сымбатты Дәуіт патшаның Сәулетті салынған мұнарасындай, соның Қабырғалары әсем әшекейленген Дәуіттің мың батырының қалқандарымен. 5 Лалагүлдер арасында жайылып жүрген Егіз елікке қос анарың ұқсас екен. 6 Таң атып, көлеңке қысқара түскенше, Мүр шайыры бар тауға көтерілейінші, Жұпар шайыр төбесінде жүрейінші! 7 Қымбаттым, сен тұтастай әдемісің, Жоқ тұла бойыңда ешқандай мінің! 8 Ливан тауынан менімен бірге келгін, Амана шыңынан, қалыңдығым менің, Заңғар бастарынан Хермон, Сенірдің, Арыстан тыншып жатқан үңгірлерінен, Барыс білдіртпей жүрген төбелерінен. 9 Жүрегімді тартып алдың, қарындасым, Бір-ақ көзқарасыңмен, уа, қалыңдығым, Бір ғана асыл тасымен алқаңның! 10 Қандай тәтті сенің махаббатың, Уа, қымбаттым, сүйген қалыңдығым! Ол шараптан әлдеқайда артық екен, Хош иісің сенің артық дәмдеуіштен. 11 Қалыңдығым, балдай тәтті еріндерің, Бал мен сүттей тәтті асты тіліңнің! Хош иісі киімдеріңнің сенің Жұпарындай Ливандағы самырсынның. 12 Уа, қымбаттым, сен жабық бақшадайсың, Қалыңдығым, қоршалған бұлақтайсың, Мөрленіп бекітілген қайнардайсың. 13 Жемісі тәтті анар бақшасындай Өз өскіндерің, һәм нард пен қынадай. 14 Нард пен запыран, шайыр мен дәмқабықтың, Хош иісті таңдаулы ағаштардың, Мүр мен алоэдей дәмдеуіштердің Жұпары аңқып тұр бақшаңнан сенің. 15 Бау-бақшадағы қайнарға ұқсайсың, Ливан тауынан ағып жатқан судайсың. 16 Көтерілші, самал желім, солтүстіктен, Сондай-ақ, жылы желім, оңтүстіктен, Өзімнің бақшама соғып келсеңші, Жұпарларын оның тарата берсеңші! Сүйген жарым өз бақшасына келсін, Тәтті жемістерінен таңдап жесін!
1 (Күйеу:) Міне, мен өз бақшама кіріп алдым, Уа, қымбаттым, менің сүйген жарым! Мүрім мен дәмдеуішімді жинап алдым, Сондай тәтті балымнан ішіп тұрмын, Шарап пен сүтімнің дәмін татып тұрмын. (Құрбылар:) Уа, достарымыз, кәне, ішіп-жеңдер, Уа, ғашықтар, тоя іше беріңдер! 2 Ұйықтап жатып, жүрегім сергек еді. Тыңда, сүйіктім қағып тұр есігімді: «Ашсаңшы есікті, қымбаттым менің, Сүйген жарым, кемелді көгершінім! — Деді ол маған, — шықтан су болды басым, Түннің ылғалынан бұйра шашым!» 3 «Шешініп ем, қалай тағы киінем? Аяғымды жудым, қалай кірлетем?» 4 Есік тесігінен қол сұқты сүйіктім, Қатты толқып кетті менің жүрегім. 5 Есікті оған ашуға тұрдым содан, Хош иісті мүр тамды қолдарымнан, Құлып ысырмасына саусақтарымнан. 6 Есікті ашсам, сүйіктім жоқ екен, Кері бұрылып, кетіп қалған екен! Кеткеніне жүрегім лүпіл қаққан, Іздеп шықсам да, таппадым еш жақтан! Шақырсам да, жауап бермеді маған. 7 Қарауылдар қаланы аралап жүрді, Ұстап алып мені, ұра берді. Күзетшілер қамал үстіндегі Жұлып тастады менің бет пердемді. 8 Өтінем, жалынышымды тыңдаңдаршы, Оу, Иерусалим қаласының қыздары: Егер де көрсеңдер сүйген жарымды, Ғашықтықтан талықсыды деп айтыңдаршы! 9 Бұлай деп бізге өтінетініңдей сен, Сүйіктің қай жағынан артық өзгеден? Әйелдердің ең сұлуы, соны айтсаң екен! (Жас келін:) 10 Сүйіктімнің беті нұрлы, албыраған, Ол айрықша он мың адам арасынан. 11 Басы оның саф алтындай, шашы бұйра, Қарға, құзғынға ұқсап қап-қара. 12 Жанарлары бұлақ жағасындағы Көгершіндер сияқты жылтырайды, Оның тістері сүтке шомылған Асыл тастардай, көмкеріле қойылған. 13 Екі беті оның аңқып жатқан Жұпар иісті шөптер өсіп тұрған Бақшадағы жүйектерге тұр ұқсап. Еріндері сұйық мүр тамшылап Жатқан лалагүлдерге тұр ұқсап. 14 Білектері оның алтыннан жасалған, Асыл тастармен жиек салынған Жұмыр сойылдарға ұқсап жаратылған. Денесі тегіс піл сүйегіне ұқсайды, Сапфир тастар тәрізді жалтырайды. 15 Аяқтары саф алтын негізге Орнатылған мәрмәр баған секілді. Тұлғасы оның Ливан тауындай, Таңдаулы самырсын ағаштарындай, 16 Әрі оның ауызы сондай тәтті, Иә, оның өзі түгелдей сымбатты! Осыған ұқсайды сүйіктім, досым менің, Уа, қала қыздары Иерусалимнің!
1 (Құрбылар:) Уа, ең сұлуы бар әйелдердің, Қай жаққа кетті сүйіктің сенің? Оны өзіңмен бірге іздейік, Ол қайда кеткен, соны білейік?! (Жас келін:) 2 Сүйгенім түсті бақшасына өзінің, Жүйектеріне жұпар шөптерінің, Бау-бақшада серуендеп жүру үшін, Жинамаққа өскен лалагүлдерін. 3 Мен өз сүйіктімдікімін лайым, Ал сүйіктім де менікі әрдайым, Серуендеп жүр арасында лалагүлдің. 4 Сүйгенім, сен Тирсадай әдемісің, Иерусалим де іспетті көріктісің, Ту көтерген әскердей сес көрсетесің. 5 Менен бұрып әкетші көздеріңді, Толқытып жібереді олар мені. Ғилақад тау беткейімен түсіп келген Ешкі отарындай шашың төгілген. 6 Тоғытылған қой іспетті тістерің, Жалғыз емес, сыңары бар бәрінің. 7 Бет пердеңмен жабылған самайларың Қос бөлігі іспетті қызғылт анардың. 8 Алпыс патшайым, сексен кәнизак болсын, Әрі сансыз көп қыздар да жиналсын, 9 Ал көгершінім, мінсізім, айрықша өзі, Ол — шешесінің теңдесі жоқ жалғыз қызы, Өзін туған анасының таңдаулысы! Қыздар оны көргенде мадақтады, Патшайымдар, кәнизактар да мақтады. (Құрбылары:) 10 Бұл кім екен, айдай сұлу, таңдай атқан, Күндей нұрын шашып, ту көтеріп тұрған Әскерге ұқсап сес көрсетіп жатқан? 11 Жаңғақ ағашының тоғайына бардым, Аңғардың көгорай шалғынын қарадым. Жүзім бұталары бүршік жарды ма, Анар ағаштары гүлдей бастады ма, Соны біліп келуге шықтым далаға. 12 Мен соны аңғармай тұрғанда әлі де Отырдым сүйікті патшамның күймесіне.
1 (Құрбылары:) Айналшы, шуламдық, дөңгелеп би биле! Саған қарап тұрайық біздер сүйсіне. (Күйеу:) Неге Маханаим биін билегендер Арасындағы бұл шуламдыққа сендер Сүйсіне қарауды сонша тілейсіңдер? 2 Сандал киген аяғың қандай ажарлы, Уа, ақсүйек әміршінің қызы! Сенің қос саныңның сұлу пішіні Зергер қалпын жасаған асыл тас секілді. 3 Кіндігің дәмді шарап құйылған тостағандай, Белің лалагүл қоршап үйілген бидайдай. 4 Қос анарың екі елік тәрізді, Киіктің егіз лағы секілді. 5 Уа, сүйіктім, сенің сымбатты мойның Піл сүйегінен жасалған мұнарадай, Қос жанарың Бат-Раббим қақпасының Маңындағы Хешбон тоғандарындай, Һәм мұрның Дамаскіге қарап тұрған Ливан тауының әсем мұнарасындай. 6 Басың Қармил тауындай көтеріңкі, Төгілген шашың сенің сондай көрікті, Бұйраларың патшаны баурап әкетеді! 7 Қандай сұлусың, қандай сүйкімдісің, Сенен ләззат табам, сүйіктім менің! 8 Сен құрма ағашындай әдемісің, Қос анарың шоғындай жемістердің. 9 Құрма ағашына өрмелеп шығайын, Жемістері бар сабақтарын ұстайын, Қос анарың болсын жүзім шоқтарындай, Деміңнің иісі алма жұпарындай, 10 Әрі ауызың таңдаулы шараптай! 11 Мен өзіме ынтық сүйіктімдікімін. 12 Жүрші, сүйіктім, далаға барайық, Кәне, ауылдарда түнеп шығайық. 13 Ерте тұрып, жүзімдіктерге барайық, Жүзім бұталары бүршік жарды ма, Олардың гүлдері ашылып қойды ма, Анар ағаштары да гүлдеп тұр ма? Соны көру үшін серуендейік бақтарда, Махаббатымды сыйлаймын саған сонда. 14 Махаббат жемісінің жұпары аңқуда. Алуан түрлі керемет тағамдар Біздің есігіміздің қасында бар: Уа, сүйіктім, бұрынғы мен жаңалар, Менен сен үшін сақтап қойылғандар.
1 (Жас келін:) Сен анамның ақ төсін еміп өскен Бірге туған бауырым болсаң екен! Кездестіріп далада сонда сені, Өбіп алсам, жұрт сөкпес еді мені. 2 Тәрбиелеп мені өсірген шешемнің Үйіне сені ертіп келер едім, Саған дәмдеуіш қосқан шарабым Мен анар шырынын татқызар едім. 3 Сол қолы оның басымның астында, Оң қолымен мені құшақтасын да! 4 Иерусалим қыздары, сендерден өтінемін: Махабатты қоздырып оятпаңдар, жетілсін Өзіне ұнаған дәл мезгіліне дейін! (Құрбылары:) 5 Сүйіктісіне сүйене айдаладан Кім екен мынау өрлеп келе жатқан? 6 Жүрегіңнің үстіне мені мөрдей тақшы, Мөрлі білезіктей білегіңе салшы! Өйткені махаббат өлімдей қуатты, Құлшынысы оның ажалдай қатты! Ол өз отын найзағайдай шашады, Лапылдап өрт жалынындай жанады. 7 Мол су да махаббатты өшіре алмас, Тасыған өзен оны батыра алмас. Бір адам өз үйінің бар байлығын Ұсынғанмен сүйіспеншілік үшін, Мүлдем менсінбес еді ешкім онысын! 8 Кенже туған қарындасымыз бар біздің, Әлі де жетілмеген денесі қыздың, Айттырылып қойған күнінде оның Не істерміз игілігіне қарындастың? 9 Егер берік қабырғадай болса, біз Күмістен оған бекініс саламыз. Ал егер есіктей ашық болса, біз Самырсын тақтаймен жауып тастаймыз. (Жас келін:) 10 Өзім берік қабырғаға ұқсаймын, Һәм мұнарадай тіп-тік қос анарым. Содан оның көзінде кемелді болдым. 11 Бағал-Хамонда Сүлейменнің жүзімдігі болған, Соны бағуды бағбандарға тапсырған. Әрқайсысы соның жемісі үшін Мың мысқал күмістен төлеп берсін. 12 Менің «жүзімдігімді» кімге берсем, Мұны мен өзім біліп, өзім шешем. Мың мысқал, уа, Сүлеймен, сіздікі болсын, Ал екі жүз — жемісін өсіргендерге оның. (Күйеу:) 13 Уа, бау-бақшада отырған жеріңнен Дос қыздарың естіп тұр даусыңды сенің, Енді маған да оны естіртсең екен! (Жас келін:) 14 Уа, сүйіктім, маған жүгіріп келсең екен, Жұпар иісі аңқыған шөптер мол өскен Тауларда елік, жас бұғыдай секірсең!
1 Мұнда Амос ұлы Ишая пайғамбардың Яһуда елі мен астанасы Иерусалим туралы көрген көріністерінде Құдайдан алған хабарлары берілген. Пайғамбар оларды Яһуда еліне Ұзиях, Жотам, Ахаз және Езекия патшалық құрған кездерде көрді. 2 Көк пен жер, ден қойып тыңдаңдар, Жаратқан Ие сөйлеп тұр. Ол былай дейді: «Мен балалар асырап алып, өсірдім. Алайда олар Маған қарсы шығып, бас көтерді. 3 Әр өгіз өз қожайынын таниды, есек те иесінің жем салатын астауын біледі. Бірақ Исраил Мені танымайды: меншікті халқым Менің кім екенімді ұқпайды!» 4 О, күнәкар ұлт, мойнында ауыр кінәсі бар халық, зұлымдардың тұқымы, азғындыққа салынған ұрпақ! Мен Жаратқан Ие, Исраилдің Киелі Құдайы болсам да, олар Мені менсінбей, бас тартып, сырт айналып кетті! 5 Неліктен сендер тағы да соққы жей бермексіңдер? Неге Маған қарсы тұрып, опасыздық жасауды қоймайсыңдар? Содан халықтың басы түгелдей жара, жүрегі әлсіз. 6 Табанынан тас төбесіне дейін сау жері жоқ. Тұла бойы толған жарақаттар, қамшының іздері, жараларының ауыздары ашық. Ешкім оларды жуып, май жағып сылап, таңған емес. 7 Сендердің жерлерің қаңырап бос қалған, қалаларың өртеніп, қираған. Жат жерліктер егістіктеріңнің өнімін көз алдарыңда жеп қояды. Жау қырып-жойып кеткен елдерің быт-шыт, жұрдай болып жатыр. 8 Тек Сион тауындағы Иерусалим қаласы ғана қалды. Ол жүзімдік ішіндегі шатырдай, қауын бақшасындағы күркедей жападан-жалғыз тұрған, жау қоршауға алған қалаға ұқсайды. 9 Әлемнің Иесі біразымызды тірі қалдырмағанда, біз де ежелгі Содом мен Ғомора қалаларының кебін киіп, толықтай жойылып кеткен болар едік. 10 Ей, Содомның билеушілері (сияқты зұлым басшылар), Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар! Ғомораның халқы (іспетті күнәкарлар), Құдайымыздың тәліміне ден қойыңдар! 11 Жаратқан Ие мынаны айтады: «Көптеп құрбандық шалуларыңның Мен үшін қандай мәні бар? Ұсынған қошқарларыңа, бордақыланған малдарыңның майына әбден тойдым. Құрбандыққа шалған бұқаларың мен қой-ешкілеріңнің төгілген қанына да риза емеспін. 12 Алдыма келу үшін ғибадатханамның аулаларына кіресіңдер, әкелген құрбандық малдарың оларды аяқтарымен таптап тастайды. Кім мұны сендерден талап етті? 13 Пайдасыз сый-тартуларыңды Маған бұдан былай ұсынбаңдар! Хош иісті зат түтетулеріңді де ұнатпаймын. Демалыс күндерін және Айдың бірінші күнгі мерекесін атап, діни жиындарда бас қосасыңдар. Ал сонымен қатар зұлымдықты жасай бересіңдер! Бұларыңа енді төзе алмаймын. 14 Сол себептен Айдың бірінші күнгі және өзге де мерекелеріңді жаным жек көреді. Олар Мен үшін ауыртпалыққа айналды, бос рәсімдеріңе төзуден мезі болдым! 15 Сендер қолдарыңды жайып Маған сиынғанда назар аудармаймын. Қаншама көп мінажат етсеңдер де, Мен құлақ салмаймын. Себебі қолдарың жазықсыз адамдардың қанымен былғанған. 16 Күнәларыңнан арылып, тазарыңдар! Көз алдымда жасап келген зұлым істеріңді тоқтатып, жамандық атаулыдан бас тартыңдар! 17 Жақсылық істеуді үйреніп, әділдікке ұмтылыңдар! Зорлық-зомбылық жасағандарды әшкерелеп, оларға тыйым салыңдар, жетім-жесірлерді қолдап, мүдделерін қорғаңдар!» 18 Жаратқан Ие былай деп шақырады: «Келіңдер, мәселелеріңді талқылап, шындығына жетейік! Күнәларың ал қызыл болса да, рақым етіп, сендерді қардай аппақ қылмақпын. Қылмыстарың қан қызыл болса да, сендерді кешіріп, аппақ жүндей ағартпақпын. 19 Егер Маған мойынсұнып, тілімді алсаңдар, жердің жақсы өнімдерін жейтін боласыңдар. 20 Алайда қасарысып, Маған қарсы тұра берсеңдер, сендерді жаудың семсері жалмап қояды». — Жаратқан Иенің Өзі осыны нық айтқан. 21 Қарашы, ежелде Құдайға адал болған қала енді өзін опасыз әйелдей ұстайды! Бұл қала әділдік пен адалдықтың ордасы болатын, ал қазір оны кісі өлтірушілер мекендейді. 22 О, Иерусалим, сен күмістей құнды едің, енді қоқысқа ұқсайсың, дәмді сусындай едің, сұйылып кеттің. 23 Басшыларың — Құдайға қарсы шыққан бүлікшілер, ұры-қарақшылардың сыбайластары! Бәрі де пара алғанды ұнатып, сый-сияпат дәметушілер. Олар жетімдердің мүдделерін қорғамайды, жесірлердің өтініштеріне құлақ та салмайды. 24 Соған орай Исраилдің құдіретті Құдайы — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие былай дейді: «Ә, бәлем, Мен дұшпандарыма қаһарымды төгіп, теріс қылықтарының тиісті жазаларын тартқызамын! 25 Иә, Иерусалим, саған қарсы да қатаң шара қолданамын: зергердің күмісті балқытып, сілтімен тазартатынындай, Мен де сені былғайтын қоқыс атаулыңнан арылтып, тазартамын. 26 Ежелде істегенімдей, саған тағы да әділ төрешілер мен дана кеңесшілерді тағайындаймын. Содан сен «Әділетті қала», «Адал астана» деп аталатын боласың». 27 Осылай Жаратқан Ие Сион қаласын күнәларының құрсауынан құтқарып, әділдікті қалпына келтірмек. Сонда Ол қаланың опық жеп, теріс жолдан қайтқан тұрғындарын кешіріп, тура жолға түсіреді. 28 Алайда Құдайға қарсы тұрып, күнә жасаушылардың бәрі бірдей құриды, Жаратқан Иеден безгендер қырылып жойылады! 29 Сендер киелі деген емен ағаштарыңның астында және бау-бақшаларыңның ішінде жалған тәңірлерге құлшылық етуді қатты ұнатып, соны таңдаған едіңдер. Міне, соларыңа бола масқараланасыңдар! 30 Өйткені жапырақтары қурап кеткен емен ағашына, сусыз, кеуіп қалған бау-бақшаға ұқсайтын боласыңдар. 31 Күшті адамдарың кепкен дән қауызындай, ал арам қылықтары от ұшқынындай болады. Сонда олар кенеттен лап етіп жанып, бұл өртті ешкім де сөндіре алмайды.
1 Құдайдың Яһуда елі мен Иерусалим қаласы туралы Амос ұлы Ишаяға аян арқылы білдірген хабары: 2 Кейінгі заманда Жаратқан Иенің Киелі үйі тұрған Сион тауы Бастысы болады бар тау-төбелердің, Бәрінен де оның атақ-даңқы Әлдеқайда жоғары болып қалады. Барлық халықтардың адамдары Соған қарай ағылатын болады. 3 «Енді жүріңдер, Жаратқан Иенің, Жақыптың халқы сиынған Құдайдың, Сион тауындағы киелі үйіне Өрлеп барайық барлығымыз, кәне! Сол жерде Жасаған Иеміз бізге Ақ жолын нұсқайды, сонымен жүрейік, Оның әділ еркін орындай берейік!» Деп, көп ұлттар жолға шығады бірігіп. Сөзін таратады тәлімін үйретіп Жаратқан Ие Иерусалимнен, Сиондағы өз киелі үйінен. 4 Сонда Иеміз халықтар арасында Төрелік етіп, көптеген ұлттарға Шығаратын болады әділ үкімін. Енді олар төс үстінде қаруларын Қайта соғып соқаға қылыштарын Айналдырады, ораққа найзаларын. Содан халықтар енді қайтып ешқашан Бір-біріне қарсы қару көтермейді, Олар соғысуды тіптен үйренбейді. 5 Жақыптың үрім-бұтағы, келіңдер, Жаратқанның нұрында жүрейік біздер! 6 О, Иеміз, Сен бізді: Өзің таңдап алған халқыңды, Жақыптың үрім-бұтағын тастап кеттің! Себебі ел іші шығыстан келген жаман әдет-салттарға толып тұр. Халқың Өзіңе мойынсұнбаған бөтендермен қол алысып, келісім жасайды, әрі філістірлердей сәуегейлікпен, сиқыршылықпен айналысады. 7 Бұл халықтың жері алтын-күміске кенелген. Қазынасының шегі жоқ, мінетін аттары мен соғыс күймелері де сансыз көп. 8 Осы ел пайдасыз «қуыршақ тәңірлерге» толы, адамдар өз қолдарынан шыққан заттарға табынады! 9 Әрбір адам төмендетіліп, бәрі де масқараланады. О, Иеміз, соларға кешірім бермейсің! 10 Ей, опасыздар, Жаратқан Иенің қорқынышты қаһарынан, Оның айбынды ұлылығынан құз-шатқалдардың қуыстарына қашып барып, жердің ой-шұңқырларына жасырынуға тырысыңдар! 11 Менменнің көзі төмен түсіп, адамзаттың асқақтығы талқандалатын күн туады! Сонда жалғыз Жаратқан Иенің ғана мерейі үстем болады. 12 Әлемнің Иесінің сот жүргізетін сол күні күллі мақтаншақтар мен тәкаппарлар, өзін-өзі дәріптеуші әркім де масқараланып төмендетіледі! 13 Сонда Ливан тауындағы зәулім самырсындар, Башан тауындағы күллі емендер шабылады, 14 тіпті асқар биік тау-төбелер, 15 заңғар мұнаралар мен мықты қамалдардың бәрі де тегістеліп, жермен-жексен болады. 16 Қандай да алып сауда кемесі мен көз тартатын әшекейлі бейне болмасын, барлығы да құртылады. 17 Сол күні адамның өркөкіректігі басылып, пенденің менмендігіне шек қойылып, жалғыз Жаратқан Иенің ғана мерейі үстем болады! 18 Ал сол пайдасыз жалған тәңірлер мүлдем ғайып болып жоғалады. 19 Жаратқан Ие жерді сілкінту үшін тағынан тұрған сол кезде Оған мойынсұнбағандар құз-шатқалдардың қуыстарына әрі жердің ой-шұқырларына қашып барып, Жаратқан Иенің қорқынышты қаһарынан, Оның айбынды ұлылығынан жасырынып қалуға тырысады. 20 Сол күн туғанда күнәкарлар табыну үшін өздері жасап алған алтын, күміс тәңір мүсіндерін лақтырып, көртышқандар мен жарқанаттарға қалдырып кетеді. 21 Жаратқан Ие жерді сілкінту үшін тағынан тұрған сол кезде олар құз-шатқалдардың ішіндегі үңгірлер мен қуыстарға қашып кіріп, Оның қорқынышты қаһарынан әрі айбынды ұлылығынан тығылып қалмақ болады. 22 Ендеше пендеге арқа сүйеулеріңді доғарыңдар! Онда тұрған не бар? Ол алған деміндей өткінші ғой.
1 Сондықтан біліп алыңдар, енді Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие Иерусалим мен Яһуда елін барлық сүйеніштерінен ада етеді: олардың ас-су қорларын жоқ қылып, 2 батырлары мен жауынгерлерін, төрешілері мен пайғамбарларын, сәуегейлері мен рубасыларын, 3 елубасылары мен лауазымдыларын, кеңесшілері мен шебер ұсталарын және білгір бақсыларын да халық арасынан алып кетеді. 4 (Жаратқан Ие былай дейді:) «Бұл елді жас балаларға басқартамын, жүгенсіз жасөспірімдерді билеушілері етіп қоямын. 5 Бұдан былай адамдар бір-бірін қанап, әркім өз жақын-жарандарына қысымшылық жасайды. Жастар паңданып үлкендерге қарсы шығады, қадірсіздер менменсіп беделділерді сыйламайды. 6 Сол кезде адамдар ағайындарының біреуіне жармасып: «Үстіңде киімің бар ғой. Біздің басшымыз болып, қираған осы жерді қол астыңа алып, қалпына келтіре гөр! деп жалынатын болады. 7 Бірақ ол кісі қарсы шығып: «Халықтың қасіретін емдеп жазатындай құдіретім жоқ! Жеуге тамақ, киюге киім өз үй ішіме де жетіспейді! Мені басшыларың қыла көрмеңдер!» деп бас тартпақ. 8 Иерусалим қаласы осылай шайқалып, Яһуда елі осылай құлайды! Себебі олар сөздерімен де, істерімен де Жаратқан Иеге қарсы шығып, Оның көз алдында салтанатты ұлылығын менсінбей келеді. 9 Бұлардың бет-әлпеттері өздерін әшкерелейді. Олар ежелгі Содом халқы сияқты ашықтан-ашық күнә жасап, соларын мақтан да етеді. Өз бастарына өздері пәле тілеген олар қасіретке қалады! 10 Ал әділ жандарға мына ізгі хабарды жеткізіңдер: олар еңбектерінің жемісін жеп, игіліктерін көреді. 11 Бірақ зұлымдар қасіретке қалады! Істеген жамандықтары өз бастарына түседі. 12 Балалар халқыма зорлық-зомбылық көрсетіп, әйелдер оған билік жүргізеді. Ей, халқым менің, жетекшілерің сендерді адастырып, теріс жолға түсіруде!» 13 Жаратқан Ие халықтарды соттауға дайын тұр. 14 Сонда Жаратқан Ие таңдап алған халқының рубасылары мен әміршілеріне айыптарын атап көрсетеді: «Сендер Менің жүзімдігімді ойрандадыңдар! Өз сарайларыңды бейшаралардан тонап алған дүние-мүлікпен толтырдыңдар. 15 Менің халқыма қысымшылық жасап, кедейлерді езіп-жаншығандарың не?!» — деп нық айтады Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие. 16 Жаратқан Ие тағы былай дейді: «Сион шаһарының қыз-келіншектері қандай менмен! Олар бастарын қақшитып, көздерін қылмыңдатып жүреді, қадамдарын кербездене басып, аяқтарындағы сылдырмақтары сыңғыр-сыңғыр етеді». 17 Содан Жасаған Ие Сионның қыз-келіншектерін жазалайды: Жаратқан Ие олардың бастарына жара қаптатып, таз қылады. 18 Сол күні Жасаған Ие Иерусалимнің әйелдерін өздерінің мақтан тұтатын әшекейлерінен де айырады: аяқ сылдырмақтары мен шашбауларын, айшықты алқаларын, 19 сырға-білезіктерін және бет перделерін, әдемі бас киімдері мен аяқ білезіктерін, белбеулері мен әтірлі құтыларын, бой тұмарларын, жүзіктерін және мұрындық сырғаларын, сондай-ақ сәнді киімдері мен шапандарын, халаттары мен әмияндарын, айналары мен бәтес киімдерін, шәлілері мен бөкебайларын — осылардың бәрін де Тәңір Ие Иерусалимнің әйелдерінен алып қояды. 23 Сонда хош иісті иіссуларының орнын сасық иіс басады. Әшекейлі белбеулердің орнына олар кендір жіп байлап, тым баптаған шаш орнына тақыр бас болады. Сәнді киімдер орнына азалы киім киіп, сұлулықтың орнын құлдықтың таңбасы басады. 24 Иерусалимнің ер адамдары семсерден өліп, жауынгерлері ұрыста қаза табады. 25 Қала қақпаларының басында жоқтау айтылып, жылап-сықтау болады. Қаңырап бос қалған астана тақыр жерде отырған әйелге ұқсап қалады.
1 Сол күн туғанда әрбір ер адамға жеті әйел жармасып, оған: «Нанымызды өзіміз тауып жеп, киімімізді өзіміз тауып киеміз. Тек күйеуіміз болып, масқаралықтан арылта көріңіз!» — деп жалынып-жалбарынады. 2 Сол күндері Жаратқан Ие өсіріп шығарған «Жас Өскін» салтанатты да қадірлі болады. Исраил халқының қырғыннан тірі қалғандары осы жердің өнімін мақтан тұтып, даңққа кенеледі. 3 Сонда Сионда тірі қалып, Иерусалимде өмір сүру үшін тізімге тіркелген әрбір адам Құдайға бағышталған қасиетті деп аталады. 4 Себебі Жасаған Ие Сион шаһарының әйелдерін жан дүниелеріндегі ластан арылтады, әрі қан төккен Иерусалим қаласын әділдікпен соттап, қан дақтарынан отпен тазартады. 5 Содан кейін Жаратқан Ие Сион тауының және осында жиналғандардың үстерінен күндіз бұлт пен түтін, түнде жалындаған оттың сәулесін жаратады. Бұлар салтанатты қаланы тұтастай қалқалап жауып тұрып, 6 оны күндізгі қапырықтан тасалап, дауыл мен жауыннан да қорғайтын болады.
1 Енді мен Жан досымның атынан Оның жүзімдігі жайлы жырын айтып берейін: Досымның жүзімдігі құнары асқан Қыраттың беткейіне орналасқан. 2 Досым оның топырағын қопсытып, Тазартты барлық тастардан арылтып, Таңдаулы бұталарды отырғызып, Күзетуге мұнара салды қойып. Жүзім шырынын таптап сығуға арнап Шұңқыр да жасап қойды әктастан қашап. Содан тәтті жемістің шығуын күтті, Жүзімдер бірақ ащы болып шықты! 3 Сол себептен Досым мынаны айтады: «Ал, кәне, Иерусалим тұрғындары, Сондай-ақ Яһуда азаматтары, Бақша мен Өзімнің арамыздағы Дауымызға төрелік айтыңдаршы: 4 Баққа Мен істемеген не қалып еді? Мен одан тәтті жүзім күткенімде, Неліктен ол сондай ащы өнім берді? 5 Сендерге білдірем жүзімдігіме Менің не істейтінімді келешекте: Қоршаған шарбағын шауып тастаймын, Тас дуалын қиратып, талқандаймын, Мал мен аңдарға таптатып қоямын, Жүзімдікті жермен-жексен қыламын, 6 Осылай бақшамды ойрандатамын! Енді қайтып сабақтарын қысқартып, Топырағын өңдемеймін қопсытып. Тікенді бұталар, жантақ, ошаған Қаптап басып кетеді, әрі оған Еш уақытта да жаңбыр жауғызбауға Өзім бұйыратын болам бұлттарға». 7 Әлемнің Иесінің бұл жүзім бағы — Исраилден шыққан үрім-бұтағы, Оның сүйсіне еккен бау-бақшасы — Яһуда елінің адамдары. Құдай бұлардан әділдік күтті, Ал, міне, олар жазықсыз қан төкті! Жаратқан Ие олардан адалдық тосты, Ал, міне, жапа шеккендердің айқайы Құдайдың құлағына жетіп жатты! 8 Үйлеріңе үй, егіндіктеріңе егіндік қосып алатындар, қасіретке қаласыңдар! Басқаларға орын қалдырмай, тек өздерің ғана осы жерде тұрмақсыңдар. 9 Әлемнің Иесінің мына сөздері құлағыма шалынды: «Біліп қойыңдар: осы көптеген үйлер иелерінен айырылады, әдемі сарайлар да қаңырап бос қалады! 10 Сол кезде он сотық жүзімдіктен жиналған өнімнен небәрі бір күбідей ғана шырын шығады, әрі себілген он қап тұқымнан бір-ақ қап астық жиналады!» 11 Таң ата тұрысымен сыраның соңына түскендер, түннің бір уағына дейін шарапқа қызып алып мас болып жүретіндер қасіретке қалады! 12 Тойларында домбыра мен жетіген, даңғыра мен сыбызғы ойналғанда мұндайлар шарап ішіп қызыққа кенеледі. Алайда олар Жаратқан Иенің игілікті істеріне де назар аудармайды, Оның құдіретті қолымен жасаған іс-әрекеттеріне де көңіл бөлмейді. 13 Сол себепті халқым өз түсінбеушілігіне бола жер аударылады! Оның атақтылары аштыққа ұшырап, қалың көпшілік те шөл азабын тартатын болады. 14 Бұларға қоса о дүние де құнығып, аузын арандай ашып тұр. Ол еліміздің даңқты астанасын тосып тұрып, оның бұқара халқын, шулаған тобыры мен сауық-сайран салғандардың бәрін бірдей жұтып қояды. 15 Әрбір пенде төмендетіліп, бәрі де масқараланып, менменнің көзі төмен түседі. 16 Ал Әлемнің Иесі оларды соттап, әділ үкімін шығарғанына бола дәріптеледі, иә, Киелі Құдай Өзінің әділдігі арқылы өз киелілігін де ашық көрсетеді. 17 Сол кезде осы ел ойрандалып, қойлар онда емін-еркін жайылады. Жат жерлік кірмелер бұрынғы байлардың жерлерінен тойынатын болады. 18 Әділетсіз істеріне жіптей шандылып байланғандар қасіретке қалады! Олар жалғандыққа шырмалып, күнәларын арқанмен буылғандай арттарынан сүйреп жүр. 19 Оның үстіне: «Құдай тездетсін, істейтінін жылдамдап істесін, көрейік! Исраилдің Киелі Құдайының жоспары жақында жүзеге ассын, Оның көздегенін біліп алайық!» — деп олар мысқылдайды. 20 Жақсыны жаман, жаманды жақсы дейтіндер, қараңғылықты жарық, жарықты қараңғылық деп атайтындар, әрі ащыны тәтті, тәттіні ащы деп санайтындар қасіретке қалады! 21 Өздерін сондай дана, парасатты деп есептейтіндер де қасіретке қалады! 22 Сол шарап ішкіш «батырлар», ішімдікті күшті етіп дайындаудың «озаттары» қасіретке қалады! 23 Олар пара алып, кінәліні ақтап, әділді заңды құқығынан айырады. 24 Сондықтан от тілінің сабанды жалмап, жалынның пішенді өртеп жіберетіні сияқты, олар да әп-сәтте ғайып болады. Шөптің тамырлары шіріп, гүлдері қурап, желмен ұшып кететініндей, бірден жойылады. Өйткені олар Исраилдің Киелі Құдайы — Әлемнің Иесінің тәлімін мойындамай, Оның сөздерінен бас тартты. 25 Осы себептерден де Жаратқан Ие Өзінің халқына деген қаһарын лаулатып, оны жазалау үшін қолын көтеріп тұр. Оның құдіретінен таулар сілкінеді. Сонда өлгендердің денелері қоқыстай далаға лақтырылады. Соның өзінде Жаратушының қаһары әлі де басылған жоқ, Оның құдіретті қолы жазалау үшін көтеріліп тұр! 26 Жаратқан Ие алыстағы халықтарға арнап туын көтеріп, ысқырғандай белгі береді. Сонда әскерлері жер шетінен асығыс аттанып, тез жетеді. 27 Ешқайсысы шаршамайды да сүрінбейді, қалғымайды да ұйықтамайды. Белбеулері босамайды, етіктерінің баулары да үзілмейді. 28 Бұл ерлердің жебелері үшкір, садақтары атуға дайын тұр. Мінген аттарының тұяқтары шақпақ тастай қатты, соғыс күймелерінің дөңгелектері құйындай жүйткиді. 29 Сол жауынгерлер шабуыл жасағанда арыстандай ақырады, күшті жас арыстандай айбат шегіп, олжасына бас салып, гүрілдеп алып кетеді. Соны ешкім де құтқарып қала алмайды. 30 Сол күні жау Исраилдің үстінен буырқанып долданған теңіздей ақырады. Пенде жағаға қарап, қара түнек пен азапты көреді. Қараңғы бұлттар жарықты жауып тастағандай, әркімнің де күдері үзіледі.
1 Ұзиях патша қайтыс болған жылы мен аса дәріптелген, заңғар биік тағында отырған Тәңір Иенің аянын көрдім. Оның салтанатты шапанының етегі киелі үйдің ішін алып жатты. 2 Тәңір Иені айналдыра оттай жалындаған періштелер қызмет етіп тұрды. Әрқайсысында алты қанаттан болды, солардың екеуімен бетін, тағы екеуімен денесін жауып, қалған екеуімен ұшатын. 3 Жалындаған періштелер бір-біріне дауыстап: «Әлемнің Иесі киелі, қасиетті, қастерлі! Бүкіл дүние Оның салтанатты ұлылығына кенелген!» — десіп тұрды. 4 Олардың бұл айқайынан киелі үйдің есік жақтаулары мен табалдырықтары шайқалды. Үй іші түтінге толып кетті. 5 Сонда мен дауыстап: «Қасіретке қалдым-ау, енді құритын болдым! Себебі мен күнәкармын, аузымнан шыққан сөздерім арам, әрі сөйлеген сөздері арам халықтың арасында тұрып жатырмын. Сонда да мен Патшаны, Әлемнің Иесін, өз көзіммен көрдім!» — дедім. 6 Осы кезде жалындаған періштелердің бірі құрбандық үстелінен жанып тұрған көмір шоғынан көсеумен алып, маған ұшып келді. 7 Ол шоқты аузыма тигізіп былай деді: «Міне, бұл еріндеріңе тиді. Енді сен әділетсіз істеріңнен арылып, күнәңнің арамдығынан тазардың». 8 Бұдан кейін Тәңір Иенің: — Мен кімді жіберейін? Біздің хабаршымыз кім болады? — деген даусын естідім. — Мен бармын, Ием. Мені жібере гөр, — деп жауап бердім. 9 Сонда Тәңір Ие маған былай деп бұйырды: — Осы халыққа барып, мына хабарды жеткіз: «Естіп тұрыңдар, бәрібір түсінбейсіңдер, көріп тұрыңдар, бәрібір аңғармайсыңдар!» 10 Бұл халықтың жүректерін қасарысқан сезімсіз, құлақтарын керең, көздерін соқыр қыл! Әйтпесе олар көздерімен көріп, құлақтарымен естіп, жүректерімен ұғынып, теріс жолдарынан қайтып, рухани дертінен сауығар еді. 11 — Тәңір Ие, мұндай жайт қашанға дейін созылады? — деп сұрағанымда, Оның жауабы мынау болды: — Сол жайт қалалар қирап, қаңырап бос қалғанша, үйлер ешбір тұрғынсыз, егіндіктер ойрандалып, иесіз қалғанға дейін созылмақ. 12 Сонда Мен, Жаратқан Ие, халықтың бәрін алысқа қуып жіберіп, бүкіл елді талқандатып, айдалаға айналдырамын. 13 Елде жұрттың оннан бірі қалса да, олар да қайтадан жойылады. Алайда үлкен ағаштар кесіліп тасталғаннан кейін түбірлері қалатыны сияқты, халықтың Өзіме бағышталған тұқымы оның «түбірі» іспетті болып аман қалады.
1 Яһуда елінде Ұзияхтың немересі Жотамның ұлы Ахаз патшалық құрған кезде Арама патшасы Ресин мен Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақах екеуі Иерусалимге қарсы аттанып, шабуыл жасады. Алайда олар қаланы басып ала алмады. 2 Кейін тағы да «Арама Солтүстік Исраилмен бізге қарсы одақтасты!» деген суық хабар Дәуіттің әулетіне жетті. Содан Ахаз патша мен оның халқының қорыққаны сонша, дауыл шайқаған орман ағаштарындай дірілдеді. 3 Ал Жаратқан Ие Ишаяға бұйрық беріп былай деді: «Сен ұлың Шеяр-Язубты ертіп алып, қаланың сыртында Ахазбен жолық. Оны Жоғарғы тоғанға қарай аққан арықтың соңынан, мата ағартушы шеберлердің даласына апаратын жол бойынан табасың. 4 Ахазға мына хабарымды жеткіз: Абай болып, тыныштық сақта! Ана бықсып, шала жанған екі отындық ағашқа ұқсайтын жауларыңнан қорықпа! Ресин мен Араманың және сол бір Ремалиях ұлының лаулаған қаһарынан зәрең ұшпасын!» 5 Рас, Арама Ефреммен, оның патшасы Ремалиях ұлымен бірге саған қарсы зұлым жоспар құрды: 6 «Кәне, Яһудаға қарсы аттанып, үрейін ұшырайық! Елді өзара бөлісіп алып, оған Табеил ұлын патша етіп тағайындайық!» дейді. 7 Алайда Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Бұл ешқашан да жүзеге аспайды! 8 Себебі Дамаск тек Араманың бас қаласы, ал Ресин небәрі Дамаскінің басы ғана болады. Ефремге келсек, ол алпыс бес жылдың ішінде талқандалып, халық болудан қалады. 9 Самария тек Ефремнің бас қаласы, ал Ремалиях ұлы небәрі Самарияның басы ғана бола береді. Ал егер сенімдеріңде берік тұрмасаңдар, онда (жауға қарсы) берік тұра алмайсыңдар!» 10 Жаратқан Ие Ахаз патшаға тағы бір хабар жіберіп: 11 — Осыны істейтіндігімді саған дәлелдеуім үшін Менен, Құдайың Жаратқан Иеден, бір керемет жасауымды сұра! Бұл керемет іс жердің терең тұңғиығынан немесе аспанның қиыр шетінен болса да, сұрай бер! — деп бұйырды. 12 Бірақ Ахаз: — Жоқ, мен соны сұрамаймын! Жаратқан Иені осылайша сынағым келмейді, — деп бас тартты. 13 Сонда Ишая оған былай деді: — Дәуіттің әулеті, сөзіме құлақ салыңдар! Адамдардың төзімін сынағандарың аз болғандай, енді Құдайымның да төзімін сынамақсыңдар ма?! 14 Ендеше Тәңір Иенің Өзі сендерге осыны істейтіндігін дәлелдейтін кереметті жасайды: Біліп алыңдар, пәк қыз құрсақ көтеріп, ұл туады. Оған Имануил (яғни «Құдай бізбен бірге») деген ат қояды. 15 Нәресте есейіп, жаманнан бас тартып, жақсыны таңдай білетін жасқа келгенде ішетін тамағы тек айран мен бал болады. 16 Себебі бала ер жетіп, жаманнан гөрі жақсыны таңдай білетін жасқа келместен бұрын-ақ, сені соншама қатты қорқытқан әлгі екі патшаның елдері ойрандалады. 17 Жаратқан Ие саған, сенің халқыңа және әкеңнің әулетіне де ауыр күндерді төндіреді. Солтүстік Исраил Яһудадан бөлініп шыққаннан бері, елің сондай пәлені бұрын-соңды басынан кешпеген еді: Жаратқан Ие сендерге қарсы Ассур патшасын аттандырмақ! 18 Сол кезде Жаратқан Ие жауларыңа ысқырып белгі беріп, оларды осы елге шақырып алады. Бәрі де не шыбын-шіркей секілді Мысырдағы Ніл өзенінің алыс салаларынан, не жабайы ара сияқты Ассур патшалығынан осы елге қаптап келеді. Олар үйір-үйірімен сай-салаларға, құз-шатқалдардың жарықтарына, тікенекті бұталар мен суаттардың барлығына қонатын болады. 20 Сол күндері Тәңір Ие Ассур патшасын Евфрат өзенінің ар жағынан жалдап алып, сендерге қарсы жібереді. Сонда Ол Ассур патшасын ұстарадай қолданады: сендердің шаштарың мен аяқтарыңдағы түктеріңді, тіпті сақал-мұрттарыңды да алып тастаған іспетті сендерді масқара қылады. 21 Бұл уақыт келгенде шаруа өзінің табын-отарларынан тек бір қашары мен екі қой-ешкісін ғана қырғыннан сақтап қала алады. Бірақ соның өзінде 22 олар (тапталған егіндіктер мен бау-бақшаларда емін-еркін жайылып) сүтті мол беретіні сонша, ол айран ұйытуға да жетеді. Елдегі пәледен аман қалғандар тек айран ішіп, бал жейтін болады. 23 Бұрын құны бір мың мысқал күміс болған, бір мың жүзім бұтасы өскен әрбір жүзімдікті сол күндері тікенді бұталар әрі жантақ, ошаған қаптап кетеді. 24 Адамдар осылай ойрандалып, тікенді бұталар мен арам шөп басқан барлық жерге тек садақпен қаруланып қана баратын болады. 25 Бір кезде кетпенмен қопсытылып, өңделген барлық қырат-қырқаларыңа тікенді бұталар әрі жантақ, ошаған қаулап өсіп тұрғандықтан, енді онда бара алмайтын боласыңдар. Сол жерлерді ірі қара мен ұсақ малдар емін-еркін таптайтын болады.
1 Кейінірек Жаратқан Ие маған мынадай бұйрық берді: «Аумақты тақта ал да, оған жұрт оқитындай етіп: «Тез-Тонап-Жылдам-Олжалау» деп жаз!» 2 Сол үшін мен екі адамды: діни қызметкер Ұрияны және Барақиях ұлы Зәкәрияны сенімді куәгерлерім етіп алдым. 3 Бұдан кейін мен пайғамбар әйел — жұбайыммен жақындасып, ол құрсақ көтеріп, ұл туды. Жаратқан Ие маған былай деп бұйырды: «Бұл балаға «Тез-Тонап-Жылдам-Олжалау» деген ат қоясың. 4 Себебі оның тілі шығып, «Апа, әке» дегенше, Дамаск пен Самарияның бүкіл байлығын Ассур патшасы олжалап кетеді». 5 Жаратқан Ие маған тағы да тіл қатып 6 былай деді: «Осы халық (Өзім Иерусалимнің игілігі үшін ағызып отырған) Силоғам бұлағының тыныш суын менсінбейді. Қайта, олар Ресинге және Ремалияхтың ұлына қуанады! 7 Біліп қойыңдар: сол себепті Мен, Тәңір Ие, Евфрат өзенінің буырқана тасыған мол суларын, яғни Ассур патшасын, күллі қарулы күштерімен осы жерге бағыттаймын. Евфрат өзені көктемде арна-салаларынан асып-тасып, сулары 8 адамдардың мойнына дейін көтеріледі. Сол сияқты, Ассур патшасы мен оның әскері де жуырда бүкіл Яһуда жеріне жайылып шығып, бұлқан-талқан болып ағып, елді басып кетеді! О, Имануил, оның кең қанаттары бүкіл жеріңе жайылатын болады!» 9 Ей, халықтар, қанша ұран салсаңдар да, бәрібір шайқалып құрисыңдар. Жер бетінің алыс түкпірлері, тыңдаңдар! Шабуылға бел байлап қарулансаңдар да, бәрібір күйреп, құрисыңдар. Иә, айқасқа дайындала беріңдер, алайда қырыласыңдар. 10 Кеңесіп жоспар құрып, көп сөз сөйлесеңдер де, бұларың іске аспайды, себебі Құдай бізге жар! 11 Жаратқан Ие менің үстіме құдіретті қолын қойып тұрып хабарын жеткізді. Ол мені осы халық жүріп бара жатқан теріс жолға түсуден сақтандырып былай деді: 12 «Бұл халықтың бүлік деп атағандарын сендер солай санамаңдар! Басқалардың қорыққандарынан сендер қорқып, үрейленбеңдер! 13 Тек Әлемнің Иесін ғана киелі деп құрметтеп, терең қастерлеңдер, (Оның еркіне қарсы шығудан) шошынып дірілдейтін болыңдар! 14 Жаратқан Ие сендер үшін паналайтын киелі орын іспетті болмақ. Бірақ Ол Исраилдің екі патшалығы үшін адамдарды сүріндіретін кедергі тас, құлататын жартас сияқты, әрі Иерусалимнің тұрғындарын түсіретін тұзақ пен тор секілді болады. 15 Олардың көбі сүрініп құлап, талқандалады, не торға түсіп, ұсталады». 16 Енді осылар туралы білдірген ескертулерім мен тәлімдерім жазылған қағаздарды шиыршықтап орап, байлап, шәкірттерімнің көз алдарында мөрлеп, соларға сақтатқызып қой! 17 Жаратқан Ие Жақыптың үрім-бұтағынан өз бетін жасырып жатса да, мен Оған үмітпен қарап, сенімімді арта беремін. 18 Міне, мен және Жаратқан Ие маған сыйлаған балалар мұндамыз! Жер бетіндегі тұрағы Сион тауында орналасқан Әлемнің Иесі бізді Исраил елінде Өзінің болашақта не істейтінін білдіретін хабары мен белгісі етті. 19 Алайда халық сендерге: «Аруағы мен жынын шақырып, сыбырлап, міңгірлейтін бақсылар мен сәуегейлерден кеңес сұрауды сұраңдар!» деп ұсынады. Онда оларға былай деңдер: «Халық жалғыз Құдайына ғана сиынып, Оның еркін сұрауға тиісті емес пе? Тірілерге болашақты білу үшін өлгендермен ақылдасудың қажеті бар ма?! 20 Қайта, Жаратқан Иенің білдірген тәлімдері мен ескертулеріне көңіл бөліп, соларға сүйеніңдер!» — Егер халық осы хабарларыма сай сөйлемесе, онда оларға атар таң жоқ. 21 Керісінше, олар зор қысымшылық көріп, ашығып, жер-жерде қаңғырып жүретін болады! Аштықтан қиналғанда олар қатты ашуланып, өздерінің патшасы мен Құдайына тіл тигізеді. Содан олар аспан мен 22 жерге көз салып, тек қайғы-қасірет, қара түнек пен үрейлі қараңғылықты ғана көреді-ау! Олар әбден түңіліп, қара түнекке қуылады. Алайда қазір қысымшылық көріп жатқан жерде ұдайы қараңғы бола бермейді.
1 Забулон мен Нафталимнің отанын Иеміз бұрыннан масқараға ұшыратқан. Ал болашақта осы бір аймақты — Теңізге баратын жол бойындағы Әрі Иорданның батыс жағындағы Бөтен ұлттар тұрған Ғалилея аймағы Зор абыройға бөлейтін болады! 2 Халық қараңғыда ғұмыр кешіп келеді, Ал енді бір ғаламат Нұрды көреді, Түнек басқан жерде тұратын елге Таңның шапағы сәулесін төгуде! 3 Уа, Ием, Сен санын көбейтіп халқыңның, Оған үлкен қуаныш та сыйлайсың. Адамдар өнім жинау маусымында, Не жау олжасын бөлісіп алғанда Қатты қуанатындары сияқты, Халқың шаттанады Сенің алдыңда. 4 Себебі Сен өз ата-бабаларын Ежелде Мадиянның зорлығынан Шексіз құдіретіңмен құтқарғансың! Енді тағы да меншікті халқыңның Еңсесін басқан езгіні құртасың, Арқасын ұрып-соққан жау сойылын, Қатал қанаушының асатаяғын Біржола сындырып, жойып тастайсың! 5 Әскердің жер таптаған етіктері Әрі қанға малынған киімдері Енді өртелуге белгіленеді, Бәрі де отқа жем болып кетеді. 6 Себебі Сәби дүниеге келді, Біз үшін осы Ұл сыйға берілді! Билік Оның қолында қала береді: Ол «керемет ақылды Кеңесші, Құдіретті Құдай, Мәңгілік Әке, Тыныштықты сыйлайтын әмірші» Деп те аталатын болады. 7 Оның құрған билігі арта түсіп, Орнатқан тыныштығы шексіз болады, Өзі Дәуіттің тағына отырып, Мәңгі патшалығын сол кезден бастайды, Әділдікпен нығайтып, жалғастырып, Ақиқатты да ұстанатын болады. Барлық қайрат-жігерімен бұларды Әлемнің Иесі іске асырады! 8 Жасаған Ие Жақыптың үрім-бұтағына үкім шығарды, әрі бұл шешімін олардың арасында жүзеге асырады. Солтүстік Исраилдің бүкіл халқы, Самария қаласының әрбір тұрғыны мұны ұғынатын болады. Олар өркөкіректеніп, менменсіп: 10 «Саман үйлеріміз құлады, бірақ біз қашалған тастан қалап мықтылап қайтадан үй саламыз! Тұт ағаштарымыз кесіліп тасталды, бірақ орнына әлдеқайда құнды балқарағайлар отырғызамыз!» — деп, қиқарлық көрсетіп келді. 11 Алайда Жаратқан Ие Ресин патшаның жауларын күшейтіп, Солтүстік Исраилге қарсы 12 шығыстан Араманы, батыстан філістірлерді аттандырды. Олар Исраилді жалмап қоюға құнығып, ауыздарын арандай ашты. Соның өзінде Жаратқан Иенің қаһары әлі де басылған жоқ, Оның құдіретті қолы жазалау үшін көтеріліп тұр! 13 Алайда осы халық өзін жазалаған Әлемнің Иесіне қайтадан бет бұрып, Оның еркін білуге ұмтылған жоқ. 14 Сол себепті бір-ақ күн ішінде Жаратқан Ие Исраилдің басы мен құйрығын, оның үлкенді-кішілі барлығын да шауып тастайды: 15 рубасылар мен атақтылар — елдің басы, ал құйрығы — жалған тәлім беруші көріпкелдер. 16 Бұл халықты өз жетекшілері адастырады. Соларға еріп жүргендер теріс жолға азғырылады. 17 Сондықтан Жасаған Ие осы халықтың жас жігіттерін аямайды, жетім-жесірлеріне де жаны ашымайды. Себебі бәрі де арсыз зұлымдар, ауыздарынан шыққан сөздері өтірік! Алайда Жаратушының қаһары әлі де басылған жоқ, Оның құдіретті қолы жазалау үшін көтеріліп тұр! 18 Расында адамдардың әділетсіздігі от іспетті лаулап жанып, тікенді бұталарды әрі жантақ, ошағанды жалмап, ну орманды да өртеп жібереді. Түтін бағаналары зәулім биікке дейін көтеріледі. 19 Әлемнің Иесінің лаулаған қаһарынан жер өртеніп, халық отқа жем болады. Сонда адамдар жақындарын да аямай, әркім өз қара басын ғана қорғайды. 20 Олар оңды-солды тапқандарын жалмап жеп жатса да, көрген аштығының беті қайтпайды. Адам тіпті өз қандастарын да жалмап, 21 Манаса Ефреммен, Ефрем Манасамен соғысып, содан екеуі бірігіп Яһудаға шабуыл жасайды. Соның өзінде Жаратушының қаһары әлі де басылған жоқ, Оның құдіретті қолы жазалау үшін көтеріліп тұр!
1 Әділетсіз заңдар шығарып, халықты азаптайтын ережелер жариялаған билеушілер қасіретке қалады-ау! 2 Олар халқымның арасындағы жарлыларды құқықтарынан айырып, жәбір көргендерге әділет жолын жауып тастайды. Тіпті жесірлерді олжалап, жетімдердің барын тонайды! 3 Ей, мұндай озбырлық жасайтындар, Құдай сендерді жауапқа тартып, алыс елдерден апат жіберген кезде не істемексіңдер? Көмек сұрап кімге жүгіріп, мақтан тұтқан байлықтарың мен беделдеріңді қайда қалдырмақсыңдар? 4 Сендер не тұтқындардың қатарында бүгіліп айдалып кетесіңдер, не шайқаста өлесіңдер! Соның өзінде Жаратушының қаһары әлі де басылған жоқ, Оның құдіретті қолы жазалау үшін көтеріліп тұр! 5 Жаратқан Ие былай дейді: — Ассур патшалығы қасіретке қалады! Мен оны ызғарлы қаһарыма ұшырағандарды жазалау үшін ғана таяқ, сойыл сияқты пайдаланамын. 6 Ассурдың әскерін Менен безіп, қаһарымды шақырған арсыз халыққа қарсы аттандырамын, әрі оны тонап, олжалауға, даладағы саз-балшықтай таптауға жіберемін. 7 Алайда Ассур патшасының ой-ниеті Менің еркімнен басқаша: ол көптеген халықтарды жойып, мүлдем жоқ қылуды көздейді. 8 Содан Ассур патшасы былай деп мақтанып бөседі: «Менің барлық әміршілерім патшадай күш-қуатқа ие емес пе? 9 Мен Қаркеміш сияқты Қална қаласын да, Хамат секілді Арпад қамалын да, Дамаск сияқты Самарияны да оп-оңай басып аламын! 10 Мен талай патшалықтарды өзіме қаратып, уысымда ұстаймын. Бұлардың түкке тұрғысыз тәңірлері мен мүсіндері Иерусалим мен Самариядағылардан күштірек. 11 Мен Самарияны өзінің пайдасыз тәңірлерімен қоса құрттым, Иерусалимге және ондағы жұрт табынатын мүсіндерге де дәл солай істеймін!» 12 Алайда Тәңір Ие Сион тауы мен бүкіл Иерусалимге қарсы істеп жатқандарының бәрін бітірген кезде былай дейтін болады: — Мен Ассур патшасын өркөкіректеніп, паңдана қарап жүргені үшін жауапқа тартатын боламын! 13 Ол патша былай деп мақтанады: «Мен сол істерді өз қолымның күшімен әрі өз көрегендігіммен жүзеге асырдым, себебі ақылды да парасаттымын! Мен халықтардың шекараларын алып тастап, қазыналарын талан-таражға салдым. Өз құдіретіммен тақ иелерін құлаттым. 14 Құстың ұясынан жұмыртқаларын жинағандай мен халықтардың жерлерін әрі байлықтарын оп-оңай қолыма түсірдім. Мені қорқыту үшін бірде-бір қанат қағылып, бірде-бір тұмсық айбаттанып, шиқ деп үн де қатпады». 15 Бірақ балта өзімен ағаш шапқан иесінен гөрі кереметпін деп мақтана ала ма? Немесе ара өзімен жұмыс істейтін ұстаның алдында көкіректене ала ма? Таяқ, сойыл адамды көтермейді, қайта, адам таяқ не сойылды көтеріп, сілтейді! 16 Сол себептен Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие Ассур патшасының денелі жауынгерлерін қатты ауыртып, жүдетеді, оның даңқты әскерін лаулаған өртпен жалмағандай құртады. 17 Исраил сиынған Киелі Құдай, оның жарық Нұры, лаулаған от пен жалынға ұқсап бір-ақ күнде Ассурдың тікенді бұталарын әрі жантақ, ошағанын өртеп жібереді: 18 оның әйгілі ормандары мен құнарлы бау-бақшаларын түгелдей жалмап жояды. Сонымен қатар Ассурдың даңқты әскері де қатты ауырған адамдай әлсірей береді. 19 Сонда жас баланың өзі-ақ санап шыға алатындай біразы ғана аман қалады. 20 Сол кезде Исраил халқының тірі қалғандары өздерін талқандап, жойған одақтастарына енді қайтып сүйенбейтін болады. Керісінше, олар бұдан былай сенімдерін шын жүректен Жаратқан Иеге, Исраилдің Киелі Құдайына, артады. 21 «Тірі қалғандары қайта оралады»: Жақыптың үрім-бұтағының аман қалғандары Құдіретті Құдайға қайтадан бет бұрады. 22 Уа, Исраил, сенің халқың «теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз көп» болса да, олардың біразы ғана тірі қалып, қайта оралады! Құдай осы халыққа қырылуды бұйырып, шексіз әділдікпен үкімін шығарған. 23 Иә, Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие бұл үкімін бүкіл жерде іске асырады. 24 Сондықтан Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие мынаны айтады: «Уа, Сионда тұратын халқым, Ассур патшалығынан қорықпаңдар! Рас, ол сендерді ежелгі мысырлықтардай таяқ, сойылмен ұрып-соғып, зәбір көрсетуде. 25 Бірақ аз уақыттан кейін Мен сендерге деген ызғарлы қаһарымнан қайтып, оны Ассурға төгіп, сол елді қырып-жоямын. 26 Мен, Әлемнің Иесі, баяғыда Ориб құзының маңайында Мадиян тайпасының жасағын күйрете соққанымдай, енді Ассурды «қамшыммен» соғамын. Ежелде таяғым Мысыр елі мен Қамысты теңіздің үстінен көтеріліп, алға созылғандай, енді Ассурдың өзенінің үстінен де «таяғымды» созып, құдіретімді көрсетемін. 27 Сол уақыт жеткенде сендер қанаушыларыңның мойындарыңа артқан ауыр жүктерінен арыласыңдар! Жаудың еңселеріңді басқан езгісін күл-талқан етесіңдер. Себебі семіріп, зор күшке ие боласыңдар». 28 Ассур әскері Аят қаласына басып кіріп, Мигроннан өтіп кетті, содан Миқмаста қару-жарақ, азық-түлік қорларын тексеріп, сонда қалдырды! 29 Олар өткелден асып, Гебада түнемек. Рамақ қаласының үрейі ұшып, Саулдың мекені болған Гибеяның тұрғындары да қашып кетті. 30 Ғалимның халқы, айқайла! Құлақ салыңдар, Лайша мен шарасыз Анатоттың тұрғындары! 31 Мадмена қашып кетіп, Гебимнің халқы да бас сауғалап тығылуда. 32 Жау Ноб қаласында бүгін-ақ аялдап, Сион тауына, Иерусалим қаласы салынған төбеге қарай жұдырығын сілтейді. 33 Біліп алыңдар, Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие оларды ағаштың кесілген бұтақтарындай етіп қорқынышты құдіретпен шауып құлатады. Зәулім ағаштай өркөкіректеніп, менменсіген олар кесіліп түсіп, қор болады. 34 Ливанның қалың ормандары балтамен шабылып тасталғандай, паңданған жаудың әскері Құдіретті Құдайдың алдында құлап, жермен-жексен болады.
1 Кесілген ағаштың түбірі мен тамырларынан жас өркен өсіп шығады. Сол сияқты Есей ұлы Дәуіттің патшалық биліктен айырылған әулетінен шығатын бір ұрпақ күндердің күнінде қайтадан патшалық құрады. 2 Осы патшаға Жаратқан Иенің Рухы қонып, оған даналық пен парасат, ақыл-кеңес пен құдірет, білімділік және Жаратқан Иені терең қастерлеуді дарытады. 3 Өзі Жаратқан Иеге мойынсұнып, Оны терең қастерлеуден қуаныш табады. Патша тек көрген сырт пішінге, ұзын құлақтан естігеніне ғана сүйеніп үкім шығармайды. 4 Қайта, жарлыларға әділдікпен төрелік айтып, жердің жапа шеккендерінің заңды мүдделерін қорғайды. Оның аузынан шыққан үкімдер осы дүниеге дүре соққан таяқ сияқты: айтқан әмірлерімен зұлымдардың көздерін құртады. 5 Патша әділдікпен билік жүргізіп, ақиқат пен адалдықты берік ұстануға белін бекем буады. 6 Сол заманда қасқыр қозымен тату-тәтті тұрып, қабылан лақпен бірге тынығады. Бұзау, мықты жас арыстан және бордақы өгіз де қатарласып бірге жататын болады. Бәрін бір жас бала айдап, баға алады. 7 Сиыр мен аю қатар жайылып, бұзаулары мен қонжықтары бірге тынығып, арыстан өгіз сияқты сабан, шөп жейді. 8 Сәбилер сұр жыланның інінің қасында ойнап, балдырғандар зәрлі жыланның ұясына қолын емін-еркін тығатын болады. 9 «Бүкіл қасиетті тауымда ешқандай зұлымдық пен қиянат жасалмайтын болады», — дейді Жаратқан Ие. Себебі теңіздің суға толы болатынындай, жер де Жаратқан Иені жақыннан танып, қастерлеген адамдарға солай толы болады! 10 Сол заманда Есей ұлы Дәуіт патшаның «тамырынан» өскін іспетті шыққан Ұрпақ халықтарға арнап тігілген ту сияқты белгі болады. Басқа ұлттар Оған бет бұрып, үмітін артады. Оның тынығып демалатын орны салтанатты да құрметті болады. 11 Сол күн туғанда Тәңір Ие (ата-бабаларын Мысырдағы құлдықтан азат еткеніндей) тағы да құдіретті қолын алға созады. Оның халқының тірі қалғандары Ассурға, Төменгі мен Жоғарғы Мысырға, Құшқа, Елам мен Бабылға, Арамадағы Хаматқа және теңіз жағаларындағы алыс жерлер мен аралдарға шашырап кеткен еді. Енді Тәңір Ие оларды Өзіне қайтарады. 12 Басқа халықтарға арнап туын көтергендей белгі беріп, Солтүстік Исраил мен Яһуда патшалықтарының жер аударылып, шашыраған халқын дүниенің төрт бұрышынан жинап, қайтарып әкелмек. 13 Солтүстік Исраил елі енді қайтып Яһуданы күндемейді, Яһудаға қарсы жауласып келгендердің бәрі де ғайып болады. Бұдан былай Яһуда Солтүстік Исраилге қастық жасамайды. 14 Керісінше, екеуі бірігіп батысқа қарай аттанып, қырат беткейімен құлдырап түсіп, філістірлерге шабуыл жасайды. Олар шығыстағы жау халықтардың олжаларын да иемденіп, Едом мен Моабқа билік құрады, Аммон да оларға мойынсұнады. 15 Жаратқан Ие Мысыр теңізінің шығанағын құрғатып, жоқ қылады. Өзінің құдіретті қолын бұлғап, аңызақ желімен Евфрат өзенін де кептіріп тастайды: оның кісі жаяу өте алатындай таяз етіп жеті тармағын ғана қалдырады. 16 Сонда Жаратқан Иенің халқының тірі қалғандарына Ассурдан шығатын даңғыл жол дайын тұрады. Бұл жайт олардың ата-бабаларының Мысыр елінен шыққан кезіндегідей болмақ.
1 Сол кезде мынадай ән-жыр айтатын боласың: «Уа, Жаратқан Ием, Сені мадақтаймын! Маған ашуланған едің, ал сосын Қаһарыңды басып, мені жұбаттың. 2 Сөз жоқ, тек Құдай менің Құтқарушым! Оған сеніп, қорықпаймын да енді, Жаратқан Ие — күш-қуатымның көзі, Айтатын жырым Тәңір Ием жайлы, Ол адал Құтқарушым болып келеді!» 3 Құтқарылудың қайнар көздерінен Су ала бересіңдер қуанышпен. 4 Сол кезде былай дейтін боласыңдар: «Жаратқан Иеге шүкірлік етіп, Есімін атап Оған сиыныңдар, Әділ істерін ұлттарға білдіріп, Есімінің ұлылығын хабарлаңдар! 5 Жаратқан Иеге арнап ән шырқаңдар, Ол ұлы кереметтерді істеді, Осыны білсін жер жүзінің бәрі! 6 Уа, Сионның халқы, масаттаныңдар, Дауыстап қалықтата ән салыңдар: Исраил сиынған Киелі Құдай Енді өздеріңнің араларыңда Бөленеді салтанатты ұлылыққа!»
1 Амос ұлы Ишая Бабыл қаласы туралы көрініс көріп, мына ауыр хабарды алды: 2 Тақыр төбе басына ту көтеріңдер, келетін әскерге айқайлап та, қол бұлғап та белгі беріңдер! Олар Бабылдағы ақсүйектердің қақпаларына басып кірсін. 3 Мен, Жаратқан Ие, бұл жасақшыларды осы мақсатым үшін таңдап алдым. Сол мықты адамдар Менің қаһарлы үкімімді орындайды. Олар салтанатты ұлылығыма шаттанады. 4 Таудан шыққан дауысқа құлақ түріңдер, ол — жүріп келе жатқан үлкен әскердің шуы сияқты ғой! Патшалықтардың жиналған халықтары айқайлауда. Әлемнің Иесі осы әскерді шайқасқа дайындап түгендеп жатыр. 5 Олар көкжиектің ар жағындағы алыс елдерден келді. Бұл жасақшылар — Жаратқан Иенің қаһарын іске асырып, бүкіл елді құртатын құралдары. 6 Зар жылаңдар, Жаратқан Иенің (соты) күні таяп қалды! Сол кезде құдіреті шексіз Құдай жерді талқандайды. 7 Сондықтан бүкіл бабылдықтардың қолдарынан күші кетіп, әркім жүрексініп қалтырауда. 8 Бәрінің үрейлері ұшып тұр. Олар толғағы қысқан әйелдей аласұра бүрісіп, бір-біріне таңырқай қарайды. Беттері қорқыныштан алабұртқан. 9 Біліп қойыңдар, Жаратқан Иенің (сот жүргізетін) күні таяп қалды! Ол — Оның лаулаған сұрапыл ашу-ызасының күні! Сонда Жаратқан Ие жерді құла түзге айналдырып, ондағы күнәкарларды қырып-жоймақ. 10 Аспандағы жұлдыздар мен шоқжұлдыздар жарқылдауын доғарады. Күн шықса да, оны қараңғылық басады, ай да жарқырамайтын болады. 11 Мен, Жаратқан Ие, жер бетіндегі адамзатқа жасаған зұлым істерінің сазайын тартқызып, әділетсіз адамдарды күнәлары үшін жазалаймын. Мен өркөкіректердің асқақтығын тоқтатып, зорлықшылдардың паңдығын жоямын. 12 Осылай Мен адамзаттың санын азайтып, пендені саф алтыннан да сирек, тіпті сонау Опыр елінен әкелінген таңдаулы алтыннан да құнды қыламын. 13 Себебі Мен, Әлемнің Иесі, лаулаған қаһарымды көрсеткен сол күні аспанды шайқалтамын! Сонда жер сілкініп өз орнынан қозғалады. 14 Содан (Бабылдағы) әрбір адам аңшы қуған киіктей, бақташысы жоқ отардай өз халқы мен еліне қарай қашып кетеді. 15 Жау көзіне түскен әркім найзамен шаншылады, қолға түскен әркім семсермен түйреліп өлтіріледі. 16 Жау олардың балаларын көз алдарында ұрып өлтіріп, үйлерін тонап, әйелдерінің абыройын төгіп масқаралайды. 17 Біліп қойыңдар, Мен мидиялықтарды оларға қарсы шабуылға шығарамын. Олар күмісті қадірлемейді, алтынға да құмартпайды. 18 Мидиялықтар садақтарымен жас жігіттерді жайпап салып, құрсақтағы сәбилерге де қайырымсыздық танытып, балаларды да аямайды. 19 Бабыл қаласы — патшалықтардың сән-салтанаты, халдей халқының асқақ мақтанышы. Алайда Мен, Құдай, Содом мен Ғомороға істегенімдей, Бабылдың да астан-кестенін шығарамын. 20 Бабылдың жерін енді қайтып ешкім мекендемейді, адамдар ешқашан сонда тұрмайтын болады. Не көшпелі арабтар да шатырын тікпейді, не өзге шопандар да отарларын жаймайды. 21 Құла түздің жабайы аңдары оның үйінділерінде тынығып жатып, қираған үйлері үкінің ұяларына толады. Бұл жерде түйеқұстар да тұрып, сабалақ жүнді ешкілер секіріп жүреді. 22 Қираған қорғандары және сәулетті сарайларының қалдықтары қорқау қасқыр мен шибөрінің ұлыған даусымен жаңғырады. Иә, Бабылдың құритын уақыты таяп қалды, оның күні өтті!
1 Жаратқан Ие Жақыптың үрім-бұтағына аяушылық танытып, Исраил халқын тағы да Өзінікі қылып таңдап алып, оларды өз елінде қайтадан орналастырады. Жат жұрттықтар да мұнда келіп, Жақыптың үрім-бұтағына қосылмақ. 2 Басқа ұлттар Исраил халқын өз еліне қайтып әкеледі, әрі оларға Жаратқан Иенің таңдаған жерінде ұдайы қызмет ететін болады. Сонда халық бұрын өзін тұтқын етіп, езіп-жаншығандарды тұтқындап, үстерінен билік құрмақ. 3 Сол күні Жаратқан Ие сені азап пен қорқыныштан, құлдықтың ауыр жүгінен азат ететін болады. 4 Бұл орындалғанда сен Бабыл патшасын мазақ еткен өлең айтып былай дейсің: Жауыз қанаушы қалайша тоқтатылды! Асқақтап тонауы оның доғартылды! 5 Сұмның асатаяғын Жаратқан сындырды, Зұлым билеушіден үстемдігін тартып алды. 6 Сол патша ұлттарды ашулана ұрғылады, Халықтарды тоқтатпай жаншып қудалады. 7 Енді бүкіл жер тыншып аман болады, Барлығы шаттана ән-жырлар салады. 8 Шыршалар да қуанышқа кенеледі, Ливанның самырсындары да былай дейді: «Уа, патша, сен тақтан құлағандықтан енді Бізді шауып құлатуға ешкім келмейді». 9 Ей, патша, о дүние сенің келуіңді күтіп қозғалуда. Саған бола ол өлгендердің аруақтарын, жер бетінде мықты болған билеушілердің бәрін де орындарынан тұрғызады. Күллі халықтардың патшалары (сені құрметтегенсіп) тақтарынан көтерілуде. 10 Олардың бәрі саған тіл қатып былай дейді: «Енді сен де біз сияқты әлсізсің! Сен де бізге ұқсас болдың!» 11 Бүкіл сән-салтанатың да, сарайыңдағы күй-сазың да өзіңмен бірге қабірге қойылды. Сенің астыңа шыбын құрттары төселіп, жамылып жатқан жамылғың жауын құрттары болды. 12 Ей, Шолпан жұлдыз әрі таң шапағы (іспетті болған Бабыл патшасы)! Аспаннан сен қалай құлап түстің! Халықтарды таптап келген сен өзің қалайша жерге лақтырылдың! 13 Өйткені іштей былай дегенсің: «Мен аспанға көтерілемін, өз тағымды Құдайдың жұлдыздарынан да жоғары орнатамын! Қиыр солтүстікте орналасқан, (жалған тәңірлер) жиналатын таудың басындағы тағыма жайғасамын. 14 Биік бұлттардан да жоғары көтеріліп шығамын, өзімді Хақ Тағаламен бірдей қыламын!» 15 Қайта, сен о дүниеге, тұңғиықтың түбіне лақтырыласың! 16 О дүниедегілер саған қадала қарап, сен жайлы былай деп ойлайтын болады: «Жерді сілкінтіп, патшалықтарды шайқалтқан адам осы ма? 17 Әлемді құла түзге айналдырған бұл ма? Қалаларды қиратып, тұтқынға алғандарын үйлеріне қайтармаған қатыгез патша осы ма?» 18 Халықтардың барлық патшалары құрметтеп қойылған өз қабірлерінде жатыр. 19 Ал сен қажетсіз бұтақшадай қабіріңнен алыс жерге лақтырылып тасталдың. Мәйітің бір шұңқырда семсердің жүзінен қаза тапқандардың сүйектерімен жабылып, тастардың астында қалады. Иә, сүйегің өлексе іспетті тапталып, 20 патшалар қабіріне қойылмады. Өйткені сен өз еліңді талқандап, өз халқыңды құрттың. Зұлымдардың тұқымы ешқашан еске алынбасын! 21 Осы патшаның ұлдары да ата-бабаларының жасаған күнәларына бола құртылмақ, соған арналған орынды дайындап қойыңдар! Олар бас көтеріп, жерді иемденіп, дүние жүзін өз қалаларымен толтыра алмасын! 22 «Мен оларға қарсы шықпақпын! — дейді Әлемнің Иесі. — Мен Бабылды атымен жоқ қылып, оның халқын түп-тамырымен құртып, ешбір ұрпағын тірі қалдырмаймын. Осыны айтқан Мен Жаратқан Иемін. 23 Мен қаланы жабайы аңдар мекендейтін ми батпаққа айналдырып, ондағы барлық нәрсені де сыпырып тастаймын». — Әлемнің Иесі осыларды нық айтады. 24 Әлемнің Иесі былай деп ант еткен: «Менің ой-ниетім шүбәсіз іске асады! Мен қалай жоспарлаған болсам, ол дәл солай орындалады! 25 Мен ассурлықтарды өз елім Исраилде талқандап, оларды өз тауларымда басып тастаймын. Осылай халқымның мойнынан Ассурдың мойынтұрығы алынып, олар көтерген ауыр жүктерінен арылады. 26 Бұл — бүкіл әлемге арнаған шешімім! Мынау — барлық халықтардың үстінен созылған құдіретті қолым!» — 27 Өйткені Әлемнің Иесі осыны ұйғарды. Мұнысын орындатқызбайтын кім бар?! Жаратқан Ие құдіретті қолын алға созып тұр. Онысын тоқтата алатын кім бар?! 28 Ахаз патша қайтыс болған жылы мына ауыр хабар (пайғамбарға Жаратқан Иеден) жетті: 29 Уа, бүкіл філістір елі, сені ұратын таяқ сынғанмен, шаттануыңа себеп жоқ. Бір жылан өлген кезде оның орнына улы сұр жылан келеді. Улы сұр жыланның жұмыртқасынан атылып, шағып алатын оқ жылан шығады. 30 Сол кезде (Менің халқымның ішіндегі) ең кедейлер тамақтанып, мұқтаждар қауіп-қатерсіз тынығып жатады. Алайда, уа, філістір халқы, Мен сендерді ашаршылық арқылы түп-тамырларыңмен жұлып тастаймын. Тіпті аман қалғандарыңның өздерін де қырып жоямын. 31 Қала қақпаларының маңында еңіреңдер! Қаланың ішінде зар жылаңдар! Уа, філістірлер, қорқыныштарыңнан су жүрек боласыңдар. Солтүстік жақтан шаң-топырақтың құйын бұлты іспетті жау аттанып келе жатыр! Осы айбынды әскердің қатарларында бірде-бір қорқақ жоқ. 32 Сол халықтан келетін хабаршыларға біз не деп жауап қатамыз? Оларға: «Жаратқан Ие Сионды берік негізге орнатқан. Оның халқының азап шеккендері осы қаладан баспана табады!» — деп айтамыз.
1 Бұл — Моаб елі туралы ауыр хабар: Ойбай, Моабтағы Ар қаласы еш шүбәсіз бір-ақ түнде қиратылып талқандалмақ! Моабтағы Кир қаласы да бір-ақ түнде жойылып күл-талқан болмақ! 2 Халық жалған тәңірдің ғибадатханасына көтеріледі. Олар Дибонның биіктеу жерлеріндегі табыну орындарында жылау үшін өрлеп шығады. Моаб халқы Небо мен Медеба қалаларын жоқтап жылайды. Барлығы да қайғырып шаштарын, сақал-мұрттарын алып тастайды. 3 Олар көшеде азалы киім киіп жүріп, алаңдар мен үйлердің жалпақ төбелерінде де жоқтау айтып жылайды. 4 Хешебон мен Елғаленің халқы зар еңіреп, олардың даусы Яхасқа дейін естіліп тұрады. Сондықтан Моабтың жасақшылары да айқайлап, дірілдеп қорқады. 5 Мен шын жүректен Моаб үшін жылаймын. Оның босқындары Сиғор мен Үшінші-Әглат қалаларына дейін қашып кетпек. Олар Лухитке апаратын асуға еңірей көтеріліп, Хоронаимға қашып барып, шеккен азаптарына қатты қайғыра жылай береді. 6 Өйткені Нымрим сайының суы тартылып қалып, жағасындағы шөптер күйіп кетті. Көк шөп пен өсімдік атаулыдан ештеңе қалмады. 7 Өздерінің жиып-теріп, сақтап қойған мол байлықтарын халық Теректер жылғасының ар жағына тасып әкетеді. 8 Иә, Моаб елінің қай жерінен де зар еңіреген дауыс естіледі. Айтылған жоқтау Әглаим мен Бегер-Елім қалаларынан да естілмек. 9 Дибондағы өзеннің суы төгілген қаннан қып-қызыл болып ағады. Алайда Мен мұндағы халықтың басына бұдан да көбірек ауыртпалық түсіремін: арыстан Моабтан қашып кетіп бара жатқандарға да, елде қалғандарға да бас салатын болады.
1 Уа, Моаб халқы, елдің әміршісіне арнап алым-салық ретінде қошқарлар жіберіңдер! Оларды Села қаласынан иен дала арқылы Сион тауына апарыңдар! 2 Моабтық қыз-келіншектер Арнон өзенінің жағалауында тентіреп, ұясынан лақтырып тасталған құстардай абыржып, әрлі-берлі жүре береді. 3 Олар Яһуда халқына жалынып былай дейді: «Бізге не істейтінімізді айтыңдаршы! Қашып жүрген біздерді тал түсте саясын түсірген ағаштай қорғап, жасыра көріңдер! Қуған жауға бізді ұстап бермеңдерші! 4 Моабтық босқындарды елдеріңде қалдырыңдаршы. Бізді жойғылары келгендерден жасырып қорғаңдаршы!» Зорлық-зомбылық жасап, елді ойран қылғандар тоқтатылып, жойылған кезде 5 Құдай Дәуіттің әулетінен шыққан біреуді таққа отырғызады. Ол халыққа адалдықпен және берік мейіріммен билік жүргізіп, шындыққа сай үкім шығарып, әділетті тез орнататын болады. 6 «Біз Моабтың ерен тәкаппарлығы мен өркөкіректігі, оның менмендігі мен кердеңдігі туралы естігенбіз, алайда олар босқа мақтанады». 7 Сондықтан Моаб халқы зар жылайды, олардың бәрі де еңіреп жылайды. Кир-Хәрешеттен әкелінетін мейіздердің енді болмайтыны туралы қатты қайғырып еңкілдейсіңдер. Халық торығып, үміттерін үзеді. 8 Хешебон маңындағы егіндіктер мен Сибмадағы жүзімдіктер кеуіп қалды. Халықтардың билеушілері ондағы таңдаулы жүзім бұталарын быт-шыт қылды. Бұрын олардың бау-бақшалары солтүстікте Жазерге дейін жетіп, шығыста шөлге қарай, батыста Өлі теңіздің арғы жағалауына қарай жайылып, жайқалып тұратын еді. 9 Сондықтан Сибманың жүзім бұталары үшін Жазер халқы іспетті мен де қатты қайғырамын. Уа, Хешебон мен Елғала, сендерді де жоқтап, көз жасымды көл қыламын. Өйткені енді қайтып мұнда халықтың құрма, інжір жемістері мен егіннің өнімдерін қуана жинайтын маусымдары болмайды. 10 Құнарлы бау-бақшаларда шат-шадымандық ғайып болады. Жүзімдіктерде көңілді әндер шырқалмайды. Сыққыш шұңқырларда ешкім де қуана айқай сала жүзімді таптап шырынын ағызбайды. 11 Сол себепті жан дүнием Моаб елі үшін әрі жүрегім ондағы Кир-Хәрес қаласы үшін қайғылы әуен тартқан жетігендей зарлайды. 12 Моаб халқы дұға ету үшін өздерінің биіктеу жерлеріндегі табыну орындарына барып, жалған тәңірлердің ғибадатханаларында қатты тырысып құлшылық етеді, бірақ оларынан ештеңе шықпайды. 13 Жаратқан Иенің бұдан ертерек Моаб туралы берген хабары осы. 14 Бірақ қазір Жаратқан Ие мынаны айтады: «Дәл үш жылда Моабтың ұлылығынан түк қалмайды. Оның құжынаған халқынан тірі қалғандар өте аз әрі дәрменсіз болады».
1 Бұл — Дамаск жайлы ауыр хабар: «Біліп қойыңдар, енді қайтып Дамаск қала болмайды, ол қиратылып, тау-төбе үйіндіге айналады. 2 Арогер аймағының қалалары қаңырап бос қалады. Енді олар малдың жайылымына айналып, ешкім де олардан малды қуып аластатпайды. 3 Солтүстік Исраил қамалды қалаларынан айырылып, Дамаск өзінің тәуелсіз патшалық болуынан ада қалады. Тірі қалған арамалықтар Исраил халқы сияқты ұлылығын жоғалтады». — Әлемнің Иесі, осыны нық айтады. 4 «Сол кезде Жақыптың нұрлы салтанаты күңгірттеніп, оның мықты денесі жүдейді. 5 Сонда Исраил елі орақшылар егінді жинап алғаннан кейінгі егістікке ұқсайды. Ол ештеңесін қалдырмай жиып-терген Рефаим аңғарындағы қаңыраған бос егіндік іспетті болады. 6 Тек біразырақ адам ғана аман қалады. Бұл, жемісі жинап алынған зәйтүн ағашындай болмақ: ең биік ұшар басында тек екі-үш, ең төменгі өнімді бұтақтарында төрт-бес-ақ жемісі қалмақ». — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие осыны нық айтады. 7 Сол уақыт жеткенде адамдар өздерін жаратқан Жасаған Иеге бет бұрып, Исраилдің Киелі Құдайына сеніммен қарап мойынсұнады. 8 Олар енді қайтып өздері жасаған құрбандық үстелдеріне бет бұрмайды, әрі өз қолдарынан шыққан Ашера бағаналары мен хош иісті заттар түтететін үстелдерге сеніммен қарамайтын болады. 9 Сол заман келгенде олардың бекіністі қалалары да иесіз ну орманға ұқсап, қанахандықтардың Исраил халқынан қашқан кезде тастап кеткен қырат бастарындағы қалалары сияқты елсіз бос болады. 10 Неге десең, сен өзіңді құтқарған Құдайыңды менсінбей, өзіңді қорғайтын «Жартасыңды» ұмыттың! Мейлі, таңдаулы деген өсімдіктерді егіп, шетелден әкелінген жүзім бұталарын отырғыза бер! 11 Олар сен еккен күні тармақ жайса да, сен отырғызған күні гүлденсе де, бәрібір олардан өнім жинамайсың: соның орнында тек қайғы-қасірет пен жазылмас ауру ғана болады. 12 Қап, әттеген-ай! Көптеген халықтардың әскерлері долданған теңіздің гүріліндей шулайды! Әттеген-ай, ұлттардың дабыры қандай! Олар ағысты судың гүріліндей шулайды, 13 әрі жағаны соғып зулаған толқындардай алға жылжиды. Бірақ Құдай оларға бұйрық бергенде, қашып кетеді де, тау жаққа жел ұшырған кебектей, құйын көтерген тозаңдай кері шегінеді. 14 Кешке қарай қорқыныш тудырғанмен, олар ертеңгісін жоқ болады. Біздің елді тонап, мал-мүлкімізді талап әкеткен әрбір жаудың тағдыры, міне, осындай болады.
1 Қап, әттеген-ай, Нілге құятын салалардың ар жағында орналасқан, қанаттылар сусылдап ұшатын Құш елі қасіретке қалады! 2 Сол ел қамыстан жасалған қайықпен Ніл өзенімен елшілерін жібереді. Уа, жүрдек хабаршылар! Өзендермен бөлінген өз елдеріңе қайтыңдар! Әр жерде қорқыныш туғызатын мықты да зорлықшыл өз халқыңа мына хабарды жеткізіңдер: 3 Ей, жер бетінде тұратын барлық адамдар, ден қойыңдар! Тау бастарында ту көтерілгенде соны көріп, керней тартылғанда соны еститін боласыңдар! 4 Себебі Жаратқан Ие маған мынаны айтты: «Мен Өзім тұратын көктен тыныштықпен төменге көз саламын. Осы тыныштық күн күйіп тұрған кездегі жым-жырт ыстыққа әрі өнім жинайтын кездегі аптапта жоғары қарай ақырын көтерілген буға ұқсайды». 5 Жүзімші өнімді жинамас бұрын, бүршік гүлдеп болып, жүзім піскен кезде, пышағымен артық өскіндерді кесіп түсіреді. Сол сияқты, Жаратқан Ие Құштың жасағын «шауып тастайды». 6 Оның өлген жасақшыларының денелері таудағы жыртқыш құстар мен даладағы аңдарға қалады. Олармен жазда құстар, қыста аңдар қоректенеді. 7 Сол кезде ұзын бойлы, сақал-мұртсыз, әр жерде қорқыныш туғызатын мықты да зорлықшыл халықтан Әлемнің Иесіне арналған сый-тарту келеді. Олар соны өзендермен бөлінген өз елдерінен Әлемнің Иесінің есімі құрметтелетін орынға, Сион тауына, әкеледі.
1 Бұл — Мысыр туралы ауыр хабар: Біліп қойыңдар, Жаратқан Ие ұшқыр бұлтқа мініп алып, Мысырға аттанбақ. Мысырдың жалған тәңірлері Оның алдында дірілдеп, мысырлықтар да сужүректеніп қорқады. 2 (Жаратқан Ие мынаны айтады:) «Мен мысырлықтарды өзара қарсыластырып қоямын. Бірге туған бауырлар да, көршілер де бір-бірімен тартысып, қалалар да, патшалықтар да өзара соғысатын болады. 3 Сонда мысырлықтар жүрексініп, түңіліп, Мен олардың жоспарларын шатастырамын. Олар өздері табынған жалған тәңірлері мен аруақтарынан, жынын шақырған бақсылар мен сәуегейлерден ақыл-кеңес сұрайтын болады. 4 Мен мысырлықтарды қатыгез қожайынның қолына табыстаймын, сол қайырымсыз патша оларға үстемдік жүргізетін болады». — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие осыны нық айтады. 5 Ніл өзеніндегі судың деңгейі төмендеп, оның арнасы кеуіп, құрғап қалады. 6 Өзен салалары мен арықтар сонда саси бастап, қалаларды қоршаған орлардың суы да жоқ болады. Қамыс пен қоға кеуіп, семіп қалады. 7 Нілдің жағалауындағы басқа да өсімдіктер, өзеннің жағасындағы егістіктердегі егіннің бәрі де қурап, желмен ұшып, ғайып болады. 8 Нілден балық аулап күн көріп жүрген әрбір адам күрсініп жыламақ. Олардың қармақтары мен ауларынан енді еш пайда болмайды. 9 Зығырдан мата тоқып, бәтес жасап шығарушылар да үміттерін үзеді. 10 Тігіншілер мен жалдамалы жұмысшылардың сағы сынып, тұнжырайды. 11 Елдің астанасы Соғанның басшылары зердесіздер! Мысырдың ең кемеңгерлері ақымақ кеңес береді. Қалай ғана олардың дәттері барып патшаға: «Мен ежелгі кемеңгерлер мен патшалардың ұрпағымын» деп мақтана алады? 12 Уа, Мысыр патшасы, сенің сол бір ақылды кеңесшілерің қайда? Олар Әлемнің Иесінің Мысырға не жоспарлап отырғанын біліп алып, саған айтып берсін! 13 Соғанның басшылары ақымақ болып, Мемфистің басшылары да алданып қалды! Мысырдың руларының басты адамдары халықты адастырып, басын айналдырды. 14 Жаратқан Ие араларына оларды шатастыратын рух төкті. Соның нәтижесінде Мысыр барлық нәрсені қате жасап, өз құсығына тайып теңселген мас адамдай болады. 15 Мысырдағы әркім де, не бастық, не жарлы болсын, не атақты, не қарапайым болсын, қай-қайсысы да шарасыз болмақ. 16 Сол кезде Мысыр елі Әлемнің Иесінің өздеріне қарсы созылған қолынан әйел заты іспетті қорқып дірілдейтін болады. 17 Яһуда елінен Мысырдың зәрелері ұшпақ. Яһуданың аты аталғанда мысырлықтар қалтырап, жандары түршігетін болады. Себебі Әлемнің Иесі Өзінің мысырлықтарға қатысты жоспарын дайындап қойды. 18 Осы уақыт жеткенде Мысырдың бес қаласы Қанахан тілінде сөйлеп, Әлемнің Иесіне адал болуға ант бермек. Қалалардың біреуі «Күнқала» деп аталмақ. 19 Сол заманда Мысыр елінің ортасында Жаратқан Иеге бағышталған құрбандық үстелі болады. Мысырдың шекарасында Оған арналған ескерткіш те орнатылмақ. 20 Бұл, Әлемнің Иесінің Мысырда екендігін дәлелдейтін айғақ болады. Себебі олар өздеріне жәбір көрсеткендерге қарсы қолдау сұрап Жаратқан Иеге дауыстап жалбарынғанда, Ол соларды аман алып қалуға бір мықты Құтқарушыны жібереді. 21 Осылайша Жаратқан Ие Өзін мысырлықтарға таныстырмақ. Сол кезде олар Жаратқан Иені жақыннан біліп, Оған мойынсұнатын болады. Олар Жаратқан Иеге арнап құрбандықтар шалып, басқа сый-тартулар да ұсынбақ. Оған уәде берсе, соларын сөзсіз орындайды. 22 Жаратқан Ие Мысыр халқына (күнәларына бола) індет жіберіп жазасын тартқызады, бірақ кейін оларды Өзі сауықтырады да. Олар Жаратқан Иеге бет бұрып, сиынады. Ол мінажаттарына құлақ түріп, оларды айықтырады. 23 Осы уақыт жеткенде Мысыр мен Ассур елдерінің арасында даңғыл жол болады. Осы екі елдің халқы бір-біріне барып келеді әрі бірігіп Құдайға ғибадат ететін болады. 24 Сол заманда Исраил Мысырмен және Ассурмен қатарлас тұрған үшіншісі болып, осы халық арқылы Жаратқан Иенің жарылқауы жер бетіне жететін болады. 25 Әлемнің Иесі оларға батасын беріп: «Мен өз халқым Мысырды өз қолымнан шыққан Ассурды және меншікті халқым Исраилді де жарылқай беремін!» — дейді.
1 Ассур патшасы Саргон өзінің бас қолбасшысын філістірлердің Азот қаласына қарсы аттандырды. Қолбасшы шабуыл жасап, қаланы басып алды. Сол жылы 2 Жаратқан Ие Амос ұлы Ишаяға тіл қатып былай деді: «Азалы киіміңді және аяқкиіміңді шешіп таста!» — Ишая солай істеп, сырт киімсіз жалаң аяқ жүрді. 3 Кейін Жаратқан Ие осы тапсырмасын былай деп түсіндірді: «Менің қызметшім Ишая үш жыл бойы сырт киімсіз, жалаң аяқ жүрді. Бұл — Мысыр мен Құш елдерінің басына түсетін азапты жайды алдын ала білдірген белгі. 4 Ассур патшасы сол кезде Мысыр мен Құштан тұтқындағандарын осылайша айдап әкетеді. Жасы бар, кәрісі бар, олар сырт киімсіз, жалаң аяқ, арттары ашылған күйі жер аударылады. Содан Мысыр әбден масқараланады. 5 Құшқа сенім артып, Мысырды мақтан тұтқандар үрейленіп, ұятқа қалады». 6 Осы уақыт жеткенде теңіз жағалауын мекендегендер былай дейтін болады: «Бізді Ассур патшасынан қорғайды деп сенген Мысыр мен Құш елдеріне не болғанын қараңдар! Онда біз қалайша аман қаламыз?!»
1 Бұл — «теңізге жақын құла түз» туралы ауыр хабар: Оңтүстіктің иен даласындағы құйындар соққандай, сол қорқынышты шөл жақтан апат келеді. 2 Маған кәрлі көрініс көрсетілді: сатқын сатқындығын, құртушы құртуын жалғастыра береді. «Ей, Елам жасағы, шабуылға шық! Ей, Мидия әскері, қамап ал! Мен Бабылдың халықтарды езіп-жаншып зарлатуын түгелдей тоқтатамын!» (— дейді Жаратқан Ие.) 3 Осыдан тұла бойым қалтырап, қатты ауырып жатырмын. Толғақ қысқан әйелдей азапқа баттым. Көріністе көріп-естігендерім мені абыржытып, әбден түңілдірді. 4 Басым айналып, қорыққаннан қалшылдадым. Кештің түсуін аңсаған едім, бірақ ол маған қатты қорқыныш әкелді. 5 Көрпелер төселіп, дастарқан жайылып, біреулер ішіп-жеп жатыр екен. Кенеттен: «Уа, қолбасшылар, тұрыңыздар! Қалқандарыңызды майлап дайындаңыздар!» — деген дауыс шығады. 6 Осы екі арада Жасаған Ие маған тіл қатып мынаны айтты: «Бар да, күзетші қой, көргендерін айтып тұрсын. 7 Егер де ол қос-қостан келе жатқан салт аттыларды және есекке, түйеге мінгендерді көрсе, соларға мұқият ден қойсын!» 8 Күзетші кейін былай деп айқайлады: «Мырзам, мен күндіз мұнарада тұрып, әрбір түні де сол орнымда қалып келемін!» 9 Міне, салт аттылар қос-қостан келе жатыр! Келіп жеткен шабарман мына жаңалықты хабарлады: «Бабыл құлады! Оның халқы табынған жалған тәңірлердің барлық мүсіндері де жерге құлатылып, күл-талқан болды!» 10 Уа, сорлы халқым, қырмандағы астықтай тапталып басылдыңдар. Ал мен Исраил сиынған Құдайдан, яғни Әлемнің Иесінен, естігендерімді сендерге айтып бердім. 11 Бұл — жым-жырт ел туралы ауыр хабар: Біреу маған Сейірден айқайлап: «Ей, күзетші, түннің қай кезі болды? Күзетші, түн қашан бітеді?» — деп сұрайды. 12 Күзетші былай деп жауап береді: «Қазір таң атады, кейін жер түн жамылады. Егер тағы да сұрағыларың келсе, қайтып келіп, сұрай беріңдер». 13 Бұл — Арабия туралы ауыр хабар: Ей, дедандық керуендер, Арабияның ну тоғайларында жасырынып түнеңдер! 14 Уа, Тема шұратының халқы, шөлдеп келгендерге су ішкізіңдер, бұл босқындарға тамақ әперіңдер! 15 Олар жаудың семсерінен, атуға дайын тұрған садақтарынан, сұрапыл шайқастан құтылу үшін қашып келеді. 16 Сонда Жасаған Ие маған былай деді: «Дәл бір жылдан кейін Қидар халқының сән-салтанаты ғайып болады. 17 Сонда Қидардың мықты да батыл садақшыларынан тірі қалғандары аз болады». — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие осыны кесіп айтты.
1 Бұл — Аян аңғары туралы ауыр хабар: Не болып жатыр? Неліктен барлығың да үйлердің жалпақ төбелеріне шығып алғансыңдар? 2 Уа, бұрын толқыған, у-шу мен той-думанға толған қала! Сенің тұрғындарың өлді, бірақ семсерден емес, ашаршылық пен індеттен! 3 Күллі басшыларың бірге қашып кетіп, бір жебе де атпастан тұтқынға түсті. Сенен табылған адамдарыңның бәрі бірдей ұсталды. Олар алысқа қашып кетпекші болған еді. 4 Сондықтан былай деймін: «Маған қарамаңдар, мен зар жылап жатырмын, қырылған халқымды жоқтаудамын. Мені жұбатуға тырыспаңдар! 5 Өйткені Аян аңғарындағы осы бір үрей мен жеңіліс әрі мидай шатасқан уақыт Әлемнің Әміршісі Жаратқан Иенің Өзінен келді! Қаламыздың қабырғалары құлап, айқайлағандардың даусы төбелерді жаңғыртуда. 6 Еламның жасақшылары садақ пен жебе асынып, күймелерге мініп келді, Кир елінің адамдары қалқандарын дайындады. 7 Сонда ең құнарлы деген аңғарларың күймелерге толды. Салт атты жасақшылар Иерусалим қақпасына қарсы сапта тұр. 8 Яһуданы қорғайтын бекіністері талқан болды. Сол күні сендер «Орман сарайындағы» қару-жарақтарға үмітпен қарадыңдар. 9 Алайда Дәуіттің шаһарының қамал қабырғасында қанша жарылған жердің бар екендігін көрдіңдер. Төменгі тоғанда су сақтап қойдыңдар. 10 Иерусалимдегі үйлерді тексеріп шығып, солардың тастарымен қамалдың қабырғасын бекіту үшін кейбіреулерін құлаттыңдар. 11 Көне тоғанның суын жинау үшін қаланың екі қабырғасының арасына тоған саласыңдар. Алайда сендер Құдайға көңіл бөлмедіңдер! Оның Өзі осының бәрін бұдан көп бұрын жоспарлап, оның осылай болуына себепші болды! 12 Сондықтан сол кезде Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие сендерді жылап жоқтау айтуға, шаштарың мен сақал-мұрттарыңды алып тастап, азалы киім киюге шақырды. 13 Алайда соның орнына сендер мәз-мейрам болып тойладыңдар, ірі қара мен ұсақ малдарды сойып, етін жеп, шарап ішіп отырып: «Ішіп-жеп тойып алайық, ертең бәрібір өліп қалармыз!» деп, еркінсіп жүрдіңдер. 14 Әлемнің Иесі маған оларға арналған мына хабарды естіртіп білдірді: «Осы күнәларыңның арамдығы көздерің тірі болған кезде тазартылмайды!» — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие осыны антпен бекіткен. 15 Кейінірек Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие маған тағы мына тапсырманы берді: «Бар да, сарай басқарушысы Шебнаға былай де: 16 Осы қалада қандай құқығың бар, қандай тума-туыстарың бар? Төбе басындағы жартасты үңгітіп, өзіңе керемет қабір дайындауға қалай дәтің барады? 17 Ей, күшті адам, Жаратқан Ие сені қатты қысып ұстап, алысқа лақтыра салады. 18 Ол сені жүн шумағындай қағып алып, ұлан-ғайыр елге лақтырып жібереді. Сен сол жерде өліп, өзіңнің сондай сән-салтанатты күймелерің де сонда болады. Саған бола қожайыныңның әулеті масқараланады. 19 Сені сарайдан шығарып, жоғарғы дәрежеңнен құлдыратамын», — деп ескертті Жаратқан Ие. 20 «Сол күні Мен Хелкия ұлы Елиәкімді шақырып аламын. 21 Сенің шапаныңды оған жауып, жалпақ белбеуіңді оның беліне таңамын. Сенің барлық мәртебе-дәрежеңді оған сеніп тапсырамын. Ол Яһуда мен Иерусалим халқына әке іспетті қорғаушы болады. 22 Оның қолына Дәуіттің әулеті тұратын сарайдың кілтін табыстаймын. Ол ашқанды ешкім жаппайды, ол жапқанды ешкім ашпайды. 23 Мен оны ағашқа қаққан ілмектей мықтап бекітемін. Ол әкесінің отбасына атақ-даңқ әкеледі. 24 Әкесінің әулеті оның арқасында абыройлы болмақ. Әкесінің барлық үрім-бұтағы да ілмекке ілінген қыш құмыра не тостаған іспетті оған байлаулы болмақ». 25 Алайда Әлемнің Иесі тағы мынаны айтады: «Мықтап бекітілген осы ілмек күндердің күнінде босап кетіп, құлап түседі. Оған ілінген барлық жүк те онымен бірге құлап түсетін болады». — Жаратқан Ие осыны кесіп айтты.
1 Бұл — Тир туралы ауыр хабар: Зар еңіреңдер, уа, алып сауда кемелеріндегі теңізшілер! Тир қаласы талқандалып, үйлері мен айлағы ғайып болды». Кемелер Кипр аралынан жеткенде осы апат туралы біліп алды. 2 Үндемей қайғырыңдар, уа, теңіз аралдарының тұрғындары әрі Сидон қаласының саудагерлері! Теңізбен жүзіп келетіндер сендерді байытатын. 3 Олар терең сумен жүзіп, Мысырдағы Шихор алқабынан астық тасып әкелетін. Ніл өзенінің бойында жиналған өнімнен Тир қаласы пайда көріп, халықтардың сауда-саттық орталығына айналған еді. 4 Ал қазір, уа, Сидон қаласы, ұятқа қаласың. Себебі теңіздегі қорған (Тир) былай дейді: «Мен ешқашан да толғатып, бала таппаған, ұл-қыз асырап та алмаған әйел іспетті жападан-жалғызбын!» 5 Мысыр халқы да Тир туралы хабарды естігенде дірілдеп қорқатын болады. 6 Тарсисқа барыңдар, (суық хабарды жеткізіңдер)! Уа, аралдардың тұрғындары, (Тирді жоқтап) жылаңдар! 7 Іргесі ежелде қаланған, шаттыққа кенелген Тир қаласы осы ма? Оның адамдары алыс жерлерді кезіп жүріп, қоныстанатын. 8 Тир қаласы патшалық салтанатқа ие болатын. Оның саудагерлері әміршілер іспетті дүние жүзінде құрметтелетін. Осы қалада сондай апат болсын деп кім ұйғарды? 9 Әлемнің Иесі Тирдің өз салтанатына деген мақтанышына шек қойып, осы дүниедегі барлық мәртебелілерді де жуасыту үшін осылай ұйғарды. 10 Уа, тарсистіктер, өзеннен өткендей өз елдеріңе қайтып барыңдар! Бұдан былай (Тирде) айлақ болмайды. 11 Жаратқан Ие қолын теңіз үстіне созып, патшалықтарды дірілдетіп қорқытып қойды. Ол финикиялық саудагерлердің қорғандарын талқандау туралы бұйрық беріп 12 былай деді: «Сидон қаласы, сен бұдан былай күліп-ойнамайсың, қайта, қорланып езгі көресің! Жиналып, теңізден өтіп Кипр аралына барсаңдар, сол жерде де тыным таппайсыңдар!» 13 Халдейлердің еліне көз салыңдар, оның халқы ғайып болды! Ассурлықтар сол жерді жабайы аңдар жайлайтын құла түзге айналдырды. Олар Бабылды қоршауға алғанда оған қарсы ағаштан мұнаралар салып, Бабылдың бекіністерін қиратты. Осылай қалаға басып кіріп, оның күл-талқанын шығарды. 14 Зар еңіреңдер, уа, алып сауда кемелеріндегі теңізшілер! Сендер арқа сүйеген бекіністі Тир қаласы талқандалды. 15 Сол кезде Тир жетпіс жыл бойы, яғни бір патшаның өміріндей кезеңге, ұмыт болады. Сол уақыт аяқталғанда Тир өлең-жырдағы азғын әйелдей болады: 16 «Қаланы аралап жүр жетігеніңмен, Ұмыт болған жезөкше іспеттісің сен, Адамдардың сені ескеруі үшін Күйің мен жырың ұнамды естілсін». 17 Жетпіс жыл өткеннен кейін, Жаратқан Ие Тирге назар салып, оған рақым етпек. Алайда қаланың халқы қайтадан жер бетіндегі барлық патшалықтарға қызмет көрсетіп, азғын әйелдей пайданың артынан қуатын болады. 18 Бірақ ақырында олардың саудамен және қызметтерімен тапқан пайдалары Жаратқан Иеге бағышталмақ. Олар бір жерге сақталып қойылмайды. Қайта, Жаратқан Иенің көз алдында әділ жүргендер сол байлықты жеткілікті азық-түлік пен таңдаулы киім-кешек сатып алу үшін пайдаланатын болады.
1 Біліп қойыңдар, Жаратқан Ие жерді ойрандап, құнарсыз қылмақ! Ол жер бетінің күл-талқанын шығарып, тұрғындарын шашыратып жібермек. 2 Бәрінің басына түскен жағдай бірдей болады: не қарапайым халық, не діни қызметкер болсын, не құл-күң, не қожайыны болсын, не сатып алушы, не сатушы болсын, не жалға алушы, не жалға беруші болсын, не қарыз алушы, не қарыз беруші болсын: барлық адамдардың тағдыры бірыңғай болады. 3 Сонда жер беті түгелдей қаңырап, тоналады. Жаратқан Ие осы сөздерді нық айтты. 4 Жер құрғап кеуіп, бүкіл дүние әлсіреп, солып қалады. Жердің жоғары мәртебелі адамдары да әлсіремек. 5 Адамдар Құдайдың заңы мен ережелерін бұзып, Оның мәңгілікке жасаған Келісіміне опасыздық жасауларымен жерді арамдады. 6 Сондықтан да қарғыс жерді жалмайды. Оның тұрғындары өз кінәларының жазасын тартып, отпен жойылады. Аздаған адамдар ғана тірі қалады. 7 Жүзім бұталары кеуіп кетіп, шырыны азаяды. Бір кезде сауық-сайранға салынып көңіл көтергендер енді қайғырып күрсінетін болады. 8 Даңғыра мен жетігеннің көңілді үндері мен ермекке салынғандардың у-шуы басылып қалған. 9 Енді олар әндетіп шарап ішіп отырмайды, сыраның дәмі де ішкендерге тым ащы көрінбек. 10 Қаңыраған қала талқандалған, әрбір үй бекітіліп, ешкім кіре алмайды. 11 Көшедегі адамдар шараптың жоқтығынан шулайды. Шаттық түңілумен алмасқан, қуаныш жер бетінен ғайып болған. 12 Қала қиратылып, қаңырап, қақпалары да құлап қалған. 13 Бүкіл жер бетіндегі халықтар, міне, осындай жағдайға ұшырайды. Бұл жайт жұрттың зәйтүн ағашын соғып шайқалтып, жемістерін жинағанына, әрі жүзім бұтасындағы жүзім шоқтарының үзіліп алынып, біразы ғана қалған кезге ұқсайды. 14 Ал осы жазадан аман қалғандар көңілді ән салмақ, олар батыс жақтан Жаратқан Иенің ұлылығын паш ететін болады. 15 Сондықтан, уа, шығыстағылар, сендер де Оны мадақтаңдар! Теңіз жағалауларын мекендеуші халықтар да, Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің есімін дәріптеңдер! 16 Әлемнің түпкір-түпкірлерінен біз: «Хақ Тағала даңқталсын!» деген әндерді естиміз. Алайда мен былай деймін: «Әттеген-ай, сорлы басым, мен қасіретке қаламын! Сатқын сатқындығын, опасыз опасыздығын қаталдықпен жалғастыра береді». 17 Уа, жер бетінің тұрғындары, сендерді күтіп тұрғандар: қорқыныш, ор әрі тұзақ! 18 Қорқыныштан қашатындар орға түседі, ал ордан өрмелеп шыққандар тұзаққа түседі. Себебі «аспан қақпалары» айқара ашылып, жердің негізі сілкінеді! 19 Жер жарылып, қақ айырылуда, жер сұрапыл сілкінуде! 20 Жер мас адамдай теңселіп, дауылдағы лашық үйдей шайқалады. Жер өзінің бүлікшіл істерінің салмағынан төмен тартылады. Ол құлап, енді қайтып көтерілмейді. 21 Сол кезде Жаратқан Ие аспанның заңғар биігіндегі күштілердің үлкен тобына және жер бетіндегі патшаларға назарын аударып, жазаларын тартқызбақ. 22 Олар зындандағы тұтқындардай жиналып, бірге қамалады. Ұзақ қамалғаннан кейін олар Құдайдың назарына қайтадан ілігеді. 23 Әлемнің Иесі Иерусалимдегі Сион тауында патшалық құрып, Оның нұрлы салтанаты халқының ақсақалдарына көрінеді. Содан ай абыржи қызарып, күн де ұялатын болады.
1 Уа, Жаратқан Ие, менің Құдайымсың Сен! Құрметтеп Сені атыңды мақтаймын мен. Сондай керемет істерді жасадың, Өзің көп бұрын оларды жоспарладың, Шынайы адалдықпен жүзеге асырдың. 2 (Бас көтерген) қаланы талқандадың, Қамалының күл-талқанын шығардың. Сол бөтен жердегі дұшпандарымыздың Сарайларын қайта салынбастай жойдың. 3 Сондықтан мықты халықтар Сені даңқтамақ, Қатыгез ұлттардың қалалары қорықпақ. 4 Ал жарлылар Өзіңнен баспана табады, Апатта мұқтаждар қасыңда қорғанады, Оларға қорғаныш боласың дауылдан Әрі ыңғайлы көлеңке боп ыстықтан. Жауыздардың кәрлі лебі қабырғаны Соққылаған боран 5 не шөлдің аптабы Іспетті болды. Бірақ Сен, Ием менің, Бөгде жаулардың үндерін өшіртесің Һәм мақтанған әндерін сол аяусыздардың, Қалың бұлттай салқындатқан күн аптабын. 6 Сион тауының басында Әлемнің Иесі барлық халықтарға арнап семіз ет пен жілік майынан, таңдаулы сусындардан мол дастарқан жайып, тамаша той дайындайды. 7 Осы таудың басында Ол барлық халықтардың беттерін жабатын пердені, күллі ұлттардың үстінен төніп тұрған жабынды ысырып тастайды. 8 Ол өлімді біржола жоқ қылады. Жаратушы Тәңір Ие барлық бет-жүздердің көз жастарын сүртіп жұбатып, өз халқының көрген масқарасын бүкіл жер бетінен алып тастайды. Жаратқан Иенің Өзі осыны нық айтқан. 9 Сол кезде адамдар былай дейтін болады: «Біліп алыңдар, Бұл — біздің Құдайымыз, Аңсап Оны Оған сенім артамыз, Ол — жаудың қолынан Құтқарушымыз, Біздің Иеміз һәм Жаратушымыз, Оны аңсап Оған сенім артамыз. Енді бәріміз қатты қуанамыз, Бізді құтқарғанына шаттанамыз!» 10 Себебі Жаратқан Ие Сион тауының үстінен қолын жайып тұрып, қаланы жарылқайтын болады. Ал (қасарысып, Оған қарсы шыға берген) Моаб тыңайтқыш үшін шалшықта тапталған сабандай тапталатын болады. 11 Олар суда жүзбекші болған адамдай қолдарын сермейтін болады. Бірақ Жасаған Ие моабтықтарды төмен басады, әрі қолдарынан келген алдамшылығы мен әрі асқан өркөкіректігін тыйып қор қылады. 12 Ол Моабтың зәулім қамал қабырғаларын қиратып, солардың күл-талқанын шығарады.
1 Сол кезде Яһуда еліндегі халық мына жырды әндететін болады: «Біздің қала мықты, Құдайдың Өзі Қабырғалар мен бекіністер іспетті Оны құтқарып, қауіпсіз етеді! 2 Айқара ашыңдар қала қақпаларын! Қалаға әділ халық ене алсын, Шынымен адал халық кіре алсын! 3 Әрдайым ойын Саған бағыттаған Әрі сенімін бір Өзіңе артқан Жанды сақтайсың Сен тыныш, аман. 4 Жаратқан Иеге сеніңдер әрқашан, Құдай жартастай берік, мәңгі қорған. 5 Ол өркөкіректерді төмендетеді, Солар тұрған зәулім қаланы күйретеді, Оны түгелдей жерге құлатады, Әрі оның күл-талқанын шығарады. 6 Бұрын езілгендер қаланы таптар, Иә, кедейлер үстінде аяқ басар. 7 Тегіс те түзу — жолы әділдердің, Уа, Хақ Тағала, жолды тегістейсің Ой-ниеті адал адамдар үшін. 8 Сенің шешімдеріңе бағынамыз, Сені күтіп Саған сенім артамыз. Уа, Тәңір, есіміңді қатты ұнатамыз, Есімізге Сені алып тұрамыз. 9 Жан дүнием аңсайды Сені түнде, Рухым да сағынады таң сәріде. Сен дүниеге сот жүргізген кезіңде Жердің халқы үйренеді әділдікке. 10 Зұлымға рақым көрсетілсе де, Бәрібір үйренбейді әділдікке, Тіпті турашыл халықтың елінде Ол әлі де әділетсіздік істеуде, Жаратқанның ұлылығын менсінбеуде. 11 О, Тәңір, қолың соғуға көтерілген, Бірақ зұлымдар соған қоймайды ден, Өз халқыңды қорғайтыныңды зор ынтамен Көрсетіп оларды ұялтасың Сен. Жауларыңа дайын тұрған от расында Оларды жалмайтын болады да. 12 Ал бізге, уа, Жаратқан, тыныштық бересің. Себебі өзіміздің қол жеткеніміздің Бәрі — нәтижесі Сенің істегендеріңнің. 13 О, Жаратқан Ие, өз Құдайымыз, Бізді билеп келді бөгде иелеріміз. Бірақ Сенің атыңды ғана құрметтейміз! 14 Сол иелеріміз енді дүниеден өткен, Әрі аруақтары тірілмес өлімнен, Өйткені ден қойып, оларды қырдың Сен, Содан олар шықты бәрінің естерінен. 15 Уа, Иеміз, халқымыздың санын көбейттің, Жерімізді де Сен жан-жаққа кеңейттің. Осылайша ұлтымызды үлкейттің, Содан зор құрмет пен даңққа бөлендің». 16 Уа, Жаратқан Ие, Сен бізді жазалағанда, Саған сыбырлап қана мінажат еттік. 17 Толғақ қысқан әйелдің аурудан бүрісіп айқайлағанындай, біз де көз алдыңда қиналдық, уа, Жаратқан Ие. 18 Содан толғақ қысқандай бүрісіп келеміз, алайда көрген азабымыздан еш нәтиже болмады: не осы жерге құтқарылу әкелмедік, не жаңа тұрғындар дүниеге келмеді. 19 Сендердің өлген адамдарың қайтадан өмір сүреді, олардың тәндері өлімнен қайта тірілмек. Уа, жер астында жатқан бәрің де, өлімнен оянып, шаттана әндетіңдер! Сендер таңғы шықпен суартылған өсімдіктей өсіп-өнесіңдер. Жер өлгендерді шығарып, бұ дүниеге қайтармақ. 20 Уа, халқым, үйлеріңе барып, есіктеріңді бекітіп алыңдар. Жаратқан Иенің ашу-ызасы басылғанша біраз уақыт жасырына тұрыңдар. 21 Біліп алыңдар, Жаратқан Ие Өзінің көктегі тұрағынан шығып, жер бетін мекендеген адамдарға олардың әділетсіз істеріне бола назарын аударады. Жер бетіндегі қантөгіс атаулы әшкереленіп, жер ондағы өлтірілгендерді бұдан былай жасырмайтын болады.
1 Сол кезде Жаратқан Ие ирелеңдеп, бұралаңдаған алып жылан және теңіздегі айдаһарға ұқсаған жауларға назарын аудармақ. Оларды Өзінің қатты, үлкен әрі күшті семсерімен қырып-жоймақ. 2 Сол заманда ұнамды жүзімдік жайлы мына жырды айтыңдар: 3 «Мен, Жаратқан Ие, оны күтіп баптаймын, Әрі суарып тұрамын әрдайым, Ешкім оған зиян жасамасын лайым Деп күні-түні күзетіп қорғаймын, 4 Бұдан былай оған ашуланбаймын. Ал «тікенек пен ошаған» өссе онда, Мен қарсы шығамын құртып-жоюға, Түгелдей өртеп жіберемін соңында. 5 Әйтпесе солар Мені паналасын, Менімен бітімге келіп, татулассын, Осылай Өзіммен ынтымақта болсын! 6 Болашақта Жақыптың үрім-бұтағы — Исраил халқы қайта тамыр жаяды. Гүлдейді олар әлі бүршік жарады, Жемісімен жердің бетін толтырады». 7 Жаратқан Ие Исраилді соққан жауларын жазалағанындай, Исраилдің өзін де жазалады ма? Әлде көп исраилдікті құртқан жауларының өлтірілгеніндей, Исраилдің де көп адамы өлтірілді ме? 8 Жоқ, Жаратқан Ие өз халқын тиісті мөлшерде жазалау үшін жер аударады. Ол шығыстан соққан аптап жел сияқты оларды «қатты дауылмен» елінен айдап шығады. 9 Сол арқылы Жақыптың үрім-бұтағының күнәлары құны өтеліп кешіріледі. Ал олар өздерінің күнә жасауды доғарғандарын көрсетулері керек! Халық жалған тәңірлерге құрбандық ұсынылатын орындардың тастарын әктастай ұнтақтап жоймақ. Сонымен қатар не әйел тәңір Ашераға арналған ағаш бағаналары, не жалған тәңірлерге арналған түтету үстелдері қалмауға тиіс! 10 Сонда қамалды қалалар қаңыраған бос иен даладай елсіз қалады. Сол жерде жас бұқалар жайылып әрі тынығып, бұтақшаларды жеп қалдырмайды. 11 Ағаштың бұтақшалары солып кеуіп қалғанда, әйелдер келіп, оларды отынға жинап, жағып жібереді. Исраил халқымен де сол сияқты болмақ. Олар еш нәрсені түсінбегендіктен, өздерін жаратқан Құдай оларға рақым бермейді де, аяушылық көрсетпейді де. 12 Сол заманда Жаратқан Ие ұлы Евфрат өзенінен бастап Мысырдың шетіндегі өзенге дейін жайылған жерді шайқалтып, сендерді, Исраил халқын, бір-бірлеп жинап алмақ. 13 Сол уақыт келгенде Ассур мен Мысырға айдалып, құрып кете жаздаған исраилдіктерді кері шақыру үшін үлкен керней тартылады. Сонда олар қайтып келіп, Иерусалимдегі қасиетті Сион тауында Жаратқан Иенің алдында иіліп ғибадат ететін болады.
1 Солтүстік Исраилдің сондай әсем де сәулетті астанасы қасіретке қалады! Елдің маскүнем басшылары қаланы өте әдемі гүл шірі не тәждей мақтан тұтады. Сол қала құнарлы алқаптың бас жағында орналасқан. Шарапқа салынып кеткен адамдары қаланы дәріптейді. Бірақ оның әсемдігі гүлдей солып қалмақшы. 2 Біліп қойыңдар, Тәңір Иенің Өзі тағайындаған аса күшті де қуатты біреу бар. Сол бұршақты дауылдай, құртушы құйындай әрі зулаған ғаламат тасқындай келіп, Самария қаласын жерге құлатады. 3 Осылай Солтүстік Исраилдегі маскүнемдердің мақтаған сәулетті астанасы аяқ астында тапталады. 4 Қала құнарлы алқаптың үстінен қарайтын қырат басында орналасқан. Ал сол кезде оның салтанатты көркі гүлдей солып қалады. Өтіп бара жатқан біреу ерте піскен інжір жемісін көріп қалса, соны жұлып алып, жеп қояды. Сол сияқты Самария да тез жойылып, жоқ болып кетеді. 5 Сол кезде Әлемнің Иесі Исраилдің салтанатты тәжі іспетті болады. Ол халқының тірі қалғандары үшін гүлдерден жасалған көрікті шірдей тамаша болмақ. 6 Жаратқан Ие сот жүргізетін төрешіге әділдіктің рухын дарытады, әрі қала қақпасын шабуылдан қорғайтын күзетшілерге батылдық сыйлайды. 7 Бірақ елдің қазіргі басшылары шарап, сыра ішіп алғандықтан теңселеді. Пайғамбар мен діни қызметкер сыра ішіп, жолдарынан тайып кетеді. Олар шарапқа салынып, естерінен адасқан. Сондықтан (пайғамбарлар) аян көргенде шайқалады, әрі (діни қызметкерлер) алдарына әкелінген істерді әділ шеше алмайды. 8 Олар айналдыра жайғасқан дастарқандар құсыққа былғанған, ешқандай таза жері жоқ. 9 Алайда олар мен туралы былай дейді: «Ана кісі кімдерге үйретпек? Кімдерге хабарларын жеткізбек? Ол бізді жаңа ғана емшектен шыққан сәбилер деп ойлай ма? — Олар: — 10 Ол бізге бір өсиеттен кейін тағы бір өсиетті, бір ережеден кейін тағы бір ережені жол-жолмен, біртіндеп-біртіндеп айта береді», — деп те мазақтайды. 11 Ал енді, Құдай осы халыққа арнап бөтен тілдерде сөйлеп, жат жерліктердің тілдерімен үн қатпақ. 12 Ол осы халыққа былай деген: «Бұл — тыныш жер, шаршағандардың тынығып демалатын мекені. Осында тыныштықта боласыңдар». Бірақ бұлай да олар Мені тыңдаудан бас тартты! 13 Сондықтан Жаратқан Иенің оларға арнаған сөзі бір өсиеттен кейін тағы бір өсиет, бір ережеден кейін тағы бір ереже болып жол-жолмен, біртіндеп-біртіндеп айтылғаны іспетті болады. Сонда олар жүргенде сүрініп, шалқалақтап құлап, жарақаттанады, әрі торға түсіп, тұтқындалады. 14 Ей, Иерусалимде осы халықты билеп тұрған мазақшыл адамдар, Жаратқан Иенің айтқан сөздерін тыңдаңдар! 15 Сендер: «Ажалмен келісімшарт жасастық, о дүниемен келісімге қол жеткіздік, — деп мақтанасыңдар. — Ғаламат апат келген кезде бізге жоламай өтіп кетеді. Өйткені біз өтірікті паналап, алдамшылықпен жасырынамыз». 16 Сондықтан Жаратушы Тәңір Иенің айтқаны мынау: «Міне, Мен аса құнды «Тасты» таңдап алдым, Оны Сиондағы үйімнің бұрышының Іргетасы ретінде орнатып қоямын. Енді Оған сенімін артқан ешкім Ұятқа қалмайтын болады лайым. 17 Мен сендерге қолданамын әділдікті Құрылыстың өлшеуіш жібі секілді, Адалдықты таразының кіртасы іспетті. Сонда бұршақ дауылы сендер паналаған өтірікті жойып, су тасқыны сендердің жасырынған орындарыңды ағызып алып кетеді. 18 Сендердің ажалмен жасасқан келісімшарттарың жойылып, о дүниемен жасасқан келісімдерің күшінде қалмайды. Ғаламат апат бәрін жайлағанда, ол сендерді де құлатып, жайрататын болады. 19 Апат өткен сайын сендерді ұстайды. Ол әр таң сәріде, күні-түні өтіп шықпақ». Осы хабар халықты дірілдетіп қорқытатын болады. 20 Себебі төсек орындарың көсілуге тым қысқа, көрпелерің жамылуға тым енсіз. 21 Өйткені Жаратқан Ие ежелде Перасим тауының маңында және Гибеон алқабында қаһарлана қозғалғаны сияқты, енді осында келмек. Ол Өзінің әдеттен тыс әрі таңғаларлық ісін жүзеге асыратын болады. 22 Мен Әлемнің Әміршісі Жаратқан Иеден Өзінің бүкіл жерді талқандауды ұйғарғаны жайлы естідім. Сондықтан бұдан былай мазақтаушы болмаңдар! Әйтпесе сендердің кісендерің одан бетер ауыр болады. 23 Ал енді, үніме құлақ салып, өздеріңе айтып тұрғаныма көңіл бөліңдер! 24 Диқан тұқым себу үшін егіндігін ұдайы жырта бере ме? Әлде ол ұдайы жерді жыртып, топырақ кесектерін малалай бере ме? 25 Қайта, диқан егіндіктің бетін тегістеп болған соң, аскөкті сеуіп, зирені шашып тастайды. Сондай-ақ, бидайды қатар-қатар, арпаны да өзінің танабына егіп, егістіктің шеттеріне қарай бидайға ұқсас басқа дақылды сеуіп тастайды. 26 Диқан өзінің жұмысын қалай істеуді біледі, өйткені Құдай оған сол туралы түсінік сыйлаған. 27 Диқан аскөк пен зирені бастыру үшін не өткір тісті астық бастыратын тақтайды, не арбаның қатты дөңгелектерін қолданбайды. Қайта, аскөкті жеңіл таяқпен, ал зирені тоқпақпен соққылайды. 28 Нанға арналған дәндерді де шексіз бастырумен құртпайды. Диқан астықты дәндерін бүлдірмей, ат жегілген арбамен қалай бастыруды біледі. 29 Бұл даналық та Әлемнің Иесінен келеді. Оның ақыл-кеңесі керемет, даналығы ғаламат!
1 Уа, Құдайдың құрбандық үстелі орналасқан Иерусалим қаласы — ежелде Дәуіт патша тұрған шаһар, сен қасіретке қаласың! Мейлі, жыл сайын өз мейрамдарыңды өткізе бер! 2 Әйтсе де Мен басыңа қиыншылық түсіремін. Сонда еңіреп жылайсың. Ал қала қанмен былғанған құрбандық үстеліне ұқсайды. 3 Мен қаланы жан-жақтан қоршап алып, дуал мен мұнаралар тұрғызып қамаймын. 4 Сонда сен құлап түсіп, жерде жатып сөйлейтін боласың. Сенің сөздерің өзің жатқан шаң-тозаңнан естілмек. Даусың тіпті көрдегі аруақтың сыбырына ұқсамақ. 5 Алайда саған шабуыл жасаған көптеген жат жерлік жауларың кенеттен майда шаң-тозаңдай кері үрленіп тасталады. Айбарлы жасақшылар тобырлары қауыз іспетті ұшып кетеді. Бұл лезде, күтпеген жерден болмақ. 6 Мен, Әлемнің Иесі, сұрапыл зор күркілмен, жер сілкінісі, құйын, дауыл және жалмайтын өртпен сені құтқаруға келемін. 7 Сонда Құдайдың құрбандық үстелі орналасқан Иерусалим қаласына қарсы соғысып жатқан көптеген халықтардың шулы әскерлері көрген түс сияқты түгелдей ғайып болады. Олар қаланы оның бекіністерімен бірге қамап алған еді. Енді сол әскерлердің бәрі де түн ішінде көзге елестеген бір нәрседей жоқ болып кетеді. 8 Аш адам тамақ ішіп отырмын деп түс көрсе де, қарны ашып оянады. Шөлдеген адам су ішіп отырғаны жайлы түс көрсе де, шаршап-шалдыққан күйі оянады. Сион тауына қарсы соғысқан халықтардың бүкіл әскерлерімен де солай болады. 9 Аң-таң болып, қайран қаласыңдар! Көр соқыр бола бересіңдер! Еш шарап ішпей-ақ мас болып, еш сыра ішпей-ақ теңселіп жүретін боласыңдар. 10 Себебі Жаратқан Ие сендерге терең ұйқыға кетіретін рухты дарытты. Ол көздеріңді жапқан іспетті, сендердің пайғамбарларыңды шындықты көрмейтін етті, әрі бастарыңды бүркеген сияқты, оларға көрініс пен аян көрсетпей қойды. 11 Осы пайғамбарлық сөздің бүкіл мазмұны сендер үшін мөрленіп бекітілген шиыршық кітап іспетті жабық болмақ. Егер оны сауатты біреуге тапсырып: «Маған оқып берші!» деп сұрасаңдар, ол: «Кітап шиыршықталып, мөрленгендіктен оқи алмаймын» демек. 12 Егер оны сауатсыз біреуге тапсырып: «Маған оқып берші» десеңдер, ол: «Оқи алмаймын» деп жауап бермек. 13 Жасаған Ие мынаны айтады: «Бұл халық тек ауызбен алдыма келіп, Мені сөздерімен ғана сыйлайды, ал жүректері Менен тым алшақ. Адам баласы шығарған ережелерді үйретіп, Мені құрметтегенсиді, ал солары бекершілік! 14 Сондықтан біліп қойыңдар: Мен осы халыққа тағы да әдеттен тыс, таңғажайып та керемет бір нәрсе істеймін. Сонда олардың дана адамдарының даналығы жойылып кетеді, ақылдыларының ақылы жоқ болады». 15 Ой-ниеттерін Жаратқан Иеден жасыруға тырысқандар қасіретке қалады! Олар іс-әрекеттерін түнекте істеп: «Бізді кім көреді? Істеп жатқанымызды қайдан біледі?» деп ойлайды. 16 Сендер бәрін керісінше ойлайсыңдар! Құмырашыны саз балшықпен теңестіруге бола ма?! Жаратылған нәрсе өзін жаратқан туралы: «Ол мені жаратқан жоқ!» деп айта ала ма? Әлде бір ыдыс өзіне пішін беріп жасаған құмырашы жайлы: «Ол ештеңені білмейді!» дей ала ма? 17 Көп кешікпей Ливанның ормандары Қармил іспетті бау-бақшаға, ал бау-бақшалар қалың орманға айналады. 18 Сол күн туғанда саңырау адамдар оқылған кітапты естіп, соқырлардың көздері ашылып, тас қараңғылықтан құтылып, көретін болады. 19 Бейнет шеккендер Жаратқан Иеден жаңадан қуаныш тауып, мүсәпірлер Исраилдің Киелі Құдайына шаттана ән салатын болады. 20 Айбарлы жәбірлеушілер енді ғайып болып, мазақтаушылар жойылып, зұлымдық ойлаушылардың барлығы да құриды. 21 Басқаларды кінәлап өсектегендер де, қала алаңында сот жүргізушілерге тұзақ құрып, әділ адамды құр таласпен құқығынан айырып келгендер де енді жоқ болады. 22 Сондықтан да Ыбырайымды талай қиындықтардан құтқарған Жаратқан Ие Жақыптың үрім-бұтағы (Исраил халқы) туралы мынаны айтады: «Жақыптың үрім-бұтағы бұдан былай қарабет болып масқараланбайды. 23 Олар Мен өздеріне сыйлайтын балаларын көргенде, Жақыптың Киелі Құдайы деген қасиетті есімімді құрметтеп, Мені, Исраилдің Құдайын, терең қастерлейді. 24 Халықтың теріс жолға адасып кеткендері енді шындықты түсінеді, әрі шағымданып күңкілдейтіндері тәлім-тәрбиені қабылдайды».
1 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Бас көтергіш балаларға ұқсайтын халқым қасіретке қалады! Олар Менің еркімнен тыс жоспарлар ойлап, одақ құрады, әрі Менің Рухымның жетелеуінсіз келісімшарт жасайды. Осылай күнәларына күнә жамап келеді. 2 Халқым Менен ақыл сұрамай-ақ Мысырға ылдилап барады. Сол елдің қуатты патшасы перғауыннан қорғаныш іздеп, Мысырдың саясын паналайды. 3 Алайда перғауынның қорғанышы оларға ұят келтірмек, Мысырдың саясын паналау оларды масқараға ұшыратпақ. 4 Яһуданың әміршілері (Мысырдың солтүстік астанасы) Соғанда болып, елшілері Ханес қаласына жеткенмен, 5 сол елге сенім артқандардың барлығы да ұятқа қалады. Перғауыннан ешқандай көмек пен пайда таппаған олар масқараға қалады». 6 Бұл — оңтүстіктегі Негев аймағындағы хайуандар туралы ауыр хабар: Елшілер керуені ақырған арыстандар, улы сұр жыландар мен атылып шағып алатын оқ жыландар мекендейтін қорқынышты құла түз арқылы өтіп Мысырға барады. Олар есектерінің арқаларына, түйелерінің өркештеріне артқан бағалы заттары мен қазыналарын тасып әкетеді. Алайда Мысыр елі оларды қорғай алмайды, 7 оның көрсететін көмегі еш пайдасыз. Сондықтан Мен оны «тыныш отыратын айдаһар» деп атаймын. 8 Енді барып, осы сөздерді бұлардың көз алдында бір тақташаға жаз, шиыршық кітапқа да жазып қой! Келер күндері солар берік айғақ болсын. 9 Себебі бұл — бас көтергіш халық, өтірікші балалар, Жаратқан Иенің тәлімін тыңдаудан бас тартатын перзенттер. 10 Олар көріпкелдерге: «Аян көруші болмаңдар!» — дейді, пайғамбарларға да былай деп тыйым салады: «Ненің ақиқат екені туралы емес, бізге ұнамды жайттар туралы айтыңдар! Қиялдар көріп, соларды жеткізіңдер! 11 Біздің жолдан тайып тұрыңдар, өздерің жүретін тым тар соқпақтан бұрылып шығыңдар! Исраилдің Киелі Құдайына назарымызды аудартпаңдар!» 12 Сол себептен Исраилдің Киелі Құдайы жауап беріп мынаны айтады: — Сендер сол айтқандарымды қабылдамай, зорлық пен алдамшылыққа сеніп, соларға сүйенесіңдер. 13 Осы әділетсіз іс-әрекеттеріңе бола сендердің бастарыңа зор қауіп төніп тұр! Ол шығыңқы жерлері мен жарықтары бар, құлауы әбден ықтимал биік қабырғаға ұқсайды. Сондай қабырға бір-ақ сәтте, күтпеген жерден құлап, қирайды да, 14 қыш құмыра сияқты паршаланып сынып қалады. Одан ең болмағанда ошақтан шоқ салып әкелуге немесе құдықтан шөміштеп су алуға жарамды бірде-бір сынық қалмайды. (Сендермен де солай болмақ!) 15 Исраилдің Киелі Құдайы — Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: — Теріс жолдарыңнан қайтып, тынышталыңдар, сонда құтқарыласыңдар. Уайымға салынбай Маған сенім артыңдар, Мен сендерді күшті қыламын. Алайда солай істегілерің келмеді. 16 Қайта, сендер: «Атқа мініп қашып кетеміз!» дейсіңдер. Солай-ақ болсын, шынында да қашып кетесіңдер! «Жүйрік аттарға мініп, басқа жаққа кетеміз!» дейсіңдер. Солай-ақ болсын, бірақ сендерді қуатындар да өте жүйрік болмақ! 17 Жаудың бір жасақшысы айбат көрсеткенде, сендердің мыңың қаша жөнелесіңдер. Олардың бес-ақ жасақшысының айбатынан бәрің де қашып кететін боласыңдар. Сонда сендер тау шыңында қадалған жалау сабына немесе қырат басындағы сырыққа ұқсап жападан-жалғыз қаласыңдар. 18 Сондықтан Жаратқан Ие сендердің Өзіне қайтып келіп, рақымына ие болуларыңды сағына күтуде. Ол орнынан тұрып, сендерге мейірбандық көрсетуге дайын. Өйткені Жаратқан Ие — әділ Құдай. Оған сенім артып Оны күтетіндер қандай бақытты! 19 Уа, Иерусалимде тұратын Сион халқы, бұдан былай сендер жыламайсыңдар. Азапталып, Жаратқан Иенің құтқаруын сұрап шақырсаңдар, Ол сендерге рақым көрсетеді. Дауыстарың құлағына шалынысымен-ақ Ол сендерге жауап береді. 20 Жасаған Ие сендерге нанның орнына мұқтаждық, судың орнына қысымшылық жіберді. Ал енді Ол — өздеріңді үйрететін Ұстаздарың, жасырын емес, көз алдарыңда болмақ. 21 Сонда сендер жолдан оңға не солға қарай бұрылмақ болғанда, бір дауыстың арт жақтан: «Жол мынау, сонымен жүріңдер!» дегенін еститін боласыңдар. 22 Енді сендер күміспен қапталған не алтын жалатқан жалған тәңір мүсіндеріңді алып, оларды арам нәрседей менсінбей: «Көз алдымнан жоғалыңдар!» деп, лақтырып тастайсыңдар. 23 Егістікке тұқым сепкен кездеріңде Иеміз жаңбыр жаудырып, ағыл-тегіл өнім бергізеді. Малдарыңның жайылымы ұлан-ғайыр болады. 24 Жер жыртатын өгіз-есектерің күрекпен жел өтінде тазартылып, сүрленген өте құнарлы жем жейді. 25 Жаудың мұнаралы бекіністері қолға түсіп, жасақшылары қырылған кезде әр тау мен төбе басынан су бұлақтары аға жөнеледі. 26 Ай күндей нұрлы, ал күн әдеттегіден жеті есе артық сәуле шашып, жеті күнгі нұр бір күні жайнағандай болмақ. Жаратқан Ие өз халқының сынған сүйектерін таңып, Өзінің оларды жазалағанда жарақаттаған жерлерін сауықтыратын кезде осылай болады. 27 Біліп қойыңдар, атағы жайылған Жаратқан Ие алыстан лаулаған қаһарымен, көтеріліп жатқан қалың түтінмен келіп жетеді. Оның аузынан шыққан сөздері қаһарлы. Оның тілінен бәрін жалмайтын от лаулап шығады. 28 Оның лебі жауларының мойындарына жететін қатты ағысты тасқындай шығады. Жаратқан Ие ұлттарды електен өткізіп, айырады. (Өзіне бағынудан бас тартатын) халықтарды ауыздық пен жүген салғандай жолдан адасып, жойылуға жетелейді. 29 Ал, Құдайдың халқы, сендер Оған бағышталған мейрам күнінің қарсаңындағы кеште қуана шырқайтындай ән салатын боласыңдар. Сендер Исраилдің жартастай берік Қорғаушысы — Жаратқан Иенің Сион тауына қарай сыбызғының даусына сәйкес салтанатты шерумен жүріп бара жатқан кездеріңдей, жүректерің шаттыққа кенелмек. 30 Жаратқан Ие адамдарға Өзінің ғаламат зор үнін естіртіп, лаулаған қаһарымен күш-қуатын көрсетеді. Ол бәрін жалмайтын оттың жалынымен әрі дауыл, нөсер және ірі бұршақ арқылы Өзінің құдіретін танытады. 31 Жаратқан Иенің дауысы Ассурды қағып-сілкиді. Ол билігінің асатаяғымен дұшпандарын соғады. 32 Иеміз жауларына дүре соққандай жазаларын тартқызғанда, Оның жеңісін мадақтайтын даңғыралар мен жетігендердің әуендері естіледі. Жаратқан Иенің Өзі құдіретті қолын созып, жауға қарсы шайқасады. 33 Көп уақыт бұрын-ақ Ассур патшасының мәйітін салтанатпен, үлкен отпен өртеп жіберетін орын дайындалып қойылған болатын. Ондағы шұңқыр терең де кең, әрі мол отын қаластырылып дайындалған. Оны өртеп жіберу үшін Жаратқан Иенің лебі жанартаудан шыққан күкірт іспетті отты жалын үрлейді.
1 Мысырға ылдилап барып, көмек сұрағандар қасіретке қалады! Олар Мысырдың көптеген аттары мен соғыс күймелеріне әрі сондай мықты салт аттыларына сенім артады, ал Исраилдің Киелі Құдайы — Жаратқан Иеге бет бұрып сиынбайды. 2 Бірақ Жаратқан Ие Өзінің зор даналығымен оларға апат жібермек. Ол айтқан сөзінен таймайды, әрі зұлымдық істеуші елге, әділетсіздік жасайтындарды қолдағандарға қарсы шығатын болады. 3 Мысырлықтар тәңір емес, жай пенделер ғана. Олардың астындағы аттары да рух емес, жай ет пен сүйектен тұратын тән. Жаратқан Ие Өзінің құдіретті қолын алға созғанда, Яһудаға қол ұшын беретін Мысыр елі сүрінеді. Мысырдың қолдауын қабылдаған Яһуда халқы да құлап түседі. Осылай олардың екеуі де құриды. 4 Жаратқан Ие маған мынадай уәде берген еді: — Мықты жас арыстан шапқан олжасының үстінде тұрып ырылдағанда, тіпті малшылардың бүкіл тобы оған қарсы шығып, қатты айқайлап, у-шу жасаса да, арыстан соларынан қорқып шошымайды. Сол сияқты Әлемнің Иесі де көктен түсіп, Сион тауы мен оның маңындағы қыраттарда шайқасатын болады. 5 Ұясының үстінен қалықтап ұшып жүретін құс іспетті, Әлемнің Иесі де Иерусалимді қорғайды. Иә, Ол қаланы қорғап, құтқарады, оны ешкімге күйретпей үстінен «өте шығып», аман алып қалады. 6 Өздерің мүлдем бас тартып, опасыздық жасаған Жаратқан Иеге енді қайтып келіңдер, уа, Исраил халқы! 7 Сол кезде әрқайсыларың күнәға батып өз қолдарыңмен алтын-күмістен жасап алған тәңір мүсіндеріңді лақтырып тастайтын боласыңдар. 8 «Ассур әскері соғыста семсерден құриды, бірақ пенденің семсерінен емес. Адам қолымен жасалмаған қару оларды жалмайтын болады. Ассурлықтар семсерден қашып кетпек, ал олардың жас жігіттері құлдыққа түсіп, ауыр жұмыс істейтін болады. 9 Олар үрейленіп, өздері паналаған қорғанды тастап кетеді. Ассурдың әміршілері сендердің туларыңды көргенде зәрелері ұшады», — деп нық айтады Жаратқан Ие. Оның (жауларын жалмайтын) оты Сионда, әрі жалындаған ошағы Иерусалимде жанып тұратын болады.
1 Біліп қойыңдар, бір кезде мұнда бір патша әділдікпен билік құрып, оның әміршілері елді заңды бұзбай басқаратын болады. 2 Әрқайсысы желден қорғайтын панадай, дауылдан бас сауғалайтын қорғаныштай болмақ. Олар құла түзде ағып жатқан өзенге, әрі кеуіп шөліркеген даладағы дәу жартастың саясына ұқсамақ. 3 Сонда көретіндердің көздері жабылмайды, еститіндердің құлақтары шындыққа ашық болады. 4 Ұшқалақ жандар парасатқа кенеледі, тілі мүкіс сөйлейтіндер ойларындағыны мүдірмей ағыла айта алатын болады. 5 Енді қайтып ақымақ қадірлі, алдамшы мырза деп аталмас. 6 Себебі ақымақтар ессіздік айтып, ой-ниеттері заңсыз істерге бейімделген. Олар зұлымдықпен айналысып, Жаратқан Ие туралы жалған тәлім таратады. Ақымақтар ашыққандарды құр алақан жіберіп, шөлдегендерге сусын беруден бас тартады. 7 Алаяқтың қолданған әдістері арамза. Бейшара кедей өзінің әділ ісін қорғап сөйлегенде, алаяқ оны алдап құрту үшін сұм айласын құрады. 8 Ал әділ жан әділ жоспар құрып, әділдікті қорғап нық тұрады. 9 Уа, жайбарақат жатқан әйелдер, тұрып, мені тыңдаңдар! Ей, бейқам бойжеткендер, сөзіме құлақ асыңдар! 10 Уа, алаңсыз жүрген қыз-келіншектер, бірер жылдан кейін сендер зәрелерің ұшып қорқасыңдар. Өйткені өнімін жинауға не жүзім, не басқа да жемістер болмайды. 11 Әй, жайбарақат жүрген бейқам қыз-келіншектер, зәрелерің ұшып қалтыраңдар! Сәнді киімдеріңді шешіп тастап, азалы киім киіп, белдеріңді байлап алыңдар! 12 Шұрайлы егістіктеріңді, құнарлы жүзімдіктеріңді жоқтап қолдарыңды кеуделеріңе қойып қайғырыңдар! 13 Себебі тікенді бұталар мен ошағандар халқымның еліне қаптап кетеді. Ермекке салынған барлық үйлеріңді, шат-шадыман дауыстарға кенелген қалаларыңды аза тұтыңдар! 14 Өйткені тұрғындары қорғанды тастап кетеді, халқы ығы-жығы мол қала да елсіз бос қалатын болады. Қамалы мен күзет мұнаралары әрдайым күл-талқан болып жатпақ. Бұл жер жабайы есектерге ұнап, отарлардың жайылымына айналады. 15 Ал кейін Құдай көктен өз Рухын үстімізге құяды. Сонда елсіз дала бау-бақшаға айналып, бау-бақша ормандай жайқалып, мол өнім беретін болады. 16 Иен далаға әділет жайылып, бау-бақшаны да әділдік мекендейді. 17 Әділдіктің жемісі амандық пен бейбітшілік болмақ. Иә, әділдік мәңгі бақи тұрақты тыныштық пен қауіпсіздік әкелмек. 18 Сонда Менің халқым тыныш мекендерде тұрып, үйлері қауіпсіз әрі жанға жайлы болады. 19 Тіпті (асқақтаған) ормандарға бұршақ жауып, (бас көтергіш) қала жермен-жексен болғанда да, 20 сендер жарылқанасыңдар. Себебі барлық өзендер мен сай-салалардың бойына тұқым сеуіп, (мол өнім аласыңдар). Мүйізді ірі қараларың мен есектерің еркін жайылатын болады.
1 Ей, ойрандаушы жау, өзің әлі де ойрандалмадың, әйтсе де енді қасіретке қаласың! Ей, опасыздық жасаушы жау, өзіңе әлі де опасыздық жасалмады, әйтсе де енді қасіретке қаласың! Ойрандап болған кезіңде өзің де ойрандаласың. Опасыздық жасап болған кезіңде басқалар саған опасыздық жасамақ. 2 Уа, Жаратқан Ие, бізге рақым көрсете гөр! Саған сенім артып, Сені күтетін боламыз. Таң атқан сайын бізге күш-қуат сыйлап, қиын-қыстау кезеңде құтқара гөр! 3 Сенің күркіреген даусыңнан халықтар қашады. Сен орныңнан көтерілсең, олар бытырап кетеді. 4 Сонда жаудың жиған олжалары құрт не шегіртке жалмағандай ғайып болады. 5 Жаратқан Иенің мәртебесі қандай жоғары! Ол көкте тұрып, Сионды әділдік пен ақиқатқа кенелтеді. 6 Сол заманда Ол сендерге тұрақтылық, молынан аманшылық пен даналық және білім сыйлайды. Жаратқан Иені терең қастерлеу ұлы қазыналарың іспетті болмақ. 7 Қараңдар, Яһуданың күшті адамдары көшелерде айқайлауда, бітім жасауға жіберілген елшілер қатты жылап (Ассурдан қайта оралады). 8 Даңғыл жолдар қаңырап бос жатып, жолаушылар олармен енді жүрмейді. (Ассур бейбітшілік жайлы) келісімшартты бұзды. Куәгерлер алдында жасалған уәделер ұмытылып, адамның өміріне еш құрмет көрсетілмейді. 9 Жеріміз құрғап, кеуіп қалуда. Ливан тауының ормандары солып ұятқа қалады. Шаронның құнарлы жазығы Өлі теңіздің жағасындағыдай құла түзге айналып, Башан мен Қармилдың қыратты аймақтарындағы ағаштар да қурап, жапырақтары түсіп жатыр. 10 Жаратқан Ие (халықтарға) мынаны айтады: «Енді Мен орнымнан тұрамын! Мен қазір көтеріліп даңқымды шығарамын! 11 (Ей, ассурлықтар), сендер қауыздай түкке тұрғысыз жоспар құрасыңдар. Істегендерің орылған егіндіктегі қурап қалған сабақтардай пайдасыз. Ашу кернеп осқырған лептерің оларыңды от сияқты өртеп жібермек. 12 Сонда халықтар әк іспетті күйдіріліп, кесілген тікенді бұта іспетті өртеніп кетеді». 13 Ей, алыстағылар, Менің істегенімді естіп біліңдер! Жақындағылар да, құдіретімді мойындаңдар! 14 Сиондағы күнәкарлар үрейленіп, арсыздар дірілдеп қорқып былай деп жатыр: «Біздің қайсымыз осы жалмайтын отта тұра аламыз? Қайсымыз сөнбейтін отта аман қала аламыз?» — 15 Тек әділ жолмен жүріп, шындықты айтатындар, зорлықпен пайда табудан бас тартып, пара алуға қол созбайтындар, әрі қан төгуді көздегендерге құлақ аспай, басқа да жауыз істерге қызықпайтындар ғана аман қала алады. 16 Мұндайлар зәулім жартасты не мықты қорғанды паналағандай қауіпсіз болмақ. Оларға жейтін тамақтары беріліп, ішетін сусындары да таусылмас. 17 Сендер Патшаны асқан салтанатында өз көздеріңмен көресіңдер. Алысқа созылып жатқан ұлан-ғайыр елге көз саласыңдар. 18 Өткен кездегі қорқыныш туралы ойланатын боласыңдар. (Жау қалаларыңды тонағанда олар:) «Есепші қайда екен? Олжаны таразыға тартатын тіркеуші қайда? Мұнараларды санаушы қайда?» — деп айқайлайтын. 19 Сендер бөгде, түсініксіз тілде сөйлескен сол қатал халықты бұдан былай көрмейсіңдер. 20 Сион шаһарына қараңдар, оның ішінде Құдай белгілеген мейрамдарымызды тойламақпыз! Сонда Иерусалимді өз көздеріңмен көресіңдер, ол аман-есен жатқан мекен болмақ. Қала қазықтары суырылмайтын, арқандары үзілмейтін, ешқашан да құлатылып, орнынан қозғалмайтын тұрақты шатырға ұқсамақ. 21 Сонда Жаратқан Ие бізге салтанатты ұлылықпен билік жүргізеді. Еліміз екі жағында да үлкен өзендер мен бұлақтар ағып жатқан қауіпсіз жер іспетті болады. Жаудың ескекті қайықтары да, дәу кемелері де сонда жүзбейді. 22 Себебі Соттаушымыз да, Заң Шығарушымыз да, Патшамыз да — Жаратқан Ие. Ол бізді құтқаратын болады. 23 Уа, халқым, қазір сен арқандары босап кеткен кемеге ұқсайсың. Арқандар кеменің діңгегін мықтап ұстай алмайды, желкенді де жая алмайды. Ал кейін (жаудың әскерінен қалған) ағыл-тегіл мол олжасын бөлісіп аласыңдар. Тіпті ақсақтар да соған қатысып, өз үлестерін алмақ. 24 Елімізде тұратын бірде-бір жан енді қайтып: «Әлсізбіз» деп түңілмейді. Жерді мекендеген халықтың барлық күнәлары кешірілген болады.
1 Уа, ұлттар, жақындап келіп тыңдаңдар! Уа, халықтар, құлақ салыңдар! Жер де, онда тұратындардың бәрі де, әлем де, онда туылғандардың барлығы да тыңдап тұрсын! 2 Жаратқан Ие барша халықтарға ашуланып, олардың күллі әскерлеріне қаһарланады. Соларды жойылуға арнап, қырылуға тастады. 3 Содан өліктері далаға лақтырылып, қабірге қойылмай, шіріп, сасып жатады. Төгілген қандарынан тау-төбелердің топырағы ылғалданады. 4 Аспандағы күн, ай және жұлдыздар еріп кетеді. Аспан шиыршық кітаптай шиырылады, әрі жұлдыздар жүзім бұтағынан не інжір ағашынан түскен құрғақ жапырақтай жерге құлап түспек. 5 Осылай семсерім аспандағы күштерді қырып тастайды. Бұдан кейін ол Едомды, Өзім жойылуға арнаған халықты шабады, (— деп ескертеді Жаратқан Ие). 6 Иә, Жаратқан Иенің семсері құрбандыққа шалынған қой-ешкілердің қанына малынып, солардың майына және қошқарлардың бүйрек майына малынып, тойған іспетті. Себебі Жаратқан Ие Едом жерінің Босора қаласында құрбандық шалғандай үлкен қантөгіс жасамақ. 7 Сонда тіпті жабайы бұқадай мықты адамдар — жас жігіттер және күшті жетекшілер қырылмақ; жер қаннан қып-қызыл болып боялып, топырағы майға тойынады. 8 Себебі Жаратқан Ие Өзінің зұлымдарға тиісті жазаларын тартқызатын күнін жоспарлады. Ол Едомға оның Сион халқына көрсеткен зорлық-зомбылығын қайтаратын уақытын белгіледі. 9 Сонда Едом елінің өзендері қарамайға, оның топырағы күкіртке айналады. Бүкіл жері қарамай сияқты өртенетін болады. 10 От күндіз-түні өшпейді, оның түтіні мәңгі шығып жатпақ. Сол жер ұрпақтан ұрпаққа қаңырап бос қалмақ. Енді қайтып ешкім де одан өтпейтін болады. 11 Бірқазан мен кірпі оны иемденіп, үкі мен қарға сонда ұяларын салады. Құдай Едомның жерін тәптіштеп өлшеп, оны ретсіз, тіршіліксіз бос жатуға бағыштайды. 12 Енді Едомды «Патшалық жоқ» деп атайтын болады, оның әміршілерінің барлығы да жоғалады. 13 Оның қорғандарын тікенді бұталар басып, бекіністі қалаларын қалақай мен ошаған жайлап кетеді. Осы жер шибөрі мен түйеқұстың тұрағына айналмақ. 14 Сонда иен даланың аңдары қорқау қасқырларға ұшырасып, жабайы текелер бір-бірін маңырап шақырады. Түнгі аңдар сол жерде демалып, тыным табады. 15 Жапалақтар сонда ұяларын салып, жұмыртқаларын басады. Балапандарының үстіне қанаттарын жайып, оларды жинайды. Лашындар да сол жерге жұптасып келеді. 16 Жаратқан Иенің кітабын оқып шығып, білімді қабылдаңдар! Сол кезде осы аңдардың бір түрі де жоқ болмайды, ешқайсысы да жұпсыз қалмайды. Себебі Жаратқан Иенің Өзі мұны бұйырды, Оның Рухы оларды жинап әкелмек. 17 Ол соларға осы жерден мекендерін үлестіріп, өлшеп тапсырды. Олар оны әрдайым иемденіп, барлық ұрпақтары да соны мекендемек.
1 Сол кезде тіпті иен дала мен құла түз қуанып, меңіреу дала да шаттанып, сарғалдақтар гүлдейді. 2 Айдала жайқала гүлдеп, қуана ән шырқайды. Құла түз енді Ливан тауларындай салтанатты, Қармил тауы мен Шарон жазығындай құлпырып, көрікті болады. Әрбір жан Құдайымыз Жаратқан Иенің салтанатты ұлылығын көретін болады. 3 Сонымен салдырап, дәрменсіз қалған аяқ-қолдарыңның буындарын бекітіп, еңселеріңді көтеріңдер! 4 Жүрексінген адамдарыңа былай деңдер: «Қорықпай, берік болыңдар! Біліп қойыңдар, сендер сиынатын Құдай жауларыңды өздері жасаған қылмыстары үшін жазалауға келеді. Иә, Құдай сендерді құтқаруға келе жатыр!» 5 Сонда соқырдың көзі ашылып, көре алады, саңыраудың құлағы ашылып, ести алады. 6 Ақсақ адам енді бұғыдай секіріп, еш сөйлей алмаған сақау қуана айқайлайды. Шөл далада бұлақ көздері қайнап, құла түзде өзендер ағады. 7 Шөлейт жер көлге айналып, қураған дала бұлақтарға толады. Шибөрілер тынығып келген аңызақ жерлерде енді көк шөп пен қамыс-құрақ жайқалады. 8 Сол жерде даңғыл жол болып, ол «Қасиеттілік жолы» деп аталмақ. Бұл жолмен арам ниетті адамдар емес, тек Құдайдың халқы жүреді. Менмен ақымақтар оған еш түспейді. 9 Оның бойында не арыстандар, не басқа да жыртқыш аңдар аңдып жүрмейтін болады. Өзге қауіптер де сонда болмайды. Тек жау қолынан азат етілгендер ғана сол жолмен жүрмек. 10 Жаратқан Иенің азат еткен халқы Сионға ән шырқап қайтып келеді, Олар ұдайы мәз-мейрам болады, Қуаныш пен шаттыққа кенеледі, Қайғы-қасірет, күрсіну атаулы Бастарынан бірден алыстап кетеді!
1 Езекияның патшалық құрған он төртінші жылы Ассур патшасы Сеннахирим Яһуда елінің (Иерусалимнен өзге) барлық қамалды қалаларына қарсы аттанып, оларды басып алды. 2 Сол кезде Ассур патшасы Лахыштан өзінің бас уәзірін қалың қолмен Иерусалимдегі Езекия патшаға жіберді. Бас уәзір Жоғарғы тоғанға қарай аққан арықтың бойында, мата ағартушы шеберлердің даласына апаратын жолда тоқтады. 3 Сонда Яһуда патшасының сарай басқарушысы Хелкия ұлы Елиәкім, хатшысы Себна және жылнамашысы Асаф ұлы Жоғах қаладан шығып, оның алдына келді. 4 Ассур патшасының бас уәзірі бұларға тіл қатып былай деді: — Езекияға мына сәлемді жеткізіңдер: Ассур елінің ұлы патшасы мынаны айтады: Сен не нәрсеге арқа сүйейсің? 5 «Менде соғысуға ақыл-кеңес пен күш-қуат бар» дейсің. Алайда мұның тек бос сөздер ғана. Маған қарсы бас көтеретіндей сен енді кімге сүйенесің?! 6 Біліп ал, сен сүйеніп келген Мысыр сынық қамыс іспетті. Егер адам сынық қамысқа сүйенсе, сол оның қолына кіріп, алақанын тесіп шықпай ма? Сол сияқты, Мысыр патшасы перғауын да өзіне сүйенгендердің бәріне осылай істейді. 7 Ал егер маған «Сиынатын Құдайымыз Жаратқан Иеге сеніп отырмыз» десеңдер, мынаны ойлаңдар: Езекия Оны қатты ренжітті емес пе? Ол Жаратқан Иеге арналған биіктеу жерлердегі табыну орындары мен құрбандық үстелдерін қиратып, Яһуда мен Иерусалим халқына «Тек (Иерусалимдегі) осы құрбандық үстелінің алдында ғана ғибадат етіңдер!» деп бұйырған жоқ па?! 8 Ал енді, менің тақсыр ием — Ассур патшасымен келісім жасаңдар: мен сендерге екі мың ат беремін, егер де араларыңнан соншама атқа мінер жігіт шығара алсаңдар! 9 Сендер тіпті Мысырға, оның соғыс күймелері мен атты әскеріне сүйене отырып та, тақсыр иемнің нөкерлерінің арасынан ең кіші деген әкіміне де қарсы тұра алмайсыңдар! 10 Мұның үстіне мені осы жерді талқандауға Жаратқан Иенің еркінсіз келді дейсіңдер ме? Маған: «Сол елге өрлеп барып, оны құртып жібер!» деген — Жаратқан Иенің Өзі! 11 Сонда Елиәкім, Себна және Жоғах Ассур патшасының бас уәзірінен: — Біздей құлдарыңызға арамейше сөйлей беріңіз, біз оны да түсінеміз. Яһудилердің тілінде сөйлемей-ақ қойыңыз. Әйтпесе қамал басындағы халық естіп қояр, — деп өтінді. 12 Бірақ бас уәзір жауап қайырып: — Тақсыр ием мені осы сөздерді тек сендердің иелерің мен өздеріңе ғана айту үшін жіберді дейсіңдер ме? Мені мына қабырғаның үстінде отырған адамдарға да жіберді емес пе? Олар әлі де сендермен бірге өз нәжістері мен зәрлерін ішіп-жейтін болады! — деді. 13 Содан бас уәзір отырған орнынан тұрып, бар даусымен айқайлап яһудилердің тілінде былай деді: — Ұлы патша — Ассур патшасының сөзін тыңдаңдар! 14 Патша мынаны айтады: Езекияның еліктіруіне алданбаңдар! Ол сендерді менің қолымнан құтқарып қала алмайды. 15 Езекияның «Бізді Жаратқан Ие шүбәсіз құтқарады, осы қала Ассур патшасының қолына түспейді» деп сендерді Жаратқан Иеге нандыруына жол бермеңдер! 16 Езекияны тыңдамаңдар! Өйткені Ассур патшасы мынаны айтады: Менімен бітім жасап, қаладан шығып келіңдер! Сонда әркім өз жүзім бұтасы мен інжір ағашының жемісін жеп, өз құдығынан су ішетін болады. 17 Кейін мен мұнда қайтып келіп, сендерді осы елдерің сияқты басқа бір елге көшіремін. Онда нан мен жүзім шырыны, егіндіктер мен жүзімдіктер мол болады. 18 Тек Езекия «Жаратқан Ие бізді құтқарады» деп сендерді еліктірмесін! Әлде басқа халықтардың қандай да бір тәңірі өз елін Ассур патшасының қолынан құтқара алып па еді?! 19 Хамат пен Арпадтың тәңірлері қайда? Сепар-Уаймның тәңірлері қайда? Әлде бірде-бір тәңір Самарияны менің қолымнан аман алып қала алды ма? 20 Осы елдердің барлық тәңірлерінің қайсысы өз елін менің қолымнан құтқарып қалған еді? Ендеше Жаратқан Ие Иерусалимді менің қолымнан құтқарып алмақшы ма?! 21 Ал халық еш жауап қайтармай, үндемей тұра берді. Себебі Езекия патша: «Оған жауап қайырмаңдар!» деген жарлық шығарған болатын. 22 Мұнан кейін сарай басқарушысы Хелкия ұлы Елиәкім, бас хатшы Себна және жылнамашы Асаф ұлы Жоғах Езекияға қайта оралды. Олар қатты күйзеліп үстеріндегі көйлектерінің өңірін айыра жыртып, патшаға Ассур патшасының бас уәзірінің сөздерін жеткізді.
1 Езекия патша осыларды естігенде қатты күйзеліп, көйлегінің өңірін айыра жыртты. Үстіне азалы киім киіп, Жаратқан Иенің киелі үйіне кіріп, Оған сиынды. 2 Содан кейін патша сарай басқарушысы Елиәкімге, хатшысы Себнаға және аға діни қызметкерлерге азалы киім кигізіп, оларды Амос ұлы Ишая пайғамбарға жіберді. 3 Олар пайғамбарға мына сәлемді жеткізді: — Езекия сізге былай дейді: Бүгінгі күн біз үшін азапқа, балағатқа, масқараға толы күн болып отыр! Толғатып отырғанымен баласын тууға тым әлсіз әйелдей бейшара күйдеміз. 4 Ассур патшасы мәңгі тірі Құдайды қорлауға өзінің бас уәзірін жіберді. Мүмкін, Құдайыңыз Жаратқан Ие осы сөздерді естіген соң, Ассур патшасын айтқандары үшін сөгіп ескертер. Сондықтан халықтың әлі де тірі қалғандары үшін Жаратқан Иеге мінажат етіңізші! 5 Езекия патшаның нөкерлері оның сәлемін Ишаяға алып келгеннен кейін, 6 пайғамбар оларға былай деп жауап берді: — Тақсыр иелеріңе былай деңдер: Жаратқан Ие мынаны айтады: Ассур патшасының нөкерлерінің Мені балағаттап айтқан сөздеріне бола қорықпа! 7 Біліп ал, Мен оған (үрейін ұшыратын) рухты дарытамын; сонда ол бір суық хабар естіп, еліне қайтып кетеді. Оны өз елінде семсердің жүзінен өлтіртемін. 8 Осы аралықта ассурлық бас уәзір Ассур патшасының Лахыштан кеткенін біліп алды. Содан ол кері қайтып, патшаны Либна қаласына қарсы соғысып жатқан жерінен тапты. 9 Сол кезде Ассур патшасына «Құштық патша Тирхақ сізге қарсы соғысуға аттанып келе жатыр» деген хабар жетті. Мұны естіген Ассур патшасы Езекияға елшілерін жіберіп, оларға мына тапсырманы берді: 10 «Яһуда патшасы Езекияға былай деңдер: Өзің үміт артқан Құдайыңның сені «Иерусалим Ассур патшасының қолына берілмейтін болады» деп алдауына жол берме! 11 Ассур патшаларының барлық елдерге не істегендерін естідің: оларды толығымен жойылуға бағыштады ғой! Ендеше сен аман қалар ма екенсің?! 12 Әлде мына халықтардың тәңірлері: Ғозанның, Харанның, Ресефтің әрі Тел-Ассардағы Еденнің тәңірлері сол елдерді құтқарып қалды ма? Оларды менің аталарым құртқан жоқ па?! 13 Хамат пен Арпадтың патшалары, Сепар-Уайм қаласының, Ена мен Ибахтың патшалары қайда екен?» 14 Езекия елшілердің алып келген хатын алып, оқып шыққаннан кейін Жаратқан Иенің киелі үйіне өрлеп барды. Сол жерде ол хатты Жаратқан Иенің алдында жайып салды. 15 Содан Езекия Жаратқан Иеге дұға етіп былай деді: 16 «Уа, Исраилдің Құдайы, Әлемнің Иесі! Керуб мүсіндерінің үстіндегі «тағыңда» отырған Сен жер бетіндегі күллі патшалықтардың үстінен қарайтын жалғыз Құдайсың! Көк пен жерді жаратқан да Сенсің! 17 О, Жаратқан Ие, құлақ асып тыңдай гөр, уа, Иеміз, көз салып назар аудара гөр! Сеннахиримнің Сені, мәңгі тірі Құдайды, балағаттап айтқан барлық сөздеріне құлақ салшы! 18 Уа, Жаратқан Ие, Ассурдың патшаларының сол халықтардың бәрін құртып, жерлерін қаңыратып бос қалдырғандары, 19 олардың табынған тәңірлерін өртеп жібергендері рас. Алайда солар шынайы құдай емес, адам қолынан шыққан ағаш не тас мүсіндер ғана. Сондықтан да ассурлықтар оларды құртып жібере алды. 20 Ал енді, уа, Құдайымыз Жаратқан Ие, бізді сол адамның қолынан құтқара гөр. Сонда бүкіл дүниенің патшалықтары жалғыз Сенің Жаратқан Ие екеніңді білетін болады». 21 Амос ұлы Ишая пайғамбар сол кезде Езекияға мына хабарды жіберді: — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Сен Маған Ассур патшасы Сеннахирим жайлы дұға еткендіктен, 22 Мен, Жаратқан Ие, оған қарсы мына сөзді айттым: Маған бағышталған Сион қаласы сені менсінбей, келекелеп отыр! Иерусалим қаласы қашып кетіп бара жатқан сені мазақтап басын шайқайды! 23 Сен кімді мазақтап, балағаттадың? Кімді дауыстап қорлап, кімге паңдана қарап тұрсың, соны білесің бе?! Маған, Исраилдің Киелі Құдайына қарсы солай істеп тұрсың! 24 Сен өкілдерің арқылы Мені, Жасаған Иені, балағаттап, тағы былай деп паңдана мақтандың: «Мен көптеген соғыс күймелеріммен таулардың зәулім бастарына, тіпті Ливанның ең алшақ баурайларына көтерілдім. Ең биік деген самырсын және ең таңдаулы қарағай ағаштарын шауып құлаттым, ең заңғар шыңдарға, ормандардың ең қалың түбіне дейін жеттім! 25 Бөтен елдерде құдық қазып, суын іштім. Басқан табаныммен Мысырдың барлық өзендерін құрғатамын!» деп те көкідің. 26 Сен осының барлығын Менің бұрыннан-ақ дайындап қойғанымды естімеп пе едің?! Енді Мен соны жүзеге асырдым. Содан да сен бекіністі қалалардың талқанын шығара алдың. 27 Осы себептен де сол елдердің халықтары дәрменсіз болып, абдырап, масқараға қалды. Олар даладағы отты шөп әрі жас өскін секілді нәзік, үй төбесіндегі өсіп шықпай жатып, күннің аптабынан солып қалатын шөпке ұқсас болды. 28 Ал сенің өзің туралы, қайда тұрып, қашан жолға шығып, қашан қайтып келіп, не істейтініңді Мен жақсы білемін. Маған өршелене қарсы шыққаныңды да білемін. 29 Сенің сол өршелене қарсы шыққаның әрі тәкаппарлығың құлағыма шалынды. Соныңа бола Мен енді мұрныңа мұрындық, аузыңа ауыздық саламын. Қай жолмен келген болсаң, сол жолмен сені өз жағыңа қайтарамын! 30 Ей, Езекия, не болайын деп жатқанының белгісі мынау болады: биыл былтырғы шашылып қалған масақ дәндерінен өсіп шыққан астықпен күн көріп күнелтесіңдер. Келесі жылы да өздігінен өсіп шыққанды азық қыласыңдар. Бірақ одан кейінгі жылы тұқым сеуіп, астық орасыңдар, жүзімдіктер отырғызып, жемістерін жинап, жейсіңдер. 31 Яһуда халқының тірі қалғандары қайтадан терең тамыр жайып, өсіп-өнетін болады. 32 Себебі халқымның құтқарылып, тірі қалғандары Иерусалимдегі Сион тауынан өсіп шығатын болады. Әлемнің Иесі бұларды қайрат-жігерімен іске асырады. 33 Сондықтан Жаратқан Иенің Ассур патшасы туралы айтқаны мынау: «Ол бұл қалаға кірмейді, оған бірде-бір жебе атпайтын да болады! Жасақшылары қалқан ұстап оған жақындамайды, тас-топырақтан үймек жасап, қамалынан өтпейді. 34 Ассур патшасы қай жолмен келсе, сол жолмен кері қайтып, осы қалаға кірмейтін болады. Мен, Жаратқан Ие, осыны нық айтамын. 35 Себебі Мен осы қаланы Өзім үшін және адал қызметшім Дәуіт үшін қорғап, құтқарамын!» 36 Сол кезде Жаратқан Иенің періштесі ассурлық әскердің қосына барып, ондағы бір жүз сексен бес мың адамды қырып кетті. Таң ата тірі қалғандары тұрып қараса, солардың бәрінің өліктері жатыр екен! 37 Сонда Ассур патшасы Сеннахирим жолға шығып, еліне кері қайтып, астанасы Ниневиде тұрып қалды. 38 Бірде Сеннахирим Нисрох есімді жалған тәңірінің ғибадатханасында құлшылық етіп тұрған кезде оның ұлдары Адрам-Мәлік пен Сәресер оны семсермен шауып өлтірді. Содан екеуі Арарат еліне қашып кетті. Сеннахиримнің өзге ұлы Асардан әкесінің орнын басып патша болды.
1 Сол күндері Езекия қатты науқастанып, өлім аузында жатты. Амос ұлы Ишая пайғамбар оған келіп, былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Үй ішіңе соңғы өсиеттеріңді беріп, істеріңді аяқта! Себебі бұл аурудан жазылмай, қайтыс боласың». 2 Содан Езекия бетін қабырғаға қарай бұрып, Жаратқан Иеге сиынып: 3 «Уа, Жаратқан Ие! Сенің көз алдыңда ізгі жолыңмен жүріп, шын жүректен әділ істер істеп келгенімді ескере көрші!» — деді. Мұнан кейін Езекия қатты жылады. 4 Сонда Жаратқан Ие Ишаяға сөзін арнап былай деді: 5 «Езекияға барып, былай де: Түп атаң Дәуіттің сиынған Құдайы Жаратқан Ие саған мынаны айтады: Сенің мінажатыңды естіп, көз жасыңды көрдім. Біліп ал, сенің өміріңе тағы он бес жыл қосамын. 6 Мен өзіңді және мына қаланы Ассур патшасының қолынан құтқарып, қаланы қорғап қаламын! 7 Жаратқан Иенің Өзінің уәде еткенін іске асыратындығының саған арнаған белгісі мынау болмақ: 8 Жаратқан Ие Ахаз патша салғызған баспалдақтың үстімен көлеңкені он қадам кері жылжытады». — Сонда көлеңке шынымен он қадам кері жылжыды! 9 Яһуда патшасы Езекия науқасынан сауығып кеткеннен кейін (Жаратқан Иені мадақтаған мына жырын) жазып қалдырды. 10 Былай дедім: Өмірімнің ортасындамын, Бірақ енді о дүниеге аттанамын, Сөйтіп соңғы жылдарымнан ада қаламын! 11 Осылай тіршілік әлемінде ешқашан Жаратқанның көз алдына бара алмаймын, Һәм адамдарды бұ дүниеде тұратын Енді қайтып еш көрмеймін деп ойладым. 12 Өмірім қойшының қосындай жиылады, Біржола өзімнен тартылып алынады. Сонда ғұмырым менің шиыршықталады, Әрі тоқылған матадай қиылады, Ымырт жабыла ол тез аяқталады. 13 Таң атқанға дейін мен төзіп шыдадым, Арыстан сүйегімді сындырғандай ауырдым, Ымыртта жанымды аласың деп ойладым. 14 Қарлығаш не шымшықтай шырылдадым, Гүрлеген көгершіндей аһыладым. Ұдайы аспанға қарап талды көзім, Азаптан мені құтқаршы, уа, Тәңірім! 15 Енді не айтайын? Ол маған сөйледі: Иемнің Өзі маған мұны жіберді. Абайлап өткізем бар келер кезімді, Шеккен қасіретім мені ескертеді. 16 Уа, Ием, тәртібіңмен өмір кешемін, Жаңартылды осылайша рухым менің. Сен мені сауықтырып, өмір сүргіздің. 17 Зор қайғы шеккенім игі болды маған! Сен алып қалдың мені өлім аузынан, Күнәмді лақтырдың асыра арқаңнан. 18 Өлілер Сені мадақтамайтын шығар, Өлім де Саған мақтау айтпайтын болар, Дүние салғандар үміт артпайтын шығар, 19 Саған шүкірлік айтады тек тірілері. Мен адалдығыңды мақтаймын бұл күндері, Балаларына ол жайлы айтады әкелері. 20 Жаратқан Ие мені сақтап қалды аман, Оның киелі үйінде біз шат-шадыман Ән-жыр айтамыз ішекті аспаппен әрқашан! 21 Бұрынырақ Ишая пайғамбар патшаның қызметкерлеріне: «Інжір жемістерінен шелпек алып келіңдер! — деп тапсырған болатын. — Соны шиқаның үстіне қойғаннан кейін патша айығып кетеді». — 22 Сол кезде Езекия: «Мен Жаратқан Иенің үйіне қайтадан көтеріліп бара алатыным жайлы алдын ала берілетін белгі не болады?» — деп сұраған еді.
1 Сол кездері Бабыл патшасы Баладан ұлы Меродах-Баладан Езекия патшаның қатты ауырып қалып, сауықтырылғанын естіп, оған сәлемхаттары мен сыйлығын жіберді. 2 Езекия келген бабылдық елшілерді жылы қабылдап, оларға өзінің қазына қоймаларын: ондағы алтын-күмісін, дәмдеуіштері мен құнды иісмайларын, тіпті бүкіл қару-жарақ қоймасын да түгелдей көрсетті. Езекияның өз сарайы мен барлық патшалығында оларға көрсетпеген бағалы заттары қалмады. 3 Кейін Ишая пайғамбар Езекия патшаның алдына барып, оған: — Ана адамдар не деді, олар қайдан келді? — деген сауал қойды. Езекия: — Олар маған алыстағы елден келді, сонау Бабылдан, — деді. Пайғамбар: 4 — Олар сарайыңыздан не көрді? — деп сұрағанда, Езекия: — Менің сарайымда не бар, соның бәрін көрді. Менің қазына қоймаларымда оларға көрсетпеген ештеңем қалған жоқ, — деп жауап берді. 5 Сонда Ишая Езекияға былай деді: — Енді Әлемнің Иесінің сөзін тыңдаңыз: 6 Өз сарайыңдағы бар нәрсенің, ата-бабаларыңның осы кезге дейін жиған-тергендерінің барлығы да Бабылға әкетілетін күн туады. Мұнда ештеңе қалмайтын болады! — деп нық айтады Жаратқан Ие. — 7 Өзіңнен тарайтын ұрпақтарыңның кейбіреулері де сол елге әкетіледі. Бабылдықтар оларды белінен айырып азбанқұл қылып, Бабыл патшасының сарай қызметшілері етіп қояды! — 8 Сонда Езекия Ишаяға: — Сіз жеткізген Жаратқан Иенің сөзі жөн екен, — деді. Өйткені ол: «Әйтсе де менің тірі кезімде тыныштық пен аман-есендік болады», — деп ойлады.
1 — Халқымды Менің жұбатыңдар, Көңілін оның орнықтырыңдар! — Дейді сендер сиынған Құдай Иең. — 2 Иерусалимге жылы сөз айтыңдар, Мына хабарды оған жариялаңдар: «Өтіп кетті басыңдағы ауыр кезең, Кінәңнің құны өтеліп, кешірілдің! Себебі Жаратқан Иенің қолы саған Бар күнәңнің жазасын берді молынан». 3 Жар салған дауыс шығады айдалада: «Жаратқан Иеге жолды дайындаңдар! Құдайымызға арнап иен далада Түзу қылып даңғыл жолды салыңдар! 4 Жолдағы сай-салалар толтырылсын, Әрі тау-төбелер аласартылсын, Бұралаң жерлері де түзетілсін, Ой-қырлары да түгелдей тегістелсін! 5 Сонда Жаратқан Иенің ұлылығы Бар адамзатқа көрінетін болады, (Оның өз халқын құтқарып алғанын) Барлығы да ап-анық көре алады. Себебі Жаратқан Иенің Өзі Осы бұйрықтарды шығарған еді». 6 — Жар сал! — деп бір дауыс бұйырды. — Не туралы жариялайын? — деп сұрады хабаршы. — Күллі пенде атаулы көк шөп секілді! Бар салтанаты мен сенімділігі дала гүлдеріндей өткінші: 7 Жаратқан Ие ыстық лебін үрлесе, шөп қурап, гүлдер солып қалады. Шынында халық сондай шөпке ұқсайды! 8 Шөптер сарғайып қурап, гүлдер солады, ал Құдайымыздың сөзі мәңгі қалады. 9 — Ей, жақсы хабарды Сион халқына жеткізуші, биік тау басына шық! Иерусалимге ізгі хабарды әкелуші, бар даусыңмен айқай салып жарияла! Қорықпай Яһуданың қалаларына: «Міне, Құдайларың!» деп хабарла! 10 Біліп алыңдар, Жаратушы Тәңір Ие жуырда зор құдіретімен келіп, билікті өз қолына алады. Жеңісінің олжасы мен сыйы Оның қасында: азат еткен халқы алдында жүреді. 11 Тәңір Ие оларды ізгі шопандай бағады: «қозыларын» қолына алып, кеудесіне басып көтеріп, «саулықтарын» жайлап алға бастап жүреді. 12 Кім теңізді алақанымен сарқып өлшеген, Аспанды қарысымен қамтып белгілеген? Кім жердің топырағын себетке салған, Тау-төбелерді де таразыға тартқан? 13 Кім Жаратқанның ақыл-ойын ұққан, Кеңесшісі болып бағыт берді Оған? 14 Жаратқан Ие кіммен ақылдасқан, Кім түсінік беріп те еді Оған? Кім Жаратушыны білімге үйреткен, Оған даналық жолын да нұсқаған? 15 Қайта, бар халықтар судың шелектегі Тамшысындай ғана болып көрінеді, Таразыға қонған шаң-тозаң іспетті Олар да салмақсыз деп есептеледі. Құдай аралдарды түйіршік секілді Оп-оңай қолына алып көтереді. 16 Ливан тауындағы бар мал Тәңірге Арнап құрбандыққа шалынып, өртелсе, Олар да жеткілікті болмас еді! Ливан ормандары құрбандық отына Жетпей қалар да еді жағылуға. 17 Бар халықтар Жаратқанның алдында Онша маңызсыз болып саналады, Олар Құдай Иемен салыстырғанда Мүлдем жоқ, мағынасыз болып шығады. 18 Сонда Құдайды кімге теңейсіңдер, Қандай бейнеде елестетесіңдер?! 19 Ұста болса, тәңір мүсінін қалыпқа құйып жасайды. Кейін зергер соны алтынмен қаптап, күмістен шынжыр бауларын дайындайды. 20 Ал кедейлер мұндай қымбат тартуды ұсына алмайды. Сондықтан олар шірімейтін қатты ағашты таңдап алып, жақсы шеберді де іздеп табады. Шебер сол ағаштан жалған тәңірдің бейнесін мүсіндеп, оны бір жерге қозғалмастай етіп орнатады. 21 Мынаны естіп, білмейтін бе едіңдер, әуел бастан-ақ ешкім оны сендерге айтпады ма? Жер жаратылғаннан бері мынаны түсінбейтін бе едіңдер: 22 Жасаған Ие жер шарының үстіндегі «тағында» отыр! Жер бетіндегілер Оның алдында шегірткелердей кіп-кішкентай. Жаратқан Ие аспанды шымылдықтай жайып жібереді, оны шатырдай тігіп, Өзіне мекен етеді. 23 Құдай жердің әміршілерін түкке тұрғысыз етіп, осы дүниенің билеушілерін күшінен айырады. 24 Олар жуырда жерге себілген не отырғызылған, енді ғана тамыр жайған өсімдіктерге ұқсайды: Жаратқан Ие ыстық лебін үрлегенде солар бірден кеуіп, солып қалады. Содан қатты дауыл оларды қауыздай ұшырып әкетеді. 25 «Сендер Мені кімге ұқсатасыңдар, Кіммен Мені салыстырасыңдар?» — Деп сауал қояды Киелі Құдай. 26 Аспанға көз жіберіп қараңдаршы: Кім жаратты ондағы жұлдыздарды?! Бір-бірлеп алып шығып шоқжұлдыздарды, Ол әрқайсысын өз атымен шақырады. Жаратқанның құдіреті сонша зор болып, Біреуі шет қалмай, бәрі Оған бағынады. 27 Жақыптың әулеті, неге шағым айтасың, Исраил халқы, неге былай деп налисың: «Жүрген жолым Жаратқаннан жасырынған, Мүддем Құдайымның назарынан тыс қалған!» 28 Сен мынаны естіп, білмеуші ме едің: Мәңгілік Құдай — сенің Жаратқан Иең, Шексіз зор даналығы Өзінің, Ол жаратты жердің түкпір-түкпірін! Ешқашан Құдай шаршап-шалдықпайды, 29 Қалжырағанға Ол қуат сыйлайды, Қажып, шаршағанға күш табыстайды. 30 Жасөспірімдер әлсіреп шаршайды, Тіпті жігіттер де сүрініп құлайды, 31 Ал сенім артқандар Жаратқан Иеге Жаңа күш-қуатты иемденеді де, Қырандай қанаттарын жайып кеңістікке Самғай жөнеледі, алайда талмайды, Жүре береді, бірақ еш болдырмайды.
1 «Ей, теңіз жағалауларындағы елдер, тынышталып, алдыма келіңдер! Халықтар күш-қуат жинап, жақындап келсін де жауап берсін! Осылай даулы мәселені шешейік. 2 Кім шығыстан жеңімпаз қолбасшыны аттандырып, оны Өзіне қызмет етуге шақырды? Ол осы жеңімпаздың алдына халықтарды табыстап, солардың патшаларын да оған бағындырады, оның семсерімен халықтарды талқандап, садағымен қауыздай алысқа ұшырады. 3 Осы жеңімпаз өз аяғы бұрын баспаған жолдармен жауларын қуып, аман жүре береді. 4 Кім бұларды жоспарлап, жүзеге асырады? Кім болашақ дәуірлерді алдын ала жариялайды? Мұны істеуші Мен, Жаратқан Иемін! Алғашқы да, Соңғы да Өзіммін!» 5 Теңіз жағалауларындағы елдер байқап қалып, үрейлері ұшады. Жер бетінің қиыр шетіндегі халықтар қалтырап қорқады. Олар өзара бас қосып, 6 әркім серігіне көмектесіп, бауырласына: «Батыл бол, қорықпа!» — дей береді. (Содан олар көптеп тәңір мүсіндерін жасайды:) 7 ұста зергерді жігерлендіріп, балғамен қаңылтырды тегістеуші де төс ұратын серігін: «Дәнекері жақсы», — деп қуаттайды. Олар осылай жасаған «тәңірсымақтарын» тұғырынан қозғалмас үшін шегемен бекітеді. 8 «Ал сен, Исраил халқы — Менің қызметшім, Өзім таңдап алған Жақыптың үрім-бұтағы әрі жаныма жақын Ыбырайымнан тараған ұрпақ, сөзіме құлақ сал: 9 Мен сені қиыр шеттен шақырып алып, жер бетінің түкпір-түкпірінен әкелгенмін. Менің қызметшімсің, сені таңдап алған едім, сенен бас тартпаймын да. 10 Қорықпа, Мен саған жар боламын, Абыржыма, Мен сенің Құдайыңмын! Саған қуат беріп көмектесемін, Жеңімпаз қолыммен сүйемелдеймін. 11 Саған өшіккендер ұятқа қалады, Жауларың дымы қалмай құртылады. 12 Іздесең де, еш таппайсың оларды, Сенімен соғысқандар жоқ болады. 13 Себебі Құдайың Жаратқан Иемін, Сені оң қолыңнан сүйемелдеймін. Қорықпа, Мен сені қолдап-қорғаймын Деп саған берік уәдемді беремін. 14 Құрт секілді дәрменсіз Жақып халқы, Исраилдің азғантай жұрты, Қорықпа, Мен сені қолдаймын!» — Деп нық айтады Жаратқан Ие. Ол, Исраилдің Киелі Құдайы, сені туысқан қамқоршыдай азат етеді 15 әрі былай дейді: «Біліп ал, Мен сені астық бастыратын өткір тісті, жаңа тақтай сияқты қолданбақпын: тау-төбелерді бастырып, талқандап, қауызға айналдыратындай жеңімпаз боласың. 16 Жауларыңды жел ұшырып, дауыл айдап алып кеткендей жоқ қыласың. Сонда Маған шаттана қуанып, Исраил сиынған Киелі Құдаймен мақтанатын боласың». 17 «Мына бейшара, мүсәпір халқым су іздеп, таба алмайды. Олар шөлдеп, таңдайлары кеуіп қалады. Ал Мен, Жаратқан Ие, мінажаттарына құлақ асамын. Мен, Исраил сиынған Құдай, оларды жалғыз қалдырмаймын; 18 тақыр төбелер мен аңғарлар ортасынан қайнар көздерін ашып, бетпақ даланы көлге айналдырып, шөл даламен де бұлақтар ағызбақпын. 19 Мидай далаға балқарағай мен қараған, жасыл бұталар мен зәйтүн ағаштарын әрі құнарсыз, бос далаға қарағай, емен, шыршаларды бірге отырғызбақпын. 20 Сонда адамдар Жаратқан Иенің бұл кереметтерді өз құдіретті қолымен істегеніне көз жеткізеді. Олар осыларды Исраил сиынған Киелі Құдайдың жаратқанын түсінеді». 21 Жақып халқының Патшасы — Жаратқан Ие былай деп шақырады: «Мәселені ортаға салыңдар! Ең мықты дәлелдеріңді келтіріңдер! 22 (Жалған тәңірлеріңді) алып келіңдер, олар не болатынын алдын ала айтып берсін! Ақылмен байыптап, немен бітетінін ұғуымыз үшін бізге бұрынғы оқиғалардың мәнісін білдіріңдер немесе болашақ жайттарды паш етіңдер! 23 Ей, тәңірсымақтар, келешекте не болатынын айтыңдар, шынайы құдай екендеріңе көз жеткіземіз. Иә, не жақсы, не жаман, әйтеуір бір кереметті жасаңдар! Оны көріп, бәріміз шошынатын боламыз. 24 Алайда шынайы емессіңдер, істерің де түкке тұрғысыз! Сендерді таңдап алып, құлшылық етуші әркім әбден жексұрын! 25 Ал Мен солтүстіктен біреуді аттандырамын. Сол қолбасшы жуырда шығыстан шығып, Менің атымды жариялайтын болады. Ол билеушілерді батпақтай аяққа басып, құмырашының саз балшықты таптағанындай жермен-жексен қылады. 26 Ендеше, араларыңдағы кім бұл туралы басынан-ақ білдіріп, бізге алдын ала хабарлады? Егер біреу болған болса, онда оны шынайы дер едік. Ал іс жүзінде ешкім мұны білдірген жоқ, расында ешкім алдын ала хабарлаған да емес! Сендердің үндеріңді естіген бірде-бір жан жоқ. 27 Қайта, Өзім бірінші болып Сион қаласына: «Қара, олар келе жатыр!» дедім. Иә, Иерусалимге ізгі хабар жеткізушіні жіберген Өзіммін. 28 Көз салып, іздесем де, мұны істей алатын басқа ешкім болмады. Сол жалған тәңірлердің араларынан сауалдарыма жауап бере алатын бір кеңесші де табылмады! 29 Көріп тұрсыңдар ма, сол тәңірсымақтардың бәрі де жалған: істегендері бекершілік және мүсіндері құр жел мен қиял іспетті түкке тұрғысыз!»
1 «Міне, Менің қолдап жүрген Қызметшім, Жаным рақат табатын таңдаулым! Оған қондырдым Өзімнің Рухымды, Ол халықтарға жеткізбек әділ үкімді. 2 Қызметшім ақырмайды да айқайламайды, Оның даусы көшелерде шықпайды. 3 Ол майысқан таяқты сындырмайды, Бықсыған білтені де сөндірмейді, Шынында әділдікті орындайды. 4 Ол соны берік орнатқанша жер бетіне Күші тасып, алған бетінен қайтпайды. Алыс елдер үміт артар оның тәліміне». 5 Аспанды жайып жіберіп жаратқан, Жерді де өнімімен жайып тастаған, Адамдарға өмірдің лебін үрлеген, Жер басқанның бәріне тыныс берген Құдай Ие мынаны да айтқан: 6 «Сені әділдікпен Өзім шақырдым, Қолыңнан ұстап, қорғаймын, әрі қойдым Келісімнің кепілі болуға өз халқыма, Жол көрсеткіш Нұр да өзге ұлттарға. 7 Соқыр көзді ашып, тұтқынды түрмеден, Түнектегіні қапастан босату үшін Сені Мен, Тәңір Ие, жіберемін. 8 Жаратқан Иемін, бұл — Менің есімім. Даңқымды басқаға бере салмаймын, Жалған тәңірлермен оны бөліспеймін! 9 Жүзеге асты бұрынғы айтқандарым, Енді жаңа жайттарды жариялаймын, Сендерге алдын ала хабарлаймын». 10 Иемізге жаңа әнді шырқаңдар, Жер шетінен Оған мақтау айтыңдар! Теңізде жүзіп жүрген теңізшілер, Жағалауларды мекендеген елдер, 11 Шөлдала мен сол жақтағы қалалар Және қидарлықтар тұрған ауылдар, Бәрі Тәңірімізді дәріптесін! Села халқы да қуана дауыстасын, Тау бастарынан шырқап ән-жырларын, 12 Жариялап Жаратқанның ұлылығын Бар аралдарда Оны мадақтасын! 13 Иеміз күшті жауынгердей аттанады, Батырдай қайрат-жігер танытады, Даусын көтеріп ұранын салады, Жауларының бәрін жеңіп шығады! 14 «Мен ұзақ уақыт үнсіз болған едім, Өзімді сабырлықпен ұстап келдім, Ал қазір толғақ қысқан әйелге ұқсап Ентіге айқайлап, ашуымды төгем! 15 Тау-төбені ойрандап, бос қалдырамын, Өсімдік атаулысын қуратамын, Өзендерді құрлыққа айналдырып, Көлдерді де кептіріп құрғатамын. 16 Шындықты көрмейтін халқымды Менің Өзі білмейтін жолмен жетелеймін, Бейтаныс жолдармен бастап алып жүріп, Түнекті алдынан нұрға айналдырамын, Қисық жолдардың бәрін түзетемін. Халқым үшін осыларды жасаймын, Ешқашан оны жалғыз қалдырмаймын!» 17 Ал табынғандар жалған тәңірлерге Қоладан құйылған мүсіндеріне: «Құдайымыз сенсің» деп бас ұрады, Содан беттері күйіп масқара болады! 18 «Ей, рухани саңыраулар, құлақ асыңдар, көкірегі соқырлар, көздеріңді ашып, қараңдар! 19 Кім өз хабаршым Исраил халқы сияқты саңырау, кім осы қызметшімдей рухани соқыр?! Менімен Келісім жасаған осы халықтай шындықты көрмейтін біреу бар ма?! «Жаратқан Иенің қызметшісі» деп аталған Исраилдей сөзімді естімейтін кім бар?! 20 Расында сен көпті көрген едің, бірақ ештеңені ұқпайсың, құлақтарың естіген еді, бірақ тыңдамайсың!» 21 Жаратқан Ие өз әділдігіне сай Таурат заңы мен тәлімін дәріптелуге лайық әрі тамаша етіп шығаруды жөн көрген еді. 22 Алайда бұл халық тоналып, талан-таражға ұшырады. Бәрі тұтқындалып, құлдыққа түсті. Олжа болған оларды құтқаратын біреу де жоқ. Ешкім: «Талан-таражға түскен осы халықты қайтарып бер!» деп талап етпейді. 23 Араларыңдағы қайсың осыларды тыңдайсыңдар? Қайсың байыбына барасыңдар? 24 Кім Исраил халқын тонаушылардың қолдарына тапсырып, талан-таражға қалдырды? Мұны істеген Жаратқан Иенің Өзі емес пе?! Себебі біздер Жаратқан Иеге қарсы күнә жасай бердік. Ата-бабаларымыз да Оның жолымен жүргілері келмей, Таурат заңы мен тәліміне бағынбай қойды. 25 Сондықтан Тәңір Ие оларға қайнаған қаһарын төгіп, сұрапыл соғыс жіберді. Бірақ олар Құдайдың лаулаған қаһарына ұшыраса да, соның себебін ұқпады! Тіпті жалыны жалмағанмен, олар мұны көңілдеріне түймеді!
1 Ал енді, Жақыптың үрім-бұтағы, Исраил халқы, сені жаратып қалыптастырған Тәңір Ие мынаны айтады: «Қорықпа, Мен сені құныңды төлеп құтқарып алдым. Сені өз атыңмен шақырдым: Сен Мендіксің! 2 Судан өткен кезіңде саған жар боламын, өзендерден өткенде батып кетпейсің. Отты жарып өтсең, күйіп қалмайсың, тіпті жалыны да шарпымайды. 3 Себебі Мен сенің Құдайың Жаратқан Иемін, Мен, Исраил сиынған Киелі Құдай, Құтқарушыңмын! Сенің құның үшін Мысырды беріп, Құш пен Себаны да төлемің еттім. 4 Мен үшін аса қымбат, қадірлісің, сені сондай қатты сүйемін! Сенің орныңа көп адамды қиып, өмірің үшін халықтарды төлем етемін. 5 Қорықпа, Мен саған жар боламын, ұрпақтарыңды шығыстан алып келемін, батыс елдерінен де сені жинаймын. 6 Солтүстіктегі халықтарға: «Босатып жіберіңдер!» — деп, оңтүстіктегілерге де: «Жолынан қалдырмаңдар!» — деп бұйырамын. «Рухани ұл-қыздарымды алыстан, тіпті жердің қиыр шетінен де алып келіңдер! 7 Мен салтанатты ұлылығымды паш ету үшін жаратып, қалыптастырып жасаған, әрі өз атыммен атаған олардың барлығын да алып келіңдер!» 8 «Көзі болса да көрмейтін, құлағы болса да естімейтін халқымды құлдықтан алып шығыңдар! 9 Жалған тәңірлерге табынатын ұлттар жиналып, барлық халықтар бас қоссын! Араларындағы кім (Исраилдің құтқарылуын) алдын ала жариялап, өтіп кеткен оқиғаларды да білдіре алды? Олар айғақтарын шығарып, өздерінің дұрыстығын дәлелдесін! Осылай айтқандарының шынайылығы айқын көрінсін». 10 «Ал сендер Мен туралы шындықты паш етуге тиіссіңдер, ей, Исраил халқы! — дейді Жаратқан Ие. — Мені жақыннан танып, Маған сеніп, кім екенімді ұғынуларың үшін таңдап алған қызметшімсіңдер. Менен бұрын болған да, кейін бола алатын да ешқандай құдай жоқ! 11 Мен Жаратқан Иемін, Менен басқа Құтқарушы жоқ! 12 Болашақтағы жайттарды алдын ала білдіріп, сендерді жаудан құтқарып, мұны жариялаған Өзіммін. (Бұларды істеген) бөгде бір тәңірлерің жоқ. Сондықтан сендер Мен туралы шындықты паш етуге тиіссіңдер! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Жалғыз Құдай Менмін, 13 мәңгі Сол болып келемін! Менің қолымнан құтқара алатын ешкім жоқ. Менің істегендерімді кім бұрынғы қалпына келтіре алады?!» 14 Сендерді құтқарушы Қамқоршыларың, Исраил сиынған Киелі Құдай, мынаны айтады: «Сендер үшін Мен Бабылға (жау әскерін) жіберемін. Осылай Бабылдың барлық тұрғындарын, араларындағы халдейлерді де, бұрын даурыға мақтан тұтқан кемелеріне мінгізіп, қашып кетуге мәжбүрлеймін. 15 Мен Киелі Құдайларың Жасаған Иемін, ей, Исраил халқы, Мен сендердің Жаратушы әрі Патшаларыңмын!» 16 Баяғыда Жаратқан Ие ата-бабаларымыз үшін теңіздің аласұрған суларынан өтетін жол салған болатын. Жаудың соғыс күймелерін, аттарын және мықты әскер күштерін Мысырдан ала шыққан еді. Олар бәрі бірдей жер құшып, қайтып тұрмайтын болды, сөнген шырақтай өмірлері өшті. Бүгінде Жаратқан Ие мынаны айтады: 18 «Естеріңе бұрынғыны алмаңдар, Бұдан былай баяғыны ойламаңдар! 19 Енді Мен жаңаны жасаймын да, Қазір ол шыққалы тұр жарыққа, Сендер мұны ұғынбайсыңдар ма? Міне, Мен иен далада жол саламын, Шөл даладан бұлақтар ағызамын. 20 Таңдап алған халқымды сумен қамтып Құла түзден өзендер ағызамын. Шибөрі, түйеқұс, дала аңдары Содан Мені дәріптейтін болады. 21 Өзім үшін жаратқан халқым Менің Ұлылығымды мақтап жариялайды». 22 «Алайда сендер, Жақыптың ұрпақтары, атымды атап Маған сиынып келген жоқсыңдар! Қайта, ей, Исраил халқы, Менен қажып шаршап жүр екенсіңдер! 23 Өзіме арнап көптеп тоқтыларды шалып, өртеген жоқсыңдар. Маған басқа да сый-тартуларыңмен лайықты қадір-құрмет көрсетпедіңдер! Мен астық тартуларыңды көптеп ұсыныңдар деп сендерді қинаған да жоқпын, хош иісті заттарды молынан түтетіңдер деп ауыртпалық түсірген де емеспін. 24 Сендер Маған арнап түтетілетін хош иісті құрақты сатып алған жоқсыңдар, құрбандық майын да Маған жомарттықпен ұсынбадыңдар. Керісінше, сендер Мені күнәларыңмен қинап, әділетсіз істеріңмен Маған ауыртпалық арттыңдар! 25 Алайда Мен өз еркіме сай қылмыстарыңды өшіріп тастаймын! Енді қайтып ешқашан да күнәларыңды есіме алмаймын! 26 Енді даулы мәселені талқыға салайық: жасаған жақсылықтарыңды есіме түсіріңдер, ақталуларың үшін істеріңді ашық көрсетіңдер! 27 Сендер тараған түп аталарың да күнә жасаған еді, арада жүрген өкілдерің де тура жолымнан тайып кетті. 28 Сондықтан Мен оларды, киелі үйдің басшыларын, абыройларын төгіп ұятқа қалдырамын! Сонымен қатар Жақыптың ұрпақтары, Исраил халқын, қарғысқа ұшыратып қор қыламын!»
1 «Ал енді, тыңда, Жақыптың үрім-бұтағы, қызметшім Менің! Маған құлақ сал, таңдап алған Исраил халқым! 2 Ана құрсағында сені қалыптастырып жаратқан Қолдаушың, Мен, Жаратқан Ие, саған былай деймін: Қорықпа, Жақыптың үрім-бұтағы, қызметшім Менің, Өзім таңдап алған әділ халқым! 3 Мен шөлдеген жерді суға кенелтіп, кеуіп қалған далаға суды тасқындатып ағызамын. Ұрпақтарыңның үстіне Рухымды құйып, оларға жарылқауымды жаудыра беремін. 4 Олар жайлаудың шөбіндей көктеп, өзен жағасындағы теректей өсіп-өне береді. 5 Сол кезде көптеген адамдар Менің халқыма қосылып, біреулер: «Жаратқан Иенікімін» деп хабарлап, өзгелері мұны өз қолдарына жазып та алады. Олар Жақыптың есімімен, иә, халқымның қадірлі түп атасы Исраилдің атымен, атанатын болады». 6 Жаратқан Ие — Исраилдің Патшасы мен азат еткен Қамқоршысы әрі Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Алғашқы да, Соңғы да Менмін, Менен өзге (шынайы) құдай жоқ! 7 Әлде Мен сияқты біреу бар ма? Сол өзін әйгілеп, дәлелдерін Менің алдымда ашық келтірсін: ол Мен халқымды жаратып, еліне орналастырған ежелгі кезден бері не болып келгенін және келешекте не болатынын рет-ретімен айтып берсін! Содан кейінгі жайттарды да ашық мәлімдесін! 8 Ей, халқым, қорықпаңдар, үрейлерің де ұшпасын! Мен бұрыннан-ақ сендерге болашақтағыны алдын ала жариялап келдім емес пе? Мен туралы шындықты мойындаңдар: Менен өзге құдай бар ма? Менен басқа қорғандарың жоқ, Маған біреуі де мәлім емес!» 9 Жалған тәңірлердің мүсіндерін жасаушылардың бәрі де дәрменсіз! Олар өз тәңірсымақтарын соншалықты ұнатып, бағалағанмен, соларынан ешқандай пайда көрмейді. Өздері бұған куә! Мүсіндері көре алмайды да, ештеңені ұқпайды да, сондықтан олар масқара болады. 10 Ешбір пайдасы жоқ «қуыршақ тәңірлерді» жасап, мүсіндерін құйып қалыптастыратындар кімдер? 11 Сондайлар ұятқа қалатын болады! Мүсіндерді жасайтын зергерлер жай пенделер ғана. Олар бәрі жиналып, алдымда тұрсын! Сонда үрейлері ұшып, барлығы масқара болады. 12 Ұста сом темірден мүсіннің тұлғасын жасап, оны отпен шыңдайды. Мұнан кейін мықты қолына балғасын алып, тұлғаны ұрғылап, «қуыршақ тәңірді» қалыптастырады. Содан қарны ашып, әлсіреп, су ішпегеннен шаршап-шалдығады. 13 Ағаш шебері (қатты ағаш таңдап алып), жіп тартып өлшеп, қашаумен мүсіннің сұлбасын белгілейді. Оны кескішпен өңдеп, жұмырлап, адамның келбетті бейнесін жасайды. Содан оны жалған тәңірдің ғибадатханасына апарып қояды. 14 Бұл жұмыс үшін самырсынды, я болмаса қарағай не еменді кесіп алады. Оларды ормандағы ағаштардың арасынан таңдап алып, сақтап қойған болатын. Немесе шырша отырғызған еді, ол жауған жаңбырмен өсті. 15 Енді сол ағашты адам отын етеді. Бір бөлігін отқа жағып, жылынса, басқасымен нан пісіреді. Ал қалған ағаштан «қуыршақ тәңірін» ойып мүсіндеп, соған иіліп табынады! Адамдар жай мүсін жасап алып, оның алдына жерге жығылып құлшылық етеді! 16 Олар ағаштың бір бөлігін отқа жағып, үстіне тамақ пісіріп, тағы бір бөлігімен ет қуырып, тойғанынша жеген еді ғой! Сондай-ақ отқа жылынып: «Ой, бәрекелді, оттың қызуы керемет екен!» — деп риза болды. 17 Ал ағаштың қалғанынан тәңір мүсінін ойып жасап, оған: «Мені құтқара гөр, сен тәңірімсің ғой!» — деп жалбарынып, иіліп табынады. 18 Бұлай істейтіндер шындықты білмейді де, ұқпайды да. Олардың көздері балшықпен сыланғандай жұмылған, ақыл-саналары ұғына алмастай тас жабылған. 19 Ешқайсысы бұларына ой жібермейді, оларда қажетті білім мен түсінік жоқ. Сол себептен: «Мен жартысын отқа жағып, қоламтасына нан пісіріп, ет қуырып та жедім. Ал қалдығынан жексұрын тәңір мүсінін жасап, сол бір ағаш кесегіне табынғаным қалай?!» — демейді. 20 Керісінше, күлге айналатын нәрсені қанағат тұтады! Алданған саналары сондай адамдарды адастырады. Олар өз жандарын құтқара алмайды. «Оң қолымдағы осы нәрсе жалған емес пе?!» — деген қорытынды шығармайды. 21 «Жақыптың үрім-бұтағы, Өзімнің қызметшім, Осыларды ескеріңдер, ей, Исраил халқым: Сені Өзіме қызмет ету үшін жараттым, Мен ешқашан да сені есімнен шығармаймын! 22 Әділетсіз істеріңді тұмандай сейілттім, Күнәларыңды жел айдаған бұлттай жоқ еттім, Енді теріс жолыңнан қайтып, бет бұр Өзіме! Мен қамқоршың болып құтқарып, кешірдім!» 23 Аспан, мұны істеген Тәңірді әнмен мадақта, Жер, сен де Оны дәріптеп шаттана айқайла, Шуылдап мақтаңдар, таулар, орман ағаштары да: Жаратқан Жақыптың әулетін құтқарып алды, Өз ұлылығын Ол Исраилде жар қылды! 24 Сені ана құрсағында қалыптастырған, әрі туысқан қамқоршыңдай құтқарып алған Жаратқан Ие мынаны айтады: — Мен, Жасаған Ие, бүкіл әлемді жараттым. Жалғыз Өзім аспан кеңістігін жайып жіберіп, өз құдіретіммен жер бетін де жайып тастадым. 25 Жалған пайғамбарлардың болжамдарын жоққа шығарамын, сәуегейлердің есалаңдығын да әшкерелеймін. Мен данасынғандарды абыржытып, білімдерінің ақымақтық екенін көрсетемін! 26 Бірақ Өзімнің қызметшімнің сөздерін іске асырып, пайғамбарларымның айтқандарын орындаймын. Мен Иерусалимге: «Жұрт сені қайтадан мекендейді!» деп уәде етіп, Яһуда елінің өзге қалаларына да: «Жаңадан салынасыңдар!» деймін. Иерусалимнің қираған ғимараттарын қайта қалпына келтіремін! 27 Ежелде терең теңізге: «Кеуіп қал, ағыстарыңды кептіріп тастаймын!» деп бұйрық берген де Өзіммін. 28 Енді Кир туралы алдын ала былай деймін: Ол — Маған қызмет ететін бағушы, Менің еркімді түгелдей орындаушы. Кир «Иерусалим қайта салынсын!» деген жарлық шығарып, ғибадатхананың да негізін қайтадан салғызатын болады.
1 Мен, Жаратқан Ие, Өзім тағайындаған Кир патшаны оң қолынан сүйемелдеп, оған халықтарды бағындырамын. Оның алдынан есіктерін ашып, қала қақпаларын жапқызбау үшін елдердің патшаларының сауыт-саймандарын шештіріп тастаймын. Кир патшаға былай деймін: 2 «Мен алдыңда жүріп отырып, жолыңдағы тау-төбедей кедергілерді тып-типыл етіп тегістеймін. Мықты қола қақпаларды быт-шыт қылып, темір ысырмаларын да сындырамын». 3 Қараңғы жерлерде сақталған қазыналарды, жасырын орындарда жатқан байлықтарды саған табыс етемін. Осылай Менің кім екенімді білетін боласың: сені атыңды атап Өзіме қызмет етуге шақырған Жаратқан Иемін, Исраилдің Құдайымын! 4 Өзімді әлі білмеген кезіңде-ақ сені атыңды атап шақырып, жоғары лауазымға тағайындаймын. Мұны өз қызметшім үшін, Жақыптың үрім-бұтағы, таңдап алған Исраил халқым үшін істеймін. 5 Мен Жаратқан Иемін, жалғыз Құдаймын, Менен өзге құдай жоқ! Өзімді білмесең де, Мен сені күшті қыламын. 6 Шығыстан батысқа дейінгі аралықтағы адамдардың бәрі Менен өзге бірде-бір құдай жоқ екеніне көз жеткізсін! Мен Жаратқан Иемін, жалғыз Құдаймын. 7 Жарықты да, қараңғылықты да Мен жараттым, не амандық орнатып, не апат жіберемін. Мен, Жаратқан Ие, мұның бәрін істеймін. 8 Аспаннан әділдік жауып, жерден құтқарылу шығып, екеуі де бірге өсіп-өне берсін! Мен, Жасаған Ие, бұларды жараттым». 9 Өзін жаратқан Құдайды сынап, шағым айтқан пенде қасіретке қалады! Ол саздан жасалған ыдыстың сынығына ұқсайды. Әлде саз балшықтың құмырашыны: «Не істеп отырсың?» — деп сынауына бола ма? Немесе өзің жасап жатқан бұйымыңның сен туралы: «Қолынан түк келмейді», — деп наразылық білдіруіне қақысы бар ма?! 10 Әкесіне: «Мені неге дүниеге келтірдіңіз?» — шешесіне: «Неге мені тудыңыз?» — деген әркім де қасіретке ұшырайды! 11 Исраил халқы сиынған Киелі Құдай, оны жаратқан Тәңір Ие, тағы мынаны айтады: «Сендер Маған болашақтағы жайттар туралы сұрақ қоясыңдар ма?! Рухани балаларым және қолымнан шыққан істерім жөнінде бұйрық бересіңдер ме?! 12 Жерді және оның үстіндегі адамдарды жаратқан Менмін! Өз қолыммен аспан кеңістігін жайып жіберіп, барлық аспан денелерін өз бұйрығыммен орналастырдым және бақылаймын да. 13 Мен Кирді әділдікпен тағайындап, барлық жүретін жолдарын тегістеймін. Ол Менің таңдаған қаламды қайтадан салғызып, тұтқындарымды ешбір төлемсіз, парасыз-ақ босатып жіберетін болады». — Әлемнің Иесі осыларды нық айтады. 14 Жаратқан Ие таңдаған халқына мынаны да айтады: «Мысырдың жасап шығарған заттары және Құштың саудадан тапқан табыстары сенікі болмақ. Себаның бойшаң адамдары да сенің жағыңа өтіп, меншігіңе айналады. Олар шынжырланған күйде артыңнан еріп, құрмет көрсете алдыңа жығылып: «Расында да Құдай тек саған жар болып жүр, Одан басқа шынайы құдай жоқ!» деп мойынсұнатын болады». 15 Уа, Жаратқан Ие, шынымен Сен Өзіңді жасыратын Құдайсың, Исраилдің сиынған Құдайы әрі Құтқарушысысың! 16 Тәңірлердің мүсіндерін жасайтындар қорланып, масқара болады. Олар бәрі бірдей ұятқа қалады. 17 Ал Жаратқан Ие Исраил халқын құтқарып, ұдайы қорғап-қолдайды. Содан оларға: «Енді қайтып қорланбайсыңдар, мәңгі масқара болмайсыңдар!» — делінеді. 18 Аспанды жасаған Жаратқан Ие — шынайы Құдай. Ол жерді де қалыптастырып, нығайтты. Оны ретсіз, бос тұру үшін емес, мекендеу үшін жаратты. Құдай былай дейді: «Мен Жаратқан Иемін, Менен өзге құдай жоқ! 19 Мен көзден таса, қараңғы жерден құпиялап сыбырлаған емеспін, әрі Жақыптың ұрпақтарынан Өзіме бекерге бет бұрып, бой ұсынуын талап етпедім. Қайта, Мен, Жаратқан Ие, нағыз шындықты айтамын және анық паш етемін. 20 Ей, басқа ұлттардың жойылудан қашып құтылғандары, бәрің де жиналып, қасыма жақындаңдар! Ағаштан жасалған тәңір мүсінін көтеріп алып жүрушілер, өздерін құтқара алмайтын тәңірсымаққа сиынушылар қандай аңқаулар! 21 Енді өзара ақылдасып, күшті дәлелдеріңді келтіріңдер: Кім бұл жайттарды баяғыдан бері жария етті? Оларды алдын ала айтқан кім? Мен, Жаратқан Ие, емес пе едім? Жалғыз Мен ғана әділ Құдай әрі Құтқарушымын. Менен өзге құдай болған емес, болмайды да! 22 Ей, жердің түкпір-түкпіріндегілер, Маған бет бұрыңдар, сонда құтқарыласыңдар. Жалғыз Құдай Менмін, өзге құдай жоқ! 23 Аузымнан тек шындық шығады, Мен сөзімнен қайтпаймын. Өз атыммен былай деп ант етемін: Менің алдымда әрбір адам тізе бүгіп, тіл біткен әр пенде Маған ант беріп бағынып: 24 «Әділдік пен құдірет тек Жаратқан Иеде!» деп мойындайтын болады». Жаратқан Иеге ашуланғандардың бәрі Оның алдына келіп, өкініп ұялады. 25 Сонда Жаратқан Ие Исраилдің бүкіл үрім-бұтағын ақтап, олар Оны мақтан тұтатын болады.
1 Бел тізе бүгіп, Небо да иіледі. Осы жалған тәңірлердің мүсіндері малдарға тиеліп, әкетіледі. Бұларды салтанатпен көтеріп жүретінсіңдер. Салмағы зілдей олар — шаршаған көліктерге ауыртпалық. 2 Осылайша жалған тәңірлердің бәрі бірдей тізе бүгіп, құлайды. Олар ауыр мүсіндерін қорғай алмайды, қайта, өздері де тұтқынға түседі! 3 «Тыңдаңдар Мені, ей, Жақыптың ұрпақтары, сөзіме құлақ салыңдар, ей, Исраил халқының тірі қалғандары! Сендерді туғаннан-ақ қолдап келіп, өмір бойы көтеріп те жүремін. 4 Сендер қартайған шақта да Мен өзгермеймін, шаштарың ағарған кезде де қолдай беремін. Сендерді жаратқан едім, бұдан былай да көтеріп жүремін. Мен ауыртпалықтарыңа төзіп, құтқарып қорғай беремін. 5 Мені кіммен салыстырып, кімге ұқсатасыңдар? Яки Мені кіммен теңестіресіңдер? 6 Адамдар таразыға күміс өлшеп, соған шебер зергерді жалдап алады. Қалталарынан мол алтын төгіп беріп, содан тәңір мүсінін жасатқызады. Осы «қуыршақ тәңірге» бас иіп, оның алдына етпетінен жығыла табынады! 7 Оны иықтарына көтеріп алып жүріп, арнайы жерге қояды. Мүсін сол жерде әрдайым тұра беріп, орнынан қозғала да алмайды. Жұрт оған қанша айқайлап, жалынып-жалбарынса да, ол ешқандай жауап бере алмайды да, пәледен құтқара алмайды да. 8 Сонымен, ей, жолдан тайғандар, бұл жайттарды естеріңде берік сақтап, көңілдеріңе түйіп алыңдар! 9 Баяғыда болғандарды да ұмытпаңдар! Жалғыз Мен ғана шынайы Құдаймын, Менен өзге құдай жоқ, Маған ұқсас ешкім де болмайды! 10 Ақырғы жайттарды әуел бастан-ақ және әлі істелмеген істерді баяғыдан-ақ алдын ала білдіріп келемін. Мен мақсатымды орындап, Өзіме ұнайтындарды іске асыратын боламын деп уәде беремін. 11 Шығыстағы алыс елден біреуді шақырып, алып келемін. Ол жауларына қырғидай тиіп, мақсатымды белсене орындайды. Мен айтқанымды еш шүбәсіз жүзеге асырамын, солай шешкен соң оны орындаймын! 12 Ей, жүректері қасарысқандар, әділдіктен қашық жүргендер, айтқандарыма құлақ түріңдер! 13 Мен осы жерде әділдігімді жүзеге асыратын боламын. Ол алыс емес, жақындап қалды, Менің құтқаруым кешікпейді! Мен Сион шаһарын азат етемін, бүкіл Исраил елін салтанатты ұлылығыма бөлейтін боламын».
1 «Тағыңнан түсіп, топыраққа отыр, ей, Бабыл қаласы! Халдей халқының астанасы, сен ханша сияқты ешкімге бағынбаған едің. Ал енді тақыр жерде отыра бер! Бұдан былай сені ақсаусақ, нәзік деп атамайды. 2 Қайта, диірменді қолға алып, тарта бер! (Бағынышты күңге айналған сен) бет пердеңді шеш! Етегіңді түріп, балтырыңды көрсетіп өзендерді кешіп өте бер! 3 Сонда тәнің ашылып, жұрт ұятыңды көреді. Осылай сені еш аямай жазалаймын!» (— дейді Жаратқан Ие.) 4 Бізді құтқаратын қамқоршымыздың есімі — Әлемнің Иесі, Ол — Исраилдің Киелі Құдайы! 5 «Ей, Бабыл, халдей халқының астанасы, қараңғы жерге барып, үніңді шығармай отыр! Сені енді қайтып патшалықтарға билік жүргізетін ханым деп атамайтын болады. 6 Мен меншікті халқыма қаһарымды төгіп, оны сенің қолыңа түсіріп, қорлыққа салдым. Ал сен мейрімділік танытпай, оның қарттарына да тым ауыр жүк артып қойдың! 7 Сен «мәңгілік патшайым боламын» деп, Менің халқымның шеккен азабына көңіл бөлмедің. Мұның ақырының не боларын ойламадың да. 8 Рақатқа батып, бейқам тұрып жатырсың. «Әлемде тек мен ғана маңыздымын, мендей ешкім жоқ! Ешқашан жесірдей жалғыз қалмаймын, тұрғындарымнан еш айырылмаймын!» деп мақтанасың. Ал енді, мынаған жақсылап құлақ сал: 9 Бір күннің ішінде, табан астынан, екеуі де басыңа түсіп, тұрғындарыңнан айырылып, жесірдей жалғыз қаласың! Осы екі қасіретке де ұшырайсың! Сен сиқыршылыққа иланып, бақсылықпен де соншама көп айналысып келсең де, бәрібір сол пәледен амал тауып құтыла алмайсың. 10 Жауыздығыңа кәміл сеніп: «Қылықтарымды ешкім көрмейді», дейсің. Сені (жалған) даналығың мен білімің еліктіріп тура жолдан адастырды. «Әлемде тек мен ғана маңыздымын, мендей ешкім жоқ!» деп паңданасың. 11 Алайда басыңа апат төніп, оның қайдан келетінін әлі білмейсің. Сонда тас-талқан болып қирайсың, ал одан амал тауып құтыла алмайсың. Кенеттен сен еш ойламаған қырғынға ұшырайсың! 12 Сонымен (Құдайға бағынбаған сен, мейлі) жас кезіңнен айналысып келген әр түрлі бақсылық, сиқырлығыңмен бұдан былай да шұғылдана бер. Мүмкін, олардан саған пайда тиер, мүмкін, тіпті жауыңа үрей туғызар? Керісінше, 13 көп ақыл-кеңес сұрап қажығандайсың. Аспанды бақылап, жұлдыздарды санаушыларың, жаңа ай туған сайын жорамал жасайтындар, енді алға шығып ақылдарын айтсын, сені басыңа төнген апаттан құтқарып алсын! 14 Бірақ олардың өздері өртеніп жатқан сабанға ұқсайды. Жалмаған өрттен өз бастарын да құтқара алмайды. Бұл қасында жай жылынып отыратын көмір оты емес, ол Құдайдың қаһарының лаулаған жалыны! 15 Ал жас кезіңнен бері сенімен бірлесіп саудамен айналысқандардың саған істейтіндері мынау болады: Әркім өз жөнімен қашып кетіп, сені құтқаратын ешкім де қалмайды!»
1 Ей, Жақыптың үрім-бұтағы, ей, Яһуда руынан тарағандар, сөзіме құлақ салыңдар! Сендер түп аталарың Исраилдің атымен аталып, Жаратқан Иенің атын атап ант етесіңдер. Исраилдің сиынған Құдайына құлшылық етеміз дей беріп, бұларыңды шын жүректен адал істемейсіңдер! 2 Киелі қаладанбыз деп мақтанып, Әлемнің Иесі деп те аталған Исраилдің Құдайын сүйеніш етеді екенсіңдер. Енді Оның айтқандарына құлақ түріңдер: 3 «Мен болатұғын жайттарды баяғыда-ақ алдын ала мәлімдеп, сендерге қайта-қайта білдірген едім. Кенеттен оларды орындап, жүзеге асырдым. 4 Қандай қасарыспа екендерің де маған айқын болатын. Тоң мойын, беттеріңнен қайтпайтын қиқарсыңдар! 5 Сондықтан Мен сендерге жасайтын істерімді алдын ала хабарладым, оларды болмай тұрып-ақ білдірдім. Сонымен: «Өз тәңірлеріміз осылай істеді! Ағаштан ойылған және қоладан құйылған мүсіндеріміз солай болсын деп бұйырды!» дей алмайсыңдар. 6 Хабарларымды естіген едіңдер. Енді жүзеге асқандарының бәріне қарап көз жеткізіңдер! Оларды ашық мойындамайсыңдар ма? Бұдан былай Мен сендерге жаңа жайттарды жария етпекпін, өздеріңе беймәлім, жасырын жатқандарды хабарламақпын. 7 Олар бұрын емес, қазір пайда болып жатыр. Бүгінге шейін солар туралы естімедіңдер. Сондықтан сендер: «Әрине, мұны білген едік», — дей алмайсыңдар. 8 Жоқ, оларды алдын ала естіп, түсінген жоқсыңдар! Баяғыдан-ақ сөздеріме құлақ салмадыңдар. Сендердің опасыздық жасайтындарың да маған бұрыннан айқын болатын. Туғаннан-ақ Құдайға қарсы тұрушы деп аталасыңдар! 9 Бірақ өз атымның құрметіне бола Мен қаһарымды тежеп, әлі де төкпей тұрмын. Әйтпесе сендерді қасымнан үзілді-кесілді аластатып, құртуым қажет болар еді. 10 Оның орнына сендерді тазарту үшін азап отынан өткіздім. Сонда да балқытылған күмістей саф таза болып шықпадыңдар. 11 Өзіме бола әрі өз еркіме сай сендерді құтқармақпын. Қалайша Мен абыройыма дақ түсіртемін?! Өз ұлылығымды қайдағы біреуге қимаймын». 12 «Ей, Жақыптың ұрпақтары, Мен өз халқым болуға шақырған Исраил, сөзіме құлақ түріңдер! Мәңгі тірі Жаратқан Иемін, Алғашқы да, Соңғы да Менмін. 13 Құдіретті қолыммен жердің негізін салып, аспан кеңістігін де жайып жібергенмін. Мен бұйрық берсем болды — олардың барлығы бірдей орындарына тұра қалады. 14 Ендеше жиналыңдар, бәрің де құлақ салыңдар! Жаратқан Иенің сүйікті қызметшісі (Кир патша) Оның еркін Бабылда орындап, мықты қолымен сол елдегі халдейлерге қарсы шығатын болады. «Жалған тәңірлердің қайсысы бұны алдын ала білдіріпті? 15 Жоқ, тек Мен ғана соны алдын ала айттым. Өзім оны шақырып әкелемін және оның жолын сәтті етемін. 16 Қасыма жақындап, сөзіме құлақ түріңдер: Мен ниетімді басынан-ақ бүкпей ашық айтып келемін. Оны іске асыратын уақытта да Өзім сол жерде боламын». Енді Жаратушы Тәңір Ие және Оның Рухы мені мына хабармен жіберіп отыр: 17 «Сендерді құтқарушы Жаратқан Ие, Исраил сиынған Киелі Құдай, былай дейді: Мен, Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретіп, түзу жолмен бастап алып жүремін. 18 О, егер өсиеттеріме құлақ ассаңдар ғой, шіркін! Сонда сендердегі амандық пен тыныштық сарқылмас өзендей, әділдік те теңіз толқындарындай шексіз болар еді! 19 Ұрпақтарың тау тастарындай, үрім-бұтағың құм қиыршықтарындай сансыз мол болар еді ғой. Олардың есімдері Менің алдымнан ешқашан өшпес те, жойылмас та еді». 20 Бабылдан тездетіп көшіп шығып, халдейлердің езгісінен құтылыңдар! Мына хабарды қуанышты үнмен жер шетіне дейін жариялаңдар: «Жаратқан Ие өз қызметшісін, Жақыптың үрім-бұтағын, азат етті!» 21 Ежелде Жаратқан Ие (Мысырдың езгісінен) құтқарған халқын айдала арқылы жетелеп алып жүргенде олар шөлдемеді: Өзі солар үшін жартастан су ағызды. Жаратқан Ие құзды қақ жарғанда су сарқырай жөнелді. (Осы кезде де Тәңір Ие отанына қайтуға шақырған өз халқына кереметпен қамқорлық жасайтын болады.) 22 Ал «әділетсіздерде амандық пен тыныштық болмайды!» — деп нық айтады Жаратқан Ие.
1 Аралдар мен теңіз жағалауларындағы елдер, алыстағы халықтар, сөзіме құлақ түріп, тыңдаңдар: мені ана құрсағынан-ақ Жаратқан Ие тағайындады, есімімді туған кезімнен-ақ есінде сақтады. 2 Ол сөзімді семсердей өткір етті. Мені қолының саясында қорғап үшкірленген жебеге ұқсас қылып «қорамсағында» сақтап келеді. 3 Жаратқан Ие маған мынаны айтқан еді: — Исраил, сен Менің Қызметшімсің. Өзіңде салтанатты ұлылығымды ашық көрсетемін. 4 Ал мен былай деп жауап бердім: — Бүкіл еңбегімді зая еттім, құр бекерге күшімді жұмсадым! — Бірақ Жаратқан Ие мені ақтайды, Құдайым еңбегімнің әділ бағасын сақтайды. 5 Ал енді Жаратқан Ие сөйлейді. Ол мені анамның құрсағында қалыптастырып, Өзінің қызметшісі болуға дайындаған еді. Маған Жақыптың үрім-бұтағын, Исраил халқын, Өзінің қасына қайтарып жинауды тапсырды. Өйткені Жаратқан Иенің алдында қадірлімін, Құдайым маған күш-қуат сыйлайды. 6 Жаратқан Ие мынаны да айтады: «Сен Менің Қызметшімсің, Жақыптың шашыраған руларын қайтадан біріктіресің. Сен тек Исраил халқынан аман сақтап қалғандарымды ғана Өзіме қайтарып қоймайсың. Сені басқа ұлттар үшін де жарық Нұр болуға белгіледім! Сонда жердің түкпір-түкпіріндегі адамдарға Мен дайындаған құтқарылу жолын жария етесің!» 7 Құдайдың Қызметшісі адамдардан қорлық көріп, халыққа жексұрын болып, билеушілердің құлына айналған еді. Ал Исраилді құтқарушы Киелі Құдай — Жаратқан Ие оған тіл қатып былай дейді: «Сені көрген патшалар алдыңда тік тұрады, әміршілер де саған бас иетін болады. Себебі Мен — Исраил сиынған Киелі Құдай, сөзіне адал Жаратқан Ие, сені таңдап алдым!» 8 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Мен мейірім көрсететін кезімде саған жауап беремін, халқымды құтқаратын күнім келгенде сені қолдап-қорғап жүремін. Өзіңді халқым үшін Келісімімнің кепілі етіп белгілеймін. Осылай Мен мына уәдемді бекітемін: ойран болған Исраилдің жерін қалпына келтіріп, оны халқыма қайтадан үлестіріп беремін. 9 Сен арқылы қараңғыдағы тұтқындарды «Сыртқа шығып, көрініңдер!» деп шақырып, босатамын. Олар бағып, қамқорлайтын отарым іспетті жол бойында тамақтанатын болады, тіпті құнарсыз қыраттардан да жайылым табады. 10 Енді қайтып олар аштық пен шөлді білмейді, күннің аптап ыстығы да күйдірмейді». Себебі халқының жанашыры Жасаған Ие оларды жетелеп, су көздеріне бастап алып жүреді. 11 «Мен бүкіл тауларымды жолға айналдырып, даңғыл жолдарымды биіктетіп саламын. 12 Міне, бұлар алыстан, көбі солтүстік пен батыстан, басқалары Асуан аймағынан келе жатыр! 13 Ей, аспан, шаттана шырқап, жер де, қатты қуанып, тау-төбелер де, шуылдап мақтау айтыңдар! Жаратқан Ие өз халқын жұбатып, азап шеккендеріне жаны ашып мейірім танытады. 14 Ал Сионның халқы былай деген еді: — Құдайым мені ұмытып, тастап кетті! — (Жасаған Иенің жауабы мынау:) 15 — Әлде әйел өз сәбиін ұмыта ала ма, құрсағынан шыққан ұлын аямай ма?! Анасы ұмытып кеткен күнде де Мен сені ешқашан ұмытпаймын, Иерусалим! 16 Есіміңді алақаныма ойып жазып алдым, қамалдарың әрдайым көз алдымда! 17 Сені қайтадан салуға келе жатқан халқың өзіңе жетуге асығуда, ал сені қырып-жойып, талқандаған қарсыластарың қасыңнан кетуге мәжбүр болуда! 18 Айналаңа көз жүгіртіп қарашы: бүкіл балаларың жиналуда! — Мәңгі тірі Жаратқан Ие ант етіп былай деп уәде береді: — Сен осы адамдардың бәрін әшекей етіп таққандай өзіңе қабылдайтын боласың. Олармен қалыңдықтай сәнденіп, көркейіп салтанатқа бөленесің. 19 Ойрандалып, қаңырап бос қалған орындарың енді ағылып келген тұрғындарыңның көптігінен тар болады. Ал сені қанап, жалмап келген дұшпандарың қасыңнан алшақ кетеді. 20 Халқыңның жер аударылған кезеңде шетелде туған ұрпақтары қайтып келіп, сенен: «Бұл орын бізге тұруға тым тар. Кеңірек жер берсеңіз екен!» деп өтінетін болады. 21 Сол кезде сен іштей былай дейсің: «Бұларды мен үшін туған кім? Мен құрсақ көтеріп, балалы болған емеспін. Халқым жер аударылып, қуылған еді. Сонда бұлардың бәрін кім өсірді екен?! Мен жападан-жалғыз болғанда бұлар қайдан шықты?!» 22 Ал Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Мен қолымды созып, туымды жоғары көтергендей барлық халықтарға белгі беремін. Олар ұлдарыңды кеуделеріне басып, қыздарыңды да иықтарына отырғызып, көтеріп алып келетін болады. 23 Сонда патшалар кіндік әкелерің болып, ханымдары күтуші әйелдеріңе айналады. Олар саған жерге дейін иіліп тағзым етіп, аяғыңа жабысқан шаңды сүртіп құлдық ұрады. Осылай сен Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың. Маған үміт артқандар ұятқа қалмайды!» 24 — Күшті жаудың қолынан олжасын тартып алып, жеңімпаздың тұтқындарын босату мүмкін бе?! — (деп күдіктенесің.) 25 Бірақ Жаратқан Ие мынаны айтады: — Күшті жаудың тұтқындары тартылып алынып, жеңімпаздың олжасы қайтып алынады! Сенімен арпалысып келген жауыңмен Өзім алысып, адамдарыңды босатамын! 26 Сені езіп-жаншығандар сол кезде өз тәндерін жейтін болады. Олар төгілген өз қандарына тәтті шарап ішкендей мас болады. Осылай бар адамзат Менің Жақып сиынған құдіретті Жаратқан Ие екенімді білетін болады: Мен сенің Құтқарушыңмын, сені азат ететін Қамқоршыңмын».
1 Жаратқан Ие мынаны айтады: «Сендер Мені «шешелерің» Иерусалимді қуып жіберді дейсіңдер. Ендеше соны дәлелдейтін куәлік қағазы қайда? Мені біреуге берешек болып, соны өтеу үшін өздеріңді құлдыққа сатып жіберді деп те айыптайсыңдар. Жоқ, олай емес, сендер өздерің жасаған күнәларың үшін құлдыққа түстіңдер! «Шешелерің» де сендердің жасаған зұлым істеріңе бола қуылды! 2 Халқыма келгенімде неліктен Мені ешқайсың қарсы алмадыңдар? Мен қанша шақырсам да, ешқайсың жауап бермедіңдер? Өздеріңді азат ету қолымнан келмейді деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, сендерді құтқаруға құдіретім әбден жетеді! Менің бұйрығыммен теңіз кеуіп қалады. Мен өзендерді де шөл далаға айналдыра аламын. Сонда ондағы балықтар сусыз өліп, шіріп кетеді. 3 Аспанды қара түнекпен қаптап, оны қаралы жамылғымен жауып тастағандай тас қараңғы ететін де Менмін». 4 «Маған Жаратушы Тәңір Иенің Өзі тәлім беріп, қажығандарды жігерлендіру үшін не айту керегін аузыма салып отыр. Күн сайын ертеңгісін Ол мені оятып, айтқандарына шәкірттей құлақ салғызады. 5 Жаратушы Тәңір Ие құлағымды ашқанда мен қасарысып, кері бұрылған жоқпын. 6 Арқамды ұрып-соққандарға тостым, сақалымды жұлғандарға екі жағымды ұсынып, бетімді балағат пен түкіріктен жаппадым. 7 Мені Жаратушы Тәңір Ие қолдайды, сондықтан ұялмаймын да қысылмаймын. Өзі белгілеген жолдан шықпауға белді бекем будым. Соңында ұятқа қалмайтынымды білемін. 8 Мені ақтайтын Құдай қасымда, маған сонда кім кінә тақпақ? Келіңдер, беттесейік, енді кім маған айып таңбақшы? Кәне, сол мұнда жақындап келсін! 9 Мені Жаратушы Тәңір Ие қолдайды, маған үкім шығаратын кім болмақ? Солай етуге тырысқандар тозып, күйеге жем болған киімдей құрымақ. 10 Ей, өз араларыңда Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оның Қызметшісінің даусына құлақ түретін кім? Сендер қараңғыда жүріп, жарықтан ада болсаңдар да, Жаратқан Иеге үміт артыңдар, иә, Құдайларыңды сүйеніш етіңдер! 11 Ал өз беттеріңмен от жағып, қолдарыңа жанып тұрған алау ұстайтын басқалар, мейлі, өздерің лаулатып жандырған от пен алауларыңның жарығында жүре беріңдер. Сендердің Менен алатын «марапаттарың» мынау: қатты қиналып жататын боласыңдар!»
1 «Әділдікке ұмтылып, Маған бет бұрып сиынғандар, сөзіме құлақ түріңдер! — деп шақырады Жаратқан Ие. — Шыққан ата-тектеріңе көз жүгіртіңдер: қандай жартастан қашалып, қай орыннан қазылып алынғандарыңа көңіл бөліңдер! 2 Түп ата-аналарың Ыбырайым мен Сараны естеріңе түсіріңдерші. Мен Ыбырайымды балалы болмай тұрып-ақ тағайындап алдым. Оны жарылқап, кереметпен үрім-бұтақты еттім». 3 Сол сияқты, Жаратқан Ие енді Сион шаһарына да жаны ашып, оның қаңырап бос қалған жерлерінің бәрін кереметпен қалпына келтірмек. Ол елдегі шөл дала мен құла түзді жұмақ секілді, иә, Жаратқан Иенің пейіш бағының өзі іспетті ғажап етпек! Сонда Сион шат-шадыман болып, шүкірлікке, шырқалған әнге бөленетін болады. 4 «Ей, халқым Исраил, Маған көңіл аударып, құлақ салыңдар! Мен барлық ұлттарға арнап тәлімімді шығарамын. Бүкіл адамзатқа да әділ шешімдерім нұр болып, тура жолды көрсетеді. 5 Менің әділдігім жуырда жер бетінде орнамақ. Сендерді тез арада құтқарып алып, басқа халықтарға өз құдіретіммен билік айтатын боламын. Алыстағы елдер Мені үміттене күтіп, құдіретті күшіме сенімдерін артады. 6 Аспанға көз жүгіртіп, жерге де назар аударыңдар: аспан түтіндей ғайып болып, жер ескі киімдей пайдасыз болып қалады, оның тұрғындары шыбын-шіркей секілді лезде өліп құриды. Бірақ Менің құтқаруым мәңгілік болады, әділ билігімнің шегі болмайды. 7 Ей, әділдікті білетіндер, тәлімдерімді жүрегінде ұстайтын халық, сөзіме құлақ түріңдер! Пенденің мазағынан қорықпаңдар, жұрттың өсек-жаласынан да шошынбаңдар! 8 Олар күйе түсетін киімдей, құрт жеген жүндей өткінші ғана. Ал Менің әділ билігім мәңгілік, құтқаруымның игілігі ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек». 9 — Уа, Жаратқан Ие, орныңнан тұрып, Баяғыдай құдіретті қолыңды созып, Ежелдегі істегенің іспетті Қазір де көрсете гөр ерен күшіңді! Сол заманда Мысыр елін талқандап, Осы айдаһардай жауды жарақаттап, Жойып жіберген Өзің емес пе едің?! 10 Сонда Сен теңіздің суын құрғатып Түпсіз тұңғиығынан бір жол аштың, Халқыңды жаудың қолынан құтқарып Сол жолмен арғы жаққа алып шықтың! 11 Содан Жаратқанның азат еткен халқы Сионға ән шырқап қайта оралады, Олар мәңгі бақи мәз-мейрам болады, Қуаныш пен шаттыққа әбден толады. Қайғы-мұң атаулы бастарынан сонда Лезде алыстап кетеді біржолата. 12 Жаратқан Ие таңдап алған халқына былай дейді: «Мен Өзім сені жұбатып, сүйенішің боламын. Қалай сен ажалды пендеден шошынып, адам баласынан қорқасың? Ол солып қалатын шөп секілді өткінші емес пе? 13 Ал өзіңді жаратқан Мені, Жасаған Иені, ұмытып келесің! Мен әуел баста аспан кеңістігін жайып жіберіп, жердің негізін салғанда шексіз құдіретімді көрсеткен едім. Неліктен сен өзіңе зорлық-зомбылық жасаған жауыңның қаһарынан күн ұзағына үрейің ұшып қорқасың? Рас, ол сені қырып-жоймақшы болды. Ал қазір сол қанаушыңның қаһары қайда?! 14 Тұтқындарың жуырда азат болады. Олар өліп, көрге түспейді, әрі нансыз да қалмайды. 15 Себебі Мен сенің Құдайың Жаратқан Иемін. Теңізді буырқантып, толқындарын гүрілдетуге құдіретім жетеді. Әлемнің Иесі — Менің тағы бір есімім. 16 Аузыңа сөздерімді саламын. Сені қолымның аясында ұстап қорғаймын. Аспанды күмбездей орналастырып, жердің негізін салып бекіткен Өзіммін. «Сен өз халқымсың» деп Сионды қайтадан қамқорыма алатын да Менмін». 17 Оян, орныңнан тұр, Иерусалим! Сен Жаратқан Иенің қаһарына әбден ұшырадың. Сол қаһары шарапқа толы тостағанға ұқсады. Оны түбіне дейін тауысып ішіп, мас болғандай теңселіп жүрдің. 18 Өзіңде туып-өскен тұрғындарыңның бірде-біреуі саған қол ұшын беріп, тура жолмен жетелеп алып жүрген жоқ. 19 Мына пәленің екеуі де: тас-талқан болу және ашаршылық пен семсерден қырылу басыңа түсті. Ал кім сен үшін қайғырады? Менен басқа кім саған жанашыр бола алады? 20 Тұрғындарың естерінен танып, көшелердің бұрыштарында жатып, торға түскен бөкендерге ұқсайды. Олар Құдайдың қаһарына ұшырап, Жаратқан Иенің үкімін толықтай бастарынан өткізді. 21 Сондықтан енді сөзіме құлақ сал, ей, Иерусалим! Сен шарап ішпей-ақ мас болғандай әлсізсің, қиналып та жатырсың. 22 Жаратушы Тәңір Иең, өз халқын қорғаушы Құдайың, былай дейді: «Мен қаһарыма толы тостағанымды қолыңнан қайтарып аламын. Одан ішкенде сен теңселіп, әбден әлсіреген едің. Мен сол қаһарымнан бас тартып, енді қайтып оны саған төкпеймін. 23 Керісінше, сені азапқа салған дұшпандарыңа қаһарыма толы тостағанымнан ішкіземін. Олар саған: «Жерге етпетіңнен жат! Үстіңнен басып өтейік» деп бұйыратын. Осылай сен олардың аяқтарымен басатын жолы болып арқаңды тосып, бағынуға мәжбүр болған едің».
1 Оян, Сион халқы, оян! Күш-қуатқа бөлен! Қасиетті қала Иерусалим, салтанатты киін! Құдайсыз, күнәлі жауларың енді қайтып саған кірмейтін болады! 2 Отырған жеріңнен тұрып, шаңыңды қағып тастап, төрдегі орныңа жайғас, уа, Иерусалим! Мойныңдағы шынжырларды алып таста, тұтқындалған Сион халқы! 3 Себебі Жаратқан Ие былай дейді: «Сендер ақшаға сатылмай-ақ құлдыққа түстіңдер. Енді құн төленбей-ақ босатыласыңдар!» 4 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Ежелде Менің халқым Мысырға барып, жат жерлік кірмелер ретінде сонда тұрған еді. Соңғы уақытта Ассур патшалығы оларға зорлық-зомбылық көрсетіп келді. 5 Ал енді, мына жағдай не? — дейді Жаратқан Ие. — Жау халқымды құнын төлемей-ақ айдап алып кетіп, билеп-төстейді. Сол ісіне шулап мақтанады. Менің атым күн ұзағына қорланады. 6 Алайда болашақта Менің халқым атымды мойындайтын болады. «Қараңдар, Мен мұндамын!» деп шақырған Өзім екеніме сол күні олар көздерін жеткізбек». — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 7 (Татулық туралы) ізгі хабарды жеткізушінің таудан асып келгені қандай тамаша! Ол тыныштықты жариялап, бақыттың жақсы хабарын алып келіп, құтқарылуды паш етеді. Сионға: «Құдайың патшалық құрып жатыр!» — деп мәлімдейді. 8 Бір үн естіледі: күзетшілерің дауыс көтеріп, барлығы да шаттана шырқайды. Олар өз көздерімен Жаратқан Иенің Сионға қайтып келгенін көреді! 9 Иерусалимнің қираған орындары, бәрің бірігіп шаттана ән шырқаңдар! Тәңір Ие өз халқына жаны ашып, Иерусалимді құтқарады. 10 Жаратқан Ие Өзінің киелі құдіретін барлық халықтардың көз алдында ашық көрсетеді. Құдайымыздың бізді құтқаруын жердің түкпір-түкпіріндегілердің барлығы көретін болады. 11 Кәне, жүріңдер, шығыңдар Бабылдан! Күнә атаулыға жоламай, сол жерден шығыңдар! Жаратқан Иенің (киелі үйінің) бұйымдарын көтеріп алып жүретіндер, өздеріңді Оған бағыштап, тазару рәсімінен өтіңдер! 12 Сендер жау елінен қашып жүгірмей, асықпай шығасыңдар. Себебі Жаратқан Ие алдарыңнан жүріп, сендерді жетелейді; Исраилдің сиынған Құдайы өздеріңді арттарыңнан да қорғап жүретін болады. 13 (Тәңір Ие былай дейді:) «Біліп қойыңдар, Менің Қызметшім ақыл-парасатпен әрекет жасайды. Ол беделі артып, дәрежесі жоғары көтеріліп, ұлан-ғайыр дәріптелетін болады. 14 Оған қарап көпшілік аң-таң болды. Себебі Қызметшімнің ұсқынының бұзылғаны сонша, тіпті адам сияқты көрінбеді. Оның түр-тұрпаты адам баласына ұқсамай қалды. 15 Қызметшім көптеген халықтарды қайран қалдырады. Оның алдында патшалар да ауыздарын жабатын болады. Себебі олар өздеріне еш хабарланбағандарды енді көреді, әрі еш естімегендерді енді түсінеді».
1 Біздің хабарымызға азғана кісілер сенді! Жаратқан Иенің құдіретті күші кімге ашық көрсетілді? 2 Қызметшісі Құдай алдында жас көшеттей, құрғақ жерден шыққан жас өркендей өсіп шықты. Оның біз таңырқап қарайтындай ажары мен келбеті немесе бізге ұнайтындай ұсқыны жоқ еді. 3 Оны адамдар менсінбей, жалғыз қалдырды. Ол ауыр азап көріп, көп қасірет шегіп, жұрт бетін бұрып әкететіндей жиренішті болды. Оны біз де бағалаған жоқпыз. 4 Шынында Құдайдың Қызметшісі біздің қасіретімізді Өзіне алды, біздің ауруларымызды өз мойнымен көтерді. Оның ұрылып, азап шегуін Құдай бұйырған жаза деп ойладық! 5 Алайда Құдайдың Қызметшісі біздің күнәларымыз үшін түйреліп, біздің әділетсіз істеріміз үшін құртылды. Оның тартқан жазасы бізге амандық пен тыныштық әкелді. Оның жараларының арқасында біз (рухани дертімізден) сауықтық. 6 Барлығымыз адасқан қойлардай тентіреп, өз бетімізбен жүрдік. Ал Жаратқан Ие бәріміздің күнәларымызды Қызметшісінің мойнына артты. 7 Ол зорлық көріп қиналды, алайда аузын ашпады. Оны тоқты сияқты сойылатын жерге алып барды. Ол қырқылып жатқанда үні шықпайтын қой секілді тіс жармады. 8 Оны жәбірлеп, әділетсіз соттап, өлтіруге алып кетті. Оның замандастарынан кім мынаны ойлады: Ол халқымның күнәларына бола азапталып, бұ дүниеден аластатылды. 9 Оның моласы қылмыскерлер қорымында белгіленгенмен, мәйіті бай адамның қабіріне қойылды. Өйткені Ол ешқандай күнә жасаған да емес, аузынан бірде-бір өтірік шыққан да емес. 10 Алайда Жаратқан Иенің Қызметшісі Оның еркімен азап шегіп құртылды. Ол өз жанын айыпты өтейтін құрбандық еткен соң, өз үрім-бұтағын көріп, ғұмыры ұзақ болады. Қызметшісінің арқасында Жаратқан Иенің еркі жүзеге асады. 11 Әділ Қызметшім «жан азабының нәтижесіне қарап қанағаттанатын болады. Оны көп адамдар танып мойындап, ақталады. Ол солардың күнәларын өз мойнына алады. 12 Оған сол себептен көптеген адамдарды табыс етемін. Ол билік иелерін де олжалайды. Себебі Қызметшім жанын өлімге қиып, қылмыскерлердің қатарында саналды. Ол бірақ көптеген адамдардың күнәларын өз мойнына алып, қылмыскерлердің кешірілуі үшін ара түсті».
1 «Қуан, уа, құрсақ көтермейтін, бала сүймеген әйел, шаттана ән шырқа! Иә, толғатып көрмеген сен, масаттанып дауыста! Өйткені күйеуі бардан гөрі жалғыз басты әйелдің балалары енді көбірек болады! — дейді Жаратқан Ие. — 2 Халқым, шатырыңның орнын кеңейтіп ал! Оның жапқыштарын аямай созып, жіптерін ұзын етіп, қазықтарын мықтап қақ! 3 Бұдан былай сен жан-жаққа тарайтын боласың. Ұрпақтарың басқа халықтарға да билік жүргізіп, қаңырап бос қалған қалаларды жаңадан мекендейтін болады. 4 Халқым, қорықпа, енді қайтып ұятқа қалмайсың, қысылма, сен масқара болмайсың. Жас кезіңдегі ұятқа қалған жайтты ұмытып, жесірлік қасіретіңді де есіңе алмайсың. 5 Өйткені өзіңді жаратқан Тәңір саған жар! Ол сені құтқарып алған Қамқоршың, Әлемнің Иесі және Исраилдің Киелі Құдайы деп те аталады. Бүкіл жер бетінің Құдайы деген атағы да бар. 6 Сен қуылған, мұңды әйел секілдісің. Біреу жас кезінде үйленіп, тастап кеткен әйелге ұқсайсың. Жаратқан Ие сені қайтадан қасына шақырады!» — Құдайыңның Өзі мұны айтады. 7 «Сені біраз уақытқа тастап кетіп едім, бірақ зор сүйіспеншілікпен Өзіме қайтарып алып келемін. 8 Қаһарланған кезде сенен бір сәтке бетімді жасырған едім. Алайда мәңгілік сүйіспеншілігіммен саған рақым етемін», — дейді сені құтқарып алған Қамқоршың Жаратқан Ие. 9 «Нұхтың заманында топан су жер бетін басып кеткеннен кейін Мен енді қайтып жерге топан су жібермеймін деп ант еткен едім. Сол сияқты саған да былай деп ант беремін: бұдан былай саған ашуланып, сөгіс бермеймін. 10 Таулар қозғалып, төбелер шайқалар, бірақ Менің сүйіспеншілігім сенен айнымас, сенімен амандық пен тыныштық жайлы жасаған Келісімім де шайқалмас!» — дейді саған рақымын төккен Жаратқан Ие. 11 «Азап шегіп, дауыл сабалап, жұбаныш көрмеген қала, мынаны біліп ал: Мен сені қайтадан салып тұрғызамын: көгілдір асыл тастарды негіздерің етіп, тастарыңды ең сапалы ерітіндімен қаластырамын. 12 Қамалыңның мұнаралары лағыл тастан, қақпаларың інжу-маржаннан, бүкіл қабырғаларың да асыл тастардан жасалып, жалт-жұлт ететін болады. 13 Балаларыңның бәрі де Тәңір Иеден тәлім алмақ, әрі керемет амандық пен тыныштыққа кенелмек. 14 Сен әділдікпен берік негізделесің. Жәбір көруден аулақ, тыныштықта тұратын боласың. Сені ештеңе де қорқытпай, үрей атаулы саған жоламайды. 15 Саған қарсы аттанған біреу болған күнде де ол Мен жіберген жау болмайды. Кімде-кім саған қарсы шабуылға шықса, сенен жеңіліс табады. 16 Есіңе сақта, Мен Өзім ұстаны жараттым. Ол көмірді үрлеп от жағып, қолдану мақсатына қарай қару-жарақ жасап шығарады. Дәл осылай Мен сені талқандау үшін қырып-жоюшы жауларыңды жаратқан едім. 17 Ал бұдан былай қандай қару-жарақ саған қарсы жасалса да, сені құрта алмайтын болады. Өзіңді айыптағандардың сөздерін әшкерелеп, жоққа шығарасың. Жаратқан Иенің қызметшілері осы игіліктерді иеленетін болады. Оларды Өзім ақтап аламын», — деп нық айтады Жаратқан Ие.
1 «Ей, шөлдегендер, бәрің су көздеріне келіңдер! Ақшасы жоқтар да, келіп, тамақ алып жеңдер! Иә, келіп, шырын мен сүтті ақша төлемей-ақ тегін алыңдар! 2 Нәрсіз тамақ үшін неге ақша төлейсіңдер? Өздеріңді қанағат қылмайтын нәрселер үшін неге еңбек етесіңдер? Мені мұқият тыңдап, рухани нәрді қабылдаңдар, ағыл-тегіл жақсылықтан жан рақатын табыңдар! 3 Маған жақындап, айтқандарыма құлақ түріңдер! Сонда шынайы өмірге ие боласыңдар. Сендермен мәңгілік Келісім жасамақпын. Кезінде Дәуітке уәде еткен мызғымас рақымымды енді өздеріңе көрсетпекпін. 4 Еске алыңдар, Мен Дәуіт арқылы халықтарға құдіретімді паш еттім, Дәуітті соларға көсем әрі билеуші болуға тағайындадым. 5 Сион, сен де бұрын білмеген халықтарды шақырасың. Өзіңді танымаған ұлттар саған келуге асығатын болады. Себебі Мен, сенің Құдайың Жаратқан Ие, Исраилдің Киелі Құдайы, осыларды іске асырып, сені салтанатты ұлылыққа бөлемекпін». 6 Әлі кеш болмай тұрғанда Жаратқан Иеге бет бұрып, мойынсұныңдар! Иеміз құлақ салуға дайын тұрған осы кезде Оған сиынып жалбарыныңдар! 7 Азғын адам теріс жолынан қайтып, әділетсіз жан өз ойларынан бас тартсын! Бәрі Жаратқан Иеге бет бұрсын, сонда Иеміз мейірімділік танытады. Олар Құдайымызға қайта оралсын, өйткені Ол жомарттықпен кешіреді 8 Жаратқан Ие: «Менің ойым сендердің пікірлеріңнен өзге, Менің жолым сендердікінен басқа, — деп ескертеді. 9 — Аспанның жерден қаншама жоғары болатынындай, Менің жолым да сендердікінен соншама жоғары, Менің ойым да пікірлеріңнен тым биік. 10 Аспаннан жауған жаңбыр мен қар аспанға бекер қайта оралмайды. Керісінше, олар жерді суарып, көгертіп, дақылдарды өсіріп шығарады да, диқанға себуге тұқым, халыққа жеуге нан береді. 11 Менің аузымнан шыққан сөзім де соған ұқсайды: ол нәтиже берместен Өзіме қайта оралмайды. Керісінше, Менің сөзім еркімді толық орындап, көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады». 12 Сондықтан сендер зор қуанышпен тұтқыннан босап шығып, жолдарыңда аман-есен жетеленетін боласыңдар. Тау-төбелер алдарыңда ән шырқап, даладағы күллі ағаштар сендерге қол соқпақ. 13 Тікенді бұта орнына қарағайлар өсіп, қалақай орнын жұпар иісті жасыл бұталар басады. Бұл керемет іс Жаратқан Иенің даңқын асыратын, мәңгі өшпейтін белгі болады».
1 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Әділетті бұйрықтарымды сақтап, әділ істер жасаңдар! Мен сендерді жақында құтқарып, әділдігімді ашық көрсететін боламын. 2 Айтқандарымды мұқият орындайтын адам қандай бақытты! Демалыс күнін қор қылмай, Өзіме бағышталған күн ретінде қастерлейтін әрі жамандық атаулыдан алыс жүретін адам баласын Мен жарылқайтын боламын». 3 Өзін Жаратқан Иеге түбегейлі арнаған басқа ұлт адамы: «Жаратқан Ие, сірә, мені өз халқынан бөлек қояр», — деп уайымдамасын. Белінен айырылған еркек: «Мен қурап қалған ағашқа ұқсаймын», — деп те қайғырмасын. 4 Себебі Жаратқан Ие мынаны айтады: «Егер белінен айырылғандар Менің еркімді орындауды таңдап, демалыс күнінің ережелерін сақтап, Келісімімді берік ұстанса, 5 онда Мен оларға ғибадатханамнан және оның алаңдарынан орын беріп, мәңгі өшпейтін ат пен абырой сыйлаймын. Бұл, ұл-қыздар арқылы қол жеткізуге болатын абыройдан да артық. 6 Сол сияқты, егер басқа ұлт адамдары Маған ғибадат етіп, Мені сүйіп, қызметшілерім болуға өздерін түбегейлі арнаса, әрі демалыс күнінің ережелерін сақтап, Келісімімді берік ұстанса, 7 онда Мен, Жаратқан Ие, олардың Өзіме бағышталған қасиетті Сион тауына келулеріне жол беремін. Маған сиынуға арналған ғибадатханада оларды қуанышқа кенелтемін. Сол басқа ұлттық сенушілердің Өзімнің құрбандық үстелімде шалып, өртеген құрбандықтарына және өзге де сый-тартуларына риза боламын. Себебі Менің киелі үйім барлық ұлттар мінажат ететін үй деп аталатын болады». 8 Жаратушы Тәңір Ие жер аударылып, шашырап кеткен исраилдіктерді қайтадан жинамақ. Ол былай деп жариялайды: «Мен халқымды жинап алып, оларға басқаларды да қоспақпын!» 9 «Дала мен ормандағы жыртқыш аңдар, бәрің де осында келіңдер! Халқымның жаулары, келіп, бас салыңдар! 10 Исраилді күзетіп жүруге тиісті басшылары соқыр да надан! Барлығы үре алмайтын мылқау, қиялдап жатып, ұйықтағанды жақсы көретін иттер сияқты. 11 Олар қомағай, тоюды білмейтін төбеттерге ұқсас! Түсінігі жоқ осы бағушылардың бәрі өз беттерімен жүріп, әрқайсысы өз пайдасын ғана ойлайды. 12 «Кәне, шарап алып, соңынан сыраны сімірейік. Ертең де бүгінгідей, тіпті бұдан да күшті болады!» деседі сол зұлымдар».
1 Әділ жандар жойылады, бірақ ешкім бұған көңіл бөлмейді, мәнін де түсінбейді: мейірімді, шыншыл адамдар бұ дүниеден әкетілгенде жамандық атаулыдан құтылып, 2 тыныш, жайлы орынға енеді. Тура жолмен жүргендер о дүниеде тынығатын болады. 3 «Ей, сиқыршылардың балалары, мұнда келіңдер! Жүгенсіз еркектер мен жезөкшелерден тараған сендер, қасыма жақындаңдар! 4 Кімді келеке етіп, тілдеріңді шығарып мазақтап тұрсыңдар? Сендер Өзіме қарсы шыққан өтірікшілердің тұқымысыңдар! 5 Әрбір саялы ағаш түбінде жалған тәңірлерге табынып, құштарлық отына өртенесіңдер. Сайлардағы жартастардың қуыстарында өз балаларыңды құрбандыққа қиясыңдар! 6 Сол сайлардағы тегіс те жұмыр тастарды өздеріңе тәңір етіп таңдап алдыңдар. Сондықтан да сендерге қалатын үлес сол тастар болады. Оларға арнап сұйық тарту құйып, астықтан да сый-тарту ұсынасыңдар. Қалайша Мен осындай қылықтарыңа қарап қаһарымды басамын?! 7 Сендер биік те салтанатты тау бастарына көтеріліп, сол жерлерге азғындық үшін төсектеріңді жайып, құрбандықтарыңды шалып та келесіңдер. 8 Сондай-ақ есік пен жақтауларыңның арт жағына Менің сөздерімді емес, жалған тәңірлеріңнің белгілерін салып қойдыңдар. Ей, опасыз халық, Менен алыстап кетіп, тәңірсымақтарға қосылдың! Көрпеңді ашып, кең төсегіңе жатып, сол ашыналарыңмен келістің. Олармен бірге болуды ұнатып, мүсіндеріне қадала қарайсың. 9 Сен қымбат май мен мол етіп жұпар майыңды алып, шетелдік патшаға барып тұрдың. Хабаршыларыңды алыс елдерге жіберіп, азғындыққа әбден баттың. 10 Бұл жолмен ұзақ жүріп, шаршап, қажыдың. Алайда одан күдеріңді үзбей келесің. Қайтадан күш жинап, әлсіздік көрсетпейсің. 11 Мені осылай алдайтындай кімнен соншама қорқып, зәрең ұшты? Мені есіңе алмай, Маған көңіл де бөлмедің. Ұзақ уақыт бойы үндемедім. Сол үшін де Менен қорықпайсың ба? 12 Сенің жалған әділдігің мен істеріңді әшкерелеймін. Олардан саған пайда болмайды. 13 Сен айқайлап көмек сұрағанда, жинап алған тәңірсымақтарың сені құтқарып көрсін! Бірақ олардың барлығын жел айдап әкетіп, аузымның лебі жоқ қылады. Ал Мені паналағандар елді иеленіп, Өзіме бағышталған Сион тауында мәңгі тұратын болады». 14 Сол кезде: «Тегістеп, биік етіп даңғыл жол салыңдар! Халқымның жүретін жолындағы бөгеттерді алып тастаңдар!» деп бұйырады. 15 Себебі Киелі Құдай деп аталған, мәңгі тірі дәріптелген Алла Тағала мынаны да айтады: «Мен көктегі киелі мекенімде тұрамын. Сондай-ақ күйреп, күнәсіне шын көңілден өкінген кішіпейіл жанның қасында да боламын. Оны қайтадан рухтандырып, жаралы жүрегін сауықтырамын. 16 Мен сондайларға мәңгі бақи ашуланбаймын, айып та тақпаймын. Әйтпесе адамның жаны алдымда әлсіреп, Өзім өмір лебін үрлеп жаратқан пенде құрып, жоқ болар еді. 17 Яһуда халқының дүниеқұмарлық күнәсі үшін Мен оған қатты ашуланып, жазасын тартқызып, одан бетімді жасырдым. Алайда халқым Менен бас тартуын доғармай, өз жүрек қалауымен жүре берді. 18 Мен жүрген жолдарын анық көрсем де, халқымды сауықтырып, жетелемекпін. Араларындағы өкініп қайғырғандарын жұбатып, 19 ауыздарына мадақтау сөздерін саламын. Алыстағылар мен жақындағыларға амандық пен тыныштық молынан болсын! Мен оларды сауықтырамын!» — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 20 «Бірақ әділетсіздер буырқанып, тынши алмайтын теңізге ұқсайды. Толқындары лай мен балшықты жоғары көтере береді. 21 Әділетсіздерде амандық пен тыныштық болмайды!» — деп ескертеді Құдайым.
1 — Өзіңді тежемей қатты айқайла! Даусыңды кернейдей көтер! Таңдап алған халқыма опасыз істерін ашық айт! Иә, Жақыптың үрім-бұтағына жасаған күнәларын әшкереле! 2 Олар Маған күнде сиынып, еркімді білуді қалағансиды, әрі әділдік жасайтын, Құдайының айтқандарына мойынсұнатын халық сияқты болып көрінеді. Осылай олар Құдай алдына келуді ұнатып, Менен әділ шешімдер өтініп, былай дейді: 3 «Біз ораза ұстап едік, Сен неге көз салмадың? Саған бой ұсынған едік, Сен неге байқамадың?» (Бұған Менің жауабым мынадай:) «Ораза тұтқан күндеріңнің өзінде сендер қалағандарыңды істеп, тіпті бейшара жұмысшыларыңды қанайсыңдар! 4 Оразаларыңның аяғы ұрыс-талас, зұлым төбелеспен бітеді. Мұндай оразаларың мінажаттарыңды көкке жеткізбейді. 5 Әлде пенденің кішіпейіл болғансып, басын қоғадай иіп, қайғы шеккен азалы жандай көрінген күнін Маған ұнайтындай ораза деп ойлайсыңдар ма? Осындай әрекетті шынымен ораза әрі Жаратқан Иені риза қылатын күн деп атауға бола ма?! 6 Жоқ, Маған ұнайтын ораза мынадай: зұлымдықпен бұғауланғандардың кісендерін үзіп, құлдықтың шынжырларын шешу және зорлық көріп жатқандарды азат етіп, езгі атаулыны жойып жоқ қылу! 7 Сондай-ақ аштармен наныңды бөлісіп, қаңғырған кедейлерді үйіңе кіргіз! Киімге мұқтаждарға тап болсаң, киіндіріп, өзге пенделерге де қол ұшын беруден бас тартпа!» 8 Сонда саған кенеттен таңғы шұғыладай нұр төгіліп, тез сауығатын боласың. Әділдігің алдыңнан бастап, Жаратқан Иенің салтанатты ұлылығы сені артыңнан қорғап жүретін болады. 9 Сол кезде Оны шақырасың және Жаратқан Ие жауап береді. Көмек сұрап жалбарынғаныңда Ол: «Саған жар боламын!» деп сені жігерлендіреді. «Араларыңнан езгі атаулыны алып тастаңдар, сырттай өсектеу мен тіл тигізуді де доғарыңдар! 10 Қарны аштарға шынайы жанашырлық танытыңдар, әрі зорлық-зомбылық көргендерді жұбатып, мұқтаж нәрселерімен қамтамасыз етіңдер! Сонда айналаларыңдағы қара түнекте Менің нұрым сәулесін шашып, рухани қараңғылықтарың тал түстей жап-жарық болады. 11 Мен, Жаратқан Ие, сендерді әрқашан жетелеп жүремін, шөл далада да қажеттеріңмен қамтамасыз етіп, денелеріңе қуат беремін. Осылай сендер суы мол баққа, ешқашан сарқылмайтын бұлаққа ұқсайтын боласыңдар. 12 Халқың ежелде қираған мекендеріңді қайтадан салып, баяғы ұрпақтардан қалған негіздердің үстінен қалаларыңды қайта орнатады. Жұрт сендерді «Қираған қамалдарды қалпына келтіріп, жолдар мен үйлерді қайта салушылар» деп атайтын болады». 13 Жаратқан Ие тағы былай дейді: «Демалыс күнін Маған бағыштап, берік ұстаныңдар! Бұл күні әдеттегі істеріңмен айналыспай, оны қадірлеп-қастерлеп, үлкен ғанибет деп өткізіңдер! Демалыс күні өз беттеріңмен жүрмеңдер, құмарлықтарыңды қандыру мен бос мылжыңнан да бас тартып, сол күнді толығымен Маған арнаңдар! 14 Егер осылай істесеңдер, сонда рақаттарыңды Менен, Жаратқан Иеден, табасыңдар. Сендерге жердің биік қорғандарын тездетіп иемденіп алуға мүмкіндік беремін. Өзім түп аталарың Жақыпқа мұралық меншікке берген осы елдің өнімдерімен тойынатын боласыңдар». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
1 Біліп алыңдар: Жаратқан Иенің қолы сендерді құтқаруға дәрменсіз емес, Оның құлағы мінажаттарыңды естуге мүкіс те емес. 2 Қайта, өздеріңнің әділетсіз істерің Құдаймен араларыңды ажыратып келеді! Жасаған күнәларың Оның бетін сендерден бұрып әкетеді. Сондықтан да Құдай Ие мінажаттарыңа құлақ салмайды. 3 Қолдарың зұлымдық жасап, қан төгіп арамданды. Ауыздарыңнан өтірік пен жамандық толассыз шыға береді. 4 Ешкім адалдық пен әділдікті жақтап дауыс көтермейді. Бәрі бос жайттарға сүйеніп, сотта да өтірік айта береді. Олар зұлым жоспарлар ойлап шығарып, соларын жамандықпен жүзеге асырады. 5 Осылай сұр жыланның жұмыртқаларын басып шығарғандай болады. Сол жұмыртқаларды жеген құриды, ал жарса, ішінен улы жылан шығады. 6 Олардың құрған жоспарлары сондай-ақ өрмекке де ұқсас. Өрмек киім болмайды ғой. Олар өз тоқығандарын жамылып, ешқандай пайда көре алмайды. Жасағандары әділетсіздік пен зорлық-зомбылық. 7 Аяқтары жамандыққа алып ұшып, жазықсыз қан төгуге асығады. Олардың ой-ниеттері қара, жүрген жерлерін қиратып, күл-талқандарын шығарады. 8 Олар татулық дегенді білмейді, жүрген жолдарында әділдік жоқ. Қайта, олар жолдарын өз мүдделері үшін қисайтып, бұралаң етеді. Солармен жүрген бірде-бір жан тыныштықты білмейді. 9 Сол себептен әділдік бізден тым алшақ, адалдық қасымызға жоламайды. Нұрды күтсек те, айналамыз қара түнек, үміттенген жарықтың орнына қараңғылықта жүреміз. 10 Соқыр адамдай қабырға бойын қармалап, көзсіз зағиптей жолымызды іздеп сипалаймыз. Тал түсте кеш түскен кездегідей сүрінеміз, күшіміз болғанмен өлілерге ұқсаймыз. 11 Аюдың гүжілдеп, көгершіннің мұңая гулегеніндей, бәріміз де қайғыра ыңқылдаймыз. Әділдікті қанша күтсек те, ол жоқ. Құтқарылудан үміттенсек те, ол бізден тым алшақ! 12 Уа, Жаратқан Ие, Сенің алдыңда қылмыстарымыз сансыз көп, күнәларымыз бізге қарсы айғақ болып тұр. Әділетсіз істеріміз өз бастарымызда, күнәларымызды мойындаймыз: 13 біз бас көтеріп, Саған, Жаратқан Иеге, опасыздық жасадық, өз Құдайымыздан безіп кеттік. Зорлық-зомбылық пен бүлінушілікті жақтап келеміз. Іштей өтіріктер ойлап тауып, оларды сыртқа шығарамыз. 14 Осылай әділдік кері қуылып, адалдық тым алыс қалады. Шындық сот алаңында сүрініп құлап, ақиқат арамызға кіре алмайды. 15 Шындық құрып кетті. Зұлымдықтан аулақ жүргендер соның құрбаны болады. Жаратқан Ие бұған назар аударып, әділдіктің жоқтығына наразы болды. 16 Ақиқатты жақтайтын бірде-бір адамның жоқ екенін көріп, зорлық-зомбылық шеккендерді қолдайтын ешкімнің болмағанына таңғалды. Сондықтан Тәңір Ие Өзінің әділдігіне сүйеніп, құдіретті қолымен құтқаруды дайындады. 17 Ол әділдікті сауыттай, құтқаруды басына дулығадай киіп, зұлымға жазасын тартқызуды жамылғыдай оранып, қайратын шапандай жамылған жауынгер секілді даяр тұр. 18 Құдай әркімге істеріне қарай қайтарып, зұлым қарсыластарына қаһарын төгеді. Сонда Ол тіпті алыстағы елдердегі жауларына да жазаларын тартқызады. 19 Осылай батыстағылар мен шығыстағылар да Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оның салтанатты ұлылығына қайран қалады. Өйткені Жаратқан Иенің дауылы су тасқынын қатты айдағандай, Өзі де тездете аттанып келеді. 20 «Сион қаласына және Жақыптың үрім-бұтағының теріс жолдан қайтқандарына оларды құтқаратын Қамқоршы келеді! — деп жариялайды Жаратқан Ие. — 21 Сонда олармен мынадай Келісім жасайтын боламын: Мен өздеріңе қондырған Рухым сендерден алшақ кетпейді, ауыздарыңа салған сөздерім де сендерде сақталады. Олар өз ауыздарыңнан және балаларың мен кейінгі ұрпақтарыңның ауыздарынан бұдан былай мәңгі түспейді». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
1 «Орныңнан тұр, уа, Иерусалим, сәулеңді шаш! Сен нұрға бөленіп, Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты үстіңнен көтеріліп келе жатыр. 2 Міне, жер бетін қою қараңғылық жайлап, халықтарды қара түнек жауып алды. Бірақ сенің үстіңнен Жаратқан Иенің нұры жарқырап, Оның нұрлы салтанаты көрінеді. 3 Ұлттар сенің сәулеңе ағылып, патшалары да шұғылаңа жақындап келеді. 4 Уа, Сион қаласы, еңсеңді көтеріп, айналаңа қара! Халқың жиналып, саған қайтуға дайындалып жатыр! Ұлдарың алыс жолдан келіп, қыздарың баппен көтеріліп әкелінеді. 5 Оларды көргенде жүзің нұрланып, жүрегің дүрсілдеп, шат-шадыман боласың. Сен теңіздің мол байлығын иемденіп, халықтар өз қазыналарын саған ұсынады. 6 Жеріңді түйелер қаптайды. Мадиян мен Ефа халықтарынан желмая түйелер айдалып, сәбалық керуендер де саған жиі тоқтайтын болады. Олар алтын мен хош иісті заттар тасып әкеліп, Жаратқан Иенің ұлылығын жырлап паш етеді». 7 (Жасаған Ие былай дейді:) «Қидар тайпасы саған отар-отар қой-ешкілерін айдап әкеліп, Набайоттың адамдары да саған қошқарларын ұсынады. Сол малдар шалынып, құрбандық үстелімде өртелгенде Маған ұнамды болады. Мен сәулетті ғибадатханамды қайтадан нұрлы салтанатыма кенелтемін. 8 Жел айдаған бұлттай зымырап, көгершіндей ұясына қарай зулап келе жатқан бұлар кімдер? 9 Теңіз жағалауларындағы шалғай елдер Менен белгі күткен еді. Енді, міне, үлкен сауда кемелері бірінші болып жетіп жатыр. Сион, олар сенің ұлдарыңды алыстан алып келе жатыр! Олар Менің құрметіме алтын-күмістерін бағыштайды. Мен Өзім, сенің Құдайың Жаратқан Ие, Исраилдің Киелі Құдайы, саған салтанат пен сәулет сыйлаймын. 10 Қамалыңды жат жерліктер қайта тұрғызады, олардың патшалары да саған қызмет ететін болады. Сион, Мен қаһарланып, сені жазалаған едім. Енді саған риза болып, жанашырлық білдіремін. 11 Қақпаларың күні-түні жабылмай, әрдайым ашық тұратын болады. Олар арқылы өзге халықтар мен олардың патшалары салтанатты шерумен жетелене кіріп, байлықтарын үздіксіз әкеле береді. 12 Егер бір халық не патшалық өзіңе қызмет етуден бас тартса, онда ол қырылып, мүлдем жойылатын болады. 13 Ливан тауынан оның аты шулы ағаштары: қарағай, шырша, самырсын саған бірге тасылады. Солармен киелі үйім әдеміленіп қайта салынады. Мен осы жер бетіндегі тұрағымды нұрлы салтанатыма кенелтпекпін. 14 Өзіңе азап шеккізгендердің ұрпақтарының сенің алдыңа келіп, бас июлеріне тура келеді. Саған қорлық көрсеткендердің бәрі аяғыңа жығылып, сені «Жаратқан Иенің қаласы, Исраил сиынған Киелі Құдайға бағышталған Сион» деп атап, қадірлейтін болады. 15 Сион, сен бұған дейін жалғыз қалдырылған, жек көрінішті қала болдың. Ешкім саған соғып өткен жоқ. Бірақ Мен сені келешек ұрпақтарыңның мәңгілік қуанышы мен мақтанышы етемін. 16 Анасының емшектегі сәбиіне қамқорлық жасағанындай, басқа халықтар мен олардың патшалары сені күллі қажетті нәрселеріңмен қамтамасыз ететін болады. Сонда сен Менің Жаратқан Иенің, сені құтқарып, қорғайтын Қамқоршың әрі Жақып сиынған құдіретті Құдай екенімді білетін боласың. 17 Саған қола орнына алтынды, темір орнына күмісті, ағаш орнына қоланы, тас орнына темірді иелікке беремін. Сенің еліңе бейбітшілікті билеуші, әділдікті әмірші етіп тағайындаймын. 18 Сион, бұдан былай еліңде зорлық-зомбылықтың айқай-шуы естілмейді, өзің де қиратылып, талқандалмайсың. Керісінше, сен өзіңді құтқарған Мені «қамалым», Маған арнаған мадақтауыңды «бекітулі қақпаларым» деп атайтын боласың. 19 Саған күндіз күннің нұрын шашып, түнде айдың сәулесін түсіруінің қажеті де болмайды. Мен, Жаратқан Ие, сенің Құдайың, Өзім мәңгілік нұрың мен салтанатың боламын! 20 Сенде күн мен ай батып, қараңғылық жайламайды, себебі Мен, Жаратқан Ие, саған мәңгі бақи нұр боламын. Қайғырған кезеңің осымен аяқталады. 21 Күллі халқың әділ болып, осы елге ұдайы ие болады. Халқым Өзім отырғызған көшетке ұқсайды. Мен оны жараттым, ол арқылы ұлылығымды паш етемін. 22 Ең қарапайымдарыңнан да мыңдаған адам шығып, әлсіздеріңнен де мықты ұлт тарайтын болады. Мен, Жаратқан Ие, мұны уақыты келгенде тездетіп жүзеге асырамын».
1 — Маған Жаратушы Тәңір Ие Өзінің Рухын қондырды. Жаратқан Ие мені жарлыларға ізгі хабар жеткізуге және жаралы жүректерді жұбатып орнықтыруға тағайындады, сондай-ақ тұтқындарға босатылатындарын, бұғаудағыларға азат болатындарын жар салуға жіберді. 2 Мені Құдай Иеміз Өзінің кешірім беретін мейірімділік жылын әрі жауларына лайықты жазаларын тартқызатын кезін жариялауға жұмсап, қайғырып жүргендердің бәрін жұбатуға да жіберді. 3 Маған Сион қаласындағы жоқтап жүргендердің бастарына шашқан күл орнына әшекейлі тәж кигізіп, жұпар иісмай жағып, қайғыларын қуанышпен алмастыруды тапсырды. Үміттері үзіліп, көңілдерін мұң шалғандар енді мадақтау әндерін шырқап, шаттыққа бөленетін болады. Сонда олар «Жаратқан Иенің Өзі отырғызған мықты ағаштары» деп аталады, әрі Оның алдында ақталған, әділдік істеп, салтанатты ұлылығын паш ететін халқы болады. 4 Олар ежелгі заманда қиратылған мекенжайларды қайтадан салып, ежелгі ұрпақтардың талқандалып, қаңырап бос қалған қала-қыстақтарын жаңадан тұрғызып қалыпқа келтіреді. 5 Сол кезде жат жерліктер сендерге қызмет етіп, отарларыңды бағып, егіншілерің мен жүзімшілерің болады. 6 Өздерің «Құдай Иеміздің діни қызметкерлері» деп аталып, қызметтеріңді тек Оған ғана арнайтын боласыңдар. Басқа халықтардың байлығынан тамақтанып, олардың қазыналарын мақтан тұтасыңдар. 7 Бұрын масқара болғандарыңның орнына айрықша қадірленесіңдер. Бастарыңнан өткізген қорлықтарыңның орнына енді үлестеріңе тиген мұраларыңа қуана ән шырқайсыңдар. Сонымен Құдай халқы өз елінде бұрынғысынан екі есе мол дәулетке қол жеткізіп, мәңгі бақи шаттанатын болады. 8 — Себебі Мен әділдікті сүйіп, зорлық-зомбылықты жек көремін, — дейді Жаратқан Ие. — Меншікті халқыма тиісті сыйларын адалдықпен беріп, олармен тұрақты Келісім жасаймын. 9 Солардың ұрпақтары басқа халықтар арасында танымал және қадірлі болады. Мұны көргендердің бәрі бұлардың Жаратқан Ие жарылқаған ұрпақ екенін мойындайды». 10 Жаратқан Иеге қатты қуанам, Құдайыма шаттанады жан дүнием, Мені Ол құтқарып, амандыққа бөледі, Үстіме әділдікті де жауып берді! Күйеу жігіт діни қызметкер іспетті Әшекейлі тәж басына киеді, Қалыңдық асыл тастарын тағады, Дәл солай мен де болдым салтанатты! 11 Өскіндерді топырақ көктетеді, Себілген дәндерді бақша өсіреді. Ал енді Жаратушы Тәңір Ие Әділдігі мен даңқты істерін де Барлық халықтардың көз алдарында Шүбәсіз қаулатып шығарады да!
1 Мен Сионды сүйіп, Иерусалимнің құтқарылуын зарыға күткендіктен тынши алмаймын. Оның әділдігі таңғы шұғыладай жарқырап, құтқарылуы алаудай лаулап жанбайынша, Құдайға жалбарынудан бас тартпаймын! 2 Сион, сол кезде барлық ұлттар әділдігіңді көріп, патшалары да салтанатты ұлылығыңа көздерін жеткізеді. Жаратқан Ие саған қойған жаңа атыңмен аталатын боласың. 3 Сен Құдай Иеңнің қолында патшаның керемет әдемі тәжі іспетті болып көрінесің. 4 Бұдан былай ешкім сені «күйеуі тастап кеткен» деп атамайды, жеріңді «ойсырап қалған» деп те айтпайды. Қайта, сені «Қуанышым» және жеріңді «Келіншек» деп атайтын болады. Себебі Жаратқан Ие саған қатты қуанады. Күйеуінің келіншегін қамқорлайтынындай, Жаратушы да сенің жеріңді қамқорлайтын болады. 5 Жас жігіттің қызға үйленетініндей, сенің тұрғындарың өзіңмен тұрақты байланыс орнатады. Күйеу жігіттің қалыңдығына қуанатынындай, Құдайың да саған шаттанатын болады. 6 — Мен қамалыңның үстіне күзетшілер қойдым, уа, Иерусалим. Олар күндіз-түні үнсіз қалмай, мінажат етуге тиіс. Ей, Жаратқан Иеге сиынатындар, ешқашан жалбарынуларыңды доғармаңдар! 7 Иә, Жасаған Ие Иерусалимді қайтадан салғызып, жер бетінде оның даңқын асырмайынша, Оған үздіксіз сиынып сұрай беріңдер! 8 Жаратқан Ие ант етіп, мынадай уәде берген еді, соны Өзінің құдіретті оң қолымен ешбір шүбәсіз іске асыратын болады: — Енді қайтып сені жауларыңа жеңілдірмеймін! Оларға астығыңды тамақ етіп тапсырмаймын, әрі ауыр еңбек сіңіріп шығарған жүзім шырыныңнан да бөтен елдіктерге тегін ішкізбеймін! 9 Қайта, өнімді жинағандар жеп, Маған, Жаратқан Иеге, шүкірлік етпек. Жүзімді жинағандар да оның шырынын Менің киелі үйімнің ауласында мейрамдап ішетін болады. 10 Қақпадан өтіп, далаға шығыңдар, Халқыма жүретін жолын дайындаңдар, Бөгет болған тастарды алып тастаңдар, Биік етіп даңғыл жолды салыңдар! Белгі ретінде басқа халықтарға Туды тігіп қойыңдар жоғарыға! 11 Құлақ түріңдер, Жаратқан Ие жердің түкпір-түкпіріне былай деп жариялайды: — Сион қаласына айтыңдар: Міне, сені құтқаратын Қамқоршың келе жатыр! Жеңісінің олжасы мен сыйы Оның қасында: азат еткен халқы алдынан жүреді. 12 Олар «Жаратқан Иенің құтқарып, Өзіне бағыштаған халқы» деп аталады. Уа, Иерусалим, сен бұдан былай «күйеуі тастап кеткен» емес, «ерекше қалаулы қала» деп аталатын боласың.
1 — Едом еліндегі Босорадан келе жатқан, қан қызыл шапан жамылған мына Кісі кім екен? Сән-салтанатпен киініп, зор күшпен алға басқан Бұл кім Өзі? — Ол: — Мен әділдікті айтамын, құтқаруға құдіреттімін, — дейді. 2 — Неліктен киімдеріңіз бен шапаныңыз қып-қызыл? Олар арнайы шұңқырда жүзімді таптап, қызыл шырынын сығып шығаратын кісінің киіміндей қан қызыл ғой? 3 — Мен «жүзімдерді» жалғыз таптадым, халықтардан ешкім қасымда болып көмектеспеді. Ашуға мініп, зұлым жауларымды таптап, қаһарлана басып-жаншыдым. Солардың қаны шапаныма шашырап, барлық киімдерім де ластанды. 4 Мен халқымды езгіден құтқаратын жыл келді, арамза жауларыма жазаларын тартқызатын мезгіл жетті деп ұйғардым. 5 Айналама қарасам, Маған көмектесіп, сүйеніш болатын ешкімнің жоқтығына қатты таңғалдым. Сонда құтқаруды өз құдіретті қолыммен іске асырдым, өз қаһарым Өзіме сүйеніш болды. 6 Мен ашуға мініп, зұлым халықтарды таптадым. Оларды қаһарыммен мас қылып теңселтіп, қандарын жерге төктім. 7 Жаратқан Иенің берік мейірімін, Біз үшін жасаған бар игі істерін Мен есіме түсіріп дәріптеймін. Иеміз Исраил халқына молынан Көрсетіп келеді мейірімділігін, Аямай төккен шексіз рақымымен Тәңір істеп келеді зор игіліктерін. 8 Жаратқан Ие былай деген болатын: «Шынында олар Менің меншікті халқым, Алдамайтын рухани балаларым». Содан Ол халқын құтқармақшы болды. 9 Олар азап шеккен кездің бәрінде Жаратқан Ие бірге азап шекті, Өзінің қасындағы періштесі Таңдаған халқын қорғап-қоршап жүрді. Құдайымыз сүйіспеншілігімен Және мол қайырымдылығымен Халқын құтқарып алып, бүкіл өткен Заманда Қамқоршысы болып келген. 10 Ал өз халқы Құдайға қарсы көтерілді, Киелі Рухын қатты ренжіте берді. Сондықтан Тәңір оның жауына айналды, Халқына қарсы Өзі күреске шықты. 11 Сонда Оның халқы ежелгі заманды — Мұса пайғамбар мен оның қасындағы Халқының тарихын естеріне алды: «Бағушысы Мұсамен бірге халықты Теңізден өткізіп, басшыларына Өзінің Киелі Рухын қондырған Сол Жаратқан Иеміз қазір қайда? 12 Өзі Мұсаны ұлы құдіретімен Қолынан ұстағандай болып жетелеген, Алдынан теңіз суын қақ айырған, Халқын теңіз түбімен бастап алып шыққан, Өз даңқын мәңгілікке нық орнатқан Құдай Иеміз қазір қайда екен? Олар кең далада көсіле шапқан Сайгүліктей терең теңіз түбінен Ешбір сүрінбестен-ақ өте шықты. 14 Шұрайлы сайға түскен мал сияқты Халқына Жаратқан Иенің Рухы Сыйлады тыныштық пен амандықты». О, Құдай, осылай халқыңды Өзіңнің Ежелгі замандарда бастап жүрдің, Осы бір құдіретті істеріңмен Мәңгілік өшпейтін даңққа кенелдің. 15 Уа, Жаратқан Иеміз, енді көктен, Қасиетті, салтанатты мекеніңнен, Қайтадан бізге назар аудара гөр! Өз қайрат-жігерің мен құдіретің, Зор жанашырлығың мен қайырымың Қазіргі уақытта қайда екен? Неге рақымыңды аяйсың бізден? 16 Себебі Сен рухани Әкемізсің, Түпкі аталарымыз Ыбырайым Мен Исраил бізді танымайды екен, Ал Сен, Жаратқан Ие, бізге Әкесің, Ежелден-ақ мынау болды өз есімің: «Құтқарып алған Қамқоршымыз біздің». 17 Уа, Жаратқан Ие, бізге неліктен Жолыңнан тайып кетуге жол бердің? Неге жүрегіміздің қасарысып, Өзіңді сыйламауына жол бердің? Қайтып келе гөр қызметшілеріңнің, Меншікті руларыңның, мүддесі үшін! 18 Сенің халқың біраз уақытқа ғана Ие болды қасиетті орныңа. Енді жауымыз ғибадатханаңды Тас-талқан етіп, таптап тастады. 19 Біз Өзің арнайы билік құрмаған, Сенің атыңмен еш те атамаған Бөтен халықтардай болып кеттік содан! (Сен неге жол беріп келесің бұған?)
1 Уа, Жаратқан Ие, Сен көкті жарып, жерге зымырап түссең екен, шіркін! Сенің алдыңда таулар шайқалар еді! 2 Бұл, өрттің сексеуілге тиіп, лаулап жанып, суды қайнатқанындай сұрапыл оқиға болар еді. Сонда Сенің есімің жауларыңа танымал болып, алдыңда халықтар дірілдер еді. 3 Ежелде Сен халқымыз күтпеген қорқынышты істер істедің. Көктен зымырап түсіп келгеніңде алдыңда таулар шайқалды да! 4 Сен Өзіңді сеніммен күткендерге игіліктер жасайсың. Мұны істейтін бірде-бір өзге құдай жоқ! Бұрын-соңды ешкім ондай құдай туралы құлағымен естіп, көзімен көрген де емес. 5 Әділдікті қуана іске асырып, ақ жолыңмен жүріп, Өзіңді естен шығармайтындарды Сен рақыммен қарсы аласың. Алайда біз бұрыннан-ақ еркіңе қарсы күнә жасап келгендіктен, Сен қатты ашуландың. Енді біз қалай құтқарыла аламыз? 6 Бәріміз де күнәға батып рухани ластанып кеттік! Күллі әділ істеріміздің өзі лас шүберектей жиренішті! Солып қалған жапыраққа ұқсаймыз, күнәларымыз бізді желдей ұшырып әкетеді. 7 Ал ешқайсымыз Саған сиынып, рақым етуіңді сұрап жалынып-жалбарынбаймыз. Сен бізден бас тартып, бізді күнәміздің кесірінен жойылуға қалдырдың. 8 Алайда, о, Жаратқан Ие, Сен рухани Әкемізсің. Сен құмырашыға, біз саз балшыққа ұқсаймыз. Бәріміз Сенің қолыңнан шыққан жаратылысыңбыз. 9 Уа, Жаратқан Ие, шексіз ашуланып, күнәларымызды есіңде мәңгілік сақтай көрме! Саған жалбарынамыз, бізге көз сала гөр, Сенің халқыңбыз ғой. 10 Өзіңе бағышталған қалаларың қиратылып, елсіз далаға айналды. Тіпті Сион тауы қаңырап бос қалып, Иерусалим қаласы тас-талқан болды: 11 ата-бабаларымыз Сені мадақтаған киелі де салтанатты ғибадатханамыз өртеніп кетті! Біз үшін сондай қымбат нәрселердің бәрі де күйреді. 12 Осылай болғанда, уа, Жаратқан Ие, Өзіңді ұстап тұрмақсың ба? Үн-түнсіз қалып, бізді шексіз қинамақсың ба?!
1 — Мен туралы сұрамағандарға Өзімді көрсеттім. Іздемегендер Мені таба алды. Маған сиынбаған халықты: «Мен мұндамын, осында келіңдер!» деп шақыра бердім. 2 Өз беттерімен жүріп, теріс жолға түсіп, қасарысқан халықты күні бойы құшақ жайып шақырумен болдым. 3 Бұл халық әрдайым көз алдымда күнә жасап, ашуымды туғызады. Жалған тәңірлерге арнаған бақтарда құрбандық шалып, кірпіш үстелдердің үстінде хош иісті заттарды да түтетеді. 4 Олар қабір бастарында отырып, құпия жерлерде түнеп, аруақтарға сиынады. Сонымен қатар арам ет жеп, оның жиренішті сорпаларын ыдыстарына құйып: 5 «Тоқта, маған жақындама! Мен әулие адаммын», деп менменсиді. Мұндай адамдар Мен үшін ащы түтін әрі күн ұзағына бықсып жанған от сияқты жеркенішті. 6 Біліп алыңдар, көз алдымда: «Мен үндемей қалмаймын, еселерін толықтай қайтарамын!» деген сөздер жазулы тұр. 7 Мен, Жаратқан Ие, мынаны айтамын: өз күнәларыңа қоса ата-бабаларыңның күнәларының да жазасын толықтай тарқызамын! Олар тау-төбелерде жалған тәңірлерге арнап хош иісті заттар түтетіп, Мені қорлайтын. Енді Мен оларға жасаған қылықтарына қарай жазаларын толығымен тартқызамын! 8 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: — Жүзім шоғының аз да болса шырыны бар кезінде жұрт: «Мұны лақтырып тастама, әлі де пайдасы бар ғой» дейді. Сол секілді, Мен де қызметшілерімнің бәрін бірдей құртпай, 9 Жақыптың үрім-бұтағын қайтадан өрбітіп шығармақпын, әрі Яһуда руынан да Менің таулы жеріме ие болатын ұрпақтарын өркендетіп таратпақпын. Өзім таңдап алған бұлар сол жерді иеленіп, сонда қоныстанып, Маған қызмет ететін болады. 10 Елдің батысындағы Шарон жазығы ұсақ мал отарларына жайылым және шығысындағы Ахор аңғары ірі қара табындарына тынығатын жер болады. Барлығы Маған бет бұрып сиынған халқымның меншігіне айналады. 11 Алайда Менен, Жаратқан Иеден, бас тартқан өзгелеріңе былай деймін: Сендер Өзіме бағышталған Сион тауын естеріңнен шығарып, Бақыт пен Тағдырды пір тұтасыңдар. Соларға арнап дастарқан жайып, дәмді шарапты толтыра құйып бересіңдер. 12 Бірақ сендердің тағдырларыңды Өзім шешіп қойдым: Жауларыңның алдында тізе бүгіп, семсерден қырыласыңдар. Себебі Мен шақырғанда жауап бермедіңдер, тіл қатқанымда сөзіме құлақ аспадыңдар. Қайта, көз алдымда зұлымдық жасап, Маған ұнамайтын нәрселерді таңдап алдыңдар. 13 Сондықтан Мен, Жаратушы Тәңір Ие, былай деймін: Біліп қойыңдар, Маған қызмет ететіндер тойына ішіп-жеп, ал сендер, зұлымдар, ашығып, шөлдейтін боласыңдар! Қызметшілерім шаттанғанда сендер ұятқа қаласыңдар! 14 Олар көтеріңкі көңілмен ән шырқаса, сендер қинала айқайлап, жаралы жүрекпен еңіреп жылайтын боласыңдар. 15 Сендердің есімдерің Менің таңдап алғандарым үшін қарғыс іспетті болып қалады. Мен, Жаратушы Тәңір Ие, көздеріңді құртамын, ал адал қызметшілеріме жаңадан құрметті есім сыйлаймын. 16 Енді ел ішінде бата сұраған әркім Маған, «Сөзіне адал шынайы Құдайға», сиынып бата сұрайды. Ант еткендер де «Сөзіне адал шынайы Құдайдың атымен» деп ант бермек. Сонда бұрынғы қиыншылықтар ұмытылып, бұдан былай көзіме түспейтін болады. 17 — Біліп алыңдар: Мен жаңа аспан мен жаңа жерді жаратпақпын. Бұрынғылар енді еске алынбай, ойға да келмейтін болады. 18 Сонда сендер жасағандарыма мәңгі бақи мәз болып шаттанасыңдар. Мен Иерусалим қаласы мен оның халқын рақат пен қуаныштың қайнар көзіне айналдырамын. 19 Өзім де Иерусалимге шаттанып, халқым үшін мәз-мейрам боламын. Енді қайтып қалада зар еңіреп жылаған дауыс естілмейді. 20 Санаулы күн ғана өмір сүріп шетінеген сәбилер, жасына жетпей өлетін кәрілер одан табылмайды. Жүз жасап қайтыс болған жас деп, ал жүзге жетпей өлген қарғысқа ұшыраған күнәкар деп саналады. 21 Халқым үй салса, сонда өзі тұратын, жүзімдік отырғызса, соның жемісін өзі жейтін болады. 22 Енді қайтып олардың үйлерін бөтен кісілер иемденіп тұрмайды, жүзімдіктерінің жемісін де жаулары жемейді. Халқым мықты ағаш сияқты ұзақ өмір сүретін болады. Менің таңдап алғандарым жұмыстарының өнімдерін ұзақ уақыт пайдаланып, бейнеттерінің зейнетін көреді. 23 Олар бекерге еңбек етпейді де, апатқа ұшырайтын балалар тумайды да. Себебі өздері мен ұрпақтары Өзім, Жаратқан Ие, жарылқаған үрім-бұтақ болады. 24 Маған сиынбастан бұрын Мен оларға жауап беремін, олар әлі сөйлеп жатқанда-ақ Мен өтініштеріне құлақ саламын. 25 Қасқыр мен қозы бірге бейбіт жайылып, арыстан сиырдай сабан жеп, жыланға топырақ жем болады. Бұдан былай ешкім де Өзіме арналған бүкіл Сион тауында жамандық жасап, зияндық келтірмейді. — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
1 Жаратқан Ие мынаны айтады: «Аспан Менің тағым, ал жер табан тіренішім сияқты. Сонда сендер Маған қандай үй салып бермексіңдер? Яки тынығып демалатын орным қай жер болмақ?! 2 Осы әлем түгелдей Менің қолымнан шығып, пайда болды емес пе?! — деп ескертеді Жаратқан Ие. Ал Мен көз қырымды салатындар: күнәларына шын жүректен өкініп, сөзімді терең қастерлеп, іске асыратындар. 3 Алайда адамдар (екіжүзділік жасайды. Олар Маған арнап) бұқаларды құрбандыққа шалып, (сонымен қатар жалған тәңірлерге арнап) кісілерді де өлтіреді! Алдыма тоқтылары мен астықтан сый-тартуларын алып келушілер мойнын үзген иттерді және шошқаның қанын да ұсынады. Маған арнап хош иісті заттар түтетіп, пайдасыз тәңірлерге де мақтау айтады. Бұл адамдар Менің емес, өз жолдарын таңдап алды. Олар жасаған жексұрын қылықтарынан тіпті рақат табады. 4 Сол себепті Мен де оларды аяусыз жазалауды таңдап алдым. Өздері қатты қорқатын азаптарды бастарына түсіремін. Себебі Мен шақырғанда ешқайсысы жауап бермеді, Мен тіл қатқанда олар сөзіме құлақ аспады. Қайта, көз алдымда зұлымдық жасап, Маған ұнамайтын нәрселерді таңдап алды». 5 Жаратқан Иенің сөзін терең қастерлеп, орындайтындар, Оның мына айтқандарына ден қойыңдар: — Сендерді Маған бола жек көріп, шеттетіп келген бауырластарың: «Жаратқан Ие Өзінің салтанатты ұлылығын паш етіп алсын! Мүмкін, сонда қуанғандарыңды көретін шығармыз» деп мысқылдап жүр. Бірақ олар өздері масқара болады! 6 Қаладан шығып жатқан у-шуға құлақ түріңдер! Ғибадатханадан айқай-шу естіледі. Жаратқан Ие жауларына лайықты жазаларын беріп жатыр. 7 Ал Құдайдың таңдаған қаласы толғатпай-ақ босанып, қиналмай-ақ ұл туған әйел секілді болады. 8 Мұндайды кім естіп, кім көрген? Бір күннің ішінде тұтастай бір ел туып, бүкіл халық пайда бола ала ма? Әрине, бола алмайды. Алайда Сион толғақ азабын шегер-шекпестен «балалы болып», бір күнде-ақ тұрғындарға толатын болады. 9 — Айы-күніне жеткізе отырып, Мен Сионды қалайша босандырмаймын? Туу қабілетін сыйлай тұра, қалайша оның құрсағын бекітіп қоямын? — дейді астарлап Құдайың Жаратқан Ие. 10 Иерусалимді сүйетіндердің бәрі де, онымен бірге шаттана қуаныңдар! Азап шеккен бұл қала үшін қайғырған барлығың да, онымен бірге мәз-мейрам болыңдар! 11 Сендер ана төсін еміп жұбанған сәбидей оның игіліктеріне тойынасыңдар. Ағыл-тегіл мол дәулетіне кенеліп, ләззатқа бөленесіңдер. 12 Өйткені Жаратқан Ие мынаны айтады: — Мен бұл қалаға амандық пен тыныштықты дариядай ағызып молынан сыйлаймын. Елдердің байлығын да оған тасқынды судай ағызамын. Сонда өздеріңді анасын еміп рақаттанған нәрестедей сезінесіңдер. Бұл, Сионның сендерді аялы алақанымен көтеріп алып жүріп, тізесіне салып, әлдилегені секілді тамаша болады. 13 Шешесінің бөбегін жұбатқанындай, Мен де сендерді жұбатпақпын. Иерусалимде жұбаныш табасыңдар. 14 Мұның бәрін көріп, шаттанып, көңілденесіңдер. Көк шөп секілді өсіп-өнетін боласыңдар. Осылай Жаратқан Ие Өзіне қызмет ететіндерді құдіретімен қорғап-қолдап, ал қарсы шыққандарға қаһарын төгетін болады. 15 Естеріңе алыңдар, Жаратқан Ие жалындаған от ішімен түсіп келеді. Оның соғыс күймелері құйындай құйғытады. Иеміз жауларына ашуланып, қаһарын төкпек. Оларды лаулаған отпен тоқтатады. 16 Иә, Жаратқан Ие адамзатқа шығарған үкімін отпен және семсерімен іске асырады. Ол сонда көбінің көзін құртады. 17 «Өздерін жалған тәңірлерге бағыштағандардың бәрі бірдей жойылатын болады! — деп жариялайды Жаратқан Ие. — Олар тазару рәсімдерінен өтіп, «киелі» бақтарға кіреді. Солардың іштеріндегі тәңірсымаққа табынып, шошқа мен тышқан етін және басқа да жиренішті нәрселерді жейді. 18 Олардың істері мен ойларын білемін. Менің бүкіл халықтарды, әр түрлі тілде сөйлейтін ұлттарды жинайтын кезім жақындады. Олар келіп, құдіретті ұлылығымды көретін болады. 19 Мен араларында кереметтер істеп, билігімді паш етемін. Солардың аман қалғандарынан кейбіреулерін әлі де атағым мен ұлылығымды естіп-көрмеген алыстағы халықтарға жіберемін. Хабаршыларым батыстағы Тарсис жағына, Либияға, аты шулы садақшылардың елі Лүдияға, солтүстіктегі Тұбалға, Грекияға және аралдар мен теңіз жағалауларындағы басқа елдерге барып, сол халықтарға да асқан ұлылығымды жариялайтын болады. 20 Сонда күллі елдерден Маған арналған сый-тарту іспетті барлық бауырластарыңды ат, қашыр, желмаяларға немесе арба-күймелерге мінгізіп, Иерусалимдегі Өзіме бағышталған Сион тауына тездетіп алып келеді, — дейді Жаратқан Ие. — Бұл, Исраил халқының Маған арнаған сый-тартуларын таза ыдыстармен киелі үйіме алып келгені іспетті болады. 21 Мен осы кісілердің кейбіреулерін де таңдап алып, діни қызметкерлер және ғибадатханада қызмет көрсететін леуіліктер етіп тағайындаймын». — Жаратқан Ие осыларды нық айтады. 22 «Мен жарататын жаңа аспан мен жаңа жердің көз алдымда мәңгі жойылмайтынындай, сендердің есімдерің де өшпейді, үрім-бұтақтарың да мәңгі көз алдымда болады, — деп уәде береді Жаратқан Ие. 23 — Сонда әрбір айдың басында және демалыс күні сайын бүкіл адамзаттың өкілдері Менің алдыма бас иіп сиынуға келетін болады». Жасаған Ие тағы мынаны айтады: 24 «Олар қаладан шыққанда Маған қарсы бас көтергендердің өліктерін көреді. Солардың тәндерін кеміретін құрттар өлмейді, жалындаған от та мәңгі сөнбейді. Осылай жазаланған күнәкарлар бүкіл адамзат үшін жексұрын болады».
1 Мұнда Бунямин руының жеріндегі Анатотта тұрған діни қызметкерлердің бірі — Хелкия ұлы Еремияның пайғамбарлық сөздері берілген. 2 Жаратқан Ие оған алғаш рет Яһудаға Амон ұлы Жосия патшалық құрған он үшінші жылы сөзін арнады. 3 Содан кейін Яһуда патшасы Жосия ұлы Жохақымның тұсында және Яһудаға Жосия ұлы Седекиях патшалық құрған он бірінші жылына дейін де Жаратқан Ие Еремияға хабарларын жеткізіп отырды. Сол жылдың бесінші айында Иерусалимнің халқы Бабылға жер аударылды. 4 Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 5 — Мен сені шешеңнің құрсағында жаратпастан бұрын-ақ білген болатынмын. Анаңның құрсағынан шықпай тұрып-ақ сені өз қызметіме бағыштап, халықтарға пайғамбар болуға тағайындап белгіледім. — 6 Сонда мен: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие! Мен әлі тым жаспын, жұрт алдында сөйлей алмаймын ғой, — дедім. 7 Бірақ Жаратқан Ие маған былай деді: — Әлі тым жаспын деме! Мен сені кімге жіберсем, солардың бәріне барып, не айт десем соның бәрін айтатын боласың! 8 Адамдардан қорықпа. Мен саған жар болып, өзіңді аман сақтаймын. Мен, Жаратқан Ие, осыны уәде етемін. — 9 Бұдан соң Жаратқан Ие қолын созып, аузыма тигізді де: — Міне, сенің аузыңа сөздерімді салып беріп отырмын. 10 Бүгін сені ұлттар мен патшалықтарға үстемдік жүргізуге тағайындадым. Сен оларды түп-тамырымен жұлып ойсыратып, құлатып жоясың, әрі қайтадан тұрғызып, егіп отырғызатын боласың, — деді. 11 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап: — Еремия, нені көріп тұрсың? — деген сұрақ қойды. Мен: — Бадам ағашының бір бұтақшасын көріп тұрмын! — дедім. 12 Сонда Жаратқан Ие: — Көргенің дұрыс. Мен де сергек болып айтқан сөзімнің жуырда іске асуын қырағы бақылаймын, — деді. 13 Содан соң Жаратқан Ие маған екінші рет сөзін арнап: — Нені көріп тұрсың? — деген сауал қойды. Мен: — Бір қазанды көріп тұрмын. Ол қайнап, тасып, солтүстіктен бізге қарай төгілейін деп жатыр, — деп жауап бердім. 14 Сонда Жаратқан Ие маған былай деді: — Дәл сол сияқты апат осы елдің күллі тұрғындарына солтүстіктен шүйілетін болады! 15 Өйткені Мен солтүстіктегі барлық патшалықтардың ұлттары мен тайпаларын шақырып алмақпын. Мен, Жаратқан Ие, осыны нық айтамын. Солардың патшалары аттанып келіп, тақтарын Иерусалимнің қақпаларының жанына орнатады да, қаланы қоршаған қабырғаларына және Яһуданың барлық басқа қалаларына да шабуыл жасайды. 16 Халқымның Мені тастап кетіп, бөтен тәңірлерге хош иісті заттар түтетіп ұсынғандары және өз қолдарымен жасап алған мүсіндерге табынып кетіп істеген барлық зұлым істеріне бола Мен оларға жазалау үкімін шығарамын! 17 Ал енді, жиналып беліңді буып, өзіңе тапсырғандарымның бәрін оларға жеткіз! Олардан қорықпа, әйтпесе Мен өзіңді олардың алдында қорқытамын. 18 Біліп қой: бүгін Мен сені бекіністі қала іспетті еттім. Сен темір бағанадай, қола қабырғадай берік боласың. Енді осы жердегілердің бәріне: Яһуда елінің патшалары мен әміршілеріне, діни қызметкерлері мен халқына қаймықпай қарсы тұра аласың. 19 Олар сенімен күрессе де, сені жеңе алмайды, өйткені Мен саған жар болып, өзіңді құтқаратын боламын! Осы уәдені берген Мен Жаратқан Иемін.
1 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 2 «Барып, мынаны Иерусалимге естірте жарияла: сенің Мені қалыңдық іспетті сүйіп, тіпті құнарсыз иен далада соңымнан еріп жүрген жас кезіңдегі адалдығың есімнен шықпайды. 3 Өнімнің алғашқы үлесі сияқты, Исраил де Маған, Жаратқан Иеге, бағышталған халық еді. Сондықтан оны жалмап құртпақ болғандар айыпталып, апатқа душар болатын», — деп ескертеді Жаратқан Ие. 4 Уа, Жақыптың үрім-бұтағы — Исраилден тараған барлық рулар, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар! 5 Жаратқан Ие мынаны айтады: «Осыншама алшақтап кететіндей ата-бабаларың Менен қандай кінә тапты? Түкке тұрғысыз тәңірсымақтардың жолына түсіп, өздері де түкке тұрғысыз болып кетті. 6 Олар былай деп сұраған жоқ: «Бізді Мысыр елінен бастап алып шыққан Жаратқан Ие қайда екен? Ол бізді қуаңшылық пен қара түнек жайлаған, шөл далалары мен шұңқырлары бар, ешкім аяқ баспайтын да, мекендемейтін де құла түзбен жетелеп алып жүрді емес пе?!» 7 Мен сендерді мол өнімінің қызығын көрулерің үшін осы шұрайлы елге алып келдім. Бірақ сендер бұл елімді күнәларыңмен арамдадыңдар! Менің өздеріңе тапсырған меншікті жерімді жиренішті еттіңдер! 8 Тіпті діни қызметкерлер «Жаратқан Ие қайда?» деп сұрамады, заңды үйретіп билік айтатындар Мені жақыннан танып білмеді. Халықтың жетекшілері Маған қарсы шықты, пайғамбарлар Бағалдың атынан пайғамбарлық сөз айтып, еш пайдасыз тәңірсымақтардың жолын қуып келеді. 9 Сондықтан Мен бұдан былай да сендерді айыптаймын, әрі балаларың мен немерелеріңді де кінәлаймын, — деп ескертеді Жаратқан Ие. — 10 Теңізді кесіп өтіп, батыстағы аралдарға барып, қараңдар, не шығыстағы Қидар еліне барып, жақсылап байқаңдар! Мынадай нәрсе бұрын-соңды болған ба еді: 11 сондағы бір халық өзінің табынатын тәңірлерін басқаларға ауыстырып па екен? Ал олардың тәңірлері шынайы Құдай емес қой! Бірақ Менің халқым өзінің даңқты Құдайын еш пайдасыз тәңірсымақтарға ауыстырып кетті! 12 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Уа, көк, бұған наразылана аңтарыл, қатты жиреніп дірілде! 13 Себебі Менің халқым екі түрлі зұлымдық жасады: олар Мені, «тірі судың қайнар көзін», тастап кетті және өздеріне арнап «құдықтар» қазып алды. Сол «құдықтарының» жырық тесіктері болғандықтан, оларда су сақталмайды. 14 Исраил сатып алынған құл ма? Әлде қожайынының үйінде туған басыбайлы малай ма? Әрине, жоқ! Ендеше, неге ол басқаның қолында олжа болып кетті? 15 Ассурлық жаулар арыстандай ақырып, оған қарсы дауыс көтерді. Олар оның жерін қаңыратып бос қалдырды. Қалалары өртеліп қирап, елсіз қалды. 16 Мысырдың Мемфис пен Тахпанхес қалаларынан аттанып келген жасақшылары «Исраилдің төбесін тақырлап», оны салтанатынан жұрдай қылды. 17 Өзіңді ізгі жолмен жетелеп келген Құдай Иеңнен безіп, осы пәлелердің бәрін өз басыңа өзің тілеп алған жоқсың ба? 18 Енді несіне Мысыр мен Ассурға барып, одақ құрасың? Ніл мен Евфрат өзендерінің суын ішкеннен саған не пайда? 19 Өз зұлымдығың саған жаза тартқызады, өз опасыз қылықтарың сені айыптайтын болады. Содан ойланып, мынаны біліп ал: Менен, өзіңнің Құдайың Жаратқан Иеден, бас тартып, Мені еш қастерлемеуіңнің арты қандай жаман да күйінішті болатынына көзіңді жеткіз!» — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие осыны нық айтады. 20 «Баяғыда Мен мойныңа салынған мойынтұрықты сындырып, бұғауларыңды үзіп, өзіңді құлдықтан азат еткен едім. Алайда: «Жоқ, мен қызмет етпеймін!» дедің. Ал шынында сен көрінген биік төбенің басында, әрбір саялы ағаштың түбінде жалған тәңірлерге табынып опасыз әйел іспетті азғындыққа салындың. 21 Сені жемісі құнды асыл тұқымды жүзім бұтасы деп отырғызған едім. Қалайша енді бөгде жүзім бұтасының жабайы сабақтары болып шыға келдің?! 22 Тіпті сілтімен жуынып, көп сабын жұмсап тазалансаң да, күнәңнің сенде қалдырған дағы әлі де Менің көз алдымда болады, — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. — 23 «Мен таза жүріп келемін, жалған тәңір Бағалдың мүсіндеріне табынған емеспін» деп қалай ғана айта аласың? Аңғарда не істеп жүргеніңе көңіл бөл, қылықтарыңды ойла! Кімге табынсам екен деп, күйлеген жүйрік іңгендей тыным таппайсың. 24 Сен күйлеп, жел иіскейтін ұрғашы құланға да ұқсайсың. Оның құмарлығына кім тосқауыл бола алады? Шағылысқысы келгендерге оның соңынан қуып шаршаудың да керегі жоқ, күйлеген айында оны дереу тауып алады! 25 Жалған тәңірлердің артынан жалаң аяқ жүгіріп, аяғыңды жарақаттап қанатпа! Шөлден тамағыңды кептірме! Алайда сен: «Мен үшін әуре болма! Бөтен тәңірлерге ғашықпын, солардың жолымен жүремін!» дейсің. 26 Ұры қолға түскенде масқара болатынындай, бүкіл Исраил елі: халық пен оның патшалары, әміршілері, діни қызметкерлері мен пайғамбарлары да масқара болады. 27 Себебі олар ағаш мүсінге: «Сен әкемсің!», тас бағанаға: «Мені туған сенсің!» деп табынады. Осылайша олар беттерін Менен теріс бұрып, сырт айналып кетті. Ал бастарына пәле түсе қалса: «Келіп, бізді құтқара гөр!» деп Маған жалынады. 28 Сонда өзіңе жасап алған тәңірсымақтарың қайда? Құтқара алса, басыңа пәле түскенде келіп, сені құтқарып алсын! Өзіңде қанша қала болса, сонша тәңірге табынасың ғой, Яһуда-ау! 29 Мені несіне кінәлайсыңдар? Маған қарсы барлығың бас көтердіңдер! — деп жариялайды Жаратқан Ие. — 30 Мен сенің халқыңды бекер жазалаппын, олар одан бәрібір тәлім алмады. Қайта, араларыңдағы пайғамбарларымды жыртқыш арыстандай семсермен қырып жойдыңдар». 31 Уа, осы ұрпақтың адамдары, Жаратқан Иенің мына сөздері туралы терең ойланыңдар: «Мен Исраил еліне шөл даладай, яки қара түнек басқан елдей болып па едім? (Әрине, жоқ.) Ендеше неге халқым Маған: «Біз өз бетімізбен жүруге еріктіміз. Енді Саған қайтып оралмаймыз» дейді? 32 Бойжеткен қыз әшекейін, қалыңдық тойда тағатын белдігін ұмыта ма? (Жоқ, ұмытпайды). Ал халқымның Мені ұмытқанына ұзақ уақыт болды. 33 Өзіңе ашына іздегенде қандай ептісің! Тіпті ең тіс қаққан сайқалдың да сенен алар тәлімі көп. 34 Үйіңе бұзып кірмесе де, сен өлтірген жазықсыз кедейлердің қаны етегіңде қатып қалған. Бірақ сонда да: 35 «Мен кінәсізбін, шүбә жоқ, Құдай маған ашулы емес» дейсің. Сондықтан біліп қой: «Күнә жасаған жоқпын!» деген сөзің үшін Мен сені соттап, жазалаймын. 36 Неліктен сен жүрген жолдарыңды оп-оңай өзгерте саласың? Ассурдың өзіңді масқара қылғанындай, Мысыр да сені масқараға қалдыратын болады. 37 Сол жерден де бұғауланған екі қолыңды басыңа қойып алып жер аударылып кетесің. Себебі сенің сенім артқан одақтастарыңнан Жаратқан Ие теріс бұрылып, олардан еш пайда көрмейсің».
1 «Егер біреу әйелімен ажырасып, әйелі басқа біреуге тисе, оның бұрынғы әйеліне қайтадан үйленуіне болмайды ғой. Өйткені бұдан осы ел түгелдей арамданар еді. Ал сен, Яһуда халқы, көптеген ашынамен көңілдес болған әйел сияқты болып келесің. Енді Маған қайта оралмақсың ба? — дейді Жаратқан Ие. 2 — Жан-жағыңа қарап, тақыр төбелерге назар аударшы! Солардың қайсысында жалған тәңірлерге табынып, азғындық жасамадың? Сен иен далада жолаушы торуылдаған қарақшыға ұқсап ашыналарыңды тосып жол бойында отырдың. Өзіңнің азғындығың әрі зұлымдығыңмен елді арамдадың. 3 Сол себепті әдеттегідей нөсер құймай, көктемгі жаңбыр да жаумады. Бірақ сен бәрібір бетің шімірікпей, ұялу дегенді білмейсің. 4 Оның үстіне әлі де Маған: «Әкем-ау, жастық шағымнан бері мені жетелеп келе жатқан досымсың ғой! 5 Сен әрдайым маған қаһарлана бермексің бе? Қаһарың мәңгілікке жалғаса бере ме?» деп жалынасың. Міне, осылай дей тұра, сен қиқарлықпен зұлымдықтың бәрін жасай бересің». 6 Жосия патшаның заманында Жаратқан Ие маған былай деді: «Тұрақсыз Солтүстік Исраилдің не істегенін көрдің бе? Ол әрбір биік төбеге шығып, әрбір саялы ағаштың түбіне барып, жалған тәңірлерге табынып азғындық жасады. 7 Осының бәрін істегеннен кейін оны Өзіме қайтып оралатын шығар деп ойлаған едім. Бірақ ол оралмады. Оның үстіне, опасыз сіңлісі Яһуда да мұны көріп тұрды. 8 Мен тұрақсыз Солтүстік Исраилге жасаған барлық азғындықтары үшін талақ хатын жазып беріп, оны қуып жібердім. Әйтсе де бұдан оның опасыз сіңлісі Яһуданың еш қорықпағанын, тіпті өзінің де азғындыққа салынғанын көрдім. 9 Сол жеңіл жүрісі өзіне түк емес болып көрініп, ол тас пен ағаштан жасалған тәңір мүсіндеріне рухани азғындық та жасады. 10 Ал осының бәріне қарамай Солтүстік Исраилдің опасыз «сіңлісі» Яһуда Маған шын жүрегімен емес, өтірік қайтып келді!» — дейді Жаратқан Ие. 11 Жаратқан Ие маған былай деді: «Опасыз Яһудаға қарағанда тұрақсыз Солтүстік Исраил әділірек. 12 Сондықтан бар да, солтүстікке қарай мына хабарды жарияла: Уа, тұрақсыз Исраил, Маған қайтып кел! Бұдан былай сендерге қабақ түйіп қарамаймын, өйткені Мен рақымдымын! — деп уәде береді Жаратқан Ие, — Менің қаһарым мәңгілікке ұласпайды. 13 Алайда өз кінәңді: Құдайың Жаратқан Иеге қарсы бас көтеріп, әрбір саялы ағаштың түбінде бөгде тәңірлерге беріліп, Менің даусыма құлақ салмағаныңды мойындауың қажет!» — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 14 «Қайтыңдар Маған, уа, тұрақсыз балаларым! — дейді Жаратқан Ие. — Өйткені Мен сендердің қожайындарыңмын. Әр қаладан біреуден, әр рудан екеуден таңдап алып, сендерді Сионға әкелемін. 15 Сонда Мен сендерге өздеріңді біліммен және түсінікпен жетелеп жүретін, көңілімнен шыққан бағушыларды беремін». 16 Жаратқан Ие тағы мына уәдені береді: «Сендер өсіп-өніп, елдегі сандарың көбейген күндер келгенде, адамдар Жаратқан Иенің Келісім сандығы туралы айтпайтын болады. Олар тіпті ол жайында енді ойламайды да, оны естеріне алып, аңсамайды да, не басқа бір Келісім сандығы жасалмайды да. 17 Сол заман келгенде Иерусалим «Жаратқан Иенің жер бетіндегі тағы» деп аталып, барлық ұлттар Жаратқан Иенің есімін дәріптеу үшін Иерусалимде жиналатын болады. Бұдан былай олар өздерінің зұлым жүректерінің қыңырлығымен жүрмейді. 18 Сол заман туғанда Яһуда халқы Солтүстік Исраил халқына қосылып, екеуі (жер аударылған) солтүстіктегі елдерден Мен өздерінің ата-бабаларына мұралық меншікке берген елге қайтып келеді. 19 Мен сендерді рухани балаларым ретінде құшақ жая қарсы аламын деген болатынмын. Көптеген халықтар тамашалаған осы керемет елді сендерге мұралық меншікке табыстауға ниеттенген едім. Сендер Мені «Әке» деп атап, Менен ешқашан бас тартпайсыңдар деп ойладым. 20 Бірақ өз күйеуіне опасыз болған әйел сияқты, сен де, уа, Исраил халқы, Маған опасыздық жасадың», — деп ескертеді Жаратқан Ие. 21 Тақыр төбе бастарынан бір дауыс естіліп тұр. Бұл өздерінің теріс жолдарымен адасып кетіп, Құдайлары Жаратқан Иені ұмытқан исраилдіктердің зарлы үні. 22 — Қайтып келіңдер Маған, ей, тұрақсыз халық! Мен сендерді опасыз қылықтарыңнан арылтып сауықтырамын. — Иә, біз Саған қайтып келеміз, өйткені Сен біздің Құдайымыз Жаратқан Иесің! — дейді Солтүстік Исраилдің халқы. — 23 Шынында, тау-төбелердің бастарында жиналып, жалған тәңірлерге табынып, азғындыққа салынуымыз алдамшылық, көз бояушылық. Исраилдің құтқарылуы шынымен тек Құдай Иемізден ғана! 24 Жастық шағымыздан бері сол масқара тәңірсымақтар ата-бабаларымыздың еңбектерінің жемісін — ірілі-ұсақты малдарын, тіпті ұл-қыздарын да жалмап келді. 25 Ұятымызға бола біз жерде жатырмыз әрі масқараның астында қалдық. Өйткені өздеріміз де, ата-бабаларымыз да Құдай Иемізге қарсы күнә жасадық. Жастық шағымыздан күні бүгінге дейін Құдайымыздың айтқандарына құлақ аспай келеміз.
1 — Шіркін, қайтып келсең ғой, о, Исраил, Өзіме қайтып оралсаңшы! — дейді Жаратқан Ие. — Тек жиренішті тәңірсымақтарыңды Менің алдымнан аластатып, бұдан былай адасып тентіреулеріңді қоюға тиіссіңдер. 2 «Мәңгі тірі Жаратқан Ие» деген Менің атыммен ант беріп, шындық, әділет және әділдікпен жүріңдер. Содан өзге халықтар сендер арқылы жарылқанып, есімімді даңқтап, мақтан тұтатын болады. 3 Жаратқан Ие Яһуда мен Иерусалимнің адамдарына мынаны да айтады: — Жүректерің тікенек басқан тың жер сияқты қатайып кеткен. Тың жерлеріңді жыртыңдар! Тікенек арасына тұқым сеуіп ысыраптамаңдар! 4 Уа, Яһуда мен Иерусалимнің халқы! Өздеріңді толықтай Жаратқан Иеге арнаңдар, Оған жүректеріңді де түгелдей бағыштаңдар! Әйтпесе сендердің жасаған барлық күнәларыңнан Менің қаһарым жалындай лап етіп, оттай лаулайтын болады. Сонда оны ешкім сөндіре алмайды. 5 Яһудада хабарлап, Иерусалимде жариялаңдар, бар күштеріңмен айқайлап, мынаны айтыңдар: «Керней тартып, бүкіл елде дабыл қағыңдар! Бәріне былай деңдер: Жиналыңдар! Бекіністі қалаларға қашып барып бас сауғалайық! 6 Сионға қарай бағыттап белгі көтеріп қойыңдар! Босқа тұрмай, тез қашып құтылыңдар! Өйткені Мен солтүстіктен сұрапыл апат әкеле жатырмын!» 7 Халықтарды қырып-жоюшы жау ну қамыстағы апанынан шыға келген арыстандай екпіндеп келе жатыр. Жеріңді күйрету үшін ол өз орнынан аттанып шықты. Яһуда, сенің қалаларың қирап, бірде-бір тұрғыны аман қалмайды. 8 Сондықтан азалы киім киіп, еңіреп жыла! Өйткені Жаратқан Иенің лаулаған қаһары бізден бетін аударып әкеткен жоқ. 9 Жаратқан Ие мынаны айтады: «Сол күні патша мен әміршілердің зәресі қалмай, діни қызметкерлер қатты шошып, пайғамбарлар да үрейлене аңтарылады!» — 10 Сонда мен: «Уа, Жаратушы Тәңір Ие, «Сендерге амандық пен тыныштық болады» деп халық пен Иерусалимді алдаған екенсің! Ал шынында семсер тамағымызға таяп, орып жіберейін деп-ақ тұр!» — деп мұңымды шақтым. 11 Сол кезде мына халық пен Иерусалимнің тұрғындарына былай делінеді: «Шөлдегі тақыр төбелерден Менің сүйікті халқыма қарай аңызақ жел соғып тұр. Бірақ бұл бидайдың қауызын ұшырып әкетіп, дәндерін шаң-тозаңнан тазалауға қолайлы жел емес! 12 Менің бұйрығыммен үрлеп тұрған осы дауыл бұл үшін тым күшті. Қайта, енді Мен оларға қарсы үкімімді шығарамын». 13 — Қараңдар! Жау бұлттай жөңкіп, соғыс күймелері құйындай жүйткіп, алға қарай зымырап келе жатыр. Жылқылары шүйілген бүркіттен де жүйрік! Сорладық, біз қасіретке қаламыз! 14 — Уа, Иерусалим, жүрегіңді зұлымдықтан жуып тазарт! Сонда ғана сен құтқарыласың. Қашанға дейін ішіңде жаман ойларды сақтап жүре бермексің? 15 (Сонау солтүстіктегі) Дан жақтан бір дауыс естілді, Ефремнің тауларынан бір апат жайлы хабар жетті. 16 Соны халықтарға айтып, Иерусалимге жариялаңдар: «Алыс елден қамал бұзғыш әскер келе жатыр, олар Яһуданың қалаларын басып алмақ болып қатты атой салады! 17 Осы жасақшылар егістіктің қарауылдары іспетті Иерусалимді қоршап алады. Өйткені сол қала Маған мойынсұнбай бас көтерді, — дейді Жаратқан Ие. — 18 Бұның бәрі сенің басыңа өз іс-әрекеттеріңнің кесірінен түсіп отыр. Саған тиісті жаза осы. Ол қандай ауыр, көкіректі қарс айырады!» 19 — Жаным-ай, жаным-ай! Аурудан бүрісіп қиналып жатырмын! Жүрегім толқып дүрс-дүрс соғып тұр. Үнсіз қала алмаймын. Өйткені кернейдің шабуылға шақырғанын, әскердің атой салғанын естіп тұрмын. 20 Бір апаттан кейін бір апат, бүкіл ел қирап иесіз бос жатыр. Бір мезетте-ақ шатырларым, көзді ашып-жұмғанша жабынды күркем жермен-жексен болып қалды. 21 Қашанға дейін мен әскердің туына қарап, кернейдің үнін тыңдауым керек? (— дейді Еремия.) 22 — Өз халқымның сана-сезімі кем, олар Мені жақыннан танымайды. Халқым ақылсыз балалар сияқты түсінік дегеннен жұрдай. Жамандықты істеуге келгенде шебер-ақ, ал жақсылық жасауды білмейді! (— дейді Жаратқан Ие.) 23 — Жерге қарасам, ретсіз, тіршіліксіз бос жатыр, аспанға қарасам, жарығынан жұрдай болып тұр. 24 Тауларға қарасам, олар сілкініп, төбелер де шайқалып тұр. 25 Тағы қарасам, бірде-бір адам баласы жоқ, әрі аспандағы құс атаулы бірі қалмай ұшып кеткен. 26 Енді қарасам, шұрайлы ел шөл далаға айналыпты, ал ондағы қалалар Жаратқан Иенің алдында Оның лаулаған қаһарынан қирап қалыпты! 27 Өйткені Жаратқан Ие мынаны айтады: «Бүкіл ел қирап қаңырап бос қалады! Дегенмен оны түгелдей қырып-жоймаймын. 28 Елдің қирағанына бола жер жоқтап аза тұтып, аспан түнеретін болады. Өйткені Мен осындай шешім қабылдап, соны білдіріп тұрмын. Мен райымнан қайтпаймын, шешімімді сөзсіз орындаймын!» 29 Қарасам, атты әскер мен садақшылардың айқай-шуынан бар қаланың тұрғындары бас сауғалап қашып кетіп бара жатыр екен! Біреулері қалың тоғайға қарай безсе, басқалары тау-тасқа өрмелеп бара жатты. Қалалардың бәрі бос қалған, оларда ешкім тұрмайды. 30 Жақында жаудың талауына түсетін қала, не істеп отырсың? Несіне қымбат ал қызыл киім киіп, алтын әшекейлеріңді тағасың? Қас-қабағыңды неге сүрме жағып бояйсың? Бекерге сыланып-сипанасың. Көңілдес одақтастарың сені менсінбейді, олар тіпті жаныңды алмақшы. 31 Толғатып, тұңғышын босанайын деп жатқан әйелдің айқайындай айқай естіп тұрмын. Бұл ентігіп, демін ала алмай жатқан Иерусалимнің айқайы. Ол қолдарын жайып: «О, қасірет! Сорладым! Жан алғыштардың алдында дәрменсізбін!» — деп түңілді.
1 — Иерусалимнің көшелерін олай да бұлай шарлап, жан-жаққа зер сала қарап, алаңдарынан да іздеңдер! Әділ іс істеп, шындықты ұстанушы бір адамды тапсаңдар, Мен бүкіл қаланы кешіремін. 2 Олар: «Мәңгі тірі Жаратқан Иенің атымен» деп ант еткеннің өзінде өтірік айтады. 3 — Уа, Жаратқан Ие, Сен шыншылдықты талап етесің ғой! Сен оларға соққы берсең де, еш ауырсынбады, күйрете соққы берсең де, түзелуден бас тартты. Олар беттерін тастан бетер қатайтып қасарысып, күнәларына еш өкінбеді. 4 Сонда мен: «Бұлар бар болғаны кедейлер ғана. Олар сауатсыз ғой, Жаратқан Иенің жолын, өздерінің Құдайының Таурат заңын білмейтін де шығар. 5 Сондықтан мен атақтыларына барып, айтарымды соларға айтайын. Жаратқан Иенің жолы мен Құдайдың Таурат заңын бұлар сөзсіз біледі!» деп ойладым. Бірақ атақтылары да бәрі бірдей Жаратқан Иенің жүктеген міндеттерінен бас тартып, Оның қойған шектерін бұза берген. 6 Енді орманнан шыға келген арыстан оларға бас салып, құла түзде жүрген қасқыр оларды жалмайды. Қалаларының маңында қабылан торуылдап, сыртқа шыққан кез келген адамды жарып тастауға дайын. Себебі олар әбден бас көтеріп, сансыз рет Жаратқан Иеге опасыздық жасап келеді. 7 «Мен сендерді қалай кешіре аламын? Балаларың Менен бас тартып, ешқандай да құдай емес тәңірсымақтардың атымен ант ететін болды. Мен оларды асырап жүрсем де, олар азғындыққа салынып, жеңіл жүрісті әйелдердің үйлеріне топырлап барады. 8 Олар күйттеген, тойынған айғыр сияқты, бір-бірінің әйеліне кісіней қарайды. 9 Оларды бұлары үшін жазаламай қоя берейін бе? — дейді Жаратқан Ие. — Егер мұндай халыққа лайықтысын қайтармасам, соным дұрыс болар ма еді?!» 10 (Халық сапасыз жүзімдік іспетті азып барады.) Жүзімдіктің соқпақтарын аралап жүріп, бұталарын құртыңдар, дегенмен толығымен қырып-жоймаңдар! Бұталардың сабақтарын жұлып тастаңдар, өйткені бұл адамдар Жаратқан Иенікі емес! 11 «Солтүстік Исраил халқы мен Яһуда халқы Маған зұлым опасыздық жасады, — дейді Жаратқан Ие. 12 Олар Жаратқан Ие туралы өтірік айтып: «Ол жоқ, ештеңе істемейді! Басымызға пәле түспейді, не соғыс, не ашаршылықты ешқашан көрмейміз! 13 Пайғамбарлардың сөздері ескен желдей бос, Құдайдың хабарлары оларда жоқ. (Олар қоқан-лоқы жасап) айтқандары өз бастарына түссін!» деді». 14 Сондықтан Әлемнің Әміршісі Құдай Ие маған былай деді: «Мына халықтың осындай сөздерді айтқандары үшін Мен сенің аузыңдағы сөздерімді от, ал халықты отын қыламын. Олар бұл оттан тұтанып лапылдап жанатын болады!» 15 «Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, — дейді Жаратқан Ие, — Мен сендерге қарсы алыстан бір халықты аттандырып әкелемін. Ол ежелден келе жатқан қуатты халық. Оның тілін білмейсіңдер, айтып тұрғандарын түсінбейсіңдер. 16 Олардың қорамсақтары ашық жатқан көрдей, ерлерінің бәрі де мықты. 17 Сол жасақшылар өнімдеріңді жеп, азық-түліктеріңді тауысады, ұл-қыздарыңды да жалмап қояды. Олар сендердің табын-отарларыңды, жүзімдерің мен інжірлеріңді жалмап, сенім артып отырған бекіністі қалаларыңды жермен-жексен қылады. 18 Бірақ тіпті сол кездері де Мен сендерді толығымен құртып жоқ қылмаймын», — деп уәде береді Жаратқан Ие. 19 «Халқың: «Бұның бәрін Құдайымыз Жаратқан Ие бізге неге істеді екен?» деп сұрайтын болса, сен оларға: «Себебі сендер Одан бас тартып, осы елдеріңде бөтен тәңірлерге беріліп табынып кеткенсіңдер. Сол себепті енді өз елдерің емес жерде бөтен халықтың құлы боласыңдар!» деп жауап бересің». 20 «Мына хабарды Жақыптың үрім-бұтағына жеткізіңдер, оны Яһуда елінде жар салыңдар: 21 Тыңдаңдар мынаны, ақымақ та түйсіксіз халық: көздерің болса да көрмейсіңдер, құлақтарың болса да естімейсіңдер. 22 Мені неге қастерлемейсіңдер? — дейді Жаратқан Ие. — Менің алдымда неге қорқып дірілдеп тұрмайсыңдар? Теңіздің шетін құм төбелермен шектеп көмкердім. Соларды теңіз ешқашан өте алмайтын шекара етіп қойдым. Толқындар қанша буырқанып, толқыса да, Мен белгілеп қойған шектерінен өте алмайды. 23 Бірақ мына халықтың жүрегі қасарысқан әрі бүлікшіл, олар сырт айналып, безіп кетті. 24 Халық шын жүректен өзара: «Құдай Иеміз бізге күзгі де, көктемгі де жаңбырларын мезгілінде жауғызады, жыл сайын белгілі мерзімде өнім сыйлайды, Оны терең қастерлейікші!» десіп келмейді. 25 Өз әділетсіз істеріңе бола осы жақсылықтардан құр алақан қалдыңдар, өз күнәларың сендерді бұл игіліктерден шет қалдырды. 26 Менің халқымның арасында құсқа тұзақ құрғандай адамдарды аңдып жататын залымдар бар. Олар тор құрып, адамдарды қолға түсіреді. 27 Тордың құсқа толы болатынындай, олардың үйлері алдамшылыққа толы. Соның арқасында олар байып, беделге ие болды. 28 Олар әбден шел жинап жып-жылтыр болып алды. Зұлым істерінде енді шек жоқ, жетімнің ісін әділдікпен шешпейді, жарлының мүддесін де қорғамайды. 29 Осы халықты сол үшін жазаламай қоя берейін бе? Егер мұндай халыққа лайықтысын қайтармасам, соным дұрыс болар ма еді?!» — деп сұрайды Жаратқан Ие. 30 «Елде мейлінше қорқынышты да жиренішті іс болып жатыр: 31 Пайғамбарлар жалған сөйлеп, діни қызметкерлер өз беттерімен өктемдік жүргізеді. Бұл Менің халқыма тіптен ұнайды! Бірақ ақыр соңы жеткенде сендер не істемексіңдер?!»
1 «Бас сауғалап қашыңдар, уа, Буняминнің үрім-бұтағы! Иерусалимнен де қашып кетіңдер! Текояда дабыл қағып керней тартыңдар, Бет-Кәремнің үстінен от қойып белгі беріңдер! Себебі солтүстіктен елді қырып-жоятын сұрапыл апат келе жатыр! 2 Сион әсем де нәзік қызға ұқсайды, әйтсе де Мен қаланы жойылуға тастаймын. 3 Малдарын айдап келген бақташылар іспетті жау аттанып келіп, оның айналасына қостарын тігеді. Әрқайсысы өз үлесінде отар-табындарын жаяды». 4 Қолбасшылары: «Оған қарсы шайқасу үшін тәңірге бағышталып дайындалыңдар! Жиналып, түс кезінде жоғары аттанайық!» «Қап, күн батуға таяп қалыпты, кеш түсіп көлеңкелер ұзарыпты!» 5 «Ендеше түн ішінде қалаға бас салып, сарайларын қиратып тастайық!» — деседі. 6 Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Ағаштарды шауып, Иерусалимнің қамалынан өту үшін үймектер үйіңдер! Бұл қала жазалануға тиіс, оның ішінде қанаушылық кеңінен етек жайған. 7 Қайнар көзден судың ағып шыға беретініндей, бұл қаладан зұлымдық солай шыға береді. Одан зорлық-зомбылық пен тонаудың даусы естіліп тұр. Оның дерті мен жаралары әрқашан көз алдымда. 8 Ескертуімді тыңда, ей, Иерусалим! Әйтпесе Мен сенен сырт айналамын, еліңді ешкім тұрмайтындай қаңыратып бос қалдырамын». 9 Әлемнің Иесі тағы мынаны да айтты: — Жауларың сені халқыңнан жұрдай қылады, (Иерусалим). Жүзім жинаушы қалып қойған жүзім шоқтарын екінші рет теріп алатынындай, жауларың да қалған халқыңды теріп алып кетеді. 10 — Мен осыны кімге айтып, кімді сақтандыруым керек? Кім маған құлақ асады? Олар құлақтарын бітеп алған, ести алмайды. Жаратқан Иенің сөзі оларға мазақ тәрізді, олар содан еш рақат таппайды. 11 Жаратқан Иенің қаһары менің бойымда да лаулап тұр, оны тежеп тұра алар емеспін, — дедім. — Ендеше қаһарым көшеде ойнап жүрген балаларға, бас қосқан жас жігіттерге лақ етіп төгілсін! Әйелі мен күйеуі де, жасы ұлғайған қариясы да қаһарымды бастарынан өткізеді. 12 Мен елдің тұрғындарын жазалауға қолымды созғанда олардың үйлері, жерлері және әйелдері бөтен жұрттың қолына көшеді! — деп ескертеді Жаратқан Ие. 13 Кішігінен ұлығына дейінгі бәрі де пайдақұмар. Тіпті пайғамбарлары мен діни қызметкерлері де арамзалық жасайды. 14 Олар халқымның терең жарақатын жеңіл-желпі таңа салып: «Амандық пен тыныштық болады!» деп халықты алдайды. Алайда амандық пен тыныштық жоқ қой! 15 Өздерінің осы жексұрын істеріне ұяла ма? Жоқ, оларда ұят деген мүлдем жоқ, олар тіпті қызаруды да білмейді. Сондықтан басқалар құлағанда олар бірге құлайды, Мен соларды жауапқа тартқанда жермен-жексен болады. — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 16 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Жол торабына барып, айналаны байқап қараңдар, ежелгі жолдардың қайда екенін сұрап алыңдар! Ізгі жолдың қайда екенін сұрастырып біліп алып, онымен жүріңдер! Сонда жандарыңа тыныштық табасыңдар. Бірақ сендер: «Жоқ, онымен жүрмейміз!» деп бас тарттыңдар. 17 Сендерге күзетуші пайғамбарларымды тағайындап: «Олардың қаққан дабылдарына құлақ салыңдар!» деп едім. Бірақ та: «Жоқ, соған құлақ салмаймыз!» деп қасарыстыңдар. 18 Ендеше, уа, халықтар, солармен не болатынын тыңдаңдар! Ей, куәгерлер, соны біліп алыңдар! 19 Тыңда, уа, жер! Зұлым істерінің кесіріне бола Мен мына халықтың басына апат түсіремін. Себебі осы халық Менің сөздеріме құлақ аспай, Таурат заңымнан бас тартты. 20 Солай болып тұрғанда Сәба елінің хош иісті ладан шайырын әрі шалғай елдің тәтті де жұпар құрағын түтетіп ұсынғандарыңнан Маған не пайда? Шалып, өртеп ұсынған құрбандықтарыңды қабылдамаймын, сый-тартуларыңа да риза болмаймын». 21 Сондықтан Жаратқан Ие мынаны айтады: «Мен өз халқымның жолына сүріндіретін кедергілер қоямын. Әкелер мен ұлдары соған сүрініп құлайды. Көрші-қолаң, дос-жарандар бірге жығылып, мерт болады». 22 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: — Біліп қойыңдар, солтүстіктен бір әскер аттанып келеді. Жер бетінің алыс шеттерінен бір үлкен халық жылжып келетін болады. 23 Садақ пен найза ұстанған олар қатыгез, аяуды білмейді. Атқа мініп шапқанда дауылды теңіздей гүрілдейді. О, сорлы Сион, олар шеп құрып, сені басып алуға келеді! — 24 (Содан қаланың тұрғындары зарлап былай дейді:) — Олар туралы хабар естігенде, қолдарымыздың әлі кетіп, сылқ етті. Жанымызды үрей билеп, толғатқан әйелдей қинала бастадық. 25 Далаға шықпаңдар, жол жүрмеңдер! Өйткені жаудың семсері бар, айналдыра бәрі де қорқыныш. 26 Уа, халқым, қайғырып азалы киім киіп, күлге аунаңдар! Жалғызы өлген адамдай жоқтап, еңіреп жылаңдар! Өйткені құртушы жау бізге аяқ астынан бас салады. 27 — Мен сені кен қоспасын тексеріп сынаушы іспетті етіп қойдым. Сен халқымды сұрыптап, жүрген жолдарына баға бер! — деді маған Жаратқан Ие. 28 — Олардың бәрі — бас көтерген қыңырлар, сөз тасушы жалақорлар. Олар (алтын-күмістей асыл емес) қола мен темірге ұқсайды, барлығы да азғырушылар. 29 Көрік ауаны қатты үрлейді, қорғасын қызған күмістің қоқысын тазартып әкетеді. Бірақ осы халықты азап отында тазарту пайдасыз. Бұларды зұлымдығынан еш арылтып тазартуға болмайды. 30 Жаратқан Ие олардан бас тартты, енді олар «жарамсыз күміс» деп аталатын болады!
1 Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнап былай деді: 2 «Жаратқан Иенің киелі үйінің кіреберіс қақпасына барып, сол жерде тұр да, мына хабарды жарияла: Уа, халайық, Жаратқан Иеге иіліп ғибадат етуге осы қақпа арқылы енетін яһудилер! Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар! 3 Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Теріс жолдарыңнан қайтып, іс-әрекеттеріңді түзетіңдер! Сонда Мен сендерге осы елде әрі қарай тұра берулеріңе жағдай жасаймын. 4 «Міне, Жаратқан Иенің киелі үйі, иә, бізде Жаратқан Иенің киелі үйі бар ғой! Жаратқан Иенің киелі үйі осы жерде тұрғанда басымызға ешбір пәле түспейді!» деген өтірік сөздерге сеніп, алданып қалып жүрмеңдер! 5 Қайта, шынымен теріс жолдарыңнан қайтып, зұлым іс-әрекеттеріңді доғарыңдар және бір-біріңе әділ болыңдар! 6 Жат жұрттыққа, жетім-жесірге жамандық істемей, жазықсыз қан төгулеріңді, бөгде тәңірлерге табынуларыңды қойыңдар, өйткені осылар өздеріңнің құрып кетулеріңе себеп болады. 7 Солай етсеңдер ғана Мен ата-бабаларыңа уәде етіп мәңгілікке тапсырған осы елде сендерді ұдайы мекендетемін! 8 Бірақ қазір сендер түкке тұрғысыз өтірікке сеніп жүрсіңдер. 9 Ұрлық жасайсыңдар, кісі өлтіресіңдер, неке адалдығын бұзасыңдар, өтірік ант бересіңдер, Бағалға арнап хош иісті заттар түтетіп, құрбандық шалып, өртеп ұсынасыңдар. Өздерің бұрын танымаған бөгде тәңірлерге табынасыңдар. 10 Ал содан кейін Менің есіміммен аталған киелі үйге барып, алдыма келіп: «Біз қауіптен аманбыз!» деп сенесіңдер. Сөйте тұра, осы жексұрын қылықтарыңды қайтадан істеп жүре бермексіңдер ме? 11 Сонда Менің есіміммен аталған осы киелі үй сендерше «қарақшылар ордасына» айналғаны емес пе? Біліп қойыңдар, Мен соның бәрін көріп тұрмын! — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 12 Менің жер бетіндегі тұрағым осы елде баяғыда болған жерім Шилоға барып көріңдерші! Мен алғашқы кезде өз есімімді сонда орнатқан болатынмын. Алайда халқым Исраилдің зұлым істерді істей бергені үшін оған не қылғанымды өз көздеріңмен көріңдер! 13 Ал енді, осындай күнә жасап жүргендеріңде Мен сендерге қайта-қайта ескерттім, бірақ сендер тыңдамадыңдар! Мен шақырдым, бірақ жауап бермей қойдыңдар! 14 Сондықтан Менің есіміммен аталған және өздерің сенімдеріңді артқан мына киелі үйді Шилодағы ежелгі табыну орны іспетті талқандатамын. Мен өздеріңе және ата-бабаларыңа табыстаған осы елге де солай істеймін. 15 Мен ағайындарың Солтүстік Исраил халқын көз алдымнан аластатқанымдай, сендерді де солай аластатамын». 16 «Ал сен мына халық үшін Маған сиынушы болма! Олардың жоғын жоқтап жалбарынушы не дұға етуші де болма! Өйткені Мен олар үшін жасаған өтінішіңе бәрібір құлақ аспаймын. 17 Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің көшелерінде олардың не істеп жүргендерін көрмей жүрсің бе? 18 Балалары отын жинап, әкелері от жағады, ал әйелдері қамыр илеп, «Аспан патшайымы» деген тәңірсымаққа арнап нан пісіріп иіс шығарады. Олар бөгде тәңірлерге арнап сұйық тартулар құйып та ұсынады. Бұларын Мені ашуландыру үшін істейді! 19 Ал ақыр соңында ашуланатын Мен боламын ба? Олардың өздері ашуланып, масқараға қалмай ма?!» 20 Сол себепті Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Енді, міне, Менің қаһарым мен ашуым осы жерге, оның адамы мен малына, даланың ағашы мен егістіктің өніміне төгіліп, бәрі өртеніп, түгі қалмайынша сөнбейтін болады. — 21 Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, тағы мынаны айтады: — Сендер Маған арнап түгелдей өртеп ұсынғыларың келген құрбандықтарыңды басқа да құрбандықтарыңа қосып, етін өздерің-ақ жей беріңдер! 22 Өйткені Мен ата-бабаларыңды Мысырдан алып шыққанымда оларға өсиет еткенім түгелдей өртеліп ұсынылатын құрбандықтар мен сый-тартулар емес еді. 23 Ал оларға тапсырған өсиетім мынадай болды: Маған мойынсұныңдар, сонда Мен сендердің Құдайларың, сендер Менің халқым боласыңдар! Тек Менің өздеріңе бұйырған жолыммен ұдайы жүріңдер! Сонда игілікті өмір сүріп өркендейтін боласыңдар. 24 Бірақ олар тыңдаған да жоқ, сөздеріме мән де берген жоқ. Керісінше, қыңырланып зұлым ой-ниеттерін іске асырып жүрді. Олар алға жүрудің орнына кері кетті. 25 Ата-бабаларың Мысырдан шыққалы бері осы күнге дейін сендерге қайта-қайта өз қызметшілерім — пайғамбарларды жіберіп отырдым. 26 Бірақ халық Мені тыңдаған да жоқ, сөздеріме ден қойған да жоқ. Олар қыңырланып, тіпті өз ата-бабаларынан бетер көп күнә жасады. 27 Осыны халыққа жеткіз! Алайда олар сені тыңдамайтын болады. Сен оларды қайта оралуға шақырғанда, жауап бермейтін болады. 28 Сондықтан оларға былай де: Осы халық өз Құдайы Жаратқан Иеге мойынсұнбайды, Оның ескерту сөзіне құлақ аспайды. Шындық олардан ғайып болып, ауыздарынан құрып кетті». 29 «Уа, Иерусалим, (жасаған күнәларыңа өкініп) шашыңды қырқып алып таста, тақыр төбе басына шығып, жоқтау айтып зар жыла! Өйткені Жаратқан Ие Өзінің қаһарын туғызған осы ұрпақтан бас тартып, оны жалғыз тастап кетті!» 30 — Яһуда халқы Маған жек көрінішті іс-әрекеттер істеп келеді, — дейді Жаратқан Ие. — Олар Менің есіміммен аталған киелі үйде өздерінің жалған тәңірлерінің мүсіндерін орнатып алып, оны арамдады, 31 әрі Бен-Хенном аңғарында Топет деген табыну орындарын салып, сол жерлерде ұлдары мен қыздарын жалған тәңірге арнап өртеп құрбан етті. Мұндайды Мен оларға бұйырған емеспін, ол тіпті ойыма да келген жоқ. 32 Сондықтан сақ болыңдар! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Ол жер енді Топет немесе Бен-Хенном аңғары деп емес, Қырғын аңғары деп аталатын уақыт келеді. Өйткені олар өліктерін орын қалмағанша сол жерге қоятын болады. 33 Сонда осы халықтың мәйіттері жыртқыш құстар мен аңдарға жем болып, соларды үркітіп жіберетін ешкім болмайды. 34 Мен елді қаңыратып, Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің көшелерінен қуаныш пен шаттықтың үнін, күйеу бала мен қалыңдықтың көңілді дауыстарын шықпайтын қыламын!
1 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Сол кезде Яһуданың патшалары мен әкімдерінің, діни қызметкерлері мен пайғамбарларының, әрі Иерусалимнің өзге тұрғындарының сүйектері өз қабірлерінен шығарылып тасталады. 2 Олар тірі кездерінде өздері сүйіп, жолдарын қуып, ақыл-кеңес сұрап, иіліп ғибадат еткен күн мен айдың әрі аспандағы жұлдыздардың астында қалады. Сүйектерді ешкім жинап алмайды, ешкім қабірге де қоймайды. Содан олар жерде қи сияқты шашылып жататын болады. 3 Ал Мен халықтың тірі қалғандарын қай елге қуып жіберсем де, олар сонда тірі жүргендерінен гөрі өлгенді қалайтын болады, — деп ескертеді Әлемнің Иесі. 4 Халыққа былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Егер біреу құласа, қайта тұрмай ма? Жолдан бұрылып кетсе, оған қайтпай ма? 5 Онда мына халық неге Менен бұрылып кетті? Иерусалим неге Менен біржола бет бұрып опасыздық жасай береді? Олар өтірікке жабысып алып, Маған кері қайтудан бас тартады. 6 Не айтатындарына құлақ түріп тыңдаған едім, бірақ олары да шындық болмады. Зұлымдығына өкініп: «Қап, мұным дұрыс болмады-ау!» дейтін ешкім жоқ. Шайқасқа асыққан ат сияқты, әркім өз жолын қуып ойына келгенін істейді. 7 Тіпті аспандағы ләйлек белгілі мерзімдерін біледі, көгершін, қарлығаш, тырна да көшіп келетін мезгілдерін ұстанады. Бірақ Менің халқым Жаратқан Иенің бұйрықтарын білмейді. 8 Сендер: «Біз сондай данышпанбыз, бізде Жаратқан Иенің Таурат заңы бар!» деп қалай ғана мақтанасыңдар? Шын мәнісінде заң мұғалімдері оны сендерге бұрмалап үйретеді! 9 Сол данышпандарың Жаратқан Иенің сөзін қабылдамай тастады. Ендеше оларда қандай даналық бар? Олар жау еліне жер аударылып масқара болады. 10 Сондықтан Мен олардың әйелдерін бөтен адамдарға, егістіктерін өзге біреулердің қолына беремін. Кішігінен ұлығына дейінгі бәрі де пайдақұмар. Тіпті пайғамбарлары мен діни қызметкерлері де арамзалық жасайды. 11 Олар халқымның терең жарақатын жеңіл-желпі таңа салып: «Амандық пен тыныштық болады!» деп халықты алдайды. Алайда амандық пен тыныштық жоқ қой! 12 Өздерінің осы жексұрын істеріне ұяла ма? Жоқ, оларда ұят деген мүлдем жоқ, олар тіпті қызаруды да білмейді. Сондықтан басқалар құлағанда олар бірге құлайды! Мен оларды жауапқа тартқанда, жермен-жексен болады! — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 13 Мен оларды өнімдерінен жұрдай қыламын! — дейді Жаратқан Ие. — Жүзім бұтасында жүзім шоғы қалмайды, інжір ағашында жемісі болмайды, тіпті жапырағы да қурап қалады. Менің өздеріне сыйлаған нәрселерім олардан ғайып болды. 14 Біз неге отырмыз бұл жерде? Жиналыңдар! Бекіністі қалаларға қашып барып, өлсек те сонда өлейік! Құдай Иеміз бізді өлімге кесіп, ішуге улы сусын беріпті, себебі Оған қарсы күнә жасадық. 15 Амандық пен тыныштықтың келуін тосудамыз, бірақ жақсы еш нәрсе болмады! Сауығатын кезімізді күтіп келеміз, бірақ басымыздан өткені қорқыныш! 16 Сонау солтүстіктегі Дан жақтан жау аттарының осқырынғаны естіледі. Олардың айғырлары кісінегенде бүкіл ел дірілдейді. Жау ел мен ондағы бардың бәрін, қалалар мен тұрғындарын түгел жалмап құрту үшін аттанып келе жатыр. 17 Мен араларыңа жауды улы жыландай жіберіп отырмын. Олар сұр жыландай ешкімнің арбауына көнбей сендерді шағатын болады! — деп ескертеді Жаратқан Ие. 18 Жұбаныш іздегенде бойымды қайғы билеп алды, жүрегім сыздап ауырады. 19 Тыңдаңдар: алыстағы елден халқымның зарлаған даусы естіледі: — Жаратқан Ие Сионда жоқ па екен?! Оның Патшасы енді шаһарда жоқ болғаны ма? — Жаратқан Ие: — Өздерінің жасанды мүсіндерімен, түкке тұрғысыз бөгде тәңірлерімен олар неге Менің ашуымды қоздырды? — деп жауап қайтарды. 20 — Егін орағы аяқталды, жаз бітті, ал біз әлі де құтқарылған жоқпыз! (— деп қайғырады халық. 21 Пайғамбар былай дейді:) — Халқым күйреді, содан мен де күйредім. Қатты қайғыдан есеңгіреп қатып қалдым, қорқыныш бойымды билеп алды. 22 Ғилақад қыраттарында май дәрі жоқ па еді? Онда дәрігер қалмағаны ма? Халқымның жарақаты неге жазылмай қойды?
1 Шіркін, басым су шығатын қайнар, көздерім жас ағатын бұлақ болса ғой! Сонда күні-түні халқымның қырылып қаза тапқандарын жоқтап жылар едім! 2 Иен даланың шалғай бір түкпірінде жол жүрушілер қонақтайтын жерім болса ғой, шіркін! Сонда мен халқымды тастап, олардан безіп кетер едім! Себебі олардың бәрі азғындыққа салынған опасыз жамағат! 3 «Бұлар тілдерін садақтай иіп, өтірікті жебедей боратады. Өтіріктің арқасында олар елге өктемдік жасап, зұлым іс-әрекеттерін жалғастыруда. Ал Мені тіпті танып мойындамайды да, — дейді Жаратқан Ие. — 4 Әрқайсың достарыңнан абай болып, туысқаныңның бірде-біреуіне де сенуші болма! Туысқандарыңның әрбіреуі алдаушы, достарыңның әрбіреуі өсекші. 5 Олар бір-бірін алдап, ешқайсысы да шындықты айтпайды. Тілдері өтірік айтуға машықтанған, күнә жасауларымен-ақ өздерін шаршатады. 6 Сен өтірікші адамдардың ортасында өмір сүріп жатырсың. Өздерінің алдамшылығына бола олар Мені танып мойындаудан бас тартады», — дейді Жаратқан Ие. 7 Сондықтан Әлемнің Иесі мынаны айтады: — Мен алтынды көрікте балқытып тазартатындай енді оларды (азап отында) тазартамын. Опасыз қыздай күнәға батқан халқыма осыдан басқа істейтін шарам қалған жоқ. 8 Олардың ауыздарынан шыққан сөздері ажал себетін жебедей, айтқандары өтірік. Жақынымен сөйлескенде татулық жайлы айтады, ал іштей оған қарсы тұзақ құруды ойлап тұрады. 9 Осындай істері үшін оларды жазаламай қоя берейін бе? — деп сұрайды Жаратқан Ие. — Егер мұндай халыққа лайықтысын қайтармасам, соным дұрыс болар ма еді?! 10 — Дегенмен тау-төбелер үшін жылап-сықтап, елсіз даладағы жайылымдар үшін жоқтау айтамын. Олар күнге күйіп қаңырап бос жатыр, олармен ешкім жүрмейді, малдың үні де естілмейді. Құс пен аң да олардан безіп кеткен. 11 — Мен Иерусалимді бір төбе үйінді етіп, оны шибөрілердің мекені қыламын. Яһуданың басқа қалаларын да адам баласы тұрмайтындай етіп қаңыратып бос қалдырамын. — (Жаратқан Ие осыны нық айтады.) 12 — Бұны түсінуге кімнің даналығы жетеді? Жаратқан Ие оған соны түсіндіріп, енді бізге де ұғындыра алатын адам кім? Ел неге құрып, ешкім жүрмейтін шөл даладай күнге күйіп, қаңырап бос қалған? 13 Сонда Жаратқан Ие былай деді: — Оның себебі: халықтың Мен өздеріне берген Таурат заңынан безіп кетуі. Олар Менің сөздеріме құлақ түрген де жоқ, заңыма сәйкес өмір сүрген де жоқ. 14 Қайта, қасарысып өз жүректерінің қалауымен жүріп, әкелерінен үлгі-өнеге алып, жалған тәңір Бағалдың мүсіндеріне табынып кетті. 15 Сондықтан Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен мына халыққа азаптың жусандай ащы дәмін татқызып, соттың улы сусынын ішкіземін. 16 Оларды өздері де, ата-бабалары да бұрын еш білмеген ұлттардың арасына шашыратып, олар толығымен құрып бітпейінше, арттарынан семсер асынған жауларын жіберіп отырамын. 17 Әлемнің Иесі мынаны айтады: — Қазіргі жағдайды ойланып көріңдер! Жоқтаушы әйелдерді шақырып, олардың ең шеберлерін алдыртыңдар! 18 (Яһуда халқы былай дейтін болады:) Олар тезірек келіп, бізді жоқтап жылап, көзімізден жас шығартып, судай ағызсын! 19 Себебі Сионнан жоқтаудың даусы естіледі: «Барымыздан тоналып құрыдық біз! Масқара болдық! Үйлеріміз қирап, елден кетуге мәжбүрміз». 20 Әй, әйелдер, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар! Құлақтарыңды Оның айтатын сөздеріне түріңдер. Қыздарыңа жылап-сықтауды, ал бір-біріңе жоқтау жырларын айтуды үйретіңдер! 21 Себебі ажал тереземізден кіріп, қорған-сарайларымызға еніп жатыр. Ол көшеде ойнап жүрген балаларымыз бен алаңдарда бас қосқан жас жігіттерімізді құртпақшы. 22 Сен былай де: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Адам сүйектері даладағы қи іспетті, орақшының соңынан қалған бидай баулары сияқты шашылып жататын болады! Ал соларды жинап, қабірге қоятын ешкім де болмайды. 23 Жаратқан Ие мынаны да айтады: Дана даналығымен, мықты мықтылығымен, бай байлығымен мақтанбасын! 24 Ал кім мақтанғысы келсе, тек Менің Жаратқан Ие екенімді және жер бетінде рақым, әділет пен әділдікті жүзеге асыратынымды біліп-түсінетінімен мақтансын! Себебі Мен осылардан рақат табамын. Мен, Жаратқан Ие, осылай деймін. 25 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Болашақта Мен тек тәні ғана сүндеттелген халықтарды: 26 Мысыр, Яһуда, Едом, Аммон, Моаб елдерін және шөл даланың шалғай шеттерінде тұратындардың бәрін жазалаймын. Өйткені осы халықтар сияқты бүкіл Исраил халқы да сүндеттеу рәсімін ұстанғанымен, Маған шын жүректен бағышталмаған».
1 Жаратқан Иенің өздеріңе айтып отырған сөзін тыңдаңдар, уа, Исраилдің үрім-бұтағы! 2 Себебі Жаратқан Ие мынаны айтады: Басқа ұлттарға еліктеуші болмаңдар! Олар сияқты аспан құбылыстарына қарап, қорқып үрейленбеңдер! 3 Себебі басқа ұлттардың әдет-ғұрыптары құр бекершілік. Олар орманнан ағаш шауып әкеледі, қолөнерші оны қашауымен өңдейді. 4 Содан кейін ағашты алтын-күміспен қаптайды, шайқалып құламасын деп тұғырына шегелеп бекітіп қояды. 5 Олардың тәңірсымақтары қауын бақшасындағы қарақшы сияқты сөйлей алмайды, жүре де алмайды, сондықтан көтеріп алып жүру керек. Олардан қорықпаңдар, себебі еш зиян келтіре алмайды, жақсылық та жасай алмайды. 6 Уа, Жаратқан Ие, Саған тең келер ешкім жоқ! Сен ұлысың! Зор құдіретіңе бола Сенің есімің де ұлы! 7 Кім Сені терең қастерлемесін, уа, халықтардың Патшасы? Бұл жалғыз Саған ғана тиісті. Барлық халықтардың данышпандарының арасында, олардың бүкіл патшалықтарында Саған тең келер ешкім жоқ! 8 Жалған тәңірлерге құлшылық ететін сол «данышпандар» ақылсыз да түйсіксіз. Олардың табынатындары ағаштан жасалған ғой. 9 Тарсистан балғамен ұрып тегістелген жұқа күміс, әрі Уфаздан алтын әкелінеді. Шебер ұсталар мен зергерлер мүсіндерді солармен қаптайды. Кейін мүсіндерге шебер тігінші тіккен күлгін көк және күрең қызыл патша киімі кигізіледі. Алайда осы тәңірсымақтардың бәрі де шеберлердің қолымен жасалғандар ғана. 10 Бірақ Жаратқан Ие — шынайы Құдай! Ол — тірі Құдай әрі мәңгілік Патша! Ол қаһарланғанда жер сілкініп, ұлттар Оның қаһарына төтеп бере алмайды. 11 Сол ұлттарға мынаны айтыңдар: Аспан мен жерді жаратпаған тәңірсымақтарың жер бетінен де, аспан астынан да құрып кететін болады. 12 Ал Жасаған Ие жерді өз құдіретімен жаратып, дүниені даналығымен орнатып, аспан кеңістігін ақыл-парасатымен жайып жіберді. 13 Ол дауыс көтергенде аспандағы бұлттар күркірейді. Иеміз көкжиектен бұлттарды көтеріп, нөсер мен найзағайды жібереді, сақтап қойған орнынан желді айдап әкеледі. 14 Адам атаулы ақылсыз болып, шынайы білімнен жұрдай қалды. Тәңірсымақтың мүсінін құйып жасаған әр зергер сол ісімен өзін масқаралайды. Өйткені қоладан құйылған бейнелер алдамшы, оларда тіршілік лебі мүлдем жоқ. 15 Сол тәңірсымақтар түкке тұрғысыз, әжуаға қалатын нәрселер. Сотталу уақыты келгенде олардың барлығы құрып кетеді. 16 Ал Жақыптың үрім-бұтағына жар болушы Құдай олар сияқты емес: Ол — барлық нәрсенің, соның ішінде Өзінің меншікті халқы Исраилдің Жаратушысы. Оның есімі — Әлемнің Иесі. 17 Ей, қоршауда жатқандар, елден кету үшін заттарыңды жинап алыңдар! 18 Өйткені Жаратқан Ие мынаны айтады: — Біліп алыңдар: Бұл жолы Мен осы елдің тұрғындарын сақпанның тасындай алысқа лақтырып тастаймын. Олардың жау қолына түсулері үшін түрлі апаттар жіберемін. 19 — Сорлы басым, күйредім-ау! Жарақатым жазылар емес. Мен: «Бұл тек ауру ғана, төзуім керек» деген едім. 20 Бірақ шатырым қирады, арқандарының бәрі үзілді. Балаларым мені тастап, ғайып болды. Шатырымды тігіп, панамды құрып беретін ешкім қалған жоқ! (— деп қайғырады Иерусалим.) 21 — Халқымды жетелейтін бағушылар да ақылдарынан айырылып, Жаратқан Иеге бет бұрып сиынбайды. Сондықтан да олар ешқандай табысқа жетпей, қарауларындағы бүкіл халық шашырап қаңғып кеткен. 22 Құлақ түріңдер! Бір хабар жетті: ол — солтүстік жақтан келе жатқан әскердің гүрілдеген зор үні! Жау Яһуданың қалаларын елсіз қылып, шибөрілердің мекеніне айналдырады! (— деп ескертеді пайғамбар.) 23 «Уа, Жаратқан Ие, адамның өмір жолы өз еркінде еместігін білемін. Адамның өз жүретін жолын өздігінен бағыттауына болмайды. 24 Түзете гөр мені, уа, Жаратқан Ие, бірақ қаһарланбай әрі әділдікті қолданып түзете гөр, әйтпесе мен мүлдем құрып кетермін! 25 Қаһарыңды Өзіңді танып мойындамайтын ұлттарға, есіміңді атап сиынбайтын тайпаларға төкші! Өйткені олар Жақыптың елін жалмап жеп қойды. Олар оны біржола құртып, жайлы мекенін қиратып, бос қалдырды».
1 Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнап былай деді: 2 — Мына Келісімнің шарттарын тыңдап ал да, оларды Яһуда халқы мен Иерусалимнің тұрғындарына жеткізіп былай де: 3 Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Осы Келісімнің шарттарына құлақ аспайтын адамды қарғыс атсын! 4 Мысыр елі ата-бабаларың үшін темір балқытып тазартатын пеш іспетті болды. Мен көп азап шеккен оларды сол елден бастап алып шыққанымда оларға осы Келісімнің шарттарын тапсырып, былай деген едім: «Менің даусыма құлақ салып, бұйырғандарымның бәрін орындасаңдар, сендер Менің халқым, ал Мен сендердің Құдайларың боламын. 5 Сонда сендердің ата-бабаларыңа берген антымды орындап, өздерің бүгін мекендеп отырған ағы мен балы ағыл-тегіл елді табыстаймын!» — Сонда мен: — Аумин, солай болсын, уа, Жаратқан Ием! — деп жауап бердім. 6 Содан соң Жаратқан Ие маған былай деді: — Мына сөздерді Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің көшелерінде түгелімен жарияла: Келісімнің шарттарын тыңдап, оларды орындайтын болыңдар! 7 Мен ата-бабаларыңды Мысыр елінен алып шыққалы бері осы күнге дейін қайта-қайта оларға «Даусыма құлақ салыңдар!» деп ескертіп келдім. 8 Бірақ олар құлақ салып ден қойған жоқ, керісінше, қасарысқан жүректерінің зұлым қалауларымен жүре берді. Сондықтан Келісімде белгіленген қарғыстардың барлығын бастарына түсірдім. Себебі Мен осы Келісімнің шарттарын оларға тапсырсам да, олар ұстанбады. 9 Содан соң Жаратқан Ие маған тағы былай деді: — Яһуда мен Иерусалимнің халқының арасында Маған қарсы сыбайласып жатқандар бар! 10 Олар Менің сөзіме мойынсұнудан бас тартқан ата-бабаларының зұлым істеріне қайта оралып, бөгде тәңірлердің жолына түсіп, соларға құлшылық етеді. Өздерінің ата-бабаларымен жасаған Келісімімді Исраилдің де, Яһуданың да халқы бұзды! 11 Сондықтан Жаратқан Ие ескертіп мынаны айтады: Мен оларға қашып құтыла алмайтын бір апат жіберемін. Олар Менен рақым етуімді жалбарына өтінсе де, оларға құлақ аспаймын. 12 Сонда Яһуда қалалары мен Иерусалимнің тұрғындары өздері хош иісті зат түтетіп, құрбандықтар өртеп ұсынатын жалған тәңірлеріне барып, жалбарынатын болады. Бірақ бастарына күн туғанда, солар мүлдем көмек көрсетпейді. 13 «Ей, Яһуда халқы, сендерде қанша қала болса, сонша жалған тәңір бар! Иерусалимде қанша көше болса, сендер сол масқара тәңірсымақ Бағалға арнап сонша құрбандық үстелдерін тұрғыздыңдар! Иә, солардың үстінде Бағалға хош иісті зат түтетіп, құрбандықтар өртеп ұсынасыңдар!» 14 Ал сен бұл халық үшін сиынушы болма! Олар үшін ешқандай мінажат етіп, өтініш те білдірме! Себебі бастарына пәле түсіп, Маған жалбарынғанда Мен оларды мүлдем тыңдамаймын. 15 Менің сүйікті халқым қалайша Өзімнің киелі үйіме келе алады? Ол сондай опасыз істер істеп жүр ғой! Әлде олар құрбандықтың етін ұсынып, өз жазаларынан құтыла аламыз дей ме? Ал зұлымдық жасаған кезде олар тіпті шаттанады! 16 Бұл халықты Жаратқан Ие жемістері жақсы піскен, жапырағы жайқалған зәйтүн ағашы дейтін еді. Бірақ енді Ол гуілдеген бір сұрапыл дауылды жіберіп, өртті қоздырып тұтатады! Сонда ағаштың бұтақтары өртеніп, сынып қалады. 17 «Мен, Әлемнің Иесі, сендерді елде сеуіп отырғызған едім, ал енді бастарыңа апат бұйырдым. Себебі Исраилдің де, Яһуданың да халқы зұлым істер істеп, жалған тәңір Бағалға арнап хош иісті зат түтетіп әрі құрбандықтар ұсынып келеді. Сөйтіп сендер Менің қаһарымды туғыздыңдар!» 18 Дұшпандарымның не істеп жатқандарын, яки қастандық жоспарлап жүргендерін Жаратқан Ие маған ашып білдірді. 19 Сойылуға апарыла жатқанда ештеңе аңғармайтын момын тоқтыдай, мен бұдан мүлдем хабарсыз болған едім. Дұшпандарым зұлым жоспар құрып былай деп жүр екен: «Ағашты жемісімен қоса құртайық, оны бұ дүниеден аластатайық! Оның аты тіпті еске алынбасын!» 20 Бірақ Сен, уа, Әлемнің Иесі, әрқашан әділ шешім шығарасың! Адамның жан дүниесі мен ой-санасында не барын тексеріп анықтайсың. Өзіңе жағдайымды сеніп тапсырдым. Енді оларға лайықты жазаларын тартқызғаныңды маған көрсете көрші! 21 Жанымды алмақ болып маған: «Жаратқан Иенің атынан пайғамбарлық сөздеріңді жариялама, әйтпесе өлтіреміз!» — деп, көзімді құртқысы келіп жүрген Анатоттың адамдары туралы Жаратқан Ие мынаны айтады: 22 «Мен оларды жазалаймын. Жас жігіттері семсерден қаза тауып, балалары аштан өледі! — Әлемнің Иесі осыны нық айтады. — 23 Анатоттың сол адамдарының тірі қалғандары болмайды. Мен оларды жауапқа тартатын жыл келгенде бастарына пәле жіберемін!»
1 — Уа, Жаратқан Ие, мен дауымды алдыңа салғанда, Сен әрқашан әділсің. Ал енді осы мәселелер жайлы Өзіңмен сөйлеспекпін: неліктен зұлымдардың өмірі табысты? Неліктен опасыздар алаңсыз жүріп өркендейді? 2 Сен көшет іспетті елге отырғызған олар тамыр жайып, өсіп-өнуде. Олар ауыздарымен атыңды атай береді, бірақ жан дүниелері Сенен тым алыс. 3 Ал Сен, уа, Жаратқан Ие, мені жақыннан танып білесің. Маған көз салып, ішкі дүниемді зерттейсің. Сол адамдарды сойылатын қой сияқты әкетіп, шалынатын мал іспетті бір жаққа қоя бер! 4 Бұл ел қашанға дейін мұңайып, даладағы шөп қашанға дейін солып қалмақ? Ел тұрғындарының жасаған зұлым істеріне бола (Сен жаңбыр жауғызбай) мал мен құс атаулы құрып кетті. Ал сол адамдар: «Істеріміздің соңын Жаратқан Ие көрмейді!» дейді. 5 — Сен жаяулармен жарысып, олар сені шаршатқан болса, аттармен қалай жарыспақсың?! Жазық жердің өзінде сүрінсең, Иордан бойындағы сыңсыған ну тоғайда сенімен не болмақ?! 6 Тіпті өз ағайындарың, әкеңнің әулеті саған сатқындық жасап, артыңнан қатты балағаттап жүр. Олар саған жылы сөз айтса да, сен оларға еш сенбе! 7 Мен киелі үйімді тастап, меншікті халқымды жалғыз қалдырамын. Жаныма сүйікті оны жауларының қолына бере саламын. 8 Меншікті халқым Өзіме ну тоғайдағы арыстандай болып, ақыра айбат көрсетуде. Мен оны осы қылығы үшін жек көріп кеттім! (— дейді Жаратқан Ие. —) 9 Таңдаулы халқым Мен үшін құзғындай жиренішті. Оған жан-жақтан өзге жыртқыш құстар бас салуда. Кәне, даланың жыртқыш аңдарын да жинап әкеліңдер! Олар меншікті халқымды жалмап қойсын. 10 Көптеген бақташылар (отарларын жайып жіберіп) Менің жүзімдігімді қиратып, егістігімді таптап тастады. Олар шұрайлы даламды қаңыраған құла түзге айналдырып жіберді. 11 Ол елсіз далаға айналып, бәрінен жұрдай қалған күйі Менің алдымда мұңайып жатыр. Бүкіл жер қаңыраған бос далаға айналды, өйткені оған көңіл бөлетін ешкім жоқ. 12 Иен даладағы барлық тақыр төбелердің үстімен құртушылар келе жатыр. Мен, Жаратқан Ие, жіберген семсер елдің бір шетінен екінші шетіне дейін бәрін де қырып-жояды, одан аман қалатын тірі жан болмайды. 13 Халқым бидай егіп, ошаған орады. Аянбай еңбек етіп, онысынан пайда көрмейді. Жаратқан Иенің қаһары оларға қарсы лаулағандықтан, алған өнімдерінен масқара болады. 14 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: — Мен халқым Исраилге берген меншігімді олардан тартып алуға қолдарын созған зұлым көршілерге келсек, Мен оларды өз жерлерінен жұлып алып, Яһуданы да олардың араларынан жұлып алып шығамын. 15 Бірақ оларды жұлып алып тастаған соң Мен оларға мейірімімді түсіріп, әр халықты өз елі мен мұралық жеріне қайтарып алып келемін. 16 Олар бұрын халқымды Бағалдың атымен ант беріп, оған мойынсұнуға үйреткен еді. Егер олар бұдан былай «Мәңгі тірі Жаратқан Иенің атымен» деп ант беретін болып, халқымның ізгі өмір салтын үйренетін болса, онда олар Менің халқымның бір бөлігіне айналып, олардың арасында тамыр жаятын болады. 17 Бірақ егер сол халықтардың біреуі Мені тыңдаудан бас тартса, Мен оны түп-тамырымен жұлып, жоямын! — деп ескертеді Жаратқан Ие.
1 Жаратқан Ие маған: «Бар да, бәтес белбеу сатып алып, беліңе байлап ал! Бірақ оны суға малма», — деп тапсырды. 2 Мен Жаратқан Ие айтқандай белбеу сатып алып, беліме байлап алдым. 3 Жаратқан Ие маған екінші рет сөзін арнап: 4 «Сатып әкеліп, беліңе байлап алған белбеуіңді алып, Евфратқа бар да, оны сондағы бір жартастың жарығына тығып қой!» — деді. 5 Мен Жаратқан Иенің айтқанындай барып, белбеуді Евфратқа жақын бір жерге тығып қойдым. 6 Көп күннен кейін Жаратқан Ие маған: «Евфратқа қайтып бар да, сонда Өзім саған тығып қой деген жерден белбеуді қайтып әкел!» — деді. 7 Мен сол жерге қайта оралып, белбеуді тыққан жерімнен қазып алдым. Бірақ белбеу шіріп, түкке жарамай қалыпты. 8 Сонда Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 9 «Жаратқан Ие мынаны айтады: Дәл осылайша Мен Яһуданың тәкаппарлығын да, Иерусалимнің асқан өркөкіректігін де шірітіп құртамын! 10 Мына зұлым халық Менің айтқандарыма құлақ асудан бас тартады. Олар қасарысқан жүректерінің қалауларымен жүріп, бөгде тәңірлерге құлшылық етіп, соларға иіліп табынуда. Сондықтан олар осы белбеуге ұқсап түкке тұрғысыз болып қалады. 11 Өйткені белбеудің адам денесіне жабысып тұратынындай, Мен де Исраил мен Яһуданың бүкіл үрім-бұтағын Өзіме жақын тұрсын деп жаратқан едім. Олар атақ-даңқымды асырып, Өзім мақтан ететін таңдаулы халқым болсын дедім. Бірақ олар Мені мүлдем тыңдамай қойды. 12 Оларға мына сөздерді жеткізіп, былай де: Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Кез келген құмыраны сусынмен толтырады. Ал егер олар: «Әрбір құмыраның сусынмен толтырылатынын өзіміз де білеміз» десе, 13 оларға былай де: Жаратқан Иенің сендерге осымен айтпақ болғаны мынау: Біліп алыңдар, Мен елдің барлық тұрғындарын, Дәуіттің тағында отырған патшаларды да, діни қызметкерлер мен пайғамбарларды да, Иерусалимде тұрып жатқан күллі халықты да ішкен адамдай масайтамын. 14 Олардың әкесін де, баласын да бір-бірімен соқтығыстырып, ешқандай мейірім танытпаймын. Оларды есіркеп-мүсіркемеймін, көздерін құртуға аямаймын, — деп ескертеді Жаратқан Ие». 15 Құлақ түріп тыңдаңдар! Таңданып, кеуде көтермеңдер! Өйткені Жаратқан Ие сөйлеп тұр. 16 Тым кеш болмай тұрғанда Құдайларың Жаратқан Иенің алдында күнәларыңды мойындап, Оған құрмет көрсетіңдер! Әйтпесе Ол қыраттарды қараңғылыққа батырып, сендер жол жүргенде сүрініп жығыласыңдар. Сендер жарықты күткенде Ол оны көр іспетті қара түнекке айналдырады. 17 Сендер тыңдамасаңдар, мен тәкаппарлықтарыңа бола оңашада жылайтын боламын. Көз жасым көл болып ағады, себебі Жаратқан Иенің халқы тұтқындалып, айдалып кетеді. 18 Патша мен оның шешесіне мынаны жеткізіңдер: Тақтарыңнан түсіңдер, өйткені салтанатты тәждерің бастарыңнан құлап түсті. 19 Оңтүстіктегі Негев аймағының қалалары жабылып, қақпаларын ашатын ешкім болмайды. Себебі Яһуда халқы түгелдей басқа жаққа әкетіліп, бәрі де жер аударылатын болады. 20 Қамқорлығыңа тапсырылған отарың — сен мақтан тұтатын Яһуда халқы қайда, ей, Иерусалим? Көз салып, солтүстіктен келе жатқан жауларыңа қараңдаршы! 21 Сен өзіңе одақтас болуға машықтандырған оларды Жаратқан Ие үстіңнен билеуші етіп қояды. Сонда сен не айтасың? Уа, Иерусалим, толғатып жатқан әйелдей қиналмас па едің? 22 Осының бәрі менің басыма неліктен түсті деп іштей толғансаң, біліп қой: Жасаған ауыр күнәларыңның кесірінен жауыңның сені зорлап, абыройыңды төгуіне жол берілді. 23 Құштық адам терісінің қара түсін өзгерте ала ма? Қабылан үстіндегі дақтарын кетіре ала ма? Дәл солай жамандыққа әбден құныққан сендер жақсылық істей алмайсыңдар. 24 Уа, Иерусалим, құла түзден соққан желдің кебекті ұшырып әкететініндей, Мен де сенің тұрғындарыңды жан-жаққа шашыратып жіберемін. 25 Бұл сенің несібең, Мен өзіңе белгілеген үлесің. Өйткені Мені есіңнен шығарып, жалған тәңірлерге сенім арттың, — дейді Жаратқан Ие. — 26 Сондықтан да абыройыңның төгілуіне Өзім түрткі боламын. 27 (Менімен жасаған Келісіміңе) опасыз жеңіл жүрісіңді, нәпсіқұмарлығың мен арам жезөкшелігіңді анық көріп келемін. Төбе бастарында әрі далада жалған тәңірлерге табынып, жексұрындық жасағаныңды да көріп жүрдім. Уа, Иерусалим, сен қасіретке қаласың! Қашанғы осы арам күйіңде болып, тазармайсың?
1 Жаратқан Иенің қуаңшылық туралы Еремияға арнаған сөзі мынау: 2 — Яһуда елі қайғырып, қалалары шөлден әлсіреп жатыр. Адамдар аза тұтып жерде отыр, Иерусалимнен зарлы дауыстар шығып жатыр. 3 Байлар қызметшілерін суға жібергенде, олар құдықтарға барып, су таба алмайды. Бос ыдыстарын көтеріп, абыржып, күдерлерін үзген олар бастарын жауып қайтып келеді. 4 Жаңбыр жаумай, жер қаңсып жарылып кеткендіктен, диқандар да қуаңшылыққа қайғырып, бастарын жабады. 5 Тіпті елік жаңа туған төлін шөптің жоқтығынан далаға тастап кетеді. 6 Жабайы есектер тақыр төбелерде тұрып, шибөрідей алқына тыныстайды. Шөптің жоқтығынан олардың көздері қарауытып жөндеп көрмейді. 7 — Күнәларымыздың көптігі бізге қарсы айғақ болса да, уа, Жаратқан Ие, өз есіміңнің даңқы үшін бізді құтқара көрші! Опасыздығымыз шегінен шыққан, Сенің көз алдыңда күнәға баттық. 8 Уа, Исраилдің үміті, қиын-қыстау кезіндегі Құтқарушысы! Неге Сен осы елде жат жұрттық адамдай, бір-ақ күн түнеп шығатын жолаушыдай болып тұрсың? 9 Неліктен Сен таңырқап абыржыған кісіге, құтқара алмайтын жауынгерге ұқсайсың? Уа, Жаратқан Ие, Сен арамыздасың, біз Сенің есіміңмен аталған халқыңбыз, бізді тастап кете көрме! 10 Осы халық туралы Жаратқан Ие мынаны айтады: — Олар Менен алшақ кетіп қаңғырғанды қатты сүйеді, аяқтарын аңдып баспай жүре береді. Сондықтан да Мен, Жаратқан Ие, оларды енді қайтадан қабылдамаймын, істеген зұлымдықтарын есіме алып, оларды күнәлары үшін жазалаймын. 11 Содан соң Жаратқан Ие маған тағы былай деді: — Бұл халықтың игілігін тілеп Маған сиынба! 12 Олар ораза ұстаса да, жалбарынышына құлақ аспаймын! Құрбандықтар мен астық тартуларын өртеп ұсынса да, соларын қабылдамаймын! Мен оларды семсер, ашаршылық және індет арқылы қырып-жоямын. 13 Сонда мен былай дедім: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие! Ал пайғамбарлар оларға: «Жаудың семсерін көрмейсіңдер, ашаршылық та болмайды! Қайта, Мен сендерге бұл жерде амандық пен тыныштық сыйлаймын дейді Жаратқан Ие», — дей береді. — 14 Жаратқан Ие маған былай деп жауап берді: — Сол пайғамбарлар Менің атымнан сөйлегенсіп жалған айтып жүр. Мен оларды жіберген де жоқпын, сондай бұйрық берген де жоқпын! Оларға тіл қатқан да емеспін. Олар сендерге жалған аяндар мен болжамдарды білдіріп, түкке тұрғысыз түстері мен өздері ойлап шығарған әңгімелерін айтып жүр. 15 Сондықтан Мен, Жаратқан Ие, Өзімнің атымнан хабарларын жеткізіп жүрген пайғамбарлар туралы мынаны айтамын: Мен оларды жіберген емеспін. Бірақ олар: «Бұл елге не семсер, не ашаршылық жуымайды!» деп жариялап жүр. Расында дәл осы пайғамбарлардың өздері семсерден қаза тауып, аштан өледі! 16 Олардың пайғамбарлық сөздері жеткен басқалар да семсер мен ашаршылықтан қырылып, мәйіттері Иерусалимнің көшелеріне лақтырылады. Олардың өздері мен әйелдерін, ұлдары мен қыздарын қабірге қоятын ешкім болмайды. Осылайша Мен лайықты пәлелерін бастарына төгемін! 17 Енді оларға мына хабарды жеткіз: «Күні-түні көз жасым ағылып тоқтамасын! Себебі ежелде пәк қызымдай болған Менің халқым қатты соққы жеп, ауыр жарақаттанды. 18 Далаға шықсам көретінім — семсерден қаза тапқандар, қалаға кірсем — аштықтан өлермен болғандар. Діни қызметкер де, пайғамбар да өздері білмейтін елге жер аударылып кеткен». 19 — Онда Яһудадан толығымен бас тартқаның ба? Сиондағы қала да Саған жек көрінішті болып кеткені ме? Енді қайтып сауықпайтындай қылып бізге неге соққы бердің? Амандық пен тыныштықты күтіп келеміз, бірақ жақсы еш нәрсе болмады. Сауығатын кезімізді тосып келеміз, бірақ басымыздан өткені қорқыныш! 20 Өз күнәларымызды, ата-бабаларымыздың зұлымдығын мойындаймыз, уа, Жаратқан Ие! Біз шынында да Сенің алдыңда күнә жасадық. 21 Ұлы атыңның шығуы үшін бізден кері бұрыла көрме! Жер бетіндегі салтанатты тағың — киелі үйіңнің қорлануына жол бере көрме! Бізбен жасаған Келісіміңді есіңде ұстап, бұза көрме! 22 Басқа ұлттардың түкке тұрғысыз жалған тәңірлері жаңбыр жібере ме? Әлде аспан өзінен-өзі нөсерді жаудыра ма? Жоқ, соны істейтін тек Сен ғана, уа, Құдайымыз Жаратқан Ие! Саған үмітімізді артамыз, өйткені осының бәрін де жасайтын Сенсің!
1 Сонда Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді: — Тіпті Мұса мен Самуил осында Менің алдымда тұрып, олар үшін өтініш жасаса да, бәрібір бұл халыққа жаным ашымас еді. Халықты Менің көз алдымнан қуып жіберіңдер, кетсін! 2 Ал егер: «Қайда баруымыз керек?» деп сұраса, сен оларға былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Әркім өзіне бұйырылғанына барсын: індеттен өлуге бұйырылғаны індетке, семсерге бұйырылғаны семсерге, аштыққа бұйырылғаны аштыққа, жер аударылуға бұйырылғаны жер аударылуға кетсін! 3 Мен оларды төрт түрлі өліммен жазалаймын: өлтіру үшін семсер, жұлмалап боршалау үшін иттер, жалмап жоқ қылу үшін аспанның жыртқыш құстарын және жердің аңдарын жіберемін. Мен, Жаратқан Ие, осыны нық айтамын. 4 Яһуданың патшасы Езекиях ұлы Манасаның Иерусалимде істеген зұлым істері үшін Мен оларды жер бетіндегі барлық патшалықтардың алдында қорқынышты көрініс етемін. 5 «Сонда сені кім мүсіркейді, ей, Иерусалим? Қайғыңа кім ортақ болады? Халіңді сұрап саған кіріп-шығатын біреу бола ма? 6 Сен өзің Мені менсінбей, бас тарттың, — дейді Жаратқан Ие. — Менен кері бұрылып кете бересіңдер. Сол үшін Мен саған қарай қолымды созып көзіңді құртамын. Енді саған рақым көрсете алмаймын». 7 Мен халқымды оның қала қақпаларындағы қырмандарында бидайды желпуші диқандай күрекпен желге ұшырамын. Халқым теріс жолдарынан кері қайтпағандықтан, оны ұл-қыздарынан айырып, қырып-жоямын. 8 Олардың жесірлері Менің көз алдымда теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарынан да көп болады. Тал түсте кенеттен халықтың жас жігіттерінің шешелеріне қырып-жоюшы жауды жіберіп, бойларын қорқыныш пен үрейге билетемін. 9 Сонда жеті баланың анасы әлсіреп, соңғы демін шығарады. Оның күні күндізгі уақытта-ақ батып кетеді. Ол балаларынан айырылып, масқара болды. Ал халықтың тірі қалғандарын жауларының семсерімен өлтіртемін, — деп ескертеді Жаратқан Ие. 10 — Қайран шешем-ай, неге маған жарық көрсеттің? Бүкіл елмен айтысып-таласып жүрген адаммын ғой! Ешкімнен аласым, ешкімге бересім жоқ, әйтсе де бәрі мені жек көріп қарғайды, — дедім. 11 Жаратқан Ие жауап беріп былай деді: — Мен сені ізгі ниетпен нығайтамын. Елдің басына апат пен ауыртпалық түскен кезде тіпті дұшпандарыңа да сенен көмек сұратып жалындырамын. 12 Адам жай қолымен-ақ темірді, тіпті солтүстіктен келтірілген темірді немесе қоланы сындыра ала ма? 13 Уа, халқым, Мен сенің қазына-дәулетіңді жауға тегіннен-тегін олжа етіп бере саламын. Себебі сен бүкіл елің бойынша күнә жасай бердің. 14 Өзің бұрын танып білмеген елден жауыңды алып келемін. Өйткені қаһарымнан от тұтанып, ол сендерге қарсы лаулап жатыр. 15 — Уа, Жаратқан Ие, Сен бәрін де білесің! Мені есіңде ұстап, назарыңнан тыс қалдырмашы. Қудалаушыларыма лайықты жазаларын тартқыза гөр! Сен аса шыдамдысың, опат болуыма жол бере көрме! Осы масқараға Өзіңе бола төзіп жүргенімді жақсы білесің ғой. 16 Сөздерің маған жеткен кезде, олардан рухани нәр алып жан дүниеме азық еттім. Сенің сөздерің маған қуаныш әкеліп, жүрегім ләззат тапты. Себебі мен Сенің есіміңмен аталғанмын, уа, Әлемнің Әміршісі Құдай Ие. 17 Әжуалаушы адамдармен бірге отырып, сауық-сайран құрған емеспін. Қайта, Сен маған қолыңды қойып тағайындап, ерекше тапсырма бердің. Содан мен жалғыз отырып, (олардың күнәларына бола) ашу-ызаға кенелдім. 18 Көретін азабым неліктен басылмайды? Маған түскен жара еш жазылмай ауыра береді. Сен мен үшін кенет пайда болып, кейін тартылып қалатын тұрақсыз бұлақ сияқты боласың ба? — дедім. 19 Сонда Жаратқан Ие маған мынаны айтты: — Егер айтқандарыңа өкініп, Маған қайтып келсең ғана, сені Өзіме қызметшім етіп қайтадан қабылдаймын. Пайдасыз емес, асыл сөз сөйлесең ғана, Менің хабаршым боласың. Сен халыққа емес, халық саған бет бұрсын! 20 Мен сені осы халық үшін қабырғадай, иә, бекіністі қола қабырғадай берік етемін. Олар сенімен күрессе де, сені жеңе алмайды, өйткені Мен саған жар болып, өзіңді құтқарып, аман сақтайтын боламын! Осы уәдені берген Мен Жаратқан Иемін. 21 Сені Өзім зұлымдардың қолынан құтқарып, қатыгез адамдардың шеңгелінен арашалап аламын.
1 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 2 — Бұл елде енді үйленіп, ұл-қыз сүюіңе болмайды! 3 Өйткені Мен, Жаратқан Ие, осы елде дүниеге келген ұл-қыздар мен олардың мұнда тұратын әке-шешелері туралы мынаны айтамын: 4 Олар жазылмайтын індеттерден қырылады. Оларды жоқтап, қабірге қоятын ешкім болмағандықтан, сүйектері қи-қоқыс сияқты әр жерде шашылып жататын болады. Ал қалғандары семсерден қаза тауып, аштан өледі; денелері аспандағы құстар мен жердегі аңдарға жем болады. 5 Мен, Жаратқан Ие, тағы мынаны айтамын: Сенің қазалы үйге барып, қайғыларына ортақ болып көңіл айтып, дәм татуыңа да болмайды! Себебі Мен бұл халықтан Өзімнің жарылқауым мен рақым-шапағатымды алып қойдым. 6 Осы елдің ұлығы да, қарасы да құриды. Олар қабірге қойылмай қалады, ешкім аза тұтып жоқтамайды да. Олардың өлгенін жоқтап, өз денелерін тілгілеп жарақаттап, шашын тақырлап алып тастайтын да ешкім болмайды. 7 Аза тұтып жатқан адамдарды жұбатып, нан үзіп беретін де, тіпті өлген әке-шешесін еске алғанда жұбаныш сусынын құйып беретін де ешкім болмайды. 8 Той болып жатқан үйге кіріп, олармен бірге отырып, ішіп-жеуіңе де болмайды. 9 Өйткені Мен — Әлемнің Иесі Исраилдің Құдайы, мынаны айтамын: Бұл елде қуаныш пен шаттықтың үнін, күйеу мен қалыңдықтың көңілді дауыстарын сап тыямын. Сендер соны өз көздеріңмен көресіңдер, себебі бұл іс кейін емес, тірі кездеріңде болады. 10 Осының бәрін сен халыққа айт! Олар сенен: «Жаратқан Ие соншама азапты біздің басымызға не үшін төгейін деп отыр? Құдайымыз Жаратқан Иеге қарсы қандай күнә жасадық? Оның алдындағы айыбымыз қандай?» деп сұрайтын болса, 11 оларға былай деп жауап бер: «Өйткені сендердің ата-бабаларың Менен бас тартып кетті, — дейді Жаратқан Ие. — Олар бөгде тәңірлердің жолын қуып, соларға қызмет етіп иіліп, табынып кетті. Осылайша Мені тастап кетіп, Таурат заңымды сақтамады. 12 Бірақ сендер бұл жағынан тіпті ата-бабаларыңнан да асып кеттіңдер. Әркім өзінің қасарысқан жүрегінің қалауымен жүріп, Мені тыңдаудан бас тартып жүр. 13 Сондықтан Мен сендерді осы елден өздерің де, ата-бабаларың да бұрын танып білмейтін бір елге жіберемін. Сол жерде сендер күні-түні бөгде тәңірлерге құлшылық ететін боласыңдар. Ал Мен сендерге еш мейірім көрсетпеймін». 14 Әйтсе де Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Исраил халқын Мысыр елінен алып шыққан мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын» деп емес, 15 «Исраил халқын солтүстіктегі елден және Өзі аластатып жіберген басқа да барлық жерлерден алып келген мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын» деп ант беретін уақыт туатын болады! Өйткені Мен исраилдіктерді ата-бабаларына Өзім табыстаған елге қайта әкелетін боламын. 16 Ал қазір Мен көптеген балықшыларды жіберіп отырмын! — дейді Жаратқан Ие. — Сол балықшылар оларды қармап ұстап алатын болады. Мұнан кейін Мен көптеген аңшыларды жіберемін! Аңшылар исраилдіктерді барлық тау-төбелерден әрі жартастардың жарықтарынан іздеп жүріп, ұстап алатын болады. 17 Мен халқымның жүрген жолдарының барлығын көріп тұрмын. Олар көзімнен жасырын емес, ешбір күнәлары да Менің назарымнан тыс қалмайды. 18 Мен халқымды өз еліне қайтармас бұрын, оны жасаған ауыр күнәлары үшін екі есе қатты жазалаймын. Себебі олар Менің өздеріне табыстаған елімді жалған тәңірлерінің өлі де жексұрын мүсіндерімен арамдап, жерімді сол жиренішті нәрселерімен толтырып тастады. 19 — Уа, Жаратқан Ие, Сен күш-қуатымның қайнар көзісің, басыма күн туғанда паналайтын қорғанымсың. Жердің шет-шеттерінен халықтар Саған келіп: «Ата-бабаларымыз өтірікке алданып, түкке тұрғысыз тәңірсымақтарға табынып келді. 20 Адам өзі үшін тәңірлер жасай ала ма? Сондай «тәңірсымақтар» бәрібір шынайы құдай емес қой!» — дейтін болады. 21 — Міне, сондықтан да Мен оларға тәлім беремін, құдіретті билігім мен күш-қуатымды жуырда ашып көрсетемін. Сонда олар Менің есімімнің «Жаратқан Ие» екенін білетін болады.
1 Яһуданың күнәсі олардың жүректерінде және құрбандық үстелдерінің мүйіз тәрізді шошақтарында тас тақтайшаға темір құралмен не үшкір алмаспен жазылғандай анық та берік тіркелген. 2 Тіпті олардың балалары да жапырағы жайқалған ағаштардың түбінде және биік төбелерде жалған тәңірлерге арнап орнатылған құрбандық үстелдерін және Ашераға бағышталған ағаш бағаналарын жақсы біледі. 3 Сондықтан (біліп қой, Яһуда халқы:) Мен Өзімнің осы жердегі Сион тауымды әрі сенің барлық қазына-дәулетіңді биіктеу жерлердегі табыну орындарыңмен қоса жауларыңа олжа етіп бере саламын. Себебі бүкіл елің бойынша күнә жасай бересің. 4 Мен өзіңе табыстаған мұралық жеріңді уысыңнан шығарып аласың. Өзің бұрын танып білмеген елде Мен сені жауларыңа құлдыққа түсіремін. Өйткені сен Менің қаһарымды тұтатқан едің, енді ол мәңгілікке лаулайтын болады, — дейді Жаратқан Ие. 5 Жаратқан Ие мынаны айтады: «Адамға сенім артып, өмірі өткінші пендені қорған санайтын, әрі жүрегін Жаратқан Иесі — Менен алшақтап әкеткен әркімді қарғыс атсын! 6 Ондай адам құлазыған далада өсіп тұрған бұта сияқты болады. Ол ешқандай жақсылықты көрмей, шөлдің қуаңшылықтан жарылып кеткен, ешкім тұрмайтын сортаң жерін мекендегендей болады. 7 Ал Жаратқан Иеге сенімін артатын, бар үмітін Оған жүктейтін адам бақытты! 8 Ол судың жағасында өсіп тұрған, тамырларын өзенге қарай созған ағашқа ұқсайды. Аптап ыстық келсе де, еш қауіптенбей, жапырақтары да әрдайым жасыл болады. Қуаңшылық жылы да алаңдамайды, ешқашан жеміс бермей қалмайды. 9 Адамның жүрегі бәрінен бетер алдамшы әрі жазылмайтындай бүлінген. Оны танып біле алатын кім бар? 10 Мен, Жаратқан Ие, адамның жүрегіндегісін зерттеймін, оның жан дүниесін анық тексеремін. Содан әркімге жасаған қылығына, істеген істеріне қарай есесін қайтарамын. 11 Байлығын әділетсіздікпен жиған адам өзге құстың жұмыртқасын басып шығарған шілге ұқсайды. Өмірінің орта тұсында байлығы одан кетіп, ақыр соңында ақымақтығы өзіне аян болады». 12 «Киелі үйіміздің орны — әуел бастан асқақталған да салтанатты патшалық тақ! 13 Уа, Жаратқан Ие, Исраилдің үміті Сенсің! Өзіңнен безіп кеткен әркім масқара болады. Сенен кері бұрылғандардың есімдері шаң-тозаңға жазылғандай ұмытылады. Өйткені олар тірі судың қайнар көзі — Жаратқан Иеден бас тартты». 14 «Сауықтыра гөр мені, уа, Жаратқан Ие, сонда мен шынымен сауығамын. Өзің құтқара гөр мені, сонда мен шынымен құтқарыламын. Себебі Сені ғана мақтан тұтып дәріптеймін. 15 Ал дұшпандарым мені: «Жаратқан Иенің айтқан сөзі қайда? Кәне, қазір-ақ іске ассыншы!» деп келекелей береді. 16 Халқыңды бағушыдай қамқорлаудан қашқан емеспін және апаттың бастарыңа түсуін өздігімнен аңсап тілемегенімді Сен білесің. Айтқан сөздерімнің бәрі де Саған айқын. 17 Мені үрейлендіре көрме! Басыма күн туғанда Сені паналаймын. 18 Мені қудалаушылар масқара болсын, бірақ мені масқарадан сақтай гөр. Олар үрейленсін, бірақ мені үрейден сақтай гөр. Олардың басына апат күнін тудырып, екі есе қатты жазалап құрта гөр!» 19 Жаратқан Ие маған былай деп тапсырды: Бар да, Иерусалимнің күллі қақпаларының маңында, соның ішінде Яһуда патшалары кіріп-шығатын қақпаның жанында тұрып алып, мына сөздерді 20 халықтың барлығына жеткіз: Уа, осы қақпадан өтетін Яһуда патшалары, Яһуданың бүкіл халқы және Иерусалимнің тұрғындары! Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар! 21 Жаратқан Ие мынаны айтады: Өмірлеріңді сақтап қаламын десеңдер, демалыс күндері ешқандай жүкті көтеріп жүрмеңдер! Оларды Иерусалимнің қала қақпаларынан өткізбеңдер! 22 Сол күндері үйлеріңнен жүк алып шығушы не басқа да жұмыс істеуші болмаңдар! Мен ата-бабаларыңа өсиет еткендей, демалыс күнін Маған, Жаратқан Иеге, бағыштап, қасиет тұтыңдар! 23 Бірақ ата-бабаларың бұны тыңдаған да жоқ, сөздеріме мән де берген жоқ. Олар қыңырланып, Менің айтқаныма құлақ салмай, тіпті Мен оларды жазалағанда да түзелген жоқ. 24 Ал егер сендер Маған толығымен бағынсаңдар, — дейді Жаратқан Ие, — әрі демалыс күні қала қақпаларынан еш жүк тасымай, осы күні еш жұмыс істемеу арқылы оны Маған, Жаратқан Иеге, бағыштайтын болсаңдар, 25 онда патшаларың әрқашан (Менің еркім бойынша) Дәуіттің тағында отыратын болады. Патша өзінің әміршілерімен күймелер мен аттарға мініп, Яһуданың адамдары мен Иерусалимнің тұрғындарын ертіп, (салтанатты шеру құрып) осы қаланың қақпаларымен өтетін болады. Сонда бұл қала мәңгі бақи адамдардың мекені болады. 26 Халық Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің айналасындағы ауылдардан, Бунямин жерінен және батыстағы төменгі қыраттар мен оңтүстіктегі Негев аймағынан ағылып, түгелдей өртелетін құрбандықтары мен тартуларын, астық тартулары мен хош иісті заттарын және Өзіммен қарым-қатынастарына ризашылық құрбандықтарын Менің киелі үйіме алып келетін болады. 27 Бірақ егер айтқанымды орындамасаңдар, демалыс күнін Маған бағыштамасаңдар, әрі сол күндері Иерусалимнің қақпаларынан жүк алып кіретін болсаңдар, онда Мен Иерусалимнің қақпаларына ешқашан өшпейтін от қоямын! Содан оның сарайлары да өртеніп кетеді.
1 Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деп бұйырды: 2 «Қазір ылдилап құмырашының үйіне бар! Сол жерде саған халыққа айтатын хабарымды жеткіземін». 3 Мен құмырашының үйіне барғанда, ол аяғымен ұршығын айналдырып жұмыс істеп отыр екен. 4 Саз балшықтан жасап отырған бір ыдысының пішіні дұрыс шықпай қалғанда, шебер оны бұзып, қайтадан илеп, өз ойындағыдай етіп басқа бір ыдысты жасап шығарды. 5 Сонда Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 6 «Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, мына құмырашының өзінің ыдыстарына істегенін Мен сендерге істей алмаймын ба? Жаратқан Ие мынаны айтады: Балшық шебердің қолында болғандай, сендер де Менің қолымдасыңдар, уа, Исраил халқы. 7 Кейде Мен бір халықты не патшалықты елінен түп-тамырымен жұлып, құлатып, жоюым керек деп шешемін. 8 Бірақ егер сол халық өзінің жасап жүрген зұлым істеріне өкініп, солардан бас тартса, онда Мен де райымнан қайтып, жіберейін деп отырған апатты оларға жібермеймін. 9 Ал басқа кезде Мен бір халықты не патшалықты орнатып, нығайту керек деп шешемін. 10 Бірақ сол халық даусыма құлақ аспай, Маған жек көрінішті істер істесе, онда Мен де оларға жасаймын деген жақсылығымды жасамай қоямын. 11 Сондықтан Яһуданың адамдарына және Иерусалимнің тұрғындарына былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп алыңдар: Мен сендерге бір жаман апатты ойластырып дайындап жатырмын. Сондықтан әрқайсың зұлым жолдарыңнан қайтып, іс-әрекеттерің мен жүрген жолдарыңды түбегейлі өзгертіңдер!» 12 Бірақ олар: «Біз үшін әуре болмай-ақ қой! Өз ниетімізді іске асыра береміз. Ешқайсымыз алған бетімізден қайтпай, ойға алған айлалы істерімізді жүзеге асырамыз!» дейтін болады. 13 Сол себепті Жаратқан Ие мынаны айтады: «Басқа ұлттардан сұраңдаршы, бұндай нәрсе туралы кім естіп көріпті? Бұрын пәк қыздай болған Исраил халқы жексұрын іс жасады! 14 Ливан тауының асқар шыңдарынан қар кете ме? Алыстан ағып келген оның мұздай суы сарқыла ма? (Әрине, жоқ.) 15 Бірақ өз халқым Мені елемей тастап кетті! Олар түкке тұрғысыз тәңірсымақтарға арнап хош иісті заттар түтетіп табынады. Осы жалған тәңірлер халқымды сүріндіріп, ежелгі ізгі жолдарынан тайдырып, нашар сүрлеу жолдарға түсірді. 16 Сондықтан оның жері қиратылып, басқа халықтар оны ысқырып, келекелейді. Сол жермен өткен-кеткендердің бәрі аңтарыла жандары түршігіп, бастарын шайқайтын болады. 17 Шығыстан соққан дауыл сияқты, Мен оларды жауларының алдында шашыратып жіберемін. Бастарына күн туғанда Мен олардан сырт айналып, бет-жүзімді көрсетпеймін». 18 Сол кездері кейбіреулер: «Еремияға қарсы қолданылатын шаралар ойластырып, оның аузын жабайық. Таурат заңын үйрететін діни қызметкерлер, ақыл-кеңес беретін данышпандар, Құдайдың хабарын жеткізетін пайғамбарлар өз арамыздан таусылмайды. Кәне, сол кісіге жала жауып, айтқан сөздеріне құлақ аспайық!» — деп сөз байласты. 19 (Сонда пайғамбар былай деп мінажат етті:) «Тыңдашы мені, Жаратқан Ие! Айыптаушыларымның не айтып жатқанына құлақ түре көрме. 20 Жақсылыққа жамандықпен қайтаруға бола ма? Ал бұлар маған ор қазуда. Қаһарыңды оларға жаудырмауың үшін мен олардың игілігін көздеп Сенің алдыңда тұрып жалбарынғанымды есіңе түсіре көрші! 21 Солардың балаларын ашаршылыққа ұшыратып, семсерден өлім құшыр. Аналары балаларынан айырылып, әйелдері жесір қалсын, ер адамдары індеттен құрып, жастары шайқаста семсердің жүзінен мерт болсын. 22 Сен оларға кенеттен басқыншылар жібергенде, үйлерінен зар жылаған дауыстар шықсын! Себебі мені қолға түсіру үшін олар маған ор қазып, жолыма тор құрды. 23 Бірақ Сен, уа, Жаратқан Ие, олардың мені өлтіруге жасаған барлық жоспарларын білесің. Олардың қылмыстары мен күнәларын кешіріп, есіңнен шығара көрме! Қаһарлы сотың кезінде оларға лайықтысын қайтарып, Өзіңнің алдыңда жайпап құртып жібере гөр!»
1 Жаратқан Ие маған тағы былай деп тапсырды: «Құмырашыға барып, бір қыш құмыра сатып ал. Содан соң қасыңа халықтың және діни қызметкерлердің ақсақалдарының бірнешеуін ертіп алып, 2 Бен-Хенном аңғарына, Сынықтар қақпасының маңына бар! Сол жерде Мен саған беретін хабарды оларға жариялап былай де: 3 «Уа, Яһуда патшалары мен Иерусалимнің тұрғындары, Жаратқан Иенің сөздеріне құлақ салыңдар! Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Біліп алыңдар: Мен осы жерге зор апат жіберемін. Сол туралы естіген адам қатты абыржып құлағы шыңылдайтын болады. 4 Өйткені халық Менен бас тартып, осы жерді Өзіме жат қылып арамдады: олар өздері де, ата-бабалары да, Яһуда патшалары да ешқашан танып білмеген бөгде тәңірлерге арнап бұл аңғарда хош иісті шайыр түтетіп, құрбандық өртеп ұсынып келеді. Оның үстіне олар осы жерді жазықсыз адамдардың төгілген қанына толтырды. 5 Сол үшін олар Бағалға табыну орындарын салып, өз балаларын оған арнап түгелдей өртелетін құрбандық етіп ұсынды! Мұндайды Мен оларға бұйырған да, айтқан да емеспін, ол тіпті ойыма да келген жоқ. 6 Сондықтан сақ болыңдар! Осы жер енді қайтып Топет немесе Бен-Хенном аңғары деп емес, Қырғын аңғары деп аталатын уақыт келеді. — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 7 Осы жерде Мен Яһуда мен Иерусалимнің жауға тойтарыс беру туралы жасаған жоспарларын түкке тұрғысыз етемін. Оларды жандарын алмақ болғандардың семсерімен құртып, сол қас жауларының алдында құлатып, денелерін аспандағы құстар мен жердегі аңдарға жем қылып беремін. 8 Мен бұл қаланы қиратып, келекеге қалдырамын. Өткен-кеткен адамдардың бәрі қаланы көргеннен аңтарыла жандары түршігіп, оның соққы жеп қатты жарақаттанғанына қарап мұрындарын шүйіріп ысқыратын болады. 9 Мен олардың жандарын алмақшы жаудың елге басып кіріп, қаланы қоршап алуына жол беремін. Сонда Мен аштықтан қатты қиналып не істерін білмей қысылып отырған оларға өз ұл-қыздары мен достарының етін жегіземін!» 10 Еремия, осыны айтып болған соң сен өзіңе еріп келген адамдардың көзінше қолыңдағы құмыраны сындыр да, 11 оларға былай де: «Әлемнің Иесі мынаны айтады: Қыш құмыра сынған соң еш жөндеуге келмейтініндей, Мен де Яһуда мен Иерусалимнің халқын «сындырып» тастаймын. Олар өлгендердің мәйіттерін орын қалмағанша Топетте жерлейтін болады. 12 Осы жерге және осында тұрғандарға мынаны істеймін, дейді Жаратқан Ие: Мен бұл қаланы Топет сияқты арамдалған орынға айналдырамын! 13 Үйлеріңнің жалпақ төбелерінде аспан денелеріне бағыштап хош иісті заттар түтетіп, әрі бөгде тәңірлерге арнап сұйық тартулар құйып ұсындыңдар. Сол үшін Иерусалимдегі үйлердің бәрі, тіпті Яһуда патшасының сарайы да, Топет сияқты арамдалады!» 14 Мұнан кейін Еремия Жаратқан Ие өзін пайғамбарлық хабар айтуға жіберген Топеттен қалаға қайта оралды. Содан ол Жаратқан Иенің киелі үйінің ауласында тұрып халыққа дауыстап былай деді: 15 «Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Біліп алыңдар! Сендер тоңмойын болып, сөздеріме құлақ асудан қыңырлықпен бас тартып келе жатырсыңдар. Сондықтан Мен Иерусалим мен оның айналасындағы елді мекендерге қарсы паш еткен апатты енді міндетті түрде бастарыңа түсіремін!»
1 Имер ұлы Пашхур есімді діни қызметкер Жаратқан Иенің киелі үйінің күзет бастығы болатын. Ол Еремияның халыққа жеткізген пайғамбарлық хабарында осындай нәрселерді айтып тұрғанын естіп, 2 оны дүрелеп, Жаратқан Иенің ғибадатханасының Жоғарғы Бунямин қақпасының маңында бұғаулап тастады. 3 Келесі күні Пашхур оны бұғаудан босатқан кезде Еремия оған былай деді: «Жаратқан Ие сенің атыңды енді Пашхур емес, Магор-Миссабиб («Жан-жақ толған қорқыныш») деп өзгертті. 4 Өйткені Жаратқан Ие сен туралы мынаны айтады: Мен саған да, дос-жарандарыңның бәріне де қорқыныш жіберемін. Сен өз көзіңмен олардың жау қолынан өлетіндерін көресің. Мен бүкіл Яһуданы Бабыл патшасының билігіне тапсырамын. Ол Яһуда халқын Бабылға жер аударып әкетеді, ал елде қалып қойғандарын семсермен өлтіреді. 5 Мен Иерусалим қаласының бар байлығын жауларының олжалауына жол беремін. Олар қаланың шығарған бүкіл өнімдерін және барлық құнды заттарын әрі Яһуда патшалары жиған күллі қазыналарын тонап, Бабылға алып кетеді. 6 Пашхур, сен өзің де, үй ішің де Бабылға айдалып кетесіңдер. Сен сол жерде қайтыс болып, өзің де, жалған пайғамбарлық сөздеріңді естіген дос-жарандарың да сонда жерленесіңдер». 7 Уа, Жаратқан Ие, Сен мені еліктіріп, дегеніңе көндірдің. Сен менен күштісің, жеңіп шықтың. Енді жұрт күні бойы мені мазақтап, кез келгені келекелеп жүр. 8 Сөйлеген сайын мен: «Озбырлық пен апат болады!» деп айқай саламын. Жаратқан Иенің осы хабарын жеткізгенім үшін жұрт мені күні бойы келекелеп қорлап жүр. 9 Ал «Бұдан былай Оның хабарын есіме алып, Оның атынан сөйлемеймін» десем, онда Жаратқан Иенің сөзі жүрегімде жанып жатқан от сияқты, сүйегімнің ішіне қамалған шоқ іспетті болады. Оны ішімде ұстаудан қатты шаршадым, тіпті ұстай алмаймын да. 10 Көп адамдар сыбырлап жүр: «Жан-жақ толған қорқыныш! Ол туралы мәлімдеңдер! Кәне, шағымданайық!» дейді. Тіпті сырлас достарымның бәрі де енді бір қате жіберуімді аңсап жүр. «Мүмкін, ол алданып, қолымызға түсер! Сонда біз одан өшімізді аламыз!» дейді. 11 Бірақ Жаратқан Ие айбат көрсеткен батыр сияқты менің жанымда. Сондықтан мені қудалап жүргендер сүрініп, мені жеңе алмайды. Олар ниеттерін іске асыра алмай, әбден ұятқа қалады. Енді қайтып жұрт олардың масқараларын ұмытпайды. 12 Уа, Әлемнің Иесі, Сен кімнің әділ екенін тексеріп сынайсың, адамның жүрегі мен ой-ниетін анық көресің. Оларға істегендеріне сай әділ жаза тартқызғаныңды көрсете көрші, себебі мен ісімді Саған сеніп тапсырдым. 13 Жаратқан Иеге ән-жыр айтыңдар! Жаратқан Иені мадақтаңдар! Ол жарлының жанын зұлымдардың шеңгелінен құтқарып алады. 14 Ал мен дүниеге келген күн құтсыз күн! Мен туылған күн еш аталмасын! 15 Әкемді: «Сүйінші! Ұлды болдың!» деген хабармен қуантқан адам — бақытсыз пенденің өзі! 16 Сондай адам Жаратқан Ие ежелде аяусыз құртып жіберген қалаларға ұқсайды: ол таң сәріде айқай-шу, тал түсте қағылған дабылды естиді. 17 Әттең, ол мені құрсақта жатқанымда-ақ өлтіріп тастағанда ғой! Анамның ішінен шықпай-ақ шетінеп, оның құрсағы қабірім болып қала бергенде ғой! 18 Неге ғана тудым екен? Пәни өмірдің азабы мен қайғысын бастан өткізіп, ақыр соңында масқараға қалу үшін ғана ма?!»
1 Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнады. Сол кезде Седекиях патша Малқиях ұлы Пашхурды және Мағасиях ұлы Софония есімді діни қызметкерді Еремияға жіберіп: 2 — Бабыл патшасы Набуходоносор бізге қарсы соғыс ашты. Енді Жаратқан Иеден біз үшін мынаны сұрап біліп алсаңыз екен: Мүмкін, Ол ежелде көрсеткен кереметтері сияқты бізге де керемет жасап, жауды елімізден шегіндіріп кері қайтармас па екен? — деген өтінішін білдірген болатын. 3 Еремия оларға мына жауапты қайтарды: — Седекияхқа былай деңдер: 4 Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: «Сендерді қала қабырғасының сыртынан қоршап алған Бабыл патшасы мен халдей жасақшыларына қарсы қолданып жатқан қару-жарақтарыңды өздеріңе қарсы бұрамын. Сонда Мен жауларыңды қаланың ортасына жинап әкелемін! 5 Сендерге қарсы зор күш-қуатыммен, кәрлі ашу-ызаммен құдіретті қолымды алға созып тұрып Өзім соғысамын. 6 Мен осы қаладағылардың адам болсын, мал болсын барлығына да апат жіберіп, олар қорқынышты індеттен қырылатын болады. 7 Ал содан кейін Мен Яһуда патшасы Седекияхтың өзін де, осы қалада індет, семсер және ашаршылықтан аман қалған нөкерлері мен халқын да Бабыл патшасы Набуходоносордың әрі жандарын алмақ болған басқа да жауларының қолына тапсырамын. Набуходоносор оларды семсермен қырып, еш аяу, мүсіркеу, рақым ету дегенді білмейтін болады, — деп ескертеді Жаратқан Ие. 8 Ал осы халыққа былай де: Жаратқан Ие сендердің таңдауларың үшін алдарыңа өмір мен өлімге апаратын жолдарды ұсынады: 9 Осы қалада қалатын әрбір адам семсер, ашаршылық немесе індеттен құриды. Ал қаладан шығып, оны қоршап алған халдейлерге берілетін әркім тірі қалып, өз жаны өзіне олжа болады. 10 Мен бұл қалаға жақсылық емес, жамандық істеуді ұйғардым. — Жаратқан Ие осыны нық айтады. — Қала Бабыл патшасының қолына беріліп, ол оны өртеп жібереді». 11 Жаратқан Ие маған Яһуданың патшалық әулетіне арнап мынаны айтқызды: «Тыңдаңдар Жаратқан Иенің сөзін, 12 уа, Дәуіттің әулеті! Жаратқан Ие мынаны айтады: Күн сайын таңертең халыққа әділдікпен билік айтыңдар! Жәбірленгенді қысым көрсетушісінен құтқарыңдар! Әйтпесе істеген зұлым істерің үшін қаһарым оттай лап етіп, оны ешкім сөндіре алмайды. 13 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Жартасты төбенің басында тұрған саған қарсы шығамын, уа, Иерусалим: «Бізге қарсы соғысып, баспанамызға кіре алатын кім бар?» деп мақтанатын сендерге қарсы Өзім соғысамын. 14 Мен сендерге лайықты жазаларыңды тартқызамын! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Орманыңа Өзім от қойып, ол сендердің айналаларыңдағының бәрін жалмап қояды!»
1 Жаратқан Ие маған былай деп тапсырды: «Яһуда патшасының сарайына ылдилап бар да, сонда мына сөздерді жарияла: 2 Уа, Дәуіттің тағында отырған Яһуда патшасы, Жаратқан Иенің сөзін тыңда! Уа, осы қақпалар арқылы сарайыңа кіретін өзің де, нөкерлерің де, халқың да, құлақ түріңдер! 3 Жаратқан Ие мынаны айтады: Әділдік пен шындықты ұдайы қолдаңдар! Жәбірленгенді қысым көрсетушісінен құтқарыңдар! Жат жұрттыққа, жетім-жесірге жәбір көрсетпеңдер! Бұл елде жазықсыз адамның қанын төкпеңдер! 4 Егер осы бұйрықтарыма бағынатын болсаңдар, онда Дәуіттің тағында отырған патшалар мына сарай қақпалары арқылы күйме, аттарымен өтіп, соңынан нөкерлері мен халқы еріп (салтанатты шерумен) кіретін болады. 5 Ал егер сол бұйрықтарыма бағынбасаңдар, онда бұл сарай қираған үйіндіге айналады деп Өзімнің атыммен ант етемін, — деп ескертеді Жаратқан Ие. 6 Өйткені Жаратқан Ие Яһуда патшасының сарайы туралы мынаны айтады: Осы сарай Маған орманды Ғилақад аймағындай, самырсын қаптаған Ливан тауының бастарындай көрінсе де, Мен оны иен далаға, ешкім тұрмайтын бос қалаларға айналдырамын. 7 Оған қарсы құртушыларды жіберемін, әрқайсысы қару-жарағын асынып келеді. Олар сарайдың таңдаулы самырсын тақтайшаларын шапқылап, отқа лақтырады. 8 Көптеген ұлттардың адамдары осы қаланың қасынан өткенде бір-бірінен: «Жаратқан Ие неліктен осы ұлы қалаға мұны істеді екен?» деп сұрайтын болады. 9 Сонда: «Олар өз Құдайлары Жаратқан Иемен жасаған Келісімнен бас тартып, бөгде тәңірлерге иіліп құлшылық етіп кетті!» деп жауап беріледі. 10 Жосия патша марқұмды жоқтамаңдар, ол үшін жылап аза тұтпаңдар! Қайта, басқа жаққа айдалып әкетілген (Шаллум) патша үшін қайғырыңдар, өйткені ол енді қайтып туған еліне келмейді де, оны көрмейді де. 11 Себебі Жаратқан Ие әкесі Жосияның орнын басқан, енді Мысырға жер аударылып кеткен Шаллум туралы мынаны айтады: Ол мұнда ешқашан қайта оралмайды! 12 Шаллум айдалып кеткен жерінде өмірінің соңына дейін тұрып, бұл елді бұдан былай көрмейді! 13 Үйін әділетсіздікпен, жоғарғы бөлмелерін заңсыздықпен салып алған адамды Мен жазалаймын! Ол шеберлерге тегін жұмыс істетіп, тиесілі еңбекақыларын төлемей: 14 «Өзіме арнап жоғарғы бөлмелерін кең етіп зәулім сарай саламын! Соған үлкен терезе жасап, ішін самырсынмен қаптап, қызыл бояумен әшекейлеймін» деп мақтанады. 15 Алайда самырсыннан сарай салғаның сені ұлы патша қыла ма? Әкең марқұм тоя ішіп-жеп жайлы тұрмыс құрды емес пе? Ол әділдік пен шындықты жүзеге асырып, соның нәтижесінде игілікті өмір сүрді. 16 Әкең бейшара мен кедейдің мүдделерін қорғап, елдің жағдайы жақсы болды. Мені жақыннан танып білу дегеннің өзі осы емес пе? — дейді Жаратқан Ие. 17 Ал сен жан-тәніңмен арам пайдаға құнығып, жазықсыз қан төгіп, басқаға зорлық-зомбылық жасауды ынтыға көздейсің. 18 Сондықтан Яһуда патшасы Жосия ұлы Жохақым туралы Жаратқан Ие мынаны айтады: Кезінде оның отбасын: «Ой, бауырым, ой, қарындасым!» деп ешкім жоқтамайтын болады, оның өзін де жұрт: «Беу, тақсыр ием-ай! Ой, патшам-ай!» деп те жоқтамайды. 19 Қайта, оның өлігін есектің өлімтігіндей Иерусалимнің қақпасынан сыртқа сүйреп шығарып, далаға лақтырып тастайды! 20 Уа, Иерусалим халқы, Ливанға көтеріліп шығып, айқайла! Башанның тауларынан да даусыңды шығарып, Моабтағы Абарим қыратынан да айқай сал! Себебі көңілдес одақтастарыңның барлығы талқандалды! 21 Жағдайың аман-есен болып тұрған кезде саған ескерткен едім, ал сен: «Тыңдағым да келмейді!» дейтінсің. Сен жас кезіңнен-ақ осылай істеп, даусыма мүлдем құлақ аспай келесің. 22 Басшыларыңның бәрін жел үрлеп әкетеді. Көңілдес одақтастарың да жер аударылып әкетіледі. Ақыры сен өз зұлымдығыңнан ұятқа қалып, масқараланасың. 23 Сен Ливанда тұрып, оның самырсын ағаштарында ұя салған құс іспетті қауіпсіз сезінгенмен, сотталып жазаланған күніңде толғатқан әйелдей азап тартып қиналғанда қалайша ыңқылдар екенсің! 24 Мәңгі тірі Жаратқан Ие өз атымен ант етіп былай дейді: Уа, Яһуда патшасы Жохақым ұлы Ехониях, Менің оң қолымдағы мөрлі жүзігімдей беделді болған едің. Алайда Мен сені қолымнан жұлып алып тастайтын боламын! 25 Сені жаныңды алмақ болған, өзің зәрең қалмай қорқатын адамдардың, яғни Бабыл патшасы Набуходоносор мен халдей жасақшыларының, қолдарына түсіремін! 26 Мен өзіңді де, сені дүниеге келтірген шешеңді де бөтен елге айдатып жіберемін. Сендер сол жерде тумағанмен, сонда өлетін боласыңдар. 27 Осы елге қайтуды қанша аңсасаңдар да, оған қайта оралмайсыңдар». 28 «Мына адам Ехониях шынымен сынып, қоқысқа тасталған ыдыс іспетті ме? Оның өзі және балалары білмейтін алыс елге неліктен айдалып әкетілмек?» деп сұрайтын шығар. 29 Уа, елім! Уа, жерім! Уа, ел-жұртым! Жаратқан Иенің сөзін мұқият тыңдаңдар! 30 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Бұл кісіні баласыз, өмір бойы табысқа жетпейтін адам деп жазып қойыңдар! Себебі оның бірде-бір баласы Дәуіттің тағына отырып, Яһуда еліне билік жүргізбейтін болады».
1 «Халқымның билеушілері Менің «отарымдағы қойларды бағатын бақташылар» іспетті. Сол «бақташылар» қасіретке қалады! Өйткені олар бағуға тиістілерді өздері құртып, бытыратып қуып жатыр!» — дейді Жаратқан Ие. 2 Өз халқын бағып жүрген осы «бақташыларға» Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: «Сендер Менің «қойларымды» бытыратып қуып жіберіп, оларға тиісті назар аудармадыңдар. Сондықтан Мен сендердің толып жатқан зұлым істеріңе енді назарымды аударамын! — деп ескертеді Жаратқан Ие. 3 Мен «отарымның» тірі қалғандарын Өзім айдап жіберген елдерден жинап аламын да, өздерінің еліне қайтарамын. Олар сонда өсіп-өнетін болады. 4 Оларға қамқорлық ететін «бақташыларды» тағайындаймын. Бұдан былай «отарым» еш нәрседен қорқып, зәрелері ұшпайды да, бірде-біреуі жоғалмайды да». — Жаратқан Ие осыған уәде береді. 5 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Алдағы уақытта Мен Дәуіттің әулетінен бір «Әділ Өскінді» өсіріп шығаратын кез келеді. Ол патшалық құрып, даналықпен әрекет етіп, жерге әділет пен шындық орнатады. 6 Сол кезде Яһуда елі құтқарылып, Солтүстік Исраил де аман-есен өмір сүретін болады. Патша: «Әділдігіміздің қайнары — Жаратқан Ие» деп аталмақ. 7 Сондықтан Жаратқан Ие тағы мынаны да айтады: Халқым ант бергенде: «Исраилдіктерді Мысыр елінен алып шыққан мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын» деп емес, 8 «Исраилдің үрім-бұтағын солтүстіктегі елден және Өзі аластатып жіберген басқа да барлық елдерден жинап алып келген мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын» дейтін уақыт тумақ! Сонда исраилдіктер өздерінің елін мекендейтін болады». 9 (Жалған) пайғамбарларға бола жүрегім жаралы, тұла бойым дірілдеп, шарапқа қызып алған мас адамға ұқсаймын. Мен Жаратқан Иенің киелі сөздерінен осындай болдым. 10 Ел Оның Келісіміне опасыздық жасаған адамдарға толып кеткендіктен қарғысқа ұшырады. Содан иен даладағы жайылымдар құрғап, жердің өзі қайғырып жатыр. Халық зұлымдық жасап, күш-қуатын жамандыққа жұмсайды. 11 «Халықтың пайғамбарлары мен діни қызметкерлері азғындыққа салынған, Мен тіпті киелі үйімнен олардың зұлым істерін таптым. 12 Сондықтан оларды күтіп тұрғаны — қараңғы да тайғақ жолмен кетіп, сонда сүрініп құлау. Жазаланатын уақыты келгенде Мен олардың бастарына апат түсіремін!» — деп ескертеді Жаратқан Ие. 13 «Самарияның пайғамбарларының жиренішті іс істеп жүргендерін көрдім: олар Бағалдың атынан пайғамбарлық сөз айтып, халқым Исраилді адастырып, теріс жолға тайдырды. 14 Иерусалимнің пайғамбарларынан да мына қорқынышты іс-әрекетті көрдім: олар азғындыққа салынып, жалғандықтың жолын қуып жүр! Олар зұлым істер істеп жүретіндерді қолдап-қолпаштайды. Сондықтан ешкім күнәсінен бас тартпайды. Діни қызметкерлердің бәрі Маған Содомдай, Иерусалимнің тұрғындары Ғоморадай жексұрын болып кетті». 15 Сол себепті Әлемнің Иесі осы жалған пайғамбарлар туралы мынаны айтады: «Мен оларға азаптың жусандай ащы дәмін татқызып, соттың улы сусынын ішкіземін. Өйткені Иерусалимнің пайғамбарларынан бүкіл елге азғындық таралуда». 16 Әлемнің Иесі халыққа мынаны айтады: «Сол (жалған) пайғамбарлар сендерге хабарларын жеткізгенде оларға құлақ аспаңдар! Олар сендерді алдап босқа үміттендіріп жүр. Сендерге айтып жүрген сөздері — Жаратқан Иенің айтқандары емес, өз қиялдарынан шыққан сөздер. 17 Мені менсінбейтіндерге олар: «Жаратқан Ие былай деді: Сендерде амандық пен тыныштық болады!» Қасарысқан жүрегінің қалауымен жүретін қыңырларға олар: «Бастарыңа ешқандай пәле түспейді!» деп уәде береді». 18 Ал олардың қайсысы Жаратқан Иенің көктегі кеңесінде тұрып Оның хабарларын көріп-естіпті? Оның сөзіне құлақ асып, ден қойған біреуі болды ма? 19 Қара да тұр, Жаратқан Иенің қаһары дауылдай буырқанып, құйын сияқты зұлымдардың басына шүйілейін деп жатыр! 20 Жаратқан Ие жүрегіндегі ой-ниеттерін толығымен орындап болмайынша, Өзінің қаһарынан қайтпайды. Алдағы уақытта сендер мұны анық түсінесіңдер. 21 «Мен бұл пайғамбарларды жіберген жоқпын, әйтсе де олар хабарларын жеткізуге асығады. Мен оларға сөйлеген де жоқпын, ал олар бәрібір пайғамбарлық сөздер айтқансиды. 22 Олар шынымен Менің кеңесімде тұрған болса, онда халқыма Менің сөздерімді жеткізіп, оны теріс жолынан, істеп жатқан зұлым іс-әрекеттерінен қайтарған болар еді. 23 Мені тек жақын жерде тұрып, алыс жерде бола алмайтын Құдай дейсіңдер ме? — деп сұрайды Жаратқан Ие. — 24 Әлде адам құпия жерге тығылып, Менің көзімнен тасалана алады деп ойлайсыңдар ма? Аспан мен жердің барлық жерінде Мен бармын, солай емес пе? — деп ескертеді Иеміз. 25 Менің атымнан өтірік хабар жеткізетін пайғамбарлардың не айтатынын да естідім. Олар: «Мен мынадай түс көрдім!» «Ал мен анадай түс көрдім!» — деседі. 26 Өтірік айтып, өз қиялдарын жариялайтын сол жалған пайғамбарлардың жан дүниелерінде осындай нәрсе қашанға дейін бола бермекші? 27 Олардың ата-бабаларының Бағалға табынғандарының кесірінен Менің кім екенімді ұмытқандары сияқты, олар да бір-біріне айтқан сол түстері арқылы Менің кім екенімді халқыма ұмыттыруды көздейді. 28 Түс көрген пайғамбар түсін айтсын. Ал Менің хабарымды қабылдағандар оны ақиқатпен жеткізсін. Сабан мен бидайдың арасындағы зор айырмашылық іспетті олардың бос сөздері мен ақиқаттың арасындағы айырмашылық та жер мен көктей. 29 Менің сөздерім от сияқты емес пе? Ол тастың талқанын шығаратын балға сияқты емес пе? — деп сауал қояды Жаратқан Ие. — 30 Сондықтан біліп қойыңдар: сөздерімді бір-бірінен ұрлап алатын пайғамбарларға Мен қарсы шығамын! — дейді Жаратқан Ие. — 31 Дұрыс, мылжыңдап «Жаратқан Ие пәлен деп айтты!» дей беретін пайғамбарларға Мен қарсы шығамын! — деп нық айтады Жаратқан Ие. — 32 Иә, сол өтірік түс айтатындарға Мен қарсы шығамын! Мен оларға тапсырма беріп тағайындамасам да, жібермесем де, олар көрген түстерін айтып, сорақы өтіріктерімен халықты теріс жолға салады. Олардың осы халыққа тигізетін титтей де пайдасы жоқ!» — деп тұжырымдайды Жаратқан Ие. 33 Жаратқан Ие маған тағы мынаны да айтты: — Егер осы халықтың не жай адамдары не бір пайғамбары, не бір діни қызметкері сенен: «Жаратқан Иенің саған жүктеген ауыр хабары қандай?» деп сұраса, оларға былай де: «Өздерің ауыр жүксіңдер! Ал Жаратқан Ие сендерді тастап кетемін дейді!» 34 Пайғамбар болсын, діни қызметкер болсын, халықтың басқа адамы болсын, «Жаратқан Иенің жүктеген ауыр хабары» жайлы айтатын болса, Мен сол адамды да, бүкіл отбасын да жазалаймын! 35 Қайта, сендер бір-біріңнен: «Жаратқан Ие қандай жауап берді?» немесе «Жаратқан Ие не айтты?» деп сұрауларың керек. 36 Ал «Жаратқан Иенің жүктеген ауыр хабары» деген сөздерді ауыздарыңа алушы болмаңдар! Өйткені әркімнің өз сөзі оның «ауыр хабары» болады. Осылайша сендер мәңгі тірі Құдайдың сөздерін бұрмалап тастайсыңдар! Ол — Әлемнің Иесі, біздің Құдайымыз. 37 Сонымен сендер пайғамбардан тек: «Жаратқан Ие қандай жауап берді? Жаратқан Ие не айтты?» деп сұрауларың керек. 38 Ал егер «Жаратқан Иенің жүктеген ауыр хабары!» дей беретін болсаңдар, онда Жаратқан Ие сендерге мынаны айтады: Мен соны айтуға тыйым салсам да, оны бәрібір істеп жүрсіңдер. 39 Сондықтан Мен сендерді бұдан былай есіме алмаймын да, өздеріңе және ата-бабаларыңа табыстаған Менің қаламмен қоса өздеріңді де қасымнан аластатамын! 40 Сонда Мен сендерді ешқашан ұмытылмайтын ұятқа қалдырып, масқара қыламын.
1 Жаратқан Ие маған бір көріністе інжір жемісіне толы екі себетті көрсетті. Себеттер Оның ғибадатханасының алдында тұр екен. Бұл Бабыл патшасы Набуходоносор Яһуда патшасы Жохақым ұлы Ехонияхты, елдің әміршілерін, қолөнершілері мен ұсталарын Иерусалимнен Бабыл еліне айдап алып кеткеннен кейін болды. 2 Бір себеттегі інжірлер ерте піскендер іспетті өте жақсы, ал екінші себеттегісі бұзылған, тіпті жеуге келмейтін жемістер екен. 3 Жаратқан Ие маған: — Нені көріп тұрсың? — деген сауал қойды. Мен: — Інжір жемістерін көріп тұрмын. Жақсылары өте жақсы, ал жамандары өте жаман, бұзылғандықтан тіпті жеуге келмейді, — деп жауап бердім. 4 Сонда Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 5 — Исраилдің Құдайы, Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен Өзім бұл жерден халдейлердің еліне жер аудартқан Яһуданың адамдарын да осы жақсы жемістер іспетті жақсы деп санаймын. 6 Оларға көз қырымды салып, жағдайларының жақсы болуын қадағалаймын. Кейін оларды осы елге кері қайтарамын. Сол жерде оларды құртпаймын, керісінше, тұрғызып өркендетемін, оларды жұлып тастамаймын, керісінше, қайтадан егіп отырғызамын. 7 Оларға Мені, Жаратқан Иені, жақыннан танып біле алатын жүрек сыйлаймын. Олар Маған шын жүректен қайтып келгендіктен Менің халқым, ал Мен олардың Құдайы боламын. 8 Ал жеуге келмейтін жаман інжірлер туралы Жаратқан Ие мынаны айтты: — Мен Яһуда патшасы Седекияхты, оның әміршілерін, Иерусалимнің тірі қалып, осы елде тұратын адамдарын және Мысырға көшіп қоныстанғандарын сол бұзылған, жеуге болмайтын жемістерге ұқсатамын. 9 Мен барлық патшалықтарды олардан шошынып аңтарыла жиренетін қыламын. Қай жерге шашыратып жіберсем де, олар мазаққа айналып табаланады әрі келекеленіп қарғалатын болады. 10 Ата-бабаларына Өзім табыстаған осы елден олар толығымен құрып кетпейінше, Мен оларға семсер, ашаршылық және індет жібере беремін.
1 Жосия ұлы Жохақымның Яһуда еліне патшалық құрған төртінші жылы Жаратқан Ие Еремияға бүкіл Яһуда халқы туралы сөзін арнап хабарын жіберді. Бұл Бабылға Набуходоносордың патшалық құрған бірінші жылы болатын. 2 Еремия пайғамбар осы хабарды Яһуда халқы мен Иерусалим тұрғындарының бәріне жеткізіп былай деді: 3 — Яһудаға Амон ұлы Жосияның патшалық құрған он үшінші жылынан бастап осы күнге дейін — барлығы жиырма үш жыл бойы Жаратқан Ие маған сендерге арналған хабарларын жолдап келеді. Мен олардың бәрін өздеріңе әлсін-әлсін айтып жеткізіп жүрмін, бірақ сендер тыңдамайсыңдар. 4 Жаратқан Ие сендерге қайта-қайта пайғамбарларын жіберіп отырса да, сендер оларды не тыңдаған, не ден қойған жоқсыңдар. 5 Сол хабарларда Жаратқан Ие сендерге мынаны ескертетін: «Әрқайсың теріс жолдарыңнан қайтып, істеп жүрген зұлым істеріңнен бас тартыңдар! Сонда Мен өздеріңе және ата-бабаларыңа мәңгілікке тапсырған елде сендерді ұдайы мекендетемін. 6 Сондай-ақ бөгде тәңірлердің жолын қуып оларға иіліп табынбаңдар! Мені өз қолдарыңмен жасап алған сол тәңірсымақтарыңмен ашуландырмаңдар! Сонда Мен сендерге ешқандай бақытсыздық жібермеймін!» 7 Енді Жаратқан Ие мынаны айтады: «Бірақ сендер Мені тыңдамадыңдар. Өз қолдарыңмен жасап алған нәрселеріңе табынып, ашуымды шақырдыңдар. Осылайша өз бастарыңа өздерің пәле тілеп алдыңдар!» 8 Сондықтан Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Менің сөздерімді тыңдамағандықтарыңнан, 9 солтүстіктің барлық ұлттары мен тайпаларын және Менің еркімді іске асыратын Бабыл патшасы Набуходоносорды осы ел мен оның тұрғындарына және оның айналасындағы күллі халықтарға қарсы аттандырып алып келемін. Мен осы елдерді түгелдей қиратып тастаймын. Олар ұдайы қаңырап бос қалады, ал басқалар оларға қарап аңтарыла жандары түршігіп, ысқырып келекелейтін болады. 10 Олардан қуаныш пен шаттықтың үнін, күйеу жігіт пен қалыңдықтың көңілді дауыстарын шықпайтын қыламын. Қол диірменінің үні де өшіп, шам-шырақтары сөніп қалады. 11 Бүкіл ел қорқынышты құлазыған айдалаға айналады, ал осы ұлттар Бабыл патшасына жетпіс жыл бойы басыбайлы қызмет ететін болады. 12 Бірақ жетпіс жыл өткен соң, Мен Бабыл патшасын да, оның халқын да ауыр кінәлары үшін жазалап, халдейлердің елін мәңгілікке қаңыраған қу далаға айналдырамын. 13 Мен сол жерге қарсы айтқанымның барлығын: Еремия пайғамбардың басқа ұлттарға қарсы жариялап, осы шиыршық кітапта жазылған жазаларымның бәрін де жүзеге асырамын. 14 Бабылдықтар көп халықтар мен ұлы патшалардың құлдығына түседі. Мен бабылдықтарға жасаған іс-әрекеттеріне сай тиісті жазаларын тартқызамын!» 15 Өйткені Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие маған былай деп бұйырды: — Ернеуіне дейін «қаһарымның шарабына» толған мына «тостағанды» ал да, Өзім сені жіберетін халықтардың бәріне содан «ішкіз!» 16 Олар «ішіп алып», тәлтіректейді. Мен олардың арасына семсерді жібергенімде мүлдем естері ауысып кетеді! 17 Мен Жаратқан Иенің қаһарына толы «тостағанды» Оның қолынан қабылдап, Өзі мені жіберген халықтардың бәріне «ішкіздім»: 18 Иерусалим мен Яһуданың басқа қалалары, оның патшалары мен әміршілері осылай күйреп, бөтен халықтардың бұларға қарап жандары түршігіп ысқырып, келекелеп, қарғауына ұшырайтын болды. Олар әлі күнге дейін сол күйде. 19 Сондай-ақ Мысыр патшасы перғауынға, нөкерлері мен әміршілеріне, бүкіл халқына, 20 сол патшалықта тұрып жатқан барлық жат жұрттықтарға да сол «тостағаннан» ішкіздім. Мұнан кейін шығыстағы Ус жерінің күллі патшаларына, філістірлер елінің бүкіл патшаларына әрі Ашқалон, Газа, Әкронның халқына және Азоттың тірі қалғандарына да, 21 Едом, Моаб және Аммонның халқына, 22 Тир мен Сидонның барлық патшаларына, теңіздің ар жағындағы аралдар мен жағалауларындағы жерлердің патшаларына да, 23 Дедан, Тема, Буздың халықтарына, шалғайда тұратын бүкіл көшпенділерге, 24 Арабияның және иен даланы мекендейтін әр түрлі ұлттардың барлық патшаларына, 25 Зімри, Елам және Мидия патшаларының бәріне, 26 алыс-жақын солтүстік елдерінің барлық патшаларына, бірінен кейін біріне, жалпы, бүкіл жер жүзінің патшалықтарына Жаратқан Иенің қаһарына толы «тостағаннан ішкіздім». Бәрінің соңынан Шешах патшасы да содан «ішетін» болады. 27 — Бұдан кейін оларға былай де: Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: «ішіңдер, тоя ішіп, құсып тастаңдар!» Мен араларыңа жіберіп отырған семсерден құлап, қайтып тұрмаңдар! 28 Ал егер олар сенің қолыңнан «тостағанды» алып, «ішуден» бас тартса, оларға былай де: Әлемнің Иесі мынаны айтады: Сендер одан міндетті түрде ішесіңдер! 29 Ойлаңдаршы, Мен тіпті Өзімнің атыммен аталған қаланың басына да апат түсіремін. Сонда өздеріңді жазадан құтыламыз деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, құтылмайсыңдар, өйткені жер бетінің күллі тұрғындарына семсерді жіберемін! — деп нық айтады Әлемнің Иесі. 30 Сонымен оларға қарсы мына пайғамбарлық сөздердің бәрін де айт: Жаратқан Ие заңғар биіктен ақырып, Өзінің киелі тұрағынан даусын естіртеді. Ол осы шұрайлы елге Өзінің бар даусымен күркіреп, бүкіл жер бетінің тұрғындарына жүзімді таптап шырынын ағызатын жұмысшылар айқайлағандай қатты айқай салады. 31 Осы айқай-шу жердің шет-шеттеріне дейін жететін болады. Өйткені Жаратқан Ие ұлттарды айыптап, барлық халықтарға үкімін шығарып, ішіндегі зұлымдарын семсерімен құртатын болады, — дейді Жаратқан Ие. 32 Әлемнің Иесі тағы мынаны да айтады: — Қараңдаршы! Апат бір халықтан екінші халыққа тарап, жердің бар түкпірлерінен алапат дауыл тұрып келе жатыр. 33 Сол кезде Жаратқан Иенің қолынан мерт болғандар жердің бір шетінен екінші шетіне дейін барлық жерде жатады. Оларды ешкім жоқтап қайғырмайды да, өліктерін жинап, қабірге қоймайды да. Олар далада қи-қоқыс сияқты шашылып жататын болады. 34 Ей, «бақташылар», жылап-сықтаңдар, «отардың жетекшілері», қатты қайғырып күлге аунаңдар! Сендердің қырылып, бытырап кететін уақыттарың келді. Сендер құлап, қымбат ыдыстай сынып қаласыңдар. 35 Бақташылардың қашып баратын, жетекшілердің бас сауғалайтын жері болмайды. 36 Бақташылардың жан айқайы, жетекшілердің еңіреп жылауы естіліп тұр. Өйткені Жаратқан Ие олардың жайылымдарын жайпап жатыр. 37 Тыныш жатқан көгалдар Жаратқан Иенің жалындаған қаһарынан тып-типыл болады. 38 Ол апанынан шыққан арыстандай тап беруге дайын тұр. Олардың елдері басқыншының семсерінен және Жаратқан Иенің жалындаған қаһарынан қаңырап бос қалады.
1 Яһудаға Жосия ұлы Жохақымның патшалық құруының бастапқы кезінде Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнады. 2 Сонда Жаратқан Ие мынаны айтты: «Менің киелі үйімнің ауласына барып тұр. Яһуданың барлық қалаларынан киелі үйіме ғибадат етуге келгендерге Мен саған айтқандардың бәрін бірде-бір сөзін қалдырып кетпей жеткіз. 3 Мүмкін, олар құлақ асып, әркім өзінің зұлым жолынан қайтар. Сонда Мен де райымнан қайтып, зұлымдықтары үшін жоспарлаған апатымды олардың бастарына түсірмеймін. 4 Ал енді, жиналған халыққа былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Егер сендер бұдан былай да Мені тыңдамай, өздеріңе тапсырған Таурат заңыма мойынсұнбайтын болсаңдар, 5 әрі Мені қыңырлана тыңдамай қойып, өздеріңе қайта-қайта жіберген қызметшілерім — пайғамбарларға құлақ аспайтын болсаңдар, 6 онда Мен ежелде Шилодағы табыну орнын қалай талқандатқан болсам, осы киелі үйді де солай талқандатамын. Ал Иерусалимді жер бетіндегі күллі халықтар қарғайтын қалаға айналдырамын!» 7 Еремияның Жаратқан Иенің киелі үйінің алдында айтып берген осы сөздерін діни қызметкерлер, пайғамбарлар және жиналған халықтың барлығы естіп тұрды. 8 Еремия Жаратқан Ие өзіне бүкіл халыққа жариялауға тапсырғандарының бәрін айтып болғанда, олар оны ұстап алып, былай деп айқайлады: «Сенің көзіңді құрту керек! 9 Осы киелі үй Шило сияқты талқандалады, әрі Иерусалим қирап, қаңырап бос қалады деп Жаратқан Иенің атынан айтуға қалай ғана аузың барады?» — Жаратқан Иенің киелі үйінде көп халық Еремияның айналасына топырлап жиналды. 10 Яһуда елінің бірқатар төрешілері бұл туралы естігенде патша сарайынан шығып, киелі үйге көтеріліп, оның жаңа қақпасының кіреберісіне барды. Сол жерде олар (дауларды қарайтын орынға) жайғасты. 11 Сонда діни қызметкерлер мен (жалған) пайғамбарлар төрешілерге және бүкіл халыққа шағымданып: — Бұл кісінің біздің қаламыз туралы жамандық болжап, сатқындық жасап тұрғанын өз құлақтарыңызбен естідіңіздер. Сол үшін оған өлім үкімін шығару керек! — деді. 12 Ал Еремия төрешілер мен халықтың бәріне арнап былай деді: — Мына киелі үй мен осы қала туралы сіздер жаңа естіген болжам сөзді айтуға мені Жаратқан Ие жіберді. 13 Сондықтан теріс жолдарыңнан қайтып, іс-әрекеттеріңді түзетіп, Құдайларың Жаратқан Иеге мойынсұныңдар! Осылай етсеңдер, Ол райынан қайтып, өздеріңізге бұйырған апатын жібермейді. 14 Ал маған келсек, міне, өз қолдарыңыздамын. Өздеріңізге не ізгі де әділ болып көрінсе, соны маған істей беріңіздер. 15 Бірақ мынаны біліп қойыңыздар: Егер мені өлтірсеңіздер, онда өздеріңіз, осы қала және оның тұрғындарының бәрі де жазықсыз адамның қанын төгіп, соның кінәсін мойындарыңызға жүктейсіздер. Өйткені бұл сөздерді сіздерге естіртуге мені шынымен Жаратқан Ие жіберді! 16 Сонда төрешілер мен бүкіл халық діни қызметкерлер мен пайғамбарларға: — Бұл адамды өлімге кесуге болмайды! Ол бізге Құдайымыз Жаратқан Иенің атынан сөйледі ғой! — деді. 17 Елдің ақсақалдарының бірнешеуі алға шығып, халықтың бүкіл жамағатына қарап былай деді: 18 — Яһуда патшасы Езекияның заманында морешеттік Миха пайғамбар Құдайдың хабарын жеткізіп бүкіл Яһуда халқына былай деген болатын: «Әлемнің Иесі мынаны айтады: Сион тауы егістіктей соқамен жыртылады! Иерусалим — тас үйіндіге, қазір ғибадатхана тұрған төбе — ну орманды қыратқа айналады!» 19 Езекия патша және бүкіл Яһуда халқы оны сол үшін өлімге кесіп пе еді? Қайта, Езекия Жаратқан Иені қастерлеп, Одан рақым етуін жалбарына сұрады емес пе? Сонда Жаратқан Ие райынан қайтып, оларға бұйырған апатын жібермей қойды ғой! Ал Еремияны өлтіріп, біз өзімізге-өзіміз зор апат келтірейін деп тұрмыз! 20 Сол кездері кириат-иғаримдық Шемаях ұлы Ұрия деген кісі де Жаратқан Иенің атынан Оның хабарларын жеткізіп жүрген болатын. Ұрия пайғамбардың айтқандары Еремияның сөздерінің барлығымен бірдей болды. Осы қала мен елдің зор апатқа душар болатыны туралы ол да пайғамбарлық сөз айтып жүрді. 21 Жохақым патша өзінің бүкіл ұландары және әміршілерімен бірге Ұрияның айтқан сөздерін естігенде, оның көзін құртпаққа ұмтылды. Ұрия бұл туралы біліп қойғанда абыржып, Мысырға қашып кетті. 22 Ал Жохақым патша Ахбор ұлы Елнатанды қасына бірнеше кісі қосып, Мысырға жіберді. 23 Олар Ұрияны сол елден қайтарып, Жохақым патшаның алдына алып келді. Патша оны семсермен шауып өлтіріп, мәйітін қарапайым халық жерленетін жерге лақтырып тастатты. 24 Бірақ Шапан ұлы Ахиқамның қолдауының арқасында Еремия жанын алмақ болған халық тобырына тапсырылудан аман қалды.
1 Яһуда еліне Жосия ұлы Седекияхтың патшалық құрған алғашқы кезінде Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнады. 2 Сонда Жаратқан Ие маған мынаны айтты: — Өзіңе қайыс пен сырықтан мойынтұрық жасап, мойныңа киіп ал. 3 Сөйтіп Едом, Моаб, Аммон елдерінің және Тир мен Сидон қалаларының патшаларына олардың Иерусалимдегі Яһуда патшасы Седекияхқа жіберген елшілері арқылы Менің хабарымды жолда! 4 Сол елшілерге қожайындарына арналған сөздерімді тапсыр: Сендер қожайындарыңа Менің хабарымды жеткізіп былай деңдер: Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы мынаны айтады: 5 Мен ғаламат құдіретіммен және алға созған қолыммен әлемді әрі жер бетіндегі адамдар мен хайуандарды қоса жараттым. Оларды қалаған адамыма тапсырамын. 6 Ал қазір Мен сендердің барлық елдеріңді Өзімнің еркімді іске асырушы Бабыл патшасы Набуходоносордың билігіне тапсырып отырмын. Мен тіпті даланың жабайы аңдарын да оған бағынышты етемін. 7 Бабыл патшалығы мен патшасына сотталу уақыты жеткенге дейін, барлық халықтар оның өзіне, ұлы мен немересіне мойынсұнып қызмет ететін болады. Содан кейін Бабылдың өзі көптеген халықтар мен ұлы патшаларға бағынышты болады. 8 Ал егер бір ұлт не бір патшалық Бабыл патшасы Набуходоносорға бағынып оның мойынтұрығын киюден бас тартса, Мен ондай ұлтты семсер, ашаршылық және індетпен жазалап, сол патшаның қолымен құртамын! — дейді Жаратқан Ие. — 9 Сондықтан сендерге «Бабыл патшасына бағынып қызмет етпейсіңдер!» деп болжайтын өз пайғамбарларыңа, бал ашушы, түс көруші не аруақ шақырушы сәуегейлерің мен сиқыршыларыңа сенбеңдер! 10 Өйткені олар сендерге жалған пайғамбарлық сөз айтып, өз елдеріңнен алыс жаққа айдалып кетулеріңе түрткі болады. Сонда Мен сендерді елдеріңнен аластатып, басқа жаққа қуып, сендер сол жерде құрып кетесіңдер. 11 Ал Бабыл патшасына бағынып, оның мойынтұрығын киген халықты Мен өз елінде қалдырамын. Олар сонда тұрып, жерін өңдеп өз күндерін көретін болады, — деп уәде етеді Жаратқан Ие. 12 Мен Жаратқан Иенің осы хабарын Яһуда патшасы Седекияхқа да жеткізіп былай дедім: — Бабыл патшасының мойынтұрығын киіп, оған және оның халқына бағыныңдар, сонда тірі қаласыңдар! 13 Жаратқан Ие Бабыл патшасына бағынбаған кез келген халықты семсер, ашаршылық және індетпен қырамын деп ескертіп тұрғанда саған халқыңмен қоса қырылып не бар? 14 Сендерге «Бабыл патшасына бағынып қызмет етпейсіңдер!» деп жүрген пайғамбарларды тыңдамаңдар! Олар сендерге өтірік айтып жүр. 15 Жаратқан Ие: Мен оларды жіберген жоқпын, — деп отыр. — Олар Менің атымнан өтірік хабар айтып жүр! Сондықтан Мен сендерді елден аластатамын, солай өздерің де, сендерге болжамдарын айтып жүрген пайғамбарларың да құрисыңдар! 16 Мұнан кейін мен қайтадан діни қызметкерлер мен бүкіл халыққа арнап былай дедім: — Жаратқан Ие мынаны айтады: «Жаратқан Иенің киелі үйінен Бабылға әкетілген ыдыстар жақын арада кері қайтарылады» деп жүрген пайғамбарларға сенбеңдер! Олар сендерге өтірік хабар айтып жүр. 17 Оларды тыңдамаңдар! Бабыл патшасына бағынып мойынсұныңдар! Сонда тірі қаласыңдар. Мына қала не үшін қирап жермен-жексен болып қиратылуға тиіс? 18 Егер олар шынымен Жаратқан Ие жіберген пайғамбарлар болса, онда Әлемнің Иесіне: «Киелі үйде, Яһуда патшасының сарайы мен Иерусалим қаласында қалған құнды бұйымдар қалай болғанда да Бабылға әкетілмесе екен!» деп мінажат етіп сиынсын! 19 Өйткені Әлемнің Иесі ғибадатханадағы екі қола бағана, оның ауласындағы «теңіз» деп аталатын дәу қола қазан, жылжымалы қола тұғырлар және киелі үйдің әлі де қалада қалған басқа да бұйымдары туралы хабарын жіберген болатын. 20 Себебі Бабыл патшасы Набуходоносор Яһуда патшасы Жохақым ұлы Ехонияхты, Яһуда мен Иерусалимнің басшыларын Иерусалимнен Бабылға айдап әкеткенде ғибадатхананың көптеген бұйымдарын тонап алып кеткен болса да, кейбіреулері қалып қойған еді. 21 Иә, Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, Өзінің киелі үйінде, Яһуда патшасының сарайында және Иерусалим қаласында қалып отырған құнды бұйымдар туралы мынаны айтады: 22 Олар Бабылға әкетіледі, әрі Мен оларға қайтадан назар аударғанша сол жақта қала береді! — деп нық айтады Жаратқан Ие. — Ал содан соң Мен осы бұйымдарды өз орнына қайтарып алып келемін!
1 Яһуда еліне Седекиях патшалық құрған сол төртінші жылының бесінші айында гибеондық Азур ұлы Хананиях Жаратқан Иенің киелі үйінде діни қызметкерлер мен жиналып тұрған бүкіл халықтың көзінше маған тіл қатып былай деді: 2 — Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Мен Бабыл патшасының мойынтұрығын сындырамын. 3 Осыдан екі жыл өтпей-ақ Мен Бабыл патшасы Набуходоносордың Жаратқан Иенің киелі үйінен Бабылға алып кеткен бұйымдарының бәрін де осы жерге қайтарамын! 4 Яһуда патшасы Жохақым ұлы Ехонияхты да, Яһудадан жер аударылған басқалардың бәрін де қайтып алып келемін! — деп уәде етеді Жаратқан Ие. — Себебі Мен Бабыл патшасының мойынтұрығын сындырамын! 5 Жаратқан Иенің киелі үйінде жиналып тұрған діни қызметкерлер мен бүкіл халықтың көзінше Еремия пайғамбар Хананиях пайғамбарға былай деп жауап берді: 6 — Аумин, Жаратқан Ие солай етсін! Ол Бабылдан Өзінің киелі үйінің бұйымдарын да, жер аударылған адамдарды да осында қайтарып, сенің «пайғамбарлық сөздеріңді» жүзеге асырсын! 7 Ал енді өзіңнің және бүкіл мына халықтың алдында айтатын сөзімді тыңда! 8 Ежелгі замандардан бері сен екеуімізден бұрын болған пайғамбарлар әрқашан көптеген елдер мен ұлы патшалықтарға төнетін соғыс, апат және оба індеті туралы алдын ала білдіріп келді. 9 Бірақ «Амандық пен тыныштық болады!» деп алдын ала айтқан пайғамбарды шынымен Жаратқан Ие жіберген деп халық тек оның айтқан сөзі жүзеге асқаннан кейін ғана мойындайтын. 10 Сонда Хананиях пайғамбар Еремия пайғамбардың мойнынан мойынтұрықты шешіп алып, сындырып тастады да, 11 бүкіл халықтың алдында былай деді: — Жаратқан Ие мынаны айтады: Екі жыл өтпей-ақ Мен Бабыл патшасы Набуходоносордың халықтарға кигізген мойынтұрығын дәл осылайша сындырып алып тастаймын! — деді. Ал Еремия өз жөніне кетті. 12 Хананиях пайғамбар Еремия пайғамбардың мойнындағы мойынтұрықты сындырған оқиғадан кейін Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді: 13 — Бар да, Хананияхқа былай де: Жаратқан Ие саған мынаны айтады: Ағаш мойынтұрықты сындырған едің, енді оны темір мойынтұрыққа айналдырдың. 14 Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, тағы мынаны айтады: Мен барлық осы халықтардың мойнына темір мойынтұрық кигізіп, оларды Бабыл патшасы Набуходоносорға басыбайлы қызмет етуге мәжбүрледім. Содан олар оған сөзсіз қызмет ететін болады! Мен тіпті даланың жабайы аңдарын да оған бағынышты етемін. 15 Содан соң Еремия пайғамбар Хананиях пайғамбарға қарап былай деді: — Тыңда, Хананиях! Өзіңді Жаратқан Ие жібермеген болса да, сен мына халықты жалған хабарға сендіріп келесің. 16 Сол себепті Жаратқан Ие мынаны айтады: Енді Мен сені жер бетінен аластатып қуып жіберемін! Дәл осы жылы өлесің, өйткені сен халықты Жаратқан Иеге қарсы шығуға арандаттың. 17 Хананиях пайғамбар (осы оқиғадан екі ай өтпей-ақ) сол жылдың жетінші айында қайтыс болды.
1 Набуходоносор Иерусалимнен Бабылға жер аударып әкеткен халықтың әлі де көзі тірі ақсақалдарына, діни қызметкерлері мен пайғамбарларына және бүкіл халыққа Еремия пайғамбар сәлемхатын жолдады. 2 Ол бұл хатты Ехониях патша, оның шешесі, сарай қызметкерлері және Яһуда мен Иерусалимнің әміршілері, қолөнершілері мен ұсталары Иерусалимнен айдалып кеткеннен кейін жазды. 3 Еремия хатын жеткізуді Яһуда патшасы Седекияхтың Бабыл патшасы Набуходоносорға жіберген елшілері Шапан ұлы Еласах пен Хелкия ұлы Гемарияхқа аманаттады. Хатта былай делінген еді: 4 «Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы Өзі Иерусалимнен Бабылға жер аудартқандарға мынаны айтады: 5 Үй салып, қоныстаныңдар, бау-бақша отырғызып, өнімін жеңдер, 6 үйленіп, ұл-қыз сүйіңдер, ұлдарыңды үйлендіріп, қыздарыңды ұзатыңдар, олар да бала сүйсін. Сол жақта сандарың азаймай, өсіп-өніп көбейіңдер! 7 Мен өздеріңді жер аудартқан қаланың бейбіт өркендеуіне атсалысыңдар! Жаратқан Иеге қала үшін дұға етіп сиыныңдар! Өйткені қала бейбіт өркендесе, сендер де амандық пен тыныштықта өмір сүріп өркендейсіңдер. 8 Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, тағы мынаны да айтады: Өз араларыңдағы пайғамбарларың мен сәуегейлеріңнің алдағандарына алданып қалмаңдар! Олардың көріп жүрген түстеріне сенбеңдер! 9 Олар сендерге Менің атымнан өтірік хабар айтып жүр. Мен оларды хабар айтуға жіберген емеспін, — деп ескертеді Жаратқан Ие. 10 Себебі Жаратқан Ие былай деп уәде береді: — Сендер Бабылда жетпіс жыл болғаннан кейін Мен сендерді қамқорлауға келіп, өздеріңді осы жерге қайтып әкелемін деген ізгі уәдемді орындаймын. 11 Өйткені сендерге деген ниетім Өзіме аян: сендерге қасірет емес, амандық пен тыныштық бұйырып, болашақ пен үміт сыйлайтын ниетім бар, — деп нық айтады Жаратқан Ие. — 12 Сол кезде Маған сиынып шақырасыңдар, алдыма келіп дұға етесіңдер, ал Мен сендерге құлақ асамын. 13 Егер де Маған шын жүректен бет бұрып сиынып Мені іздесеңдер, табасыңдар. 14 Сонда Мен сендерге Өзімді тапқызамын! — деп уәде береді Жаратқан Ие. — Иә, Мен сендерді тұтқыннан кері қайтарып, жағдайларыңды бұрынғыдай игілікке кенелтемін. Өзім сендерді жер аудартқан барлық халықтар мен елдерден жинап, осы жерге қайта алып келемін. 15 «Жаратқан Ие бізге Бабылда да Өзінің хабарын жеткізіп тұрған пайғамбарларын берді ғой!» дейтін шығарсыңдар. 16 Бірақ Жаратқан Ие Дәуіттің тағында отырған патша туралы және өздеріңмен бірге жер аударылмай, Иерусалим қаласында қалып қойған ағайындарың туралы Өзінің еркін білдірді. 17 Әлемнің Иесі солар туралы мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен олардың бастарына семсер, ашаршылық және індет түсіріп, оларды бұзылып, жеуге жарамай қалған жиренішті інжір жемістері сияқты етемін! 18 Иә, Мен оларды семсер, ашаршылық және індетпен соңдарынан қалмай қуып, бүкіл жер бетіндегі патшалықтарға қорқынышты көрініс етемін. Оларды Өзім қуып жіберген барлық халықтардың арасында бәрі қарғап, жандары түршігіп ысқырып, келекелеп масқаралайтын болады. 19 Өйткені олар Менің пайғамбарларым арқылы өздеріне қайта-қайта жіберген сөздеріме құлақ асқан жоқ! Және жер аударылған сендер де тыңдаған жоқсыңдар! — деп ескертеді Жаратқан Ие. 20 Ал енді, Мен Иерусалимнен Бабылға жер аудартқан сендердің барлығың, сөзіме құлақ салыңдар! 21 Мен, Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны Қолаях ұлы Ахаб пен Мағасиях ұлы Седекиях туралы айтамын: Олар Менің атымнан жалған хабарлар айтып келеді. Біліп қойыңдар, Мен оларды Бабыл патшасы Набуходоносордың қолына түсіремін. Ол сол екеуін сендердің көз алдарыңда өлтіреді. 22 Сондықтан Яһудадан Бабылға жер аударылып келгендер арасында: «Бабыл патшасы отпен өртеген Седекиях пен Ахаб сияқты, Жаратқан Ие саған да солай істесін!» деген теріс бата берілмек. 23 Өйткені олар Исраилде түрлі арамза істер істеп, тіпті басқалардың әйелдерімен опасыздық жасап келеді. Сонымен қатар олар Мен өздеріне айтпасам да, олар Менің атымнан жалған хабар жеткізіп жүр. Мен бұл қылықтарын білемін және соларына Өзім куәмін!» 24 Нехеламдық Шемаяхқа былай де: 25 — Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Сен өз атыңнан Иерусалимдегі бүкіл халыққа, діни қызметкер Мағасиях ұлы Софонияға және басқа барлық діни қызметкерлерге мынадай хаттар жазыпсың: 26 «Жаратқан Ие сізді діни қызметкер Еходайдың орнына ғибадатханада сақшылар бастығы болуға тағайындады. Сондықтан пайғамбарсып жүрген әрбір есуасты тұтқындап, мойнына және аяғына темір бұғау салуыңыз керек болатын! 27 Ендеше сіздерге пайғамбар болып жүргенсіген анатоттық Еремияға неліктен осы уақытқа дейін тыйым салмай жүрсіз? 28 Ол тіпті Бабылдағы біздерге сәлемхатын жолдап былай деді: «Сендер сол жақта әлі ұзақ уақыт боласыңдар. Сондықтан үй салып, қоныстаныңдар, бау-бақша отырғызып, өнімін жеңдер!» деп жазды». 29 Діни қызметкер Софония осы хатты алғанда оны Еремия пайғамбарға оқып берді. 30 Сонда Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап: 31 — Барлық жер аударылғандарға хат жолдап былай деп жаз: «Нехеламдық Шемаях туралы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен өзін жібермесем де, Шемаях сендерге пайғамбар болғансып сөз айтып, сендерді өтірікке сендіргені үшін, 32 Жаратқан Ие ол туралы мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен нехеламдық Шемаяхты да, оның ұрпақтарын да жазалаймын. Оның бірде-бір ұрпағы мына халықтың арасында тұрмайтын болады. Оның өзі де Мен халқым үшін жасайтын жақсылықтардың ешқайсысын да көрмейтін болады! Өйткені ол халықты Маған мойынсұнбауға шақырды! Жаратқан Ие осыны нық айтады», — деді.
1 Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнап былай деді: 2 — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Өзіңе айтқан сөздерімнің бәрін шиыршық кітапқа жазып қой! 3 Өйткені былай деп уәде беремін: Мен өз халқым (Солтүстік) Исраил мен Яһуданы жер аударылудан қайтарып алып келемін. Сонда Өзім ата-бабаларына мұралық меншікке тапсырған елді олардың иемденетін уақыты жетеді. — 4 Мынау Жаратқан Иенің Солтүстік Исраил мен Яһуда туралы тағы да айтқан сөздері: — 5 Жаратқан Ие мынаны айтады: Қорқынышты айқай естіледі! Айналдыра үрей, еш тыныштық жоқ! 6 Сұрастырып көріңдерші, ойлаңдаршы: ер адам бала туа алатын ба еді? Тумаса, неліктен әрбір еркек толғатып жатқан әйелдей ішін екі қолымен ұстап алған? Неге өңдері құп-қу болып кеткен? 7 Ойпырмай, сол күн қандай ауыр болады десеңші! Ешбір күн дәл сол күнге ұқсамайды. Сол кез Жақыптың ұрпақтары үшін қиын-қыстау кезең болады! Бірақ ең соңында олар содан құтқарылады. 8 Сол кезде Мен олардың киген мойынтұрықтарын сындырып алып тастап, бұғауларын талқандап лақтырамын. Бөтен халықтар бұдан былай оларды құлдыққа түсірмейтін болады, — деп уәде береді Әлемнің Иесі. — 9 Енді олар өз Құдайлары Жаратқан Иеге және Дәуіттің әулетінен шыққан өз патшаларына мойынсұнып қызмет ететін болады. Мен сол үшін оларға Дәуіттің ұрпағын патша болуға қайтадан тағайындап беремін. 10 Сондықтан қорықпа, уа, қызметшім Жақып, үрейленбе, уа, Исраил халқы! — дейді Жаратқан Ие. — Біліп ал: Мен сені жүрген алыс жерлеріңнен құтқарамын, ұрпақтарыңды да тұтқында жүрген елдерінен құтқарып алып келемін. Сол жерде Жақыптың үрім-бұтағы елге қайта оралып, аман-есен өмір сүреді. Ешкім де оларды қорқытпайды. 11 Мен саған жар болып, сені құтқарамын, — деп уәде береді Жаратқан Ие. — Сені араларына шашыратып жіберген халықтарды құртып жоқ қыламын, бірақ өзіңді құртып жоқ қылмаймын. Алайда сені мүлдем жазасыз қалдырмай, әділдікпен жазалаймын. 12 Өйткені Жаратқан Ие мынаны нық айтады: — Сенің жараңа ешқандай ем жоқ, жарақатың тым ауыр! 13 Мүддеңді қорғайтын қамқоршың, жарақатыңа ем, өзіңе шипа болатын дәрі-дәрмек жоқ. 14 Көңілдес одақтастарыңның бәрі сені ұмытып, естеріне еш алмайды. Кінәң тым ауыр, күнәларың тым көп болғандықтан, Мен сені жау соққы бергендей соғып, қатыгез адамның жазалағанындай жазаладым. 15 Өзіңнің жарақатыңнан, шипасы жоқ ауруыңнан несіне айқайлайсың? Кінәң тым ауыр, күнәларың тым көп болғандықтан саған сондай жаза тартқыздым. 16 Бірақ сені жалмағандардың бәрі өздері жалманады, дұшпандарың біреуі қалмай тұтқынға түседі. Сені тонағандардың өздері тоналып, талан-таражға салғандар соны өз бастарынан өткізеді. 17 Сен «аластатылған, еш қамқоршысы жоқ Сион» деп аталғандықтан, Мен сені қайтадан сауықтырып, жарақаттарыңды жазамын. 18 Жаратқан Ие тағы мынаны да айтады: Біліп қойыңдар, Мен Жақыптың ұрпақтарына рақым көрсетіп, жер аударылған жағынан қайтарамын. Қирап, үйінді болған қала қайта тұрғызылып, қорғаны да өзінің бұрынғы орнында тұратын болады. 19 Олардан шүкірлік ән-жырлары мен қуанғандардың үндері шығатын болады. Мен олардың сандарын азайтпай, өсіріп-өндіріп көбейтемін. Абыройға бөлеймін, олар енді масқара болмайды. 20 Бұрынғыдай үбірлі-шүбірлі болып, қауымы Менің алдымда нығаяды. Мен оларға қысым көрсеткендердің бәрін жазалаймын. 21 Олардың билеушісі халықтың ішінен, өз араларынан шығады. Оны Өзіме жақындатамын, ол Менің алдыма келе береді. Өйткені Мен шақырмасам, өздігінен Менің алдыма келуге кімнің дәті барады? — деп нық айтады Жаратқан Ие. — 22 Осылай сендер Менің халқым, ал Мен сендердің Құдайларың боламын. 23 Қара да тұр, Жаратқан Иенің қаһары дауылдай буырқанып, құйын сияқты зұлымдардың басына шүйілейін деп жатыр! 24 Жаратқан Ие жүрегіндегі ой-ниеттерін толығымен орындап болмайынша, Өзінің лаулаған қаһарынан қайтпайды. Алдағы уақытта сендер мұны түсінесіңдер.
1 Жаратқан Ие мынаны уәде етеді: «Сол кезде Мен Исраилдің барлық әулеттерінің Құдайы, ал олар Менің халқым болады. — 2 Жаратқан Ие тағы мынаны да айтады: — Семсердің жүзінен аман қалған халық иен далада рақымға ие болады. Мен қайтадан келіп, Исраилге тыныштық сыйлаймын». 3 Ежелде Жаратқан Ие бізге аян беріп былай деген еді: «Саған деген сүйіспеншілігім мәңгілік, берік мейіріміммен сені Өзіме баурап келемін. 4 Мен сені қайтадан қалпыңа келтіремін, уа, бойжеткен іспетті Исраил халқы! Сендер бұрынғыдай даңғыраларыңды қолдарыңа алып, шаттана қуанып би билейтін боласыңдар, 5 әрі Самарияның қыраттарында қайтадан жүзімдіктер отырғызасыңдар. Соларды отырғызғандар жемісінің қызығын көретін болады. 6 Сонда күзетшілер Ефремнің таулы жерінде: «Жүріңдер, Сионға шығайық, Құдайымыз Жаратқан Иенің алдына барайық!» дейтін күн туады». 7 Жаратқан Ие мынаны да айтады: «Жақыптың халқы үшін қуана ән салыңдар, оның басқа халықтардан озат болғанына шаттанып, айқайлай ұрандаңдар! Жасаған Иеге мақтау айтып былай деп өтініңдер: «Уа, Жаратқан Ие, өз халқың Исраилдің тірі қалғандарын құтқара гөр!» 8 Біліп қойыңдар, Мен оларды солтүстік елінен және жердің ең шалғай түкпірлерінен жинап алып келемін. Олардың арасында соқырлар мен ақсақтар, аяғы ауыр және жаңадан босанған әйелдер де болады. Сонда Исраилдің тірі қалғандары өте үлкен жамағат болып осында қайтады. 9 Олар қуаныштан жылап, Маған мінажат етеді; Өзім оларды өзен бойымен бастап, тегіс жолдармен сүріндірмей алып жүремін. Өйткені Мен Исраилдің рухани Әкесімін, әрі Ефрем — Менің тұңғышым іспетті». 10 Жаратқан Иенің мына сөзін тыңдаңдар, ей, халықтар! Теңіз жағалауларына да оны жариялаңдар: Исраилді шашыратқан Құдайы оны қайтадан жинап алады! Малшының отарын баққанындай, Ол да халқын солай бағып қорғайтын болады. 11 Өйткені Жаратқан Ие Жақыптың үрім-бұтағын құлдықтан азат етеді, Ол Исраил халқына қамқорлық жасап, оларды қуатты жауларынан құтқарып алады. 12 Сонда Исраил келіп, Сион тауында қуаныштан айқай салады. Олар Жаратқан Иенің берген игіліктеріне: астық, жүзім шырыны және зәйтүн майына, ірілі-ұсақты малдарының төлдеріне мәз-мейрам болады. Халқым мол суғарылатын бақ сияқты гүлденіп, енді қайтып қасіреттен түңілмейді. 13 Сонда бойжеткендер көңілденіп жас-кәрілермен бірге би билейді. Мен қайғыларын шаттыққа айналдырып, қасірет орнына жұбаныш пен қуаныш сыйлаймын. 14 Діни қызметкерлерді дәмді тамақпен молынан қамтамасыз етемін, халқым да игіліктеріме кенеледі, — деп уәде етеді Жаратқан Ие. 15 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Рамақ жерінде зор қасіреттен Дауыс естіледі зар еңіреген. Рахила өлген балаларын жоқтап, Жұбанудан бас тартады зар жылап: Келмеске кетті олар көздері құрып!» 16 Алайда Жаратқан Ие өз халқына мынаны айтады: — Жылауыңды доғарып, көз жасыңды сүрт. Өйткені сен әлі де еңбегіңнің қызығын көретін боласың. Балаларың жау елінен қайтып келеді! 17 Сенің болашақтан үмітің бар, перзенттерің өз елдеріне қайтатын болады! — деп уәде береді Жаратқан Иенің Өзі. 18 Мен Ефремнің қайғырып былай дегенін естідім: — Сен мені жазалап тәрбиеледің. (Солай істегенің дұрыс та еді, себебі) мен мойынтұрыққа үйренбеген тайыншадай қыңыр болатынмын. Мені тағы Өзіңе қайтарып ала гөр! Өйткені Сен менің Құдайым Жаратқан Иемсің. 19 Адасқаннан кейін мен өкініп Саған бет бұрдым. Түсінгеннен кейін санымды соқтым. Жас шағымдағы істеген істеріме ұялып жайсыздандым. 20 «Ефрем Менің қымбатты ұлым, сүйікті балам іспетті емес пе? Оған айыптау сөздерін көп айтсам да, оны әлі де есіме алып отырамын. Жүрегім оны аңсайды, әрине, Мен оған рақымымды түсіремін!» — дейді Жаратқан Ие. 21 «Жол бойына белгілер қойып, жол көрсететін бағаналар орнат! Елге қайтаратын даңғылға назар аудар! Кеткен жолыңмен өз қалаларыңа қайтып кел, уа, бойжеткен іспетті Исраил халқы! 22 Қашанға дейін қаңғып жүре бересің, опасыз қыз? Енді Мен, Жаратқан Ие, жерде бір жаңалық жасаймын: әйелдің күйеуінің айналасынан шықпайтыны (іспетті, Исраил де Құдайының айналасынан шықпайтын болады). — 23 Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны да айтады: — Мен халықты жер аударылып кеткен жағынан қайтарып алып келгенде, Яһуда елі мен оның қалаларында: «Жаратқан Ие сені жарылқасын, уа, әділдіктің мекені, киелі тау!» деген баталы сөз айтылатын болады. 24 Яһуда елі мен оның барлық қалаларында диқандар мен малшылар бейбіт бірге тұратын болады. 25 Мен шаршаған жанды сергітемін, қайғырып түңілгенді рухани нәрге кенелтемін». 26 Осы кезде мен ұйқымнан оянып кетіп, жан-жағыма қарадым. Ұйқым өте тәтті болған еді. 27 Жаратқан Ие былай деп уәде береді: «Болашақ күндерде Мен Солтүстік Исраил мен Яһуданың үрім-бұтағын (өз жеріне қайтадан) егіп отырғызамын, сонда адамдары мен малдары өсіп-өніп көбейетін болады. 28 Мен оларды түп-тамырымен жұлып ойсыратып, құлатып жоюды қырағы қадағалағаным сияқты, енді оларды солай егіп отырғызып, өркендетуді де қырағы қадағалайтын боламын! — Мұны айтқан Жаратқан Иенің Өзі. — 29 Сол заманда «Қышқыл жүзімді көп жеген — аталары, ал тістері қамалған — балалары» деген нақыл сөз келтірілмейді. 30 Қайта, әр қылмыскер өзі жасаған зұлымдығы үшін өлім құшпақ. Бұл: «Қышқыл жүзім көп жегеннің өз тістері қамалар» дегендей болады». 31 Жаратқан Ие мынаны айтады: «Біліп алыңдар, Мен Солтүстік Исраилдің және Яһуданың үрім-бұтақтарымен Жаңа Келісім жасайтын уақыт келді. 32 Бұл Келісім Менің олардың ата-бабаларын қолдарынан жетелеп Мысырдан алып шыққанда солармен жасаған Келісіміммен бірдей болмайды. Өйткені Мен оларды әйелін қатты сүйген күйеуі іспетті жақсы көрсем де, олар сол Келісіміме адал болмады, — дейді Жаратқан Ие. — 33 Қайта, Менің кейінгі заманда Исраил халқымен жасайтын Келісімім мынадай болады: Мен өз тәлімімді олардың ақыл-саналарына дарытамын әрі жүректеріне «жазып» та қоямын. Мен олардың Құдайы, ал олар Менің халқым болады. 34 Сонда ешкімге замандасы мен ағайынына: «Жаратқан Иені жақыннан танып біл!» деп үйретудің қажеті болмайды. Өйткені үлкенді-кішілі барлығы да Мені жақыннан танып білетін болады. Себебі Мен олардың әділетсіз істерін рақымшылықпен кешіріп, жасаған күнәларын бұдан былай есіме алмаймын. 35 Күндіз жарық беретін күнді, түнде жарық беретін ай мен жұлдыздарды белгілі тәртіппен орнатқан, теңізді сапырып, толқындарын буырқандыратын Жаратқан Иенің есімі — «Әлемнің Иесі». — Ол мынаны айтады: — 36 Табиғаттың осы тәртібі бұзылса ғана, Исраилдің үрім-бұтағы Менің көз алдымнан құрып, халық болудан қалады. 37 Жоғарыдағы аспанды өлшеу мен төмендегі жердің түп негіздерін табудың мүмкін еместігі сияқты, Менің Исраилді барлық істегендері үшін Өзімнен біржола аластатуым да мүмкін емес!» — деп уәде береді Жаратқан Ие. 38 Болашақта осы қала Менің даңқым үшін Хананел мұнарасынан Бұрыш қақпасына дейін қайтадан салынады. 39 Құрылысшының өлшеуіш жібі сол жерден Гәреб қыратына дейін тартылып, одан әрі Ғояға қарай бұрылады. 40 Бұрын өлгендер қойылатын, күл төгілетін бүкіл аңғар, Қидрон сайына қарай жатқан егістіктер, әрі шығыстағы Жылқы қақпасына дейінгі жер де бұдан былай Жаратқан Иеге бағышталған киелі болады. Қала енді қайтып жау қолына түсіп, құлатылып қиратылмайды да, халқы ешқашан түп-тамырымен жұлынып тасталмайды да.
1 Яһуда еліне Седекияхтың патшалық құрған оныншы жылы, яғни Бабылға Набуходоносордың патшалық құрған он сегізінші жылы, Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнады. 2 Сол кезде Бабыл патшасының әскері Иерусалимді қоршап алып, шабуыл жасап жатты. Ал Еремия пайғамбардың өзі Яһуда патшасының сарайындағы қарауылдар ауласында тұтқында болатын. 3 Оны қамап қойған Яһуда патшасы Седекиях еді. Ол Еремияға: — Сен неге былай деп пайғамбарлық сөздер айтып жүрсің: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен бұл қаланы Бабыл патшасының қолына тапсырамын, ол оны басып алады. 4 Яһуда патшасы халдейлердің қолынан қашып құтыла алмайды! Ол сөзсіз Бабыл патшасының қолына түсіп, оны өз көзімен көріп, бетпе-бет сөйлесетін болады. 5 Бабыл патшасы Седекияхты Бабылға алып кетеді. Мен оған қатысты еркімді орындағанша Седекиях сонда қала береді. Егер халдейлерге қарсы соғыссаңдар, бұларыңнан түк шықпайды!» Бұлай айтқаның қалай, Еремия? — деп наразылық білдірген болатын. 6 Еремия Седекияхқа былай деп жауап берген еді: — Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 7 «Қазір саған ағаң Шаллумның ұлы Ханамил келіп, мынадай өтініш жасамақ: Сіз менің қамқоршы бола алатын ең жақын туысқанымсыз. Сондықтан менің Анатоттағы егістігімді сатып алып, әулетіміздің одан айырылып қалуын болдыра көрмеңіз». 8 Мұнан кейін дәл Жаратқан Ие маған білдіргендей менің немере інім Ханамил қарауылдар ауласына келіп, маған: «Бунямин жеріндегі Анатоттың маңындағы егістігімді сатып алыңыз. Оны қамқоршы ретінде сатып алып, иемденіп алуға құқығыңыз бар ғой!» — деді. Бұдан мен естіген хабарымның Жаратқан Иеден екенін шүбәсіз білдім. 9 Осылай мен Анатоттағы егістік танабын немере інім Ханамилден сатып алып, ол үшін он жеті мысқал күміс төлеуге келістім. 10 Содан сатып алу жайлы қолхат жазып, оған мөрімді басып, куәгерлерге куәландырып, ініме күмісті таразыға тартып өлшеп бердім. 11 Мұнан кейін сатып алу туралы екі құжатты: мөрленген бірінші қолхатты және сатып алудың шарттары мен келісімдері жазылған мөрленбеген екінші қолхатты алдым да, 12 екеуін інім Ханамилдің, қол қойған куәгерлердің және сол кезде қарауылдар ауласында отырған басқа барлық яһудилердің көзінше Нирияхтың ұлы, Мағасеяхтың немересі Барухқа тапсырдым. 13 Олардың көзінше мен Барухқа мынадай нұсқаулар бердім: 14 Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Осы екі құжатты, мөрленгені мен мөрленбегенін, ал да, ұзақ уақыт шірімей сақталулары үшін қыш құмыраға салып қой! 15 Өйткені болашақ бір кезде адамдар осы елде тағы да үйлер, егістіктер мен жүзімдіктерді сатып алатын болады! — деп уәде береді Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы. 16 Мен сатып алу құжатын Нириях ұлы Барухқа тапсырғаннан кейін Жаратқан Иеге сиынып, былай деп мінажат еттім: 17 — Уа, Жаратушы Тәңір Ие! Өзіңнің ғаламат құдіретіңмен және алға созған қолыңмен аспан мен жерді жараттың. Сен істей алмайтын тым қиын нәрсе жоқ! 18 Өзіңнің рақымыңды мыңдаған адамдарға көрсетесің, ал әкелерінің кінәларын балаларының мойнына да саласың. Уа, ұлы да құдіретті Құдай, Сенің есімің — «Әлемнің Иесі!» 19 Жоспарларың сондай ұлы, істерің сондай керемет! Сенің көздерің адам баласының барлық істерін анық көреді. Әркімге жүрген жолдары мен істеген істерінің жемісі бойынша лайықтысын бересің. 20 Ежелде Мысыр елінде Өзіңнің шынайы Құдай екендігіңді дәлелдейтін кереметтерің мен ғажап істеріңді жасадың. Күні бүгінге дейін Исраилде және күллі адамзаттың арасында кереметтер жасап келе жатырсың. Өзіңнің атыңды шығарып, қазір де зор даңққа иесің. 21 Сен халқың Исраилді (Өзіңнің шынайы Құдай екендігіңді) дәлелдейтін кереметтерің мен ғажап істеріңмен, құдіретті де алға созған қолыңмен әрі жауға үлкен қорқыныш жіберуіңмен Мысыр елінен алып шықтың. 22 Сен ата-бабаларына беремін деп ант еткен ағы мен балы ағыл-тегіл мол елді мына халыққа табыстадың. 23 Олар елге кіріп, оны иемденіп алса да, Саған мойынсұнған да жоқ, Сенің Таурат заңыңа сай өмір сүрген де жоқ. Олар ондағы өсиеттеріңнің ешқайсысын (шын жүректен) орындамады. Сондықтан да осы пәлелердің бәрін олардың басына түсірдің. 24 Назар аудара көрші, қаланы басып алу үшін жау қамал қабырғасының қасына үймектер үйіп жатыр. Семсер, ашаршылық, індеттің кесірінен қала бізге қарсы тап берген халдейлердің қолына түсейін деп жатыр. Сенің айтқаның дәл келді, соны Өзің де көріп тұрсың. 25 Алайда Сен, уа, Жаратушы Тәңір Ие, маған: «Күміске егістік танабын сатып ал, соны растауға куәгерлер шақыр!» дедің. Ал қала болса, міне, халдейлердің қолына көшіп жатыр! 26 Сонда Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді: 27 — Мен, Жаратқан Ие, күллі адамзат атаулының Құдайымын. Қолымнан келмейтін іс бар ма? 28 Сондықтан Мен, Жаратқан Ие, мынаны айтамын: бұл қаланы Мен халдейлерге, олардың патшасы Набуходоносордың қолына, тапсырмақпын. Ол қаланы басып алады. 29 Сонда халдей жауынгерлері қалаға кіріп, оған от қояды. Олар қаланы бүкіл үйлерімен бірге өртеп тып-типыл етеді. Халық сол үйлердің төбелерінде Бағалға бағыштап хош иісті заттар түтетіп, басқа да тәңірсымақтарға арнап сұйық тартулар құйып ұсынуларымен Менің қаһарымды тұтатқан болатын. 30 Солтүстік Исраил мен Яһуданың халқы жас кездерінен-ақ Маған жек көрінішті істер ғана істеп келеді. Солтүстік Исраилдің халқы сол зұлым іс-әрекеттерімен Менің ашуымды қоздырумен болды, — дейді Жаратқан Ие. — 31 Мына қала салынған күнінен бастап қазірге дейін Менің ашу-ызамды туғызып келеді. Сол себепті ол Менің көз алдымнан аластатылуға тиіс. 32 Солтүстік Исраил мен Яһуданың халқы: олардың патшалары мен әміршілері, діни қызметкерлері мен пайғамбарлары, Яһуда мен Иерусалимнің бүкіл тұрғындары да, өздерінің істеген барлық зұлымдықтарымен Менің қаһарымды қоздырды. 33 Олар Маған жүздерімен емес, арқаларымен бұрылды. Мен соларға қайта-қайта тәлім берсем де, олар оныма құлақ түрген де жоқ, түзетуімді қабылдаған да жоқ. 34 Яһудалықтар тіпті өздерінің жиренішті тәңір мүсіндерін Менің есіміммен аталған киелі үйіме орнатып қойып, оны арамдады. 35 Сонымен қатар олар Бен-Хенном аңғарында Бағалға арнап табыну орындарын салып, сол жерде өз ұлдары мен қыздарын жалған тәңір Молохқа арнап өртеп құрбан етті. Мұндайды Мен халқыма ешқашан бұйырған емеспін, ол тіпті ойыма да келген жоқ. Олардың сондай жиренішті нәрсені істеп, Яһуда елін күнәға батырғаны-ай! 36 Сендер бұл қала туралы: — Семсер, ашаршылық және індеттің кесірінен қала Бабыл патшасының қолына түседі, — дейсіңдер. Бірақ Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: 37 — Мен халқымды ашу-ыза мен зор қаһарға кенелген кезімде шашыратып жіберген барлық елдерден қайтадан жинап аламын! Оларды тағы да осы жерге әкеліп, қауіп-қатерсіз қоныстандырамын. 38 Сонда олар Менің халқым, ал Мен олардың Құдайы боламын. 39 Олар Мені әрдайым қастерлей алулары үшін оларға шын жүректен бірігіп, бір жолмен жүруді сыйлаймын. Бұл олардың өздері мен кейінгі балалары үшін игілікті болады. 40 Халқыммен мәңгілік Келісім жасап, оларға жақсылық жасауымды тоқтатпаймын. Ешқашан Менен кері бұрылып кетпеулері үшін Өзімді терең қастерлеуді олардың жүрегіне құятын боламын. 41 Мен оларға шаттана жақсылық жасап, оларды осы елде шын жүректен, бүкіл жан дүниеммен қайтадан берік орналастырамын. 42 Өйткені Жаратқан Ие тағы мынаны да айтады: — Бұл халықтың басына барлық осы зор апаттарды қалайша жіберген болсам, оларға уәде еткен барлық молшылығымды да солайша жіберемін. 43 Қазір сендер: «Мынау — адамы мен малынан айырылып қаңырап қалған ел. Ол халдейлердің қолына беріліп отыр» деп айтып жүрген елде әлі де егістіктер сатылып алынатын болады. 44 Сонда Бунямин жері мен Иерусалимнің айналасындағы ауылдарда, әрі Яһуда жері мен таулы аймақтағы, батыстағы төменгі қыраттар мен оңтүстіктегі Негев аймағындағы қалаларда егістік танаптары әлі де күміске сатылып алынбақ. Сонда құжаттар дайындалып, оларға мөр басылып, куәгерлер куәлік етпек. Өйткені Мен сол аймақтардан жер аударылып кеткендерді қайтарып әкеліп, жағдайларын бұрынғыдай игілікке кенелтемін! — Жаратқан Ие осыны уәде етеді.
1 Еремия әлі де қарауылдар ауласында отырған кезде Жаратқан Ие оған екінші рет сөзін арнап былай деді: 2 — Жерді жаратып, оған пішін беріп, орнықтырған Құдай Менмін, есімім «Жаратқан Ие». Мынаны да нық айтамын: 3 Маған сиынып мінажат ет, жауап беремін, сен білмейтін ұлы да құпия жайттарды білдіремін! 4 Өйткені Исраилдің Құдай Иесі қамал қабырғасын қоршаған жаудың жасаған үймектеріне және қаруларына қарсы нығайту үшін осы қаладағы бұзылған үйлер мен Яһуда патшаларының сарайлары туралы мынаны айтады: 5 Қала қорғаушылары халдейлерге қарсы қаншама күрессе де, сол үйлер Мен Өзімнің лаулаған қаһарыммен қырғынға ұшыратқандардың мәйіттеріне толатын болады! Себебі олардың барлық зұлым істеріне бола Мен осы қаладан бас тарттым. 6 Бірақ кейін осы қаланы қалпына келтіремін. Мен рухани дертінен халқымды сауықтырып, амандық пен тыныштыққа, адалдық пен шыншылдыққа кенелтемін. 7 Яһуда мен Исраил халқымды жер аударылған жақтарынан қайта алып келіп, оларды бұрынғыдай етіп қайтадан отырғызып орнықтырамын. 8 Оларды Менің алдымда жасаған күнәларының бәрінен тазартып, солардың Маған қарсы бас көтергенде жасаған әділетсіз істерінің барлығын кешіремін. 9 Сонда осы қала Менің оған істеген барлық жақсылықтарым туралы естіген жердің барлық халықтарының алдында Маған атақ пен қуаныш, мадақ пен даңқ әкеледі. Сол халықтар Менің осы қалам үшін жасаған барлық жақсылықтарыма және берген аманшылық пен тыныштығыма шошына дірілдейтін болады. 10 Жаратқан Ие мынаны айтады: Сендер осы жер туралы: «Мынау — адамы мен малынан айырылып қаңырап бос қалған құла түз!» дейсіңдер. Алайда адам да, мал да тұрмайтын Яһуданың қалаларында әрі Иерусалимнің қаңырап бос қалған көшелерінде әлі де 11 қуаныш пен шаттықтың үні, күйеу жігіт пен қалыңдықтың көңілді дауыстары естілмек! «Әлемнің Иесін мадақтаңдар, өйткені Жаратқан Ие ізгі, Оның берік мейірімі мәңгілік!» деп, киелі үйге Өзіммен қарым-қатынастарына ризашылық білдіретін тартуларын алып келе жатқан адамдардың мақтау айтқан дауыстары тағы да естілетін болады. Себебі Мен жер аударылып кеткен халықты қайтадан әкеліп, оның жағдайын бұрынғыдай игілікке кенелтемін! — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 12 Әлемнің Иесі тағы мынаны да айтады: Адамы да, малы да жоқ мына қаңырап бос қалған жерде: оның барлық қалаларының маңайында қайтадан жайылымдар болып, онда бақташылар малдарын бағып жүреді. 13 Сол кезде таулы аймақтың қалаларында, батыстағы төменгі қыраттар мен оңтүстіктегі Негев аймағында, Буняминнің жері мен Иерусалимнің айналасындағы ауылдарда және Яһуданың қалаларында қайтадан отар-отар ұсақ малдар өсіп-өніп, оларды санайтын шопандардың қол астынан өтетін болады. Мен, Жаратқан Ие, осыны уәде етемін. 14 «Мынау естеріңде болсын: Менің Исраилге және Яһудаға берген мейірімді уәдемді жүзеге асыратын уақытым келетін болады, — дейді Жаратқан Ие. — 15 Сол заман туғанда Мен Дәуіттің әулетінен бір «Жас Өскінді» өсіріп шығарамын. Сол әділ Патша елде әділетті жүзеге асырып, әділдік пен шыншылдықты орнатады. 16 Сол кезде Яһуда елі құтқарылып, Иерусалим халқы аман-есен тұратын болады. Сонда қаланың аты «Әділдігіміздің қайнары — Жаратқан Ие» деп аталмақ. 17 Өйткені Жаратқан Ие мынаны айтады: Исраилдің патшалық тағында әрдайым Дәуіттің әулетінен шыққан біреу отыратын болады. 18 Леуілік діни қызметкерлердің де шалынып, өртелетін құрбандықтар мен астық тартуларын өртеп, басқа да сый-тартуларды ұсынатын адамдары менің алдымда үзілмейтін болады». 19 Бұдан кейін Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді: 20 «Жаратқан Ие мынаны айтады: Егер де Менің күн мен түн жайлы Келісімімді бұзып, оларды енді қайтып өз белгілі уақытында болмайтын қыла алсаңдар, 21 сонда ғана Менің қызметшім Дәуітпен жасаған Келісімім біржола күшінен айырыла алар еді, әрі Дәуіттің тағында отырып патшалық құратын өз ұрпақтары болмас еді. Солай болғанда ғана Менің алдымда қызмет атқарып жүрген леуілік діни қызметкерлермен жасаған Келісімім де біржола күшінен айырыла алар еді. 22 Мен қызметшім Дәуіттің және Менің алдымда қызмет етіп жүретін леуіліктердің ұрпағын аспандағы жұлдыздардай, теңіз жағалауындағы құм қиыршығындай сансыз көбейтемін». 23 Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнап былай деді: 24 «Мына адамдардың не айтқандарын естідің бе? Олар: «Жаратқан Ие Өзі таңдап алған екі үрім-бұтақтан бас тартыпты!» деп жүр. Осылайша олар Менің халқыма менсінбей қарап, оны тіпті халық деп санамайды да. 25 Сондықтан Жаратқан Ие мынаны айтады: Егер де Менің күн мен түн жайлы Келісімім әрі аспан мен жерге бекіткен заңдарым 26 Жақып пен қызметшім Дәуіттің үрім-бұтақтарынан бас тартып, олардың бірде-біреуін Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың ұрпақтарына бұдан былай патшалық билік жүргізуге таңдамас едім. Өйткені Мен оларға рақым көрсетіп, жер аударылып кеткен жақтарынан елге қайтарып, олардың жағдайын бұрынғыдай игілікке кенелтемін».
1 Бабыл патшасы Набуходоносор өзінің бүкіл әскерімен және қол астындағы барлық патшалықтармен, халықтармен бірге Иерусалимге және оның айналасындағы қалаларға қарсы соғысып жатқан кезде, Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді: 2 «Яһуда патшасы Седекияхқа бар да, оған хабарымды жеткіз: Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп қой, Мен осы қаланы Бабыл патшасының қолына тапсырамын, ал ол қаланы өртеп жібереді. 3 Сен оның шеңгелінен қашып құтыла алмай, сөзсіз ұсталып, оның қолына тапсырыласың. Бабыл патшасын өз көзіңмен көріп, ол сенімен бетпе-бет сөйлесетін болады. Содан Бабылға әкетілесің. 4 Бірақ Жаратқан Иенің уәделі сөзін де тыңда, уа, Яһуда патшасы Седекиях! Жаратқан Ие сен туралы мынаны айтады: сен семсердің жүзінен емес, 5 өз ажалыңнан өлесің. Бұрын Яһудада патша болған ата-бабаларың қайтыс болғанда олардың құрметіне (хош иісті заттар түтетіліп) от жағылғанындай, сенің құрметіңе де сондай от жағылып, «Беу, тақсырымыз-ай!» деп жұрт сені жоқтап қайғыратын болады. Мен саған осыны бұйырттым. Жаратқан Ие осыны нық айтады. 6 Еремия пайғамбар осы хабарды Иерусалимде Яһуда патшасы Седекияхқа түгелдей жеткізді. 7 Сол кезде Бабыл патшасының әскері Иерусалимге және Яһуданың әлі алынбаған қалалары Лахыш пен Әзекаға қарсы шабуыл жасап жатқан болатын. Бекіністі қалалардан әлі де жау қолына түспегендері осылар ғана еді. 8 Седекиях патша Иерусалимдегі күллі халықпен келісім жасап, басыбайлы қызметшілердің босатылуын жариялаған болатын. Мұнан кейін Жаратқан Ие Еремияға осы туралы хабарын жіберді. 9 Өйткені сол келісім бойынша, бүкіл халық өздерінің басыбайлы исраилдік қызметшілеріне бас бостандығын беруге тиіс болып, бұдан былай ешкімнің басқа исраилдікті малайлықта ұстауға құқығы болмады. 10 Осы келісімге сөз байласқан барлық басшылар мен бүкіл халық соның ережелеріне мойынсұнып, басыбайлы қызметшілеріне азаттық берді. 11 Алайда олар кейін ойларын өзгертіп, босатып жіберген қызметшілерін кері қайтарып, оларды тағы да басыбайлы малайлары етті. 12 Сонда Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді: 13 — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен сендердің ата-бабаларыңды Мысыр еліндегі құлдықтан азат етіп алып шыққанымда, олармен мынадай Келісім жасаған болатынмын: 14 «Әрбір жетінші жылы әрқайсың өзін саған басыбайлы қызметшілікке сатқан исраилдік ағайыныңды малайлықтан босатуға тиіссіңдер! Ол саған алты жыл бойы қызмет етіп болған соң, оны қоя бер!» Бірақ сендердің ата-бабаларың Менің сөзіме құлақ та асқан жоқ, мойынсұнған да жоқ. 15 Ал сендер жақында жасаған күнәларыңа өкініп, Маған ұнамды әділ іс істедіңдер: сендердің әрқайсыларың өз араларыңдағы басыбайлы ағайындарыңа бостандық жарияладыңдар. Сендер тіпті Менің атыммен аталатын киелі үйде Өзімнің алдымда сол туралы келісім де жасадыңдар. 16 Бірақ қазір сендер содан тайып, Менің атымды қорладыңдар. Сендер олардың өз қалаулары бойынша азат еткен осы ағайындарыңды қайтарып алып, өздеріңе басыбайлы қызмет істеуге қайтадан мәжбүрледіңдер. 17 Сол себепті Жаратқан Ие мынаны айтады: Сендер Маған мойынсұнбадыңдар, ағайындарыңа іс жүзінде азаттық жариялаған жоқсыңдар. Сондықтан енді Мен сендерге мынадай «азаттық» жариялаймын: Сендер семсер, індет және ашаршылықтан өлуге «азат» боласыңдар! Мен жер бетіндегі патшалықтардың бәрін сендердің тағдырларыңды көргенде жандары түршігіп шошынатын қыламын. 18 Сол адамдарың Менің алдымда келісім жасаған кезде бір бұзауды шалып, екі бөлікке қақ бөліп, осы бөліктердің арасынан өте шыққан еді. Енді Мен осы келісімді бұзып, оның шарттарын орындамаған оларды бөлікке бөлінген бұзау іспетті қыламын. 19 Бұзаудың екі бөлігінің арасынан өткендерді: Яһуда мен Иерусалимнің әміршілерін, сарайдағы уәзірлерді, діни қызметкерлерді және елдің бүкіл халқын 20 жауларының қолына тапсырамын. Олардың мәйіттері жыртқыш құстар мен аңдарға жем болады. 21 Мен Яһуда патшасы Седекиях пен оның әміршілерін олардың жанын алғысы келіп жүрген жауларының қолдарына тапсырамын. Бабыл патшасы әскерімен бірге аз уақытқа қаладан кері шегініп, басқа жаққа кетсе де, 22 енді Мен бұйрық беріп, оларды осы қалаға кері қайтарамын. Олар қалаға тағы да шабуыл жасап, оны басып алады да, өртеп жібереді. Яһуданың басқа қалаларын да қаңыратып бос қалдырамын! — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
1 Яһудаға Жосия ұлы Жохақым патшалық құрған кезде Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді: 2 «Рехаптың әулетіне бар да, оларды Жаратқан Иенің ғибадатханасының бүйір жағындағы бөлмелердің біреуіне шақырып, ішуге шарап ұсын!» 3 Сонда мен Еремияның ұлы, Абасинияхтың немересі Язанияхқа, оның бауырлары мен барлық балаларына, жалпы, рехаптықтардың бүкіл әулетіне бардым. 4 Оларды Жаратқан Иенің ғибадатханасына шақырдым. Сол жерде оларды Құдайдың адамы Иғдалиях ұлы Хананның үрім-бұтағының бөлмесіне ертіп апардым. Бұл бөлме ғибадатхана басқарушыларының бөлмесіне көршілес әрі ғибадатхана қақпашысы Шаллум ұлы Мағасияхтың бөлмесінің үстінде орналасқан еді. 5 Сонда мен рехаптықтар әулетінің ер адамдарының алдына шарапқа толы бірнеше құмыра мен тостағандар қойып: — Шараптан ішіңіздер, — деп ұсындым. 6 Бірақ олар былай деп жауап берді: — Біз шарап ішпейміз. Өйткені арғы атамыз Рехап ұлы Жонадаб бізге мына өсиетін айтып кеткен: «Сендер өздерің де, ұрпақтарың да ешқашан шарап ішпеңдер! 7 Үй салып, егін егіп, жүзімдік отырғызбаңдар, сондайларды иемденбеңдер де! Керісінше, әрқашан шатырларда тұрыңдар. Сонда сендердің көшіп-қонып жүрген осы елдегі ғұмырларың ұзақ болады». 8 Бабамыз Рехап ұлы Жонадаб қалдырған осы өсиетті түгелдей орындап келеміз. Біздің өздеріміз де, әйелдеріміз бен ұл-қыздарымыз да ешқашан шарап ішкен де, 9 тұратын үй салған да емеспіз. Не жүзімдік, не егістік дала, не піскен егін иемденген кезіміз де болған емес. 10 Біз шатырларда тұрып, Жонадаб бабамыздың өсиетіне мойынсұнып, оны толығымен орындап келеміз. 11 Бірақ Бабыл патшасы Набуходоносор елге басып кіргенде біз халдейлер мен арамалықтардың әскерінен бас сауғалау үшін Иерусалимге келуді шештік. Осы себептен де қазір Иерусалимде тұрып жатырмыз. 12 Сонда Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді: 13 — Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Яһуданың адамдарына әрі Иерусалимнің тұрғындарына былай де: Сендер бұлардың сенімділігінен тәлім алып, Менің айтқандарыма мойынсұнудан бас тарта бермексіңдер ме? 14 Рехап ұлы Жонадаб өзінің ұрпақтарына шарап ішпеуді өсиеттеген еді. Олар оның өсиетін қазірге дейін орындап, бабаларының айтқанымен жүріп, осы күнге дейін шарапты ауызына алмай келеді. Ал Мен сендерге жиі-жиі айта берсем де, сендер Маған еш мойынсұнған емессіңдер. 15 Мен сендерге өз қызметшілерім — пайғамбарларды қайта-қайта жіберіп отырдым. Олар сендерге: Әрбіреуің теріс жолдарыңнан қайтыңдар, бөтен тәңірлердің жолын қумаңдар! Сонда сендер Жаратқан Иенің өздеріңе және ата-бабаларыңа табыстаған елінде тұра бересіңдер, деп ескертіп жүрді. Бірақ сендер Маған құлақ асып, тілімді алған жоқсыңдар. 16 Ойлаңдаршы: Рехап ұлы Жонадабтың ұрпақтары оның берген өсиетін ұстанып келе жатыр. Алайда мына халық Мені тыңдамай келеді! 17 Сондықтан Исраилдің Құдайы, Әлемнің Иесі Жаратқан Ие, мынаны айтады: Мен Яһуда мен Иерусалимнің барлық тұрғындарына алдын ала айтқан пәлені толығымен жіберемін. Себебі Мен қанша айтсам да, олар тыңдамады. Мен дауыстап шақырсам да, олар жауап берген жоқ. 18 Содан соң Еремия рехаптықтар әулетіне арнап былай деді: — Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы мынаны айтады: Сендер арғы аталарың Жонадабтың өсиетіне мойынсұнып, оның барлық нұсқаулары мен бұйрықтарын орындап келесіңдер. 19 Сондықтан Рехап ұлы Жонадабтың ұрпақтарының арасынан біреу әрқашан алдымда тұрып Маған қызмет ететін болады. — Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы осыны нық айтады.
1 Яһудаға Жосия ұлы Жохақымның патшалық құрған төртінші жылы Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді: 2 «Бір шиыршық кітап ал да, соған Жосия патшаның кезінен бастап күні бүгінге дейін өзіңе Исраил, Яһуда және басқа да халықтар туралы айтқан сөздерімнің бәрін жазып қой. 3 Мүмкін, Яһуданың халқы Мен оларға жіберейін деп отырған бүкіл пәле туралы естігенде, әрқайсысы зұлым жолынан қайтып, Маған бет бұрар. Сонда Мен олардың күнәлары мен зұлым істерін кешіретін боламын». 4 Сонда Еремия Нириях ұлы Барухты шақырып алды. Оған Жаратқан Иенің өзіне айтқан күллі сөздерін қайталап айтып бергенде, ол соның бәрін шиыршық кітапқа жазып қойды. 5 Мұнан кейін Еремия Барухқа былай деп тапсырды: «Жаратқан Иенің киелі үйіне бара алмаймын, бұл маған тыйым салынған. 6 Сондықтан сен халық ораза ұстаған күні сонда бар да, мен өзіңе жаздырған Жаратқан Иенің сөздерін кітаптан халыққа оқып бер! Өз қалаларынан жиналып келген бүкіл яһудалықтарға да сол хабарларды дауыстап оқып бер! 7 Мүмкін, олар Жаратқан Иеге жалбарынып, әрқайсысы зұлым жолынан қайтатын шығар. Себебі Жаратқан Иенің осы халыққа қарсы лаулаған қаһары өте күшті!» 8 Нириях ұлы Барух Еремия пайғамбардың айтқандарын түгелдей орындап, Жаратқан Иенің ғибадатханасында Оның шиыршық кітапқа жазылған сөздерін оқып берді. 9 Бұл Яһудаға Жосия ұлы Жохақымның патшалық құрған бесінші жылының тоғызыншы айында болды. Иерусалимнің бүкіл тұрғындары мен Яһуданың басқа қалаларынан келген жұртқа Жаратқан Иенің алдында ораза ұстау керек деп жарияланған болатын. 10 Барух ғибадатханадағы хатшы Шафан ұлы Гемарияхтың бөлмесінен бүкіл халыққа шиыршық кітаптан Еремияның сөздерін оқып берді. Осы бөлме Жаратқан Иенің киелі үйінің Жаңа қақпасының қасындағы жоғарғы аулада орналасқан еді. 11 Гемарияхтың ұлы, Шафанның немересі Миқая кітаптан оқылған Жаратқан Иенің сөздерінің бәрін естіді. 12 Содан ол патшалық сарайдың хатшылар отыратын бөлмесіне барды. Сол жерде басшылар бас қосатын: Әлишама хатшы, Шемаях ұлы Делаях, Ахбор ұлы Елнатан, Шафан ұлы Гемариях, Хананиях ұлы Седекиях және тағы басқа лауазымды қызметкерлер. 13 Миқая оларға Барухтың халыққа кітапты оқып берген кезінде өзінің естіген күллі сөздерін жеткізді. 14 Олар Нетанияхтың ұлы, Шелемияхтың немересі, Хусидің шөбересі Еһудиді Барухқа жіберіп, оған: «Сен халыққа оқып берген шиыршық кітапты осында алып кел!» — деген бұйрықты жеткізді. Сонда Нириях ұлы Барух шиыршық кітапты басшылар жиналған жерге алып барды. 15 Олар Барухқа: — Кел, отыр, кітапты бізге оқы! — деп бұйырды. Барух оларға кітапты оқып берді. 16 Уәзірлер кітаптағы сөздердің бәрін естігенде, бір-біріне үрейлене қарап Барухқа: — Осы сөздердің барлығын міндетті түрде патшаға жеткіземіз! — деді. 17 Олар: — Айтшы бізге, бұның бәрін сен қайдан жазып алдың? Сол адамның өз аузынан ба? — деген сұрақ та қойды. 18 Барух: — Иә, ол маған осы сөздердің бәрін өз аузымен айтып, мен сиямен осы кітапқа жазып алып отырдым! — деп жауап берді. 19 Сонда уәзірлер Барухқа: — Еремия екеуің бір жерге барып, жасырыныңдар. Өздеріңнің қай жерде екендеріңді ешкімге білдірмеңдер, — деп тапсырды. 20 Олар шиыршық кітапты Әлишама хатшының бөлмесіне апарып қойған соң сарайдың ауласына патшаның алдына барып, болған істі баяндап берді. 21 Патша Еһудиді жіберіп, ол кітапты Әлишаманың бөлмесінен алып келіп, патшаға және оның жанында тұрған уәзірлерінің бәріне оқып берді. 22 Бұл тоғызыншы айда болды. Сол кезде патша сарайының қысқы бөлігінде отырған еді. Ашық пештегі шоқ қызып жанып жатты. 23 Еһуди кітаптың үш немесе төрт бағанасын оқып бола салысымен, патша хатшының қағаз кесетін пышағымен оқылғанды кесіп алып, алдындағы ашық пешке салып отырды. Ақыры осылайша кітаптағы бүкіл жазба отқа өртелді. 24 Жазбаны тыңдаған патша да, оның нөкерлері де естігендерінен қорыққан да жоқ, өкініп, көйлектерінің өңірлерін айыра жыртқан да жоқ. 25 Тек Елнатан, Делаях және Гемариях қана патшадан кітапты өртемеуін өтінді. Бірақ патша бұларға құлақ асқан жоқ. 26 Қайта, ол патшазада Ерахмелге, Азриил ұлы Сераях және Әбдиел ұлы Шелемияхқа Барух хатшы мен Еремия пайғамбарды тұтқынға алуға бұйырды. Бірақ Жаратқан Ие оларды жасырып тастаған болатын. 27 Патша Еремияның сөздері жазылған шиыршық кітапты өртеп жібергеннен кейін Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап мына тапсырманы берді: 28 — Тағы бір шиыршық кітапты ал да, Яһуда патшасы Жохақым өртеп жіберген кітапта болған сөздердің бәрін соған жазып қой. 29 Ал патшаның өзіне былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Сен «Бабыл патшасы сөзсіз келіп, осы елді қиратып, ондағы адамды да, малды да тірі қалдырмайды деп жазуға қалайша дәтің барды?!» деп ызаланып кітапты өртеп жібердің. 30 Сол себепті Жаратқан Ие Яһуда патшасы Жохақым туралы мынаны айтады: Оның ұрпағының ешқайсысы Дәуіттің тағында отырмайтын болады. Оның мәйіті сыртқа лақтырылып, күндіз аптапта, түнде аязда қалады. 31 Мен оның өзін де, ұрпақтарын да, нөкерлерін де зұлымдықтары үшін жазалаймын. Ескертулеріме құлақ аспағандарына бола Мен оларға және Иерусалим мен Яһуданың тұрғындарына жіберемін деп алдын ала айтқан апаттардың бәрін де бастарына түсіремін». 32 Сонда Еремия хатшысы Барухқа басқа бір шиыршық кітапты алып берді. Барух Жохақым патша өртеп жіберген бұрынғы кітаптағы сөздерді Еремияның аузынан қайтадан жазып алды. Сондай-ақ соларға тағы да көптеген сөздерді қосып жазды.
1 Кейінірек Бабыл патшасы Набуходоносор Иерусалимге келіп, Жохақым ұлы Ехонияхтың орнына Жосия ұлы Седекияхты Яһуда елінің патшасы етіп тағайындады. 2 Алайда Седекияхтың өзі де, нөкерлері де, елде қалған халық та Жаратқан Иенің Еремия пайғамбар арқылы айтқан сөздеріне құлақ аспады. 3 Сонда да Седекиях патша (басына күн туғанда) Еремия пайғамбарға Шелемиях ұлы Ехухал мен діни қызметкер Мағасиях ұлы Софония екеуін жіберіп: «Біз үшін Құдайымыз Жаратқан Иеге сиынып арашалық дұға ете көріңіз!» — деп өтінді. 4 Сол уақытта Еремия әлі де қамауға алынбай, халықтың арасында еркін тұрып жатқан болатын. 5 Осы кезде халдейлердің әскері Иерусалимді қоршап алған еді. Алайда Мысыр перғауынының әскерінің өз елінен шығып, Яһудаға қарай аттанғанын ести сала халдейлер Иерусалимді уақытша қалдырып кетті. 6 Сонда Жаратқан Ие Еремия пайғамбарға сөзін арнап былай деді: 7 «Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: өздеріңді Менен кеңес сұрауға жіберіп отырған Яһуда патшасына былай деңдер: Перғауынның сендерге көмекке шыққан жасағы көп ұзамай өз елі Мысырға қайта оралады. 8 Сонда халдейлер қайтып келіп, қалаға тағы да шабуыл жасайды. Олар қаланы қолға түсіріп, қиратып, өртеп жібереді. — 9 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: — Сендер: «Халдейлер бізден біржола шегініп кетті» деп алданбаңдар! Олар біржола кеткен жоқ! 10 Себебі сендер тіпті өздеріңе қарсы соғысқан бүкіл халдей әскерін қиратып, олардың шатырларында тек азғантай жарақаттанған адамдары қалған болса да, бәрібір олар сендерге шабуыл жасап, қаланы өртеп жіберетін болады! 11 Перғауын жасағының Мысырдан аттанып келгендігінен халдей әскері Иерусалимге жасап отырған шабуылын тоқтатқан осы кезде, 12 Еремия Бунямин жеріне жолға шықпақ болды. Ондағы мақсаты сол жердегі өз әулетінің арасынан бір мұралық жердің өзіне тиісті үлесін қабылдау еді. 13 Бірақ ол Иерусалимнің Бунямин қақпасынан шыға бергенде күзетшілердің бастығы Еремия пайғамбарды ұстап алып, оны: — Сен халдейлерге өтпекші болған сатқынсың! — деп айыптады. Бастықтың аты-жөні Шелемияхтың ұлы, Хананияхтың немересі Ириях еді. 14 Еремия: — Жоқ, бұл жала! Мен халдейлердің жағына өтпек болған жоқпын! — деп келіспеді. Сонда да Ириях оны тыңдамай, тұтқындап, уәзірлердің алдына алып барды. 15 Уәзірлер Еремияға ашуланып, оны ұрып-соғып, Жонатан хатшының үйіне қамап қойды. Олар бұл үйді түрмеге айналдырған болатын. 16 Еремия үйдің астындағы бір қапасқа тасталып, сол зынданда көп күн отырды. 17 Кейін Седекиях патша адам жіберіп, пайғамбарды өзінің алдына әкелдірді. Өз сарайында онымен құпия жүздесіп: — Жаратқан Иенің бізге арнаған сөзі бар ма? — деп сұрады. Еремия оған: — Иә, бар. Сіз Бабыл патшасының қолына түсесіз! — деп, 18 Седекиях патшаға мынаны да қоса айтты: — Мені түрмеге қамайтындай не сіздің өзіңізге, не нөкерлеріңізге, не халқыңызға қарсы қандай жамандық істедім? 19 «Бабыл патшасы өзіңізге және осы елге шабуыл жасамайды!» деп болжаған пайғамбарларыңыз енді қайда? 20 Ал, патша ием, сөзіме құлақ асып, мені Жонатан хатшының үйіне қайтара көрмеңіз! Әйтпесе мен сол зынданда өліп қалармын! 21 Седекиях патша Еремияны сақшылардың ауласында қамауды және қаладағы нан біткенше наубайшылар көшесінен күніне бір наннан беріп тұруды бұйырды. Осылай Еремия сақшылардың ауласында қамауда ұсталды.
1 Бірде Маттан ұлы Шафатиях, Пашхур ұлы Ғодалиях, Шелемиях ұлы Ехухал және Малқиях ұлы Пашхур Еремияның халыққа мынадай сөздерді айтып жүргенін естіді: 2 «Жаратқан Ие мынаны айтады: Осы қалада қалатын әрбір адам семсер, ашаршылық немесе індеттен құриды. Ал қаладан шығып, халдейлерге берілетін әркім тірі қалып, өз жаны өзіне олжа болады. 3 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Бұл қала еш шүбәсіз Бабыл патшасының әскерінің қолына тапсырылып, олар оны басып алатын болады!» 4 Сол уәзірлер патшаға: — Ана адамды өлтіру керек! Ол қалада әлі де қалып отырған жасақшыларды әрі халықты сондай сөздерімен рухтарынан айырады. Сөйтіп ол халықтың игілігін емес, оның құруын көздеп жүр! — деді. 5 Седекиях патша оларға: — Ол сендердің қолдарыңда. Патша сендерге қарсы ештеңе істей алмайды ғой! — деп жауап берді. 6 Содан олар Еремияны ұстап алып, патшазада Малқияхтың сақшылар ауласында орналасқан құдығына арқанмен түсіріп тастады. Құдықтың суы жоқ, түбі батпақ екен. Еремия батпаққа белшесінен батты. 7 Еремияның құдыққа түсірілгенін құштық Әбдімәлік те естіді. Ол патша сарайында қызмет көрсететін нөкер болатын. Патша Буниямин қақпасының алдында билік айтып отырған кезде 8 Әбдімәлік сарайдан шығып, патшаның алдына барды да, оған мына өтінішін білдірді: 9 — Уа, патша ием, ана кісілердің Еремия пайғамбарды құдыққа тастағандары — нағыз зұлымдық! Сол жерде ол аштан өледі, қалада нан қалған жоқ қой! — 10 Патша құштық Әбдімәлікке: — Осы жерден отыз адамды ертіп алып, өліп қалмас бұрын Еремия пайғамбарды құдықтан шығарып ал! — деп бұйырды. 11 Әбдімәлік сол адамдарды ертіп алып, сарайдағы қазына қоймасының астындағы бір бөлмеге түсті. Сол жерден біраз ескі шүберек пен көнетоз киімдерді алып, құдықтағы Еремияға арқанмен төмен түсірді. 12 Әбдімәлік Еремияға қатты дауыстап: «Мына шүберектер мен киімдерді қолтығыңыздың астына салып алыңыз! Арқан денеңізді қиып кетпесін», — деді. Еремия солай істеді. 13 Сонда олар оны арқанмен тартып, құдықтан шығарып алды. Мұнан кейін Еремия сарайдағы сақшылар ауласына қайтарылып, енді сонда қалатын болды. 14 Бірде Седекиях патша Еремия пайғамбарға тағы да адам жіберді. Сол кісі оны Жаратқан Иенің ғибадатханасының үшінші кіреберісіне алып келді. Патша Еремияға: — Сенен бір нәрсе сұрағым келеді. Менен ештеңе жасырушы болма! — деді. 15 Еремия оған былай деп жауап берді: — Егер бәрін бүкпей айтатын болсам, мені өлтірмес пе едіңіз? Ал кеңес берсем де, сіз мені бәрібір тыңдамайсыз ғой! — 16 Бірақ Седекиях патша құпия түрде Еремияға уәде беріп: — Бізге тіршілік лебін сыйлаған мәңгі тірі Жаратқан Иенің атымен ант етемін: сізді өзім өлтірмеймін де, жаныңды алмақ болғандардың қолына тапсырмаймын да! — деді. 17 Сонда Еремия Седекияхқа былай деді: — Исраилдің Құдайы, Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие, мынаны айтады: Егер сен қаладан шығып, Бабыл патшасының әміршілеріне берілсең, онда өзің де, отбасың да тірі қалып, мына қала да өртенбейтін болады. 18 Ал егер Бабыл патшасының әміршілеріне берілмесең, онда халдей жасақшылары мына қаланы бәрібір басып алып, өртеп жібереді. Сонда өз басың да олардың қолынан құтыла алмайсың. — 19 Седекиях патша Еремияға: — Мен халдейлердің жағына өтіп кеткен яһудилерден қауіптенемін. Халдейлер мені солардың қолдарына тапсырса, олар мені азаптап қорлайды ғой! — деді. 20 Еремия оған былай деп жауап берді: — Жоқ, сізді солардың қолдарына тапсырмайды! Өтінемін, мен арқылы сізге сөйлеп тұрған Жаратқан Иенің даусына мойынсұнсаңыз екен! Сонда өзіңізге игі болып, жаныңыз аман сақталады. 21 Бірақ егер қаладан шығып, берілуден бас тартсаңыз, Жаратқан Ие соның арты мынау болады деп ашық көрсетті: 22 Яһуда патшасының сарайында қалып қойған әйелдердің бәрін Бабыл патшасының әміршілерінің алдынан алып шығады. Сол әйелдердің бәрі сізге былай деп шағым айтатын болады: Сенген достарың алдады сені, Тақырға отырғызды өзіңді, Аяғың былыққа батып енді, Бұрылып кетті олар кері! 23 Осылай барлық әйелдеріңіз бен балаларыңыз қаладан айдалып, халдейлердің қолына түседі. Өзіңіз де қашып кете алмай, Бабыл патшасының қолына түсесіз. Ол мына қаланы қиратып, өртеп жібереді! 24 Бірақ Седекиях Еремияға тек қана былай деді: — Өзіңді өлтірмеулері үшін бұл әңгіме туралы ешкімге тіс жарма! 25 Егер әміршілер екеуіміздің сөйлескеніміз жайлы естіп, саған келіп, «Патша саған не деді, сен патшаға не дедің, соны айтып бер! Әйтпесе көзіңді құртамыз» дейтін болса, 26 оларға: «Патшадан мені Жонатанның үйіне қайтара көрмеңіз, әйтпесе өліп қалармын деп өтіндім» деген жауап бер! 27 Айтқандай-ақ, әміршілердің бәрі Еремияға келіп, оған болған әңгіме туралы сұрақтар қойды. Пайғамбар оларға тек патшаның айт дегендерін ғана айтып берді. Содан олар тағы еш нәрсе деместен өз жөндеріне кетті. Өйткені ешкім патша екеуінің арасында болған әңгімені естімеген еді. 28 Осылай Еремия жаудың Иерусалимді басып алған күніне дейін сақшылар ауласындағы қамауда қала берді. Иерусалим қаласының жау қолына түсуі былай болды.
1 Седекияхтың Яһуда еліне патшалық құрған тоғызыншы жылының оныншы айында Бабыл патшасы Набуходоносор бүкіл әскерімен Иерусалимге қарсы аттанып, қаланы қоршауға алды. 2 Ақыры Седекияхтың он бірінші жылының төртінші айының тоғызыншы күні бабылдықтар қала қабырғасының бір жерін тесіп, қалаға басып кірді. 3 Бабыл патшасының барлық әміршілері қаланың Ортаңғы қақпасындағы билік орнында жайғасты. Олар Нергал-Шаресер, Самғар-Небо, сарай қызметкерлерінің бастығы Сарсехим, бас кеңесші Нергал-Шаресер және Бабыл патшасының өзге де көптеген лауазымды қызметкерлері еді. 4 Яһуда патшасы Седекиях және барлық жасақшылар соларды көргенде қашып кетуге тырысты. Олар қаладан түн ішінде патша бағы арқылы екі қабырғаның арасындағы қақпадан сытылып шықты. Содан олар Иордан аңғарындағы елсіз далаға қарай бет алды. 5 Алайда халдейлердің әскері олардың соңынан аттанып, Седекияхты Иерихонның маңындағы елсіз далада қуып жетті. Олар оны қолға түсіріп, Хамат еліндегі Рибла қаласына Бабыл патшасы Набуходоносордың алдына апарды. Ол Седекияхқа үкім шығарды. 6 Бабыл патшасы сол Риблада Седекияхтың ұлдарын оның көз алдында шауып өлтірді. Ол, сондай-ақ, Яһуданың барлық лауазымды адамдарын да шауып өлтіртті. 7 Мұнан кейін Седекияхтың екі көзін ойып алып, қол-аяғына қола шынжыр салып, Бабылға айдап әкетті. 8 Халдейлер патша сарайына да, халықтың үйлеріне де от қойып өртеп, Иерусалим қамалының қабырғаларын қиратып тастады. 9 Кейінірек Бабылдың патша ұландарының әміршісі Набузар-Адан қалада тірі қалған адамдарды, Бабыл патшасының жағына өтіп кеткендердің бәрін және елде қалған өзге халықты тұтқындап Бабылға айдап әкетті. 10 Әйтсе де Набузар-Адан әмірші түгі жоқ кедейлерді Яһуда елінде қалдырып, оларға жүзімдіктер мен құдықтарды қарап күтуді тапсырды. 11 Бабыл патшасы Набуходоносор ұландардың әміршісі Набузар-Аданға Еремия жайында айрықша бұйрық беріп былай деген болатын: 12 «Оны қамқорлап, көз қырыңды сала жүр, қауіп-қатерден аман сақта! Ол сенен не сұраса, соны істейтін бол!» 13 Сол себепті ұландардың әміршісі Набузар-Адан, бас уәзір Набушазбан, бас кеңесші Нергал-Шаресер және Бабыл патшасының басқа да лауазымды қызметкерлері 14 адамдарын жіберіп, Еремияны сақшылар ауласынан босатып алдырды. Олар оны Ахиқамның ұлы, Шафанның немересі Годалияхқа өз үйіне алып барсын деп сеніп тапсырды. Осылайша Еремия (Бабылға жер аударылмай) халқымен бірге өз елінде қалды. 15 Бұған дейін, Еремия сақшылардың ауласында әлі де қамауда отырған кезде, Жаратқан Ие оған сөзін арнап былай деген еді: 16 «Құштық Әбдімәлікке бар да, оған былай де: Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Мен осы қалаға жақсылық емес, апат әкелетінім туралы айтқан өз сөздерімді жүзеге асырайын деп отырмын. Сол сөздерім сенің көз алдыңда жүзеге асады. 17 Бірақ соның бәрі жүзеге асқан кезде Мен өзіңді аман алып қаламын! — деп Жаратқан Ие уәде береді. — Қауіптенетін адамдарыңның қолына түспейсің. 18 Өйткені Мен сені міндетті түрде құтқарамын. Ешкімнің семсерінен қаза таппайсың, керісінше, тірі қалып, өз жаның өзіңе олжа болады. Себебі сен Маған толығымен сенім артып келесің!» — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
1 Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнады. Бұл, ұландардың әміршісі Набузар-Адан Еремияны Рамада босатқаннан кейін болды. Сол кезде әмірші Еремияны Иерусалим мен Яһуданың Бабылға жер аударылып бара жатқан тұрғындарының арасынан шынжырланған күйі тауып алған болатын. 2 Әмірші Еремияны қасына шақырып алып, оған былай деді: «Сіздің Құдайыңыз Жаратқан Ие осы пәленің мына жерге түсуін алдын ала айтқан еді. 3 Енді Жаратқан Ие уәдесін орындап, осыны істеп отыр. Халқыңыз Жаратқан Иеге қарсы күнә жасап, Оның даусына құлақ аспай жүрді. Сондықтан да осы бақытсыздық бастарыңызға түсті. 4 Ал енді мен қолдарыңыздағы шынжырларыңызды шешіп, босатамын. Егер менімен Бабылға барғыңыз келсе, жүріңіз. Онда менің қолымда тұратын боласыз, мен сізге қамқорлық жасаймын. Ал егер барғыңыз келмесе, осында қала беріңіз. Бүкіл ел, міне, алдыңызда жатыр. Қалаған жеріңізге барып тұрыңыз!» 5 Еремия әлі де басқа жаққа кетпей тұрғанда Набузар-Адан оған: «Бабыл патшасы Ахиқамның ұлы, Шафанның немересі Ғодалияхты Яһуданың қалаларын басқарушы әкім етіп тағайындаған. Соның қасына қайтып барыңыз. Онымен бірге халқыңыздың арасында тұра беріңіз. Немесе басқа жаққа баруды жөн көрсеңіз, онда сол жаққа барып тұрыңыз», — деп қосты. Ұландардың әміршісі оған азық-түлік пен сыйлық беріп, қоя берді. 6 Сонда Еремия Миспа қаласындағы Ахиқам ұлы Ғодалияхқа барып, елде қалып қойған халықтың арасында тұрды. 7 Бірнеше яһуди жасақ басшылары мен олардың адамдары ашық далада (бой тасалап) жүрген еді. Олардың бәрі Бабыл патшасының Ахиқам ұлы Ғодалияхты Яһуда елінің Бабылға жер аударылмаған ең кедей ерлі-зайыптылары мен балаларын басқарушы әкім етіп тағайындағанын естіді. 8 Сол жасақ басшылары Нетаниях ұлы Ысмағұл, Қареяхтың ұлдары Жоханан мен Жонатан, Танхумет ұлы Сераях, нетопаттық Офидың ұлдары және бір махалық кісінің ұлы Езаниях болатын. Олар өз адамдарымен бірге Миспадағы Ғодалияхқа келді. 9 Ахиқамның ұлы, Шафанның немересі Ғодалиях әкім оларға былай деп ант етіп: «Халдейлерге мойынсұнудан қорықпаңдар! Елде тұрып қалып, Бабыл патшасына қызмет етіңдер, сонда жағдайларың жақсы болады! — деп уәде берді. — 10 Мен өзім Миспада тұрып, осында келетін халдейлердің алдында сендердің мүдделеріңді қорғайтын боламын. Ал сендер қазір иемденіп алған қалаларыңа қоныстанып, жүзім, құрма, інжір жемістерін және зәйтүн майын жинап, қоймаларыңа қойыңдар!» — деп тапсырды. 11 Сол кезде Моаб, Аммон, Едомда және тағы басқа елдерде бірқатар яһудилер бас сауғалап тұрып жатты. Олар Бабыл патшасының Яһуда еліндегі біраз халықты қалдырып кеткенін және Ахиқамның ұлы, Шафанның немересі Ғодалияхты олардың үстінен басқарушы әкім етіп тағайындағанын естіді. 12 Содан олар қашып кеткен сол елдерінен Яһуданың Миспа қаласындағы Ғодалияхқа келді. Енді олар да барып, жүзім, құрма, інжір жемістерінің мол өнімін жинап алды. 13 Сол арада Қареях ұлы Жоханан және ашық далада жүрген өзге жасақ басшылары Миспадағы Ғодалияхтың алдына келіп: 14 «Аммондықтардың патшасы Бағалис сізге қастандық жасауға Нетаниях ұлы Ысмағұлды жіберді, соны білсеңіз екен», — деп сақтандырды. Бірақ Ғодалиях оларына сенген жоқ. 15 Кейін Қареях ұлы Жоханан Ғодалияхпен Миспада құпия сөйлесіп, оған мынадай ұсыныс жасады: — Мен барып, ешкімге білдіртпей Нетаниях ұлы Ысмағұлдың көзін құртайын. Оның өзіңізді өлтіруіне неліктен жол береміз? Сонда сіздің арқаңызда жиналып отырған яһудилердің бәрі қайтадан қуғын-сүргінге ұшырап, Яһуданың елде қалып отырған осы бір азғантай халқы да құрып кетпек. — 16 Бірақ Ғодалиях Жохананға: — Олай істеуші болма! Сенің Ысмағұл туралы айтып отырғаның шындық емес! — деп тыйым салды.
1 Сол жылдың жетінші айында патшалық әулетке жататын әрі Яһуда патшасының бір қолбасшысы болған Нетанияхтың ұлы, Әлишаманың немересі Ысмағұл он адамымен бірге Миспаға келді. Олар сол жерде тұрған Ахиқам ұлы Ғодалияхтың үйіне кірді. Қонақтар Ғодалияхпен бірге дастарқан басында отырған кезде 2 Нетаниях ұлы Ысмағұл мен қасындағы он адамы орындарынан тұра келіп, Ғодалиях әкімге семсерлерімен бас салды. Осылайша Ысмағұл Бабыл патшасы елдің басқарушысы етіп тағайындаған адамды өлтіріп тастады. 3 Мұнан кейін Ысмағұл мен оның сыбайластары Миспада Ғодалияхтың қасында жүрген барлық яһуди және халдей жауынгерлерінің де көздерін құртты. 4 Ал келесі күні, Ғодалияхтың өлтірілгені жайлы хабар әлі де тарамай тұрғанда, 5 Сихем, Шило және Самариядан жолға шыққан сексен адам Миспаға таяп келді. Олар (елдің басына түскен ғаламат пәлеге қатты қайғырып) сақалдарын қырқып, көйлектерінің өңірін айыра жыртып, денелерінің терісін тілгілеп жарақаттап алған еді. Бұл адамдар Жаратқан Иенің Иерусалимдегі киелі үйінің орнына бармақ болып, өздерінің астық тартулары мен хош иісті заттарын алып келе жатты. 6 Нетаниях ұлы Ысмағұл Миспадан олардың алдарынан қайғырғансып жылап шықты. Олармен ұшырасқанда ол: «Ахиқам ұлы Ғодалияхқа кіріп шығыңдар!» — деп шақырды. 7 Алайда сол адамдар қалаға кірген бойда Ысмағұл мен оның сыбайластары оларға бас салып өлтіріп, өліктерін жер астындағы су қоймасына лақтырып тастады. 8 Тек солардың ішіндегі он адам Ысмағұлдан: «Бізді өлтірмеңізші! Далада жасырып тастаған арпа, бидай, зәйтүн майы және бал қорларымыз бар!» — деп өтінгендіктен Ысмағұл бұларды басқалармен бірге өлтірген жоқ. 9 Ысмағұл өліктерге толтырған осы үлкен су қоймасын баяғыда Яһуда патшасы Аса Солтүстік Исраил патшасы Бағасаға қарсы құрған бекіністердің бірі ретінде қаздырған еді. Ал енді Нетаниях ұлы Ысмағұл сол су қоймасын өліктермен толтырып тастады. 10 Ысмағұл Миспадағы патшаның қыздары мен халықтың қалған адамдарын тұтқынға алды. Солардың бәрін бабылдық ұландар әміршісі Набузар-Адан Ахиқам ұлы Ғодалияхтың қарауына тапсырып кеткен болатын. Ысмағұл оларды ертіп алып, аммондықтарға (Иорданның арғы жағына) өтпек болып, жолға шықты. 11 Бірақ Қареях ұлы Жоханан мен оның қасындағы барлық жасақ басшылары Нетаниях ұлы Ысмағұлдың жасаған ауыр қылмысы туралы түгелдей естіді. 12 Олар өздерінің бар адамдарын жинап алып, Ысмағұлмен шайқасуға аттанып, оны Гибеондағы үлкен тоғанның маңында қуып жетті. 13 Миспада Ысмағұл тұтқынға алған халықтың бәрі Қареях ұлы Жоханан мен оның қасындағы жасақ басшыларын көргенде, қатты қуанды. 14 Олар Ысмағұлдан кері бұрылып, Қареях ұлы Жохананның жағына шықты. 15 Ал Ысмағұлдың өзі сегіз сыбайласымен бірге Жохананнан қашып, аммондықтарға жетті. 16 Содан соң Қареях ұлы Жоханан және оның қасындағы жасақ басшылары Гибеонда құтқарып алған барлық халықты жинады. Олар Ысмағұл Ғодалияхты өлтіргеннен кейін Миспадан тұтқынға алған адамдар: жасақшылар, әйелдер мен балалар және сарай қызметкерлері еді. Жоханан барлығын ертіп алып жолға шықты. 17 Көш біраз жүріп, Бетлехемнің маңындағы Қимхам қонысында аялдап, одан әрі Мысыр еліне қарай бет алды. 18 Олар халдейлерден қорықты. Өйткені Ысмағұлдың Бабыл патшасы елдің әкімі етіп тағайындаған Ғодалияхты өлтіргенін халдейлер естігенде келіп, сол үшін бізді жазалайды деп қауіптенді.
1 Содан Қареях ұлы Жоханан, Хошаях ұлы Езаниях және басқа жасақ басшыларының бәрі үлкенді-кішілі бүкіл халықпен бірге 2 Еремия пайғамбардың алдына келіп, былай деді: — Біздің өтінішімізді тыңдап, елде қалған бәріміз үшін Құдайыңыз Жаратқан Иеге сиынып арашалық дұға ете көріңіз! Бұрын біз көп едік, енді өзіңіз көріп отырғаныңыздай азғантай ғана қалдық. 3 Қай жолмен жүруіміз керек, не істеуіміз керек, соны бізге Құдайыңыз Жаратқан Ие көрсете көрсін. — 4 Еремия пайғамбар оларға былай деді: — Айтқандарыңды естідім. Әрине, мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иеге сиынып өздерің үшін арашалық дұға ете беремін. Жаратқан Ие маған қандай жауап берсе де, оны сендерге ештеңесін бүкпей жеткіземін! — 5 Олар Еремияға: — Егер Құдайыңыз Жаратқан Иенің бізге сіз арқылы жіберген бүкіл бұйрығы бойынша істемесек, онда Жаратқан Ие бізге қарсы сенімді де шыншыл куә болсын! 6 Біз сізді жіберіп отырған Құдай Иеміздің тапсырғаны бізге ұнаса да, ұнамаса да, өзімізге игі болуы үшін Құдайымыз Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ асатын боламыз! — деп уәде берді. 7 Он күн өткен соң Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнады. 8 Сонда Еремия Қареях ұлы Жохананды, оның қасындағы басқа жасақ басшыларының бәрін және үлкенді-кішілі бүкіл халықты шақырып алып, 9 оларға былай деді: — Мені Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге өз өтініштеріңді айтып жіберген едіңдер. Ол мынаны айтады: 10 Егер осы елде қалатын болсаңдар, Мен сендерді құртпаймын, керісінше, тұрғызып өркендетемін, жұлып тастамаймын, керісінше, қайтадан егіп отырғызамын. Өйткені Мен сендерге жіберген зор апат жайлы райымнан қайтамын. 11 Бабыл патшасынан қатты қорқасыңдар, ал Жаратқан Ие өздеріңе мынаны айтады: Одан қорықпаңдар! Мен сендермен бірге жүріп жар боламын! Сендерді оның қолынан құтқарып, аман алып қаламын! 12 Мен сендерге рақымды болғандықтан ол да өздеріңе рақым көрсетіп, жерлеріңе қайтуларыңа рұқсат береді. 13 Сендер «Біз осы елде қалмаймыз!» деп, Құдайларың Жаратқан Иеге мойынсұнудан бас тартпаңдар! 14 «Керісінше, Мысырға барып, сонда қоныстанамыз. Сол жерде соғысты көрмейміз, шайқасқа шақырған керней үнін естімейміз, аштықтан да өлмейміз!» деп тұрып алмаңдар! 15 Ал егер бәрібір осылай істесеңдер, онда сол туралы Жаратқан Иенің не айтқанын тыңдаңдар, уа, Яһуданың елде қалған жұрты! Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Егер Мысырға барып, сонда қоныстанатын болсаңдар, 16 онда өздерің қорқатын семсер сендерді сол жақта да тауып алады және өздерің қорқатын ашаршылық та сендердің соңдарыңнан Мысырға жетіп, сол жақта аштан қырыласыңдар. 17 Мысырды мекен ету үшін бет алғандар ол жерде семсер, ашаршылық не індеттен құритын болады. Мен бастарына түсіретін пәледен олардың ешқайсысы аман да қалмайды, қашып құтыла да алмайды. 18 Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, тағы мынаны айтады: Менің қаһарым Иерусалим тұрғындарына төгілгендей, Мысырға көшкен кездеріңде сендерге де төгіледі. Сендер қарғалып, қорқынышты көрініске айналып, масқара мен мазаққа ұшырайсыңдар. Ал осы жерді сендер енді қайтып көрмейтін боласыңдар. 19 Уа, Яһуданың елде қалған адамдары! Жаратқан Ие сендерге мынаны айтқан еді: «Мысырға бармаңдар!» Мен бүгін өздеріңе жасаған осы ескертуді көңілдеріңе жақсылап тоқып алыңдар! 20 Маған: «Құдайымыз Жаратқан Иеге біз үшін арашалық дұға етсеңізші! Оның бізге арнап айтқандарын толықтай жеткізіңіз, біз соны орындаймыз!» дегендеріңде де екіжүзділік жасап ғаламат қате жібердіңдер. 21 Себебі не істеуге тиіс болғандарың туралы Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарын сендерге бүгін жеткіздім. Бірақ өткен кездерде істегендерің іспетті, Оның мен арқылы жіберген хабарына бәрібір мойынсұнған жоқсыңдар. 22 Сондықтан мынаны біліп қойыңдар: Сендер қоныстанғыларың келетін Мысыр елінде семсер, ашаршылық не індеттен құритын боласыңдар!
1 Еремия бүкіл халыққа олардың Құдайы Жаратқан Иенің айтқан осы сөздерді түгелдей жеткізді. Себебі Жаратқан Ие оған бұл хабардың бәрін соларға жариялауды тапсырған еді. 2 Сонда Хошаях ұлы Азариях, Қареях ұлы Жоханан және барлық басқа өркөкірек адамдар Еремияға қарсы шығып былай деді: — Жоқ, өтірік айтып тұрсыз! Құдайымыз Жаратқан Ие сізге: «Мысырға бармаңдар, сол жақта келімсек болып тұрмаңдар!» дегенді бізге арнап айтқызған жоқ! 3 Расында Нириях ұлы Барух сізді бізге қарсы арандатып отыр. Ол бізді өлтірту үшін немесе Бабылға айдап әкеттіру үшін халдейлердің қолына тапсырмақшы. 4 Осылайша Қареях ұлы Жоханан, барлық басқа жасақ басшылары және бүкіл халық Жаратқан Иенің Яһуда елінде қалыңдар деген сөзіне мойынсұнған жоқ. 5 Керісінше, өлімнен аман қалып, қашып кеткен басқа халықтардың арасынан Яһуда еліне тұруға қайтып келген яһудилердің барлығын Қареях ұлы Жоханан және басқа жасақ басшылары ертіп алып кетті. 6 Олар, сондай-ақ, бабылдық әмірші Набузар-Адан Ахиқам ұлы Ғодалияхтың қасына қалдырған халықты: барлық ер адамдар мен әйелдерді, балалар мен патшаның қыздарын және Еремия пайғамбар мен Нириях ұлы Барухты да өздеріне ілестіріп әкетті. 7 Олар Жаратқан Иенің бұйрығына мойынсұнбай, Мысырға кетіп, Тахпанхес қаласына жетті. 8 Сол қалада Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді: 9 «Бірнеше үлкен тас алып кел де, оларды жиналып тұрған яһудалық елдестеріңнің көз алдында перғауын түсетін сарайдың алдындағы кіреберісінің жанындағы кірпішпен бекітілген сатылы беткейдің астына көміп таста! 10 Жиналғандарға былай де: Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Мен Өзіме қызмет етуші Бабыл патшасы Набуходоносорды осында алдыртып, оның патшалық тағын осы жерде көмулі жатқан тастардың үстіне орнатамын. Бабыл патшасы солардың үстіне өзінің шатырын тігетін болады. 11 Ол аттанып келгенде Мысырға шабуыл жасайды. Сонда індеттен өлуге бұйырылғандар індетке, жер аударылуға бұйырылғандар жер аударылуға, семсерге бұйырылғандар семсерге тапсырылатын болады. 12 Мен сол Бабыл патшасы арқылы Мысырдың тәңірсымақтарының ғибадатханаларына от қоямын. Патша солардың мүсіндерін не өртеп жібереді, не тұтқындап әкетеді. Қойшының шапанын жамылып алатынындай, ол Мысыр елін қыспаққа алады. Ақырында сол жақтан аман-есен шығады. 13 Ол жалған тәңірге бағышталып, Мысыр еліндегі Бет-Шемеште орнатылған тас бағаналарды сындырып, Мысырдың басқа да тәңірсымақтарының ғибадатханаларын өртеп жібереді.
1 Кейінірек Жаратқан Ие Еремияға Мысыр елінің Миғдол, Тахпанхес және Мемфис қалаларында және оңтүстік Мысырда тұратын яһудилер туралы сөзін арнап былай деді: 2 — Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Менің Иерусалимге және Яһуданың күллі қалаларына жіберген апатымды өздерің көрдіңдер. Олар, міне, қазір қирап, қаңырап бос жатыр. 3 Мұның себебі — халық зұлым істер істеп, өздері де, ата-бабалары да танып-білмеген бөгде тәңірлерге табынып, оларға құрбандық шалып, хош иісті заттарды түтетіп ұсыну арқылы қаһарымды туғызған еді. 4 Сендерге қайта-қайта Өзіме қызмет ететін пайғамбарларымды жіберіп, оларға: «Мен жек көретін сол жиренішті қылықтарды істемеңдерші!» — деп айтқызған едім. 5 Бірақ халық тыңдаған да жоқ, назар да аударған жоқ. Олар зұлымдық жасауларын тоқтатпай, бөгде тәңірлерге құрбандық шалып, хош иісті заттарды түтетіп ұсынуларын жалғастыра берді. 6 Сол себепті Менің лап еткен қаһарым Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің көшелеріне төгіліп, оларды қазіргі қирап, қаңырап бос жатқан күйлеріне айналдырды. 7 Ал енді Исраилдің Құдайы, Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие, мынаны айтады: Неге өздеріңе-өздерің соншама зор апатты төндіресіңдер? Сендер өз істеріңмен Яһудадан келген әйелдер мен ер адамдарды, балалар мен нәрестелерді бірде-біреуін тірі қалдырмай қырғынға ұшыратасыңдар! 8 Неге сендер өз қолдарыңмен жасаған мүсіндерге табынасыңдар? Неліктен өздерің мекендеуге келген осы Мысыр елінің бөгде тәңірлеріне құрбандық шалып, хош иісті заттар түтетіп, Менің ашуымды шақырасыңдар? Сендер сол арқылы өздеріңді-өздерің құртасыңдар! Содан жер бетіндегі барлық халықтар сендерді қарғап, мазақтайтын болады. 9 Өз ата-бабаларың, Яһуданың патшалары және олардың әйелдері жасаған зұлымдықтарын, әрі өздерің мен әйелдерің Яһуда елінде және Иерусалимнің көшелерінде жасаған зұлымдықтарыңды ұмытып кеттіңдер ме? 10 Күні бүгінге дейін осы халық күнәларына өкініп, Мені терең қастерлеген жоқ! Мен өздеріне және ата-бабаларына тапсырған Таурат заңыма әрі ережелеріме олар бағынған жоқ. 11 Сондықтан Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Сендерге пәле жіберіп, Мысырдағы яһудалықтардың бәрін толығымен құртуды шештім! 12 Иә, Мен Яһуда халқының елде қалып, енді Мысырға көшіп келіп, осында тұруға бет алған адамдарын құртамын! Олар не семсерден қырылып, не аштан өліп бәрі де Мысырда құриды. Үлкенді-кішілі барлығы да семсерден немесе ашаршылықтан қаза табады. Олар қарғалып, қорқынышты көрініске айналып, масқара мен мазаққа ұшырайды. 13 Мен Иерусалимді жазалағандай, Мысырдағы яһудилерді де семсер, ашаршылық және індетпен жазалаймын. 14 Яһудада тірі қалып, Мысырға көшіп кеткендер өз еліне қайта оралып, тұруға қаншама аңсап ұмтылғанмен, ешқайсысы да апаттан бас сауғалап аман қалмайды. Тек біразырақ босқындардан басқа, ешкім де Яһудаға оралмайды. 15 Сонда әйелдерінің бөгде тәңірлерге хош иісті заттар түтетіп ұсынып жүргенін білетін барлық ер адамдар мен сонда тұрған барша әйелдер Еремияға жауап берді. Солтүстік пен оңтүстік Мысырдан жиналып келген яһудилердің осы үлкен жамағаты пайғамбарға былай деді: 16 — Жаратқан Иенің атынан айтқан бұл сөзіңе құлақ асайын деп жатқан жоқпыз! 17 Біз істеуге ант бергеніміздің бәрін міндетті түрде істей береміз: бұрын өзіміз, ата-бабаларымыз және патшаларымыз бен әміршілеріміз Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің көшелерінде істегеніміздей, бұдан былай да «Аспан патшайымына» арнап хош иісті заттар түтетіп, сұйық тартуларын құйып ұсына бермекпіз. Өйткені соны істеп жүрген кезімізде бізде тамақ мол, жағдайымыз жақсы болып, еш жамандық көрмеген едік. 18 Ал «Аспан патшайымына» хош иісті заттар түтетіп, сұйық тартулар ұсынуды қойғаннан бері біз жоқшылық көріп, семсер мен аштықтан қырылудамыз. 19 Әйелдер тағы былай деп қосты: — Біздің «Аспан патшайымына» арнап хош иісті заттар түтетіп, сұйық тартуларды құйып ұсынып, оның бейнесімен күлшелер пісіргенімізді күйеулеріміз біліп, рұқсат берген жоқ дейсіз бе? 20 Сонда Еремия өзіне осындай жауап қайтарған бүкіл халыққа, барлық ер адамдар мен әйелдерге былай деді: 21 — Яһуда елінің қалалары мен Иерусалимнің көшелерінде өздерің мен ата-бабаларың, патшаларың мен әміршілерің және елдің бүкіл халқы жалған тәңірлерге түтетіп ұсынған хош иісті заттарың туралы Жаратқан Ие есінде сақтап, назарында ұстамайтын ба еді? 22 Жаратқан Иенің сендердің зұлым әрі жексұрын іс-әрекеттеріңе деген шыдамы шегіне жеткен еді. Сондықтан елдерің қарғалып, қорқынышты да масқара көрініске айналып, қазіргідей қаңырап бос қалды. 23 Сендер бөгде тәңірлерге хош иісті заттар түтетіп ұсынып Жаратқан Иеге қарсы күнә жасадыңдар. Оның даусына құлақ аспадыңдар, Оның Таурат заңына, ережелері мен бұйрықтарына бағынған жоқсыңдар. Мына апаттардың бастарыңа келуі де дәл сол себептен. 24 Бұдан кейін Еремия бүкіл халыққа, әсіресе, араларындағы барлық әйелдерге арнап былай деді: — Уа, Мысырда тұрып жатқан күллі яһудилер, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар! 25 Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Сендер әйелдеріңмен бірге «Аспан патшайымына арнап хош иісті заттар түтетіп, сұйық тартулар ұсыну жайлы берген уәделерімізді міндетті түрде жүзеге асыра береміз!» деп сөзбен айтып, істеріңмен дәлелдедіңдер. Мейлі, сол уәделеріңді орындап, берген анттарыңды жүзеге асырыңдар! 26 Алайда Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар, уа, Мысырда тұрып жатқан күллі яһудилер! Жаратқан Ие мынаны айтады: Өзімнің ұлы атыммен былай деп ант етемін: Бүкіл Мысыр еліндегі бірде-бір яһудалық адам енді қайтып Менің атымды атап не мінажат етпейтін, не «мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Иенің атымен» ант бермейтін болады! 27 Мен енді оларға жақсылық емес, жамандық істеуді қырағы қадағалаймын. Мысырдағы яһудилер құрып біткенше семсер мен ашаршылықтан қырылады. 28 Осылайша семсерден аман қалып, Мысырдан Яһудаға қайта оралатындардың саны өте аз болады. Сонда Яһудадан Мысырға көшіп келген халықтың тірі қалғандарының бәрі кімнің сөзінің дұрыс болғанына: Менің бе, әлде өздерінің бе, соған көз жеткізетін болады. 29 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Менің сендерді осы елде міндетті түрде жазалайтындығымның, сендерге жамандық істеймін деген сөздерімді жүзеге асыратындығымның белгісі мынау болады: 30 Мен Яһуда патшасы Седекияхты оның жанын алмақ болған жауы — Бабыл патшасы Набуходоносордың қолына тапсырғанмын. Сол сияқты енді Мысыр патшасы Хофра перғауынды да оның жанын алмақ болған жауларының қолына тапсырамын! — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
1 Яһуда еліне Жосия ұлы Жохақым патшалық құрған төртінші жылы Еремия пайғамбардың аузынан шыққан сөздерді Нириях ұлы Барух шиыршық кітапқа жазып қойған соң, Еремия оған былай деді: 2 — Уа, Барух, Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие саған мынаны айтады: 3 Сен «О, қасірет! Сорлы басым-ай! Жаратқан Ие менің көрген азабымның үстіне тағы қасірет қосты. Күрсіне бергеннен шаршадым, маған еш тыныштық жоқ!» дейсің. 4 Барух, Жаратқан Ие саған мынаны айтады: Мен бүкіл ел бойынша Өзімнің тұрғызғанымды қиратып бұзып, егіп отырғызғанымды түп-тамырымен жұлып ойсыратамын. 5 Осылай бола тұра, сен өзің үшін ұлы нәрселерге қол жеткізуге ұмтыласың ба? Солай істеме! Мен бүкіл адамзатқа апат жіберемін. Алайда Мен сені қайда барсаң да, тірі қалдырып, өз жаныңды өзіңе олжа етемін. Мен, Жаратқан Ие осыған уәде беремін!
1 Мұнда Жаратқан Иенің басқа халықтар жайлы Еремияға арнаған сөздері берілген. 2 Мысыр елі туралы мына сөз Мысыр патшасы Нехо перғауынның әскері жөнінде айтылды. Сол кезде бұл әскер Евфрат өзенінің жағасындағы Қаркеміш қаласының маңында тұрақтаған еді. Олар Жосия ұлы Жохақым Яһуда еліне патшалық құрған төртінші жылы сол төңіректе болған шайқаста Бабыл патшасы Набуходоносордың әскерінен жеңіліп қалды. 3 — Үлкен және кіші қалқандарыңды дайындап, шайқасқа шығыңдар! 4 Аттарыңды ерттеп, тұлпарларыңа мініңдер! Дулыға киіп, сапқа тұрыңдар! Найзаларыңды үшкірлеп, сауыттарыңды киіңдер! 5 Ал Мен не көріп тұрмын? Мысырдың жасақшылары қорқып, шегініп, батырлары да жеңіліп, алды-арттарына қарамай қашып бара жатыр. Айналдыра бәрі де қорқыныш! — дейді Жаратқан Ие. — 6 Тіпті желаяқтары да қашып құтылып, күштілері де сытылып кете алмайды. Олардың барлығы да солтүстіктегі Евфрат өзенінің бойында сүрініп, құлап жатыр. 7 Суы бүкіл елге жайылып, Ніл өзеніндей асып-тасып жатқан кім бұл? 8 Мысырдың әскері Ніл өзеніндей асып-тасып, толқындары асау ағындай бұлқынады. Ол мақтанып: — Мен тасып, бүкіл жер бетін жабамын, әрбір қаланы тұрғындарымен қоса қырып тастаймын! — дейді. 9 — Мейлі, аттарыңмен алға басыңдар, күймелеріңмен жойқын шабуыл жасаңдар, уа, батырлар! Уа, қалқан ұстайтын құштық және пұттық жасақшылар, әрі жебені алып, садақты тартатын лудтық сарбаздар, сендер де алға басыңдар! 10 Алайда осы күн — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Иеге тиесілі күн! Ол сол күні өз жауларын қатаңдықпен соттап, оларға лайықты жазаларын тартқызады. Семсер тойғанша, шөлін қанға қандырып болғанша жалмай беретін болады. Өйткені Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие сол жауларды солтүстіктегі жерде Евфрат өзенінің бойында құрбандық шалғандай қырып тастайды. 11 Дәрі май іздеп, Ғилақад қыраттарына шық, уа, сорлы Мысыр халқы! Дәрілеріңнің санын көбейтіп қолдана бергеніңнен еш пайда болмайды, сен бәрібір айықпайсың. 12 Басқа ұлттар сенің масқараң туралы біліп алып, жан айқайың барша жерде естілуде. Қашып жатқан жасақшыларың бір-бірімен соқтығысып, екеуі де бірдей құлап түседі. 13 Жаратқан Ие Бабыл патшасы Набуходоносордың болашақта Мысыр елін шабуылдайтыны туралы Еремия пайғамбарға сөзін арнап былай деді: 14 — Бүкіл Мысыр елі бойынша жар салып, Миғдолда айтыңдар, Мемфис пен Тахпанхесте де мынаны жариялаңдар: Айналаларыңдағы бар халықтарды семсер жалмап жатыр. Сондықтан шепке тұрып, дайындалыңдар! 15 Мықты жасақшыларың неліктен жеңіліп, құлайды? Өйткені Мен, Жаратқан Ие, итеріп жібергендіктен олар тұра алмайды. 16 Мен оларды сүріндіремін. Олар (асыға қашып) бір-бірімен соқтығысып құлап, өзара: «Тұр, зорлықшыл жаудың семсерінен қашып құтылайық! Әрқайсымыз өз халқымызға, өз туған елімізге қайтайық!» — дейтін болады. 17 Елдеріне қайтқан соң олар былай деп айқайлайды: «Мысыр патшасы перғауын у-шу шығарған мақтаншақ. Алайда ол өзіне қолайлы сәтті пайдалана білмеді». 18 Есімі «Әлемнің Иесі» деген мәңгі тірі Патша өз атымен ант етеді: — Бір жеңімпаз қолбасшы мұнда келе жатыр. Таулардың арасында Табор тауы әрі теңіз жағасындағы Қармил тауы алып та айбынды екеніндей, ол да бәрінен мықты да айбынды болады. 19 Әй, Мысырдың бейшара тұрғындары, буынып-түйініп, жер аударылуға дайындалыңдар! Өйткені Мемфис қаласы өртеніп қиратылып, қаңырап бос қалады! 20 Мысыр әдемі тана сияқты. Ал солтүстіктен құжынаған бөгелектер іспетті жау қаптап келе жатыр. 21 Тіпті Мысырдың жалдамалы жауынгерлері бордақыланған тайыншадай шайқасқа жарамайтын болады. Олар да бұрылып, бәрі бірдей қаша жөнеледі. Жазаларын тартып құритын күндері келгенде олар берік тұра алмайды. 22 Жау таяп келе жатқандықтан Мысыр жылан сияқты ысылдап қаша жөнеледі. Жаулары оған қарсы ағаш шабатын адамдардай балта ұстап келетін болады. 23 Мысырдың халқы ну ормандай көп болса да, жау оларды шауып тастайды, — деп нық айтады Жаратқан Ие. — Өйткені жаудың жасақшылары тіпті шегірткелерден де көп, олардың санын есептеп шығуға болмайды. 24 Сонда Мысыр елі масқара болып, солтүстіктен келген халықтың қолына түседі. 25 Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, тағы мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен Но қаласының тәңірсымағы Амонды және Мысырдың барлық басқа тәңірсымақтарын, оның билеушілерін, перғауынды және оған сенімдерін артатындарды жазалайтын боламын! 26 Оларды жандарын алмақ болған Бабыл патшасы Набуходоносор мен оның нөкерлерінің қолдарына тапсырамын. Алайда кейінірек Мысыр қайтадан ежелгі замандағыдай халқы көп ел болады. — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 27 — Ал сен, қызметшім Жақып, қорықпа! Үрейленбе, уа, Исраил халқы! Біліп ал: Мен сені шалғай жерлерден, ұрпақтарыңды да тұтқында жүрген елдерінен құтқарып алып келемін. Сонда Жақыптың үрім-бұтағы елге қайта оралып, аман-есен өмір сүреді. Ешкім де оларға қоқан-лоқы жасамайтын болады. 28 Қорықпа, уа, қызметшім Жақып, — дейді Жаратқан Ие. — Себебі Мен саған жар боламын. Сені араларына айдатып жіберген халықтарды құртып жоқ қыламын, бірақ өзіңді құртпаймын. Алайда сені мүлдем жазасыз қалдырмай, әділдікпен жазалап тәрбиелеймін.
1 Мұнда Жаратқан Иенің філістірлер туралы Еремия пайғамбарға арнаған сөзі берілген. Сол кезде перғауын Газа қаласын әлі жаулап алмаған болатын. 2 — Жаратқан Ие мынаны айтады: Қараңдар, солтүстіктен жау топан судай ағылып келе жатыр. Олар асып-тасыған дариядай бүкіл елге жайылып, ондағы қалаларды тұрғындарымен қоса басып тастайды. Адамдар айқайлап, елде тұратындардың бәрі қиналып жыламақ. 3 Себебі жаудың атты әскері мен соғыс күймелерінің қатты дүрсілі естілмек. Әкелер әбден үрейленіп, қолдары сал болып, тіпті балаларын құтқару үшін бұрылып та қарамайды. 4 Тир мен Сидон елдерін ешкімнің қолдай алмауы үшін філістірлердің көздерін жоятын уақыт келді. Жаратқан Ие ежелде Крит аралының жағалауынан келіп, қоныстанған осы халықтың тірі қалғандарын құртуға шешім қабылдады. 5 Газа қаласы қирап, Ашқалон да үйіндіге айналады. Уа, жағалаудағы жазық даланың тірі қалған тұрғындары, қашанға дейін қайғырып терілеріңді тілгілеп жарақаттамақсыңдар? 6 «Әй, Жаратқан Иенің семсері, қашанға дейін тыным таппайсың? Қынабыңа қайта оралып, дамылдап, тынышталсаң екен!» 7 Бірақ егер Жаратқан Ие оған Ашқалонды және теңіздің жағалауын шабуылдауды бұйырған болса, ол қалайша тыным табады?
1 Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, Моаб туралы мынаны айтады: — Небо қаласы қасіретке қалады! Ол қирап бос қалады. Кириятаим да қолға түсіп, қор болады. Жартастағы сол бекініс масқара болып, күйрейді. 2 Осылай Моаб өз даңқынан жұрдай болады. Жаулары Хешебонда оған қарсы жамандық ойластырып: «Жүріңдер, оны мүлдем жойып, ел болудан қалдырайық!» — десті. Сен де, уа, Мадмен қаласы, үнсіз қатып қаласың, семсер сенің соңыңнан қалмайды. 3 Хоронаимнан да талқандалу мен ғаламат қираудың шуы шықпақ. 4 Осылайша Моаб елі құрып, оның балалары зар еңіреп айқай салады. 5 Босқындары да жылап, Лухит асуына қарай өрлейді. Кейін Хоронаимға ылдилап баратын жолда да бейшара адамдардың өз елдерінің қирағанына үрейлене айқайлаған дауыстары естіліп жатпақ. 6 Қашыңдар! Бас сауғалаңдар! Құла түздегі жыңғылдай болып жасырыныңдар! 7 Өз жетістіктерің мен байлығыңа сенген едің. Енді сен де тұтқынға түсіп, жалған тәңірің Хамос та өзінің абыздарымен және әміршілерімен бірге жер аударылып кетеді. 8 Жау әрбір қаланы талан-таражға салады. Аңғарда болсын, жон далада болсын, ешбір қала аман қалмайды. Барлығы Жаратқан Иенің айтқанындай болады. 9 Моаб халқына ұшып құтылып кету үшін қанат берсеңдерші! Өйткені оның қалалары күйреп, бірде-бір жан тұрмай қаңырап бос қалады. 10 Жаратқан Иенің өзіне жүктеген тапсырмасын салақ орындаған қарғысқа ұшырайды. Семсерімен жауларының қанын төгуден жалтарған да қарғысқа ұшырайды! 11 Моаб жастық шағынан-ақ тыныш өмір сүріп келді, ол қуғын-сүргін атаулыны мүлдем көрген емес. Ол дайын болғаннан кейін бірде-бір рет басқа ыдысқа құйылмай, ашытқының үстінде сақталған шарапқа ұқсайды. Сондықтан ол өзінің иісі мен дәмін жақсы сақтап келеді. 12 Бірақ Жаратқан Ие мынаны айтады: Болашақта Мен оған сусынын төгетін адамдарды жіберемін. Олар келіп, Моабтың ыдыстарын төңкеріп босатып, қыш құмыраларын соғып сындырмақ. 13 Сонда Солтүстік Исраил халқының Бетелдегі жалған тәңірге сенімдерін артқандықтан масқара болғанындай, Моаб та дәл солай Хамосқа сүйенгендіктен масқара болады. 14 Өздеріңді: «Соғысқа әбден жаттыққан нағыз жауынгер, батыл адамдармыз!» деп қалай ғана айтасыңдар? 15 Әй, Моаб, сенің қалаларың жау қолына түсіп, адамдарың толықтай құриды. Бетке ұстар жас жігіттерің қой іспетті бауыздалады! — Есімі «Әлемнің Иесі» деген Патша осыны нық айтады. 16 Моабтың қирауы таяп қалды! Оның басына апат тез түседі! 17 Уа, айналасындағы халықтар, ол үшін қайғырыңдар! Моабтың атақ-даңқы туралы білетіндер: «Оның салтанатты билігінің қирағанын-ай!» деп, оны жылап жоқтаңдар! 18 Енді салтанаттарыңнан бас тартып, тақырға отырыңдар, ей, Дибон қаласының тұрғындары! Өйткені Моабты құртатын қолбасшы сендерге қарсы аттанып келіп, бекінген қорғандарыңды қиратып талқандамақ. 19 Арогердің тұрғындары, сендер де жол бойына шығып, сытылып, қашып келе жатқан әйелдер мен ер адамдардан: «Не болып жатыр?» — деп сұраңдар. 20 Олар: «Моаб ойрандалып, масқара болды. Айқайлап жылаңдар, Арнон өзенінің бойында Моабтың ойрандалғаны туралы жар салыңдар! — дейтін болады. — 21 Жон даладағы барлық қалаларға да үкім шығарылып, олар жермен-жексен болды: Холон, Жахса және Мефағат, 22 Дибон, Небо және Бет-Диблатаим, 23 Кириятаим, Бет-Ғамул және Бет-Меон, 24 Кериот пен Бесер — Моабтың алыс-жақын барлық қалалары». 25 Моабтың құдіреті күйреп, оның билік жүргізетін қолы сынды, — деп нық айтады Жаратқан Ие. — 26 Моаб паңданып, Жаратқан Иеге қарсы бас көтергендіктен енді (Оның қаһарынан) мас адамдай теңселіп, жерге құласын, содан өз құсығында аунап жатсын. Ол да көрінгеннің мазағына айналсын. 27 Уа, Моаб халқы, сендер де Исраилді мазақ қылмап па едіңдер? Ол туралы айтқан сайын мысқылдап бас шайқайтындай, Исраил халқы қарақшылардың арасында (ұрлық жасап жатқан жерінде) қолға түсті деп ойлайсыңдар ма? 28 Енді өз қалаларыңды тастап, құз-жартастарды мекендеңдер, Моабтың тұрғындары! Ұясын үңгірдің аузына салатын көгершін сияқты оңаша жерге бас сауғалаңдар! 29 Біз Моабтың ерен тәкаппарлығы мен өркөкіректігі, оның менмендігі мен кердеңдігі әрі керенау паңдығы туралы естігенбіз. 30 «Мен оның паңдығын толықтай білемін, — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Алайда онысының бәрі құр бос әңгіме. Ол көп мақтанғанмен, қолынан келетіні шамалы ғана». 31 Сондықтан мен Моаб үшін қайғырып, бүкіл Моаб елі үшін жоқтау айтамын. Кир-Хәрес қаласы үшін де мұңая күрсінемін. 32 Сибманың жүзім бұталары үшін Жазер халқы іспетті мен де қатты қайғырамын. Бұрын олардың бау-бақшалары тіпті Өлі теңізге дейін жайылып, жайқалып тұратын еді. Бірақ құртушы жау келіп, құрма, інжір, жүзім жемістерін жинап алып кетпек. 33 Содан Моаб елінің құнарлы бау-бақшаларында қуаныш пен шаттық мүлдем қалмайды. Сыққыш шұңқырлардан жүзім шырынын да ақпайтын қыламын. Енді қайтып ешкім қуана айқай салып жүзімді таптамайтын болады. Елде айқай әлі де естіледі, бірақ ол қуаныштың айқайы емес. 34 Олардың қиналған айқайы Хешебоннан Елғале мен Яхасқа, Сиғордан Хоронаим мен Үшінші-Әглатқа дейін естіледі. Тіпті Нымрим сайының суы да тартылып қалады. 35 «Мен Моаб еліндегі биіктеу жерлерде жалған тәңірлерге арнап құрбандық шалып, өртеп, хош иісті заттар түтету атаулыны жоямын!» — деп ескертеді Жаратқан Ие. 36 Сол себепті жүрегім Моаб үшін, ондағы Кир-Хәрес қаласының адамдары үшін қайғылы әуен тартқан сыбызғыдай жылайды. Олар жиып-терген мол байлығынан жұрдай болды. 37 Олардың барлығы аза тұтып бастарын тақыр қылып, сақалдарын қырып тастайды және қолдарын тілгілеп жарақаттап, азалы киім киеді. 38 «Моабтың әрбір үйі мен көшесінде адамдар қайғырады. Өйткені Мен Моабты ешкімге қажеті жоқ қыш құмырадай сындырып тастадым», — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 39 Ол қалай оңбай сынады! Қалай олар күңіренеді! Масқара болған Моаб қалай бетін тасалайды! Айналасындағы барлық халықтар оны күлкі қылып, ойран болғаны үшін табалайды. 40 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Біліп алыңдар, жау қанатын кең жайып шүйілген бүркіт секілді Моаб еліне бас салмақ!» 41 Моабтың қалалары жау қолына түсіп, қорғандары да алынады. Сол күні Моабтың батырларының жүректері толғатып жатқан әйелдікіндей үрейленетін болады. 42 Өркөкіректеніп Жаратқан Иеге қарсы бас көтергендіктен, Моаб ел болудан қалады. 43 «Сені күтіп тұрғаны — қорқыныш, ор әрі тұзақ, уа, Моабтың тұрғындары!» — деп ескертеді Жаратқан Ие. — 44 Қорқыныштан қашатындар орға түседі, ал ордан өрмелеп шыққандар тұзаққа түседі. Өйткені Менің Моабты күнәлары үшін жазалайтын уақытым келді!» — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 45 Жаудан қашқан босқындар Хешебонның көлеңкесінде күшінен жұрдай болып әрі қарай жүруге қуаты қалмайды. Хешебоннан от шықпақ, ежелгі Сихон патшасының осы қаласынан өрт лап етпек, ол Моаб елін оның қыңыр халқымен қоса өртеп жібереді. 46 О, Моаб, сен қасіретке қаласың! Уа, Хамосқа табынатын халық, сен ойрандалып, ұл-қыздарың тұтқынға түседі. 47 «Бірақ болашақта Мен Моабтың жер аударылып кеткен халқын елдеріне қайтарамын!» — деп уәде береді Жаратқан Ие. Моаб туралы айтылған айыптау сөздері осымен бітеді.
1 Жаратқан Ие аммондықтар туралы мынаны айтады: — Исраилдің үрім-бұтағы жоқ па екен? Оның жерін мұра ететін ешкім қалған жоқ дейсіңдер ме? Жалған тәңір Молохқа табынатын сендер, ей, Аммон халқы, Исраилдің Ғад руына тиісті жерді неге иемденіп алдыңдар? Қалайша сендер Ғадтың қалаларында тұрып жатырсыңдар? — 2 Сондықтан Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: — Біліп алыңдар, Мен болашақта аммондықтардың астанасы Раббаға қарсы соғыстың айқай-шуын естіртемін. Рабба жермен-жексен болып, бір төбе үйіндіге айналады. Оған қарасты елді мекендер де өртеніп кетеді. Сонда Исраил халқы өз жерін тартып алған аммондықтардан оны қайтарып алады». — Жаратқан Ие осыны уәде етеді. 3 Зар жыла, о, Хешебон қаласы, өйткені Гай қаласы қирады! Айқайлаңдар, о, Рабба қаласының тұрғындары да! Азалы киім киіп, күңіреніңдер! Дуалдардың ішінде олай-бұлай аласұрыңдар! Жау сендер табынған Молохты абыздары және әміршілерімен бірге жер аударып әкетеді. 4 Өздеріңнің шұрайлы аңғарларыңмен неге мақтанасыңдар? Оларыңнан жақында жұрдай боласыңдар! Уа, опасыз Аммон халқы, сен өз байлығыңа сеніп: «Маған кім шабуыл жасай алады?!» — деп дандайсисың. 5 «Мен саған жан-жағыңнан қорқыныш туғызамын, — деп ескертеді Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие. — Әрбір тұрғының айдалып кетеді! Сол босқындарыңды ешкім жинап қайтарып әкелмейді». 6 «Алайда болашақта Мен Аммонның үрім-бұтағын өз еліне қайтарып, игілікке кенелтемін»! — Жаратқан Ие осы уәдені береді. 7 Әлемнің Иесі Едом туралы мынаны айтады: «Теманда даналықтың қалмағаны ма? Ондағы данышпандар ақыл-парасаттан айырылып, даналықтан құр қалған ба? 8 Кері бұрылып, қашыңдар, ей, Деданның тұрғындары! Терең үңгірлерге жасырыныңдар! Әйтпесе Мен Есаудың үрім-бұтағын жазалап, жермен-жексен қылғанда, сендер де соның кесірін тартып жүрерсіңдер. 9 Жүзім жинаушылар жүзімді жинағанда біразын қалдырып отырады. Түнде ұрылар түссе, олар сондағы дүниені өздеріне керегінше ғана ұрлап әкетеді. 10 Бірақ Мен Есаудың елін толығымен жалаңаштаймын. Бас сауғалайтын жерлердің бәрін ашып, сонда оған жасырынатын орын қалмайды. Күллі балалары мен бауырлары, көрші-қолаңдары қырылып, Едом халқы ғайып болады. 11 Жетім балаларыңды Маған қалдыр, Мен олардың жанын аман сақтаймын. Жесірлерің де Маған сенім артатын болсын!» 12 Жаратқан Ие мынаны айтады: «Тіпті Менің қаһарыма толы тостағаннан дәм татуға бұйырылмаған жазықсыздарға содан дәм татуға тура келсе, сен неліктен қасірет шекпеймін деп ойлайсың? Жоқ, сен де жазасыз қалмай, соның қасіретін шегетін боласың! 13 (Едомның астанасы) Босора қирап, елсіз бос қалып, үйіндіге айналады. Ол басқаларға қорқынышты көрініс болып, олардың келекесі мен қарғысына қалады! Оған қарасты елді мекендер де біржола қирайды, — деп өз атыммен ант етемін». — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 14 Жаратқан Иеден жеткен бір хабарды естідім, халықтардың арасына бір шабарман жіберілді. Ол: «Жиналып, аттаныңдар! Оған қарсы шайқасуға шығыңдар!» деп жариялайды. (Жаратқан Ие Едомға былай деп ескертеді:) 15 «Біліп қой, Мен сені ұлттардың арасында шағын әрі жұртқа елеусіз қыламын. 16 Басқаларға сес көрсетіп кеуде көтеріп, соған алданып кеттің. Жартастардағы қорғандарда тұрып, биік қыраттарды иемденіп келесің. Алайда тіпті ұяңды бүркіттей қияға салсаң да, бәрібір Мен сені сол жерден де құлатып түсіремін! — деп нық айтады Жаратқан Ие. — 17 Осылай Едом елі қорқынышты көрініске айналады. Өткен-кеткен адамдардың бәрі оның қирап жатқанын көргенде аңтарыла жандары түршігіп, ысқырып табалайтын болады. 18 Едом елі ежелгі Содом мен Ғомора және оларға көршілес қалалар сияқты құрып, жермен-жексен болады. Онда ешкім қоныстанбайды, адам баласы оны мүлдем мекендемейді. — Жаратқан Ие осынын нық айтады. 19 Мен Иорданның бойындағы ну тоғайлардан шыға келіп, шұрайлы жайылымдағы ұсақ малға бас салатын арыстан сияқты, әп-сәтте Едомды өз жерінен қуып жіберемін. Бұл үшін Мен тағайындайтын таңдаулым кім екен? Менімен теңдес болып, Мені жауапқа тарта алатын ешкім жоқ. Маған қарсы тұра алатын ешбір бақташы да жоқ. 20 Сондықтан Мен, Жаратқан Ие, Едомға және ондағы Теман қаласының тұрғындарына қарсы не жоспарлағанымды тыңдаңдар: Едом халқы, тіпті олардың балалары да міндетті түрде басқа жаққа айдалып әкетіледі. Істеген қылықтарының кесірінен олардың мекендері сөзсіз қаңырап бос қалады. 21 Олардың құлдырағанынан жер бетіндегі халықтар дірілдейді, қиналған айқайлары тіпті Ақаба шығанағына дейін де жаңғырып естіледі. 22 Біліп алыңдар, жау қанатын кең жайып, шарықтап, шүйілген бүркіт секілді Босора қаласына бас салмақ. Сол күні Едомның батырларының жүректері толғатып жатқан әйелдікіндей үрейленетін болады. 23 Мына хабар Дамаск туралы берілген: «Хамат пен Арпад қалалары суық хабар естіп, үрейлене түңіліп отыр. Олар қорқып уайымдап, қобалжып жатқан теңіздей маза таппауда. 24 Дамаск әлсіреп, халқы кері бұрылып қаша жөнеледі. Ол қорыққаннан дір-дір етіп, толғатып жатқан әйелдей қиналуда. 25 Салтанатты, қуанышқа толы қала қалайша елсіз бос қалмақ! 26 Оның жас жігіттері қала көшелерінде қаза тауып, жасақшыларының бәрі сол кезде қырылып үнсіз қалады, — деп ескертеді Әлемнің Иесі. — 27 Мен Дамаскінің қабырғаларына от қойғызамын, сонда Бен-Хададтың сарайларын өрт жалмайтын болады». 28 Бабыл патшасы Набуходоносор шабуыл жасамақ болған Қидар және Хасор аймағындағы патшалықтар туралы Жаратқан Ие мынаны айтады: «Уа, Бабыл әскері, жиналып, Қидарға өрлеп аттаныңдар, шығыстағы тайпаларға бас салып, тонаңдар! 29 Бабыл жасақшылары бұл тайпалардың шатырлары мен малдарын тартып алып, барлық заттары мен түйелерін де әкетеді. Адамдар: «Айналдыра бәрі де қорқыныш!» деп айқайлайтын болады. 30 Тезірек бас сауғалап қашыңдар, ей, Хасордың тұрғындары! Терең үңгірлерге жасырыныңдар! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Өйткені Бабыл патшасы Набуходоносор сендерге қарсы ақылдасып, жоспар құрып жатыр. 31 Жиналып, аттаныңдар! Бейқам, еш алаңсыз тұрып жатқан ұлтқа шабуыл жасаңдар! — дейді Жаратқан Ие. — Олар қақпалармен, ысырмалармен бекінген қалаларда емес, ашық далада оңаша тұрады. 32 Олардың түйелері олжа болып, отар-табын малдары да жау қолына түседі. Шалғайда тұратын сол халықты Мен желдің барлық бағыттарына шашыратып, оларға жан-жақтарынан пәлелерді қаптатамын! — дейді Жаратқан Ие. 33 Хасор қаласы мәңгі қаңырап бос қалып, оны тек шибөрілер ғана мекендемек. Онда ешкім қоныстанбайтын, адам баласы оны мүлдем мекендемейтін болады». 34 Яһудаға Седекияхтың патшалық құруының бастапқы кезінде Жаратқан Ие Еремия пайғамбарға Елам елі туралы сөзін арнап былай деді: 35 — Әлемнің Иесі мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен Еламның күш-қуатының негізгі көзі — оның садақшыларын құртамын! 36 Мен Еламға желдің барлық бағыттарынан жауларын келтіріп, оның халқын барлық жақтарға шашыратып жіберемін. Сонда Елам халқы қашып бармаған ешбір ел болмайды. 37 Мен Елам халқын олардың жандарын алмақ болған жауларының алдында үрейленетін қыламын. Қаһарым оларға лап етіп, бастарына апат жаудырамын, — дейді Жаратқан Ие. — Дұшпандары семсермен арттарынан қуып, оларды құртып болмайынша тынбайды. 38 Мен өз тағымды Еламда орнатып, оның патшалары мен әміршілерін жоямын. — Жаратқан Ие осыны нық айтады. — 39 Алайда болашақта Мен Елам халқын өз еліне қайтарып, игілікке кенелтемін. — Жаратқан Ие осыны уәде етеді.
1 Жаратқан Иенің Еремия пайғамбар арқылы Бабыл қаласы мен халдейлердің елі туралы айтқан сөзі мынау: 2 Ұлттардың арасында мына хабарды жар салып, бәріне естіртіңдер; оны белгі беретін жалаудай көтеріп, әркімге де білдіртіңдер! Ештеңесін бүкпей жариялаңдар: «Бабыл жау қолына түседі! Оның тәңірсымағы Бел Меродах масқара болып, үрейге толады. Халық табынған тәңір мүсіндері аяқ асты болып, сындырылады. 3 Өйткені солтүстіктен бір ұлт аттанып келіп, Бабылдың елін ойрандайды. Сонда адам да, мал да одан қашып, Бабылды мекендейтін ешкім қалмайды. 4 Сол кездері Солтүстік Исраил мен Яһуданың халқы екеуі бірдей көз жастарын төгіп, Маған — өз Құдайлары Жаратқан Иеге қайтадан бет бұрып сиынады, — дейді Жаратқан Ие. — 5 Олар Сионға апаратын жолды сұрастырып, Иерусалимге бет алмақ. Екі халықтың да адамдары айдалып кеткен жақтарынан қайтып келмек. Сонда олар ешқашан ұмытылмайтын мәңгілік Келісімнің арқасында Жаратқан Иемен тығыз байланыста тұратын болады. 6 Менің халқым қойлар сияқты жоғалып кетті. Бағушылары азғырып, тауда адастырып жіберген олар тау-төбелерді кезіп, өздерінің тынығатын жерін ұмытқан. 7 Кездестірген жауларының бәрі де оларды жалмап қойып, былай дейтін: «Біз кінәлі емеспіз, өйткені олар өздерінің тынығатын шынайы «мекені» — Жаратқан Иеге қарсы күнә жасады. Ал Ол ата-бабалары үміт артқан Жаратқан Ие ғой». 8 Уа, яһудалықтар, Бабылдан қашыңдар! Халдейлердің елін тастаңдар! Отарды бастап жүретін серкедей алғашқы болып сол елден кетіңдер! 9 Өйткені Мен солтүстік жақтан үлкен халықтардың тобын Бабылға қарсы көтеріп, алып келемін. Солар Бабылға қарсы соғысуға шеп құрып орнығып, оны басып алады. Ал атқан жебелері шайқастан олжасыз оралмайтын тәжірибелі жауынгер сияқты дәл тиетін болады. 10 Осылайша Бабыл тоналып, оны талан-тараж еткендер олжаға қарық болып қалады!» — деп нық айтады Жаратқан Ие. 11 Ей, бабылдықтар, сендер Менің меншікті халқымды талан-таражға салдыңдар. Соған мәз болып, астық бастырып, бидайға тойып алған қашардай секіректеп, айғырдай кісінеп жатырсыңдар. 12 Сол үшін сендердің «аналарың», Бабыл қаласы, масқараланып, халықтардың ішіндегі ең елеусізіне айналады. Сонда ол елсіз дала, қу тақыр, құла түз болып кетеді. 13 Менің, Жаратқан Иенің, қаһарым лап еткеннен қала қаңырап бос қалып, енді қайтып оны ешкім мекендемейді. Бабылдың маңынан өткен-кеткендердің бәрі қаланың басына түскен пәлелерді көргенде аңтарыла жандары түршігіп, ысқырып табалайтын болады. 14 Ей, садақшылар, Бабылды жан-жақтан қоршап алып, шабуылға дайындалып шеп құрыңдар! Оған қарай жебелеріңді аямай атқылаңдар! Өйткені Бабыл халқы Жаратқан Иеге қарсы күнә жасады. 15 Қалаға жан-жағынан атой салыңдар! Сонда ол беріліп, мұнаралары құлап, қамал қабырғалары опырылады. Бұл — Жаратқан Иенің жүзеге асырып жатқан әділ жазасы. Сондықтан Бабылға тиісті жазасын тартқызыңдар! Сол қала басқа халықтарды қалай қырған болса, сендер де оны солай қырыңдар. 16 Бабыл еліндегі егін егіп, өнімін жинайтын диқандарының көздерін құртыңдар! Бабылға жер аударылып келген әркім зорлықшыл жаудың семсерінен құтылып, өз халқына, өз жеріне қайта оралсын! 17 Исраил арыстандар қуып, шашырап кеткен қой отары сияқты. Оны бірінші жалмаған Ассур патшасы болған еді, ал оның сүйегін кемірген соңғысы — Бабыл патшасы Набуходоносор. 18 Сондықтан Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: «Біліп алыңдар, Мен Ассур патшасына жазасын тартқызғандай, Бабыл патшасын да, оның елін де дәл солай жазалаймын! 19 Сонда Мен Исраилді өзінің жайлы мекеніне қайтарып, ол қайтадан Қармил мен Башан тауларында жайылып, Ефрем мен Ғилахадтың қыраттары аймақтарында да тойынатын болады. — 20 Жаратқан Ие тағы мынаны уәде етеді: — Сол заманда Солтүстік Исраилдің айыбы мен Яһуданың күнәсі іздесе де, еш табылмай жоқ болып шығады. Өйткені Мен халқымнан тірі қалдырған адамдардың күнәларын кешіремін». 21 «(Бабыл еліндегі) Мератайым аймағына және Пеходтың тұрғындарына қарсы аттаныңдар! Олардың жерін қаңыратып бос қалдырып, толығымен құртыңдар! Өздеріңе айтқандарымның бәрін орындаңдар!» — Жаратқан Ие осыны бұйырады. 22 Бабыл елінде соғыстың және зор күйреудің у-шуы естіледі. 23 Бабыл бүкіл жер бетін тоқпақтаған балға іспетті талқандап келеді. Енді оның өзі шабылып, күл-талқан болады. Халықтардың арасында Бабыл қорқынышты көрініске айналмақ. 24 Мен саған тұзақ қойып, сен де соған түсесің, о, Бабыл. Маған, Жаратқан Иеге, қарсыласқандығыңнан өзің тұзаққа түсіп, тұтқындаласың. 25 Мен қару-жарақ қоймамды ашып, одан қаһарымның қаруын шығардым. Өйткені Мен, Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие, халдейлердің елінде ойыма алған бір ісімді жүзеге асырмақпын. 26 Бабылға қарсы ең шалғай жақтардан аттанып келіңдер! Оның астық қоймаларын ашыңдар. Үйлерін қиратып, үйілген бидай сияқты төбе-төбе қылып тастаңдар! Ешкімді қалдырмай, бәрін де жойыңдар! 27 Оның бұқадай мықты жасақшыларының бәрін өлтіріңдер, барлығы да бауыздалып қырылсын! Олар қасіретке қалды, өздеріне тиісті жазаны тартатын уақыттары таяп қалды. 28 Тыңдаңдар, Бабыл елінен бас сауғалап қашып келген босқындардың дауыстары естіліп жатыр. Олар Жаратқан Иенің Бабылды қатаңдықпен соттап, Өзінің киелі үйін қиратқаны үшін оған тиісті жазасын тартқызғаны туралы Сион шаһарында айтып жүр. 29 Бабылға қарсы соғысу үшін садақшыларды көптеп шақырыңдар. Оны айнала қос тігіп, қоршауға алыңдар. Ешкім одан қашып шықпасын. Оған өзінің істегендерінің қарымтасын қайтарыңдар. Өйткені ол Исраилдің киелі Құдайы Жаратқан Иеге қарсы өркөкіректеніп бас көтерді. 30 Сондықтан да оның жас жігіттері көшелерінде қаза тауып, барлық жасақшылары сол күні қырылып, үнсіз қалады! — деп ескертеді Жаратқан Ие. 31 «Құлақ сал, уа, тәкаппар қала, Мен саған қарсымын, — дейді Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие. — Расында сенің үкімің шығарылып, жазаланатын уақытың жетті. 32 Сол тәкаппар қала сүрініп, жығылады. Оны көтеріп алатын ешкім болмайды. Мен қалаларыңа от қойып, ол айналаңдағының бәрін де өртеп жібереді!» 33 Әлемнің Иесі тағы мынаны айтады: «Солтүстік Исраил мен Яһуданың адамдары қаналып келеді. Тұтқындап әкеткендер оларды құлдықта ұстап, босатудан бас тартады. 34 Бірақ сол екі халықтың құтқарушы Қамқоршылары күшті. Оның есімі: «Әлемнің Иесі». Ол солардың мүдделерін қайсарлықпен қорғайды. Осылай Ол елдеріне тыныштық сыйлайды, ал Бабылдың тұрғындарына зобалаң жібереді. 35 Халдейлер семсердің жүзінен қырылатын болады! — деп жариялайды Жаратқан Ие. — Бабылдың тұрғындарына, оның әміршілері мен данышпандарына семсер төніп тұр! 36 Семсер Бабылдың сәуегейлеріне төнгенде солар ақылдарынан алжасып, батырларына төнгенде олар қатты қорқатын болады. 37 Семсер Бабыл әскерінің аттары мен соғыс күймелеріне және елдегі жат жұрттық жасақшыларға төнгенде олар әйел сияқты әлсізденеді. Семсер қазыналарына тигенде олар талан-таражға түседі. 38 Елдегі сулар тартылып құрғап, қуаңшылық жайылады! Өйткені бұл ел жалған тәңірлерге табынып, халық сол жексұрын мүсіндерге құштарлана беріліп кеткен! 39 Сондықтан Бабыл қаласын құла түздің аңдары мекендеп, оны шибөрілер мен арам құстар жайлайтын болады. Адамдар онда енді қайтып қоныстанбайды, ол ұрпақтан ұрпаққа елсіз қаңырап бос қала береді. 40 Менің ежелде Содом мен Ғомораны көршілес қалаларымен бірге құртып жібергенімдей, Бабылда да ешкім тұрмайтын, ешбір адам баласы оны мекендемейтін болады». — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 41 «Біліп қой, солтүстіктен бір әскер аттанып келеді. Бір үлкен халық пен көп патшалар жер бетінің алыс шеттерінен жылжып келетін болады. 42 Садақ пен найза ұстанған олар қатыгез, аяуды білмейді. Атқа мініп шапқанда дауылды теңіздей гүрілдейді. О, сорлы Бабыл, олар шеп құрып, сені басып алуға келеді! 43 Олар туралы хабар естігенде Бабыл патшасының қолдарының әлі кетіп, сылқ етеді. Жанын қорқыныш билеп, толғатқан әйелдей қиналады. 44 Мен Иорданның бойындағы ну тоғайлардан шыға келіп, шұрайлы жайылымдағы ұсақ малға бас салатын арыстанға ұқсап әп-сәтте Бабылды өз жерінен қуып жіберемін. Бұл үшін Мен тағайындайтын таңдаулым кім екен? Менімен теңдес болып, Мені жауапқа тарта алатын ешкім жоқ. Маған қарсы тұра алатын ешбір бақташы да жоқ». 45 Сондықтан Жаратқан Ие Бабыл қаласының және халдейлер елінің тұрғындарына қарсы нені жоспарлағанын тыңдаңдар: Бабылдың халқы, тіпті олардың балалары да міндетті түрде басқа жаққа айдалып әкетіледі! Істеген қылықтарының кесірінен олардың мекендері сөзсіз қаңырап бос қалады. 46 Бабылдың жау қолына түскен кезіндегі у-шуынан жер (бетіндегі халықтар) дірілдейді, оның қиналған айқайы тіпті бөтен ұлттардың арасына дейін жаңғырып естіледі.
1 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Біліп қойыңдар, Мен Бабыл қаласына және онда тұратын қарсыластарыма қатты дауыл іспетті бір құртушыны шығарамын. 2 Сол шетелдік әскерді Бабылға жіберемін. Диқанның астықты желге ұшырып, қабығынан арылтқанындай, олар да Бабылды желге ұшырып, оның елін қаңыратып бос қалдырады. Бабылдың сотталып, қырылатын күні туғанда олар қалаға жан-жағынан тап береді. 3 Бабылдағы садақшының садағын тартып, сауытын киюіне жол бермеңдер! Оның жастарын аямаңдар, әскерін толығымен күйретіңдер. 4 Олар халдейлер елінде қаза тауып, оның қалаларының көшелерінде түйреліп, көз жұмған күйлері жатады». 5 Себебі Солтүстік Исраил мен Яһуданың халқы Исраилдің Киелі Құдайының алдында қатты айыпты болса да, Ол, Әлемнің Иесі, өздерінің Құдайы, солардан біржола бас тартқан жоқ. 6 Бабылдан қашыңдар, уа, басқа ұлттық адамдар! Әркім өз жанын құтқарсын. Бабыл өз күнәларының жазасын тартқанда, сендер де онымен бірге құрып кетпеңдер! Себебі жасаған қылмыстары үшін Жаратқан Иенің оны жазалайтын уақыты келді. Ол Бабылға тиісті жазасын толығымен тартқызады. 7 Бабыл Жаратқан Иенің қолындағы алтын тостаған сияқты болатын. Оның ішіндегі «шарап» (Жаратқан Иенің қаһары) бүкіл жер бетін мас қылды. Ұлттар сол «шараптан» ішті. Олардың қазір жынданып жүргендері де сондықтан. 8 — Бабыл кенеттен жеңіліп, жау қолына түсіп, ойран болады. Оны жоқтап жылаңдар! Қиналғанын басатын май дәрі алдыртыңдар, мүмкін, сауығып та кететін шығар. — 9 (Қаладағы шетелдіктер:) — Біз Бабылды емдеген едік, бірақ ол енді сауықпайды. Оны осылай қалдырып, әрқайсымыз өз елімізге қайтайық! Өйткені оған шығарылатын үкім ғаламат зор, аспанға дейін жететін болады, — дейді. 10 — Жаратқан Ие бізді ақтады. Жүріңдер, Сионда Құдайымыз Жаратқан Иенің істеген керемет ісін паш етейік! (— дейді исраилдіктер.) — 11 Жебелеріңді ұштап, қорамсақтарыңды толтырыңдар! Жаратқан Ие Мидия патшаларының жүректеріне Бабылға қарсы көтерілуге түрткі салмақ. Ондағы мақсаты — Бабылды толығымен құрту. Осылай Жаратқан Ие Өзінің киелі үйін қиратқан бабылдықтарға лайықты жазаларын тартқызбақ. 12 Бабылдың қабырғаларына шабуыл жасауға жалау көтеріп, белгі беріңдер! Күзетті күшейтіп, қарауылдарды орнатып, тосқауыл топтарын қойыңдар! Себебі Жаратқан Ие Өзінің жоспарларын жүзеге асырып, Бабыл халқы туралы айтқандарының бәрін орындамақ! 13 — Уа, үлкен өзен салаларының бойында орналасып, байлыққа мейлінше кенелген қала! Кенеттен ажалың жетіп, өмірің үзіледі. 14 Әлемнің Иесі өз атымен ант етіп былай деді: Саған жауларыңның әскерін шегірткедей қаптатамын. Олар сені жеңгендіктен шаттана айқай салатын болады. 15 Жасаған Ие жерді өз құдіретімен жаратып, әлемді даналығымен орнатып, аспан кеңістігін ақыл-парасатымен жайып жіберді. 16 Ол дауыс көтергенде аспандағы бұлттар күркірейді. Ол шалғай көкжиектен бұлттарды көтеріп, нөсер мен найзағай жібереді, сақтап қойған орнынан желді айдап әкеледі. 17 Адам атаулы ақылсызданып, шынайы білімнен жұрдай болды. Тәңірсымақтың мүсінін құйып жасаған әр зергер сол ісімен өзін масқаралайды. Өйткені қоладан құйылған бейнелер алдамшы, оларда тіршілік лебі мүлдем жоқ. 18 Сол тәңірсымақтар түкке тұрғысыз, әжуаға қалатын нәрселер. Сотталу уақыты келгенде олардың барлығы құрып кетеді. 19 Ал Жақыптың үрім-бұтағына жар болушы Құдай олар сияқты емес: Ол — барлық нәрсенің, соның ішінде Өзінің меншікті халқы Исраилдің Жаратушысы. Оның есімі: «Әлемнің Иесі». 20 (Жаратқан Ие былай дейді:) «Сен Менің сойылымсың, соғысқа арналған қаруымсың. Мен сені қолыма алып, халықтарды күйретіп, патшалықтарды құртамын. 21 Иә, сені қолыма алып, ат пен салт аттыны, соғыс күймесі мен айдаушысын күйретемін. 22 Сені қолыма алып, еркек пен әйелді, қарттар мен жастарды, бозбала мен бойжеткенді күйретемін. 23 Сені қолыма алып, шопанды отарымен, диқанды жұп өгіздерімен, әкімдер мен әміршілерді күйретемін. 24 Сионда жасаған зұлым істері үшін Мен сендердің көз алдарыңда Бабыл мен оның күллі тұрғындарына тиісті жазаларын тартқызамын», — деп нық айтады Жаратқан Ие. 25 «Мен саған қарсымын, Бабыл! Сен бүкіл жер бетін қиратқан алып тау іспеттісің, — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Мен саған қарсы қолымды созып, сені жартастан құлатып, өртелген тау сияқты қыламын. 26 Ендігәрі сенен бірде-бір тас құрылыста негізін салып, не бұрышын қалау үшін пайдаланылмайтын болады. Сен мәңгілікке қаңырап бос қаласың». — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 27 «Елде жалау көтеріп белгі беріңдер! Халықтардың арасында керней тартып, оларды Бабылға қарсы соғысуға шақырып дайындаңдар! Арарат, Минни, Ашкеназ патшалықтарының жасақтарын да оған қарсы жинаңдар! Шабуылды бастайтын қолбасшы тағайындап, атты әскерді шегірткедей қаптатыңдар! 28 Бабылға қарсы көптеген халықтарды: Мидияның патшаларын, оның әміршілері мен күллі әкімдерін және соларға тәуелді барлық халықтарды аттандырыңдар! 29 Ел қатты күйзеліп, қалшылдауда. Себебі Жаратқан Иенің Бабылды ешкім тұрмайтындай етіп қиратамын деген ниеті іске асып жатыр. 30 Бабылдың жасақшылары соғысуларын доғарып, қорғандарында отыр. Олар әлдері құрып, титықтаған, әйел іспетті күшсіз. Бабылдың үйлері өртеніп, қақпаларының ысырмалары сынып қалмақ. 31 Бір шабарманнан кейін бір шабарман, бір хабаршыдан кейін бір хабаршы Бабыл патшасына асығып келіп, жаудың қаланы жан-жақтан басып алып жатқаны туралы мәлімдейтін болады: 32 өзеннің өткелдері жау қолына түсті! Қаланың бекіністері өртеніп кетті! Жауынгерлер абдыраған!» 33 Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: — Бабыл қаласы астық бастыратын қырмандай: тағы біраздан кейін ол егіннің орылып, астықтың бастырылатыны сияқты тапталатын болады! 34 — Бабыл патшасы Набуходоносор мені жалмап, тұрғындарымды шашыратып, өзімді бос ыдыстай тастай салды. Ол мені айдаһардай жұтып, қарнын байлықтарыммен толтырды, содан кейін мені құсып тастады. 35 Өзім мен туысқандарыма жасалған зорлық-зомбылық Бабылдың өзіне жасалсын! — деп өтінеді Сионның тұрғындары. — Біздің төгілген қанымыз халдей елінің тұрғындарының мойнына жүктелсін! — деп сұрайды Иерусалимнің халқы. 36 Сол себепті Жаратқан Ие мынаны айтады: — Мен сенің мүддеңді қорғап қас жауыңа тиісті жазасын тартқызамын. Сонда Бабылдың көлін құрғатамын, оның бұлақтары тартылып кеуіп қалады. 37 Бабыл бір төбе үйіндіге, шибөрілердің мекеніне айналады. Содан басқалар аңтарыла жандары түршігіп, оны ысқырып табалайтын болады. Онда ешкім тұрмайтын болады. 38 Бабылдың бүкіл халқы олжаны сағынған арыстандай ақырып, арыстанның күшігіндей ырылдайтын болады. 39 Олардың тәбеті қозған кезде, Мен оларға арнап басқа бір той өткіземін. Олар сонда көңіл көтеріп, мас болып, ұйқыға батады, ал соларынан ешқашан оянбайды! — деп жариялайды Жаратқан Ие. — 40 Мен оларды тоқты, қошқар, серкелер іспетті союға алып келемін. 41 Бүкіл әлемнің мақтанышы — Шешахтың жеңіліп, қолға түсетіні қандай болмақ! Бабыл халықтар арасында қандай қорқынышты көрініске айналады десеңші! 42 Жау Бабылды теңіздей қаптап, қала оның шексіз асау толқындарының астында қалады. 43 Оған қарасты елді мекендер де қаңырап бос қалып, қуаңшылық басқан, ешкім мекендемейтін және ол арқылы ешкім өтпейтін шөлге айналады. — 44 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: — Мен Бабыл халқы табынатын тәңірсымақ Белді де жазалап, оны жалмап-жұтып қойғандарының бәрін құсып тастауға мәжбүрлеймін. Оған бұдан былай халықтар ағылып келмейтін болады. Бабылдың қабырғалары құлап, қала жермен-жексен болады. 45 Уа, Менің халқым, Бабылды тастап, одан қашып кетіңдер! Менің, Жаратқан Иенің, лаулаған қаһарымнан бас сауғалаңдар! 46 Елде қауесет тарағанда, жүрексініп қорықпаңдар. Осы жылы бір қауесет, келесі жылы тағы біреуі жайылады. Бір билеуші екіншісімен соғысқан зорлық-зомбылық заманы болады. 47 Себебі Мен Бабылдың барлық тәңірсымақтарының мүсіндерін жазалайтын уақыт келе жатыр. Сонда Бабыл масқараланып, қаза тапқан адамдары ел ішінде шашылып жататын болады. 48 Көк пен жер және олардағылардың бәрі Бабыл жайлы шаттанып қуанады. Өйткені солтүстіктен құртушы жаулары аттанып, оған бас салатын болады! — Жаратқан Ие осыны нық айтады. — 49 Бабыл Исраил мен басқа елдерде адамдарды қалай қырған болса, енді оның өзінде де адамдар солай қырылатын болады. 50 — Уа, семсерден аман қалған халқым, жаның барда Бабылдан тез кет! Шалғай елде Жаратқан Ие туралы ұмытпа, Иерусалим қаласын да есіңе түсіре бер! 51 — Біз масқара болып отырмыз! Шетелдік басқыншылар Жаратқан Иенің киелі үйіндегі қасиетті бөлмелерге кіріп қойды. Біз қара бет болдық! — (деп халық қайғыруда.) 52 Ал Жаратқан Ие мынаны айтады: — Біліп алыңдар, Мен Бабылдың жалған тәңірлерінің мүсіндерін жоятын күндер туады. Сонда оның бүкіл елінде жараланған адамдардың ыңырсуы естілетін болады. 53 Бабыл тіпті аспанға дейін асқақтап, зәулім қорғанын одан бетер нығайтса да, Мен оған қарсы құртушы жауларын жіберемін!» — деп ескертеді Жаратқан Ие. 54 Бабылдан зарлы айқай, халдейлер елінен зор күйреудің у-шуы естіледі. 55 Себебі Жаратқан Ие Бабылды талқандап, оның даурықпа үнін өшіреді. Жаулары теңіздің алып толқынындай гүрілдеп, үндері дабырлап жаңғырығатын болады. 56 Осылайша Бабылға жойқын жау бас салмақшы. Қаланың жауынгерлері қолға түсіп, садақтары сындырылады. Өйткені Жаратқан Ие — әділдікпен жазалайтын Құдай. Ол Бабылға тиісті жазасын толығымен тартқызбақ. 57 Мен Бабылдың әміршілері мен данышпандарын, билеушілерін, әкімдері мен жауынгерлерін мас қыламын. Сонда олар терең ұйқыға батып, содан ешқашан қайтып тұрмайды! — деп нық айтады есімі «Әлемнің Иесі» деген Патша. 58 Әлемнің Иесі тағы мынаны айтады: Бабылдың қалың қабырғалары жермен-жексен етіліп, биік қақпалары өртеніп кетеді. Осылай көптеген ұлттардың ауыр еңбегі зая кетіп, шаршап-шалдығып істеген жұмыстарының нәтижесін өрт жалмайды. 59 Мағасияхтың немересі, Нирияхтың ұлы Сераях Седекиях патшаға еріп Бабылға елшілікке барды. Бұл Седекияхтың патшалық құрған төртінші жылы болды. Сераях сонда патшаның жол сапарларын ұйымдастырушы уәзірі болатын. Олар сапарға шықпас бұрын Еремия пайғамбар Сераяхқа бір хабарды аманаттады. 60 Осы хабарды Еремия бір шиыршық кітапқа жазып қойған еді. Ол Жаратқан Иенің Бабылдың басына болашақта түсетін барлық пәлелер туралы айтқандарын қамтыды. 61 Еремия Сераяхқа мына тапсырманы жүктеді: — Бабылға жеткен соң осында жазылған сөздерді міндетті түрде дауыстап оқы! 62 Содан соң мінажат етіп былай де: «Уа, Жаратқан Ие! Сен Өзіңнің осы орынды не адам, не мал тұрмайтын қылып талқандайтыныңды нық айттың. Ол, сөзсіз, мәңгі бақи қаңырап бос қалады!» 63 Өзің дауыстап оқып шыққан осы шиыршық кітапты бір тасқа байлап, Евфрат өзеніне лақтыр. 64 Мұнан кейін Жаратқан Иенің атынан мынаны айт: «Дәл осылай Бабыл тұңғиыққа батып кетеді. Мен өзіне түсірген апаттардан ол енді қайтып ешқашан еңсесін көтермейді. Мен Бабылға ғаламат пәле жіберемін, оның барлық адамдары да әбден әлсірейді!» Еремияның сөздері осы жерде бітеді.
1 Седекиях патша болғанда жиырма бір жаста еді, ол Иерусалимде он бір жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні либналық Еремия қызы Хамутал болатын. 2 Кезінде ағасы Жохақым істегендей, Седекиях та Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. 3 Жаратқан Ие Иерусалим мен Яһуданың халқына қатты қаһарланғандықтан, оларды ақырында Өзінің қасынан аластатты. Сол кезде Седекиях Бабыл патшасына қарсы бас көтерді. 4 Седекияхтың патшалық құрған тоғызыншы жылының оныншы айының оныншы күні Бабыл патшасы Набуходоносор бүкіл әскерімен Иерусалимге қарсы аттанды. Олар қаланы қоршауға алып, оның қамалынан өрлеп өту үшін жан-жағын айналдыра тас-топырақ үймектер жасады. 5 Иерусалим Седекияхтың патшалық құрған он бірінші жылына дейін қоршауда болды. 6 Сол жылғы төртінші айдың тоғызыншы күні азық-түлік атаулы бітіп, қаланы аштық қатты жайлап тұрған еді. 7 Осы кезде жау қала қабырғасының бір жерін тесіп, ішке кірді. Сонда (Седекиях пен) барлық яһуди жасақшылары қашып кетуге тырысты. Халдейлер әскері қаланы қоршап тұрғанмен, олар түн ішінде патша бағының маңында екі қабырғаның арасында орналасқан қақпадан сытылып шықты. Содан олар Иордан аңғарындағы елсіз далаға қарай бет алды. 8 Алайда халдейлер әскері Седекиях патшаның соңынан аттанып, оны Иерихонның маңайындағы елсіз далада қуып жетті. Седекияхтың бүкіл жасағы оның қасынан бытырап кеткен болатын. 9 Седекиях халдейлердің қолына түсіп, Хамат еліндегі Рибла қаласына Бабыл патшасының алдына апарылды. Ол Седекияхқа үкім шығарды. 10 Бабыл патшасы сол Риблада Седекияхтың ұлдарын оның көз алдында түйреп өлтірді. Ол, сондай-ақ, Яһуданың барлық әміршілерін де түйреп өлтірді. 11 Мұнан кейін Бабыл патшасы Седекияхтың екі көзін ойып алып, қол-аяғына қола шынжыр салып, оны Бабылға айдап әкетті. Өлген күніне дейін Седекияхты сондағы зынданға тастады. 12 Набуходоносор Бабылға патшалық құрған он тоғызыншы жылдың бесінші айының оныншы күні оның бір нөкері — патша ұландарының әміршісі Набузар-Адан Иерусалимге келіп жетті. 13 Әмірші Жаратқан Иенің киелі үйіне, патшаның сарайына және Иерусалимдегі барлық үйлерге от қойып, үлкен ғимараттардың бәрін де өртеп жіберді. 14 Әміршіге еріп келген бүкіл бабылдық әскер Иерусалимді қоршаған қабырғаларды түгелімен қиратып тастады. 15 Ұландардың әміршісі Набузар-Адан халықтың кедейлерінің бірнешеуін, қалада қалып қойған басқаларды, қолөнершілер мен өзге шеберлердің қалғандарын және Бабыл патшасының жағына өтіп кеткендерді тұтқындап, айдап әкетті. 16 Әмірші тек ең кедей тұрғындардың біразын ғана жүзімдіктер мен егіндіктерді күту үшін елде қалдырды. 17 Халдейлер Жаратқан Иенің ғибадатханасында тұрған екі қола бағананы, жылжымалы қола тұғырларды және теңіз деп аталатын дәу қола қазанды бөлшектеп сындырып, солардың барлық қоласын Бабылға тасып әкетті. 18 Олар (киелі үйдегі құрбандық үстелін тазалауға арналған) күлсалғыштар мен күрекшелерді, білте түзеткіштерді, (су не қан бүркуге арналған шағын) тостағандарды, табақтарды және ғибадатханада Жаратқан Иеге құрбандықтар мен сый-тартулар ұсынғанда қолданылған басқа да қола ыдыс-аяқтар мен аспаптардың барлығын алып кетті. 19 Ұландардың әміршісі табақтарды, шоқ салынатын табаларды, тостағандарды, қазандарды, шам қойғыштарды, аяқтарды, сұйық тартуларды ұсынуға арналған тостағандарды және саф алтын не күмістен жасалған барлық басқа бұйымдарды да алып кетті. 20 Сүлеймен патша кезінде Жаратқан Иенің киелі үйіне арнап жасатқан екі бағананың, дәу қазанның және оның астындағы өгіз бейнелі он екі тұғырдың қоласы таразыға салып, салмағын өлшеуге тым ауыр болды. 21 Екі бағананың әрқайсысының биіктігі он сегіз шынтақ, діңінің айналдыра ұзындығы он екі шынтақ еді. Бағаналардың іштері қуыс, қабырғаларының қалыңдығы төрт елі болды. 22 Әр бағананың үстіңгі иығындағы қоладан жасалған үлкен тостаған кейпінің биіктігі бес шынтақ болды. Сол кейіптерге айналдыра шынжыр және анар тәрізді қола әшекейлер ілінген еді. 23 Бағананың жақтарында тоқсан алты әрі иықтарында жалпы саны бір жүз анар тәрізді әшекей болды. 24 Ұландардың әміршісі бас діни қызметкер Сераяхты, одан кейінгі лауазымды діни қызметкер Софонияны және ғибадатхананың үш қақпа күзетшісін де тұтқындады. 25 Қалада әлі де қалып қойғандардан ол жасақшылардың басшысын, патшаның кеңесшілерінің жетеуін, елдегі ер адамдарды әскери қызметке тіркеген қолбасшының хатшысын және елдің тағы алпыс тұрғынын қолға түсірді. Бұлар да қаладан табылған болатын. 26 Ұландар әміршісі Набузар-Адан олардың бәрін Хамат еліндегі Рибла қаласына, Бабыл патшасының алдына алып барды. 27 Сол жерде Бабыл патшасы оларды өлімге бұйырды. Осылайша Яһуда халқы өз елінен басқа жаққа жер аударылып кетті. 28 Набуходоносор жер аударған халықтың жалпы саны: оның патшалық құрған жетінші жылы — үш мың жиырма үш яһудалық, 29 оның он сегізінші жылы — Иерусалим қаласынан тағы сегіз жүз отыз екі адам, 30 әрі жиырма үшінші жылы — тағы жеті жүз қырық бес яһудалық болды. Бұларды ұландар әміршісі Набузар-Адан Бабылға айдап әкетті. Осылайша барлығы төрт мың алты жүз адам болды. 31 Ал Яһуда (елінің бұрынғы) патшасы Ехониях болса, ол Бабылға жер аударылып кеткеннен кейінгі отыз жетінші жылы Еуил-Меродах Бабылға патшалық құра бастады. Жаңа патша сол жылдың он екінші айының жиырма бесінші күні Яһуда патшасы Ехонияхты мейірімділікпен босатып, түрмеден шығарды. 32 Еуил-Меродах онымен жылы сөйлесіп, Бабылда өз қасында болған барлық басқа патшаларға қарағанда Ехонияхты ең жоғарғы орынға отырғызды. 33 Осылай Ехониях түрмедегі киімдерін ауыстырып, бұдан былай ұдайы патшамен дастарқандас болып, бірге тамақтанып жүрді. 34 Ехониях көз жұмған күнге дейін бүкіл өмір бойы оның күнделікті мұқтаждарын Бабыл патшасы қамтамасыз етіп отырды.
1 (Пайғамбар:) Беу, бір кезде халқы мол болған қала Жападан-жалғыз отыр қазір қалайша! Ол сыйлы болатын халықтар арасында, Ал енді жесірдей болды тым бейшара. Аймақтарды басқарған ақсүйек ханша Жай күңдей қазір ауыр жұмыс жасауда. 2 Түнде ол еңіреп жылап жатады, Көз жасы бетінен төмен ағады. Ашына болғандардың ешқайсысы Жұбату үшін қасында қалмапты, Опасыз болып достарының барлығы да Айналып кетті оның жауларына. 3 Көп азап шегіп, езгіге салынып, Яһуданың халқы кетті айдалып, Халықтардың арасын мекендейді, Ал сол жерде тыныштықты білмейді, Жау қуып жетті оны мүшкіл күйінде. 4 Сионға апаратын жолдар қайғыруда, Өйткені келер ешкім жоқ мейрамдарына, Қаңырап бос тұр оның қақпалары да, Діни қызметкерлер күңірене жоқтауда, Қызметші қыздары қайғырып жылауда, Оның өзі де қатты қиналуда! 5 Жау айналды қаланың қожайынына, Бірақ жағдай жақсы қарсыластарында. Қаланың күнәлары тым көп болғаннан Қайғыға ұшыратты оны Жаратқан, Халқын жау айдап әкетті қаладан. 6 Сион шаһары бар сәнінен айырылған, Оның күллі әміршілері ұқсас болған Бұғыларға жайылым таппай ашыққан, Әлсіреп қашуда олар жау алдынан. 7 Иерусалим қиналып, ел кезіп жүргенде Бұрынғы мол байлығын сақтайды есінде. Халқы оның дұшпанның қолына түскенде, Көмектесер ешкім болмады өзіне. Жаулар қарап, күлді оның күйрегеніне. 8 Иерусалим күнәға терең батып, Осылай жексұрын болды арамданып. Бұрын оны құрметтеп сыйлағандар да Абыройының ашылғанын табалауда, Ал өзі сырт бұрылып, аһылауда. 9 Зор күнәсінен қала арамданып қалды, Соңында не боларын ол еш ойламады. Сондықтан да қала қатты құлдырады, Оны жұбататын ешкім де болмады. «Назар салшы азабыма, уа, Жаратқаным, — Дейді ол, — Тым мақтанады қас дұшпаным!» 10 Жау қол сұқты бар қымбат қазыналарына, Бөтен жұрт кіріп алды ғибадатханасына, Ал Сен бұйырдың: «Олар кірмесін жамағатқа!» 11 Бүкіл халқы нан іздеп аһ ұруда, Азық үшін бар дүние-мүлкін сатуда. (Иерусалим:) «Қорланғаныма назар салшы, уа, Жаратқан!» 12 «Бұл сендерге әсер етпей ме, ей, қасымнан Өтушілер, жан-жаққа қарап, Жаратқан Қаһары лап еткенде, мені қайғыртқан Кезде тартқан жазамды басқа кім тартқан? 13 Көктен Тәңірім бойыма от жіберді, Өрт жалмады күйретіп сүйектерімді. Аяғыма тұзақ құрып, мені кері бұрды, Ием мені қаңыратып бос қалдырды, Күн сайын шаршатып-шалдықтырды. 14 Күнәмді қолымен жіптей есіп шығарды, Жармадай етіп мойныма салды оларды, Жаратқан мені қуатымнан айырды, Қарсы тұра алмайтын жауыма тапсырды. 15 Жасақшыларымды Ием менсінбеді, Жас ерлерімді құртуға қол жинап әкелді. Жүзімнің сыққышта тапталатыны секілді Сүйікті Яһуда халқын таптай берді. 16 Сондықтан жылап, көз жасымды төгудемін, Жұбатып, маған күш беретін жоқ ешкім. Жау жеңіп, күйреді халқым менің». (Пайғамбар:) 17 Сион қол созса да, жоқ жұбатушылары, Ал Жаратқан Ие былай деп бұйрық шығарды: «Жақып елін қоршауға алсын дұшпандары!» Олар үшін Иерусалим арам затқа айналды. (Иерусалим:) 18 «Жаратқан Ие әділ, — дейді Иерусалим. — Мен Оның айтқанына бағынбаған едім. Бар халықтар, тыңдап, қараңдар азабыма, Жас жігіт-қыздарым менің кетті айдауға! 19 Шақырып ем көмекке көңілдестерімді, Алайда олар сатып кетті өзімді. Діни қызметкерлерім мен ақсақалдарым Қаза тапты аралап Иерусалим Қаласын азық іздеп жүріп өлмес үшін. 20 Менің қанша азап шегіп келгеніме Аударшы назарыңды, уа, Жаратқан Ие! Мен саған бағынбай, қарсы шыққандықтан, Жан дүнием менің алай-дүлей болған, Жүрегім де әбден тынышсызданған. Жол бойы семсер халқымды жалмауда, Үйлердің ішіне де ажал таяуда! 21 Жұрт естісе де ауыр күңіренгенімді, Жұбататын ешкім жоқ қасіретімді. Жауларымның барлығы басыма түскен Ғаламат азабым туралы естіген, Сенің солай істегеніңе жұрт көңілденген! Сен алдын ала айтқан сот күнің келсін, Олар да мен сияқты бола берсін! 22 Бар сұмдығы әшкереленсін алдыңда, Мені жазаладың көп күнәма бола, Дәл солай жазалай гөр оларды да! Көп аһ ұрып, жүрегім қан жылауда».
1 (Пайғамбар:) Жаратқан Ие Сион халқын қалайша Өз қаһарының бұлтымен тұмшалауда! Исраилдің даңқты ұлылығын Өзі Аспаннан жерге лақтырғандай етті! Қаһарын ашық білдірген сол күні Иеміз ешқандай мүсіркемеді Аяғының тұғыры — киелі үйді. 2 Жаратқан Ие Жақыптың жеріндегі Бар үйлерді аяусыз құртып жіберді. Ол ашуланып, Яһуда еліндегі Қамалдарын бұзып тастап бүлдірді, Патшалықты әрі әміршілерді Арамдап аяқасты етіп жіберді. 3 Ием қатты қаһарланып, Исраилдің Талқанын шығарды, барлық күштерінің. Жау шапқанда Тәңір құдіретті қолын Еш созған жоқ бізді қорғау үшін. Ол лапылдаған оттай түкпір-түкпірін Жалмап тұр Жақыптың бүкіл елінің. 4 Жаратқан мергендей тартты садағын, Оң қолымен қыруға тұрды дайын. Ол қас жауы сияқты халқымыздың Құртып жіберді қымбат жастарын. Жаратқан Қыз Сионның шатырының Үстіне оттай төге берді қаһарын. 5 Жаратқан Ие қарсыласқа айналды, Түгел жұтып жібергендей Исраилді. Бар сарайының күл-талқанын шығарды, Бекіністерін жермен-жексен қылды. Қыз Яһудаға қайғылы жоқтау айттырды. 6 Өзінің киелі үйін Ол қиратты Бақшадағы күркені күйреткен сияқты, Халқының мейрамға жиналған жерін құртты. Ием Сионға өзінің мейрамдары Мен діни демалыс күндерін ұмыттырды. Қатты ашуланған Ол тіпті патшаны Аяған жоқ әрі діни қызметкерді. 7 Тәңір Ие өз құрбандық үстелінен Безіп кетті әрі киелі үйінен. Ол Сион шаһарындағы сарайларды Дұшпандарының қолына тапсырды. Солар Жаратқанның ғибадатханасында Мейрам болып жатқандай айқай салуда. 8 Жаратқан Ие Сион шаһарының Қамалын да бұзуды жоспарлаған. Ол өлшеуіш жіп тартып, түгел құртамын Деп, қайтқан жоқ ойына алғанынан. Бар бекіністер мен қабырғалардан Қаладағы түк қалмады сондықтан. 9 Шаһардың қақпалары жерге шөкті, Ысырмаларын Ол сындырып күйретті, Қаланың патшасы мен әміршілері Бөтен жұрт арасына айдалып кетті. Оларда мүлдем жоқ Таурат заңы, Жаратқаннан аян көрмейді пайғамбарлары. 10 Жерде үнсіз отыр Сионның ақсақалдары, Азалы киініп, бастарына топырақ шашты. Ұялып бас иіп жүр Иерусалим қыздары. 11 Халқым құрып, бала мен бөбектің көшелерде Аштан өліп жатқандарын көргенімде, Төгілген жасымнан талды көздерім де, Жаным қиналды, ақтарылғандай боп жерге. 12 Сәбилер: «Тамақ, сусын қайда?» — деп аналарына, Жаралы адамдай көшелерде талықсуда, Жан тапсырады аналарының құшағында. 13 Иерусалим, не дейін саған, неге теңейін сені? Уа, Сион халқы, немен салыстырып жұбатам сені, Жараң теңіздей терең, кім жаза алар өзіңді? 14 Пайғамбарларыңның хабарлары пайдасыз, жалған, Айдаудан сақтап олар күнәңді ашпады саған, Өтірік аяндар паш етіп сені адастырған. 15 Өткен-кеткеннің бәрі қол шапалақтауда, «Мінсіз әсем, бар жердің қуанышы деген қала Осы ма?» — деп ысқыра бастарын шайқауда. 16 Күллі жауың саған арандарын ашуда, Ысқыра тіс қайрап: «Оны жалмап тындық та! Көп күткен күнді, міне, көрдік!» — деп мақтануда. 17 Жаратқан жоспарын орындап, баяғы сөзін Іске асырды: сені аяусыз қырып, жаудың Табалауына жол беріп, молайтты оның күшін. 18 Жан сала халқың Тәңір Иеге үн қатады, Өзің де, көзің де тыншымай, уа, Сион қамалы, Күні-түні өзендей қып ағыз көз жасыңды! 19 Тұр да айқайла, уа, Сион, түнгі күзет басталғанда, Тәңір алдында жүрегіңді ақтар әр көше басында! Аштан өлер халқың үшін қолыңды жай жалбарына! (Иерусалим:) 20 «Қарашы, Ием, қай халыққа істедің мұндайды, Туып-өсірген балаларын әйелдер жалмайды! Қызметкер, пайғамбар өз киелі үйіңде құриды! 21 Көше бойы жерде жатыр жас та, кәрі де, Семсерден қырылды қыз-жігіттерім де, Бәрін аямай құрттың қаһарланған күніңде. 22 Жан-жақтан апат шақырдың тойға жиған сияқты, Ием, қаһарлы күніңде ешкім қашып құтылмады, Мәпелеп өсіргендерімді жау құртып тастады».
1 (Пайғамбар не қайғырған басқа адам:) Иемнің қаһарынан таяқ жеген адаммын мен, 2 Ол айдап жүргізді мені жарық емес, түнекпен. 3 Күн ұзағына Ол өзімді ұрғылай береді, 4 Ет пен терімді шірітіп, сындырды сүйектерімді, 5 Зор азап, ауыртпалықпен мені қоршап алды, 6 Ежелде өлгендердей түнекте отырғызды. 7 Шықпастай қоршап, Ол мені қоламен шынжырлады. 8 Қатты шақырсам да, дұғама құлақ салмады. 9 Жолымды Ол ирелеңдетіп қисық қылды, Қашалған қойтастар қойғандай бөгет салды. 10 Ием мен үшін аңдып жатқан аюдай, Әрі жасырынып жатқан арыстандай, 11 Ол мені жолдан сүйреп, талап тастады, Мүлдем дәрменсіз қылып оңаша қалдырды. 12 Жаратқан мергендей садағын тарта берді, Жебелері үшін нысана етті мені, 13 Осылайша Ол бүйректеріме менің Атқылады қорамсағының жебелерін. 14 Мен бүкіл халқымның күлкісіне айналдым, Олар мазақтап мені ән салады күн сайын. 15 Ием мені ащы күйінішпен тойдырды, Удай ащы жусаннан ішкізіп мас қылды. 16 Тәңір тістерімді таспен сындырып тастады, Күл-топыраққа Ол мені басып таптады. 17 Тыныштық атаулыдан айырылды жаным, Амандықтың не екенін мүлдем ұмытқанмын. 18 Былай дедім: ғайып болды Менің бар күшім, Жаратқан Иеге артқан бүкіл үмітім. 19 Мүшкіл халім мен мүсәпір жағдайымды Еске алсам, күйініш толтырады жанымды. 20 Олар жадымда берік сақталып қалады. Содан жаным түңіліп, қатты қайғырады. 21 Алайда мына жайтты есіме аламын, Соған мен енді үмітімді артамын: 22 Түгелдей құрып кетпегеніміз біздің Берік рақымынан Жаратқан Иенің, Өйткені рақымы Оның сарқылмас дәйім, 23 Жаңара береді ол таң атқан сайын. Уа, Ием, сондай зор Сенің адалдығың! 24 Өзіме: «Жаратқан Ие — үлесім менің, Сондықтан үмітімді артам Оған!» деймін. 25 Иеміз ізгі Өзіне үміт артқанға, Шындап Оған бет бұрып сиынатын жанға! 26 Жаратқанның оны құтқарып азат етуін Сабыр сақтап күткені игі адам үшін. 27 Жас кезінен Тәңірге мойынсұнып жүргені Адам баласы үшін сондай игілікті! 28 Оңашада отырсын ол тыныштықпен, Өйткені Жаратқан Ие соны оған жүктеген. 29 Тәңірге бағынып жерге дейін бас исін, Әлі де үміт бар шығар сол адам үшін, 30 Өзін соққан жауға бетін ұсынсын, Соның көрсеткен көп қорлығына көнсін. 31 Өйткені өз халқын Жаратқан Ие Өзінен аластатпайды мәңгілікке. 32 Ол қайғыртса да, кейін рақым көрсетеді, Соншалықты зор Оның берік мейірімі! 33 Адам баласына қайғы-қасіретті Ол өз жүрек қалауымен жібермейді. 34 Қайта, елдегі бар тұтқынды басып жаншуды, 35 Хақ Тағала алдында адам құқығын бұзуды, 36 Адамға тиісті әділдікті бұрмалауды: Жаратқан Ие көрмей ме сол сұмдықтарды? 37 Жаратқан Ие солай болсын демесе, Адам қолынан мұндай нәрсе келе ме? 38 Ауыртпалық пен амандық екеуі де Жаратқан Иенің айтуымен келмей ме? 39 Адам өз күнәсі үшін қасірет шексе, Оның шағым айтуы керек несіне? 40 Жүрген жолдарымызды байқап сынайық, Жаратқан Иеге қайтадан оралайық! 41 Көктегі Құдайға жүрегімізді ашайық, Оған сиынып қолымызды жаяйық: 42 «Біз опасыз болып бағынбай кеттік Саған, Әрі Сен кешірім берген жоқсың бұған. 43 Қаһарыңа бөленіп, бізді қудаладың, Еш мейірімділік көрсетпей қырып-жойдың. 44 Өзіңе өтпеуі үшін дұғамыздың, Сен бұлтпен тұмшаланып жасырындың. 45 Бізді халықтар арасындағы «қоқысы» Етіп жібердің әрі «сыпырындысы». 46 Күллі қарсыластарымыз да бізді Ауыздарын кең ашып келемеждейді. 47 Бар көретініміз — үрей мен тұзақ, Қырылу мен ойранға душар болдық». 48 Ойран түсті қымбат халқымның басына, Содан көз жасым көл болып ағылуда. 49 Көз жасым еш тоқтамай аға береді де, 50 Жаратқан Ие көктен қарап көрмейінше. 51 Қаланың бейбақ әйел затына бола Жаным қайғы-қасіретке батуда. 52 Дұшпандарымның хақысы болмағанмен, Құс аулағандай соңымнан қуып жеткен. 53 Құдық ішінде олар жанымды алмақ болды, Сонымен қатар мені таспен атқылады. 54 Су ағыны асып кетті сонда басымнан, Мен: «Құрыдым енді!» деп түңіліп ойлағам. 55 Атыңды сенің терең құдық түбінен Уа, Жаратқан Ием, атап шақырдым мен. 56 «Құлағыңды көмек сұраған үнімнен Жаппашы!» деген жалынышымды естідің Сен. 57 Солай шақырғанымда жақындап келдің, «Еш қорықпа!» деп мені жігерлендірдің. 58 Уа, Жасаған Ие, Сен мүддемді қорғадың, Құнын өтеп менің өмірімді құтқардың. 59 Ием, шеккен зорлығымды көріп келесің. Әділдікпен шеше гөр ісімді менің! 60 Сен көресің дұшпандардың кекшіл қылықтарын, Олардың маған қарсы ойлаған сұмдықтарын, 61 Уа, Ием, мені мазақтап қорлағандарын Маған қарсы құрып қойған жоспарларын, 62 Қарсыластарымның күнде күбірлескендерін, Маған қарсы сөз байласып жүретіндерін. 63 Назар аударшы: олар отырса да, тұрса да, Мені ылғи әнге қосып келеке қылуда. 64 Уа, Жаратқан Ие, осы дұшпандарыма Істеріне тиісті жаза тартқызасың, 65 Жаулардың жүректерін қасарыстырасың, Оларды қарғысыңа ұшыратасың, 66 Уа, Ием, қаһарлана қудалайсың, Аспаныңның астынан аластатасың.
1 (Пайғамбар:) Алтын қаншама көмескі тартқан, Саф алтын сапасынан айырылған, Киелі орынның құнды тастары Көше қиылыстарында шашылған! 2 Сионның алтындай асыл ұлдары Көзешінің жай ыдысындай саналған! 3 Шибөрі күшіктерін қамқорлап емізеді, Ал халқым шөлдегі түйеқұстай қатыгезденді. 4 Сәбилер шөлдеп, тілі таңдайына жабысқан, Жалынып жатқан оларға беруге жоқ еш нан. 5 Таңдап тамақ жегендер көшеде қалжырауда, Сәнді киініп өскендер қи-көңде құруда. 6 Халқымның кінәсі асып түсті Содомдікінен, Ол кенет күйреп, ешкім де қол ұшын бермеген. 7 Қардан пәк, сүттен ақ еді елдің әміршілері, Әрі маржаннан қызғылт олардың тәндері, Көк асыл тастай жарқылдайтын өңдері. 8 Ал қазір күйеден де қара келбеттері, Көшеде танымайды оларды таныс кісілері, Отындай кеуіп, сүйегіне жабысты терілері. 9 Аштықтан өліп жатқандардан гөрі Семсерден қаза тапқандарға игі. Болмағанда жейтін азық-түліктері Адамдар зор азаппен қалжырап өледі. 10 Халқымның осылай күйреген кезінде Мейірімді әйелдердің өздері де Балаларын өз қолымен асып, жеді де. 11 Жаратқан Ие бүкіл кәрін жаудырды, Ол Сионға қаһарының отын құйды, Өрт қаланың негізін де жалмап жойды. 12 Иерусалимнің қақпаларына жау кіреді Деп жердің еш патшасы не халқы сенбеп еді. 13 Бірақ халықтың зұлым пайғамбарлары Мен діни қызметкерлерінің күнәлары Үшін солай болды: жазықсыз адамдарды Қала ішінде солар өлтіріп тастады! 14 Енді олар көшеде соқырдай сипалауда, Үстері төккен қандарынан ластанды да, Ешкім жанасқысы келмейді оларға. 15 Жұрт: «Алшаққа кетіңдер, арамсыңдар сендер! — Деп айқайлады. — Кетіңдер! Қол тигізбеңдер!» Һәм былай деді бөтен елдердегі кісілер: «Осында тұра алмайды сол кінәлілер!» 16 Жаратқан оларды Өзі шашып тастайды, Бұдан былай Ол соларға ден қоймайды. Жұрт діни қызметкерлерге ізет білдірмейді, Қарияларға да мейірім көрсетпейді. 17 Бекерге көмек іздеп көзіміз талды. Мұнарадан тостық құтқара алмайтын халықты. 18 Жау аңдып, жүре алмадық жолдарымызда, Күндеріміз бітіп, ажал таяп қалды да. 19 Қуғыншылар аспандағы бүркіттен жылдам еді, Тауда өкшелеп, түзде де аңдыды бізді. 20 Сеніп едік Жаратқан тағайындаған патшамызға, Бірақ ол да түсті жаудың тұзақтарына. Былай деп едік: «Патшаның қол астында Тірі қалармыз өзге ұлттар арасында». 21 Ус еліндегі Едом халқы, қуанасың ба? Ащы шараптай кәрлі жазаны тартасың да, Мас адамдай абыройыңды ашасың да! 22 Уа, Сион халқы, бітпек енді күнәңнің жазасы, Иеміз қуғыныңды көп ұзартпайды тағы! Ал, Едом халқы, Жаратқан сені жазалайды, Ол зұлым істеріңді ашып жариялайды.
1 Уа, Иеміз, бізге не болғанын ескере гөр, Көрген масқарамызға қарап көңіл бөле гөр! 2 Жат жерліктерге өтті мұралық жеріміз, Сырттан келген жауға тиді біздің үйлеріміз. 3 Әкесі жоқ жетім болдық өздеріміз, Жесірге айналды біздің шешелеріміз. 4 Ішетін суымызды ақшаға сатып аламыз, Отынымызды да құнын төлеп алып тұрамыз. 5 Дұшпандар бізді артымыздан қалмай қууда, Қажысақ та, мұршамыз жоқ демалуға. 6 Біздер жеп тойынуымыз үшін нанға Бодан болдық Мысыр, Ассур халықтарына. 7 Күнә жасап, қайтыс болды ата-бабамыз, Ал олардың жазасын енді біз тартудамыз. 8 Біздің үстімізден құлдар билік құруда, Қолдарынан құтқарар жоқ бір адам да. 9 Жейтін нанымызды табамыз бас қаупімен, Өйткені далада қатер төнуде семсерден. 10 Аштықтан қатты зардап шегіп келеміз, Отқа күйгендей қарайып кетті теріміз. 11 Сиондағы әйелдерді жаулар зорлады, Яһуданың пәк қыздарын да олар қорлады. 12 Дұшпандар асып қойды әміршілерді, Қарияларға олар еш құрмет білдірмеді. 13 Жас жігіттерге диірмен тасын айналдыртады, Балаларға сүріндіргенше отын тасытады. 14 Ақсақалдар енді қақпада бас қоспайды, Жастар көңілді ән-күй салуларын қойды. 15 Жүректерімізден қуаныш ғайып болды, Би билеуіміз қайғы-қасіретке айналды. 16 Тәжіміз лақтырылып түсті басымыздан, Қасіретке қалдық күнә жасағандықтан. 17 Содан жүректеріміз әлсірей қайғыланып, Көздеріміз талып қалды жасы мол ағып. 18 Себебі Сион тауы бос жатыр қаңырап, Оны түлкі мен шибөрі кезіп жүр шарлап. 19 «Ал Сен, Жаратқан Ие, мәңгі билік жүргізесің, Ұрпақтан ұрпаққа ұласады Сенің билігің! 20 Неліктен біздерді мүлдем ұмытып кеттің? Сонша ұзақ уақытқа неге тастап кеттің? 21 Уа, Иеміз бізді Өзіңе қабылдай гөр қайта, Сонда біз бет бұрамыз Саған тағы да, Бұрынғыдай етші күндерімізді жаңарта! 22 Әлде Сен бізге әбден қаһарландың ба, Әлде бізден біржола бас тартқансың ба?»
1 Отызыншы жылдың төртінші айының бесінші күні мен Хобар өзенінің жағасына жер аударылып қоныстанған елдестеріммен бірге болдым. Сол кезде көк ашылып, Құдай маған көрсеткен көріністерді көрдім. 2 Бұл, Ехониях патшаның жер аударылғаннан кейінгі бесінші жылының төртінші айының бесінші күні болатын. 3 Сонда Жаратқан Ие халдейлердің еліндегі Хобар өзенінің жағасында маған, діни қызметкер Бузи ұлы Езекиелге, сөзін арнады. Сол жерде маған Жаратқан Иенің рухани құдіреті қонды. 4 Қарасам, солтүстік жақтан бір алапат құйын келе жатыр екен. Ол найзағайы оттай жарқылдап тұрған, жан-жағынан жарқыраған нұрмен көмкерілген үлкен қалың бұлт екен. Ал оттың ортасы жылтыр қола іспетті жарқырап тұрды. 5 От ішінен тіршілік иелеріне ұқсаған төрт нөкер көрінді. Олардың түр-тұрпаты адамдікіне ұқсас еді. 6 Ал әр нөкердің төрт бет-әлпеті мен төрт қанаты бар болатын. 7 Төрт нөкердің аяқтары түзу, ал аяқтарының басы торпақтікіне ұқсап, жылтыр қоладай жалтырап тұрды. 8 Нөкерлердің төрт жағындағы әр қанатының астында бір-бірден адамның қолы болды. Әрқайсысының да төрт бет-әлпеті мен қанаты бар еді. 9 Осылайша төрт нөкер еш бұрылмастан кез келген бағытқа тура жүре алды. Төртеуінің қанаттары бір-біріне тиіп тұрды. 10 Нөкерлердің бет-әлпеттері мынадай болды: әрқайсысының алдыңғы бет-әлпеті адамның, оң жағындағысы арыстанның, сол жағындағысы бұқаның және артындағысы бүркіттің жүзі іспетті еді. 11 Олардың бет-әлпеттері осындай болатын. Төрт нөкердің қанаттары жоғары қарай жайылып тұрды. Әр тірі тұлғаның екі қанаты жанындағы екі нөкердің қанаттарына тиіп тұрса, басқа екі қанаты оның өз денесін жауып тұрды. 12 Төрт нөкердің әрқайсысы алдыңғы жағына қарай, еш бұрылмай-ақ рух қалаған бағытқа тура жүретін. 13 Төрт нөкердің сырт кейпі лаулап жанып жатқан көмір шоғындай не жарқыраған алаудай еді. Осы от нөкерлердің арасында әрлі-берлі қозғалып, оттан найзағайлар жарқылдап тұрды. 14 Нөкерлердің өздері де найзағайдың жарқылындай әрлі-берлі зымырап жүрді. 15 Мен нөкерлерге қарағанда олардың жандарынан жерге тиіп тұрған төрт дөңгелекті көрдім. Нөкерлердің әрбіреуінің жанында бір-бір дөңгелектен болды. 16 Төрт дөңгелек зүбәржат асыл тасы іспетті алтын түспен жарқылдап тұрды. Төртеуінің де сыртқы түрі мен жасалуы бірдей екен. Әр дөңгелектің ішінде өзімен қиылысқан екінші дөңгелегі болды. 17 Нөкерлер қай бағытқа қозғалмасын, дөңгелектер де бұрылмай-ақ кез келген бағытқа жылжи алатын. 18 Дөңгелектердің шеңберлері үлкен әрі қорқынышты болды. Төртеуі де айналдыра көздерге толы еді. 19 Нөкерлер қозғалғанда, жандарындағы дөңгелектер де қозғалатын және нөкерлер жерден көтерілгенде, дөңгелектер де көтерілетін. 20 Нөкерлердің рухы дөңгелектерде болатын. Сондықтан рух қайда бағыт алса, нөкерлер мен дөңгелектер де тұрып, солай қарай бірге жылжитын. 21 Нөкерлер қозғалғанда дөңгелектер де қозғалатын, тоқтағанда, дөңгелектер де тоқтайтын, ал жоғары көтерілгенде, солармен бірге дөңгелектер де көтерілетін. Өйткені нөкерлердің рухы дөңгелектерде болатын. 22 Нөкерлердің бастарының үстіңгі жағында шыныдай жалтыраған күмбез тәрізді бір әуе кеңістігі жайылып тұрды. 23 Нөкерлер күмбез тәрізді кеңістіктің астында әр жағындағы бір қанатын бір-біріне созып, қалған екі қанатымен денелерін жауып тұрды. 24 Нөкерлер қозғалғанда, мен қатты ағып жатқан судың гүріліндей, құдіреті шексіз Құдайдың дауысындай, әрі зор әскердің тұрағындағы ұрандаған атойдай қанаттарының сусылын естідім. Нөкерлер тоқтағанда қанаттарын түсіріп отырды. 25 Ал енді, олар осылай қанаттарын түсіріп тыныш тұрған кезде, күмбез тәрізді кеңістіктің жоғарғы жағынан бір дауыс естілді. 26 Сол кеңістіктің жоғарғы жағында саф көк асыл тастан жасалған таққа ұқсас бір нәрсе тұрды, ал оның үстінде сырт кейпі адамға ұқсас Біреу отырды. 27 Оның денесі белінен жоғары қарай жалындап жалтыраған қоладай екенін әрі белінен төмен қарай оттай жарқырап тұрғанын көрдім. Және Оның айналасын жарқыраған нұр көмкеріп тұрды. 28 Оның айналасындағы жарқыраған нұр жаңбырлы күні бұлттарда пайда болатын кемпірқосаққа ұқсас еді.
1 Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты маған осылай көрінді. Мұны көре салысымен мен жерге етпетімнен жата кеттім. Сонда өзіме сөйлеп тұрған бір дауысты естідім. Ол: «Ей, пендем, орныңнан тұр! Мен саған тіл қатып, сөйлемекпін», — деді. 2 Сол дауыс сөйлей бастағанда, Рух бойыма еніп, мені аяғыма тік тұрғызды. Мен Оның айтқан сөздерін мұқият тыңдадым. 3 Ол былай деді: «Ей, пендем, Мен сені Исраилдің үрім-бұтағына — Маған қарсы шыға беретін бас көтергіш халыққа жібермекшімін. Олардың өздері де, ата-бабалары да осы күнге дейін Маған қарсы бас көтеріп келеді. 4 Мен сені жіберетін халық тоңмойын қыңыр. Оларға: «Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады» деп жарияла! 5 Сонда олар тыңдаса да, тыңдаудан бас тартса да — олар бас көтергіш халық емес пе? — әйтеуір, олар өздерінің араларында Құдайдың пайғамбарының бар екенін білетін болады. 6 Ал сен, уа, пендем, не олардың өздерінен де, не айтқан сөздерінен де қорқушы болма! Тіпті тікенді бұта мен ошағандар айналаңды қаптап, улы шаяндардың арасында тұрып жатсаң да, қорқушы болма! Бас көтергіш халық болғанымен, олардың не айтқан сөздерінен де қорықпа, не сұсты бет-әлпеттерінен де шошыма! 7 Тыңдаса да, тыңдамаса да, — олар әбден бас көтергіш қой, — бәрібір, оларға Менің сөздерімді жеткізетін бол! 8 Ал өзің, пендем, Менің саған айтатыныма құлақ сал! Анау бас көтергіш халық сияқты, сен де Маған бағынбай кетуші болма! Аузыңды ашып, өзіңе беретінімді же!» 9 Содан соң қарасам, маған қарай созылған бір қолды көрдім. Сол қол маған бір шиыршық кітапты ұсынып тұр екен. 10 Жаңағы қол әлгі кітапты менің алдымда ашты. Оның екі жағына да жоқтау мен қайғы-қасіреттің сөздері жазылыпты.
1 Көктегі дауыс маған тағы да тіл қатып былай деді: «Ей, пендем, Мен өзіңе ұсынып жатқан осы шиыршық кітапты жеп қой! Содан соң исраилдіктерге бар да, оларға оның мазмұнын жеткіз!» 2 Мен аузымды ашқанда, Ол маған шиыршық кітапты жеуге беріп, 3 былай деді: «Ей, пендем, Мен өзіңе берген осы кітапты жеп, ішіңді толтыр!» Мен оны жегенде, дәмі аузымда балдай тәтті болды. 4 Ол маған тағы былай деді: «Ей, пендем, енді Исраил халқына бар да, оларға Менің сөздерімді айтып бер. 5 Сені тілі түсініксіз, міңгірлеп сөйлейтін халыққа емес, Исраил халқына жіберіп отырмын. 6 Олар тілдері түсініксіз, міңгірлеп сөйлейтін, айтқандары саған беймәлім болатын көп халықтың бірі емес. Ал егер Мен сені сондай халықтардың біріне жіберсем, олар саған сөзсіз құлақ асар еді. 7 Бірақ Исраил халқы сені тыңдағысы келмейді, себебі олар Мені тыңдағылары келмейді. Өйткені бүкіл Исраил халқы тоңмойын қыңыр. 8 Бірақ сені солардың өздері сияқты бетіңнен қайтпайтын, маңдайы қатты қайсар етемін. 9 Мен маңдайыңды тіпті шақпақ не алмас тастан да қатты қыламын! Олар бас көтергіш халық болса да, солардан қорқып, сұсты бет-әлпеттерінен шошушы болма!» 10 Осыларға қоса Ол маған тағы былай деді: «Ей, пендем, Менің өзіңе айтатын сөздеріме құлақ түріп, барлығын есіңе сақтап ал! 11 Сосын өзіңмен бірге жер аударылып келген елдестеріңе бар. Олардың тыңдағандарына да, тыңдамағандарына да қарамастан тіл қатып: «Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады!» деп жарияла!» 12 Бұдан кейін Рух мені көтеріп алды. Сонда мен арт жағымнан: «Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты Өзінің тұрағында мадақталсын!» деген күркіреген зор дауысты естідім. 13 Бұл төрт нөкердің бір-біріне тиген қанатының сыбдыры және олардың жанындағы дөңгелектердің күркіреген зырылы екен. 14 Сонымен Рух мені көтерді де, алып кетті. Мен қайғырып, іштей қатты наразыландым. Бірақ Жаратқан Иенің үстімдегі рухани құдіреті өте күшті болды. 15 Мұнан кейін мен жер аударылып келгендер тұрып жатқан Хобар өзенінің жағасындағы Тел-Абибке жеттім. Сол жерде қатты таңырқаған күйімде жеті күн бойы олардың араларында болдым. 16 Сол жеті күн өткеннен кейін Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 17 «Ей, пендем, Мен сені Исраил халқына күзетші етіп тағайындадым. Сондықтан Менің аузымнан шыққан сөзімді естіген сайын халыққа Менің атымнан ескерту жаса! 18 Егер Мен зұлым жанға: «Сен жазаңды тартып сөзсіз өлесің!» деген хабарымды (өзің арқылы) жіберсем, ал сен оған соны ескертпесең, әрі оның өмірін сақтап қалу үшін жаман іс-әрекеттерін тастауын айтпай, үндемей қалсаң, онда сол зұлым адам өз күнәларының жазасын тартып өледі. Бірақ сен оның өліміне кінәлі боласың. 19 Ал егер сен сол әділетсіз адамға ескертіп, ол бәрібір теріс жолынан қайтпай, зұлым істерінен бас тартпаса, онда ол өз әділетсіздігінің жазасын тартып өледі, бірақ сен өз өміріңді сақтап қаласың. 20 Егер әділ адам өзінің ізгі іс-әрекетінен бас тартып, әділетсіздікке салынса, әрі Мен оған сүріндіретін бөгет қойғанмен соған мән бермесе, ол күнәларының зардабын тартып өлімге душар болады. Егер сен оған ескертпесең, ол өз күнәсі үшін өледі. Оның бұрын істеген әділ істері ескерілмейді. Бірақ сен оның өліміне кінәлі боласың. 21 Егер сен әділ адамға күнә жасамауды ескертіп, содан ол күнә жасамайтын болса, ол ескертуге құлақ асқандықтан сөзсіз өмір сүре беретін болады. Сен де өз жаныңды аман сақтап қаласың». 22 Жаратқан Иенің рухани құдіреті сол жерде тағы да маған қонды. Ол маған: «Тұр да, жазық алқапқа бар! Мен сол жерде сенімен сөйлеспекпін», — деді. 23 Мен тұрдым да, жазық алқапқа бардым. Сол жерде Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты менің Хобар өзенінің жағасында көргенімдей болып тұр екен. Сондықтан мен жерге етпетімнен жата кеттім. 24 Сонда бойыма Рух еніп, мені аяғыма тік тұрғызды. Ол маған тіл қатып былай деді: «Үйіңе бар да, есікті ішінен бекітіп ал. 25 Пендем, сол жерде сені арқанмен байлап-матап тастайды. Сондықтан сен жұрттың арасына шыға алмайтын боласың. 26 Мен сенің тіліңді таңдайыңа жабыстырып тастаймын. Сөйлей алмайтындықтан сен оларға ескерту жасайтын адам бола алмайсың. Себебі олар әбден бас көтергіш, қыңыр халық. 27 Бірақ Мен саған тіл қатқан кезде аузыңды ашамын. Сонда оларға: «Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады!» деуге тиіссің. Тыңдағысы келгендер тыңдасын, ал тыңдағысы келмегендер тыңдамай-ақ қойсын. Өйткені олар бағынбайтын бас көтергіш халық қой!»
1 — Ал енді, пендем, күйдірілмеген кірпішті алып, оны алдыңа қой да, оған бір қаланың, яғни Иерусалимнің, жобасын сыз. 2 Қаланы қоршауға алуды бейнелеп көрсет. Оған қарсы бекіністер тұрғызып, қабырғаларының маңына тас-топырақтан үймек үй. Сосын әскер қостарын тігіп, айналасына қамал бұзатын қондырғыларды орналастыр. 3 Содан соң нан жабатын темір таба ал. Оны темір қабырға іспетті өзің мен қаланың арасына орнат. Бет-жүзіңді қалаға бұр. Осылайша қаланың қалай қоршалып, қиналатынын көрсетесің. Бұл Исраил халқына арналған ескерту белгі болады. 4 Мұнан кейін сол жағыңа жат та, Солтүстік Исраилдің халқының кінәсін өз мойныңа, жүктеп ал. Сол жағыңда қанша күн жатсаң, сонша күн олардың кінәсін өзіңе жүктейсің. 5 Олар қанша жыл күнә жасаған болса, Мен де саған сонша күнді белгіледім. Сонымен сен үш жүз тоқсан күн бойы Солтүстік Исраил халқының кінәсін өзіңе жүктеп аласың. 6 Сол үш жүз тоқсан күн біткен соң, қайтадан жат, бірақ бұл жолы оң жағыңа жат. Сен енді Яһуда халқының кінәсін өзіңе жүктейсің. Бір жылға бір күнді тағайындап, Мен саған қырық күнді белгіледім. 7 Бет-жүзіңді Иерусалим қаласының қамал қабырғасына қарай бұр! Қолыңды жалаңаштап көтеріп, қаланың күнәлары үшін құритыны туралы оған қарсы Менің хабарымды жеткіз! 8 Сенің қаланы қоршауға алған күндерің бітпейінше, Мен сені бір жағыңнан екінші жағыңа аунай алмайтын етіп, арқанмен байлап-матап тастаймын. 9 Өзіңе бидай мен арпа, үрме бұршақ пен жасымық, тары және бидайға ұқсас өзге дәнді дақылдар дайындап, құмыраға салып ал. Содан нан пісір. Оны үш жүз тоқсан күн бойы бір жағыңда жатқаныңда жейтін боласың. 10 Өзіңе күніне жиырма мысқалдан тамақ өлшеп қой. Оны күн сайын белгілі уақыттарда жейтін бол. 11 Күніне өзіңе бір-бір шағын құмырадан су өлшеп құйып алып, оны да белгілі уақыттарда ішетін бол. 12 Сол тамағыңды арпа күлшелеріндей қылып дайындап же. Отын ретінде адамның кепкен нәжісін жағып, күлшелерді жұрттың көз алдында соның үстінде пісіретін бол! — 13 Жаратқан Ие соған қоса тағы былай деді: — Мен Исраил халқын басқа халықтардың арасына қуып жібергеннен кейін, олар сонда осындай арам тамақтарды жейтін болады! — 14 Ал мен: — О, Жаратушы Тәңір Ие, мен ешқашан да арамданып көрген емеспін. Жас кезімнен бастап осы кезге дейін не арам өлген, не жыртқышқа таланып өлген малдың етін жеген жоқпын. Аузыма басқа да арам ет салған емеспін! — деп жауап қайтардым. 15 Жаратқан Ие: — Жарайды, онда наныңды адамның кепкен нәжісіне емес, сиырдың тезегіне пісіріп жеуіңе болады, — деп келісті. 16 Бұдан соң Ол маған былай деп түсіндірді: — Пендем, Мен Иерусалимді күн көріп келген нанынан құр қалдырамын. Оның жұрты өздеріне күнделікті таразыға салынып үлестірілетін нандарын қорқып жейтін, әрі өлшеніп берілетін суларын үрейленіп ішетін болады. 17 Өйткені тамақ пен су жетіспей, адамдар бір-біріне аңтарылып, үреймен қарап, өз күнәларының кесірінен әлсіреп құритын болады.
1 «Ал сен, пендем, бір қысқа да өткір семсерді ал да, соны ұстарадай қолданып шашың мен сақал-мұртыңды қырып алып таста. Содан кейін қырып алып тастағаныңды таразыға салып, үш бөлікке бөл. 2 Соның бір бөлігін өзің сызып жасаған қала жобасының дәл ортасына қой. Сенің қаланың қоршауға алынуын бейнелеп көрсеткен күндерің аяқталғанда шашыңның сол бөлігін өртеп жібер. Шашыңның екінші бөлігін сол өткір семсермен кескілеп, қала жобасын айналдыра шашып таста. Соңғы бөлігін желмен бірге ұшырып жібер. Себебі Мен семсерімді суырып алып, халқымның артынан қуып, оны шашыратып жіберемін. 3 Бірақ шашыңның бірнеше талын шапаныңның етегіне байлап қой. 4 Солардың бірнешеуін ал да, отқа тастап, өртеп жібер. Сол жерден от бүкіл Исраил халқына тарайтын болады. 5 Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мынаны айтамын: Осы істегендерің Иерусалимнің болашақ тағдырын бейнелеп көрсетеді. Мен оны халықтардың ортасына, ал басқа елдерді оны айналдыра орналастырған едім. 6 Бірақ Иерусалимнің халқы жасаған зұлымдықтарымен Менің шешімдерім мен заңдарыма айналасындағы елдер мен халықтардан да бетер қарсы шықты. Олар Менің шешімдерімнен бас тартып, заңдарымды да орындаған жоқ. 7 Сондықтан Мен, Жаратушы Тәңір Ие, тағы мынаны да айтамын: Сендер айналаларыңдағы халықтардан бетер бас көтергіш болып кеттіңдер! Заңдарымды орындамадыңдар, шешімдерімді де іске асырмадыңдар, тіпті айналаларыңда тұрып жатқан басқа халықтардың заңдары бойынша істемедіңдер! 8 Сол себепті Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мынаны айтамын: Біліп қой, енді Мен Өзім саған қарсы боламын, (уа, Иерусалим)! Мен өзіңе шығарылған шешімдерімді басқа халықтардың көзінше іске асырамын. 9 Сенің сол жексұрын іс-әрекеттеріңе бола, Мен саған бұрын-соңды істемеген әрі бұдан былай ешқашан істемейтін бір нәрсені істеймін! 10 Сонда сендегі әкелер өз балаларының, ал балалары әкелерінің етін жейтін болады. Осылай Мен саған жазаңды тартқызамын. Содан тірі қалған адамдарыңның бәрін дүниенің шартарабына шашыратып жіберемін. 11 Сондықтан Мен, мәңгі тірі Жаратқан Ие, өз атыммен ант етіп былай деймін: Менің киелі үйімді өздеріңнің жексұрын тәңір мүсіндеріңмен әрі жексұрын салт-дәстүрлеріңмен арамдап тастағандықтан, Мен енді сендерді қырып тастаймын. Сендерге аянышпен қарап, мейірім көрсетпеймін. 12 Халқыңның үштен бір бөлігі қаланың ішінде аштан не індеттен өледі, тағы үштен бір бөлігі қаладан тыс жау қолынан қаза табады. Қалған үштен бір бөлігін Мен дүниенің шартарабына шашыратып жіберіп, жалаң семсеріммен арттарынан қуамын. 13 Ақыр аяғында қаһарым басылмақ. Мен оларға деген ашуымды тыншытып, осы жазалағаныммен қанағаттанамын. Ал қаһарымды оларға лақ еткізген кезімде олар Менің, Жаратқан Иенің, бұларды зор қайрат-жігермен айтқанымды білетін болады. 14 Мен сені қиратып, айналаңдағы халықтардың және сен арқылы өтетін әркімнің көз алдында масқара қылып, қаңыраған бос жерге айналдырамын. 15 Өзіңді ашу-ызаммен және қаһарлы сөгіспен жазалағанымда сен айналаңдағы халықтардың масқарасы мен келекесіне қалып, ойрандалудың қорқынышты үлгісіне айналасың. Бұны нық айтқан Мен Жаратқан Иемін! 16 Сол кезде сендерге ашаршылықтың өлтіруші жебелерін атып өздеріңді құртамын. Ашаршылықты күшейткен үстіне күшейтіп, күн көріп келген нандарыңнан құр қалдырамын. 17 Мен сендерге аштықпен қоса жыртқыш аңдарды да жіберемін. Олар сендерді шабуылдап, балаларыңнан айырады. Індет пен қантөгіс бүкіл елді жайлап, Мен жаудың семсерін де сендерді қыратын қыламын. Мен, Жаратқан Ие, осыны нық айтамын».
1 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 2 «Ей, пендем, бет-жүзіңді Исраилдің тауларына қарай бұр да, оларға қарсы Менің хабарымды жариялап 3 былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Ей, Исраилдің таулары! Жаратушы Тәңір Иенің тау-төбелерге, аңғарлар мен шатқалдарға арнаған сөзіне құлақ салыңдар! Біліп қойыңдар, Мен сендерге қарсы жаудың семсерін жіберіп, биіктеу жерлеріңдегі (жалған тәңірлерге бағышталған) табыну орындарын жойғызамын. 4 Сендердегі құрбандық үстелдері қиратылып, хош иісті заттарды түтету үстелдері де жермен-жексен болады! Мен халқыңды қырып, жексұрын тәңір мүсіндеріңнің алдына сұлатып тастаймын. 5 Осылай исраилдіктердің өліктерін олар табынған жалған тәңірлерінің мүсіндерінің алдына қойып, сүйектерін құрбандық үстелдеріңнің айналасына шашып тастаймын. 6 Мекендеп келген жерлеріңнің бәріндегі қалалар бос қалып, биіктеу орындарың талқандалмақ. Құрбандық үстелдерің құлатылып, қаңырап қалады. Жалған тәңір мүсіндерің паршаланып құртылады, хош иісті заттарды түтету үстелдерің қиратылып жойылады. Өз қолдарыңмен жасап алған солардың бәрі де құрып жоқ болады. 7 Өліктерің табыну орындарыңда үйіліп жатады. Сонда сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар! 8 Бірақ Мен кейбіреулеріңді жаудың семсерінен аман қалдырып, бөгде халықтар мен елдердің арасына таратып жіберемін. 9 Тұтқындалып, басқа халықтардың арасына айдалып кеткен адамдарың сол кезде Мені естеріне алатын болады. Олар өздерінің Менен сырт бұрылған опасыз жүректеріне және тәңірсымақтарына құштарлана қараған көздеріне Менің қалайша қайғырғанымды сонда түсінбек. Ақырында олар істеген зұлымдықтары мен жексұрын салт-дәстүрлері үшін өздерінен-өздері жиренетін болады. 10 Олар Менің Жаратқан Ие екенімді, әрі осы ғаламат апатты бастарына түсіремін деп бекер айтпағанымды білетін болады. 11 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: Үрейлене екі алақаныңды соғып, аяғыңмен жерді теуіп қал! Исраил халқының жасаған зұлым да жексұрын істерінің бәріне бола «Уа, қасірет!» деп айқай сал! Себебі халық енді семсер, ашаршылық және індеттен қырылатын болады. 12 Олардың алыстағылары індеттен қырылады, жақындағылары семсерден өледі. Ал қамалған қалада осы екеуінен тірі қалғандары аштан өледі. Осылайша Мен оларға бар қаһарымды түгелдей төгемін. 13 Олар өздерінің жалған тәңірсымақтарына хош иісті заттарды түтеткен жерлерінде: құрбандық үстелдерінің араларында, әрбір биік төбе мен барлық тау бастарында, әрбір жапырағы жайқалған ағаш пен саялы еменнің астында өз адамдарының қырылып жатқанын көргенде Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады! 14 Ал Мен үстерінен қолымды созып, оларды қырып-жойып, қай жерде тұрса да: (оңтүстіктегі) иен даладан (солтүстіктегі) Диблаға дейін елдерін қаңыратып, бос қалдырамын. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».
1 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 2 «Ей, пендем, Мен, Жаратушы Тәңір Ие, Исраил еліне мынаны айтамын: Елдің ақыры жетті! Жердің төрт шеті де, барлық шартарабы да құриды! 3 Ақыр аяғың жетті! Мен саған қаһарымды төгемін! Істеген қылықтарыңа сай үкім шығарып, жексұрын күнәларыңа сәйкес жазаламақпын. 4 Енді Мен саған аянышпен қарап, мейірім көрсетпеймін. Қайта, істеген зұлым да жексұрын іс-әрекеттеріңнің сазайын тартқызамын. Сонда Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар». 5 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Апат! Бір ғаламат апат! Қараңдар, сол апат таяп қалды! 6 Ақыр аяғың жетті! Ақыр соңында ол жетіп қалды! Қараңдар, ол сендерге қарсы келе жатыр! 7 Уа, елдің тұрғындары, құритын күндерің келді! Уақыт таяп қалды, сот күні жетті! Тауларды орақтың көңілді әні емес, қатты қорқудың айқайы жайлайды. 8 Саған жуырда қаһарымды төкпекпін, барша ашу-ызамды жаудырмақпын. Сені қылықтарыңа сай соттап, жексұрын күнәларыңа сәйкес жазаламақпын. 9 Енді Мен саған аянышпен қарап, мейірім көрсетпеймін. Қайта, жексұрын іс-әрекеттеріңнің сазайын тартқызамын. Сонда өздеріңді ұрып-соққан Мен, Жаратқан Ие, екенімді білетін боласыңдар. 10 Міне, сол күн! Біліп қой, ол туды! Қырсық таяп қалды! Халықтың зұлымдығы мен тәкаппарлығы гүлденіп кетті. 11 Зорлықшыл билеуші зұлымдықты жазалайтын таяқ болып өсіп шықты. Сонда осы халықтың түгі қалмайды, оның мол байлық-дәулеті де, айқай-шуы да, атақ-даңқы да ғайып болады. 12 Уақыт келіп, мезгіл жетті. Сатып алушы алғанына қуанбасын, қолдан кеткен иелігіне сатушы қайғырмасын, өйткені Менің қаһарым осы шулы халықтың бәріне де лаулайтын болады. 13 Жерін сатқан адам өмірінің соңына дейін оны ешқашан да кері қайтарып ала алмайды, әрі тірі қалған саудагердің ешқайсысы саудаға қайта оралмайды. Өйткені халықтың барлығына қатысты осы көрініс еш өзгермейді. Әділетсіз өмір сүруші ешкім де жанын аман сақтап қала алмайды. 14 Олар керней тартып, әскерді шақыра берсе де, шайқасқа шығатын ешкім болмайды. Өйткені Менің қаһарым осы шулы халықтың бәріне қарсы лаулайды. 15 Қала сыртында семсер, ішінде індет пен ашаршылық: даладағылар семсерден қаза тауып, қаладағылар ашаршылық пен індеттен қырылады. 16 Бас сауғалап тауға қашып кеткендер гуілдеген аңғар көгершіні іспетті еңіреп жылап, өз кінәларына өкінетін болады. 17 Бәрінің қолдары қаусап, тізелері судай әлсірейді. 18 Олар азалы киім киіп, үрейленіп, қарабет әрі тақыр бас болады. 19 Сонда олар күмістерін көшеге лақтырып, алтындары да құнсыз көң іспетті саналмақ. Жаратқан Иенің қаһары төгілген сол күні алтын-күмістері оларды құтқаруға дәрменсіз болады. Өйткені адамдар соларды жеп, аштығын басып, қарындарын толтыра алмайды. Олардың байлыққұмарлығы сүрініп, күнәға батуларына себепші болды. 20 Өздері мақтан тұтқан әдемі зергерлік әшекейлерінен жексұрын да жиренішті тәңірлерінің мүсіндерін жасап алды. Сол себепті Мен олардың бүкіл байлықтарын өздеріне пайдасыз, арам қыламын. 21 Сонда Мен осы байлықтарын шетелдіктерге олжалатып, әлемнің әділетсіз зұлымдарына оңай пайда етіп табыстаймын; олар соларды арамдайтын болады. 22 Мен олардан бет-жүзімді теріс бұрып, жаулары Менің киелі үйімді арамдамақ. Сол тонаушылар оның ішіне баса-көктеп кіріп, оны арамдап кетеді. 23 (Шетелдік ұсталарға мынадай тапсырма берілмек:) «(Исраил халқына арнап) шынжырлар дайындаңдар! Өйткені елдің іші қан төгілген қылмыстарға әрі Иерусалим қаласы зорлық-зомбылыққа толып кетті!» 24 Мен басқа халықтардың арасындағы ең зұлымдарына исраилдіктердің үйлерін тартып алғызамын. Осылайша Исраилдің ішіндегі күштілердің тәкаппарлығына шек қоямын. Олардың табыну орындары арамдалмақ. 25 Халқым үрейлене қалтырап, тыныштық іздейтін болады, бірақ тыныштық болмайды. 26 Бір пәледен кейін өзге пәле, бір суық хабардан кейін басқалары келеді. Халық пайғамбардан көрген аянын айтып беруін бекер сұрайтын болады. Діни қызметкер де тағылымнан, ақсақал да ақыл-кеңестен ада болады. 27 Патша қайғырып, билік жүргізген әмірші сары уайымға салынады. Елдегі халықтың қолдары қорқыныштан дірілдейді. Мен оларды істегендері бойынша жазалап, өз заңдары бойынша соттаймын. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады!»
1 (Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) алтыншы жылдың алтыншы айының бесінші күні мен Яһуданың ақсақалдарымен бірге үйімде отырғанда Жаратушы Тәңір Иенің рухани құдіреті маған тағы да қонып, бойымды билеп алды 2 Мен бір көріністі көрдім, онда адамға ұқсаған бір тұлға тұр екен. Ол белінен төмен қарай оттай, жоғары қарай жылтыр қоладай жарқырап тұрды. 3 Құдайдың хабаршысы қолын созғандай болып, мені шашымнан ұстап алды. Рух мені жер мен аспанның аралығына көтеріп алып, Құдай маған көрсеткен көріністерде Иерусалимге апарды. Сонда Рух мені Құдайдың қаһарын туғызған жалған тәңірдің мүсіні тұрған ішкі ауланың солтүстік қақпасының кіреберісіне алып барды. 4 Мен (Бабыл еліндегі) жазық алқапта көрген көріністегідей, Исраилдің Құдайының нұрлы салтанаты маған сол жерде де көрінді. 5 Жаратқан Ие маған тіл қатып: «Ей, пендем, солтүстік жаққа қарашы!» — деп бұйырды. Мен сол жаққа қарап, құрбандық үстелінің жанындағы қақпаның солтүстік жағынан Жаратқан Иенің қаһарын туғызатын жалған тәңірдің мүсінін көрдім. 6 Содан кейін Ол маған тағы былай деп тапсырды: «Пендем, олардың не істеп жүргендерін көріп тұрсың ба? Исраил халқының осында істегендері әбден жексұрын! Олар Менің киелі үйімді Маған енді ғибадат етуге болмайтын орын қылып арамдауда! Соларының кесірінен Мен киелі үйімнен бас тартып, оны тастап кетпекпін! Бірақ сен бұдан да бетер жексұрын істерді көресің!» 7 Мұнан соң Жаратқан Ие мені ауланың кіреберісіне алып келді. Айналама қарағанда қабырғадағы бір тесікті көрдім. 8 Жаратқан Ие маған: «Ей, пендем, қабырғаны тесіп өт!» — деді. Мен қабырғаны үңгіп тескенімде, бір есікке тап болдым. 9 Жаратқан Ие маған: «Ішіне кір де, олардың сонда істеп жүрген зұлым да жексұрын істеріне көз сал!» — деп нұсқады. 10 Мен кіріп, айналдыра қабырғаларға қарағанымда, олардың барлығына салынған алуан түрлі бауырымен жорғалаушылардың, жиренішті жануарлардың және Исраил халқы табынып келген барлық тәңірсымақтарының бейнелерін көрдім. 11 Олардың алдында Исраил халқының жетпіс ақсақалы тұрды. Солардың арасында Шафан ұлы Язаниях та бар еді. Әрқайсысының қолында хош иісті зат түтетуге арналған табасы бар екен. Табалардағы (жалған тәңірлерге арнап) түтетілген хош иісті заттардан жұпар бұлт жоғары көтеріліп жатты. 12 Сонда Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді: «Ей, пендем, Исраил халқының ақсақалдарының әрқайсысы өз жалған тәңірлерінің бейнелері орналасқан қараңғы бөлмелерінде не істейтіндерін көрдің бе? Олар: «Жаратқан Ие бізді көрмейді! Жаратқан Ие біздің елді тастап кеткен!» деседі. — 13 Ол тағы: — Сен олардың бұдан да бетер жексұрын күнәлар жасайтынын көретін боласың!» — деп те қосты. 14 Содан Ол мені Жаратқан Иенің киелі үйінің Солтүстік қақпасының кіреберісінің алдына алып барды. Сол жерде Тамыз атты жалған тәңірді жоқтап отырған әйелдерді көрдім. 15 «Пендем, сен мұны көріп тұрсың ба? Енді бұдан да бетер жексұрын күнәларды көретін боласың», — деді маған Жаратқан Ие. 16 Мұнан кейін Ол мені Өзіне бағышталған киелі үйдің ішкі ауласына алып барды. Қарасам, үйге кіретін жерде, бағаналы кіреберіс пен құрбандық үстелінің арасында, жиырма бес ер адамды көрдім. Олар арқаларын Жаратқан Иенің киелі үйіне беріп, бет-жүздерін шығысқа қарай бұрып, сондағы күнге иіле табынып жатыр екен! 17 Жаратқан Ие маған: «Ей, пендем, сен мұны көріп тұрсың ба? Олардың істеп жүрген жексұрын істері Яһуда халқына жай әншейін іс болып кеткендей ме? Соған қоса олар бүкіл елді зорлық-зомбылыққа толтырып, Менің қаһарымды бұрынғыдан бетер өршітіп келеді! Қарашы, олар Маған тіпті мұрындарын шүйіреді! 18 Сол үшін де Мен оларға қаһарымды төгемін. Оларға аянышпен қарап, мейірім көрсетпеймін. Олар Маған қатты дауыстап жалбарынса да, Мен құлақ аспаймын,» — деді.
1 Содан соң Жаратқан Иенің қатты дауыспен: «Қаланы жазалау міндеті тапсырылғандар әрқайсысы қолына қаруын алып, мұнда келсін!» — деп бұйырғанын естідім. 2 Сонда мен солтүстікке қарайтын Үстіңгі қақпа жақтан келе жатқан алты кісіні көрдім. Әрқайсысының қолында қырып жоятын қаруы бар екен. Олармен бірге ақ бәтес киім киіп, беліне жазу құралдарын байлап алған тағы біреу де келе жатты. Олар ғибадатхананың ауласына кіріп, қола құрбандық үстелінің жанына келіп тұрды. 3 Сол кезде Исраилдің Құдайының нұрлы салтанаты өзі орналасқан керуб атты күзетші періштелердің үстінен көтерілді де, киелі үйдің табалдырығына қарай жылжып барды. Бұдан кейін Жаратқан Ие беліне жазу құралдарын байлап алған, ақ бәтес киім киген қызметшісін алдына шақырып алды да, 4 оған былай деп бұйрық берді: «Бүкіл Иерусалим қаласын аралап шық та, онда жасалып жатқан жексұрын күнәларға бола ыңқылдай күрсініп қайғырған адамдардың маңдайына таңба сал!» 5 Мен осының бәрін тыңдап тұрғанда Жаратқан Ие жаңағы басқа қызметшілеріне былай деп әмір етті: «Мұның соңынан еріп, өздеріңе кездескен адамдардың бәрін қырып-жойып отырыңдар! Оларға аянышпен қарап, мейірім көрсетпеңдер! 6 Қарт болсын, жігіт пен қыз болсын, әйел мен бала болсын қыра беріңдер! Тек маңдайында таңбасы бар ешкімге тиіспеңдер! Менің киелі үйімнен бастап солай істеңдер!» Сонда олар өздеріне тапсырылған істі киелі үйдің алдында тұрған ақсақалдардан бастады. 7 Жаратқан Ие оларға тағы: «Киелі үйді арамдаңдар! Барлық аулаларын өліктермен толтырыңдар! Барыңдар!» — деген бұйрық берді. Олар барып, қаладағы адамдарды қыра бастады. 8 Олар соларды қырып жатқанда, жалғыз қалған мен жерге етпетімнен жата кетіп: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие! Бүкіл Иерусалимге қаһарыңды төгіп, Исраилден қалғандарды ең соңғы адамына дейін құртпақсың ба? — деп дауыстап сиындым. 9 Ол маған былай деп жауап берді: — Исраил мен Яһуданың кінәсі алапат зор! Бүкіл елде қан төгілген, қала да әділетсіздікке толған. Олар «Жаратқан Ие біздің елді тастап кетті! Жаратқан Ие бізді көрмейді!» деседі. 10 Сондықтан Мен оларға аянышпен қарап, мейірім көрсетпеймін. Істеген істеріне лайықты жазаны олардың бастарына түсіремін! 11 Сонда беліне жазу құралдарын байлап алған, ақ бәтес киім киген періште қайтып келді де: «Бұйрығыңыз толығымен орындалды!» — деп (Жаратқан Иеге) баяндады.
1 Содан кейін қарағанымда керуб атты төрт нөкердің бастарының жоғарғы жағында жайылған күмбез тәрізді әуе кеңістігінен таққа ұқсаған саф көк асыл тас іспетті бір нәрсені көрдім. 2 Жаратқан Ие ақ бәтес киім киген қызметшісіне: «Керубтердің астында орналасқан дөңгелектердің арасына кір! Сондағы лаулап жанып жатқан шоқтардан алақаныңа толтырып алып, оларды қаланың үстінен шашып жібер!» — деп тапсырды. Мен қарап тұрған кезде ол сонда кіріп барды. 3 Ол кіргенде, керубтер киелі үйдің оңтүстік жағында тұрған еді. Ішкі ауланы бір бұлт жайлап алды. 4 Сонда Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты керубтердің үстіңгі жағынан көтеріліп, киелі үйдің табалдырығына қарай жылжып барды. Киелі үй де бұлтқа кенеліп, ішкі аула да Жаратқан Иенің нұрлы салтанатының жарығына толды. 5 Керубтердің қанаттарының сыбдыры құдіреті шексіз Құдайдың сөйлеген кезінде шығатын даусындай тіпті сыртқы аулада естіліп тұрды. 6 Жаратқан Ие ақ бәтес киген қызметшісіне дөңгелектер мен керубтердің арасынан шоқты алуды бұйырғанда, ол дөңгелектердің біреуінің жанына барып тұрды. 7 Керубтердің бірі араларындағы отқа қолын созып, одан лаулап жанып тұрған шоқты алды да, ақ бәтес кигеннің алақанына салып берді. Ол соны алып, шығып кетті. 8 Керубтердің қанаттарының астынан адамдікіне ұқсас қолдары көрінді. 9 Мен қарап тұрғанда, күзетші керубтердің жанындағы төрт дөңгелекті көрдім. Әр керубтің жанында бір-бір дөңгелектен орналасыпты. Дөңгелектер зүбәржат асыл тасы іспетті алтын түспен жарқылдап тұрды. 10 Төрт дөңгелектің сыртқы түрі бірдей екен. Әр дөңгелектің ішінде өзімен қиылысқан екінші дөңгелегі болды. 11 Олар қозғалғанда, керубтердің беттері қараған төрт бағыттың әрқайсысына қарай жылжи алатын. Керубтердің бет алған жақтарына дөңгелектер еш бұрылмай-ақ ілесе жылжитын. 12 Төрт керубтің тұла бойы, арқалары, қолдары және қанаттары әрі олардың қасындағы төрт дөңгелегі көздерге толы еді. 13 Құлағым дөңгелектердің «құйын» деп аталатынын шалды. 14 Әр керубтің төрт бет-әлпеті бар болатын: біріншісі керубтің, екіншісі адамның, үшіншісі арыстанның, төртіншісі бүркіттің жүзі іспетті еді. 15 Содан соң керубтер жоғары көтерілді. Олар Бабыл еліндегі Хобар өзенінің бойында мен көрген нөкерлердің нағыз өздері еді. 16 Керубтер қозғалған кезде, жандарындағы дөңгелектер де бірге қозғалатын. Керубтер жерден көтерілу үшін қанаттарын жайғанда, дөңгелектер де қастарында болып, олармен бірге көтерілетін. 17 Керубтер қозғалмай тыныш тұрғанда, дөңгелектер де қозғалмайтын, ал керубтер жоғары көтерілгенде, олар да бірге көтерілетін. Өйткені осы нөкерлердің рухы дөңгелектерде болатын. 18 Мұнан кейін Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты киелі үйдің табалдырығынан жылжып, керубтердің үстіңгі жағына көтеріліп барып тұрды. 19 Мен осылай қарап тұрғанда, керубтер қанаттарын жайып, жерден көтерілді, сонда дөңгелектер де оларға ілесе көтерілді. Олар Жаратқан Иенің киелі үйінің Шығыс қақпасының маңына тоқтады. Олардың үстінде Исраилдің Құдайының нұрлы салтанаты болды. 20 Мен Хобар өзенінің бойында аян берген Исраилдің Құдайының төменгі жағында көрген төрт нөкер осылар еді. Олардың керубтер екенін енді түсіндім. 21 Әрқайсысының төрт бет-әлпеті мен төрт қанаты болды және қанаттарының астында адамдікіне ұқсас қолдары бар еді. 22 Олардың бет-әлпеттері де мен Хобар өзенінің бойында көрген нөкерлердікі іспетті болды. Сол төрт нөкер сияқты, керубтердің әрқайсысы да алдына қарай тіке жүріп отырды.
1 Мұнан кейін Рух мені көтеріп алды да, Жаратқан Иенің киелі үйінің Шығыс қақпасына алып келді. Қақпаның кіреберісінде жиырма бес ер адам бар екен. Солардың арасынан халықтың басшылары Азур ұлы Язаниях пен Бенаях ұлы Пелатияхты көрдім. 2 Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді: «Ей, пендем, мына адамдар зұлымдық ойлап, осы қаладағыларға жаман кеңес беріп: 3 «Үй салатын уақыт таяп қалды емес пе? Осы қала қазан іспетті, ал біз соның ішінде аман сақталатын ет сияқтымыз», деп бөсіп жүр. 4 Сондықтан да оларға қарсы ашықтан-ашық пайғамбарлық сөз айтып бер, ей, пендем!» 5 Сонда маған Жаратқан Иенің Рухы қонып, мына сөздерді айтқызды: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Сендер осылай айтасыңдар, уа, Исраил халқы. Сендердің ойларыңда не туындайтынын Мен түгелдей білемін! 6 Сендер бұл қалада көп адамды өлтіріп, оның көшелерін өліктермен толтырдыңдар. 7 Сол себепті Мен, Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтамын: Сендер қаланың көшелерінде қалдырған сол өліктер ет іспетті, қала қазан сияқты болады. Әйтсе де, Мен өздеріңді бұл қаладан қуып шығамын! 8 Семсерден қорқасыңдар, ал Мен сендерге қарсы жау семсерін жіберемін! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын. 9 Сендерді қаладан қуып шығып, шетелдік басқыншылардың қолдарына тапсырамын. Осылай өздеріңе ауыр жаза тартқызамын. 10 Сонда Исраилдің шекараларына дейін семсерден қырылып, мерт боласыңдар. Мен сендерге үкім шығарып, оны жүзеге асырамын. Содан Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар. 11 Осы қала өздеріңе ешқандай қазан іспетті болмайды, сендер де оның ішіндегі ет іспетті аман қалмайсыңдар! Қайта, Мен сендерді Исраилдің шекараларына дейін қуып жазалаймын. 12 Сонда Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар. Себебі Менің заңдарымды орындамай, шешімдеріме бағынбадыңдар. Керісінше, маңайларыңдағы халықтардың (Өзіме жиренішті) әдет-ғұрыптарына сай әрекет жасадыңдар». 13 Мен Құдайдың осы хабарын жеткізіп тұрған кезімде-ақ Бенаях ұлы Пелатиях лезде қайтыс болды. Сонда мен жерге етпетімнен жата кеттім де: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие, Исраилдің тірі қалғандарын түгелдей құртпақсың ба? — деп дауыстап жібердім. 14 Сол кезде Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 15 — Ей, пендем, Иерусалимнің тұрғындары өзіңмен бірге жер аударылған елдестерің және бүкіл Исраил халқы туралы былай деп жүр: «Жаратқан Иеден аулақ кетіңдерші! Енді бұл ел бізге мұралық меншікке берілді!» 16 Сондықтан (жер аударылғандар жайлы) былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Мен оларды алыстағы халықтардың арасына таратып, түрлі елдерге шашыратып жіберсем де, олар Маған азғана уақыт бойы сол барған жақтарында табынатын болады. 17 Сонымен (шашырап кеткен халқыма) былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Мен сендерді Өзім араларына шашыратып жіберген елдер мен халықтардың арасынан қайта жинап аламын. Сендерге Исраил елін қайтадан табыстаймын. 18 Осылай халқым еліне қайтып келгенде, жалған тәңірлердің ондағы жиренішті мүсіндері мен жексұрын бейнелерінің бәрін алып тастайтын болады. 19 Мен оларға біртұтас жүрек сыйлап, жаңа рух дарытамын. Көкіректерінен тас жүректі алып тастап, орнына сезімтал жүрек сыйлаймын. 20 Сонда олар Менің ережелерімді ұстанып, заңдарыма бағынып соларды орындайтын болады. Олар Менің халқым, ал Мен олардың Құдайы боламын. 21 Алайда жүректері өздерінің жалған тәңірлердің жиренішті мүсіндері мен жексұрын бейнелеріне құмартқандар болса, олардың бастарына өз істегендеріне сай жазаларын түсіремін! — Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын. 22 Мұнан кейін керубтер қанаттарын жайып, жандарындағы дөңгелектерімен бірге жоғары көтерілді. Исраилдің Құдайының нұрлы салтанаты олардың үстіңгі жағында тұрды. 23 Содан соң Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты қаланың ішінен көтеріліп, оның шығысындағы таудың үстіне барып тоқтады. 24 Кейін Рух мені көтеріп алып, Бабылға жер аударылғандарға қайта алып келді. Осылайша Құдайдың Киелі Рухы маған (Иерусалимге барып келу жайлы) көрсеткен көрініс жоғары көтеріліп, қасымнан жоқ болып кетті. 25 Соңынан мен Жаратқан Иенің өзіме білдірген хабарларының бәрін де жер аударылған елдестеріме айтып бердім.
1 Жаратқан Ие маған қайтадан сөзін арнап былай деді: 2 «Ей, пендем, сен бас көтергіш халықтың арасында тұрып жатырсың. Олардың көруге арналған көздері болса да, көрмейді, естуге арналған құлақтары болса да естімейді. Өйткені олар бас көтергіш халық. 3 Сондықтан сен, ей, пендем, жер аударылып кетуге дайындалып, қажетті заттарыңды жинақтап ал! Елдестеріңнің көзінше күндіз басқа жаққа кетіп қал. Олар бас көтергіш халық болса да, мүмкін, түсінер. 4 Сөйтіп күндіз олар қарап тұрғанда өзіңмен әкететін заттарыңды жинап алып, кешке олардың көзінше жер айдалып кетіп бара жатқан адамдай үйіңнен шық. 5 Сол үшін қала қабырғасын олардың көз алдында үңгіп қаз да, буып-түйген заттарыңды сол тесік арқылы алып шығатын бол. 6 Жұрттың көзінше заттарыңды иығыңа салып ал да, қараңғылыққа сүңгіп кет! Тастап бара жатқан еліңді көре алмайтындай етіп, бетіңді тұмшалап жауып ал. Өйткені Мен сені Исраил еліне (болашақтағы оқиғаларды алдын ала білдіретін) ескертуші еттім». 7 Сонда мен өзіме айтылғандардың бәрін орындадым. Күндіз жер аударылып кетуге жинақтаған заттарымды алып шығып, кешке өз қолыммен қала қабырғасын үңгіп тесік жасап алдым. Қас қарайғанда заттарымды иығыма артып, жұрттың көзінше айдалып кетіп бара жатқан адамдай кетіп қалдым. 8 Ертеңгісін Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 9 «Ей, пендем, бұл бас көтергіш Исраил халқы сенен «Не істеп жүрсің?» деп сұраған жоқ па? 10 (Егер сұрап жатса) оларға былай деп жауап бер: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Осы ауыр хабар Иерусалимдегі әмірші Седекиях және қаладағы Исраил халқының бәрі туралы. 11 Оларға былай де: Мен сендерге болашақтағы оқиғаларды алдын ала білдіремін. Менің істегендерім жуырда Иерусалим халқының басына түсетін болады. Олар тұтқындалып, бөтен елге айдалып кетеді. 12 Араларындағы әмірші қас қарайғанда заттарын иығына артып алып, кетіп қалатын болады. Ол шығып кете алуы үшін қызметшілері қала қабырғасында арнаулы тесік үңгіп қазады. Әмірші бетін тұмшалап, жауып алады, әрі елін енді қайтып көрмейтін болады. 13 Сосын Мен, Жаратқан Ие, оған арнап тор құрып, ол торыма түседі. Оны Бабылға, халдейлердің еліне, алып барамын. Алайда ол оны көрмей-ақ, сол жақта өледі. 14 Мен оның айналасындағы барлық нөкерлері мен жасақшыларын желдің төрт бағытына шашыратып жіберіп, олардың соңынан жалаң семсермен қуамын. 15 Мен өздерін халықтардың арасына таратып, елдердің ішіне бытыратып жібергенімде олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады. 16 Бірақ олар сол ұлттардың арасына шашырағанда Мен кейбіреулерін семсерден, ашаршылық пен індеттен тірі қалдырамын. Мұнан кейін бұлар өз салт-дәстүрлерінің қаншама жексұрын болғанын мойындайды. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады». 17 Бұдан кейін Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 18 «Ей, пендем, наныңды жегенде қалтырап, суыңды дірілдеп қорқып отырып іш! 19 Бабыл еліндегі халқыңа былай де: Исраил елі мен Иерусалимде тұрып жатқандар туралы Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Олар нанын үрейлене отырып жеп, суын қорқып отырып ішетін болады. Өйткені ел қазіргі тұрғындарының жасаған зорлық-зомбылықтарының кесірінен барынан айырылып, жұрдай болады. 20 Қоныстанған қалалары тұрғынсыз қалып, ашық даласы да қаңырап бос тұрады. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады». 21 Жаратқан Ие маған қайтадан сөзін арнап былай деді: 22 «Ей, пендем, Исраил елінде жұрт: «Уақыт өте күндер созылар, әрбір аян да ғайып болар» деген мәтелді келтіріп жүр, бұл қалай? 23 Оларға былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Мен бұл мәтелді жоямын, енді қайтып Исраилде оны ешкім де айтпайтын болады! Керісінше, оларға былай де: Аянда көрсеткендерімнің бәрі орындалатын күндер таяп қалды! 24 Өйткені Исраил халқының арасында бұдан былай өтірік аяндар мен жағымпаз болжаулар айтылмайтын болады. 25 Бірақ Мен, Жаратқан Ие, қалаған сөздерімді айтамын және солар орындалады да. Олар ұзаққа созылмай, жуырда жүзеге асады. Ей, бас көтергіш халық, сендердің осы замандарыңда-ақ Мен сөзімді айтамын да, әрі іске асырамын да! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мұны нық айтамын». 26 Кейін Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 27 «Пендем, Исраил халқы былай деп жүр: «Сол кісінің көрген аяны бұдан көп жылдан кейін ғана орындалады! Ол сонау болашақта болатындар жайлы пайғамбарлық сөз айтып жүр». 28 Сондықтан сен оларға былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Менің сөздерімнің ешқайсысы да енді кейінге қалдырылмайды! Айтқандарымның бәрі де іске асатын болады! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мұны нық айтамын».
1 Кейінірек Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 2 «Ей, пендем, Менің хабарымды жеткізгенсіген Исраилдің пайғамбарсымақтарына сен хабарымды жеткіз. Өз қиялдарынан пайғамбарлық сөз ойлап шығарып жүрген оларға былай де: «Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар! 3 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: (Мен көрсеткен) аянды көрмей, өз қиялдарына еріп жүрген ақымақ пайғамбарсымақтар қасіретке қалады! 4 Уа, Исраил, сол пайғамбарларың қираған үйінділердің арасын кезіп жүрген шибөрілер сияқты. 5 Жаратқан Иенің соты күні туып, шайқас болғанда қамал қабырғасы Исраил халқының айналасында шайқалмай берік тұруы үшін сол қабырғаға шығып, ондағы жарықтар мен бұзылған жерлерді жамап-жөндеу керек болар еді. Бірақ сол жалған пайғамбарлар бұған еш кіріспеді. 6 Олардың көрген аяндары өтірік, айтқан сәуегейліктері құр бос сөз. Себебі өздерін Мен, Жаратқан Ие, жібермесем де, олар: «Бұл — Жаратқан Иенің айтқаны!» деп жариялайды. Және сол сөздері қалайда орындалады деп дәмеленеді. 7 Мен сендерге сөзімді арнап, ештеңе айтпасам да, «Бұл — Жаратқан Иенің айтқаны» деулерің өтірік аян мен жалған болжам емес пе?!» 8 Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Сендердің өтірік сөз айтып, жалған аян көргендеріңе бола, Мен сендерге қарсы боламын! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мұны нық айтамын. 9 Жалған көріністер көріп, өтірік сәуегейлік айтатын пайғамбарларға қарсы қолымды созамын. Енді қайтып Менің халқымның қауымында оларға орын болмайды. Сөйтіп олар Исраил халқының шежірелеріне тіркелмейді де, Исраил еліне қайтып келмейді де. Сонда сендер Менің Жаратушы Тәңір Ие екенімді білетін боласыңдар. 10 Себебі сол жалған пайғамбарлар тыныштық жоқ кезде халқымды «Тыныштық бола береді!» деп адастырды. Бұл, әлсіз қабырға тұрғызып, оны әкпен сылап әсемдеумен бірдей. 11 Солай әктейтіндерге былай де: Қабырға құлайды! Жаңбыр қатты құйып, дәу бұршақ жауып, жойқын дауыл көтеріледі, сонда қабырға құлап түседі. 12 Қабырға құлаған кезде халық сендерден: «Қабырғаны әктеген едіңдер ғой, неге құлап түсті?» деп сұрамай ма?» 13 Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Мен қатты ашуланып, алапат дауыл жіберемін. Қаһарым лаулап, бұршақ пен жаңбырды жойқын күшпен жаудырамын. 14 Сендер әкпен сылаған қабырғаны Мен құлатып, жермен-жексен қыламын. Осылайша оның түп негізі ашылып қалады. Ол құлағанда, онымен бірге өздерің де құрисыңдар. Сонда Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар. 15 Осылай Мен қаһарымды қабырғаға және оны әкпен сылағандарға төгемін. Сендерге: «Қабырға да құрыды, оны әктегендер де құрыды» дейтін боламын. 16 Олар — тыныштық жоқ кезде «Иерусалимде тыныштық бола береді!» деп пайғамбарлық сөз айтқансып, аян көргенсіген жалған пайғамбарлар! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыларды нық айтамын». 17 «Ал енді, пендем, өз қиялдарынан ойлап шығарып пайғамбарлық сөз айтатын халқыңның әйел жұртына қарсы шық! Оларға арнаған хабарымды жеткізіп, 18 былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Уа, адамдарды алдап-арбап, қармақтарыңа түсіретін әйелдер, сендер қасіретке қаласыңдар! Тұмар тігіп, олардың білезіктеріне байлайсыңдар, бастарына әр түрлі өлшемдегі бет перде жасап кигізесіңдер. Сендер осылай Менің халқымның адамдарын қармақтарыңа түсіріп алғанмен, өз өмірлеріңді сақтап қаламыз деп ойлайсыңдар ма? 19 Бірнеше уыс арпа мен біраз нан үшін Менің есімімді халқымның арасында қорладыңдар! Сендер өтірікке құлақ асқыш аңқау халқымды өтіріктеріңмен алдадыңдар. Осылай өлмеуге тиістілерді өлтіріп, өмір сүрмеуге тиістілерді өлімнен аман алып қалдыңдар! 20 Сол себепті Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мынаны айтамын: Адамдарды құстай аулап қолға түсіретін тұмарларыңа Мен қарсымын! Оларды қолдарыңнан жұлып алып тастаймын. Ал өздерің құстай аулап, қолдарыңа түсіріп алған адамдарды Мен азат етемін. 21 Мен бас тұмарларды да жұлып алып, халқымды сендердің қолдарыңнан арашалап аламын. Олар енді қайтып қолдарыңа түскен олжа болмайды. Сонда сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар. 22 Мен әділдерге қайғы-қасірет жібермесем де, сендер оларға өтіріктеріңді айтып, жүрексіндіріп түңілдірдіңдер. Ал зұлымдар арам істерін қоймаса да, сендер оларды жігерлендіріп, қолдадыңдар. Сол себепті теріс жолдарынан қайтпаған олар өмірлерін сақтап қалмады. 23 Сондықтан сендер енді қайтып жалған көрініс көріп, сәуегейлік айтпайсыңдар! Мен өз халқымды сендердің қолдарыңнан құтқарып аламын. Сонда сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар».
1 Исраилдің ақсақалдарынан бірнеше адам маған келіп, алдыма жайғасып отырды. 2 Сонда Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 3 «Пендем, мына адамдар өз жүректерінің төріне жалған тәңірлерді орнатқандар. Сөйтіп, олар өздерін адастырып күнәға батыратын зұлым нәрселерді басты орынға қойып алған. Ендеше олардың Менен ақыл сұрауларына жол беруім қажет пе? 4 Сондықтан оларға былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Исраил халқы жүрегінің төріне жалған тәңірлерді орнатып, өздерін адастырып, күнәға батыратын зұлым нәрселерді басты орынға қойып алған. Әйтсе де, олар енді Менен ақыл сұрау үшін пайғамбарыма барды. Сондықтан Мен, Жаратқан Ие, оларды өздерін арамдайтын жалған тәңірлерінің молшылығына сәйкес жазалап, жауабымды беремін. 5 Мұны өздерінің діңгек тәрізді тәңір мүсіндеріне табынуға Менен қашықтап кеткен исраилдіктердің жүректерін Өзіме кері қайтару үшін істеймін. 6 Сондықтан Исраил халқына былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Теріс жолдарыңнан қайтыңдар! Табынып жүрген жалған тәңірлеріңді тастап, барлық жексұрын салт-дәстүрлеріңнен бас тартыңдар! 7 Егер де исраилдіктер мен елде тұрып жатқан жат жұрттықтар Менен бөлініп, жүректерінің төріне өздерін арамдайтын тәңірсымақтарды орнатса, әрі өздерін адастырып, күнәға батыратын зұлым нәрселерді басты орынға қойып алса, ал кейін Менен ақыл сұрау үшін пайғамбарыма баратын болса, онда Мен, Жаратқан Ие, оларға Өзім жауап беремін. 8 Мен сондайларға қарсы шығып, оларды басқаларға ескертетін сабақ пен мысал етемін. Оларды өз халқымнан аластатамын. Сонда сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар. 9 Егер бір пайғамбар оларға бәрібір пайғамбарлық сөз айтуға көндірілсе, онда бұл Менің оны еліктіргенімнен болады. Мен ондай пайғамбарға қарсы қолымды созып, оны халқым Исраилдің арасынан жоямын. 10 Сол ақыл сұрағандар зұлым істерінің кінәсін өз мойындарымен көтереді. Олардың жазасы сол пайғамбардың жазасымен бірдей болмақ. 11 Сонда исраилдіктер бұдан былай Менен безіп, өздерін әр түрлі заңсыз істерімен арамдамайтын болады. Олар Менің халқым болады, ал Мен олардың Құдайы боламын». — Жаратушы Тәңір Ие осыларды нық айтады. 12 Кейінірек Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 13 «Пендем, егер бір ел Маған опасыздық жасап күнәға батса, Мен ондай елге қарсы қолымды созып, ашаршылық жіберіп, елді нансыз қалдырамын. Сөйтіп, оның халқы мен малын жоямын. 14 Тіпті Нұх, Даниял, Әйүп үшеуі осы елде тұрып жатса да, әділ болғандарының арқасында олардың тек өз бастары ғана аман қалар еді. Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын. 15 Немесе Мен бүкіл елді кезіп жүретін жыртқыш аңдарды жіберіп, олар тұрғындарды жалмап, соның кесірінен қаңырап қалған ел арқылы тіпті жолаушылар да өтпей қояды дейік. 16 Сонда елде жаңағы үш әділ адам: Нұх, Даниял, Әйүп тұрып жатса да, олар тіпті ұл-қыздарын да құтқара алмай, жалғыз өз бастары ғана аман қалып, ел қаңырап бос қалар еді. Мен, мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие, осыларды ант етемін. 17 Я болмаса Мен елге қарсы жаудың семсерін жіберіп, ол бүкіл елдің тұрғындарын мал-мүлкімен қоса құртады дейік. 18 Сонда елде әлгі үш әділ адам тұрып жатса да, олар тіпті ұл-қыздарын да құтқара алмай, жалғыз өз бастары ғана аман қалар еді. Мен, мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие, осыларды ант етемін. 19 Немесе Мен елге індет жіберіп, оның адамдары мен малдарын қырып қаһарымды төгемін дейік. 20 Сонда елде Нұх, Даниял, Әйүп тұрып жатса да, олар әділ болғандарының арқасында тіпті ұл-қыздарын да құтқара алмай, тек өз бастарын ғана аман алып қалар еді. Мен, мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие, осыларды ант етемін. 21 Сонымен Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Мен Иерусалимге қарсы оның халқы мен малын қыратын төрт ғаламат апатымды: семсер, ашаршылық, жыртқыш аңдар және індетті жібергенімде, бұл қандай қорқынышты болмақ?! 22 Алайда халықтың біраз ұл-қыздары тірі қалады да, жау оларды қаладан бастап алып шығады. Осы тірі қалғандар Бабыл еліне айдалып келіп, сендерге қосылады. Солардың мінез-құлықтары мен іс-әрекеттерін көргенде сендер Менің Иерусалимге неліктен осындай апаттарды жібергенімді ұғып, жұбаныш табасыңдар. 23 Демек, олардың зұлым мінез-құлықтары мен іс-әрекеттерін өз көздеріңмен көрген кездеріңде Менің сол қалаға тартқызған барлық жазаларымның нақты себептері болғанын түсініп, жұбанасыңдар, — дейді Жаратушы Тәңір Ие.
1 Кейін Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 2 «Ей, пендем, ормандағы ағаштардың бұтақтарына қарағанда жүзім бұтасының бұтақтары пайдалырақ па? 3 Жүзім бұтасының ағашын бір нәрсе жасауға пайдалана ма? Одан ең болмағанда заттарды іліп қоюға болатын ілгіш жасауға бола ма? 4 Жоқ, оны отын ретінде ғана пайдаланады. Алайда оны отқа тастағанда, лезде-ақ екі шеті жанып, ортасы күйіп кетеді. Бұдан кейін ол пайдаға аса ма? 5 Ол тұтас күйінде пайдаға аспағанда, отқа өртеніп, күйіп кеткен соң оның пайдасы қандай болмақ?!» 6 Осылай болғандықтан, Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Орман ағаштарымен салыстырғанда жүзім бұтасының ағашы өзге пайдаға аспай, отқа жануға тасталады. Сол сияқты, Мен пайдаға аспаған Иерусалим халқына да солай жасамақпын: 7 оларға назар аударып қарсы шығамын. Иерусалимдіктер тіпті апаттың отынан қашып құтылып шықса да, от оларды бәрібір жалмап қояды. Мен оларға осылай қарсы шыққан кезде сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар. 8 Халық Маған опасыздық жасай бергендіктен, Мен осы елді қаңыратып бос қалдырамын!» — Жаратушы Тәңір Ие осыларды нық айтады.
1 Жаратқан Ие маған қайтадан сөзін арнап былай деді: 2 «Пендем, Иерусалимнің жексұрын іс-әрекеттерін әшкерелеп 3 былай де: Жаратушы Тәңір Ие Иерусалимге мынаны айтады: Сенің (рухани) ата-тегің қанахандықтар: әкең — аморлық, шешең — хеттік. 4 Сен дүниеге келген күні кіндігің кесілмеді. Сені ешкім шомылдырып, қаныңнан тазартпады, үстіңе тұз жағып, жөргекке де орамады. 5 Сені аяп-мүсіркеп, осылардың біреуін де істеген ешкім болмады. Керісінше, сен дүниеге келе салысымен-ақ жек көрініп, ашық далаға тасталдың. 6 Мен сол жермен өтіп бара жатып, үстің қан-қан күйіңде аяқ-қолдарыңды ербеңдетіп жатқан бейшара халіңді көрдім. «Өмір сүр!» деп сені бауырыма бастым. 7 Саған даладағы өсімдіктей өсіп-өнуге жағдай жасадым. Сен өсіп, үлкейіп, керемет сұлу болдың. Қос анарың толысып, шаштарың өсіп, бой жеттің, алайда әлі де киімсіз жалаңаш едің. 8 Мен кейінірек қасыңнан өтіп бара жатқанымда, сені байқап, махаббатқа дайын екеніңді көрдім. Жамылғымның шетін үстіңе жауып, жалаңаш денеңді қымтап, мұныммен өзіңе үйленуге уәде бердім. Яғни саған ант беріп сенімен Келісім жасадым. Осылай сен Мендік болдың, — дейді Жаратушы Тәңір Ие. 9 Сені шомылдырып, қаныңды жуып тазартып, денеңе хош иісті май жақтым. 10 Үстіңе кестелі көйлек, аяғыңа былғары аяқкиім кигіздім, тағы ақ бәтес киім де кигізіп, жібек шапан жаптым. 11 Саған қымбат әшекейлер сыйлап, қолыңа білезік тағып, мойныңа алқа салдым. 12 Мұрныңа сақина, құлағыңа дөңгелек сырға тағып, басыңа әдемі тәж кигіздім. 13 Осылайша сен алтын-күміс әшекейлер тағып, ақ бәтес пен басқа да қымбат матадан кестеленіп әдемі тігілген киім кидің. Ішетін тағамдарың таңдаулы ұннан, бал мен зәйтүн майынан дайындалатын еді. Сен патшайым болуға лайықты асқан сұлу болып өстің. 14 Менің саған берген салтанатым көркіңді кемеліне келтіріп, сол туралы даңқың халықтардың арасына кең жайылды», — дейді Жаратушы Тәңір Ие. 15 «Бірақ сен сол көркіңе сеніп, даңқыңды азғындыққа пайдаландың. Көрінгенмен ашына болып, көркің соның меншігіне айналды. 16 Сен киімдеріңнің бірқатарын алып, олардан биіктеу жерлерде жалған тәңірлерге табынатын орындар жасадың. Сол жерлерде жезөкшелікпен, яғни жалған тәңірлерге табынумен, айналыстың. Мұндай сұмдық бұрын ешқашан болған емес, болашақта да болмауға тиіс! 17 Сондай-ақ Менің өзіңе берген алтын-күмісімнен жасалған әдемі әшекейлерді алып, олардан еркек тәңірсымақтардың мүсіндерін жасап, солармен азғындық жасадың. 18 Кестелі киімдеріңді үстеріне жауып, Мен саған берген зәйтүн майым мен хош иісті заттарымды оларға тарту еттің. 19 Иә, солай болды. Мен өзің ішіп-жесін деп берген тағамдарым — таңдаулы бидай ұнын, зәйтүн майы мен балды сен оларға хош иісті тарту ретінде ұсындың!» — деп әшкерелейді Жаратушы Тәңір Ие. 20 «Осы азғындығың аз болғандай, Маған туып берген ұл-қыздарыңды жалған тәңірлерге «тамақ» болсын деп құрбан етіп отқа өртеп жібердің. 21 Осылайша сен Менің өзіңе сыйлаған балаларымды өлтіріп, оларды жалған тәңірлерге қидың! 22 Осы жексұрын күнәларың мен азғын іс-әрекеттеріңді жасап жүрген кезіңде өзіңнің жалаңаш, үстің қан-қан күйіңде аяқ-қолыңды ербеңдетіп жатқан балалық шағыңды есіңе еш алмадың. 23 Содан сен қайғы-қасіретке қаласың!» — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие. Жасаған барлық зұлым істеріңе қоса, 24 сен әрбір алаңда өзіңе сәкілер жасадың. 25 Барлық көше бастарында да өзіңе биіктеу орындар тұрғызып, көркіңді масқара еттің. Өз тәніңді кім көрінгенге ұсынып, ойнас жасап, азғындыққа батқан үстіне бата бердің. 26 Сен әйелқұмар көршілерің — мысырлықтармен де көп рет азғындыққа батып, қаһарымды қоздырдың. 27 Енді, міне, Мен саған қарсы қолымды созып, өзіңе белгіленген жер көлемін азайттым. Сені өзіңді жек көрген філістір қыздарының қолдарына түсірдім. Сонда тіпті олар да сенің осы ұятсыз қылықтарыңа қайран қалды. 28 Сен бұған тоймай, Ассурдың ұлдарымен де ойнас жасадың. Алайда одан кейін де тойымсыз болып қала бердің. 29 Содан соң сен халдей саудагерлерінің Бабыл елімен қарым-қатынас жасап, азғындыққа түсіп, сонда да тойымды білмедің. 30 Осының бәрін сен асқақ та асау жезөкшедей істейсің! Ендеше сенің жүрегің қандай бұзық! — деп әшкерелейді Жаратушы Тәңір Ие. — 31 Өзіңе әрбір көшенің басында және барлық алаңдарда үймек мінбелер жасап, жалған тәңірлерге арналған табыну орындары мен құрбандық үстелдерін тұрғыздың. Сонда кәдімгі жезөкшеден бетер азғын болып, тіпті алар ақыңды да менсінбей күнәға батудасың! 32 Сен нағыз опасыз әйелсің! Өз күйеуіңнен гөрі бөтен еркектерді артық көресің! 33 Кез келген жезөкше ақы алады, ал сен ашыналарың барлық жақтан келіп, өзіңмен ойнас жасасын деп оларға өзің сыйлықтар алып бересің. 34 Сөйтіп, сен басқа азғын әйелдерден өзгесің: еркектер артыңнан ілесіп келіп, ақы төлеген жоқ. Қайта, өзің ашыналарыңа ақы төледің. Міне, осыңмен сен басқалардан өзгешесің. 35 Сондықтан, ей, жезөкше (іспетті сенімсіз Иерусалим), Жаратқан Иенің сөзін тыңда! 36 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сенің нәпсіқұмарлығыңа беріліп, ашыналарыңмен ойнас жасап, жалаңаш тәніңді көрсеткенің үшін, яғни анау жиренішті тәңірлеріңе табынып, оларға өз балаларыңның қанын тарту ретінде ұсынғаның үшін, 37 біліп қой: Мен өзіңмен бірге рақаттанған ашыналарыңның барлығын, өзіңе сүйкімдісін де, жек көрініштісін де жинап аламын. Оларды жан-жақтан саған қарсы жинап әкеліп, олардың көзінше сенің киімдеріңді сыпырып шешіп тастаймын. Сонда олар жалаңаш тәніңді түгелдей көретін болады. 38 Саған неке адалдығын бұзған әрі кісі өлтірген әйелдерге тиісті үкімді шығарамын. Мен қаһарыммен, қызу қайрат-жігеріммен төккен қаныңның қарымтасын өз басыңа қайтарамын. 39 Сені бұрынғы ашыналарыңның қолына тапсырамын. Олар сенің табыну орындарыңды құлатып, биіктеу жерлеріңдегі құрбандық үстелдеріңді қиратады, әрі киімдерің мен қымбат әшекейлеріңді сыпырып алып, сені тыр жалаңаш қалдырады. 40 Олар саған қарсы бір тобырды жинап алып, сені таспен атқылап өлтіріп, денеңді семсерлерімен турап тастайды. 41 Содан олар үйлеріңді өртеп, саған көптеген әйелдердің көзінше жазаңды тартқызады. Осылайша Мен сенің азғындығыңды тыйып, сен енді қайтып ашыналарыңа ақы төлемейтін боласың. 42 Сонда Менің саған қарсы лаулаған қаһарым басылып, қызу қайрат-жігерім сенен кері бұрылады. Мен тынышталып, бұдан былай саған ашуланбайтын боламын. 43 Бірақ содан бұрын Мен істеген істеріңнің жазасын міндетті түрде басыңа шүйілтемін! Себебі сен өз балалық шағыңды есіңнен шығарып, осы нәрселерді істеуіңмен Менің қаһарымды қоздырдың, — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие. — Өзіңнің басқа да жексұрын істеріңнің үстіне ұятсыз азғындығыңды да қосып келесің ғой! 44 Мақалдап сөйлейтіндер енді: «Шешесіне қарап қызын таны» деген мақалды сен туралы айтатын болады. 45 Күйеуі мен балаларынан жиреніп бас тартқан шешеңнің сен нағыз қызысың. Сондай-ақ күйеулері мен балаларынан жиреніп бас тартқан әпке-сіңліңнің бірге туған нағыз бауырысың. Сендердің шешелерің хеттік, ал әкелерің аморлық болатын. 46 Сенің әпкең — солтүстік жағыңда қыздарымен бірге тұрған Самария қаласы, сіңлің — ежелде оңтүстік жағыңда қыздарымен бірге тұрған Содом қаласы болатын. 47 Олардың жексұрын мінез-құлықтары мен іс-әрекеттеріне еліктеп қана қойған жоқсың, көп кешікпей-ақ сенің бүкіл мінез-құлқың олардікінен де бетер азғын болды. 48 Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие ант етіп мынаны айтады: Тіпті сіңлің Содом мен оның «қыздары» сенің өзің мен «қыздарыңның» істеген зұлымдықтарды еш істеген емес. 49 Сіңлің Содомның күнәсі мынау болды: өзі де, маңындағы елді мекендер де өркөкіректеніп, әбден тойынып, бейқам болып кеткен еді. Олар бейшара жарлыларға қол ұшын да бермейтін. 50 Осылайша паңданған содомдықтар Менің көз алдымда жексұрын күнәларын жасай берді. Мен бұларын көріп, содомдықтарды қасымнан аластаттым. 51 Тіпті Самария сен жасаған күнәлардың жартысын да жасаған жоқ. Сен жексұрын іс-әрекеттерді сол апа-сіңліңнен де көп істедің. Өзіңмен салыстырғанда олар тіптен әділ іспетті болып көрінеді. 52 Ал енді, масқараңды өз мойныңмен көтер! Сенің күнәларың олардікінен де бетер жексұрын болғандықтан, апа-сіңлің саған қарағанда әділірек, тіпті ақталғандай болып көрінеді. Сондықтан қызара ұялып, масқараңды өз мойныңмен көтер! 53 Алайда бір кезде Мен Содомның, Самарияның және екеуінің «қыздарының» жағдайларын, сондай-ақ сенің де жағдайыңды қалпына келтіремін. 54 Сен оларды өз істегендеріңмен жақсы сезіндіргенің үшін ұялып, нағыз масқараға қалатын боласың. 55 Сонда әпкең Содом мен сіңлің Самария өздерінің «қыздарымен» бірге бұрынғы жағдайларына қайтып оралады. Сен де «қыздарыңмен» бірге бұрынғы жағдайыңа қайтасың. 56 Өзің өркөкіректеніп жүрген кезіңде әпкең Содомды мақал іспетті аузыңнан тастамайтын едің ғой. 57 Бірақ бір күні сенің асқан зұлымдығың жария болды. Енді арамалықтар мен олардың көршілері және філістірлер әрі өз айналаңдағылардың бәрі де сені келекелеп мазақтайды. 58 Сен өзіңнің азғын да жексұрын күнәларыңның кесіріне ұшырайсың, — деп ескертеді Жаратқан Ие. 59 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: Сен Келісімімді бұзып, Менің антыма немқұрайды қарадың. Сондықтан Мен саған лайықты жазаны қолданамын. 60 Ал кейін Мен жастық шағыңда өзіңмен жасаған Келісімімді есіме алып, сенімен мәңгілік Келісім жасаймын. 61 Сонда сен жүрген жолдарыңды есіңе түсіріп, ұялатын боласың. Мен әпке-сіңліңді алып, саған қыздарың ретінде беремін. Бірақ мұны өзіңмен жасаған Келісімімнің негізінде жасамаймын. 62 Осылай Мен Келісімімді өзіңмен қайтадан бекітіп, сен Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың. 63 Сонда Мен сені істеген барлық істеріңнің арамдығынан тазартып, кешіремін. Мұны есіңнен шығармай, ұялып, масқара болғандықтан енді қайтып (мақтанып, басқаларды айыптауға) аузыңды ашпайтын боласың!» — Жаратушы Тәңір Ие осыларды нық айтады.
1 Содан соң Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 2 «Ей, пендем, Исраил халқына жұмбақтап мына бір астарлы әңгімені айтып бер: 3 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Бірде қанаттары мықты, қауырсындары қалың да түрлі-түсті бір алып бүркіт Ливанға ұшып келіпті. Ол бір самырсын ағашының басын бүріп, 4 ең биік өскен бұтағын сындырып алыпты. Соны саудагерлердің бір еліне алып кетіп, солардың қаласына апарып отырғызыпты. 5 Бүркіт сенің еліңнен бір дән де алып, оны құнарлы топыраққа сеуіп тастапты. Дәнді тал іспетті суы мол жерге егіп, одан өскін өсіп шығыпты. 6 Өскін тамыр жайып, қаулап өскен аласа жүзім бұтасына айналыпты. Оның бұтақтары бүркітке қарай бұрылып, тамырлары жерге терең кетіпті. Осылай жүзім бұтасы айналасына бұтақтары мен өркендерін жіберіпті. 7 Бірақ қанаттары мықты, қауырсындары қалың тағы да бір бүркіт бар еді. Әлгі жүзім бұтасы отырғызылған жерінен көбірек су іздеп, сол бүркітке қарай тамыр жіберіп, бұтақтарын бұратын болыпты. 8 Ол бұтақ жайып, жеміс беріп, керемет жайқалған жүзім бұтасы болсын деп, суы мол жердегі құнарлы топыраққа отырғызылған болатын. 9 Исраил халқына былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сол жүзім бұтасы жайқалып өсе бере ме? Жоқ, Мен оны түп-тамырымен жұлып, жемістерін сыпырып тастаймын. Сонда жемістері де, жаңадан өскен мұртшалары да қурап қалады. Бұтаны түп-тамырымен жұлып тастауға не зор күш-қуат, не үлкен әскер қолы қажет болмайды. 10 Бұта басқа жерге көшіріліп отырғызылса да, өсіп-өнетін бола ма? Жоқ, шығыстағы шөлдің аңызақ желі соққанда, ол өсіп шыққан жерінде-ақ біржола қурап қалады». 11 Содан соң Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 12 Мына бас көтергіш халықтан: «Осы астарлы әңгіменің мағынасын түсінбейсіңдер ме?» деп сұра! Оларға мына хабарымды жеткіз: Бабыл патшасы Набуходоносор Иерусалимді басып алды да, қаланың патшасы мен әміршілерін Бабылға айдап әкетті. 13 Содан соң ол патшалық әулеттен шыққан басқа біреуді таңдап алып, онымен келісім жасап, оған өзіне адал болуға ант бергізді. Бабыл патшасы, сондай-ақ, елдің лауазымды адамдарын да тұтқынға алды. 14 Ол мұны Яһуда патшалығы бұдан былай бас көтере алмай, бағынып, тек Бабылмен жасасқан келісімді ұстануларымен ғана жандарын бақсын деп істеді. 15 Алайда Иерусалим патшасы Мысырға елшілерін жіберіп, сол елден көп жылқы мен қалың әскер сұрауы арқылы Бабыл патшасына қарсы бас көтерумен болды. Ол енді табысқа жете ме? Мұндайды істеген адам аман-есен қала ма? Антын бұзған адам аман-сау құтыла ма? 16 Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп былай дейді: Иерусалимнің патшасы Бабыл елінің ішінде өледі! Сол елдің патшасы оны билеуші етіп тағайындаған еді ғой! Ал өзі оған берген антын бұзып, жасасқан келісіміне немқұрайды қарады. 17 Содан Бабыл патшасы Иерусалим қаласына аттанып барып, көп адамның өмірін құрту үшін қаланы дуалмен қоршап, үймектер үйіп, шабуыл жасамақ. Ал (Мысыр патшасы) перғауын өзінің қалың қолымен, көптеген жасақшыларымен Иерусалим патшасына еш көмек көрсетпейтін болады. 18 Иерусалим патшасы келісімді бұзып, берген антына немқұрайды қараған еді. Ол қол алысып уәде бере тұра, осылай сөзінен тайғаны үшін, жазасынан қашып құтыла алмайды. 19 Сондықтан мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп мынаны айтады: Иерусалим патшасының Менің атымды атап берген антына немқұрайды қарап, Келісімімді бұзғанының жазасын Мен оның өз басына түсіремін. 20 Оған торымды жайып, ол соған түсетін болады. Өзіме қарсы опасыздық жасағаны үшін Мен оны Бабылға апарып, сол жерде соттап жазалаймын. 21 Оның тым-тырақай қашқан жасақтары семсерден қаза тауып, тірі қалғандары шартарапқа шашылып кетеді. Сонда сендер бұны айтқан Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар». 22 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Мен Өзім самырсынның ұшар басынан оның бір өркенін алып, жерге отырғызамын. Сонда Мен ағаштың ең жоғарғы бұтақтарынан бір жас өркенді сындырып алып, оны заңғар да зәулім бір таудың басына отырғызамын. 23 Мен өркенді Исраилдің биік тауының басына отырғызғаннан кейін ол бұтақ жайып, жеміс беріп, зәулім самырсынға айналады. Әр түрлі құстар оған ұяларын салып, оның бұтақтарының саясын паналайтын болады. 24 Осылай даланың барлық ағаштары Менің, Жаратқан Иенің, биік ағашты құлатып, аласа ағашты биік қылып өсіретінімді, әрі жасыл ағашты қуратып, қураған ағашты көгертетінімді білетін болады. Бұны Мен, Жаратқан Ие, айттым да, сонымды орындаймын да!»
1 Кейінірек Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 2 «Сендер «Қышқыл жүзімді көп жеген — аталары, ал тістері қамалған — балалары» деген нақыл сөзді Исраил еліне байланысты қандай мақсатпен айтасыңдар? 3 Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп былай дейді: сендер Исраилде бұл нақылды енді қайтып айтпайтын боласыңдар. 4 Біліп қойыңдар: Әкесі болсын, баласы болсын, әрбір тірі жан Менікі! Күнә жасаған адамның өзі өлуге тиіс. 5 Айталық, бір әділ адам игі де әділ іс-әрекет істейді дейік. 6 Ол биіктеу жерлердегі табыну орындарында құрбандық асынан ішіп-жемейді де, Исраил халқы табынатын жалған тәңірлерге сиынбайды да. Ол өзгенің әйеліне барып неке адалдығын бұзбайды, етеккірі келіп жүрген әйелімен де жақындаспайды. 7 Сондай әділ адам ешкімге қысым көрсетпей, жарлыға берген қарызы үшін кепілдікке алғанын қайтарып бере салады. Ол ешкімді тонамайды, қайта, ашқа тамақ, жалаңашқа киім береді. 8 Әділ адам бейшараға берген қарызы үшін не өсім, не үстеме алмайды, жамандық істеуден бойын аулақ ұстайды, екі адамның арасындағы дауды әділдікпен шешеді. 9 Демек, ол Менің ережелеріме мойынсұнып, заңдарымды сенімділікпен ұстанады. Мұндай адам — әділ жан, ол сөзсіз өмір сүретін болады. Мен, Жаратушы Тәңір Ие осыларды нық айтамын. 10 Алайда оның бұзық баласы бар дейік. Осы жас жігіт кісі тонап, қан төгеді, сол сияқты басқа да зұлым істер істейді екен. 11 Әкесі бұлардың ешқайсысын істеп көрмеген болса да, оның ұлы аталған күнәларына қоса биіктеу жерлердегі табыну орындарында құрбандық асынан ішіп-жейді, әрі өзгенің әйеліне барып неке адалдығын бұзады. 12 Сондай-ақ ол кедейлер мен мұқтаждарға қысым көрсетіп, адамдарды тонайды, жарлыға берген қарызы үшін кепілдікке алғанын қайтармайды. Жалған тәңірлерге сиынып, өзге де жексұрын күнәлар жасайды, 13 бейшараға берген қарызы үшін өсім мен үстеме алады дейік. Осындай адамның өмір сүре беруіне бола ма? Жоқ, болмайды! Жасаған жеркенішті күнәларының кесірінен ол ақырында сөзсіз өлтіріліп, кінәсі өз мойнында болады. 14 Айталық, осы жігіттің өз ұлы бар дейік. Ұлы әкесінің жасап жүрген күнәларын көріп жүрсе де, өзі соларын қайталамайды. 15 Ол не биіктеу жерлердегі табыну орындарында құрбандық асынан ішіп-жемейді, не Исраил халқы табынатын жалған тәңірлерге сиынбайды, не өзгенің әйеліне барып неке адалдығын бұзбайды. 16 Осы әділ жас ешкімге қысым көрсетпей, жарлыға берген қарызы үшін алған кепілдігін қайтарып бере салады, ешкімді тонамайды, қайта, ашқа тамақ, жалаңашқа киім береді. 17 Ол бейшараға жамандық істеуден бойын аулақ ұстайды, берген қарызы үшін не өсім, не үстеме алмайды. Сөйтіп ол Менің заңдарымды ұстанып, ережелеріме мойынсұнады. Мұндай адам әкесінің күнәлары үшін өлімге кесілмейді, керісінше, ол сөзсіз өмір сүретін болады. 18 Ал оның әкесі өз күнәларының кесірінен өлуге тиіс, себебі ол басқаларға қысым көрсетіп, елдесін тонап, өз халқының арасында түрлі әділетсіз істер істеп жүрді. 19 Алайда сендер: «Баласы әкесінің кінәсі үшін неге айыпталмайды?» деп сұрайсыңдар. Мұның себебі — баласының істері игі де әділ болып, Менің барлық ережелерімді мұқият сақтағандығы. Сондықтан ол сөзсіз өмір сүретін болады. 20 Күнә жасаған жанның өзі соның жазасын тартып өлуге тиіс. Баласы әкесінің кінәсі үшін, әкесі де баласының кінәсі үшін жазаланбайды. Әділдің ізгі іс-әрекеті өзіне жақсылыққа саналады, әрі зұлымның арам іс-әрекеті өз мойнына артылады. 21 Ал егер зұлым адам тәубеге келіп, жасап жүрген барлық күнәларынан бас тартса, әрі Менің ережелерімді ұстанып, игі де әділ іс-әрекет істейтін болса, ол өлімге кесілмей, сөзсіз өмір сүре беретін болады. 22 Сонда оның бұрын жасаған әділетсіз қылықтарының ешқайсысы оған қарсы ескерілмейді. Істеген әділ істері үшін ол өмір сүре беретін болады. 23 Әлде Мені зұлым адамның өліміне қуанады деп ойлайсыңдар ма? Керісінше, Мен оның теріс жолынан қайтып, тірі қалып өмір сүре бергеніне қуанамын!» Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын. 24 Ал егер әділ адам өзінің ізгі іс-әрекетінен бас тартып, күнә жасайтын болса, әрі зұлым адам сияқты жексұрын істер істеуге кіріссе, оның өмір сүре беруіне бола ма? Жоқ, оның бұрын істеген әділ істерінің ешқайсысы да енді ескерілмейді. Сол адам опасыз болып, күнә жасағаны үшін өлімге кесілуге тиіс. 25 Ал сендер: «Жаратқан Иенің осылай шешкені дұрыс емес!» деп шағымданасыңдар. Тыңдаңдаршы, уа, Исраил халқы: Менің осылай шешкенім дұрыс емес пе? Әлде сендердің өз шешімдерің дұрыс емес пе? 26 Егер әділ адам өзінің ізгі іс-әрекетінен бас тартып, күнә жасайтын болса, ол сонысы үшін өлімге кесіледі. Жасаған күнәларының зардабын тартып ол өлімге душар болады. 27 Ал егер зұлым адам істеп жүрген арам істерінен бас тартып, игі де әділ істерді істейтін болса, ол өз өмірін сақтап қалады. 28 Өзінің бұрын істеген барлық зұлым қылықтарына өкініп, солардан бас тартқандықтан, ол өлімге кесілмей, сөзсіз өмір сүретін болады. 29 Сонда да Исраил халқы: «Жаратқан Иенің осылай шешкені дұрыс емес!» деп шағымданады. Менің осылай шешкенім дұрыс емес пе, уа, Исраил халқы? Әлде сендердің өз шешімдерің дұрыс емес пе? 30 Сондықтан, уа, Исраил халқы, Мен сендердің әрқайсыңа өз іс-әрекеттеріңе сәйкес үкім шығарамын! — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. — Бұрын істеген барлық зұлым қылықтарыңа өкініп, солардан бас тартыңдар! Сонда сендер өмір жолдарыңда әділетсіз іс істеп сүрініп құламайсыңдар. 31 Істеп келген барлық зұлым қылықтарыңды тастап, жаңа жүрек пен жаңа рухты иемденіңдер! Әйтпесе сендерге өліп не бар, уа, Исраил халқы? 32 Өйткені Мен ешкімнің де өлімін қаламаймын. Сондықтан өкініп, теріс жолдарыңнан қайтып, өмір сүре беріңдер! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыларды нық айтамын.
1 Енді Исраилдің билеушілері жайлы мына жоқтауды айт: 2 Анаң арыстандардың ішіндегі Қандай керемет арыстан еді! Күшті арыстандар арасында жатып, Ол абдандарын асырайтын еді. 3 Солардың бірін айрықша қып өсірді, Сол қуатты арыстан болып өсті, Аулаған олжасын жыртып паршалады, Адамдарға да бас салып, жалмады. 4 Басқа ұлттар ол туралы естіді, Торуылдап апандарына түсірді, Шынжырлап Мысырға айдап әкетті. 5 Анасы үмітінің ақталмағанын Көріп, күткенінің іске аспағанын, Күшті арыстан қып өсірді басқасын. 6 Арыстандармен бірге ол жортуылдады, Нығайып, мықты арыстанға айналды, Аулаған олжасын жыртып паршалады, Адамдарға да бас салып, жалмады. 7 Ол солардың қамалдарын қиратты, Қалаларын ойрандап қаңыратты, Зор даусымен бүкіл елді қалтыратты. 8 Халықтар сонда қарсы шықты оған, Шабуылдады көрші аймақтардан, Олар торларын жайды оған арнап, Қолға түсті ол апандарына құлап. 9 Оны шынжырлап тор ішіне кіргізді, Бабыл патшасының алдына әкелді. Сосын зынданға салып күзетті, Исраилдің тауларында содан бері Ақырған дауысы еш естілмейді. 10 Су бойына орналасқан жүзімдіктегі Жүзім бұтасына анаң ұқсас еді. Сол бұта мол судан жемісті көп берді, Бұтақтары жайқалып тұратын еді. 11 Бұтақтарының күшті болғаны сонша, Лайықты билеуші асатаяғына. Қалың жапырақтан сол бұта асқақтады. 12 Әйтсе де ұшырап жаудың қаһарына, Жерге тасталды тамырымен жұлына, Шығыстан соққан аңызақтан қурады, Бар жемістерінен бұта айырылды, Күшті бұтақтары оның қурап қалды, От оларды аяусыз құртып жалмады. 13 Сол бұта қазір жаңбырсыз шөл далада, Қуарған сусыз мекен — иен далада. 14 Оның үлкен бұтақтарының бірінен От шығып, жалмап қойды жемісін барша. Билеушінің асатаяғы болуға Лайықты күшті бұтақ қалмады онда. Бұл — жоқтау жыры, ол жоқтау мәнерімен айтылсын.
1 (Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) жетінші жылдың бесінші айының оныншы күні Исраилдің ақсақалдарынан бірнеше адам Жаратқан Иенің еркін сұрап білу үшін менің алдыма келіп отырды. 2 Сонда Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 3 «Ей, пендем, Исраилдің ақсақалдарына былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сендер Менің еркімді сұрап білу үшін келдіңдер ме?! Өзімнің атыммен ант етемін: Сендердің Менің еркімді сұрап білулеріңе жол бермеймін!» — Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие осыны нық айтады. 4 «Пендем, сен оларды айыптамақсың ба? Оларды сотқа дайындамақсың ба? Онда ата-бабаларының жасаған күнәларының қандай жексұрын болғанына ақсақалдардың көздерін жеткіз! 5 Оларға тағы былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Мен Исраилді ежелде таңдап алған күні салтанатты түрде Жақыптың үрім-бұтағына серт бердім. Оларға Өзімді Мысырда аян еткенімде: «Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін!» деп салтанатты түрде ант еттім. 6 Сол күні Мен оларға өздерін Мысырдан бастап алып шығып, елдердің ішіндегі ең көріктісі — ағы мен балы ағыл-тегіл елге әкелуге уәде бердім. Сол елді Мен Өзім олар үшін қарап таңдап алған едім. 7 Және Мен оларға былай дегенмін: «Әрқайсыларың көз қарашығындай сүйіп табынып келген жеркенішті мүсіндерді лақтырып тастаңдар! Бұдан былай өздеріңді Мысырдың жалған тәңірлерімен арамдамаңдар! Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін». 8 Алайда олар Маған қарсы бас көтеріп, тыңдамай қойды. Олар көз қарашығындай сүйіп табынатын жексұрын мүсіндерін лақтырып тастаған жоқ, әрі Мысырдың жалған тәңірлерінен де бас тартпай қойды. Сондықтан Мен бастарына қаһарымды төгіп, оларды Мысыр елінде бар ашу-ызаммен жазаламақ болдым. 9 Бірақ исраилдіктердің айналасында тұрып жатқан халықтардың алдында өз есімімнің қорланбауы үшін арнайы шара қолдандым. Өйткені Мен исраилдіктерді Мысырдан солардың көзінше алып шығып, оларға Өзімді аян етіп танытқан едім. 10 Сондықтан Исраил халқын Мысырдан шығарып, иен далаға ертіп алып бардым. 11 Оларға өз ережелерімді табыстап, шешімдерімді жарияладым. Өйткені оларды орындайтын адам солар арқылы өмір сүреді. 12 Оның үстіне Мен, Жаратқан Ие, Өзіме бағыштағанымның сыртқы белгісі ретінде оларға демалыс күнімді сыйладым. 13 Бірақ Исраил халқы иен далада Маған қарсы бас көтерді. Олар ережелеріме мойынсұнған жоқ, керісінше, шешімдерімді менсінбеді. Ережелерім мен шешімдерімді орындаушы адам солар арқылы өмір сүретін болса да, Исраил халқы осылай етті. Бұған қоса олар тағы Менің өздеріне тапсырған демалыс күніме қатысты ережелерімді де бұзып, оның қасиеттілігін қастерлемеді. Сондықтан Мен қаһарымды төгіп, оларды иен далада жойып жібермек болдым. 14 Ал исраилдіктердің айналасында тұрып жатқан халықтардың алдында өз есімімнің қорланбауы үшін Мен солай істемедім. Өйткені халқымды Мысырдан солардың көзінше алып шыққан едім. 15 Мен сол иен далада оларды елдердің ішіндегі ең көріктісі — Мен өздеріне табыстамақ болған ағы мен балы ағыл-тегіл елге бастап алып бармаймын деп салтанатты түрде ант еттім. 16 Өйткені олар Менің шешімдерімді менсінбей, ережелеріме бағынбады, демалыс күндеріме қатысты ережелерімді бұзып, сол күндердің қасиеттілігін қастерлемеді. Себебі олар жүректерімен жалған тәңірлерге берілген еді. 17 Сонда да Мен оларға аянышпен қарап, оларды иен далада қырып, құртып жібермедім. 18 Мен сол иен далада олардың балаларына былай дегенмін: «Ата-бабаларыңның жаман әдет-ғұрыптарын орындамаңдар, олар табынған жалған тәңірлермен өздеріңді арамдамаңдар! 19 Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. Ережелерімді ұстанып, заңдарымды орындаңдар! 20 Сондай-ақ Мен өздеріңе өсиеттеген демалыс күндерін Маған бағыштайтын болыңдар! Олар Менің сендердің Құдайларың Жаратқан Ие екенімді естеріңе салатын белгі болмақ». 21 Алайда олардың балалары Маған қарсы бас көтеріп, тапсырған ережелерімді ұстанбады, әрі заңдарымды орындамады. Ал оларды орындайтын адам солар арқылы өмір сүреді. Соған қоса олар демалыс күндеріме қатысты ережелерімді бұзып, сол күндердің қасиеттілігін қастерлемеді. Сондықтан Мен бастарына қаһарымды төгіп, оларды иен далада бар ашу-ызаммен жазалауға ұйғардым. 22 Бірақ Мен есімімнің басқа халықтардың алдында қорланбауы үшін солай істеуден бас тарттым. Себебі халқымды Мысырдан алып шыққанда сол халықтар Менің құдіретімді көрген болатын. 23 Алайда Мен сол иен далада оларды басқа халықтардың арасына шашыратып, бөтен елдерге таратып жіберемін деп салтанатты түрде ант еттім. 24 Өйткені олар Менің заңдарымды орындамай, ережелерімді менсінбей, демалыс күндеріме қатысты ережелерімді бұзып, сол күндердің қасиеттілігін қастерлемеді. Олар сондай-ақ ата-бабалары табынған жалған тәңірлерге құштарлана қарады. 25 Сондықтан да Мен халықтың игіліксіз ережелерге және оларды шынайы өмірге бастай алмайтын әдет-ғұрыптарға мойынсұнуларына жол бердім. 26 Олардың жалған тәңірлерге жасаған сый-тартулары арқылы өздерін арамдауларына да жол бердім. Олар тіпті тұңғыш ұлдарын сол бір тәңірсымаққа арнап отта құрбан қылды. Ондағы мақсатым: сол арқылы олар үрейленіп, Өзімнің Жаратқан Ие екендігімді білсін дедім. 27 Сондықтан, ей, пендем, Исраил халқына тіл қатып былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Маған қарсы осындай опасыздық жасаулары арқылы сендердің ата-бабаларың да Мені қорлайтын. 28 Мен оларды өздеріне беруге салтанатты түрде ант еткен елге алып келдім. Бірақ олар көздері түскен әрбір биік төбе басында және жапырағы жайқалған ағаштың түбінде (жалған тәңірлеріне арнап) құрбандықтарын шалып, сый-тартуларын ұсынып, қаһарымды қоздырып жүрді. Бұған қоса солардың құрметіне хош иісті заттар түтетіп, сұйық тартуларын да құйып ұсынды. 29 Сонда Мен олардан «Сендер баратын биіктеу жер не қылған жер?» деп сұраған болатынмын. Сондықтан да сондай табыну орындары осы күнге дейін биіктеу жер деп аталып келеді. 30 Сондықтан Исраил халқына былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Ата-бабаларыңа еліктеп, сендер де солардың жексұрын тәңірсымақтарына құштарлана табынып өздеріңді арамдамақсыңдар ма? 31 Оларға сый-тартуларыңды арнап, ұлдарыңды отқа өртеп құрбан еткен кездеріңде сендер өздеріңді осы күнге дейін сол жалған тәңірлеріңмен арамдап келесіңдер. Сонда Мені өздеріңе бұрынғыдай Өзімнен ақыл сұрауларыңа жол береді деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, өз атыммен ант етемін, сендердің ақыл сұрауларыңа бұдан былай жол бермеймін!» — Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие осыны өз атымен ант етеді. 32 Сендер: «Біздер де басқа халықтардай, елдердің тайпалары сияқты ағаш не тастан жасалған мүсіндерге табынайық!» дейсіңдер. Алайда осы ойларың жүзеге аспайтын болады. 33 Қайта, мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие Өзінің атымен ант етіп былай дейді: «Мен сендерге құдіретті де алға созылған қолыммен және зор қаһарыммен билігімді жүргіземін: 34 сендерді шашырап кеткен халықтар мен елдерден алға созылған құдіретті қолыммен және зор қаһарыммен шығарып аламын. 35 Иә, Мен сендерді бөтен халықтардың арасына жер аударамын. Бұл, ежелде ата-бабаларыңның иен даланы кезіп жүрген қиын кезеңіндей болмақ. Сол жерде сендермен бетпе-бет келіп, сот жүргіземін. 36 Ата-бабаларыңа Мысыр елінен шығарғаннан кейін иен далада сот жүргізгенімдей, Мен сендерге де солай істеймін». — Жаратушы Тәңір Ие осыны нық айтады. 37 «Шопанның отарын қоршауға кіргізгенде қойларды таяғымен санап тексеріп, екшейтініндей, Мен де сендерді асатаяғыммен мұқият тексеріп, Келісімімнің ережелерін ұстануға мәжбүр етемін. 38 Сендерді араларыңдағы Маған қарсы бас көтеретін қыңырлардан тазартамын. Оларды жер аударылған елдерінен алып шықсам да, сондайлар Исраил еліне кірмейтін болады. Содан сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар». 39 Уа, Исраил халқы, Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Егер Мені тыңдамайтын болсаңдар, мейлі, әрқайсың барып, жалған тәңірлеріңе құлшылық ете беріңдер! Бірақ кейін Менің қасиетті есімімді өздеріңнің опасыздықтан арамдалған сый-тартуларыңмен және тәңірсымақтарыңмен қорламайсыңдар. 40 Өйткені бір күні бүкіл Исраил халқы Маған елдің ішіндегі қасиетті тауым — Исраилдің ұлы тауында ғибадат ететін болады. Мен оларды сонда ризашылықпен қабыл аламын, — деп уәде етеді Жаратушы Тәңір Ие. — Сол жерде Мен сендерден Өзіме бағыштаған қасиетті сый-тартуларыңды және таңдаулы құрбандықтарыңды түгелдей ұсынуларыңды талап етпекпін. 41 Мен сендерді шашырап кеткен халықтар мен елдерден алып шығып, жинаған сол кезде өздеріңді жұпар иіс сияқты қабылдаймын. Осылайша сендер арқылы Өзімнің киелілігімді бүкіл халықтардың көзінше жария етемін. 42 Өздеріңді ата-бабаларыңа беруге салтанатты түрде уәде еткен елге, яғни Исраил еліне, қайтарып алып келемін. Сонда сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар. 43 Сол жерде сендер өздеріңді арамдаған іс-әрекеттеріңді естеріңе алып, жасаған жамандықтарыңа бола өздеріңнен-өздерің жиренетін боласыңдар. 44 Мен сендерге зұлымдықтарың мен жаман істеріңе сәйкес емес, өз есімімнің құрметіне сай әрекет етпекпін. Сонда сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар, уа, Исраил халқы». — Жаратушы Тәңір Ие осыны нық айтады. 45 Содан соң Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 46 — Ей, пендем, бетіңді оңтүстікке қарай бұрып, оған қарсы сөйле! Оңтүстіктегі қалың орманға (ұқсас Яһуда елі мен Иерусалим қаласына) қарсы пайғамбарлық сөз айт! 47 Сол жабайы аймаққа былай де: Жаратқан Иенің сөзін тыңда! Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Мен саған от тұтатпақпын! От өзіңдегі барлық ағашты: жасылын да, қурағанын да жалмап қояды. Лаулаған жалыны өшпейді. Оның қызуынан оңтүстік пен солтүстіктің аралығындағының бәрінің бет-жүздері күйіп қалады. 48 Барша жұрт осы отты тұтатқанның Мен, Жаратқан Ие, екенімді білетін болады. Ол еш өшпейтін болады. 49 Сонда мен былай дедім: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие, олар мені: «Ол жай ғана астарлап айтып жүрген шығар?» деп сөзімді елемейді.
1 Кейін Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 2 — Ей, пендем, бетіңді Иерусалимге қарай бұрып, киелі үйдің қирайтыны туралы, әрі Исраил еліне және ондағы табыну орындарына қарсы пайғамбарлық сөз айт! 3 Исраил еліне былай де: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп ал, енді Мен Өзім саған қарсы шығамын! Семсерімді қынабынан суырып алып, сендегі әділдерді де, зұлымдарды да қырамын! 4 Рас, Мен зұлымдарды да, әділдерді де құртпақпын: сондықтан семсерімді қынабынан суырып алып, оңтүстіктен солтүстікке дейінгі бүкіл жерде адамдардың барлығын қырамын. 5 Сонда барлық адамдар Менің, Жаратқан Иенің, семсерімді қынабынан суырғанымды білетін болады. Семсерім (өз ісін бітірмейінше) қынабына енді қайтып салынбайды». 6 Ал сен, ей, пендем, күрсініп ыңқылдай бер! Олардың көзінше жан дүниең езіліп, қатты қайғыра күрсініп ыңқылдайтын бол! 7 Егер олар сенен: «Неге күрсініп ыңқылдайсың?» деп сұраса, оларға жауап беріп былай де: «Келе жатқан хабардан. Ол жеткенде баршаның жүрегі қорқыныштан әлсіреп, қолдарынан күш кетіп, рухтары қалжырайды, тізелері аққан судай дірілдейтін болады! Міне, ол келе жатыр, сол хабар міндетті түрде орындалады! — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие!» 8 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 9 «Ей, пендем, Менің хабарымды жеткізіп былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Семсер қайралды, семсер жалтыратылды! 10 Ол бауыздап кескілеу үшін қайралды, найзағайдай жарқылдау үшін жалтыратылды!» — Біз патшаның асатаяғына сеніп, сол үшін көңілді болмақпыз ба? — Семсер ешбір таяқты менсінбейді! 11 Ол қолға ұстау үшін жалтыратылып жатыр! Семсер қырушының қолына тапсырылу үшін қайралып, жалтыратылуда! 12 Ей, пендем, айқай салып жыла! Өйткені семсер Менің халқыма қарсы, әрі Исраилдің билеушілеріне қарсы қолданылмақ. Олар халқыммен бірге семсерден қырылмақ. Сонымен қайғыдан кеудеңді соққыла! 13 Еш шүбә жоқ, сынақ болады! Семсер патшаның асатаяғын менсінбей, қырып тастайды. Сонда не болмақ?! — Жаратушы Тәңір Ие осыны ескертеді. — 14 Сондықтан, ей, пендем, Менің хабарымды жеткіз! Екі алақаныңды соқ! Семсер екі рет, тіпті үш рет шауып түссін! Бұл — өлімге кесілгендерге арналған семсер. Зор қырғынға арналған осы семсер оларға жан-жақтан таяп келмек. 15 Бұдан жүректері әлсіреп, олардың көбі жан тапсырмақ. Мен жүзі жалтыраған семсерді барлық қала қақпаларына қойдым. Иә, ол найзағайға ұқсатылып арнайы жалтыратылып, қыруға дайындалған. 16 Уа, семсер, оңға да сілте, солға да сілте, жүзіңнің қалаған жағына сілте! 17 Мен де екі алақанымды соғып, қаһарымды басамын. Бұны Мен, Жаратқан Ие, нық айтамын! 18 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 19 «Ал сен, пендем, Бабыл патшасының семсері таяп келетін екі жолды белгілеп қой. Олардың екеуі де бір елден бастап шықсын. Жолдың Бабыл қаласынан шығып, екіге айырылатын жеріне бір жол белгісін қой! 20 Бабыл патшасының семсері жүретін бір жолды аммондықтардың астанасы Раббаға, ал екіншісін Яһуда еліне, оның бекіністі астанасы Иерусалимге қарай бағытта! 21 Өйткені Бабыл патшасы жол айырықта, бір жолдың екіге бөлінетін тұсында сәуегейлік жасау үшін тоқтамақ: ол өзінің әулетінің табынатын тәңірсымақтарына сиынып, қала аттары жазылған екі жебені шайқап, көзін жұмып, біреуін таңдап алады. Мұнан кейін сол жебеде аты жазылған қаланы бетке алып аттанбақ. Не болмаса сойылған малдардың бауырларына қарап жоритын болады. 22 Сол кезде патшаның оң қолына «Иерусалимге бар» деген жеребе түседі. Ол соған аттанып келіп, қамал бұзатын құралдарын қалаға қарама-қарсы орналастырады. Сосын шабуылдап, қырып-жоюға бұйрық беріп, ұрандайды. Сондай-ақ, қала қақпаларын бұзатын құралдарын орнатып, тас-топырақтан үймектер жасап, мұнаралар тұрғызады. 23 Иерусалимдегілерге бұл жалған сәуегейлік болып көрінеді. Бірақ яһудалықтар Бабыл патшасына адал болуға салтанатты түрде ант берген еді ғой! Енді Бабыл патшасы олардың бас көтеріп, айыпты болғандарын есіне алып, оларды қолға түсіреді». 24 Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Ашық бас көтерулеріңмен кінәларыңды еске түсіріп, күллі іс-әрекеттеріңдегі күнәларыңды ашып көрсеттіңдер. Солай істегендерің үшін енді қолға түсесіңдер. 25 Ал сен үшін, уа, Исраилдің бұзылған, зұлым билеушісі, енді күнің туды, жазаланатын кезің жетті!» 26 Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Сәлдеңді шешіп, тәжіңді басыңнан алып таста! Енді жағдай бұрынғыдай болмайды. Жәбір көрген қарапайым жандар жоғарылатылып, мәртебелілер төмендетіледі. 27 Күйреу! Ойрандау! Мен патшалықты ойрандаймын! Одан ештеңе де қалмайды. Ал оған билік жүргізуге лайықты біреу келгенде, Мен билікті соған табыстаймын». 28 «Ал сен, пендем, былай деп Менің хабарымды жеткіз: Аммондықтар және олардың (Исраилге) көрсеткен жәбірлері туралы Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Семсер қырғын үшін қынабынан суырылды! Семсер найзағайдай жарқылдап, құрту үшін жалтыратылды. 29 Уа, аммондықтар, өз бақсы-балгерлерің сендер туралы жалған көріністер көріп, өтірік сәуегейлік жасап келеді. Бірақ семсер зұлымдардың мойнына түспек. Олардың бастарына күн туып, жазаларын толығымен тартатын уақыттары таяп қалды. 30 Семсерді қынабына қайта сал! Өзің жаратылған жерде, туған еліңде Мен саған үкім шығарамын, 31 қаһарымды төгіп, ашуымның отын үрлеймін. Қырып-жоюды жетік меңгерген жауыз адамдардың қолына өзіңді тапсырамын. 32 Сен отқа жағылатын отындай боласың. Қаның өз еліңнің ішінде төгілетін болады. Енді қайтып сені ешкім есіне алмайды. Өйткені Мен, Жаратқан Ие, осыны кесіп айтамын».
1 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 2 «Ей, пендем, сен қаланы айыптауға дайынсың ба? Қан төккіш сол қаланы сотқа дайындамақсың ба? Ендеше оған өзінің жасаған жексұрын күнәларының бәрін де әшкерелеп айт! 3 Былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Уа, қала, сен өзіңнің ортаңда адамдардың қанын төктің, осылай өз жазаңды тартатын уақытыңды жақындаттың! Сен жалған тәңірлердің мүсіндерін жасап алып, соларға табыну арқылы өзіңді-өзің арамдап келесің! 4 Кісі өлтіріп қан төккенің арқылы кінәлі болып, өзің жасап алған жалған тәңірлердің мүсіндері арқылы да арамдалдың. Осылайша басыңа пәле түсетін күніңді өзің жақындаттың! Ғұмыр кешетін жылдарыңның тағайындалған ақыры таяп келді! Сондықтан Мен сені барлық халықтар масқаралайтын, барлық елдер табалайтын қыламын. 5 Уа, масқараланған, іші бүлікке толы қала, жақындағылар да, алыстағылар да сені келекелейтін болады! 6 Көріп тұрсың ба, сендегі Исраилдің билеушілерінің әрқайсысы өз шамасы жеткенше адам қанын төгуге бейім болды. 7 Тұрғындарың ата-ананы менсінбей, сыйлаған жоқ. Олар өзіңдегі жат жерліктерді қанап, жол жүріп келе жатқан жолаушыны тонайды, жетім-жесірлерге зорлық жасайды. 8 Сондай-ақ, олар Менің киелі нәрселеріме немқұрайды қарап, демалыс күндеріме қатысты ережелерімді бұзып, оның қасиеттілігін құрметтемеді. 9 Сенде жазықсыз жала жауып, кісі өлтірткен зұлымдар да бар! Олар тау-төбе бастарында жалған тәңірлерге арналған құрбандық астарынан ішіп-жеп, азғын іс-әрекет жасайтындар. 10 Араларыңда әкесінің әйелімен жақындасып оның абыройын төккендер де, айлық етеккірі келіп, таза емес деп есептелетін әйелдерді зорлап кеткендер де бар. 11 Сенде тұратын тағы біреу көршісінің әйелімен неке адалдығын бұзған, екіншісі өзінің келінімен жақындасып оның абыройын төккен, үшіншісі туған қарындасын, өз әкесінің қызын зорлаған. 12 Сендегі адамдар ақшаға жалданып кісі өлтіреді. Өзің өсімқорлықпен айналысып, басқалардың мал-мүлкін зорлықпен тартып алып байисың. Ал Мені ұмытып кеткенсің! — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. 13 Міне, қара! Мен сенің әділетсіз жолмен ие болған пайдаңа және өз араңда төгілген қанға бола ызалана екі алақанымды соғамын. 14 Мен сені жазалаған күні батылдығың берік болып, қолдарыңда күш қала берер ме екен? Осыны Мен, Жаратқан Ие, айттым да, оны орындаймын да. 15 Мен сендерді басқа халықтардың арасына таратып, бөтен елдерге шашыратып жіберемін. Осылай сендегі арамдықты алып тастап, түбегейлі жоқ қыламын. 16 Сен өзге ұлттардың көз алдында қорланасың, сонда Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың». 17 Содан соң Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 18 «Ей, пендем, Исраил халқы Мен үшін күмісті балқытып тазартқанда одан бөлініп шығатын мүлдем жарамсыз қоқыс сияқты болып кетті! Олар көрікте қалып қоятын күмістің қоқысы — мыс, қалайы, темір және қорғасындай. 19 Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сендердің барлығың қоқыс іспетті болып кеткендіктен, Мен енді сендерді Иерусалимнің ортасына жинаймын. 20 Күміс, қола, темір, қорғасын және қалайыны от үрлеп, балқыту үшін алдымен көрікке салып жинайды. Дәл осылай Мен де сендерді лаулаған қаһарыммен қалада жинаймын да, көрікке салып, балқытқандай азап отынан өткіземін. 21 Мен барлығыңды жинап алып, сендерге өз қаһарымның отын үрлеймін, соның ішінде балқисыңдар. 22 Сонымен күмістің көріктің ішінде балқитынындай, сендер де азап отында балқисыңдар. Сонда Мен, Жаратқан Ие, өздеріңе қаһарымды төккенімді білетін боласыңдар». 23 Содан соң Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 24 «Пендем, Исраил еліне мынаны айт: Менің қаһарым төгілетін күні сен өңделмеген әрі жаңбыр жаумайтын құла түз сияқты боласың! 25 Әміршілерің олжасын паршалап жұлып, ақырған арыстандай, астыртын әрекет жасауда. Олар адам өмірін жалмап, мал-мүлкін тартып алып, осы елде көптеген әйелді жесір қалдырды. 26 Діни қызметкерлерің Менің бұйырған Таурат заңымды бұзып, Өзіме бағышталған қасиетті нәрселерімді арамдайды. Олар қасиетті мен жай нәрселердің арасын тіптен ажыратпай, адал мен арамның айырмашылығын да еш үйретпейді. Демалыс күндеріме қатысты ережелерімді бұзып, соларға да немқұрайды қарайды. Осылайша олар Маған құрмет көрсетпей, Мені қорлайды. 27 Сенің басшыларың олжасын жарып жейтін қасқырларға ұқсайды. Олар арам пайда табу үшін қан төгіп, кісі де өлтіреді. 28 Ал пайғамбарларың болса, Мен оларға сөйлемесем де, «Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады» дейді. Олар жалған көріністер көріп, өтірік сәуегейлік айтып, сол басшылардың жасаған қылмыстарын әкпен сылағандай ақтайды. 29 Елдің халқы да өзгелерге қысым көрсетіп, адамдарды тонайды. Олар бейшара жарлыларды қанап, араларындағы жат жұрттық кірмелерді де жәбірлеп әділетсіздік жасайды. 30 Менің сол елді құртуға мәжбүр болмауым үшін, оны қабырғадай қоршап-қорғайтын әділдікті орнатып, қабырғаның құлаған жерін өз денесімен жауып тұратын біреуді іздедім. Бірақ ешкімді таппадым. 31 Сондықтан Мен оларға ашуымды төгіп, қаһарымның отымен оларды жалмап құрттым. Осылайша істеп жүрген істерінің жазасын өздеріне тартқыздым», — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие.
1 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 2 «Ей, пендем, баяғыда бір анадан туған апалы-сіңлілі екі әйел болған екен. 3 Олар жастық шағынан-ақ Мысырда жеңіл жүріске салыныпты. Сол жерде еркектер олардың төстерін қысып, балғын тәндерін аймалапты. 4 Үлкенінің аты Охола, кішісінің аты Охолиба деп қойылды. Кейін Мен солардың екеуіне де үйленіп, олар Маған ұл-қыздар туып берді. Ал екеуінің шынайы есімдеріне келер болсақ, Охола — Самарияны, Охолиба — Иерусалимді білдіреді. 5 Охола Менің әйелім бола тұра, ассурлық жауынгерлерге аңсары ауып, солармен неке адалдығын бұза бастады. 6 Бұлар қою күлгін түсті киім киген әміршілер мен әкімдер, шетінен көрікті, атқа мінген жігіттер болатын. 7 Охола Ассурдың сол бетке ұстар еркектерімен азғындық жасап, өзінің аңсары ауған әркіммен және олардың жалған тәңірлерінің бейнелерімен өзін арамдады. 8 Сөйтіп Охола Мысырда болған кезінен бері айналысып келе жатқан жеңіл жүрісін қойған жоқ. Себебі жас кезінде-ақ мысырлықтар онымен бірге жатып, балғын тәніне қолдарын салып, онымен құмарларын қандыратын. 9 Сондықтан Мен оны өзінің аңсары сондай ауған ашыналары — ассурлықтарға тапсырдым. 10 Олар оның тәнін жалаңаштап, ұл-қыздарын ұстап әкетіп, өзін семсермен шауып өлтірді. Осылайша ол өзіне тиісті жазаны алғанда, басқа әйелдердің өсек-аяңына айналды. 11 Сіңлісі Охолиба Охоламен не болғанын көрді. Сонда да ол әпкесінен бетер азғын құмарлыққа салынып, жезөкшелікпен одан әрмен айналысты. 12 Оның аңсары ассурлықтарға: әміршілер мен әкімдерге, көз тартқан сәнді киім киген жасақшылар мен атты әскерлерге, шетінен көрікті жігіттерге ауды. 13 Мен оның да өзін арамдағанын көрдім: ол да әпкесінің жолымен жүрді. 14 Бірақ Охолиба жезөкшелік жағынан әпкесінен де асып түсті. Ол қабырғада ойылған жігіттердің суреттерін — қызылмен боялған халдейлердің бейнелерін көріп, соларға аңсары ауды. 15 Бұл суреттер — беліне белбеу байлап, басына үлкен сәлде орап, сырт түрі туған елі Халдея болатын бабылдық сардарлардың бейнесі болатын. 16 Осыларды көрісімен-ақ ынтызар болған ол Халдея еліндегі соларға елшілерін жіберді. 17 Бабылдықтар Охолибаның төсегінде жатып, оны өздерінің құмарлықтарымен арамдады. Ал арамдалғаннан кейін Охолиба бабылдықтардан жеркеніп, теріс бұрылып кетті. 18 Алайда Охолиба азғындығын ашықтан-ашық жасап, жалаңаш тәнін көрсете бастағаннан-ақ, Мен бұрын оның әпкесінен жеркеніп алшақтағанымдай, енді оның өзінен де жеркеніп алшақтап кеттім. 19 Әйтсе де Охолиба жас кезінде Мысырда жеңіл жүрісті қыз болғанын есіне түсіріп, бұрынғысынан бетер азғындыққа салынды. 20 Ол аталық мүшелері есектердікіндей, шәуеті айғырдікіндей мол бұрынғы ашыналарына ынтызар болды. 21 Ей, Охолиба, осылайша сен мысырлықтар төстеріңді қысып, балғын тәніңді аймалаған жастық шағыңдағы азғындығыңды аңсадың». 22 Сондықтан, ей, Охолиба, Жаратушы Тәңір Ие саған мынаны айтады: «Біліп қой, Мен өзің жиреніп, алшақтаған ашыналарыңды өзіңе қарсы арандатып, оларды жан-жақтан саған қарсы алып келемін: 23 бабылдықтарды да, Пеход, Шоа әрі Қоаның барлық халдейлерін де, күллі ассурлықтарды да. Олар — әміршілер мен әкімдер, бәрі де шетінен көрікті, сайгүлікке мінген жігіттер болмақ. Бұларды саған қарсы жан-жақтан аттандырып алып келемін. 24 Олар қару-жарақтанып, соғыс күймелері мен шаң-тозаң бұрқыратқан арбаларға мініп, қалың қолмен бірге солтүстіктен өзіңе қарсы аттанып келеді. Жау жан-жақтан үлкенді-кішілі қалқанмен, дулығамен бас салып, сені қоршауға алады. Мен оларға билікті табыстап, сонда олар саған өз әдет-ғұрыптарына сай үкім шығарады. 25 Мен саған лаулаған қаһарымды төккенімде, жау сенің адамдарыңды еш аямай, мұрындары мен құлақтарын кесіп алып, ұл-қыздарыңды әкетіп, құл қылады. Ал ең соңында сенен қалғандардың бәрін от жалмайды. 26 Оның үстіне олар үстіңдегі киімдеріңді сыпырып тастап, қымбат бағалы әшекейлеріңді тартып алады. 27 Мен осылай сенің Мысыр елінен әкелген азғындығың мен жезөкшелігіңді тыямын. Енді қайтып мысырлықтарға ынтыға қарамайтын әрі Мысырды есіңе алмайтын боласың». 28 Өйткені Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Біліп қой, Мен сені өзің жек көріп, әрі алшақтап кеткен жауларыңның жиренішті қолына тапсырамын! 29 Олар сені жек көре отырып саған қарсы іс-әрекет жасайды. Жауларың сенің істеген істеріңнің жемістерін түгелдей тартып алып, өзіңді тыр жалаңаш қалдырады. Осылайша сенің масқара жезөкшелігің, жалаңаштығың және опасыздығың барша жұртқа мәлім болады. 30 Себебі сен басқа ұлттармен бірге азғындық жасап, өзіңді солардың жалған тәңірлерімен арамдадың. 31 Охолиба, сен де өз әпкеңнің жолымен жүресің. Сондықтан ол ішкен тостағанды енді сенің қолыңа ұстатамын! 32 Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мынаны кесіп айтамын: Осылайша әпкең ішкен (азапқа толы) тостағаннан сен де ішесің! Сол тостаған терең де үлкен, оның ішіне көп сыяды. Сен күлкіге қалып, масқараланасың. 33 Тостағаннан ішкеніңнен сен масайып, қайғы-қасірет шегесің. Әпкең Самария қорқыныш пен қаңырауға толы сол тостағаннан ішкен еді. 34 Сен де содан ішіп, тауысасың. Кейін оны лақтырып тастап, паршалап сындырасың. Қатты қиналғандықтан кеудеңді ұрғылайсың. Өйткені Мен осылай дедім!» — Жаратушы Тәңір Ие осыны ескертеді. 35 Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Сен Мені ұмытып, мүлдем елемей кеткенің үшін асқан азғындығың мен жезөкшелігіңнің зардабын тарт!» 36 Жаратқан Ие маған тағы да тіл қатып былай деді: «Ей, пендем, сен Охола мен Охолибаны сотқа дайындамақсың ба? Онда оларға өздерінің жасаған жексұрын күнәларын әшкерелеп айт! 37 Екеуі неке адалдығын бұзды, кісі өлтіріп қолдары да қан. Олар өз жалған тәңірлерімен опасыздық жасап, тіпті өздерінің Маған туып берген ұлдарын соларға «тамақ» болсын деп отқа өртеп құрбан етті! 38 Оның үстіне, Маған мынаны да істеді: сол күні олар Менің киелі орнымды арамдап, демалыс күніме қатысты ережелерімді бұзып, бұл күннің қасиеттілігін құрметтемей, оны арамдады. 39 Олар өз ұлдарын жалған тәңірлеріне арнап құрбан қылған күні-ақ Менің киелі үйіме келіп, оны арамдады. Біліп қой, олар Менің киелі үйімде осылай істеген! 40 (Ей, опасыз әйелдер!) Сендер тіпті алыстан еркектерді шақыртып, олар да келді. Солар үшін суға түсіп, жуынып, көздеріңді бояп, асыл әшекейлеріңді тағып алдыңдар. 41 Керемет әдемі төсектің үстіне отырып, алдыңа дастарқан жайып, үстіне Маған тиісті хош иісті заттарым мен зәйтүн майын қойдың. 42 Әйелдің жанынан дырду салған алаңсыз тобырдың даусы естілетін еді. Олар шөл даладан әкелінген маскүнемдер болатын. Солар осы опасыз екі әйелдің қолдарына білезік салып, бастарына әдемі тәж кигізді. 43 Сонда Мен неке адалдығын бұзып, қартайып қалжыраған сондай әйел туралы былай дедім: Еркектер бұған жезөкшедей қарасын, өйткені ол соның нағыз өзі! 44 Олар жезөкше әйелге барғандай оған да барды. Сол еркектер әдепсіз екі әйелге, Охола мен Охолибаға, барып, олармен азғындық жасады. 45 Бірақ әділ адамдар солардың екеуіне де неке адалдығын бұзған және кісі өлтіріп қан төккен әйелдерге тиісті жазаны кеседі. Себебі олар неке адалдығын бұзған әрі қолдары қанға малынған. 46 Сонымен Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Қалың қолды жинап алып кел, олар екеуінің зәре-құтын алып, тонасын! 47 Қалың қол екеуін таспен атқылап, семсерлерімен шауып өлтіреді, әрі ұл-қыздарын қырып, үйлерін өртеп жібереді. 48 Осылайша Мен елдегі азғындықты тыямын. Бұл, басқа әйелдерге олар сияқты жеңіл жүріске салынбауға ескерту болмақ. 49 Осылай сендер азғындықтарың мен жалған тәңірлерге табынуларыңның жазасын тартасыңдар! Сонда Менің Жаратушы Тәңір Ие екенімді білетін боласыңдар».
1 (Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) тоғызыншы жылдың оныншы айының оныншы күні Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 2 «Ей, пендем, осы күннің қай күн екенін жазып қой. Бүгін-ақ Бабыл патшасы Иерусалимге шабуыл жасауын бастап жатыр. 3 Осы бас көтергіш халыққа мына астарлы сөзді айтып бер: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Қазанды көтер, суыңды құйып, етіңді ас! 4 Еттің жылы-жұмсағын, саны мен жауырынын, еті мол таңдаулы сүйектерін сал. 5 Отарыңдағы қойдың ең жақсысын таңдап алып, қазаныңның астына отынды үйіп сал. Етті қайнатып, сүйегін де қоса пісір! 6 Өйткені Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Қан төгуші Иерусалим қаласы қасіретке қалады! Ол тот басып, тазартылмаған қазанға ұқсайды. Содан жеребе салмай-ақ, еттің кесектерін біртіндеп түсіріп алып, қазанды бос қалдыр! 7 Себебі қала тұрғындарының төккен қаны әлі де өз ортасында. Олар оны кейін бетін топырақпен жабуға болатындай етіп жерге емес, жалаң жартастың үстіне төкті. 8 Қаһарымды қоздырып, тиісті жазасын тартқызуым үшін Мен қаланың төккен қанын жалаң жартастың үстінде қалдырдым. Енді ол жабылмайды да. — 9 Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: — Қан төгуші бұл қала қасіретке қалады! Мен Өзім оның астына отынды көп қылып үйемін. 10 Иә, отынды мол салып, отты тұтат! Етке дәмдеуіш қосып жақсылап пісіріп қоюландыр, кейін сүйектерін өртеп көмірге айналдыр! 11 Бұдан кейін бос қазанды қайтадан шоқтың үстіне қой да, қоласын қатты қыздыр. Сонда оның ішіндегі лас нәрсесі балқып, тотығы күйіп кетсін. 12 Бірақ осы ауыр жұмыс бекер болды, қазан тіпті оттың күшімен де қалың тотығынан арылмады. 13 (Ей, Иерусалим,) сенің тотығың — өз азғындығың. Мен сені қаншама тазартқым келсе де, сен тазарудан бас тарттың. Сондықтан, Менің қаһарым саған толығымен қанағаттанбайынша, сен тазара алмайсың. 14 Бұны Мен, Жаратқан Ие, кесіп айтамын. Менің әрекет ететін уақытым жетті. Алған бетімнен еш қайтпаймын да, өзіңді еш аяп-мүсіркемеймін де. Жүрген жолдарың мен істеген істеріңе сәйкес саған үкім шығарылады», — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие. 15 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 16 «Ей, пендем, біліп қой, Мен көзіңнің қуанышын өзіңнен бір соққымен-ақ алып қойғалы тұрмын. Алайда оны жоқтап жылап, көз жасыңды төгуіңе болмайды. 17 Қайтыс болған қосағыңды жоқтамай, тек қана үн-түнсіз күңіреніп қайғыр! Азалы дәстүрді ұстанбай-ақ, әдеттегідей басыңа сәлдеңді орап, аяғыңа аяқкиіміңді киіп ал. Сондай-ақ, салт бойынша сақал-мұртыңды қымтап жауып алушы болма, жоқтайтындардың арнайы тамағынан ауыз тиме!» 18 Содан мен таңертең жұртқа Жаратқан Иенің сөзін айтып бердім, ал сол күні кеште әйелім қайтыс болды. Ертеңгісін мен өзіме бұйырылғандардың бәрін де орындадым. 19 Халық менен: — Осы істеп жатқандарыңыздың біз үшін қандай мағынасы бар екенін айтып бермейсіз бе? — деп сұрады. 20 Мен оларға мына жауапты бердім: — Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деген: 21 Исраил халқына хабарымды жеткіз: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Өздерің сондай мақтан тұтып, сүйенетін Менің киелі орным — сендердің көздеріңнің қуанышы, жүректеріңнің аңсары. Алайда Мен сол киелі орнымның арамдануына жол бермекпін. Яһуда елінде қалдырған ұл-қыздарың семсерден қаза табатын болады. 22 Менің пайғамбарымның қазір істеп жатқандарын сол кезде өздерің де істейсіңдер: салт бойынша сақал-мұрттарыңды қымтап жаппай, жоқтайтындардың арнайы тамағынан ауыз тимейтін боласыңдар. 23 Сәлделерің бастарыңда, аяқкиімдерің аяқтарыңда болмақ. Сендер жоқтап жыламай, өз күнәларыңның кесірінен әлсіреп құрып, күңіреніп, бірге қайғырасыңдар. 24 Осылайша Езекиел өздеріңе (болашақтағы оқиғаларды алдын ала білдіретін) ескертуші болмақ. Сендер оның істегендеріндей істеуге тиіс боласыңдар! Осының бәрі орындалғанда, сендер Менің Жаратушы Тәңір Ие екенімді білесіңдер. 25 (Содан соң Жаратқан Ие маған былай деді): «Ей, пендем, Мен олардың көздерінің қуанышы мен салтанаты, жүректерінің аңсары, ең қымбат қазынасы — өздерінің берік қамалын да, әрі өз ұл-қыздарын да олардан алып қойған күні мынадай болады: 26 дәл сол күні Иерусалимнен Бабыл еліндегі сенің алдыңа біреу қашып келіп, болған жайттың бәрін айтып береді. 27 Сол кезде саған қайтадан тіл бітіп, онымен сөйлесесің. Бұдан кейін үн-түнсіз қалмайсың, сөйлей алатын боласың. Сонымен сенің басыңнан өткен бұл жайттар халыққа (болашақ оқиғаларды алдын ала білдіретін) ескерту болмақ. Осылай олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».
1 Бірде Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 2 «Пендем, бет-жүзіңді Аммон еліне қарай бұр да, оларға қарсы мына хабарымды жеткіз: 3 Жаратушы Тәңір Иенің сөзін тыңдаңдар! Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сендер Менің киелі үйім арамданып, Исраил елі күйреп, халқым Яһуда тұтқындалып, жер аударылғанда «Әп, бәлем! Өзіне де сол керек!» деп табалап мазақтадыңдар. 4 Сондықтан біліп қойыңдар, Мен сендерді шығыстағы иен даланы мекендейтін көшпелі тайпалардың меншігіне тапсырамын. Олар араларыңда қостарын тігіп, шатырларын құрып, бекінеді. Сендердің өнімдеріңді жеп, малдарыңның сүтін ішетін болады. 5 Мен Рабба қаласын солардың түйелері жайылатын құла түзге айналдырамын, бүкіл Аммон елі де қой-ешкінің тынығатын қашасы болады. Осылай сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар!» 6 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Ей, Аммон халқы, сен Исраил елін жек көргеннен қолдарыңды шапалақтап, аяқтарыңмен жер тепкілеп, оны табалап күлдің. 7 Сондықтан Мен саған қарсы қолымды созып, сені басқа халықтарға олжа етіп беремін. Осылай Мен сені ұлттардың арасынан аластатып, елдердің сапынан біржола құртып, жоқ қыламын. Содан сен Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың!» 8 Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Моаб пен Сейірдегі халық былай деді: «Міне, қараңдар! Яһуда халқы барлық басқа ұлттар сияқты болыпты!» — 9 Сол себепті Мен Моабтың ел шетіндегі даңқты қалалары: Бет-Ешимот, Бағал-Меон және Кириятаимнан бастап елдің шекараларын осал етемін. 10 Мен Моаб пен Аммонды шығыс тайпаларының қолына табыстаймын. Сондықтан басқа халықтар аммондықтарды ұмытып, естерінен шығаратын болады. 11 Мен Моабқа да үкімін шығарып, жазасын тартқызамын. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады». 12 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Едом халқы Яһуда елінен қаскүнемдікпен кегін алып, ауыр қылмыс жасады. 13 Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Мен Едомға қарсы қолымды созып, оның тұрғындары мен малдарын құртамын. Теманнан Деданға дейін бүкіл халық семсерден қырылып, ел қаңырап бос қалады. 14 Осылайша Мен халқым Исраил арқылы Едомға тиісті жазасын тартқызамын. Исраил мұны Менің ашуым мен қаһарыма сай істейді. Сонда Едом Менің жазалауымның не екенін білетін болады». — Жаратушы Тәңір Ие осыны нық айтады. 15 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Філістірлер жүректерінде сақтап келген кектеріне бола Яһуда халқынан өштерін алып, ежелден келе жатқан қаскүнемдіктеріне сай оның елін құртуға тырысты. 16 Сондықтан да Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мынаны айтамын: Біліп қойыңдар, Мен філістірлерге қарсы қолымды созып, кереттіктерді құртып, теңіз жағалауындағы қалған халықтарды да жоқ қыламын. 17 Мен оларға аяусыз қарымталарын қайтарып, қаһарымды төгіп, жазаларын тартқызамын. Осылай істеген кезімде олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».
1 (Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) он бірінші жылдың бірінші айының бірінші күні Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 2 «Ей, пендем, Тир қаласының халқы Иерусалим жайында келекелеп былай деген еді: «Әп, бәлем! Жақсы болды! Өзіңе де сол керек! Халықтарға апаратын тоғыз жолдың торабында тұрған қала қиратылып, маған жолдар айқара ашылды. Сол қала талқандалып жатқандықтан, енді мен байлыққа кенелемін!» 3 Сондықтан Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мынаны айтамын: Біліп ал, уа, Тир қаласы, Мен саған қарсы шығамын! Теңіздің жағалауға қарай толқындарын жөңкіте айдағанындай, Мен де саған қарсы көптеген халықтарды жөңкіте айдаймын. 4 Олар қала қамалының қабырғаларын қиратып, мұнараларын құлатады. Мен оның қираған орнының топырағын сыпырып тастаймын. Осылай Тир қаласы салынған аралдар қу жартас болып, 5 балықшылар ауларын жаятын теңіздегі орынға айналады. Өйткені Мен осылай деймін, — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие. — Содан Тир бөтен халықтардың олжасы болады. 6 Құрлықтағы қалашықтарының тұрғындары да семсердің жүзінен қырылып құриды. Сонда адамдар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады». 7 Өйткені Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Біліп қойыңдар, Мен солтүстіктен патшалардың ішіндегі ең қуатты патша — Бабыл патшасы Набуходоносорды ат жегілген соғыс күймелері, атты әскері және қалың қолымен бірге алып келмекпін. 8 Ол алдымен сенің құрлықтағы қалашықтарыңды құртады. Сосын мұнаралы қамалыңды айналдыра қоршап дуал жасап, қабырғаларыңның түбіне тас-топырақтан үймектер үйіп, саған қарсы үлкен қалқандарын көтереді. 9 Сосын өзінің қамал бұзар қойдырғыларымен қабырғаларыңды бұзып, айбалталарымен мұнараларыңды құлатады. 10 Оның жылқыларының көп болатыны сонша, солардың көтерген шаңының астында қаласың. Олар қақпаңды қиратып, қалаға басып кіріп келгенде, салт аттылар, соғыс күймелері және арбалардың дүрсілінен қабырғаларың селкілдейтін болады. 11 Оның жылқыларының тұяқтары сенің барлық көшелеріңді таптамақ. Ол халқыңды семсерімен қырып, күш-қуатыңның белгілері құлайды. 12 Жау сенің байлығыңды тонап, тауарларыңды олжалап алады, қабырғаларыңды құлатып, сәулетті үйлеріңді қиратады. Сендегі барлық тас, ағаш және топырақ атаулыны теңізге лақтырып тастайды. 13 Мен сенің әндеріңнің шулы әуенін сап тыямын, ішекті аспаптарыңның үні де ендігәрі естілмейтін болады. 14 Сені жалаң жартасқа айналдырамын, сен балық аулайтын торларды жайып кептіретін жер боласың. Сені енді ешкім қайта тұрғызбайды! Себебі бұны айтып отырған Мен Жаратқан Иемін!» — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. 15 Жаратушы Тәңір Ие Тир қаласына тағы мынаны айтады: «Сен құлап, жаралылар күңіреніп, ортаңда халық қырылып жатқанда мұның шуынан теңіз жағалаулары селкілдемей ме? 16 Сонда теңіз жағалауындағы елдердің барлық әміршілері өз тақтарынан түсіп, шапандарын сыпырып, кестелі киімдерін шешеді. Оларды қорқыныш билеп, ұдайы қалшылдап жерде отыратын болады. Сенің тартқан жазаңнан олар аңтарылып, зәрелері ұшады. 17 Сол әміршілер сен жайлы жоқтау айтып былай дейтін болады: Уа, теңізшілер мекені, әйгілі қала, Күйреп жоқ болып кеттің сен қалай ғана! Халқың теңізді кезіп мықты болатынсың, Жағалау халықтарына үрей туғызатынсың. 18 Ал енді, сен құлаған бұл күні жағалаулар Дірілдеп шайқалып, теңіздегі аралдар Сенің құрып кеткеніңе аңтарылар». 19 Өйткені Жаратушы Тәңір Ие Тир қаласы туралы мынаны да айтады: «Мен сені қиратамын, ешкім тұрмайтын қалалар сияқты етіп тұңғиықты үстіңе шығарамын. Топан су сені басып тастамақ. 20 Сонда Мен сені түпсіз тұңғиыққа түсіп бара жатқандармен бірге ежелде өмір сүріп кеткендердің арасына түсіремін. Сені жер астында, баяғы үйінділердің арасында қалдырамын. Содан сені ешкім мекендемейді, тірілердің жерінде құрметті орын ала алмайсың. 21 Осылай Мен ақырыңды өте қорқынышты қыламын, сен мүлдем құрисың. Сені іздесе де, ешқашан табылмайсың!» — Жаратушы Тәңір Ие осыны кесіп айтады.
1 Жаратқан Ие маған тағы сөзін арнап былай деді: 2 «Ей, пендем, Тирге арнап жоқтау айт. 3 Тир теңізге шығар қақпада билік етіп, көптеген аралдармен және жағалаулардағы халықтармен сауда-саттық жасайтын. Сонымен Тир жайлы былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Уа, Тир, сен өзіңді: «Мен керемет көріктімін!» деген едің. 4 Сенің шекараларың теңіздің ортасына дейін жететін. Сәулетшілерің көркіңді кемеліне келтірді. 5 Сен бір кеме сияқты болдың, тақтайларыңды Хермон тауының қарағайынан дайындады. Діңгегің ливандық самырсыннан болды. 6 Ескектеріңді Башанның емендерінен ойып жасады. Үстіңгі қабатыңның еденін Кипр жағалауынан әкеліп, пілдің сүйегімен әшекейленген кипарис ағашынан төседі. 7 Желкендеріңді мысырлық кестелі бәтестен тікті. Олар жалауың іспетті үстіңде жайқалып тұрды. Үстіңгі шатырың (Кипр аралындағы) Елишаның жағалауларынан әкелінген қою күлгін және күрең қызыл бәтестен жасалды. 8 Ескекшілерің Сидон мен Аруадтан шыққан финикиялықтар, ал епті кеме жүргізушілерің өз шеберлеріңнен еді, уа, Тир қаласы! 9 Кеме түбінің тесік-саңылауын бітеп жөндеу үшін гебалдық тәжірибелі аға шеберлер де өзіңде бар болатын, теңізде жүзетін күллі кемелер саудаласу үшін саған тоқтайтын. 10 Ей, Тир қаласы, парсылар, лүдиялық және либиялық адамдар жасақшы болып сенің қалың қолыңда қызмет ететін. Олар қамалыңның қабырғаларына қалқан-дулығаларын іліп, өзіңе салтанат әперген болатын. 11 Аруадтықтар кіликиялықтармен бірге бар қамал қабырғаларыңның үстінде орналасып, ғамадтықтар мұнараларыңда қызмет атқаратын. Олар қамалыңның қабырғаларын айналдыра іліп қойған қалқан-қорамсақтарымен көркіңді кемеліне жеткізді. 12 Сен әр түрлі тауарларға бай болғандықтан Тарсис та сенімен сауда-саттық жасады. Олар тауарларыңды күміс, темір, қалайы және қорғасынға айырбастап сатып алатын. 13 Грекиялық, тұбалдық және мешехтік саудагерлер де өзіңмен саудаласып, тауарларыңа адам басымен және қола бұйымдармен төлейтін. 14 Бет-Тоғарма алып келген жұмыс жылқыларын, шайқаста мінетін аттарын және қашырларын сенің тауарларыңмен алмастыратын. 15 Өзіңмен дедандықтар да сауда-саттық жасайтын, көптеген басқа аралдар мен жағалау елдері де сенімен тауарларын айырбастайтын. Олар саған төлем ретінде пілдің азу сүйегі мен қара ағаш әкелетін. 16 Бұйымдарың ағыл-тегіл мол болғандықтан, Арама елі де сенімен алыс-беріс жасайтын. Олар тауарларыңды зүбәржат, інжу-маржан, лағыл іспетті асыл тастар және күрең қызыл, кестелі не ақ бәтес маталар беріп, сатып алатын. 17 Яһуда мен Исраил елдері де өзіңмен саудаласатын. Тауарларыңа олардың беретіні — (Аммон елінен әкелінген) миниттік бидай, тәтті тағамдар, бал, зәйтүн майы және май дәрі болатын. 18 Бұйымдарың ағыл-тегіл мол әрі байлығың зор болғандықтан Дамаск қаласы саған хелбондық шарап және ақшыл жүн әкеліп, сауда-саттық жасайтын. 19 Узалдан дандықтар мен гректер де келіп, сенің тауарларыңның орнына қақталған темір, дәмқабық ағашының кептірілген гүлдерін және хош иісті құрақ беретін. 20 Дедан шұратының саудагерлері мініс малына арналған ер-тоқымдық матамен сауда жасайтын. 21 Сен Арабиямен және Қидардың барлық әміршілерімен де саудаласып, олардан тоқты, қошқар, ешкі сатып алатынсың. 22 Сәба мен Рахаманың саудагерлері де сенімен сауда-саттық жасасты. Олар тауарларыңа ең сапалы дәмдеуіштерін, асыл тастары мен алтынын алып келетін. 23 (Арамадағы) Харан, Хане, Еден қалалары және Сәбаның, Ассур мен Хилмадтың саудагерлері де өзіңмен алыс-беріс жасайтын. 24 Сенің базарыңда олар қымбат, сәнді шапандар, көк, қою күлгін және кестелі маталармен, әрі баулары берік иіріліп, тығыз байланған түрлі түсті кілемдермен сауда-саттық жасайтын. 25 Алып сауда кемелері тауарларыңды басқа жақтарға жеткізетін. Осылайша теңіздегі аралда орналасқан сен байлыққа кенелдің де, даңқың кеңінен жайылды. 26 Ескекшілерің сені ашық теңізге алып шығатын. Ал енді шығыстан соққан «дауылды жел» теңіздегі сені қиратпақ. 27 Бар байлығың, тауарларың мен бұйымдарың, теңізшілерің мен кеме бастықтарың, тесік-саңылауларды бітеп жөндеуші шеберлерің, саудагерлерің және барлық жасақшыларың өзіңде болғандардың бәрімен бірге талқаның шыққан күні теңіз түбіне кетіп құриды. 28 Кеме басқарушыларыңның айқайынан тіпті жағалаудағы дала да сілкінбек. 29 Күллі ескекшілер де кемелерін тастап кетіп, теңізшілер мен кеме басқарушылары да жағада тұрып, 30 сені ойлап бар дауыспен зар еңіреп, жоқтау айтып ащы көз жастарын төгеді. Олар бастарына топырақ шашып, қатты қайғырып күлге аунайды, 31 әрі сені жоқтап шаштарын тақырлап алып тастап, азалы киім киеді. Содан олар жүректері сыздап, зар еңіреп жылап, 32 сен үшін былай деп жоқтау айтатын болады: — Теңіз ортасындағы Тир сияқты үні өшкен қала болды ма екен, сірә? 33 Тауарларың теңіздің ар жағынан келгенде, көптеген халықты қамтамасыз еттің. Өзіңнің мол байлығыңмен, саудаңмен әлемдегі патшаларды байытатын едің. 34 Ал енді сен теңізде ойрандалып, тұңғиыққа шөгіп жоғалдың. Барлық тауарларың мен адамдарың өзіңмен бірге суға батып кетті. 35 Аралдар мен жағалаудағы елдердің бәрі саған қарап аңтарылып, жандары түршігеді. Олардың патшаларының зәре-құты қалмай, өңдері қашқан. 36 Басқа ұлттардың саудагерлері саған қарап мазақтап ысқырады. Себебі сен қорқынышты күйреуге ұшырап, бұдан былай еш болмайсың».
1 Бұдан кейін Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 2 «Пендем, Тирдің әміршісіне мына хабарымды жеткіз: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Жүрегің мейлінше асқақтап сен өзің туралы: «Мен тәңірмін, теңіз ортасындағы тәңір тағында отырмын!» дейсің. Өзіңді тәңірмін деп сезінесің, бірақ сен Құдай емес, жай ғана пендесің! 3 Әрине, сен Даниялдан да дана екенсің. Саған беймәлім бірде-бір құпия жоқ екен. 4 Өзіңнің даналығың мен ақыл-парасатың арқылы байлыққа қол жеткізіп, қазына қоймаларыңа алтын-күмісті молынан жинап алыпсың. 5 Расында да сауданы жетік білуіңмен сен байлық-дәулет пен күш-қуатыңды нығайттың. Содан да жүрегің мейлінше менменсіп кетті». 6 Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Өзіңді тәңір іспетті данамын деп санайтындығыңнан, 7 біліп қой: Мен саған қарсы жат жерліктерді, халықтардың арасындағы ең қатыгезін жіберемін. Олар сенің көрікті даналығыңды семсерлерімен шауып, нұрлы салтанатыңды аяқ асты етіп арамдайды. 8 Сөйтіп сені о дүниеге тастайды. Теңіздің ортасында арам өліммен құрисың! 9 Өзіңді өлтіруге келгендердің алдында «Мен тәңірмін!» деп айтасың ба сонда? Өлтірушілеріңнің қолына түскенде сен тәңір емес, жай ғана пенде боласың ғой. 10 Сонда сүндеттелмеген жат жерліктердің қолынан арам өлесің. Мен осыны нық айтамын», — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. 11 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 12 «Ей, пендем, Тир патшасын жоқтап, оған былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сен даналыққа кенелген, мінсіз келбетті әрі кемелділіктің үлгісі болатынсың. 13 Сен Едемде, Құдайдың пейіш бағында болыпсың. Үстіңдегі киімің рубин, топаз, алмас, зүбәржат, оникс, яспис, сапфир, лағыл, изумруд сияқты әр түрлі асыл тастармен безендіріліпті. Жиектемелерің мен қондырғыларыңның бәрі алтыннан жасалыпты. Олар сен жаратылған күні дайындалған болатын. 14 Мен сені қанаттарын жайған (керуб атты) күзетші періштемен бірге орналастырдым. Құдайдың қасиетті тауында оттай жарқылдаған асыл тастардың арасында жүретін едің. 15 Сен жаратылған күніңнен бастап жүріс-тұрысыңда кінәратсыз болып келдің. Алайда бір күні өзіңнен әділетсіздік табылды. 16 Саудаңның молдығынан зорлық жасауға әбден салынып, күнәға баттың. Сондықтан Мен сені арамданған деп санап, Құдайдың тауынан лақтырып тастадым. Күзетші періште (керуб) сені оттай жарқылдаған асыл тастардың арасынан аластатып қуды. 17 Өйткені әсем келбетіңнен асқақтап кеткен едің. Нұрлы салтанатыңа салынғаныңа бола даналығыңды бүлдірдің. Содан Мен сені жерге, басқа патшалардың алдына лақтырдым, олар саған қызыға қарайтын болды. 18 Саудаңды әділетсіз жасап, көптеген қылмыстарыңмен ғибадатханаларыңды арамдадың. Сондықтан Мен ортаңнан от шығарып, ол сені жалмап қояды. Осылай Мен өзіңе қарап тұрғандардың көзінше сені күлге айналдырып, құртатын боламын. 19 Халықтардың арасындағы өзіңді білетіндер саған қарап аңтарылып, жандары түршігетін болады. Сен өте қорқынышты апатқа тап болып, енді қайтып болмайсың!» 20 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 21 «Пендем, бет-жүзіңді Сидон қаласына қарай бұр да, оған қарсы Менің хабарымды жариялап 22 былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Біліп ал, ей, Сидон, Мен саған қарсы шығамын! Сенің араңда құрмет-даңқым шығатын болады! Саған шығарған үкімімді жүзеге асырып, Өзімнің киелілігімді аян еткенімде, соны көргендердің бәрі Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады. 23 Себебі Мен Сидонға жұқпалы індет пен қантөгіс жіберемін, сонда көшелерінде қан судай ағатын болады. Семсерлі жау Сидонға жан-жақтан тап беріп, тұрғындары қаланың ортасында шабылып, құлап жатады. Мұны көргендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады». 24 «Бұдан былай айналасындағы көршілері Исраил халқына менсінбей қарамайды, әрі жаңқадай қадалып, өткір тікендей ауыртпайды. Өйткені олар Менің Жаратушы Тәңір Ие екенімді түсінетін болады». 25 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Мен Исраил халқын өздері арасына шашырап кеткен елдердің ішінен жинап аламын. Олар арқылы сол халықтардың көзінше Өзімнің киелілігімді жария етемін. Сонда Исраил халқы Мен кезінде қызметшім Жақыпқа уәде еткен елге қайтадан қоныстанатын болады. 26 Олар сол елде еш қауіпсіз тұрып, үйлерін салып, жүзімдіктерін отырғызбақ. Мен оларды жәбірлеген көрші халықтарға шығарған үкімімді жүзеге асырған кезде исраилдіктер аман-есен тұратын болады. Сонда олар өздерінің Құдайы Жаратқан Иенің Мен екенімді түсінеді.
1 (Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) оныншы жылдың оныншы айының он екінші күні Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 2 «Пендем, бет-жүзіңді Мысыр патшасы перғауынға қарай бұр да, оған және бүкіл Мысырға қарсы Менің хабарымды жарияла! 3 Оларға тіл қатып былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Біліп қой, Мен саған қарсы шығамын, ей, Мысыр патшасы перғауын! Сен дәу айдаһардай «Ніл — менікі, мен оны өзім үшін жараттым!» деп бөсіп мақтанасың. 4 Мен сенің жақ сүйегіңе қармақ қадап, өзіңді жағаға тартып, шығарып аламын. Сонда өзен тармақтарындағы барлық балық сенің қабыршақтарыңа жабысып шықпақ. 5 Сөйтіп сені де, өзен тармақтарының балықтарын да шөл далаға лақтырып тастаймын. Сонда сенің ашық далада жатқан денеңді ешкім жерден көтеріп алып, қабірге қоймайтын болады. Сені даладағы жыртқыш аңдар мен аспандағы құстарға жем қыламын. 6 Сонда Мысырдың барлық тұрғындары Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады. Сен Исраил елі үшін қамыс таяқ іспетті қауқарсыз болдың. 7 Исраил сені қолына ұстап сүйенгенде, сен быт-шыт болып, жаңқаланып, оның қолтығына қадалып жарақаттадың. Иә, Исраил өзіңе тіренгенде сен сынып қалдың. Сонда оның буыны шығып кетіп, мертікті». 8 Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Біліп қой, Мен басыңа бір семсерді шүйілтіп, адамдарың мен малдарыңды қырып тастаймын. 9 Осылайша Мысыр елі қаңырап бос қалады. Сонда бұл туралы естігендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады. Сен «Ніл — менікі, мен оны өзім үшін жараттым!» деп бөсіп мақтанғаның үшін 10 біліп қой: Мен саған және Ніл өзенінің тармақтарына қарсы шығамын! Мен солтүстіктегі Миғдол қаласынан бастап, оңтүстіктегі Асуан қаласына, одан әрі Құш елінің шекарасына дейін созылған бүкіл Мысыр елін қаңыратып бос қалдырамын. 11 Не адамның аяғы, не малдың тұяғы оны баспайтын болады. Ол қырық жыл бойы қу дала болып еш тұрғынсыз жатады. 12 Мен Мысырды қаңырап қалған елдердің ішіндегі ең елсіз жер етемін. Қырық жыл бойы оның қалалары қиратылған қалалардың ішіндегі ең бос қалатыны болмақ. Мен мысырлықтарды басқа халықтардың арасына таратып, бөтен елдердің ішіне шашыратып жіберемін». 13 Ал Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Қырық жыл өткеннен кейін Мен мысырлықтарды шашырап жүрген халықтардың арасынан жинап аламын. 14 Оларды қуғындалған жағынан кері әкеліп, атамекендері — оңтүстік Мысыр жаққа қайтарамын. Сол жерде олар әлсіз әрі өзгеге тәуелді бір патшалық құрады, 15 ол патшалықтардың ішіндегі ең әлсізі болады. Енді қайтып Мысыр мықты патшалық болып, өзге халықтардың үстінен үстемдік жүргізе алмайды. 16 Бұдай былай Мысыр Исраилдің сүйенетін тірегі бола алмайды. Қайта, Мысырдың жағдайын көргенде Исраил халқы бұрын сол елден қолдау сұрап күнә жасағанын есіне алып отырады. Сонда олар Менің Жаратушы Тәңір Ие екенімді білетін болады». 17 (Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) жиырма жетінші жылдың бірінші айының бірінші күні Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 18 «Ей, пендем, Бабыл патшасы Набуходоносор өз әскеріне Тирді басып алу үшін аямай еңбек еткізді. Оның әскеріндегі әрбір бас жүк тасудан қажалып, шашы түсіп тақырланды, әрі ауыр еңбектен әрбір иық сүйегіне дейін қажалып, жалаңаштанды. Бірақ оның өзі де, әскері де Тирге қарсы аттанып, сіңірген ауыр еңбектері үшін олжаға түк те алмады». 19 Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтты: «Біліп қойыңдар, Мен Мысыр елін Бабыл патшасы Набуходоносордың қолына тапсырамын. Ол оны тонап, олжалап, мол байлығын иемденіп, алып кетеді. Бұл оның әскеріне арналған ақы болмақ. 20 Мен Мысыр елін Бабыл патшасына істеген еңбегінің сыйы ретінде бердім, өйткені оның өзі және әскері Мен үшін еңбек етті ғой. Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын. 21 Сол кезде Мен Исраил халқына күш-қуат дарытамын. Содан халықтың арасында сенің сөздерің абыройлы болады. Сонда мұны көргендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».
1 Жаратқан Ие маған қайтадан сөзін арнап былай деді: 2 «Ей, пендем, пайғамбарлық сөз айтып былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Әттеген-ай, сол күні қасіретке қалатын болдық-ау!» деп қатты қайғырып жылаңдар! 3 Өйткені сол күн жақындап қалды. Иә, Жаратқан Иенің (жазалайтын) күні таяп қалды! Бұл күн қою бұлттардың күні, ұлттардың түңілетін күні болмақ. 4 Семсер Мысырға тап бермек, Құш елін де зор үрей билемек. Мысырда халық қырылып, оның мол байлығы тасып әкетіліп, түп негіздері қиратылмақ. 5 Құш, Либия, Лүдия, күллі арабтар, Хуб, әрі келісім жасасқан одақтас жердің бүкіл халқы олармен бірге семсерден қаза табады. 6 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Мысырды қолдайтындар құлап, оның асқақ қуаты құлдырайды. Солтүстіктегі Миғдолдан оңтүстіктегі Асуанға дейін созылатын бүкіл Мысыр елі семсерден қырылатын болады. Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын. 7 Мысыр қаңырап қалған елдердің арасындағы ең елсізі, әрі оның қалалары қираған қалалардың ішіндегі ең бос жататыны болады. 8 Мен Мысырға от қойып, оны қолдаушылардың барлығы күйрегенде, бұл туралы естігендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады. 9 Сол кезде Мен бейқам отырған Құш елін қорқытып, зәресін ұшыруға қайықтарға мінген елшілерді жіберемін. Мысыр күйреген күні олар аңтарылып, қатты үрейленеді. Өйткені осы күн, міне, таяп қалды!» 10 Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Мен Мысырдың шулы халқын Бабыл патшасы Набуходоносордың қолымен жойып құртамын. 11 Оның өзі және әскері — барлық халықтардың арасындағы ең қатыгезі Мысыр елін құртуға келтіріледі. Олар қынаптарынан семсерлерін Мысырға қарсы шығарып, бүкіл елді өлгендердің сүйектерімен толтырады. 12 Мен Ніл өзенінің тармақтарын құрғатып, елді зұлым адамдарға сатып жіберемін. Жат жерліктердің қолымен бүкіл елді, онда бардың бәрін құртып қаңыратамын. Мен, Жаратқан Ие, осыны айтамын». 13 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны да айтады: «Мен Мемфис қаласында орналасқан жалған тәңірлердің діңгек тәрізді мүсіндерін құртып, түкке тұрғысыз өзге тәңір бейнелерін де қиратамын. Мысыр елінде енді мысырлық әмірші болмайды. Мен бүкіл Мысыр еліне үрей қаптатамын. 14 Оңтүстік Мысырды елсіз жерге айналдырып, (солтүстік Мысырдағы) Соған қаласына от қоямын, әрі Но қаласына жазаларымды жүзеге асырамын. 15 Өз қаһарымды Мысырдың шекарасындағы күшті қамал — Син қорғанына төгіп, Но қаласының көп халқын да жоқ қыламын. 16 Мен Мысыр еліне «от қоямын». Сонда Син қаласы жаны қиналып жанталасады, Но шабуылдан күйреп қолға түседі. Мемфиске жау күн сайын бас салады. 17 Он мен Бубаст қалаларының жас жігіттері семсерден қаза табады, ал қыз-келіншектері тұтқынға алынып, айдалып кетеді. 18 Мен Мысырдың билігін жойғанда, Тахпанхес қаласына да қара күн туып, ол асқақ қуатынан жұрдай болады. Бұл қаланы түнерген бұлт жауып, оған қарасты елді мекендерінің тұрғындары тұтқындалып айдалып кетеді. 19 Мен Мысырға шығарған үкімімді осылай жүзеге асырамын. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады». 20 (Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) он бірінші жылдың бірінші айының жетінші күні Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 21 «Пендем, Мен Мысыр патшасы перғауынның қолын сындырған едім. Ал оның қолын ешкім таңбапты, әрі қолын нығайтып, семсерді қайта ұстай алатындай қылып емдемепті. 22 Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен Мысыр патшасы перғауынға қарсы шығамын. Оның екі қолын: сау қолын да, сынған қолын да сындырамын. Осылайша оның қолынан семсерін жерге түсіріп тастаймын. 23 Мысырлықтарды басқа ұлттардың арасына таратып, бөтен елдердің ішіне шашыратып жіберемін! 24 Мен Бабыл патшасының қолдарын күшейтіп, оның қолына өз семсерімді ұстатамын, ал перғауынның қолдарын сындырамын. Ол Бабыл патшасының алдында өлімші болып жараланған адамдай ыңырситын болады. 25 Осылай Мен Бабыл патшасының қолын күшейтемін, бірақ перғауынның қолы әлсіреп, жасық болады. Мен семсерімді Бабыл патшасының қолына ұстатып, ол соны Мысыр еліне қарсы жұмсағанда, олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады. 26 Мен мысырлықтарды басқа ұлттардың арасына таратып, бөтен елдердің ішіне шашыратып жіберемін. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».
1 (Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) он бірінші жылдың үшінші айының бірінші күні Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 2 «Ей, пендем, Мысыр патшасы перғауынға және оның шулы әскеріне мынаны жеткіз: Сенің ұлылығыңмен кім теңесе алады? 3 Ассур патшалығына назар сал! Ол да Ливандағы заңғар биік, төбесі тіпті бұлттарға дейін жететін самырсын іспетті болған еді. Оның көрікті бұтақтары орманды жауып тұратын. 4 Өзендер оған ылғалын беріп, терең су көздері оны биік қылып өсірді. Оның отырғызылған жерін өзендер айналдыра ағып, ормандағы барлық ағаштарға да тармақтарын бағыттап жіберді. 5 Осылайша сол самырсын өте зәулім болып өсіп, айналасындағы бүкіл ағаштардан да биік болып кетті. Оның суы мол болғандықтан, өркендері ұзарып, жайыла өсе берді. 6 Әуеде ұшатын құстардың бәрі осы самырсынның бұтақтарына ұяларын салып, оның көлеңкесінде күллі аңдар төлдерін өрбітетін. Демек, оның саясын бүкіл үлкен ұлттар паналап тұрды. 7 Осылайша сол ағаш өзінің жайыла өскен бұтақтарымен керемет көрікті болатын, өйткені оның тамырлары тереңдегі мол суға жететін. 8 Құдайдың бағындағы өзге самырсындар онымен теңесе алмас еді, қарағайлардың бұтақтарын да онікімен салыстыруға болмайтын. Оның бұтақшаларымен салыстырғанда шынар ағаштары түк емес болатын. Құдайдың бағындағы ешбір ағаштың көркі онікіне тең келе алмас еді. 9 Мен сол самырсынға көптеген бұтақ беріп, оны соншама көрікті қылдым. Құдайдың Едем бағында өскен барлық басқа ағаштар оны қызғанатын. 10 Ал енді, Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Осы самырсын ағашы заңғар биік боп өсіп, төбесі тіпті бұлттарға дейін жетіп, өзінің биіктігіне тәкаппарланып кетті. 11 Сондықтан да Мен оны халықтардың әміршісіне тапсырдым, ол самырсынға зұлымдығына сай шара қолданды. Мен сол ағашты лақтырып тастадым. 12 Ұлттардың ішіндегі ең айбынды шетелдіктер оны шауып құлатып, тастап кетті. Ағаштың сынып қалған бұтақтары елдің барлық таулары мен сай-салаларында, өзен тармақтарында шашылып жатты, ал жердегі күллі ұлттар оның саясын тастап, кетіп қалды. 13 Оның қалдығына аспандағы барлық жыртқыш құстар қонып, бұтақтарына даладағы аңдар өрмеледі. 14 Сонымен су бойында өсіп, төбесі бұлттарға дейін жетсе де, ешбір «ағаш» заңғар боп асқақтап кетпесін! Себебі пенделердің бәріне де ажал төніп, ақыр соңында олар ең қарапайымдармен бірге қабірге түседі». 15 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Ассур о дүниеге аттанған күні Мен тұңғиықтың өзін ол туралы қайғыратын қылып, оны жауып тастадым; жер асты суларын ақпайтын етіп, ағыл-тегіл сарқыраған бұлақтарды тоқтатып қойдым. Ассурға бола Ливанды қара түнекпен жаптым, әрі даладағы ағаштар қурап қалды. 16 Мен Ассурды о дүниеге кететін өзгелермен бірге сонда аттандырғанда, Ассурдың құлаған даусымен басқа ұлттарды дірілдеттім. Сонда Едемнің барлық ағаштары, тіпті Ливанның ең таңдаулы, ең жақсылары әрі молынан суарылған сол ағаштардың барлығы да о дүниеде жұбаныш тапты. 17 Ассурдың саясында өмір сүрген одақтас ұлттар да құрыды. Олар да семсерден қаза тапқандарға қосылып, Ассурмен бірге о дүниеге түсті. 18 Уа, Мысыр, Едемнің ағаштарының қайсысының ұлылығы мен салтанаты сенікіне тең келе алады? Алайда сен де Едемнің ағаштарымен бірге о дүниеге түсірілесің! Сен сүндеттелмегендердің әрі семсерден қаза тапқандардың арасында жататын боласың. Перғауын мен оның шулы әскерінің тағдыры осы болмақ!» — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие.
1 (Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) он екінші жылдың, он екінші айының бірінші күні Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 2 «Пендем, Мысыр патшасы перғауынды жоқтап былай де: Өзіңді ұлттардың арасындағы жас арыстандай көресің, ал шынында теңіздегі айдаһарға ұқсайсың. Еліңдегі өзен тармақтарында әрлі-берлі шапқылап жүресің, аяқтарыңмен суды сабалап, лайлайсың». 3 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Енді Мен көп халықтарды сенің үстіңе ауымды тастауға жіберемін. Олар сені сол аумен судан тартып шығарып алады. 4 Осылайша сені жерге лақтырып, ашық далаға тастаймын. Аспандағы барлық жыртқыш құстарды саған қондырамын, түздің жыртқыш аңдарының бәріне де денеңді жем қыламын. 5 Сенің етіңді тауларға шашып, аңғарларды да қалдықтарыңмен толтырамын. 6 Мен жерді тауларға дейін аққан қаныңмен қандырамын, әрі сай-салалар да қалдықтарыңмен толып кетеді. 7 Сені жоқ қылғаннан кейін Мен аспанды жауып тастаймын. Ондағы жұлдыздарды түнертіп, күнді де бұлтпен жауып қоямын. Ай да сәуле шашуын доғарады. 8 Аспандағы барлық жарық көздерін сенің үстіңде қараңғы қылып, еліңе қара түнек орнатамын». — Жаратушы Тәңір Ие осыны нық айтады. 9 «Өзіңе беймәлім елдердің арасына да сенің жойылғаныңды жария қылғанымда көптеген халықтардың жүректерін қорқынышпен қобалжытамын. 10 Осылайша көп ұлттарды саған аңтарылып, үрейлене қарайтын қыламын. Мен олардың патшаларының алдында семсерімді сілтегенде, олар саған қарап төбе шаштары тік тұратын болады. Сен күйреген кезде олардың әрқайсысы әр сәт сайын өз өмірі үшін дір-дір ететін болады. 11 Өйткені Мен, Жаратушы Тәңір Ие, тағы мынаны айтамын: Бабыл патшасының семсері саған сілтенбек. 12 Мен сенің қалың әскеріңді мықты жасақшылардың семсерлерінен қаза таптырамын. Халықтардың ішіндегі ең қатыгездері, олар, Мысырдың тәкаппарлығынан түк қалдырмайды. Сонда осы елдің қалың әскері түгелдей қырылады. 13 Мен Мысырдың көптеген өзен тармақтарының бойында жайылатын барлық малдарын құртамын. Енді қайтып не адам аяғы, не мал тұяғы олардың суын лайламайтын болады. 14 Сөйтіп Мен өзендердің суын тұндырып, оларды зәйтүн майындай бірқалыпты ағатын етемін, — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие. — 15 Осылайша Мен Мысыр елін қаңыратып, онда тұратындардың барлығын құртып, бүкіл елді өзіндегі барынан айырамын. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады. 16 Бұл жоқтау Мысыр туралы айтылмақ. Ұлттардың қыздары оны Мысыр мен оның шулы әскері жайлы айтатын болады», — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие. 17 (Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) он екінші жылдың он екінші айының он бесі күні Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 18 «Пендем, Мысырдың қалың әскері туралы жоқтау айт! Оларды да, үлкен халықтардың қыздарын да о дүниеге түсіріп, тұңғиықтың түбіне аттанып бара жатқандармен бірге лақтырып таста! 19 Оларға былай де: «Ей, Мысыр, сенің көркің басқалардікінен асқан ба? Жоқ, төмен түс те, әділетсіздермен бірге жатып тыныштал!» 20 Мысырлықтар семсерден қаза тапқан көптеген адамдардың арасында о дүниеге түсетін болады, өйткені семсер оларға қарсы суырылған. Мысыр халқы оның қалың әскерімен бірге сол жаққа сүйретіліп әкетілмек. 21 О дүниенің ортасынан ең мықты батырлар Мысырға және оны қолдаған одақтастарына таңырқап былай демек: «Пай-пай, олар төмен түсіп, әділетсіздермен әрі семсерден қаза тапқандармен бірге тыныш жатыр екен!» 22 Ассур да өзінің семсерден қаза тапқан бүкіл әскерімен бірге сонда. Олардың көрлері оны қоршап, 23 о дүниенің ең шалғай бөліктерінде орналасқан. Осылайша Ассурдың жасақшылары оның қабірінің айналасында жатыр. Солардың бәрі тірі кездерінде өзгелерге қорқыныш сепкендер, әрі семсерден қырылып мерт болғандар. 24 Елам да сонда жатыр, қалың қолы да оның қабірінің айналасында. Барлығы да семсерден қырылып мерт болғандар, о дүниеге сүндеттелмеген күйі аттанғандар. Олар тірі кездерінде басқаларға үрей себетін еді, ал енді басқа әділетсіздермен бірге масқараланып, көрге түсті. 25 Еламға өзінің қалың қолымен бірге қырылғандардың арасынан төсек дайындалды. Солардың көрлері оның айналасында. Бұлардың бәрі де сүндеттелмегендер, семсерден қырылғандар. Олар тірі кездерінде өзгелерге қорқыныш туғызатын еді. Ал енді көрге түскендермен бірге өз істерінің ұяттарын арқалап, мерт болғандардың ортасына қойылды. 26 Мешех пен Тұбал да сонда жатыр. Олардың қалың қолдарының көрлері Мешех пен Тұбалдың қабірлерінің айналасында. Сол жасақшылардың барлығы да сүндеттелмеген, семсерден мерт болған. Өйткені олар тірі кездерінде өзгелерге үрей туғызатын еді. 27 Олар ежелде қаза тапқан батырлармен бірге жатпайды. Сол батырлар өздерінің қару-жарағымен бірге, семсерлері бастарының астында, қалқандары сүйектерінің үстінде қабірге қойылған. Бірақ едомдықтардың әділетсіздігі олардың мойындарында, өйткені олар мықты жасақшылар болып тірі кездерінде басқаларға қоқан-лоқы жасайтын. 28 Сен де, уа, перғауын, талқандалып, семсерден қаза тапқан әділетсіздердің арасында жататын боласың. 29 Едом да өз патшалары мен әміршілерінің барлығымен бірге сонда болады. Олар кезінде қаншама қуатты болғанмен, семсерден қырылғандармен әрі сүндеттелмеген күйінде көрге түскендермен бірге жатыр. 30 Солтүстіктің күллі әміршілері де, сидондықтар да түгелімен сонда болады. Олар кезінде күш-қуаттарымен қатты үрей туғызғандықтан ұятқа қалады. Олар сүндеттелмеген күйі семсерден қырылғандармен бірге жатыр және көрге түскен басқалармен бірге өздеріне лайықты масқарасын арқалайды. 31 Перғауынның өзі және оның бүкіл әскері солардың бәрін көргенде, өзінің де, қалың қолының да семсерден қырылып мерт болғандарына жұбанады. Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын. 32 Мен перғауынға көзі тірісінде бұ дүниеде үрейін себуге жол бергенмен, енді перғауын мен оның қалың қолы семсерден қырылған сүндеттелмегендермен бірге қойылады», — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие.
1 Бірде Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 2 «Пендем, өз халқыңа тіл қатып былай де: Мен бір елге қарсы жау әскерін келтіргенде, елдің адамдары өз араларынан біреуді таңдап алып, оны күзетші болуға тағайындайды дейік. 3 Күзетші сол елге аттанып келе жатқан жауды көріп, халыққа ескерту үшін керней тартып дабыл қағады. 4 Соған құлақ аспаған әр адам жау келіп, өзін жойғанда өліміне өзі айыпты болады. 5 Сондай адам кернейдің сақтандырған даусын естісе де, оған құлақ асқан жоқ. Сондықтан өз өліміне өзі кінәлі болады. Себебі егер соған құлақ асқан болса, ол жанын сақтап қалған болар еді. 6 Ал егер күзетші жаудың аттанып келе жатқанын көрсе де, халықты сақтандыру үшін керней тартып дабыл қақпаса, әрі жау тап беріп, адамдардың біреуін өлтірсе, онда сол адам өз кінәсі үшін өледі. Бірақ оның төгілген қаны үшін Мен күзетшіні жауапқа тартамын. 7 Сонымен, пендем, Мен сені Исраил халқына күзетші пайғамбар етіп тағайындадым. Сондықтан Менің аузымнан шыққан сөзімді естіген сайын, халыққа Менің атымнан ескерту жаса! 8 Егер Мен зұлым жанға: «Ей, зұлым адам, сен жазаңды тартып сөзсіз өлесің!» деген хабарымды өзің арқылы жіберсем, ал сен оны жаман істері жайлы ескертпесең, онда сол зұлым адам өз күнәсінің жазасын тартып өледі. Бірақ сен оның өліміне кінәлі боласың. Оның төгілген қаны үшін Мен сені жауапқа тартамын. 9 Ал егер сен сол әділетсіз адамға жаман істері жайлы ескертіп, ол бәрібір теріс жолынан қайтпаса, онда ол өз күнәсінің жазасын тартып өледі. Бірақ сен өміріңді сақтап қаласың». 10 «Ал енді, пендем, Исраил халқына былай де: Сендер «Біздің Құдайға бағынбай жасаған заңсыз іс-әрекетіміз және күнәларымыз үстімізден ауыр жүктей басып тұр. Біз солардан езіліп құрып бара жатырмыз. Ендеше қалай өмір сүре аламыз?» деп жүрсіңдер. 11 Оларға былай деп жауап бер: Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп мынаны айтады: Мен зұлымның өлімін емес, оның теріс жолынан қайтып, өмір сүре бергенін қалаймын. Кері бұрылыңдар! Теріс жолдарыңнан қайтыңдар, уа, Исраил халқы! Әйтпесе сендерге өліп не бар?! 12 Ал сен, пендем, өз халқыңа мынаны жеткіз: Егер әділ жан Құдайға қарсы бас көтеріп күнә жасайтын болса, бұрынғы әділдігі енді оны құтқара алмайды. Ал егер зұлым адам өкініп, Құдай жолына түссе, онда ол зұлымдығы үшін тартуға тиісті жазасынан құтылады. Сонымен әділ адам күнәға батқан кезде өзінің бұрынғы әділдігіне сүйеніп өмір сүре алмайды. 13 Сол сияқты, Мен әділ адамға: «Сен шүбәсіз өмір сүре бересің!» десем, бірақ ол өзінің бұрынғы әділдігіне сүйеніп күнә жасауға кіріссе, онда Мен оның әділ істерінің ешқайсысын ескермеймін. Сол адам жасаған әділетсіз істеріне бола өлімге бұйырылады. 14 Алайда Мен зұлым адамға: «Сен шүбәсіз өлесің!» деген соң, ол күнәсін тастап, теріс жолынан қайтып, әділ де ізгі істерді істейтін болады дейік. 15 Мысалы, сол зұлым адам бейшара жаннан кепілге алғанын да, біреуден тонап алғанын да қайтарып береді, әрі Менің шынайы өмірге бастайтын жолымды ұстанып, енді қайтып зұлымдық істемейді дейік. Егер ол солай істейтін болса, онда өлімге бұйырылмай, өмір сүре береді. 16 Бұрын жасаған күнәларының ешқайсысын Мен бұдан былай ескермеймін. Сол адам әділ де ізгі істерді істегендіктен еш шүбәсіз тірі қалады. 17 Алайда сенің халқыңның адамдары: «Тәңір Иенің осылай істегендері әділ емес!» деп шағымданады. Жоқ, керісінше, олардың өздерінің істегендері әділ емес! 18 Егер әділ адам өзінің әділ іс-әрекетінен бас тартып, күнә жасауға кіріссе, онда ол сол үшін өлімге бұйырылады. 19 Ал егер зұлым адам зұлымдықтан бас тартып, әділ де ізгі істерді істейтін болса, онда ол соған сүйеніп өмір сүре береді. 20 Бірақ сендер сонда да: «Тәңір Иенің осылай істегендері әділ емес!» деп қарсылық білдіріп жатырсыңдар. Уа, Исраил халқы, Мен сендердің әрқайсыңа істеген істеріңе сәйкес үкім шығарамын!» 21 (Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) он екінші жылдың оныншы айының бесінші күні Иерусалимнен қашып келген бір кісі маған: «Қала жаудың қолына түсті!» — деген хабарды жеткізді. 22 Мұның алдындағы кеште Жаратқан Иенің рухани құдіреті маған тағы да қонған еді. Әлгі босқын келердің алдында Жаратқан Ие маған сөйлей алатын қабілетімді қайтадан дарытқан болатын. Сондықтан мен енді мылқау болмай, сол кісімен сөйлесе алдым. 23 Кейінірек Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 24 «Пендем, Исраил елінде қалып, қираған қалаларды мекендегендер былай деп жүр: «Ыбырайым осында жалғыз өзі келген еді. Сонда да ол бүкіл елді иемденіп алды. Ал біз көппіз ғой! Сондықтан осы ел, әрине, біздің меншігімізге берілген!» 25 Сол себепті оларға былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сендер етті қанын ағызбай жей бересіңдер, жалған тәңірлерге табынасыңдар, адам қанын төгесіңдер. Сонда елге тұрақты иелік етпексіңдер ме?! 26 Семсерге арқа сүйеп, жексұрын зұлымдық жасайсыңдар! Әрбіреуің көршіңнің әйелімен неке адалдығын бұзасыңдар. Сөйте тұра, сендер елдің тұрақты иелері бола бермексіңдер ме?! 27 Оларға тағы былай де: Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп былай дейді: Елдегі қирап жатқан үйлерде тұрып жатқандар семсерден мерт болады. Айдаланы кезіп жүргендерді жыртқыш аңдарға жем қыламын. Бекіністі жерлер мен үңгірлерде тұрып жатқандар індеттен қырылады. 28 Мен бұл елді қаңыратып, қорқынышты далаға айналдырамын. Оның тәкаппар қуаты мүлдем құриды. Исраилдің таулы жері де қаңырап, олар арқылы ешкім өтпейтін болады. 29 Мен осы елді олардың барлық жексұрын күнәларына бола қаңыратып, қорқынышты далаға айналдырғанымда, олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады. 30 Ал, пендем, өз халқыңның адамдары үйлерінің қабырғалары мен есіктерінің маңында сен туралы былай десіп тұр: «Жүр, Жаратқан Ие не айтты екен, соны біліп келейік!» 31 Сөйтіп олар әдеттегідей саған келіп, Менің халқымның адамы болып алдыңда отырады. Алайда сенің айтқан сөздеріңді тыңдаса да, соларды орындамайды. Олар жағымпаздана сөйлегенде, жүректерінде өздерінің арам пайдаларын ғана ойлап тұрады. 32 Ал сен олар үшін керемет дауыспен махаббат әнін шырқап, аспапта жақсы ойнайтын сияқтысың. Себебі олар айтқандарыңды естиді, бірақ оларды орындамайды. 33 Бұның бәрі жүзеге асқанда — ал ол міндетті түрде жүзеге асады! — олар өздерінің араларында нағыз пайғамбардың бар болғанын білетін болады».
1 Жаратқан Ие маған тағы сөзін арнап былай деді: 2 «Пендем, Исраилдің «отарын бағушы» жетекшілеріне қарсы Менің хабарымды жеткізіп былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Ей, өздерін ғана бағатын Исраилдің бақташылары, сендер қасіретке қаласыңдар! Қойды баққан отарын қамқорлауға міндетті емес пе? 3 Сендер оның майлы сүтін ішіп, жүнінен киім киесіңдер, қоңдыларын сойып жейсіңдер, бірақ отарларыңды дұрыс бақпайсыңдар. 4 Әлсіздерін бордақылап, ауруларын емдемедіңдер, мертіккендерін таңып, қуылып бытырағандарын қайтармадыңдар, жоғалып кеткендерін іздеген де жоқсыңдар. Керісінше, оларға аяусыз, қаталдықпен үстемдік еттіңдер. 5 Қамқорлайтын бағушылары болмағандықтан, Менің қойларым жан-жаққа шашылып, көбі жыртқыш аңдарға жем болды. 6 Осылай отарым күллі тау-төбелер мен биік қырларда бытырап босып кетті. Иә, Өзімнің отарым бүкіл жер бетіне шашырап кетті! Ал оларды іздеп табуға тырысқан ешкім болған жоқ. 7 Сондықтан, ей, бақташылар, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар! 8 Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп былай дейді: Менің отарым өзіне қамқорлық жасайтын бағушысы болмағандықтан тоналып, олжаға айналып, барлық жыртқыш аңдарға жем болды. Иә, Өзім тағайындаған бақташылары адасқан отарымды еш іздеген жоқ! Қайта, олар Менің отарымды емес, өз қара бастарының қамын ғана ойлады. 9 Сондықтан, ей, бақташылар, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар: 10 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Біліп қойыңдар, енді Мен сол бақташыларға қарсы шығамын! Олардан қойларым үшін жауап беруін талап етемін, отарымды енді қайтып оларға баққызбаймын. Сол бағушылардың тек өз бастарының ғана қамын ойлауларын доғартып, қойларымды олардың аранынан арашалап аламын. Осылайша қойларым енді қайтып соларға жем болмайды». 11 Сонымен Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Біліп қойыңдар, енді Мен Өзім қойларымды іздеп, тауып алып, бағамын. 12 Қойшы қамқорлығындағы жайылып, бытырап кеткен қойларына назарын аударып, оларды іздеп, тауып алатынындай, Мен де «қойларымды» іздеп, табамын. Иә, бұлтты да қараңғы күні халқым бытырап кеткен жан-жақтағы барлық жерлерден Мен оны құтқарып аламын. 13 Сонда халқымды өзге халықтардың арасынан қайтарып алып шығып, бөтен елдерден жинап аламын да, еліне алып келемін. Сонда халқымды Исраилдің қыратты жерінде, оның бұлақтарының маңында және елдің күллі қоныстанған аудандарында бағамын. 14 Мен оларды Исраилдің биік тау-төбелеріндегі құнарлы жайылымдарда жайып жүремін. Сонда олар шұрайлы өрістерде оттап тынығып, Исраилдің қырат-қырқаларындағы шөбі шүйгін жайлауларда жайылып жүреді. 15 Мен Өзім қойларымды бағамын әрі дем алдырып тынықтырамын, — деп уәде береді Жаратушы Тәңір Ие. — 16 Мен жоғалғандарын іздеп, адасқандарын қайтарып алып келетін боламын. Мертіккендерін байлап-таңып, әлсіздерін күшейтемін. Бірақ қоңдылары мен қуаттыларын бақылап, (бағынбайтындарын) жоямын. Осылайша отарымды әділдікпен бағатын боламын. 17 Ал, «отарым», Мен, Жаратушы Тәңір Ие, сендерге мынаны айтамын: Біліп қойыңдар, Мен «отарымдағы екі қойдың және қошқар мен текенің» арасындағы дауларға әділ шешім шығарамын. 18 Шұрайлы жайылымда жайылып жүргендеріңнің өзі сендерге шынымен азшылық ете ме? Ендеше неге жайылымның қалғанын тұяқтарыңмен таптайсыңдар?! Таза су ішіп жүргендерің сендерге аз ба? Ендеше неге судың қалғанын аяқтарыңмен лайлайсыңдар?! 19 Неліктен Менің «отарым» сендер тұяқтарыңмен таптаған шөпті жеп, лайлаған суды ішулері керек?! 20 Сондықтан Мен, Жаратушы Тәңір Ие, оларға мынаны айтамын: Біліп қойыңдар, Мен Өзім қоңды қой мен арық қойдың арасына әділ шешім шығарамын. 21 Сендер әлсіздердің барлығын бүйірлеріңмен, иықтарыңмен итергіштеп, мүйіздеріңмен сүзгіледіңдер. Содан оларды отардан сырт бытыратып, қуып жібердіңдер. 22 Сондықтан Мен «отарымды» құтқарамын. Олар енді қайтып ешкімнің олжасы болмайды. «Отарымдағы екі қойдың» арасындағы дауға Өзім әділ шешім шығарамын. 23 Және олардың үстінен бір бақташыны, өз қызметшім Дәуітті, тағайындаймын. Ол солардың жайып, қамқорлайтын бағушысы болады. 24 Мен, Жаратқан Ие, олардың Құдайы, ал қызметшім Дәуіт олардың арасындағы әмірші болады. Өзім, Жаратқан Ие, осыны уәде етемін. 25 Мен олармен амандық пен тыныштық туралы Келісім жасап, елден жыртқыш аң атаулыны жоямын. Сонда олар айдалада бейқам тұрып, тіпті орман ішінде алаңсыз ұйықтай алатын болады. 26 Осылайша оларды да, Өзіме бағышталған Сион тауының айналасындағы жерлерді де жарылқаймын. Мен жаңбырларды мезгілінде жіберемін, олар жарылқау әкелетін жаңбыр болады. 27 Даладағы ағаштар өз жемісін, жер өз өнімін бермек. Сөйтіп халық елде аман-есен тұратын болады. Мен халқымның мойнына салынған мойынтұрықты сындырып, өздерін құл қылғандардың үстемдігінен құтқарамын. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады. 28 Халқым енді қайтып өзге халықтарға олжа болмайды, елдің жыртқыш аңдары да оларды жалмамайды. Халық қауіпсіз өмір сүріп, ешкім оларды қорқытпайтын болады. 29 Мен оларға керемет құнарлы егістіктерді сыйлап, енді қайтып олар елде аштықтан қырылмайды. Осылайша бұдан былай өзге халықтардың табасына ұшырамайды да. 30 Сонда олар Менің өздерінің Құдайы Жаратқан Ие екенімді, әрі жар болып олармен бірге екенімді, ал өздерінің, яғни Исраил халқының, Менің халқым екенін білетін болады», — деп уәде етеді Жаратушы Тәңір Ие. 31 «Осылайша сендер Менің жайылымымда бағып жүрген «отарым» — адамдарымсыңдар, ал Мен сендердің Құдайларыңмын!» — Жаратушы Тәңір Ие осыны нық айтады.
1 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 2 «Пендем, бет-жүзіңді Сейір тауына қарай бұр да, оған қарсы Менің хабарымды жариялап былай де: 3 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Ей, Сейір тауы, Мен өзіңе қарсы шығамын! Саған қарсы қолымды созып, сені қаңыратып, елсіз қалдырамын. 4 Қалаларың қиратылып, өзің қаңырап бос қаласың. Сонда сен Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың. 5 Сен қаскүнем пиғылыңнан арылмай, Исраил халқының басына күн туып, зұлымдығы жазаланатын ақырғы сағаты соққанда, оларды семсерден қырылуға тастап кеттің. 6 Сол себептен мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп былай дейді: Мен сені қантөгіске үкімдеймін де, бұдан былай ол сенің қыр соңыңнан қалмай қояды. Сен қантөгісті еш жек көрмегендіктен, ол сені өкшелейтін болады. 7 Мен Сейір тауын қиратып, қаңыратамын. Енді одан қашып кетіп, не қайтып келетіндердің бәрін құртамын. 8 Таулы жеріңді өліктермен жауып тастаймын. Адамдар сенің қырат-қырқаларыңда, аңғарларың мен барлық сай-салаларыңда семсерден қырылатын болады. 9 Өзіңді ұдайы қаңыратып бос қалдырамын, қалаларыңды енді қайтып ешкім мекендемейтін болады. Осылайша сен Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың. 10 Сен: «Осы екі ел — Яһуда мен Исраилдің халықтары да, жерлері де менікі болады. Оларды иемденіп аламын!» деген болатынсың. Ал Мен, Жаратқан Ие, сол жерде болдым ғой! 11 Сондықтан өз атыммен ант етемін, — дейді мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие. — Мен сені оларды сондай жек көріп, ашу-ыза мен қызғанышқа салынғандығыңа сай жазалаймын. Саған істегендерім арқылы Мен Өзімді халқыма танытамын. 12 Сонда сен Менің, Жаратқан Иенің, Исраилдің тауларына қарсы айтқан сенің барлық қорлау сөздеріңді естігенімді білетін боласың. Сен: «Олар қаңырап бос қалып, маған жалмап қоюға берілді» деп оларды табаладың ғой. 13 Оның үстіне Менің көз алдымда мақтанып, еш шімірікпестен Маған қарсы сөздеріңді көбейттің. Мен соларыңды да естідім!» 14 Сонымен Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Бүкіл жер шат-шадыман болып жатқанда, Мен сені қаңыратып бос қалдырамын! 15 Исраил халқының мұралық жері қаңырап бос қалғанда сен қуанған едің. Енді Мен де саған дәл солай істеймін. Сен қаңырап бос қаласың, ей, Сейір тауы, әрі бүкіл Едом елі! Сонда бәрі де Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».
1 «Ал енді, пендем, Исраилдің тауларына хабарымды жеткізіп былай де: Уа, Исраилдегі таулар, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар! 2 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Жау сендер туралы: «Әп, бәлем, өздеріңе сол керек! Сол ежелгі қырат-қырқалар да иелігімізге көшті!» деп табалаған еді. 3 Сондықтан былай деп Менің хабарымды жеткіз: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Олар сендерді қаңыратып бос қалдырып, жан-жақтан бас салып жаншып тастаған еді. Сендер өзге халықтардың меншігіне айналып, олардың мазағы мен зұлым өсегіне қалдыңдар. 4 Сол себептен тыңдаңдар, уа, Исраилдің таулары! Жаратушы Тәңір Иенің мына сөзіне құлақ түріңдер: Жаратушы Тәңір Ие айналадағы басқа халықтарға олжа болып, олардың мазағына айналған Исраилдің тау-төбелеріне, сай-салалары мен аңғарларына, қаңыраған далалары мен елсіз қалған қалаларына сөзін арнайды. 5 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Бүкіл Едом халқы мен қалған басқа ұлттар Менің меншікті жерімді қатты қуанып, қорлап тартып алып, талан-таражға салды. Сондықтан Мен лаулаған ашуыммен оларға қарсы сөйледім. 6 Сол себептен Исраил елі туралы хабарымды жеткізіп, оның тау-төбелеріне, сай-салалары мен аңғарларына былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Біліп қойыңдар, сендер басқа ұлттардың масқаралауынан зардап шеккендіктен Мен лаулаған ашу-ызамен сөйлеймін!» 7 Ендеше Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Сендердің айналаларыңдағы басқа ұлттардың өздері де масқара болады! Осыны салтанатты түрде ант етіп айтамын. 8 Ал сендер, Исраилдегі таулар, енді беткейлеріңдегі ағаш-бұталарыңның бұтақтарын жан-жаққа жайып өсіріп, Менің халқым Исраил үшін жемістеріңді молынан бересіңдер. Өйткені халқым жақында еліне қайтады! 9 Біліп қойыңдар, Мен сендерге назар аударып, қамдарыңды ойлаймын. Жерлерің қайтадан өңделіп, оған егін егілмек. 10 Мен өздеріңдегі адамдарды, бүкіл Исраил халқын, көбейтемін. Қалаларға тұрғындар қоныстанып, қаңыраған жерлерге қайтадан үйлер салынбақ. 11 Мен өздеріңдегі халыққа қоса мал санын да молайтамын, олар өсіп-өніп, көбейетін болады. Сөйтіп Мен сендерге баяғы замандағыдай адамдарды қоныстандырып, өздеріңді бұрынғыдан да бетер өркендетемін. Сонда Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар. 12 (Уа, Исраилдегі таулар) осылайша Мен қайтадан өздеріңде адамдарды, яғни өз халқым Исраилді, аяқ басып жүретін қыламын. Олар сендерді иемденіп, өз мұралық жерлері етеді. Енді қайтып сендер халқымды ұрпақтарынан айырмайтын боласыңдар. 13 Иә, Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны да айтады: Біреулер сендерді: «Адамдарды жалмап, өздеріңдегі халықты балаларынан айырасыңдар!» деп қорлаған еді. 14 Сондықтан бұдан былай адамдарды жалмап, өздеріңдегі халықты балаларынан айыруды доғарасыңдар!» — Жаратушы Тәңір Ие осыны мықтап ескертеді. 15 «Басқа халықтардың өздеріңе тіл тигізіп, қорлаған сөздерін бұдан былай естіртпеймін. Сендер енді өзге ұлттардың масқаралауына қалмайсыңдар, әрі өздеріңдегі халықты сүріндіріп күнәға батырмайсыңдар», — деп уәде етеді Жаратушы Тәңір Ие. 16 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 17 «Ей, пендем, Исраил халқы елін мекендеген кезде олар елді өздерінің салт-дәстүрлерімен және іс-әрекеттерімен арамдайтын. Олардың сол істері Мен үшін қанмен былғанған шүберектей жиренішті де лас болды. 18 Себебі Исраил халқы жазықсыз адамдардың қанын төгіп, жалған тәңірлеріне табынып осы елді арамдады. Сондықтан да Мен халықтың үстіне қаһарымды төктім. 19 Мен халықты бөтен ұлттардың арасына шашыратып жіберіп, олар түрлі елдердің ішіне тарап кетті. Оларға жаман салт-дәстүрлері мен зұлым іс-әрекеттеріне сәйкес осы үкімді шығардым. 20 Бірақ халқым қай ұлттардың жерлеріне бармасын, олар жайлы: «Бұл — Жаратқан Иенің халқы, әйтсе де, олар Оның жерінен кетуге мәжбүр болды!» делініп, Менің қасиетті есімім қорланды. 21 Сонда Мен Исраил халқы жер аударылған өзге халықтардың арасында қорлыққа ұшыраған өз қасиетті есімімнің қамын ойладым. 22 Сондықтан Исраил халқына хабарымды жеткіз: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Уа, Исраил халқы, Мен енді әрекет етемін. Бірақ сендерге бола емес, Өзімнің қасиетті есіміме бола солай істеймін. Сендер жер аударылып барған халықтардың арасында есімімді қорлыққа ұшыраттыңдар. 23 Бірақ Мен өздерің халықтардың арасында қорлаған ұлы есімімнің қандай киелі екенін көрсетемін! Осылайша Мен халықтардың көз алдында Өзімнің киелілігімді араларыңда көрсеткенімде олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады», — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие. 24 Өйткені Мен сендерді халықтардың арасынан шығарып, барлық елдерден жинап, өз елдеріңе алып келмекпін. 25 Мен сендерге таза су бүркіп сепкендей, өздеріңді арамдаған бүкіл былғаныштарыңнан тазартамын. Сендерді барлық арамдықтарыңнан әрі табынып келген тәңірсымақтарыңның бәрінен арылтамын. 26 Өздеріңе жаңа жүрек сыйлап, бойларыңа жаңа рух дарытамын. Көкіректеріңнен тас жүректі алып тастап, орнына сезімтал жүрек сыйлаймын, 27 әрі бойларыңа өз Рухымды дарытамын. Осылай сендерді бұйрықтарыма сәйкес өмір сүріп, ережелерімді мұқият орындайтын қыламын. 28 Сендер Мен ата-бабаларыңа табыстаған елді қайтадан мекендеп, Өзімнің халқым боласыңдар, ал Мен Құдайларың боламын. 29 Осылай сендерді барлық арамдықтарыңнан арылтамын. Мен егінді мол етіп өсіріп шығарамын. Бұдан былай сендерге ашаршылық жібермеймін. 30 Ендігәрі ашаршылыққа ұшырап, басқа халықтардың арасында масқара болмауларың үшін Мен ағаштардың жемістерін және егістіктердің өнімін мол қыламын. 31 Сонда сендер бұрынғы әділетсіз жолдарың мен зұлым істеріңді естеріңе аласыңдар. Сол арам да жексұрын іс-әрекеттерің үшін өз-өздеріңнен жиренетін боласыңдар! 32 Әрине, Менің жасаған осы жақсылықтарымның себебі өздеріңнің соған лайықты екендіктерің емес! — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. — Сендер мұны біліп қойыңдар! Уа, Исраил халқы, істеген зұлым істеріңе шын жүректен ұялып өкініңдер!» 33 Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Мен сендерді әділетсіз істеріңнің арамдығынан тазартқан кезде қалаларыңды халықпен қоныстандырып, қираған елді мекендеріңді қайтадан тұрғызамын. 34 Ел ішімен өтіп бара жатқандар бұдан былай оның қаңырап бос жатқанын емес, жыртылып өңделгенін көреді. 35 Содан олар: «Мына жер бұрын қаңырап бос жататын еді, ал енді ол пейіш бағындай болып кетіпті. Бұрын қирап, елсіз қу медиен болған қала орындары мекенделіп, бекіністі қалаға айналыпты!» дейтін болады. 36 Сонда айналаңда қалып отыратын халықтар қираған жерлерді қайта тұрғызған әрі қаңырап қалған далаға қайтадан бау-бақша отырғызған Өзім, Жаратқан Ие, екенімді білетін болады. Осыны Мен, Жаратқан Ие, кесіп айтамын әрі жүзеге асырамын да!» 37 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Мен Исраил халқының өтінішіне жауап беріп, олар үшін мынаны істеймін: халықты отардағы қойлардың көбейгеніндей мейлінше көбейтемін. 38 Қасиетті мейрамдардың кезінде Иерусалим Өзіме құрбандыққа шалынуға бағышталған ұсақ малдарға толып кетеді. Дәл солай әзірше қирап жатқан қалалар да халыққа толады. Сонда бәрі де Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».
1 Жаратқан Иенің рухани құдіреті маған қонып, Оның Рухы мені көтеріп алды да, жазық алқаптың ортасына апарып қойды. Алқап сүйекке толы екен. 2 Жаратқан Ие мені соларды айналдырып жүргізді. Сонда алқаптағы сүйектердің өте көп әрі мейлінше қурап қалғанын көрдім. 3 Ол менен: — Ей, пендем, мына сүйектер өмір сүре ала ма? — деп сұрады. — Уа, Жаратушы Тәңір Ие, оны тек Сен ғана білесің! — деп жауап бердім. 4 Сонда Ол маған мынаны айтты: — Осы сүйектерге Менің хабарымды жеткізіп былай де: Уа, қураған сүйектер, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар! 5 Жаратушы Тәңір Ие бұл сүйектерге мынаны айтады: Біліп қойыңдар, сендерге тіршілік лебін үрлеймін, сонда тіріліп шыға келесіңдер. 6 Өздеріңе сіңір, үстеріңе ет бітіріп, терімен жабамын. Сосын тіршілік лебін үрлеп енгіземін, осылайша тірілесіңдер. Сонда Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар. 7 Мен Жаратқан Иенің өзіме бұйырғанындай Оның хабарын жеткіздім. Осылайша істеп тұрған кезімде бір тасырлаған шу пайда болды да, сүйектер рет-ретімен бір-біріне қосыла бастады. 8 Мен таңдана қарасам, оларға сіңір әрі ет бітіп, үсті терімен жабылғанын көрдім. Бірақ оларда әлі де тіршілік лебі жоқ болатын. 9 Сонда Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді: «Пендем, тіршілік лебіне Менің хабарымды жеткізіп былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Ей, тіршілік лебі, желдің соғатын төрт бағытынан кел де, мына өлтірілгендерге лебіңді үрлеп, жан бітіре гөр!» 10 Мен Жаратқан Иенің өзіме тапсырған сөздерін дауыстап айттым. Сонда өлі денелерге тіршілік лебі кіріп, жан бітті де, барлығы аяқтарына тұрды. Олар өте үлкен әскер екен. 11 Содан соң Жаратқан Ие маған былай деді: «Ей, пендем, мына сүйектер Исраилдің бүкіл халқын бейнелейді. Халық: «Сүйектеріміз қурап қалды, үмітіміз үзілді, біз мүлдем құрыдық!» деп жүр. 12 Сондықтан оларға хабарымды жеткізіп былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Уа, өз халқым, біліп қойыңдар, Мен көрлеріңді ашып, өздеріңді солардан тұрғызып алмақшымын. Бұдан кейін сендерді Исраил еліне қайтарып алып барамын. 13 Мен көрлеріңді ашып, өздеріңді солардан тұрғызып алғанымда, Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар, уа, халқым. 14 Мен іштеріңе өз Рухымды салып, сендер өмір сүретін боласыңдар. Сендерді өз елдеріңе қоныстандырамын. Сонда Менің, Жаратқан Иенің, мұны айтқанымды да, жүзеге асырғанымды да білетін боласыңдар. Мен, Жаратқан Ие, осыны нық айтамын». 15 Бұдан кейін Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 16 «Пендем, бір ағаш тақтайша ал да, оған: «Яһудаға және онымен одақтасқан исраилдіктерге» деп ойып жаз! Сосын тағы бір тақтайша алып, оған: «Жүсіпке, яғни Ефремге, және онымен одақтасқан Исраил халқының бәріне» деп ойып жаз. 17 Содан соң екі тақтайшаны алып, оларды бір-біріне қосып, қолыңда біртұтас етіп ұста. 18 Елдестерің сенен: «Бұнымен не айтпақсың?» деп сұрағанда, оларға былай деп жауап бер: 19 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен Ефрем руының және онымен одақтасқан Исраилдің өзге руларының қолдарындағы Жүсіптің тақтайшасын аламын да, оны Яһуданың тақтайшасымен қосып, біртұтас етпекпін. Сонда олар қолымдағы біртұтас тақтайша іспетті болады. 20 Өзің жазу жазған сол тақтайшаларды елдестеріңнің көзінше ұстап тұрып, былай де: 21 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен бөтен халықтардың арасына тарап кеткен Исраил халқын солардың ішінен алып шығып, жан-жақтан жинаймын да, өз елдеріне қайтарып әкелемін. 22 Мен оларды сол елде, Исраилдің тауларында, бір халық қыламын. Барлығының үстінен бір патша болады. Бұдан былай олар не екі халық, не екі патшалық болып бөлінбейді. 23 Халық енді қайтып өздерін жалған тәңірлерінің мүсіндерімен, басқа да жиренішті нәрселерімен және бас көтеріп жасаған өзге күнәларымен арамдамайды. Мен оларды Өзімнен бас тартып, опасыздықпен жасаған күнәларынан арылтып тазартамын. Осылай олар тағы да Менің халқым, ал Мен олардың Құдайы боламын. 24 Менің қызметшім Дәуіт оларға патшалық құрады. Осылайша барлығының бағушысы біреу болады. Халқым Менің шешімдеріме сәйкес әрекет етіп, ережелерімді сақтап, іске асыратын болады. 25 Олар Мен ежелде қызметшім Жақыпқа уәде еткен, сосын ата-бабаларың тұрған елде қоныс тебетін болады. Бұдан былай олардың өздері де, балалары мен немерелері де сол елде ұдайы тұрып, Менің қызметшім Дәуіт оларға әрдайым әмірші болады. 26 Мен олармен амандық пен тыныштық туралы Келісім жасаймын. Бұл Келісім мәңгілікке созылмақ. Мен оларды орнықтырып, жарылқап, өсіріп-өндіріп, араларында киелі орнымды тұрақты орнатамын. 27 Осылай Менің (жер бетіндегі) тұрағым олармен бірге болады. Мен олардың Құдайы, ал олар Менің халқым болады. 28 Менің киелі үйім олардың ортасында тұрақты орнағанда, барлық ұлттар Менің, Жаратқан Иенің, Исраилді Өзіме бағыштап қасиетті ететінімді білетін болады!»
1 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 2 «Пендем, бет-жүзіңді Магог еліндегі Гогқа, Мешех пен Тұбалдың бас әміршісіне, қарай бұр. Оған қарсы хабарымды жеткізіп 3 былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Міне, Мен саған қарсы шығамын, уа, Мешех пен Тұбалдың бас әміршісі Гог! 4 Мен сені кері айналдыра бұрып, жақ сүйегіңе қармақ саламын. Сені бүкіл әскеріңмен, толық жарақтанған, үлкенді-кішілі қалқандарын ұстанып, семсерлерін сілтеген салт аттыларыңмен және күймешілеріңмен бірге еліңнен шығарып, алып келемін. 5 Парсы, Құш, Либия елдерінің жасақшылары да қалқандарын ұстап, дулығаларын киіп алып, бірге аттанады. 6 Гомер мен оның қалың қолы да, солтүстіктің шалғай түкпірінен үлкен әскерімен келген Бет-Тоғарма да, көптеген басқа халықтар да сенің қасыңда болады. 7 Өзің де, айналаңда жиналған әскердің барлығы да даярланып, қару-жарақтарыңды дайын ұстаңдар! Сен бәрінің басшысы болып оларды бақылап тұр! 8 Едәуір уақыттан кейін аттануға шақырылып, кейінгі жылдары Исраил еліне басып кірмексің. Осы ел семсердің қырғынынан кейін қалпына келген. Оның көптеген басқа ұлттар арасына шашырап кеткен халқы жиналып, қайта оралған. Олар түрлі халықтардың арасынан әкелініп, қаңырап бос жатқан Исраилдің қырат-қырқаларына қайтып қоныстанды да, сол жерде аман-есен тұрып жатты. 9 Алайда сен қалың әскеріңмен әрі өзіңе ерген көптеген халықтармен оларға дауылдай шүйіліп, жердің бетін бұлттай басатын боласыңдар. 10 Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мынаны да айтамын: Сол кезде сенің санаңа арам ойлар келіп, былай деп зұлым жоспар құрасың: 11 «Исраилдің бекініссіз елді мекендеріне барып, шабуылдаймын! Бейқам өмір сүріп жатқан халқына тұтқиылдан бас саламын. Олардың тұратын жерлерін қорғайтын қамалдары, ысырмамен жабылатын қақпалары атымен жоқ екен. 12 Иә, бұрын қаңырап бос жатып, қазір ел мекендеген сол қалаларға аттанамын! Олардың халқы бөтен елдерге жер аударылып, солардан қайта оралды. Енді өз еліне жиналған сол халық мал мен дүние-мүлікті молынан иемденіп байып кетіпті. Олар жер ортасының жоғарғы жағында тұрып, қауіпсіз сезінеді екен. Бірақ мен сол елге бас салып, оны тонап, олжалаймын!» 13 Ал Сәба мен Дедан және Тарсистің саудагерлері олардың жас арыстандай мықты жасақшыларымен бірге саған сұрақ қойып: «Сен расында да сол елді тонауға аттанып келдің бе? Осы әскер қолыңды жинағанда молынан алтын-күмісті, мал мен дүние-мүлікті олжалап, соларды тасып әкетемін деп ойладың ба?» дейтін болады. 14 Сондықтан, пендем, Гогқа хабарымды жеткізіп былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Өзім таңдап алған халқым Исраил аман-есен тұрып жатқан кезде сен соны байқайтын боласың. 15 Солтүстіктің шалғай түкпіріндегі өз орныңнан артыңнан ерген көптеген халықпен: үлкен атты әскермен, қалың қолмен аттанасың. 16 Сонда сен халқым Исраилге қарсы жер бетін жабатын бұлт сияқты болып келесің. Кейінгі күндері Мен сені, ей, Гог, таңдаулы еліме қарсы аттандырып, Өзімнің киелі де қастерлі екенімді халықтардың көзінше дәлелдеймін. Содан халықтар Менің кім екенімді біліп, мойындайтын болады». 17 Жаратушы Тәңір Ие бұған қоса мынаны да айтты: «Мен бұрын Өзіме қызмет еткен Исраилдің пайғамбарлары арқылы халқыма қарсы біреуді әкелетінім туралы жылдар бойы алдын ала білдіріп келген едім. Олар осы хабарымды жұртқа жеткізіп жүрді. Ал сол хабар өзің туралы емес пе еді?! 18 Бірақ Гог Исраил халқына қарсы шығып, тап берген сол күні Менің жалындаған қаһарым лап етеді! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын. 19 Себебі зор қайрат-жігерім мен лаулаған қаһарыма кенеліп мынаны жариялаймын: Еш күнәмсіз сол күні Исраил елінде үлкен жер сілкінісі болады. 20 Теңіздегі балықтар, әуедегі құстар, даладағы аңдар, жер бетінде жорғалап жүретін жәндіктер және онда тұратын барлық адамдар көз алдымда діріл қағып, таулар төмен құлап, құздар күйреп сынып, әрбір қабырға жерге опырылып түседі. 21 Мен бүкіл таулы елімде Гогқа қарсы семсерді жіберемін, әркімнің семсері өзінің серігіне қарсы жұмсалатын болады, — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. — 22 Мен Гогты індетпен және қантөгіспен жазалаймын. Оның өзі мен қалың әскерінің, әрі оған еріп келген көптеген халықтың бастарына нөсерлі құйындар мен бұршақты, жанған от пен қайнаған күкіртті төгемін. 23 Осылайша Мен көп халықтардың алдында ұлылығым мен киелілігімді паш етіп, Өзімнің кім екенімді ашық көрсетемін. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».
1 «Ал сен, пендем, Гогқа қарсы Менің хабарымды жеткізіп былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Біліп қой, Мен саған қарсы шығамын, ей, Гог, Мешех пен Тұбалдың бас әміршісі! 2 Сені кері айналдыра бұрып, Өзім белгілеген бағытқа қарай жетелеймін. Сөйтіп өзіңді солтүстіктің шалғай түкпірінен алып шығып, Исраилдің таулы еліне қарсы аттандырамын. 3 Сонда сол қолыңнан садағыңды, оң қолыңнан жебелеріңді қағып түсіремін. 4 Исраилдің таулы елінде сенің өзің мен қалың әскерің де, саған еріп келген халықтар да қырыласыңдар. Сендерді түрлі жыртқыш құстар мен даладағы аңдарға жем қылып беремін. 5 Осылай ашық далада құрисың. Өйткені бұны айтқан Менмін!» — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие. 6 «Мен Магогта және теңіз жағалауларында алаңсыз өмір сүріп жатқан одақтастарыңа жанған от жаудырамын. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады. 7 Осылайша Мен Өзімнің қасиетті есімімді таңдаған халқым Исраилдің арасында паш етемін. Бұдан былай қасиетті есімімнің қорлануына жол бермеймін. Сонда барлық халықтар Менің Жаратқан Ие, Исраилдің Киелі Құдайы, екенімді білетін болады. 8 Міне, Менің алдын ала айтқан сот күнім келе жатыр! — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. — Сонда бұлардың бәрі де жүзеге асады! 9 Сол кезде Исраилдің қалаларында тұрып жатқандар ашық далаға шығып, лақтырылған қару-жарақты жинап, отынға қолданып өртеп жібереді. Үлкен-кіші қалқандар, садақ пен жебелер, қол шоқпарлар мен найза атаулы жеті жылдық отынға жететін болады. 10 Сол кезде олар не даладан отын іздемей, не орманнан ағаш шауып әкелмей, тек қару-жарақты отын ретінде жағады. Сөйтіп олар өздерін тонамақшы болғандарды тонап, өздерін олжаламақшы болғандарды олжалайды», — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. 11 «Сол күні Мен Гогтың Исраил елінде қабірге қойылатын орнын белгілеймін. Ол Жолаушылар аңғарында, Өлі теңізден шығысқа қарай орналасады. Оған Гог пен оның қалың әскері қойылатындықтан қабірлері жолаушылардың жолына кедергі жасап, оларды тоқтатып тастайтын болады. Кейін осы аңғар «Гог әскерінің аңғары» деп те аталмақ. 12 Исраил халқы жеті ай бойы соларды жерлеп, елді мәйіттерден тазартатын болады. 13 Елдің барлық адамдары оларды көмуге қатысып, Мен Өзімнің ұлылығымды танытатын күні марапатталады. — Жаратушы Тәңір Ие осыны нық айтады. — 14 Халық бүкіл елді тоқтамай шарлап, көмусіз қалып қойған сүйектерді жерлейді, әрі елді тазалап отыратын арнайы адамдарды да тағайындайды. Солар мұны қастарынан өтіп бара жатқандардың көмегімен істейді. Жеті ай өткеннен кейін арнайы іздеу жұмыстары басталады. 15 Сол адамдар елді тағы бір рет шарлап жүріп, әлі де көмілмеген адам сүйектерін көргенде, жерлеушілер тобының соны «Гог әскері аңғарына» алып кетулері үшін оның қасына бір белгі қойып кетпек. 16 Хамона қаласы да сол аңғарда орналасқан. Осылай жерлеушілер елді тазартып шығады. 17 Ал саған, пендем, Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мынаны айтамын: Барлық жыртқыш құстар мен аңдарды шақырып, оларға былай деп хабарла: Менің өздеріңе дайындап жатқан ұлы құрбандық асыма жиналып келіңдер! Жан-жақтан Исраилдің тауларына жиылып, сонда ет жеп, қан ішіңдер! 18 Сөйтіп қуаттылардың етін жеп, жердің әміршілерінің қанын ішесіңдер. Солар қошқар, тоқты, теке, жас бұқадай, тіпті Башанның бордақы малындай қоңды болады. 19 Семіз етті тойғанша жеп, қанды масайғанша ішіңдер! Бұл Менің сендерге даярлап отырған құрбандық асым болмақ. 20 Менің әзірлеген дастарқанымнан жылқы мен салт аттылардың, батырлар мен түрлі жасақшылардың етіне тойыныңдар!» — Жаратушы Тәңір Ие осыны бұйырады. 21 «Ал Мен салтанатты ұлылығымды халықтардың арасында орнатамын. Сонда барлық ұлттар Менің соларға үкімімді шығарып, оны құдіретті қолыммен іске асырғанымды көретін болады. 22 Сол кезден бастап әрі қарай Исраил халқы Менің өздерінің Құдайы Жаратқан Ие екенімді білетін болады. 23 Ал басқа халықтар Исраил халқының не себептен жер аударылғанын ұғады: Исраил халқы Маған опасыздық жасап кінәлі болды. Сондықтан Мен олардан жүзімді бұрып әкетіп, халықты жауларының қолына түсірдім де, семсерден қырылуларына жол бердім. 24 Мен оларға өздерінің Маған қарсы шығып, опасыздық жасап арамданғандарына сәйкес әрекет етіп, олардан бет-жүзімді жасырдым». 25 Сонымен Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Мен енді Жақыптың үрім-бұтағын жер аударылып кеткен жағынан алып келіп, қолды болған мал-мүлкін қалпына келтіріп, бүкіл Исраил халқына мейірімімді түсіремін. Сөйтіп Өзімнің қасиетті есімімді қайрат-жігермен қорғаймын. 26 Олар өз елдерінде қайтадан аман-есен өмір сүріп, енді ешкім күш көрсетіп, қорқытпайды. Сонда өздерінің Маған опасыздық жасап масқара болғандарын мойындайды. 27 Мен оларды дұшпандарының елдерінен, бөтен ұлттардың арасынан жинап әкелгенімде, көптеген халықтардың көз алдында олар арқылы Өзімнің киелілігімді көрсетемін. 28 Себебі Мен оларды жат ұлттардың арасына жер аудартқан болсам да, кейін олардың ешқайсысын да ұмыт қалдырмай, өз елдеріне жинаймын. Сонда олар Менің өздерінің Құдайы Жаратқан Ие екенімді білетін болады. 29 Исраил халқына Өзімнің Рухымды төккен соң, Мен енді қайтып олардан бет-жүзімді жасырмаймын», — Жаратушы Тәңір Ие осыны уәде етеді.
1 Біздің жер аударылғанымыздан кейінгі жиырма бесінші жылдың басында, бірінші айдың оныншы күні, яғни Иерусалим қаласының жау қолына түскенінен кейінгі он төртінші жылы, дәл сол күні маған Жаратқан Иенің рухани құдіреті қонды. Сонда Құдай мені 2 Өзі көрсеткен көріністерде Исраил еліне алып барды да, зәулім таудың басына әкеліп тұрғызды. Таудың оңтүстік беткейінде қалаға ұқсас бірқатар ғимараттар орналасқан екен. 3 Құдай мені сол жерге алып келгенде, қала қақпасының маңында тұрған біреуді көрдім. Оның түрі қолаға ұқсады, қолында зығыр жіп пен өлшеуіш таяқ бар еді. 4 Осы хабаршы маған тіл қатып: «Ей, пенде, ұқыпты қара да тыңда. Өзіңе көрсететіндерімнің бәріне мұқият назар сал! Сен сол үшін де осында әкеліндің. Көргеніңнің бәрін Исраил халқына жеткіз!» — деді. 5 Содан кейін қарасам, ғибадатхана тұрған жерді айнала қабырға салынған екен. Әлгі хабаршының қолындағы өлшеуіш таяғының ұзындығы алты шынтақ болды. Ол қолданып жүрген ұзындау шынтақ — бір қалыпты шынтақ және қосымша бір тұтам болатын ұзындық өлшемі. Хабаршы қабырғаның қалыңдығы мен биіктігін де өлшеді: екеуі де бір-бір өлшеуіш таяқтан болып шықты. 6 Содан соң хабаршы шығыс жаққа қарап тұрған қақпа ғимаратына барып, баспалдағымен жоғары көтерілді. Ол ғимараттың табалдырығын өлшегенде, оның ұзындығы бір өлшеуіш таяққа тең болып шықты. 7 Ғимараттың екі жағындағы күзетшілер бөлмелерінің әрқайсысының ені мен ұзындығы да бір-бір өлшеуіш таяққа тең болды. Ал екі бөлменің арасындағы қашықтық бес шынтақ болды. Қақпа ғимаратының ішімен өтетін жолдың ішкі аула жағындағы табалдырығының ұзындығы да бір өлшеуіш таяқтан тұрды. Осы табалдырық бағаналы кіреберістің маңында орналасқан. 8 Киелі үйге қарап тұрған бағаналы кіреберістің қақпасының табалдырығы өлшенгенде, оның ұзындығы бір өлшеуіш таяқ болып шықты. 9 Хабаршы қақпаның бағаналы кіреберісінің өзін де өлшеді: ол сегіз шынтақ, ал екі бағанасының қалыңдығы екі шынтақ құрады. Қақпаның бағаналы кіреберісі ішкі жаққа, яғни киелі үйге, қарап тұрды. 10 Шығыс қақпа ғимаратының екі жағында күзетшілерге арналған үш-үштен бөлмелер бар екен. Әрқайсысының үлкендігі бірдей еді. Бөлмелердің арасындағы шығыңқы қабырғалардың қалыңдығы да бірдей болды. 11 Хабаршы қақпаға кіретін жердің енін өлшеді, сол он шынтақ, ұзындығы он үш шынтақ болып шықты. 12 Қақпаның екі жағындағы күзетшілер бөлмелерінің әрқайсысының алдында (биіктігі) бір шынтақ болатын кедергі қабырға бар еді. Бөлмелердің ені мен ұзындығы алты шынтақтан болды. 13 Содан соң хабаршы бір күзетші бөлмесінің артқы қабырғасының жоғарғы жағынан қарсы жатқан бөлменің артқы қабырғасының жоғарғы жағына дейінгі арақашықтықты өлшеді. Ол жиырма бес шынтақ болып шықты. 14 Қақпа ғимаратының ішіндегі шығыңқы қабырғалардың ұзындығын қоса өлшегенде, ол алпыс шынтақты құрады. Өлшем аулаға шығып тұрған бағаналы кіреберіске дейін жасалды. 15 Ғимараттың сыртқы және ішкі кіреберістерінің аралығы өлшегенде елу шынтақ болды. 16 Ғимараттың күзетші бөлмелері мен шығыңқы қабырғаларды айналдыра қақпақты терезелер жасалған еді. Терезелер ішке қарай кеңейе түседі екен. Шығыңқы қабырғалар құрма ағашының бейнелерімен бедерленіпті. 17 Мұнан кейін хабаршы мені қақпа ғимаратынан алып шығып, ғибадатхананың сыртқы ауласына апарды. Бүкіл ауланы айналдыра тас төселген жол жатты. Сол жолдың бойында отыз бөлме салынған екен. 18 Тас төселген жол қақпа ғимараттарының екі жағына келіп тірелді. Оның ені ғимараттың ұзындығымен бірдей болды. Бұл — тас төселген төменгі жол. 19 Содан соң хабаршы тас төселген төменгі жолдың арғы жағы мен ішкі ауланың сыртының арасын өлшеді, ол жүз шынтақ болып шықты. Шығыс және Солтүстік қақпа ғимараттарының қастарындағы сондай аралықтарының өлшемдері де бірдей, яғни жүз шынтақты құрады. 20 Бұдан кейін хабаршы солтүстік жақтан ішкі аулаға апаратын қақпа ғимаратының ұзындығы мен енін өлшеді. 21 Ғимараттың екі жағындағы үш-үштен орналасқан күзетші бөлмелерінің, олардың арасындағы шығыңқы қабырғаларының және бағаналы кіреберісінің өлшемдері дәл Шығыс қақпа ғимаратының өлшемдерімен бірдей екен. Яғни осы ғимараттың ішімен өтетін жолдың да ұзындығы елу, ені жиырма бес шынтақ болып шықты. 22 Оның терезелері, бағаналы кіреберісі мен құрма ағашының бедерлі бейнелерінің өлшемдері де Шығыс қақпа ғимаратының ішімен өтетін жолдың өлшемдеріндей болды. Қақпа ғимаратына жеті баспалдақ көтерілді. Бағаналы кіреберісі ғимараттың ішкі жағында орналасқан еді. 23 Солтүстік қақпа ғимаратына қарама-қарсы тұрған, ішкі аулаға апаратын тағы бір қақпа ғимараты бар еді. Ол Шығыс қақпа ғимаратына қарама-қарсы тұрған әлгі қақпа ғимараты сияқты екен. Хабаршы бір-біріне қарама-қарсы тұрған сол қақпа ғимараттарының арақашықтығын өлшеді, ол да жүз шынтаққа тең болды. 24 Мұнан соң хабаршы мені оңтүстік жаққа жетелеп апарды. Сонда мен оңтүстікке қарап тұрған қақпа ғимаратын көрдім. Соның күзетші бөлмелеріндегі шығыңқы қабырғалардың және бағаналы кіреберісінің өлшемдері өзге қақпа ғимараттарынікіндей болып шықты. 25 Қақпа ғимараты мен оның бағаналы кіреберісінің айналасында, өзге қақпа ғимараттарынікіндей тар терезелері бар екен. Ғимараттың ішімен өтетін жолдың ұзындығы елу шынтақ, ені жиырма бес шынтақ болып шықты. 26 Осы қақпа ғимаратына да жеті баспалдақ көтерілді, әрі бағаналы кіреберісі оның ішкі жағында орналасқан еді. Соның екі жағындағы бағаналар да құрма ағашының бейнелерімен бедерленіпті. 27 Ішкі ауланың да оңтүстікке қарап тұрған қақпа ғимараты бар болатын. Хабаршы осы ғимарат пен оңтүстік жақтағы сыртқы қақпа ғимаратының арасын өлшеді. Бұл арақашықтық жүз шынтақ болып шықты. 28 Содан соң хабаршы мені Оңтүстік қақпа ғимараты арқылы ішкі аулаға алып келді де, оңтүстік қақпа ғимаратын өлшеді. Оның да өлшемдері басқалардікімен бірдей болды. 29 Оның күзетші бөлмелері, шығыңқы қабырғалары және бағаналы кіреберісінің өлшемдері басқа қақпа ғимараттарының осындай бөліктерінің өлшемдерімен бірдей болып шықты. Қақпа ғимараты мен оның бағаналы кіреберісінің айналасында терезелер бар екен. Қақпа ғимаратының ішімен өтетін жолдың ұзындығы елу шынтақ, ені жиырма бес шынтақ болды. 30 Ішкі ауланың айналасындағы қақпа ғимараттарының бағаналы кіреберісінің ені жиырма бес, ұзындығы бес шынтақ екен. 31 Бағаналы кіреберісі сыртқы аулаға қарап тұрды. Оның бағаналары да құрма ағашының бейнелерімен бедерленген еді. Ғимаратқа сегіз баспалдақ көтерілді. 32 Мұнан кейін хабаршы мені ішкі аулаға апаратын шығыс жақтағы қақпа ғимаратына алып келді де, соны өлшеді. Оның өлшемдері басқа қақпа ғимараттарының өлшемдерімен бірдей болып шықты. 33 Оның күзетші бөлмелері, шығыңқы қабырғалары және бағаналы кіреберісінің өлшемдері өзге де қақпа ғимараттарының өлшемдеріндей болды. Қақпа ғимараты мен оның бағаналы кіреберісінің айналасында терезелер бар екен. Ғимараттың ішімен өтетін жолдың ұзындығы елу, ені жиырма бес шынтақ болды. 34 Қақпа ғимаратының бағаналы кіреберісі сыртқы аулаға шығып тұрды. Екі жағындағы бағаналары да құрма ағашының бейнелерімен бедерленген еді. Оған сегіз баспалдақ көтерілді. 35 Содан соң хабаршы мені Солтүстік қақпа ғимаратына алып келді де, оны өлшеді. Соның өз өлшемдері, 36 күзетші бөлмелерінің, шығыңқы қабырғаларының және бағаналы кіреберісінің өлшемдері басқа қақпа ғимараттарынікіндей болды. Оның да айналасында терезелер бар екен. Солтүстік қақпа ғимаратының ішімен өтетін жолдың ұзындығы елу, ені жиырма бес шынтақ болып шықты. 37 Ғимараттың бағаналы кіреберісі сыртқы аулаға қарап тұрды. Оның екі жағындағы бағаналары құрма ағашының бейнелерімен бедерленген еді. Ғимаратқа сегіз баспалдақ көтерілді. 38 Бір ішкі қақпа ғимаратының бағаналы кіреберісінің жанында бір бөлменің есігі болды. Бұл бөлмеде түгелдей өртелетін құрбандыққа шалынған малдардың бөліктері жуылатын. 39 Сол ғимараттың бағаналы кіреберісінің екі жағында екі үстел орналасқан еді. Солардың үстінде түгелдей өртелетін, әрі күнәнің құнын және айыбын өтейтін үш түрлі құрбандыққа мал шалынатын. 40 Бағаналы кіреберістің сыртында, Солтүстік қақпа ғимаратына көтерілетін баспалдақтардың екі жағында, тағы екі үстелден орналасқан екен. 41 Осылайша қақпа ғимаратының ішкі және сыртқы жақтарында құрбандық мал сойылып, дайындалуға арналған төрт үстелден, барлығы сегіз үстел орналасыпты. 42 Сол сияқты, түгелдей өртелетін құрбандықтар үшін қашалған тастан жасалған төрт үстел де болды. Солардың әрқайсысының ұзындығы мен ені бір жарым, ал биіктігі бір шынтақ екен. Үстелдердің үстінде түгелдей өртелетін және басқа да құрбандық малдарды сойып, бөлшектеуге арналған құралдар жатты. 43 Қабырғаларға айналдыра аша тәрізді қармақтардай ілгіштер бекітіліпті. Олардың әрқайсысының ұзындығы бір тұтамнан болды. Құрбандықтардың еті үстелдердің үстіне салынатын. 44 Ішкі аулада екі бөлме бар еді. Олардың біреуі Солтүстік қақпа ғимаратының жанында оңтүстікке қарай, екіншісі Оңтүстік қақпа ғимаратының жанында солтүстікке қарай орналасқан еді. 45 Хабаршы маған былай деді: «Оңтүстікке қараған бөлме киелі үйді басқарып, бақылап қорғау міндетін атқаратын діни қызметкерлерге арналған. 46 Ал солтүстікке қараған бөлме құрбандық үстеліне байланысты міндеттерді атқаратын діни қызметкерлерге арналған. Осы діни қызметкерлер — Садықтың ұрпақтары. Себебі Жаратқан Иеге қызмет ету үшін Оның алдына жақындап келу тек Садықтан тараған леуіліктерге ғана рұқсат етілген». 47 Содан соң хабаршы ішкі ауланы өлшеді. Ол тік төртбұрышты екен: ұзындығы мен ені жүз шынтақтан. Құрбандық өртелетін үстел киелі үйдің дәл алдында орналасыпты. 48 Хабаршы мені киелі үйдің бағаналы кіреберісіне алып келді де, бағаналы кіреберістің екі жағындағы қабырғаларын өлшеді. Олардың ені бес шынтақтан, кіреберістің өз ені он төрт шынтақ және оның екі жағындағы шығыңқы қабырғалардың қалыңдығы үш шынтақтан болып шықты. 49 Бағаналы кіреберістің ені жиырма шынтақ, алдынан артына дейінгі ені он екі шынтақ болды. Кіреберіске он баспалдақ көтерілді, екі жағында бір-бірден екі бағана тұрды.
1 Содан соң хабаршы мені киелі үйдің қасиетті бөлмесіне алып барды. Соның кіреберісінің екі жағындағы шығыңқы қабырғаларды өлшеді. Олардың қалыңдығы алты шынтақ құрады. 2 Кіреберістің ені он шынтақ, ал оның екі жағындағы шығыңқы қабырғалардың ені бес шынтақтан болды. Хабаршы киелі үйдің қасиетті бөлмесін өлшегенде, оның ұзындығы қырық шынтақ, ені жиырма шынтақ екен. 3 Содан соң ол ең қасиетті бөлмеге кірді де, оның кіреберістегі шығыңқы қабырғаларын өлшеді. Солардың әрқайсысының ені екі шынтақтан болды. Кіреберістің өз ені алты шынтақ, оның екі жағындағы шығыңқы қабырғалардың ені жеті шынтақтан болды. 4 Содан соң хабаршы қасиетті бөлменің арғы жағындағы бөлменің ені мен ұзындығын өлшеді. Екеуі де жиырма шынтақтан екен. Хабаршы маған: «Бұл — ең қасиетті бөлме», — деп түсіндірді. 5 Кейін хабаршы киелі үйдің қабырғасын өлшеді. Соның қалыңдығы алты шынтақ екен. Киелі үйдің екі бүйірі мен арт жағын жапсарлай салынған қосалқы бөлмелердің әрқайсысының ені төрт шынтақтан болды. 6 Осы бөлмелер бірінің үстіне бірі, үш қабат етіліп салыныпты. Әр қабатта отыз бөлмеден болды. Қосалқы бөлмелердің арқалық бөренелерінің тіреліп тұрулары үшін ғимараттың қабырғалары әр қабат сайын кертпештеніп салыныпты. Ал қосалқы бөлмелердің арқалық бөренелері киелі үйдің қабырғаларына кіріп тұрмады. 7 Осылайша жоғарғы бөлмелер өздерінің астында орналасқан бөлмелерден кеңірек болды. Жоғарғы бөлмелерді көтеріп тұратын төменгі бөлмелер қабаты жоғарылаған сайын кеңейе түседі, себебі киелі үйдің қабырғалары кертпештеніп құрылды. Бірінші қабаттан баспалдақпен ортаңғы, одан жоғарғы қабатқа да көтерілуге болатын еді. 8 Мен киелі үйдің айналасындағы қосалқы бөлмелердің бір негіздің үстінде тұрғанын көрдім. Негіз бір саты көтеріңкі тегіс жатты. Оның биіктігі бір өлшеуіш таяқ, демек алты шынтақ, болды. 9 Қосалқы бөлмелердің сыртқы қабырғасының қалыңдығы бес шынтақ екен. Киелі үйдің айналасындағы қосалқы бөлмелер мен 10 діни қызметкерлердің бөлмелерінің арасындағы ашық алаңқайдың ені жиырма шынтақ болды. Бұл алаңқай бүкіл киелі үйді айналдыра жатты. 11 Қосалқы бөлмелерге осы ашық алаңқайдан солтүстік және оңтүстік жақтан кіруге болатын. Ашық алаңқаймен шектесіп тұрған негіздің ені барлық жағынан бес шынтақты құрады. 12 Киелі үйдің ауласының батыс жағында орналасқан ғимараттың ені жетпіс шынтақ еді. Ғимараттың қабырғасының қалыңдығы барлық жерінде бес шынтақ, ал ғимараттың ұзындығы тоқсан шынтақ болды. 13 Бұдан соң хабаршы киелі үйдің сыртын өлшеді. Соның ұзындығы жүз шынтақ, алдындағы ауланың және қабырғаларымен бірге өлшенген ғимараттың жалпы ұзындығы жүз шынтақ болып шықты. 14 Киелі үйдің алдындағы алаңқайды қосқанда оның шығыс жағындағы ауланың ені жүз шынтақты құрады. 15 Содан соң әлгі хабаршы киелі үйдің артындағы аулаға қарайтын ғимараттың ұзындығын өлшеді, ол жүз шынтақ болды. Сол ғимараттың екі жағынан қосалқы бөлмелер шығып тұрды. Киелі үйдің қасиетті бөлмесі, ең қасиетті бөлмесі және аулаға қарап тұрған бағаналы кіреберісі 16 ағаш тақтайлармен қапталған еді. Осы үшеуінің айналасындағы табалдырықтар, терезелер және қосалқы бөлмелер де табалдырықтан бастап жоғарыға қарай терезелерге дейін ағаш тақтайлармен қапталған екен. Терезелердің алдында кереге көз іспетті торлар орналасыпты. 17 Киелі үйдің ең қасиетті бөлмесіне кіреберістің үстіндегі орын және қабырғалардың сыртқы, ішкі жақтары да белгілі қалыпқа сәйкес дайындалған ағаш тақтайлармен қапталыпты. Тақтайлардың бетіне бір-бірінен белгілі бір арақашықтықта 18 керуб атты күзетші періштелер мен құрма ағаштарының бедерлі бейнелері ойылып жасалған еді. Құрма ағаштары мен періштелердің бедерлері бір-бірімен алма-кезектесіп орналастырылыпты. Әрбір күзетші періштенің екі жүзі болды: 19 біріншісі — адамның жүзі, ол бір жағындағы құрма ағашына, ал екіншісі — арыстанның жүзі, ол өзге жағындағы құрма ағашына қарап тұрды. Бұндай бедерлер бүкіл киелі үйді айналдыра нақышталып ойылған екен. 20 Қасиетті бөлменің қабырғасында еденнен кіреберістің үстіндегі орынға дейін күзетші періштелердің және құрма ағаштарының бедерлері ойылып салынған екен. 21 Қасиетті бөлменің есігінің жақтаулары тік төртбұрышты еді. Ең қасиетті бөлмеге апаратын есіктің жақтаулары да дәл осындай пішінде болды. Осы есіктің алдында 22 құрбандық үстелі тұрды. Соның биіктігі үш шынтақ, ені мен ұзындығы екі шынтақтан еді. Үстелдің бұрыштарындағы мүйіз тәрізді шошақтары, негізі және жақтары ағаштан екен. Сол хабаршы маған: «Жаратқан Иенің алдындағы үстел, міне, осы!» — деді. 23 Қасиетті бөлменің де, ең қасиетті бөлменің де қос-қостан жарма есіктері болды. 24 Әр есіктің бірімен-бірі топсамен бекітілген екі бөлігі бар екен. 25 Қабырғалардағы сияқты, қасиетті бөлменің есіктеріне де күзетші періштелер мен құрма ағаштарының бедерлері ойылып салынған болатын. Бағаналы кіреберістің сыртына асылып шығып тұрған шағын төбе салыныпты. 26 Бағаналы кіреберістің екі жағындағы қабырғаларда ойылып салынған құрма ағаштарының бедерлері және тор көздері бар терезелер болды. Киелі үйдің қосалқы бөлмелерінде де ағаш төбелер бар еді.
1 Содан соң әлгі хабаршы мені ішкі ауладан Солтүстік қақпа арқылы сыртқы аулаға бастап алып шықты. Сонда мені бірнеше бөлмелерге алып барды. Олар бөлектенген ішкі ауланың солтүстіктегі қабырғасына көлденең тұрды. 2 Бұл бөлмелер орналасқан үйдің есігі солтүстікке қарай шығып тұрды. Ғимараттың ұзындығы жүз шынтақ, ені елу шынтақ болды. 3 Жаңағы ғимараттың бір қатарындағы бөлмелер ішкі ауланың ені жиырма шынтақ болатын ашық алаңқайына, ал екінші қатардағы бөлмелер сыртқы ауладағы тас төселген жолға қарап тұрды. Бұл екі қатардың әрқайсысында үш қабаты бір-біріне бетпе-бет орналасқан бөлмелер кешені болды. 4 Екі қатардағы бөлмелердің арасымен ені он шынтақ, ұзындығы жүз шынтақ ішкі жол өтті. Осы бөлмелердің есіктері солтүстікке қарап тұрды. 5 Бұл ғимараттың жоғарғы қабаттардағы бөлмелерінің ені олардан төменгі бөлмелердікінен гөрі тарлау еді. Өйткені жоғарғы қабаттардағы бөлмелердің алдындағы жол үшін орын қалдыру қажет болды. 6 Аулалардағы ғимараттарды тіреп тұрған бағаналар бар екен. Бірақ осы үш қабаттық ғимаратта бағаналар болмады. Сондықтан да жоғарғы қабаттардағы бөлмелердің ауданы одан төменгі қабаттағы бөлмелерге қарағанда шағындау болды. 7 Бөлмелерді сыртқы ауладан бөліп тұратын сыртқы қоршау қабырға да болды. Ол бөлмелердің алдында елу шынтаққа созылып жатты. 8 Сыртқы аула жақтағы бөлмелердің қатары елу шынтаққа созылып жатса, киелі үйге жақынырақ жатқан бөлмелердің қатары жүз шынтаққа созылып жатты. 9 Сыртқы ауладан осы төменгі бөлмелерге шығыс жағынан апаратын бір есік болды. 10 Киелі үйдің оңтүстік жағындағы сыртқы ауланың қоршау қабырғасын бойлай, яғни ішкі және сыртқы аулалардың арасында, тағы сондай бөлмелер кешені орналасыпты. 11 Бөлмелердің алдында жүретін ішкі жолдар бар еді. Оңтүстік жақтағы осы бөлмелер кешені солтүстік жақтағы сияқты болды. Екі кешеннің ені, ұзындығы және басқа өлшемдері де, қақпалары мен есіктері де өзара бірдей болыпты. 12 Бөлмелер арасындағы ішкі жолдың басында, сыртқы қоршау қабырға бойында бір есік бар еді. Ол арқылы бөлмелерге шығыс жақтан кіруге болатын. 13 Содан соң хабаршы маған тіл қатып былай деді: «Ішкі аулаға қарап тұрған оңтүстік және солтүстік жақтағы осы бөлмелер діни қызметкерлерге арналған. Сол бөлмелерде Жаратқан Иенің алдына қызмет етуге баратын діни қызметкерлер Оған ерекше бағышталған ең қасиетті құрбандықтар мен сый-тартулардан тамақтанады. Сол бөлмелерде ең қасиетті тартулар — астық тартулары, күнәнің құнын және айыпты өтейтін тартулар сақталады. Себебі бұл бөлмелер — Жаратқан Иеге ерекше бағышталған қасиетті орын. 14 Діни қызметкерлер сол киелі орынға кірген соң, сыртқы аулаға тікелей шықпасын. Қайта, олар алдымен Жаратқан Иеге қызмет еткен кезде киген арнайы киімдерін шешулері керек. Өйткені бұл киімдер де тек Жаратқан Иенің алдында қызмет етуге ғана арналған. Халық жүретін жерлерге шығар алдында олар киімдерін ауыстырып, кәдімгі киімдерін киюлері қажет». 15 Ғибадатхананың ішкі жағындағы өлшемдерді жасап болған соң, хабаршы мені Шығыс қақпа ғимараты арқылы сыртқа шығарды да, ғибадатхананың төңірегіндегі ауданды өлшей бастады. 16 Сол ауданды өлшеуіш таяғымен өлшегенде шығыс, 17 солтүстік, 18 оңтүстік 19 және батыс жақтарының ұзындығы бес жүз шынтақтан болып шықты. 20 Осылайша хабаршы бүкіл ауданды төрт жағынан өлшеп шықты. Оның айналасында төрт жағынан Жаратқан Иеге ерекше бағышталған киелі ауданды кәдімгі жерден ажыратып тұратын қоршау қабырға тұрды. Оның ені мен ұзындығы бес жүз шынтақтан болды.
1 Содан соң әлгі хабаршы мені шығысқа қарап тұрған қақпа ғимаратына алып келді. 2 Кенеттен шығыс жақтан Исраилдің Құдайының келе жатқан нұрлы салтанатын көрдім. Оның үні сарқырап қатты ағып жатқан судың гүріліндей болды. Төңіректегі бүкіл жер Оның салтанатынан нұрланып жарқырап тұрды. 3 Мен көріп жатқан осы көрініс Құдайдың қаланы құртуға келген кезінде және өзім Хобар өзенінің бойында болғанда көрген көріністер сияқты болды. Содан мен жерге етпетімнен жата кеттім. 4 Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты киелі үйге Шығыс қақпа ғимараты арқылы енді. 5 Сонда Рух мені көтеріп алды да, ішкі аулаға апарды. Міне, киелі үй Жаратқан Иенің нұрлы салтанатына кенелді. 6 Әлгі хабаршы әлі де қасымда тұрған кезде киелі үйдің ішінен маған сөйлеген дауысты естідім. 7 Ол былай деді: Пендем, бұл орын — Менің «тағым» тұратын жер және «табан тіренішім». Мен осы орында исраилдіктердің арасында әрқашан боламын. Не Исраил халқының өзі, не олардың патшалары Менің киелі есімімді енді қайтып арамдамайтын болады. Олар биіктеу жерлеріндегі жалған тәңір мүсіндеріне және дүние салған патшаларының ескерткіш бағаналарына бұдан былай табынбайды. 8 Олар тіпті сол табыну орындарының табалдырықтары мен жақтауларын Менің киелі үйімнің табалдырығы мен жақтауына жанамалатып жақын қойды. Менімен өздерінің арасын бөліп тұрған тек бір қабырға ғана қалды. Осылай Менің киелі есімімді өздерінің жексұрын күнәларымен қорлады. Сондықтан Мен қаһарланып, оларды құртып жібердім. 9 Ал енді, олар өздерінің жалған тәңірлерінің мүсіндерін және дүние салған патшаларының бағаналарын Менің алдымнан біржола алып тастасын! Сонда Мен олардың арасында ұдайы тұрамын. 10 Пендем, сонымен киелі үйді Исраил халқына суреттеп бер! Содан олар өздерінің күнәларынан ұялып, жобаға көңіл аударсын. 11 Егер халық барлық істегендеріне ұялып өкінсе, оларға ғибадатхананың бүкіл жобасын: оның құрылысын, шығатын есіктері мен кіреберістерін әрі оның ережелері мен заңдарын айтып бер. Олар ғибадатхананың жобасы мен оны салудың ережелерін түгел сақтай алулары үшін соның бәрін егжей-тегжейлі сипаттап жазып қой. 12 Ал енді, ғибадатханаға қатысты тағылым мынау: Сион тауының басындағы ғибадатханаға жапсарлас жатқан жердің бәрі Өзіме ерекше бағышталған, ең қасиетті болып саналады. Ғибадатхана жайлы заң, міне, осындай. 13 Құрбандық үстелінің өлшемдері әдеттегі бір шынтақ пен қосымша бір тұтамнан тұратын ұзындау шынтақпен өлшенеді. Құрбандық үстелінің айналасында тереңдігі бір шынтақ, ені бір шынтақ науа болады. Соның сыртқы шетінде ені бір қарыс болатын ернеуі бар. Ал құрбандық үстелінің биіктігі мынадай: 14 жердегі науадан бастап оның бірінші сатысына дейінгі биіктігі екі шынтақ, ені бір шынтақ. Кішірек сатыдан үстіндегі үлкенірек сатыға дейінгі аралық биіктігі төрт шынтақ, ені бір шынтақ. 15 Құрбандық үстелінің үстіндегі құрбандық өртелетін ошақтың биіктігі төрт шынтақ. Ошақтан жоғары қарай төрт мүйіз шығып тұр. 16 Осы ошақтың сырт пішіні тік төртбұрышты: ені мен ұзындығы он екі шынтақтан. 17 Үстіңгі саты да тік төрт бұрышты, ені мен ұзындығы он төрт шынтақтан. Сатының ені жарты шынтақ болатын ернеуі бар. Соның жан-жағын айнала тереңдігі бір шынтақ науасы бар. Құрбандық үстеліне шығатын баспалдақ оның шығыс жағында орналасқан. 18 Содан соң хабаршы маған былай деді: «Пендем, Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сол құрбандық үстелі салынып болған соң, оның үстінде түгелдей өртелетін құрбандықты өртеп ұсыну және құрбандықтың қанын бүркіп шашу жайлы ережелер мыналар болсын: 19 Леуінің ұрпағы Садықтан тараған, Менің алдыма келіп қызмет ететін діни қызметкерлерге күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде бір жас бұқа берілсін, — деп тапсырады Жаратушы Тәңір Ие. — 20 Жас бұқаны құрбандыққа шалған соң, оның біраз қанын алып, құрбандық үстелінің төрт мүйізіне, жоғарғы сатының төрт бұрышына және оның қасындағы бүкіл ернеуіне жағу керек. Осылайша құрбандық үстеліне күнәнің арамдығынан тазарту рәсімі жасалады. 21 Содан соң күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа арналған жас бұқаның денесін ғибадатхананың сыртындағы арнайы орынға шығарып, сонда өртеп жіберу керек. 22 Екінші күні еш мінсіз бір теке күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалынсын. Құрбандық үстеліне жас бұқаның қанымен істелінгендей, енді текенің қанымен де сондай тазарту рәсімі жасалсын. 23 Тазарту рәсімі орындалған соң, мінсіз бір жас бұқаны және отардан алынған мінсіз бір қошқарды құрбандыққа шалу керек. 24 Олар Жаратқан Иенің киелі үйінің алдына әкелініп, құрбандыққа ұсынылсын. Діни қызметкерлер оларға тұз сеуіп, Жаратқан Иенің алдында құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп жібереді. 25 Жеті күн бойы күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалу үшін күн сайын бір текеден әкелінсін. Сол сияқты, бір жас бұқадан және отардан алынған бір қошқардан да берілсін. Құрбандық малдардың қай-қайсысының да міні болмасын. 26 Сөйтіп жеті күн бойы құрбандық үстелін тазартып, оған күнәнің арамдығынан тазарту рәсімін жасау керек. Құрбандық үстелі осылайша Жаратқан Иеге бағышталып, қасиетті болады. 27 Осы жеті күн өткеннен кейінгі сегізінші күннен бастап әрі қарай, діни қызметкерлер сол құрбандық үстелінде сендердің шалынып, түгелдей өртелетін және Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін құрбандықтарыңды ұсынатын болсын. Сонда Мен сендерді рақыммен қабылдаймын», — деп уәде етеді Жаратушы Тәңір Ие.
1 Бұдан кейін әлгі хабаршы мені қайтадан киелі үйдің шығысқа қарап тұрған сыртқы қақпа ғимаратына алып келді. Бірақ ол жабық екен. 2 Сонда Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді: «Мына қақпа жабық тұрсын! Оны ешкімге ашуға болмайды, ол арқылы ешкім кірмеуі де керек. Мен, Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие, онымен ішке кірдім. Сондықтан ол жабық тұруға тиіс. 3 Тек әміршіге ғана оның ішімен өтетін жолда отырып, Жаратқан Иенің алдында құрбандық асынан жеуіне болады. Ол онда бағаналы кіреберіспен кіріп, сол жолмен ғана кері шығуға тиіс». 4 Содан соң әлгі хабаршы мені Солтүстік қақпа ғимараты арқылы киелі үйдің алдына алып келді. Мен қарап тұрғанда Жаратқан Иенің нұрлы салтанатының Жаратқан Иенің киелі үйін кенелтіп жатқанын көрдім де, етпетімнен жата кеттім. 5 Жаратқан Ие маған тағы тіл қатып былай деді: «Пендем, Мен саған Өзімнің киелі үйіме қатысты айтатын ережелер мен заңдардың бәріне құлақ түріп, назар аударып ден қой! Киелі үйге кіру және одан шығу жайлы ережелерге мұқият көңіл бөл! 6 Бас көтергіш Исраил халқына былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Жексұрын күнә жасауларың жетер енді, уа, Исраил халқы! 7 Сендер жат жұрттықтарды Менің киелі үйіме кіргіздіңдер. Олардың тәні сүндеттелмеген және жүректері де Маған бағышталған емес. Сөйтіп сендер Маған «тамағымды»: құрбандықтың іш майы мен қанын ұсынып жатқан кездеріңде-ақ Менің киелі үйімді арамдадыңдар. Осындай жексұрын істеріңмен Менің Келісімімді бұздыңдар. 8 Менің киелі рәсімдерімді қорғауға байланысты міндеттеріңді мұқият орындаудың орнына, киелі үйдегі қорғау қызметтеріңді соған еш қатысы жоқ жат жұрттықтарға істетіп қойдыңдар. 9 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: Жүрегі Маған бағышталмаған және тәні сүндеттелмеген бірде-бір жат жұрттық Менің киелі ғибадатханама кірмесін! Сондай адам тіпті исраилдіктердің арасында тұратын болса да ғибадатханама кірмеуге тиіс». 10 «Сондай-ақ, Исраил халқы тура жолдан адасып, өздерінің діңгек тәрізді жиренішті тәңірлеріне табынып кеткен кездері солармен бірге Менен безіп кеткен леуіліктер де өз күнәларының зардабын тартуға тиіс. 11 Олардың ғибадатханамда түрлі қызметтерді атқаруларына болады: олар киелі үйдің қақпа ғимараттарын күзетсін, әрі халықтың түгелдей өртелетін құрбандыққа не басқа да тартулар ретінде ұсынған малдарын соятын болсын. Сонымен қатар леуіліктер халықтың алдында тұрып, оларға қызмет көрсетсін. 12 Бірақ халық діңгек тәрізді жиренішті тәңірлерге табынып жүргенде леуіліктер де соларға ғибадат етіп, Исраил халқын күнәға батырды. Сондықтан Мен салтанатты түрде ант етіп былай деймін: Леуіліктер өз күнәларының зардаптарын тартатын болады! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын. 13 Леуіліктер діни қызметкер ретінде Маған жақындаушы болмасын, не Менің киелі заттарыма, не ең киелі құрбандықтарыма да жақындамасын! Себебі олар өздерінің жексұрын күнәларының зардабын тартуға тиіс. 14 Сонда да Мен киелі үйді күзетіп, ондағы істелуге қажетті күнделікті міндеттер мен жұмыстардың барлығын атқаруды леуіліктерге жүктеймін. 15 Тек Садықтан тараған леуіліктер ғана діни қызметкер бола алады. Өзге исраилдіктер Менен безіп кеткен кездері олар Менің киелі үйімді қорғап, міндеттерін адал атқарып жүрді. Сондықтан Садықтың ұрпақтары Менің алдыма келіп, діни қызмет атқара берсін. Олар алдымда тұрып, құрбандық малдардың іш майы мен қанын ұсынсын! — деп бұйырады Жаратушы Тәңір Ие. — 16 Тек солар ғана Менің киелі үйіме кіріп, үстеліме жақындап, алдымда қызмет атқарсын. Олар Мен тапсырған қорғауды және өзге де міндеттерін орындай берсін! 17 Діни қызметкерлер қақпа ғимараттары арқылы ішкі аулаға кіргенде, үстеріндегі киімдері бәтестен тігілген болсын. Не ішкі аулада, не киелі үйде қызмет еткенде олар үстеріне жүннен тоқылған киім кимеулері керек. 18 Олар сонда бастарына бәтес матадан сәлде кисін, шалбарлары да бәтестен болсын. Үстеріне (жүн не басқа да) терлететін ештеңе кимесін. 19 Діни қызметкерлер халық жүретін сыртқы аулаға шыққанда, олар қызмет еткенде киетін киімдерін шешіп, арнайы бөлмелерде қалдырсын да, кәдімгі киімдерін киіп шықсын! Әйтпесе олар арнайы киімдерімен халыққа жанасып, солары арқылы халыққа киелілік таратып жүрер. 20 Діни қызметкерлер шаштарын не тақырлап алғызбасын, не тым ұзын қылып өсіріп те жібермесін. Қайта, олар шаштарын қырқып қысқартып жүрсін. 21 Ешбір діни қызметкер ішкі аулаға кірерде шараптан дәм татпасын! 22 Оларға не жесір әйелге, не күйеуінен ажырасқан әйелге үйленуге болмайды. Олар тек Исраил халқынан шыққан пәк қызға немесе қайтыс болған басқа діни қызметкердің жесіріне ғана үйленсін! 23 Діни қызметкерлер Менің халқыма киелі мен киелі емес жай нәрселерді бір-бірінен ажыратуды үйретіп, оларға арам мен адалды қалай айыруды көрсетсін. 24 Діни қызметкерлер кез келген дауларға Менің шешімдеріме сай билік айтуға міндетті. Олар, сондай-ақ, Менің белгілеген мейрамдарыма байланысты заңдар мен ережелерімді сақтап, демалыс күндерімді ұстанып қастерлеулері керек. 25 Діни қызметкер қайтыс болған адамның мәйітіне жақындап өзін арамдамасын. Бірақ егер оның әке-шешесі, ұл-қызы, туған аға-інісі немесе тұрмыс құрмаған әпке-қарындасының біреуі қайтыс болған болса, соның мәйітіне жақындап, таза емес күйге түсуіне болады. 26 Алайда содан соң тазару рәсімінен өтіп, тағы жеті күн күткеннен кейін ғана оған ғибадатханадағы міндеттеріне қайтадан кірісуіне болады. 27 Ол ғибадатхананың ішкі ауласына қызмет атқаруға баратын күні өзі үшін күнәнің құнын өтейтін құрбандық ұсынуға тиіс, — деп бұйырады Жаратушы Тәңір Ие. 28 Діни қызметкерлердің мұралық жері жөніндегі ереже мынау: олардың мұралық үлесі Менмін. Оларға Исраилден ешқандай меншікті жер аймағы үлестірілмесін, себебі олардың үлесі Өзіммін. 29 Діни қызметкерлер халықтың ғибадатханаға алып келген сый-тартуларынан өздеріне тиісті бөліктерін алып, күндерін көретін болады: астық тартуларының, күнәнің құнын және айыпты өтейтін құрбандықтардың белгілі бөліктері оларға тиесілі. Сонымен қатар Исраилде Жаратқан Иеге бағышталған нәрселердің бәрі олардікі болмақ. 30 Барлық алғашқы өнімдерің мен арнайы тартуларыңның ең жақсылары да діни қызметкерлердікі болады. Үйдегі диірменде бидай тартқанда, оның бірінші үлесін де соларға беріңдер! Сонда сендердің шаңырақтарыңа Менің ақ батам қонады. 31 Діни қызметкерлер арам өлген не жыртқыш аңдарға таланып өлген ешқандай құстың, малдың, не басқа хайуанның етін жемесін!
1 Елді руларға мұралық меншік етіп үлестіргендеріңде, ұзындығы жиырма бес мың, ені жиырма мың шынтақ болатын жер көлемін Жаратқан Иеге ерекше бағышталған қасиетті аудан ретінде бөліп, ұсыныңдар! Сол аудан түгелдей қасиетті болады. 2 Осының ішінен ені мен ұзындығы бес жүз шынтақ жер ғибадатханаға арналып белгіленсін. Айналасында тағы да ені елу шынтақ болатын жер тілімі бос қалдырылсын. 3 Киелі жер ауданынан ұзындығы жиырма бес мың, ені он мың шынтақ бөлікті бөліп қойыңдар. Осы айрықша жерде киелі үй мен оның ішіндегі ең қасиетті бөлме орналассын. 4 Қасиетті аудан киелі үйде Жаратқан Иенің алдында қызмет ететін діни қызметкерлерге арналсын. Олардың тұратын үйлері және киелі үйдің өзі осы жерде орналассын. 5 Сонымен қатар ұзындығы жиырма бес мың, ені он мың шынтақ болатын екінші аудан ғибадатханада қызмет ететін леуіліктерге қоныстануға табысталсын. 6 Қасиетті ауданмен шекаралас жатқан ені бес мың, ұзындығы жиырма бес мың шынтақ болатын тағы бір арнайы аудан белгіленсін. Ол бүкіл Исраил халқына тиесілі қалаға арналсын». 7 «Әміршіге арнап тағы да екі аудан белгіленсін. Солардың біріншісі қасиетті ауданның және қаланың меншікті жерінің батыс жағымен шекаралас болсын. Екіншісі солардың шығыс жағымен шекаралас болсын. Әміршінің екі ауданының арғы шекаралары Исраил руларының жерінің батыс және шығыс шекараларының жалғасы болады. 8 Бұл екі аудан әміршінің Исраилдегі меншікті жері болады. Осылайша Менің тағайындаған әміршілерім енді қайтып халқымды қанамайтын болады. Олар елдің қалған жерін Исраил халқына рулары бойынша үлестіріп табыстасын». 9 Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Жетер енді, уа, Исраилдің әміршілері! Зорлық-зомбылық жасауды доғарып, әділ де дұрыс істер істеңдер! Менің халқымды тонап, (өздерінің мұралық жерлерінен) қууларыңды қойыңдар!» — Жаратушы Тәңір Ие осыны бұйырады. 10 «Бұдан былай сендердің таразыларың әрі (қатты, сұйық заттардың көлемін өлшейтін) ефа және бат деген өлшемдерің дұрыс болсын! 11 Ефа мен баттың көлемі бірдей болсын. Бат та, ефа да хомердің оннан бір бөлігіне тең болсын. Сөйтіп хомер осы екі өлшемнің де үлгісі болмақ. 12 Салмақтың бекітілген өлшемі мысқал болсын. Бір мысқалда жиырма герах болсын, әрі алпыс мысқал бір минаны құрасын». 13 «Сендер арпа мен бидай өнімінің әр алпыс үлкен қаптан біреуін әміршіге салық ретінде беріп тұруға тиіссіңдер. 14 Зәйтүн жемістерінен сығып алынған майдың жүзден бір мөлшері де берілсін. Зәйтүн майы батпен өлшенсін. Он бат бір қорға және бір хомерге тең. 15 Сондай-ақ, Исраилдің шүйгін жайылымдарындағы ұсақ малдың әр екі жүз қойынан біреуі әміршіге берілуге тиіс. Осы аталғандар күнәларыңның кешірілуі үшін астық тартуларына, түгелдей өртеліп ұсынылатын құрбандықтарға және Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін тартуларға қоса әкелінсін. Сол малдар халық үшін күнәнің арамдығынан тазарту рәсімі жасалғанда құрбандыққа шалынсын». — Жаратушы Тәңір Ие мұны бұйырады. 16 «Осы ерекше тартуларды Исраилдің әміршісіне беруге елдің бүкіл халқы да қатыссын. 17 Ал әміршінің міндетіне — мейрамдардың, әр айдың алғашқы күнінің және демалыс күндері кезінде, яғни Исраил халқының барлық белгіленген мейрамдары кезінде, шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтарды және астық-сұйық тартуларын қамтамасыз ету жатады. Ол өзі Исраил халқының күнәларының кешірілуі үшін күнәнің құнын өтейтін, астық-сұйық тартуларын және Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін тартуларды ұсынады». 18 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Әр жылдың бірінші айының бірінші күні еш мінсіз бір жас бұқаны құрбандыққа шалып, киелі үйге тазарту рәсімін жасаңдар. 19 Діни қызметкер күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың қанынан алып, оны киелі үйдің есіктерінің жақтауларына, құрбандық үстелінің үстіңгі сатысының төрт бұрышына және ішкі аулаға апаратын қақпа ғимараттарының жақтауларына жақсын. 20 Сол айдың жетінші күні сендер білместіктен, яғни байқамай, күнә жасаған әрбір адам үшін дәл осыны істеңдер. Осылайша сендер киелі үйді күнәнің арамдығынан тазартасыңдар. 21 Жеті күнге созылатын Құтқарылу мейрамын бірінші айдың он төртінші күнінен бастап өткізе бастаңдар. Мейрам кезінде сендер ашымаған нан жейсіңдер. 22 Сол күні әмірші өзі үшін және елдің бүкіл халқы үшін бір бұқаны күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалсын. 23 Әмірші мейрамның жеті күнінің әр күнінде Жаратқан Иеге арнап шалынып, түгелдей өртелетін құрбандық ретінде еш мінсіз жеті бұқа мен жеті қошқарды, әрі күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде бір текені ұсынып отыруға тиісті. 24 Шалынатын әр бұқа мен әр қошқарға қоса әмірші астық тартуы ретінде бір пұттан бидай ұнын және әрбір пұт ұнға қоса тоғыз қадақтан зәйтүн майын ұсынатын болсын. 25 Жетінші айдың он бесінші күні басталатын жеті күндік Күркелер мейрамы кезінде де әмірші күнәнің құнын өтейтін және шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтарды, әрі астық-сұйық тартуларына қажетті ұн мен майды ұсынатын болсын».
1 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Ішкі ауланың Шығыс қақпа ғимараты алты жұмыс күні бойы жабық тұрып, демалыс күндері мен әр айдың алғашқы күні ашық тұрсын. 2 Әмірші сырттан осы қақпа ғимаратының бағаналы кіреберісі арқылы кіріп, оның ішімен өтетін жолда орналасқан бағананың қасында тұрсын. Діни қызметкерлер әміршінің түгелдей өртелетін және Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандықтарын шалып, өртеп Өзіме ұсынсын. Әміршінің өзі қақпа табалдырығының қасында иіліп ғибадат етсін. Содан соң ол сыртқы аулаға шығып кетеді. Қақпа ғимараты кешке дейін жабылмайды. 3 Елдің халқы демалыс күндері мен әр айдың алғашқы күні Шығыс қақпа ғимаратының кіреберісінің қасында Менің, Жаратқан Иенің, алдында иіліп ғибадат етсін. 4 Әміршінің демалыс күні Маған, Жаратқан Иеге, арнап алып келетін, шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтары мінсіз алты еркек тоқты және мінсіз бір қошқар болсын. 5 Қошқарға қоса ұсынылатын астық тартуы бір пұт бидай ұны, ал тоқтыларға қоса берілетін астық тартуы әміршінің өз еркіне қарай болсын. Әмірші әр пұт ұнға тоғыз қадақтан зәйтүн майын қоса ұсынуы керек. 6 Айдың алғашқы күні әмірші бір жас бұқаны, алты тоқты мен бір қошқарды құрбандыққа ұсынуы керек. Малдардың бәрі де мінсіз болуға тиіс. 7 Әмірші жас бұқаға және қошқарға қоса бір пұттан бидай ұнын тарту етсін. Ал тоқтыларға қоса ол астық тартуын өз еркіне қарай барынша берсін. Оның әр пұт ұнға тоғыз қадақтан зәйтүн майын қоса беруі де қажет. 8 Әмірші қақпа ғимаратына кіргенде, соның бағаналы кіреберісі арқылы өтіп, сол жолмен кері шығып кететін болсын. 9 Елдің халқы белгіленген мейрамдарды тойлауға Жаратқан Иенің алдына келгенде, Солтүстік қақпа ғимаратынан кіргендері Оңтүстік қақпа ғимаратынан, ал Оңтүстік қақпа ғимаратынан кіргендері Солтүстік қақпа ғимаратынан шығатын болсын. Әркім кірген қақпа ғимаратынан шықпай, қарама-қарсы қақпа ғимаратынан шығатын болсын. 10 Сол мейрамдарда әмірші халықтың арасында болып, аулаға олармен бірге кіріп, бірге шығатын болсын. 11 Сонымен ғибадатханадағы арнайы жиындарда және белгіленген мейрамдарда құрбандыққа шалынатын әр бұқа мен қошқарға қоса ұсынылатын астық тартуының мөлшері бір пұттан болсын. Тоқтыларға қоса ұсынылатын бидай мөлшері құрбандық шалушының еркіне сай болмақ. Тарту етілген әр пұт ұнға тоғыз қадақтан зәйтүн майы қоса әкелінсін. 12 Әмірші Жаратқан Иеге арнап не шалынып, түгелдей өртелетін, не Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандықты ерікті тарту ретінде ұсынбақ болғанда, оған ішкі ауланың шығысқа қарап тұрған қақпа ғимараты ашылуы керек. Ол өзінің құрбандықтарын демалыс күні жасалатындай етіп ұсынсын. Содан соң әмірші шығып кетіп, қақпа қайтадан жабылсын. 13 Әр күні таңертең мінсіз бір жасар тоқтыны Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандық қылып шалыңдар. 14 Оған қоса әр таңертең сайын пұттың алтыдан бір бөлігі мөлшерінде астық тартуын да жасаңдар. Ұнға қосып араластыру үшін үш қадақ зәйтүн майын да әкеліңдер. Жаратқан Иеге осы астық тартуын ұсынып тұру тұрақты ереже болады. 15 Осылайша күн сайын таңертең түгелдей өртелетін құрбандыққа арналған тоқты, астық тартуы және зәйтүн майы ұдайы қамтамасыз етіліп тұратын болады». 16 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны да айтады: «Егер әмірші ұлдарының біріне өз мұралық жерінен сый жасаса, осы жер сол ұлының ұрпақтарының да меншігіне өте береді. Бұл атадан балаға өтетін сол үрім-бұтақтың мұрасына айналады. 17 Ал егер әмірші өз меншікті жерінен қызметкерлерінің біріне сый жасаса, бұл Мерекелі жылға дейін ғана сол қызметкердің иелігінде болады. Мерекелі жылда сол жер үлесі әміршіге қайтып оралады. Себебі әміршінің меншікті жері өз ұрпақтарына ғана мұра болып қала алады, ол тек соларға ғана тиісті. 18 Әмірші ешкімді оның мұралық жерінен қуып шығып, соны иемденіп алмасын! Әмірші ұлдарына мұраны тек өзінің меншікті жер үлесінен ғана берсін. Менің халқымның ешбір адамы өзіне тиісті мұралық жерінен айырылып қалмасын!» 19 Енді әлгі хабаршы мені қақпа ғимаратының жанындағы кіреберіс арқылы діни қызметкерлерге арналған, солтүстік жаққа қарайтын қасиетті бөлмелерге де ертіп алып барды. Маған сол бөлмелердің батыс шетіндегі бір жерді көрсетті де, 20 былай деді: «Осы жерде діни қызметкерлер айыпты өтеу және күнәнің құнын өтеу құрбандықтарының етін пісіріп, астық тартуларының нанын жабады. Бұл тартулар мен құрбандықтарды сыртқы аулаға алып шығуға болмайды. Себебі олай етілсе, онда ауладағы халық та Құдайға ерекше бағышталып киелі болар еді». 21 Содан соң хабаршы мені (халыққа арналған) сыртқы аулаға алып шықты да, ауланың төрт бұрышын түгел аралатты. Төрт бұрыштың әрқайсысынан мен бір-бір шағын ауладан көрдім. 22 Қабырғамен қоршалған осы шағын аулалардың әрқайсысының ұзындығы қырық, ені отыз шынтақтан болды. 23 Әлгі қабырғалардың ішкі жағын айналдыра тас үстелдер тұрды. Барлығының астында от жағылатын ошақтары бар екен. 24 Хабаршы маған былай деп түсіндірді: «Бұлар ғибадатханада қызмет ететін леуіліктердің халық ұсынған құрбандықтардың етін пісіретін асүйлері».
1 (Мен көрген көріністе) әлгі хабаршы мені киелі үйдің кіреберісіне қайтадан алып барды. Міне, киелі үйдің табалдырығының астынан су шығып ағып жатыр екен! Су шығысқа қарай ағып жатты, өйткені киелі үй шығыс жаққа қарай орналасқан. Содан бұлақ үйдің және құрбандық үстелінің оңтүстік жағынан өтіп шықты. 2 Мұнан кейін хабаршы мені Солтүстік қақпа ғимараты арқылы алып шықты да, сырт жақпен айналып барып, шығысқа қарап тұрған сыртқы қақпаға апарды. Міне, су ағыны қақпаның оңтүстік жағынан өтіп ағып жатты. 3 Әлгі хабаршы мені ертіп алып, қолындағы өлшеуіш жібімен су ағынының бойымен шығысқа қарай жүрді де, мың шынтақ қашықтықты өлшеді. Сол жерде мені су ағынынан өткізді. Су толарсағымнан келді. 4 Хабаршы тағы бір мың шынтақты өлшеп алды да, мені тіземнен келіп тұрған ағынды судан өткізді. Ол қайтадан бір мың шынтақты өлшеп алып, енді мені белуардан келетін судан өткізді. 5 Хабаршы тағы бір мың шынтақты өлшегенде, ендігі су ағыны мен кешіп өте алмайтындай терең болды. Өйткені су көтеріліп, адам жүзіп өтпесе, кешіп өте алмайтын тасқынды өзенге айналыпты. 6 Хабаршы менен: «Пенде, мынаны байқап тұрсың ба?» — деп сұрады. Мұнан кейін мені қайтадан өзеннің жағасына ертіп шығарды. 7 Мен сол жерге қайтып келгенде, міне, өзеннің екі жағында да көптеген ағаштардың өсіп тұрғанын көрдім. 8 Хабаршы маған былай деп түсіндірді: «Мына су шығыс жаққа қарай ағып, Иордан өзенінің алқабына құлдилайды да, сол жерде Өлі теңізге құяды. Өзен суы сол теңізге құйған бойда, оның суы тұщы болып шыға келеді. 9 Өзен қай жермен ақса, сонда аң-құстар мен өзге де тірі жануарлар қаптап кетеді. Өлі теңізде балық та өте мол болады, өйткені өзен ағысы ащы суды тұщытады. Өзен аққан жерлердің бәрінде өмір өркендейді. 10 Бүкіл жағалауда балықшылар тұратын болады. (Теңіздің батыс жағасындағы) Ен-Гедиден (шығыс жағасындағы) Ен-Әглаимге дейінгі аралық балықшылардың балық аулап, торларын кептіретін жері болады. Осы теңіздегі балықтың түрлері Жерорта теңізіндегілер сияқты өте көп болады. 11 Ал батпақтар мен шалшық сулар тұщымайды, олар тұз көзі болып қала береді. 12 Өзеннің екі жағасында да әр түрлі жеміс ағаштары өсетін болады. Олардың жапырақтары еш қурамайды, жемістері де таусылмайды. Киелі орыннан шыққан су оларға ағып келетіндіктен, сол ағаштар әр ай сайын жеміс беріп тұратын болады. Олардың жемістері халыққа тамақ, жапырақтары дәрі-дәрмек болады». 13 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Елдің жерін мына шекаралар бойынша Исраилдің он екі руына бөліп, иемденуге беріңдер! Жүсіптің ұрпақтарына екі үлес тиюі керек. 14 Қалған жер өзге рулардың арасында тең бөлінсін. Мен сендердің ата-бабаларыңа салтанатты түрде ант еткендігімнен, бұл жер сендердің мұралық меншіктерің болады. 15 Елдің шекаралары мынадай болады: Солтүстік жақтан ол Жерорта теңізінен Хетлон жолы арқылы, Лебо-Хаматтың қасымен Седад, 16 Берот, Сибраим қалаларына дейін, одан әрі Ауранның шекарасындағы Хасар-Тихонға дейін созылады. Ал Сибраим Дамаск пен Хамат патшалықтарының арасындағы шекарада орналасқан. 17 Сонымен Жерорта теңізінен шекара Дамаскінің солтүстік шекарасындағы Хасар-Енан қаласына дейін созылады. Хасар-Енанның солтүстік жағында Хаматтың шекарасы бар. Елдің солтүстік шекарасы осы болады. 18 Шығыс жақтағы шекара Ауран мен Дамаскінің арасында басталып, Ғилақад пен Исраилдің елдерінің арасында жатқан Иордан өзенінің бойымен жүре отырып, Шығыс теңізге, одан әрмен Тамарға дейін жетеді. Елдің шығыс шекарасы осы болады. 19 Оңтүстіктегі шекара Тамардан Қадештің маңайындағы Меріба суына дейін ұласады да, одан Мысырдың шетіндегі өзен аңғарының бойымен Жерорта теңізіне дейін жетеді. Елдің оңтүстік шекарасы осы болады. 20 Батыс шекара Жерорта теңізін бойлай отырып, Лебо-Хаматқа қарама-қарсы жерге дейін созылады. Елдің батыс шекарасы осы болады. 21 Сендер осы аталған шекаралардың ішіндегі жерді Исраилдің рулары бойынша өзара бөлісіп алыңдар! 22 Бұл жерді сендер араларыңда қоныстанып, ұрпақ сүйген жат жұрттықтармен бірге мұралық меншік етіп бөлісіп алуларың керек. Мұндай жат жұрттықтарға жергілікті исраилдіктер ретінде қараңдар! Өздеріңмен бірге оларға да Исраил руларының арасынан бірдей үлес тиюге тиіс. 23 Жат жұрттық қай рудың жерінде қоныстанса, оған мұралық меншігін сол жерден беріңдер!» — Жаратушы Тәңір Ие осыны бұйырады.
1 «Аттары аталып тізімделген рулар мыналар: Елдің солтүстік шекарасында Данның үлесі болады. Оның шегі Хетлон жолының бойымен Лево-Хаматқа дейін барып, Дамаскінің Хаматқа қарай жатқан солтүстік шекарасында орналасқан Хасар-Енан қаласына дейін жетеді. Осылайша Дан руының жер үлесі елдің шығыс шегінен батыс шегіне дейін созылмақ. 2 Аширдің жер үлесі Данның жерімен оның оңтүстік жағында шекараласып жататын болады. Ол да елдің шығыс шегінен батыс шегіне дейін созылмақ. 3 Нафталимге Аширдің жерінің оңтүстік жағындағы, онымен шығыстан батысқа дейін шекараласып жатқан жер үлесі тиеді. 4 Манасаға Нафталимнің жерінің оңтүстік жағындағы, онымен шығыстан батысқа дейін шекараласып жатқан келесі жер үлесі тиеді. 5 Ефремге Манасаның жерінің оңтүстік жағындағы, онымен шығыстан батысқа дейін шекараласып жатқан жер үлесі тиеді. 6 Рубенге Ефремнің жерінің оңтүстік жағындағы, онымен шығыстан батысқа дейін шекараласып жатқан жер үлесі тиеді. 7 Яһудаға Рубеннің жерінің оңтүстік жағындағы, онымен шығыстан батысқа дейін шекараласып жатқан жер үлесі тиеді». 8 «Яһуданың жерімен шығыстан батысқа дейін шекараласып жатқан аймақты ерекше мақсатқа арнап бөлек қойыңдар. Оның ені жиырма бес мың шынтақ болып, шығыстан батысқа дейінгі ұзындығы рулардың үлестеріне тиген жердің ұзындығымен тең болсын. Осы арнайы аймақтың ортасында киелі орын орналасады. 9 Сендер Жаратқан Иеге бағыштауға тиісті қасиетті ауданның ұзындығы жиырма бес мың, ені жиырма мың шынтақ болады. 10 Бұл ауданның бір бөлігі діни қызметкерлерге арналған қасиетті жер үлесі болады. Соның солтүстік және оңтүстік жақтарындағы ұзындығы жиырма бес мың шынтақтан, батыс және шығыс жақтарындағы ені он мың шынтақтан болады. Қасиетті жер үлесінің ортасында Жаратқан Иенің киелі орны орналасады. 11 Бұл қасиетті жер үлесі Жаратқан Иеге бағышталған діни қызметкерлер — Садықтың ұрпақтарына арналады. Олар Маған қызмет етуде адал болды. Исраил халқы Менен адасып кеткенде олар өзге леуіліктер сияқты халықпен бірге Өзімнен безіп кеткен жоқ. 12 Бұл — елдің жері үлестірілген кезде оларға берілетін айрықша жер үлесі. Ол ең қасиетті болмақ. Өзге леуіліктердің тұратын жерлері онымен шекараласып жатады. 13 Леуіліктерге арналған жер үлесі діни қызметкерлердің жер үлесіндей болады: ұзындығы жиырма бес мың, ені он мың шынтақ. Осы екі жер үлесінің ұзындығы жиырма бес мың, жалпы ені жиырма мың шынтақ болмақ. 14 Осы жерді не сатуға, не айырбастауға болмайды. Бұл — елдің таңдаулы, Жаратқан Иеге бағышталған киелі жері, ол басқалардың қолына өтпеуі керек». 15 «Ені бес мың, ұзындығы жиырма бес мың шынтақ болатын қалған жер үлесі қаланың әдеттегі мұқтаждықтарына: үй салуға және мал жайылымына арналады. Қала сол жер үлесінің ортасында болмақ. 16 Қаланың өлшемдері мынадай болады: солтүстік, оңтүстік, шығыс және батыс жақтары төрт мың бес жүз шынтақтан. 17 Қалаға арналып солтүстік, оңтүстік, шығыс және батыс жақтардан екі жүз елу шынтақ мөлшерінде жайылым жер бөлініп беріледі. 18 Осы жер үлесінің қасиетті ауданмен шекараласып, онымен ұзындығы бірдей болатын қалған бөлігі шығыс пен батыс жақтардан он мың шынтақ жер көлемін алып жатпақ. Осы егістік жердің өнімі қаланың жұмысшыларын тамақпен қамтамасыз ететін болады. 19 Қалада жұмыс істеуге Исраилдің барлық руларынан шыққандар келіп, оған егін егетін болады. 20 Сонымен осы бүкіл жер үлесі тік төрт бұрышты болады. Әр жағының ұзындығы жиырма бес мың шынтақты құрайды. Ол қаланың өзінің үлестік жерімен қоса, қасиетті ауданды да қамтымақ. Сол жер үлесін Жаратқан Иеге бағыштап бөлек қойыңдар». 21 «Қасиетті аудан мен қалаға тиісті жерлердің сыртында қалған жер үлесі әміршіге тиісті болады. Ол қасиетті ауданнан шығыс және батыс шекараларға қарай созылып, ені жиырма бес мың шынтақ болмақ. Оның шығыс және батыс шекаралары рулардың жер үлестерінің шекараларымен ұласады. Осы жер үлесінің екі бөлігі де әміршіге тиісті болады. Киелі үй тұрған қасиетті аудан екеуінің ортасында орналасады. 22 Сонымен леуіліктердің және қаланың жер үлестері әміршіге тиісті жердің ортасында жатады. Әміршінің жері Яһуда мен Бунямин руларының жер үлестерінің арасында, олармен шектесіп жататын болады». 23 «Қалған рулардың жерлері мыналар: Буняминге де елдің шығыс шегінен батыс шегіне дейін созылған бір жер үлесі тиеді. 24 Шимонға Буняминнің жерінің оңтүстік жағындағы, онымен шығыстан батысқа дейін шекараласып жатқан жер үлесі тиеді. 25 Исашарға Шимонның жерінің оңтүстік жағындағы, онымен шығыстан батысқа дейін шекараласып жатқан жер үлесі тиеді. 26 Забулонға Исашардың жерінің оңтүстік жағындағы, онымен шығыстан батысқа дейін шекараласып жатқан жер үлесі тиеді. 27 Ғадқа Забулонның жерінің оңтүстік жағындағы, онымен шығыстан батысқа дейін шекараласып жатқан жер үлесі тиеді. 28 Ғадтың оңтүстік шекарасы Тамардан Қадеш маңайындағы Меріба суына дейін ұласып, оңтүстікке қарай созылады, сосын Мысырдың шетіндегі өзен аңғарымен бойлай отырып, Жерорта теңізіне келіп тіреледі. 29 Сендер елден Исраил руларына үлестіретін мұралық жерлер осылар». — Жаратушы Тәңір Ие осыны нық айтады. 30 «Қаладан шығатын жерлер мыналар: Қаланың қақпалары Исраил руларының аттарымен аталсын. Ұзындығы төрт мың бес жүз шынтақ болатын солтүстік жағында 31 қаланың үш қақпасы болады. Олардың аттары: Рубен, Яһуда, Леуі қақпалары. 32 Ұзындығы төрт мың бес жүз шынтақ болатын шығыс жақтағы үш қақпаның аттары: Жүсіп, Бунямин, Дан қақпалары. 33 Ұзындығы төрт мың бес жүз шынтақ болатын оңтүстік жақтағы үш қақпаның аттары: Шимон, Исашар, Забулон қақпалары. 34 Ұзындығы төрт мың бес жүз шынтақ болатын батыс жақтағы үш қақпаның аттары: Ғад, Ашир, Нафталим қақпалары. 35 Қала шегінің айналдыра ұзындығы он сегіз мың шынтақ болмақ. Сол кезден бастап, қаланың аты «Жаратқан Ие осында тұрады!» деп аталмақ».
1 Яһуда елінде Жохақымның патшалық құрған үшінші жылы Бабыл патшасы Набуходоносор Иерусалим қаласына шабуыл жасап, оны қоршап алды. 2 Сонда Яһуданың патшасы Жохақым да, Құдайдың киелі үйінен алынған бірнеше ыдыстар да Жасаған Иенің еркімен Бабыл патшасының қолына түсті. Сол қасиетті ыдыстарды патша Шинар аймағына әкетіп, өзі табынатын жалған тәңірдің ғибадатханасының қазына қоймасына сақтап қойды. 3 Бабыл патшасы сондай-ақ өзінің сарай қызметкерлерін басқаратын уәзірі Ашпеназға исраилдік патша әулетінен және ақсүйек тұқымынан шыққан бірнеше жасөспірім баланы Иерусалимнен алып келуге бұйырды. 4 Бұлар ешбір кемтарлығы жоқ, келбетті, ғылымның бар жағынан да хабардар, парасатты да зерделі әрі патша сарайында қызмет атқаруға қабілетті болуға және халдейлердің тілі мен әдебиетін үйренуге тиісті еді. 5 Патша оларға өз дастарқанындағы тамағы мен шарабынан күнделікті үлес тағайындады. Сол жасөспірімдер үш жыл бойы тәлім алғаннан кейін патша оларды сарайындағы қызметке кірістірмек болды. 6 Яһуда руынан таңдап алынған жасөспірімдер арасында Даниял, Хананиях, Мишаел, Азариях деген балалар бар еді. 7 Уәзір сол төртеуінің аттарын өзгертіп, Даниялға Балташазар, Хананияхқа Садырақ, Мишаелге Мисақ, Азарияхқа Әбдінего деп жаңадан ат қойды. 8 Алайда Даниял патшаның тамағы мен шарабын ішіп-жеп өзімді арамдамаймын деген берік шешім қабылдаған болатын. Сондықтан ол сарай қызметкерлерін басқаратын жаңағы Ашпеназ уәзірге осы туралы өтініш жасады. 9 Құдай бұл уәзірдің жүрегін жібітіп, оны Даниялға оң көзімен қарайтын етті. 10 Сонымен уәзірдің Даниялға берген жауабы былай болды: «Мен патша иемнен қауіптенемін. Ішіп-жейтін тағамдарыңды тағайындаған оның өзі еді ғой. Егер сендердің басқа балаларға қарағанда жүдеп бара жатқандарыңды байқап қалса, сендердің кесірлеріңнен менің басым кетеді!» 11 Сонда Даниял төртеуінің үстінен қарауға уәзір бекіткен қызметкерден былай деп өтінді: 12 «Тақсыр, бізге он күн бойы жеуге тек адал тағамдар, ішуге су ғана беріп сынап көрсеңіз екен. 13 Содан кейін біздің түріміз бен патша дастарқанынан ішіп-жеген басқа балалардың түрін салыстырып көріңіз. Әрі қарай бізбен өз көзіңізбен көргеніңізге сай әрекет етерсіз, тақсыр». 14 Қызметкер осыған келісіп, оларды он күн сынайтын болды. 15 Сол он күн өткен соң байқап қараса, бұл балалардың түрлері патша дастарқанынан тамақтанған жастардың бәрінен өңдірек әрі толығырақ болып көрінді. 16 Оларды басқаратын қызметкер содан бастап патшаның берген тамағы мен шарабын былай қойып, оларға тек адал тағамдар беруін жалғастыра берді. 17 Жаңағы төрт жасөспірімге Құдай білім және әдебиет пен даналықтың барлық жағын да үйренуге зеректік сыйлады. Ал Даниял оның үстіне әр түрлі аяндар мен түстердің мағынасын түсінетін ерекше дарынға да ие болды. 18 Осылайша Набуходоносор патшаның белгілеген мерзімі аяқталып, уәзір исраилдік жас жігіттерді патшаның алдына алып барды. 19 Патша олармен сөйлескенде Даниял, Хананиях, Мишаел, Азариях төртеуінің барлық жағынан да басқалардан басым екенін байқады. Сол себепті бұл төртеуі патшаға қызмет етуге кірісті. 20 Патша олардан қандай мәселе туралы ақыл-кеңес сұрамасын, өзінің бүкіл патшалығындағы абыздары мен балгерлерінен гөрі олардың он есе білімдірек екенін анықтады. 21 Бұдан былай Даниял парсы патшасы Кирдің Бабылға билік құрған бірінші жылына дейін сол қызметінде қала берді.
1 Набуходоносор (Бабыл еліне) патшалық құрған екінші жылы қорқынышты түстер көріп, соларды уайымдап, ұйқысынан айырылды. 2 Содан ол түстерінің мазмұнын біліп алу үшін елдегі абыздар, балгерлер, сиқыршылар мен жұлдызшыларды шақыртты. Олар келіп, патшаның алдына жиналды. 3 Патша оларға: — Мен түс көрдім, содан жаным тыншымай отыр. Түстің мазмұнын білгім келеді, — деді. 4 Жұлдызшылар патшаға арамей тілінде: — Уа, патша ағзам, өміріңіз ұзақ болсын! Бізге түсіңізді айтып беріңіз, сонда оны сізге жорып береміз! — деп жауап қайтарды. 5 Алайда патша: — Жарлығым мынадай: егер маған көрген түсімнің мазмұны мен мағынасын айтып бермесеңдер, өздеріңді кескілеп өлтіртіп, үйлеріңді жермен-жексен қылғызамын! 6 Ал егер түсімнің мазмұны мен мағынасын айтып берсеңдер, мен сендерге көп сый-тартулар беріп, зор құрметке ие боласыңдар. Сондықтан маған түсімді және оның мағынасын айтып беріңдер! — деп бұйырды. 7 Олар тағы да патшадан: — Түсіңізді бізге айтып берсеңіз, оны сізге жорып береміз! — деп өтінді. 8 Бірақ патшаның жауабы мынау болды: — Сендердің жай ғана уақытты созып тұрғандарыңды көріп тұрмын. Менің мынаны нық шешкенімді жақсы білесіңдер: 9 егер түсімді айтып бермесеңдер, бәріңе де бірдей үкім кесіледі. Ал сендер жағдай өзгергенше мені алдайтын жаман нәрселерді айтуға сөз байластыңдар. Сондықтан қандай түс көргенімді айтып беріңдер! Сонда сендердің оны жори алатындарыңа да көз жеткіземін. — 10 Жұлдызшылар: — Уа, патша ағзам, тапсырған бұл мәселеңізді жер бетіндегі бірде-бір адам шешіп бере алмайды. Ешбір патша, қандай ұлы да құдіретті болмасын, бірде-бір сәуегей, балгер, жұлдызшыдан бұрын-соңды мұндайды талап еткен емес! 11 Уа, тақсыр, бұл тапсырмаңыз тым қиын. Түсіңізді сізге тәңірлерден өзге ешкім де ашып бере алмайды, ал олар адамдардың арасында тұрмайды ғой! — деп жауап қайтарды. 12 Мұны естігенде патшаны ашу-ыза кернеп, Бабылдағы барлық білімпаздардың көзін құртуға бұйырды. 13 Патша осындай жарлық шығарғандықтан, сақшылар іздеп тауып алып, өлтіру үшін Бабылдың басқа білімпаздарымен қатар Даниял мен оның серіктеріне де барды. Өлім жазасын орындауға шыққан патша сақшыларының бастығы Ариоқ келгенде, Даниял онымен көрегендікпен сөйлесіп: 15 — Патша ағзам мұндай қатал жарлықты қандай себептен шығарды екен? — деп сұрады. Сонда Ариоқ оның себебін түсіндірді. 16 Мұны естісімен Даниял сарайға барып, түсінің мағынасын айтып беру үшін патшаның біраз уақытқа мұрсат беруін сұрады. 17 Содан Даниял үйіне қайтып, болған жайтты серіктері Хананиях, Мишаел, Азарияхқа айтып былай деді: 18 «Бабылдың өзге білімпаздарымен бірге өзіміздің де құрымай аман қалуымыз үшін көктегі Құдайдан бұл құпияны рақымдылықпен ашып беруін сұрайық!» — 19 Мұнан кейін осы құпияның шешімі Даниялға түнгі көрініспен ашылды. Сонда Даниял Құдайды мадақтап 20 былай деді: «Мәңгі мадақталсын Құдайдың есімі, Ол — бар даналық пен құдіреттің Иесі! 21 Заман мен дәуір атаулыны өзгертеді, Әрі патшаларды тағайындап қояды, Ал кейін оларды орнынан алады, Ол даналарға тағы даналық қосады, Түсінігі барларға білім дарытады, 22 Құдайда әрдайым жарық нұр болады, Ол құпия, көмескі жайттарды ашады, Түнектегілерін де анық ұғады. 23 Алғыс айтып, Сені мақтаймын ұдайы, Уа, ата-бабаларым сиынған Құдайы! Даналық пен күшке Сен қолымды жеткіздің, Сұрағанымызды маған ашып бердің, Патшаның талап еткенін бізге білдірдің!» 24 Сонымен Даниял Набуходоносор патшаның Бабылдың білімпаздарын өлтіруге жіберген қызметкері Ариоққа барып: «Бабылдың білімпаздарын өлтірмей, мені патшаның алдына апарсаңыз екен. Оған көрген түсінің мағынасын айтып беремін!» — деп өтініш жасады. 25 Ариоқ Даниялды бірден патшаның алдына алып барып: «Уа, патша ағзам, мен Яһудадан жер аударылып келгендердің арасынан түсіңізді жорып бере алатын адамды тауып алып келдім!» — деп баяндады. 26 Сонда патша Балташазар деп те аталған Даниялға сұрақ қойып: — Сен шынымен түсімде не көргенімді айтып, оның мағынасын түсіндіре аласың ба? — деді. 27 Даниял патшаға былай деп жауап берді: — Ешқандай білімпаз, балгер, сәуегей не сиқыршы сізге өзіңіз айтып отырған құпияны түсіндіріп бере алмайды. 28 Бірақ көктегі Құдай құпияларды ашып бере алады. Уа, Набуходоносор патша, көктегі Құдай сізге осы түс арқылы келешек замандарда болатын жайттарды көрсеткен екен. Төсекте жатқанда түсіңізде көрген көріністеріңіз мыналар: 29 Демалып жатқан кезде болашақ туралы ойлай бастадыңыз, уа, патша ағзам. Сонда барлық құпияларды аша алатын Құдай сізге келешекте болатын оқиғаларды білдірді. 30 Алайда менің басқа пенделерден ақылды болғандығымнан емес, сізге түстің мағынасын білдіріп, санаңызға ұялаған сол ойларды түсіндіріп беруім үшін бұл құпия маған ашылды. 31 Уа, тақсыр, түсіңізде көргеніңіз — алдыңызда тұрған бір дәу мүсін екен. Ол жарқ-жұрқ еткен, биік, сырт көрінісі қорқынышты еді. 32 Мүсіннің басы саф алтын, көкірегі мен қолдары күміс, іші мен екі саны қола, 33 екі балтыры темір, аяғының қалған бөлігі жартылай темір, жартылай қыш екен. 34 Сіз мүсінге қарап тұрған кезде бір дәу тас жартастан қашалып жасалды. Мұны жасаған адам баласы емес еді. Сол дәу тас мүсіннің жартылай темір, жартылай қыш аяқтарына келіп соғылып, оларды қиратып тастады. 35 Сонда мүсіннің темірі мен қышы, қоласы, күмісі және алтыны бәрі бірдей быт-шыт болып сынып қалды. Олар жаздыгүні астық бастыратын қырмандағы бидай қауызындай соққан желмен ұшып кетіп, із-түзсіз ғайып болды. Ал мүсінге соғылған дәу тас орасан зор тауға айналып, бүкіл жер бетін толтырды. 36 Түсіңіз осындай болды. Енді оның мағынасын да айтып берейік. 37 Сіз, уа, патша ағзам, көптеген патшалардың патшасысыз. Көктегі Құдай сізге патшалық билік, күш-қуат пен атақ-даңқ сыйлап, 38 үстемдігіңізге әр жердегі адам баласын, даладағы аңдар мен аспандағы құстарды тапсырып, өзіңізді солардың барлығының үстінен билеуші етіп тағайындады. Сондықтан мүсіннің алтын басы өзіңізді білдіреді. 39 Сізден кейін дәрежесі төмендеу екінші бір патшалық, одан кейін бүкіл жер бетін басқаратын қола (іспетті берік) патшалық пайда болады. 40 Содан кейін төртінші, темірдей мықты патшалық шығады. Темір қарудың барлық нәрсені сындырып, талқандай алатыны сияқты, осы патшалық та сол бұрынғы патшалықтарды талқандап күйретеді. 41 Мүсіннің аяғы мен башпайларының жартылай қыштан, жартылай темірден болғанын көрдіңіз ғой. Бұл — сол төртінші патшалықтың екі бөліктен тұратынын бейнелейді. Кейбір бөлімдері темірдей қатты әрі күшті, ал басқалары қыш сияқты морт сынғыш болады. 43 Өзіңіз көрген сол көріністегі темірдің қышпен араласқаны іспетті, сол бөлімдері де бір-бірімен араласады. Бірақ темірдің қышпен біртұтас бола алмайтынындай, араларында шынайы бірлік болмайды. 44 Алайда сол патшалардың заманында көктегі Құдай бір Патшалықты орнатады. Сол патшалық ешқашан күйремейді, Құдай бөтен халықтың оны жаулап алуына да жол бермейді. Қайта, осы Патшалық басқа барлық патшалықтарды біржола қиратып, өзі мәңгі берік тұрады. 45 Адам баласы емес, басқа біреу жартастан қашап жасаған дәу тасты көрген едіңіз ғой. Оның темір, қола, қыш, күміс және алтынды қиратқаны осыны бейнелейді. Сонымен Ұлы Құдай келешекте не болатыны туралы сізге білдіріп отыр, уа, патша ағзам. Көрген түсіңіз сенімді, түсіндірмесі де дәл. 46 Сонда Набуходоносор патша Даниялдың алдында басын жерге тигізе тағзым етті. Оның құрметіне астық тартуы жасалып, хош иісті зат түтетілсін деп бұйырды да, 47 Даниялға былай деді: «Сен осы құпияны аша алғандықтан, сиынатын Құдайыңның шынымен барлық тәңір атаулының үстіндегі Құдай әрі патшалардың Иесі екеніне көзім жетіп отыр!» 48 Патша Даниялдың дәрежесін мейлінше жоғарылатып, оған көп сыйлық беріп, бүкіл Бабыл аймағының билеушісі және Бабылдың барлық білімпаздарының үстінен қарайтын басшысы етіп бекітті. 49 Даниялдың өтінішімен патша Шадырақ, Мисақ пен Әбдінегоны Бабыл аймағының істерін атқарушылар етіп тағайындады. Ал Даниялдың өзі патша сарайында тұратын болды.
1 Кейінірек Набуходоносор патша алтыннан бір мүсін жасатып, оны Бабыл аймағындағы Дура жазығына орнатуға бұйырды. Мүсіннің биіктігі алпыс, ені алты шынтақ болды. 2 Оның салтанатпен ашылу рәсіміне Набуходоносор патшалығының аймақ әміршілерін, қолбасшыларын, әкімдерін, кеңесшілерін, қазынашыларын, төрешілерін және қала әкімдерін, яғни аймақтарының барлық билеушілерін, шақырды. Сол шақырылғандардың бәрі де патша орнатқызған мүсіннің алдында жиналып тұрған кезде 4 жаршы қатты дауыспен былай деп жариялады: «Уа, күллі ұлттар, халықтар және тілдердің адамдары, патшаның әміріне құлақ түріңдер! 5 Сендер керней, сыбызғы, домбыра, жетіген, шертер, сырнай және өзге де аспаптарда орындалған күйлерді де ести сала, Набуходоносор патша тұрғызған алтын мүсіннің алдында бастарыңды жерге жеткенше иіп тағзым етіңдер! 6 Кімде-кім басын жерге жеткенше иіп тағзым етпесе, сол бірден лаулап жанып тұрған пешке тасталады!» 7 Сондықтан керней, сыбызғы, домбыра, жетіген, шертер, сырнай әрі өзге де аспаптарда орындалған күйлерді ести сала, бүкіл ұлттар, халықтар және тілдердің адамдары бастарын жерге жеткенше иіп, Набуходоносор патша орнатқан алтын мүсінге тағзым етті. 8 Сол кезде кейбір халдей жұлдызшылары алға шығып, яһудилерді жамандай бастады. 9 Олар патшаға былай деп шағым айтты: — Уа, патша ағзам, өміріңіз ұзақ болсын! 10 О, патша, сіз «Әрбір адам керней, сыбызғы, домбыра, жетіген, шертер, сырнай және өзге де аспаптарда орындалған күйлерді ести сала алтын мүсіннің алдында басын жерге жеткенше иіп тағзым етсін! 11 Кімде-кім басын жерге жеткенше иіп тағзым етпесе, сол лаулап жанып тұрған пешке лақтырылсын!» — деп әмір еткен едіңіз ғой. 12 Осы арада өзіңіз Бабыл аймағының басқарушылары етіп тағайындаған Шадырақ, Мисақ пен Әбдінего деген яһудилер бар. Олар не сіздің берген әміріңізді менсінбейді, не тәңірлеріңізге ғибадат етпейді, не өзіңіз орнатқан алтын мүсіннің алдында иіліп тағзым етпейді! 13 Осыны естігенде Набуходоносор патша қатты ашуланып, Шадырақ, Мисақ пен Әбдінегоны алып келуге бұйырды. Алдына әкелінген үш жігітке 14 патша сұрақ қойып былай деді: — Сендер шынымен менің тәңірлеріме де ғибадат етпей, өзім орнатқан алтын мүсінге де иіліп тағзым етпейсіңдер ме?! 15 Ендеше мойынсұнуға дайын болсаңдар, онда керней, сыбызғы, домбыра, жетіген, шертер, сырнай және өзге де аспаптарда орындалған күйлерді ести сала, бастарыңды жерге жеткенше иіп, өзім жасатқан алтын мүсінге тағзым етіңдер! Бірақ егер иіліп тағзым етпесеңдер, бірден лаулап жанып тұрған пешке лақтырыласыңдар! Сонда қандай құдай сендерді менің қолымнан құтқарып алар екен?! 16 Шадырақ, Мисақ пен Әбдінего Набуходоносорға былай деп жауап қайырды: — Уа, патша, бұл мәселе бойынша сіздің алдыңызда қорғануымыздың қажеті жоқ. 17 Егер лаулап жанып тұрған пешке лақтырылсақ та, ғибадат етіп жүрген Құдайымыздың бізді құтқаруға құдіреті жетеді. Ол бізді сіздің қолыңыздан құтқаратын болады да! 18 Тіпті солай болмаса да, мынаны біліп қойыңыз, уа тақсыр: сіздің тәңірлеріңізге ғибадат етпейміз де, орнатқан алтын мүсініңіз алдында иіліп тағзым етпейміз де! 19 Набуходоносор Шадырақ, Мисақ пен Әбдінегоге қаһарланып, оның кескіні бұзылып кетті. Ол пешті бұрынғыдан жеті есе ыстық етіп от жағылсын деп әмір етті. 20 Содан соң әскерінен ең қуатты деген жауынгерлердің бірсыпырасына сол үш жігітті байлап-матап, лаулап жанып тұрған пешке тастауға бұйырды. 21 Осылай үшеуі шапандары, шалбарлары, сәлделері және басқа да киімдерімен байланған күйлері лаулап жанып тұрған пештің ішіне лақтырылды. 22 Патшаның бұйрығы қатаң және пештің ыстық болғаны соншалық, Шадырақ, Мисақ, Әбдінегоны пешке лақтырып жатқан адамдардың өздері отқа күйіп өлді. 23 Ал сол үш жігіт Шадырақ, Мисақ, Әбдінего байланған күйлері лаулап жанып тұрған пештің ішіне құлап түсті. 24 Бұған қарап тұрған Набуходоносор патша кенет таңғалып, орнынан ұшып тұрып, қасындағы кеңесшілерінен: — Біз байлатып, отқа лақтыртқан адам үшеу емес пе еді? — деп сұрады. — Дәл солай, уа, патша ағзам! — деп жауап қатты олар. 25 Сонда патша: — Қараңдар, мен от ішінде емін-еркін, аман-сау жүрген төрт адамды көріп тұрмын! Ал төртіншісі тәңірдің баласы іспетті екен! — деп айқайлап жіберді. 26 Содан ол лаулап жанып тұрған пештің аузына қарай барып: — Уа, Шадырақ, Мисақ, Әбдінего — Алла Тағаланың қызметшілері, шығып бері келсеңдер екен, — деп шақырды. Сонда үшеуі оттың ортасынан шықты. 27 Аймақ әміршілері, қолбасшылар, әкімдер және патшаның кеңесшілері үш жігітті айналдыра жиналып, оттың оларға ешқандай зиян тигізбегеніне көздері жетті. Үшеуінің шаштары да күймепті, шапандары да өртенбепті, тіпті оттың иісі де оларға сіңбепті! 28 Сонда Набуходоносор дауыстап былай деді: — Шадырақ, Мисақ, Әбдінего сиынған Құдай мадақталсын! Ол періштесін жіберіп, Өзінің қызметшілерін құтқарып алып қалды. Олар өздері сиынған Құдайға толық сенім артып, өзге тәңірге ғибадат етіп табынудан бас тартты, әрі патшаның бұйрығына бағынбай, тіпті өмірлерін қиюға да дайын болды! 29 Сол себепті менің жарлығым мынадай: Егер кез келген халықтың, ұлттың не тілдің адамдары Шадырақ, Мисақ, Әбдінего сиынған Құдайға тіл тигізетін болса, олар шабылып өлтіріліп, үйлері жермен-жексен етілсін! Себебі басқа ешбір тәңір осылай құтқара алмайды! 30 Содан патша Шадырақ, Мисақ, Әбдінегоны Бабыл аймағындағы бұрынғыдан да жоғары лауазымды қызметтерге тағайындады. 31 Кейінірек Набуходоносор патша жер бетіндегі барлық халықтар, ұлттар және тілдердің адамдарына мына хатын жолдады: «Барлығыңа амандық пен тыныштық тілеймін! 32 Алла Тағаланың маған жасаған керемет те ғажап істері туралы айтып беруді жөн көрдім. 33 Оның істері қандай ұлы, кереметтері қандай құдіретті! Құдайдың Патшалығы мәңгілік, Оның билігі ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді.
1 Мен, Набуходоносор, өз сарайымда рақат күй кешіп, молшылықта өмір сүріп жатқан едім. 2 Бірде төсекте жатқанымда өте қорқынышты түс көрдім. Ондағы қиялдар мен көріністерден үрейім ұшты. 3 Сондықтан мен түсімнің мағынасын жорып берсін деп Бабылдағы барлық білімпаздарды алып келуге бұйырдым. 4 Сәуегейлер, балгерлер, жұлдызшылар және сиқыршылар алдыма келгеннен кейін түсімді айтып бердім, бірақ олар оның мағынасын жорып бере алмады. 5 Ең соңында Даниял алдыма келді. Оның өзім сиынатын тәңірімнің атынан туындалған Балташазар деген есімі де бар, әрі оған киелі тәңірлердің рухы қонған. Оған былай деп түсімді айтып бердім: 6 — Ей, Балташазар, білімпаздардың үстінен қарайтын басшы! Саған киелі тәңірлердің рухы қонғандықтан, сен шеше алмайтын құпияның жоқ екеніне көз жеткіздім. Мына түсімді тыңдап, ондағы көріністерді жорып берші. 7 Мен төсекте демалып жатып, мынадай көріністерді көрдім: Қарасам, жер бетінің қақ ортасында бір зәулім ағаш тұр екен. 8 Ағаш одан да биік, мықты болып өсіп, ұшар басы аспанға жетіп, жердің түкпір-түкпіріне дейін көрініп тұрды. 9 Оның жапырақтары әдемі, жемісі мол, бәрінің азығына жететіндей болды. Даланың аңдары оның көлеңкесін паналап, құстар бұтақтарына ұялап, бүкіл тіршілік атаулы одан тамағын тауып жүрді. 10 Төсегімде жатып түсімнің жалғасын көре бердім. Кенет аспаннан бір қасиетті хабаршы түсіп келе жатыр екен! 11 Хабаршы зор дауыспен былай деп жар салды: «Ағашты кесіп, бұтақтарын шауып тастаңдар! Жапырақтарын жұлып, жемістерін шашып тастаңдар! Ағаштың көлеңкесіндегі аңдар мен бұтақтарындағы құстар қашып кетсін! 12 Бірақ оның түбірі мен тамырларын темір, қола кісендермен бұғаулап, даладағы шөптердің арасында қалдырыңдар! Сонда ол шыққа малынып, аңдармен бірге көк шөпті даланы мекендеп қала берсін! 13 Оның санасы ауысып, адамдікі емес, аңдардікі болсын. Сондай күйде ол басынан жеті кезеңді өткізсін. 14 Бұл шешімді мәлімдеп, үкімді жариялаған — бәрін күзететін қасиетті хабаршылар. Осылайша пенделердің патшалықтарына Алла Тағаланың үстемдік жүргізетінін барлық тірі жан атаулы ұғатын болады. Ол билікті Өзі қалаған кісісіне табыстап, ең төменгі пендені де басшылыққа тағайындай алады». 15 Міне, менің, Набоходоносор патшаның, көрген түсім осы болды. Енді, Балташазар, соны жорып берші. Патшалығымдағы білімпаздардың ешқайсысы оны маған түсіндіріп бере алмады. Ал бұл сенің қолыңнан келеді, себебі саған киелі тәңірлердің рухы қонған!» 16 Балташазар деп те аталатын Даниял мұны естігенде біраз уақытқа аң-таң болып, басына келген ойлардан қатты абыржыды. Ал патша: — Балташазар, сол түс пен оның мағынасын уайымдама! — деді. Сонда ол былай деп жауап берді: — Уа, тақсыр ие, бұл түс пен оның мағынасы сізді жек көретін қас жауларыңыздың басына түссе екен. 17 Сіз түсіңізде көрген биік, мықты болып өсіп, ұшар басы аспанға жетіп, жердің түкпір-түкпіріне дейін көрінетін, 18 Оның жапырақтары әдемі, жемісі мол, бәрінің азығына жететіндей болған, көлеңкесін дала аңдары паналап, бұтақтарына құстар ұялайтын сол ағаш өзіңізді білдіреді, уа, патша ағзам. 19 Сіз қуаттанып, құдіретті болып келдіңіз. Ұлылығыңыз артып, аспанға дейін жетіп, билігіңіз жер бетінің шет-шетіне жайылды. 20 О, патшам, бір қасиетті хабаршының аспаннан түсіп келгенін де көріпсіз. Ол: «Ағашты кесіп тастап, құртыңдар, бірақ оның түбірі мен тамырларын темір, қола кісендермен бұғаулап, даладағы шөптердің арасында қалдырыңдар! Сонда шыққа малынып, аңдармен бірге даланы мекендеп қала берсін! Осындай күйде басынан жеті кезеңді өткізсін!» депті. 21 Уа, патшам, Алла Тағаланың тақсыр иеме шығарған осы үкімінің мағынасы мынау: 22 Сіз адамдардың арасынан аластатылып, аңдармен бірге даланы мекендеп, өгіз сияқты шөппен қоректеніп, шыққа малынып тұратын боласыз. Сонымен сіз Алла Тағаланың пенделердің патшалықтарына үстемдік жүргізіп, билікті Өзі қалаған кісісіне табыстайтынын ұққанға дейін жеті кезең өтетін болады. 23 Ал түсіңіздегі «Ағаш түбірі мен тамырларын қалдырыңдар!» деген бұйрық мынаны білдіреді: патшалық билігіңіз өзіңізден біржолата алынбайды. Сіз бәріне де үстемдік жүргізушінің көктегі Құдай екенін ұққан кезде билік өзіңізге қайтарылып беріледі. 24 Сондықтан, уа, патша тақсыр, менің мына кеңесіме оң көзбен қарай көріңіз: күнәларыңыздан бас тартып, әділдікке бет бұрыңыз, жаман істеріңізді қойып, қысым көргендерге қайырымдылық көрсете көріңіз! Сонда сіздің өміріңіз ұзақ та берекелі бола алады. 25 Осының барлығы да Набуходоносор патшаның өмірінде жүзеге асты. 26 Бұл былай болды. Құдайдың ескертуінен он екі ай өткеннен кейін патша бір күні өзінің Бабылдағы сәулетті сарайының жалпақ төбесінде серуендеп жүргенде, 27 былай деп паңдана мақтанды: — Міне, мынау ұлы қала Бабыл ғой! Мен оны салтанатты ұлылығымның даңқын шығару үшін әрі патшалығыма лайықты астана болуға арнап, өзімнің құдіретті күш-қуатыммен салдым емес пе? 28 Патша осы сөздерді айтып болмай жатып, көктен былай деген дауыс естілді: — Ей, Набуходоносор патша, саған шығарылған үкім мынау: сен патшалығыңнан айырылдың! 29 Бұдан былай адамдардың арасынан аластатылып, даланың аңдарымен бірге тұрып, өгіз сияқты шөппен қоректенетін боласың! Сен Алла Тағаланың пенделердің патшалықтарына үстемдік жүргізіп, билікті Өзі қалаған кісісіне табыстайтынын ұққанға дейін осындай күйде жеті кезеңді өткізесің. 30 Набуходоносор туралы айтылған осы бұйрық сол сәтте-ақ орындалды. Ол адамдардың арасынан аластатылып, өгіз сияқты шөппен қоректеніп, денесі шыққа малынып тұрды. Содан шаштары бүркіттің қауырсынындай, тырнақтары құстың шеңгеліндей болып сойдиып өсіп кетті. 31 «Сол мерзім біткен соң мен, Набуходоносор, көктегі Құдайға бет бұрдым. Сонда ақыл-санам өзіме қайта оралды. Мен мәңгі тірі Алла Тағаланы мадақтап, дәріптеп, Оған шүкірлік айттым. Оның билігі мәңгілік, Патшалығы ұрпақтан ұрпаққа мәңгі жалғаса береді. 32 Бүкіл жер бетінің тұрғындары Оның алдында түк емес сияқты көрінеді. Ол көктегі періштелер топтарына да, жердегі адамдарға да Өзінің еркіне сай әрекет етеді. Оның құдіретті қолын тоқтатып, Оны: «Не істеп отырсың?» деп сынай алатын ешкім де жоқ. 33 Сол сәтте ақыл-санам бұрынғы қалпына келіп, патшалығымның құрметіне салтанатты ұлылығым өзіме қайта оралды. Уәзірлерім мен төрелерім алдымнан өтіп, мен өз патшалығымның билігіне қайтадан ие болдым. Менің бұдан кейінгі атақ-даңқым бұрынғысынан да зор болды. 34 Сондықтан мен, Набуходоносор, Көктің Патшасын мадақтап, құрметтеп, дәріптеймін, өйткені Оның барлық іс-әрекеті ақиқат та әділ. Ол паңданып жүретіндерді бағындырып бой ұсындыра алады».
1 Көп жылдан кейін Белшазар патша өзінің қол астындағы бір мың басшы-ұлығына арнап үлкен қонақасы беріп, сонда бәрінің көз алдында шарап іше бастады. 2 Соның дәмін татқаннан кейін Белшазар: «Атам Набуходоносор кезінде Иерусалимдегі ғибадатханадан алып келген ыдыстар келтірілсін!» — деп бұйырды. Себебі Белшазар өзінің басшы-ұлықтары, әйелдері әрі кәнизактарымен бірге сол қасиетті ыдыстардан шарап ішпек болды. 3 Содан Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйінен тонап алынған алтын ыдыстар әкелінді. Патшаның өзі, оның басшы-ұлықтары, әйелдері мен кәнизактары сол ыдыстарға шарап құйып, іше бастады. 4 Олар ішіп отырғанда, алтын, күміс, қола, темір, ағаш және тастан жасалған жалған тәңірлерін дәріптеп, мақтау айтты. 5 Сол сәтте кенеттен адам қолының саусақтары пайда болып, шам қойғыштың тұсында сарайдың әктелген қабырғасына бір нәрсені жаза бастады. Патша жазып жатқан қолға қарап, 6 қатты абыржып кетті. Ол қорыққанынан қалш-қалш етіп, өңі қуарып, екі тізесі бір-біріне соғыла дірілдеп отырды. 7 Патша қатты айқайлап, балгерлер, жұлдызшылар және сиқыршыларды шақыртып алды. Бабылдың білімпаздары жиналған соң, Белшазар оларға былай деді: «Кімде-кім осы жазуды оқып, оның мағынасын түсіндіріп берсе, сол патшалықтың үшінші билеушісі болады! Оған күрең қызыл шапан жабылып, мойнына алтын алқа тағылады», — деді. 8 Патшаның шақырған білімпаз адамдарының бәрі алдына келді, бірақ ешқайсысы да жазуды не оқи, не түсіндіре алмады. 9 Бұған Белшазар одан бетер үрейленіп, жүзі құп-қу болып қуарып кетті. Оның басшы-ұлықтары да дал болып састы. 10 Осы кезде қонақасы беріліп жатқан жерге патша мен оның басшы-ұлықтарының айтқандары туралы хабар алған патшайым кіріп келді. Ол былай деді: — Уа, патша, өміріңіз ұзақ болсын! Ой-пікірлеріңіз сізді абыржытпасын, бет-жүзіңіз де қуаң тартпасын. 11 Патшалығыңызда киелі тәңірлердің рухы қонған бір адам бар. Атаңыздың көзі тірісінде сол кісінің тәңірлердікі сияқты ақыл-парасаты мен көрегендігінің бар екендігі анықталған болатын. Сол адамды атаңыз Набуходоносор патша сәуегейлер, балгерлер, жұлдызшылар және сиқыршылардың үстінен қарайтын басшы етіп тағайындаған еді. 12 Менің айтып отырған адамым Набуходоносор патша Балташазар деп ат қойған Даниял деген кісі. Ол өте зерделі, білімді және көреген адам. Оның түс жоритын, жұмбақтарды түсіндіретін және қиын мәселелерді шеше алатын қабілеті де бар. Даниялды шақыртыңыз, ол мына жазудың мағынасын түсіндіріп береді. 13 Сонда Даниял патшаның алдына әкелінді. Патша оған: — Атам Набуходоносор патша Яһуда елінен жер аударып алып келгендердің бірі — Даниял, осы сен емес пе едің? 14 Сен туралы киелі тәңірлердің рухы саған қонған, әрі ақыл-парасатың мен көрегендігің ерекше деген мәлімет алдым. 15 Мына жазуды оқып, түсіндіріп берсін деп алдыма келтірілген білімпаздар мен балгерлердің ешбірі соны істей алмады. 16 Бірақ сені түрлі жайттардың мағыналарын түсіндіріп, қиын мәселелерді шешіп бере алады деп естідім. Егер мына жазуды оқып, оның мағынасын түсіндіріп берсең, үстіңе күрең қызыл шапан жауып, мойныңа алтын алқа тағып, сені патшалықтың үшінші билеушісі етіп тағайындаймын, — деді. 17 Даниялдың жауабы мынау болды: — Маған сый беруге әуре болмай-ақ қойыңыз, тартуларыңызды басқа біреуге сыйлай беріңіз. Ал сізге мына жазуды оқып, мағынасын айтып берейін. 18 Уа, патша, Алла Тағала атаңыз Набуходоносорға патшалық билік пен ұлылық, даңқ, қадір-құрмет пен салтанат сыйлаған еді. 19 Осындай ұлылыққа ие болған атаңыздан күллі ұлттар, халықтар мен тілдердің адамдары дірілдеп қорқатын. Патша өзі қалаған кісілерін не өлімге кесіп, не тірі қалдырып отырды, әрі өз еркіне сай олардың дәрежелерін не көтеріп, не төмендететін. 20 Бірақ жүрегі тым тәкаппар болып қасарысқан кезде Набуходоносор патша тағынан айырылып, бар салтанатынан жұрдай болды. 21 Ол адамдардың арасынан аластатылып, ақыл-есі өзгеріп, хайуандікіндей болып қалды. Сонда құландармен бірге даланы мекендеп, өгіз сияқты шөппен қоректеніп, шыққа малынып жүрді. Ол Алла Тағаланың пенделердің патшалықтарына үстемдік жүргізіп, оларға Өзі қалаған кісісін басшылыққа тағайындайтынын ұққанға дейін ол сондай күйінде қалды. 22 Ал сіз, оның ұрпағы Белшазар, осының бәрін білсеңіз де, кішіпейіл болған жоқсыз. 23 Керісінше, Көктің Иесіне қарсы бас көтердіңіз! Оның киелі үйінен тонап алынған ыдыстарды алдыртып, солармен басшы-ұлықтарыңыз, әйелдеріңіз әрі кәнизактарыңызбен бірге шарап іштіңіз, оның үстіне күміс, алтын, қола, темір, ағаш және тастан жасалған, ештеңені көріп-естімейтін әрі түсінбейтін тәңірсымақтарды мадақтап отырдыңыз. Алайда өміріңіз бен барлық жолдарыңызды қолында ұстап отырған Құдайға ешқандай мадақтау айтқан жоқсыз! 24 Сол себептен де Ол осы қолды жіберіп, мына жазуды жаздыртты. 25 Жазылған сөздер мынадай: «Мене, мене, текел, у-парсин». 26 Олардың түсіндірмесі мынау: «мене» — «Құдай патшалығыңның күндерін санап, оны тоқтатты» дегенді, 27 «текел» — «Сен таразыға тартылып, жеткіліксіз деп табылдың» дегенді, 28 ал «перес» — «Патшалығың бөлініп, мидиялықтар мен парсыларға берілді» дегенді білдіреді. 29 Сонда Белшазардың әмірі бойынша Даниялға күрең қызыл шапан жабылып, мойнына алтын алқа тағылды. Ол патшалықтың үшінші билеушісі деп жарияланды. 30 Дәл сол түні халдей патшасы Белшазар өлтірілді. 31 Оның патшалығын мидиялық Дарий иемденді. Сол кезде Дарий шамамен алпыс екі жаста болатын.
1 Дарий билік құрған бүкіл патшалығына жүз жиырма аймақ әміршісін тағайындауды жөн көріп, онысын жүзеге асырды да. 2 Бұған қоса патшаның мүддесін көздеп, аймақ әміршілерінің үстінен қарап, есеп алып отыратын үш уәзірді де бекітті. Сол үш уәзірдің біреуі Даниял болды. 3 Даниял (Құдайдың Рухы дарытқан) асқан қабілетінің арқасында өзге екі уәзір мен аймақ әміршілерінен озық шықты. Сондықтан патша оны бүкіл патшалықты басқарушы етіп қоюды ойлады. 4 Сонда басқа уәзірлер әрі аймақ әміршілері Даниялды айыптауға сылтау іздей бастады. Бірақ Даниял сенімді болып, жұмысын ұқыпты атқарғандықтан, олар оны кінәлайтындай бірде-бір қате не заңсыздық таба алмады. 5 Ақырында олар: «Оның сиынатын Құдайының бұйырған заңына қатысты болмаса, басқа жағынан ешқандай айып таба алмаймыз», — деп қорытты. 6 Содан уәзірлер мен аймақ әкімдері бір айла тауып, патшаның алдына жиналып, былай деді: — Уа, Дарий патша, өміріңіз ұзақ болсын! 7 Біз: патшалықтың уәзірлері, қолбасшылары, аймақ әміршілері, кеңесшілері және әкімдері бәріміз ақылдаса келіп, патша ағзам мынадай заңды қабылдап, жарлық шығарса, тиімді болар еді деген қорытындыға келдік: Кімде-кім отыз күндік мерзім ішінде өзіңізге емес, уа, патша иеміз, бір тәңірге не пендеге бас ұрып, өтініш жасаса, сол адам арыстандардың апанына тасталсын! 8 Осылайша, уа, патша ағзам, бұл жарлықты бекіте көріңіз. Мидиялықтар мен парсылардың ешқашан күшінен айырылмайтын заңына сәйкес оны ешкім өзгерте алмастай етіп жазбаша түрде шығарта көріңіз. 9 Дарий патша бұл жарлықты жазбаша шығартып, бекітті. 10 Даниял мұны білсе де, бұрынғыдай күніне үш рет үйінің жоғарғы бөлмесіне көтеріліп, Иерусалимге қарай ашық тұрған терезенің алдына баратын. Сол жерде ол бұрын да істегеніндей тізерлеп отырып, сиынатын Құдайына мінажат етіп, Оны мадақтауын жалғастыра берді. 11 Сонда оны көре алмайтындар жиналып, Даниялдың Құдайға сиынып, рақым көрсетуін сұрап тұрғанының үстінен түсті. 12 Олар патшаның алдына барып, оның шығарған жарлығы туралы айта келіп: — Уа, патша! «Кімде-кім отыз күндік мерзім ішінде өзіңізге емес, бір тәңірге не пендеге бас ұрып, өтініш жасаса, сол адам арыстандардың апанына тасталсын!» деп жарлық шығармап па едіңіз? — деген сауал қойды. Патша: — Дұрыс, бұл жарлық мидиялықтар мен парсылардың заңына сәйкес бекітілді, оны ешкім де өзгерте алмайды! — деп жауап берді. 13 Сонда әлгілер: — Яһудадан жер аударылып келгендердің бірі — Даниял не сіздің өзіңізге, не шығарған жарлығыңызға пысқырып та қарамайды! Ол әлі де күніне үш рет өзінің Құдайына бас ұрып мінажат етіп келеді! — деп шағым айтты. 14 Мұны естігенде патша өзіне-өзі қатты наразы болды. Ол Даниялды құтқаруға ниеттеніп, күн батқанға дейін оны қалай да аман қалдыруға тырысты. 15 Алайда манағы қызметкерлер қайтадан патшаның алдына жиналып: — Уа, патша, есіңізден шығара көрмеңіз, мидиялықтар мен парсылардың заңына сәйкес, патша шығарған жарлық пен ережені ешқандай өзгертуге болмайды! — деп ескертті. 16 Содан патшаның әмірімен Даниял әкелініп, арыстандар қамалған апанға тасталды. Патша соның алдында Даниялға: «Сен өз Құдайыңа үздіксіз қызмет етіп келдің. Енді Ол сені құтқара көрсін!» — деген тілегін білдірген еді. 17 Ешкім Даниялды құтқарып алмас үшін, апанның аузы дәу таспен жабылып, патша тасқа өзінің және әміршілерінің мөрлерін басып, бекітті. 18 Бұдан соң патша сарайына кетіп, көңіл көтеруге зауқы соқпай, тамақтан да ауыз тимеді, түнімен көз шырымын да алған жоқ. 19 Таң атар-атпастан патша орнынан тұрып, арыстандардың апанына қарай тартты. 20 Апанға жақындап қалғанда мұңды дауыспен: — Ей, Даниял, тірі Құдайдың құлы! Өзің үздіксіз қызмет етіп келген Құдайың сені арыстандардан құтқара алды ма? — деп сұрады. 21 Сонда Даниял былай деп жауап берді: — Уа, патша ағзам, өміріңіз ұзақ болсын! 22 Құдайым Өзінің періштесін жіберіп, арыстандардың аранын жауып тастап, олар мені ешқандай жарақаттаған жоқ. Өйткені Құдайдың алдында айыпсыз деп те табылдым. Уа, патшам, өзіңізге де ешбір зиян келтірген емеспін. 23 Патша бұған қатты қуанып, Даниялды арыстандардың апанынан шығарып алуға бұйырды. Апаннан шыққан Даниялдың денесінен бірде-бір жарақат табылмады. Себебі ол өз Құдайына сенім артқан еді. 24 Патша Даниялға тісін қайрап, жазықсыз кінә таққан адамдар туралы әмір шығарып, өздерін, әйелдері мен бала-шағаларын түгелдей арыстандардың апанына тастатты. Апанның түбіне жетпей жатып-ақ, арыстандар оларға бас салып, денелерінің мылжа-мылжасын шығарды. 25 Содан соң Дарий жер бетіндегі әрбір халық, ұлт пен тілдің адамдарына мынадай хат жазып жолдады: «Барлығыңа амандықты молынан тілеймін! 26 Былай деп жарлық шығарамын: патшалығымның күллі жерлерінде халық Даниялдың сиынатын Құдайынан қалтырап қорқып, Оны терең қастерлейтін болсын! Себебі Ол — тірі Құдай, мәңгілік жасайды, Оның Патшалығын ешкім жеңе алмайды, Әрі Оның билігі шексіз созылады! 27 Құдай құтқарып, аман-есен қалдырады, Көк пен жерде керемет, ғажап істер қылады! Ол арыстандардың аранынан Даниялды Құтқарып алып, аман-есен сақтап қалды!» 28 Сонымен Даниялдың жағдайы Дарийдің, яғни парсы патшасы Кирдің, билік құрған заманында өркендей берді.
1 Белшазардың Бабыл еліне билік құрған бірінші жылы Даниял төсегінде жатқанда түсінде түрлі көріністер көрді. Содан ол түсінің мазмұнын жазып қалдырды. 2 Онда Даниял былай деп баяндады: — Түнде көрген түсімде аспанның төрт бағытынан қатар соққан желдің ұлан-ғайыр теңіздің астан-кестенін шығарып, сапырып жатқанын көрдім. 3 Сол кезде теңізден бір-біріне ұқсамайтын үлкен-үлкен төрт айуан шыға келді. 4 Біріншісінің сырт көрінісі арыстанға ұқсады, бірақ оның бүркіттің қанатындай қанаттары болды. Мен қарап тұрғанда қанаттары жұлынып тасталды. Айуан жерден көтеріліп, адам сияқты артқы екі аяғымен тұрғызылды. Бұған қоса оған адамдікіндей ақыл-сана да берілді. 5 Тағы қарағанымда екінші айуанның көрінісінің аюға ұқсайтынын байқадым. Ол бір жағымен көтеріле бастаған еді. Аузында тістеген үш қабырға бар екен. Осы айуанға: «Орныңнан тұр да, бас салып, етті молынан жалмай бер!» — делінді. 6 Содан кейін қарасам, қабыланға ұқсаған тағы бір айуан тұрды. Оның арқасында құстікі сияқты төрт қанаты бар екен, әрі төрт басы да болды. Осы айуанға билік жүргізу тапсырылды. 7 Содан соң түнгі түсімде төртінші айуанды да көрдім. Ол өте қорқынышты, үрей туғызатын және асқан қуатты екен. Оның үлкен-үлкен темір тістері болды. Айуан алдына келгеннің бәрін жалмап, парша-паршасын шығарып, қалғанын аяқтарымен таптап жүрді. Ол бұған дейінгі барлық айуандардан өзгеше болды. Оның он мүйізі де бар еді. 8 Сол мүйіздерге назар салғанымда, араларынан тағы бір кішкентай мүйіз шықты. Сонда оған орын босату үшін жаңағы мүйіздердің үшеуі түбімен жұлынып қалды. Осы мүйіздің адамдікіндей көздері және бөсіп мақтанған аузы болды. 9 Мен қарап тұра бердім. Соңында тақтар орнатылып, «Мәңгі жасап келе жатқан Тәңір Тағала» өз тағына отырды. Оның киімі мен шашы қардай аппақ, таза еді; отырған тағы лапылдап жанған оттан, ал тақтың дөңгелектері лаулаған жалыннан тұратын. 10 Тақта Отырғанның алдынан отты өзен шығып, ағып жатты. Сан мыңдаған нөкерлер Оған қызмет етіп, он мыңдаған түмендер Оның еркін орындауға дайын тұрды. Бүкіл сот тақтарына отырып, арнайы кітаптар ашылды. 11 Содан кейін мен бөсіп мақтанған сөздерін айтқан жаңағы мүйізбен не болатынына назар аудардым. Кенеттен көз алдымда сол төртінші айуан өлтіріліп, денесі лапылдап жанып тұрған отқа тасталып құртылды. 12 Қалған айуандар билігінен айырылды, әйтсе де белгілі бір уақытқа дейін тірі қалдырылды. 13 Мен сол түні көріп жатқан көріністерде кенеттен адам баласына ұқсайтын Біреудің аспандағы бұлттармен келе жатқанын байқадым. Ол мәңгі жасап келе жатқан Тәңір Тағалаға жақындап келіп, Оның алдына әкелінді. 14 Оған құдірет, салтанатты ұлылық және патшалық билік тапсырылды. Барлық халықтар, ұлттар және тілдердің адамдары Оған бой ұсынып құрмет көрсетуге тиіс болды. Ол ешқашан өшпейтін мәңгілік билік құрады, Оның патшалығы еш уақытта жойылмайды! 15 Ал мен, Даниял, жаным түршіге қиналдым. Осы көрген көріністерім мені қатты абыржытты. 16 Сол жерде тұрған нөкерлердің біріне жақындап келіп, осының бәрін жорып беруін өтіндім. Сонда ол солардың шынайы мағынасын түсіндіріп айтып берді: 17 «Төрт үлкен айуан — жер бетінде пайда болатын төрт патшалық. 18 Бірақ Алла Тағалаға бағышталған адамдар патшалық билікті қабылдап алып, соған мәңгілік, иә, мәңгі бақи ие болады!» 19 Содан кейін мен басқалардан өзгеше, аса қорқынышты төртінші айуан туралы білгім келді. Ол темір тістерімен, қола шеңгелімен олжаларын езіп, жалмап, қалғандарын аяғымен таптайды екен. 20 Мен тағы сол айуанның басындағы он мүйіз туралы, әрі кейін солардың үшеуін түсіріп тастап, орнына өсіп шыққан жаңа мүйіз туралы да білгім келді. Соның көздері және бөсіп мақтанған аузы болды. 21 Мен қарап тұрғанда осы мүйіз Құдайға бағышталған адамдарға қарсы соғыс бастап, оларды жеңіп отырды. 22 Бірақ соңында мәңгі жасап келе жатқан Тәңір Тағала келді. Сонда Өзіне бағышталған адамдарды қолдаған үкім шығарылды. Осылай Тәңір Тағалаға бағышталған адамдардың патшалық билікті иемденетін уақыты жетті. 23 Әлгі нөкер маған тағы мына түсіндірмені де берді: «Төртінші айуан жер бетінде кейінірек пайда болатын патшалықты білдіреді. Ол басқа патшалықтардың бәрінен өзгеше болып, бүкіл жер бетін таптап, талқандап, жалмап қояды. 24 Оның он мүйізі осы патшалықтан шығатын он патшаны бейнелейді. Кейін олардан өзгеше тағы бір патша пайда болып, патшалардың үшеуін өзіне бағындырып алады. 25 Сол патша Алла Тағалаға қарсы сөйлеп, Оған бағышталған адамдарды жәбірлеп қалжырататын болады. Ол Құдайдың Тауратта белгілеген мейрамдары мен заңдарын өзгертуге ұмтылады. Құдайға бағышталған жандар бір кезеңге, екі кезеңге және жарты кезеңге оның қол астына беріледі. 26 Алайда сот жүргізілгенде сол зұлым патша билігінен айырылып, үстемдігі біржолата жойылып, құртылады. 27 Содан соң аспан астындағы бүкіл патшалықтардың билігі, құдіреті және салтанатты ұлылығы Құдай Тағалаға бағышталған халыққа тапсырылады. Оның Патшалығы мәңгілікке орнайды. Билеуші атаулының бәрі де Оған сиынып, мойынсұнатын болады». 28 Түсіндірменің соңы осы. Мен, Даниял, көріп-ойлағандарымнан қатты абыржып, жүзім құп-қу болып кетті. Бірақ та бұлардың барлығын көңіліме түйіп алдым.
1 Бірінші көріністен кейін, Белшазар патшаның билік құрған үшінші жылы, тағы бір көріністі көрдім. 2 Сол көріністе мен Елам аймағындағы Сузы қорғанында, Улай өзенінің жағасында тұр екенмін. 3 Айналама көз салсам, өзен жағасында тұрған қос мүйізді қошқарды байқадым. Оның екі мүйізі де ұзын, ал біреуі екіншісінен ұзындау екен. Сол ұзындауы кейінірек өсіп шыққан болатын. 4 Қошқар батыс, солтүстік пен оңтүстікке қарай сүзгілеп айбат шегіп тұрды. Ешбір жануардың оған қарсы тұруға күш-қуаты жетпеді де, оның құдіретінен құтқаратын ештеңе болмады да. Содан қошқар қалағанын істеп, айбаттанып кетті. 5 Мен бұған қарап, ойланып тұрдым. Сол сәтте екі көзінің арасында шодырайған дәу мүйізі бар бір теке тұяғын жерге тигізбейтіндей жылдамдықпен батыстан бүкіл жер бетімен өтіп бара жатты. 6 Теке мен бұрынырақ өзен жағасында көрген қос мүйізді қошқарға қарай бет алып, оған барлық қаһарлы күшімен тап берді. 7 Осылай теке қошқарға бас салып, оның екі мүйізін де сындырып тастады. Текеге қарсы тұруға қошқардың қауқары жетпей, теке оны жерге құлатып, таптай бастады. Қошқарды текеден құтқара алатын ешкім де болмады. 8 Содан теке тіпті айбаттанып, асқақтап кетті. Бірақ әбден күшейді деген кезде оның дәу мүйізі сындырылды. Оның орнына аспанның төрт бағытын меңзеген төрт шодырайған дәу мүйіз өсіп шықты. 9 Солардың бірінен тағы бір кішкентай мүйіз өсіп шығып, күш-қуаты артып, оңтүстікке, шығысқа және «көрікті елге» қарай ұлғая берді. 10 Оның құдіреті тіпті аспанға дейін жетіп, «көктің әскеріне» бас салды. Солардың кейбіреулерін жерге лақтырып, аяғымен таптады. 11 Ол тіпті «көктің әскерінің» Басшысы — Құдайға қарсы шығуға дейін күшейіп кетті. Құдайға арнап күнделікті құрбандық ұсынуға тыйым салып, Оның киелі үйін арамдады. 12 Алайда «көктің әскеріне» оны сол күнәсі үшін жоюға рұқсат берілмеді. Соның нәтижесінде ғибадатхананың рәсімдері арамданып, шындық аяқ асты етілді. Бұл мүйіз осындай істерінің бәрінде табысты болды. 13 Содан соң мен екі қасиетті періштенің өзара сөйлесіп, біреуінің былай деп сұрағанын естідім: — Осы көріністе көрсетілген оқиғалар орындалғанға дейін қанша уақыт өтпек? Күнделікті құрбандық ұсынуды тоқтатып, киелі үйді арамдап бос қалдырған бас көтеру қашанға дейін созылмақ? Киелі үй мен «көктің әскері» қашанғы аяқ асты етілмек? — 14 Екінші періштенің жауабы мынау болды: — Бұл екі мың үш жүз кеш пен таңға созылады. Содан кейін киелі үй қайтадан арамдықтан тазарып, Құдайға бағышталады! 15 Мен, Даниял, осы көріністі көріп, оны түсінуге тырысып отырғанымда, кенеттен алдымда ер адамға ұқсас біреу пайда болды. 16 Сонда Улай өзені жағынан: «Жәбірейіл, мына адамға көріністің мағынасын түсіндіріп айтып берші!» — деген біреудің дауысын естідім. 17 Жәбірейіл мен тұрған жерге жақындап келгенде, қатты қорқып, иіліп, жерге етпетіммен жата кеттім. Ол маған: «Ей, пенде, бұл көріністің сол ауыр заманның ақыр соңы жайында екенін біліп қой», — деді. 18 Жәбірейіл маған сөйлеп тұрған кезде мен есімнен танып, етпеттей жатқан едім. Ол маған қолын тигізіп, мені оятып, орнымнан тұрғызды. 19 Содан соң Жәбірейіл былай деді: «Мен саған кейінірек, Құдайдың қаһарлы үкімі шығарылатын кезде, не болатынын айтпақшымын. Өйткені бұл аян сол ауыр заманның алдын ала белгіленген ақыр соңы жайында. 20 Сен көрген қос мүйізді қошқар Мидия мен Персияның патшаларын білдіреді. 21 Сабалақ жүнді теке — Грекия патшалығын, ал текенің екі көзінің арасындағы дәу мүйізі — сол патшалықтың алғашқы патшасын бейнелейді. 22 Ал сынып қалған мүйіздің орнына шыққан төрт мүйіз — оның халқынан пайда болатын төрт патшалықты білдіреді. Бірақ солардың күштері онікімен тең келмейтін болады. 23 Осы патшалықтардың билігінің соңғы кезеңінде, яғни (Құдайға қарсы) бас көтерушілер зұлымдыққа әбден бой алдырған кезде, айлакерлігі асқан бір арсыз патша шығады. 24 Ол қатты күшейеді, бірақ өзінің күш-қуатымен емес. Сол арсыз патша таңғалдыратындай ғаламат ойран туғызып, не істегісі келсе де, сонысын жүзеге асырып отырады. Патша күшті басшыларды әрі Құдайға бағышталған халықты ойрандап кетеді. 25 Әлгі патша асқан ақылдылықпен алдамшы жоспарларын жүзеге асырып, асқақтап мақтанатын болады. Патша алаңсыз отырған көптеген адамды қырып-жойып, тіпті әміршілердің Әміршісі — Құдайдың Өзіне қарсы бас көтереді. Алайда ол құритын болады, бірақ құруы адам баласының қолынан болмайды. 26 Жаңағы көріністе (екі мың үш жүз) күн мен түн туралы берілген мәлімет нағыз шындық. Алайда аян алыс болашақта ғана орындалатын оқиғалар туралы болғандықтан, сен оны мөрлеп сақтап қой!» 27 Мен, Даниял, қатты қалжырап-шаршап бірнеше күн бойы ауырып жаттым. Содан кейін орнымнан тұрып, қайтадан патшаның ісіне кірістім. Мен көрген көрініске қатты абыржыдым. Ол түсініктен тым жоғары болды.
1 Ахасуердің ұлы мидиялық Дарийдің Бабыл еліне патшалық құруының бірінші жылы болатын. 2 Сол кезде мен, Даниял, Киелі жазбаларды оқып жатқанда Жаратқан Иенің Еремия пайғамбарға жеткізген хабарынан Иерусалимнің қаңырап бос қалуының жетпіс жылға созылуға тиіс екенін ұқтым. 3 Содан мен Құдай Иеге ерекше бет бұрып сиынып мінажат еттім. Қатты қайғырып ораза ұстадым, азалы киім киіп, басыма күл сеуіп Оның рақым етуін сұрап жалбарындым. 4 Құдайым Жаратқан Иеге сиынып тұрып былай деп күнәларымызды мойындадым: «Уа, Тәңір Ием, ұлы да айбынды Құдай! Сен Өзіңді сүйіп, тапсырған өсиеттеріңді ұстанатындарға Келісіміңдегі уәделеріңді адалдықпен орындап, мызғымас мейіріміңді көрсетесің! 5 Біз (исраилдіктер) күнә жасап, іс-әрекетіміз әділетсіз болып келді. Біз зұлымдық жасап, Саған қарсы бас көтердік, бұйырған өсиеттерің мен заңдарыңнан бас тарттық. 6 Патшаларымызға, әміршілеріміз бен ақсақалдарымызға, жалпы, еліміздің бүкіл халқына Сенің хабарларыңды жеткізген қызметшілерің — пайғамбарларды да тыңдамай кеттік. 7 Уа, Жасаған Ие, Сен әділсің, ал бүгінгі күні біз қара бет болдық. Бәріміз де — Яһуда мен Иерусалимнің адамдары әрі алыстағы да, жақындағы да бүкіл Исраил халқы Саған опасыз болғандықтан, әр түрлі елдерге тарап кетіп, ұятқа қалып отырмыз. 8 О, Тәңір Ием, Өзіңе қарсы күнә жасағанымызға бола барлығымыз да, патшаларымыз, әміршілеріміз бен ақсақалдарымызды қоса, түгелдей қара бет болдық. 9 О, Құдай Иеміз, Сен мейірімді де кешірімдісің, ал біз Саған қарсы шығып, 10 мойынсұнбадық. Құдайымыз Жаратқан Ие, Өзіңнің қызметшілерің — жіберген пайғамбарларың арқылы берген тәліміңнің тура жолымен жүрген де жоқпыз. 11 Осылайша біз, бүкіл Исраил халқы, Сенің Таураттағы заңдарыңды бұзып, Саған мойынсұнудан бас тартып, сырт айналып кеттік. Сондықтан да күнә жасап келген біздің басымызға Құдайдың қызметшісі Мұса ежелде Тауратта жазып қалдырған қарғысқа және антпен бекітілген жазаға ұшырадық. 12 Өзіңнің бізге және билеушілерімізге айтқан сөздеріңді жүзеге асырып, бізді ғаламат апатқа душар еттің. Иерусалимнің басына түскендей ауыр апат бұрын-соңды аспан астында болған емес. 13 Мұса Тауратта алдын ала жазып қалдырғандай, сол ауыр апат түгелдей басымызға түсті. Солай болса да, біз күнәларымыздан бас тартып, Құдайымыз Жаратқан Иенің шынайы ілімін ұғынуға көңіл бөлген жоқпыз, әрі Оның рақым көрсетуін сұрап жалбарынбадық. 14 Осылайша Жаратқан Ие Өзі алдын ала білдірген осы қасіреттерді бізге жіберді, себебі Оның айтқандарына құлақ асқан жоқпыз. Ал Құдайымыз Жаратқан Ие Өзінің бүкіл іс-әрекетінде әділ. 15 Уа, Құдай Иеміз, Сен ежелде халқыңды құдіретті қолыңмен Мысырдан құтқарып алып шықтың. Соған бола Сенің даңқың күні бүгінге дейін жер бетіне жайылып келеді. Алайда біз күнә жасап, жамандыққа салынып келеміз. 16 Уа, Жасаған Ие, Өзіңнің адалдығың мен мейіріміңе бола таңдаған қалаң Иерусалимге және Өзіңе бағыштаған Сион тауыңа деген қаһарлы ашуыңнан қайта гөр! Біздің күнәларымыз әрі ата-бабаларымыздың әділетсіз істері Иерусалимді және Өзіңнің халқыңды айналамыздағы барлық халықтардың мазағына айналдырды. 17 Ал енді, уа, Құдайымыз, мендей қызметшіңнің мінажаттары мен өтініштеріне құлақ сала гөр! О, Тәңір Ие, қаңырап бос тұрған киелі үйіңе өз даңқың үшін қайтадан оң көзіңмен қарай гөр! 18 Уа, Құдайым, құлағыңды бұрып, назар аудара гөр! Өз атыңмен аталған қаланың қаңырап бос жатқанына көз сала гөр! Біз өз әділдігімізге емес, тек Сенің орасан рақымыңа ғана сүйеніп Өзіңе өтініш жасаймыз. 19 Уа, Жасаған Ие, құлақ сала гөр! О, Тәңір Ие, кешіре гөр! Уа, Ием, үнімізді естіп, өтінішімізге жауап бере гөр! Өз даңқың үшін, уа, Құдайым, оны ұзаққа соза көрме! Өйткені Өзіңнің қалаң да, халқың да Сенің атыңмен аталған». 20 Мен осылай деп мінажат етіп, Құдайым Жаратқан Иенің алдында өз күнәм мен халқым Исраилдің күнәсін мойындап, Құдайыма бағышталған қасиетті Сион тауы үшін жалбарынып тұрдым. 21 Мен сиынып жатқан сол кезде-ақ алғашқы көріністе адам кейпінде көрген Жәбірейіл періште лезде ұшып келді. Бұл кешкі құрбандық ұсынылатын уақыттың шамасы еді. 22 Жәбірейіл маған былай деп тәлім берді: — Ей, Даниял, бұл жолы мен саған түсінік пен білім беру үшін келдім. 23 Сен жалбарына бастаған кезде-ақ жауап берілген еді. Қазір соны саған жеткізуге келіп отырмын, себебі сен Құдайға өте ұнамдысың. Сондықтан мынаған көңіліңді бөліп, көріністің мағынасын ұғып ал: 24 Сендердің әділетсіз істеріңді тоқтатып, күнә жасауларыңды қойдырып, өздеріңді зұлымдықтың арамдығынан тазарту үшін, әрі мәңгілік әділдікті әкеліп, аяндар мен пайғамбарлық сөздерді бекітіп, киелі үйдегі ең қасиетті бөлімді қайтадан Құдайға бағыштау үшін сенің халқыңа және Құдайға бағышталған Иерусалим қаласына жетпіс рет «жеті кезең» белгіленген. 25 Сондықтан мынаны ұғып, біліп ал: Иерусалим қайтадан салынсын деген жарлық шыққан кезден бастап, Құдай тағайындаған Билеуші келетін уақытқа дейін жеті рет «жеті кезең» және алпыс екі рет «жеті кезең» өтеді. Қала өзінің алаңы, айналасындағы қамалымен бірге қайтадан салынады, бірақ бұл қиын-қыстау кезеңде болады. 26 Алпыс екі рет «жеті кезең» өткен соң Құдай тағайындаған Билеуші құрбан етіледі, Оның қолында түк жоқ болып қалады. Өзге бір билеуші әскерлерімен келіп, қаланы да, киелі үйді де қиратып, топан судай талқандайтын болады. Сол заманның соңына дейін соғыс болып, Құдайдың бұйрығына сай барлығы қаңырап бос қалады. 27 Билеуші бір «жеті кезеңге» халықтың көпшілігімен келісім жасап бекітеді. Сол бір «жеті кезеңнің» ортасында ол Құдай Тағалаға арнап құрбандық пен сый-тарту ұсынуды тоқтатады әрі ғибадатхананың бір бөлігінде қаңырап бос қалдыратын жиренішті бір нәрсені орнатқызады. Зұлым билеушіге белгіленген қаһарлы жаза оның басына төгілгенше осы жиренішті нәрсе сол жерде тұра беретін болады.
1 Парсы патшасы Кирдің Бабылға билік құрған үшінші жылы Белшазар деп те аталған Даниялға Құдайдың хабары жетті. Осы шынайы хабар үлкен соғыс, ауыр кезең туралы болды. Даниял бір көрініс көріп, сол хабар туралы түсінік алып, мәнін ұқты. 2 Сол күндері мен, Даниял, үш апта бойы қайғырып, 3 дәмді тағамдардан, ет пен шараптан бас тарттым. Сонымен қатар толық үш апта бойы денеме иісмай жақпадым. 4 Бірінші айдың жиырма төрті күні үлкен дарияның, яғни Тигр өзенінің, жағасында тұр екенмін. 5 Басымды көтеріп қарсы алдыма көз салсам, ақ бәтестен киім киген, белін саф алтын белбеумен буған біреуді көрдім. 6 Оның денесі зүбәржат атты жылтыраған асыл тас сияқты, жүзі найзағайдың жарқылындай, көздері жалындаған алаулар іспетті, қол-аяғы жылтыратылған қоладай жалтырап тұрды. Ал даусы үлкен тобырдың даусындай гүрілдеді. 7 Сол көріністі жалғыз мен, Даниял, ғана көрдім. Қасымда болған адамдар оны көрген жоқ, бірақ олар зәрелері ұшып, қашып, тығылып қалды. 8 Осылай жалғыз қалған мен осы ұлы көріністен көз алмадым. Қатты әлсіреп, өңім құп-қу болып, дәрменсіз қалдым. 9 Мұнан кейін әлгі хабаршының сөйлеген даусын естідім. Естіген кезде мен есімнен танып, жерге етпеттей жата кеттім. 10 Бірақ бір қол денеме тиіп, мені дірілдеген күйімде төрттағандап тұрғызды. 11 Сол хабаршы былай деді: — Уа, Даниял, Құдайға өте ұнамды жан, айтатын сөздерімді мұқият тыңдап, ұғып ал! Мен саған жіберілдім, енді түрегел! — Ол осыны айтып жатқанда мен дірілдеп орнымнан тұрдым. 12 Содан соң ол сөзін жалғастырып былай деді: — Қорықпа, Даниял. Себебі сен сол мәселені түсінуге ұмтылып, Құдайыңа мойынсұнып сиына бастаған алғашқы күні-ақ мінажатың Құдайдың құлағына жеткен еді. Мен осында сол мінажатыңа бола келіп отырмын. 13 Ал парсы патшалығының рухани әміршісі маған жиырма бір күн бойы қарсы шығып, жолымды бөгеді. Сонда бас періштелердің бірі, Миқайл, маған көмекке келді. Себебі парсы патшасы мені жібермей бөгеп жатты. 14 Енді мен саған келешекте халқыңмен не болатынын түсіндіруге келдім. Сен көретін көрініс алдағы заманға қатысты. 15 Ол маған осыларды айтқан кезде мен басымды жерге дейін иіп, үнсіз қалдым. 16 Кенеттен адам баласына ұқсаған біреу ерніме саусағын тигізді. Сонда мен алдымда тұрған хабаршыға былай дей бастадым: — Мырзам, мен көрген көріністен қатты қиналып, әбден дәрменсіз болып қалдым. 17 Қалайша мен, жай пендеңіз, сізбен сөйлесе аламын, мырзам? Күш-қуаттан айырылып, демімді әзер алып тұрмын. — 18 Сонда адам баласына ұқсаған әлгі хабаршы маған тағы да саусағын тигізіп, күш-қуат дарытты да былай деді: 19 — Еш нәрседен қорықпа, Құдайға ұнамды жан! Аман-есен, күшті де батыл бол! — Ол маған осылай айтып тұрған кезде күш-қуатым артып, оған былай дедім: — Мырзам, сіз маған күш-қуат дарытқандықтан, айтпақ болғандарыңызды айта беріңіз! — 20 Оның жауабы мынау болды: — Менің өзіңе неге келгенімді білесің бе? Жуырда мен Персияның рухани әміршісімен күресуге қайтып барамын. Мен кеткеннен кейін Грекияның рухани әміршісі де келетін болады. 21 Бірақ алдымен мен саған «Ақиқат кітабында» не жазылғанын айтып беремін. Сенің халқыңды қорғаушы бас періште Миқайлдан өзге сол рухани әміршілерге қарсы тұрып, мені қолдап-қуаттайтын ешкім болмайды.
1 Мен де Миқайлды мидиялық Дарийдің билік құрған бірінші жылынан бастап қолдап-қорғап келемін. 2 Ал енді, мен саған болашақта шынымен орын алатын оқиғаларды көрсетемін. Персияда тағы үш патша билік құрады, ал төртіншісі бұрынғылардан әлдеқайда бай болады. Ол сол байлығымен күш жинап, барлық адамдарын Грекия патшалығына қарсы аттандырады. 3 Бұдан кейін (Грекияда) бір ерекше мықты патша пайда болады. Ол зор күшпен билік құрып, өз қалауымен іс-әрекет жасайды. 4 Алайда әбден күшейген кезде оның патшалығы түп-тамырымен жұлынып, ыдырап, төртке бөлініп кетеді. Оның билігі басқаларға беріліп, өзінің ұрпақтарына бұйырмайды. Патшалықтың бұрынғы күш-қуаты да қалмайды. 5 Сол тұста оңтүстіктегі елдің (яғни Мысырдың) патшасы күшейеді. Бірақ (өлген грек патшасының) бір қолбасшысы Мысыр патшасынан да күшті болып, оның билігі әлдеқайда үлкейіп кетеді. 6 Бірнеше жылдан соң екеуі одақтасып, келісімдерін бекіту үшін Мысыр патшасы өз қызын солтүстіктің патшасына ұзатады. Бірақ сол ханым ықпалынан айырылып, күйеуінің өзі де, оның күш-қуаты да ұзаққа жетпейді. Сол кездерде ханымның өзі мен еріп келген нөкерлері, оның әкесі және ханымды жақтаған күйеуі де бақытсыздыққа ұшырайды. 7 Кейін ханымның әулетінен шыққан біреу Мысырға билік құрады. Ол солтүстіктің патшасының әскеріне қарсы аттанып, оның қамалына басып кіріп, жеңіске жетеді. 8 Мысыр патшасы солтүстік патшалығының жалған тәңірлерін, қола мүсіндерін және бағалы алтын, күміс бұйымдарын олжалап, өз еліне алып кетеді. Содан ол бірнеше жыл бойы солтүстік патшасына тыныштық береді. 9 Ал кейінірек солтүстіктің патшасы Мысыр патшалығына шабуыл жасайды, бірақ өз еліне қайта оралуға мәжбүр болады. 10 Оның ұлдары да соғысқа дайындалып, үлкен қарулы күш жасақтайды. Сол әскер асып-тасыған судай елді басып алып, Мысыр патшасының қорғанына дейін жетеді. 11 Қатты қаһарланған Мысыр патшасы қарсы аттанып, солтүстіктің патшасына бас салады. Оның жинаған үлкен әскері Мысыр патшасының қолына түседі. 12 Мысыр патшасы сол әскерді қолға түсіріп, айдап әкеткеніне өркөкіректеніп, сан мыңдаған адамдарды құртады. Бірақ оның жеңісі ұзаққа созылмайды. 13 Себебі солтүстіктің патшасы бұрынғыдан да үлкен әскер жинап, бірнеше жылдан кейін толықтай жарақтанған қуатты әскерімен оған қайтадан шабуыл жасамақ. 14 Сол кездері көп адамдар Мысыр патшасына қарсы бас көтереді. Сонда сенің халқыңның арасынан да кейбір қатал бүлікшілер көріністі жүзеге асыру үшін бас көтереді. Бірақ олар жеңіледі. 15 Ал солтүстіктің патшасы әскерімен аттанып келіп, Мысырдағы жақсы бекінген қаланы қоршауға алып, топырақтан биік етіп үймек жасап, қаланы басып алады. Мысыр әскерінің, тіпті ең таңдаулы бөлімдерінің де жауға тойтарыс беретін еш қауқары қалмайды. 16 Осылайша басқыншы қалағандарын істеп, оған қарсы тұратын ешбір адам болмайды. Ол «көрікті елге» қосын тігіп, зорлық-зомбылық көрсетеді. 17 Солтүстіктің патшасы бүкіл мемлекетінің күш-қуатымен Мысырға аттануға бел буып, сол елмен одақтасу шарттарын алға қойып, жүзеге асырады. Мысыр патшалығын тәуелсіздігінен біржолата айыру үшін оның патшасына өз қызын береді. Бірақ бұл жоспары табыссыз болып, онысынан еш нәтиже шықпайды. 18 Кейін солтүстіктің патшасы теңіз жағалауларындағы елдерге аттанып, көп адамды қолға түсіреді. Алайда бір қолбасшы патшаның көрсеткен зорлық-зомбылығын тоқтатып, солардың есесін қайтарады. 19 Содан солтүстіктің патшасы өз елінің бекіністеріне қарай беттейді, бірақ ол жеңіліп, із-түзсіз құрып кетеді. 20 Оның мұрагері таққа отырғаннан кейін, патшалық салтанатқа қаржы жетерлік болу үшін алым-салық жинайтын қанаушыны қол астындағы елдерін аралатып жібереді. Ал азғана уақыттан кейін патша не соғыста емес, не халықтың қаһарынан емес, күтпеген жерден мерт болады. 21 Оның орнына патшалық қадір-құрмет бұйырылмаған бір жексұрын адам солтүстік патшалыққа билік құрады. Ол бейбіт кезде барып, патшалықты айлакерлікпен қолына түсіріп алады. 22 Оған ұлан-ғайыр қарулы күштер қарсы тұра алмай, олар да, онымен келісім жасасқан билеуші де күйреп, ғайып болады. 23 Сол жексұрын патша келісім жасағанмен, қулық-сұмдықпен әрекет етеді, әрі азғана адамдардың қолдауымен күшейіп алады. 24 Патша ата-бабалары істеп көрмеген зұлымдықты істеп, бейбіт жатқан құнарлы, бай аймақтарға кенеттен басып кіреді. Олжалап қолға түсірген дүние-мүлікті нөкерлеріне үлестіріп береді. Ол қамалды қалаларға қарсы айлалы жоспар құрса да, онысы ұзаққа созылмайды. 25 Кейінірек ол батылы барып, Мысырдың патшасына қарсы үлкен әскер аттандырады. Мысыр патшасы әлдеқайда үлкен де қуатты әскерімен аттанып, соғысса да, оның тойтарыс беретін шамасы болмайды. Себебі өзіне қарсы астыртын әрекеттер жасалмақ. 26 Дастарқанынан дәм татқан өз адамдары оған сатқындық жасайды. Содан Мысыр патшасының әскері күйреп, көптеген жасақшысы қаза табады. 27 Бұдан кейін екі патша бір дастарқанның басында отырып, іштей бір-біріне жамандық ойлап, жалғандық айтады. Бірақ бұдан еш нәтиже шықпайды. Себебі Құдай белгілеген уақытта істің соңы болады. 28 Солтүстіктің патшасы еліне көп байлықпен қайта оралады. Жолшыбай ол Құдай қасиетті Келісімін жасаған Исраил халқына қастық ойлап, сонысын іске асырады да, өз еліне қайтады. 29 Кейін уақыты келгенде солтүстіктің патшасы қайтадан Мысырға аттанып, басып кіреді. Бірақ бұл жорығы бұрынғысындай табысты болмайды. 30 Себебі теңіздің батыс жағалауларындағы елден кемелер оған қарсы шығады. Содан солтүстіктің патшасы батылдығынан айырылып, еліне қарай кері шегінеді. Қатты ашуланған ол Құдаймен қасиетті Келісім жасаған Исраил халқына қаһарын төкпек болады. Сондықтан ол өз еліне қайта оралып бара жатқанда, қасиетті Келісімнен бас тартқандарға ықылас танытып, дем береді. 31 Бірақ оның жіберген жасақшылар бөлімі қамалмен бекінген киелі үйге басып кіріп, оны арамдайды. Олар Құдайға арналған күнделікті құрбандық шалуды тоқтатып, киелі үйде оны қаңыратып бос қалдыратын жексұрын нәрсені орнатады. 32 Солтүстіктің патшасы қасиетті Келісімді бұзғандарға жағымпазданып, оларды арамдыққа бұрынғыдан бетер еліктіреді. Алайда Құдайға сенімділер нығая түсіп, оған қарсы тұрады. 33 Халық арасындағы даналар көп адамға түсінік береді. Бірақ едәуір уақыт бойы олар қатты қудаланып, семсердің жүзінен не өрттен шейіт болады немесе құлдыққа түсіп не тоналып жүреді. 34 Олар сондай азап шеккенде адамдардан біраз көмек көрсе де, өздеріне қосылғандардың көбінің ниеттері адал болмайды. 35 Ал (Құдайға сенімді) даналардың арасындағы бірнешеуі шейіт болады. Сол арқылы олар сынақтан өтіп, осы ауыр кезеңнің соңына дейін тазарып, ақталады. Себебі сол кезеңнің Құдай белгілеген соңы келгенше әлі де біраз уақыт бар. 36 Солтүстіктің әлгі патшасы өз бетімен жүріп, тым паңданады. Сонда ол өзін әрбір тәңірден де жоғарымын деп санап, тіпті «тәңір» атаулының үстіндегі Құдайдың Өзіне қарсы небір балағат сөздер айтады. Құдай қаһарлы үкімін жүзеге асырғанша бұл патша онысымен табысты болады. Себебі сол алдын ала белгіленген оқиғалар орындалуға тиіс. 37 Патша не өз ата-бабалары сиынған (жалған) тәңірлерге, не әйелдер ұнатқан біреуіне, не басқа да тәңірге құрмет көрсетпей, өзін-өзі бәрінен де жоғары қоятын болады. 38 Олардың орнына патша «қамалдардың тәңіріне» табынып, ата-бабалары танымаған сол тәңірсымақты алтын, күміс, асыл тас және өзге де әр түрлі қымбат сыйлықтармен дәріптейді. 39 Патша ең қуатты қамалдарды сол бөтен тәңірсымақтың көмегімен басып алады. Өзіне мойынсұнғандарға ерекше сый беріп, оларды көптеген халықтың үстінен басқарушы етіп қойып, жерді ақшаға сататын болады. 40 Сол заманның ақырында Мысыр патшасы оған қарсы соғысуға аттанады. Бірақ солтүстіктің патшасы өзінің жарақталған соғыс күймелерімен, атты әскерімен және көптеген әскери кемесімен оған қарсы құйындай шүйіледі де, көптеген елдерді жаулап алып, топан судай жайпап өтеді. 41 Ол «көрікті елге» де басып кіреді. Көп халық жеңіледі, ал Едом мен Моаб және Аммонның әміршілері оның қолынан сытылып кетеді. 42 Солтүстіктің патшасы тағы басқа елдерге де билік құрып, Мысыр патшалығы да одан құтыла алмайды. 43 Патша Мысырдың алтын-күмісіне және өзге де бүкіл қазыналарына ие болып, либиялықтар мен құштықтар да оған мойынсұнып, соңынан еретін болады. 44 Бірақ патшалығының солтүстік және шығыс аймақтарынан келген суық хабарлар оны алаңдатады. Содан патша долданған күйі көптеген адамдарды құртып, ойрандау үшін сонда кетеді. 45 Жолшыбай ол өзінің патшалық шатырын Жерорта теңізі мен көрікті де қасиетті Сион тауының арасына тігеді. Бірақ патшаның дәурені өтіп, оған қол ұшын беретін ешкім де болмайды.
1 Сол кезде сенің халқыңды қорғаушы бас періште Миқайл шығады. Бұл, халықтар алғаш пайда болғалы ешқашан болып көрмеген қиын-қыстау кезең болады. Сонда сенің халқың, яғни есімдері арнайы кітапқа енгізілгендердің барлығы, құтқарылады. 2 Жер қойнында жатқан сансыз көп өлгендер қайта тіріледі. Олардың бірқатары мәңгілік өмірге ие болады, ал қалғандары мәңгілік ұят-масқараға қалады. 3 Даналар аспан кеңістігі сияқты нұрланады, көптеген адамды әділдік жолына бастап алып келген олар жұлдыздар сияқты мәңгі бақи жарқырап тұратын болады. 4 Ал өзің, Даниял, осы сөздерді жақсылап сақтап, сол заманның соңына дейін кітапты мөрлеп бекітіп қой. Көптеген адам оны мұқият қарап шығып, білімдері молая түсетін болады. — (Маған келген хабаршы айтқандарын осылай тамамдады.) 5 Бұдан кейін мен, Даниял, қарасам, басқа екі хабаршы пайда болыпты: біреуі өзеннің бір жағасында, екіншісі қарама-қарсы жағасында тұр екен. 6 Солардың біреуі үстіне ақ бәтес киім киген. Ол өзен суының үстінде тұрған басқа хабаршыдан: — Осы таңғаларлық ғажап оқиғалар жүзеге асқанға дейін қанша уақыт өтуге тиіс? — деп сұрады. 7 Ақ бәтес киінген, өзен суының үстінде тұрған әлгі хабаршы екі қолын да аспанға қарай көтеріп, мәңгі тірі Хақ Тағаланың атымен ант етіп былай деді: — Бұның бәрі бір кезеңге, екі кезеңге және жарты кезеңге созылады! Құдайға бағышталған халықтың күші түбегейлі күйрегенде осы оқиғалар аяқталады! 8 Мен оның айтқанын естісем де, түсінбедім. Сондықтан мен одан: — Мырзам, мұның бәрінің соңы не болар екен? — деп сұрадым. 9 Хабаршының жауабы мынау болды: — Даниял, өз жолыңмен жүре бер. Бұл хабар осы заманның соңына дейін жабылып, сақталып әрі мөрленіп бекітілген. 10 Көптеген адам осы ауыр сынақтардан өтіп, тазарып, мінсіз болады. Алайда зұлымдар күнә жасауларын жалғастыра береді. Солардың ешқайсысы хабарды түсінбейді, тек даналар ғана оның мағынасын ұғатын болады. 11 Күнделікті құрбандық ұсыну доғартылып, киелі үйді арамдап бос қалдыратын жексұрын нәрсе сол жерде орнатылғаннан кейін бір мың екі жүз тоқсан күн өтеді. 12 Ал бір мың үш жүз отыз бес күн күтіп, солар өткенше шыдамдылық танытқан әркім бақытты болады! 13 Өзің соңына дейін өз жолыңмен жүре бер. Сен дүниеден өтіп, тынығасың. Ақыр заманда қайта тіріліп, (Құдайдың Патшалығындағы) өзіңе дайындалып қойылған үлесіңді иемденесің!
1 Мұнда Яһуда еліне Ұзиях, Жотам, Ахаз және Езекия, әрі Солтүстік Исраилге Жоғас ұлы Еробоғам патшалық құрған кезеңдерде Жаратқан Иенің Бегери ұлы Ошияға арнаған сөздері берілген. 2 Жаратқан Ие хабарларын халыққа Ошия арқылы жеткізе бастағанда оған былай деді: «Барып, жеңіл жүрісті бір әйелді алып, оның жезөкшеліктен туған балаларын бауырыңа бас! Өйткені осы ел Жаратқан Иеге опасыздық жасап, азғындыққа салынып кетті!» 3 Содан Ошия Диблаим қызы Гомерді әйелдікке алды. Ол жүкті болып, Ошияға бір ұл туып берді. 4 Сонда Жаратқан Ие Ошияға тіл қатып былай деді: «Ұлыңның есімін Ізрел деп қой. Себебі тағы азғана уақыттан соң Мен Ехудің Ізрелде төккен қанына бола оның әулетіне назарымды аударып, оны жазалаймын және Солтүстік Исраилдің патшалығын құртып жоқ қыламын. 5 Сол кезде Ізрел аңғарында Солтүстік Исраилдің әскери күшін сындырылған садақ іспетті жоямын!» 6 Гомер қайтадан жүкті болып, қыз туды. Сонда Жаратқан Ие Ошияға тіл қатып былай деді: «Оның есімін Рақым-көрмеген» деп қой! Себебі бұдан былай Мен Солтүстік Исраилге рақым көрсетіп, оны кешіруімді доғарамын! 7 Бірақ Яһуда еліне рақым көрсетіп, оны құтқарып қаламын. Алайда оларды құтқаратын шайқастағы садақ, семсер, атты әскер емес, Өзім — олардың Құдайлары Жаратқан Ие боламын. 8 Қызы Рақым-көрмеген емшектен шығарылғаннан кейін Гомер тағы бір ұл туды. 9 Сонда Жаратқан Ие Ошияға былай деді: «Соның есімін Халқым-емес деп қой! Себебі енді сендер халқым емессіңдер, Мен де сендердің Құдайларың емеспін!» 10 Бірақ болашақта Исраил халқының саны теңіз жағалауындағы санаса сан жетпейтін құм түйіршіктеріндей қисапсыз көп болады. Оларға «халқым емессіңдер» делінген жердің өзінде олар енді «Мәңгі тірі Құдайдың рухани балалары» деп аталады. 11 Яһуданың және Исраилдің адамдары тағы да бірігіп, өздеріне бір басшыны тағайындап алады. Олар (жер аударылған) елден қайтып келеді. Себебі (халық өз елін қайтадан қоныстанатын) «Ізрел күні» ұлы күн болады!
1 Сол кезде аға-інілеріңді «Өз-халқым», апа-қарындастарыңды «Рақым-көрген» деп атайсыңдар. 2 «Шешелеріңнің кінәсін әшкерелеп, оған ескертіңдер! Себебі ол енді Менің әйелім емес, Мен де оның күйеуі емеспін. Ол жеңіл жүрістінің бояуын бетінен сүртіп тастап, кеуделерін ашық көрсететін киімдерін шешіп, әдепті киінсін. 3 Әйтпесе Мен оны анадан жаңа туғандай етіп шешіндіремін де, иен даладай, қураған жердей қылып, шөлден қаталатып өлтіремін. 4 Оның жеңіл жүрістен туған балаларына да рақым көрсетпеймін. 5 Өйткені оларды туған шешелері неке адалдығын бұзып өте ұят қылық жасады. Ол: «Наным мен суымды, жүнім мен зығырымды, зәйтүн майым мен сусынымды беретін — өзімнің ашыналарым. Солардың соңынан жүрейінші!» дейтін еді. 6 Сондықтан Мен оның жүретін соқпақтарын тікенді бұталармен жауып бөгеймін. Жүретін жол таба алмасын деп оған қарсы дуал да тұрғызамын. 7 Ол ашыналарының соңына түсіп қуса да, жете алмайды, оларды іздесе де, таба алмайды. Сонда ол: «Мен бұрынғы Күйеуіме қайта оралайын. Сол кезде маған қазіргіден жақсы болған еді ғой!» деп ұйғарады. 8 Ал оған бидай, жүзім шырыны мен зәйтүн майын беріп, мол саф алтын мен күмісті жаудырған Мен екенімді мойындамады. Қайта, өзі соларды жалған тәңір Бағалға сый-тарту етті. 9 Сол себепті Мен мерзімінде пісетін өнімім мен мезгілінде дайын болатын жүзім шырынымды, әрі оның жалаңаш тәнін жабатын жүнім мен зығырымды сол опасыздан алып қоямын. 10 Сонда оны ашыналарының дәл көз алдында жалаңаштап абыройын төгемін, Менің қолымнан оны ешкім құтқарып ала алмайды. 11 Осылайша халықтың сауық-сайрандарын, жылдық мейрамдарын, айдың бірінші күнгі мейрамдарын және демалыс күндерін, яғни оның жиналып бас қосатын барлық мерекелерін доғарамын. 12 Халықтың: «Мынау менің ашыналарым берген сыйлықтар» дейтін жүзім бұталары мен інжір ағаштарын құртып, қалың тоғайға айналдырамын. Сонда жабайы аңдар олардың жемістерін жеп қояды. 13 Оның Бағалдың мүсіндеріне арнап хош иісті зат түтеткен, сырғалары мен алқаларын тағып жасанып, ашыналарына ерген, ал Өзімді ұмытқан күндеріне бола енді осы халыққа назар аударып, оны жазалаймын». — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 14 «Ал енді Мен оны еліктіріп, айдалаға алып шығып, жүрегіне жылы сөз айтамын. 15 Мен оған жүзімдіктерін қайтарып беремін. «Ахор (яғни Пәле) аңғары» ол үшін «Үмітке апаратын қақпа» іспетті болады. Сол жерде ол жастық шағындағыдай, Мысырдан шыққан кезіндегідей, ән-жыр шырқайтын болады». 16 Жаратқан Ие тағы былай дейді: «Сол күні сен Мені «Бағалым менің» деп емес, «Күйеуім менің» деп атайтын боласың. 17 Мен Бағал есімді жалған тәңірлердің аттарын халықтың аузынан алып тастап, олар соларды енді қайтып естеріне алмайтын болады. 18 Сол күні Мен даладағы жабайы аңдармен, әуедегі құстармен және жерде жорғалайтын хайуандармен халқыма нұқсан келтірмеулері жайлы келісім жасаймын. Мен соғыс, садақ, семсер атаулыны елден аластатып, жоқ қыламын. Сонда халқым ұйқыға алаңсыз жататын болады. 19 (Уа, халқым,) Мен сені Өзіме мәңгілікке атастырамын. Мен әділдік пен әділет, берік сүйіспеншілік пен рақымдылық танытып, сені Өзіме айттырамын. 20 Иә, сені Өзіме сенімділікпен әйелім етемін. Сонда сен Мені, Жаратқан Иені, мойындайтын боласың. 21 Сол күні Мен мінажаттарыңа жауап беремін, — деп уәде береді Жаратқан Ие. — Мен аспанға жауап беремін (де, бұлттар жіберемін), әрі аспан жерге жауап береді (де, жаңбыр жаудырады). 22 Жер бидай, жүзім бұтасы және зәйтүн ағаштарына жауап береді де, шөлдерін қандырады, ал олар «Ізрел!» («Құдай сеуіп отырғызады») деп жауап береді. 23 Сол кезде Мен халықты Өзім үшін елге сеуіп отырғызып, «Рақым-көрмегенге» рақым көрсетіп, «Халқым-еместі» енді «Өз-халқым» деп атаймын. Ал халық Маған: «Менің Құдайымсың!» дейтін болады!»
1 Бұдан кейін Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді: «Бар, ашынасы бар, неке адалдығын бұзып келген әйеліңе қайтадан сүйіспеншілік көрсет. Дәл солай исраилдіктер бөтен тәңірлерге табынып, оларға мейіз бумаларын ұсынуды жақсы көрсе де, Мен, Жаратқан Ие, Исраил халқын әлі де сүйемін». 2 Сонда Мен он бес мысқал күміс пен бір жарым қап арпа төлеп, әйелімді Өзіме қайтарып алдым. 3 Оған былай дедім: «Сен ұзақ уақыт тек менімен бірге тұрасың. Енді ешкіммен ашыналық жасап, ешбір еркекпен жақындаспайсың. Мен де сенімен жақындаспаймын». 4 Бұл мына жайтты білдіреді: исраилдіктер ұзақ уақыт бойы өз патшасы мен әміршісінен ада болып, құрбандықсыз, бөтен тәңірге бағышталған тас бағанасыз, діни қызметкер киетін жеңсіз сырт киімсіз және жалған тәңірлердің бейнелерінсіз тұратын болады. 5 Содан соң исраилдіктер қайта оралып, өз Құдайлары Жаратқан Иеге және өз патшалары — Дәуіттің ұрпағына бет бұрып мойынсұнатын болады. Олар сол кейінгі заманда Жаратқан Иені дірілдеп терең қастерлеп алдына келіп, Оның өздеріне сыйлайтын игіліктерін қабылдайтын болады.
1 Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар, уа, Исраил халқы! Ол осы елдің тұрғындарына қарсы дау көтермек: «Елде адалдық пен мейірімділік әрі Құдайды жақыннан тануға деген ниет жоқ. 2 Сендер қарғанып ант бергенмен алдайсыңдар, әрі кісі өлтіріп, ұрлап неке адалдығын бұзасыңдар. Халық адамгершіліктің шегінен асып кеткен, қан төгу қан төгумен ұдайы ұласқан. 3 Сол себепті бүкіл елді қайғы басып, барлық тұрғындары әлсіреп қалды. Тіпті даладағы аң, құс, балық атаулы да қырылып жатыр». 4 «Бірақ ешкім басқа біреуді айыптап, оған ұрыспасын, ей, діни қызметкерлер! Мен сендерге наразымын! 5 Сендер күндіз құлайсыңдар, қастарыңдағы жалған пайғамбарлармен бірге түнде де құлайсыңдар. Сондықтан Мен шешелеріңді (Исраил халқын) құртпақпын. 6 Осылай Менің халқым Өзімді шынайы білмегендіктен құриды. Сендер осы білімді қажетсіз деп санағандықтан, Мен де енді сендерді діни қызметкерлерім болуға қажетсіз деп санаймын. Өздерің Құдайларыңның Таурат заңын естеріңнен шығарғандарың үшін Мен де енді сендердің балаларыңды жарылқауды есімнен шығарамын. 7 Діни қызметкерлер көбейген сайын олар Маған қарсы күнә жасауларын да көбейте түседі. Мен олардың салтанаттарын масқарамен алмастырамын. 8 Халқым күнәларының құнын өтеу үшін құрбандықтар шалып, Маған ұсынғанда діни қызметкерлер соларды жеп қояды. Олар тіпті халықтың зұлымдық жасағандарынан ләззат табады! 9 Сонда халықпен қалай болса, діни қызметкерлермен де солай болады. Мен олардың екеуін де жүрген жолдарына бола жазалап, істеп келген істерінің есесін қайтарамын». 10 «Халық тамақ жесе де, тоймайды, (жалған тәңірлердің табыну орындарында) азғындық жасаса да, балалы болмайды. Себебі олар Жаратқан Иеден бас тартты. 11 Енді азғындық, шарап пен басқа да ішімдіктер олардың ақыл-санасын құртады. 12 Менің халқым ағаш дөңбектен жасалған жалған тәңірге жүгінеді, сәуегейлікке қолданылатын сол ағаш оларға «жауабын береді» екен! Жүгенсіздіктің рухы оларды адастырып, олар өздерінің Құдайынан бас тартып, азғындыққа салынды. 13 Халқым тау-төбелердің бастарында малдарын құрбандыққа шалып, саясы ыңғайлы деп емен, терек, пісте ағаштарының түбінде жалған тәңірлерге арнап хош иісті заттарды түтетеді. Сол себепті қыздарың жезөкшелікке салынып, келіншектерің неке адалдығын бұзады! 14 Ал Мен қыздарың мен келіншектеріңді сол үшін жазаламаймын. Өйткені еркектердің өздері жай жезөкшелерге де, жалған тәңірлерге бағышталған табыну орындарындағы жезөкшелерге де барады. Осылай жақсы мен жаманды айыра білгісі келмейтін халық құриды. 15 Уа, Солтүстік Исраил, сен өзің азғындыққа салынғанмен, Яһуда халқы да сондай күнә жасамасын! Не Ғылғалға, не Бет-Әбенге барып, жалған тәңірлерге табынбаңдар, Мәңгі тірі Жаратқан Иенің атымен ант та етпеңдер! 16 Исраил иесіне көнбейтін қыңыр сиыр сияқты болып келеді. Жуырда Жаратқан Ие халықты тоқтылар іспетті кең-байтақ далада жайылуға еркіне жібере ме? 17 Ефрем халқы жалған тәңірлерге үйір болып кетті, енді оны жайына қалдырыңдар! 18 Ішімдіктері бітсе де, олар азғындықтарын жалғастыра береді. Елдің билеушілері осындай масқара істерді қатты сүйеді. 19 Оларды құйын көтеріп алып кетпек. Сонда олар жалған тәңірлерге құрбандық шалып, ұсынғандарына ұялатын болады».
1 «Мынаны тыңдаңдар, уа, діни қызметкерлер! Құлақ салыңдар, уа, Исраилдің билеушілері, мұқият тыңдаңдар, патшаның әулеті! Сендерге үкім шығарылады. Өйткені Миспа мен Табордағы табыну орындарында халықты тұзақ пен торға түсірдіңдер. 2 Бұл опасыздар азғындыққа әбден батты, енді Мен олардың бәріне тәлім беріп, жазаларын тартқызамын. 3 Ефрем руын білемін, бүкіл Исраил халқы да Менен жасырын емес. Себебі сен, Ефрем, азғындыққа салынып кеттің, содан Исраилдің бәрі арамданды. 4 Халықтың жасап жүрген зұлым істері өздерінің Құдайына қайтып келулеріне жол бермейді. Себебі оларды азғындықтың рухы билеп алды, әрі олар Жаратқан Иені мойындаған жоқ. 5 Исраилдің асқақтығы оның өзіне қарсы куәлік етеді. Исраилдіктер, соның ішінде Ефрем руы, өз зұлым істерінен сүрініп құлайды. Яһуда халқы да олармен бірге сүрініп құлайды. 6 Ұсақ және ірі қара малдарын айдап әкеліп, құрбандыққа шалып, Жаратқан Иеге қаншама дұға етсе де, Оны таба алмайды. Себебі Ол солардан алшақтап кетті. 7 Олар некесіз балалар туғызып, Жаратқан Иеге опасыздық жасады. Енді әр айдың алғашқы күні орындайтын діни рәсімдері олардың өздерін жер үлестерімен қоса жалмап жеп қояды. 8 Гибеяда керней тартып, Рамақта да дабыл қағыңдар! Бет-Әбенде: «Уа, Бунямин руы, саған ереміз!» деп атой салыңдар! 9 Жазаланатын күні Ефремнің жері қаңырап бос қалады! Мен болашақта ешбір шүбәсіз болатын жайттарды Исраил руларының арасында жариялап отырмын. 10 Яһуда билеушілерінің іс-әрекеттері жер үлестерінің межелерін құпия өзгерту сияқты сұмдық болып кетті. Сондықтан оларға қаһарымды тасқын судай жаудырамын. 11 Ефремнің халқы түкке тұрмайтын «тәңірсымақтың» жолын қууды қалағандықтан сотталып, қатты қысым көріп күйзелуде. 12 Сол себепті Мен Ефрем елін күйе сияқты, Яһуда елін көгертіп шіріткен зең сияқты құртамын. 13 Ефрем өз ауруын, Яһуда да өз жарасын байқап қалғанда, Ефрем Ассур еліне бет бұрып, оның ұлы патшасына елшілерін жіберді. Бірақ ол сендерді сауықтырып, жараларыңды жаза алмайды. 14 Себебі Мен Ефрем халқы үшін арыстан іспетті, Яһуда халқы үшін жас арыстан сияқты мейірімсіз боламын. Мен Өзім оларды паршалап жарып тастаймын да, орындарынан алып кетемін. Сонда оларды құтқаратын ешкімі болмайды. 15 Олар ауыр кінәларын мойындап, алдыма келіп еркімді сұрамайынша, Мен көктегі орныма қайтып кетемін».
1 Азапталған күйлерінде олар Маған бет бұрып, өзара былай десетін болады: «Келіңдер, Жаратқан Иеге қайтадан мойынсұнайық! Ол бізді жарып, жарақаттап еді, енді жарамызды жазады. Ол бізді соққан еді, енді сол жерімізді таңады. 2 Екі күннен кейін Ол бізге жан бітіріп, үшінші күні қайта тұрғызады. Сонда біз Оның көз алдында өмір сүретін боламыз. 3 Ендеше Жаратқан Иені мойындап, Оны жақыннан танып білуге жан сала ұмтылайық! Ертеңгісін таң атпай қоймайтынындай, Жаратқан Иенің келуі де сондай шүбәсіз. Ол бізге игілікті нөсердей, жерді суға қандыратын көктемгі жаңбырдай сөзсіз келетін болады». 4 «Уа, Ефрем халқы, саған не істесем екен? Ал саған ше, Яһуда елі? Сендердің сенімді болуларың әрі кеткенде таңғы бұлт іспетті. Я болмаса, таң ата салысымен буға айналып кететін шық сияқты. 5 Сондықтан өз пайғамбарларым арқылы сендерді кескіленуге бұйырып, аузымнан шыққан сөздеріммен өлтірілуге соттадым. Шығарған үкімім атқан таңдай айқын болады. 6 Мен өздеріңнен құрбандық шалғандарыңнан гөрі берік мейірімділік көрсеткендеріңді қалаймын, құрбандықтардың етін өртеп ұсынғандарыңнан гөрі Мені, Құдайды, жақыннан танып сүйгендеріңді ұнатамын. 7 Бірақ сендер Адам (ата) сияқты Келісімімді бұзып, сөйтіп Маған опасыздық жасадыңдар. 8 Ғилақад та зұлымдық жасаушылардың қанға боялған қаласы! 9 Жолаушы адамды аңдып жататын қарақшылар сияқты, діни қызметкерлер бір тобыр болып Сихемге баратын жолда кісі өлтіріп, жексұрын қиянат жасады. 10 Исраил елінде жан түршіктіретін сұмдықты көрдім: Ефремнің халқы азғындыққа салынып, Исраил елі арамданып кеткен екен! 11 Уа, Яһуда елі, Мен саған да орақ маусымы іспетті жазаланатын мезгіліңді белгілеп қойдым! Мен халқым Исраилді тұтқында жүрген жерінен қайтарып әкелгім келеді.
1 Бірақ оны осылай ауруынан сауықтырмақ болған кезімде Ефремнің күнәлары әшкереленеді, әрі Самарияның қылмыстары жария болады. Халықтың айналысатыны — алдамшылық, ұрылары үйлерге бұзып кіріп, қарақшылары көшеде адам тонайды. 2 Бірақ олардың істеген барлық зұлым іс-әрекеттерін есімде сақтайтынымды өздері ойламайды. Жаман қылықтары халықты қоршап алған, солары Менің көз алдымда. 3 Халық зұлымдық істеп патшаларын, жалғандық жасап әміршілерін мәз қылады. 4 Олардың барлығы да неке адалдығын бұзушылар! Қамырды илеген кезден бастап нан жабуға дайын болғанға дейін өшпей жанып тұратын тандыр сияқты, солардың барлығы да құмарлықтың отына күйіп-жануда. 5 «Патшамыздың құрметіне жасалған той!» деп әміршілер шараптың қызуына елігіп кеткенде, патша өркөкірек мазақтаушыларды қолдайды. 6 Олардың жан дүниелері пештей лаулайды, ойлағандары — қулық-сұмдық. Түні бойы ашу-ызалары сөнбей бықсып, таңертең жалындай лап ете қалады. 7 Бәрі де пеш сияқты өз билеушілерін жалмай береді. Патшаларының барлығы зорлықпен өлтірілді. Ал олардың ешқайсысы Менен көмек сұрамады. 8 Ефремнің халқы бөтен халықтармен араласып кетті. Ол төңкерілмеген, сондықтан бір жағы күйіп, екінші жағы шикі піскен нан сияқты болып қалды. 9 Бөгде адамдар оның қуатын жалмауда, бірақ ол соны білмейді. Оның басын ақ қырау шалған, бірақ ол соны да байқамайды. 10 Исраил өз асқақтығымен өзін әшкерелейді, бірақ олар бәрібір өздерінің Құдайы Жаратқан Иеге қайтпайды да, Оның еркін сұрамайды да. 11 Сондықтан Ефрем халқы көгершін сияқты аңғал да санасыз болып қалды. Олар біресе Мысырды шақырып, біресе Ассурға барып, қолдау сұрайды. 12 Ал Мен олар барған кезде үстеріне торымды тастаймын. Оларды аспанда ұшып жүретін құстар сияқты жерге түсіріп, жиындарында сөз болған қылықтарына сәйкес жазалап түзетемін. 13 Халық Менен адасып кеткендіктен қасіретке қалады! Олар Маған қарсы бас көтергендіктен енді апатқа душар болады! Оларды құтқарар да едім, бірақ олар Мен туралы өтірік айтып келеді. 14 Халық Маған шын жүректен жалбарынбайды. Оның орнына олар төсектерінде жатып еңіреп жылайды. Расында олар Менен алшақтап кетіп, жиындарында бидай мен жүзім мол болсын деп жалған тәңірден сиынып сұрайды. 15 Халыққа тәлім-тәрбие беріп, күшейткен Өзім едім, бірақ олар Маған қарсы зұлымдық ойластырады. 16 Халық Маған, Алла Тағалаға, емес, Бағалға бет бұрады. Содан да олар қисық садақ сияқты пайдаға аспайды. Елдің әміршілері тілдерінен шыққан ашулы сөздердің кесірінен семсерден өледі. Сол үшін олар Мысыр елінде жұрттың күлкісіне қалады».
1 «Керней тартып дабыл қағуға дайындал! Жау бүркіт сияқты Жаратқан Иенің елінің үстінде ұшып жүр. Себебі олар Менің өздерімен жасаған Келісімімнен айнып, Таурат заңымды бұзып келеді. 2 Сонда да Солтүстік Исраил Мені шақырып: «Сен біздің Құдайымызсың, Сені мойындаймыз, (көмектесе гөр)!» — деп жалбарынады. 3 Ал Солтүстік Исраил ізгі нәрседен бас тартты, енді жау оны қуатын болады. 4 Халық өзіне патшаларын тағайындады, бірақ олары Менің еркіме сай емес. Олар билеушілерін де қойды, бірақ Мен бұларын құптаған жоқпын. Өздерінің алтын-күмісінен халық жалған тәңір мүсіндерін жасап алды, әйтсе де олар құрып кетеді. 5 Жас бұқа кейпінде жасалған жалған тәңірің әбден жек көрінішті, уа, Самария елі! Мен осы халыққа қатты қаһарланып отырмын. Қашан ғана олар зұлымдықтан арылып тазарар екен? 6 Сол тәңірсымақты Исраилдің өзі бір қолөнершіге жасатып алды. Сондықтан ол Құдай емес! Иә, Самарияның жас бұқа кейпіндегі жалған тәңірі күл-парша болып сындырылады! 7 Халықтың еккені жел еді, енді жинағандары құйын болады. Шыққан егіндерінің бастары — құр қауыз. Дән бола қалған күнде де бөтен елдіктер оны жалмап кетеді. 8 Солтүстік Исраилдің елін жау жалмап кетеді. Оның халқы басқа халықтардың арасында ұнамсыз ыдыс сияқты болып қалды. 9 Себебі олар жалғыз дара қаңғырып жүретін жабайы есек сияқты Ассурға барды. Ефрем елі өзіне «ашыналарды» (яғни арқа сүйейтін одақтастарды) жалдады. 10 Олар алым-салықтарымен жат халықтарды жалдап алған болса да, Мен Ефремнің халқын бәрібір бір жерге жинап, соттаймын. Олар қуатты патшаның езгісіне түсіп, азап шеге бастайды. 11 Ефрем халқы күнәнің құнын өтейтін құрбандықтар ұсынылатын үстелдерді көптеп орнатты, бірақ олары, керісінше, нағыз күнә жасайтын орындар болып кетті! 12 Мен халыққа Таурат заңымдағы ережелерді егжей-тегжейлі жазып бергенмен, олар соларды бір жат нәрсе деп санайды. 13 Халық Маған арнап малдарын құрбандыққа шалып, етін жесе де, Мен, Жаратқан Ие, соларына риза емеспін. Қайта, Мен халқымның істеген зұлымдықтарын есіме алып, оларды күнәлары үшін жазалаймын: халқым өздері бұрын құл болған Мысырға қайта оралатын болады! 14 Солтүстік Исраил өз Жаратушысын ұмытып, үлкен ғимараттар салды. Яһуда елі көптеген қалаларын қамалмен бекітті. Бірақ Мен олардың қалаларына от жіберемін. От солардағы қорғандарын өртеп жалмап қояды».
1 Уа, Исраил, қуанба, басқа халықтардай шаттанба! Сен өз Құдайыңнан бас тартып, жалған тәңірлерге табынып азғындыққа салынып келесің. Астық бастыратын қырмандардың әрбірінде жезөкшелік жасап, соның ақысын жақсы көресің. 2 Бұдан былай астық қырмандары мен жүзім сыққыштары халықты асырамайтын болады. Олардың аламыз деген жүзім шырыны да болмай қалады. 3 Халық Жаратқан Иенің осы елінде қалмайды. Жоқ, Ефрем Мысырға қайта оралып, Ассур елінде де арам тамақты жейтін болады. 4 Халық енді Жаратқан Иеге сұйық тартуларын құйып ұсынбайды, Ол солардың құрбандықтарына да риза болмайды. Себебі бұл құрбандықтары адамы қайтыс болған үйдің тамағы сияқты арам болып саналады. Сол тамақты олар тек қарындарын тойдыру үшін ғана жейді, оның ешбір бөлігі Жаратқан Иенің киелі үйіне апарылмайды. 5 Сендерге белгіленген мейрам күндері не істейтін боласыңдар? Жаратқан Иенің (алдына баруларың керек) діни мереке күндерін қалайша атап өтпексіңдер? 6 Ассурдың талқандауынан бас сауғалап қашсаңдар да, сендерді Мысыр патшалығы жинап алып, құртады. Мәйіттерің сондағы Мемфис қаласында жерленбек. Күмістен жасалған бағалы заттарыңды арам шөп басып, шатырларыңда тікенек қаулап өсіп кететін болады. 7 Құдайдың жазалап, қарымтасын қайыратын күндері келіп қалды! Әй, Исраил халқы, осыны біліп қойыңдар! Күнәларыңның көп болғаны сонша, әрі өштесуіңнің де күшті болғаны сонша, сендер пайғамбарды ақымақ, Рухқа бөленген адамды жынды деп есептейсіңдер! 8 Пайғамбар Құдайдың Ефремге қойған күзетшісі болған еді. Ал пайғамбар қай жерге барса да, оның алдында құс аулаушынікіндей тұзақ құрылған. Тіпті өз Құдайының киелі үйіндегілер де оған қастық танытуда. 9 Исраил халқы Гибеяның кезіндегідей азғындыққа терең батып кетті. Құдай кінәларын есінен шығармай, оларды күнәлары үшін жазалайтын болады. 10 «Менің Исраилді тапқаным иен далада өсіп тұрған тәтті жүзімді табумен бірдей болды. Мен ата-бабаларыңа інжір ағашының алғашқы маусымында ерте піскен жемісіндей қарап, қатты ұнаттым. Бірақ олар Бағал-Пеғорға келгенде өздерін сондағы масқара тәңір мүсініне бағыштап, содан өздері жақсы көрген сол мүсін сияқты жиренішті болып кетті. 11 Ефрем елінің салтанаты құс сияқты пыр етіп ұшып кетеді! Себебі сендерде енді қайтып бала туылмайды, ешбір келіншек құрсақ көтеріп аяғы ауырламайды. 12 Ал егер асырайтын бала-шағасы бола қалса, Мен сендерді соларыңнан да айырамын, бірде-біреуін тірі қалдырмаймын. Мен Ефремнен түбегейлі бас тартқан кезімде халық нағыз қасіретке қалады! 13 Ефрем халқы Тир елі іспетті құнарлы көгалда өсіп тұр екен, соны көрдім. Бірақ болашақта ол өз балаларын оларды өлтіретін жаудың алдына шығаруға мәжбүр болады». 14 Уа, Жаратқан Ие, өз халқыңа нені беруіңді тілейін? Олардың әйелдерін бала туа алмайтын, бала туа қалса, сүті болмай, емізе алмайтын қыла гөр! 15 «Олардың зұлым істерінің барлығы Ғылғалда басталған, сол жерде Мен оларды жек көре бастадым. Істеген іс-әрекеттерінің сұмдық болғаны сонша, оларды өз үйімнен қуып шығамын. Мен халықты енді сүймеймін! Олардың әміршілерінің бәрі де — тура жолдан адасқан қыңырлар. 16 Ефрем халқы қатты соққы жеді. Тамырлары қурап қалған, олар енді жеміс бермейді. Бала туа қалған күнде де, Мен олардың құрсақтан шыққан қымбат нәрестелерін өлтіремін». 17 Олар Құдайыма мойынсұнбағандықтан, Ол халықты Өзінен аластатып тастайды. Содан олар басқа халықтардың арасында кезбе болып кетеді.
1 Исраил жемісін беретін жайқалған жүзім бұтасына ұқсайды. Ал жемісі көбейген сайын халық құрбандық үстелдерін көптеп салады. Ел өркендеген сайын, халық жалған тәңірлерге арналған киелі бағаналарды өрнектеп әшекейлеп отыр. 2 Бұлардың кінәсі — екіжүзділігі. Жаратқан Ие олардың құрбандық үстелдерін қиратып, киелі бағаналарын талқандамақ. 3 Содан соң Исраил халқы: «Біз Жаратқан Иені құрметтемеген едік, содан біздің патшамыз жоқ. Бірақ патшамыз болған күнде де, ол біз үшін не істей алар еді?» — дейтін болады. 4 Ал олардың айтатыны жай сөздер ғана, келісім жасағанда беретін анттары құр өтірік. Сондықтан оларға тағылатын айып өңделіп жыртылған жерде қаулап өсетін арам шөп сияқты болмақ. 5 Самарияның тұрғындары Бет-Әбенде орналасқан жас бұқа мүсіні туралы уайымдайтын болады. Бүкіл халық оны жоқтап қайғырып, осы жалған тәңірдің діни қызметкерлері оның бұрынғы салтанатын ойлап еңіреп жылайтын болады. Себебі сол мүсін де жау еліне әкетіледі. 6 Мүсін Ассурдың ұлы патшасына арналған алым-салық ретінде оның еліне жіберіледі. Ефрем халқы масқара болып, бүкіл Исраил елі өзінің ағаш тәңірлері үшін ұялатын болады. 7 Самария жойылады, оның патшасы су бетінде жүзіп жүрген бұтақша іспетті ғайып болады. 8 Исраилдің күнәға батқан жері — Бет-Әбендегі табыну орындары қиратылмақ. Осы биіктеу жерлердегі құрбандық үстелдерінде тікенді бұта мен ошаған қаулап өсетін болады. Сол кезде адамдар тауларға: «Бізді басып, жасырып тастаңдар!» әрі төбелерге: «Үстімізге құлап түсіңдер!» — деп жалынатын болады. 9 «Уа, Исраил! Сен Гибеяда азғындыққа батқан кезіңнен бастап күнә жасап келесің! Қазір де дәл сол қалыптасың. Гибеяда зұлымдық жасаған сол адамдарды соғыс баудай түсірді емес пе? 10 Мен қалаған кезімде осы халықты жазалаймын. Халық көптеп жасаған ауыр күнәлары үшін шынжырлармен байланып жер аударылады. Сонда барша халықтар оларға қарсы жиналатын болады. 11 Ефрем — астық басуға үйретілген, сол жұмысты ұнататын жас сиыр сияқты. Ал енді Мен Ефремнің күшті мойнына мойынтұрық салып, оны жер айдауға жұмсаймын. Яһуда да жер жыртатын болады, Жақыптың күллі ұрпақтары бұдан кейін егістікті малалайды. 12 Өз өмірлеріңдегі «тың жерлеріңді жыртыңдар, әділдіктің дәнін себіңдер»! Солай берік мейірімнің «жемісін» жинап аласыңдар. Себебі осы кез — Маған, Жаратқан Иелеріңе, бет бұрып, мойынсұнатын уақыт! Сонда Мен сендерге келіп, кешірім беріп, ақталуды жаңбырдай жаудырамын. 13 Ал сендер зұлымдықты «септіңдер», одан «шыққан өнім» — әділетсіздік, ал «жеген жемістерің» — өтіріктеріңнің нәтижесі болды. Өз күш-қуаттарыңа, әскери күштеріңнің молдығына сенім арттыңдар. 14 Сол себепті халқыңа бір зор апат төніп, барлық қамалдарың қиратылады. Бұл, Салман Бет-Арбелді қиратқан шайқас күніндей болады. Сонда аналар балаларымен бірге ұрылып өлтірілген еді. 15 Орасан зор зұлымдығың үшін саған да дәл осы нәрсе істелінеді, уа, Бетел қаласы!
1 Исраилдің патшасы сол күнгі таңда мүлдем құриды!» «Исраил әлі де жас болғанда оны сүйетін едім, Мен рухани ұлымды Мысырдан шақырып алдым. 2 Бірақ Мен халықты Өзіме неғұрлым шақырған сайын олар соғұрлым қасымнан алшақтай берді. Олар Бағалдың бейнелеріне арнап құрбандық шалып ұсынып, сол мүсіндердің құрметіне хош иісті заттарды түтетіп жүрді. 3 Ал Ефремді қолынан жетелеп, аяғын тәй-тәй басып жүруді үйреткен Өзім болатынмын. Өздерін сауықтырған да Мен екенімді халық мойындағылары келмеді. 4 Мен оларды ыңғайлы ноқтамен, сүйіспеншіліктің арқанымен жетелеп жүрдім. Мойынтұрықтарын мойындарынан шешіп алып тастап, оларды тамақтандыру үшін еңкейетін де едім. 5 Маған қайта оралудан бас тартқан соң, халық енді Мысыр еліне қайта оралмай ма? Ассур оларға патшалық құрмай ма? 6 Сол кезде олардың қалаларында семсерлер жарқылдап, қақпаларының ысырмаларын сындырады. Зұлым ой-ниеттері үшін оларды жалмап құртады. 7 Өз халқым Менен теріс бұрылуға бейім. Олар (Бағалға) биіктеу жерлерде қаншама сиынғанмен, ол соларды (мүшкіл жағдайларынан) еш шығармайды». 8 «Мен сені қалайша тастап кетемін, уа, Ефрем? Сені қалайша ұстап беремін, уа, Исраил? Мен сені қалайша Адмадай тастап, Себоимдей ойрандаймын? Жүрегімде ниетім өзгеріп, аяушылығым арта түсті. 9 Сонда Мен лаулаған қаһарымды жүзеге асырмаймын, Ефремді қайтадан құртпаймын. Себебі Мен пенде емес, Құдаймын. Араларыңда тұратын Киелі Құдаймын. Сол кезде сендерге ашу-ызамен келмеймін. 10 Халық Менің соңымнан еріп, Мен, Жаратқан Ие, арыстандай ақыратын боламын. Мен ақырғанда, балаларым батыс жақтан дірілдеп қайтып келеді. 11 Олар Мысыр елінен құстай болып, Ассур елінен де көгершіндей болып дірілдеп қайтып келеді. Мен халқымды үйлеріне қайтадан орналастырамын!» — деп уәде береді Жаратқан Ие. 12 Ефрем халқы мені жалған сөздермен қоршап, Исраил халқы өтірікпен қамап жатыр. Яһуда халқы әлі де Құдайдан, Киелі Жасаған Иеден, тайып өз бетімен жүр.
1 Ефрем халқы желмен тамақтанатын сияқты. Олар күні бойы шығыстан соғатын желді қуып, өтірік пен зорлықты көбейтеді. Олар Ассур патшалығымен одақтасып, Мысырдан да қолдау көру үшін сол елге зәйтүн майын тасып апарады. 2 Жаратқан Ие Яһуданы да айыптамақ. Ол Жақыптың үрім-бұтағын жүрген жолдары үшін жазалап, істеген істерінің есесін қайтармақ. 3 Түпкі атасы Жақып ана құрсағында жатқанда-ақ егіз бауырласының өкшесінен ұстап алып, оны алдап соқты. Ер жеткенде ол Құдаймен күресті. 4 Сол кезде Жақып Құдайдың періштесімен күресіп, үстем болды, әрі періштеден ақ бата беруін жылап өтінді. Осылайша ол Бетелде Құдаймен кездесіп, тілдесті, 5 Жаратқан Иемен, Әлемнің Әміршісі Құдаймен! Оның «Жаратқан Ие» деген аты әлемге кең танымал. 6 Өзің де Құдайға қайта оралып, берік сүйіспеншілік пен әділдікті сақта! Әрқашан өз Құдайыңа үмітіңді арт! 7 Ал саудагерлердің таразылары дұрыс емес, олар алдамшылықты ұнатады. 8 Ефрем: «Мен байыдым, барлығын да өзім таптым! Істегенімнің бәрінен ешкім күнә дейтіндей бірде-бір бұрыс іс таба алмайды!» — деп мақтанып жүр. 9 «Бірақ Мен өзіңді Мысыр елінен шығарған Құдайың Жаратқан Иемін. Бұрын айдалада Менімен кездескен кезіңдегідей, Мен сені қайтадан шатырларға қоныстандырамын. 10 Мен пайғамбарларға тіл қатып, көп рет аян бердім, әрі олар арқылы астарлы сөздерімді айтып халқыма ескерттім». 11 Ғилақадтың халқы зұлымдық жасаса, олар құрып кетеді. Ғылғалда да халық құрбандыққа мүйізді ірі қара мал шалып келеді. Расында олардың құрбандық үстелдері өңделіп жыртылған егістіктің шетіндегі тас үйінділері сияқты тізіліп тұр. 12 Ежелде Жақып Солтүстік Месопотамия еліне қашып барған болатын. Исраил деп те аталған Жақып сол жерде әйелі үшін қызмет етіп, мал бақты. 13 Кейін Жаратқан Ие Исраилдің үрім-бұтағын бір пайғамбары арқылы Мысырдан алып шығып, бір пайғамбары арқылы аман сақтап жүрді. 14 Бірақ Ефрем Жаратқан Иені қатты ашуландырды, сол себепті Ол Ефремді қылмыстары үшін жазалап, істеген барлық масқара қылықтарының қарымтасын қайтарады.
1 Өткен замандарда Ефрем тіл қатқанда адамдар қалтырап оның айбатынан сескенетін. Исраилде осы рудың мерейі үстем болатын. Бірақ кейін ол жалған тәңір Бағалға табынып кінәлі болды, мұның соңы өлімге апарып соқты. 2 Ал енді олар күнәға бұрынғыдан бетер батып, өздеріне жалған тәңір мүсінін жасатып алды. Бұл мүсіндерді қолөнершілер шеберлікпен күмістен құйды. Осы жас бұқа мүсіндеріне арнап құрбандық шалғандарға: «Оларды өбіп сүйіңдер!» — дейді. 3 Сондықтан олар тез сейілетін таңғы тұман не тез кебетін шық сияқты, әрі қырманнан жел айдап ұшыратын кебек не үйдің мұржасынан шығатын түтін сияқты лезде ғайып болады. 4 Бірақ Мен сендерді Мысыр елінен алып шыққан Құдайларың Жаратқан Иемін. Өзімнен басқа ештеңені Құдай деп танымаңдар! Менен өзге ешбір құтқарушы жоқ. 5 Мен сендерге иен далада, қуаңшылық жайлаған елде қамқорлық жасадым. 6 Халық жақсы жайылымға қоныстанғанда қарындары тоқ болды. Қарны тойынған кезде олар асқақтап, Мені естерінен шығарды. 7 Сондықтан Мен оларға арыстан сияқты тап беріп, қабылан сияқты жүрер жолын аңдып, шабуыл жасаймын. 8 Оларға қонжықтарынан айырылған ұрғашы аюдай бас саламын да, кеуделерін жарып тастаймын. Оларды арыстандай жалмап, жыртқыш аңдай жыртамын. 9 «Өзіңді-өзің құрттың, уа, Исраил! Сен өзіңе көмек беретін Маған қарсысың! 10 Сенің патшаң қайда екен? Ол сені күллі қалаларыңда құтқарып алсын! «Маған патша мен әміршілер бер!» деген едің. Енді сол билеушілерің қайда жүр? 11 Сол себепті Мен ашуланып тұрып, сендерге бір патшаны тағайындадым. Ал кейін қаһарланып, оны сендерден алып тастадым. 12 Ефрем халқының зұлым істері жинаулы тұр, олардың күнәларының бәрі де жазулы. 13 Халық анасы толғақ азабын тарта бастаса да, құрсақтан шыққысы келмейтін түйсіксіз сәбиге ұқсайды. 14 Мен оларды о дүниенің билігінен босатып, өлімнен құтқарып аламын ба? (Жоқ, солай істемеймін.) Өлім, қайда улы тісің? О дүние, қайда сенің жеңісің? Мен еш аяушылық көрсетпеймін». 15 Ефрем бауырлас руларының арасында жайқалып өсіп-өнетін. Ал енді Жаратқан Ие шөл даладан шығыстың аптап желін жібереді. Сонда Ефремнің бұлағы құрғап, су көзі тартылып қалады. Ефрем қазына қоймасындағы құнды заттарының барлығынан айырылады.
1 Құдайына мойынсұнбай қарсы шыққандары үшін Самарияның халқы кінәларының кесірінен жазаланатын болады. Олар семсерден өледі. Жас балаларын жау жерге соғып өлтіріп, жүкті әйелдерінің іштерін жарады. 2 Уа, Исраил халқы, өз Құдайың Жаратқан Иеге қайта орал! Осылай күйрегеніңе өз күнәларың себепші болды. 3 Кінәларыңды мойындайтын сөздер айтып, Жаратқан Иеге қайтып келіңдер! Оған былай деңдер: — Барлық күнәларымызды кешіріп, бізді рақыммен қабылдай гөр! Саған аузымызбен мадақтау айтып, соны сый-тарту ретінде ұсынбақпыз. 4 Ассур бізді құтқара алмайды, біз атқа мініп, өз күшімізге де сенім артпаймыз. Бұдан былай өз қолымызбен жасаған бұйымға: «Біздің тәңіріміз!» деп табынбаймыз. Сенен ғана, уа, Жаратқан Ие, жетімдер рақым табады. 5 — Мен оларды опасыз мінездерінен сауықтырып, өз мейіріміме сәйкес жақсы көремін. Себебі оларға деген қаһарым қайтты. 6 Мен Исраилді жерге түскен шықтай сергітетін боламын. Сонда Исраил лалагүлдей жайнайды, әрі Ливан тауындағы самырсын ағаштарындай тамырларын тереңге жібереді. 7 Исраилдің жас өркендері кең жайылып өседі. Ол зәйтүн ағашындай көрікті, ал хош иісі Ливан самырсынының жұпарындай болады. 8 Халқым қайтып келіп, саямда тыныстап, дәнді дақылдай бітік өсіп, жүзім бұтасындай гүлдейді. Сонда атағы жайылып, Ливан шарабындай кең танымал болады. 9 Ефрем сонда: — Қойшы сол жалған тәңірлерді! — деп айтпақ. (Ал Мен мынадай жауап беремін:) — Мен сені естіп, назарымда ұстаймын. — Мен жайқалған арша ағашы сияқтымын. — Сенің жеміс беруің Менің жарылқауыммен. 10 Кім бұларды ұғынатындай дана болады? Кімнің түсінігі бар болса, соларға көз жеткізеді. Жаратқан Иенің көрсеткен жолдары түзу, әділдер олармен жүретін болады, ал Иемізге қарсы бас көтергендер соларда сүрініп құлайды.
1 Мұнда Жаратқан Иенің Петуел ұлы Жоелге арнаған сөзі берілген. 2 Тыңдаңдар мынаны, уа, ақсақалдар, құлақ салыңдар, уа, елдің күллі тұрғындары! Өз бастарыңнан өткен күндерде не ата-бабаларыңның заманында мұндай нәрсе болып па еді? 3 Бұл туралы хабарды балаларыңа айтыңдар, балаларың немерелеріңе, ал немерелерің шөберелеріңе жеткізсін! 4 Шегірткенің құрттарынан қалғанды шегірткелер жеді, шегірткелерден қалғанды басқа құрттар жеді, ал одан қалғанды қоңыздар жеп тауысты. 5 Ояныңдар, уа, маскүнемдер, еңіреп жылаңдар! Ей, шарап ішетіндердің бәрі де, тәтті шарапты жоқтап зарлаңдар, өйткені енді содан құр қалдыңдар! 6 Себебі Менің еліме бір «халық» басып кірді, олар күшті әрі қисапсыз көп, ал тістері — арыстанның тістеріндей, тырнақтары — ұрғашы арыстанның тырнақтарындай күшті де өткір. 7 Сол «халық» Менің жүзім бұталарымды ойрандады, інжір ағаштарымның бұтақтарын сындырып, жемістерін жұлып тастап, бұтақтары ағарып қалды. 8 Атастырылған күйеуін жоқтап, азалы киім киіп тұрған қыздай зарлап жылаңдар! 9 Жаратқан Иенің киелі үйінде жұрт астық әрі сұйық тартуларын ұсынбайтын болды. Соған Жаратқан Иеге ғибадат етуші діни қызметкерлер қайғыруда. 10 Егіндіктер ойрандалған, қара жер қайғырып жатыр, өйткені қуаңшылықтан егін құрып, жүзімдер суалып, зәйтүн жемістері піспей солып қалды. 11 Күдерлеріңді үзіңдер, уа, егіншілер, зарлаңдар, уа, жүзімшілер! Өйткені далада жинайтын өнім қалмады. 12 Жүзім бұталары қурап, інжір ағаштары солып қалды, анар, құрма, алма, даладағы барлық ағаштар да қурап қалды. Содан адамдар да қуаныштан ада болды. 13 Уа, діни қызметкерлер, азалы киім киіп жылаңдар! Құрбандық үстелінің алдында қызмет етуші сендер, зарлаңдар! Азалы киімдеріңді түнде де шешпей ұйықтаңдар, уа, Құдайымның қызметкерлері! Өйткені сендердің Құдайыңның үйінде енді астық әрі сұйық тартулары ұсынылмайтын болды! 14 Құдайға арнап ораза ұстайтын уақытты белгілеңдер! Салтанатты жиналыс жариялап, елдің ақсақалдары мен басқа да тұрғындарын Құдайларың Жаратқан Иенің киелі үйіне жинап алыңдар! Иемізді көмектесуге жалбарына шақырыңдар! 15 Жаратқан Иенің күні таяп қалды. Бұл қандай қасіретті күн болмақ! Сол күні құдіреті шексіз Құдай елді талқандамақ. 16 Біздің көз алдымыздан азық-түлік алшақтап кетіп, Құдайымыздың киелі үйінен қуаныш пен шат-шадыман әндер ғайып болады емес пе? 17 Себілген тұқым топырақ кесектерінің астында құрғап қалды. Содан егін шықпай, қамбалар бос тұр, астық қоймалары бұзылған. 18 Малдың ыңырсуын-ай! Ірі қара жайылым болмай айналаны кезіп адасып жүр, ұсақ мал да қиналуда. 19 Уа, Жаратқан Ие, Саған жалбарынамын! От иен даладағы жайылымдарды жалмап, жалындары жеміс ағаштарын құртып жіберді! 20 Даладағы жабайы аңдар да Саған жалбарынуда, өйткені бұлақтардың арналары кеуіп, елсіз даладағы жайылымдарды өрт жалмады.
1 Сионда керней тартыңдар, киелі тауымда дабыл қағыңдар! Бүкіл елдің халқы қорқып қалтырасын, өйткені Жаратқан Иенің күні келеді, міне, ол таяп та қалды! 2 Сол күн — қараңғылық пен қара түнектің, бұлттар мен қою тұманның күні! Таң ата жарықтың тау бастарына біртіндеп жайылатынындай, бір үлкен де қуатты әскер елді қаптап келе жатыр. Ол сияқты ежелде ештеңе болмаған, келер замандарда да болмайды. 3 Әскердің алдында — бәрін жалмайтын от, артында — лаулаған жалын! Алдындағы жер Едемдегі пейіш бағы сияқты болып тұрады, ал әскер өткеннен кейін қаңыраған қу дала болып шыға келеді. Олардан ештеңе де құтыла алмайды. 4 Бұл жаулардың түрі аттардың түріндей, ал алға ұмтылулары — атты әскердің шабысындай. 5 Олардың даусы тау бастарында гүрілдеген соғыс күймелеріндей, сабанды сатырлатып жалмайтын оттай, әрі шайқасқа дайындалып сап құрған қуатты әскердей естіледі. 6 Бұларды көргенде халықтар қорқып қалтырап, барлық адамның өңдері қуаңқы тартады. 7 Сол әскер батырдай алға басады, жауынгердей қабырғаға өрмелейді! Барлығы бірдей алға басып, алған бағыттарынан таймайды. 8 Бір-бірімен кақтығыспай, әрқайсысы өз жолымен жүреді. Жау қаруының арасын жарып өткенде де, оларды ештеңе тоқтата алмайды. 9 Олар қалаға бас салып, оның қабырғасының үстінде жүгіреді, үйлеріне өрмелеп, ұры сияқты терезе арқылы кіреді. 10 Олардың алдында жер сілкініп, аспан шайқалады, күн мен ай қараңғыланып, жұлдыздар да сөніп қалады. 11 Жаратқан Ие сол әскерінің алдында дауысын шығарады. Оның жинаған қолы қандай орасан зор! Оның әмірін орындайтындар өте көп. Шын мәнінде Жаратқан Иенің соты күні ұлы да қатты қорқынышты! Оған кім шыдай алады? 12 Тіпті қазірдің өзінде Жаратқан Ие мынаны нық айтады: «Шын жүректен Маған қайтыңдар, ораза ұстап, жылап қайғырыңдар!» 13 Қайғыларыңды білдіру үшін тек киімдеріңнің өңірін жыртып қана қоймаңдар, істегендеріңе шын жүректен өкініңдер! Құдайларың Жаратқан Иеге қайтып келіңдер! Өйткені Ол рақымды да қайырымды, тез қаһарланбайды, берік мейірімі мол, әрі жазалаймын деген райынан қайтуға дайын. 14 Кім біледі, мүмкін, Ол ашуы басылып, сендерді мүсіркейтін шығар? Сонда Құдайларың Жаратқан Ие сендердің Өзіне арнап астық әрі сұйық тартулар ұсынуларыңа жететіндей мол жарылқауын жаудырар. 15 Сионда керней тартыңдар! Ораза ұстайтын уақытты белгілеп, салтанатты жиналыс жариялаңдар! 16 Халықты жинаңдар, әрқайсысы тазару рәсімінен өтіп келсін! Бұған ақсақалдар мен балаларды да, тіпті емшектегі нәрестелерді де жинап әкеліңдер! Күйеу мен келін де отауларынан шығып, жиналысқа келсін! 17 Жаратқан Иеге ғибадат етуші діни қызметкерлер киелі үйдің кіреберісі мен құрбандық үстелінің арасындағы жерде қайғырып жылап, былай деп жалынсын: — Уа, Жаратқан Ие, өз халқыңды аяй гөр, меншікті халқыңның масқаралануына жол бере көрме! Басқа халықтардың «Олардың сиынған Құдайы қайда екен?» деген мазағына қалдырмашы! 18 Сонда Жаратқан Ие Өзінің елін жан сала қорғап, өз халқын аяйтын болады. 19 Иә, Иеміз оларға жауап қатып былай дейді: — Мен сендерге астық, жүзім шырынын және зәйтүн майын жіберемін, сендер соларға тойынасыңдар. Бұдан былай Мен сендерді басқа халықтарға мазақтатып қоймаймын! 20 Солтүстіктен баса-көктеп келген әскерді сендерден аластатамын. Оны басы шығыстағы Өлі теңізден басталып, аяғы батыстағы Жерорта теңізімен аяқталатын қылып, қуаңшылық басқан, қаңыраған бос елге жіберемін. Сол жерде шіріп сасып, олардан жағымсыз сасық иіс тарайтын болады. Себебі олардың істегендері ғаламат жауыздық болатын! 21 Уа, елім, қорықпа, қуан да шаттан, өйткені Жаратқан Ие ұлы істер істеді! 22 Ей, жабайы аңдар, қорықпаңдар! Иен даланың жайылымдары жасыл, ағаштар жемісін уақытында береді, інжір ағашы мен жүзім бұтасы да молынан өнім береді. 23 Сендер де, уа, Сион халқы, Құдайларың Жаратқан Иеге қуанып, шат-шадыман болыңдар! Өйткені Ол сендерді ақтағанының белгісі ретінде күзгі жаңбырды жаудырды. Бұдан былай Ол бұрынғысынша күзгі және көктемгі жаңбырларды уақытында жіберетін болады. 24 Қырмандар астыққа толып, сыққыштарыңнан алынатын жүзім шырыны мен зәйтүн майы мол болады. 25 Сол жылдары шегіртке, құрт, қоңыз және шегіртке құрттарының, яғни Өзім араларыңа жіберген ғаламат «әскерімнің», жегендерінің орнын сендер үшін толтырамын. 26 Осылай жейтін тамақтарың мол болып тойынасыңдар. Маған, Құдайларың Жаратқан Иеге, шүкірлік айтасыңдар, себебі өздерің үшін істейтіндерім сондай ғажап болмақ! Осылай Менің халқым бұдан былай масқараға қалмайды. 27 Сонда сендер Менің Исраилдің арасында тұратынымды және өздеріңнің Құдайларың Жаратқан Ие екенімді, әрі Менен басқа ешқандай Құдайдың жоқ екенін білетін боласыңдар. 28 Осылардан кейін Мен өз Рухымды бүкіл адамзаттың үстіне құямын. Ұл-қыздарың пайғамбарлық сөз айтады, қарттарың түс, жас жігіттерің аян көреді. 29 Сол күндері Мен тіпті құл-күңдердің үстіне де Рухымды төгемін. 30 Мен аспан мен жерде керемет істер істеймін: қан, от және бұрқыраған түтін пайда болады. 31 Жаратқан Иенің ұлы да қорқынышты (соты) күні келердің алдында күн — қара түнек, ай — қан қызыл болады. 32 Ал Иеміздің атын атап Оған сиынған әркім құтқарылады. Жаратқан Иенің айтқанындай, құтқарылғандар Иерусалимдегі Сион тауында тұратын болады. Олар Жаратқан Иенің шақырып алып, аман қалдырғандарының арасында болады.
1 «Біліп алыңдар, Мен сол оқиғалар болатын заманда Яһуда елі мен Иерусалимнің тұтқында жүрген халқын қайтарып, игілікке кенелтемін. 2 Сонда Мен халықтардың барлығын жинап, «Жаратқан Иенің Соттау аңғарына» алып барамын. Сол жерде Мен осы халықтарды Өзімнің меншікті халқым Исраилді басқа елдердің арасына шашыратып жібергендері үшін соттап жазалаймын. Олар Менің елімді өзара бөлісті, 3 халқымды да жеребе тастап бөлісіп алды: ұл балаларды жезөкшенің ақысына айырбастап, бойжеткендерді шарапқа сатып, ішіп қойып жүрді». 4 «Ал сендер, уа, Тир мен Сидон және філістір елінің аймақтары, Маған не істейін деп жатырсыңдар? Сендер Менен кек алғыларың келе ме? Егер солай ететін болсаңдар, Мен істегендеріңді өз бастарыңа лезде-ақ қайтарамын. 5 Өйткені сендер Менің алтын-күмісім мен қымбат бағалы бұйымдарымды тартып алып, өз ғибадатханаларыңа апарып қойдыңдар. 6 Сонымен қатар өз елдерінен аластатып, басқа жаққа жіберу үшін Яһуда мен Иерусалимнің адамдарын гректерге саттыңдар. 7 Біліп қойыңдар, Мен оларды өздерің сатып жіберген елдерден жетелеп алып келемін. Ал оларға істегендеріңді өз бастарыңа түсіремін. 8 Өздеріңнің ұл-қыздарыңды Яһуданың адамдарына сатамын, олар соларды алыста тұратын Сәба халқына сатып жібереді». — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 9 Халықтардың арасында мынаны жариялаңдар: «Соғысқа дайындалып, батырларыңды шақырыңдар! Барлық жасақшыларың аттанып, осында өрлеп келсін! 10 Соқаларыңнан семсер, орақтарыңнан найза жасаңдар! Әлсіздерің «Мен мықтымын!» дейтін болсын. 11 Барлық халықтар, тездетіп жан-жақтан келіңдер, бәрің де сол жерге жиналыңдар!» — Уа, Жаратқан Ие, өз батырларыңды алып келе гөр! 12 — Халықтар тұрып, Жаратқан Иенің Соттау аңғарына өрлеп келсін! Мен сонда отырып, айналадағы барлық халықтарды соттайтын боламын. 13 Орақтарыңмен орыңдар, өйткені өнім дайын. Келіп, жүзімді басып сығыңдар, өйткені сыққыш өнімге толып тұр, енді күбілер шырынға толмақ. Себебі сол адамдардың зұлымдығы шектен асып кетті. 14 Соттау аңғарында сан мыңдаған адамдар күтіп тұр! Себебі жуырда Жаратқан Иенің күні Соттау аңғарында айқын көрінеді. 15 Күн мен ай қараңғыланып, жұлдыздар да сөніп қалады. 16 Сонда Жаратқан Ие Сионнан ақырып, Иерусалимнен дауысын шығарады. Сол кезде аспан мен жер шайқалады. Бірақ Жаратқан Ие — өз халқының бас сауғалайтын панасы, Исраилдің үрім-бұтағының қамал іспетті берік қорғаушысы! 17 «Сол кезде сендер Менің, өз Құдайларың Жаратқан Иенің, киелі тауым Сионда тұратынымды білетін боласыңдар. Иерусалим қаласы Өзіме бағышталып қасиетті болады. Енді оны ешбір жат жұрттық басып ала алмайды. 18 Сол күні таулардан тәтті шырын тамшылап, төбелерден сүт ағатын болады, Яһуданың барлық жылғаларында су ағады. Жаратқан Иенің киелі үйінен басталған бұлақ Аққараған аңғарын суға кенелтеді. 19 Яһуданың халқына жасаған қиянаттары үшін және өз жерінде отырған халықтың жазықсыз қанын төккендері үшін Мысыр елі қаңырап бос қалып, Едом елі де қу медиенге айналады. 20 Ал Яһуда бұдан былай бос қалмайды. Иерусалимді де ұрпақтан ұрпаққа мекендейтін болады. 21 Мен олардың әлі кешірілмеген, қан төгіп жасаған күнәларын кешіремін». Сонымен Жаратқан Ие Сионда тұратын болады.
1 Мұнда Яһуданың Текоя қалашығындағы шопандармен жүрген Амос пайғамбардың айтқан сөздері берілген. Ол соларды Яһуда еліне Ұзиях, ал Солтүстік Исраилге Жоғас ұлы Еробоғам патшалық құрған заманда аян көргенде Құдайдан қабылдаған еді. Бұл жер сілкіністен екі жыл бұрын болды. 2 Амос пайғамбар былай деді: «Жаратқан Ие Сион тауынан ақырады, Ол Иерусалимнен дауысын шығарады. Сонда малшылардың жайылымдары солады, Қармил тауының төбесі де кеуіп қалады!» 3 Жаратқан Ие мынаны айтады: «Дамаскінің халқы көптеген зұлым істер істеп келді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Олар (Исраилдің) Ғилақад аймағын темір астық бастырғышпен таптағандай аяусыз талқандады. 4 Сол үшін Мен (Дамаск патшасы) Хазаилдің сарайына от жіберемін. Сол от (оның ұлы) Бен-Хададтың қорғандарын да жалмап қояды. 5 Мен Дамаскінің қақпа ысырмаларын сындырып, Ауен аңғарының тағында отырғанды елінен аластатып қуып, Бет-Еденге билік жүргізушіні құртамын. Сонда Арама халқы тұтқындалып, (Бабыл еліндегі) Кир аймағына айдалып кететін болады». — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 6 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Газа қаласының халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Газалықтар (Яһудадағы) елді мекендердің бүкіл халқын тұтқынға алып, Едомға сатып жіберді. 7 Сол үшін Мен Газа қаласының қабырғаларына от жіберемін. Сол от оның сарайларын жалмап қояды. 8 Мен Азоттың тағында отыратынды және Ашқалонның билеушісін жайратамын, Әкронға да қарсы құдіретті қолымды созамын. Сонда філістірлердің тірі қалғандары да құриды», — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. 9 Жаратқан Ие мынаны да айтады: «Тир қаласының халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Тирліктер (Исраилдегі) елді мекендердің бүкіл халқын тұтқындап, Едом еліне сатып жіберді. Сонда олар Исраилмен жасаған өзара бауырластық келісімдерін тіпті естеріне де алмады. 10 Сол үшін Мен Тирдің қамал қабырғаларына от жіберемін. Сол от оның бекіністі сарайларын жалмап қояды». 11 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Едом халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Едомдықтар өздерімен бауырлас халықты қолдарына семсер алып қуып, өздеріндегі аяушылық сезімін басып таптап, ешқандай мейірімділік танытпады. Олар бауырластарына деген ашуынан қайтпай, соларды ызалана паршалап өлтірді. 12 Сол үшін Мен Теман аймағына от жіберемін. Сол от Босора қаласының сарайларын жалмап қояды». 13 Жаратқан Ие мынаны да айтады: «Аммон халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Аммондықтар өз жерлерін кеңейту үшін Ғилақад аймағына бас салып, сондағы жүкті әйелдерді қарындарын жарып өлтірді. 14 Сол үшін мен Рабба қаласының қабырғаларына от жіберемін. Сол от оның сарайларын жалмап қояды. Дауылды күннің құйынындай бір әскердің шабуылдап атой салғаны естілетін болады. 15 Сонда Амонның патшасы өзінің әміршілерімен бірге басқа жаққа айдалып кетеді», — деп нық айтады Жаратқан Ие.
1 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Моаб халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Моабтықтар Едом патшасының сүйегін әк іспетті күйдіріп қор қылды. 2 Сол үшін Мен Моабқа от жіберемін. Сол от Кериоттың сарайларын жалмап қояды. Сонда Моаб айқай-шудың әрі әскердің шабуылдап атой салып, керней тартқан дауыстарының астында күйрейді. 3 Мен Моабты басқарып жүрген биді елден аластатып, онымен бірге барлық әміршілерін де өлтіремін», — деп ескертеді Жаратқан Ие. 4 Жаратқан Ие мынаны да айтады: «Яһуданың халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Яһудалықтар Мен, Жаратқан Ие, тапсырған Таурат заңын менсінбей, ережелерімді орындамай кетті. Бұрын ата-бабалары құлшылық еткен жалған тәңірлердің жолына енді бұлар да түсіп, адасты. 5 Сол үшін Мен Яһудаға от жіберемін. Сол от Иерусалимнің сарайларын жалмап қояды». 6 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Солтүстік Исраилдің халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Исраилдіктер әділ жанды күміске, кедейді бір жұп аяқкиімге айырбастай салады. 7 Олар кедейдің басын жердің топырағына таптап, бейшараны жолынан итеріп баса көктейді. Әкесі мен баласы екеуі бірдей бір жас әйелге барып, Менің киелі есімімді қор қылады. 8 Олар өздеріне қарыздар адамнан кепілдікке алынған жамылғыны құрбандық үстелінің қасына төсеп жатады. Жұртқа айып төлетіп алған шарапты өздері табынған тәңірсымағының ғибадатханасында ішеді. 9 Ал Мен ежелде халқымның көз алдында самырсындай биік, емендей мықты Амор халқын күйреткенмін. Сонда Мен оның төбесіндегі жемісі мен түбіндегі тамырын да біржола құртқан болатынмын. 10 Сендердің аморлықтардың жерін иемденіп алуларың үшін Мен сендерді Мысыр елінен алып шығып, қырық жыл бойы айдалада ертіп жүрген едім. 11 Ұлдарыңның кейбіреулерін пайғамбар, жас жігіттеріңнің бірнешеуін Құдайға бағышталған назир еттім. Солай емес пе, уа, Исраилдің үрім-бұтағы? — деп ескертеді Жаратқан Ие. — 12 Алайда сендер Өзіме бағышталған назирлерге шарап ішкізіп күнә жасатып, пайғамбарларға: «Пайғамбарлық сөз айтпа!» деп тыйым салып жүрдіңдер. 13 Біліп қойыңдар, егін баулары мол артылған арбаның жерге қарай шөгетіні сияқты, енді Мен де сендерге ауыртпалықты молынан түсіремін! 14 Сонда жылдамдарыңның жүгіруге шамасы болмай қалады, мықтыларың да өз қуаттарынан айырылады, тіпті батырларың да өз жандарын құтқара алмайды. 15 Сонда мерген тойтарыс бере алмайды, желаяқ та, салт атты да өз жандарын құтқарып қала алмайды. 16 Ержүрек батыл деген жасақшылар да қару-жарағын тастап бас сауғалап қашатын болады», — деп ескертеді Жаратқан Ие.
1 Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, Жаратқан Иенің сендерге қарсы айтқан сөзін тыңдаңдар! Ол ежелде Мысыр елінен Өзі алып шыққан бүкіл халыққа қарсы мына сөзін айтады: 2 «Жер бетіндегі барлық халықтардың ішінен Мен тек сендерді ғана таңдап алғанмын. Сондықтан Мен сендердің істеген барлық опасыз істеріңе назар аударып, жазалаймын!» 3 Бағыт жайлы келісіп алмаса, екі адам бірге жүре ала ма? 4 Алдында жатқан олжасы болмаса, ормандағы арыстан ақыра ма? Ұстап алған ештеңесі болмаса, жас арыстан інінен даусын шығара ма? 5 Егер тұзақта жем болмаса, құс оған түсе ме? Еш нәрсе түспесе, тұзақ жоғары ырши ма? 6 Қалада кернейдің даусы шықса, халық үрейленбей ме? Жаратқан Ие жібермесе, қала апатқа ұшырай ма? 7 Шынында Жаратушы Тәңір Ие Өзіне қызмет ететін пайғамбарларға алдын ала білдірмей ештеңе істемейді. 8 Ал енді «Арыстан» ақырды! Содан кім үрейленбейді? Жаратушы Тәңір Ие тіл қатты, Оның хабарын басқаларға кім жеткізбейді? 9 Азот қаласы мен Мысыр елінің сарайларына: «Самарияның тауларына жиналыңдар! Елдегі болып жатқан ғаламат ретсіздік пен қанаушылыққа көз салыңдар!» — деп жариялаңдар! 10 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Олар дұрыс істеуді білмейді де, өз сарайларында зұлымдықпен, зорлықпен иемденіп алған байлық жинайды. 11 Сол себепті Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Елді жау қоршап, сені қуатыңнан жұрдай етіп, сарайларыңды талан-таражға түсіреді». 12 Жаратқан Ие мынаны да айтады: «Шопан қойына тап берген арыстанның аранынан оның қос сирағын немесе құлағының бір жапырағын ғана шығарып ала алады. Сол сияқты Самарияда тұратын исраилдіктер де тек төсектің бір шетімен және жұқа жабынымен ғана құтқарылады. 13 Мынаны тыңдап алып, Жақыптан тараған Исраил халқына қарсы куәлік етіңдер! — деп бұйырады Жаратушы Тәңір Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай. — 14 Мен Исраилдің жасаған зұлым істеріне назарымды аударып, оларды жазалайтын боламын. Сол күні Бетелдегі құрбандық үстелдерін де қиратамын. Осы құрбандық үстелдеріндегі мүйіздер кесіліп, жерге түсіп қалады. 15 Мен байлардың қысқы және жазғы үйлерін де жермен-жексен етіп қиратамын. Сонда олардың піл сүйегімен әшекейленген үйлері және басқа да сарайлары күйреп жоқ болады». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
1 Әй, Башан сиырларындай семіз әйелдер! Самарияның тауында тұратын сендер, мына сөзді тыңдаңдар! Сендер кедейлерге зорлық жасап, мұқтаждарды езгіге ұшыратып келесіңдер, әрі күйеулеріңе: «Әкел бері, ішейік!» — дейсіңдер. 2 Жаратушы Тәңір Ие Өзінің киелі атымен былай деп ант етті: «Сендерді ілмекпен тартатын, ал қалғандарыңды қармақпен сүйрететін күн бастарыңа туады! 3 Сендер қала қабырғасының үйіндісінің үстімен айдалып, тіп-тіке шығатын боласыңдар, ыңғайлы сарайларыңнан далаға лақтырылып тасталасыңдар!» — деп ескертеді Жаратқан Ие. 4 «Мейлі, Бетелге барып, күнәға батыңдар, Ғылғалға да барып, қылмыстарыңды одан бетер көбейтіңдер. Таң атқан сайын сонда құрбандықтарыңды шалып ұсынып, өнімдеріңнің он бөлігінің бірін әр үш жыл сайын апарып отырыңдар. 5 Мейлі, шүкіршілік тартуы ретінде ашытқымен пісірілген нанды өртеп ұсыныңдар, ерікті тартулар жасап, оларыңды жұртқа жариялап мақтаныңдар! Өйткені осыны істеуді сондай жақсы көресіңдер, уа, исраилдіктер! — дейді Жаратушы Тәңір Ие. — 6 Сондықтан да Мен сендердің барлық қалаларыңдағы адамдардың тістерін (арасында тамақтың бірде-бір түйірін қалдырмай) таза қылдым. Барлық жерлеріңде де сендерді нанға зар етіп қойдым. Сонда да сендер Маған қайтып келмедіңдер!» — деп әшкерелейді Жаратқан Ие. 7 «Егіннің суға ең мұқтаж, енді көктеп шығып келе жатқан кезінде Мен сендерге жаңбырды жаудырмай қойдым. Бір қалаға жаңбырды жіберсем, екіншісіне жіберген жоқпын. Бір егіс алқабына жаңбыр жауса, екіншісіне жаумады. Ал жаңбыр жаумағаны қурап қалды. 8 Сондықтан екі-үш қаланың халқы су ішу үшін бір қалаға жиналсаңдар да, шөлдеріңді баса алмадыңдар. Бірақ сендер сонда да Маған қайтып келмедіңдер!» — деп әшкерелейді Жаратқан Ие. 9 «Сендердің егістіктеріңе, бау-бақшаларың мен жүзімдіктеріңе шіру және көгеру індеттерін жіберіп, оларды құрттым. Інжір мен зәйтүн ағаштарыңды шегіртке жалмап жойды. Бірақ сендер сонда да Маған қайтып келмедіңдер!» — деп әшкерелейді Жаратқан Ие. 10 «Араларыңа Мысырдағыдай індет жібердім, жас жігіттеріңді семсермен қырып, жылқыларыңды тартып алып кеттім. Орналасқан жерлеріңдегі өліктердің сасық иісі мұрын жаратындай болды. Бірақ сендер сонда да Маған қайтып келмедіңдер!» — деп әшкерелейді Жаратқан Ие. 11 «Ежелде Мен, Құдай, Содом мен Ғомораны қиратқанмын. Енді сендердің кейбір қалаларыңды да қираттым. Сендер шала жанып, от ішінен құтқарылып алынған отындық ағаш сияқты болдыңдар. Бірақ сонда да Маған қайтып келмедіңдер!» — деп әшкерелейді Жаратқан Ие. 12 «Сол себепті Мен сенің басыңа осы апаттарды түсіремін, ей, Исраил! Саған еш шүбәсіз осылай істейтін боламын. Сондықтан өз Құдайыңның алдынан шығуға дайындал, ей, Исраил халқы!» — 13 Өйткені Жаратқан Ие тауларды қалыптастырып, желді соқтырады. Ол өз ой-ниеттерін адам баласына ашып білдіреді. Құдай таңғы арайды қара түнекке айналдырып, әлемнің биік жерлерін де аяғымен басады. Оның Есімі — Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай.
1 Уа, Исраил халқы, өздерің туралы айтатын мына қайғылы жырымды тыңдаңдар: 2 «Құлады, енді қайтып тұрмайды Бұрын пәк қыздай болған Исраил халқы. Өз жерінде оған назар аудармайды, Ешкім де оны қайтып тұрғызбайды. 3 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Мың жасақшысын аттандырған қалаға Қайта оралады тек жүзі ғана, Ал жүз адамын жіберген қалаға Қайта оралады тек оны ғана!» 4 Енді Жаратқан Ие Исраилдің халқына мынаны айтады: «Маған бет бұрып сиыныңдар, сонда тірі қаласыңдар! 5 Бетелдегі жалған тәңірден көмек іздемеңдер, Ғылғалға да бармаңдар, Бер-Шебаға қарай да өтпеңдер! Өйткені жау Ғылғалдың халқын еш шүбәсіз тұтқынға айдап әкетеді, Бетелдің басына да апат түспек». 6 Жаратқан Иеге бет бұрып Оған сиыныңдар, сонда тірі қаласыңдар! Әйтпесе Ол Жүсіптің үрім-бұтағына қарсы от іспетті лап етіп, сол от Бетелді де жалмап қояды. Ал оны сөндіретін ешкім де болмайды. 7 Әй, сендер әділетті бұрмалап, (бейшаралар үшін) ащы бір нәрсеге айналдырасыңдар, әділдікті менсінбей, жерге таптайсыңдар! 8 Үркер мен Көгалдай мерген сияқты шоқжұлдыздарды кім жаратты? Қара түнекті таңғы арайға, күнді қараңғы түнге айналдыратын, әрі теңіздің суын жоғары көтеріп, оны жер бетіне жаудыратын кім? Оның есімі — Жаратқан Ие! 9 Ол мықтыларды найзағай түскендей лезде күйретіп, бекіністерін талқандап қиратады. 10 Ал сендер қала алаңында сот жүргізушілерді жек көріп, шындықты жасырмай айтушыдан жиренесіңдер. 11 Сендер кедейлерді басып-жаншып, олардан алым ретінде мол астық жинайсыңдар. Сондықтан қашалып өңделген тастан үйлер салсаңдар да, оларда тұрмайсыңдар! Жүзімдіктер отырғызсаңдар да, солардың өнімдерінің рақатын көрмейсіңдер! 12 Өйткені сендердің бас көтеріп, Маған қарсы шыққан жайттарыңның қаншалықты көп әрі күнәларыңның қандай ауыр екенін білемін: сендер пара алып, әділ жанға қысым жасайсыңдар және сотта бейшараны жолдан былай итермелеп, құқығынан айырасыңдар. 13 Сондықтан зерделі жан осындай жағдайда үндемей қалады, өйткені бұл — зұлым уақыт! 14 Зұлымдыққа емес, жақсылыққа ұмтылыңдар! Сонда тірі қаласыңдар және өздерің жиі айтатындай, Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай, сендерге жар болады. 15 Зұлымдықты жек көріп, жақсылық жасауды ұнатыңдар! Қала алаңында сот жүргізгенде әділдікті орнатыңдар! Сонда Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай, Жүсіптің үрім-бұтағының тірі қалғандарына рақымды болатын шығар. 16 Сондықтан Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай Ие, мынаны айтады: «Барлық алаңдарда жұрт жылап-сықтап, ал көшелерде ойбауырымдап қайғыратын болады. Сонда диқандарды да зар жылауға, жоқтау айтуды шебер білетіндерді де жоқтау айтуға шақыратын болады. 17 Күллі жүзімдіктеріңде де қайғыланып жылап-сықтайтын боласыңдар. Себебі Мен сендерді жазалау үшін араларыңнан өтемін!» — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 18 Уа, «Жаратқан Иенің соты күні келсе екен!» деп аңсайтындар, сендер қасіретке қаласыңдар! Жаратқан Иенің күні сендерге не үшін керек? Оның алып келетіні нұр емес, қара түнек қой! 19 Сол күн арыстаннан қашып, аюмен кездескен немесе үйге кіріп, қабырғаға қолмен сүйеніп тұрғанда жыланның шағып алғаны сияқты қорқынышты болады. 20 Жаратқан Иенің соты күні сендер үшін жарық емес, қараңғы болады емес пе?! Сол күн қара түнек, нұрдан құр болады емес пе?! 21 «Мен мейрамдарыңды жек көремін, салтанатты жиналыстарыңның иісі Маған жиренішті. 22 Сонда Маған арнап толығымен өртелетін құрбандық, астық және сұйық тартуларын ұсынсаңдар да, оларды қабылдамаймын! Бордақыланған малды ризашылық құрбандығына шалып ұсынсаңдар да, соларыңа да назар аудармаймын. 23 Өлеңдеріңді шуламай, Менен аулақ айтыңдар! Ішекті аспаптарыңның дыбысын тыңдағым да келмейді! 24 Одан да елдеріңе әділет тасқын судай, әрі әділдік еш таусылмайтын жылғадай ағып келе берсін! 25 Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, сендер қырық жыл бойы айдаланы кезіп жүрген ежелгі уақыттарыңда құрбандыққа мал шалып, басқа да сый-тартулар ұсынғанда соларыңды Маған бағыштадыңдар ма? 26 Жоқ, сендер өздерің жасап алған бейнелерді: жалған тәңір Молохтың мүсіні орналасқан шатырды және тәңірсымақтарың Ремфан жұлдызының бейнесін бірге алып жүрдіңдер. Бұларды (құлшылық етіп табынуларың үшін) өздерің жасап алған едіңдер. 27 Сондықтан Мен сендерді жер аударып жіберемін, тіпті Дамаскіден де әрі!» — деп нық айтады Жаратқан Ие. Ол Әлемнің Әміршісі Құдай деп те аталады.
1 Әй, Сион тауында бейқам тұрып жатқан және өздерін Самария тауында қауіпсіз сезінетіндер, сендер қасіретке қаласыңдар! Ең озат халықтың маңдай алды адамдары деп аталатын сендерге Исраилдің үрім-бұтағы келіп, ақыл-кеңес пен көмек сұрайды. 2 Қална қаласына барып, қараңдар! Сол жерден үлкен Хамат қаласына, содан філістір еліндегі Ғатқа да барыңдар! Өз патшалықтарың олардан артық па? Әлде олардың жерлері сендердікінен кең-байтақ болды ма? (Әрине, жоқ. Әйтсе де, жау оларды талқандады.) 3 Дегенмен, сендер «апат болатын күн алыс» деп ойлап, аяусыз сотталатын күнді өздерің жақындатасыңдар. 4 Сендер піл сүйегімен әшекейленген төсек-орындарыңда жатасыңдар, төсектеріңде жатып шіренесіңдер. Жейтіндерің — отардың тоқтылары мен бордақы таналардың семіз еті. 5 Жетігеннің сүйемелдеуімен ән айтасыңдар, Дәуіт патшаға еліктеп, күй аспаптарыңда ойнауға әуен-күйлер ойлап табасыңдар. 6 Шарапты тостағандап ішіп, үстеріңе жұпар иісті май жағасыңдар. Ал Жүсіптің үрім-бұтағының басына төніп тұрған жойылу жайлы қайғырмайсыңдар! 7 Сондықтан қолға түсіп, басқа жерге аударылатын алғашқылардың арасында сендер боласыңдар! Сендердің үлде мен бүлдеге оранған, сауық-сайран құрған өмірлерің осылай бітпек! 8 Жаратушы Тәңір Ие Өзінің киелі атымен ант етті. Ол — Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай, мынаны айтады: «Мен Жақыптың үрім-бұтағының асқақтығынан жиренемін, олардың бекіністі сарайларын да жек көремін. Сондықтан да Мен осы қаланы және онда тұратындардың бәрін жауларының қолына тапсырамын». 9 Бір үйде он адам қалған болса, солардың барлығы да өледі. 10 Қайтыс болғандардың мәйіттерін өз туысқаны жерлеуге алып шығып, үйдің ішіндегі адамнан: «Қасыңда тағы біреу бар ма?» — деп сұрап, сол: «Жоқ,..» — деп жауап бере бастағанда, әлгі туысқан: «Тыныш! Жаратқан Иенің есімін бекерге атай көрме! — деп шошитын болады. 11 — Өйткені біліп қой: Жаратқан Ие бұйрық берсе, үлкенді-кішілі үйлердің барлығы қиратылып талқандалады!» 12 Жылқы жартаста ойнақтай ала ма? Теңізді соқамен жыртуға бола ма? (Әрине, болмайды.) Ал сендер әділдік пен шыншылдықты ащы уға айналдырдыңдар! 13 Сендер Лодыбар (яғни «ештеңе») қаласын иемденгендеріңе шаттанып, «Қарнайым (яғни «қос мүйіз») қаласын өз күшімізбен басып алдық» деп те мақтанасыңдар. 14 Бірақ Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай, мынаны айтады: «Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, сендерге қарсы Мен бір халықты көтеремін. Олар сендерге солтүстіктегі Лебо-Хаматтан бастап, оңтүстіктегі Араба аңғарына дейінгі бүкіл елдеріңде зорлық-зомбылық көрсететін болады!»
1 Жаратушы Тәңір Ие маған мына көріністі көрсетті: Ол шегіртке үйірлерін жасап шығарды. Бұл патшаның өнімі жиналып болып, одан кейінгі өнім көктеп шыға бастаған кезде болды. 2 Шегірткелер бүкіл елдегі көкті жеп қойғанда мен: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие, бізді кешіре гөр! Жақыптың үрім-бұтағы бұған қалайша шыдасын? Біз сондай кішкентай ғана елміз ғой! — деп жалбарындым. 3 Сонда Жаратқан Ие райынан қайтып: — Жарайды, бұлай істемеймін! — деп шешті. 4 Содан соң Жаратушы Тәңір Ие маған мына көріністі көрсетті: Тәңір Ие елді жазалау үшін от лаулатты. Сол от үлкен де терең теңізді және елдегі егістіктерді жалмап қойды. 5 Сонда мен: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие, тоқтата көрші! Жақыптың үрім-бұтағы бұған қалайша шыдасын? Біз сондай кішкентай ғана елміз ғой! — деп жалбарындым. 6 Сонда Жаратқан Ие райынан қайтты. — Жарайды, бұлай да істемеймін! — деп шешті Жаратушы Тәңір Ие. 7 Ол маған тағы мына көріністі көрсетті: Жасаған Ие бір тік қабырғаның жанында тұр екен. Қолында тік бағытты көрсететін, ұшына бір кесек қорғасын байланған тіктеуіш жіп бар еді. 8 Жаратқан Ие менен: — Не көріп тұрсың, Амос? — деп сұрады. Мен: — Тіктеуіш жіпті, — дедім. Сонда Жасаған Ие маған тіл қатып былай деді: — Мен тіктеуіш жіпті өз халқым Исраилдің ортасына орнатамын. Бұдан былай Мен олардың күнәларына шыдамдылық көрсетпеймін! 9 Ысқақтың үрім-бұтағының биіктеу жерлердегі табыну орындары қаңырап бос қалады, Исраил елінің киелі табыну орындары ойрандалады! Сонда Мен семсермен Еробоғам патшаның әулетіне қарсы шығамын! 10 Ал Бетелдегі табыну орнының діни қызметкері Амасиях Солтүстік Исраилдің патшасы Еробоғамға мынадай хабар жіберді: — Амос Солтүстік Исраил халқының дәл ортасында сізге қарсы үгіт жүргізіп жатыр! Біздің еліміз оның айтқан барлық сөздеріне төзе алмайды. 11 Өйткені Амос: «Еробоғам семсерден қаза тауып, Исраил халқы еш шүбәсіз өз елінен жер аударылады!» деп жүр. 12 Мұнан кейін Амасиях Амосқа былай деді: — Ей, көріпкел, бар! Яһуда еліне қашып кет! Наныңды сонда тауып же, пайғамбарлық сөзіңді сол жерде айт! 13 Ендігәрі Бетелде пайғамбарлық сөз айтушы болма! Бетел — патшаның сиынатын киелі жері әрі бүкіл патшалықтың құлшылық ететін үйі! — 14 Бірақ Амос Амасияхқа былай деп жауап берді: — Мен жай пайғамбар емеспін, пайғамбардың шәкірті де болған емеспін. Мен мал бағып, тұт ағаштарын өсіріп, жемістерін жинаумен айналысатынмын. 15 Ал Жаратқан Ие мені отардың соңынан шақырып алып, «Барып, халқым Исраилге Менің хабарымды жеткіз!» деп тапсырма берді. 16 Ал енді, Жаратқан Иенің сөзін тыңда! Сен Маған: «Солтүстік Исраилге қарсы пайғамбарлық сөз айтпа! Ысқақтың үрім-бұтағына қарсы сөйлеме!» дейсің. 17 Сол үшін Жаратқан Ие саған мынаны айтады: «Сенің әйелің қалада жезөкше болып, ұл-қыздарың семсерден қаза табады. Жеріңді басқалар өлшеуіш жіппен өлшеп бөлісіп алады. Ал сен өзің болсаң, жат жерде өлесің. Солтүстік Исраилдің бүкіл халқы өз елінен жер аударылып кетеді!»
1 Жаратушы Тәңір Ие маған тағы бір көріністі көрсетті. Сонда мен піскен жемістер салынған себетті көрдім. 2 Ол менен: — Не көріп тұрсың, Амос? — деп сұрады. — Піскен жеміс салынған себетті, — деп жауап бердім. Сонда Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді: — Өз халқым Исраилдің де пісіп, жиналып, сотталатын уақыты жетті. Бұдан былай Мен олардың күнәларына шыдамдылық көрсетпеймін! 3 Сол күні ғибадатханадағы қуанышты ән-жырлар зарлаумен алмасады. Адам өлігі көп болып, оларды әр жерден жинап, қаладан шығарып тастайды. Бәрі де үн-түнсіз болмақ! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын. 4 Әй, мұқтаждарды аяқасты қылатын, елдің жарлыларын құртатын сендер, мынаны тыңдаңдар: 5 Сендер іштей былай дейсіңдер: «Айдың алғашқы күні қашан өтер екен? Сонда бидай сатамыз. Демалыс күні қашан бітер екен? Сонда астықты базарға шығарамыз! Бидай өлшеп салатын ыдысымызды кішірек, күміс өлшейтін кір тастарымызды ауырырақ қылып, таразыдан да жейміз. 6 Кедейлерді күміске, мұқтаждарды бір жұп аяқкиімге сатып аламыз. Салмағын ауырлату үшін астықты кебегімен қоса сатамыз!» 7 Ал Жаратқан Ие «Жақып мақтан тұтқан (Құдай)» деген Өзінің атымен былай деп ант береді: «Мен сол істерінің бірін де есімнен шығармаймын! 8 Осыларың үшін бүкіл ел шайқалып, оның тұрғындары қайғыға батпай ма? Расында жер Мысырдың Ніл өзеніндей көтеріліп әрі тасып, сосын қайтадан басылып, төмендейтін болады». 9 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Сол кезде Мен күнді тал түсте бататын қылып, жерді күндіз қараңғылыққа бөлеймін! 10 Көңілді мейрамдарыңды қайғыру уақытымен, әрі қуанышты әндеріңді жоқтаумен алмастырамын. Сендерге азалы киім киіндіріп, қайғыдан шаштарыңды тақырлап алып тастатамын. Бұл жалғыз ұлдың өліміне жоқтау айтқанға ұқсайды. Иә, оның ақыры өте ащы болады!» 11 Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Біліп қойыңдар! Мен не нанды аңсайтын аштықты, не суды аңсайтын шөлді де емес, Менің, Жаратқан Иенің, сөзін естуге деген аштық пен шөлді жіберетін уақытым келе жатыр! 12 Сонда адамдар теңізден теңізге әрі солтүстіктен шығысқа қарай шарлап кезіп, Жаратқан Иенің сөзін сарсыла іздейтін болады. Бірақ оны таба алмайды. 13 Сол кезде көрікті бойжеткендер мен мықты жігіттер шөлден әлсірейтін болады. 14 Самарияның масқара тәңірсымағымен ант ішіп, «Сенің тәңіріңмен ант етемін, уа, Дан!» немесе «Сенің тәңіріңмен ант етемін, уа, Бер-Шеба!» дейтіндер құлап, енді қайтып тұра алмайды».
1 Мен құрбандық үстелінің жанында тұрған Жасаған Иенің берген аянын көрдім. Ол маған тіл қатып былай деді: «Бағаналардың бастарын ұр, босағалары күйресін! Оларды халықтың үстіне құлат! Аман қалғандарын Өзім семсермен қырамын. Ешқайсысы қашып та кетпейді, ешқайсысы құтыла да алмайды. 2 Олар тіпті жер астына түсіп, көміліп қалса да, Мен оларды қолыма түсірер едім. Аспанға шығып кетсе де, оларды төменге түсіремін. 3 Олар Қармил тауының төбесіне тығылып қалса да, сол жерден де тауып, ұстап алар едім! Менен теңіздің түбіне барып жасырынса, Мен улы жыланға оларды шағуға бұйырар едім. 4 Жаулары оларды тұтқындап, басқа елге айдап әкетсе, сол жерде де семсерге оларды жалмауға әмір етер едім. Мен оларға назарымды тігіп, игілік емес, қасірет жіберемін». 5 Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие қолын жерге тигізсе, ол балқи бастайды да, онда тұратындар қайғырады. Бүкіл жер Мысырдағы Ніл өзені сияқты көтеріліп әрі тасып, сосын қайтадан төмендейтін болады. 6 Ол Өзінің зәулім сарайын көкте салып, соның негізін жердің бетінде қалайды. Ол теңіздің суын жоғары көтеріп, оны жердің бетіне төгеді. Оның есімі — Жаратқан Ие. 7 «Ей, исраилдіктер, сендерді қалай көрсем, құштықтарды да солай көремін! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Әрине, ежелде Мен сендерді Мысырдан азат етіп алып шықтым. Бірақ Мен філістір халқын да Крит аралынан, әрі арамалықтарды (Бабыл еліндегі) Кир аймағынан алып шыққанмын. — 8 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: — Біліп қойыңдар, Менің назарым күнәға батқан Солтүстік Исраил патшалығына бағытталған. Оны жердің бетінен құртамын. Алайда Мен Жақыптың үрім-бұтағын толығымен жойып жібермеймін, — деп нық айтады Жаратқан Ие. — 9 Мен әмір бергенде, Солтүстік Исраилдің халқы бидай іспетті шайқатылып електен өткізіледі. Олар барлық халықтардың арасына шашырап тарап кетеді, әрі електің ішіндегі бірде-бір ұсақ тас (бидаймен бірге) өтіп, жерге түспейді. 10 Сонда Менің халқымның арасындағы «Біздің басымызға қасірет түспейді!» деп көкитін күнәкарлардың барлығы семсерден құриды». 11 «Сол күні Мен Дәуіттің құлап қалған үйін қайтадан тұрғызамын; оның жарылған жерлерін жөндеп, қираған қабырғаларын қаластырып, оны бұрынғы замандағыдай қалпына келтіремін. 12 Сонда олар Едом халқының тірі қалғандарына және Өзім меншігім болуға тағайындаған барлық басқа ұлттарға ие болады. — Осыны айтқан Мен, Жаратқан Ие, оны іске асырамын. 13 Сол кезде (өнімдеріңнің мол болатыны сонша,) астықты келесі жер жыртқан уақытқа дейін жинап, қамбаға құйып бітіре алмайтын боласыңдар. Әр жыл сайын жүзімдерің тез пісіп, артылып та қалатын болады. Жүзім шырыны таулардың беткейлерінен ағып, қыраттардан тамшылап түспек. 14 Мен халқым Исраилді тұтқыннан қайтарып, игілікке кенелтемін. Олар қаңырап қалған қалаларды қайта тұрғызып, сонда қоныстанатын болады, жүзімдіктер мен бау-бақшалар отырғызып, солардың шырынын ішіп, жемісін жейтін болады. 15 Осылай Мен халқымның тамырларын өз елінде терең жайдырамын. Олар Өзім табыстаған елден енді қайтып жұлынып тасталмайды. Мұны Мен, Құдайың Жаратқан Ие, уәде етемін».
1 Бұл — Абдидің көрген көрінісі. Мұнда Жаратушы Тәңір Иенің Едом елі туралы айтқаны берілген. Жаратқан Иеден жеткен бір хабарды естідік, халықтардың арасына бір шабарман жіберілді. Ол: «Жиналыңдар! Едомға қарсы шайқасуға шығыңдар!» — деп жариялайды. 2 (Жаратқан Ие Едом еліне былай деп ескертеді:) «Біліп қой, Мен сені ұлттардың арасында шағын әрі әбден елеусіз қыламын. 3 Сен жартастағы қуыста тұрып, биік қыраттарды мекендеп келесің. Сондықтан «Кім мені бұл жерден құлатып түсіре алады?!» деп кеуде көтеріп, соған алданып кеттің. 4 Алайда тіпті бүркіттей самғап, ұяңды жұлдыздардың арасында салсаң да, бәрібір Мен сені сол жақтан да құлатып түсіремін!» — деп нық айтады Жаратқан Ие. 5 «Саған ұры түсіп, түнде қарақшы бас салса, олар өздеріне керегінше ғана ұрлап әкетпес пе еді? Жүзімшілер жүзімді жинағанда біразын (кедейлерге) қалдырмас па еді? Бірақ сені күтіп тұрған қырғынды айтсаңшы! 6 Есау халқының тінтілетіні-ай, тығылған көмбелерінің де тоналатыны-ай! 7 Одақтастарыңның барлығы сені шекараға тықсырады, достарың сені тақырға отырғызып, күштеп әлімжеттік жасайды. Дастарқандас болып наныңды жеген достарың саған тұзақ құрып: «Ол тіпті де түсінбейді» дейтін болады». 8 Жаратқан Ие сол күні мынаны айтады: «Мен міндетті түрде Едомның данышпандарын, Есаудың тауларындағы түсінігі мол адамдарын құртамын! 9 Уа, Теман қаласы, сенің жауынгерлерің үрейленіп, Есаудың тауларында тұрғандардың барлығы қырғынға ұшырайды. 10 Өзіңнің бауырлас елің Жақыпқа жасаған зорлығың үшін сен масқара болып, біржола құрисың. 11 Жау Исраил еліне басып кірген күні сен қарап тұра бердің. Жат жерліктер оның әскерін айдап әкетіп, шетелдіктер Иерусалимнің қақпаларына кіріп, жеребе тастап оның байлығын бөлісіп жатқанда, сен солардың бірі сияқты болып тұрдың. 12 Бауырыңның басына күн туғанда сен қарап тұра бермеуің керек еді! Яһуда елі қырғынға ұшырағанда оны табалап мәз болмауың керек еді! Олар қатты қиналған күндері сенің мақтанбауың керек еді! 13 Халқым сондай апатқа ұшырағанда, соның қақпасына басып кірмеуің керек еді! Халқым азап шеккен күні бақытсыздығына қарап мәз болмауың керек еді! Сол қиын-қыстау күні халқымның дүние-мүлкін талан-таражға салмауың керек еді! 14 Жол айырықтарында тұрып, босқындарын өлтірмеуің, тірі қалғандарын жау қолына ұстап бермеуің керек еді! 15 Жаратқан Иенің барлық халықтарды соттайтын күні таяп қалды! (Уа, Едом,) сен не істеген болсаң, саған да сол нәрсе істелінеді. Осылайша істегендерің өз басыңа түспек. 16 Сендер Менің қасиетті тауымда тойлап ішіп алғандарың сияқты, енді барлық халықтар да Менің қаһарыма толы тостағанымнан ішетін болады! Сонда сендер (сол тостағаннан) ішіп, ішкендеріңді жұтып, ешқашан болмағандай жоғалып кетесіңдер. 17 Бірақ Сион тауы қашқындарға бас сауғалайтын пана болады. Ол киелі болмақ. Жақыптың халқы өзінің мұралық жерін қайтадан иемденеді. 18 Сол кезде Жақыптың халқы — от, Жүсіптің ұрпақтары — жалын іспетті болады. Ал Есаудан тарағандар сабанға ұқсайды. Әлгілер сабанға от қойып, от оны жалмап қояды. Содан Есаудан тарағандардан ешкім аман қалмайды». — Жаратқан Ие осыны кесіп айтады. 19 Сонда оңтүстіктегі Негев даласында тұратындар Есаудың тауларын иемденіп, батыстағы төменгі қыраттардың тұрғындары філістірлер еліне ие болады. Бұлар Ефрем мен Самарияның жерлерін, ал Бунямин руы Ғилақад аймағын иемденбек. 20 Қанахандағы исраилдік жер аударылғандардың осы тобы Сарептаға дейінгі жерге ие болып, Иерусалимнен Сефарадқа жер аударылғандар қайтып келіп, Негевтің қалаларына иелік етеді. 21 Елді азат еткендер Сион тауына шығып, Есаудың тауларына билік құрады. Ал Патшалық Жаратқан Иенікі болады.
1 Жаратқан Ие Аматтай ұлы Жүніске сөзін арнап: 2 «Жолға жиналып, ұлы қала Ниневиге бар да, оны соттамақ екенімді жарияла! Олардың зұлым қылықтары Менің көз алдымда», — деп тапсырды. 3 Сонда Жүніс жолға жиналды. Алайда ол Жаратқан Иенің назарынан алысқа, Тарсис қаласына қашып кетуге бел буды. Содан Жүніс Яффа қаласына ылдилап барып, сол жерден Тарсиске аттанғалы тұрған кемені іздеп тапты. Ол жолақысын төлеп, кемеге отырып, Жаратқан Иеден жасырынып қалу үшін Тарсиске қарай жүзіп кетті. 4 Бірақ Жаратқан Ие теңізге қатты жел жіберіп, сұрапыл дауыл тұрғызды. Кемеге қирау қаупі төнді. 5 Теңізшілер үрейленіп, әрқайсысы өзі табынатын тәңіріне жалбарына сиынды. Олар кеменің салмағын жеңілдетіп, қауіпті азайту үшін жүктерді суға лақтыра бастады. Бұл кезде Жүніс кеменің төменгі қабатына түсіп, қатты ұйқыға кеткен болатын. 6 Кеме бастығы оған келіп: «Әй, сен неғып ұйықтап жатырсың?! Тұрып, Тәңіріңе жалбарына сиын! Мүмкін, Тәңірің бізді ойына алып, ажалдан сақтап қалар», — деп бұйырды. 7 Теңізшілер өзара: «Жеребе тастап, біздің осы пәлеге душар болғанымызға кімнің кінәлі екенін біліп алайық», — десті. Олар солай істегенде жеребе Жүніске түсті. 8 Теңізшілер оған: — Бізге айтып берші: осы апаттың басымызға түскеніне кім кінәлі? Кәсібің не? Қайдан келдің? Туған елің қайда? Қай ұлтсың? — деген сұрақтарды жаудырды. Жүніс: 9 — Мен исраилдікпін. Көктегі Құдайды, яғни теңіз бен құрлықты жаратқан Тәңір Иені, қастерлеймін, — деп жауап қайырып, 10 оларға өзінің Жаратқан Иеден қашып жүргенін ашық айтып берді. Сонда теңізшілердің зәрелері ұшып сасқалақтап, Жүніске: «Неге бұлай істедің?!» — деп қатты налыды. 11 Осы екі арада теңіз толқындары күшейген үстіне күшейе түсті. Сондықтан теңізшілер Жүніске: — Теңіздің тыншуы үшін саған не істеуіміз керек? — деген сауал қойды. 12 — Мені теңізге лақтырсаңдар, ол басылады. Өйткені осы сұрапыл дауылға ұшырап отырғандарың менің кесірімнен екенін білемін, — деп жауап берді Жүніс. 13 Алайда сол жігіттер бар күштерімен есе беріп, кемені жағаға жеткізуге тырысты. Бірақ дауыл долданып, күшейе түсіп, еңбектері зая кетті. 14 Сондықтан олар Жаратқан Иеге жалбарына сиынып: — Уа, Жаратқан Ие, мына адамның жанын алуың үшін бізді де ажалға бұйыра көрме! Ал егер ол кінәсіз болса, қанын біздің мойнымызға жүктей көрме! Себебі Сен, Жаратқан Ие, осыны өз қалауыңа сай істедің, — деді. 15 Содан теңізшілер Жүністі көтеріп алып, теңізге лақтырып жіберді. Сонда буырқанып тұрған теңіз тыныштала қалды. 16 Бұдан сол адамдардың зәрелері ұшып, Жаратқан Иеден қатты қорықты. Олар Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалып, бұдан былай Оны қастерлеуге ант берді.
1 Жаратқан Иенің бұйрығымен бір үлкен балық Жүністі жұтып қойды. Ол соның ішінде үш күн, үш түн бойы жатты. 2 Жүніс балық ішінен Құдай Иесіне сиынып былай деп мінажат етті: 3 «Қиын-қыстау кезімде, уа, Жаратқан Ием, Саған сиындым, жауап бердің де Сен. Сонда тұңғиықтың терең түкпірінен Көмек сұрап саған жалбарынған ем, Шақырған даусыма құлақ салдың да Сен. 4 Мені тұңғиыққа, терең теңіздің Түбіне Сен лақтырған едің, Айналам түгел тек ағыстар болған, Соққылап қарқынды толқындарыңның Барлығы да өтті мына басымнан. 5 Былай деп те айтқан болатынмын: Аластатылсам да көз алдыңнан, Киелі үйіңе қарамақпын қайтадан. 6 Су басып, теңіз тартып құшағына Қорқытты, балдырлар оралып басыма. 7 Су асты, тау түбіне түсіп қалдым, Сол жерге мәңгі қамалғандай болдым. Бірақ Сен, Жаратқан Ие, Құдайым, Жанымды тұңғиықтан алып қалдың. 8 Көңілім құлазып, үміт өшкенде, Уа, Тәңір Ием, Сені алдым есіме, Мінажатым құлағыңа жетті де Сенің көктегі киелі үйіңде. 9 Жарамсыз да жалған тәңірлерге Табынушылар безеді өздеріне Рақым көрсетпек болған Құдайынан. 10 Ал мен Саған әнмен шүкірлік айтам, Сый-тарту ұсынып, антымда тұрам. Құтқарылу келеді тек Жаратқаннан!» 11 Мұнан кейін Жаратқан Иенің бұйрығы бойынша балық Жүністі жағалауға құсып тастады.
1 Содан соң Жаратқан Ие Жүніске екінші рет сөзін арнап: 2 «Сапарға жиналып, ұлы қала Ниневиге бар! Менің өзіңе айтқан хабарымды халыққа жарияла!» деп тапсырды. 3 Осы жолы Жүніс Жаратқан Иенің айтқанын екі етпей, жолға шығып, Ниневиге барды. Бұл аралап шығуға үш күн уақыт кететін өте үлкен қала еді. 4 Жүніс қаланы аралай бастады. Күн ұзағына халыққа уағыз айтып: «Қырық күннен кейін Ниневи күйреп, тас-талқан болады!» — деп жариялап жүрді. 5 Қала халқы Құдайдың хабарына сенді. Олар (күнәларына өкініп) ораза жариялап, үлкен-кіші барлық адамдар азалы киім киді. 6 Ниневидің патшасы бұл туралы естігенде, ол да (күнәсіне опық жеп) тағынан түсіп, патшалық шапанын шешіп тастады да, азалы киім жамылып, күлге отырды. 7 Содан ол Ниневи халқына патша мен оның уәзірлерінің атынан мына әмірін жариялатты: «Күллі халық ораза тұтсын! Барлық адамдар мен жануарлар, ірілі-ұсақты малдар азық пен сусыннан ауыз тимесін! 8 Адам және жануар атаулы азалы киім мен жабу жамылсын! Әркім Құдайға қатты жалбарынып сиынсын! Бәрі де зұлым жолдарынан қайтып, қатыгез іс-әрекеттерінен бас тартсын! 9 Мүмкін, сонда Құдай райынан қайтып, аяушылық танытып, қаһарын басар. Осылай біз пәледен аман қалармыз!» 10 Құдай олардың істегендерін көріп, зұлым жолдарынан қайтқандарына көз жеткізді. Содан Ол халыққа аяушылық танытып, бәрін құртамын деген райынан қайтты.
1 Алайда Жүніс бұған қатты ренжіп, ашуланды. 2 Ол Жаратқан Иеге сиынып былай деді: — Уа, Ием, мен осылай болатынын елімде жүргенде-ақ айтпап па едім? Сондықтан да тездетіп Тарсиске қарай қаштым. Сенің рақымды да мейірбанды Құдай екеніңді білгенмін: Сен тез қаһарлана қоймайтын төзімдісің, берік сүйіспеншілігің шексіз зор. Пәле жіберемін деген райыңнан қайтуға да дайынсың. 3 О, Жаратқан Ие, енді жанымды ала гөр. Маған тірі жүргенше, өлген артық. — 4 Жаратқан Ие оған: — Сенің ренжіп, ашулануға қандай қақың бар? — деген сұрақ қойды. 5 Ал Жүніс қаладан шығып, оның күншығыс жағындағы бір жерге барып отырды. Өзіне қарапайым күрке жасап, соның көлеңкесінде қаламен не болатынын көрмек болып күтті. 6 Сонда Құдай Ие Жүніске саясы түсіп, оған әлдеқайда қолайлы болу үшін бір бұтаны өсіріп шығарды. Бұта Жүніске керемет ұнады. 7 Бірақ Құдай келесі күні таң сәріде бұтаны кеміретін құрт жіберіп, содан бұта солып қалды. 8 Күн көтерілгеннен кейін Құдай күншығыстан аңызақ жел соққызды. Басын күйдірген күннің аптабынан Жүніс әлсіреп қалды. Ол өлім тілеп: «Маған тірі жүргенше өлген артық!» — деп налыды. 9 Құдай оған: — Бұтаға бола ренжіп, ашулануға қандай қақың бар? — деген сұрақ қойды. Жүніс: — Менің тіпті өлгенше ашулануға қақым бар, — дегенде, 10 Жаратқан Ие оған былай деп жауап берді: — Сен осы бұтаны ешқандай өңдеп, өсірмедің. Ол бір түнде өсіп шығып, келесі түні жоқ болды. Солай болса да, бұтаға сенің жаның ашиды. 11 Ал Ниневиде жақсы мен жаманды айыра алмайтын жүз жиырма мыңнан астам халық, сондай-ақ көптеген мал да бар. Ендеше осы үлкен қалаға қалайша Менің жаным ашымайды?!
1 Яһуда еліне Жотам, Ахаз және Езекияның патшалық құрған замандарында Жаратқан Ие морешеттік Михаға сөзін арнады. Көрген аяндарында Михаға ашылған хабарлар Самария мен Иерусалим туралы болды. 2 «Уа, күллі халықтар, тыңдаңдар! Уа, жер мен онда тұратындардың барлығы, құлақ түріңдер! Жаратушы Тәңір Ие сендерге қарсы куәлік келтіреді. Ол Өзінің (көктегі) киелі үйінен сендерді әшкерелеп, айыптайды». 3 «Қараңдар! Жаратқан Ие Өзінің көктегі тұрағынан шығып, төмен түсіп келіп, жердің биіктеу орындарын басып таптайды. 4 Сонда таулар Оның табанының астында отқа еріген балауыздай балқып, аңғарлар қақ айырылады. Жартастар су іспетті тау баурайынан ылдилап ағып жатады. 5 Бұның барлығы Жақыптың ұрпақтарының бас көтерулеріне әрі Исраил халқының жасаған күнәларына бола осылай болып отыр. Ал Жақыптың ұрпақтарының бас көтеруі қай жерден басталды? Ол Самария қаласынан басталды емес пе?! Сондай-ақ, Яһуданың жалған тәңірлерге табынатын биіктеу орны дегеніміз не? Сол Иерусалим емес пе?!» 6 (Жаратқан Ие мынаны айтады:) «Сондықтан Мен Самария қаласын даладағы қираған үйіндіге, жүзімдік отырғызатын қаңыраған бос жерге айналдырамын! Оның қамалының тастарын сайға қарай домалатып құлатамын, іргетастарын жалаңаштап ашып тастаймын. 7 Самарияның барлық тәңірлерінің мүсіндері қиратылып, соларға бағышталған сыйларының бәрі отқа өртеліп, ондағы алтын-күміс балқытылады. Осылай Мен оның бүкіл тәңірсымақтарын құртамын. Қала осы алтын-күмісін жезөкшеліктің ақысы ретінде жинағандықтан, олары (басқа жаққа әкетіліп) қайтадан жезөкшелік үшін төлем ретінде пайдаланылатын болады». 8 (Миха былай деді:) «Сол себепті мен Самарияны жоқтап жылаймын, жалаң аяқ та жалаңаш жүретін боламын. Шибөрідей ұлып, жапалақтай қайғылы дыбыс шығарамын. 9 Өйткені Самарияның жарасы жазылмайтындай ауыр, ол Яһудаға да жетті. Осы пәле халқымның қақпасына, тіпті Иерусалим қаласына да жетіп қалды. 10 (Філістір еліндегі) Ғат қаласында мұны хабарламаңдар, еш жылап-сықтамаңдар! Бет-Офраның халқы, қайғырып топыраққа аунаңдар! 11 Шафирдің тұрғындары, жалаңаштанып масқара болып, жер аударылып кетіңдер! (Яһудадағы) Сананда тұратындар қорқып далаға шықпайды. Бет-Еселдегілер: «Оның қорғауы сендерден алынып қойылды-ау!» — деп жоқтау айтады. 12 Мароттың тұрғындары құтқарылуды тағатсыздана тосуда. Ал Жаратқан Ие апат жіберіп, ол тіпті Иерусалимнің қақпаларына жетіп қалды. 13 Уа, Лахыштың тұрғындары, күймелеріңе аттарыңды жегіп, қашыңдар! Сион қаласының күнәға батуы сендердің кесірлеріңнен болды. Өйткені Солтүстік Исраилдің күнәсі (яғни жалған тәңірлерге табынушылығы) сендер арқылы тарады. 14 Ал енді Морешет-Ғат қалашығына соңғы сый-тартуларыңды беріңдер! Ахзиб қаласы да Исраилдің патшаларының үміттерін ақтамай, қиратылып жоқ болады. 15 Марешада тұратындар, мен тағы да сендерге қарсы жаулап алушыны жіберемін! Содан Исраилдің атақтылары Адулламға қашып барып, (ондағы үңгірлерде бас сауғалайды). 16 Өздеріңе сондай сүйікті балаларыңды аза тұтып, шаштарыңды тақырлап алып тастаңдар! Бастарыңды тазқараның басындай қылып тақырлаңдар! Өйткені балаларың жер аударылып айдалып әкетіледі».
1 Зұлымдықты жоспарлап, төсек орындарында сұмдық істерді ойластырып жататындар қасіретке қалады! Таң ата олар соларын жүзеге асырады, өйткені бұған олардың құдіреті жетеді. 2 Сондайлар басқаның егістіктеріне сұқтанып, тартып алады, үйлеріне сұқтанып, оларды да иемденіп алады. Олар адамды үй-жайынан, тіпті мұралық жерінен айырады. 3 Сондықтан Жаратқан Ие мынаны айтады: «Біліп қойыңдар, Мен бұл халыққа апат жібермекпін! Сендер содан еш құтыла алмайсыңдар! Енді қайтып маңғаздана кеуде керіп жүрмейсіңдер, өйткені бұл қиын-қыстау кезең болады. 4 Сол күні адамдар сендерді келемеждеп, бастарыңнан өткен ауыртпалық туралы мына қайғылы жырды айтатын болады: Ой, қасірет, біз құрыдық біржолата, Халқымның мұралық жері қолды болды! Құдай меншігімізді алып қойды да, Опасыз жаудың қолына бере салды! 5 Сондықтан Жаратқан Иенің қауымында жерді қайтадан жеребемен бөлісіп үлестіргенде сендердің ешқайсыларың соған қатыспайсыңдар». 6 Олардың пайғамбарлары: «Бізге бұл жайттар туралы пайғамбарлық сөз айтпаңдар! Олай істеуге болмайды! Бұндай масқара басымызға түсе қоймас!» — дейді. 7 Уа, Жақыптың үрім-бұтағы: «Жаратқан Иенің төзімділігі таусылмайды. Ол сондай істер істемейді», — деп айтуға бола ма?! (Ал Жаратқан Ие мынаны айтады:) «Егер сендер түзу жолмен жүріп, істеген істерің әділ болса, Менің сөздерімді ізгі дер едіңдер. 8 Ал енді халқым дұшпандай бас көтеріп отыр. Сендер жандарыңнан алаңсыз өтіп бара жатқан адамның киім-кешегін үстінен сыпырып алып, оны шайқастан келе жатқан адамдай алба-жұлба қыласыңдар. 9 Сендер халқымның әйелдерін өздерінің жайлы үйлерінен қуып шығып, Мен оларға тапсырған меншікті жерін олардың балаларынан түпкілікті алып қоясыңдар. 10 Тұрыңдар! Кетіңдер! Бұл елде бұдан былай аман-есен тұра алмайсыңдар. Өйткені жер арамдалып, енді қайтып қалпына келмейтіндей құртылды». 11 Егер алдамшы пайғамбарсымақ келіп: «Сендерге шарап пен сыраның мол болатыны жайлы жақсы хабар айтамын!» десе, мына халыққа керегі — дәл сондай пайғамбар! 12 «Мен сендерді сөзсіз жинап аламын, уа, Жақыптың үрім-бұтағы! Исраилдің тірі қалғандарын міндетті түрде бірге жинаймын. Оларды қойды қораға жинағандай әрі жайлаудың малға толатынындай жинап алып келемін. Сонда елің халықтың көптігінен у-шудан жаңғыратын болады. 13 Олардың алдында көшбасшы жолды ашып жүріп отырады, осылай халық (өздерін тұтқында ұстап отырған жау қалаларының) қақпаларын бұзып шығады. Патшасы халқының алдарында жүріп, Жаратқан Ие оларды бастап алып шығады».
1 Сонда мен былай дедім: «Тыңдаңдар, Жақыптың үрім-бұтағының басшылары — Исраил елінің билеушілері! Ақты қарадан ажырата білу сендердің міндеттерің емес пе?! 2 Бірақ сендер жақсыны жек көріп, жаманды ұнатасыңдар, Менің халқымның терісін сыпырып, етін сүйектерінен тірідей жұлып аласыңдар! 3 Сендер халқымның етін жалмап, терісін сыпырып, сүйектерін майдалап сындырасыңдар, оларды қазанға салатын еттей қылып, пісіріп, жеп қоясыңдар!» 4 Кейін осы арамзалар Жаратқан Иеге жалбарына үн қататын болады, бірақ Ол жауап бермейді. Сол кезде Жаратқан Ие олардың істеген көптеген зұлымдықтарына бола солардан бет-жүзін жасырады. 5 Жаратқан Ие халқымды теріс жолға адастырған пайғамбарлар жайлы мынаны айтады: «Егер біреу оларға тамақ беріп қарындарын тойдырса, олар соған амандық пен тыныштықты болжайды. Ал егер солай етпесе, онда сол пайғамбарсымақтар оларға қарсы соғыс ашылатынын болжайды. 6 Сол үшін сендерді еш көрініс көрмейтін түн, еш сәуегейлік айтылмайтын қара түнек басады. Пайғамбарлардың күні батып, оларды күндіз қараңғылық жабады. 7 Көріпкелдер ұятқа қалып, бал ашатын сәуегейлер масқара болады. Құдайдан еш жауап болмағандықтан, олардың барлығы ауыздарын жауып үндемейді». 8 Ал мен құдіретке, Жаратқан Иенің Рухына кенелдім. Жақыптың ұрпақтары — Исраил халқының Таурат заңын бұзып күнә жасағандарын әшкерелеу үшін әділдік пен күш-қуатқа бөлендім. 9 «Тыңдаңдар мынаны, уа, Жақыптың үрім-бұтағының басшылары — Исраил халқының билеушілері! Сендер әділдікті менсінбей, оны мүлдем бұрмалайсыңдар! 10 Сендер Сион тауындағы қаланы қантөгіспен тұрғызып, Иерусалимді зұлымдықпен салдыңдар!» — 11 Елдің басшылары пара алып үкім шығарады, оның діни қызметкерлері тәлім бергенде ақша талап етеді және пайғамбарлары айтқан хабарлары үшін ақы сұрайды. Бірақ сонда да олар: «Жаратқан Ие біздің арамызда ғой, басымызға ешбір пәле түспейді!» — деп Жаратқан Иеге арқа сүйейді екен! 12 «Сондықтан сендердің кесірлеріңнен Сион тауы егістіктей соқамен жыртылады! Иерусалим тас үйіндіге айналады! Қазір ғибадатхана тұрған қырат ну орманды төбеге айналады!»
1 Кейінгі заманда Жаратқан Иенің Киелі үйі тұрған Сион тауы Бастысы болады бар тау-төбелердің, Бәрінен де оның атақ-даңқы Әлдеқайда жоғары болып қалады. Сонда халықтардың адамдары Соған қарай ағылатын болады. 2 «Енді жүріңдер, Жаратқан Иенің, Жақыптың халқы сиынған Құдайдың, Сион тауындағы киелі үйіне Өрлеп барайық барлығымыз, кәне! Сол жерде Жасаған Иеміз бізге Ақ жолын нұсқайды, сонымен жүрейік, Оның әділ еркін орындай берейік!» — Деп, көп ұлттар жолға шығады бірігіп. Сөзін таратады тәлімін үйретіп Жаратқан Ие Иерусалимнен, Сиондағы өз киелі үйінен. 3 Сонда Иеміз көп халықтар арасында Төрелік етіп, алыс та алып ұлттарға Шығаратын болады әділ үкімін. Енді олар төс үстінде қаруларын Қайта соғып, соқаға қылыштарын Айналдырады, ораққа найзаларын. Содан халықтар енді қайтып ешқашан Бір-біріне қарсы қару көтермейді, Олар соғысуды тіптен үйренбейді. 4 Әркім отырады өз жүзім бұтасының Түбінде әрі өз інжір ағашының, Ешкім оларды қорқытпайды енді! Осыны нық айтқан Әлемнің Иесі. 5 Барлық басқа ұлттар өздерінің Жалған тәңірлерінің жолын қуады, Ал біз өз Құдайымыз Жаратқан Иенің Жолымен жүретін боламыз ұдайы. 6 Жаратқан Ие былай деп нық айтады: «Сол күні Мен ақсақтарды, жер аударылған және Өзімнен жапа шеккендерді жинап аламын. 7 Сонда ақсақтар тірі қалып, алысқа жер аударылғандармен бірге Менің мықты халқым болады. Мен, Жаратқан Ие, сол күннен бастап мәңгілікке Сион тауынан оларға патшалық құратын боламын. 8 Ал сен, Сион тауындағы қорған, отарымды қоритын мұнараға ұқсайсың. Бұрынғы билігің саған қайтарылып, Иерусалим қайтадан патшалықтың астанасы болады». 9 «Енді неге айқайлайсың? Сенде патша жоқ па еді, кеңесшілерің опат болып па еді? Толғақ қысқан әйелдей азаптанып жатқаның сол себептен бе? 10 Уа, Сионның халқы, толғатып жатқан әйелдей азаптан бұратылыңдар! Себебі сендер енді қаланы тастап, ашық далада түнеуге мәжбүр боласыңдар. Бабыл еліне кетесіңдер, бірақ сол жерде кейінірек құтқарыласыңдар. Сонда Жаратқан Ие сендерді жау қолынан азат етеді. 11 Ал қазір көптеген халықтар саған қарсы жиналып жатыр. Олар: «Ол арамдана берсін! Сионның қирағанын өз көзімізбен көріп, соған мәз болайық!» — деседі. 12 Алайда олар Жаратқан Иенің ой-ниетін білмейді. Ол соларды қырманға апарылатын бидай бауларындай жинап жатыр. Оның осы жоспарын олар түсінбейді. 13 Тұр да, бидайды бастыр, уа, Сион қаласы! Мен саған сол үшін темір мүйіз әрі қола тұяқ секілді құрал-сайман беріп отырмын. Сонда сен көптеген халықтарды быт-шыт қылып қиратасың. Олардың арамдықпен жинаған өнімдерін енді Жаратқан Иеге бағыштайсың. Иә, солардың байлықтарын бүкіл жер бетінің Иесіне ұсынасың».
1 «Жасағыңды түзе, уа, соғысқа дайындалған қала, өйткені бізді жау қоршап алды. Олар Исраилдің билеушісінің бетін асатаяқпен соққылайтын болады. 2 Ал сен, Ефрата аймағындағы Бетлехем, Яһуданың әулеттерінің арасындағы маңызсызы болсаң да, сенен Менің халқым Исраилге басшылық ететін Көсем шығады. Оның шыққан тегі ежелгі заманнан, мәңгіліктен. 3 Сондықтан Оған жүкті әйел толғатып, босанғанға дейін Жаратқан Ие Исраил халқын (жау қолына) тапсырады. Сол кезде Оның аман қалған ағайындары жер аударылған жақтарынан қайта оралып, Исраилдің өзге адамдарымен бірігетін болады. 4 Сол Көсем тұрып, өз халқына Жаратқан Иенің берген қуатымен, әрі өз Құдайы Жаратқан Иенің есімінің салтанатымен билік жүргізетін болады. Оның даңқы жердің ең шалғай түкпірлеріне дейін жеткендіктен, олар қауіпсіздікте тұратын болады. 5 Ол халқы үшін амандық пен тыныштықтың қайнар көзі болады». «Ассур әскері біздің елімізге басып кіріп, қамалдарымызды жайпап өтіп жатса, біз оларға қарсы жеті басқарушыны және сегіз әміршіні шығарамыз. 6 Олар Ассур елін семсермен басқарып, Нымрод ежелде негізін қалаған сол елге оның қала қақпаларының алаңдарында билік жүргізетін болады. Ассур әскері шекарамыздан өтіп, елімізге басып кіріп жатса, әміршілеріміз бізді жаудан құтқарады. 7 Сонда Жақыптың үрім-бұтағының тірі қалғандары көптеген халықтар арасында Жаратқан Иенің жерге түсірген шығына және шөпке жаудырған нөсеріне ұқсайды. Олар ешкімге бағынбай, адам баласынан тәуелсіз болады. 8 Жақыптың үрім-бұтағының тірі қалғандары халықтар арасында тұрып, орман аңдарының ішіндегі арыстандай, қойлардың ішіндегі жас арыстандай қуатты болады. Олар тарпа бас салып, айыра жыртқанда, ешкім араша бола алмайды. 9 Уа, Исраил халқы, жауларыңның үстінен жеңіске жет, дұшпандарыңның барлығы күйресін». 10 «Сол күні Мен араларыңдағы жылқыларыңды құртып, соғыс күймелеріңді қиратамын, — деп жариялайды Жаратқан Ие. — 11 Еліңдегі қалаларды талқандап, қорғандарыңның барлығын қиратамын. 12 Өзіңнің сиқырлық істеріңді құртамын, бұдан былай бал ашатын сәуегейлерің болмайды. 13 Мен араларыңдағы ағаштан ойылған тәңір мүсіндері мен тас бағаналарды қиратып тастаймын. Бұдан былай сендер өз қолдарыңмен жасаған тәңірсымақтарға табынбайтын боласыңдар. 14 Мен араларыңнан Ашераның бағаналарын алып тастап, (арамданған) қалаларыңды қиратамын. 15 Өзіме мойынсұнбаған ұлттарға қарсы ашу-ызаға кенеліп, оларға лайықты жазаларын тартқызамын».
1 Уа, Исраил халқы, Жаратқан Иенің не айтқанын тыңдаңдар: «Орындарыңнан тұрып, істеріңді алдыма жайып салыңдар! Тау-төбелер соны тыңдап куә болсын. 2 Сондай-ақ, уа, таулар, Жаратқан Иенің Исраилге тағатын айыбына да құлақ түріңдер! Уа, жердің берік негіздері, Оған құлақ салыңдар! Өйткені Жаратқан Ие өз халқына кінә тағады. Ол Исраилді айыптамақшы». 3 «Уа, халқым, Мен сендерге не істедім? Сендерді немен қалжыраттым? Маған жауап беріңдер! 4 Мен сендерді Мысыр елінен алып шығып, құлдықтың құрсауынан құтқарып азат еттім. Сендерді жетелеуге Мұсаны, Һарон мен Мәриямды жібердім. 5 Уа, халқым, есіңе түсірші: Моаб патшасы Балақ қандай жоспар құрып, Беғор ұлы Балағам оған не деп жауап берген еді? Шиттимнен Ғылғалға көшкендеріңде жолшыбай не болды? Сол оқиғаларды естеріңе алыңдар, сонда Мен — Жаратқан Ие істеген әділ істерімді ұғатын боласыңдар». 6 — Мен Жаратқан Иенің алдына қандай сый-тартумен келейін? Көктегі Құдайға нені ұсынып, бас иіп тағзым ете аламын? Оның алдына келгенде құрбандыққа шалынып, өртелетін тайыншалар ұсынсам бола ма? 7 Жаратқан Иеге сан мыңдаған қошқар әрі он мыңдаған бұлақ болып аққан зәйтүн майын әкеліп Оны риза қылуға бола ма? Бас көтеріп теріс іс істегенім үшін тұңғышымды, жасаған күнәм үшін өз перзентімді құрбандыққа шалайын ба? (— Әрине, олай емес.) 8 — Уа, адам, Жаратқан Ие саған ненің игілікті екенін білдірген еді. Ол сенен нені талап етеді? Әділ істер істеп, мейірімділікті ұнатуыңды, әрі сиынатын Құдайыңмен тығыз байланыста болып кішіпейіл жүруіңді талап етеді емес пе?! 9 Жаратқан Иенің даусын тыңдаңдар! Егер шын дана болсаңдар, Жаратқан Иені терең қастерлейтін болыңдар! Ол Иерусалим қаласына мына үндеуді тастайды: «Таяқ іспетті жау әскеріне әрі оны тағайындап, осында жіберген Жаратқан Иеге назар аударыңдар! 10 Уа, зұлым әулет, сендердің арамдықпен жиып-тергендерің әлі бар емес пе? Сендердің әдейі азайтылған өлшеуіштеріңді жек көремін! 11 Таразысы алдамшы, әрі дорбасын жалған өлшеуіш тастарға толтырып алған кісіні Мен қалайша ақтаймын? 12 Қаланың байлары зорлықшыл, тұрғындары өтірікші, ауыздарынан шығатыны алдап-арбау. 13 Сол себепті Мен сендерді жарақаттап құртамын, күнәларың үшін күйретемін. 14 Сендер тамақ жейсіңдер, бірақ тоя алмайсыңдар, қарындарың бәрібір аш болады. Былай қойып сақтайсыңдар, бірақ ештеңе жинай алмайсыңдар. Тіпті сақтап қойғандарыңның өзін Мен семсермен еліңе басып кірген жауға табыстаймын. 15 Сендер тұқым себесіңдер, бірақ өнім алмайсыңдар, зәйтүн жемісін сығасыңдар, бірақ соның майын қолданбайсыңдар. Жүзім шырынын сығып аласыңдар, бірақ одан дәм татып ішпейсіңдер. 16 Сендер Омридың зұлым ережелерін, Ахабтың әулетінің барлық арам дәстүрлерін ұстанып, олардың көрсеткен жаман үлгілеріне еліктедіңдер. Сол себепті Мен қаланы күйретуге тастап, оның тұрғындарын масқаралап, басқаларға күлкі қыламын. Сонда сендер халықтардың табасына қаласыңдар».
1 «Сорлы басым-ау! Бау-бақшаның өнімі түгелдей жиналып болғаннан кейін одан жеміс тапқысы келген кісідеймін. Онда тәбетімді басатын не жүзім шоғы, не ерте піскен інжір жемісінің бірде-біреуі қалмаған! 2 Дәл сол сияқты, елде Құдайға адал ешкім қалмаған! Адамдардың арасында бірде-бір әділ адам қалған жоқ! Барлығы біреудің қанын төгуді аңдып жатады, әркім ағайынына тұзақ құрып қойған. 3 Екі қолы да жамандықты істеуге шебер-ақ, әмірші сый-тарту дәметеді, төреші де жемқор, ал ұлық өз қалағанын иемденеді. Бәрі осылайша сөз байласып істі бұрмалайды. 4 Олардың ең жақсысы тікенді бұтадай, ең әділдеуі қаулап өскен тікенекті қоршаудай. Бірақ олардың күзетшілері — пайғамбарлары алдын ала айтып кеткен сот күні таяп қалды. Сонда олар абыржып, не істерін білмейді. 5 Бұдан былай көршіңе де сенбе, досыңа да сенім артпа! Тіпті қойныңдағы өз әйеліңе де айтатын сөздеріңе сақ бол! 6 Өйткені өз ұлы әкесін масқаралап, қызы шешесіне, келіні енесіне қарсы шығады. Адамның дұшпаны өз үй іші болады. 7 Ал мен Жаратқан Иеге үмітпен қараймын. Өзімді құтқаратын Құдайдың көмек көрсетуін күтемін. Айтқан дұғаларым Құдайымның құлағына жетеді». 8 «Мені табалама, дұшпаным! Құласам да, қайта тұрамын! Қазір түнекте отырсам да, Жаратқан Ие жарық нұрым болады! — дейді Иерусалим. — 9 Мен Жаратқан Иеге қарсы күнә жасағандықтан Оның қаһарына ұшыраймын. Бірақ кейін Ол мүддемді қорғап, мені ақтайды. Сонда Ол мені нұрға алып шығады, Оның әділ істерін көремін! 10 Сонда дұшпандарым да мұны көреді. Мені: «Құдайың Жаратқан Ие енді қайда?» деп табалаған олар масқараға батады. Жаулардың құлдырағанын өз көзіммен көремін, олар көшелерде батпақ сияқты тапталатын болады». 11 «Сенің қабырғаларыңды қайтадан тұрғызатын, шекараларыңды кеңейтетін күн де туады! 12 Сол кезде жұрт саған Ассурдан және Мысырдың қалаларынан, иә, Мысыр мен Евфрат өзенінің аралығынан, батыс пен шығыстағы теңіздердің және таулардың араларынан келетін болады. 13 Алайда жер өз тұрғындарының теріс істерінің кесірінен қаңырап бос қалады». 14 «Халқыңды, өз үлесіңе тиген отарыңды, асатаяғыңмен бақ, уа, Ием. Олар ну орманда әрі құнарлы егістіктерде тұрады. Өткен замандағыдай, олар Башан мен Ғилақадтың жайлауларында оттасын». 15 (Жаратқан Ие мынаны уәде етеді:) «Сенің Мысырдан көшіп шыққан кезіңдегідей, Мен саған Өзімнің кереметтерімді көрсетемін». 16 «Басқа халықтар соны көріп, өздерінің шектеулі күш-қуатына ұялатын болады. Олар қолдарымен ауыздарын жауып үнсіз қалады, құлақтары керең болып мелшиіп тұрады. 17 Сол дұшпандар жыландай, жерде бауырымен жорғалайтын мақұлықтай шаң-тозаң жалап, өз бекіністерінен діріл қағып шығатын болады. Уа, Құдайымыз Жаратқан Ие, олар Саған қорқынышпен бет бұрып, алдыңда үрейленіп, Сені терең қастерлейтін болады». 18 «Өз меншікті халқын кінәсінен арылтатын әрі оның тірі қалғандарының теріс істерін кешіретін Сен сияқты қай Құдай бар? Сен мәңгілікке қаһарланбайсың, қайта, берік мейірім көрсетуден рақат табасың. 19 Сен бізге қайтадан рақымыңды көрсетесің. Әділетсіз істерімізді аяғыңмен таптап, күнәларымыздың бәрін де теңіздің тұңғиығына тастайсың! 20 Ежелгі заманда ата-бабаларымызға уәде еткеніңдей, Сен Жақыптың үрім-бұтағына адалдық танытып, Ыбырайымның ұрпақтарына берік мейіріміңді көрсетесің».
1 Бұл — Жаратқан Иенің Ниневи жайындағы ауыр хабары, елқостық Нақұм көрген көріністер туралы жазба. 2 Жаратқан Ие — Өзінен басқа тәңірлеріңнің болуына еш төзбейтін әрі арам істің қарымтасын қайтаратын Құдай. Ол зұлымдықтарды жазалап, оларға ашуланады. Жаратқан Ие жауларына лайықты жазаларын тартқызып, дұшпандарының қылмыстарын есінен шығармайды. 3 Жаратқан Ие қаһарлануға асықпайды, Оның құдіреті ерен зор. Ол айыптыны жазасыз қалдырмайды. Тәңір Иенің жүрген жолы құйын мен дауылдан өтеді, бұлттар Оның аяғының басқан шаңына ұқсайды. 4 Жаратқан Ие теңізге тыйым салып, оны құрғатады, өзендерге бұйырғанда солардың барлығы кеуіп қалады, Башан мен Қармил тауларындағы жайылымдар күйіп кетеді, Ливанның қаулаған ормандары солып қурап қалады. 5 Таулар Оның алдында сілкініп, төбелер балқып кетеді. Жер беті, бүкіл әлем және онда тұратындардың барлығы Оның алдында дірілдейді. 6 Жаратқан Иенің ашуына кім шыдай алар екен? Оның лаулаған қаһарына кім төтеп бере алады? Оның ашу-ызасы от сияқты төгіліп, жартастар да Оның алдында талқандалып үгітіледі. 7 Жаратқан Ие ізгі, басыңа қиындық түскен кезде Ол паналайтын қорғаның болады. Өзіне сенім артқандарды Ол жақыннан танып біледі. 8 Бірақ жау қаласын Иеміз ғаламат топан сумен іргетасына дейін құртады, қара түнек Оның жауларын басады. 9 Сендер Жаратқан Иеге қарсы не ұйымдастырмақсыңдар? Ол соларыңды біржола құртады. Осы пәле екінші рет бастарыңа түспейді. 10 Оның жаулары тікенді бұтаға шырмалып, мас адамдай тәлтіректеп жүретін болады. Олар өртке жанған құрғақ сабандай мүлдем құрып кетеді. 11 Жаратқан Иеге қарсы жамандық ойлап, зұлым іс жоспарлайтын біреу сенен шығып аттанды (уа, Ниневи). 12 Жаратқан Ие мынаны айтады: «Олардың күші зор, саны өте көп болғанмен, ассурлықтар жойылып, құрып кетеді. Уа, халқым, Мен сені ауыр апатқа ұшыратқан едім, алайда қайтадан солай істемеймін. 13 Мен енді Ассурдың салған мойынтұрығын иығыңнан алып тастап, кісендеріңді үзіп босатамын». 14 Жаратқан Ие сен туралы мынадай бұйрық берді, уа, Ассур патшасы: «Сенің соңыңнан ұрпақ қалмай, атың өшеді. Тәңірсымақтарыңның ғибадатханаларындағы қашалған бейнелер мен құйылған мүсіндерді қиратамын. Мен қабіріңді ойрандатқызамын, себебі сен жек көрініштісің». 15 Қараңдар, ізгі хабар жеткізуші біреу таудан асып келе жатыр! Ол тыныштықты жариялап: «Уа, Яһуда елі, мейрамдарыңды тойлап, Құдайға берген уәделеріңді орында! Сол сұмырайлар енді саған баса-көктеп кірмейтін болады! Қайта, олардың өздері толығымен құрып кетеді!» — деп паш етеді.
1 Уа, Ниневи халқы, сені шашырататын басқыншы саған қарсы аттанып келе жатыр! Қамалыңды күзетіп, жолдарыңды қадағала! Беліңді бекем буып, бар күш-қайратыңды жинақта! 2 Жаратқан Ие Яһуданың да, Солтүстік Исраилдің де салтанатын қайтадан қалпына келтіреді. Өйткені құртушы жаулары оларды талқандап, бау-бақшаларын да жермен-жексен қылған болатын. 3 (Ниневиді шабуылдаған) жасақшылардың қалқандары қан қызыл түсті, сол мықты жауынгерлер қырмызы шапан жамылған. Соғыс күймелері шайқасқа келе жатқанда темірлері оттай жалт-жұлт етеді. Сарбаздар қарағай найзаларын сілтелеп шайқасқа дайын тұр. 4 Соғыс күймелері қаланың көшелерімен құйындай жүйіткіп, алаңдармен зымырап, әрлі-берлі шапқылайды. Олар алаудай жалындап, найзағайдай жарқылдап зуылдайды. 5 Қолбасшы өзінің таңдаулы жасақшыларына бұйрық береді. Олар жол бойында сүрінгенмен қаланың қабырғасына қарай асығып, сонда дәу қорғаныш қалқандарын орнатып қояды. 6 Қыраттағы өзен қақпалары ашылып, топан су патша сарайын талқандайды. 7 Ниневи халқы айдауға кетуі керек деп шешіліп қойылған. Оның күң қыздары көгершіндей күңіреніп, қайғыдан көкіректерін соққылайды. 8 Ежелден Ниневи суға толы тоғанға ұқсайтын, бірақ қазір суы таусылып бара жатқандай, қала халқы қашып кетуде. «Тоқта, тоқта!» деген бұйрық берілсе де, ешкім артына бұрылмайды. 9 Жау: «Күмісті олжалаңдар! Алтынды да әкетіңдер!» — деп шақырады. Қала қазыналарындағы қымбат бұйымдар сансыз көп! 10 Ниневи тоналып, қиратылып, қаңырап бос қалады. Адамдар жүрексініп, тізелері дірілдеп, денелері қалтылдап, барлығының бет-жүздері аппақ қудай болады. 11 Арыстанның апанындай болған қала енді қайда екен? Еркек, ұрғашы арыстандар іспетті балаларын азықтандырып, ештеңеден қаймықпай шарлап, жер бетін кезіп жүрген қатыгез халық қайда енді? 12 Арыстан өзінің күшіктеріне жемтіктерін паршалап жеткілікті етіп әкеліп, ұрғашысын да қамтамасыз ететін. Ол апанын олжасы мен паршаланған жемтікке толтыратын. 13 «Мен саған қарсымын, — деп ескертеді Әлемнің Иесі. — Мен сенің соғыс күймелеріңді өртеймін, семсер жас арыстандарыңды мерт қылады. Саған енді жер бетін олжалауға жол бермеймін. Сенің хабаршыларыңның паң дауыстары бұдан былай естілмейтін болады».
1 Қан төгуге, өтірікке толы, ұрлық пен тонау толастамайтын қала — Ниневи қасіретке қалады! 2 Қамшының сартылы, дөңгелектің тарсылы, жылқының дүбірі, соғыс күймелерінің дүрсілі естіліп тұрады. 3 Атты әскер алға жүйіткіп, семсерлер жарқылдап, найзалар жалт-жұлт етеді. Көп адам қырылып, сансыз өліктер үйіліп, жұрт өліктерге сүрінетін болады. 4 Осының бәрі Ниневидің шексіз азғындығымен үшін басына түседі. Сұлу да тартымды болып, сиқыршылықты әбден меңгерген бұл қала арам іс-әрекетімен халықтарды баурап алды да, көп әулеттерді сиқыршылығымен құлдыққа сатты. 5 «Мен саған қарсымын, — деп ескертеді Әлемнің Иесі. — Сенің етегіңді бетіңе дейін түргіземін! Халықтар мен патшалықтарға сенің жалаңаш тәніңді ашып, абыройыңды төгемін. 6 Сені кір-қоқыспен атқылап қорлаймын, кім екеніңді барша жұртқа паш етемін. 7 Көргендердің барлығы сенен қашып: «Ниневи қирап қалды, енді кім оған көңіл айтпақ?» дейді. Оны жұбататын ешкім де табылмайды». 8 Әлде сен Ніл өзенінің бойында орналасқан, айналасын су қоршаған Но-Аммон қаласынан артықсың ба? Өзен сол қаланың қорғанышы, қоршаған суы оның қамалы іспетті болған еді. 9 Құш пен Мысыр оның шексіз қуаты, Пұт пен Либия оның қолдаушыларының қатарында болатын. 10 Бірақ та оның халқы тұтқындалып, айдалып кетті; сәбилері әр көшенің қиылысында ұрылып өлтірілді. Жаулап алушылар абыройлы адамдарын жеребе тастап бөлісіп алып, барлық ұлықтарын кісендеп айдап әкетті. 11 Ал енді, Ниневи, сен де (Жаратқан Иенің қаһарынан) мас болғандай тәлтіректеп жүресің! Сен де тығылып, жаудан бас сауғалайтын орын іздейтін боласың. 12 Інжір ағашын ерте сілкігенде, піскен жемістері адамның аузына келіп түседі. Сенің барлық қамалдарың да дәл солай жау қолына түсетін болады. 13 Өз жасақшыларыңа көз тасташы: олардың барлығы да әйел сияқты әлсіз болады. Еліңнің қақпалары жауларыңа айқара ашылады, себебі олардың ысырмаларын от жалмап қояды. 14 Ниневи, қоршауға түсетін кезіңе дайындалып, су қорын жинап ал! Бекіністеріңді күшейт! Балшық илеп, әктас ерітіндісін дайындап, кірпіш қабырғаны жөнде! 15 Алайда от сені жалмайды, семсер шауып түсіріп, шегіртке құртындай жоқ қылады. Шегірткедей көбейіп, соның құртындай молайып көр, бәрібір жау сені жоятын болады. 16 Сенің саудагерлерің аспандағы жұлдыздардан да көбейіп кеткен, бірақ олар шегіртке құртындай елді тып-типыл қылып, ұшып кетеді. 17 Нөкерлерің көк шегірткелер іспетті, лауазымды адамдарың шегіртке үйірлері сияқты. Салқын күндері олар шарбақтарға қонып отырады да, күн ысығанда ұшып кетеді. Қайда кеткендерін ешкім білмейді. 18 Уа, Ассур патшасы, сенің бақташыларың мүлгіп отыр: сол даңқты әміршілерің демалып жатыр! Ал халқың таулардың арасына шашырап кеткен, оларды жинап әкелетін ешкім жоқ. 19 Сенің күйреуің ешкім жаза алмайтын жара іспетті, өзің құлдыраған өлімші халдесің. Басыңа түскен апат туралы естіген әркім соны қол шапалақтап қабылдайды. Себебі сенің шегі жоқ қаталдығыңды өз басынан өткізбеген ешкім қалмады.
1 Мұнда Аббақұқ пайғамбардың Құдайдан алған аянындағы ауыр хабар берілген. 2 — Уа, Жаратқан Ие, қашанғы мен көмек сұрап, Сен құлақ салмай қала бересің? «Барлық жерде зорлық!» деп қанша шағымдансам да, Сен құтқармайсың. 3 Неге мені әділетсіздікке қарауға, зұлымдықты көруге мәжбүрлейсің? Күн сайын көретінім құрып-күйреу мен зорлық-зомбылық, айналам ұрыс-керіс пен дау-жанжал. 4 Сондықтан да Таурат заңы күшінен айырылған, әділ үкімдер еш орындалмайды. Зұлымдар адал жанды қоршап алып, қыспақтайды, осылай әділ сот бұрмаланады. 5 — Халықтарға көз тастап, назар аударыңдар! Таңғалып, таңдай қағыңдар! Себебі көздеріңнің тірісінде Мен бір істі жүзеге асырмақпын. Оны біреу алдын ала айтып берсе де, сендер сенбес едіңдер: 6 Мен бабылдықтарды — сол бір қатыгез де қарқынды халықты қолдап, көтеремін. Олар жердің шалғайларына дейін аттанып, өзгелердің қоныстарын тартып алады. 7 Бабылдықтар — қорқынышты да айбынды халық, заңдары мен билігі өздерінен ғана туындайды. 8 Аттары қабыланнан жүйрік, кешқұрым жортып жүретін қасқырдан айбарлы. Атты әскері құйғыта шабады, салт аттылары алыстан зулап келіп, олжасына тап берген бүркітке ұқсайды. 9 Барлығы тонауға аттанып, шөл даладан соққан дауылдай алға басып, тұтқындарын құмдай жинайды. 10 Олар патшаларды мазақтап, әміршілерді күлкі етеді; қамалды қалаларды келекелеп, қабырғасына қарай үймек үйіп, қаланы басып алады. 11 Содан олар жел сияқты соғып өтеді. Бұлар кінәлі адамдар, олар өз күш-қуаттарына құдайдай табынады. 12 — Уа, Жаратқан Ие, Сен мәңгі тірі, киелі Құдайым емессің бе? Бізді өлімге қимағаның ғой? О, Ием, Сен бізді соттауға Бабыл халқын тағайындағансың, уа, жартастай Қорғанымыз, бізді жазалауға дәл соларды белгілеп қойғансың! 13 Ал Сенің көздерің зұлымдыққа қарауға тым пәк, озбырлыққа қарап тұра алмайсың. Ендеше неге сол опасыздарға жол бересің? Осы зұлым жау өзінен әділдірек басқаларды жалмап жеп жатқанда, Сен неге үндемейсің? 14 Осылайша адамдарды теңіздегі балық сияқты қыласың, әрі әміршісі жоқ, бауырымен жорғалаушы жәндіктер іспетті етесің! 15 Содан Бабыл біздің бәрімізді қармағымен ұстап, ауына түсіреді, торымен жағаға тартып шығарып, соған қуанып мәз болады. 16 Сондықтан Бабыл ауына құрбандық шалып, торына табынып хош иісті зат түтетеді. Өйткені солар арқылы олжаға кенеліп, майлы тамаққа тойынады. 17 Сонда қалай, Бабыл өз торына тыным бермей халықтарды аяусыз құрта берсін бе?!
1 Мен күзетке тұрып, мұнараға шығамын, Жаратқан Иенің маған не айтатынын, шағымыма қандай жауап беретінін күтемін. 2 Сонда Жаратқан Ие маған былай деп жауап берді: — Сен аянда көрген хабарымды тақташаларға анық қылып жазып қой! Содан шабарман оны әр жерде оқып жарияласын! 3 Өйткені бұл хабар белгілі бір уақытта іске асып, орындалатын кезіне меңзейді. Ол өтірік болып шықпайды. Орындалуы кейінірек болса да, оны күт! Ол шүбәсіз келіп, еш кешікпейді. 4 Паңданып кеткен жауға қарашы, оның ой-ниеті адал емес. Ал әділ адам сенімі арқылы шынайы өмір сүреді. 5 Сол өркөкірек патшалық көпірген шараптай тыным таппайды, аранын көрдей ашқан, ажал сияқты тойымсыз. Өзіне барлық халықтарды жинап, күллі ұлттарды қолына түсіреді. 6 Алайда бір күні бәрі Бабылды мысалға айналдырып, сықақ әндерімен мазақтап былай дейтін болады: «Ұрлағандарын жинап, зорлықпен Басқалардан тартып алғандарымен Шексіз байыған ол қасіретке қалады! Ұзаққа созылар ма сол қылықтары?!» 7 (Біліп қой, Бабыл:) сенен борышыңды қайтаруды талап ететіндер аяқ астынан саған қарсы көтеріледі. Олар ұйқыдан оянып, сені талан-таражға салып тонап, өзің олардан дірілдеп қорқатын боласың. 8 Сен көп халықты тонағандықтан, қалған халықтар енді сенің өзіңді тонайды. Себебі сен адам қанын төгіп, елдер мен қалаларды тұрғындарымен бірге қираттың. 9 Арам жолмен үйіңді байлыққа кенелткен, қонысыңды биікке салып, пәледен аулақ боламын деп сенген сен қасіретке қаласың! 10 Сен көп халықтарды қыруды ойластырып, үй ішіңді масқараға қалдырып, жаныңды тозаққа қидың! 11 Үйлердің қабырға тастары саған қарсы айғақ болып айқай салады, арқалық бөренелері оларға қосылып, соны жаңғыртады. 12 Қан төгіп қала орнатқандар, қылмыспен қорған салғандар қасіретке қалады! 13 Сол халықтардың еңбегі отқа отын болып, ұлттардың қинала істегендері зая кететінін Әлемнің Иесі бекіткен жоқ па? 14 Себебі теңіздің суға толы болатынындай, жер де Жаратқан Иенің ұлылығын білетіндерге солай толы болады. 15 «Шарапты» толтыра құйып, басқаларды «мас қылған» да қасіретке қалады! Олардың «ашылған ұятына қарап отыру» үшін солай істейді. (Бабыл, сен басқа елдерді тонап, масқаралағанда осылай істедің.) 16 Сен даңққа емес, масқараға бөленетін боласың! Ендігі кезек саған келіп, өзің де ішіп, ұятың ашылсын! Жаратқан Иенің құдіретті қолынан шыққан, Оның қаһарына толы тостағанынан іш! Сонда зор даңқың масқараға айналады. 17 Сенің Ливан ормандарына жасаған зорлығың өз басыңа келіп, аңдарды құртқаның өзіңді үрейлендіреді. Сен адам қанын да төгіп, елдер мен қалаларды тұрғындарымен бірге құрттың. 18 Сонда тәңір мүсінінің келтірер пайдасы не? Оны ойып жасаған жай пенде емес пе? Немесе құйылып жасалған, өтірікті үйрететін мүсіннің пайдасы қандай? Оны жасайтын адам баласы өзінің қолынан шыққан тәңірсымаққа сенеді, бірақ сол мүсін сөйлей алмайды, ол үнсіз мылқау. 19 Ағаш мүсінге: «Тіріл!», мылқау тасқа: «Оян!» дейтін қасіретке қалады! Өлі мүсіндер сендерге дұрыс жолды үйрете ала ма? Алтын, күміспен қапталған болса да, оларда тіршілік жоқ. 20 Ал Жаратқан Ие Өзінің (көктегі) киелі үйінде. Бүкіл жер беті Оның алдында үндемей, Оны терең қастерлейтін болсын!
1 Аббақұқ пайғамбардың Құдайға еткен мінажаты; екпінді әуенмен айтылады. 2 Уа, Жаратқан, Сенің даңқың жайлы естігенмін, Ием, істеріңе қатты таңырқап келемін. Осы заманда да сондайларды жасай гөр, Тірі кезімізде оларды паш ете гөр, Қаһарыңда мейіріміңді ескере гөр. 3 Киелі Құдай Теманнан, Паран тауынан келді. Ұлы салтанаты Оның жапты күллі аспанды, Оны дәріптеген мадаққа жер беті кенелді. 4 Құдай нұры таң шапағындай жарқырады, Құдіретті қолынан сәулелер жалтырады. 5 Жаратқан Иенің алдында апат жүрді, Ал соңынан күйдіргіш індет те ерді. 6 Құдай тұра қалып, жерді сілкіндірді, Ол қарағанда халықтар дірілдеді. Ежелгі таулар опырылып құлады, Атам заманғы төбелер шөгіп қалды. Мәңгілік — Киелі Құдайдың жолдары! 7 Көрдім Құшанның абыржыған шатырларын, Дірілдеп қорыққан Мадиянның қостарын. 8 Уа, Жаратқан, өзендерге ашуландың ба, Қаһарың ағымдарға бағытталған ба? Сен аттарыңа мініп, атойлағанда Теңізге қарсы қатты қаһарландың ба? Жоқ, күймелеріңді жібердің құтқаруға! 9 Сен садағыңды қынабынан шығардың, Отты жебелерді уәдеңе сай дайындадың, Жер бетін сай-аңғармен бөліп тастадың. 10 Таулар Сені көргенде дүр сілкінді, Су тасқыны ағып өтіп лап берді, Түпсіз тұңғиық гүрілдеп күркіреді, Толқындары биікке көтерілді. 11 Ұшқан жебелеріңнің жарығында, Жалтыраған найзаңның жарқылында Тып-тыныш тұра қалды күн де, ай да. 12 Қаһарлана жер бетімен қадам бастың, Ашулана халықтарды таптадың. 13 Құтқаруға аттандың Сен халқыңды Және Өзің тағайындаған патшаңды. Зұлым елдің әміршісін күйреттің, Оны толықтай ұятқа қалдырдың. 14 Жау құйындай құйғытып бізді шашпақ болғанда, Тығылған байғұсты қуана жалмамақ болғанда, Қолбасшының басына өз найзасын сұғып алдың, 15 Аттарыңның тұяғымен теңізді таптадың, Зәулім су иірімі арқылы жол салдың. 16 Естігенде жүрегім дүрсілдей соқты, Зор гүрілден еріндерім қалтырады, Сүйектерім әлсіреп, күштен айырылды, Аяқ астым қалш-қалш етіп шайқалды. Ал бізді тонап, талан-таражға салған Елдің өзі апатқа ұшырап жатқан Күнді шыдамдылықпен тосатын болам. 17 Інжір ағаштары гүлдемесе де, Бақтарда жүзім шоқтары піспесе де, Зәйтүн ағаштары өнім бермесе де, Егістіктерден астық жиналмаса да, Қорада қой, табында мал қалмаса да, 18 Мен бәрібір Жаратқанға шаттанамын, Құтқарушы Құдайыма қуанамын. 19 Жаратушы Тәңір, күш-қуатым болады, Ием мені бұғыдай жүйрік қылады, Қырат жолмен жүруіме күш дарытады. (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен орындалады.)
1 Яһудаға Амон ұлы Жосияның патшалық құрған кезінде Жаратқан Ие Софонияға сөзін арнады. Ол Хусидің ұлы, Ғодалияхтың немересі, Амарияхтың шөбересі, Езекияның шөпшегі еді. 2 «Мен бәрін де жер бетінен құртып жібермекпін! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — 3 Сонда адам мен хайуанды да, аспандағы құс пен теңіздегі балықты да, азғырушы мүсін мен зұлымдық жасаушыны да жаппай жоқ қыламын. Жер бетінен адам баласының көзін құртамын!» — Жаратқан Ие осыны нық айтады. 4 «Яһуда мен Иерусалимнің күллі тұрғындарына қарсы қолымды созып, оларды жазалаймын. Бұл жерден Бағалға табынушылықты із-түзсіз құртып, абыздардың және Өзімнен бас тартқан діни қызметкерлердің есімдерін жоямын. 5 Жалпақ үй төбелеріне шығып, аспан денелеріне иіліп табынатындарды, әрі Жаратқан Иеге де, жалған тәңір Молохқа да бірдей құлшылық етіп, адал болуға ант ететіндерді жоқ қыламын. 6 Олар Маған, Жаратқан Иеге құлақ салудан бас тартып, енді Өзіме бет бұрып сиынбайды да, Менен не ақыл, не жарылқау сұрамайды да. Мен солардың барлығын да қырып-жоямын!» 7 (Уа, Яһуда халқы,) Жаратушы Тәңір Иенің алдында үнсіз болыңдар! Себебі Жаратқан Иенің соты күні таяп қалды! Жаратқан Ие Яһуда халқын құрбандық болуға дайындады. Өзі асқа шақырған Яһуданың жауларын сол рәсімге арнап тазартқандай даярлады. 8 «Мен, Жаратқан Ие, құрбандық шалған сол күні әміршілер мен патшазадаларды, шетелдік киім киіп бөгде әдет-ғұрыптарға бой ұрған солардың барлығын да жазалаймын! 9 Сол күні Мен соқыр сенімге салынып табалдырыққа аяқ басудан шошынатындардың барлығын және қожайындарының үйлерін зорлықпен әрі алдамшылықпен иемденген байлыққа толтырғандардың бәрін жазалаймын». 10 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Сол күні қаланың Балық қақпасынан айқай, Екінші ауданынан жылап-сықтау, қыраттардан зор күйреудің даусы шығатын болады. 11 Жылаңдар, Төменгі ауданның тұрғындары! Араларыңдағы күллі саудагерлер құрып, күміспен сауда-саттық жасайтындардың барлығы аластатылады. 12 Сол кезде Мен Иерусалим қаласын шырақтармен шарлап, тінту жүргіземін. Сонда бейқам күнәкарларды жазалаймын. Олар іштей былай дейді: «Жаратқан Ие не жаман, не жақсы ештеңе де істемейді». 13 Ал шынында олардың бар дәулеті тоналып, үйлері қирап, қаңырап бос қалмақ. Олар үй салып, онда тұра алмайтын, жүзімдік отырғызып, оның шырынын іше алмайтын болады». 14 Жаратқан Иенің ұлы күні таяп, жақындап қалды, ол тез келе жатыр! Жаратқан Иенің сол күні қатты дауыс шықпақ, сонда мықты жасақшылар да ащы зармен айқайлайтын болады. 15 Сол күн — Тәңір Иенің қаһары төгілетін күн, адамның қайғырып, азап шегетін күні, елдің қирап қаңырап қалатын күні, қараңғылық пен қара түнектің күні, қалың бұлттар мен қара мұнардың күні, 16 кернейдің даусы мен шайқастың айқай-шуының күні болады! Сонда бекіністі қалалар мен зәулім мұнараларға қарсы шабуыл жасалады. 17 «Мен халықтың басына қиын-қыстау кез тудырамын. Олар Маған, Жаратқан Иеге, қарсы күнә жасағандықтан, енді соқыр адам іспетті сипалап жүретін болады. Олардың қаны жердегі шаң-тозаңдай төгіліп, ішек-қарындары қи-қоқыс сияқты лақтырылып тасталады». — 18 Жаратқан Иенің қаһары төгілетін сол күні алтын-күмістері оларды құтқаруға дәрменсіз болады. Оның ашу-ызасының отында бүкіл жер беті жанып кетеді, себебі Ол жер бетінде тұратындардың барлығын да аяқ астынан толықтай құртатын болады.
1 Масақ іспетті жиналып, байланыңдар, уа, арсыз халық! 2 Әйтпесе алдын ала белгіленген шешім орындалып, теріс жолдарыңнан қайту мүмкіндіктерің жел ұшырған қабықтай ғайып болады! Сонда Жаратқан Иенің лаулаған қаһары сендерге лап етіп, Оның қаһары ашылатын күні бастарыңа туады. 3 Жиналып, Жаратқан Иеге бет бұрып сиыныңдар, уа, елдегі кішіпейіл әрі Оның еркін орындаушы жандар! Оған мойынсұнып әділдік үшін ұмтылыңдар! Мүмкін, сол күні Жаратқан Иенің қаһарынан аман сақталатын боларсыңдар. 4 (Філістір еліндегі) Газа қаласы қаңырап бос қалып, Ашқалон да қирап үйіндіге айналады; Азоттың тұрғындары тал түсте айдалып әкетіліп, Әкронның халқы да түп-тамырымен жұлынып тасталады. 5 Уа, теңіз жағасында тұратын кереттік халық, сендер де қасіретке қаласыңдар, Жаратқан Ие сендерге үкімін шығарады, уа, філістірлер мекендеген Қанахан елі: «Мен сені құртамын, бірде-бір тұрғының да аман қалмайды!» — 6 Содан теңіз жағасындағы жерлерің шопандардың баспаналары мен мал қоралары орналасқан жайылымға айналады. 7 Сол кезде теңіз жағалауы Яһуда халқының аман қалғандарына өтеді. Олар сонда малдарын бағып, Ашқалонның үйлерінде түнейтін болады. Себебі өздерінің Құдайы Жаратқан Ие аман қалған яһудалықтарды назарында ұстап, қайтадан игілікке кенелтеді. 8 «Менің халқымды ренжітіп, олардың еліне қоқан-лоқы жасаған моабтықтардың келемеждеген сөздері де, аммондықтардың мазағы да құлағыма жетті. — 9 Сондықтан Әлемнің мәңгі тірі Иесі, Исраилдің Құдайы, өз атымен ант етіп былай дейді: — Моаб елі Содом іспетті, аммондықтар елі Ғоморра сияқты болады. Сонда олар қалақай шөбі қаптаған, тұзды шұңқырларға толған, мәңгілікке қаңыраған елсіз далаға айналады. Халқым Яһудадан аман қалғандары оларды тонап, елдерін иемденіп алады». — 10 Олардың менменсіп, Әлемнің Иесінің халқына тіл тигізіп, мазақ еткендерінің қарымтасы осы болады. 11 Жаратқан Ие оларға айбат көрсетіп, сол елдегі бүкіл тәңірсымақтарды әлсіретіп құртады. Сонда теңіз жағалауындағы барлық халықтар Оған өз жерлерінде ғибадат ететін болады. 12 «Сендер де, ей, құштықтар, Менің семсерімнен қырыласыңдар»! 13 Жаратқан Ие Өзінің қолын тағы солтүстікке қарай созып, Ассур елін қиратып, Ниневи қаласын да шөл даладай қуратып, қаңыратып бос қалдырады. 14 Қаланың ортасында отар-табындар мен әр түрлі аңдар жайылып, дамылдайтын болады. Бірқазан мен батпақ жапалағы қираған сарайлардың бағаналарының бастарын паналап, дауыстары терезелерден жаңғырады. Есіктерді үйінділер бөгеп, самырсын тақталары сыртқа шығып жатады. 15 Біліп қойыңдар, бұрын масайрап, бейқам жатқан қаланың сиқы осындай болады. Сол кезде ол мақтанып: «Мен өзім бар болушымын, маған тең келер еш нәрсе жоқ!» — дейтін. Ал енді ол қирап үйінді болып, жабайы аңдардың мекеніне айналды! Оның жанынан өткен-кеткеннің барлығы ысқырып, қолдарын сілтеп, оны мазақтайды.
1 Қанаушылардың мойынсұнбас, қыңыр әрі арамданған қаласы қасіретке қалады! 2 Ол ешкімді тыңдамай, ешкімнен ескерту қабылдамайды. Қала Жаратқан Иеге сенім артпайды, өз Құдайына жақындамайды! 3 Оның әміршілері ақырған арыстандай, төрешілері аш қасқырдай. Олар кешке жортуылға шығып, таң атқанша жемтігінің ештеңесін де қалдырмайды. 4 Қаланың пайғамбарлары менмен де сатқын жандар. Діни қызметкерлері киелі орынды арамдап, Таурат заңын бұзып аяққа басады. 5 Иерусалимді мекендейтін Жаратқан Ие әділ, Ол әділетсіз еш нәрсе істемейді. Таң атқан сайын Ол әділдікті жүзеге асырып, әрбір жаңа күн сайын сонысын тоқтатпайды. Бірақ әділетсіздер ұят дегенді білмейді. 6 (Жаратқан Ие тағы мынаны айтады:) «Мен халықтарды қырдым, олардың бекіністі қалаларын бұздым. Көшелерін қаңыраттым, олармен жүретін ешкім де қалмады. Қалалары қираған, адамдары жоқ, тіпті бірде-бір тұрғыны қалмаған. 7 Мен қалаға былай дегенмін: Сен Мені сөзсіз қастерлеп, ескертуімді қабылдайтын боласың. Солай істеген болса, ол қирамай, Менің бірде-бір жазама ұшырамаған болар еді. Бірақ олар бәрібір баяғы зұлым істерін бұрынғысынан бетер жалғастыра беруге әуестенді. 8 Сондықтан Менің орнымнан тұрып, осы халықты айыптайтын күнімді күтіңдер! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Мен халықтар мен патшалықтарды жинап, оларға ашу-ызамды төгіп, лаулаған қаһарымды лап еткізуді шештім. Сол кезде бүкіл дүние Менің қаһарымның отына шалынып, жанып кетеді». 9 «Сонда Мен адамдардың еріндерін тазартып, олардың бәрі Жаратқан Иенің атын атап сиынып, Оған бірге ғибадат ететін болады. 10 Құш еліндегі өзендердің арғы жағынан Маған сиынып ғибадат ететіндер — Менің шашырап кеткен халқым сый-тартулар әкелетін болады. 11 Сол күні сен (Иерусалим) Маған қарсы бас көтеріп жасаған бүкіл опасыз істерің үшін тағы да масқараға ұшырамайсың. Себебі Мен қаланың ішінен өркөкірек паңдардың барлығын аластатамын. Енді қайтып Менің киелі тауымда кеуде көтермейсің. 12 Қайта, сендердің араларыңда Жаратқан Иенің есіміне сенім артқан қарапайым да кішіпейіл халықты қалдырамын. 13 Исраил халқынан аман қалғандар бұдан былай жамандық істемейді, өтірік те айтпайды. Олардың ауыздарынан жалғандық шықпайтын болады. Олар ішіп-жеп, алаңсыз тынығады, өйткені қорқытатын жаулары болмайды». 14 Уа, Сион халқы, ән-жырыңды айта берші! Қуана айқайлашы, уа, Исраил! Шын жүректен қуанып-шаттан, Иерусалим халқы! 15 Жаратқан Ие сенің үкіміңнің күшін жойып, жауыңды кері қайтарды. Исраилдің Патшасы Жаратқан Ие араңда тұр, Ол саған жар! Енді қайтып пәледен қорықпайсың. 16 Сол күні Иерусалимге былай деп жарияланатын болады: «Қорықпа, Сион, қолыңнан күш таймасын! 17 Құдайың Жаратқан Ие араңда тұр! Ол — батыр іспетті құдіретті Құтқарушы саған қатты шаттанады, сүйіспеншілігімен сені тыншытып, саған қуанып мерекелейді». 18 «Тағайындалған мейрамдарға өздері қатыса алмағандары үшін қайғыланған адамдарды енді жинаймын. Сенікі болған олар бір кезде жаудың олжасына айналып, сен масқараға ұшыраған едің. 19 Болашақ кезде Мен саған қысым көрсеткендерді де қолға алып, барлығын жазалаймын. Ақсақ адамдарыңды құтқарып, шашырап кеткендеріңді жинап аламын. Масқара болған елдерінде енді оларға даңқ пен мадақ сыйлаймын. 20 Мен сендерді жинағанда ата мекендеріңе бастап алып келемін. Өз көз алдарыңда сендерді тағы да игілікке кенелтіп, жер бетіндегі барлық халықтардың алдында атақ-даңққа бөлеймін». — Жаратқан Ие осыны уәде етеді.
1 Дарийдің (парсы патшалығына) билік жүргізген екінші жылының алтыншы айының бірінші күні Жаратқан Ие Яһуда аймағының әкімі Салатиел ұлы Зоробабелге және бас діни қызметкер Ехосадық ұлы Ешуаға Өзінің Хаққай есімді пайғамбары арқылы сөзін арнап былай деді: 2 «Әлемнің Иесі мынаны айтады: Бұл халық: «Жаратқан Иенің киелі үйін қайтадан салатын уақыт әлі келген жоқ!» деп жүр». 3 Сондықтан Жаратқан Ие Хаққай пайғамбар арқылы тағы мына хабарын да жіберді: 4 «Осы киелі үй әлі де қирап жатқанда сендерге іштері ағаш тақтайлармен қапталған сәулетті үйлерде тұратын уақыт па?!» 5 Әлемнің Иесі енді мынаны айтады: «Істеген іс-әрекеттеріңе ден қойып, ойланып алыңдар! 6 Сендер көп еккенмен аз жинайсыңдар, тамақ жегенмен қарындарың тоймайды, сусын ішкенмен шөлдерің қанбайды, киім кигенмен жылынбайсыңдар, жалақы алғанмен оларың тесік қалтаға кетіп жатқандай болады». 7 Сол себепті Әлемнің Иесі тағы мынаны айтады: «Істейтін іс-әрекеттеріңе ден қойып, ойланып алыңдар! 8 Тауға шығып, бөренелер тасып әкеліп, киелі үйді қайтадан салыңдар! Осылайша Мен риза болып, атақ-даңқым жайылады, — деп бұйырады Жаратқан Ие. — 9 Сендер мол өнім күткенмен, онысы аз болды. Ал үйлеріңе алып келгендеріңді Мен ұшырып жібердім. Неліктен? — деп сұрайды Әлемнің Иесі. — Менің киелі үйім қирап жатқанда сендер әрқайсың өз үйлеріңді сәндеп салуға асыққандарың себепті! 10 Сондықтан да аспанның шығы әрі жердің өнімі сендерге берілмей келеді. 11 Мен жерлеріңдегі дала мен қыратқа қуаңшылық жібердім. Соның кесірі астық, жүзім шырыны мен зәйтүн майына, жалпы, жер беретін өнімнің барлығына әрі адамдар мен малға да тиді. Содан сендердің істеген барша еңбектерің құр бекер болуда». 12 Сонда Яһуданың әкімі Салатиел ұлы Зоробабел, бас діни қызметкер Ехосадық ұлы Ешуа және халықтың тірі қалғандарының барлығы олардың Құдайы Жаратқан Иенің Хаққай пайғамбар арқылы айтқандарына құлақ асты. Өйткені оны жіберген — олардың Құдайы Жаратқан Иенің Өзі болатын. Содан халық Жаратқан Иені терең қастерлей бастады. 13 Мұнан кейін Жаратқан Иенің хабаршысы Хаққай халыққа Оның мына уәдесін жеткізді: «Мен сендермен бірге жүріп жар боламын! — дейді Жаратқан Ие». — 14 Осылай Жаратқан Ие Яһуданың әкімі Зоробабелдің, бас діни қызметкер Ешуаның және қалған барлық халықтың рухын оятып, оларға қайрат-жігер дарытты. Сонда олар өздерінің Құдайы — Әлемнің Иесінің киелі үйіне барып, оны қайта салу жұмысына кірісті. 15 Бұл, Дарийдің патшалық құрған екінші жылының алтыншы айының жиырма төртінші күні болатын.
1 Жетінші айдың жиырма бірінші күні Жаратқан Ие халыққа Хаққай пайғамбар арқылы сөзін арнап былай деді: 2 «Яһуданың әкімі Салатиел ұлы Зоробабелге, бас діни қызметкер Ехосадық ұлы Ешуаға және халықтың тірі қалған басқаларына енді мынаны айт: 3 Осы киелі үйді оның бұрынғы салтанатында көргендерден араларыңда кім қалды? Ал қазір көріп тұрғандарың қандай? Бұрынғыға қарағанда ол сендерге түк еместей болып көрінбей ме? 4 Дегенмен енді нығайып батыл бол, уа, Зоробабел! — дейді Жаратқан Ие. — Сен де нығайып батыл бол, уа, бас діни қызметкер Ехосадық ұлы Ешуа! Нығайып батыл болыңдар, уа, елдің бүкіл халқы! — деп шақырады Жаратқан Ие. — Еңбек етіңдер! Мен сендермен бірге жүріп жар боламын! — Әлемнің Иесі осы уәдені береді. — 5 Мысырдан шыққандарында Мен осылай болады деп сендердің ата-бабаларыңмен Келісім жасағанмын. Бұдан былай да Менің Рухым араларыңда тұратын болады. Қорықпаңдар!» 6 Әлемнің Иесі мынаны да айтады: «Біраздан кейін Мен тағы да аспан мен жерді, теңіз бен құрлықты шайқалтамын! 7 Мен барлық халықтарды да шайқалтамын. Сонда халықтардың бәрі өздерінің ерекше бағалаған қазыналарын әкеліп, Мен бұл үйді салтанатты ұлылыққа кенелтемін, — деп уәде береді Әлемнің Иесі. — 8 Күміс те менікі, алтын да Менікі, — дейді Әлемнің Иесі. — 9 Бұл киелі үйдің болашақ салтанаты бұрынғы киелі үйдікінен де асып түседі, — деп нық айтады Әлемнің Иесі. — Осы жерде Мен амандық пен тыныштық сыйлаймын!» — Әлемнің Иесінің Өзі осы уәдені береді. 10 Дарийдің патшалық құрған екінші жылының тоғызыншы айының жиырма төртінші күні Жаратқан Ие Хаққай пайғамбарға сөзін арнап былай деді: 11 «Әлемнің Иесі мынаны айтады: Діни қызметкерлерге Таурат заңы туралы мына сұрақты қой: 12 Егер біреу құрбандықтың Құдайға бағышталған киелі етін бір нәрсеге орап алып бара жатқанда, онысы нанға, піскен етке, сусынға, зәйтүн майына немесе басқа бір тағамға тиіп кетсе, сол тағам Құдайға бағышталған киелі болып қала бере ме?» — Діни қызметкерлер: — Жоқ, киелі болмайды, — деп жауап берді. 13 Хаққай сөзін сабақтап: — Ал егер өлікпен жанасып арамданған біреу осындай заттарға жанасып кетсе ше, олар да арамданып қала ма? — деп сұрады. Діни қызметкерлер: — Иә, арамданады, — деп жауап берді. 14 Сонда Хаққай былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Осы халықтың адамдары да (Маған толығымен бағынбағандықтарына бола) Менің көз алдымда арамданған. Сол себепті олардың істеп жүрген істері мен шалып жүрген құрбандықтарының бәрі де арамданған. 15 Бірақ осы күннен бастап басқаша болады! Маған бағышталған осы киелі үйдің алғашқы тасы қаланбай тұрып, қалай өмір сүргендеріңе ден қойып, ойланып алыңдар! 16 Өнім жинайтын кезінде біреу бастыруға үйілген масақ бауларынан жиырма қап астық шығады деп дәметсе, расында одан тек он қап қана шығады. Шырын сыққыштан елу шелек жүзім шырынын аламын деп дәметсе, онда небәрі жиырма шелек қана шырын бар болып шығады. 17 Себебі Мен сендерді және істеген істеріңнің бәрін өсімдік татымен, қуаңшылықпен және бұршақпен зақымдадым. Әйтсе де сендер өкініп, Маған қайтып келмедіңдер, — деп ескертеді Жаратқан Ие. 18 Бүгін, тоғызыншы айдың жиырма төртінші күні, сендер Менің киелі үйімнің іргетасын қайтадан қалап болдыңдар. Бүгінгі күннен бастап не болатынына ден қойып ойланып алыңдар! 19 Тұқым әлі де қамбаларыңда сақталып келеді, солай емес пе? (Демек, сендер әлі де егін егіп, жинаған жоқсыңдар.) Жүзім, анар, інжір және зәйтүн ағаштары да жемістерін әлі берген жоқ. Алайда бүгіннен бастап Мен сендерді жарылқайтын боламын!» 20 Сол айдың жиырма төртінші күні Жаратқан Ие Хаққай пайғамбарға тағы бір рет сөзін арнап былай деді: 21 «Яһуданың әкімі Зоробабелге мынаны жеткіз: Мен аспанды да, жерді де шайқалтамын, 22 патшалықтардың тақтарын төңкеріп, басқа халықтардың мемлекеттерінің күш-қуатын жоямын. Мен соғыс күймелерін оларды айдайтындарымен қоса аударамын. Атты әскерлер де жерге құлап, бір-бірінің семсерінен қаза табады». 23 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Сол күні, уа, қызметшім Салатиел ұлы Зоробабел, Мен сені өз қолымдағы мөрлі жүзігімдей беделді етіп тағайындаймын. Себебі Мен сені таңдап алдым». — Осы уәдені Әлемнің Иесінің Өзі берді.
1 Дарийдің (парсы патшалығына билік жүргізген) екінші жылының сегізінші айында Жаратқан Ие Барақияхтың ұлы, Иддоның немересі Зәкәрия пайғамбарға сөзін арнап былай деді: 2 — Мен, Жаратқан Ие, сендердің ата-бабаларыңа қатты ашуланған едім. 3 Сондықтан халыққа былай де: Әлемнің Иесі мынаны айтады: Кері бұрылып, Маған қайтып келіңдер! Сонда Мен де сендерге қайтып келемін, — деп уәде етеді Әлемнің Иесі. — 4 Ата-бабаларың сияқты болмаңдар! Ежелгі пайғамбарлар оларға былай деп дауыстап ескертетін: «Әлемнің Иесі мынаны айтады: Зұлым жолдарыңнан қайтып, сұмдық істеріңді тастаңдар!» Алайда ата-бабаларың Маған құлақ салып, тыңдаудан бас тартты, — деп сақтандырады Жаратқан Ие. — 5 Сол ата-бабаларың қазір қайда екен? Ежелгі пайғамбарлар да мәңгі өмір сүрген жоқ. 6 Алайда Менің Өзіме қызмет етіп жүрген пайғамбарларым арқылы жеткізген сөздерім мен шешімдерім ата-бабаларыңның бастарына түсті ғой! Сонда олар теріс жолдарынан қайтып: «Әлемнің Иесі бізге жүрген жолдарымыз бен істеген істерімізге сай істеді. Ол қалай ниеттеніп, алдын ала айтқан болса, солай істеді», — деп мойындады. 7 Персияға Дарий патшалық құрған екінші жылының он бірінші, яғни шебат, айының жиырма төртінші күні Жаратқан Ие Барақияхтың ұлы, Иддоның немересі Зәкәрия пайғамбарға тағы да сөзін арнады. (Бұл туралы Зәкәрия былай деп баяндады:) 8 Түнде мен жирен атқа мінген бір адамды көрдім. Ол аңғардағы жасыл бұталардың арасында тұр екен. Оның артында жирен, торы және ақбоз аттарға мінгендер болды. 9 Сонда мен: — Мырзам, бұл не екен? — деп сұрадым. Менімен сөйлесіп тұрған періште маған: — Оның не екенін саған көрсетемін, — деді. 10 Сонда жасыл бұталардың арасында тұрған салт атты: — Бұлар Жаратқан Иенің жер бетін шолып келуге жіберген шолғыншылары, — деп жауап берді. 11 Салт аттылар Жаратқан Иенің жасыл бұталардың арасында тұрған періштесіне: «Біз күллі жер бетін шолып шықтық. Бүкіл жер беті тыныш та бейқам тұрып жатыр», — деп баяндады. 12 Осыдан кейін Жаратқан Иенің періштесі: «Уа, Әлемнің Иесі, осы өткен жетпіс жыл бойы Сен Иерусалимге және Яһуда елінің басқа қалаларына қаһарланып келдің. Қашанға дейін оларға рақымыңды көрсетуден бас тартпақсың?» — деп өтінді. 13 Сонда Жаратқан Ие менімен сөйлесіп тұрған періштеге мейірімді де жұбанышты сөздермен жауап қатты. 14 Әлгі періште маған бұрылып, былай деді: — Сен мына хабарды жарияла: Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Мен Иерусалим қаласын және Сион тауын зор ынтызарлықпен сүйемін. 15 Ал бейқам тұрып жатқан сол елдерге қатты ашулымын. Себебі Мен халқыма едәуір ашуланған кезде олар оған тым көп зорлық-зомбылық жасады. — 16 Сондықтан Жаратқан Ие мынаны айтады: — Мен Иерусалимге мейірімімді төгу үшін қайтып келе жатырмын. Осы қалада Менің киелі үйім қайтадан салынып, құрылысшылар өлшеуіш жіптерін тартатын болады». — Әлемнің Иесі осыны уәде етеді. 17 Тағы былай деп те жарияла: Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Менің қалаларым қайтадан ағыл-тегіл дәулетке кенеледі. Мен, Жаратқан Ие, тағы да Сионды жұбатып, Иерусалимді Өзімнің қалам деп таңдап аламын». 18 Мұнан кейін мен жоғары қарағанда, көз алдымда тұрған төрт мүйізді көрдім. 19 Өзіммен сөйлескен періштеден: — Мыналар не? — деп сұрадым. Ол маған: — Бұл мүйіздер Яһуданы, Солтүстік Исраилді және Иерусалимді бытыратып жіберген күшті елдерді білдіреді, — деп түсіндірді. 20 Содан соң Жаратқан Ие маған төрт ұстаны көрсетті. 21 Мен: — Мына ұсталар не істейін деп жатыр? — деп сұрадым. Періште былай деп жауап берді: — Әлгі мүйіз іспетті күшті елдер Яһуда халқын ешкім бас көтере алмайтындай етіп бытыратып жіберген еді. Бірақ мына ұсталар сол елдерді қорқытып, жерге құлатып құрту үшін келді.
1 Мен қайтадан жоғары қарағанда қолында өлшеуіш жібі бар біреуді көрдім. 2 Мен одан: — Қайда бара жатырсыз? — деп сұрадым. Ол: — Иерусалимнің ені мен ұзындығын білу үшін оны өлшеуге бара жатырмын, — деп жауап берді. 3 Менімен сөйлескен періште сол кезде алға қарай беттеді. Сонда басқа бір періште оған қарсы кездесті. 4 Бұл оған былай деді: — Ана жас жігітке тездетіп барып мынаны айт: Иерусалим малы мен адамы көп болғандықтан қамал қабырғасы жоқ, ашық қала сияқты болады! 5 «Мен Өзім әрі қаланың айналасындағы жалындаған отты қабырғасы, әрі оның ішіндегі нұрлы салтанаты іспетті боламын», — деп уәде береді Жаратқан Ие. 6 «Уа, халайық, дайындалып, жолға шығыңдар! Солтүстіктегі елден қашып кетіңдер! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Себебі Мен сендерді дүниенің шартарабына шашыратып жіберген едім. 7 Уа, Сионның халқы, Бабыл халқымен бірге тұрып жатқан сендер сол елден қашып кетіңдер!» 8 Себебі бір даңқты кезеңнен кейін Әлемнің Иесі мені өздеріңді тонаған халықтарға жіберіп, мынаны айтты: «Кім сендерге тиіссе, соның Менің көзімнің қарашығына тиіскені! 9 Мен таяуда оларға қарсы қолымды созбақпын. Сонда оларды өз құлдары тонайтын болады». — Сол кезде сендер Әлемнің Иесінің мені жібергенін анық білетін боласыңдар. 10 «Қуана ән салып шаттаныңдар, уа, Иерусалимнің халқы! Мен сендердің араларыңда тұруға келе жатырмын! — деп уәде етеді Жаратқан Ие. — 11 Сол күні көптеген ұлттар Менімен тығыз байланысқа түсіп, Менің халқым болады. Мен сендердің араларыңда тұрамын». — Сол кезде сендер мені өздеріңе жіберген Әлемнің Иесі екенін анық білетін боласыңдар. 12 Жаратқан Ие Яһуданы Өзіне бағышталған қасиетті еліндегі айрықша үлесі ретінде қабылдап, Иерусалимді (өз қаласы болуға) қайтадан таңдап алады. 13 Бүкіл адамзат Жаратқан Иенің алдында тынышталсын! Ол Өзінің киелі тұрағынан шығып, әрекет етіп жатыр.
1 Бұдан кейін періште маған Жаратқан Иенің періштесінің алдында тұрған бас діни қызметкер Ешуаны көрсетті. Ал шайтан Ешуаны айыптау үшін оның оң жағында тұрды. 2 Жаратқан Ие шайтанға: «Саған Жаратқан Ие тыйым салады, шайтан! Иә, Иерусалимді таңдап алған Жаратқан Ие саған тыйым салады! Осы адам жанып кетпей тұрып от ішінен құтқарылып алынған отындық ағаш сияқты емес пе?» — деп зекіді. 3 Ешуа періштенің алдында ластанған киіммен тұрды. 4 Ал періште өзінің алдында тұрғандарға: «Оның лас киімдерін шешіп тастаңдар!» — деп тапсырды. Ешуаға қарап ол: «Мен сенің кінәңді алып тастадым. Енді саған салтанатты киім кигіземін», — деді. 5 Сонда мен: «Оның басына таза сәлде кигізіңдер», — деп өтіндім. Олар оның басына таза сәлде, үстіне арнайы киімдер кигізді. Осы кезде Жаратқан Иенің періштесі жанымызда тұрды. 6 Одан кейін Жаратқан Иенің періштесі Ешуаға ескертіп былай деді: 7 — Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Егер де сен Менің жолыммен жүріп, тапсырмаларымды орындайтын болсаң, онда сен Менің киелі үйіме жетекшілік етіп, оның аулаларын да басқаратын боласың, әрі Менің осында тұратын сенімді қызметшілерімнің арасында жүруіңе болады. 8 Уа, бас діни қызметкер Ешуа және алдыңда отырған серіктестерің, тыңдаңдар! Сендердің барлығың болашақтағы кереметтің бейнесісіңдер. Біліп алыңдар: Мен Өзімнің «Өскін» деп аталатын Қызметшімді алып келемін. 9 Мен Ешуаның алдына қойған асыл тас, міне, мынау: оның жеті қыры бар. Мен тасқа сөздерімді қашап жазып, осы елдің күнәсін бір-ақ күнде алып тастаймын, — деп уәде етеді Әлемнің Иесі. — 10 Сол күні сендердің әрбіреуің (көріп жатқан игіліктерімен бөлісу үшін) көршісін өзінің жүзім бұтасы мен інжір ағашының түбінде отыруға шақыратын болады», — деп нық айтады Әлемнің Иесі.
1 Менімен сөйлескен періште қайтып келіп, мені оятқандай сілкіп қалды. 2 Ол менен: — Не көріп тұрсың? — деп сұрады. Мен жауап беріп былай дедім: — Бір алтын шам қойғышты көріп тұрмын. Оның төбесінде майға арналған тостағаны және жеті май шамы әрі соларға байланған жеті түтікшесі бар. 3 Сондай-ақ, майға арналған тостағанның оң және сол жақтарында тұрған екі зәйтүн ағашын көріп тұрмын. 4 Мен өзіммен сөйлескен періштеден: — Мырзам, бұлар не екен? — деп сұрадым. 5 Ол маған: — Бұлардың не екенін сен білмейтін бе едің? — деген сауал қойды. Мен оған: — Жоқ, білмеймін, мырзам, — дедім. 6 Ол маған былай деп түсіндірді: — Жаратқан Иенің Зоробабелге арнаған сөзі мынау: Күш-қуатпен де емес, билік күшімен де емес, тек Менің Рухыммен ғана табысқа жетесің! — дейді Әлемнің Иесі. — 7 Мына заңғар тау не өзі? Зоробабелдің алдында заңғар тау іспетті зор қиыншылықтар жазықтай тегіс болады. Зоробабел ғимараттың соңғы тасын орнатқанда халық: «Нендей мейірім! Не деген рақым!» деп дауыстап мадақтайтын болады. 8 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап: 9 «Осы киелі үйдің іргетасын Зоробабелдің өзі қалаған еді, оны бітіретін де өзі болады, — деді. — Осылайша Әлемнің Иесінің мені өздеріңе жібергенін анық білетін боласыңдар. 10 Ұсақ-түйек істер істеліп үлгерілген күнді кім менсінбейді? Болашақта адамдар Зоробабелдің қолына тіктегішін алып, құрылысқа кіріскенін көрген кезде қуанатын болады. Ал әлгі жеті май шамы бүкіл жер бетіне көз салып бәрін де көріп тұратын Жаратқан Иенің «көздерін» білдіреді». 11 Мұнан кейін мен періштеден: — Шам қойғыштың оң және сол жақтарындағы екі зәйтүн ағашы нені білдіреді? — деп сұрап, 12 тағы да мына сауалды қойдым: Алтын түсті зәйтүн майын шам қойғышқа қарай ағызатын екі алтын түтікшенің жанында екі зәйтүн бұтағы бар. Олар нені білдіреді? — 13 Періште менен: — Бұлардың не екендігін сен шынымен білмейсің бе? — деп сұрады. Мен: — Жоқ, білмеймін, мырзам! — деп жауап бердім. 14 Сонда ол маған: — Құдай осы екеуін Өзіне, бүкіл жер бетінің Иесіне, қызмет етуге май жағу рәсімінен өткізіп тағайындап қойған, — деді.
1 Мұнан кейін жоғары қарасам, бір шиыршық кітап ұшып бара жатыр екен. 2 Періште менен: — Не көріп тұрсың? — деп сұрады. — Ұшып бара жатқан бір шиыршық кітапты көріп тұрмын. Оның ұзындығы жиырма шынтақ, ені он шынтақ, — деп жауап бердім. 3 Сонда ол маған түсіндіріп былай деді: — Осы кітапта жазылғаны — бүкіл жер бетіне таралып жатқан қарғыс. Қағаздың бір бетінде әрбір ұры, екінші бетінде әрбір өтірік ант етуші елден міндетті түрде аластатылады деген сөз жазылған. 4 Әлемнің Иесі былай дейді: — Мен осы қарғысты ұрылардың және Менің атымды атап өтірік ант етушілердің үйлеріне жіберемін. Ол солардың үйлерінің ішіне қонып, үйдің тастары мен бөренелерін тып-типыл қылып құртады. 5 Содан кейін менімен сөйлескен періште ілгері қарай шығып, былай деді: — Басыңды көтеріп жоғары қара! Не жақындап келе жатыр? — 6 Мен: — Бұл не? — деп сұрадым. Періште маған түсіндіріп: — Бұл — үлкен өлшеуіш ыдыс — деді. Ол сөзін жалғастырып: — Ыдыс бүкіл елдің тұрғындарының жасаған қылмыстарының бейнесі, — деп қосты. 7 Сонда ыдыстың қорғасын қақпағын ашып, қарасақ, ішінде бір әйел отыр екен! 8 Періште: — Бұл — заңсыздықтың бейнесі, — деді де, әйелді ыдыстың ішіне итеріп жіберіп, қорғасын қақпағын тығыздап жауып қойды. 9 Осыдан кейін тағы да қарасам, екі әйел қалықтап ұшып келе жатыр екен. Олардың аққұтанның қанаттарындай қанаттарынан жел есіп тұрды. Олар ыдысты аспан мен жердің арасына, әуеге көтеріп алып кетті. 10 Мен өзіммен сөйлескен періштеден: — Олар ыдысты қайда алып кетті? — деп сұрадым. 11 Ол маған: — Олар оны Бабыл еліндегі Шинар жазығына әкетті. Сол жерде оған ғибадатхана салып береді. Ол салынып, дайын болған кезде ыдысты сондағы арнаулы тұғырына қояды, — деп жауап берді.
1 Мен қайтадан жоғары қарап, екі таудың арасындағы шатқалдан шығып келе жатқан төрт күймені көрдім. Сол екі тау қола тау екен. 2 Бірінші күймеге жирен, екіншісіне қара, 3 үшіншісіне ақбоз, төртіншісіне ала аттар жегіліпті. Аттардың бәрі де мықты екен. 4 Сонда мен өзіммен сөйлескен періштеден: — Мыналар не, мырзам? — деп сұрадым. 5 Періште маған: — Бұлар көктің төрт рухын бейнелейді. Осы төрт рух бүкіл жер бетінің Иесінің алдында тұратын нөкерлері. Олар Оның еркін орындауға шығып бара жатыр, — деп түсіндірді. — 6 Қара аттар жегілген күйме солтүстік жаққа қарай, ақбоз аттар жегілген күйме олардың артынан, ал ала аттар жегілген күйме оңтүстікке қарай бағыт алды. 7 Сол мықты аттар алға шығып, жер бетін шолып қайтуға асыға жұлқынды. Сондықтан ол: «Барыңдар, жерді шолып қайтыңдар!» — деп бұйырды. Осыны естісімен олар жерді шарлауға аттанды. 8 Сонда Жаратқан Ие маған дауыстап: — Біліп ал, солтүстікке кеткендер сол өлкеге Менің қаһарлы жазамды тартқызып, Рухымды тыныштандырды, — деді. 9 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 10 — Бабылға жер аударылудан қайта оралған Хелдай, Тобиях және Едаях есімді адамдардан алып келген сый-тартуларын қабылдап, сол күні Софония ұлы Жосияның үйіне бар! 11 Осы күміс пен алтыннан алып, тәж жасатып, оны бас діни қызметкер Ехосадық ұлы Ешуаның басына кигіз. 12 Оған былай де: Әлемнің Иесі мынаны айтады: Мынау — «Өскін» есімді адам. Ол өз орнынан өсіп-өрбіп, Жаратқан Иенің ғибадатханасын тұрғызатын болады. 13 Иә, Жаратқан Иенің ғибадатханасын тұрғызатын Сол болады! Ол салтанатқа бөленіп, өз тағында отырып билік құрмақ. Ешуа діни қызметкер ретінде патшалық таққа отырған соң, екі лауазымның арасында ынтымақ орнайды. 14 Ал тәж Хелдай, Тобиях, Едаях және Софония ұлы Хеннің қамқорлығына тапсырылып, ғибадатханада естелік белгі ретінде сақталады. 15 Алыста тұратын халықтар келіп, Жаратқан Иенің ғибадатханасын салуға көмектесетін болады. Сонда мені өздеріңе жіберген Әлемнің Иесі екенін анық білетін боласыңдар. Егер Құдай Иелеріңнің айтқандарына бұлжытпай құлақ ассаңдар, осының бәрі жүзеге асады.
1 Дарий патшалық құрған төртінші жылының тоғызыншы, яғни кислеп, айының төртінші күні Жаратқан Ие Зәкәрия пайғамбарға қайтадан сөзін арнады. 2 Бетелдің тұрғындары Шаресер мен Регем-Мәлікті өз адамдарымен бірге Жаратқан Иенің алдына барып сиынып, Одан рақым етуін өтінуге жіберген еді. 3 Бұлар Әлемнің Иесінің киелі үйіндегі діни қызметкерлер мен пайғамбарлардан: «Ұзақ жылдар бойы бесінші айды ғибадатхананың қирағанын еске түсіріп, қайғырып ораза ұстаумен өткізіп келген едік. Енді соны жалғастыра берудің бұдан былай да керегі бар ма, жоқ па?» — деп сұрады. 4 Сонда Әлемнің Иесі маған сөзін арнап былай деді: 5 — Елдің бүкіл халқы мен діни қызметкерлерден мынаны сұра: Соңғы жетпіс жыл бойы бесінші және жетінші айларда қайғырып ораза ұстағандарың шынымен Маған арналып па еді? 6 Әрі ішіп-жеген кездеріңде өз пайдаларың үшін ғана ішіп-жеп пе едіңдер? 7 Иерусалим мен оның айналасындағы қалалар тұрғындарға толы болып, тыныштыққа кенеліп, оңтүстіктегі иен дала мен батыстағы төменгі қыраттарда да адамдар тұрып жатқан кездері Жаратқан Иенің ежелгі пайғамбарлар арқылы жариялаған сөздері осылар емес пе? 8 Жаратқан Ие Зәкәрияға тағы да сөзін арнап былай деді: 9 — Мен, Әлемнің Иесі, (ата-бабаларыңа) мынадай бұйрықтар берген едім: «Әділ үкім шығарыңдар, бір-біріңе мейірім мен аяушылық танытыңдар! 10 Жетім-жесірлерге әрі жат жұрттық пен жарлы-жақыбайға зорлық-зомбылық жасамаңдар! Бір-біріңе қарсы зұлымдық ұйымдастырмаңдар!» 11 Бірақ олар тыңдаудан бас тартты, тіпті тыңдамаймыз деп бет-жүздерін бұрып, естімеу үшін құлақтарын жауып алды. 12 Олар Таурат заңын да, Мен, Әлемнің Иесі, Өзімнің Рухыммен ежелгі пайғамбарлар арқылы жіберген өзге сөздерімді де тыңдамау үшін жүректерін тастай етіп қасарыстырып қойды. Сондықтан да оларға қатты қаһарландым. 13 Мен оларды шақырған кезде олар құлақ салмаған еді. Сондықтан олар Мені шақырған кезде Мен де құлақ салмадым, — дейді Әлемнің Иесі. 14 Осылай Мен оларды өздері бұрын-соңды көріп-білмеген халықтардың арасына дауыл айдағандай бытыратып жібердім. Олар тастап кеткен елдің иесіз бос қалғаны сонша, онда ешкім де аяқ басып жүрмейтін болды. Осылайша олар сол шұрайлы елді қаңыраған құла түзге айналдырды.
1 Осыдан кейін Әлемнің Иесі маған тағы да сөзін арнап былай деді: 2 — Әлемнің Иесі мынаны айтады: Мен Сионды зор құштарлықпен сүйемін. Оған деген құштарлығым ішімде оттай лаулап тұр. — 3 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: — Мен Сионға қайта оралып, Иерусалимде тұратын боламын. Сонда Иерусалим «Ақиқат қаласы», әрі Әлемнің Иесінің киелі үйі орналасқан Сион тауы «Оған бағышталған қасиетті тау» деп аталмақ. 4 Әлемнің Иесі мынаны да айтады: «Шал мен кемпірлер қайтадан Иерусалимнің көшелерінде отырып, жастары соншама ұлғайғандықтан қолдарына таяқ ұстап алатын болады. 5 Сонда қала көшелері ойнап жүрген ұл-қыздарға толады. — 6 Әлемнің Иесі былай деп сұрақ қояды: — Қазіргі кезде осы халықтың тірі қалғандарына бұл айтқандарымның жүзеге асуы тым керемет болып көрінсе, оның Мен үшін де тым керемет болып көрінгені ме? — 7 Әлемнің Иесі Өзі жауабын беріп мынаны уәде етеді: — Біліп алыңдар, Мен өз халқымды күншығыстан батысқа дейінгі бүкіл елдерден құтқарып аламын! 8 Оларды Иерусалимде тұруға бастап әкелемін. Олар Менің халқым, Мен олардың Құдайы болып адалдық пен әділдік танытамын». 9 Әлемнің Иесі Жаратқан Ие мынаны да айтады: «Басталған істі бітіру үшін қолдарыңның күшін нығайтыңдар! Осы сөздерді бүгін пайғамбарлардың аузынан естіп отырсыңдар. Әлемнің Иесінің киелі үйінің негізі қаланған кезде де пайғамбарлар сендерді оны бітіруге жігерлендірген еді. 10 Сол уақытқа дейін еңбегі үшін адамға да, көлік малына да ақы төленбейтін еді. Мен барлық адамдарды бір-біріне қарсы жау қылып қойғандықтан, жолға шыққандар зорлықшылдардан қауіпсіз бола алмады». 11 «Бірақ бұдан былай Мен осы халықтың тірі қалғандарына бұрынғыдай істемеймін, — деп нық айтады Әлемнің Иесі. — 12 Енді аман-есен тұқым себіліп, жүзімдік өз жемісін, жер өз өнімін беріп, аспан өз шығын түсіріп тұратын болады. Мұның бәрін Мен осы халықтың тірі қалғандарына мұралық меншік етіп беремін. 13 Уа, Яһуда халқы әрі (Солтүстік) Исраил халқы! Сендер бұрын басқа ұлттардың арасында қарғысқа ұшырағанның мысалы болып келген едіңдер. Ал енді Мен сендерді құтқарамын, сонда сендер жарылқанып, игілікке кенелесіңдер. Қорықпаңдар, қолдарыңның күшін нығайтыңдар!» 14 Себебі Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Ата-бабаларың бұрын қаһарымды тудырғанда Мен сендерді апатқа ұшыратуды ұйғарып, аяушылық білдірмеген едім. 15 Алайда осы күндері Мен Иерусалим мен Яһуда еліне қайтадан жақсылық жасауды ұйғардым, — деп уәде етеді Әлемнің Иесі. — Сондықтан қорықпаңдар!» 16 «Міне, мынаны істегендерің жөн: бір-біріңе шындықты айтыңдар, сот орындарыңда әділ әрі ынтымаққа жетелейтін үкім шығарыңдар! 17 Біреуге қарсы зұлымдық ойластырмаңдар, жалған ант беруге салынбаңдар! Мен осылардың бәрін жек көремін!» — деп ескертеді Жаратқан Ие. 18 Кейін Әлемнің Иесі маған тағы да сөзін арнап былай деді: 19 «Әлемнің Иесі мынаны айтады: Әр жылдың төртінші, бесінші, жетінші және оныншы айларында ұстап келген ораза мезгілдеріңнің орнына бұдан былай Яһуда елінде шат-шадыман болып, жайдары мерекелер өткізесіңдер! Сондықтан шындық пен татулықты сүйіп қолдап-қорғаңдар!» 20 Әлемнің Иесі мынаны да айтады: «Болашақта басқа халықтар мен көптеген қалалардан адамдар Иерусалимге келетін болады. 21 Сол кезде бір қаланың тұрғындары басқа бір қаланың халқына барып: Жүріңдер, тезірек барып, Жаратқан Иенің мейірімін сұрайық! Әлемнің Иесіне бет бұрып сиынайық! Біз өзіміз сонда бара жатырмыз, — дейді. 22 Көптеген халықтар мен күшті ұлттар Әлемнің Әміршісі Жаратқан Иеге сиынып рақым етуін өтіну үшін Иерусалимге келетін болады». 23 Әлемнің Иесі тағы мынаны айтады: «Сол күндері әрбір яһудалық адамның киімінен әр түрлі тілдер мен ұлттардың он адамы ұстап алып: Құдайдың сендерге жар болып, сендермен бірге екенін естігенбіз. Өзіңмен бірге баруға рұқсат ете көрші, — деп жалынатын болады».
1 Жаратқан Иенің мына ауыр хабары Арама еліндегі Хадрах аймағына, әсіресе Дамаск қаласына, қарсы айтылды. Себебі бүкіл адамзаттың және Исраилдің барлық руларының көздері Жаратқан Иеге қарайды. 2 Дамаскімен шекаралас Хамат та, Тир мен Сидон да қанша дана болғандарымен Жаратқан Иенің ауыр айыптау сөзі соларға да қарсы айтылды. 3 Тир өзіне қорған салып, күмісті шаң-тозаңдай, алтынды даладағы саз балшықтай үйіп жинап алды. 4 Бірақ енді Тәңір Ие оның дәулетін тартып алып, байлығын теңізге лақтырады, қалғанының бәрін от жалмайды. 5 Ашқалон қаласы Тирдің қирағанын көріп, зәресі ұшады. Газа да қорыққанынан бүрісіп қалады, үміті үзілген Әкрон да осылай қысылып қиналмақ. Газа патшасынан айырылып, Ашқалон қаңырап бос қалады. 6 Азот қаласын жат жұрттық келімсектер мекендейтін болады. Філістір елінің өркөкіректігін Мен осылайша жоямын. 7 Мен оларды ет жегенде қанымен қосып жемейтіндей қыламын, арам деп белгіленген басқа тағамдарды да жегізбеймін. Тірі қалғандары біздің Құдайымызға бағышталып, халқымның бөлігіне айналып, Яһуда руының бір атасы болып саналады. Бұрынырақта ебустіктер сияқты, әкрондықтар да Исраил халқына қосылып сіңіп кетеді. 8 Мен киелі үйімді айналдыра күзетіп, келіп-кетіп жүрген тонаушы топтардан қорғаймын. Өзім оны бақылап тұрғандықтан, енді зорлықшыл жау халқымның елінен өте алмайтын болады. 9 Уа, Сион халқы, қатты қуан! Уа, Иерусалим халқы, шаттана ән шырқа! Қара, сенің Патшаң саған келе жатыр! Ол — әділ Құтқарушы, кішіпейілділікпен есекке мініп алып, тайқардың, бір жас есектің, үстінде отыр. 10 Мен Солтүстік Исраилден соғыс күймелерін, Иерусалимнен де атты әскерді аластатамын. Соғыс садақтары сындырылады. Сол Патша барлық халықтарға тыныштық жариялайды. Ол билігін теңізден теңізге дейін, үлкен Евфрат өзенінен жердің шетіне дейін жүргізеді. 11 Мен сендермен Келісім жасап, ол шалынған құрбандықтың қанымен бекітілген болатын. Сол үшін Мен тұтқындарыңды сусыз құдық іспетті (Бабыл еліндегі) зындандардан құтқарып аламын. 12 Уа, күдері үзілмеген тұтқындар, қауіпсіз қорғандарыңа қайта оралыңдар! Жоғалтқандарыңды сендерге екі есе қылып қайтарамын деп бүгін уәде беріп отырмын. 13 Мен Яһуданы соғыс садағы, Солтүстік Исраилді жебе ретінде қолданамын. Уа, Сион, Мен сенің ұлдарыңды грек елінің ұлдарына қарсы көтеріп, семсер ретінде пайдаланамын! 14 Сонда өз халқының үстінен Жаратқан Ие пайда болып, Оның жебелері найзағайдай атылатын болады. Жаратушы Тәңір Ие кернейдей қатты дауыс шығарып, оңтүстіктегі иен даладан соққан дауылдай жауға бас салады. 15 Әлемнің Иесі өз халқын жан-жақтан қорғайтын болады. Олар дәу сақпан тастарымен жауларын ойрандап талқандайды. Шайқаста олар қызып алғандай айқайлайды. Олар (қан бүркуге арналған) тостағандай, әрі құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді бұрыштарындай, қанға малынатын болады. 16 Сол күні олардың Құдайы Жаратқан Ие Өзінің бағып жүрген отары іспетті меншікті халқын құтқарып алады. Олар Оның жерінде тәждің асыл тастары сияқтанып жалт-жұлт етіп тұрады. 17 Бұл қандай игі де әдемі көрініс болмақ! Дәннен — жас жігіттері, жаңа жүзім шырынынан — қыздары әлденіп, құлпырып жайнап кетпек.
1 Жаратқан Иеден көктемгі жауын мерзімінде жаңбыр жаудыруын өтініңдер! Себебі қалың бұлттарды жаратып, адам баласына мол жаңбырын жаудыратын, далада өсіп тұрған өсімдіктен тіршілік атаулыға азығын ризық ететін — Жаратқан Иенің Өзі. 2 (Ол былай дейді:) «Басқа ұлттар үйлерінде табынатын тәңірсымақтардың айтатыны өтірік, бал ашқан сәуегейлердің болжағандары да жалған, көріпкелдер өтірік түс көріп, босқа жұбаныш береді. Осының бәрінен халқым қой сияқты тентіреп кетті, бағушысы болмағандықтан олар азап шегуде. 3 Сенің бағушыларыңа деген ашуым лаулап қозады. Мен халықты отардағы серкедей бастап жүретін билеушілеріңді жазалаймын!» Себебі Әлемнің Иесі өз отары — Яһуда халқының қамын ойлайды. Оларды шайқас кезіндегі айбат шеккен тұлпардай етеді. 4 Яһудадан үйге бағыт беретін бұрыш тасы да, шатырдың қазығы да, шайқас садағы және әрбір билеуші де шығады. 5 Олар шайқаста мықты жасақшылар болып жауларын балшыққа таптап тастайды. Жаратқан Ие өздерімен бірге жүріп жар болғандықтан олар соғысып, тіпті атты әскерді масқараға ұшыратады. 6 «Мен Яһуда халқын күшейтіп, Жүсіптің үрім-бұтағын да құтқарамын. Мен оларға мейірбандық танытып оларды елге қайтарып алып келемін. Сонда олар Мен өздерінен ешқашан бас тартпағандай болады. Мен олардың Құдайы Жаратқан Иемін ғой, Мен оларға құлақ саламын. 7 Міне, сонда Ефремнің адамдары батырлар іспетті болып, тойдағыдай көңілдері көтеріледі. Мұны көріп, олардың бала-шағалары да қуанып, Жаратқан Иеге шаттанатын болады. 8 Содан соң Мен белгі беріп шақырып, оларды жинаймын, себебі Өзім құнын төлеп құтқарып алдым. Олар енді бұрынғыша өсіп-өніп көбейетін болады. 9 Мен халқымды басқа ұлттардың арасына тарыдай шашыратып жіберген болсам да, олар Мені алыстағы елдерде де естеріне алады. Өздері және балалары тірі қалып, елге қайтып келеді. 10 Мен халқымды Мысырдан қайтарып алып, Ассур елінен де жинап әкелемін. Оларды Ғилақад пен Ливан өлкелеріне де алып барамын. Оларға тіпті сол жерде де орын жетпей қалады. 11 Халқым зор қиындықпен теңіз арқылы өтеді. Сонда буырқанған теңіз толқындары сабасына түсіп тыншиды. Ніл өзенінің бар арналары құрғап кеуіп қалады. Ассурдың өркөкіректігі қорланып, Мысыр да өз билігінен айырылады. 12 Мен халқымды өз құдіретіммен күшейтемін! Олар Менің атыммен жүретін болады», — деп нық айтады Жаратқан Ие.
1 Уа, Ливан елі, қақпаларыңды айқара аш, самырсындарыңды от жалмап қойсын! 2 Уа, қарағай ағаштары, зар жылаңдар, себебі самырсындар құлап, айбынды ағаштар қирап қалды. Уа, Башан елінің емендері, зар жылаңдар, себебі Ливанның қалың орманы күйреді. 3 Шопандардың беу-беулеп жоқтаған дауыстарына құлақ түрші: Олардың мақтан тұтқан жайылымдары жойылды. Ақырып жүрген жас арыстандарға құлақ тікші! Себебі олардың Иордан өзенінің жағасындағы мекені — ну қамыс құртылды. 4 Құдайым Жаратқан Ие мынаны айтады: «Сойылуға белгіленген отарымды бақ! 5 Оларды сатып алып кеткендер қырып салып, жазасыз қала береді. Ал оларды сатып жібергендер: Жаратқан Иеге шүкірлік, байып алдық! — дейді. Тіпті бақташылардың өздері баққан малын аямайды. 6 Мен енді елдің тұрғындарына аяушылық көрсетпеймін! — деп жариялайды Жаратқан Ие. — Оларды бір-бірінің әрі патшаларының қолдарына түсіремін. Солар елді ойрандаса да, Мен ешкімді олардың шеңгелінен құтқарып алмаймын!» 7 Осылай мен сойылуға белгіленген бір отар қойды бақтым. Олар езіліп, тапталғандар еді. Екі таяқ алып, бірін «Рақым», екіншісін «Бірлік» деп атап, отарды жайдым. 8 Бір айдың ішінде-ақ үш зұлым бақташыны жоқ қылдым. Ал отар мені жек көріп, мен де олардан әбден мезі болдым. 9 Сонда: «Бұдан былай мен сендердің бақташыларың болмаймын. Өлетіндерің өліп, құритындарың құрыңдар! Ал қалғандарың бір-біріңді жалмай беріңдер», — дедім. 10 Өзімнің «Рақым» атты таяғымды алып, оны сындырдым. Осылай мен барлық басқа халықтармен жасаған келісімімді жойғанымды көрсеттім. 11 Сөйтіп келісім сол күні жойылды. Ал отардың езіліп, тапталған қойлары мені бақылап тұрып, бұл сөздің Жаратқан Иеден келгенін ұқты. 12 Содан соң мен: «Егер құп көрсеңдер, менің ақымды беріңдер, құп көрмесеңдер, мейлі, төлемей-ақ қойыңдар!» — дедім. Олар маған отыз мысқал күмісті таразыға тартып өлшеп берді. 13 Жаратқан Ие маған мынаны айтты: «Мен үшін белгіленген «керемет жоғары» бағаны алып, құмырашыға қарай лақтырып таста!» — Сонда мен отыз мысқал күмісті Жаратқан Иенің киелі үйінде құмырашыға қарай лақтырып тастадым. 14 Осыдан кейін «Бірлік» дейтін екінші таяғымды сындырып, Яһуда мен Солтүстік Исраил елдерінің арасындағы ағайындық байланысты жойдым. 15 Жаратқан Ие маған тағы да тіл қатып былай деді: «Бақташының құрал-саймандарын өзіңе ал да, жаман бақташыдай әрекет жаса. 16 Себебі Мен елде сондай бақташыны шығарамын. Ол отардың ішіндегі құрып бара жатқандарының қамын да ойламайды, адасып кеткен төлдерін де іздемейді, ауырған қойларын да емдемейді, сауларын да күтпейді. Керісінше, ол семіздерінің етін жалмап, тіпті тұяқтарына дейін шағып жеп тауысады. 17 Отарын тастап кеткен жаман бақташы қасіретке қалады-ау! Семсер оның қолы мен оң көзіне қадалсын! Сонда оның қолы әбден солып, оң көзі мүлдем көрмей қалады!»
1 Мынау Жаратқан Иенің Исраил елі жайлы айтқан ауыр хабары: Аспанды жайып жіберіп, жердің негізін қалаған, адамның денесінде рухын қалыптастырған Жаратқан Ие мынаны айтады: 2 «Біліп қойыңдар, Мен Иерусалимді айналасындағы елдерді теңселдіретін ішімдікке толы тостаған іспетті қыламын. Жаулар Иерусалиммен бірге Яһуда елін де қоршауға алмақ. 3 Сол күні Мен Иерусалимді барлық халықтар үшін зіл қара тас іспетті қыламын: оны көтеремін дегендердің бәрі де өздерін зорықтырып алатын болады. Сол кезде жер бетінің күллі халықтары оған қарсы жиналып келетін болады. 4 Сол күні Мен әрбір атты қатты үрейлендіріп, оған мінгенді есінен адастырамын, — деп нық айтады Жаратқан Ие. — Мен Яһуда елін қырағы күзетіп, оған қарсы келген халықтардың соғыс аттарын соқыр қылып тастаймын. 5 Сонда Яһуданың рубасылары іштей былай дейтін болады: «Иерусалимнің тұрғындары — біздің қуатымыз, өйткені Әлемнің Иесі — олардың Құдайы!» 6 Сол күні Мен Яһуданың рубасыларын отынның арасындағы шоқ салғыштай, яки астық бауларының арасында жанып жатқан алаудай етемін. Олар айналадағы барлық халықтарды өртейтіндей жалмайды. Бірақ Иерусалимнің халқы қайтадан аман-есен өз мекенінде тұратын болады. 7 Сонда Дәуіттің әулеті мен Иерусалимнің тұрғындарының атақ-даңқы Яһуда елінің атақ-даңқынан асып кетпесін деп Жаратқан Ие алдымен Яһуданың елді мекендерін құтқарады. 8 Сол күні Жаратқан Иенің Өзі Иерусалимде тұратындарды қорғайды. Сол себепті олардың арасындағы ең әлсіз дегені Дәуіттей мықты болады. Ал Дәуіттің әулеті оларды Құдайдың Өзіндей, Жаратқан Иенің періштесіндей бастап алып жүреді. 9 Сол күні Мен Иерусалимге тап беретін барлық халықтарды құртуға кірісемін». 10 «Мен Дәуіттің әулеті мен Иерусалимнің халқына мейірім мен мінажат ету рухын дарытамын. Сонда олар өздері түйреген Кісіге қарайтын, әрі жалғыз ұлын жоқтағандай, жоқтау айтатын болады. Олар тұңғышы қайтыс болғандай, Ол туралы қатты күйініп, қайғыратын болады. 11 Сол күні Иерусалимдегі жоқтау Мегидо жазығындағы Хадад-Римонда болған жоқтау сияқты өте қатты болмақ. 12 Сонда бүкіл ел, әрбір әулет өз алдына, ер адамдар мен әйелдер бөлек-бөлек қайғырады: Дәуіттің әулеті өз алдына, (оның ұлы) Натанның әулеті өз алдына, 13 Леуінің әулеті өз алдына, (Леуіден тараған) Шимейдің әулеті өз алдына. 14 Аман қалған әулеттердің барлығы да, ер адамдары мен әйелдері бөлек-бөлек, қайғыратын болады».
1 «Сол күні Дәуіттің әулеті мен Иерусалимнің тұрғындарына оларды күнә мен арамдықтан тазартатын қайнар көз ашылады». 2 Әлемнің Иесі тағы мынаны жариялайды: «Сол күні Мен елдегі жалған тәңір аттарын өшіремін. Оларды енді қайтып ешкім есіне алмайтын болады. Мен, сондай-ақ, елден жалған пайғамбарларды да, арамдықтың рухын да аластатамын. 3 Егер қайтадан бір пайғамбар пайда болса, туған әке-шешесі оған: «Жаратқан Иеден келген хабар деп өтірік айтып жүргендіктен сен өлуге тиіссің!» деп сақтандырады. Ал егер жалған пайғамбарлық сөз айтып тұрса, әке-шешесі оны түйреп өлтіреді. 4 Сол күні адамдар аян көріп, жалған пайғамбарлық сөз айтудан ұялатын болады. Ешкім де енді қайтып жұртты алдау үшін пайғамбардың түйе жүн шапанын кимейтін болады. 5 Керісінше, әрқайсысы: «Жоқ, мен пайғамбар емеспін, жер өңдеуші диқанмын. Жастайымнан басқа адам үшін жер өңдеп келемін!» дейтін болады. 6 Егер біреу одан: «Мына көкірегіңдегі не қылған жарақаттар?» деп сұраса, ол: «Бұл жарақаттар маған өз достарымның үйінде салынды», деп жауап береді». 7 — Ей, семсер, Менің бақташыма, өз серігіме, қарсы шық! — дейді Әлемнің Иесі. — Бақташыны ұрып өлтір, сонда отарындағы қойлары бытырап кетеді. Мен төлдеріне де қол жұмсаймын. 8 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Бүкіл елде халықтың үштен екісі соққы жеп қырылады, ал үштен бірі тірі қалады. 9 Мен осы үштен бір бөлікті отқа салып, күмісті балқытып тазалағандай тазартамын, әрі алтынды отта сынағандай сынаймын. Олар Менің атымды атап Маған дұға етеді. Сонда оларға жауап беремін. Мен: «Бұл — Менің халқым», — деп, олар: «Жаратқан Ие — біздің Құдайымыз», — дейтін болады.
1 Біліп алыңдар, Жаратқан Иенің күні келе жатыр! Сол заманда сендерден алынған олжа өз көз алдарыңда бөлінетін болады. 2 Себебі Мен барлық халықтарды Иерусалимге қарсы соғысуға жинаймын. Қала олардың қолына түсіп, жау әскері ондағы үйлерді талан-таражға салып, әйелдерді зорлап масқаралайтын болады. Қала тұрғындарының жартысы жер аударылып әкетіліп, қалғандары қалада қалдырылады. 3 Сонда Жаратқан Ие ежелгі замандарда шайқасқандай, осы халықтарға қарсы шайқасады. 4 Сол күні Оның аяғы Иерусалимнің шығысындағы Зәйтүн тауында тұрады. Зәйтүн тауы шығыстан батысқа қарай қақ айырылып, екі ортада өте кең аңғар пайда болады. Таудың бір жартысы солтүстікке, екінші жартысы оңтүстікке қарай жылжиды. 5 Сендер Менің тауларымның аңғарымен қашып құтыласыңдар, себебі сол аңғар Аселге дейін созылатын болады. Сендер жұрт Яһуда патшасы Ұзияхтың заманында болған жер сілкінісінен қашқандай қашасыңдар. Сонда менің Құдайым — Жаратқан Ие Өзіне бағышталған барлық қасиетті нөкерлерін ертіп келеді. 6 Сол күннен бастап суық пен аяз атымен болмайды. 7 Сол күн ешқашан бітпейді, онда күндіз бен түннің айырмашылығы болмайды. Ол туралы тек Жаратқан Ие ғана біледі. Кешке әлі де жарық бола береді. 8 Сол күннен бастап Иерусалимнен тірі су ағып шығып, бір жартысы шығыстағы Өлі теңізге, екінші жартысы батыстағы Жерорта теңізіне ағып кететін болады. Ағысы қысы-жазы толастамайды. 9 Жаратқан Ие бүкіл жер бетінің Патшасы болады. Сол күні Жаратқан Ие бірден-бір Құдай болып, жалғыз Оның есімі ғана мадақталатын болады. 10 Яһуданың солтүстігіндегі Геба мен Иерусалимнің оңтүстігіндегі Риммонның арасындағы бүкіл жер тегіс жазыққа айналады. Ал Иерусалим көтеріліп, өз орнында қала береді: ол Бунямин қақпасынан Бірінші қақпаның жеріне және Бұрыш қақпасына дейін, әрі Хананел мұнарасынан патшаның жүзім сыққыштарына дейін созылады. 11 Халық Иерусалимге қоныстанып, қала енді қайтып қарғысқа ұшырап қиратылмайды. Осылай Иерусалимнің халқы аман-есен тұратын болады. 12 Ал Иерусалимге қарсы соғысуға аттанған халықтардың бәріне Жаратқан Ие індет жібереді: олар аяқтарымен жер басып жүрген кездерінде-ақ тәндері іріп-шіріп, көздері ұяларында, тілдері ауыздың ішінде шіріп кетеді. 13 Сол күні Жаратқан Ие оларды қатты абыржытып, араларында үрей туғызады. Олар қасында тұрғанды қолынан шап беріп ұстап алып, бір-біріне бас салатын болады. 14 Сонда Яһуда елінің барлық адамдары да Иерусалимде соғысады. Содан айналадағы күллі халықтардың байлықтары: алтын-күміс пен киім-кешектері молынан жиналып, оларға олжа болады. 15 Оның үстіне жаңағы індет сияқты пәле жаулардың жылқылары мен қашырларын, түйелері мен есектерін, әрі әскер қостарындағы барлық басқа малдарын да қырып тастайды. 16 Сонда Иерусалимге қарсы келген халықтардан тірі қалғандары енді жыл сайын Патшаға, Әлемнің Иесіне, ғибадат етіп, Күркелер мейрамын тойлауға келетін болады. 17 Ал алда-жалда жер бетіндегі әулеттердің біреуі Патшаға, Әлемнің Иесіне, ғибадат етуге Иерусалимге өрлеп бармай қалатын болса, онда сондайлардың жеріне жаңбыр да жаумайтын болады. 18 Егер Мысыр халқы жолға шығып Иерусалимге келмейтін болса, онда Жаратқан Ие Күркелер мейрамын тойлауға келмейтін халықтарға арнаған апаттарын соларға жібереді. 19 Егер Мысыр мен басқа да елдердің халықтары Күркелер мейрамын тойлауға Иерусалимге өрлеп барудан бас тартса, олар осылай жазаланбақ. 20 Сол күні жылқылардың қоңырауларында «Жаратқан Иеге бағышталған» деген жазу болады. Жаратқан Иенің киелі үйіндегі құрбандық етін пісіруге арналған қазандар құрбандық үстелінің алдындағы тостағандар сияқты Оған бағышталған киелі болады. 21 Құрбандық ұсынушы әркім келіп, шалған құрбандығының етін пісіре алуы үшін Иерусалим мен Яһудадағы кез келген тамақ пісіретін қазан Әлемнің Иесіне бағышталған киелі болады. Сол күннен бастап Әлемнің Иесінің киелі үйінде (Оған мойынсұнбайтын) бірде-бір қанахандық қалмайды.
1 Жаратқан Ие Малахи арқылы Исраилге сөзін арнап мына хабарды жеткізді: 2 — Мен сендерді сүйіп келемін, — деп нық айтады Жаратқан Ие. — Бірақ сендер: «Сен бізді қалайша сүйіп келесің?!» деп сұрайсыңдар. — Жаратқан Ие: — Есау Жақыптың туған ағасы емес пе еді? Бірақ Мен Жақыпты сүйіп таңдап алдым, 3 ал Есауды таңдамадым. Оның қыратты аймағын қаңыраған бос далаға айналдырып, меншікті жерін құла түздің шибөрілеріне қалдырдым, — деп жауап береді. 4 Едом: — Біз қирасақ та, үйінділерімізді қайта тұрғызып ала аламыз! — десе де, Әлемнің Иесі мынаны айтады: — Олар тұрғызса да, Мен қайтадан қиратып тастаймын. Олардың жері — «Зұлымдық елі», халқы — «Жаратқан Иенің наразылығына ұдайы іліккен халық» деп аталып кетеді. 5 Сендер бұны өз көздеріңмен көріп, «Жаратқан Ие Исраилдің шекараларынан тыс жерлерде де даңқтаулы!» дейтін боласыңдар. 6 — Ұл әкесін сыйлайды, қызметші қожайынын құрметтейді. Егер Мен көктегі Әкелерің болсам, Мені сыйлайтындарың қайда? Егер Қожайындарың болсам, Маған көрсеткен құрметтерің қайда? — деп сұрайды Әлемнің Иесі. — Алайда сендер, уа, діни қызметкерлер, Менің есімімді менсінбей жүресіңдер! Бірақ та сендер: «Біз қалайша Сенің есіміңді менсінбей жүр екенбіз?» деп сұрайсыңдар. 7 Сендер Маған бағышталған құрбандық үстелінде арам құрбандықтар ұсындыңдар! Сөйте тұра: «Біз Сені қалайша қорлаппыз?» деп сұрайсыңдар. Сендер «Жаратқан Иенің құрбандық үстеліне ерекше мән бермесек те болады» деп есептейсіңдер. 8 Құрбандыққа шалуға соқыр малды әкелесіңдер, бұл сұмдық емес пе?! Ақсақ не ауру мал әкелсеңдер, бұл да сұмдық емес пе?! Сондайды әкіміңе (салық ретінде) ұсынып көр! Ол соған риза болып саған оң көзімен қарар ма екен? — деп ескертеді Әлемнің Иесі. 9 Енді Құдайға: «Бізге рақымды бола гөр!» деп жалбарынып көріңдер! Бірақ сендердің алып келген осындай құрбандықтарың үшін Ол сендерге оң көзімен қарар ма екен?! — деп сұрайды Әлемнің Иесі. 10 — Одан да сендердің біреуің ғибадатхананың қақпаларын бекітіп қойсаңдар игі болар еді! Сонда сендер құрбандық үстелінде бекерге от жақпас едіңдер! Мен сендерге риза емеспін, — деп ескертеді Әлемнің Иесі. — Мен сендердің қолдарыңнан ешқандай сый-тартуды қабылдамаймын. 11 Күннің шығысынан батысына дейін халықтар арасында Менің есімім зор даңққа бөленеді. Барлық жерлерде де Маған арналып хош иісті заттар түтетіліп, адал сый-тартулар ұсынылады. Себебі халықтар арасында Менің есімім даңқталады, — деп нық айтады Әлемнің Иесі. 12 Алайда сендер Менің есімімді қорлайсыңдар! Өйткені Жаратқан Иенің құрбандық үстеліне лайықсыз сый-тартулар әкелулерің арқылы сендер: «Оның үстелін арамдауға болады» дейсіңдер. 13 Сондай-ақ: «Қандай ауыр жүк!» деп, оны менсінбей мұрындарыңды шүйіре иіскейсіңдер, — дейді Әлемнің Иесі. — Сендер ұрлап алынған, жараланған, ақсақ не ауру малды әкеліп, оны Маған арнап құрбандыққа шалғандарыңда, неліктен Менің сондай сый-тартуды қолдарыңнан қабылдауым қажет? — деп сұрайды Жаратқан Ие. 14 Өзінің отарында құрбандыққа ұсынуға лайықты мінсіз еркек тоқтысы болып, соны Тәңір Иеге бағыштап шалуға уәде бере тұра, кейін Оған кемістігі бар басқа малды ұсынған өтірікшіні қарғыс атады! Өйткені Мен ұлы Патшамын! — деп ескертеді Әлемнің Иесі. — Менің есімім өзге халықтардың арасында айбатты болып, терең қастерленеді.
1 — Ал мынау Менің сендерге арнаған ескертуім, уа, діни қызметкерлер! 2 Мені тыңдап, есімімді шын жүректен құрметтеуге берік шешім қабылдаңдар! — деп нық айтады Әлемнің Иесі. — Әйтпесе Мен сендердің өздеріңе қарғыс жіберемін, әрі сендердің халыққа берген баталарыңды қарғысқа айналдырамын. Иә, тіпті қазірдің өзінде Мен оларды қарғысқа айналдырдым! Себебі сендер Менің есімімді шын жүректен құрметтемейсіңдер. 3 Сендердің кесірлеріңнен Мен ұрпақтарыңды жазалаймын. Өз мейрамдарыңда ұсынылған құрбандықтарыңның жынын беттеріңе жағамын. Сонда сендер соларыңмен бірге қоқыс төгілетін жерге әкетілесіңдер. 4 Осылай сендер Леуі руымен жасаған Келісімімнің өз күшінде қалуын көздеп өздеріңе осы ескертуді жібергеннің Мен екенімді білетін боласыңдар, — дейді Әлемнің Иесі. — 5 Менің Леуі руымен жасаған Келісімім өмір мен амандықты мақсат еткен. Мен осы екеуін де оларға сыйлап келдім. Леуіліктер Менің есімімді қастерлеуге тиіс еді. Бастапқы кезде олар Менің есімімнің алдында дірілдеп қорқып, оны терең қастерледі де. 6 Ауыздарынан тек шынайы тәлім ғана шығып, олар еш өтірік айтпайтын. Леуіліктер Менімен байланысып тыныш та әділ жүрді, әрі көптеген адамды теріс жолдарынан қайтарды. 7 Себебі діни қызметкердің аузынан шыққан сөздері білімді сақтайды. Адамдар оның айтқандарынан тәлім алуға ізденулері керек. Себебі ол — Әлемнің Иесінің хабаршысы. 8 Бірақ сендер осы жолдан тайып кеттіңдер. Берген тәлімдеріңмен көптеген адамды адастырдыңдар. Сендер Леуімен жасасқан Келісімімді бұздыңдар! — Әлемнің Иесі осыны әшкерелейді. — 9 Сондықтан да Мен сендерді бүкіл халыққа абыройсыз етіп, олардың көз алдында масқаралап, төмендеттім. Себебі сендер Менің тура жолыммен жүрмедіңдер. Таурат заңымды жүзеге асырғанда адамның бет-жүзіне қарадыңдар. 10 Біздің бәріміздің көктегі Әкеміз бірдей ғой! Бәрімізді де бір Құдай жаратқан жоқ па?! Ендеше неліктен біз бір-бірімізге опасыздық жасап, Жаратқан Иенің ата-бабаларымызбен жасаған Келісімін бұзамыз? 11 Яһуда халқы опасыздық жасады. Исраил мен Иерусалимнің ер адамдары жексұрын іс істеді! Олар бөгде тәңірге табынатын әйелдерге үйленіп, Жаратқан Ие сүйген киелі орынды арамдады. 12 Мұны істеген не соны жақтаған әрбір адам тіпті Әлемнің Иесіне арнап сый-тарту әкелетін болса да, Жаратқан Ие оны Исраилдің елді мекендерінен аластатсын! 13 Сендер тағы мынаны да істейсіңдер: Жаратқан Иенің құрбандық үстеліне көз жастарыңды төгіп, қынжылып жылайсыңдар. Себебі Ол сендердің құрбандықтарыңа көңіл бөліп, оларды сендерден ризалықпен қабылдаудан бас тартады. 14 Ал сендер: «Неге?» деп сұрайсыңдар. Өйткені сендер жастай үйленген әйелдеріңе адал болмай, өмірлік жар боламын деп берген серттеріңнен тайдыңдар. Бірақ сендердің әйелдеріңмен жасаған келісімдеріңе Жаратқан Иенің Өзі куә болған еді. 15 Құдай ерлі-зайыптыны біртұтас болуға жаратпады ма? Олар жан-тәндерімен Оның меншігі. Құдай сендерден нені қалайды? Ол құдайшыл ұрпақтардың өсіп-өрбуін қалайды. Сонымен әрқайсың жан дүниелеріңді таза сақтап жүріңдер! Ешқайсың жастай некелескен әйелдеріңе опасыздық жасамаңдар! 16 «Себебі Мен ерлі-зайыптының ажырасқанын жек көремін! — деп жариялайды Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие. — Сол ісі оның әйелін зорлықпен бүркеп тастағанымен бірдей болады. Сондықтан (әйелдеріңе) опасыздық жасамау үшін жан дүниелеріңе қырағы болыңдар!» — деп ескертеді Әлемнің Иесі. 17 Сендер айтқан сөздеріңмен Жаратқан Иеге ауыртпалық түсірдіңдер. Бірақ та «Біз Оған қалайша ауыртпалық түсірдік?» деп сұрайсыңдар. Сендер: «Зұлымдық жасайтындарды Жаратқан Ие жақсы көріп, оларға риза болады екен!» дейсіңдер де, «Әділдікті қорғайтын Құдай қайда?» деп сұрайсыңдар.
1 «Біліп алыңдар, Мен алдымнан хабаршымды жіберемін, ол жүретін жолымды дайындап қояды. Сендер іздеп жүрген Жасаған Ие кенеттен Өзінің ғибадатханасына келеді. Сендер аңсап жүрген Келісімнің Хабаршысы еш шүбәсіз келетін болады», — деп ескертеді Әлемнің Иесі. 2 Бірақ Оның келетін сол күніне кім төзе алады? Ол келіп, ашық көрінген күні кім берік тұра алатын болады? Себебі Ол күмісті балқытып тазалайтын зергердің оты әрі мата ағартушының сілтісі сияқты әрекет етпек. 3 Сонда Ол күмісті балқытып, қоқысынан айырып тазартатын зергер іспетті леуіліктерді алтын-күмістей тазартып, зұлымдық атаулыдан арылтады. Содан кейін олар қайтадан Жаратқан Иеге арнап таза сый-тартулар ұсына алады. 4 Осылайша Яһуда мен Иерусалимнің халқы әкелген сый-тартулар баяғы күндер мен ежелгі жылдардағыдай Жаратқан Иеге ұнамды болады. 5 «Сондықтан Мен сендерді тергеп соттау үшін жақындап келемін. Мен сиқыршыларға, неке адалдығын бұзушы мен ант бұзушыларға, жұмыскерлердің ақысын жеп, жетім-жесірлерге зорлық-зомбылық жасап, жат жұрттықтарды құқықтарынан айырғандарға қарсы куәлік келтіріп, әшкерелеуге ынтызармын», — деп нық айтады Әлемнің Иесі. 6 — Мен, Жаратқан Ие, еш өзгермеймін, (Келісіміме адал болып қаламын). Сондықтан да сендер, уа, Жақыптың ұрпақтары, құрып кеткен жоқсыңдар. 7 Сонау ата-бабаларыңның заманынан-ақ сендер Менің ережелерімнен жалтарып, оларды ұстанбай келесіңдер. Енді кері бұрылып, Маған қайтып келіңдер. Сонда Мен де сендерге қайтып келемін, — деп уәде етеді Әлемнің Иесі. Бірақ сендер: «Біз қалайша қайта аламыз?» деп сұрайсыңдар. 8 Әлде адамның Құдайдан ұрлауына бола ма? Алайда сендер Менен ұрлайсыңдар! «Сенен қалайша ұрлайды екенбіз?» деп сұрасаңдар, жауабым мынау: Өнімнің он бөлігінің бірін және өзге де тиесілі сый-тартуларды бермеулерің арқылы! 9 Сендердің барлығың, бүкіл халқың да қарғысқа ұшырадыңдар! Себебі сендер Менен ұрлап жатырсыңдар! 10 Киелі үйімде әрдайым тамақ болуы үшін қоймама өнімнің он бөлігінің бірін толықтай алып келіңдер! Менің не істейтінімді осы арқылы сынап көріңдер! — деп ұсынады Әлемнің Иесі. — Сонда Менің аспаннан мол жауын-шашын жаудырып, сендерді жарылқауымның ағыл-тегіл болатыны соншама, оның бәрін жайғастыратын орындарыңның да болмай қалғанын көресіңдер! 11 Егістіктеріңдегі егінді ешбір пәлекет құртпайды, жүзімдіктеріңнің жемістері де жерге түсіп қалмайды, — деп уәде етеді Әлемнің Иесі. — 12 Сонда барлық ұлттар сендерді «Жарылқанған халық!» деп атайтын болады, себебі сендер тамаша ел боласыңдар. — Әлемнің Иесі осыны нық айтады. 13 — Сендер Мен туралы ауыр сөз айттыңдар! — дейді Жаратқан Ие. — «Біз Саған қарсы қандай ауыр сөз айттық?» деп сұрасаңдар, міне, жауап: 14 Сендер былай дедіңдер: «Құдайға қызмет ету құр бекершілік! Әлемнің Иесінің талаптарын орындап, Оның алдында қасірет шеккен адамдар сияқты болып жүргенімізден бізге не пайда болды? 15 Қайта, бұдан былай өркөкіректерді жарылқанған деп есептейміз. Расында зұлымдықпен шұғылданушылар табысқа кенеліп, Құдайды еркінсіп сынап келгендер аман-есен жүр ғой!» дейсіңдер. 16 Содан соң Жаратқан Иені терең қастерлеушілер өзара сөйлесіп, Жаратқан Ие оларды ден қойып тыңдады. Сонда бұлар туралы Оның алдындағы естелік кітапқа жазылды. Сол кітапқа Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оның есімін құрметтейтіндер тіркелген. 17 «Мен сот жүргізетін күні олар Менің өз халқым әрі ерекше құнды меншігім болады, — деп уәде етеді Әлемнің Иесі. — Әке өзінің адал қызмет етіп келген ұлына мейірім көрсететініндей, Мен де оларға мейірім көрсетемін! 18 Сол кезде сендер әділдер мен зұлымдардың, Құдайға қызмет ететіндер мен қызмет етпейтіндердің арасындағы айырмашылықты қайтадан көретін боласыңдар».
1 — Сот күні еш шүбәсіз келе жатыр! Ол лаулап жанған пешке ұқсамақ. Сол кезде барлық өркөкіректер мен зұлымдық жасаушылар сабан іспетті болады. Осы келе жатқан күн оларды өртеп жібереді! — деп нық айтады Әлемнің Иесі. — Олардың бірде-бір тамырын да, бұтағын да қалдырмайды! 2 Бірақ Менің есімімді терең қастерлейтін сендерге ақталу сыйлайтын күн шығады, оның сәулесінің аясында жандарың сауығады. Сонда сендер қорадан шығып, секіріп ойнайтын торпақтардай азат жүресіңдер. 3 Сол кезде зұлымдарды таптап тастайсыңдар. Мен осының бәрін іске асырған күні олар табандарыңның астындағы күл сияқты болады, — дейді Әлемнің Иесі. 4 Хориб тауында өз қызметшім Мұса арқылы бүкіл Исраилге тапсырған Таурат заңындағы ережелер мен шешімдерімді естеріңде сақтаңдар! 5 Біліп қойыңдар, «Жаратқан Иенің ұлы да қорқынышты соты күні» келмес бұрын Мен сендерге Ілияс пайғамбарды жіберемін. 6 Ол әкелерді балаларымен, балаларды әкелерімен шын жүректен татуластыратын болады. Ал егер олар мойынсұнбаса, Мен келіп, бүкіл елді қарғап, қиратамын.
The New Testament of our Lord and Saviour Jesus Christ
1 Ыбырайым атаның ұрпағы Дәуіт патшаның әулетінен шыққан Иса Мәсіхтің ата-тегінің шежіресі былай құралған: 2 Ыбырайымнан Ысқақ, Ысқақтан Жақып, Жақыптан Яһуда мен оның аға-інілері, 3 ал Яһудадан Парес пен Зарах туды, олардың анасы Тамар болатын. Парестен Хесрон, Хесроннан Рам, 4 Рамнан Әминадап, Әминадаптан Нағасон, Нағасоннан Салмон, 5 Салмоннан Боғоз тарады, оның анасы Рахаб болатын. Боғоздан Ғабит туды, оның анасы Рут еді. Ғабиттен Есей, 6 Есейден Дәуіт патша туды. Дәуіттен Сүлеймен туды, оның анасы Ұрияның бұрынғы әйелі болатын. 7 Сүлейменнен Рохабоғам, Рохабоғамнан Абиях, Абияхтан Аса, 8 Асадан Жосапат, Жосапаттан Жорам, Жорамнан Ұзиях, 9 Ұзияхтан Жотам, Жотамнан Ахаз, Ахаздан Езекия, 10 Езекиядан Манаса, Манасадан Амон, Амоннан Жосия, 11 Жосиядан Ехониях пен оның аға-інілері тарады. Бұл, яһуди халқының көпшілігі Бабыл еліне жер аударылмас бұрын болған еді. 12 Бабылға жер аударылғаннан кейін Ехонияхтан Салатиел, Салатиелден Зоробабел, 13 Зоробабелден Әбиуд, Әбиудтен Елиәкім, Елиәкімнен Азор, 14 Азордан Садық, Садықтан Әкім, Әкімнен Елиуд, 15 Елиудтен Елазар, Елазардан Маттан, Маттаннан Жақып, 16 Жақыптан Мәриямның күйеуі Жүсіп тарады. Ал Мәриямнан Иса дүниеге келді, Ол Мәсіх («Құдай тағайындаған Құтқарушы Патша») деп те аталады. 17 Осылай Ыбырайымнан Дәуітке дейін он төрт ата, Дәуіттен халықтың Бабыл еліне жер аударылғанына дейін де он төрт ата, жер аударылғаннан Мәсіхке дейін де он төрт ата болды. 18 Иса Мәсіхтің дүниеге келуі былай болды: Оның анасы Мәриям Жүсіпке айттырылған еді. Ал екеуі әлі де қосылмай тұрғанда-ақ, Киелі Рухтың құдіретімен Мәриямның аяғы ауыр екендігі белгілі болды. 19 Болашақ күйеуі Жүсіп әділ кісі болғандықтан, қалыңдығын ел алдында ұятқа қалдырмау үшін ешкімге білдірмей келісімдерінен бас тартпақ болды. 20 Бірақ ол осыны ойлап жүргенде Жаратқан Иенің періштесі түсінде аян беріп: «Дәуіттің ұрпағы Жүсіп, қалыңдығың Мәриямға үйленуден шошынба! Себебі құрсағындағы Баласы Киелі Рухтан. 21 Мәриям Ұл таппақ, Оның атын Иса деп қой! Себебі Ол халқын күнәларынан құтқаратын болады», — деді. 22 Мұның бәрі Жаратқан Иенің (Ишая) пайғамбар арқылы алдын ала айтқанының жүзеге асуы үшін солай болды. 23 Ол былай деген: «Біліп алыңдар, пәк қыз құрсақ көтеріп, Ұл туады. Оған Имануил, яғни «Құдай бізбен бірге», деген ат қояды». 24 Жүсіп оянып, орнынан тұрғаннан кейін Жаратқан Иенің періштесінің бұйрығын орындап Мәриямға үйленді. 25 Ал Мәриям босанып, Ұлын тапқанша, Жүсіп онымен жақындасқан жоқ. Нәресте дүниеге келгеннен кейін Оның атын Иса деп қойды.
1 Иса Иродтың патшалық құрған заманында Яһудея аймағындағы Бетлехем қалашығында дүниеге келді. Біраздан кейін Иерусалимге шығыс өлкесінен жұлдыз санаушы ғұламалар сапарлап келіп: 2 «Яһудилердің жаңа туған Патшасы қайда екен? Біз Оның жұлдызының шығыс жақтан туып, жарқырағанын көрдік. Жаңа туған Патшаға ізет білдіру үшін келіп тұрмыз», — деп сұрастыра бастады. 3 Ирод патша мұны естігенде қатты абыржып, онымен бірге Иерусалимнің бүкіл халқы да мазасызданды. 4 Патша елдің барлық басты діни қызметкерлері мен дін мұғалімдерін жинап алып, оларға: — Мәсіх қай жерде дүниеге келуге тиіс? — деген сұрақ қойды. 5 Олар былай деп жауап берді: — Яһудея аймағындағы Бетлехемде дүниеге келуге тиіс. Себебі (Миха) пайғамбар Құдайдың мына сөздерін жазып қалдырды: 6 «Ал сен, Яһуда жеріндегі Бетлехем, Яһуданың басты қалаларының арасындағы ең маңызсызы емессің: сенен Менің халқым Исраилге басшылық ететін Көсем шығады». 7 Сонда Ирод жат жерлік ғұламаларды астыртын шақыртып алып, жұлдыздың аспанда қашан көрінгені туралы сұрап, біліп алды. 8 «Барып, осы Бала туралы мұқият сұрастырып біліңдер, Оны тапқан соң маған хабарлаңдар! Мен де барып, Оған ізет білдірейін», — деп, оларды Бетлехемге жіберді. 9 Ғұламалар патшаны тыңдап алып, жолға шығып кетті. Міне, қызық! Өздері бұрын шығыс жақтан көрген жұлдыз алдарында жылжып отырып, ең соңында Нәресте жатқан жердің үстінен тоқтады. 10 Жұлдызды байқаған олардың қуаныштары қойындарына сыймады. 11 Үйге кіргенде анасы Мәриямның қасындағы Нәрестені көрген ғұламалар жерге жүгіне кетіп, Оған иіліп ізет білдірді. Содан олар алып келген сандықшаларын ашып, Сәбиге сый-тартуларын: алтын әрі жұпар шайыр мен мүр атты хош иісті заттарды ұсынды. 12 Мұнан кейін ғұламалар көрген түстерінде Құдайдан «Иродқа қайта оралмаңдар!» деген бұйрық алғандықтан, өз елдеріне басқа жолмен қайтып кетті. 13 Ғұламалар кетіп қалғаннан кейін, Жаратқан Иенің періштесі Жүсіпке түсінде аян беріп: «Тұр, Нәресте мен анасын алып, Мысырға қашып құтылыңдар! Өзім айтқанға дейін сол жерде қала беріңдер. Себебі Ирод Нәрестені өлтіру үшін іздемекші», — деді. 14 Сонда Жүсіп орнынан тұрып, түн ішінде Сәбиді анасымен бірге алып, Мысыр еліне жөнелді. 15 Олар Ирод өлгенге дейін Мысырда тұрақтап қалды. Осылайша Жаратқан Иенің (Ошия) пайғамбар арқылы: «Мен рухани Ұлымды Мысырдан шақырып алдым» дегені жүзеге асты. 16 Жатжерлік ғұламалардың өзінен амалын асырып кеткенін түсінгенде Ирод долдана ашуланып, жасақшыларын жіберіп, Бетлехемдегі және соның маңайындағы екі жасқа дейінгі ер балалардың бәрін де өлтіртті. Бұл жасты ол ғұламалардан біліп алған мезгілге сәйкес белгілеген еді. 17 Сонда Құдайдың Еремия пайғамбар арқылы жіберген мына хабары іске асты: 18 «Рамақ жерінде зор қайғы-қасіреттен Дауыс естіледі зар еңіреген. Рахила өлген балаларын жоқтап, Жұбанудан бас тартады зар жылап: Келмеске кетті олар көздері құрып!» 19 Ирод патша өлгеннен кейін, Жаратқан Иенің періштесі Мысырда Жүсіпке түсінде аян беріп: 20 «Тұр, Нәресте мен анасын алып, Исраилге қайтыңдар! Себебі Нәрестенің өмірін құртқысы келгендер өлді», — деді. 21 Жүсіп орнынан тұрып, Нәресте мен анасын алып, Исраил еліне қайта оралды. 22 Алайда ол Яһудеяға әкесі Иродтың орнын басып Архелайдың билік құрғанын естіді. Сондықтан Жүсіп сол аймаққа барудан қорықты. Көрген түсінде Құдайдан алған бұйрыққа сай Жүсіп Ғалилея аймағына жөнелді. 23 Сол жердегі Назарет қаласына барып, сонда орын тепті. Пайғамбарлар жазбаларында (Мәсіх туралы) мынадай сөздер алдын ала айтылған еді: Ол назареттік деп аталатын болады. Бұл осылайша жүзеге асты.
1 Сол заманда шомылдыру рәсімін орындаушы Жақия пайғамбар келіп, Яһудея аймағындағы айдалада былай деп уағыз айта бастады: 2 «Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер! Құдай Патшалығының жер бетіне орнайтын кезі таяп қалды!» 3 Ишая пайғамбардың ежелде былай деп алдын ала айтқаны Жақия туралы болатын: «Жар салған дауыс шығады айдалада: Жаратқан Иеге жолды дайындаңдар, Түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!» 4 Жақия түйе жүнінен шапан киіп, қайыс белбеумен белін буып жүретін. Жейтін азығы шегіртке және жабайы араның балы болды. 5 Сол уақытта Иерусалим қаласынан, бүкіл Яһудея аймағынан және Иордан жағасындағы барлық өңірден халық Жақияның қасына ағылып келіп жатты. 6 Олар күнәларын мойындаған соң, Жақия оларды Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өткізді. 7 Сол рәсімнен өту үшін көптеген парызшылдар мен саддукейлер де келді. Бірақ Жақия оларды көргенде, қатаң ескертіп былай деді: — Ей, улы жыланның тұқымдары! Келешектегі қаһарлы жазадан құтылуды сендерге кім үйретті? 8 Егер шынымен теріс жолдарыңнан қайтып, Құдай жолына түссеңдер, соған лайықты іс істеңдер! 9 «Біздің түп атамыз — Ыбырайым» деп мақтанбаңдар! Сендерге шын айтамын: Құдай Ыбырайымға мына тастардан да ұрпақ жасап бере алады. 10 Қазірдің өзінде-ақ ағаш түбінде балта дайын тұр! Жақсы жеміс бермейтін әрбір ағаш шабылып, отқа тасталады! 11 Мен сендерді теріс жолдан қайтқандарыңның белгісі ретінде суға шомылдыру рәсімінен ғана өткіземін. Ал менен құдіретті Біреу менен кейін келе жатыр. Ол сендерді Киелі Рухына әрі отқа шомылдырады. Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын. 12 Ол бидайды желпушіге ұқсайды: күрегі қолында, қырманын тазартып, «бидайын» жинап, қамбасына құяды, бірақ «қауызын» тозақтың сөнбес отына жағады! 13 Сол шамада Иса Жақияның шомылдыру рәсімінен өту үшін Ғалилеядан Иордан өзеніне келіп жетті. 14 Бірақ Жақия Оны тоқтатып: — Осы рәсімнен Сіздің мені өткізгеніңіз жөн бола тұра, қалайша маған келіп тұрсыз? — деді. 15 Иса оған: — Қазір осылай болсын. Солай Құдайдың әділ еркін толық орындауға тиіспіз, — деп жауап берді. Жақия Оның айтқанына көнді. 16 Иса шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін дереу судан шықты. Сол сәтте көк ашылып, Иса Өзіне көгершін сияқты төмендеп келіп, қонған Құдай Рухын көрді. 17 Сонда көктен: «Бұл — Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!» — деген дауыс естілді.
1 Бұдан кейін Киелі Рух Исаны шайтанның сынағынан өтуі үшін айдалаға бастап алып барды. 2 Иса қырық күн, қырық түн ораза тұтып, соңында әбден ашықты. 3 Сонда азғырушы әзәзіл Оның қасына келіп: — Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, мына тастар нанға айналсын деп бұйыра гөр! — деді. 4 Иса оған былай деп жауап қатты: — «Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді» деп (Тауратта) жазылған ғой! 5 Бұдан кейін әзәзіл шайтан Оны қасиетті қалаға (Иерусалимге) апарып, ғибадатхананың төбесіне шығарып, былай деді: 6 — Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, төмен қарай секіре гөр! Өйткені «Періштелеріне Ол Сен жайлы бұйрық береді: Сен аяғыңды тасқа соғып алмауың үшін қолдарына көтеріп Сені алып жүреді» деп (Забурда) жазылған ғой. 7 Иса оған жауап қайтарып: — Алайда «Құдай Иеңді еркінсіп сынама!» деп те (Тауратта) жазылған ғой! — деді. 8 Содан кейін әзәзіл шайтан Оны тағы да ертіп алып бір биік таудың басына шығарды. Оған әлемнің барлық мемлекеттері мен олардың сән-салтанатын көрсетіп: 9 — Егер аяғыма жығылып маған ғибадат етсең, бұлардың бәрін де Саған беремін, — деді. 10 Сонда Иса оған былай деп жауап қайтарды: — Кет қасымнан, шайтан! «Құдай Иеңді терең қастерлеп, жалғыз Оған ғана қызмет ет!» деп (Тауратта) жазылған ғой! 11 Мұнан соң әзәзіл шайтан Оның қасынан кетіп қалды. Сол сәтте періштелер келіп, Исаға қызмет көрсетті. 12 Жақия пайғамбардың тұтқындалғаны туралы естігенде Иса Ғалилея аймағына жүріп кетті. 13 Ол Назарет қаласын тастап, Забулон мен Нафталим руларының жерінде көл жағасында орналасқан Қапарнаум қаласына көшіп барып, сонда тұрды. 14 Ишая пайғамбардың алдын ала айтып кеткен мынадай сөздері осылай жүзеге асты: 15 Забулон мен Нафталимның отаны, Теңізге баратын жол бойындағы Әрі Иорданның батыс жағындағы Бөтен ұлттар тұрған Ғалилея аймағы: 16 Халық қараңғыда ғұмыр кешіп келеді, Ал енді бір ғаламат Нұрды көреді, Түнек басқан жерде тұратын елге Таңның шапағы сәулесін төгуде! 17 Сол уақыттан бастап Иса: «Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер! Себебі Құдай Патшалығының жер бетіне орнайтын кезі таяп қалды!» деп уағыздап жүрді. 18 Бірде Ғалилея көлінің жағасымен келе жатып, Иса ағайынды екі жігітті: Шимон Петір мен інісі Әндірді көрді. Балық аулап күнелтіп жүрген олар көлге ау салып жатты. 19 Иса оларға тіл қатып: «Соңымнан еріңдер! Мен сендерді балық аулағандарың сияқты бұдан былай адамдарды жинап әкелетін етемін», — деді. 20 Екеуі дереу ауларын тастап, Исаға шәкірт болып ерді. 21 Сол жерден әрі қарай кетіп бара жатып, Иса ағайынды тағы екі жігітті: Зебедейдің ұлдары Жақып пен Жоханды көрді. Олар әкелерімен бірге қайықта ауларын жамап отыр екен. Иса оларды да Өзіне шақырды. 22 Екеуі дереу қайықты да, әкелерін де тастап, Исаға шәкірт болып ерді. 23 Бұдан кейін Иса бүкіл Ғалилея аймағын аралап жүріп, мәжілісханаларында тәлім берді. Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды уағыздап, адамдарды барлық ауру-сырқауларынан сауықтырды. 24 Иса туралы хабар бүкіл Сирия өлкесіне де тарап, жұрт Оған түрлі дерттері бар қиналып науқастанғандардың бәрін де, жын соққандарды, ұстамалы-қояншықтар мен сал болғандарды алып келіп жатты, ал Иса оларды сауықтырды. 25 Ғалилея, Онқала және Яһудея аймақтарынан, Иерусалим қаласынан әрі Иорданның шығыс бетінен көптеген халық келіп, Оның соңынан ілесті.
1 Жиналған халықты көргенде Иса тауға көтеріліп, бір жерге жайғасып отырды. Сол кезде шәкірттері қасына келді. 2 Иса оларға былай деп тәлім берді: 3 — Құдай алдында құр алақан тұрғандар бақытты: Құдайдың Патшалығы сондайларға арналған! 4 Күнәларына өкініп қайғырғандар бақытты: Құдай оларды жұбататын болады! 5 Кішіпейіл жандар бақытты: Олар жерді иемденетін болады! 6 Әділдікті аңсап зарыққандар бақытты: Олар қанағат табатын болады! 7 Мейірімділер бақытты: Құдайдың мейірімі соларға түседі! 8 Жүректері пәк тазалар бақытты: Олар Құдайды көретін болады! 9 Татуластырушылар бақытты: Олар Құдайдың рухани балалары деп аталмақ! 10 Әділдік үшін қудаланғандар бақытты: Құдай Патшалығы сондайларға арналған! 11 Адамдар сендерді Маған бола қорлап, қудалап, Әртүрлі жала жауып жамандаса, бақыттысыңдар! 12 Қуана шаттаныңдар, Себебі көкте сендерді зор сыйларың күтіп тұр! Жұрт сендерден бұрынғы пайғамбарларды да солай қудалаған. 13 Сендер жер бетінде тұз сияқтысыңдар. Ал егер тұз өз күшінен айырылған болса, онысын қалай қалпына келтіруге болады? Еш нәрсеге жарамсыз болып шыққандықтан, оны лақтырып тастап, аяқ асты ету ғана қалады. 14 Сендер дүниеге (Құдай жолын көрсететін) «нұрсыңдар». Төбе басына салынған қала жасырынып қала алмайды. 15 Ешкім шам жағып, оны ыдыспен бүркеп қоймайды. Қайта, оны шам қойғышқа қояды, сонда оның жарығы үйдегілердің бәріне түседі. 16 Сол сияқты, сендердегі «нұр» адамдарға сәулесін төксін. Осылайша олар игі істеріңді көріп, көктегі Әкелеріңді мадақтап дәріптесін. 17 Мені Таурат заңы мен Пайғамбарлар жазбаларының күшін жою үшін келді деп ойламаңдар: Мен оларды жою үшін емес, қайта, толық мағынасында жүзеге асыру үшін келдім. 18 Сендерге шындығын айтайын: аспан мен жер жойылып кетпейінше, Таурат заңының бірде-бір әрпі, тіпті бір кішкентай сызығы да күшінен айырылмайды, әуелі бәрі де жүзеге асады. 19 Сондықтан кімде-кім ондағы өсиеттердің тіпті ең кішкентайын болса да бұзып, басқаларды соған үйретсе, Құдай Патшалығындағы адамдардың арасында оның жолы ең кішкентай болады. Ал өсиеттерді орындап, жұртты соған үйреткендердің Құдай Патшалығындағы жолы үлкен болады. 20 Сендерге айтамын: егер Құдайдың әділ еркін дін мұғалімдері мен парызшылдардан артық орындамасаңдар, Оның Патшалығына еш кіре алмайсыңдар! 21 Ежелгі адамдарға: «Кісі өлтірме! Кісі өлтірген әркім сотталуға тиіс» деп бұйырылғанын естідіңдер. 22 Ал Мен сендерге былай деймін: кімде-кім басқа адамға кәрін төксе, сол сотталмақ. Басқаны «Сенен еш пайда жоқ!» деп балағаттайтын әркім Жоғарғы кеңес алдында жауап бермек, ал «Құдайдан безген ақымақ!» деп жамандайтындар тозақ отына түседі. 23 Сонымен сен Құдайға арнаған сый-тартуыңды ғибадатханадағы құрбандық үстеліне алып барғанда, бауырласыңның өзіңе өкпелеп жүргені сонда есіңе түссе, 24 алып келгеніңді сол жерде қалдыр да, бауырласыңа барып, онымен татулас! Бұдан кейін қайтып келіп, сый-тартуыңды Құдайға бағыштап ұсын. 25 Біреу саған қарсы дау көтерсе, оған еріп сотқа бара жатқанда онымен тезірек татуласуға тырыс! Олай етпесең, қарсыласың сені сот алдына апарады, ал сот сақшыға ұстап беріп, сақшы сені түрмеге қамайды. 26 Саған шындығын айтамын: сен берешегіңді соңғы тиынына дейін төлемейінше, сол жерден шыға алмайсың! 27 «Неке адалдығын бұзба!» деген өсиетті де естідіңдер. 28 Ал Мен сендерге былай деймін: кім бір әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны. 29 (Иса сөзін жалғастырып, астарлап былай деді:) Егер оң көзің (секілді өте құнды нәрсең) сені күнәға азғырса, ол сен үшін «ойып алып, лақтырып тасталған» сияқты жоқ болсын. Бүкіл денеңнің тозаққа лақтырылғанынан гөрі бір мүшесінен айырылғаның артық болар еді. 30 Яки оң қолың (сияқты өте қажетті нәрсең) сені күнәға азғырса, ол сен үшін «шауып алып, лақтырып тасталған» сияқты жоқ болсын! Бүкіл денеңнің тозаққа лақтырылғанынан гөрі бір мүшесінен айырылғаның артық болар еді. 31 «Кім әйелімен ажыраспақ болса, оған арнайы куәлік қағазын беруге тиіс» деген бұйрық та берілген. 32 Ал Мен сендерге былай деймін: жеңіл жүріске түспеген әйелімен ажырасқан әркім соның неке адалдығын бұзуына себепші болады. Кім күйеуімен ажырасқан әйелге үйленсе, сол да неке адалдығын бұзады. 33 Ежелде жұртқа: «Анттарыңды бұзбаңдар, Жаратқан Иеге берген уәделеріңді орындаңдар!» деп бұйырылғанын естідіңдер. 34 Ал Мен сендерге былай деймін: үстірт ант етуші болмаңдар! Не көкті атап ант бермеңдер, ол Құдайдың «тағы», 35 не жермен де ант бермеңдер, ол Оның «табан тіреніші», не Иерусалиммен де ант етпеңдер, ол «Ұлы Патшаның қаласы»! 36 Өз басыңмен де ант берме! Себебі шашыңның бір талын шын мәнінде не ағартып, не қарайту қолыңнан келмейді. 37 Қайта, сендердің «иә» дегендерің шынымен «иә», «жоқ» дегендерің шынымен «жоқ» болсын! Бұған қоса айтқандарыңның бәрі жамандықтарыңнан келеді. 38 Сендер «көзге көз, тіске тіс» дегенді естідіңдер. 39 Ал Мен сендерге айтамын: зұлымдық жасағаннан кек алма! Егер біреу бетіңнің оң жағын ұрса, оған сол жағыңды да тос. 40 Кейбіреу соттасып, көйлегіңді тартып алғысы келсе, оның шапаныңды да алуына қарсы болма! 41 Немесе біреу сені бір шақырым жерге еріп (жүгін көтеріп) жүруге мәжбүр етсе, онымен екі шақырым жүр. 42 Сұрағанға мұқтажын бер, қарыз алғысы келгенге де теріс қарама. 43 Сендер «Маңайыңдағы адамды жақсы көріп, жауыңды жек көр!» дегенді де естідіңдер. 44 Ал Мен сендерге айтамын: жауларыңды жақсы көріңдер! Өздеріңді қудалағандар үшін Жаратқан Иеге мінажат етіңдер! 45 Осылайша көктегі Әкелеріңнің рухани балалары боласыңдар: Ол жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін бірдей түсіріп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбырды бірдей жауғызады. 46 Ал егер өздеріңді жақсы көретіндерді ғана жақсы көрсеңдер, онда сендерге қандай сый берілмек? Тіпті күнәлі салықшылар да солай етпей ме? 47 Сондай-ақ, өз бауырларыңмен ғана жарқын жүзбен амандассаңдар, онда басқаларға қарағанда қандай ерекше іс істейсіңдер? Тіпті Құдайға мойынсұнбайтындар да солай етпей ме? 48 Сонымен көктегі Әкелерің қандай мүлтіксіз болса, сендер де сондай мінсіз болыңдар!
1 Байқаңдар, мейірімді істеріңді жұрт алдында көзге түсу үшін істемеңдер! Әйтпесе сендердің көктегі Әкеден ешқандай сыйларың болмайды. 2 Сондықтан қайыр бергенде оны екі жүзділер секілді жұрт мақтасын деп мәжілісханалар мен көшелерде жариялатпаңдар! Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды. 3 Ал сендер қайыр бергенде, не істегендеріңді сырлас достарың да білмесін! 4 Осылайша жасаған қайырымдылықтарың құпия болмақ. Сонда құпия істердің бәрін көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек. 5 Құдайға сиынғанда да екі жүзділердей болмаңдар: олар жұрт көзіне түсу үшін мәжілісханаларда, көше бұрыштарында тұра қалып мінажат етуді жақсы көреді. Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды. 6 Ал сендер мінажат еткенде өз бөлмелеріңе кіріп, есігін жауып алып, көзге көрінбейтін Әкелеріңе сиыныңдар! Сонда құпия істердің бәрін көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек. 7 Құдайға сиынғанда жалған тәңірлерге құлшылық етушілер іспетті құр сөз сөйлей бермеңдер! Олар көп сөз айтсақ еститін болады деп есептейді. 8 Сендер сондайларға ұқсамаңдар! Себебі көктегі Әкелерің өздерің сұрамай тұрып-ақ, сендерге не керек екенін біледі. 9 Сонымен Құдайға мына іспетті мінажат етіп сиыныңдар: Көктегі Әкеміз! Сенің киелі есімің қастерлене берсін, 10 Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін! 11 Күнделікті нанымызды бүгін де бере гөр. 12 Бізге күнә жасағандарды кешіргеніміздей, Сен де күнәларымызды кешіре гөр. 13 Азғырылуымызға жол бермей, Бізді жамандықтан сақтай гөр. (Патшалық, құдірет және ұлылық Мәңгі бақи Сенікі! Аумин.) 14 Егер өздеріңе күнә жасағандарды кешірсеңдер, онда көктегі Әкелерің сендерді де кешіреді. 15 Ал егер басқалардың күнәларын кешірмесеңдер, онда көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешірмейді. 16 Ораза ұстағанда екі жүзділердей беттеріңді тұнжыратып жүрмеңдер! Олар ораза тұтқандарын мұңайған түрлерімен жұртқа әдейі білдіреді. Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды. 17 Ал сендер ораза ұстағанда да бастарыңды жуып, шаштарыңды ретке келтіріңдер. 18 Осылайша ораза ұстағандарыңды жұрт емес, көзге көрінбейтін Әкелерің ғана білетін болсын. Сонда құпия істердің бәрін де көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек. 19 Жер бетінде өздеріңе дүние-байлық жинамаңдар! Оларды күйе жеп, тот басады немесе ұры бұзып кіріп, ұрлап кетеді. 20 Қайта, өздеріңе байлықты көкте жинаңдар! Сол жерде оны не күйе жемейді, не тот та баспайды, ұры да бұзып кіріп, ұрлап кетпейді. 21 Байлықтарың қайда болса, жүректерің де сонда. 22 Дененің «шамы» — көз. Көзің кіршіксіз таза болғанда өмірің түгелдей нұрға кенеледі. 23 Ал егер ашкөз болсаң, бүкіл өміріңді қараңғылық басады. Сонымен, егер өміріңде нұр орнына қараңғылық болса, ол қандай қара түнек болмақ! 24 Ешкім екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Өйткені ол біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайтын болады. Сол сияқты, сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар! 25 Сондықтан сендерге мынаны айтамын: не ішіп-жейміз деп өмірлеріңді, не киеміз деп тәндеріңді уайымдамаңдар! Өмір тамақтан, тән киімнен артық қой! 26 Әуеде ұшқан құстарға назар салыңдаршы: олар егін екпейді де, ормайды да, өнімін қамбаға жинамайды да, бірақ көктегі Әкелерің оларды асырайды. Ал сендер құстардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?! 27 Сондай-ақ осындай мәселелерді уайымдап, араларыңдағы қайсың өз бойын тіпті бір қарыс ұзарта алады? 28 Неге киімдеріңді ойлап уайымдап жүрсіңдер? Даладағы қызғалдақтардың қалай өсіп тұрғанына көңіл бөліңдерші: олар еңбек те етпейді, жіп те иірмейді. 29 Сендерге былай деймін: тіпті Сүлеймен патша өзінің бар сән-салтанатында сол гүлдердің біріндей әдемі киінбеген. 30 Ал енді, бүгін далада өсіп тұрған, ертең отқа тасталатын шөпті Құдай солай киіндірсе, сендерді, әлбетте, одан бетер киіндірмей ме, сенімі аздарым-ай! 31 Сондықтан не ішіп-жейміз, не киеміз деп уайымдамаңдар! 32 Тәңірге мойынсұнбайтындар барлық сондай нәрселерге ие болуға тынымсыз ұмтылуда. Ал бұлардың бәрінің сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой. 33 Ең бастысы, Құдайдың Патшалығының қамын ойлап, Құдайдың әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді. 34 Сонымен, ертеңгі күн туралы уайымға салынбаңдар! Ертеңгі күннің өз уайымдары болады. Әр күннің қиыншылығы өзіне жетерлік.
1 Құдай өздеріңе үкім шығармас үшін сендер басқаларға үкім айтпаңдар! 2 Себебі басқаларға қандай үкім айтсаңдар, өздеріңе де сондай үкім шығарылады. Сендер өзгелерге қолданған өлшем өздерің үшін де қолданылмақ. 3 Неге бауырыңның көзіндегі жаңқаны көре тұра, өз көзіңдегі бөренені байқамайсың? 4 Өз көзіңде бөрене тұрғанда бауырыңа: «Кәне, сенің көзіңнен жаңқаны алып тастайын» деп қалайша айта аласың? 5 Әй, екі жүзді! Әуелі өз көзіңнен бөренені алып таста! Бауырыңның көзіндегі жаңқаны содан кейін анық көріп, алып тастарсың. 6 Қасиеттілерді иттерге тастамаңдар, інжу-маржандарыңды шошқалар алдына лақтырмаңдар! Әйтпесе олар соларды аяқтарымен таптап, бұрылып келіп, өздеріңді жарып тастамақ. 7 Құдайдан сұраңдар, сонда ол сендерге (мұқтаждарыңды) береді; іздеңдер, сонда табасыңдар; есікті қағыңдар, сонда ол сендерге ашылады. 8 Себебі сұрай берген әркім алады, іздей берген табады, қағып тұрғанға есік ашылады. 9 Араларыңдағы қандай кісі нан сұраған баласына тас берер еді? 10 Не балық сұраса, жылан берер еді? 11 Сонымен, өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білсеңдер, көктегі Әкелеріңнің Өзінен сұрағандарға жақсылық жасайтыны ешбір шүбәсіз! 12 Барлық істе де басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер! Бұл Таурат пен Пайғамбарлар жазбаларының тәліміне сай. 13 Тар қақпадан кіріңдер! Тозаққа апаратын қақпа кең, жол да даңғыл. Онымен көп адамдар жүреді. 14 Ал шынайы өмірге апаратын қақпа да, жол да тар. Соны біразы ғана табады. 15 Жалған пайғамбарлардан сақтанып жүріңдер! Олар сендерге қой терісін жамылып келеді, бірақ шынында олар — жыртқыш қасқырлар. 16 Оларды «жемістерінен» (яғни іс-әрекеттерінен) танисыңдар. «Шомырттан жүзім, ошағаннан өрік жинамас». 17 Сол секілді, әрбір жақсы ағаш жақсы жеміс, ал жаман ағаш жаман жеміс береді. 18 Жақсы ағаш нашар жеміс, нашар ағаш жақсы жеміс бере алмайды ғой. 19 Ал жақсы жеміс бермейтін әр ағашты кесіп тастап, отқа жағады. 20 Сол сияқты, адамдарды да «жемістерінен» танып білесіңдер. 21 Маған: «Мырза, Ие!» дейтін әркім емес, көктегі Әкемнің еркін орындайтындар ғана Оның Патшалығына кіре алады. 22 Көптеген адамдар қиямет соты күні Маған: «Уа, Тақсыр Ие, Сенің атыңмен біз жұртқа Құдайдың хабарын жеткізбедік пе? Сенің атыңмен жындарды қуып шығарып, көптеген кереметтер жасамап па едік?» — деп жалынатын болады. 23 Сонда Мен оларға: «Сендерді ешқашан (өз адамдарым ретінде) таныған емеспін. Әділетсіздік істегендер, Менен аулақ кетіңдер!» — деп ашық айтамын. 24 Осы айтқандарымды тыңдап, оларды орындаған әркім үйін берік тастың үстіне қалап салған көреген адамға ұқсас болады. 25 Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда, ол құламайды. Себебі оның іргетасы берік тасқа қаланған. 26 Алайда осы айтқандарымды естісе де, орындамаған әркім үйін құм үстіне салған ақымаққа ұқсайды. 27 Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда, ол опырылып құлап қалады. 28 Иса сөзін аяқтағанда, халық Оның тәліміне қатты қайран қалды. 29 Себебі Иса оларға өздерінің дін мұғалімдері сияқты емес, Құдайдан ерекше билігі бар Біреу ретінде тағылым берді.
1 Иса таудан түскеннен кейін Оның соңынан көптеген халық ерді. 2 Сонда алапеспен ауырған біреу Исаның алдына келді де, тізе бүгіп тағзым етіп: — Мырза, егер қаласаңыз, мені құлантаза сауықтыра аласыз, — деп өтінді. 3 Иса қолын созып, денесіне тигізді де: — Қалаймын, құлантаза сауығып кет! — деді. Сол сәтте-ақ ауру адам алапесінен арылып, тазарды. 4 Иса оған: — Байқа, бұл туралы ешкімге тіс жарушы болма! Бірақ діни қызметкерге барып, қарал. Содан кейін Мұса Тауратта бұйырған құрбандықты ұсын. Бұл жұртқа сенің сауыққаныңның дәлелі болады, — деді. 5 Иса Қапарнаум қаласына кіргенде, бір римдік жүзбасы алдына келіп: 6 — Мырза, қызметшім үйде сал болып қатты қиналып жатыр, — деген өтініш жасады. 7 — Жарайды, барып сауықтырайын, — деп жауап берді Иса. 8 Ал римдік жүзбасы: — Мырза, мен Сіздің шаңырағымның астына келуіңізге лайық емеспін. Тек бір сөз айтсаңыз болды, қызметшім сауығып кетеді. 9 Мұны білемін, себебі мен де біреудің қол астындамын, өзіме бағынышты жасақшыларым да бар. Біреуіне: «Бар!» десем, барады, басқасына: «Кел!» десем, келеді, қызметшіме: «Мынаны істе!» дегенімде, ол соны орындайды, — деді. 10 Мұны естіген Иса қайран қалып, соңынан еріп келе жатқан халыққа қарап: — Шын айтамын, Маған осындай сенім артқан кісі Исраил халқынан ешқашан кездескен емес! 11 Сендерге шындығын айтайын: шығыс пен батыстан келген көптеген жат жұрттық адамдар Ыбырайым, Ысқақ және Жақыппен бірге Құдай Патшалығында дастарқан басына жайғасатын болады. 12 Ал Патшалыққа алдымен тағайындалғандар сыртқа, қара түнекке қуылмақ! Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады, — деді. 13 Содан кейін Иса жүзбасына: — Үйіңе қайт, сеніміңе сай тілегің болсын! — деді. Сол мезгілде-ақ оның қызметшісі ауруынан сауығып кетті. 14 Иса Петірдің үйіне келгенде, оның қайын енесінің безгекпен ауырып, төсек тартып жатқанын көрді. 15 Иса оның қолына алақанын тигізгенде, қызуы басылып сауығып кетті. Әйел орнынан тұрып, оларды күтіп қызмет ете бастады. 16 Күн батқанда жұрт жын соққан талайларды Исаға алып келді. Ол айтқан бұйрығымен жындарды қуып шығып, барлық науқастарды сауықтырып жіберді. 17 Осылай Ишая пайғамбардың: Ол «біздің қасіретімізді Өзіне алды, біздің ауруларымызды өз мойнымен көтерді» деп алдын ала айтқаны жүзеге асты. 18 Иса айналасына халықтың көптеп жиналғанын көріп, шәкірттеріне: «Көлдің арғы бетіне өтейік», — деді. 19 Бір дін мұғалімі қасына келіп: — Ұстаз, қайда барсаңыз да, мен Сізге еремін, — деді. 20 Иса оған: — Түлкінің іні бар, құстың ұясы бар, ал көктен келген Билеушінің бас тірейтін тұрағы да жоқ, — деп жауап берді. 21 Шәкірттерінің өзге біреуі: — Мырза, алдымен үйге барып, әкем қайтыс болғанша қасында болып, сүйегін жерлеп келейін. Рұқсат етіңізші, — деп сұрады. 22 Иса оған: — Маған шәкірт болып ер! Өлгендерін жерлеуді (рухани) өлілерге қалдыр! — деп тапсырды. 23 Содан кейін Иса қайыққа мініп алды. Шәкірттері Оған ілесіп, бәрі жағадан аттанды. 24 Кенеттен сұрапыл дауыл көтеріліп, қайық толқынның астында қалды. Иса бұл кезде ұйықтап жатты. 25 Шәкірттері Исаға жақындап, Оны оятып: — Мырза, құтқара көріңіз! Құритын болдық! — деп айқайлады. 26 Иса оларға: — Сенімі аздарым-ай, неліктен соншама қорқасыңдар? — деді де, орнынан тұрып, жел мен көлге тыйым салды. Сонда жым-жырт тыныштық орнады. 27 Аң-таң болған қайықтағылар өзара: «Тіпті жел мен көл де бағынатын Бұл кім Өзі?» — десті. 28 Иса шәкірттерімен бірге көлдің арғы бетіндегі Ғадара өңіріне жеткенде, жын соққан екі кісі Оған кездесе кетті. Қабірге арналған үңгірлер арасынан шыға келген олар құтырынған, аса қауіпті болатын. Сондықтан ешкім сол жолмен жүре алмайтын. 29 Кенеттен олар: «Құдайдың рухани Ұлы, бізде нең бар? Уақытынан бұрын бізді азаптауға келдің бе?» — деп айқай салды. 30 Алысырақта үлкен бір топ шошқа жайылып жүрген болатын. 31 Жындар: «Егер бізді қумақ болсаң, ана шошқаларға жібере гөр», — деп өтінді. 32 «Кетіңдер!» — деді Ол. Жындар сол екі кісіден шығып, әлгі хайуандарға енді. Кенеттен олардың бәрі тік жардан көлге қарғып, суға батып, қырылып қалды. 33 Бақташылары қашып кетіп, қалаға барып, бастарынан өткен оқиғаны әрі жын соққан екі кісімен не болғанын жұртқа түгелдей айтып берді. 34 Сонда бүкіл қала халқы Исамен кездесу үшін шықты. Оны көргенде: «Біздің жерімізден кетіңіз», — деп өтінді.
1 Иса қайыққа мініп, көлдің батыс жағасына өтіп, Өзі тұрған Қапарнаум қаласына қайта оралды. 2 Міне, біреулер Оған сал болып ауырған бір адамды төсегімен көтеріп алып келді. Иса олардың сенімдерін көріп, сал адамға: «Жігерлен, балам, сенің күнәларың кешірілді!» — деді. 3 Сонда дін мұғалімдері: «Бұл Кісі Құдайды қорлап тұр ғой!» — деп іштей наразы болды. 4 Олардың осы ойларын біле қойған Иса: — Неге сондай жамандық ойлайсыздар? 5 Қайсысын айту оңайырақ: «Сенің күнәларың кешірілді!» деу ме, әлде: «Орныңнан тұрып, жүре бер!» деу ме? 6 Ал Билеуші ретінде көктен келген Менің жер бетінде күнәларды кешіруге билігімнің бар екендігін білулеріңіз үшін,.. — деп, сал адамға қарап: — Орныңнан тұр да, төсенішіңді жинап алып, үйіңе бар! — деп тапсырды. 7 Ауру адам орнынан тұрды да, үйіне кетті! 8 Мұны көрген халықтың зәрелері ұшып, олар адамдарға осындай билік берген Құдайға мақтау айтты. 9 Иса сол жерден кетіп бара жатып, салық кеңсесінің қасында отырған Матай есімді салықшыны көрді. Оны: «Соңымнан ер!» — деп шақырды. Сонда Матай орнынан тұрып, Исаға шәкірті болып ерді. 10 Кейін Иса Матайдың үйінде дастарқан басында отырды. Көптеген салық жинаушылар және өзге де күнәкарлар сонда келіп, Исамен және шәкірттерімен дастарқандас болды. 11 Ал мұны көргенде парызшылдар Оның шәкірттеріне: — Ұстаздарың неге салықшылармен және басқа күнәкарлармен бірге тамақ ішіп отыр? — деп наразылық білдірді. 12 Иса мұны естіп, оларға былай деп жауап берді: — Дәрігер дені сауға емес, ауру адамға қажет. 13 Сендер Жаратқан Иенің: «Мен құрбандық шалғандарыңнан гөрі берік мейірімділік көрсеткендеріңді қалаймын» деген сөзінің мағынасын ұғынып алыңдар! Мен «әділдерді» емес, күнәкарларды (теріс жолдан қайтуға) шақыру үшін келдім. 14 Сол кездері Жақия пайғамбардың шәкірттері Исаға келіп: — Біздер де, парызшылдар да жиі ораза ұстаймыз, ал Сіздің шәкірттеріңіз неге ораза ұстамайды? — деп сұрады. 15 Иса оларға астарлап былай деп жауап берді: — Күйеу жігіт қастарында болғанда тойға келгендер қайғыра ала ма? Бірақ та «Күйеуді» қастарынан алып кететін күн туады; сол кезде олар ораза ұстайтын болады. 16 Ескі киімді жаңа матамен жамамас. Олай етсе, жамау отырып, ескі матадан жұлынып қалады, сонда жыртық бұрынғысынан бетер үлкен болады. 17 Сондай-ақ, жас шарапты ескі торсыққа құймас. Олай етсе, быршып ашыған шарап торсықты жарып, ағып кетеді, торсық та пайдадан қалады. Керісінше, жас шарапты жаңа торсыққа құйған дұрыс. Сонда екеуі де сақталады. 18 Иса оларға осыны айтып отырғанда, Оның қасына бір мәжілісхана жетекшісі келді. Жетекші Исаға тізе бүгіп тағзым етіп: «Қызым жаңа ғана қайтыс болды! Бірақ Сіз барып, қолыңызды тигізе көріңізші. Сонда ол тіріледі», — деп өтінді. 19 Иса орнынан тұрып, шәкірттерімен бірге оған ерді. 20 Сол заматта бір әйел Исаның арт жағынан жақындап келіп, Оның шапанының шетіне қолын тигізді. Әйел он екі жыл бойы қан кетіп қиналып жүрген еді. 21 Ол өзіне-өзі: «Тек Оның шапанына қолымды тигізсем болғаны, сонда сауығып кетер едім», — деген болатын. 22 Иса бұрылып, оны көріп: «Қарындас, жігерлен, сенімің арқылы құтқарылдың!» — деді. Әйел сол сәтте-ақ сауығып кетті. 23 Иса жетекшінің үйіне жеткенде, азалы әуен тартып жатқан сыбызғышыларды және абыржыған жоқтаушы жұртты көрді. Оларға: 24 «Бұл жерден шығыңдар! — деп бұйырды. — Қыз өлген жоқ, ұйықтап жатыр». — Бірақ олар Оның айтқанына күлді. 25 Алайда жұрт сыртқа шығарылғаннан кейін Иса ішке кіріп, қыздың қолынан ұстады. Сонда ол тіріліп, орнынан тұрды! 26 Бұл керемет туралы хабар бүкіл аймаққа тарады. 27 Иса сол жерден кетіп бара жатқанда, Оның соңынан екі соқыр кісі ілесіп: — Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз! — деп айқайлап жалбарынды. 28 Иса үйге кіргеннен кейін сол екі зағип Оның қасына келді. Иса: — Менің солай істей алатыныма сенесіңдер ме? — деген сұрақ қойды. Олар: — Иә, Тақсыр, сенеміз, — деп жауап берді. 29 Сонда Иса: — Сенімдеріңе сай болсын! — деп, көздеріне саусағын тигізді. 30 Сонда зағиптардың көздері ашылып, көретін болды! Иса оларға: «Байқаңдар, бұл туралы ешкім білмесін!» — деп қатты ескертті. 31 Алайда олар далаға шығып, Иса туралы хабарды сол төңіректегі барлық жұртқа жайды. 32 Бұлар кетіп бара жатқанда, жұрт Исаның алдына жын соққан бір мылқауды алып келді. 33 Жыны қуып шығарылғаннан кейін мылқау сөйлей бастады. Көптеп жиналған халық қайран қалып: — Мұндай керемет оқиға Исраилде ешқашан болған емес! — десті. 34 Бірақ парызшылдар: — Анау жындарды солардың әміршісінің күшімен қуып шығарады! — деп жала жапты. 35 Бұдан кейін Иса барлық қалалар мен ауылдарды аралап, мәжілісханаларында халыққа тәлім берді; Патшалық туралы Ізгі хабарды уағыздап, адамдарды ауру-сырқау атаулыдан сауықтырды. 36 Иса көптеп жиналған халықты көргенде, оларға жаны ашыды. Себебі адамдар бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара күйде болатын. 37 Сонда Ол шәкірттеріне: «Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. 38 Сондықтан егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер!» — деп тапсырды.
1 Иса он екі шәкіртін тағы да қасына шақырып алып, оларға жындарды қуып шығаратын әрі барлық ауру-сырқауды сауықтыратын билік берді. 2 Осы он екі елшінің есімдері мыналар: алдымен Шимон, ол Петір деп те аталатын, әрі соның інісі Әндір; сондай-ақ Зебедей ұлдары Жақып пен Жохан; 3 Філіп пен Барталмай; Тома мен салықшы Матай; Әлпей ұлы Жақып және Тадей (деген Лебей); 4 Діншіл Шимон және кейін Исаға опасыздық жасаған Яһуда Исқариот. 5 Осы он екі елшісін Иса төмендегі тапсырмаларымен жіберді: — Басқа ұлт адамдарының жерлеріне бармаңдар, самариялық қалаларға да кірмеңдер; 6 қайта, адасып кеткен қойларға ұқсас Исраил халқының адамдарына барыңдар! 7 Аралай жүріп: «Құдай Патшалығының жер бетінде орнайтын кезі таяп қалды!» деп уағыздаңдар. 8 Ауруларды сауықтырып, өлгендерді қайта тірілтіңдер, алапестерді құлантаза айықтырып, жындарды қуып шығарыңдар. Тегін алдыңдар, тегін беріңдер де! 9 Қалталарыңа алтын, күміс, бақыр ақша салмаңдар. 10 Жолға дорба, артық киім, аяқкиім және таяқ та алмаңдар. Еңбек еткен жейтін тамағына қақылы ғой. 11 Қай қалаға не ауылға кірсеңдер де, сол жерде өздеріңе түсуге лайықты адамды іздестіріп тауып алып, қайтадан жолға шыққанша соның үйінде қалыңдар. 12 Үйге кіргенде амандасып: «Осы үйге амандық пен тыныштық болсын!» деп бата беріңдер. 13 Сол үйдегілер лайықты болса, берген баталарың қонады, ал лайықсыз болса, баталарың өздеріңе қайтып келеді. 14 Егер біреу сендерді қабылдамаса не сөздеріңе құлақ салмаса, сол үйден немесе қаладан шығып кетіп бара жатқанда аяқтарыңдағы шаң-тозаңды қағып тастаңдар. 15 Сендерге шын айтамын: қиямет соты күні сондай қала тұрғындарының тартатын жазасынан тіпті Содом мен Ғомора халқының жазасы жеңілірек болады! 16 Естеріңде болсын: Мен сендерді қасқырлар арасына жіберілген қойлар сияқты жіберіп отырмын. Сондықтан жыландай көреген, көгершіндей ақкөңіл болыңдар! 17 Жұрттан сақтанып жүріңдер, олар сендерді соттарға ұстап беріп, өздерінің мәжілісханаларында дүре соғатын болады. 18 Менің жолыма түскендеріңе бола сендерді әміршілер мен патшалар алдына да апарады. Осылайша соларға және басқа ұлт адамдарына Мен туралы ашық айтасыңдар. 19 Адамдар сендерді ұстап бергенде, қалай және не айтатындарыңды ойлап уайымдамаңдар! Айтатын сөздерің сол сәтте ауыздарыңа салынады. 20 Осылай өздерің емес, сендер арқылы көктегі Әкелеріңнің Киелі Рухы сөйлейтін болады. 21 Сонда тіпті бауыры өз бауырын, әкесі өз баласын ажалға ұстап беріп, балалары да әке-шешелеріне қарсы көтеріліп, оларды өлімге душар етеді. 22 Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық жұрт сендерді жек көретін болады. Ал ақырына дейін табандылық танытқан әркім құтқарылады. 23 Бір қалада қудаласа, басқасына қашыңдар. Шын айтамын: сендер Исраилдің барлық қалаларын аралап шықпай жатып-ақ, Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келемін. 24 Шәкірті ұстазынан, қызметшісі қожайынынан жоғары емес. 25 Шәкірті ұстазына, қызметшісі қожайынына ұқсаса, соған қанағат тұтсын. Жұрт «үйдің Иесін» белзебүл (шайтан) деп атаса, оның үй ішіне одан бетер жаман ат тақпай ма? 26 Сонымен олардан қорықпаңдар! Ашылмайтын сыр, білінбейтін құпия болмайды. 27 Сендерге қараңғыда айтқанымды жарықта айтыңдар, әрі құлақтарыңа сыбырлаған сөздерімді жұртқа жариялаңдар! 28 Тәнді өлтірсе де, жанды өлтіре алмайтындардан қорықпаңдар! Одан гөрі жанды да, тәнді де тозақта құрта алатын Құдайдан қорқып, Оны терең қастерлеңдер! 29 Екі торғайды бір теңгеге сатпай ма? Дегенмен көктегі Әкелеріңнің еркінсіз бірде-бір торғай жерге құлап түспейді. 30 Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгілі! 31 Сондықтан адамдардан қорықпаңдар: Құдай үшін сендер көптеген торғайлардан да әлдеқайда қымбатсыңдар! 32 Сонымен Мені адамдар алдында мойындаған әркімді Мен де көктегі Әкемнің алдында мойындаймын. 33 Бірақ Менен жұрт алдында танған әркімнен Мен де көктегі Әкемнің алдында танбақпын. 34 Мені дүние жүзіне (жалған) татулық әкелу үшін келді деп ойламаңдар. Мен сондай татулықты емес, жақсы мен жаманды бір-бірінен ажырататын айыруды әкелу үшін келдім. 35 Сөйтіп (пайғамбардың алдын ала айтқан мына тәрізді сөздерін) жүзеге асыруға келдім: «Өз ұлы әкесіне, қызы шешесіне, келіні енесіне қарсы шығады. 36 Адамның дұшпаны өз үй іші болады». 37 Кім әке-шешесін не ұл-қызын Менен артық көрсе, сол Менікі болуға лайықты емес. 38 Сондай-ақ, кім айқышын арқалаған кісідей өз мүддесінен бас тартып, тіпті азапты өлімге дайын болып Менің соңымнан еріп жүрмесе, сол Менікі болуға лайықты емес. 39 Өміріне өзі иелік еткен әркім одан айырылады, ал өмірін Мен үшін қиған оған мәңгі иелік етеді. 40 Кім сендерді қабылдаса, соның Мені қабылдағаны. Ал кім Мені қабылдаса, оның Мені Жібергенді де қабылдағаны. 41 Бір пайғамбарды Құдайдың хабаршысы болғандықтан қабылдағандар сол пайғамбар алатын сыйға ие болады, әрі әділ кісіні әділ болғаны үшін қабылдағандар соның алатынындай сыйды иемденеді. 42 Сендерге шындығын айтайын: атақ-шені жоқ осылардың біреуіне Менің шәкіртім болғаны үшін ең болмағанда бір тостаған салқын су берген әркім сол үшін алатын сыйынан құр қалмайды!
1 Он екі шәкіртіне нұсқау беріп болғаннан кейін, Иса сол жерден кетіп, халыққа тәлім беріп, уағыз айту үшін Ғалилея қалаларын аралады. 2 Жақия пайғамбар Мәсіхтің жасаған істері туралы естігенде тұтқында отырды. Содан ол Мәсіхке бірнеше шәкірттерін жіберіп, Одан: 3 — Келетіні ежелден-ақ уәде етілген Құтқарушымыз шынымен Сіз бе? Әлде басқа біреуді күтуіміз керек пе? — деп сұратты. 4 Иса оларға жауап беріп: — Сендер көріп-естігендеріңді Жақияға барып, айтып беріңдер: 5 соқырлар көріп, сал болғандар жүріп, алапестер құлантаза сауығып, саңыраулар естіп, өлгендер қайта тіріліп, жарлыларға Ізгі хабар жарияланып жатыр. 6 Ал Маған деген сенімінен бас тартпаған әркім бақытты! — деді. 7 Жақияның жіберген адамдары қайтып кеткеннен кейін, Иса жұртқа Жақия туралы былай деп айта бастады: — Сендер айдалаға нені көруге бардыңдар? Жел тербеткен бір қамысты ма? (Жақия ондай емес!) 8 Тегі, нені көруге бардыңдар? Қымбат киім киген біреуді ме? Жоқ, қымбат киім кигендер патша сарайларында тұрады ғой. 9 Сонда нені көруге бардыңдар? Бір пайғамбарды ма? Иә, сендерге айтамын: Жақия тіпті пайғамбардан да артық! 10 Киелі жазбада Құдайдың мына тәрізді сөздері бар: «Біліп ал, Мен хабаршымды алдыңнан жіберемін, ол жүретін жолыңды дайындап қояды» Бұл хабаршы — Жақияның өзі. 11 Сендерге шындығын айтайын: адам баласы атаулының ішінде Жақия пайғамбардан жолы үлкен ешкім болған емес. Бірақ Құдай Патшалығындағы ең қарапайым деген адамдардың жолы онікінен үлкен. 12 Жақияның уағыздап, шомылдыру рәсімін орындаған уақытынан бері қазірге дейін Құдайдың Патшалығы күшпен алға басып, күш салғандар оны иемденуде. 13 Барлық Пайғамбарлар жазбалары мен Таурат Құдайдың хабарын Жақияға дейін жеткізіп келді. 14 Ал қабылдағыларың келсе, Жақия — келетіні алдын ала уәде етілген Ілияс пайғамбар. 15 Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын! 16 Ендеше қазіргі ұрпақтың кісілерін кімге ұқсатайын? Олар тентек балаларға ұқсайды. Солар далада отырып, жолдастарына айқайлап: 17 «Сендер үшін сыбызғы тартсақ та, би билемедіңдер, Сосын жоқтау айтсақ та, жылап еңіремедіңдер», — деп шағымданады. 18 Өйткені Жақия пайғамбар келгенде, кәдімгі тамақтарды ішіп-жемеді. Олар оны «жынды» дейді. 19 Ал Мен, көктен келген Билеуші, кәдімгі тамақтарды ішіп-жеймін. Сонда олар: «Мынау тамақ жеп, шарап ішуді жақсы көреді, әрі салықшылармен, күнәкарлармен дос!» деп жамандайды. Алайда даналықтың игілігі одан туындаған ізгі істермен дәлелденеді. 20 Сол уақытта Иса Өзінің істеген кереметтерін көбірек көрген қалаларды күнәларына өкініп, теріс жолдан қайтпағандары үшін айыптай бастады: 21 — Ей, Хоразин қаласы, қасіретке қаласың! Ей, Бетсайда қаласы, сен де қасіретке қаласың! Егер сендерде жасалған кереметтер (шетелдік) Тир мен Сидон қалаларында орын алған болса, олардың халқы әлдеқашан азалы киім киіп, күлге отырып, теріс жолдарынан қайтқан болар еді. 22 Ендеше сендерге айтамын: қиямет соты күні Тир мен Сидонның тұрғындарының тартатын жазасы сендердікінен жеңілірек болмақ! 23 Ал, Қапарнаум қаласы, сенің атың мақталып, көкке шығарыла ма? Жоқ, сен түпсіз тұңғиыққа құлайсың! Егер сенде жасалған кереметтер ежелгі Содомда орын алған болса, сол қала күні бүгінге дейін сақталған болар еді. 24 Ендеше сендерге айтамын: қиямет соты күні тіпті Содом халқының тартатын жазасы сендердікінен жеңілірек болмақ! 25 Сол кезде Иса көктегі Әкесіне сиынып: «Көк пен жердің Иесі — Әке! Осы жайттарды данышпандар мен білгіштерден жасырып қалып, оларды ашып көрсеткенің үшін Сені дәріптеймін. 26 Иә, Әке, Саған осылай болғаны ұнап тұр», — деп мақтау айтты. Содан кейін Иса тағы былай деді: 27 «Маған бәрін де Әкем сеніп тапсырған. Рухани Ұлының шынымен кім екенін Әкесінен өзге ешкім де білмейді. Әкенің кім екенін де Оның жалғыз рухани Ұлы — Мен ғана білемін. Әкемді кімдерге білдіргім келсе, солар да Оны жақыннан таниды. 28 Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар, Еңселерін тым ауыр жүк басқандар, Менің қасыма келіңдер, бәрің, Жандарыңды Мен рақатқа бөлеймін! 29 Қамытымды бірге киісіп, үйреніңдер Өзімнен, Өйткені жуас, кішіпейілмін шын жүректен, Тыныштық табады сонда көңілдерің. 30 Себебі ыңғайлы — қамытым Менің, Әрі жеңіл — жүктейтін міндеттерім».
1 Сол кезде Иса демалыс күні егіндік арасымен өтіп бара жатты. Қарындары ашқан шәкірттері біраз масақ үзіп алып, жей бастады. 2 Мұны көрген кейбір парызшылдар Исаға: — Қараңыз, шәкірттеріңіз демалыс күні істеуге тыйым салынған жұмысты істеп жүр! — деп наразылық білдірді. 3 Иса оларға былай деп жауап қайырды: — Дәуіт пайғамбар мен оның қасындағы сарбаздар ашыққан кезде не істегендерін оқымап па едіңдер? 4 Дәуіт Құдайдың киелі үйіне кіріп, тарту ретінде Құдайға ұсынылған нандарды олар жеді емес пе? Ал заң бойынша сол нандарды Дәуіт те, қасындағылар да емес, тек діни қызметкерлер ғана жеуге хұқықты болатын. 5 Сондай-ақ, діни қызметкерлер ғибадатханада жұмыс істеп, демалыс күні туралы ережелерді бұзады. Бірақ олар сол үшін айыпталмайды. Бұл туралы Таураттан оқымап па едіңдер? 6 Сендерге айтамын: осы жерде ғибадатханадан да дәрежесі үлкен Біреу бар. 7 Жаратқан Ие: «Мен құрбандық шалғандарыңнан гөрі берік мейірімділік көрсеткендеріңді қалаймын» деген. Егер мұның мағынасын білсеңдер, мына кінәсіздерді айыптамас едіңдер. 8 Себебі көктен келген Мен демалыс күнінің де Иесімін! — деп қорытты. 9 Ол жерден кетіп бара жатып, Иса яһудилердің жиналатын мәжілісханасына кірді. 10 Сол жерде қолы семіп қалған бір адам да болды. Діншілдер Исаны айыптайтын сылтау іздеп, Оған: — Демалыс күні болса да, ауруды сауықтыруға бола ма? — деген сұрақ қойды. 11 Иса оларға жауап беріп былай деді: — Егер біреуіңнің жалғыз-ақ қойың болып, ол шұңқырға түсіп кетсе, демалыс күні болса да, шығарып алмас па едіңдер? 12 Ал адам қойдан әлдеқайда артық емес пе?! Ендеше демалыс күні де жақсылық жасауға болады! — 13 Содан Иса әлгі кісіге: «Қолыңды созшы!» — деп бұйырды. Адам семіп қалған оң қолын созғанда, ол екіншісі сияқты бұрынғы сап-сау қалпына келді! 14 Ал парызшылдар болса сыртқа шығып, Исаның көзін жою туралы кеңес құрды. Иса бұл туралы біліп қойып, сол жерден кетіп қалды. 15 Оның артынан көп халық еріп жүрді. Иса солардың бәрін ауруларынан сауықтырды. 16 Алайда оларға Өзінің кім екенін жариялауға тыйым салды. 17 Осылай Құдайдың Ишая пайғамбар арқылы айтқан мына тәрізді сөздері жүзеге асты: 18 Міне, Менің таңдап алған Қызметшім, Ол — жаным рақат табатын Сүйіктім! Оған қондырамын Мен өз Рухымды, Ол халықтарға жариялайды әділ үкімді. 19 Қызметшім айтыспайды да айқайламайды, Оның дауысы көшелерде шықпайды. 20 Ол майысқан таяқты сындырмайды, Бықсыған білтені де сөндірмейді, Соңында әділдікті жеңіске жеткізеді. 21 Оған басқа елдер де үміттенеді. 22 Сол кезде жұрт Исаның алдына жын соққан, соқыр да мылқау біреуді алып келді. Иса оны сауықтырып, соқыр да мылқау адам әрі көретін, әрі сөйлейтін болды! 23 Барша халық қайран қалып, бір-біріне: — Дәуіттің Ұрпағы (Мәсіх) Осы шығар? — десті. 24 Бірақ мұны естіген парызшылдар: — Анау жындарды тек солардың әміршісі белзебүлдің (яғни әзәзіл шайтанның) күшімен қуып шығарады! — деп жала жапты. 25 Олардың осы ойларын білген Иса: — Жікке бөлініп, өзара соғысып жатқан әрбір патшалық жойылып, бос қалады. Өзара ұрысып-керісіп жататын әр қала не үй де құрып кетеді, — деді. 26 — Сол сияқты, егер шайтан өзін қуып шығарса, оның өзіне-өзі қарсы соғысқаны! Олай болса, оның патшалығы қалайша жойылмай, берік тұра алады? 27 Ендеше Мені жындарды белзебүлдің күшімен қуып шығарады десеңдер, онда сендердің шәкірттерің оларды кімнің күшімен қуып шығады?! Сондықтан айтқандарыңның бұрыстығын өз шәкірттерің-ақ әшкерелейді! 28 Бірақ шынында Мен жындарды Құдайдың Киелі Рухының құдіретімен қуып шығарамын. Демек, араларыңда Құдайдың Патшалығы орнаған! 29 Немесе күштінің үйіне кірген біреу алдымен соның өзін байлап тастамай, дүние-мүлкін қалайша тонар еді? Тек күштіні жеңіп, байлап-матап тастағаннан кейін ғана оның үйін тонай алады. 30 Кім Менімен бірге болмаса, сол Маған қарсы; кім Менімен бірге жинамаса, сол шашады. 31 Сондықтан сендерге айтамын: адамдардың жасаған бүкіл күнәлары мен Құдайды қорлауларына кешірім беруге болады; бірақ Құдайдың Киелі Рухын қорлайтынға кешірім болмайды. 32 Көктен келген Маған қарсы сөйлеген әркімге кешірім беруге болады, бірақ Құдайдың Киелі Рухына қарсы сөйлейтіндерге не осы заманда, не келешекте кешірім болмайды! 33 Мынаны мойындауларың қажет: ағаш жақсы болса, жемісі де жақсы, ал жаман болса, жемісі де жаман. Ағаш жемісімен танылар. 34 Улы жыланның тұқымдары! Сендер жаман бола тұра, қалайша жақсы сөздер айта алар едіңдер? Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар. 35 Ізгі адам жан дүниесіндегі игілікті қазынадан игілік алып шығады, ал зұлым адам арам жан дүниесінен арамдық алып шығады. 36 Сендерге шын айтамын: адамдар өздері айтқан әрбір жағымсыз сөздері үшін қиямет сотында жауап береді. 37 Сол кезде сендер айтқан сөздеріңе сай не ақталатын, не айыпталатын боласыңдар. 38 Кейбір дін мұғалімдері мен парызшылдар сонда Исаға: — Ұстаз, билігіңізді дәлелдейтін бір кереметті көрсек деп едік, — деген өтініш жасады. 39 Бірақ Оның жауабы мынау болды: — Жаман, опасыз ұрпақ билігімді дәлелдейтін керемет көрсетуімді талап етеді. Бірақ оған Жүніс пайғамбардың кереметінен басқасы көрсетілмейді: 40 Жүністің үш күн, үш түн дәу балықтың ішінде жатқаны сияқты, көктен келген Билеуші де жер қойнында үш күн, үш түн жататын болады. 41 Ниневи тұрғындары қиямет кезінде осы ұрпақтың адамдарымен бірге сот алдында тұрып, олардың қиқарлығын әшкерелейді: ниневиліктер Жүніс уағыздағанда теріс жолдарынан қайтты. Ал мұнда Жүніс пайғамбардан да мәртебесі зор Біреу бар! (Алайда сендер теріс жолдарыңнан қайтудан бас тартасыңдар!) 42 Ежелгі Оңтүстік Арабияның патшайымы да қиямет күні осы ұрпақпен бірге сот алдында тұрып, оның қиқарлығын әшкерелейді. Себебі патшайым Сүлеймен патшаның даналық сөздерін тыңдау үшін жердің қиыр шетінен келді. Ал мұнда Сүлеймен патшадан да мәртебесі зор Біреу бар! (Алайда сендер Маған құлақ аспайсыңдар!) 43 Жын адамнан шыққаннан кейін шөл даланы кезіп, баспана іздеп, таппайды. 44 Сонда ол: «Шыққан үйіме қайта оралайын» дейді. Қайтып келгенде қараса, үй сыпырылып, жиналыпты, алайда бос тұр екен. 45 Содан жын барып, өзінен бетер жауыз тағы жеті жынды ертіп келіп, үйге кіріп, сонда тұрып қалады. Осылайша әлгі адамның кейінгі жағдайы бұрынғысынан да мүшкіл болады. Біліп қойыңдар, осы күнәлі ұрпақтың жағдайы да сол секілді болады! 46 Иса әлі де халыққа сөйлеп тұрғанда, Оның шешесі мен туған бауырлары келіп, сыртта тұрып, Исамен тілдеспекші болды. 47 Сонда әлдекім Исаға былай деп хабарлады: — Сыртта шешеңіз бен бауырларыңыз келіп, Сізбен сөйлесеміз деп тұр. 48 Алайда Иса осыны айтқанға жауап қайырып: — Менің шешем, бауырларым кім екенін айтайын ба? — деді де, 49 қолын созып шәкірттерін нұсқап: — Міне, Менің «шешем» мен «бауырларым»! 50 Себебі көктегі Әкемнің еркін орындайтындар Маған бауыр, қарындас, шеше іспетті жақын, — деді.
1 Сол күні кейінірек Иса үйден шығып, көл жағасына барып отырды. 2 Қасына жиналған халықтың көп болғаны сонша, Иса қайыққа мініп, соған жайғасты. Ал барша халық жағалауда тұрды. 3 Иса оларға мынау сияқты астарлы әңгімелермен көп тәлім беріп былай деді: «Бір диқан тұқым себуге шығыпты. 4 Ол сеуіп жүргенде дәндерінің кейбіреулері жол бойына түсіп қалады. Құстар ұшып келіп, шоқып жеп қояды. 5 Біраз тұқым топырағы аз тастақ жерге түседі. Топырақ жұқа болғандықтан, тұқым тез көктеп шығады. 6 Алайда күн шыққан соң күйіп, тамыр жая алмағандықтан қурап қалады. 7 Тағы басқа дәндер тікен арасына түседі. Тікендер қаулап, оларды тұншықтырып, өсірмей тастайды. 8 Ал өзге тұқымдар құнарлы топыраққа түседі. Бұлардың біразы жүз, басқалары алпыс, бірқатары отыз еседен өнім береді. 9 Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!» 10 Шәкірттері Исаның қасына келіп: — Жұртқа неге әңгімені астарлап айтып тұрсыз? — деп сұрағанда, 11 Оның жауабы мынадай болды: — Құдай өз Патшалығы туралы сырларды білуді оларға емес, сендерге ғана бұйырған. 12 Өйткені кімде (біраз түсінік) бар болса, соған тағы да беріліп, онікі асып-тасып кетеді. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады. 13 Мен бұларға астарлап айтамын, өйткені олар көріп тұрса да, шынымен көрмейді, естіп тұрса да, шынымен естімейді де, түсінбейді де. 14 Осылайша Ишая пайғамбардың алдын ала айтқан мына тәрізді сөздері олардың өмірінде жүзеге асады: Естисіңдер, бәрібір түсінбейсіңдер, көресіңдер, бәрібір аңғармайсыңдар! 15 Өйткені бұл халықтың жүректері қасарысқан сезімсіз, құлақтары керең, көздері жұмылған. Әйтпесе олар көздерімен көріп, құлақтарымен естіп, жүректерімен түсініп, теріс жолдарынан қайтар еді. Сонда Мен оларды рухани дертінен сауықтырар едім! 16 Ал сендер бақыттысыңдар: көздерің көреді, құлақтарың естиді. 17 Сендерге шындығын айтайын: көптеген пайғамбарлар да, өзге әділ адамдар да сендер көріп жүрген нәрселерді көргілері келді, бірақ көре алмады, сендер естіп жүрген сөздерді естігілері келді, бірақ ести алмады. 18 Енді тұқым сепкен диқан туралы әңгіменің мағынасын тыңдаңдар: 19 біреу Патшалық туралы Ізгі хабарды естіп, түсінбесе, лезде әзәзіл шайтан келіп, сол адамның жүрегіне себілген бұл сөздерді ұрлап алып кетеді. Жол бойына түскен тұқым — осы. 20 Ал тастақ жерге себілгені мынаны көрсетеді: адам Ізгі хабарды естіген бойда оны қуанышпен қабылдайды, 21 бірақ тамыр жаймағандықтан берік болмайды. Ізгі хабарға бола басына азап не қуғын түскенде, дереу сенімінен безіп кетеді. 22 Тікен арасына себілген дәндер болса, мынаны білдіреді: біреу Ізгі хабарды естиді. Алайда бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алданады. Осылайша Ізгі хабар ескерусіз қалып, өнім бермейді. 23 Ал құнарлы топыраққа себілген тұқым болса, мынаны бейнелейді: адам Ізгі хабарды тыңдап, түсініп, өнімді болады. Ол жүз, алпыс немесе отыз еседен өнім береді. 24 Иса халыққа тағы басқа бір астарлы әңгімені айтып берді: «Құдай Патшалығының орнауы мынаған ұқсайды. Бір адам егіндігіне жақсы тұқым себеді. 25 Жұрт ұйықтап жатқанда дұшпаны келіп, бидай арасына бидайықтың тұқымын шашып кетеді. 26 Бидай көктеп шығып, дән жинай бастағанда, әлгі арам шөп те өсіп шығады. 27 Сонда қызметшілері егіндіктің иесіне келіп: — Мырза, жеріңізге сепкеніңіз жақсы тұқым емес пе еді? Онда бидайық қайдан шыққан? — деп сұрайды. 28 Ол: — Мұны істеген дұшпан кісі, — деп түсіндіреді. — Ендеше біздің сонда барып, отап тастауымызды қалайсыз ба? 29 — Жоқ, — деп жауап береді қожайын, — сендер бидайықты отаймыз деп, бидайды бірге жұлып тастарсыңдар. 30 Орылғанша бірге өсе берсін. Ал орақ кезінде егін жинаушыларға: Өртеп жіберу үшін алдымен арам шөптерді баулап, жиып алыңдар, ал бидайды жинап, қамбама құйыңдар! — деп бұйырамын». 31 Иса халыққа тағы мына астарлы әңгімені де айтып берді: «Құдай Патшалығы бір адамның егістігіне еккен қыша дәніне ұқсас: 32 қыша дәні басқа тұқымдардан гөрі титтей болса да, өскенде барлық дәнді дақылдардан биік болып шығып, бұтаға айналады. Сонда бұтақтарына құстар ұшып келіп, паналайды». 33 Иса оларға астарлап келесі бір әңгімені де айтып берді: «Құдай Патшалығын ашытқымен де салыстыруға болады: әйелдер үш астау ұнға аздаған ашытқы қосып, араластырған соң, ол барлық қамырды ашытып, көтереді». 34 Мұның бәрін Иса халыққа астарлы әңгімелермен айтты. Оларға еш нәрсені де астарсыз уағыздамады. 35 Осылай Құдайдың пайғамбар арқылы айтқан мына тәрізді сөздері жүзеге асты: «Астарлы әңгімелерді айтамын, Әлем жаратылғаннан бері бар құпияларды ашамын». 36 Бұдан кейін Иса халықты таратып, үйге кірді. Қасына келген шәкірттері: «Егіндіктегі арам шөп туралы астарлы әңгімені түсіндіріңізші», — деп өтінген соң, 37 Иса оларға былай деді: «Жақсы тұқым сепкен — көктен келген Билеуші. 38 Егіндік — осы дүние, жақсы тұқым — Құдай Патшалығының адамдары, ал бидайық — әзәзілдің адамдары. 39 Сол арам шөптің тұқымын шашқан дұшпан — шайтан, орақ кезі — ақырзаман, ал орушылар — періштелер. 40 Жұрттың арам шөптерді жинап, өртеп жіберетіні сияқты, ақырзаманда да солай болады: 41 көктен келген Билеуші Өзінің періштелерін жібереді. Олар азғындық пен заңсыздық жасайтын адамдардың бәрін Оның Патшалығынан жинап алып, 42 жанып тұрған ошақ іспетті тозақ отына лақтырмақ. Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады-ау! 43 Ал әділдер көктегі Әкелерінің Патшалығында күн сәулесіндей жарқырайтын болады. Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!» 44 «Құдай Патшалығын егіндік жерге көмілген қазынаға да ұқсатуға болады. Соны тауып алған адам қазынаны қайтадан көміп тастап, қуанғанынан өзіндегі барды түгел сатып жіберіп, егіндікті сатып алады. 45 Құдай Патшалығы мынаған да ұқсайды: бір саудагер асыл інжу-маржан іздеп жүріп, 46 аса құнды біреуін тауып алады. Сонда ол өзінде бардың бәрін түгел сатып, сол асыл інжуге ие болады. 47 Құдай Патшалығын көлге тасталғанда әр түрлі балықтар түсетін аумен де салыстыруға болады. 48 Ау толғанда оны жағаға шығарып, отыра қалып, жақсыларын ыдысқа жинап алып, нашарларын лақтырып тастайды. 49 Ақырзаманда да осылай болмақ: періштелер келіп, жамандарды әділдерден ажыратып, 50 жанып тұрған ошақ іспетті тозақ отына лақтырады. Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады», — деп сөзін аяқтаған 51 Иса: — Мұның бәрін түсіндіңдер ме? — деп сұрады. Шәкірттері: — Иә, түсіндік, — деп жауап берді. 52 Иса: — Сонымен Құдай Патшалығы туралы тәлім алып, Киелі жазбаларды оқытушы әрбір ғұлама өз қазынасынан жаңасын да, көнесін де шығарып отырған үй иесіне ұқсайды, — деп тұжырымдады. 53 Иса осы астарлы әңгімелерді айтып болғаннан кейін сол жерден кетіп қалды. 54 Өзінің өскен жеріне келіп, ондағы мәжілісханада жамағатқа тәлім берді. Олар Оған қатты таңданып, өзара былай десті: — Бұған мұндай даналық пен құдірет қайдан біткен? 55 Өзі ағаш ұстасының Баласы емес пе? Шешесінің аты — Мәриям, ал інілері — Жақып, Жүсіп, Шимон, Яһуда. 56 Қарындастарының бәрі де арамызда тұрады ғой. Сонда мұның бәрі Бұған қайдан біткен, ә? 57 Олар қызғаныштан Исаны көре алмай, ашуланды. Ал Иса оларға қарап: — Өз ел-жұрты мен үй ішінен өзге жерде пайғамбар қадірсіз болмас, — деді. 58 Олардың сенбеушілігіне бола Иса сол маңайда көп кереметтер жасаған жоқ.
1 Сол уақытта аймақ әкімі Ирод (Антипас) Иса туралы хабарды естіп, 2 нөкерлеріне: «Бұл, шомылдыру рәсімін жасаған Жақия екен. Өлімнен қайта тіріліпті, сол себептен де сондай құдіретті істер жасайды», — деді. 3 Бұрынырақ аймақ әкімі Ирод Жақия пайғамбарды тұтқындатып, бұғаулатып, түрмеге жаптырған еді. Ирод мұны туған бауыры Філіптің әйелі Иродияға бола істеді. 4 Себебі Жақия Иродқа: «Бауырыңыздан жұбайын тартып алғаныңыз Таурат заңына қайшы!» — деп ескерткен болатын. 5 Содан Ирод Жақияны өлтіргісі келді, бірақ оны пайғамбар деп санайтын халықтан қорықты. 6 Бірақ Ирод өзінің туған күнін тойлап отырғанда, Иродияның қызы қонақтардың алдында би билеп, Иродқа қатты ұнап қалды. 7 Сондықтан Ирод бойжеткенге не сұраса да сыйлауға уәде берді. 8 Қыз шешесінің айтып үйретуі бойынша Иродтан: «Шомылдыру рәсімін жасаған Жақияның басын табаққа салып, маған осында тарту етіңіз», — деп өтінді. 9 Патша еңсесі түсіп қапаланды. Алайда бірге отырған қонақтарының алдында ант бергендіктен, қыздың өтінішін орындауға бұйырды. 10 Бір жасақшысын түрмеге жіберіп, Жақияның басын шаптырды. 11 Бас табаққа салынып, қызға әкелінді. Қыз оны шешесіне апарып берді. 12 Кейін Жақияның шәкірттері келіп, оның мәйітін алып кетіп, қабірге қойды. Содан Исаға барып, болған жайтты жеткізді. 13 Мұны естігеннен кейін Иса оңаша болу үшін қайықпен елсіз бір жерге жөнелді. Ал бұл туралы біліп қалған халық сол маңайдағы қалалардан шығып, жаяу Оның соңынан ілесті. 14 Иса қайықтан түскенде, қарақұрым халықты көрді. Оларға жаны ашып, араларындағы ауру адамдарды сауықтырды. 15 Кеш түсе шәкірттері Ұстазының қасына келіп: — Бұл — құлазыған дала, ал күн кеш болып кетті. Халықты таратып жіберіңіз. Олар жақын маңдағы ауылдарға барып, тамақ сатып алсын, — деген ұсыныс жасады. 16 Бірақ Иса: — Кетулері қажет емес, оларға тамақты сендер беріңдер! — деп жауап қатты. Шәкірттер: 17 — Бізде тек бес күлше нан мен екі кепкен балық қана бар, — деді. Иса: 18 — Соларды Маған алып келіңдер! — деп, 19 халыққа көгалдың үстіне жайғасып отыруды бұйырды. Мұнан кейін Иса бес күлше мен екі балықты қолына алып, көкке қарап тұрып шүкірлік етті. Нанды үзіп-үзіп, шәкірттеріне бере берді, ал олар халыққа үлестірді. 20 Барлығы да жеп тойды. Соңында олар нан үзімдері мен балықтан артылып қалғандарын жинап алғанда, он екі себет толды. 21 Ал балалар мен әйелдерді есептемегеннің өзінде тамақтанған ер адамдардың жалпы саны бес мыңдай еді. 22 Бұдан кейін Иса дереу шәкірттеріне қайыққа мініп, Өзінен бұрын көлдің солтүстік жағасына өтуге бұйырды. Ал Өзі халықты таратып жібермек болып, сол жерде қалды. 23 Ол жұртты қайтарған соң (көктегі Әкесіне) оңашада сиынып мінажат ету үшін бір төбенің басына шықты. Кеш түскенде Иса әлі де сол жерде жалғыз тұрды. 24 Ал қайық жағадан бірталай алыстап кеткен болатын. Сол кезде жел қарсы тұрып, толқындар қайықты соққылай бастады. 25 Таңғы сағат үш шамасында Иса шәкірттеріне көл бетімен жақындап келді. 26 Оның көл үстінде жаяу жүргенін байқап қалып, шәкірттерінің зәрелері ұшып: «Мынау елес!» — деп қатты қорқып, айқайлап жіберді. 27 Иса оларға дереу тіл қатып: — Қорықпаңдар, бұл Менмін ғой! Үрейлерің ұшпасын! — деп көңілдерін орнықтырды. 28 Петір: — Мырза, егер бұл Өзіңіз болсаңыз, онда маған су бетімен қасыңызға баруға бұйырыңызшы, — деп жауап берді. Иса: 29 — Кел! — дегенде, Петір қайықтан шығып, су үстімен Исаға қарай беттеді. 30 Бірақ қатты соққан желді байқап, қорқып кеткен ол суға бата бастады да: — Мырза, мені құтқара көріңіз! — деп айқайлап жіберді. 31 Иса дереу қолын созып, демеп жіберіп: — Әй, сенімі азым-ай! Неліктен (Менің құдіретіме) күдіктендің? — деді. 32 Екеуі қайыққа мінгенде жел де басылды. 33 Сонда қайықтағылар: — Сіз шынымен де Құдайдың рухани Ұлысыз! — деп, Оған иіліп тағзым етті. 34 Сонымен олар көлден өтіп, Генесәрет қаласының маңындағы жағаға жетті. 35 Сол жердің тұрғындары Исаны танып қалып, бүкіл төңірекке кісі жіберіп, барлық ауру-сырқауларын Оның қасына алып келді. 36 Олар Исадан ең болмағанда Оның шапанының шетіне қол тигізуге рұқсат етуін сұрады. Қол тигізгендердің бәрі де сауығып кетіп жатты!
1 Сол кездері Иерусалимнен бірнеше дін мұғалімдері мен парызшылдар келді. Олар Исаға мына сұрақты қойды: 2 — Шәкірттеріңіз неге ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлерді бұзады? Олар қол жуу рәсімін орындамай-ақ тамақтана береді екен! — 3 Исаның жауабы мынау болды: — Ал сендер неге өз дәстүрлеріңе бола Құдайдың өсиеттерін бұзасыңдар?! 4 Құдай: «Ата-анаңды сыйла!» және «Егер біреу әкесін не шешесін жамандайтын болса, ол өлтірілсін!» деп бұйырған еді ғой. 5 Бірақ сендер адамның өз әкесіне не шешесіне: «Менен көрмек игіліктеріңізді мен Құдай жолына бағыштадым» деуіне рұқсат бересіңдер. 6 Осылай ол әке-шешесін сыйлап, парызын орындауға міндетті емес деп үйретесіңдер. Сөйтіп сендер өз дәстүрлеріңе бола Құдайдың бұйрығын жоққа шығардыңдар! 7 Екі жүзділер! Сендер жайында Ишая пайғамбар алдын ала дәл айтып кеткен: 8 «Бұл халық Мені тек ауызбен ғана сыйлайды, ал жүректері Менен тым алшақ. 9 Адам баласы шығарған ережелерді үйретіп, Мені құр босқа құрметтегенсиді!» 10 Содан Иса жиналған жұртты қасына шақырып алып, оларға былай деп ескертті: «Құлақ салып, жақсылап ұғып алыңдар: 11 адамның аузынан енген нәрселер оны арамдай алмайды. Керісінше, аузынан шыққандары адамды арамдайды». 12 Кейінірек шәкірттері Исаға келіп: — Парызшылдардың осы айтқандарыңызға өкпелеп қалғанын байқадыңыз ба? — деп сұрады. 13 Иса оларға: — Көктегі Әкем екпеген әр өсімдік түбірімен жұлынып тасталмақ! 14 Оларды қойыңдар, өздері — соқырлардың соқыр жетекшілері! Ал соқырды соқыр жетелесе, екеуі де орға құлап түсер, — деді. 15 Сонда Петір: — Алдыңғы астарлап айтқандарыңызды түсіндіріп беріңізші, — деп өтінді. 16 — Сендер де айтқандарымды әлі түсінбей тұрсыңдар ма? — деп жауап берді Иса. 17 — Адамның аузы арқылы енген барлық тағамдар асқазанға жетіп, кейін денеден шығып кетеді, мұны ұқпайсыңдар ма? 18 Бірақ адамның аузынан шыққандары оның жүрегінен, яғни ішкі дүниесінен, шығады. Адамды арамдайтын, міне, осылар! 19 Себебі жүректен шығатындар мыналар: жаман ойлар, кісі өлтіру, неке адалдығын бұзу, азғындық, ұрлық, өтірік, жамандау. 20 Осылар адамды арамдайды. Ал қол жуу рәсімін орындамастан тамақ ішу ешкімді арам қылмайды. 21 Иса сол жерден кетіп, Тир мен Сидон аймағына барды. 22 Бұл өңірден шыққан бір қанахандық әйел Оған: «Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, рақым етіңіз! Қызымды жын соғып, қатты қинап жатыр!» — деп айқайлады. 23 Бірақ Иса оған бір сөз де айтпады. Сонда шәкірттері Ұстазына келіп: — Мынаның тілегін орындап, жібере салыңыз. Ол соңымыздан қалмастан айқайлап келеді, — деп өтінді. 24 Ал Иса: — Мен тек адасып кеткен қойларға ұқсас Исраил халқына ғана жіберілгенмін, — деді. 25 Әйел Оның алдына келіп, иіліп тағзым етіп: — Тақсыр, маған көмектесе көріңіз! — деп жалынғанда, 26 Иса оған астарлап: — «Балалардың нанын алып қойып, үй күшіктеріне тастау дұрыс емес», — деді. Әйел: 27 — Айтқаныңыз дұрыс, Тақсыр! Дегенмен «үй күшіктері» де иелерінің дастарқанынан түскен ұсақ-түйек қалдықтармен қоректенеді ғой, — деп жауап берді. 28 Иса: — Қарындас, сенімің ғаламат зор екен! Тілегенің болсын! — деді. Сол сәтте-ақ оның қызы сауығып кетті. 29 Иса сол жерден кетіп, Ғалилея көлінің бойымен жүрді. Бір төбенің басына шығып, отырды. 30 Исаның қасына қарақұрым халық жиналды. Олар сал болғандар, соқырлар, мылқаулар, мүгедектер және басқа да көптеген ауру-сырқауларды алып келіп, Оның алдына жайғастырды. Иса оларды сауықтырып жіберді. 31 Жұрт мылқаулардың сөйлегенін, мүгедектердің сауыққанын, сал болғандардың жүргенін және соқырлардың көздерінің ашылғанын көргенде, Исраилдің Құдайын мадақтап дәріптеді. 32 Кейінірек Иса шәкірттерін қасына шақырып: — Халыққа жаным ашиды. Олар үш күннен бері қасымда болып, жейтін азықтары қалмады. Оларды аш күйлерінде қайтарып жібергім келмейді: жолшыбай әлсіреп, құлап қалар, — деді. 33 Шәкірттері: — Осы құлазыған далада соншама көп халықты тамақтандыруға жететін нанды қайдан табамыз? — деп жауап берді. Иса: 34 — Қанша нандарың бар? — деп сұрағанда олар: — Жеті күлше мен бірнеше кепкен ұсақ балық қана, — деді. 35 Сонда Иса жұртқа жерге жайғасуға бұйырды. 36 Жеті күлше мен балықтарды қолына алып, шүкіршілік етті де, үзіп-үзіп шәкірттеріне бере берді. Олар халыққа үлестірді. 37 Бәрі де тамақтанып, тойып алды. Соңынан қалдықтарды жинап алғанда жеті үлкен себет толды. 38 Әйелдер мен балаларды есептемегеннің өзінде төрт мың ер адам тамақтанған болатын. 39 Иса халықты таратып жіберген соң қайыққа мініп, Мағдала қаласының маңына кетті.
1 Сол жердегі парызшылдар мен саддукейлер Исаның қасына келді. Оның билігін сынау үшін Исадан көктің құдіретімен бір керемет көрсетуін сұрады. 2 Иса оларға былай деп жауап берді: — Сендер кешке «Күн ашық болады, қызарып батты ғой» деп жорисыңдар, 3 ал таңертең «Бүгін дауыл тұрады, аспан қып-қызыл әрі бұлыңғыр екен» дейсіңдер. Осылай аспанның құбылыстарын түсіне білесіңдер, бірақ қазіргі заманда болып жатқан оқиғаларды ұға алмайсыңдар! 4 Жаман, опасыз ұрпақ (билігімді дәлелдейтін) керемет көрсетуімді талап етеді. Бірақ осы ұрпаққа Жүніс пайғамбардың кереметінен басқасы көрсетілмейді! — Мұнан кейін Иса оларды тастап, сол жерден кетіп қалды. 5 Иса шәкірттерімен көлдің ар жағына өтті. Шәкірттер нан ала келуді ұмытып кеткен еді. 6 Иса оларға: — Абайлаңдар, парызшылдар мен саддукейлердің «ашытқыларынан» сақтаныңдар! — деп ескертті. 7 Шәкірттері өзара пікірлесіп: — Бұны нанымыздың жоқтығынан айтқан шығар, — десті. 8 Иса оларын біле қойып, былай деп сұрады: — Сенімі аздарым-ай, неге сендер нанымыз жоқ деп пікірлесіп отырсыңдар? 9 Жасағандарымды әлі де не түсінбей, не ескермей келесіңдер ме? Бес күлше нан бес мың адамға жетіп, қалдықтардан неше себет жинап едіңдер? 10 Әрі жеті күлше төрт мың адамға жетіп, артылып қалғаны қанша үлкен себет болды? 11 Менің сендерге: «Парызшылдар мен саддукейлердің ашытқысынан сақтаныңдар!» дегенімде нан туралы айтпағанымды қалайша ұға алмайсыңдар? — 12 Сонда шәкірттері Исаның нандағы ашытқыдан емес, парызшылдар мен саддукейлердің жалған тәлімдерінен сақтандырғанын түсінді. 13 Бірде Иса Філіп-Кесариясы қаласының маңына барып, жеткеннен кейін, шәкірттеріне: — Жұрт көктен келген Билеушіні кім деп жүр? — деген сұрақ қойды. 14 Олар: — Біреулері Сізді шомылдыру рәсімін жасаған Жақия, ал басқалары Ілияс пайғамбар, тағы басқалары Еремия немесе ежелгі пайғамбарлардың өзге біреуі деп жүр, — деді. 15 Сонда Иса: — Ал сендер Мені кім дейсіңдер? — деп сұрады. 16 Шимон Петір: — Сіз Мәсіхсіз, мәңгі тірі Құдайдың рухани Ұлысыз! — деп жауап берді. 17 Иса оған: — Сен бақыттысың, Жүніс ұлы Шимон: саған мұны адам баласы емес, көктегі Әкем білдірді! 18 Бұдан былай сенің атың Петір («Тас») болады. Осы іргетастың үстіне Мен Өзіме сенушілердің қауымын саламын. Оны өлімнің күштері де жеңе алмайтын болады. 19 Саған Құдай Патшалығына жол ашатын кілттерді тапсырамын; жер бетінде тыйым салғаныңды да, рұқсат еткеніңді де көктегі Әкем бекітпек, — деді. 20 Содан кейін Иса Өзінің Мәсіх екені туралы ешкімге тіс жармауды шәкірттеріне қатты ескертті. 21 Сол кезден бастап Иса Өзінің Иерусалимге баруға тиісті екенін ашық білдіре бастады: — Ол жерде Мен рубасылар, басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдерінен көп азап шегуге тиіспін: Менің өлтірілуім, бірақ содан кейінгі үшінші күні қайтадан тірілуім де қажет! — деді. 22 Сонда Петір Исаны былайырақ алып шығып: — Құдай сақтасын, Мырза, ондай нәрсе басыңызға түсе көрмесін! — деп қарсылық білдіре бастады. 23 Бірақ Иса Петірге бұрылып: — Менен аулақ кет, әзәзіл! Маған тұзақ құрып жатырсың: сен Құдайдың емес, адамның қалауын ойлап тұрсың, — деп тыйым салды. 24 Бұдан кейін Иса шәкірттеріне мынаны айтты: — Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге дайын болып Менің жолыммен жүрсін! 25 Себебі кім өмірімді сақтаймын десе, одан айырылады, ал өмірін Мен үшін қиған әркім оған (мәңгі) иелік етеді. 26 Адам бүкіл дүниеге ие болып, сол себепті (мәңгілік) өмірінен айырылса, бұдан оған не пайда? Яки адам өз өмірі үшін қандай құн төлей алады? 27 Себебі Мен періштелерімді ертіп Әкемнің салтанатты ұлылығымен Билеуші ретінде көктен қайтып келген кезімде әркімге істеген істеріне қарай сыйын беремін. 28 Сендерге шын айтамын: осында тұрған кейбіреулерің Менің Құдай тағайындаған Билеуші ретінде Патшалығымның нұрлы салтанатымен келуімді өз көздеріңмен көрмей, өлмейсіңдер.
1 Иса осыдан алты күннен кейін тек Петірді және Жақып пен оның інісі Жоханды ғана ертіп алып, бір биік таудың басына шықты. 2 Сонда Оның сыртқы түрі үш елшісінің көз алдарында өзгеріске түсті: бет-әлпеті күндей жарқырап, киімдері нұрланып аппақ сәуле шашты. 3 Кенеттен (ежелде өмір сүрген) Мұса пайғамбар мен Ілияс пайғамбар пайда болып, Исамен сөйлесті. 4 Сол кезде Петір Исаға: «Мырза, бұл жерде болғанымыз қандай жақсы! Біреуін Сізге, біреуін Мұсаға, біреуін Ілиясқа арнап үш күрке құрайын», — деп тіл қатты. 5 Ол әлі де сөйлеп тұрған кезде-ақ кенеттен бір нұрлы бұлт оларға көлеңкесін түсіріп, бұлт ішінен: «Бұл — Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған ризамын. Оны тыңдаңдар!» — деген дауыс шықты. 6 Мұны естіген шәкірттер қатты үрейленіп, етпеттерінен жерге құлай кетті. 7 Бірақ Иса қастарына келіп, қолын тигізіп: «Тұрыңдар, қорықпаңдар», — деп көңілдерін орнықтырды. 8 Олар бастарын көтеріп, көздерін ашқанда жалғыз Исадан басқа ешкімді көрмеді. 9 Таудан түсіп бара жатқанда Иса оларға: «Көктен келген Билеуші өлімнен қайта тірілгенше, бұл көргендерің туралы ешкімге тіс жармаңдар!» — деп тыйым салды. 10 Кейінірек шәкірттері Оған: — Сонда дін мұғалімдерінің «алдымен Ілияс пайғамбар бұ дүниеге қайтып келуге тиіс» деулері қалай? — деген сұрақ қойды. 11 Иса: — Ілиястың қайтып келіп, бәрін қалпына келтіретіні рас. 12 Бірақ сендерге айтамын: Ілияс келген де еді. Алайда адамдар оны танымай, оған ойына келгендерін істеді. Көктен келген Билеуші де солай олардың қолдарынан азап шегетін болады, — деп жауап берді. 13 Сонда шәкірттері Оның шомылдыру рәсімін орындаған Жақия пайғамбар туралы айтып тұрғанын түсінді. 14 Иса үш елшісімен таудың етегінде жиналған халыққа қайтып келді. Бір адам Оның қасына жақындап, тізесін бүгіп тағзым етіп, былай деп өтінді: 15 — Мырза, менің ұлымды аяй көріңіз! Оның ұстамасы бар, содан қатты азап шегеді. Жиі-жиі отқа да, суға да құлайды. 16 Ұлымды шәкірттеріңізге әкелген едім, бірақ оны сауықтыру қолдарынан келмеді. — 17 Сонда Иса: — Ей, сенбейтін, шындық жолынан тайған ұрпақ-ай! Қанша уақыт қастарыңда болмақпын, қанша уақыт сендерге төзбекпін?! Кәне, баланы Маған әкеліңдер! — деді. 18 Содан соң Ол жынға қатаң бұйрық берді. Жын баланың денесінен шығып, ол сол сәтте-ақ сауығып кетті. 19 Кейінірек шәкірттері оңашада Исаның қасына келіп: — Неліктен біз жынды қуып шығара алмадық? — деп сұрады. 20 Иса оларға былай деді: — Сенімдеріңнің жеткіліксіздігінен. Сендерге шындығын айтайын: тіпті тарының түйіріндей ғана сенімдерің болса, мына тауға: «Бұл жерден ана жаққа көш!» десеңдер, ол көшер еді. Қолдарыңнан келмейтін ештеңе де болмас еді. 21 (Мұндай жындарды тек Құдайға сиынып мінажат етіп, ораза ұстаумен ғана қуып шығаруға болады.) 22 Олар Ғалилеяда бірге жүрген кезде Иса шәкірттеріне (өз басынан өткізетіндері туралы) былай деді: «Көктен келген Билеушіні адамдардың қолына ұстап береді! 23 Оны өлтіреді, бірақ үшінші күні Ол қайта тіріледі!» — Сонда шәкірттерінің еңселері түсіп қатты қапаланды. 24 Олар Қапарнаумға келгенде, ғибадатхана үшін садақа ақшасын жинайтындар Петірге келіп: — Ұстаздарың ғибадатхана садақасын төлемей ме? — деп сұрады. Ол: 25 — Иә, төлейді, — деді. Петір үйге кірген соң, Иса оның алдын орап: — Шимон, қалай ойлайсың: осы дүниелік патшалар алым-салықты кімнен жинайды: өз халқынан ба, әлде бөтендерден бе? — деген сұрақ қойды. 26 — Бөтендерден. — Сонымен өз халқы салықтан босатылған, — деп тұжырымдады Иса. 27 — Алайда әлгі садақа жинаушыларды өкпелетпеу үшін көлге барып, қармақ таста. Ілінген алғашқы балықтың аузын ашсаң, бір үлкен күміс теңгені табасың. Соны алып, оларға сен екеуіміз үшін бере сал, — деп тапсырды.
1 Сол уақытта шәкірттері Исаның қасына келіп: — Құдай Патшалығында кімнің жолы ең үлкен? — деген сұрақ қойды. 2 Иса бір кішкентай баланы шақырып алып, орталарына тұрғызып қойды да, былай деді: 3 — Сендерге шындығын айтайын: теріс пікірлеріңнен қайтып, бала сияқты (кішіпейіл) болмасаңдар, Құдайдың Патшалығына кіре алмайсыңдар! 4 Кім өзін осы жас бала сияқты кіші тұтса, Құдай Патшалығында соның жолы ең үлкен. 5 Кім Менің атымнан осындай бір сәбиді қабылдаса, соның Мені де қабылдағаны. 6 Ал кім Маған сенетін осы кішкенелердің біреуін азғырып теріс жолға түсірсе, сол адам үшін мойнына диірменнің тасы байланып, теңіздің тұңғиығына батырылғаны жақсырақ болар еді-ау! 7 Осы күнәкар дүние адамдарды теріс жолға азғырғаны үшін қасіретке ұшырайды! Азғыратын жағдайлардың болатыны сөзсіз, бірақ азғыру кімнен шықса, сол қасіретке қалады! 8 (Иса сөзін жалғастырып, астарлап былай деді:) — Егер сені өз қолың не аяғың (секілді өте қажетті нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшін «шауып, лақтырып тасталған» сияқты жоқ болсын! Екі қол, екі аяқпен мәңгілік тозақ отына лақтырылғаннан гөрі сыңар қол-аяқпен мәңгілік өмірді иемденгенің саған артық болар еді. 9 Егер де сені көзің (секілді өте құнды нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшін ойып, лақтырып тасталған сияқты жоқ болсын! «Екі көзіңмен» тозақ отына лақтырылғаннан гөрі «сыңар көзбен» мәңгілік өмірді иемденгенің саған артық болар еді. 10 Сақ болыңдар, осы кішкенелердің бірде-біреуін менсінбей жүрмеңдер! Сендерге айтамын: олардың періштелері көктегі Әкемнің келбетін әрдайым көріп тұрады. 11 (Мен, Құдай тағайындаған Билеуші, тура жолдан адасып кеткендерді құтқаруға көктен келдім.) 12 Мынаған қалай қарайсыңдар: Бір бағушының жүз қойы болып, солардың біреуі адасып кетсе, ол не істемек? Тоқсан тоғыз қойын қырат басында қалдырып, адасып кеткенін іздеп шықпай ма? 13 Сендерге шын айтамын: оны тапса, адаспаған тоқсан тоғызынан гөрі, табылған оған көбірек қуанады! 14 Дәл сол сияқты, көктегі Әкелерің де осы кішкенелердің ешқайсысының адасып, тозаққа түсуін қаламайды! 15 Егер бауырласың саған қарсы күнә жасаса, оған барып, істегені туралы оңаша сөйлесіп, әшкереле. Егерде айтқаныңа құлақ асса, бауырласыңды қайтадан тапқаның. 16 Ал егер тыңдамаса, қасыңа бір-екі кісі ертіп алып, оған тағы бар. Осылай әрбір сөз екі не үш куәгердің айтқандарымен дәлелденсін. 17 Егерде оларға да құлақ аспаса, бұл туралы сенушілер қауымына айтып бер. Ал егер қауымды да тыңдамаса, онда оған Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамына не күнәкар салықшыларға қарағандай қара. 18 Сендерге шындығын айтамын: жер бетінде тыйым салғандарыңды да, рұқсат еткендеріңді де көктегі Әкем бекітпек. 19 Сендерге мынаны да айтамын: жер бетінде екеуің келісіп, қай нәрсені болса да көктегі Әкемнен сұрасаңдар, Ол соны бермек. 20 Өйткені екі-үш адам Менің атымнан жиналса, Мен де сол жерде араларында боламын. 21 Сонда Петір Исаның қасына жақындап: — Мырза, егер бауырласым маған қарсы күнә жасай берсе, оны неше рет кешіруім керек? Жеті ретке дейін бе? — деп сұрады. 22 Иса: — Саған айтамын: жеті емес, жеті қайтара жетпіс ретке дейін, — деп жауап берді. 23 — Құдай Патшалығындағы жағдай мынаған ұқсас: Бір патша қызметкерлерінен есеп алмақшы болады. 24 Есеп ала бастағанда оның алдына он мың ат басындай күміске борышты қызметкерін алып келеді. 25 Қарызын төлейтін ештеңесі болмағандықтан, патша оның өзін, әйелін, бала-шағасы мен мал-мүлкін түгел сатып, содан түскен ақшамен қарызын өтеуге бұйырады. 26 Сонда қызметкер патшаның аяғына жығылып: «Тақсыр, маған сәл мұрсат бере көріңіз, мен бәрін де төлеймін!» деп жалынады. 27 Қызметкеріне жаны ашыған патша оны босатып, бүкіл қарызын да кешіреді. 28 Қызметкер далаға шыққан соң, бір қызметтес жолдасын кездестіреді. Бұл адам оған тек бір жүз күміс теңгеге ғана борышты. Алайда қызметкер оны алқымынан алып, қылғындыра бастап: «Дәл қазір маған берешегіңді қайтар!» деп талап етеді. 29 Қарыздар жолдасы аяғына жығылып: «Маған сәл мұрсат бере көр, мен бәрін де төлеймін!» деп жалынады. 30 Бірақ ол күткісі келмей, әлгіні қарызын төлегенше түрмеге жапқызады. 31 Мұны көрген өзге жолдастары қатты наразыланып, патшаға барып, болған оқиғаны айтып береді. 32 Сонда патша сол қызметкерін шақырып алып: «Әй, зұлым қызметші! Сен өтінгендіктен, мен қарызыңды түгелдей кешірдім ғой! 33 Ендеше сен де дәл солай жолдасыңды кешіруге тиіс емес пе едің?!» дейді. 34 Патша қаһарланып, оны қарызын толық өтегенше жазалаушыларға тапсырады. 35 Міне, егер сендер бауырластарыңның күнәларын шын жүректен кешірмесеңдер, көктегі Әкем әрқайсыларыңа да солай істемек!
1 Иса осы айтқандарын тамамдаған соң, Ғалилеядан шығып, Яһудея аймағына әрі Иордан өзенінің шығыс бетіне барды. 2 Оның соңынан халық көптеп еріп, Иса оларды сол жерде ауруларынан сауықтырды. 3 Бірнеше парызшылдар қасына келіп, Исаны сынақтан өткізбек болып: — Күйеуінің кез келген себептен әйелімен ажырасуына бола ма? — деген сұрақ қойды. 4 Исаның жауабы мынау болды: — Сендер Жаратқан Иенің әуел бастан-ақ «адамды бірін еркек, бірін әйел қылып» жаратқанын (Тауратта) оқымап па едіңдер?! 5 Сол кезде Ол былай деген: «Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады». 6 Осылайша олар енді екеу емес, біртұтас. Сонымен Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын! — 7 Парызшылдар қарсылық білдіріп: — Олай болса, күйеуі арнайы куәлік қағазын жазып берсе, әйелімен ажырасуына болады деген ережені Мұса пайғамбар неге жазып қалдырған? — деді. 8 Иса оларға былай деп жауап қатты: — Мұса жүректеріңнің Құдайдың еркіне мойынсұнбай қасарысқандығына бола әйелдеріңмен ажырасуға жол берген. Алайда әуел баста бұл олай болмаған еді. 9 Сендерге айтамын: кім жеңіл жүріске түспеген әйелімен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады. (Күйеуімен ажырасқан әйелге үйленген де неке адалдығын бұзады.) 10 Сонда шәкірттері: — Егер еркектің әйелінің алдындағы міндеті осындай болса, онда үйленбеген артық, — деді. Иса: 11 — Бұл айтқандарымды жұрттың бәрі емес, Құдай бұйырғандар ғана ұға алады. 12 Себебі үйлене алмайтын түрлі адамдар бар: кейбіреулері некеге жарамайтын болып туған, басқаларын кісілер сондай еткен, ал тағы біреулері — Құдай Патшалығына көбірек қызмет ету үшін некеден бас тартқандар. Мұны ұғына алатындар ұғынсын! — деп сөзін қорытты. 13 Жұрт Исаға балаларын алып келіп, Одан қолын балалардың үстіне қойып мінажат етіп бата берсін деп өтінді. Бірақ шәкірттері оларға тыйым салды. 14 Ал Иса былай деді: «Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар! Құдайдың Патшалығы сондайлар үшін». 15 Содан Иса бұл жас балалардың үстіне қолын қойып бата берді; мұнан кейін сол жерден кетіп қалды. 16 Сол кезде біреу Исаға келіп: — Ізгі Ұстаз! Мәңгілік өмірге ие болу үшін қандай игі істер істеуім керек? — деген сұрақ қойды. Иса оған: 17 — Менен неге игілік туралы сұрайсың? Нағыз игілікті — Біреу-ақ. Мәңгілік өмірге ие болу үшін Оның өсиеттерін орындайтын бол! — деп жауап берді. Әлгі кісі: 18 — Қайсыларын? — деп сұрады. — «Кісі өлтірме; неке адалдығын бұзба; ұрлық жасама; жалған куәлік берме; 19 ата-анаңды сыйла!» және «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» — деді Иса. 20 Жігіт: — Бұлардың бәрін де (жастайымнан) орындап келемін. Маған тағы не нәрсе жетіспейді? — дегенде, 21 Иса оған былай жауап берді: — Егер мүлтіксіз болғың келсе, барып, мал-мүлкіңді сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестіріп бер. Сонда сенің қазынаң көкте болады. Өзің қайтып келіп, шәкіртім болып соңымнан ер! 22 Бұл сөзді естігенде жігіт еңсесі түсіп, қапаланып, сол жерден кетіп қалды. Себебі ол аса дәулетті болатын. 23 Содан Иса шәкірттеріне қарап былай деді: — Сендерге шындығын айтамын: байлардың Құдай Патшалығына кіруі тым қиын! 24 Тағы да айтамын: байдың Құдай Патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңай. — 25 Мұны естіген шәкірттері қатты таңғалып: — Ендеше кім (Құдайдың қаһарынан) құтқарыла алады?! — деген сауал қойды. 26 Иса оларға қарап: — Бұл, адамның қолынан келмейді, бірақ Құдайдың қолынан бәрі де келеді, — деп жауап берді. 27 Петір: — Міне, біз барлығын қалдырып, Сіздің соңыңыздан еріп жүрміз. Сол үшін бізді не күтіп тұр? — деп сұрады. 28 Сонда Иса былай деп жауап қатты: — Сендерге шындығын айтамын: әлем жаңарған кезде, Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келіп, салтанатты тағымда отырғанда, сендер де он екі тақта отырып, Исраилдің он екі руына билік жүргізетін боласыңдар. 29 Үй-жайын, бауырларын, әке-шешесін, бала-шағасын не жер-суын Маған бола қалдырған әркімге қарымтасы жүз есе артығымен қайтарылады, әрі ол мәңгілік өмірге ие болады. 30 Сол заманда көптеген алдыңғы қатарлылар соңғылар болады, ал соңғылар алдыңғы қатарға шығады.
1 Иса сөзін жалғастырып былай деді: «Құдай Патшалығындағы жайт мынау сияқты: бір қожайын таң сәріде жүзім бағына жұмысшы жалдау үшін үйінен шығыпты. 2 Жұмысшылармен күніне бір күміс теңгеден төлейтін болып келісіп, оларды жүзімдігіне жібереді. 3 Сағат тоғызда қожайын қайтадан үйінен шығып, базардан әлі де жұмыссыз тұрған басқаларды көргенде, 4 оларға: — Сендер де жүзімдігіме барыңдар! Тиісті ақыларыңды төлеймін, — дейді. Олар да сонда кетеді. Қожайын түскі сағат он екі және үш шамасында да солай істейді. 6 Соңғы рет сағат бесте барса, жұмыссыз тұрған тағы бірнеше адамды көріп, оларға былай деп тіл қатады: — Неліктен сендер күні бойы бос тұрсыңдар? 7 — Бізді ешкім жалдаған жоқ. — Онда сендер де жүзімдігіме барыңдар! — дейді қожайын. 8 Кешке ол шаруашылығын басқарушысына: — Жұмысшыларды шақырып, жалақыларын төле. Ең соңғыларынан бастап, алғашқы барғандарымен аяқта, — деп тапсырады. 9 Сонда сағат бесте жалданғандар келіп, бір күміс теңгеден алады. 10 Алғашқы болып келгендер көбірек алармыз деп үміттенгенмен, оларға да бір-ақ күміс теңгеден тиеді. 11 Соны алған олар қожайынға өкпелеп: 12 — Соңғылар бір сағат қана жұмыс істесе, біз осындай ыстықта күні бойы жұмыс істедік. Дегенмен сіз бәрімізге бірдей ақы төледіңіз! — деп күңкілдейді. 13 Қожайын біреуіне жауап қайтарып: — Достым, саған әділетсіздік жасаған жоқпын ғой. Әуел баста бір күміс теңгеге келіспеп пе едік?! 14 Ендеше ақыңды ал да кете бер. Соңынан жалданған мыналарға саған бергендей ақы төлеуді өзім қалап тұрмын. 15 Әлде менің меншігімді өз қалауымша жұмсауға еркім жоқ па?! Яки оларға жомарттық жасағанымды көре алмайсың ба? — дейді. 16 Осылайша соңғылар алдыңғы қатарға шығады, ал алдыңғы қатарлылар соңғылар болады!» 17 Иерусалимге өрлеп бара жатқанда Иса жолшыбай он екі шәкіртін бөлек шақырып алып, оларға өз басынан өткізетіндері туралы былай деді: 18 «Енді Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Сол жерде көктен келген Билеушіні басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдеріне сатып кетеді. Олар Оны өлімге кесіп, 19 Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап береді. Солар Оны мазақтап, қамшымен сабайды, ақырында айқышқа шегелеп өлтіреді. Алайда Ол үшінші күні қайта тіріледі!» 20 Сол уақытта Зебедейдің әйелі ұлдарын ертіп Исаның қасына келді. Әйел бір өтініш білдірмек болып Оған тізе бүгіп тағзым етті. Иса: 21 — Сіз не қалайсыз? — деп сұрады. Әйел: — Патшалығыңызда осы екі ұлымның біреуіне оң, екіншісіне сол жағыңызда отыруды бұйырсаңыз екен, — деген тілек білдірді. 22 Алайда Иса жауап беріп: — Не сұрап тұрғандарыңды ұқпайсыңдар! Мен (Құдайдың қаһарына толы) «тостағаннан ішпекпін». Ал сендер солай істей аласыңдар ма? — деді. Екі шәкірт: — Иә, істей аламыз, — дегенде, Иса: 23 — Мен ішетін «тостағаннан» сендер де ішетін боласыңдар. Бірақ оң мен сол жағыма отыруға тағайындау Менің қолымда емес. Көктегі Әкем кімге дайындаған болса, солар отырады, — деп сөзін аяқтады. 24 Қалған он елші мұны естігенде екі ағайынды жігітке қатты наразы болды. 25 Иса оларды қасына шақырып алып, былай деді: — Билеушілері қол астындағы халықтарды билеп-төстейді, төрелері де соларға қатаң әмір жүргізеді, соны білесіңдер. 26 Бірақ сендердің араларыңда ондай болмасын! Керісінше, қайсың ұлы болғысы келсе, сол өзгелеріңе қызмет ете берсін! 27 Қайсың ең бастыларың болғысы келсе, сол сендерге құл іспетті қызмет ете берсін! 28 Осы сияқты Мен де Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра, Өзіме қызмет еткізуге емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін жанымды қиюға осы дүниеге келдім. 29 Иса шәкірттерімен Иерихон қаласынан шыққанда, Оның соңынан халықтың үлкен тобы ілесті. 30 Сонда жол жиегінде отырған екі соқыр кісі қастарынан Исаның өтіп бара жатқанын естіп: «Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз!» — деп айқайлады. 31 Халық оларға ұрсып, үндемеуге бұйырды. Бірақ екеуі одан бетер айқайлап: «Уа, Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз!» — деп жалбарынды. 32 Иса тоқтай қалып, оларды қасына шақырып: — Өздеріңе не істегенімді қалайсыңдар? — деп сұрады. Олар: 33 — Тақсыр, көзімізді аша көріңіз! — деп өтінді. 34 Иса оларға жаны ашып, көздеріне қолын тигізді. Сол сәтте-ақ көздері ашылып, көретін болды! Содан олар Исаға еріп жолға шықты.
1 Осылай Иса мен шәкірттері Иерусалимге таяп, Зәйтүн тауының беткейіндегі Бетфаге ауылына жақындап келді. Сонда Иса екі шәкіртін жұмсап, 2 оларға мынадай тапсырма берді: — Қарсы алдарыңдағы ауылға барыңдар. Оған кірген бойда байлаулы тұрған бір ұрғашы есекті және қасында тұрған тайқарды көресіңдер. Соларды шешіп, алып келіңдер. 3 Егер біреу сендерге бірдеңе дей қалса, оған: «Бұлар Мырзамызға керек» деп жауап беріңдер. Сонда ол дереу жібере салады. 4 Осының бәрі орындалғанда (ежелде Зәкәрия) пайғамбар айтқан мына тәрізді сөздер жүзеге асты: 5 Сион халқына мынаны айтыңдар: «Қара, сенің Патшаң саған келе жатыр! Ол кішіпейілділікпен есекке мініп, тайқардың, жүк таситын бір жас көліктің, үстінде отыр». 6 Екі шәкірт барып, Исаның тапсырғанындай істеп, 7 ұрғашы есек пен тайқарды алып келді. Олар үстіне шапандарын жапқаннан кейін, Иса тайқарға мінді. 8 Халықтың көбі жамылғыларын жолға жайса, өзгелері ағаштардан бұтақшалар кесіп алып, соларды төсеп отырды. 9 Алды-артынан еріп жүрген қалың топтар қатты дауыспен былай деп айқай салды: «Дәуіттің Ұрпағы үшін Тәңір Ие мадақталсын!» «Жаратқанның атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!» «Заңғар аспанда Жаратқан Ие мадақталсын!» 10 Иса Иерусалимге кірген кезде бүкіл қала толқып, халық: — Бұл кім Өзі? — деп сұрасты. 11 Оған еріп жүрген қалың топтар: — Бұл — Иса, Ғалилеядағы Назареттен шыққан Пайғамбар! — деп жауап қайырды. 12 Иса ғибадатхананың алаңына кірген соң, ондағы сатушылар мен алушылардың бәрін де қуып шығарды. Ақша айырбастаушылардың үстелдері мен көгершін сатушылардың орындықтарын аударып тастады. 13 Оларға: «Киелі жазбаларда: «Менің (киелі) үйім мінажат ететін үй деп аталатын болады!» делінген. Бірақ сендер оны «қарақшылар ордасына» айналдырғансыңдар!» — деп қатаң ескертті. 14 Соқырлар мен ақсақтар ғибадатханада Оның қасына жиналып, Иса оларды сауықтырды. 15 Алайда басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері Исаның жасаған тамаша істерін және балалардың ғибадатхана алаңында: «Дәуіттің Ұрпағы үшін Тәңір Ие мадақталсын!» — деп айқайлағанын көріп-естігенде, ашуланды. 16 Олар Исаға: — Бұлардың не деп жатқандарын естіп тұрсыз ба?! — деп наразылықтарын білдірді. Ал Иса: — Әрине, естіп тұрмын. Сіздер (Забурда) «Балалардың, кішкене бөбектердің аузымен Өзіңді дәріптетесің» деп жазылғанды ешқашан оқымап па едіңіздер? — деп жауап қайтарды. 17 Содан кейін Иса ғибадатханадағы халықты қалдырып, қаладан шығып, Бетанияда түнеді. 18 Ертеңгісін қалаға қайтып келе жатқанда Исаның қарны ашты. 19 Жол бойында Ол бір інжір ағашын көріп, қасына барды. Бірақ одан жапырақтан өзге ештеңе таппады. Сонда Иса: «Бұдан былай мәңгі ешқандай жемісің болмасын!» — деді. Інжір ағашы бірден қурап қалды. 20 Мұны көрген шәкірттері қайран қалып, өзара: — Ағаш қалайша бірден қурап қалды? — деп сұрасты. 21 Иса: — Сендерге шындығын айтамын: егер еш күмәнсіз Құдайға сенсеңдер, Менің осы ағашқа істегенімнен де зор нәрсені істейтін боласыңдар. Мына тауға: «Орныңнан көтеріліп, теңізге лақтырыл!» — десеңдер, сол орындалады. 22 Құдайға сеніммен сиынып (Оның еркіне сай) нені сұрасаңдар да, Одан аласыңдар, — деп жауап берді. 23 Содан соң Иса ғибадатханаға кірді. Жұртқа тағылым беріп жатқан Оның қасына елдің басты діни қызметкерлері мен рубасылары жақындап: — Бұл істерді қандай билікпен істеп жүрсіз? Сізге мұндай билікті кім берді? — деген сауал қойды. 24 Исаның жауабы мынау болды: — Мен де сіздерге бір сұрақ қояйын. Соған жауап берсеңіздер, онда бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтып беремін. 25 Жақияның орындаған шомылдыру рәсімі қайдан болып еді: көктің еркімен бе, әлде адамның еркімен бе? Олар өзара пікірлесіп: «Егер «көктің еркімен» десек, Ол бізден: «Ендеше Жақияның уағызына неге сенбедіңіздер?» деп сұрайды. 26 Ал «адам еркімен» десек, халықтың наразылығына ұшыраймыз деп қаймығамыз. Барлығы Жақияның пайғамбар болғанына сенеді ғой», — десті. 27 Сондықтан олар Исаға: — Оны білмейміз, — деп жауап берді. Иса: — Олай болса, Мен де бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтпаймын, — деп кесіп айтты. 28 — Ал мына оқиғаға қалай қарайсыздар: Бір адамның екі ұлы болыпты. Ол біреуіне келіп: «Ұлым, бүгін жүзімдікке барып, жұмыс істеші», — деп тапсырғанда, 29 баласы: «Барғым келмейді», — деп жауап қайырады. Дегенмен кейінірек онысына өкініп, жұмысқа барады. 30 Әкесі екіншісіне келіп те дәл солай дейді. Бұл: «Жарайды, әке, барамын», — деп жауап берсе де, бармай қояды. 31 Осы екеуінің қайсысы әкесінің еркін орындады? — деп сұрады Иса. Ел басшылары: — Біріншісі, — деп жауап бергенде, Ол былай деді: — Ендеше сіздерге шындығын айтайын: Құдай Патшалығына сіздерден бұрын (теріс жолдан қайтқан) салықшылар мен азғын әйелдер кірмек! 32 Себебі Жақия әділдік жолын көрсетуге келгенде оған сенбедіңіздер. Бірақ салықшылар мен азғын әйелдер оған сенім артты. Ал сіздер тіпті мұны көргеннен кейін де теріс жолдан қайтпадыңыздар, әрі оған сенбедіңіздер! 33 Тағы бір астарлы әңгімені тыңдаңыздар: бір қожайын жүзім бағын отырғызады. Оны дуалмен қоршап қояды, әрі жүзім шырынын сығып алуға арналған шұңқыр қазып жасап, күзет мұнарасын да салады. Кейін бағын жүзімшілерге жалға тапсырып, өзі басқа жаққа сапарға аттанады. 34 Жеміс піскен мезгілде бақтың иесі өнімінен өзіне тиісті үлесін алу үшін қызметшілерін жұмсайды. 35 Бірақ жүзімшілер қызметшілерді ұстап алады: біреуін ұрып-соғып, өзгесін өлтіріп, тағы біреуін таспен атқылайды. 36 Қожайын бұрынғыдан да көбірек қызметшілерін жібереді. Бірақ әлгілер оларға да алдындағыдай істейді. 37 Ақыр соңында қожайын: «Менің ұлымнан қаймығар» — деп ойлап, оларға өз ұлын жұмсайды. 38 Бірақ жүзімшілер ұлын көргенде өзара: «Бұл — мұрагер ғой! Кәне, жүріңдер, оны өлтіріп, мұрасына ие болайық!» — деседі. 39 Оны ұстап алып, бақ сыртына алып шығып, өлтіріп тастайды. 40 Енді жүзімдіктің иесі келгенде, осы жүзімшілерге не істемек? — 41 Тыңдап тұрғандар Исаға: — Ол зұлымдарды азаптап өлтіріп, бағын басқаларға тапсырмақ. Солар мерзімі жеткенде оған тиісті өнімін беретін болады, — деп жауап берді. 42 Сонда Иса былай деді: — Киелі жазбадан мынаны ешқашан оқымап па едіңіздер: «Құрылысшылар менсінбеген Тас енді үйдің басты іргетасына айналды! Жаратқанның Өзі соны істеді, көз алдымызда бұл керемет болды!» 43 Сондықтан да сіздерге айтамын: Құдай өз Патшалығын сіздерден тартып алып, басқа бір халыққа тапсырмақ! Олар оның өнімін беріп тұратын болады. 44 Ал әлгі Тасқа сүрініп құлаған әркім талқандалады, әрі осы Тас үстіне құлағандар жаншылып қалады! 45 Астарлы әңгімелерін тыңдаған басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Исаның өздері туралы айтқанын ұғып, 46 Оны тұтқындамақ болды. Алайда Исаны пайғамбар деп қадір тұтқан халықтан қорқып, соған батылдары бармады.
1 Иса халыққа астарлы әңгімелер арқылы тәлім беруін жалғастырды. Оларға былай деді: 2 «Құдай Патшалығындағы жағдайды мынаумен салыстыруға болады: бір патша баласының үйлену тойын өткізуге дайындалыпты. 3 Содан ол шақырған кісілерін алып келуге қызметшілерін жібереді. Алайда сол адамдардың келгілері келмейді. 4 Патша басқа қызметшілерін жұмсап: — Шақырылғандарға айтыңдар, мен қонақасымды әзірлеп қойдым, өгіздер мен бордақыланған торпақтар сойылып, бәрі дайын тұр. Тойға келе беріңдер! — дегізеді. 5 Бірақ олар шақыруды елемей, біреуі егіндік жеріне, біреуі саудасына кетіп қалады. 6 Тағы басқалары қызметшілерін ұстап алып, қорлап, өлтіріп тастайды. 7 Мұны естіген патша қаһарланып, әскерін жұмсап, әлгі кісі өлтірушілердің көздерін құртып, олардың қаласын өртеп жібереді. 8 Содан кейін қызметшілеріне: — Той дайын, ал шақырылғандар оған лайықсыз болып шықты. 9 Енді жол тораптарына барып, кімді кездестірсеңдер, соларды тойға шақырып, алып келіңдер! — деген жарлық береді. 10 Жан-жаққа аттанған қызметкерлер кімді кездестірмесін — жаманын да, жақсысын да бәрін жинап алып келеді. Той болған үй адамдарға лық толады. 11 Патша келгендерді көруге кіргенде, тойға сай киім кимеген біреуді көріп, 12 одан: — Достым, мұнда той киімінсіз қалайша кірдің? — деп сұрайды. Ол үндемейді. 13 Патша нөкерлеріне: — Мынаның аяқ-қолын байлап, сыртқа, қара түнекке лақтырыңдар! — деп бұйырады. — Сонда ол зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады. 14 Себебі шақырылғандар көп, ал таңдап алынғандар аз». 15 Парызшылдар сол жерден кетіп, Исаны өз сөзінен ұстаудың жолын іздеп ақылдасты. 16 Оған Иродтың жақтастарымен бірге өз шәкірттерін жіберіп, мынадай қитұрқы сұрақты қойғызды: — Ұстаз, Сіздің әділ екеніңізді білеміз. Жұртты шынымен Құдай жолына үйретіп, біреуге жағыну ниетінен аулақсыз, ешкімнің де бет-жүзіне қарамайсыз. 17 Енді бізге айтыңызшы, қалай ойлайсыз, Рим патшасына алым-салық төлеуіміз дұрыс па, әлде бұрыс па? — 18 Олардың арам ойларын білген Иса: — Екі жүзділер, Мені азғырып сынамақсыңдар, ә? 19 Маған салыққа төлейтін бір күміс теңгені көрсетіңдерші! — деді. Олар Оған бір күміс теңге әкеліп берді. 20 Иса: — Мына сурет пен жазу кімдікі? — деп сұрады. 21 Олар: — Рим патшасынікі, — деп жауап берді. Сонда Иса: — Олай болса, патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер! — деп тұжырымдады. 22 Мұны естіген олар таңданып, Исаның қасынан кетіп қалды. 23 Саддукейлер өлімнен қайта тірілу жоқ дейтін. Сондықтан саддукейлер ұйымының кейбір мүшелері сол күні Исаға келіп, мына сұрақты қойды: 24 — Ұстаз, Мұса пайғамбар бізге (Тауратта) мынадай бұйрық берген: Егер үйленген біреу артынан бала қалдырмай өлсе, онда жесіріне ағасы не інісі үйленіп, марқұм бауыры үшін ұрпақ қалдырсын! 25 Арамызда жеті ағайынды жігіт бар еді. Солардың тұңғышы үйленіп, соңынан бала қалдырмай өлді. Жесіріне екіншісі әмеңгер болып үйленді. 26 Ал мұнымен де, үшіншісімен де, тіпті жетеуінің бәрімен де дәл осы сияқты болды. 27 Ақыры бәрінің соңынан әйел де көз жұмды. 28 Ендеше, қиямет күні қайта тірілгенде әйел осы жетеудің қайсысынікі болады? Ол солардың бәрінің де әйелі болған еді ғой! — 29 Бірақ Иса былай жауап қайырды: — Киелі жазбаларды және Құдайдың құдіретін ұқпағандықтан жаңылып жүрсіңдер! 30 Себебі өлімнен қайта тірілгеннен кейін адамдар әйел алмайды, күйеуге де шықпайды. (Сол жағынан) олар көктегі Құдайдың періштелері іспетті болады. 31 Ал өлгендердің қайта тірілуі жайында Құдайдың (Тауратта): 32 «Мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын» дегенін оқымап па едіңдер? Демек, Ол — өлгендердің емес, тірілердің Құдайы! 33 Мұны естіген халық Исаның тәліміне таңғалды. 34 Исаның саддукейлерді үндетпей қойғанын естігенде, парызшылдар бас қосып жиналды. 35 Кейін олардың біреуі, Таурат заңын үйретуші ғұлама, Исаның ұстанған ілімін сынамақшы болып Оған мына сұрақты қойды: 36 — Ұстаз, Таураттағы ең ұлы өсиет қайсысы? — Иса: 37 — «Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!» 38 Бұл — ең ұлы да басты өсиет. 39 Ал екіншісі де сол сияқты маңызды: «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» 40 Бүкіл Таурат заңы мен Пайғамбарлар жазбалары осы екі өсиетке негізделген, — деді. 41 Қасына жиналған парызшылдарға Иса: 42 — Мәсіх туралы не ойлайсыздар, Ол кімнің Ұрпағы болады? — деген сұрақ қойды. Олар: — Дәуіттің Ұрпағы! — деді. 43 Сонда Иса: — Ендеше неліктен Дәуіт Киелі Рухтың жетелеуімен Мәсіхті «Ием» деп атады? Ол: 44 «Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан: Мен жауларыңды табаныңның астына салып бергенімше отыр оң жағымда», — деген ғой. 45 Сонымен, Дәуіт (пайғамбар) Мәсіхті «Ием» деп атаса, қалайша Ол «Дәуіттің Ұрпағы» ғана болады? — деп сұрады. 46 Ешқайсысы Исаға жауап беріп, бір сөз де айта алмады. Бұдан кейін тағы басқа сұрақтар қоюға ешкімнің де батылы бармады.
1 Содан кейін Иса жиналған көпшілікке және Өзінің шәкірттеріне былай деді: 2 — Дін мұғалімдері мен парызшылдар Мұса пайғамбардың орнын басты. 3 Сондықтан олардың айтқандарын түгелдей орындаңдар, бірақ істегендеріндей істемеңдер! Себебі сол айтқандарын олардың өздері іс жүзінде орындамайды. 4 Олар ыңғайсыз, тым ауыр борыштарды халықтың мойнына байлап артып қояды. Бірақ өздері соларды көтеру үшін саусақтарының ұшын да қимылдатпайды. 5 Олар барлық діни жоралғыларды жұрттың көзіне түсу үшін ғана орындайды. Маңдайлары мен қолдарына байлайтын, Таурат аяттары жазылған қайыс қалталардың көлемін үлкейтіп, шапандарының шашақтарын ұзартады. 6 Қонақасыларда төрге жайғасуды әрі мәжілісханаларда сыйлы орында отыруды жақсы көреді. 7 Базарларда жұрттың өздеріне сәлем беріп құрмет көрсетіп, «ұстаз» деп атағандарын қатты ұнатады. 8 Алайда сендер «ұстаз» деп аталмаңдар! Ұстаздарың Біреу-ақ, ал сендердің бәрің өзара бауырлассыңдар. 9 Жер бетіндегі ешкімге «әке» деген рухани атақ бермеңдер! Бірден-бір рухани Әкелерің көкте ғой. 10 Өздеріңді «тәлімгер» деп те ешкімге ататпаңдар! Тәлімгерлерің Біреу-ақ, Ол — Мәсіх. 11 Араларыңдағы ең ұлыларың бәріңе де қызмет ете берсін! 12 Себебі өзін-өзі жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен ұстаған жоғарылатылады. 13 Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! (Халық үшін) Құдайдың Патшалығын халықтан жауып құлыптап қоясыңдар: өздерің де кірмейсіңдер, кіргісі келгендерге де жол бермейсіңдер! 14 (Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Жесір әйелдердің үй-жайын ішіп-жеп тауысып, әдейі көзге түсу үшін ұзақ мінажат етіп жүрсіңдер. Сол үшін де бәрінен бетер қатаң жазаланатын боласыңдар-ау!) 15 Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Бір-ақ адамды болса да дінге кіргізу үшін жиһан кезіп, су кешесіңдер. Ал кіргізген соң оны өздеріңнен екі есе бетер теріс жолға салып, тозаққа түсетін қыласыңдар! 16 Көр соқыр жетекшілер, сендер қасіретке қаласыңдар! Себебі былай деп үйретесіңдер: «Біреу киелі үйдің атымен ант етсе, сол мұнысын орындауға міндетті емес. Ал егер киелі үйдегі алтынмен ант етсе, онда ол сол антын орындауға міндетті». 17 Ей, соқыр да надандар-ай! Не артық, алтын ба немесе алтынды қасиетті ететін киелі үй ме? 18 Сендер тағы: «Кім құрбандық үстелімен ант етсе, сол мұнысын орындауға міндетті емес. Ал егер ол соның үстіндегі құрбандықпен ант етсе, онда ол сол антын орындауға міндетті» дейсіңдер. 19 Ей, соқырлар-ай! Қайсысы артық: құрбандық па, әлде соны қасиетті қылатын құрбандық үстелі ме? 20 Ендеше, құрбандық үстелімен ант еткен сол үстелмен және оның үстіндегілердің бәрімен де ант береді ғой. 21 Сол сияқты, киелі үйдің атымен ант еткен, киелі үймен және онда тұратын Жаратқан Иенің атымен де ант береді. 22 Сондай-ақ, көктің атымен ант еткен, Құдайдың тағымен және тақ үстінде отырған Оның Өзінің атымен де ант береді. 23 Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Тіпті (бақшадан жиналған) жалбыз, аскөк, зире сияқты майда-шүйде дәмдеуіш шөптердің құнының да оннан бір бөлігін садақаға бересіңдер. Бірақ та Таурат заңының әділдік, мейірімділік және адалдық туралы маңызды қағидаларына көңіл бөлмей келесіңдер. Біріншісін істеп, екіншісін де қалдырмағандарың дұрыс болар еді. 24 «Масаны сүзіп тастап, түйені жұтып қоятын» соқыр жетекшілер-ай! 25 Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Ыдыс-аяққа сыртқы тазарту рәсімін орындай бересіңдер. Бірақ олардың іші алдамшылықпен әрі ашкөздікпен тартып алған тағамдарыңа толы. 26 Соқыр парызшылдар! Сыртының да таза болуы үшін, алдымен ыдыс-аяқтың ішін тазартыңдар! 27 Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Әктелген молаларға ұқсайсыңдар: олар сыртынан әдемі болып көрінеді, бірақ іштері өліктердің сүйектері мен түрлі шірікке толы. 28 Солар сияқты сендер де сырттарыңнан әділ болып көрінгенмен іштерің екіжүзділік пен күнәға лық толы! 29 Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Пайғамбарларға әдемілеп мазар салып, әділдердің ескерткіштерін әшекейлеп безендіресіңдер. 30 Және: «Біздер ата-бабаларымыздың заманында өмір сүрген болсақ, олар сияқты пайғамбарлардың қанын төкпеген болар едік» дейсіңдер. 31 Сол арқылы сендер пайғамбарларды өлтіргендердің үрім-бұтағы екендеріңді мойындап, өздеріңе қарсы куәлік келтіресіңдер. 32 Осылайша ата-бабаларыңның жауыздық істерінің мөлшерін толықтыра түсесіңдер! 33 Ей, жыландар, улы жыланның ұрпағы! Сендер сотталып, тозаққа түсуден қалай құтылмақсыңдар? 34 Сол үшін де тыңдап алыңдар: Мен сендерге Құдайдың хабарын жеткізушілерді, дана адамдарды және киелі жазбаларды үйретуші ғұламаларды жіберемін. Бірақ сендер солардың біреулерінің көздерін құртып, кейбіреулерін айқышқа шегелетіп өлтіріп, тағы басқаларын мәжілісханаларыңда дүрелеп сабап, қаладан қалаға қудалайтын боласыңдар. 35 Сол үшін де кінәсіз Әбілден бастап, өздерің киелі үй мен құрбандық үстелінің арасында өлтірген Барақияхтың ұрпағы Зәкәрияға дейін жер бетінде төгілген күллі әділдердің қандарының құны сендердің мойындарыңа жүктелетін болады! 36 Сендерге шындығын айтамын: мұның барлығы да осы ұрпақтың мойнына жүктеледі! 37 Ей, Иерусалим қаласы, пайғамбарлардың көзін құртып, Құдай саған жіберген хабаршыларды тас лақтырып өлтіретін Иерусалим-ай! Балапандарын қанатының астына алған құс сияқты, Мен де сенің халқыңды қанша рет жинамақшы болдым. Бірақ сендер одан бас тарттыңдар! 38 Сондықтан үйлерің қаңырап, бос қалдырылады. 39 Сендерге шындығын айтайын: бұдан былай, «Жаратқанның атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!» деп шақырған уақыттарыңа дейін, Мені қайтып көрмейсіңдер.
1 Иса ғибадатханадан шығып кетіп бара жатқанда, шәкірттері қасына келіп, ғибадатхананың сәулетті ғимараттарына нұсқады. 2 Бірақ Иса оларға: — Мынаның бәрін көріп тұрсыңдар ғой? Сендерге шындығын айтамын: бұлардың қаланған бірде-бір тасы қалмай барлығының да күл-талқаны шығатын болады! — деп жауап қайтарды. 3 Кейінірек Иса Зәйтүн тауының басында отырғанда, бірнеше шәкірті оңашада қасына келіп: — Бізге айтыңызшы, бұл қашан болады? Сіздің қайта келуіңіз бен ақырзаманның жақындап қалғанын қандай белгі білдірмек? — деп сұрады. 4 Иса былай деп жауап берді: — Сақ болыңдар, ешкім сендерді алдап, теріс жолға түсірмесін! 5 Себебі көп адамдар Менің атымды жамылып келіп: «Құтқарушы Мәсіх Менмін!» деп, көпшілікті алдап азғыратын болады. 6 Сендер жақын маңдағы шайқастар мен алысырақтағы соғыс жаңалықтары туралы еститін боласыңдар. Сонда абайлаңдар, зәрелерің ұшпасын. Олар болуға тиісті, бірақ заманның ақыры әлі де бұл емес. 7 Себебі ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанып, түрлі жерлерде ашаршылық (пен індеттер) және жер сілкіністер болады. 8 Бұлардың бәрі тек жаңа дәуір туар алдындағы «толғақтың» бастапқы азабы іспетті ғана. 9 Сол кезде жұрт сендерді азаптап, өлтіру үшін ұстап береді. Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық ұлттар сендерді жек көретін болады. 10 Сонда көбі сенімдерінен танып, өзара опасыздық жасап, бір-бірін жек көреді. 11 Талай жалған пайғамбарлар халық алдына шығып, көптеген адамдарды алдап, азғыратын болады. 12 Әділетсіздік тым көбейіп кеткендіктен көпшіліктің сүйіспеншілігі суып кетеді. 13 Ал ақырына дейін табандылық танытқан әркім құтқарылады. 14 Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар күллі әлемге уағыздалмақ. Осылай ол барлық халықтарға мәлім болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді. 15 Ендеше, бір кезде сендер, Даниял пайғамбар алдын ала айтқандай, киелі үйді арамдап бос қалдыратын жексұрын нәрсенің сол қасиетті орында тұрғанын көретін боласыңдар. — Мұны оқып отырған әркім мәнісін ұғып алсын! — 16 Сонда Яһудея аймағында тұратындар тауларға қашып құтылсын! 17 Кім үйінің жалпақ төбесінде отырса, сол бір нәрсесін алуға үйге кірместен, сыртқы сатымен төмен түсіп, дереу қашып кетсін! 18 Кім далада жүрсе, ол да шапанын алуға үйіне қайтып бармастан, бірден қашып құтылсын! 19 Сол күндері аяғы ауыр және бала емізіп жүрген әйелдер қандай қасіретке ұшырайтын болады! 20 Қашатын кездерің қыс мезгіліне немесе діни демалыс күніне тура келмесін деп Құдайдан сұраңдар. 21 Себебі сол уақытта әлем жаратылғаннан бері күні бүгінге дейін еш болмаған және қайтып болмайтын қиын-қыстау кезең бастарыңа түседі. 22 Егерде Жаратқан Ие бұл күндердің санын қысқартпағанда, ешбір жан құтқарыла алмас еді. Бірақ Ол Өзінің таңдап алған адамдарына бола сол кезеңді қысқартып қойған. 23 Сол кезде біреу сендерге: «Міне, Мәсіх мұнда!» немесе «Әне, Ол анда!» десе, иланбаңдар! 24 Себебі жалған «мәсіхтер» мен «пайғамбарлар» шығатын болады. Олар, мүмкін болса, Құдайдың таңдап алған адамдарын да алдап, теріс жолға адастыру үшін ғаламат кереметтер мен ғажаптарды көрсететін болады. 25 Байқаңдар! Мен сендерге мұны алдын ала айтып тұрмын. 26 Сондықтан, сендерге: «Қараңдар, Ол айдалада жүр!» десе, шықпаңдар! Немесе: «Ол ішкі бөлмелерде!» десе де, иланбаңдар! 27 Себебі найзағайдың шығыстан басталып, батысқа дейін жарқырайтыны сияқты, Менің Билеуші ретінде көктен қайтып келуім де (аяқ астынан және ап-айқын) болады. 28 «Жемтік қайда болса, күшігендер сонда жиылар» делінген емес пе. 29 Бұл қиын-қыстау кезеңнен кейін дереу «күнді қараңғылық басып, ай да жарқырамайтын болады. Жұлдыздар аспаннан құлап, аспан күштері шайқалады!» 30 Сол уақытта Менің Билеуші ретінде қайтып келуімнің ғажайып белгісі аспаннан көрінетін болады. Сонда жер бетіндегі барлық ұлттар үрейленіп, еңіреп жылайды. Олар Менің Билеуші ретінде ғаламат құдіретпен, салтанатты ұлылықпен бұлттардың үстінде көктен келе жатқанымды көреді. 31 Мен кернейдің зор үнімен періштелерімді жіберіп, олар аспанның о шетінен бұ шетіне дейін, дүниенің төрт бұрышынан Менің таңдап алған адамдарымды жинап әкелетін болады. 32 Інжір ағашынан сабақ алыңдар: оның шыбықтары жұмсарып, жапырақтары шыға бастағанда жаздың таяп қалғанын білесіңдер. 33 Сол сияқты, сендер осы оқиғаларды көргенде Менің таяп есік алдына келіп қалғанымды білесіңдер. 34 Сендерге шындығын айтамын: осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, мұның бәрі іске асады. 35 Аспан мен жер жойылатын болады, бірақ Менің сөздерім еш жойылмайды. 36 Ал сол күннің, сол сәттің қашан болатыны не адам баласына, не көктегі періштелерге, не Құдайдың рухани Ұлына емес, жалғыз көктегі Әкеге ғана белгілі. 37 Нұх пайғамбардың заманында жағдай қалай болған болса, Менің Билеуші ретінде көктен қайтып келетін кезімде де солай болады: 38 топан судан бұрын, Нұх кемеге мінген күнге дейін адамдар (Құдайға мойынсұнбай) ішіп-жеп, әйел алып, қыздарын ұзатып өмір сүруде еді. 39 Топан су басып, бәрін алып кетіп, қырып салғанша, олар ештеңені ұқпады. Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келген кезде де осылай болады! 40 Сол сәтте періштелер егіндікте жүрген екі адамның біреуін қабыл алып, екіншісін қалдырып кетеді. 41 Олар бірге қолдиірмен тартып отырған екі әйелдің де біреуін қабыл алып, екіншісін тастап кетеді. 42 Сондықтан сергек болыңдар: сендер Қожайындарыңның қай күні қайтып келетінін білмейсіңдер! 43 Мынаны еске алыңдар: егер үй иесі ұрының түннің қай мезгілінде түсетінін білетін болса, онда ол ұйықтамай, сергек болып, ұрының бұзып кіруіне жол бермес еді. 44 Сол сияқты, сендер де дайын болыңдар! Өйткені сендер күтпеген сәтте Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келемін! 45 (Иса сөзін одан әрі жалғастырып былай деді:) — Адал да саналы қызметшідей болыңдар! Қожайыны бір қызметшісін үйіндегі өзге малайларының үстінен қарап, ас-суларын уақтылы беруге тағайындады. 46 Қожайыны қайтып келгенде оның өз міндетін атқарып жүргенін көрсе, сол қызметші бақытты! 47 Сендерге шын айтамын: оны бүкіл меншігін қараушы етіп тағайындамақ. 48 Ал егер әлгі қызметші жаман болып, іштей: «Қожайыным жуырда келе қоймас» деп, 49 өзге малайларды ұрып-соғып, маскүнемдермен бірге ішіп-жеп думандатса, 50 онда қожайыны күтпеген күні, ойламаған сәтте келіп, 51 оны аяусыз жазалап, екі жүзділердің кебінін кигізеді. Сонда ол зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады.
1 Сол кезде Құдай Патшалығындағы жағдай мынаған ұқсас болады: он бойжеткен қолдарына шамдарын ұстап, күйеу жігітті қарсы алуға шығыпты. 2 Олардың бесеуі ақылды, бесеуі ақылсыз екен. 3 Ақылсыз қыздар шамдарын алғанмен, құятын артық май алмай шығады. 4 Ал ақылдылары шамға қоса майға толы құмыраларын да ала жүреді. 5 Күйеу жігіт ұзақ кешіккендіктен, барлығы қалғып, ұйықтап қалады. 6 Бірақ түн ортасында: «Күйеу жігіт келіп қалды! Қарсы алуға шығыңдар!» — деген дауыс естіледі. 7 Сонда қыздардың бәрі де орындарынан тұрып, шамдарын жөндейді. 8 Ақылсыздары ақылдыларына: — Майларыңнан беріңдерші, шамдарымыз сөнейін деп жатыр, — дейді. 9 Ал олар: — Бізге де, сендерге де жетпей қалғанша, өздерің сатушыларға барып, май сатып алғандарың жөн, — деп жауап береді. 10 Әлгілер майға кеткенде күйеу жігіт келіп, дайын тұрғандар онымен бірге тойға кіріп кетеді де, есіктер жабылып қалады. 11 Кейін майға кеткен қыздар да келіп: — Тақсыр мырза! Есікті аша көріңіз! — деп өтінеді. 12 Ал күйеу жігіт оларға: — Шын айтамын, сендерді танымаймын! — деп жауап береді. 13 Сондықтан сергек болыңдар! Себебі сендер Мен Билеуші ретінде көктен келетін күнді де, сәтті де білмейсіңдер. 14 Бұл жайт сапарға шықпақ болған бір кісінің әрекетіне ұқсас: ол кетер алдында қол астындағы қызметшілерін шақырып алып, оларға меншікті қаражатын аманаттап тапсырады: 15 әрқайсысына қабілетіне қарай, біреуіне бес, келесісіне екі, тағы біреуіне бір ат басындай күміс береді. Содан кейін сапарына аттаныпты. 16 Бес ат басындай күміс алған қызметші онысын дереу айналымға жіберіп, үстіне тағы бесеуін қосып қояды. 17 Екі ат басындай күміс алғаны да дәл осылай етіп, тағы екеуін қосып қояды. 18 Ал бір ат басындай күміс алғаны қожайынының қаржысын бір жерге апарып, көміп тастайды. 19 Арада көп уақыт өткеннен кейін қызметшілердің қожайыны қайтып келіп, олардың есеп берулерін талап етеді. 20 Бес ат басындай күміс алған қызметші тағы да бесеуін әкеліп тұрып, былай дейді: — Мырзам, сіз маған бес ат басындай күміс беріп едіңіз. Міне, солардан тағы бесеу пайда түсірдім. — 21 Қожайыны оны мақтап: — Жарайсың, жақсы да адал қызметшім! Шағын істе сенімді болдың, сені үлкен істердің басына қоямын. Енді қуанышты тойыма кел! — дейді. 22 Екі ат басындай күміс алғаны да келіп: — Мырзам, сіз маған екі ат басындай күміс беріп едіңіз. Міне, солардан тағы екеу пайда түсірдім, — деп есеп береді. 23 Қожайыны оған да: — Жарайсың, жақсы да адал қызметшім! Шағын істе сенімді болдың, сені үлкен істердің басына қоямын. Енді қуанышты тойыма кел! — дейді. 24 Ал бір ат басындай күміс алғаны келіп: — Мырзам, сіздің қатал адам екеніңізді білдім. Өзіңіз екпеген жерден орып, шашпаған жерден жинайсыз. 25 Сондықтан қорқып, күмісіңізді жерге көміп тастаған едім. Мінеки, соныңыз, — дейді. 26 Қожайыны оған былай дейді: — Әй, зұлым да жалқау қызметші! Менің екпеген жерден орып, шашпаған жерден жинайтынымды білдің ғой! 27 Сол үшін де күмісімді саудагерлерге қарызға беруің керек болатын. Сонда мен қайтып келгенде өзімдікін өсімімен қайтарып алатын едім. 28 Ендеше одан күмісін алып, он ат басындай күмісі барға беріңдер! 29 Себебі кімде бар болса, соған тағы беріліп, молая түседі. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады. 30 Енді мына түкке тұрғысыз қызметшіні сыртқа, қара түнекке лақтырып тастаңдар! Сонда ол зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады. 31 — Құдай тағайындаған Билеуші қасиетті періштелерін ертіп ғаламат ұлылықпен көктен келген кезде Өзінің салтанатты тағына отыратын болады. 32 Барлық халықтар Оның алдына жинап әкелінеді. Ол шопанның қойларды серкелерден ажыратқанындай адамдарды екі топқа бөліп, 33 «қойларды» оң жағына, «серкелерді» сол жағына қояды. 34 Сонда Патша оң жағындағыларға былай деп үкім шығарады: — Әкем жарылқағандар, келіңдер! Әлем жаратылғаннан бері өздеріңе дайындалған Патшалықтан үлестеріңді алыңдар! 35 Себебі сендер Мен ашыққанда тамақ, шөлдегенімде сусын бердіңдер. Бейтаныс болып баспана іздегенімде Мені үйлеріңе қабылдадыңдар. 36 Киімсіз жүргенімде киіндірдіңдер, ауырғанымда Маған қамқорлық жасадыңдар, түрмеде отырғанымда артымнан келіп тұрдыңдар. 37 Сонда әділдер Оған: — Иеміз, қашан Сіздің ашыққаныңызды көріп, тамақтандырған едік? Немесе шөлдегеніңізде сусын берген едік? 38 Қашан бейтаныс болып баспана іздеп жүргеніңізді көріп, Сізді қабылдаған едік? Немесе киімсіз жүрген Сізді киіндірдік? 39 Қай кезде Сіз ауырып не түрмеде жатқаныңызда артыңыздан келіп тұрдық? — деген сұрақ қояды. 40 Патша оларға былай деп жауап береді: — Сендерге шындығын айтамын: Менің мына бауырларымның тіпті ең маңызсыз болып көрінген біреуіне жасаған жақсылықтарың — шын мәнінде Маған жасаған жақсылықтарың! 41 Бұдан кейін Патша Өзінің сол жағындағыларға да былай деп үкім шығарады: — Менен аулақ кетіңдер, қарғыс атқандар! Шайтанға және оның хабаршыларына дайындалған мәңгілік тозақ отына түсіңдер! 42 Себебі сендер Мен ашыққанда тамақ, шөлдегенде сусын бермедіңдер. 43 Бейтаныс болып баспана іздеп жүргенімде Мені үйлеріңе қабылдамадыңдар. Киімсіз жүргенімде киіндірмедіңдер, ауырып не түрмеде жатқанымда артымнан келмедіңдер. — 44 Олар да: — Иеміз, біз қашан ашыққаныңызды не шөлдегеніңізді, бейтаныс болып баспана іздеп, киімсіз жүргеніңізді я болмаса ауырып не түрмеде жатқаныңызды көріп, Сізге көмектеспедік? — деп сұрайды. 45 Ол сонда: — Сендерге шындығын айтамын: мыналардың ең маңызсыз болып көрінген біреуіне жасамаған жақсылықтарың — шын мәнінде Маған жасамаған жақсылықтарың! — деп жауап беретін болады. 46 Сонымен бұлар мәңгілік азап шегуге кетеді. Ал әділдер мәңгілік өмірге ие болады, — деді Иса.
1 Иса осы сөздерін тамамдады да, шәкірттеріне: 2 «Екі күннен кейін Құтқарылу мейрамы болатынын білесіңдер. Сонда адамдар көктен келген Мені айқышқа шегелеп өлтіру үшін ұстап береді», — деді. 3 Сол уақытта елдің басты діни қызметкерлері мен рубасылары бас діни қызметкердің сарайына жиналып, 4 кеңес құрды. Олар Исаны айламен қолға түсіріп, өлтірудің жолын қарастырды, 5 бірақ: «Мұны мейрам күндері іске асыруға болмайды! Әйтпесе халық арасында бүлік шығып жүрер», — десті. 6 Ал Иса бұл кезде Бетанияда, бұрын алапеспен ауырған Шимонның үйінде болатын. 7 Сонда қолында аса бағалы иісмайға толы мөлдір тас құтысы бар бір әйел Исаның қасына жақындап келді. Әйел иісмайды дастарқан басында жантайып жатқан Исаның басына құйды. 8 Шәкірттері осыны көргенде наразы болып: — Неге мұндай ысырап? 9 Бұл иісмайды қымбат бағаға сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіруге болатын еді ғой! — десті. 10 Бірақ соларын ұға қойған Иса оларға қарсы шығып былай деді: — Әйелді неге мазалайсыңдар? Ол Маған ерекше жақсылық жасады. 11 Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймін. 12 Иісмайды құюы арқылы ол Менің денемді қабірге қойылуға дайындады. 13 Сендерге шын айтамын: қай жерде болмасын бүкіл дүние жүзінде осы Ізгі хабар уағыздалғанда, осы әйелді де еске алып, істегенін айтатын болады. 14 Ал он екі елшінің Яһуда Исқариот есімді біреуі басты діни қызметкерлерге барып: 15 «Исаны қолдарыңызға түсірсем, маған не бересіздер?» — деп сұрады. Олар оған отыз күміс теңге ұсынды. 16 Осы кезден бастап Яһуда Исаны оларға ұстап берудің қолайлы сәтін аңдыды. 17 Ашымаған нан мейрамының бірінші күні шәкірттері Исаның қасына келіп: — Мейрам асыңызды қай жерде әзірлеуімізді қалайсыз? — деп сұрады. 18 Иса оларға мынадай жауап берді: — Қаладағы Мен айтқан адамға барып, оған былай деңдер: «Бұйырылған уақытым жақындап қалды. Мейрам салтын шәкірттеріммен бірге сенің үйіңде орындамақпын деп Ұстазымыз сәлем айтты». — 19 Шәкірттері Исаның тапсырғанындай істеп, мейрам асын даярлады. 20 Кеш түсе Иса он екі шәкіртімен бірге дастарқан басында жантайды. 21 Тамақ ішіп отырғанда Иса оларға қарап: — Сендерге шындығын айтайын: араларыңдағы біреу Маған опасыздық жасайды, — деді. 22 Олар еңселері түсіп, қатты абыржып бірінен соң бірі: — Мырза, сол адам мен емес пе екенмін? — деп сұрай бастады. 23 — Табақтағы тұздыққа Менімен бірге бір үзім нанын батырып алып жатқан біреуің Мені ұстап бересің. 24 Көктен келген Мен Киелі жазбаларда Өзім туралы алдын ала айтылған жолмен жүремін. Алайда Мені ұстап беретін адам қасіретке қалады-ау! Сол кісі үшін ешқашан дүниеге келмегені жақсы болар еді! — деді Иса. 25 Оған опасыздық жасаған Яһуда да: — Ұстаз, сол адам мен емес пе екенмін? — деп сұрағанда, Иса: — Мұны өзің айтып тұрсың, — деп жауап берді. 26 Олар тамақ ішіп отырғанда, Иса қолына нан алып, шүкірлік етіп бата берді. Нанды үзіп, шәкірттеріне беріп жатып: — Алып жеңдер, бұл — Менің денем, — деді. 27 Иса тостағанды да алып, шүкірлік етті. Оларға соны беріп жатып, былай деді: — Мынадан бәрің де ішіңдер. 28 Өйткені бұл — күнәлары кешірілсін деп көптеген адамдар үшін төгіліп, (Жаңа) Келісімді бекітетін Менің қаным. 29 Сендерге айтамын: Мен Әкемнің Патшалығы орнағанда сендермен бірге жаңа жүзім шырынынан ішетін боламын. Сол күнге дейін енді қайтып одан еш татпаймын. 30 Бұдан кейін олар Құдайды мадақтау әнін айтты; содан соң сол жерден шығып, Зәйтүн тауына қарай беттеді. 31 Жолшыбай Иса шәкірттеріне тіл қатып былай деді: — Бүгін түнде бәрің де (басыма түсетін жайттарға бола) Менен безіп кетесіңдер. Себебі (Пайғамбар жазбаларында мына тәрізді сөздер) жазылған: «Бақташыны» ұрып өлтіремін, сонда «отарындағы қойлары» бытырап кетеді. 32 Бірақ Мен қайта тірілгеннен кейін сендерден бұрын Ғалилеяға барамын. — 33 Ал Петір жауап қайырып: — Бәрі Сізден безіп кетсе де, мен ешқашан безіп кетпеймін! — деді. 34 Иса оған: — Саған шындығын айтайын: осы түні-ақ әтеш шақырғанша, сен Менен үш рет танасың! — дегенде, 35 Петір: — Маған Сізбен бірге тіпті өлуге тура келсе де, Сізден еш танбаймын! — деді. Барлық басқа шәкірттері де осыны айтты. 36 Осылай Иса олармен бірге бақшасы бар Гетсимани деген жерге жетті. Сонда Ол шәкірттеріне: «Мен ана жерге барып, сиынып мінажат еткенше, осында отыра тұрыңдар», — деп тапсырды. 37 Ол Петірді және Зебедейдің екі ұлын Өзімен бірге ала кетіп, қайғырып қинала бастады. 38 Осы үш шәкіртіне Иса: «Жаным өлердей қайғырып тұр. Осында қалып, Менімен бірге ұйықтамай, сергек болыңдар!» — деді. 39 Иса сол жерден әрірек барып, етпетінен жығылып былай деп мінажат етті: «О, Әкем, мүмкін болса, (қаһарыңа толы) осы «тостағанды» Маған жолата көрме. Алайда Менің емес, Сенің еркіңе сай болсын!» 40 Иса қайтып келгенде шәкірттерінің ұйықтап жатқанын көрді. Петірге: «Сонда ең болмағанда бір сағат Менімен бірге ұйықтамай отыра алмағаның ба? 41 Азғырылмау үшін сергек болып, сиынып мінажат етіңдер! Рух дайын болғанмен, тән осал», — деді. 42 Иса екінші рет тағы да шеткері барып, сиынып: «О, Әкем, егер (қаһарыңа толы) бұл «тостаған» Маған соқпай өте алмаса, онда Сенің еркің орындалсын!» — деп мінажат етті. 43 Иса оралып келгенде, шәкірттерінің қайтадан ұйықтап жатқанын көрді. Себебі көздерін ұйқы басқан еді. 44 Иса оларды қалдырып, тағы да барып, үшінші рет дәл сол сөздерін айтып сиынды. 45 Содан кейін шәкірттеріне қайта оралып, былай деді: «Әлі де ұйықтап, тынығып жатырсыңдар ма? Енді уақыт болды: Құдай тағайындаған Билеуші күнәкарлардың қолына ұстап беріледі. 46 Міне, Мені ұстап беруші таяп қалды. Тұрыңдар, соған қарай жүрейік!» 47 Иса әлі де осыны айтып жатқанда, он екі елшінің біреуі — Яһуда семсер мен сойыл ұстанған үлкен бір топ адамды сол жерге ертіп келді. Бұларды елдің басты діни қызметкерлері және рубасылары жіберген еді. 48 Исаға опасыздық жасаушы Яһуда белгі беру туралы: «Кімнің бетінен сүйсем, Ол — Соның Өзі. Сол Адамды тұтқынға алыңдар!» — деген болатын. 49 Яһуда дереу Исаның қасына барып: — Ұстаз, амансыз ба! — деп, Оның бетінен сүйді. 50 Иса оған: — Достым, сен не үшін келдің? — деді. Сонда жасақшылар жақындап келді де, Исаға тап беріп, Оны ұстай алды. 51 Кенеттен Исаның қасындағыларының біреуі семсерін суырып алып, бас діни қызметкердің малайына қарай сілтеп қалып, оның бір құлағын шауып түсірді. 52 Ал Иса оған: «Семсеріңді қынабына сал! — деп бұйырды. — Семсеріне сенген семсерден өлер. 53 Мен қазір Әкемнен сұрасам, Ол Маған дереу он екі әскери бөлімнен астам періштелерін жібереді! Әлде солай болмайды деп ойлайсың ба? 54 Бірақ олай істесем, Киелі жазбалардағы осы оқиғалар болуға тиіс деп алдын ала айтылғандар қалай жүзеге асар еді?!» 55 Сол сәтте Иса келген үлкен топқа қарап: «Мені тұтқындауға, қарақшыға қарсы аттанғандай, семсер мен сойыл алып шыққандарыңыз қалай? Күн сайын ғибадатханада тағылым беріп отырғанымда Мені ұстаған жоқсыздар. 56 Бірақ осылардың бәрі Пайғамбарлар жазбаларында алдын ала айтылғандардың жүзеге асуы үшін болды», — деді. Сонда шәкірттерінің бәрі Оны тастап, қаша жөнелді. 57 Исаны тұтқынға алғандар Оны бас діни қызметкер Қаяфаға апарды. Сол жерге дін мұғалімдері мен рубасылар жиналған болатын. 58 Петір Исаға алыстан, бас діни қызметкердің сарайының ауласына дейін, ілесе отырып, ішке кірді. Істің немен бітетінін көру үшін сақшылардың қасына барып отырды. 59 Сол кезде басты діни қызметкерлер мен бүкіл Жоғарғы кеңес Исаны өлімге кесу үшін Оған қарсы жалған айғақтар іздестірді. 60 Алайда көптеген куәгерлер алға шығып, өтірік айтса да, Оған тағатын бірде-бір дәлелді айып табылмады. Ақырында екі кісі алға шығып, Исаны былай деп кінәлады: 61 — Мынау: «Құдайдың киелі үйін бұзып, үш күнде қайта тұрғызу қолымнан келеді!» дейтін. 62 Сонда бас діни қызметкер орнынан тұрып, Исадан: — Ешқандай жауап бермейсің бе? Мыналар Саған қарсы не деп куәлік беріп тұр? — деп сұрады. 63 Бірақ Иса үндемеді. Сонда бас діни қызметкер Оған: — Мәңгі тірі Құдайдың алдында ант етіп, бізге айтып бер: Сен Құдайдың рухани Ұлы — Мәсіхсің бе? — деген сұрақ қойды. 64 Иса: — Өзіңіз айтып тұрсыз. Сіздерге мынаны да айтамын: Менің Билеуші ретінде Құдірет Иесінің оң жағында отырғанымды әрі аспандағы бұлттармен келе жатқанымды әлі көретін боласыздар! — деп жауап берді. 65 Сонда бас діни қызметкер шапанының өңірін айыра жыртып: — Ол Тәңірге тіл тигізді! Енді куәгерлердің қажеті қанша? Қорлық сөздерін өз құлақтарыңызбен естідіңіздер! 66 Бұған қалай қарайсыздар? — деп дауыстады. — Жиналғандар: — Ол өлім жазасына лайық! — деп жауап қайтарды. 67 Сонда олар Исаның бетіне түкіріп, жұдырықтады. Кейбіреулері Оның жағынан тартып-тартып жіберіп: 68 «Әй, Мәсіх, пайғамбар болсаң, Сені кім ұрды, бізге айтып берші!» — деп келекеледі. 69 Сол кезде Петір сыртта, сарайдың ішкі ауласында отырған еді. Бір қызметші қыз оған жақындап келіп: — Сен де ғалилеялық Исамен бірге жүретін едің ғой! — деді. 70 Алайда Петір бәрінің алдында: — Не деп тұрғаныңды білмеймін! — деп мойындамады. 71 Содан ол ішкі ауладан шығып, қақпа жағына жылжи берді. Сонда Петірді тағы бір қызметші қыз көріп, маңындағыларға: — Мынау да назареттік Исамен бірге жүретін! — деді. 72 Петір қайтадан: — Ол Адамды білмеймін! — деп мойындамай, ант ішті. 73 Сәл кейінірек сонда тұрғандар оның қасына келіп: — Сен шынымен де солардың біреуісің! Қалай сөйлегеніңнен-ақ білініп тұр! — деді. 74 Сонда Петір: — Ол Адамды еш білмеймін! — деп ант ішіп, қарғана бастады. Сол сәтте-ақ әтеш шақырды. 75 Петірдің есіне Исаның: «Әтеш шақырғанша сен Менен үш рет танасың» деген сөзі түсті. Ол қақпа сыртына шығып, қатты жылады.
1 Таң ата елдің басты діни қызметкерлері мен рубасыларының бәрі Исаны өлтіру туралы кеңесіп, шешім қабылдады. 2 Оны байлатып, әмірші Пилатқа алып барып, табыс етті. 3 Исаға опасыздық жасаған Яһуда Оның сотталғанын көргенде өзінің істегеніне өкініп, басты діни қызметкерлер мен рубасыларына өздері берген отыз күміс теңгесін қайтарып тұрып: 4 — Мен опасыздық жасап күнәға баттым: кінәсіз кісінің қаны төгілмекші! — деді. Олар: — Онда біздің шаруамыз қанша? Бұл — өз мәселең, — деп жауап берді. 5 Содан Яһуда ақшаны киелі үйдің ішіне лақтырып жіберіп, шығып кетті де, барып, асылып өлді. 6 Басты діни қызметкерлер күміс теңгелерді жинап алып: «Бұл ақшаны ғибадатхананың қазынасына салуға болмайды, себебі ол төгілетін қанға байланысты», — деді. 7 Олар ақылдасып, сол ақшаға құмырашының егіндік жерін сатып алып, оны шетелдіктердің зираты етпек болып шешті. 8 Сондықтан осы жер танабы күні бүгінге дейін «Қанды танап» деп аталады. 9 Еремия пайғамбардың мына тәрізді алдын ала айтқандары сол кезде жүзеге асты: Олар исраилдіктер Ол үшін белгілеген бағаны, отыз күміс теңгені, алып, 10 соған құмырашының егіндік жерін сатып алды. Жаратқан Ие маған осылай айтқан еді. 11 Сол уақытта Иса римдік әміршінің алдында тұрған еді. Ол Исаға: — Сен «Яһудилердің Патшасысың» ба? — деген сұрақ қойды. Иса: — Өзіңіз айтып тұрсыз, — деді. 12 Басты діни қызметкерлер мен рубасылар Өзін айыптағанда Иса еш жауап бермеді. 13 Сонда Пилат Оған: — Бұлардың Өзіңе қарсы қаншама куәлік келтіріп жатқанын естімей тұрсың ба? — деп сұрады. 14 Алайда Иса олардың бірде-бір сөзіне жауап қайтармады. Оның бұлай істегеніне әмірші қатты қайран қалды. 15 Мейрамның құрметіне әміршінің халық сұраған бір тұтқынды оларға босатып беретін салты бар еді. 16 Сол кезде Барабба есімді, аты шулы бір тұтқын римдіктердің түрмесінде отырған болатын. 17 Сонымен яһудилер алаңға жиналып болған соң, Пилат: — Қайсысын босатып жіберуімді қалайсыңдар: Бараббаны ма, әлде Мәсіх деп аталған Исаны ма? — деген сұрақ қойды. 18 Яһуди басшыларының Исаны күншілдіктен өзіне ұстап бергендігін әмірші жақсы білетін. 19 Бұған қоса, Пилат төрелік тағында отырған осы аралықта оған әйелінің мына сәлемі жетті: «Сол әділ Адамға еш жамандық істей көрме! Мен бүгін түсімде Оған бола қатты азап шегіп, қиналдым». 20 Бірақ басты діни қызметкерлер мен рубасылар халық тобырын Пилаттан Бараббаны босатып, Исаны өлтіруді талап етуге көндірді. 21 Әмірші қайтадан: — Осы екеуінің қайсысын өздеріңе босатып бергенімді қалайсыңдар? — деген сауал қойғанда олар: — Бараббаны! — деп айқай салды. 22 — Ендеше Мәсіх деп аталған Исаға не істейін? — деп сұрады Пилат. Бәрі де: — Айқышқа шегеленсін! — деп айқай салды. 23 Пилат: — Сонда Ол қандай қылмыс жасады? — деген сұрақ қойды. Халық: — Айқышқа шегеленсін! — деп бұрынғыдан бетер шулап кетті. 24 Енді ештеңе істей алмайтынын, керісінше, халықтың толқуы өршіп бара жатқанын көрген Пилат су алдырып, жұрт алдында қолын жуып тұрып: — Мына (әділ) Адамның төгілетін қанына мен кінәлі емеспін. Бұл — сендердің істерің! — деді. 25 Бүкіл халық: — Оның қаны біздің және ұрпақтарымыздың мойнында болсын! — деп жауап берді. 26 Сонда әмірші оларға Бараббаны босатып берді. Ал Исаны қамшымен соқтырғаннан кейін, айқышқа шегелеп іліп өлтіруге жасақшылардың қолдарына тапсырды. 27 Содан әміршінің жасақшылары Исаны ордасына алып барып, қасына бүкіл әскер бөлімін жинады. 28 Олар Исаның сырт киімін шешіп алып, Оның үстіне бір қызыл шапанды жапты. 29 Жасақшылар, сондай-ақ, тікенді бұтақшалардан «тәж» өріп, оны Исаның басына кигізіп, оң қолына асатаяқ ұстатып қойды. Исаның алдына тізе бүгіп тағзым еткенсіп: «Яһудилердің Патшасы жасасын!» — деп келекеледі. 30 Бетіне түкіріп, қолындағы таяғын жұлып алып, сонымен Оның басын ұра берді. 31 Мазақтап болғаннан кейін Исаның үстіндегі шапанды шешіп алып, өз киімін қайта кигізді. Содан кейін жасақшылар Исаны айқыш ағашқа шегелеп іліп қою үшін алып кетті. 32 Қаладан шыға жолшыбай олар Шимон есімді күренелік ер адамға тап болды. Оны Исаның айқыш ағашын арқалап жүруге мәжбүр етті. 33 Осылай олар Ғолғота, яғни «Маңдайтөбе», деген жерге жетті. 34 Сонда Исаға ішуге өт қосылған сірке суын ұсынды, бірақ дәмін татқан соң Ол оны ішуден бас тартты. 35 Жасақшылар Исаны айқыш ағашқа керіп шегелеп, тік көтеріп қойды. Бұдан кейін Оның киімдерін жеребе тастап өзара бөлісіп алды. 36 Содан олар сол жерде отырып, Исаны күзетті. 37 Оған тағылған айып: «Бұл — Яһудилердің Патшасы Иса» деп бір тақтайшаға жазылған болатын. Жасақшылар тақтайшаны Исаның басынан жоғары айқыш ағашқа бекітіп қойған еді. 38 Олар Исамен бірге екі қарақшыны да, біреуін оң, екіншісін сол жағына айқыш ағаштарға керіп шегелеп, тік көтеріп қойды. 39 Қасынан өтіп бара жатқандар Исаға тіл тигізді. Олар бастарын шайқап: 40 «Әй, киелі үйді бұзып, үш күнде қайта тұрғызушы! Өзіңді құтқарып ал! Егерде Құдайдың рухани Ұлы болсаң, айқыштан түс!» — деп Оны келеке етті. 41 Сол секілді басты діни қызметкерлер де дін мұғалімдерімен және рубасыларымен бірге Оны мазақтап: 42 «Мынау басқаларды құтқарыпты, бірақ Өзін құтқара алмайды екен! Егер Ол Исраилдің Патшасы болса, Өзінің құдіретімен қазір-ақ айқыштан түссін! Сонда Оған сенеміз. 43 Ол Құдайға үмітін артқан екен. Егер Құдай Оған разы болса, қазір-ақ Оны құтқарып алсын! Өйткені Ол Өзін Құдайдың рухани Ұлымын деді ғой», — десті. 44 Жанындағы айқыштарға шегеленген қарақшылар да Исаны солай тілдеді. 45 Тал түстен бастап бүкіл жерді қараңғылық басты, ол үш сағатқа созылды. 46 Сағат үш шамасында Иса қатты дауыспен айқайлап: «Ілои, Ілои! Лама сабахтани?» — деді. Бұның аудармасы «О, Құдайым, Құдайым! Неліктен Мені жалғыз қалдырдың?» дегенді білдіреді. 47 Сол жерде тұрғандардың кейбіреулері мұны естіп: «Ол Ілияс пайғамбарды шақырып жатыр», — десті. 48 Солардың біреуі дереу жүгіріп барып, бір сорғышты сірке суына батырып алды. Оны таяқтың ұшына қадап, Исаға ішуге ұсынды. 49 Басқалары: «Күте тұрайық, Ілияс келіп, Оны құтқарып алар ма екен, көрейік!» — деп кекетті. 50 Иса тағы бір рет қатты дауыстап жіберіп, жан тапсырды. 51 Сол сәтте киелі үйдегі шымылдық кенеттен жоғарыдан төменге дейін қақ айырылып, екіге бөлінді. Жер сілкініп, жартастар жарылып, 52 қабір үңгірлері ашылды. Марқұм болған көптеген әділдердің сүйектері қайта тіріліп, 53 қабірлерінен шықты. Олар кейінірек, Иса қайта тірілген соң, қасиетті қалаға барып, көптеген адамдарға көрінді. 54 Қарсы алдында тұрған жүзбасы және онымен бірге Исаны күзеткендер жер сілкіністі және болған өзге оқиғалардың бәрін көргенде үрейлері ұшып: «Бұл шынымен Құдайдың рухани Ұлы екен!» — деп мойындады. 55 Сол жерде алысырақтан қарап тұрған көптеген әйелдер де болды. Олар Исаға қызмет етіп, Ғалилеядан еріп келгендер еді. 56 Араларында мағдалалық Мәриям және Жақып пен Жүсіптің шешесі Мәриям, сондай-ақ Зебедей ұлдарының шешесі де бар болатын. 57 Кеш түспес бұрын Жүсіп есімді ариматеялық бір бай кісі келді. Өзі де Исадан тәлім алған шәкірті еді. 58 Жүсіп Пилатқа барып, Исаның мәйітін қабірге қоюға рұқсат сұрап алды. Пилат мәйітті оған табыс етуге бұйырды. 59 Жүсіп сүйекті түсіріп алып, кіршіксіз таза бәтес кебінге орады. 60 Содан оны жартастан үңгіп жасаған өзінің жаңа қабіріне апарып қойды. Содан кейін қабірдің дәу қақпақ тасын домалатып әкеліп, қабірдің кіреберіс аузын сонымен мықтап жауып, кетіп қалды. 61 Сол жерге келген мағдалалық Мәриям мен өзге Мәриям қабірдің қарсы алдында отырды. 62 Келесі күні, жұманың ертеңіне басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Пилаттың қасына жиналып, 63 былай деді: — Тақсыр, әлгі «алдамшы» Кісінің тірі кезінде: «Үш күннен кейін қайта тірілемін» дегені есімізге түсті. 64 Сондықтан да қабірді үшінші күнге дейін күзетіп, қауіпсіз етуге бұйыра көріңіз. Әйтпесе Оның шәкірттері (түн ішінде) келіп, сүйегін ұрлап алып кетіп, халыққа «өлімнен қайта тірілді» деп жүрулері мүмкін. Сонда соңғы алдау алғашқысынан да бетер болар. — 65 Пилат: — Мейлі, қарауыл тобын алыңдар. Барып, қабірді өздерің білгендеріңше күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етіңдер, — деп шешті. 66 Олар барып, мазардың айналасына күзет қойып, қақпақ тасты мөрмен бекітіп тастады.
1 Діни демалыс өткеннен кейін жексенбі күні таң ата мағдалалық Мәриям мен өзге Мәриям қабірді көруге барды. 2 Кенеттен жер қатты сілкінді. Өйткені Жаратқан Иенің бір періштесі аспаннан түсіп, қабірге жақындап, қақпақ тасты домалатып алып тастады да, үстіне отырды! 3 Оның сырт көрінісі найзағай іспетті, ал киімі қардай аппақ еді. 4 Одан зәрелері ұшқан күзетшілер дірілдеп-қалшылдап, өліп қалғандай жерге құлап түсті. 5 Періште әйелдерге қарап: «Қорықпаңдар! Айқышқа шегеленген Исаны іздеп келгендеріңді білемін. 6 Ол мұнда жоқ, Өзі алдын ала айтқандай қайта тіріліп кетті! Бері келіп, Иенің жатқан орнын қараңдар! 7 Енді тезірек барып, Оның шәкірттеріне мынаны жеткізіңдер: «Иеміз өлімнен қайта тірілді! Ол сендерден бұрын Ғалилеяға барады. Сол жерден Оны көресіңдер». Сендерге айтатыным осы», — деді. 8 Әйелдер әрі қорқып, әрі қатты қуанып, дереу мазардан шығып кетті. Олар Исаның шәкірттеріне айту үшін асығып жүгіре жөнелді. 9 Кенеттен Иса олардың алдынан кездесіп: «Сәлем, қуаныңдар!» — деп амандасты. Әйелдер Оның қасына жақындап, иіліп тағзым етіп, аяғына қолдарын тигізді. 10 Иса оларға: «Қорықпаңдар! Бауырларыма барып, «Ғалилеяға жөнелсін, сонда Мені көреді» деген хабарды жеткізіңдер», — деп тапсырды. 11 Әйелдер жолда бара жатқанда, күзетшілердің кейбіреулері қалаға кіріп, басты діни қызметкерлерге болған оқиғаны түгелдей айтып берді. 12 Сонда олар рубасылармен бірге жиналып, кеңес құрды. Жасақшыларға едәуір ақша беріп, 13 былай деп бұйырды: «Халыққа: «Түнде біз ұйықтап қалғанда шәкірттері келіп, мәйітін ұрлап әкетіпті» деңдер! 14 Ал егер бұл туралы қауесет әміршінің құлағына жетсе, біз оны көндіріп, сендерді пәледен құтқарып аламыз». 15 Пара алған күзетшілер солардың тапсырғанындай істеді. Содан осы жалған лақап яһудилер арасында күні бүгінге дейін таралуда. 16 Он бір шәкірті Ғалилеяға барып, Иса айтқан тауға көтерілді. 17 Олар Исаны көргенде алдында иіліп тағзым етті, ал бірқатары әлі де күдіктенді. 18 Иса қастарына таяу келіп, былай деді: «Маған көк пен жердің барлық билігі берілген! 19 Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, 20 әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер! Естеріңде болсын: Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!» (Аумин)
1 Мұнда Иса Мәсіх — Құдайдың рухани Ұлы туралы Ізгі хабардың бастамасы жайында баяндама берілген. 2 Бұл жөнінде пайғамбарлардың жазбаларында Құдайдың мына тәрізді сөздері алдын ала жазылған: Біліп ал, Мен хабаршымды алдыңнан жіберемін, ол жүретін жолыңды дайындап қояды. 3 Жар салған дауыс шығады айдалада: Жаратқан Иеге жолды дайындаңдар! Түзу қылып даңғыл жолды салыңдар! 4 Осы сөздерге сай, Жақия пайғамбар (Иордан алқабындағы) иен далада пайда болып, кездестірген адамдарына былай деп уағыз айтты: «Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер! Соның белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өтіңдер! Сонда Құдай күнәларыңды кешіреді». 5 Содан бүкіл Яһудея аймағы мен Иерусалим қаласынан адамдар Жақияға ағылып келіп жатты. Олар күнәларын мойындаған соң, Жақия оларды Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өткізді. 6 Жақия түйе жүнінен шапан киіп, қайыс белбеумен белін буып жүретін, әрі шегірткелерді және жабайы араның балын жеп тамақтанатын. 7 Жақия былай деп те уағыз айтты: «Менен құдіретті Біреу менен кейін келе жатыр! Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын. 8 Мен сендерді суға шомылдыру рәсімінен ғана өткіздім, ал Ол сендерді Құдайдың Киелі Рухына шомылдырады». 9 Сол күндері Ғалилея аймағындағы Назарет қаласынан Иса осы жерге келді. Жақия Оны Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өткізді. 10 Иса судан шыққан бойда көктің ашылып, Киелі Рухтың көгершін сияқты Өзінің үстіне қонғанын көрді. 11 Көктен: «Сен Менің сүйікті рухани Ұлымсың, Саған толықтай ризамын!» — деген дауыс шықты. 12 Мұнан кейін көп ұзамай Киелі Рух Исаны айдалаға баруға мәжбүрледі. 13 Жабайы аңдар мекендейтін сол жерде Иса қырық күн болып, әзәзіл шайтан Оны сынақтан өткізді. Содан кейін періштелер Исаға қызмет көрсетті. 14 Жақия пайғамбар тұтқындалғаннан кейін, Иса Ғалилея аймағына барды. Сонда Ол Құдайдың Ізгі хабарын жариялап былай деді: 15 «Енді уақыт жетіп, Құдайдың Патшалығының жер бетіне орнайтын кезі таяп қалды! Теріс жолдан қайтып, Құдайдың жолына түсіп, Ізгі хабарға сеніңдер!» 16 Бірде Иса Ғалилея көлінің жағасымен келе жатып, Шимонды және оның інісі Әндірді көрді. Балық аулап күнелтіп жүрген олар көлге ау салып жатты. 17 Иса оларға тіл қатып: «Соңымнан еріңдер! Мен сендерді балық аулағандарың сияқты, бұдан былай адамдарды жинап әкелетін етемін», — деді. 18 Екеуі дереу ауларын тастап, Исаға шәкірт болып ерді. 19 Иса тағы біразырақ жүргеннен кейін, Зебедейдің ұлдары Жақып пен Жоханды көрді. Екеуі қайықта ауларын жамап отыр екен. 20 Иса оларды да бірден Өзіне шақырды. Екеуі әкелері Зебедейді жұмысшыларымен бірге қайықта қалдырып, Исаға шәкірт болып ерді. 21 Иса шәкірттерімен бірге Қапарнаум қаласына барды. Келесі демалыс күні Иса мәжілісханаға барып, жұртқа тәлім бере бастады. 22 Олар Оның тәліміне таңданып, қатты қайран қалды. Себебі Иса оларға дін мұғалімдері сияқты емес, Құдайдан келген ерекше билікпен тағылым берді. 23 Сол кезде мәжілісханада жын соққан бір кісі де болды. Ол қатты дауыстап: 24 — Назареттік Иса, бізде нең бар? Бізді құртуға келдің ғой! Кім екеніңді білемін: Сен Құдайдың Киелісісің! — деп айқайлады. 25 Бірақ Иса жынға: — Үніңді өшір, шық одан! — деп қатаң бұйырды. 26 Сонда жын сол адамды қалшылдатып, қатты дауыспен айқай салып, денесінен шығып кетті. 27 Барлық жұрт үрейлері ұшып: «Бұл немене? Не қылған жаңа ілім? Ол тіпті жындарға билікпен бұйрық беріп, олар Оған бағынады ғой!» — деп өзара сұрасып, таңғалысты. 28 Тез арада Иса туралы хабар сол төңіректегі Ғалилея аймағының барлық жеріне жайылды. 29 Көп ұзамай Иса мәжілісханадан шығып, Жақып, Жоханмен бірге Шимон мен Әндірдің үйіне барды. 30 Шимонның қайын енесі безгекпен ауырып, төсек тартып жатыр екен. Үйдегілер бірден бұл туралы Исаға айтып берді. 31 Иса әйелдің қасына барып, оны қолынан ұстап орнынан тұрғызды. Сол сәтте-ақ қызуы басылып сауығып кетті! Әйел оларды күтіп қызмет ете бастады. 32 Күн батып, кеш түсе жұрт науқастар мен жын соққандардың барлығын Исаға алып келді. 33 Күллі қала халқы сыртта, есік алдына жиналды. 34 Иса алуан түрлі аурулармен азап шеккен талай науқастарды сауықтырып, көптеген жындарды қуып шығарды. Өзінің Мәсіх екенін жындар білгендіктен, Иса оларды сөйлетпей тастады. 35 Ертеңіне таң атпай тұрып, үйден шыққан Иса оңаша бір жерге барып, мінажат етті. 36 Ал Шимон мен қасындағылар Исаны іздеп шықты. 37 Оны тапқаннан кейін Оған: — Елдің бәрі Сізді іздеп жүр, — деді. 38 Ал Иса оларға: — Жақын маңайдағы ауылдар мен қалаларға барайық! Сол жерлерде де Ізгі хабарды уағыздамақпын. Себебі Мен сол үшін осы дүниеге келдім, — деп жауап берді. 39 Бұдан кейін Иса бүкіл Ғалилея аймағын аралап жүріп, мәжілісханаларында уағыз айтты, әрі адамдардың бойындағы жындарды қуып шығарды. 40 Бірде алапеспен ауырған бір кісі Исаның қасына келді. Сол адам тізе бүгіп тағзым етіп Исадан: — Егер қаласаңыз, мені құлантаза сауықтыра аласыз, — деп өтінді. 41 Оған жаны ашыған Иса қолын созып, денесіне тигізді де: — Қалаймын, құлантаза сауығып кет! — деді. 42 Сол сәтте-ақ ауру адам алапесінен арылып, тазарды! 43 Көп ұзамай Иса оны жолға шығарып, оған былай деп қатаң тапсырды: 44 «Байқа, бұл туралы ешкімге де тіс жарушы болма! Бірақ діни қызметкерге барып, қарал. Содан кейін Мұса пайғамбар бұйырған тазару рәсіміне арналған құрбандықты ұсын. Бұл жұртқа сенің сауыққаныңның дәлелі болады». 45 Алайда әлгі адам сол жерден шығысымен-ақ болған оқиға туралы бүкпесіз айтып, хабарды тарата бастады. Сондықтан Иса бұдан кейін қалаларға ашық түрде кіре алмай, қала сыртындағы елсіз далада тұратын болды. Ал халық Оның қасына әр жақтан ағылып келіп жатты.
1 Бірнеше күннен кейін Иса Қапарнаумға қайта оралды. Жұрт Оның сол қаладағы бір үйде екенін естіп-білді. 2 Содан адамдар сол жерге көптеп жиналып, тіпті есік алдында тұратын орын да қалмады. Иса оларға Ізгі хабарды жариялады. 3 Сол кезде төрт кісі сал болып ауырған бір адамды Исаға көтеріп алып келді. 4 Бірақ халықтың көптігінен олар Оған жақындай алмады; сондықтан үйдің сыртқы сатысымен жоғары көтеріліп, жалпақ төбесін ашты. Содан олар аурудың жатқан төсенішін арқанмен байлап, оны төменге Исаның алдына түсірді. 5 Иса олардың сенімдерін көріп, сал адамға: «Балам, сенің күнәларың кешірілді!» — деді. 6 Сол жерде отырған бірнеше дін мұғалімдері: 7 «Бұл Кісі неге солай деп Құдайды қорлап тұр? Жалғыз Құдайдан басқа кім күнәларды кешіре алады?» — деп ойланып қалды. 8 Олардың бұл ойларын Иса бірден ұға қойып: — Неге солай ойлайсыздар? 9 Сал адамға қайсысын айту оңайырақ: «Сенің күнәларың кешірілді!» деу ме, әлде: «Орныңнан тұрып, төсенішіңді жинап алып, жүре бер!» деу ме? 10 Ал көктен келген Менің жер бетінде күнәларды кешіруге билігімнің бар екендігін білулеріңіз үшін,.. — деді де, сал адамға қарап: 11 — Саған айтамын: орныңнан тұр да, төсенішіңді жинап алып, үйіңе бар! — деп тапсырды. 12 Ауру адам сол сәтте-ақ сауығып, орнынан тұрды да, төсенішін жинап алып, бәрінің көзінше шығып кетті! Барша жұрт таңғалысып: «Біз ешқашан да мұндайды көрген емеспіз!» — деп, Құдайға мақтау айтты. 13 Иса сыртқа шығып, тағы да көл жағасына барды. Күллі халық қасына жиналып, Иса оларға тәлім берді. 14 Сол жерден кетіп бара жатып, Ол салық кеңсесінің қасында отырған Әлпей ұлы Леуіні көрді. Оны: «Соңымнан ер!» — деп шақырды. Сонда Леуі орнынан тұрып, Исаға шәкірті болып ерді. 15 Кейін Иса Леуінің үйінде дастарқан басында отырды. Исамен Өзінің шәкірттері де, көптеген салық жинаушылар мен тағы басқа күнәкарлар да дастарқандас болды. Себебі сондайлар Оған көптеп еріп жүре бастаған еді. 16 Ал дін мұғалімдері мен парызшылдар Исаның салық жинаушылармен және өзге де күнәкарлармен дастарқандас болып тамақ ішіп отырғанын көргенде, Оның шәкірттеріне: — Ол неге салықшылармен және басқа күнәкарлармен бірге тамақ ішіп отыр? — деп наразылық білдірді. 17 Мұны естіген Иса әлгі діндарларға былай деп жауап берді: — Дәрігер дені сауға емес, ауру адамға қажет. Мен «әділдерді» емес, күнәкарларды (теріс жолдан қайтуға) шақыру үшін келдім. 18 Жақия пайғамбардың және парызшылдардың шәкірттері жиі ораза ұстайтын. Кейбіреулер Исаға келіп: — Жақияның және парызшылдардың шәкірттері ораза ұстайды, ал Сіздің шәкірттеріңіз неге ораза ұстамайды? — деп сұрады. 19 Иса оларға астарлап былай деп жауап берді: — Күйеу жігіт қастарында болғанда тойға келгендер ораза ұстай ала ма? Әрине, ұстай алмайды. 20 Бірақ та «Күйеуді» қастарынан алып кететін күн туады; сол кезде олар ораза ұстайтын болады. 21 Ескі киімді жаңа матамен жамамас. Олай етсе, жамау отырып, ескі матадан жұлынып қалады, сонда жыртық бұрынғысынан бетер үлкен болады. 22 Сондай-ақ, жас шарапты ескі торсыққа құймас. Олай етсе, быршып ашыған жас шарап торсықты жарып, ағып кетеді, торсық та пайдадан қалады. Керісінше, жас шарапты жаңа торсыққа құйған дұрыс. 23 Бір демалыс күні Иса егіндік арасымен өтіп бара жатқанда, шәкірттері біраз масақ үзіп ала бастады. 24 Парызшылдар Исаға: — Қараңыз, мыналар демалыс күні тыйым салынған жұмысты неге істеп жүр?! — деп наразылық білдірді. 25 Иса оларға былай деп жауап қайырды: — Дәуіт пайғамбар мен оның қасындағылар мұқтаждық көріп, ашыққан кезде не істегенін оқымап па едіңдер? 26 Абиятар бас діни қызметкер болған сол заманда Дәуіт Құдайдың киелі үйіне кіріп, тарту ретінде ұсынылған нандарды өзі де жеп, қасындағыларға да берді емес пе? Ал заң бойынша сол нандарды діни қызметкерлерден басқа ешкімге де жеуге болмайды ғой. — 27 Бұдан кейін Иса: — Адам демалыс күні үшін емес, демалыс күні адам үшін жаратылған! 28 Сондықтан көктен келген Мен демалыс күнінің де Иесімін, — деп қорытты.
1 Иса тағы бір сенбі күні мәжілісханаға барғанда, сол жерде қолы семіп қалған бір адам да болды. 2 Діншілдер Исаны айыптайтын сылтау іздеп, Ол әлгі кісіні демалыс күні болса да сауықтырар ма екен деп аңдыды. 3 Ал Иса қолы семген адамды: «Ортаға шықшы», — деп шақырды. 4 Сол діншілдерге Ол: «Демалыс күні қайсысын істеуге болады: жақсылықты ма әлде жамандықты ма; құтқаруды ма әлде құртуды ма?» — деген сұрақ қойды. Бірақ олар үндемеді. 5 Сонда Иса айналасындағыларға ашулана қарап, жүректерінің қасарысқандығына қайғырды. Әлгі кісіге: «Қолыңды созшы!» — деді. Сол адам семіп қалған қолын созғанда, ол бұрынғы сап-сау қалпына келді. 6 Ал парызшылдар болса сыртқа шығып, тездетіп Ирод әулетінің жақтастарымен бірге кеңес құрып, Исаның көзін құрту туралы ақылдасты. 7 Иса шәкірттерімен бірге көл жағасына кетіп қалды. Оның соңынан Ғалилея, Яһудея, 8 Иерусалим және Идумеядан, Иордан өзенінің арғы бетінен әрі Тир мен Сидон қалаларының маңайларынан көп халық ілесті. Исаның істегендері жайында естіген осы адамдар Оған ағылып келіп жатты. 9 Қаптап келген халықтың Өзін қысып, сығыстырмауы үшін, Иса шәкірттеріне бір қайықты дайындатып қойды. 10 Себебі Ол көп кісілерді сауықтырып жібергендіктен, әр түрлі дертке ұшырап қиналғандар Оған қолдарын тигізуге тырысып, жақындай түсті. 11 Жын соққандар Оны көргенде, аяғына жығылып: «Сен Құдайдың рухани Ұлысың!» — деп айқайлады. 12 Алайда Иса оларға Өзінің кім екенін жариялауға қатаң тыйым салды. 13 Бұдан кейін Иса бір тауға көтеріліп, қалаған адамдарын Өзінің қасына шақырды. Олар таяп келгеннен кейін, 14 араларынан он екісін Өзімен бірге болуға тағайындап, «елшілер» деп атады. Оларды уағыз айтуға жіберді, 15 әрі оларға (ауруларды сауықтырып) жындарды қуып шығару билігін де тапсырды. 16 Исаның тағайындаған он екі елшісі мыналар еді: Өзі Петір деген қосымша ат қойған Шимон; 17 Зебедей ұлдары Жақып пен Жохан, бұл екеуіне Иса «Боанергес», яғни «Жауар күндей күркіреген жігіттер» деген қосымша ат берді; 18 сондай-ақ Әндір, Філіп, Барталмай, Матай, Тома, Әлпей ұлы Жақып, Тадей, Діншіл Шимон 19 және кейін Исаға опасыздық жасаған Яһуда Исқариот. 20 Мұнан соң Иса елшілерін ертіп бір үйге барды. Халық қайтадан олардың қастарына көптеп жиналғандықтан, тіпті тамақ ішуге де мұршалары болмады. 21 Исаның туыстары бұны естіп: «Ақылынан адасқан шығар», — деп ойлап, Оны ұстап алуға шықты. 22 Иерусалимнен келген кейбір дін мұғалімдері де Исаға: — Оның бойында жындардың әміршісі белзебүл бар! Жындарды соның күшімен қуып шығарады, — деп жала жапты. 23 Ал Иса сол дін мұғалімдерін қасына шақырып алып, оларға астарлап былай деді: — Шайтан шайтанды қалайша қуып шығара алады? 24 Егер бір патшалық жікке бөлініп, өзара соғысып жатса, ол берік тұра алмай, жойылып кетеді. 25 Өзара ұрысып-керісіп жатқан әр үйдің шаңырағы ортасына түсіп күйрейді. 26 Сол сияқты, егер шайтан өзіне қарсы көтеріліп, соғысса, оның да берік тұра алмай, жойылатын кезінің келгені. 27 Қайта, ешкім күштінің үйіне кіріп, алдымен соның өзін байлап тастамай, дүние-мүлкін тонай алмайды. Тек күштіні жеңіп, байлап-матап тастағаннан кейін ғана оның үйін тонай алады. 28 Сендерге маңызды шындықты айтайын: адам баласының жасаған барлық күнәлары мен Құдайды қорлауларының қайсысына да кешірім беруге болады. 29 Бірақ Құдайдың Киелі Рухын қорлайтынға ешқашан кешірім болмайды, сол күнәсі оның мойнында мәңгі қалады. 30 Иса мұны әлгілердің «Оның бойында жын бар» дегендері үшін айтты. 31 Исаның шешесі мен туған бауырлары келіп, сыртта тұрып, Оған кісі жіберіп шақыртты. 32 Сол кезде Исаны айналдыра көп халық отырған еді. Біреу Оған: — Сыртта шешеңіз, бауырларыңыз және қарындастарыңыз келіп, Сізді шақырып тұр, — деді. 33 Алайда Иса: — Менің шешем мен бауырларымның кім екенін айтайын ба? — деп, 34 айналасында отырғандарға қарап тұрып: — Міне, Менің «шешем» мен «бауырларым»! 35 Себебі Құдайдың еркін орындайтындар Маған бауыр, қарындас, шеше іспетті жақын! — деп жауап берді.
1 Иса қайтадан көл жағасында тәлім бере бастады. Қасына жиналған халықтың көп болғаны сонша, Иса қайыққа мініп, көл бетінде отырды. Ал барша халық жерде, жағалауда болды. 2 Иса оларға астарлы әңгімелермен көп тәлім беріп, былай деді: 3 — Тыңдаңдар: бір диқан тұқым себуге шығыпты. 4 Ол сеуіп жүргенде, дәндердің кейбіреулері жол бойына түсіп қалады. Құстар ұшып келіп, шоқып, жеп қояды. 5 Біраз тұқым топырағы аз тастақ жерге түседі. Топырақ жұқа болғандықтан, сол тұқымдар тез көктеп шығады. 6 Алайда тамыр жая алмағандықтан күн шыққанда олар күйіп, қурап қалады. 7 Тағы басқа дәндер тікен арасына түседі. Тікендер қаулап, оларды тұншықтырып, өсірмей тастайды. Сондықтан сол дәндер де жеміс бермейді. 8 Ал өзге тұқымдар құнарлы топыраққа түседі. Бұлар көктеп шығып, қаулап өсіп, кейбіреулері отыз, басқалары алпыс, тіпті жүз еседен өнім береді. — 9 Сонда Иса оларға: — Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын! — деп ескертті. 10 Халық тарап кеткеннен кейін, төңірегіндегілер және он екі елшісі Исаға айтып берген астарлы әңгімесі туралы сұрақ қойды. 11 Иса оларға былай деп жауап берді: — Құдай өз Патшалығы туралы сырды білуді сендерге бұйырған. Бірақ сыртта қалғандарға барлығы тек астарлы әңгімелер арқылы ғана айтылады. 12 Осылайша олар көріп тұрсын, алайда аңғармасын, естіп тұрсын, алайда түсінбесін. Әйтпесе олар теріс жолдарынан қайтып, күнәлары кешірілер еді. 13 Содан кейін Иса тыңдаушыларына былай деді: — Бұл әңгімені түсінбей тұрсыңдар ма? Онда басқа да астарлы әңгімелердің бәрін қалай ұқпақсыңдар? 14 Тұқым себуші — адамдарға Ізгі хабардың сөздерін жеткізуші біреу. 15 Жол бойына түскендері мынадай жайтты бейнелейді: бірқатар адамдар Ізгі хабарды естісімен-ақ әзәзіл шайтан келіп, олардың жүректеріне себілген бұл сөздерді ұрлап алып кетеді. 16 Сол секілді, тастақ жерге себілгендері мынаны көрсетеді: кейбіреулер Ізгі хабарды естіген бойда оны қуанышпен қабылдайды, 17 бірақ тамыр жаймағандықтан берік болмайды. Кейін Ізгі хабарға бола бастарына азап не қуғын түскенде, олар дереу сенімдерінен безіп кетеді. 18 Тікен арасына себілген дәндер болса мынаны білдіреді: басқа адамдар Ізгі хабарды естиді, 19 алайда бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алданады. Өзге нәрселерге деген құмарлықтар да бойларына сіңеді. Сондықтан Ізгі хабар оларда ескерусіз қалып тұншығып, өнім бермейді. 20 Ал құнарлы топыраққа себілген тұқымдар мынаны бейнелейді: бірсыпыра адам Ізгі хабарды тыңдап, қабылдайды. Кейбіреулері отыз, басқалары алпыс, тіпті жүз еседен өнім береді. 21 Иса төңірегіндегі адамдарға тағы былай деді: «Адам шам жағып алып келіп, бір ыдыстың не төсектің астына бүркеп қоя ма? Қайта, оны шам қойғышқа қояды ғой. 22 Сол сияқты, мәлім болмайтын ешбір сыр, жария болмайтын ешбір құпия да жоқ. 23 Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын! 24 Иса оларға былай деп қосты: — Не тыңдағандарыңа назар аударыңдар! Қандай мөлшерде көңіл бөлсеңдер, өздеріңе сондай мөлшерде түсінік беріледі, тіпті үстемелеп те беріледі. 25 Өйткені кімде біраз түсінік бар болса, соған тағы көбірек беріледі. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады». 26 Иса тағы да былай деді: «Құдайдың Патшалығы мынаған ұқсас: біреу егіндікке тұқым сеуіпті. 27 Ол ұйықтап жатсын, не жүріп-тұрсын, бәрібір, тұқым күні-түні көктеп, өсе береді. Әлгі адам оның қалай өсіп жатқанын түсінбейді. 28 Жер өздігінен алдымен көк өскінді, содан кейін масағын шығарып, соңынан масақтағы дәндерді өсіріп толыстырады. 29 Егін піскенде оратын мезгілі жетіп, диқан оған дереу орақ салады». 30 Бұдан кейін Иса былай деді: «Құдайдың Патшалығын немен салыстырып, қалай астарлап бейнелеуге болады? 31 Ол қыша дәніне ұқсас: сол дән жерге себілгенде басқа тұқымдардан гөрі титтей болса да, 32 көктеп шығып өскенде барлық дәнді дақылдардан биік бұта болып, бұтақтарын кең жаяды. Сонда құстар ұшып келіп, оның саясында паналай алады». 33 Осындай көптеген астарлы әңгімелермен Иса адамдардың тыңдай алғандарынша Ізгі хабарды уағыздады. 34 Оларға астарламай еш нәрсені айтпады, бірақ Өзінің шәкірттеріне оңашада бәрін түсіндіріп отырды. 35 Сол күннің кешінде Иса шәкірттеріне: «Көлдің арғы бетіне өтейік», — деді. 36 Содан олар халықты қалдырып, қайықтағы Ұстазын өздерімен бірге алып кетті. Өзге қайықтар да Исаға ілесе шықты. 37 Біраздан кейін сұрапыл дауыл көтеріліп, қайық толқынның астында қалып, суға тола бастады. 38 Ал Иса қайықтың артқы жағында көпшік жастанып ұйықтап жатты. Шәкірттері Оны оятып: «Ұстаз, құритын болдық! Жағдайымызды ойламайсыз ба?» — деп айқайлады. 39 Иса тұрып, желге тыйым салып, көлге де: «Тына қал, басыл!» — деп бұйырды. Сонда дауыл басылып, жым-жырт тыныштық орнады. 40 Бұдан кейін Иса шәкірттеріне қарап: «Неліктен соншама қорқасыңдар? Әлі де сенімдерің жоқ па?» — деді. 41 Олар қатты үрейленіп, бір-біріне: «Тіпті жел мен көл де бағынатын Бұл кім Өзі?» — деп таңғалысты.
1 Бұдан кейін Иса мен шәкірттері көлдің арғы бетіндегі Ғадара өңіріне жетті. 2 Иса қайықтан түсісімен-ақ, Оған зират арасынан шыға келген, жын соққан бір кісі кездесе кетті. 3 Сол адам қабірге арналған үңгірлерде тұратын. Ешкім оны тіпті шынжырлармен де бұғаулап қоя алмайтын. 4 Талай рет оның аяқ-қолын шынжырлармен және кісендермен бұғаулап тастаған еді, бірақ ол шынжырларды сындырып, кісендерді үзіп, қашып кететін. Оны бағындыруға ешкімнің де күші жетпеді. 5 Сол кісі күні-түні қабірлердің арасында және тау-төбелерде айқай салып, өзін-өзі таспен ұрғылайтын. 6 Әлгі адам Исаны алыстан көргенде, жүгіріп келіп, аяғына бас ұрып тағзым етті. 7 Содан соң ол қатты дауыспен: — Құдай Тағаланың рухани Ұлы Иса, менде нең бар? Құдай үшін жалынамын: мені азаптай көрме! — деп айқай салды. 8 Себебі Иса: — Жын, шық бұл кісіден! — деп бұйырған еді. 9 Бұдан кейін Иса: — Атың кім? — деп сұрағанда, ол: — Атым — «Үлкен топ», себебі біз көппіз, — деп жауап берді. 10 Адам Исадан оларды сол төңіректен қуып шығармауын қадала өтінді. 11 Сол маңдағы төбе беткейінде үлкен бір топ шошқа жайылып жүрген болатын. 12 Жындар: «Бізді шошқаларға жібере гөр, соларға енейік», — деп сұрады. 13 Иса жол берген соң, жындар сол кісіден шығып, әлгі екі мыңдай хайуанға енді. Сонда олар тік жардан көлге қарғып, суға батып, қырылып қалды. 14 Бақташылары қашып кетіп, болған оқиғаны қала мен ауылдарда айтып берді. Халық соны көруге жолға шығып, 15 Исаға келді. Олар бұрын үлкен жындар тобы буған кісінің ақыл-есі кіріп, киініп, сол жерде отырғанын көргенде қорқып кетті. 16 Болған оқиғаны өз көздерімен көргендер оларға жын қинаған адаммен не болғанын әңгімелеп, шошқалар туралы да айтып берді. 17 Сонда халық Исадан: «Біздің жерімізден кетіңіз», — деп өтінді. 18 Иса қайыққа мінгенде, жындарынан арылған кісі Одан: «Сізбен бірге болайыншы», — деп сұрады. 19 Бірақ Иса оған рұқсат бермей: — Үйіңе қайтып, туысқандарың мен дос-жарандарыңа Жаратқан Иенің өзіңе не істегенін, қалай рақым еткенін айтып бер! — деп тапсырды. 20 Әлгі адам барып, Исаның өзіне не істегенін Онқала аймағында жариялай бастады. Естігендердің бәрі таңданып, қайран қалысты. 21 Иса қайыққа мініп, көлдің батыс жағына қайта оралды. Содан көлдің жағасында көп халық Оның қасына жиналды. 22 Жайыр есімді бір мәжілісхана жетекшісі де сонда келді. Жайыр Исаны көргенде, Оның аяғына жығылып: 23 «Жас қызым өлім аузында жатыр. Сауығып, тірі қалуы үшін барып, оған қолыңызды тигізе көріңізші!» — деп жалына өтінді. 24 Иса онымен бірге жүрді. Көптеп ілескен халық Оны жан-жақтан қыспақтады. 25 Халықтың арасында он екі жыл бойы қан кетіп ауырып келген бір әйел де бар еді. 26 Сол әйел көп дәрігерлерге емделіп талай азап шегіп, бар мал-мүлкін жұмсаған еді. Алайда одан еш шипа болмай, керісінше, халі бұрынғысынан бетер нашарлай түскен болатын. 27 Иса туралы хабарды естіген әйел халықтың ішінде Исаның арт жағынан жақындап келіп, Оның шапанына қолын тигізді. 28 Себебі ол өзіне-өзі: «Тек Оның шапанына қолымды тигізсем болғаны, сонда сауығып кетер едім», — деген болатын. 29 Сол сәтте-ақ қаны тоқтап, әйел өзін қинап келген дертінен сауыққанын сезінді. 30 Ал Иса дереу Өзінен біраз сауықтыру құдіретінің шыққанын сезіп, жұртқа бұрылып: — Шапаныма қолын тигізген кім? — деп сұрады. 31 Шәкірттері Оған: — Соншама халықтың Өзіңізді қаумалап, қыспақтап тұрғанын көре тұра, «Маған қолын тигізген кім» деп қалай сұрайсыз? — деді. 32 Бірақ Иса мұны істеген адамды көру үшін айналасына көз жүгіртті. 33 Өзіне не болғанын білген әйел қорыққаннан дірілдеп, Исаның алдына келді. Оның аяғына жығылып, шындығын түгелдей айтып берді. 34 Иса оған: — Қарындас, сенімің арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер, қиналған дертіңнен айықтың! — деді. 35 Иса осыны айтып тұрғанда, мәжілісхана жетекшісінің үйінен кісілер келіп: «Қызыңыздан айырылып қалдық. Енді Ұстазды әурелемей-ақ қойыңыз», — деп хабарлады. 36 Алайда Иса сол айтқандарын естіп, жетекшіге: «Қорықпа, тек сенімің болсын!» — деді. 37 Содан Ол Петір, Жақып және оның інісі Жоханнан өзге ешкімді ертпей, 38 мәжілісхана жетекшісінің үйіне барды. Сол жерден абыржығандар мен зар жылап жоқтау айтқандарды көрді. 39 Иса үйге кіріп, оларға: «Неге осылайша абыржып, жылайсыңдар? Қыз өлген жоқ, ұйықтап жатыр», — деді. 40 Олар Оның айтқанына күлді. Бірақ Иса барлығын сыртқа шығарып жіберіп, тек қыздың әке-шешесін және Өзінің қасында жүргендерді ғана ертіп, қыз жатқан бөлмеге кірді. 41 Қыздың қолынан ұстап тұрып, оған: «Талифа куми!» — деді. Бұның мағынасы: Қызым, саған айтамын, тұра ғой! 42 Он екі жасар қыз бала сол сәтте-ақ орнынан тұрып, жүре бастады! Мұны көргендер үрейлері ұшып, қайран қалысты. 43 Ал Иса оларға бұл туралы ешкімге тіс жармауды қатты ескертті де, «Оған тамақ беріңдер!» — деп бұйырды.
1 Иса сол жерден кетіп, Өзінің өскен жеріне барды. Шәкірттері қасына еріп жүрді. 2 Демалыс күні Иса мәжілісханада тәлім бере бастады. Тыңдап отырғандардың көбі қатты таңданып, өзара былай десті: «Мұның бәрі Бұған қайдан біткен? Оған қонған не қылған даналық? Осындай құдіретті істер қалайша қолынан келеді? 3 Өзі — ағаш ұстасы, Мәриямның ұлы, Жақып, Жүсіп, Яһуда, Шимондардың ағасы емес пе? Қарындастары осында арамызда тұрады ғой». — Олар қызғаныштан Исаны көре алмай, ашуланды. 4 Сонда Иса оларға: «Өз ел-жұрты мен үй ішінен өзге жерде пайғамбар қадірсіз болмас», — деді. 5 Содан да Иса сол жерде бірқатар науқас адамдарға қолын тигізіп сауықтырғаны болмаса, басқа кереметтер жасай алмады, 6 әрі жұрттың сенбеушілігіне таңғалды. Бұдан кейін Иса сол өңірдегі ауылдарды аралап, халыққа тәлім берді. 7 Бірде Ол он екі елшісін қасына шақырып алды. Оларды екі-екіден жібермек болып, оларға жындарды қуып шығаратын билік берді. 8 Сонда Иса елшілеріне былай деп тапсырды: «Жолға тек таяқтан басқа еш нәрсе алмаңдар: нан, дорба әрі қалталарыңда ақша да болмасын, 9 жай аяқкиім киіп, артық киім алмаңдар! — 10 Оларға тағы былай деді: — Бір жерде қай үйге түссеңдер, қайтадан жолға шыққанша сонда қалыңдар. 11 Егер бір жерде сендерді қабылдамаса және айтқандарыңа құлақ салмаса, сол жерден шығып кетіп бара жатқанда аяқтарыңдағы шаң-тозаңды қағып тастаңдар. Бұл оларға ескерту болсын. (Сендерге шындығын айтамын: қиямет соты күні сондай қала тұрғындарының тартатын жазасынан тіпті Содом мен Ғомора халқының жазасы жеңілірек болады-ау!)» 12 Сонымен елшілер жолға шығып, халыққа: «Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер!» деп уағыздап жүрді. 13 Олар адамдардан қыруар жындарды қуып шығарып, көптеген науқастарға май жағу рәсімін жасап сауықтырды. 14 Исаның атағы кең тарағандықтан, Ол туралы Ирод (Антипас) патша да естіді. Кейбір кісілер: «Бұл — шомылдыру рәсімін жасаған Жақия екен. Өлімнен қайта тіріліпті, сол себептен де сондай құдіретті істер жасайды», — десе, 15 басқалары: «Ол — дүниеге қайтып келген Ілияс пайғамбар», — деді. Ал тағы басқалар: «Ол — пайғамбар, ежелде өмір сүрген пайғамбарларға ұқсайды», — деп болжады. 16 Ал Ирод бұларды естігенде: «Бұл — өзім басын шаптырған Жақия екен, ол қайта тіріліпті!» — деп абыржыды. 17 Өйткені бұрынырақ Ирод кісі жіберіп, Жақияны тұтқындатып, түрмеге жаптырған еді. Себебі Ирод өзінің туған бауыры Філіптен әйелі Иродияны тартып алып, соған үйленген болатын. 18 Ал Жақия Иродқа: «Бауырыңыздан жұбайын тартып алғаныңыз Таурат заңына қайшы!» — деп ескерткен еді. 19 Содан (Иродтың әйелі) Иродия Жақияға кек сақтап, оны өлтірмекші болды. Бірақ ол мұнысын жүзеге асыра алмады. 20 Себебі Жақияның әділ, қасиетті адам екенін білген Ирод одан қорқып, оны қорғап жүрді. Ол Жақияны тыңдаған сайын қатты абыржыса да, оған ризашылықпен ден қоятын. 21 Ақырында Иродияға зұлым ниетін жүзеге асырудың орайы түскен еді: Ирод өзінің туған күнінде уәзірлері, мыңбасылары және Ғалилеяның өзге көрнекті адамдарына арнап той жасады. 22 Иродияның қызы тойға келіп, бәрінің алдында би билеп, патшаға және оның қонақтарына қатты ұнап қалды. Сондықтан патша бойжеткенге: «Менен қалағаныңды сұра, беремін», — деп уәде етті. 23 Тағы да оған: «Не қаласаң да сұрашы, тіпті патшалығымның жартысына дейін беремін!» — деп ант етті. 24 Қыз шығып, шешесіне: — Не сұрасам екен? — деді. Шешесі: — Шомылдыру рәсімін жасаған Жақияның басын сұра! — деп жауап берді. 25 Қыз дереу патшаға жүгіріп барып, одан: «Шомылдыру рәсімін жасаған Жақияның басын дәл қазір табаққа салып, тарту етуіңізді қалаймын», — деп өтінді. 26 Патша еңсесі түсіп қатты қапаланды. Алайда бірге отырған қонақтарының алдында ант бергендіктен, қыздың өтінішін аяқсыз қалдырғысы келмеді. 27 Дереу бір жасақшысын жіберіп: «Жақияның басын алып кел!» — деп бұйырды. 28 Ол түрмеге барып, Жақияның басын шауып, табаққа салып, қызға әкелді. Қыз оны шешесіне апарып берді. 29 Жақияның шәкірттері мұны естігенде келіп, оның денесін алып кетіп, қабірге қойды. 30 Исаның жіберген елшілері қайта оралып, Оның қасына жиналған соң, өздерінің жасаған істері мен берген тәлімдері туралы түгелдей баяндап берді. 31 Бұдан кейін Иса: «Тек өздерің ғана Маған еріп оңаша бір жерге барып, біраз тынығып демалыңдар!» — деді. Себебі келіп-кетіп жатқан жұрт көп болғандықтан, олардың тамақтануға да мұршалары болмады. 32 Сонымен Иса мен шәкірттері жалғыз өздері ғана қайықпен оңаша бір жерге жөнелді. 33 Ал олардың кетіп бара жатқандарын жұрт байқап қалды. Көпшілігі оларды танып, бүкіл қалалардан шығып, жаяу жүгіріп, баратын жерлеріне олардан бұрын жетті. 34 Иса қайықтан түскенде, қарақұрым халықты көріп, оларға жаны ашыды. Себебі адамдар бағушысы жоқ қойлар сияқты бейшара еді. Сондықтан Иса жиналғандарға көп тәлім берді. 35 Біршама уақыт өткеннен кейін шәкірттері Исаның қасына келіп: — Бұл — құлазыған дала, ал кеш түсіп барады. 36 Адамдарды таратып жіберіңіз. Олар жақын маңдағы ауылдар мен елді мекендерге барып, тамақ сатып алсын, — деген ұсыныс жасады. 37 Бірақ Иса: — Оларға тамақты сендер беріңдер! — деп жауап қатты. Шәкірттері: — Онда біз барып, екі жүз күндік жалақыға нан сатып алып, бұларды тамақтандырайық па? — деп сұрады. 38 Ал Иса оларға: — Қанша нандарың бар? Барып, қарап келіңдер! — деп тапсырды. Біліп келген олар: — Бес күлше нан мен екі кепкен балық бар екен, — деді. 39 Сонда Иса шәкірттеріне адамдарды топ-топқа бөліп, көгалдың үстіне жайғастыруды тапсырды. 40 Сонымен жұрт жүзден, елуден топтасып жайғасты. 41 Иса бес күлше мен екі кепкен балықты қолына алып, көкке қарап тұрып шүкірлік етті. Нанды халыққа тарату үшін үзіп-үзіп, шәкірттеріне бере берді, екі балықты да бәріне бөліп, үлестірді. 42 Барлығы да жеп тойды. 43 Соңында олар нан үзімдері мен балықтан артылып қалғандарын жинап алғанда он екі себет толды. 44 Ал тамақтанған ер адамдардың жалпы саны бес мыңдай еді. 45 Бұдан кейін Иса дереу шәкірттеріне қайыққа мініп, Өзінен бұрын көлдің солтүстік жағасындағы Бетсайдаға баруға бұйырды. Ал Өзі халықты таратып жібермек болып, сол жерде қалды. 46 Иса жұртты қайтарып жіберген соң, (көктегі Әкесіне) сиынып мінажат ету үшін бір төбенің басына шықты. 47 Кеш түскенде қайық көл ортасында еді, ал Иса құрлықта жалғыз тұрды. 48 Сонда Ол ескек есіп бара жатқан шәкірттерінің қиыншылыққа тап болғанын көрді. Себебі жел қарсы соғып тұрған еді. Таңғы алагеуімде Иса оларға көл бетімен жақындап келіп, қастарынан өтіп кетпекші болды. 49 Оның көл үстінде жаяу жүргенін байқап қалып, шәкірттері елес екен деп ойлап, айқайлап жіберді. 50 Өйткені бәрі де Оны көріп, қорқып кетті. Иса оларға дереу тіл қатып: «Қорықпаңдар, бұл Менмін ғой! Үрейлерің ұшпасын!» — деп көңілдерін орнықтырды да, 51 олардың қайығына мінді. Сонда жел де басылды. Шәкірттері қатты қайран қалып, аң-таң болды. 52 Себебі нанмен болған кереметті түсінбеген олар Исаның кім екенін әлі де шын жүректен ұқпаған еді. 53 Осылай Иса шәкірттерімен бірге көлден өтіп, Генесәрет қаласының маңына жетіп, жағаға тоқтады. 54 Қайықтан түсісімен Исаны халық бірден-ақ таныды. 55 Олар бүкіл төңіректі тездете аралап шығып, ондағы ауру-сырқауларды жатқан төсеніштерімен көтеріп алып келе бастады. Олар Исаның қай жерде жүргенін естіп білгенде, науқас адамдарын сонда апарды. 56 Иса қай жерге бармасын — қай ауылға, қай қалаға не елді мекенге кірсе де, жұрт ауру-науқастарды сонда әкеліп, базар алаңдарына орналастырды. Науқастар Исадан тек Оның шапанының шетіне қол тигізуге рұқсат етуін сұрады. Оған қол тигізгендердің бәрі де сауығып кетіп жатты!
1 Бірде парызшылдар және Иерусалимнен келген бірнеше дін мұғалімдері Исаның қасына жиналған еді. 2 Олар Оның кейбір шәкірттерінің діни қол жуу рәсімін орындамай нан жеп отырғандарын байқады. 3 Ал парызшылдар, тіпті яһудилердің бәрі дерлік, ата-бабаларынан қалған әдет-ғұрыпқа сай қол жуу рәсімін ұқыптылықпен орындамай тамақ ішпейтін. 4 Олар базардан қайтып келгеннен кейін суға түсу рәсімінен өтпейінше, дастарқан басына да отырмайтын. Сондай-ақ, ыдыс-аяқтары мен құмыраларын, қазандары мен орындықтарын да діни рәсімге сай жуып-шаюды, әрі сол секілді тағы басқа көптеген дәстүрлі салттарды берік ұстанатын. 5 Сондықтан парызшылдар мен дін мұғалімдері Исаға: — Шәкірттеріңіз неге ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүрге сай істемейді? — деген сұрақ қойды. — Олар қол жуу рәсімін орындамай-ақ тамақтана береді екен! 6 Исаның жауабы мынау болды: — Екі жүзді сендер жайында Ишая пайғамбар алдын ала дәл айтып кеткен! Оның жазбасында былай делінген ғой: «Бұл халық Мені тек ауызбен ғана сыйлайды, ал жүректері Менен тым алшақ. 7 Адам баласы шығарған ережелерді үйретіп, Мені құр босқа құрметтегенсиді!» 8 Себебі сендер Құдайдың өсиеттерінен бас тартып, адам ойынан туған дәстүрлерді ұстанып жүрсіңдер, — деді. 9 Иса сөзін жалғастырып оларға мынаны да айтты: — Өз дәстүрлеріңді сақтау үшін Құдайдың өсиеттерін былай қойып, оларды менсінбеулерің қандай «жақсылық»?! 10 Құдай Мұса пайғамбар арқылы: «Ата-анаңды сыйла!» және: «Егер біреу әкесін не шешесін жамандайтын болса, ол өлтірілсін!» деп бұйырған еді ғой. 11 Бірақ сендер адамның өз әкесіне не шешесіне: «Менен көрмек игіліктеріңізді мен құрбан етіп қойдым, яки Құдай жолына бағыштадым» деуіне рұқсат бересіңдер. 12 Осылайша сол адамның әке-шешесіне ешқандай көмек бермей, оларды сыйламауына жол бересіңдер. 13 Сөйтіп сендер өз дәстүрлеріңді орнатып, Құдайдың бұйрығын жоққа шығардыңдар! Бұған ұқсас тағы басқа да теріс қылықтарды көптеп істеп жүрсіңдер. 14 Иса жиналған халықты қайтадан қасына шақырып алды да, оларға былай деді: — Бәрің де сөзіме құлақ салып, мынаны жақсылап ұғып алыңдар: 15 адам бойына сырттан енген еш нәрсе де оны арамдай алмайды. Керісінше, ішінен шыққандары адамды арамдайды. (Құлағы барлар жақсылап тыңдасын!) 17 Иса халықтың қасынан кетіп, бір үйге кіргеннен кейін, шәкірттері жаңағы астарлап айтқандарының мәнісін сұрады. 18 — Сендер де айтқандарымды әлі түсінбей тұрсыңдар ма? — деп жауап берді Иса. — Бойына сырттан енген тағамдар адамды арамдай алмайды. Мұны шынымен ұқпайсыңдар ма? 19 Себебі олар жүрекке емес, тек асқазанға жетіп, кейін денеден шығып кетеді. — Осылай Иса барлық тағамдардың да адал екенін айтты. 20 Ол тағы да былай деді: — Адамды арамдайтын — оның ішкі дүниесінен шыққандары! 21 Себебі адамның ішкі дүниесінен, яғни оның жүрегінен, шығатындар мыналар: жаман ойлар, азғындық, неке адалдығын бұзу, кісі өлтіру, 22 ұрлық, ашкөздік, зұлымдық, алдаушылық, жүгенсіздік, қызғаныш, жамандау, тәкаппарлық және ақымақтық. 23 Осындай арамдықтардың бәрі адамның ішкі дүниесінен шығып, оның өзін арамдайды. 24 Иса сол жерден жолға шығып, Тир (мен Сидон) аймағына барды. Өзін жергілікті халыққа танытқысы келмей, бір үйге кірді. Алайда Ол бейтаныс болып қала алмады. 25 Себебі Оның келгені туралы естіген бір әйел дереу жақындап, аяғына жығылып тағзым етті. 26 Әйел Исраил халқынан емес, (Құдайға сенбейтін) Сириядағы Финикия өлкесінен болатын. Оның жын соққан жас қызы бар еді. Әйел Исадан қызындағы жынды қуып шығаруын сұрады. 27 Бірақ Иса оған: — Алдымен «балалар» жеп тойсын: «Балалардың нанын алып қойып, үй күшіктеріне тастау дұрыс емес», — деді. Әйел: 28 — Айтқаныңыз дұрыс, Тақсыр! Дегенмен «үй күшіктері» де сәбилердің дастарқанынан түскен ұсақ-түйек қалдықтармен қоректенеді ғой? — деп жауап берді. 29 Сонда Иса: — Мұны дәл айттың. Сол үшін үйіңе қайта бер, жын қызыңның бойынан шығып кетті, — деді. 30 Әйел үйіне қайта оралған соң, қызының жынынан арылып, төсекте тыныш жатқанын көрді. 31 Иса Тирден кетіп, Сидон арқылы Ғалилея көліне оралып, Онқала аймағына барды. 32 Сол жерде адамдар Исаға саңырау, тілі мүкіс біреуді алып келді. Олар Исадан оның үстіне қолын қойып бата беруін өтінді. 33 Иса сол кісіні көпшіліктен былайырақ алып шығып, екі саусағын оның құлақтарына тықты. Бұдан кейін түкіріп тастап, қолын кемтар адамның тіліне тигізді, 34 әрі көкке қарап күрсініп, оған: «Еффата!» яғни «Ашыл!» — деді. 35 Сол сәтте-ақ адамның құлақтары ашылды және тілінің байлауы шешіліп, айқын сөйлеп кетті! 36 Иса жұртқа бұл туралы тіс жармауға бұйырды. Алайда Ол неғұрлым қатаң тыйым салғанмен, халық болған оқиғаны соғұрлым кеңірек жариялады. 37 Олар әбден қайран қалып: «Ол істеген әр нәрсе де керемет жақсы! Тіпті саңырауларды еститін, мылқауларды сөйлейтін қылады!» — деп таңғалысты.
1 Сол күндері қайтадан халық көп жиналып, жейтін тамақтары болмады. Иса шәкірттерін қасына шақырып: 2 — Халыққа жаным ашиды. Олар үш күннен бері қасымда болып, жейтін азықтары қалмады. 3 Оларды аш күйлерінде үйлеріне қайтарып жіберсем, жолшыбай әлсіреп, құлап қалар. Ал бірқатары тым қашықтан келді, — деді. 4 Шәкірттері: — Осы құлазыған айдалада бұларды тамақтандыруға жететін нанды қайдан табуға болады? — деп жауап берді. 5 Иса: — Қанша нандарың бар? — деп сұрағанда, олар: — Жеті күлше, — деді. 6 Сонда Иса жұртқа жерге жайғасуға бұйырды. Жеті күлшені қолына алып, шүкірлік етті. Оларды адамдарға тарату үшін үзіп-үзіп, шәкірттеріне берді. Олар халыққа үлестірді. 7 Бірнеше кепкен ұсақ балықтары да болды. Иса оларды да алып, шүкірлік етіп, жұртқа үлестіруге бұйырды. 8 Осылай шамамен төрт мыңдай отбасы тамақтанып, тойып алды. Кейін қалдықтарды жинап алғанда, жеті үлкен себет толды. Соңынан Иса халықты таратып жіберді. 10 Көп ұзамай Иса шәкірттерін ертіп қайыққа мініп, Далманутаның маңына жөнелді. 11 Сол жердегі парызшылдар Исаның қасына келіп, Онымен айтыспақшы болды. Оның билігін сынау үшін көктің құдіретімен бір кереметті көрсетуін талап етті. 12 Иса рухында терең күрсініп, оларға: — Осы ұрпақ не үшін керемет көрсетуімді талап етеді? Сендерге шындығын айтайын: бұл ұрпаққа ешбір керемет көрсетілмейді! — деді. 13 Содан Иса оларды тастап, қайтадан қайыққа мініп, көлдің ар жағына қарай жүзіп кетті. 14 Оның шәкірттері нан әкелуді ұмытып кеткендіктен, қайықта тек бір күлше ғана болды. 15 Иса оларға: — Абайлаңдар, парызшылдардың және Иродтың «ашытқыларынан» сақтаныңдар! — деп ескертті. 16 Шәкірттері өзара пікірлесіп: — Бұны нанымыздың жоқтығынан айтқан шығар, — десті. 17 Иса оларын біле қойып, былай деп сұрады: — Сендер нанымыз жоқ деп неге пікірлесіп отырсыңдар? Жасағандарымды әлі де түсінбей, олардың мәнісін ұқпайсыңдар ма? Әлде жүректерің қасарысқан ба? 18 Көздерің болғанмен көрмей, құлақтарың болғанмен естімейсіңдер ме? Кәне, естеріңе түсіріңдерші: 19 Мен бес күлше нанды бес мың адамға үлестіріп бергенімде, қалдықтардан неше себет жинап едіңдер? — Шәкірттері: — Он екі, — деді. 20 — Әрі жеті күлшені төрт мың адамға үлестіргенімде, артылып қалғаны қанша үлкен себет болды? — Олар: — Жетеу, — дегенде, 21 Иса: — Сендер әлі де ұқпай тұрсыңдар ма?! — деген сұрақ қойды. 22 Сонымен олар Бетсайда қаласына жетті. Сонда адамдар бір соқыр кісіні алып келіп, Исадан оған қолын тигізіп сауықтыруын өтінді. 23 Иса осы зағипты қолынан ұстап, ауылдан жетелеп шықты. Оның көзіне бір түкіріп, үстіне қолын қойып: — Бірдеңе көресің бе? — деп сұрады. 24 Әлгі кісі көз тігіп: — Адамдарды көріп тұрмын! Олар жүріп бара жатқан ағаш діңдеріне ұқсайды, — деді. 25 Иса зағиптың көздеріне қайтадан қолын тигізіп, қарауға бұйырды. Сонда оның көзі ашылып, бәрін де анық көрді. 26 Иса оған: — Мына ауылға кірме (ондағы ешкімге болған оқиға туралы тіс жарма)! — деп ескертіп, үйіне қайтарып жіберді. 27 Иса шәкірттерін ертіп сол маңайдан кетіп, Філіп-Кесариясы қаласының айналасындағы ауылдарға барды. Жолшыбай Ол шәкірттеріне: — Жұрт Мені кім деп жүр? — деген сұрақ қойды. 28 Олар: — Біреулері Сізді шомылдыру рәсімін жасаған Жақия, ал басқалары Ілияс пайғамбар, тағы басқалары ежелгі пайғамбарлардың өзге біреуі деп жүр, — деді. 29 Сонда Иса: — Ал сендер Мені кім дейсіңдер? — деп сұрады. Петір Оған жауап беріп: — Сіз Мәсіхсіз! — деді. 30 Бірақ Иса шәкірттеріне Өзінің кім екені жөнінде ешкімге тіс жармауларын ескертті. 31 Мұнан кейін оларға былай деп тәлім бере бастады: — Көктен келген Билеуші, Мен, көп азап шегуге тиіспін: рубасылар мен басты діни қызметкерлердің және дін мұғалімдерінің Өзімнен бас тартулары әрі Менің өлтірілуім, бірақ содан кейінгі үшінші күні қайта тірілуім де қажет! 32 Иса мұны бүкпесіз ашық айтқан еді. Сонда Петір Оны былайырақ алып шығып, қарсылық білдіре бастады. 33 Бірақ Иса бұрылып, шәкірттеріне қарады да, Петірге: «Менен аулақ кет, әзәзіл! Сен Құдайдың емес, адамның қалауын ойлап тұрсың!» — деп тыйым салды. 34 Бұдан кейін Иса халықты және Өзінің шәкірттерін қасына шақырып алып, оларға мынаны айтты: — Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге дайын болып Менің жолыммен жүрсін! 35 Себебі кім өмірімді сақтаймын десе, одан айырылады, ал өмірін Мен үшін және Ізгі хабар үшін қиған әркім оны (мәңгі) аман сақтап қалады. 36 Адам бүкіл дүниеге ие болып, сол себепті (мәңгілік) өмірінен айырылса, бұдан оған не пайда? 37 Адам өз өмірі үшін қандай құн төлей алады? 38 Себебі кім осы опасыз, күнәкар ұрпақ арасында Мені және айтқан сөздерімді танудан бас тартса, Мен де Билеуші ретінде Әкемнің салтанатты ұлылығымен Оның қасиетті періштелерін ертіп көктен қайтып келген кезімде сол адамды танудан бас тартамын.
1 Иса жиналғандарға: — Сендерге шын айтамын: осында тұрған кейбіреулерің Құдайдың Патшалығының құдіретпен келуін өз көздеріңмен көрмей, өлмейсіңдер, — деді. 2 Иса осыдан алты күннен кейін тек Петір, Жақып және Жоханды ғана ертіп бір биік таудың басына көтерілді. Сол жерде Исаның сыртқы түрі үш елшісінің көз алдында өзгеріске түсті. 3 Оның киімдері жарқырап, жер бетіндегі бірде-бір шебер ағарта алмайтындай аппақ болып кетті. 4 Сонда (ежелде өмір сүрген) Ілияс пайғамбар мен Мұса пайғамбар пайда болып, Исамен сөйлесті. 5 Сол кезде Петір Исаға: «Ұстаз, бұл жерде болғанымыз қандай жақсы! Біреуін Сізге, біреуін Мұсаға, біреуін Ілиясқа арнап үш күрке құрайық», — деп тіл қатты. 6 Себебі үш елшіні үрей билегендіктен, Петір не айтарын білмеді. 7 Сонда бір бұлт пайда болып, оларға көлеңкесін түсірді. Бұлт ішінен: «Бұл — Менің сүйікті (рухани) Ұлым. Оны тыңдаңдар!» — деген дауыс шықты. 8 Кенеттен үш шәкірт жан-жақтарына қарап, қастарында Исадан басқа ешкімді де көрмеді. 9 Таудан түсіп бара жатқанда Иса оларға: «Көктен келген Билеуші өлімнен қайта тірілгенше, бұл көргендерің туралы ешкімге тіс жармаңдар!» — деп бұйырды. 10 Үшеуі осы айтылғанды естеріне сақтап, «өлімнен қайта тірілгенше» дегеннің мәнін өзара сұрасты. 11 Кейінірек шәкірттері Исаға мынадай сұрақ қойды: — Дін мұғалімдерінің «алдымен Ілияс пайғамбар дүниеге қайтып келуге тиіс» деулері қалай? — Иса: 12 — Ілиястың алдымен келіп, бәрін қалпына келтіретіні рас. Ал көктен келген Билеушінің көп азап шегіп, қорлануға тиіс болатыны туралы Киелі жазбаларда неліктен жазылған? 13 Бірақ сендерге шындығын айтайын: Ілияс келген де еді! Алайда ол туралы Киелі жазбаларда алдын ала айтылғандай, адамдар оған ойына келгендерін істеді, — деп жауап берді. 14 Осылай Иса үш елшісімен қалған шәкірттеріне қайта оралды. Сонда олар шәкірттердің айналасына жиналған қалың топты және шәкірттерімен айтысып тұрған дін мұғалімдерін көрді. 15 Бүкіл халық Исаны көрісімен қатты таңғалып, Оны қарсы ала жүгірді. 16 Иса олардан: — Бұлармен не туралы айтысып жатырсыңдар? — деп сұрады. 17 Халықтың арасынан біреу: — Ұстаз, мен ұлымды Сізге көрсету үшін осында әкелген едім. Оны жын соғып, бала мылқау болып қалды. 18 Жыны қайда ұстаса, сол жерде алып ұрады. Баланың аузынан көбік ағып, тістерін шықырлатып, сіресіп қатып қалады. Шәкірттеріңізден жынды қуып шығуларын сұраған едім, бірақ олардың қолынан келмеді! — деп жауап берді. 19 Сонда Иса: — Ей, сенбейтін ұрпақ-ай! Қанша уақыт қастарыңда болмақпын, қанша уақыт сендерге төзбекпін?! Кәне, баланы Маған әкеліңдер! — деді. 20 Содан олар баланы Исаның қасына алып келді. Жын Оны көрісімен-ақ баланы қалшылдата бастады. Бала жерге құлап түсіп, аузынан көбік шаша дөңбекшіп жатты. 21 Иса оның әкесінен: — Ұлың қашаннан бері мұндай? — деп сұрады. — Кішкентай кезінен бері. 22 Жын оны құртпақ болып, жиі-жиі отқа да, суға да құлатып келеді. Қолыңыздан келсе, бізді мүсіркеп жәрдем ете көріңіз! — деді әкесі. 23 Иса оған: — «Қолыңыздан келсе» деген не сөз? Сенушіге бәрі де мүмкін, — деп жауап берді. 24 Баланың әкесі (көзіне жас алып) дереу: — Мен сенемін. Сенімім жетіспегенде оны нығайта көріңіз! — деп дауыстап жіберді. 25 Иса тағы көбірек халықтың жүгіріп келіп, жиналып жатқанын байқаған соң, жынға қатаң бұйрық беріп: «Саңырау, мылқау қылатын жын, саған бұйырамын: бұдан шық! Енді қайтып еш уақытта оған жолама!» — деді. 26 Жын шыңғырып жіберіп, баланы қатты қалшылдатты да, шығып кетті. Бала өліп қалғандай сұлық жатты. Сондықтан жұрттың көбі оны өлді десті. 27 Бірақ Иса қолынан демеп көтергенде, бала орнынан тұрды. 28 Иса шәкірттерімен үйіне барып, кірген соң, олар оңашада: — Неліктен біз жынды қуып шығара алмадық? — деп сұрады. Иса оларға былай деп жауап берді: 29 — Мұндай жындарды тек Құдайға сиынып мінажат ету (және ораза ұстау) арқылы ғана қуып шығаруға болады. 30 Олар сол жерден кетіп, Ғалилея аймағы арқылы жол жүрді. Иса мұны ешкімнің білгенін қаламады, 31 себебі Ол шәкірттеріне тәлім беріп жүрді. (Өз басынан өткізетіндері туралы) былай деді: «Көктен келген Билеушіні адамдардың қолына ұстап береді! Оны өлтіреді, бірақ содан кейінгі үшінші күні Ол қайта тіріледі!» 32 Бірақ шәкірттері бұл сөздердің мағынасын ұғынбады, ал Исаға сұрақ қоюға батылдары бармады. 33 Олар Қапарнаум қаласына келіп, бір үйге түскеннен кейін, Иса шәкірттеріне: — Жолшыбай не туралы пікірлестіңдер? — деген сұрақ қойды. 34 Бірақ шәкірттері үндемеді, өйткені олар жолшыбай келе жатып: «Қайсымыздың жолымыз ең үлкен?» — деп өзара пікірлескен болатын. 35 Иса жайғасып отырғаннан кейін, он екі елшісін қасына шақырып алып: — Кім ең бастыларың болғысы келсе, сол бәріңнен де кішік болып, бәріңе қызмет ете берсін! — деді. 36 Содан Иса бір кішкентай баланы алып, орталарына тұрғызып қойды. Оны құшақтап: 37 — Кім Менің атымнан осындай бір сәбиді қабылдаса, соның Мені де қабылдағаны. Ал кім Мені қабылдаса, оның тек Өзімді ғана емес, Мені Жібергенді де қабылдағаны, — деді. 38 Сонда Жохан: — Ұстаз, Сіздің атыңызбен адамдардың жындарын қуып шығарып жатқан біреуді көрдік. Оған тыйым салдық. Ол бізге еріп жүрген жоқ қой, — деді. 39 Бірақ Исаның жауабы мынау болды: — Оған тыйым салмаңдар! Менің атыммен керемет істеген ешкім де жуыр маңда Мені қаралап, жамандай қоймас. 40 Бізге қарсы болмағанның бізге жақтас болғаны. 41 Сендерге шындығын айтайын: Мәсіхтің жолымен жүргендерің үшін сендерге ең болмағанда бір тостаған су берген әркім сол үшін алатын сыйынан құр алақан қалмайды! 42 Алайда кім Маған сенетін осы кішкенелердің біреуін азғырып теріс жолға түсірсе, ол үшін мойнына диірменнің зор тасы байланып, теңізге лақтырылғаны жақсырақ болар еді! 43 (Иса сөзін жалғастырып, астарлап былай деді:) — Егер сені өз қолың не аяғың (секілді өте қажетті нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшін «шауып тасталған» сияқты жоқ болсын. «Екі қол-аяқпен» мәңгі сөнбес тозақ отына лақтырылғаннан гөрі «сыңар аяқ-қолмен» мәңгілік өмірді иемденгенің артық болар еді. 47 Егерде сені көзің (секілді өте құнды нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшін ойып тасталған сияқты жоқ болсын. «Екі көзіңмен» тозаққа лақтырылғаннан гөрі «сыңар көзбен» Құдайдың Патшалығына кіргенің артық болар еді. 48 Тозақта «тәндерін кеміретін құрттар өлмейді, жалындаған от та сөнбейді». 49 Шалынған құрбандықтардың тұзбен тазартылатыны сияқты, әрқайсың да азап отынан өтесіңдер. 50 (Тағамды бұзылудан сақтау үшін) тұз пайдалы. Ал егер тұз өз күшінен айырылған болса, онысын қалай қалпына келтіруге болады? Ендеше жан дүниелеріңде тазартатын «тұз» болсын! Осылай өзара тату-тәтті өмір сүріңдер!
1 Иса сол жерден шығып, Яһудея аймағына әрі Иордан өзенінің шығыс бетіне барды. Қасына қайтадан халық жиналып, Иса Өзінің әдеті бойынша оларға тәлім берді. 2 Бірнеше парызшылдар келіп, Исаны сынамақ болып: — Күйеуінің әйелімен ажырасуына бола ма? — деген сұрақ қойды. 3 Иса: — Мұса пайғамбар сендерге не бұйырған? — деп жауап қайырды. 4 — Мұса пайғамбар күйеуінің арнайы қағазды жазып беріп, әйелімен ажырасуына рұқсат еткен ғой! — деді олар. 5 Сонда Иса былай деп жауап қатты: — Мұса сендерге осы ережені жүректеріңнің Құдайдың еркіне мойынсұнбай қасарысқандығына бола жазып қалдырған. 6 Алайда жаратылыстың басталуында-ақ «Құдай адамды бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты». 7 «Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, 8 әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады» (деп те Тауратта жазылған). Осылайша олар енді екеу емес, біртұтас! 9 Сонымен Құдай қосқандарды адам баласы ажыратпасын! 10 Үйде шәкірттері Исадан бұл туралы тағы да сұрағанда, 11 Ол: — Кім әйелімен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады. 12 Егер әйел күйеуімен ажырасып, басқаға тисе, оның да неке адалдығын бұзғаны, — деп түсіндірді. 13 Адамдар Исаға балаларын алып келіп, Одан соларға қолын тигізіп бата беруін өтінді. Бірақ шәкірттері (Исаны мазалағандары үшін) оларды сөкті. 14 Мұны байқаған Иса наразы болып былай деді: — Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар! Құдайдың Патшалығы сондайларға арналған. 15 Сендерге шындығын айтайын: кім Құдайдың Патшалығын бала сияқты қабылдамаса, оған кіре алмайды. — 16 Содан Иса балаларды құшақтап, үстеріне қолын қойып бата берді. 17 Иса сапарға шыққанда, бір жігіт алдынан жүгіріп шығып, Оған тізесін бүгіп тағзым етті. Жігіт Исаға: — Ізгі Ұстаз! Мәңгілік өмірге ие болу үшін не істеуім керек? — деген сұрақ қойды. 18 Иса оған: — Мені неге ізгі дейсің? Құдайдан басқа ешкім де ізгі емес. 19 Оның өсиеттерін білесің ғой: «Неке адалдығын бұзба; кісі өлтірме; ұрлық жасама; жалған куәлік берме; ешкімнің ақысын жеме; ата-анаңды сыйла!» — деді. 20 Жігіт: — Ұстаз, бұлардың бәрін де жастайымнан орындап келемін, — деп жауап берді. 21 Иса оған қарап тұрып, сүйіспеншілікпен: — Саған бір нәрсе жетіспейді: барып, қолыңдағы мал-мүлкіңді сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестіріп бер. Сонда сенің қазынаң көкте болады. Өзің қайтып келіп, шәкіртім болып соңымнан ер! — деді. 22 Бұл сөзге жігіт еңсесі түсіп қапаланды да, сол жерден кетіп қалды. Себебі ол аса дәулетті болатын. 23 Иса айнала қарап, шәкірттеріне: «Мал-мүлікке бай адамдардың Құдайдың Патшалығына кіруі қандай қиын!» — деді. 24 Оның айтқандарына шәкірттері абыржып, қайран қалды. Ал Иса тағы да: — Жігіттер! (Байлықтарына сенгендер үшін) Құдайдың Патшалығына кіру қандай қиын! 25 Байдың Құдайдың Патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңай, — деп қосты. 26 Шәкірттер аса қатты таңғалып, өзара: — Ендеше кім (Құдайдың қаһарынан) құтқарыла алады?! — десті. 27 Иса оларға қарап: — Бұл, адамның қолынан келмейді, бірақ Құдайдың қолынан келеді. Оның қолынан бәрі де келеді! — деді. 28 Петір Исаға: — Міне, біз барлығын қалдырып, Сіздің соңыңыздан еріп жүрміз, — дей бастап еді. 29 Иса былай деп жауап қатты: — Сендерге шындығын айтайын: үй-жайын, бауырларын, әке-шешесін, әйелін, бала-шағасын не жер-суын Маған және Ізгі хабарға бола қалдырған әркімге 30 сол үшін осы заманда қуғын-сүргін көргеннің өзінде де үй-жай, аға-іні, апа-қарындас (не әпке-сіңлі), әке-шеше, бала-шаға, жер-су жүз есе артығымен қайтарылады, әрі келер заманда ол мәңгілік өмірге ие болады. 31 Сол заманда көптеген алдыңғы қатарлылар соңғылар болады, ал соңғылар алдыңғы қатарға шығады. 32 Сол кезде олар Иерусалимге көтерілетін жолмен өрлеп бара жатты. Иса алдарында жүрді, ал шәкірттері абыржып, Оның соңынан ерген халық та қорқып келе жатты. Иса қайтадан он екі елшісін қасына шақырып алып, оларға (Өзінің басынан өткізетіндері туралы) айта бастады: 33 «Енді Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Сол жерде біреу көктен келген Билеушіні басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдеріне сатып кетеді. Олар Оны өлімге кесіп, Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап береді. 34 Солар Оны мазақ етіп, бетіне түкіріп, қамшымен сабайды, ақырында өлтіреді. Алайда Ол үшінші күні қайта тіріледі!» 35 Сол кезде Зебедейдің ұлдары Жақып пен Жохан Исаның қасына келіп: — Ұстаз, Сізден бір өтінішіміз бар, соны орындасаңыз екен, — деді. Иса: 36 — Өздеріңе не істегенімді қалайсыңдар? — деп сұрады. Олар: 37 — Сіз бұдан кейін салтанатты ұлылығыңызға ие болған кезде бірімізге оң, екіншімізге сол жағыңызға отыруды бұйырсаңыз екен, — деген тілек білдірді. 38 Иса оларға жауап беріп былай деді: — Сендер не сұрап тұрғандарыңды ұқпайсыңдар! Мен (Құдайдың қаһарына толы) «тостағаннан ішіп», (азапты) «шомылудан» өтпекпін! Ал сендер солай істей аласыңдар ма? — 39 Екі шәкірт: — Иә, істей аламыз, — дегенде, Иса: — Мен ішетін «тостағаннан» сендер де ішіп, Мен өтетін «шомылудан» сендер де өтетін боласыңдар. 40 Бірақ оң мен сол жағыма отыруға тағайындау Менің қолымда емес. Көктегі Әкем кімге дайындаған болса, солар отырады, — деп сөзін аяқтады. 41 Қалған он елші мұны естігенде Жақып пен Жоханға наразы болды. 42 Иса оларды қасына шақырып алып, былай деді: — Билеушілері деп саналатындар қол астындағы халықтарды билеп-төстеп, төрелері де соларға қатаң әмір жүргізеді, соны білесіңдер. 43 Бірақ сендердің араларыңда ондай болмасын! Керісінше, қайсың ұлы болғысы келсе, сол өзгелеріңе қызмет ете берсін! 44 Қайсың ең бастыларың болғысы келсе, сол бәріңе құл іспетті қызмет көрсете берсін! 45 Себебі Мен де Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра, Өзіме қызмет еткізу үшін емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеп жанымды қию үшін осы дүниеге келдім. 46 Иса шәкірттерімен жол жүріп Иерихон қаласына жетті. Олар халықтың үлкен тобымен бірге қаладан шығып бара жатқанда, жол жиегінде бір соқыр адам қайыр сұрап отырған еді. Оның есімі Тімей ұлы Бартімей болатын. 47 Бартімей өтіп бара жатқан Адамның назареттік Иса екенін естіп: «Дәуіттің Ұрпағы Иса, маған рақым ете көріңіз!» — деп айқайлай бастады. 48 Көпшілігі оған ұрсып, үндемеуді бұйырды; бірақ ол одан бетер айқайлап: «Дәуіттің Ұрпағы, маған рақым ете көріңіз!» — деп жалбарынды. 49 Иса тоқтай қалып: «Шақырыңдар оны!» — деп бұйырды. Олар соқыр адамға: «Көтер еңсеңді, түрегел! Ол сені шақырып жатыр», — деді. 50 Бартімей жамылғысын шеше ұшып тұрып, Исаға жетіп келді. 51 Иса: — Өзіңе не істегенімді қалайсың? — деп сұрады. Зағип: — Ұстаз, көзімді көретін етсеңіз екен! — деп өтінді. 52 Иса оған: — Жүре бер, сен сенімің арқылы құтқарылдың, — деді. Сол сәтте-ақ оның көзі ашылып, көретін болды! Содан Бартімей Исаға еріп жолға шықты.
1 Осылай Иса мен шәкірттері Иерусалимге таяп, Зәйтүн тауының беткейіндегі Бетфаге мен Бетания ауылдарына жақындап келді. Сонда Иса шәкірттерінің екеуін жұмсап, 2 оларға мынадай тапсырма берді: — Қарсы алдарыңдағы ауылға барыңдар. Оған кірген бойда байлаулы тұрған, әлі ешкім мінбеген бір тайқар есекті көресіңдер. Соны шешіп, алып келіңдер. 3 Егер біреу сендерден «Бұл не қылғандарың?» деп сұрай қалса, оған: «Ол Мырзамызға керек, жуық арада кері қайтарып жібереді» деп жауап беріңдер. 4 Екі шәкірт барғанда көше бойындағы бір үйдің қақпасына байлаулы тұрған жас есекті тауып, шылбырын шешті. 5 Сол жерде тұрғандардың кейбіреулері: «Тайқарды шешіп не істемексіңдер?» — деп сұрады. 6 Екі шәкірт Исаның айтқанындай жауап берді. Содан әлгілер оларға кедергі жасамай, жайларына жіберді. 7 Екі шәкірт жас есекті Исаға алып келіп, үстіне шапандарын жапқаннан кейін, Иса оған мінді. 8 (Иерусалимге бара жатқан) көптеген адамдар жамылғыларын жолға жайса, өзгелері даладан жас бұтақшаларды кесіп әкеліп, соларды Исаның алдына төсеумен болды. 9 Осылай Исаның алды-артынан еріп жүргендер қатты дауыспен былай деп айқай салды: «Тәңір Ие мадақталсын!» «Жаратқанның атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!» 10 «Арғы тегіміз Дәуіттің қайта орнайтын патшалығы жарылқанған!» «Заңғар аспанда Жаратқан Ие мадақталсын!» 11 Осылай Иса Иерусалимге кірді де, ғибадатханаға барып, оны айнала қарап шықты. Кеш батқанда Ол он екі елшісін ертіп қаладан шығып, Бетания ауылына барды. 12 Келесі күні олар Бетаниядан шыққанда, Исаның қарны ашты. 13 Алысырақтан жапырақ жайған інжір ағашын көрген Ол жемісінің бар-жоғын байқау үшін қасына барды. Бірақ ағаштан жапырақтан өзге ештеңе таппады. Жеміс беретін маусымы әлі болмаған еді. 14 Сонда Иса: «Бұдан былай мәңгі ешкім де жемісіңнен дәм татпасын!» — деді. Шәкірттері Исаның осы айтқандарын естіді. 15 Сонымен олар Иерусалимге жетті. Иса ғибадатхана алаңына кіріп, ондағы сатушылар мен алушыларды қуып шығара бастады: шетелдік ақшаны (зекет беру үшін жергілікті теңгелерге) айырбастаушылардың үстелдері мен (құрбандыққа шалынатын) көгершіндерді сатушылардың орындықтарын аударып тастады, әрі 16 жүк көтергендердің ғибадатхана ауласымен өтулеріне де тыйым салды. 17 Оларға: «Киелі жазбаларда: «Менің (киелі) үйім барлық ұлттар мінажат ететін үй деп аталатын болады!» делінген емес пе? Бірақ сендер оны «қарақшылар ордасына» айналдырғансыңдар!» — деп қатаң ескертіп тәлім берді. 18 Мұны дін мұғалімдері мен басты діни қызметкерлер де естіп, Исаның көзін құртудың жолын іздеді. Себебі жұрттың бәрі Оның тәліміне қатты қайран қалғандықтан, олар Исадан қорқып жүрді. 19 Кеш түсе Иса шәкірттерін ертіп қаладан шығып кетті. 20 Ертеңіне інжір ағашының жанынан өткенде, олар сол ағаштың тамырына дейін қурап қалғанын көрді. 21 Осы оқиға есіне түскен Петір Исаға: — Ұстаз, қараңызшы, Өзіңіз қарғаған інжір ағашы қурап қалыпты! — деді. 22 Иса жауап беріп шәкірттеріне былай деді: 23 — Құдайға сеніңдер! Сендерге шындығын айтайын: біреу мына тауға «Орныңнан көтеріліп, теңізге лақтырыл!» деп, айтқан сөзінің іске асатынына жүрегінде еш күмәнданбай сенсе, сол өтініші орындалады. 24 Сондықтан сендерге былай деймін: Құдайға сиынып (Оның еркіне сай) не сұрасаңдар да, соны қабылдадық деп сеніңдер! Сонда ол орындалмақ. 25 Ал сиынып тұрған кездеріңде біреуге өкпелерің болса, оны кешіріңдер! Сонда көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешіреді. 26 (Егер өздерің кешірмесеңдер, көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешірмейді.) 27 Осылай олар тағы да Иерусалимге келді. Иса ғибадатхананың ішінде жүргенде, бірқатар басты діни қызметкерлер, дін мұғалімдері және рубасылар Оның қасына келіп: 28 — Бұл істерді қандай билікпен істеп жүрсіз? Оларды істеуге Сізге кім билік берді? — деген сауал қойды. 29 Исаның жауабы мынау болды: — Мен де бір сұрақ қояйын, соған жауап беріңіздер! Содан кейін сіздерге бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтып беремін. 30 Жақияның орындаған шомылдыру рәсімі көктің еркімен болып па еді, әлде адамның еркімен бе? Соған жауап беріңіздер! 31 Олар өзара пікірлесіп былай десті: «Егер «көктің еркімен» десек, Ол: «Ендеше Жақияның уағызына неге сенбедіңіздер?» дейтін болар. 32 Ал «адамның еркімен» десек...» — Олар бұлай деуге халықтан қорықты, себебі бүкіл жұрт Жақияны шынайы пайғамбар деп санайтын. 33 Сондықтан олар Исаға: — Оны білмейміз, — деп жауап берді. Иса: — Олай болса, Мен де сіздерге бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтпаймын, — деп кесіп айтты.
1 Сонда Иса оларға астарлы әңгімелер айта бастап былай деді: — Бір кісі жүзім бағын отырғызады. Оны дуалмен қоршап қояды, әрі жүзім шырынын сығып алуға арналған шұңқыр қазып, күзет мұнарасын да салады. Кейін бағын жүзімшілерге жалға тапсырып, өзі басқа жаққа сапарға аттанады. 2 Мерзімі жеткенде бақтың иесі оның өнімінен өзіне тиісті үлесін алу үшін жүзімшілерге бір қызметшісін жұмсайды. 3 Бірақ олар қызметшіні ұстап алып, ұрып-соғып, құрқол қайтарып жібереді. 4 Бақтың иесі өзге бір қызметшісін жұмсайды. Олар оның басын таспен ұрып жарақаттап, намысына тиіп қорлап, қуып жібереді. 5 Қожайын тағы басқа біреуді жұмсаса, әлгілер оны өлтіріп тастайды. Содан кейін қожайын өзге де көптеген қызметшілерін жібереді, ал олар кейбіреулерін ұрып-соғып, басқаларын өлтіріп тастайды. 6 Бақ иесінің жұмсайтын тағы бір адамы — өзінің сүйікті ұлы қалады. Ақыр соңында қожайын: «Менің ұлымнан қаймығар» — деп ойлап, оны да жұмсайды. 7 Бірақ жүзімшілер өзара: «Бұл — мұрагер ғой! Кәне, жүріңдер, оны өлтірейік, сонда мұрасы біздікі болады!» — деседі. 8 Олар ұлды ұстап алып, өлтіріп, бақ сыртына лақтырып тастайды. 9 Енді жүзімдіктің иесі не істемек? Ол келіп, жүзімшілерді өлтіріп, бағын басқаларға тапсырмақ! 10 Киелі жазбалардан мынаны оқымап па едіңіздер: «Құрылысшылар менсінбеген Тас енді үйдің басты іргетасына айналды! 11 Жаратқанның Өзі соны істеді, көз алдымызда бұл керемет болды!» 12 Исаның өздері туралы астарлап айтқанын ұққан дінбасылар Оны тұтқындамақ болды. Алайда олар халықтан қорыққандықтан Исаны тастап, жөндеріне кетті. 13 Кейінірек басшылар Исаға бірнеше парызшылдарды және Иродтың жақтастарын жіберді. Бұлар қитұрқы сұрақ қойып, Исаны өз сөзінен ұстауға тырысты. 14 Осылай олар Исаға келіп, былай деді: — Ұстаз, Сіздің әділ екеніңізді білеміз. Біреуге жағыну ниетінен аулақ болып, ешкімнің бет-жүзіне қарамай, жұртты шынымен Құдайдың жолына үйретесіз. Ал енді, Рим патшасына алым-салық төлеуіміз дұрыс па, әлде бұрыс па? Соларды өтеуіміз қажет пе, жоқ па? 15 Бірақ бұлардың екіжүзділігін біле қойған Иса: — Мені азғырып, сынамақсыңдар, ә? Бір күміс теңгені алып келіңдерші, көрейін, — деді. 16 Олар біреуін әкеліп берді. Иса: — Мына сурет пен жазу кімдікі? — деп сұрады. Олар: — Рим патшасынікі, — деп жауап берді. 17 Сонда Иса: — Олай болса, патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер! — деп тұжырымдады. Әлгілер Исаға таңданып қайран қалды. 18 Саддукейлер өлімнен қайта тірілу жоқ дейтін. Сондықтан саддукейлер ұйымының кейбір мүшелері Исаға келіп, мына сұрақты қойды: 19 — Ұстаз, Мұса пайғамбар бізге мынадай бұйрық жазып қалдырған: Егер біреудің үйленген бауыры артынан бала қалдырмай қайтыс болса, онда сол адам оның жесіріне үйленіп, марқұм бауырына ұрпақ қалдырсын! 20 Бірде ағайынды жеті жігіт бар еді. Солардың тұңғышы үйленіп, артынан бала қалдырмай өлді. 21 Жесіріне екіншісі үйленіп, ол да артынан бала қалдырмай бұ дүниеден өтті. Үшіншісімен де солай болды. 22 Сол әйелге жетеуі де үйленіп, бала қалдырмай өлді. Ақыры бәрінің соңынан әйелдің өзі де көз жұмды. 23 Ендеше, қиямет күні қайта тірілгенде әйел қайсысынікі болады? Ол жетеуінің де әйелі болған еді ғой! 24 Иса оларға былай деп жауап қайырды: — Киелі жазбаларды және Құдайдың құдіретін ұқпағандықтан жаңылып жүрсіңдер, солай емес пе? 25 Себебі өлімнен қайта тірілгеннен кейін адамдар әйел алмайды, күйеуге де шықпайды. (Сол жағынан) олар көктегі періштелер іспетті болады. 26 Ал өлгендердің тірілуі жайында Мұса пайғамбардың қалдырып кеткен Таурат кітабындағы тікенді бұта туралы бөлімді оқымап па едіңдер? (Ыбырайым, Ысқақ және Жақып дүние салғаннан көп жыл өткен соң) Құдай Мұсаға былай деді: «Мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын». 27 Ол — өлілердің емес, тірілердің Құдайы! Демек, мүлдем жаңылып тұрсыңдар! 28 Бір дін мұғалімі жақындап келіп, олардың айтысып жатқандарын тыңдап тұрған еді. Исаның жақсы жауап бергеніне көзі жетіп, Оған: — (Таураттағы) өсиеттердің ең бастысы қайсысы? — деген сұрақ қойды. 29 Иса оған былай деп жауап берді: — Бәрінің ең бастысы мынау: «Тыңда, Исраил: Құдайымыз Жаратқан Ие — жалғыз Иеміз! 30 Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен, бар күш-қуатыңмен сүй!» Бұл — басты өсиет. 31 Ал екіншісі (де сол сияқты): «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» Бұлардан жоғары өсиет жоқ. — 32 Сонда дін мұғалімі Исаға былай деді: — Сіздікі дұрыс, Ұстаз! «Құдай жалғыз, Одан басқа құдай жоқ» деп шындығын айттыңыз. 33 Оны шын жүректен, барлық ақыл-оймен, бүкіл жан дүниесімен, бар күш-қуатпен сүю әрі маңайындағы адамды өзіндей сүю Құдайға арналған құрбандықтар мен басқа да сый-тартулардың бәрінен де жоғары. — 34 Иса сол дін мұғалімінің парасатты жауап бергенін көргенде оған: — Құдайдың Патшалығынан алыс емес екенсің, — деді. Бұдан кейін Исаға сұрақ қоюға ешкімнің батылы бармады. 35 Иса ғибадатханада тәлімін жалғастырғанда сондағы адамдарға былай деп сұрақ қойды: — Дін мұғалімдерінің Мәсіхті «Дәуіттің Ұрпағы» деулері қалай? 36 Дәуіттің өзі Киелі Рухтың жетелеуімен: «Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан: Мен жауларыңды табаныңның астына салып бергенімше отыр оң жағымда», — деген ғой. 37 Сонымен, Дәуіттің өзі Мәсіхті «Ием» деп атаған соң, қалайша Мәсіх Дәуіттің Ұрпағы ғана болады? Жиналған көпшілік Исаны сүйсіне тыңдады. 38 Ол соларға тағы былай деп тәлім берді: — Дін мұғалімдерінен сақтаныңдар! Олар ұзын шапан киіп, базарларда жұрттың өздеріне сәлем беріп құрмет көрсетуін жақсы көреді. 39 Олар, сондай-ақ, мәжілісханаларда сыйлы орында отыруды әрі қонақасыларда төрге жайғасуды ұнатады. 40 Сонымен қатар олар жесір әйелдердің үй-жайын ішіп-жеп тауысып, әдейі көзге түсу үшін ұзақ сиынып мінажат етеді. Бұлар бәрінен бетер қатаң жазаланатын болады-ау! 41 Содан кейін Иса құдайы сыйлықтарға арналған сандықтардың қарсы бетіне отырып, жұрттың оған қалай ақша салғанын бақылады. Көптеген байлар молынан салды. 42 Ал келген бір бейшара жесір әйел жалпы құны төрт тиындық екі бақырды салды. 43 Сонда Иса шәкірттерін қасына шақырып алып: «Сендерге шындығын айтамын: ақша салғандардың барлығынан да мына бейшара жесір көп салды! 44 Себебі басқалардың бәрі өздерінен артылғанын ғана садақа етсе, бұл әйел өзі бейшара бола тұра, күнелтетін нәрсесінің бәрін аямастан берді», — деді.
1 Иса ғибадатханадан шыққанда, шәкірттерінің бірі Оған: — Ұстаз, қараңызшы: тастар қалай әшекейленген, ғимараттар қандай тамаша! — деді. 2 Ал Иса оған: — Мына зәулім ғимараттарды көріп тұрсың ғой? Бұлардың қаланған бірде-бір тасы қалмай барлығының да күл-талқаны шығатын болады! — деп жауап қайтарды. 3 Кейінірек Иса Зәйтүн тауының ғибадатханаға қарама-қарсы беткейінде отырғанда, Петір, Жақып, Жохан және Әндір Оған оңашада мына сұрақты қойды: 4 — Бізге айтыңызшы: бұл қашан болады? Осының бәрінің іске асатын кезін қандай белгі білдірмек? — 5 Иса оларға жауап беріп былай деді: — Сақ болыңдар, ешкім сендерді алдап, теріс жолға түсірмесін! 6 Себебі көп кісілер Менің атымды жамылып келіп: «(Құтқарушы Мәсіх) Менмін!» деп, көпшілікті алдап азғыратын болады. 7 Сендер жақын маңдағы шайқастар мен алысырақтағы соғыс жаңалықтары туралы естігенде, зәрелерің ұшпасын! Олар болуға тиісті, бірақ заманның ақыры әлі де бұл емес. 8 Себебі ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанып, түрлі жерлерде жер сілкіністер мен ашаршылық (және дүрлігіс) болады. Бұлар тек жаңа дәуір туар алдындағы «толғақтың» бастапқы азабы іспетті. 9 Өздеріңе сақ болыңдар! Жұрт сендерді соттарға ұстап беріп, мәжілісханаларда дүре соғатын болады. Менің жолыма түскендеріңе бола әміршілер мен патшалар алдына да апарыласыңдар. Осылайша солардың алдында Мен туралы ашық айтуға мүмкіндік аласыңдар. 10 Осы заманның ақыры болмастан бұрын Ізгі хабар барлық ұлттарға да уағыздалуға тиіс. 11 Адамдар сендерді сотқа апарып, ұстап бергенде, не айтатындарыңды ойлап уайымдамаңдар! Сол сәтте ауыздарыңа салынған сөздерді айтыңдар! Осылай өздерің емес, сендер арқылы Киелі Рух сөйлейтін болады. 12 Сонда тіпті бауыры өз бауырын, әкесі өз баласын ажалға ұстап береді, балалары да әке-шешелеріне қарсы көтеріліп, оларды өлімге душар етеді. 13 Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық жұрт сендерді жек көретін болады. Ал ақырына дейін табандылық танытқан әркім құтқарылады. 14 Бір кезде сендер (Даниял пайғамбар алдын ала айтқандай, Құдайдың киелі үйін) арамдап бос қалдыратын жексұрын нәрсенің тұрмауға тиісті орында тұрғанын көретін боласыңдар. — Мұны оқып отырған әркім соның мәнісін ұғып алсын! — Сонда Яһудея аймағында тұратындар дереу тауларға қашып құтылсын! 15 Кім үйінің жалпақ төбесінде отырса, сол бір нәрсесін алуға үйге кірместен, сыртқы сатымен төмен түсіп, бірден қашып құтылсын! 16 Кім далада жүрсе, ол да шапанын алуға үйіне қайтпастан, дереу қашып кетсін! 17 Сол күндері аяғы ауыр және бала емізіп жүрген әйелдер қандай қасіретке ұшырайтын болады! 18 Бұл кез қыс мезгілі болмасын деп Құдайдан сұраңдар. 19 Себебі сол күндері жаратылыс басталғаннан бері күні бүгінге дейін ешқашан болмаған және қайтып болмайтын қиын-қыстау кезең бастарыңа түседі. 20 Егерде Жаратқан Ие бұл күндердің санын қысқартпағанда, ешбір жан құтқарыла алмас еді. Бірақ Ол Өзінің таңдап алған адамдарына бола сол кезеңді қысқартып қойған. 21 Сол кезде біреу сендерге: «Міне, Мәсіх мұнда!» немесе «Әне, Ол анда!» десе, иланбаңдар! 22 Себебі жалған «мәсіхтер» мен «пайғамбарлар» шығатын болады. Олар, мүмкін болса, Құдайдың таңдап алған адамдарын да алдап, теріс жолға адастыру үшін кереметтер мен ғажаптарды көрсететін болады. 23 Ал өздерің сақ болыңдар! Мен сендерге барлығын да алдын ала айтып тұрмын. 24 Бірақ сол күндері, сол бір қиын-қыстау кезеңнен кейін күнді қараңғылық басады, ай да жарқырамайтын болады. 25 Жұлдыздар аспаннан құлап түсіп, аспан күштері шайқалады. 26 Сонда адамдар Менің Билеуші ретінде ғаламат құдіретпен, салтанатты ұлылықпен бұлттарда көктен келе жатқанымды көреді. 27 Мен періштелерімді жіберіп, әлемнің о шетінен бұ шетіне дейін, дүниенің төрт бұрышынан Өзімнің таңдап алған адамдарымды жинап әкелетін боламын. 28 Інжір ағашынан сабақ алыңдар: оның шыбықтары жұмсарып, жапырақтары шыға бастағанда жаздың таяп қалғанын білесіңдер. 29 Сол сияқты, сендер осы оқиғалардың болғанын көргенде Менің Құдай тағайындаған Билеуші ретінде таяп, есік алдына келіп қалғанымды білетін боласыңдар. 30 Сендерге шындығын айтайын: осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, мұның бәрі іске асады. 31 Аспан мен жер жойылатын болады, бірақ Менің сөздерім еш жойылмайды. 32 Ал сол күннің, сол сәттің қашан болатынын ешкім білмейді. Бұл жайт көктегі періштелерге де, Құдайдың рухани Ұлына да белгілі емес, жалғыз Оның Әкесіне ғана мәлім. 33 Ұдайы сақ та сергек болыңдар (әрі Құдайға сиыныңдар), себебі Менің қайтып келген кезімнің қашан болатынын білмейсіңдер. 34 Бұл жайт сапарға шықпақ болған бір кісінің әрекетіне ұқсас: ол кетер алдында үй-жайын басқаруды қол астындағы қызметшілеріне аманаттайды. Әрқайсысына атқаратын жұмыстарын үлестіріп беріп, қақпашыға сергек күзетуін тапсырады. 35 Сондықтан сергек болыңдар! Үй иесінің қашан келетінін: кешке ме, түн ортасында ма, әтеш шақырған кезде ме, әлде таң ата ма, қызметшілері білмейді. (Сондай-ақ, сендер де Менің қашан қайтып келетінімді білмейсіңдер.) 36 Кенеттен келе қалған кезімде рухани ұйықтап жатпаңдар! 37 Сендерге айтқанымды бәріне де айтамын: сергек болыңдар!
1 Құтқарылу және Ашымаған нан мейрамдарына екі-ақ күн қалған еді. Басты діни қызметкерлер және дін мұғалімдері Исаны айламен қолға түсіріп, өлтірудің жолын қарастырды. 2 Әйтсе де олар: «Мұны мейрам күндері іске асыруға болмайды! Әйтпесе халық арасында бүлік шығып жүрер», — десті. 3 Ал Иса бұл кезде Бетанияда, бұрын алапеспен ауырған Шимонның үйінде болатын. Сонда бір әйел Исаның қасына жақындап келді; оның қолында нард деген өсімдіктен жасалған таза, аса құнды иісмайға толы мөлдір тас құтысы бар еді. Әйел құтының аузын сындырып, иісмайды дастарқан басында жантайып жатқан Исаның басына құйды. 4 Сол жердегілердің кейбіреулері бұған наразы болып, бір-біріне: «Иісмай неге бұлай ысырапталды? 5 Оны бір жылдық жалақыдан да артық бағаға сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіруге болатын еді ғой!» — десіп, әйелді сөгіп тастады. 6 Бірақ Иса оларға қарсы шығып былай деді: — Бұл әйелге тимеңдер! Оны неге мазалайсыңдар? Ол Маған ерекше жақсылық жасады. 7 Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, оларға қалаған кезде қайырым көрсете аласыңдар. Ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймін. 8 Бұл әйел қолынан келгенін істеп, Менің денеме қабірге қоярдағы май жағу салтын алдын ала орындады. 9 Сендерге шын айтамын: осы Ізгі хабар қай жерде болмасын бүкіл дүние жүзінде уағыздалғанда, осы әйелді де еске алып, істегенін айтатын болады. 10 Ал он екі елшінің біреуі, Яһуда Исқариот, Исаны ұстап беру ниетімен басты діни қызметкерлерге барды. 11 Мұны естігенде олар қатты қуанып, сол үшін Яһудаға күміс ақша беруге уәде етті. Осы кезден бастап Яһуда Исаны оларға ұстап берудің қолайлы сәтін аңдыды. 12 Ашымаған нан мейрамының бірінші күні әр отбасы ата-бабаларын Құдайдың құтқарғанын еске түсіріп, бір тоқтыны құрбандыққа шалатын. Сол кезде шәкірттері Исадан: — Мейрам асыңызды қай жерге әзірлеуімізді қалайсыз? — деп сұрады. 13 Иса олардың екеуін жұмсап былай деді: — Қалаға барып, кіріңдер. Сонда сендерге құмырамен су алып бара жатқан бір адам кездеседі. Соның артынан еріп, 14 ол кірген үйдің иесіне: «Ұстазымыз сізге сәлем айтып, Маған шәкірттеріммен бірге отырып мейрам асын ішуге болатын қонақ бөлмеңіз қайда екен деп сұрап жатыр» деңдер. 15 Үй иесі сендерге жоғарғы қабатта орналасқан, еденіне төсеніштер төселіп даярланған кең қонақ бөлмені көрсетеді. Асты бізге сол жерге дайындаңдар! — 16 Енді шәкірті жолға шығып, қалаға кіргенде, бәрі де Исаның айтқанындай болды. Олар мейрам асын сонда даярлады. 17 Кеш түсе Иса он екі шәкіртімен бірге сол үйге келді. 18 Олар дастарқан басына жайғасып, тамақ ішіп отырғанда, Иса: — Сендерге шындығын айтайын: Менімен бірге тамақ ішіп отырған сендердің біреуің Маған опасыздық жасайды, — деді. 19 Олар еңселері түсіп, қатты абыржып бірінен соң бірі: — Сол адам мен емес пе екенмін? — деп сұрай бастады. 20 Иса жауап беріп: — Ол — осы он екіңнің бірі, табақтағы тұздыққа Менімен бірге бір үзім нанын батырып алып жатқан біреуің. 21 Көктен келген Мен Киелі жазбаларда Өзім туралы алдын ала айтылған жолмен жүремін. Алайда Мені ұстап беретін адам қасіретке қалады! Сол кісі үшін ешқашан дүниеге келмегені жақсы болар еді, — деді. 22 Олар тамақ ішіп отырғанда, Иса қолына нан алып, шүкірлік етіп бата берді. Нанды үзіп, шәкірттеріне беріп жатып: — Алып жеңдер, бұл — Менің денем, — деді. 23 Иса тостағанды да алып, шүкірлік етіп, оларға берді. Одан бәрі де ішті. 24 Иса оларға: — Бұл — көптеген адамдар үшін төгіліп, (Жаңа) Келісімді бекітетін Менің қаным. 25 Сендерге шын айтамын: Мен Құдайдың Патшалығы орнаған кезде жүзім шырынынан жаңа түрде ішетін боламын. Сол күнге дейін одан енді қайтып татпаймын, — деді. 26 Бұдан кейін олар Құдайды мадақтау әнін айтты; содан соң сол жерден шығып, Зәйтүн тауына қарай беттеді. 27 Жолшыбай Иса шәкірттеріне тіл қатып былай деді: — (Бүгін түнде) бәрің де Менен безіп кетесіңдер. Себебі (Пайғамбарлар жазбаларында мынадай сөздер) жазылған: «Бақташыны» ұрып өлтіремін, сонда «қойлары» бытырап кетеді. 28 Бірақ Мен қайта тірілгеннен кейін сендерден бұрын Ғалилеяға барамын. — 29 Ал Петір Оған: — Бәрі безіп кетсе де, мен олай етпеймін! — деді. 30 Иса: — Саған шындығын айтайын: осы түні-ақ әтеш екі рет шақырғанша, сен Менен үш рет танасың! — деп жауап қайтарды. 31 Алайда Петір одан бетер құлшына: — Маған Сізбен бірге өлуге тура келсе де, Сізден еш танбаймын! — деді. Барлық басқа шәкірттер де осыны айтты. 32 Осылай олар бақшасы бар Гетсимани деген жерге жетті. Сонда шәкірттеріне: «Мен сиынып мінажат еткенше, осы жерде отыра тұрыңдар», — деді. 33 Ол Петір, Жақып және Жоханды Өзімен бірге ала кетіп, жаны түршігіп қатты қинала бастады. 34 Иса үш шәкіртіне: «Жаным өлердей қайғырып тұр. Сендер осында қалып, ұйықтамай сергек болыңдар!» — деп тапсырды. 35 Иса сол жерден әрірек барып, жерге жығылды. Мүмкін болса, алдағы азапты кезеңнің Өзіне жоламай айналып өтуін сұрап: 36 «О, Абба, Әкем! Сенің қолыңнан бәрі де келеді. (Қаһарыңа толы) осы «тостағанды» Маған жолатпай алып кете гөр. Бірақ Менің емес, Сенің еркің болсын!» — деп мінажат етті. 37 Қайтып келгенде Иса шәкірттерінің ұйықтап жатқанын көрді. Петірге: «Шимон, ұйықтап жатырсың ба? Ең болмағанда, бір сағат ұйықтамай отыра алмағаның ба? 38 Азғырылмау үшін сергек болып сиынып мінажат етіңдер! Рух дайын болғанмен, тән осал», — деді. 39 Иса тағы да шеткері барып, сиынып бұрынғы сөздерін қайталап мінажат етті. 40 Бұдан кейін оралып келгенде, шәкірттері қайтадан ұйықтап жатты. Себебі көздерін ұйқы басқан еді. Олар Исаға не айтарларын білмеді. 41 Иса үшінші рет оңаша сиынып, қайтып келгеннен кейін шәкірттеріне: «Әлі де ұйықтап, тынығып жатырсыңдар ма? Жетер енді, уақыт болды: Құдай тағайындаған Билеуші күнәкарлардың қолына ұстап беріледі. 42 Міне, Мені ұстап беруші таяп қалды. Тұрыңдар, соған қарай жүрейік!» — деді. 43 Иса әлі де осыны айтып тұрғанда, он екі елшінің біреуі — Яһуда семсер мен сойыл ұстанған бір топ адамды сол жерге ертіп келді. Бұларды басты діни қызметкерлер, дін мұғалімдері және рубасылары жіберген болатын. 44 Исаға опасыздық жасаушы Яһуда оларға белгі беру туралы: «Кімнің бетінен сүйсем, Ол — Соның Өзі. Сол Адамды тұтқындап, абайлап алып кетіңдер», — деген еді. 45 Яһуда келген бойда-ақ Исаның қасына барып: «Ұстаз!» — деп, Оның бетінен сүйді. 46 Сонда Яһудаға еріп келгендер Исаға тап беріп, Оны ұстай алды. 47 Бірақ сол жерде Исамен бірге тұрғандардың біреуі семсерін суырып алды. Соны бас діни қызметкердің малайына қарай сілтеп қалып, оның бір құлағын шауып түсірді. 48 Ал Иса келгендерге: «Мені тұтқындауға, қарақшыға қарсы аттанғандай семсер мен сойыл алып шыққандарыңыз қалай? 49 Күн сайын ғибадатханада тәлім беріп қастарыңызда болғанымда Мені ұстаған жоқсыздар. Бірақ Киелі жазбаларда алдын ала айтылғандар осылай жүзеге асуға тиіс!» — деді. 50 Сол сәтте шәкірттерінің бәрі Исаны тастап, қаша жөнелді. 51 Ал жалаңаш денесіне бәтес жамылғы ғана оранған бір жас жігіт Исаның артынан ілесіп отырды. Жасақшылар оны ұстап алды. 52 Бірақ сол жігіт жамылғысын тастай сала, қолдарынан сытылып шығып, жалаңаш күйі қашып кетті. 53 Қарулы топ Исаны бас діни қызметкердің сарайына апарды. Сол жерге барлық басты діни қызметкерлер, рубасылар және дін мұғалімдері жиналды. 54 Петір Исаға алыстан ілесе отырып, бас діни қызметкердің сарайының ішкі ауласына дейін барды. Ол жерде Петір сақшылармен бірге отырып, отқа жылынды. 55 Сол кезде басты діни қызметкерлер мен бүкіл Жоғарғы кеңес Исаны өлімге кесу үшін Оған қарсы айғақ іздестірді, бірақ ештеңе таба алмады. 56 Көптеген адамдар Исаға қарсы жалған куәлік берді, алайда олары бір-біріне сай келмеді. 57 Ақырында кейбіреулері тұрып: 58 — Біз Бұның: «Мен қолдан жасалған мына киелі үйді бұзып, қолдан жасалмаған басқасын үш күнде қайта тұрғызамын» дегенін естідік, — деп жалған куәлік келтірді. 59 Алайда бұл жайындағы айтқандары да өзара сәйкес келмеді. 60 Сонда бас діни қызметкер ортаға шығып, Исаға: — Ешқандай жауап бермейсің бе? Мыналар Саған қарсы не деп куәлік беріп тұр? — деген сауал қойды. 61 Бірақ Иса еш жауап бермей үндемеді. Бас діни қызметкер Оған тағы да сұрақ қойып: — Сен Мадақталғанның рухани Ұлы — Мәсіхсің бе? — деді. 62 Иса: — Мен Солмын. Менің Билеуші ретінде Құдірет Иесінің оң жағында отырғанымды әрі аспандағы бұлттармен келе жатқанымды әлі көретін боласыздар! — деп жауап берді. 63 Сонда бас діни қызметкер шапанының өңірін айыра жыртып: — Енді куәгерлердің қажеті қанша? 64 Ол Тәңірге тіл тигізді, мұны өз құлақтарыңызбен естідіңіздер! Бұған қалай қарайсыздар? — деп дауыстады. Жиналғандардың барлығы да Оны өлім жазасына лайық деп шешті. 65 Бірқатары Исаға түкіре бастады. Оның бетін бүркеп, жұдырықтап: «Әй, пайғамбар болсаң, Сені кім ұрды, бізге айтып берші!» — деп келекеледі. Бұдан кейін сақшылар Исаны ұстап тұрып, соққылады. 66 Бұл кезде Петір төменде, сарайдың ішкі ауласында, отырған еді. Бас діни қызметкердің бір қызметші қызы өтіп бара жатып, 67 отқа жылынып отырған Петірді көрді. Оған қадала қарап: — Сен де назареттік Исамен бірге жүретін едің ғой! — деді. 68 Алайда Петір: — Не деп тұрғаныңды білмеймін де, түсінбеймін де, — деп мойындамады. Содан ол ішкі ауладан шығып, қақпа жағына жылжи берді. Сонда әтеш шақырды. 69 Қызметші қыз Петірді тағы да көріп, сол жерде тұрғандарға: «Мынау — солардың біреуі!» — дей бастады. 70 Бірақ Петір қайтадан мойындамады. Сәл кейінірек сонда тұрғандар да оған: — Сен шынымен солардың біреуісің, ғалилеялықсың ғой! (Қалай сөйлегеніңнен-ақ білініп тұр!) — деді. 71 Ал Петір: — Сендер айтып тұрған Адамды еш білмеймін! — деп ант ішіп, қарғана бастады. 72 Сол сәтте-ақ әтеш екінші рет шақырып, Петірдің есіне Исаның «Әтеш екі рет шақырғанша, сен Менен үш рет танасың» деген сөзі түсті. Сонда ол қатты налып, жылады.
1 Таң атысымен-ақ басты діни қызметкерлер, рубасылар және дін мұғалімдері, яғни бүкіл Жоғарғы кеңес, ақылдасып, шешім қабылдады. Олар Исаны байлатып, римдік әмірші Пилатқа алып барып, табыс етті. 2 Пилат Исаға: — Сен «Яһудилердің Патшасысың» ба? — деген сұрақ қойды. Иса: — Өзіңіз айтып тұрсыз, — деп жауап берді. 3 Басты діни қызметкерлер Исаға көптеген айып тақты. 4 Пилат Оған тағы сауал қойып: — Ешбір жауап бермейсің бе? Қарашы, Саған қаншама көп айып тағып тұр! — деді. 5 Бірақ Иса бұған да еш жауап қайтармады, сондықтан Пилат қайран қалды. 6 Әмірші әдетте мейрамның құрметіне яһудилер сұраған бір тұтқынды оларға босатып беретін. 7 Сол тұста Барабба есімді біреу өзінің сыбайлас көтерілісшілерімен бірге түрмеде отырған еді. Олар бүлік кезінде кісі өлтірген болатын. 8 Енді халық алға қарай ұмтылып, Пилаттан әдеттегідей бір тұтқынды босатуын дауыстап сұрай бастады. 9 Пилат оларға жауап беріп: — Сендерге «Яһудилердің Патшасын» босатып беруімді қалайсыздар ма? — деген сұрақ қойды. 10 Ол басты діни қызметкерлердің Исаны күншілдіктен ұстап бергендігін жақсы түсінді. 11 Бірақ басты діни қызметкерлер халық тобырын әміршіден: «Оның орнына Бараббаны босатып беріңіз!» деп талап етуге арандатты. 12 Пилат оларға: — Ендеше, сендер «Яһудилердің Патшасы» деп атаған Адамға не істеуімді қалайсыңдар? — деген сауал қойды. 13 Олар қайтадан айқай салып: — Айқышқа шегеленсін! — деп жауап қатты. 14 Пилат: — Сонда Ол қандай қылмыс жасады? — деп сұрады. Бірақ олар: — Айқышқа шегеленсін! — деп бұрынғыдан бетер шулап кетті. 15 Сонда Пилат халықтың көңілінен шыққысы келіп, оларға Бараббаны босатып берді. Ал Исаны қамшымен соқтырғаннан кейін, айқышқа шегелеп іліп өлтіруге жасақшылардың қолдарына тапсырды. 16 Жасақшылар Исаны әміршінің ордасы болған сарайдың ішкі ауласына алып барып, сонда бүкіл әскер бөлімін шақырып жинап алды. 17 Олар Исаға бір қызыл шапанды жауып, тікенді бұтақшалардан «тәж» өріп, Оның басына кигізді. 18 Мұнан кейін олар: «Яһудилердің Патшасы жасасын!» — деп Оған сәлем бере бастады. 19 Исаның басын таяқпен ұрғылап, бетіне түкіріп, алдына тізе бүгіп тағзым еткенсіді. 20 Мазақтап болғаннан кейін Оның үстіндегі қызыл шапанды шешіп алып, өз киімін кигізді. Содан соң жасақшылар Исаны айқыш ағашқа шегелеп іліп қою үшін қала сыртына қарай алып кетті. 21 Жолшыбай олар даладан қарсы келе жатқан Шимон есімді күренелік ер адамға тап болды. Оны Исаның айқыш ағашын арқалап алып жүруге мәжбүр етті. Сол Шимон Ескендір мен Руфтың әкесі болатын. 22 Осылай жасақшылар Исаны Ғолғота, яғни «Маңдайтөбе», деген жерге алып барды. 23 Оған ішуге мүр шөбі қосылған сірке суын ұсынды, бірақ Ол ішпеді. 24 Жасақшылар Исаны айқыш ағашқа керіп шегелеп тастап, тік көтеріп қойды. Бұдан кейін әрқайсысы өз үлесін алу үшін Оның киімдерін жеребе тастап бөлісті. 25 Исаны айқышқа шегелегенде сағат тоғыз болатын. 26 Оған тағылған айып «Яһудилердің Патшасы» деп бір тақтайшаға жазылған еді. 27 Жасақшылар Исамен бірге екі қарақшыны да, біреуін оң, екіншісін сол жағындағы айқыш ағаштарға керіп шегелеп тастап, тік көтеріп қойды. 28 (Киелі жазбада: «Ол қылмыскерлердің қатарында саналды» деп алдын ала айтылған сөз осылай іске асты.) 29 Қасынан өтіп бара жатқандар Исаға тіл тигізді. Олар бастарын шайқап: «Әй, киелі үйді бұзып, үш күнде қайта тұрғызушы! 30 Айқыштан түсіп, Өзіңді құтқарып ал!» — деп Оны келеке етті. 31 Сол секілді, басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері де Оны мазақтап бір-біріне: «Мынау басқаларды құтқарыпты, бірақ Өзін құтқара алмайды екен! 32 «Исраилдің Патшасы Мәсіх» қазір-ақ айқыштан түссін! Көзімізбен көрейік, сонда Оған сенеміз», — десті. Жанындағы айқыштарға шегеленген қылмыскерлер де Исаны балағаттап тілдеді. 33 Ал тал түсте бүкіл жерді қараңғылық басып, ол үш сағатқа созылды. 34 Сағат үште Иса қатты дауыспен айқайлап: «Ілои, Ілои! Лама сабахтани?» — деді. Өз тілінде бұл «О, Құдайым, Құдайым! Неліктен Мені жалғыз қалдырдың?» дегенді білдіреді. 35 Сол жерде тұрғандардың кейбіреулері мұны естігенде: «Қараңдар, Ол Ілиясты шақырып жатыр», — десті. 36 Біреуі жүгіріп барып, бір сорғышты сірке суына батырып алды. Оны таяқтың ұшына қадап, Исаға ішуге ұсынды да: «Күте тұрайық, Ілияс келіп, Оны түсіріп алар ма екен көрейік!» — деп кекетті. 37 Ал Иса қатты дауыстап жіберіп, жан тәсілім етті. 38 Сол сәтте киелі үйдегі шымылдық жоғарыдан төменге дейін қақ айырылып, екіге бөлінді. 39 Исаның қарсы алдында тұрған жүзбасы Исаның осылай жан тәсілім еткенін көргенде: «Бұл Адам шынымен Құдайдың рухани Ұлы екен!» — деп мойындады. 40 Сол жерде алысырақтан қарап тұрған әйелдер де болды. Араларында мағдалалық Мәриям, кіші Жақып пен Жүсіптің шешесі Мәриям және Салома бар еді. 41 Олар Иса Ғалилеяда болған кезінде Оған еріп, қызмет етіп жүретін. Сондай-ақ Онымен бірге Иерусалимге келген басқа да көптеген әйелдер сол жерде тұрды. 42 Бұл күн діни демалыс күнінің алдындағы әзірлік күні — жұма болатын. Сондықтан кеш түспес бұрын 43 ариматеялық Жүсіп батылдықпен Пилатқа барып, одан Исаның мәйітін қабірге қоюға рұқсат сұрады. Жоғарғы кеңестің беделді мүшесі болған Жүсіп Құдайдың Патшалығының жер бетінде орнауын аңсап күтіп жүрген жан еді. 44 Пилат Исаның сонша тез өліп қалғанына таңданды; жүзбасыны шақырып алып, одан: «Ол өлгелі көп болды ма?» — деп сұрады. 45 Жүзбасынан солай екенін біліп алған соң, Пилат мәйітті Жүсіпке бергізді. 46 Жүсіп бәтес кебін сатып алып келіп, Исаның мәйітін айқыштан түсіріп, кебінге орады. Содан оны жартастан үңгіп жасалған бір қабірге апарып қойды. Мұнан кейін қақпақ тасын домалатып әкеліп, қабірдің кіреберіс аузын сонымен жауып тастады. 47 Мағдалалық Мәриям мен Жүсіптің шешесі Мәриям мәйіттің қайда қойылғанына қарап тұрды.
1 Сенбі күні өткеннен кейін мағдалалық Мәриям, Жақыптың шешесі Мәриям және Салома Исаның сүйегіне май жағу салтын орындай алу үшін иісмайлар сатып алды. 2 Олар жексенбі күні ертемен, күн шыға қабірге бара жатқанда: 3 «Бізге қабір аузындағы қақпақ тасты кім домалатып ашып берер екен?» — десті. 4 Олар келіп қараса, тастың домалатылып, былай қойылғанын көрді. Ал тас тым үлкен болатын. 5 Ішке кірген әйелдер оң жақта отырған ақ киімді бір жас жігітті көріп, абыржып қорқып кетті. 6 Бірақ періште оларға қарап былай деді: — Қорықпаңдар! Айқышқа шегеленіп өлген назареттік Исаны іздеп жүрсіңдер ғой. Ол мұнда жоқ, қайта тіріліп кетті! Оның қойылған орнын қараңдар! 7 Енді барып, Оның шәкірттеріне және Петірге мынаны жеткізіңдер: Иеміз сендерден бұрын Ғалилеяға барады. Сендерге Өзі айтқандай, сол жерден Оны көресіңдер. 8 Әйелдер бойларын қорқыныш билеп, қатты дірілдеп қабірден шықты да, қаша жөнелді. Зәрелері ұшқан олар сол сәтте басқа ешкімге ештеңе айтпады. 9 Иса жексенбі күні таң сәріде қайта тірілгеннен кейін ең алдымен мағдалалық Мәриямға көрінді. Бір кезде Иса оның бойынан жеті жынды қуып шығарған болатын. 10 Мәриям Исаға еріп жүрген, ал қазір Оны жоқтап аза тұтқан шәкірттеріне барып, оларға бұл хабарды жеткізді. 11 Алайда олар Мәриямның: «Иса тірі! Мен Оны көрдім!» дегенін естігенде нанбады. 12 Бұдан кейін Иса шәкірттерінің екеуіне бір ауылға кетіп бара жатқан кездерінде жолшыбай басқа бір кейіпте көрінді. 13 Олар қайта оралып келіп, қалған шәкірттеріне айтып берді, алайда солар бұл екеуіне де сенбеді. 14 Ақыр соңында, кешкі асқа отырған кездерінде, Иса он бір елшісінің өздеріне де көрінді. Оларға қайта тірілген Өзін көргендерге нанбай, қиқарлық танытқандары үшін наразылық білдірді. 15 Иса оларға тағы былай деді: «Бүкіл жер бетіндегі күллі адамдарға барып, Ізгі хабарды жариялаңдар! 16 Кім сеніп, шомылдыру рәсімінен өтсе, сол құтқарылады. Ал кім сенбесе, сотталады. 17 Сенушілер Құдайдың құдіретін көрсететін мынадай кереметтерді істемек: олар Менің атыммен жындарды қуып шығарып, жаңа тілдерде сөйлейді. 18 Егерде қолдарымен улы жылан ұстап не у ішіп қойса, содан ешқандай зақым көрмейді. Ауру адамдардың үстіне қолдарын қойса, олар сауығып кетеді». 19 Сонымен Иеміз Иса олармен сөйлесіп болған соң көкке көтеріліп, Құдайдың оң жағына жайғасты. 20 Ал шәкірттері барлық жерлерге барып, Ізгі хабарды жариялап жүрді. Иеміз оларға жар болып, Өзінің құдіретін көрсететін кереметтері арқылы уағыздалған хабарды растап бекітті. (Аумин)
1 Қадірлі Теофил! Көптеген адамдар арамызда әбден белгілі болған оқиғаларды баяндауға кірісіп кетті. 2 Бұл үшін олар Ізгі хабарды уағыздаушылардың әуел бастан-ақ өз көздерімен көріп, бізге айтып жеткізгендеріне сүйенді. 3 Солардың бәрін басынан бастап ұқыпты зерттеп шыққандықтан, мен де оларды рет-ретімен жазып берсем игі болар еді деп ұйғардым. 4 Осылайша сіз өзіңіз үйренген осы ілімнің берік негізіне әбден көз жеткізе аласыз. 5 Яһудея елінің патшасы Иродтың заманында діни қызметкерлердің Абиях тобында Зәкәрия есімді біреу бар болатын. Әйелі Елізабет Һарон әулетінен еді. 6 Екеуі де Құдай алдында әділ жандар болып, Жаратқан Иенің барлық өсиеттері мен ережелеріне сай мінсіз өмір сүріп жатты. 7 Бірақ Елізабет құрсақ көтермегендіктен, балалары болмады. Ал екеуінің жасы да ұлғайып қалған еді. 8 Бір күні Зәкәрия өз тобының кезегі келіп, (Иерусалимдегі ғибадатханада) Құдайға қызмет көрсетіп тұрды. 9 Сонда діни қызметкерлер дәстүр бойынша ортаға жеребе салып, өздері атқаратын міндеттердің ретін бөлісті. Содан Жаратқан Иенің киелі үйіне кіріп, Оған арналған тарту ретінде жұпар шайыр түтету міндеті Зәкәрияның үлесіне тиді. 10 Зәкәрия шайырды түтетіп жатқан уақытта қалың жамағат сыртта Құдайға сиынып мінажат етіп тұрды. 11 Сол кезде Зәкәрияға Жаратқан Иенің бір періштесі көрініп, түтету үстелінің оң жағында тұра қалды. 12 Зәкәрия оны көргенде селк етіп, бойын қорқыныш билеп алды. 13 Бірақ періште оған тіл қатып былай деді: — Зәкәрия, қорықпа! Тілегің қабыл болып, әйелің Елізабет саған ұл туып береді. Ұлдың атын Жақия деп қоясың. 14 Төбең көкке жете қуанып шаттанасың, көп адамдар да оның дүниеге келгеніне қуанады. 15 Ол Жаратқан Иенің алдында мәртебелі болып, шарап, сыра атаулыдан аулақ жүретін болады. Ана құрсағында жатқанда-ақ ол Киелі Рухқа кенеледі. 16 Жақия исраилдіктердің көбін өздерінің Құдайы — Жаратқан Иеге қайтадан келтіреді. 17 Ілияс пайғамбарға дарыған Құдайдың Рухы мен күшіне ол да бөленіп, Иеміздің алдынан жүретін болады. Әкелерді балаларымен татуластырып, қыңыр мінезділерді әділ жандардың тура жолына бет бұрғызады. Осылайша ол халықты Иеміздің келуіне әзірлейді. — 18 Алайда Зәкәрия періштеге жауап қайтарып: — Бұған қалай көз жеткізе аламын? Өзім қартайдым, әйелімнің де жасы ұлғайды ғой, — деді. 19 Періште: — Мен Құдайға қызмет етуші Жәбірейілмін. Ол мені саған осы ізгі хабарды жеткізуге жіберді. 20 Ал сен мезгілінде орындалатын сөздеріме сенбегендіктен, олар жүзеге асатын күнге дейін сөйлей алмайтын мылқау болып қаласың, — деді. 21 Осы екі арада жамағат Зәкәрияның киелі үйде кідіріп қалғанына таңданып, тосып тұрған еді. 22 Ол сыртқа шыққанда, оларға сөйлей алмай қалды. Сонда жұрт оның киелі үйде аян көргенін ұқты. Себебі Зәкәрия оларға ыммен белгі беріп, мылқау күйінде қала берді. 23 Өзінің киелі үйдегі қызмет атқару күндері біткеннен кейін Зәкәрия үйіне қайтты. 24 Бұдан соң әйелі Елізабет құрсақ көтеріп, бес ай бойы жұрт көзінен тасаланып жүрді. 25 «Жаратқан Ие бұл күндері маған назар аударып, мені адамдар арасында ұятқа қалдырмау үшін осылай жарылқады!» — деп Елізабет Тәңір Иеге ризашылығын білдірді. 26 Алтыншы айда Құдай Жәбірейіл періштені Ғалилея аймағының Назарет қаласындағы бір қызға жіберді. 27 Қыздың есімі Мәриям болатын, ол (Исраил елінің ежелгі патшасы) Дәуіттің әулетінен шыққан Жүсіп есімді жігітке айттырылып қойылған еді. 28 Періште үйге кіріп, оған: — Сәлем саған, Құдай жарылқаған жан, Жаратқан Ие саған жар! — деп тіл қатты. 29 Мәриям періштені көріп, оның айтқан сөздеріне селк етіп, бұл қандай сәлемдесу деп ойланып тұрып қалды. 30 Ал періште оған: — Қорықпа, Мәриям, саған Құдай рақымын түсірді. 31 Енді құрсақ көтеріп, Ұл табасың, Оның атын Иса деп қоясың. 32 Ол өте мәртебелі болып, Құдай Тағаланың рухани Ұлы деп аталады. Құдай Ие Оған арғы атасы Дәуіттің тағын сыйлайды. 33 Иса Жақыптың үрім бұтағына мәңгі бақи Патшалық құратын болады. Оның Патшалығының шегі болмайды, — деді. 34 Сонда Мәриям: — Бұл қалай болады? Мен еркекпен жақындасқан емеспін ғой! — деп сұрады. 35 Періште оған былай деп жауап берді: — Саған Киелі Рух қонып Құдай Тағала сая түсіргендей Өзінің құдіретін дарытады. Сондықтан да сен табатын Киелі Бала «Құдайдың рухани Ұлы» деп аталмақ. 36 Бұрын құрсақ көтермейді деп саналған жақын апайың Елізабет те қартайған шағында ұлды болмақ. Алты айдан бері оның аяғы ауыр. 37 Себебі Құдайдың ешбір сөзі де жүзеге аспай қалмас! — 38 Сонда Мәриям: — Мен Жаратқан Иенің күңімін; айтқаныңыз болсын! — деді. Бұдан кейін періште оның қасынан ғайып болды. 39 Сол күндері Мәриям жолға жиналып, Яһуда руының таулы өңіріндегі бір қалаға жедел жүріп кетті. 40 Сонда ол Зәкәрияның үйіне түсіп, Елізабетпен амандасты. 41 Елізабет Мәриямның берген сәлемін естігенде, ішіндегі нәрестесі тыпырлап кетті. Елізабет Киелі Рухқа кенеліп, 42 қатты дауыстап былай деді: — Құдай әйелдердің арасында сені жарылқаған, құрсағыңдағы Нәрестені де жарылқаған! 43 Иемнің шешесі маған келетіндей мен соншама кім едім? 44 Көрдің бе, сәлем берген даусың құлағыма жеткенде, ішімдегі балам қуанып, тыпырлап қоя берді! 45 Жаратқан Иеге сенген сен бақыттысың, Оның саған айтқаны жүзеге аспақ! 46 Сонда Мәриям былай деді: — Жан дүнием Иемді мадақтайды, 47 Құтқарушым Құдайға қуанады: 48 Күңінің қарапайым жағдайына Құдай рақыммен назар аударады. Күллі ұрпақтар мені бұдан былай «Құдай жарылқаған жан» деп атайды: 49 Есімі киелі Құдіретті Құдай Маған керемет ұлы істер жасайды! 50 Рақымы Өзін қастерлеушілердің Ұрпағынан ұрпағына жалғасады; 51 Ол қолының құдіретін танытып, Асқақ ниеттілерді шашыратады, 52 Билік иелерін тақтан құлатып, Атақсыздарды жоғарылатады. 53 Ашыққандарды игілікке кенелтіп, Байларды құр қол қайтарып қуады. 54 Тәңір өз қайырымын ескеріп, Қызметшісі Исраилді қамқорлайды: 55 Ежелгі ата-бабаларымызға, Ыбырайым мен оның ұрпақтарына, Құдай осылай айтқан болатын да. 56 Мәриям үш айдай Елізабетпен бірге тұрғаннан кейін үйіне қайта оралды. 57 Елізабеттің босанатын уақыты жетіп, ұл тапты. 58 Көршілері мен туыстары Жаратқан Иенің оған қайырымдылық жасағанын естіп, қуанышына ортақтасты. 59 Сегізінші күні олар сәбиді сүндеттеуге келіп, оған Зәкәрия деп әкесінің атын қоймақшы болды. 60 Бірақ шешесі қарсылық білдіріп: — Жоқ, оның есімі Жақия болады! — деді. 61 Олар: — Туысқандарыңыздың арасында сондай есімді ешкім жоқ еді ғой! — деп, 62 әкесінен ұлына қандай ат қойғысы келетінін ымдап сұрады. 63 Зәкәрия бір жазу тақтайшасын сұрап алып, «Оның есімі Жақия болады!» деп жазды. Бұған бәрі де таңғалысты. 64 Сол сәтте-ақ Зәкәрияға қайтадан тіл бітіп, Құдайды мадақтай бастады. 65 Ал төңірегінде тұрған халықтың барлығы үрейленіп қалды. Осы оқиғалар Яһудея елінің бүкіл таулы өңірінде әңгіме болды. 66 Естігендердің бәрі оларды көңілдеріне түйіп: «Бұл нәресте кім болар екен?» — десті. Себебі Жаратқан Иенің Өзі Жақияны қолдап-қорғап жүрді. 67 Баланың әкесі Зәкәрия Құдайдың Киелі Рухына кенеліп, Оның хабарын жеткізіп былай деді: 68 «Исраилдің сиынатын Құдайы Мадақталсын: оның Жаратқан Иесі! Құдай таңдап алған халқына келеді, Оны құтқарып алып азат етеді! 69 Құлы Дәуіттің әулетінен бізге Мықты Құтқарушыны шығарады. 70 Қасиетті пайғамбарларына Ол ежелде Бұларды алдын ала білдірткен еді, 71 Ондағы мақсаты — бар жауымыздан, Бізді жек көретіндердің қолынан Құтқарып алып азат ету біздерді. 72 Құдай арғы ата-бабаларымызға Осылай шапағатын танытады, Олармен жасаған Өзінің қасиетті Келісімін енді есіне алады, 73 Түп атамыз Ыбырайымға Өзі Берген антын есіне түсіреді. 74 Бізге жаулардың қолынан құтылып, Өзіне еш алаңсыз қызмет етіп, 75 Жаратқан Иеміздің көз алдында Қасиетті де әділ өмір сүруге Мәңгі мүмкіндік беретін болады. 76 Балам, сен осылай Құдай Тағаланың Пайғамбары деп аталатын боласың, Дайындауға Иеміздің жүрер жолын: 77 Өзінің таңдаған халқын құтқарып, Күнәсін кешіретінін хабарлап, Оның алдынан жүретін боласың: 78 Мейірімді рақымымен Құдайымыздың Шұғылалы Таң, міне, атып келеді! 79 Ажал төндірген түнектегі біздерге Ол Өзінің шапағатты нұрын төгеді, Һәм бізді бейбітшілік жолына жетелейді». 80 Ал Жақия ержүрек, зейінді бала болып есейе берді. Исраил халқының алдына шыққанша, ол айдалада тұрды.
1 Сол күндері Римнің Август патшасы жер жүзінің барлық тұрғындарына салық төлеу үшін тізімге тіркелуге жарлық шығарды. 2 Бұл Сирия өлкесін Кирини басқарған замандағы алғашқы халық санағы болатын. 3 Сонда әркім тізімге тіркелу үшін өзінің атамекеніне барды. 4 Жүсіп те Ғалилеядағы Назарет қаласынан жолға шығып, Дәуіт патшаның туған қаласына, Яһудея аймағындағы Бетлехемге, тізімге тіркелуге барды. Себебі Жүсіп Дәуіттің әулеті мен руынан шыққан еді. 5 Аяғы ауыр әйелі Мәриям оған еріп жүрді. 6 Олар Бетлехемде болғанда Мәриямның босанатын уақыты жетіп, 7 тұңғыш Ұлын тапты. Оны құндақтап, қорадағы шөп салатын ақырға жатқызды. Себебі қонақүйде оларға орын болмады. 8 Сол өңірде малшылар жүретін. Олар далада түнеп, малдарын күзетіп жатты. 9 Кенеттен қастарына Жаратқан Иенің періштесі келіп, төңіректеріне Иеміздің нұрлы салтанаты сәулесін төгіп жіберді. Малшылар зәрелері ұша қорықты. 10 Ал періште оларға тіл қатып: «Қорықпаңдар! Мен сендерге үлкен қуаныш жариялаймын, ол қуаныш барлық халыққа да ортақ: 11 бүгін Дәуіттің қаласында сендердің Құтқарушыларың дүниеге келді, Ол — Иеміз Мәсіх! 12 Мұның сендер үшін белгісі мынау: сендер ақырда құндақтаулы жатқан Нәрестені көресіңдер», — деді. 13 Кенеттен періштенің қасына көктегі періштелердің үлкен бір тобы қосылып, Құдайды былай деп дәріптеді: 14 «Заңғар көкте Құдай мадақталсын! Жер жүзінде Өзі риза болған Адамдарға тыныштық болсын!» 15 Бұдан кейін періштелер көкке көтеріліп, малшылардың қасынан алыстап кетті. Ал малшылар өзара сөйлесіп: «Кәне, Бетлехемге барайық! Сол жерде не болғанын, Жаратқан Иенің бізге білдіргенін көрейік», — деді. 16 Олар тездетіп барып, Мәриям мен Жүсіпті және ақырда жатқан Нәрестені тапты. 17 Оны көрген соң, малшылар осы Сәби туралы алған хабарды сол жердегілерге айтып берді. 18 Мұны естігендердің бәрі малшылардың әңгімесіне қайран қалысты. 19 Ал Мәриям осы сөздердің барлығын көңіліне түйіп, есіне сақтады. 20 Малшылардың көріп-естігендері түгелдей періштенің айтқанындай болған соң, олар Құдайды даңқтап, дәріптеп-мадақтап, қайтып кетті. 21 Сегіз күн өткеннен кейін Нәрестені сүндеттейтін мезгіл жеткенде, Оның атын Иса деп қойды. Шешесі құрсақ көтермес бұрын періште оған осы есімді айтқан еді. 22 Мұса пайғамбар арқылы берілген Таурат заңына сәйкес тазару кезеңі біткенде, әке-шешесі Исаны Жаратқан Иенің алдына апару рәсімін орындау үшін Иерусалимге алып келді. 23 Себебі Жаратқан Ие тапсырған Таурат заңында мынадай ереже жазылған: «Тұңғыш туылған әрбір ер бала Жаратқан Иеге бағышталсын!» 24 Әке-шешесі Таурат заңында тағы айтылғандай, «екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді» құрбан етпекші де болды. 25 Сол кезде Иерусалимде Шимон есімді кісі тұратын. Ол Исраил елінің көрген азабынан құтқарылуын аңсап күтіп келген әділ, Құдайды қастерлейтін жан еді. Киелі Рух оған қонған болатын. 26 «Жаратқан Ие жіберген Құтқарушы Мәсіхті көрмей тұрып өлмейсің», — деп Киелі Рух Шимонға алдын ала айтқан еді. 27 Енді Шимон Киелі Рухтың жетелеуімен ғибадатханаға барды. Таурат заңына сәйкес рәсімдерді атқару үшін әке-шешесі Сәбиі Исаны ғибадатханаға әкелгенде, 28 Шимон Оны қолына алып, Құдайды былай деп мадақтады: 29 «Уа, Әлемнің Әміршісі, сонымен Сен енді, Өзің алдын ала айтқандай, мендей пендеңді Тыныштықпен о дүниеге аттандырасың. 30 Сен бар ұлттар алдында дайындаған құтқаруың — Саған бағынбаған ұлттардың көзін ашатын, Әрі халқың Исраилдің даңқын шығаратын «Нұрыңды» мен қазір өз көзіммен көріп тұрмын!» 33 Жүсіп те, Нәрестенің шешесі Мәриям да Иса туралы айтылғандарға қайран қалды. 34 Шимон оларға батасын беріп, Мәриямға былай деді: «Осы Бала Исраилдегі көп адамдардың сүрініп, құлауына, ал басқалардың жоғарылауына себепші болады. Ол Құдайдың еркін білдіріп, көбі Оған қарсы шығады. 35 Сонда жүрек түкпірлеріндегі ой-ниеттері білініп қалады. Ал, Мәриям, сенің жаның жүрегіңді қылышпен тілгілегендей қатты ауыратын болады». 36 Осы жерде Ашир руынан шыққан Фануел қызы Анна пайғамбар да бар еді. Ол кезінде күйеуге шығып, онымен жеті жыл отасқан, ал енді жасы ұлғайған қарт адам болатын. 37 Сексен төрт жастағы жесір әйел ораза тұтып, күні-түні Құдайға сиынып қызмет етіп, ғибадатханадан шықпайтын. 38 Бұл кісі де сол сәтте-ақ келіп, Жаратқан Иені мадақтады. Содан ол Иерусалим қаласының құтқарылуын аңсап күтіп жүргендердің барлығына осы Нәресте туралы хабарды жеткізді. 39 Мәриям мен Жүсіп Жаратқан Ие бұйырған Таурат заңына сай қажетті рәсімдердің бәрін орындап болғаннан кейін Ғалилеядағы өз қалалары Назаретке қайтып барды. 40 Бала өсіп, күш жинап, даналыққа кенеле берді. Құдайдың мейір-шапағаты Оның үстінде болды. 41 Әке-шешесі жыл сайын Құтқарылу мейрамын мерекелеу үшін Иерусалимге баратын. 42 Иса он екі жасқа толғанда, олар әдет бойынша мейрамды мерекелеуге тағы да Иерусалимге келді. 43 Мейрам күндері бітіп, әке-шешесі қайтып кетті, ал жасөспірім Иса Иерусалимде қалып қойды. Жүсіп пен Мәриям мұны білмей, 44 Исаны басқа жолаушылармен бірге келе жатыр деп ойлады. Бір күндік жол жүргеннен кейін Оны туысқандары мен таныстарының арасынан іздей бастады. 45 Таппаған соң олар Иерусалимге қайта оралды. 46 Үш күн өткенде ғана Исаны ғибадатханада ұстаздардың ортасынан айтқандарын тыңдап, сұрақтар қойып отырған жерінен тапты. 47 Тыңдап отырғандардың бәрі Исаның ұғымталдығына және берген жауаптарына қайран қалысты. 48 Әке-шешесі Оны көргенде аң-таң болды. Шешесі: — Балам, бұл не қылғаның? Әкең екеуіміз қатты алаңдап, Сені іздеп келдік! — деді. 49 Иса: — Мені неге іздедіңіздер? Менің Әкемнің ісімен шұғылдануым қажет, әлде мұны білмедіңіздер ме? — деп жауап берді. 50 Бірақ әке-шешесі Оның айтқан сөздерін түсінбеді. 51 Иса Назарет қаласына бірге оралып, оларға мойынсұнып жүрді. Осы сөздердің бәрін шешесі көңіліне түйіп алды. 52 Ал Исаның ойы да, бойы да, Құдай мен адамдарға ұнамдылығы да арта түсті.
1 Рим патшасы Тіберидің билік құруының он бесінші жылы Яһудея аймағын Понти Пилат билеп, Ирод (Антипас) — Ғалилея аймағының әкімі, оның бауыры Філіп — Итурея мен Трахонит аймақтарының әкімі, Лүсани — Абілине аймағының әкімі, 2 ал Ханна мен Қаяфа — басты діни қызметкерлер болып тұрды. Сол кезде Құдай айдалада Зәкәрия ұлы Жақияға сөзін арнап (оны пайғамбарлық міндетіне кірістірді). 3 Содан Жақия Иордан өзенінің бойындағы барлық өңірді аралап былай деп уағыз айтты: «Күнәларыңа өкініп теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер, әрі шомылдыру рәсімінен өтіңдер! Сонда Құдай күнәларыңды кешіреді». 4 Бұл — Ишая пайғамбардың жазбасында сақталған мына тәрізді сөздеріне сай болды: Жар салған дауыс шығады айдалада: Жаратқан Иеге жолды дайындаңдар, Түзу қылып даңғыл жолды салыңдар! 5 Жолдағы сай-салалар толтырылсын, Әрі тау-төбелер аласартылсын, Бұралаң жерлері де түзетілсін, Бұдыр жолдар да түгелдей тегістелсін! 6 Сонда бар адамзат көре алады Құдай Ие жіберген құтқаруды! 7 Көп халық шомылдыру рәсімінен өту үшін Жақияға келді. Бірақ ол соларға ескертіп былай деді: — Ей, улы жыланның тұқымдары! Келешектегі қаһарлы жазадан құтылуды сендерге кім үйретті? 8 Егер шынымен теріс жолдарыңнан қайтып, Құдай жолына түссеңдер, соған лайықты іс істеңдер! «Біздің түп атамыз — Ыбырайым» деп мақтанбаңдар! Сендерге шын айтамын: Құдай Ыбырайымға мына тастардан да ұрпақ жасап бере алады. 9 Қазірдің өзінде-ақ ағаш түбінде балта дайын тұр! Жақсы жеміс бермейтін әрбір ағаш шабылып, отқа тасталады! 10 Халық Жақиядан: — Енді біздің не істеуіміз керек? — деп сұрады. 11 Жақия оларға: — Кімнің екі көйлегі болса, біреуін киімі жоққа берсін, кімнің азығы болса, ол да солай істесін! — деп жауап берді. 12 Тіпті (әділетсіз) салық жинаушылар да өздерін шомылдыру рәсімінен өткізуге келді. Салықшылар: — Ұстаз, біздің не істеуіміз керек? — деп сұрағанда, 13 Жақия оларға: — Белгіленген мөлшерден артық еш нәрсе талап етпеңдер! — деп тапсырды. 14 Бірқатар жасақшылар да: — Ал біздің не істеуіміз керек? — деген сұрақ қойды. Жақия оларға: — Ешкімге зорлық жасамаңдар, жала жауып тонамаңдар! Өз жалақыларыңа қанағаттаныңдар! — деп бұйырды. 15 Халық Құтқарушы Патша Мәсіхтің келуін күтіп, барлығы Жақия туралы іштей: «Бәлкім, осының өзі Мәсіх шығар?» — деп ойлады. 16 Жақия бәріне былай деп жауап берді: — Мен сендерді суға шомылдыру рәсімінен ғана өткіземін. Ал менен құдіретті Біреу келе жатыр. Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын. Ол сендерді Құдайдың Киелі Рухына және отқа шомылдырады. 17 Ол бидайды желпушіге ұқсайды: күрегі қолында, қырманын тазартып, «бидайын» жинап, қамбасына құяды, бірақ «қауызын» тозақтың сөнбес отына жағады! 18 Жақия пайғамбар халыққа тағы басқа да насихат айтып, Ізгі хабарды жариялап жүрді. 19 Жақия аймақ әкімі Ирод Антипастың өз бауырының әйелі Иродияны тартып алғанын және басқа да көптеген жаман қылықтарын әшкерелеп сөккен еді. 20 Сондықтан Ирод бұрынғы зұлымдықтары аз болғандай бұған қоса Жақия пайғамбарды түрмеге жаптырды! 21 Содан бұрынырақ қалың жұрт шомылдыру рәсімінен өтіп жатқан кезде Иса да сол рәсімнен өткен еді. Сонда Иса мінажат еткенде көк ашылып, 22 көгершін бейнесіндегі Киелі Рух Оның үстіне қонды. Көктен: «Сен Менің сүйікті рухани Ұлымсың, Саған толық ризамын!» — деген дауыс шықты. 23 Иса Өзінің қызметін бастаған кезде жасы шамамен отызда еді. Жұрттың ойынша Ол Жүсіптің ұлы болатын. Ал Жүсіптің шыққан ата-тегі мынау: Жүсіп Елиден, 24 Ели Маттаттан, Маттат Леуіден, Леуі Мәлкіден, Мәлкі Жанайдан, Жанай Жүсіптен, 25 Жүсіп Мататиядан, Мататия Амостан, Амос Нахумнан, Нахум Есліден, Еслі Нағайдан, 26 Нағай Мақаттан, Мақат Мататиядан, Мататия Семейден, Семей Жүсіптен, Жүсіп Яһудадан, 27 Яһуда Жохананнан, Жоханан Ресадан, Реса Зоробабелден, Зоробабел Салатиелден, Салатиел Неріден, 28 Нері Мәлкіден, Мәлкі Аддидан, Адди Қосамнан, Қосам Елмодамнан, Елмодам Ерден, 29 Ер Ешуадан, Ешуа Елиезерден, Елиезер Жорымнан, Жорым Мататтан, Матат Леуіден, 30 Леуі Шимеоннан, Шимеон Яһудадан, Яһуда Жүсіптен, Жүсіп Жонамнан, Жонам Елиәкімнен, 31 Елиәкім Мелеадан, Мелеа Менаннан, Менан Мататадан, Матата Натаннан, Натан Дәуіттен, 32 Дәуіт Есейден, Есей Ғабиттен, Ғабит Боғоздан, Боғоз Салмоннан, Салмон Нағасоннан, 33 Нағасон Әминадаптан, Әминадап (Админнан, Админ Арнидан, Арни) Рамнан, Рам Хесроннан, Хесрон Парестен, Парес Яһудадан, 34 Яһуда Жақыптан, Жақып Ысқақтан, Ысқақ Ыбырайымнан, Ыбырайым Тарахтан, Тарах Нахордан, 35 Нахор Серуктен, Серук Рәгуден, Рәгу Пелектен, Пелек Еберден, Ебер Шелахтан, 36 Шелах Қайнаннан, Қайнан Арпақсаттан, Арпақсат Шамнан, Шам Нұхтан, Нұх Ләмехтен, 37 Ләмех Мәтусалдан, Мәтусал Енохтан, Енох Иәреттен, Иәрет Мақалалелден, Мақалалел Қайнаннан, 38 Қайнан Еностан, Енос Сеттен, Сет Адам атадан тарады, ал Адам атаны Құдай жаратқан.
1 Киелі Рухқа кенелген Иса Иорданнан қайтқанда, Киелі Рух Оны айдалаға бастап алып барды. 2 Сол жерде әзәзіл шайтан Оны қырық күн бойы сынады. Иса сол күндері нәр татпай, осы мерзім аяқталғанда әбден ашықты. 3 Сонда әзәзіл шайтан Оған: — Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, мына тас нанға айналсын деп бұйыра гөр, — деді. 4 Иса оған былай деп жауап қатты: — «Адам тек нанмен ғана емес (Құдайдың әрбір сөзімен) өмір сүреді» деп (Тауратта) жазылған ғой! 5 Бұдан кейін әзәзіл шайтан Оны ертіп алып биік бір жерге шығарып, әп-сәтте әлемнің барлық мемлекеттерін көрсетіп: 6 — Осы мемлекеттердің бүкіл билігін, олардың сән-салтанатын Саған беремін. Бұл билік маған тапсырылған, оны көңілім қалағанға сыйлаймын. 7 Сонымен маған ғибадат етсең бәрі де Сенікі болады, — деді. 8 Иса оған былай деп жауап қатты: — (Кет қасымнан, шайтан!) «Құдай Иеңді терең қастерлеп, жалғыз Оған ғана қызмет ет!» деп (Тауратта) жазылған ғой! 9 Мұнан соң әзәзіл шайтан Оны Иерусалим қаласына апарып, ғибадатхананың төбесіне шығарып, былай деді: — Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, мына жерден төмен қарай секіре гөр! 10 Өйткені «Періштелеріне Ол Сен жайлы бұйрық береді: олар Сені қорғап күзетеді. 11 Сен аяғыңды тасқа соғып алмауың үшін қолдарына көтеріп Сені алып жүреді» деп (Забурда) жазылған ғой. — 12 Иса оған жауап қайтарып: — «Құдай Иеңді еркінсіп сынама!» деп (Тауратта) айтылған ғой! — деді. 13 Әзәзіл шайтан барлық сынақтарын бітірген соң уақытша Оның қасынан кетіп қалды. 14 Киелі Рухтың құдіретіне кенелген Иса Ғалилея аймағына қайтып келді. Ол туралы хабар бүкіл төңірекке тарап кетті. 15 Иса халыққа мәжілісханаларында тәлім беріп, бәрі Оны мадақтады. 16 Өзі өскен Назарет қаласына келген соң, Иса әдетіне сай демалыс күні мәжілісханаға барды. Ол Киелі жазбалардан оқып беру үшін орнынан тұрғанда, 17 Оған Ишая пайғамбардың жазбасы берілді. Иса сол шиыршық кітапты ашып, мына жерін тауып, оқып берді: 18 «Маған Жаратқан Ие Өзінің Рухын қондырды. Ол мені жарлыларға ізгі хабар жеткізуге тағайындады, сондай-ақ тұтқындарға босатылып, соқырларға көре алатындарын жар салуға жіберді. Жаратқан Ие мені езілгендерді қанаудан азат етуге 19 және Өзінің кешірім беретін мейірімділік жылын жариялауға да жұмсады». 20 Иса жазбаны жауып, қызметшіге қайтарып берді де, орнына отырды. Мәжілісханадағы бүкіл жамағат Оған көз тікті. Иса: 21 «Сіздер естіген осы сөздер бүгін орындалды», — деп оларға уағыз айта бастады. 22 Бәрі Оған ризалық білдіріп, аузынан шыққан ұнамды сөздеріне таңғалды. Бұдан кейін олар: — Мынау Жүсіптің Баласы емес пе? — деп өзара сұрасты. 23 Иса оларға былай деп жауап берді: — Әрине Маған «Дәрігер болсаң, өзіңді емде» деген мәтелді келтіріп, «Қапарнаумда жасаған керемет істерің туралы естідік. Мына өскен жеріңде де сондайларды істе!» дерсіздер. 24 Сіздерге шындығын айтамын: өз елінде пайғамбардың қадірі болмас. 25 Естеріңізде болсын: Ілияс пайғамбардың тұсында үш жыл алты ай бойы ешқандай жауын жаумай, барлық жерде қатты ашаршылық болған кезде Исраил елінде жесір әйелдер көп еді. 26 Бірақ Құдай Ілияс пайғамбарды солардың ешқайсысына емес, тек шетелдік Сидон елінің Сарепта қаласындағы бір жесір әйелге жіберді. 27 Сондай-ақ Еліше пайғамбардың тұсында алапеспен ауырған кісілер Исраилде көп еді. Бірақ сириялық Нағыманнан басқа ешкім ауруынан жазылған жоқ. 28 Мұны естігенде мәжілісханадағы адамдардың бәрі қатты ашуланды. 29 Олар орындарынан тұрып, Оны қаладан қуып шығып, қала тұрған таудың тік жарынан құлатпақ болып төбесіне алып барды. 30 Бірақ Иса араларынан өтіп шығып, кетіп қалды. 31 Содан Иса Ғалилеядағы Қапарнаум қаласына ылдилап барды. Сол жерде демалыс күні халыққа тәлім берді. 32 Иса Құдайдан келген ерекше билікпен сөйлегендіктен, жұрт Оның тәліміне қатты қайран қалды. 33 Мәжілісханада жын соққан бір кісі де болды. Ол қатты дауыстап: 34 — Тоқта, назареттік Иса, бізде нең бар? Құртуға келдің ғой бізді. Кім екеніңді білемін: Сен Құдайдың Киелісісің, — деп айқайлады. 35 Бірақ Иса жынға: — Үніңді өшір, шық одан! — деп қатаң бұйырды. Сонда жын сол кісіні мәжілісхананың ортасына құлатып тастады, алайда оған еш зиян келтірместен денесінен шығып кетті! 36 Барлық жұрт үрейлері ұшып: «Бұл не деген сөз? Ол жындарға билікпен және құдіретпен бұйрық беріп, олар шығып кетеді ғой!» — деп таңғалысты. 37 Бұдан кейін Иса туралы хабар төңіректегі барлық жерге жайылды. 38 Иса мәжілісханадан шыққан соң Шимонның үйіне барды. Оның қайын енесі безгекпен қатты ауырып, төсек тартып жатқан еді. Үйдегілер Исадан сол кісіге көңіл бөлуін өтінді. 39 Иса әйелдің қасына барып, қызуға тыйым салды. Сонда қызуы басылып, әйел дереу орнынан тұрып, оларды күтіп қызмет ете бастады. 40 Күн бата бүкіл жұрт әр түрлі науқастармен ауырған адамдарын Исаға алып келді. Ол солардың әрқайсысының үстіне қолын қойып, сауықтырып жіберді. 41 Көп адамның бойындағы жындар шығып: «Сен Құдайдың рухани Ұлысың», — деп айқайлады. Өзінің Мәсіх екендігін білгендіктеріне бола, Иса жындарға тыйым салып, сөйлетпей тастады. 42 Таң атқанда Иса үйден шығып, оңаша бір жерге барды. Халық Оны іздеп, қасына келіп: — Бізді тастап кетпеңіз, — деп, Оны тоқтатпақшы болды. 43 Бірақ Иса оларға: — Құдайдың Патшалығы туралы Ізгі хабарды басқа қалаларға да жариялауға тиістімін. Себебі Мен сол үшін осында жіберілдім, — деді. 44 Бұдан кейін Иса Ғалилея аймағындағы яһудилердің мәжілісханаларында уағыз айтып жүрді.
1 Бір күні Иса Генесәрет көлінің жағасында тұрғанда, халық Құдай сөзін тыңдау үшін Оның қасына жиналып, иін тіресіп тұрды. 2 Иса көл жиегінде тұрған екі қайықты көрді. Олардан түскен балықшылар ауларын жуып жатты. 3 Екі қайықтың бірі Шимондікі еді. Иса қайыққа отырып, Шимоннан жағадан арырақ жүзіп барып тұруын сұрады. Осылай ол қайық үстінен халыққа тәлім берді. 4 Иса сөзін бітіргеннен кейін Шимонға: — Көлдің терең жеріне жүзіп барып, балыққа ау сал, — деді. 5 Шимон: — Ұстаз, біз түні бойы еңбектеніп, түк ұстай алған жоқпыз! Бірақ Сіз айтқан соң ауларды тағы да салып көрейін, — деп жауап берді. 6 Ауларын салғанда олар өте көп балық ұстады. Балықтың көптігінен аулары жыртыла бастады. 7 Содан олар екінші қайықтағы жолдастарын қол бұлғап көмекке шақырды. Олар келгеннен кейін бәрі бірігіп екі қайықты да балыққа толтырды. Тіпті қайықтары суға бата бастады! 8 Мұны көрген Шимон Петір Исаның аяғына жығылып: — Ием, қасымнан кете көріңіз, мен күнәкар адаммын! — деді. 9 Себебі өзі де, қасындағылардың бәрі де осынша көп балық ұстағандарынан үрейлері ұша аңтарылды. 10 Шимонның серіктері — Зебедей ұлдары Жақып пен Жохан да сондай күйде еді. Сонда Иса Шимонға: — Қорықпа! Сен балық аулағаның сияқты бұдан былай адамдарды жинап әкелетін боласың, — деді. 11 Екі қайықты жағаға шығарғаннан кейін олар бәрін тастап, Исаға шәкірт болып ерді. 12 Иса сол маңайдағы қалалардың бірінде болғанда, үсті-басын алапес қаптаған бір адам келе жатты. Ол Исаны көргенде аяғына жығылып: — Мырза! Егер қаласаңыз, мені құлантаза сауықтыра аласыз, — деп жалбарынды. 13 Иса қолын созып, оның денесіне тигізді де: — Қалаймын, құлантаза сауығып кет! — деді. Сол сәтте-ақ ауру адам алапесінен арылды. 14 Иса оған мынадай бұйрық берді: — Бұл туралы ешкімге де тіс жарушы болма! Бірақ діни қызметкерге барып, қарал. Содан кейін тазаруың үшін Мұса Тауратта бұйырған құрбандықты ұсын. Бұл жұртқа сенің сауыққаныңның дәлелі болады, — деді. 15 Алайда Иса туралы хабар бұрынғыдан да бетер тарап кетті. Көптеген халық Оны тыңдап, ауруларынан жазылу үшін ағылып келіп жатты. 16 Ал Иса жиі елсіз далаға кетіп, мінажат етіп жүрді. 17 Бір күні Иса жамағатқа тәлім беріп отырғанда, Ғалилея мен Яһудея аймақтарының барлық ауылдарынан әрі Иерусалим қаласынан келген парызшылдар және Таурат заңын үйретуші ғұламалар да Оның қасында отырды. Иса Жаратқан Иенің ауруларды сауықтыратын құдіретіне кенелген еді. 18 Сол кезде бірнеше кісі сал болып ауырған бір адамды төсенішімен көтеріп алып келді. Олар оны Исаның алдына апару үшін үйге кіргізбек болды, 19 бірақ халықтың көптігінен ішке кіруге жол таба алмады. Сондықтан олар үйдің сыртқы сатысымен үстіне шығып, жалпақ төбесінің жұқа қыштарын ашты. Сол жерден ауруды жатқан төсенішімен ортаға, Исаның алдына түсірді. 20 Олардың сенімін көрген Иса сал адамға: — Пендем, сенің күнәларың кешірілді, — деді. 21 Сондағы дін мұғалімдері мен парызшылдар: — Құдайды қорлайтын Бұл кім Өзі? Күнәларды жалғыз Құдайдан басқа кім кешіре алады? — деп ойланып қалды. 22 Олардың бұл ойларын ұға қойған Иса: — Іштей неге солай ойлап тұрсыздар? 23 Қайсысын айту оңайырақ: «Сенің күнәларың кешірілді!» деу ме, әлде: «Орныңнан тұрып, жүре бер!» деу ме? 24 Ал көктен келген Менің жер бетінде күнәларды кешіруге билігімнің бар екендігін білулеріңіз үшін,.. — деп, сал адамға қарап: — Саған айтамын: орныңнан тұр да, төсенішіңді жинап алып, үйіңе бар! — деп тапсырды. 25 Ауру адам олардың көзінше дереу тұрды да, жатқан төсенішін жинап алып, Құдайды мадақтап үйіне кетті! 26 Осыны көргендердің бәрі қатты қайран қалып, үрейленді. Олар: «Біз бүгін ғажап істер көрдік!» — десіп, Құдайға мақтау айтты. 27 Осыдан кейін Иса сыртқа шығып, салық кеңсесінің қасында отырған Леуі есімді салық жинаушыны көрді. Оны: «Соңымнан ер!» — деп шақырды. 28 Леуі орнынан тұрып, бар нәрсесін тастап, Исаға шәкірті болып ерді. 29 Кейін Леуі үйінде Исаға арнап үлкен қонақасы берді. Сонда көптеген салық жинаушылар және басқа қонақтар да олармен дастарқандас болды. 30 Ал дін мұғалімдері мен парызшылдар күңкілдеп, Исаның шәкірттеріне: — Неге салықшылармен және басқа күнәкарлармен бірге тамақ ішіп-жеп отырсыңдар?! — деп наразылық білдірді. 31 Иса оларға былай деп жауап берді: — Дәрігер дені сауға емес, ауру адамға қажет. 32 Мен «әділдерді» емес, күнәкарларды теріс жолдан қайтуға шақыру үшін келдім. 33 Әлгі діншілдер Исаға: — Жақияның шәкірттері жиі ораза ұстап мінажат етеді, парызшылдардың шәкірттері де солай істейді. Ал Сіздің шәкірттеріңіз неге ораза ұстамастан тамақ ішеді? — деді. 34 Иса оларға астарлап жауап қайтарып былай деді: — Күйеу жігіт қастарында болғанда тойға келгендерге ораза ұстатып қоюға бола ма? 35 Бірақ «Күйеуді» қастарынан алып кететін күн туады; міне, сол кезде олар ораза ұстайтын болады. 36 Иса оларға тағы мына нақылдарды да айтып берді: — Жаңа киімнен жамау жыртып алып, ескі киімге жамамас. Олай етсе, жаңа киім жыртылып, жамау ескіге жараспас та еді. 37 Сондай-ақ, жас шарапты ескі торсыққа құймас. Олай етсе, быршып ашыған жас шарап торсықты жарып, ағып кетеді, торсық та бүлінеді. 38 Керісінше, жас шарапты жаңа торсыққа құю керек. (Сонда екеуі де аман қалады.) 39 Ал ескі шарапты ішкен әркім: «Ескісі жақсырақ», — деп, жаңасын қаламайды.
1 Бір демалыс күні Иса егіндік арасымен өтіп бара жатқанда, шәкірттері біраз масақ үзіп алып, қолмен үгіп жеді. 2 Кейбір парызшылдар: — Сендер демалыс күні істеуге тыйым салынған жұмысты неге істеп жүрсіңдер?! — деп наразылық білдірді. 3 Иса оларға былай деп жауап қайырды: — Дәуіт пайғамбар мен оның қасындағылар ашыққан кезде не істегенін оқымап па едіңдер? 4 Дәуіт Құдайдың киелі үйіне кіріп, тарту ретінде ұсынылған нандарды алып, өзі де жеп, қасындағыларға да берді емес пе? Ал заң бойынша сол нандарды діни қызметкерлерден басқа ешкімнің жеуіне болмайды ғой. — 5 Бұдан кейін Иса: — Көктен келген Мен демалыс күнінің де Иесімін, — деп қорытты. 6 Иса басқа бір демалыс күні мәжілісханаға барып, жамағатқа тәлім беріп отырған еді. Сол жерде оң қолы семіп қалған бір адам да болды. 7 Дін мұғалімдері мен парызшылдар Исаны айыптайтын сылтау табуға тырысып, Ол демалыс күні болса да ауруларды сауықтырар ма екен деп аңдыды. 8 Бірақ Иса олардың бұл ойларын біліп, қолы семген адамды: «Түрегеліп, ортаға шықшы!» — деп шақырды. Ол тұрып, ортаға шықты. 9 Сонда Иса сол діншілдерге: «Сендерден сұрап тұрмын, демалыс күні қайсысын істеуге болады: жақсылықты ма әлде жамандықты ма; біреудің жанын құтқаруды ма немесе құртуды ма?» — деген сұрақ қойды. 10 Иса айналасында отырғандардың бәріне қарады да, әлгі кісіге: «Қолыңды созшы!» — деп тапсырды. Сол адам семіп қалған оң қолын созғанда, ол бұрынғы сап-сау қалпына келді! 11 Ал әлгі діншілдер қатты ашуланып, Исаға қарсы не істесек екен деп өзара ақылдасты. 12 Сол күндері Иса мінажат ету үшін бір таудың басына шығып, түні бойы сиынумен болды. 13 Таң атқан соң шәкірттерін қасына шақырып, араларынан он екісін таңдап алды да, оларды «елшілер» деп атады. 14 Олар: Өзі Петір деген қосымша ат қойған Шимон және оның інісі Әндір; Жақып пен Жохан; Філіп пен Барталмай; 15 Матай мен Тома; Әлпей ұлы Жақып және жұрт Діншіл деп атаған Шимон; 16 Жақып ұлы Яһуда және кейін Исаға опасыздық жасаған Яһуда Исқариот. 17 Мұнан кейін Иса елшілерімен бірге тау басынан төмен түсіп, беткейдегі бір жазыққа келді. Оның қасына көптеген шәкірттері және бүкіл Яһудея аймағынан, Иерусалим қаласынан әрі Жерорта теңізі жағалауындағы Тир мен Сидон аймақтарынан келген көп халық жиналды. 18 Олар Исаны тыңдауға және ауру-сырқауларынан сауығуға келгендер болатын. Жын қинаған адамдар да келіп, жындарынан арылып кетіп жатты. 19 Бүкіл халық Исаға қолын тигізуге ұмтылды, себебі Одан құдірет шығып, бәрін де сауықтырып жатты. 20 Сол кезде Иса шәкірттеріне қарап былай деді: — Жарлылар, сендер бақыттысыңдар: Құдайдың Патшалығы өздеріңе арналған! 21 Қазір ашыққандар, сендер бақыттысыңдар: себебі тойынатын боласыңдар! Қазір қайғырып жылағандар, сендер бақыттысыңдар: себебі қуана күлетін боласыңдар! 22 Адамдар көктен келген Маған бола сендерді жек көріп, орталарынан аластатып, қорлап, аттарыңа кір келтірсе, бақыттысыңдар! 23 Сол күні қуана секіріп шаттаныңдар, себебі көкте сендерді зор сыйларың күтіп тұр! Солардың ата-бабалары бұрынғы пайғамбарларға да солай істеген. 24 Алайда, байлар, сендер қасіретке қаласыңдар: себебі рақаттың дәмін толығымен татып келдіңдер! 25 Қазір қарны тоқтар, қасіретке қаласыңдар: сендер ашығатын боласыңдар! Қазір күлгендер, қасіретке қаласыңдар: сендер еңіреп жылайтын боласыңдар! 26 Егер барлық жұрттан мақтау естіп жүрсеңдер, қасіретке қаласыңдар: солардың ата-бабалары жалған пайғамбарларға да солай істеген. 27 Бірақ, Мені тыңдаушылар, сендерге айтамын: жауларыңды жақсы көріңдер! Өздеріңді жек көретіндерге жақсылық жасап, 28 қарғайтындарға да игілік тілеп, өкпелететіндер үшін Жаратқан Иеге мінажат етіңдер! 29 Бетіңнің бір жағын ұрғанға екінші жағыңды да тос! Шапаныңды тартып алғанның көйлегіңді де алуына кедергі жасама! 30 Сұраған әркімге мұқтажын бер, өзіңдікін тартып алғаннан оны қайта сұрама! 31 Басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер! 32 Егер өздеріңді жақсы көргендерді ғана жақсы көрсеңдер, сол үшін Құдайдан қандай сый алмақсыңдар? Өздерін жақсы көргендерді күнәкарлар да жақсы көреді ғой. 33 Егер өздеріңе жақсылық істегендерге ғана жақсылық істесеңдер, сол үшін қандай сый алмақсыңдар? Оны күнәкарлар да істейді ғой. 34 Егер одан қайтарып алармын деген үмітпен біреуге қарыз берсеңдер, сол үшін қандай сый алмақсыңдар? Берген нәрселерін түгелдей қайтарып алу үшін күнәкарлар да өзі сияқтыларға қарыз береді. 35 Бірақ сендер жауларыңды да жақсы көріңдер! Жақсылық істеп, жарлыларға ештеңе дәметпестен қарыз беріңдер! Сонда көктегі сыйларың зор болып, Құдай Тағаланың рухани балалары боласыңдар! Ол тіпті рақмет айтуды білмейтіндер мен жамандарға да мейірімді. 36 Сонымен көктегі Әкелерің қандай қайырымды болса, сендер де сондай қайырымды болыңдар! 37 Басқаларға үкім айтпаңдар, сонда сендерге де үкім шығарылмайды. Айыптамаңдар, әйтпесе өздерің де айыпталасыңдар. Кешіріңдер, сонда сендер де кешірілесіңдер. 38 Беріңдер, сонда сендерге де беріледі: шайқап, нығыздап толтырып, тасып-төгілген мөлшерде салып беріледі. Сендер өзгелерге қолданған өлшем өздерің үшін де қолданылмақ. 39 Иса оларға астарлап тағы былай деді: — Соқырды соқыр жетелеп жүре ала ма? Екеуі де орға құлап түспей ме? 40 Шәкірті ұстазынан жоғары емес. Ал білімін жетілдірген әркім өз ұстазындай болады. 41 Неге бауырыңның көзіндегі жаңқаны көре тұра, өз көзіңдегі бөренені байқамайсың? 42 Өз көзіңдегі бөренені көрместен: «Бауырым, кәне, көзіңнен жаңқаны алып тастайын» деп қалай айта аласың? Әй, екі жүзді! Әуелі өз көзіңнен бөренені алып таста! Бауырыңның көзіндегі жаңқаны содан кейін анық көріп, алып тастарсың. 43 Жаман жеміс беретін жақсы ағаш жоқ, жақсы жеміс беретін жаман ағаш та жоқ. 44 Әр ағаш өзінің жемісімен танылар: «Шомырттан өрік, жабайы бұтадан жүзім жинамас». 45 Ізгі адам жан дүниесіндегі игілікті қазынадан игілік алып шығады, ал зұлым адам арам жан дүниесінен арамдық алып шығады. Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар. 46 Егер сендер айтқандарымды орындамасаңдар, несіне Мені «Мырза, Ие!» дейсіңдер? 47 Маған келіп, сөздерімді тыңдап, оларды орындаған әркімнің қандай адамға ұқсас екенін айтып берейін: 48 ол жерді терең етіп қазып, іргетасын берік тасқа қалап үй салған адамға ұқсайды. Сел басып, тасыған өзен бұл үйді соққылағанда, оны қозғалта алмайды. Себебі оның іргетасы берік тасқа қаланған. 49 Алайда сөздерімді естісе де, оларды орындамаған кісі үйін іргетассыз жай жерге салған адамға ұқсайды. Тасыған өзен бұл үйді соққылағанда, ол сол заматта-ақ опырылып құлап, тас-талқан болады.
1 Иса Өзін тыңдап тұрған халыққа барлық сөзін айтып бітіргеннен кейін Қапарнаум қаласына кірді. 2 Сол кезде бір римдік жүзбасының ерекше бағалайтын қызметшісі ауырып, хал үстінде жатқан еді. 3 Жүзбасы Иса туралы хабар алған болатын. Сол себепті ол Исаға яһудилердің бірнеше ақсақалдарын жіберіп, Одан қызметшісін сауықтырып құтқаруын сұрады. 4 Олар Исаның қасына келгенде жалына өтініп: «Жүзбасы — Сіздің жәрдем беруіңізге лайықты кісі. 5 Ол халқымызды жақсы көреді, өзі бізге тіпті мәжілісхана салып берді», — деді. 6 Иса ақсақалдармен бірге жүрді. Ол сол үйге жақындап қалғанда, шетелдік жүзбасы Исаға достарын жіберіп, мынаны айтқызды: — Келіп әуре болмай-ақ қойыңыз, Мырза, мен Сіздің шаңырағымның астына келуіңізге лайық емеспін. 7 Сондықтан да өзімнің Сізге келуімді жөн көрмедім. Тек бір сөз айтсаңыз болды, қызметшім сауығып кетеді. 8 Мұны білемін, себебі мен де біреудің қол астындамын, өзіме бағынышты жасақшыларым да бар. Біреуіне: «Бар!» десем, барады, басқасына: «Кел!» десем, келеді, қызметшіме: «Мынаны істе!» дегенімде, ол соны орындайды. 9 Мұны естіген Иса қайран қалып, соңынан еріп келе жатқан халыққа бұрылып: «Сендерге шын айтамын: Маған осындай сенім артқан кісі Исраил халқынан ешқашан кездескен емес!» — деді. 10 Жіберілгендер жүзбасының үйіне қайтып келгенде, ауру қызметшісінің сауығып кеткенін көрді. 11 Біраздан кейін Иса Наин атты қалаға барды. Оған шәкірттері және көп халық еріп жүрді. 12 Иса қала қақпасына жақындаған кезде жұрт біреудің мәйітін қабірге қоюға алып шығып келе жатты. Бұл бір жесір әйелдің жалғыз ұлы екен. Жесірге қаладан көп халық ілесіп шығып келе жатты. 13 Иеміз Иса әйелді көргенде оған жаны ашып: «Жыламаңыз!» — деп жұбатты. 14 Содан Ол жақындап барып, табытқа қолын тигізді. Табыт көтергендер тоқтағанда, Иса: «Балам, саған айтамын, түрегел!» — деді. 15 Сонда өлген жігіт түрегеліп отырып, сөйлей бастады! Иса оны шешесіне табыс етті. 16 Жұрттың бәрін үрей биледі. Олар: «Арамыздан ұлы Пайғамбар шықты!» «Құдай өз халқына игілік істеуге келді!» — деп Құдайды мадақтады. 17 Иса туралы осындай хабар бүкіл Яһудея аймағына және барлық төңірекке тарап кетті. 18 Бұл туралы Жақия пайғамбар шәкірттерінен хабар алып тұрды. 19 Жақия олардың екеуін шақырып алды да, Иеміз Исаға жіберіп, Одан: «Келетіні ежелден-ақ уәде етілген Құтқарушымыз шынымен Сізсіз бе? Әлде басқа біреуді күтуіміз керек пе?» — деп сұратты. 20 Олар Исаға келіп: — Шомылдыру рәсімін жасаған Жақия бізді: «Келетіні ежелден-ақ уәде етілген Құтқарушымыз шынымен Сізсіз бе? Әлде басқа біреуді күтуіміз керек пе?» деп сұрауға жіберді, — деді. 21 Сол сәтте Иса көптеген адамдарды ауру-сырқауларынан сауықтырып, қинаған жындарынан арылтып, көп соқырларға рақым көрсетіп көздерін ашып жатты. 22 Сонда Иса жіберілген кісілерге: — Сендер көріп-естігендеріңді Жақияға барып, айтып беріңдер: соқырлар көріп, сал болғандар жүріп, алапестер құлантаза сауығып, саңыраулар естіп, өлгендер қайта тіріліп, жарлыларға Ізгі хабар жарияланып жатыр. 23 Ал Маған деген сенімінен бас тартпаған әркім бақытты! — деді. 24 Жақияның жіберген адамдары қайтып кеткеннен кейін, Иса жұртқа Жақия туралы былай деп айта бастады: — Сендер айдалаға нені көруге бардыңдар? Жел тербеткен бір қамысты ма? (Жақия ондай емес!) 25 Тегі, нені көруге бардыңдар? Қымбат киім киген біреуді ме? Жоқ, қымбат киім киіп, молшылықта өмір сүріп жатқандар патша сарайларында тұрады ғой. 26 Сонда нені көруге бардыңдар? Бір пайғамбарды ма? Иә, сендерге айтамын: Жақия тіпті пайғамбардан да артық! 27 Киелі жазбада Құдайдың мынадай сөздері бар: Біліп ал, Мен алдыңнан хабаршымды жіберемін. Ол жүретін жолыңды дайындап қояды. Мұндағы хабаршы — Жақия. 28 Сендерге шындығын айтайын: адам баласы атаулының ішінде Жақиядан жолы үлкен ешкім болған емес. Бірақ Құдайдың Патшалығындағы ең қарапайым деген адамдардың жолы онікінен үлкен. 29 Мұны тыңдаған бүкіл халық, тіпті салықшылар да Құдайдың әділдігін мадақтады. Олар Жақия пайғамбар орындаған шомылдыру рәсімінен өткен болатын. 30 Алайда парызшылдар және Таурат заңын үйретуші ғұламалар бұл рәсімнен өтпей, Құдайдың өздеріне арнаған мақсатын қабылдамады. 31 Иеміз Иса тағы былай деді: — Ендеше қазіргі ұрпақтың адамдарын кімге ұқсатайын, олар кімге ұқсас? 32 Олар тентек балаларға ұқсайды. Солар далада отырып, бір-біріне айқайласып: «Сендер үшін сыбызғы тартсақ та, би билемедіңдер, Сосын жоқтау айтсақ та, жылап еңіремедіңдер!» — деп шағымданады. 33 Өйткені шомылдыру рәсімін жасаған Жақия пайғамбар келгенде, кәдімгі тамақтарды ішіп-жемеді. Сендер оны «жынды» дейсіңдер. 34 Ал Мен, көктен келген Билеуші, кәдімгі тамақтарды ішіп-жеймін. Сонда сендер: «Мынау тамақ жеп, шарап ішуді жақсы көреді және салықшылармен, күнәкарлармен дос болып жүр!» деп жамандайсыңдар. 35 Алайда даналықтың игілігі оны қабылдағандардың ізгі істерімен дәлелденеді, — деді. 36 Бірде парызшылдар тобының бір мүшесі Исаны тамаққа шақырды. Иса парызшылдың үйіне келіп, дастарқан басына жайғасты. 37 Қалада тұратын бір күнәкар әйел Исаның парызшылдың үйінде дастарқан басында отырғанын естіп қалды. Сонда ол иісмайға толған мөлдір тас құтысын алып, әлгі үйге келді. 38 Әйел Исаның аяқ жағында тұрып, жылай берді. Көз жасын Оның аяғына төгіп, шашымен сүрте бастады. Сосын аяқтарын сүйіп, үстіне иісмайын құйды. 39 Исаны қонаққа шақырған парызшыл адам мұны көргенде іштей: «Егер Бұл нағыз пайғамбар болса, Өзіне қолын тигізгеннің кім екенін және қандай әйел екенін білер еді. Ол күнәға батқан ғой», — деді. 40 Иса оған: — Шимон, саған айтайын деген бір ауыз сөзім бар, — деп үн қатты. — Айта беріңіз, Ұстаз! — деді ол. 41 Сонда Иса: — Қарыз беруші бір адамның екі кісіде ақшасы болыпты. Олардың біреуі бес жүз күміс теңгеге, ал екіншісі елуге борышты екен. 42 Олардың қарызын қайтаратын еш нәрселері болмағандықтан, сол адам екеуінің де қарызын кешіпті. Айтшы, кәне, бұлардың қайсысы оны көбірек жақсы көреді? — деген сұрақ қойды. 43 Шимон: — Көбірек қарызы кешірілгені деп ойлаймын, — деді. Иса: — Дұрыс айттың, — деп жауап қатты. 44 Содан әйелге бұрылып, Шимонға тағы былай деді: — Мына әйелді байқадың ба? Мен үйіңе кіргенде, сен Маған аяғымды жуатын су берген жоқсың. Ал ол аяғыма көз жасын төгіп, шашымен сүртті. 45 Сен Мені бетімнен сүймедің. Ал ол Мен келгеннен бері тоқтамастан аяғымды сүйіп отыр. 46 Сен басыма май құйып құрмет көрсетпедің. Ал ол тіпті аяғыма иісмай құйды. 47 Сондықтан саған айтамын: оның көптеген күнәларының бәрі де кешірілді, бұл оның зор сүйіспеншілігінен көрініп тұр. Ал кімге аз кешірілсе, сол азғана жақсы көреді. — 48 Мұнан соң Иса әйелге: — Күнәларың кешірілді! — деді. 49 Сонда Исамен бірге дастарқан басындағы кісілер іштерінен: «Күнәларды да кешіретін Бұл кім Өзі?» — деп ойлады. 50 Бірақ Иса әйелге: — Сен сенімің арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер, — деді.
1 Бұдан кейін Иса қалалар мен ауылдарды аралап, халыққа уағыз айтып Құдайдың Патшалығы туралы Ізгі хабарды жеткізді. Оған он екі елшісі 2 және көптеген әйелдер еріп жүрді. Әйелдердің бірнешеуін Иса қинаған жындарынан арылтып, ауруларынан сауықтырған болатын. Олар — жеті жынынан арылған мағдалалық Мәриям, 3 Иродтың сарай басқарушысы Қузаның әйелі Жоханна, Сузанна және көптеген басқалары. Олар қолдарындағы барымен Исаға және Оның шәкірттеріне қызмет көрсетті. 4 Көптеген қалалардың тұрғындары Исаның қасына келіп, үлкен топ жиналған еді. Иса оларға мына астарлы әңгімені айтып берді: 5 — Бір диқан тұқым себуге шығыпты. Ол сеуіп жүргенде, дәндердің кейбіреулері жол бойына түсіп, тапталып қалады. Құстар ұшып келіп, шоқып, жеп қояды. 6 Біраз тұқым тастақ жерге түседі. Алайда көктеп шыққаннан кейін ылғал жетіспегендіктен олар қурап қалады. 7 Кейбір дәндер тікен арасына түседі. Бірге өскен тікендер оларды тұншықтырып, өсірмей тастайды. 8 Ал кейбіреулері құнарлы топыраққа түседі. Бұлар көктеп шығып, өсіп, жүз еседен өнім береді. — Мұны айтқаннан кейін Иса дауыстап: — Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын! — деп ескертті. 9 Сонда шәкірттері Исадан: — Бұл астарлы әңгіменің мағынасы қандай? — деп сұрады. 10 Иса оларға жауап беріп былай деді: — Құдай өз Патшалығы туралы сырларды білуді сендерге бұйырған. Бірақ басқаларға олар астарлы әңгімелер арқылы айтылады. Осылайша олар көріп тұрса да, шынымен көрмесін, естіп тұрса да, бәрібір түсінбесін. 11 Ал әңгіменің мағынасы мынадай: тұқым Құдайдың Ізгі хабарын білдіреді. 12 Жол бойына түскендері Ізгі хабарды былай тыңдайтын адамдарды бейнелейді: оларға әзәзіл шайтан келіп, сенбесін, құтқарылмасын деп, жүректеріне себілген бұл сөздерді ұрлап алып кетеді. 13 Тастақ жерге түскендері мынаны көрсетеді: адамдар Ізгі хабарды естіген бойда оны қуанышпен қабылдайды, бірақ тамыр жаймағандықтан уақытша ғана сенеді. Олар сынақтан өтіп жүрген кезде сенімдерінен безіп кетеді. 14 Тікен арасына түскен дәндер болса, мынаны білдіреді: адамдар Ізгі хабарды естиді. Алайда былай шыға бере, тұрмыс қамын ойлап абыржиды, байлық пен ләззаттың қызығына алданады. Осылайша Ізгі хабар ескерусіз қалып тұншығып, өнімі пісіп үлгермейді. 15 Ал құнарлы топыраққа себілген тұқымдар мынаны бейнелейді: бірсыпыра адамдар Құдайдың хабарын тыңдап, ізгі де таза жүректерінде сақтап, шыдамдылықпен өнім береді. 16 Ешкім шам жаққан соң оны ыдыспен бүркемейді, не төсек астына да қоймайды. Қайта, оны шам қойғышқа қояды, сонда ол үйге кіргендерге жарығын түсіреді. 17 Сол сияқты, мәлім болмайтын ешбір сыр да жоқ, жарыққа шығып, жария болмайтын ешбір құпия да жоқ. 18 Сондықтан қалай тыңдайтындарыңа назар аударыңдар! Өйткені кімде біраз түсінік бар болса, соған тағы көбірек беріледі, ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады, — деп қорытты Иса. 19 Исаның шешесі мен туған бауырлары келіп, халықтың көптігінен Оған жақындай алмады. 20 Біреу Исаға: — Сыртта шешеңіз бен бауырларыңыз келіп, Сізбен жолығамыз деп тұр — деді. 21 Алайда Иса: — Құдайдың сөзін тыңдап, орындайтындар Маған шеше мен бауырлар іспетті жақын! — деп жауап қайырды. 22 Бір күні Иса шәкірттерін ертіп қайыққа мініп: «Көлдің арғы бетіне өтейік», — деді. Осылай олар жағадан аттанды. 23 Олар көлден өтіп бара жатқанда, Иса ұйықтап қалды. Сол кезде тау жақтан қатты дауыл көтеріліп, көлге соқты. Қайық толқынның астында қалып, суға тола бастады. Оларға зор қауіп төнді. 24 Шәкірттері Исаға жақындап, Оны оятып: — Ұстаз! Ұстаз! Құритын болдық! — деп айқайлады. Иса орнынан тұрып, жел мен толқындардың долдануына тыйым салды. Олар басылып, тыныштық орнады. 25 Иса шәкірттеріне: — Сенімдерің қайда? — деді. Олар үрейленіп, аң-таң болып, біріне-бірі: «Тіпті жел мен суға да бұйрық беретін Бұл кім Өзі? Олар Оған бағынады ғой!» — десті. 26 Осылай Иса мен шәкірттері көлден өтіп, Ғалилея аймағының қарсы бетіндегі Ғадара өңіріне жетті. 27 Жағаға шығысымен-ақ Исаға сол қалалық бір кісі кездесе кетті. Жын соққан осы адам көп уақыттан бері киім-кешек кимей, үйде емес, қабірге арналған үңгірлерде тұрып жүрген болатын. 28 Ол Исаны көрген бойда айқай сала аяғына жығылды да, қатты дауыстап: — Құдай Тағаланың рухани Ұлы Иса, менде нең бар? Саған жалынамын: азаптай көрмеші мені! — деп жалынды. 29 Себебі Иса жынға: «Шық бұл кісіден!» — деп бұйырған болатын. Жын сол адамды көптен бері қинап келген еді. Жұрт оны шынжырлармен, кісендермен бұғаулап тастаса да, ол бұғауларын үзіп, жын айдап елсіз далаға кететін еді. 30 Иса одан: — Атың кім? — деп сұрағанда, ол: — «Үлкен топ», — деді. Себебі сол адамға көптеген жындар кіріп алған болатын. 31 Олар Исадан: «Бізге тұңғиық шыңырауға түсуге бұйыра көрме», — деп өтінді. 32 Осы жердегі қырат беткейінде үлкен бір топ шошқа жайылып жүрген болатын. Жындар соларға енуге рұқсат сұрады. Иса жол берген соң, 33 жындар кісіден шығып, әлгі хайуандарға енді. Сонда олар тік жардан көлге қарғып, суға батып, қырылып қалды. 34 Мұны көріп тұрған бақташылары қашып кетіп, болған оқиғаны қала мен ауылдарда айтып берді. 35 Халық соны көру үшін жолға шығып, Исаға келді. Олар жындары шыққан кісінің ақыл-есі кіріп, киініп, Исаның аяқ жағында отырғанын көргенде қорқып кетті. 36 Болған оқиғаны өз көздерімен көрген куәгерлер оларға бұрын жын қинаған кісінің қалай азат етілгені туралы әңгімелеп берді. 37 Сонда Ғадара төңірегінің бүкіл халқы зәрелері ұшып, Исадан: «Біздің жерімізден кетіңіз», — деп өтінді. Ол қайыққа мініп, қайтып кетті. 38 Жындарынан арылған кісі Исадан: — Сізбен бірге болайыншы, — деп сұраған еді. Бірақ Иса: 39 — Сен үйіңе қайтып, ондағыларға Құдайдың өзіңе не істегенін айтып бер! — деп, оны үйіне жіберді. Әлгі адам барып, Исаның өзіне не істегенін бүкіл қалаға жариялады. 40 Иса көлдің батыс жағына қайта оралғанда, халық Оны қарсы алды. Өйткені бәрі Оны күтіп тұрған еді. 41 Кенеттен Жайыр есімді бір ер адам сол жерге келіп, Исаның аяғына жығылды да, үйіне кіруін өтінді. Жайыр мәжілісхананың жетекшісі еді. 42 Ол кісінің он екі жас шамасындағы жалғыз қызы бар еді, сол өлім аузында жатқан болатын. Иса Жайырдың үйіне бара жатқанда, халық Оны жан-жақтан қаумалап қыспақтады. 43 Халықтың арасында он екі жыл бойы қан кетіп ауырып келген бір әйел де бар еді. Ол бар мал-мүлкін дәрігерлерге жұмсағанмен, біреуі де оны емдеп жаза алмады. 44 Әйел Исаның арт жағынан жақындап келіп, Оның шапанының шетіне қолын тигізді. Сол сәтте-ақ қаны тоқтады. 45 Иса: — Маған қолын тигізген кім? — деп сұрады. Ешкім де мойындамаған соң, Петір мен оның қасындағылар: — Ұстаз! Халық Сізді қаумалап қыспақтап тұр ғой. Ал Сіз: «Маған қолын тигізген кім?» дейсіз бе?! — деді. 46 Бірақ Иса: — Біреу Маған қолын тигізді! Өйткені Менен біраз сауықтыру құдіретінің шыққанын сездім, — деп кесіп айтты. 47 Әлгі әйел істеген ісін жасыра алмайтынын білген соң қорыққанынан қалтырап, Исаның қасына келіп, аяғына жығылды. Сосын өзінің қандай себеппен қолын тигізгенін және сол сәтте-ақ қалай сауығып кеткенін бүкіл халықтың алдында айтып берді. 48 Иса оған: — Қарындас, сенімің арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер, — деді. 49 Иса осыны айтып тұрғанда, мәжілісхана жетекшісінің үйінен біреу келіп, оған: — Қызыңыздан айырылып қалдық. Енді Ұстазды әурелемей-ақ қойыңыз, — деп хабарлады. 50 Бірақ мұны естіген Иса Жайырға: — Қорықпа, тек сенімің болсын, сонда қызың аман қалады, — деді. 51 Жайырдың үйіне жеткенде Иса Петір, Жохан, Жақып және қыздың әке-шешесінен басқа ешкімнің үйге кіруіне рұқсат бермеді. 52 Жұрттың бәрі жылап, жоқтау айтып тұрған еді. Ал Иса: «Жыламаңдар, ол өлген жоқ, ұйықтап жатыр», — деді. 53 Қыздың өлгенін білетін олар Исаның айтқанына күлді. 54 Бірақ Ол (солардың бәрін сыртқа шығарды да) қыздың қолынан ұстап тұрып, дауыстап: «Қызым, тұра ғой!» — деді. 55 Сонда қыздың жаны қайтып кіріп, ол дереу орнынан тұрды! Иса: «Оған тамақ беріңдер», — деп бұйырды. 56 Қыздың әке-шешесі қатты қайран қалды. Ал Иса оларға бұл оқиға жайлы ешкімге тіс жармауды ескертті.
1 Бірде Иса он екі елшісін қасына шақырып алып, оларға барлық жындарды қуып шығарып, ауруларды сауықтыру құдіреті мен билігін тапсырды. 2 Оларды Құдайдың Патшалығын уағыздап, науқастарды сауықтыруға да жіберді. 3 Сонда Иса елшілеріне мына тапсырманы берді: «Жолға артық еш нәрсе алмаңдар: таяқ, жолдорба, нан, ақша, артық киімдерің болмасын. 4 Қай үйге түссеңдер, сонда қонып, сол үйден жолға шығыңдар. 5 Егер бір жерде сендерді қабылдамаса, сол қаладан шығып кетіп бара жатқанда аяқтарыңдағы шаң-тозаңды қағып тастаңдар. Бұл оларға ескерту болсын». 6 Елшілер жолға шығып, ауыл-ауылды аралады. Әр жерде Ізгі хабарды жариялап, ауру-сырқауларды сауықтырды. 7 Аймақ әкімі Ирод (Антипас) Исаның істегендерінің бәрін естіп, абыржып аң-таң болды. Себебі кейбір кісілер: «Бұл өлімнен қайта тірілген Жақия екен» десе, 8 басқалары: «Ілияс пайғамбар жер бетіне қайтып келіпті» деді. Тағы басқалар: «Ежелде өмір сүрген өзге пайғамбарлардың бірі қайта тіріліпті», — деп болжады. 9 Сонда Ирод: «Жақияның басын өзім шаптырған едім. Ал осы естігендерімді істеп жүрген бұл Кісі кім екен?» — деп, Оны көруге құмартты. 10 Исаның жіберген елшілері қайтып келіп, жасаған істері туралы Оған түгелдей баяндады. Иса оларды ертіп алып, Бетсайда деген қаланың маңындағы оңаша бір жерге жөнелді. 11 Ал халық мұны біліп алып, Оның соңынан ілесті. Иса оларды жылы қабылдап, Құдайдың Патшалығы туралы уағыз айтты және айығуға мұқтаждарды ауруларынан сауықтырды. 12 Күн кеш бола бастағанда он екі елшісі Исаның қасына келіп: — Халықты таратып жіберіңіз. Олар жақын маңдағы ауылдар мен елді мекендерге барып, жатар орын мен жейтін тамақ тапсын. Мұнда құлазыған даладамыз ғой! — деген ұсыныс жасады. 13 Бірақ Иса: — Оларға тамақты сендер беріңдер! — деп жауап қатты. Шәкірттері: — Бізде бес күлше нан мен екі кепкен балықтан өзге ештеңе жоқ. Әлде мына адамдардың бәріне тамақ сатып алуға барайық па? — деп сұрады. 14 Себебі сол жерде бес мыңдай ер адам болатын. Ал Иса шәкірттеріне: — Оларды шамамен елу-елуден топқа бөліп, жайғастырып отырғыза беріңдер! — деп тапсырды. 15 Шәкірттері бәрін солай етіп отырғызды. 16 Иса бес күлше нан мен екі кепкен балықты қолына алып, көкке қарап тұрып шүкірлік етті. Оларды халыққа тарату үшін үзіп-үзіп, шәкірттеріне бере берді. 17 Барлығы да жеп тойды. Соңында олар нан мен балықтан артылып қалғандарын жинап алғанда, он екі себет толды. 18 Бір күні Иса оңаша жерде мінажат етіп отырғанда шәкірттері қасында болатын. Сонда Иса оларға мынадай сұрақ қойды: — Халық Мені кім деп жүр? 19 Шәкірттері: — Біреулері Сізді — шомылдыру рәсімін жасаған Жақия, ал басқалары — Ілияс пайғамбар, тағы басқалары — ежелгі пайғамбарлардың өзге біреуі қайта тіріліпті деп жүр, — деді. 20 Сонда Иса: — Ал сендер Мені кім дейсіңдер? — деп сұрады. Петір Оған жауап беріп: — Сіз Құдай тағайындаған Мәсіхсіз! — деді. 21 Алайда Иса шәкірттеріне бұл туралы ешкімге тіс жармауды қатты ескертті. 22 Оларға тағы былай деді: — Көктен келген Билеуші — Мен көп азап шегуге тиіспін: рубасылар, басты діни қызметкерлер және дін мұғалімдері Өзімнен бас тартулары әрі Менің өлтірілуім, бірақ содан кейінгі үшінші күні қайта тірілуім де қажет! 23 Бұдан кейін Иса халықтың бәріне арнап мынаны айтты: — Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге күн сайын дайын болып Менің жолыммен жүрсін! 24 Себебі кім өмірімді сақтаймын десе, одан айырылады, ал өмірін Мен үшін қиған әркім оны (мәңгі) аман сақтап қалады. 25 Адам бүкіл дүниеге ие болып, сол себепті өзін жойып жіберсе, яки өзіне мәңгілік зиян келтірсе, бұдан оған не пайда? 26 Себебі кім Мені және айтқан сөздерімді танудан бас тартса, Мен де Билеуші ретінде Өзімнің салтанатыммен әрі Әкемнің және Оған бағышталған періштелердің салтанатымен көктен қайтып келген кезімде сол адамды танудан бас тартамын. 27 «Сендерге шын айтамын: осында тұрған кейбіреулерің Құдайдың Патшалығын өз көздеріңмен көрмей, өлмейсіңдер», — деді Иса. 28 Бұл сөздерді айтқаннан шамамен сегіз күн өткеннен кейін Иса Петір, Жохан және Жақыпты ертіп алып, сиынып мінажат ету үшін бір таудың басына шықты. 29 Иса сиынып тұрғанда, Оның бет-әлпеті өзгеріске түсіп, киімдері аппақ болып найзағайдың отындай жалтырап тұрды. 30 Кенеттен екі адам пайда болып, Исамен сөйлесті. Бұлар (ежелде өмір сүрген) Мұса пайғамбар мен Ілияс пайғамбар еді. 31 Салтанатты ұлылықпен көрінген екеуі Исаның Иерусалим қаласында (Құдайдың еркін орындап) бұ дүниеден өтуге тиісті екендігі туралы айтты. 32 Ал Петірді және қасындағы жолдастарын ұйқы басты. Олар оянғанда Исаның салтанатты ұлылығын да, Онымен бірге тұрған екі кісіні де көрді. 33 Сол екеуі Исаның қасынан кете бастағанда, Петір Оған: «Ұстаз, бұл жерде болғанымыз қандай жақсы! Біреуін Сізге, біреуін Мұсаға, біреуін Ілиясқа арнап үш күрке құрайық», — деп ұсынды. Ол өзінің не айтқанын ұққан да жоқ. 34 Петір осыны айтып тұрған кезде-ақ бір бұлт келіп, оларға көлеңкесін түсірді. Бұлттың құшағына кіргенде шәкірттер қорқып кетті. 35 Сонда бұлт ішінен: «Бұл — Менің таңдап алған рухани Ұлым. Оны тыңдаңдар!» — деген дауыс шықты. 36 Дауыс шыққаннан кейін Иса жалғыз Өзі қалды. Ал шәкірттері осында көргендері туралы сол күндері ешкімге де тіс жарған жоқ. 37 Келесі күні Иса үш елшісімен таудан түскенде, Оны көптеген халық қарсы алды. 38 Сол сәтте халықтың арасынан біреу дауыстап былай деді: — Ұстаз, Сізден өтінемін: менің ұлыма назар аудара көріңіз! Ол — жалғыз балам. 39 Жыны ұстағанда, ол кенеттен шыңғырып жібереді. Жын баланы қалшылдатып, аузынан көбігін ағызады; одан зорға дегенде кетіп, оны қатты азаптайды. 40 Шәкірттеріңізден жынды шығарып тастаңдар деп өтінген едім, бірақ қолдарынан келмеді. — 41 Сонда Иса: — Ей, сенбейтін, шындық жолынан тайған ұрпақ-ай! Қанша уақыт қастарыңда болып, сендерге төзбекпін?! Кәне, ұлыңды мұнда әкел! — деп жауап берді. 42 Бала келе жатқанда, жын оны жерге жығып, қатты қалшылдатты. Иса жынға қатаң тыйым салып, баланы сауықтырды. Содан оны әкесіне тапсырды. 43 Бәрі де Құдайдың ұлы құдіретіне қайран қалды. Бүкіл халық Исаның барлық істеріне таңырқап тұрғанда, Ол шәкірттеріне (өз басынан өткізетіндері туралы) былай деді: 44 «Осы сөздерімді құлақтарыңа құйып алыңдар: көктен келген Билеушіні адамдардың қолына ұстап береді!» 45 Шәкірттері Исаның бұл айтқандарын түсінбеді. Мәні өздеріне жасырын болғандықтан, олар оны ұға алмады. Алайда сол туралы Исаға сұрақ қоюға батылдары бармады. 46 Шәкірттердің арасында: «Қайсымыздың жолымыз ең үлкен?» — деген ой туындады. 47 Олардың жүрек түкпірлеріндегі ойларын ұққан Иса бір кішкентай баланы алып, жанына тұрғызып қойып былай деді: 48 — Кім осындай сәбиді Менің атыммен қабылдаса, соның Мені де қабылдағаны. Ал кім Мені қабылдаса, оның Мені Жібергенді де қабылдағаны. Естеріңде болсын: араларыңда ең кішік кім болса, ең ұлыларың — сол. 49 Сонда Жохан: — Ұстаз, Сіздің атыңызбен адамдардың жындарын қуып шығарып жатқан біреуді көрдік. Оған тыйым салдық. Ол бізбен бірге Сізге еріп жүрген жоқ қой, — деді. 50 Бірақ Иса Жоханға: — Оған тыйым салмаңдар! Сендерге қарсы болмағанның сендерге жақтас болғаны, — деп жауап берді. 51 Иса көкке көтерілетін күні жақындаған кезде Иерусалимге баруға бел буды. 52 Содан Ол Өзінің алдынан хабаршыларын жіберді. Олар Исаға түнейтін орын дайындау үшін самариялық бір ауылға барды. 53 Ал Иса Иерусалимге бет алғандықтан, самариялықтар Оны қабылдамады. 54 Шәкірттері Жақып пен Жохан мұны көріп: — Мырза, мақұл көрсеңіз, (Ілияс пайғамбар істегендей) көктен от түсіп, оларды жойсын деп бұйырайық, — деді. 55 Бірақ Иса екі шәкіртіне бұрылып, оларға тыйым салды. Содан кейін олар басқа ауылға беттеді. 57 Иса шәкірттерін ертіп жолда кетіп бара жатқанда, бір кісі Оған: — Мырза, қайда барсаңыз да, мен Сізге еремін, — деді. 58 Иса оған: — Түлкінің іні бар, құстың ұясы бар, ал көктен келген Билеушінің бас тірейтін тұрағы да жоқ, — деп жауап берді. 59 Басқа біреуге Иса: — Маған шәкірт болып ер, — деді. Ол: — Мырза, алдымен үйге барып, әкем қайтыс болғанша қасында болып, сүйегін жерлеп келейін. Рұқсат етіңізші, — деп сұрады. 60 Иса оған: — Өлгендерін жерлеуді (рухани) өлілерге қалдыр! Ал сен ел аралап, Құдайдың Патшалығы туралы Ізгі хабарды жарияла! — деп тапсырды. 61 Тағы басқа біреу Исаға: — Мырза, мен Сізге еремін. Бірақ алдымен қайтып барып, үй ішіммен қоштасып келуге рұқсат етіңізші, — деді. 62 Иса оған: — Артына қарай берген соқашыдай жалтақ адам Құдайдың Патшалығы үшін тиімсіз, — деп жауап берді.
1 Содан кейін Иеміз Иса тағы басқа жетпіс шәкіртін таңдап алып, оларды Өзі баратын барлық қалалар мен ауылдарға Өзінен бұрын екі-екіден жіберді. Иеміз шәкірттеріне былай деп тапсырма берді: 2 — Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер! 3 Ендеше барыңдар! Естеріңде болсын: Мен сендерді қасқырлар арасына жіберілген қозылар сияқты жіберіп отырмын. 4 Ақша салатын қалта, жолдорба, артық аяқкиім алмаңдар. Жолда біреуге сәлем береміз деп кідіріп те қалмаңдар. 5 Бір үйге кіргенде әуелі: «Осы үйге амандық пен тыныштық болсын!» деп бата беріңдер. 6 Егер онда амандық пен тыныштықты қабылдауға дайын кісі болса, берген баталарың соған қонады, әйтпесе өздеріңе қайтып келеді. 7 Сол үйде тұрып, олардың берген тамағын ішіп-жеңдер. Себебі еңбек еткен ақысын алуға лайық. Үйден-үйге көшіп жүрмеңдер! 8 Барған қалаларыңның тұрғындары сендерді қабылдаса, берген тамақты ішіп, 9 ондағы ауруларды сауықтырыңдар. Кісілерге: «Құдайдың Патшалығының араларыңда орнайтын кезі таяп қалды!» деп білдіріңдер. 10 Ал егер сендер барған бір қаланың тұрғындары өздеріңді қабылдамаса, жолға шығып, былай деңдер: 11 «Сендерге ескерту болсын деп қалаларыңнан аяғымызға жұққан шаң-тозаңды қағып тастап кетеміз. Алайда Құдайдың Патшалығының таяп қалғанын біліңдер!» — 12 Сендерге шын айтамын: қиямет соты күні сондай қала тұрғындарының тартатын жазасынан тіпті Содом халқының жазасы жеңілірек болады! 13 Ей, Хоразин қаласы, қасіретке қаласың! Ей, Бетсайда қаласы, сен де қасіретке қаласың! Егер сендерде жасалған кереметтер (шетелдік) Тир мен Сидон қалаларында орын алған болса, олардың халқы әлдеқашан азалы киім киіп, күлге отырып, теріс жолдарынан қайтқан болар еді. 14 Қиямет сотында Тир мен Сидон елдерінің тартатын жазасы сендердікінен жеңілірек болады! 15 Ал, Қапарнаум қаласы, сенің атың мақталып, көкке шығарыла ма? Жоқ, сен түпсіз тұңғиыққа құлайсың! 16 Кім сендерді тыңдаса, соның Мені тыңдағаны. Кім сендерді қабылдамаса, оның Мені де қабылдамағаны. Ал кім Мені қабылдамаса, оның Мені Жібергенді де қабылдамағаны. 17 Жетпіс хабаршы Исаға қайтып келгенде қуана-қуана: — Иеміз, Сіздің атыңызды атағанда тіпті жындар да бізге бағынады! — деді. 18 Сонда Иса оларға былай деп жауап берді: — Әзәзіл шайтанның найзағайша көктен құлап түскенін көрдім. 19 Естеріңде болсын: Мен сендерге жыландар мен шаяндарды таптап басып, жаудың барлық күшін жеңетін билік бердім. Енді сендерге еш нәрсе де зиянын тигізе алмайды. 20 Дегенмен жындардың өздеріңе бағынғандығына емес, есімдеріңнің көктегі кітапқа тіркелгендігіне қуаныңдар. 21 Иса сол кезде Киелі Рухтың қуанышына кенеліп: «Көк пен жердің Иесі — Әке! Осы жайттарды данышпандар мен білгіштерден жасырып қалып, оларды нәресте іспетті қарапайымдарға ашып көрсеткенің үшін Сені дәріптеймін. Иә, Әке, Саған осылай болғаны ұнап тұр», — деп (көктегі Әкесіне) мақтау айтты. Иса: 22 — Маған бәрін де Әкем сеніп тапсырған. Рухани Ұлының шынымен кім екенін Әкесінен өзге ешкім де білмейді. Әкенің кім екенін де жалғыз рухани Ұлы ғана біледі, әрі Ол Әкесін кімдерге білдіргісі келсе, солар да Оны жақыннан таниды, — деді. 23 Содан кейін Ол шәкірттеріне бұрылып, оңаша былай деді: — Сендер көріп жүрген керемет нәрселерді көргендерің үшін бақыттысыңдар. 24 Сендерге айтамын: көптеген пайғамбарлар мен патшалар сендердің көріп жүргендеріңді көргілері келді, бірақ көре алмады, сендер естіп жүрген сөздерді естігілері келді, бірақ ести алмады. 25 Сол кезде Таурат заңын үйретуші бір ғұлама Исаның ұстанған ілімін сынамақшы болды. Ол орнынан тұрып: — Ұстаз, мәңгілік өмірге жетуім үшін не істеуім керек? — деп сұрағанда, 26 Иса оған: — Таурат заңында не деп жазылған, не оқып жүрсің? — деген сауал қойды. 27 Сол адам былай деп жауап берді: — «Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, бар күш-қуатыңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!» Және «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» делінген. 28 Иса оған: — Дұрыс жауап бердің. Осылай істейтін бол, сонда (мәңгі) өмір сүресің, — деді. 29 Бірақ өзін ақтағысы келген ғұлама Исадан: — Сонда «маңайымдағы адам» кім болғаны? — деп сұрады. 30 Иса оған былай жауап берді: — Бір адам Иерусалимнен Иерихон қаласына кетіп бара жатып, қарақшылардың қолына түсіпті. Қарақшылар оның киімдерін сыпырып алып, өзін жарақаттап, шала-жансар етіп тастап кетіпті. 31 Бір діни қызметкер сол жолмен кездейсоқ келе жатып, оны көре тұра қасынан өтіп кетеді. 32 Дәл солай жаңағы жерге келген ғибадатхана қызметшісі де оған қарап, қасынан өтіп кетеді. 33 Содан кейін бұл жерге жолаушылап бара жатқан бір самариялық келеді. Әлгі адамды көргенде оған жаны ашып, 34 қасына барады да, жараларын маймен және шараппен жуып-шайып, таңады. Оны есегіне мінгізіп алып, қонақүйге апарып, күтеді. 35 Самариялық адам ертеңінде жолға шығарда, қонақүйдің иесіне екі күміс теңге беріп: «Мына кісіге қамқорлық жасай гөр. Егер артық шығын шығарсаң, мен қайтып оралған кезде төлеймін», — дейді. 36 Ал енді, қарақшылардың қолына түскен кісіге бұл үшеуінің қайсысы «маңайындағы адам» болды деп ойлайсың? — деп Иса сол ғұламаға сұрақ қойды. Ол: 37 — Әрине, оған қайырымдылық көрсеткені, — деді. Сонда Иса оған: — Сен де солай істейтін бол! — деп тапсырды. 38 Иса шәкірттерімен бірге жол жүріп бара жатып, бір ауылға кірді. Сол жерде Оны Марта есімді әйел үйіне шақырып, қонақ етті. 39 Мартаның Мәриям деген сіңлісі бар еді. Ол Иеміз Исаның аяқ жағына отырып алып, сөзін құлақ салып тыңдады. 40 Ал қонақты жақсылап күтудің қамын ойлаған Марта зыр жүгіріп қызмет етті. Арасында Исаға келіп: — Мырза, сіңлімнің барлық жұмысты маған қалдырғанына жайбарақат қарап отырасыз ба? Ол маған көмектессін, айтыңызшы! — деді. 41 Ал Иеміз Иса: — Әй, Марта, Марта-ай, сен көп нәрсенің қамын ойлап, уайымдайсың. 42 Ал керегі бір-ақ нәрсе ғой: Мәриям игілікті жағын таңдап алды, оны содан ешкім айыра алмайды, — деді.
1 Бірде Иса бір жерде мінажат етіп отырды. Онысын аяқтаған кезде шәкірттерінің бірі Оған: — Мырза, Жақия шәкірттеріне мінажат етуді үйреткендей, Сіз де бізге үйретсеңізші, — дегенде, 2 Иса оларға былай деді: — Сендер Құдайға сиынғанда мына іспетті мінажат етіңдер: Көктегі Әкеміз! Сенің киелі есімің қастерлене берсін, Патшалығың осында орнасын! (Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін!) 3 Күнделікті нанымызды әр күні бере гөр. 4 Бізге күнә жасаған әркімді кешіргеніміздей, Сен де күнәларымызды кешіре гөр. Азғырылуымызға жол бермей, (Бізді жамандықтан сақтай гөр. Аумин.) 5 Иса (мінажат ету туралы тәлімін жалғастырып) оларға былай деді: — Араларыңдағы біреудің досы бар дейік. Түн ортасында ол соның үйіне барып, одан: «Досым, маған қарызға үш күлше нан бере тұршы. 6 Себебі жаңа ғана бір жолдасым жолаушылап келіп қалған еді. Үйімде оған беретін ештеңем болмай тұр», — деп сұрайды. 7 Бірақ сол кісі іштен дауыстап жауап беріп: «Мені мазалама! Есігім бекітулі, балаларым да, өзім де жатып қалдық. Енді тұрып, саған ештеңе бере алмаймын», — дейді. 8 Сендерге айтамын, сол адам төсегінен тұрып, сұрағанын тіпті дос болғаны үшін бермесе де, көршісі қадалып сұрап тұрып алғандықтан, ақыры оған қажетінің бәрін береді. 9 Сондықтан сендерге былай деймін: Құдайдан сұраңдар, сонда Ол сендерге (мұқтаждарыңды) береді; іздеңдер, сонда табасыңдар; есікті қағыңдар, сонда ол сендерге ашылады. 10 Себебі сұрай берген әркім алады, іздей берген табады, қағып тұрғанға есік ашылады. 11 Араларыңдағы қандай әке балық сұраған баласына жылан берер еді? 12 Не жұмыртқа сұраса, шаян берер ме еді? 13 Сонымен, өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білсеңдер, көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайтыны ешбір шүбәсіз! 14 Бір күні Иса біреуді мылқау қылып қойған жынды сол кісіден қуып шығарды. Жын шыққан соң, мылқау сөйлей бастады! Көптеп жиналған халық бұған қайран қалды. 15 Бірақ кейбіреулері: «Анау жындарды солардың әміршісі белзебүлдің (яғни әзәзіл шайтанның) күшімен қуып шығарады!» — деп жала жапты. 16 Басқа адамдар Оның билігін сынау үшін Исадан көктің құдіретімен бір кереметті көрсетуін талап етті. 17 Бірақ олардың бұл ойларын біле қойған Иса былай деп жауап қайырды: — Жікке бөлініп, өзара соғысып жататын әрбір патшалық жойылып, бос қалады. Өзара ұрысып-керісіп жататын әр үйдің шаңырағы ортасына түсіп күйрейді. 18 Егер шайтан өзіне-өзі қарсы соғысса, оның патшалығы қалай жойылмай тұра алады? Ал сендер Мені: «Жындарды белзебүлдің (яғни шайтанның) күшімен қуып шығарады» дейсіңдер. 19 Ендеше Мені жындарды соның күшімен қуып шығарады десеңдер, онда сендердің шәкірттерің оларды кімнің күшімен қуып шығады?! Сондықтан айтқандарыңның бұрыстығын өз шәкірттерің әшкерелейді! 20 Бірақ шынында Мен жындарды Құдайдың құдіретімен қуып шығарамын. Демек, араларыңда Құдайдың Патшалығы орнаған! 21 Күшті біреу үйін қару-жарақпен күзеткенде, оның дүние-мүлкі қауіпсіз. 22 Бірақ одан да күшті басқа Біреу шабуыл жасап, жеңсе, әлгінің сеніп жүрген бүкіл қару-жарағын тартып алып, қолға түскен олжасын үлестіріп жібереді. 23 Кім Менімен бірге болмаса, сол Маған қарсы; кім Менімен бірге жинамаса, сол шашады. 24 Жын адамнан шыққаннан кейін шөл даланы кезіп, баспана іздеп, таппайды. Сонда ол: «Шыққан үйіме қайта оралайын» дейді. 25 Қайтып келгенде қараса, үй сыпырылып, жиналыпты. 26 Содан жын барып, өзінен бетер жауыз тағы жеті жынды ертіп келіп, үйге кіріп, сонда тұрып қалады. Осылайша әлгі адамның кейінгі жағдайы бұрынғысынан да мүшкіл болады. 27 Иса бұларды айтып тұрғанда, бір әйел халықтың арасынан қатты дауыспен: — Сізді көтерген құрсақ, Сізге нәр берген ана бақытты! — деді. 28 Бірақ Иса оған: — Құдай сөзін естіп, оны орындайтындар одан бетер бақытты! — деді. 29 Айналасына халық көптеп жиналғанда, Иса сөзін былай деп бастады: «Осы заманғы ұрпақ — жаман ұрпақ! Ол (билігімді дәлелдейтін) бір керемет көрсетуімді талап етеді. Бірақ оған Жүніс пайғамбардың кереметінен басқасы көрсетілмейді! 30 Себебі (ежелде) Жүніс пайғамбардың Ниневи қаласының тұрғындарына керемет белгі болып көрінгеніндей, көктен келген Билеуші де осы ұрпаққа керемет белгі болып көрінетін болады. 31 Ежелгі Оңтүстік Арабияның патшайымы қиямет күні осы ұрпақтың адамдарымен бірге сот алдында тұрып, олардың қиқарлығын әшкерелейді. Себебі патшайым Сүлейменнің даналық сөздерін тыңдау үшін жердің қиыр шетінен келді. Ал мұнда Сүлеймен патшадан да мәртебесі зор Біреу бар! (Алайда сендер Маған шынымен құлақ аспайсыңдар!) 32 Ниневидің тұрғындары да қиямет кезінде осы ұрпақтың адамдарымен бірге сот алдында тұрып, олардың қиқарлығын әшкерелейді: ниневиліктер Жүніс уағыздағанда теріс жолдарынан қайтты. Ал мұнда Жүніс пайғамбардан да мәртебесі зор Біреу бар! (Алайда сендер теріс жолдарыңнан қайтудан бас тартасыңдар!)» 33 Ешкім шам жаққан соң оны жасырын жерге немесе бір ыдыстың астына қоймайды. Қайта, оны шам қойғышқа қояды, сонда ол үйге кіргендерге жарығын түсіреді. 34 Дененің «шамы» — көз. Көзің кіршіксіз таза болғанда, өмірің түгелдей нұрға кенеледі. Ал егер ашкөз болсаң, өміріңді қараңғылық басады. 35 Сондықтан өміріңде нұр орнына қараңғылық болмасын, байқа! 36 Егерде бүкіл өмірің нұрға кенеліп, қараңғы жерің қалмаса, онда ол шамның саған сәулесін төккені секілді түгелдей жарық болады, — деді Иса. 37 Иса сөзін аяқтағанда, бір парызшыл кісі Оны түскі тамаққа үйіне шақырды. Иса барып, дастарқан басына жайғасты. 38 Оның тамақ ішер алдында діни қол жуу рәсімін орындамағанын көріп, парызшыл таңғалды. 39 Алайда Иеміз оған былай деді: — Парызшылдар, сендер ыдыс-аяқтарыңа сыртқы тазарту рәсімін жасайсыңдар, бірақ ішкі дүниелерің алдамшылық пен арамдыққа толы! 40 Ей, түйсіксіздер, сыртын Жаратқан ішін де жаратты емес пе? 41 Ең дұрысы мынау: иеліктеріңнен мұқтаждарға қайыр беріңдер! Сонда барлық нәрселерің де адал болады. 42 Бірақ, парызшылдар, сендер қасіретке қаласыңдар! Тіпті (бақшадан жиналған) жалбыз, тасшөп сияқты әр түрлі майда-шүйде дәмдеуіш шөптердің құнының да оннан бір бөлігін садақаға бересіңдер. Бірақ та әділдікке және Құдайға деген сүйіспеншілікке көңіл бөлмейсіңдер. Біріншісін де істеп, екіншісін де қалдырмағандарың дұрыс болар еді. 43 Парызшылдар, сендер қасіретке қаласыңдар! Мәжілісханаларда сыйлы орында отыруды, әрі базарларда жұрттың өздеріңе сәлем беріп қошеметтеуін ұнатасыңдар. 44 (Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер) сендер қасіретке қаласыңдар! Белгі қойылмаған молаларға ұқсайсыңдар: жұрт олардың қабір екенін білмей, үстімен жүріп арамданады. 45 Сонда Таурат заңын үйретуші ғұламалардың бірі: — Ұстаз! Бұл сөзіңіз бізді де ренжітеді, — деді. 46 Иса бұған былай деп жауап берді: — Таурат заңын үйретуші ғұламалар, сендер де қасіретке қаласыңдар! Адамдардың мойындарына көтеруге ыңғайсыз, тым ауыр борыштарды артып қоясыңдар, бірақ өздерің сол жүктерге саусақтарыңның ұшын да тигізбейсіңдер. 47 Сендер қасіретке қаласыңдар! Ата-бабаларың өлтірген пайғамбарларға әдемілеп мазар саласыңдар; 48 осылайша ата-бабаларыңның істеріне куә болып, тіпті оларымен келісесіңдер де. Ата-бабаларың пайғамбарларды өлтірген, ал сендер соларға мазар орнатасыңдар. 49 Сондықтан Құдай Өзінің даналығымен былай деген: Мен оларға пайғамбарлар мен елшілерді жіберемін. Бірақ олар солардың кейбіреулерін өлтіріп, басқаларын қудалайды. 50 Сол үшін де Әбілден бастап, құрбандық үстелі мен киелі үйдің арасында өлтірілген Зәкәрияға дейін, яғни дүние жаратылғаннан бері өлтірілген барлық пайғамбарлардың төгілген қандарының құны осы ұрпақтан талап етілсін! Иә, сендерге шындығын айтамын: ол осы ұрпақтан талап етіледі! 52 Таурат заңын үйретуші ғұламалар, қасіретке қаласыңдар! Сендер (құтқарылу туралы) білімнің кілтін тартып алдыңдар: өздерің де кірмедіңдер, кіргісі келгендерге де кедергі жасадыңдар! 53 Иса осыны айтып болып, сол жерден кете бергенде, дін мұғалімдері мен парызшылдар Оған әр түрлі сұрақтар қойып, жан-жақтан қыспақтады. 54 Олар Исаны айыптайтын бір нәрсені табу үшін, Оның аузынан шыққан әрбір сөзін аңдыды.
1 Осы екі арада мыңдаған адамдар келіп, сығылысып тұрды. Ал Иса алдымен шәкірттеріне қарап былай деді: «Парызшылдардың ашытқысынан, яғни екіжүзділіктен, сақтаныңдар! 2 Ашылмайтын сыр, білінбейтін құпия болмайды. 3 Сондықтан қараңғыда айтқандарың жарықта естіледі, үй ішінде құлаққа сыбырлағандарың жұртқа жария болады. 4 Достарым, сендерге айтамын: тәнді өлтірсе де, кейін басқа ештеңе істей алмайтындардан қорықпаңдар! 5 Сендерге кімнен қорқу керек екенін айтайын: өлтіргеннен кейін тозаққа түсіре алатын Құдайдан қорқыңдар! Сендерге тағы айтамын: Одан қорқып, Оны терең қастерлеңдер! 6 Бес торғай екі теңгеге сатылмай ма? Дегенмен олардың біреуін де Құдай ұмытпайды. 7 Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгілі! Сондықтан адамдардан қорықпаңдар: Құдай үшін сендер көптеген торғайлардан да әлдеқайда қымбатсыңдар! 8 Сендерге айтамын: Мені адамдар алдында мойындаған әркімді Мен де Билеуші ретінде көктен қайтып келген кезде Құдайдың періштелерінің алдында мойындаймын. 9 Бірақ Менен жұрт алдында танған әркімнен Мен де Құдайдың періштелерінің алдында танбақпын. 10 Көктен келген Маған қарсы сөйлеген әркімге кешірім беруге болады, бірақ Құдайдың Киелі Рухын қорлаушыға кешірім болмайды. 11 Адамдар сендерді мәжілісханаларға, ел басшыларына және басқа да билік иелеріне апарған кезде қалай жауап беріп, не айтатындарыңды ойлап уайымға салынбаңдар! 12 Не айту керек екенін сендерге сол сәтте-ақ Киелі Рух үйретеді». 13 Көптеп жиналған халықтың арасынан біреу Исадан: — Ұстаз, мұрамызды менімен бөліссін деп ағама айтыңызшы, — деп өтінді. 14 Бірақ Иса сол кісіге: — Кім Мені сендерге би немесе мұраларыңды бөлетін төреші етіп қойды? — деп жауап берді. 15 Содан Ол халыққа қарап: — Абайлаңдар, дүниеқор болудан сақтаныңдар! Байлығы қанша зор болса да, адам сол арқылы өз өмірінің иесі бола алмайды, — деді. 16 Бұдан кейін Иса оларға мына астарлы әңгімені айтып берді: — Бір бай кісінің егіндік жері мол өнім береді. 17 Ол ішінен: «Не істесем екен? Астығымды жинап қоятын жерім жоқ, — деп ойланады. 18 — Былай істеймін: қамбаларымды бұзып, үлкейтіп қайтадан саламын. Соларға бүкіл астығым мен мал-мүлкімді жинап қоямын. 19 Сосын өзіме: көп жылға жететін мол қорың бар, енді демалып, ішіп-жеп, көңіліңді көтер деймін». 20 Бірақ Құдай оған: «Ей, түйсіксіз пенде, бүгін түнде жаның алынады! Сонда сенің жиып-тергенің кімге қалады?» — дейді. 21 Өзі үшін байлық жинап, ал Құдаймен қарым-қатынасында бай болмаған адамның ақыры осындай. 22 Бұдан кейін Иса шәкірттеріне қарап былай деді: — Сондықтан сендерге мынаны айтамын: не ішіп-жейміз деп өмірлеріңді, не киеміз деп тәндеріңді уайымдамаңдар! 23 Өмір тамақтан, тән киімнен артық қой. 24 Қарғаларға назар салыңдаршы: олар егін екпейді де, оны ормайды да, ешқандай қоймалары мен қамбалары да жоқ, бірақ Құдай оларды асырайды. Ал сендер құстардан қаншама артықсыңдар! 25 Сондай-ақ, осындай мәселелерді уайымдап араларыңдағы қайсың өз бойын тіпті бір қарыс ұзарта алады? 26 Сондай кішкентай нәрсе қолдарыңнан келмесе, неге басқа мәселелерді ойлап уайымдап жүрсіңдер? 27 Қызғалдақтардың қалай өсіп тұрғанына көңіл бөліңдерші: олар еңбек те етпейді, жіп те иірмейді. Сендерге былай деймін: тіпті Сүлеймен патша өзінің бар сән-салтанатында сол гүлдердің біріндей әдемі киінбеген. 28 Ал енді, бүгін далада өсіп тұрған, ертең отқа тасталатын шөпті Құдай солай киіндірсе, сендерді, әлбетте, одан бетер киіндіреді, сенімі аздарым-ай! 29 Сондықтан не ішіп-жейміз деп ойлап уайымға салынбаңдар! 30 Осы күнәкар дүниенің адамдары сондай нәрселердің бәріне ие болуға тынымсыз ұмтылуда. Ал бұлардың сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой. 31 Ең бастысы, Құдайдың Патшалығының қамын ойлаңдар! Сонда Құдай сендерге бұлардың бәрін қосып береді. 32 Шағын қауым, қорықпа! Көктегі Әкең Патшалықты сендерге тапсыруға ризалық еткен. 33 Мал-мүліктеріңді сатып, мұқтаждарға үлестіріңдер! Осылай өздеріңе «тозбайтын қалта» жасап, таусылмайтын байлықты көкте жинаңдар. Сол жерде оған ұры да жақындамайды, күйе де жемейді. 34 Байлықтарың қайда болса, жүректерің де сонда. 35 Белдерің буулы, шамдарың жағулы болсын! 36 Сөйтіп сендер қожасының тойдан қайтуын күтіп тұрған қызметшілерге ұқсаңдар. Олар қожайыны келіп, есік қағысымен дереу ашуға дайын тұрады. 37 Қожайыны келгенде олардың күзетіп ояу отырғанын көрсе, қызметшілері бақытты! Сендерге шындығын айтайын: ол беліне алжапқышын байлап алып, оларды дастарқанға шақырады. Өзі қастарына келіп, оларға күтіп қызмет көрсетеді. 38 Қожайыны тіпті түн ортасында немесе таң алдында қайтып келгенде олардың күзетіп ояу отырғанын көрсе, сол қызметшілер бақытты! 39 Мынаны еске алыңдар: егер үй иесі ұрының қай сағатта түсетінін білетін болса, онда ол үйін күзетіп, ұрының бұзып кіруіне жол бермес еді. 40 Сол сияқты, сендер де дайын болыңдар! Өйткені сендер күтпеген сәтте Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келемін! 41 Сонда Петір Исадан: — Мырза, бұл мысалды бізге ғана айтып тұрсыз ба, әлде жұрттың бәріне де ме? — деп сұрады. 42 Иеміз оған былай деп жауап берді: — Адал да саналы үй басқарушысындай болыңдар! Қожайыны оны өзінің малайларының үстерінен қарап, ас-суларын уақытында үлестіріп беруге тағайындады. 43 Қожайыны қайтып келгенде оның солай істеп жүргенін көрсе, сол қызметші бақытты! 44 Сендерге шындығын айтайын: қожайыны оны бүкіл меншігін қараушы етіп тағайындамақ. 45 Ал егер әлгі қызметші іштей «қожайыным жуырда келе қоймас» деп, малайлар мен күңдерді ұрып-соқса әрі ішіп-жеп, маскүнемдікке салынса, 46 онда қожайыны күтпеген күні, ойламаған сәтте келіп, оны аяусыз жазалап, сенімсіздердің кебінін кигізеді. 47 Қожайынының еркін біле тұра дайын болмаған, оның қалауы бойынша істемеген қызметші қатты соққы жейтін болады. 48 Ал оның қалауын білмей, жазалауға тұратынды істеген қызметші азырақ соққы жейтін болады. Себебі Құдай кімге көп берсе, одан көп талап етеді, кімге көп сеніп тапсырса, одан есепті де көбірек сұрайды. 49 Мен дүние жүзіне бір «отты» тастауға келдім. Оның қазірдің өзінде жануын тілер едім! 50 Ал Мен азапты «шомылудан» өтуге тиістімін, сол жүзеге асқанша іштей қиналып, оны асыға күтудемін. 51 Мені дүние жүзіне (жалған) татулық әкелу үшін келді деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, сендерге шындығын айтамын: Мен (жақсы мен жаманды бір-бірінен ажырататын) айыруды әкелу үшін келдім. 52 Бұдан былай бір үйде бесеу тұрса, олар бір-бірінен бөлектеніп, үшеуі екеуіне, екеуі үшеуіне қарсы болады. 53 (Пайғамбар алдын ала айтқандай) әкесі ұлына, ұлы әкесіне, шешесі қызына, қызы шешесіне, енесі келініне, келіні енесіне қарсы шығады. 54 Содан кейін Иса халыққа қарап былай деді: — Батыстан көтерілген бұлтты көргенде сендер дереу «Жаңбыр жауады» дейсіңдер, солай болады да. 55 Оңтүстіктен жел ескенде «Күн ыстық болады» дейсіңдер, ол да солай болады. 56 Ей, екі жүзділер! Сендер аспан мен жердің құбылыстарын түсіне білесіңдер, ал қазіргі заманда болып жатқан оқиғаларды неліктен ұға алмайсыңдар?! 57 Енді не істеу керектігін неге өздерің шешпейсіңдер? 58 Біреу саған қарсы дау көтерсе, оған еріп би алдына бара жатқанда уақыт оздырмай жолшыбай онымен татуласып, құтылуға тырыс! Олай етпесең, қарсыласың сені сотқа тартады, ал сот жазалаушыға тапсырып, жазалаушы сені түрмеге қамайды. 59 Саған шындығын айтайын: сен берешегіңді соңғы тиынына дейін төлемейінше, сол жерден шыға алмайсың!
1 Сол кезде кейбіреулер Исаға келіп, римдік әмірші Пилаттың бірнеше ғалилеялықтарды ғибадатхананың алаңында өлтірткені туралы айтты. Солардың қаны өздерінің құрбандыққа шалған малдарының қанымен араласып кеткен болатын. 2 Иса мұны айтқандарға былай деп жауап берді: — Сендер «Бұл ғалилеялықтар осындай азапқа ұшырағандықтан, олардың күнәлары барлық жерлестерінің күнәларынан ауыр болған екен» деп ойлайсыңдар ма? 3 Жоқ, деймін сендерге, олай емес. Егер сендер теріс жолдарыңнан қайтып, Құдайдың жолына түспесеңдер, бәрің де осылай құрисыңдар! 4 Әлде сендер «Силоғам мұнарасы үстеріне құлап өлген он сегіз кісінің күнәлары Иерусалимнің барлық басқа тұрғындарының күнәларынан ауыр болған екен» деп ойлайсыңдар ма? 5 Жоқ, деймін сендерге, олай емес. Егер сендер теріс жолдарыңнан қайтып, Құдайдың жолына түспесеңдер, бәрің де осылай құрисыңдар! 6 Иса мына астарлы әңгімені де айтып берді: «Бір кісінің жүзім бағында інжір ағашы да болыпты. Иесі барып, ағаштан жеміс іздейді, бірақ түк те таба алмайды. 7 Содан ол жүзімшіге: — Көрдің бе, мына ағашқа үш жылдан бері келіп, бірде-бір жемісін таба алмадым. Оны кесіп таста! Ол босқа орын алып тұр, — дейді. 8 Жүзімші бақтың иесіне: — Мырза, оны биылша қалдырыңызшы. Мен оның айналасын қопсытып, қи төгейін; 9 мүмкін жеміс беріп қалар. Егер бермесе, келесі жылы кестіріп тастарсыз, — дейді». 10 Бір демалыс күні Иса мәжілісханалардың бірінде жұртқа тәлім беріп жатты. 11 Сол жерде бүкірейіп қалған бір ауру әйел де бар еді. Ол жын соққандықтан он сегіз жылдан бері денесін тік ұстай алмайтын. 12 Иса әйелді көріп, қасына шақырды да: — Замандас, енді ауруыңыздан құтыласыз, — деп, 13 үстіне қолын қойды. Әйел сол сәтте-ақ бойын жазып түрегеліп, Құдайға мақтау айта бастады. 14 Бірақ мәжілісхананың жетекшісі Исаның ауруды діни демалыс күні болса да сауықтырғанына ашуланып, жұртқа: — Жұмыс істейтін алты күн бар. Емделуге демалыс күні емес, басқа күндері келіңдер! — деп бұйырды. 15 Ал Иеміз оған: — Ей, екі жүзді! Демалыс күні болса да, әрқайсың өгізің мен есегіңнің байлауын шешіп босатып, суаруға апарасыңдар ғой?! 16 Ал енді, Ыбырайым атаның мына ұрпағын шайтан он сегіз жылдан бері байлап-матап келді. Оны сол бұғаудан демалыс күніне бола босатпау қажет пе еді? — деп жауап берді. 17 Иса осыны айтқанда, Оған қарсылық көрсеткендердің бәрі ұялып қалды. Ал басқа жұрт түгелдей Оның істеген кереметтеріне қуанды. 18 Содан кейін Иса былай деді: — Құдайдың Патшалығы қандай нәрсеге ұқсас, оны немен салыстырайын? 19 Ол бір адамның бақшасына еккен қыша дәніне ұқсас: сол титтей тұқым өскенде биік болып шығып, бұтаға айналады. Оның бұтақтарына құстар ұшып келіп, паналайды. 20 Иса мынаны да айтты: — Құдайдың Патшалығын тағы немен салыстырайын? 21 Ол ашытқыға да ұқсас: әйелдер үш астау ұнға аздаған ашытқы қосып, араластырғанда сол ашытқы бүкіл қамырды ашытып, көтереді. 22 Мұнан кейін Иса Иерусалим қаласына қарай сапар шегіп бара жатып, жолындағы қалалар мен ауылдарды аралай жүріп, жұртқа тәлім берді. 23 Біреу Оған: — Мырза! (Келешектегі қаһарлы жазадан) құтқарылатындар тым аз бола ма? — деген сұрақ қойды. 24 Сонда Иса жұртқа қарап былай деді: — Тар есіктен кіруге барынша тырмысыңдар! Сендерге шын айтамын: көп адамдар кіруге ұмтылғанмен кіре алмайды. 25 Үй Иесі орнынан тұрып, есікті бекітіп қоймақ. Артынша сендер сыртта тұрып, есікті қағып: «Тақсыр Ие, бізге есікті аша көріңіз!» — деп дауыстайтын боласыңдар. Бірақ Ол: «Сендерді (өз адамдарым ретінде) танымаймын, қайдан екендеріңді білмеймін», — деп жауап қайтаратын болады. 26 Сонда сендер: «Біз көз алдыңызда ішіп-жедік, Сіз біздің жерімізде тәлім беріп тұрдыңыз ғой», — дей бастайсыңдар. 27 Бірақ Ол: «Сендерге қайталап айтамын, кім және қайдан екендеріңді білмеймін. Әділетсіздік істеген бәрің де, Менен аулақ кетіңдер!» — дейтін болады. 28 Сендер зар еңіреп жылап, қинала тістенетін боласыңдар. Себебі Ыбырайым, Ысқақ, Жақып пен барлық пайғамбарлардың да Құдайдың Патшалығында жүргенін, ал өздеріңнің сыртқа қуылғандарыңды көретін боласыңдар. 29 Сонда шығыс пен батыстан, солтүстік пен оңтүстіктен жат жұрттық адамдар келіп, Құдайдың Патшалығындағы дастарқан басына жайғасатын болады! 30 Осылай алдыңғы қатарға шығатын соңғылар бар, әрі соңғы болатын алдыңғы қатарлылар да бар. 31 Сол сәтте бірнеше парызшыл адамдар Исаның қасына келіп: — Бұл арадан кете гөр, (аймақ әкімі) Ирод Сені өлтірмекші! — дегенде, 32 Иса оларға былай жауап берді: — Барып, ол «түлкіге» мынаны айтыңдар: «Мен бүгін және ертең жындарды қуып шығып, ауруларды сауықтырамын, ал үшінші күні ісімді аяқтаймын». 33 Әрине, Мен бүгін, ертең және бүрсігүні де өз жолыммен жүруге тиістімін. Өйткені бір пайғамбардың Иерусалимнен басқа жерде шейіт болуы жөнсіз. 34 Ей, Иерусалим, пайғамбарлардың көзін құртып, Құдай өзіңе жіберген хабаршыларды тас лақтырып өлтіретін Иерусалим-ай! Балапандарын қанатының астына алған құс сияқты, Мен де сенің халқыңды қанша рет жинамақшы болдым. Бірақ сендер одан бас тарттыңдар! 35 Сондықтан үйлерің қаңырап, бос қалдырылады. Сендерге шындығын айтайын: бұдан былай, «Жаратқанның атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!» деп шақырған уақыттарыңа дейін, Мені қайтып көрмейсіңдер.
1 Иса бір діни демалыс күні парызшылдар қауымының қайсыбір бастығының үйіне дәм татуға келгенде, бәрі Оны бақылап отырды. 2 Кенеттен Оның алдына шемен ауруына ұшыраған біреу келді. 3 Сонда Иса Таурат заңын үйретуші ғұламалар мен парызшылдарға мына сұрақты қойды: — Демалыс күні ауруды сауықтыруға бола ма? 4 Олар үндемегенде Иса әлгі адамға қолын тигізіп, оны сауықтырды да, өз жөніне жіберді. 5 Мұнан кейін жиналғандарға: — Егер біреуіңнің есегің немесе өгізің құдыққа түсіп кетсе, оны демалыс күні болса да, дереу шығарып алмас па едіңдер?! — деген сауал қойды. 6 Олар бұған қарсы ештеңе айта алмады. 7 Қонақтардың төрдегі құрметті орындарды таңдап алып жатқанын байқаған Иса соны мысалға алып, мынадай тәлім берді: 8 — Біреу сені тойға шақырғанда, төрдегі құрметті орынға жантая кетпе! Шақырылғандардың ішінде жолы сенен де үлкен біреу болуы мүмкін. 9 Онда екеуіңді шақырған үй иесі келіп, саған: «Мына кісіге орныңды бер», — дейді, ал сен ұялып, амалсыздан ең төменгі орынға барып отырасың. 10 Сондықтан қонаққа барғанда ең төменгі орынға отыр. Сонда үй иесі қасыңа келіп: «Досым, жоғары шық», — демек. Осылай дастарқандас болғандардың алдында мәртебең өсіп қалады. 11 Өйткені өзін-өзі жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен ұстаған жоғарылатылады. 12 Содан кейін Иса Өзін шақырған үй иесіне қарап былай деді: — Түскі немесе кешкі қонақасы бергенде дос, бауыр, туысқандарыңды, я болмаса бай көршілеріңді шақырма. Себебі олай етсең, олар да сені қонаққа шақырып, есесін қайтармақ. 13 Керісінше, той жасағанда дастарқаныңа жарлы-жақыбайларды, кемтар, ақсақ, соқырларды шақыр! 14 Олар саған есесін қайтара алмайтындықтан бақытты боласың. Әділдер қайта тірілетін қиямет күні саған соның есесі қайтарылатын болады, — деді. 15 Исамен бірге дастарқандас болғандардың бірі осыны естігенде Оған: «Құдайдың Патшалығындағы тойға қатысатындар бақытты!» — деді. 16 Иса оған астарлап былай деді: «Біреу үлкен қонақасын дайындап, көп адам шақырады. 17 Тамақ ішетін уақыт болғанда, шақырғандарына қызметшісін жіберіп былай дегізеді: — Келіңдер, барлығы дайын тұр! 18 Бірақ бәрі бірдей кешірім сұрап, біреуі: — Егіндік жер сатып алдым, соны барып көруім керек. Өтінемін, маған кешірім ете гөр! — десе, 19 келесі біреуі: — Бес пар өгіз сатып алып едім, соларды сынап жегіп көруге бара жатырмын. Өтінемін, мені кешір! — дейді. 20 Ал тағы біреуі: — Мен жаңа ғана үйленген едім, сондықтан бара алмаймын, — дейді. 21 Қызметшісі қайта оралып, мұны қожайынына айтып береді. Үй иесі қаһарланып, қызметшісіне: — Тез барып, қаланың үлкенді-кішілі көшелерін аралап, жарлы-жақыбайларды, кемтар, ақсақ, соқырларды алып кел! — деп бұйырады. 22 Кейінірек қызметшісі: — Мырза, бұйрығыңызды орындадым, бірақ әлі де бос орын бар, — дейді. 23 Ал қожайыны былай деп тапсырады: — Қаладан шығып, үлкен жолдарда әрі үйлердің айналасында жүргендерді шақырып, келуге көндір! Осылайша үйім толсын. 24 Сендерге шындығын айтамын: алдымен шақырылғандардың ешқайсысы да қонақасымнан ауыз тимейді!» (Неге десеңдер, шақырылғандар көп, ал таңдап алынғандар аз.) 25 Жолшыбай қарақұрым халық еріп келе жатқанда, Иса оларға бұрылып, былай деді: 26 — Кім Маған келіп, Мені әке-шешесінен, әйелі мен балаларынан, бауырларынан және өз өмірінен артық көрмесе, сол Менің шәкіртім бола алмайды. 27 Кім айқышын арқалаған кісідей өз мүддесінен бас тартып, тіпті азапты өлімге дайын болып Менің соңымнан еріп жүрмесе, сол Менің шәкіртім бола алмайды. 28 Сендердің біреуің бір мұнара салғысы келеді дейік. Сонда ол құрылысты аяқтауға қаражатының жетер-жетпесін білу үшін алдымен отыра қалып, кететін шығынды есептеп алады. 29 Ол солай етпесе, іргетасын қалағаннан кейін бастаған ісін аяқтай алмас еді. Мұны көргендердің бәрі: 30 «Мынаның құрылысты бастағанымен аяқтауына шамасы жетпеді, ә?!» — деп оны мазақтар еді. 31 Немесе бір патша басқа бір патшамен соғысатын болса, келе жатқан қарсыласының жиырма мың жасақшысына өзінің он мыңымен төтеп бере ала ма, жоқ па — алдымен отыра қалып, соны ақылға салмас па еді? 32 Шамасы келмейтін болса, ана патша әлі де алыста келе жатқан кезде оған елшілерін жіберіп, бітім шартын сұрар еді. 33 Сол сияқты, сендердің ешқайсың да бар нәрсеңнен бас тартпай Менің шәкіртім бола алмайсыңдар. 34 (Тағамды бұзылудан сақтау үшін) тұз пайдалы. Ал егер тұз өз күшінен айырылған болса, онысын қалай қалпына келтіруге болады? 35 Ол тіпті жер өңдеуге не қиға қосуға жарамсыз болып шыққандықтан, жұрт оны лақтырып тастайды. Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!
1 Салықшылар мен өзге де күнәкарлар Исаны тыңдау үшін көптеп қасына жиналатын. 2 Бірақ парызшылдар мен дін мұғалімдері мұны көріп: — Мына кісі күнәкарларды қабылдап, солармен тіпті дастарқандас болады! — деп күңкілдесті. 3 Сонда Иса оларға астарлап былай деді: 4 — Егер араларыңдағы біреудің жүз қойы болып, солардың бірін жоғалтып алса, ол не істемек? Тоқсан тоғыз қойын далада қалдырып, жоғалып кеткенін тапқанша іздемей ме? 5 Оны тауып алған соң, қуана-қуана иығына салып алады. 6 Үйіне келгеннен кейін: «Жоғалған қойымды тауып алдым, қуанышыма ортақ болыңдар!» — деп достары мен көршілерін шақырады. 7 Сендерге шын айтамын: сол сияқты, «Маған теріс жолдан қайтудың қажеті жоқ» дейтін тоқсан тоғыз «әділ» кісіден гөрі, теріс жолдан қайтқан бір күнәкарға көктегілер көбірек қуанады! 8 Әлде он күміс теңгесі бар әйел біреуін жоғалтып алса, оны тапқанша шам жағып, үйді сыпырып, бар ынтасымен іздемей ме? 9 Тауып алған соң: «Жоғалтқан күміс теңгемді тауып алдым! Менің қуанышыма ортақ болыңдар», — деп достары мен көрші-қолаңдарын шақырады. 10 Сендерге шын айтамын: Құдайдың періштелері теріс жолдан қайтқан бір күнәкар үшін де дәл солай қуанады! 11 Иса тағы мына әңгімені де айтып берді: «Біреудің екі ұлы болыпты. 12 Кенжесі: — Әке, маған тиісті еншімді бөліп беріңізші! — дейді. Сонда әкесі ұлдарына мал-мүлкін бөліп береді. 13 Көп уақыт өтпей кіші ұл бәрін жинап алып, алыс бір елге кетеді. Сол жерде ол азғындық жолға түсіп, еншісін шашып, ысырап қылады. 14 Бәрін жұмсап бітірген кезде сол елде қатты ашаршылық болып, жігіт мұқтаждық көре бастайды. 15 Елдің бір тұрғынына барып, жармасып жүріп, жалшысы болады. Сол оны даласына жіберіп, шошқаларын баққызып қояды. 16 Жігіт шошқалар жейтін қабықтарды жеп тойсам деп аңсайтын, бірақ оған соны да бермепті. 17 Сонда ол ақылға келіп, ішінен былай дейді: Әкемнің соншама жалшылары нанға тойып жүргенде, мен бұл жерде аштан өлетін болдым. 18 Қой, жолға шығып, әкеме қайтып барайын: Әке, мен көктегі Құдай алдында да, сіздің алдыңызда да күнә жасап келдім. 19 Енді ұлыңызбын деп аталуға лайық емеспін. Мені жалшыңыздай қабылдасаңыз екен, — дейін. 20 Сонымен жігіт әкесіне баруға жолға шығады. Ол әлі де алыста келе жатқанда, әкесі баласын көріп, оған жүрегі елжіреп, алдынан жүгіріп шығады. Оны құшақтап бауырына басады да, бетінен сүйеді. 21 Баласы оған: — Әке, мен Құдай алдында да, сіздің алдыңызда да күнә жасап келдім. Енді ұлыңызбын деп аталуға лайық емеспін, — дейді. 22 Бірақ әкесі қызметшілеріне бұйырып: — Тезірек ең жақсы шапанды әкеліп, балама жабыңдар! Қолына мөрлі жүзік, аяғына кебіс кигізіңдер! 23 Сосын бордақыланған өгізшені әкеліп, сойыңдар, ішіп-жеп, көңіл көтерейік! 24 Өйткені менің мына ұлым өлген еді — тірілді, жоғалған еді — табылды! — дейді. Сөйтіп олар көңілді тойды бастап жібереді. 25 Ал әкенің тұңғыш ұлы далада жүр екен. Қайтып келе жатып, үйіне жақындағанда ол қуана ән салып жатқан дауыстарды естиді. 26 Қызметшілердің бірін шақырып алып: — Бұл не? — деп сұрайды. 27 — Ініңіз қайтып келді! Әкеңіз оны аман-есен көргені үшін бордақыланған өгізшені сойып, той жасап жатыр, — деп жауап береді ол. 28 Үлкен ұл ашуланып, үйге кіргісі келмейді. Әкесінің өзі шығып, оны шақырады. 29 Сонда ол әкесіне былай деп жауап қатады: — Міне, мен сізге қанша жыл бойы қызмет етіп келе жатырмын, еш уақытта сізге қарсы шыққан емеспін. Бірақ сіз маған достарыммен бірге отырып көңіл көтеруім үшін, тым болмаса, лақ та берген емессіз! 30 Алайда бұзылған әйелдермен бірге болып, мал-мүлкіңізді шашып-төккен мына балаңыз қайтып келгенде, сіз оған арнап бордақыланған өгізшемізді сойып, той жасап жатырсыз! 31 — Ұлым, сен әрдайым менімен біргесің. Барлық меншігім сенікі ғой. 32 Ал мына інің болса, өлген еді — тірілді, жоғалған еді — табылды. Сондықтан қуанып, көңіл көтеруіміз керек қой! — дейді әкесі».
1 Иса шәкірттеріне мына астарлы әңгімені де айтып берді: «Бір байдың үй шаруашылығын басқаратын кісісі болған екен. Сол адам мал-мүлкіңізді шашып жатыр деген сыбыс байдың құлағына жетеді. 2 Бай оны шақырып алып: — Сен туралы естіп жүргенім не әңгіме? Жұмысың жайлы есеп бер! Бұдан былай үйімді басқара алмайсың, — деп шешеді. 3 Басқарушы сонда өзіне-өзі: Енді не істесем екен, қожайыным мені жұмыстан босатып тастамақ. Жер қазу қолымнан келмейді, қайыр сұрауға ұяламын. 4 Бірақ дәл қазір не істеу керек екенін білемін, сонда үй басқарудан босаған кезімде жұрттың есігі мен үшін айқара ашық болады, — дейді. 5 Содан ол қожайынына қарыздар адамдардың бәрін жеке-жеке шақырып алып, біріншісінен: — Қожайыныма қанша борышың бар? — деп сұрайды. 6 — Жүз күбі май, — дейді ол. — Борыш қағазыңды ал да, отыра қалып, елу күбі деп жаз! — дейді басқарушы. 7 Содан кейін басқасынан: — Ал сенің қанша борышың бар? — деп сұрайды. — Жүз қап бидай. — Борыш қағазыңды алып, сексен деп жаз! — дейді соған. 8 Қожайыны өтірікші басқарушысының ақыл тауып кеткендігін мақтады. Себебі осы күнәкар дүниенің адамдары өзі сияқтылармен араласқанда Құдайдың нұрлы жолымен жүргендерден гөрі әлдеқайда ақылды әрекет жасайды. 9 Сендерге шын айтамын: осы күнәкар дүниелік байлықтарыңмен жақсылық жасап, өздеріңе достар табыңдар! Сонда бұ дүниеден қайтқан кездеріңде көктегі мәңгілік мекендердің есігі сендер үшін айқара ашық болады. 10 Кішкене істе сенімді болған үлкен істе де сенімді, ал кішкене істе сенімсіз болған үлкен істе де сенімсіз. 11 Сондықтан, егер бұ дүниелік байлықтарың барда сенімді болмасаңдар, сендерге көктегі шынайы байлықты кім сеніп тапсырады? 12 Және егер түпкілікті меншік болмайтын мал-мүліктеріңді дұрыс қолданбасаңдар, мәңгі өздеріңдікі болатын байлықты сендерге кім табыс етпек? 13 Ешбір қызметші екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Өйткені ол біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайтын болады. Сол сияқты, сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!» 14 Бұлардың бәрін дүниеқор парызшылдар да естіп, Исаны мазақ қылды. 15 Иса оларға былай деп жауап қатты: «Сендер адамдар алдында әділ болғансып тұрсыңдар, бірақ Құдай жүректеріңде не бар екенін жақсы біледі. Адамдар бұларыңды жоғары бағалағанмен, Құдай алдында ол — жексұрындық». 16 «Жақия пайғамбардың уағыздауына дейін Таурат пен Пайғамбарлар жазбалары сендерге тура жолды көрсеткен еді. Жақияның уағыздаған кезінен бері Құдайдың Патшалығы туралы Ізгі хабар жарияланып келеді. Оған кіруге әркім күш салып жүр. 17 Ал Таурат заңының бір кішкентай сызығының түсіп қалғанынан гөрі аспан мен жердің жойылып кетуі оңайырақ. 18 Әйелін үйінен шығарып жіберіп, басқаны алған әркім неке адалдығын бұзады. Сондай-ақ, күйеуімен ажырасқан әйелді алған да неке адалдығын бұзады». 19 «Бір кісі бай болып, қымбат қызыл шапан мен сәнді киімдер киіп, күн сайын салтанат құрып көңіл көтеретін. 20 Ал қақпасының алдында Елазар есімді бір мүсәпір жататын, оның тұла бойын іріңді жара басқан еді. 21 Мүсәпір байдың дастарқанынан түскен қалған-құтқанды жеп тойынсам деп аңсайтын. Тіпті иттер келіп, жараларын жалап кететін. 22 Ақыры мүсәпір қайтыс болып, періштелер оны Ыбырайым пайғамбардың қасына апарып салады. Бай да өліп, қабірге қойылады. 23 Ол о дүниеде азап шегіп жүріп, басын көтеріп қарағанда алыстан Ыбырайым мен оның қасында жантайған Елазарды көреді. 24 Содан ол қатты дауыспен: — Ыбырайым ата, маған қайырым қылып, Елазарды жібере көріңіз! Ол бармағының ұшын суға малып алып, тілімді салқындатсын. Мына жалынды отта қатты қиналып жатырмын, — деп жалбарынады. 25 Бірақ Ыбырайым былай деп жауап береді: — Ей, балам, есіңе түсірші: сен өміріңде әрдайым жақсылық көріп рақаттандың, ал Елазар ауыртпалық көріп, азап шегіп жүрді. Енді ол мұнда жұбаныш тапса, сен онда қиналып жатырсың. 26 Оның үстіне сендер мен біздің арамызға терең шыңырау орнатылған. Бұл жерден сендерге барғысы келгендер өтіп бара алмайды, ар жақтан бізге де өтіп келе алмайды. — 27 Сонда ол: — Ата, олай болса, сізден сұраймын: Елазарды әкемнің үйіне жібере көріңіз! 28 Себебі бес інім бар, соларға барып, олардың да осы азапты жерге түспеулері үшін мықтап ескертіп куәлік етсін, — деп өтінеді. 29 Ал Ыбырайым: — Мұса мен өзге пайғамбарлардың жазбалары оларда бар ғой, соларға құлақ ассын! — дейді. 30 — Жоқ, Ыбырайым ата! Егер өлгендердің біреуі барса, онда олар теріс жолдан қайтады, — деп жалынады ол. 31 Сонда Ыбырайым оған: — Олар Мұса мен өзге пайғамбарларға құлақ аспағанда, өлгендердің біреуі тіріліп, барса да, сенбейді, — деп жауап береді».
1 Иса шәкірттеріне тағы былай деді: — Адамдарды теріс жолға азғыратын жағдайлардың болатыны сөзсіз. Алайда олар кімнің кесірінен пайда болса, сол қасіретке қалады! 2 Оның мына жай кісілердің біреуін азғырып, теріс жолға түсіргенінше, мойнына дәу диірменнің тасы байланып, теңізге лақтырылғаны оған жақсырақ болар еді-ау! 3 Сондықтан сақтаныңдар! Егер бауырласың күнә жасаса, оған ескерт. Егерде өкініп, теріс жолдан қайтса, кешірім ет! 4 Ол тіпті күніне жеті рет саған қарсы күнә жасап, жеті рет келіп, «өкініп, теріс жолдан қайттым» десе, кешірім ет! 5 Сонда елшілері Иеміз Исадан: — Сенімімізді арттыра көріңіз, — деп өтінді. 6 Иеміздің жауабы мынау болды: — Сендердің тарының түйіріндей ғана сенімдерің болса, мына тұт ағашына: «Жерден тамырыңмен қопарылып, теңізге отырғызыл!» десеңдер, ол айтқандарыңды орындар еді. 7 Араларыңдағы біреудің жер жыртып не мал бағып жүрген малайы бар дейік. Малай даладан қайтып келгенде, қожайыны оған: «Тез келіп, дастарқанға отыра ғой!» дей ме? 8 Керісінше: «Кешкі тамағымды дайында! Мен ішіп-жеп болғанша, алжапқышыңды байлап алып, маған қызмет ет, содан кейін өзің ішіп-жерсің!» деп бұйырмай ма? 9 Ал бұйрықтарын орындағаны үшін қожайын малайына алғыс айта ма? 10 Сендер де солай, Құдайдың өздеріңе бұйырғандарының бәрін орындағаннан кейін: «Біз небәрі түкке тұрғысыз малаймыз, жай міндетімізді ғана атқардық» деңдер! 11 Иса Иерусалим қаласына сапар шегіп бара жатқанда Самария мен Ғалилея аймақтары арқылы жүрді. 12 Бір ауылға келгенде, Оған денесін алапес басқан он кісі кездесті. Олар алыстан тұрып, 13 қатты дауыстап: — Иса, Ұстаз, бізге қайырым қыла көріңіз! — деп жалынды. 14 Иса оларға назар аударып: — Діни қызметкерлерге барып, қаралыңдар! — деді. Олар сол жаққа бара жатқанда-ақ алапестен құлантаза сауығып кетті. 15 Солардың біреуі өзінің сауығып кеткенін көрген соң, қатты дауыстап Құдайға мақтау айтып қайтып келді де, 16 Исаның аяғына жығылып, Оған алғысын жаудырды. Ал бұл кісі самариялық болатын! 17 Иса сонда: — Сауыққандар он кісі емес пе еді, тоғызы қайда? 18 Құдайға мақтау айту үшін мына шетелдіктен басқа ешкім қайтып келмеді ме? — деп, 19 самариялыққа қарап: — Тұр да, жөніңе жүре бер. Сен сенімің арқылы құтқарылдың! — деді. 20 Парызшылдар Құдайдың Патшалығының қашан орнайтынын сұрағанда, Иса оларға былай деп жауап берді: — Құдайдың Патшалығының қашан орнайтынын адамдар алдын ала білмейді. 21 Сондай-ақ оны «Міне, мұнда!» не «Әне, анда!» деуге болмайды. Себебі Құдайдың Патшалығы сендердің жан дүниелеріңде, — деді. 22 Кейін Иса шәкірттеріне арнап былай деді: — Көктен келген Мені бір күн болса да көрсек деп аңсайтын уақыттарың келеді, бірақ сол кезде Мені көрмейсіңдер. 23 Кісілер сендерге: «Міне, Ол мұнда!», я «Әне, Ол анда!» дейтін болады. Оларға бармаңдар да, арттарынан ермеңдер де! 24 Өйткені найзағайдың жарқ етіп, аспанды о шетінен бұ шетіне дейін жарқыратып жіберетініндей, уақыты болғанда Менің Билеуші ретінде көктен қайтып келуім де (аяқ астынан және ап-айқын) болады. 25 Бірақ алдымен Өзімнің көп азап шегуім әрі қазіргі ұрпақтың Менен бас тартуы қажет. 26 Нұх пайғамбардың заманында жағдай қалай болған болса, Менің Билеуші ретінде көктен қайтып келетін кезімде де солай болады: 27 Нұх кемеге мінген күнге дейін адамдар (Құдайға мойынсұнбай) ішіп-жеп, әйел алып, күйеуге шығып өмір сүруде еді. Ал Нұх кемеге мінген соң, топан су басып, сол адамдардың бәрін де қырып салды. 28 Луттың заманында да солай болған: адамдар (Құдайға мойынсұнбай) ішіп-жеп, сауда-саттық жасап, егін егіп, үй салып өмір кешуде еді. 29 Бірақ Лут Содом қаласынан шыққан күні көктен от пен күкірт жауып, бәрін де қырып салды. 30 Мен Билеуші ретінде көктен келіп, ашық түрде көрінетін күні де тап солай болады! 31 Сол күні біреу үйінің жалпақ төбесінде отырып, заттары іште болса, ол үйге кіріп, соларын алып шықпастан, сыртқы сатымен төмен түсіп, дереу қашып құтылсын! Сондай-ақ, кім далада болса, үйіне қайтып бармастан, бірден қашып кетсін! 32 Луттың әйелімен болған жайтты естеріңе түсіріңдер! 33 Өмірін өзі үшін сақтауға тырысқан әркім одан айырылады, ал өмірін Құдай үшін қиған әркім оны мәңгі аман сақтап қалады. 34 Сендерге шын айтамын: сол заманда түнде төсекте жатқан екеудің біреуін періштелер қабыл алып, екіншісін қалдырып кетеді. 35 Олар бірге қолдиірмен тартып отырған екі әйелдің де біреуін қабыл алып, екіншісін тастап кетеді. 36 (Сондай-ақ, олар егіндікте жүрген екеудің де біреуін қабыл алып, екіншісін қалдырып кетеді.) 37 Шәкірттері: — Мырза, бұл қай жерде болады? — деп сұрағанда, Иса астарлап мына жауапты берді: — «Жемтік қайда болса, күшігендер сонда жиылар». — (Сол сияқты, осы оқиғалардың қай жерде болғаны сол заманда бәріне айқын болады.)
1 Иса шәкірттеріне әрқашан үмітін үзбей Құдайдан сұрай берудің керектігін де астарлы әңгімемен түсіндіріп 2 былай деді: — Бір қалада Құдайдан қорықпайтын, адамнан да ұялмайтын би болыпты. 3 Сол қалада бір жесір әйел де тұрады екен. Әйел биге қайта-қайта келіп: «Мені дауласқан кісімнен қорғай көріңіз!» — деп өтініп сұрай береді екен. 4 Бірақ би жесірді көп уақыт бойы қорғағысы келмейді. Ақырында ол ішінен: «Құдайдан қорықпаймын, адамнан да ұялмаймын. 5 Алайда мына жесір маған тыныштық бермегендіктен, оның мүддесін қорғайын. Әйтпесе ол қайта-қайта келіп, мазамды ала берер» деп ойлайды. 6 Содан кейін Иеміз Иса былай деді: «Сендер әділетсіз бидің не айтқанын естідіңдер ғой. 7 Ал Құдай Өзі таңдап алған, Өзіне күні-түні жалбарына сиынған адамдарының мүдделерін қорғамай ма? Әлде соны ұзаққа созып жібере ме? 8 Сендерге шындығын айтамын: Құдай олардың мүдделерін тезірек қорғайды! Алайда Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келгенімде жер бетінен Өзіме сондай қатты сенетіндерді таба алар ма екенмін?» 9 Өздерінің әділдігіне нық сеніп, басқаларды менсінбей жүрген кейбір кісілерге Иеміз мына астарлы әңгімені айтып берді: 10 — Екі адам Құдайға сиыну үшін ғибадатханаға өрлеп барыпты. Бірі парызшыл, екіншісі салық жинаушы екен. 11 Парызшыл тұра қалып, іштей былай деп мінажат етеді: «Я, Құдай! Мен басқа адамдар сияқты қарақшы, жәбірлеуші, неке адалдығын бұзушы немесе ана салықшыға ұқсап күнәкар болмағаным үшін Саған ризашылығымды білдіремін. 12 Өйткені мен аптасына екі рет ораза ұстаймын, барлық тапқан табысымның оннан бір бөлігін қайыр-садақаға беріп тұрамын». 13 Ал салық жинаушы алыста тұрып, тіпті назарын көкке көтеруге де батылы бармай, қолын кеудесіне қойып: «Я, Құдай, мен күнәкармын, рақым ете гөр!» — деп жалбарынады. 14 Сендерге шын айтамын: екеуі үйлеріне қайтқанда, парызшылды емес, салықшыны Құдай кешіріп, ақтаған еді. Өйткені өзін-өзі жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен ұстаған жоғарылатылады. 15 Иса қолын тигізіп бата берсін деп, бірнеше адам Оған нәрестелерін алып келді. Бірақ мұны көрген шәкірттер оларды жібермеді. 16 Ал Иса балаларды қасына шақырып алып: «Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар! Құдайдың Патшалығы сондайлар үшін. 17 Сендерге шындығын айтайын: кім Құдайдың Патшалығын бала сияқты қабылдамаса, оған кіре алмайды», — деді. 18 Басшылардың біреуі Исадан: — Ізгі Ұстаз! Мәңгілік өмірге ие болу үшін не істеуім керек? — деген сұрақ қойды. 19 Иса оған: — Мені неге ізгі дейсің? Құдайдан басқа ешкім де ізгі емес. 20 Оның өсиеттерін білесің ғой: «Неке адалдығын бұзба; кісі өлтірме; ұрлық жасама; жалған куәлік берме; ата-анаңды сыйла!» — деп жауап берді. 21 Әлгі кісі: — Бұлардың бәрін де жастайымнан орындап келемін, — деді. 22 Иса мұны естігенде: — Саған тағы бір нәрсе жетіспейді: қолыңдағы бар мал-мүлкіңді сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестіріп бер. Сонда сенің қазынаң көкте болады. Өзің қайтып келіп, шәкіртім болып соңымнан ер! — деді. 23 Бұларды естігенде әлгі кісі қатты қапаланды. Себебі ол өте бай болатын. 24 Иса оның қатты қапаланғанын көріп: — Мал-мүлікке бай адамдардың Құдайдың Патшалығына кіруі қандай қиын! 25 Иә, байдың Құдайдың Патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңай, — деді. 26 Мұны естігендер: — Ендеше кім (Құдайдың қаһарынан) құтқарыла алады? — деп сұрады. 27 Иса: — Адамның қолынан келмейтін нәрселер Құдайдың қолынан келеді, — деп жауап берді. 28 Петір тіл қатып былай деді: — Міне, біз барлығын қалдырып, Сіздің соңыңыздан еріп жүрміз. 29 Сонда Иса шәкірттеріне: — Сендерге шындығын айтайын: үй-жайын, әке-шешесін, бауырларын, әйелі не бала-шағасын Құдайдың Патшалығына бола қалдырған әркімге 30 сол үшін осы заманда қарымтасы бірнеше есе артығымен қайтарылады, әрі келер заманда ол мәңгілік өмірге ие болады, — деп нық айтты. 31 Иса он екі шәкіртін қасына шақырып алып, оларға (Өзінің басынан өткізетіндері туралы) былай деді: — Енді Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Пайғамбарлардың көктен келген Билеуші туралы алдын ала жазып кеткендерінің бәрі сол жерде орындалады: 32 Оны Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап береді. Солар Оны мазақ етіп қорлап, бетіне түкіріп, 33 қамшымен сабалайды, ақырында өлтіреді. Алайда үшінші күні Ол қайта тіріледі! 34 Бірақ шәкірттері Исаның осы айтқанынан ештеңе ұқпады. Бұл сөздерінің мәні олар үшін құпия болғандықтан түсініксіз болып қала берді. 35 Иса Иерихон қаласына жақындап қалғанда, жол жиегінде бір соқыр адам қайыр сұрап отырған еді. 36 Ол қасынан көп кісілердің өтіп бара жатқанын естіп: — Бұл не? — деп сұрады. 37 Жұрт оған: — Назареттік Иса келе жатыр! — деді. 38 Сонда әлгі соқыр: — Дәуіттің Ұрпағы Иса! Маған рақым ете көріңіз! — деп айқайлады. 39 Алда келе жатқандар оған ұрсып, үндемеуге бұйырды. Бірақ ол одан бетер айқайлап: «Дәуіттің Ұрпағы! Маған рақым ете көріңіз!» — деп жалбарынды. 40 Иса тоқтай қалып, оны қасына алып келуге бұйырды. Соқыр адам жақындап келген соң, Иса одан: 41 — Өзіңе не істегенімді қалайсың? — деп сұрады. Ол: — Тақсыр, көзімді көретін етсеңіз екен! — деп өтінді. 42 Иса оған: — Көзің көретін болсын! Сен сенімің арқылы құтқарылдың, — деді. 43 Сол сәтте-ақ соқыр адамның көзі ашылып, көретін болды! Ол Құдайға зор ризашылығын білдіріп Исаға еріп жүрді. Мұны көрген халықтың бәрі Құдайды дәріптеп мадақтады.
1 Иса Иерихонға кіргеннен кейін қаланың ішімен өтіп бара жатты. 2 Сол жерде Зақай есімді кісі бар еді. Ол салық жинаушылардың бастығы әрі бай адам болатын. 3 Зақай Исаның қандай екенін көргісі-ақ келіп еді. Бірақ қаумалаған халық көрсетпеді, себебі ол аласа бойлы болатын. 4 Зақай Исаны көру үшін алға жүгіріп барып, бір тұт ағашына шығып алды. Өйткені Иса сол жолмен өтуге тиіс еді. 5 Сол жерге келгенде Иса ағашта отырған Зақайға қарап: — Зақай, тез төмен түс! Бүгін Мен сенің үйіңде болуым керек, — деді. 6 Ол тез төмен түсіп, Исаны қуана қарсы алды. 7 Мұны көріп тұрған жұрттың бәрі: «Мынау күнәкардың үйіне қонаққа барды!» — деп күңкілдесе бастады. 8 Ал Зақай орнынан тұрып, Иемізге: — Мырза, мал-мүлкімнің жартысын кәріп-қасерлерге үлестіріп бермекпін. Егер біреуді алдап, ақысын жеген болсам, оны төрт есе артығымен қайтаратын боламын, — деді. 9 Сонда Иса: — Бүгін осы үй іші құтқарылды! Бұл адам шын мәнінде Ыбырайым атаның ұрпағынан. 10 Өйткені Мен тура жолдан адасып кеткендерді іздеп, құтқаруға келдім, — деп жауап берді. 11 Халық тыңдап отырғанда Иса бір астарлы әңгімені қоса айтып берді. Себебі Өзі Иерусалимге жақындап қалғандықтан, олар: «Жуырда Құдай өз Патшалығын жерде орнатады» деп ойлады. 12 Сондықтан Иса былай деді: «Бір ақсүйек өз елінің патшалығына тағайындалуы үшін алыс жерге барып, келмекші болыпты. Ол сапарға шықпастан бұрын 13 қол астындағы қызметшілерінің онын шақырып алады. Әрқайсысына бір-бір қадақ күміс үлестіріп беріп: — Мен қайтып келгенше осы қаржымен жұмыс істеңдер! — деп тапсырады. 14 Ал өз елінің азаматтары сол ақсүйекті жек көреді екен. Сондықтан артынан өкілдерін жіберіп: «Оның бізге патша болуын қаламаймыз», — деген арыздарын жөнелтеді. 15 Бірақ әлгі кісі патшалыққа тағайындалады да, еліне қайта оралады. Содан ол күміс берген қызметшілерінің қайсысы қанша табыс тапқанын білу үшін оларды өзіне шақыртады. 16 Сонда біріншісі келіп: — Тақсыр, сіздің бір қадақ күмісіңіз он қадақ табыс келтірді, — деп есеп береді. 17 Патша оны мақтап: — Жарайсың, жақсы қызметшім! Кішкене істе сенімді болдың, енді он қаланың үстінен билеуші бол, — дейді. 18 Екіншісі келіп: — Сіздің бір қадақ күмісіңіз бес қадақ табыс келтірді, — деп есеп бергенде, 19 патша: — Ендеше сен бес қаланың билеушісі бол, — деп бұйырады. 20 Ал үшіншісі келіп, былай дейді: — Тақсыр, мінеки, сіздің қадағыңыз. Оны орамалға түйіп сақтап қойдым. 21 Сізден қорықтым, өйткені қатал адамсыз: өзіңіз салмаған қаржыны иемденіп, екпеген өнімді орасыз. — 22 Патша оған: — Әй, зұлым қызметші! Сені өз аузыңнан шыққан сөздеріңмен үкімдеймін! Менің салмаған қаржыны иемденіп, екпеген өнімді оратын қатал адам екенімді білдің ғой? 23 Олай болса, неге күмісімді айналымға жібермедің? Сонда мен қайтып келгенде оны өсімімен қайтарып алатын едім, — деп жауап береді. 24 Патша қасындағы нөкерлеріне: — Мынадан қадағын алып, он қадақ табыс түсіргенге тапсырыңдар! — деп бұйырады. 25 Олар: — Тақсыр, соның өзінің де он қадағы бар ғой! — дейді. Патша: 26 — Сендерге айтамын: кімде біраз бар болса, соған тағы беріледі. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады. 27 Ал мені өздеріне патша қылуды қаламаған жауларым болса, оларды осында алып келіп, көз алдымда құртыңдар! — дейді». 28 Иса осыны айтып болған соң, шәкірттерін ертіп Иерусалим қаласына бет алып өрлеп жүріп кетті. 29 Зәйтүн тауының беткейіндегі Бетфаге мен Бетания ауылдарына жақындағанда, Иса шәкірттерінің екеуін жұмсап, 30 оларға мынадай тапсырма берді: — Қарсы алдарыңдағы ауылға барыңдар. Оған кірген бойда байлаулы тұрған, әлі ешкім мінбеген бір тайқар есекті көресіңдер. Соны шешіп, алып келіңдер! 31 Егер біреу сендерден: «Бұны неге шешесіңдер?» деп сұрай қалса, оған: «Ол Мырзамызға керек» деп жауап беріңдер! 32 Жұмсаған екі шәкірті барып, Исаның айтқанын тауып алды. 33 Олар жас есектің шылбырын шешіп жатқанда, оның қожайындары: — Тайқарды неге шешесіңдер? — деді. 34 Шәкірттер: — Ол Мырзамызға керек, — деп жауап берді. 35 Олар жас есекті алып келіп, үстіне шапандарын жапқаннан кейін оған Исаны мінгізді. 36 Иса ілгерілеген сайын кісілер жамылғыларын жолға жайып отырды. 37 Осылай Иса жолдың Зәйтүн тауынан төмен түсетін жеріне жақындап қалды. Сонда күллі шәкірттері өздері көрген барлық құдіретті істері үшін зор қуанышпен қатты дауыстап Құдайды мадақтай бастады: 38 «Жаратқан Иенің атынан келе жатқан Патша жарылқанған!» «Көкте амандық пен тыныштық, заңғар аспанда Құдай мадақталсын!» 39 Халық арасынан кейбір парызшылдар Исаға: — Ұстаз, шәкірттеріңізге тыйым салыңыз! — деп наразылық білдірді. 40 Ал Иса: — Сендерге шын айтамын: егер олар үндемесе, онда тастар айқай салар еді, — деп жауап қайырды. 41 Иса Иерусалим қаласына жақындап қалған кезде оған қарап көзіне жас алып былай деді: 42 — Ең болмағанда сен бүгін өзіңді ненің құтқара алатынын білсең ғой шіркін! Бірақ қазір мұны ұға алмайсың. 43 Жауларың саған қарсы бекіністер құрып, қоршап, жан-жақтан қыспақтайтын күндер басыңа туады. 44 Олар сені қиратып, тұрғындарыңды өлтіреді де, күл-талқаныңды шығарып, жермен-жексен етеді. Себебі Құдайдың өзіңді құтқаруға келген кезін түсінбедің. 45 Содан кейін Иса ғибадатхана ауласына кіріп, ондағы сатушыларды қуып шығара бастады. Оларға: 46 «Киелі жазбаларда: «Менің (киелі) үйім мінажат ететін үй болады!» делінген. Бірақ сендер оны «қарақшылар ордасына» айналдырғансыңдар!» — деп қатаң ескертті. 47 Иса күн сайын ғибадатханада халыққа тәлім беріп жүрді. Басты діни қызметкерлер, дін мұғалімдері және рубасылар Оның көзін құртудың жолын іздеді, 48 бірақ бұл мақсатты орындаудың ретін таба алмады. Себебі жұрттың бәрі Исаның қасынан кетпей, Оның сөздерін тыңдайтын.
1 Иса ғибадатханада халыққа тәлім беріп, Ізгі хабарды жариялап жүрген сол күндердің бірінде басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері рубасылармен бірге келіп, 2 Оған: — Айтыңызшы, бұл істерді қандай билікпен істеп жүрсіз? Сізге мұндай билікті кім берді? — деген сауал қойды. 3 Иса оларға: — Мен де сіздерге бір сұрақ қояйын, соған жауап беріңіздер: 4 Жақияның орындаған шомылдыру рәсімі көктің еркімен болып па еді, әлде адамның еркімен бе? — деп жауап қатты. 5 Олар өзара ақылдасып былай десті: — Егер «көктің еркімен» десек, Ол «Ендеше Жақияның уағызына неге сенбедіңіздер?» дейтін болар. 6 Ал егер «адамның еркімен» десек, бүкіл халық бізді тас лақтырып өлтірер. Себебі олар Жақияның пайғамбар екеніне сенеді ғой. — Сондықтан олар: 7 — Кімнің еркімен болғанын білмейміз, — деп жауап берді. 8 Иса оларға: — Олай болса, Мен де сіздерге бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтпаймын, — деп кесіп айтты. 9 Сол кезде Иса халыққа мына астарлы әңгімені айтып берді: — Бір кісі жүзім бағын отырғызады. Оны жүзімшілерге жалға тапсырып, өзі ұзақ уақытқа басқа жаққа сапарға аттанады. 10 Мерзімі жеткенде бақтың иесі оның өнімінен өзіне тиісті үлесін берсін деп жүзімшілерге бір қызметшісін жұмсайды. Бірақ олар оны ұрып-соғып, құрқол қайтарып жібереді. 11 Сонда бақтың иесі басқа бір қызметшісін жұмсайды. Олар оны да ұрып, намысына тиіп қорлап, құрқол қайтарып жібереді. 12 Содан қожайын үшінші қызметшісін де жұмсайды. Алайда жүзімшілер оны да жарақаттап, қуып жібереді. 13 Сонда бақтың иесі: «Енді не істейін? Өзімнің сүйікті ұлымды жіберейін. Мүмкін, оны көріп, қаймығар», — дейді. 14 Бірақ жүзімшілер ұлын көргенде өзара ақылдасып: «Бұл — мұрагер ғой! Кәне, жүріңдер, оны өлтірейік, сонда мұрасы біздікі болады!» — деседі. 15 Олар ұлды бақтың сыртына алып шығып, өлтіріп тастайды. Енді жүзімдіктің иесі оларға не істемек? 16 Ол келіп, жүзімшілерді өлтіріп, бағын басқаларға тапсырмақ. Мұны естіген халық: — Оның бетін аулақ қылсын! — деді. 17 Иса оларға қарап былай деп жауап берді: — Ендеше Киелі жазбалардағы мына сөздердің мағынасы не: «Құрылысшылар менсінбеген Тас енді үйдің басты іргетасына айналды!» 18 Әлгі Тасқа сүрініп құлаған әркім талқандалады, әрі осы Тас үстіне құлағандар жаншылып қалады! 19 Басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері Исаның бұл астарлы әңгімені өздеріне тигізіп айтқанын ұғып, сол кезде-ақ Оны тұтқындамақ болды. Бірақ олар халықтан қорықты. 20 Содан олар Исаны аңдып, Оған әділ болғансып жүретін жансыздарын жіберді. Бұлар Исаға қитұрқы сұрақ қойып, Оны өз сөзінен ұстауға тырысты. Осы арқылы олар Исаны римдік әміршінің билігі мен сотына тапсырмақ болды. 21 Сол жансыздар Исаға мынадай сауал қойды: — Ұстаз, Сіздің адал көңілмен сөйлеп, тәлім беретініңізді білеміз. Ешкімнің де бет-жүзіне қарамай, жұртты шынымен Құдай жолына үйретесіз. 22 Ал енді, Рим патшасына алым-салық төлеуіміз дұрыс па әлде бұрыс па? — 23 Бірақ Иса олардың арам ойларын біліп: — (Мені азғырып сынамақсыңдар, ә?) 24 Маған бір күміс теңгені көрсетіңдерші. Мына сурет пен жазу кімдікі? — деп сұрады. Олар: — Рим патшасынікі, — деп жауап берді. 25 Сонда Иса: — Олай болса, патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер! — деп қорытты. 26 Сонымен олар Исаны халықтың алдында сөзінен ұстай алмады. Қайта, Оның берген жауабына аң-таң болып, үн-түнсіз қалды. 27 Саддукейлер: «Өлімнен қайта тірілу жоқ» дейтін. Содан саддукейлер ұйымының кейбір мүшелері Исаға келіп, мына сұрақты қойды: 28 — Ұстаз, Мұса пайғамбар бізге (Тауратта) мынадай бұйрық жазып қалдырған: Егер біреудің үйленген бауыры артынан бала қалдырмай өлсе, онда сол адам оның жесіріне үйленіп, марқұм бауырына ұрпақ қалдырсын! 29 Бір кезде ағайынды жеті жігіт болды. Солардың тұңғышы үйленіп, артынан бала қалдырмай өлді. 30 Жесіріне екіншісі де, 31 үшіншісі де, осылай басқалары да үйленіп, артынан бала қалдырмай бұ дүниеден өтті. 32 Ең соңында әйел де көз жұмды. 33 Ендеше, қиямет күні қайта тірілгенде сол әйел қайсысынікі болады? Ол жетеуінің де әйелі болған еді ғой! 34 Иса оларға былай деп жауап қайтарды: — Бұ дүниедегілер әйел алады, күйеуге шығады. 35 Ал өлімнен тіріліп, жұмаққа баруға лайықтылар сонда әйел де алмайды, күйеуге де шықпайды 36 және қайтадан өлмейді. (Сол жағынан) олар періштелер іспетті болады. Себебі олар тіріліп, Құдайдың рухани балалары болады. 37 Өлгендердің тірілетінін Мұса да Таурат кітабындағы тікенді бұта туралы бөлімде білдірген. Ол онда Жаратқан Иені «Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайы» деп атаған. (Үшеуі сол кезден көп жыл бұрын дүние салған болатын.) 38 Ал Жаратқан Ие — өлілердің емес, тірілердің Құдайы! Өйткені Оның алдында бәрі де тірі. 39 Кейбір дін мұғалімдері бұған: — Ұстаз, Сіз тауып айттыңыз! — деді. 40 Мұнан кейін Исаға сұрақ қоюға діндарлардың батылдары бармады. 41 Ал Иса оларға мына сұрақты қойды: — Жұрттың Мәсіхті «Дәуіттің Ұрпағы» деулері қалай? 42 Дәуіттің өзі Забур кітабындағы бір жырында: «Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан: 43 Мен жауларыңды табаныңның астына Салып бергенімше отыр оң жағымда», — деген ғой. 44 Сонымен, Дәуіт (пайғамбар) Мәсіхті «Ием» деп атаған соң, қалайша Ол «Дәуіттің Ұрпағы» ғана болады? 45 Бүкіл халық тыңдап тұрғанда, Иса шәкірттеріне былай деп ескертті: 46 — Дін мұғалімдерінен сақтаныңдар! Олар ұзын шапан киіп жүруді әрі базарларда жұрттың өздеріне сәлем беріп құрмет көрсетуін жақсы көреді; сондай-ақ мәжілісханаларда сыйлы орында отырып, қонақасыларда төрге жайғасуды да ұнатады. 47 Сонымен қатар олар жесір әйелдердің үй-жайын ішіп-жеп тауысып, әдейі көзге түсу үшін ұзақ мінажат етеді. Бұлар бәрінен бетер қатаң жазаланатын болады-ау!
1 Иса айналасына қарап, байлардың құдайы сыйлықтарын арнайы сандықтарға салып жатқандарына назар аударды. 2 Сонымен қатар бір бейшара жесір әйелдің жалпы құны төрт теңгелік екі бақырды салғанын да көріп, 3 былай деді: «Сендерге шындығын айтайын: мына бейшара жесір бәрінен де көп салды! 4 Себебі басқалардың бәрі өздерінен артылғанын ғана садақа етсе, бұл әйел өзі бейшара бола тұра, күнелтетін нәрсесінің бәрін аямастан берді». 5 Кейбіреулер ғибадатханаға нұсқап, оның әдемі тастармен салынып, арнайы сый-тартулармен тамаша әшекейленгенін айтты. Иса бұған былай деп жауап берді: 6 — Сендер көріп тұрған мына ғимараттардың қаланған бірде-бір тасы қалмай барлығының да күл-талқаны шығатын күндер туады! 7 Олар Исадан: — Ұстаз, бұл қашан болады? Оның іске асатын кезін қандай белгі білдірмек? — деп сұрады. 8 Исаның жауабы мынау болды: — Сендер алданып, теріс жолға түсіп кетуден сақтаныңдар! Себебі көптеген адамдар Менің атымды жамылып келіп: «(Құтқарушы Мәсіх) Менмін!» және «Ақырзаман жақындап қалды!» дейтін болады. Ондайлардың соңынан ермеңдер! 9 Соғыстар мен көтерілістер туралы естігенде үрейленбеңдер! Алдымен осылар болуға тиісті, бірақ заманның ақыры бір дегеннен бола қоймайды. — 10 Бұдан кейін Иса оларға айтқан сөзін жалғастырып былай деді: — Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады. 11 Түрлі жерлерде қатты жер сілкіністер, ашаршылық және індеттер болады. Аспанда қорқынышты құбылыстар әрі зор ғажайып белгілер көрінбек. 12 Ал осының бәрі іске аспастан бұрын жұрт сендерге Менің жолыма түскендеріңе бола зорлық көрсетеді. Олар сендерді қудалайды, мәжілісхана соттарына ұстап беріп, түрмеге салады және патшалар мен әміршілердің алдына апарады. 13 Осылайша сендер Мен туралы ашық айтуға мүмкіндік аласыңдар. 14 Ал енді, қалай жауап береміз деп алдын ала ойламаймыз деген берік шешім қабылдаңдар! 15 Себебі Мен сендерге жауларың қарсы сөйлеп, дәлел келтіре алмайтындай шешендік пен даналық дарытатын боламын. 16 Сендерді тіпті әке-шешелерің мен бауырларың, туыстарың мен дос-жарандарың да ұстап беріп, кейбіреулеріңді өлімге душар етеді. 17 Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық жұрт сендерді жек көретін болады. 18 Алайда Құдайдың еркінсіз сендер қылдай да қиянат шекпейсіңдер. 19 Табанды болыңдар, сонда шынайы өмірге жетесіңдер! 20 Ал Иерусалим қаласын әскерлер қоршап алғанын көрсеңдер, оның ойрандалатын кезінің жақындап қалғанын білесіңдер. 21 Сонда Яһудея аймағында тұратындар тауларға қашып құтылсын! Иерусалимдегілер қаладан шығып, ал оның маңындағылар қалаға кірмей, қашып кетсін! 22 Себебі сол кез — Құдайдың халықты жазалайтын күндері. Осылайша Киелі жазбаларда бұл туралы жазылғандардың бәрі де жүзеге аспақ. 23 Сол күндері аяғы ауыр және бала емізіп жүрген әйелдер қандай қасіретке ұшырайтын болады! Өйткені осы ел үлкен апатқа душар болып, халықтың басына қаһарлы жаза түспек. 24 Олар қылыштан өледі немесе тұтқындалып, барлық басқа ұлттардың елдеріне айдалады. Құдайға сенбейтін халықтар өз дәурендері өткенше Иерусалим қаласын табандарымен таптап, білгендерін істейтін болады. 25 Күнде, айда, жұлдыздарда ғажайып белгілер пайда болып, жерде теңіздер шулап долданатын болады. Содан халықтар зәрелері ұшып, не істерін білмей дал болмақ. 26 Аспан денелері орындарынан қозғалғандықтан, адамдар қорқып, әлемге төнетін апаттарды күтіп естерінен тана үрейленетін болады. 27 Сол уақытта олар Менің Билеуші ретінде ғаламат құдіретпен, салтанатты ұлылықпен бір бұлтта келе жатқанымды көреді. 28 Сендер бұл оқиғалар бола бастаған кезде бастарыңды көтеріп, жоғары қараңдар, себебі құтқарылуларың жақын! — деді Иса. 29 Содан кейін Иса тыңдап тұрғандарға болашақтағы мына жағдайды түсіндірді: «Інжір ағашы мен барлық басқа ағаштарға қараңдар: 30 жапырақтарының шыға бастағанын көргенде жаздың таяп қалғанын білесіңдер. 31 Сол сияқты, сендер осы оқиғалардың болып жатқанын көргенде, Құдайдың Патшалығының жер бетінде орнайтын кезінің таяп қалғанын білетін боласыңдар. 32 Сендерге шындығын айтайын: осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, мұның бәрі іске асады. 33 Аспан мен жер жойылатын болады, бірақ Менің сөздерім еш жойылмайды. 34 Алайда өздеріңе сақ болыңдар: той-думан жасап, мас болып немесе күнделікті тұрмысты уайымдап, жүректерің шеменденіп кетпесін! Әйтпесе Менің қайта оралатын күнім сендерге қапылыста келеді. 35 Себебі сол күн жер бетінде тұрғандардың бәрінің басына түскен тор сияқты кенеттен туа қалады. 36 Әрқашан сергек болып, сиынып мінажат етіңдер! Осылайша сендер алдағы осы апаттардан құтылуға әрі Билеуші ретінде көктен келген Менің алдымда тұра алуға рухани күш-қуат иемденіңдер». 37 Иса күндіз ғибадатханада тәлім берді, ал кешке қаладан шығып, Зәйтүн тауына барып, сол маңайда түнеп жүрді. 38 Таң ата бүкіл халық Исаны тыңдау үшін ғибадатханаға Оның қасына келетін.
1 Бұл кезде Ашымаған нан мейрамы жақындап қалған еді. Ол Құтқарылу мейрамы деп те аталатын. 2 Басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері Исаның көзін құртудың жолын қарастырды, себебі олар халықтан қорықты. 3 Сонда он екі елшінің біреуі — Яһуда Исқариоттың бойына әзәзіл шайтан кіріп алды. 4 Яһуда (Исаның қасынан) кетіп, басты діни қызметкерлермен және ғибадатхананың бас сақшыларымен кездесіп, Исаны оларға қалай ұстап беру туралы ақылдасты. 5 Олар қатты қуанып, Яһудаға күміс ақша беруге уәде етті. 6 Ол бұған келісіп, Исаны жұрт көзінен таса жерде ұстап берудің қолайлы сәтін аңдыды. 7 Осылай Ашымаған нан мейрамының бірінші күні де жетті. Сол күні әр отбасы ата-бабаларын Құдайдың құтқарғанын еске түсіріп, бір тоқтыны құрбандыққа шалуы қажет болатын. 8 Сондықтан Иса Петір мен Жоханды жұмсап: — Барып, бізге мейрам асын әзірлеңдер, — деді. Олар: 9 — Асты қай жерде әзірлеуімізді қалайсыз? — деп сұрады. 10 Иса оларға былай деп тапсырды: — Тыңдап алыңдар: қалаға кіргендеріңде сендерге құмырамен су алып бара жатқан бір адам кездеседі. Соның артынан еріп, ол кірген үйге сендер де кіріңдер. 11 Үйдің иесіне: «Ұстазымыз сізге сәлем айтып, Маған шәкірттеріммен бірге отырып, мейрам асын ішуге болатын қонақ бөлмеңіз қайда екен деп сұрап жатыр» деңдер. 12 Үй иесі сендерге жоғарғы қабатта орналасқан, еденіне төсеніштер төселген кең қонақ бөлмені көрсетеді. Асты сол жерге дайындаңдар! — 13 Екі шәкірт барғанда, бәрі де Исаның айтқанындай болды. Олар мейрам асын сонда даярлады. 14 Тамақ ішетін уақыт болғанда, Иса елшілерімен бірге дастарқан басына жайғасып, 15 оларға былай деді: — Мен азап шегер алдында мына Құтқарылу мейрамының асын сендермен бірге жеуді қатты аңсап едім. 16 Сендерге шындығын айтайын: Құдайдың Патшалығында құтқарылу толықтай жүзеге асқанша, Мен осы асты бұдан былай жемеймін, — деді. 17 Мұнан кейін Иса қолына тостағанды алды да, шүкірлік етіп, оларға: — Мұны алып, өзара бөлісіңдер. 18 Сендерге айтамын: Құдайдың Патшалығы орнағанша, Мен енді қайтып жүзім шырынынан еш татпаймын, — деді. 19 Содан кейін Иса қолына нан алып, шүкірлік етті. Нанды үзіп, оларға беріп жатып: — Бұл — сендер үшін құрбандыққа берілмек денем. Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер! — деді. 20 Сондай-ақ, кешкі астан кейін тостағанды да алып: — Мына тостаған — сендер үшін төгілмек қаныммен бекітілген Жаңа Келісім, — деді. 21 — Тыңдап алыңдар: Мені өз қолымен ұстап беретін опасыз адам Менімен бірге дастарқан басында отыр! 22 Көктен келген Мен алдын ала белгіленген жолмен жүремін. Алайда Мені ұстап беретін кісі қасіретке қалады! — деді Иса. 23 Шәкірттері: — Мұны істейтін қайсымыз? — деп бір-бірінен сұрай бастады. 24 Сол кезде шәкірттерінің арасында қайсымыздың жолымыз үлкен болуға лайық деген айтыс туған еді. 25 Ал Иса оларға былай деді: — Патшалар қол астындағы елдерді билеп-төстейді, әрі халықтардың үстінен қатаң әмір жүргізушілер тіпті «жақсылық жасаушылар» деп те аталады. 26 Бірақ сендерде ондай болмасын! Керісінше, ең ұлыларың ең кішілеріңдей, басшылық ететіндерің қызмет көрсетушілеріңдей болсын! 27 Қалай ойлайсыңдар, қайсысының жолы үлкен: дастарқан басында отырғанның ба, әлде оған қызмет етушінің бе? Әрине, дастарқан басында отырғанның. Ал Мен араларыңда қызмет етуші іспеттімін. 28 Қиындыққа ұшыраған кездерімде Менімен бірге болған сендерсіңдер. 29 Сондықтан Әкемнің Мені Патша болуға тағайындағаны сияқты, Мен де сендерді билік жүргізуге тағайындаймын: 30 Менің Патшалығымда дастарқанымнан ішіп-жеп, тақтарыңа отырып, Исраилдің он екі руына билік жүргізетін боласыңдар. 31 Иеміз Иса Шимон Петірге: — Шимон, Шимон, сақ бол! Жұрттың бидайды қауызынан ажырататыны сияқты, әзәзіл шайтанға да сендерді сынақтан өткізуге жол берілді. 32 Бірақ Мен сенімің таусылмасын деп сен үшін мінажат еттім. Сен Құдай жолына қайтқаннан кейін бауырластарыңның сенімін нығайтатын бол, — деп ескертті. Ал Петір: 33 — Мырза, мен Сізбен бірге түрмеге де, өлімге де баруға дайынмын! — деді. 34 Бірақ Иса: — Петір, саған шындығын айтайын: осы түні-ақ әтеш шақырғанша, сен «Оны танымаймын» деп Менен үш рет танасың, — деп жауап берді. 35 Содан кейін Иса шәкірттеріне: — Мен сендерді жолға ақша салатын қалта да, жолдорба да, артық аяқкиім де алғызбай жұмсап жібергенімде, бір нәрседен мұқтаждық көрдіңдер ме? — деген сұрақ қойды. Олар: — Жоқ, еш нәрседен мұқтаждық көрген жоқпыз, — деп жауап қайтарды. 36 Сонда Иса оларға былай деді: — Ал енді, кімнің ақша қалтасы болса, соны да, жолдорбасын да алып жүрсін. Кімнің семсері жоқ болса, ол шапанын сатып, семсер алсын. 37 Өйткені сендерге айтамын: пайғамбардың: «Ол қылмыскерлердің қатарында саналды» деп алдын ала айтқан сөзі Менің өмірімде іске асуға тиіс. Мен туралы алдын ала жазылғанның бәрі де орындалады. — 38 Шәкірттері: — Мырза, қараңыз, мұнда екі семсер бар! — дегенде, Иса: — Жетер енді! — деп жауап қайырды. 39 Сол кезде Иса қаладан шығып, дағдылы әдеті бойынша Зәйтүн тауына қарай беттеп бара жатты. Шәкірттері де Оның артынан ілесті. 40 Сол жерге жеткеннен кейін Иса оларға: «Азғырылмау үшін сиынып мінажат етіңдер!» — деп тапсырды. 41 Өзі олардан тас лақтырымдай жерге аулағырақ барып, тізерлеп отырды да, мінажат етіп былай деді: 42 «О, Әкем, егер Сен қаласаң, (қаһарыңа толы) осы «тостағанды» Маған жолатпай алып кете гөр. Бірақ Менің емес, Сенің еркің болсын!» 43 Сонда көктен бір періште келіп, Исаға күш берді. 44 Рухани күресіп қатты қиналған Иса одан бетер сиынып мінажат етті. Оның тері қан тамшыларына ұқсап жерге тамып жатты. 45 Иса сиынуын аяқтаған соң, орнынан тұрды. Шәкірттерінің қасына қайтып келіп, олардың қайғыдан шаршап, ұйықтап қалғандарын көрді. 46 Сонда оларға: «Неге ұйықтап жатырсыңдар? Азғырылмау үшін орындарыңнан тұрып, сиынып мінажат етіңдер!» — деді. 47 Иса әлі де осыны айтып тұрғанда, бір топ адам көрінді. Оларды Яһуда (Исқариот) есімді он екі елшінің біреуі бастап алып келді. Ол Исаға жақындап, Оны сүймекші болды. (Себебі Яһуда қасындағылармен «Кімнің бетінен сүйсем, Ол — Соның Өзі» деп келіскен еді.) 48 Ал Иса оған: «Яһуда! Сен көктен келген Маған бетімнен сүйіп тұрып та опасыздық жасайсың ба?» — деді. 49 Исаның қасындағылар енді не болатынын сезіп: — Мырза, семсермен құртып салайық па? — деп сұрады. 50 Олардың біреуі семсерін бас діни қызметкердің малайына қарай сілтеп қалып, оның оң құлағын шауып түсірді. 51 Бірақ Иса: — Тоқтатыңдар, жетер енді! — деп бұйырып, малайдың құлағына қолын тигізіп, оны сауықтырып жіберді. 52 Иса Өзін ұстауға келген басты діни қызметкерлерге, ғибадатхананың бас сақшыларына және рубасыларға: «Мені тұтқындауға қарақшыға қарсы аттанғандай семсер мен сойыл алып шыққандарыңыз қалай? 53 Күн сайын сіздермен бірге ғибадатханада болғанымда, Маған қарсы қол көтерген жоқсыздар. Ал қазір күндеріңіз туып, қара түнектің күші билігін жүргізіп тұр», — деді. 54 Олар Исаны тұтқынға алып, бас діни қызметкердің сарайына апарды. Петір соларға алыстан ілесіп отырды. 55 Сақшылар сарайдағы ішкі ауланың ортасына от жағып, айналдыра жайғасқанда, Петір де араларына барып отырды. 56 Бір қызметші қыз оның оттың жарығында отырғанын көрді. Оған қадала қарап: — Мынау да Онымен бірге жүретін! — деді. 57 Ал Петір қызға: — Жоқ, Оны білмеймін! — деп мойындамады. 58 Біраздан кейін тағы біреу оны көріп: — Сен де солардың біреуісің! — деді. Бірақ Петір оған: — Жоқ, олай емеспін! — деп жауап қатты. 59 Бір сағаттай уақыт өткен соң тағы бір адам: — Шынымен бұл да Оның қасында жүретін, өзі ғалилеялық қой! — деп нықтап айтты. 60 Алайда Петір сол кісіге: — Не деп тұрғаныңды білмеймін! — деп жауап қайтарды. Ол осыны айтып тұрған сәтте-ақ әтеш шақырды. 61 Сонда Иеміз бұрылып, Петірге қарады. Петірдің есіне Иеміздің «Осы түні-ақ әтеш шақырғанша, сен Менен үш рет танасың» деген сөзі түсті. 62 Содан Петір сыртқа шығып, қатты жылады. 63 Исаны ұстап тұрған адамдар Оны мазақтап, соққылады. 64 Оның бетін бүркеп, ұрып-соғып: «Әй, пайғамбар болсаң, Сені кім ұрды, бізге айтып берші!» — деп келекелей сұрады. 65 Оны тағы басқа көптеген жаман сөздермен де қорлады. 66 Таң атқанда рубасылар, басты діни қызметкерлер және дін мұғалімдері Жоғарғы кеңеске жиналды. Исаны кеңестің алдына әкелдіріп, 67 Оған: — Сен Мәсіхсің бе? Бізге айтып бер! — деген сауал қойды. Иса оларға: — Мен айтсам да, бәрібір сенбейсіздер, 68 сіздерге сұрақ қойсам да, бәрібір жауап бермейсіздер. 69 Ал қазірден бастап Мен Билеуші ретінде Құдіретті Құдайдың оң жағында отыратын боламын! — деп жауап қайтарды. 70 Олардың бәрі: — Сонда Сен Құдайдың рухани Ұлысың ба? — деген сұрақ қойды. Иса: — Менің Сол екенімді өздеріңіз айтып тұрсыздар, — деп жауап берді. 71 Олар: — Бізге тағы қандай куәлік қажет? Мұны Оның өз аузынан естідік қой, — десті.
1 Жоғарғы кеңесте жиналғандардың бәрі орындарынан тұрып, Исаны Пилатқа алып барды. 2 Сонда олар Оны айыптай бастап былай деді: — Біз мына Кісінің халқымызды бүлдіріп жүргенін тексеріп, анықтадық. Ол Рим патшасына салық төлемеңдер деп үгіттеп, Өзін Мәсіхпін, яғни Патшамын, деп жүр! — 3 Сонда Пилат Исаға: — Сен Яһудилердің Патшасысың ба? — деген сұрақ қойды. Иса: — Өзіңіз айтып тұрсыз, — деп жауап берді. 4 Пилат басты діни қызметкерлер мен жиналған халыққа: — Мен бұл Адамнан ешқандай кінә таппай тұрмын, — деді. 5 Бірақ олар одан бетер нығарлап: — Бұл Ғалилеядан бастап осы жерге дейін бүкіл Яһудея бойынша өз ілімін таратып, елді көтеріліске желіктіріп жүр! — деп айыптады. 6 Пилат Ғалилея аймағы туралы естігенде: — Бұл Өзі ғалилеялық па еді? — деп сұрады. 7 Осылай Исаның Ирод (Антипас) билеген Ғалилея аймағынан екенін білген соң, Пилат Исаны сол кісіге жіберді. Өйткені Ирод та бұл күндері Иерусалимде жүрген еді. 8 Ирод Исаны көргеніне қатты қуанды. Себебі ол Иса туралы көп естіген соң, бір керемет көрсетер деп үміттеніп, Оны көптен бері көргісі келіп жүрген еді. 9 Ирод Исаға көптеген сұрақтар қойды, бірақ Ол еш жауап бермеді. 10 Ал басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері сол жерде тұрып, Исаны қатты айыптады. 11 Сонда Ирод жасақшыларымен бірге Оны қорлап мазақтап, үстіне әдемі шапан жауып, Пилатқа қайтарып жіберді. 12 Осы уақытқа дейін қастасып келген Пилат пен Ирод сол күні татуласып, өзара дос бола қалды. 13 Пилат басты діни қызметкерлерді, рубасыларды және халықты шақырып алып, 14 оларға былай деп шешімін айтты: — Мына Адамды халықты бүлдіріп жүр деп, маған алып келдіңіздер. Міне, мен Оны алдарыңызда тергеп, бұл Адамнан сіздер айыптайтындай ешқандай кінә таппадым! 15 Ирод та солай етті, өйткені мен Оны соған жіберген едім. Демек, Ол өлім жазасына кесетіндей ешқандай қылмыс жасаған жоқ. 16 Сондықтан Оны соқтырып, босатып жіберемін. — 17 (Себебі мейрамның құрметіне әміршінің халыққа бір тұтқынды босатып беруі керек болатын.) 18 Бірақ жиналған халық түгелдей: — Ол өлтірілсін! Орнына бізге Бараббаны босатып беріңіз! — деп қатты айқайлап жауап қайтарды. 19 Барабба қалада бүлік шығарып, кісі өлтіргені үшін түрмеге жабылған еді. 20 Пилат Исаны қоя бермекші болып, қайтадан даусын көтере сөйледі. 21 Бірақ олар: — Айқышқа шегеленсін, айқышқа! — деп шулап кетті. 22 Пилат оларға үшінші рет: — Сонда Ол қандай қылмыс жасады? Мен Одан өлім жазасына кесетіндей ешқандай кінә таппай тұрмын. Сондықтан Оған дүремен сабақ беріп, босатып жіберемін, — деді. 23 Бірақ басты діни қызметкерлер мен халықтың көпшілігі бар дауыспен: — Оны айқышқа шегелетіңіз! — деп айқай салып талап ете берді. Ақырында олар айқайларымен дегендеріне жетіп, 24 Пилат талаптары орындалсын деп шешті. 25 Сөйтіп ол бүлік шығарып, кісі өлтіргені үшін түрмеге жабылған адамды олардың сұрауы бойынша босатып жіберді. Ал Исаны тілектеріне сай өлімге кесіп, жасақшылардың қолына тапсырды. 26 Жасақшылар Исаны жазалайтын жерге алып бара жатқанда, даладан қалаға келе жатқан Шимон есімді күренелік кісіге тап болды. Олар Шимонға айқыш ағашты арқалатып, оны Исаның соңынан алып жүруге мәжбүр етті. 27 Исаға өте көп халық ілесіп, көптеген әйелдер жоқтау айтып еңірей жылап келе жатты. 28 Ал Иса оларға бұрылып, былай деді: — Иерусалимнің әйелдері, Мен үшін жыламаңдар, өздерің мен балаларың үшін жылаңдар! 29 Себебі жұрт «Құрсақ көтермейтін, бала сүймеген, емшек емізбеген әйелдер бақытты!» дейтін, азапты күндер келеді. 30 Сол уақытта адамдар тауларға: «Үстімізге құлап түсіңдер!» әрі төбелерге: «Бізді басып, жасырып тастаңдар!» деп жалынатын болады. 31 Егер жасыл ағашқа бұлай істелсе, онда қураған ағашпен не болмақ?! 32 Жасақшылар Исамен бірге екі қылмыскерді де өлтіруге алып бара жатты. 33 Олар «Маңдайтөбе» деген жерге жеткен соң, Исаны айқыш ағашқа керіп шегелеп іліп, көтеріп қойды. Сондай-ақ, сол екі қылмыскерді де, біреуін Исаның оң, екіншісін Оның сол жағына айқыш ағаштарға керіп шегелеп іліп, көтеріп қойды. 34 Сонда Иса (көктегі Әкесіне сиынып): «Әке, оларды кешіре гөр! Олар не істеп жатқандарын түсінбейді», — деді. Ал жасақшылар Исаның киімдерін жеребе тастап өзара бөлісіп алды. 35 Халық сол жерде осының бәріне қарап тұрды. Басшылары тіпті Исаны мазақтап: «Мынау басқаларды құтқарыпты. Егер Ол Мәсіх — Құдайдың Таңдаулысы болса, енді Өзін құтқарып көрсін!» — деп келекеледі. 36 Жасақшылар да Исаның қасына келіп, Оған сірке суын ұсынып: 37 «Егер Яһудилердің Патшасы болсаңыз, Өзіңізді құтқара көріңіз!» — деп Оны табалады. 38 Исаның басынан жоғары айқыш ағашқа «Бұл — Яһудилердің Патшасы» деп (грек, латын және еврей тілдерінде) жазылған тақтайша бекітілген болатын. 39 Айқышқа ілінген екі қылмыскердің біреуі Исаға тіл тигізіп: — Мәсіх болсаң, кәне, Өзіңді де, бізді де құтқар! — деп мысқылдады. 40 Екіншісі, керісінше, оны тоқтатып: — Құдайдан қорықпайсың ба? Өзің де осыған кесілдің ғой. 41 Біздің үкіміміз әділ, істерімізге лайық жаза тартып тұрмыз. Ал Бұл еш жамандық істеген жоқ, — деді. 42 Содан кейін: — Иса, Патшалығыңызға кіргенде мені есіңізге ала көріңіз, — деп өтінді. 43 Иса оған: — Саған шындығын айтамын: бүгін-ақ Менімен бірге жұмақта боласың! — деді. 44 Бұл уақыт тал түстің шамасы еді. Сол кезде күннің жарығы сөніп, бүкіл жерді қараңғылық басты, ол үш сағатқа созылды. Киелі үйдегі шымылдық ортасынан қақ айырылып, екіге бөлінді. 46 Иса қатты дауыспен айқайлап: «Әке, Сенің қолыңа рухымды тапсырамын!» — деді. Мұны айтқаннан кейін жан тәсілім етті. 47 Осы оқиғаларды көріп тұрған жүзбасы: «Бұл шынымен әділ Адам болған!» — деп, Құдайды дәріптеді. 48 Қызық көруге жиналған бүкіл халық болған жайттарды көрген соң, (опық жеп қайғырып) қолдарымен көкіректерін соққылап қалаға қайтты. 49 Исаның барлық таныстары және Ғалилеядан еріп келген әйелдер алысырақ жерден осылардың бәріне қарап тұрды. 50 Жоғарғы кеңестің Жүсіп есімді мүшесі бар еді. Яһудея аймағындағы Ариматея қаласынан шыққан осы ізгі де әділ жан 51 Құдайдың Патшалығының жер бетінде орнауын аңсап күтіп жүрген болатын. Жүсіп Жоғарғы кеңестің қарары мен ісіне келіспеген де еді. 52 Осы кісі Пилатқа барып, Исаның мәйітін қабірге қоюға рұқсат сұрап алды. 53 Содан ол денені айқыштан түсіріп алып, бәтес кебінге орады. Оны жартастан үңгіп жасалған, әлі ешкім қойылмаған бір қабірге апарып қойды. 54 Бұл жұма күнгі кеш, яғни діни демалыс күнінің басталар кезі, еді. 55 Исаға еріп Ғалилеядан келген әйелдер Жүсіпке ілесіп келіп, қабірге де, оның ішіне сүйектің қалай қойылғанына да қарап тұрды. 56 Содан соң әйелдер қалаға қайтып барып, жұпар заттар мен иісмайлар дайындап қойды. Діни демалыс — сенбі күні олар Таурат заңының талабына сай тыныштық сақтап, демалды.
1 Жексенбі күні әлгі әйелдер дайындаған иісмайларын алып, (басқа да әйелдермен бірге) таң сәріде қабірге барды. 2 Сонда жеткенде олар үңгір аузындағы дәу қақпақ тастың домалатылып, былай қойылғанын көрді. 3 Ішке кірген әйелдер Иеміз Исаның сүйегін таба алмады! 4 Олар бұған аң-таң болып тұрғанда, киімдері найзағайдай жарқыраған екі ер адам кенеттен қастарына келіп, тұра қалды. 5 Әйелдер үрейленіп, жерден көздерін алмай тұрғанда, әлгі екі кісі оларға үн қатып: «Тіріні өлілердің арасынан неге іздейсіңдер? 6 Ол мұнда жоқ, қайта тіріліп кетті! Оның Ғалилеяда жүрген кезінде сендерге алдын ала айтқандарын естеріңе түсіріңдер: 7 көктен келген Билеуші күнәкар адамдарға ұстап беріліп, айқышқа шегеленіп өлтірілуге, алайда үшінші күні қайта тірілуге тиіс екенін Өзі алдын ала білдірген еді ғой», — деді. 8 Сонда Исаның айтқан сөздері олардың естеріне түсті. 9 Қабірден қайтып келгенде олар бұл оқиғаны Оның он бір елшісі мен барлық басқа шәкірттеріне түгелдей хабарлады. 10 Мұны елшілерге айтқан — мағдалалық Мәриям, Жоханна, Жақыптың шешесі Мәриям және олармен бірге болған басқа әйелдер еді. 11 Бірақ елшілер бос сөз деп, олардың айтқандарына сенген жоқ. 12 Ал Петір орнынан тұра сала қабірге жүгіріп барды. Ол үңгірдің ішіне еңкейіп қарағанда жерде жатқан кебінді ғана көрді де, болған оқиғаға таңғалып, қайта оралды. 13 Тап сол күні шәкірттердің екеуі Иерусалимнен он бір шақырымдай қашықтықтағы Еммаус деген ауылға бара жатып, 14 осы оқиғалар туралы әңгімелесті. 15 Олар өзара сөйлесіп, пікір алысып бара жатқанда, Исаның Өзі жақындап келіп, екеуіне қосылды. 16 Бірақ олар Оны тани алмады. 17 — Сендер не туралы әңгімелесіп (қайғыланып) келе жатырсыңдар? — деп сұрады Ол. Олар тұнжырап тұрып қалды. 18 Клеопа есімді біреуі Оған: — Иерусалимге келген, бірақ осы күндері онда не болғанынан еш хабары жоқ жалғыз Сіз шығарсыз? — деді. 19 Иса: — Не болған еді? — деп сұрады. Олар былай жауап берді: — Назареттік Исамен болған нәрсені айтамыз. Ол Құдай алдында да, бүкіл халық алдында да сөзімен де, ісімен де құдіретті Пайғамбар болды. 20 Алайда біздің басты діни қызметкерлер мен рубасыларымыз Оны өлімге кестіру үшін ұстап беріп, айқышқа шегелетіп өлтіртті. 21 Ал біз, Исраил елін Құтқарушы — Сол деп үміттенген едік. Бұған қоса, барлық осы оқиғалардың болғанына бүгін үшінші күн. 22 Бірақ арамызда жүрген бірнеше әйел бізді қатты таңғалдырды: олар ертемен қабірге барып, 23 Оның мәйітін таппапты! Қайтып келгенде сол әйелдер көздеріне періштелердің көрініп, өздеріне: «Ол тірі!» дегендерін айтып берді. 24 Содан арамыздағы кейбір ер адамдар қабірге барып, оның әйелдер айтқандай бос екенін көріпті! Алайда олар Исаның Өзін көрген жоқ. — 25 Сонда Ол: — Ей, түйсіксіз, жүрегі шеменденген шабандарым-ай! Пайғамбарлардың алдын ала айтқандарының бәріне шын жүректен сенбегенсіңдер! 26 Мәсіх Өзінің салтанатты ұлылығына енуінен бұрын осындай азаптарды көруге тиіс емес пе еді?! — деп, 27 оларға Мұса мен бүкіл басқа пайғамбарлардан бастап, Киелі жазбалардың бәрінде Өзі туралы айтылғандарды түсіндірді. 28 Олар бара жатқан ауылға жақындағанда, Иса тоқтамай жүре беретін сыңай танытты. 29 Бірақ екі шәкірт: — Бізбен бірге бола көріңіз! Күн кеш болды, көп ұзамай қараңғы түседі, — деп қадала өтінді. Сонда Ол үйге кіріп, екеуімен бірге қалды. 30 Дастарқан басына бірге жайғасқан соң Иеміз Иса қолына нанды алып, шүкірлік етіп, үзіп берді. 31 Сонда екі шәкірттің көздері ашылып, Оны таныды. Бірақ Ол кенеттен көздеріне көрінбей қалды. 32 Олар біріне-бірі: «Ол жолшыбай бірге келе жатып, бізге Киелі жазбалардың мәнін ашып бергенде, жүректеріміз жалындап кеткен жоқ па еді?» — десті. 33 Сол сәтте орындарынан тұрып, Иерусалимге қайтып, сонда жиналған он бір елшіні де, олардың қасындағы өзге сенушілерді де кездестірді. 34 Олар: — Иеміз шынында да қайта тіріліп, Шимонға көрінді! — деді. 35 Ал ана екеуі жолда не болғанын және дастарқан басында нанды үзген кезінде өздерінің Иеміз Исаны қалай танығандарын айтып берді. 36 Екі шәкірт осыны айтып тұрғанда, Мәсіх Исаның Өзі жиналғандардың орталарына келіп, тұра қалды да, оларға: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын!» — деп батасын берді. 37 Шәкірттері қатты абыржып қорқып, елес көріп тұрмыз деп ойлады. 38 Бірақ Иеміз: «Неліктен абыржып тұрсыңдар? Көңілдеріңде неге сондай ой туады? 39 Қол-аяғыма қараңдар: бұл — Менің Өзім. Маған қол тигізіп денемнің шынайы екеніне көз жеткізіңдер! Елестің еті мен сүйегі болмайды ғой», — деді де, 40 оларға Өзінің қол-аяғын көрсетті. 41 Шәкірттері қуаныштан әлі де сенбей таңырқап тұрғанда, Мәсіх: «Жейтін бір нәрселерің бар ма?» — деп сұрады. 42 Олар қуырылған балықтан бір үзіп берді. 43 Иса оны алып, көздерінше жеді. 44 Содан кейін Мәсіх Иса: «Сендермен бірге жүрген кезімде өздеріңе айтқан сөздерім мынау болатын: Мұсаның Таурат кітабында, Пайғамбарлардың жазбаларында және Забурда Мен туралы жазылғандардың бәрі орындалуға тиіс, — деп, 45 Киелі жазбаларды түсінуге олардың саналарын оятты. Тағы сөзін жалғастырып: 46 — Былай деп жазылған ғой: Мәсіх азап шегіп өліп, үшінші күні қайта тірілуге тиіс. 47 Оның атынан Иерусалимнен бастап барлық ұлттарға да теріс жолдан қайтқан адамдардың күнәларын Құдай кешіреді деген Ізгі хабарды жариялау да қажет. 48 Сендер осы жайттарды өз көздеріңмен көрген куәгерлерсіңдер. 49 Міне, Мен Әкем уәде еткен Киелі Рухын сендерге жіберемін. Ол көктен түсіп, сендерді Өзінің құдіретіне бөлегенше Иерусалимде болыңдар!» — деді. 50 Мұнан соң Мәсіх сенушілерді қаладан шығарып, Бетанияның маңына ертіп барды. Сол жерде қолын жайып оларға батасын берді. 51 Батасын беріп тұрғанда олардан бөлініп, көкке көтеріліп кетті. 52 Сенушілер Мәсіхке тағзым етіп құрмет көрсетті, бұдан кейін зор қуанышпен Иерусалимге қайта оралды. 53 Содан бастап ұдайы ғибадатханада болып, Құдайды мадақтап дәріптеп жүрді. (Аумин)
1 Әуел баста Сөз болатын, Сөз Құдайда болатын, Сөз Құдай еді. 2 Сөз әуелден-ақ Құдайда болатын. 3 Құдай бәрін Сөз арқылы жаратқан, жаратылған ештеңе де Онсыз пайда болмаған. 4 Сөз өмірдің бастауы болған. Сол өмір адамзат үшін Нұр еді. 5 Нұр түнекте жарқырайды, ал түнек Нұрды жеңе алған емес. 6 Құдай жіберген Жақия есімді адам болды. 7 Жақия Нұрдың куәсі болып, барлық адамдарды өзінің куәлігі арқылы Нұрға сендіру үшін келді. 8 Жақияның өзі Нұр емес еді, ол Нұр туралы хабарлау үшін келген болатын. 9 Әр адамға сәулесін түсіретін шынайы Нұр бұл дүниеге келе жатты. 10 Ол бұл дүниеде бар еді, бірақ әлемді жаратқан Сол болса да, адамдар Оны таныған жоқ. 11 Өзі таңдап алған халқына келгенімен, олар Оны қабылдамады. 12 Бірақ Оны қабылдап, Оған сенім артқандардың бәрін Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты етті. 13 Бұлар табиғи жолмен, пенденің қалауы бойынша бұл дүниеге келгендіктен емес, Құдай оларға шынайы өмір бергендіктен ғана Оның рухани балалары болды. 14 Сөз адамға айналып, арамызда өмір сүрді. Сонда біз Әкенің жалғыз рухани Ұлының асқан ұлылығын көрдік: Ол рақымдылық пен шындыққа толы еді. 15 Жақия пайғамбар Ол туралы дауыстап куәлік етіп: — Менен кейін Келе Жатқанның жолы менен үлкен, өйткені Ол мен тумастан бұрын бар болатын деген Кісім Осы, — деді. 16 Оның шексіз рақымынан бәріміз молынан жарылқанып келеміз. 17 Құдай ата-бабаларымызға Таурат заңын Мұса пайғамбар арқылы берді, ал рақым мен шындық бізге Иса Мәсіх арқылы жетті. 18 Құдайды ешкім ешқашан көзімен көрген емес. Әкесімен тығыз байланыстағы жалғыз рухани Ұлы бізге Оны жақыннан танытты. 19 Жақия былай деп куәлік берген еді: яһудилердің басшылары діни қызметкерлер мен леуілік көмекшілерді Иерусалим қаласынан Жақияға жіберіп, «Сен кімсің?» — деп сұратты. Сонда ол жауап беруден бас тартпай: 20 — Мен (Құдай жіберемін деп уәде берген Құтқарушы) Мәсіх емеспін, — деп ашық айтты. 21 Олар: — Онда сен кімсің? (Мәсіхтен бұрын қайтып келуге тиісті) Ілияс пайғамбарсың ба? — деп сұрады. Жақия: — Жоқ, ол емеспін, — деді. — Мүмкін, сен (Мұса Құдай жібереді деген) пайғамбар шығарсың? — Жақия: — Жоқ, — деп жауап қатты. 22 Олар: — Бізді жібергендерге жауап беруіміз үшін кім екеніңді айтшы! Өзің туралы не дейсің? — деп сұрады. 23 Жақия: — Ишая пайғамбар «Жар салған дауыс шығады айдалада: Жаратқан Иеге түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!» деп алдын ала айтып кеткен болатын. Жар салған сол хабаршы менмін, — деп жауап қайырды. 24 Сонда парызшылдар тобынан жіберілген кісілер де болды. 25 Олар Жақияға сұрақ қойып: — Егер сен не Мәсіх, не Ілияс, не келуге тиісті пайғамбар болмасаң, неліктен адамдарды (Құдай жолына түсіріп) суға шомылдыру рәсімінен өткізесің? — деді. 26 Жақия оларға: — Мен тек суға шомылдыру рәсімін ғана орындаймын. Ал араларыңда сендер танымайтын Біреу тұр. 27 Ол менен кейін келе жатыр, бірақ мен Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын, — деп жауап берді. 28 Бұл оқиға Жақия шомылдыру рәсімін орындап жүрген Иордан өзенінің шығысындағы Бетанияда болды. 29 Келесі күні Жақия өзіне қарай келе жатқан Исаны көріп: — Қараңдар, Мынау — Құдайдың құрбандыққа жіберген «Тоқтысы»! Ол адамзаттың күнәсін өз мойнына артып, сол үшін жанын қияды. 30 «Менен кейін Біреу келе жатыр, Оның жолы менен үлкен, өйткені Ол мен тумастан бұрын бар болатын» дегенімде, Сол туралы айтқан едім. 31 Бұрын мен де Оның шынымен кім екенін білмейтін едім. Бірақ Оны Исраил халқына таныстырып, адамдарды шомылдыру рәсімінен өткізу үшін осы жерге келдім, — деді. 32 Содан кейін Жақия куәлік етіп: — Мен Киелі Рухтың көгершін бейнесінде көктен түсіп, Исаға қонғанын көрдім. 33 Исаны бұрын шынымен танымайтын едім. Бірақ мені шомылдыру рәсімін орындауға жіберген Құдай маған: «Сен Киелі Рухтың Біреуге қонғанын көргенде, Киелі Рухқа Шомылдырушының Соның Өзі екенін білесің» деген болатын. 34 Мен Киелі Рухтың Исаға қонғанын көріп, Оның Құдайдың рухани Ұлы екеніне куәгер болдым, — деді. 35 Келесі күні Жақия мен оның екі шәкірті тағы сол жерде тұрды. 36 Ол қастарынан өтіп бара жатқан Исаны көріп: «Қараңдар, Мынау — Құдайдың құрбандыққа жіберген Тоқтысы!» — деді. 37 Екі шәкірті Жақияның айтқанын естіп, Исаның соңынан ере бастады. 38 Иса бұрылып, олардың Өзіне ергенін көріп: — Сендер не іздеп жүрсіңдер? — деді. Олар Исадан: — Раббы! — арамей тіліндегі мағынасы «Ұстаз!» — Сіз қайда тұрып жатырсыз? — деп сұрады. 39 Иса: — Келіңдер де көріңдер! — деді. Олар келіп, Исаның тұрған жерін көрді де, сол күні Онымен бірге болды. Уақыт түстен кейінгі сағат төрттің шамасы еді. 40 Жақиядан Иса туралы естіп, Оған ерген екеудің бірі Шимон Петірдің інісі Әндір еді. 41 Ол ең алдымен ағасы Шимонды тауып алып: — Біз Мәсіхтің Өзін таптық! — деді. Ал «Мәсіх» Құдай тағайындаған Құтқарушы Патша дегенді білдіреді. 42 Содан кейін Әндір Шимонды Исаға ертіп келді. Иса Шимонға қарап: — Сен Жоханның ұлы Шимонсың. Бұдан былай Кефа деп аталасың, — деді. Кефа грекше — Петір, яғни «Тас». 43 Келесі күні Иса Ғалилея аймағына бармақшы болды. Иса Філіпті тауып, оған: «Менің шәкіртім болып соңымнан ер», — деді. 44 Філіп те Әндір мен Петір тұратын Бетсайда қаласынан еді. 45 Філіп Натанайылды тауып алып, оған: — Біз Мұса Тауратта жазған, басқа пайғамбарлар да өз жазбаларында айтып кеткен Мәсіхті таптық! Ол — назареттік Жүсіптің ұлы Иса! — деді. 46 Бірақ Натанайыл: — Сол Назареттен не жақсылық шығар дейсің? — деп жауап қатты. Філіп оған: — Келіп, өзің көр! — деді. 47 Иса өзіне қарай келе жатқан Натанайылды көргенде: — Мынау — қулық-сұмдығы жоқ, нағыз исраилдік, — деді. 48 Натанайыл: — Сіз мені қайдан білесіз? — деп сұрады. Иса: — Сені Філіп шақырмай тұрып, інжір ағашының астынан көріп едім, — деді. 49 Натанайыл (өзін Исаның інжір ағашының қалың жапырағының астынан көре алғанына қайран қалды да): — Ұстаз, Сіз Құдайдың рухани Ұлысыз, Исраилдің Патшасысыз! Соған көзім жетті, — деп жауап берді. 50 Иса оған: — Мен «сені інжір ағашының астынан көрдім» дегенді ғана айтқанда, Маған сендің. Әлі бұдан да зорды көресің! — деді. 51 — Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: бұдан былай көктің ашылғанын көресіңдер! Сонда Құдайдың періштелері көкке көтеріліп кетіп әрі Құдай тағайындаған Билеуші — Маған түсіп келіп тұратын болады.
1 Екі күннен кейін Ғалилея аймағының Қана қаласында бір үйлену тойы болды. Исаның шешесі сонда еді, 2 Иса да шәкірттерімен бірге шақырылды. 3 Шарап таусылып қалып, Исаның шешесі Оған: — Олардың шарабы қалмады, — деді. 4 Иса: — Апа, Маған оны не үшін айтасыз? (Керемет жасау үшін көктегі Әкем белгілеген) уақытым әлі келген жоқ, — деп жауап берді. 5 Дегенмен шешесі қызметшілерге: «Ол не айтса, соны істеңдер!» — деп тапсырды. 6 Сол жерде яһудилердің дәстүрі бойынша діни тазару салтына арналған, ішіне он шелектей су сыятын алты тас күбі тұр еді. 7 Иса қызметшілерге: «Күбілерді суға толтырыңдар!» — деген тапсырма берді. Олар күбілерді суға ернеулете толтырды. 8 «Аздап алып, асабаға апарыңдар!» — деді Иса. Олар апарып беріп, 9 асаба шарапқа айналған әлгі суды татып көрді. Бірақ асаба оның қайдан екенін білген жоқ, мұны тек суды шөміштеп алған қызметшілер ғана білетін. Асаба таңғалды да, күйеу жігітті шақыртып алып: 10 «Әркім алдымен жақсы шарабын құяды, қонақтар қызып алған кезде оның төмендеу түрін береді. Ал сен ең жақсысын осы уақытқа дейін сақтап қойыпсың!» — деді. 11 Осылай Иса кереметтерінің алғашқысын Ғалилеядағы Қана қаласында жасап, Өзінің ұлылығын көрсетті. Содан шәкірттері Оған сенді. 12 Мұнан кейін Иса шешесі, інілері және шәкірттерімен бірге Қапарнаумға барып, сол қалада бірнеше күн тұрды. 13 Яһуди халқының Құтқарылу мейрамы жақындағанда, Иса Иерусалим қаласына өрлеп барды. 14 Ғибадатхана алаңында Ол (құрбандыққа шалынатын) бұқа, қой, көгершін сатушыларға және шетелдік ақшаны (зекет беру үшін жергілікті ақшаға) айырбастаушыларға назар салды. 15 Сосын Иса арқаннан қамшы өріп алып, сатушылардың бәрін қой, бұқаларымен бірге ғибадатхана ауласынан қуып шықты. Айырбастаушылардың ақшаларын шашып, үстелдерін аударып тастады. 16 Иса көгершін сатушыларға бұрылып: — Мыналарыңды бұл арадан алып кетіңдер! Көктегі Әкемнің киелі үйін базарға айналдырмаңдар! — деп бұйырды. 17 Сонда «Киелі үйіңнің қамын жеп, азапқа түсем» деп (Забурда алдын ала) жазылған сөздер шәкірттерінің естеріне түсті. 18 Ал яһуди басшылары Оған: — Осыны істеуге қақыңның барын қандай кереметпен дәлелдемексің? — деген сұрақ қойды. 19 Иса оларға: — Мына киелі үйді бұзыңдар, Мен оны үш күнде қайта тұрғызамын, — деп жауап қатты. 20 Яһудилер: — Бұл киелі үй қырық алты жыл бойы салынды. Ал Сен оны үш күннің ішінде қайта тұрғызбақшымысың? — деді. 21 Бірақ Иса «киелі үй» дегенде Өзінің денесі туралы айтқан еді. 22 Сондықтан Иса өлімнен қайта тірілген кезде шәкірттері Оның осылай дегенін естеріне түсіріп, Киелі кітапта жазылған және Исаның Өзі айтқан пайғамбарлық сөздерге сенді. 23 Құтқарылу мейрамы кезінде Иса Иерусалимде болғанда, Оның жасаған кереметтерін көрген көптеген адамдар Оған сенді. 24 Алайда бәрінің ойы мен ниеті құбылмалы екенін біліп, Иса оларға сене қоймады. 25 Ол адам баласының көңіліндегісін толық білгендіктен, біреудің Өзіне ол туралы мәлімет беруін қажет етпеді.
1 Парызшылдар арасында яһуди халқының Нікөдем есімді басшысы бар еді. 2 Ол Исаға түнде келіп: — Ұстаз, Сіздің Құдайдан келген мұғалім екендігіңізді білеміз. Себебі Сіз жасаған керемет істерді Құдайдың қолдауынсыз ешкім де орындай алмайды, — деді. 3 Иса: — Саған өте маңызды шындықты айтып тұрмын: кімде-кім қайтадан туылмаса, Құдайдың Патшалығын көре алмайды, — деді. 4 Нікөдем: — Есейген адам қалайша қайта туылады? Шешесінің құрсағына еніп, екінші рет дүниеге келуі мүмкін бе? — деп сұрады. 5 Иса: — Саған өте маңызды шындықты айтайын: кімде-кім судан және Киелі Рухтан туылмаса Құдайдың Патшалығын көре алмайды. 6 Тәннен — тән, Рухтан — рух туады. 7 Менің «қайтадан туылуға тиіссіңдер» дегеніме таңданба! 8 Жел қалаған жерінде соғады: оның гуілін естисің, бірақ қайдан келіп, қайда кеткенін білмейсің. Киелі Рухтан туылған әр адамның басынан өткені де осыған ұқсас, — деді. 9 Нікөдем: — Бұл қалай болады? — деп сұрағанда, 10 Исаның жауабы мынау болды: — Исраилдің дін мұғалімі бола тұра, осыны білмейсің бе? 11 Саған өте маңызды шындықты айтайын: біз білгеніміз туралы сөйлеп, көргеніміз туралы куәлік етеміз, ал сендер айтқандарымызды қабыл алмайсыңдар. 12 Мен сендерге жерде болып жатқандарды айтқанда сенбейсіңдер, ал егер көктегі рухани нәрселер туралы сөйлесем, қалай сенбексіңдер? 13 Көктен келген Билеушіден басқа ешкім көкке шыққан жоқ, (Ол — көкте тұрушы). 14 Мұса пайғамбар айдалада мыс жыланды жоғары көтеріп қойған. Дәл солай көктен келген Билеуші де көтеріліп қойылуға тиіс. 15 Сонда Оған сенуші әркім мәңгілік өмірге ие болады. 16 Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады. 17 Құдай Өзінің рухани Ұлын адамзатты соттауға емес, құтқаруға жіберді. 18 Оған сенушілер қияметте сотталмайды. Ал Құдайдың жалғыз рухани Ұлына сенбейтіндер әлдеқашан сотталған. 19 Соттың мәні мынадай: «Құдайдың Нұры» жерге келді, бірақ адамдар Одан гөрі түнекті жақсы көрді, себебі олардың істері жаман еді. 20 Жамандық істеген әркім Нұрды жек көреді және жасаған істері әшкереленбес үшін Нұрға жоламайды. 21 Ал шындыққа сай өмір сүретін әркім өз істерінің Құдайдың көмегімен жасалғандығы көрініп тұрсын деп Нұрға шығады. 22 Бұдан кейін Иса шәкірттерімен Яһудея аймағына барды. Сонда біраз уақыт олармен бірге болып, теріс жолдан қайтқан кісілерді шомылдыру рәсімінен өткізді. 23 Жақия пайғамбар да Сәлім қаласына жақын Енонда осы рәсімді орындап жүрді, өйткені ол жерде су мол еді. Көп адамдар оған келіп, рәсімнен өтті. 24 Сол кезде Жақия әлі де түрмеге жабылмаған болатын. 25 Осы уақытта Жақияның шәкірттері мен өзге бір яһудидің арасында діни тазару салттары туралы айтыс туды. 26 Олар Жақияға келіп: — Ұстаз, өткенде Иорданның арғы жағында сізбен бірге болған Адамға өзіңіз жақсы куәлік берген едіңіз. Ал енді Ол да шомылдыру рәсімін орындауда. Жұрттың бәрі Соған барып жатыр! — деді. 27 Жақияның жауабы мынау болды: — Құдай бермесе, ешкім еш нәрсе ала алмайды. 28 «Мен Мәсіхтің Өзі емеспін, тек Оның алдынан жіберілген хабаршысы ғанамын» деп айтқаныма сендер өздерің куәсіңдер. 29 Қалыңдығы бар кісі — күйеу жігіт қой. Оны күтіп тұрған досы даусын естіп, қуанады. Қазір менің қуанышым қойныма сыймай тұр. 30 Мәсіхтің беделі артуға, ал менікі төмендеуге тиіс. 31 Көктен келген Ол бәрінен де ұлы. Жерден пайда болған мен жердікімін, сондықтан жердің тұрғысынан сөйлеймін. Көктен келген Мәсіх бәрінен де үстем! 32 Ол Өзінің көкте көріп, естігендеріне куәлік етеді. Алайда Оның шынайы хабарын көпшілік қабылдамайды. 33 Бірақ соны қабылдағандар Құдайдың Өзін шындық деп мойындайды. 34 Құдай жіберген Мәсіх Оның хабарын жариялайды, өйткені Құдай Оған Киелі Рухын шексіз береді. 35 Әкесі Ұлын сүйіп, Оның қолына бар билікті тапсырған. 36 Құдайдың рухани Ұлына сенушілер мәңгілік өмірге ие. Ал Оны тыңдамағандар шынайы өмірді көрмей, Құдайдың төніп тұрған қаһарына ұшырайды.
1 Иса Жақиядан гөрі көбірек шәкірттер тауып, шомылдыру рәсімінен өткізіп жатыр деген хабар парызшылдарға жетті. 2 Шынында оны істеп жүрген Исаның Өзі емес, шәкірттері еді. 3 Сондай хабардың парызшылдарға жеткенін білген Иеміз Иса Яһудея аймағынан Ғалилеяға қайта оралды. 4 Құдайдың еркімен Иса Самария аймағы арқылы жол жүруге тиісті болды. 5 Осылай Ол Самариядағы Сихар қаласына келді. Бұл қала (ежелде Исраил халқының түп атасы) Жақыптың өз ұлы Жүсіпке мұра етіп қалдырған жеріне жақын орналасқан. 6 Сол жерде «Жақыптың құдығы» бар еді. Жол жүріп шаршаған Иса құдықтың қасына отыра кетті. Түс мезгілі болатын, 7 ал шәкірттері қалаға тамақ алуға кеткен еді. Сол кезде құдықтан су алу үшін самариялық бір әйел келді. Иса одан: — Маған ішетін су берші, — деп сұрады. 9 Самариялық әйел таңғалды. Себебі яһудилер (діни сенім бойынша арамданбау үшін) самариялықтармен араласпайды. Сондықтан әйел: — Өзің яһуди бола тұра, қалайша менен, самариялық әйелден, су сұрайсың? — деген сауал қойды. 10 Иса: — Егер Құдайдың өзіңе не сыйлағысы келгенін және су сұраған Адамның кім екенін білсең, сен Оның Өзінен су сұрар едің. Сонда Ол саған «өмір суын» берер еді, — деп жауап қатты. 11 — Мырза, құдықтан су алатын Сіздің ыдысыңыз жоқ, ал құдық терең ғой. Онда сол өмір суын қайдан аласыз? 12 Мына құдықты қалдырған арғы атамыз Жақыптан да ұлысыз ба? Өзі де, балалары да, малы да одан су ішкен, — деді әйел. 13 Иса оған былай деді: — Мына судан ішкен адам тағы шөлдейді. 14 Ал кімде-кім Мен беретін «судан» ішсе, ол мәңгі бақи шөлдемейтін болады. Мен беретін «су» оның ішінде мәңгілік өмір сыйлайтын, бұрқылдап жатқан «қайнарға» айналады. — 15 Сонда әйел: — Мырза, бұдан былай шөлдеп, су алуға мұнда келе бермеуім үшін маған осы судан беріңізші! — деп өтінді. 16 Иса оған: — Барып, күйеуіңді шақыр, өзің де кел! — деді. 17 — Менің күйеуім жоқ, — деді әйел. Ал Иса оған: — Күйеуім жоқ деп шыныңды айттың. 18 Бес рет күйеуге шыққансың, ал қазіргің күйеуің емес. Мұны дұрыс айттың, — деп жауап берді. 19 Сонда әйел: — Мырза, Сіздің пайғамбар екеніңізге көзім жетіп тұр! 20 Ал енді, біздің ата-бабаларымыз Тәңір Иеге мына таудың басында сиынып мінажат еткен, ал сіздер сиынатын орын Иерусалимде болуға тиіс дейсіздер, қайсысы дұрыс? — деп сұрады. 21 Иса оған былай деді: — Айтқаныма илан: көктегі Әкеге не осы таудың басында, не Иерусалимде сиынбайтын замандарың келе жатыр. 22 Сендер өздерің білмейтін Біреуге табынып келесіңдер, ал біз Кімге ғибадат етіп жүргенімізді білеміз, өйткені Құдай яһудилер арқылы адамзатты құтқармақ. 23 Нағыз сиынушылардың Құдайдың Рухына кенеліп, Әкеге шындап мойынсұнып сиынатын уақыты болады, ол тіпті жетіп те қалды: Әке Өзіне осылай мойынсұнып сиынушыларды қалайды. 24 Құдайдың Өзі — Рух. Сондықтан Оған сиынатындар Оның Рухына кенеліп, шындықпен сиынуға тиіс. — 25 Сонда әйел: — Мәсіх деген Құтқарушы Патшамыздың келетінін білемін. Ол келгенде бізге бәрін ашық айтып береді, — деді. 26 Иса: — Сенімен сөйлесіп тұрған Мен Соның Өзімін, — деп әйелге жауап берді. 27 Сол арада шәкірттері қайтып келіп, Исаның бір әйелмен сөйлесіп отырғанына таңғалды. Бірақ ешқайсысы «Одан нені сұрайсыз?» немесе «Онымен неге сөйлесесіз?» деп сұраған жоқ. 28 Әйел су алатын ыдысын қоя салып, қалаға қайта оралды да, жұртқа: 29 «Жүріңдер, менің құпия іс-әрекеттерімнің бәрін дәл айтып берген Кісіні көріңдер! Ол Құдай жіберген Мәсіх емес пе екен?» — деді. 30 Сонда жұрт қаладан шығып, Исаға қарай бет алды. 31 Осы екі арада шәкірттері: — Ұстаз, тамақ ішіп алыңыз, — деп өтінді. 32 Ал Иса: — Менің сендер білмейтін «тамағым» бар, — деді. 33 Шәкірттері: — Оған біреу тамақ әкеп берген бе? — десті. 34 Иса оларға астарлап былай деді: — Өзімді Жібергеннің еркін іске асырып, Оның тапсырғанын толық орындау Маған «нәр» болады. 35 Сендер «төрт айдан кейін егін орамыз» дейсіңдер. Ал Мен сендерге былай деймін: көздеріңді ашып, егіндіктерге қараңдар, олар жинауға дайын пісіп тұр. 36 Қазір-ақ орушылар жалақыларын алып, мәңгілік өмірге арналған өнімді жинап жатыр. Осылай егінді еккен де, жинаған да бірге қуанады. 37 «Біреу еккенді біреу орады» деген мақал осы жағдайда рас болып тұр. 38 Мен сендерді Маған адам әкелу үшін өздерің еңбек етпеген жерге жұмсадым. Басқалар жұмыс істеді, ал олардың еңбегінің жемісін сендер көріп жатырсыңдар. 39 Сол қаладағы самариялықтардың көпшілігі әлгі әйелдің «Ол менің құпия іс-әрекеттерімнің бәрін дәл айтып берді» деп куәлік еткен сөзі арқылы Исаға сене бастаған еді. 40 Сондықтан олар Исаның қасына келгенде, Оның өздерімен бірге қалуын өтінді. Содан Иса екі күн осы жерде болды. 41 Оның сөзін естігенде, тағы көбірек кісілер Исаға сенді. Олар әйелге: 42 — Біз енді тек сенің айтқаның бойынша сеніп қоймай, Оның сөзін өзіміз естіп, шынында дүниені Құтқарушы Осы екеніне көз жеткіздік, — деді. 43 Екі күннен кейін Иса сол жерден әрі қарай Ғалилеяға кетті. 44 Ал Оның Өзі: «Өз елінде пайғамбардың қадірі болмас», — деп ашық айтқан еді. 45 Бірақ Иса Ғалилеяға келгенде, ғалилеялықтар Оны жылы қабылдады. Өйткені олар да Иерусалимдегі Құтқарылу мейрамына барып, Исаның істеген барлық кереметтерін көрген еді. 46 Осылай Иса үйлену тойында суды шарапқа айналдырған Ғалилеядағы Қана қаласына тағы да келді. Сол кезде Қапарнаумда патшаның бір қызметкері болды, оның ұлы ауырып жатты. 47 Қызметкер Исаның Яһудея аймағынан Ғалилеяға келгенін естіп, Оған барды да: — Келіп, баламды сауықтырып берсеңіз екен! Ол өлім аузында жатыр, — деп өтінді. 48 Иса: — Құдіретімді дәлелдейтін кереметтерімді көрмесеңдер, сендер еш сенбейсіңдер, — деді. 49 Ал баланың әкесі Оған: — Мырза, ұлым өлмей тұрғанда келіңізші! — деп жалбарынды. 50 Сонда Иса: — Үйіңе бара бер, балаң аман-сау! — деді. Қызметкер Исаның айтқан сөзіне сеніп, кетіп қалды. 51 Келесі күні жолшыбай оның қызметшілері кездесіп: — Балаңыз аман-сау, — деді. 52 Сонда ол қызметшілерінен баласының жағдайы қай сәтте жақсарғанын сұрады. Олар: — Кеше түс кезінде сағат бірде ыстығы қайтты, — деді. 53 Сонда әкесі Исаның өзіне «балаң аман-сау» деген кезі дәл сол сәтте болғанын біліп, үй ішімен Исаға сенді. 54 Осылай Иса Яһудея аймағынан Ғалилеяға келгеннен кейін екінші рет керемет іс жасап, Өзінің құдіретін танытты.
1 Біраз уақыттан кейін яһудилердің тағы бір мейрамы болып, Иса соған қатысу үшін Иерусалимге өрлеп барды. 2 Иерусалимнің Қой қақпасының қасында еврейше Бетезда деп аталатын тоған бар. Соның төңірегіне бағаналы бес ғимарат салынған. 3 Оларда соқырлар, ақсақтар, сал болып ауырғандар, тағы басқа көптеген науқастар жататын. (Бұлар судың шайқалғанын күтетін. 4 Себебі Тәңір Ие жіберген бір періште анда-санда тоғанға түсіп, суды шайқайтын. Мұнан кейін алғаш шомылған адам қандай ауруы болса да, жазылып кетеді екен.) 5 Бұл жерде отыз сегіз жылдан бері науқас бір кісі бар еді. 6 Иса оның жатқанын көріп, көптен ауру екенін білді. Содан Ол сол адамға: — Сауыққың келе ме? — деп тіл қатты. 7 Науқас: — Мырза, мені су қозғалғанда тоғанға түсіретін адамым жоқ. Ал мен жеткенше, басқа біреу менен бұрын түсіп қояды, — деп жауап берді. Иса: 8 — Орныңнан тұрып, төсенішіңді жинап ал да, жүре бер, — деді. 9 Әлгі кісі сол сәтте-ақ ауруынан сауығып, төсенішін жинап алды да, жүріп кетті! Бұл оқиға (яһудилердің демалысы) сенбі күні болған еді. 10 Сондықтан яһуди басшылары сауыққан адамға: — Демалыс күні емес пе? Төсенішіңді көтеріп жүргенің не? Бүгін жұмыс істеуге болмайды ғой! — деп ескертті. Ол: 11 — Мені сауықтырған Адам: «Төсенішіңді жинап ал да, жүре бер» деген еді, — деп жауап қатты. 12 — «Төсенішіңді жинап ал да, жүре бер» деген Ол кім Өзі? — деді олар. 13 Ал сауыққан кісі Оның кім екенін білген жоқ. Өйткені сол жерде халық көп болғандықтан, Иса ешкімге білдірмей кетіп қалған еді. 14 Кейін Иса әлгі кісіні ғибадатханада жолықтырып: «Енді сен ауруыңнан сауықтың. Бұрынғыдан да жаман болғың келмесе, бұдан былай күнә жасаушы болма!» — деді. 15 Әлгі кісі яһуди басшыларына барып, өзін Исаның сауықтырғанын айтты. 16 Иса мұны діни демалыс күні жасағандықтан, бұлар Оған қысым көрсете бастады. 17 Бірақ Иса оларға: «Әкем еңбектен қол үзбейді, сондықтан Мен де үздіксіз еңбек етемін», — деді. 18 Бұдан кейін яһуди басшылары Исаға бұрынғыдан бетер қарсы шығып, Оны өлтірмекші болды. Себебі Ол солардың демалыс күні туралы ережелерін ғана бұзған жоқ, сонымен қатар «Құдай — рухани Әкем» деп, Өзін Құдаймен теңестірді. 19 Иса оларға былай деп жауап берді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Әкесінің істегенін көрмесе, Оның рухани Ұлы өздігінен ештеңе істей алмайды. Өйткені Әкесінің жасап жатқанын Ол да дәл солай жасайды. 20 Әкесі Оны сүйеді, сондықтан Өзі істегенінің бәрін Оған көрсетеді; Әкесі сендер таңғалатындай бұдан да зор кереметтерді әлі де көрсететін болады. 21 Себебі Әкесінің өлгендерді тірілтіп жан беретініндей, Ұлы да Өзінің қалағандарын тірілтеді. 22 Әкенің Өзі ешкімді соттамай, барлық сотты Оған тапсырған. 23 Осылайша бәрі Әкені қалай қадірлесе, Ұлын да солай қадірлесін. Ал кімде-кім Ұлын құрметтемесе, Оны жіберген Әкесін де құрметтемейді. 24 Сендерге тағы бір маңызды шындықты айтайын: кімде-кім айтқан сөздеріме құлақ асып, Мені Жібергенге сенсе, сол мәңгілік өмірге ие. Ол қиямет сотына тартылмайды, керісінше, рухани өлімнен шынайы өмірге өтті. 25 Сендерге тағы бір өте маңызды шындықты айтып тұрмын: рухани өлілер Құдайдың рухани Ұлының даусын естіп, Оған сенетін уақыт болады, тіпті сол уақыт келді де. Сонда Оның даусына құлақ салғандар тіріледі. 26 Себебі Әкенің Өзі өмірдің бастауы екеніндей, Ұлына да өмірдің бастауы болуды сыйлады. 27 Ол көктен келген Билеуші болғандықтан, Әкесі Оған қиямет сотын жүргізу билігін де тапсырған. 28 Бұған таңданбаңдар, өйткені қабірдегілердің бәрі Құдайдың рухани Ұлының даусын еститін уақыт болады. 29 Сонда өлгендер қабірден шығады: жақсылық жасағандары мәңгі өмір сүру үшін, ал жамандық жасағандары сотталу үшін тіріледі. 30 Мен өздігімнен ештеңе істей алмаймын. Әкемнен естігенім бойынша соттаймын. Менің сотым әділ, өйткені өз еркімді емес, Мені жіберген Әкемнің еркін орындаймын. 31 Егер Мен Өзіме-Өзім куә болсам, онда куәлігім жеткіліксіз болар еді. 32 Маған куәгер болатын басқа Біреу бар, Оның куәлігінің шындық екенін білемін. 33 Рас, сендер Жақияға өкілдеріңді жібердіңдер, ол Мен жөніндегі шындықтың куәсі болды. 34 Өзім туралы адамның куәлігін қажет етпесем де, мұны сендер құтқарылсын деп айтып тұрмын. 35 Жақия айналасын рухани нұрландырып, жанып тұрған шырақ іспетті еді. Ал сендер біраз уақыт оның нұрында шаттанғыларың ғана келді. 36 Алайда Менің Жақия берген куәліктен де үлкенірек куәлігім бар: Әкем Маған орындауға тапсырған, Мен істеп жүрген игі істерім Мені Соның жібергендігіне айғақ. 37 Мені жіберген Әкемнің Өзі де Мен туралы куәлік етті. Бірақ сендер ешқашан Әкемнің даусын естіп, бейнесін көрген емессіңдер. 38 Оның сөзі де жүректеріңнен орын алған емес, себебі Әкем жіберген Маған сенбейсіңдер. 39 Рас, сендер Киелі жазбаларды зерттеп, солар арқылы мәңгілік өмірге ие боламыз деп ойлайсыңдар. Ал олар Мен туралы куәлік етеді ғой! 40 Алайда сендер шынайы өмірге ие болу үшін Маған келуден бас тартасыңдар. 41 Мен адамдардан құрмет күтпеймін; 42 бірақ жүректеріңде Құдайға деген сүйіспеншіліктің жоқ екенін білемін. 43 Әкемнің атынан келсем де, Мені қабылдамайсыңдар. Ал басқа біреу өз атынан келгенде, сендер оны қабылдайтын боласыңдар. 44 Бір-біріңнен құрмет күтіп, жалғыз Құдайдан болатын шынайы құрметті іздемей жүресіңдер. Сонда сендер Менің Құдайдан келгеніме қалайша сене аласыңдар? 45 Мен сендерді Әкемнің алдында айыптайды деп ойлап қалмаңдар. Айыптаушы бар: ол — сендер үміт артып жүрген Мұса пайғамбар. 46 Егер де шынымен Мұсаға сенсеңдер, онда Маған да сенер едіңдер, өйткені ол Мен туралы жазып кеткен. 47 Алайда Мұсаның жазбаларына шындап сенбейсіңдер, ендеше Менің сөздеріме қалай сене аласыңдар?
1 Біраз уақыт өткеннен кейін Иса Ғалилея көлінің шығыс бетіне жөнелді. Сол көл Тіберия көлі деп те аталады. 2 Исаның ауруларға жасаған кереметтерін көргендіктен көп халық Оған ерді. 3 Ол тауға шығып, сол жерде шәкірттерімен отырды. 4 Бұл яһуди халқының Құтқарылу мейрамының қарсаңы болатын. 5 Иса басын көтеріп қарағанда, қарақұрым халықтың Өзіне қарай ағылып келе жатқанын көрді. Содан Иса Філіпке: — Бұларды тамақтандыратын нанды қайдан сатып аламыз? — деді. 6 Иса осы сөзін оны сынау үшін айтты, себебі не істемекші болғанын Өзі біліп тұрды. 7 Філіп Оған: — Бізде тіптен екі жүз күндік жалақыға келетін нан болып, әркім бір жапырақтан ғана жегеннің өзінде бәріне бірдей жетпес еді, — деп жауап берді. 8 Сонда басқа бір шәкірті, Шимон Петірдің інісі Әндір, Исаға былай деді: 9 — Осында бір бала жүр, оның бес күлше арпа наны мен екі кепкен балығы бар. Бірақ олар осынша көп кісіге не болады? — 10 Ал Иса: — Адамдарды жайғастырып отырғыза беріңдер! — деп тапсырды. Сол жерде шөп қалың болып, бес мыңдай ер адам жайғаса алды. 11 Иса күлшелерді алып, шүкірлік етті де, жайғасқандарға үлестірді; кепкен балықтардан да жұртқа қалағандарынша берді. 12 Бәрі жеп тойған соң, Иса шәкірттеріне: «Босқа ысырап болмас үшін нанның қалдықтарын жинап алыңдар», — деді. 13 Олар жұрт жеген бес күлше арпа нанының қалдықтарын жинап, он екі себетті толтырды. 14 Адамдар Иса жасаған осы кереметті көргенде: — Дүниеге келуге тиіс Пайғамбар — шынымен Осы! — десті. 15 Иса олардың Өзін патша ету үшін келіп, кенеттен ұстап алмақшы болғанын білді. Содан Ол тағы да жалғыз Өзі қыратты жерге қарай кетіп қалды. 16 Кешке Исаның шәкірттері көл жағасына ылдилап барды. 17 Сол жерде бір қайыққа мініп, көлдің батыс жағындағы Қапарнаумға қарай бет алды. Қараңғы түскен кез еді, ал Иса оларға әлі келген жоқ болатын. 18 Сонда қатты жел соғып, көлдің астан-кестені шығып, толқи бастады. 19 Шәкірттер бес-алты шақырымдай қайықпен жүргеннен кейін, кенеттен көл бетімен жаяу жүріп қайыққа таяп қалған Исаны көрді. Олар қорқып кетті, 20 ал Иса: «Қорықпаңдар, келе жатқан Менмін ғой!» — деп көңілдерін орнықтырды. 21 Сонда шәкірттері Оны қайыққа мінгізіп алғылары келді. Сол сәтте-ақ қайық олар бет алған жағаға жетіп қалды. 22 Келесі күні көлдің шығыс бетінде қалған халық Исаның шәкірттері мінген жалғыз қайықтан басқа ешбір қайықтың болмағанын естеріне түсірді. Олар Исаның шәкірттерімен бірге қайыққа мінбей, тек шәкірттерінің өздерінің ғана кетіп қалғанын жақсы білетін. 23 Ал Иеміз шүкірлік еткеннен кейін халық нан жеп тойған кешегі жерге басқа да қайықтар Тіберия қаласынан жақындап келіп жатты. 24 Иса мен шәкірттерінің бұл жерде жоқ екеніне көздері жеткен жұрт сол себептен әлгі қайықтарға мініп, Исаны іздеп Қапарнаумға беттеді. 25 Олар Оны көлдің батыс бетінен тапқанда: — Ұстаз, бұл жерге қашан келдіңіз? — деп сұрады. 26 Иса былай деп жауап берді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Құдайдың өздеріңе кереметтер арқылы не білдіргенін түсінгілерің келмейді. Тек нан жеп тойып алғандықтан ғана Мені іздеп жүрсіңдер. 27 Өткінші тамаққа емес, мәңгілік өмір беретін рухани нәрге ұмтылыңдар! Оны сендерге көктен келген Мен ғана бере аламын, өйткені Құдай Әке Маған билігін берді. — 28 Сонда олар: — Құдайдың еркін іске асыру үшін не істеуіміз керек? — деп сұрады. 29 Иса: — Ол Жібергенге сеніңдер, Құдайдың еркі сол, — деп жауап берді. 30 Олар: — Өзіңізді Құдай жібергеніне көзімізді жеткізіп, сенуіміз үшін қандай керемет көрсетесіз, не істейсіз? 31 «Оларға жейтін нанды аспаннан жіберді» деп (Забурда) жазылғандай, ата-бабаларымыз айдалада тәтті нан жеп жүрді, — деді. 32 Иса: — Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: сол заманда көктен нан берген — Мұса пайғамбар емес, Менің Әкем. Қазір де Әкем сендерге көктен шынайы «нанды» ұсынып тұр. 33 Себебі көктен түсіп, адамзатқа өмір Беруші — «Құдайдың наны», — деп жауап қайтарды. 34 Олар: — Мырза, бізге әрқашан осындай нан беріп тұрыңызшы! — деп өтінді. 35 Сонда Иса оларға былай деді: — Шынайы өмір сыйлайтын «нан» Менмін. Маған келгендер рухани нәрден тарықпайды, Маған сенгендер ешқашан шөлдемейді! 36 Бірақ Мен сендерге: «Мені көрдіңдер, алайда сенбейсіңдер» дегенмін. 37 Әкем қарамағыма берген адамдардың барлығы Маған келеді, ал Мен Өзіме келгендерді ешқашан қуып жібермеймін. 38 Себебі өз еркімді емес, Мені жіберген Әкемнің еркін орындау үшін көктен келдім. 39 Ал Әкемнің еркі — Оның қарамағыма берген адамдарының бірде-біреуін тозаққа түсірмей, бәрін де ақырғы күні қайта тірілтуім. 40 Себебі Әкемнің еркі мынау: Өзінің рухани Ұлына назар аударып, сенім артқан барлық адамдарға мәңгілік өмір сыйлау. Мен соларды ақырғы күні қайта тірілтіп аламын. 41 Сонда Исаның көктен түскен «нан» Менмін дегеніне діндар яһудилер күңкілдеп наразылық білдірді: 42 — Мынау біз әке-шешесін білетін Жүсіп ұлы Иса емес пе? Онда Ол қалайша «Мен көктен түстім» дейді? — 43 Иса оларға былай деп жауап берді: — Өзара күңкілдеспеңдер! 44 Мені жіберген Әкем Өзіме жақындатып тартса ғана, адамдар Маған келе алады; ал Мен оларды ақырғы күні қайта тірілтіп аламын. 45 Пайғамбарлар жазбаларында «Бәрі де Құдайдан тәлім алмақ» делінген. Әкемді тыңдап, Одан тәлім алған әркім Маған келеді. 46 Әрине, Құдайдан Келгеннен басқа ешкім Әкені көрген емес, Әкені көрген — тек Сол ғана. 47 Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: кім Маған сенім артса, сол мәңгілік өмірге ие. 48 Шынайы өмір сыйлайтын «нан» Менмін. 49 Ата-бабаларың айдалада тәтті нанды жесе де, ақырында өлді. 50 Бірақ қазір көктен түскен «нан» мынадай: одан «жеген» адам рухани өлімге душар болмайды. 51 Көктен түскен «тірі нан» Менмін. Одан «жеген» әркім мәңгілік өмірге ие болады. Бұл «нан» — Менің денем, оны адамзат шынайы өмірге ие болсын деп құрбан етемін. 52 Сонда яһудилер өзара: — Бұл Адам қалайша біздің «жеуіміз» үшін өз денесін қиып бере алады? — деп айтыса бастады. 53 Иса оларға былай деді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: егер көктен келген Билеушінің денесінен «жеп», қанынан «ішпесеңдер», сендерде шынайы өмір болмайды. 54 Кімде-кім Менің денемнен «жеп», қанымнан «ішсе», ол мәңгілік өмірге ие болады, Мен оны ақырғы күні қайта тірілтіп аламын. 55 Себебі денем — шынайы рухани «нәр», ал қаным — шынайы рухани «сусын». 56 Денемнен «жеп», қанымнан «ішкен» әркім Менімен тығыз байланыста тұрады, Мен де онымен сондай байланыста тұрамын. 57 Мәңгі тірі Әкем Мені жіберді және Мен Ол арқылы өмір сүремін; сол сияқты денемнен «нәр алған» кісі де Мен арқылы шынайы өмір сүреді. 58 Ендеше, көктен түскен «нан», міне, осындай; ол ата-бабаларымыз жеген тәтті нан сияқты емес: олар ақырында өлген; бірақ осы «рухани наннан нәр алған» әркім мәңгі өмір сүреді. — 59 Иса мұны Қапарнаумдағы мәжілісханада тәлім бергенде айтты. 60 Осыны естіген шәкірттерінің көбі: — Мынау жанға батар сөз екен, оны кім тыңдай алады? — десті. 61 Бұл туралы наразылықты байқап қалған Иса оларға былай деді: — Бұл сендердің шымбайларыңа батып тұр ма? 62 Ал Билеуші ретінде көктен келген Менің бұрын болған сол жеріме көтерілгенімді көрген кездеріңде не айтпақсыңдар? 63 Шынайы өмір Беруші — Киелі Рух, ал тән бұған еш жарамайды. Сендерге айтқан сөздерім арқылы рухани өмірге ие бола аласыңдар. 64 Бірақ іштеріңдегі кейбіреулерің сенбейсіңдер. — Себебі Иса сенбейтіндердің кім екенін және Өзіне кімнің опасыздық жасайтынын әуел бастан-ақ білген еді. 65 Сол себепті Ол былай деді: — «Әкем қабілет бермесе, ешкім Маған келе алмайды» деп Мен сендерге сондықтан да айттым. 66 Сол күннен бастап, шәкірттерінің көбі Исадан бас тартып, бұдан былай Оған ермейтін болды. 67 Сонда Иса он екі елшісінен: — Сендердің де кеткілерің келе ме? — деп сұрады. 68 Бұған Шимон Петір: — Жоқ, Ием, Сізден кетсек, кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер Сізде. 69 Біз Сіздің Құдайдың Киелісі екеніңізге сеніп, соған көзіміз жетті. — 70 Иса оларға: — Осы он екіңді Мен таңдап алған едім. Сонда да іштеріңдегі біреуің әзәзіл шайтанның жетегінде, — деді. 71 Иса Шимон Исқариоттың ұлы Яһуда туралы айтқан еді. Ол сол он екінің біреуі болғанмен, кейін Исаны ұстап берді.
1 Содан кейін Иса Ғалилея аймағын аралап жүрді. Яһуди басшылары Оны өлтірмекші болған соң, Иса Яһудея аймағын аралағысы келмеді. 2 Бұл — яһуди халқының Күркелер мейрамының қарсаңы еді. 3 Сонда Исаның туған інілері Оған: — Яһудеяға бара бер, сол жердегі шәкірттерің де Сенің кереметтеріңді көрсін. 4 Халықтың көзіне түскісі келген кісі істерін жасырмайды. Сен осындай кереметтер істедің, енді Өзіңді әлемге таныт, — деді. 5 Себебі өз інілері Оған сенбейтін. 6 Сонда Иса оларға былай деді: — Өзімді халыққа танытатын уақытым әлі келген жоқ; ал сендер үшін қай мезгіл болса да дер кез. 7 Осы күнәкар дүние сендерді жек көре алмайды. Ал ол Мені жек көреді, өйткені Мен оның істерінің жаман екенін әшкерелеп жүрмін. 8 Сендер мейрамға бара беріңдер! Мен қазір бұл мейрамға бармаймын. Өзімді танытатын уақытым әлі келген жоқ. — 9 Иса осылай деп, Ғалилеяда қалып қойды. 10 Інілері мейрамға кеткен соң, халық көзінен тасаланып Иса да жолға шықты. 11 Яһуди басшылары: «Ол қайда?» — деп, Оны мерекеде іздеп жүрді. 12 Келген жұрт Ол туралы көп күңкіл сөз айтып жатты. Біреулері: «Ол жақсы», — десе, басқалары: «Жоқ, халықты азғырып жүр», — деді. 13 Бірақ яһуди басшыларынан қорыққандықтан, ешкім Ол туралы ашық айтпады. 14 Мейрамның жартысы өткен кезде Иса ғибадатхананың ауласына барып, жұртқа тәлім берді. 15 Яһуди діндарлары таңғалып: — Арнайы дайындықсыз Мынау Киелі жазбаларды қалай түсіне алады? — деді. 16 Иса оларға былай деп жауап берді: — Ілімім Менікі емес, Мені Жібергендікі. 17 Соның еркін орындағысы келген әркім осы ілім Құдайдан ба, әлде Мен өз бетіммен сөйлеп тұрмын ба, соны білетін болады. 18 Өз бетімен сөйлеген әркім өзінің ғана беделін ойлайды. Ал Өзін Жібергеннің беделін ойлаған Кісіге сенуге болады, Оның ойында әділетсіздік жоқ. 19 Сендерге Мұса пайғамбар Таурат заңын бермеп пе еді? Шындығында бірде-біреуің сол заңға бағынбайсыңдар. Әйтпесе неге Мені өлтірмексіңдер? — 20 Жұрт Оған: — Жын соқты ма? Кім Сені өлтірмек? — деп қарсылық білдірді. 21 Иса оларға былай деп жауап берді: — Мен (демалыс күні) бір керемет іс жасадым, ал бәрің соған абыржулысыңдар. 22 Мұса сүндеттеуді бұйырды. Расында бұл рәсім Мұсадан емес, одан бұрынғы ата-бабаларымыздан қалған. Сендер бұйрыққа сай балаларыңды туғаннан кейінгі сегізінші күні, демалыс күні болса да, сүндеттей бересіңдер. 23 Сонымен Мұсаның заңы бұзылмасын деп, балалар демалыс күні де сүндеттеліп келеді. Ендеше біреуді демалыс күні ауруынан құлантаза сауықтырғаным үшін қалайша Маған ашуланасыңдар? 24 Сырт көрінісіне ғана қарамай, әділ шешіңдер! 25 Сонда бірнеше иерусалимдік тұрғындар былай деді: — Басшылар өлтіреміз деп жүрген кісі Осы емес пе? 26 Қараңдар, Ол емін-еркін де ашық сөйлейді, ал Оған ештеңе демейді. Сонда Оның Мәсіх екеніне басшылардың көздері шынымен жеткені ме? 27 Мәсіх келгенде, Оның қай жақтан шығатынын ешкім білмейді. Ал Мынаның қай жерлік екенін білеміз ғой. 28 Сол кезде ғибадатханада тәлім беріп отырған Иса қатты дауыспен: — Менің кім екенімді, қайдан шыққанымды білесіңдер ме? Мен өз бетіммен келген жоқпын. Бірақ Мені жіберген — сендер білмейтін Ақиқаттың Өзі. 29 Ал Мен Оны білемін, себебі Содан келдім, Мені Сол жіберді, — деді. 30 Содан біреулер Оны тұтқындамақ болды, бірақ Оған қарсы ешқайсысы қол көтермеді. Өйткені Исаның өз жанын қиятын уақыты әлі жетпеген еді. 31 Ал халықтың көбі: «Құтқарушы Мәсіх келгенде, Ол Бұдан артық кереметтер көрсетер деймісің?» — деп, Исаға сене бастады. 32 Халық арасында осындай күңкіл болғаны парызшылдардың құлағына жетті. Сонда басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Исаны тұтқындауға сақшыларын жіберді. 33 Ал Иса оларға: — Тағы біразырақ уақыт араларыңда боламын, содан кейін Өзімді Жібергенге қайта ораламын. 34 Мені іздесеңдер де, таба алмайтын боласыңдар. Себебі Мен болатын жерге сендер бара алмайсыңдар, — деді. 35 Сонда яһуди діндарлары өзара былай десті: — Біз Оны таба алмайтындай Бұл қайда бармақшы? Шетелге тарап кеткен яһудилерге барып, басқа ұлттарға да тәлім бермекші ме? 36 Оның «Мені іздесеңдер де, таба алмайтын боласыңдар» және «Мен болатын жерге сендер бара алмайсыңдар» дегені не сөз? 37 Мейрам соңындағы ең ұлы күні Иса ел алдында тұрып: — Кімнің жаны шөлдесе, сол Маған келіп, «ішсін»! 38 Кім Маған сенсе, (келіп, шөлін қандырып су ішсін!) Киелі жазбаларда бұл туралы мына тәрізді сөздер айтылған: оның жүрегінен өмір беретін «су» тасқындап ағады, — деді. 39 Иса бұларды Киелі Рух туралы айтты; Оны Исаға сенгендер кейінірек қабылдады. Құдай Исаның ұлылығын адамдарға әлі білдірмегендіктен, Өзінің Киелі Рухын сенушілерге әлі де қондырмаған еді. 40 Исаның сөзін естіген кейбіреулер: — Шынында да Бұл — келуге тиісті Пайғамбар! — деді. 41 Басқалары: — Ол — Құтқарушы Патшамыз Мәсіх! — дегенді айтты. Енді біреулері: — Ал Мәсіх Ғалилея аймағынан келуші ме еді? 42 Киелі жазбаларда Мәсіх Дәуіт патшаның әулетінен, оның атамекені Бетлехемнен шығады делінген емес пе? — деп күмән келтірді. 43 Осылай ел арасында Иса туралы араздық туды. 44 Бірнешеуі Оны тұтқындамақ болды, бірақ ешқайсысы Оған қарсы қол көтермеді. 45 Исаны тұтқындауға жіберілген сақшылар қайта оралғанда басты діни қызметкерлер және парызшылдар олардан: — Неге Оны алып келмедіңдер? — деп сұрады. 46 Сақшылар: — Бірде-бір адам Ол сияқты сөйлеген емес! — деді. 47 Сонда парызшылдар: — Ол сендерді де алдап кеткен бе?! 48 Басшылар мен парызшылдардың арасында Оған сенетін біреудің болғаны ма?! 49 Оған Таурат заңын білмейтін, қарғыс атқан қара халық қана сенеді! — деп зекіді. 50 Парызшылдардың біреуі — бірде түн ішінде Исаға келіп кеткен Нікөдем де сол жерде болды. Ол басқаларға қарсы шығып: 51 — Таурат заңымыз бойынша біреуден жауап алып тексермей, оған үкім шығаруға бола ма? — деді. 52 Олар Нікөдемге: — Сен де ғалилеялық шығарсың? Киелі жазбаларды зерттеп шық: Ғалилеядан пайғамбар шықпайды, соны біліп қой! — деді. 53 Мұнан кейін жиналыс аяқталып, бәрі өз үйлеріне кетті.
1 Ал Иса Зәйтүн тауына қарай беттеген еді. 2 Ертеңгісін Ол қалаға қайта оралып, ғибадатханаға барды. Сонда бүкіл жұрт Оның қасына жиналды. Иса отырған соң, оларға тәлім берді. 3 Бірнеше дін мұғалімі мен парызшыл да осы жерге келді. Олар неке адалдығын бұзып жатқан жерінде ұсталған бір әйелді айдап әкеліп, ортаға тұрғызып қойды. 4 Олар Исаға қарап: — Ұстаз, мына әйел неке адалдығын бұзған қылмысы үстінде ұсталды! 5 Таурат заңында Мұса бізге мұндайларды тас лақтырып өлтіруді бұйырған. Сіз бұған не айтасыз? — деді. 6 Сол діндарлар Исаны сынап, айыптайтын сылтау табу үшін осыны айтқан еді. Бірақ Ол еңкейіп, саусағымен жерге жазып, оларға көңіл бөлмеді. 7 Әлгілер сұрай берген соң, Иса басын көтеріп: — Араларыңда кімде-кім күнәсіз болса, сол әйелге бірінші болып тас лақтырсын, — деп, 8 тағы да еңкейіп, саусағымен жерге жазып отыра берді. 9 Олар Оның сөзін естігеннен кейін ұялып, алдымен үлкендері, содан кейін басқалары бірінен соң бірі шығып кетті. Ал Иса ортада тұрған әйелмен оңаша қалды. 10 Басын көтеріп, әйелден: — Әлгі айыптаушыларың қайда кетті? Саған ешкім үкім шығарған жоқ па? — деп сұрады. Ол: 11 — Ешқайсысы да, Мырза, — деп жауап берді. Ал Иса: — Мен де саған үкім шығармаймын. Бара бер, бұдан былай күнә жасаушы болма! — деді. 12 Иса тағы бір жолы халыққа сөйлеп отырғанда былай деді: — Мен дүние үшін Нұрмын. Маған ерген кісі енді түнекте жүрмей, шынайы өмірдің Нұрына ие болады, — деді. 13 Сонда парызшылдар Оған: — Сен Өзіңе-Өзің куәсің, сондықтан куәлігің жарамайды, — деді. 14 Иса былай деп жауап берді: — Мен Өзіме-Өзім куә болсам да, куәлігім жарап тұр. Себебі Мен қайдан келгенімді, қайда баратынымды білемін. Ал сендер Менің қайдан келгенімді, қайда баратынымды білмейсіңдер. 15 Сендер пенделік тұрғыдан үкім айтып тұрсыңдар, ал Мен ешкімге үкім айтып тұрған жоқпын. 16 Егерде үкім айтсам, үкімім жарар еді, себебі Мен жалғыз емеспін, Өзімді жіберген Әкеммен біргемін. 17 Сендер ұстанған Таурат заңында екі адамның куәлігінің жарамдылығы туралы жазылған ғой. 18 Мен Өзіме куәмін, ал Мені жіберген Әкем де Маған куә. — 19 Әлгі парызшылдар: — Әкең қайда? — деп сұрады. Иса оларға: — Сендер Мені де, Әкемді де білмейсіңдер. Егер Мені білсеңдер, онда Әкемді де білер едіңдер, — деп жауап қайырды. 20 Осы сөзді Иса ғибадатхананың қазынасы сақталатын қойманың жанында тәлім беріп отырғанда айтты. Алайда Оны ешкім тұтқындаған жоқ, өйткені Исаның өз жанын қиятын уақыты әлі жетпеген еді. 21 Иса жиналғандарға тағы бір жолы тіл қатып былай деді: — Мен бұл жерден кетемін, сонда Мені іздейсіңдер. Ал сендер күнәларыңды арқалап өлесіңдер және Мен баратын жерге жете алмайсыңдар. — 22 Сонда яһуди діндарлары бір-біріне: — «Мен баратын жерге сендер жете алмайсыңдар» дегені Оның Өзін өлтірмек болғаны ма? — десті. 23 Иса оларға былай деді: — Сендер жерденсіңдер, Мен көктенмін. Сендер осы күнәкар дүниенің адамысыңдар, ал Мен осы дүниелік емеспін. 24 Сондықтан да сендерге «күнәларыңды арқалап өлесіңдер» дедім. Өйткені егер Менің Сол екеніме сенбесеңдер, күнәларыңды арқалап өлетін боласыңдар. — 25 Олар Исадан: — Осы Сен кімсің? — деп сұрады. Иса: — Сендерге әуел бастан-ақ не айтсам, Мен дәл Солмын. 26 Сендер туралы айтып, үкім шығаратын жайттарым көп. Бірақ Мені Жіберген — Хақ, Одан естігендерімді дүниеге білдіремін, — деп жауап берді. 27 Олар Исаның көктегі рухани Әкесі туралы айтып тұрғанын түсінген жоқ. 28 Сондықтан Иса былай деді: — Сендер көктен келген Билеушіні (айқышқа шегелеп) жоғары көтеріп қойған кезде Менің Сол екенімді, әрі еш нәрсені өз еркіммен істемей, тек Әкем қалай үйретсе, солай сөйлейтінімді ұғатын боласыңдар. 29 Мені жіберген Әкем Өзіммен бірге. Мен әрқашан Оған ұнайтынын істейтіндіктен, Әкем Мені жалғыз қалдырмайды. 30 Иса осыны айтып тұрғанда, көптеген адамдар Оған сенді. 31 Сонда Иса Өзіне сенген яһудилерге былай деді: — Егер сендер айтқандарымды естеріңе сақтап, жүзеге асырсаңдар, шынымен Менің шәкірттерім боласыңдар. 32 Сонда ақиқатты біле түсесіңдер, ал ақиқат сендерді азаттыққа жеткізеді. — 33 Олар: — Біз Ыбырайымның ұрпағымыз, ешқашан да біреудің құлы болған емеспіз! Қалайша бізге «азаттыққа жетесіңдер» деп айта аласыз? — деді. 34 Иса оларға былай деп жауап берді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: кім күнә жасаса, сол — күнәнің құлы. 35 Ал құлы емес, ұлы ғана қожайынның үйінде мәңгі қалады, себебі ұлы ретінде оның еркі бар. 36 Сонымен егер Құдайдың рухани Ұлы сендерді азаттыққа жеткізсе, шынымен азат боласыңдар. 37 Сендердің Ыбырайымның ұрпақтары екендеріңді білемін. Алайда Мені өлтірмексіңдер, себебі айтқандарыма жүректеріңнен орын бермедіңдер. 38 Мен Әкемнің көрсеткендері туралы айтып тұрмын, ал сендер өз түп аталарыңнан көргендеріңді істейсіңдер. — 39 Сол яһудилер: — Біздің түп атамыз — Ыбырайым ғой, — деп жауап берді. Иса оларға былай деді: — Сендер шынымен Ыбырайымның ұрпақтары болсаңдар, Ыбырайым секілді әрекет етер едіңдер. 40 Алайда Құдайдан естіген ақиқатты сендерге жеткізген Мені өлтіргілерің келеді. Ондай нәрсені Ыбырайым істеген жоқ. 41 Сөйтіп сендер өз аталарың не істесе, соны істеп жүрсіңдер. — Біз некесіз туғандар емеспіз! Біздің бір ғана рухани атамыз бар, Ол — Құдай! — 42 Иса оларға былай деді: — Рухани аталарың Құдай болса, сендер Мені жақсы көрер едіңдер. Өйткені Мен осында Құдайдан келдім. Өз бетіммен келген жоқпын, Мені Құдай жіберді. 43 Менің айтып тұрғанымды неге түсінбейсіңдер? Себебі Менің сөзімді естіп тұра алмайсыңдар. 44 Сендердің рухани аталарың — әзәзіл шайтан. Соның құмарлықтарын орындағыларың келеді. Ол әуел бастан-ақ кісі өлтіруші болып келеді, ақиқат жағында тұрған да емес, өйткені онда ақиқат жоқ. Әзәзіл өтірікті өз болмысына сай айта береді, себебі ол — өтірікші, өтіріктің бастауы. 45 Мен ақиқатты айтқандықтан Маған сенбейсіңдер. 46 Араларыңдағы қайсың Мені күнә жасадың деп әшкерелей аласың? Ал егер ақиқатты айтсам, неге Маған сенбейсіңдер? 47 Кімде Құдайдың рухани өмірі болса, сол Оның айтқандарына құлақ асады. Сендерде Құдайдың рухани өмірі болмағандықтан, Оның айтқандарына құлақ аспайсыңдар. 48 — Самариялық екенсің, Сені жын соққан деп тұрғанымыз дұрыс емес пе? — деп әлгі яһудилер Исаға тіл тигізді. 49 — Мені жын соққан жоқ! Тек Әкемді құрметтеймін, ал сендер Мені қорлайсыңдар. 50 Мен құрметке бөленуге тырыспаймын, ол жағын ойластыратын Әкем бар. Сендер мен Өзімнің арамыздағы төрелікті айтатын да Сол. 51 Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Менің сөзімді берік ұстанатын кісі мәңгі өлмейді, — деп жауап берді Иса. 52 Ал яһуди діндарлары Оның айтқанын түсінбей: — Ішіңде жынның бар екеніне көзіміз жетті. Ыбырайым да, пайғамбарлар да өлген, ал Сен «Менің сөзімді берік ұстанатын кісі мәңгі өлмейді» дейсің! 53 Әлде Сен өліп қалған түп атамыз Ыбырайымнан да құдіреттісің бе? Пайғамбарлар да өліп қалған. Өзіңді кіммін деп тұрсың? — деді. 54 Иса бұған жауап ретінде былай деді: — Менің Өзімді құрметтеуім түк болмас еді; Мені құрметтеуші — өз Әкем. Сендер Оны «біздің Құдайымыз» десеңдер де, 55 Оны білмейсіңдер; ал Мен Оны білемін. Егер Оны білмеймін десем, сендер сияқты өтірікші болар едім. Бірақ Мен Оны білемін және Оның айтқандарын ұстанамын. 56 Түп аталарың Ыбырайым Менің дүниеге келетін күнімді көретініне шаттанды; ол сол күнді көріп, қуанды да. — Әлгі діншіл яһудилер: 57 — Сен әлі елуге де келген жоқсың, Ыбырайымды көрдім дейсің бе? — деді. 58 Иса оларға былай жауап берді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Ыбырайым тумастан бұрын да (Мәңгі) Бар Болушы Менмін! 59 Сонда олар ашуланып, Оны тас лақтырып өлтіру үшін жерден тас алды. Бірақ Иса білдіртпей ғибадатханадан шығып кетті.
1 Иса өтіп бара жатып, туғаннан соқыр бір адамды көрді. 2 Сонда шәкірттері Исадан: — Ұстаз, мынаның соқыр болып туғанына өз күнәсі себеп болды ма, әлде ата-анасынікі ме? — деп сұрады. 3 Иса: — Оған өзінің де, ата-анасының да күнәсі себеп болған жоқ. Қайта, оның өмірінен Құдайдың құдіретті ісі көрінбек! — деп жауап берді. 4 Сөзін астарлап жалғастырып: — Жарық барда, Мені Жібергеннің тапсырған игі істерін істеуіміз керек. Қараңғы түскен соң, ешкім еш нәрсе істей алмайды. 5 Осы дүниеде тұрған шағымда Мен адамзат үшін Құдайдың Нұрымын, — деді. 6 Осылай дегеннен кейін Ол жерге бір түкіріп, содан балшық жасап, зағиптың көзіне жақты да: 7 — Силоғам тоғанына бар да, жуып таста! — деп тапсырды. Силоғам аударғанда «Жіберілген кісі» деген сөз. Соқыр кісі барып, бетін жуды. Сонда оның көзі ашылып көретін болды. Содан адам үйіне қайта оралды. 8 Көршілері мен оның бұрын соқыр қайыршы болып жүргенін көргендер бір-біріне: «Мынау осы жерде қайыр сұрап отыратын адам емес пе?» — деп, қайран қалысты. 9 Кейбіреулері: «Сол», — десе, басқалары: «Жоқ, бұл соған ұқсас қана», — деді. Әлгі адам: «Мен соның дәл өзімін!» — деп тұрып алды. 10 Сонда кісілер одан: — Көзің қалай көріп кетті? — деп сұрады. Ол: 11 — Иса есімді Адам балшық жасап, көзіме жағып: «Силоғам тоғанына бар да, жуып таста!» — деді. Мен барып, бетімді жудым, сонда көретін боп шыға келдім! — деп жауап берді. 12 — Ол Адам қайда? — деп сұрады олар. Анау: — Мен білмеймін, — деді. 13 Содан жұрт бұрын соқыр болған адамды парызшылдарға алып барды. 14 Ал Иса балшық жасап, оның көзін ашқан күн діни демалыс күні болатын. 15 Парызшылдар да әлгі кісіден көзінің қалай көретін болғанын сұрады. — Ол көзіме балшық жақты. Мен бетімді жудым да, көретін боп шыға келдім! — деді ол. 16 Сонда парызшылдардың кейбіреулері: «Бұл Кісі Құдайдан келген емес, себебі Ол соқырды емдеуімен демалыс күнінің тәртібін бұзды», — десе, басқалары: «Күнәкар кісі осындай кереметтерді қалай істей алады?» — деді. Осылайша олар екі жақ болып бөлініп кетті. 17 — Сол Кісі көзіңді ашыпты дейді. Ол туралы не айтасың? — деп, олар зағип болған кісіге тағы бір сұрақ қойды. Анау былай деп жауап берді: — Ол — пайғамбар! 18 Алайда яһуди діндарлары көзі ашылған кісінің соқыр болып, енді көретіндігіне әлі де сенбегендіктен оның әке-шешесін шақыртып алдыртты. 19 Оларға: — Соқыр боп туды деген балаларың осы ма? Енді ол қалайша көретін болды? — деген сұрақ қойды. 20 Әке-шешесі оларға: — Бұның баламыз екенін және соқыр боп туғанын білеміз. 21 Ал енді ол қалай көретін болды, соны білмейміз. Көзін кім ашқанын да білмейміз. Өзінен сұраңыздар, бала емес қой, өзі айтып берсін, — деді. 22 Әке-шешесі яһуди басшыларынан қорыққандықтан осылай деді, өйткені солар: «Кім Исаны Құтқарушы Мәсіх деп таныса, сол мәжілісхана қауымынан шығарылсын!» — деп келісіп қойған болатын. 23 Осы себептен әке-шешесі «өзінен сұраңыздар, бала емес қой» деді. 24 Сонда парызшылдар бұрын соқыр болған жігітті екінші рет шақырып алып: — Құдай алдында шыныңды айт! Ана Кісінің күнәкар екенін білеміз, — деп тергеді. 25 — Ол күнәкар ма, жоқ па, соны білмеймін. Білетінім бір-ақ нәрсе: мен соқыр едім, енді көретін болдым! — деп жауап берді ол. 26 Парызшылдар тағы да: — Ол саған не істеді? Көзіңді қалай ашты? — деп сұрады. 27 — Мен сіздерге жаңа айттым ғой, бірақ тыңдаған жоқсыздар. Неменеге тағы да естігілеріңіз келеді? Мүмкін, сіздер де Соның жолын қуушы шәкірттері болғыларыңыз келетін шығар? — деп жауап қайырды ол. 28 Сонда парызшылдар оны балағаттап: — Соның шәкірті сенсің, ал біз Мұса пайғамбардың шәкірттеріміз! 29 Құдайдың Мұсамен сөйлескенін білеміз, ал ана Кісінің қайдан келгенін білмейміз, — деді. 30 — Оның қайдан келгенін білмейтіндеріңіз қызық екен. Ол менің көзімді ашты ғой. 31 Құдай күнәкарларға құлақ салмайды; бірақ кім Оны қастерлеп, еркін орындаса, Құдайдың соған құлақ салатынын білеміз. 32 Дүние жаратылғаннан бері іштен соқыр боп туған кісінің көзін біреу ашты дегенді бұған дейін ешкім естіген емес. 33 Құдайдан келмесе, осы Кісі ештеңе де істей алмас еді! — деп нық жауап берді бұрынғы зағип. 34 Әлгілер бұған қарсы шығып: — Сен тұла бойың түгел күнәкар боп тудың, енді бізге ақыл үйретпексің бе?! — деп, оны мәжілісханадан қуып шықты. 35 Иса діндарлардың әлгі кісіні қуып жібергені туралы естіді. Содан Ол оны тауып алған соң, оған: — Көктен келген Билеушіге сенесің бе? — деген сұрақ қойды. 36 — Мырза, Соның кім екенін айтыңызшы, мен Оған сенейін. 37 — Сен Оны көрдің, сенімен сөйлесіп тұрған — Соның Өзі. 38 — Ием, Сізге сенем! — деп, әлгі адам Оның аяғына жығылды. 39 Иса: — Мен бұл дүниеге «соқырлардың» көзі ашылсын, ал «көретіндер» «соқыр» болсын деп, айыру үшін келдім, — деді. 40 Бұл сөзді қасында тұрған бірнеше парызшылдар да естіп: — Сонда біз де «соқырмыз» ба? — деп сұрады. 41 Иса оларға былай деп жауап берді: — Егерде соқыр болсаңдар, кінәларың болмас еді. Ал қазір сендер «көзіміз көреді» деп мақтанғандықтан, кінәларың мойындарыңда қалады.
1 Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: кім қой қораға есіктен емес, өзге жерден өрмелеп кірсе, сол — ұры әрі қарақшы. 2 Ал кім есіктен кірсе, қойлардың бағушысы — сол. 3 Қарауыл оған есік ашып, қойлар оның даусын естіп таниды. Бағушы өз қойларын атымен шақырып, далаға шығарады. 4 Шығарған соң олардың алдында жүріп отырады, ал қойлары соңынан ереді, өйткені олар оның даусын таниды. 5 Олар бөтен кісінің соңынан ермей, одан қашады, себебі оның даусын танымайды. 6 Осы астарлы сөзді Иса яһуди діндарларына айтып берді, бірақ олар Оның не айтқанын түсінген жоқ. 7 Сондықтан Иса сөзін жалғастырып былай деді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: қойлар кіретін «есік» Менмін. 8 Менен бұрын келгендердің бәрі ұрылар әрі қарақшылар болатын. Бірақ қойлар оларға бағынған жоқ. 9 Мен «есікпін», Менен кіргендер құтқарылады. Олар емін-еркін кіріп-шығып, жайылым табады. 10 Ұры ұрлап, сойып, құрту үшін келеді. Ал Мен адамдар шынайы өмірге ие болсын және өмірі рухани игілікке толы ағыл-тегіл мол болсын деп келдім. 11 Мен «ізгі Бағушымын»: ізгі Бағушы қойлары үшін жанын қияды. 12 Ал бағушы емес жалданған адам қойлар өзінікі болмағандықтан, қасқырды көрсе, отарын тастай қашады. Қасқыр қойға шауып, оларды жан-жаққа бытыратып жібереді. 13 Жалшы отарын тастай қашады, өйткені ол — жай жалданушы, қойлардың қамын ойламайды. 14 Мен «ізгі Бағушымын». Әкемнің Мені, Менің Әкемді жақсы білетініміз сияқты, Мен қарамағымдағыларды жақсы білемін, олар да Мені жақсы біледі. Солар үшін жанымды қиямын. 16 Бұл отардан басқа да қойларым бар, соларды да алып келуім керек. Олар даусымды естіп таниды, сонда барлығы бір-ақ Бағушысы бар біртұтас отар болады. 17 Әкем Мені жақсы көреді, себебі Мен жанымды қиямын, содан кейін оны қайтадан аламын. 18 Жанымды ешкім Менен тартып алмайды, оны өз еркіммен қиямын. Қиятын да, қайтып алатын да билігім бар. Бұл — Маған Әкем тапсырған міндет. 19 Осы сөзге бола яһудилер тағы да екі жақ болып айтысып кетті. 20 Көпшілігі: «Оны жын соғыпты, сандырақтап тұр! Неменеге тыңдап тұрсыңдар?» — десе, 21 басқалар: «Бұл жындының сөзі емес! Жын соқырдың көзін аша ала ма?!» — деп қарсылық білдірді. 22 Бұдан кейін Иерусалимде Киелі үй мейрамы болды. Мезгіл қыстың кезі еді. 23 Сонда Иса ғибадатхананың Сүлеймен патша атындағы бағаналы ғимаратында әрі-бері жүрді. 24 Яһуди діндарлары Оны қоршап алып: — Қашанға дейін бізді еліктіріп, алаңдатып қоясыз? Құтқарушы Мәсіх болсаңыз, ашығын айтыңыз! — деп талап етті. 25 Иса оларға былай деп жауап берді: — Мен оны айттым ғой, ал сендер сенбедіңдер. Әкемнің атынан істеп жүрген істерім Менің Сол екеніме айғақ. 26 Бірақ сендер сенбейсіңдер, себебі Менің «отарымнан» емессіңдер. 27 Өз «қойларым» даусымды естіп, бағынады. Мен оларды жақсы білемін, олар Маған еріп жүреді. 28 Соларға мәңгілік өмір беремін. Олар ешқашан жойылмайды, ешкім оларды Менің қолымнан тартып та алмайды. 29 Оларды Маған берген Әкем бәрінен де ұлы. Ешкім соларды Әкемнің қолынан да тартып ала алмайды. 30 Әкем Екеуіміз біртұтаспыз. 31 Сонда діндар яһудилер Оны тас лақтырып өлтіру үшін тағы да жерден тас алды. 32 Иса оларға: — Көз алдарыңда Әкем тапсырған көп игі істер істедім. Солардың қайсысына бола Мені тас лақтырып өлтірмексіңдер? — деген сұрақ қойды. 33 Діндар яһудилер: — Сені игі ісің үшін емес, Құдайды қорлағаның үшін тас лақтырып өлтірмекпіз. Сен адам бола тұра, Өзіңнен Құдай жасағың келеді! — деді. 34 Иса оларға былай деп жауап берді: — Өздерің құрметтейтін Киелі жазбада (Құдайдың билерге арнап мынаны айтқаны) жазылған: «Былай деген едім: сендер құдайсыңдар». 35 Ал Киелі жазбалардың күшін жоюға болмайды ғой. Сонымен Құдай Өзінің сөзі жеткен сол билерді «құдай» деп атаған. 36 Онда Мен «Құдайдың (рухани) Ұлымын» десем, қалайша «Құдайды қорладың» деп айта аласыңдар? Өйткені Әкемнің Өзі Мені ерекше тағайындап, осы дүниеге жіберген. 37 Егер Әкемнің Маған тапсырған істерін істеп жүрмесем, Маған сенбей-ақ қойыңдар. 38 Ал егер Мен оларды істеп жүрсем, тіпті Өзіме сенгілерің келмесе де, істеген істеріме сеніңдер! Осылай сендер Әкемнің Менімен, Менің Әкеммен тығыз байланыста екенімізді түсінесіңдер. 39 Содан олар Исаны тағы да тұтқындамақ болды, бірақ Ол араларынан сытылып шығып кетті. 40 Мұнан кейін Иса қайтадан Иордан өзенінің арғы бетіне, бұрынырақ Жақия пайғамбар шомылдыру рәсімін орындаған жерге барып, сонда қалып қойды. 41 Исаның қасына көптеген адамдар келіп былай десті: «Жақия ешқандай керемет істеген жоқ. Бірақ оның мына Кісі туралы айтқандарының бәрі де шындық!» — 42 Сол жерде жиналғандардың көбі Исаға сенді.
1 Сол кезде Елазар деген бетаниялық кісі қатты ауырып жатты. Бұл ауылда Мәриям мен оның әпкесі Марта да тұратын. 2 Кейінірек Иеміздің аяғына иісмай жағып, шашымен құрғатқан осы Мәриям еді. Қазір оның бауыры Елазар қатты науқастанып жатты. 3 Сонда апалы-сіңлілі екеуі: «Мырза, Сіз жақсы көретін кісі ауырып жатыр», — деп Исаға Елазар туралы хабар жіберді. 4 Иса мұны естігенде: «Бұл аурудың соңы өлімге соқтырмайды, қайта, Құдайды ұлылыққа бөлеуге септігін тигізеді: ол арқылы Құдайдың рухани Ұлының құдіретті ұлылығы көрінеді», — деді. 5 Иса Мартаны, оның сіңлісі мен Елазарды жақсы көруші еді. 6 Бірақ Ол Елазардың науқастанып жатқанын естісе де, сол кезде болған жерінде тағы да екі күнге қалып қойды. 7 Бұдан кейін Иса шәкірттеріне: — Яһудея аймағына қайта барайық! — деді. 8 Олар: — Ұстаз, яһуди діндарлары күні кеше ғана Сізді тас лақтырып өлтіргісі келмеп пе еді? Шынымен тағы сол жаққа бармақсыз ба? — деп сұрады. 9 Иса: — Күндізгі уақытта он екі сағат бар емес пе? Адам жолмен күндіз жүрсе, сүрінбейді, өйткені ол бұл дүниенің жарығын көреді. 10 Ал егер түнекте жүрсе, сүрінеді, себебі онда жарық жоқ, — деп астарлап жауап берді. 11 Мұнан кейін Иса сөзін жалғастырып: — Досымыз Елазар ұйықтап жатыр. Мен барып, оны оятайын, — деді. 12 Шәкірттері: — Мырза, ұйықтағаны жақсы, сонда сауығады! — деді. 13 Иса астарлап сөйлеп, Елазардың өлгенін айтқан еді, ал олар кәдімгі ұйқыны айтып тұр деп ойлап қалды. 14 Сонда Иса жасырмай: — Елазар өлді, — деді. 15 — Бірақ Өзімнің сол жерде болып, оны сауықтырмағаныма сендер үшін қуанамын; осылай берік сенімге жетесіңдер. Енді Елазарға барайық! 16 Сыңарлас деп аталатын Тома басқа шәкірттерге: «Біз де барып, Онымен бірге өлейік», — деді. 17 Иса Бетания ауылына жеткенде, Елазардың өліп, қабірге қойылғанына төрт күн болғанын естіді. 18 Бетанияның Иерусалимнен қашықтығы үш-ақ шақырымдай болғандықтан, 19 қаладан көптеген яһудилер Мәриям мен Мартаға көңіл айтуға келген екен. 20 Исаның келе жатқанын естіген Марта алдынан шықты; Мәриям үйде отыра берді. 21 Марта Исаға: — Ием, Сіз осында болсаңыз, бауырым өлмес еді! 22 Бірақ қазір де Құдайдан не сұрасаңыз да, оны Сізге беретінін білемін, — деді. 23 — Бауырың қайта тіріледі, — деп жауап берді Иса. 24 Сонда Марта: — Ақырғы күнгі қайта тірілуде оның да тірілетінін білемін, — деді. 25 Ал Иса оған: — Қайта тірілу мен шынайы өмір — Менмін. Маған сенетін адам өлсе де, шынайы өмір сүретін болады. 26 Осылай өмір сүріп, Маған сенген әрбір адам ешқашан да рухани өлмейді. Бұған сенесің бе? — деді. 27 Марта: — Иә, Ием, Сіздің пайғамбарлар дүниеге келеді деп алдын ала айтқан Мәсіх — Құдайдың рухани Ұлы екеніңізге сенемін, — деп жауап берді. 28 Осыны айтқан соң Марта барып, басқаларға білдірмей Мәриямға: «Ұстаз осында, сені шақырып жатыр», — деді. 29 Мәриям мұны естісімен асығыс тұрып, Оған қарсы жүрді. 30 Ал Иса әлі де ауылға кірмей, Мартаға кездескен жерінде болатын. 31 Мәриямның қасында көңіл айтып отырған яһудилер оның асығыс тұрып, сыртқа шығып кеткенін көргенде соңынан ере шығып: «Қабірдің басына барып жоқтау айтатын шығар», — деп ойлады. 32 Мәриям Иса тұрған жерге келіп, аяғына жығыла: — Ием, Сіз осында болсаңыз, бауырым өлмес еді! — деді. 33 Мәриямның және оған ерген яһудилердің қайғырып жылағандарын көргенде, Иса іштей қатты қобалжып, қайғырып, толқып кетті. 34 Олардан: — Оны қай қабірге қойдыңдар? — деп сұрады. — Иеміз, барып көріңіз, — деді олар. 35 Иса көзіне жас алды. 36 Яһудилер: — Қараңдар, Ол Елазарды қалай жақсы көрген! — деді. 37 Ал араларындағы кейбіреулері: — Соқырдың көзін ашқан Ол оны да ажалдан арашалап алып қала алмас па еді? — деді. 38 Иса тағы да қатты қобалжып, қабірдің басына барды. Қабір — аузы (дөңгелек дәу) қақпақ таспен жабылған үңгір екен. 39 Иса: — Тасты алып тастаңдар! — деп бұйырды. Бірақ марқұмның әпкесі Марта: — Ием, ол иістеніп барады, жатқанына төрт күн болды! — деп қарсылық білдірді. 40 — Егер Маған сенсең, Құдайдың құдіретті ұлылығын көресің деп саған айтпап па едім? — деді Иса. 41 Сонда олар қақпақ тасты үңгір аузынан домалатып алып тастады. Иса көзін көкке қадап: — Әке, тілегімді қабыл алғаның үшін Саған ризамын! 42 Тілегімді әрқашан қабыл алатыныңды білемін. Алайда айналамда тұрған жұрт Мені Өзіңнің жібергеніңе сенсін деп мұны айтып тұрмын, — деп мінажат етті. 43 Осылай дегеннен кейін: — Елазар, шық! — деп қатты дауыспен бұйырды. 44 Сонда марқұм адам қабірден шықты! Оның аяқ-қолы кебінге оралып, бет-аузы да орамалмен байланған еді. Иса қасындағыларға: — Кебінін шешіп жіберіңдер, жүре берсін! — деп тапсырды. 45 Мәриямға келген яһудилердің көбі Исаның керемет ісін көріп, Оған сенді. 46 Бірақ кейбіреулері парызшылдарға барып, Исаның не істегенін айтып берді. 47 Сонда басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Жоғарғы кеңестің мәжілісін шақырып: — Біз не істесек екен? Мына Кісі көптеген кереметтер жасап жүр. 48 Оны осылай қалдырсақ, бәрі Соған сенетін болады. Сонда римдіктер келіп, киелі үйіміз бен ұлтымызды біздің қолымыздан тартып алып жүрер! — десті. 49 Олардың біреуі, сол жылы бас діни қызметкер болған Қаяфа, тіл қатып: — Сендер түк білмейсіңдер ме? 50 Бүкіл ұлтымыздың құрып кетуінен гөрі, бізге халық үшін бір Адамның өлгенінің жақсы екенін ойламайсыңдар ма? — деді. 51 Бұл сөзді ол өздігінен айтқан жоқ, қайта, сол жылы бас діни қызметкер болғандықтан: «Иса халқымыз үшін өлуге тиіс» деп алдағы оқиғаны білдірді. 52 Ал Иса Исраил халқы үшін ғана емес, сондай-ақ жер жүзіне таралған басқа халықтардың енді Құдайдың рухани балалары болулары үшін де өлуге тиісті болды. Ондағы мақсаты — екі жақты жинап, біріктіру еді. 53 Сол күннен бастап олар Исаны өлтіру туралы берік байламға келді. 54 Сондықтан Иса бұдан былай яһудилердің арасында ашық жүрмей, айдалаға жақын жердегі Ефраим атты қалашыққа кетіп, сонда шәкірттерімен бірге болды. 55 Яһуди халқының Құтқарылу мейрамы жақындап қалған еді. Бүкіл елден көптеген кісілер мейрам алдындағы діни тазару салтын орындау үшін Иерусалимге өрлеп бара жатты. 56 Олар Исаны іздестіріп жүрді. Қалаға жеткеннен кейін: «Ол мейрамға осында келмейтін шығар, қалай ойлайсыңдар?» — деп ғибадатханада әңгімелесіп тұрды. 57 Себебі басты діни қызметкерлер және парызшылдар: «Оның қайда жүргенін көрген біреу болса, тұтқындау үшін бізге хабар берсін!» — деп жарлық шығарып қойған еді.
1 Құтқарылу мейрамынан алты күн бұрын Иса Бетанияға барды. Сол ауылда Өзі өлімнен қайта тірілтіп алған Елазар тұратын. 2 Осы жерде Исаға арнап қонақасы берілді. Марта қызмет етті. Дастарқандас болғандардың ішінде Елазар да Исамен бірге отырды. 3 Ал Мәриям бір қадақтай таза, өте құнды иісмайға толы құтыны қолына алды. Осы иісмай нард деген өсімдіктен жасалған болатын. Мәриям оны Исаның аяқтарына құйып, оларды шашымен құрғатты. Үй ішінде майдың жұпар иісі аңқып кетті. 4 Исаның шәкірттерінің бірі, кейінірек Оған опасыздық жасаған Яһуда Исқариот: 5 — Неліктен осы иісмайды сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіріп бермеген? Оның бағасы бір жылдық жалақыға тең емес пе?! — деп наразылық білдірді. 6 Бұл сөзді Яһуда мүсәпірлердің қамын ойлағандықтан емес, ұры болғандықтан айтты. Ортақ қаржы салатын әмиян өзінің қолында болып, Яһуда түскен ақшаға қол сұғып жүрді. 7 Иса оған қарсы шығып былай деді: — Мәриямға тиме! Ол осыны істеуі арқылы Менің денемді қабірге қоятын күнгі май жағу салтын алдын ала орындады. 8 Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймін. 9 Исаның Бетанияда екенін көптеген яһудилер біліп қойды. Олар Иса үшін ғана емес, Ол тірілтіп алған Елазарды көру үшін де бұл жерге келді. 10 Сондықтан басты діни қызметкерлер оны да өлтіру туралы ақылдасты. 11 Өйткені Елазардың басынан өткен кереметке бола яһудилердің көбі олардан бас тартып, Исаға сенім артты. 12 Келесі күні мейрамға жиналған халықтың үлкен тобы Исаның Иерусалимге келетінін естіп, 13 қолдарына пальма бұтақтарын ұстап, қала сыртына шықты. Оны: «Жаратқан Ие мадақталсын! Жаратқанның атынан келе жатқан Исраилдің Патшасы жарылқанған!» — деп айқай салып қарсы алды. 14 Иса бір тайқар есекті тауып алдыртып, соған мінген еді. (Зәкәрия) пайғамбардың жазбасында бұл туралы мына тәрізді сөздер айтылған: 15 Уа, Сион халқы, қорықпа! Қара, сенің Патшаң саған келе жатыр! Ол тайқар есектің үстінде отыр. 16 Шәкірттері бұны сол кезде түсінген жоқ. Дегенмен Иса қайта тіріліп, көкке көтеріліп, Өзінің ұлылығына ие болғанда, олар бұл сөздердің Иса туралы алдын ала жазылғанын және халықтың Оны осылай қарсы алғанын естеріне алды. 17 Халық арасындағы көптеген адамдар Исаның Елазарды қабірден шақырып, өлімнен қайта тірілтіп алған кезінде Онымен бірге болған еді. Енді олар сол туралы куәлік етіп айтып жатты. 18 Осындай керемет жасағанын естіген жұрт сондықтан да Исаның алдынан шықты. 19 Ал парызшылдар өзара: «Көріп тұрсыңдар ғой, бұлай алға баспайсыңдар: жұрттың бәрі Оның соңынан еріп кетті!» — десті. 20 Мейрам кезінде Құдайға ғибадат ету үшін Иерусалимге келгендердің ішінде бірнеше гректер де бар еді. 21 Олар Ғалилея аймағындағы бетсайдалық Філіпке жақындап келіп: «Мырза, Исамен кездескіміз келеді», — деген тілек білдірді. 22 Філіп мұны Әндірге барып айтты, содан екеуі бұл хабарды Исаға жеткізді. 23 Иса оларға былай деп жауап берді: — Көктен келген Менің ұлылыққа жететін уақытым келді. 24 Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: егер бидайдың дәні жерге егіліп, жойылмаса, онда ол жалғыз дән болып қалады. Ал егер ол жерге егіліп, көктеп, өзі жойылса, сонда ғана одан көп өнім өсіп шығады. 25 Кім өз өмірін бәрінен артық көрсе, сол шынайы өмірден құр қалады. Ал осы күнәкар дүниеде өмірін Құдай үшін қиған әркім оны мәңгілік өмір үшін сақтайды. 26 Кім Маған қызмет еткісі келсе, сол Маған ерсін. Мен қайда болсам, қызметшім де сонда болады. Ал Маған қызмет етіп жүрген әркімді Әкем құрметтейді. 27 Қазір көңілім қатты толқу үстінде. Мен не айтайын: «Әке, Мені осы күннен құтқара гөр» дейін бе? Қайта, бұл күнге осыны бастан кешіру үшін жеттім ғой. 28 Әке, өз атыңды ұлылыққа жеткізе гөр! — Сонда көктен: «Мен оны ұлылыққа жеткіздім және бұдан былай да жеткізе беремін!» — деген үн естілді. 29 Сол жерде тыңдап тұрған халықтың ішінен кейбіреулері: — Күн күркіреді, — десе, басқалары: — Оған бір періште тіл қатқан шығар, — деді. 30 Иса оларға: — Көктегі үн Мен үшін емес, сендер үшін естілді, — деді. 31 — Енді осы күнәкар дүние сотталады! Енді осы дүниенің әміршісі қуылады! 32 Ал Мені жерден көтеріп қойғаннан кейін, адамдардың бәрін Өзім арқылы құтқарылуға шақырамын, — деді. 33 Бұл сөзді Иса Өзінің қандай жолмен өлуге тиіс екенін білдіру үшін айтты. 34 Жиналған жұрт Исадан: — Киелі кітаптан біз «Мәсіх мәңгі өмір сүреді» деп үйрендік. Қалайша көктен келген Билеушіні жерден көтеріп қою керек дейсіз? Сіз айтып тұрған «көктен келген Билеуші» кім? — деп сұрады. 35 Иса оларға былай деп жауап қайтарды: — «Нұр» тағы біраз уақыт сендермен бірге болады. Өздеріңді қара түнектің баспауы үшін «Нұр» барда жүре беріңдер! Түнекте жүргендер қайда бара жатқандарын білмейді. 36 Қастарыңда «Нұр» барда Соған сеніңдер, сонда «Нұрдың адамдары» боласыңдар. — Иса осылай деді де, жұрт көзінен тасаланып кетіп қалды. 37 Иса олардың көз алдарында көп кереметтер жасаса да, көпшілік Оның Мәсіх екендігіне сенген жоқ. 38 Сонымен Ишая пайғамбардың алдын ала айтқан мынадай сөздері дәл келді: Ием, біздің хабарымызға азғана кісілер сенді! Жаратқан Иенің құдіретті күші кімге ашық көрсетілді? 39 Ишая пайғамбар тағы бір жерде көпшіліктің неліктен сене алмағандығы туралы мына тәрізді сөздер айтқан: 40 Ол көздерін соқыр, жүректерін қасарысқан сезімсіз қылған. Сол себептен көздері көрмейді, жүректері түсінбейді, өздері теріс жолдарынан қайтпайды. Әйтпесе оларды рухани дертінен сауықтырар едім. 41 Ишая пайғамбар Иеміздің салтанатты ұлылығын көргендіктен, Ол туралы осылай деп алдын ала айтып кеткен еді. 42 Ал Исраилдің басшы адамдарының көбі Исаға сенді, бірақ парызшылдар мәжілісханадан шығарып жібермесін деп Оны ашық мойындаған жоқ. 43 Себебі олар Құдай беретін құрметті емес, адамнан көретін құрметті көбірек ұнататын. 44 Содан Иса дауыстап былай деді: «Маған сенген кісі Өзіме ғана емес, Мені Жібергенге де сенеді, 45 әрі Мені көрген кісі Мені Жібергенді де көреді. 46 Мен дүниеге келген «Құдайдың Нұрымын». Маған сенімін артқан ешкім қара түнекте қалмайды. 47 Кім хабарымды естіп, оны ұстанып сақтамаса, ондайды қазір соттап жатпаймын; Мен адамзатты соттау үшін емес, құтқару үшін дүниеге келдім. 48 Бірақ Мені елемей, хабарымды қабылдамағандардың соты дайын тұр: Мен білдірген хабар оларды қиямет күні айыптайтын болады. 49 Себебі Мен өздігімнен айтқан жоқпын. Нені және қалай айтуға тиісті екенімді Мені жіберген Әкем Маған тапсырды. 50 Оның өсиетінің мәңгілік өмір сыйлайтынын білемін. Сондықтан Әкем Маған не тапсырған болса, соны айтамын».
1 Құтқарылу мейрамының қарсаңы еді. Иса Өзінің бұ дүниеден кетіп, Әкесіне баратын күнінің жақындап қалғанын білді. Бұ дүниедегі өз адамдарын өте жақсы көргендіктен, Иса оларға деген сүйіспеншілігін ақырына дейін ісімен де толық көрсетті. 2 Иса шәкірттерімен бірге кешкі асқа отырды. Бұған дейін әзәзіл шайтан Шимон Исқариоттың ұлы Яһуданың жүрегіне Исаға опасыздық жасау ойын ұялатып қойған еді. 3 Бірақ Иса Әкесінің бүкіл билікті өз қолына беріп қойғанын, сондай-ақ, Өзінің Құдайдан келіп, Оған тағы қайтып баратынын да білді. 4 Содан Иса дастарқан басынан тұрып, сырт киімін шешті де, беліне алжапқыш байлады. 5 Бұдан кейін Ол шылапшынға су құйып, шәкірттерінің аяқтарын жуып, беліне байлаған алжапқышпен құрғатып сүрте бастады. 6 Иса Шимон Петірдің қасына келгенде, ол: — Ием, Сіз аяғымды жуайын деп жатырсыз ба? — деп сұрады. 7 Иса оған: — Не істеп тұрғанымды сен қазір емес, кейінірек түсінесің, — деді. 8 Петір: — Мен Сізге аяғымды еш уақытта жуғызбаймын, — деп қарсылық білдірді. Иса: — Егер сені жумасам, онда Менімен тығыз қатынаста бола алмайсың, — деп жауап берді. 9 Сонда Шимон Петір: — Ием, олай болса, аяғымды ғана емес, қолым мен басымды да жуыңыз! — деп өтінді. Иса астарлап: 10 — Шомылған кісі тап-таза, оның аяғын ғана жуу керек. Сендер де тазасыңдар, бірақ бәрің емес, — деді. 11 Ол Өзіне кімнің опасыздық жасайтынын білді, сондықтан «бірақ бәрің емес» деп қосты. 12 Шәкірттерінің аяғын жуып, сырт киімін киіп, орнына отырғаннан кейін Иса: — Сендерге не істегенімді түсінесіңдер ме? — деген сұрақ қойды. 13 — Маған «Ұстаз», «Ием» дейсіңдер. Осылай атағандарың дұрыс, себебі Мен Солмын. 14 Ал егер Мен Иелерің және Ұстаздарың бола тұра, аяқтарыңды жусам, сендер де бір-біріңе сондай қызмет көрсетуге тиіссіңдер! 15 Сендерге өте маңызды шындықты айтып тұрмын: қызметшінің жолы қожайынынан үлкен емес, елшінің жолы да өзін жібергендікінен үлкен емес. Мен сендерге қалай қызмет етсем, сендер де солай етсін деп үлгі көрсеттім. 17 Мұны біліп, осылай іс-әрекет етсеңдер, бақытты боласыңдар! 18 — «Сендер тазасыңдар» деген сөзді бәрің туралы айтып тұрған жоқпын. Қайсыларыңды таңдағанымды Өзім білемін, бірақ Киелі жазбадағы мына сөздің орындалуы тиіс: Дастарқандас боп нанымды жеген кісі Мені теуіп жіберу үшін Маған қарсы көтерді өз өкшесін. 19 Мен мұны осы сөз әлі орындалмас бұрын айтып тұрмын. Ол кейін орындалған соң, Менің мәңгі Бар Болушы екеніме сендер сенсін деймін. 20 Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Кім Мен жіберген адамды қабылдаса, соның Мені қабылдағаны. Ал кім Мені қабылдаса, оның Мені Жібергенді де қабылдағаны, — деді Иса. 21 Осы сөзден кейін Иса іштей қатты толқып, салмақтап: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: араларыңдағы біреу Маған опасыздық жасайды, — деді. 22 Шәкірттері Исаның кімді айтып тұрғанын ұқпай, бір-біріне аң-таң болып қарасты. 23 Исаның жақсы көретін шәкірті дастарқан басында Оның қасында жантайып жатушы еді. 24 Шимон Петір Исаның кімді айтқанын сұрап білші деп жаңағы шәкіртке ымдап белгі берді. 25 Анау Исаға бұрылып: — Мырза, сол адам кім? — деп сұрады. 26 Иса: — Үзім нанды табақтағы тұздыққа батырып, кімге берсем, ол — сол кісі, — деді. Содан кейін Иса қолындағы бір үзім нанды тұздыққа батырып алып, Шимон Исқариоттың ұлы Яһудаға берді. 27 Яһуда нанды алысымен әзәзіл шайтан оның бойына еніп алды. Иса Яһудаға: «Не істегің келсе, соны тезірек істе!» — деді. 28 Отырғандардың ешқайсысы Исаның оған неге бұлай дегенін түсінген жоқ. 29 Яһуда ортақ қаржы салатын әмиянды ұстайтындықтан, кейбіреулері Иса: «Мейрамға не керектің бәрін сатып ал!» немесе «Мүсәпірлерге садақа бер!» деп оған тапсырма берген шығар деп ойлады. 30 Ал Яһуда нанды жеп алған соң тез шығып кетті. Сыртта қараңғы түн еді. 31 Яһуда шығып кеткеннен кейін, Иса былай деді: — Енді көктен келген Мен ұлылыққа кенелемін, Өзім арқылы Құдайдың ұлылығы да көрінеді. 32 Мен Құдайдың ұлылығын көрсеткенде, Құдай да Менің ұлылығымды паш етеді. Бұл көп кешікпей орындалады. 33 Балаларым, енді аз-ақ уақыт қастарыңда боламын, кейін Мені іздейсіңдер. Әлгі яһудилерге айтқан сөзімді қазір сендерге де айтамын: Мен баратын жерге сендер жете алмайсыңдар. 34 Сендерге бір жаңа өсиет айтамын: біріңді-бірің жақсы көріңдер! Мен өздеріңді сүйгендей, сендер де бір-біріңді сүйіңдер! 35 Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады. 36 Шимон Петір: — Мырзам, Сіз қайда бармақсыз? — деп сұрағанда, Иса: — Мен баратын жерге сен қазір еріп бара алмайсың, кейінірек соңымнан келесің, — деді. 37 Петір: — Мырза, Сізге қазір неліктен еріп бара алмаймын? — деп сұрады. — Сіз үшін жанымды қиюға дайынмын! — 38 Иса оған былай жауап берді: — Мен үшін жан қиямын дейсің бе? Саған шындығын айтайын: осы түні әтеш шақырғанша сен Менен үш рет танасың!
1 — Көңілдерің толқымасын! Құдайға сеніңдер және Маған да сеніңдер! 2 Көктегі Әкемнің үйінде тұратын орын көп. Егер солай болмаса, Мен сендерге айтқан болар едім ғой. Енді сол жерден сендер үшін орын дайындауға бара жатырмын. 3 Барып, дайындап болғаннан кейін қайтып келіп, Өзім болатын жерде сендерді де болсын деп қасыма алып кетемін. 4 Қайда бара жатқанымды да, сонда апаратын жолды да білесіңдер, — деді Иса. Ал Тома: 5 — Ием, қайда бара жатқаныңызды білмейміз. Онда біз жолды қалай білеміз? — деп сұрады. 6 Иса оған: — Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды. 7 Мені жақыннан танысаңдар, Әкемді де білер едіңдер. Оны қазірден бастап білесіңдер және көрдіңдер де, — деп түсіндірді. Філіп: 8 — Мырзам, бізге Әкені көрсетіңіз, бізге сол да жеткілікті, — деп өтінді. 9 Иса былай деп жауап берді: — Мен көптен бері қастарыңдамын, сонда да Мені шынымен білген жоқсың ба, Філіп? Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені. Бізге Әкені көрсетіңіз деп неге айтасың? 10 Менің Әкеммен, Әкемнің Менімен тығыз байланыста екенімізге сенбейсің бе? Сендерге айтып жүрген сөздерім Өзімдікі емес, Әкемдікі. Сол сияқты Менімен тығыз байланыстағы Әкем Өзінің істерін де Мен арқылы істеп жатыр. 11 Менің Әкеммен, Әкемнің Менімен тығыз байланыста екенімізге сеніңдер! Әйтпесе істеген кереметтеріме сүйеніп Маған сеніңдер. 12 Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Мен жасаған кереметтер сияқтыларды Маған сенуші де істейді, тіпті одан да зорларын істейді, себебі Мен Әкеме барамын. 13 Менің атымнан Әкемнен не сұрасаңдар да, орындаймын, сонда Әкенің ұлылығы Өзінің рухани Ұлы арқылы көрінеді. 14 Менің еркіме мойынсұнып бір нәрсе сұрасаңдар, Мен соны орындаймын. 15 Сендер Мені сүйсеңдер, өсиеттерімді орындаңдар! 16 Мен көктегі Әкемнен сендермен мәңгі бірге болатын Қамқоршыны жіберуін өтінемін, 17 Ол — шындықты білдіретін Киелі Рух. Осы күнәкар дүние Киелі Рухты қабылдай алмайды, себебі Оны көрмейді әрі білмейді. Ал сендер Оны білесіңдер, өйткені Киелі Рух сендермен бірге тұрып, жан дүниелеріңнен орын алады. 18 Мен сендерді жетімсіретпей, өздеріңе қайтып келемін. 19 Енді аз уақыт қалды, содан кейін осы күнәкар дүние Мені көрмейді, ал сендер Мені көресіңдер. Мен қайта тірілемін, сондықтан сендер де мәңгілік өмірге ие боласыңдар. 20 Сол күні сендер Менің Әкеммен, сендердің Менімен, Менің де сендермен тығыз байланыста екенімізді түсінесіңдер. 21 Менің өсиеттерімді жүректеріне сақтап, орындап жүргендер — Мені сүйетіндер. Оларды Әкем де сүйеді. Мен де соларды сүйіп, Өзімді оларға жақынырақ таныстырамын. — 22 Исқариоттан өзге Яһуда Исадан: — Мырзам, Сіз қалайша осы дүниеге емес, тек бізге ғана Өзіңізді таныстырмақсыз? — деп сұрады. 23 Иса былай деп жауап берді: — Кім Мені сүйсе, сол айтқан сөздерімді берік ұстанады, әрі Әкем оны сүйеді. Біз сондай адамдарға келіп, өмірлерінен орын аламыз. 24 Мені сүймегендер сөздерімді берік ұстанбайды. Сендердің естіп жүргендерің — Өзімнің емес, Мені жіберген Әкемнің сөздері. 25 Мен бұл сөздерді әлі де қастарыңда жүрген кезімде айтып тұрмын. 26 Ал Әкем Менің атымнан Қамқоршыларың — Киелі Рухты жібереді. Ол Менің сендерге айтқан сөздерімнің бәрін естеріңе салып, рухани өмірлеріңе керектің бәрін үйретеді. 27 Мен сендерге амандық пен тыныштық сыйлаймын, Өзімнің тыныштығымды беремін. Менің беретінім осы дүниенің беретін өткінші тыныштығы сияқты емес, сондықтан көңілдерің қобалжып, қорықпаңдар. 28 Менің өздеріңе былай дегенімді естігенсіңдер: Мен кетемін, кейін сендерге қайтып келемін. Егер Мені шын көңілмен сүйсеңдер, Әкеме барып, құрметке бөленетініме қуанар едіңдер; себебі Әкем Менен ұлы. 29 Сендердің осылар іске асқан кезде Менің айтқандарыма шын сенулерің үшін бұларды қазір алдын ала айтып тұрмын. 30 Енді сендермен көп сөйлесе алмаймын, өйткені осы күнәкар дүниенің әміршісі (шайтан) жақындап келе жатыр. Оның билігі Маған жүрмейді. 31 Бірақ осы дүние Менің көктегі Әкемді сүйетінімді білсін деп Әкемнің тапсырмасын орындаймын. Ал енді тұрыңдар, бұл жерден кетейік! — деп Иса сөзін аяқтады.
1 — Мен «шынайы жүзім бұтасымын», ал көктегі Әкем «жүзім өсіруші». 2 Маған ілінген, бірақ рухани жеміс бермейтін әр «сабақты» Әкем кесіп тастайды, ал өнім беретіндерін молырақ берсін деп тазартады. 3 Сол сияқты сендер де Менің өздеріңе айтқан сөздеріме сеніп, рухани таза болдыңдар. 4 Менімен тығыз байланыста тұрыңдар, сонда Мен өздеріңмен тығыз байланыста тұрамын. Сабақ өздігінен емес, тек бұтасымен байланыста тұрса ғана жеміс бере алады. Сол секілді сендер де Менімен тығыз байланыста тұрмасаңдар, рухани өнім бере алмайсыңдар. 5 Мен «бұтамын», ал сендер «сабақтарымсыңдар». Менімен тығыз байланыстағылармен Өзім де тығыз байланыста тұрамын, сонда олар мол өнім бермек. Ал Менен бөлініп сендер ешбір игілік істей алмайсыңдар. 6 Кім Менімен байланыста тұрмаса, сол кесіліп тасталған сабақтар іспетті «сыртқа лақтырылып, кеуіп қалады». Кепкен сабақтар кейін жиналып, отқа жағылып, жанып кетеді. 7 Ал егер сендер Менімен тығыз байланыста тұрсаңдар, әрі Менің сөздерім өздеріңмен бірге болса, қалағандарыңның бәрін көктегі Әкемнен сұраңдар, сонда аласыңдар. 8 Егер мол жеміс берсеңдер, Менің шәкірттерім боласыңдар. Сол арқылы Әкемнің ұлылығы анық көрінеді. 9 Әкем Мені қалай сүйсе, Мен де сендерді солай сүйемін. Сүйіспеншілігімді қабылдай беріңдер! 10 Менің Әкемнің өсиеттерін орындап, сүйіспеншілігін қабылдап жүргенімдей, сендер де Менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімді қабылдап жүресіңдер. 11 Бұларды Менің көретін қуанышым сендердікі де болсын, әрі қуаныштарың мейлінше толық болсын деп өздеріңе айттым. 12 Сендерге айтатын өсиетім мынау: бір-біріңді Менің өздеріңді сүйгенімдей сүйіңдер! 13 Адамның достарына көрсететін ең зор сүйіспеншілігі — олар үшін өмірін құрбан етуі. 14 Егер Менің тапсырғандарымды орындасаңдар, Маған доссыңдар. 15 Сендерді бұдан былай құл демеймін, құл иесінің не істеп жүргенін білмейді. Қайта, сендерді достарым деп атадым, өйткені Әкемнен естігендерімнің бәрін сендерге білдірдім. 16 Сендер Мені таңдап алған жоқсыңдар, қайта, Мен сендерді таңдап алдым: өздерің барып, рухани жеміс берсін, сол жемістерің тұрақты болсын деп тағайындадым. Сонда Менің атымнан не сұрасаңдар, Әкем соның бәрін де береді. 17 Сендерге айтатын өсиетім мынау: бір-біріңді сүйіңдер! 18 Күнәкар дүние сендерді жек көрсе, оның сендерден бұрын Мені жек көргенін біліңдер. 19 Егер де осы дүниелік болсаңдар, ол сендерді өз адамдары ретінде жақсы көрер еді. Бірақ осы дүниелік емессіңдер, керісінше, Мен сендерді күнәкар дүниенің ішінен таңдап, айырып алдым. Сондықтан да ол сендерді жек көреді. 20 Мына айтқан сөзім естеріңде болсын: «қызметшінің жолы қожайынынан үлкен емес». Күнәкарлар Мені қудаласа, сендерді де қудалайды. Олар Менің сөзімді ұстанды ма, жоқ, ендеше сендердің сөздеріңді де ұстанбайтын болады. 21 Осының бәрін Менің атымды мойындағандарың үшін сендерге істейді. Себебі олар Мені Жібергенді танымайды. 22 Мен дүниеге келіп, оларға сөйлемесем, онда олар айыпты болмас еді. Ал енді кінәларына еш сылтау жоқ. 23 Мені жек көргендер сол арқылы Әкемді де жек көреді. 24 Егер Мен басқа ешкім жасамаған кереметтерімді араларында жасамаған болсам, олар айыпты болмас еді. Бірақ олар кереметтерімді көргенмен, Өзімді де, Әкемді де жек көреді. 25 Алайда солар қадірлейміз дейтін Киелі жазбаларда мынадай сөздер жазылған: Олар Мені себепсіз жек көреді. Бұл сөз осылайша іске асады. 26 Мен сендерге Әкемнен бір Қамқоршыны жіберемін: сендерге шындықты білдіретін сол Киелі Рух Әкемнен келіп, Мен туралы куәлік береді. 27 Сендер де куәлік бересіңдер, себебі қызметімнің басынан бастап қасымда болып келесіңдер.
1 Сендерге осының бәрін Маған деген сенімдеріңнен таймауларың үшін айттым. 2 Діндар яһудилер сендерді қауымдарынан шығарып жіберетін болады. Тіпті көздеріңді құртқан әркім Құдайға қызмет көрсетіп жатырмын деп ойлайтын күн де туады. 3 Олар мұны не Әкені, не Мені танымағандықтан істейді. 4 Бұларды айтқандағы мақсатым — сендердің бастарыңа сондай күн туғанда Менің оны алдын ала айтып кеткенімді естеріңе алып, жігерленулерің. Мен сендерге қызметімнің басында бұларды айтқан жоқпын, себебі өздеріңмен бірге болдым ғой. 5 Енді Мен Өзімді Жібергенге қайтып кетемін. Ал бірде-біреуің Менен: «Қайда барасыз?» — деп сұрамайсыңдар. 6 Қайта, Менің айтқандарымнан көңілдерің жабырқап, мұңайып тұрсыңдар. 7 Сендерге шындығын айтайын: Менің кететінім сендер үшін жақсы! Себебі Мен кетпесем, сендерге Қамқоршыларың (Құдай Рухы) келмейді; ал Мен барған соң, Оны сендерге жіберемін. 8 Құдай Рухы келген соң, Ол осы дүниенің күнәсінің, Менің әділдігімнің және Құдайдың сотының қандай екендігіне адамдардың көздерін жеткізеді: 9 олардың күнәсі — Маған сенбейтіндіктері; 10 әділдігімнің дәлелі — Менің Әкеге баратыным және сендердің бұдан былай Мені көрмейтіндіктерің; 11 ал сот — осы күнәкар дүниенің әміршісінің (яғни әзәзіл шайтанның) сотталғандығы. 12 Сендерге айтарым әлі де көп, бірақ қазір оның бәрін тыңдауға төзімдерің жете қоймас. 13 Алайда шындықты білдіретін Құдай Рухы келгеннен кейін сендерді бар шындыққа жеткізеді. Себебі Ол Өзінен шыққан сөзді емес, көктегі Әкемнен естігенін айтады және болашақта не болатынын сендерге хабарлайды. 14 Құдай Рухы Менің ұлылығымды көрсетеді, себебі Ол Менен қабылдаған хабарларды сендерге жеткізбек. 15 Әкемдегінің бәрі Менікі де. Сондықтан да «Ол Менен қабылдаған хабарларды сендерге жеткізбек» дедім. 16 — Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер, — деді Иса. 17 Сонда кейбір шәкірттері өзара сөйлесіп: — Ол бізге «Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер» дегенде не айтқысы келеді? Әрі «Мен Әкеме барамын» дегені нені білдіреді? 18 Және «біраз уақыт» деп нені меңзейді? Біз Оның не туралы айтып тұрғанын түсінбейміз, — десті. 19 Иса олардың осы туралы Өзінен сұрағылары келгенін біліп, былай деді: — «Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер» деп айтқаным туралы бір-біріңнен сұрасып жатырсыңдар ма? 20 Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: сендер жылап, жоқтау айтатын боласыңдар, ал күнәкар дүние қуанатын болады. Сендер қайғырасыңдар, бірақ қайғыларың қуанышқа айналатын болады. 21 Әйел босанатын кезде қайғырады, себебі оның қиналатын уақыты жетті. Ал баласын туған соң, дүниеге адам келді деп қуанғанынан қиналғанын ұмытып кетеді. 22 Сендер де қазір солай қайғылысыңдар. Бірақ Мен сендерді қайта көремін, сонда қатты қуанасыңдар, қуаныштарыңды ешкім тартып ала алмайды. 23 Сол кезде Менен бір нәрсе сұрауларыңның қажеті болмайды. Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Әкеден Менің атымнан не сұрасаңдар, Ол соны береді. 24 Бұған дейін Менің атымнан еш нәрсе де сұраған жоқсыңдар. Енді сұраңдар да алыңдар! Сонда шексіз қуанышқа кенелесіңдер. 25 Осыларды Мен сендерге астарлап айттым. Бұдан былай астарлап емес, Әкем туралы ашық айтатын кезім де келеді. 26 Сол уақытта Менің атымнан сұрайсыңдар; Менің сендер үшін Әкеден өтінуімнің қажеті болмайды, 27 өйткені Әкенің Өзі сендерді сүйеді. Себебі сендер Мені сүйіп, Құдайдан келгеніме сенесіңдер. 28 Мен Әкеден жерге келдім; кейін жерді тастап, Әкеге қайта ораламын. — 29 Сонда шәкірттері: — Қазір астарлап емес, ашық сөйлеп тұрсыз. 30 Енді бәрін білетініңізге көзіміз жетті, өйткені Сізге адамдардың ойларында қандай сұрағы бар екенін сұраудың керегі жоқ. Сондықтан Құдайдан келгеніңізге сенеміз, — деді. 31 Иса оларға былай деп жауап берді: — Енді сенесіңдер ме? 32 Сендердің жан-жаққа бытырап, әрқайсыңның өз үйлеріңе кететін уақыттарың келеді, ол тіпті жетіп те қалды. Сонда Мені жалғыз қалдырасыңдар. Бірақ Мен жалғыз емеспін, себебі көктегі Әкем Өзіммен бірге. 33 Мен бұларды сендер Менімен тығыз байланыста тұрып, тыныштыққа кенелсін деп айттым. Күнәкар дүниеде қысымшылық көресіңдер; алайда батыл болыңдар: Мен осы дүниені жеңіп шықтым!
1 Иса осыны айтқаннан кейін, аспанға қарап былай деді: — Әке, уақыт жетті. Рухани Ұлыңды ұлылыққа бөлей гөр, сонда Мен Сенің ұлылығыңды көрсете аламын. 2 Себебі Сен Маған берген адамдарыңның бәріне мәңгілік өмір сыйлауым үшін күллі адамзаттың билігін Менің қолыма тапсырдың. 3 Мәңгілік өмір — Сені, жалғыз шынайы Құдайды, әрі Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану. 4 Маған тапсырған ісіңді аяқтап, жерде Сенің ұлылығыңды көрсеттім. 5 Әке, әлем жаратылмай тұрып Өзіңмен бірге болғанымда ұлылыққа кенелген едім. Енді Мені өз қасыңда сол ұлылыққа қайтадан кенелте гөр. 6 Сені Маған күнәкар дүниенің ішінен айырып берген адамдарға Өзіңді таныттым. Олар Сенікі еді, Сен Маған оларды бердің. Олар Сенің сөзіңді берік ұстанып келеді. 7 Сенің Маған тапсырғандарыңның бәрінің де Өзіңнен шыққанына енді олардың көздері жетті. 8 Себебі Мен Өзің тапсырған хабарды оларға жеткіздім, олар оны қабыл алды. Сенен келгенімді шәкірттерім шынымен түсініп, Мені Өзіңнің жібергендігіңе сенді. 9 Олар үшін өтініп жатырмын. Саған бағынбайтын дүние үшін емес, Өзің Маған берген шәкірттерім үшін өтініп жатырмын, себебі олар Сенікі. 10 Менікінің бәрі Сенікі, Сенікінің бәрі де Менікі. Бұл адамдар арқылы Менің ұлылығым көрініп тұр. 11 Бұдан былай Мен осы дүниеде қалмай, Саған бара жатырмын. Бірақ олар осы дүниеде қалады. Киелі Әке, Маған берген есіміңнің құдіретімен шәкірттерімді қорғай гөр. Екеуіміздің біртұтас екендігіміздей, олар да біртұтас болсын. 12 Мен қастарында болған кезімде оларды Сенің Маған берген есіміңнің құдіретімен қорғап, аман сақтап жүрдім. Құрып кетуге тиісті адамнан басқа бірде-біреуін жоғалтқан жоқпын. Киелі жазбада сол адамның істейтіні туралы айтылғандар орындалу үшін осылай болды. 13 Ал енді Саған бара жатырмын. Бірақ Менің қуанышым толығымен шәкірттерімнің де қуанышы болсын деп осы сөздерді әлі де жерде жүрген кезімде айтып тұрмын. 14 Бұларға Сенің хабарыңды білдірдім. Күнәкар дүние оларды жек көріп келеді, себебі Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да сондай емес. 15 Сенен оларды осы дүниеден әкете гөр деп емес, әзәзіл шайтаннан қорғай гөр деп сұрап тұрмын. 16 Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да осы күнәкар дүниенің адамдары емес. 17 Оларды шындығың арқылы Өзіңе бағыштап, таза жүргізе гөр. Сенің сөзің — шындық. 18 Мені осы күнәкар дүниеге жібергеніңдей, Мен де бұларды осы дүниеге жіберемін. 19 Сенің шындығың арқылы олардың да Өзіңе бағышталулары үшін Мен Өзімді оларға бола Саған бағыштаймын. 20 Мен бұлар үшін ғана емес, олардың айтқандары арқылы Маған сенетін барлық адамдар үшін де өтініп тұрмын. 21 Әке, Мені Өзіңнің жібергендігіңе адамзаттың сенуі үшін, Сенің Менімен, Менің де Сенімен тығыз байланыста тұрғанымыздай, сенушілер де Екеуімізбен тығыз байланыста тұрып, бәрі біртұтас болсын деп өтінемін. 22 Солар да Біз сияқты біртұтас болсын деп, Өзің Маған сыйлаған ұлылықты Мен оларға да бердім. 23 Мен бұлармен тығыз байланыстамын, Сен де Менімен солайсың. Маған сенетіндер толық бірлікке жетсін! Осылайша Өзіңнің Мені жібергеніңе әрі Мені қалай сүйсең, оларды да солай сүйетініңе адамзаттың көзі жетсін. 24 Әке, Маған тапсырған адамдарыңның Өзім болатын жерде болуларын және Өзің Маған сыйлаған салтанатты ұлылығымды көрулерін қалаймын. Бұл ұлылығымды Сен Маған Мені сүйгендіктен әлем жаратылмастан бұрын-ақ сыйлаған едің. 25 Әділетті Әке, осы дүние Сені түсінген жоқ, ал Мен Сені түсінемін. Мені Өзіңнің жібергеніңе шәкірттерімнің көздері жетті. 26 Маған деген сүйіспеншілігің солардың ішінде де болсын және Өзім де олардың өмірлерінен орын алайын деп оларға Сенің қасиеттеріңді білдірдім және білдіре беремін де.
1 Осылай мінажат еткеннен кейін Иса шәкірттерімен бірге (қаланың сыртындағы) Қидрон сайының арғы жағасына өтті. Сол жерде бір бақ бар еді. Иса шәкірттерін ертіп соның ішіне кірді. 2 Оған опасыздық еткен Яһуда да бұл жерді білетін, себебі Иса осында шәкірттерімен жиі жиналушы еді. 3 Енді Яһуда римдік әскердің бір тобын және басты діни қызметкерлер мен парызшылдар жіберген бірнеше сақшыларды ертіп сонда келді. Олардың қолдарында шамдары, шырақтары және қарулары болды. 4 Өзіне не боларын түгел білетін Иса бақтың ішінен шығып, оларға: — Кімді іздеп жүрсіңдер? — деген сұрақ қойды. 5 Олар: — Назареттік Исаны! — деп жауап берді. Иса: — Ол Менмін! — деді. Опасыз Яһуда да солардың қасында тұрған еді. 6 Иса оларға «Ол Менмін!» дегенде, олар кейін шегініп, жерге жығыла кетті. 7 Иса оларға тағы да: — Кімді іздеп жүрсіңдер? — деген сұрақ қойды. Олар: — Назареттік Исаны, — деп жауап берді. Иса: 8 — «Ол Менмін» деп сендерге айттым ғой! Егер Мені іздеп жүрсеңдер, онда мыналарға тимеңдер, кете берсін! — деді. 9 Исаның «Сен Маған бергендердің бірде-біреуін жоғалтқан жоқпын» деп айтқаны осылайша орындалды. 10 Шимон Петір беліне семсер байлап алған болатын. Ол соны суырып алып, бас діни қызметкердің малайына қарай сілтеп қалып, оның оң құлағын шауып түсірді. Малайдың аты Мәлік еді. 11 Ал Иса Петірге: «Семсеріңді қынабына сал! Әкем Маған белгілеп қойған азапты тартуым керек, соны білмеуші ме едің?» — деп ескертті. 12 Әскер тобы мен мыңбасы және яһуди басшыларының сақшылары Исаны тұтқынға алып, бұғаулады. 13 Алдымен Оны Аннасқа апарды. Өйткені Аннас сол жылы бас діни қызметкер болып тұрған Қаяфаның қайын атасы еді. 14 Халық үшін бір адамның өлгені жақсы деп яһуди басшыларына кеңес берген сол Қаяфа болатын. 15 Шимон Петір және Исаның тағы бір шәкірті Исаның артынан ілесіп отырды. Бұл шәкірт бас діни қызметкермен таныс еді, сондықтан оның сарайының ауласына Исаға еріп кірді. 16 Петір сыртта қақпаның алдында қалды. Жаңағы шәкірт, бас діни қызметкердің танысы, сыртқа шығып, қақпашы қызбен сөйлесті де, Петірді ішке кіргізіп алды. 17 Қақпаны ашып-жауып тұрған әлгі қызметші қыз Петірден: «Сен де осы Кісінің бір шәкірті емессің бе?» — деп сұрады. Ол: «Жоқ», — деді. 18 Малайлар мен сақшылар жылыну үшін от жағып, соның айналасында тұрды, себебі күн суық еді. Петір де олардың қасына барып, жылынып тұрды. 19 Бас діни қызметкер Исадан Өзінің шәкірттері мен ілімі туралы жауап алды. 20 Иса оған: — Мен бүкіл жұрттың алдында ашық айтып келемін. Әрдайым барлық яһудилер жиналатын мәжілісханалар мен ғибадатханада тәлім беріп жүрдім. Мен еш нәрсені бүркемелеп айтқан емеспін. 21 Сұрақтарды неге Менің Өзіме қойып жатырсыз? Не айтқанымды Мені тыңдағандардан сұраңыз. Менің не дегендерімді солар біледі ғой, — деп жауап берді. 22 Иса осыны айтқаннан кейін сонда тұрған сақшылардың бірі Оның бетін шапалақпен тартып жіберіп: — Сен бас діни қызметкерге қалай-қалай сөйлейсің? — деп зекіді. 23 Иса оған: — Айтқаным дұрыс болмаса, дәлелде; дұрыс болса, Мені неге ұрасың? — деп жауап берді. 24 Осыдан кейін Аннас Исаны бұғауланған күйі бас діни қызметкер Қаяфаға жіберді. 25 Ал Шимон Петір отқа жылынып тұра берді. Қасындағылар одан: — Сен де Соның бір шәкірті емессің бе?! — деп сұрады. Ол: — Жоқ, олай емеспін! — деп мойындамады. 26 Сонда бас діни қызметкердің малайларының бірі, Петір құлағын семсермен шауып түсірген кісінің бір туысы тіл қатып: — Сені бақта Соның қасынан көрдім емес пе? — деді. 27 Петір тағы мойындаған жоқ. Сол сәтте-ақ әтеш шақырды. 28 Таң сәріде яһуди дінбасылары Исаны Қаяфаның сарайынан римдік әміршінің сарайына алып барды. Діни салтқа сай арамданбау үшін, яһуди дінбасылары әміршінің сарайына кірген жоқ. Әйтпесе олар Құтқарылу мейрамындағы асқа қатыса алмайтын еді. 29 Сондықтан Пилат оларға өзі шығып: — Мына Кісіге қандай айып тағып тұрсыңдар? — деген сұрақ қойды. 30 Олар: — Бұл қылмыскер болмаса, Оны сізге ұстап әкелмес едік, — деп жауап қайтарды. 31 Пилат оларға: — Сендер Оны алып кетіп, өз заңдарың бойынша соттаңдар! — деді. Яһудилер: — Біреуге өлім жазасын тартқызу бізге рұқсат етілмеген, — деп жауап берді. 32 Өзінің қалай өлуге тиісті екенін меңзеп көрсеткен Исаның сөзі осылай орындалды. 33 Сонда Пилат сарайға қайта кіріп, Исаны шақыртып алып: — Сен «Яһудилердің Патшасысың» ба? — деп сұрады. 34 Иса: — Бұл сөзді өзіңіз айтып тұрсыз ба, әлде басқалар сізге Мен туралы айтты ма? — деп қарсы сұрақ қойды. 35 Пилат: — Мен не, яһудимін бе? Сені маған ұстап әкелген өз халқың және басты діни қызметкерлер ғой. Қандай істер істеп едің? — деді. 36 Иса: — Менің Патшалығым осы дүниелік емес. Егер де Патшалығым осы дүниелік болса, онда Менің қасымда сақшыларым жүріп, олар Мені яһуди басшыларының қолына түсірмеу үшін күрескен болар еді. Бірақ Менің Патшалығым осы дүниелік емес, — деп жауап берді. 37 Пилат: — Сонымен Сен бәрібір Патшасың ғой? — деп сұрады. Иса оған: — Дұрыс айтасыз, Мен Патшамын. Шындықты ашық жариялау үшін осы дүниеге келдім. Шындықты жақтаушы әркім Менің үніме құлақ салады, — деді. 38 Пилат Исадан: — Шындық деген не? — деп сұрады. Осыны айтты да, тағы да сарайынан шығып, яһуди басшыларына барды. Оларға тіл қатып былай деді: — Мен Одан ешқандай кінә таппай тұрмын! 39 Ал Құтқарылу мейрамында өз салттарың бойынша сендерге бір тұтқынды босатып жіберемін. Енді «Яһудилердің Патшасын» босатып беруімді қалайсыңдар ма? — 40 Сонда олар: — Бұны емес, Бараббаны! — деп қатты айқайлап жауап қайтарды. Ал Барабба ұлтшыл қарақшы болатын.
1 Осыдан кейін Пилат Исаны қамшымен соқтырды. 2 Бір топ жасақшы тікенді бұтақшалардан «тәж» өріп, оны Исаның басына кигізді. Оның үстіне бір қызыл шапанды жапты. 3 Олар Исаның қарсы алдына тұра қалып: «Яһудилердің Патшасы жасасын!» — деп, шапалақпен бетінен ұра берді. 4 Пилат қайтадан сыртқа шығып, яһуди басшыларына: — Қараңдар, мен Оны сендерге әкеле жатырмын: Одан ешқандай кінә таппай тұрмын, соны біліңдер! — деді. 5 Иса басындағы тікен тәжімен, үстіндегі қызыл шапанымен сыртқа шықты. Пилат яһудилерге: — Қараңдар, сол Адам — Мынау! — деді. 6 Басты діни қызметкерлер мен олардың сақшылары Исаны көргенде: — Айқышқа шегеленсін! Айқышқа! — деп айқай салды. Пилат оларға: — Оны өздерің алып, айқышқа шегелеңдер! Себебі мен Одан ешқандай кінә таппай тұрмын, — деді. 7 Яһуди басшылары оған: — Біздің Таурат заңымыз бар, сол бойынша Ол өлуге тиіс, себебі Ол Өзін «Құдайдың (рухани) Ұлымын» деп жүр, — деді. 8 Пилат осыны естігенде бұрынғыдан бетер қорқып кетті. 9 Сарайға қайта кіріп, Исадан: — Сен қайдан шыққансың? — деп сұрады. Бірақ Иса оған жауап берген жоқ. 10 Сонда Пилат: — Менімен сөйлескің келмей ме? Сені босатып жіберу де, айқышқа шегелетіп өлтіру де менің билігімде екенін білмейсің бе? — деді. 11 Иса оған: — Көктен берілмесе, Маған билігіңіз жүрмес еді. Сондықтан Мені ұстап бергеннің күнәсі сіздікінен де үлкен, — деп жауап қайтарды. 12 Содан Пилат Исаны босатып жіберуге тырысты. Бірақ яһуди басшылары: — Егер Оны босатып жіберсеңіз, Рим патшасының досы емессіз! Өзін-өзі патшамын деген әркім Рим патшасына қарсы! — деп айқай салды. 13 Осы сөздерді естіген соң Пилат Исаны сыртқа шығартып, өзі Тастөселген деп аталатын алаңдағы төрелік тағына отырды. Сол алаңның жергілікті аты — Ғаббата. 14 Бұл Құтқарылу мейрамынан бір күн бұрын түскі сағат он екілерде болған еді. Пилат яһудилерге: — Міне, Патшаларың! — деді. 15 Бірақ олар: — Алып кетіңіз Оны, айқышқа шегеленсін! — деп айқай салды. Пилат оларға: — Мен айқышқа сендердің Патшаларыңды шегелетейін бе?! — деген сұрақ қойды. Басты діни қызметкерлер: — Рим патшасынан басқа ешқандай патшамыз жоқ! — деп жауап берді. 16 Сонда Пилат олардың дегеніне көніп, Исаны айқышқа шегелеп өлтіруге бұйырды. Сонымен жасақшылар Исаны ұстап алып кетті. 17 Иса айқыш ағашын Өзі арқалап, қаладан шықты да, Маңдайтөбе деп аталатын жерге қарай бет алды. Мұның жергілікті аты — Ғолғота. 18 Жасақшылар Исаны басқа екі адаммен бірге, біреуін оң, екіншісін сол жағына, ал орталарына Исаны қойып, үш айқыш ағашқа керіп шегелеп тастап, тік көтеріп қойды. 19 Пилат тақтайша жасатып, айқыштың жоғарғы жағына бекіттірді. Оның бетінде «Назареттік Иса — Яһудилердің Патшасы» деп жазылған еді. 20 Мұны көптеген яһудилер оқыды, себебі Иса айқышқа шегеленген жер қалаға жақын еді, әрі жазу еврейше, латынша және грекше жазылған болатын. 21 Ал яһудилердің басты діни қызметкерлері Пилатқа былай деді: — «Яһудилердің Патшасы» емес, «Мынау Яһудилердің Патшасымын деді» деп жазыңыз! 22 Пилат оларға: — Мен жазарымды жазып қойдым, — деп жауап қатты. 23 Жасақшылар Исаны айқышқа шегелеп, көтергеннен кейін Оның сырт киімдерін төртеуі тең бөлісіп, көйлегін де алды. Көйлегі басынан аяғына дейін тігіссіз тұтас тоқылған еді. 24 Сол себепті олар бір-біріне: «Бұны жыртпайық, жеребе салып, кімге түсетінін шешейік», — деді. «Жау жамылғымды бөлісіп алады, киімім үшін жеребе салады» деп Забурда жазылған сөздер осылай орындалды. Мұны жасақшылар жүзеге асырды. 25 Иса шегеленген айқыштың қасында Оның шешесі, нағашы әпкесі, Клеопаның әйелі Мәриям және мағдалалық Мәриям тұр еді. 26 Иса шешесін және оның қасында тұрған, Өзін жақсы көретін шәкіртін көргенде, шешесіне: «Апа, енді мынау — сіздің ұлыңыз!» — деді. 27 Содан кейін шәкіртіне: «Енді осы кісі — сенің анаң!» — деді. Сол сәттен бастап шәкірті Исаның шешесін қамқорлығына алды. 28 Тиісті нәрселердің бәрінің түгел орындалғанын білген Иса бұдан кейін: «Мен шөлдеп тұрмын», — деді. Забурда алдын ала жазып қалдырылған бұл тәрізді сөз де осылай іске асты. 29 Сол жерде сірке суына толы құмыра тұрған еді. Жасақшылар бір сорғышты сірке суына батырып алып, сайсағыз бұтасының сабағына бекітіп, Исаның аузына тосты. 30 Иса сірке суын сорғаннан кейін: «Енді түгел орындалды!» — деді де, басын иіп, жан тапсырды. 31 Бұл жұма күні, ал ертеңіндегі сенбі үлкен мейрам болатын. Шегеленгендердің денелерін мейрам күні айқыш ағашта қалдыру яһудилердің діни ережелерін бұзу болып табылар еді. Сондықтан яһуди басшылары Пилатқа барып, шегеленгендерді аяқтарын сындырып өлтіріп, сүйектерін айқыштан алып тастауын өтінді. 32 Сонымен жасақшылар келіп, Исамен бірге шегеленген екі кісінің аяқтарын сындырды. 33 Алайда Исаның қасына келіп, Оның өліп қалғанын көрген соң, олар Оның аяқтарын сындырған жоқ. 34 Бірақ жасақшылардың біреуі Исаның бүйіріне найзасын сұғып алды. Сол заматта қан мен су шыға келді. 35 Мұны көрген кісі сендер де сенсін деп бұған куәлік береді. Оның куәлігіне сенуге болады, ол шындықты айтып тұрғанын біледі. 36 Киелі жазбалардағы мына тәрізді сөздердің осылай орындалуы тиіс еді: Оның ешбір сүйегі де сындырылмасын! Бұл солай болды да. 37 Пайғамбарлар жазбаларының тағы бір жерінде: «Олар өздері түйреген Кісіні көретін болады» делінген. 38 Бұдан кейін ариматеялық Жүсіп деген кісі Пилатқа барды. Жүсіп Исадан тәлім алған шәкірті болғанмен, мұнысын яһуди басшыларынан қорыққанынан жасырып келген еді. Осы кісі Пилаттан Исаның мәйітін айқыш ағаштан түсіріп алуға рұқсат сұрады. Пилат бұған келісті. Жүсіп барып, сүйекті айқыштан түсіріп алды. 39 Нікөдем де сол жерге келді. Ол мәйітке жағатын мүр мен алоэ шайырының жүз қадақтай қоспасын әкелді. Нікөдем бұрын бір кезде түн ішінде Исаға келіп кеткен болатын. 40 Екеуі яһуди халқының дәстүрлі салты бойынша мәйітке осы хош иісті қоспадан сала отырып, оны бәтес орауышқа орады. 41 Исаны айқышқа шегелеп өлтірген жердің маңында бір бақ болатын. Бақтың ішінде әлі ешкім қойылмаған бос қабір бар еді. 42 Яһуди мейрамының қарсаңы болғандықтан және қабір жақын тұрған соң, олар Исаның сүйегін соның ішіне апарып қойды.
1 Жексенбі күні әлі қараңғы болған кезде мағдалалық Мәриям (жартастан үңгіп жасалған) қабірге келді. Сонда ол қабірдің аузын бекіткен дәу қақпақ тастың орнынан алынып тасталғанын көрді. 2 Содан Мәриям Шимон Петірге және Исаның жақсы көрген шәкіртіне жүгіріп барып, оларға: «Біреулер Мырзамызды қабірден алып кетіпті! Оны қай жерге қойғанын білмейміз!» — деді. 3 Петір мен әлгі шәкірт дереу қаладан шығып, қабірге қарай беттеді. 4 Екеуі бірге жүгіре жөнелді, бірақ сол шәкірт Петірден жылдамырақ жүгіріп, үңгірдегі қабірге алдымен жетті. 5 Ол еңкейіп қарап, бәтес орауыштың жатқанын көрді, бірақ қабірдің ішіне кірмеді. 6 Сол сәтте оның соңын ала Шимон Петір де келіп, қабірге кірді. 7 Ол да бәтес орауыш пен Исаның беті бүркелген сүлгінің жатқанын көрді. Сүлгі бәтес орауышпен бірге емес, бүктелген күйі бөлек жатыр екен. 8 Сонда бірінші болып келген әлгі шәкірт те қабірге кірді. Ол да соны көріп, Исаның тірілгеніне сенді. 9 Сол кезде олар Исаның Киелі жазбаларға сай өлімнен қайта тірілуге тиіс екендігін әлі де түсінбейтін. 10 Содан кейін екі шәкірт өздері тұрып жатқан үйге қайта оралды. 11 Ал Мәриям үңгірдің алдында жылап тұрды. Жылап тұрған ол қабірдің ішіне еңкейіп қарағанда, 12 ақ киімді екі періштенің отырғанын көрді. Біреуі Исаның мәйіті қойылған жердің бас жағында, екіншісі аяқ жағында отыр екен. 13 Періштелер Мәриямға: — Қарындас, неге жылап тұрсың? — деп тіл қатты. Ол: — Біреулер Мырзамды алып кетіпті! Оны қай жерге қойғанын білмеймін, — деді. 14 Мәриям осыны айтқаннан кейін артына бұрылып, Исаның тұрғанын көрді, бірақ Оны танымады. 15 Иса: — Қарындас, неге жылап тұрсың? Кімді іздеп жүрсің? — деп сұрады. Мәриям Оны бағбан екен деп ойлап: — Мырза, Оны әкеткен Сіз болсаңыз, қайда қойғаныңызды айтыңызшы. Мен Оны сол жерден алып кетейін, — деді. 16 Сонда Иса оған: — Мәриям! — деп үн қатты. Мәриям Исаға бұрылып: — Раббуни! — деді. Бұл сөз «Ұстаз!» деп аударылады. 17 Иса оған: — Маған жармаспа, себебі Мен әлі де Әкеме көтерілген жоқпын. Одан да бауырластарыма барып, оларға Менің Әкеме, яғни сендердің де Әкелеріңе, өз Құдайыма, яғни сендердің де Құдайларыңа, көтеріліп кететінімді айт! — деп тапсырды. 18 Мағдалалық Мәриям шәкірттерге барып, өзінің Иемізді көргенін және Оның осы айтқандарын жеткізді. 19 Сол жексенбі күнінің кешінде Исаның шәкірттері жиналып, яһуди басшыларынан қорыққаннан есіктерді бекітіп алған еді. Кенеттен кіріп келген Иса орталарына тұра қалып: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын!» — деп батасын берді. 20 Осыны айтқаннан кейін Иса оларға екі қолы мен бүйірін көрсетті. Шәкірттері Иелері Мәсіхті көріп қатты қуанды. 21 Иса оларға тағы да: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын! — деді. — Әкемнің Өзімді осы дүниеге жібергені сияқты, Мен де сендерді адамдарға жіберемін». — 22 Осылай дегеннен кейін Иса шәкірттерінің бетіне демін үрлеп: «Киелі Рухты қабыл алыңдар! 23 Кімнің күнәларын кешсеңдер, солар кешіріледі, ал кімнің күнәларын кешпесеңдер, солар кешірілмейді», — деді. 24 Исаның он екі шәкіртінің бірі, Сыңарлас деп те аталған Тома, Иса оларға келген кезде араларында жоқ еді. 25 Басқа шәкірттер оған: — Біз Иемізді көрдік, — дегенде, Тома: — Мен Оның қолдарынан шегелердің орнын көрмесем, саусағыммен шегелердің орнын сипап, бүйіріндегі тыртығын қолыммен ұстамасам, Оның тірілгеніне еш сенбеймін, — деп жауап берді. 26 Бір аптадан кейін Исаның шәкірттері тағы сол үйге жиналды, олармен бірге Тома да болды. Есік бекітілген еді, бірақ Иса кіріп келіп, орталарына тұра қалды да: — Сендерге амандық пен тыныштық болсын! — деді. 27 Содан кейін Томаға: — Менің қолыма саусақтарыңды тигізіп қара, алақаныңды бүйіріме қой және сенімсіз болмай, сенетін бол! — деді. 28 Тома Оған: — Ием менің, Құдайым менің! — деп мойынсұнды. 29 Иса: — Тома, сен Мені көргендіктен Маған сеніп тұрсың. Ал Мені көрмесе де сенетіндер бақытты! — деп жауап берді. 30 Иса шәкірттерінің көз алдында осы кітапта жазылмаған басқа да көптеген кереметтер істеді. 31 Ал жазылғандары Исаның Құтқарушы Мәсіх, Құдайдың рухани Ұлы екендігіне сендер сенсін, әрі сенімдерің арқылы Онымен тығыз байланыста тұрып, шынайы өмірге ие болсын деген мақсатпен жазылған.
1 Бұдан кейін Иса Тіберия көлінің жағасында тағы бір рет шәкірттеріне көрінді. Бұл былай болған еді: 2 Шимон Петір, Сыңарлас Тома, Ғалилеядағы Қана қаласынан шыққан Натанайыл, Зебедейдің ұлдары және Исаның тағы басқа екі шәкірті бәрі бірге болды. 3 Сонда Петір серіктеріне: — Мен балық аулауға бара жатырмын, — деді. — Біз де барайық, — деді олар. Содан барлығы сыртқа шығып, қайыққа мінді. Алайда сол түні олар түк те ұстай алған жоқ. 4 Таң сәріде Иса жағада тұрды, бірақ шәкірттері Оның Сол екенін білмеді. 5 Иса оларға: — Жігіттер, балықтарың бар ма? — деп үн қатты. Олар: — Жоқ, — деп жауап берді. 6 — Ауды қайықтың оң жағынан салыңдар, сонда біразын ұстайсыңдар, — деді Иса. Олар ауын тастаған соң, түскен балықтың көптігінен оны тартып шығара алмады. 7 Сол кезде Исаның жақсы көретін шәкірті Петірге: «Бұл — Иеміз ғой!» — деді. «Бұл — Иеміз ғой!» дегенді естігенде, сырт киімсіз жүрген Шимон Петір көйлегін буып алып, суға секірді. 8 Басқа шәкірттер де қайықпен жағаға беттеді, олар жағалаудан алыс емес, жүз метрдей жерде жүрген еді. Бұлар балыққа толы ауды сүйретіп келді. 9 Жағалауға шыққан олар күйген ағашпен жағылған отты, оның үстіндегі балық пен нанды көрді. 10 Иса оларға: «Қазір ұстаған балықтарыңнан әкеліңдер!» — деді. 11 Петір суға түсіп, үлкен-үлкен балыққа толы ауды жағалауға сүйреп шығарды, бір жүз елу үш балық бар екен. Балық сонша көп болса да, ау жыртылмапты. 12 Иса оларды: «Енді келіп, тамақтаныңдар!» — деп шақырды. Шәкірттердің ешқайсысының: «Кімсіз?» — деп сұрауға батылы бармады. Себебі олар Оның Иеміз екенін білді. 13 Иса келіп, нан алып, бұларға үлестіріп, балықтан да берді. 14 Бұл Исаның өлімнен қайта тірілгеннен кейінгі үшінші рет шәкірттеріне көрінуі еді. 15 Олар тамақтанып алғаннан кейін, Иса Шимон Петірден: — Жохан ұлы Шимон, сен Мені мыналарға қарағанда көбірек сүйесің бе? — деп сұрады. — Иә, Ием, Сізді жақсы көретінімді білесіз ғой. — Тоқты-қозыларымды бақ! 16 Иса екінші рет: — Жохан ұлы Шимон, сен Мені сүйесің бе? — деп сұрады. — Иә, Ием, Сізді жақсы көретінімді білесіз ғой. — Иса оған: — Қойларымды бағып жүр! — деп тапсырды. 17 Иса үшінші рет: — Жохан ұлы Шимон, сен Мені жақсы көресің бе? — деп сұрады. Иса: «Сен Мені жақсы көресің бе?» деп үшінші рет сұрағандықтан Петір мұңайып: — Ием, Сіз бәрін де білесіз, Сізді жақсы көретінімді де білесіз, — деді. Иса оған: — Қойларыма қарап жүр! 18 Саған өте маңызды шындықты айтамын: жас кезіңде сен беліңді өзің байлап, қалаған жағыңа бардың. Ал қартайғанда қолыңды созып тұрасың, сонда басқа біреу беліңді байлап, барғың келмеген жаққа еріксіз ертіп кететін болады, — деді. 19 Иса мұны Петірдің кейінірек қандай ажалмен өлетінін алдын ала білдіру үшін айтты. Сол өлімі арқылы ол Құдайдың ұлылығын паш ететін болды. Иса осыдан кейін оған: «Мен жүріп өткен жолмен жүр!» — деп тапсырды. 20 Петір артына бұрылып, Исаның жақсы көретін шәкіртінің ілесіп келе жатқанын көрді. Ол кешкі ас кезінде Исаның қасында жантайып жатып: «Мырза, Сізге опасыздық жасайтын сол адам кім?» — деп сұраған шәкірт еді. 21 Петір сол шәкіртті көргенде Исаға: — Ием, ал мынау ше? — деді. 22 Иса: — Қаласам, Мен қайтып келгенше ол осында болады, онда сенің не шаруаң бар? Өзің Мен жүріп өткен жолмен жүр! — деп жауап берді. 23 Бұдан кейін бауырластар арасында «сол шәкірт өлмейді» деген сөз тарады. Бірақ Иса Петірге «өлмейді» деп айтқан жоқ. «Қаласам, Мен қайтып келгенше ол осында болады, онда сенің не шаруаң бар?» деген еді. 24 Осының бәріне куә болып, барлығын жазып қалдырған — әлгі шәкірт. Біз оның куәлігінің шынайы екенін білеміз. 25 Исаның істеп кеткен көптеген басқа да істері бар. Олар туралы толықтай жазса, жазылуға тиісті кітаптар, менің ойымша, бұл дүниеге сыймас еді. (Аумин)
1 Қымбатты Теофил! Бірінші кітабымда мен Исаның қызметіне кіріскен уақытынан бастап, 2 көкке көтерілген күніне дейінгі аралықта не істеп, не үйреткені туралы түгел баяндадым. Ол көкке көтеріліп кетпес бұрын Өзінің таңдап алған елшілеріне Киелі Рухтың жетелеуімен нұсқауларын берді. 3 Иса азапталып өлгеннен кейін оларға көптеген сенімді дәлелдер арқылы Өзінің тірі екенін ашық көрсетті: қырық күн бойы Ол елшілеріне көрініп, Құдайдың Патшалығы туралы тәлім беріп жүрді. 4 Бірде Иса елшілерімен дастарқан басында жиналған кезде оларға былай деп бұйырды: — Иерусалимнен кетпей, Әкенің өз уәдесін орындауын тосыңдар! Мен сендерге сол туралы айтқан едім ғой. 5 Жақияның шомылдыру рәсімі сумен болатын, ал енді біраз күнде сендер Киелі Рухпен шомылдырыласыңдар. — 6 Сондықтан елшілер Исаның қасында болғанда Одан: — Иеміз, Исраил елінің патшалығын осы кезде қайта орнатасыз ба? — деп сұрады. 7 Иса оларға былай деп жауап қайтарды: — Әкем өз еркімен белгілеп қойған мерзімдер мен кездерді білу сендерге бұйырмаған. 8 Бірақ Киелі Рух өздеріңе қонғанда Оның құдіретін қабылдайсыңдар. Содан сендер Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самария аймақтарында және жердің шетіне дейін Маған куә боласыңдар. 9 Иса осылай деді де, олардың көзінше жоғары көтеріліп кетіп, бір бұлт Оны көзден таса қылды. 10 Олар аспанға қадала қарап тұрған кезде, кенеттен ақ киімді екі жігіт қастарында пайда болды да, оларға тіл қатып: 11 «Уа, ғалилеялықтар! Неменеге бұл жерде аспанға қарап тұрсыңдар? Жаңа қастарыңнан көкке көтеріліп, Құдай қабылдаған Иса көз алдарыңнан көкке қалай кетсе, тура солай қайтып келеді», — деді. 12 Содан кейін елшілер бір шақырым жердегі Зәйтүн тауы деген төбеден Иерусалимге қайта оралды. 13 Қалаға кіргеннен кейін олар өздері қонып жүрген жоғарғы бөлмеге көтерілді. Бұлар Петір мен Жохан, Жақып пен Әндір, Філіп пен Тома, Барталмай мен Матай, Әлпей ұлы Жақып пен Діншіл Шимон және Жақып ұлы Яһуда болатын. 14 Олар бірнеше әйелдермен, Исаның шешесі Мәриям және Оның інілерімен бірге ниеттес көңілмен осы жерде ұдайы Құдайға сиынып мінажат ететін. 15 Сол күндердің бірінде Петір жиналған жүз жиырмадай бауырластарының ортасында тұрып, былай деді: 16 — Бауырлар! Исаны тұтқындағандарға жол көрсетуші болған Яһуда туралы Киелі жазбалардағы сөз орындалуға тиісті еді. Киелі Рух мұны ежелде Дәуіт пайғамбар арқылы алдын ала айтқан болатын. 17 Яһуда да біз сияқты елші болып, қызметке бірге тағайындалған еді. 18 Бірақ ол қылмыс жасап, соның ақысына бір танап жер сатып алды; кейін сол жерінде етпетінен құлап, қарны жарылып, ішектері ақтарылып, өлді. — 19 Бұл оқиға Иерусалим тұрғындарының бәріне мәлім болды. Сондықтан олар сатып алынған осы жерді өз тілдерінде «Хакелдама», яғни «Қанды жер» деп атады. 20 Ал Забур жырларында мына тәрізді сөздер жазылған: «Тұрған мекені қаңырап бос қалсын, сонда тұратын ешкім де болмасын!» және «Міндетін оның басқа біреу алсын!» 21 Сондықтан Иеміз Исаның қайта тірілгеніне куә болып жүрген бізге тағы бір кісі қосылуға тиісті. Бұл — Иеміз бізбен бірге тұрған кезде әрдайым қасымызда жүрген, 22 атап айтқанда, Жақия пайғамбар адамдарды теріс жолдан қайтуға шақырып, шомылдыру рәсімінен өткізген кезден бастап, Иса бізден кетіп, Оны көкте Құдай қабылдап алған мезгілге дейін бізбен бірге болған азаматтардың біреуі болуы керек. 23 Сонымен олар екі жігітті: қосымша аты Иуст Барсаба болған Жүсіпті және Матияны ұсынып, 24 былай деп Құдайға сиынды: «Уа, Жаратқан Ие, Сен барлық адамдардың көңіліндегісін білесің. Сен осы елшілік қызметті мойнына алуға мына екеуінің қайсысын таңдап алғаныңды білдіре көрші. 25 Себебі Яһуда бұл қызметтен безіп, өзіне лайықты жеріне кетті». 26 Олар екеуіне жеребе салғанда, жеребе Матияға түсті. Осылайша ол он бір елшінің қатарына қосылды.
1 Алғашқы өнім мейрамы келгенде, сенушілердің бәрі бірге болды. 2 Сонда кенеттен көктен бір қатты жел соққандай шу естіліп, олар отырған бүкіл үйді алып кетті. 3 Сенушілерге жалындай жалаңдаған тілдер көрінді де, бөлініп-бөлініп әрқайсысының үстіне бір-бірден қонды. 4 Бәрі Киелі Рухқа кенеліп, Оның өздеріне берген дарынына қарай бөтен тілдерде сөйлей бастады. 5 Сол кезде Иерусалимде дүниенің төрт бұрышындағы әр елден келген, Құдайды қастерлейтін яһудилер тұратын. 6 Осы шу естілгенде көптеген халық сол жерге жиналып, аңтарылып тұрып қалды. Себебі олардың әрбіреуі тыңдағанда сенушілердің мұның өз тілінде сөйлеп тұрғанын естіді. 7 Халық қатты таңғалып: «Мына сөйлеп жатқандардың бәрі ғалилеялықтар емес пе? — десті. 8 — Бұл қалайша болып тұр: біз әрқайсымыз бұлардың өз тілдерімізде сөйлегенін естіп тұрмыз?! 9 Арамызда парттар, мидиялықтар және еламдықтар бар, Месопотамия, Яһудея және Қападоқияда, Понтус пен Азия, 10 Фрүгия мен Памфүлия аймақтарында, Мысырда және Либияның Күренеге жақын өлкелерінде тұратындар бар; арамызда Римнен келген қонақтар — яһудилер және яһуди дініне кіргендер, сондай-ақ, 11 криттіктер мен арабтар да бар. Бірақ әрқайсымыз мына кісілердің Құдайдың ұлы істерін өз тілдерімізде жариялап жатқанын естіп тұрмыз!» 12 Бәрі аң-таң болып не істерін білмей, бір-бірінен: «Бұл нені білдіреді екен?» — деп сұрасты. 13 Ал кейбіреулері мысқылдап: «Сірә, олар тәтті шарапқа тойып алған шығар», — деді. 14 Сонда Петір өзге он бір елшімен бірге орнынан тұрып, қатты дауыспен халыққа былай деп сөйлеп кетті: — Уа, халайық, яһудилер және Иерусалимде тұрып жатқан сендердің барлығың! Сендерге мұның мәнісін түсіндірейін, сөзіме құлақ түріңдер! 15 Бұлар сендер ойлағандай ішіп алған емес, қазір уақыт таңертеңгі тоғыз ғой. 16 Қайта, ежелде Жоел пайғамбар айтқан мына тәрізді сөздер енді орындалып жатыр: 17 Осы заманның аяғында Мен өз Рухымды бүкіл адамзаттың үстіне құямын, — дейді Құдай. — Ұл-қыздарың пайғамбарлық сөз айтады, жас жігіттерің аян, қарттарың түс көреді. 18 Сол күндері Мен тіпті құл-күңдерімнің үстіне Киелі Рухымды төгемін. Сонда олар да пайғамбарлық сөз айтады. 19 Мен аспанның биігінде кереметтер жасаймын әрі төменде, жер бетінде, ғажап істер істеймін: қан, от және бұрқыраған түтін пайда болады. 20 Жаратқан Иенің ұлы да салтанатты (соты) күні келердің алдында күн — қара түнек, ай — қан қызыл болады. 21 Ал Иеміздің атын атап Оған сиынған әркім құтқарылады. 22 Уа, исраилдіктер, мына сөзді тыңдаңдар: Құдай сендердің көз алдарыңда назареттік Исаға зор құдіретпен кереметтер жасатқан еді. Ол солар арқылы Өзінің Исаны жібергендігіне куәлік берді. Құдай бұларды Иса арқылы араларыңда істеді, соны өздерің білесіңдер. 23 Ал Иса Құдайдың еркімен және алдын ала білуімен құрбан етілді: сендер Оны Құдайға мойынсұнбаған шетелдіктердің қолымен айқышқа шегелетіп өлтірттіңдер! 24 Бірақ Құдай Исаны өлім тұзағынан босатып, тірілтіп алды. Өйткені Оның өлім құрсауында қалуы мүмкін емес болатын. 25 Дәуіт пайғамбар Ол туралы былай деген: «Ықылас-ниетім әрдайым Иемде, Оң жағымда Ол Маған жар боп келеді: Жағдайым шайқалмайды ешбір кезде. 26 Содан жүрегім шаттыққа толады, Мәз-мейрам боп тілімнен бал тамады, Саған сенгенімнен тәнім тыншиды. 27 Сен жанымды о дүниеге қимайсың, Қасиетті Адамыңның тәнін шірітпейсің. 28 Шын өмір жолын Маған көрсетесің, Көз алдыңда қуанышқа бөлейсің». 29 Ағайындар, мен сендерге бабамыз Дәуіт туралы еш қаймықпай ашық айта аламын: ол дүние салып, мәйіті қабірге қойылды. Оның қабірі біздің елімізде күні бүгінге дейін сақталып келеді. 30 Ал Дәуіт пайғамбар болды және оның тағына бір Ұрпағын отырғызуға Құдайдың өзіне ант еткенін білді. 31 Сондықтан Дәуіт келешекке көз жіберіп, (өз Ұрпағы) Мәсіхтің қайта тірілуі туралы алдын ала айтқан болатын: Мәсіхтің жаны о дүниеге қиылмады, әрі Оның тәні шіріп кетпеді! 32 Осы Исаны Құдай қайта тірілтіп алды, біз бәріміз соған куәміз! 33 Иса Құдайдың құдіретімен көкке көтеріліп, Әкеден уәделі Киелі Рухты алған соң, Оны біздің үстімізге құйып сыйлады. Мұны өздерің естіп және көріп тұрсыңдар. 34 Себебі Дәуіттің өзі көкке көтеріліп кеткен жоқ. Алайда ол (Забурда) былай деген ғой: 35 «Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан: Мен жауларыңды табаныңның астына салып бергенімше отыр оң жағымда». 36 Сондықтан бүкіл Исраил халқы мынаны анық білсін: Құдай сендер айқышқа шегелеткен осы Исаны «Иеміз» және «Мәсіх» етіп тағайындады! 37 Халық мұны естігенде жүректері қарс айырылып, опық жеді. Олар Петір мен басқа елшілерден: — Ағайындар-ау, біз енді не істеуіміз керек? — деп сұрады. 38 Петір оларға былай деп жауап берді: — Әрқайсың күнәларыңның кешірілуі үшін теріс жолдан қайтып, Иса Мәсіхтің атымен шомылдыру рәсімінен өтіңдер! Сонда сендер Құдайдың сыйын — Оның Киелі Рухын қабылдайсыңдар. 39 Себебі бұл уәде сендерге, балаларыңа және алыстағылардың бәріне: Құдайымыз — Жаратқан Ие шақыратын барлығына да арналған. — 40 Петір тағы көптеген сөздермен оларға: — Мына азғын ұрпақтың арасынан шығып, (Құдайдың қаһарынан) құтқарылыңдар! — деп жалына ескертті. 41 Петірдің сөзін қабылдағандар шомылдыру рәсімінен өтті. Осылайша бұл күні қауымға үш мыңдай адам қосылды. 42 Сенушілер елшілердің беріп жүрген тәлімін, өзара қарым-қатынастарын, нан үзу рәсімін және Құдайға сиынуды берік ұстанып, жалғастыра берді. 43 Елдің бәрін үрей биледі, себебі елшілер арқылы Құдайдың құдіретін көрсеткен көптеген керемет істер болып жатты. 44 Мәсіхке сенушілердің барлығы біртұтас қауым болып, заттарын ортақ ұстады; 45 иеліктеріндегі жер танаптары мен дүние-мүліктерін сатып, содан түскен қаржыдан әркімге керегінше беріп отырды. 46 Олар күн сайын ғибадатханада ниеттес көңілмен бірге болды; сонымен қатар өз үйлерінде де бас қосып, нан үзу рәсімін орындап, ақпейілмен қуана бірге тамақ ішіп отырды, 47 әрі Құдайды мадақтап дәріптеді. Бүкіл халық оларды ұнатты, ал Иеміз күн сайын тағы басқа адамдарды құтқарып, қауымына қосып отырды.
1 Осы күндердің бірінде Петір мен Жохан күндізгі сағат үште, яғни Құдайға сиынатын мезгілде, ғибадатханаға өрлеп бара жатты. 2 Кісілер тумысынан сал болып туған бір ер адамды күн сайын ғибадатхананың «Көрікті қақпасының» қасына көтеріп алып келіп, отырғызып қоятын. Сол жерде ол ғибадатхана ауласына енгендерден қайыр сұрайтын. 3 Кіріп келе жатқан Петір мен Жоханды көргенде, әлгі сал адам олардан қайыр сұрады. 4 Бұлар оған көз салып, Петір: «Бізге қара!» — деді. 5 Сал адам екеуіне қадала қарап, бір нәрсе берер деп үміттеніп қалды. 6 Бірақ Петір: «Менде күміс пен алтын жоқ. Дегенмен саған барымды беремін: назареттік Исаның атынан айтамын: орныңнан тұрып, жүріп кет!» — деді де, 7 оны оң қолынан ұстап демеді. Сол сәтте-ақ оның аяғы мен тізесіне күш бітіп, 8 ол ұшып тұрып, жүріп кетті. Содан әлгі адам екі елшімен бірге ғибадатхана ауласына кіріп, әрі-бері жүріп, секіріп, Құдайды мадақтаумен болды. 9 Күллі жұрт оның жүріп кеткенін және Құдайды мадақтағанын көрді. 10 Олар бұның ғибадатхананың «Көрікті қақпасының» жанында отырып, қайыр сұрайтын сал кісі екенін танып, онымен болған оқиғаға таңғалып, қатты абыржыды. 11 Әлгі кісі Петір мен Жоханнан екі елі ажырамай қойды. Аң-таң болған бүкіл жұрт солардың қасына, ғибадатхананың Сүлеймен атындағы бағаналы ғимаратына жиналды. 12 Мұны көрген Петір халыққа арнап былай сөз сөйледі: — Уа, исраилдіктер, сендер бұған неменеге таңғалып тұрсыңдар? Мынаның жүріп кетуіне өз күшімізбен немесе құдайшылдығымызбен себепші болғандай бізге неге қарай қалдыңдар? 13 Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайы, яғни біздің ата-бабаларымыздың сиынған Құдайы, Өзінің Қызметшісі Исаны ұлылыққа бөледі. Соны Пилат босатып жібермекші болған еді. Бірақ сендер опасыздық жасап, Пилаттың алдында Одан танып бас тарттыңдар. 14 Қасиетті және әділ Кісіден бас тартып, бір қанішердің босатылуын талап еттіңдер; 15 ал шынайы өмірдің Бастауын өлтірттіңдер! Бірақ та Құдай Оны өлімнен қайта тірілтіп алды, бұған біз куәміз! 16 Ал енді, өздерің танып, көріп жүрген мына кісіге Исаның құдіреті күш-қуат беріп сауықтырды. Өйткені Оның есіміне сендік. Иә, Иса берген сенім сендердің көз алдарыңда оның денсаулығын түгелімен қалпына келтірді. 17 Ағайындар, сендер де, басшыларың да білместік істегендеріңді білемін. 18 Ал Құдай барлық пайғамбарлардың аузымен Өзі жіберетін Құтқарушы Мәсіх сондай азаптар шегеді деп алдын ала жариялатқан хабарларын осылайша жүзеге асырды. 19 Сондықтан теріс жолдан қайтыңдар! Сонда Құдай Ие күнәларыңды кешіріп, 20 сендерге рухтарыңды жаңғыртатын мезгілді сыйлайды, әрі өздерің үшін алдын ала тағайындаған Құтқарушы Мәсіх — Исаны жібереді. 21 Барлық нәрсе қалпына келетін уақытқа дейін Құдай Мәсіхті Өзіне қайтарып алды. Сол күндерді Құдай қасиетті пайғамбарларының аузымен баяғыда-ақ жариялап қойған болатын. 22 Мұса ата-бабаларымызға былай деген еді ғой: «Құдай Иелерің сендерге мен сияқты бір Пайғамбарды бауырларыңның арасынан шығарады. Соның айтқандарының бәрін тыңдаңдар! 23 Осы Пайғамбардың айтқандарын тыңдамайтын әрбір адам халқының ішінен аластатылсын». 24 Самуилден бастап одан кейінгі барлық пайғамбарлар да осы күндері болған оқиғаларды алдын ала айтып кеткен. 25 Сендер пайғамбарлардың ұрпағысыңдар, Құдайдың ата-бабаларыңмен жасаған Келісімін мұра етесіңдер. Ол Ыбырайымға: «Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады» деген еді ғой. 26 Сондықтан Құдай Өзінің Қызметшісін өлімнен тірілтіп алып, әрқайсыңды зұлымдықтарыңнан қайтарып, жарылқау мақсатында Оны ең алдымен сендерге жіберді.
1 Петір мен Жохан жиналған жұртқа әлі де сөйлеп тұрған кезде оларға діни қызметкерлер, ғибадатхана сақшыларының басшысы және өзге саддукейлер де келді. 2 Олар екеуінің халыққа тәлім беріп, «Иса өлімнен қайта тірілді» деп жариялап жүргендеріне наразы болды. 3 Содан олар Петір мен Жоханды тұтқындап, келесі күнгі таңертеңге дейін түрмеде ұстады. Себебі мезгіл кеш болып қалған еді. 4 Петірдің уағызын тыңдағандардың көбі сенімді қабылдап, қауымдағы ер адамдардың саны бес мың шамасында болды. 5 Келесі күні таңертең яһудилердің басшылары, рубасылары және дін мұғалімдері Иерусалимде жиналды. 6 Бас діни қызметкер Ханна әрі Қаяфа, Жохан, Ескендір және басты діни қызметкер әулетінің тағы басқа кісілері де түгел сол жерде болды. 7 Олар екі елшіні ортаға шығарып: — Сендер мұны қандай күшпен, кімнің атынан істедіңдер? — деген сұрақ қойды. 8 Киелі Рухқа ерекше кенелген Петір оларға былай жауап берді: — Халықты басқарушылар мен рубасылары! 9 Біз бүгін: «Ол кім арқылы сауықты?» деп, ауруға жасаған жақсылығымыз үшін тергелмек болып жатырмыз. 10 Ендеше бәріңіз де біліп алыңыздар, бүкіл Исраил халқына да мәлім болсын: сіздер айқышқа шегелетіп өлтірткен, ал Құдай өлімнен қайта тірілткен назареттік Иса Мәсіхтің атынан мына кісі сауығып, қарсы алдарыңызда тұр. 11 Иса — құрылысшылар, яғни сіздер, менсінбей бас тартқан Тас. Ол «енді үйдің басты іргетасына айналды!» 12 Исадан басқа ешкім де бізді (Құдайдың қаһарынан) құтқара алмайды! Аспан астында бізді құтқаратын басқа ешкімнің есімі адамдарға бұйырылмаған! 13 Кеңес мүшелері Петір мен Жоханның батылдығын көріп, олардың арнайы діни даярлықтан өтпеген қарапайым адамдар екенін байқағанда таңғалды. Сондай-ақ, олар екеуінің Исаның шәкірті болғанын білді. 14 Алайда қастарында тұрған сауыққан кісіні көріп, қарсы ештеңе айта алмады. 15 Оларға: «Жоғарғы кеңестен шығыңдар!» — деп бұйырды да, өзара ақылдасып: 16 «Мына кісілерге не істесек екен? Олар арқылы бір кереметтің жасалғаны анық, бұл Иерусалимде тұрып жатқандардың бәріне белгілі, онымен таласа алмаймыз. 17 Дегенмен бұл іс халыққа одан бетер тарап кетпес үшін, бұдан былай сол Есімді атап ешкімге сөйлемеңдер, олай етпеген күнде жазаға тартамыз деп қатаң тыйым салайық», — десті. 18 Әлгілерді шақырып алып, оларға: — Исаның атымен ешқандай уағыз айтпаңдар да, тәлім бермеңдер де! — деп тыйым салды. 19 Бірақ Петір мен Жохан оларға: — Құдайды емес, сіздерді тыңдау Оның алдында жөн болар ма екен? Мұны өздеріңіз ойлап көріңіздерші! 20 Ал біз көріп-естігендеріміз туралы үнсіз қала алмаймыз, — деп жауап берді. 21 Жоғарғы кеңес болған оқиғаға бола Құдайды дәріптеп жүрген халықты ескеріп, екі елшіні жазалаудың ретін таппай, оларды қорқыта түсіп, жөндеріне жіберді. 22 Себебі көп жылғы ауруынан сауығып, кереметті басынан кешірген кісінің жасы қырықтан асып кеткен еді. 23 Өздерін босатқаннан кейін Петір мен Жохан қауымдастарына барып, басты діни қызметкерлер мен рубасыларының өздеріне айтқандарын түгел баяндап берді. 24 Сенушілер осыны естігенде ниеттес көңілмен Құдайға сиынып, дауыстап былай деді: — Уа, Әлемнің Әміршісі, көк пен жерді, теңізді және олардағы нәрселердің бәрін жаратқан Сенсің! 25 Өзіңнің қызметшің — арғы атамыз Дәуіттің аузымен Киелі Рух арқылы былай дедің: «Неге халықтар жатыр ашуланып, Ұлттар іске аспайтын жоспарлар құрып? 26 Жаратқан мен Оның қойған Патшасына Әлемнің патшалары қарсы тұрып, Әкімдер кеңесіп жатыр бірігіп». 27 Рас, осы қалада Ирод пен Понти Пилат Өзіңе бағынбаған ұлттармен және Исраилдің руларымен бірігіп, Өзің Патша етіп тағайындаған қасиетті Қызметшің Исаға қарсы одақтасты. 28 Алайда олардың іске асырғаны — Сенің құдіретті еркің алдын ала белгілеген жоспарың ғана. 29 Ал енді, уа, Иеміз, олардың қоқан-лоқысын көріп, құлдарыңа Сенің сөзіңді зор батылдықпен уағыздайтын күш бере гөр! 30 Қолыңды созып ауруларды сауықтыра гөр, қасиетті Қызметшің Исаның атынан кереметтер мен ғажап істер жасап құдіретіңді көрсете гөр! 31 Олар сиынып болғаннан кейін өздері жиналып отырған жер қозғалып кетті. Бәрі Киелі Рухқа кенеліп, Құдай сөзін батылдықпен уағыздады. 32 Сенушілердің қауымы ой-ниеттері бірдей шын жүректен ынтымақтас болды. Ешкім қолындағы мал-мүлкін өз меншігім демей, олар барлығымен бөлісті. 33 Елшілер Иеміз Исаның қайта тірілгендігі туралы зор жігермен куәлік берді. Осылайша олардың бәріне Құдайдың мол рақымы жауды. 34 Араларында жоқшылық көрген ешкім болған жоқ. Себебі жері немесе үйлері барлар керек болғанда меншіктерін сатып, ақша түсіріп, 35 оны елшілердің алдына әкеліп қойып отырды. Осыдан әркімге керегінше берілді. 36 Мысалы, Леуі руынан шыққан кипрлік Жүсіп есімді адам болды. Елшілер оған Барнаба — аударғанда Жігерлендіруші деген қосымша ат берген еді. 37 Барнаба өзінің меншікті егістік жерін сатып, түскен ақшаны алып келіп, елшілердің алдына қойды.
1 Анани есімді кісі мен әйелі Зәпира да бір меншікті жер танабын сатты. 2 Бірақ Анани түскен ақшаның бір бөлігін жасырып алып қалып, тек қалғанын ғана елшілердің алдына апарып қойды. Бұл туралы әйелі де хабардар болды. 3 Сонда Петір Ананиға былай деді: «Анани, неге жүрегіңе шайтанды ұялатып, Киелі Рухты алдап, жеріңнен түскен ақшаның бір бөлігін жасырып алып қалдың? 4 Ол сенің меншігің болып қалмайтын ба еді? Сатқаннан кейін де түскен ақшаға еркін ие болатын едің ғой. Неліктен жүрегіңде осылай істеуге шешім қабылдадың? Сен тек адамды емес, Құдайды да алдамақ болдың». 5 Анани осы сөздерді естісімен құлап түсіп, жан тапсырды. Мұны естігендердің бәрін қатты үрей биледі. 6 Жас жігіттер орындарынан тұрып, Ананидың мәйітін кебінге орап, алып шығып, қабірге қойды. 7 Шамасы үш сағат өткенде оның әйелі сол үйге кірді. Ол не болғанын әлі білмейтін еді. 8 Петір одан: — Айтшы, сендер жерді осы бағаға саттыңдар ма? — деп сұрады. Әйел: — Иә, сол бағаға, — деп жауап берді. 9 Сонда Петір: — Қалайша сендер Жаратқан Иенің Рухын алдауға бола ма деп сынауға келістіңдер? Міне, күйеуіңнің мәйітін қабірге қойғандар есіктен кіріп келе жатыр. Олар сені де алып шығады, — деді. 10 Әйел лезде-ақ Петірдің алдына құлап түсіп, жан тапсырды. Ішке кірген жас жігіттер оның өліп қалғанын көріп, алып шығып, күйеуінің қасына қойды. 11 Бүкіл сенушілер қауымын және мұны естіген басқалардың бәрін де қатты үрей биледі. 12 Ал Иеміз елшілері арқылы ел ішінде көп кереметтер істеп, құдіретін көрсетті. Сенушілердің барлығы ниеттес көңілмен ғибадатхананың Сүлеймен атындағы бағаналы ғимаратында жиналып жүрді. 13 Бөтендерден ешкімнің де оларды мазалауға батылы бармады, ал халық бұларды дәріптеп мақтады. 14 Барған сайын көптеген кісілер: еркектер де, әйелдер де Иемізге сенім артып, Оның қауымына қосылып жатты. 15 Жандарынан өткенде Петірдің, тым болмаса, көлеңкесі түссін деп жұрт ауру адамдарды көшеге шығарып, төсеніштер мен зембілдерге жатқызып қойды. 16 Иерусалимнің маңайындағы қалалардан да халық ағылып, науқастары мен жын қинаған кісілерін алып келді. Солардың бәрі сауығып кетті. 17 Сол кезде бас діни қызметкер мен оның жақтастарының бәрі, яғни саддукейлер тобының мүшелері, елшілерді қызғаныштан көре алмай, іштері күйді. 18 Оларды тұтқындатып, мемлекеттік түрмеге қаматты. 19 Ал Жаратқан Иенің бір періштесі түнде түрменің қақпаларын ашып, оларды шығарды да: 20 «Ғибадатханаға барып, халыққа осы Жаңа өмір жайлы Ізгі хабарды түгел жариялаңдар!» — деді. 21 Елшілер оның айтқанына құлақ асып, таң ата ғибадатханаға барып, халыққа тәлім берді. Осы екі арада жақтастарын ертіп келген бас діни қызметкер Жоғарғы кеңесті, яғни Исраилдің басшыларының бүкіл мәжілісін, жинап алды. Содан олар елшілерді алып келуге түрмеге адамдарын жіберді. 22 Қызметшілер оларды түрмеден таппай, қайта оралды. 23 «Біз түрменің мұқият бекітілгенін, күзетшілердің қақпалардың алдында тұрғанын анықтадық. Бірақ ашқанда ішінен ешкімді таппадық», — деп баяндады. 24 Ғибадатхана сақшыларының бастығы және басты діни қызметкерлер мұны естігенде оның немен аяқталарын білмей, аң-таң болды. 25 Ал біреу келіп: «Сіздер түрмеге жапқан кісілер ғибадатханада халыққа тәлім беріп тұр!» — деп мәлімдеді. 26 Сақшылардың бастығы қасындағы адамдарымен сол жерге барып, елшілерді алып келді. Бірақ зорлық болған жоқ, себебі олар тас лақтырып өлтірер деп халықтан қорықты. 27 Келіп, Жоғарғы кеңестің алдында тұрған елшілерді бас діни қызметкер тергеуге алды. 28 — Біз сендерге сол Адамның атынан тәлім беруге қатаң тыйым салған жоқпыз ба? Алайда сендер ілімдеріңді бүкіл Иерусалимге таратыпсыңдар. Осылайша сол Адамның қанын біздің мойнымызға артпақсыңдар, — деді ол. 29 Петір мен өзге елшілер былай деп жауап берді: — Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек қой! 30 Ата-бабаларымыздың сиынатын Құдайы сіздер ағашқа іліп өлтірген Исаны қайта тірілтіп алды. 31 Құдай Оны көкке көтеріп, Көсем және Құтқарушы ретінде Өзінің оң жағындағы ең құрметті орынға көтеріп жайғастырды. Осылай Ол Исраилдің бетін теріс жолдан қайтарып, күнәларын кешірмек. 32 Біз де, Киелі Рух та бұл оқиғаларға куәміз. Құдай осы Киелі Рухын Өзіне бой ұсынғандарға сыйға береді. 33 Жоғарғы кеңес осыны естігенде жүректері қарс айырылды. Олар қатты ашуланып, елшілерді өлтіретін ойлары болды. 34 Алайда араларындағы Гамалиел есімді бір парызшыл адам орнынан тұрды. Ол бүкіл халық сыйлаған заң мұғалімі болатын. Гамалиел елшілерді біраз уақытқа ғимараттан шығаруға бұйырып, 35 сөз сөйлей бастады: — Қадірлі исраилдіктер, елдестерім! Мына кісілерге не істегілерің келетінін жақсылап ойланыңыздаршы! 36 Өздеріңіз білетіндей, біраз жыл бұрын Теуда ел алдына шығып, өзін ұлы көсеммін деп жариялап, оған төрт жүзге жуық адам қосылды. Бірақ ол өлтіріліп, оған ергендер шашырап, жоқ болып кетті. 37 Одан кейін халық санағы кезінде ғалилеялық Яһуда ел алдына шығып, соңынан көп халық ертіп, көтеріліске шығарды. Оның да көзі құртылып, оған ергендер қуылып, тарап кетті. 38 Ал енді сіздерге айтатыным мынау: бұл кісілерге тимеңіздер, босатып жіберіңіздер. Себебі егер бұл әрекет адам бастаған іс болса, ол өзінен-өзі құриды, 39 бірақ Құдайдан болса, оны құрта алмайсыздар, тіпті Құдайға қарсы күресетін боласыздар. Гамалиелдің сөзі қошталды. 40 Содан олар елшілерді шақыртып, қамшылап соқтырды. Оларға бұдан былай Исаның атынан уағыз айтуға қатты тыйым салып, босатып жіберді. 41 Жоғарғы кеңестен шыққан елшілер Иеміз Исаның аты үшін қорлық көруге лайық деп саналғандарына қуанды. 42 Олар күн сайын ғибадатханада және үйлерде тәлім беріп, Исаның Мәсіх екендігін уағыздауларын тоқтатқан жоқ.
1 Мәсіхтің жолын қуушы шәкірттерінің саны өсіп келе жатқан осы күндері грекше сөйлейтін шетелдік яһудилер еврейше сөйлейтін жергіліктілермен ренжісіп қалды. Себебі күнделікті тамақпен қамтамасыз еткен кезде шетелдіктердің жесірлері ескерілмей қалып жүрген еді. 2 Сонда он екі елші шәкірттердің бәрін жинап алып, оларға былай деді: «Егер біз Құдайдың сөзін уағыздау қызметіне салғырт қарап, дастарқан қамын ойласақ, бұл дұрыс болмас. 3 Бауырластар, сондықтан орталарыңнан абыройлы әрі Киелі Рух пен даналыққа бөленген жеті ер адамды таңдап алыңдар! Оларға осы міндетті жүктемекпіз. 4 Ал біз Құдайға сиынып, Оның сөзін уағыздап, тәлім беру қызметімізді жалғастыра берейік». 5 Бұл ұсыныс бүкіл қауымнан қолдау тапты. Олар Құдайға жан-тәнімен сенетін, Оның Киелі Рухына бөленген Степан есімді кісіні, сонымен қатар Філіп, Прохор, Нықанор, Тимон, Пәрмен және Нықоланы таңдап алды; Нықола Антақиядан келген, яһуди дініне кірген жат ұлттық болатын. 6 Оларды елшілердің алдына алып келді де, Құдайға сиынып, үстеріне қолдарын қойып баталарын берді. 7 Осылай Құдайдың сөзі кеңінен тарап, Иерусалимде Мәсіхтің жолын қуушы шәкірттерінің саны көбейе берді. Діни қызметкерлердің үлкен бір тобы да Мәсіхке мойынсұнып, сене бастады. 8 Құдайдың рақымы мен құдіретіне кенелген Степан халық арасында ұлы кереметтер жасап жүрді. 9 Алайда «Құлдықтан босатылғандардың» мәжілісханасының кейбір мүшелері Күрене, Ескендірия, Кіликия және Азия өлкелерінен келген яһудилермен бірігіп алып, Степанға қарсы шығып, айтыса бастады. 10 Бірақ олар оның даналығына қарсы еш нәрсе істей алмады, себебі Степан Киелі Рухқа сүйеніп сөйлейтін. 11 Сонда олар кейбір адамдарды жасырын көндіріп: «Біз оның Мұса пайғамбарға және Құдайдың Өзіне тіл тигізіп қорлық сөз айтқанын естідік», — деп оған өтірік жала жапқызды. 12 Осылай олар халықты, басшыларды және дін мұғалімдерін еліртіп қойып, Степанға тап берді; оны ұстап алып, Жоғарғы кеңестің алдына айдап апарды. 13 Сол жерде жалған куәгерлерді алға шығарды, олар Степанға айып тағып былай деді: — Мына кісі үнемі осы киелі үй мен Таурат заңына тіл тигізіп жүр! 14 Біз оның былай дегенін естідік: «Назареттік Иса осы орынды жойып, Мұса тапсырған дәстүрлерді өзгертеді!» 15 Жоғарғы кеңесте отырғандардың бәрі Степанға көз тігіп қарап отырғанда, оның бет-жүзінің періштенікіне ұқсас екенін көрді.
1 Сонда бас діни қызметкер Степанға: — Осы айтылғандар рас па? — деген сұрақ қойды. 2 Ол былай деп жауап берді: — Қадірлі ағайындар мен ақсақалдар, сөзіме құлақ түріңіздер! Арғы атамыз Ыбырайым Харан деген жерге әлі орын теппей тұрып, Месопотамия өлкесінде жүрген кезінде оған салтанатты ұлылыққа бөленген Құдай аян беріп: 3 «Сен еліңді, туған-туысқандарыңды тастап, Мен өзіңе көрсететін елге көш!» — деген. 4 Сонда Ыбырайым пайғамбар халдейлер елін тастап, Харанды мекендеді. Әкесі өлгеннен кейін Құдай оны сол жақтан сіздер қазір тұрып жатқан осы жерге көшірді. 5 Дегенмен Құдай оған бұл елден мұра бермеген, тіпті бір сүйем жер де бермеген. Алайда Ол: «Осы жерді Мен өзіңе және ұрпақтарыңа сыйлаймын», — деп уәде берген еді. Ал сол кезде Ыбырайымның баласы жоқ болатын. 6 Құдай мына тәрізді сөздер айтты: «Сенің ұрпақтарың бөтен елде жат жұрттық келімсектер ретінде тұратын болады. Олар төрт жүз жыл бойы құлдықта болып жәбірленеді. 7 Бірақ оларды құл еткен халықты Мен жазалаймын. Бұдан кейін сенің ұрпақтарың сол елден көшіп шығады» және олар Маған осы жерде ғибадат ететін болады. 8 Сол кезде Құдай Ыбырайыммен қасиетті Келісім жасап, сүндеттеу рәсімін соның белгісі қылды. Сондықтан Ыбырайым ұлы Ысқақ туғаннан кейін сегізінші күні оны сүндеттеді. Ысқақтан Жақып туып, Жақып (біздің халқымыздың) он екі рубасының әкесі болды. 9 Ал солар қызғаныштан (туған бауырлары) Жүсіпті Мысырға сатып жібереді. Бірақ Құдай жар болып, оны басына түскен қиыншылықтың бәрінен құтқарады. 10 Ол Жүсіпке даналық сыйлап, Мысырдың патшасы перғауынның ықыласына бөлейді. Перғауын оны Мысырға және өзінің бүкіл сарайына әмірші етіп қояды. 11 Бір кезде бүкіл Мысыр мен Қанахан елдері жұтқа ұшырап, қатты қиыншылық көріп, ата-бабаларымыз азық-түліксіз қалады. 12 Мысырдан астық табуға болады дегенді естіген Жақып ұлдарын сол жаққа жібереді; бұл олардың алғашқы сапары болатын. 13 Олар екінші рет сапарлап барғанда, Жүсіп бауырларына өзінің кім екенін ашады, осылайша перғауын оның шыққан тегін біліп алады. 14 Жүсіп әкесі Жақып пен барлық қандас туысқандарын — жалпы саны жетпіс бес жанды өзінің қасына көшіп келуге шақырады. 15 Содан Жақып Мысырға көшіп барады. Ол да, оның ұлдары да сол елде қайтыс болып, 16 Сихем деген жерге апарылып, қабірге қойылады. Қабірді Ыбырайым Сихемдегі Хамордың балаларынан күміс ақшаға сатып алған болатын. 17 Құдайдың Ыбырайымға берген уәдесінің орындалатын мерзімі жақындаған сайын Мысырдағы ұрпақтары өсіп, көбейе береді. 18 Бұл жағдай Жүсіп туралы білмейтін бір бөтен патша Мысырға билік құрғанға дейін созылады. 19 Сол патша халқымызға зымиян болып, аталарымызға қысымшылық көрсетеді. Ол соларды тіпті жаңа туған нәрестелерін тірі қалмаулары үшін жалғыз тастап кетуге мәжбүрлейді. 20 Осы кезде Мұса пайғамбар дүниеге келеді. Құдайдың көз алдында ерекше бала болған ол үш ай бойы ата-анасының үйінде өседі. 21 Бұлар оны амалсыздан тастап кеткенде перғауынның қызы бауырына басып, сәбиді туған баласындай тәрбиелейді. 22 Осылай Мұса мысырлықтардың бүкіл даналығын оқып-үйреніп, сөзі мен ісінің арқасында ықпалды адам болады. 23 Мұса қырық жасқа келгенде, оның жүрегінде исраилдік ұлттастарыма барып, жағдайларын көрсем деген ниет туындады. 24 Ол соларға барғанда біреуіне бір мысырлықтың қол жұмсап жатқанын байқайды. Мұса ұлттасына болысып, әділетсіздіктің есесін қайтарып мысырлық жігітті өлтіреді. 25 Мұса Құдайдың менің қолым арқылы өздеріне азаттық алып беретінін ұлттас ағайындарым түсінер деп ойлайды. Бірақ олар мұны түсінген жоқ. 26 Келесі күні екі исраилдіктің төбелесіп жатқанын көргенде Мұса оларды татуластырғысы келіп: «Жігіттер, сендер бауырлассыңдар ғой! Қойыңдар, бір-біріңді неге жәбірлейсіңдер?» — дейді. 27 Бірақ елдесін жәбірлеуші жігіт Мұсаны итеріп жіберіп: «Кім сені бізге басшы әрі төреші етіп тағайындады? 28 Сен немене, кешегі мысырлықты өлтіргендей, мені де өлтірмексің бе?» — дейді. 29 Мұса бұл сөзден шошып, қашып кетеді. Мадиян елінде жат жұрттық келімсек ретінде тұрып, екі балаға әке болады. 30 Қырық жылдан кейін Синай тауының маңындағы айдалада жүргенде, Мұсаға жанып жатқан бір тікенді бұтаның жалынынан періште аян береді. 31 Мұны байқаған Мұса көрініске қатты таңғалады. Анықтап қарауға жақындағанда ол Жаратқан Иенің: 32 «Мен ата-бабаларың Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын» деген даусын естиді. Бұдан қорқып, дірілдеп кеткен Мұсаның қарауға дәті бармайды. 33 Сонда Иеміз оған былай дейді: Аяқкиіміңді шеш! Сен тұрған осы жер киелі. 34 Мен халқымның Мысырда шеккен жәбіріне назар аударып, күңіренген ыңқылына құлақ салып келемін. Сондықтан Мен оларды азат ету үшін көктен түстім. Кәне, жүр, Мен сені Мысырға жіберемін! 35 «Кім сені бізге басшы әрі төреші етіп тағайындады?» деп бауырластары бас тартқан кісі осы Мұса еді. Бірақ тікенді бұтада аян берген періште арқылы Құдайдың Өзі оны басшы және құтқарушы ретінде жіберді ғой. 36 Осы Мұса бауырластарын бастап алып шығып, Мысырда және Қызыл теңізде, одан кейін қырық жыл бойы айдалада көшіп-қонып жүргенде, Жаратқан Иенің құдіретін көрсететін кереметтер жасады. 37 Кейін Исраилдің үрім-бұтағына: «Құдай сендерге мен сияқты бір пайғамбарды бауырларыңның арасынан шығарады» деген кісі де осы Мұса еді. 38 Синай тауының басында өзіне сөйлеген періштенің сөздерін ата-бабаларымызға айдаладағы жиналыста жеткізген кісі де осы Мұса болатын. Сол жерде ол шынайы өмірге жөн сілтейтін сөздерді бізге тапсыру үшін қабылдап алған еді. 39 Бірақ ата-бабаларымыз Мұсаны тыңдағылары келмей, кеудесінен итерді. Жүректерінің қалауы қайтадан Мысырға ауды. 40 Олар Һароннан: «Бізге алдымызда жүріп отыратын тәңір мүсіндерін жасап беріңіз! Өйткені бізді Мысыр жерінен бастап алып шыққан ана Мұсаға не болғанын білмейміз», — деп талап етті. 41 Олар сол күндері жас бұқаның мүсінін жасап, соған арнап құрбандық шалып, өз қолдарынан шыққан осы «тәңірге» қатты қуанып, көңілдерін көтерді. 42 Ал Құдай халықтан сырт айналып кетті де, оларды аспан денелеріне құлшылық етуге қалдырды. Осы туралы Пайғамбарлар жазбаларында былай деп жазылған: «Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, сендер қырық жыл бойы айдаланы кезіп жүрген ежелгі уақыттарыңда құрбандыққа мал шалып, басқа да сый-тартулар ұсынғанда соларыңды Маған бағыштадыңдар ма? 43 Жоқ, сендер (жалған тәңір) Молохтың мүсіні орналасқан шатырды және Ремфан жұлдызының бейнесін бірге алып жүрдіңдер! Бұларды құлшылық етіп табынуларың үшін өздерің жасап алған едіңдер. Сондықтан Мен сендерді жер аударып жіберемін», тіпті Бабылдан да әрі! 44 Айдалада жүрген кезінде ата-бабаларымызда Құдай олармен жасаған Келісімнің куәліктері сақталған шатыр бар болатын. Сол киелі шатыр Құдайдың берген әмірімен тура Мұса көрген үлгіге сай жасалған еді. 45 Кейін Құдай Қанахандағы халықтарды қуып жіберді. Ата-бабаларымыз Ешуаның жетекшілігімен солардың жерін иемденіп алған кезде киелі шатырды осы елге әкелді. Шатыр Дәуіт пайғамбардың заманына дейін сонда тұрды. 46 Дәуіт Құдайдың ризашылығына ие болды. Ол Жақыптың сиынған Құдайының жер бетінде мекендейтін киелі үйін салмақшы еді. Сол үшін Құдайдан рұқсат сұрады. 47 Бірақ киелі үйді салған Дәуіт емес, оның ұлы Сүлеймен болды. 48 Алайда Құдай Тағала адам салған үйлерде тұрмайды. Ишая пайғамбар Оның былай деп айтқанын жазып қалдырды: 49 «Көк — Менің «тағым», ал жер — «табан тіренішім» секілді. Сонда сендер Маған қандай үй салып бермексіңдер? — дейді Жаратқан Ие. — Яки тынығып демалатын орным қай жер болмақ?! 50 Осы әлем түгел Менің қолымнан шықты емес пе?» 51 Ей, қасарысқандар! Құдайға шын жүректен бағынбай, Оның сөзіне құлақ салмайтын сіздер болып тұрсыздар. Ата-бабаларыңызға ұқсап Киелі Рухқа әлі де қарсы шығып келе жатырсыздар. 52 Ата-бабаларыңыз пайғамбарлардың қайсысын қудаламап еді! Олар Құдайдың әділ Қызметшісінің келуін алдын ала жариялаған хабаршыларын өлтірді. Сіздер енді Соның Өзін ұстап берген сатқын, өлтірген қанішер болдыңыздар! 53 Періштелердің қызметі арқылы Таурат заңын қабылдағанмен, оны ұстанбай келесіздер! 54 Жоғарғы кеңес мүшелері мұны естігенде, жүректері қарс айырылды. Олар қатты ашуланып, Степанға тістерін қайрады. 55 Ал Киелі Рухқа кенелген Степан көкке қадала қарап, Құдайдың нұрлы салтанатын және Исаның Оның оң жағында тұрғанын көрді. 56 Содан ол: — Міне, ғажап, көктің ашылғанын және көктен келіп, сонда қайта оралған Билеушінің Құдайдың оң жағындағы құрметті орнында тұрғанын көріп тұрмын! — деп дауыстап жіберді. 57 Ал олар құлақтарын жауып алып, қатты шу шығарып, бәрі бірден Степанға бас салды. 58 Оны қаладан қуып шығарып, тас лақтыра бастады. Куәгерлер шапандарын шешіп, Саул есімді жас жігіттің алдына жинап қойды. 59 Олар тас лақтырып ұрып жатқанда, Степан: «Уа, Ием Иса, рухымды Өзіңе ала гөр! — деп сиынды. 60 Тізерлеп отыра қалған ол қатты дауыстап: — Ием, олардың бұл күнәсін мойындарына арта көрме!» — деді. Осыларды айтысымен ол жан тапсырды.
1 Саул да Степанды өлтіруді қоштаған еді. Сол күннен бастап Иерусалимдегі сенушілер қауымын қатты қудалау басталды. Елшілерден басқалардың бәрі Яһудея мен Самария аймақтарына бытырап кетті. 2 Ал Құдайды қастерлейтін бірнеше кісі Степанды қабірге қойып, қатты аза тұтып жоқтады. 3 Саул болса, қауымға қырғидай тиді; үй-үйді аралап, әйелдер мен еркектерді сүйреп шығарып, түрмеге жапқызды. 4 Бытырап кеткен сенушілер ел аралап, Ізгі хабарды таратып жүрді. 5 Қауым қызметшісі Філіп Самарияның астанасына келіп, оның тұрғындарына Мәсіх туралы Ізгі хабарды жариялады. 6 Көптеп жиналған халық Філіптің уағыздарын естіп, оның Құдайдың құдіретін көрсеткен кереметтерін көргенде, барлығы бірдей Філіптің айтқандарына зейін қойды. 7 Өйткені көп кісілердің буып жүрген жындары қатты айқайлап бойларынан шығып кетті, әрі көптеген сал, мүгедек болғандар сауықтырылды. 8 Содан қала халқы зор қуанышқа кенелді. 9 Осы қалада бұрыннан сиқырлықпен айналысып келген Шимон есімді кісі тұрушы еді. Ол ұлы адаммын деп мақтанып, Самария халқын таңғалдыратын. 10 Қатардағылардан бастап атақтыларға дейін бәрі оны жоғары санап: «Мына кісіде Ұлы күш деген Құдайдың құдіреті бар!» дейтін. 11 Шимон оларды едәуір уақыт бойы сиқырлық өнерімен баурап алғандықтан, халық оны пір тұтты. 12 Ал енді Філіп Құдайдың Патшалығы және Исаның Мәсіх екендігі туралы Ізгі хабарды жариялағанда, олар соған сенді. Көптеген ер адамдар мен әйелдер (Мәсіхтің жолына түсіп) шомылдыру рәсімінен өтті. 13 Шимонның өзі де сеніп, осы рәсімнен өтіп, Філіптен бір елі қалмай қойды. Ол Құдайдың құдіретін танытатын ұлы кереметтерді байқағанда қайран қалып жүрді. 14 Иерусалимдегі елшілер «Самарияның халқы Құдайдың Ізгі хабарын қабыл алды» дегенді естігенде, оларға Петір мен Жоханды жіберді. 15 Екеуі келген соң, Киелі Рухты қабылдасын деп солар үшін сиынып мінажат етті. 16 Себебі Киелі Рух әлі олардың ешқайсысына қонбаған еді. Олар тек Иеміз Исаның атынан шомылдыру рәсімінен өткен болатын. 17 Екі елші олардың үстеріне қолдарын қойғанда, самариялық сенушілер де Киелі Рухты қабылдады. 18 Шимон елшілердің алақан тигізуі арқылы адамдарға Киелі Рух берілгенін байқағанда оларға ақша ұсынып: 19 — Маған да осындай билік беріңдерші, үстіне қолымды қойған әркім Киелі Рухты қабылдап жүрсін, — деді. 20 Петір оған былай деп жауап берді: — Құдайдың беретін дарынын ақшаға сатып аламын дегенің үшін, ақшаң өзіңмен бірге құрысын. 21 Осы қызметті атқаруға сенің қақың жоқ, себебі Құдайдың алдында жүрегің таза емес. 22 Сондықтан осы жаман қылығыңа өкініп, Құдай Иеге сиынып жалбарын! Мүмкін, Ол жүрегіңдегі қара ниетіңді кешірер. 23 Жаман қызғаныш пен әділетсіздікпен шырмалғандығыңды байқап тұрмын. — 24 Ал Шимон олардан: — Айтқандарыңның бірі де басыма келмесін деп сендер мен үшін Құдай Иеге жалына көріңдерші! — деп өтінді. 25 Екі елші халық алдында Иеміз туралы Ізгі хабарға куәлік келтіріп, уағызын аяқтағаннан кейін, Иерусалимге қайта оралып, жол-жөнекей Ізгі хабарды Самарияның көптеген ауылдарында уағыздай жүрді. 26 Бір күні Жаратқан Иенің періштесі Філіпке: «Жиналып, оңтүстікке қарай Иерусалимнен Газаға баратын елсіз жолға шық!» — деп тапсырды. 27 Содан Філіп дайындалып, жүріп кетті. Жол бойында оған бір эфиопиялық адам кез болды. Бұл Эфиопияның патшайымы Қандақидың барлық қазынасын басқаратын уәзірі екен. Ол Иерусалимге Құдайға ғибадат етуге келіп, 28 енді еліне қайтып бара жатты. Уәзір күймесінде Ишая пайғамбардың жазбасын оқып отыр екен. 29 Киелі Рух Філіпке: «Күймеге жақындап, қатарласып жүр!» — деді. 30 Філіп күймеге жүгіріп барғанда, сол кісінің Ишая пайғамбардың жазбасын оқып отырғанын естіді. Оған: — Оқығаныңыз түсінікті ме? — деген сұрақ қойды. 31 Уәзір: — Біреу түсіндірмесе, қайдан түсінейін? Күймеге мініп, қасыма отырыңызшы, — деп Філіптен өтінді. 32 Жазбадан оқып отырған жері мынау еді: Оны қой сияқты сойылатын жерге алып барды. Ол қырқылып жатқанда үні шықпайтын тоқты секілді тіс жармады. 33 Ол жәбірленіп, әділ сотталу құқығынан айырылды. Оның ұрпақтары туралы кім айтып бере алады? Өйткені Оның жаны бұ дүниеден аластатылды. 34 Уәзір Філіптен: — Өтінемін, айтыңызшы: пайғамбар осы сөздерді өзі туралы айтып тұр ма, әлде басқа біреу туралы ма? — деп сұрады. 35 Сонда Філіп Киелі жазбаның осы жерінен бастап, Иса туралы Ізгі хабарды айтып берді. 36 Жолда осылай келе жатып, олар бір суға тап болды. Уәзір сонда: — Мынау су ғой, менің шомылдыру рәсімінен өтуіме болмай ма? — деп өтінді. 37 (Філіп: — Шын жүректен сенсеңіз, болады, — деп жауап берді. Бұған ол: — Мен Исаның Құдайдың рухани Ұлы екеніне сенемін, — деді.) 38 Уәзір күймені тоқтатуға бұйырды. Екеуі суға түсіп, Філіп уәзірді суға шомылдыру рәсімінен өткізді. 39 Олар судан шыққанда, Жаратқан Иенің Рухы Філіпті білдірмей алып кетті. Содан қайтып уәзір оны көрген жоқ. Солай болса да, ол қуанышқа кенеліп, өз жөніне кетті. 40 Бұдан кейін жұрт Філіпті Азоттан көрді. Ол сол жерден ел аралап, Кесарияға жеткенше Ізгі хабарды барлық қалаларға таратып жүрді.
1 Ал Саул Иеміздің жолын қуушыларды өлтірем деген қоқан-лоқысы мен қаскөйлігін әлі де жалғастырып, бас діни қызметкерге барып, жолықты. 2 Одан (Сирияның) Дамаск қаласындағы мәжілісханаларға арнап хат жазып беруін сұрады. Саул сол жерден тапқан еркек болсын, әйел болсын Исаның жолына түскендерді бұғаулап, Иерусалимге алып келмекші еді. 3 Осы ниетпен кетіп бара жатып, Дамаскіге жақындап қалғанда, оған көктен түскен жарық нұр кенеттен сәулесін төгіп жіберді. 4 Саул жерге құлап түсіп, «Саул, Саул! Неге Мені қудалайсың?» — деген дауысты естіді. 5 Саул: — Сен кімсің, Ием? — деп сұрады. Ол: — Мен сен қудалап жүрген Исамын! 6 Орныңнан тұр да, қалаға бар! Не істеуге тиіс екенің саған сол жерде айтылады! — деді. 7 Саулдың сапарлас жігіттері үндемей тұрып қалды. Себебі олар бір дауысты естігендей болғанмен, ешкімді көрмеді. 8 Саул түрегеліп, көзін ашқанда, еш нәрсе көре алмады. Сондықтан серіктері оны Дамаскіге дейін қолынан ұстап жетектеп барды. 9 Содан ол үш күн бойы көзі көрмей, еш нәр татпады. 10 Сол кезде Дамаскіде Исаның жолын қуушы Анани есімді бір шәкірті тұратын. Иеміз соған аян беріп: — Анани! — деді. Ол: — Тыңдап тұрмын, Ием! — деді. 11 — Орныңнан тұр да, Түзу даңғыл деп аталатын көшеге бар. Сол жерде Яһуданың үйінен тарстық Саул деген кісіні сұра! Қазір ол мінажат етіп жатыр. 12 Ол аянда Анани есімді біреудің кіріп келіп, көзін ашу үшін үстіне қолын қойғанын көрді, — деді Иеміз. 13 Бірақ Анани: — Уа, Ием, мен талайлардан осы кісінің Иерусалимде Саған бағышталған адамдарыңа соншама көп жамандық істегені туралы хабар алдым. 14 Ол басты діни қызметкерлерден Сенің атыңа сиынғандардың бәрін осы жерде де тұтқындауға өкілеттік алыпты, — деп жауап берді. 15 Бірақ Иеміз оған: — Бар сонда! Ол — Менің атымды басқа ұлттарға, патшаларға және Исраил халқына жариялау үшін таңдап алған қызметшім. 16 Ал Менің атыма бола қаншама азап шегуге тиіс екенін Мен оған Өзім білдіремін, — деді. 17 Анани жолға шығып, әлгі үйге кірді; Саулдың үстіне қолын қойып: — Бауырым Саул, саған жолшыбай келе жатқанда аян берген Иеміз Исаның Өзі көзің қайтадан көрсін, сен Киелі Рухқа кенелсін деп мені жіберді, — деді. 18 Сол сәтте-ақ Саул көзінен перде алынып тасталғандай, көре бастады. Ол орнынан тұрып, шомылдыру рәсімінен өтті де, 19 тамақ ішіп әлденді. Бірнеше күн бойы Саул Мәсіхтің жолын қуушылармен бірге Дамаскіде болды. 20 Көп кешікпей ол сол қаладағы яһуди мәжілісханаларында Исаның Құдайдың рухани Ұлы екенін хабарлай бастады. 21 Сонда оны тыңдағандар қатты таңғалып: «Иерусалимде Исаның атына сиынғандарды аямай өлтірген кісі осы емес пе? Бұл жерге де ол сондайларды бұғаулап, басты діни қызметкерлерге ұстап беру үшін келген жоқ па?» — десті. 22 Бірақ Саул одан бетер рухани күшейе түсіп, Исаның Құтқарушы Мәсіх екенін дәлелдеп, Дамаскіде тұратын яһудилерді әбден абыржытты. 23 Едәуір уақыт өткеннен кейін яһуди діншілдері оны өлтіруге сөз байласты, 24 алайда Саул олардың құпия ниетін біліп қойды. Әлгілер оның көзін құрту үшін күні-түні қала қақпаларында аңдып жүрді. 25 Сондықтан Исаның бірнеше шәкірті Саулды бір түні үлкен себетке салып, қаланы қоршаған қамал қабырғасындағы терезеден төмен түсіріп жіберді. 26 Содан Саул Иерусалимге барып, Исаның жолын қуушыларға қосылуға тырысты. Бірақ бәрі қорқып, оның шынымен-ақ Иеміздің жолына түскеніне сене қоймады. 27 Ал Барнаба Саулды қамқорлығына алып, елшілерге ертіп келді. Оларға Саулдың жолда Иеміздің аянын көріп, Оның сөзін естігенін және Дамаскіде Исаның атынан батыл уағыз айтқанын әңгімелеп берді. 28 Бұдан кейін Саул Иерусалимдегі сенушілермен емін-еркін араласып, Иеміз Иса туралы ашық та батыл айтып жүрді. 29 Саул грекше сөйлейтін яһудилермен де айтысып, олар мұның көзін жоюға әрекеттенді. 30 Осыны естіген бауырластар Саулды Кесарияға алып кетіп, одан әрі Тарсқа жөнелтті. 31 Осылай сенушілер қауымы бүкіл Яһудея, Ғалилея және Самария аймақтарында тыныш күндерді басынан кешті. Олар рухани күшейіп, Иемізді терең қастерлеп, Киелі Рухтың қолдауымен көбейіп жатты. 32 Осы кезде Петір елші бүкіл елді аралап жүрген болатын. Содан ол Лүддаға ылдилап барып, сонда тұратын, Құдайға бағышталған сенушілерге де соқты. 33 Сол жерде ол сегіз жыл бойы сал болып жатқан Әней есімді кісіні көрді. 34 Петір оған: «Әней, Құтқарушы Мәсіх Иса сені сауықтырады! Тұр да, төсегіңді жина!» — деді. Ол сол сәтте-ақ орнынан түрегелді. 35 Лүдда қаласы мен Шарон жазығының күллі тұрғындары Әнейдің сауығып, жүріп кеткенін көрді. Содан олар теріс жолдарынан қайтып, Иеміздің жолына түсті. 36 Иоппе қаласында Мәсіхтің жолын қуушы Табита есімді бір әйел тұратын. Табита «Елік» деп аударылады. Ол кәріп-қасерлерге көмектесіп, көптеген игі істер жасайтын. 37 Сол күндері Табита ауырып, қайтыс болды. Оның мәйітін арулап қабірге қоюға дайындап жоғарғы бөлмеге апарып қойды. 38 Мәсіхтің жолын қуушылар Петірдің Иоппеге жақын жердегі Лүддада екенін біліп, оған: «Тезірек бізге келіңізші!» — деген өтінішпен екі жігітті жіберді. 39 Петір оларға ілесіп жолға шықты. Иоппеге келген соң, оны жоғарғы бөлмеге алып барды. Сол бөлменің ішінде қайғырып жүрген жесірлер оны ортаға алып, марқұмның тірі кезінде тігіп беріп кеткен шапандары мен көйлектерін көрсетіп жылаумен болды. 40 Петір олардың барлығына бөлмеден шығуға бұйырды. Бұдан кейін тізерлеп отырып, Құдайға сиынды. Содан ол мәйітке бұрылып: «Табита, тұр!» — деді. Сонда Табита көзін ашып, Петірді көргенде түрегеліп отырды! 41 Петір оған қолын ұсынып, орнынан тұруына көмектесті. Мұнан кейін жесірлер мен басқа да сенушілерді шақырып, қайта тірілген Табитаны оларға көрсетті. 42 Бұл оқиға бүкіл Иоппе қаласына мәлім болып, көптеген кісілер Иемізге сенді. 43 Осыдан кейін Петір бірнеше күн Иоппеде Шимон есімді тері илеушінің үйінде тұрып қалды.
1 Сол кезде Кесарияда Корнел есімді кісі тұратын. Ол «Италиялық жасақ» деп аталған әскер бөлімінің жүзбасы еді. 2 Үй ішімен шын жүректен Құдайды қастерлейтін Корнел яһуди халқының кәріп-қасерлеріне көп қайырымдылық жасап, ұдайы Құдайға сиынып мінажат етіп жүретін. 3 Бір күні түс қайта сағат үш шамасында Корнел Құдайдың бір періштесінің берген аянын анық көрді. Періште үйге кіріп, Корнелдің қарсы алдына тұра қалып: — Корнел! — деп тіл қатты. 4 Одан көз алмай, шошып кеткен жүзбасы: — Мырза, не істеуім керек? — деп сұрады. Періште: — Сенің еткен мінажатың және жарлыларға көрсеткен қайырымдылығың Құдай алдына жетті; Ол соларды мейірлене ескереді. 5 Енді біреулерді Иоппеге жіберіп, Шимон Петір деген адамды шақырт. 6 Ол тері илеуші Шимонның теңіз жағасындағы үйінде тұрып жатыр, — деп жауап берді. 7 Өзімен сөйлескен періште ғайып болып кеткеннен кейін Корнел қызметшілерінің екеуін және өзіне қызмет етіп жүрген жасақшыларының біреуін шақырып алды; ол да Құдайды қастерлейтін кісі еді. 8 Соларға бәрін айтып түсіндіріп, Иоппеге жіберді. 9 Келесі күні бұлар қалаға жақындап қалғанда, Петір түс кезінде мінажат ету үшін үйдің төбесіне көтерілді. 10 Оның қарны ашып, тамақ жегісі келіп кетті. Ас дайындалып жатқан кезде Петір бір ерекше күйге енді. 11 Сонда ол көктің ашылып, одан үлкен дастарқанға ұқсас бір нәрсенің төмендеп келе жатқанын көрді; дастарқан төрт бұрышынан ұсталған күйі жерге қарай түсіріліп келе жатты. 12 Оның ішінде алуан түрлі төрт аяқты жануарлар, бауырымен жорғалаушылар және жабайы құстар бар екен. 13 Бір дауыс: — Петір, тұр, бұлардың біреуін сойып, же! — деп бұйырды. 14 Петір: — Жоқ, Ием! Мен ешқашан да арам тамақ жеген емеспін, — деп жауап берді. 15 Дауыс екінші рет естіліп: — Құдай тазалағанды сен арам деп айтпа! — деді. 16 Осы көрініс үш рет қайталанып, содан дастарқан дереу көкке көтеріліп кетті. 17 Петір көрген аянының нені білдіретінін түсіне алмай тұрғанда, Корнел жіберген жігіттер Шимонның үйін іздеп, қақпа алдына тоқтады. 18 Олар: «Осы үйде Шимон Петір деген қонақ бар ма екен?» — деп дауыстап сұрады. 19 Петір көрген аяны туралы әлі ойланып тұрғанда, Киелі Рух оған: «Қарашы, сені үш жігіт іздеп келді. 20 Орныңнан тұрып, жерге түс; ойланбай-ақ солармен бірге жолға шық! Себебі оларды Мен жібердім», — деп тапсырды. 21 Петір төмен түсіп, жігіттерге жолығып: — Сендер іздеп жүрген кісі менмін. Бұл жерге не себептен келдіңдер? — деп сұрады. 22 Олар былай деді: — Бізді Корнел есімді жүзбасы жіберді. Ол — әділ, Құдайды қастерлейтін және бүкіл яһуди халқы сыйлайтын кісі. Оған Құдайдың қасиетті періштесі сізді өз үйіне шақырып, айтқан сөздеріңізге құлақ асуды бұйырған еді. — 23 Петір оларды үйге шақырып, қонақ қылды. Келесі күні дайындалып, солармен бірге жолға шықты. Иоппедегі бауырластарының біразы оған еріп жүрді. 24 Бір күннен кейін олар Кесарияға жетті. Корнел барлық туған-туысқандары мен жақын достарын үйіне шақырып, бұларды күтіп отыр екен. 25 Петір үйге кіргенде, Корнел оның алдынан шығып құрметтеп, аяғына жығылды. 26 Петір: «Түрегеліңіз, мен де сіз сияқты пендемін», — деп, оны тұрғызып алды. 27 Корнелмен сөйлескен бойы үйге кірді. Үй толы кісі екенін көріп, 28 Петір оларға былай деп тіл қатты: — Мен сықылды яһудиге басқа халықтың адамымен араласуға не үйіне кіруге дініміздің ережелері арқылы тыйым салынған, мұны білесіздер. Бірақ Құдай маған ешбір адамға «қасиетсіз яки арам» деп қарамау керек екенін білдірді. 29 Сондықтан мен шақыруларыңыздан бас тартпай, осы жерге келіп тұрмын. Ал енді мені не себептен шақырғандарыңызды білгім келеді. 30 Сонда Корнел былай деді: — Үш күн бұрын мен үйде Құдайға сиынып мінажат етіп отырған едім. Уақыт қазіргі сияқты түстен кейінгі сағат үштің кезі болатын. Кенеттен киімдері жарқыраған бір ер адам алдыма тұра қалып: 31 «Корнел, сенің мінажатың Құдайдың құлағына жетіп, жарлыларға көрсеткен қайырымдылығыңды Ол мейірлене ескереді. 32 Біреулерді Иоппеге жіберіп, Шимон Петірді шақырт. Ол тері илеуші Шимонның теңіз жағасындағы үйінде тұрып жатыр», — деді. 33 Содан мен сізге дереу кісі жібердім, келгеніңіз өте жақсы болды. Қазір бәріміз осы жерде Құдай алдында отырып, Иеміздің сізге айтуға тапсырған барлық сөздерін тыңдағымыз келеді. 34 Сонда Петір былай деп сөзін бастады: Құдайдың адамның бет-жүзіне қарамайтынын енді шынымен біліп алдым. 35 Ол әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды. 36 Құдай Исраил халқына Өзінің Иса Мәсіх арқылы адамзатпен татуласуы жайлы Ізгі хабарды жіберді: Мәсіх — бәрінің де Иесі! 37 Жақия адамдардың шомылдыру рәсімінен өтуі туралы уағыз айтқан еді; содан кейін Ғалилеядан бастап барлық яһуди елінде болған оқиғаларды да білесіздер: 38 Құдай Өзінің Киелі Рухы мен құдіретін назареттік Исаға дарытты. Ол игі істер жасап, шайтанның құрсауындағы адамдарды азат етіп сауықтырып, ел аралап жүрді, өйткені Құдай Оған жар болды. 39 Біз Исаның яһуди елінде және Иерусалимде істеген істерінің бәріне куәміз. Ал соңында дұшпандары Оны ағашқа шегелеп іліп өлтірді. 40 Алайда үшінші күні Құдай Исаны қайта тірілтіп алып, бүкіл халыққа емес, Өзі куә болуға алдын ала таңдап алған біздерге көрсетті. Иса өлімнен қайта тірілгеннен кейін біз Онымен дастарқандас болып бірге ішіп-жедік. 42 Ол бізге халыққа: «Құдайдың тірілер мен өлілерді соттауға тағайындаған Кісісі — Сол!» — деп жариялап, куәлік келтіруге әмір етті. 43 Барлық пайғамбарлар Иса туралы: «Оған сенген әркімнің күнәлары Оның арқасында кешіріледі» дегенге алдын ала куәлік келтірген. 44 Петір осы сөздерді әлі айтып тұрған кезде, Ізгі хабарды тыңдап тұрғандардың бәріне Киелі Рух қонды. 45 Петірмен бірге келген сенуші яһудилер Құдайдың басқа ұлт адамдарының да үстіне Өзінің Киелі Рухын құйып сыйлағандығына қатты таңғалды. 46 Себебі олар солардың түрлі тілдерде сөйлеп, Құдайды мадақтап тұрғандарын естіді. Сонда Петір: 47 — Мыналардың суға шомылдыру рәсімінен өтулеріне тыйым салуға бола ма? Олар да Киелі Рухты біз сияқты қабылдады ғой! — деп жауап беріп, 48 оларды Исаның атынан шомылдыру рәсімінен өткізуге бұйырды. Мұнан кейін олар Петірден бірнеше күнге араларында қалуын өтінді.
1 Яһудея аймағындағы елшілер мен бауырластар Құдайдың Ізгі хабарын басқа ұлттың адамдары да қабылдағанын естіп білді. 2 Петір Иерусалимге қайтып келгенде, Мәсіхке сенуші яһудилер оны: 3 — Сіз сүндеттелмеген адамдарға барып, солармен бірге тамақ ішіпсіз, — деп жазғырды. 4 Сонда Петір оларға оқиғаның қалай болғанын рет-ретімен баяндап беріп былай деді: 5 — Мен Иоппе қаласында мінажат етіп отырғанда, ерекше күйге еніп аян көрдім: үлкен дастарқанға ұқсас бір нәрсе төрт бұрышынан ұсталған күйі көктен түсіріліп, қасыма төмендеп келе жатты. 6 Анықтап қарағанымда одан төрт аяқты жануарларды, жабайы аңдарды, бауырымен жорғалаушылар мен жабайы құстарды көрдім. 7 Сондай-ақ, «Петір, тұр, бұлардың біреуін сойып, же!» деген дауысты да естідім. 8 Ал мен: «Жоқ, Ием! Мен ешқашан да арам тамақ жеген емеспін», — деп жауап қаттым. 9 Ал көктен естілген жаңағы дауыс тағы да: «Құдай тазалағанды сен арам деп айтпа!» — деп бұйырды. 10 Осы үш рет қайталанып, бәрі қайтадан көкке тартылып кетті. 11 Дәл сол кезде мен тұрған үйдің алдына Кесариядан маған жіберілген үш кісі келді. 12 Киелі Рух маған ойланбастан солармен бірге кетуім керек екенін айтып бұйырды. Мына алты бауырласымыз да ілесіп барып, осылай сол адамның үйіне кірдік. 13 Ол бізге өзінің үйінде отырғанда періштенің аян беріп: «Біреулерді Иоппеге жіберіп, Шимон Петір дегенді шақырт! 14 Ол саған Ізгі хабар айтады, сол арқылы өзің де, бүкіл үй ішің де құтқарыласыңдар» дегенін әңгімелеп берді. 15 Мен оларға сөйлей бастағанда, тура о баста бізге қонғандай, олардың үстіне де Киелі Рух қонды. 16 Сонда Иеміздің мына сөзі есіме түсті: «Жақияның шомылдыру рәсімі сумен болатын, ал сендер Киелі Рухпен шомылдырыласыңдар». 17 Сондықтан, егер Құдай бізге берген сыйын Иеміз Иса Мәсіхке сенетін оларға да берсе, онда мен Құдайға қарсы келетін кіммін? 18 Яһуди сенушілері осыны естігенде тынышталып: — Сонымен Құдай басқа ұлттардың да теріс жолдан қайтып, шынайы өмірге ие болуына мүмкіндік берді! — деп қорытып, Құдайды мадақтай бастады. 19 Степан өлгеннен кейін қуғынға ұшырап, бытырап кеткен сенушілер сол екі арада Финикия өлкесіне, Кипр аралына және Сирияның астанасы Антақияға дейін барған еді. Олар Ізгі хабарды тек яһудилерге ғана уағыздап жүрді. 20 Бірақ кейбір кипрлік және күренелік сенушілер Антақияға келіп, Иеміз Иса туралы Ізгі хабарды грекше сөйлейтін басқа ұлттық адамдарға да айтып жүрді. 21 Иеміз құдіретті қолын созып мейірімді шапағатымен жарылқағандықтан, көп кісілер теріс жолдарынан қайтып, Иеміздің жолына түсті. 22 Бұл жайында Иерусалимдегі сенушілер қауымы да құлақтанып, Антақияға Барнабаны жіберді. 23 Ол келіп, сол кісілерге деген Құдайдың рақымын көрген соң қатты қуанып, бәріне: «Иемізге шын жүректен адал болыңдар!» — деп жігер берді. 24 Өйткені Барнаба Киелі Рух пен сенімге молынан кенелген жақсы кісі еді. Осылай Иеміздің қауымына көптеген адамдар қосылды. 25 Содан кейін Барнаба Саулды іздеу үшін Тарсқа барып, 26 оны тауып, Антақияға алып келді. Сол жердегі қауымда екеуі бір жылдай болып, көп кісілерге тәлім берді. Антақияда Исаның жолын қуушы шәкірттері алғаш рет «мәсіхшілер» деп аталды. 27 Осы кезде Иерусалимнен Антақияға бірнеше пайғамбар келді. 28 Солардың ішінен Агаб деген біреуі орнынан тұрып, Киелі Рухтың бүкіл жерді аштық жайлайды деген хабарын жеткізді. Осы аштық Клаудидің патшалық құрған кезінде болды. 29 Сондықтан Иеміздің жолын қуушылар әрқайсысы өзінің шамасы келгенше Яһудея аймағындағы бауырластарына жәрдем жіберуге шешім қабылдады. 30 Олар осылай істеп, жинағандарын Иерусалим қауымының жетекшілеріне Барнаба мен Саул арқылы жөнелтті.
1 Шамамен осы кезде Ирод (Агриппа) патша қауымның кейбір мүшелерін тұтқындатып, зорлық-зомбылық көрсетіп, 2 Жоханның туған ағасы Жақыпты семсермен шауып өлтіртті. 3 Осы қылығы яһудилерге ұнағанын көрген ол Петірді де қолға түсірді. Бұл Ашымаған нан мейрамының кезінде болды. 4 Осылай Ирод Петірді тұтқындатқан соң, оны түрмеге жаптырып, төрт топқа бөлінген он алты жасақшыға күзеттіріп қойды да, Құтқарылу мейрамынан кейін оны халықтың алдына шығарып, соттамақ болып ниеттенді. 5 Сонымен Петір абақтыда күзетілді, ал қауым ол үшін Құдайға қызу жалбарынып сиынумен болды. 6 Ирод оны халық алдында соттайтын күнгі түнде Петір екі жасақшының ортасында екі шынжырмен байлаулы ұйықтап жатты. Есіктің алдында да қарауыл абақтыны күзетіп тұрды. 7 Кенеттен Жаратқан Иенің бір періштесі пайда болып, қапас жарқырап кетті. Періште Петірді бүйірінен түртіп оятып: «Тезірек тұр!» — дегенде, оның қолдарын байлаған шынжырлар сыпырылып түсті. 8 Періште: «Беліңді буынып, аяғыңа да ки!» — деді. Петір мұны орындағаннан кейін, періште: «Шапаныңды жамылып, маған ер!» — деп бұйырды. 9 Сонда Петір оған ілесіп, қапастан шықты. Ол періштенің істегені өңінде болып жатқанын ұқпай, аян көріп тұрмын деп ойлады. 10 Олар бірінші және екінші қарауылдан өтіп, қалаға шығатын темір қақпаға келгенде, қақпа бұларға өзінен-өзі ашыла кетті де, екеуі сыртқа шықты. Бір көшемен жүріп бара жатқанда кенеттен періште Петірдің қасынан ғайып болды. 11 Петір өзіне-өзі келгеннен кейін: «Иеміздің періштесін жіберіп, мені Иродтың қолынан және яһуди халқы күткеннің бәрінен құтқарғанын енді шынымен біліп тұрмын», — деді. 12 Осыны аңғарған ол Марқа деп те аталған Жоханның шешесі Мәриямның үйіне барды. Сол жерде көп бауырластар Құдайға сиынып мінажат етуге жиналған еді. 13 Петір сыртқы есікті қаққанда, Рода есімді қызметші қыз кім екенін білу үшін құлағын тосты. 14 Ол Петірді даусынан танып, қуанғанынан қақпаны ашпастан үйге жүгіріп барып: — Қақпаның алдында Петір тұр! — деп хабарлады. 15 Ал үйдегілер: — Есің дұрыс па өзі? — деп, оған сенбеді. Бірақ ол: — Рас, рас! — деп тұрып алды. — Бұл оның періштесі шығар, — десті олар. 16 Петір үздіксіз қағып тұрды. Ақырында олар ашып, оны көргенде, қатты таңғалды. 17 Петір сабыр етіңдер деп қолын сілтеп, Иеміздің оны түрмеден қалай шығарғанын әңгімелеп берді. «Осыны Жақыпқа және басқа бауырластарға айтыңдар!» — деп, үйден шығып, басқа жаққа кетіп қалды. 18 Таң атқанда қарауылдағылар Петірге не болғанын түсінбей, қатты састы. 19 Ирод оны іздеуге бұйырып, таппаған соң күзетшілерді тергеп, өлімге кесті. Бұдан кейін Ирод Яһудеядан астанасы Кесарияға ылдилап барып, сонда біраз уақытқа тоқтамақ болды. 20 Ол Тир мен Сидонның тұрғындарына қатты өшігіп алған еді. Екі қала өзара келісіп, өкілдерін жіберді. Бұлар патшаның уәзірі Бластты өздерін жақтауға көндіргеннен кейін: «Бітімге келейік», — деп өтінді. Себебі олардың аймағы патша елінен азық-түлік алып тұратын. 21 Белгіленген күні Ирод патшалық сән-салтанатпен киініп, мінбедегі тағына отырды да, өкілдерге арнап сөз сөйледі. 22 Жиналған халық оған: «Адам емес, құдай сөйлеп тұр!» — деп айқайлай берді. 23 Ирод Құдайға тиісті құрметті көрсетпегендіктен, Жаратқан Иенің періштесі оған дереу жаза жіберді: Ирод тірідей құртқа жем болып өлді. 24 Ал Құдайдың сөзі кеңінен тарап, сенушілердің саны өсе берді. 25 Барнаба мен Саул өздеріне жүктелген міндетті Иерусалимде орындап болып, (Антақияға) қайта оралды. Олар Марқа деп те аталған Жохан есімді жігітті де ертіп алды.
1 Антақиядағы сенушілер қауымында бірнеше пайғамбарлар мен тәлім берушілер бар еді: Барнаба, Қара деп аталған Шимон, Күренеден шыққан Лұси, аймақ әкімі Ирод Антипаспен бірге тәрбиеленген Манаин және Саул. 2 Олар Иемізге ғибадат етіп, ораза тұтып отырғанда Киелі Рух: «Мен арнайы шақырған іске Барнаба мен Саулды Өзіме бағыштап шығарып беріңдер!» — деді. 3 Сонда олар ораза тұтып мінажат етіп, екеуінің үстеріне қолдарын қойып баталарын берді де, жолға шығарып салды. 4 Осылайша Киелі Рух жіберген екі елші Селеуки қаласына барып, сол жерден кемеге отырып, Кипр аралына жүріп кетті. 5 Сондағы Салами қаласына жеткен соң, олар яһуди мәжілісханаларына барып, Құдайдың сөзін уағыздады. Жохан (Марқа) бірге болып, оларға көмектесіп жүрді. 6 Бүкіл аралды аралай отырып, Паф қаласына келген олар Бар-Ешуа есімді яһудиге кездесті. Сол адам сиқыршы әрі жалған пайғамбар болатын, 7 әрі Серги Пауыл есімді арал әміршісімен дос болып жүрді. Әмірші ақылды кісі екен, ол Құдайдың сөзін естігісі келіп, Барнаба мен Саулды өзіне шақырды. 8 Бірақ әлгі сиқыршы Елүма — грек тілінде оның аты солай — оларға қарсы шығып, әміршінің Құдайдың сөзіне сенуін теріске шығаруға тырысты. 9 Сонда Пауыл деп те аталатын Саул Киелі Рухқа кенеліп, сиқыршының бетіне қадала қарап тұрып, былай деді: 10 «Ей, әзәзіл шайтанның баласы, барлық әділдіктің жауы! Сенің ішің әр түрлі өтірік пен зұлымдыққа толы. Жаратқан Иенің тура жолын теріске шығаруды қоясың ба, жоқ па? 11 Енді, міне, Иеміз саған құдіретті қолын созып, сен соқыр болып, бірталай уақыт күн сәулесін көрмей қаласың!» Сол сәтте сиқыршыны қалың тұман мен қара түнек басты. Ол қолының ұстап жетектейтін адам іздеп, сипаланды да қалды. 12 Мұны көрген әмірші Иеміз туралы ілімге таңғалып, Оған сенді. 13 Пауыл мен оның сапарластары Пафта кемеге мініп, Памфүлия аймағындағы Перге қаласына барды. Жохан (Марқа) олардан сол жерде айырылысып, Иерусалимге қайтып кетті. 14 Ал екі елші Пергеден әрі кетіп, Пісидия аймағындағы Антақияға жетті. Демалыс күні олар яһуди мәжілісханасына кіріп, жайғасып отырды. 15 Таураттан және Пайғамбарлар жазбаларынан үзінділер оқылған соң, мәжілісхана басшылары оларға: — Бауырластар, егер сендердің жамағатқа жігер беретін сөздерің болса, айта беріңдер! — деді. 16 Сонда Пауыл орнынан тұрды да, қолымен тыныштыққа шақырып, сөйлеп кетті: — Уа, исраилдіктер және Құдайды қастерлеуші басқа ұлттықтар, құлақ түрсеңдер екен. 17 Біздің Исраил халқымыз сиынатын Құдай ежелде ата-бабаларымызды таңдап алған. Халқымыздың Мысырда жат жерлік болған кезінде Ол оның күші мен санын көбейтті, соңында Өзінің керемет құдіретімен оларды сол елден алып шықты. 18 Қырық жылдай уақыт бойы Құдай айдалада көшіп-қонып жүрген оларға шыдамдылық көрсетіп, қамқорлық жасаумен болды. 19 Содан соң Ол Қанахан елінде жеті ұлтты жоқ қылып, Өзінің таңдап алған халқына солардың жерін меншікке үлестіріп берді. 20 Мұнан кейін, Самуил пайғамбар келгенше, Құдай оларға төрт жүз елу жыл бойы билерді жіберіп отырды. 21 Халық өздерінде патша болуын сұрағанда, Құдай оларға қырық жылға Бунямин руынан шыққан Қиш ұлы Саул деген жігітті берді. 22 Кейін оны тақтан түсіріп, халыққа Дәуіт пайғамбарды патшалыққа тағайындады. Құдай ол туралы мына тәрізді сөздер айтты: Мен көңілімнен шыққан адамды тауып алдым, ол — Есей ұлы Дәуіт. Сол Менің қалағанымның бәрін орындайтын болады. 23 Құдай Дәуітке уәде еткендей, оның әулетінен Исраил халқы үшін Құтқарушы ретінде Исаны шығарды. 24 Иса келместен бұрын, Жақия пайғамбар Исраил халқына: «Теріс жолдан қайтып, шомылдыру рәсімінен өтіңдер!» — деп уағыз айтып жүрген еді. 25 Өз қызметінің соңғы кезінде Жақия пайғамбар: «Сендер мені кім деп ойлайсыңдар? Мен Ол емеспін! Қараңдар, Ол менен кейін келе жатыр. Бірақ мен Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын», — дейтін. 26 Уа, бауырластар, Ыбырайым атаның әулетінен тарағандар және Құдайды қастерлеуші басқа ұлттықтар, Құтқарылу туралы хабар бізге жіберілді! 27 Иерусалимнің тұрғындары және олардың басшылары Исаны танымай, соттады. Сол ісі арқылы олар пайғамбарлардың алдын ала айтып кеткен әрі біз әр демалыс сайын оқып жүрген сөздерін жүзеге асырды. 28 Иерусалимнің халқы мен басшылары Исадан өлім жазасын тартқызатындай кінә таба алмағанмен, Пилаттан Оны өлтіруді талап етіп, дегендерін орындатты. 29 Иса туралы Киелі жазбаларда айтылғанның бәрі жүзеге асқаннан кейін, Оның мәйіті айқыштан түсіріліп, қабірге қойылды. 30 Алайда Құдай Оны өлімнен қайта тірілтіп алды! 31 Бұдан кейін Иса Өзіне Ғалилеядан Иерусалимге еріп келген кісілерге көп күн бойы көрініп жүрді. Қазір олар халық алдында Оның куәлары болып жүр. 32 Біз екеуіміз сендерге осы Ізгі хабарды уағыздаймыз: Құдай ата-бабаларымызға берген уәдесін 33 солардың ұрпақтары — біз үшін Исаны өлімнен қайта тірілту арқылы орындады. Забурдың екінші жырында былай деп жазылған: «Рухани Ұлымсың, Мен бүгінгі күн Әке болдым Саған». 34 Құдай Исаны өлімнен тірілтіп, Оның денесін еш уақытта шірітпейтін болады. Бұны Оған мына тәрізді сөздермен алдын ала білдірген болатын: «Мен кезінде Дәуітке уәде еткен қасиетті де берік рақымымды өздеріңе көрсетпекпін» 35 Өйткені Дәуіт Забурдың басқа жырында Құдайға арнап былай деп жазған: «Қасиетті Адамыңның тәнін шірітпейсің». 36 (Ал Дәуіттің осы сөздері өзі туралы емес еді.) Себебі Дәуіт кезінде Құдайдың еркі бойынша халқына қызмет еткен соң дүниеден өтіп, ата-бабаларының қасына қойылып, денесі шіріп кетті. 37 Алайда Дәуіт айтып тұрған «Қасиетті Адамды» Құдай өлімнен қайта тірілтіп алғандықтан, Оның денесі шіріген емес. 38 Сондықтан, бауырластар, мынаны біліп алыңдар: біз сендерге Құдай күнәларыңды осы Адамның құрбандығы арқылы кешіретінін хабарлаймыз. 39 Мұса қалдырған Таурат заңын орындасаңдар да, күнәларыңнан шынайы ақтала алмадыңдар. Ал енді Исаға сенген әркім бар күнәларынан Исаның құрбан болғандығы арқылы ақталады. 40 Сонымен байқаңдар, Пайғамбарлар жазбаларындағы мына тәрізді сөздер бастарыңа келмесін: 41 Назар аударыңдар, Құдайдың айтқанын менсінбейтіндер, таңғалыңдар да ғайып болыңдар! Себебі көздерің тірі тұрғанда Мен бір істі жүзеге асырмақпын. Оны біреу алдын ала айтып берсе де, сендер сенбес едіңдер. 42 Пауыл мен Барнаба мәжілісханадан шығарда, жамағат олардан келесі демалыс күні осы тақырып туралы тағы да айтып берулерін өтінді. 43 Жиналыс тарап кеткен соң, көптеген яһудилер және Құдайды қастерлеуші басқа ұлттықтар Пауыл мен Барнабаға еріп жүрді. Бұл екеуі олармен сөйлесіп, Құдайдың рақымына сүйене берулерін мықтап ескертті. 44 Келесі демалыс күні Иеміз туралы Ізгі хабарды тыңдау үшін қала халқының бәрі дерлік жиналды. 45 Яһудилер осынша көп адамдарды көргенде, қызғанып кетіп, Пауылдың айтқандарына қарсы сөйлеп, оған тіл тигізді. 46 Сонда Пауыл мен Барнаба оларға батыл сөйлеп былай деді: — Құдайдың Ізгі хабарын алдымен сендерге уағыздауымыз керек еді. Алайда оны қабылдамай, өздеріңді мәңгілік өмірге лайықты санамайтын болсаңдар, онда басқа ұлттарға бет бұрамыз! 47 Себебі Жаратқан Ие бізге мынадай әмір берді: Сені басқа ұлттар үшін де жарық нұр болуға белгіледім. Сонда жердің түкпір-түкпіріндегі адамдарға Мен дайындаған құтқарылу жолын жария етесің! 48 Басқа ұлттардың адамдары мұны естігенде қуанып, Иеміз туралы Ізгі хабарды мадақтай бастады. Мәңгілік өмірге ие болады деп Құдай белгілеп қойғандар Мәсіхке сеніп, Оның жолына түсті. 49 Осылай Иеміздің Ізгі хабары сол аймаққа түгел тарады. 50 Бірақ яһудилер басқа ұлттардың Құдайды қастерлейтін беделді әйелдері мен қала басшыларын Пауыл мен Барнабаға қарсы арандатып қойды. Олар екі елшіні қудалап, сол өңірден қуды. 51 Содан елшілер оларға қарсы куәлік ретінде аяқтарының шаң-тозаңын қағып тастап, Қония қаласына жүріп кетті. 52 Ал Антақияда Мәсіхтің жолына түсіп, Оның шәкірттері болғандар қуанышқа және Киелі Рухқа кенелді.
1 Қонияда да екі елші әдеттеріне сәйкес яһуди мәжілісханасына барды. Олардың айтқандары өте әсерлі болды, осылай яһудилер мен басқа ұлттық кісілердің көбі Иемізге сенді. 2 Ал сенбейтін яһудилер басқа ұлт адамдарын қоздырып, оларды сенуші бауырластарға қарсы өшіктіріп қойды. 3 Дегенмен екі елші едәуір уақыт сол жерде болып, Иеміз туралы батыл сөйлеп жүрді. Ол елшілерге кереметтер жасайтын құдіретті күш беріп, Өзінің рақымдылығы туралы Ізгі хабарды растады. 4 Қала тұрғындары екі жақ боп бөлініп, бір жағы сенбейтін яһудилерді, басқалары елшілерді қолдады. 5 Басқа ұлт адамдары мен яһудилердің бірсыпырасы басшыларымен бірігіп, елшілерге бірден тап беріп, азаптап, тас лақтырып өлтірмекші болды. 6 Ал елшілер бұл туралы біліп қойып, Лиқаония аймағындағы Лүстра мен Дербе қалаларына және олардың маңайына қашып кетіп, құтылды. 7 Олар сол жердегі адамдарға да Ізгі хабарды жеткізді. 8 Лүстрада екі аяғы да күшсіз бір адам тұратын. Ол туғаннан сал болып, ешқашан жүріп көрмеген еді. 9 Сол Пауылдың айтқан уағызын тыңдап отырды. Оған көзі түсіп, сауығамын деген сенімін байқаған Пауыл 10 қатты дауыстап: «Тік тұр аяғыңа!» — деді. Сол сәтте ол ұшып тұрып, жүріп кетті. 11 Пауылдың істегенін көрген халық қатты дауыспен Лиқаон тілінде айқайлап: «Тәңірлер адам кейпіне еніп, бізге көктен түсті!» — деді. 12 Олар Барнабаны Зевс, Пауылды Гермес деп атады, себебі сөз тізгіні Пауылдың қолында еді. 13 Қаланың сыртында Зевске арналған ғибадатхана бар болатын. Сондағы діни қызметкер гүлдестелермен әшекейленген бұқаларды қала қақпасының алдына алып келіп, халықпен бірге құрбандыққа шалмақшы болды. 14 Барнаба мен Пауыл осыны естігенде, көйлектерінің өңірін айыра жыртып, наразылықтарын білдірді. Көпшіліктің арасына жүгіріп барып, қатты дауыспен былай деді: 15 «Ей, азаматтар, неге бұлай істейсіңдер? Біз де сендер сияқты пендеміз ғой! Сендерге Ізгі хабарды әкелдік: түкке тұрмайтын тәңір бейнелерін тастаңдар, аспан мен жерді, теңізді және олардағы бар нәрселерді жаратқан тірі Құдайға бет бұрыңдар! 16 Құдай өткен ұрпақтардың кезінде барлық ұлттарды өз беттерімен жіберсе де, 17 Өзінің бар екендігіне істеген игі істерімен анық дәлел келтіруін тоқтатпады: Өзі аспаннан жаңбыр жаудырып, дер кезінде өнім беріп, мол азық сыйлауымен жүрегімізді қуанышқа кенелтеді». 18 Осы сөздермен олар халықты әрең дегенде тыныштандырып, өздеріне арнап құрбандық шалудан бас тартқызды. 19 Кейін Антақия мен Қониядан бірқатар яһудилер Лүстраға келді. Олар жергілікті халықты үгіттеп көндіріп, Пауылды тас лақтырып ұрып кетті. Өліп қалды деп ойлап, оны қаладан сүйреп тастады. 20 Бірақ Мәсіхтің шәкірттері қасына жиналғанда, Пауыл орнынан тұрып, қалаға қайтып барды. Келесі күні ол Барнабамен бірге Дербеге жүріп кетті. 21 Екі елші Дербе қаласында Ізгі хабарды уағыздап, көптеген адамдарды Мәсіхтің жолына түсіріп, Оның шәкірттері етті. Содан кейін Лүстраға, Қонияға және Пісидиядағы Антақияға қайта оралды. 22 Олар барлық жерлерде Мәсіхтің жолын қуушы шәкірттерінің жан дүниелерін нығайтып: «Сенімдеріңе адал болыңдар! Болашақтағы Құдай Патшалығының заманына жеткенше біз әлі де талай азап шегуге тиіспіз», — деп ескертті. 23 Елшілер әр қауымда сенушілер үшін жетекшілер таңдады. Екі елші ораза тұтып (үстеріне қолдарын қойып) мінажат етті; осылай оларды өздері сенген Иеміздің қамқорлығына тапсырды. 24 Содан кейін екі елші Пісидияны аралап өтіп, Памфүлия аймағына жетті. 25 Олар Перге қаласында Иеміздің Ізгі хабарын уағыздаған соң, Анталияға қарай ылдилап түсті. 26 Сол жерден кемеге отырып, (Сириядағы) Антақияға қайтып барды. Сондағы қауым оларды атқарып келген жұмыстары үшін Құдайдың рақымына тапсырған болатын. 27 Қайтып келген екі елші қауымды жинап, өздері арқылы Құдайдың не істегенін, әсіресе, басқа ұлттардың Мәсіхке сенуіне жол ашқанын түгел айтып берді. 28 Осыдан кейін олар бірталай уақыт сол жердегі сенушілермен бірге болды.
1 Яһудея аймағынан Антақияға бірнеше кісі келіп, бауырластарға: «Егер Мұсаның дәстүрі бойынша сүндетке отырмасаңдар, құтқарыла алмайсыңдар», — деп тәлім бере бастады. 2 Пауыл мен Барнаба олармен келіспей, қызу айтысып қалды. Содан қауым Пауыл мен Барнабаға және өзге де бірнеше мүшелеріне Иерусалимдегі елшілер мен қауым жетекшілеріне барып, осы мәселе жөнінде ақылдассын деген тапсырма берді. 3 Қауым сапарға шығарған өкілдер Финикия мен Самария арқылы жүрді. Олар сол аймақтардағы бауырластарға басқа ұлттық кісілердің Құдай жолына түскендерін айтып беріп, оларды қатты қуантып тастады. 4 Өкілдер Иерусалимге жеткенде, қауым мүшелері, елшілер және қауым жетекшілері оларды жылы қарсы алды. Бұлар өздері арқылы Құдайдың не істегенін түгел айтып берді. 5 Бірақ парызшылдар тобына жатқан кейбір сенушілер орындарынан тұрып: «Басқа ұлттық сенушілерді де сүндетке отырғызып, Мұса арқылы берілген Таурат заңын орындауға мәжбүрлеу қажет!» — деп талап етті. 6 Сонда елшілер мен қауым жетекшілері осы мәселе жөнінде мәжіліске жиналды. 7 Ұзақ талқылаудан кейін Петір елші орнынан тұрып, былай деп сөз сөйледі: — Бауырластар! Құдайдың мені басқа ұлттарға Ізгі хабарды естіртіп, оған сендіру үшін ертеде орталарыңнан таңдап алғаны сендерге мәлім. 8 Тәңір адамның жүрегіндегісінің бәрін біледі; енді Ол тура бізге дарытқандай, басқа ұлттық сенушілерге де Киелі Рухты сыйға беріп, сол арқылы Өзінің оларды қабылдағанын ашық көрсетті. 9 Құдай олардың жүректерін сенімдері арқылы тазартып олар мен біздің арамызға ешбір айырмашылық қойған жоқ. 10 Олай болса, неліктен сендер Құдай тыйым салған істі еркінсіп істейсіңдер? Неге басқа ұлттық сенушілердің мойындарына ауыр жүк іспетті міндеттерді артасыңдар? Сол жүкті тірі кезінде ата-бабаларымыз да, не біз де көтере алмадық қой. 11 Қайта, басқа ұлттық сенушілер де, біз — яһуди сенушілері де тек Иеміз Исаның рақымы арқылы ғана құтқарылғанымызға сенеміз. 12 Сонда көпшілік үндемей қалды да, Пауыл мен Барнабаның өздері арқылы басқа халықтар арасында Құдайдың кереметтер жасап, құдіретін көрсетуі туралы айтқандарын тыңдады. 13 Екеуі баяндамаларын аяқтағанда, Жақып сөз алып, былай деді: — Бауырластар, сөзіме құлақ түріңдер! 14 Шимон (Петір) бізге Құдайдың ең алдымен басқа ұлттық адамдарға деген ықыласын көрсетіп, олардың арасынан Өзінің атымен аталған халқын шақырып алғаны туралы түсіндіріп берді. 15 Осы айтқандары пайғамбарлардың жазып қалдырған мына тәрізді сөздерімен үндесіп жатыр: 16 (Жаратқан Ие былай дейді:) Содан кейін Мен қайтып келіп, Дәуіттің құлап қалған үйін қайтадан тұрғызамын; оның қираған қабырғаларын қаластырып, қайта қалпына келтіремін. 17 Осылай қалған адамдар, Өзім меншігім болуға тағайындаған барлық басқа ұлттар да өз Иелері — Маған жақындауға ұмтылсын. — Бұны айтқан Жаратқан Ие оны іске асырады. 18 Бұл баяғы заманнан бері белгілі. 19 Сондықтан мен мынаны жөн деп санаймын: теріс жолдан қайтып, Құдайға бет бұрған басқа ұлттық адамдарға босқа салмақ салмауымыз керек. 20 Қайта, біз оларға хат жазып: «Адам жанын арамдайтын жалған тәңірлерден, неке адалдығын бұзудан, арам өлген малдың етінен және қаннан аулақ жүріңдер!» — деп ескертейік. 21 Себебі атам заманнан бері Мұса (арқылы берілген Таурат заңының осы ережелері) барлық қалаларда уағыздалып, мәжілісханаларда сенбі сайын оқылып келеді. 22 Сонда елшілер және қауымның жетекшілері бүкіл қауыммен бірге араларынан бірнеше кісіні таңдап алып, Пауыл мен Барнабаға ертіп Антақияға жіберуге шешім қабылдады. Содан олар бауырластардың ішіндегі беделді Барсаба Яһуда мен Сыйласты таңдап алып, соларды өкілдікке тағайындады. 23 Жіберілгендердің қолдарына мына хатты тапсырды: «Елшілер мен қауым жетекшілері — сендердің бауырластарыңнан басқа ұлттан шыққан Антақияда және Сирия мен Кіликияда тұратын бауырластарға дұғай сәлем! 24 Арамыздан кейбіреулер сендерге барып, іріткі салып, (сүндетке отырып, Таурат заңын орындау керек деп) көңілдеріңді абыржытты дегенді естідік. Ал біз оларға сондай тапсырма берген жоқпыз. 25 Сондықтан біз келісіп, адамдарды таңдап алып, сүйікті бауырластарымыз Барнаба мен Пауылға ертіп сендерге жіберуге ұйғардық; 26 бұл екеуі — өмірлерін Иеміз Иса Мәсіхке бағыштап тәуекел еткендер. 27 Қабылдаған шешімімізді сендерге ауызша түсіндіріп беру үшін Яһуда мен Сыйласты да жіберіп отырмыз. 28 Киелі Рухтың білдіруімен біз сендерге төмендегі қажетті ережелерден басқа ешқандай салмақ салмауымыз керек деп шештік: 29 жалған тәңірлерге арналған құрбандықтардан, қаннан, арам өлген малдың етінен және неке адалдығын бұзудан аулақ жүріңдер! Осы нұсқауларды ұстансаңдар, игі болмақ. Қош-сау болыңдар!» 30 Жіберілгендер жолға шығып, Антақияға жетті; бүкіл қауымды шақыртып алған соң, хатты табыстады. 31 Қауым соны оқып біткенде, ондағы жігерлендіретін тәлімге қуанып қалды. 32 Пайғамбарлық дарыны да бар Яһуда мен Сыйлас жиналған бауырластарға ұзақ сөз сөйлеп, жігерлендіріп, сенімдерін бекітті. 33 Екеуі сол жерде біраз уақыт болған соң, бауырластар оларға амандық пен тыныштық тілеп, оларды жібергендерге кері қайтаруға баталарын берді. 34 Бірақ Сыйлас сол жерде қалуға ұйғарды (ал Яһуда Иерусалимге қайта оралды). 35 Пауыл мен Барнаба да Антақияда тұрып, көптеген басқа сенушілермен бірге адамдарға тәлім беріп, Иеміздің Ізгі хабарын жеткізіп жүрді. 36 Едәуір уақыт өткеннен кейін Пауыл Барнабаға: «Біз Иеміздің хабарын уағыздаған барлық қалалардағы бауырластарға барып, олардың жағдайларын көрейік!» — деді. 37 Сонда Барнаба Жохан Марқаны да алып кеткісі келді. 38 Бірақ Пауыл оны ертуді мақұлдаған жоқ, себебі бұрынғы сапарда бұл жігіт олардан Памфүлия аймағында қалып қойып, бірге бастаған ісін жалғастырмай тастап кеткен болатын. 39 Осы мәселе айтысқа ұласып, олар бір-бірінен бөлініп кетті. Барнаба Марқаны алып, Кипр аралына кемемен жүзіп кетті. 40 Ал Пауыл Сыйласты таңдап алды. Қауымдағы бауырластары екеуін Құдай Иенің рақымына аманаттап, олар жолға шықты. 41 Екі елші Сирия мен Кіликия аймақтарын аралап жүріп, солардағы қауымдарды күшейтіп нығайтты.
1 Осылай Пауыл Дербе мен Лүстраға да барды. Сол жерде Тімоте есімді Мәсіхтің жолын қуушы шәкірті бар еді. Оның шешесі Мәсіхке сенетін яһуди әйел, ал әкесі грек болатын. 2 Лүстра мен Қониядағы бауырластар Тімоте туралы жақсы пікірде болып куәлік берді. 3 Пауыл оны сапарға бірге алып шыққысы келгендіктен, алдымен сүндетке отырғызды. Мұны сол өңірдегі яһудилер үшін жасады, өйткені олар Тімотенің әкесінің грек екенін білетін. 4 Мұнан кейін Пауыл мен оның серіктері басқа қалаларды аралап, Иерусалимдегі елшілер мен қауым жетекшілері қабылдаған шешімді сенушілерге таныстырып, сақтап жүрулерін тапсырды. 5 Содан қауымдардың сенімі күшейіп, сенушілердің саны күн сайын арта берді. 6 Киелі Рух Пауылға және оның жолдастарына Азия аймағында уағыздауға тыйым салғандықтан, олар Фрүгия және Ғалатия аймақтарын аралай жүрді. 7 Олар Мүзияға жеткеннен кейін, Бітүнияға кіруге ұмтылды, бірақ Иса жіберген Киелі Рух оларға рұқсат бермеді. 8 Сондықтан елшілер Мүзиядан өтіп, Троя қаласына барды. 9 Сол түнде Пауылға бір македониялық кісі аян берді. Ол мұның алдында тұрып: «Македонияға келіп, бізге көмектесе гөр», — деп өтінді. 10 Осы аяннан кейін, Құдай бізді соларға Ізгі хабарды уағыздауға шақырып жатыр деген қорытындыға келіп, Македонияға барудың жолын іздестірдік. 11 Троядан кемемен шығып, тура Самотрак аралына, келесі күні (Македониядағы) Неаполь қаласына жеттік. 12 Содан Філіпіге тарттық, бұл — Македонияның осы өңіріндегі басты қаласы әрі римдіктердің елді қонысы. Бірнеше күн осында тұрдық. 13 Сенбі күні қала сыртындағы өзенге бардық; бұл жерде адамдар әдетте Құдайға сиынып мінажат ететін. Біз отыра қалып, жиналған әйелдермен сөйлесе бастадық. 14 Солардың арасында Лүдия есімді әйел болды, ол Тиятир қаласынан келген, қызыл мата сатушы еді. Лүдия басқа ұлттық болса да, Құдайды қастерлейтін. Иеміз оның жүрегін жібітіп, Пауылдың айтқан сөзіне құлақ түргізіп, соны қабылдатты. 15 Лүдия үй ішімен бірге Мәсіхтің жолына түсіп, шомылдыру рәсімінен өтті. Мұнан кейін ол бізге: «Егер мені Иемізге сенуші деп мойындасаңыздар, үйіме келіп, қоныңыздар», — деп қояр да қоймай өтініп, ақыры біз келістік. 16 Бір жолы біз мінажат етуге бара жатқанда, сәуегейлік жасайтын жыны бар бір малай қыз бізге кез болды. Сол қыз өзінің арам көріпкелдігімен қожайындарына көп кіріс түсіреді екен. 17 Қыз Пауыл мен бізден қалмай: «Мына кісілер — Құдай Тағаланың құлдары, олар сендерге құтқарылу жолын уағыздайды!» — деп айқайлап жүрді. 18 Ол бірнеше күн осылай етті. Ақырында Пауыл ашуланып, артына бұрылып, жынға: «Иса Мәсіхтің атынан саған бұйырамын: шық оның бойынан!» — деді. Сол сәтте-ақ жын қыздан шығып кетті. 19 Ал қыздың қожайындары өздерінің пайда көзінен айырылғанын көргенде, Пауыл мен Сыйласты ұстап алып, базар алаңындағы қала әкімшілігіне сүйреп апарды. 20 Екеуін римдік басшыларға алып келіп: «Мыналар — яһудилер, қалаға іріткі салып жүр! 21 Олар уағыздап жүрген дәстүрлерді бізге, Рим азаматтарына, қабылдап, орындауға болмайды», — деді. 22 Жиналған топ та екі елшіге қарсы шықты. Римдік басшылар олардың киімдерін үстерінен жұлып алғызып, таяқпен дүре соғуға бұйырды. 23 Оларды қатты сабап болған соң, түрмеге тастап, бастығына: «Бұларды жақсылап күзет!» — деп әмір етті. 24 Осындай бұйрық алған түрме бастығы екеуін ішкі зынданға тастап, аяқтарын ағаш қысқыштармен бұғаулап қойды. 25 Түн ортасында Пауыл мен Сыйлас Құдайға сиынып, Оны ән-жыр айтып дәріптеп мадақтады. Басқа тұтқындар мұны тыңдап жатты. 26 Кенеттен жер қатты сілкініп, түрменің іргесі шайқалып кетті. Сол сәтте барлық есіктер ашылып, бүкіл тұтқындардың аяқтарындағы шынжырлары шешіліп түсіп қалды. 27 Түрме бастығы ұйқысынан оянып, есіктердің ашық екенін көргенде, семсерін суырып алып, өзін өлтірмекші болды. Себебі ол тұтқындардың бәрі қашып кетті деп ойлады. 28 Бірақ Пауыл: — Өзіңе залал келтірме! Бәріміз осындамыз! — деп айқайлап жіберді. 29 Бастық шам жағуға бұйырып, ішке қарай тұра жүгірді де, қалшылдап-дірілдеп Пауыл мен Сыйластың аяғына жығылды. 30 Екеуін сыртқа шығарып: — Мырзалар, (Құдайдың қаһарынан) құтқарылуым үшін не істеуім керек? — деп сұрады. Олар: 31 — Иеміз Иса Мәсіхке сен, сонда өзің де, үй ішің де құтқарыласыңдар! — деді де, 32 оған және үйіндегілерге Иеміздің Ізгі хабарын айтып берді. 33 Түрме бастығы оларды түннің сол сағатында-ақ өз үйіне апарып, жараларын жуды. Өзі де, бүкіл отбасы да Иеміздің жолына түсіп, дереу шомылдыру рәсімінен өтті. 34 Екі елшіні қонақ бөлмесіне кіргізіп, дастарқан жасап, барлық үй ішімен бірге Құдайға сенгендеріне қатты қуанды. 35 Таң атқанда қаланың басшылары: «Әлгі адамдар босатылсын!» — деген бұйрықпен сақшыларды түрмеге жіберді. 36 Түрменің бастығы Пауылға мұны білдіріп: — Қаланың басшылары сендерді босатсын деген хабар жіберді. Сондықтан енді шығып, амандықпен кетіңдер! — деді. 37 Ал Пауыл сақшыларға бұрылып: — Римдік азаматтар болсақ та, олар бізді бүкіл ел алдында үкімсіз сабап, түрмеге жапты. Енді бізді жасырын қуып жібергілері келе ме? Жоқ, болмайды! Бізді өздері келіп, шығарсын! — деді. 38 Сақшылар бұл туралы қаланың басшыларына айтып берді. Пауыл мен Сыйластың римдік азаматтар екенін естігенде, әкімшілердің зәрелері ұшып, 39 түрмеге өздері келді. Олар екеуінен кешірім сұрап, түрмеден алып шығып, қаладан кетулерін өтінді. 40 Ал Пауыл мен Сыйлас босап шыққан соң алдымен Лүдияның үйіне барды. Сонда сенуші бауырластарымен кездесіп, оларды жігерлендірді. Бұдан кейін екеуі жолға шықты.
1 Амфипол мен Апполонияны аралап өткеннен кейін, елшілер Салониқаға жетті. Бұл қалада яһудилердің мәжілісханасы бар еді. 2 Пауыл әдетінше мәжілісханаға барып, үш демалыс күні жамағатпен Киелі жазбаларға сүйеніп сөйлесті. 3 Пауыл соларды түсіндіріп, Құтқарушы Мәсіхтің азап шегіп өліп, содан қайта тірілуге тиісті екенін дәлелдеді. Ол: «Мен сендерге уағыздап жүрген Иса — Мәсіхтің Өзі!» — деді. 4 Яһудилердің бірнешеуі Исаға сеніп, Пауыл мен Сыйласқа қосылды. Сондай-ақ, Құдайды қастерлейтін гректердің үлкен бір тобы және көптеген беделді әйелдер де осылай істеді. 5 Ал сенбейтін яһудилер қызғаныштан ызаланып, базарда жүрген бірнеше бұзықтарды жалдап, бір тобырды жинап, қаланы дүрліктірді. Олар Ясонның үйіне шабуыл жасап, Пауыл мен Сыйласты жиналған халықтың алдына шығару үшін іздеді. 6 Екеуін таппаған соң, Ясонды және басқа бірнеше бауырластарды қаланың әкімшілеріне сүйрелеп апарып, былай деп айқай салды: «Бүкіл әлемде төңкеріс жасаушылар мұнда да келіпті! 7 Ясон оларды үйіне қондырды. Бұлар римдік патшамыздың әмірлеріне қарсы шығып, Иса деген басқа Патшаны құрметтейді!» — 8 Мұны естіген халық және қаланың әкімшілері қатты абыржыды. 9 Олар Ясонды және басқа сенушілерді кепілдік беруге мәжбүрлеп, содан кейін ғана босатып жіберді. 10 Бауырластары Пауыл мен Сыйласты дереу сол түні-ақ Береяға жөнелтіп жіберді. Олар бұл қалаға жетісімен яһудилердің мәжілісханасына барды. 11 Салониқалықтарға қарағанда мұндағылардың пейілдері кеңірек екен. Олар елшілердің хабарын бар ынталарымен қабылдап, шындығына көз жеткізу үшін күн сайын Киелі жазбаларды зерттеді. 12 Осылай олардың көбі Мәсіх Исаға сенді, араларында халыққа қадірлі грек әйелдері мен ер азаматтары да аз болған жоқ. 13 Ал салониқалық яһудилер Пауылдың Береяда Құдайдың Ізгі хабарын уағыздап жүргенін біліп алған соң, сол жерге де барып, халықты дүрліктіріп, әлек салды. 14 Бауырластары Пауылды дереу теңіз жағасына жөнелтіп жіберді, ал Сыйлас пен Тімоте Береяда қалып қойды. 15 Пауылды шығарып салушылар онымен бірге Афинаға дейін барды. Содан олар оның Сыйлас пен Тімотеге арналған: «Тезірек қасыма келіңдер!» — деген тапсырмасын алып, кері қайтып кетті. 16 Пауыл Афинада жолдастарын күтіп жүргенде, қаладағы қаптаған тәңір бейнелерін көріп, іштей қапаланып ашуланды. 17 Ол мәжілісханада яһудилермен және Құдайды қастерлейтін гректермен сөйлесіп, күн сайын базарда кездейсоқ жолыққандарымен де пікірлесіп жүрді. 18 Бір жолы эпикурей және стоик философияларын жақтайтындар да онымен айтыса бастады. Кейбіреулері: «Мына білгішсінген мылжың не дегісі келеді?» — десе, басқалары: «Ол бөтен тәңірлерді уағыздап жүрген сияқты», — деді. Өйткені Пауыл Иса және қайта тірілу туралы Ізгі хабарды жариялауда еді. 19 Олар Пауылды Ареопаг төбесіне алып барып, одан: — Сіз уағыздап жүрген жаңа ілім қандай, білуге бола ма? 20 Айтып жүргеніңіз құлағымызға оғаш естіледі, сондықтан оның не екенін білгіміз келеді, — деп сұрады. 21 Себебі барлық афиналықтар мен сол жерде тұратын шетелдіктер бір жаңалық естуге немесе айтып беруге құштар болатын. 22 Сонда Пауыл Ареопагтың ортасында тұрып, жиналғандарға былай деді: — Уа, афиналық адамдар! Сіздердің барлық жағынан да айрықша діншіл екендеріңізді байқадым. 23 Қасиетті орындарыңызды аралап, қарап жүргенде «Бейтаныс құдайға» деген жазуы бар құрбандық үстелін де көрдім. Өздеріңіз танымасаңыздар да, құрметтеп жүрген сол Құдай туралы сіздерге хабарлап жүрмін. 24 Ол — әлемді және ондағының бәрін жаратқан Құдай, көк пен жердің Иесі! Сондықтан Ол адамның қолынан шыққан киелі үйлерде тұрмайды. 25 Құдай пенделердің Өзіне қызмет етуіне де зәру емес. Қайта, Оның Өзі барлығына өмір, дем және қажеттінің бәрін сыйлайды. 26 Ол бір адамнан адамзаттың бар ұлттарын таратып, оларды бүкіл жер жүзіне мекендеткен және олардың мерзімдері мен тұратын жерлерінің шектерін белгілеп қойған. 27 Құдай бұны адамдар Өзін іздесін, мүмкін, қарманып жүргендей іздестіріп, тауып алсын деп істеді. Ол әрқайсымыздан алыс емес, 28 себебі «Оның арқасында біз өмір сүріп, әрекет жасап, тіршілік етіп жүрміз». Сол сияқты кейбір ақындарыңыз да: «Біз Оның ұрпағымыз» деген. 29 Ал енді біз Құдайдың рухани ұрпағы болсақ, Оның болмысы алтын, күміс не тас мүсінге ұқсайды деп ойламайық! Бұлар — адамның өнері мен тапқырлығынан туындаған бейнелер ғана. 30 Өткен дәуірлерде Құдай мұндай ұғымсыздыққа сабырлылық көрсетті, алайда қазір Ол барлық жердегі адамдардың бәріне де теріс жолдан қайтуды бұйырады. 31 Себебі Ол осы дүниені әділдікпен соттайтын күнін белгілеп, сотты жүргізетін Кісіні тағайындап қойды. Барлық адамзатқа мұның дәлелі болсын деп, Құдай сол Кісіні өлімнен қайта тірілтіп алды! 32 Өлімнен қайта тірілу туралы естігенде кейбіреулері оларды мазақтаса, өзгелері: — Бұл туралы сізді тағы да тыңдаймыз, — деді. 33 Сонымен Пауыл орталарынан кетіп қалды. 34 Ал кейбір адамдар оған қосылып, сенімді қабылдады. Бұлардың арасында Ареопаг қоғамының мүшесі Дионис, сондай-ақ, Дамар есімді әйел және бірнеше басқалар да болды.
1 Бұдан кейін Пауыл Афинадан шығып, Қорынт қаласына бет алды. 2 Сол жерде ол Ақила есімді понттық яһудиге тап болды. Ол әйелі Прискиламен жақында Италиядан келген екен. Себебі Клауди патша барлық яһудилердің Рим қаласынан кетуін бұйырған еді. Пауыл ерлі-зайыпты екеуімен кездесуге барды. 3 Олар әріптес болғандықтан, бірге тұрып, бірге жұмыс істеді. Ортақ кәсіптері шатыр жасау еді. 4 Әр сенбі сайын Пауыл мәжілісханадағы жамағатпен сөйлесіп, яһудилер мен гректерді Ізгі хабарға сендіруге ұмтылды. 5 Македониядан Сыйлас пен Тімоте келген соң, Пауыл өзін түгелдей уағыз жұмысына арнап, яһудилерге Исаның Құтқарушы Мәсіх екеніне куәлік келтірумен болды. 6 Ал яһудилер оған қарсы шығып, тіл тигізгеннен кейін, Пауыл үстіндегі киімдерінің шаң-тозаңын қағып тастап, оларға былай деді: «Қандарың өз мойындарыңда! Менің ар-ұжданым таза! Қазірден бастап басқа ұлттарға барамын». 7 Пауыл осыны айтты да, мәжілісханадан шығып, соған көршілес тұрған Тит Иусттың үйіне барды. Тит Иуст Құдайды қастерлейтін басқа ұлттық адам еді. 8 Мәжілісхана басшысы Кірісп және оның бүкіл үй іші Иемізге сенді. Пауылдың уағызын тыңдаған көптеген басқа қорынттықтар да сенімді қабылдап, шомылдыру рәсімінен өтті. 9 Бір түні Иеміз Пауылға аян беріп: «Қорықпа! Үнсіз қалмай айта бер! 10 Мен саған жар боламын. Ешкім де саған бас салып зиян келтіре алмайды, өйткені бұл қалада Менің халқым көп», — деді. 11 Сондықтан Пауыл бір жарым жыл сол жерде қалып, Құдайдың Ізгі хабарын уағыздап жүрді. 12 Ал Галлио Ахая өлкесінің әміршісі болғанда, діндар яһудилер бәрі бір адамдай Пауылға қарсы шықты. Оны сот алдына алып барды да: 13 — Мына кісі адамдарды заңға қайшы жолмен Құдайға құлшылық етуге үгіттеп жүр, — деп айыптады. 14 Пауыл енді сөйлейін дегенде, Галлио яһудилерге қарап былай деді: — Ей, яһудилер, егер оны белгілі бір қылмыс жасап, зұлымдық істеді деп айыптасаңдар, шағымдарыңа құлақ асар едім. 15 Ал бұл жерде бір ілім, атақтар және өз заңдарың туралы айтыс болып жатқандықтан, оны өздерің қараңдар! Мұндай мәселеге мен төрелік еткім келмейді. 16 Осымен Галлио оларды соттан қуып жіберді. 17 Сонда (гректердің) бәрі мәжілісхана басшысы Состенді ұстап алып, сот алдында сабап тастады. Ал Галлио бұған көңіл де бөлген жоқ. 18 Пауыл тағы едәуір күн Қорынтта аялдағаннан кейін бауырластарымен қоштасып, (жақын маңдағы) Кеніхрея қаласына барды. Сонда ол Құдай алдында ант бергендіктен шашын алғызып тастады. Мұнан кейін Прискила мен Ақиланы ертіп кемемен Сирияға қарай жүріп кетті. 19 Олар Ефеске жеткенде, Пауыл Прискила мен Ақиланы сол қалаға қалдырып кетті. Өзі мәжілісханаға барып, яһудилермен сөйлесті. 20 Олар Пауылдың осында ұзағырақ болуын өтінді, бірақ ол бұған келіспей: 21 «(Алдағы мейрамды қалайда Иерусалимде өткізуім керек. Ал) Құдай қаласа, сендерге кейінірек қайтып келемін», — деді. Осылай Пауыл олармен қоштасып, кемемен Ефестен жүріп кетті. 22 Кесарияға жеткен соң, ол (Иерусалимге) өрлеп барды. Сонда қауымдағылармен сәлемдесті, содан (Сириядағы) Антақияға қарай бағыт алды. 23 Бұл қалада біраз болып, тағы да жолға шықты; Ғалатия мен Фрүгия аймақтарын аралап, Иеміздің жолын қуушы шәкірттерінің бәрін жігерлендіріп, сенімдерін нығайтты. 24 Сол екі арада Ефеске Аполлос есімді ескендіриялық яһуди келді. Ол Киелі жазбалардан молынан хабардар, сөзге шебер, парасатты кісі болатын. 25 Иеміздің жолы туралы негізгі тәлім алған Аполлос Жақияның шомылдыру рәсімін ғана білсе де, Иеміз Иса туралы қызу сөйлеп, ұқыпты үйрететін. 26 Аполлос мәжілісханада батыл сөйлей бастады. Оны тыңдаған Прискила мен Ақила үйіне шақырып, оған Құдайдың ізгі жолын толығырақ түсіндіріп берді. 27 Аполлос Ахаяға бармақшы болғанда, бауырластарымыз оны қолдап жігерлендірді. Олар сол аймақтағы Мәсіхтің шәкірттеріне арнап сәлемхат жазып, оны жылы қабылдауларын өтінді. Аполлос Ахаяға жеткен соң Тәңір Иенің рақымымен Ізгі хабарға сенгендерге зор көмек көрсетті. 28 Себебі ол ашық айтыстарда Исаның Құтқарушы Мәсіх екенін Киелі жазбаларға сүйене отыра дәлелдеп, сенбейтін яһудилердің ой-пікірлерінің дұрыс еместігін әшкереледі.
1 Аполлос Қорынтта болған кезде, Пауыл Кіші Азияның таулы өңірлерін аралап жүріп, соңында Ефеске жетті. Сол жерде ол Иеміздің бірнеше шәкірттеріне кездесті. 2 Пауыл олардан: — Сендер сенген кезде Киелі Рухты қабылдадыңдар ма? — деп сұрады. Шәкірттер: — Киелі Рухтың бар екендігі туралы естіген де емеспіз, — деп жауап берді. 3 Ал Пауыл: — Кімнің суға шомылдыру рәсімінен өттіңдер? — деп сұрады. Олар: — Жақияның рәсімінен, — деп жауап қайтарды. 4 Сонда Пауыл былай деп түсіндірме берді: — Жақия адамдарды теріс жолдан қайтарып шомылдыру рәсімінен өткізгенде оларға: «Менен кейін келетін Кісіге сеніңдер!» деп айтты. Сол Кісі Иса болатын. 5 Шәкірттер осыны естігенде Иеміз Исаның атымен шомылдыру рәсімінен өтті. 6 Пауыл үстеріне қолын қойғанда, оларға Киелі Рух қонды; содан бұлар бөтен тілдерде сөйлеп, Құдайдың хабарларын жеткізе бастады. 7 Олардың барлығы шамамен он екі ер адам еді. 8 Пауыл үш ай бойы мәжілісханаға барып, именбей, емін-еркін уағыз айтып, адамдармен сөйлесіп, Құдай Патшалығы туралы шындыққа сенерліктей дәлел келтіріп берді. 9 Алайда кейбіреулері қасарысып, Иемізге сенгісі келмей, Оның ізгі жолына ел алдында тіл тигізе бастады. Сонда Пауыл бұлардан бөлініп кетті де, Иеміздің шәкірттерін олардан айырып алды. Бұдан былай ол Тиран есімді кісінің дәрісханасында күн сайын тәлім беріп жүрді. 10 Бұл екі жылға созылып, яһудилер болсын, гректер болсын Азия аймағының барлық тұрғындары Иеміз туралы Ізгі хабарды естіді. 11 Құдай Пауыл арқылы айрықша құдіретті кереметтер де жасады: 12 адамдар тіпті Пауылдың жұмысқа киген алжапқышын немесе беторамалын алып, науқастардың үстіне жапқанда, олар ауруларынан айығып, бойларын буған жындарынан құтылды. 13 Ал ел аралап, адамдардан жындарын қуып шығарушы кейбір яһудилер жын буғандар үшін дұға оқып, Иеміз Исаның атын қолдана бастады: — Саған Пауыл уағыздап жүрген Иса арқылы бұйырамын, — деді. 14 Яһуди бас діни қызметкер әулетінен шыққан Скеуаның жеті ұлы осылай істеп жүрді. 15 Алайда бірде жын бұларға жауап беріп: — Исаны білемін, Пауыл да маған таныс, ал сендер кімсіңдер? — деді. 16 Содан жыны бар кісі оларға бас салып, жерге жығып, бәрін де жеңіп шықты. Ағайындылар сол үйден жалаңаш, ұрылған-соғылған күйі қашып шықты. 17 Бұл оқиға Ефесте тұратын барлық яһудилер мен гректерге мәлім болып, бәрін үрей биледі. Ал Иеміз Исаның даңқы арта түсті. 18 Сенушілердің көбі келіп, күнәлі іс-әрекеттерін ашық мойындады. 19 Бақсы-балгерлікпен айналысып келгендердің бірсыпырасы сиқырлық кітаптарын әкеліп, барлығының көз алдында өртеп жіберді. Кітаптардың құнын есептегенде, елу мың күміс теңге болды. 20 Иеміздің Ізгі хабары осылай кең тарап, құдіретін көрсетті. 21 Осы оқиғалардан кейін Пауыл Киелі Рухтың жетелеуімен (грек елінің) Македония мен Ахая өлкелері арқылы Иерусалимге баратын шешімге келді. «Сонда болғаннан кейін Римге де соғуға тиістімін», — деді. 22 Көмекшілерінің арасынан Тімоте мен Ераст екеуін Македонияға жіберіп, өзі тағы біраз уақыт Азия аймағында қала тұрды. 23 Сол кезде (аймақ орталығы) Ефесте Иеміздің жолына қарсы үлкен толқу болып жатты. 24 Деметір есімді күміс зергері жергілікті шеберлерге әйел тәңір Артемидаға арналған киелі үйдің күміс кейіптерін жасатып, олардың көп кіріс келтірулеріне жағдай туғызған еді. 25 Деметір шеберлерді және олардың көмекшілерін жинап алып, оларға былай деді: — Уа, ер азаматтар, біздің жақсы тұрмысымыздың осы кәсібімізге байланысты екенін білесіңдер. 26 Сендер мына Пауыл дегеннің Ефесте ғана емес, тіпті бүкіл Азиядағы көптеген кісілерді өз дегеніне көндіріп, адастырып жүргенін естіп-көріп жүрсіңдер. Ол адамдарға: «Қолдан жасалған тәңірлер шынайы құдай емес» дегенді айтып жүр. 27 Бұл біздің кәсібіміздің жақсы атына ғана қауіп туғызбай, ұлы әйел тәңір Артемидаға арналған ғибадатхана да өз беделінен ада болып, тіпті Азия мен бүкіл дүние жүзі табынатын әйел тәңірдің өзі де ұлы даңқынан айырылып қалады! — 28 Осыны естігенде зергерлерді ашу кернеп, олар: — Ефестің Артемидасы даңқталсын! — деп айқайлай бастады. 29 Бүкіл қала қозғалысқа түсті. Адамдар Пауылдың Гай мен Арыстарқ есімді македониялық серіктерін ұстап алып, сүйрелеп, бәрі бір адамдай ойын-сауық алаңына қарай лап қойды. 30 Пауыл халық алдына шыққысы келіп еді, бірақ сенушілер оны жіберген жоқ. 31 Пауылмен достасқан Азия аймағы әкімшілігінің кейбір уәкілдері де оған алаңға жоламасын деген ескерту жіберді. 32 Алаңда жиналғандардың біреулері анау деп, біреулері мынау деп айқайлап, шым-шытырық болды. Көпшілігі тіпті бұл жерге не үшін жиналғандарын білген де жоқ. 33 Яһудилердің ұсынысымен Ескендір тобырдың ішінен алға шығарылды. Ескендір қолымен тыныштыққа шақырып, халыққа арнап сөз сөйлемек болды. 34 Ал жиналғандар оның яһуди екенін білгенде, бәрі бірауыздан екі сағат бойы: — Ефестің Артемидасы даңқталсын! — деп айқайлап тұрып алды. 35 Ақыр соңында қаланың хатшысы халықты тыныштандырып, былай деді: — Уа, ефестік ер азаматтар! Ұлы Артемиданың «аспаннан түскен бейнесінің» және оған арналған ғибадатхананың сақтаушысы — Ефес қаласы! Соны әлемдегі кім білмейді?! 36 Бұл — даусыз нәрсе ғой! Сондықтан тыныштық сақтап, еш ағаттық істемегендерің дұрыс! 37 Мына кісілерді осында алып келдіңдер. Олар ғибадатхананы тонаған да емес, әйел тәңірімізге тіл тигізген де емес. 38 Егер де Деметір мен оған еріп келген шеберлердің біреудің үстінен шағымдары болса, сол үшін сот мәжілістері және аймақ әміршілері бар. Олар өзара арыз-шағымдарын сонда апарсын! 39 Ал тағы басқа мәселені көтергілерің келсе, ол заңды мәжілісте шешіледі. 40 Бүгінгі оқиғаға байланысты «көтеріліске шықтыңдар» деген айып басымызға төніп тұр. Себебі осы толқу жөнінде бізді ақтап алар еш сылтау жоқ. Хатшы осылай деп, жиналысты таратып жіберді.
1 Бүлік басылғаннан кейін Пауыл Иеміздің шәкірттерін шақырып алды. Оларды жігерлендіре сөйлеп, қоштасып, Македонияға бет алды. 2 Пауыл өзінің жүрген жолындағы аймақтардан өтіп шығып, сонда тұратын сенушілерге зор жігер берген уағыздар айтып берді. Содан ол оңтүстік Грекияға барып, 3 сонда үш ай болды. Пауыл кемемен Сирияға кетер алдында өзіне яһудилер қастандық жасамақ деген хабар алды. Сондықтан ол (құрлықпен) Македония арқылы қайтуға шешім қабылдады. 4 Оған Азия аймағына дейін береялық Пирдің ұлы Сопатер, сондай-ақ салониқалық Арыстарқ пен Секунд, дербелік Гай мен Тімоте және азиялық Түхік пен Трофим еріп жүрді. 5 Бұлар алға озып кетіп, бізді Троядан тосып алды. 6 Ашымаған нан мейрамынан кейін Філіпіден кемемен шығып, бес күнде Троядағы соларға жеттік. Осы қалада жеті күн аялдадық. 7 Жексенбі күні біз жергілікті сенушілермен бірге нан үзу рәсімін орындауға жиналдық. Пауыл олармен сөйлесіп, уағыз айта бастады. Келесі күні жол жүретіндіктен, оның уағызы түн жарымына дейін созылды. 8 Біз отырған жоғарғы бөлмеде көп шам жанып тұрды. 9 Ашық терезенің алдында Еутіх есімді жас жігіт отырған еді. Пауылдың сөзі ұзаққа созылып кеткен соң, Еутіх қатты ұйықтап кетіп, үшінші қабаттан құлап түсті. Оны жерден көтеріп алғанда, денесінде жан жоқ екен. 10 Пауыл төмен түсіп, жігіттің үстіне жата қалып, құшақтап: «Уайымдамаңдар, ол тірі!» — деді. 11 Бұдан кейін Пауыл қайта көтеріліп, қауыммен бірге нан үзу рәсімін орындап, тамақ ішті. Таң атқанша солармен әңгімелесіп отырды да, қоштасып, сапарға шығып кетті. 12 Ал жас жігітті бұған дейін үйіне аман-есен алып кеткен еді. Бұл сенушілерге үлкен дем берді. 13 Ал біз болсақ, алға кетіп, кемемен Асқа жеттік. Осы қаладан Пауылды мінгізіп алуымыз керек еді. Өзі Асқа дейін жаяу жүргісі келгендіктен, осылай болсын деген болатын. 14 Аста оны кездестіріп, кемеге мінгізіп, Мітілин қаласына аттандық. 15 Келесі күні одан шығып, Хиос аралының маңына бардық. Бір күн өткен соң Самос аралына, тағы бір күннен кейін Мілит қаласына жеттік. 16 Азия аймағына барып келуге уақытты өткізіп алмау үшін, Пауыл Ефес қаласына соқпайын деп шешкен еді. Себебі ол мүмкіндігінше Алғашқы өнім мейрамын Иерусалимде қарсы алуға асықты. 17 Сондықтан ол Мілиттен Ефеске кісі жіберіп, сол қаладағы қауымның жетекшілерін Мілитке шақыртты. 18 Бұлар қасына келген соң, Пауыл оларға былай деп сөз сөйледі: — Мен Азияға алғаш келген күннен бастап, араларыңда қалай тұрғанымды өздерің білесіңдер. 19 Еш мансап қумай, кішіпейілдікпен, көз жасымды төгіп, яһудилердің қастандықтарының кесірінен болған ауыр азапқа қарамастан, Иемізге қызмет етіп келдім. 20 Ел алдында және жеке үйлерде уағыз айтып, тәлім беріп жүргенде сендерге пайда болатын еш нәрсені қалдырмай, бәрін түгел айттым. 21 Яһудилер мен гректерге: «Күнәларыңа өкініп, Құдайға бет бұрып, Иеміз Иса Мәсіхке сеніңдер!» деп ескерттім. 22 Қазір Киелі Рухтың жетелеуімен Иерусалимге бара жатырмын, онда неге душар болатынымды білмеймін. 23 Тек әрбір қалада Киелі Рух мені түрме мен азаптардың күтіп тұрғанын білдіреді. 24 Бірақ мен өз жанымды ойламай, тиісті өмір жолыммен жүре отырып, Иеміз Исаның маған тапсырған ісін аяқтасам, Құдайдың рақымы туралы Ізгі хабарды уағыздап жеткізсем болғаны. 25 Менің білетінім мынау: өзім араласып жүріп, Құдайдың Патшалығы туралы уағыз айтқан сендердің бәрің мені енді көрмейсіңдер. 26 Сондықтан бүгін сендерге салтанатты түрде ешкімнің қанын мойныма жүктемеймін деп мәлімдеймін. 27 Себебі мен уағыз айтқанда ештеңені жасырмай, Құдайдың еркін түгел жарияладым. 28 Енді өздеріңе де, Киелі Рух басқарушы етіп қойған барлық қауымға да қараңдар! Шопан қойын қалай бақса, сендер де Құдай Иеміздің өз қанын төгіп, иемденген қауымына солай қамқор болыңдар! 29 Мен кеткен соң, жауыз қасқырлар келіп, қойларды аямайтынын білемін. 30 Тіпті өз араларыңнан да жалған ілімдерді уағыздап, Иеміздің шәкірттерін теріс жолға азғырушылар шықпақ. 31 Сондықтан сақ болыңдар! Күн-түн демей, үш жыл бойы үзбестен әрқайсыңа нұсқау беріп, көз жасымды төккенім естеріңде болсын. 32 Ал енді сендерді Құдайға және Оның рақымын білдіретін сөзіне аманаттаймын. Өздеріңді нығайтып, Өзіне бағышталған барлық адамдарымен бірге сендерге де уәде еткен жарылқауларын қиямет күні беруге Оның құдіреті жетеді. 33 Мен ешкімнен алтын-күміс, киім-кешек дәметкен емеспін. 34 Өзімді және көмекшілерімді осы екі қолыммен жұмыс істеп, асырағанымды білесіңдер. 35 Сендерге ауыр еңбек ете жүріп, «Алғаннан гөрі берген бақытты» деген Иеміз Исаның сөзін есте ұстап, мүсәпірлерге жәрдемдесу керек екенін ұдайы үлгі етіп көрсеттім. 36 Пауыл осылай дегеннен кейін жиналғандардың бәрімен бірге тізе бүгіп, мінажат етті. 37 Барлығы да қатты жылап, оны құшақтап бетінен сүйді. 38 Оларға айрықша ауыр тигені оның «мені енді көрмейсіңдер» дегені болды. Содан кейін олар Пауылды кемеге шығарып салды.
1 Олардан айырылысқаннан кейін біз теңізге қайта шығып, тура жүзе отырып Қос аралына, ертеңінде Родосқа, ал одан Патараға жеттік. 2 Сол қаладан Финикия еліне тіке баратын бір кеме тауып алып, соған отырып, жүріп кеттік. 3 Кипр аралы көрінгенде, оны оңтүстік жағынан айналып өтіп, Сирияға беттедік те, Тирге келіп тоқтадық. Себебі кеме сол қалаға жүгін түсіретін еді. 4 Иеміздің жолын қуушы шәкірттерін тауып алып, олармен жеті күн болдық. Киелі Рухтан хабар алған олар Пауылға «Иерусалимге бармай-ақ қойыңыз» дей берді. 5 Әйтсе де, сол күндер өткен соң сапарымызды әрі қарай жалғастырдық. Сенушілердің бәрі әйелдерімен, бала-шағасымен бізді қаланың сыртына дейін шығарып салды. Жаға бойында тізе бүгіп мінажат еттік. 6 Бір-бірімізбен қош айтысқаннан кейін біз кемеге отырдық, ал олар үйлеріне қайтты. 7 Тирден шығып, Птолемайс қаласына жеткен соң, мұндағы бауырластармен амандасып, бір күн бірге болдық. 8 Ертеңіне Кесарияға бардық. Сол қалада біз Иерусалим қауымының жеті қызметшісінің бірі — Ізгі хабарды уағыздаушы Філіптің үйіне түсіп, сонда қалдық. 9 Оның тұрмысқа шықпаған төрт қызы да пайғамбарлық сөз айтады екен. 10 Біз Кесарияда бірнеше күн болғаннан кейін, Яһудея аймағынан Агаб есімді пайғамбар келді. 11 Ол қасымызға келіп, Пауылдың белбеуін алып, сонымен өз аяқ-қолдарын байлады да: — Киелі Рух былай дейді: осы белбеудің иесін Иерусалимдегі яһудилер дәл осылай байлап, басқа ұлт адамдарының қолына ұстап береді, — деді. 12 Осыны естіген біз және жергілікті бауырластар Пауылдан: — Иерусалимге бармай-ақ қойыңыз, — деп өтіндік. 13 Бірақ ол: — Неменеге жылап, жүрегімді ауыртып тұрсыңдар? Мен Иеміз Исаның атын жариялау үшін Иерусалимде қол-аяғымды байлатпақ түгіл, жанымды қиюға да дайынмын, — деп жауап берді. 14 Оны көндіре алмағаннан кейін, біз тынышталып: — Иеміздің еркі болсын! — дедік. 15 Осыдан кейін біз жолға дайындалып, Иерусалимге қарай өрледік. 16 Кесариядан бірнеше бауырластар еріп, бізді бастапқы кезден бері Иеміздің жолын қуып келген Мынасон есімді кипрлікке алып барды. Бізге соның үйінде қонуға тура келді. 17 Иерусалимге жеткенде, сондағы бауырластар бізді құшақ жая қарсы алды. 18 Ертеңіне біз Пауылмен бірге Жақыпқа бардық, қауымның барлық басқа жетекшілері де сонда жиналды. 19 Олармен сәлемдескен соң Пауыл өзінің қызметі арқылы Құдайдың басқа ұлттар арасында не істегенін егжей-тегжейлі айтып берді. 20 Оны тыңдап болған соң, бәрі Құдайды дәріптеп мадақтады. Содан кейін олар Пауылға былай деді: — Уа, бауырласымыз, мынаны білесің: сан мыңдаған яһудилер Иемізге сенеді, барлығы да — Таурат заңын қызу жақтап, қатаң ұстанушылар. 21 Олар сен туралы: «Шетелде тұратын күллі яһудилерге: Мұса арқылы берілген Таурат заңынан бас тартып, балаларыңды сүндеттемеңдер, басқа да әдет-ғұрыптарымызды ұстамаңдар деп үйретіп жүр» деген хабар алды. 22 Ал бұған не істейік? Халықтың сенің осында екеніңді біліп, жиналатыны сөзсіз. 23 Сондықтан айтатынымызға құлақ сал! Арамызда назир антын берген төрт кісі бар. 24 Соларды ертіп алып, тазару рәсімін бірге жаса. Сондай-ақ шаштарын алдырулары үшін қажетті құрбандықтың құнын өзің төле. Сонда бәрі сен туралы естігендерінің жалған екеніне, қайта, өзіңнің де Таурат заңын орындап жүргеніңе көз жеткізетін болады. 25 Ал басқа ұлттық сенушілерге келсек, біз қабылдаған шешіміміз туралы жазып жібердік қой: олар жалған тәңірлерге арналған құрбандықтардан, қаннан, арам өлген малдың етінен және неке адалдығын бұзудан аулақ жүруге тиіс. 26 Сонымен Пауыл келесі күні әлгі кісілерді ертіп алып, бірінші тазару рәсімінен бірге өтті. Содан кейін ғибадатханаға барып, тазару мерзімінің аяқталып, әрқайсысы үшін құрбандық шалынатын күнді діни қызметкерге хабарлады. 27 Тазару мерзімінің жеті күні аяқталар шақта, Азия аймағынан келген яһудилер Пауылды ғибадатханада көріп, халықты оған қарсы айдап салды. Олар Пауылды ұстап алып, былай деп айқайлады: 28 «Уа, исраилдік ер азаматтар, келіп, көмектесіңдер! Мына кісі барлық жерде біздің халыққа, Таурат заңымызға және осы жерге қайшы ілімін таратып жүр. Оның үстіне өзге ұлт адамдарын ғибадатханаға кіргізіп, киелі жерді арамдады! 29 Себебі олар осының алдында Пауылдың қалада ефестік Трофиммен бірге жүргенін көріп, сол шетелдікті ғибадатхананың ішкі ауласына алып келген екен деп ойлады. 30 Бүкіл қала толқып, халық жан-жақтан ағылып жиналды. Олар Пауылға бас салып, оны ғибадатханадан сүйреп шығарды. Сол заматта-ақ ғибадатхананың қақпалары жабылып қалды. 31 Олар Пауылды өлтірмекші болып жатқанда, Рим әскерінің мыңбасына: «Бүкіл Иерусалим бүлік шығарып жатыр!» — деген хабар жетті. 32 Ол дереу жасақшылар мен жүзбасыларын алып, тобыр жиналған жерге қарай асықты. Әлгі адамдар мыңбасы мен жасақшыларды көргенде, Пауылды ұрып-соғуларын доғарды. 33 Мыңбасы жақындап келіп, Пауылды тұтқынға алды да, екі шынжырмен қол-аяғын бұғаулауға бұйырды. Бұдан кейін адамдардан Пауылдың кім екенін, оның не істегенін сұрады. 34 Жиналған тобырдың ішінен біреулері анау деп, біреулері мынау деп айқайлап жатты. Осындай у-шуда жөнді жауап ала алмаған соң, мыңбасы Пауылды қамалға айдап әкетуге әмір етті. 35 Пауыл баспалдаққа жетіп қалғанда, ашулы халық қыспаққа алғандықтан жасақшылардың оны көтеріп жүрулеріне тура келді. 36 Өйткені үлкен тобыр артынан қалмай: «Оны өлтіріңдер!» — деп айқайлай берді. 37 Жасақшылар Пауылды қамалға кіргізейін дегенде, ол мыңбасына тіл қатып: — Сізге бір сөз айтуға бола ма? — деді. Анау қатты таңғалып: — Сен грекше білесің бе? 38 Демек, сен біраздан бұрын көтеріліс ұйымдастырып, төрт мың қарақшыны айдалаға жетелеп кеткен мысырлық емессің ғой? — деп сұрады. 39 Пауыл: — Жоқ, мен яһудимін, Кіликияның танымал қаласы Тарстың азаматымын. Маған халыққа арнап сөз сөйлеуге рұқсат етсеңіз екен, — деді. 40 Әскербасы рұқсат берген соң, Пауыл баспалдақ сатысында тұрған күйі қолын жоғары көтеріп, халыққа белгі берді. Тыныштық орнағанда, оларға еврейше сөзін бастады:
1 — Уа, бауырластар және ақсақалдар! Өзімді алдарыңызда ақтайтын сөзіме құлақ салыңыздар! — 2 Пауылдың еврейше сөйлегенін естігенде олар бұрынғыдан бетер тынышталып тыңдай қалды. Сонда Пауыл былай деді: 3 — Мен яһудимін, Кіликияның Тарс қаласында тудым, бірақ осы қалада өсіп, атақты Гамалиелден тыңғылықты тәлім алдым. Ата-бабаларымыздың Таурат заңын мұқият сақтай отырып, осы тұрған өздеріңіз сияқты Құдайдың құрметі үшін жан-тәніммен ұмтылдым. 4 Сол жолға түскендерді өлгендерінше қудаладым, оларды еркек болсын, әйел болсын шынжырмен бұғаулап, түрмеге жапқыздым. 5 Бұл ісіме бас діни қызметкер мен бүкіл Ақсақалдар кеңесі куә. Мен солардан тіпті Дамаскідегі бауырларымызға арналған хат алып, сондағыларды тұтқындап, Иерусалимге айдап әкеліп, жазалау үшін сол жаққа бардым. 6 Жолда Дамаскіге жақындап қалғанда, түске жақын кенеттен көз қарықтырар нұр маған көктен сәулесін шашып жіберді. 7 Содан жерге құлап түскенімде, маған: «Саул, Саул! Мені неге қудалайсың?» — деген дауысты естідім. 8 «Сен кімсің, Ием?» — деп сұрадым. Ол: «Мен сен қудалап жүрген назареттік Исамын», — деді. 9 Қасымдағы серіктерім сәулені көрсе де, маған Сөйлегеннің даусын түсінбеді. 10 Содан кейін мен: «Ием, не істеуім керек?» — деп сұрадым. Иеміз маған: «Орныңнан тұр да, Дамаскіге бар! Сол жерде Менің саған істеуге белгілеп қойғанымды айтады», — деді. 11 Жарқ еткен нұрлы салтанаттан көзім қарығып соқыр болып қалғандықтан, серіктерім мені қолымнан жетектеп жүрді. Осылайша Дамаскіге жеттім. 12 Сол жерде Анани деген біреу қасыма келді. Өзі Таурат заңын мұқият ұстанатын, қаладағы барлық яһудилерге сыйлы кісі екен. 13 Анани жақындап: «Саул бауырласым, көзің ашылсын!» — деді. Сол сәтте-ақ оны көрдім. 14 Анани маған тағы былай деді: «Ата-бабаларымыздың Құдайы сені Өзінің еркін білсін, әділ Кісісін көріп, Соның аузынан шыққан сөзін естісін деп таңдап алған болатын. 15 Өйткені сен барлық адамдарға көріп-естігенің туралы куә болып тұрасың. 16 Енді нені тосып бөгеліп отырсың? Орныңнан тұрып, Иеміздің атын айтып сиынып, шомылдыру рәсімінен өтіп күнәларыңнан арыл!» — деді. 17 Содан мен Иерусалимге қайтып келіп, ғибадатханада мінажат етіп тұрғанда, ерекше күйге еніп, 18 Оны көрдім. Ол маған: «Тезірек Иерусалимнен кет, себебі олар сенің Мен туралы куәлігіңді қабылдамайды», — деді. 19 Мен Оған: «Ием, Саған сенгендерді түрмеге жауып, мәжілісханаларда қамшылап соқтырған мен екенімді олар біледі. 20 Сенің куәгерің Степанның қаны төгіліп жатқанда, мен оны өлтіргендерді жақтап, шапандарын күзетіп қастарында тұрдым ғой», — дедім. 21 Ал Иеміз маған былай деді: «Жолға шық, мен сені алысқа жіберемін, басқа ұлттарға!» 22 Жиналған халық осыған дейін Пауылды тыныш тыңдап тұрған еді. Бірақ ол соңғы сөздерін айтқанда, олар: — Бұл адам жер бетінен құртылсын! Ол енді тірі жүрмесін! — деп айқайлап кетті. 23 Олар осылайша шулап, шапандарын шешіп, шаңды аспанға атып жатқан кезде, 24 мыңбасы Пауылды қамалға кіргізсін деп бұйырды. Оны қамшылап соғып, халық неге айқайлап қарсы болып жатқанын одан сұрастырып біліп алуға әмір етті. 25 Жасақшылар оның аяқ-қолдарын байлап болып, қамшылайын деп жатқанда, қасында бақылап тұрған жүзбасынан Пауыл: — Соттың үкімінсіз-ақ Римнің азаматын қамшылап соғуыңызға бола ма? — деп сұрады. 26 Жүзбасы осыны естігенде, мыңбасына жүгіріп барып: — Не істейін деп жатырсыз? Мына кісі Римнің азаматы екен! — деп мәлімдеді. 27 Әскербасы Пауылға келіп: — Айтшы, шынымен Римнің азаматысың ба? — деп сұрады. Ол: — Иә, азаматымын, — деп жауап берді. 28 Сонда мыңбасы: — Мен осы азаматтығымды көп ақшаға сатып алдым, — деді. — Ал мен туғаннан Римнің азаматымын, — деді Пауыл. 29 Оны қинап тергемекші болғандар дереу әрірек шегініп тұрды. Пауылдың Рим азаматы екенін білгенде, оны байлатып тастаған мыңбасы да қорқып кетті. 30 Келесі күні әскербасы Пауылды босатып, яһудилердің оны не үшін айыптайтынын анық білу үшін басты діни қызметкерлер мен Жоғарғы кеңес жиналсын деп бұйырды. Содан кейін Пауылды қамалдан алдыртып, солардың алдына тұрғызып қойды.
1 Пауыл Жоғарғы кеңеске тіке қарап: — Бауырластар! Бүгінге дейін мен Құдай алдында ар-ұжданым кіршіксіз таза өмір сүріп келдім, — деді. 2 Ал бас діни қызметкер Анани Пауылдың қасында тұрғандарға оны аузынан ұруға бұйырды. 3 Сонда Пауыл оған: — Әктелген қабырға, сізді Құдай ұрады! Осы жерде мені Таурат заңы бойынша соттау үшін отырғанмен, заңды бұзып мені ұрғыздыңыз, — деді. 4 Қасында тұрғандар: — Құдайдың бас діни қызметкеріне ұрсуға қалай батылың барады? — деп ескертті. 5 Пауыл былай деп жауап берді: — Бауырластар, оның бас діни қызметкер екенін білмедім! «Халқыңның басшысына балағат сөз айтпа!» деп (Тауратта) жазылған ғой. 6 Жоғарғы кеңестің бір бөлігінің саддукейлер, ал қалғандарының парызшылдар екенін білген Пауыл дауыстап: — Бауырластар, мен парызшылмын, парызшылдар әулетіненмін де. Өлгендердің қайта тірілуіне үміт етіп жүргенім үшін сотталып жатырмын! — деді. 7 Осы сөзден кейін парызшылдар мен саддукейлер айтысып қалды да, жиналғандар екіге бөлініп кетті. 8 Себебі саддукейлер ешқандай қайта тірілу де, періштелер де, рухтар да жоқ десе, парызшылдар бұлардың бәрін мойындайды. 9 Жиналыс айғай-шуға ұласты. Парызшылдардың кейбір дін мұғалімдері орындарынан тұрып: — Бұл кісіден ешқандай жамандық таппай тұрмыз. Оған бір рух немесе періште аян берген болса (біз Құдайға қарсы шықпаймыз)! — деп қызулана айтысты. 10 Айтыс үлкен жанжалға айналып, мыңбасы олар Пауылды паршалап тастар деп қауіптенді. Содан ол жасақшыларға төмен түсіп, оны әлгілердің араларынан күшпен алып шығып, қамалға апаруға бұйырды. 11 Сол түні Иеміз Пауылдың жанында пайда болып: «Батыл бол! Маған Иерусалимде куә болғаныңдай, Римде де куә болуға тиістісің», — деп аян берді. 12 Келесі күні таңертең бірсыпыра яһудилер жасырын жиналып, Пауылды өлтірмейінше ешқандай нәр татпаймыз деп қарғанып ант берісті. 13 Бұл ант байланысқан топта қырықтан аса адам бар еді. 14 Олар басты діни қызметкерлер мен рубасыларына барып: — Пауылды өлтіргенше нәр татпаймыз деп қарғанып ант берістік. 15 Сонымен Жоғарғы кеңес ретінде мыңбасына хабарлап: «Пауылдың ісімен жақынырақ танысқымыз келеді» деген сылтаумен оны өздеріңізге әкелдіріңіздер. Ал біз оны осында жеткізбей жолшыбай өлтіруге дайын тұрамыз», — деді. 16 Бұл қаскүнемдік туралы Пауылдың жиен інісі біліп қойды. Ол қамалға кіріп, Пауылға барды да, осы туралы хабарлады. 17 Пауыл бір жүзбасын шақырып алып, оған: «Мына жас жігітті мыңбасына апарыңызшы, оған айтатын хабары бар», — деді. 18 Жүзбасы бозбаланы ертіп мыңбасына кіріп: — Әлгі тұтқын Пауыл мені шақыртып алып, мына жас жігітті өзіңізге әкелуімді өтінді. Оның сізге айтатын бірдеңесі бар екен, — деді. 19 Мыңбасы жігіттің қолынан ұстап, оңашаға шығарып: — Маған не айтайын деп едің? — деп сұрады. 20 Ол: — Яһудилер өзара келісіп, Пауылдың ісін одан да мұқият тексеру сылтауымен оны ертең Жоғарғы кеңеске апаруыңызды сұрамақ. 21 Ал сіз бұған келіспесеңіз игі болар еді. Өйткені олардың қырықтан аса адамы оны жол бойы торуылдап аңдып отырады. Бұлар Пауылды өлтірмейінше ешқандай нәр татпаймыз деп анттасты; енді келісіміңізді күтіп, дайын отыр, — деді. 22 Мыңбасы жас жігітке ескертіп: — Маған осыны айтқаның туралы ешкімге де тіс жарма! — деп қайтарып жіберді. 23 Содан ол жүзбасылардың екеуін шақырып алып: «Кешкі сағат тоғызға екі жүз жауынгер, жетпіс атты әскер және екі жүз мергенді Кесарияға баруға дайындаңдар! 24 Пауылға мінуге көлік дайындап, әмірші Феликске аман-есен апару жағын қадағалаңдар!» — деп бұйырды. 25 Содан соң төмендегідей хат жазды: 26 «Жоғары мәртебелі әмірші Феликске Клауди Лүсиден сәлем! 27 Мына кісіні яһудилер ұстап алып, өлтірейін деп жатқан сәтте мен оның Рим азаматы екенін біліп, жасақшылармен үстінен түсіп, құтқарып алдым. 28 Не үшін айыптайтындарын білмек болып, оны солардың Жоғарғы кеңесіне алып бардым. 29 Сонда аңғарғаным, олар мұны өз заңдары туралы даулы мәселелерге бола айыптайды екен. Бірақ оған өлім жазасына кесетіндей немесе түрмеге жабатындай ешбір кінә таққан жоқ. 30 Мен оған қарсы астыртын әрекет ұйымдастырылғанын біліп қалып, оны дереу сізге жіберіп отырмын. Айыптаушыларға тағатын кінәларын өзіңізге апаруға бұйырдым. Қош-сау болыңыз!» 31 Жасақшылар бұйрықты орындап, Пауылды сол түні Антипатрис қаласына жеткізді. 32 Келесі күні тұтқынды атты жасақпен әрі қарай жөнелтіп, өздері қамалға қайтып кетті. 33 Кесария қаласына келісімен атты жасақ хатты тапсырып, Пауылды әміршіге табыс етті. 34 Әмірші хатты оқып, Пауылдан қай аймақтан екенін сұрап, Кіликиядан екенін біліп алды: 35 «Сені айыптаушыларың келгенде тергеймін», — деп шешіп, оны Ирод атындағы сарайда ұстауға бұйырды.
1 Бес күннен кейін бас діни қызметкер Анани бірнеше рубасылармен және Тертулла есімді сөзге шешен заң қызметкерімен бірге Пауылды әміршінің алдында айыптау үшін Кесарияға келді. 2 Пауыл ішке шақырылғаннан кейін, Тертулла оған қарсы айыптау сөзін былай деп бастады: 3 — Уа, жоғары мәртебелі әмірші Феликс! Сіздің қамқорлығыңыздың арқасында біздің ел бейбіт өмір сүріп, халқымыздың тұрмысы жақсара түсуде. Мұны әрқашан да және барлық жерде алғыс айта отырып мойындаймыз. 4 Ал уақытыңызды босқа алмайын. Бізге мейірімділік көрсетіп, біразырақ уақыт сөзіме құлақ түруіңізді өтінемін. 5 Біз мына кісіні індеттей қауіпті, дүние жүзіндегі яһудилердің ішінде бүлік бастаушы әрі «Назареттіктер» деген діни бағыттың жетекшісі деп таптық. 6 Ол тіпті ғибадатхананы арамдауға ұмтылған кезде оны ұстап алдық, (өз заңымыз бойынша соттамақ болдық. 7 Бірақ мыңбасы Лүси оны үлкен зорлықпен қолымыздан тартып алып, өзіңізге жолдады да, 8 айыптаушыларына сізге баруға бұйырды.) Тергеген кезде не үшін кінәлайтынымызды сіз оның өз аузынан естисіз. 9 Яһуди басшылары да мұнымен келісіп, айыптауға қосылып, айтылғанның бәрін растады. 10 Әміршінің берген белгісі бойынша, Пауыл жауап беріп былай деді: — Сіздің көп жылдан бері осы елде сот екеніңізді білгендіктен, өзімді алдыңызда ақтай алатыныма қуанамын. 11 Осыдан он екі күн бұрын ғибадат ету үшін Иерусалимге келгеніме өзіңіз көз жеткізе аласыз. 12 Не ғибадатханада, не мәжілісханаларда, не қалада ешкім менің біреумен айтысып тұрғанымды, я болмаса, ел ішіне іріткі салып жүргенімді көрген емес. 13 Айыптаушылар маған қазір таққан кінәларын еш дәлелдей алмайды. 14 Бірақ мен ата-бабаларымыздың Құдайына олар діни бағыт деп атаған жол бойынша қызмет етіп, Таурат пен Пайғамбарлар жазбаларындағылардың бәріне де сенетінімді мойындаймын. 15 Құдай қиямет күні сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтеді деп күтіп, мен де олар сияқты Оған үмітімді артамын. 16 Сондықтан әрдайым Құдай алдында да, адам алдында да ар-ұжданымның таза болуы үшін ұмтылып келемін. 17 Осы жолы Иерусалимге халқым үшін қайыр-садақа беріп, Құдайға құрбандық шалу мақсатымен, араға ұзақ жыл салып, келдім. 18 Ғибадатханада тазару рәсімінен өтіп жатқан кезімде қасыма жиналған халық та, айғай-шу да болған жоқ. 19 Ал Азия аймағынан келген бірнеше яһудилер сонда болды. Олардың маған тағатын айыбы болса, онда осы жерге сіздің алдыңызға келіп, мені айыптаулары керек еді. 20 Я болмаса, мұнда отырған кісілер Жоғарғы кеңестің алдында айыпкер ретінде тұрғанымда менен қандай кінә тапқандарын айтсын. 21 Мүмкін, менің кінәм сол жерде болғанда: «Өлгендердің қайта тірілуіне үміт етіп жүргенім үшін бүгін алдарыңызда сотталып жатырмын!» деп дауыстап айтқан сөзім болар. 22 Иеміздің жолы туралы жақсы білетін Феликс істің қаралуын басқа күнге ауыстырып: «Мәселелеріңді мыңбасы Лүси келгенде шешемін», — деді. 23 Содан соң ол жүзбасына: «Пауылды қамап ұста, бірақ көбірек еркіндік бер! Жақындарының келіп, қамқорлық жасап тұруларына тыйым салма!» — деп бұйырды. 24 Бірнеше күннен кейін Феликс Друзилла есімді яһуди әйелімен қайтып келді де, Пауылды шақыртып алып, Мәсіх Исаға сену туралы айтқандарын тыңдады. 25 Бірақ Пауыл әділдік, ұстамдылық және болашақ қиямет соты туралы айта бастағанда, Феликс үрейленіп: «Енді бара бер, реті келгенде, сені тағы шақыртып аламын», — деді. 26 Ол өзін босату үшін пара берер ме деп үміттеніп, Пауылды жиі-жиі алдыртып, сөйлесіп отырды. 27 Екі жылдан кейін әмірші Феликсті Порси Фест ауыстырды. Яһудилерге жағынғысы келген Феликс Пауылды түрмеден шығармай кетті.
1 Фест өзінің Яһудея аймағының әміршісі қызметіне кіріскеніне үш күн өткенде, Кесариядан Иерусалимге өрлеп барды. 2 Иерусалимде оның алдына басты діни қызметкерлер мен басқа да беделді яһудилер келіп, Пауылға тағатын айыптарын айтып берді. 3 Содан олар: «Пауылды Иерусалимге ауыстырып берсеңіз екен», — деп, әміршіден жақсылық жасауын сұрады. Өйткені олар жолда оған шабуыл жасап, өлтіртпек болды. 4 Ал Фест Пауылдың қазір Кесариядағы түрмеде отырғанын, өзінің жақын арада сол жаққа қайта баратынын айтты. 5 «Сондықтан орталарыңыздан өкілеттілер менімен бірге барып, егер жаңағы кісінің істеген қылмысы болса, оған сол жерде айып тағуларыңызға болады», — деп шешті. 6 Фест солармен бірге шамамен сегіз-он күн Иерусалимде болған соң, Кесарияға қайтып келді де, бір күннен кейін соттың орындығына отырып, Пауылды алдыртты. 7 Пауыл кірген соң, Иерусалимнен келген яһудилер оны қоршап алып, көптеген ауыр-ауыр айып тақты, бірақ оларын дәлелдей алмады. 8 Ал Пауыл өзін ақтап сөйлеп былай деді: — Мен не яһуди халқының заңына, не ғибадатханаға, не римдік патшаға қарсы ешқандай қылмыс жасаған жоқпын! 9 Яһудилерге жағынғысы келген Фест Пауылға жауап ретінде: — Сен Иерусалимге барып, тағылған айып бойынша сол жерде менің көз алдымда сотталуға келісесің бе? — деген сұрақ қойды. 10 Ал Пауыл: — Мен мұнда Рим патшасы сотының алдында тұрмын, сондықтан осы жерде сотталуым керек. Яһудилерге ешқандай әділетсіздік істеген жоқпын, оны өзіңіз жақсы білесіз. 11 Мен кінәлі болып, өлімге қиятындай қылмыс жасаған болсам, онда өлімнен бас тартпас едім. Ал егер мыналардың таққан кінәлары жазықсыз болса, онда ешкім мені бұлардың қолына ұстап бере алмайды. Римдік патша алдында сотталуымды талап етемін, — деп жауап қатты. 12 Сонда Фест ақылшыларымен кеңесіп: — Римдік патша алдында сотталуды талап еттің бе, ендеше патша алдына барасың! — деп шешті. 13 Бірнеше күннен кейін әмірші Фестке сәлем беріп құттықтау үшін Агриппа патша қарындасы Берникемен Кесарияға келді. 14 Олар сонда бірнеше күн болған кезде, Фест Агриппа патшаға Пауылдың ісі туралы былай деп мәлімет берді: — Осында Феликс түрмеде қалдырып кеткен бір кісі бар. 15 Мен Иерусалимде болған кезімде яһудилердің басты діни қызметкерлері мен рубасылары оған айып тағып, үкім шығаруымды сұрады. 16 Мен оларға: «Айыпталушы айыптаушылармен кездеспей және өзін қорғауға мүмкіндігі болмай тұрып, адамды жазаға бұйыру римдіктердің салтына қайшы келеді», — деп жауап қаттым. 17 Содан олар осы жерге келген соң, мен еш кешіктірмей келесі күні соттың орындығына отырып, әлгі кісіні алдырттым. 18 Айыптаушылар шығып сөйлеп, оған қарсы мен күткендей ешқандай айып тақпай, 19 олардың өз тәңіріне табынуларына қатысты мәселе бойынша, сондай-ақ өліп қалған, бірақ Пауыл «Ол тірі» деп нығарлап айтқан Иса есімді Біреу туралы айтысып қалды. 20 Мен бұл мәселе жөнінде не істерімді білмей, Пауылдан: «Иерусалимге барып, сонда сотталуға келісесің бе?» — деп сұрадым. 21 Бірақ ол өзінің ісін патша иеміз шешсін деп талап еткен соң, мен оны патшаға жібергенше түрмеде ұстауға бұйырдым. 22 Сонда Агриппа: — Ол кісіні тыңдағым келеді, — деді. Фест: — Оны ертең-ақ тыңдайсыз, — деп жауап берді. 23 Келесі күні Агриппа мен Бернике сән-салтанатпен сарайдағы қабылдау залына келді. Олармен бірге мыңбасылар және қаланың атақтылары болды. Әміршінің бұйрығымен Пауыл сол жерге әкелінді. 24 Содан Фест сөз алып, былай деді: — Агриппа патша және бізбен бірге отырған мырзалар! Алдарыңызда Иерусалимдегі және осы жердегі бүкіл яһуди халқы тірі қалдырмау керек деп маған қатты дауыстап өтініш жасаған адам тұр. 25 Ал мен оның өлім жазасына кесер қылмысы жоқ деп таптым. Бірақ өзі римдік патшаның сотын талап еткендіктен, оны соған жөнелтпек болып шештім. 26 Ал енді, тақсыр иеге ол туралы жазатын нақты мәліметім жоқ. Сондықтан оны сіздердің алдарыңызға, әсіресе, өзіңізге, Агриппа патша, алдырып отырмын. Тергеу соңында мен қандай мәлімет жазып беретінімді білсем деймін. 27 Тұтқынды айыбын көрсетпей Римге жіберу, менің ойымша, ақылға сыймайтын іс.
1 Агриппа Пауылға: — Өзіңді ақтап сөйлеуге рұқсат, — деді. Сонда Пауыл қолын созып, қорғау сөзін бастады: 2 — Жоғары мәртебелі Агриппа патша, бүгін сіздің алдыңызда тұрып, яһуди басшыларының таққан айыбына қарсы өзімді қорғап сөйлеп тұрғаныма қуанамын. 3 Өйткені сіз яһудилердің барлық әдет-ғұрыптары мен даулы мәселелерін жақсы білесіз. Сондықтан сөзіме шыдамдылықпен құлақ түрсеңіз екен деп өтінемін. 4 Жас кезімнен бастап Иерусалимде тұрып, халқым ішінде қандай өмір сүріп келе жатқаным яһудилердің бәріне мәлім. 5 Олар мені көптен бері таниды; егерде шындықты мойындағылары келсе, менің парызшыл ретінде дініміздің ең қатал бағытын ұстанатындардың қатарына жатқанымды біледі. 6 Бүгін сот алдында тұруымның себебі — Құдайдың бір кезде ата-бабаларымызға берген уәдесіне үміт артуым. 7 Осы уәденің орындалуына халқымыздың он екі руы да күндіз-түні Құдайға қызмет етіп үміт етеді. О, патшам, бүгін яһудилер мені содан үміткер болғаным үшін айыптап отыр. 8 Сіздер неге Құдайдың өлгендерді қайта тірілтуіне сенбейсіздер? 9 Рас, баяғыда мен де назареттік Исаға қарсы күресуді міндетім деп ойладым. 10 Иерусалимде осымен айналысып, бас діни қызметкерден арнайы өкілеттік алып, Құдайдың қасиетті адамдарының көбін түрмеге жаптырдым. Олар өлім жазасына кесілгенде, бұған да келісіп, дауыс беріп отырдым. 11 Барлық мәжілісханаларды аралап жүріп, сондайларды талай рет азапқа салып, оларға Иеміздің атын қорлатуға тырыстым. Ашу-ызаға кернелгенім сонша, оларды шетелдік қалаларға барып та қудаладым. 12 Бірде осы мақсатпен бас діни қызметкерден өкілеттік пен тапсырма алып, Дамаскіге бара жатыр едім. 13 Уа, патша, сонда мен жолда келе жатып түс кезінде күн сәулесінен де жарық, көктен түскен нұрды көрдім. Оның сәулесі өзіме де, серіктеріме де түсті. 14 Бәріміз жерге құлап түстік. Сол кезде бір дауыстың маған еврейше: «Саул, Саул, Мені неге қудалайсың? Сен Иеңе қарсы шығып азапқа қаласың», — дегенін естідім. 15 Мен: «Сен кімсің, Ием?» — деп сұрадым. Иеміз маған: «Мен сен қудалап жүрген Исамын. 16 Орныңнан тұр! Мен сені Өзіме нөкер қылу үшін келдім. Бұдан былай сен Менен көргеніңе және саған кейін көрсететіндеріме басқалар үшін куә болуға тиістісің. 17 Сені өз халқыңа да, басқа ұлттарға да жіберемін әрі олардың жасайтын қастандықтарынан құтқарамын: 18 олар қара түнектен нұрға, әзәзіл шайтанның құлдығынан Құдайға бет бұрулары үшін сен олардың көздерін аш! Сонда олар Маған сеніп, күнәлары кешіріліп, Құдай халқының арасынан өз орындарын алады», — деді. 19 Міне, осы себептен мен, Агриппа ағзам, маған көктен аян беріп, Бұйырғанға бағынбай тұра алмадым. 20 Керісінше, алдымен Дамаск пен Иерусалимнің, одан кейін бүкіл Яһудея аймағының тұрғындары мен басқа ұлт адамдарына да: «Теріс жолдан қайтып, Құдайға бет бұрыңдар, әрі соған лайықты іс істеңдер!» деп уағыз айтып жүрдім. 21 Яһудилердің мені ғибадатханада ұстап алып, өлтіргілері келген себебі, міне, осы. 22 Құдай қорғап-қолдап келгендіктен, мен күні бүгінге дейін берік тұрып, үлкен-кіші бәріне куәлік етемін. Мұса мен басқа да пайғамбарлар келешекте болады деп алдын ала айтып кеткендерді ғана үйретіп жүрмін. 23 Атап айтқанда, Құтқарушы Мәсіх азапталып, ең бастысы болып өлімнен тіріліп, Исраил халқына және басқа ұлттарға жарық нұрды жариялауға тиісті болды. 24 Пауыл өзін ақтап, осылай сөйлеп тұрғанда, Фест қатты дауыстап: — Есің дұрыс емес, Пауыл! Көп оқып, ақылыңнан адасқансың! — деді. 25 Пауыл оған: — Есім дұрыс, қадірлі Фест, мен ой елегінен өткен шынайы сөздерді айтып тұрмын! 26 Патша ағзам мұның бәрін біледі. Сондықтан оған бұларды еркін баяндап тұрмын. Болған жайттардың ешқайсысы одан жасырын емес, соған сенімдімін, себебі олар тасада өткен жоқ. 27 Агриппа патша, сіз пайғамбарлардың айтқандарына сенесіз бе? Оларға сенетіңізді білемін, — деді. 28 Сонда Агриппа Пауылға: — Аз уақыттың ішінде мені де мәсіхші болуға көзімді жеткізбексің бе? — деді. 29 Пауыл оған: — Аз ба, көп пе, әйтеуір бір уақытта өзіңіз де, мені бүгін тыңдап тұрғандардың бәрі де бұғауланған күйімнен басқа дәл мен сияқты болсаңыздар екен деп Құдайдан сұраймын, — деді. 30 Пауыл осыны айтқанда патша орнынан көтерілді; онымен бірге әмірші, Бернике және залда отырғандар түгел тұрды. 31 Олар шығып бара жатқанда, бір-біріне: — Мына кісі не өлімге кесер, не түрмеге жабар қылмыс жасаған жоқ, — десті. 32 Агриппа да Фестке: — Римдегі патша сотын талап етпегенде, мұны босатып жіберуге болар еді, — деді.
1 Сонымен біздің Италияға баратынымыз шешілген соң, Пауыл мен бірнеше басқа тұтқындар римдік патша атындағы әскер бөлімінің Юли есімді жүзбасына табысталды. 2 Адрамитилық кемеге мініп, теңізге шықтық. Ол жол-жөнекей Азия аймағының кемежайларына кіретін болды. Бізге Салониқадан шыққан македониялық Арыстарқ ере жүрді. 3 Келесі күні Сидонға жеттік. Жүзбасы Пауылға жақсы қарап, оған достарына барып келіп, солардың оның сапар кезіндегі қажеттерін қамтамасыз етулеріне рұқсат берді. 4 Сидоннан әрі қарай кетіп, алдымыздан қарсы соққан желден қашып, Кипр аралының ық жағымен жүрдік. 5 Теңізді Кіликия және Памфүлия өлкелерін бойлай кесіп өтіп, Лүкия аймағындағы Мүраға жеттік. 6 Сол қаладан жүзбасы Италияға бет алған ескендіриялық кемені тауып алып, бізді осы кемеге мінгізді. 7 Көп күн бойы ақырын жүріп отырып, зорға дегенде Книд қаласының маңайына жеттік. Жел қарсы соққандықтан, Крит аралының ық жағымен, Салмон қаласының маңына жеттік. 8 Жағалаумен жүре отырып, әзер дегенде Ласея қаласына жақын Сұлу кемежай деген жерге бардық. 9 Осы екі арада талай уақыт артта қалып, тіпті яһудилердің күзгі оразасы өтіп кеткен еді. Сондықтан кемемен жүзу қауіпті бола бастады. Сол себептен Пауыл оларға ескертіп: 10 «Ер азаматтар, біздің сапарымыз жүк пен кеме үшін ғана емес, өз өміріміз үшін де қауіпті де өте зиянды болайын деп тұрғанын білемін», — деді. 11 Бірақ жүзбасы Пауылдың сөзінен гөрі кеменің жүргізушісі мен иесіне көбірек сенді. 12 Оның үстіне кемежай қыстауға онша ыңғайлы болмаған соң, кемедегілердің көпшілігі әрі жүре беріп, қыстау үшін қалайда Феникске жетіп алайық деген шешім қабылдады. Өйткені сол криттік кемежай оңтүстік-батыс пен солтүстік-батыс желдеріне қарсы орналасқан. 13 Оңтүстіктен баяу жел соғып тұрғанда, олар мақсатымызды орындай аламыз деген оймен зәкірлерін көтеріп алып, Критті жағалап жүзіп кетті. 14 Аз уақыттан кейін арал жақтан Солтүстік-шығыс деп аталатын қара дауыл соғып, 15 кемемізді сүйрей жөнелді. Дауылға қарсы тұрар шамамыз болмаған соң, кемені толқынға тапсырып, кете бардық. 16 Клауда деген кішкентай аралдың ық жағымен жүрген кезде, зорға дегенде кеме артындағы байлаулы қайықты үстіне тартып, шығарып үлгердік. 17 Бұдан соң теңізшілер кемені кендір арқанмен белдіктеп байлап қойды. Олар Сирт қойнауындағы бір таяз жерге қайраңдап қалудан қауіптеніп, желкендерді түсірді. Осылай кеме қалқып жүре берді. 18 Дауылдан әбден ұрылып-соғылып, теңізшілер келесі күні жүктің біразын түсірсе, 19 үшінші күні өз қолдарымен кеменің керек-жарағын лақтырып тастауға мәжбүр болды. 20 Бірнеше күн бойы не күн, не жұлдыз көрінбеді. Ал дауылдың долданғаны сондай, құтқарыламыз ба деген үмітіміз үзіле бастады. 21 Көптен бері ешкім нәр татпаған соң, Пауыл ортаға шығып: — Ей, ер азаматтар! Мені тыңдап, Криттен шықпауларың керек еді; сонда осындай қатерге бас тігіп, зиян шекпеген болар едіңдер. 22 Ал енді батылданыңдар деп ескертемін, себебі ешқайсыңның өмірлерің қиылмайды, тек кеме ғана құриды. 23 Неге десеңдер, өзім қызмет етіп, Соның меншігімін деп жүрген Құдайымның бір періштесі өткен түні қасымда пайда болып былай деді: 24 «Қорықпа, Пауыл! Сен римдік патшаның алдына баруға тиіссің! Біліп қой: Құдай тілегіңді ескеріп, сапарластарыңды өлімнен аман алып қалады». 25 Сондықтан, азаматтар, батыл болыңдар! Маған қалай айтылса, солай болады да деп Құдайға сенемін. 26 Бірақ біз бір арал маңындағы бір таяз жерге қайраңдап қалуға тиіспіз, — деді. 27 Адрия теңізінде сандалып жүргенімізге он төрт күн болғанда, түн ортасында кемешілер құрлыққа жақындағанымызды шамалады. 28 Олар өлшеуішті суға түсіріп, судың жиырма құлаш терең екендігін анықтады; сәлден кейін тағы өлшеп, он бес құлаш деп тапты. 29 Жартасқа соғылып қалудан қауіптенген теңізшілер кеменің артынан суға төрт зәкір тастап, таңның атуын асыға күтті. 30 Алдыңғы жақтан да зәкір тастаймыз деп сылтауратқан теңізшілер қайықты суға түсіре бастады. Бірақ олар мұны кемеден қашып кету үшін істеді. 31 Сол себепті Пауыл жүзбасы Юли мен жасақшыларға: «Егер мыналар кемеде қалмаса, сендерге құтқарылу жоқ», — деп ескертті. 32 Сонда жасақшылар қайықты байлап қойған арқандарды кесіп, оны теңізге құлатты. 33 Таң атар алдында Пауыл адамдарды бір нәрсе жеп алуға шақырып: «Бастарыңа қауіп төніп, нәр татпай жүргендеріңе бүгін он төрт күн болды. 34 Сондықтан жүрек жалғап алыңдар деймін. Бұл құтқарылуларың үшін қажет. Ешқайсыңның бір тал шашың да түспейді». 35 Пауыл осылай деп, бір нанды алды да, бәрінің көзінше Құдайға шүкірлік айтты; бір жапырағын үзіп, жей бастады. 36 Содан адамдар жігерленіп, тамақтанып алды. 37 Кемеде жалпы саны екі жүз жетпіс алты кісі едік. 38 Бәріміз тойып алған соң, теңізшілер кемені жеңілдету үшін жүк қоймасында қалған астықты теңізге лақтырып тастады. 39 Таң атқанда олар келген жерді таныған жоқ. Жағасы жайлы шығанақты көріп, мүмкін болса, кемені сол жерге тақап тоқтатуға ұйғарды. 40 Зәкірлердің арқандарын кесіп, теңізге тастады да, кеменің рулін байлаған қайысты босатып, алдыңғы желкенді жоғары көтеріп, жағаға бет алды. 41 Алайда бір таяз жерге тап болып, кеме қайраңдап, тұмсығы құмға терең батып, қимылдамай қалды. Ал артын лықсыған толқындар соққылап, сындыра бастады. 42 Тұтқындар жүзіп қашып кетпесін деп, жасақшылар оларды өлтіріп тастамақ болды. 43 Бірақ Пауылды аман алып қалғысы келген жүзбасы олардың ниетін іске асыруларына тыйым салып: «Жүзе білетіндер бірінші болып теңізге секіріп түсіп, құрлыққа жүзіп барсын! 44 Ал қалғандары тақтайларды және кеменің басқа да бөлшектерін қарманып, жағаға жетсін!» — деп бұйырды. Осылай барлығы да аман-есен жағаға жетіп алды.
1 Енді құтқарылғаннан кейін біз аралдың Мальта екенін білдік. 2 Тұрғындары айрықша адамгершілік танытып, от жағып, бізді өздеріне шақырды. Себебі жаңбыр жауып, күн суытып кеткен еді. 3 Пауыл бір құшақ отындық ағаш жинап әкеліп, отқа тастағанда, шыбықтардың арасынан ыстыққа шыдамаған бір улы жылан атып шығып, оның қолынан тістеп, жабысып алды. 4 Жергілікті тұрғындар оның қолындағы салбыраған жыланды көргенде бір-біріне: «Мынау сөзсіз кісі өлтірген бір қанішер болар. Теңізден құтылған оны «әділет тәңірі» тірі қалдырмас», — деді. 5 Бірақ Пауыл жыланды отқа лақтырып жіберіп, ешқандай зиян шекпеді. 6 Айнала тұрғандар енді Пауылдың денесі ісіп кетеді немесе өліп, жерге бір-ақ құлайды деп, едәуір уақыт күтіп тұрды; бірақ оған ештеңе болмағанын көрген соң, ойларын өзгертіп: «Мынау бір тәңір болар!» — десті. 7 Жақын маңда арал әкімшісі Публи дегеннің меншікті жері бар екен. Сол кісі бізді қабылдап, үш күн бойы жылы қабақ танытып, үйінде қонақ қылды. 8 Публидің әкесі ыстығы көтеріліп, іші өтіп, төсек тартып ауырып жатыр екен. Пауыл оның бөлмесіне барып, Құдайға сиынып, үстіне қолын қойды да, ауруынан сауықтырып жіберді. 9 Содан кейін тағы басқа ауырып жүрген, осы туралы естіген арал тұрғындары да Пауылға келіп, айығып кетіп жатты. 10 Сол үшін олар бізге көп құрмет көрсетіп, сапарымызды әрі қарай жалғастырарда қажет нәрсенің бәрімен қамтамасыз етті. 11 Үш айдан кейін біз аралда қыстап қалған, диоскурлардың таңбасы бар ескендіриялық кемеге мініп, теңізге шықтық. 12 Сиракузға тоқтап, бұл қалада үш күн аялдадық. 13 Сол жерден айналып жүріп, Региге бардық. Бір күннен кейін сапарымызды жалғастырып, оңтүстіктен соққан желмен екінші күні Путеолға жеттік. 14 Бұл жерден сенуші бауырластарымызды тауып алдық. Олар бізден жеті күн қастарында қалуымызды өтінді. Содан кейін Римге жол тарттық. 15 Сол қаладағы бауырластар біз туралы хабар алып, «Аппи базары» мен «Үш қонақүй» деген жерлерге дейін келіп, алдымыздан шықты. Пауыл оларды көргенде Құдайға шүкірлік айтып, жігерленіп қалды. 16 Біз Римге келген соң (жүзбасы тұтқындарды патша сарайы сақшыларының бастығына тапсырды, ал) Пауылға бір күзетші жасақпен бірге жеке үйде тұруға рұқсат берілді. 17 Үш күннен кейін Пауыл яһудилердің беделділерін өзіне шақырып алды. Жиналған соң, оларға былай деді: — Қымбатты бауырластар! Халқымызға, ата-бабаларымыздың әдет-ғұрыптарына қарсы ешқандай жамандық жасамасам да, Иерусалимде тұтқындалып, римдіктердің қолына тапсырылдым. 18 Бұлар ісімді тексеріп, өлім жазасына кесетіндей кінәм болмаған соң, босатып жібергілері келді. 19 Бірақ яһуди басшылары бұған қарсы шыққандықтан, римдік патша сотын талап етуге мәжбүр болдым. Ал мұнымен мен өз халқымды айыптайын деп отырған жоқпын. 20 Осы себепті бетпе-бет сөйлесу үшін өздеріңізді шақыртып алдым. Өйткені берген уәдесін Құдай орындайды деген Исраилдің үміті үшін мен осы кісенмен бұғауланып жүрмін. — 21 Олар бұған: — Біз Яһудея аймағынан сіз туралы ешқандай хат алған жоқпыз. Бірде-бір бауырлас ресми түрде немесе жеке өз атынан жаманат хабар айтып келген де емес. 22 Енді сізден өз ойыңызды естігіміз келеді, өйткені осы алған бағытыңызға әр жерде де қарсы сөйлеушілердің бар екенін білеміз, — деді. 23 Яһуди беделділері Пауылға бір күнді белгілеп қойды. Сол кезде олар оның үйінде алғашқыдағыдан да көп болып жиналды. Пауыл таңертеңнен кешке дейін оларға Құдайдың Патшалығы туралы дәлел келтіріп, Мұса арқылы берілген Таурат заңына және Пайғамбарлардың жазбаларына сүйене отырып, оларды Иса туралы сендіруге тырысты. 24 Ол кейбіреулерін айтқанына сендірді, ал басқалар сенбей қалды. 25 Содан олар өзара келісе алмай, екіге бөлініп кетті. Қоштасарда Пауыл оларға салмақтап былай деді: — Киелі Рухтың Ишая пайғамбар арқылы ата-бабаларыңызға мына тәрізді айтқаны тауып айтылған сөз: 26 Осы халыққа барып, мына хабарды жеткіз: Естисіңдер, бәрібір түсінбейсіңдер, көресіңдер, бәрібір аңғармайсыңдар! 27 Себебі бұл халықтың жүректері қасарысқан сезімсіз, құлақтары керең, олар көздерін жұмып алған. Әйтпесе олар көздерімен көріп, құлақтарымен естіп, жүректерімен түсініп, теріс жолдарынан қайтар еді. Сонда Мен оларды рухани дертінен сауықтырар едім. 28 Біліп қойыңыздар: сондықтан да Құдай құтқарылу жайлы хабарды басқа ұлттарға жіберді, олар оны зейінмен тыңдайды. — 29 (Пауыл осыны айтқаннан кейін, келген яһудилер бір-бірімен қатты айтысып, тарап кетті.) 30 Ал Пауыл өзінің жалдап алған үйінде толық екі жыл тұрып, өзіне келгендердің бәрін де қабылдап отырды. 31 Оларға Құдай Патшалығын еш бөгетсіз, батыл уағыздап, Иеміз Иса Мәсіх туралы тәлім беріп жүрді.
1 Иса Мәсіхтің қызметшісі Пауылдан дұғай сәлем. Мәсіх мені елші болуға шақырып, Құдайдың Ізгі хабарын жариялауға бағыштап тағайындады. 2 Осы хабарды жіберемін деп Құдай ежелде Өзінің пайғамбарлары арқылы Киелі жазбаларда уәде берген болатын. 3 Бұл Ізгі хабарда Құдайдың рухани Ұлы туралы сөз болады. Ол адам ретінде Дәуіт пайғамбардың әулетінен шыққан еді. 4 Ал Оның құдайлық қасиетіне келсек, Құдай Оны қайта тірілтуі арқылы Өзінің рухани Ұлы екенін зор құдіретпен дәлелдеді. Ол — Иеміз Иса Мәсіх. 5 Құдай өз рақымымен бізге Мәсіхтің арқасында және Оның атының даңқы үшін елші болуды әрі барлық ұлттардың адамдарын Оған сеніп, мойынсұнуға шақыруды тапсырды. 6 Сол адамдардың ішінде сендер де барсыңдар, себебі Құдай сендерді Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болуға шақырды. 7 Мен сәлемімді Құдайдың Римдегі барлық сүйіктілеріне, яғни Оның қасиетті халқы болуға шақырылғандарға, жолдаймын. Сендерге Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, амандық пен тыныштық сыйлай берсін! 8 Сендердің сенімдерің туралы хабар әлемнің шартарабына тарап жатқандықтан, ең алдымен бәрің үшін Иса Мәсіх арқылы Құдайыма ризашылығымды білдіремін. 9 Мен Құдайдың рухани Ұлы туралы Ізгі хабарды жариялап, шын жүрегіммен қызмет етіп жүрмін. Құдайдың Өзі мынаған куә: Оған сиынған сайын сендерді үнемі еске аламын; 10 Оның еркімен маған енді қастарыңа баруға жол ашылса екен деп мінажат етемін. 11 Себебі өздеріңді көруді қатты аңсаудамын. Сендерді күшейту үшін рухани дарындарыммен бөліссем, 12 яғни сендермен болған кезімде Құдайға деген ортақ сенімімізді көріп, бір-бірімізді жігерлендірсек деймін. 13 Қымбатты бауырластар, сендерге шынын айтайын: өздеріңе бірнеше рет бармақшы болдым, бірақ әр жолы маған әлдене бөгет болып отырды. Өзге жерлердегі басқа ұлттардың арасында болғанымдай, мен сендердің де араларыңда еңбек етіп, соның рухани жемісін көргім келеді. 14 Гректер мен басқа ұлттарға, білімділер мен білімсіздерге Ізгі хабарды жариялау — менің парызым. 15 Сондықтан Римде тұратын сендерге де оны уағыздауға деген ықылас менде жетерлік. 16 Мен Ізгі хабар үшін еш ұялмаймын, ол — Мәсіхке сенетін барлық адамдарды, алдымен яһудилерді, сондай-ақ басқа ұлт адамдарын да құтқаратын Құдайдың құдіреті! 17 Себебі Құдайдың адамдарды ақтау жолы мынадан білінеді: ол басынан аяғына дейін сенімді қажет етеді. Пайғамбарлар жазбаларында мына тәрізді сөздер бар ғой: Сенімі арқылы ақталған адам шынайы өмір сүреді. 18 Құдай көктен адамдардың барлық азғындығы мен әділетсіздігіне қарсы өз қаһарын білдіреді. Себебі олар әділетсіз істері арқылы шындықты аяққа басады. 19 Құдай туралы білуге болатын шындық адамдарға белгілі, мұны оларға Оның Өзі білдірген. 20 Өйткені Құдайдың көзге көрінбейтін қасиеттері — Оның мәңгілік құдіреті мен құдайлық болмысы дүние жаратылғаннан бері айқын: бұларды Оның жаратқан нәрселерінен байқап түсінуге болады. Сондықтан адамдар Құдайды біле алмадық деп сылтаурата алмайды. 21 Олар Құдай туралы білсе де, Оны Құдай деп дәріптеп, шүкірлік еткен жоқ. Керісінше, адамдар түкке тұрғысыз ойға берілді. Содан саналарын қара түнек басып, наданға айналды. 22 Өздерін ақылдымыз деп жүріп, шын мәнінде ақымақ болып шықты. 23 Осылай олар мәңгі тірі Құдайдың ұлылығына табынудың орнына ажалды пенденің, құстың, төрт аяқты не бауырымен жорғалаушы жануардың мүсіндеріне құлшылық ететін болды. 24 Сондықтан да Құдай оларды көңілдері ынтыққан азғындықтың былығына батырып жіберді; осылай олар өз тәндерін өздері қорлауда. 25 Өйткені адамдар Құдай туралы шындықты мойындамай, жалған тәңірлерге сиынып келеді. Жаратушы Иеге бас ұрып ғибадат етудің орнына жаратылған нәрселерге құлшылық етеді. Ал Жаратушы Құдай мәңгілік мадақталуға лайық! Аумин. 26 Сол себептен де Құдай адамдарды өздерін қорлайтын құмарлықтарға батырып жіберді. Араларындағы кейбір әйелдер табиғи жыныстық қатынасты табиғи емес қатынаспен ауыстырды. 27 Дәл солай кейбір еркектер де әйелдерімен табиғи қатынасты қойып, бір-біріне құмарлықпен ынтығып, азғындық істейтін болды. Олар тура жолдан тайып кеткендіктерінің тиісті жазаларын өз бойларында тартып жатты. 28 Бұған қоса мұндай кісілер Құдайды танудың қажеті жоқ деп шешті. Сондықтан Ол соларды бұзық пейілдерінде қалдырып, ұятты нәрселер істеуге тастады. 29 Олардың тұла бойлары тұнған әділетсіздік, бұзықтық, дүниеқорлық, залымдық, қызғаншақтық, кісі өлтіруге құмарлық, даукестік, алдамшылық және арам ниеттілік. 30 Олар жасырын жамандап, ашық та өсектегіш, Құдайды жек көретін, күш көрсеткіш, өркөкірек, мақтаншақ, жамандықты ойлап тапқыш, ата-анасын сыйламайтын, 31 санасыз, опасыз, тасбауыр, мейірімсіз жандар. 32 Осындай күнәлар жасағандардың тартатын жазалары — өлім деген Құдайдың әділ үкімін сол адамдар біледі. Әйтсе де олар бұларды өздері істеп қана қоймай, солармен айналысатын басқаларды мақұлдап та отырады.
1 Сондықтан, ей, басқаларды айыптаушы адам, кім болсаң да, сен ақтала алмайсың: өзге біреуге айып тағып тұрып өзіңе үкім айтасың! Себебі оны айыптаған сен де сол сияқты күнәлар жасайсың. 2 Ал сондай істермен айналысатындарды Құдай әділдікпен соттайтынын білеміз. 3 Ей, пенде, егер өзің де айналысқан жаман істер үшін басқаларды айыптасаң, сонда қалай, Құдай сотынан құтылам деп ойлайсың ба? 4 Әлде сен Құдайдың мейірім көрсетіп, өзіңді теріс жолдан қайтарғысы келетінін ұқпай, Оның мол мейірімділігін, сабырлылығын және шыдамдылығын менсінбейсің бе? 5 Бірақ сен жүрегіңді қасарыстырып теріс жолдан қайтудан қыңырлана бас тартасың. Осылай Құдайдың қаһары төгіліп, әділ үкімі жарияланатын күні өзің тартатын жазаңды ауырлатасың. 6 (Киелі жазбада мына тәрізді сөздер жазылған:) Құдай әркімге істеген ісіне қарап қарымтасын қайтаратын болады. 7 Тәңір алдында игілікті істерінен таймай, ұлылыққа, құрметке және өз есімін мәңгі өшірмеуге тырысқан кісіге Ол мәңгілік өмір сыйлайды. 8 Ал өзімшіл болып, шындыққа емес, әділетсіздікке мойынсұнып жүргендерді Құдайдың зор қаһары күтіп тұрады. 9 Жамандық істеген әркімді — алдымен (Құдайдың таңдап алған халқынан шыққан) яһудиді, сондай-ақ басқа ұлт адамын да азап пен қысым күтіп тұр. 10 Ал игілік істейтін әркімді — алдымен яһудиді, сондай-ақ басқа ұлт адамын да ұлылық, құрмет, амандық пен тыныштық күтіп тұр. 11 Себебі Құдай ешкімнің бет-жүзіне қарамайды. 12 Таураттағы Құдайдың заңын білмей күнә жасағандарға сол заң қолданылмай-ақ тозаққа үкім шығарылады. Ал Таурат заңын біле тұра күнә жасағандар сол заң бойынша сотталады. 13 Заңды тек естігендер емес, оны орындап жүргендер ғана Құдай алдында ақталады. 14 Таурат заңы жоқ басқа ұлттар өз еріктерімен оның талаптарын орындаса, онда олар өздерінің сол заңсыз-ақ не істеп, не қою керек екенін білетіндіктерін көрсетеді. 15 Осы арқылы олар Таурат заңының талаптарының өз жүректерінде жазулы екенін дәлелдейді. Бұған олардың ар-ұждандары куә. Демек, оларды іштей қаралайтын немесе ақтайтын осы ұждандарынан туған ойлары соған куә. 16 Ал адамдардың бәрінің жасырын істері мен ойларына үкімді Құдай қиямет соты күні Иса Мәсіх арқылы шығарады. Мен уағыздап жүрген Ізгі хабар осыны білдіреді. 17 Сен яһуди екеніңді айта жүріп, Таурат заңына сүйеніп, Құдаймен ерекше байланыста тұрғаныңа мақтанасың ба? 18 Оның еркін білесің, Таураттан тәлім алып, ненің жақсы-жаман екенін анықтай аласың. 19 Өзіңді соқырларға жетекшімін, қараңғыда адасқандарға жарықпын, 20 надандарға тәрбиешімін, сәбидей білімсіздерге ұстазбын деп ойлайсың. Өйткені Таураттан нақты білім мен шындықты таптың. 21 Сонымен, сен басқаларды үйретіп жүрсең де, қалайша өз іліміңді өзің ұстанбайсың?! «Ұрлама» дей тұра ұрлағаның не? 22 «Неке адалдығын бұзба» дей тұра оны өзің бұзғаның қалай? Жалған тәңірлердің мүсіндерін жек көресің, алайда неліктен өзің Құдайға тиісті құрметті көрсетпейсің? 23 Таурат заңымыз бар деп мақтанғанмен сол заңды бұзып, Құдайды қорлайсың! 24 Сол сияқты Пайғамбарлар жазбаларында мына тәрізді сөздер айтылған: Басқа ұлттардың арасында сендерге бола Құдайдың аты қорланады. 25 Ал сүндет рәсіміне келетін болсақ, егерде Таурат заңын қалтқысыз орындап жүрсең, ол рәсім пайдалы болар еді. Бірақ сүндеттелген сен бұл заңды бұзып жүргендіктен, сүндеттелмеген басқа ұлт адамынан сенің қай жерің артық? 26 Егер сол адам Таурат заңының талаптарын орындап жүрсе, өзі сүндеттелмеген болса да, сүндеттелген болып есептелмей ме? 27 Ей, яһудилер, сондықтан да басқа ұлт адамдары сендерді айыптайтын болады. Сендер Тауратты және сүндеттеу рәсімін ұстанғандарыңа қарамастан, заңды бұзып жүрсіңдер, ал олар сүндеттелмеген болса да, кейбіреулері оның талаптарын орындайды. 28 Сырт бейнесінде емес, жан дүниесінде Құдайдың адамы болған ғана Оның таңдаулы халқына жатады. Сондай адамның сүндеттелуі сырттай, яғни тәнінде, ғана емес, жан дүниесінде болу керек. Бұл рухани жаңартылу жазылған заңнан емес, Киелі Рухтан пайда болады. Ондай кісіні адам баласы емес, Құдайдың Өзі мадақтайды.
1 «Олай болса, яһуди болудың артықшылығы не? Сүндеттелудің пайдасы қандай?» (деп сұрауларың мүмкін.) 2 Әрине, яһудилердің қай жағынан болса да артықшылықтары бар. Ең алдымен, Құдайдың сөзі ата-бабаларымызға сеніп тапсырылды. 3 Рас, олардың біразы Құдайға адал болған жоқ. «Ал олардың адал болмағандығы Құдайдың өз уәдесіне деген адалдығын жоя ма?» 4 Жоқ, мүлдем олай емес! Керісінше, адамдардың барлығы бірдей өтірікші болса да, Құдай берген сөзінен таймайды. Бұл туралы Забурда мынадай сөздер жазылған: Осылай айтқандарыңның әділ екені көрінеді, Сен айыпталғанда жеңімпаз болып шығасың. 5 «Егер біздің әділетсіздігіміз арқылы Құдайдың әділдігі айқындала түссе, не деуіміз қажет? Онда Құдай бізге қаһарын төккенде әділетсіз болып шықпай ма?» — Мұны адамдық тұрғыдан айтып отырмын. — 6 Жоқ, мүлдем олай емес! Құдай әділетсіз болса, қалайша әлемді Соттаушы бола алар еді? 7 «Егер мен әділетсіздік жасаған сайын Құдайдың адалдығы мадақталып, Оның даңқы артатын болса, онда неге мен әлі де күнәкар деп айыпталамын?» (деп қайсыбіреудің айтуы да мүмкін.) 8 Әлде «Жақсылық шықсын деп жамандық істей берейік» деуге бола ма? Жоқ, болмайды! Ал кейбіреулер бізді осылай тәлім берді деп жала жауып жүр. Олар Тәңірдің үкіміне лайық! 9 «Сонымен қалай болды? Басқалардың алдында (яһуди халқынан шыққан) біздердің артықшылығымыз бар ма?» Жоқ, ешқандай! Яһудилер де, басқа ұлттың адамдары да бірі қалмай күнәнің билігінде екенін жоғарыда дәлелдедік. 10 Киелі жазбаларда бұл туралы мына тәрізді сөздер бар: Бірде-бір әділ кісі жоқ, 11 ақылды ешкім де жоқ, Құдайға бет бұратын да жоқ. 12 Бәрі тайып кетті теріс жолға, әбден бұзылып кетті бірігіп барлығы да. Жақсылық жасаушы ешкім жоқ, тіпті бір жан да. 13 Арандары олардың көрдей ашық, майда тілдерімен айтады жалғандық. Сұр жыланның уы тілдерінен тамады. 14 Ауызынан шыққандар: қарғыс, өтірік, жалғандық. 15 Аяқтары жазықсыз қан төгуге асығады. 16 Олар жүрген жерлерін қиратып, азап шеккізеді. 17 Татулық дегенді олар білмейді. 18 Құдайды қастерлейтін ниеттері жоқ. 19 Ал Таурат заңының күллі ережелері оған бағынышты адамдар үшін күшінде екенін білеміз. Сондықтан (басқа ұлттардың да, яһуди халқының да) барлық адамдары ешбір сылтау таппай, үндері өшеді. Осылай бүкіл адамзат та Құдай алдында күнәлі болып, сотталатын болады. 20 Себебі Таурат заңын орындау арқылы бірде-бір адам Құдай алдында ақтала алмайды. Керісінше, сол заң адамның күнәлі екенін әшкерелейді. 21 Ал енді Құдайдың адамдарды ақтау жолы көрсетілді. Бұл жолға заңды ұстанудың қатысы жоқ. Ол туралы Таурат пен Пайғамбарлар жазбалары білдірген еді. 22 Құдай яһуди және басқа ұлт адамдарының бәрін де Иса Мәсіхке деген сенімдері арқылы ақтайды. Себебі бұл жерде ешқандай айырмашылық жоқ: 23 бәрі де күнә жасап, Құдайдың өздеріне белгілеген ұлылығынан құр алақан қалды. 24 Бірақ олар Құдайдың рақымымен Мәсіхтің бұлардың төлемдерін төлеп, құтқарғанының арқасында тегін ақтала алады. 25 Құдай Мәсіхті күнәлардың құнын өтеуші құрбандық етіп көрсетті: Соның қаны төгіліп құрбан болғандығына сенгендерді Құдай кешіреді. Құдайдың әділдігі осы арқылы айқын көрінеді. Себебі Ол бұрыннан бері шыдамдылық көрсетіп, адамдарға күнәларына бола лайықты жазаларын дереу тартқызбай жүрген еді. 26 Ал қазіргі заманда Ол Өзінің әділдігін осылай дәлелдейді: Құдай әділ, Ол Исаға сенуші әркімді ақтап алады. 27 «Ал енді, мақтануымызға бола ма?» Мақтанатын түгіміз жоқ. «Не себептен бұлай? Игі істер жасау арқылы ақтала аламыз ба?» Жоқ, сену арқылы ғана ақтала аламыз. 28 Сонымен біз адам заң бойынша жасаған игі істері арқылы емес, сенімі арқылы ғана ақталады деген қорытындыға келеміз. 29 «Әлде Құдай тек яһудилердің Құдайы болып, басқа ұлттарды қабылдамай ма?» Әрине, қабылдайды, Ол басқа ұлттардың да Құдайы ғой! 30 Себебі жалғыз бір-ақ Құдай бар. Ол сүндеттелген яһудилерді де, сүндеттелмеген халықтарды да сенімдері арқылы ақтап алады. 31 Біз «адамдар сенім арқылы ақталады» деп, Құдайдың заңын күшінен айырамыз ба? Жоқ, мүлдем олай емес! Керісінше, біз Құдайдың заңының күшін нығайтамыз.
1 Ал енді түп атамыз Ыбырайым туралы не дейміз? Ол осы мәселеде не тапты? 2 Егер Ыбырайым өз игі істері арқылы ақталған болса, онда ол мақтана алар еді; бірақ Құдай алдында емес. 3 Тауратта: «Ыбырайым Жаратқан Иеге сенді, сондықтан Жаратқан Ие оны Өзінің алдында ақтады» деп жазылған. 4 Мысалы, егер біреу еңбек етсе, онда ол жалақыны сый ретінде емес, тиісті ақы ретінде алады. 5 Ал егер адам Құдай алдында ақталу үшін өзінің игі істеріне сүйенбей, күнәкарды кешіретін рақымды Құдайға сенімін артса, онда ол осы сенімінің арқасында ақталады. 6 Құдай еңбегіне қарамай-ақ ақтаған сондай адамның бақытты екендігін Дәуіт пайғамбар да айтқан: 7 «Әділетсіз істері кешірілген, барлық күнәларынан ақталған қандай бақытты әрбір жан! 8 Иеміз мойнына кінә артпайтын қандай бақытты әрбір жан!» 9 «Бұл бақыттылық тек сүндеттелген яһудилерге ғана ма, әлде сүндеттелмеген халықтарға да арналған ба?» (Әрине, бұл халықтарға да арналған.) Біз жоғарыда Ыбырайым ата Құдайға артқан сенімінің арқасында ақталды дедік. 10 Ол қашан ақталды: сүндеттелмес бұрын ба, әлде кейін бе? Сүндеттелгеннен кейін емес, оған дейін ақталды. (Демек, Ыбырайым осы рәсімді орындау арқылы ақталған жоқ.) 11 Кейінірек қана Құдай Ыбырайымға сүндеттеу рәсімін орындауды бұйырды. Осы рәсім Ыбырайымның Құдайға деген сенімі арқылы ақталғандығын бекітетін белгі іспетті еді. Ал бұл сенім Ыбырайымда сүндеттелмей тұрғанда-ақ болған. Сонымен Ыбырайым — кейінгі замандарда сүндеттелмей-ақ Құдайға сеніп ақталатындардың рухани түп атасы. 12 Бұған қоса Ыбырайым (Мәсіхке сенуші) яһудилердің де түп атасы. Бұлар сүндеттеу рәсімінен өтіп қана қоймай, атамыз Ыбырайым сүндеттелмей тұрған кезде-ақ жүрген сенім жолына да түсті. 13 Құдай Ыбырайым мен оның ұрпақтарына жер бетін иемденулері жайында уәде берді. Бұл уәде Ыбырайымға заңды ұстанғаны үшін емес, (Жаратқан Ие сөзінде тұрады деген) сенімі арқылы ақталғаны үшін берілді. 14 Егер адамдар Құдайдың берген уәдесіне тек заңды ұстану арқылы ие бола алса, онда сенімнің ешбір пайдасы және уәденің ешқандай күші болмас еді. 15 Заң (оны мүлтіксіз орындамаған кісіні) Тәңірдің қаһарына ұшыратады, ал заң жоқ жерде оны бұзу да мүмкін емес. 16 Сонымен, Құдайдың уәдесі сенімге байланысты. Осылай бұл уәде Оның рақымымен беріліп, Ыбырайымның бүкіл ұрпағы үшін — Таурат заңы бар яһуди сенушілері үшін ғана емес, Ыбырайым сияқты Құдайға сенім артқан басқа ұлттар үшін де күшінде тұрады. Ыбырайым — Жаратқан Иенің еркімен бәріміздің рухани түп атамыз. 17 (Тауратта) «Мен сені көптеген халықтардың түп атасы етіп тағайындадым» деп жазылған ғой. Ал Ыбырайым өлгендерді қайта тірілтетін және жаңа нәрселерді жоқтан жарата алатын Құдайға сенімін артты. 18 Үміттенетін еш шара қалмаған кездің өзінде Ыбырайым үмітін үзбей, сенімінде берік тұра берді. Сондықтан да ол «Сенің үрім-бұтағың да осындай сансыз көп болады!» деген уәде бойынша көптеген халықтардың рухани түп атасы болды. 19 Жасы жүзге келіп қалған Ыбырайым өз денесінде ешқандай күш қалмағанын, әйелі Сараның да құрсағына бала бітпейтінін жақсы білгенімен, уайымдап сенімін әлсіретпеді. 20 Қайта, Ыбырайым Құдайдың уәдесіне күмәнданбай, Оған деген сенімінен қуат алды. 21 Осылай ол Тәңірдің өз уәдесін орындай алатынына қалтқысыз сеніп, Оған құрмет көрсетті. 22 Сондықтан да «Жаратқан Ие оны Өзінің алдында ақтады» деп жазылған. 23 «Жаратқан Ие оны ақтады» деген сөз Ыбырайымға ғана емес, 24 бізге де қатысты: біз Иеміз Исаны қайта тірілткен Құдайға деген сеніміміз арқылы ақталамыз. 25 Құдай Иеміз Исаны күнәміздің құнын өтеу үшін құрбандыққа қиды және ақталғандығымызды дәлелдеу үшін қайта тірілтті.
1 Сонымен, Иеміз Иса Мәсіхке деген сеніміміз арқылы ақталғандықтан, Оның арқасында Құдаймен татумыз. 2 Құдайдың осы рақымына бізге Иса Мәсіхтің арқасында, сенім арқылы жол ашылды. Енді Құдайдың рақымына бөленіп, салтанатты ұлылығын көреміз деген үмітімізге қатты шаттанамыз! 3 Иә, тіпті азап шегіп жүрсек те, шаттана аламыз. Себебі азаптың бізге шыдамды болуды үйренуге көмектесетінін білеміз. 4 Шыдамдылықтан сенімділік туады, ал сенімділік бізге үміт береді. 5 Бұл үміт алдамшы қиял емес, өйткені бізге сыйлаған Киелі Рухы арқылы Құдай жүрегімізді Өзінің сүйіспеншілігіне кенелтті. 6 Ақталуға ешқандай шарамыз болмай тұрғанда, Мәсіх Құдай алдын ала белгілеп қойған уақытында күнәкар біздер үшін жанын қиды! 7 Тіпті әділ біреу үшін өмірін құрбан ететін ешкім жоқ іспетті. Тым болмағанда, шынайы ізгі адам үшін бірен-саран кісі өмірін қиюға даяр болуы мүмкін. 8 Дегенмен, әлі де күнәкар болып жүрген кезімізде біз үшін Мәсіх өмірін құрбан етті! Осы арқылы Құдай бізге Өзінің зор сүйіспеншілігін дәлелдеді. 9 Енді біз Мәсіхтің қаны төгіліп құрбан болғандығы арқылы ақталған соң, Оның арқасында Құдайдың қаһарынан мәңгілік құтқарылатынымыз да сөзсіз! 10 Себебі бұрын біз Тәңірге әлі де қас болған кезде Оның рухани Ұлының өлімі арқылы Құдаймен татулассақ, енді татуласқандар ретінде Мәсіхтің өмірі арқылы толықтай құтқарылатынымыз сөзсіз! 11 Бұл ғана емес, біз Иеміз Иса Мәсіх арқылы Құдайдың Өзіне қатты шаттанып та жүрміз, өйткені Мәсіхтің арқасында Онымен татуластық. 12 Бұдан шығатын қорытынды мынау: бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді. Адамдардың бәрі де ажалды болды, өйткені барлығы күнә жасады. 13 Әрине, Мұса арқылы Таурат заңы берілгенге дейін де дүниеде күнә болған. Ал заң жоқ жерде күнәлар адамның мойнына артылмайды. 14 Бірақ та өлім Адам атадан Мұсаның заманына дейін өзінің билігін жүргізіп келді. Дәл Адам атаның Құдайдың анық бұйрығын бұзғаны сияқты күнә жасамағандарға да өлім билігін жүргізді. Адам атаға қарайтын болсақ, кейінірек келген Мәсіх жайында көп нәрселерді жақсырақ түсіне аламыз. 15 Алайда Құдайдың беретін сыйын және Адам атаның күнә жасауын салыстыруға болмайды: сол бір кісінің күнәсі арқылы бүкіл адамзат ажалды болды, ал Құдайдың рақымы және Оның бір Кісінің, яғни Иса Мәсіхтің рақымы арқылы берген сыйы одан қаншама зор! Осы сый көптеген адамдарға молынан тиді. 16 Құдайдың адамды тегін ақтауы мен Адам атаның күнә жасауы басқа жақтан қарағанда да тең емес: Адам атаның жасаған бір күнәсінен кейін Тәңір «кінәлісің» деген үкімін шығарды, ал адамзат жасаған көп күнәлардан кейін Ол «ақталдың» деген тегін сыйын берді! 17 Күнә жасаған бір кісі — Адам ата арқылы өлім бүкіл адамзатқа билік жүргізіп келеді. Сол сияқты, Құдайдың шексіз рақымын және әділдіктің тегін сыйын қабылдағандар бір Кісі — Иса Мәсіх арқылы өмірде билік құрады. 18 Сонымен, бір кісінің күнәсі бүкіл адамзатқа өлім жазасын алып келді. Ал өзге бір Кісінің әділ ісі (Оған сенушілердің) бәрін ақтап, мәңгілік өмір сыйлады. 19 Бір кісінің Құдайға мойынсұнбауы көптеген адамдарды күнәкар етті. Дәл солай, басқа бір Кісінің Құдайға мойынсұнуы арқылы көптеген адамдар ақталады. 20 Ал Таурат заңы болса, күнә туралы түсінігіміздің көбейе түсуі үшін берілді. Бірақ күнә қаншалықты көбейсе, Құдайдың рақымы одан да асып түсті. 21 Сонымен, күнәнің адамзатты билеп-төстеп, өлімге алып келгеніндей, Құдайдың рақымы да билік құрып, адамдарды ақтап, Иеміз Иса Мәсіх арқылы мәңгілік өмірге жеткізеді.
1 «Бұдан қандай қорытынды шығады? (Құдай күнәларымызды кешіретіндіктен) Оның рақымы молайсын деп күнә жасай берейік пе?» 2 Жоқ, олай істеуге болмайды! Өлген адам күнә жасамайды ғой. Біз (сенушілер) де сол өлген адамдай күнәға жоқ болдық. Қалайша бұдан былай күнә жасап өмір сүрмекпіз?! 3 Өздерің жақсы білесіңдер: Иса Мәсіхпен тығыз байланысқан бәріміз Онымен бірге рухани өлдік. Шомылдыру рәсімінен өткеніміз соны білдіреді. 4 Демек, Мәсіхпен тығыз байланысқанда біздер Онымен бірге рухани «өліп, жерлендік». Сонымен, Құдай Әке Өзінің ұлы құдіретінің арқасында Мәсіхті өлімнен қайта тірілтіп, жаңа өмір бергендей, біз де енді жаңаша өмір сүруіміз керек! 5 Себебі біз осылай рухани тұрғыдан Мәсіхпен бірге «өліп», күнәлі өмір салтымыздан біржола бас тартқан болсақ, енді өлімнен қайта тірілген Мәсіхпен тығыз байланыста тұрып жаңаша өмір сүрейік! 6 Мынаны білеміз ғой: бұрын өзіміз кім болсақ, сол күнәкар болмысымыз Мәсіхпен бірге айқышта өлді. Осылай біздің күнә билеген болмысымыз күшінен айырылды, сондықтан енді күнәнің құлы емеспіз! 7 Өйткені адам өлгенде күнәнің билігінен босатылады. 8 Ендеше, біз Мәсіхпен бірге рухани өлгендіктен, Онымен байланыста өмір сүретінімізге де кәміл сенеміз. 9 Себебі өлімнен тірілген Мәсіх енді қайтып өлмейді, бұдан былай өлім Оған билігін жүргізе алмайды, мұны білеміз. 10 Мәсіх өлгенде күнәға біржола жоқ болды, енді Ол Құдайдың құрметі үшін өмір сүреді. 11 Сендер де өздеріңді «күнәға жоқпыз, енді Құдайдың құрметі үшін Иса Мәсіхпен тығыз байланыста өмір сүреміз» деп есептеңдер! 12 Сондықтан күнә ажалды тәндеріңді билемесін! Яғни тәндеріңнің күнәлі құмарлықтарына еріп кетпеңдер! 13 Дене мүшелеріңді күнә жасау үшін қолданып әділетсіздіктің құралы етпеңдер! Қайта, сендер рухани өлімнен шынайы өмірге өтіп келдіңдер; сондықтан өздеріңді Құдайдың қызметіне арнап, дене мүшелеріңді де Оған бағыштап, оларға әділ істер істетіңдер! 14 Күнә сендерге билігін жүргізбеуі керек, себебі сендер енді Таурат заңына емес, Құдайдың рақымына бағынасыңдар. 15 «Бұдан қандай қорытынды шығады? Біз Таурат заңына емес, Құдайдың рақымына бағынғандықтан, күнә жасай берейік пе?» Жоқ, олай істеуге болмайды! 16 Сендер білесіңдер ғой: егер біреуге бағынып, оның еркін орындасаңдар, онда сол қожайындарыңның құлы боласыңдар. Сол сияқты, сендер не мәңгілік өлімге апаратын күнәға құл боласыңдар, не Құдайға мойынсұнып, әділдікке қызмет етесіңдер. 17 Құдайға шүкір, сендер бұрын күнәнің құлы болғанмен, енді алған тәлімнен тапқан ақиқатқа бет бұруға шын жүректен шешім қабылдадыңдар. 18 Күнәнің үстемдігінен босағанда әділдіктің «құлы» болдыңдар. 19 Түсініктеріңнің әлі де аз екенін ескеріп, осы қарапайым сөздерді қолданып отырмын. Бұрын сендер дене мүшелеріңді әділетсіздіктің құралы қылып, арам да заңсыз нәрселерге қызмет еткізгендерің сияқты, енді Құдайға бағышталған қасиетті өмір сүру үшін дене мүшелеріңді әділдікке қызмет етуге арнаңдар! 20 Күнәнің құлы болып жүргенде сендер әділдіктің билігінде болмадыңдар. 21 Сол кездегі өмір салттарыңнан қандай нәтижелер көрдіңдер? Олар қазір өздерің де ұялатын істер еді. Солардың ақыры — мәңгілік өлім! 22 Енді сендер күнәнің үстемдігінен босатылып, Құдайдың қызметіне кірдіңдер. Бұның өнімі — Құдайға бағышталған қасиетті өмір. Ал түпкі нәтижесі — мәңгілік өмір. 23 Күнәнің беретіні — (мәңгілік) өлім, ал Құдайдың беретін сыйы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы мәңгілік өмір.
1 Қымбатты бауырластар, сендер заң туралы білетіндіктен айтып отырмын: заң адамға оның көзі тірісінде ғана билігін жүргізеді, соны білесіңдер ғой. 2 Мысалы, тұрмысқа шыққан әйел күйеуінің тірісінде оны тастап кетсе, бұнысы неке заңына қарсы. Бірақ күйеуі өлсе, әйел оған қосқан заңның ықпалынан босайды. 3 Сонымен, егер бір әйел күйеуін тірі кезінде тастап, басқа еркекпен тұрса, ондайды неке бұзушы дейді. Ал күйеуі өлсе, әйел неке заңынан босайды. Бұдан кейін басқа біреуге қосылса, неке бұзушы болып саналмайды. 4 Сол сияқты сендер де, бауырластарым, Мәсіхтің тәні өлгенде рухани тұрғыдан Онымен бірге «өлдіңдер», сонымен Таурат заңын орындау міндетінен босадыңдар. Енді сендер басқа Біреудің қарамағындасыңдар: Ол — өлімнен қайта тірілген Мәсіх. Сондықтан біз Құдайға қызмет етіп, рухани жеміс бере аламыз. 5 Біз әлі де ескі күнәкар болмысымыздың билігінде жүрген кезде заңның өзі бойымызда күнәлі құмарлықтарды қоздырып оятты. Осылайша біз нәтижесі өлім болатын нәрселерді істеп келдік. 6 Ал енді біз өзімізді байлап қойған Таурат заңын орындау міндетінен босатылдық, себебі рухани тұрғыдан «өліп», оған жоқ болдық. Ендеше Құдайға бұрынғыдай тек заңның баптары бойынша емес, Киелі Рухтың жетелеуімен жаңаша қызмет етеміз. 7 «Бұдан қандай қорытынды шығады? (Бойымыздағы күнәлі құмарлықтарды қоздырып, оятқандығына бола) Таурат заңы күнәлі ме?» Жоқ, мүлдем олай емес! Бірақ заң болмаса, күнә жасағанымды білмес едім. Мысалы, Таурат заңы «Басқаның иелігіне сұқтанба!» демесе, сұқтанудың күнә екенін білмес едім. 8 Алайда күнә жағдайды пайдаланып, осы өсиеттің көмегімен менің бойымдағы күнәлі құмарлықтардың әр түрін қоздырды. Заң болмағанда күнә туралы білім болмас та еді. 9 Бір кезде заңды білмей өмір сүрдім. Ал заңның өсиеттерін естіген соң мен күнә туралы түсіне бастап, 10 рухани тұрғыдан өлгенімді, яғни Құдайдан ажырағанымды, білдім. Осылай Құдайдың нағыз өмірге жөн сілтейтін өсиеті маған өлім алып келді. 11 Себебі күнә жағдайды пайдаланып, мені еліктіріп, рухани өлімге душар етті. 12 Ендеше Таурат заңы қасиетті, өсиет те қасиетті, әділ және игі. 13 «Сонымен осындай игі заң маған рухани өлімді (яғни Құдайдан ажырауды) әкелгені ме?» (деп біреудің сұрауы мүмкін.) Жоқ, мүлдем олай емес! Қайта, күнәлі құмарлық игі заңды пайдаланып, өлім әкелді. Бұл, күнәнің шын мәнінде нағыз жаман, жексұрын нәрсе екенін өсиет арқылы анық көрсету үшін осылай болды. 14 Таурат заңының Құдай Рухынан шыққанын білеміз, ал мен пенде ретінде күнәлі құмарлықтардың құлдығындамын. 15 Не істеп жүргенімді өзім де түсінбеймін: қалағанымды емес, керісінше, жек көретінімді істеп жүрмін. 16 Ал өзім қаламайтын қылықтарды істегендіктен, Таурат заңының игі екенін іштей мойындаймын. 17 Онда жаман нәрсені істеген мен емес, бойымдағы күнәлі құмарлық. 18 Менің бойымда, яғни ескі күнәкар болмысымда, жақсылық жоқ екенін білемін; сондықтан да жақсылық жасағым келсе де, оны жүзеге асыратын күшім жоқ. 19 Осылай мен қалаған игілікті емес, қаламайтын жамандықты жасаймын. 20 Ал енді, өзім қаламайтын жамандықты жасағанымда бұны істеген мен емес, бойымдағы күнәлі құмарлық. 21 Осылай мен байқаған заңдылық мынау: жақсылық жасағым келсе де, бойымдағы жаман құмарлық қарсы тұрады. 22 Іштей Құдай заңына ризамын, 23 бірақ бойымда басқа бір заңдылықтың да бар екенін байқаймын: ол ақыл-ойым қалайтын жақсылыққа қарсы шығып, мені бойымдағы күнәлі құмарлыққа кіріптар етеді. 24 Сорлы басым-ай! Өлім әкелетін күнәлі тәнімнен мені кім құтқара алады? 25 Құдайға шүкір, Иеміз Иса Мәсіх арқылы (бойымыздағы күнәлі құмарлықтың құлдығынан құтқарыла аламыз)! Сонымен, жағдайым мынадай: ақыл-ойыммен Құдайдың заңын орындағым келеді, ал ескі күнәкар болмысымның кесірінен күнәлі құмарлыққа кіріптармын.
1 Енді Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы адамдарға Құдай жазалау үкімін шығармайды. (Олар өздерінің ескі күнәкар болмысының емес, Құдайдың Киелі Рухының қалауына сай өмір сүреді.) 2 Себебі Иса Мәсіхпен тығыз байланыстырып, жаңа өмір сыйлаған Киелі Рух мені күнәлі құмарлық пен рухани өлімнің күштеуінен азат етті. 3 Біздің ескі күнәкар болмысымыз (Таурат заңын мүлтіксіз орындауға) дәрменсіз болғандықтан, осы заң істей алмағанды Құдайдың Өзі істеді: Ол Өзінің рухани Ұлын күнәміздің құнын өтеп құрбандық болу үшін күнәлі біздердің денеміздей денемен осы дүниеге жіберді. Біздің күнәмізге бола Құдай Оған үкім шығарып, Оның денесіне өлім жазасын тартқызды. 4 Ондағы мақсаты — біздің ескі күнәкар болмысымыздың еркі бойынша емес, Киелі Рухтың еркіне сай өмір сүріп, Құдайдың заңының әділ талаптарын орындауымыз. 5 Өзінің ескі күнәкар болмысының еркі бойынша өмір сүретін әрбір жан сол болмысының қалауын жүзеге асыруға ұмтылады. Ал Киелі Рухтың жетелеуімен өмір сүретіндер Киелі Рухтың қалауын орындауға ниет етеді. 6 Күнәкар болмыстың қамын ойлау мәңгілік өлімге, ал Киелі Рухтың еркін орындау шынайы өмір мен тыныштыққа жеткізеді. 7 Ескі күнәкар болмысымыздың ниеті Құдайға қас, ол Құдайдың заңына бағынбайды, әрі бағына алмайды да. 8 Сондықтан ескі күнәкар болмысының еркімен өмір сүретіндер Құдайға ұнай алмайды. 9 Бірақ Құдайдың Рухы өмірлеріңнен орын алғандықтан, сендер ескі күнәкар болмыстарыңның емес, Құдай Рухының жетелеуімен өмір сүрудесіңдер. Ал бойында Мәсіхтің Киелі Рухы жоқ адам — Мәсіхтің адамы емес. 10 Егерде Мәсіх (Өзінің Рухы арқылы) өмірлеріңнен орын алған болса, онда тәндерің күнәнің кесірінен ажалды болғанмен, рухтарың ақталудың арқасында мәңгілік өмірге ие. 11 Өлімнен Иса Мәсіхті қайта тірілткен Құдайдың Киелі Рухы өмірлеріңнен орын алды. Сондықтан Құдай бойларыңда тұратын Өзінің Киелі Рухы арқылы сендердің денелеріңді де өлімнен тірілтіп алатын болады. 12 Сондықтан, қымбатты бауырластар, ескі күнәкар болмысымыздың еркімен өмір сүруге міндетті емеспіз! 13 Өйткені егер оның еркіне сай өмір сүрсеңдер, Құдайдан ажырап, мәңгілік өлімге ұшырайсыңдар. Ал егер Киелі Рухтың күшімен күнәкар болмыстарыңның іс-әрекетінен мүлдем бас тартсаңдар, шынайы өмір сүресіңдер. 14 Өйткені Құдай Рухының жетелеуімен жүретіндер — Құдайдың рухани балалары. 15 Сендер өздеріңді құл етіп, қайтадан қорқытып жүретін рухты емес, Құдайдың рухани баласы еткен Киелі Рухты қабылдадыңдар. Ол арқылы біз Тәңір Иеге сиынғанда «Әке, Әке!» деп шақырамыз. 16 Киелі Рух Құдайдың рухани баласы екенімізді өз рухымызға растайды. 17 Рухани баласы болғандықтан, Оның бізге дайындап қойған мәңгілік игіліктеріне де ие боламыз: Құдай Мәсіхке сыйлағандары іспетті игіліктерді бізге де сыйламақ. Егер Мәсіхтің жолында жүріп, азабына ортақ болсақ, Оның салтанатты ұлылығына да ортақ болып, сол игіліктерді қабылдаймыз. 18 Болашақта біз үшін анық көрінетін салтанатты ұлылықпен салыстырғанда, қазіргі заманның азаптарының түк емес екендігіне әбден сенемін. 19 Бүкіл жаратылыс Құдай Өзінің рухани балаларын анық көрсететін күнді сағына күтіп отыр. 20 Өйткені жаратылыс өз еркімен емес, Құдайдың үкімімен өткіншілікке бағынды. 21 Солай бола тұра, Құдай бізге болашақта жаратылыс та өткіншіліктің құлдығынан босатылып, Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына жетеді деген үміт берді. 22 Қазірге дейін бүкіл жаратылыстың толғақ азабы секілді бейнет шегіп, ыңқылдай күрсініп жатқанын білеміз. 23 Бірақ ол ғана емес, Құдайдың алғашқы сыйы ретінде Киелі Рухты қабылдаған біз де іштей ыңқылдай күрсіне отырып, Құдай бізді рухани баласы ретінде Өзіне алатын, осылай тәнімізді өткіншіліктен азат ететін күнді сағына күтудеміз. 24 Құтқарылғаннан бері біздің осындай үмітіміз бар. Ал орындалған үмітті ешкім үміт демейді, өйткені ол іске асқанда үміт болудан қалады. 25 Енді біз әлі де орындалмаған нәрсеге үміт артқандықтан, оны сабырмен сағына күтеміз. 26 Сонымен қатар әлсіреген бізді Киелі Рух та қолдайды. Тәңір Иеден не тілейтінімізді дұрыстап білмесек те, Киелі Рухтың Өзі біз үшін өтініш етіп, сөзбен айта алмас ыңқыл, күрсінісімізді Оған жеткізеді. 27 Ал Тәңір Ие адам жүрегінің түкпір-түкпіріндегіні біледі. Киелі Рух Құдайдың адамдары үшін Оның еркіне сай өтініш жасағанда Құдай Киелі Рухтың ниетін де түгелдей түсінеді. 28 Тағы да мынаны білеміз: барлық жағдайларда Құдай Өзін сүйетіндердің игілігі үшін әрекет етеді, себебі Ол бізді өз мақсатына сай таңдап алды. 29 Құдай алдын ала білетін біздерді Өзінің рухани Ұлының үлгісіне ұқсасын, осылайша рухани Ұлы көптеген бауырластарының арасындағы тұңғышы іспетті аса қадірлі болсын деп бұрыннан белгілеп қойған еді. 30 Құдай кімдерді бұрыннан белгілеп қойса, соларды шақырып алды, шақырып алғандарын ақтап та алды, ақтап алғандарына ұлылық та сыйлады. 31 Бұл жайында не дейміз? Құдай жақтаса, бізге кім қарсы шыға алады?! 32 Ол Өзінің жалғыз рухани Ұлын аямай, Оны біз үшін өлімге қиды. Ендеше Онымен бірге бізге қажеттінің бәрін қалайша сыйламайды? 33 Құдайдың таңдап алғандарына кім айып таға алады? Құдайдың Өзі оларды ақтайды, 34 ендеше кім үкім шығара алады? Мәсіх Иса біз үшін өлді, Ол қайта тірілді де. Содан Ол Құдайдың оң жағынан орын алып, бізді қолдауда. 35 Мәсіхтің сүйіспеншілігінен бізді не айыра алады? Азап пен қысым ба, қудалану мен аштық-жалаңаштық па, әлде қауіп пен семсер ме? 36 Забурда мына сөздер жазылған: «Сен үшін олар бізді күнде жоюда, сойылатын қой деп бізге қарауда». 37 Ал осының бәрінде біз өзімізді шексіз сүйетін Иеміздің арқасында ұлы жеңіске жетеміз. 38 Мен мынаған нық сенемін: өлім де, өмір де, періштелер де, жын-перілер де, бүгінгі күн де, болашақ та, табиғаттан тыс күштер де бізді Құдайдың сүйіспеншілігінен айыра алмайды! 39 Рас, не үстіміздегі, не астымыздағы ешқандай күш те, тіпті жаратылыстың басқа ешбір нәрсесі де бізді Құдайдың Иеміз Иса Мәсіх арқылы көрсетіп жүрген сүйіспеншілігінен айыра алмайды!
1 Мен Мәсіхпен тығыз байланыстағы адам ретінде жалған емес, шындығын айтып отырмын, Киелі Рухқа бағынған ар-ұжданым бұған куә: 2 қасіретім зор, жүрегім үздіксіз сыздайды; 3 егер қанымыз бір бауырлас яһуди халқының сенімге келуі үшін менің қарғысқа ұшырап, Мәсіхтен аластатылуым қажет болса, соған да дайын болар едім. 4 Олар — Құдай рухани баласы ретінде қабылдап, Өзінің салтанатты ұлылығын көрсетіп, әлденеше Келісім жасасқан Исраил халқы. Таурат заңы, киелі үйдегі қызмет және Құдайдың уәделері де солардың үлесінде. 5 Ыбырайым, Ысқақ, Жақып және оның ұлдары осы халықтың түп аталары болған. Мәсіхтің Өзі де адам кейпінде олардың Ұрпағы болып дүниеге келді. Ол — Құдай, бүкіл жаратылыс Оның қолында, Ол мәңгі мадақтала берсін! Аумин. 6 Ал яһудилердің көпшілігінің Мәсіхті мойындамағандығы Құдайдың берген сөзін орындамағанын білдірмейді. Исраилден тарағандардың бәрі бірдей шынайы Исраил қауымы емес қой; 7 Ыбырайымнан тарағандардың бәрі бірдей оның Құдай таңдап алған ұрпағы да емес. Қайта, Құдай Ыбырайымға: «Сенің ұрпағың Ысқақтан тарайтын болады», — деді. 8 Олай болса, Ыбырайымның кіндігінен тараған балалардың бәрі емес, тек Ысқақ сияқты Құдайдың уәдесі бойынша дүниеге келген үрім-бұтағы ғана нағыз ұрпағы деп есептеледі. 9 Өйткені Құдайдың Ыбырайымға берген уәдесі былай болған: «Келесі жылы осы уақытта Мен саған тағы да келемін. Сонда әйелің Сараның ұлы болады». 10 Рабиға жөнінде де тура осылай болды. Оның екі ұлы бір әкеден, яғни түп атамыз Ысқақтан, туған. 11 Бірақ егіз ұлдары (Есау мен Жақып) дүниеге келмей, әрі не жақсылық, не жамандық жасамай тұрған кезде-ақ, Құдай екеуінің біреуін таңдап алды. 12 Бұл жерде Құдайдың адамдарды олардың істеген істері бойынша емес, Өзінің еркі бойынша таңдап алуы айқын көрінеді. Ол Рабиғаға: «Ағасы інісінің қызметшісі болмақ», — деген хабар жіберді. 13 Сол сияқты Оның мына тәрізді сөздері де жазылған: «Мен Жақыпты сүйіп таңдап алдым, ал Есауды таңдамадым». 14 Бұл нені білдіреді? Құдайдың әділетсіз болғаны ма? Жоқ, мүлдем олай емес! 15 Құдай Мұса пайғамбарға: «Мен қалаған адамыма рақымды боламын, таңдап алғаныма мейірімімді шашамын», — деген. 16 Яғни Құдайдың таңдап алуы адамның қалауы мен әрекетіне емес, Құдайдың рақымына байланысты. 17 Тауратта Өзіне қарсы шыққан Мысыр патшасы перғауынға Құдайдың былай дегені де жазылған: «Саған (істейтінім арқылы) құдіретімді көрсетіп, бүкіл жер жүзіне атымды шығару үшін ғана сені патша етіп қойдым». 18 Сонымен, Құдай Өзі қалағандарына рақымын төгіп, ал жаратпағандарын қасарыстырып қояды. 19 Мүмкін, біреулерің маған: «Олай болса, Құдай бізді неге кінәлайды? Оның еркіне кім қарсы шыға алар еді?» деп айтарсыңдар. 20 Ей, пенде, Құдайға қарсы сөйлейтіндей сен кімсің?! Жаратылған нәрсе өзін жаратқанға: «Неге мені осылай жараттың?» деп айта ма? 21 Қайта, құмырашы бір балшықтан алып, біреуін сән-салтанатқа, келесісін қарапайым қолданысқа арнап екі ыдыс жасаймын десе, ерікті емес пе? 22 Ал мынаған не дейсіңдер: Құдай біреулеріне күнәлары үшін қаһарын төгіп, құдіретін көрсетпек болды. Бұлар құртылуға лайықты болса да, Құдай солардың жаман іс-әрекеттеріне үлкен сабырлықпен шыдап келген еді. 23 Ал басқалары арқылы Құдай Өзінің шексіз ұлылығын көрсетпек болып, оларға рақымын төкті. Бұларды Ол көктегі салтанатты ұлылықты иемденуге алдын ала дайындаған еді. 24 Осы үшін Құдай бізді яһудилерден ғана емес, басқа ұлттардан да шақырды. 25 Бұл туралы Ол Ошия пайғамбар арқылы былай деген: «Мен «Халқымеместі» енді «Өзхалқым» деймін, сүймегенімді «Сүйіктім» деп атаймын». 26 Және: «Олар «халқым емессіңдер» делінген жердің өзінде енді «мәңгі тірі Құдайдың рухани балалары» деп аталады». 27 Ишая пайғамбар Исраил жайында дауыстап мынадай сөздер айтқан: Исраилдің ұрпақтары теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз көп болса да, олардың біразы ғана аман қалады. 28 Иә, Жаратқан Ие бұл үкімін жер бетінде тездеп, (шексіз әділдікпен) біржола іске асырады. 29 Ишаяның алдын ала айтып кеткен мына сөзі де дәл келді: «Әлемнің Иесі біразымызды тірі қалдырмағанда, біз де ежелгі Содом мен Ғомора қалаларының кебінін киіп, толықтай жойылып кеткен болар едік». 30 Бұған не дей аламыз? Құдай алдында ақталуға тырыспаған басқа ұлт адамдары сенімдері арқылы ақталды, 31 бірақ Таурат заңын орындау арқылы ақталуға тырысқан Исраил халқы бұл мақсатқа жете алмады. 32 Неге жете алмады? Себебі олар сенім арқылы емес, өз еңбектері арқылы ақталуға тырысты. Сондықтан Мәсіх олар үшін сүріндіретін «кедергі тас» іспетті болды. 33 Бұл туралы да осы тәрізді сөздер алдын ала жазылған еді: Міне, Мен Сион қаласында кедергі тасты орнатып қоямын. Бұған көбі сүрініп, құлайды. Ал «Оған сенімін артқан ешкім ұятқа қалмайтын болады лайым».
1 Қымбатты бауырластар, менің жүрегімнің тілегі және Құдайдан жалбарынып сұрайтыным — исраилдіктердің құтқарылуы. 2 Олардың Құдай үшін ынта көрсетіп жүргендеріне куәмін, алайда ынталары дұрыс түсінікке негізделмеген. 3 Өйткені олар Құдайдың адамды ақтау жолын ұқпай, өздерінің әділдігін орнатуға тырысты, осылайша Тәңір Иенің дайындаған ақтау жолын мойындамай қойды. 4 Адамдардың Таурат заңын ұстануға ұмтылысын Мәсіх тоқтатты, енді Оның құрбандық өліміне сенетіндер ақталады. 5 Таурат заңының ережелерін орындау арқылы ақталу туралы Мұса пайғамбар былай деп жазған: «Оларды бұлжытпай орындайтын адам солар арқылы өмір сүреді». 6 Ал сенім жолымен ақталу туралы Тауратта мына тәрізді сөздер айтылған: Кім көкке көтеріледі? Яғни кім Мәсіхті көктен алып келеді? — деп іштей сұрама. 7 Немесе: Кім тұңғиыққа түседі? Яғни кім Мәсіхті өлімнен қайтарып алып келеді? — деп те айтпа. 8 Қайта, сенім жолымен ақталу жөнінде былай делінген: «Бұл сөз саған өте жақын, ол ауызыңда және жүрегіңде». Сенім туралы біз жариялап жүрген сөз — осы. 9 Өз аузыңмен Исаны Жаратқан Ием деп мойындасаң, жүрегіңде Құдайдың Оны өлімнен қайта тірілткеніне сенсең, онда құтқарыласың. 10 Себебі Мәсіхке жүрегімен сенуі арқылы адам күнәсінен ақталады, Оны аузымен мойындауы арқылы құтқарылады. 11 Осы туралы Ишая пайғамбардың жазбасында «Оған сенімін артқан ешкім ұятқа қалмайтын болады лайым» делінген ғой. 12 Бұл жерде яһудилер мен басқа ұлттардың араларында айырмашылық жоқ, олардың жалғыз бір Жаратқан Иесі бар: Ол Өзіне сиынғандардың бәріне де шексіз рақымды. 13 Себебі: «Иеміздің атын атап Оған сиынған әркім құтқарылады» деп те жазылған. 14 (Енді былай деулерің де мүмкін:) «Олар Иемізге сенбесе, қалай Оған сиынады? Ол туралы естімесе, қалай сенеді? Оны ешкім уағыздамаса, қайдан естиді? 15 Ал Құдай жібермесе, қалай уағыздайды?» Пайғамбарлар жазбаларында мына тәрізді сөздер бар: (Татулық туралы) ізгі хабарды жеткізушілердің келгені қандай тамаша! 16 Бірақ Құдай Ізгі хабарды жіберген болса да, исраилдіктердің бәрі бірдей оған сенген жоқ, оны қабылдаған да жоқ. Осы туралы Ишая пайғамбар мынадай сөздер айтқан: Уа, Ием, біздің хабарымызға азғана кісілер сенді! 17 Сонымен, сенім хабарды естуден келеді, ал естудің өзі Мәсіхтің сөзін жариялаудан болады. 18 Енді: «Олар хабарды естіген жоқ па?» деп сұрағым келіп тұр. Әрине, естіген. «Үндері жайылады бар жер бетіне, сөздері таралады жердің шетіне» деп (Забурда) жазылған ғой. 19 Онда мен: «Мүмкін Исраил халқы түсінбеген шығар?» деп сұраймын. Тіпті басқа ұлттық адамдар оны түсінді ғой! Мұса пайғамбар мұны бірінші болып Құдайдың мына тәрізді сөздерімен алдын ала айтты: «Мен халық сиқы жоқ бөтендер арқылы сендердің қызғаныштарыңды оятамын. Иә, өздерің түсінігі жоқ деп санайтын өзге халықпен сендерді ашуландырамын!» 20 Ишая пайғамбар бұл туралы батылдықпен Құдайдың мынадай хабарын жеткізді: «Іздемегендер Мені таба алды. Мен туралы сұрамағандарға Өзімді көрсеттім». 21 Ал Исраил халқы жайында Құдай мына тәрізді сөздер айтты: «Мен құлақ аспайтын, қасарысқан халықты күні бойы қол созып шақырумен болдым».
1 Ал енді мынаны сұрайын: «Құдай өз халқынан біржола бас тартты ма?» Жоқ, мүлдем олай емес! Мен өзім де исраилдікпін, Ыбырайымның ұрпағынан, Бунямин руынан тарағанмын. (Алайда Мәсіхке сенемін.) 2 Демек, Құдай баяғы заманда ерекше таңдап алған халқынан біржола бас тартқан жоқ. Ілияс пайғамбар туралы Пайғамбарлар жазбаларында не айтылғаны естеріңде ме? Ол Құдай алдында Исраил туралы былай деп шағым айтқан: 3 «Уа, Жаратқан Ие! Олар Сенің пайғамбарларыңды өлтіріп, Саған арналған құрбандық үстелдерін қиратты. Жалғыз өзім ғана қалдым, олар енді менің жанымды да алмақшы». 4 Құдайдың оған берген жауабы былай емес пе: «Мен Өзіме жеті мың адамды аман қалдырып отырмын. Олар (Маған адал болып, жалған тәңір) Бағал алдында тізе бүкпегендер». 5 Сол сияқты, қазірдің өзінде де Құдай Исраил халқының ішінен рақым етіп таңдап алған шағын топ Мәсіхке сенеді. 6 Ал Құдай рақым етіп таңдаған болса, онда оларды еңбектері үшін таңдамағаны. Әйтпесе рақым нағыз рақым болмас еді. 7 Бұның мәнісі не? Исраил халқы көздеген мақсатына жеткен жоқ, бірақ оның ішінен таңдап алынғандар оған жетті. Қалғандары қасарысып, сене алмай қалды. 8 Бұл туралы мынадай сөздер жазылған ғой: «Құдай олардың ақыл-саналарын ұйықтатты. Олар көздері болғанмен (шындықты) көрмейді, құлақтары болғанмен (Құдайдың сөзін) естімейді, әлі күнге дейін солай». 9 (Жауыз дұшпандарын Жаратқан Ие дәрменсіз қылсын деп сұраған кезде) Дәуіт пайғамбардың айтқаны мынадай болды: «Мол дастарқандары жауларыма тор болсын, бейқам ішкен астары тұзақ боп айналсын; содан олар тұтқындалып, жазалансын! 10 Көздері көре алмастай тұмандансын, белдері ұдайы бейнеттен бүкшиіп қалсын!» 11 «Ал енді, яһудилер Мәсіхті қабылдамай күнә жасағанда Құдайдан біржола ажырап кетті ме?» — деп сұрасам деймін. Жоқ, мүлдем олай емес! Алайда олардың безіп кетуі арқылы басқа халықтарға құтқарылу жолы ашылды. Құдай осылай исраилдіктердің қызғанышын оятпақ. 12 Ендеше, бұлардың безіп кеткендіктері қалған адамзатты рухани байлыққа жеткізсе, әрі зиян шеккендіктері басқа халықтарға пайдалы болса, онда олардың Құдайға толық мойынсұнулары адамзатқа одан да зор игілік әкелмек! 13 Уа, басқа ұлт адамдары, ендігі сөзім сендерге арналады. Мен Мәсіхтің басқа халықтарға жіберген елшісі ретіндегі қызметімді құрметтеймін, 14 осылайша ұлттастарымның қызғанышын оятып, олардың да бірсыпырасын құтқарсам деп үміттенемін. 15 Егер Құдайдың бұлардан бас тартуы арқылы басқа халықтар үшін Онымен татуласудың жолы ашылса, онда Құдайдың исраилдіктерді қайтадан қабылдауы қандай болады? Бұл оқиға өлімнен қайта тірілумен бірдей болмақ! 16 Мысалы, алғашқы өнімнен пісіріліп, Құдайға ұсынылатын нанның қасиетті болатынындай, соның қалған қамыры да қасиетті. Сол сияқты, ағаштың түбірі қасиетті болғанындай, оның бұтақтары да қасиетті. 17 Ал Құдай «асыл тұқымды зәйтүн ағашының бірнеше бұтақтарын», яғни яһудилердің көпшілігін, сындырып тастап, қалғандарының арасына басқа ұлттық сендерді теліп кіріктірді. Сендер жай ғана «жабайы зәйтүн ағашынан» болсаңдар да, енді «асыл ағаштың түбінен шыққан шырыннан» олармен бірге нәр алып жатырсыңдар! 18 Солай болғандықтан, сындырып алып тасталған сол «бұтақтарға» бола мақтанып шіренбеңдер! Ал егер біреуің шірене қалсаң, біліп қой: «ағаштың түбіне» сен нәр бермейсің, қайта, «түбі» саған нәр беріп тұр. 19 Ал сен: «Құдай мені теліп кіріктіру үшін бұрынғы бұтақтарды сындырып алып тастады ғой», — дерсің. 20 Дұрыс! Құдай сол яһудилерді Мәсіхке сенбеген соң («асыл ағаштан», яғни Құдай халқынан) сындырып алып тастады. Енді олардың орнында сен тұрсың, өйткені Мәсіхке сенесің. Ендеше өркөкірек болмай, сақ болып жүр! 21 Әйтпесе, тіпті «табиғи бұтақтарды» аямаған Тәңір Иенің сені де аямайтыны сөзсіз. 22 Сонымен, Құдайдың мейірімін әрі қатаңдығын көре аласың: Ол Өзіне мойынсұнбай, ажырап кеткендерге қатаңдық танытты. Ал егер сен Оның мейірімін бағалай білсең, соған кенеле бересің. Бірақ егер Оған мойынсұнудан бас тартсаң, сен де кесіліп тасталасың. 23 Сол яһудилер сенбеушіліктерінен бас тартса, олар да қайтадан телініп кіріктіріледі. Құдай оларды тағы да телуге құдіретті ғой. 24 Өйткені сендер «жабайы зәйтүн ағашынан» кесіліп алынып, қалыптасқан дағдыға қайшы «асыл тұқымды зәйтүн ағашына» телінгенсіңдер; сондықтан өзінің «табиғи бұтақтары» болғандар (яғни яһудилер) сол «ағашқа» оп-оңай-ақ «телініп» қайтарылмай ма?! 25 Бауырластарым, сендердің ақылгөйсіп мақтанбауларың үшін мына құпия жоспарды ашқым келеді: басқа ұлт адамдарының Құдай белгілеген саны Оның Патшалығына түгелдей кіріп болғанша, Исраил халқының бір бөлігі қасарысып, сенуден бас тартатын болады. 26 Осылай күллі Исраил құтқарылмақ. Бұл туралы Пайғамбарлар жазбаларында мынадай сөздер алдын ала айтылған еді: Сион қаласынан Құтқарушы келеді. Ол Жақыптың үрім-бұтағын теріс жолдарынан қайтарады. 27 Күнәларын кешірген кезімде Менің олармен жасайтын Келісімім осы болады. 28 Сол яһудилер Ізгі хабарды қабылдамағандықтан, олар Құдаймен қас, бұның пайдасы сендерге тиюде. Дегенмен Тәңір Ие ата-бабаларын таңдап алғандықтан, олардың өздерін де сүйеді. 29 Себебі Құдай уәде беріп, таңдап алғандығынан таймайды. 30 Басқа ұлттық сендер бұрын Құдайға мойынсұнбайтын едіңдер, ал қазір яһудилердің мойынсұнбағандығынан Оның рақымына ие болдыңдар. 31 Сол секілді бұл яһудилер де қазір Құдайға бағынбай жүр, бірақ Ол сендерге рақым етуі арқылы оларға да өз рақымын қабылдатпақ. 32 Сонымен Құдай барлық адамдардың Өзіне мойынсұнбай, құлдықта жүргендерін әшкереледі. Осылай Ол бәріне де рақымын көрсетпек. 33 О, неткен бай Құдайдың даналығы, Неткен терең Оның білік-парасаты; Шешімдеріне адам ақылы жетпес, Жолдарын Оның ешкім зерттеп бітпес! 34 «Кім Жаратқанның ақыл-ойын ұққан, Кеңесшісі болып бағыт берді Оған?» 35 «Құнын қайтарып аламын деп Құдайдан, Кім алдымен бір нәрсесін берген Оған?» 36 Себебі әлемнің бәрі де Құдайдан, Ол арқылы, Ол үшін пайда болған. Лайым Құдай мадақталсын әрқашан! Аумин.
1 Сонымен, бауырластарым, бізге осындай мол мейірімін төккені үшін өздеріңді Құдай жолына арнауға шақырамын. Өмірлерің Құдайға ұнамды, толықтай бағышталған, тірі құрбандықтай болсын: Оған лайықты рухани қызмет көрсетулерің осы болады. 2 Бұл күнәкар дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-тілектерің Құдайдың жаңартуымен түбегейлі өзгерсін! Осылай сендер Оның еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білетін боласыңдар. 3 Иеміз маған берген рақымға сүйене отырып, әрбіреуіңе айтамын: өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар! Қайта, Құдайдан сенім арқылы әрқайсыңның үлестеріңе қандай рухани дарындар тигенін ойлай отырып, өздеріңді саналы түрде бағалаңдар. 4 Денеміздің мүшелерінің көп, әрі олардың атқаратын қызметтерінің әр түрлі екеніндей, 5 біз бәріміз де көптігімізге қарамастан Мәсіхтің рухани денесіміз, осылай өзара байланысқан мүшелеріміз. 6 Құдайдың рақымымен әрқайсымыз ерекше рухани дарындарды қабыл алдық: сенің пайғамбарлық сөз сөйлеу дарының болса, хабардың Құдайдан келгендігіне деген сеніміңе сай оны жеткіз. 7 Сыбағаңа қызмет ету тиген болса, соныңды атқар, рухани тәлім беру дарының болса, оны қолдана бер. 8 Кімде жігерлендіруші дарын болса, сонысын орындай берсін, мұқтаждарға жәрдем үлестіруші де онысын ақпейілмен атқарсын. Жетекшілік етіп жүргендер шынайы еңбекқорлық көрсетсін және қайырымдылық жасайтындар оны қуанышпен істесін. 9 Сүйіспеншіліктерің адал болуы керек. Жамандықты жек көріп, жақсылықты берік ұстаныңдар. 10 Бір-біріңді бауырлардай сүйіп, өз бастарыңнан артық сыйлаңдар. 11 Лайым жақсылыққа деген талпыныстарың бәсеңдемесін; Иеміздің қызметінде жүріп, рухтарың жалындай берсін! 12 Әрдайым үміттеніп қуаныңдар, қиыншылыққа шыдап, Құдайға ұдайы сиыныңдар. 13 Оның мұқтаждыққа душар болған адамдарына көмектесіп, ынтамен қонақжайлылық танытыңдар! 14 Өздеріңді қудалағандарға Құдайдан жақсылық тілеңдер, оларды қарғамай, ақ баталарыңды беріңдер! 15 Қуанғандардың қуанышына, қайғыланғандардың қайғысына ортақтасыңдар! 16 Өзара ынтымақтас болыңдар; өркөкірек емес, кішіпейіл болып, өздеріңді басқалардан ақылды санамаңдар! 17 Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар! Іс-әрекеттеріңнің жұрт алдында ізгі болуына тырысыңдар. 18 Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар. 19 Сүйікті бауырластарым, кек алмаңдар, соны Құдайдың қаһарына қалдырыңдар! Тауратта мынадай сөздер жазылған ғой: Кек алу — Менің ісім, зұлымдықтың есесін қайтарамын Мен Өзім, — дейді Иеміз. 20 Ал «жауың сенің аш болса тамақтандыр, Егер де шөлдесе шөлін қандыр! Мұныңменен сен басына оның Қызып тұрған шоқ жиғандай боласың». 21 Осылайша жамандықтан жеңілмей, оны жақсылықпен жеңіп шық!
1 Әрқайсың мемлекеттік билігі барларға мойынсұныңдар! Себебі мемлекеттік биліктің бәрі негізінде Құдайдан; қазіргі билікті де Құдай орнатқан. 2 Сондықтан билікке қарсы шыққандар Құдайдың орнатқан тәртібіне қарсы тұрады. Мұндай қарсыласқандар жазаларын тартатын болады. 3 Билеушілерден жақсылық істегендер емес, жамандық істегендер қорқуға тиіс. Билік иесінен қорықпай жүргің келсе, жақсылық істей бер, сонда одан мақтау аласың. 4 Өйткені ол сенің мүддең үшін Құдайға қызмет етуші. Ал егер жамандық істесең, қорыққаның жөн, ол семсерін беліне бекер байлап жүрген жоқ. Билік иесі — Құдайдың қылмыскерге жазасын тартқызатын қызметшісі ғой. 5 Сонымен, сендер тек жазадан қорыққандықтан ғана емес, ар-ұждандарыңның таза болуы үшін де мойынсұнуларың керек. 6 Сондықтан да алым-салық төлеп тұрсыңдар, себебі билік иелері — Құдайдың қызметіндегілер, олар ел басқарумен үздіксіз айналысуда. 7 Әркімге тиістісін беріңдер: алым-салықты — салықшыларға, кеден салығын — кеденшілерге төлеп, сый-құрмет пен қадірді — тиістілерге көрсетіңдер. 8 Қарыздарыңды уақтылы өтеп қайтарыңдар, әсіресе, бір-біріңді сүю парызын өтеп тұрыңдар. Адамның басқаларды сүюі Құдайдың заңын да орындағаны. 9 «Неке адалдығын бұзба; кісі өлтірме; ұрлық жасама; басқаның иелігіне сұқтанба!» және тағы басқа бұйрықтар Таурат заңында былай деп тұжырымдалған: «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» 10 Сүйіспеншілікке кенелген адам маңайындағыларға жамандық істемейді. Сондықтан сүйіспеншілік көрсету — Құдайдың заңын орындау. 11 Осыны іске асырыңдар, себебі қандай заманда өмір сүріп жатқанымызды білесіңдер: қазір рухани ұйқыдан оянып, сақ болатын уақытымыз келді. Біздің Мәсіхке сене бастаған кезімізден гөрі қазір құтқарылуымыз жақынырақ тұр. 12 Түнгі уақыт бітуге таяп қалды, ал Мәсіхтің күні жақындады. Сондықтан қара түнектегі жаман істерден бас тартып, жамандыққа қарсы тұратын «нұрдың қаруын» асынайық! 13 Күндізге жарасатындай әдетпен өмір сүрейік: шектен тыс той-думанға, маскүнемдікке, неке адалдығын бұзуға, азғындыққа, дау-дамайға әрі күндестікке салынбайық! 14 Одан да Иеміз Иса Мәсіхке беріле түсіп, Оны үлгі етіңдер. Ескі болмыстарыңның күнәлі құмарлықтарын қанағаттандыруды ойлаудан бас тартыңдар!
1 Сенімі әлсіз бауырластарды олардың ой-пікірлері жөнінде таласпай, қауымдарыңда қабыл алыңдар! 2 Мысалы, біреу «маған тамақтың бәрін де жеуге болады» деп сенсе, соған күмәнданатын басқа біреу көкөніс қана жейді. 3 Ет жейтін бауырлас одан бас тартқанды менсінбей жүрмесін. Ал еттен бас тартқан бауырлас оны жейтінді айыптамасын, өйткені Құдай соны да қабылдады. 4 Басқа Біреудің қызметшісін айыптауға қандай қақың бар?! Қызметшісін ақтау не айыптау — Иесінің ісі. Бауырласың ақталады әрі теріс жолға түсуден сақталады, себебі оны сенім жолында ұстауға Тәңір Иеміздің құдіреті жеткілікті. 5 Кейбіреулер бір күнді басқасынан қасиеттірек, ал өзгелері күндердің бәрін бірдей қасиетті деп санайды. Әрқайсысы осы мәселелер жайында күмәні болмау үшін олардың дұрыстығын ойлап, бір нақты шешімге келуі керек. 6 Бір күнді екіншісінен қасиеттірек көретін кісі оны Иеміз үшін істейді, ал күндерді бірдей көретіннің ниеті де солай. Ет жейтін де мұнысын Иемізді құрметтеу үшін істейді, ол жеген тамағы үшін Құдайға шүкірлік етеді ғой. Одан бас тартқан да солай, ол да Құдайға шүкірлік етеді. 7 Ешқайсымыз тек өзіміз үшін ғана өмір сүрмейміз де, өлмейміз де. 8 Себебі өмір сүрсек, Иемізді даңқтау үшін өмір сүреміз, ал өлсек, Иемізді даңқтау үшін өлеміз. Сонымен өмір сүрсек те, өлсек те, Иеміздің меншігіміз. 9 Мәсіх бәрінің де: өлгендер мен тірілердің Иесі болуы үшін жанын құрбан етіп, қайта тірілді. 10 Олай болса, мұндай ережелерді орындамайтын бауырласыңды айыптауға қандай қақың бар? Немесе оларды орындап жүрген бауырласыңа менсінбей қарауға қандай қақың бар? Бәріміз де Құдайдың қиямет сотының алдында тұрып, әшкереленетін боламыз. 11 (Ишая пайғамбардың жазбасында) мынадай сөздер жазылған: Мәңгі тірі Жаратқан Ие былай дейді: Менің алдымда әрбір адам тізе бүгіп, тіл біткен әр пенде Құдай екенімді мойындайтын болады деп өз атыммен ант етемін. 12 Демек, әрқайсымыз Құдай алдында өз іс-әрекетіміз үшін есеп береміз. 13 Ендеше бір-бірімізді айыптауды тоқтатайық! Қайта, бауырластарыңды істегендерің арқылы тура жолдан тайдырып, азғындыққа түсірмеуге шешім қабылдаңдар! 14 Мен Иеміз Исамен байланысқандықтан мынаған кәміл сенемін: ешқандай тамақ өзінен-өзі арам емес. Алайда біреу қайсыбір тағамды арам деп санаса, онда ол сол кісі үшін арам. 15 Ал егер сенің ондай тамақты жеуің бауырласыңның ар-ұжданы мен сеніміне нұқсан келтірсе, бұл ісің сүйіспеншілікке жатпайды. Тамаққа бола бауырласыңды теріс жолға түсірме! Мәсіх өз жанын сол бауырласың үшін де құрбан етті. 16 Істеріңе бола жұрттың Ізгі хабарды ғайбаттауына жол бермеңдер! 17 Құдайдың Патшалығы ішіп-жеуде емес, Киелі Рухтың күшімен әділ, өзара тату, қуанышты өмір сүруде. 18 Мәсіхке осылай қызмет еткендер Құдайға ұнамды, адамдарға қадірлі болады. 19 Ендеше өзара тату жүріп, бір-біріміздің рухани өсуімізге көмектесетіннің барлығына жан-тәнімізбен ұмтылайық! 20 Жейтін тамаққа бола бауырластардың өміріндегі Құдайдың ісін бұзба! Әрине, тамақтың бәрі де адал, бірақ біреудің кейбір тағамды ішіп-жеуі басқа сенушілердің өз ар-ұждандарына қайшы іс істеулеріне түрткі болуы дұрыс емес! 21 Егер ет жеу, шарап ішу немесе басқа нәрсе істеу бауырласыңның сенім жолынан тайып, азғындыққа елігіп, рухани әлсіреуіне себеп болса, ондай нәрселерден бас тартқаның жөн. 22 Осы мәселе жайында ұстанған сенімің жеке өзің мен Құдай арасында болсын. Өзінің дұрыс деп таңдағанын істегенде ар-ұжданы айыптамайтын адам бақытты! 23 Ал бір тамақты жеп отырып, «мұным дұрыс емес пе» деп күмәнданған адам айыпталады. Себебі ол соны сеніммен істеген жоқ. Адамның дұрыс екендігіне күмәні бола тұра істеген істерінің бәрі де күнә. 24 Менің Иса Мәсіх туралы уағыздаған Ізгі хабарыма деген сенімдеріңді нығайтуға Құдай құдіретті. Бұл Ізгі хабар ерте заманнан бері құпия болып келгенмен, 25 қазіргі уақытта ашылып жатыр. Осы хабар мәңгілік Құдайдың бұйрығы бойынша Пайғамбарлар жазбаларының уағыздалуы арқылы барлық халықтарға жариялануда. Мұндағы мақсат — олардың Мәсіхке сеніп Оған мойынсұнулары. 26 Даналықтың бірден-бір Иесі — Құдай. Оның даңқы Иса Мәсіх арқылы мәңгі арта берсін! Аумин.
1 Сенімі берік біздер күмәнданғандардың Таурат заңына сәйкес іс-әрекеттеріне төзіп, оларға көмектесуге тиіспіз. Тек өзімізге ұнайтынды ғана емес, 2 маңайымыздағы бауырластарға ұнайтынды да істеп, олардың игілігіне әрі рухани өсуіне себепші болуымыз керек. 3 Мәсіх те Өзіне емес, көктегі Әкеге ұнайтынды істеді. Забурда алдын ала былай деп жазылған: «Сені қорлағандардың ғайбаты Маған тиген». 4 Киелі жазбалардағы осындай сөздердің бәрі бізге тәлім болсын деп ежелде жазылып қалдырылды. Керемет болашағымыздан үміт үзбеуіміз үшін Киелі жазбалар арқылы табандылық пен жігерлілікке үйренеміз. 5 Осы табандылық пен жігердің бастауы — Құдай. Ол сендерді Мәсіх Исаның үлгісіне сай өзара татулыққа жеткізе көрсін. 6 Осылай ынтымақпен өмір сүріп, Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі — Құдайды бірігіп мадақтай аласыңдар. 7 Сонымен, Мәсіх өздеріңді қалай қабылдаса, сендер де бір-біріңді солай қабылдап, Құдайдың даңқын асырыңдар! 8 Сендерге айтамын: Мәсіх Құдайдың адалдығын дәлелдеу үшін сүндеттеу рәсімін ұстанып келген Исраил халқына қызмет көрсетті. Ол осылай Құдайдың ата-бабаларымызға берген уәдесін іске асырды. 9 Сонымен қатар, Мәсіхтің ісі басқа ұлттық сенушілердің Құдайдың өздеріне деген мейірімін мадақтауларына да себепші болды. Бұл туралы Киелі жазбаларда былай делінген: «Басқа халықтар арасында сондықтан Сені мадақтаймын, Сенің атыңа ән-жырымды арнаймын». 10 Киелі жазбалардың тағы бір жерінде мынадай сөздер бар: «Шаттаныңдар енді, уа, басқа ұлттар, Жаратқан Иенің халқымен қатар!» 11 Сондай-ақ: «Иемізді даңқтаңдар, барлық ұлттар, Оны мадақтаңдар, күллі халықтар!» — деп те жазылған. 12 Ал Ишая пайғамбар мынадай сөздерді жазып қалдырған: Есей ұлы Дәуіт патшаның «тамырынан» өскін іспетті шыққан Ұрпақ халықтарға билік құрады. Басқа ұлттар Оған үмітін артады. 13 Үмітіміздің бастауы — Құдай қандай жағдайда да бәріңді қуаныш пен тыныштыққа кенелте көрсін! Өздерің Оған сене отырып, Киелі Рухтың құдіретімен үміттерің молая түссін! 14 Бауырластарым, сендердің ниеттеріңнің ізгілікті болғанына кәміл сенемін. Осы жайттар туралы өздеріңе керектілердің бәрін де біліп, бір-біріңе бағыт-бағдар көрсете аласыңдар. 15 Бұған қарамастан мен осы хатымда бірқатар мәселелерді естеріңе түсіріп, едәуір ашық жаздым. Себебі Құдай маған рақым етіп мынадай міндетті тапсырды: 16 басқа халықтар арасында Иса Мәсіхке діни қызметкер іспетті қызмет етіп, сендерге Құдайдың Ізгі хабарын жеткізу. Осылайша басқа ұлт адамдарының өмірлерін Киелі Рух арқылы Құдайға бағышталған, «тірі құрбандық» секілді Оған ұнамды қылуды көздеймін. 17 Сондықтан мен Иса Мәсіхпен тығыз байланыста жүріп, Құдай үшін атқарған жұмысымды мақтан тұтамын. 18 Мәсіхтің өзім арқылы істегендерінен басқа еш нәрсе туралы айтуға батылым жетпейді: басқа халықтардың Ізгі хабарды естіп, мойынсұнулары үшін Киелі Рухтың құдіретімен сөйлеп, әрекеттеніп, 19 уағыздайтындарым Құдайдың хабары екенін растайтын құдіретті кереметтер жасап келдім. Сөйтіп Иерусалимнен Іллирик өлкесіне дейінгі үлкен шеңберге ұқсас саяхаттарымда Мәсіх туралы Ізгі хабарды сол өлкелерде жариялау міндетімді толығымен орындадым. 20 Осылай жүргенде уағыздау жұмысын Мәсіхтің аты әлі де белгісіз жерлерде жүргізуді мақсат тұттым. Басқа кісінің қалап қойған іргетасын пайдаланып үйін салған біреудей өзгелердің бастаған істеріне араласқым келмеді. 21 Қайта, Ишая пайғамбардың жазбасындағы мынадай сөздер орындалып отыр: Ол туралы еш хабар алмағандар енді көреді, әрі еш естімегендер енді түсінеді. 22 Сендерге баруыма қайта-қайта бөгет болған да осы міндетім еді. 23 Ал енді бұл өлкелерде менің уағыз жүргізуге тиіс жерлерім қалмағандықтан, оның үстіне көп жылдан бері сендерді көрсем деп аңсағандықтан, 24 Испанияға аттанғанда өздеріңе соқпақпын. Себебі мен сапар барысында сендерді көріп, біраз уақыт бірге болып қуанышқа кенелгеннен кейін, сендер мені солай қарай шығарып саларсыңдар деген үмітім бар. 25 Алайда дәл қазір Иерусалимге сапар шегіп, Құдайдың сол жердегі адамдарына қызмет көрсетпекпін. 26 Македония мен Ахаядағы қауымдар Құдайдың Иерусалимдегі адамдарының арасындағы мұқтаждары үшін ақша жинауды дұрыс деп тауып, оны зор ынтамен ұйымдастырды. 27 Бұлай істеуді өздері шешті. Шынында да олар исраилдік қауымдар алдында қарыздар ғой: басқа ұлттық сенушілер Құдайдың бұрыннан таңдап алған Исраил халқының «рухани қазыналарынан» үлес алғандықтан, олар өз кезегінде исраилдіктермен бұ дүниелік игіліктерімен де бөлісуге тиіс. 28 Осыны орындап, жинағаннан түскен «өнімді» аман-есен апарып тапсырған соң, Испанияға беттеп, жол-жөнекей сендерге соқпақпын. 29 Сол кезде Мәсіхтің жарылқауына молынан кенелетінімізге еш күмәнім жоқ. 30 Бауырластарым, сендерден Иеміз Иса Мәсіхтің атымен және Киелі Рухтың сүйіспеншілігімен өтінемін: Құдайға мен үшін сиына отырып, рухани күресіме атсалысыңдар! 31 Ол мені Яһудея аймағындағы сенбеушілерден құтқарсын, әрі Иерусалимдегі қызметім Құдайдың адамдарына ұнамды болсын. 32 Осылай мен, Құдай қаласа, қуана-қуана сендерге келмекпін. Сонда біз бірге болып, көңілімізді өзара орнықтырамыз. 33 Тыныштық сыйлайтын Құдай бәріңе де жар болсын! Аумин.
1 Сендерге бауырласымыз Фөбе апайды ұсынамын, ол — Кеніхреядағы қауымның қызметшісі. 2 Оны Иеміздің кісісі ретінде Құдайдың адамдарына лайықты қабылдап, мұқтаж нәрселерімен қамтамасыз етіңдер! Бұл кісі көп адамдарға қамқорлық жасап келеді, солардың арасында мен де бармын. 3 Мәсіх Исаның қызметіндегі әріптестерім Прискила мен Ақилаға сәлем айтыңдар. 4 Олар мен үшін өмірін қиюға дайын болды. Бұған өзім ғана емес, басқа халықтардың күллі қауымдары да алғыс айтуда. Екеуінің үйінде бас қосатын қауымға да сәлемімді жеткізіңдер. 5 Азия өлкесінде Мәсіх жолына түскен алғашқылардың бірі болған сүйікті Епенетке де сәлем. 6 Сендер үшін жан аямай қызмет еткен Мәриямға да сәлем айтыңдар. 7 Түрмеде бірге отырған ағайындарым Андроник пен Юнияға да сәлем. Елшілер арасында абыройлары ерекше, олар менен бұрын Мәсіхтің жолына түсті. 8 Иемізбен байланысымыздағы ерекше жақсы көретін бауырласым Амплиға да сәлем. 9 Мәсіхтің қызметіндегі әріптесіміз Ұрбанға және қымбатты досым Стахиға сәлемімді жеткізіңдер. 10 Мәсіхке деген сенімі дәлелденген Апеллеске де сәлем. Аристобулдың отбасына сәлем айтыңдар. 11 Туысқаным Иродионға, Иеміздің қарамағындағы Нарқистың үй ішіндегілерге де сәлем. 12 Иеміз үшін құлшына жұмыс істеп жүрген Трифена мен Трифозаға сәлем айтыңдар; Иеміз үшін көп еңбек сіңірген қымбатты Персидаға да сәлем. 13 Иеміздің таңдаулысы Руфқа және оның маған да ана болған шешесіне сәлем. 14 Асинкіритке, Філегонға, Ерімге, Патробқа, Ермиге және олармен бірге бас қосатын бауырластарға да сәлем жолдаймын. 15 Филолог пен Юлияға, Нире мен оның қарындасына және Олимпанға, сондай-ақ олармен бірге жиналатын Құдайдың барлық адамдарына да сәлем айтыңдар. 16 Шын жүректен бір-біріңе сүйіспеншіліктеріңді білдіріп, сәлемімізді жеткізіңдер. Мәсіхтің осындағы барлық қауымдары сендерге сәлем жолдауда. 17 Бауырластарым, сендерге өтіне айтарым: жік шығарып, өздеріңе үйреткен ілімге қарсы араздық туғызушылардан сақ болып, аулақ жүріңдер! 18 Мұндайлар Иеміз Иса Мәсіхке қызмет етпейді, қайта, қарындарының ғана қамын ойлап, жағымпазданып, майда да сылдыр сөздерімен тәжірибесіздерді алдайды. 19 Сендердің Құдайға мойынсұнғандықтарың әлемге әйгілі болды. Сондықтан сендер үшін қуаныштымын, әрі жақсылыққа дана, жамандықтан аулақ болуларыңды тілеймін. 20 Тыныштық сыйлайтын Құдай жуық арада әзәзіл шайтанды аяқтарыңа жығып бермек. Иеміз Иса Мәсіх сендерге жар болып, рақымын жаудыра көрсін! Аумин. 21 Қызметкерім Тімоте және ағайындарым Лұси, Ясон және Сосипатыр сәлем айтуда. 22 Осы хатты (Пауыл үшін) қағазға түсіріп отырған мен, Терти, Иса Мәсіхпен жүрген сендерге сәлем жолдаймын. 23 Маған және бүкіл қауымға қонақжайлылық танытқан Гайдан да сәлем. Осы қаланың қазына бастығы Ераст пен бауырласымыз Кварт та сәлем айтуда. 24 (Бәріңе де Иеміз Иса Мәсіх жар болып, рақымын жаудыра көрсін! Аумин.)
1 Иса Мәсіхтің елшісі болуға Құдайдың еркімен тағайындалған Пауыл мен бауырласымыз Состеннен 2 Қорынт қаласындағы Құдайдың қауымына дұғай сәлем. Құдай сендерді Иса Мәсіх арқылы Өзіне бағыштап алды да, кез келген жерде тұрып, Иеміз Иса Мәсіхке Жаратқан Ие деп сиынатындардың бәрімен бірге сендерді де Өзінің қасиетті халқы болуға шақырды. Ал Мәсіх — олардың да, біздің де Иеміз. 3 Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақым мен тыныштық жаудыра көрсін! 4 Мен Құдайға әрдайым сендер үшін шүкірлік етемін, өйткені Ол өздеріңе Иса Мәсіх арқылы рақымын сыйлады. 5 Сендер Мәсіхтің арқасында барлық жағынан да рухани байып, Құдайдың сөзі жайлы еркін сөйлей алып, жан-жақты білімге ие болдыңдар. 6 Мәсіх туралы Ізгі хабарымыздың шындығы өмірлеріңде расталды. 7 Осылай сендер Киелі Рух сыйлайтын дарындардан ешқандай тапшылық көрмей, Иеміз Иса Мәсіхтің салтанатпен көрінуін сағына күтудесіңдер. 8 Иеміздің қайта оралатын сол күні еш айыпталмауларың үшін Тәңір Ие сендерді өмірлеріңнің аяғына дейін табанды етпек. 9 Құдай уәделеріне берік, Ол сендерді Өзінің рухани Ұлы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болуға шақырған. 10 Бауырластарым, сендерге Иеміз Иса Мәсіхтің атынан ескертемін: ауызбірлікті сақтап, жікке бөлінбеңдер! Қайта, бірдей мақсат пен пікірде болып, бірлікте тұрыңдар! 11 Себебі, қымбатты бауырластарым, Хылойдың үйінен келгендерден араларыңда талас-тартыс бар екенін біліп алдым. 12 Менің түсінуімше, біреулерің: «мен Пауылдың адамымын», басқа біреуің: «ал мен Аполлостікімін», үшіншің: «бірақ мен Петірдің», төртіншің: «ал мен Мәсіхтің шәкіртімін» дейді екенсіңдер. 13 Сонда Мәсіхтің жіктеліп бөлінгені ме?! Әлде сендер үшін айқышқа шегеленіп құрбан болған мен, Пауыл, ма едім?! Немесе Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өтіп пе едіңдер? (Ондайдан сақтасын!) 14 Мен Кірісп пен Гайдан басқа ешкімді осы рәсімнен өткізген жоқпын, сол үшін Құдайға шүкірлік етемін. 15 Сондықтан Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өттім деп ешқайсың айта алмайсыңдар! 16 Рас, сондай-ақ Степанның үй ішіндегілерін де өткізгенмін, ал тағы басқа біреуді өткізгенім есімде жоқ. 17 Мәсіх мені шомылдыру рәсімін орындауға емес, Ізгі хабарды уағыздауға жіберді. Ол маған данышпандық пен шешендікті пайдалан демеді де, әйтпесе Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы уағыз өз күшінен айырылар еді. 18 Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы Ізгі хабарды тозаққа кететіндер ақымақтық деп есептейді, ал құтқарылатын біздер үшін осы хабарда Құдайдың құдіреті жатыр. 19 Пайғамбардың жазбасында мынадай сөздер бар: «Даналардың даналығын жойып, ақылдылардың ақылын жоқ қыламын». 20 «Олай болса, даналар мен ғұламалар қайда, осы дүниелік ұлы істер туралы айтысқыш шешендер ше?» Құдай солардың бәрін де ақымақтар, ал даналықтарын түкке тұрғысыз ақылсыздық қылып көрсетті емес пе? 21 Адамзаттың тіпті ең кемеңгер деген ой-санасымен де Құдайды ешқашан тани алмайтындығын Ол алдын ала өз даналығымен білді. Сондықтан Құдай осы дүние ақымақтық деп есептейтін уағызымыз арқылы соған сенетіндерді құтқаруды лайық көрді. 22 Яһудилер құдіретті кереметтер талап етсе, гректер уағызымыздан даналық іздейді. 23 Бірақ біз Мәсіхті айқышқа шегеленіп, жанын құрбан етті деп жариялаймыз. Бұл хабар яһудилерге жек көрінішті, ал басқа ұлттық адамдарға ақымақтық болып көрінеді. 24 Алайда яһудилер мен басқа халықтардан шақырылғандар Мәсіхті «Құдайдың құдіреті мен даналығы» деп түсінеді. 25 Адамдар «ақымақтық» дейтін Құдайдың құтқару жолы пенденің даналығынан әлдеқайда жоғары және Құдайдың «әлсіздігі» (яғни Мәсіхтің айқышта жанын қиюы) пенденің күш-қуатынан әлдеқайда күшті. 26 Бауырластар, Құдай сендерді шақырғанда өздеріңнің кім болғандарыңа назар аударыңдаршы: табиғи тұрғыдан қарағанда араларыңда даналар, билік иелері, асыл туғандар көп емес еді. 27 Бірақ осы дүние кімдерді «ақымақ» деп санаса, Құдай «данышпан-ақылгөй» делінгендерді ұялту үшін соларды таңдап алды. Және осы дүние «күшсіз» деп тапқандарды Құдай «күштілерді» ұялту үшін Өзіне таңдады. 28 Осы дүние маңызды деп есептейтіндерді жою үшін Құдай осы дүниенің менсінбей, қорлап, түкке тұрғысыз деп санағандарын таңдап алды. 29 Осылайша Құдайдың алдында ешкімнің де мақтануына болмайды. 30 Тәңір Иенің істегені арқылы сендер Иса Мәсіхпен тығыз байланысқа келдіңдер. Құдай Мәсіхті даналығымыздың бастауы етіп, бізді Ол арқылы ақтап, Өзінің қасиетті халқы қылып, күнәнің құлдығынан құтқарды. 31 Сондықтан: «Кім мақтанғысы келсе, тек Жаратқан Иемен мақтансын!» — деп (Пайғамбарлар жазбаларында) жазылғандай істеңдер.
1 Сондықтан да, бауырластарым, мен сендерге келіп, Құдайдың шынайы хабарын уағыздаған кезде шешен сөздер және дана пікірлер қолданған жоқпын. 2 Сендерге Иса Мәсіх пен Оның айқыштағы құрбандық өлімінен басқа нәрселер туралы айтпауға шешім қабылдаған едім. 3 Араларыңда күш-қуатсыз, дірілдеп, қатты жүрексініп тұрып жаттым. 4 Сөз сөйлеп, уағыз айтқанда адамды сендірерліктей данышпан пікірлерге емес, Құдайдың Рухы мен құдіретінің айқын көрінуіне сүйендім. 5 Ондағы мақсатым — сенімдеріңнің негізі адамның даналығы емес, Құдайдың құдіретінің болуы. 6 Дегенмен, біз рухани жетілгендерге даналық туралы хабарды уағыздай береміз. Ал бұл даналық осы күнәкар дүниенікі емес, сондай-ақ, осы дүниелік билеушілердікі де емес; солар — болашақта құрып кететіндер. 7 Керісінше, жариялап жүргеніміз — Құдайдың құпия даналығы, бұл адамзаттың көзінен таса болып келді. Ал Құдай оны біздің ұлылыққа ие болуымыз үшін әлемді жаратпастан бұрын-ақ белгілеп қойған болатын. 8 Бұны осы дүниелік билеушілердің біреуі де ұққан емес; ұққан болса, олар Ұлылықтың Иесін айқышқа шегелетіп өлтіртпес еді. 9 Алайда (Киелі жазбаларда) алдын ала жазылғандай, көз көріп, құлақ естімеген, адам ойына ешқашан келмеген игіліктерді Құдай Өзін сүйетіндерге дайындап қойған. 10 Бұны Құдай біздерге Өзінің Киелі Рухы арқылы анық білдірді. Киелі Рух бәрінен де, Құдайдың терең ой-мақсаттарынан да хабардар. 11 Себебі адамның ішкі құпия-сырларын оның өз рухынан басқа бірде-бір адам біле ме? Сол сияқты, Құдайдың терең ой-мақсаттарын да Оның Киелі Рухынан басқа ешкім білмейді. 12 Ал біз осы дүниелік рухты емес, Құдайдан келген Киелі Рухты қабылдадық, Соның көмегімен Құдайдың бізге сыйлаған игіліктерін біле аламыз. 13 Солар туралы біз адамзаттың даналығынан емес, Киелі Рухтан үйренген сөздермен уағыздап, Оған мойынсұнғандарға рухани шындықты түсіндіреміз. 14 Өз еркімен жүретін адам Құдайдың Рухынан келгенді қабылдамайды, соны түсіне алмай, ақымақтық деп санайды. Себебі оны Киелі Рухтың тұрғысынан бағалау керек. 15 Ал Құдайдың Рухына мойынсұнушы Одан келгеннің бәрін де бағалай алады, бірақ басқалар ондай адамға баға бере алмайды. 16 Өйткені «Кім Жаратқанның ақыл-ойын ұққан, кеңесшісі боп бағыт берді Оған?» (деп жазылған). Ал бізде Мәсіхтің ой-ниеті бар.
1 Бауырластарым, осы себептен өздеріңе Киелі Рухқа мойынсұнушылар ретінде айта алмай, ескі күнәкар болмыстарына сүйенетіндер — Мәсіхтің сеніміндегі «сәбилер» ретінде айтуға мәжбүр болдым. 2 Сәбиді сүтпен қоректендіретіндей, сендерге Ізгі хабардың ең негізгі ілімдерін үйретуіме тура келді. Өйткені «қою тамақты» жей алмадыңдар, қазірдің өзінде де жей алмайсыңдар. 3 Себебі әлі де ескі күнәкар болмыстарыңа сүйенесіңдер: араларыңда қызғаныш пен таластың болуы сендердің ескі болмыстарыңа сүйеніп, өз еріктеріңмен жүретіндіктеріңнің дәлелі емес пе? 4 Біреуің: «мен Пауылдың адамымын», басқа біреуің: «ал мен Аполлостікімін», — дегенде, бұларың күнәкар дүниенің адамдарындай болғандарың ғой! 5 Аполлос негізінде кім? Пауыл да кім? Екеуіміз небәрі сендерді сенім жолына түсірген Құдайдың қызметшілеріміз, әрқайсымыздың Иеміз белгілеген міндетіміз бар. 6 Мен жүректеріңе сенімнің «тұқымын ектім», ал Аполлос көбірек тәлім беріп «суғарды». Бірақ оны өсірген біз емес, Құдай. 7 Сондықтан сенімдеріңді «еккен» де емес, «суғарған» да емес, оны өсіріп отырған Құдай мадақталсын! 8 Егуші мен суғарушы екеуіміздің мақсатымыз бірдей, әрқайсымыз да еткен еңбегімізге қарай Тәңір Иемізден лайықты сыйымызды алатын боламыз. 9 Сонымен біз Құдаймен бірге еңбектенушіміз, ал сендер Оның «егістігісіңдер». Сондай-ақ, сендер Құдайдың «құрылысысыңдар». 10 Оның рақыммен өзіме сыйлаған елшілік қызметім бойынша мен үйдің іргетасын салатын данышпан «шебер құрылысшы» іспетті, қауымның негізін қаладым. Ал қазір басқа біреулер соның үстіне қаластыруда. Бірақ әрқайсысы әрі қарай қалай салу керек екенін мұқият қарауы керек. 11 Себебі Құдай өз қауымының бірден-бір «негізі» ретінде Иса Мәсіхті белгілеп қойған, сондықтан ешқандай басқа негізді салуға болмайды. 12 Ал осы «негіздің» үстіне қауымды әрі қарай дамыту үшін адамдар алуан түрлі әдістер қолдануда: бұлар алтын, күміс, асыл тастар секілді төзімді немесе ағаш, шөп, сабан сияқты осал болулары мүмкін. 13 Әр құрылысшының істеген жұмысының сапасы Мәсіх үкім шығаратын күні айқындалады. Сол күні әркімнің еңбегін от сынап, шынайы сапасын әшкерелейді. 14 Кімнің салғаны отқа өртенбей аман қалса, сол сыйын алады. 15 Ал кімдікі өртеніп кетсе, сол сыйынан құр қалады. Өзі құтқарылса да, жаны оттан өткендей азар дегенде құтылады. 16 Сендер өздеріңнің «Құдайдың киелі үйі» екендіктеріңді және Құдайдың Рухы өздеріңде тұратынын білмейсіңдер ме? 17 «Өзінің киелі үйін» жойғанды Құдай жоймақ. Себебі Құдайдың «киелі үйі» — Оның қасиетті меншігі. Ал осы «киелі үй» — сендерсіңдер! 18 Ешкім өзін-өзі алдамасын! Араларыңдағы қайсыбіреуің данамын деп ойласа, ол күнәкар дүниенің пікірінше «ақымақ» болып Мәсіхтің ілімін ұстансын; сонда ол Құдайдың даналығына ие бола алады! 19 Өйткені осы күнәкар дүние нені даналық деп есептесе, сол — Құдай алдында ақымақтық. Киелі жазбада «Тәңір Ие данышпан делінгендерді қулықтарынан ұстап алады», — деп жазылған ғой. 20 Жаратқан Ие данышпан делінгендердің «ойларының бекерлігін біледі де!» — деп те жазылған. 21 Сондықтан ешкім адамның жетістіктерімен мақтанбасын! Бәрі де сендерге игілік көрсетуге қатысады: 22 Пауыл, Аполлос немесе Петір болайық, сонымен қатар бүкіл дүние, өмір не өлім, қазіргі мен болашақ нәрселер түгелдей қауымның пайдасы үшін болуға тиісті. 23 Ал сендер Мәсіхтің меншігісіңдер және Мәсіх — Құдайдікі.
1 Сондықтан бізге Мәсіхтің нөкерлері ретінде, әрі Құдай Өзінің ашып білдірген құпия хабарын басқаруды сеніп тапсырғандары ретінде қарау керек. 2 Ал басқарушылардың әрқайсысынан сенімді болуы талап етіледі. 3 Менің сенімділігімді сендер тексеріп, бағалайсыңдар ма, әлде осы дүниелік басқа мекеме ме, оған қам жемеймін, өзіме-өзім де баға қоймаймын. 4 Өзімді айыптайтын ешқандай қылығым есімде жоқ, алайда бұл мінсіз екеніме жеткілікті дәлел бола алмайды. Себебі мені тексеріп, бағалайтын — Иеміздің Өзі. 5 Сондықтан уақыты келместен бұрын айыптауға асықпай, Иеміздің қайта оралуын күтіңдер! Ол әзірше қараңғыға жасырылғанды әшкерелеп, жүрегіміздің ой-ниеттерін ашып көрсетеді. Сол кезде Құдай әрқайсымызға лайықты мақтауын береді. 6 Бауырластарым, бұған дейін мен Аполлос екеуіміз туралы осы нәрселерді сендерге мысал ретінде айттым. Сендердің бізден үлгі алып, «Киелі жазбаларда айтылғандардан артыққа бармау керек» деген қағиданың мәнін ұғынғандарың игі. Сонда сендер жетекшілердің біреуін екіншісінен жоғарылатып, мақтанбайсыңдар. 7 Әлдекім сендерді басқалардан ерекше етті ме? Құдайдан қабылдамаған нелерің бар? Бәрін қабылдаған соң, несіне өз жетістігіміз деп мақтанасыңдар? 8 Сендер тойынып, рухани байыпсыңдар, біздің қолдауымызсыз-ақ патшадай билік құра бастапсыңдар! Шынымен рухани билік құрғандарыңды сондай қалар едім. Егер солай болса, біз де сендермен бірге билік жүргізген болар едік қой! 9 Құдай біздерге, яғни елшілерге, өлімге кесілген тұтқындар іспетті «салтанатты жүрістің ең соңында» жүруді бұйырды деп ойлаймын. Себебі біз бүкіл әлемге — періштелер мен адамдарға масқара көрініс болдық. 10 Мәсіхке қызмет еткеніміз үшін біздер «ақымақ», ал сендер «Мәсіхпен жүрген данышпан» екенсіңдер, біз «күшсіз», сендер «күшті», біз «қадірсіз», сендер «қадірлі» екенсіңдер! 11 Күні бүгінге дейін аштық көріп, шөлдеп келеміз, кигеніміз алба-жұлба, жегеніміз таяқ, үйсіз-күйсіз қаңғып, 12 қолмен ауыр жұмыс істеп өз күнімізді көрудеміз. Бізді жамандағандарға ақ бата тілейміз, қудаласа, оған да төземіз; 13 қаралағандарға жылы сөйлеп ескертеміз. Бүгінге дейін дүниенің «қоқысы», адамзаттың «сыпырындысы» болып келдік. 14 Мұны ұялту үшін емес, сүйікті рухани балаларым ретінде ескертіп жазып отырмын. 15 Мәсіхпен жүрген тіпті он мың ұстаздарың болса да, «рухани әкелерің» көп емес. Себебі мен Ізгі хабарды уағыздап, сендерді Мәсіх Исаның жолына түсіріп, жаңа өмірге ие еттім. 16 Енді: «Менен үлгі алыңдар!» — деп өтінемін. 17 Сол үшін Тімотені жіберіп отырмын, ол — Иемізге берілген сүйікті де қымбатты рухани ұлым. Менің Мәсіх Исаның жолымен қалай жүріп жатқанымды Тімоте естеріңе түсіретін болады. Қай жердегі қай қауымда болмасын, дәл сол тәлімді беріп келемін. 18 Мені келмейді деп, кейбіреулеріңе көкірек бітіпті. 19 Бірақ Иеміз қаласа, сендерге жуырда барып қалармын. Сонда көкірек біткендердің сөздерін емес, құдіреттерін анықтаймын. 20 Себебі Құдайдың Патшалығы сөзбен ғана емес, Оның құдіретімен көрінеді. 21 Енді не қалайсыңдар? Сендерге таяқпен келейін бе, әлде сүйіспеншілік пен ілтипаттылық рухымен бе?
1 Араларыңда азғындық — тіпті басқа ұлттардың адамдары жасамайтын азғындық бар деген шүбәсіз хабар маған да жетті: араларыңдағы біреуің әкесінің жұбайымен көңілдес екен. 2 Ал сендер көкіректеріңді көтересіңдер! Оның орнына қайғыланып, осындай қылықты жасағанды орталарыңнан шығарып тастағандарың дұрыс болар еді! 3 Тәнім алыста болғанмен, рухыммен орталарыңдамын. Сондықтан мен араларыңда жүргендей, осыны істеген күнәкарға үкім шығарып қойдым: 4 сендер Иеміз Иса Мәсіхтің атынан жиналыңдар, мен де рухыммен орталарыңда боламын. Сонда Иеміз Исаның билігімен 5 әлгі адамды ескі күнәкар болмысын әлсірету үшін қауымнан шығарып, шайтанның қолына тапсырыңдар. Осылай ол теріс жолынан қайтып, жаны Иеміз қайта оралатын күні құтқарылсын. 6 Мақтанғандарың еш дұрыс емес. «Азғана ашытқы бүкіл қамырды ашытады» дегенді білмейсіңдер ме? 7 «Ескі ашытқыдай» (күнә атаулыны) араларыңнан шығарып тастаңдар! Сонда «жаңа қамырдай» рухани таза боласыңдар. Өйткені Құтқарылу мейрамына құрбандыққа шалынған тоқтылар іспетті, Мәсіх біздер үшін өмірін құрбан етті. Сол арқылы сендер жаңа, пәк таза адам болдыңдар. 8 Сондықтан да бұрынғы зұлым да сұрқия әдеттеріміздің «ескі ашытқысынан» арылып, қасиетті өмір кешіп, адалдық пен ақиқаттың «тәтті нанының» дәмін татып, тойлайық! 9 Өткендегі хатымда сендерге «Азғындармен араласпаңдар!» деп жазған болатынмын. 10 Онда мен осы дүниелік азғын, дүниеқоңыз, қарақшы немесе жалған тәңірлерге құлшылық етуші адамдарды ойлаған жоқпын. Әйтпесе бұ дүниеден түгелдей безіп кетуге тиіс болар едіңдер ғой. 11 Алайда өзін сенімдегі бауырласпын деп атағанмен, азғын, дүниеқоңыз, жалған тәңірлерге құлшылық етуші, өсекші, маскүнем немесе алаяқ болып жүрген ешкіммен де араласпауларың керек. Мұндайлармен тіпті дастарқандас та болмаңдар. 12 Қауымнан сырт адамдарды соттау біздің шаруамыз ба? Неге ішіндегілердің күнәларын тергемейсіңдер? 13 Сыртта жүргендердің үкімін Құдай шығарады. Ал өздерің «зұлымдық жасайтынды араларыңнан аластатыңдар!»
1 Араларыңдағы кейбіреу бауырласымен бір даулы мәселе туралы келіспей қалғанда қалайша Құдай алдында ақталмағандардың сотына жүгінуге дәті барады? Неге мәселені Құдай халқының алдына қоймасқа? 2 Болашақта Құдай халқының адамзатқа билік айтатынын білмейсіңдер ме? Адамзатқа билік ететін өздерің болған соң, ұсақ-түйек даулы мәселелерді шешуге жарамайсыңдар ма? 3 Біздердің періштелердің үстінен де билік айтатынымызды білмейсіңдер ме? Сонда күнделікті өмір мәселелерін әлбетте шеше алуға тиіссіңдер! 4 Бұлар жайлы дау-жанжал бола қалса, қауым үшін елеусіздердің төрелігіне қалай жүгінесіңдер? 5 Сендерді ұялту үшін осылай деймін. Араларыңда бауырластарына төрелік айтатын бірде-бір парасатты адамның болмағаны ма? 6 Қайта, бір бауырлас екіншісімен дауласып, тіпті сенбейтіндердің сотына жүгінеді екен. 7 Бір-біріңмен таласқандарыңның өзі масқара! Одан да әділетсіздікке неге төзбеске, неге ақыларыңды жегізбеске? 8 Керісінше, сендер әділетсіздік жасап, өз бауырластарыңды тонайсыңдар! 9 Әділетсіздердің Құдайдың Патшалығынан орын алмайтынын білмейсіңдер ме? Алданбаңдар: азғындар, жалған тәңірлерге құлшылық етушілер, неке адалдығын бұзушылар, нәпсіқұмарлар, еркекжанды еркектер, 10 ұрылар, дүниеқоңыздар, маскүнемдер, өсекшілер және тонаушылар үшін Құдайдың Патшалығында орын жоқ! 11 Бұрын кейбіреулерің сондай болдыңдар. Алайда сендер күнәдан тазардыңдар; енді Иеміз Иса Мәсіхтің атына сиынып Құдайымыздың Рухы арқылы Оның қасиетті халқы болып, ақталдыңдар. 12 Кейбіреулерің: «Не істесем де еріктімін», — дейсіңдер. Алайда бәрі бірдей тиімді емес. «Не істесем де еріктімін». Дегенмен өзімді құл ететін еш нәрсенің билігінде болмауым керек. 13 «Тамақ асқазан үшін, ал асқазан тамақ үшін жаратылған». Әлбетте! Құдай бір кезде екеуін де жоятын болады. Алайда адамның денесі нәпсі үшін емес, Иеміз үшін қызмет етуге тиіс, ал денеміздің қамын Иеміз ойлайды. 14 Құдай Иемізді өлімнен қайта тірілтті, Ол біздің денемізді де Өзінің құдіретімен тірілтіп алмақ. 15 Денелеріңнің Мәсіхтің рухани денесінің мүшелері екенін білмейсіңдер ме? Мәсіхтің бір мүшесін қайсыбір жезөкшенің дене мүшесі етіп қоюға бола ма? Жоқ, мүлдем болмайды! 16 Әлде жезөкшемен жақындасқан кісінің онымен біртұтас болатынын білмейсіңдер ме? Себебі Тауратта «Екеуі біртұтас болады» делінген ғой. 17 Ал Иемізге қосылған кісі Оның Өзімен рухани біртұтас болады. 18 Азғындықтан аулақ болыңдар! «Барлық күнә адам денесінен тысқары», — дейсіңдер. Бірақ адам азғындық арқылы өз денесіне күнә жасайды. 19 Әлде денелеріңнің Киелі Рух мекендейтін киелі үй екенін білмейсіңдер ме? Сендер Құдайдан қабылдаған Киелі Рух бойларыңнан орын алды. Енді өз меншіктерің емессіңдер, 20 Иеміз сендерді үлкен құн төлеп, күнәнің құлдығынан азат етті. Ендеше денелеріңмен Құдайдың даңқын арттырыңдар!
1 Ал енді маған жазғандарыңа тоқталайын. «Еркектердің әйелдерге жоламағаны жақсы» дейтіндерің бар екен. 2 Ал азғындықтан сақтану үшін әр еркектің өз әйелі, әр әйелдің өз күйеуі болсын. 3 Күйеуі әйеліне, ал әйелі күйеуіне тиісті ықылас көрсетулері керек. 4 Себебі әйелдің денесі өзінің ғана емес, күйеуінің де билігінде; дәл солай күйеуінің денесі өзінің ғана емес, әйелінің де билігінде. 5 Егер біраз уақыт үздіксіз Құдайға сиынуға алдын ала келісіп алған болмасаңдар, бір-біріңнен бас тартпаңдар! Содан кейін тағы бірге болыңдар, әйтпесе өздеріңе ие бола алмай, әзәзіл шайтанның азғыруына ерулерің мүмкін. 6 Ал осы айтқаным бұйрық емес, рұқсат қана. 7 Бәрінің өзім сияқты ұстамды, некесіз болғанын қалар едім. Бірақ әркімнің Құдай сыйлаған өз дарыны бар; біреу былай болса, біреу олай. 8 Үйленбегендер мен жесірлердің мен сияқты салт басты болып қала бергені жақсы деймін. 9 Ал егер өздеріне ие бола алмаса, онда үйленсін. Себебі құмарлықтың отына күйіп-жанғанша, үйленгендері жақсы. 10 Үйленгендерге мен ғана емес, Иеміздің Өзі: «Әйелі күйеуінен ажыраспасын!» — деп бұйырады. 11 Ал егер ажырасып кетсе, онда салт басты болып қала берсін, не күйеуімен қайта татулассын! Күйеулер де әйелдерінен ажыраспасын! 12 Басқа жұптарға Иеміз емес, өзім былай деймін: бір бауырласымыз Мәсіхке сенбейтін әйелге үйленген болса және әйелі онымен бірге қалуға келіссе, онда ол ажыраспауға тиіс. 13 Сол сияқты, сенуші әйелдің сенбейтін күйеуі онымен бірге қалуға келіссе, онда әйелдің де ажырасуына болмайды. 14 Себебі сенбейтін еркек сенуші әйелінің арқасында және сенбейтін әйел сенуші күйеуінің арқасында Құдайдың қасиетті әсерінің аясында болады. Әйтпесе балаларың құдайсыздардың балалары іспетті болар еді. Керісінше, олар да Құдайдың қасиетті әсерінің аясында. 15 Алайда егер сенбейтін жұбайы ажырасқысы келсе, ажырассын. Мұндай жағдайда оның сенуші жұбайы некеде қалуға мәжбүр емес. Қайтсе де, Құдай біздерді татулықта тұруға шақырған болатын. 16 Мүмкін сен, әйел, күйеуіңді құтқарылуға алып келерсің, немесе сен, күйеу, әйеліңді құтқарылуға әкелетін шығарсың, соны анық білмейсің ғой! 17 Тек әркімге Құдай Иеміз нені белгілеп, оны неге шақырса, ол солай өмір сүре берсін! Осы ережені барлық қауымдарға да айтамын. 18 Кім Мәсіхтің жолына шақырылғаннан бұрын сүндеттелген болса, онысын жасырмасын. Ал бұған дейін сүндеттелмеген сенушілер сол рәсімнен өтпей-ақ қойсын. 19 Сүндеттелу не сүндеттелмеу маңызды емес, бастысы — Құдайдың өсиеттерін орындау. 20 Әрқайсың сенімге шақырылған кезде кім болсаң, сол күйіңде қал! 21 Құл болып шақырылдың ба, оныңа қысылма. Ал егер еркіндік алу мүмкіндігің болса, дұрысы, соны пайдалан. 22 Себебі Иеміз шақырған құл — «Иеміздің рухани азат адамы», сол сияқты, Иеміз шақырған азат адам — «Мәсіхтің құлы». 23 Сендер үлкен құн төлеп, күнәнің құлдығынан азат етілдіңдер, енді «адамдардың құлы» болып қалмаңдар! 24 Бауырластарым, әрқайсың шақырылған кезде кім болсаң, сол күйіңде Құдаймен жүре бер. 25 Бойжеткендерге қатысты Иеміздің маған берген бұйрығы жоқ. Бірақ Оның рақымымен сенімді қызметшісі болдым, сол ретінде пікірімді білдіремін: 26 болып жатқан ауыр жағдайларға байланысты әркім күйі қандай болса, сол күйінде қала бергені жақсы деп ойлаймын. 27 Бір әйелге басың байланған болса, онымен қатынасыңды үзуге ұмтылма! Салт басты болсаң, әйел іздеме! 28 Ал егер үйленсең, мұның күнә емес. Бойжеткен тұрмысқа шықса, ол да күнә емес. Бірақ үйленгендер өмірлерінде көп ауыртпалық көреді, сендер соны көрмесеңдер екен деймін. 29 Менің айтайын дегенім мынау, бауырластарым: осы заманның ақыры таяп қалды. Сондықтан бұдан былай әйелі барлар үйленбегендей, 30 жоқтау айтып жүргендер жоқтамағандай, шаттанып жүргендер қуанбағандай, ал дүние-мүлік сатып алғандар меншігі жоқ іспетті Құдайға қызмет ете берсін! 31 Осы дүниенің қам-қарекетін жасап жүргендер оған тым беріліп кетпесін! Себебі дүниенің қазіргі қалпы жуырда сап болып, жойылады. 32 Жалпы, сендерді уайым-қайғы баспаса екен деймін. Үйленбеген ер адам Иемізге ұнауға ұмтылып, Оның ісінің қамын ойлайды. 33 Ал үйленген ер адам жұбайының көңілін табуға тырысып, осы дүниелік істердің қамын жейді. Содан ол екі ойлы болып жүреді. 34 Сол сияқты, үйленбеген әйел мен қыз Иеміздің істерінің қамын ойлай отырып, жан-тәнімен Оған берілмек. Ал тұрмысқа шыққан әйел күйеуіне ұнауға тырысып, осы дүниелік істердің қамын жейді. 35 Сендерге бұғау салғым келмейді, қайта, игіліктерің үшін, сендер ұдайы әрі кедергісіз Жаратқан Иемізге бағышталып дұрыс өмір сүрсеңдер екен деп, осыны айтып отырмын. 36 Ал егер біреу бойжетіп қалған қызымды ұзатпай қартайтып қойсам, бұным дұрыс болмас деп ойлап оның тұрмысқа шығуын қажет деп тапса, ол қалағанын істесін. Онысы күнә емес, қызы күйеуге шықсын. 37 Алайда кім ешбір қожайын мен сыртқы ықпалдың күштеуінсіз берік шешімге келсе, яғни өз еркімен іс-әрекет жасай алып, қызымды ұзатпаймын деген байламға тоқтаса, онысы дұрыс. 38 Сонымен, бойжетіп қалған қызын ұзатқан дұрыс істейді, ал ұзатпайтын одан бетер дұрыс істейді. 39 Некедегі әйел күйеуінің көзі тірісінде оған басы байлаулы. Күйеуі өлсе, кімге тием десе де өз еркі, тек екеуі де Иемізбен тығыз байланыста тұрсын. 40 Ал ең қолайлысы қайтадан тұрмыс құрмау. Бұл өз пікірім, ал мені де Құдайдың Рухы жетелейді деп ойлаймын.
1 Енді жалған тәңірлерге ұсынылған тағамдарға тоқталсам: «Бәрімізде біліктілік бар», мұны білеміз. Бірақ «біліктілік» мақтаншақ етеді, ал «сүйіспеншілік» сенімді жетілдіреді. 2 Өзін сондай біліктімін деп есептейтін кісі қажетті біліктілікке әлі де ие болған жоқ. 3 Ал Құдай Өзін сүйгенді жақсы біледі. 4 Ал енді, жалған тәңірлерге ұсынылған тағамдарды ішіп-жеуге келсек, біз сондай тәңірлердің күллі әлемде шынымен жоқ екенін және жалғыз Құдайдан басқа еш құдайдың жоқ екенін білеміз. 5 Кейбіреулердің ойынша көкте де, жерде де «құдай» делінгендер бар; сол адамдар көп «құдайлар» мен «иелеріне» құлшылық етеді. 6 Бірақ біз бәрінің бастауы болған бір ғана Құдай Әкені танимыз, Ол үшін өмір сүрудеміз; сондай-ақ, жалғыз Иеміз — Иса Мәсіхті де танимыз: күллі әлем де, өзіміз де Сол арқылы пайда болдық. 7 Алайда сенушілердің барлығы бірдей мұны біле бермейді. Бұрын жалған тәңірлерге құлшылық еткен кейбіреулері күні бүгінге дейін осындай тағамды жегенде оны тәңірлерге арналған деп есептейді. Бұларының дұрыс-бұрыстығына дүдәмал ар-ұждандары осылай арамданады. 8 Құдайға деген қарым-қатынасымызға біздің жеген тамағымыздың қатысы жоқ; оны не жейік, не жемейік, бұдан Құдай алдында жаман да, жақсы да болмаймыз. 9 Дегенмен байқаңдар, бұл еркіндіктерің сенімі әлсіздерді күнәға азғырмасын! 10 Мысалы, ар-ұжданы әлсіз біреу «сондай білікті» сенің жалған тәңірдің ғибадатханасында тамақ ішіп отырғаныңды көрді делік. Бұл оны сол тәңірлерге арналған тағамдарды жеуге батылдандырмай ма? 11 Осылай әлсіз адам, яғни өз бауырласың, сенің «біліктілігіңе» бола тура жолдан адасып, рухани жойылып кетеді. Ал Мәсіх ол үшін де жанын құрбан етті! 12 Міне, осылайша бауырластарыңның әлсіз ар-ұждандарын жарақаттап, оларға қарсы күнә жасауыңмен Мәсіхке қарсы да күнә жасайсың. 13 Сондықтан, егер жейтін тамағым бауырласымды күнәға азғырса, онда мен оны күнәдан сақтау үшін бұдан былай ешқашан да (базардан алынған) етті жемейтін боламын.
1 Мен ерікті емеспін бе? Елші емеспін бе? Иеміз Исаны өз көзіммен көрдім емес пе? Сендер Иеміз үшін еткен еңбегімнің жемісі емессіңдер ме? 2 Мен басқалар үшін елші болмаған күнде де сендерге жіберілген елші екенім сөзсіз. Менің Иеміздің елшісі екендігімнің дәлелі сендерсіңдер. 3 Өзімді айыптағандардан осылайша қорғанамын. 4 Еңбегіміз үшін ішіп-жейтін тамақ алуға еркіміз жоқ па? 5 Сондай-ақ, басқа елшілер, Иеміздің туған бауырлары және Кефа (Петір) сияқты біздің де сенуші әйелге үйленіп, оны сапарға шыққанда ертіп жүруге қақымыз жоқ па? 6 Әлде Барнаба екеуіміздің ғана кәдімгі жұмысты жасамай-ақ қызмет етіп күн көруге еркіміз жоқ па? 7 Қай жауынгер өз жалақысын өзі төлейді? Қай бағбан жүзімдік егіп, жемісін жемейді? Қай малшы мал бағып, сүтін ішпейді? 8 Бұл адамдардың салты ғана ма? Құдайдың заңы да осылай дейді емес пе? 9 Мұса арқылы берілген Таурат заңында: «Астық бастырып жүрген өгіздің аузын бума», — деп жазылған ғой. Құдай бұл жерде өгіздерді ғана ойлап тұр ма, 10 әлде осы айтқаны бізге де тікелей қатысты ма? Әрине, ол біз үшін де жазылған. Жер жыртушы да, астық бастырушы да еңбек етіп, өнімнен тиісті үлесімді алармын деп үміттенуі дұрыс. 11 Біз жүректеріңе рухани игілік — Ізгі хабардың тұқымын септік; енді соның «өнімі» ретінде бұ дүниелік игіліктеріңнен қабылдасақ, сол тым көп болар ма еді? 12 Басқалардың бұған қақысы болса, біз одан бетер қақылы емеспіз бе? Алайда осындай хақымыз бола тұра, оны пайдаланған емеспіз. Қайта, біз Мәсіх туралы Ізгі хабардың таралуына кедергі жасамау үшін әр түрлі қиыншылықтарға шыдап келеміз. 13 Ғибадатханада қызмет етушілердің сол жерден тамағын асырап отырғандарын білмейсіңдер ме? Олар шалған малдардың етін құрбандық үстеліне салғанда одан өз үлестерін алады ғой. 14 Сол сияқты, Иеміз Ізгі хабарды уағыздаушылардың осы қызметтерімен күндерін көруіне әмір еткен. 15 Бірақ мен бұл құқықтарымның бірде-біреуін қолданған емеспін. Қазір де осыларды сендерден бір нәрсе алу мақсатында жазып отырған жоқпын. Әділ мақтанышымды ешкімнің құр сөзге айналдыруына жол бермеймін, одан да аштан өлгенім артық! 16 Ал Ізгі хабарды уағыздап жүргенімнің өзі мақтануыма себеп бола алмайды, ол борышты міндетім: Ізгі хабарды уағыздамасам, қасіретке қалар едім. 17 Егер оны өз еркіммен істесем, еңбегімнің ақысын күтер едім; бірақ еріксіз істегендіктен, оны сеніп тапсырылған міндетім ретінде орындап жүрмін. 18 Сонымен, менің алар сыйым қайсы? Уағыздауымда құқықтарымды қолданбай, Ізгі хабарды тегін таратуым — алар сыйым, міне, осы. 19 Мен бүкіл адамдардан тәуелсіз болсам да, олардың барынша көбін Мәсіхтің жолына түсіру үшін өзімді барлығының құлы еттім: 20 яһудилерді сол жолға түсіру үшін араларында яһуди сияқты өмір сүремін; Таурат заңына бағынған оларды Мәсіхке әкелу үшін, өзім Тауратқа бағынышты болмасам да, араларында Тауратқа бағынатындай жүріп-тұрамын. 21 Таурат заңын білмейтін басқа халықтарды Мәсіхке әкелу үшін Тауратты білмейтіндей араларында өмір сүремін. Бұл, Құдайдың заңынсыз жүремін деген сөз емес, шынында мен Мәсіхтің өсиеттеріне мойынсұнып келемін. 22 Сенімі әлсіздерді әкелу үшін соларға ұқсап өмір сүремін. Әртүрлі адамдар арасында оларға бейімделудемін. Осылай мен ең болмағанда бірсыпырасын құтқаруға ұмтыламын. 23 Осының бәрін Ізгі хабардың таралуы үшін істеп жүрмін, содан мен оның игілігінен үлесімді алатын боламын. 24 Жарысқа түскен жүйріктердің бәрі жүгіріп, біреуі ғана жүлдеге ие болатынын білесіңдер. Сендер де «жүлдеге» ие болатындай Мәсіхтің жолымен «жүгіріңдер»! 25 Әрбір жарыскер барлық жағынан қатаң ұстамдылық танытады. Оның алғысы келетіні — кейінірек солып қалатын гүлдестесі ғана, ал біздің алатынымыз — мәңгі солмайтын «жеңіс тәжі»! 26 Сондықтан мен мақсатсыз жүгіріп жүрген жоқпын, жұдырығымен ауаны босқа ұрған боксшы сияқты да емеспін. 27 Қайта, басқаларды рухани күреске шақырған мен «жүлде» бөліскенде құр алақан қалмау үшін, тәнімді ауыртпалықтарға душар еткізіп, өзіме бағындырып жатырмын.
1 Бауырластарым, сендерді төмендегілер туралы хабарсыз қалдырғым келмейді: халқымыздың күллі ата-бабалары Мысырдан шыққан кезде нұрлы бұлттың жетелеуімен жүріп, бәрі де теңізден өтіп шығып, Тәңір Иенің құдіретін көрді. 2 Олардың барлығы да Мұсаның соңынан ергендер ретінде бұлтта және теңізде шомылдыру рәсімінен өткендей болды. 3 Барлығы да Құдай кереметпен берген бірдей тағам жеп, 4 бірдей сусын ішті. Себебі олар Құдай қамтамасыз етіп, өздерімен бірге жүріп отырған «жартастан» сусындайтын. Ал ол «жартас» Мәсіхтің Өзі болатын. 5 Алайда олардың басым көпшілігі Құдайға жақпай, айдалада құрып кетті. 6 Міне, осы оқиғалар бізді ата-бабаларымыздай жамандыққа құмар болудан сақтандырып, үлгі болып тұр: 7 солардың кейбіреулері іспетті жалған тәңірге құлшылық етпеңдер! Бұл туралы (Тауратта): «халық жайғасып отырып, құрбандықтан ішіп-жеді; біраздан кейін азғын ойындар ойнау үшін орындарынан тұрды» деп жазылған. 8 Ата-бабаларымыздың кейбіреулері секілді азғындыққа түспейік! Сол кінәлары үшін олардың жиырма үш мыңы бір күнде өлді. 9 Солардың тағы кейбіреулеріндей Иеміз Мәсіхтің төзімділігін еркінсіп сынамайық! Жыландар оларды сол үшін шағып өлтірді. 10 Кейбіреулері сияқты Құдайға қарсы күңкілдей бермеңдер! Соның жазасы ретінде қырып-жоюшы періште оларды өлтіріп кетті. 11 Ата-бабаларымыздың бастарынан кешкендері өзгелерге үлгі болып, бізге ескерту ретінде жазылып қалдырылды. Себебі осы заманның соңғы кезеңінде өмір сүрудеміз. 12 Сондықтан өзін «сенімімде берік тұрмын» деп санайтын әркім күнәға батудан сақ болсын! 13 Сендер әлі күнге дейін қатты сыналған жоқсыңдар, еліктірген жағдайлар әдетте адамдардың бастарына түсіп жүргендегідей ғана болып келді. Ал Құдай Өзінің уәдесіне берік: Ол төзімдеріңнен артық сыналуларыңа жол бермейді. Еліктірілген кездеріңде соған шыдауға күш-қуат беріп, құтылып шығудың лайықты жолымен қамтамасыз етеді. 14 Сондықтан, сүйікті бауырластарым, жалған тәңірлерге құлшылық етуден аулақ жүріңдер! 15 Енді айтатынымды парасаттылар ретінде пайымдап, ақылға салыңдар. 16 Біз Иеміздің құрбандығын еске алып «шүкірлік тостағанынан» ішкенде, Мәсіхтің төгілген қанының игілігінен үлес алғанымызды білдіреміз, солай емес пе? Нанды үзіп жегенде, құрбан болған Мәсіхтің денесінің игілігінен үлес алғанымызды білдіреміз емес пе? 17 Нан біреу болғандай, біз — көпшілік те біртұтас рухани денеміз. Себебі бәріміздің жейтініміз бір нан. 18 Исраил халқының ескі дәстүріне назар аударыңдар: құрбандықтан жегендер құрбандық үстелімен байланыста емес пе? 19 Осылай дегенде «расында тәңірлер бар, оларға арналған құрбандықтардың шынайы мәні де бар» деп айтпақпын ба? 20 Жоқ, олай емес. Алайда басқа ұлт адамдары сол құрбандықтарын Құдайға емес, жындарға бағыштайды. Ал сендердің жындармен байланыста болғандарыңды қаламаймын. 21 Иеміздің де, жындардың да тостағандарынан бірдей іше алмайсыңдар! Сол сияқты, Иеміздің және жындардың да дастарқандарына бірдей қатысуларыңа болмайды! 22 Әлде Иеміздің қызғанышын қоздырып, өзімізді Одан күштірекпіз деп ойлаймыз ба? 23 «Бәрін істеуге болады», — дейсіңдер. Бірақ бәрі бірдей тиімді емес. «Бәрін істеуге болады». — Бірақ бәрі бірдей сенімдеріңді жетілдірмейді. 24 Әркім жеке басының емес, басқаның мүддесін ойлауы керек. 25 Базарда сатылатын еттің бәрін құрбандыққа шалынғандығы жайлы еш сұрақ қоймай ар-ұждан алдында қысылмай-ақ, жеулеріңе болады. 26 Себебі «жер жүзі мен ондағының бәрі Жаратқандікі». 27 Сол сияқты, егер Құдайға сенбейтін біреу дәмге шақырып, онысын құп алсаңдар, онда еш сұрақ қоймай ар-ұждан алдында қысылмай-ақ, жей беріңдер. 28 Дегенмен, егер қайсыбіреу сендерге: «Бұл — бір тәңірге арналған құрбандықтың еті», — десе, осыны айтқан адамға бола әрі ар-ұжданға бола сол етті жемеңдер. 29 Мұнда сендердің емес, сол кісінің ар-ұжданын айтып тұрмын. Ал басқа біреудің ар-ұжданы менің еркіндігіме төрелік ете ала ма? 30 Мен шүкірлік етіп, дәм татсам, қалайша басқа біреу мені шүкірлік еткен тағамыма бола даттамақшы? 31 Басты қағида мынау: не ішіп-жесеңдер де, не істесеңдер де, бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер! 32 Яһудилердің де, басқа ұлт адамдарының да, Құдайдың қауымының да сенімдеріне нұқсан келтірмеңдер! 33 Мен де бәріне қай жағынан да ұнамды болуға тырысып, жеке басымның емес, көпшіліктің мүдделерін ойлаймын. Мұны олардың құтқарылуы үшін істеймін.
1 Менің Мәсіхтен үлгі алғанымдай, сендер де менен үлгі алыңдар! 2 Ұдайы мені ойлап, өздеріңе тапсырған ілімдерді дәл сол күйінде ұстанып жүргендерің үшін сендерді мақтаймын. 3 Енді мынаны да білулеріңді қалаймын: әрбір еркектің басы — Мәсіх, әйелдің басы — күйеуі, ал Мәсіхтің басы — Құдай. 4 Солай болғандықтан, ер адам Құдайға сиынған немесе Оның хабарын жеткізген кезде басын жапса, өз басын (яғни Мәсіхті) құрметтемегені. 5 Ал Құдайға сиынған немесе Оның хабарын жеткізген кезінде жалаң бас тұрған әйел өз басын (яғни күйеуін) құрметтемегені. Бұл, шашын тақырлап алып тастағанымен бірдей. 6 Себебі бір әйел басын жапқысы келмесе, онда неге шашын қиып тастамасқа? Ал егер әйелдің шашын қиып немесе басын тақырлап тастағаны ұят болса, онда ол басын жапсын. 7 Сонымен ер адам басын жаппау керек: ол Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылып, Оның ұлылығын бейнелейді. Әйел болса, күйеуінің ұлылығын бейнелейді. 8 Себебі еркек әйелден емес, қайта, алғашқы әйел еркектің сүйегінен жасалды. 9 Сондай-ақ еркек әйелге бола емес, әйел еркекке бола жаратылды. 10 Сондықтан әйел өкілеттігінің белгісі ретінде басын жауып, періштелер назар аударатын тәртіпті сақтауы керек. 11 Дегенмен Иемізбен байланысымызда әйел еркектен, еркек әйелден тәуелсіз емес. 12 Алғашқы әйел еркектің сүйегінен жаратылса да, еркек әйелден туады, ал екеуін де жаратқан — Құдай. 13 Өздерің пайымдап, ақылға салыңдаршы: әйелдің басын жаппай Құдайға сиынуы әдепке жата ма? 14 Табиғи түйсіктеріңнің өзі сендерді ұзын шаш еркек үшін ұят екенін үйретпей ме? 15 Ал әйел үшін шашын өсіру оның мақтанышы емес пе? Ұзын шашы әйелге басын жабатын жамылғы ретінде берілген. 16 Егер де біреу бұл туралы айтысқысы келсе, бізде де, Құдайдың өзге қауымдарында да мұндай салт жоқ. 17 Төмендегі нұсқауларымда сендерді мақтай алмаймын, себебі жиындарыңның пайдасынан гөрі зияны көп. 18 Біріншіден, араларыңда жікке бөлінудің бар екені туралы хабар алдым, бұның ішінара болса да рас екеніне сенемін! 19 Ал сендердің қайсыларыңның сенімді екендіктеріңді анықтау үшін пікір алалығы да қажет. 20 Алайда сендер жиналған кезде шын мәнінде Иеміздің асын жемейді екенсіңдер. 21 Әркім өзінің тамағын басқалардан бұрын ішуге асығып, қайсыбіреу аш қалып, басқасы мас болады екен. 22 Ішіп-жеуге өз үйлерің бар емес пе? Немесе Құдайдың қауымын менсінбей, түгі жоқтарды ұятқа қалдырғыларың келе ме? Енді сендерге не десем екен? Осы үшін мақтайын ба? Әрине, мақтамаймын! 23 Мынаны мен Иеміздің Өзінен қабылдап, сендерге де айтып тапсырдым: Иеміз Иса ұсталып берілер түні нанды алып, 24 шүкірлік етті де, үзіп беріп, былай деді: «Бұл — сендер үшін құрбан болмақ денем. Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер!» 25 Сондай-ақ, кешкі астан кейін тостағанды да алып: «Мына тостаған — төгілмек қаныммен бекітілетін Жаңа келісім. Одан ішкен сайын Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер!» — деді. 26 Сендер осылай нан жеп, тостағаннан ішкен сайын, Иеміз қайтып келгенше, Оның құрбандық өлімін жариялай бересіңдер. 27 Сондықтан, кімде-кім лайықсыз түрде Иеміздің нанын жеп, тостағанынан ішсе, сол Иеміздің денесі мен қанына қарсы күнә жасайды. 28 Әркім нанды жеп, тостағаннан ішпес бұрын өзін сынасын; 29 егер лайықсыз түрде нан жеп, тостағаннан ішіп, Иеміздің денесіне тиісті құрмет көрсетпесе, онда ол өзіне Құдайдың үкімін шығартады. 30 Сондықтан да сендердің көбің әлсіз де аурусыңдар, біразың қайтыс болдыңдар. 31 Егер алдымен өзімізді-өзіміз сынасақ, Құдайдың жазасына ілікпес едік. 32 Ал бізге күнәкар дүниемен бірге қияметте үкім шығармас үшін Тәңір Иеміз бізді қазірдің өзінде тексеріп, жазалауда. 33 Сонымен, бауырластар, Иеміздің асына бас қосқанда бәрі жиналғанша күтіңдер! 34 Кімнің қарны ашса, сол үйінен тамақтанып келсін, әйтпесе жиналғанда Құдайдың жазасына ілігіп қаласыңдар. Ал басқа нәрселер туралы өздеріңе барған кезімде нұсқау бермекпін.
1 Енді рухани дарындарға тоқталайын, қымбатты бауырластар, сендердің бұларды дұрыс түсінбегендеріңді қаламаймын. 2 Өздерің білесіңдер: әлі де Құдайға мойынсұнбаған кездеріңде сендерді біреу жетелегендей, үндемейтін «тәңір» бейнелеріне құлшылық етудің әр түрлі жолдарымен азғырылдыңдар. 3 Сондықтан сендерге айтамын: Құдайдың Рухына кенелген ешбір адам «Исаны қарғыс атсын» дей алмайды, әрі Киелі Рухтың жетелеуінсіз ешкім де «Иса — Жаратқан Ие» деп шын жүректен мойындай алмайды. 4 Алуан түрлі дарындар бар, бірақ оларды сыйлайтын Киелі Рух Біреу-ақ. 5 Түрлі қызметтер де бар, ал біздің қызмет ететін Тәңір Иеміз Біреу. 6 Әрекеттер де алуан түрлі, бірақ олар арқылы сендердің барлығыңда әрекет ететін Құдай Біреу. 7 Ол өз Рухының өмірлеріңде бар екенін әрқайсыңа бәрінің игілігі үшін көрсетеді. 8 Кейбіреуге Киелі Рухтан даналық сөз, ал басқасына дәл сол Рухтан білімге толы сөз беріледі. 9 Киелі Рух кейбіреуге ерекше сенім дарытса, сол Рух тағы біреуге сауықтыру дарынын береді. 10 Ол біреуге кереметтер жасауды, өзгесіне Құдайдың хабарын жеткізуді, ал басқа біреуіне рухтардың түрлерін ажырата білуді, келесіге түрлі бөтен тілдерде сөйлеуді, ал тағы біреуге соларды түсіндіруді сыйлайды. 11 Бұлардың бәрін де дәл сол Киелі Рух істейді. Ол дарындарды Өзінің қалауынша әркімге жекелеп үлестіріп береді. 12 Көптеген мүшелері болса да адамның денесі біреу, әрі мүшелері қаншама көп болғанмен тұтас бір денені құрайды: Мәсіхтің рухани денесімен де дәл солай. 13 Себебі яһуди не басқа ұлттың адамы, құл немесе ерікті болайық, бәріміз бір Киелі Рух арқылы біртұтас рухани денеге енгізілдік. Барлығымыз да сол бір Киелі Рухқа кенелдік. 14 Дене бір ғана емес, көп мүшелерден тұрады. 15 Егер аяқ: «мен қол еместіктен денеге жатпаймын» десе, ол бәрібір оған жатпай ма? 16 Әлде құлақ: «мен көз еместіктен дененің мүшесі емеспін» десе, ол бәрібір сондай емес пе? 17 Егер бүкіл дене көз болса, онда ол қалай ести алар еді? Яки бүкіл дене есту сезімінен тұрса, қалай иіс сезе алар еді? 18 Іс жүзінде Құдай дене мүшелерінің әрқайсысын Өзінің қалауы бойынша орналастырған. 19 Барлығы бір-ақ мүше болса, дене болмас еді. 20 Шынында көп мүшелері бар, бірақ дене біреу. 21 Сондықтан көз қолға: «Маған керегің жоқ» дей алмайды; бастың да аяққа: «Маған қажетсізсің» деуі мүмкін емес. 22 Керісінше, дененің әлсіздеу болып көрінетін мүшелері өте қажет. 23 Азырақ құрметті деп санаған мүшелерімізді көбірек қамқорлап, 24 көріксіз мүшелерімізді ерекше назармен жауып қоямыз. Ал көріктілеріне соның қажеті де жоқ. Осылай Құдай денені құрметі аздау мүшелерін көбірек қамқорлайтындай етіп құрастырды. 25 Ондағы мақсаты: денеде жікке бөліну болмай, бүкіл мүшелері өзара бірдей қамқорлық көрсетсін дегені. 26 Сондықтан бір мүше ауырса, бәрі бірге ауырады, бір мүше дәріптелсе, соған барлығы да қуанады. 27 Сонымен сендер бірігіп Мәсіхтің рухани денесі, ал жеке дара оның бір мүшесісіңдер. 28 Құдай қауымда кейбіреулерді, біріншіден, елшілер, екіншіден, Өзінің хабарын жеткізушілер, үшіншіден, тәлім берушілер етіп қойды; Ол, сондай-ақ, кейбіреулерге кереметтер жасайтын құдірет, әрі ауруларды сауықтыратын, көмек көрсететін, ұйымдастырып басқаратын және түрлі бөтен тілдерде сөйлейтін дарындар да сыйлады. 29 Бәрі бірдей елші, Құдайдың хабарын жеткізуші, тәлім беруші немесе керемет істер жасаушы ма? 30 Барлығының ауруларды сауықтыратын дарыны бар ма? Бәрі де бөтен тілдерде сөйлеп, немесе айтылғандарды түсіндіріп жүр ме? Жоқ. 31 Ал сендер бәрің де ең пайдалы дарындарға ие болуға ұмтылыңдар! Енді мен барлығынан да асып түсетін жолды көрсетемін:
1 Егер мен адам тілдері мен періште тілдерінде сөйлей білсем, бірақ сүйіспеншілігім болмаса, онда сыңғырлаған қоңырау мен шылдырлаған асатаяқ сияқты боламын. 2 Егерде Құдайдың хабарын жеткізіп, күллі құпияларды біліп, барлық білімді иемденіп, тау қозғайтындай зор сенімге кенелсем, алайда сүйіспеншілігім болмаса, түкке де тұрмаймын. 3 Егер тіпті барлық мал-мүлкімді бейшараларға үлестіріп беріп, жанымды құрбан етіп, тәнімді отқа жағуға қисам, бірақ сүйіспеншілігім болмаса, бұдан да маған келер пайда жоқ. 4 Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді, Ол еш қызғанбайды, мақтанбайды, паңданбайды. 5 Сүйіспеншілік не жүгенсіз, Не өзімшіл, не ашушаң емес, Ол кек те сақтамайды. 6 Сүйіспеншілік әділетсіздікті құптамайды, Қайта, ақиқатқа қуанады. 7 Ол әрдайым қорған болып, ұдайы сенеді, Үмітін еш үзбей, бәріне де шыдайды. 8 Сүйіспеншілік ешқашан да сарқылмайды. Құдайдың хабарын жеткізу тоқталар, Бөтен тілдер сарқылар, Білім дарыны да тоқталар. 9 Себебі біліміміз тапшылау, Құдайдың хабарын жеткізуіміз де шектеулі. 10 Ал жетілгендік келген кезде Шектеулінің барлығы тоқталады. 11 Бала кезімде балаша сөйлеп, Балаша ойлап, балаша пайымдадым. Ер жеткеннен кейін Балалық қасиеттерден қол үздім. 12 Сол сияқты, қазір көргеніміз Айнадағы көмескі бейне іспетті, Ал болашақта бетпе-бет көретін боламыз. Қазіргі білетінім тек қана шектеулі. Алайда Құдайдың өзімді толық білетіні секілді, Мен де сол кезде бәрін толық білетін боламын. 13 Сонымен сенім, үміт, сүйіспеншілік — Осы үшеуі мәңгі қалады. Ал солардың ең бастысы сүйіспеншілік болады.
1 Сүйіспеншіліктің жолын қуыңдар! Рухани дарындарға, әсіресе Құдайдың хабарын жеткізу дарынына, ие болуға ұмтылыңдар! 2 Бөтен тілде сөйлейтін кісі адамдарға емес, Құдайға арнап сөйлеп, ешкім оны түсінбейді. Ол өз рухымен құпияларды айтады. 3 Ал Құдайдың хабарын жеткізуші адамдарға арнап сөйлеп, оларды нығайтып, жігерлендіріп, жұбатады. 4 Кім бөтен тілде сөйлесе, сол өз сенімін нығайтады, ал кім Құдайдың хабарын уағыздаса, сол қауымды нығайтады. 5 Мен сендердің бәріңнің де бөтен тілдерде сөйлегендеріңді, бірақ одан гөрі Құдайдың хабарын уағыздағандарыңды қалар едім. Сол жерде бөтен тілде айтылғандарды түсіндіріп, осылай қауымның нығаюына көмегін тигізетін біреу болмаса, онда бөтен тілде сөйлейтіннен гөрі Құдайдың хабарын жеткізушінің пайдасы әлдеқайда зор. 6 Бауырластарым, мен сендерге келіп, алдарыңда бөтен тілде сөйлей берсем, бірақ не Құдай ашқан құпия, не білім, не Құдайдың хабары, не тәлім арқылы түсінік бермесем, онда сендерге менен қандай пайда? 7 Мысалы, жансыз күй аспаптары — сыбызғы не жетіген анық дыбыс шығармаса, қандай күйдің ойналғанын қайдан білеміз? 8 Егер керней белгілі әуенді тартпаса, кім шайқасқа дайындалмақ? 9 Дәл сол сияқты, сендер өз тілдеріңде Құдайдың хабарын түсінікті қылып айтпасаңдар, тыңдаушылар не туралы айтқандарыңды қайдан білмек? Сөздеріңнің желмен ұшып кеткені ғой. 10 Дүниеде қаншама көп тілдер бар, ал олардың ешқайсысы да мәнсіз емес. 11 Бірақ егер бөтен тілдің мағынасын білмесем, онда мен оны сөйлеген адам үшін, ал ол мен үшін жат жерліктей болып сөйлесе алмаймыз. 12 Сендермен де сол сияқты болып тұр: Киелі Рухтың дарындарына ие болуға ұмтылудасыңдар. Ендеше қауымды рухани жетілдіретін дарындарды бәрінен көбірек пайдаланыңдар! 13 Сол себепті бөтен тілде сөйлейтін адам соны түсіндіретін дарынды да Құдайдан сұрасын! 14 Егер Оған бөтен тілде сиынсам, онда рухым сиынғанмен, ақыл-санам бұған қатыса алмайды. 15 Сонда не істеуіміз керек? Мен рухыммен де, санаммен де Құдайға сиынамын, рухыммен де, санаммен де мадақтау жырларын айтамын. 16 Ал егер рухыңмен ғана шүкірлік етсең, онда соны ұғынбайтындардың орнында отырған кез келген кісі ризашылық білдіргеніңді «аумин» деп қуаттай алмайды. Себебі ол не айтып тұрғаныңды ұқпайды. 17 Сен қаншама жақсы ризашылық білдірсең де, әлгі адамның рухани жетілуіне көмектеспейсің. 18 Мен өзім бөтен тілде сендердің әрқайсыңнан да көбірек сөйлеймін, бұл үшін Құдайыма шүкірлік етемін. 19 Алайда мен қауымның алдында бөтен тілде он мың сөз айтқанша, санаммен тәлім беретін бес сөз айтуды қалаймын. 20 Бауырластарым, ақыл тоқтатпаған баладай болмаңдар! Жамандық істеуге келгенде, сәбидей кінәратсыз, бірақ ұғынуға келгенде ересектей кемелді болыңдар! 21 Киелі жазбада Жаратқан Иенің мынадай сөздері бар: Осы халыққа арнап бөтен тілдерде сөйлетіп, жат жерліктердің тілдерімен үн қатамын. Бірақ бұлай да олар Мені тыңдамайтын болады! 22 Сонымен, бөтен тілде сөйлеу сенушілерге емес, сенбейтіндерге Құдайдың құдіретін көрсетеді. Ал Оның хабарын жеткізу сенбейтіндерге емес, сенушілерге көмектесу үшін берілді. 23 Мысалы, егер бүкіл қауым бас қосып, бәрі бөтен тілдерде сөйлегенде, мұны ұғынбайтындар немесе сенбейтіндер сол жерге келсе, олар сендерді естері ауысыпты демей ме? 24 Бірақ жиналғандардың барлығы Құдайдың хабарларын жеткізген кезде сенбейтін не ұғынбайтын біреу кірсе, бәрінен естіп тұрғаны оның күнәсін әшкерелеп, тергейді, 25 әрі жүрек түкпіріндегі құпиялары ашылады. Сонда ол Құдай алдында бас ұра ғибадат етіп: «Шынымен араларыңда Құдай бар!» деп мойындайтын болады. 26 Бауырластарым, сонда не? Сендер жиналғанда әрқайсың бір рухани жыр, тәлім немесе Құдай ашып білдірген құпияны айтып бересіңдер, біреуің бөтен тілде сөйлеп, біреуің соның мәнін түсіндіресіңдер: бәрі де қауымның жетілуі үшін пайдалы болсын. 27 Бөтен тілде сөйлейтіндер болса, екеуі, көп дегенде үшеуі ғана және бірінен соң бірі сөйлеп, айтқандарын біреу түсіндірсін; 28 егер түсіндіретін ешкім болмаса, онда олар қауымда үндемей, іштей ғана Құдайға арнап сөйлесін! 29 Екі не үш кісің Құдайдың хабарын жеткізіп, басқаларың айтылғандарды ақылға салып, пайымдаңдар. 30 Егер осы жерде отырған тағы біреуге Құдай бір құпияны ашып білдірсе, онда алғаш сөйлеуші үндемей қалуы керек. 31 Бәрің біріңнен соң бірің Құдайдың хабарларын жеткізулеріңе болады. Осылай барлығың да тәлім, жұбаныш және жігер аласыңдар. 32 Құдайдың хабарларын жеткізетіндердің рухтары оларға бағынады. 33 Себебі Құдай тәртіпсіздікті емес, тыныштық пен татулықты қалайды. Құдайға бағышталған халықтың барлық қауымдарындағы әдет осындай. 34 Қауым жиналыстарында әйелдерің үндемесін, оларға сөйлеуге рұқсат етілмеген. Заңда да айтылғандай, олар басшылық етпесін. 35 Бір нәрсе туралы сұрағылары келсе, үйде күйеулеріне сауал қойсын. Өйткені әйелдердің қауымда сөйлеулері ұят. 36 Егер келіспесеңдер, Құдай сөзі өздеріңнен шықты деп ойлайсыңдар ма? Ол тек сендерге ғана келіп пе еді? 37 Біреу Құдайдың хабарын жеткізушімін немесе Киелі Рухқа кенелдім деп ойласа, менің жазып отырғанымды Иеміздің өсиеті деп ұғынсын. 38 Кім мұны мойындамаса, оның өзі де мойындалмасын. 39 Сонымен, бауырластар, Құдайдың хабарын жеткізуге талпыныңдар, әрі бөтен тілдерде сөйлеуге тыйым салмаңдар. 40 Тек бәрінде әдеп пен тәртіп сақталсын!
1 Ал енді, бауырластар, мен сендерге уағыздаған Ізгі хабарды тағы да естеріңе салғым келеді. Сендер оны қабылдап, сенімдерің нығайып келді. 2 Егер оны дәл мен уағыздағандай берік ұстансаңдар, осы Ізгі хабар арқылы құтқарыласыңдар; әйтпесе оған бекерге сенгендерің. 3 Менің қабылдап алып, сендерге жеткізген ең басты хабарым мынау болды: Киелі жазбаларда алдын ала айтылғандай, Мәсіх біздің күнәларымыздың құнын өтеу үшін жанын құрбан етті. 4 Осы жазбалардың тағы алдын ала айтып кеткеніндей, Мәсіх қабірге қойылып, үшінші күні қайта тірілді. 5 Ол Кефаға (яғни Петірге), содан кейін он екі елшінің бәріне көрінді. 6 Мұнан соң Оны бес жүзден аса бауырластарымыз да бір мезгілде өз көздерімен көрді: олардың көпшілігі әлі тірі, біразы ғана қайтыс болды. 7 Содан кейін Мәсіх Жақыпқа, сондай-ақ барлық елшілеріне көрінді. 8 Бәрінен кейін, дер кезінде жаңа өмірге дайын болмаған мен де Мәсіхті өз көзіммен көрдім. 9 Елшілердің ішіндегі ең лайықсызымын, елші деп аталуға да тұрмаймын, себебі мен Құдайдың қауымын қуғындадым. 10 Бірақ та Құдайдың рақымымен қазір қандай болсам, сондай болдым. Оның рақымы бойымда бекер болған да емес. Қайта, басқалардың барлығынан көп еңбек еттім, ал шын мәнісінде мен өзім емес, маған жар болған Құдайдың рақымы еңбектенді. 11 Мен бе, әлде өзгелер ме, бәрібір, біз жариялаған, сендер сенген Ізгі хабар — осы. 12 Осылай Мәсіхтің өліп, қайта тірілгені жарияланып жатқанда, қайсыбіреулерің қалайша «өлгендердің қайта тірілуі жоқ» дей аласыңдар? 13 Егер өлгендердің қайта тірілуі жоқ болса, онда Мәсіх те қайта тіріле алмас еді. 14 Ал егер Мәсіх қайта тірілмеген болса, онда біздің жариялауымыз да, сендердің сенімдерің де бекер болғаны. 15 Бұған қоса біздер Құдай туралы «Ол Мәсіхті тірілтіп алды» деп жалған куәлік келтіргендер ретінде әшкереленген болар едік! Себебі өлгендер шынымен тірілмейтін болса, Құдайдың Мәсіхті де қайта тірілтпегені: 16 ешқандай қайта тірілу болмағанда Мәсіх те қайта тірілмес еді ғой. 17 Ал егер Мәсіх тірілмеген болса, сенімдеріңнен еш пайда болмай, күнәларың әлі де мойындарыңда қала берер еді. 18 Сондай-ақ, Мәсіхке сеніп қайтыс болғандар тозаққа түсер еді. 19 Егерде Мәсіхке тек бұ дүниедегі өмір үшін ғана үміт артсақ, онда біз барлық адамдардың ішіндегі ең байғұс-бейшаралары болар едік. 20 Алайда өлгендердің алғашқысы ретінде Мәсіх өлімнен біржола қайта тірілді! 21 Бір адам арқылы өлім дүниеге келді, сол сияқты бір Адам арқылы өлгендер қайта тіріледі: 22 яғни Адам атамен байланыстағылардың бәрі өлуге тиіс болғанындай, Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі де тіріледі. 23 Барлығы өз кезегімен: алғашқысы ретінде Мәсіх тірілді. Ал кейін, Ол қайтып келгенде, Оның қарамағындағы адамдар да тіріледі. 24 Мұнан соң бәрінің ақыры болады: Мәсіх қарсы тұратын күллі билік пен күш атаулыны жойып жіберіп, өз Патшалығын Құдай Әкесіне тапсырады. 25 Құдай «барлық жауларын Оның табанының астына салып бергенше», Мәсіх билік жүргізуге тиіс. 26 Жойылатын соңғы жау — өлім. 27 Себебі Тәңір Иеміз «бәрін де Оған бағындырып берді». Ал осы «бәрі» дегеніміз Құдай Әкені қамтымайды, бұл анық. Бәрін Мәсіхке бағындырып берген Оның Өзі ғой. 28 Сол кезде Құдайдың рухани Ұлы да әлемді Өзіне бағындырып берген Әкесіне мойынсұнады. Осылай Құдай бүкіл әлемге толықтай билік жүргізетін болады. 29 Әйтпесе, егерде өлімнен қайта тірілу болмаса, өлгендердің орнын басып шомылдыру рәсімінен өткендер не істемек? Егер өлгендер мүлдем тірілмесе, кісілер неге орындарын басып сол рәсімнен өтеді? 30 Біз де неге сағат сайын басымызды қауіп-қатерге тігеміз? 31 Мен күн сайын өліммен бетпе-бет келемін. Бұл — нағыз шындық, бауырластарым, Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы өмірлеріңді мақтан тұтатын мен осыны айтамын. 32 Егерде Ефес қаласында жабайы аңдармен тек пенделік ниетпен ғана күрескен болсам, одан маған қандай пайда түсер еді? Егер шынымен өлімнен қайта тірілу жоқ болса, онда «ішіп-жеп тойып алайық, ертең бәрібір өліп қалармыз». 33 Мұндайды айтқандарға алданып қалмаңдар! «Араммен араласып жүрген жан Айырылар адал салтынан» делінген. 34 Дұрыстап ақылға келіңдер: күнә жасауды доғарыңдар! Кейбіреулерің Құдайды әлі де танымайсыңдар. Мұны сендер ұялсын деп айтып отырмын. 35 Әлдебіреуің: «Өлгендер қалайша қайта тіріледі, тірілген денелері қандай болмақ?» — дерсіңдер. 36 Не деген түйсіксіздік! Жерге еккен дәнің көктеп, жаңа өмір шығарғанда өзі жойылады. 37 Сенің еккенің — кейін өсіп шығатын тұтас өсімдік емес, жай ғана тұқым, мысалы, бидайдың не басқа дақылдың дәні. 38 Ал Құдай өз қалауынша әрбір тұқымды түріне қарай өзіндік денемен қамтамасыз етеді. 39 Денелердің бәрі бірдей емес: адамның, малдың, құстың, балықтың денелері бір-бірінен өзгеше. 40 Жердегіден басқа аспандағылардың да денелері бар, бұлардың сұлулығы мен салтанаты жердегілердікінен өзгеше. 41 Күннің, айдың, жұлдыздардың өзіндік сұлулығы мен салтанаты бар, тіпті жұлдыздар сәуле мен салтанат жағынан бір-бірінен өзгеше. 42 Өлгендердің қайта тірілуі де осындай болады: топыраққа көмілген дене шіріп кетеді, ал қайта тірілгені мәңгі шірімейді. 43 Жерленіп, дене қор болады, ал кейін салтанатпен тіріледі. Әлсіз тән жерленеді, күшті болып қайта тіріледі. 44 Жерленгені — табиғи, тәндік дене болса, тірілгені — табиғаттан тыс, «рухани» дене. Тәндік дененің бар екендігі сияқты, «рухани» дене де болуға тиіс. 45 Тауратта осылай деп жазылған: Алғашқы адам — Адам ата «осылай тірі жан болып шыға келді», ал «Соңғы Адам» (Мәсіх) — мәңгілік өмір беретін Рух. 46 Алдымен рухани емес, тәндік дене болды, «рухани» дене кейінірек пайда болады. 47 Топырақтан жаратылған алғашқы адам бұ дүниеден, ал «Екінші Адам» (Мәсіх) көктен келді. 48 Бұ дүниелік адамдар топырақтан жаратылған Адам атаға ұқсас, ал көктен жаңа өмір алғандар көктен келген Мәсіхке ұқсас. 49 Демек, қазір біз топырақтан жаратылғанның кейпінде болғанымыздай, сол кезде көктен келген Мәсіхтің кейпіне ие боламыз. 50 Менің айтпағым мынау, бауырластар: ет пен қаннан тұратын тәндік дене Құдайдың мәңгілік Патшалығына кіре алмайды: шіріп кететін тәндеріміз мәңгі өмір сүре алмайды. 51 Сендерге мына құпияны айтайын: бәріміз бірдей өлмейміз, бірақ бәріміз түгелдей өзгереміз. 52 Бұл кенеттен, қас қағым сәтте, соңғы керней тартылған шақта іске асады. Сонда кернейдің үні естіліп, өлгендеріміз қайта тіріліп, біз де түгелдей өзгереміз. 53 Өйткені қазіргі құрып шіритін тәндеріміз ешқашан жойылмайтын денелермен алмасуға тиіс. 54 Бұл жүзеге асып, құритын нәрселер мәңгілік нәрселермен алмасқан шақта Пайғамбарлар жазбаларындағы мынадай уәделер орындалады: Өлім жеңіліп, біржола жоқ болады. 55 Өлім, қайда сенің жеңісің? О дүние, қайда улы тісің? 56 Өлім тудыратын «улы тіс» — күнә, ал күнә өз күшін заңнан алады. 57 Құдайға шүкірлік етейік! Ол бізге Иеміз Иса Мәсіх арқылы жеңісті сыйлайды. 58 Сонымен, сүйікті бауырластарым, табанды болып, сенімдеріңнен айнымай, Иеміздің ісін әрдайым молынан істей беріңдер! Өйткені Иемізбен жүріп атқарған еңбектеріңнің бекер еместігін біліп алдыңдар.
1 Енді Құдайдың мұқтаждық көріп жүрген (Яһудеядағы) халқына көмек жинау туралы: Ғалатия өлкесіндегі қауымдарға берген нұсқауларыма сай әрекет жасаңдар. 2 Жексенбі сайын әрқайсыларың жағдайларыңа қарай қолдағы қаражаттарыңнан бөлектеп, сақтап қойыңдар. Осылайша мен сендерге барған уақытта оларды жинаудың қажеті болмайды. 3 Сол кезде өздерің сәлемдемелеріңді апару үшін таңдап алған адамдарыңа сенімхаттарымды беріп, оларды Иерусалимге шығарып саламын. 4 Егер өзімнің де баруым жөн болса, онда бірге барармыз. 5 Мен сендерге Македония арқылы сапар шегіп келмекпін. Себебі сол өлкемен өтетін ойым бар. 6 Ал сендерде біраз тоқтап, тіпті қыстап та қалуым мүмкін. Осылай қай жаққа сапарымды жалғастырсам, мені жолға шығарып сала аласыңдар. 7 Себебі қазір жолай соққым келмейді; Иеміз қаласа, біраз уақыт өздеріңмен бірге болсам деп үміттенемін. 8 Алғашқы өнім мейрамына дейін Ефес қаласында болмақпын. 9 Өйткені осында өнімді еңбек етуіме есік айқара ашық, ал қарсыластарым да аз емес. 10 Тімоте сендерге келіп жатса, оның араларыңда алаңсыз жүруіне көңіл бөліңдер. Тімоте де мен сияқты Иеміздің ісімен айналысуда. 11 Ешқайсың оны елемей жүрмеңдер, аман-есен жолға шығарып салып, маған қайтып келуіне жағдай жасасаңдар екен. Тімотенің өзге бауырластарымызбен бірге қайта оралуын күтудемін. 12 Ал бауырласымыз Аполлос болса, оны сендерге баратын бауырластарға ілессін деп әлденеше рет жігерлендірдім, бірақ бұл жолы оның барғысы келген жоқ; сәті түскенде барар. 13 Сақ болыңдар, сенімдеріңде берік, ер жүрек әрі күшті тұрыңдар! 14 Бәрін де сүйіспеншілікпен істеңдер! 15 Степан мен оның үй ішін білесіңдер, олар Ахаядағы алғашқы сенушілер арасында болып, өздерін Құдайдың халқына қызмет етуге бағыштап келеді. Бауырластар, сендерден өтінемін: 16 осындай адамдардың және олармен істес болып, қажырлы еңбек етіп жүргендердің жетегіне сендер де еріңдер. 17 Степан, Фортунат және Ахайықтың келгендеріне қатты қуанып қалдым. Олар сендердің жоқ екендіктеріңнің орнын толтырып, 18 мені де, өздеріңді де рухтандырды. Мұндай адамдар шынында да қадірленуге лайық. 19 Азия өлкесіндегі қауымдар сендерге сәлем жолдайды. Ақила мен Прискила және олардың үйінде жиналатын қауымнан Иемізбен жүрген сендерге дұғай сәлем. 20 Мұндағы барлық бауырластар да сәлем айтуда. Шын жүректен бір-біріңе сүйіспеншіліктеріңді білдіріп, сәлемімізді жеткізіңдер. 21 Енді мен, Пауыл, сәлемімді өз қолыммен жазып отырмын. 22 Иемізді сүймейтін әркімді Құдайдың қарғысы атпақ. Иеміз, келе гөр! 23 Сендерге Иеміз Иса Мәсіх жар болып, рақымын жаудыра көрсін! 24 Менің сүйіспеншілігім Мәсіх Исамен байланысқан бәріңмен бірге. (Аумин.)
1 Құдайдың еркімен Мәсіх Исаның елшісі болған Пауылдан және бауырласымыз Тімотеден Құдайдың Қорынттағы қауымына және Оның бүкіл Ахая аймағындағы барлық адамдарына дұғай сәлем! 2 Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін! 3 Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі Құдай мадақталсын! Құдай — қайырымды Әкеміз, жұбаныш пен жігер атаулының бастауы. 4 Ол бізді барлық азаптарымызда жұбатып, жігерлендіреді. Осылай Құдайдың өзімізді жігерлендірген жұбанышымен біз де әр түрлі қайғы-қасірет шегіп жүргендерді жігерлендіре аламыз. 5 Өмірімізде Мәсіхтің жолындағы азаптарымыздың молая түскеніндей, Ол арқылы көретін жұбанышымыз да ағыл-тегіл мол болады. 6 Азап шегуіміз сендердің жігерленіп, құтқарылуларыңа септігін тигізеді. Өйткені біз көрген жұбаныш өздеріңді де жігерлендіреді. Соның нәтижесінде сендер дәл біз сияқты азаптарды бастан кешкенде шыдамдылықпен төзе аласыңдар. 7 Өздерің жайындағы үмітіміз берік. Себебі азабымызды бөліскендеріңдей, біз қабылдайтын жұбанышты да бөлісетіндеріңді білеміз. 8 Сондықтан, қымбатты бауырластар, сендерді Азия аймағында тап болған қиындықтарымыздан хабарсыз қалдырғымыз келмейді. Басымызға түскен ауыртпалықтың шектен тыс, адам төзе алмастай болғаны сонша, тірі қаламыз деп үміттенбедік те. 9 Жүрегімізде өлімге кесілгендей сезіндік. Бұл жайт біздің өзімізге емес, Құдайға ғана сүйене алуымыз үшін де осылай болды. Ол өлгендерді тірілте алады ғой. 10 Мұндай қорқынышты ажал қаупінен Ол бізді құтқарып алды және әлі де құтқаруда; сондай-ақ болашақта да құтқаратын болады деп Оған нық сенім артамыз. 11 Бұған сендердің дұғаларың да септігін тигізеді. Осылайша көптеген сенушілердің мінажаттарына Құдай құлақ асып, бізге рақымын төгіп, сол үшін олар шүкірлік ететін болады. 12 Біздің айналамыздағы адамдармен, әсіресе өздеріңмен, Құдайға ұнамды ашықтықпен, адалдықпен қатынас жасап келгендігімізге ар-ұжданымыз куә; мұны мақтан тұтамыз. Ескі күнәкар болмысымыздың «даналығымен» емес, Құдайдың рақымына бола солай өмір сүріп келеміз. 13 Сендердің жазған хаттарымыздан оқып, түсінгендеріңнен өзге құпия ниетіміз жоқ. Мұнымызды ұға бастадыңдар, енді толық ұғасыңдар деп үміттенемін. Сонда Иеміз Иса қайтып келген күні біздің сендерді мақтан ететініміздей, өздерің де бізді мақтан тұтатын боласыңдар. 15 Бұның бәріне сенгенім сонша, сендер екі рет рухани игілікке ие болсын деп, алдымен өздеріңе баруға ниеттендім. 16 Осылайша Македонияға бара жатқанда да, қайтып келе жатқанда да сендерге соға кетуді жоспарладым. Бұдан кейін Яһудея аймағына аттанғанымда мені шығарып сала алар едіңдер. 17 Осыған ниеттенгенімде ұшқалақтандым ба? Әлде мені жоспарларын ескі күнәкар болмысына сүйеніп, біресе «иә», біресе «жоқ» деп жасады дейсіңдер ме? 18 Құдай берген уәдесіне берік болғандай, біздің сендерге айтқан хабарымыз да кейде «иә», кейде «жоқ» емес, еш жалтақсыз! 19 Сендердің араларыңда Сыйлас, Тімоте үшеуіміз уағыздаған Құдайдың рухани Ұлы Иса Мәсіх те біресе «иә», біресе «жоқ» болған емес. Қайта, Ол арқылы Құдай «иә» дейді: 20 Оның барлық уәделері Мәсіх арқылы жүзеге асып, «иәға» айналады; сондықтан «аумин» деп, Мәсіхтің атымен Тәңір Иенің ұлылығын мадақтаймыз. 21 Мәсіхпен байланысымызда бізді сендермен бірге табанды етіп, тағайындаған — Құдайдың Өзі: 22 Ол бізге өз иелігінің «таңбасын басып», берген уәделерінің орындалуының кепілі ретінде Киелі Рухын жүректерімізге орнықтырды. 23 Осы кезге дейін менің Қорынтқа келмегенім сендерді аяғандығымнан екеніне Құдай куә. 24 Сенімдеріңе өктемдік еткіміз келмей, қуаныштарың үшін өздеріңмен бірге еңбектенеміз. Өйткені сенімдерің арқылы беріксіңдер.
1 Сол үшін де мен сендерге бармай-ақ қояйын деген шешімге келдім. Себебі барсам, өздеріңді тағы да ескертіп, ренжітуіме тура келер еді. 2 Себебі егер сендерді ренжітсем, онда мені кім қуантпақ? Өзім қамықтырған сендерден басқа кім көңілімді серпілтер еді? 3 Сондықтан да барып, мені қуантуға тиісті сендерден реніш табудың орнына сол хатты жазып жібердім. Бәріңнің мені қоштап, бірге қуанатындарыңа сендім. 4 Оны қатты қиналып, жүрегім ауырып, көзіме жас ала отырып жаздым. Өздеріңді қайғырту үшін емес, қайта, шексіз сүйетінімді ұғындыру үшін жаздым. 5 Сол ренішті туғызған адам болса, оның тек мені ғана емес, бәріңді де едәуір ренжіткені; тым асырып айтпау үшін «едәуір» дедім. 6 Мұндайға көпшіліктен алған жазасы жеткілікті. 7 Ендеше шексіз қайғыға батпасын деп, оны кешіріп, жігерлендіргендерің дұрыс болар. 8 Сонымен сендерден өтінерім: оған сүйіспеншіліктеріңді көрсетіңдер. 9 Сондай-ақ, барлық жағынан да айтқандарыма құлақ асар ма екенсіңдер деп тексеріп, сынау үшін де сол хатты жазып жібердім. 10 Сендер кешірген адамды мен де кешіремін. Ал менің кешіргенім — егерде оның бір айыбын кешіруім қажет болса — оны сендердің игіліктеріңді көздеп, Мәсіхтің алдында кешіргенім. 11 Әзәзіл шайтан бізден амалын асырмау үшін осылай істедім, оның зымиян ниетін жақсы білеміз. 12 Мәсіх туралы Ізгі хабарды уағыздау үшін Трояға келген кезімде Иеміздің маған Өзінің жұмысы үшін есік ашып қойғанын көрдім. 13 Бірақ сол жерден бауырласым Титті таба алмай мазам кетті. Сондықтан ондағы сенушілермен қоштасып, Македонияға жөнелдім. 14 Алайда Құдайға шүкір: Ол Мәсіхпен тығыз байланыстағы бізді әрдайым жеңістің шеруімен жетелеп, біз арқылы Мәсіхті танудың «хош иісін» барлық жерге де таратуда. 15 Себебі құтқарылу жолындағылар арасында да, тозаққа қарай бара жатқандар арасында да Құдай үшін Мәсіхтің хош иісі іспеттіміз. 16 Соңғылар үшін біздің таратқан Ізгі хабарымыз өлімнің шіріген иісіндей болса, алғашқылар үшін сол хабар шынайы өмірдің жұпар иісі секілді. Ал кім мұндай жауапты қызметті атқаруға қабілетті? 17 Біз көптеген басқалар сияқты Құдайдың хабарын пайда көздеп, бұрмаламаймыз. Қайта, Мәсіхпен тығыз байланыста тұрып, Құдайдан жіберілгендер ретінде Ізгі хабарды Оның көз алдында адалдықпен уағыздаймыз.
1 Бұл тағы да өзімізді-өзіміз мақтағандай болып тұр ма? Яки кейбір басқалар сияқты сендерге немесе сендерден кепілдеме хаттарына мұқтажбыз ба? 2 Жоқ, біздің «хатымыз» — өздеріңсіңдер: бәріне белгілі, бәрі де оқитын, жүрегімізге жазылған кепілдемеміз сендерсіңдер! 3 Осы «хатты» біздің қызметіміз арқылы Мәсіхтің Өзінің жазып жібергендігі сендердің өмірлеріңнен анық көрініп тұр. Ол сиямен емес, мәңгі тірі Құдайдың Рухымен, тас тақтайшаларға емес, адамдардың жүректеріне жазылды. 4 Біз Мәсіх арқылы сендер жайында Құдайға нық сенгендіктен осылай дейміз. 5 Бұл қызметке өзіміз қабілеттіміз деп ойлайтындай еш негізіміз жоқ. Біздегі бар қабілеттілік өзімізден емес, Құдайдан. 6 Ол бізді жазылған заңдарға емес, Киелі Рухына негізделген Жаңа Келісімге сай қызмет етуге қабілетті қылды. Жазылған заңдар рухани өлім әкеледі, ал Киелі Рух шынайы өмір сыйлайды. 7 Рас, Таурат заңы тас тақтайшаларға ойып жазылған әріптермен берілген кезде Құдайдың нұрлы салтанаты көрінді. Сонда Мұса пайғамбардың бет әлпетіндегі нұрдың сәулесінің күшті болғаны сонша, исраилдіктер оған қарап тұра алмады. Дегенмен сол нұрдың сәулесі өткінші ғана еді. Ал енді, рухани өлім әкелетін Таурат заңына сай қызмет сондай салтанатпен көрінген болса, 8 онда Киелі Рухтың қызметінің салтанаты содан бетер қаншама ұлы болуға тиіс! 9 Яки адамдарды үкімдейтін қызмет сондай салтанатқа кенелгенде, ақтау мен әділдік әкелетін қызмет одан да зор салтанатқа кенелген болуға тиіс! 10 Кезінде салтанатқа кенелген Көне Келісім, өзінен әлдеқайда салтанатты Жаңа Келісімнің келуіне байланысты бар салтанатынан айырылды. 11 Себебі өткінші салтанат осыншама ұлы болғанда, мәңгілік салтанат одан бетер қаншама ұлы болмақ! 12 Ендеше осындай үмітке ие болған біз зор батылдықпен қызмет етеміз. 13 Өшіп бара жатқан өткінші салтанатқа исраилдіктер қадала қарамасын деп, бетін пердемен жапқан Мұса сияқты істемейміз де. 14 Ал солардың саналары да зердесіз болды. Олар Көне Келісімді оқығанда, ой-саналары тіпті күні бүгінге дейін сондай «пердемен» жабулы тұрған іспетті. Осы «пердені» алып тастаушы — Мәсіх. 15 Әлі күнге дейін олар Мұсаның жазбаларын оқығанда жүректері «пердемен» жабулы тұрғандай. 16 Ал Иемізге бет бұрғанда «перде» алынып тасталады. 17 Иеміз — Рух, Иеміздің Рухы бар жерде азаттық бар. 18 Ал енді, бәріміз бетімізді бүркемей, ашық түрде Иеміздің салтанатты ұлылығына айнадан көргендей мұқият көз жібереміз. Осылайша Ол бізді Өзіне ұқсатып, өзгертіп келеді. Сол арқылы Оның салтанатты ұлылығы барған сайын бізден көбірек көрініс табады. Бұл Иемізден — Киелі Рухтан келеді.
1 Сонымен, Құдайдың рақымымен осы қызметке ие болған біз ешбір мойымаймыз. 2 Қайта, құпия да ұят қылықтардан аулақ жүріп, ешқандай қулық-сұмдықты қолданбаймыз. Құдайдың хабарын бұрмаламаймыз да: Оның көз алдында шындықты ашық уағыздап, өзімізді барлық адамдардың ар-ұждандарына таныстырамыз. 3 Біз жариялап жүрген Ізгі хабар жабық болса, ол тозақ жолындағылар үшін ғана жабық. 4 Бұлар оған сенбейді, себебі осы күнәкар дүниенің «тәңірі» (әзәзіл шайтан) олардың ой-саналарын соқыр қылып қойған. Содан олар Мәсіхтің салтанатты ұлылығы туралы Ізгі хабардың нұрын көре алмайды. Ал Мәсіх Құдайдың қандай екенін айқын көрсетеді. 5 Біз өзімізді емес, Мәсіх Исаны уағыздаймыз, Ол — Жаратқан Ие, ал біз Исаға бағышталып, сендерге қызмет етеміз. 6 Жаратылыстың басталуында қараңғылықтан нұрдың жарқырауын бұйырған Құдай жан дүниемізді де жарқыратып, бізді Иса Мәсіхтің бетінен көрінетін Өзінің салтанатты ұлылығын білуіміз арқылы нұрландырды. 7 Біз осы рухани қазынаны сақтайтын қарапайым қыш құмыралар іспеттіміз. Осылайша ондағы шексіз зор құдіреттің өзімізден емес, Құдайдан екені анық болып тұр. 8 Жан-жақтан қысым көрудеміз, бірақ тапталған жоқпыз, шарасыз болып қысылудамыз, бірақ үмітімізді үзген жоқпыз. 9 Қуғынға түссек те, Тәңір Ие бізді жалғыз қалдырған жоқ; жығылсақ та, жойылмаймыз. 10 Иеміз Иса іспетті тәнімізде әрдайым азап шегіп, өлім қаупіне душар боламыз. Сол арқылы Оның өмірі де тәнімізден көрініс табуда. 11 Себебі тірі жүрген біздер ұдайы Исаға бола өліммен бетпе-бет келеміз, осылай ажалды тәнімізден Оның өмірі көрініс табады. 12 Мұның нәтижесінде бізде өлім, ал сендерде өмір әрекет етуде. 13 Ал Забурда: «Мен Саған сенімімді жүктедім, содан мынаны айттым» деп жазылған. Осындай сенімді Құдайға біз де жүктейміз, сондықтан Ол туралы айтамыз. 14 Иеміз Исаны қайта тірілткен Құдайдың бізді де Иса арқылы қайта тірілтіп, сендермен бірге өз алдына әкелетінін білеміз ғой. 15 Басымыздан өткен осылардың бәрі де сендердің игіліктерің үшін. Бұның нәтижесінде барған сайын көптеген адамдар Құдайдың рақымын қабылдап, Оған шексіз ризашылық білдіріп, даңқын асырмақ. 16 Сондықтан да еш мойымаймыз. Тәніміз тозып әлсірегенмен, жан дүниеміз күн сайын жаңара түсуде. 17 Уақытша көретін жеңіл азаптарымыз бізді өздерінен әлдеқайда зор, тіпті шексіз де мәңгілік ұлылыққа жеткізеді! 18 Сонымен көзге көрінетін емес, көрінбейтін нәрселерге назар тігеміз. Себебі қазір көрініп тұрғандар өткінші, ал көрінбейтіндер мәңгі.
1 Мынаны да білеміз: жер бетіндегі «шатырымыз», яғни тәніміз, күйрегенде, адам қолы емес, Құдайдың Өзі жасаған көктегі мәңгілік мекенімізге, яғни жаңа денеге, ие боламыз. 2 Қазірдің өзінде ыңқылдай күрсіне отырып, көктен келетін денелерімізді жамылатын кезді зарыға күтудеміз. 3 Себебі жаңа денені жамылғанда мекенсіз қалмаймыз. 4 Әлі де осы «шатырда» тұрып, ауыртпалық көргенде ыңқылдай күрсініп отырмыз. Алайда ажалдан жанымыз жалаңашталмай-ақ, көктен келген денемізді бірден жамылуды қалаймыз. Сонда өткінші тұрмысымыздың орнын мәңгілік өмір ауыстырады. 5 Бізді осы үшін де жаратқан Құдай Өзінің берген уәделерінің орындалуының кепілі болсын деп, Киелі Рухын сыйлады. 6 Сол себептен әрдайым жігерліміз. Әлі де қазіргі тәнімізде тұрғанда Иеміздің қасындағы мекенімізден алшақ екенімізді білеміз. 7 Ал біз көргенімізбен емес, сенімімізбен өмір сүреміз. 8 Содан жігерлі болып, осы тәнімізді тастап, Иеміздің қасында орнығуды қалаймыз. 9 Сондықтан әлі де осы тәнімізде болайық немесе одан тыс (Иеміздің қасында) болайық, бәрібір бар ынтамен Оған ұнауға тырысамыз. 10 Барлығымыз Мәсіхтің төрелік тағының алдында тұрып, әшкереленуге тиіспіз ғой. Сонда әрқайсымыз тәндік өміріміздегі іс-әрекетіміздің жақсы-жамандығына қарай лайықты бағамызды алатын боламыз. 11 Сонымен Иемізді терең қастерлеп, Оған ұнамсызды істеуден шошынуды ұдайы есімізде ұстаймыз. Сондай-ақ басқа адамдарды да осы шындыққа сендіруге ұмтыламыз. Біз Құдай алдында әйгіліміз. Сендердің ар-ұждандарыңа да әйгіліміз деп үміттенеміз. 12 Тағы да өзімізді алдарыңда мақтайтын ойымыз жоқ. Қайта, сендердің бізді мақтан тұта алуларыңның себебін айтып тұрмыз. Сонда сендер адамды ішкі дүниесіне емес, сырт көрінісіне ғана қарап мадақтайтын кісілерге жауап бере аласыңдар. 13 Біз «есімізден адасқан» болсақ, Құдайға бағышталғанымыз үшін солай болып көрінгені. Ал іс жүзінде есіміздің дұрыс екендігі сендерге тиімді. 14 Мәсіхтің сүйіспеншілігі бізді алға басуға мәжбүр етеді. Себебі мынадай қорытындыға келдік: бір Адам бәрі үшін өлгендіктен барлығы да рухани өлді. 15 Мәсіхтің бәрі үшін өлгендігінің мақсаты мынау: жаңа өмірге ие болғандар енді тек өздері үшін ғана тіршілік етпесін, қайта, Мәсіхке бағышталып өмір сүрсін! Ол солардың игілігіне бола жанын құрбан етіп, өлімнен қайта тірілді ғой. 16 Ендеше ешкімге адам тұрғысынан қарамаймыз. Бұрын біз Мәсіхке солай қарағанмен, қазір олай етпейміз. 17 Сонымен, біреу Мәсіхпен тығыз байланыста болса, сол — жаңадан жаратылған адам. Ескі өмірі өтіп кетіп, міне, жаңасы пайда болды! 18 Осының бәрі де Құдайдың ісі. Ол бізді Мәсіх арқылы Өзімен татуластырып, бізге басқаларды Өзімен татуластыру қызметін аманаттады. 19 Құдай адамзатты Мәсіхтің арқасында Өзімен татуластырды, енді олардың күнәларын мойындарына артпай, татуласу туралы Ізгі хабарды жариялауды бізге тапсырды. 20 Осылайша Мәсіхтің өкілдеріміз, біз арқылы Құдайдың Өзі адамдарға ескертеді. Мәсіхтің атынан: «Құдаймен татуласыңдар!» — деп өтінеміз. 21 Тәңір Ие біздің күнәларымызды ешқашан күнә жасамаған Мәсіхке артты. Онымен тығыз байланысқан біз осы арқылы Құдайдың алдында ақталдық.
1 Құдаймен бірге еңбектенуші біз сендерден мынаны өтініп, ескертеміз: өздерің қабылдаған Құдайдың рақымы өмірлеріңде өнімсіз болмасын. 2 Себебі Ол мынадай сөздерді айтқан: Мен мейірім көрсететін кезімде саған құлақ салдым, халқымды құтқаратын күнім келгенде сені қамқорладым. Тыңдаңдар: Оның мейірім көрсететін кезі осы, құтқаратын күні, міне, бүгін! 3 Қызметіміз ұятқа қалмасын деп, жұрттың Ізгі хабарды қабылдауларында іс-әрекетімізбен ешкімге ешқандай кедергі жасамаймыз. 4 Қайта, барлық істе де Құдайдың қызметшілеріне лайық болуға ұмтылып, зор шыдамдылықпен азаптар, ауыртпалықтар және қиын-қыстау жағдайларды басымыздан өткіземіз. 5 Біз ұрып-соғылып, түрмеге қамалып, қуғындалғанда, сондай-ақ, ауыр еңбек етіп, ұйқысыз түндер мен аш күндерді бастан кешкенде 6 таза жүреміз. Түсінігіміз, төзімділігіміз және ақпейілділігімізбен бойымыздағы Киелі Рух арқылы адал сүйіспеншілік танытамыз; 7 шындықтың хабарын уағыздап, Құдайдың құдіретін көрсетеміз. Осылай Оның қызметшілері екенімізді паш етеміз. Екі қолымызда ұстанған «қаруымыз» — әділдік. 8 Бізді не құрметтеп, не қараласа да, не сөгіп, не мадақтаса да, не өтірікшілер десе де, бәрібір адалмыз. 9 Танымал болмасақ та, бізді таниды. Өлгендер деп санаса да, міне, тіріміз. Бізді жазаласа да, өлген жоқпыз. 10 Бізді ренжітеді, бірақ әрдайым қуаныштымыз. Кедей болсақ та, көптеген адамдарды байытамыз. Ештеңеміз жоқ болғанмен, бәріне де иеміз. 11 Қымбатты қорынттықтар, сендермен ашық сөйлестік, жүректеріміз де айқара ашық. 12 Өздеріңе деген пейіліміз кең болғанмен, сендер бізге жүректеріңнен аз-ақ орын бердіңдер. 13 Мен сендермен балаларымен сөйлескен әкедей сөйлесемін: енді өздерің де бізге пейілдеріңді кең жайсаңдаршы! 14 Сенбейтіндермен қоян-қолтық бірге жүріп, жаман ниеттеріне ортақтаспаңдар! Себебі әділдік пен заңсыздық арасында ортақ не бар? Яки жарық пен түнек қалай тығыз байланыста тұрмақ? 15 Мәсіх пен белияр (шайтан) арасында ынтымақ бола ала ма? Мәсіхке сенуші мен сенбейтіннің арасында ортақ не бар? 16 Құдайдың киелі үйі мен жалған тәңірлер арасында қандай келісімнің болуы мүмкін? Себебі біздер мәңгі тірі Құдайдың «киелі үйіміз». Құдайдың Өзі мынадай сөздер айтқан: «Мен орталарында тұрып, араларында жүретін боламын. Мен олардың Құдайы, ал олар Менің халқым болады». 17 Жаратқан Ие мынаны айтады: Сондықтан олардың арасынан шығыңдар! Олардан бөлек тұрыңдар, арам нәрселеріне мүлдем жоламаңдар! Сонда Мен сендерді қабылдаймын. 18 Мен сендерге Әке боламын, ал сендер рухани ұл-қыздарым боласыңдар дейді Әлемнің Билеушісі — Жаратқан Ие.
1 Осы уәделердің бәрі де бізге берілгендіктен, сүйікті бауырластарым, тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрселерден тазарып, Құдайды терең қастерлеп, толығымен Оған бағышталған қасиетті өмір сүрейік! 2 Жүректеріңнен бізге орын беріңдер. Біз ешқайсыңа да әділетсіздік істеп, зиян келтірген жоқпыз. Ешкімді алдап, пайдаланған да емеспіз. 3 Бұларды айтқандағы мақсатым сендерді айыптау емес. Бұрын айтып кеткенімдей, жүрегіміздің төріндесіңдер; бірге өліп не бірге өмір сүруге дайынбыз. 4 Өздеріңе деген сенімім зор, сендерді ерекше мақтан тұтамын. Соншама көп азап шексек те, жігерім артып, қуанышым қойныма сыймайды. 5 Ал Македонияға келгеннен кейін тәніміз дамыл таппай, жан-жақтан қысым-қыспақ көрдік: сырттан — шабуыл, ішімізде — үрей-қорқыныш. 6 Бірақ еңсесі түскенді жігерлендіретін Құдай бізді Титтің келуімен жігерлендірді. 7 Тек Титтің келуі ғана емес, сондай-ақ, сендердің оны жігерлендіргендерің туралы айтып бергендері де көңілімізді орнықтырды. Тит өздеріңнің бізді аңсап-сағынып, опық жеп жылап, мен үшін ынталана құлшыныс жасағандарың жайында хабар әкелді. Бұған одан бетер қуандым. 8 Тіпті сендерді жазған хатыммен қапаландырсам да, мұныма өкінбеймін. Расында мен хатымның сендерді қасіретке батырғанын көріп, өкінген де едім. Ал қасіреттерің уақытша ғана болды. 9 Қазір мен қуаныштымын — қасіреттеріңе бола емес, опық жеп қайғырып, теріс жолдан қайта оралғандарыңа бола. Сол қайғыларың Құдайдың еркімен болған еді, сондықтан да ешқандай зиян көрмедіңдер. 10 Себебі Құдайдың еркімен болған қайғы-қасірет адамның Оған бет бұрып, құтқарылуына түрткі болады. Ол кейін соған өкінбейді де. Ал күнәкар дүниелік қайғы-қасіреттің нәтижесі — рухани өлім. 11 Құдайдың еркімен болған қайғыларыңнан өздеріңде не туындағанын қараңдаршы: қандай ынта-жігер, күнәдан арылуға деген неткен ұмтылыс, болған жайтқа не қылған наразылық пен абыржу, неткен сағыныш, бәрін түзетуге деген соншама құлшыныс, қандай әділ жаза! Осының бәрімен сендер бұл істе кінәратсыз таза екендіктеріңді дәлелдедіңдер. 12 Ал мен сол хатты не қорлағанға, не қорланғанға бола жазған жоқпын. Сендердің Құдай алдында біздің қамдарымызды қалай ойлайтындарыңа көздеріңнің жетуін қаладым. 13 Сол себептен де жігерлендік. Ал Титтің қуанышына одан бетер риза болдық, барлығың да оның көңілін орнықтырдыңдар. 14 Сонымен, сендерді мақтауыммен ешбір ұятқа қалмадым. Қайта, сендерге айтқанымыздың түгел шынайы екеніндей, Титке өздеріңді мақтауымыз да нағыз шындық болып шықты. 15 Ол сендерді тіптен жақсы көріп, бәріңнің өзін қалай тыңдап, қатты қобалжып қастерлеп, қол қусырып қабылдағандарыңды есіне алып отырады. 16 Ал мен қай істе де өздеріңе сене алатыныма қатты қуанамын!
1 Ал енді, қымбатты бауырластар, сендерді Құдайдың Македониядағы қауымдарға рақымын төккені туралы да хабардар еткіміз келеді. 2 Бастарынан өтіп жатқан ауыртпалықтар арқылы сенімдері қатты сыналғанмен, (Иемізге деген) қуаныштары шексіз болды. Осылайша олар ағыл-тегіл мол беріп, өздерінің тақыр кедейліктеріне қарамастан жомарттық көрсетті. 3 Олардың қолдарынан келгенше, тіпті мүмкіндіктерінен де артық кеңпейілділік танытқандарына мен куәмін: өз жүрек қалауларымен 4 бізден өтініп, өздері де Құдайдың халқына көмек жіберіп, қызмет етуге қатыса алуларын қоймастан жалынып сұрады. 5 Бұл күткенімізден де артық болды! Олар өздерін алдымен Иемізге бағыштап, сондай-ақ, Құдайдың еркімен бізге де беріле көмектесті. 6 Сонымен, Тит сендердің араларыңда да осындай игілікті істі бастағандықтан, одан онысын тамамдауын сұрадық. 7 Сенім, Құдайдың хабарын уағыздау, түсінік, барлық іске де ынта-жігер және бізге деген сүйіспеншіліктерің — бұлардың бәрі сендерде ағыл-тегіл мол. Дәл сол сияқты осы игілікті істі де молынан атқарыңдар. 8 Мұны бұйыра айтып отырғаным жоқ. Ал басқалардың құлшыныстарына меңзеп, сүйіспеншіліктеріңнің шынайылығын сынап тұрмын. 9 Иеміз Иса Мәсіхтің рақымдылығын жақсы білесіңдер: Ол сондай бай бола тұра, сендердің рухани баюларың үшін бәрінен бас тартып, жоқшылыққа ұшырады! 10 Бұған байланысты айтар ақылым: былтыр сендер алғашқы болып көмек беріп қана қоймай, соны өз қалауларыңмен де атқардыңдар. 11 Ал енді, құлшына тілегендеріңді жүзеге асырып, қолдарыңдағы бармен бөлісіп, осы істі тамамдаңдар. 12 Біреу беруге ынталы болса, Тәңір Ие оның тарту-таралғысын қолындағы жоғына емес, барына қарай ризашылықпен қабылдайды. 13 Басқалардың жағдайын жеңілдету үшін өздеріңнің қиналып қалуларыңның қажеті жоқ; керісінше, екі жақта да теңдік болуы керек. 14 Қазіргі сендердің молшылықтарың олардың мұқтаждықтарын қамтамасыз етіп, кейін олардағы молшылық сендердегі мұқтаждықты қамтамасыз етпек; сонда екі жақта да теңдік орнайды. 15 Осылайша «көп жинаған кісіден артылған жоқ, аз жинаған мұқтаж да болған жоқ» деп Тауратта жазылғандай болмақ. 16 Сендерге қамқорлық жасауға деген құлшынысты бізге бергеніндей, оны Титтің де жүрегіне сепкені үшін Құдайға шүкірлік. 17 Жаңағы тілегімізді Тит жылы ықыласпен қабылдап қана қойған жоқ, сендерге зор құлшыныспен, өз қалауы бойынша бара жатыр. 18 Титпен бірге тағы бір бауырласымызды да жіберіп отырмыз. Оның Ізгі хабарды уағыздаудағы жұмысы барлық қауымдарда мақталып жүр. 19 Мұның үстіне қауымдар оны осы игілікті істі орындау мақсатымен (Иерусалимге) аттанған сапарымызда бізбен бірге еріп баруға таңдап алды. Бұл игі істі Иеміздің даңқын арттырып, ізгі ниетімізді білдіру үшін атқарып жүрміз. 20 Сеніп тапсырылған осы мол сый-тартуды қалай басқарғанымыз жайында бізге ешкім айып тақпасын деп сақ жүреміз. 21 Иеміз алдында да, адамдар алдында да адал жүруге тырысамыз. 22 Олармен бірге тағы бір бауырласымызды жіберіп жатырмыз. Оның ізгі ынта-жігеріне алуан түрлі жағдайларда әлденеше рет көз жеткіздік. Ол өздеріңе сенім артып, баруға бұрынғыдан бетер құлшынған. 23 Тит — менің әрі жолдасым, әрі араларыңдағы қызметтесім. Ал осы бауырластарға келсек, олар — қауымдардың жіберген өкілдері, сүрген өмірлерімен Мәсіхтің ұлылығын паш ететіндер. 24 Сонымен, оларға сүйіспеншіліктеріңді көрсетіңдер! Осылай біздің өздеріңді мақтан тұтатынымыздың орынды екеніне қауымдардың көздерін жеткізіңдер.
1 Шынында сендерге Құдайдың халқына көмектесу туралы жазып жатудың қажеті де жоқ. 2 Соған деген құлшыныстарыңды білемін ғой. Содан мен Ахая аймағында тұратын сендердің тіпті былтырдан бері көмектесуге әзір екендіктеріңді македониялықтарға айтып, мақтан тұтып келемін. Осы құлшыныстарың олардың көбіне де қозғау салған. 3 Ал енді өздеріңді мақтағаным бекер болмасын деп, бауырластарды жіберіп отырмын. Осылай өзім айтып кеткендей, іс жүзінде де көмектесуге даяр бола аласыңдар. 4 Олай етпеген күнде македониялықтар менімен бірге келіп, даяр еместеріңді көрсе, өздеріңді айтпай-ақ қояйын, біз қандай ұятқа қалар едік! Сендерді сондай нық сеніммен мақтап жүрдік қой. 5 Сондықтан да бауырластардан сендерге бізден бұрын баруларын сұрауды тиімді деп таптым. Олар өздерің уәде еткен жомарт тарту-таралғыларыңды алдын ала жинап, дайындаудың қамын ойластырмақ. Сонда сыйларың іштарлықпен лажсыздан берілген емес, кеңпейілділікпен жасалған игілік болады. 6 Бұл жайында: «Сараң сепкен сараң жинар, жомарт сепкен жомарт жинар» делінген ғой. 7 Әрқайсың жүректеріңнің шешіміне сай, еш ренішсіз, зорлықсыз барларыңмен бөлісіңдер! Құдай қуанышпен беретіндерді ұнатады. 8 Ал сендерді бүкіл игілікке молынан кенелтуге Құдайдың құдіреті жетеді! Сонда әрдайым, қандай жағдайда да қажеттеріңнің бәрімен қамтамасыз етіліп, әр қилы игі істерді молынан жасай аласыңдар. 9 «Ол мұқтаждарға мол көмек таратады, оның әділдігі мәңгіге ұласады» деп Забурда жазылған. 10 Егіншіге себуге тұқым, ашыққанға жеуге нан беретін Құдай сендерге «игіліктің тұқымын» ағыл-тегіл мол сыйлап, әділ істеріңнің өнімін молайта түспек. 11 Ондағы көздегені — сендердің әр жағдайда жомарттық жасай алатындай дәулетті болуларың, әрі біз арқылы жіберген көмектерің үшін көп адамдардың Құдайға шүкірлік етуі. 12 Өйткені атқарып жатқан қызметтерің Құдай халқының мұқтаждықтарын қамтамасыз етеді. Олар сонымен қатар бұл сенушілердің Жаратқан Иеге шексіз ризашылықтарын білдіріп шүкірлік етулеріне себепші болмақ. 13 Сендер осы қызметте игі ниеттеріңді дәлелдеп, өздерің мойындаған Мәсіхтің Ізгі хабарына мойынсұнып, солармен және басқалардың бәрімен жомарттықпен бөлісудесіңдер. Сондықтан олар Құдайды мадақтап, 14 Оның өздеріңе шексіз мол жаудырған рақымына риза болып, шынайы сүйіспеншілікпен сендер үшін дұға ететін болады. 15 Бізге берген баға жетпес сыйы үшін Құдайға лайым шүкірлік етейік!
1 «Қасымызда жүргенде момын, ал алыста жүргенде батыл» деп келекеленген мен — Пауыл Мәсіхтің ілтипаттылығы мен төзімділігін естеріңе сала отырып мынаны өтініп сұраймын: 2 сендерге барған кезімде қатаң батылдықты қолдануға мені мәжбүр етпеңдер! Соны бізді күнәкарлар сияқты іс-әрекет жасайды деп ойлайтын кейбіреулеріңе қарсы қолданатын ниетім бар. 3 Біз осы күнәкар дүниеде өмір сүргенмен, оның салты бойынша күреспейміз: 4 қолданып жүрген қаруларымыз осы дүниелік емес, оларда Құдайдың құдіреті бар. Солармен жау бекіністерін талқандаймыз; оның дәлелдемелерінің қате екенін әшкерелеп, 5 адамдардың Құдайды тануларына бөгет болатын тәкаппарлық атаулыны құртып, күллі ой-пікірлерін Мәсіхке бағындырамыз. 6 Осылай өздерің Оған толық мойынсұнғаннан кейін (араларыңдағы қиқарлардың) бүкіл бағынбаушылықтарын жазалауға дайын боламыз. 7 Сендер тек жайттың сыртқы көрінісіне ғана назар аударып келесіңдер. Өзін Мәсіхтікімін деп иланған әркім қайтадан ойлансын: ол сияқты біз де Мәсіхтікіміз. 8 Иеміз бізге сендерге зиян келтіру үшін емес, сенімдеріңді нығайту үшін билік берген болатын. Сол билігіммен емін-еркін мақтансам да, ұятқа қалмас едім. 9 Бірақ сендерді хаттарыммен қорқытқым келмейді, солай болып көрінбесін! 10 Кейбіреулерің мені «хаттары қатаң да күшті, ал жүзбе-жүз кездескенде өзі де әлсіз, сөзі де мәнсіз» дейді екенсіңдер. 11 Ондайлар біздің сендерге алыстан хатта жазғандарымыз бен қастарыңда жүргенде істейтіндеріміздің бірдей болатынын білсін! 12 Сондай мақтаншақтармен өзімізді теңестіруге не салыстыруға біздің дәтіміз, әрине, бармайды: олар өздерін өзіндік үлгілерімен бағалап, өздерін өздерімен ғана салыстырады. Қандай ақымақтық! 13 Ал біз шексіз мақтанбаймыз. Керісінше, өзімізге Құдай белгілеген қызмет ауқымында қаламыз. Бұл сендерді де қамтиды, 14 сондықтан да өз ауқымымыздың шегінен тыс шықпаймыз. Егерде сендерге бұрын еш бармаған болсақ, солай болар еді. Алайда Мәсіхтің Ізгі хабарын сендерге алғаш рет біз жеткіздік емес пе?! 15 Сонымен басқалардың еңбектерімен мақтанатындай тиімсіз іс жасамаймыз. Қайта, сендердің сенімдеріңнің өсуі арқылы араларыңдағы қызмет ауқымымыз әлі де молынан кеңейе түседі деп күтеміз. 16 Осылай біз Ізгі хабарды сендерден тыс, өзге жерлерде де уағыздай алып, басқаның ауқымында атқарылған дайын істер үшін мақтанбайтын боламыз. 17 «Кім мақтанғысы келсе, тек Жаратқан Иемен мақтансын!» деп Пайғамбарлар жазбаларында айтылған ғой. 18 Ендеше өзін-өзі мақтаған емес, тек Иеміз мақтаған ғана шынымен қадірленуге лайық.
1 Мақтануыммен біраз ақымақ болып көрінгеніме төзсеңдер екен деймін. Іс жүзінде төзіп келесіңдер де. 2 Сендерді Құдай берген қамқорлықпен қызғыштай қорғап келемін. Өздеріңді бір-ақ «Күйеу» — Мәсіхке «айттырып қойдым», әрі пәк таза «қыз күйлеріңде» ұзатқым келеді. 3 Әзәзіл жыланның қулықпен Хауа ананы алдап, азғырғанындай, кейбіреулер сендердің де ой-саналарыңды Мәсіхке деген адалдық пен пәк берілгендіктеріңнен ауытқытып жүрмесін деп уайымдаймын. 4 Себебі, біреулер сендерге келіп, біз уағыздағаннан өзге «Исаны» уағыздағанда, немесе өздерің қабылдаған Киелі Рухтан өзге рухты, яки қабыл алған Ізгі хабардан басқа біреуін насихаттағанда, сендер бұның бәріне оңайлықпен көне кетесіңдер. 5 Алайда өзімді сол бір «озат елшілерден» кеммін деп ойламаймын. 6 Тіптен сөзге шешен болмасам да, білімім жеткілікті. Соған барлық жағынан да көздеріңді толық жеткіздік қой. 7 Сендерді рухани жағынан көтермелеу үшін өзімді «төмендетуіммен» күнә жасадым ба? Құдайдың Ізгі хабарын сендерге тегін уағыздадым емес пе! 8 Өздеріңе қызмет ету үшін басқа қауымдардың көмегін қабылдап, оларды тонағандай болдым. Қастарыңда жүрген кезімде мұқтаждық көрген күнде де ешқайсыңды әуреге салмадым. 9 Өйткені Македониядан келген бауырластар қажет нәрселерімнің орнын толтырды. Қай істе де сендерге ауыртпалық түсірмеуге тырыстым және тырысамын да. 10 Өз бойымдағы Мәсіхтің адалдығымен мәлімдеймін: Ахая аймағындағы ешкім осы мақтануымды тоқтата алмайды! 11 Неге бұлай істеймін? Сендерді сүймегендіктен бе? Өздеріңді сүйетінім Құдайға аян! Қалай істеп келсем, солай істеуді жалғастырмақпын. 12 Жасаған игіліктеріне мақтанып, бізбен бірдей көріну үшін сылтау іздейтіндерге жол беретін ойым жоқ. 13 Ондайлар — жалған елшілер, алдамшы қызметкерлер, өңдерін айналдырып, Мәсіхтің елшілері болып көрінгендер. 14 Мұнда таңғалатын ештеңе жоқ: шайтанның өзі өңін айналдырып, нұрлы періште болып көрінеді. 15 Сондықтан оның қызметшілерінің де өңдерін айналдырып, әділдіктің қызметшілері болып көрінуі ғажап іс емес. Олардың ақыры қылықтарына сай болмақ! 16 Тағы да қайталаймын: ешқайсыларың мені ақымақ деп ойламаңдар! Ал егер олай ойласаңдар, мені ақымақ ретінде қабылдаңдар, сонда (Ізгі хабарды бұрмалап таратушы солар сияқты) мен де аздап мақтана аламын. 17 Ендеше батыл мақтанғанда, Иеміздің үлгісі бойынша емес, ақылсыз болғансып айтатын боламын. 18 Талай жалған тәлім берушілердің өзімшіл ниетпен (сендердің жетістіктеріңе) мақтанып жүргені іспетті, (өздеріңе жіберген елші болуымды қорғау үшін) мен де мақтанбақпын. 19 Себебі «сондай дана» сендер ақымақтарға қуана төзесіңдер-ау! 20 Расында біреу өздеріңді құл қылса да, ақыларыңды жеп, тонап кетіп, менсінбей өктемдік көрсетсе де, беттеріңді соқса да, бәрібір төзесіңдер! 21 Осындай қылықтарды өздеріңе істеуге біздің «күшіміз жетпеді». Мұны айтқанда алдарыңда ұятқа қаламын ба? Ал егер солардың біреуінің бір нәрсеге мақтануға дәті болса — ақымақша айтайын — соған мақтануға менің де дәтім барады. 22 Олар яһуди ме? Мен де яһудимін. Олар исраилдіктер ме? Мен де солаймын. Олар Ыбырайым атаның ұрпағынан ба? Мен де. 23 Олар Мәсіхтің қызметшілері ме? Ақымақ кісідей сөйлеп тұрмын: мен Мәсіхке солардан бетер қызмет етудемін. Оларға қарағанда әлдеқайда көбірек еңбектеніп, түрмеге қамалып, аяусыз соғылдым, талай рет өліммен бетпе-бет келдім. 24 Яһудилер мені бес рет отыз тоғыздан қамшымен соқты. 25 Мені үш рет таяқпен дүре соқты, бір рет өлтірмек болып таспен атқылады. Үш рет кеме апатына ұшырадым, бір тәулік бойы ашық теңізде малтып, әрең аман қалдым. 26 Көп рет саяхатқа шығып, сансыз қауіп-қатерге ұшырап келемін: тасыған өзендерден, қарақшылардан, өз ұлттастарым мен басқа ұлттық адамдардан да зардап шектім. Қала мен шөл далада, теңізде және жалған бауырластар арасында қатерге тап болдым. 27 Ешқандай аянбастан еңбектеніп келемін, ұйықтамаған түндерімнің есебі жоқ. Аштықтың, шөлдің не екенін білемін, киімге мұқтаж болып талай рет тоңдым. 28 Басқа жайттар туралы айтпағанның өзінде күн сайын барлық қауымдардың қамдары еңсемді басып, толғандырады. 29 Біреу әлсіз болса, мен де өзімді әлсіз сезінбеймін бе? Біреу күнәға азғырылса, сол үшін күйіп-жанбаймын ба? 30 Егерде мақтануға тиіс болсам, өзімнің күшсіз екенімді көрсететін жайттармен мақтанайын. 31 Иеміз Исаның Әкесі, мәңгілік мадаққа лайық Құдай, мына айтатындарымның нағыз шындық екенін біледі: 32 Дамаскіде болған кезімде Аретас патшаның аймақ әміршісі қала қақпаларын күзеттіріп, мені тұтқындауға бұйырды. Бірақ мен қаланы қоршаған қамалдағы терезеден үлкен себетпен төмен түсіріліп, оның қолынан сытылып кеттім.
1 Түбі пайдалы болмаса да, мақтануым қажет; енді Иеміздің маған көрсеткен аяндары мен ашқан құпияларына тоқталайын. 2 Мәсіхпен тығыз байланыстағы біреуді танимын; оны он төрт жыл бұрын кенет «көктің ең биігіне» көтеріп әкетті. Оның рухы көкке апарылды, ал тәнінде ме, әлде тәнсіз бе, о жағы маған емес, Құдайға ғана аян. 3 Сол кісінің жұмаққа апарылғанын дәл білемін; тек оның тәнсіз, не тәнінде барғаны маған емес, жалғыз Құдайға ғана анық. 4 Сонда ол адам тілімен айтуға келмейтін, әрі басқаларға әңгімелеуге тыйым салынған сөздерді естіді. 5 Сол ғажап оқиғаны мақтан ете аламын. Ал жеке басым туралы жалғыз күшсіздігімнен өзге ештеңемен мақтанбаймын. 6 Дегенмен мақтанғым келген күнде де ақымақ болмас едім, өйткені нағыз шындықты айтамын. Алайда мен туралы аса жоғары пікірде болмауларың үшін содан бас тарттым. Одан да өзімнен көріп-естігендеріңе сай ғана мені бағалаңдар! 7 Өзіме ашылған құпиялардың төтенше ұлылығына байланысты кеуде көтермеуім үшін, тәніме «шаншылып түйрелу азабы» бұйырылды: шайтанның хабаршысы мені соғып қинайды. Бұл мені өркөкіректеніп кетуден сақтамақ. 8 Мен бұл азапты өзімнен аластатуын өтініп, үш рет Иемізге сиындым. 9 Бірақ Ол маған былай деді: «Менің рақымым саған жетер: күшсіз жағдайыңда Менің құдіретім толықтай іске аса алады». Сондықтан Мәсіхтің құдіретінің бойымда орнығуы үшін, күшсіздігіме қуана мақтанамын. 10 Сонымен, басымнан әлсіздік, қорлық, мұқтаждық, қуғын-сүргін, қысымшылық өткізгенде Мәсіхке бола ризамын. Себебі өзім күшсіз болғанымда Ол арқылы күштімін. 11 Мақтанып ақымақтай көріндім, мені соған мәжбүр еттіңдер. Ал сендер мені мадақтауға тиісті едіңдер, өйткені сол бір «озат елшілермен» салыстырғанда ешқандай кемшілігім жоқ қой. Дегенмен жеке басым өздігінен түк те емес. 12 Құдайдың шынайы елшісі екенімді көрсететін белгілер, яғни ғажап кереметтер мен құдіретті істер, үлкен төзімділікпен көз алдарыңда орындалды. 13 Басқа қауымдарға қарағанда сендерге не жетіспейді, тек менің сендерге ауыртпалық түсірмегенім болмаса?! Мұнымды айыпқа бұйыра көрмеңдер. 14 Ендеше сендерге үшінші рет бармақшымын, бірақ ешқандай ауыртпалық түсірмеймін. Маған дүние-мүліктерің емес, өздерің қымбатсыңдар. Балалары ата-анасы үшін емес, ата-анасы балалары үшін енші жинауға тиіс қой. 15 Осылайша мен рухани игіліктеріңе бола қолымдағы барымды қуана жұмсап, өзімді де еш аямаймын. Сендерді неғұрлым артық көрген сайын мені анағұрлым аз сүйсеңдер де, солай істей беремін. 16 Қалай болған күнде де өздеріңе ауыртпалық түсірмедім. Дегенмен қу болғандықтан сендерден айлакерлікпен амалымды асырып кеттім (дейсіңдер ме)? 17 Не болмаса жіберген кісілерімнің біреуі арқылы өздеріңді пайдаландым ба? 18 Титтен сендерге баруын өтініп, онымен бірге бауырластардың біреуін жібердім. Тит те өздеріңді пайдаланған жоқ, солай емес пе? Екеуіміз бірдей рухпен әрекет жасап, бір жолмен келеміз ғой. 19 Өзімізді сендердің алдарыңда ақтауға тырысамыз деп әлі де ойлайсыңдар ма? Жоқ, біз Құдай алдында, Мәсіхпен тығыз байланыста тұрамыз. Істегендеріміздің бәрі де, сүйікті бауырластар, сенімдеріңнің нығаюына арналған. 20 Сендерге барған кезімде қалаған жағдайда болмайсыңдар ма деп қамығамын, онда мен де өздерің қалағандай бола алмаймын. Араларыңда айтыс-керіс, қызғаныш, ашу-ыза, жікке бөліну, жала жабу, өсек-аяң, менмендік және тәртіпсіздік жайылуы мүмкін деп уайымдаймын. 21 Сонда тағы барған кезімде Құдай мені сендерге бола ұялтпасын! Бұрын да күнә жасаған, әлі де жасап жүрген арамдықтан, неке адалдығын бұзушылық пен жүгенсіздіктерінен бас тартпаған талай адамдарың үшін көз жасымды төгіп қайғырып жүрмейін!
1 Сонымен сендерге үшінші рет бармақпын. «Әрбір іс ең кем дегенде екі не үш куәгердің айтқандарымен дәлелденуі керек» (деп Тауратта жазылғандай, мәселелеріңді қайтадан дұрыстап тексермекпін). 2 Екінші рет қастарыңда болған кезде ескерткенмін, қазір де сендерден алыс жүріп, осы хат арқылы ескертемін: қайтадан барғанымда бұрын күнә жасағандарды және кез келген басқаларыңды да еш аямаймын! 3 Мен арқылы Мәсіх шынымен айтып тұр ма, жоқ па, соған дәлел талап етіп отырсыңдар. Мен бұған былай деймін: өздеріңе әрекет жасағанда Мәсіх күшсіз емес, Ол араларыңда күшті болады. 4 Кезінде Мәсіх өз құдіретінен бас тартып, айқышқа шегеленіп өлсе де, қазір Құдайдың құдіретімен тірі! Онымен тығыз байланыстағы біз де күшсізбіз, алайда сендерге әрекет жасағанда Құдайдың құдіреті арқылы Мәсіхпен бірге тіріміз! 5 Шынында да сенім жолымен жүрсіңдер ме, жоқ па, соларыңды тексеріңдер! Әрқайсың жеке бастарыңды сынаңдар: әрине, жүректеріңнің төрінен Иса Мәсіхтің орын алғанын білесіңдер. Егер Ол орын алмаған болса, шынымен сенім жолында емессіңдер! 6 Алайда біздің (елшілік өкілеттілігіміздің) дәлеліне көздерің жететін болады деп сенемін. 7 Дегенмен, сендер бұдан былай жамандық жасаудан бас тартсын деп Құдайдан өтініп сиынамыз. Ондағы мақсатымыз — біздің абыройлы болып көрінуіміз емес, сендердің жақсылық жасауларың. Егер осылай (бізге елшілік өкілеттілігіміздің дәлелін келтіруге орайы болмай) өзіміз абыройсыз болып көрінсек, мейлі, солай-ақ бола қойсын. 8 Себебі біз ақиқатқа қарсы емес, ақиқатты жақтап күш саламыз. 9 Өзіміз күшсіз, ал сендер күшті болсаңдар, соған қуанып шаттанамыз. Дәл осыны, түгелдей түзелулеріңді, сұрап Тәңір Иеге сиынамыз. 10 Сондықтан бұларды алыста жүріп өздеріңе жазып отырмын. Иеміздің маған күйрету үшін емес, нығайту үшін берген билігін сендерге барған кезімде қатаңдықпен қолданғым келмейді. 11 Сонымен, қымбатты бауырластар, қош-сау болыңдар! Түзеле беріңдер, жігерленіңдер, бір ниеттес, тату болыңдар! Сонда сүйіспеншілік пен тыныштықтың бастауы — Құдай сендерге жар болады. 12 Шын жүректен бір-біріңе сүйіспеншіліктеріңді білдіріп, сәлемімізді жеткізіңдер. Құдайдың барлық адамдары сендерге сәлем жолдауда. 13 Лайым Иеміз Иса Мәсіхтің рақымы, Құдайдың сүйіспеншілігі және Киелі Рухпен қарым-қатынастарың бәріңде бола берсін! (Аумин.)
1 Ғалатия өлкесіндегі сенушілер қауымдарына Пауыл елшіден және қасымдағы барлық бауырластардан дұғай сәлем. Ал мені елшілікке тағайындаған — адам баласы емес, Иса Мәсіх және Оны өлімнен қайта тірілтіп алған Құдай Әкеміз. 3 Сендерге Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай берсін! 4 Иса Мәсіх бізді қазіргі зұлым дүниенің құлдығынан құтқару үшін Құдай Әкеміздің еркі бойынша күнәларымыздың құнын өтеп жанын құрбан етті. 5 Құдайдың ұлылығы мәңгі мадақтала берсін! Аумин. 6 Сендерді Мәсіхтің рақымы арқылы Өзіне шақырған Тәңір Иеден осылай тез бас тартып, өзге бір «ізгі хабарға» бет бұрып кеткендеріңе таңғаламын. 7 Дегенмен өзге «ізгі хабар» жоқ! Мәселе сендерді шатастырып, Мәсіх туралы Ізгі хабарды бұрмалағысы келген кейбір кісілерде болып тұр. 8 Егер біздер немесе тіпті «көктен түскен періште» сендерге бұрын уағыздағандарымызға қайшы өзге бір «ізгі хабарды» уағыздайтын болсақ, онда солай істегенімізді Құдайдың қарғысы атпақ. 9 Бұрын айтқанымызды тағы қайталаймын: біреу сендерге өздерің қабылдаған Ізгі хабарға қайшы келетінді таратып жүрсе, оны Құдайдың қарғысы атпақ! 10 Ал енді, мен мұны адамға не Құдайға жағу үшін айтып отырмын ба? Жоқ, мен адамдарға ұнауға тырыспаймын, әйтпесе Мәсіхтің қызметшісі бола алмас едім. 11 Бауырластар, сендерге мынаны білдіргім келеді: мен уағыздаған Ізгі хабар адам ойынан шыққан емес! 12 Оны ешбір адамнан не қабылдаған, не үйренген емеспін, Иса Мәсіхтің тікелей білдіруімен қабылдадым. 13 Сендер менің яһуди діні мен дәстүрлерін бұрын қалай ұстанғанымды естігенсіңдер: Құдайдың қауымын шектен тыс қудалап жүріп, құртуға тырыстым. 14 Мен яһуди дінін ұстануда ұлтымның ішіндегі көптеген құрдастарымнан озып, ата-бабаларымыздан мирас қалған салт-дәстүрлерді қызу жақтап, қатаң ұстанушы болдым. 15 Бірақ Құдай мені анамның құрсағында жатқанда-ақ таңдап, Өзінің зор рақымымен шақырып алды. Содан Ол маған өз қалауымен 16 Исаның Өзінің рухани Ұлы екендігін ашып білдіріп, Ол туралы Ізгі хабарды яһудилерден басқа халықтардың арасына таратуға бұйырды. Сонда мен осы жайлы ешбір адамнан ақыл сұраған жоқпын, 17 әрі Иерусалимге барып, менен бұрын елші болғандармен де ақылдасқан емеспін. Қайта, ешқайда соқпастан, Арабия еліне тура аттанып, сол жақтан Дамаскіге қайтып келдім. 18 Үш жылдан кейін ғана Петір елшімен танысу үшін Иерусалим қаласына бардым. Оның қасында он бес күн болдым. 19 Сол кезде басқа елшілердің ешқайсысын көрмедім, тек Иеміз Исаның туған інісі Жақыппен ғана кездестім. 20 Құдай куә, бұл жазып отырғандарым өтірік емес. 21 Содан кейін Сирия мен Кіликия өлкелеріне бардым. 22 Ал Яһудея аймағындағы Мәсіхке сенушілердің қауымдары мені әлі де жүзбе-жүз танымайтын. 23 Олар тек: «Бізді бұрын қудалаған адам өзі түп-тамырымен құртпақ болған сенімді қазір уағыздап жүр» дегенді естіді. 24 Содан олар мені тәубеге келтіргендігі үшін Құдайды мадақтады.
1 Он төрт жылдан кейін мен тағы да Иерусалимге аттандым. Бұл жолы Барнабамен бірге барып, Титті де ертіп алдым. 2 Осы сапарға Иеміздің тікелей білдіруімен шықтым. Иерусалимде мен, әсіресе, қауымның беделді кісілерімен жеке сөйлесіп, оларға өзім басқа ұлт адамдарына уағыздап жүрген Ізгі хабардың мазмұнын айтып бердім. Ондағы мақсатым қазіргі әрі бұрынғы еңбектерімнің зая кетпеуі еді. 3 Ал менің уағыздарыммен бұлардың келіскендері сондай, қасымдағы Титтің грек болғандығына қарамастан, олар оның сүндеттелуін талап етпеді. 4 Мұны екіжүзділікпен кіріп кеткен жалған «бауырластар» ғана талап етті. Олар Иса Мәсіхтің жолындағы біздің рухани еркіндігіміздің ізіне түсіп, Таурат заңына бағындыру үшін қауымдарға ұрланып еніп алған еді. 5 Алайда біз оларға бір сәтке де көніп, бағынған емеспіз. Өйткені Ізгі хабардың шындығын сендерге тап-таза күйінде қалдыруды көздедік. 6 Ал беделділерге келсек, беделдерінің қандай екені мен үшін онша маңызды емес, Құдай адамның бет-жүзіне қарамайды ғой: олар маған ерекше міндеттер жүктеген жоқ. 7 Керісінше, Ізгі хабарды яһуди халқына уағыздау Петірге қалай тапсырылған болса, Ізгі хабарды басқа халықтарға уағыздаудың маған да солай аманатталғандығына көздері жетті. 8 Өйткені Петірдің яһудилер арасындағы елшілік қызметін қолдаған Құдай менің басқа халықтар арасындағы қызметіме де жар болды. 9 «Қауымның тіректері» деп саналатын Жақып, Петір және Жохан Құдайдың маған берген рухани дарынын мойындап, менімен және Барнабамен қол алысып, қатынасымызды бекіттік. Сонымен біз Ізгі хабарды басқа халықтарға, ал олар оны яһуди халқына алып барсын деп келістік. 10 Олар бізден тек қана мұқтаж сенушілерге көмектесуді ұмытпауымызды өтінді. Ал мен дәл осыны істеуге зор ынтамен ұмтылып келемін. 11 Бірақ Петір Антақияға келген соң, оған ашық қарсы шығуым қажет болды. Өйткені оның қылығы айыптауға тұрарлық еді: 12 алғашқыда Петір сүндеттелмеген басқа ұлттық сенушілермен дастарқандас болып жүрген еді. Алайда (Иерусалимдегі қауымның жетекшісі) Жақыптан бірқатар яһудилер келгеннен кейін, Петір басқа ұлттық сенушілерден тартыншақтап, алшақтай бастады. Себебі ол сүндеттеуді талап ететін әлгі яһудилер жақтырмай жүрер деп қаймықты. 13 Петірмен бірге қауымдағы басқа яһудилер де сондай тұрақсыздық танытты. Тіпті Барнаба да оларға еріп адасып кетті. 14 Мен солардың Ізгі хабардың шындық жолынан тайып кеткендіктерін көргенде, бәрінің алдында Петірге тіл қатып былай дедім: «Сіз яһуди болсаңыз да, яһудилердің дәстүрлерін орындамай, бірге тұрған басқа ұлттық сенушілер сияқты өмір сүріп келдіңіз. Енді қалайша бұл сенушілерді яһуди дәстүрлерін ұстануға зорламақсыз?! 15 Яһуди болып туған біздер «басқа ұлттық күнәкарлар» болмасақ та, 16 адамдардың Таурат заңын ұстану арқылы емес, тек Иса Мәсіхке деген сенімдерімен ғана Құдай алдында ақталатынын білеміз. Сондықтан біз де Таурат заңын орындаудың арқасында емес, Мәсіхке сенуіміз арқылы ақталу үшін сенімімізді Мәсіх Исаға арттық. Себебі заңды орындаумен ешбір адам ақтала алмайды». 17 Егер Мәсіхтің арқасында ақталғымыз келген біз (яһуди дәстүрлерін ұстанбағанымыз үшін) әлі де күнәкар болып есептелсек, онда Мәсіхке деген сенімнің бізді бәрібір күнәлі жағдайымызда қалдырғаны емес пе? Жоқ, мүлдем олай емес! 18 Себебі Таурат заңын орындау арқылы ақталамыз деген пікірді жойып келген мен оны қайтадан қалпына келтірсем, онда өзімді заң бұзушы күнәкар етіп көрсеткен болар едім. 19 Адам өлгенде заңға бағынудан босайтыны сияқты, мен де Таурат заңы бойынша өлімге кесіліп, сол заңды орындаудан босатылдым. Ондағы мақсат — менің Құдай үшін өмір сүруім. Мен рухани жағынан Мәсіхпен бірге айқышқа шегеленіп өлдім, 20 сондықтан өзім бұдан былай өмір сүріп жатқаным жоқ, қайта, бойымда Мәсіх өмір сүруде. Ендігі тәндік өмірім — Құдайдың рухани Ұлына деген сенімімнің арқасындағы өмір. Ол мені сүйгендіктен, Өзін мен үшін құрбан етті! 21 Осылайша Құдайдың рақымын жоққа шығармай, соған ғана сүйенемін. Себебі егер Таурат заңын орындау арқылы ақтала алсақ, онда Мәсіхтің Өзін өлімге қиғаны бекер болғаны!
1 О, түйсіксіз аңқау ғалаттықтар-ай, сендерді біреу сиқырлап қойды ма? Иса Мәсіхтің айқыштағы өлімін көз алдарыңнан кетпестей етіп суреттеп беріп едім ғой! 2 Маған мынаны ғана айтыңдаршы, Киелі Рухты қалай қабылдадыңдар: Таурат заңын орындау арқылы ма, әлде Ізгі хабарды тыңдап, сену арқылы ма? 3 Сондай түйсіксіз бе едіңдер: рухани өмірді Киелі Рухпен бастап, өз күштеріңмен кемелденбек екенсіңдер ғой? 4 Сонда қалай, бастарыңнан өткізгендеріңнің бәрі бекер болғаны ма? Ол шынымен бекер болмады, солай емес пе? 5 Құдайдың сендерге өз Рухын беріп, араларыңда керемет істер жасағанының себебі — Таурат заңын орындауларың ба, әлде Ізгі хабарды тыңдап, сенулерің бе? 6 Ыбырайыммен де солай болды: ол Құдайға сенді, сондықтан Оның алдында ақталды. 7 Көздерің жетіп тұр: Тәңір Иеге сенім артқандар ғана — Ыбырайымның нағыз ұрпақтары. 8 Киелі жазбалар Құдайдың басқа ұлттарды сенім арқылы ақтайтынын алдын ала білдірді. Ол Ыбырайымға: «Сен арқылы Мен барлық ұлттарды жарылқаймын» деген Ізгі хабарды мәлімдеді. 9 Сондықтан Тәңір Иеге сенім артқандар ежелде Оған сенген Ыбырайым арқылы жарылқанады. 10 Ал өздерінің Таурат заңын ұстанғандарына сүйенушілердің бәріне қарғыс тиеді! Сол туралы мынадай сөздер жазылған: Таурат заңының кітабындағы барлық ережелерді сақтап орындамағанды қарғыс атады! 11 Ендеше Таурат заңын орындаған ешкімнің сол арқылы Құдай алдында ақтала алмайтыны анық. Өйткені «сенімі арқылы ақталған адам шынайы өмірге ие болады». 12 Осы сенім жолы Таурат заңының жолынан өзгеше: соның ережелерін «бұлжытпай орындайтын адам солар арқылы өмір сүреді». 13 Алайда айқыш ағашқа шегеленіп ілінген кезде Мәсіх бізге тиісті қарғысты Өз мойнына алып, бізді Таурат заңы мәлімдеген қарғыстан құтқарды! Себебі Тауратта «ағашқа ілінген әркім Құдайдың қарғысына ұшырап тұрады» деп жазылған. 14 Осылайша Құдай Ыбырайымға уәде еткен ақ батаны Иса Мәсіх арқылы басқа ұлттарға да берді. Енді Мәсіхке сенген бәріміз уәделенген Киелі Рухты сенім арқылы қабылдаймыз. 15 Қымбатты бауырластар, күнделікті өмірден мысал келтірейін: бекітілген келісімнің күшін жоюға немесе оған бір нәрсе қосуға болмайды. Бұл жерде де солай: 16 Тәңір Ие уәдесін Ыбырайымға және оның ұрпағына берді. Ол «ұрпақтарыңа» деп көпше түрде емес, «ұрпағыңа» деп жекеше түрде айтты. «Ұрпағың» Біреуді білдіреді, Ол — Мәсіх. 17 Айтайын дегенім мынау: төрт жүз отыз жылдан кейін берілген Таурат заңы Құдай бұрын бекіткен Келісімнің күшін, яғни Оның Ыбырайымға Мәсіх жөнінде берген уәдесінің күшін, жоя алмайды! 18 Себебі егер мұрагерлік Таурат заңына байланысты болса, онда ол уәде арқылы берілмес еді. Алайда Құдай мұраны Ыбырайымға рақыммен уәде етті. 19 Онда Таурат заңының атқаратын қызметі қандай? Ол күнәларды әшкерелеу үшін қосымша ретінде берілді. Тәңірдің уәдесі Ыбырайымның Ұрпағы Мәсіхке байланысты; Ол келгенше, Таурат заңы күшінде тұрды. Періштелер мұны халыққа арада жүрген Мұса пайғамбар арқылы жеткізген еді. 20 Ал жалғыз біреу іс жүргізетін болса, онда арада жүрушінің керегі жоқ: Ыбырайымға уәдені берген — Құдайдың жеке Өзі! 21 Сонымен, Таурат заңы Құдайдың бұрын берген уәдесіне қайшы келіп тұр ма? Жоқ, мүлдем олай емес! Себебі егер мәңгілік өмірге қол жеткізетін заң берілген болса, онда адамдар оны орындап ақтала алар еді. 22 Алайда Киелі жазбалар бүкіл адамзаттың күнәнің тұтқынында екенін мәлімдейді. Ондағы мақсат — Иса Мәсіхке сену арқылы табыс етілетін уәделі сыйдың (яғни күнәдан ақталудың) тек сенетіндерге ғана берілуі. 23 Осы сенімнің заманы туып, келуге тиісті Мәсіхке сене алғанға дейін біз Таурат заңының бақылауында болып, тұтқынында жүрдік. 24 Басқаша айтқанда, Таурат заңы «тәрбиелеушіміз» болып бізді Мәсіхке әкелді, осылай Оған сеніп, ақталдық. 25 Ал енді, сенімнің заманы туғаннан бері «тәрбиелеушінің қарамағынан шықтық». 26 Өйткені барлығың Иса Мәсіхке деген сенімдерің арқылы Құдайдың рухани баласысыңдар. 27 Мәсіхпен тығыз байланысып, шомылдыру рәсімінен өткен бәрің де Мәсіхтің рухани қасиеттеріне бөлендіңдер. 28 Бұл жерде яһуди мен басқа ұлт адамының, құл мен еріктінің, еркек пен әйелдің арасында айырмашылық жоқ, себебі барлығың Иса Мәсіхпен тығыз байланыста біртұтассыңдар. 29 Және сендер Мәсіхтікі болғандықтан, Ыбырайымның рухани ұрпағысыңдар, әрі Құдайдың оған уәде еткен игіліктерін иемденесіңдер.
1 Тағы айтпағым мынау: мұрагер болашақта барлық байлықты иемденуге қақылы болса да, балалық кезінде оның құлдан еш айырмашылығы жоқ. 2 Жас мұрагер әкесі белгілеген уақытқа дейін қамқоршылар мен үй басқарушылардың бақылауында. 3 Біз де рухани балалық шағымызда осы дүниедегі бастапқы діни ілімдердің құлдығында болдық. 4 Ал Құдай белгілеген уақыты жеткенде, Өзінің рухани Ұлын жіберді. Ол бір әйел арқылы дүниеге келіп, Таурат заңы үстемдік етіп тұрған халықтың арасында 5 сол заңға бағынғандарды босатып, Өзінің рухани балалары ету үшін келді. 6 Енді біз рухани балалары болғандықтан, Құдай Өзінің рухани Ұлының Рухын жүрегімізге дарытты. Сол Рух бізді: «Абба, Әке!» — деп Құдайға сиындырады. 7 Сонымен енді құл емес, рухани ұлсың; ал рухани баласы болған соң, Құдай саған Өзінің уәде еткендерін сыйлайтын болады. 8 Сендер бұрын Құдайды әлі білмейтін кезде шынайы Тәңір емес жын-перілерге құл болып қызмет еттіңдер. 9 Ал енді Құдайды жақыннан танып алғаннан кейін, дұрысын айтқанда, Құдай сендерді танып, Өзімен жақын байланыста болуға шақырғаннан кейін, қалай ғана кері айналып, қайтадан әлсіз де бейшара, бастапқы діни ілімдерге бет бұрасыңдар? Соларға тағы да құл болып жүргілерің келе ме? 10 Белгілі діни күндер мен айларды, мерекелер мен жылдарды берік ұстануда екенсіңдер. 11 Сендерге арнаған еңбегім зая кетті-ау деп уайымдаймын. 12 Бауырластарым, сендерден өтінемін: пайдасыз ережелерге бағынбай, мен сияқты болыңдар, мен де сендер сияқты болдым. Жеке басыма жамандық істеген жоқсыңдар. 13 Сендерге Ізгі хабарды алғаш рет жариялағанымда денсаулығымның нашар болғанын білесіңдер. 14 Бірақ та тәнімнің ауруынан жиреніп, теріс қарап кетпедіңдер. Керісінше, мені Құдайдың бір періштесіндей, тіпті Иса Мәсіхтің Өзіндей, қабылдадыңдар. 15 Бұрынғы риза көңілдеріңе не болды? Өзім мынаған куәмін: сол кезде, мүмкін болса, өз көздеріңді ойып алып, маған сыйлар едіңдер. 16 Ал қазір мен сендерге шындықты айтқаным үшін жау болып шықтым ба? 17 Көңілдеріңнен шығуға ынталанғандардың ниеттері жақсы емес: олар сендерді бізден ажыратып, өздеріне құштар етіп қаратып алмақ. 18 Біреудің көңілінен шығуға ізгі ниетпен ынталану — жақсы нәрсе, бірақ бұл тек қастарыңда жүргенімде ғана емес, әрдайым болу керек. 19 Балаларым менің! Баласын туғанда толғақ азабын басынан кешкен анадай мен тағы да сендерді уайымдап қиналып жүрмін. Бұл, мінез-құлықтарыңнан Мәсіхтің болмысы толығырақ көрінгенше, жалғаса бермек. 20 Дәл қазір қастарыңда болып, сендермен жұмсақ үнмен сөйлессем шіркін! Себебі сендерді түсіне алмай жүрмін. 21 Таурат заңына бағынғысы келген сендер маған айтыңдаршы: Тауратта айтылғанды білмейсіңдер ме? 22 Онда Ыбырайымның екі ұлы: біреуі күңінен, екіншісі ерікті әйелінен туғаны туралы жазылған. 23 Күңінің ұлы әдеттегідей туылса, ерікті әйелінің ұлы Құдайдың берген уәдесі бойынша кереметпен дүниеге келді. 24 Бұл әңгімеде астарлы мағына бар, екі әйел екі түрлі Келісімді білдіреді: біреуі — перзентін құлдықта туған Ажар, ол — Синай тауында жасалған Келісімнің бейнесі. 25 Ал Арабиядағы Синай тауын бейнелейтін Ажар қазіргі Иерусалимге де ұқсайды. Себебі ол қала өз халқымен әлі де Таурат заңының құлдығында. 26 Бірақ көктегі Иерусалим ерікті, біздің рухани анамыз — сол! 27 Бұған байланысты Пайғамбарлар жазбаларында: «Қуан, уа, құрсақ көтермейтін, бала сүймеген әйел, шаттана ән шырқа! Иә, толғатып көрмеген сен, масаттанып дауыста! Өйткені күйеуі бардан гөрі жалғыз басты әйелдің балалары енді көбірек болады!» — деп алдын ала айтылған. 28 Уәде бойынша дүниеге келген Ысқақ іспетті біздер де, уа, бауырластарым, Құдайдың уәдесіне сай Оның қайта туылған рухани балаларымыз. Себебі Ыбырайымның Тәңір Иеге сенгеніндей, біз де Оған сенеміз. 29 Ал әдеттегідей жолмен дүниеге келген бала сол заманда Құдай Рухы дарытқан қабілетпен туған баланы қудалады. Сол сияқты, қазір де құлдықта жүрген яһудилер Киелі Рухтан қайта туылған біздерді қудалауда. 30 Тауратта не делінген? Онда мынадай сөздер бар: Күңді баласымен бірге қуып жібер! Күңнің ұлы ерікті әйелдің ұлымен бірдей мұраға ие болмасын! 31 Ендеше, бауырластар, біздер «күңнің» емес, «ерікті әйелдің» ұрпағымыз!
1 Мәсіх бізді еркін өмір сүрсін деп азат етті. Енді табанды болып, құлдықтың қамытын қайта кимеңдер! 2 Мен, Пауыл, сендерге мынаны айтамын, сөзіме ден қойыңдар: егер Құдай алдында ақталу үшін сүндетке отырсаңдар, онда сендерге Мәсіхтен ешбір пайда болмайды. 3 Сүндетке отыратындардың әрбіреуіне тағы да байыппен айтамын: ақталу үшін сүндеттелген әркім Таурат заңының барлық ережелерін де бұлжытпай орындауға міндетті! 4 Осы заңды ұстану арқылы ақталуға тырыссаңдар, онда Мәсіхпен байланыстарың үзілді! Сендер Құдайдың рақымынан ада болдыңдар! 5 Ал біз сенім жолымен Құдай алдында ақталғандықтан, мұның Мәсіх қайта оралғанда ашық жариялануын Киелі Рухтың арқасында үміт етіп күтудеміз. 6 Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болғандар үшін сүндеттелу не сүндеттелмеу маңызды емес. Біз үшін ең маңыздысы — сүйіспеншілікпен әрекет жасайтын сенім. 7 Жақсы жүріп бара жатыр едіңдер. Енді кім жолдарыңа бөгеу болып, сендерді шындыққа мойынсұнудан бас тартқызады? 8 Бұған иландырған — сендерді Өзіне шақырған Құдай емес. 9 Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді дейді. (Сол сияқты, жалған ілімдер көп зиян келтіреді.) 10 Бұдан былай Иеміз сендерді Ізгі хабардан басқа пікірлерді ұстанудан сақтайды деп сенемін. Сендерді абыржытып, адастырып жүрген адам, кім болса, ол болсын, өз сазайын тартатын болады. 11 Ал маған келсек, бауырластар: егер мен (біреулер айтқандай) әлі де сүндеттелудің қажеттігін уағыздап жүрген болсам, неге күні бүгінге дейін қудаланудамын? Сонда Мәсіхтің айқышта жанын құрбан еткені туралы уағыздарым яһуди діндарларының ашуын қоздырмас еді ғой. 12 Мазаларыңды алып жүргендер қауымдарыңнан біржола кетіп қалса етті! 13 Бауырластар, Құдай сендерді еркіндікке шақырды. Бірақ еркіндікті күнәлі құмарлықтарыңды қанағаттандыру үшін теріс пайдаланбаңдар, қайта, бір-біріңе сүйіспеншілікпен қызмет етіңдер! 14 Бүкіл Таурат заңын орындау мына бір бұйрыққа саяды: «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» 15 Ал егер бір-біріңді «қауып, жесеңдер», жойылып кетуден сақ болыңдар! 16 Ал мен былай деймін: Киелі Рухтың күші мен жетегінде өмір сүріңдер, сонда ескі күнәкар болмыстарыңның қалауы іске аспайды. 17 Өйткені ескі болмысымыздың қалауы Киелі Рухқа қарсы, әрі Рухтың қалауы ескі болмысымызға қарсы. Бұл екеуі бір-біріне қарама-қайшы, сондықтан игі ниеттеріңді жүзеге асыра алмайсыңдар. 18 Ал егер Киелі Рухтың жетелеуімен жүрсеңдер, онда Таурат заңының билігі сендерге жүрмейді. 19 Ескі күнәкар болмысымыздан туындайтын қылықтар белгілі, бұлар: неке адалдығын бұзу, азғындық және ұстамсыздық; 20 жалған тәңірлерге табынушылық пен сиқыршылық; қаскөйлік, ұрыс-керіс, қызғаныш, ашу-ыза, жеке бастың абыройын ойлау, алауыздық туғызу, жік салу, 21 күншілдік, кісі өлтіру, маскүнемдік, жүгенсіздік және сол сияқтылар. Бұлар жайлы сендерге былай деп ескертемін, бұрын да ескерткенмін: мұндаймен айналысатындарға Құдайдың Патшалығында орын жоқ. 22 Ал Киелі Рух өмірлеріңде жетілдіретін игілікті «жеміс» мынадай: сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кеңпейілділік, сенімділік, 23 ілтипаттылық, ұстамдылық. Ешбір заң бұларға қарсы тұрмайды. 24 Сонымен қатар Иса Мәсіхтікі болғандар айқыш ағашта өлген Онымен бірігіп кетті. Сол себептен олар өздерінің ескі күнәкар болмыстарын және соның азғын құмарлықтары мен тілектерін сол айқыш ағашқа шегелеп тастағандай таза өмір сүреді. 25 Біз Киелі Рухтың арқасында жаңа өмірге ие болғандай, Оның жетекшілігімен өмір сүре берейік. 26 Жеке басымызды қастерлеп, бір-бірімізді ашуландырып, күндеуге жол бермейік!
1 Бауырластар, араларыңдағы біреу күнә жасап қойса, сендер оны Киелі Рухтың жетелеуімен ілтипаттылық танытып түзу жолға қайтаруға ұмтылыңдар. Ал өздерің де азғырылудан сақ болыңдар! 2 Біріңнің ауыр жүгіңді екіншің көтерісіңдер! Сөйтіп Мәсіхтің өсиетін орындайсыңдар. 3 Кімде-кім шын мәнінде өзгелерден артық болмай тұрып, ерекшемін деп көкірегін көтеріп, көмектесуден бас тартса, сол өзін-өзі алдайды. 4 Әркім өз іс-әрекетін тексерсін, сонда өзін басқалармен салыстырмай, жетістіктерін мақтан ете алады. 5 Өйткені әр адам өз міндетін атқаруға тиіс. 6 Құдай сөзінен тәлім алушылар қолда бар игіліктерін ұстаздарымен бөліссін! 7 Алданбаңдар: Құдай адамның Оны елемей, өз бетімен жүруіне жол бермейді. «Адам не ексе, соны орады» дейді. 8 Өзінің ескі күнәкар болмысын қанағаттандырушы сол болмысқа тән өлімді орады. Ал Құдайдың Рухына қызмет етуші осы Рухқа тән мәңгілік өмірді орады. 9 Жақсылық жасаудан талмайық! Себебі бұдан шаршап, бас тартпасақ, тиісті уақытта оның игілікті өнімін Құдайдан қабылдайтын боламыз. 10 Сондықтан мүмкіндік барда барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға, жақсылық істей берейік! 11 Енді сендерге өз қолыммен, үлкен әріптермен жазып отырғандарыма қараңдар! 12 Адамдарға ұнағысы келетіндер сендерді сүндетке отыруға мәжбүр етпек. Олардың мақсаты — яһуди діндарлардың өздерін Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы арқылы ақталамыз деген Ізгі хабар үшін қудаламаулары ғана. 13 Өйткені сүндеттелгендердің өздері Таурат заңын орындамайды, тек тәндеріңе жасаған сол рәсімге мақтанулары үшін сендердің сүндетке отыруларыңды қалайды. 14 Мен болсам, Иеміз Иса Мәсіхтің айқыштағы өлімінен басқа еш нәрсеге де мақтанбай-ақ қояйын. Себебі Оның айқыштағы құрбандығының салдарынан осы күнәкар дүние мен үшін, ал мен ол үшін жоқпын. 15 Енді сүндеттелу мен сүндеттелмеуде тұрған ештеңе жоқ, мәселе Құдайдың адамды жаңадан жаратуында. 16 Осы ережемен өмір сүргісі келетіндердің бәріне, яғни «Құдайдың рухани Исраил халқына», тыныштық пен қайырымдылық болсын! 17 Бұдан былай маған ешқайсыларың осы мәселемен ауыртпалық түсірмеңдер. Иеміз Исаның «таңбасы» ретінде денемдегі жараларымның орындары Оның басыбайлы қызметшісі екенімді білдіреді. 18 Лайым жан дүниелерің Иеміз Иса Мәсіхтің рақымына кенеле берсін, бауырластарым! Аумин.
1 Құдайдың еркімен Иса Мәсіхтің елшісі болған Пауылдан Оның (Ефестегі) халқына, яғни Мәсіх Исаға адал сенетіндерге, дұғай сәлем. 2 Сендерге Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай берсін! 3 Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі — Құдай мадақталсын! Ол бізді Мәсіх арқылы жарылқап, көктегі әр қилы рухани игіліктерді сыйлады. 4 Құдай бізді Өзінің алдында қасиетті де мінсіз халқы болып жүрсін деп, әлемді жаратпастан бұрын Мәсіхтің құрбандығына бола сүйіспеншілікпен таңдаған еді. 5 Ол бізді Иса Мәсіхтің арқасында рухани балалары етуге алдын ала белгілеп қойды; Оның ізгі еркі осы болған. 6 Өзінің сүйікті рухани Ұлы арқылы бізге сыйлаған керемет рақымы үшін Құдай мадақтала берсін! 7 Мәсіхтің құрбан болып, қаны төгілуімен төлеміміз өтеліп, біздер жамандықтың құлдығынан азат етіліп, күнәларымыз кешірілді. Осылайша Құдай Өзінің шексіз зор рақымын 8 терең даналығымен және түсінігімен бізге молынан жаудырды. 9 Енді Ол бізге Өзінің құпия жоспарын — Мәсіхке байланысты алға қойған ізгі ниетін ашып берді. 10 Тәңір Ие мұны белгілі уақыты жеткенде іске асырып, бүкіл әлемді: көк пен жердегінің барлығын да біріктіріп, Бастығы ретінде Мәсіхтің билігіне тапсыратын болады. 11 Құдай ниет еткендерінің бәрін өз еркіне сай орындайды. Ол бізді Мәсіхпен байланысты өз халқы болуға алдын ала таңдап алған еді. Бұл Құдайдың әуел бастағы мақсатына сәйкес болды. 12 Мұнымен Ол Мәсіхке басқалардан бұрын үміт артқан біздің (яғни яһудилердің) Өзінің ұлылығын мадақтауымызды көздеді. 13 Басқа ұлттық сендер де шындық туралы сөзді: өздеріңді құтқарған Ізгі хабарды естіп, Мәсіхке сенім артқанда Онымен тығыз байланысқа түстіңдер. Уәде етілген Киелі Рух сол кезде бойларыңа кірді, Ол — сендердің Құдайдың меншігі екендіктеріңнің белгісі. 14 Киелі Рух, сондай-ақ, болашақта алатын игіліктеріміздің бастапқы бөлігі әрі кепілі де. Құдай Өзінің меншікті халқын жамандықтың әсерінен түгелдей құтқарғанда сол игіліктердің бәрін иемденетін боламыз. Осылай Тәңір Иенің керемет ұлылығы мадақталмақ. 15 Сол себепті мен сендердің Иеміз Исаға берік сеніп, Оның бүкіл халқын қатты сүйгендіктерің туралы естігендіктен, 16 мінажат еткен сайын сендер үшін ұдайы шүкірлік етемін. 17 Иеміз Иса Мәсіхтің Құдайы — салтанатты ұлылыққа ие Әке сендерге Өзін жақынырақ танып білулерің үшін Өзінің Киелі Рухы арқылы даналық пен терең түсінік берсе екен деп Одан тілеймін. 18 Ол көкірек көздеріңді оятып, рухани нұрға кенелтіп, өздеріңді қандай үмітке шақырғанын, яғни өз халқына қандай керемет игіліктер сыйлайтынын, білсеңдер екен деп сиынамын. 19 Сендер Құдайдың шексіз құдіретінің Иемізге сенуші біздерге қаншалықты күшті әсер ететінін ұқсаңдар екен деп те Одан сұраймын. Құдай осы керемет құдіретін 20 Мәсіхті өлімнен қайта тірілтіп, көкке көтеріп, Өзінің оң жағындағы орынға отырғызғанда да қолданды. 21 Осылай Мәсіх күллі билік пен өктемдіктен, күш-қуат пен әкімшіліктен, осы және келешек замандардағы бүкіл атақ пен дәрежелерден де әлдеқайда үстем. 22 Құдай бұлардың бәрін Мәсіхке бағындырып, Оны барлығынан да жоғары қойып, сенушілер қауымының Басы етті. 23 Ал қауым — Мәсіхтің рухани денесі. Мәсіх бүкіл әлемді Өзімен толтырғаны сияқты, қауымды да толтырады.
1 Бұрын сендер Құдайдың бұйрығын бұзып, күнә жасай беріп, рухани өлі едіңдер. 2 Сол кезде сендер осы күнәкар дүниенің дәстүріне сай өмір сүріп, бізді ауа іспетті қоршап тұрған зұлым күштердің әміршісінің, яғни Құдайға бағынбайтын адамдарды билейтін рухтың жетегінде жүрдіңдер. 3 Біз де бұрын сондайлармен бірге болып, күнәлі болмысымыздың құмарлықтарына беріліп, ойымыз бен бойымыздағы тілектерімізді орындадық. Басқаларға сияқты бізге де Құдайдың қаһарының төгілетіні табиғатымыздан белгілі еді. 4 Алайда рақымы мол Құдай бізге зор сүйіспеншілігін көрсетті: 5 Оның айтқанына көнбей, рухани өлі болған бізді Құдай Мәсіхпен бірге тірілтіп алды. Осылайша тек Оның рақымымен ғана құтқарылдыңдар. 6 Құдай Мәсіх Исамен тығыз байланыстағы бізді Онымен бірге тірілтіп, көкте Оның жанына отырғызды. 7 Осылайша Ол бізге Мәсіх Исаның арқасында мейіріммен қарап, болашақ дәуірлерде Өзінің ағыл-тегіл мол рақымын көрсетпек. 8 Себебі Құдайдың рақымымен, Мәсіхке деген сенімдерің арқылы құтқарылдыңдар. Бұл — өздеріңнің жетістіктерің емес, Құдайдан келген сый. 9 Сондықтан игі істерімнің арқасында құтқарылдым деп ешкім мақтанбасын. 10 Құдай бізді Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болып, игі істер жасау үшін ерекше қылып жаратты. Соларды орындауымыз үшін Құдай бізге алдын ала жағдай туғызды да. 11 Сондықтан естеріңде болсын: сендер басқа ұлттық болып тудыңдар, тәнінен ет кесіліп сүндеттелген яһудилер өздеріңді «сүндеттелмеген құдайсыздар» деуші еді. 12 Ол кезде сендер Мәсіхтен мүлдем алшақ болып, Исраил халқынан тыс және Құдайдың Келісімдерінде берген уәделерінен шет қалдыңдар. Құдайды танымай, үмітсіз өмір кештіңдер. 13 Алайда Иса Мәсіхтің қанын төгіп, құрбан болғандығы арқылы бұрын алшақ жүрген сендер енді Құдайға жақындадыңдар. 14 Мәсіх — татулығымыздың Бастауы: Ол екі топқа бөліп тұрған қабырғадай өштестікті жойып, алып тастап, екі жағын біріктірді. 15 Мәсіх өз денесін біз үшін құрбан еткенде, Таураттың өсиеттері мен ережелерін (орындауды құтқарылу жолы ретінде) күшінен айырды. Осылай Ол яһуди және басқа ұлттық сенушілерді Өзімен байланысқан бір жаңа халық етіп қайта жасап, өзара татуластырды. 16 Мәсіх айқыштағы құрбандығымен екеуінің өштестігін жойып, бір рухани дене (біртұтас қауым) болып біріккен екеуін Құдаймен татуластырды. 17 Сөйтіп Ол келіп, Құдайдан алшақ жүрген сендерге және жақынырақ тұрған біздерге татулық туралы Ізгі хабарды жариялады: 18 екі жағымызға да Мәсіх арқылы бір Киелі Рухтың арқасында Құдай Әкеге сиынуға жол ашылды. 19 Сонымен сендер енді не бөтен, не келімсек сияқты емес, Құдайдың халқы болып келген яһуди сенушілерімен бірдей, сол халықтың азаматысыңдар, тіпті «Құдайдың отбасысының мүшелерісіңдер»! 20 Құдайдың рухани үйінің елшілер мен пайғамбарлар салған іргетасының үстіне сендер де «тірі тас» іспетті қаландыңдар. Осы «үйдің» ең негізгі және басты «Тасы» — Иса Мәсіхтің Өзі. 21 Ол арқылы бүкіл рухани құрылыс (сенушілердің бәрі) біріктіріліп, Жаратқан Иеге бағышталған «киелі үй» болу үшін өсіп жатыр. 22 Осылайша сендер Иса Мәсіхтің арқасында «Құдайдың тұратын мекені» ретінде бірге қаланасыңдар. Құдай оны Өзінің Киелі Рухы арқылы мекендейді.
1 Сондықтан мен, Пауыл, басқа ұлттық сендерге Мәсіх Исадан жіберілдім, сол себептен тұтқындалдым да. 2 Құдайдың өздеріңе арналған осы міндетті атқаруды рақымдылықпен маған жүктегенін, әрине, естідіңдер. 3 Себебі Ол Өзінің құпия жоспарын маған ашып білдірді, бұны қысқаша баяндап жазып қойдым. 4 Соны мұқият оқысаңдар, Мәсіх іске асыратын құпия жоспарды түсінгенімді ұға аласыңдар. 5 Осы жоспар адамзаттың алдыңғы ұрпақтарына айтылмаған болатын, ал қазір Киелі Рух оны Құдайдың қасиетті елшілері мен пайғамбарларына ашып отыр. 6 Оның мазмұны мынау: басқа ұлттар Ізгі хабардың арқасында яһуди сенушілерімен бірге Құдайдың жарылқауын қабылдайды және олармен бірге Мәсіхтің рухани денесінің мүшелері болып, Тәңір Иеміздің берген уәдесінен өз үлестерін алмақ. 7 Құдай маған рақымын төгіп, Өзінің құдіретімен өмірімді өзгертіп, мені Ізгі хабарды уағыздайтын қызметшісі етіп қойды. 8 Оның адамдарының ең лайықсызы болсам да, Құдайдың рақымымен Мәсіхтің шексіз зор рухани байлығы туралы басқа халықтарға уағыздау үлесіме тиді: 9 әлемді жаратқан Құдайдың әуел бастан Өзінде құпия сақтап келген жоспарының қалай іске асырғанын жұртқа ашып беру менің міндетім болды. 10 Құдайдың мұндағы ниеті — Өзінің жан-жақты даналығын көзге көрінбейтін дүниедегі билеушілер мен өктемдік иелеріне енді сенушілер қауымы арқылы ашып мәлім қылуы. 11 Бұл Құдайдың Иеміз Мәсіх Иса арқылы іске асырған мәңгілік мақсатына сәйкес еді. 12 Онымен байланысқан біз Оған деген сенімімізге бола көктегі Әкемізге еркін жақындап, сиынуға батылымыз жетеді. 13 Сондықтан да сендерден өздерің үшін көрген азаптарыма бола жігерлеріңді жасытпауларыңды өтінемін. Себебі олар арқылы Құдайдың ұлылығына кенелесіңдер. 14 Сол себептен мен сендер үшін Құдай Әкеміз алдында тізе бүгіп Оған сиынамын; 15 көктегі және жердегі бүкіл әкелік бедел Оның атынан тарайды. 16 Былай деп мінажат етемін: Құдай өз ұлылығының байлығына сәйкес Киелі Рухының арқасында жан дүниелеріңді Өзінің құдіретімен нығайта көрсін. 17 Мәсіх сенімдерің арқылы жүректеріңе орныға көрсін, 18 әрі рухани өмірлерің Оның сүйіспеншілігіне тамыр жайып, негізделсін. Осылай сендер Мәсіхтің сүйіспеншілігінің қаншалықты кең де көз жеткісіз терең және биік екенін Құдайдың бүкіл халқымен бірге түсіне алып, 19 адам санасы жетпейтін осы сүйіспеншілікті танып білсеңдер екен. Сол арқылы Құдайдың рухани қасиеттері бойларыңа толықтай дари берсін! 20 Ал Тәңір Иеміз бізге әсер ететін Өзінің құдіреті арқылы біз сұрағаннан немесе ойлағаннан әлдеқайда көп нәрселерді істей алады. 21 Оның даңқы қауымда Мәсіх Иса арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, мәңгілік арта берсін! Аумин.
1 Сонымен Иемізге қызмет еткеніме бола түрмеде жатқан мен сендерге Құдайдың өздеріңді шақыруына лайық өмір сүріңдер деп ескертемін. 2 Барлық жағдайларда кішіпейіл, ілтипатты, бір-біріңе төзімді болып, сүйіспеншілік көрсетіңдер. 3 Құдай Рухымен иемденген бірліктеріңді өзара байланыстырған татулық арқылы сақтауға ұмтылыңдар! 4 Бәріміз біртұтас рухани денеміз, Құдайдың Рухы да Біреу, сол сияқты Құдай сендерді шақырғанда бірдей үміт берді. 5 Иеміз бір, бір сенімдеміз, шомылдыру рәсіміміз де бірдей. 6 Барлығымыздың бір Құдай Әкеміз бар, Ол бәрімізден үстем және бәріміз арқылы әрекет етіп, бәріміздің жүрегімізден орын алды. 7 Ал әрқайсымызға Мәсіхтің рақым етіп үлестіріп берген ерекше рухани дарындарымыз бар. 8 Сондықтан (Забурда) мына тәрізді сөздер жазылған: «Ол заңғар биікке көтерілді, көптеген тұтқындарды ертіп жүрді, әрі адамдарға тартулар сыйлады». 9 «Ол заңғар биікке көтерілді» деген сөздің мағынасы қандай? Мәсіх алдымен төменге, жер бетіне түскен еді дегенді білдіреді. 10 Соған түскен Мәсіх — аспаннан әлдеқайда жоғары орынға, «көктің ең биігіне», көтеріліп кеткеннің дәл Өзі. Осылайша Мәсіх бүкіл әлемге өз билігін орнатпақ. 11 Ол рухани дарындар сыйлап, сенушілердің біреулерін елші, біреулерін пайғамбар, тағы басқаларын Ізгі хабарды таратушы, енді біреулерін қауымның рухани бағушысы немесе тәлімгері етіп тағайындады. 12 Олар Құдайдың халқын өз қызметтерін атқаруға дайындауға тиіс. Соның нәтижесінде Мәсіхтің рухани денесі өсіп, күшейе бермек. 13 Осылайша бәріміз бірге Құдайдың рухани Ұлына сеніп, Оны жақын білу арқылы Мәсіхтің кемелдігіне сай келетін біртұтас, жетілген қауым болмақпыз. 14 Онда біз бұдан былай әрбір ой толқынына тәлкек болған жас баладай кез келген ағымдағы ілімге ілесуден, әрі қу, айлакер адамдардың алдап-арбауына еріп азғындық жолға түсуден аулақ боламыз. 15 Қайта, бір-бірімізге шындықты сүйіспеншілікпен айтамыз және қауымның Басы — Иса Мәсіхпен тығыз байланысымызда жан-жақты өсіп жетілеміз. 16 Сонда мүшелері үйлесіп, бірігіп жұмыс істеп тұрған бұл біртұтас рухани дене түгелдей өзінің Басы — Мәсіхке бағынады. Әрбір мүшесі өз міндетін атқарса, бүкіл дене өсіп, сүйіспеншілік арқылы күшейе береді. 17 Иеміздің атынан сендерге мықтап айтып ескертемін: бұдан былай құдайсыз халықтардың түкке тұрғысыз ойларына сай өмір сүрмеңдер! 18 Олардың санасын қараңғылық басып, жүректері шындықты білгілері келмей жақсылық атаулыға қарсы қасарысқан, сөйтіп Құдай беретін шынайы өмірден құр қалған. 19 Мұндайлар ұяттан әбден безіп, жүгенсіздікке салынып, тойымсыз нәпсіқұмарлықпен әр түрлі азғындық істей береді. 20 Бірақ сендердің Мәсіх туралы үйренгендерің мұндай емес еді ғой! 21 Оның айтқандарын естіп, Онымен тығыз байланысып, шынайы тәлім алып келдіңдер. Себебі шындық Исада. 22 Алдамшы құмарлықтарымен өмірлеріңді құртып келген ескі күнәлі болмыстарың мен бұған дейінгі өмір салттарыңды енді тастаңдар! 23 Рухтарың мен ақыл-ойларың түгелдей жаңарсын; 24 осылай Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділ де қасиетті адам болып өмір сүріңдер! 25 Сондықтан өтірікті тастап, әрқайсың басқаларға шындықты айтыңдар! Бәріміз біріккен бір рухани дененің мүшелеріміз ғой. 26 «Ашуланғанда күнә жасамаңдар!» деп (Забурда) жазылған. Күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар, 27 сөйтіп шайтанның жамандыққа түрткі салуына жол бермеңдер! 28 Ұры болған енді ұрлық жасамасын, керісінше, адал еңбек етіп, тапқан табысынан мұқтаждарға үлестірсін. 29 Ауыздарыңнан жаман сөз емес, жақсы сөз ғана шығып, тыңдап тұрғандардың сенімдерін жетілдіріп, игілік сепсін. 30 Осылай Құдайдың Киелі Рухын ренжітуден аулақ болыңдар! Онымен «таңбаландыңдар»: өмірлеріңнен орын алған Киелі Рух — бір күні жамандық атаулыдан азат етілулеріңнің кепілі. 31 Әрқилы кекшілдік, ашу-ыза, айқай-шу, қаралау, тағы басқа барлық жаман нәрселерден арылыңдар! 32 Қайта, бір-біріңе мейірімді де жанашыр болыңдар; Мәсіхтің арқасында өздеріңді Құдай кешіргендей, сендер де өзара кешірімді болыңдар!
1 Сонымен сүйікті рухани баласы ретінде Құдайдан үлгі алыңдар! 2 Мәсіхтің бізді сүйіп, біз үшін Өзін құрбан еткеніндей, сендер де бір-біріңді сүйіп өмір сүріңдер! Оның өз жанын қиғаны Құдайға ұнамды, хош иісті құрбандық іспетті болды. 3 Араларыңда неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық пен ашкөздіктің тіпті аттары да аталмасын. Құдайға бағышталған адамдарға бұлардан аулақ жүру лайық. 4 Сендерге әдепсіздік жасау, ақымақ сөз бен тұрпайы қалжың айту емес, шүкірлік ету жарасымды. 5 Мынаны біліп қойыңдар: неке адалдығын бұзатындар, ұятсыздар және ашкөз адамдар — жалған тәңірлерге табынушылар. Мұндайлардың ешқайсысына да Мәсіхтің және Құдайдың Патшалығында орын жоқ. 6 Ешкім де сендерді өтірік сөздерімен алдамасын! Себебі Құдайға мойынсұнбайтындарға осы күнәлары үшін Оның қаһарлы соты төніп тұр. 7 Сондықтан олардың іс-әрекеттеріне сыбайлас болмаңдар! 8 Бұрын сендер түнек болдыңдар, ал енді Иемізбен байланысып, «нұрсыңдар»: ендеше «нұрдың адамдары» болып әрекет етіңдер! 9 Ал нұрдағы өмірдің өнімі — нағыз игілік, әділдік, шындық. 10 Құдай Иеге не ұнайтынын біліп алып, 11 түнектегі адамдардың бекер істеріне араласпаңдар, қайта, оларды әшкерелеңдер! 12 Мұндайлардың жасырын істейтіндерін айтудың өзі ұят. 13 Ал түнекке нұр шашылса, ондағының бәрі анық көрінеді. Бар нәрсені әшкерелейтін — нұр. 14 Сондықтан да былай деп айтылады: «Оян, ей, ұйқышыл, Рухани өлімнен тіріл! Мәсіх саған төгеді нұр». 15 Сонымен парасатсыз емес, ақыл-парасатты өмір сүруге ерекше ден қойыңдар: 16 жақсылық жасауға әр мүмкіндікті пайдаланыңдар, себебі қазіргі күндер зұлымдыққа толы. 17 Сондықтан ақымақ болмай, Құдай Иенің еркін біліп алыңдар. 18 Арақ-шарап ішіп, мас болмаңдар, бұл жүгенсіздікке апарады! Қайта, Киелі Рухқа кенеле беріңдер! 19 Бір-біріңді Забур жырлары, мадақтау өлеңдері және Киелі Рух дарытқан әндер арқылы жігерлендіріп, Иемізді ән-күймен шын жүректен дәріптеңдер. 20 Иеміз Иса Мәсіхтің атымен Құдай Әкеге қай нәрсе үшін де ұдайы шүкірлік етіңдер! 21 Сендер Мәсіхті қастерлейтіндіктен, бір-біріңе мойынсұныңдар! 22 Әйелдер, Иемізге мойынсұнғандай, күйеулеріңе де мойынсұныңдар; 23 өйткені Мәсіхтің сенушілер қауымының Басы болғаны сияқты, еркек — әйелдің «басы». Мәсіх сенушілерді құтқарып алды, енді қауым — Оның рухани денесі. 24 Қауымның Мәсіхке мойынсұнғанындай, әйелдер де барлық істе күйеулеріне мойынсұнуға тиіс. 25 Күйеулер, Мәсіх қауымды қалай сүйсе, сендер де әйелдеріңді солай сүйіңдер: Мәсіх қауым үшін жанын қиды! 26 Оны Құдай сөзімен тазартып, қайта туғызып, қасиетті қылды. 27 Сонымен қауым күйеуіне апарылған қалыңдықтай салтанатты да сұлу, ешбір дақсыз, ақаусыз, басқа да кемшіліксіз, қасиетті де пәк таза болсын. 28 Дәл осылай жұбайларын өз тәніндей жақсы көру — күйеулердің міндеті. Әйелін сүйген өзін де сүйеді. 29 Ешкім де өз тәнін жек көрмейді, қайта, оған нәр беріп, баптап күтеді, Иеміз де қауымды солай қамқорлайды. 30 Біздер Оның рухани денесінің мүшелеріміз. 31 «Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады», — деп (Тауратта) жазылған. 32 Осында терең сыр бар, мен мұны Мәсіхке және қауымға байланысты айтамын. 33 Бірақ ол сендерге де қатысты: әрқайсың әйеліңді өзіңдей сүюге тиістісің, ал әр әйел күйеуін құрметтеуге міндетті.
1 Балалар, Иеміздің еркіне мойынсұнып, әке-шешелеріңнің тілін алыңдар, өйткені осылай істегендерің дұрыс. 2 «Ата-анаңды сыйла!» Бұл, Құдайдың бір уәдемен байланыстырып берген алғашқы өсиеті: 3 «Сонда жерде игілікті де ұзақ өмір сүретін боласың». 4 Ал ата-аналар, балаларыңа шектен тыс ұрыспаңдар, керісінше, ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеңдер! 5 Басыбайлы қызметшілер, Мәсіхке мойынсұнғандай, жер бетіндегі қожайындарыңа да шын жүректен мойынсұнып, жамандық жасаудан шошыныңдар! 6 Айтқандарын тек көңілдерінен шығу үшін, олар сендерді бақылап тұрғанда ғана емес, ұдайы жан-тәндеріңмен орындай беріңдер! Осылай Құдайдың еркін Мәсіхтің қызметшісі ретінде іске асырыңдар! 7 Сөйтіп қызметтеріңді адамға емес, Иемізге арнағандай ынтамен атқарыңдар. 8 Мейлі басыбайлы, мейлі ерікті болсын, әркімнің істеген игі істерінің лайықты сыйын Иемізден алатынын біліп қойыңдар. 9 Ал сендер, қожайындар, қызметшілеріңе осылай қарап, қатаңдықты жұмсартыңдар! Көкте олардың да, өздеріңнің де Қожайындарыңның бар екенін білесіңдер. Ол ешкімнің бет-жүзіне қарамайды. 10 Соңында айтарым мынау, бауырластарым: Иемізбен тығыз байланыста жүріп, Оның құдіретінен қуат алып, нығая беріңдер! 11 Шайтанның қастық іс-әрекетіне тойтарыс бере алуларың үшін Құдай берген «рухани қару-жарақпен» түгел жабдықталыңдар! 12 Біз адам баласына қарсы емес, қазіргі қара түнектің әкімдері мен күштілеріне әрі дүниені билеп-төстеушілеріне: көзге көрінбейтін дүниедегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз. 13 Сондықтан Құдай берген «рухани қару-жарақтың» бәрін асыныңдар! Сөйтіп зұлым күштер шабуыл жасаған күні қарсы тұрып, ақырына дейін күресіп, жеңіп шыға аласыңдар. 14 Сонымен, шындықпен «белді бекем буып», әділдікті «сауыт қылып киіп», табанды тұрыңдар! 15 «Аяқкиімдеріңді де киіп», татуласу туралы Ізгі хабарды таратуға дайын болыңдар! 16 Бұларға қоса сенімдеріңді «қалқан қылыңдар», онымен шайтанның барлық «отты жебелерін» өшіріп тастай аласыңдар; 17 құтқарылғандықтарыңды «дулыға етіп киіп» қорғаныңдар; Құдай сөзін «рухани семсер қылып ұстаңдар»! 18 Киелі Рух арқылы әрдайым Құдайға сиынып, барлық өтініштеріңді айтып, рухани сергек те шыдамды болыңдар: Құдайдың бүкіл халқы үшін мінажат ете беріңдер! 19 Сөйлеген сайын Ізгі хабардың құпиясын қаймықпай жариялауыма қажетті сөз аузыма түссін деп, мен үшін де мінажат етіңдер! 20 Бұл хабарды жеткізуге жіберілген елші ретінде осы жерде бұғаудамын. Сондықтан оны тиісті түрде батыл жариялай алуымды Құдайдан тілеңдер. 21 Сүйікті бауырымыз әрі Иеміздің адал қызметшісі Түхік менің жағдайым мен қызметім туралы білулерің үшін сендерге бәрін хабарламақ. 22 Түхікті сол мақсатпен жіберіп отырмын. Ол жағдайымызды білдіріп, жүректеріңді жігерлендірмек. 23 Лайым Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх барлық бауырластарға тыныштық, сүйіспеншілік және сенім сыйлай көрсін! 24 Иеміз Иса Мәсіхті шын беріле сүйгендердің бәріне Құдай жар болып, рақымын жаудыра берсін!
1 Філіпі қаласында тұратын, Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы қауым басқарушылары мен қызметшілеріне қоса Құдайдың барлық адамдарына Иса Мәсіхтің қызметшілері Пауыл мен Тімотеден дұғай сәлем: 2 сендерге Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін! 3 Сендерді еске алған сайын Құдайға ризашылық білдіріп, 4 бәрің үшін әрдайым қуана-қуана тілек тілеп сиынудамын. 5 Себебі сендерге Ізгі хабар жеткен алғашқы күннен бастап оны таратуға бізбен ортақтасып келе жатырсыңдар. 6 Өмірлеріңде игі ісін бастаған Құдайдың оны жалғастыра беріп, Мәсіх қайта оралар күнге дейін толықтай аяқтайтынына кәміл сенемін. 7 Барлығың туралы осындай жақсы пікірде болуым дұрыс, себебі менің жүрегімнен берік орын алдыңдар. Қазір мен тұтқында отырғанда да, Ізгі хабардың шындығын қорғап, нығайтқанда да Құдайдың маған мейірімділікпен тапсырған қызметіне ортақтасып келесіңдер. 8 Бәріңді Иса Мәсіх дарытқан сүйіспеншілікпен сағынып жүргеніме Құдай куә. 9 Мен Оған сиынып, былай деп тілеп отырмын: сендердің сүйіспеншіліктеріңмен қатар жан-жақты рухани білімдерің мен көрегендіктерің бұдан да арта берсін. 10 Соның нәтижесінде әр жағдайда ненің ізгілікті екенін ажырата білсеңдер екен деймін. Осылай сендер Мәсіх қайта оралар күні мінсіз пәк болып, 11 Иса Мәсіхтің көмегімен молынан әділ іс-әрекеттер жасап келген боласыңдар. Содан Құдайдың ұлылығы көрініп, мадақталмақ. 12 Бауырластарым, мен басымдағы жағдайымның Ізгі хабарды бөгемей, керісінше, оның кең таралуына үлес қосып жатқанын сендерге білдіргім келеді. 13 Патшаның бүкіл күзетші жасағына және мұндағы барлық басқаларға да менің Мәсіхке қызмет еткенім үшін бұғауда отырғаным мәлім болды. 14 Сонымен қатар, тұтқындалуым бауырластардың басым көпшілігінің Иемізге деген сенімдерін нығайта түсті. Олар Құдай сөзін бұрынғыдан бетер қорықпай уағыздауға батылданды. 15 Рас, кейбіреулері Мәсіхті қызғаныш пен күншілдіктен, ал басқалары ақниеттен уағыздап жүр. 16 Бірқатарлары Мәсіхті ақпейілден емес, өз абырой-атақтары үшін уағыздайды: олар бұғаудағы маған одан да көп қасірет тартқызбақшы. 17 Ал өзгелері Құдайдың мені Ізгі хабарды қорғауға тағайындағанын ұғып, оны сүйіспеншілікпен таратуда. 18 Бірақ мұнда тұрған не бар? Мейлі, жалған не адал ниетпен, болсын, әйтеуір Мәсіх уағыздалса болғаны, мен соған қуанамын. Оған бұдан былай да қуанамын. 19 Өйткені сендер сиынып, Иса Мәсіхтің Киелі Рухы көмек көрсеткендіктен, осы жағдайымның мен үшін жақсылықпен аяқталатынын білемін. 20 Себебі мен ешбір ұятқа қалмайтыныма, қайта, батылдыққа кенеліп тірі жүремін бе, не өлемін бе, әрдайым болғандай, қазір де өз бойымда Иса Мәсіхтің дәріптелетініне үміт артып, соған нық сенемін. 21 Себебі Мәсіх — менің өмірім, ал өлім мен үшін ұтыспен тең. 22 Егер тәнім сау болса, өнімді еңбек ете аламын. Енді нені таңдауды білмей, 23 екеуіне де құштармын: бұ дүниеден кетіп, Мәсіхпен бірге болғым келеді, бұл бәрінен де анағұрлым жақсы, 24 ал тәнімнің аман қалғаны сендер үшін қажеттірек. 25 Бұған көзім жеткендіктен менің тірі жүріп, қастарыңда болатынымды білемін. Сонда сенімдерің арта түсіп, қуанышқа кенелесіңдер. 26 Сендерге тағы да келгенімде мені құтқарғаны үшін Иса Мәсіхке ұлан-ғайыр мақтау айтатын боласыңдар. 27 Қандай жағдай болмасын, тек Мәсіх жайлы Ізгі хабарға сай өмір сүріңдер! Мен келіп, сендерді көремін бе, я болмаса алыста жүремін бе, бәрібір — сендер туралы «бірдей ниетпен табанды тұрады, Ізгі хабарға деген сенімдері үшін бір кісідей жұмылып, жан аямай күреседі, 28 қарсыластарынан еш қорықпайды» дегенді естігім келеді. Сендердің тайсалмас жігерлерің қарсыластарыңның мәңгі жойылып кететінін, ал өздеріңнің құтқарылатындарыңды алдын ала білдіреді. Мұны іске асырушы — Құдай. 29 Ол сендерге рақым етіп, Мәсіхке сенуді ғана емес, Ол үшін азап шегуді де белгіледі. 30 Осылайша сендер бұрын менен көріп, қазір де айналысып жатқанымды естіген рухани күреске өздерің де араласудасыңдар.
1 Мәсіхпен байланыстарың сендерді жігерлендіріп, Оның сүйіспеншілігі көңілдеріңді жұбатқандықтан және өздерің Киелі Рухпен қатынаста жүріп, қайырымды да жанашыр болғандықтан, 2 пікірлес, бір-біріңді тең сүйетін, ынтымақтас әрі ниеттес болыңдар. Осылай мені қуанышқа кенелтсеңдер екен. 3 Жеке басының абырой-атағын ойлайтын менмен емес, кішіпейіл болып, басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар! 4 Әрқайсың өз мүдделеріңді ғана емес, басқалардікін де ойлап жүріңдер! 5 Иса Мәсіхтің мінез-құлқы сендердікі де болсын: 6 Мәсіхтің құдайлық болмысы бола тұра, Ол Онысына жармасқан жоқ, 7 қайта, Өз құдіреті мен салтанатты ұлылығынан Бас тартып, қабылдады құлдың сиқын: Ол адам секілді бұ дүниеге келді, Әрі кәдімгі адамға ұқсап көрінді. 8 Өзін төмен тұтып, Құдайға мойынсұнды, Өлімге, тіпті айқыштағы өлімге бойсұнды. 9 Сондықтан да Құдай Оны көкке көтерді, Оның мәртебесін бәрінен де биіктетті, Оған бар есімнен жоғары Атақты сыйлап берді: 10 Енді естігенде Исаның Атағын Көктегі, жердегі, жер астындағылардың Бәрі де тізе бүкпек Оның алдында 11 Және Иса Мәсіхті тіл атаулы барлығы да Жаратқан Ие деп ашық мойындауға Тиіс һәм Құдай Әкенің даңқын арттыруға. 12 Сонымен, сүйікті бауырларым, сендермен бірге болғанымда әрдайым Құдайға мойынсұндыңдар, ал қазір мен қастарыңда жоқ кезде де солай істей берулерің әлдеқайда маңыздырақ болмақ: құтқарылуларыңа сай іс-әрекет жасап, соны толығымен жүзеге асыруға ұмтылыңдар, әрі Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамайтын нәрселерден қатты жиіркеніңдер! 13 Себебі Өзіне ұнайтын істерді қалап, жүзеге асыруларыңа түрткі болушы — Құдай. 14 Бәрін де наразылықсыз, шүбәланбай істеңдер! 15 Осылай қазіргі азғын да алдамшы ұрпақтың арасында еш кінәсіз таза, Құдайдың мінсіз рухани балалары болыңдар: қараңғы дүниеде жарық жұлдыздай жарқырап, 16 адамдарға шынайы өмірді жеткізетін Құдай сөзін ұсыныңдар. Сонда мен араларыңда жан сала істеп жүрген еңбегімнің босқа кетпегеніне Мәсіхтің қайта оралған күні риза болып, қатты қуанатын боламын. 17 Сендердің Құдайға сеніп, өмірлеріңді бағыштауларың Оған арналған құрбандық іспетті. Ал мен, мүмкін, шейіт болып, қаным «сол құрбандықтың үстіне» төгілетін де шығар. Сонда мен қуанып, осы қуанышымды бәріңмен бөліспекпін. 18 Сол сияқты, сендер де қуанып, бірге шаттаныңдар! 19 Иеміз Иса қаласа, жақын арада сендерге Тімотені жіберетін ойым бар. Осылайша сендер жігерленіп, оның сендерден алып келетін хабары маған да жігер берер деп сенемін. 20 Ол сияқты менімен ниеттес, шын көңілден қамдарыңды ойлайтын басқа адамым жоқ. 21 Өзгелердің бәрі Иса Мәсіхтің ісін емес, өз қара бастарының қамын ойлайды. 22 Ал Тімотенің сенімді екенін өздерің білесіңдер: ол маған Ізгі хабарды уағыздауда ұлының әкесіне көмектесетініндей қолғабыс етіп келеді. 23 Сот ісімнің немен аяқталатынын біле сала, оны сендерге жібермекпін. 24 Иеміз маған жақын арада өзім де сендерге барамын деген сенім сыйлады. 25 Қызметтес әрі күрестес серігім — сендер маған қамқор болсын деп жіберген бауырымыз Епафродитті шұғыл түрде өздеріңе қайтаруды қажет деп таптым. 26 Ол өзінің ауырып қалғаны туралы сендерге хабар жеткенін қатты уайымдап, өздеріңді көруге құштар болып жүр. 27 Шынында да ол қатты ауырып, хал үстінде жатты. Бірақ Құдай оған рақымшылық жасады, оған ғана емес, қасіретке қасірет қоспау үшін маған да рақым көрсетті. 28 Сондықтан Епафродитті жібермек болып, одан бетер асығып отырмын. Оны көріп қуанған сендерді ойлап мен де қайғырмайтын боламын. 29 Епафродитті Иемізбен жүрген бауырларың ретінде қуана қарсы алыңдар. Мұндайларды жалпы құрметтеңдер. 30 Себебі ол Мәсіхтің ісі үшін өлімге таяп келді. Маған сендер бере алмаған көмекті ол өз басын өлімге тіге отыра көрсетті.
1 Ал енді, бауырластарым, Иемізге шаттанып қуаныңдар! Мұны қайталап жаза беру мен үшін әуре емес, ал сендерді ол нығайтады. 2 Қауымды иттей шарлап, қауып жүрген зұлым қызметкерлерден, сүндеттеуді күнәдан ақталу жолы ретінде уағыздаушылардан сақтаныңдар! 3 Біз — Құдайдың «рухани сүндеттелген» халқымыз! Құдайға Киелі Рухының көмегімен қызмет етіп, Мәсіх Исаны мақтан етеміз, әрі өз болмысымызға сүйенбейміз. 4 Ал менің өзіме сүйенуге себептерім жеткілікті болар еді ғой. Егер біреу өзіне сенерлік дәлелім бар десе, менікі онікінен де артық: 5 туғаннан кейін сегізінші күні сүндеттелдім. Исраил халқының Бунямин руына жататын, таза еврей тұқымынан шыққан евреймін. Тәлімім бойынша Тауратты қатаң ұстанатын парызшыл болып, 6 Мәсіхке сенушілердің қауымын бар ынтаммен қудалайтынмын. Осылайша Таурат заңына сай әділеттілігім мінсіз еді. 7 Алайда осы «артықшылықтарымды» Мәсіхке бола залал деп санай бастадым. 8 Иә, мен бәрін де залал деп санаймын, өйткені Ием Иса Мәсіхті жақыннан танып білу өзге нәрселерден әлдеқайда жоғары. Иеме бола бұлардың бәрінен айырылдым, оларды түкке тұрғысыз сыпырынды деп санаймын да. Осылайша қабылдайтын сыйым — Мәсіхтің Өзі. 9 Онымен тығыз байланыста тұруым үшін Таурат заңын орындауға негізделген жеке басымның ақталуына сүйенбеймін, қайта, Мәсіхке деген сенім арқылы Құдайдан ақталған адам болғым келеді. 10 Сөйтіп, Мәсіхтің Өзін де, Оны қайта тірілткен құдіретті де жақыннан танып білуге құштармын. Мәсіхтің азаптарына ортақтасып, Оның өз жанын Мен үшін өлімге қиғанындай, мен де Ол үшін өмірімді қиғым келеді. 11 Осылайша, қайтсе де, өлімнен қайта тірілуге қол жеткіземін. 12 Бұған әлі жете қойған жоқпын, өзімді Құдайдың көздегеніндей жетілдім деп те есептемеймін. Бірақ соның ізіне түсіп, иемденуге тырысудамын. Дәл осыған бола Мәсіх Исаның Өзі мені иемденіп алды ғой. 13 Бауырластарым, мен бұл мақсатқа жеттім деп санамаймын. Істеп жүргенім бір-ақ нәрсе: өткен нәрселерді ескермей, алдымдағы бәйгеге қарай жан сала жүгіріп келемін. 14 Құдайдың сыйына — Оның Мәсіх Иса арқылы шақырған көктегі өміріне ие болу үшін көздеген мақсатты қуып жүрмін. 15 Арамызда кім жетілген болса, осылай ойласын. Егер бір нәрсе жайында басқа пікірде болсаңдар, Құдай сендерге мұны да білдіреді. 16 Тек қол жеткізген түсінігімізге сай ойлап, өмір сүруге тиіспіз. 17 Қымбатты бауырластар, менің өмірімді үлгі етіңдер, әрі біздің өнегемізге сай жүргендерге назар аударыңдар! 18 Себебі сендерге бұрын да айтқанмын, қазір де көз жасымды төгіп айтып отырмын: көп адамдар Мәсіхтің айқыштағы құрбандығына қас болып жүр. 19 Бұлардың ақыры — тозаққа түсу, құдайлары — өз құлқыны, ал мақтаныштары — ұятсыз әдеттері. Олар осы күнәлі дүниенің нәрселерін ғана ойлайды. 20 Алайда біздің отанымыз көкте, содан Құтқарушымызды — Иеміз Иса Мәсіхті сағына күтеміз. 21 Ол әлемдегі күллі нәрселерді де жеңіп бағындыру үшін қолданатын құдіретті күшімен біздің өткінші тәнімізді Өзінікі сияқты салтанатты денеге айналдырады.
1 Сонымен, сүйікті бауырластарым, Иемізбен байланыста берік тұрыңдар! Сендерді жақсы көремін, сағынып та жүрмін. Менің қуанышым, «бәйгелік тәжім» сендерсіңдер ғой. 2 Еуодия мен Сүнтүхе екеуін де Иемізбен жүргендер ретінде өзара татуласуға шақырамын. 3 Иә, адал серігім, сенен де сұраймын: осы екі әйелге көмек көрсетші. Олар Ізгі хабарды таратудағы күресіме ортақтасып, Кілемент пен өзге қызметтестеріммен де бірге істесті. Солардың есімдері көктегі Мәңгілік өмір кітабына жазылып қойылған. 4 Әрдайым Иемізбен байланыстарыңа қуаныңдар! Тағы да айтамын: қуаныңдар! 5 Сендердің кішіпейіл екендеріңді елдің бәрі көре алсын. Иеміз қастарыңда ғой. 6 Еш нәрсені уайымдамай, барлық жағдайда өтініштеріңді Құдайға сиынып тілекпен және шүкірлікпен білдіріңдер! 7 Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан керемет тыныштығы сендердің жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Исада сақтайды. 8 Сонымен, бауырластарым, күллі шынайы да қастерлі, әділ де таза, ұнамды да тартымды нәрселер, яғни қандай да адамгершілік және мақтауға тұрарлық қасиет болмасын, солар туралы ойлана беріңдер! 9 Менен үйреніп, қабылдаған тәлімді әрі өмірімнен көріп, естігендеріңді іске асыра беріңдер! Сонда тыныштықтың қайнар көзі — Құдай сендерге жар болады. 10 Сендердің тағы да қамымды ойлай бастағандарыңа Иемізге шүкірлік етіп қатты қуанамын. Әрине, мені бұл жағынан естен шығарған жоқсыңдар, алайда оған жағдайларың мүмкіндік бермеген еді. 11 Мұны бір нәрсе қажет болғандықтан айтып тұрған жоқпын. Мен қандай жағдай болмасын, қолдағы барды қанағат етуді үйрендім. 12 Жоқшылықта да, молшылықта да өмір сүре аламын. Мен не тоя тамақ жейін, не аш жүрейін, молшылықта немесе мұқтаждықта болайын, қай жағдайда да қанағат етудің құпиясымен жақсы танысып алдым. 13 Себебі маған күш-қуат беретін Мәсіхпен бірге болсам, бәріне де төзе аламын. 14 Дегенмен, қиын-қыстау жағдайыма ортақтасқандарың бір ғанибет болды. 15 Қымбатты філіпіліктер, өздерің де білесіңдер: мен алғаш рет Ізгі хабарды сендерге жеткізіп, содан кейін Македония өлкесінен кеткенімде, маған басқа бір қауым емес, сендер ғана игіліктер жіберіп, Құдайдың жарылқауын қабылдауда ортақтастыңдар. 16 Әлі Салониқада жүргенімде де сендер маған бірнеше рет қажетімді жеткізіп тұрдыңдар. 17 Сендерден сәлем-сауқат дәметпеймін, менің үміттенетінім — осылар үшін өздеріңе қайтатын жарылқау мен сауап. 18 Сендер жібергендердің бәрін де алдым, енді артығымен жетіп жатыр. Епафродит сәлемдемелеріңді әкеліп бергелі қажетті нәрселерім ағыл-тегіл. Олар — Құдай ұнатып қабылдайтын хош иісті тартулар мен құрбандық іспетті. 19 Ал Иса Мәсіхпен жүрген сендердің барлық қажеттеріңді де менің Құдайым Өзінің керемет байлығы бойынша қамтамасыз ететін болады. 20 Құдай Әкеміздің ұлылығы мәңгілік мадақтала берсін! Аумин. 21 Мәсіх Исаның арқасында Құдайдікі болғандардың бәріне сәлемімізді жеткізіңдер. Қасымыздағы бауырластар да сәлем айтуда. 22 Сендерге Құдайдың мұндағы адамдары түгелдей, әсіресе патша сарайындағылар, сәлем айтады! 23 Лайым жан дүниелерің Иеміз Иса Мәсіхтің рақымына кенеле берсін! Аумин.
1 Құдайдың еркімен Мәсіх Исаның елшісі болған Пауылдан және бауырласымыз Тімотеден 2 Құдайдың халқы болып Мәсіхпен тығыз байланыста жүрген, Қолос қаласында тұратын сенімді бауырластарымызға дұғай сәлем. 3 Сендерге Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін! Біз сендер үшін Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі Құдайға сиынған сайын шүкірлік етеміз. 4 Сендердің Мәсіх Исаға сеніп, Құдайдың барлық адамдарын сүйетіндерің туралы естідік. 5 Ал осы сенімдерің мен сүйіспеншіліктерің өздеріңе көкте дайындалған игіліктерді иемденеміз деген үміттеріңе негізделген. Бұл туралы сендер алдымен Құдайдың шынайы хабары — Ізгі хабар өздеріңе жеткенде естідіңдер. 6 Осы хабар дүние жүзінде кеңінен жайылғандай, сендерге де жетті. Ол барлық жерде адамдарды жақсылық жасауға жетелеп, көптеген кісілер оны қабылдауда. Сендер Ізгі хабар туралы естіп, Құдайдың рақымын шынымен таныған күннен бастап, осылай рухани өсіп-өніп келесіңдер. 7 Құдайдың рақымы жөнінде біздің сүйікті қызметтесіміз Епафрастан осы тәлімді алдыңдар. Ол — сендер үшін еңбектеніп жүрген Мәсіхтің сенімді қызметшісі. 8 Епафрас бізге жүректеріңе Киелі Рух дарытқан сүйіспеншілік туралы айтып берді. 9 Сол себептен де біз мұны естіген кезден бері сендер үшін ұдайы Құдайға сиынып келеміз. Сендердің Оның еркін толықтай біліп, өте парасатты да рухани көреген болуларыңды Құдайдан өтінудеміз. 10 Осылайша Иеміздің халқына лайық, Оны риза қылатындай өмір сүрулеріңді, әр түрлі игі істер істеп, өсіп-өне беріп, Құдайды неғұрлым жақынырақ тануларыңды тілеп келеміз. 11 Сендер Оның ұлы құдіретінен мол қуат алып, әрдайым төзімділік пен ұстамдылық таныта алсын әрі қуанышқа кенеліп, 12 Құдай Әкеге шүкірлік ете берсін деп мінажат етудеміз. Өйткені Ол бәрімізді Өзінің халқы иемденетін нұрлы Патшалығынан үлес алуға шақырып, лайықтады. 13 Құдай бізді қара түнектің билігінен құтқарып, сүйікті рухани Ұлы Иса Мәсіхтің Патшалығына енгізді. 14 Оның құрбандық өлімі арқылы күнәларымыздың құны өтеліп, кешірімге ие болдық. 15 Көзге көрінбейтін Құдайдың қандай екенін рухани Ұлы көрсетеді. Ол — жаратылыс атаулының бәрінен жоғары. 16 Өйткені көктегі әрі жердегі, көзге көрінетін және көрінбейтін нәрселердің бәрін Құдай Өзінің рухани Ұлы арқылы жаратты: тақтар мен үстемдік иелері, билеушілер мен әміршілер бәрі де Мәсіх арқылы және Мәсіх үшін жаратылған. 17 Бүкіл әлем жаратылмай тұрғанда-ақ Ол бар болатын, бәрін аман сақтайтын да — Сол. 18 Мәсіх — сенушілер қауымының, яғни Өзінің рухани денесінің, Басы әрі оның өмірінің Бастауы. Ол — өлімнен қайта тірілгендердің ең Бастысы да. Сондықтан барлық жағынан да Оның жолы үлкен. 19 Құдай Өзінің бүкіл болмысының рухани Ұлында тұрғанын ұнатты. 20 Ол арқылы Құдай жер мен көктегі барлық нәрсені Өзімен татуластыруды қалады, яғни Оның айқышта қанын төгіп, құрбан болғандығының арқасында татулық орнатуды жөн көрді. 21 Ал сендер бұрын жаман ой-пікірлерге салынып, зұлым іс-әрекет жасап, Құдайға жат әрі қас болдыңдар. 22 Алайда Ол сендерді Мәсіхтің тәндік өлімі арқылы Өзімен татуластырды. Бұны сендерді алдына әкелген кезде Өзіне бағышталған кінәратсыз, айып тақпайтындай таза болуларың үшін жасады. 23 Егер Ізгі хабар туралы естігендеріңе күмәнданбай, берік сеніп, Оған деген үміттеріңнен таймасаңдар, бұл солай болады. Осы Ізгі хабар аспан астындағы барлық адамзатқа дерлік жарияланып келеді. Мен — Пауыл да оның таратушысына айналдым. 24 Қазір мен сендер үшін тәнімде бейнет шегіп отырғаныма қуанамын. Мәсіхтің өз рухани денесінің, яғни бүкіл қауымның, игілігі үшін басымнан өтсін деп белгілеген азаптарын кешіп жүрмін, осылайша соларды толықтыра түсудемін. 25 Құдайдың хабарын сендерге толықтай жеткізесің деген Оның тапсыруымен қауымның қызметшісі болдым. 26 Бұл хабар ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жасырын болып келді; ал енді оның сыры Құдайдың адамдарына ашылды. 27 Құдай оларға осы құпия хабарда басқа ұлттар үшін қаншама мол жарылқау бар екенін білдірмек болып шешті: Мәсіх жүректеріңнен орын алды, сол себептен болашақ ұлылықтан үміттісіңдер. 28 Мәсіх туралы хабарды біз барлық адамдарға жеткізіп, бәріне де ескертіп, барынша даналықпен тәлім беріп келеміз. Осылай әрбір жанды Мәсіхпен тығыз байланыста, толық кемелденген түрде Құдай алдына әкелуге талаптанудамыз. 29 Осы үшін жан сала еңбек етіп жүрмін. Бұған мені бойыма дарып келе жатқан Мәсіхтің құдіреті қуаттандыруда.
1 Сендер мен лаудікиліктер үшін және менімен әлі де жүздеспегендердің бәрі үшін қаншалықты күресіп жүргенімді білдіргім келеді. 2 Күресімнің мақсаты — сендердің жүректеріңнің жігерленіп, сүйіспеншілікпен рухани бірлесулерің, сөйтіп Құдай Әкеміздің Мәсіх туралы құпия хабары жөнінде терең де бай түсінік алып, оны түгел тануларың. 3 Ал Мәсіхте Құдайдың даналығы мен білімінің бүкіл қазынасы жатыр. 4 Мен мұны ешкім сендерді ақылға қонымды болып көрінген сөздерімен алдап кетпесін деп айтып отырмын. 5 Тәніммен қастарыңда болмасам да, рухыммен орталарыңда тұрып, сендердегі ынтымақты, Мәсіхке деген берік сенімдеріңді көріп, қатты қуанамын. 6 Сендер Иеміз Мәсіх Исаны қалай қабылдаған болсаңдар, солай Онымен тығыз байланыста жүріңдер! 7 Негіздерің Мәсіхте болып, терең тамыр жайып, өсе беріңдер; өздеріңе үйреткен сенімді мықтап ұстанып, Құдайға шексіз алғыс айтатын болыңдар! 8 Қайдағы біреу пәлсапасымен, пайдасыз ілімімен сендерді өзіне баурап алмасын, байқаңдар! Адамдар ойлап шығарған аңызға негізделген ондай ілім Мәсіх туралы емес, әлемдегі тұрпайы рухани күштер туралы үйретеді. 9 Ал Құдайдың бүкіл болмысы Мәсіхтің бойында тұрады! 10 Сендер Мәсіхпен тығыз байланысып, рухани игіліктерге толықтай ие болдыңдар. Ол күллі билік пен өктемдікке басшылық етеді. 11 Мәсіхпен тығыз байланысқандықтан сендер «рухани сүндеттелдіңдер» де. Бұл — қолмен істелген тәннің сүндеттелуі емес, Мәсіхтің «рухани сүндеттеуі», яғни Оның ескі күнәкар болмыстарыңды түгелдей алып тастауы. 12 Сендер Мәсіхпен бірге рухани тұрғыдан «жерлендіңдер» әрі Мәсіхпен бірге «қайта тірілдіңдер». Бұл Құдайдың Мәсіхті Өзінің құдіретімен өлімнен қайта тірілткеніне деген сенімдерің арқылы болды. Шомылдыру рәсімінен өткендерің соны білдіреді. 13 Бұрын сендер Құдайдың бұйрықтарын бұзып, «рухани сүндеттелмеген», яғни күнәкар болмыстарыңа тәуелді болып, рухани тұрғыдан өлі едіңдер. Алайда Құдай сендерді Мәсіхпен бірге қайта тірілтіп алды. Ол күллі күнәларымызды кешірді: 14 бізге айып тағып, үкім белгілейтін «құжатты» Мәсіх құрбан болған айқышқа «шегелеп іліп қойып», күшін жойды. 15 Осылайша Құдай рухани билеушілер мен әміршілердің күш-қуатын талқандап, оларды бүкіл әлем алдында әшкерелеп, Мәсіхтің істегендері арқылы жеңіп шықты. 16 Сондықтан ешкім сендерді белгілі тағамдар мен сусындарды ішкендерің, немесе бір мерекені, айдың басын не діни демалыс күнін сақтамағандарың үшін айыптамасын! 17 Өйткені осындай ережелер — келуге тиісті нәрсенің әлсіз нұсқасы ғана: шынайы жарылқауды Мәсіхтің Өзі алып келді. 18 Орынсыз кішіпейілділік танытып періштелерге табынуларыңды талап ететіндер сендерді кінәламасын! Осындайлардың ақыл-ойларын өз күнәкар болмыстары билейді, ал беделдері өздері ешқашан көрмеген нәрселерге негізделген. Олар ешбір себепсіз кеуделерін көтеріп, 19 қауымның Басы — Иеміз Мәсіх туралы ілімді ұстанбайды. Ал өзара буындармен, сіңірлермен нығайып, тұтасқан тәндік дененің өсуін бастың басқаратыны сияқты, бүкіл қауымның Құдайдың қалағанындай рухани өсуін де Мәсіх басқарады. 20 Өлі денеге ешқандай бұйрық жүрмейтіні секілді, сендер Мәсіхпен бірге рухани өлгендіктен осы дүниедегі бастапқы ілімдерге бағынбауға тиістісіңдер. Ендеше сендер әлі де осы күнәкар дүниеге жататындай, неліктен мынадай ережелерге бағынасыңдар: 21 «Сол нәрселерді қолға ұстама, ана тағамдарды ішіп-жеме, ол заттарға қол тигізбе!» 22 Бұлардың бәрі түбі қолдану барысында жоқ болатындар ғой. Ондай парыздар мен ілімдер адам ойынан шыққан. 23 Олар кісінің өз бетімен құлшылық етіп, кішіпейілділік танытып, тәнін қатаң тәртіппен ұстауын талап етулеріне бола дана болып көрінеді. Алайда олар адамды ізгілікке жетелемей, оның күнәкар болмысының құмарлықтарын қанағаттандыруына жол береді.
1 Сонымен, Мәсіх өлімнен қайта тірілгенде сендер Онымен бірге рухани тірілдіңдер. Сондықтан көкке лайықты қасиеттерді иемденуге ұмтылыңдар! Өйткені Мәсіх көкте, Құдайдың оң жағында отыр. 2 Ойларыңды күнәкар дүниедегіге емес, көктегіге аударыңдар! 3 Себебі сендер рухани өлдіңдер, енді өлген кісідей бұрынғы күнәлі іс-әрекеттеріңе жоқсыңдар. Ал Мәсіхпен бірлесіп сүрген жаңа өмірлерің ел көзінен таса, Құдайдың алдында. 4 Өмірлеріңнің бірден-бір бастауы мен мақсаты — Мәсіх. Ол жер бетінде қайтадан көрінген кезде сендер де Онымен бірге салтанатты ұлылықпен көрінесіңдер. 5 Ал енді, күнәкар дүниеге жататын қылықтарыңды біржола тоқтатыңдар: неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық, нәпсіқұмарлық және арам пиғылдан аулақ жүріңдер; ашкөздікке де салынбаңдар, ол жалған тәңірлерге табынумен бірдей! 6 Құдайға мойынсұнбайтындарға осындай күнәлары үшін Оның қаһарлы соты төніп тұр. 7 Бір кезде сендер де оларды жасайтындармен бірге дәл солай әрекет етіп жүрдіңдер. 8 Ал мына қылықтарды енді тастаңдар: ашу-ыза, кек сақтау, қаралау, бейпіл ауыздық; 9 бір-біріңе өтірік те айтпаңдар! Себебі сендер ескі күнәкар болмыстарыңның іс-әрекетін тастап, 10 жаңа ізгі болмысқа ие болдыңдар. Оны жаратып берген Иеміз Өзін жақынырақ тануларың үшін сендердің рухани жағынан Өзіне ұқсас болуларыңды көздеп соған ұмтылуда. 11 Бұл жерде яһуди не басқа ұлттық, сүндеттелген не сүндеттелмеген, шетелдік не көшпенді скиф, құл не ерікті жоқ, қайта, Мәсіх барлық сенушілердің өмірлерінде басты орында. 12 Ал енді, Құдай сендерді сүйіп, өз халқым деп таңдап алғандықтан, ұдайы жанашыр, мейірімді, кішіпейіл, ілтипатты, сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленіңдер! 13 Өзара төзімді болыңдар. Егер біреуге реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар: сендерді Иеміз Мәсіх қалай кешірсе, сендер де солай етіңдер! 14 Барлық қасиеттердің бастысы ретінде сүйіспеншілікке бөленіңдер, ол бәріңді толықтай біріктіреді. 15 Иеміз Мәсіх сыйлаған тыныштық сендерге билігін жүргізсін! Ол сендерді біртұтас рухани дененің құрамдас мүшелері ретінде татулықта тұруға шақырды. Сонымен қатар ризашылықтарыңды білдіріңдер! 16 Мәсіх туралы Ізгі хабарға көңілдеріңнен мол орын беріңдер: Забур жырлары, мадақтау өлеңдері және Киелі Рух дарытқан басқа да әндер арқылы бір-біріңе зор парасатпен тәлім-тәрбие және бағыт-бағдар беріңдер. Жүректерің ризашылыққа кенеліп, Иемізге арнап ән айтып отырыңдар! 17 Не айтып, не істесеңдер де, бәрін Иеміз Исаның атымен жасап, Иеміз арқылы Құдай Әкемізге шүкірлік етіңдер! 18 Әйелдер, күйеулеріңе мойынсұныңдар! Иемізбен байланыстағы сендердің осылай істегендерің жөн. 19 Күйеулер, әйелдеріңді сүйіп, оларға қатаң болмаңдар! 20 Балалар, барлық жағдайда да ата-аналарыңның тілін алыңдар, өйткені Иемізге осы ұнайды! 21 Ата-аналар, балаларыңның ынжық болмауы үшін оларға шектен тыс ұрыспаңдар! 22 Басыбайлы қызметшілер, барлық жағдайда да бұл дүниелік қожайындарыңның тілін алыңдар! Көңілдерінен шығу үшін тек олар бақылап тұрғанда ғана емес, ұдайы шын жүректен мойынсұныңдар! Осылай Құдай Иемізді терең қастерлеңдер! 23 Қандай жұмыс болса да, оны адам баласы үшін ғана емес, Иеміз үшін істеп жүргендей жан-тәндеріңмен атқарыңдар! 24 Себебі осының ақысы ретінде сендер Иемізден Оның уәде еткен игіліктерін қабылдайтындарыңды білесіңдер. Қызмет ететін Қожайындарың — Мәсіхтің Өзі ғой. 25 Ал жамандық жасайтын әркім соның лайықты жазасын тартады. Мәсіх ешкімнің бет-жүзіне қарамай әділ үкім шығармақ.
1 Қожайындар, қызметшілеріңді тиісті нәрселермен қамтамасыз етіп, әділ болыңдар! Өйткені көкте сендердің де Қожайындарыңның бар екенін білесіңдер. 2 Әрдайым Құдайға сиынып, рухани сергек те шыдамды болып, шүкірлік ете беріңдер! 3 Біз үшін де мінажат етіңдер: Құдай өз хабарын уағыздауымызға жол аша көрсін, осылай Мәсіх туралы құпияны жариялай алайық. Сол үшін де бұғауда отырмын. 4 Менің тиісті түрде бұл хабарды ашық айта алуым үшін де Құдайға сиыныңдар. 5 Қауымнан тыс адамдармен парасатты қарым-қатынас жасап, тиімді сәттерді пайдаланыңдар! 6 Сөйлескенде ұдайы ниеттерің игі, сөздерің дәмді болсын, әрқайсысына қалай жауап беру керек екенін біліңдер. 7 Адал көмекшім әрі Иемізге бірге қызмет етуші, сүйікті бауырласымыз Түхік сендерге мен туралы бәрін хабарламақ. 8 Оны сол мақсатпен жіберіп отырмын, ол жағдайларыңның қалай екенін көріп, жүректеріңді жігерлендірмек. 9 Онымен бірге сүйікті де адал бауырласымыз әрі сендердің жерлестерің — Онисым да барады. Бұл жердегі болып жатқан жағдайды Түхік екеуі сендерге толық айтып береді. 10 Менімен бірге тұтқында отырған Арыстарқ, сондай-ақ Барнабаның жиен інісі Марқа сендерге сәлем жолдайды. Марқа жайлы ерекше нұсқау алдыңдар: ол сендерге барса, жылы қабылдаңдар! 11 Иуст деп аталатын Иса да сәлем айтады. Яһудилердің ішіндегі осы үшеуі ғана Құдай Патшалығы үшін қызметтестерім болып жүр; бұлар маған нағыз жұбаныш. 12 Мәсіх Исаның қызметшісі әрі сендердің жерлестерің — Епафрас та сәлем айтып отыр. Ол сендердің рухани жағынан жетіліп, берік сеніммен Құдайдың бүкіл еркін орындауларың үшін үздіксіз мінажат етіп күресуде. 13 Оның сендерді және Лаудіки мен Иераполдағы бауырластарды қатты уайымдап жүргеніне куәмін. 14 Сүйікті дәрігер Лұқа да, Димас та сәлем жолдайды. 15 Лаудікидегі бауырластарымызға, әсіресе Нүмфан мен оның үйінде жиналатын қауымға, сәлем айтыңдар. 16 Сендер осы хатты оқып болған соң, оны әрі қарай Лаудікидегі қауымға беріңдер, оларға жазған хатымды да оқыңдар. 17 Арқыпқа: «Иеміз саған міндеттеген қызметіңді адал атқаруға ықылас сал!» деген сәлемімізді жеткізіңдер. 18 Енді мен, Пауыл, сендерге өз қолыммен сәлем жазып отырмын. Бұғауда екенімді естеріңде ұстаңдар! Лайым Құдай сендерге жар болып, рақымын жаудыра көрсін! (Аумин.)
1 Құдай Әкеге және Иеміз Иса Мәсіхке сенушілердің Салониқадағы қауымына Пауыл, Сыйлас және Тімотеден дұғай сәлем. Құдай сендерге рақымын жаудырып, тыныштығын сыйлай көрсін! 2 Сендерді Құдайға сиынғанда еске алып, бәрің үшін әрдайым шүкірлік айтамыз. 3 Құдай Әкеміздің алдында сендердің Оған деген сеніммен игілікті іс істеп, сүйіспеншілікпен ауыр еңбек етіп және Иеміз Иса Мәсіхке табандылықпен үміт артып жүргендеріңді үнемі еске алып отырамыз. 4 Құдай сүйген қымбатты бауырластар, Оның сендерді таңдап алғанын білеміз. 5 Себебі біз сендерге Ізгі хабарды сөзбен ғана емес, құдіретпен, Киелі Рухпен және зор сеніммен де жеткіздік. Сендердің игіліктерің үшін араларыңда қалай әрекет еткенімізді өздерің білесіңдер. 6 Ал сендер бізге және Иемізге еліктеп көп азапқа ұшырасаңдар да, Ізгі хабарды Киелі Рух сыйлаған қуанышпен қабылдадыңдар. 7 Осылай Македония мен Ахая өлкелеріндегі сенушілердің барлығына үлгі болдыңдар. 8 Иеміздің хабары сендерден Македония мен Ахаяға ғана тараған жоқ, Құдайға деген сенімдерің барлық жерде белгілі болғандықтан, бізге бұл туралы айтудың қажеті де жоқ. 9 Себебі жұрт сендердің бізді қандай жылылықпен қабылдағандарың және жалған тәңірлерден бас тартып, Құдайға бет бұрғандарың туралы бір-біріне айнала әңгімелеп жатыр. Енді сендер тірі де шынайы Құдайға қызмет ете жүріп, 10 Оның рухани Ұлы Исаның көктен түсуін күтудесіңдер. Құдай өлімнен қайта тірілткен Иса бізді келешектегі қаһарлы соттан құтқарып алады.
1 Қымбатты бауырластар, сендерге барып, біраз уақытқа қалғанымыздың нәтижесіз болмағанын өздерің білесіңдер. 2 Алдында ғана Філіпіде азап шегіп, қорлық көргеніміз туралы да хабардарсыңдар. Сонда да Құдайға сене отырып, қатты қарсылыққа қарамастан сендерге Оның Ізгі хабарын жариялауға батылымыз барды. 3 Сендерге уағызды өзіміз шындықтан адасқандықтан немесе арам пиғылмен айтып жүрген жоқпыз және біреуді алдаудан да аулақпыз. 4 Қайта, Құдай лайықты деп тауып, Ізгі хабарды бізге сеніп тапсырды. Сондықтан біз адамға емес, жүректеріміздің түкпіріндегілерді бақылап отыратын Құдайға ұнау үшін уағыз айтып жүрміз. 5 Ешқашан да жағымпазданып сөйлеп көрген жоқпыз, оны өздерің білесіңдер. Пайда табайық деген ішкі есебіміз де болған емес, бұған Құдай куә. 6 Сондай-ақ адамдардан, сендерден не басқалардан да атақ іздеп жүрген жоқпыз. 7 Мәсіхтің елшілері ретінде біз талап қойсақ та болар еді, алайда сендерге балаларын қамқорлаған мейірімді анадай жылы жүзбен қарадық. 8 Осылай жақсы көріп, Құдайдың Ізгі хабарын ғана жеткізген жоқпыз, жүрегімізді де алдарыңа жайып салдық, өйткені сендер бізге сүйкімді болып кеттіңдер. 9 Бауырластар, біздің бар күшімізді салып, бейнет шеге еңбек еткеніміз естеріңде ғой. Сендерге масыл болмау үшін күні-түні жұмыс істедік, сөйте жүріп, Құдайдың Ізгі хабарын уағыздадық. 10 Құдайға сенетін сендердің алдарыңда өзімізді таза, әділ, мінсіз ұстадық, бұған сендер де, Құдай да куә. 11 Мынаны білесіңдер: әрқайсыңды туған баламыздай көріп, 12 сендерге Құдай алдында ұялмайтындай болып жүріңдер деп ескертіп, соған көздеріңді жеткіздік, тіпті өздеріңе жалындық та. Өйткені Құдай сендерді өз Патшалығы мен салтанатты ұлылығына шақырады. 13 Сендердің бізден естіген Құдай сөзін адамның емес, Құдайдың хабары ретінде — шындығында да бұл солай! — қабылдағандарың үшін біз Оған үнемі ризашылығымызды білдіреміз. Қазір бұл хабар Оған сенетін сендерге күшті әсер етіп жатыр. 14 Себебі сендер, бауырластар, Құдайдың Иса Мәсіхке сенетін Яһудеядағы қауымдарына ұқсайсыңдар: олар яһуди діндарларынан қандай азап шексе, сендер де өз жерлестеріңнен сондай азап шектіңдер. 15 Яһуди діндарлар тіпті Иеміз Иса және пайғамбарларды өлтіріп, бізді де қуып шыққан еді. Олар Құдайға ұнамайды әрі барлық адамдарға қастық танытады. 16 Себебі олар біздің басқа ұлттарға Ізгі хабарды жариялап, құтқару әкелуімізге кедергі жасай береді. Осылай олар күнәларын күннен күнге көбейтіп келе жатыр. Содан Құдайдың қаһары төбелерінен төніп тұр. 17 Қымбатты бауырластар, аз уақыт сендерден ажырап, көңілдеріңнен емес, көздеріңнен таса болғанда сағыныштан жүздеріңді көруге қатты құштар болдық. 18 Иә, сендерге барғымыз келді; өзім — Пауыл бірнеше рет баруға тырыстым, бірақ бұған шайтан кедергі жасады. 19 Өйткені Иеміз Иса Мәсіх қайтып келген кезде біздің үмітіміз, қуанышымыз, басымызға киер «мақтау тәжіміз» сендер болмағанда, кім болмақ? 20 Расында да біздің мақтанышымыз бен қуанышымыз сендерсіңдер.
1 Сондықтан біз одан әрі шыдай алмай, Афинада жалғыз өзім қалайын деп шештік те, 2 Тімоте бауырымызды сендерге жібердік. Ол — Мәсіхтің Ізгі хабарын тарату жөніндегі Құдайдың қызметшісі. Осы азаптар ешқайсыңды шайқалтпасын деп, Тімоте сендерді жігерлендіріп, сенімдеріңді нығайтпақ. 3 Азап шегу маңдайымызға жазылғандығы өздеріңе мәлім. 4 Қастарыңда жүрген кезімізде «Қуғынға ұшырайтын боламыз» деп алдын ала айттық қой. Міне, сол айтқанымыз келді, оны өздерің білесіңдер. 5 Осыған бола мен одан әрі шыдай алмай Тімотені жіберіп, сенімдерің берік пе, әлде әзәзіл азғырып, бар еңбегіміз зая кетті ме, соны білгім келді. 6 Қазір Тімоте сендерден келіп, сенімдерің мен сүйіспеншіліктерің туралы жақсы хабар әкелді. Сендердің бізді ұдайы жақсылықпен еске алып, көрсек деп сағынып жүргендеріңді айтты; біз де сендерді көрсек дейміз. 7 Қымбатты бауырластар, сенімдеріңді берік ұстап жүр екенсіңдер. Бұл қиналып, қысылып отырған бізге жаңадан жігер берді. 8 Енді рухымыз көтеріліп қалмақ, себебі сендердің Құдаймен байланыстарың тұрақты екен. 9 Бізді өздеріңе қуантып қойған Құдайға қанша алғыс айтсақ та аздық қылады. 10 Күні-түні Одан қайтадан сендермен көрістіріп, сенімдеріңнің жетіспейтін жақтарын толықтыруға мүмкіндік бере гөр деп құлшына өтінеміз. 11 Осылай Құдай Әкеміздің Өзі және Иеміз Иса жолымызды сендерге бұра көрсін. 12 Бір-біріңе және барлық адамдарға деген сүйіспеншіліктеріңді Иеміз біздің өздеріңе деген сүйіспеншілігіміз сияқты өсіріп, арттыра берсін. 13 Осылай Ол көңілдеріңді орнықтыра көрсін. Содан сендер Иеміз Иса Мәсіх күллі қасиеттілерімен көктен түскенде, Құдай Әкеміздің алдында Оған толықтай бағышталған, мінсіз боласыңдар.
1 Тағы да, қымбатты бауырластар, Құдайға ұнау үшін қалай өмір сүру керек екенін бізден үйрендіңдер, солай өмір сүріп келе жатырсыңдар да. Осы жолмен алға баса беріңдер деп Иеміз Исаның атынан ескертіп, өтінеміз. 2 Сендерге Иеміз Исаның еркімен қандай нұсқаулар бергенімізді білесіңдер. 3 Құдай сендердің Өзіне бағышталып қасиетті өмір сүргендеріңді қалайды. Бұл азғындықтан аулақ жүрулеріңді де білдіреді: 4 әркім өз денесін қасиеттілікпен әрі құрметпен күте білсін! 5 Құдайды танымайтын ұлттарға ұқсап күнәлі құмарлықтарға салынбаңдар, 6 ешқайсың да заңды аттап, пайдакүнемдікпен бауырластарыңды алдап кетпеңдер! Сендерге бұрынырақ ескерткеніміздей, Иеміз мұндай күнәлардың бәрінің жазасын береді! 7 Құдай бізді азғын емес, Оған бағышталған қасиетті өмір сүруге шақырды. 8 Бұған бағынбайтын кісі адамға емес, Құдайға қарсы тұрады. Ол сендерге Өзінің Киелі Рухын берді ғой. 9 Бауырластарға деген сүйіспеншілік туралы мен жазбай-ақ қояйын, бір-біріңді сүюді Құдайдың Өзі үйретті ғой. 10 Оны бүкіл Македониядағы бауырластарыңа іс жүзінде көрсетіп жүрсіңдер. Бұдан былай да осы жөнінде алға баса берулеріңді тілейміз. 11 Бірқалыпты өмір сүруді құрметті іс деп біліңдер. Біз сендерге нұсқау бергендей, міндеттеріңді атқарып, өз қолдарыңмен еңбек етіп күндеріңді көріңдер. 12 Сөйтіп қауымнан тыс адамдардың алдында әдепті жүріп, еш нәрседен мұқтаж болмаңдар. 13 Қымбатты бауырластар, үміті үзілген басқалар сияқты қайғырмауларың үшін сендерді бұ дүниеден қайтқан сенушілердің жағдайы туралы хабарсыз қалдырмаймыз. 14 Исаның өліп, қайта тірілгендігіне кәміл сенеміз ғой. Сондықтан Оған сеніп бұ дүниеден кеткендердің Исамен бірге болулары үшін Құдайдың оларды қайта тірілтетініне де сенейік. 15 Себебі бұны Иеміздің өз сөзіне сүйеніп айтамыз: Иеміз Иса көктен қайтып келген кезде әлі тірі жүретін біздің өліп қалған бауырластарымыздан ешқандай артықшылығымыз болмайды. 16 Өйткені Иеміздің Өзі көктен түсіп, бұйрық береді, әрі бас періште шақырып, Құдайдың кернейі қатты дауыстайды. Сонда ең алдымен Мәсіхке сеніп бұ дүниеден кеткендер қайта тіріледі. 17 Тірі жүрген біз мұнан соң солармен бірге Иемізбен кездесу үшін бұлттың үстімен көкке көтерілеміз. Содан мәңгі бақи Иемізбен бірге боламыз. 18 Бір-біріңді осы сөзбен жұбатыңдар!
1 Қымбатты бауырластарымыз, болашақ уақыттар мен мезгілдер туралы сендерге жазудың қажеті жоқ. 2 Иеміздің қайта оралатын күні ұрының түнде түсетініндей кенеттен келетінін өздерің анық білесіңдер. 3 Жұрт «Бәрі тыныш, қауіпсіз» деп жүргенде, апат аяғы ауыр әйелдің толғағындай табан астынан болады. Сонда ешкім қашып құтыла алмайды. 4 Бірақ сендер, бауырластарымыз, түнекте тұрмай, сол күні ұры түскендей қапыда қалмайсыңдар, 5 бәрің де жарықта және күнде жүресіңдер ғой. Біз түндікі және түнектікі болмағандықтан, 6 басқаларға ұқсап ұйықтап қалмай, сергек те салауатты жүрейік! 7 Себебі ұйықтайтындар түнде ұйықтайды, ішетіндер түнде ішеді. 8 Ал біз күндікі болғандықтан салауатты жүрейік, сеніміміз бен сүйіспеншілігімізді «сауыт қылып», мәңгілік құтқарылуға деген үмітімізді «дулыға етіп киейік!» 9 Өйткені Құдай бізді Өзінің қаһарына ұшырауға емес, қайта, Иеміз Иса Мәсіх арқылы құтқарылуға тағайындады. 10 Мәсіх қайтып келгенде тірі боламыз ба, әлде өлі боламыз ба, бәрібір, біздің Өзімен бірге тұруымыз үшін Ол жанын пида етті. 11 Сондықтан бір-біріңді жігерлендіріп, сенімдеріңді бұрынғыша өзара нығайта беріңдер! 12 Қымбатты бауырластар, сендерден сұрайтынымыз мынау: Иеміздің ізгі ісінде өздеріңе жетекшілік еткендерді сыйлаңдар. Олар араларыңда еңбек етіп, сендерге дұрыс жолды сілтеп жүр. 13 Оларды айрықша құрметтеп, еңбектері үшін жақсы көріңдер. Өзара бейбіт, тату болыңдар! 14 Бауырластар, сендерден тағы мынаны өтінеміз: жүгенсіз, бос жүргендерге ескерту жасаңдар, жасқаншақтарға жігер беріңдер, әлсіздерді қолдап, төзімділік танытыңдар! 15 Ешкім жамандыққа жамандықпен қайтармасын, қайта, бір-біріңе де, басқаларға да жақсылық жасауға ұмтылыңдар! 16 Әрдайым қуанып, 17 Құдайға үздіксіз сиыныңдар, 18 Оған барлық жағдайларда да алғыс айтыңдар! Иса Мәсіхтің жолымен жүруші сендерден Құдай осыны күтеді. 19 Құдай Рухының іс-әрекетін тежемеңдер! 20 Оның пайғамбарлық нұсқауларын менсінбей жүрмеңдер, 21 алайда бәрін де тексеріп сынаңдар! Жақсысын ғана қабылдап, берік ұстаныңдар! 22 Жамандықтың қай түрінен де аулақ жүріңдер! 23 Тыныштықты сыйлайтын Құдай сендерді Өзіне толықтай бағышталдырып, қасиетті өмір сүргізсін. Иеміз Иса Мәсіх қайтып келгенде мінсіз болуларың үшін рухтарың мен жан-тәндерің кіршіксіз пәк сақталсын. 24 Сендерді шақырған Құдай сенімді, Ол бұларды жүзеге асырады да. 25 Қымбатты бауырластар, біз үшін Құдайға сиыныңдар! 26 Бауырластардың бәріне шын жүректен сүйіспеншіліктеріңді білдіріп, сәлемімізді жеткізіңдер! 27 Осы хатты барлық бауырластарға да оқып беріңдер деп Иеміздің атынан тапсырамын. 28 Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымын жаудыра көрсін. (Аумин.)
1 Құдай Әкемізге және Иеміз Иса Мәсіхке сенушілердің Салониқадағы қауымына Пауылдан, Сыйластан және Тімотеден дұғай сәлем. 2 Сендерге Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштығын сыйлай көрсін! 3 Қымбатты бауырластар, Құдайға сендер үшін әрдайым шүкірлік етуге тиіспіз. Бұл, әрине, дұрыс, өйткені бәріңнің сенімдерің мен өзара сүйіспеншіліктерің артып келе жатыр. 4 Сондықтан біз бастарыңнан өтіп жатқан әр түрлі қудалау мен қысымшылықтар кезіндегі шыдамдылықтарың мен сенімдеріңді Құдайдың өзге қауымдарына айтып, мақтан етіп жүрміз. 5 Бұның бәрі Құдайдың барлық адамдарды әділ соттайтынын көрсетеді: Ол Өзінің Патшалығы үшін азап шеккен сендерді соған кіруге лайықтысыңдар деп есептейді. 6 Құдайдың әділдігі мынадай: Ол сендерді қинағандардың өздерін қинамақ, 7 ал қиналып жүрген сендерге бізбен бірге тыныштық бермек. Бұл, Иеміз Иса Мәсіх құдіретті періштелерімен бірге жалындаған отпен көктен түсіп келгенде болады. 8 Сонда Ол Құдайға менсінбей, Иеміз Исаның Ізгі хабарына құлақ аспай жүргендерді жазаламақ. 9 Сол адамдар мәңгі бақи Иеміздің алдын көрмей, Оның салтанатты ұлы құдіретінен аластатылып, құрып кетеді. 10 Сол күні Иеміз келеді де, Өзіне бағышталған адамдарына жасаған игіліктері үшін зор мақтанышқа бөленіп, Өзіне сенген олардың бәрін қайран қалдырады. Сендер де солардың ішінде боласыңдар, өйткені біз әкелген Ізгі хабарға сендіңдер. 11 Сондықтан біз әрдайым сендер үшін былай деп мінажат етеміз: Құдай сендерді құтқарылуға шақырған соң соған лайықты өмір сүрулеріңе, ізгі ниеттеріңді жүзеге асыруларыңа және сеніммен бастаған істеріңді Құдайдың көмегімен аяқтауларыңа қабілет бергей. 12 Осылай сендер арқылы Иеміз Исаның есімі даңққа бөленіп, өздерің де Оның ұлылығын бөлісесіңдер. Құдайымыз және Иеміз Иса Мәсіх бұл үшін сендерге рақымын жаудыра көрсін.
1 Бауырластар, Иеміз Иса Мәсіхтің қайтып келуі мен біздің Оның қасына жиналуымызға байланысты сендерден мынаны өтінеміз: 2 кейбіреулер «Иеміз Мәсіхтің келетін күні болып қалған екен» деген лақапты таратса, сендер бірден абыржып, қорқып қалмаңдар! Олар осы жайлы аян көрдік, не (Құдайдан) хабар жетті, не бізден хат алдық десе де, бәрібір иланбаңдар! 3 Ешкім сендерді амалын тауып алдап кетпесін. Себебі Иеміз келер алдында адамдар Құдайдан бас тартып, опасыздық жасайды, әрі әділетсіздіктің қолдаушысы, кейін мүлдем құритын кісі пайда болады. 4 Ол Құдайға және Оның ұлылығын білдіретін бар нәрсеге қарсы тұрып, өзін олардан жоғары қояды, тіпті Құдайдың киелі үйінде отырып алып, өзін «құдаймын» деп жариялайды. 5 Қастарыңда болған кезімде менің осыны айтып отырғаным естеріңде емес пе? 6 Күні бүгінге дейін сол кісіні қандай күш шығармай ұстап тұрғанын білесіңдер. Себебі оған белгіленген уақыт бар. 7 Әрине, адамдарды Құдайдың заңына қарсы тұрғызатын құпия күштер қазірдің өзінде әрекет етуде! Бірақ соларды ашық шығармай, ұстап тұрған қасиетті күшті алдымен Құдай алып тастауы керек. 8 Оның заңына қарсы тұрушы кісі содан кейін шығады. Алайда оны Иеміз Иса қайтып келіп, бәріне салтанатты түрде көрінгенде, аузынан шыққан леппен-ақ мүлдем жояды. 9 Ал Құдайдың заңына қарсы тұрушы кісі келгенде, шайтанның әрекетіне сай зор күш-қуат, әр түрлі алдамшы ғажайып істер мен кереметтер көрсетпек. 10 Ол кейін құритындардың бәрін күллі жамандықтармен тура жолдан адастырады. Себебі олар өздерін құтқара алатын шындықты ұнатпай, оны жүректеріне жолатпады. 11 Сондықтан да Құдай оларды өтірікке иланып, түзу жолдан оп-оңай адасатын қылып қояды. 12 Сонымен шындыққа сенбей, әділетсіздікке құмартқандардың бәрі сотталатын болады. 13 Иеміз сүйген қымбатты бауырластар, сендер үшін Құдайға үнемі алғыс айтуға міндеттіміз. Себебі Ол сендерді Киелі Рухының арқасында Өзіне бағышталып қасиетті өмір сүріп, әрі шындыққа сеніп құтқарылуларың үшін әуел бастан таңдап алған еді. 14 Біздің сендерге уағыздаған Ізгі хабарымыз арқылы Құдай сендерді Иеміз Иса Мәсіхтің салтанатты ұлылығынан үлестеріңді алуға да шақырды. 15 Сондықтан, бауырластар, сенімдеріңе берік, табанды болып, біздің ауызша және жазбаша үйреткен тәлімімізден таймаңдар. 16 Лайым бізді сүйетін, әрі рақымын төгіп, мәңгілік жұбаныш пен үзілмес үміт берген Иеміз Иса Мәсіх пен Құдай Әкеміз 17 жүректеріңді жігерлендіріп, сендерге іс жүзінде де, сөз жүзінде де ізгілік жасауға күш бергей.
1 Ал енді, бауырластар, біз үшін мінажат етіңдер: Иеміздің Ізгі хабары тура сендердегідей көп тарап, құрметке бөлене берсін. 2 Иеміз бізді қара ниетті, зұлым адамдардың шабуылынан құтқара көрсін. Өйткені жұрттың бәрі бірдей сенуші емес. 3 Ал Жаратқан Ие сенімді, Ол сендерге күш-жігер беріп, әзәзілдің әрекетінен сақтайды. 4 Сендер Иемізбен тығыз байланыста тұрғандықтан, біз өздеріңе бұйырғанымызды қазір де, келешекте де орындайды деп сенім артамыз. 5 Иеміз жан дүниелеріңді Құдайдың сүйіспеншілігіне бұрып, сендер Мәсіхтің қайта оралуын сабырмен күтсін деп мінажат етеміз. 6 Қымбатты бауырластар, Иеміз Иса Мәсіхтің атынан сендерге тағы мынаны ескертеміз: жүгенсіз жүріп, біздің өздеріңе тапсырған ілімімізге ермейтіндерден бойларыңды аулақ ұстаңдар! 7 Бұл жерде бізден үлгі алу қажеттігін өздерің де білесіңдер. Себебі біз сендерде болғанда жұмыссыз, бос жүріп, 8 басқаның нанын тегін жеген жоқпыз. Ешқайсыңа ауыртпалық түсірмеу үшін күні-түні еңбек етіп, жан сала бейнеттеніп жұмыс істедік. 9 Нандарыңды жеуге қақымыз бар еді; бірақ сендер бізге еліктесін деп, үлгі болғымыз келді. 10 Араларыңда жүргенде «Еңбек еткісі келмеген тамақ та ішіп-жемесін» деген қағиданы саналарыңа сіңірдік. 11 Ал енді кейбіреулеріңнің жүгенсіз жүргендіктерің туралы естідік. Олар жұмыс істемей, басқалардың мазасын алып, босқа сандалып жүр екен. 12 Осындайларға біз тыныш еңбек етіп, өз нандарын өздері тауып жесін деп Иеміз Иса Мәсіхтің атынан бұйырып ескертеміз. 13 Ал өздерің, қымбатты бауырластар, жақсылық жасаудан жалықпасаңдар екен. 14 Кімде-кім біздің осы хатта айтып отырған нұсқауларымызға құлақ аспаса, соны естеріңде сақтаңдар. Өз қылығына ұялуы үшін сол кісімен араласпай қойыңдар. 15 Бірақ оған жау деп қарамай, бауырлас ретінде түсіндіріп ескертіңдер. 16 Тыныштықтың бастауы — Жаратқан Иенің Өзі сендерге әрдайым қай нәрседе де тыныштық сыйлай берсін! Иеміз барлығыңа жар болғай! 17 Ал мен, Пауыл, осы сәлемімді өз қолыммен жазып отырмын. Хаттарымды ұдайы осылай аяқтаймын, олардың менікі екенін осыған қарап білесіңдер. 18 Лайым Иеміз Иса Мәсіх барлығыңа рақымын жаудыра көрсін!
1 Құтқарушымыз Құдайдың және үмітіміздің Бастауы — Иса Мәсіхтің бұйрығымен Иса Мәсіхтің елшісі болған Пауылдан 2 сеніміміздегі шынайы ұлым іспетті Тімотеге дұғай сәлем. Лайым Құдай Әкеміз және Иеміз Мәсіх Иса саған рақымы мен қайырымын жаудырып, тыныштығын сыйлай берсін! 3 Македонияға барарда өтініп сұрағанымдай, сен Ефес қаласында қалып, кейбіреулердің басқа ілімдерді үйретулеріне 4 және аңыздармен, ұлан-ғайыр шежірелермен шұғылдануларына тыйым сал. Бұлар сенім арқылы білінетін Құдайдың ісіне қызмет етудің орнына көп дау-жанжал тудырады. 5 Осы бұйрықтың мақсаты — пәк жүрек, таза ар-ұждан мен шынайы сенімнен бастау алатын сүйіспеншілікті ояту. 6 Кейбір адамдар бұлардан бас тартып, көп мылжыңдыққа түсіп, адасып кетті. 7 Олар Таурат заңының ұстаздары болғылары келеді, бірақ өз айтқандарын әрі табандылықпен білдіріп жүрген пікірлерін өздері дұрыстап түсінбейді. 8 Ал тиісінше қолданылса, Таурат заңының игілікті болатынын білеміз. 9 Оның Құдай алдында ақталған біздерге емес, заң мен билікке бағынбайтындарға, зұлымдар мен күнәкарларға, қасиетсіздер мен дінсіздерге, ата-анасын не басқа біреуді өлтірушілерге, 10 бұзылғандар мен жыныстық азғындыққа түскендерге, кісі ұрлаушыларға, өтірікшілер мен жалған ант беретіндерге, яки дұрыс ілімге қайшы әрекет ететіндердің бәріне тыйым салатынын түсінеміз. 11 Осы ілім мадақталуға тиісті Құдайдың ұлы Ізгі хабарында мәлімденген. Құдай соны уағыздауды маған аманаттады. 12 Міндетімді атқаруға күш-қуат беріп келе жатқан Иеміз Мәсіх Исаға ризашылығымды білдіремін. Өйткені Ол мені сенімді болады деп бағалап, Өзіне қызмет етуге тағайындаған. 13 Бұдан бұрын Оған тіл тигізіп, қауымдарын қудалап, зорлық-зомбылық көрсеткеніммен, Иеміз маған қайырымды болды. Себебі менде әлі де шынайы сенім болмағандықтан, не істеп жүргенімді білмедім. 14 Осылай маған Иеміздің рақымы молынан төгіліп, Иса Мәсіхтен келетін сенім мен сүйіспеншілікке кенелдім. 15 «Иса Мәсіх осы дүниеге келді Құтқару үшін күнәкар кісілерді!» Бұл — дәл айтылған шынайы сөз, оны түгелдей қабылдау қажет. Күнәкарлардың ішіндегі нағыз күнәкар мен едім. 16 Ал Иса Мәсіх алдымен мен арқылы Өзінің төзімділігін толығымен көрсету үшін маған қайырымдылық танытты. Сөйтіп мені болашақта Иса Мәсіхке сеніп, мәңгілік өмірге ие болатын адамдардың бәріне үлгі етті. 17 Мәңгілік Патша — өлмес, көзге көрінбес бірден-бір Құдай мәңгі құрметтеліп, ұлылығы мадақтала берсін! Аумин. 18 Тімоте, балам менің, саған мына өсиетті аманаттаймын, ол бұдан бұрын өзің туралы Құдай Рухы білдірген хабарларға сәйкес: ізгі күресте сол хабарларға сай әрекет жасап, 19 сенімің мен ар-ұжданыңды таза ұста! Кейбіреулер ар-ұждандарынан безіп, сенімдерін құртты. 20 Олардың араларында Үменей мен Ескендір бар. Құдайға тіл тигізбеуге үйренсін деп, екеуін (қауымнан шығарып) шайтанның қолына тапсырдым.
1 Ал енді, ең алдымен мынаны ескертемін: барлық адамдар үшін Құдайға сиынып, өтініштерің мен алғыстарыңды білдіріңдер. 2 Патшалар мен басқа да барлық әкімшілік иелері үшін де мінажат ету керек; соның нәтижесінде біз барлық жағдайда Құдайға ұнамды да адал болып, тыныш та бейбіт өмір сүрмекпіз. 3 Бұл игілікті әрі Құтқарушымыз Құдайға ұнамды. 4 Ол барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайды. 5 Құдай — біреу-ақ, Құдай мен адамдар арасын Келістіруші де Біреу, Ол — адам (болып дүниеге келген) Иса Мәсіх. 6 Бәрін күнәнің құлдығынан босату үшін Мәсіх жанын құрбан етіп, соның төлемін өтеді. Бұған дер кезінде куәлік берілді. 7 Оны жариялау үшін уағыздаушы және елші болуға тағайындалдым. Еш өтірік емес, Мәсіх алдында нағыз шындықты айтып тұрмын: Ол мені халықтарға сенім мен шындық туралы тәлім беруге жіберді. 8 Сонымен ер адамдардың әр жерде адал қолдарын жайып, ашу-ыза, күмән және жанжалдан аулақ болып, Құдайға сиынуларын қалаймын. 9 Сол сияқты, әйелдер әдеппен әрленіп-сәнденсін: шаштарын тым баптай бермей, алтын, інжу-маржан және қымбат киімге үйір болмай, киімдері қарапайым да сыпайы болсын. 10 Оларды істеген игі істері көркейтсін. Бұл Құдайға ұнамды болуға ұмтылған әйелдерге лайық. 11 Әйелдер тыныштықпен, әр жағдайда (қауым жетекшілерінің басшылығына) мойынсұнып тәлім алсын. 12 Олардың (Құдайдың ілімі жайлы) тәлім беріп, ер адамдарға билік жүргізулеріне жол бермеймін; олар тыныш болсын. 13 Алдымен Адам ата, содан кейін Хауа ана жаратылған 14 және Адам ата емес, әйел әзәзілге алданды. Осылай ол Құдайдың бұйрығын бұзды. 15 Ал егер әйелдер сенім мен сүйіспеншілікті, қасиеттілік пен ұстамдылықты ұстанса, аналық міндетін атқарғанда (күнәнің ықпалынан) аман сақталады.
1 «Егер біреу қауым басқарушысы болуға ынталанса, оның игілікті істі қалағаны». Бұл — дәл айтылған шынайы сөз. 2 Ал қауым басқарушысының ешбір кінәратсыз таза болуы қажет: ол әйеліне адал, салауатты, байсалды, әдепті, қонақжай және қабілетті оқытушы, 3 не арақ-шарапқа құмар, не ұрыншақ та емес, шыдамды, айтыс-тартыстан аулақ жүретін, ақшаға да құнықпайтын жан болуға тиіс. 4 Ол отбасына жақсы басшылық жасап, балаларын өзін құрметпен тыңдайтындай етіп тәрбиелеуі шарт. 5 Өйткені өз отбасына басшылық ете алмаған адам қалайша Құдайдың қауымын қамқорлай алады? 6 Басқарушы сенім жолына жуықта ғана түскен біреу болмауға тиіс. Әйтпесе ол әзәзіл шайтан іспетті мақтаныштан кеудесін көтеріп, Құдайдың үкіміне ұшырауы мүмкін. 7 Сондай-ақ, масқараланып, шайтанның торына түсіп кетпеуі үшін қауымнан тыс жұрттың да оған жақсы куәлік берулері керек. 8 Сол сияқты, қауым қызметшілері де байыпты, өтірік айтпайтын жандар болып, маскүнемдік пен пайдақұмарлықтан аулақ жүрулері қажет. 9 Олар бізге сенім туралы ашылған шынайы ілімдерді ұстанып, таза ар-ұжданмен өмір сүруге ұстануға тиіс. 10 Бұлар да алдымен сыналсын. Содан кейін, егер айыпсыз болса, міндеттеріне кіріссін. 11 Сондай-ақ (қауым қызметшілерінің) әйелдері де байыпты, өсек айтпайтын, салауатты, қай нәрседе де адал болуға тиіс. 12 Қауым қызметшілері әйелдеріне адал болып, балалары мен отбасыларына жақсы басшылық етулері керек. 13 Міндеттерін жақсы атқаратындар зор беделге және Мәсіх Исаға деген сенімде үлкен батылдыққа ие болады. 14 Жақын арада саған баруға үміттенсем де, осы хатты жазып отырмын. 15 Сөйтіп, егер кешіксем, сенушілердің «Құдайдың отбасының» мүшелері ретінде қалай әрекет етуге тиіс екенін сен білетін боласың. Ал Оның «отбасы» — мәңгі тірі Құдайдың қауымы; ол шындықты бағана мен тіреу іспетті көтеріп ұстайды. 16 Құдайға ұнамдылық туралы бізге ашылған мына құпияның ұлы екендігі еш шүбәсіз: Мәсіх адам болып дүниеге келді, Киелі Рух әділдігін дәлелдеді, Содан Мәсіх періштелерге көрінді, Халықтарға Ол жарияланды, Жер жүзінде Оған көбі иланды, Ол ұлылықпен көкке қабылданды.
1 Құдай Рухы: «Соңғы дәуірде кейбіреулер сенімдерінен бас тартып, жалған рухтарға құлақ салып, жындар үйреткен ілімдерге еретін болады», — деп анық айтады. 2 Осындай ілімдер ар-ұжданнан әбден безген, екі жүзді өтірікшілер арқылы тарайды. 3 Олар: «Үйленуге және белгілі бір тағам түрлерін жеуге болмайды!» — деп үйретеді. Алайда сол тағамдарды Құдай Өзіне сеніп, шындықты білетіндердің шүкірлік ете отырып жеулері үшін жаратты. 4 Құдай жаратқандардың бәрі де адал; шүкірлік етіп қабылданған тамақтарға тыйым салуға болмайды. 5 Олар Құдайдың сөзін оқып, Оған сиынуымыз арқылы Оған бағышталып адал болады. 6 Осы нұсқауларды бауырластарға білдіріп, сеніміміз туралы сөздерден, ұстанған игілікті ілімнен нәр алсаң, онда Иса Мәсіхтің ізгі қызметшісі боласың. 7 Сол бір кексе әйелдердің бос аңыздарынан бойыңды аулақ ұстап, Құдайға ұнамды жүруге жаттыға бер. 8 Денені шынықтырудың біраз пайдасы бар, ал Құдайға ұнамды жүру барлық жағынан да пайдалы: Құдайдың уәдесі бойынша ол осы және болашақ өмірде де игілікті. 9 Бұл — дәл айтылған шынайы сөз; оны түгелдей қабылдау қажет. 10 Біз барлық адамдардың құтқарылуын қалайтын әрі Ізгі хабарға сенушілердің бәрін құтқаратын мәңгі тірі Құдайға сенімімізді арттық. Сол себептен жан сала еңбек етіп қорлыққа төзудеміз. 11 Осыларды нық уағыздап үйрет. 12 Ешкімнің де өзіңді жас деп менсінбей қарауына жол берме. Қайта, сенушілерге сөйлеген сөзің, мінез-құлқың, сүйіспеншілігің, сенімің және пәктігіңмен үлгі бол. 13 Мен барғанша Киелі жазбаларды оқып беріп, насихаттап сенімдерін нығайтып, тәлім берумен айналыса бер. 14 Қауым жетекшілері сенің үстіңе қолдарын қойып бата берген кезде Құдайдың Рухы білдірген хабарымен саған сыйлаған рухани дарынын елемей жүрме! 15 Осыларды орындап, өзіңді соған арна; бәрі де бұдан сенің алға басуыңды көре алсын. 16 Өзіңе де, үйретіп отырған іліміңе де мұқият ықылас аудар. Осыларды ұдайы атқара бер, сонда өзіңді және тыңдаушыларыңды күнәнің ықпалынан аман сақтайтын боласың.
1 Жасы үлкен адамды сөкпе, қайта, өз әкеңе айтқандай ілтипатпен ескерт. Жас жігіттерге — туған бауырыңа, 2 егде әйелдерге — анаңа, ал қыз-келіншектерге — әпке-қарындасыңа қарағандай қарап, пәк таза болып жүр. 3 Шынымен мұқтаж жесір әйелдерді құрметте. 4 Егер жесірдің балалары не немерелері болса, онда бұлар алдымен өз отбасын қадірлеп, әке-шешелері мен ата-әжелерінің алдындағы борыштарын өтеп, өз сенімдерін іс жүзінде көрсетуді үйренсін. Өйткені бұл Құдайға ұнайды. 5 Ал шынымен мұқтаж, жалғыз басты жесірлер бар үмітін Құдайға артып, күні-түні Оған сиынып мінажат етеді. 6 Алайда тіршіліктің ләззатын ғана ойлайтын жесір әйел — тірі өлік. 7 Қауымның кінәратсыз болуы үшін осыларды насихаттап үйрет! 8 Туысқандарының, әсіресе үй ішінің, қамын ойламайтын адам сенімінен бас тартқан, ол тіпті Құдайға сенбейтіннен де жаман. 9 Жасы алпыстан асқан, күйеулеріне адал болған жесірлер ғана таңдалып, арнайы тізімге тіркелсін. 10 Олардың жасаған игі істері белгілі болулары керек, мысалы, балаларын тәрбиелеуі, қонақжайлылық танытуы, Құдайдың адамдарына қарапайым қызмет көрсетуі, бейшараларға көмектесуі, игілікті іс атаулының бәріне де өздерін арнауы. 11 Жастай жесір қалған әйелдерді бұл тізімге қабылдама. Олар тәндік құмарлықтарының жетегіне еріп, Мәсіхке берілгендігінен безсе, күйеуге шыққылары келеді. 12 Осылай олар алдыңғы уәделерін бұзып, айыпталуға душар болады. 13 Мұнан басқа, өздері жұмыс жасамайтындықтан, уақытты бос өткізіп, үй-үйді аралауды әдетке айналдырады. Олар еріншек болып қана қоймай, мылжыңмен әуестеніп, өзгенің жұмыстарына араласып, сөз қылуға болмайтын нәрселерді айтатын болады. 14 Сондықтан мен жас жесірлердің күйеуге шығып, балалы болып, үй шаруасын басқаруларын қалаймын. Солай олар дұшпанымыздың жамандауына жол бермеуге тиіс. 15 Кейбіреулері дұрыс жолдан тайып, шайтанның жетегіне еріп кетті ғой. 16 Егер сенуші (ер адамның не) әйелдің отбасында жесірлері болса, соларды қауымның иығына артып қоймай, өзі көмектессін. Сонда қауым шынымен мұқтаж жесірлерге көмектесе алады. 17 Қауымды жақсы басқаратын жетекшілер, әсіресе Құдай сөзін уағыздап, үйретуге еңбегі сіңгендер, ерекше құрмет пен қамқорлыққа лайық. 18 Себебі Киелі жазбаларда былай делінген: «Астық бастырып жүрген өгіздің аузын бума». Және: «Еңбек еткен ақысын алуға лайық». 19 Қауым жетекшілері айыпталғанда, ең аз дегенде екі-үш куәгер болмаса, соған құлақ аспа. 20 Басқаларды да сақтандыру үшін күнә жасаушыларға бәрінің алдында сөгіс бер. 21 Құдайдың, Иса Мәсіхтің және Оның таңдаулы періштелерінің алдарында саған мықтап ескертемін: осы нұсқауларды алаламай орында, еш нәрсені де біржақтылықпен істеме! 22 Адамдардың үстеріне қол қойып батаңды беруде асығыстық жасама! Әйтпесе олардың күнәларына сен де жауапты боласың. Өзіңді пәк таза ұста. 23 Айтпақшы, әлсіз асқазаныңа және жиі сырқаттануыңа бола бұдан былай тек су ғана ішпей, аздап шарап та іш. 24 Кейбір адамдардың күнәлары көзге айқын көрініп, оларды тікелей айыпталуға бастайды. Ал басқаларынікі кейінірек қана әшкереленеді. 25 Сол сияқты, кейбіреулердің игі істері де айқын көрінеді. Ал ашық білінбейтін іс-әрекеттер де жасырын қала алмайды.
1 Құлдықта жүрген барлық қызметшілер қожайындарын құрмет атаулыға лайық деп есептесін! Әйтпесе Құдайдың есімі мен біздің ілімімізге жұрт тіл тигізіп жүрер. 2 Қожайындары сенуші болса, қызметшілері соларға рухани бауырласым деп тиісті құрмет көрсетпей жүрмесін! Керісінше, оларға одан да жақсы қызмет етуге тиіс. Себебі соның пайдасын көретіндер — олардың сүйікті бауырластары ғой. Осы нұсқауларды қауымға үйретіп ескерте бер! 3 Ал басқаша тәлім беріп, Иеміз Иса Мәсіхтің шынайы сөздерімен және Құдайға ұнамды өмір салтына жетелейтін ілімімен келіспеген адамдар 4 кеуделерін көтеріп, ешқандай шындықты білмейді. Олар тек сөздер туралы айтыс-тартысқа деген зиянды құмарлықпен ауырады. Бұл қызғаныш, дау-жанжал, жамандау және арам күдік тудырып, 5 ақыл-естері уланған, шындықты білуден ада болған адамдардың арасындағы үздіксіз ұрыс-керіске себепші болады. Ондайлар Құдайға ұнамдылықты байлыққа қол жеткізудің жолы деп санайды. 6 Расында да Құдайға ұнамды өмір сүріп, барға қанағат ету зор рухани байлыққа жеткізеді. 7 Бұ дүниеге ештеңе де әкелген жоқпыз, одан ештеңе алып кетпейтініміз де айдан анық. 8 Сондықтан ішер ас пен киер киім болса, соған қанағат етейік. 9 Ал баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерін апатқа, құрып кетуге апаратын көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі. 10 Өйткені ақшақұмарлық — әр түрлі жамандықтың түп-тамыры. Кейбіреулер осыған бола сенімдерінен адасып, өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар етті. 11 Ал сен, Құдайдың таңдаған адамы, мұндайлардан алшақ жүріп, әрдайым әділ, Құдайға ұнамды өмір сүріп, сенім мен сүйіспеншілікке, төзімділік пен ілтипаттылыққа ұмтыла бер. 12 Сенімнің ізгілікті мүддесі үшін жан сала күресіп, мәңгілік өмірді берік ұстан. Құдай сені осыған шақырды, өзің де көптеген куәлардың алдында Ізгі хабарды мойындадың. 13 Барлық жаратылысқа өмір сыйлаған Құдай алдында және Понти Пилат тергеген кезде Ізгі хабарды табандылықпен мойындаған Иса Мәсіх алдында саған мынаны аманаттаймын: 14 берілген нұсқауларды Иеміз Иса Мәсіхтің қайтып келіп, ұлылықпен көрінетін күніне дейін мүлтіксіз, таза орында! 15 Құдай Өзінің белгілеген кезінде Мәсіхті салтанатпен көрсететін болады. Ол — мадақталған, бірден-бір қуатты Билеуші, патшалардың Патшасы, иелердің Иесі, 16 мәңгіліктің жалғыз Иесі! Ол ешкім жақындай алмайтын нұрда тұрады, ешбір адам баласы Оны көрген де емес, көре де алмайды. Қадір-құрмет пен билік мәңгі Онікі! Аумин. 17 Осы дүниелік мал-мүлікке бай сенушілерге мынаны ескерт: олар менмен болмасын және сенімдерін өткінші байлыққа емес, Құдайға артсын! Ол адамдар рақатын көрсін деп игіліктердің бәрін сыйлайды. 18 Байлар жақсылық жасай беріп, игі істерге дарқан әрі жомарт болып, басқалармен бөліссін. 19 Осылай олар өздеріне келешек заман үшін игілікті негіз болатын рухани қазына жинап, мәңгілік, шынайы өмірді берік ұстанбақ. 20 О, Тімоте, қамқорлығыңа сеніп тапсырылғанды аман-есен сақта! Жарамсыз, бос сөздерден және «білімпаздық» деп қате аталатын, шындыққа қарсы тұратын ілімдерден аулақ бол! 21 Кейбіреулер оларды ұстанып, жариялап, сенім жолынан тайып, адасып кетті. Лайым Құдай сендерге жар болып, рақымын жаудыра берсін! (Аумин.)
1 Құдайдың Мәсіх Исамен байланыстағыларға шынайы өмірді уәде еткендігін жариялау үшін Оның еркімен Мәсіх Исаның елшісі болған Пауылдан 2 сүйікті «рухани балам» Тімотеге дұғай сәлем. Құдай Әкеміз бен Иеміз Мәсіх Иса саған рақымы мен қайырымын жаудырып, тыныштығын сыйлай берсін. 3 Ата-бабаларым қызмет еткен Құдайға мен де таза ар-ұжданыммен қызмет етемін. Оған сен үшін күні-түні шүкірлік етіп, дұғаларымнан өзіңді ешқашан тастамаймын. 4 (Қоштасқандағы) көз жасыңды есіме түсіріп, сені қайтадан көріп қуанышқа кенелуді қатты аңсаймын. 5 Шынайы сенімің есімде. Ол алдымен әжең Лойда мен анаң Әуникенің жүректерінен орын алған еді. Оның сенің жүрегіңнен де орын алғанына көзім жетті. 6 Сол себепті саған ескертемін: мен үстіңе қолымды қойып сиынғанымда Құдай рақым етіп, өзіңе берген дарынды көбірек ынтамен қолдан! 7 Өйткені Құдай бізге қорқыныш емес, күш, сүйіспеншілік және ұстамдылықты дарытатын Киелі Рухын сыйлады. 8 Сондықтан да Иемізді ашық мойындаудан ешқашан тартынба! Иемізге бола түрмеде отырған мен үшін де ұялма. Қайта, Құдай беретін рухани күш-қуатқа сүйеніп, Ізгі хабар үшін азаптарды бірге көр. 9 Құдай бізді құтқарып, өз халқы ретінде қасиетті өмір сүруге шақырды. Ол мұны біздің жасаған игі істерімізге бола емес, Өзінің мақсаты мен рақымы бойынша істеді. Себебі Құдай бізге Иса Мәсіх арқылы рақымын сыйлауға әлем басталмастан бұрын-ақ ниеттенген еді. 10 Қазір Ол соны Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің келуімен ашық көрсетті: Мәсіх өлімнің күшін жойып, Ізгі хабары арқылы шынайы, ешқашан өшпейтін өмірді жарыққа әкелді. 11 Тәңір Ие мені осы Ізгі хабарды халықтарға жариялаушы, елші және тәлім беруші етіп тағайындады. 12 Сол себептен мен осындай азап көріп жатырмын. Ал соған еш ұялмаймын, себебі Кімге сенім артқанымды білемін. Оның қайтып келетін күніне дейін Өзінің маған аманаттаған Ізгі хабарын аман-есен сақтайтынына кәміл сенемін. 13 Менен естігендеріңді дұрыс ілімнің үлгісі ретінде Иса Мәсіхке деген сеніммен және сүйіспеншілікпен берік ұстан! 14 Өзіңе аманатталған Ізгі хабарды өмірімізден орын алған Киелі Рухтың көмегімен аман-есен сақта! 15 Азия аймағындағы сенушілердің бәрінің дерлік мені тастап кеткенін білесің. Олардың арасында Фігел мен Ермоген де бар. 16 Иеміз Онисыфордың үй ішіне мейірімін сыйлай көрсін. Онисыфор әлденеше рет көңілімді көтеріп, жігерлендіріп, бұғауда отырған жағдайыма ешқандай ұялмады. 17 Керісінше, Римде болғанда ерінбей-жалықпай мені тапқанша іздеді. 18 Иеміз қайта оралатын күні оған мейірімін көрсете көрсін! Онисыфор маған Ефесте де қаншама қызмет еткенін өзің жақсы білесің ғой.
1 Ал сен, балам менің, Мәсіх Исаның сыйлайтын рақымымен күшейе бер. 2 Өзің менен естіп, көптеген кісілер растаған шынайы ілімді басқаларға да тәлім беруге қабілеті бар, сенімді жандарға аманатта! 3 Иса Мәсіхтің «адал сарбазы» ретінде азаптарды бірге көр! 4 Есіңде болсын: ешбір сарбаз тұрмыстық істермен шырмалмайды, қайта, қолбасшысының көңілінен шығуға ұмтылады. 5 Сондай-ақ, балуан күрес тәртібін бұзса, жүлдені жеңіп ала алмайды. 6 Жиналған өнімнен үлесін ең алдымен жан сала еңбектенген диқан алуға тиіс. 7 Айтқандарым туралы ойлана бер, сонда Құдай саған бәріне түсінік береді. 8 Дәуіттің ұрпағынан шыққан, өлімнен қайта тірілген Иеміз Иса Мәсіхті әрдайым есіңде ұста! Мен уағыздаған Ізгі хабар — осы. 9 Соған бола азап шегіп, қылмыскердей бұғауланудамын. Алайда Құдайдың сөзі бұғаулы емес! 10 Сондықтан мен Құдайдың таңдаған адамдары үшін, олардың да Иса Мәсіх арқылы құтқарылып, мәңгілік ұлылықты иемденулері үшін бәріне де төземін. 11 Мынау — дәл айтылған, шынайы сөз: «Егер Мәсіхпен бірге өлген болсақ, Онымен бірге өмір сүретін де боламыз. 12 Егер қиыншылықтарға төзе берсек, Онымен бірге патшалық ететін де боламыз. Ал егер Мәсіхті мойындаудан бас тартсақ, Ол да бізді мойындаудан бас тартпақ. 13 Біз айтқанымызға адал болмасақ, Ол айтқанына адал болып қала береді, Өз болмысымен келіспейтінді Ол істемейді». 14 Осыларды бәрінің есіне түсіріп, сөздер туралы айтыспасын деп Құдай алдында мықтап ескерт. Ондай айтыстардан ешқандай пайда жоқ. Қайта, олар тыңдағандардың сенімдеріне зор нұқсан келтіреді. 15 Сен кінәратсыз жұмысшы — Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуші ретінде Оған ұнамды болуға жан сала ұмтыл! 16 Жай, бос әңгімелерден аулақ жүр. Бұларды айтатындар Құдайдың адал жолынан одан бетер адасып кетеді. 17 Олардың сөздері қабынған жарадай жайыла беріп, рухани денені құртпақ. Солардың арасында Үменей мен Філет те бар. 18 Олар шындық жолынан тайып, «Қайта тірілу болып кетті», — деп жариялап, кейбіреулердің сенімдерін жоюда. 19 Бірақ Құдайдың салған негізі берік тұрады, онда мына сөздер «мөрленіп» жазылған: «Иеміз Өзінікі болған адамдарын жақсы біледі» және «Иеміздің атын атап сиынатын әркім жамандықтан алшақтасын!» 20 Бір үлкен үйде алтын мен күмістен ғана емес, ағаш пен қыштан жасалған ыдыс-аяқтар да бар: алдыңғылары қадірмен тұтылса, соңғылар қадір-құрметтен ада. (Сол сияқты, қауымның көптеген мүшелері игі істерімен Құдайды құрметтесе, басқалары жамандықтарымен Оның даңқы мен ісіне нұқсан келтіреді.) 21 Сол себепті, кім өзін соңғылардан арылтып таза ұстаса, қадірлі ыдыстар іспетті Қожайынына бағышталған, пайдалы және әрбір ізгі істер үшін қолданылуға дайын болады. 22 Сонымен жастықтың құмарлықтарынан бас тартып, пәк жүрекпен Иемізге сиынатындардың бәрімен бірге әділдік, сенім, сүйіспеншілік және татулыққа ұмтыл. 23 Ақылсыз, мәнсіз айтыстардан аулақ бол, олардың дау-жанжал туғызатынын білесің ғой. 24 Жаратқан Иенің қызметшісінің жанжалдасуына болмайды. Ол бәріне бірдей жылы жүзді, жақсылап тәлім беретін, сабырлы болып, 25 қарсыластарын ілтипаттылықпен түзету қажет. Мүмкін болса, Құдай оларды өкіндіріп, шындықты мойындатар. 26 Осылайша олар ақылға келіп, өзінің еркіне бағындыру үшін ұстап алған шайтанның тұзағынан босап, құтыла алмақ.
1 Есіңде болсын, соңғы дәуірде қиын-қыстау күндер туады. 2 Адамдар өзімшіл, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкаппар, өсекшіл болып, ата-аналарына бағынбайды. Олар алғысты білмей, қасиеттіні танымай, ешкімді сүймей, 3 ымыраға келмейді. Адамдар, сондай-ақ, жалақор, ұстамсыз, қатыгез болып, жақсылықты жек көреді. 4 Опасыз сатқын, ақылсыз қызба, кеуде көтерген олар Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көреді. 5 Олар сырт көзге Құдайға ұнайтындай болып көрінгенмен, Оның күшінен бас тартады. Мұндай адамдардан аулақ жүр! 6 Олардың кейбіреулері кісілердің үйлеріне қулықпен кіріп, түйсіксіз әйелдерді еліктіріп, құлдыққа түсіреді. Сондайлар күнәға белшесінен батып, түрлі құмарлықтардың жетегінде жүреді. 7 Олар әрдайым тәлім алуға ұмтылғанмен, ешқашан шындықты білуге қол жеткізбейді. 8 Янни мен Ямбыридың Мұса пайғамбарға қарсы күрескені сияқты, мұндай азғырушылар да шынайы ілімге қарсы шығады. Бұлардың ақылдары бүлінген, сенімдері түкке тұрғысыз, жалған. 9 Бірақ та олар алысқа бара алмайды, өйткені олардың ақылсыздығы бәріне айқын болады. Кезінде Янни және Ямбыримен де солай болған. 10 Ал сен маған еріп, менің ілімімді, жүріс-тұрысым мен өмірлік мақсатымды үлгі тұтып келесің. Сенімім, төзімділігім және сүйіспеншілігімді, 11 әрі қуғындалып, азап шеккен кездерімде көрсеткен табандылығымды өз көзіңмен көрдің. Антақия, Қония және Лүстрада маған қандай жағдайлардың болғанының бәрін, сол қалаларда қандай қудалауды басымнан кешкенімді білесің. Ал Иеміз мені солардың бәрінен де құтқарды. 12 Мәсіх Исамен жүріп, Құдайға ұнамды өмір сүргісі келетіндердің бәрі де қуғындалатын болады. 13 Қараниеттілер мен алаяқтар бұрынғыдан бетер жамандық жасап, өздері де алданып, өзгелерді де алдай бермек. 14 Ал сен үйреніп, берік сенгендеріңе адал болып қала бер! Өйткені өзіңнің кімдерден тәлім алғаныңды білесің. 15 Сонымен бірге балалық шағыңнан-ақ Киелі жазбалармен таныссың. Олар сені парасатты етіп, Мәсіх Исаға деген сенімің арқылы құтқарылуға бастап әкеледі. 16 Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылған. Олар тәлім беру, әшкерелеу, түзету әрі әділдікке тәрбиелеу үшін тиімді. 17 Осылай Құдайдың адамы барша игі іске дайындалып, толықтай даяр болмақ.
1 Құдай (Әке) алдында және қайтып келіп көрініп, Патшалық құрғанда тіріні де, өлгенді де соттайтын Иса Мәсіх алдында саған мықтап ескертемін: 2 Құдайдың сөзін уағызда! Мұны адамдарға ұнауы, ұнамауына қарамастан әрдайым орындауға табандылықпен ұмтыл. Олардың қателерін әшкерелеп, тыйым сал, әрі жақсылыққа жігерлендіре тұрып, зор сабырлылықпен тәлім бер! 3 Себебі адамдар дұрыс тәлімді еш қабылдамайтын уақыт та туады. Олар жеке құмарлықтарының жетегінде кетіп, құлақтарына жағатындарды ғана айтатын тәлім берушілерді көптеп шақырып, соларды тыңдайтын болады. 4 Осылай олар шындыққа құлақ салмай, бос аңыздарға назар аудармақ. 5 Ал сен әрдайым қырағы, азапқа төзімді бол! Ізгі хабарды уағыздаушының міндетін атқарып, қызметіңді орындай бер! 6 Менің қаным төгіліп құрбан болып, бұ дүниеден аттанатын кезім таяп қалды. 7 Мен «ізгі күреске» қатысып болдым, «жарыста жүгіріп, мәреге жеттім», сенімімді сақтап қалдым. 8 Енді мені «жеңімпаздың жүлдесі» — «әділдіктің тәжі» күтіп тұр, оны маған сол күні әділ Төреші — Иеміз бермек. Ол тек маған ғана емес, Оның қайта оралып, анық көрінуін сүйіспеншілікпен күткендердің бәріне де сол «жүлдені» сыйлайды. 9 Маған тезірек келуге тырыс. 10 Себебі Димас осы күнәкар дүниені жақсы көріп, мені тастап, Салониқа қаласына кетті. Кіріскент Ғалатияға, ал Тит Далматияға аттанды. 11 Жалғыз Лұқа ғана қасымда. Марқаны тауып бірге ала кел, өйткені ол қызметіме пайдалы болмақ. 12 Түхікті Ефеске жібердім. 13 Трояда Қарпостың үйіне тастап кеткен шапанымды, сондай-ақ, шиыршық кітаптарымды да ала кел, әсіресе, жарғаққа жазылғандарын. 14 Мыс шебері Ескендір маған көп жамандық жасады. Иеміздің Өзі оған істегендеріне лайықтысын қайтарар. 15 Ескендір айтқандарымызға тым қарсы шықты, сен де одан сақтанып жүр. 16 Алғашқы тергеліп, жауапталған кезімде қасымда жақтаған ешкім болмады, қайта, бәрі мені тастап кетті. Құдай олардың мұнысын мойындарына артпай-ақ қойсын! 17 Алайда Иеміз маған жар болып, әр ұлттық адамдардың естуі үшін Ізгі хабарды толықтай жариялауға күш-қуат беріп, мені арыстанның құлқынынан құтқарғандай, өлімнен аман алып қалды. 18 Иеміз мені болашақта да жамандық атаулыдан сақтап, Өзінің көктегі Патшалығына апармақ. Оның ұлылығы мәңгі мадақтала берсін! Аумин. 19 Прискила мен Ақилаға, сондай-ақ Онисыфордың үй ішіне сәлем айт. 20 Ераст Қорынт қаласында қалды, Трофимды ауырғандықтан Мілит қаласында қалдырдым. 21 Қыс түспей келуге тырыс. Еубұл, Пұд, Лин, Клаудия және барлық басқа бауырластарымыз саған сәлем жолдап жатыр. 22 Жаратқан Ие жар болып, рухыңды жігерлендіре көрсін, Оның рақымы бәріңе де жауа берсін! (Аумин.)
1 Құдайдың қызметшісі әрі Иса Мәсіхтің елшісі Пауылдан дұғай сәлем. Құдай таңдап алғандарын Мәсіхке сендіріп, Өзіне ұнамды өмір туралы шындықты білуге жетелеу үшін мені тағайындап, жіберді. 2 Осы сенім мен білім мәңгілік өмірге деген үмітімізге негізделген. Жалған сөйлемейтін Құдай бізге сол өмірді әуел бастан-ақ уәде етіп, 3 Өзі белгілеген уақытында хабарын уағыздатып, паш еткізді. Соны уағыздау Құтқарушымыз Құдайдың бұйрығымен маған да аманатталды. 4 Менімен бірге бір сенімдегі шынайы балам іспетті Титке Құдай Әке мен Құтқарушымыз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін! 5 Мен сені Критте аяқталмай қалған істерді реттеп, әрбір қаладағы қауымға жетекшілер тағайындау үшін қалдырған едім. Менің нұсқауларымды ұмытпа: 6 жетекші ешбір кінәратсыз, әйеліне адал, ал балаларының сенуші болуы қажет. Жұрт оларға мінез-құлықтары жаман, ешкімге мойынсұнбайды деп айып тақпауға тиіс. 7 Себебі қауым басқарушысына Құдайдың жұмысына жетекшілік ету сеніп тапсырылады, сондықтан ол мінсіз болып, менмен, ашушаң, арақ-шарапқа салынған, ұрыншақ, пайдакүнем болмауы керек. 8 Керісінше, ол қонақжай, ізгілік атаулыны сүйетін, байсалды, әділ, пәк таза әрі ұстамды болуға міндетті. 9 Сондай-ақ, ол басқаларды дұрыс ілімге үйретіп, соған еруге жігерлендіріп, Ізгі хабардың қарсыластарын теріске шығара алуы үшін ілімімізге сәйкес шынайы хабарды берік ұстануға тиіс. 10 Өйткені бағынбайтындар, бос сөйлеушілер және алдаушылар көп, әсіресе яһуди дәстүрлерін ұстанушылар арасында. 11 Мұндайлардың ауыздарын жабу қажет, себебі олар оқытпауға тиісті нәрселерді арам пайдалары үшін насихаттап, кейбір отбасыларын түгелдей тура жолдан адастырады. 12 Криттіктердің біреуі, өздерінің пайғамбары: «Криттіктер — әрдайым өтірікшілер, зиянды хайуандар, еріншек мешкейлер», — деген. 13 Бұл — шынайы куәлік. Сол себептен де оларға мықтап ескерт: дұрыс сенімді ұстанып, 14 яһуди аңыздарына, шындықтан адасқан адамдардың ережелеріне ден қоймасын! 15 Көңілі тазаларға бәрі де таза, ал күнәға былғанып, сенбейтіндер үшін еш нәрсе де таза емес, олар ақыл-естері де, ар-ұждандары да арамданғандар. 16 Құдайды білеміз десе де, мұнысын іс-әрекеттерімен жоққа шығарады; олар — жек көрінішті, ешкімге бағынбайтын, ешқандай игі істер жасауға жарамсыз жандар.
1 Ал сен дұрыс ілімге сай келетінді үйретуің керек. 2 Егде тартқан ер адамдар қырағы, байыпты әрі байсалды, олардың сенімі, сүйіспеншілігі және шыдамдылығы шынайы да берік болуға тиіс. 3 Сол сияқты, егде әйелдердің жүріс-тұрыстары Құдайға бағышталған әйелдерге лайықты болуы қажет: олар ешкімге жала жаппай, арақ-шарапқа салынбай, қайта, басқаларды жақсылыққа үйрететін болсын. 4 Егде әйелдер қыз-келіншектерді күйеулері мен балаларын сүйіп, 5 байсалды, кіршіксіз таза, үй шаруасына ұқыпты әрі мейірімді болып, күйеулеріне мойынсұнуға жігерлендіріп үйретсін. Осылайша олар Құдай сөзінің жамандалуына жол бермесін. 6 Осы секілді, жігіттерді де байсалды болуға шақыр. 7 Өзің барлық істе де ізгіліктің үлгісі, тәлім беруде адал және байыпты бол. 8 Айтқан сөзің айыпталмайтындай дұрыс бола берсін, сонда қарсыластарымыздың бізді жамандайтын еш нәрселері болмай, ұятқа қалады. 9 Басыбайлы қызметшілер қожайындарына барлық істе де мойынсұнып, көңілдерінен шығуға ұмтылсын. Оларға қарсы сөйлемей, 10 ұрлық жасамай, әрдайым шын көңілмен адал болулары керек; осылайша Құтқарушымыз Құдайдың ілімін көркейтсін. 11 Өйткені Құдайдың бүкіл адамзатқа құтқарылуды ұсынатын рақымы анық білінді. 12 Ол бізді Оған ұнамсыз қылықтар мен күнәкар дүниелік құмарлықтардан бас тартып, қазіргі заманда байыпты, әділ және Құдайға ұнамды өмір сүруге бағыттайды. 13 Себебі біз керемет үмітіміздің іске асуын күтудеміз: ұлы Құдайымыз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіх зор салтанатпен көрінетін болады. 14 Ол бізді бүкіл жамандық атаулыдан азат етіп, тазартып, Өзінің меншікті, игі істерге ынталы халқы ету үшін жанын қиып, құрбан болды. 15 Бұларды қауымдарға барлық беделіңмен айтып беріп, насихаттап, елемейтіндерді әшкереле. Ешқайсысы сені менсінбей жүрмесін.
1 Үкімет пен жергілікті әкімшілік өкілдеріне мойынсұнып, олардың еркін орындап, жақсылық атаулыны жасауға дайын болу қажеттігін сенушілердің естеріне салып отыр. 2 Сонымен қатар, олар ешкімді қаралап, жанжал туғызбай, жұрттың бәріне бірдей мейірімділік пен ілтипаттылық танытуға тиіс. 3 Бір кезде біз де түйсіксіз болып, тіл алмай, азғырылып, түрлі құмарлықтар мен ләззаттың құлы болдық. Өмірімізді қара ниеттілікпен, күншілдікпен өткізіп, басқаларға жексұрын болып, бір-бірімізді де жек көрдік. 4 Алайда Құтқарушы Құдайымыз Өзінің қайырымын және адамзатқа деген зор сүйіспеншілігін айқын көрсеткенде 5 бізді құтқарды. Ол бізді жасаған әділ істерімізге бола емес, Өзінің мейіріміне бола күнәдан жуып тазартып, Киелі Рухы арқылы рухани қайта туғызып жаңартты. 6 Құдай бізді Өзінің Киелі Рухына Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің арқасында молынан кенелтті. 7 Осылай біз Құдайдың рақымымен ақталдық, Оның сыйлайтын игіліктерінен үлестерімізді алып, мәңгілік өмірден үміттіміз. 8 Бұл айтқандарым нағыз шындық. Құдайға сенгендердің өздерін жақсылық жасауға арнаулары үшін бұларды баса айтуыңды қалаймын. Олар адамдарға ізгілікті де пайдалы. 9 Мәнсіз айтыстар мен ата-тек туралы бос әңгімелерге, жіктелу мен Таурат заңы туралы дау-тартыстарға жол берме! Олар пайдасыз, құр бекершілік. 10 Қате ілім таратып, жік салатын әркімге бір-екі рет ескерту жасап, тыңдамаса байланыстарыңды үзіңдер. 11 Әбден бүлінген мұндайдың күнә жасай беріп, өз үкімін өзі шығаратынын білесің. 12 Мен Артема не Түхікті саған жіберген бойда кешікпей-ақ Никополға тез жетуге тырыс, сол жақта қыстап шығуға бел будым. 13 Заң қызметкері Зенаның және Аполлостың ешбір тапшылық көрмеулері үшін сапарларына қамқорлық жаса. 14 Біздің адамдарымыз өнімсіз өмір сүрмей, мұқтаждардың қажеттерін қамтамасыз етулері үшін игі істермен айналысуға үйренсін. 15 Қасымдағылардың бәрі де саған сәлем айтуда. Ортақ сенімде бізді сүйетіндерге сәлемімізді жеткіз. Лайым Құдай барлығыңа да рақымын жаудыра көрсін! (Аумин.)
1 Мәсіх Исаға арнаған қызметім үшін түрмеде отырған Пауылдан және бауырласымыз Тімотеден сүйікті қызметтесіміз Філимонға, 2 сондай-ақ бауырласымыз Әпияға, бізбен бірге Ізгі хабар үшін жан сала қызмет етіп жүрген Арқыпқа және Філимонның үйінде жиналатын қауымға дұғай сәлем. 3 Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін! 4 Мен Құдайға сиынып сені есіме түсіргенде әрдайым шүкірлік етемін. 5 Өйткені Иеміз Исаға деген сенімің және Тәңір Иенің барлық адамдарына көрсеткен сүйіспеншілігің туралы естідім. 6 Мәсіхке деген сенімің және Құдайдың бәрімізге берген күллі игіліктерін түсінуің арқылы басқа сенушілермен байланысың Мәсіхтің даңқын асыруға әсерлі болсын деп мінажат етемін. 7 Сенің сүйіспеншілігіңнен зор қуаныш пен жұбаныш таптық, өйткені сен, бауырым, Құдайдың адамдарының жүректерін орнықтырып келесің. 8 Сондықтан Мәсіхтің елшісі ретінде керек істі саған бұйыруға батылым барса да, 9 сүйіспеншілігіңе бола өтініп сұраймын. Иә, басқа біреу емес, мен — Пауыл қария, Мәсіх Исаға қызмет еткенім үшін қазір түрмеде отырған менің өзім, 10 сенен ұлым жайында өтінемін. Мен осында тұтқында отырып, оған Ізгі хабарды айтып берген едім. Қайта туылып, рухани ұлыма айналған сол жан — Онисым («Пайдалы»). 11 Ол өткен кезеңде сен үшін пайдасыз болғанмен, енді маған да, саған да пайдалы. Оны өзіңе қайтарып отырмын, 12 ал онымен бірге өз жүрегімді жіберіп отырғандаймын! 13 Ізгі хабарға бола түрмеге қамалған мен оны сенің орныңда өзіме көмектесу үшін қарамағымда қалдыруды ойлаған едім. 14 Алайда жақсылық жасауың мәжбүрліктен емес, өз еркіңмен болсын деп, сенің келісіміңсіз ешбір шешім қабылдағым келмеді. 15 Мүмкін, оның уақытша сенен алшақтағанының мақсаты — оны мәңгілікке қабылдауың шығар. 16 Ал қазір ол құлың ғана емес, одан әлдеқайда жоғары — сүйікті бауырласың ретінде өзіңе қайта оралады. Ол мен үшін дәл сондай, ал сен үшін адам ретінде де, Иемізбен жүрген бауырласың ретінде де одан бетер жақын болады. 17 Сондықтан маған шынымен дос болсаң, оны мені қабылдағандай қабылдағайсың. 18 Ал егер ол саған жамандық жасаған не қарыздар болса, онысын менің мойнымда деп есепте. 19 Мен, Пауыл, өз қолыммен жазып отырмын: онысын өзім өтеймін! Алайда сенің өзіңнің рухани өмірің үшін маған қарыздар екеніңді айтпай-ақ қояйын. 20 Сонымен, бауырласым, Иеміз Мәсіх үшін маған осылай бір жақсылық етіп, Оған деген сүйіспеншілігің арқылы менің жүрегімді орнықтыршы. 21 Сен құлақ асар деп үміттеніп, айтқанымнан да артық орындайтыныңды біле отырып, осыны жаздым. 22 Сонымен бірге маған баспана дайындағайсың. Құдай мінажаттарыңа мейіріммен құлақ асып, Мені сендерге жіберер деп үміттенемін. 23 Мәсіх Исаға қызмет еткені үшін менімен бірге бұғауда отырған Епафрас 24 әрі өзге қызметтестерім Марқа, Арыстарқ, Димас, Лұқа да саған сәлем жолдауда. 25 Лайым жан дүниелерің Иеміз Иса Мәсіхтің рақымына кенеле берсін!
1 Өткен заманда Құдай әлденеше рет түрлі жолдармен өз хабарын ата-бабаларымызға пайғамбарлар арқылы жеткізіп отырған. 2 Ал осы соңғы заманда Ол бізге хабарын Өзінің рухани Ұлын жіберіп жеткізді. Құдай Сол арқылы әлемді жаратып, Оны барлығының иесі етіп тағайындады. 3 Одан Құдайдың салтанатты ұлылығы жарқырап көрінеді: Ол — Құдайдың болмысының дәлме-дәл сипаты. Ұл бүкіл әлемді құдіретті сөзімен қолдап ұстап тұр. Өзінің құрбандық өлімі арқылы күнәдан тазару жолын ашып бергеннен кейін, Ол көктегі Ұлылық Иесіне (яғни Құдай Әкеге) барып, Оның оң жағындағы ең құрметті орынға жайғасты. 4 Сонымен, рухани Ұлдың иемденген Атағы періштелердікінен қаншама жоғары болса, Оның жолы да олардікінен соншама үлкен. 5 Себебі Құдай періштелердің ешқайсысына да былай деп айтқан емес: «Рухани Ұлымсың, Мен бүгінгі күн Әке болдым Саған». Және: «Мен Оған Әке боламын, ал Ол Менің рухани Ұлым болады». 6 Құдай осы дүниеге жолы бәрінен де үлкен рухани Ұлын жібергенде, Ол туралы мынадай сөздер айтты: «Жаратқан Иенің бар періштелері де Оған тағзым етсін!» — 7 Періштелер жайлы (Забурда) мына тәрізді сөздер айтылған: Ол желдей етеді періштелерін, от жалынындай да өз нөкерлерін. 8 Ал Ұл туралы былай делінген: «Сенің тағың, о, Құдай, сақталады мәңгілік, Патшалығыңа жүргізесің әділ билік. 9 Заңсыздықты жек көріп, әділдікті сүйесің, Сондықтан да Құдай, өз Құдайың Сенің, Өзіңді тағайындап, сыйлады Саған Серіктеріңнен гөрі шаттықты молынан». 10 Ол туралы тағы мынадай сөздер де айтылған: Ием, жердің негізін салғансың әуел баста, Құдіретіңмен жараттың аспанды да. 11 Олар құриды, Сен боласың әр уақытта, Киімдей тозады олардың барлығы да, 12 Сен соларды көйлектей ауыстырасың, Шапандай бүктеп алып та қоясың. Ал Өзің өзгермей қалатын боласың, Еш таусылмайды Сенің жасар жылдарың. 13 Ал енді, Құдай қай кезде қай періштеге: «Мен жауларыңды табаныңның астына салып бергенімше отыр оң жағымда!» — деп айтқан еді? 14 Періште атаулы — қызмет көрсететін рухтар ғана, солай емес пе? Жаратқан Ие оларды мәңгілік құтқарылуға ие болатын адамдарға қызмет етуге жібереді.
1 Сол себепті біз беттеген бағытымыздан ауытқып кетпеуіміз үшін Мәсіх туралы естігендерімізге мықтап ден қоюымыз керек. 2 Құдайдың періштелер арқылы (Мұсаға) жеткізген Таурат заңын халықтың бәрі берік ұстануға міндетті болды. Кім оның ережелерін бұзып, бағынбаса, сол әділ жазасын тартты. Бұл осылай болған күнде, 3 егер біз сондай керемет құтқарылуды елемесек, онда жазадан қалайша құтылмақпыз? Осы құтқарылуды алғашқыда Иеміздің Өзі паш еткен еді. Оны өз құлақтарымен естіген куәгерлер кейін соған біздің де көзімізді жеткізді. 4 Құдай Өзінің құдіретін көрсетіп, түрлі таңғаларлық кереметтер мен ғажайып істер жасау арқылы және Киелі Рухтың өз еркіне сай әркімге үлестіріп берген түрлі рухани дарындары арқылы да осы Ізгі хабарды растады. 5 Біз айтып отырған болашақ әлемді Құдай періштелердің қол астына тапсырған емес. 6 Қайта, Киелі жазбалардың бір жерінде осы туралы біреу мынаны байыппен айтқан ғой: «Өзің ескеретіндей адам сонша кім? Сен қамқорлайтындай адам баласы кім? 7 Оны періштелерден сәл төмен қойдың, Құрмет, салтанатты оған тәждей сыйладың, 8 Бәрін де оған бағындырып бердің». Құдай адам баласына бәрін де бағындырып берген кезде оған бағындырмаған еш нәрсені қалдырған жоқ. Алайда біз бәрінің де адам баласына бағынғандығын қазір көре алмаймыз. 9 Бірақ Исаның азапты өлім шеккені үшін Патша ретінде ғаламат салтанат пен құрметке бөленгенін көреміз. Ол біраз уақыт періштелерден төмен болып, Құдайдың рақымының арқасында күллі адамзат үшін жанын қиды. 10 Тәңір Ие көптеген адамдарды күнәдан құтқарып, Өзінің рухани балалары етіп құрметке бөледі; ал оларға құтқарылу жолын салған Мәсіхті азап шегуі арқылы кемелді Бастаушы етті. Бүкіл әлемді Өзі үшін жаратқан Құдайға осы лайық еді. 11 Адамдарды Оған бағыштаған Мәсіх те, сол адамдар да бір Әкеден тарайды. Сондықтан да Мәсіх оларды бауырларым деп атаудан ұялмайды. 12 Ол алдын ала былай деген: «Атыңды бауырларыма білдіремін, қауым жиынында Сені дәріптеймін». — Ол тағы мынадай сөздер де айтқан: 13 «Мен Оған сенімімді арта беремін» және «Міне, Мен және Жаратқан Ие Маған сыйлаған (рухани) балалар мұндамыз!» 14 Тәңір Иенің рухани балалары ет пен сүйектен жаралғандықтан, Иса да ет пен сүйектен тұратын тәнді қабылдады. Осылайша Ол Өзінің құрбандық өлімі арқылы өлімнің әміршісін, яғни әзәзіл шайтанды, жеңіп шықты, 15 әрі өмір бойы өлімнен қорқып, шайтанның құлы болып жүрген адамдарды азат етті. 16 Себебі Мәсіх періштелердің емес, Ыбырайымның ұрпақтарының қамын ойлайды. 17 Сондықтан Ол барлық жағынан бауырластарына ұқсас болуға тиіс еді. Осылай Мәсіх Құдайға қызмет ететін қайырымды да адал Бас діни қызметкер болып, өз жанын халқының күнәларының құнын өтеу үшін құрбандыққа қиды. 18 Өзі азап шегіп ауыр сынаққа төзген Ол сынақтан өтіп жатқан бізге де көмектесе алады.
1 Бұл солай болғандықтан, қымбатты бауырластарым, әрі көктегі Құдай сендерді Өзіне бағыштап, қасиетті болуға басқалармен бірге шақырғандықтан, Мәсіх Исаға берік ден қойыңдар: Ол — Құдайдың Елшісі және Бас діни қызметкері. Оған сенім артқанымызды ашық мойындаймыз. 2 Мұса пайғамбар Құдайдың бүкіл үйіндегі қызметін адал атқарғанындай, Иса да Өзін тағайындаған Құдайға адал болды. 3 Ал салынған үйден гөрі үй салушы көбірек құрметке лайық, сол сияқты Иса да Мұсаға қарағанда әлдеқайда зор құрметке ие. 4 Әрбір үйдің салушысы бар, ал бәрінің де Жаратушысы — Құдай. (Сондықтан да Оның рухани Ұлы Мәсіх Мұсадан анағұрлым мәртебелі!) 5 Мұса Құдайдың бүкіл үйінде адал қызметшісі болып, Оның кейін жариялайтын хабарына меңзеп, ол туралы алдын ала айтып кетті. 6 Ал Мәсіх Құдайдың рухани Ұлы ретінде Оның үйін (яғни Құдайдың халқын) адал басқарады. Егер (Мәсіхке деген) нық сенімімізді және мақтан тұтып келген үмітімізді берік ұстансақ, біз Соның рухани үйіміз. 7 Сондықтан Киелі Рухтың мынадай айтқандарына мән беріңдер: Бүгін сендер Оның даусын естігенде, 8 Ежелде айдалада сыналған кезде Бас көтергендердің істегендері секілді Қасарыстырмаңдар енді жүректеріңді! 9 (Тәңір Ие олар туралы былай деген еді:) Қырық жыл ата-бабаларың сол жерде Көріп жүрсе де керемет істерімді, Еркінсіп сынай берді төзімімді. 10 Бұл ұрпаққа сол себепті ашуландым, Сонымен былай деп қорыттым: Жүрек қалаулары теріс бағыттағы Олар тағылымымды қабылдамады! 11 Қаһарланып ант еттім Мен сондықтан: Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған Елге кірмейді олар енді ешқашан! 12 Бауырластар, сақ болыңдар: ешқайсың жүректеріңді қасарыстырып сенбейтін болмаңдар, мәңгі тірі Құдайдан безіп кетіп жүрмеңдер! 13 Қайта, бірде-біреуің күнәнің кесірінен алданып, қасарысып кетпеу үшін, әлі де «бүгін» деген мерзім бітпей тұрғанда, күн сайын өзара дем берісіп отырыңдар! 14 Алғашқы сенімімізді аяғына дейін берік ұстанғанда ғана Мәсіхпен тығыз байланыста болып, бірге қызмет етеміз. 15 Жоғарыда айтылғандай, «Бүгін сендер Оның даусын естігенде, бас көтергендердің істегендері секілді қасарыстырмаңдар енді жүректеріңді!» 16 Жаратқан Иенің даусын естісе де, Оған қарсы бас көтергендер кімдер? Олар Мұса пайғамбардың соңынан еріп Мысыр елінен көшіп шыққандардың бәрі емес пе еді? 17 Ал Құдай қырық жыл бойы кімдерге ашуланды? Олар күнә жасағандықтан айдалада жүргенде өліп, жерленген ата-бабаларымыз емес пе еді? 18 Құдай кімдер туралы «Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған елге кірмейді олар енді ешқашан!» деп ант еткен болатын? Оған мойынсұнбаған ата-бабаларымыз туралы емес пе еді? 19 Сонымен олардың Тәңір Иеге сенбегендіктеріне бола сол елге кіре алмағанын көреміз.
1 Құдайдың шынайы тыныштық сыйлайтын елге кіргізу жайлы уәдесі әлі де күшінде. Сол себепті бірде-біреуіңнің осы мүмкіндікті жіберіп алмауларың үшін сақ болайық! 2 Ата-бабаларымыз сияқты біз де Құдайдың сыйлайтын тыныштығы туралы уәдесін естідік. Олар бұл хабарды сеніммен қабылдамай, тек естіп қана қоя салғандықтан, оның пайдасын көрмеді. 3 Ал сенімімізді Мәсіхке артқан біздер уәде етілген тыныштықты иемденеміз. Рас, Тәңір Ие былай деген болатын: «Қаһарланып ант еттім сондықтан: Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған елге кірмейді олар енді ешқашан!» Ал Тәңір Иенің өз жұмысы әлемді жаратып болған кезде-ақ тамамдалған еді ғой. 4 Киелі жазбалардың бір жерінде жаратылыстың жетінші күні туралы былай делінген: «Құдай жүргізген жарату жұмысының бәрін жетінші күні аяқтап, демалды». 5 Алайда Құдай (жоғарыда келтірілген аяттарда) былай деген: «Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған елге кірмейді олар енді ешқашан!» 6 Демек, ежелде Ізгі хабарды естіген ата-бабаларымыз Құдайға бағынбағандықтан сол тыныштыққа кіре алмады. Ал өзге кейбіреулер үшін кіру мүмкіндігі әлі де сақтаулы. 7 Сол себепті Құдай кейін басқа бір күнді белгіледі, ол күн — «бүгін». Көп уақыт өткен соң Ол бұл туралы Дәуіт пайғамбар арқылы былай деді: «Бүгін сендер Оның даусын естігенде, қасарыстырмаңдар енді жүректеріңді!» 8 Егер кезінде Ешуа пайғамбар халықты Құдай дайындап қойған шынайы тыныштыққа жеткізген болса, онда кейінірек тыныштық сыйланатын басқа бір күн туралы сөз болмас та еді. 9 Мұның бәрі осылай болғандықтан, Құдайдың Өзі жетінші күні демалып тыныққаны сияқты, Оның халқы үшін де шынайы тыныштыққа жету мүмкіндігі әлі де бар. 10 Құдайдың жарату жұмысын тамамдаған соң тынығып демалғанындай, Оның дайындап қойған шынайы тыныштығына ие болған әркім де өз бетімен еңбектенуін доғарып, тынығады. 11 Сондықтан ешқайсымыз ата-бабаларымыз сияқты бағынбаушылыққа бола сол тыныштықтан құр қалмау үшін оны иемденуге жан сала ұмтылайық! 12 Себебі Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті. Ол екі жүзді семсердің қайсысынан да өткір! Құдайдың сөзі бойымызға терең еніп, жан мен рухты айырып, буын мен жұлынға жеткен іспетті, жүрегіміздің түкпіріндегі ой-ниетімізді де әшкерелеп, бағалайды. 13 Құдайдан жасырын жатқан ешбір жан иесі жоқ, Оның көз алдында барлығы ашық та айқын көрініп тұр. Біз Құдайдың алдында есеп беруге тиіспіз. 14 Сонымен сенімімізді берік ұстанып, оны тапжылмастан мойындайық. Көкке көтеріліп кеткен зор мәртебелі Бас діни қызметкеріміз — Құдайдың рухани Ұлы Иса бар. 15 Ол бізге жаны ашымайтын, осал жақтарымызды түсінбейтін діни қызметкер емес, қайта, өзіміз сияқты әр түрлі сынақтан өтіп көрді, бірақ ешқашан күнә жасаған жоқ. 16 Ендеше рақымы мол Құдайдың тағына нық сеніммен жақындап, өтініштерімізді білдірейік. Осылай көмекке мұқтаж кездерімізде Оның мейірімділігі мен рақымына ие боламыз.
1 Әдетте әрбір бас діни қызметкер пенделер арасынан таңдалып, олар үшін Құдайға қызмет етуге тағайындалады: Оған арнап сый-тартулар ұсынып, адамдардың күнәларының құнын өтеу үшін құрбандықтар шалады. 2 Бас діни қызметкер өзінің де пенделік кемшіліктері бар болғандықтан, білмей тура жолдан адасып кеткендерге мейірімділік көрсете алады. 3 Сол себептен ол халық үшін де, өзі үшін де күнәнің құнын өтейтін құрбандықтар шалуға міндетті. 4 Бас діни қызметкер болу құрметін ешкім өз бетімен иемденбейді, оны Құдай белгілейді. Һарон да қызметіне осылай тағайындалған еді. 5 Сондай-ақ Мәсіх те Бас діни қызметкер болу құрметін өз бетімен иемденген жоқ. Қайта, Құдай Оған: «Рухани Ұлымсың, Мен бүгінгі күн Әке болдым Саған» деген. 6 Киелі жазбалардың тағы бір жерінде былай да делінген: «Сен Мәліксадықтай діни қызметкерсің, мәңгі сондай болып қала да бересің!» 7 Сонымен қатар Мәсіх жер бетінде жүргенде Өзін өлімнен құтқаруға құдіреті жететін Әкесіне қатты дауыстап сиынып, көз жасын төгіп жалбарынды. Мәсіх Әкесін терең қастерлегендіктен мінажаты қабыл болды. 8 Құдайдың рухани Ұлы бола тұра, Мәсіх ауыр азаптар шеккен кезінде де Әкесіне мойынсұнуға үйренді. 9 Жүктелген тапсырмасын толық орындап шыққан Ол Өзіне мойынсұнғандардың барлығы үшін мәңгілік құтқарылуға жол ашты. 10 Құдайдың Өзі Мәліксадықты тағайындағанындай, Мәсіхті де Бас діни қызметкер болуға белгіледі. 11 Бұл тақырып туралы тағы бірталай нәрселерді айтқанымыз жөн болар еді. Бірақ оларды түсіндіру қиын, өйткені сендер зейін қойып тыңдамайтын болдыңдар. 12 (Мәсіхтің тура жолына түскеннен бергі) кездеріңді ескерсек, өзгелерге тәлім берулерің орынды болар еді. Керісінше, сендер әлі де Құдайдың хабарындағы ең бастапқы қарапайым тәлімді басқа біреуден үйренуге мұқтажсыңдар. Өздеріңе «қатты тағамның» орнына әлі де жай «сүт» керек! 13 «Сүтпен» тамақтанатындар Құдай алдында ақталу туралы Ізгі хабарды әлі де не ұқпайды, не дұрыс қолдана да алмайды. Олар — рухани сәбилер. 14 Тек рухани кемеліне келгендер ғана «қатты тағамдарды» жей алады. Байыппен ойлауға дағдыланғандықтан да, олар жақсы мен жаманды айыра біледі.
1 Сол себепті Мәсіхтің Ізгі хабарының ең бастапқы тәлімін былай қойып, одан бетер жетілу үшін алға басайық. Тағы да ең негізгі тақырыптарға: бізді рухани өлімге бастап әкететін қылықтардан бас тартып, Құдайға сенім арту жайында, 2 шомылдыру рәсімі мен қол тигізіп бата беру жөнінде немесе өлгендердің қайта тірілуі және мәңгілік үкімделуі туралы тәлімдерге тоқталғымыз келмейді. 3 Құдай қаласа, енді әрі қарай жылжымақпыз. 4 Себебі кейбір адамдарды істегендеріне өкіндіріп, қайтадан Құдай жолына түсіру мүмкін емес: бір кезде жан дүниелері Тәңір Иенің нұрынан ағарған еді. Олар Оның көктен жіберген сыйының дәмін татып, Киелі Рухтан үлестерін алды. 5 Сондай-ақ, Құдай сөзінің игілігінің де, болашақ заманның құдіретінің де дәмін татып көрген болатын. 6 Алайда кейінірек олар тура жолдан безіп кетті! Мұндай адамдар өз еріктерімен Құдайдың рухани Ұлын тағы да айқышқа шегелеп тастағандай, жұрттың мазағына айналдырып жүр. Мұндай жағдайда оларды Құдай жолына қайтару мүмкін емес. 7 Егіндік жер жиі жауған жаңбырмен шөлін қандырып, өзін өңдеп, баптаған егіншінің игілігі үшін өнімін бергенде, Құдай оны жарылқайды. 8 Ал тікен мен ошаған шығаратын жер пайдасыз. Көп ұзамай егінші мұндай жерді үкімдеп, ақыры өртейді. 9 Ал, сүйікті бауырластарым, осыларды айтқанмен, сендердің бұдан жақсырақ жағдайда екендіктеріңе, яғни құтқарылуларыңды берік ұстанғандарыңа, көзіміз жетті. 10 Құдай әділетсіз емес қой: Ол жасаған игі істеріңді, өз адамдарына берген, әлі де беріп жатқан көмектерің арқылы Өзіне де көрсеткен сүйіспеншіліктеріңді ешқашан есінен шығармайды. 11 Әрқайсыларыңның үміттеріңді соңына дейін берік ұстануларың үшін де осындай ынта-жігер танытқандарыңды аңсап тілейміз. 12 Сонда сендер жігерсіз болмайсыңдар. Керісінше, сенім мен шыдамдылық көрсетіп, уәде етілген игіліктерді иемденгендерден үлгі аласыңдар. 13 Мысалы, Құдай Ыбырайымға уәде берді. Өзінен жоғары ешкім тұрмағандықтан, Құдай Өзінің атымен ант етіп 14 былай деді: «Саған ақ батамды шүбәсіз үйіп-төгіп бере отырып, сенің ұрпақтарыңды сансыз көбейтемін». 15 Осылай Ыбырайым шыдамдылықпен күтіп, Құдайдың уәде еткендеріне ие болды. 16 Адамдар өздерінен жоғарының атымен ант береді. Сол арқылы айтқандарын бекітіп, күллі дау-дамайларын доғартады. 17 Сондықтан Құдай да Өзінің уәдесін иемденетіндерге алға қойған мақсатының мызғымас екенін өте айқын көрсеткісі келгенде, айтқандарын антпен бекітті. 18 Осылайша біз бұл екі мызғымас негізге (Құдайдың уәдесі мен антына) сүйеніп, олардан зор күш-жігер аламыз. Себебі Құдайдың өтірік айтуы еш мүмкін емес қой. Бізге ұсынылған осы үміттен күдер үзбей, Одан пана таптық. 19 Бұл үмітіміз — берік зәкір сияқты жанымыздың сенімді сүйеніші; ол көктегі киелі үйдің ішіндегі «шымылдықтың арт жағында» Құдайдың Өзімен бекітілген. 20 Сол жерге Исаның Өзі кіріп, осы арқылы бізге де сонда кіруге жол ашты. Себебі Иса — Мәліксадық сияқты тағайындалған мәңгілік Бас діни қызметкеріміз.
1 Сол Мәліксадық Салим қаласының патшасы және Алла Тағаланың діни қызметкері болатын. Ыбырайым бірнеше патшаны жеңіп, шайқастан қайтып келе жатқанда, Мәліксадық оған жолығып, батасын берді. 2 Сонда Ыбырайым қолындағы бар мал-мүліктің оннан бір бөлігін (құдайы сый-тарту етіп) оған қалдырып кетті. Мәліксадық есімінің мәнісі «Әділдік патшасы» болса, «Салимнің патшасы» — «Амандық пен тыныштық патшасы» дегенді білдіреді. 3 Мәліксадықтың әке-шешесі, шыққан тегі және өмір сүрген уақытының бас-аяғы туралы ешбір мәлімет берілмеген. Сол жағынан ол мәңгі бақи діни қызметкер болып қалатын Құдайдың рухани Ұлына ұқсайды. 4 Мәліксадықтың мәртебесінің қандай жоғары екенін ойлап көріңдер: тіптен түп атамыз Ыбырайым түскен олжасының оннан бір бөлігін оған берді. 5 (Ыбырайымның шөбересі) Леуінің тұқымынан шыққан діни қызметкерлер Құдайдың өсиетіне сай өз ағайындары — Исраил халқының жалпы түсімінің оннан бір бөлігін алып отырады. Бұлардың да Ыбырайымнан тарағандықтарына қарамастан, леуіліктер олардан әлгі бөлікті жинайды. 6 Ал Мәліксадық Леуі руынан шықпаса да, Құдайдың уәдесін алған Ыбырайымның түсімінің оннан бір бөлігін иемденіп, оған батасын берді. 7 Бата алғаннан бата бергеннің дәрежесі, сөзсіз, жоғары. 8 Оннан бір бөлігін жинайтын леуілік діни қызметкерлер күндердің күнінде өлетін пенделер ғана, ал Мәліксадықтың тірі екендігі туралы мәлімет берілген. 9 Ыбырайымның Мәліксадыққа қолындағысының оннан бір бөлігін беруі арқылы кейінірек халықтан түсімінің оннан бір бөлігін жинайтын Леуі руы туралы да: «олар Мәліксадыққа сол құдайы сый-тартуды берді» деп айтуға болады. 10 Себебі Леуі руы Мәліксадықпен кездескен атасы Ыбырайымнан тарағандықтан, соның істегендерінің нәтижесі бұларға да қонды. (Сондықтан да Мәліксадықтың діни қызметкер ретіндегі дәрежесі Леуі руынан шыққандардан әлдеқайда жоғары.) 11 Таурат заңы Исраил халқына леуіліктердің діни қызметінің негізінде тапсырылды. Егер осылардың қызметі көзделген мақсатқа қол жеткізген болса, онда Мәліксадық іспетті басқа діни қызметкердің тағайындалуының қажеті болмай, (Леуінің ұрпағы) Һароннан тараған діни қызметкерлер де жетіп жатқан болар еді. Алайда олардың қызметі жеткіліксіз болды. 12 Ал діни қызметте өзгерістер болса, онда Таурат заңының да өзгертілуі керек. 13 Сол секілді, осы айтылғандарға қатысы бар Мәсіхтің Өзі бірде-бір діни қызметкер шықпаған басқа рудан еді: 14 Иеміздің Яһуда руынан шыққандығы белгілі. Сол рудың діни қызметі туралы Мұса пайғамбар еш нәрсе айтпаған болатын. 15 (Ал леуіліктердің діни қызметі адамдарды рухани мақсатына жеткізе алмай келді.) Бұл жайт Мәліксадық іспетті басқа бір Діни қызметкердің тағайындалуы арқылы бұрынғыдан бетер анық болып тұр. 16 Ол — адам ретінде Таурат заңында жазылған шығу тегіне қатысты ережеге сай болғандықтан емес, бойында сарқылмас құдіретті өмір болғандықтан Діни қызметкер. 17 Себебі Забурда Ол туралы «Сен Мәліксадықтай діни қызметкерсің, мәңгі сондай болып қала да бересің!» деген куәлік берілген. 18 Сонымен бұрынғы заң күшсіз, пайдасыз болғандықтан, оның ережелері істен шықты. 19 Мұса арқылы берілген сол заң еш нәрсені де кемелділікке жеткізе алған жоқ. Ал қазір бұрынғыдан гөрі жақсы үмітіміз бар: сол бойынша біз шынымен Құдай алдына барып, Оған сиына аламыз! 20 Сонымен қатар, Құдай Мәсіхтің діни қызметкерлігін тіпті антпен бекітті. 21 Леуілік діни қызметкерлерге Ол ант берген жоқ, ал Мәсіх діни қызметкер болып тағайындалғанда Құдай Оған ант берді. Бұл туралы былай делінген: «Жаратқан Ие былай деп ант берген еді, Онысын ешқашан да өзгертпейді: Сен діни қызметкерсің, мәңгі сондай болып қала да бересің!» 22 Құдай осы антты бергендіктен, Иса — бұрынғыдан гөрі жақсы Жаңа Келісімнің кепілі. 23 Тағы бір айырмашылық бар: Көне Келісімнің тұсында бір-бірінің орнын басқан көптеген діни қызметкерлер болды. Барлығы да ажалы жеткенде қызметінде қала алмады. 24 Ал Иса мәңгі бақи жасайтындықтан, Оның діни қызметі де өткінші емес. 25 Сол себептен Ол Өзі арқылы Құдайға сиынғандардың бәрін толықтай құтқара алады. Иса мәңгі өмір сүріп, олар үшін өтініш жасайды. 26 Бізге дәл сондай Бас діни қызметкер қажет: қасиетті де кінәратсыз, кіршіксіз таза Ол, күнәкарлардан аластатылып, аспаннан да жоғары, Құдайдың қасына, көтерілді. 27 Иса бұрынғы бас діни қызметкерлер сияқты күнде алдымен өз күнәларының құнын өтеу үшін, сонан соң халықтың күнәлары үшін құрбандық шалуға тиісті емес. Ол айқышта өлгенде Өзін біржола құрбан етіп күнәлардың құнын өтеді. 28 Таурат заңы бойынша пенделік кемшіліктері бар адамдар бас діни қызметке тағайындалады. Ал сол заңнан кейін Құдайдың өз антымен бекітілген сөзі бас діни қызметке Өзінің рухани Ұлын тағайындады. Ол мәңгілік еш кемшіліксіз кемелді болады.
1 Айтып жатқандарымыздың ең бастысы мынау: көкте біздің Бас діни қызметкеріміз бар; Ол тағына жайғасқан Ұлылық Иесінің оң жағындағы құрметті орнында отыр. 2 Сол жерде Ол адам баласы емес, Жаратқан Иенің Өзі көкте тұрғызған шынайы киелі үйде қызметін атқарып жүр. 3 Әрбір бас діни қызметкер Құдайға сый-тарту мен құрбандық жасау үшін тағайындалады. Сол сияқты біздің Бас діни қызметкеріміздің де Құдайға ұсынатын құрбандығы болуға тиіс еді. 4 Егер Ол жер бетінде қалса, діни қызметкер бола алмас та еді. Себебі Таурат заңы бойынша ғибадатханада құрбандық жасайтын арнайы діни қызметкерлер бар. 5 Бұлардың құлшылық етуі көктегі рухани қызметке ұқсағанмен, онымен бірдей емес. Мұса киелі шатырды дайындауға кіріскенде Құдай оған: «Байқа, барлығын саған осы тау басында көрсетілген үлгіге сай жасайтын бол!» — деп ескертті ғой. 6 Ал Исаға жер бетіндегі діни қызметкерлердің міндетінен анағұрлым жоғары қызмет тапсырылды. Сол сияқты Ол Құдай мен адамдардың арасындағы бұрынғысынан гөрі жақсы Келісімге жол ашты. Бұл Құдайдың ерекше игілікті уәделеріне негізделген. 7 Егер бұрынғы Келісім ешбір кемшіліксіз болған болса, онда өзгесін жасаудың керегі болмас та еді. 8 Алайда (Еремия пайғамбар) халқының айыбын әшкерелегенде былай деген: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп алыңдар, Мен Исраилдің және Яһуданың үрім-бұтақтарымен Жаңа Келісім жасайтын уақыт келеді. 9 Бұл Келісім Мен олардың ата-бабаларын қолдарынан жетелеп Мысырдан алып шыққанда солармен жасаған Келісіміммен бірдей болмайды. Өйткені олар бұл Келісіміме адал болмағандықтан ықыласымнан айырылды, — дейді Жаратқан Ие. — 10 Қайта, Менің кейінгі заманда Исраил халқымен жасайтын Келісімім мынадай болады: Мен өз тәлімімді олардың ақыл-саналарына дарытамын әрі жүректеріне «жазып» та қоямын. Мен олардың Құдайы, ал олар Менің халқым болады, — дейді Жаратқан Ие. 11 Сонда ешкімге замандасы мен ағайынына: «Жаратқан Иені жақыннан танып біл!» деп үйретудің қажеті болмайды. Өйткені үлкенді-кішілі барлығы да Мені жақыннан танып білетін болады. 12 Себебі Мен олардың әділетсіз істерін рақымшылықпен кешіріп, жасаған күнәларын бұдан былай есіме алмайтын боламын». 13 Осылай Құдай «Жаңа Келісім» дегенде бұрынғысының ескіргендігін білдірді. Ал ескіріп, көнерген нәрсе көп ұзамай күшінен айырылып, жойылмақ.
1 Бұрынғы Келісімге сай Құдайға құлшылық ету үшін арнайы ережелер және жер бетіндегі қасиетті ғибадат орны болды. 2 Киелі шатыр тігіліп, оның «қасиетті бөлме» деп аталған алдыңғы бөлімінде шам қойғыш, үстел және соның үстінде сый-тарту ретінде ұсынылған нандар тұратын. 3 Ал шатыр ішіндегі шымылдықтың арт жағында «ең қасиетті бөлме» деп аталған киелі орын болатын. 4 Сол жерде алтын жалатқан түтету үстелі және жан-жағынан алтынмен қапталған Келісім сандығы орналасқан еді. Сол үстелдің үстінде Құдайға арнап хош иісті заттар өртеліп түтетілетін. Ал сандықтың ішінде Келісімнің куәліктері: манна деген керемет тағам салынған алтын құмыра, Һаронның бүр жарған таяғы және он өсиет жазылған екі тас тақташа сақталатын. 5 Құдайдың салтанатты ұлылығы қонатын сол сандықтың үстінде керуб атты екі періштенің мүсіндері тұратын. Олардың жайылған қанаттары сандық қақпағын жауып тұрды. Сол қақпаққа халықтың күнәсінің құнын өтеу үшін жыл сайын шалынған құрбандықтың қаны бүркілетін. Алайда мұны қазір егжей-тегжейлі айтып жатудың қажеті жоқ. 6 Осылай жабдықталған киелі үйдің алдыңғы бөлмесіне діни қызметкерлер күн сайын кіріп, Құдайға құлшылық етеді. 7 Ал екінші, ең қасиетті бөлмесіне тек бас діни қызметкерге ғана жылына бір-ақ рет енуге болады. Сол кезде ол өзінің және халықтың білмей жасаған күнәларының құнын өтеу үшін шалынған құрбандықтың қанын ала кіруге тиісті. 8 Киелі Рух осы арқылы бізге мынаны білдіреді: киелі үйдің алдыңғы бөлімі әлі де бар болып тұрғанда, ең қасиетті бөлімге (яғни Құдайдың алдына) апаратын жол ашық емес. 9 Бұл осы замандағы жайттың бейнесі! Құдайға ұсынылатын сый-тартулар мен құрбандықтар Оған сиынатын адамдардың ар-ұжданын өздерінің жасаған күнәларынан түпкілікті арылта алмайды. 10 Сол ескі ғибадат ету жолының ережелері тек ішіп-жеу және түрлі тазару рәсімдері сияқты сыртқы дәстүрлерге байланысты. Олар Жаңа Келісім енгізілген кезге дейін ғана күшінде болды. 11 Енді міне, Бас діни қызметкеріміз Мәсіх бізге соншама рухани игіліктер алып келді! Сонда Ол жер бетіндегі ғибадат орнынан гөрі әлдеқайда ұлы да кемелді көктегі киелі үйге кірді. Бұл адам қолынан шыққан, осы жаратылыстың бір бөлігі емес. 12 Мәсіх, сондай-ақ, құрбандыққа шалынған қошқарлар мен бұзаулардың қанын емес, Өзінің құрбан болған кезінде төгілген қанын осы киелі үйдің ең қасиетті бөліміне біржола алып кірді. Осылайша Ол бізді күнәміздан арылтып, мәңгілік азат етті. 13 Таураттың ережелеріне сай арам деп есептелген адамдарға құрбандыққа шалынған қошқардың не бұзаудың қаны, немесе шалынып, өртелген жас сиырдың күлі бүркіліп себілетін. Сол арқылы олар сырттай тазартылатын. 14 Олай болса, мәңгілік Киелі Рухқа кенелген, Өзін мүлдем кемшіліксіз құрбандық ретінде Құдайға ұсынған Мәсіхтің өз қаны рухани өлімге бастап әкететін қылықтардан ар-ұжданымызды одан бетер арылтып тазартпақ! Соның нәтижесінде біз мәңгі тірі Құдайға шынымен ғибадат ете аламыз. 15 Сол себептен де Мәсіх Жаңа Келісімнің негізін салушы! Ол адамдардың Көне Келісімнің тұсында жасаған күнәларының құнын төлеп оларды азат ету үшін өз жанын өлімге қиды. Сондықтан енді Құдай шақырғандар Оның уәде еткен мәңгілік жарылқауына ие болады. 16 Құдай бекіткен Келісімді өсиетнамамен салыстыруға болады: өсиетнаманы қалдырған кісінің өлгендігі анықталған соң ғана, оны ашып оқуға болады. 17 Өсиетнама адам тірі жүргенде емес, қайтыс болғаннан кейін ғана күшіне енеді. 18 Сол сияқты, бұрынғы Келісім де қанмен бекітіліп, күшіне енді. 19 Алдымен Мұса пайғамбар бүкіл Исраил халқына Таурат заңының барлық өсиеттері мен ережелерін жариялаған еді. Содан кейін құрбандыққа шалынған бұзаулар мен қошқарлардың қанын алып, су қосты да, сайсағыз бұтақшалары мен аздаған ал қызыл түсті жүнді соған малып алып, Келісім кітабына және бүкіл халыққа бүркіп тұрып: 20 Бұл — Құдайдың өздеріңмен жасаған Келісімін бекітетін қан, — деді. 21 Дәл солай Мұса киелі шатырға да, Құдайға қызмет жасағанда қолданылатын барлық бұйымдарға да қан бүркіп септі. 22 Таурат заңы бойынша бәрі дерлік қанмен тазартылады. Қан төгілмей, Құдай күнәні кешірмейді. 23 Сонымен, көктегі киелі үйдің көшірмесі болған жердегі ғибадат орны құрбандыққа шалынған малдың қаны арқылы тазартылуға тиіс болды. Алайда көктегі киелі үй үшін бұдан әлдеқайда құнды құрбандық жасау қажет еді. 24 Себебі Мәсіх адам қолымен жасалған ғибадат орнына кірмеді. Сол ғибадат орны шынайы киелі үйдің көшірмесі ғана болатын. Қайта, Мәсіх көктің өзіне енді. Ол қазір сонда Құдайдың алдында тұрып, бізді қолдап сөйлейді. 25 Көне Келісімге сай бас діни қызметкер шалынған құрбандықтың қанын киелі үйдің ең қасиетті бөліміне жылма-жыл алып кіреді. Ал көкке енген Мәсіхке өз жанын қайта-қайта құрбан етудің қажеті жоқ. 26 Әйтпесе Ол әлем жаратылғаннан бері әлденеше рет азап шегіп өлуге мәжбүр болған болар еді. Керісінше, Мәсіх қазір, дүниенің ақырғы заманында, бір-ақ рет жер бетіне келіп, адамдарды күнәларынан біржола арылту үшін Өзін құрбандыққа қиды. 27 Құдай адамның бір рет өліп, содан соң қиямет сотының алдында тұратынын белгілеген. 28 Сол секілді Мәсіх бір рет көптеген адамдардың күнәларын өз мойнына алып құрбан болды. Ол дүниеге қайта оралған кезде тағы да күнәнің құнын өтеу үшін емес, Өзін аңсап күтіп жүргендерді түгелдей құтқару үшін келеді.
1 Таурат заңына негізделген ескі құлшылық ету жолы Құдайдың адамдарға дайындап қойған игілігінің өзі емес, оның күңгірт жобасы ғана. Сол заң бойынша жыл сайын қайталап жасала беретін бірдей құрбандықтар Құдай алдына баратын адамдарды еш уақытта түпкілікті тазартып, мүлтіксіз ете алмайды. 2 Егер адамдар құрбандық жасаулары арқылы біржола тазартылса, онда олар өз күнәкарлықтарын сезінуден қалып, құрбандық жасауларын доғарған болар еді. 3 Ал шын мәнісінде жылма-жыл ұсынылатын құрбандықтар адамдардың жасаған күнәларын естеріне түсіріп қана отырады. 4 Өйткені құрбанға шалынған бұқалар мен қошқарлардың қаны адамның күнәсін толығымен алып тастай алмайды. 5 Сол себепті Мәсіх бұл дүниеге келгенде, Өзін құрбандыққа қиятыны туралы (Құдай Әкеге) мынадай сөздер айтқан: Құрбандықтар мен сый-тартуларды қаламадың, Бірақ Маған тәндік денемді дайындадың. 6 Шалып, өртелетін не күнәнің құнын Өтейтін құрбандықтарды жақтырмадың. 7 Сонда Мен былай дедім: «Міне, келе жатырмын, Уа, Құдай, Сенің еркіңді орындау үшін. Шиыршық кітапта Мен туралы жазылған». 8 Сол құрбандықтардың Таурат заңына сай ұсынылатынына қарамастан, Ол алдымен былай деді: «Құрбандықтар мен сый-тартуларды қаламадың, шалып, өртелетін не күнәнің құнын өтейтін құрбандықтарды жақтырмадың». 9 Содан кейін Ол: «Келе жатырмын, уа, Құдай, Сенің еркіңді орындау үшін» деп қосты. Осылайша Тәңір Ие бұрынғы құрбандық рәсімдерін доғартып, олардың орнына Мәсіхтің құрбандығын енгізді. 10 Иса Мәсіхтің өз денесін біржола құрбан етіп, Құдайдың еркін орындауы арқылы біз Оның қасиетті адамдарына айналдық. 11 Әрбір діни қызметкер күн сайын міндетін атқарып, әрдайым бірдей құрбандықтарды ұсынады. Бірақ шын мәнісінде солар ешқашан күнәларды толығымен алып тастай алмайды. 12 Ал біздің Бас діни қызметкеріміз — Мәсіх сенушілердің күллі күнәларының құнын өтеп, тазарту үшін бір ғана құрбандық ұсынған соң, Құдайдың оң жағындағы құрметті орнына мәңгілікке жайғасты. 13 Енді Ол барлық жауларының Өзінің табанының астына салынып берілуін күтіп отыр. 14 Сонымен Мәсіх Құдайға бағышталғандарды жалғыз-ақ құрбандығымен мәңгілік кінәратсыз таза қылды. 15 Киелі Рух та бізге осыны растайды. Алдымен Ол былай деді емес пе: 16 «Жаратқан Ие мынаны айтады: Менің кейінгі заманда Исраил халқымен жасайтын Келісімім мынадай болады: Мен өз тәлімімді жүректеріне дарытамын әрі ақыл-саналарына «жазып» та қоямын». 17 Бұған Ол мына тәрізді сөздерді қосты: «Мен олардың күнәлары мен әділетсіз істерін бұдан былай есіме алмайтын боламын». 18 Ал күнәлар кешірілген жерде енді қайтып оларды алып тастайтын құрбандықтың қажеті де жоқ. 19 Сонымен, бауырластар, Исаның өз қанын төккенінің арқасында енді нық сеніммен ең қасиетті орынға кіре аламыз. 20 Өйткені Құдай алдына баруымызға бөгет болған «шымылдықты» Иса өз денесін құрбан етуімен қақ айырып, біз үшін мәңгілік өмірге жаңа жол ашты. 21 Ол, сондай-ақ, ұлы Діни қызметкеріміз ретінде бүкіл Құдай үйінің үстінен қарайды. 22 Сондықтан да адал жүрекпен, нық сеніммен Құдай алдына барып, Оған сиынайық. (Мәсіхтің төгілген қаны) жүректерімізге «бүркіліп», ар-ұжданымыз күнә атаулыдан арылған әрі денеміз таза сумен жуылған болсын. 23 Мойындаған үмітімізді үзбей, берік ұстанайық, себебі уәде берген Құдай сөзіне адал. 24 Өзара сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау салудың қамын ойлайық. 25 Кейбіреулер сенушілердің жиналыстарына бармай қалуды дағдыға айналдырып алған сияқты. Ал біздер солай істемей, бір-бірімізді одан бетер жігерлендірейік. Иеміздің қайтып келетін күнінің таяп қалғанын білесіңдер ғой. 26 Ал егер шынайы хабарды естіп-білгеннен кейін де әдейі күнә жасай берсек, онда бізді күнәміздан арылта алатын ешқандай құрбандық жоқ. 27 Қайта, қиямет сотын және Иемізге қарсы шыққандарды жалмайтын тозақ отын үрейленіп күтуден басқа бізге түк те қалмайды. 28 Егер біреу Мұсаға берілген Таурат заңынан бас тартып, онысын екі-үш куә дәлелдесе, сол адам аяусыз өлімге кесіледі. 29 Ендеше Құдайдың рухани Ұлын аяқпен таптағандай менсінбеген әркім бұдан бетер қаншама ауыр жазаға лайық деп ойлайсыңдар! Сондайлар Тәңір Ие Жаңа Келісімін бекіткен Исаның қаны арқылы күнәларынан арылғанмен, енді Оның қанына немкетті қарайды, әрі өздеріне Құдайдың рақымын жеткізген Киелі Рухты қорлайды. 30 «Кек алу — Менің ісім, соның есесін қайтарамын Мен Өзім» дегеннің Кім екенін білеміз ғой. «Жаратқан Ие сотта тергейді өз халқын» деп те (Тауратта) жазылған. 31 Мәңгі тірі Құдайдың қолына түсіп, сотталу қандай қорқынышты! 32 Бұрынғы уақытты еске алыңдаршы: Құдайдың нұры жүректеріңді ағартқаннан кейін, сендер азапқа толы күреске тап болып, соған төтеп бердіңдер. 33 Кейбіреулерің масқараға, зорлық-зомбылыққа ұшырап, жұрт қызықтап қарайтын тамашаға айналдыңдар. Ал өзгелерің осылай күйзеліп жүрген бауырластарыңның қасіретін бөлісіп, 34 тұтқынға түскендерге жандарың ашып, жәрдем бердіңдер. Мал-мүліктеріңді талан-таражға салғанда, бұны тіпті қуана қабылдадыңдар! Себебі көкте өздеріңе арналған, одан әлдеқайда құнды, мәңгілік дәулеттің бар екенін білдіңдер. 35 Ендеше жігер берген нық сенімдеріңнен күдер үзбеңдер! Сол үшін берілетін зор сый алдарыңда күтіп тұр. 36 Құдайдың еркін орындап, Оның уәде еткенін иемдену үшін төзімді болуларың қажет. 37 Себебі келуге тиісті Ол сәлден кейін келіп, еш кешікпейді. 38 Әділ адамым сенімі арқылы шынайы өмір сүреді. Ал кім қаймығып, бағытынан кері қайтса, Мен оған риза болмаймын. 39 Бірақ біз алған бағытынан кері қайтып, тозаққа түсетіндердің қатарынан емеспіз. Қайта, Құдайға нық сеніп, мәңгі құтқарылмақпыз.
1 Ал сенім дегеніміз — үміттенгеннің жүзеге асатынына күмәнданбау, әлі де көрінбей тұрған уәденің орындалуына шүбәсіз илану. 2 Тәңір Иеге осындай сенім артқандары үшін ата-бабаларымыз Оның ризашылығына ие болды. 3 Құдайдың әлемді айтқан сөзімен жаратып, ретке келтіргенін, яғни көз алдымыздағы жаратылысты көзге көрінетін заттан емес, ғайыптан жасап шығарғанын сенімімізбен ұғынамыз. 4 Құдайға сенгендіктен Әбіл Оған арнап Қабылдікінен гөрі тиімді құрбандық жасады. Сенімі арқылы Әбіл ақталды, өйткені Құдай оның ұсынған сый-тартуларын ұнатып қабылдады. Әбіл өлтірілген болса да, оның сеніммен істегені әлі де үлгі болып келеді. 5 Енох Құдайға сенгені үшін ажалға жолықтырылмай бұ дүниеден әкетілді. «Ол жер бетінен ғайып болды, себебі Құдай оны Өзіне алып кеткен еді». Енохтың бұған дейінгі өмірінің Құдайға ұнамды болғаны туралы да Тауратта куәлік берілген. 6 Ал сенім артпай Құдайға ұнау мүмкін емес. Құдайға келген әркім Оның бар екеніне сенуге және Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді Құдайдың жарылқайтынына илануға тиіс. 7 Нұх пайғамбар әлі де көзге көрінбеген топан су туралы ескертілгенде, Құдайға сеніп, Оны терең қастерледі, сондықтан отбасын құтқару үшін кемесін жасап дайындады. Осы сенімімен Нұх дүниенің қиқарлығын әшкереледі, әрі сенім арқылы болатын ақталуға қолы жетті. 8 Ыбырайым пайғамбар да Құдай өзін шақырып алып, кейін тұрақты меншігіне беруге уәде еткен елге барып тұруға бұйырғанда, Оған сеніп, мойынсұнды. Ыбырайым қайда бара жатқанын білмесе де, жолға шықты. 9 Уәде етілген елде ол жат жұрттық келімсек болып, Тәңір Иеге сеніп өмір сүрді. Сондай уәдені алған Ысқақ пен Жақып та Ыбырайым сияқты көшіп-қонып, шатырларда тұрып жатты. 10 Себебі Ыбырайым сәулетшісі де, құрылысшысы да Құдайдың Өзі болған, негізі берік қаланған мәңгілік қаланың пайда болуын күтіп жүрді. 11 Сенімі арқылы Ыбырайым жасы ұлғайған шағында әйелі Сарадан бала сүю үшін Құдайдың құдіретін қабылдады. Ол Сараның бедеулігіне қарамастан, ұлды етуге уәде берген Тәңір Иені сөзінде тұрады деп санады. 12 Сондықтан төрінен көрі жуық қарт адамнан аспандағы жұлдыздар мен теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз көп ұрпақ тарады. 13 Ыбырайым, Ысқақ, Жақып үшеуі де сенімдерін ұстанған күйі дүние салды. Тәңір Ие өздеріне уәде еткен игіліктерді иемденбестен соларды тек алыстан ғана көріп, қуанды. Олар өздерінің жер бетінде тек жат жұрттық келімсек ретінде тұрғандарын мойындады. 14 Осылай айтқандар өздерінің шынайы отандарын көздеп жүргендерін білдіреді. 15 Өздері тастап кеткен елдерін естеріне түсіріп отырса, соған қайта оралудың орайы да болар еді. 16 Ал олар одан гөрі жақсы елді, яғни көктегі отандарын, аңсап күтті. Сол себептен де Құдай олардың Құдайы деп аталудан бас тартпайды, соларға арнап Ол көкте мәңгілік қаланы дайындап та қойды. 17 Ыбырайым сенімі сыналғанда Құдайға нық сенгендіктен Ысқақты құрбандыққа ұсынды. Ол туралы «сенің ұрпағың Ысқақтан тарайтын болады» деген уәде алғанымен, Ыбырайым жалғыз ұлын құрбан етуге дайын болды. 19 Ыбырайым Құдай баламды өлімнен қайта тірілтуге де құдіретті деп есептеді; астарлап айтқанда, ол баласын өлімнен қайтарып алды да. 20 Ысқақ та Құдайға сенім артып, ұлдары Жақып пен Есауға олардың болашағы жайында көреген батасын берді. 21 Жақып өлер алдында сеніміне бола Жүсіптің екі ұлына батасын беріп, таяғының басына сүйеніп тұрып Құдайға ғибадат етті. 22 Жүсіп Құдайға сенгендіктен, бұ дүниеден аттанарда Исраил ұрпақтарының келешекте Мысырдан көшіп шығатындары жайлы ескертіп, өзінің сүйегін бірге алып кетулерін өсиеттеді. 23 Мұса пайғамбардың әке-шешесі Құдайға сенгендіктен, жаңа туған нәрестесін үш ай бойы жасырып қойды. Оның ерекше сәби екенін көрген олар Мысыр патшасы перғауынның жарлығынан қаймықпады. 24 Сеніміне бола Мұса жасы кәмелетке келгенде перғауынның қызының баласы деп аталудан бас тартты. 25 Ол күнәкар өмірдің өткінші рақатынан гөрі Құдай халқымен бірге жәбірленуді таңдады. 26 Осылай Мұса (Құдай уәде еткен) Мәсіх үшін масқара болуды Мысырдың қазыналарынан артық байлыққа санады. Себебі ол болашақтағы зор сыйды көздеді. 27 Мұса Тәңір Иеге сенгендіктен, патшаның қаһарынан қаймықпай, Мысырды тастап кетті. Ол көзге көрінбейтін Жаратқан Иеге көріп тұрғандай иланып, Оның тапсырғандарына берік болды. 28 Мұса сеніміне бола Құтқарылу мейрамында исраилдіктерге құрбандыққа тоқты шалып, соның қанын босағаларына жағу рәсімін орындатты. Осылай мысырлықтардың тұңғыштарын өлтіруші (періште) оларға жоламады. 29 Исраил халқы Құдайға сенгендіктен, Қызыл теңізден құрғақ жермен жүргендей өте шықты. Мысырлықтар да солай істемекші болғанда суға батып қырылды. 30 Исраилдіктер Тәңір Иеге сеніп Иерихон қаласын жеті күн бойы айналып жүргеннен кейін оны қоршаған қамалдары құлап түсті. 31 Бұрын жеңіл жүрісті болған Рахаб Құдайға сенім артқандықтан, исраилдік барлаушыларды үйіне түсіріп, аман-есен сақтап қалды. Сол себепті ол Құдайға мойынсұнбаған жерлестерімен бірге өлтірілген жоқ. 32 Тағы не айтайын? Гедеон, Барақ, Самсон, Ефтах, Дәуіт, Самуил және басқа пайғамбарлар туралы әңгімелеуге уақытым жетпес те еді. 33 Олар Құдайға сенгендіктен патшаларды жеңіп шығып, әділдік орнатып, уәде етілгенге ие болды. Кейбіреулері арыстандардың аузын жауып, 34 жалын шашқан өртті сөндіріп, семсер жүзінен аман қалды. Олар әлсірегенде Құдайдан күш алып, ұрыс-шайқаста нығайып, жау жасақтарын қуып шықты. 35 Кейбір әйелдер өлгендері қайта тіріліп, олармен қайтадан қауышты. Ал қиналып өлтірілген басқалар да болды. Олар сатқындықпен бостандық алудан бас тартып, өздерінің әлдеқайда жақсы өмірге қайта тірілулерін көздеді. 36 Өзге кейбіреулері мазаққа ұшырап, соққыға жығылып, шынжырмен құрсауланып, түрмеге жабылды. 37 Біреулері таспен атқыланып, арамен кесіліп, семсермен шабылып өлтірілді. Басқалары қой-ешкінің терісін жамылып, жоқшылық көріп, азапталып жәбірленді. 38 Күнәкар дүние сондай ержүрек адамдарға лайықсыз еді! Олар айдалада таулы-тасты жерлерде қаңғып жүріп, үңгірлер мен апандарда жасырынып өмір сүрді. 39 Бұлардың барлығы сенімдерінің арқасында Тәңір Иенің ризашылығына ие болды. Дегенмен Оның уәде еткенін иемдене алмады. 40 Себебі Құдай біз үшін одан да жақсы жоспар ойлап қойған болатын: Ол осы адамдарды бізбен бірге ғана кемелді етіп, мәңгілік мақсатына жеткізуді қалады.
1 Осылай өз сенімдерін айқын паш еткен қалың көпшілік бізді жарыстағы жанкүйерлердей қоршап тұр. Сондықтан да бізге бөгет болатынның барлығынан, әсіресе, тез шырмап алатын әрбір күнәдан арылып, алдымыздағы «жарысты» қажырлылықпен аяқтайық! 2 Басқа жаққа мойын бұрмай, бар назарымызды Исаға аударайық! Бастапқыда сенім жолын салған Ол бізді сеніміміз арқылы Құдай белгілеген мақсатымызға жеткізеді де. Иса Өзін күтіп тұрған зор қуаныш үшін айқышқа шегеленудің қорлығын елемей, соған төзді. Бұдан кейін Ол Құдайдың тағының оң жағындағы құрметті орнына жайғасып отырды. 3 Исаның күнәкарлардың қаншама жауыздықтарына шыдағанын ескеріңдер! Осылай сендер де қажымаңдар, жігерлеріңді жасытпаңдар! 4 Күнәға қарсы тойтарыс берген күрестеріңде сендер әлі де қандарыңды төгіп, жандарыңды пида еткен жоқсыңдар. 5 Расында Құдайдың сендерді Өзінің рухани балалары деп атаған мынадай ескертпесін ұмыттыңдар ма: «Балам, Тәңір сені тәрбиелегенде Онысын ешқашан менсінбей жүрме, Ол сені жөнге келтіргенде, Лайым еңсең түсіп жүнжіме! 6 Иеміз сүйетін әркімді де Түзетіп тәрбиелейді де, Бауырына басқан әр баласын да Жазалайды қажет болғанда». 7 Көріп жатқан азаптарыңа тәрбие ретінде шыдаңдар. Құдай сендерге рухани баласына қарағандай қарайды. Әкесі түзетпейтін бала бола ма? 8 Барлық сенушілер де соны бастарынан өткізеді. Егер сендер осылай тәрбиеленбесеңдер, онда Оның шынайы рухани балалары болмағандарың. 9 Туған әке-шешелеріміз бізді тәрбиеледі, біз оларды қастерлеп, сыйлап келеміз. Ендеше шынайы өмірге ие болу үшін көктегі рухани Әкемізге одан бетер мойынсұнумыз керек емес пе? 10 Әке-шешелеріміз өз пайымдауларынша шектеулі уақыт аралығында жазалап та тәрбиелесе, Құдай бізді нағыз игілігіміз үшін басымызға қиыншылықтар туғызып тәрбиелейді. Осылайша Өзінің қасиетті болғанындай бізді де қасиетті етуді көздейді. 11 Кезінде әрбір жаза қуаныш емес, реніш туғызады. Ал соны басынан өткізіп тәрбиеленгенге ол кейінірек әділдік пен тыныштықтың игілікті жемісін береді. 12 Сонымен салдырап, дәрменсіз қалған аяқ-қолдарыңның буындарын бекітіп, еңселеріңді көтеріңдер! 13 Рухани жағынан әлсіреген бауырластарыңның адаспай, қайта, сауығып кетулері үшін түзу жолмен аяқтарыңды нық басып жүріңдер! 14 Барлық адамдармен тату болып, Құдайға бағышталған қасиетті өмір сүруге ұмтылыңдар! Мұнсыз ешкім Жаратқан Иені көре алмайды. 15 Абай болыңдар, ешқайсың Құдайдың рақымынан құр қалып жүрмеңдер! Әйтпесе улы жеміс беретін тамырды қазып алып тастамаса, оның қайтадан көктеп, қаулап өсіп кететіні сияқты, мұндай адамдарың өздерінің жаман көзқарастарына көптеген басқаларды да еліктіріп, арамдап, зор зиян тигізетін болады. 16 Ешқайсыларың да опасыз болып, азғын өмір сүрмеңдер! Яки Есау сияқты қасиетті атаулыға немқұрайды қарамаңдар! Ол бір ішер тамаққа бола өзінің тұңғыштық жолын сата салды ғой. 17 Кейінірек ол әкесінің ерекше батасын алғысы келгенмен, өтініші қабылданбады. Есау жылап тұрып жалбарынса да, өзінің істеп қойғанын өзгерте алмады. 18 Сендер ата-бабаларымыз іспетті көріп-естуге болатын мынадай жайтты бастарыңнан өткізбедіңдер: олар от болып лаулап жанып жатқан Синай тауына жақындады. Айнала қара түнек болып, сұрапыл дауыл соғып, 19 кернейдің қатты даусы шығып, сөздер айтылды. Соны естіген халық мұндай сөздерді енді қайтып естімесек екен деп жалбарынды. 20 Олар «Тауға аяқ-қолдарын тигізген әркімді, тіпті мал тұяғы тисе де, оны таспен атқылап өлтіру керек» деген бұйрықтан қорықты. 21 Осы көріністің әсерінің үрей туғызатындай болғаны сонша, Мұса пайғамбардың өзі: «Мен қорқып, үрейленіп тұрмын», — деді. 22 Ал сендер рухани Сион тауына, яғни мәңгі тірі Құдайдың көктегі Иерусалим қаласына, әрі ондағы сан-мыңдаған періштелерге келдіңдер. 23 Сондай-ақ, сенушілердің мерекелік жиыны мен қауымына қосылдыңдар. Сендер де, біз де Тәңір Иеге әке мен тұңғыш баласындай жақынбыз, есімдеріміз Оның көктегі кітабына жазылған. Барлық адамдарға үкім шығаратын Құдайдың алдына, әрі өткен кезеңдерде сенімдері арқылы ақталып, мақсаттарына жеткендерге 24 және Жаңа Келісімнің негізін салған Исаға да келдіңдер. Оның төгілген қаны Әбілдікінен гөрі игілікті хабарға меңзейді. 25 Абай болыңдар, өздеріңе сөйлеп тұрған Тәңір Иені тыңдаңдар! Ежелде Оның тапсырмасымен жер бетінде сөйлеген Мұса пайғамбарды тыңдамай қойған Исраил халқы жазадан құтылмады. Ендеше бізге көктен сөйлеп тұрған Құдайдың Өзінен бас тартсақ, онда алатын жазамыздан одан бетер құтыла алмаймыз! 26 Сол кезде Тәңір Иенің зор даусы жерді шайқалтты. Ал қазіргі заман туралы Құдай пайғамбары арқылы мынадай уәде берді: Мен тағы да жер түгіл, аспанды да шайқалтамын! 27 «Тағы да» деген сөздер мынаны білдіреді: Құдай Өзі жаратқанның барлығын шайқалтып, орнынан алып тастамақ. Сонда тек шайқалтуға болмайтындар ғана қалады. 28 Сонымен, өзіміз шаңырағы ешқашан шайқалмайтын Патшалықтан үлес алғандықтан, біз сол үшін Құдайға шын жүректен шүкірлік айтайық! Оны риза қылатындай қызмет етіп, терең қастерлеп, Оған ұнамсызды істеуден шошынатын болайық! 29 Біздің сиынатын Құдайымыз жалмап қоятын от іспетті!
1 Бір-біріңді бауырластар ретінде ұдайы жақсы көріңдер! 2 Қонақжайлылық танытуды ұмытпаңдар. Солай еткен кейбіреулер білместен тіпті Тәңір Иенің періштелерін қонақ қылды. 3 Тұтқынға түскендеріңнің қамын ойлап, солармен бірге құрсауда отырғандай сезініңдер. Жәбір көріп жүргендерді өздерің де тәндік азап шеккендей естеріңнен шығармай, қолдау көрсетіңдер! 4 Некеге барлығың да құрметпен қарап, жар төсегін былғамаңдар! Азғындар және неке адалдығын бұзғандар Құдайдың сотына түспек. 5 Ақшақұмар болмай өмір сүріп, қолдағы барды қанағат тұтыңдар! Құдай: «Мен сені ешқашан тастап та кетпеймін, жалғыз да қалдырмаймын», — деген ғой. 6 Сондықтан да біз: «Ием маған жар, мен қорықпаймын ешбір жайттан, не істей алады адам баласы маған?» деп нық сеніммен айтамыз. 7 Өздеріңе Құдайдың хабарын айтқан жетекшілеріңді ұмытпаңдар. Олардың қалай өмір сүріп, қалай бұ дүниеден кеткендерін естеріңде ұстап, сенімдерін үлгі-өнеге етіңдер! 8 Иса Мәсіх өткенде, қазір және болашақта мәңгілік Өзі болып қала береді. 9 Түрлі бөтен ілімдерге ілесіп кетпеңдер! Жан дүниеміздің Құдайдың рақымымен нығаюы игі. Бұған ішіп-жеуге болатын тағамдар туралы діни ережелердің қатысы жоқ. Мұндайларды ұстанғандар олардан еш пайда таппайды. 10 Мәсіх біз үшін өмірін құрбан етті. Ал ғибадатханада ескі рәсімдерге сай құлшылық етіп жүргендерге Мәсіхтің құрбандық өлімінен келер пайда жоқ. 11 Сол рәсімдер бойынша бас діни қызметкер күнәнің құнын өтеу үшін құрбандыққа шалынған малдардың қанын (жылына бір рет) киелі үйдің ең қасиетті бөліміне алып барады. Ал құрбандықтардың өздері ел қонысының сыртына шығарылып, өртеледі. 12 Сол сияқты Иса да, адамдарды Өзінің қаны арқылы Құдайға бағыштап қасиетті ету үшін қала қақпасының сыртында азапталып, құрбан болды. 13 Сондықтан біз ескі құлшылық ету рәсімдерінен аулақ шығып, Мәсіхке еріп, Оның көрген қорлығын бөлісейік. 14 Осы күнәкар дүниеде біз тұратын мәңгілік қала жоқ, қайта, көктегі келешек қаланы аңсап күтудеміз. 15 Сонымен Мәсіх арқылы Құдайды үнемі мадақтап сый-тартуымызды ұсынайық: Оның «Жаратқан Ие» деген атағын ауызбен де мойындап, дәріптеуіміз біздің Тәңір Иеге арнаған құрбандығымыз болады. 16 Сондай-ақ, қолдағы игіліктеріңмен өзара бөлісіп жақсылық жасауды ұмытпаңдар! Мұндай құрбандықтарға да Құдай риза. 17 Жетекшілеріңе мойынсұнып, айтқандарын тыңдаңдар. Олар ұдайы рухани өмірлеріңнің қамын жеп, сол қызметтері туралы Мәсіх алдында есеп беруге тиісті. Мұны қинала емес, қуана атқарулары үшін оларға мойынсұныңдар. Олай етпесеңдер, өздерің зиян көресіңдер. 18 Біз үшін Құдайға сиыныңдар. Ар-ұжданымыздың таза екеніне сенімдіміз, барлық жағдайда да адал жүруге ұмтыламыз. 19 Маған тезірек өздеріңе қайтып баруға жол ашсын деп Тәңір Иемізден тілеулеріңді ерекше өтінемін. 20 Татулық пен тыныштық орнатқан Құдай біздің Иеміз Исаны өлімнен тірілтіп алды. Иеміз өз қанын төгіп құрбан болуымен мәңгілік Жаңа Келісімді бекіткендіктен, сенушілер қауымының Ұлы Бағушысы болды. 21 Лайым Құдай Өзінің айтқандарын орындауларың үшін сендерге қажетті барлық жақсылықты дарыта көрсін, әрі Өзіне ұнайтын игі істерді Иса Мәсіхтің қолдауымен сендерге жасата берсін. Мәсіхтің ұлылығы мәңгілік мадақтала берсін! Аумин. 22 Қымбатты бауырластар, өтінемін, сендерге арнаған ескертпелерімді қабыл алыңдар; қысқа ғана жаздым емес пе? 23 Бауырласымыз Тімотенің тұтқыннан босатылғанынан хабардар болыңдар. Егер ол мұнда тезірек келсе, онымен бірге өздеріңді көретін ойым бар. 24 Барлық жетекшілеріңе және Құдайдың бүкіл халқына сәлемімді жеткізіңдер. Италиялық бауырластарымыз да сендерге сәлем жолдауда. 25 Лайым бәріңе Құдай жар болып, рақымын жаудыра көрсін! (Аумин.)
1 Құдайдың және Иеміз Иса Мәсіхтің басыбайлы қызметшісі Жақыптан дүние жүзіне тарап кеткен Исраилдің он екі руына дұғай сәлем! 2 Бауырластарым менің, сендер алуан түрлі қиын сынақтарға ұшырағанда, бұл жайтты зор қуанышпен қабылдаңдар. 3 Себебі сенімдеріңнің сыналып, берік те шынайы екендігінің дәлелденуі төзімділік тудыратынын білесіңдер. 4 Тек төзімділіктерің іс жүзінде соңына дейін жетуге тиіс, сонда сендер рухани жағынан жетіліп те кемелденіп, ешбір кемшіліктерің қалмайды. 5 Ал егер кейбіреулерің даналыққа мұқтаж болсаңдар, Құдайдан сұраңдар, Ол береді. Тәңір Иеміз еш жазғырмай-ақ бәріне жомарттықпен бере салады. 6 Тек шүбәланбай, сеніммен Құдайдан сұрауларың керек. Себебі күмәнданған адам жел айдап, соқтығысқан теңіз толқынына ұқсас. 7 Мұндай кісі Жаратқан Иеден бір нәрсе аламын деп күтпесін: 8 ол — екіойлы, барлық іс-әрекетінде тұрақсыз адам. 9 Қарапайым бауырластарың Құдай алдындағы жоғары дәрежесімен, 10 ал бай адам қарапайым дәрежесімен мақтансын. Өйткені пенде шөп арасындағы жабайы гүл іспетті бірден құрып кетпек. 11 Күн шығып, аптап ыстық басқанда шөп қурап, гүл де солып, бар сұлулығынан айырылады. Дәл солай, бай адам да бұ дүниедегі іс-әрекетімен шұғылданып жүргенде-ақ қалжырап, құрып кетпек. 12 Қиын сынақты төзімділікпен басынан өткізіп жатқан әркім бақытты! Содан өтіп, сенімді екендігі дәлелденгеннен кейін, ол бәйге жүлдесіндей «шынайы өмірдің тәжін» иемденбек. Мұны Жаратқан Ие Өзін сүйгендерге сыйлауға уәде етті. 13 Күнәға еліккен ешқайсың да: «Құдай мені еліктіреді» деп айтпаңдар! Құдай күнәға еш елікпейді де, ешкімді еліктірмейді де. 14 Қайта, адамды өзінің құмарлықтары еліктіріп, ол солардың жетегінде кеткенде сынақтан өтеді. 15 Сонда құмарлыққа берілсе, сол күнәні тудырады, ал күнә жасау рухани өлімге ұшыратады. 16 Сүйікті бауырластарым, алданып қалмаңдар: 17 көктегі Әкеміз берген қай нәрсе де игі. Нұр шашқан аспан денелерін жаратқан Ол бізге Өзінің мүлтіксіз жарылқауын жаудырады. Аспан денелерінің көлеңкелері қозғала бергенмен, Құдайда ешқандай тұрақсыздық жоқ. 18 Ол шынайы хабары арқылы бізге мәңгілік өмір сыйлап, Өзінің жаңа жаратылысындағы тұңғыш рухани балалары болуымызды қалады. 19 Ал енді, сүйікті бауырластарым, мынаны ескеріңдер: «Әркім тыңдауға жүйрік, ал сөйлеуге шабан, ашулануға баяу болсын». 20 Ашу-ызаның жетегіндегі адам Құдайға ұнайтын әділ істерді жасай алмайды. 21 Ендеше, өздеріңде қалған барлық арамдық пен жамандық атаулыны тастаңдар, жүректеріңе себіліп жатқан Ізгі хабарды кішіпейілділікпен қабылдаңдар! Ол сендерді күнәнің құлдығынан құтқара алады. 22 Құдайдың айтқандарын құр естуші ғана болмай, оларды іске асырушы болыңдар! Әйтпесе өздеріңді-өздерің алдайсыңдар. 23 Өйткені Тәңір Иенің хабарын естігенмен, оны іске асырмайтын адам айнаға қарап, бет әлпетін көрген біреуге ұқсайды: 24 ол өзіне байыппен қарайды, бірақ былай шыға бере-ақ өз түрін ұмытып қалады. 25 Ал кім кемелді тәлімге, яғни күнәнің құрсауынан азат ететін Ізгі хабарға, ұқыпты ден қойып, онысын ұдайы жалғастыра берсе, сол ұмытшақ тыңдаушы емес. Қайта, ол естігендерін жүзеге асырушы болып, іс-әрекетінде жарылқанбақ. 26 Өзін діншілмін деп санағанмен, тіліне ие бола алмайтын әркім өзін-өзі алдап жүр. Оның діншілдігі еш пайдасыз. 27 Құдай Әкеміздің алдындағы таза да мінсіз діншілдік мынау: мұқтаждық көрген жетім-жесірлердің қамын ойлау және өзін осы дүниелік арамдықтардан кіршіксіз пәк ұстау.
1 Бауырластарым менің, сендер салтанатты ұлылыққа бөленген Иеміз Иса Мәсіхке сенгендіктен, адамдарды сыртына қарап алаламаңдар! 2 Айталық, қауым жиналыстарыңа алтын жүзік тағып, жалтыраған сәнді киім киген кісі, сондай-ақ, жұпыны киінген кедей де келді дейік. 3 Сонда сендер жүзік таққан байға: «Төрге шығып, жайғасыңыз» деп, ерекше назар аударасыңдар. Ал мүсәпірге: «Ана жерге тұр» немесе «Мұнда, аяқ жағыма отыр» дейсіңдер. 4 Осылайша адамдарды алалап, жаман пиғылды төрешілерге айналасыңдар, солай емес пе? 5 Сүйікті бауырластарым, ден қойып тыңдаңдаршы! Құдай осы дүниелік тұрғыдан кедейлерді сенімдері арқылы рухани бай болуға, әрі өз Патшалығына кіріп, үлес алуға таңдаған жоқ па еді? Осы Патшалығын Ол Өзін сүйетіндерге аманаттауға уәде етті ғой. 6 Ал сендер кедейлерді кемсітіп келесіңдер! Өздеріңді жәбірлеп, сотқа тартатындар сол байлар емес пе?! 7 Сендерге берілген ізгі есімді масқаралайтын да солар ғой. 8 Киелі жазбада берілген «асыл заң» мынау: «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы кісіні де солай сүй!» Осыны іс жүзінде орындасаңдар, дұрыс істегендерің. 9 Егер адамдарды сыртына қарап алаласаңдар, күнә жасап Құдайдың заңын бұзушы болып әшкереленесіңдер. 10 Тіпті бүкіл Таурат заңын орындай тұра, бір жерінде сүрінген адам оны түгел бұзғандай айыпты. 11 Тауратта «Неке адалдығын бұзба!» деп бұйырған Тәңір Иеміз «Кісі өлтірме!» деп те айтты. Егерде неке адалдығын бұзбай, кісі өлтірсең, бәрібір Құдайдың заңын бұзушы болып табыласың. 12 Мәсіх сендерге рухани азаттық әкелген өз тәлімі бойынша төрелік ететін болады. Сөздерің мен іс-әрекеттерің соған сай болсын! 13 Мейірім көрсетпеген адамға сот та мейірімсіз болмақ. Мейірім соттаудан үстем! 14 Бауырластарым менің, біреу сенемін дей тұра, игі істер жасамаса, онысынан не пайда?! Сондай сенімі оны Тәңір Иенің қаһарынан құтқара ала ма? 15 Айталық, сендердің сенуші бауырластарың, не еркек, не әйел заты болсын, киер киім мен ішер тамаққа зәру жүр дейік. 16 Араларыңдағы біреуің оларға: «Аман-сау болыңдар! Тоңбай, қарындарың ашпай өмір сүріңдер» деп тілек білдіріп, солардың тәндік қажеттерін қамтамасыз етпесе, оның тілегінен не пайда?! 17 Ендеше, сенім игі іс-әрекет тудырмаса, ол — өлі сенім. 18 Мүмкін кейбіреу: «Сенің сенімің бар, ал мен игі істер жасаймын» дер. Игі істер тудырмайтын сеніміңнің шынайылығына көзімді жеткізші, ал мен жасаған игі істерім арқылы сенімімді дәлелдеймін. 19 Сен «жалғыз Құдай бар» деп сенесің. Мұның дұрыс, алайда жындар да соған сеніп, Оның қаһарынан қорқып дірілдейді. 20 Қандай ақымақтық! Ей, пенде, игі іс-әрекетсіз сенімнің пайдасыз екенін ұқпайсың ба? 21 Түп атамыз Ыбырайым баласы Ысқақты құрбандыққа ұсынғанда сол ісі арқылы Құдай алдында ақталды емес пе? 22 Байқайсың ба: Ыбырайым Құдайға сенді, сондай-ақ Оның айтқаны бойынша әрекет етті де. Осылайша сол істегендері арқылы Ыбырайымның сенімі кемеліне жетті. 23 Сонда Киелі жазбадағы мына сөздер жүзеге асты: «Ыбырайым Құдайға сенді, сондықтан Оның алдында ақталды». Содан Ыбырайым тіпті «Құдайдың досы» деген атаққа да ие болды. 24 Өздерің көріп отырғандай, Тәңір Иенің алдында адамды тек оның сенімі ғана емес, істегендері де ақтайды. 25 Сол секілді, бұрын жеңіл жүрісті әйел болған Рахаб та (Құдайға сеніп) барлаушыларды үйіне түсіріп, басқа жолмен қашып құтылуларына жағдай жасады. Рахаб осы ісі арқылы ақталды емес пе? 26 Демек, жансыз тәннің өлі екеніндей, әрекетсіз сенім де өлі.
1 Бауырластарым менің, бәрің бірдей тәлім беруші болуға ұмтылмаңдар! Иеміздің бізге, тәлім беретіндерге, басқалардан гөрі қатаңырақ төрелік айтатынын білесіңдер. 2 Бәріміз де көп қате жібереміз. Ал кім сөзінде қате жібермесе, сол — денесін тұтастай меңгере алатын жетілген адам. 3 Мініс атын өз еркімізге көндіру үшін жай ғана ауыздық салып, бүкіл денесін бағындырып, бағыттаймыз. 4 Немесе мысалға теңіз кемесін алайық. Ол қаншама үлкен болса да, күшті желмен ыққанда өте кішкентай тұтқасымен басқарылып, оны ұстап тұрған кісінің қалаған бағытына жүреді. 5 Сол сияқты, тіл де дененің кішігірім мүшесі бола тұра, ғаламат нәрселермен мақтанады. От ұшқыны қаншама майда болса да, қалың орманды өртеп жібере алады! 6 Тіл де от іспетті, әділетсіздік тудырғыш. Дене мүшелерінің арасында орналасқан ол бүкіл денемізді арамдап, өзі тозақ отынан тұтанып, бар өмірімізді де өртеп, құрта алады. 7 Әртүрлі аңдар мен құстарды, бауырымен жорғалаушылар мен теңіз жануарларын адам өз еркіне бағындырып келді және бағындыруда. 8 Алайда адамдардың ешқайсысы да өз тілін бағындыра алмайды! Тіл — бағынуға көнбейтін жаман нәрсе, кісі өлтіретін уға толы. 9 Біз тілімізбен Жаратқан Ие — Құдай Әкеге алғыс айтып, Оны дәріптейміз. Алайда Құдай рухани жағынан Өзіне ұқсас етіп жаратқан адамдарды сол тілімізбен қарғаймыз да! 10 Осылайша алғыс та, қарғыс та бір ауыздан шығады. Бауырластарым менің, бұлай болмасын! 11 Бұлақ көзінен бір мезгілде тұщы да, ащы да судың шығуы мүмкін бе? 12 Бауырластарым, ойлаңдаршы: өрік ағашы зәйтүн жемісін немесе жүзім бұтасы өрік жемісін бере ала ма? Әрине, бермейді. Дәл сол сияқты, ащы су шыққан бұлақтан тұщы су да шықпайды. 13 Араларыңдағы қайсың парасатты да саналысың? Сондай адам онысын үлгілі мінез-құлқымен, парасатты инабаттылығымен көрсетсін. 14 Ал егер жүректерің удай қызғанышқа толып, қара бастарыңның абыройын ойласаңдар, онда даналықтарыңа мақтанбаңдар, әйтпесе шындықты бұрмалайсыңдар. 15 Мұндай жалған «даналық» көктен келмейді. Керісінше, ол осы күнәкар дүниеге, өз бетімен жүрген ескі болмысымызға және жын-перілерге тән. 16 Қай жерде қызғаныш пен қара бастың абыройын ойлау болса, тәртіпсіздік пен зұлымдық атаулы да сол жерде. 17 Көктен келген даналық адамды ең алдымен пәк таза қылады, содан кейін оны ынтымақшыл, төзімді, ымырашыл, қайырым мен игі істер жасағыш, ешкімді алаламайтын әділ қылып, екіжүзділіктен арылтады. 18 Татуластырушылар «тыныштық тұқымын» себушілер іспетті. Бұл «тұқымның» жемісі болып әділ мінез-құлық орнығады.
1 Ендеше, араларыңдағы қастастық пен дау-жанжал қайдан шығады? Бойларыңдағы соғысып жатқан арам құмарлықтарыңнан туады емес пе? 2 Сендер бір нәрсені аңсап, иемдене алмайсыңдар; сонда кісі өлтіретіндей жек көріп, қызғанасыңдар, алайда аңсаған нәрселеріңе қол жеткізе алмайсыңдар. Жанжалдасып, төбелесесіңдер, бәрібір иемденбейсіңдер, өйткені оны Құдайдан сұрамайсыңдар. 3 Сұрасаңдар да, ие бола алмайсыңдар, себебі ізгі ниетпен емес, арам құмарлықтарыңды қанағаттандыру үшін сұрайсыңдар. 4 Әй, опасыздар! Осы күнәкар дүниемен достасу Құдайға қастық екенін білмейтін бе едіңдер? Осы дүниемен дос болғысы келген әркім Құдайдың жауына айналады. 5 Киелі жазбадағы мынадай сөздер бекер айтылды деп санайсыңдар ма: Өмірімізден орын алған Құдайдың Рухы жалғыз Құдайды ғана сүйіп, Оған түгелдей бағышталуымызды аңсайды. 6 Ал Тәңір Ие бізге (арам құмарлықтарға қарсы тұруға) рақымын молынан сыйлайды. Сол себептен де Киелі жазбаларда мынадай сөздер бар: Құдай тәкаппарларға қарсылық жасайды, «ал езілген кішіпейілдерге рақымын сыйлайды». 7 Сонымен, Құдайға мойынсұныңдар! Әзәзіл шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден қашып кетеді. 8 Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды. Ей, күнәкарлар, қолдарыңды жамандық атаулыдан жуып тазартыңдар! Ей, екіойлы табансыздар, жүректеріңді орнықтырыңдар! 9 Өкініп, зар еңіреп жылаңдар, күлкілерің қайғыға, қуаныштарың қасіретке айналсын! 10 Жаратқан Иенің алдында бой ұсыныңдар, сонда Ол сендерді жоғарылатпақ. 11 Қымбатты бауырластар, бір-біріңді жамандап қорлауды доғарыңдар! Бауырластарыңды жамандағандарың не үкімдегендерің — (Иеміздің сүйіспеншілік туралы) өсиетін қорлап үкімдегендерің. Ал өсиетті үкімдегенде оны орындаушы емес, соттаушы болып шығасыңдар. 12 Өсиеттерді шығарушы да, соттаушы да — Біреу-ақ. Ол құтқара да, құрта да алады. Маңайыңдағыларды үкімдейтін соншама сен кімсің? 13 «Біз бүгін-ертең пәлен қалаға барып, сонда бір жыл тұрып, сауда жасап, олжаға батамыз» дейтіндерің құлақ түріңдер: 14 сендер тіпті күні ертең не болатынын білмейсіңдер! Өмірлерің неге ұқсас? Ол әншейін аз уақытқа көрініп, кейін ғайып болатын бу іспетті емес пе? 15 Оның орнына «Иеміз бұйыртса, аман болсақ, біз мынаны істейміз, не ананы істейміз» дегендерің дұрыс. 16 Ал сендер паңданып мақтанасыңдар. Мұндай даңққұмарлық атаулы жаман. 17 Кім жасауға тиісті жақсылықты біле тұра жасамаса, сол күнәлі.
1 Сонымен, байлар, құлақ түріп тыңдаңдар! Бастарыңа төніп тұрған қасіреттеріңе бола зар еңіреп жылаңдар! 2 Дүние-мүліктерің шіріп, киімдерің күйеге жем болды, 3 алтын мен күмістеріңді тот басты. Солардың тоты сендерге қарсы айғақ болып, тәндеріңді оттай жалмайды. Осы заманның ақыры жақын болса да, өздеріңе қазына жинап келесіңдер! 4 Міне, сендер егіндеріңді жинаған жұмысшыларға төлемеген тиесілі жалақылар өздеріңе қарсы айғақ болып шағынып тұр! Орақшылардың айқайлаған дауыстары Әлемнің Иесінің құлағына жетті. 5 Сендер бұ дүниеде молшылыққа белшеден батып, рақат кешіп келесіңдер. Құритын күндерің жетсе де, бордақыланған малдай семірудесіңдер. 6 Тіпті өздеріңе қарсы шықпаған әділдерді соттап, өлтірдіңдер! 7 Ендеше, бауырластарым, Иеміз қайтып келетін кезге дейін шыдаңдар. Диқанға қараңдаршы: ол егіндік жерінен алатын құнды өнімін тосып, оны күзгі және көктемгі жаңбырдың суғаруын төзімділікпен күтеді. 8 Сендер де сабырмен күтіп, жүректерің мызғымас табанды болсын. Өйткені Иеміз жуырда қайтып келмек. 9 Сотталмауларың үшін, бауырластарым, бір-біріңнің үстеріңнен шағым айтпаңдар. Үкім шығаратын Иеміздің жуырда қайта оралатынын білесіңдер ғой. Ол есік алдына келіп қалғандай жақын. 10 Бауырластарым менің, азап шегіп, төзе білуде Жаратқан Иенің атынан сөйлеген пайғамбарлардан үлгі алыңдар. 11 Сол төзімді адамдарды бақытты деп санаймыз. Әйүп пайғамбардың шыдамдылығы туралы естігенсіңдер, Жаратқан Иенің ақыр аяғында оны қалай жарылқағанын да білесіңдер. Иеміздің жанашырлығы мен қайырымдылығы қандай зор! 12 Ең бастысы, бауырластарым, ант етуші болмаңдар! Көк пен жердің немесе басқа да нәрселердің атымен ант етпеңдер. Қайта, сендер «иә» дегенде шынымен иә, «жоқ» дегенде шынымен жоқ болуға тиісті. Әйтпесе Тәңір Ие сендерді жауапқа тартпақ. 13 Кейбіреулерің азап шеккенде, Құдайға сиынсын, көңілді болғанда, мадақтау жырлары мен әндерін айтсын. 14 Қайсыбіреуің ауырып қалса, қауым жетекшілерін шақыртсын. Олар соның маңдайына Жаратқан Иенің атынан май жағып, оның үстіне қолдарын жайып сиынсын. 15 Сеніммен сиынғандарыңа бола Иеміз науқастың денсаулығын қайтадан қалпына келтіріп, сауықтырмақ. Егер ол күнә жасаған болса, кешірілмек. 16 Сондықтан сауығып кету үшін, жасаған күнәларыңды бір-біріңе айтып мойындап, бір-бірің үшін сиыныңдар! Әділ адамдардың Құдайға сиынуларының күші орасан зор. 17 Ілияс пайғамбар да біз сияқты пенде болатын. Алайда ол жаңбыр жаумасын деп шын жүректен сиынғанда, үш жарым жыл бойы жерге жаңбыр тамбады. 18 Ол қайтадан жауын болсын деп сиынғанда, аспаннан жаңбыр құйылып, жер тағы да өнімін берді. 19 Бауырластарым, қайсыбіреуің ақиқат жолынан тайса, басқа біреуің оны кері қайтарсын! 20 Естеріңде болсын: кім күнәкарды теріс жолдан қайтарса, сол оның жанын рухани өлімнен құтқарып, көптеген күнәларының кешірілуіне себепші болады.
1 Иса Мәсіхтің елшісі Петірден (осы күнәкар дүниеде) жат жерлік болып, Понти, Ғалатия, Қападоқия, Азия және Бітүния аймақтарында шашыраған (сенушілерге дұғай сәлем). 2 Құдай Әке сендерді алдын ала танып, Өзінің Киелі Рухымен Иса Мәсіхке мойынсұнатын, Оның құрбандық өлімінде төгілген қаны арқылы тазарған, меншікті де қасиетті халқы болуға таңдап алған еді. Рақым, амандық және тыныштық сендерге молынан жауа берсін! 3 Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі — Құдай мадақталсын! Ол бізге зор мейірім көрсетіп, рухани қайта туғызып жаңа өмір сыйлады және Иса Мәсіхті өлімнен қайта тірілтуімен бізді тірі үмітке кенелтті. 4 Сондықтан да Құдайдың өз халқына сақтаған мол игілігін иемденуімізді күтеміз. Ешқашан шіріп бұзылмайтын, өшіп-солып қалмайтын сол мұраларың сендер үшін көкте дайын тұр. 5 Құдай Өзіне сенуші сендерді құдіретті күшімен қорғап, заманның ақырында осы күнәкар дүниеден құтқаратын болады, сол кез жеткенде бұл айқын көрінбек. 6 Қазір сендерге біраз уақыт азап шегіп, қуғын-сүргін көруге тура келгенмен, осы сөнбес үмітке қуаныңдар! 7 Азап шегулеріңнің мақсаты — шын жүректен сенгендеріңді дәлелдеу. Жойылып кетуі мүмкін алтын отта балқытылған кезде сыналып, тазартылады. Сол сияқты, алтыннан әлдеқайда бағалы сенімдерің де бастан кешкен азаптарың арқылы сыналып, берік те шынайы екендігі дәлелденеді. Сонда Иса Мәсіхтің қайта оралып, ашық көрінетін күні Құдай сендерді мадақтап, даңқ пен құрметке бөлемек. 8 Мәсіхті өз көздеріңмен көрмеген болсаңдар да, Оны сүйесіңдер. Қазір де көре алмағанмен, Оған сенесіңдер. Сондықтан сендер сөзбен суреттеуге болмайтын ұлы да керемет қуанышпен шаттанып тұрсыңдар. 9 Ақыр соңында сенімдеріңнің нәтижесін: жандарыңның толықтай құтқарылуын қабылдамақсыңдар. 10 Құдайдың сендерге беретін рақымы туралы алдын ала айтқан пайғамбарлар кезінде осы құтқарылу жайында мұқият ізденіп, зерттейтін. 11 Оларға дарыған Мәсіхтің Киелі Рухы Оның төзуге тиісті азаптары және бұған жалғасатын салтанатты ұлылығы жөнінде алдын ала хабарлағанда, пайғамбарлар бұл оқиғалардың қалай және қай уақытта болатынын білуге тырысты. 12 Бірақ оларға осы пайғамбарлық қызметтерін өздері үшін емес, сендер үшін атқарғандықтары білдірілді. Ал қазіргі заманда уағыздаушылар Мәсіх туралы Ізгі хабарды көктен жіберілген Киелі Рухтың жетелеуімен сендерге әкелді. Осы тамаша хабарға тіпті періштелер де қызығып, түсінуге ұмтылады. 13 Сонымен, ақыл-ойларыңды іс-әрекетке дайын ұстауға бел буыңдар! Сергек болып, Иса Мәсіх салтанатпен қайтып келгенде көрсететін рақымға толығынан үміт артыңдар! 14 Құдайдың рухани балалары ретінде Оған мойынсұныңдар. Бұрын Оның шынайы хабарын білмей, өмірлерің жаман істерге жетелейтін құмарлықтардың билігінде болып келді. Бұған енді жол бермеңдер! 15 Қайта, өздеріңді шақырған Құдайдың қасиетті болғаны сияқты, сендер де бүкіл іс-әрекеттеріңде Оған бағышталған қасиетті болыңдар! 16 Тауратта Оның былай дегені бар ғой: «Мен киелімін, сондықтан сендер де Өзіме бағышталып киелі болыңдар!» 17 Сендер әр адамды бет-жүзіне қарамай әділ соттайтын Құдайға «Әкем» деп сиынасыңдар. Ендеше жер бетінде жат жерлік болып сүретін өмірлеріңді Оны терең қастерлеп, Оған ұнамайтынды істеуден шошынып өткізіңдер! 18 Ата-бабаларыңнан жеткен пайдасыз өмір салтынан азат болуларың үшін не төленгенін білесіңдер: күміс, алтын сияқты өткінші заттар емес, 19 Құдайдың мінсіз де мүлтіксіз «Тоқтысы» — Мәсіхтің Өзі құрбан болып, баға жетпес қанын төгуімен құтқарылуларыңның құнын төледі. 20 Құдай әлемді жаратпастан бұрын-ақ Мәсіхті бұл мақсатқа таңдап белгілеп еді, ал заманның аяғында Оны сендер үшін ашық көрсетті. 21 Сендер Мәсіх арқылы Құдайға сендіңдер; Ол Мәсіхті өлімнен қайта тірілтіп, ұлылыққа кенелткен еді. Сол себепті сенімдерің мен үміттерің Құдайға бағышталып келеді. 22 Шынайы хабарға мойынсұнып, күнәдан тазарған сендер бауырластарыңа деген нағыз сүйіспеншілікке кенелдіңдер. Енді бір-біріңді үздіксіз, шын жүректен сүйіңдер! 23 Рухани қайта туылып, жаңа өмірге иесіңдер ғой. Бұл шіріп кететін табиғи тұқым арқылы жүзеге асқан жоқ. Қайта, сендер ешқашан құрымайтын «рухани тұқым» — Құдайдың өмір беретін мәңгілік сөзін қабылдағанда, қайта туылып жаңа өмірге ие болдыңдар. 24 Күллі пенде атаулы көк шөп секілді! Бар салтанаты дала гүлдеріндей өткінші: Шөптер сарғайып қурап, гүлдер солады, 25 Ал Жаратқанның сөзі мәңгілік қалады! Сендерге уағыздалған Ізгі хабар — Құдайдың осы мәңгілік сөзі.
1 Сондықтан барлық жамандық атаулыдан арылып, бұдан былай алдамшы, екі жүзді, күншіл немесе басқаны қаралаушы болмаңдар! 2 Жаңа туған сәбидің сүтке шөліркегеніндей, әрдайым Құдай сөзінің «таза сүтіне» құштар болыңдар. Содан нәр алғанда рухани өсіп, күнәнің құлдығынан толығырақ құтқарыла аласыңдар. 3 Себебі «Иеміздің қандай ізгі екенін» өздерің біліп алдыңдар. 4 Иеміз Мәсіх — адамдар «менсінбей бас тартқан», бірақ Құдай бағалы деп таңдаған «тірі Тас» іспетті. Оған келген 5 сендер де рухани үйге (яғни қауымға) қаланған тірі тастар сияқтысыңдар. Сендер Иса Мәсіхке бола Құдайға ұнамды рухани сый-тартулар ұсынып, Оған бағышталған қасиетті қызмет атқарудасыңдар. 6 Себебі Киелі жазбада Құдайдың мына сөзі де бар: «Міне, Мен аса құнды «Тасты» таңдап алдым, Оны Сиондағы үйімнің бұрышының Іргетасы ретінде орнатып қоямын. Енді Оған сенімін артқан әркім Ұятқа қалмайтын болады әрдайым». 7 Сенетін сендер үшін осы «Тас» (Иса Мәсіх) ерекше қымбат. Ал сенбейтіндерге байланысты мынадай сөздер жазылған: «Құрылысшылар менсінбеген «Тас» енді үйдің басты іргетасына айналды!» Ол «адамдарды сүріндіретін кедергі тас, құлататын жартас сияқты». 8 Олар Мәсіх туралы хабарға мойынсұнбағандықтан «сүрініп, құлап», теріс жолға түсіп кетеді. Олардың ақырының осылай болатыны алдын ала белгілі еді. 9 Ал сендер өздеріңді қара түнектен тамаша нұрына шақырған Құдайдың қасиеттілігі мен ұлы істерін мадақтап жариялауға таңдалған нәсілсіңдер. Патшаның діни қызметкерлері, Оған бағышталған қасиетті ұлт — Құдайдың меншікті халқы болдыңдар! 10 Бір кезде біртұтас халық емес едіңдер, ал қазір Құдайдың халқысыңдар. Бір кезде Оның қайырымдылығын білмеген едіңдер, ал қазір қайырымына бөлендіңдер. 11 Сүйікті бауырластарым, (осы күнәкар дүниеде) жат жерлік адамсыңдар, сондықтан сендерге ескертемін: өз жандарыңа ұдайы қарсы шығатын арам құмарлықтардан бас тартыңдар! 12 Құдайға мойынсұнбайтын халықтар арасында адал өмір сүріңдер! Олар сендерді жамандық жасаушылар деп айыптайды. Алайда Құдай бізді құтқаруға келген күні олар өз көздерімен көріп жүрген игі істеріңе бола Оны мадақтайтын болады. 13 Сонымен, сендер Жаратқан Иенің меншігі болғандықтан, Ол тағайындаған әрбір билік иесіне мойынсұныңдар! Елдің басшысы ретінде патшасына бой ұсыныңдар, 14 патшаның жамандық жасағандарды жазалап, жақсылық істегендерді мақтауға бекітіп жіберген әкімдеріне де бағыныңдар! 15 Құдай сендердің игілік істеулерің арқылы ақымақ адамдардың (сенушілер туралы) надан әңгімелерін тойтаруларыңды қалайды. 16 Рухани азатсыңдар, соған сай өмір сүріңдер! Дегенмен осы азаттықты жамандық жасауға сылтау ретінде пайдаланбаңдар! Қайта, Құдайдың адал қызметшілері болып өмір кешіңдер! 17 Әркімге лайықты құрмет көрсетіңдер: сенімі бір бауырластарыңды сүйіңдер; Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамайтынды істеуден шошыныңдар; патшаны қадірлеңдер! 18 Сендер, басыбайлы қызметшілер, қожайындарыңа мойынсұныңдар; тек мейірімді де ақпейіл болғандарға ғана емес, сондай-ақ, өздеріңді жәбірлеп жүргендерге де толық құрмет көрсетіңдер! 19 Кейбіреулерің әділетсіз қиналғанда, Құдайдың еркінің солай екенін білгендіктен азапқа төзе берсеңдер, Ол соған риза. 20 Бірақ егер жасаған жамандықтарыңа лайықты соққыға шыдасаңдар, оның несі мақтарлық? Ал жақсылық жасай тұра азап шегіп, соған шыдасаңдар, бұл Құдайға ұнайды. 21 Ол сендерді сол үшін де шақырды. Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек. 22 «Ол ешқандай күнә жасаған да емес, аузынан бірде-бір өтірік шыққан да емес». 23 Мәсіх Өзіне тіл тигізгендерге жаман сөз қайырмады, азап көрген кезде де оларды қорқытпады. Қайта, Ол ісін әділ Соттаушыға тапсырды. 24 Біз күнәнің құлдығынан босатылып, әділ өмір сүре алуымыз үшін Мәсіх айқыш ағашта күнәларымыздың айыбын өз денесінде көтеріп тұрды. Осылай Оның жаралары арқылы (рухани дертімізден) сауықтық. 25 Өз бетімен жүріп, адасып кеткен қой сияқты едіңдер, ал қазір өздеріңді бағып жетелеп, жандарыңды қорғап жүретін «Бағушыларыңа» қайта оралдыңдар.
1 Сол сияқты сендер, әйелдер, күйеулеріңе мойынсұныңдар. Осылайша, олардың кейбіреулері Құдайдың сөзіне құлақ аспаса да, өздеріңнің айтқан сөздеріңмен емес, игілікті мінез-құлықтарыңмен оларды баурап алып, Мәсіхтің иелігіне айналдырыңдар. 2 Олар таза да ізетті мінез-құлықтарыңды көргенде ғана бұлай болмақ. 3 Сендердің көріктерің сыртқы әшекейлерге: шашты ерекшелеп жинау, алтын әшекей бұйымдар тағып, көз тартарлық әдемі киімдер киюге тәуелді болмасын. 4 Қайта, көріктерің жүректеріңдегі көзге көрінбес ізгі қасиеттеріңнен тұрсын; мейірімді де сабырлы жан дүниелеріңнің мәңгі солмайтын көркі Құдай алдында аса бағалы. 5 Ежелгі заманда үміттерін Құдайға артып, Оған бағышталған әйелдер өздерін дәл осылайша әшекейлеген. 6 Солардың бірі Сара еді; ол Ыбырайымның айтқандарына құлақ асып, оны «қожайыным» деп атайтын. Егер сендер ешқандай қорқынышқа көнбей, адал өмір сүрсеңдер, Сараның рухани ұрпағы боласыңдар. 7 Сол секілді сендер, күйеулер, әйелдеріңе ілтипат пен қамқорлық көрсетіп бірге өмір кешіңдер! Жан-тәндерінің нәзік екенін түсіне отыра, оларды ерекше қастерлей біліңдер. Себебі Құдай рақым етіп сыйлаған мәңгілік өмірді сендермен бірге олар да иемденеді. Тәңір Иеге сиынған кездеріңде ештеңе кедергі болмас үшін де осылай істеңдер! 8 Қорыта айтқанда, бәрің де өзара ниеттес, қуаныш пен қайғыға ортақтас, бір-біріңді туған бауырлардай сүйетін, қайырымды да кішіпейіл болыңдар. 9 Жамандыққа жамандықпен, қорлыққа қорлықпен емес, ақ батамен жауап беріңдер. Себебі Құдай сендерді шақырғанда Өзінің ақ батасына ие болсын деп мақсат еткен еді. 10 Забурда мынадай сөздер жазылған ғой: Өмірді ұнатып, жақсы күндерді көруді қалағандар ауыздарынан жаман сөз шығармасын, өтірік айтудан да әрқашан сақтансын! 11 Жамандықтан бас тартып, жақсылықты жасасын, татулыққа ұмтылып, сол үшін лайым күш салсын! 12 Себебі Жаратқан Ие әділдерге назар аударады, Өзіне жалынған оларға құлақ салады. Ал сұмдық жасайтындарға Жаратқан Ие қарсы шығады. 13 Егер жақсылық жасауға ынталы болсаңдар, кім сендерге нұқсан келтірмек? 14 Тіпті әділдік үшін азап шегетін болсаңдар да, соларың арқылы жарылқанасыңдар. Өздеріңді қорқытқандардан «не қорықпаңдар, не қысылмаңдар!» 15 Қайта, жүректеріңнен Мәсіхке қасиетті Иеміз деп ерекше орын беріңдер! Сендер ұстанған үмітті түсіндіруді сұраған кез келген адамға жауап беруге әрдайым даяр болыңдар. Тек ілтипат, құрмет танытып сөйлеңдер. 16 Ар-ұждандарыңды таза ұстаңдар, сонда Мәсіх жолындағы сендердің ізгі жүріс-тұрыстарың туралы жаман айтып айыптағандар өздерінің айтқандарынан ұялатын болсын. 17 Егерде жақсылық жасай тұра, азап шегулерің Құдайдың еркі болса, бұл жамандық жасап, азап шеккеннен әлдеқайда жақсы. 18 Мәсіх те әділ бола тұра, әділетсіздер үшін азап шекті. Ол бізді Құдаймен табыстыру үшін күнәларымызға бола біржола құрбан болды. Сонда Мәсіх тәнінде өлтірілді, ал рухани денемен қайта тірілді. 19 Осы рухани денесімен Мәсіх о дүниеге де барды. Ол сол жерде, өлген адамдардың жандары қамалған орында, оларға Өзінің жеңісін жариялады. 20 Бұдан көп бұрын, Нұх пайғамбар кемесін жасап жатқан кезде, Құдай теріс жолдан қайтуларын сабырлықпен күткен еді. Бірақ олар Тәңір Иеге мойынсұнған жоқ. Тек азғана — сегіз-ақ кісі кемеге кіріп, топан судан құтқарылды. 21 Бұл жайт қазіргі замандағы суға шомылдыру рәсімінің алдын ала берілген белгісі болды. Осы рәсім денеміздегі кірді жуып тазартуды емес, Құдайдан таза ар-ұждан сыйлауын өтінуді білдіреді. Осылай ол сендерді Иса Мәсіхтің өліп, қайта тірілуі арқылы күнәнің құлдығынан құтқарады. 22 Ал Мәсіх көкке көтеріліп, Құдайдың оң жағындағы құрметті орнына жайғасты. Періштелер, рухани билеушілер және күш атаулылар Оған бағынышты.
1 Сонымен, Мәсіхтің Өзі тәнімен азап шеккендіктен, сендер де (жақсылық үшін азап шегуге дайын) болыңдар! Осындай ой-ниет өздеріңді қорғайтын қалқан іспетті. Тәні азап шегіп жатқан сенуші күнәлі құмарлықтарына берілмейді. 2 Бұдан былай осы дүниедегі өміріңнің қалған кезеңін ескі күнәкар болмыстарыңның құмарлықтарына сай емес, Құдайдың еркіне мойынсұнып өткізулерің керек. 3 Өткен кезде сендер ұзақ уақыттарыңды Оған мойынсұнбайтындарға ұнайтынды жасап өткіздіңдер: өмірлерің жүгенсіздік, нәпсіқұмарлық, маскүнемдік, ырду-дырду ойын-сауықтар, мас жын-ойнақтармен және Құдайға жек көрінішті жалған тәңірлерге құлшылық етумен өтіп келді. 4 Бұрынғы серіктерің өздерінің иіріп, тартып әкететін азғын өмір салттарына енді батпағандықтарыңа таңғалып, налып, сендерді жамандайды. 5 Қиямет сотында олар тірілер мен өлілерге үкім шығаруға дайын тұрған Иемізге есеп бермек. 6 Ізгі хабардың кейін өлген сенушілерге де уағыздалғандығының себебі мынау: Тәңір Ие адамзатқа күнәкарлығы үшін ажалды етіп үкім шығарғандықтан, сол сенушілердің де тәндері өлді. Бірақ жандары Құдайдың еркі бойынша мәңгі тірі болмақ. 7 Күллі дүние атаулының ақыры таяп келеді. Сондықтан сиынып дұға ете алу үшін байсалды да салауатты болыңдар! 8 Ең бастысы, бір-біріңді шынайы сүйіңдер, сондай сүйіспеншілік адамдардың көптеген күнәларын кешіреді. 9 Ешбір наразылықсыз өзара қонақжай болыңдар. 10 Тәңір Ие рақым етіп сыйлаған алуан түрлі рухани дарындарыңды жақсылап қолданыңдар. Әрқайсыларың қабылдаған дарындарыңмен бір-біріңе адал қызмет етіңдер: 11 уағыз айтатындарың Құдай сөзін уағыздай беріңдер; қызмет көрсететіндерің Тәңір Иенің өздеріңе берген күш-қуатымен қызмет ете беріңдер! Осылайша барлық істе де Құдай Иса Мәсіх арқылы мадақталсын. Ұлылық, даңқ және билік мәңгі Онікі! Аумин. 12 Қымбатты бауырластарым, өздеріңнің «от кешіп» ауыр азап шегіп, сыналғандарыңды оғаш нәрсе деп ойламаңдар. 13 Қайта, неғұрлым көбірек Мәсіх секілді азап шексеңдер, соғұрлым көбірек қуаныңдар. Сонда Мәсіх салтанатты ұлылықпен қайта оралып, ашық көрінген кезде де шаттанып қуанатын боласыңдар. 14 Мәсіхтің атына бола қорлық көрсеңдер, бақыттысыңдар, себебі ұлылыққа бөлейтін Құдайдың Рухы сендерге орнығады. 15 Алайда егер қайсыбіреулерің азап шексеңдер, бұл, әрине, кісі өлтіріп, ұрлық не өзге қылмыс жасаудың немесе басқаның шаруасына қол сұғудың зардабы болмауға тиіс! 16 Ал мәсіхші болғандарыңа бола жәбірленсеңдер, одан ұялмаңдар, керісінше, Мәсіхтің атымен аталғандарың үшін Құдайды мадақтаңдар. 17 Осылай Тәңір Иенің ең алдымен өз халқын соттай бастайтын уақыты келді. Ал сот бізден басталса, онда Құдайдың Ізгі хабарына бағынбайтындардың ақыры қандай болмақ! 18 Әділ жанның өзі зорға құтқарылғанда, арамза, күнәлі адаммен не болмақ?! 19 Сонымен, Құдайдың еркі бойынша азап шегіп жүрген сендер, жандарыңды әрдайым уәдесін орындайтын Жаратушыға сеніп тапсырыңдар, әрі игі істер жасай беріңдер!
1 Араларыңдағы қауым жетекшілері! Мен өзім де сендермен қызметтес қауым жетекшісімін, Мәсіхтің шеккен азаптарының куәсімін. Ол қайта оралғанда ашық көрінетін салтанатты ұлылығын бөлісетін де боламын. Сендерге ескертетінім мынау: 2 Құдайдың өздеріңе сеніп тапсырған рухани «отарын» (яғни қауымын) қамқорлап бағыңдар! Мұны лажсыздан емес, шын көңілден, Құдайдың еркіне сай орындаңдар. Оны ашкөз пайдақорлықпен де емес, адал ынта-жігермен істеңдер. 3 Тәңір Иенің меншікті қауымдарына өктемдік жүргізбеңдер, қайта, рухани «отарға» үлгі-өнеге болыңдар! 4 Осылай істесеңдер, «Бас Бағушымыз» (Мәсіх) қайтып келіп, анық көрінгенде, ешқашан солмайтын «салтанат тәжін» жүлде ретінде Оның қолынан аласыңдар. 5 Сол сияқты, сендер де, жастар, жетекшілерге мойынсұныңдар! Бәрің де арақатынастарыңда әрдайым кішіпейілділік танытыңдар! Себебі «Құдай тәкаппарларға қарсылық жасайды, ал кішіпейілдерге рақымын сыйлайды». 6 Сонымен, Құдайдың құдіретті қолының астына бой ұсыныңдар; Өзі белгілеген уақыты жеткенде Ол сендерді жоғарылатпақ. 7 Барлық уайымдарыңды Құдайға сеніп тапсырыңдар, себебі Ол қамдарыңды ойлайды! 8 Салауатты да сергек болыңдар! Сендердің қас жауларың, шайтан, ақырған арыстандай қауымды айнала шарлап, кімді жалмасам деп торуылдап жүр. 9 Сенімдеріңе берік болып, оған төтеп беріңдер! Дүниенің төрт бұрышындағы құрбы қауымдастарыңның да дәл сондай азаптарды шегуге мәжбүр екенін білесіңдер ғой. 10 Ал барлық рақымның бастауы, Құдай, біразырақ уақыт азап шегіп жатқан сендерді қайтадан жетілдіріп, нығайтып, қуатты да табанды етпек. Себебі Ол Мәсіх Иса арқылы сендерді Өзінің салтанатты ұлылығын мәңгі бөлісуге шақырды. 11 Оның билігі мәңгілік бола берсін! Аумин. 12 Мен бұл қысқа сәлемхатымды адал бауырласымыз деп сенетін Сыйласқа жаздырдым. Сендерді жігерлендіріп, Құдайдың шынайы рақымы осы айтқандарымдай екеніне куәлік етіп сендіргім келеді. Бұл рақымды қабылдай беріңдер! 13 Құдай сендерді таңдағаны сияқты, Бабылда бірге таңдап алған сенушілер қауымы, сондай-ақ менің рухани ұлым Марқа да сендерге сәлем жолдауда. 14 Сүйіспеншіліктеріңді білдіріп, бір-біріңмен амандасып, сәлемімізді жеткізіңдер. Мәсіх Иса Өзімен тығыз байланыстағы сендердің бәріңе амандық пен тыныштық сыйлай берсін! (Аумин.)
1 Иса Мәсіхтің басыбайлы қызметшісі және елшісі Шимон Петірден ортақ сеніміміздегілердің бәріне дұғай сәлем. Осы аса құнды сенім бізге берілгендей, сендерге де Құдайымыз бен Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің әділдігіне сай сыйға берілді. 2 Лайым сендер Құдай мен Иеміз Исаны бұрынғыдан да жақынырақ танып білгендерің арқылы сендерге рақым, амандық және тыныштық молынан жауа берсін! 3 Құдай бізді құдіретті күшімен және Оны жақыннан танып білуіміз арқылы Өзіне ұнамды жаңа өмір сүруімізге қажеттінің бәрімен қамтамасыз етті. Ол бізді Өзінің ұлы да ізгілікті болмысы арқылы меншікті халқы болуға шақырады. 4 Өзінің болмысы сондай ұлы әрі ізгілікті болғандықтан, Құдай бізге аса құнды да тамаша уәделерін берді. Бұл уәделерінің арқасында сендер Құдайдың әділ болмысын бөлісіп, арам құмарлықтарға салынбай, осы күнәкар дүниелік адамдардың азғындығынан аулақ жүріп құтыла аласыңдар. 5 Сол себептен де мына қасиеттерге кенелуге бар ынталарыңмен ұмтылыңдар: сенімдеріңде ізгілік көрсетіңдер, ал ізгілік көрсеткенде саналылық та танытыңдар, 6 саналылықтарыңда ұстамдылық та молынан болсын! Ал ұстамдылықтарыңда төзімділік, төзімділіктеріңде Тәңір Иеге бағышталғандық, 7 Тәңір Иеге бағышталғандықтарыңда бауырластарыңа деген ізгі ниеттілік, ал ізгі ниеттіліктеріңде шынайы сүйіспеншілік танытыңдар! 8 Егер осы қасиеттер сендердің бойларыңда болса және молая түссе, онда рухани өмірлерің пайдасыз, өнімсіз болып қалмайды, керісінше, Иеміз Иса Мәсіхті жақынырақ танып біле бересіңдер. 9 Ал кімде бұл қасиеттер жетілмесе, сол алыстан көрмейтінге, тіпті соқырға ұқсайды. Сондай кісі өзінің өткен кезеңдердегі (Мәсіхке сеніп) күнәларынан тазарғанын ұмытқан. 10 Сондықтан да, бауырластарым, Құдайдың өздеріңді меншікті халқы болуға шақырып, таңдап алғандығын өмірлеріңмен нық бекітуге ынтамен ұмтылыңдар! Егер солай істесеңдер, ешқашан да тура жолдан тайып кетпейтін боласыңдар. 11 Осылайша сендерге Иеміз бен Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің мәңгілік Патшалығының «қақпасы» айқара ашылып, оған емін-еркін кіресіңдер. 12 Сол себепті, сендер осы айтқандарымды білсеңдер де, қабылдаған шынайы ілімді берік ұстансаңдар да, мен оларды бәрібір ұдайы естеріңе салып отырмақпын. 13 Мен әлі де осы тәндік «шатырда» тұрғанымда, соларды естеріңе түсіріп, рухани дамуларыңа қозғау салып отыруды дұрыс деп санаймын. 14 Иеміз Иса Мәсіх өзіме анық білдіргеніндей, жуырда осы тәндік денемді тастайтыным маған белгілі. 15 Сондықтан мен бұ дүниеден аттанғаннан кейін де сендер сол айтқандарымды әрдайым есте сақтауларың үшін қолымнан келгеннің бәрін де істеймін. 16 Біз сендерге Иеміз Иса Мәсіхтің зор құдіретпен қайта оралуы туралы білдіргенде, қулықпен қиыстырылған аңыз-ертегілерге сүйенген жоқпыз. Керісінше, біз Иеміздің салтанатты ұлылығын өз көзімізбен көрген куәгерлер болған едік. 17 Сол кезде шексіз ұлылықтың Иесі, Құдай Әке, Мәсіхке арнап: «Бұл — Менің сүйікті Ұлым, Мен Оған ризамын», — деп дауыстап, Оны құрмет пен салтанатты ұлылыққа кенелтті. 18 Біз Иеміз Иса Мәсіхпен бірге қасиетті тауда болғанда, көктен шыққан осы дауысты естідік. 19 Сонымен қатар, біздерде пайғамбарлардың жазып қалдырған нық сенімді сөздері бар ғой. Бұларға көңіл бөлсеңдер, жақсы болады. Сол сөздер қараңғылықта «нұрын шашып тұрған шам-шыраққа» ұқсайды. Таң атып, шолпан жұлдызының пайда болатынындай, ақырында Мәсіх көктен қайтып келіп, жүректеріңе толық түсінік құятын болады. 20 Ең бастысы, Киелі жазбалардағы пайғамбарлар сөздерінің ешқайсысы да пайғамбардың жеке түсінігі бойынша туындамағанын біліңдер. 21 Себебі бұл пайғамбарлық сөздер ешқашан адам баласының қалауымен пайда болған емес. Қайта, Киелі Рух Құдайға бағышталған адамдарға Оның хабарларын айтуға қозғау салып отырды.
1 Алайда сол заманда Құдай халқының арасында жалған пайғамбарлар да пайда болды. Дәл солай сендердің араларыңда да жалған тәлім берушілер болмақ. Олар жік салғыш зиянды ілімдерді жасырын енгізеді; тіпті өздерінің күнәларының құнын өтеп жанын құрбан еткен Әміршісі Мәсіхті де мойындамайды! Сондықтан олар бастарына кенеттен түсетін жойылуды өздері шақырып алады. 2 Көптеген адамдар солардың азғындықтарына еріп кетпек. Оларға бола ақиқат жолы масқараланатын болады. 3 Сол жалған тәлім берушілер сендерді ашкөздіктен өтірік сөздерімен алдап кетпек. Олардың үкімі әуелден-ақ бастарына төніп тұр; жойылулары кешікпей, сөзсіз іске аспақ! 4 Себебі Құдай күнә жасаған періштелерді де аяған жоқ. Оларды қияметте сотталуға сақтау үшін тозақтың қара түнегіне ұстап беріп, шынжырлатып тастады. 5 Тәңір Ие ежелгі дүниені де аямай, арсыз зұлымдардың әлеміне топан су жіберді. Жалғыз құтқарғаны әділдікті уағыздаушы Нұх пайғамбар мен оның отбасы, барлығы сегіз-ақ адам, болды. 6 Құдай Содом мен Ғомора қалаларын да үкімдеп, күл-талқандарын шығарды. Ол солардың мысалымен болашақтағы зұлымдардың неге ұшырайтынын көрсетті. 7 Ал әділ Лутты Тәңір Ие аман сақтап қалды. Ол айналасындағы арсыз адамдардың бұзық қылықтары үшін қатты қиналып жүрді. 8 Сол ізгі жан олардың арасында тұрып, Құдайдың бұйрығына қайшы іс-әрекеттерін күн сайын көріп, естіп, өзінің әділ ар-ұжданы алдында азап шекті. 9 Бұл солай болғанда, Жаратқан Ие Өзіне ұнамды өмір сүретіндерді өтіп жатқан сынақтарынан құтқаруды, ал әділетсіздерді қиямет соты болатын күнге дейін сақтап, жазалауды, әрине, біледі. 10 Әсіресе, күнәкар болмыстарының арам құмарлықтарының жетегіне ерген, ешбір билікті елемейтіндердің тағдырлары осындай болмақ! Сондай тәкаппар да қиқар жалған тәлім берушілер абыройлы билеушілерді балағаттаудан қаймықпайды. 11 Тіпті күш-қуаттары әлдеқайда зор періштелер де соларды Жаратқан Иенің алдында ешқандай балағат сөзбен айыптамайды. 12 Бірақ сол алдамшы тәлім берушілер ақылдарымен емес, жабайы аңдар сияқты түйсіктерімен ғана жүреді. Ал аңдар аулап, өлтіру үшін бар ғой. Сол адамдар түсінбеген нәрселері туралы жаман сөз айта береді. Ақырында жабайы аңдар сияқты олар да жойылмақ, 13 осылай жасаған әділетсіз істеріне лайықты жазаларын тартпақ. Мұндайлар тіпті күндіз тәндік тәбеттерін қанағаттандырып, алдамшы ырду-дырдудан ләззат табады; өздеріңмен бірге тойлауларымен ар-ұяттарыңа дақ түсіріп, сендерді жұрт алдында ұятқа қалдырады. 14 Олар ұдайы күнә жасаудың орайын іздеп, көздерімен әйелдерді «ішіп-жеп», сенімі тұрақсыздарды өздеріне еліктіріп отырады. (Солардың саны көбейе түссін деп) ашкөзденіп үйренген мұндайларды Құдайдың қарғысы атқан! 15 Олар баяғыдағы Босор ұлы Балағамның жолына түсіп, тура жолдан тайып, адасып кетті. Балағам әділетсіз ісі үшін алатын сыйын қатты ұнатты, 16 бірақ жаман қылықтары бетіне басылды: оның есегіне тіл бітіп, адам секілді сөйлеп, қиқар пайғамбардың ақымақ әрекетін тоқтатты! 17 Сол жалған ілімді таратушылар қауымды алдап, тақырға отырғызатын, кеуіп қалған бұлақ көздеріне және дауыл айдаған, жаңбырсыз ақ бұлттарға ұқсайды. Оларға тозақтың қара түнегі дайын тұр. 18 Мұндайлар бос сөздермен мақтанып жүреді. Олар теріс жолмен жүргендердің арасынан жуырда ғана құтылып шыққан адамдарды күнәкар болмыстарының құмарлықтарын қайтадан жүгенсіздікпен қанағаттандыруға еліктіріп, торларына түсіреді. 19 Олар осындай жандарға бостандықты уәде етеді, бірақ өздері азғындықтың құлдығында жүреді. Өйткені адам неден жеңілсе, соның құлы болар. 20 Осындайлар Иеміз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхті танып білгендері арқылы осы дүниелік арамдықтардан арылып, құтылған болатын. Алайда кейін қайтадан олардың шырмауына түсіп, жеңіледі. Сонда олардың соңғы жағдайы бұрынғысынан да мүшкіл болмақ. 21 Олар үшін әділет жолын танып біліп, Мәсіхтің тапсырған қасиетті өсиеттерін қабылдап, кейін кері бұрылғаннан гөрі, сол жолды мүлдем білмегендері жақсы болар еді. 22 Бастарынан кешкендерінде мына тауып айтылған мақал-мәтел жүзеге асады: «Төбет қайта оралар өзінің құсығына», «Жуылған шошқа қайтар аунайтын батпағына».
1 Сүйікті бауырластарым, бұл менің сендерге жазған екінші хатым. Екеуінде де осы жайттарды естеріңе түсіре отырып, шындап ойлануларыңа түрткі салмақ болдым. 2 Өткен замандарда Құдайға бағышталған пайғамбарлар айтып кеткен сөздерін және Иеміз әрі Құтқарушымыздың сендерге жіберген елшілері арқылы жеткізген өсиетін есте сақтағандарыңды қалаймын. 3 Ең бастысы, мынаны біліп қойыңдар: осы соңғы заманда арам құмарлықтарына салынып, сендерді келемеждейтін адамдар шығатын болады. 4 Мұндайлар: «Иелеріңнің қайтып келетіні жайлы берген уәдесі қайда, ә? Аталарымыз қайтыс болғаннан кейін де барлық жайттар еш өзгеріссіз, жаратылыстың басталуынан бергі қалпында қалып келеді ғой», — дейді. 5 Солай ойлағанда олар мыналарды әдейі ескермейді: Құдайдың бұйрығымен көк баяғыдан бері бар болған, ал жер судан шығып, сумен қалыпқа келтірілді. 6 Тәңір Иенің бұйрығына сай топан су кенеттен көне заманғы дүниені басып, адамзатты жойып жіберді. 7 Сол сияқты, Құдай Өзінің әмірімен осы қазіргі аспан мен жерді де әділетсіздердің сотталып, тозаққа түсетін күні отпен қиратуға қалдырып отыр. 8 Сүйікті бауырластар, Жаратқан Иенің алдында бір күн мың жылдай, ал мың жыл бір күндей екенін жақсылап ұғып алыңдар. 9 Кейбіреулер «Ол кешігіп, келмей қалды» деп санағанмен, Иеміз уәдесін орындауын кешіктірмейді! Керісінше, Ол бізге төзімділік танытуда: ешкімнің де тозаққа түсуін емес, барлық адамдардың теріс жолдан қайтып, күнәларына өкініп, солардан арылуын қалайды! 10 Ұрының табан астынан түсетіні сияқты, Иеміздің қайта оралатын күні де білдіртпей кенеттен келмек. Сол күні аспан қатты шумен жоқ болып, дүниенің құрамдас бөліктері өртеніп құрып кетеді. Жердің өзі де, ондағы бүкіл жаратылыс пен адам қолымен істелгеннің бәрі де өртеніп жоқ болады. 11 Бар дүние осылайша құрып кететіндіктен, сендер қандай болуларың керек? Жүріс-тұрыстарың Тәңір Иеге бағышталып, қасиетті де Оған ұнамды болуға тиіс! 12 Себебі сендер Құдайдың алдын ала белгілеген күнін сағына күтіп, оны тезірек келтіргілерің келеді. Сол күні аспан өртеніп құрып, дүниенің құрамдас бөліктері оттың жалынында балқып кетеді. 13 Ал біз Құдайдың уәдесіне сай әділдік орнаған жаңа аспан мен жаңа жердің пайда болуын күтудеміз. 14 Сонымен, сүйікті бауырластар, сендер бұлардың келуін күтіп жүргендіктен, Мәсіхтің алдында тұрғанда Оның сендерді мүлтіксіз пәк таза, тыныштықпен өмір сүрді деп табуы үшін осыған жан сала ұмтылыңдар! 15 Иеміз төзімділік танытуда, себебі Ол адамдарды құтқарғысы келеді, мұны дұрыс ұғыңдар! Сүйікті бауырласымыз Пауыл да сендерге Тәңір Ие өзіне сыйлаған даналығымен осы туралы хат жазған болатын. 16 Ол бұл мәселеге тоқталып өткен барлық хаттарында да осылай дейді. Оларда бірқатар түсінуге қиын жерлер бар. Шынайы рухани тәлім алмаған, тұрақсыз адамдар өзге Киелі жазбаларды бұрмалағандары сияқты, бұларды да бұрмалап, қате түсіндіреді. Сол арқылы олар тозаққа түсулеріне өздері себепші болады. 17 Алайда сендер, сүйікті бауырластарым, бұны алдын ала біліп, сақ болыңдар: ұяты жоқ, тура жолдан адасқан адамдарға ілесіп, берік негіздеріңнен айырылып қалып жүрмеңдер! 18 Қайта, Иеміз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің рақымына кенеліп, Оны жақынырақ танып білуде өсе беріңдер! Оның ұлылығы қазір де, мәңгілікте де даңқтала берсін! Аумин.
1 Әуел баста Ол бар болатын. Біз Оны естіп, көзімізбен көріп, Оған анықтап қарап, қол тигіздік. Ол — шынайы өмір сыйлайтын «Сөз». Сендерге Сол туралы айтып береміз, 2 себебі Өмір бізге келді. Осы мәңгілік Өмірді көрдік те, енді Оған куә болып, сендерге таныстырамыз. Ол Әкемен бірге болатын, содан көктен жерге түсіп, бізге көрінді. 3 Сендер бізбен байланыста болсын деп, өзіміз көріп, естігеніміз туралы хабар беріп отырмыз. Осылай бәріміз Әкемен және Оның рухани Ұлы Иса Мәсіхпен байланыстамыз. 4 Ортақ қуанышымыздың толық болуы үшін сендерге бұларды жазып отырмыз. 5 Біз Мәсіхтен естіп, сендерге білдіріп отырған хабар мынау: Құдай — Нұр, Оның ішінде ешқандай түнек жоқ. 6 Егер біз «Құдаймен байланыстамыз» дей тұра, түнекте жүрсек, өтірікші боламыз, әрі өміріміз шындыққа сай болмай қалады. 7 Ал егер Құдайға ұқсап нұрда тұрсақ, онда өзара байланыста боламыз және Оның рухани Ұлы Исаның төгілген қаны бізді барлық күнәларымыздан тазартады. 8 Егер «күнәсізбіз» десек, онда өзімізді алдап, бізде шындықтың болмағаны. 9 Егер де күнәларымызды мойындасақ, Құдай сенімді де әділетті болғандықтан оларды кешіріп, бізді барлық әділетсіздігімізден тазартады. 10 Ал егер «еш күнә жасаған жоқпыз» десек, Құдайды өтірікші етіп көрсетеміз, әрі Оның сөзі жан дүниемізден орын алмағаны.
1 Балаларым менің, сендер күнә жасамасын деп осыны жазып отырмын. Алайда егер біреуің күнә жасап қойсаң, Әкенің алдында әділ Қорғаушымыз бар. Сол Қорғаушымыз — Иса Мәсіх. 2 Ол өз жанын құрбан етіп, күнәларымыздың құнын өтеді. Өзіміздің ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттың да күнәларының құнын өтеді. 3 Егер Құдайдың өсиеттерін орындасақ, Құдайды жақыннан танитынымызды білеміз. 4 Құдайды танимын дей тұра, Оның өсиеттерін орындамайтын кісі — өтірікші, соның жан дүниесінен шындық орын алған жоқ. 5 Құдайға деген сүйіспеншілік Оның сөзін орындаған кісіде шын мәнінде толық болып, мақсатына жетті. Құдаймен тығыз байланыста екенімізді мынаған қарап білеміз: 6 Онымен қатынаста тұрмын дейтін кісі Иса Мәсіх қалай өмір сүрген болса, солай өмір сүруге тиіс. 7 Сүйікті бауырларым, сендерге жазып отырғаным — жаңа өсиет емес, өздеріңе бастапқыдан белгілі көне өсиет. Осы көне өсиет — сендер Исаға сене бастаған сәтте-ақ естіген хабарларың. 8 Дегенмен сендерге жаңа өсиет те жазып отырмын: ол бұрын Мәсіхтің өмірінде, қазір сендердің өмірлеріңде іске асуда. Себебі түнек түріліп, шынайы жарық нұрын шашып келе жатыр. 9 Нұрда жүрмін дей тұра, бауырын жек көретін кісі әлі де түнекте жүр. 10 Ал бауырын жақсы көрген әркім нұрда жүріп, азғырылуға түспейді де, өзгені азғырмайды да. 11 Бауырын жек көретіннің жүріс-тұрысы түнекте, ол қайда кетіп бара жатқанын білмейді. Себебі түнек оның жан дүниесін соқыр қылып қойған. 12 Балаларым менің, Исаның құрбандығы арқасында күнәларың кешірілгендіктен сендерге осыны жазып отырмын. 13 Рухани жағынан әке болғандар, өздеріңе осыны жазып отырмын, өйткені сендер әуел баста бар болған Мәсіхті білесіңдер. Рухани жағынан жастар, өздеріңе осыны жазып отырмын, өйткені сендер әзәзілді жеңіп шықтыңдар. Рухани жағынан балалар, өздеріңе осыны жаздым, өйткені сендер көктегі Әкені білесіңдер. 14 Әке болғандар, өздеріңе осыны жаздым, себебі сендер әуел баста бар болған Мәсіхті білесіңдер. Жастар, өздеріңе осыны жаздым, өйткені сендер күштісіңдер, әрі Құдайдың сөзі жан дүниелеріңнен орын алып, әзәзілді жеңіп шықтыңдар. 15 Осы күнәлі дүниені және ондағы еш нәрсені сүймеңдер! Осы дүниені сүйгендердің көктегі Әкеге сүйіспеншілігі жоқ. 16 Себебі осы дүниеге тән нәрселердің бәрі: күнәкар адамның құмарлықтары, көзінің қомағайлығы әрі тұрмысына мастануы көктегі Әкеден емес, осы дүниеден бастау алған. 17 Осы дүние мен оның ләззаты өткінші, ал Құдайдың еркін орындаушылар мәңгі өмір сүреді. 18 Балаларым менің, қазіргі уақыт — осы заманның соңғы дәуірі. Сендер Мәсіхке қарсы шығатын біреу келеді деп естідіңдер, ал қазірдің өзінде де Мәсіхке қарсы шығатын адамдар көп. Біз осыдан-ақ соңғы дәуірдің келгенін біле аламыз. 19 Олар ортамыздан шықса да, біздікі болған жоқ, өйткені егер біздікі болса, бізбен бірге қалар еді. Бұлардың бәрінің біздікі болмағандықтары осылайша білініп қалды. 20 Киелі Құдай сендерге Өзінің Рухын қондырғандықтан барлығын ажырата білесіңдер. 21 Сендер шынайы ілімді білмегендіктен емес, қайта, оны біліп, шындықтан өтірік тумайтынын да ұққандарыңа бола осыны жазып отырмын. 22 Исаның Құдай жіберген Мәсіх екендігін мойындамайтын әркім — өтірікші. Көктегі Әкені және Оның рухани Ұлын мойындамайтындар — Мәсіхке қарсы шығушылар. 23 Кім Ұлды мойындамаса, оның Әкеге қатысы жоқ. Ал кім Ұлды мойындаса, соның Әкеге де қатысы болады. 24 Сондықтан бастапқыдан естіген шынайы ілімді ұстаныңдар! Егер осылай істесеңдер, онда Ұлмен және Әкемен тығыз байланыста өмір сүресіңдер. 25 Ал Құдайдың бізге берген уәдесі — мәңгілік өмір. 26 Осыны дұрыс жолдан азғырушылардан сақтандыру үшін жазып отырмын. 27 Ал сендерге келсек, Құдайдан алған Киелі Рух өздеріңде қалады. Сол себептен сендерге жаңа ілім үйрететін біреудің қажеті жоқ, өйткені қажеттілердің бәрін де Киелі Рух үйретеді. Оның сендерге үйреткендері еш өтіріксіз, шынайы, сондықтан Киелі Рухтың үйреткені бойынша әрекет ете беріңдер. 28 Ал енді, балаларым менің, Мәсіхпен тығыз байланыста қала беріңдер! Сонда Ол қайтып келгенде нық сеніміміз болып, Оның алдында ұятқа қалмаймыз. 29 Құдайдың әділ екенін білесіңдер, сондықтан әділдік істейтін әркімнің рухани мағынада Құдайдан туғанын ұғасыңдар.
1 Қараңдар, Әкенің бізге деген сүйіспеншілігі қандай зор: Құдайдың рухани балалары деп аталамыз және нақ солаймыз да! Осы күнәлі дүние кім екенімізді білмейді, себебі ол Құдайды білген жоқ. 2 Сүйікті бауырларым, қазір Құдайдың рухани балаларымыз, ал келешекте кім болатынымыз әлі анық емес. Алайда Мәсіх қайтып келгенде Оған ұқсайтынымызды білеміз. Себебі сол кезде Оның шынымен қандай екенін көретін боламыз. 3 Оған осындай үміт артқан әркім Мәсіхтің кіршіксіз таза болғанындай, өзі де күнәдан арылып, тазарады. 4 Күнә жасаған әркімнің Құдайдың заңын бұзғаны, себебі күнә — Құдайдың заңын бұзғандық. 5 Ал Мәсіхтің күнәларымызды алып тастауға келгенін де, Оның ешқандай күнә жасамағанын да білесіңдер. 6 Сондықтан кім Мәсіхпен тығыз байланыста тұрса, сол күнә жасай бермейді. Күнә жасай беретін әркім Оны көрген де, таныған да емес. 7 Балаларым менің, сендерді ешкім де күнә жасауға азғырмасын! Әділдік істеуші адам Мәсіхтің Өзі сияқты әділ болады. 8 Ал кім күнә жасай берсе, сол — шайтанның баласы, себебі шайтан әлем жаратылғаннан бері күнә жасап келеді. Бірақ Құдайдың рухани Ұлы шайтанның ісін жою үшін бұ дүниеге келді. 9 Рухани мағынада Құдайдан туғандар күнә жасай бермейді, себебі олардың бойында Құдай берген жаңа өмір қалады. Осылайша олар Құдайдан туғандықтан күнә жасауларын жалғастыра алмайды. 10 Құдайдың рухани балаларын шайтанның адамдарынан мынадан ажыратуға болады: әділ өмір сүрмейтін, әсіресе бауырласын сүймейтін, әркім Құдайдың рухани баласы емес. 11 Сендер бастапқыда естіген хабар мынау: бір-бірімізді сүюіміз керек! 12 Інісін ұрып өлтірген шайтанның адамы Қабылға ұқсамаңдар! Оны неліктен ұрып өлтірді? Өйткені өз іс-әрекеті әділетсіз, ал інісінікі әділетті болатын. 13 Сонымен осы күнәкар дүние сендерді жек көрсе, бұған таңғалмаңдар, бауырларым! 14 Өзіміздің рухани өлілерден тірілерге айналғанымызды білеміз, себебі бауырларымызды сүйеміз. Бауырын сүймейтін адам өлі болып қала береді. 15 Бауырын жек көретін әркім — кісі өлтіруші! Ал мынаны білесіңдер: кісі өлтірушінің мәңгілік өмірі жоқ. 16 Иса Мәсіхтің өз өмірін біз үшін қиғандығы арқылы нағыз сүйіспеншіліктің не екеніне көзіміз жетті. Біз де бауырларымыз үшін жанымызды қиюға даяр болуымыз керек. 17 Ал егер осы дүниелік мал-мүлкі бар біреу басына қиыншылық түскен бауырына тасжүректік танытса, оның бойында Құдайдың сүйіспеншілігі бар ма?! 18 Балаларым менің, сөз жүзінде емес, іс жүзінде шынайы сүйіспеншілік білдірейік! 19 Сөйтіп өзіміздің шынайы жолда екендігімізді біліп, Құдай алдында жүрегіміз орнығады. 20 Себебі егер жүрегіміз бізді айыптаса да, Құдай жүрегімізден жоғары ғой, Ол бәрін де біледі. 21 Сүйікті бауырларым, жүрегіміз бізді айыптамағанда Құдай алдында нық сеніміміз болады және 22 Одан не сұрасақ та, аламыз. Өйткені Құдайдың өсиеттерін орындап, Ол не қаласа, соны істейміз. 23 Ал Құдайдың өсиеттері мынау: Оның рухани Ұлы Иса Мәсіхке сеніп, бір-бірімізді сүюіміз керек. 24 Кім Оның өсиеттерін орындаса, ол Құдаймен және Құдай онымен тығыз байланыста тұрады. Құдайдың бізбен тығыз байланыста екенін Оның бізге сыйлаған Киелі Рухы арқылы білеміз.
1 Сүйікті бауырларым, кез келген рухтарға сене бермеңдер, олар Құдайдан келген бе, жоқ па — алдымен соны анықтаңдар! Өйткені көптеген жалған пайғамбарлар жер жүзіне тарады. 2 Құдайдың Рухын мынаған қарап ажырата білесіңдер: Құдайдан шыққан Киелі Рух Иса Мәсіхтің адам бейнесінде көктен келгенін мойындайды. 3 Ал Иса Мәсіхтің адам болып келгенін мойындамайтын әрбір рух Құдайдан емес, керісінше, ол — Мәсіхке қарсы шығушының рухы. Сендер соның келетінін естідіңдер, ол қазірдің өзінде-ақ дүниеде жүр. 4 Ал, балаларым менің, сендер Құдайдансыңдар, жалған пайғамбарларды жеңіп шықтыңдар. Өйткені сендердегі Киелі Рух күнәкар дүниені билеп тұрған шайтаннан құдіретті. 5 Жалған пайғамбарлар осы күнәкар дүниеден болғандықтан осы дүниелік тұрғыдан сөйлейді, әрі осы дүниенің адамдары оларға ден қояды. 6 Біз Құдайданбыз; Оны танитындар бізге құлақ салады, ал Құдайдан еместер бізге құлақ салмайды. Шындықты сөйлейтін Рух пен алдамшы рухты осы арқылы ажырата аламыз. 7 Сүйікті бауырларым, бір-бірімізді сүйейік! Себебі сүйіспеншілік Құдайдан; сүйетін адам — Құдайдың рухани баласы, ол Құдайды танып біледі. 8 Сүймейтін кісі Құдайды білмейді, өйткені Құдай — сүйіспеншілік. 9 Құдай бізге деген сүйіспеншілігін былай көрсетті: Сол арқылы шынайы өмір сүруіміз үшін Құдай Өзінің жалғыз рухани Ұлын бұ дүниеге жіберді. 10 Бұл сүйіспеншіліктің мәнісі мынада: Құдайды сүйген біз емес, қайта, Ол бізді сүйгендіктен, құрбандығы арқылы күнәміздің құнын өтеу үшін Өзінің рухани Ұлын жіберді. 11 Сүйікті бауырларым, Құдай бізді осылайша сүйгендіктен, біз де бір-бірімізді сүюіміз керек. 12 Ешкім еш уақытта Құдайды көзімен көрген емес; алайда бір-бірімізді сүйсек, онда Құдай жан дүниемізден орын алып, Оның сүйіспеншілігі бойымызда әбден толысып, мақсатына жеткені. 13 Құдай бізге Өзінің Рухын сыйлады. Біздің Онымен, Оның бізбен тығыз байланыста екендігімізді осыдан білеміз. 14 Әкенің Өзінің рухани Ұлын дүниеге Құтқарушы ретінде жібергенін біз өз көзімізбен көрдік, соған куә болып келеміз. 15 Кім Исаны Құдайдың рухани Ұлы деп мойындаса, Құдай онымен, ол да Құдаймен тығыз байланыста тұрады. 16 Біз Құдайдың өзімізге деген сүйіспеншілігін біліп, Оған нық сенеміз. Құдай — сүйіспеншілік. Сол себептен, кім Оның сүйіспеншілігіне сай әрекет ете берсе, ол Құдаймен, Құдай да онымен тығыз қатынаста тұрады. 17 Мәсіхтің осы дүниеде қалай өмір сүргеніндей өмір сүрсек, онда Құдайдың сүйіспеншілігі бойымызда әбден толысып, мақсатына жетеді. Осылай қиямет сотында нық сенімді боламыз. 18 Сүйіспеншілікте қорқыныш жоқ. Шынайы сүйіспеншілік қорқынышты жолатпайды, себебі қорқыныш жазаға байланысты. Қорқатын кісіде сүйіспеншілік мақсатына жеткен емес. 19 Біз сүйеміз, себебі Ол бізді алдымен сүйді. 20 Біреу «Құдайды сүйемін» дей тұра, бауырын жек көрсе, оның өтірікші болғаны. Себебі көз алдындағы бауырын сүймейтін кісі көзге көрінбейтін Құдайды қалай сүйе алады? 21 Одан алған өсиетіміз мынау: Құдайды сүйетін кісі бауырын да сүюге тиіс!
1 Исаны Мәсіх деп сенетін әркім — Құдайдың рухани баласы. Әкені сүйетіндер Оның балаларын да сүйеді. 2 Біз рухани балаларын сүйетінімізді Құдайды сүйіп, Оның өсиеттерін орындауымыздан білеміз. 3 Ал өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз; оларды орындау қиын емес. 4 Өйткені Құдайдың рухани балалары осы күнәлі дүниені жеңеді. Осы дүниені жеңген күш — біздің сеніміміз. 5 Кім осы күнәлі дүниені жеңе алады? Исаны Құдайдың рухани Ұлы деп сенген кісі ғана оны жеңе алады. 6 Иса Мәсіх бізге келгенде сумен шомылдыру рәсімін де, жанын қиып, қанын төгуді де басынан өткізді. Ол келгенде тек сумен шомылдыру рәсімінен өтіп қана қойған жоқ, жанын қиып, қанын төкті де. Киелі Рух бұған куә, себебі Киелі Рух — шындық. 7 Сонымен куә болатындар үшеу: 8 Киелі Рух, су және қан; бұл Үшеуінің айғақтығы бірдей. 9 Адамдардың куәлігін қабылдап жүрміз. Ал Құдайдың куәлігі адамдікінен гөрі салмақтырақ. Сондықтан Құдайдың Өзінің рухани Ұлы жайында берген куәлігіне сенуге тиіспіз. 10 Оның рухани Ұлына сенген кісінің жүрегінде Құдайдың куәлігі жүреді. Ал Құдайға сенбеген кісі Оны өтірікші етіп көрсетеді, себебі ол Құдайдың Өзінің рухани Ұлы туралы берген куәлігіне сенбейді. 11 Бұл куәліктің мәнісі мынадай: Құдай бізге мәңгілік өмір сыйлады. Осы өмір Оның рухани Ұлында: 12 Құдайдың рухани Ұлымен байланысы бар адам шынайы өмірге ие, ал Онымен байланысы жоқта шынайы өмір де жоқ. 13 Сендер Құдайдың рухани Ұлына сенгендіктен мәңгілік өмірге иесіңдер. Оған сенім артқан сендердің соны білулерің үшін бұларды жазып отырмын. 14 Біз Оның еркіне сай бір нәрсе сұрасақ, Құдай тілегімізге құлақ салады деп нық сенеміз. 15 Не сұрасақ та, Құдай бізге құлақ салады деп білсек, Оның тілегенімізді беретінін де білеміз. 16 Бауырының өлімге апармайтын күнә жасап жатқанын көрген кісі ол үшін Құдайға сиынсын. Сонда күнә жасағанның өмірі сақталады. Алайда өлімге апаратын күнә да бар. Құдайға сиынсын дегенде сондай күнә туралы айтып отырған жоқпын. 17 Әділетсіздіктің бәрі — күнә, ал өлімге апармайтын күнә да бар. 18 Мынаны білеміз: кім Құдайдың рухани баласы болса, сол күнә жасай бермейді. Құдайдың рухани Ұлы оны сақтағандықтан, шайтан оған тиісе алмайды. 19 Біз Құдайданбыз, бірақ бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отыр, бұны білеміз. 20 Құдайдың рухани Ұлының келгенін де білеміз; біздің шынайы Құдаймен танысуымыз үшін Ол көзімізді ашты. Сондықтан шынайы Құдаймен және Оның рухани Ұлы Иса Мәсіхпен байланыстамыз. Ол — шынайы Құдай және мәңгілік өмір. 21 Балаларым менің, жалған тәңірлерден аулақ болыңдар!
1 Құдай таңдаған бәйбіше мен оның балаларына ақсақалдан дұғай сәлем! Сендерді шын жүректен жақсы көремін. Бұл жөнінде мен жалғыз емеспін, шындықты білетіндердің бәрі де сендерді жақсы көреді. 2 Өйткені шындық өзімізде қазір бар және мәңгі бола береді. 3 Құдай Әке мен Оның рухани Ұлы Иса Мәсіх рақымын, мейірімін және тыныштығын, сонымен қатар шындық пен сүйіспеншілігін бәрімізге сыйлай бермек. 4 Балаларыңның арасынан шындық жолымен жүрген бірнешеуін көргеніме қатты қуандым: Құдай Әке бізге солай өмір сүруге өсиет етті. 5 Сондықтан, бәйбіше, мынаны өтінемін: бәріміз бір-бірімізді жақсы көрейік. Мұны жаңа өсиет ретінде жазып отырған жоқпын, бұл өсиет бізде бастапқыдан бар. 6 Ал осы сүйіспеншілік Оның өсиеттері бойынша жүруімізде. «Сүйіспеншілікке сай әрекет ету керек» деген бұл өсиетті бастапқыдан бері естіп келесіңдер. 7 Дүниеге көптеген азғырушылар келе жатыр. Олар Иса Мәсіхтің жер бетіне адам бейнесінде келгенін мойындамайды. Азғырушыларды және Мәсіхке қарсы шығушыларды осыдан білуге болады. 8 Еңбекпен қол жеткізгендеріңді жоғалтпай, Иемізден толық сыйларыңды алу үшін байқап жүріңдер! 9 Мәсіхтің ілімімен жүрмей, одан шығып кеткен адамның Құдаймен қатынасы жоқ. Ал Оның ілімімен жүргендер көктегі Әкемен де, Оның рухани Ұлымен де тығыз байланыста болады. 10 Сондықтан да біреу келіп, осы ілімге қарсы бір нәрсе үйретсе, ондайды үйлеріңе кіргізбеңдер, тіпті сәлемін де алмаңдар! 11 Себебі біреудің сәлемін алған адам соның жамандық істеріне ортақ болады. 12 Сендерге әлі көп нәрсе айтар едім, бірақ оны жазбаша жасағым келмейді. Өзім келіп, ауызба-ауыз сөйлессек деп ойлаймын, сонда зор қуанышқа кенелеміз. 13 Құдай таңдаған бауырласыңның балалары дұғай сәлем жолдайды.
1 Ақсақалдан өзі шын жүректен жақсы көретін қымбатты Гайға дұғай сәлем! 2 Сүйікті бауырым! Сенің рухани өміріңнің сау болғанындай, саған барлық жағынан да Құдайдан игілік пен денсаулық тілеймін. 3 Кейбір бауырластар келіп, сенің шындыққа адал болып, үнемі шындық жолымен жүріп келе жатқаныңды хабарлағанда, мен қатты қуандым. 4 Рухани балаларымның шындық жолымен жүріп жатқанын естуден артық маған қуаныш жоқ. 5 Сүйікті бауырым, сендерге сапарлап келген бауырластарымыз өзіңе таныс болмаса да, оларға демеу болып дұрыс істеп жүрсің. 6 Олар осындағы қауым алдында сенің сүйіспеншілігіңе куәгер болды. Мұндайларды Құдайдың адамдарына лайық түрде жолға жабдықтап, шығарып салсаң, игі болады. 7 Себебі олар бұл сапарға Оның атын таныту үшін шықты және Оған сенбейтіндерден ешқандай жәрдем алмайды. 8 Сондықтан осындай кісілерді қолдау — біздің міндетіміз; шындықты таратуға осылай үлесімізді қосамыз. 9 Мен қауымға жазып жібердім, бірақ олардың басшысы болуға тырысып жүрген Диотреф бізді мойындамайды. 10 Сондықтан барған кезде оның істегендерінің бәрін есіне саламын: ол бізді жаман сөзбен өсектеп жүр; ал соған да қанағаттанбай, сапармен келген бауырластарымызды өзі де қабылдамайды, басқаларға да қабылдатпайды. Оларды қарсы алғандарды тіпті қауымнан шығарып тастайды. 11 Сүйікті бауырым, жамандыққа еліктемей, жақсылыққа елікте! Жақсылық істейтін адам Құдайдікі, ал жамандық жасаушы Құдайды білмейді. 12 Деметір туралы елдің бәрі жақсы пікір айтады. Ол шындыққа сай әрекет жасайды. Біз де соған куәлік етіп жүрміз, ал сендер шындықты айтатынымызды білесіңдер. 13 Саған әлі де көп нәрсе жазуым керек еді, бірақ оны жазғым келмейді. 14 Сені жақын арада көретін шығармын деген үмітім бар, сонда екеуіміз ауызба-ауыз сөйлесеміз. 15 Саған амандық пен тыныштық болсын! Бұл жақтағы достарың сәлем айтып жатыр. Сол жақтағы достардың бас-басына сәлем айт!
1 Иса Мәсіхтің басыбайлы қызметшісі әрі Жақыптың туған інісі Яһудадан Құдай Әке сүйіспеншілікпен Өзіне бағыштап, қасиетті халқы болуға шақырған, Иса Мәсіх аман сақтап жүрген сенушілерге дұғай сәлем: 2 Ол сендерге шапағатын жаудырып, амандық, тыныштық және сүйіспеншілікті молынан сыйлай көрсін! 3 Сүйікті бауырластарым, мен бар ынтаммен бәрімізге ортақ құтқарылу туралы хат жазбақшы едім. Алайда Құдайдың Өзіне бағыштаған халқына біржола аманаттаған, бәріміз сенетін шынайы ілімін жан сала қорғауды ескертіп жазуымды қажет деп есептедім. 4 Себебі араларыңа бірқатар адамдар білдіртпей ұрланып еніп алыпты. Осы арсыздар сотталуға баяғыда-ақ белгіленген болатын. Олар азғындықтарына сылтау ету үшін Құдайымыздың рақымы туралы Ізгі хабарды бұрмалайды. Сонымен қатар олар Иса Мәсіхті бірден-бір Әміршіміз әрі Иеміз деп мойындамайды. 5 Сендер ежелгі замандағы мына жайттарды түгел білсеңдер де, оларды қайтадан естеріңе салып өткім келеді: Иеміз Иса өз халқын Мысырдан құтқарып алған еді, ал кейін көпшілігі қасарысып, сенбегенде Ол солардың көздерін құртты. 6 Сондай-ақ, өздерінің билік жүргізуге тиесілі орындарын сақтамай, мекен-тұрағын тастап кеткен періштелерді де ескеріңдер: Иеміз оларды соттайтын ұлы күн жеткенше, тозақтың қара түнегінде мәңгі шынжырлап сақтап отыр. 7 Сол сияқты, Содом, Ғомора және маңайындағы қалаларды ұмытпаңдар: олардың тұрғындары жыныстық азғындықпен әуестеніп, табиғатқа қайшы ұятсыздықтарға салынғандары үшін жазаланды. Сонымен олар мәңгілік отта азап шегетіндердің мысалы болды. 8 Дәл осылайша, араларыңдағы сол «түс көрушілер» өз тәндерін масқаралап, ешбір билікті елемей, абыройлы билеушілерді балағаттап жүр. 9 Ал тіпті бас періште Михайл Мұса пайғамбардың мәйіті туралы шайтанмен айтысқанда, оны балағат сөзбен айыптауға дәті бармады. Ол «Жаратқан Ие саған жазаңды тартқызсын!» — деп қана қойды. 10 Бірақ сол алдамшылар өздері түсінбеген нәрселер туралы жаман сөз айтып, қарсыласады. Олар жабайы аңдар сияқты ақылдарымен емес, түйсіктерімен ғана білген нәрселері арқылы өздері жойылып кетпек. 11 Бұлар қасіретке қалмақ! Олар Қабыл таңдаған жолмен жүреді және Балағам іспетті өздері алатын сыйына қызығып, алдамшылыққа беріледі. Ақырында олар Қорах сияқты қиқарлықпен (қауым жетекшілеріне қарсы) бас көтергендері үшін құртылмақ. 12 Осындайлар достық дастарқандарыңа еш қаймықпастан келіп, тойынып алып, сендерді лас дақтар сияқты ұятқа қалдырады. Мұндай адамдар жаман шопандай тек өз қамдарын ғана ойлайды. Олар жел айдаған жаңбырсыз ақша бұлт іспетті, әрі күзде жеміс бермейтін, тамырымен жұлынған, біржола өлген ағаш секілді ешбір пайда келтірмейді. 13 Қайта, олар ұятсыз істерін паш етіп, көбік шашып, қоқыр-соқыр әкеліп жатқан теңіздің буырқанған толқындарына ұқсайды. Осы азғырушылар кезбе жұлдыздай тура бағытты сілтей алмайды; оларға тозақтың мәңгілік қара түнегі дайын тұр. 14 Бұлар туралы адамзаттың жетінші атасы Енох пайғамбар былай деп алдын ала айтқан еді: «Тыңдаңдар, Иеміз Өзінің он мыңдаған қасиетті нөкерлерін ертіп көктен түспек! 15 Ол бәрін де соттап, әділетсіздердің зұлымдықпен істеген барлық жаман істерін де, арсыз күнәкарлардың Оған қарсы айтқан күллі қатал сөздерін де әшкерелеп, жазаларын тартқызатын болады». 16 Мұндайлар ұдайы наразылық білдіріп, күңкілдеп жүреді. Олар жаман құмарлықтарына салынып, бас пайдалары үшін мақтанып, өзгелерге жағымпазданады. 17 Ал сендер, сүйікті бауырластарым, Иеміз Иса Мәсіхтің елшілерінің алдын ала айтып кеткендерін естеріңе түсіріңдерші! 18 Олар сендерге: «Осы соңғы заманда өздерінің арсыз құмарлықтарына салынып, шынайы ілімді келемеждеп жүрген адамдар шығады!» — деген еді. 19 Қауымдарға жік салатын мұндайларда Киелі Рух болмайды, қайта, олар күнәкар болмыстарының жетегінде жүреді. 20 Ал сендер, сүйікті бауырластарым, өздерің сенетін Тәңір Иенің қасиетті де пәк таза ілімінің негізінде рухани өсіп толысуға ұмтылыңдар; Киелі Рухтың жетелеуімен сиыныңдар. 21 Әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленіп, жамандық атаулыдан сақтаныңдар. Иеміз Иса Мәсіхтің қайта оралғанда өздеріңе шапағатын тигізіп, мәңгілік өмірге жеткізуін аңсап күтіңдер! 22 Ізгі хабарға күмәнданып жүргендерге қайырымды болып, 23 оларды ынта-жігермен тозақ отынан құтқарып алыңдар! Ал (жалған ілімдерді ұстанған) басқаларға аяушылық танытқанда, күнәнің ықпалынан шошына сақтаныңдар! Олардың азғын болмыстарынан бастау алатын арам істерінен жиреніп, аулақ жүріңдер! 24 Сендерді адасып кетуден сақтап, Өзінің нұрлы салтанаты көрінген күні қуанышпен, мүлтіксіз таза күйлеріңде өз алдына тұрғызуға 25 бірден-бір Құдайымыздың құдіреті жетеді. Ол бізді Иеміз Иса Мәсіх арқылы құтқарған еді ғой. Даңқ пен ұлылық, құдірет пен билік күллі өткен дәуірлерде болғандай, қазір де, мәңгілік те Онікі! Аумин.
1 Бұл — Иса Мәсіхтің көрініп, Құдайдың құпия жоспарын ашып, аян бергені туралы жазба. Құдай жақын арада болуға тиісті оқиғаларды өз қызметшілеріне көрсету үшін осы аянды Иса Мәсіхке тапсырды. Ол соларды қызметшісі Жоханға періштесін жіберіп білдірді. 2 Ал Жохан көргендерінің бәрін: Құдайдың хабарын және Иса Мәсіхтің аян еткендерін баяндап берді. 3 Осы пайғамбарлық хабардың сөздерін оқып беретіндер де, оларды тыңдап, жазылғандарды ұстанатындар да бақытты! Себебі бұлардың іске асатын уақыты таяп қалды. 4 Жоханнан Азия аймағындағы жеті қауымға дұғай сәлем: әрдайым бар, мәңгі болып келген және болашақта келетін (Құдай Ие), Оның тағының алдындағы жеті Рухы 5 және шынайы хабарды адал жеткізген Иса Мәсіх сендерге рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін! Иса Мәсіх — өлімнен қайта тірілгендердің ең Бастысы, әрі жер бетіндегі патшалықтардың Әміршісі. Мәсіх бізді сүйіп, Өзін құрбан етіп қанын төгуімен күнәларымыздан тазартып арылтты, 6 һәм бізді өз Құдайы және Әкесіне бағышталған қызметкерлердің патшалығы қылды. Оның салтанатты ұлылығы мен құдіреті мәңгілік бола бермек! Аумин. 7 Біліп алыңдар, Мәсіх бұлттармен қайтып келеді! Әркім де, Оны түйрегендер де Мәсіхті көзімен көреді, Жер бетіндегі барлық рулар үрейленеді, Ол туралы қайғырып, жылап еңірейді. Иә, ол солай болады да! Аумин. 8 Бүкіл әлемнің Билеушісі — әрдайым бар, мәңгі болып келген және болашақта келетін Құдай Ие: «Алғашқы да, Соңғы да Менмін!» — дейді. 9 Мен, Жохан, сендердің бауырластарыңмын және Иса Мәсіхке бола азап шегіп, Оның Патшалығына қызмет етіп, қайта оралуын төзімділікпен күтудегі серіктестеріңмін. Құдайдың сөзін және Иса Мәсіхтің шынайы хабарын уағыздағаным үшін Патмос аралында тұрдым. 10 Иемізге бағышталған жексенбі күні мен Киелі Рухқа ерекше бөленіп, арт жағымнан керней үні сияқты қатты дауыс естідім. 11 Сол дауыс былай деді: «Көргендеріңді шиыршық кітапқа жазып, мына жеті қаладағы сенушілер қауымдарына салып жібер: Ефес, Ізмір, Перғам, Тиятир, Сард, Філаделфи және Лаудіки». 12 Мен кімнің сөйлеп тұрғанын көру үшін жалт бұрылдым. Бұрылып қарағанда жеті алтын шам қойғышты көрдім. 13 Олардың арасында адам баласына ұқсас Біреу тұр екен. Ол етегі аяғына дейін жететін ұзын шапан киіп, кеудесіне алтын аспа бау таққан еді. 14 Оның басындағы шашы ақ мамықтай әрі қардай аппақ, ал көздері оттай жалындап жатты. 15 Аяқтары пеште балқыған қоладай жалтырап, даусы сарқырап аққан судың гүріліндей естілді. 16 Оның оң қолында ұстаған жеті жұлдызы бар екен. Аузынан екі жүзі де өткір семсер шығып, беті тал түстегі күндей нұрын төгіп тұрды. 17 Мен Оны көргенде өлі адамдай алдына құлап түстім. Сонда Ол оң қолын үстіме қойып, былай деді: «Қорықпа! Мен Алғашқымын да Соңғымын 18 әрі Мәңгі Тірімін. Мен өлген едім, ал енді мәңгілік өмір сүремін. Өлімнің де, о дүниенің де кілттері Менде. 19 Көргендеріңді, қазіргі барды және одан кейін болатындарды жазып қой! 20 Сен Менің оң қолымнан көріп тұрған жеті жұлдыздың және жеті алтын шам қойғыштың құпия мағынасы мынау: жеті жұлдыз — жеті қауымның періштелерін, ал жеті шам қойғыш — жеті қауымды білдіреді.
1 «Ефестегі қауымның періштесіне былай деп жаз: Бұл — оң қолында жеті жұлдыз ұстап, жеті шам қойғыштың арасында жүретін Иеңнен хабар. 2 Мен сенің істеріңді білемін: сен еңбек етіп, шыдамды болып келесің. Арам адамдарға төзе алмай, өздеріне Құдайдың елшілері деген атақты таңатындарды сынап, өтірікшілер екенін анықтадың. 3 Менің атыма бола (еңбектеніп) көп ауыртпалықты басыңнан өткізгенде шыдамдылық көрсетіп, қажымадың. 4 Алайда саған айтар наразылығым мынау: сен алғашқы сенген кездегі сүйіспеншілігіңді жоғалтып алдың. 5 Өзіңнің қандай биіктіктен құлдырағаныңды ойлашы! Өкініп, теріс жолыңнан қайтып, алғашқыдағы игі істеріңді жасай бер! Әйтпесе саған жуырда келемін де, шам қойғышыңды (қауымдардың арасындағы) орнынан алып тастаймын. Егер өкініп, теріс жолыңнан қайтпасаң, осылай істеймін. 6 Бірақ сендегі бір жақсылық мынау: Мен жек көретін николаиттардың істерін сен де жек көресің. 7 Құлағы барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын! Жеңіп шыққан әркімге Мен Құдайдың пейіш бағында өсетін, мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаштың жемісінен жегіземін. 8 Ізмірдегі қауымның періштесіне былай деп жаз: Бұл — бір кезде өлген, ал қазір тірі «Алғашқы және Соңғыдан» хабар. 9 Мен сенің (істерің мен) шеккен азаптарыңды әрі жұтаң күйіңді білемін — шынында рухани байсың! «Яһудиміз» (яғни Құдайдың халқымыз) дейтіндердің сен туралы айтқан ғайбат сөздерін де білемін. Шын мәнісінде олар — «шайтанның мәжілісханасы». 10 Болашақта басыңнан кешетіндеріңнен қорықпа! Рас, шайтан кейбіреулеріңді түрмеге салып, сынамақ, ал көретін азаптарың он күнге ғана созылады. Өлімге дейін Маған адал бол, сонда саған «мәңгілік өмір тәжін» сыйлаймын. 11 Құлағы барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын! Жеңіп шыққан әркім «екінші өлімнен» зиян көрмейді. 12 Перғамдағы қауымның періштесіне былай деп жаз: Бұл — екі жүзі де өткір семсері Бардан хабар. 13 Мен сенің (істеріңді және) «шайтанның тағы» орналасқан жерде тұратыныңды білемін. Бірақ Менің атымды ұстанып келесің. Адал хабаршым Антипас сенің қасыңда, яғни әзәзіл шайтанның тұрағында, өлтіріліп шейіт болған кезде де Маған деген сеніміңнен бас тартпадың. 14 Алайда саған айтар біраз наразылығым мынау: араларыңда Балағамның ілімін ұстанушылар бар. Сол көріпкел ежелде Исраилге қарсы шыққан Балаққа халықты күнәға азғыруды үйреткен: оларға жалған тәңірлерге шалынған құрбандықтардың етін жегізді әрі азғындық жасатты. 15 Сондай-ақ, араларыңда николаиттардың (Мен жек көретін) ілімін ұстанушылар да бар. 16 Енді өкініп, теріс жолдан қайтыңдар! Әйтпесе саған жуырда келемін де, сол қате ілімді ұстанушылармен аузымдағы семсеріммен соғысамын. 17 Құлағы барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын! Жеңіп шыққан әркімді Мен «жасырылған маннамен» тамақтандырамын. Оған алған кісіден басқа ешкім де білмейтін жаңа есім ойып жазылған бір ақ тасты да сыйлаймын. 18 Тиятирдағы қауымның періштесіне былай деп жаз: Бұл — Құдайдың рухани Ұлынан хабар. Оның көздері оттай жалындап, аяқтары балқыған қоладай жалтырайды. 19 Мен сенің не істегеніңді — сүйіспеншілігің мен сеніміңді, қызметің мен төзіміңді білемін. Қазіргі игі істерің алғашқыдағыдан көбірек. 20 Алайда саған айтар наразылығым мынау: өзін пайғамбармын деп атайтын Езабел іспетті әйелге жол бересің. Ол Менің қызметшілерімді азғындық жасап, жалған тәңірлерге арналған құрбандықтардың етін жеуге үйретіп адастыруда. 21 Мен сол Езабелге өкініп, азғындық жолынан қайтуға уақыт бердім, алайда ол қайтқысы келмейді. 22 Біліп ал: Мен Езабелді ауруға шалдықтырып, төсек тартқызамын. Егер сол әйелмен бірге азғындық жасап келгендер оның жаман істерінен қайтпаса, оларға да қатты азап шеккіземін. 23 Оның соңынан ергендерді өлтіріп құртамын. Сонда Менің әркімнің жүрегінің түкпір-түкпірін тексеретін Біреу екеніме барлық қауымдардың көздері жететін болады. Мен әрқайсыңның істеріңе қарай еселеріңді қайтаратын боламын. 24 Ал Тиятирда Маған адал болып қалғандарға, яғни осы арам ілімді қабылдамай, «шайтанның терең құпиялары» деп аталғанды үйренбегендерге, былай деймін: сендерге тағы басқа ауыртпалық түсірмеймін; 25 алайда Мен келгенше, өздеріңде бар рухани игіліктерді берік ұстаңдар! 26 Істерімді аяғына дейін атқарып, жеңіп шыққандарға халықтардың үстінен билік жүргізу құқығын сыйлаймын. 27 Оларға қатаң билік жүргізеді. Қыш ыдыстарын лақтырып сындырғандай, қиқарлықтарын тас-талқан етеді. Мен де Әкемнен осындай билікті алғанмын. 28 Мен жеңіп шыққандарға таңғы жұлдызды да сыйлаймын. 29 Құлағы барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын!
1 Сардтағы қауымның періштесіне былай деп жаз: Бұл — Өзінде Құдайдың жеті Рухы әрі жеті жұлдызы Бардан хабар. Мен сенің істеріңді білемін; жұрт сені тірі деп санағанмен (рухани) өлісің. 2 Оян! Өзіңде әлі де бар, бірақ жуырда өлмекші игі қасиеттеріңді нығайт! Себебі сенің істеріңді Құдайымның көз алдында жеткіліксіз деп таптым. 3 Өзің тыңдап қабылдаған шынайы ілімді есіңе түсіріп, ұстанып, теріс жолдан қайт! Ал егер оянбасаң, саған ұры сияқты сап ете түсемін. Менің келетін уақытымды ешқашан біле алмайсың. 4 Дегенмен Сардтағы сендердің араларыңда арамданбаған бірқатарың бар. Олар аппақ киім киіп, Менімен бірге жүретін болады. Себебі олар соған лайық. 5 Жеңіп шыққан әркім солар сияқты аппақ киім киетін болады; Мен оның есімін Мәңгілік өмір кітабынан өшірмей, Әкемнің және Оның періштелерінің алдында ашық мойындаймын. 6 Құлағы барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын! 7 Філаделфидегі қауымның хабаршысына былай деп жаз: Бұл — Киелі де Шынайыдан хабар. Өзімде Дәуіттің (патшалығының) кілті бар; Мен ашқанды ешкім жаба алмайды, Мен жапқанды ешкім аша да алмайды. 8 Сенің істеріңді білемін. Міне, Мен алдыңнан есікті ашып қойдым, ешкім де оны жаба алмайды. Өзіңдегі күш азырақ болғанымен, сен айтқандарымды сақтап, Менен танбадың. 9 Тыңда: өздерін яһудиміз (яғни Құдай халқымыз) десе де, олай емес, өтірікші әрі «шайтанның мәжілісханасы» болғандардың кейбіреулерін саған беремін; расында оларды аяғыңа бас ұрғызып, Өзімнің сені сүйетіндігіме көздерін жеткіздіремін. 10 Сен Менің азаптарда төзімділік таныту туралы бұйрығымды орындап келгендіктен, Мен сені осы дүниенің адамдарын тексеруге арналған, бүкіл жер бетінде болатын азапты сынақ кезінде қорғаймын. 11 Мен жуырда келемін. «Жеңісіңнің тәжін» сенен ешкім тартып алмау үшін, өзіңде бар рухани игіліктерді берік ұста! 12 Жеңіп шыққан әркімді Мен Құдайымның киелі үйінің «бағанасы» қылып қадірлеймін; ол содан ешқашан шықпайтын болады. Оған Құдайымның атын, Соның қаласының атын, яғни көктен, Оның қасынан түсетін жаңа Иерусалимнің атын және Өзімнің жаңа атымды да жазамын. 13 Құлақтары барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын! 14 Лаудікидегі қауымның періштесіне былай деп жаз: Бұл — «Аумин» деп те аталатын Мәсіхтен хабар. Ол — шындықты жариялап, шейіт болған адал да шынайы Куәгер әрі Құдайдың жаратылысының Билеушісі. 15 Мен сенің істеріңді білемін: сен салқын да емессің, ыссы да емессің. Не ыссы, не салқын болсаң ғой, шіркін! 16 Алайда ыссы да емес, салқын да емес, жылымшы болғаның үшін сені аузымнан түкіріп тастамақпын! 17 «Мен баймын, ауқаттымын, еш нәрсеге мұқтаж емеспін», — дейсің. Ал өзіңнің шынында сорлы бейшара, рухани жарлы, жалаңаш әрі соқыр екеніңді білмейсің! 18 Саған рухани баюың үшін отта балқытылып тазартылған «саф алтынды» Менен сатып алуға кеңес беремін. Масқара жалаңаштығың көрінбес үшін Менен «аппақ киім» де алып, киін. Сондай-ақ, көре алуың үшін «көзге жағатын шипалы май» да сатып ал! 19 Мен сүйетіндерімді әшкерелеп, тәртіпке шақырамын. Енді ынталы болып, өкініп, теріс жолдан қайт! 20 Міне, Мен есік алдына келіп, қағып тұрмын. Кімде-кім даусымды естіп, есік ашса, Мен оның жан дүниесіне еніп, онымен бірге «дастарқандас» боламын; ол да рухани нәр алып, Менімен тығыз байланыста болады. 21 Өзімнің жеңімпаз болып, Әкеммен бірге Оның тағында отырғанымдай, Мен жеңіп шыққан әркімді де қасыма, тағымның үстіне отырғызамын. 22 Құлақтары барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын!
1 Осыдан кейін қарап қалсам, көкте ашылған есікті көрдім! Мен бұдан бұрын да естіген, керней үніне ұқсайтын қатты дауыс маған: «Мұнда көтеріл, саған осыдан кейін не болуға тиіс екенін көрсетемін», — деді. 2 Мен дереу Киелі Рухқа ерекше бөленіп аян көрдім: көкте бір тақ тұрды, үстінде Біреу отыр екен. 3 Отырғанның сырт көрінісі яспис, карнеол іспетті асыл тастардай сәуле шашып, ал тақтың айналасын зүбәржаттай жалтыраған кемпірқосақ қоршапты. 4 Тақты айналдыра жиырма төрт тақ тұр екен. Олардың үстінде ақ киімді, алтын тәж киген жиырма төрт ақсақал отырды. 5 Тақтың тұсынан найзағайдың жарқылы, гүрсілі және күркірі шықты. Ал тақтың алдында жеті шырағдан жалындап жанып тұрды. Олар — Құдайдың жеті Рухының белгісі. 6 Тақтың алды мөлдір кристалл іспетті шыны теңізге ұқсады. Тақты қоршай, оның ортаңғы баспалдағында төрт нөкер бар еді. Олардың денелерінің алды-артында көптеген көздері болды. 7 Алғашқысы арыстанға, екіншісі бұқаға, үшіншісінің беті адамның бетіне, ал төртіншісі ұшып бара жатқан бүркітке ұқсас екен. 8 Әрбіреуінің алты қанаты болатын, қанаттардың тұла бойлары да толған көздер еді. Олар күні-түні тоқтамастан: «Бүкіл әлемнің Билеушісі — әрдайым болып келген, мәңгі бар және болашақта келетін Құдай Ие қасиетті, қастерлі, киелі!» — деп сиынумен болды. 9 Төрт нөкер тақта отырған, мәңгілік өмір сүретін Құдайға даңқ пен құрмет көрсетіп, шүкірлік еткен сайын, 10 жиырма төрт ақсақал Оның алдына бас ұра жығылып, мәңгі тірі Оған тағзым етеді. Олар тәждерін тақтың алдына ұсынып, былай дейді: 11 «Уа, Құдай Иеміз, Сен даңқ пен ұлылыққа, құрмет пен билікке лайықсың! Өйткені бүкіл әлемді жаратқан Өзіңсің; Сенің еркіңмен ол жаратылды және бола да береді».
1 Содан кейін тақ үстінде Отырғанның оң қолынан бір шиыршық кітапты көрдім. Шиыршық кітаптың екі жағына да жазу жазылып, ол жеті мөрмен бекітілген болатын. 2 Сол кезде бір құдіретті періштені де көрдім. Ол қатты дауыспен: «Кім мөрлерді бұзып, кітапты ашуға лайық?» — деп жариялады. 3 Алайда көктен де, жерден де, жер астынан да кітапты ашып, оның ішіне қарау билігі бар ешкім табылмады. 4 Кітапты ашып, оның ішіне қарауға лайықты ешкімнің табылмағандығына қатты қайғырып жыладым. 5 Сонда ақсақалдардың біреуі маған: — Жылама, қара: Дәуіт патшаның әулетінен, Яһуда руынан шыққан «Арыстан» жеңіске жетті! Оның сол жеті мөрді сындырып, кітапты ашып, оқуға билігі бар, — деді. 6 Мен қарасам, тақтың ортасында, айнала тұрған төрт нөкер мен ақсақалдар қоршаған «Тоқтыны» көрдім. Ол құрбандыққа шалынғандай болып көрінді. Оның жеті мүйізі мен жеті көзі бар екен, бұлар бүкіл әлемге жіберілген Құдайдың жеті Рухын білдіреді. 7 Тоқты барып, тақта Отырғанның оң қолынан кітапты қабылдады. 8 Тоқты соны қолға алған кезде төрт нөкер мен жиырма төрт ақсақал Тоқтының алдына бас ұра жығылды. Әрқайсысының қолында домбыраға ұқсас алтын аспап және түтетілетін хош иісті заттарға толы алтын табалар болды. Осы хош иісті заттар Құдай халқының айтқан мінажаттарын білдіреді. 9 Нөкерлер мен ақсақалдар жаңа мадақтау жырын айтып былай деді: — Сен лайықсың кітапты қолыңа алуға Және мөрлерін бұзып, оны ашуға! Өйткені құрбан болып, қаныңды төктің, Сол арқылы әр ру, тіл, ұлт пен халықтан Шыққандардың төлемін өтеп босаттың, Һәм Құдайға оларды бағыштадың, 10 Әрі Құдайымызға арнап соларды Жасадың діни қызметкерлер патшалығы; Олар жер бетін билейтін болады. 11 Мен тағы да қарап, тақты, төрт нөкерді және ақсақалдарды қоршап тұрған мыңдаған, миллиондаған періштелерді көріп, үндерін естідім. 12 Олар қатты дауыспен әндетіп былай деді: «Құрбандыққа шалынған Тоқты Билік пен байлықты, Даналық пен құдіретті, Құрмет, ұлылық пен дәріпті Қабылдауға әбден лайықты!» 13 Көк пен жердегі, жер асты мен теңіздегі, яғни бүкіл әлемдегі, әрбір тіршілік иесінің былай деп ән салған даусын естідім: «Тақта Отырған және Тоқты Дәріптелу мен құрметке, Ұлылық пен құдіретке Мәңгі бақи лайықты!» 14 Төрт нөкер: «Аумин», — деп жауап берді. Ал жиырма төрт ақсақал жерге бас ұра жығылып, (мәңгі тірі Жаратқан Ие мен Тоқтыға) тағзым етті.
1 Содан кейін мен «Тоқтының» жеті мөрдің біріншісін сындырып ашқанын көрдім. Сол кезде төрт нөкердің біреуінің күннің күркіріндей қатты дауыспен: «Аттан!» — деп шақырғанын естідім. 2 Қарап қалсам, алдымда ақ боз ат тұр екен. Ат үстіндегі қолына садақ ұстап, басына жеңімпаздың тәжін киіп алыпты. Ол өзінің өктемдігін орнату үшін елдерді жаулап алуға аттанды. 3 Тоқты екінші мөрді сындырып ашқанда, екінші нөкердің де: «Аттан!» — деп шақырғанын естідім. 4 Сонда оттай қызыл ат шықты. Оған мінгенге адамдар бірін-бірі қырулары үшін жер бетіндегі бейбітшілікті жою билігі беріліп, үлкен семсер табыс етілді. 5 Тоқты үшінші мөрді сындырып ашқанда, үшінші нөкердің де: «Аттан!» — деп шақырғанын естідім. Қарасам, алдымда қара ат тұр екен. Үстіндегі салт атты қолына таразы ұстапты. 6 Сонда мен нөкерлер жағынан шыққан: «Бір күндік еңбекақыға тек бір қадақ бидай немесе үш қадақ арпа ғана берілмек, ал зәйтүн майы мен шарапты бүлдірме!» — деген дауысты естідім. 7 Тоқты төртінші мөрді сындырып ашқанда, мен төртінші нөкердің де: «Аттан!» — деп шақырғанын естідім. 8 Қарасам, алдымда сұп-сұр қуқыл ат тұр екен. Оған мінгеннің есімі «Өлім», ал соңынан «О дүние» делінгені еріпті. Осы екеуіне жердің төрттен бір бөлігіне өктемдік құрып, семсер, ашаршылық, індет және жыртқыш аңдар арқылы құрту билігі берілді. 9 Тоқты бесінші мөрді сындырып ашқанда, мен құрбандық үстелінің астыңғы жағынан Құдайдың хабарын жариялап, сенімдеріне адал қалғандары үшін шейіт болғандардың жандарын көрдім. 10 Олар қатты дауыспен: — Уа, киелі де шынайы Билеуші! Қашанғы Сен жер бетіндегі адамдарды соттамай, төккен қанымыздың құнын талап етпей жүресің?» — деген сұрақ қойды. 11 Олардың әрбіреуіне (ақталу белгісі ретінде) ақ шапан жабылып: — Сендер сияқты шейіт болуға тиісті қызметтестерің мен бауырластарыңның саны толық болғанға дейін біраз уақыт тынышталып күте тұрыңдар, — деген жауап берілді. 12 Тоқты алтыншы мөрді сындырып ашқанда қарасам, жер қатты сілкініп, күн қалың қара жамылғымен жабылғандай түнекке, ал ай түгелдей қан қызыл түске айналыпты! 13 Жұлдыздар қатты жел шайқағанда ағаш басынан құлап түсетін, әлі де піспеген інжір жемістеріне ұқсап жерге құлап түсті. 14 Аспан шиыршық кітап іспетті оралып ғайып болды, әрбір тау мен арал да өз орындарынан қозғала жөнелді. 15 Жердегі патшалар, ақсүйектер және байлар, қолбасылар мен күштілер және күллі құл-еріктілер үңгірлерге және таудағы құздардың арасына тығылып қалды. 16 Олар таулар мен құздарға жалбарынып: Үстімізге құлап түсіп, бізді тақта Отырғанның көзінен таса қылып, Тоқтының қаһарынан жасыра көріңдер! 17 Олардың қаһарын шашатын күні жетті, енді кім соған төзе алады?!» — деді.
1 Мұнан кейін мен дүниенің төрт бұрышында тұрып, жер бетіне, теңізге және ағаштарға ешқандай жел соға алмастай етіп жердің төрт желін тұсаулап ұстаған төрт періштені көрдім. 2 Сол кезде күншығыстан келе жатқан, қолында мәңгі тірі Құдайдың мөрі бар басқа бір періштені де көрдім. Ол Құдайдан жер мен теңізге зақым келтіру билігін алған төрт періштеге қатты дауыспен айқайлап: 3 «Біз Құдайымыздың қызметшілерінің маңдайына таңба салып болмайынша, жер бетіне, теңізге және ағаштарға ешбір зақым келтірмеңдер!» — деп бұйырды. 4 Мен маңдайларына Құдайдың таңбасы салынғандардың саны жүз қырық төрт мың екенін естідім; олар Исраилдің барлық руларынан еді. 5 Әрбір рудан, яғни Яһуда, Рубен, Ғад, Ашир, Нафталим, Манаса, Шимон, Леуі, Исашар, Забулон, Жүсіп және Бунямин руларынан он екі мыңнан адамға таңба салынды. 9 Содан соң қарасам, сансыз көп адамдардың ғаламат жиынын көрдім. Олар әрбір ұлт, ру, халық және тілден шығып, тақ пен Тоқтының алдында ақ шапан киіп, қолдарына пальма бұтақшаларын ұстап тұр екен. 10 Жиналғандар қатты дауыспен былай деп мақтау айтты: — Құтқарылу тақта отырған Құдайымыз бен Тоқтының билігінде! 11 Барлық періштелер де, ақсақалдар мен төрт нөкер де тақты айналдыра тұрды. Олар тақтың алдында жерге бас ұра жығылып Құдайды былай деп даңқтады: 12 — Аумин. Дәріптеу, ұлылық және даналық, Шүкірлік, құрмет, құдірет пен билік Біздің Құдайға арналған мәңгілік! Аумин. 13 Мұнан кейін ақсақалдардың бірі маған: — Ақ шапан киген мына адамдар кімдер, олар қайдан келді? — деген сұрақ қойды. 14 — Мырзам, өзіңіз білесіз ғой, — деп жауап бердім. Ол маған былай деп түсіндірді: — Бұлар — зор қудалану кезеңінен өткендер. Олар шапандарын Тоқтының төгілген қанымен «жуып» аппақ қылды. 15 Сондықтан олар Құдайдың тағының алдында тұрып, Оған күні-түні киелі үйінде қызмет етеді. Тақта отырған Құдай олардың арасында бірге тұрып, баспана болады. 16 Енді ешқашан да соларды аштық пен шөл азабы қинамайды, күннің аптабы да күйдірмейді. 17 Себебі тақтың ортасындағы Тоқты олардың Бағушысы болып, «тірі судың» бұлақтарына жетелейді. Құдай солардың барлық көз жастарын сүртіп тастап жұбатады.
1 Тоқты жетінші мөрді бұзып ашқанда, көкте жарты сағат шамасында тыныштық орнады. 2 Бұдан кейін мен Құдай алдында тұрған жеті періштені көрдім, оларға жеті керней берілді. 3 Қолында хош иісті заттарды түтетуге арналған алтын табасы бар өзге бір періште келіп, түтету үстелінің жанына тұрды. Оған молынан хош иісті заттар берілді. Ол соларды Құдайдың бүкіл халқының айтқан мінажаттарымен бірге тақтың алдындағы алтын жалатқан түтету үстеліне Тәңір Иеге бағыштап қоюға тиіс еді. 4 Сонда хош иісті заттардың түтіні Құдай халқының мінажаттарымен бірге періштенің қолынан көтеріліп, Құдайдың алдына жетті. 5 Бұдан кейін періште хош иісті заттар салынған табаны алып, түтету үстелінен алынған шоққа толтырып, жерге лақтырып жіберді. Сонда күн күркіреп, жаңғырықты; найзағай жарқылдап, жер сілкінді. 6 Сол кезде қолдарында кернейлері бар жаңағы жеті періште соларын тартуға дайындалды. 7 Алғашқысы кернейлеткенде, қан аралас бұршақ пен от пайда болып, жерге жауды. Жер бетінің және ағаштардың үштен бір бөлігі мен көк шөптің бәрі де өртеніп, жанып кетті. 8 Екінші періште кернейлеткенде, жалындап жатқан зәулім таудай бір нәрсе теңізге лақтырылды. Теңіздің үштен бірі қанға айналып, 9 ондағы тіршілік иелерінің үштен бірі өліп, кемелердің де үштен бірі қирады. 10 Үшінші періште де кернейін тартты. Сонда аспаннан шырақ сияқты лаулаған зәулім жұлдыз өзендердің үштен бір бөлігіне және су көздеріне құлап түсті. 11 Сол жұлдыздың аты — жусан. Судың үштен бір бөлігі жусандай ащы болып, одан ішкен көптеген адамдар өліп қалды. 12 Төртінші періште кернейін тартқанда, күннің, айдың, жұлдыздардың үштен бір бөлігі зақымдалып, олардың үштен бірін қараңғылық басып, күннің үштен бір бөлігі түн іспетті қара түнекке айналды. 13 Мұнан кейін қарасам, аспанда ұшып жүрген бір бүркітті көріп, оның қатты дауыспен: «Қасірет, қасірет! Қалған үш періште кернейлерін тартқанда, күнәкар дүниеде өмір сүргендердің қасіреті қандай болмақ!» — деп ескерткенін естідім.
1 Бесінші періште кернейлеткенде, көктен жерге құлап түскен «жұлдызды» көрдім. Оған (жындар тұратын) терең тұңғиық көзінің кілті берілді. 2 Жұлдыз тұңғиықтың қақпасын ашқанда, одан үлкен пештен шыққандай қою түтін шығып, содан күн көзі де, ауа да қараңғыланып кетті. 3 Түтіннен «шегірткелер» шығып, жерге қонды. Оларға жердегі шаяндар іспетті (залал тигізу) күші беріліп, 4 тек маңдайларында Құдайдың таңбасы жоқ адамдарды ғана жәбірлеу бұйырылды. Ал оларға көк шөпке, басқа да ешқандай өсімдіктер мен ағаштарға зақым келтіруге рұқсат берілмеді. 5 Сол «шегірткелердің» бұл адамдарды өлтірмей, тек бес ай бойы азаптау еркі ғана болды. Олардың шаққаны адамды улы шаянның шаққанындай азаптап қинайды. 6 Осы бес ай ішінде адамдар өлгілері келсе де, өле алмайды. Олар өлуді қаншама аңсағанмен, ажал олардан қашып кететін болады. 7 Шегірткелер ұрысқа дайын аттардай көрінді. Бастарына алтын тәж секілді бір нәрсе киіп, бет пішіндері адамға ұқсас болды. 8 Олардың шаштары әйелдердің шаштарындай, тістері арыстанның тістеріндей, 9 ал кигендері темір сауытқа ұқсас екен. Қанаттарынан шыққан шуы ұрысқа шапқан ат жеккен сансыз күймелердің дөңгелектерінің дыбысындай еді. 10 Шегірткелердің шаяндікі сияқты құйрықтары мен улы тістері бар екен; оларға бес ай бойы адамдарды шағу еркі берілді. 11 Тұңғиықтың періштесі шегірткелердің үстерінен патшадай билік жүргізеді екен. Оның еврейше, грекше аттарының мағынасы — «Құртушы». 12 Бір қасірет өтті, енді, міне, тағы екеуі төніп келеді! 13 Алтыншы періште кернейлеткен кезде Құдай алдында тұрған, алтын жалатқан түтету үстелінің төрт бұрышындағы мүйіздерінен шыққан бір дауысты естідім. 14 Сол дауыс кернейі бар алтыншы періштеге: «Ұлы Евфрат өзенінің жағасында байлаулы жатқан төрт хабаршыны босат!» — деп бұйырды. 15 Сонда дәл осы сағат, осы күн, осы ай, осы жылда (күнәкар) адамдардың үштен бірін өлтіруге дайындалған төрт хабаршы босатылып жіберілді. 16 Олардың атты әскерінің санын естідім: екі жүз миллион шамасында еді. 17 Мен осы аянда көрген аттар мен салт аттылардың сырт көрінісі мынадай: үстерінде оттай қызыл, қара көк және күкірттей сары түсті қалқандары бар еді. Аттардың бастары арыстандікіне ұқсап, ал ауыздарынан от-жалын, түтін және күкірт шығып жатты. 18 Адамзаттың үштен бірі аттардың ауыздарынан шыққан осы үш пәледен: от-жалын, түтін және күкірттен қырылып қалды. 19 Аттардың күштері ауыздарында да, құйрықтарында да бар еді. Себебі құйрықтары адамды шағып зақымдайтын басы бар жыландарға ұқсайтын. 20 Алайда сол пәлелерден өлмей, аман қалған адамдар өз қылықтарына өкініп, бас тарта қоймады. Олар өздерінің жын-перілерге және алтын, күміс, мыс, тас немесе ағаштан жасалған мүсіндерге табынып келгендеріне опық жеп, тәубеге келмеді. Ал сол мүсіндер не көре, не ести, не жүре алмайды ғой. 21 Сонымен қатар адамдар өздерінің кісі өлтіріп, сиқыршылықпен айналысып, азғындыққа салынып, ұрлық жасап күнәға батқандарынан да қайтпады.
1 Мұнан кейін көктен түсіп келе жатқан басқа бір күшті періштені көрдім. Ол бұлтқа оранған еді, ал басының үстінде кемпірқосағы бар болатын. Беті күндей жарқырап, ал аяқтары от бағанасына ұқсады. 2 Періште қолына жазуы бар, ашылған кітапшаны ұстап тұрды. Содан ол оң аяғын теңіз бетіне, сол аяғын құрлық үстіне қойып, 3 арыстанның ақырғанындай қатты айқайлады. Ол айқайлағанда, (Құдайдың тағындағы) жеті күн күркірі үн қатып сөйледі. 4 Олар сөйлеп жатқанда, мен айтқандарын жазып алмақшы болдым. Алайда көктен маған: «Жеті күн күркірінің айтқандарын жазба. Оларды жауып тастап, мөр басып бекіткендей құпия сақта!» — деген дауысты естідім. 5 Содан кейін мен бір аяғымен теңізде, бір аяғымен құрлықта тұрғанын көрген періште оң қолын көкке қарай көтерді. 6 Ол аспан мен жерді, теңізді және олардағы барлық нәрселерді жаратқан, мәңгі тірі Тәңір Иенің атымен ант беріп, былай деді: «Енді еш кешеуілсіз, 7 жетінші періште кернейін тартып, белгі берген кезде Құдайдың құпия жоспары жүзеге асады! Бұл Оның өз қызметшілері — пайғамбарларына алдын ала хабарлағанындай болмақ». 8 Мен бұрын көктен естіген дауыс маған қайтадан тіл қатып: «Барып, теңіз бен құрлықта тұрған періштенің оң қолындағы ашылған кітапшаны ал», — деді. 9 Сонда мен періштеге барып, одан кітапшасын беруін өтіндім. Ол маған: «Ал да, жеп қой. Ол қарныңа барғанда ащы, ал аузыңда балдай тәтті болады», — деді. 10 Мен періштенің қолынан кітапшаны алып, жеп қойдым. Аузымда ол маған балдай тәтті болса, жұтқаннан кейін ішімді қуырды. 11 Мұнан соң маған: «Сен тағы да Құдайдың көптеген халықтар, ұлттар, тілдер және патшалар туралы хабарын жариялауға тиіссің», — деген тапсырма берілді.
1 Содан кейін біреу маған бір өлшеуіш қамыс таяқты беріп, былай деді: — Бар да, Құдайдың киелі үйін және ондағы түтету үстелін өлшеп, сол жердегі ғибадат етіп жатқандардың санын есепте! 2 Алайда киелі үйдің сыртқы ауласын өлшеме, оны есептен шығарып таста! Себебі Құдай оны Өзіне мойынсұнбаған басқа ұлттарға уақытша табыс етті. Олар киелі қаланы қырық екі ай бойы табандарының астына таптайтын болады. 3 «Бірақ Мен Өзімнің екі хабаршымды тағайындаймын. Олар азалы киім киіп қайғырып, сол бір мың екі жүз алпыс күн бойы Менің хабарымды жариялайтын болады». 4 Екі хабаршы — «қос зәйтүн ағашы» және әлемнің Иесінің алдында тұрған «қос шам қойғыш». 5 Егер кейбіреу оларды жәбірлемек болса, онда ауыздарынан от-жалын шашып, жауларын жалмап қояды. Оларға зиянкестік жасағысы келгендер осылай құртылады. 6 Екеуі Құдайдың хабарын жариялаған кездерінде өз қалаулары бойынша жаңбыр жаумайтындай етіп аспанды жауып тастау, суды қанға айналдыру және жерді әр түрлі пәлелерге душар еткізу биліктері бар. 7 Екі хабаршы Мәсіхтің хабарын түгелдей жариялап болғаннан кейін, тұңғиықтан шыққан бір хайуан олармен соғысып, жеңіп шығып, өлтіреді. 8 Мұнан кейін олардың сүйектері «үлкен қаланың» көшесінде жатады. Екеуінің Иесі (Мәсіх) айқышқа шегеленіп, өлтірілген сол қаланы (яғни Иерусалимді) астарлап «Содом» және «Мысыр» деп те атайды. 9 Үш жарым күн бойы барлық халықтар, рулар, тілдер және ұлттардың адамдары екі хабаршының мәйіттеріне қарап, қабірге қоюға рұқсат бермейтін болады. 10 Олардың өліміне күнәкар дүниенің адамдары шаттанып, тойлап, бір-біріне сый-сыяпаттар жібереді. Себебі осы екі пайғамбар күнәкар адамзатқа азап әкелген болатын. 11 Бірақ үш жарым күн өткеннен кейін, Құдайдың өмір беретін демі олардың бойларына еніп, екеуі де орындарынан түрегелді. Оларды көргендердің бәрін зор үрей биледі. 12 Екі пайғамбар көктен өздеріне үн қатып: «Мұнда көтеріліңдер!» — деген дауысты естіді. Дұшпандары қарап тұрған кезде олар бұлтпен көкке көтеріліп кетті. 13 Дәл сол сәтте болған қатты жер сілкіністен қаланың оннан бір бөлігі талқандалып, жеті мың адам қырылды. Ал қалған халықты қатты қорқыныш билеп, олар көктің Иесі — Құдайдың даңқын мадақтады. 14 Екінші пәле аяқталды, енді үшіншісі жақындап келе жатты. 15 Жетінші періште кернейін тартқанда, көктен: «Әлемді басқару билігі Жаратқан Иеміздікі және Оның тағайындаған Патшасы Мәсіхтікі! Ол мәңгілік билік жүргізетін болады!» — деген қатты дауыстар шықты. 16 Құдай тағының алдында өз тақтарында отырған жиырма төрт ақсақал жерге бас ұра жығылып, Құдайға тағзым етіп былай деді: 17 «Уа, бүкіл әлемнің Билеушісі — әрдайым бар және мәңгі болып келген Құдай Ие! Сен ұлы құдіретіңді қолыңа алып, Патшалық құра бастадың, соған ризашылығымызды білдіреміз. 18 Саған мойынсұнбаған ұлттар ашу-ызаға кенелді. Алайда Сенің қаһарыңды шашып, о дүниеге аттанғандарды соттайтын уақытың келді. Енді Сен қызметшілеріңе: пайғамбарларың мен барлық халқыңа, Өзіңді құрметтейтін үлкен-кішінің бәріне де сыйыңды бересің. Ал жерді құртқандардың өздерін құртасың». 19 Сонда Құдайдың көктегі киелі үйі ашылып, ондағы Келісім сандығы көрінді. Найзағайлар жарқылдап, қатты дауыстар мен күн күркірі естіліп, жер сілкініп, бұршақ қатты жауды.
1 Мұнан кейін аспанда бір керемет зор көрініс пайда болды: күнді жамылған, аяғының астында айы бар, басына он екі жұлдыздан тәж киген бір әйел көрінді. 2 Ол босанбақ болып, толғақтың ауруы мен азабынан айғай салды. 3 Аспанда тағы басқа бір ғажап көрініс пайда болды: бұл жеті басты, он мүйізді, әр басында тәжі бар оттай қызыл алып айдаһар екен. 4 Ол құйрығымен аспандағы жұлдыздардың үштен бірін тартып алып, жерге қарай лақтырып жіберді. Айдаһар толғатып жатқан әйелдің алдында тосып тұрып, оның Баласын туысымен-ақ жалмап қоймақшы болды. 5 Осылай әйел Ұлын дүниеге келтірді; Ол болашақта күллі халықтарға қатаңдықпен билік жүргізетін болады. Нәресте тезірек Құдайға, Оның тағының алдына әкелінді. 6 Ал әйел Құдай алдын ала дайындап қойған айдаладағы бір жерге қашып құтылды. Сол жерде әйелге бір мың екі жүз алпыс күн бойы қамқорлық жасалатын болады. 7 Сонда көкте соғыс бұрқ ете түсті. Михайл мен оның қол астындағы періштелері айдаһарға қарсы аттанды. Айдаһар өз нөкерлерімен бірге оларға қарсы шайқасты, 8 бірақ төтеп бере алмады. Бұдан былай соларға көктен орын берілмеді. 9 Осылайша алып айдаһар — бүкіл әлемді алдап келген әзәзіл әрі шайтан есімді, ежелден бері келе жатқан жылан көктен қуылып, бүкіл хабаршыларымен қоса жер бетіне лақтырылды. 10 Содан кейін мен көктен шыққан қатты дауысты естідім. Ол былай деді: «Енді Құдай (Өзінің халқын) құтқарды! Ол құдіретін көрсетіп, патшалық етіп, билік жүргізеді. Оның тағайындаған Патшасы Мәсіх өктемдік етеді! Ал Құдай алдында күні-түні бауырластарымызға жала жауып келген шайтан көктен лақтырылып тасталды. 11 Бауырластарымыз «Тоқтының» өз жанын құрбан етіп Қанын төгуінің арқасында және өздерінің Ізгі хабарды қабылдап, ашық мойындауларымен жеңіске қол жеткізді. Олар өз жандарын тым қатты сүймей өлімге қиды. 12 Қуаныңдар, көк және оны мекендегендердің бәрі де! Алайда жер мен теңізде тұратындарға қасірет! Себебі әзәзіл шайтан төменге, сендердің қастарыңа түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы». 13 Айдаһар өзінің жерге лақтырылғанын білгенде, Ұлды туған әйелдің соңына түсіп, оны қудалай бастады. 14 Сонда әйелге айдалада өзіне дайындалған арнайы орынға ұшып бару үшін алып бүркіттің қос қанаты берілді. Айдалада әйел үш жарым кезең бойы сол улы жыланнан қауіпсіз тұрып, Құдайдың қамқорлығында болады. 15 Әйелді сумен ағызып әкетіп, құрту үшін алып жылан аузынан үлкен өзен іспетті су тасқынын лақ еткізіп төгіп жіберді. 16 Алайда жер әйелге көмектесіп, аузын кеңінен ашып, сол айдаһардың аранынан шыққан өзенді жұтып қойды. 17 Айдаһар әйелге долданып, оның өзге де ұрпақтарымен, яғни Құдайдың бұйрықтарына бағынып, Исаның шынайы хабарына адал болып жүргендерімен, шайқасуға аттанды.
1 Бұдан кейін айдаһар теңіз жағасында тұрды. Сонда мен теңізден шығып келе жатқан бір айуанды көрдім. Оның он мүйізі мен жеті басы бар еді. Әрбір мүйізінде бір тәжден болды. Ал бастарында Құдайды қорлайтын атаулары жазылыпты. 2 Осы айуан қабыланға ұқсас, аяқтары аюдікіндей, ал аузы арыстанның аранындай болатын. Айдаһар оған өз күшін, тағын және зор бедел мен билікті тапсырды. 3 Айуанның бір басының өлімге шалынып жарақаттанғандай болғанын көрдім. Алайда ол ажалды жарақатынан сауығыпты! Бүкіл әлем осы ғажапқа қайран қалып, айуанның соңынан ілесті. Олар айуанға бедел мен билік берген айдаһарға бас ұрып табынды; сондай-ақ: «Айуанға тең келер кім бар? Онымен кім шайқаса алады?» — деп айуанға да құлшылық етті. 5 Айуанға өз ұлылығын марапаттап, Құдайды қорлайтын ауыз, әрі қырық екі ай бойы өз бетімен әрекет ету билігі берілді. 6 Ол аранын ашып, Құдайды, Оның есімін, киелі үйін және көкте мекендейтіндерді балағаттап қорлай бастады. 7 Оған Құдайға бағышталған халқымен күресіп, жеңіп шығатын күш, сондай-ақ әрбір ру, халық, тіл және ұлттың үстінен билік берілді. 8 Жер бетінде тұратын (күнәкар) адамзат түгелдей, яғни құрбандыққа шалынған Тоқтының Мәңгілік өмір кітабына әлем жаратылмас бұрын есімдері жазылғандардан басқасының бәрі де, оған құлшылық ететін болады. 9 Құлағы барлар жақсылап тыңдасын: 10 кімге тұтқындалу бұйырылса, сол тұтқындалады; кімге семсерден өлу бұйырылса, сол семсерден өлім табады. Мұнда Құдай халқының төзімділігі мен сенімділігі қажет болады. 11 Содан кейін мен жерден шығып жатқан басқа бір айуанды көрдім. Оның Тоқтынікі сияқты қос мүйізі бар екен, бірақ ол айдаһарша сөйледі, 12 әрі алғашқы айуанға қызмет етіп, оның бүкіл билігін жүргізді. Екінші айуан күнәкар дүниені және онда өмір сүрушілердің бәрін ажалды жарақаты жазылған алғашқы айуанға құлшылық еткізіп, 13 зор кереметтер көрсетуге билікті болды: ол тіпті адамдардың көз алдында көктен жерге от түсірді. Алғашқы айуанның алдында жасаған осы кереметтері арқылы ол күнәкар адамзатты түгел алдап, азғырып теріс жолға салды. Оларға семсерден жарақаттанғанмен аман қалған алғашқы айуанның құрметіне мүсін жасауды тапсырды. 15 Екінші айуанға осы мүсінге өз рухын енгізетін күш-қуат берілді. Осылайша мүсін тіпті сөйлеп, өзіне табынбайтындардың бәрін өлтірте алатын болды. 16 Айуан барлық адамдарды: үлкенді-кішілі, бай-кедей, құл-еріктіні не оң қолын, не маңдайын таңбалауға мәжбүр етті. 17 Осы таңбасы жоқтар еш нәрсені сатып ала да алмайды, сата да алмайды. Ол таңба — алғашқы айуанның есімі яки есімінің саны. 18 Бұл парасаттылықты талап етеді. Зерек адамдар айуан есімінің санын есептеп шығарсын. Себебі осы сан бір адамның атын білдіреді: ол сан — алты жүз алпыс алты.
1 Мұнан кейін қарасам, (Иерусалимдегі) Сион төбесінде тұрған Тоқтыны және Оның қасында маңдайларында Тоқтының және Оның Әкесінің аттары жазылған жүз қырық төрт мың адамды көрдім. 2 Сонда мен сарылдап аққан көп судың даусындай, күннің қатты күркіріндей, көктен шыққан бір дыбысты естідім. Ол жетігенде ойнаған күйшілердің әсем сазындай еді. 3 Тақ алдында және төрт нөкер мен ақсақалдардың алдында жаңа ән айтылды. Оны күнәларының құны өтеліп, күнәкар дүниеден азат етілген жүз қырық төрт мың адам ғана үйрене алды. 4 Олар Иемізге деген адалдықтарын бұзбай, өздерін пәк ұстаған еді. Тоқты қайда бармасын, олар Оған еріп жүреді. Бұлар — Құдайға және Тоқтыға бағышталған алғашқы сый-тарту. Олар адамзат арасынан төлемдері өтеліп, азат етілгендер еді; 5 ауыздарынан арам сөз шықпайтын, олар мінсіз. 6 Мұнан кейін мен аспанның биігінде ұшып бара жатқан ерекше бір періштені көрдім. Ол жер бетінде Құдайға мойынсұнбай тұратын әрбір халыққа, руға, тілге және ұлтқа қарсы Құдайдың мәңгілік жеңісі туралы Ізгі хабарды жариялады. 7 Сол ерекше періште қатты дауыспен: — Құдайды терең қастерлеп, даңқтаңдар, Оның ұлылығын дәріптеп мадақтаңдар! Себебі Оның адамзатты соттайтын уақыты туды. Көк пен жерді, теңіз бен су көздерін жаратқан Құдайға бас ұрып ғибадат етіңдер! — деп жар салды. 8 Екінші ерекше періште оған ілесіп мынаны хабарлады: — Ол құлады: Ұлы Бабыл қаласы құлады! Ол күллі халықтарға өзінің жынды қылатын «азғындығының шарабынан ішкізіп» келді! — 9 Алдыңғы екеуіне тағы үшінші ерекше періште еріп, қатты дауыспен мынаны жариялады: — Айуанға және оның мүсініне құлшылық етіп, өздерінің маңдайына не қолына оның таңбасын қабылдаған 10 бәрі де Құдайдың ашу-ызасының «шарабынан ішуге» тиісті болады! Осы «шарап» Құдайдың қаһарының «тостағанына» еш сумен араластырылмай таза күйінде құйылды. Сол адамдар Құдайдың қасиетті періштелері мен Тоқтының алдында сотталып, күкіртпен жанып тұрған отта азапталмақ. 11 Олардың азабының түтіні мәңгі шығып жатпақ. Айуанға және оның мүсініне табынып және айуанның есімінің таңбасын қабылдағандарға күні-түні тыным болмайды. 12 Мұнда Құдайдың халқы төзімділік көрсетсін! Олар Оның өсиеттерін орындап, Исаға деген сенімдерін берік ұстанулары керек. 13 Сол кезде мен көктен былай деген дауысты естідім: — Мынаны жаз: Бұдан былай Жаратқан Иемен тығыз байланыста болып қайтыс болғандар бақытты! — Киелі Рух соны бекітіп былай дейді: — Иә, олар өздерінің ауыр еңбегінен кейінгі демалыстың рақатын көрмек. Істеген игі істерінің жемісі олардан айырылмайды. 14 Содан соң қарасам, бір нұрлы бұлтты көрдім. Бұлттың үстінде адам баласына ұқсайтын Біреу отырды. Ол басына алтын тәж киіп, қолына өткір орақ ұстапты. 15 Мұнан кейін көктегі киелі үйден бір ерекше періште шығып, қатты дауыспен бұлттың үстінде отырған Билеушіге мынадай хабар жеткізді: «Орағыңды қолданып, егінді орып ала гөр. Жер бетіндегі егістік пісіп тұр, енді өнімді жинайтын уақыт болды». 16 Сонда бұлт үстінде отырған Билеуші жерге қарай орағын сілтеп қалғанда, жердегі өнім орыла кетті. 17 Көктегі киелі үйден тағы бір ерекше періште шықты. Ол да қолына өткір қол орақ ұстапты. 18 Сонда отқа өктемдік жүргізетін ерекше бір періште құрбандық үстелінің жанынан шыға келді. Ол өткір қол орағы бар періштеге қатты дауыспен: «Жердегі жүзім бұтасының шоқтарын өткір орағыңмен орып ал! Олар пісіп тұр», — деп айғайлады. 19 Періште қол орағын жерге сілтеп, жүзім бұтасының шоқтарын кесіп алып, жүзім шырынын сығып алатын үлкен шұңқырға салды. Бұл Құдайдың төгілетін зор қаһарын астарлап білдіреді. 20 Осылайша жүзім шоқтары қаланың сыртындағы сығу шұңқырында тапталды. Одан тереңдігі ат жалына жететін, ал ұзындығы үш жүз шақырымдай қан тасқыны ағып шықты.
1 Аспаннан тағы басқа бір таңғаларлық үлкен әрі керемет көріністі көрдім: (Құдайға қарсы шыққандарды) ең соңғы жеті пәлеге ұшырататын жеті періште тұрды. Құдайдың қаһары осы пәлелермен толықтай жүзеге аспақ. 2 Мұнан кейін мен отпен араласқан, шыны теңіз іспетті жарқыраған алаңды көрдім. Оның жағалауында не айуанның мүсініне табынбаған, не оның есімінің санын бейнелейтін таңбаны қабылдамаған, осылайша айуанды жеңіп шыққан адамдар тұр екен. Бәрі қолдарына Құдайды мадақтайтын жетігендерін ұстапты. 3 Олар Құдайдың қызметшісі Мұсаның жырын және Тоқты жөніндегі жырды айтып тұрды: «Уа, Құдай Ие, бүкіл әлемнің Билеушісі, Сенің істерің керемет те ұлы! О, халықтардың мәңгілік Патшасы, Сенің жолдарың әділ де шынайы! 4 Уа, Жаратқан Ие, кім Сенен қорықпас, Есіміңнің ұлылығын кім даңқтамас? Сен ғана толықтай қасиеттісің! Бар ұлттар келмек алдыңа Өзіңнің, Бас ұрып мақтайды даңқыңды Сенің, Себебі ашылды әділ үкімдерің!» 5 Бұдан кейін қарасам, көктегі киелі үйдің, яғни Келісім шатырының, ашылып жатқанын көрдім. 6 Жарқыраған аппақ бәтестен киім киіп, кеуделеріне алтын аспа бау таққан жеті періште киелі үйден шықты. Жеті пәленің билігі соларда еді. 7 Құдай тағының қасындағы төрт нөкердің біреуі осы жеті періштеге жеті тостағанды берді. Тостағандар мәңгілік жасайтын Құдайдың қаһарына толы еді. 8 Содан киелі үй Құдайдың хош иісті түтіндей таралатын салтанатты ұлылығы мен құдіретіне кенелді. Жеті періште тостағандарынан төгетін жеті пәле аяқталғанша, ешкім де киелі үйге кіре алмады.
1 Сонда мен киелі үйден шыққан бір қатты дауыстың жеті періштеге: «Барыңдар да, Құдайдың қаһарына толы жеті тостағанды жер бетіне төгіп жіберіңдер!» — деп тапсырғанын естідім. 2 Біріншісі барып, тостағандағысын жерге төгіп жіберді. Сонда айуанның таңбасын қабылдап, оның мүсініне табынғандарда жиіркенішті де азапты, іріңді жаралар пайда болды. 3 Екінші періште тостағандағысын теңізге құйып жібергенде, оның суы өлген адамның қанындай қоюланды. Теңіздегі күллі тіршілік иелері өліп қалды. 4 Үшіншісі тостағандағысын өзендер мен су көздеріне төгіп жібергенде, олар қанға айналды. 5 Су атаулыға өктемдік жүргізетін періштенің былай дегенін естідім: «Уа, әрдайым бар және мәңгі болып келген қасиетті Жаратқан Ие, Сен әділсің! Сенің шығарған осы үкімдерің де әділ! 6 Сол адамдар Сенің халқыңның және пайғамбарларыңның қанын төккендіктен, оларға қан ішкіздің. Соларға осы лайық». 7 Сонда мен түтету үстелі жағынан былай деген дауысты естідім: «Иә, Құдай Ие — бүкіл әлемнің Билеушісі, Сенің үкімдерің әділ де шынайы!» 8 Ал төртінші періште тостағандағысын күнге төккенде, күн отты қызуымен адамдарды күйдіретін болды. 9 Олар қатты аптапқа күйіп, осы пәлелерге билік жүргізетін Құдайдың атына тіл тигізді. Бірақ олар өкініп, теріс жолдарынан қайтпады, әрі Тәңір Иені даңқтап, Оған лайықты құрмет көрсетпеді. 10 Енді бесінші періште тостағандағысын айуанның тағына құйып жібергенде, оның патшалығын қараңғылық басты. Адамдар аурудан қатты қиналып, тілдерін тістеді. 11 Алайда олар өздерінің жаман қылықтарына өкініп, қайтпады; керісінше, аурулары мен іріңді жараларына бола көктегі Құдайға тіл тигізді. 12 Алтыншы періште тостағандағысын ұлы Евфрат өзеніне құйып жіберді. Сонда өзен кеуіп қалып, осылайша шығыстан келетін патшаларға жол дайындалды. 13 Мұнан соң құрбақаға ұқсаған үш жынды көрдім. Олар айдаһардың, айуанның және жалған пайғамбардың ауыздарынан шықты. 14 Үшеуі де — жындардың рухтары. Олар ғажап істер істеп, құдіреттерін көрсетеді. Олар бүкіл жер бетін аралап, күнәкар дүниенің күллі патшаларын Тәңір Иеге қарсы шайқасуға жинап әкеледі. Бұл шайқас Әлемнің Әміршісі — Құдайдың ұлы соты күні болады. 15 (Мәсіх былай дейді:) «Тыңда, Мен ұрының қапыда түсетініндей күтпеген кезде келемін! Жалаңаш қалып, жұрт алдында ұятқа қалмау үшін сергек болып, (кіршіксіз пәк) киімдерін дайын сақтағандар бақытты!» 16 Әлгі үш жын патшалардың бәрін еврейше Һар-Магедон деп аталатын жерге алып келді. 17 Жетінші періште тостағандағысын ауаға төккенде, киелі үйдегі тақтан «Орындалды!» — деген қатты дауыс шықты. 18 Сонда найзағай жарқылдап, мықты гүріл естіліп, күн күркіреп, жер қатты сілкінді. Адамзат дүниеде өмір сүргелі ешқашан мұндай жер сілкінісі болып көрмеген еді: бұл барлығынан да қатты жер сілкінісі болды. 19 Содан ұлы қала үшке бөлініп, басқа халықтардың қалалары да қирап қалды. Осылай ұлы Бабыл Құдай алдында ескеріліп, қала Құдайдың «тостағанынан» — Оның қатты ашуы мен қаһарын білдіретін «шарабынан» ішуге мәжбүр етілді. 20 Барлық аралдар «қашып», ғайып болып, таулар жермен-жексен болды. 21 Аспаннан адамдардың үстіне салмағы жүз қадақтай дәу тастар жауды. Сонда да адамдар сол ғаламат қорқынышты пәле, яғни тас бұршақ жаудырғаны, үшін Құдайды балағаттап, тілдеді.
1 Жеті тостағаны бар жеті періштенің бірі қасыма келіп, маған былай деді: — Жүр, мен саған көптеген сулардың үстінде отырған «аты шулы опасыз әйелдің» сотталып, жазалануын көрсетейін. 2 Жер бетіндегі патшалар онымен азғындыққа түсті. Күнәкар дүниенің тұрғындары «опасыз әйелдің шарабынан» мас болып, оның азғындығына мүлдем берілді. 3 Сонда мен киелі Рухқа ерекше бөленіп, періште мені айдалаға апарды. Сол жерде бір ал қызыл айуанның үстінде отырған әйелді көрдім. Айуанның жеті басы мен он мүйізі болды. Оның тұла бойында Құдайды қорлайтын атаулары жазылған екен. 4 Әйел алтынмен, қымбат тастар және інжу-маржанмен әшекейленген, қою күлгін және ал қызыл түсті киім киіпті. Ол қолына өзінің жексұрын, былғаныш қылықтарын бейнелейтін нәрселерге толы алтын тостаған ұстап отырды. 5 Ал маңдайында «Құпия: ұлы Бабыл, әлемдегі барлық опасыздық пен жексұрындық жасайтындардың анасы» деген атағы жазулы тұрды. 6 Мен әйелдің Құдай халқының қанынан мас болғанын көрдім. Ол Исаға адал болып қалғандықтан шейіт болғандардың төгілген қанын ішкен еді. Әйелді көргенде қатты таңғалдым. 7 Періште: — Сен неге таңғалдың? — деп сұрады. — Саған әйелдің және оны көтеріп жүрген жеті басты, он мүйізді айуанның құпия мәнін айтып берейін: 8 сен көрген айуан бір рет өмір сүрді. Ол қазір өмір сүрмесе де, түпсіз тұңғиықтан шықпақшы. Ал кейін ол құртылып кетпек. Күнәкар дүниенің тұрғындары, яғни әлемнің жаратылған кезінен-ақ «Мәңгілік өмір кітабына» есімдері жазылмаған адамдар, айуанға қарайды. Олар оның бір рет өмір сүріп, қазір өмір сүрмей, ал кейін қайтадан пайда болатынына таңғалады. 9 Бұл дана ой-сананы қажет етеді. Жеті бас әйел отырған жеті төбені бейнелейді. Олар, сондай-ақ, жеті патшаны да астарлап білдіреді. 10 Солардың бесеуі тақтан құлаған, тағы біреуі қазір билік құрып отыр, ал соңғысы әлі келген жоқ. Ол келгенде азғана уақыт билік құратын болады. 11 Бір кезде өмір сүрген, ал қазір өмір сүрмейтін айуанның өзі — сегізінші патша. Ол да әлгі жетеудің сапында болып, құрып кетпек. 12 Сен көрген он мүйіз әлі билік құрмаған он патшаны білдіреді. Оларға айуанмен бірге қысқа уақытқа патшалық билік берілмек. 13 Осы онның мақсаты біреу-ақ: олар өздерінің күш-қуаты мен билігін айуанға аманаттап, 14 Тоқтыға қарсы соғысқа шығады. Бірақ Тоқты оларды жеңіп шығады. Себебі Ол — «иелердің Иесі, патшалардың Патшасы»! Ал қасындағылар — Оның шақырылып, таңдалған, адал ізбасарлары. 15 Періште маған тағы да тіл қатып былай деді: — Сен опасыз әйел үстінде отырған суларды көрдің. Бұлар ұлттар мен халықтарды, тайпалар мен тілдерді белгілейді. 16 Сен көрген он мүйіз де, айуан да опасыз әйелді жек көреді. Сондықтан олар оны елсіз-күйсіз, тыр жалаңаш қалдырып, талан-таражға салады, оның тәнін жалмап, қалдықтарын өртеп тып-типыл етпек. 17 Себебі Құдай олардың жүректеріне әсер етіп, өз мақсатын орындатады: оларға өзара келісіп, Құдайдың айтқандары іске асқанға дейін өз биліктерін айуанға аманаттау тілегін дарытты. 18 Сен көрген әйел күнәкар дүниедегі патшаларға үстемдік жүргізетін ұлы Бабыл қаласын бейнелейді.
1 Бұлардан кейін көктен төмен түсіп келе жатқан бір ерекше періштені көрдім. Оның зор билігі бар еді, салтанатының нұры бүкіл жерді жарқыратты. 2 Періште қатты дауыспен былай деп жариялады: «Ол құлады! Ұлы Бабыл құлады! Ол жындардың ордасы, әр алуан арам рухтардың ұясы болды. Бұдан былай арам, жексұрын құстардың барлық түрі оған қоныстанбақ. 3 Күллі ұлттар да оның жынды қылатын азғындығының «шарабынан» ішіп келді. Дүниенің патшалары онымен азғындыққа түсетін. Әлемнің саудагерлері оның сән-салтанат пен асқан молшылыққа деген құмарлығынан байыды». 4 Көктен былай деген басқа бір дауысты да естідім: «Одан шық, халқым Менің, одан шық! Әйтпесе оның күнәларына араласып, басына түсетін пәлелерін де бөлісесің. 5 Себебі оның күнәлары көкке жетерліктей көп. Енді Құдай оның әділетсіздіктерін ескеріп, соттамақ». 6 «Өзгелерге көрсеткен зорлық-зомбылықтарын өзіне көрсетіңдер, жаман қылықтарына сай екі есе қылып қайтарыңдар! Оның басқаларға арнап араластырған «өз тостағанындағы шарабына» азғындықты екі есе қылып қосып өзіне дайындап беріңдер! 7 Ол қаншама сән-салтанат пен молшылыққа кенелген болса, оған соншама көп азап пен қайғы-қасірет тартқызыңдар! «Мен тақта отырған ханыммын; жесір емеспін, қайғы-қасірет те шекпеймін!» дейді ол. 8 Сол себепті бір-ақ күннің ішінде мына пәлелерге: індет, қайғы-қасірет және аштыққа ұшырап, отқа өртенбек. Себебі оны соттаушы Құдай — Жаратқан Ие құдіретті». 9 Бабылдың азғындығы мен сән-салтанатты өмір салтына араласқан жер бетінің патшалары оны құртып жатқан өрттің түтінін көргенде жоқтау айтып, еңіреп жылайтын болады. 10 Олар Бабылдың көрген азабынан зәрелері ұша қорқып, қашықта тұрып былай деп жоқтамақ: «Ой, бауырым, басыңа қаралы күн туды! Ұлы, күшті Бабыл қаласы! Бір-ақ сағат ішінде үкімің кесіліп, іске асты!» 11 Жер бетіндегі саудагерлер де жылап, оған жоқтау айтады. Себебі енді қайтып олардың тауарларын ешкім сатып алмайтын болады. 12 Олар алтын-күмістерін, асыл тастары мен інжу-маржандарын, қымбат ақ бәтес, жібек, қою күлгін, ал қызыл маталарын, жұпар иісті ағаштардың барлық түрлерін, піл сүйегі, қымбат ағаш, қола, темір және мәрмәрдан жасалған алуан түрлі бұйымдарын, 13 дәм қабығы мен өзге де дәмдеуіштерін, түтетілуге арналған мүр, ладан және басқа да хош иісті заттарын; сондай-ақ шарабы мен майын, ұны мен бидайын, ірілі-ұсақты малдарын, аттары мен арбаларын, әрі құлдарын — иә, адам өмірінің өзін! — саудаға салып келген болатын. 14 «Сен сондай қатты ұнатқан жемістерден ада қалдың, барлық байлығың мен сәулелі салтанатың да бітті! Енді қайтып оларды таба алмайсың!» — дейді олар. 15 Бабылда осының бәрімен сауда-саттық жасап, байып алғандар қаланың көрген азабынан зәрелері ұшып, қашықта тұратын болады. Олар еңіреп жылап, жоқтау айтып былай дейді: 16 «Қайран қала, басыңа қаралы күн туды! Ұлы қала! Қымбат ақ бәтес, қою күлгін, ал қызыл киімдер киетінсің; алтын әшекейлер, асыл тастар, інжу-маржандарын тағынып, безеніп, жалт-жұлт ететінсің! 17 Соншама зор байлық бір-ақ сағат ішінде құрып кетті-ау!» Барлық кеме басшылары мен жолаушылары, теңізшілер мен теңізбен күн көретін өзгелер де алыста тұрып, 18 оны құртып жатқан өрттің түтінін көргенде: «Бұрын-соңды осы ұлы қаладай басқа қала болған емес!» — деп айқайлайды. 19 Олар бастарына күл шашып, өкіріп жылап, былай деп жоқтау айтты: «Қайран қала, Ұлы қалаға қаралы күн туды! Теңіз кемелері барлардың бәрі Бұл қаланың дәулетімен байыған еді! Оның бір-ақ сағатта талқандалғаны-ай!» 20 «Уа, көктегілер, Құдайдың халқы, Елшілері мен пайғамбарлары, Бұған қуанып, шаттаныңдаршы! Құдай оны соттап жазалады, Ал қиналған сендерді ақтады!» 21 Сонда бір күшті періште үлкен диірмен тасындай дәу тасты алып, теңізге лақтырып жіберіп, былай деді: «Міне, осындай қатты екпінмен ұлы Бабыл қаласы да лақтырылып, тұңғиыққа батып кетеді. Ол енді қайтып көрінбейтін болады!» 22 «Бұдан былай сен ешқашан жетіген сазы мен адам даусын, сыбызғы мен керней тартқандарды естімейтін боласың. Ұсталар мен өнер шеберлері сенде болмайды, диірменнің дыбысы да естілмейді. 23 Енді қайтып шам жарығын көрмейсің, күйеу мен қалыңдықтың көңілді даусын да естімейсің! Себебі сенің саудагерлерің әлемнің мықтылары еді; сен сиқырлығыңмен күллі халықтарды алдап, азғындыққа салдың! 24 Сондай-ақ пайғамбарлар мен Құдай халқының қаны, иә, жер бетіндегі барлық өлтірілгендердің қаны осы қаладан табылды!»
1 Бұлардан кейін мен жиналған көптеген халықтың айқайындай көктен шыққан зор дауыстарды естідім. Олар былай деді: «Жаратқан Иені мадақтаңдар! Құтқару мен салтанатты ұлылық, құдірет пен билік Құдайымызда! 2 Оның үкімдері шынайы да әділ. Ол азғындығымен жер бетін бүлдірген аты шулы опасыз әйелді соттап, үкімін шығарды. Құдай өз қызметшілерінің төгілген қанының құнын одан талап етті». 3 Сол дауыстар тағы да былай деп айқайлады: «Жаратқан Иені мадақтаңдар! Өртенген қаланың түтіні мәңгі шығып жатпақ!» 4 Жиырма төрт ақсақал мен төрт нөкер Өзінің тағында отырған Құдайға бас ұра жығылып: «Аумин! Лайым Жаратқан Ие мадақталсын!» — деп ғибадат етті. 5 Мұнан кейін тақ жағынан бір дауыс шықты: «Мадақтаңдар Құдайымызды, Күллі қызметшілері Оның! Дәріптей беріңдер, Тәңірімізді Қастерлейтін үлкен-кіші барлығың!» 6 Содан кейін мен жиналған көптеген халықтың зор дауыстарын тағы да естідім. Олар сарқырап аласұрған судың гүрілі мен қатты күн күркіріне ұқсап, былай деп айқайлады: «Жаратқан Иені мадақтаңдар! Себебі біздің Құдайымыз — Жаратқан Ие, бүкіл әлемнің Билеушісі Патшалық құруда. 7 Шаттанып, қуанайық, Оның ұлылығын мадақтайық! «Тоқтының үйленетін уақыты» жетті. Оның қалыңдығы әзірленіп, дайын отыр. 8 Оған кіршіксіз таза, жылтыраған ақ бәтес киімдер берілді». — Сол ақ бәтес киімдер Құдай халқының әділ істерін білдіреді. 9 Содан кейін періште маған былай деді: «Мынаны жазып қой: «Тоқтының үйлену тойына» шақырылғандар бақытты! — Ол тағы мынаны қосты: — Бұл — Құдайдың шынайы сөздері». 10 Мен (аң-таң болып) аяғына жығылып, бас ұрмақ едім. Бірақ ол маған: «Олай жасама! Мен өзіңмен және Исаның шынайы хабарын ұстанатын бауырластарыңмен бірге қызмет етушімін. Қайта, Құдайға бас ұрып ғибадат ет!» — деді. Себебі Исаның шынайы хабарын жеткізу — пайғамбарлық сөз айтудың нағыз мәнісі. 11 Мұнан соң қарағанымда, көктің ашылғанын және сонда тұрған ақ боз атты көрдім; оның үстінде Отырған «Адал да Ақиқат» деп аталады. Ол әділдікпен үкім кесіп, соғысқа шығады. 12 Атқа мінгеннің көздері оттай жалындап, басына киген әлденеше патшалық тәждері болды. Оның киімінде Өзінен басқа ешкім де мағынасын біле алмайтын бір Есім жазылған еді, 13 ал жамылғысы қанға батқан екен. Оның бір атағы: «Құдай Сөзі». 14 Ақ боз атқа мініп, кіршіксіз таза ақ бәтес жамылғы киген көктің әскерлері Оның соңынан еріп жүрді. 15 Аттылының аузынан шығып тұрған, халықтарды шауып тастайтын өткір семсері бар екен. Ол халықтарға қатаңдықпен билік жүргізетін болады. Жүзімді қысып таптағанда шырынының ағып шығатыны сияқты, Ол құдіреті шексіз Құдайдың қаһарлы ашуын Оған мойынсұнбағандардың үстеріне төккізеді. 16 Аттылының жамылғысының екі жанында: «Патшалардың Патшасы, иелердің Иесі» деген атағы да жазылған. 17 Содан кейін мен күннің бетінде тұрған періштені көрдім. Ол аспанның биігінде ұшып бара жатқан барлық жыртқыш құстарға зор дауыспен: «Құдайдың «үлкен кешкі асына» жиналып келіңдер! 18 Патшалардың, қолбасылар мен жауынгерлердің, аттар мен үстіндегілердің, құл-азат, үлкенді-кішілі күллі адамдардың өліктерінің етін жеңдер!» — деп айқай салды. 19 Сонда мен айуанды, дүниенің патшаларын және олардың әскерлерін көрдім. Олар ақ боз ат үстінде Отырғанмен және Оның әскерімен шайқасуға жиналған екен. 20 Алайда айуан және оған қызмет етіп кереметтер көрсеткен жалған пайғамбар екеуі де кенеттен тұтқынға алынды. Сол бір таңғажайып кереметтер арқылы жалған пайғамбар айуанның таңбасын қабылдап, оның мүсініне құлшылық еткендерді еліктіріп, алдап жүрген болатын. Айуан мен жалған пайғамбар екеуі де күкірт жанып жатқан, мәңгі сөнбейтін отты көлге (яғни тозақ отына) тірідей лақтырылды. 21 Ал басқалары ат үстінде Отырғанның аузынан шығып тұрған семсерімен өлтіріліп, барлық жыртқыш құстар олардың өліктерінің етін жеп тойынды.
1 Бұдан кейін мен көктен түсіп келе жатқан, қолында түпсіз тұңғиықтың кілті мен ауыр шынжыр ұстаған бір періштені көрдім. 2 Ол айдаһарды ұстап алып, оны мың жылға шынжырлап тастады. Айдаһар — сол ежелгі жылан; ол ібіліс және әзәзіл шайтан деп те аталады. 3 Әзәзілдің бұдан былай, мың жыл өткенше, халықтарды алдай алмауы үшін, періште оны түпсіз тұңғиыққа лақтырып жіберіп, есігін кілттеп, мөрмен бекітті. Ал осы кезең өткеннен кейін әзәзіл шайтан біраз уақытқа босатылуға тиіс. 4 Енді мен бірнеше тақтарды көрдім. Олардың үстінде отырғандарға адамзатты соттап, үкім кесу билігі берілген еді. Сонда мен Исаға адал болып, Құдайдың Ізгі хабарын жариялағандары үшін шейіт болғандардың жандарын да көрдім. Бұлар не айуан мен оның мүсініне табынған да жоқ, не айуанның таңбасын маңдайлары мен қолдарына қабылдаған да жоқ. Олар қайта тіріліп, Мәсіхпен бірге мың жыл бойы патшалық құрды. 5 Бұл — «алғашқы қайта тірілу». Ал өлгендердің қалғандары мың жыл өтіп кеткенше тірілген жоқ. 6 Алғашқы қайта тірілуге қатысқан әркім бақытты да қасиетті! Мұндайларға «екінші өлім» билігін жүргізбейді. Керісінше, олар Құдайдың және Мәсіхтің діни қызметкерлері болып, Мәсіхпен бірге мың жыл бойы патшалық құрмақ. 7 Ал мың жыл өткеннен кейін әзәзіл шайтан зынданынан босатылады. Ол дүниенің төрт бұрышындағы халықтарға — Гог пен Магогқа барып, оларды алдап, шайқасқа жинауға ұмтылады. Олар теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз көп болады. Сонда дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келген осы тобыр Құдай халқының ордасы — Оның сүйікті қаласын қоршап алады. Алайда көктен от-жалын түсіп, жауды жалмап қояды. 10 Бұларды еліктіріп алдаған әзәзіл шайтан күкіртпен жанып тұрған отты көлге (яғни тозақ отына) тасталады; бұрын сол жерге айуан мен жалған пайғамбар да лақтырылған еді. Олар сонда күні-түні мәңгілік азап шегетін болады. 11 Бұдан кейін мен бір үлкен ақ түсті тақты және оның үстінде Отырғанды көрдім. Оның қасынан жер мен көк қашып, оларға орын табылмады. 12 Үлкенді-кішілі өлген адамдардың тақ алдында тұрғандарын байқадым. Кітаптар ашылып, ерекше бір кітап — «Мәңгілік өмірдің кітабы» да ашылды. Өлгендер сол кітаптарда жазылған, өздері тірі кездерінде жасаған істеріне сай сотталып, үкімделді. 13 Теңізде қаза тапқандар да, жалпы, ажалға ұшырап, о дүниеге аттанғандардың бәрі де қайта тірілді. Олар өздерінің іс-әрекеттері бойынша сотталды. 14 Бұдан кейін ажал мен о дүние тозақ отына лақтырылды. Тозақ оты «екінші өлім» деп те аталады. 15 Кімнің есімі «Мәңгілік өмір кітабында» жазылмаған болса, сол да тозақ отына лақтырылды.
1 Содан соң жаңа көк пен жаңа жерді көрдім. Себебі бұрынғы көк пен жер құрып кетіп, бұдан былай теңіз де болмады. 2 Сонда мен көктен, Құдайдың қасынан түскен қасиетті қаланы: жаңа Иерусалимді байқадым. Ол күйеуінің алдынан шығуға безеніп киінген қалыңдықтай дайындалған еді. 3 Көктегі тақтан былай деген зор дауысты естідім: «Қараңдар, Құдайдың адамдар арасындағы тұрағы! Ол солармен бірге тұрып, олар Оның халқы болмақ. Осылай Құдайдың Өзі солармен бірге мекендеп, олардың Құдайы болады! 4 Ол барлық көз жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды». 5 Сонда тақта Отырған: — Енді бәрін де жаңадан жаратамын, — деді. Ал маған қарап: — Мұны жазып қой, бұл сөздер сенуге тұрарлық шынайы! — деп қосты. 6 Содан соң Ол былай деді: — Енді түгел орындалды! Алғашқы да Соңғы, Басы да Аяғы Менмін. Жаны сусаған әркімге шынайы өмірдің қайнар көзінен суды тегін ішкіземін. 7 Жеңіп шыққан әркім осы игіліктердің бәрін иемденеді. Мен оған Құдай, ол Маған рухани бала болады. 8 Алайда қорқақтар, сенімсіздер, зұлымдар, кісі өлтіргендер, азғындар, сиқыршылар, жалған тәңірге құлшылық етушілер және бүкіл өтірікшілердің алатын үлестері күкірт жанып тұрған отты көлде болмақ. Бұл — «екінші өлім». 9 Соңғы жеті пәлеге толы жеті тостағанды әкелген жеті періштенің біреуі қасыма келіп: — Жүр, мен саған «Қалыңдықты» — «Тоқтының үйленетін әйелін» көрсетейін, — деді. 10 Сонда періште мені Киелі Рухтың әсерімен биік те ұлы таудың басына алып шығып, маған қасиетті Иерусалим қаласын көрсетті. Ол көктен, Құдайдың қасынан түсіп, 11 Оның нұрлы салтанатына кенелді. Қала өте құнды асыл тас іспетті, мөлдір тастай айқын яспис сияқты жалт-жұлт етіп жарқырап жатты. 12 Оны өте биік қабырға қоршап, он екі қақпасында он екі періште тұрды. Қақпаларда Исраил халқының он екі руының аттары жазылған екен. 13 Әр жақта үш қақпадан болды: шығыс, оңтүстік, солтүстік және батыста үшеуден. 14 Қала қабырғасының он екі іргетасы да бар екен, оларға Тоқтының он екі елшісінің есімдері жазылыпты. 15 Маған тіл қатқан періште қолына бір өлшеуіш алтын таяқты ұстапты. Осы таяқпен ол қаланы, оның қақпалары мен қабырғаларын өлшеп шықпақ болды. 16 Қаланың ұзындығы мен ені бірдей төрт бұрышты болып салынған екен. Періште өлшеуіш таяғымен қаланы өлшегенде оның ұзындығы — он екі мың стади, ені мен биіктігі де дәл сондай болды. 17 Періште қаланы қоршаған қабырғаны да өлшеп шықты, ол жүз қырық төрт шынтақ екен. Періште әдеттегі адамдар өлшемін қолданды. 18 Қабырға яспистен, ал қаланың өзі мөлдір шыныға ұқсас саф алтыннан жасалыпты. 19 Қала қабырғасының іргетастары әр түрлі асыл тастармен әшекейленген еді. Бірінші іргетасы яспис, екіншісі сапфир, үшіншісі агат, төртіншісі алмас, 20 бесіншісі оникс, алтыншысы карнелиан, жетіншісі сары кварц, сегізіншісі изумруд, тоғызыншысы топаз, оныншысы хрисопрас, он біріншісі жақұт, он екіншісі аметист еді. 21 Он екі қақпасы — он екі інжу-маржан: әр қақпа бір маржаннан жасалыпты. Қаланың даңғыл көшесі мөлдір шыныдай саф алтыннан салынған еді. 22 Қаладан киелі үйді көрмедім. Себебі оның киелі үйі — бүкіл әлемнің Билеушісі Құдай Ие және Тоқты. 23 Қалаға жарық түсіру үшін күн мен айдың да қажеті жоқ: Құдайдың нұрлы салтанаты оны жарқыратады, әрі Тоқты да — оның шам-шырағы іспетті. 24 (Құтқарылған) халықтар оның нұрымен жүріп, жер бетінің патшалары салтанатты тарту-таралғыларын қалаға әкеліп тұрады. 25 Қала қақпалары күн ұзағына жабылмайды, ешқашан түн де болмайды. 26 Халықтар қымбат салтанатты сый-тартуларын әкеліп, құрмет көрсетеді. 27 Ал арамдардың, жексұрын қылықтар жасап, жалған айтатындардың ешқайсысы да қалаға кірмейді. Тек Тоқтының «Мәңгілік өмір кітабында» есімдері жазылғандар ғана енетін болады.
1 Періште маған Құдай мен Тоқтының тағынан бастау алған мөлдір тастай жылтылдаған өмір суының өзенін де көрсетті. 2 Ол қала көшесінің ортасымен төменге қарай ағады. Өзеннің әр жағасында өсіп тұрған мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаш ай сайын, жылына он екі рет, жеміс береді. Ал жапырақтары халықтарды сауықтыруға арналған. 3 Қарғалған еш нәрсе де осы қаладан табылмайды. Құдай мен Тоқтының отырған тағы қаланың ішінде. Құдайдың қызметшілері Оған бас ұра қызмет етіп, 4 Оның бет-жүзін көретін болады. Маңдайларында Оның есімі жазылып тұрмақ. 5 Енді ешқашан түн болмайды. Оларға шам-шырақ пен күн сәулесінің қажеті жоқ, себебі Құдай Иенің нұры түсіп тұрады. Олар мәңгі патшалық құрмақ. 6 Мұнан кейін періште маған: «Бұл сөздер сенуге тұрарлық нағыз шындық. Пайғамбарларға өз Рухын дарытқан Құдай Ие қызметшілеріне жуырда болуға тиісті оқиғаларды алдын ала көрсету үшін періштесін жіберді», — деді. 7 (Мәсіх:) «Міне, Мен жуырда келемін! Құдайдың осы кітаптағы хабарларын ұстанатындар бақытты!» — деп ескертті. 8 Мен, Жохан, осыларды естіп, көрдім. Естіп, көріп жатқан кезде мен оларды көрсеткен періштенің аяғына бас ұрмақ болып жығылдым. 9 Алайда ол: «Бұлай істеме! Мен өзіңмен, саған бауырлас пайғамбарлармен және осы кітаптағы сөздерге мойынсұнатындармен бірге қызмет етушімін. Құдайға бас ұрып ғибадат ет!» — деді. 10 Ол маған тағы да: «Құдайдың бұл кітаптағы хабарларын мөрлеп бекітіп, құпия ұстама! Себебі жүзеге асатын уақыты таяп қалды. 11 Әділетсіздер әділетсіз істерін әлі де жасап, арамдар арамдықтарын істей берсін, ал әділдер әділ істерін жалғастырып, қасиеттілер әлі де қасиетті бола берсін», — деді. 12 Иеміз Иса маған тіл қатып: — Тыңда, Мен жуырда келемін! Әркімге ісіне қарай беретін сыйымды Өзіммен бірге ала келемін. 13 Алғашқы да Соңғы, Бастапқы да Ақырғы, Басы да Аяғы Менмін. 14 Шапандарын таза жуып, осылайша мәңгілік өмір ағашының жемісін жеп, қақпалары арқылы қалаға ену құқығына ие болғандар бақытты! 15 Алайда «иттер» — сиқыршылар, азғындар және кісі өлтіргендер, жалған тәңірлерге құлшылық етіп, жалғандықты ұнатып, соларын жасай беретіндер қала сыртында (яғни тозақта) қалады. 16 Мен, Иса, осы хабарларды қауымдардағы сендерге жеткізу үшін періштемді жібердім. Мен Дәуіт патшаның әулетінен шыққан, «таңғы жарық Жұлдызбын», — деді. 17 Киелі Рух пен Қалыңдық: «Келе гөр!» — деп шақырады. Мұны естіген әркім де «Келе гөр!» десін. Жаны сусаған әркім сыйлық ретінде шынайы өмірдің суын қабылдасын! 18 Құдайдың осы кітаптағы хабарларын еститіндерге мұқият ескертемін: кімде-кім оған бір нәрсе қосса, соның жазасына Құдай осы кітапта суреттелген пәлелерді қосып береді. 19 Ал кімде-кім Құдайдың хабары жазылған осы кітаптың сөздерінен бір нәрсені алып тастаса, Құдай оның осы кітапта бейнеленген мәңгілік өмір сыйлайтын ағаштан және қасиетті қаладан иемденетін үлесін де алып тастайды. 20 Осының бәрін Растаушы былай дейді: — Бұл шындық, Мен жуырда келемін! Аумин! — Иеміз Иса, келе гөр! 21 Иеміз Исаның рақымы бәріңе де жауа берсін! Аумин.